Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Ііі блок Етістіктің таза грамматикалық категориялары Рай категориясы

Сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетке көзқарасын, қимылдың, іс-әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын, модальдық мәнін білдіріп, белгілі парадигмалық тұлғалар жүйесінен тұратын етістіктің грамматикалық категориясы рай категориясы деп аталады.

Белгілі қимыл, іс-әрекеттің белгілі субъекті тарапынан іске асу-аспауы, қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмауына сөйлеушінің көзқарасы, пікірі, бағасы, анықтығы, ақиқаттығы, күдіктілігі, күмәнділігі, болжамдылығы, жорамалдылығы, орындалу ниеттілігі, шарттылығы т.б. тілек, қалау, бұйрық мәндері т.б. қатар көрініп отырады. Рай категориясы етістіктің модальдылық мәнінің бірден-бір грамматикалық категориялық көрсеткіші бола тұрса да, етістіктің барша модальдылық мәнін толық қамти алмайды. Оның үстіне сөйлем модальдығы тағы бар. Ол да рай категориясымен байланысты болғанымен, етістіктің рай категориясының шеңберіне сия бермейді.

Негізінен алғанда, рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі көрсетіліп жүр.

Ашық рай –қимыл, іс-әрекет үш шақтың (осы шақ, келер шақ, өткен шақ) бірін білдіретін рай түрі. Демек, ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі – қимыл іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен (шақпен) байланысты өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетін сипатын білдіру, сөйтіп, ашық рай, бір жағынан, етістіктің рай категориясының бір түрі болса, екінші жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Осыған байланысты райдың басқа түрлерінен айырмашылығы тікелей ашық рай жасайтын арнайы қосымшалары жоқ болып келеді. Демек, шақ категориясы дегеніміз, екінші жағынан, ашық рай категориясы мен оның түрлерішеңберінде қарастырылады.

Бұйрық рай сөйлеушінің тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы бөгде біреге (3-жаққа) қаратылып, бұйрық сұрай айтылатын, өзіне (1-жаққа) байланысты қимылға, іс-әрекетке қозғау салу, ниет мәнін білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы берілетін рай түрі болып табылады. Бұйрық райдың басты мәні – бұйрықтық мағына. Бұйрықтық мағына негізінен алғанда 2-жаққа байланысты болып отырады.

Ал 3-жақта бұйрықтық мағына солғындап, тілек (бұйрық пен тілек), өтініш (бұйрық пен өтініш) мәні байқалып отырады.

І-жақта бұйрықтық мағынадан гөрі ниет, тілек мәні басым болады, өйткені сөйлеуші өзіне өзі бұйырмайды, бұйрық бермейді. Соған қарап І-жақты, кейде тіпті 3-жақты да, бұйрық рай шеңберінен деген де пікір жоқ емес.

Бұйрық райдың құрамында бұйрықтық мағынадан гөрі ниет, тілек мәнді білдіретін бірінші және үшінші жақ пен олардың көрсеткіштері болуы бұйрық райдың түрлену парадигмасына, тұлғалық жүйесіне байланысты. Мағыналарында бұйрықтықты білдіруде өзгешелік болса да, бұйрық райдың жіктелу жүйесі, яғни 1-2-3 жақта және жекеше-көпше түрлену бір парадигмалық жүйенің көрсеткіші болып табылады. Жіктелу үлгісі:

Мен бар-айын, кел-ейін, сөйле-йін. Біз бар-айық, кел-ейік, сөйле-йік.

Сен бар-, кел-, сөйле-. Сендер бар-ыңдар, кел-іңдер, сөйле-ңдер.

Сіз бар-ыңыз, кел-іңіз, сөйле-іңіз. Сіздер бар-ыңыздар, кел-іңіздер, сөйле-ңіздер.

Ол бар-сын, кел-сін, сөйле-сін. Олар бар-сын, кел-сін, сөйле-сін.

Жіктелу үлгісінен көрінетіндей, бұйрық райдың І-жағында жекеше –айын, -ейін, -йын, -йін, көпше –айық, -ейік, -йық, -йік жалғауы жалғанса, 2-жақ жекеше анайы түріндеарнайы қосымшасы жоқ, бірақ бұл – етістіктің түбір тұлғасы емес, нөлдік форма, өйткені түбір болса, сол сөз табының түрленуіне негіз болатын бастапқы тұлғасы да, бұйрық райдың 2-жағы жекеше, анайы түрі – грамматикалық тұлға, сол түбірге жалғанатын тұлға, демек, бұйрық райдың 2-жағы жекеше, анайы түрі мен түбір тұлға омоформа болып табылады. Бұйрық рай формасының екінші жақ жекеше түріне ертеде –ың, -ің, -ң қосымшасы жалғанып айтылатын болған. Мұны бұйрық райдың екінші жақ сыпайы түріндегі және екінші жақ көпше түрінің құрамындағы –ың, -ің, -ң қосымшасы (ал –ың-дар, ал-ың-ыз) дәлелдей алады. Сондай-ақ бұйрық рай формасының үш жағына да –шы, -ші жұрнағы жалғанып, сөйлеушінің бір істі орындау туралы өзіне, тыңдаушыға және бөгде адамға не затқа қаратып, сыпайы тілек түрінде айтуын білдіреді. Олардың мағынасы сөздердің айтылу сазына, интонациясына да байланысты.

Шартты рай қимыл, іс-әрекеттің болу-болмау, орындалу мүмкіндігін, шартын білдіріп, етістік түбіріне, лексика-грамматикалық категориялар тұлғаларына –са, -се қосымшасы жалғану арқылы жасалады. Шартты райлы етістік ықшамдалған тұлғада жедел өткен шақ тұлғасы сияқты жіктеледі, сөйлемде негізінен алғанда тиянақсыз тұлға болып қолданылады, сондықтан көбіне-көп шартты бағыныңқылы сөйлемнің баяндауышы қызметінде жұмсалады.

Жекеше Көпше

Мен айт-са-м, сөйле-се-м Біз айт-са-қ, сөйле-се-к

Сен айт-са-ң, сөйле-се-ң Сендер айт-са-ң-дар, сөйле-се-ң-дер

Сіз айт-са-ңыз, сөйле-се-ңіз Сіздер айт-са-ңыздар, сөйле-се-ңіздер

Ол айт-са, сөйле-се Олар айт-са, сөйле-се

Қазақ тілінде шартты рай тұлғасындағы етістік әр уақытта шарттылық мәнде қолданыла бермейді. Кейде ол шартты рай тұлғалы етістік мезгіл бағыныңқы сөйлемнің немесе да, де шылауымен тіркесіп қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметінде де жұмсалады.

Сондай-ақ шартты райлы етістік тілек, арман, мақсат сияқты модальдылық мәнді білдіріп, тиянақты мәнінде сөйлемнің баяндауышы қызметін де атқарады. Бұнымен бірге шартты райлы етістік жіктеліп келіп, ғой, еді, екен, етті, ма, ме сұраулық шылаусияқты көмекші сөздермен тіркесіп, сөйлемді аяқтап тұрады да, сөйлеушінің тілек-арманын, өтініш-өкінішін, болжам ниетін т.б. білдіреді.

Сондай-ақ –са, -се тұлғасына –шы, -ші қосымшасы үстеліп, 3-жақта жіктеліп, тиянақты тұлға ретінде қолданылады, екінші жақта кейде –ң жіктік жалғауының орнына –й тұлғасы айтылады. Мұндайда етістік таза шарттылық мәннен гөрі ниет, тілек шартты мәнді білдіреді.

Шартты райлы етістік игі еді сөздерімен тіркесіп, қалау рай да жасайды: кел-се игі еді. Болжамды сияқты модальды реңкті білдіріп, шартты райлы етістік керек сөзімен де тіркесіп қолданылады: айт-са керек.

Бұлардың барлығында да шартты райлы етістік жіктеліп келеді де, көмекші сөз сөйлем баяндауышын тиянақты етіп отырады.

Қалау рай – сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетті орындауға я орындамауға қалау, тілек, ниет, ынтасын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын рай категориясының бір түрі. Қалау рай бірнеше жолмен жасалады. Негізгі етістіктерге –ғы, -гі, -қы, -кі қосымшалары жалғанып, тәуелденіп барып тәуелдік жалғауы арқылы жіктеліп, яғни жақтық, жекешелік-көптік мән үстеліп, оған кел, келді, келеді көмекші етістігі тіркесіп жасалады.

Жіктелуі:

Менің оқы-ғы-мкелді, келеді. Біздің оқы-ғы-мызкелді, келеді

Сенің оқы-ғы-ң келді, келеді. Сендердің оқы-ғы-ларың келді, келеді

Сіздің оқы-ғы-ңыз келді, келеді. Сіздердің оқы-ғы-ларыңыз келді, келеді

Оның оқы-ғы-сы келді, келеді. Олардың оқы-ғы-сы келді, келеді.

Сөйтіп, бұл тұлғалы қалау рай етістік синтаксистік сипаты жағынан жақсыз сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады.

Сондай-ақ етістік түбіріне –ғай, гей, -қай, -кей қосымшасының үстелуі арқылы және осы тұлғаға еді көмекші етістігі тіркесу арқылы немесе шартты рай тұлғалы етістікке игі екен сөздерінің тіркесуі арқылы да тілек мәнді қалау рай жасалады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]