Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.

Отызыншы жылдардың соңғы кезіндегі дағдарыстан есеңгіреп барып есін жиған қазақ романы Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі дәуірдегі кеңес адамдарының ісі мен еңбегін жырлауға бет қойды. Соғыста Кеңес елінің жеңіп шығуы қазақ қаламгерлерін жігерлендіріп, олардың өзі өмір сүріп отырған қоғамға деген сенімі артты. Кеңестер одағы ешкімнен жеңілмейтін, мәңгі қоғамдық жүйе деген ұғым тарады. Сондықтан соғыста жеңіп шығып, енді өзінің азаматтық өмірін құруды жалғастырып жатқан адамды тану жазушылардың басты міндеті саналды. Ауыл мен қалада, өндірісте және ауыл шаруашылығында, мәдениет саласында, ғылым мен білім жүйесінде еңбек етіп жатқан жаңа адам, оның өсу жолы Кеңес әдебиетінің басты тақырыбына айналды.

Соның бірі болып қазақ әдебиетінде жұмысшы адам және оның еңбегі деген мәселе күн тәртібіне қойылды. Ұлттық әдебиеттік өнерде бұл тақырып ертерек жазылған бірен-саран шығармалар (Сәкен Сейфуллиннің «Жер қазғандар» повесі мен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы) болмаса, қалыптасқан дәстүрі жоқ сала болатын. Орыс әдебиетінде 20-жылдары жазылған Ф.Гладковтың («Энергия», «Цемент»), М.Шагинянның («Гндроцентраль»), В.Катаевтың («Уақыт, алға») романдары дәстүрі де үзіліп, өндіріс тақырыбына жаңа шығармалар туа қоймаған. Өндірісте жаңа адамдар өсіп шықты, олар республиканың халық шаруашылығын көтеруде үлкен еңбегімен танылып, қоғамдық жүйенің ең басты құрылысшысына айналды.

Соғыс кезінде жазыла бастап, соғыстың аяқталуы шамасында жарық көрген қазақ романдары осы маңызды тақырыптың алғашқы қарлығаштары еді. Олардың ішінде Ә.Әбішевтің «Жас түлектер» (1945), Ғ.Слановтың «Жанартау» (1945) романдары көзге түсіп, жұрт назарын аударды.

«Жас түлектер» жаңа заманда өсіп тәрбие алған жұмысшы жастар ұрпағының еңбектегі, өмірдегі қызметін, азаматтық тұлғасын суреттеуден басталады да, олардың бейбіт еңбегін бұзып киліккен соғыс тақырыбына ауысады. Роман кейіпкерлері – Мәскеу тау-кен институтының түлектері өндірісті қорғауға, оның тоқталмай соғыс мүддесі үшін қызмет істеуіне араласады. Ол үшін біреулері Донбасқа, екіншілері Қарағандыға аттанады. Донбасқа барғандар ондағы көмір өндірісінің жабдықтарын Қарағандыға көшіруге көмектеседі. Қарағандылықтар майдан қажетіне көмірді мол өндіру, көмір комбаинын ойлап табу ісіне қатысады. Қарағандыда өтетін роман оқиғасын Тайман, Қазыбек сияқты қарт жұмысшылардың отбасылық қарым-қатынасына құра отырып, жазушы жұмысшы табы өкілдерінің дәстүрлі өнегесін алға тартады. Жас жұмысшылар ескі шахтерлардың тәжірибесін, өнегесін үйренеді. Инженер Сәуле Донбастан келген қарттың көмір комбаинын жасап шығаруына көмектеседі. Ауылдан келіп майданға кеткен шахтерлардың орнын басқан Сайран мен Шекер сияқты жастар жаңа кәсіпке төселеді. Романның Қарағанды өміріне байланысты бөлігі заман, дәуір шындығын, ел қорғаудағы халықтық патриоттық сезімнің ұлғаюын тәп-тәуір суреттей алған. Уақыт талабын түсіне алмай кері тартқан Мырқал сияқты шахта бастығының бейнесін жазушы қызықты ашады. Осындай мінезді адамдарды тәртіпке шақырып, жұмыстағы олқылықты жоюға обком хатшысы Абзал көмектеседі. Заман партия басшылығын көрсетуді қажет етіп жатқан кезде сол талаппен жасалған образ болса да, Абзал адамгершілігімен, іскерлігімен, адамдарға қамқор қызықтарымен оқырманға жылы әсер қалдырады.

Романның Донбастағы оқиғаларға байланысты бөлігінде схематизм басымдау. Онда жазушы Нұрлан мен Павелдің және олардың жолдастарының жау басып алған өлкедегі қызметтерін, дұшпанға қарсы күресін көрсетуді ойлаған. Бірақ соғыс шындығын, ондағы адамдар еңбегін ашып суреттей алмаған. Олардың отаншылдық сезімдері жалаң ұранға айналды. Роман соңында Нұрлан мен Павелдің жау қолында қайтыс болғанын, оларға «Кеңес Одағының Батыры» атақтары берілгені ғана хабарланады. Олардың ерліктері романда көрініс таппайды.

Ә.Әбішевтің үлкен прозадағы тәжірибесінің аздығы, оның үстіне бейбіт өмір шындығына соғыс суреттерінің кіруі сияқты көлденең бөгеттер романның бір келкі шығуына әсер еткен. Онда оқиға жүйелерінің шашыраңқылығы, жасанды тартыстар көбірек байқалады. Соған қарамастан, «Жас түлектер» Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өткен халқымыздың тылдағы патриоттық еңбегін, еліміздің халықтарының достық тұтастығын, жұмыла еткен қызметін суреттеген алғашқы роман есебінде бағалы. Ондағы жастар бейнесін соғыстан соңғы жас ұрпақ оқып тәрбиеленді. Кейін автор роман оқиғасы драмаға көшіріп, «Достық пен махаббат» (1947) атты пьеса жазды. Ол соғыстан кейінгі дәуірдегі драматургияның ең көрнекті шығармалары қатарынан орын алды.

Ғ.Слановтың «Жанар тау» романы Атырау мұнайшыларының өміріне арналған алғашқы туынды. Онда соғыстың ең басына түсірген салмағы, еліміздің мұнай көздерінің жау қолында қалып, күн тәртібіне Қазақстан мұнайын көбірек шығару мәселесі қойылған кезде, тылдағы елдің майдан қамы үшін жасалған қажырлы еңбегі шығарманың негізгі идеялық нысанасын белгілейді. Сол кездің әдебиетке қойған талабы адамды еңбек үстінде көрсету болатын. Сондықтан Ғабдол романы да негізгі кейіпкерлерін іс басында, еңбек үстінде, әлеуметтік, қоғамдық мүддені жоғары қоятын ортада көрсетуге құрылған. Елді біріктіріп, ой-мүдде жағынан тұтастырып тұрған негізгі қазық – соғыс. Ерлер майданға кетіп, негізгі еңбек күші әйелдердің мойнына түскен. Еңбек жасына толмаған балалар да жұмысқа тартылған. Оларға өндірісті үзбей жүргізуді қамтамасыз ету үшін әдейі әскерден қалдырылған (оларды броньмен қалғандар дейтін) мамандарды қоссақ, негізгі жұмыс күшінің құрамы анықталады. Жазушы осылардың адал еңбегін, күш-қайратын, Отан мүддесін бірінші орынға қойған патриоттық сезімдерін ерекше атап көрсетеді. Әркім өз орнында, шамасына жеңісті жақындатуға үлес қосып жатыр. Комбинат директоры Сағат, аудандық партия комитетінің хатшысы Теміреш, мұнай бұрғылаушы маман Қанат, операторлар Ғайни мен Айкүміс, Су шаруашылығы мамандары Ағаніс пен Келдібай, тағы басқалары – мұнайлы өлкенің тынысын ұстап тұрған мамандар, әрі романның негізгі кейіпкерлері. Осылардың күшімен соғыс мүддесіне мол мұнай жөнелтіледі, мұнай көздері ашылады, мұнай өндірушілер үшін Аймақкөлден су тартатын канал қазылады. Осындай қауырт істен тыс жүрген екі-ақ адам бар. Оның бірі – сәудегер Дәуіт, екіншісі – жеңіл мінезді Рәш. Адамдар да түрлі-түрлі ғой. Соғыстың ел басына түсірген қиыншылығын пайдалана отырып, олар баюдың, өз жағдайын жақсартудың жолдарын іздейді. Мұндай типтер, бұрын да болған, соғыс кезінде де көрінген, бүгін де арамызда аз кездеспейді. Ғабдол осылардың қылықтарын, мінез-құлық, әркеттерін жап-жақсы аша білген.

Негізінен дәуір шындығын бейнелеуге, еңбек адамдарын суреттеуге арналған романда тартыстың әлсіздігі, композицияның босаңдығы байқалатын. Негізгі тартысты қоғамдық, әлеуметтік өмір көріністерінен алмай, Айкүміс пен Қанаттың түсінісе алмауынан туғызу арқылы өрістетпек болған жазушы ойы көңілден шықпады. Ондай семьялық тартыс бірде ширап, бірде босап, созылып барып жарастықты аяқталады. Осының бәрі романды сынаушыларға материал берді1. Сыншы Ғ.Нұртазин романды түгелдей қара бояумен бояп сынады. Бұған сол тұстағы партияның әдебиет пен өнер жөніндегі қаулы, нұсқауларының әсері болғаны да даусыз еді. Сондықтан жазушы романды қайта өңдеп, композициясын ширатты, кейіпкерлер тұлғасын жетілдірді. Сөйтіп роман өз дәуірін тәп-тәуір бейнелеген туындыға айналды.

Романның кейінгі нұсқасында композицияның ширап, бөлек-салақ оқиғалардан арылғаны байқалады. Кейіпкерлер тұлғасын жетілдіру саласында біраз жұмыс істелген. Сөйтіп роман өз дәуірін тәп-тәуір бейнелеген туындыға айналды. Оның үстіне бүгін әдебиетке ескіше талап қоя алмаймыз. Бұрын кеңес адамы қателеспейтін, кем-кетіксіз, бір қалыптан шыққандай болуы керек дейтін талаптар ескірді. Өмірде болған ұнамсыздықтарға (Рәш, Дәуіт сияқтыларға) шыңына қарап, кеңес адамы ондай болуға тиісті емес дейтінбіз. Қазір өмірді бар жақсылығымен, кем-кетігімен тұтастай тануға ұмтылып келеміз. Осы тұрғыдан сыншы Нұртазинге әлсіз, жасанды, ұнамды кейіпкерлерге лайық мінезі жоқ көрінген Қанаттың да осы күйде өмір сүруге құқы барын түсінеміз. Өмірдің бас тұлғасы болуды мақсұт тұтпаған қазақ баласы кейде аңғал, олқы-солпы, алдын-артын ойламайтын болса да, негізінен адал, әділдіктен ауытқымайтын, өз ісіне мығым адам болып суреттелген. Ер сыналар сәтте майданға бара алмай қалғаны, денсаулығының нашарлығы оның жанын қинайды. Бірақ тылда пайдалы, адал еңбек етеді. Айкүміс Ғайнилар – соғыс басына салған ауыртпашылықты арқалап жүрген ер әйелдер. Кең мінезді, сабырлы Айкүмістің бойына қазақ әйелінің жақсы мінездері жинақталып берілген. Ол шарасыздықты ақылға жеңдіреді, Қанаттың қылықтарын кешіре біледі. Дәуіш-Дәуіт линиясы да романда осы күйде жарасымды ашылған. Тек олардың диверсанттық қызметі (өндірісті өртеуі) нанымсыз. Бұл – дәуірі тудырған сақтық үшін күресті көрсету ниетінен туғаны байқалады. Соғыс кезінде, Сталинград түбіне шейін келген немістердің Атырау жеріне әрқилы насихаттық қағаздар, үндеулер тастағаны белгілі. Автор осы жағдайларды ескерген болуы керек. Тұтастай алғанда, «Жанар тау» Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан мұнайшыларының қажырлы еңбегін суреттеген, бұрын елге таныс емес саланың жаңа адамдарын ашқан елеулі шығарма.

50-жылдардың бас кезінде жаңа өндірістік романдар туды. Олардың ең көрнектілері Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды» (1952), Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» (1953) романдары еді.

Ғ.Мұстафин өзі Қарағандыда туып, жас кезінде шахтада жұмыс істеген, сондағы жаңа өндірістің куәсі болған тәжірибелі жазушы еді. Өзінің алғашқы шығармаларының бірі – «Өмір не өлім» (1941) романын да ол Қарағанды тақырыбына арнаған. Алайда, жазушылық тәжірибесінің жетімсіз кезінде жазылған роман әдебиет өмірінде ұзақ өмір сүре алмады. Кейін тәжірибесі толыса келе Ғабиденнің өзі білетін етене тақырыбына қайта оралуы да заңды болатын.

Роман оқиғасы бұрын ағылшындар билігінде болып, Қазақстандағы әлеуметтік революциялардан соң шетелдіктер кеткен кезде жабылып қалған Қарағанды кенінің жаңа заманда қайта ашылуынан оның үлкен өндіріс ошағына айналуына дейінгі дәуірді – яғни ХХ ғасырдың 20-30-жылдары шындығын қамтиды. Бұл – Қазақстанның бірыңғай ауыл шаруашылықты елден ірі индустриялы республикаға айналған, көптеген өндіріс орындарының ашылып, онда жұмысшы адамдардың қалыптасып өскен кезеңі. Ғабиден осы бір тарихи өзгерісті Қарағанды көмір өндірісінің негізінде бейнелейді. Ескі Қарағандыны қалыпқа келтіріп, оны жаңа жолмен қайта құру кезінде өсіп жетілген жаңа адамдар, олардың жұмысшылық кәсіпке үйреніп сана сезімінің жаңаруы, жаңа адамның қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық еңбектің ролі, жаңа қоғам құру ісінде мүдделестік танытқан халықтардың тарихи достастығының тууы – міне, «Қарағанды» романының өзекті тақырыбын белгілейтін оқиғалар – осылар.

Роман Қарағандыға Донбастан көмір өндірудің маман жұмысшыларының келуімен басталады. «Жалаңаш байтақ жонның бетіне меңдей болып қарауытқан Қарағандыға көктеммен бірге еніп келе жатқан» Донбасс жұмысшыларының көшін суреттеген жазушы тек табиғаттың көктемін ғана емес, өмір көктемінің де басталғанын аңғартады. Қарт жұмысшы Ермектің қолынан Қарағандының кілтін алған Донбасс шахтері Щербаков: «орыс-ағылшын капиталистері қазақ жерінің байлығын, қазақ халқының арманын осы кілтпен жауып ұстағандай болса, біз енді осы кілтпен бәрін ашамыз»1,-дейді. Сөйтіп Қазақстанның өндірісін өркендетуге қалтқысыз көмегін ала келген орыс, украин жұмысшыларының өкілдері жергілікті қызметкерлермен тізе қоса отырып игілікті іске кіріседі. Бұрын ағылшын концессионерлері өндірістің келешегін ойламай ретсіз пайдаланып, қашқан кезде қиратып кеткен Қарағандының бірден қалыпқа келіп, көмір бере бастауы да оңайға түспейді. Роман кейіпкерлері осы жолда көптеген қиыншылықтармен күреседі.

Өндірістегі ең басты қиыншылық – жұмысшы күшінің жетімсіздігі еді. Мұны ескі жұмысшыларды жинау, көрші қазақ ауылдарынан шартпен адамдарды жұмысқа тарту арқылы шешу жүзеге асады. Өндіріс дегеннің не екенін білмейтін, бұрынғы өлім ұясы болған шахта жайында азын-аулақ естігені бар малшы қазақты шахтаға көндіктіріп, қайлаға үйрету, сөйтіп олардан тұрақты жұмысшы күшін құру – үлкен ұйымдастырушылық пен іскерлікті талап етті. Оның үстіне ауыл адамдары әлі де еркін сілкініп кете алмай жатқан қазақ ауылының олақтығы мен салақтығын, шаруаға тән жеке меншікшіл сезім мен жайбасарлықты ала келді. Оларды ысылту, ұжымдық ортаға үйрету аз жұмыс емес-ті. Бұларға қоса отын-су, үй жетімсіздіктері тәрізді күнделікті тұрмыс қиыншылықтары да бірсыпыра. Осы қиыншылықтармен күресе отырып, жұмысшылар қауымын жаңа өмірге үйрету, олардың сауатын ашып, саналы өмірге баулу романның басты кейіпкерлерінің үлесіне тиеді. Осы жолда трест бастығы Щербаков пен партия ұйымдастырушысы Мейрам Омаров ысылған басшыларға тән табандылық пен іскерлік көрсетеді, өздері де күрес үстінде өсіп, жетіледі.

Кеңес қоғамында жетекші күш болған коммунистік партия барлық басшылықты да қолына ұстағаны мәлім. Үлкен өндірістерде партия ұйымдастырушысы деген қызмет болған. Олар өндірісті тікелей басқаратын маман адамдармен бірге барлық іске жауап берген. Өз заманының осы шындығын Ғабиден де аттап кетпейді. Ол романның бас кейіпкерінің бірін осы міндетті атқару үстінде көрсетіп, оны тек партия нұсқауын іске асырушы емес, адамдық, іскерлік қылық-мінездерін аша бейнелейді. Ол заманда шын партия қызметкері адалдықтың, тазалықтың, іскерліктің, қарапайымдылықтың бейнесіндей ұғылған. Мейрам Омаров – романда осындай қасиеттерімен дараланады.

Жаңа ашылайын деп жатқан өндіріске партия ұйымдастырушысы болып келген басты кейіпкердің өсу жолы Қарағандының өркендеу жолымен тығыз байланысты ашылады. Жас маман өмірмен араласа, қиыншылықтармен күресе отырып есейеді. Ол әрдайым халық ортасында болады, солардан өзі де үйренеді, білгенін оларға да үйретеді. Жас жұмысшыларды өндіріске тарту, олардың тұрмыс күйіндегі қиыншылықтарды шешу, жаңа орнап жатқан қоғамға дұшпандық көзбен қарайтындарға қырағылықпен қарау мәселелерінің бәрінде де Мейрам ұстамды, ойлы мінезімен танылады. Мейрамның адамшылық, басшылық іскерлігі үй құрылысы материалдарын тасуға жеке меншіктегі көліктерді ұйымдастыру, жұмысшылардың жеке меншігіндегі азғана малына шабуыл жасаған Жұманиязды тоқтату, Жамантікті жұмысқа орналастыру сияқты эпизодтарда анық көрінеді. Шешімділігі мен халық күшіне сенімділігі, төменнен болған инициативаны қолдауы КарГРЭС-ті салу мен ашық шахта ашу уақиғаларынан, басқа да түрлі жолдармен көрініп отырады. Топ жетекшілігін абыроймен атқарып, үнемі осыған лайық істер істейді. Сөйтіп жазушы өз кейіпкерлерінің партия ұйымдастырушысынан қалалық комитет секретарына дейінгі өсу жолын нанымды бейнелейді. Мейрам – қазақ әдебиетіндегі осы үлгідегі сәтті жасалған бейнелердің бірі.

«Қарағанды» романында орыс-қазақ жұмысшыларының ынтымағы негізінде халықтар достығы мәселесі кең қойылады. Бұл шындықты суреттейтін оқиғалар өмірдің өзінен алынған. Қарағандыға Донбастан көмекке жұмысшылар келуі – тарихи шындық. Кезінде Қарағандыда Горбачев, Костенко Донбастан келген озық деген шахтерлардың атына берілген шахталар болған. Щербаков – осы достықтың жанды бейнесі. Қарағандыға трест бастығы болып келген Донбастың ескі шахтері – қазақ даласының байлығын ашуға көмекке келген халықтардың өкілі. Оның іскерлік, ұйымдастырушылық қызметінің көмегімен қирап бүлінген Қарағанды шахталары қаз тұра бастайды. Ол қазақтарды жұмысқа үйретіп, тұрақтандыруға, жергілікті ұлттың өнеркәсіптік интеллигенциясын жасауға көмектеседі. Ауыр да абыройлы еңбекте Мейрамға ақылшы бола біледі.

Қарағандыны өркендету ісіне көмектесе келген орыс жұмысшы табының алдыңғы қатарлы өкілдері механик Козлов, слесарь Лапшин, инженер Орлов, тағы басқалар Щербаков образын толықтырып, ұлттық жұмысшы кадрларын тәрбиелеуде өздерінің бай тәжірибелері мен білімдерін аямай бөліседі. Осы достықтың, қалтқысыз көмектің игі нәтижесін біз қарт жұмысшы Ермектің аузынан естиміз.

« – Біздің хатымызды бүкіл Донбасс болып талқылап, ең жақсы мастерлерін жіберді. Келген «екі жүздің» ішінде бірінші шахтадағы Ворона нормасын ылғи жүз елу–екі жүз процент орындап жүр. Мехцехтағы коммунист – токарь Ковалюк норма орындау үстінде ұқыптылықтың, шеберліктің тамаша үлгілерін көрсетіп жүр. Овчаренко басқарған шахта мен басқа шахталардың арасында бірқыдыру айырма бар. Біздегі бастауыш партия ұйымы донбасшылардың осы озық тәжірибелерін көптің көкейіне құюды мақсат етті. Қазір Әкім сияқты жас шахтер Ворона сияқты озық шахтермен социалистік жарысқа түсе бастады»1,-дейді ол.

Сөйтіп аз жылдың ішінде Қарағанды сан түрлі мамандықтарды меңгерген іскер жұмысшылар тобын даярлайды. Көптеген жастар өнер үйрену үшін Донбасс пен Кузбасқа жіберіледі, оқуға түседі. Бір кездегі сауатсыз батырақ енді механик, слесарь, токарь, шахтер болады. Олардың сана-сезімі де өзгереді. Кешегі мал бағып қана күнелткен қазақ шаруалары өндіріске араласып, қоғамдық еңбектің мәнін жете бағалай бастайды.

Жұмысшылардың ой-санасы, мінез-құлқына да өзгерістер кіреді. Қарағандыға тек күн көріс қамын көздеп келген Жұмабай, Боқай, Маусымбайлар ұжымдық ортаға түскен соң мүлдем жаңарып кетеді. Олар өздерін өндіріс иесі санап, еңбекке саналы көзбен қарауға көтеріледі.

Қарағандыдағы жұмысшылардың қалың бұқарасы да романда әртүрлі бейнелер арқылы кең суреттеледі. Қарағандыны қолымен жасаған жұмысшылар роман сюжетінің қозғаушы күші болғандықтан, басшы адамдардың көлеңкесінде қалып қоймай, бірін-бірі толықтыра қатар беріліп отырады. Олардың ішінде көзге ерекше түсетіндері – Жанабіл, Ермек, Чайков, Жұманияз, Козлов, Әшірбек, т.б.

Жас жұмысшы Жанабіл – өте қызықты жасалған бейненің бірі. Ол – қазақтың жаңа жұмысшы табының өкілі. Өз ісіне берік, талапкер, кемшілікке төзбейтін, қиыншылыққа мойымайтын, адал, ақкөңіл мінезімен көзге түседі. Еті тірі, пысық Жанабіл бір көргеннен-ақ оқушыны өзіне тарта біледі. Талапты жас жігіт Қарағандыға келісімен өндіріс техникасына батыл араласады, оны тез меңгеріп алады. Оның жетілуіне маман жұмысшылар Лапшин, Козловтар көмектеседі. Жаңа ұйымдасып жатқан өндірісте елдің мәдени тұрмысына жете көңіл бөлуге мүмкіндік болмай жатқан жерде Жанабіл көркем өнер үйірмелерін ұйымдастырып, оны өзі басқарады. Қоғамдық өмірге араласа жүріп, біртіндеп шыныға түседі.

Қарт жұмысшы Ермек те романдағы көрнекті бейне. Оның мінез-құлқы, ой арнасы, сана-сезімі де өз ортасына қарай лайықты өсу, толу, даму үстінде берілген. Көзін ашқаннан шахта маңында кәсіп еткен ол Қарағандының келешегін жақсы болжай біледі, оның өмір жолы да Қарағандының өмір жолына ұқсас. Ермек ағылшындармен де жұмыс істесіп көрген. Қарағанды жабылған кезде, завод тұрбасын күзетіп қалып қойған қарт жұмысшы оның қайта ашылып, алып өндіріс дәрежесіне көтерілу кезін де көзімен көреді. Щербаков бастап келген орыс жұмысшыларының Қарағандыда алғашқы кездескен жұмысшысы да Ермек еді. Өндірісті көтеруге де ол қолдан келген ісімен көмектеседі, оқиды, техникалы өндірісті меңгеру дәрежесіне дейін жетеді. Екі заманды, екі түрлі шахта мен екі түрлі өкіметті көрген Ермек бейнесі жаңа заманда ескі жұмысшының ой-санасының жетіліп, қабілетінің, еңбекке ынталылығының артуының айқын көрінісі.

Сөйтіп «Қарағанды» романында жазушы осы тәрізді жаңа адамдардың – жұмысшы табы өкілдерінің ұнамды бейнелері галереясын жасады. Ол әр кейіпкерді біріне бірін ұқсатпай даралай біледі.

Романдағы әйел бейнелерінен көзге түсетіні – Ардақ. Ол мәдениетті, оқыған, ойлы, адал, таза жүректі жас адам. Шығармадағы бір жүйе тартыстың өрістеп шиеленісуі де осы Ардаққа байланысты.

Ардақ – Әлібектің қызы. Әкесі – бұрынғы шынжыр балақ, шұбар төс болыс, бүгінгі шахтаға ұрланып кіріп жүрген тап жауы деп түсіндіреді жазушы. Ал туысы басқа болғанмен, Ардақ кеңес тәрбиесін алып өседі, оқиды, ұжымда жұмыс істейді. Сөйте жүріп әкеден бөлінеді. Әке мен бала арасындағы тартыс арқылы автор екі дүниенің қақтығысын бейнелеуге тырысады. Жаңа заман тәрбиесін алған өжет, батыл, келешегін түсіне алатын Ардақ әкемен тілге де келеді. «Мен қазір жас та, мас та емеспін, көке. Қаршадайымнан қайғы арқалатып, тесік өкпе қылып өсірдіңіз. Анамның ақ сүті тамағымнан өтпей тұрып қалған күндер де болған. Сіз ұйықтап жатқанда, көз жұмбай, ой теңізіне талай сүңгігем. Озбыр таптың ескі мүддесін сырлап әкеліп тартпаңыз алдыма. Сіз көксеген елден, байлықтан алдыңызда жатқан үш кітап маған әлде қайда құндырақ. Сізден көрмеген қамқорлықты советтен көрдім. Сонда да сізді қарайлап келген едім. Егер бетіңіз осы болса, әке мен баланың қоштасатын жері де осы болар»1, - дейді ол әкесі Әлібекке. Бұл, әрине, ауыр көрініс... Алайда, жазушы концепциясы оны шындыққа балайды. Бүгінгі шындықтың жеңісін бейнелеуге ұмтылады. Қыз әкесі Әлібекті бүгінгі құрылыстың жауы етіп әшкерелейді.

Бұрынғы шынжыр балақ, болыс Әлібек заманы өтіп, қолынан келері болмай шахтаға келіп паналаған. Жаңа өмірдің нығайып, ескінің бас көтеруге шамасы келмей бара жатқанын көрген ол үмітінің өше бастағанын танып жанталасады. Қазақ-орыс жұмысшыларының арасына от салып, ұлт араздығын қоздыруға тырысады. Жұмабай мен Бондаренконың арасындағы жанжалға себепші болады. Бірақ өктем дамып келе жатқан өмір өз дегенін жасап, Әлібектерді өмірден аластап тастайды. Оның дұшпандығы Сейтқалының белгісін өшіріп, еңбек өнімділігі жайлы көзбояудан, көмірге күл қосып, таситын атты мертіктіруден аса алмайды. Қызынан айрылып, ешкімнен жәрдем таппаған ол рухани күйзеліске ұшырап барып жоқ болады.

Бұл тартыстың негізінде 30-жылдардың ұғымы жатқаны, «халық жауы», «тап жауы» деген түсініктер барлығы бүгінгі оқырманға танылмай қалмайды. Сондықтан ол Әлібекті жалғыз алмай, Бейсек, Жаппар, Ырымбек сияқты өндіріс маңындағы басшы қызметке орналасып алып, ұйымдастыру жұмысына қырсық тигізуді көздеген топты да қоса көрсетеді. Шахталарда жұмысшы жетпей жатса, олар сырттан келгендерді жоқтан өзгені сылтау етіп, жұмысқа алмайды. Кадр мәселесін өндіріс пайдасына шешуден бой тартады. Азық-түлік мәселесіне келгенде, барды шашу, ысырап ету, қолда жоқты қалаға жеткізбеу саясатын қолданады. Асыра сілтеу арқылы түзу жолға бет алған қалың бұқараны өндіріс жұмысынан шайлықтыруды көздейді. Роман соңында олар да әшкереленіп, «халық жауы» ретінде аласталады.

Романдағы тартыс пен оның ұнамсыз кейіпкерлерін бейнелеуде кеңес қоғамының идеологиялық түсінігі орын алғаны даусыз. Бірақ та роман негізінен жаңа Қарағандының өсіп шығуы мен жұмысшы табының туып қалыптасуын көркем бейнелеуді мақсат етіп қойғандықтан, негізгі уақиғаларын осы проблемаларға байланысты дамытады.

Роман сол кездегі әдебиетке қойылатын талаптар дәрежесіндегі таза кеңестік өндірістік роман ретінде жазылған. Ондағы адамдарды тану, ашу, олардың арасындағы қарым-қатынас – бәрі де өндіріс маңында, еңбек ортасында өтеді. Жазушы да жаңа адамды танудың өлшемі ретінде еңбекті, еңбекке деген көзқарасты, еңбекшілдікті алады. Оның ойынша, адамды адам ететін – еңбек. Жаңа өмірді жасау, ескіні жаңарту адам еңбегіне байланысты. Ол адамның моральдық тазалығын, ұқыптылықты, сөз бен мінездің тұрақтылығын қалайды. Сондықтан да өндіріс маңындағы адамдар бейнесін ашу үшін көпшілік сахналарын суреттеуге, оларды диалог арқылы танытуға көбірек барады. Роман басында суреттелетін ескі Қарағандының бейнесі («Жан-жағынан темір арқандармен тартып тастаған түтіксіз темір труба биік дөңнің бетінде тұр. Оны төңіректей, ерте салынған бес-алты тас барак тым аласа, қайсы бірі жарылып құлауға бейімделген, сыртынан тіреп қойыпты. Барак маңы жота-жота көмір күлдері, жел үп етсе қара боран тұрады») мен жаңа Қарағандының көрінісін («Айлар, жылдар өтті. Шахталар мүлде өзгерді. Шахта өзгерісі бүкіл Қарағандыны өзгертті... Техника жасалды. Енді оны еркін меңгеру жарысы кеңіп барады. Жаңа техникадан туған стахановтық қозғалыс шеттегі кішкентай шурфтарға, дала кезген бұрынғы партияларға дейін жайылды. Бадия, ат барабан, бу, қайла бір кезде Қарағандыны қозғаушы зор күш болса, бұл кезде кертартушы күш есебінде қатардан шығуға айналды. Электр түсті алға – көміршілердің қолында врубмашина, электровоз, электрлі балға, конвейерлер ойнайды... Енді машиналанған жетпіс-сексен шахта бар. «Жаңа Қарағанды», «Көмірлі Қарағанды» деп, қала екіге бөлінді») салыстыра қарасақ, сол еңбектің жаңа қала тұрғызып, жаңа өндіріс орнын ашқанын көреміз. Жазушы социалистік құрылыстың қарқынды дамуын, адамдар бойындағы патриотизмді, еңбекшілдікті пафоспен суреттейді.

Жалпы көркемдік ізденісте Ғабиден – әрқашан ілгері қараған, адам ізденісінде шек жоқ екенін түсініп, кейіпкерлерін де жаңашыл адамдар ретінде іріктеп, оқырмандарына ой сала жазған жазушы. Оны автордың «Шығанақ», «Миллионер» романдары да танытқан. «Қарағандыда» да жаңа Қарағандының жеткен табыстарымен шектелмей, оның кейіпкерлері әлі де өндірісті өрістету, жетілдіру саласында іздене түседі. Романның соңғы тарауында бұл айқын байқалады. Жазушы көмір комбайнын ойлап табу, ашық шахта ашу, еңбекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қолдану саласындағы Қарағандыдағы инженерлік ой-пікірді қолдай жазады. Бұл жағдайлар романның проблемалық сыпатын көтереді.

Сондықтан, «Қарағанды» дәуір шындығын реалистік алымдылықпен аша білген, кең тынысты шығарма ретінде бағаланады. Ол қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбына жазылған шығармалар ішінде де, одақтық туындылар ортасында да елеулі орын алды.

Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романы да Қарағанды өндірісі тақырыбына арналған. Бірақ ол жаңа Қарағандының емес, ескі Қарағанды өмірін алып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында ашыла бастаған өндіріс ошағы мен алғашқы жұмысшылар табының туу, қалыптасуы проблемасын қозғайды. Роман атынан көрініп тұрғандай, автор сол негізде қазақ өлкесінің оянуын, оған келген жаңа идеялар мен заманмен бірге туған жаңа адамдарды аша суреттейді. Ол қазақтың феодалдық-патриархалдық жайлаған бұйығы тіршілігі, көшпелі тұрмысымен қақтығысқа келген капиталистік қарым-қатынастың сыры мен шынына үңіледі. Жазушы суреттеуінде, бұрынғы тыныштық басқан, мүлгіген далаға жан кіреді, ол іске, әрекетке, қимылға тола бастады. Жаңа қожайындар келді, олар жердің үстін емес, астын иемденіп, кен өндіруге ауылдан жаңа күштер тартты. Ескі ауыл байлары да, бірі оған дөң айбат шегіп, бірі іштартып, жаңа байлық жинауға ұмтылып, әрекетсіз жатқан жоқ. Өлкенің оянуы айтуға оңай болғанмен, жеңіл процесс еместігін, қазақ жеріне кірген капиталистік тойымсыздықтың халық басына қаншама қиыншылық, қанау мен зорлық, тонау мен күштеу ала келгенін көреміз. Бірін-бірі толықтырып тұрған осы топтардың тіршілігі, ел өмірінің шындығы диалектикалық бірлікте және даралықта романда кең сурет табады. Қазақ даласында іске асқан осындай ауыр, ұзаққа созылған өзгеріс байсалды реализммен асықпай мол қамтыла суреттеледі. Өлкені оятып жатқан дыбыстың осынікі екенін танисың.

«Бұл – өлі шойын мағынасындағы завод та емес, тас қораға қамалған тас үгетін диірмендер, тас елейтін електер, мыс қорытатын тас пештер ғана,- деп жазады жазушы Ақбұйрат заводының түрін суреттей келе, - бірақ осы бір болмашы лептің өзінен-ақ үлкен бір өңірдің талмаураған көп ұйқысы да, маужыраған ойы да сергіп, далада бір жаңа өмір ояна бастады. Дауысын созып мөңіреген жалғыз өңештің үні қырат-қырқалар мен сай-салаларды ұзақ кезіп жүріп, тыныш ауылдарға еріксіз естіледі. Тас қырқаның басынан гүрс-гүрс еткен тас диірмендер, күркілдеген тас електер, бырқ-бырқ жөтелген пар машинасы маң-маң басқан паң атанның аяңына да асығыстық қосты. Ерте жатып, кеш тұратын қазақ ауылдарында білтелі шам таң қараңғысынан жылтырайтын болды. Бұрын жалғыз жарым салт аттылар жортатын көрбілте

жолдар енді әппақ даланы тіліп түскен қасқа жолға айналып, әрі кеңіп, әрі ұзарып, жер шетіне дейін кете беретін сияқты көрінетін еді»1.

Бұл – өлкенің оянуына себеп болған алғашқы өзгеріс нышанының суреттері. Бәрі осыдан бастау алады, жаңалық ескілікпен келісе алмай, үлкен тартысты өмір басталады. Ескілік өзгеріске ұшырайды, өзгермегендері заманның құрбанына айналады. Қазақ даласында ашылған өндірісті паналап, орыс жұмысшылары келеді. Олар кәсіптес қазақтармен тіл табысып, мүдделері ортақ топ қалыптаса бастайды.

Ғабиттің негізгі кейіпкерлері осы топтың әр саласынан шығып, шығарманың идеялық мазмұнын толықтырады. Ол шебер жасалған кейіпкер галереясын құрайды. Ең алдымен қазақ даласын иемденіп, жерге таласып, төбелескен екі байдың тағдырына өзгеріс кіреді. Жұман арқылы жазушы көшпелі тіршілікті күйттеген ескі заман байының күні өткенін бейнелейді. Байжан әкелген тас көмірдің байдың күміс самауырынын ағызып кетуінің өзі – осының символы. Игілік болса, ақылды, ойлы күрделі бейне. Ол заман ыңғайына икемделе біледі. Байлықты малдан ғана емес, саудадан, өндіріс кірелерін тасудан жинайды. «Маған енді жер керегі жоқ, менің байлығым базарда» дейді ол. Жазушы Игілікті айналасында болып жатқан өзгерісті аңғарғыш, «заманы түлкі болса, тазы боп шала алатын» ақылды, айлалы бай етіп суреттейді. Сырт көзге қайырымды, құшағын кең ашатын бауырмал көрінуі – оның сан қырлы айласының белгісі. «Бұйырғаны – өтінгендей ғана, кесім айтқаны – бітім айтқандай ғана». Сондықтан да елдің бас көтерер адамдары Игілік маңында. Қожа-молда, болыс-билер оның сөзін сөйлейді. Ол Ушаковті де, кедейшіліктен қысылған сорлыларды да маңынан алыс жібермейді. Бәрін есеппен ұстайды. Жазушы жасаған образдың күрделілігі Игіліктің байлығынан ғана емес, мінез-құлқынан, іс-әрекетінен анық көрінеді. Ұсаққа алданбайтын, іріні қолынан шығармайтын ол байлық жиюдың, оны ұстаудың да жолын жақсы игерген. Оның маңындағы Ордабай болыс, Жұмабек төре, Күреңкөз қожа, жылтыр Омар сияқтылар Игілік бейнесін толықтыра түседі.

Қазақ даласына кіре бастаған капиталистік қарым-қатынастардың шындығы романда Ушаков бейнесінде тоғысқан. Ол да алды-артын болжағыш, байлық қуған айлакер, іскер адам. «Сарыарқаның әрбір қырқасына бір қазық қағып, көмірді темірге, темірді мысқа, мысты қорғасынға қосақтап» жүрген Ушаков қазақ даласының байлығын мол қарпуды көздейді. Оның бойындағы тойымсыздық, қорқаулық та капитализмге тән. Сырт көзге бұқарашыл көрінетін оның айлакерлігі өндіріске арзан күш тартуға, аңғал қазақтарды іске пайдалануға жұмсалады. Роман соңында Ушаков компания мүшелігінен қуылады. Бұл да капитализм заңы. Үлкен обырлардың кіші обырларды жалмап жұтып қоюы да шындыққа сай. Ал, Рязанов осы үлкен обырлықтың символы. Кезінде Ілияс Омаров оны бүкіл дала байлығын шеңгелдеп, аяғымен орап алған, басы көрінбейтін спрутқа теңеген1. Дәл айтылған теңеу. Оның Ушаковты жұтып қоюы да дәлелді.

Романда қазақ даласында туып келе жатқан жаңа күштің, жұмысшылар өкілінің бейнесі Бұланбай бойында жинақталып берілген. Бұланбай – қазақтың ер, батыр жігіті. Ісіне берік, мінезі тұрақты ол адамгершілігінің жоғарылығымен де елге жағымды. Өз басын қорлыққа бермейтін, намысшыл жігіт өзгелерді де қорғап жүреді. Онымен жақсы болуға елдің бәрі тырысады. Игілік те оны маңына ұстауды ойлайды. Жұмабек төре өндіріске жұмысшы жалдауды Бұланбайдан бастайды, ол көнсе, оған еретін көптің барын біледі. Оралдан келген орыс жұмысшылары да оған арқа сүйейді. Осы мінезімен ол жұмысшылардың бас көтерер көсемі, ақылшысы, қорғаушысы дәрежесіне көтеріледі. Оның жұмысшыларды бастап, жалақыны кемітуге қарсы шығуы романда нанымды берілген. Осы негізде өндірісте қаналушы мен қанаушының айрылысуы, таптық жіктің айқындалуы нақты образдар арқылы дәлелденеді.

Романдағы жарқын кейіпкердің бірі – Байжан. Аң аулап жүріп суырдың інінен Қарағандының көмірін алғаш тапқан Байжан өзін кеннің иесі санайды. Оның жеңіл күлкі араластыра жасалған бейнесі, шала орысша араластырып сөйлеген сөзі нағыз қарапайым қазақтың игі қасиеттерін танытады. Елпілдеген мінезі, адал жүрегі қазақ ішінде ғана емес, орыс жұмысшылары тарапынан да түсіністік табады. Елизавета Сергеевна Байжекеңнің қызындай, балаларының «кіші апасындай» болып кеткенінің өзінде қаншама жылылық жатыр. Нағыз қазақы мінезді, қазақы тұрмыстың адамы Байжанның Ушаковтың Омбыдағы үйін көргеннен кейін Игіліктің қонақ үйін менсінбей қалуы да нанымды. Қазақ ауылында «пәленшенің үйі қайсы?» деп сұрап үйренген Байжекең Омбының көшесінде тұрып алып Ушактың Никонының үйін сұрастырады. Осы мінездің өзінен қаншалықты қазақи психология көрінеді. Жазушы оны жеңіл юмормен күлкіге орай суреттейді. Сынамайды, мінемейді, әзілге айналдырады. Жалпы сол тұстағы қазақ ауылының өмірі, тұрмыс-салты сараң да болса айқын бояулармен айшықталған. Біреу байып, қор жинап жатса, біреулер жалаңаштанып қорғансыз қалып жатыр. Осы арқылы бүкіл даланың ішкі өзгерістері анық танылады.

Жазушының қазақ даласының оянуы туралы идеясын ашуда Қарағандыға келген орыс жұмысшыларының өмірін суреттеу елеулі орын алады. Олардың ішінде Шило қарт, Михайло Неволя, Елизавета Сергеевна бейнелері көңілге қонымды жасалған. Олардың бойында ойлылық, тәжірибелі жұмыскерге тән байсалдылық, күресте бір ауызды болу, ұжым ортасында адалдық пен мінез тұрақтылығы байқалады. Қазақ жұмысшыларының ауыр халін көріп, бұрын таныс емес, ортадан өз тілектестерін тапқан олар шын еңбек адамының жанашыры, табанды күрескер ретінде суреттелген. Оларды жазушы орыс халқының бостандық сүйгіш өкілдері есебінде алып, солар арқылы қазақ даласына сәулесін түсірген жарықтың нышанына балайды. Даланы түпкі оятар, күреске үндер идея осылардан тарап тереңдейтініне сендіреді.

Негізгі тақырып – Қарағанды, өндіріс маңындағы шындық болғанымен, «Оянған өлке» - ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елі өмірінің сан-салалы тіршілігін кең қамти суреттейтін шығарма. Бір жағы жаңа ашылған шахта, Өспен, Ақбұйрат мыс қорыту заводтары, жұмысшылар мен кірешілер өмірін қамтыса, жазушы екінші жағынан, осы өндіріске іргелес қазақ ауылының қарекет-тіршілігін, оларға кірген жаңа қарым-қатынастардың сырын аша суреттейді. Көшпелі елге отырықшылық келе бастады, байлық іздеудің жолы өзгерді. Қазақтың байырғы кәсібіне жаңа кәсіптер қосылды. Өмір суреттерін шыншылдықпен алымды аша білген ол содан шығатын өмірдің сабақтарына ой жүгіртеді. Романды оқыған адамның өмір тануы, адам тануы, көркемдіктің сырын ұғына түсінуі кеңейе түсетіні де сондықтан.

Роман екі кітап ретінде жоспарланған еді. Бірақ оның екінші кітабын жазу ұзаққа созылды. Арада жазушы басқа туындылар жазып жариялады. Тек өмірінің соңғы шағында ғана мойнындағы қарызын өтеп кетуге бел буды. Романның жалғасы «Жат қолында» деген атпен 1984 жылы басылды. Ол кейінгі әңгіме.

Жалпы алғанда, «Қарағанды» мен «Оянған өлке» – Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде ізденістің жаңа жолына шыққан ұлттық әдебиетіміздің іргелі туындылары. Қазақ әдебиетінде өмір шындығын кең қамтыған, мол оқиғалы эпикалық романның орнығуында да, бұрын қаламгерлер назарына аз іліккен өндіріс адамдарын көркем бейнелеуде де, сол арқылы республика бейнесін өзгертіп, жаңа қалалар салып жатқан жарқын тұлғаларды ашуда да бұл екі романның орны елеулі. Бұл романдар өз кезіндегі кеңес әдебиетінің тәуір үлгілерінің қатарына кіріп, 50-60 жылдары Б.Горбатовтың «Донбасс», А.Волошиннің «Кузнецк жері», М.Гусеиннің «Апшерон», В.Ажаевтың «Мәскеуден алыста», Б.Кербабаевтың «Небит-Даг» романдарымен бірге одақ көлеміндегі өндірістік романдар легін құрды.

Осы тұста балық өнеркәсібіндегі жұмысшылар өмірі жайлы тағы бір шығарма туды. Ол – Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» (1953) атты романы. Роман Атырау балық аулаушыларының ХХ ғасыр басындағы ауыр тұрмыс-тіршілігін суреттей отырып, олардың орыс пролетариатының көмегімен өз құқын қорғауға, қанауға, зорлыққа қарсы көтерілуі оқиғаларына құрылған. Жазушы балықшы қазақ, орыс жазушыларының мүдделестігін, еңбек үстінде табысуын ашуға ұмтылады. Олар бірігіп қанаушылардың зорлығына, өктемдігіне қарсы тұрады, біртіндеп күрес жолын түсінуге жетеді.

Роман сюжетінің ширауына жұмысшылардың қыста мұз үстінен ойық ойып, балық аулауларының қиыншылықтары, билеушілердің ырқымен одан уақытында қайта алмай, көктемде мұз үстінде қалуы, Бірінші дүние жүзілік соғыс басталып, орыс адамдарының солдатқа алынуы мен қазақ жігіттерінің 1916 жылғы майданның қара жұмысына шақырылуы сияқты оқиғалар көмектеседі. Жұмысшылардың қанаушылар тарапынан көрген зорлық-зомбылығы осы оқиғалар негізінде ашылып, олардың таптық түсінігі артады. Әуелде сол өндірісте бірге жұмыс істеп, кейін майданға кеткен Михаил Иванович пен майданның қара жұмысына алынған Арман қайта оралып, олардың күресіне бағыт береді. Ақыры бүкіл Ресейлік революциялық оқиғаларға Атырау балықшылары да үн қосады. Алайда, басты кейіпкерлердің солғын шығуы романның реалистік сыпатын біраз әлсіреткен. Михаил Иванович пен Арман бейнелерінде жасандылық, армандау, романтика басым. Олардың Атырау жұмысшылары ортасында жүргізген саяси жұмысы, революциялық орталықпен байланысы әлсіз көрсетілген.

Роман оқиғасы жас бала Дауыл атынан баяндалады. Жасынан қоғамдық әділетсіздік жағдайда жетім өскен баланың жетілуі мен сана-сезімінің оянуы жұмысшылар қауымы ортасында өтеді. Ол өмірдің ащы-тұщысын да олармен бірге теңіз бетінде көреді. Алайда, роман оқиғаларының бала атынан баяндалуы ондағы қоғамдық әділетсіздікті әңгімелеуге ыңғайлы болғанмен, балықшылардың саяси күресі жайлы мәліметтер бере алмайды. Тәжірибелі жұмысшылар баланың көзінше ондай әңгімелер айтуға жасқанады, сақтық жасайды. Сол себептен көрмеген, білмеген ісі жайлы әңгімелеуге Дауыл да бара алмайды, кейбір жобалап айтылатын байқаулары бұған жетімсіздік жасайды. Романда сөз болатын жұмысшылардың саяси күресінің әлсіз көрсетілуіне мұның әсері тигені даусыз.

Романда жұмысшылар еңбегі, тұрмыстық тіршіліктің ауыр шындығы жап-жақсы суреттелген. Олардың ұжымдық өмірі көпшілік қатысатын көріністерде жарқын бейнеленеді. Романның теңіздегі дауыл суретімен басталуы, олармен арпалыса балық аулаған, оны өңдеп жатқан жұмысшылардың тіршілігі, Марияның суға кетуі, Жантастың оны құтқаруы сияқты көріністер үлкен жазушылық шеберлікті танытады. Май мейрамын атауға «Құсты аралға» барған балықшылар демалысы, ондағы табиғат пен адам еңбегі атап айтуға тұрарлық суреттер.

Кабановский, Қасқырбай, Атанияз сияқты қанаушылар өкілдерінің бейнелері де тәуір жасалған. Көркемдік бітімінің ала-құлалығына қарамастан, «Толқында туғандар» Қазақстан балықшыларының өмірі мен азаттық жолындағы күресін бейнелеген роман болып қалды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]