Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_adebiet_zhane_folklor1.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.5 Mб
Скачать

«Құдайсынып» сол сәбидің анасы1.

Ал “Жесір” атты балладасында ақын халықтың күйеуі өлген жесірге деген көзқарасымен қарым-қатынасын ұлттың ерекшелік тұрғысынан түсіндіреді. Жесір қалған әйелдің өзінің жеке сезім еркінен гөрі отбасы, ошақ қамын, ерінің орнын кие тұту қасиеттерін алғы кезекке шығарады.

Жесір бейбақ жүдейді, бүрсиеді,

Қасіреттен қалғандай қу сүйегі –

деп ақын бастары бүтін бақытты “отбасының өмірлеріне қызыға қараған жесір жүрегінің жарасын таниды. Яғни, адам бойындағы ар мен ұят сезімдерін жесір келіншектің жан азабын басы бүтін адамдардың өмірімен қатар қою арқылы береді

Мезгілінде жарының жылын беріп,

Көкірегі қалғандай жеңілденіп.

Жалғыз ұлды жасытпай өсірем деп,

Қадам басты өмірге келіншек нық –

дейтін жолдардан өмірде дәстүрден таяныш тапқан келіншектің әйелдік мұратын айқындайды. Өлгеннің артынан ас беру исламға дейінгі көне түсінік. Марқұммен о дүниеге де кездесуге сенім де әйелдің ерінің ошағын өшірмей, өзі өлгенше тұрмыс құрмауына себеп болған жағдайлардың бірі. Келіншек тұлғасында жардан қалған жалғыздың тілеуін тілеп, қанаттыға қақтырмай өсіріп, бүкіл бір әулеттің ұрпағын жалғастырған қазақ аналарының биік образы сомдалған

А.Темірбай «Кешірім» атты балладасында қазақтың, бауырмалдық, туысқандық қасиетін қызғылықты, шытырман оқиға арқылы бейнелейді. Туысқандық сезімді тереңдей көрсету үшін ағайындылар арасындағы шиеленісті оқиғада інісі ағасына бір ауыз сөз арқылы ақыл ұқтырады.

Сол мезетте інісі былай депті Хасанға,

– Жасым кіші, сондықтан жолым кіші, рас аға,

Ең бірінші кешірім сұрағандар бірақ та,

Кіреді екен бірінші күні ерте жұмаққа.

Дұрыс түсін, ағатай, сыйлағаннан бұл ісім,

Сізден бұрын ол жерге кірген күнім құрысын.

Сондықтан да жұмаққа сіз кірерсіз алдымен,

Осы сөзді атамнан естіп бірде қалдым мен1...

Қорыта келгенде айтарымыз: қазіргі қазақ поэзиясындағы баллада жанрының қарқынды дамуы көрінеді. Балладаның жанрлық ерекшелігін сақтай отырып, талантты ақындар бүгінгі күні де өзекті тақырыптарды қозғап, мәңгілік құнды мәселелерді көтеруде фольклорды көркемдік тұрғыдан пайдаланады.

Айтыс. Басқа жанрлармен салыстырғанда айтыстың поэтикалық табиғатына тән ерекше бір құрылым – оның ішкі өзегінде жатқан бітіспес қарама-қайшылық, сол құбылыстың сыртқы көрінісі – айтыстағы шендестіру, қарсыластыру әдістері дер едік. Бұл тұрғыдан оның бойында драмалық сипат бар. Көне айтыстың үлгілері «Қыс пен Жаздың айтысы», «Өлі мен тірінің айтысы», «Қыз бен жігіттің айтысы» болып қарама-қайшы мәнде келуі де содан. Бір сөзбен айтқанда, айтыс есте жоқ ескі заманда байырғы адамның санасындағы мифтік жұптық тайталас (бинарная оппозиция) құбылысына арқа сүйеп, әу баста пайда болған, сол әуенінен бүгінде жаңыла қойған жоқ дей аламыз. Әсіресе рулық-тайпалық қоғам тұсында оның өзегінде жатқан қарама-қайшылық әлеуметтік жіктердің өзара қызу тартысының айнасына айналды, айтыс сол кезеңде буыны бекіп, бұғанасы қатып, жеке жанр ретінде қалыптасты деуге болады2. Бұл туралы М.Әуезов былай деп жазады: «Ру жігіне бөлінген ел кей кезде ұранмен бас құрасып, ұран атымен тіршілік еткенде рудың бәйгеге қосқан атын қызықтаса, күреске түскен палуанын қызықтап намыспен сүйсе, мынау өлеңдердің тұсында сол сияқты ру таласы, ру намысы, ру бәйгесіне сөз жүйрігін қосқандай болып, жік-жікке бөлініп, солардың тілеуін тілесіп, қызығын қызықтасады»1.

Осы айтылған мәселелер қазіргі айтыстың бойынан да белгілі дәрежеде табылып отырады. Рас, қазіргі айтыскерлер рудың емес, негізінен облысының атынан (Бұл үдеріс Кеңестік кезеңде пайда болды) сайысады, ал көрермендер екі ақынды қолдап, екі жікке жарылады, тіпті SMS арқылы қызу пікір білдіреді.

Айтыстың ежелгі заманнан бергі қос қанаты – фольклор мен ауыз әдебиетінің көркемдік құралдары десек, қазіргі қазақ айтысы да осы екі негізден қара үзіп, алшақтап кете қоймағанын байқаймыз. Демек, қазіргі айтыс елдің құлағына әбден сіңісті, көзіне үйреншікті болған машықты үлгі, қалыпты бейне, дағдылы сарындарға иек артып отыр деген байлам жасаймыз. Оның көркемдік кестесінен халық поэзиясының «қошқар мүйіз оюы» андағайлап көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі айтыс дәстүрлі канондық поэтиканы тірек етеді, себебі осы жанрдың жаратылыс табиғаты әрі тыңдарманның машықты үлгіні шапшаң да автоматты қабылдауға лайықталған зердесі дәл соны талап етеді.

Біздің ойымызша, қазіргі айтысты ежелгі дәстүрмен етене сабақтастырып тұрған – типтік сарын, типтік ситуация, типтік теңеулер қоры. Бұл орайда М.Әуезовтың «Әрбір жеке ақындар айтысының бас-басына өзіндік өзгешеліктері болғанмен, солардың көбіне ортақ бірнеше жалпылық мазмұн, мотивтері де бар ...көпшілік айтыстарында қолданылып жүретін мерзімді, үйреншікті тақырыптар да болады»2 деген пікірін есте ұстаған абзал.

Қазіргі ақындар да дәстүрге сайып, өздерін соғысқалы келген батырға, күрескелі тұрған палуанға, құралайды көзге ататын аңшы-мергенге теңейді. Сонымен бірге айтыстың өзегінде жатқан жұптық тайталас танымы айтыскерлерді қозғаушы ерен күшке айналады, әрі айтыскерлер өздерінің және бір-бірінің лирикалық бейнесін осы үдде тұрғысынан сомдағанын көреміз. Мысалы:

Жібек Болтанова:

Сөзбенен соғысуға келгеннен соң,

Несіне кері кетіп шегінейік.

Айтыстың табиғаты осы емес пе,

Аттас заряд секілді тебілейік3.

Шырынбек Қойлыбаев:

Айтыстың табиғаты алыс-жұлыс,

Сөзбенен ойнату ғой басқа сырық...

Қолыңнан екі келсе бірін қылып,

Жонымнан алшы, ал қане, таспа тіліп1.

Оразалы Досбосынов:

Бас тіккен батырларша ұрыстағы,

Айтыстың басталғалы тұр қызық шағы2.

Бекарыс Шойбеков:

Кез келді енді бізге байқасатын,

Алысып бір-біріміз айқасатын...

Махамбеттің ұрпағы емес пе едің,

Қасық қаны қалғанша шайқасатын3.

Қазіргі айтыскерлер өзін жекпе-жекке шыққалы тұрған батыр кейпінде елестетеді, тіпті ертегінің ерлерінің соғыс алдындағы «Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе» деген серт сөзін де қолданады.

Балғынбек Имашев:

Аламанға ең алғаш қатыссақ та...

Жасың үлкен, таңдауды сен ала ғой,

Алыспақ па, керегі атыс пақ па? 4.

Оразалы ақын өз әріптесін бәйгеге қосылатын жүйрікке теңеп, кәдімгі эпостағы батырлардай «тұлпармен серттесу» рәсімін жасағандай болады.

Оразалы Досбосынов:

Бүгін мен қалай сасайын,

Жабы болсаң да жабулап,

Аламанға қосайын.

Арқаңа күміс ер салып,

Ақалтекедей жасайын.

Жабдығыңды түгендеп,

Мүсейі мен асайын.

Алдыңнан бағып тосайын,

Шаптырмасам маған серт,

Шаба алмасаң саған серт5.

Ақындар атам заманнан бері өздерін немесе бірін-бірі майдандағы батырға ғана теңеп қоймай, сонымен бірге өткір қару-жараққа, ұстаның құралдарына баламалайтын дәстүр қалыптасқан1. Бұл бүгінгі айтыста да толық көрініс табады.

Мұхамеджан Тазабеков:

Айдың нұры түскендей жарқ етейін,

Ақ найзаның ұшы едім ел саптаған2.

Бір кіріссең, сен қатты кірісуші ең,

Қалқан қойып көрейін қылышыңа3.

Бірімізді біріміз жаниықшы,

Кәдімгі пышақ пенен қайрақ құсап4.

Шорабек Айдаров:

Жан едің кісі мінін санағыш-ақ,

Боп қапсың енді маған қара пышақ5.

Оразалы Досбосынов:

Жаратқан Аллам неткен құдіретті ең,

Тілімді сүңгіден де сүйір еткен6...

Көсем сөзге келгенде,

Көк найза едім толғаулы.

Адасқан сендей оқ өтпес,

Ақ сауыт едім торлаулы7...

Кешіремін, інім, маған оқ атсаң да,

Өзіңмен бірге барам қонаққа да8.

Әдетте халық өлеңінің сөз кестесінде аңшылық дәуірдің айшықты іздері мол кездеседі. Ақындар өздерін аңшы-мергенге, саятшы-құсбегіге балайды, ер айтыскер өзін айлакер қыранға, алғыр жыртқышқа теңдестіреді, ал әйел өзін нәзік те сұлу бейуаз аң-құсқа ұқсатады. Бұл құбылыс қазіргі айтыста жалғасып отыр.

Оразалы Досбосынов:

Дәл құлатып түсір сен нысанаға,

Жамбыны атып жарытпас шала мерген1.

Дәулеткерей Кәпұлы:

Түйілесің әр кезек,

Көжек көрген лашындай2.

Шынболат Ділдебаев:

Торғайдай торға түскен шырылдатсам,

Қолымнан арашалап алады кім3.

Қонысбай Әбілев:

Құлпыртып түгін баптаған,

Топшысы берік сұңқармын4.

Ринат Зайытов:

Алдыңа шықты тағы да,

Қаршығадай өренің5.

Балғынбек Имашев:

Сахнаға шыққан соң,

Томағам да шешілсін6.

Әлбетте, айтыскер өзін алғыр да зерек қыранға балап көтермелеп, керісінше әріптесін төменшіктетіп, қолынан ештеңе өнбейтін аң-құстың қорына балайды, сес көрсетіп, бопсалайды. Бұнда да байырғы таптауырын символдар өріс алып, кереғар бейнелердің аясында драмалы тартыс ширыға түседі.

Шынболат Ділдебаев:

Торғаймен, сұрқылтаймен, күйкентаймен,

Сынайтын сияқтымын бағымды әлі7.

Оразалы Досбосынов:

Тілім орып кетуші ед тиген жерін,

Қан жоса ғып қамыстағы қабыландай8.

Мұхамеджан Тазабеков:

Азу басып көр енді арыстанға,

Тиген жерде тіс қалсын суырылып1.

Ринат Зайытов:

Қанша мықты болса да алдарыңда,

Арыстанмен айқасудан бас тартпаймын2.

Балғынбек Имашев:

Ауыздықпен алысқан тұлпардаймын,

Көп шайқаймын басымды, бұлтармаймын.

Басып жейтін қарақұс мен емеспін,

Шашып жейтін алғанын сұңқардаймын3.

Егер бұл жолдарды жазба ақындар қолданса ол мақтаншақтық, тіпті ерсілік те болып көрінуі ықтимал. Өйткені авторлық поэзия ескі үлгіні сол қалпында қайталауға қақысы жоқ, ол көнеге жаңаша түсінік таңып, немесе тың образдар жасауы керек. Ал, керісінше айтыскер ақындардың өлең өрнегін бұндай таптаурын нақыштар ажарландыра түседі. Кейде айтыскерлер өздерін алып күш иесі палуанға, өрен жүйрік тұлпарға теңеуі де дәстүрлі поэтиканың көрінісі.

Мұхамеджан Тазабеков:

Ентелеп екеумізге ел-жұрт отыр,

Қызықты қайтамын деп көріп қандай.

Бейне бір күш атасы – Қажымұқан,

Балуан Шолақпенен жолыққандай 4.

Бекарыс Шойбеков:

Кәріқұлақ ақынның біреуі едің,

Тай кезінде құнанды шаң қаптырған5.

Мұхамеджан Тазабеков:

Келген сәтте арқырап бастап едің,

Кертөбел мама ағашын кеміргендей.

Орта жолда отырсың тайғанақтап,

Табаныңа тас бұршақ төгілгендей.

Қос өкпеңді үзеңгі ұрғандай боп,

Қыршаңқы атты қияда тебінгендей6.

Белгілі ғалым М.Жармұхамедұлы «Ақындар айтысындағы көркемдік мәселесіне келсек, мұнда алдымен атап айтатын жәйт: айтыс табиғатына сәйкес олардың үнемі қарама-қарсы мәндегі шендестіруге құрылып отыратыны дер едік... жігіт өзін алғыр қыран, қалт жіберсем сұрмерген, тайпалған жорға, сәйгүлік тұлпарға теңесе, ал, қыздар өздерін жем жегелі ұмтылған ақ балапанға, айлалы сұқсыр үйрекке, аспандағы аққу, қазға, айлалы алтайы түлкіге, асыл гауһар сағатқа балайды», – деп жазады1. Айтыстың бұндай көнеден келе жатқан дағдылы үлгілері қазіргі ақындар тарапынан да қайталанып отырады.

Балғынбек Имашев:

Жауқазындай балдызым түлкі болса,

Айтақтап жіберер ем дәу тазымды-ай2.

Мұхтар Қуандықов:

Мен күлсем бұлттан шыққан күн секілді,

Ашарсың қауызыңды гүл секілді3.

Сара Тоқтамысова:

Маңырап қалма артымнан,

Маралдай қашсам белдегі4.

Жалпы, айтыс поэтикасындағы көркемдік жүйе шендестіру әдісін түп қазық етіп, әу баста құрылғаны анық, сол себептен де бұл жанр қарама-қайшылықты рәміз-бейнелерге табан тіреп өмір сүре алады және бұл дәстүр бүгінгі айтыста да жалғасып отыр деген түйін жасаймыз.

Айтыста аңыз, әпсана, жұмбақ, мысал, бата, қарғыс, өтірік өлең секілді фольклор жанрларын ақындар жиі қолданады. Басқа жанрдың үзінділері айтысқа енгенде біз талдап өткен дәстүрлі канондық үлгінің ту сыртынан жапсырылған оқа зердей көзге оқшау көрінеді. Мысалы, ақын Баянғали Әлімжанов Ағыбай батырдың анасы Қойсана туралы тарихи аңызды айтыста былайша жырлайды:

Өткен күн өреліге ой салады,

Тарихтың өнеге емес қай сабағы.

Алты ұры тонамақшы болды дейді,

Анасы Ағыбайдың Қойсананы.

Аяғы ауыр екен Ағыбайға,

Жан бағып, үйде отырар шағы қайда.

Сескеніп айбатынан ер ананың,

Кетіпті алтауы да домаланып.

Әйелдің айбаты емес, бізді жеңген,

Күші депті іштегі шарананың5.

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы Сандыбайдың Ерденінің үш жүзге сауын айтып, әкесіне ас бергенде, өзінің көк байталы озып келгенде, қапаланып өкінгенін, оның мәнісін жұртқа былайша түсіндіргенін айтады:

Менің мынау мерейім өсіп еді,

Ақындарын әкеліп айтыстырып,

Аттарын аламанға қосып еді.

Ұлы жүздің немес кіші жүздің,

Аты келсе деп көңілім тосып еді.

Бірақ менің байталым келгендігі,

Көңілімді су сепкендей өшіреді.

Әкемнің даңқы алысқа кетпей қалды-ау,

Астан күткен арманы осы ма еді?

Бәйгені өзім тігіп, өзім алсам,

Бұл жайды аруақ қалай кешіреді1.

Әрине, бұл тарихи аңыздың қолданысы. Қазіргі қазақ айтысында жұмбақ айтыстың үлгісін Мэлс Қосымбаев пен Мұхамеджан Тазабековтің айтысынан көре аламыз.Әріптесіне М.Қосымбаев былайша сауал тастайды:

Білмейтінім көп еді,

Өзіңнен сұрап алатын.

Біреуін соның айтайын,

Ақынға тола абатым.

...Осыған кәне жауап бер,

Екі жансыз, екі арам,

Пейішке кім ед баратын?

Мұхамеджан Тазабеков:

Білген жанға сауалың өте оңай,

Қиын боп көрінгенмен сырт талабы.

Әуелі Мұса пайғамбар үшке бөлген,

Жәннатқа қайта тірілген құс барады.

Содан кейін Құранда атын айтқан,

Үңгірде бірге ұйықтаған ит барады.

Бұл жауапқа тұшынбаған М.Қосымбаев былайша жауап береді:

Пейішке барады дейтұғын,

Екі жансыз дегенім:

Біреуі – Мұсаның аса таяғы,

Біреуі ­ – Ыдырыстың киген кебісі.

Екі арам дегенім:

Біреуі ­– Айсаның мінген есегі,

Біреуі – Қытымыр деген қызыл ит,

Ойлауымша шамалы1.

Дәстүрлі жұмбақ айтысты қару етіп қолданған ақын М.Қосымбаев әріптесін сүріндіріп, сөзден тосады. Ал, мына айтыста әріптесінің портретін ақын мысал жанрының үлгісін ұтымды пайдаланып сомдайды:

Шырынбек Қойлыбаев:

Жаныма пілдей болып жайғасыпсың,

Тышқандай енді неге қорқытпайын.

Желкілдеп жер түбінен жетіп кепсіз,

Желмаямен жер кезген Қорқыттайын.

Сойыл тиіп, сорлап қап жүрмегейсіз,

Інінен ұзап шыққан борсықтайын2.

А.Бұлғақовтың айтыстағы мынау батасында халықтың утопиялық аңсар-арманы көрініс табады:

Зиялы қауым мұндағы,

Көктегі күн, ай болса.

Аппақ қардай Алматым,

Атына заты сай болса,

Қарыма жеген жарлы да,

Байпаңдаған бай болса.

Алатаудың бөктері,

Иранбаққа айналса3.

Қ.Әбілов бата ішінде қарғыс сарынын да қолданып, елдің береке-бірлігіне дақ түсіруші топтарды сөзбен түйреп өтеді.

Күлімдеп әр бір таңым атсын деймін,

Бақытын ел достықтан тапсын деймін.

Ас ішіп, аяғымды тепкендерді,

Дәмімнің кепиеті атсын деймін4.

Қазіргі айтыста көп қолданылатын үйреншікті түр қыз бен жігіт (жеңге мен қайын) айтысы. Бүл түрде әдемі әзіл, қытымыр қағытпа, қатпарлы қалжың айтылып, көрерменді еріксіз баурайды. Мысалы, А.Бұлғақов пен А.Тұрсынбаева, Р.Зайытов пен К.Оралова, Ж.Болтанова мен А.Бұлғақов, А.Бердалин мен Ә.Ережеқызының айтыстарын осы үлгіге жатқызуға болады. Бұнда да ежелгі типтік сарын, типтік ситуация пайдаланылады. Анығырақ айтқанда, айтысушы қыз бен жігіт (жеңге мен қайын) бір-біріне ғашықтар мотивінде сөз қағыстырады. Қыз өзін нәзік нысанға, жігіт өзін (немесе әріптесі оны) қатқыл нысанға теңдестіреді. Екеуі бір-біріне ғашықтығын сездіріп, тайталаса отырып, көрерменді қалжыңға қарық қылады. Бұл сүре айтысқа қарағанда лирикалық көңіл күйге құрылып, адам жанының түкпіріне сәуле түсіреді. Мысалы:

Айтақын Бұлғақов:

Айтыс болса асқақтап,

Құлатпаған жыр тағын.

Жаурап та қалар ма екенсің,

Төксем жырдың бұршағын.

Кукла Барби сияқты,

Жүзі жылы жұмсағым1.

Айнұр Тұрсынбаева:

Селкілдетіп құдайым,

Бермепті-ау текке төзімді.

Қайдан ғана айтыста,

Кез қыла қап ем өзіңді.

Бұғауға түскен бұқадай,

Аларта берме көзіңді2.

Кәрима Оралова:

Шеттерінен жігіттер,

Қызға кеткен құнығып.

Келіншек көрсе осылай,

Кетеді екен ұрынып.

Отбасыға қарайтын,

Адал жар еді кідіріп.

Сен үшін Ринат,

Алатын болдық жұдырық.

Ринат Зайытов:

Құрық тимес асаудай,

Көңілімде керімсің.

Күйеуіңе сәлем айт,

Қатты өкпелеп қалса егер,

Сені ұрмай, мені ұрсын3.

Түйіндеп айтқанда, айтыстың поэтикалық табиғаты бағзы заманнан бері қалыпқа соғылған халық қазынасының канондық үлгі-өрнегін өзіне берік мирас етеді. Айтыстың өзегінде жатқан шендестіру амалы оған драмалық тартысты сипат береді және осы жанрдың өмір сүру шарт-талабына айналады. Сол себептен де қазіргі айтыста ежелден бері келе жатқан дәстүрлі нақыштар, үйреншікті тақырыптар, машықты сарындар тұтастай қайталанып, бірақ жаңа заманның тілегіне сай өңделіп, жаңғыртылып қолданылып отыр деуге болады. Әрине, айтыстағы өткірлік, қоғамдағы кемшілікті мінеу, жүйірік ой, тап берме тапқырлық, бұлтартпас деректілік, шынайы шындық – ХХІ ғасырдағы ақпарат қарқынымен үйлесіп, ұрымтал да жедел мәлімет беретін жанр болғандықтан да маңызы күн санап артып, адам құқығы мен сөз бостандығын қорғау талабына үндесіп, тәуелсіздік кезеңде қызықты да думанды телешоу ретінде жаңа сапаға көтеріліп, дамып отыр.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]