
- •Қазіргі әдебиет және фольклор
- •Қазіргі әдебиет және фольклор
- •М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесі ұсынған
- •Әдебиет пен фольклордың байланысы туралы
- •Қазіргі поэзия және фольклор
- •§1. Поэзиядағы фольклоризм мәселесі
- •§2. Шағын поэзия жанрларының фольклорлық негіздері
- •Жырым, сенің жасың ұзақ болғай-ды!2 – деп, тірі жандай оған тілек арнайды. Осындай тілек:
- •Ракета мен бомбаның
- •Жар болып жаратушы Алла бұлай
- •Көре алмай жүрген наданның
- •Мәселен: Ырысбек Дәбейұлының таумен сөйлесу сарынында жазылған «Қара тау» өлеңінде тау – ескі тарихтың, биіктік пен паңдықтың символы. Қысылғанда пана, қашқанда қорғаныш ретінде алынған.
- •Орындалып арманы
- •Қимайтұғын миллион сомды тіріге.
- •Қызыл жүнді бір арлан
- •Осы атаның ұрпағы2.
- •«Құдайсынып» сол сәбидің анасы1.
- •Осы сөзді атамнан естіп бірде қалдым мен1...
- •§3. Фольклор поэтикасының бүгінгі поэзиядағы қолданылуы
- •Садағымды алдым
- •Құзар шың басына орда қонған
- •Көлеңкелеп отырған
- •Қазіргі прозадағы фольклорлық дәстүр
- •§ 1. Проза жанрындағы фольклоризм ерекшеліктері
- •§ 2. Роман мен повестердегі фольклорлық образдар мен композицияның рӨлі
- •§ 3. Прозалық шығармалардағы фольклорлық салт пен әдет ғұрыптардың қызметі
- •Бүгінгі драматургиядағы фольклорлық сарындар
- •§1. Драмалық шығармалардағы фольклоризм
- •Қателеспес адам бар ма?
- •– Енді не керек саған?
- •Үйі күйгір Бекежан
- •Екеуі де туғанда нысаналы
- •§2. Трагедиялық туындылардағы образдардың фольклорлық сипаты
- •§3. Фольклорлық поэтиканың көріністері
- •Қорытынды
- •Мазмұны
- •І бөлім. Қазіргі поэзия және фольклор
- •Іі бөлім. Қазіргі прозадағы фольклорлық дәстүр
- •Ііі бөлім. Бүгінгі драматургиядағы фольклорлық сарындар
Көлеңкелеп отырған
Құлады, халқым, терегім,
Бұл күндегі адамнан
Артық тұрған ер едің
Ай батқандай қылдың да,
Адастырып жөнелдің3, –
деген жоқтаудан көрінеді. Дәл мұндай Темірхан Медетбектің «Көк түрік батыры өлгенде әйелінің жоқтауы» деген туындысында бар. Мұнда ақынның:
Оң жақтағы
Айым құлады.
Сол жақтағы
Күнім тұтылды.
Маңдайымдағы
Жұлдызым сөнді.
Арыстаным жығылды.
Арысым өлді.
Неден мерт болдың, батырым? 1 –
деген жолдарында фольклорлық дәстүрмен өрбітілген үндес байланыс орын алған. Марқұмды айға, күнге, жұлдызға балап, оның тірліктегі қадыр-қасиетін ауыспалы мағынада айтуда ежелгі замандағы арий дәуірімен байланысты отқа, айға, күнге табыну сақталып қалған сенім негіз болған. “Жаңа ай, жарылқа, ескі ай, есірке” деген сөздің немесе “Айың тусын оңыңнан, күнің тусын солыңнан” деген батаның шығуы осындай табынушылықтың әсерімен болған. Ақын күйеуін жоқтаушы әйелдің табынары – азаматы, ел батыры екендігін жеткізуде айы да, күні де құлаған. Яғни өмірде барлық тілеуі үзілген адамға теңеуден туған метафоралық қолданыс.
Жалпы, соңғы кезеңде жазылған шығармаларда ислам мифологиясының қазақ арасында кең жайылған жұмақ, тозақ, періште, т.б. туралы түсінік мейлінше жиі қолданылып жүргені байқалады. Соның бірі – қылкөпір, ислам мифологиясындағы Сират көпір.
Бірақ мен
Қылкөпірден қорықпаймын
Солай болады екен деп,
Торықпаймын
Алланың
Жазғанын көрем,
Не көрсетсе де, көнем.
Өйткені, тірлікте де
Қылкөпірдің
Үстінде жүрмін2, –
деген өлең жолдарындағы қылкөпірдің негізі осы – Сират көпірі. Автордың тірлікте де қылкөпірдің үстінде жүрмін дегені бұл дүниенің оңай еместігін білдіру мақсатынан туған көркемдік ерекшелік.
Қорыта айтқанда, ежелгі халықтың мифтік санасынан туған тіркестер бүгінде метафораға айналған, ол ақындар шығармашылығында поэтика үшін белсенді түрде қолданылған. Мифтік ұғымдардың, соның ішінде дүниенің төрт бұрышын шарлау – генетикалық байланысты көрсетсе, сол түсініктің негізінде пайда болған «дүниенің төрт бұрышы – маңым боп» деп, үндестік жасалған. «Дүниенің кіндігі» фетиштік сенімнен туып, бүгінгі қолданыста да қасиетті деген ұғымды беру үшін үндестік қызмет атқарған. Сондықтан қазақ тарихындағы маңызды оқиғаларды ерекшелеуде фольклормен байланыс қажет болған.
Кейбір фольклорлық метафоралар ақындар шығармаларында, көп болмағанымен, образ жасау үшін қолданылатыны байқалды. Сондай-ақ метафораның фольклорлық санадан пайда болуында мифтің әсері бар екені анық.
Фольклорлық ұғымдар. Қазіргі қазақ поэзиясындағы фольклордың көрінісі әр түрлі дәрежеде. Бірде көркемдік әдіс ретінде көрінсе, енді бірде тұтас таным-түсініктің өлеңге негіз болатыны байқалады. Мысалы: Қ.Мырзалиевтің «Ұшықтау» дейтін өлеңінен бақсылық емдік магияға негізделген фольклорлық белгілерді молынан табуға болады. Көне сенімнің жүйелілік негізін бұзбау үшін алдымен өлең мәтініне көңіл аударайық.
Мал семіз шығар, біз арық,
Ауруың кетсе ұзарып.
Ұшықтайтынды мені әжем,
Күн батқан кезде қызарып.
Құрыған әбден дәрменім,
Әжемнің мықты пәрмені.
Төбеге киіз төсетіп,
Шешіндіретін ол мені.
Сандырақтаған неше түн,
Қызуым менің өшетін.
Денеме салқын су бүркіп,
Бақсылығына көшетін.
Дәрі жоқ болса, ішіп бақ,
Болмаса жерді құшып бақ.
Мұндайда әжем алатын,
Дамбалыменен ұшықтап1.
Осы өлеңдегі үшкіру я болмаса ұшықтау – қазақ арасына кең тараған магиялық емнің бір түрі, бақсылық сенімнің қалдығы. Бұл – ауырған адамның бас киім, сырт киімін шешіп, түймелерін ағытып, бетін оңтүстікке бұрып, үшкірушінің аузына суық су толтырып, ауырған адамды алдынан, оңынан солынан су бүрку арқылы өткерілетін, бас ауырып, жүрек айнытып, ыстық көтеретін жеңіл-желпі ауруларды емдеу түрі болған.
Өлеңде осы үшкіру, су бүрку, шешіндіру сияқты магиялық рәсімдер түгел бейнеленген. Сондай-ақ бақсы ойынының өткізілетін уақыты туралы да фольклорлық ұғым сақталған.
Бақсылық ойынды бастау уақытының кешқұрым болатынының себебі жайлы Б.Абылқасымов былай деп тұжырымдайды: «Бақсы ойынының іңірге қарата өткерілуінің себебі мынада: жындар адам өміріне қарама-қайшы бағытта дамыды деп саналған. Адамның тіршілігі, қарекеті жарық дүниеге қатысты болса, жындардікі керісінше, қараңғылық әлеміне дағдыланған. Жындар кешке қарай қимыл-қозғалысқа түсіп, адамдарға деген қастандық әрекетін, көбінесе түнгі уақытта іске асырады»2.
Сондай-ақ өлеңдегі ақын әжесінің образы да – көне бақсы әйелдердің жұрнағы.
Бақсылықтың басым көпшілігі ер адамдарға тән болғанымен, қазақ ішінде де әйел жынысты бақсылар болғандығын (Жұмақыз, Хадиша, Балбике) және олардың бақсылық ойындарында еркек бақсылардан пәлендей күрделі айырмашылық жоқ екендігін де арнайы зерттеген ғалым Б.Әбілқасымов жан-жақты дәлелдеп жазған1.
Шығармашылық қашанда өз заманының, сол кезеңде қалыптасқан қоғамдық үрдістердің жемісі ғана емес, қоғамдық процестер мен өмірлік қағидалардың қаламгер санасында трансформациялануы арқылы да жасалады. Лирикалық кейіпкердің жан әлемі мен ақын дүниетанымының деңгейін танытуда фольклор көркемдік қызмет атқарады. Мыс: ақын Жанат Әскербекқызының өлеңдеріндегі көне ертегілік, эпостық образдар мен желілер арқылы фольклордағы әйелдер образы поэзияда қайта жаңғырған. Мысалға, Бекторы образына тоқталайық. Ертегілік сана тұрғысынан келсек, Бекторы – жағымсыз кейіпкер. Бекторы пері болса да, пендеге, Төстікке ғашық болады. Яғни Жанат Әскербекқызының өлеңіндегі Бекторы образы көне замандар мен қазіргі уақытты жалғастырып тұрған, ақындық қиялдың жүйріктігі арқылы қайта жаңғырған – архаикалық образ. Мұнда Бекторы образы уақыттың талабына сай және лирикалық ейіпкердің жан толқынысына байланысты іштей өзгешелікке ұшыраған. Ақын Бекторының ертегіде көрінбеген, тағы бір қырын, мыс: Бекторының пендеге ғашық болуына ерекше ден қойып, яғни періге адамзаттық қасиеттерді дарытып, дәстүрлі түсінікке өзгеріс енгізген.
Өлең мәтінінің алғашқы шумағынан бастап-ақ ақынның тікелей фольклорлық образға қатынасы бірден байқалады.
Пендеге айтпа өкпені,
Перінің қызы Бекторы.
Бекторы мен лирикалық кейіпкердің арасындағы үндестік арқылы ақынның айтпауға және айтылуға тиіс идеясы жүйеленеді.
Сынықси күлмей сыр бүгіп,
Көрсеттің несін сұм қылық2, –
деген жолдар көркем образды ашуға тікелей бағытталса,
Шаңына көміп кетті ме,
Шалқұйрық мінген бір жігіт, –
дейтін жолдарымен лирикалық кейіпкердің жанындағы сезімді де айқын тануға болады. Төстіктің – Ер Төстік емес, Шалқұйрық мінген бір жігіт атауымен берілуі де образдық тұспалын берсе, өлеңдегі Сорқұдық, Кенжекей, Құба інген боталайтын жер – бәрі-бәрі жекеліктен жалпылық сипатқа ие болған.
Сорқұдық кімге сор мекен,
Сорлы жер, шерге теңбе екен.
Төстіктей ерді қай күні,
Шыққыр да көзің көрді екен.
Ертедегі жер атауы «Сорқұдық» – ақын өмір сүріп отырған уақыттың, қоғамдық ортаның өлеңдегі нұсқасы.
Пешенеңнің де соры бар,
Кездеспес пенде оны ұғар.
Кенжекейдейін арудың,
Кердеңдейтұғын жөні бар1.
Ақын арнайы Бекторыға қарата сөйлеп, «Кердеңдейтұғын» сөзінің эмоциялық мәнін арттыру арқылы Бекторының және лирикалық кейіпкердің жанындағы дертке мән бергісі келгендігін көрсетеді.
Ақынның ертегілік элементтерді өлеңде пайдалану шеберлігі:
Қайырылмас ару құшқан ер,
Демемес тағы дұшпан ел.
Бошалап кеткен құба інген,
Боталап қалған тұсқа кел –
деген жолдардан да байқалады.
Мұнда ақын ертегінің нақты эпизодтарына мән берген. Өлең көркемдігі үшін Кенжекейдің сертпен белін буған матаның босауынан гөрі – «Бошалаған құба інген боталаған жер» – сағынышты жандардың қауышар орнының символында алынған.
Көңіліңді сөйтіп жұбат бір,
Ақылды кекке шырақ қыл.
...Жарты лашыққа аялдап,
Жолаушы сусын сұрап тұр
Талықсып шықшы алдынан,
Төгілтіп тұрып сол бір ән.
Тағдырын шеш деп өзіңнің...
Төрелігіңе қалдырам.
Ертегіде жолаушының жарты лашыққа аялдайтын жері – құба інген боталайтын кезден бұрын болатын оқиға. Бекторы ықпалының «әлсірейтін» тұсы нақты көрінетін кез де осы. Ертегінің композициялық құрылымының өзгеруі поэзиялық шығарманың композициясына ерекше реңк береді. Бекторы өзінің өлеңдегі миссиясын толығымен атқарып, лирикалық кейіпкердің сезіміне ерік берген. Ақын «ақылын кекке шырақ қылуға» лирикалық кейіпкерді шақырады, өлеңдегі психологиялық драматизм, динамикалық қозғалыс тыншу табады. Керісінше, Бекторы образы өзінің перілік сипатына қайтадан оралғанын оқырман көңілі аңғарады.
Сондай-ақ осы ақынның «Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді» өлеңінде «Қыз Жібек» эпосының сарыны лирикалық кейіпкердің логикалық прототипіне айналып, эпостағы арудың басындағы трагедиялық халі фон ретінде алынған. Жалғыз қалған Жібектің тағдыры арқылы махаббат, сүйіспеншілік сезімнің қасіретті күйін суреттеуде Көкжорға – кейіпкер сезіміне эталон ретінде пайдаланған.
Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді,
Кісінеді кімді еске түсіреді.
Иесінің жоқтығы – өңім еді.
Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді1... –
дейтін өлең жолдары бастылысымен-ақ әрбір қазақтың танымындағы трагедиялық оқиға елес беріп, жорыққа кеткен Төлегеннің шылбырын сүйретіп иесіз жеткен атының суреті көз алдыңа келеді.
Сүйгенінен айырылып аңырған, дағдарған сезімінің иесін іздеп аласұрған көк жорғаға балануы арқылы адамның ішкі сезімдерін жандандырып, дербес образға балайтын көне фольклорлық әдіс қайта жаңғырған.
Сор тіледі, қайсысы бақ тіледі,
Өзегімді ащы өксік қақ тіледі.
Еңіреген Ертісті артқа тастап,
Жағасынан Есілдің тапты мені2.
Осы өлеңдегі еңіреген Ертіс, көз ілген үміт, дұшпан жел, озбыр жел сияқты образды тіркестер де лирикалық кейіпкердің жан әлеміндегі арпалысты таныту үшін алынған фольклорлық ойсана сілемі. Өлеңнің соңына қарай сезімнің тұлғаланғандығы, қоршаған ортаның тұспалы болып тұрған дұшпан желдің қылығында да көне анимистік түсінік көркемделген. Өлең композициясына жымдаса кірігіп, әрбір ой образға салмақты ой салып тұрған да осы – фольклорлық қолданыстар. Лирикалық кейіпікердің кенеттен ғайыпқа сіңіп кететін соңғы шешімі де осыны айғақтайды.
Жалпы, Жанат Әскербекқызының шығармашылығында – фольклорлық метафора, меңзеу, тұспалдау тәсілі шеберлікпен қолданылады. Ақын дерексіз ұғымдарды заттандырып, жалқы ұғымдарды жалпыландырады. Өзі суреттеп отырған оқиға-образдың өзегіне терең бойлап, оның арғы, бергі тарихын тануға ұмтылады. Бұл талданған осы екі өлеңге ғана емес, ақынның толық шығармашылығына қатысты пікір.
Қазіргі қазақ поэзиясындағы өлеңдері оқырманның көңілінен шығып жүрген жас ақын қыздарымыздың бірі – Маржан Ершуованың «Аяз биге» атты өлеңінде Аязби образы ақындық қуат арқылы қайта тұлғаланған.
Хан тұлпарын, қаңтарып бәрін мініп.
Ханшалар салса да әнін күліп.
Жолын тауып құмырсқа жорғалаған,
Өмір сүрген Аяз би әлін біліп.
Ақылым аз екен деп тасымаған,
Байлығым көп екен деп тасымаған.
Алтын тақ, алтын тәжі арбаса да,
Азбаған, ауыртпаған басын оған.
Жағымпаздар жатқан соң бетке күліп,
Болмасын деп күпірлік еткен ұмыт.
Алтынды босағадан аттарында,
Маңдайшаға қойыпты шекпен іліп.
Дана қартым, сәскеде естимісің,
Ұмытып жүр біреулер кештегісін.
Жонға торсық байлатпас жаман аттай,
Ақыл емес кресло өскені үшін.
Жаямыз әлі талай керегені,
Жасарады замана көгереді.
Ертегі еліндегі Аяз би шал,
Бүгінгі қоғамға да керек еді1...
деп, ертегідегі Аяз би шалдың әділдігін, адалдығын қазіргі қоғамдағы мансапқорларлық мінездерді сынаудың құралы етеді.
Мұнда, ертегілердегі ең әділ, ең ақылды адамды халық ортасынан шығаратын фольклор эстетикасына сай, «Аяз бидің» хандыққа қолы жетсе де мастанбай, адамшылық қасиетті жоғары қойған қасиеті ғибрат етіледі.
Алтынды босағадан аттарында,
Маңдайшаға қойыпты шекпен іліп –
деген жолдармен ғибрат етіледі.
«Ертегі еліндегі Аяз би шал, Бүгінгі қоғамға да керек еді» – деген ойлар арқылы бүгінгі қоғамдағы адам болмысына көзқарасын білдірген өлең бойынан біз үш кейіпкерді көреміз. Ертегі еліндегі Аяз би шал, бұқара халықтың атынан сөйлеп тұрған ақын, және бүгінгі билік басындағы мансапқорлар. Аяз би образы арқылы бүгінгі билікке қолы жеткендердің жағымсыз тұстарын, Аяз би шалдың образын жаңғырту арқылы, ертегі мен шындық өмірді байланыстыра отырып, қоғамға керек ынсап пен қанағатшылдықты іздейді.
Ақынның көркем образға қарым-қатынасы деректі ұғымдар мен ертегілік элементтердің өлеңде пайдаланылған тұстарында ғана қылаң береді. Яғни ақын «Аяз би» өлеңінде фольклорлық образды орынды пайдалана отырып, келелі ой айта білген.
Сондай-ақ ақын – Баян Бекетова сұлулыққа, адалдыққа, пәктікке ынтызарлық сезімдерін беру үшін «Күн астындағы Күнікей» атты өлеңінде фольклорлық образдарды қайта жаңғыртқан..
Жердің үсті сыз ба еді,
Судың үсті мұз ба еді.
Жаздан кейін күз ба еді,
Жеген балым – тұз ба еді?
Аспан асты жер ме еді,
Жердің асты көр ме еді.
Күн астында Күнікей
Шыққыр көзің көрмеді!?
Күнікейдің көздері
Алтын шапақ, зер ме еді.
Тістен шыққан сөздері
Ақыл ма еді зерделі.
Күнікейдің кеудесі,
Шүпілдеген шер ме еді?1
Өлеңде лирикалық кейіпкердің сезімі күн астындағы Күнікей қыздың жан әлемімен үйлесімді алынады. Күнікейдің ерекше сұлу бейнесі, ақылы мен тәкаппарлығын өзіне серік еткен ақын өз бойындағы мұңы мен сезімін, ішкі шерін өз атынан емес, ертегілеріндегі Күнікей сұлудың атынан баяндайды. Өлеңді:
Күнікейдің кеудесі,
Шүпілдеген шер ме еді.
Шер ме еді...
деп аяқтау арқылы да ақын өзінің жан түкпіріндегі мұң-қайғысын өрнектейді.
Фольклорлық образдарды ой айтудың құралына айналдырып, ертегі әлеміндегі поэтикалық образдарды бүгінгі заманмен ұштастыра білген ақын Темірхан Медетбеков. Мысалы, ақынның «Ертегі әлемі» атты өлеңі бастан аяқ фольклорлық образдармен біте қайнасып жатыр.
Өлең мазмұнындағы ертегі кейіпкерлері Желаяқ, Көлтауысар, Таусоғар секілді батырлар ақынның рухани жан дүниесіне күш қайрат, шабыт сыйлайтын адам тұлғасында көрінетін мифтік образдар. Олар ертегінің бас қаһармандарының ұзақ сапарға шыққандағы шырғалаңдардан шығуға мүмкіндік туғызатын көмекшілері.
Ертегі әлемім!
Сені еске алып ем.
Күндей күркіреп,
Айдаһардай бүктетіліп,
Долданды тереңім...
Көзді ашып жұмғанша1...
Осы жолдардағы ақынның өзінің шабытын күркіреген күнге, айдаһарға теңеуі, я болмаса «долданды тереңім» деп ақынның жан дүниесінің тереңдігін ағашқа балауы және «Көзді ашып жұмғанша...» дейтін жолдарында фольклорлық поэтика көркемдік мән иеленген. Ал, Желаяқ, Көлтауысар, Таусоғар образдарын тірілту арқылы ақынның лирикалық кейіпкері өмір қиындығына бой бермейтін батыр образына айналады. Ал, осы ақынның «Мыстан кемпір» өлеңінде ақын, өзін жауыз күштердің озбырлығына қаймықпай қарсы тұратын батырлық ертегі батырларындай сезінеді.
Алтын сақамды алам деп,
Отырса тұра алмайтын,
Тұрса отыра алмайтын
Мыстан кемпірмен алыстым.
Ол да қарысты,
Мен де қарыстым2...
Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері мен эпостық жырларында адамға жамандық ойлап жүретін мифтік образдардың бірі – жалмауыз кемпірмен мыстан. «Еділ-Жайық» ертегісінде ол адамға үстемдік етсе, «Алтын сақада» баладан жеңіліс табады. Яғни, жалмауыз кемпір табиғатының өзі де тарихи өзгерістерге ұшырап отырған.
Өзін ертегі, я эпос кейіпкерлері сияқты сезінетін лирикалық кейіпкердің рухы алдында тұрған ең жауыз бейне мыстан кемпірмен айқасып, оны жеңу арқылы рухы биіктей түседі. Ақын, алдыңғы талданған өлеңінде фольклорлық дос күштерді (Желаяқ, Таусоғар, т.б.) тірілту арқылы ой айтса, бұл өлеңінде адамға жау мыстан кемпірмен айқасып жеңу арқылы жақсылықтың үстемдік алуын аңсайды.
Жаным марқайып қалды,
Күн қайта шықты.
Жұлдыздар қайта жанды –
Қазақ фольклорында құт басы – еңбек. Осы ретпен ертеде қазақтар әртүрлі малдың өз иесі болады деп, Шопан ата, Қамбар ата, Ойсылқара, Зеңгі баба жайында мифтік әңгімелер тудырған. Қазақ ертегілері мен эпостық жырларына ертеден енген бұл нанымдар халық санасының сәби кезеңдерінен хабар береді. Өмір, қоғам, ой-сана ылғи даму үстінде болады десек, сол нанымдар арқылы халық өзінің тіршілігі мен іс-әрекеттерін фольклорда сәулелендірген.
Темірхан Медетбектің поэзияға жаңаша серпін беретін «Дүние не боп барады?» өлеңінде фольклорлық рух-ие туралы түсініктерді тірілту арқылы өткен мен бүгін салыстырылады.
Менің осы жеріме,
Ойсылқара бабамыз,
Қасиетін арттырып,
Қара нарын шөктірген.
Шопан атам аяңдап,
Көк қошқарын алға сап,
Саулықтарын қаптатып,
Әр жусанның түбінде,
Егізден төлін төктірген.
Зеңгі бабам өзі кеп,
Желіндері жер сызған.
Ай мүйізді сиырыне,
Мама ағашқа байлаған;
Қамбар атам құраулап,
Қолына алып құрығын
Көшкен тоғай секілді,
Қаптатып жылқы айдаған,
Бір кездерде бұл жерім "
Қасиеті артқан жер еді1, –
деп салмақты ой толғайды. «Менің осы жеріме» деген сөзге екпін түсіру арқылы ақын бұрынғы қазақтың кең байтақ жері мен төрт түлігін түлетіп, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшкен тұрмыс-тіршілігін, үлкенді сыйлаған әдебін суреттеп, сол өмір суретін бүгінгі заманғы келеңсіздіктерге қарсы қояды. Өткеннің ұлағатты тұстарын дәстүр ету керек дейтін ойды ұстанады. Еңбеккерлікті уағыздайды.
Ал, ақын Қастек Баянбайдың «Біз қартайдық» өлеңінде Алдар көсе образы арқылы бүгінгі күннің келеңсіздіктері әжуаланады.
Жүз жыл киген көне шекпен,
Келеді Алдар көсе көк есекпен.
Салбырап кеткен басы кеудесіне,
Күдері үзілгендей келешектен.
Алдарға есек мініп, ескі киіп,
Бейшара болатындай не көрінген?
Жайылған аңыз болып даламызға,
Жарықтық жүр екен-ау арамызда.
Осының жиеншары шығармын деп,
Ұғындым, өзім барып, бабамызға.
Ассалаумағалейкум, Алдар баба,
Оқыста шыға келдің қайдан ғана?
Атандай арықтапсың жұттан шыққан,
Жарамай қалғаның ба алдауға да1.
Қазақ халқының ұғымында Шығайбайдай сараңдарды әжуалап, бұқара халықтың арман-мүддесі тұрғысынан ғана әрекет ететін Алдар сүйкімді образ.
Қастек ақын бұл өлеңінде осы фольклорлық образды қазіргі буынның санасында қайта жаңғыртып өтеді. Өмір келеңсіздіктерін күлкіге айналдыратын, Алдардың өзінің болашақтан үміті үзілгендей болып, салы суға кетіп келе жатқанын суреттеу арқылы қазіргі заманның ауыртпалығын тұспалдап, тұрмыс қиындығына бой алдырмай, өмірді нұрландырып жүрген жарқын жүзді адамдарды аңсау сезімін білдіреді.
Сондай-ақ, Ж.Әскербекқызы «Ертістің бойы» өлеңінде «ертегі» деген ұғымды «жайлы мекен» «өзгеше әлем» мағынасында жұмсайды.
Жезтырнағы бар, жез жүрек.
Үрейлі күйді шертеді желі,
Сұмдық бар жалғыз көзді еді.
Толықсып тоғай тербетер баяу,
Шайылып тәні жаңбырмен.
Ертістің бойы мекенім еді,
Ендігі қоныс қайданды.
Мыстан күдіктің күңкілі.
Қайтемін тағып жалғанға мінді,
Мыстаннан қаштым түнді аттап.
Толқынына ұрдым сорлы арманымды
Орамалыма құндақтап2.
Ақынның “Ертістің бойы” өлеңіндегі мифтік – символикалық көріністердің де адамға тән уақыт пен кеңістіктегі шындықтың жарқылы мол бояу мен терең әсерлеп бедерлейтін айшығы қалың басталып, баяу тартатын не тоқырап қалатын әлжуаз қиял емес, желкенін көтеріп, айдан асып кететін асқақ, астарлы, қыран қанатты ой екпіні шырқау зеңгірінен түспей қояды3.
Бұл өлеңде жезтырнақ, мыстан кемпірдің санада сақталған жағымсыз образын тілдік кестеге пайдаланған. «Мыстан күдік» дегеніміз – жаман ой, яғни мыстан ол адамға жамандық істеуші болса, күдік сол жамандықтан шығады. Жезтырнақ, мыстан, жалғыз көзді дәу – бұлар ертедегі адамға жамандық жасаушылар, зұлым күштер. Ақынның өлеңдегі негізгі айтар ойы: Ертіс бойындағы жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, мыстан секілді адамдардың жаман ниет жандардың көп болуы. Осылардың ауасымен тыныстай алмай, тынысы тарылған ақын сорлы арманын орамалына құндақтап толқынға лақтырады. Мұндағы су, толқын ұғымдарында судың тазартқыштың, киелілік мәні бар деуге болады.
Ал, осы ой ақын Алмагүл Үмбетованың «Ертегі өмір өтуде» деген өлеңінде өзгеше өрбиді.
Қажеті бар ма? Күрсініп тегі,
Бал дәурен баста тұрмады.
Мыстан тектестің тіршіліктегі,
Батады кейде тырнағы.
Бүр төгілсін деп аппақ таңдарды,
Үмітпен перде ашамын.
Алаң ғып сені жүруші еді, Әже,
Алма қызыңның ертеңі...
Не күтеді алдан? Күндерден өтіп,
Көңілім сан күй шертеді.
Аяқталушы еді мұратқа жетіп,
Сен айтқан барлық ертегі1.
Екі ақында да жарқын, жақсы тіршілік сипаты ертегі еліндегі өмірге баланып, оған кедергі – мыстан тектес жандар екендігі бейнеленген. Жанат ақын, өмірдің келеңсіздігінен түңіліп, жақсылықты табиғаттан іздесе, Алмагүл – әжесі айтқан ертегілер тек жақсылықпен бітуші еді деп жақсы үмітке қол созады.
Ал ақын Қанағат Қарашевтің «Ала айғыр» атты толғауына халық аузында айтылып келген – топономикалық аңыз себеп болған.
Өлең:
Қарасаң Ала айғырдың шоқысына,
Осында ғажап тау бар Жетісуда.
Ортасы ат шаптырым қазан шұңқыр,
Қапталы тал, қарағай толған нуға, –
деп басталып таудың сипатын суреттей келе:
Тауы деп Ала айғырдың ел айтады,
Көне көз қариялар айтуынша.
Үйірден бес байталды қуып шығып,
Әкепті ала сәурік осы тауға2, –
дейтін өлең жолдарымен өз үйірін, қасқырға бермей арпалысқан айғыр-жылқы жайлы фольклорлық әңгімені баян етеді.
Төрт түліктің пірі саналатын жылқының естілігі мен ептілігі, өз үйірін көкжалға бермеу үшін жасаған жанқиярлық ерлігі эпикалық санаға сай суреттелген. Мерт болған жылқы жанының жер-суға айналуы көне мифтік сенімнің жаңғырығы.
Елесі алайғырдың көрінеді,
Шыңынан осы таудың анда-санда.
Тасыған жігерімен, күшіменен,
Күмбірлеп, тау жаңғырта кісінеген.
Дауысын біржылқының тыңдадық деп,
Малшылар аңыз етіп айтып жүрген.
Жануар өңшең ала үйірімен,
Мекендеп осы тауда жүрген екен.
Мүмкін сол ала айғырдың рухы болар?
Күмбірлеп тау жаңғырта кісінеген!
Жырда жылқы тотемінің сілемі жағырапиялық мифтермен астасып, көркемдік мәнде жұмсалған.
Ал, Әбділдә Аймақтың «Әулиелерге дұға боп оқылды жырым ...» деген өлеңінде бақсы сарының композициялық ерекшелігі толық сақталған: 1) атақты бақсылардың аруағын шақыру, 2) өз ата-бабаларының аруағын шақыру, 3) бұрын-соңды өткен атақты хандардың, батырлардың, бай-мырзалардың аруағын шақыру түгелімен сақталған деуге болады. Адам дүниетанымындағы түрлі көне наным-сенімдердің жаңғырығы ақынның мұсылмандық көзқарасымен астасып жатыр.
Жеті кәміл пірлерім, жалындым саған,
Кеудемде күмбір күй толы, жаным жұмсақ ән.
Батаңды бер сен маған, Шашты әзіз баба,
Қалса не болды өмірде басқан із ғана.
Бақсылық менің бабама қонған-ақ екен,
Жырыма енді қарасын басқа қызғана.
Перінің қызы Бекторы басыма би боп,
Шайтандар мен от жаққан қосыла билеп.
Бабамнан қалған қыл қобыз шанағы сыңсып,
Кеудемнен көшті сазды әуен – шошып ақ үйрек.
Сиынып, Алла, өзіне, отырмын бүгін,
Бермеші менің басыма соқырдың күнін.
Пана таба алмай заманнан, қоғамнан-дағы,
Әулиелерге дұға боп оқылды жырым…
…Жалмауыз кемпір көрінбе маған,
Өкірмесінші көріндегі адам.
Толыбек бақсы өзің-ақ айтшы,
Өгей ме туған жерінде балаң?
Алпыс перінің алдына барсам,
Көмегің тисін сенің де маған1.
Мұнда да ақын жамандық пен жауыздық бейнесін жалмауыз кемпір образымен сомдап, негізгі зұлымдықтың жиынтық бейнесін берген.
Ақын ой-санасында түрлі фольклорлық ұғым-түсініктер мифтік, ертегілік образдар араласып жатады. Бұл жырдағы тәңірге табыну, бақсылық, әруақты силау, көк бөрі, бата алу, ұғымдарының өлең өріміндегі әр түрлі мағыналық мәнінен көрінеді.
Ей, пірлерім, тыңдап алыңдар,
Қап тауындағы жынға барыңдар,
– деген жолдардан ежелгі бақсы сарынындағы жын шақыру ізі күш, қайрат рухын күшейту мағынасында алынып жау күштер жалмауыз кемпір, Жылан Бапы образдарымен беріліп, фольклорлық санадағы ең күшті деген жауыз күштердің өзін жеңген адам күшінің қасиетін ардақтайды.
Қазақтың жыл басы саналатын Наурыздың маусымдық-салттың біріне айналуы жайлы фольклорлық әңгімеде, Наурыз – қазақтардың шежіресі бойынша қазақтың ағасы болған. Наурыз ерте өліп, онан тұқым болмаған. Өлерінде інісі қазаққа «менде тұқым жоқ, мен өлсем де атым өлмесін, әр жыл менің өлген күнімді тойлап мерекелесеңдер», – депті. Сондықтан да Наурыздың өлген күнін қазақтар жыл басы етіп, ол күн мейрам есебінде наурыз көже пісірліп, қазақтар бір-біріне қонаққа барған2 делінеді. Әбубәкір Қайранның: «Аққа толы қазандар құтқа толып...» атты өлеңінде:
Наурыз келді!
Барлығы жасарады,
Наурыз тойын жатыр жұрт жасағалы.
Алпыс төлдің анасы шашу шашып,
Аластасын пәледен босағаны.
Былтыр туған бір тентек тұсау кесіп,
Күлімсіреп Ақ әже – Күн тұрады.
Аққа толы қазандар құтқа толып,
Кісінейді аспанның жылқылары3, –
дейтін жолдар арқылы халықтың күннің күркіреуін, көк айғырдың кісінеумен байланыстыратын тылсымдық рух-иелік сенімдерді санада жаңғыртады.
Ал, Ә.Қайранның «Құмалақ» өлеңінде тылсыммен тілдесуші тұлғалар жайлы мифтік түсініктердің сілемі сақталған. Себебі: «Құмалақшы – тылсым мен реальды дүние арасындағы ырымдық делдал»1. Бал ашудың да өзіндік символдары қалыптасқан. Ол жақсылық пен жамандықтарды меңзеуге құрылған. Құмалақшының өзі де таңғажайып құбылыстарға сенетін адам. Әрі көне рулық қоғамның ішкі мәселелерін үйлестірушілік қасиет атқарған. Ру – тайпаны қауып-қатерден сақтандырып, ішкі бұзылған әлеуметтік қатынастарды реттеп отыратын елеулі қызмет атқарған. Олардың жай адамнан артық киелі, айырықша қасиеттері бар, өзінің қырық бір құмалағын таратып, адам тағдырын және өзге оқиғаларды алдын-ала болжап білетін ерекше тұлғалар дейтін сенімнің халық арасында күні бүгінге дейін маңызы бар екенін ақын өлеңіне өзек еткен. Адам сеніміндегі көне таным қалдықтарының қиын-қыстау сәттерде адам болмысы үшін рухани демеу болатындығын көрсету арқылы бүгінгі заманның әділетсіз қырларын сынға алады.
О! Ауылда көп бақсы, құмалақшы,
Кей «коммунист» отырып Құран ашты.
Мұңын айтып біреулер жыламақшы,
Жоғын айтып біреулер сұрамақшы.
Заң дегенің болған соң құр атағы,
Қайсы ұрыны дәл көздеп құлатады?
Жұрт сондықтан «үмітсіз-шайтан» десіп,
Құмалақпен көңілді «жұбатады».
Құмалақ шын кіріпті өмірге ендеп –
Ізшілер мен тергеуші орын бермек.
Құдай неге имейді бұл қазаққа
Құмалақпен отырған көңіл демдеп!?1
Осы ақынның «Табалдырық» атты өлеңінде де киіз үйді «кіші космос» ретінде ұғынған көне танымның белгілері толық сақталған. Киіз үйдің төрі – қадірлі қонақтар отыратын, қасиетті орын. «Төр» сөзі П.Мелиоранскиидің пікірінше, «көне түркілік етістік «терумен» сөзінен шығады, және сонымен бірге «заң, мансап» деген сөзді білдіреді және тайпа, рудың, өзге адамдармен қарым-қатынасын көрсетеді»2, – дейді.
Келе-келе дәстүр салттарды реттеуші тұлғаларды «төре» деп атап, олар отыратын құрметті орынды «төр» деп есептеген3.
Төрдің киелі ұғымы – ертеректегі «тұл» – марқұмның бейнесі жасалған образдың төрге қойылуымен де байланысты күрделене түскен.
Қазақта қонағын жоғары өрлету – ең үлкен құрметтің, көргенділіктің белгісі. Төрден солға шығысқа қарай, үй иесінің төсек-орны тұрған.
Озбаған ғой, озбаған есік төрден,
Түсінеді мұны әркім бесік көрген.
Төр дегенің бірақ та төре сынды,
Есік жаққа бір жақтан көшіп келген4.
Мұнда ақын босаға ұғымына ерекше ден қояды. Үйдің кіре беріс босағасының да магиялық семнатикасының жоғары болғандығына: келіннің босаға алдында үш рет иілуі, ең алдымен табалдырықты аттауы, балаларға босағаға сүйенуге тыйым салу, балалары көп өле берген әйелдің баласының кіндігін табалдырықта кесу, көптеген жерлерде марқұмның денесін табалдырықта үш рет көтеріп қоюы сияқты т.б жағдайлар айғақ. Фольклорда шаңырақ пен босаға – әке мен күйеудің символы ретінде түсінілген.
Демек, шаңырақ, есік, ошақ – ұрпақ жалғастығының символы ретінде бірден-бірге жалғасып отырған.
Тас маңдай ғой қашаннан табалдырық,
Құдай мұны жаратқан ғой табандығып.
«Табалдырық – тау» деген дана сөзге
Бір түкіріп, бастадық жаман қылық.
Болмаса есік болар ма төр – төрешік,
Есік қойған сол төрді еркелетіп.
Ең биігі бәрінен – табалдырық,
Соны алайық алдымен өлшем етіп1.
Ежелден бергі қағида бойынша үйдің оң жағы – үйдің ересек балалары мен кәмелетке толған қыздарына арналған. Оң жақта отырған қыз – қонақ. “Оң жақтың” мәні тұтас қонаққа арналған деген мағынаны білдіреді. Бұл жерлеу ғұрпындағы «өлік неше күн қонақ болды» деген ұғымнан да көрінеді.
Ал Шаңырақтың – космостың киелі бөлігі болатын себебі, шаңырақ арқылы киіз үйдің тұрғындары киелі аспан шырақтарымен Күнмен, аймен, Жұлдызбен байланысады. Күндізгі шырақ пен күн сәулелерінің шаңырақ арқылы түсуіне де қазақтар ерекше мән берген.
Шаңырақ пен есік вертикалды, горизонталды кеңістіктің киелі орындары саналып, түнде міндетті түрде жабылады. Белгілі бір мақсатта заттар ілінеді. Мысалы: босағаға қойдың кәрі жілігі ілініп, ол әр түрлі бәлелерден сақтайды деп есептеледі. Босағадан түнде жайпақ ыдысқа «ақ» құйылып, жыланның үй тұрғындарына зиян жасалмауының алдын-алады. Әйел толғатып жатқанда да есік алдында зиянкес күштерді қорқыту үшін босағаға ақ шағыр көзді ат байлап, шаңыраққа бүркіт қондырған.
Жаугершілік заманның өзінде де шаңырақты жұртқа қалдырмай көшпен бірге алып жүрген.
Көшпелі тұрмыстың өзіне тән қалыптасқан заңдылықтары бойынша тиелетін жүк пен көштің алды-арты, жалпы қозғалысына жауапты адамдар болған. Әдетте, көшті әулеттің анасы бастаған.
Көшпей қонған көріп ең қай атаңды?
Біздің үйдің сары атан бағы атанды.
Шаңырақ сап әдейі сары атанды,
Көш алдына жүргіздік ақ апамды2, –
дейтін жас ақын Т.Тынысбекұлының «Көшім кетіп барады» деген өлеңінде де шаңырақ ұғымын жандандыру бар. Яғни, киіз үйдің шаңырағы ең киелі бөлігі болғандықтан да оны көш алдындағы атанға артқан. Ел басына туған ауыр зұлматтан ауа көшкен ел тағдырын көрсету үшін, ақын көш керуенін дауылға жолықтырады. Ескі көштің мәжбүрлік, шарасыздық амалы екендігін ұқтыру үшін қазақтың шаңырақ жайлы ең киелі ұғымын кері символикада берген. Қатты дауыл әсерінен атан жардан жығылып, шаңырақ қирайды.
Қия жолдан сары атан тайғанақтап,
Бақ деді де жөнелді жардан аттап.
Апам сонда ойбай деп қалбалақтап,
Бұйда жібі қолында қалды алақтап.
Атан сайда, ал апам жар басында,
Екі өмірдің толқиды арасында.
Сәл бөгеліп тұрды да алғашында,
Ауыл көші қайтадан жалғасуда1.
Мұндағы шаңырақтың қирауы – елін сағынған жұрттың, жат қолындағы өксікті өмірдің қирап, жаңа азаттық өмірдің бастауын меңзейді. Яғни фольклордағы көне қирау, бүлінудің, қайта жаңғырудың басы ретінде символдық мәні сақталған.
Шықтым, Алтай, ақбас шың, сан жотаңа,
Қош бол, түсті қойныңнан жан қапаға.
Сара атанның бұйдасын апам менің,
Ата-жұртта тағып тұр сары ботаға2.
Бүгінгі Қазақ поэзиясында фольклорлық қыран құс образының кең тұрғыда қолданылатындығы байқалады.
Көкте самғаған түз тағысын қолға үйретіп, өз кәдесіне жарату –аң аулауға бағыттау, адамзатқа ортақ құбылыс болғанымен, оның тамаша үлгісі далалық көшпенділердің арасында – қазақ, қырғыздарда жақсы сақталған. Тек сақталып қана қоймай, оның нақты үлгісі аз да болса табиғи түрде өмір сүреді, ең бастысы құсбегілікке қатысты таным – ырым, тыйым, бейнелі сөз, поэтикалық метафора, теңеу қазақтардың санасында берік орын алғандығы сонша, құсбегіліктегі кең тараған түрі – қыранмен аң аулау, бүркіт таптауды бүгінгі әлем «Қазақтардың төл мұрасы» деп түсінетіндігі – ұлт үшін мақтаныш. Бүгінгі егемен еліміздің мемлекеттік рәміздеріндегі қыран құс соның айқын дәлелі.
Тамырынан таратып текті сөз,
Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез.
Көк байрақты қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез3, –
дейтін Маралтай Ыбырайымұлы өлеңіндегі қыран бейнесі бүкіл халық мінезінің баламасы ретінде берілсе, осы ақынның «Сұңқардың соры деген өлеңінде»:
Тірісінде-ақ аты аңызға айналған,
Сұңқар еді ол,
Бармағы көп шайналған,
Көкке сіңіп ғайып болды қапыда,
Бауын үзіп балағына байланған.
Балақ бауы соқырлығы қоғамның
Алдын кесіп, орлар қазды оған мың...
Батырлықтың символы боп ол қалды,
Бұлар қалды мәнін ұқпай обалдың1, –
деп Бауыржан Момышұлының батырлық қасиетін қыран қасиетімен алмастыру бар.
Ал Тәуелсіздік таңы туып, ел егемендік алғанда халықтың киесі саналған қыранның өзінің қуанышын Мұратхан Шоқан былайшы кестелейді:
Таулар тұрды төбелерін нұр құшып,
Қырандары саңқ-саңқ етіп жүрді ұшып.
Ақын біткен алапат бір күй кешті,
Көкірегін жыр қысып2.
Ақын, Алмас Темірбай, “Көк” атты өлеңінде ақындық киесі мен мінезі ұғымын қыран құстың қасиетімен алмастырады.
Ақындардың көпшілігінде қыран мен құзғын адам санасының жарқын жағы мен кері жағының символы түрінде көркемдік мән иеленіп, аллегориялық контраст әдісіндегі ой айту құралына айналады. Мысалы Айға байланысты фольклорлық сана сақталады. Айға қатысты түрлі тыйымдар сақталған. Мысалы, «Айға қарап ұзақ отырма», «Айға қарап дәрет сындырма», «Ай сәулесін жас нәресте бетіне түсірме», «Ай сәулесі түскен құдықтан су ішпе» сияқты тыйымдар мен толған ай, туған ай, ұғымдары, туған айға иіліп сәлем беру ай шалқалап туса, малға жайлы, тігінен туса және күн құлақтанып шықса, боран болады, ал құлақтанып батса ауа райы жылы болады дейтін жорамалдар бар. Мысалы: жас ақын Талапбек Тынысбекұлының ақындық азаматтық көзқарасы: «Құзғын ғұмыр қызықтырмас қыранды» – деп аталтын өлеңінде анық беріледі:
Өмір кешер, бәрі де елес, кім қанша?
Сынақ, күрес қашан көзін жұмғанша.
Адамға жат аппақ арың бұлғанса,
Өшпек емес, өнегемен із қалса.
Құзғын болып мың жыл құлын қуғанша,
Қыран болған бір күн артық жырланса.
Құлқын емес, қасиетке құзды аңса!3
Қазіргі поэзиядағы космогониялық дәстүрлі ұғымдардың өлең өрнегіндегі түрлі қолданыстары да ерекше назар аудартады. Мысалы Алмас Темірбайдың «Ай туардағы жыр» өлеңінен ақынның дүниетанымындағы фольклорлық санасының ата-баба әсері арқылы қалыптасқандығы танылады. Ата-әже сөзін құлағына құйып, әрбір іс-әрекетінен ой түйіп өскен баланың табиғаты өзгермесі белгілі. Ақынның аймен сырласуынан Айды – ата-әжесінің көзіндей көруі, айдың жарылқаушы, тәңірлік мәнімен бірге оның ұрпақ жалғастығына куәгерлік символы алынады. Оңынан туған айды жақсы ырымға жору, жарылқау тілейтін атасының ай туғанда оқитын беймәлім аятын еске алып, өзі де осы жырын дұға ретінде өрнектейді. Өлеңге көне түсініктегі табиғат пен адамның етене байланысы өлген соң да жалғасатындығы жайлы ойлар негіз болған.
Алмастың «Ай» өлеңінде әкенің балаға деген сезімі бесік жырының үлгісімен беріледі. Ақын «Айды алып бер ойнаймын дейтін баласының тілегін өлеңге айналдырады. Сәби тілегіне «Ай дегенің – ата-баба арманы, ол арманмен ойнамайды, шырағым», – деп жауап береді, «Айың оңыңнан тусын» – деп дәстүрлі тілек тілейді.
Ал, ақын Ж.Әскербекқызы ақындық киені де, лирикалық кейіпкерді де Айға балап, оның пәктігін кіршіксіз тазалықтың көрсеткіші ретінде көркемдейді. Мұнда ақын мифтік түсінікті негіз етіп алған.
Мен Адамнан
Айға айналған екенмін,
Талай ғасыр тылсым сырды көтердім.
Пенде біткен пенделіктен қажыса,
Түнге ілесіп, жанашыр боп жетермін1.
Ақын қыз өмірден ерте озған талантты ақын Нұрлан Мәуленұлының образын да Айға балап, оның өлімін «ай батқандай» деген дәстүрлі балама арқылы жеткізеді.
Нұрлан – өлең түнді жарып,
Үнсіз ғана барады ағып.
Мен аядым күнді ғаріп,
Қала берген налаланып.
...Нұрлан – өлең түнді жарып,
Құс жолымен самғағаны...
Мен аяймын күнді ғаріп,
Бір келер деп алданады2...
Жанаттың өлеңдеріндегі Ай образы «ішкі дүнием – Ай тұтылған түн әлем», «жалаң аяқ жұлдыз кештім жұбым-Ай», – деген жолдарда поэтикалық мән-мағынаға ие.
Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымында күн де киелі мәнге ие болғандығы белгілі. Мәселен, қазақ үшін: Күн – құдырет. Ол жердегі тіршілік көзі. Тіліміздегі “күн көру”, “күнелту”, “күні қараң болу”, “күннің өшкір” деген сияқты сөздер мен тіркестердің болуы – соның дәлелі. Қазақ жақсы көрген баласын «күнім» деп атайды. Сүйікті қыздарына Күнікей, Күнсұлу деген ат қояды. Киіз үйдің есігін әрдайым күншығысқа қаратып тігеді.
Шырқады құстар таң әнін,
Сергектеу самал жүгірді.
Шырайлы тұсқа қарадым –
Қарсы алайын деп Күнімді.
Қарсы алайын да Күнімді,
Қабақтан шуақ жаудырып...
Тіршілік қайта тірілді,
Қозғалды сосын тау күліп.
Тарбағатайдың таңы бұл,
Есіме қалған енші боп...
Оралар ма екен тағы бір,
Балалық шаққа келші деп1...
Жинақтай келгенде, мынадай ой қорытындыларын жасауға болады. Қазіргі кезеңдегі қазақ поэзиясы өзінің өсіп-өркендеу, жаңғыру жолында фольклорлық сана, ұғым, образдарды, фольклорлық поэтиканы сан түрлі тұрғыдан түлете пайдаланады. Бұл қаламгердің қалам қарымына, талант дәрежесі мен өмір тәжірбиесіне қарай әр түрлі сипат иеленеді.
Архетиптер. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ой еркіндігіне қол жеткізген қаламгер қауым бағзыдан этно-мәдени бет-бейнемізді қалыптастырып келген киелі рәміздерді, байырғы түпбейнелерді емін-еркін жырлайтын құқыққа ие болды. Сақ-хунну, көне түрік дәуірінен жеткен, ұлтымыздың ұранына, ұжданына айналып, елдік символ дәрежесіне көтерілген, ең кереметі халық мұрасында ұдайы дәріптелетін ондай бейнелер – Тәңір, Ұмай-ана, бөрі, бүркіт, марал, жолбарыс, т.б. тотемдік мәндегі архетиптер қазіргі әдебиетте кең көрініс тауып отыр.
Архетип бейнелер туралы К.Г.Юнг: «...они одновременно образы и эмоции. Об архетипе можно говорить только тогда, когда оба эти аспекта одномоментны. Если это просто образ, то перед нами будет лишь словесная картина с малым последствием. Но заряженный эмоцией образ приобретает сакральность (нуминозность) или психическую энергию, он становится динамичным, вызывающим существенное последствие»1, – деп жазуы бекер емес.
Халық отарлық құлдық заманына тап болғанда ежелгі асқақ рухының көрінісі болып келген киелі рәміздерінен де адасып, ол туралы түсініктен де тұлдыр болатыны, керісінше, ұлттық жаңғыруды бастан кешкенде, ондай бейнелер қайта оралатыны байқалып отыр. Мәселен, Қазтуған жырау азат елдің азаматтарын көне түріктердің киелі тегі – көк бөріге теңейді, бұнда адам мен бөрінің арасында бәлендей айырма жоқ:
Ау, бөрілер, бөрілер,
Бөрімін деп жүрерлер,
Һәр бірінің баласы,
Алтау болар, бес болар,
Ішінде абаданы бір болар,
Абаданынан айрылса,
Олардың һәр біреуі,
Һәр бір итке жем болар2.
Махамбеттің Исатай мен өзін «Екі тарлан бөрі едім», Шернияздың «Ел үстіне жау келсе, көк бөрідей ер керек»3, Сүйінбай ақынның «Бөрілі байрақ көтерсем, Қозып кетер қайдағым» деп, ұран сала жырлағаны да дәстүр сабақтастығын білдіреді. Алайда, осы бейне бұдан кейінгі ақындарда мүлде солғындап, киелі сипаттан ада болады. Отаршылдық кезеңдегі ақындар түгелдей бөріні кәдімгі тағы хайуан, мал мен адамның жауы ретінде реалистік сипатта өлеңге қосады. Шынтуайттап келгенде, бұл мифтің «өлуінің» көрінісі еді. Осы символды поэзияда қайта тірілтуге алдыңғы сапта күш салған қазақта үш ақын бар. О.Сүлейменов кеңестік кезеңде жазған бір өлеңінде жаралы бөрі ананың қанды сүтін еміп аяқтанып келе жатқан бөлтіріктерді кек қуатын ұрпақ ретінде ишараласа1, С.Ақсұңқарұлы мен Ә.Қайран – екеуі көк бөріні тотемдік символ ретінде поэзияға оралтады. Ақын С.Ақсұңқарұлының «Қасқырдың монологында»:
Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем!
Қағынып...
Сайын даланың тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!...
Қасқыр – бабалар!
Бар ұлыстардың
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған қанды ұрыстардың
Иісін сезем даладан...
Ала төбеттің астында қалар
Күн туғаны ма ақыры...
Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?!
Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді:
Жатқаным мынау – жау іші.
Аспанның астын дүрліктіреді
Үрген иттердің дауысы2...
Ә.Қайран қасқырды ойлы, арлы, саналы хайуан кейпінде жырлайды, оның жыртқыштық бейнесіне жаңаша түсінік таңады:
Жек көрсем де айға қарап айтар едім сырымды,
– Қулық менің түсірді деп құнымды.
Ұрлық жасап көрген жоқ ем,
Тек қана
Ата жолын жалғастырдым бұрынғы.
Адал болдым өз ісіме болаттай,
Қасқыр арын қастерледім,
Атыма кір жолатпай.
Қатал адам қақпан құрды,
Қулық қылды,
Қуаламай, оқ атпай.
Ой-хой, шіркін,
Өз жолы үшін күйіп кеткен бір пенде,
Бар ма екен мен секілді молақтай?!1
Бидайық деген мифтік құсты да ақындар жырына сырлы рәміз ретінде жиі қолданады. Бұл құстың өмірде жоқ мифтік құс екендігін С.Мұқанов жазады. Бірақ халық ақындары осы құсты рәміз ретінде «бидайық – бөктергі» деген жұптық тайталас ауанында шендестіріп қолданып келген. Мәселен, халық поэзиясында «Бидайыққа лайық қарағым-ай, бөктергіге қор болып барасың ба?» деген жолдар тұрақты кездеседі. Тегінде, бидайықты киелі құс ретінде түсіну түрік халықтарында мол кездеседі. Мәселен, қырғызда «куштун пири – Буудайык, иттин пири – Кумайык» деген сөз бар2. Демек, құстың пірі бидайық, сонымен бірге италақаздан туатын құмайық, шын мәнісінде, өмірде болмайтын мифтік символ деген қорытынды жасаймыз3. Ақын Н.Қуантайұлы осы көне ұғымды оқырман санасында жаңғыртады. Ол қазіргі өлең сөздің халін қанаты қайырылған бидайыққа теңеп, заманға наз айтады. Бидайыққа бөктергіні қарама-қарсы қояды:
...Қанатынан қайырылып, топшысынан қиылып,
Жатыр қамыс ішінде шырқау Көкке сыйынып,
Көл жайқаған бидайық.
...Үкілі қамыс түбінде уілдеп соққан жаңағы,
Бидайық-мұңың жәудіреп, ұмсынып көкке қарады.
Әуеде ұшқан сымпылдап, әупірімдеген құс іліп,
Әуек болды еліне бөктергінің талабы...
Бөсті келіп әлінше иесі де әзілдеп,
– Бөгіп жатыр құс еті,
Бөктергі де жарайды, біздің құлқын – аз үй деп.
Бәрін де көрдің, айт, айтпа:
Бөктергіге қор болды бөлектенген қаз, үйрек.
Көл жайқаған бидайық!
Қиюын таптың қиыннан, шеңгелді алып шиырдан.
Ұша алмай тұрсың, бейшара,
Өлең құсап киелі топшысынан қиылған4...
Домбыраның, қобыздың ілкі нұсқасын киелі сипатта елестеткен халық оның пайда болу тарихын арғы әлем өкілі – шайтанмен қатыстырып аңыздаған. Мысалы, Қорқыт атаның алғашқы қобызды қалай жасағаны туралы мынадай әңгіме ел аузында бар: «Алғашқы қобызды жасаған Қорқыт ата үнін таза етіп шығара алмай жатқанда, әйелі келіп: «Қобызыңды ашық жерге қойып, жасырынып жат. Шайтан қобызыңды көріп, сенің епсіздігіңді келемеж қылып, қай жерін, қалай түзеу керек екенін өзі айтып берер. Сен оның айтқан сөзін жақсылап ұғып ал», – деп, ақыл айтыпты. Қорқыт әйелінің айтқанын істеп, қобызды ашықтау жерге қойып, өзі қалың бұтаның арасына тығылып жатады. Шайтан Қорқыттың епсіздігін келеке қылып, қобыз мойнының жоғарғы жағына кішкене тиек орнатса-ақ, дауысы таза шығатынына Қорқыттың ақылы жетпегенін айтып, өзінше мәз болып кетіп қалады. Қорқыт қобыздың мойнына тиек орнатқанда, қобыз дауысы күңірене таза шыққан екен. Содан бұл тиекті «шайтан тиек» деп атап кеткен екен»1.
Осындай бір аңыздау домбыраға да қатысты айтылатыны белгілі. Сол сарынды ақын Д.Қанатбаев «Шайтантиек» деген өлеңіне арқау етеді:
Көкірегімнен шығарам деп дертті ұлы,
Қарағайдан шанақ ойды Керт бұғы.
Перне түгел. Тиек жалғыз. Екі ішек.
Домбыраның бірақ сөйлер жоқ түрі.
Не жетпейді? Амал таппай ышқынып,
Отырғанда алас ұрып, мыс құрып.
Көз байлаушы қос құлақтан сәл төмен,
Әлденені кетті дереу қыстырып.
Сол, сол екен, оң мен солы қайшы кеп,
Сарнау саздан сырқырады сайсүйек.
Жан сарайды «жындандырған» сол жұмбақ,
Шайтан тиек! Сайқалтиек! Жәй тиек2.
Көне мифтік символды өлеңіне көркемдік мақсатта пайдаланған ақын алғашқы домбыраны жасаған адам Керт бұғы деп, ұлық жыршы Кет Бұғаны елестетеді, себебі қазіргі өлең сөздің поэтикасы неғұрлым нақтылықты, деректілікті талап етеді. Сонымен, ақын алғашқы домбыраның жасалуына тарихи тұлға – Керт Бұғаны кірістіріп, ескі аңыздауға бүгінгі заманның төл түсінігін таңып, жаңаша, соны мағына сыйлайды.
Ақын Д.Қанатбаев «Боз қоян» деген өлеңінде ауыл зиратын мекендейтін қоянның о дүние мен бұ дүниені жалғастырушы киелі сипатта екенін жырлап, тіпті, оны атпақ болған біреудің аузы қисайғандығын айтып, өлеңіне ел ішінде айтылатын мифологиялық хикаяны пайдаланады:
Иесі оның – жаңбыр жуып, құм шайып,
Жатқан мола астындағы кіл шәйіт.
Киесі оның – атпақ болған біреуді,
Аузы-басы кеткен дереу қисайып.
Ол – киелі. Болмасын еш таласың,
Жоқ дер болсаң, сен де мылқау боласың.
Осы қоян жалғастырып жүреді,
О дүние мен бұ дүние арасын1.
Қазақтың байырғы мифологиялық ұғымында рухтар әлемі мен адам әлемі, өлі мен тірі, о дүние мен бұ дүниенің аралығында қатаң шекара жоқ. Дәстүрлі таным бойынша адамның жаны мәңгілік, о дүниеде де рухтар адам әлеміндегідей сапарын жалғастыра береді, мына өмірінде кісі қандай дәрежеде, нендей бет-беделге, абырой-ықыласқа ие болып, тіршілік етсе, арғы әлемде де ол сол деңгейде құрметке, қуатқа ие, егер пәниде күнәға батқан, рухы төмен күйкі жандар болса, ол сол күйінде пәс кейіпте қала бермек. Бұл түсініктің көріністерін қазақтың ертегілерінен де, эпостарынан да, шежіресі мен жырларынан да көруге болады. Ертек пен эпоста батырға бабалардың қамқоршы аруағы керемет көмектер жасап отырады. Ол көбінде қаһарманға түс аяны арқылы білінеді. Өлі мен тірінің айтысында да («Ақбала мен Боздақ», «Аймаңдай мен Бабас») аруаққа табыну салты нақтылы көрініс табады. Ақын Болат Жетекбай бір өлеңіне ғасырлар бойы қалыптасқан аруақ культін негіз етеді:
Ызыңдаса кеудеде шыбын-жаным,
Амандастым ажалмен... бұрылмадым.
Қолдап мені, әруақтар, жүрсіңдер-ау,
Кешегіден түзелді бүгін хәлім...
Мен – елеспін... өзімді солай ұқтым,
Түн қойнына сіңіппін, жоғалыппын.
Айдай мынау әлемнен айрылғанда,
Әруақтардың күшімен оралыппын
Қалқан болған қанжарлар сермелгенде,
Қолдайтұғын қысылшаң жер келгенде.
...Өздерінің еліне жолатпайтын,
Өтелмейді парызым – өлгендерге2.
Халық аңыздауында ағаштардың ежелгі заманда адамдардай қонысқа таласып, өзара соғысып, бірін-бірі сындырғаны, бақталас болғаны айтылады. Мысалы, «Тым ерте замандарда қарағай да, сексеуіл де ойпаттардағы жасыл алқапта өседі екен. Бұлар қонысқа таласып: «Әрі отыр, бері отыр!» деп қыжақ болып, ең соңында, сойылдасып соғысыпты. Олардың арасына түсіп, арашалау ешкімнің қолынан келмепті. Тал терек ақылдасыпты да, бұлардың жасақ сайлап, соғысып жатқан майданына сел қаптатып жіберіпті. Сексеуіл селден қашып, шөлге кетіпті, қарағай судан қашып, тауға шығыпты. Сексеуіл мерген екен, қарағайдың өн бойын түйреген, ішкі бұтақтар сексеуілдің атқан оқтары екен. Қарағай найзагер екен. Сексеуілдің тұла бойындағы тыртықтар қарағайдың найзасынан қалыпты. Содан бері қарағайлар сексеуіл келіп қалмасын деп, тау басында тұрып қарауыл қарайды, ал, қарағайдан қорыққан сексеуіл құм-шөлге бұғып, сояуын кезейді. Қонысқа сыйыспай, соғысқан екі мықтының бірі үркіп, тауға шығып, бірі ығып, шөлге бұққан соң, кең өзенді өңір тал мен терекке қалыпты»1.
Көріп отырғанымыздай, бұл мәтінде ағаштардың өмір-тіршілігі жерге таласқан көшпелі жауынгер қауымның өз тұрмыс-тіршілігінене ұқсас болып шыққан. Осы сарын бейсана жағдайда қазіргі қазақ ақындарының өлеңіне көркемдік тәсіл ретінде тасымалданады. Ақын Т.Жақып сексеуіл ағашын соғысқа қатысып, жарақаттанған батыр бабаға ұқсатады:
Тұсыңнан өткен сайын тоқталамын,
Бөлекше болмысыңа көп қарадым.
Бұжыр бет, бұқа мойын, томар тұлға,
Батыр бабам өзің бе деп қаламын.
Көзіме қырғын ұрыс кетті елестеп:
– Қайсың бар қан көксеген?!
– Жекпе-жек ! – деп,
Ақыра арыстан бас алға ұмтылды,
Жасанған жау шебіне бетпе-бет кеп.
Келеді қарауытып, түсіп ақшам...
Тістеніп, тас түнеріп, түсі қашқан.
Қалың жау қоғадайын жапырылды,
Шоқпарлы шойқараның мысы басқан2.
Ақын Ә.Қайран терек пен шыршаның бақталастығын мезгілдің өзгеруімен сабақтастырып, оларға басу айтады:
Көл-көсір боп тұрушы еді көк терек,
Күз қатал ғой – жапырағын төкті ерек.
Содан бері мәңгі жасыл шыршаға,
Тұрған сынды томсырайып өкпелеп.
О, жазған-ау! Сенің атың терек қой,
Сенің жөнің одан мүлде бөлек қой.
Шырша тауға шықпадым деп жылап тұр,
Сенің соны түсінуің керек қой1.
Көшпелі халықтарда қыран құс ежелден биліктің, хан киесінің рәмізі болып саналады. Ақын Қорғанбек Аманжолдың «Қанай-Абылай» поэмасында болашақ ханның елесі би Қанайға қара бүркіт кейпінде көрінеді:
Елестен сарсылғанда санаң үркіп,
Еліне әр уақытта дана бір құт.
Қанайдай киелінің қалғып кеткен,
Қолына қонады алып қара бүркіт...
Күркіреп дем ішінде көк дүбірлеп,
Керемет қанатынан соқты бір леп.
Оянып сол арада кетті Қанай,
Жанғандай кеудесіне от гүрілдеп.
Қыранның аңсағаны зеңгір еді,
Армансыз тояттауға ділгір еді.
Қанайдың түсіндегі қара бүркіт,
Қас жауға қара қайғы төндіреді2.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын жабық тақырып болып келген көне түрік рәміздері, елдік белгі-таңбалары ақындар қызыға жырлайтын соны бейнелерге айналды. Тәңір, Ұмай ана, көк бөрі, қыран бүркіт образдары кез келген қалам иесі ой толғайтын поэзиядағы жаңа кеңістікке айналды. Әйткенмен, бұл киелі рәміздерді көркем құндылық дәрежесіне жеткізу – зор жауапкершілікті талап ететін дарынды суреткердің ісі екенін ұмытпаған жөн.
Қорыта айтқанда, сөз өнерінің даму барысында бағзы дәуірден бері бір-біріне ұдайы ықпал етіп келе жатқан, өзіндік дара табиғатқа, эстетикалық жеке жүйеге ие – фольклор мен авторлық поэзияның өзара байланысы бүгінгі қазақ өлеңінде әр түрлі деңгейде, сан салалы қызметте көрініс береді. Ақындардың қолтаңба машығы, немесе ол жазып отырған шығарма жанрының төл ерекшелігіне байланысты қазіргі поэзияда халық мұрасы кейде айшықты бедерін мол салса, кейде астарлы терең ағыстарда қылаң беріп отырады. Мәселен, ақындар арнау, бата-тілек, ода-мадақ, толғау түрлерінде ғасырлардан бері келе жатқан дәстүрлі қолданыстарды жиі кәдеге жаратқан. Лирикалық түрде салқар эпикалық кеңістік тұрмыстық шағын мекенге көшірілгендіктен мұнда канондық үлгілер жаңа семантикалық мағына аясында қолданылған. Тәуелсіздік кезеңде өміршең сипат танытқан жанр айтыс десек, оның басты шарты, поэтикалық бітімі бағзы дәстүрмен тығыз сабақтасып, ұштасып жатыр, сол себепті бүгінгі айтыскерлер атам заманнан келе жатқан канондық үлгіні негізгі тірек етеді.
Рас, советтік дәуірде бұрынғы фольклор ұлттық рухтың өзегі болғандықтан ескіліктің қалдығы деп есептелетін, кертартпалыққа жатқызылып, шеттетіліп келгені анық. Тәуелсіздік кезеңде ақындар байырғы архетиптерге, жыраулық сарындарға емін-еркін оралып, мезі болған әдістен бас тартып, өнернамалық жаңаша жолды іздеуі де заңды көрініс. Бұл орайда Ж.Бөдешұлы, Т.Медетбек, Н.Айтұлы, С.Ақсұңқарұлы секілді ақындар фольклорды соны көркемдік мақсаттарына жан бітіріп, қан жүргізетін әдіс-тәсіл, тарихи сананы оятатын күш есебінде пайдаланғаны менмұндалап тұр. Әйткенмен, дамудың биік өресіне қадам басып, эстетикалық тың белестерді бағындырып отырған ұлы Абай бастап берген авторлық поэзия ескі үлгіні дап-дайын қалпында қолдана бермей, стильдік ұстартудан өткізіп, құлпыртып пайдаланатыны да анық. Т.Әбдікәкімов, Г.Салықбай, Н.Қуантайұлы, Ә.Балқыбек, Ж.Сәрсек секілді көптеген ақындардың өлеңдері дәстүрлі үлгіден саналы түрде алшақтап, төлтума қолтаңбаға қарай ойысқаны байқалады. Әрине, ақындық жеке мәнерге бет бұрған, авторлық бояуы қанық ақындар халық мұрасынан іргесін мүлде аулақ салады деп ұғуға да болмайды. Өйткені, тарихи-әдеби процесс тұрғысынан қарағанда бүгінгі поэзияның өзі сөз өнерінің даму сатысындағы белгілі бір белес қана, ол өткенмен қан-сөлі араласып, жанды жалғастық тауып, болашаққа жаңа тұрпатта бой түзеп отырғаны күмәнсіз. Рас, қазіргі ақындар ежелгі құндылықтарды игеру деген желеумен кейде халық мұрасының таптауырын үлгілерін жөн-жосықсыз қолданып, есеймеген, кемелденбеген кейіп танытатыны бар. Еңбектің басты мақсаты қазіргі поэзияда фольклорлық сарындардың қандай рөл атқарып отырғанын зерттеу болғандықтан сапасы төмен шығармаларды сынау нысанаға алынған жоқ.
ІІ БӨЛІМ