Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Болымсыз сөйлемдер

Сөйлемдердің мағынасына, формасына қарап өзара болымды, болымсыз болып бөлінеді: Сөйлемдердің бұл түрлері болымды, болымсыз пікірді білдірудің формасы ретінде қалыптасқан.

Толымды пікір затқа белгілі бір сапаға тән, қатысты екені жөнінде қалыптасады.

– Платина – металл.

Болымсыз пікір затқа белгілі бір сапаға тән емес, қатысты емес екені жөнінде қалыптасады: Ағаш металл емес.

Қазақ тіл білімінде, сол сияқты тюркология да, басқа индоевропа тілдерін зерттеушілердің еңбектерінде де сөйлемдердің болымды, болымсыз болып бөлінуін дербес грамматикалық-семантикалық дәрежедегі бөлініс деп түсіндіреді.

Болымды, болымсыз сөйлемдер өзара грамматикалық ерекшеліктері арқылы ажырайды. Болымсыз сөйлес болымды сөйлемнің формаларының негізінде жасалады.

Болымдылық, болымсыздық форма баяндауыштардың тұлғасы арқылы көрінеді. Өйткені болымды және болымсыз пікір субъект пен предикаттық сапаның қатынасына байланысты. Район үлкен. Район үлкен емес.

Болымсыз сөйлем – болымсыз пікірді білдіретін форма. Бірақ бұл екеуі ылғи тепе-тең келе бермейді. Осыған бір дәлел ретінде келмейді, емес, алған жоқ емес сияқты баяндауыштық формаларды атауға болады. Болымсыз мағынадағы сөзді тағы болымсыз ету – тілде белгілі коммуникативтік талап бойынша ғана пайда болатын формалар.

Баяндаушының болымсыз формасы болымсыз етістіктен (келмеді, келмеген) немесе есім, есімше сөздер мен жоқ, емес сөздерін тіркестіру арқылы жасалады: үлкен емес, көрген жоқ, көрген емес, алатын емес.

Болымсыз баяндауыштардың жасалуы:

1. Етістіктердің болымсыз формасы арқылы жасалады. Сен ақталма, бүлдіріп жүрген сен. (Б.М.)

2. Болымсыз баяндауыш. -ған, -ген тұлғалы есімше –жоқ құрамында жасалады: келген жоқ, көрген жоқ.

Бұл баяндауыштың жақтық мағынасы екі түрде көрінеді. Бір амалы – тәуелдік жалғауы. Тәуелдік жалғауы негізгі компонент – есімшеге жалғанады: көргенім жоқ, келгенім жоқ. Бірақ тәуелдік жалғау бұл типті баяндауыштың жақтық мағынасын білдіру үшін тек І-жақ көлемінде жұмсалады.

3. Өткен шақ есімше мен емес сөзінің бірігуі арқылы жасалған баяндауыштық форманы даралап атау қажет: естіген емес, айтқан емеспін т.т. Болымсыз баяндауыштың бұл түрі -ған, -жоқ типті баяндауыштан ерекше жұмсалады. Ол іс-әрекеттің болмағанын ерекше жігермен нандырып айту үшін жұмсалады. Кино дегенді осы жасқа келгелі көрген емеспін, естіген емеспін.

4. -тын, -тін тұлғалы есімшеден жасалып, іс-әрекетті заттың тұрақты, қалыпты сапасы, қасиеті ретінде атайтын баяндауыштан болымсыз форма - ма, -ме жұрнағы арқылы жасалады: сөйлемейтін, іздемейтін. Ол өтірікке жүрмейтін.

5. Есім сөздерден болған баяндауыштардың болымсыз түрі емес көмекші етістігінің қатысуымен жұмсалады: биік емес, артық емес т.б. Үй биік емес, аласа.

Логика ғылымы ұғымдарды да болымды, болымсыз деп бөледі. Болымсыз ұғымды білдіретін сөздер мыналар: ешнәрсе, ешқандай, ешқашан, ешкім, сол сияқты, еш адам, еш колхозшы, еш құрылысшы еш үй т.т. Бұл сөздер тек болымсыз сөйлемнің құрамында жұмсалып оның болымсыздық мағынасын күшейте түседі.

Серік барған еді, адам жоқ екен.

Серік барған еді, ешкім жоқ екен.

СООЖ

1. Хабарлы сөйлем, жасалу жолдары, түрлері.

2. Сұраулы сөйлем, жасалу жолдары, түрлері.

3. Бұйрықты сөйлем, жасалу жолдары, түрлері.

4. Лепті сөйлем, жасалу жолдары, түрлері.

СӨЖ

  1. Сұраулы сөйлемдердің мағынасына және қызметіне қарай бөлінуі.

2. Риторикалық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер.

3. Бұйрықты сөйлемдер.

4. Реплика ретіндегі лепті сөйлемдер.

ІІ. Сөйлемді предикативтік бас мүшелердің қатысына қарай: бір негізді, екі негізді және сөз-сөйлем деп бөлуде сөйлем құрамындағы тұрлаулы мүшелердің қатысы негізге алынады. Демек құрамында екі бас мүше де (бастауыш пен баяндауыш) бар сөйлем түрі – екі негізді сөйлем деп аталады. Мысалы, Судың тасуын өзен бойындағы ел ылғи күтіп тұрады (Ғ.М).

Ал бастауыш пен баяндауыш құрылымды емес, сөйлемде бір ғана бас мүше бар сөйлем бір негізді деген сөз. Мысалы, Бұл судан балық аулауға болмайды. Кедейді кемітпес болар, т.б.

Сөйлемнің бір негізді немесе екі негізді болуы, олардың синтаксистік құрылымына байланысты болғандықтан да, оларды ажырататын меже ретінде предикативтік белгіні ғана алу заңды құбылыс болып табылады [45;25]. Өйткені предикативтіліктен басқа тіркестерде екі бірдей мүшеден құрылмайтындығы белгілі.

Коммуникативтік аспект тұрғысынан ең көп қолданылатын екі негізді жай сөйлем түрі. Олар баяндауышының қай сөз табынан жасалуына қарай есімді және етістікті болып бөлінеді. Мысалы, Жер үй бу басқан қараңғы… (Ғ.М.) Бұл үйдің баға жетпес қымбаты да, айнымас дос серіктері де сол.

(Ғ.М.) Танаш – ақжарқын, қабағын шытпайтын, қалжыңы таусылмайтын жігіт. Бірақ ауыл Итемгендікі Біздің құба-төбел ауылдар оп-оңай жұтап қалды. Суық терезеден де, есіктен де, үйдің бұрыш-бұрышынан да соғып тұр. Екі негізді сөйлемдер тұрлаусыз мүшелермен қатынасына қарай жалаң және жайылма болып сипатталады: Жел азынап тұр. Сең жүруі үдеді. т.б. Осындай жалаң сөйлемнің құрамына кемінде бір тұрлаусыз мүше қосылса, онда ол жайылма екі негізді жай сөйлем болады: Түндік мана ашылған. Пәуеске Оспан үйіне тіреліп тоқтады.

2. Сөйлем – сан қырлы сыры бар құбылыс. Сөйлемнің сондай ерекшеліктерінің бірі – олардың бір бас мүшелі болып келуі. Осыған байланысты тіл ғылымында бір негізді сөйлемдер қалыптасты. Сөйлем ылғи екі бас мүшенің грамматикалық қатынасынан құрала бермей, сөйлемнің басты белгілі болып саналатын предикативтік мағынаны логикалық ыңғайда тұтастай білдіретін бір ғана бас мүше арқылы да бере алады. Мысалы, Ұялғаннан үндемеуге тура келді. (Ғ.М.) Осы аз күн ішінде оязбен менің жауаптасуым мүмкін. (М.Ә.) Түнде осында қонуыма тура келер. (Ғ.М.) Бізге оңаша сөйлесу қажет. (С.М.) Мейрамның Мұздыбайға соға кеткісі келді. (Ғ.Мұст.)

Осы сөйлемдердің барлығына тән ортақ белгі – атау септігіндегі грамматикалық бастауыштың (немесе грамматикалық жақ) болмауы, яғни субъектінің атау тұлғалы жеке сөзбен сәйкес келмеуі. Қысқасы, бір негізді сөйлемдер бір ғана бас мүше – баяндауышпен құралып, субъекті - жақтық мән басқа бір тұрлаусыз мүше арқылы немесе бас мүше бойындағы тұлғалар арқылы танылады, тіпті жақтық мән анық байқалмауы да мүмкін.

Сөйтіп, бір негізді сөйлемдер деп, грамматикалық жағынан бір ғана предикативтік бас мүше құрылымда келіп, субъектілік бас мүшемен толықтыруды қажет етпейтін жай сөйлем түрін айтамыз.

Бір негізді сөйлемдер ондағы субъекті мәнінің берілісіне қарай: 1) белгілі жақты, 2) жалпылама жақты, 3) белгісіз жақты, 4) жанама «жақсыз» жақты деп бөлінеді [36,45;677].

СООЖ

1.Екі негізді жай сөйлемдер.

2. Бір негізді жай сөйлемдер.

3. Номинативті және етістікті жай сөйлемдер.

4. Атаулы сөйлемдер.

СӨЖ

1. Жалпылама жақты сөйлемдер.

2. Белгісіз жақты сөйлемдер.

3. Жанама жақты сөйлемдер.

1-тапсырма. Текстен екі құрамды сөйлемдерді түрлеріне (жалаң, жайылма, толымды) қарай ажыратыңдар.

Таң ата жауын басылды. Көп кешікпей алыстағы таудың басынан күн сығалады. Күннің қызғылт сәулесі алдымен төбеге түсті. Одан кейін сырғанап барып тыншып аққан өзенге сүңгіді. Өзен қан боп аққандай алаулап кетті. Әлсіреп басын көтерген Ошаған өзенге көз тастап қатты тіксінді.

– Қан!.. Қана аға ма? Қан ғой ағып жатқан. Қып-қызыл қан. (С.С)

Биыл көктемнің басында Ақбала бала көтерді. (Ә.Н.) Күн кештетіп қапты. Жел ызғары қатая бастаған. Қиыршық қар қышыр-қышыр етеді. Ойында әлі Ақбала. (Ә.Н.)

Ірге түрулі. Есік жабық. Түндік ық беттен жарылып ашылған. (Ә.Н.) Іле-шала ат тұяғы үй іргесін дүрсілдетіп өтті. Еламан тырп еткен жоқ. Ат тұяғының дүбірі құлағында тұр. (Ә.Н.)

Еламан ұйықтай алмады. Үй іші әлі қараңғы екен. Тек төбедегі соқыр терезеден таң сәулесі саз беріп бозарып келе жатты. (Ә.Н.)

2-тапсырма. Берілген жай сөйлемдерді тұрлаулы мүшелердің (бастауыш, баяндауыш) қатынасына қарай екі құрамды және бір құрамды түрлеріне ажыратыңыз.

Жел күшейді. Дауыл басталды. Айнала тез-тез меңіреулене қалды. (С.С.) Еламан жан-жағына сергек көз тастап келеді. (Ә.Н.) Тостағандай қап-қара көзі мөлдіреген әп-әдемі ботасын қасына келген кісінің бәрінен қызғанады. Түндігін ашып тастаған алты қанат ақ үйдің іші жасауға тіреліп тұр. (Ә.Н.) Зу-зу аққан оқтан жасқанып дереу ат жалына жабысты. (Ә.Н.) Бөрте сол отырғаннан мол отырды. Үлкен үйден келген «жеңешесінің» уәжін де, назын да тыңдаған жоқ. Бүкіл тұлабойын езіп бара жатқан делсалдық бар. Құйып кеткен нөсердің астында тапылжымай отырып қалың ойға шомды. (С.Сматаев) Анадан туғалы теңізге иек артып келеді. (Ә.Н.)

3-тапсырма. Қорабай үш қанат үйіне жүдеп енді. (С.С.) Шаңқай түс. Күн ысып тұр. Күйіп тұр. Сағым мұнартады. Салқар көшті сабылтып, сандалтып ойнайды. Сарғайтып алдайды. (С.С.) Ел орынға отыра Құнанбай ауылына келген. (М.Ә.) Беймезгіл шақта бейсауыт жүрістің төркінін бағдарлай алмай отыр. (С.С.) Жаңбыр суы толған сай-жыралар ауыл іргесінде сарқырап жатты. (Ә.Н.) Кешкі самалдың есе бастаған кезі еді. (Ғ.М.)

4-тапсырма. Текстен бір бас мүшелі жай сөйлемдерді (жақсыз сөйлем, белгісіз жақты, жалпылама жақты сөйлем, атаулы сөйлем) табыңдар.

Бір құрамды сөйлемдердің бас мүшесін (баяндауышын) дара, күрделі құрылысына қарай айырып, қандай тұлғалы етістіктерден жасалғанын айтыңдар.

1. Сенің бұлайша ойлауыңа мүмкін емес еді. (С.М.) …бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. (Б.М.) Мынау елдің, қажырлы елдің, дәл бүгін бұл ісін аяқсыз тастап болмайды!… (М.Ә.) Әбіштің бұл сөзді мақұлдағысы келмеді. (М.Ә.) Сізге асықпай ұйықтап тұруға болады. (Ғ.М.) Үйдегілердің бет құбылысын қараңғыда айырып білу қиын еді. (Б.М.) …Қасқырбайдың басы жарылғаннан бергі күнімізді итке берсін. (Ә.С.) …Осы күні Қарағандыда да көбінесе сол өлеңдерді ерекше бір жалынмен оқиды. (Ғ.М.) – …Шіркін, мына қырқада жайылып жатқан жылқың жатар ма еді! (Ғ.С.) – Тәтті асты кісінің жегісі келе бермей ме? (С.М.) Рязановтан жер алмаған кейбір жұмыскерлердің қайтпауына да болады. (Ғ.М.) Абайдың ұғына түскісі келді. (М.Ә.) Оның соңғы сәлемін маған жеткізуге тура келді. (І.Е.)

2. Асылы иттің қырын жүгірмесін, иттің қырын жүгірсе, істеген ісінің бәрі желімі қашқан ағаштай қиюы кететін әдеті. (Ә.Н.) – Дәркембай! Айтпасыңа болмаған шығар… (М.Ә.) Білім де аңшының бүркіті тәрізді. Оны орнымен жұмсау керек. (Д.И.) Хат жазуға тыйым салынған. (Д.И.) Бізде пысықтарға көп көңіл бөлінеді. (С.Д.) Осы мінезің үшін дос болғым келеді. Сауын биені онда апарып байлауға болмайды.

ІІІ. Структура-семантикалық компоненттерінің қатысына қарай жай сөйлем: толымды және толымсыз, жалаң және жайылма болып та жіктеледі.

Толымды сөйлем. Тұрлаулы мүшелері түгел, мазмұны толық сөйлем толымды сөйлем деп аталады: Кірешілер Қарағандыдан шұбап шыға берді (Ғ.М.)

Толымды сөйлем толымсыз сөйлемге қарама-қарсы сөйлем.

Толымсыз сөйлем. Ойға қатысты сөйлем мүшесі жоқ сөйлемнің түрі толымсыз деп аталады: 1. Күндізгі ала шабыр бұлт көк жүзінде тұтасып зілдей боп басып апты. 2. Бірақ бұл жолы тағы да жаумай тарқайтын түрі бар. (Ә.Н.) Осы мысалдағы бірінші сөйлем толымды сөйлем (екі негізді). Ал екінші сөйлемнің қимыл иесі (бұлт) бастауышы түсірілген толымсыз сөйлем екендігін мәтінге қарап байқаймыз.

Толымды сөйлем мен толымсыз сөйлем айырмашылықтарын тануда мәтін мен ситуацияның рөлі айрықша. Толымсыз сөйлемдердің құрылымдық жағынан мәтінмен, ситуациямен байланып жататындығы байқалады. Бұндай жағдай жақсыз сөйлемдер мен атаулы сөйлемдерде айқын көрінеді. Жақсыз сөйлемдердің логикалық субъектісі немесе толықтауыш мүшесі түсіріліп айтылуы осы мәтінмен байланысты болса, ол атаулы сөйлемде контекстен тыс, ешуақытта жеке дара сөйлем бола алмайды.

Толымсыз сөйлемдерде бас мүшелердің біреуі немесе екеуі де, кейде тұрлаусыз мүшелер де түсірілгені айқын байқалып тұрады. Бұл сөйлемнің синтаксистік құрылымынан да көрінеді. Толымсыз сөйлемдердің сөйлем ретінде өмір сүруі мәтін мен ситуацияға байланысты.

Толымсыз сөйлемнің басты ерекшелігі – түсіп қалған сөзді (түсірілген) орнына қойғанда сөйлемге айналады.

Әрине, мұндай түсірілу қалай болса солай емес, белгілі бір коммуникативтік-стильдік мақсатта жүзеге асады. Ол түсірілген мүше контекст пен ситуациядан табылып, орнына қойылу мүмкіндігінің болуымен сипатталады: Ақбаланың өңі аппақ қудай. Баласын құшақтай түрегелді. Есіктен шығар жерде әлдене айтқысы келгендей, сәл қайырылып тұрды да, ләм-лим деместен жүре берді. (Ә.Н.) Мәтінде үш сөйлем бар, алғашқы сөйлем бастауыш пен баяндауыштың қатынасына құрылған. Ал соңғы екі сөйлемде бастауыш түсірілген. Егер бастауышы (логикалық субъектісі) жоқ бұл екі сөйлемді мәтіннен бөліп жеке алсақ, пікір олқылығы айқын байқалады. Ал контексте тұрғанда бұл олқылық байқалмайды, себебі бастауыш немесе пікір субъектісі – алғашқы сөйлемде берілген «Ақбаланың өңі» сөзі. Егер осы «Ақбала» сөзін кейінгі сөйлемдерге де жеке-жеке бастауыш етсек, олар мәтіннен тыс тұрып та сөйлемдік дәрежесін сақтайды, пікір толықтылығы да сақталады. (Ақбала баласын құшақтай түрегелді. Ақбала есіктен шығар жерде әлдене айтқысы келгендей, сәл қайырылып тұрды да, ләм-лим деместен жүре берді.) Сөйтіп бұлар мәтіндегі өзін толықтыруға болатын сөздер есебінен толымды болады да, екі негізді сөйлем болып табылады. Сонда бас мүшелердің түсірілуі есебінен «толымсыз» болатын негізінен екі негізді сөйлемдер.

Бастауышы жоқ толымсыз сөйлем мен бір негізді сөйлемдердің өзара ұқсастықтары бар. Бұл сөйлем түрлерін ажыратуда қиындық туғызып келеді.

Жоғарыда аталып өткендей, толымсыз сөйлемдегі бір мүшенің түсірілуі контекст пен ситуацияға байланысты болады. Ал бір негізді сөйлемдерде бас мүшелер «түсірілмейді», ол о бастан болмайды, оны сөйлемнің ішкі құрылымы да, ішкі мазмұны да қажетсінбейді.

Сонымен сөйлемнің толымсыздығы мен бір негізділігінің ұқсастығын сөз қылғанда, олардың өзара ұқсастықтары тек сыртқы көрінісі ғана екендігін байқауға болады. Толымсыз сөйлем жай сөйлемнің кез келген мүшесінің түсіріліп айтылуына байланысты пайда болатын толымды сөйлемдердің стильдік варианты болса, ал бір негізді сөйлем тарихи жағынан солай болып қалыптасқан, екі негізді сөйлемге қарама-қарсы қойылып қаралатын сөйлем түрі.

1. Жалаң сөйлем. Жай сөйлем құрамына қарай жалаң және жайылма болып бөлінеді. Жай сөйлем сөйлемнің негізі болып табылатын тек қана тұрлаулы мүшелерден құралса, онда ондай жай сөйлемдер жалаң сөйлем деп аталады. Мысалы, Қыс қатты, қар қалың (М.Ә.). Ақбала тоқтай қалды (Ә.Н.). Әлиза келді. Әңгіме үзіліп кетті (Ә.Н.)

2. Жайылма сөйлем. Тұрлаулы мүшеден басқа тұрлаусыз мүшенің бірі немесе бірнешеуінен құралған сөйлем жайылма сөйлем болып саналады. Мысалы, Күздің таңы баяулап атып келеді екен (М.Ә.). Мөңке бұл күні балықтан кеш қайтты (Ә.Е.). Теңіз оған таныс. Жаз ортасы ауғасын-ақ ұлы теңіздің жел-құзы көбейді (Ә.Н.).

1-тапсырма. Текстен толымсыз сөйлемдерді тауып ажыратыңыздар. Олардың атаулы сөйлемге ұқсастығы бар-жоғын айқындаңдар.

Ауру бала әл үстінде. Қол-аяғынан жан кетті. (Ә.Н.) Аяғында біреу бас етік. Үстінде шидем күпі. (Ә.Н.) Есі шығып кетіпті. Киімін киюге де үлгермеді. Көйлекшең. Көйлектің омырауы ашық. Жалаңбас. Қазалы үйге басқалардан бұрын жетті. (Ә.Н.) Үй іші оңаша. Дала шыжыған ыстық.

Еламанның есіне бір кезде бәрі түсті. Інісі – Рай. Қарлы боранда қолын қарыған темір кісен. Жапан түзде жалғыз отырған үй. Екі келіншегі бар ірі қара жігіт. Ағаш төсек үстінде бөксесін көрпемен орап алған нардай қара кемпір. (Ә.Н.)

Түн қараңғы. Қараңғы түннің даусы да әр алуан. Алыстан тықыр естіледі. Алыстан дүсір естілді. Тынышбай елең етті. Тағы естілді. Жалғыз аттың аяғы. Дәл осылай келеді. Тура келеді. (С.С.)

Айлы түн екен дейді. Ай болғанда – он төрт жаңасы. Шар қабақтай жарқырап тұр. Ауыл сыртында алтыбақан құрған қыз-келіншек, жігіт желең. Құдай-ау, сондағы мұңсыз-қамсыз сақ-сақ күлкісі-ай десеңші. Уыз бетіне қызыл қою қан ойнап, ақ сүт дүниенің ажарын кіргізіп еді-ау! (С.С.)

Тағы тықыр. Тағы сыбдыр. Тағы суыл. Түн қараңғы. Бірақ қараңғы түннің әралуан үні бір тыншымайды. (С.С.)

ІV. Субъекті – жақтың қатысына қарай жай сөйлем: жақты және жақсыз болып бөлінеді.

Жақтылық және жақсыздық бір негізді сөйлемге де, екі негізді сөйлемге де тән. Бұл сөйлемнің ішкі мағыналық және сыртқы құрылымдық ерекшеліктерінің тығыз байланысынан туындайды.

Жақты сөйлем. Жақты сөйлем – сөйлемнің бастауышы болуына негізделеді. Бастауышы бар немесе бастауышы жасырын тұрған сөйлем жақты сөйлем деп аталады. Төлүйдің пешін жаққалы Назыкеш төбеге шығып еді. (Ғ.М.) Көк жүзін суық бұлт торлапты. (Ә.Н.)

Кейде бастауыш айтылмай, түсіп те қалады. Бірақ оны баяндауыш арқылы оңай тауып алуға болады. Торы атқа тақымы тигесін-ақ асықпады. Күпі сыртынан қайыс белбеуін буып алды. (Ә.Н.)

Бастауышы жоқ (бірақ баяндауышы 1,3 жақта тұрғанмен) іс-әрекет үш жаққа қатысты айтылатын сөйлем түрі белгісіз жақты деп аталады. Бұл сөйлемнің екі түрі бар:

1) баяндауышы 2-жақта тұрады. Адамға құрметпен қарасақ, оның бойындағы қасиетті жайшылықтағыдан көп аңғарасың. Жұмыстың көзін тап, қисықтың тезін тап.

2) баяндауышы 3-жақта тұрады: Ырыс алды ынтымақ дейді. Бұл қиындықты досың түгіл дұшпаныңа бермесін.

Жақсыз сөйлем. Кейбір жай сөйлемдерде бастауыш мүлде болмайды, баяндауыштың өзі сөйлемге ұйытқы болып тұрады.

Бастауышы жоқ, бастауышты баяндауыш арқылы айқындауға болмайтын сөйлемнің түрі жақсыз сөйлем деп аталады.

Жақсыз сөйлемнің баяндауышы:

1. –қы, -ғы, -кі, -гі жұрнақты қалау райлы етістіктен болады. Бұл кітапты менің оқығым келді.

2. Барыс септік жалғаулы тұйық етістіктен соң бол, жара, тура, кел деген көмекші етістіктердің келуі арқылы жасалады: Бұл судан балық аулауға болмайды.

3. Атау немесе барыс септік тұлғалы тұйық етістіктен соң керек, жөн, мүмкін деген бейтарап сөздердің тіркесіп келуі арқылы жасалады: Біздің жақсы оқуымыз керек.

4. -ып, -іп, -п жұрнақты көсемшеден кейін бол деген көмекші етістіктің болымсыз тұлғада келуі арқылы жасалады: Бурабайдың табиғатын ауызбен айтып болмайды.

5. Құрамында бастауыш тұлғалы сөзі бар идиомдар жақсыз сөйлем болады: Біраздан кейін ымырт жабылды. Әлден уақыттан кейін жұрт аяғы басылды. (М.М.)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]