
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
(1941-1956)
«Абай жолы»
Отызыншы жылдардың екінші жартысындағы Қазақстандағы саяси ахуал, оның әдебиет дамуына еткен әсері роман жанрының өсуіне де едәуір кері ықпалын тигізеді. Белгілі эпик жазушыларымыздың біразы «Халық жауы» деген айып тағылып, айдалып, атылып кетті. Аман қалғандарының өзі қудалау астында болды. Роман жолының осындай дағдарысын Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы шыққан «Абай» атты романы бұзды. Бұл роман ұлы қазақ ақыны Абайдың өмір жолын суреттеуге арналған көп томдық эпопеяның бірінші кітабы еді. 1947 жылы оның екінші томы басылды. Екеуі қосылып «Абай» деген атпен шыққан роман орысшаға аударылып, одақтық әдебиеттің назарын аударды. 1949 жылы оған бірінші дәрежелі Сталиндік (кейін мемлекеттік деп аталған) берілді. Эпопеяның үшінші, төртінші кітаптары 1952, 1956 жылдары «Абай жолы» деген атпен жарық көріп, осы соңғы атты эпопея толық күйінде иемденді. Оған 1959 жылы Лениндік сыйлық берілді. Орыс және көптеген шетел тілдеріне аударылған эпопея туралы Луи Арагон, Андре Стиль, Николай Погодин, Александр Фадеев, Константин Федин, Николай Тихонов, Всеволод Иванов, Альфред Курелла, Бенжамин Матин тәрізді әлем әдебиетінің қайраткерлері бағалы пікірлер айтты.
Ғылыми әдебиетте М.Әуезовтің көркемдік, тіл, образ жасау шеберлігі, «Абай жолының» тарихи негіздері, творчестволық лабораториясы жайлы бағалы еңбектер Қазақстанда туды1. Шығармадағы жекелеген көркемдік компоненттердің қызметі, Абайдың ақындық психологиясын ашу өнеріне байланысты құнды пікірлер айтылды2. Соған қарамастан, осы туындының алып сюжеттік қаңқасына ет бітіріп, мол денесіне серпін беретін, қуатты жүрегін соқтыратын сыпайы, сырбаз, ұмсынбай, тасада қала тұратын, кішілікті де кісілікті қасиет – терең арналы психологизм ерекшелігі мен өрнегі арнайы зерттеу жұмыстарын қажет етпегені анық.
М.Әуезов психологизмін дүние жүзі әдебиетіндегі Стерн, Стендаль, Толстой, Достоевский, Тургенев, Чехов, Джойс, Кафка үлгілерімен салыстыру қажет емес. Әдеби орта, ұлттық дәстүр, суреттеу объектісі, қаламгер мақсаты, адамдар тағдыры мен арақатынасы әралуан болғандықтан, стильдік ізденістер де басқаша шығуы даусыз. Сахара өмірінің өз ерекшеліктері бар. Құнанбай мен Абайды әкелі-балалы Кирсановтардың дау-дамайымен шектеуге келмейді. Абай Лермонтов тағылымын ұстанғанмен, жекешіл менмендік ауқымынан шыға алмайтын, расымен де ақылды, ақынжанды, ақжүрек Печорин жүрген ізбен жол кеспейді.
М.Әуезовтің дүниетаным, көркемдік әлемі бөлек. Алайда әйгілі дала жолбарысы Құнанбай, ақын Абай, түз тағысындай еркін, кекшіл Базаралы бастан кешетін ұрыстар ағайын-аймағы үшін маңызы жағынан Бородино шайқасындағыдай қызу өрт жалынға шарпыла бейнеленген. Бірақ қайғылы жері сол – бұл жанталас ұлы Отан соғысы емес, ағайын араздығынан, кең байтақ жер мен байлықты бөлісе алмаған тас керең көңілдің тарлығынан тұтанған аз жұрттың қасіретке толы жанжал, төбелесі. Орыстар мен француздар емес, Ресей пәрменіндегі сиырдың бүйрегіндей бөлшек-бөлшек аз қазақ, оның ішінде негізінен бір ғана Тобықты руы. Талай даналарды да берген, соларға қарсы сойыл сілтер дүлей перілері де аз болмаған, қызуқанды, ерлігі мен серілігі, дархандығы мен қатыгездігі қарайлас өзгеше жұрт. Ұлы Абай мен Ұлы Мұхтардың Отаны. Дүйім түркі-қазақ халқының бір аяулы бауыры. Осы туған топырағының ықылымнан келе жатқан жеке тартып, кенже ойлар салбөксе, анайы сана-салттан тазарып, өркениетті халықтар қатарына қосылу жолындағы Абайдың жандәрмен күресін өрнектеу М.Әуезов үшін ұлт намысы мен арын жырту, удай шындықты өткір шеберлікпен суреттей білу арқылы жүзеге асырар аламан ерлік еді. Шындықтың көзіндегі шелді аршу қажет болатын. Кең ғарыштық әлем сырына деген халық жанары сонда ғана ашылмақ-ты. Абай трагедиясы – халық трагедиясы. Жараланып көрген жан қалған соққыдан сақтана алса керек-ті. Қазіргі таңның белесінен қарағанда, «Абай жолы» романындағы басты идеялық межені жалпыхалықтық қауымдастық пен ұлттық мүдделер парасатының теңдестік дәрежеде танылуын көздеуден аңғарамыз.
Академик Қаныш Сәтпаевтың «Абай жолын» қазақ халқының елу жылдық өмірін қамтитын энциклопедияға теңеуінде мән бар1. Жазушының өзі де «Абай жайын зерттеушілерге» атты 1940 жылы жарияланған мақаласында көрсетілген: «Абай уақытында өліктің артын күту, қаралы болу, бата оқу, аза салу, ас беру сияқты әдеттер қандай еді... Сол кездегі құда түсу, киіт кию, ұрын бару, қыз ұзату, ілу жасау, жол-жора, ырым-жырым қандай...
Абай уақытында үй-іші тұрмысы қандай? Көп қатынды, бәйбіше-тоқалды тұрмыстың кескіні қандай...
Онан соң қыстау, көктеу, жайлау, күзеу бар...
Осыған жалғас сол кездегі қазақтың ауа райын, жыл реңін білудегі, жұт-жалаң турасындағы тәжірибелерін де жазу керек. Отамалы, сәуір, қыркүйек, құралай, тоғам, сүмбіле сияқты ай, күн мерзімдерін де ескеру қажет. Күзем, отар, күйек, соғым, неше алуан науқан жайы жазылса, – ол да керек. Ұсақ белгілерден де талай бағалы мағлұматтар жиюға болады»2, - дей келіп, Абай тұрған үйдің іші, сырты, ел киетін киім жөні, «ер-тұрман, қару-сайман, жылқының таңбасы, қойдың еті, үй ішінің ою кестесіне» дейін дәл деректер жию қажеттігін құнттаған да, романда орындап шыққан. Роман тек көркем дүние ғана емес, белгілі бір дәрежеде тарихи-этнографиялық, философиялық, психологиялық зерттеу міндетін қоса атқарған. Қаламгер көшкен жұрттың орнынан баяғы хан базарындай дырду дәуреннің ұзақ қызығы мен мехнатын қайта тірілткен. Шығармадағы теңдесі жоқ ауқымды эпикалық қарым басым түрде осынау аса керек әрі оқиға, сезім ағымымен біртұтас салт-сана, мәдени дәстүр көріністерін айшықтау арқылы өріс жайған.
Ғылым мен көркем әдебиеттің ауыр жүгін қосарлас көтеретін туындыда Еуропа әдебиеті үрдісіндегідей тек қана санаулы кейіпкердің ішкі жан тауқыметін ізерлей қуалап, қадағалай суреттеу мүмкін емес еді. «Абай жолында» жүздеген, екі жүздеген адам аттары кездеседі. М.Әуезов солардың көпшілігіне кескін, келбет, мінез тұрғысынан қысқаша болса да, ұтымды, нақты сипаттама беріп отырған. Әркім өзінше дара қасиетті. Олар – басты-басты қаћармандар төңірегіндегі аумақты фон. Әрекет, тартыс аясын кеңейтіп, ұштай түсетін, ой-сезім қуатын саралайтын күш. Оның жалпы аты – халық.
М.Әуезов халық пен оқшау адам ара сырын реалистік биікте бейнелеу жолында шынайы психологиялық детальдар өрнегін орнымен пайдаланады. Көркем күйлі әсерлі штрихтар алып бәйтерек бойындағы жарасымды бұта, жапырақтардай сән-мәнімен ажарлы көрінеді.
Нағыз әдебиет – ғылыми дағды, салтанатымен емес, табиғи бітімімен көрікті, сұлулыққа толы философия. Философия – ой, сананың Алатауы. Ой, сана тірліктегі күре тамырына жалғас психологиялық ахуалдарға табан тіремек. Ал психологияның құшағына сыймайтын жанды қасиет жоққа тән. Бұл орайда, суреткерге, әсіресе өзі ғұмыр кешкен дәуірдегі Мұхтар Әуезовке, қисапсыз құм қайнарынан бір түйір алтын іздегендей қатал сарапшылық пен сарқынды ұстамдылық қымбат еді.
«Абай жолындағы» негізгі әлеуметтік, философиялық, психологиялық мәселе – табиғат, адам, орта, өмірдің терең қайшылықты байланысы, опасыз жалғанның өткіншілігі, адам болмысының құбылмалығы, сезім сипатының кейде адал, кейде жалған, кейде ұзақ, кейде келте қайырмаларына таңырқау, жақсы мен жаманды, озбырлық пен ізгілікті тану мен таразылауға ұмтылыс. Әрине, уақыт қабағына қарай толғанатын жазушы айтылмаған «ішкі монологтарын» ашық жариялап жатпайды. Өйткені өзі де замана перзенті екенін амалсыз мойындайды.
Мәселен, көпшілік қауым романдағы Құнанбай бейнесін біржақты ұғынып келгені өтірік емес. Шығармадағы Құнанбайға қатысты іс-әрекеттердің ересен зорлығы шексіз әміршіл, нойыс та аяусыз жыртқыш пенденің сыйқын елестетеді. Бірақ М.Әуезов суреттеуіндегі кезінде болыс та, аға сұлтан да болған аса ірі әкімнің психологиялық мінездемесіне қарасақ, ешбір ғайбат сөз, ашық айыптау сарынын аңғармаймыз. Құнанбайға қатысты жан шошырлық, атақты Қодар-Қамқа оқиғасында Шонжар би Өскембайға ұқсас қайтусыз дүлейлік көрінгенмен, қаламгер аңғары ашулы ызғардан гөрі, жағдай сырын түсініп бағдарлау, жан-жақты сырлай баяндау жағына бейім. Біріншіден, бұл атышулы істің өмірлік негізінде таласты жайттар болғаны анық1. Екіншіден, тіршіліктегі Құнанбай есімі қалың қазақ үшін ерекше бағалы екендігін ескеру, аруақ беделімен есептесу байқалады.
«Құнанбай сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсің. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабілеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады»2, - дейді ғой поляк Адольф Янушкевич. Қазақ арасында екі адамға, Барақ сұлтан мен Құнанбайға ерекше табына таңырқайтынын білдіретін, Құнанбай ауырғанда, бүкіл жұрт құдайға жалбарынып, амандық тілегенін тамсана жазатын Янушкевич 1848 жылдың 14-тамызында мынадай пікір де айта кеткен: «Құнанбай бір есептен екі жүзділік танытты: өздерінің жылқылары мен қойларын жасырған көптеген дәулетті қазақтарды бізге сол көрсетті» .
Міне, өз ұлты ғана емес, өзге халық өкілінің бағалауы бойынша да Құнанбай тұлғасы бір өлшеммен келуді азсынатын, әр қырынан, түрлі ыңғайда сараптауды талап етер елеулі құбылыс екенін танимыз.
Абай әкесінің мол тарапты, сұңғыла бейнесі эпопеяның алғашқы беттерінен-ақ қапысыз байқалады. Бұл көріністерге психологизм бедерлерін қосып тұрған ахуал – кең сахара тұрмысындағы неше алуан беймәлім күйлердің қаладан елге оралып, туған жер, ата-ана, дос-жаранын аңсап келе жатқан шәкірт бала санасындағы нұрлы, күңгірт сәулелердің сезім, сыр қалтарыстарын ашатындай кейіпте табылуы. Балалық ойын, ұры боп қорқыту, күлкі сценаларынан басқа, Байтастың «Ойке-апа» туралы әңгімесіндегі сәл өтірікке реніш, ел әңгімесіне құмарлық, атқосшы Жұмабайдың әке тапсырмасын жасыруын аңғару жеткіншектің зерделі жүрегіндегі нәзік пернелерден хабар береді. Анасы Ұлжанның салқын ақылы, әжесі – аяулы Зеренің немересіне деген аңқаусыраған қуақы, терең мейірімі, қошеметші қауымның шын ықылас, қуанышы, Ұлжанмен күндес сұлу тоқал Айғыздың сыр бермес бейілі мен паңдығындағы ұлттық дәстүр арқауының мықтылығын аңғарту – М.Әуезов жанарының аса шетін сипатына дәлел. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов осы эпизодтарда «туған жер», «ана», «әке» тақырыптарына сай «сағыныш», «мейірім», «қаталдық» идеяларының қоса-қабат өрілуінен үлкен зергерлік өрнегін таниды1. Роман-эпопеядағы көп сарынды, мол үнді ғаламат тартыс желілері салған жерден атой салады. Қаламгер айналадағы құбылыс сырларын тек жас Абай көзімен ғана емес, бәрін байқап, ойын ақтара қоймас хас суреткердің жіті назарымен де баяндайды. Мәселен, өзге әйелдерді қалжыңдай менсінбеген боп келіп, көзінен сүйген Айғызға қатысты бала әсері де, қоршаған қауым, Ұлжан ілтипаты да есте қалады. Үлкен сыр бар. М.Әуезов көптеген психологиялық нюанстардан өрбуге тиіс зор тартысты халдердің шетін шығарып қана, ықшам қайыра салады. Мұны біз аналитикалық және синтетикалық, яки динамикалық психологизм ұғымдарынан білеміз. М.Храпченко Н.Гогольге байланысты типологиялық психологизм атауын енгізді2. М.Әуезовте осы қасиеттердің ықшам жиынтығына қоса, шартты түрде айтқанда, тұйық психологизм немесе эпикалық психологизмнің өзгеше бір сергек те сыпайы түрі бар деуге келеді. Аналитизм элементтері романның үшінші, төртінші кітаптарында өткір драматизммен біте жарасып қабысқады.
Көпшілік айта беретіндей, «Абай жолы» әке мен баланың қиян-кескі айқасына құрылмаған. Құнанбайдың Абайды бағалайтын, әкесін Абайдың қадірлейтін сәттері мол.
Аяулы Әбішін жоқтап айтқан жұбатуында:
«Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты,
Мұқым қазақ баласы
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Мекеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты.
Ажал уақты жеткен соң,
Соның да гүлі қурапты.
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті»1, –
деп толғанатын ақын өмірде әке сырын толық ұға бермегенмен, шын болмысын, атақ, ақылын ардақ тұтқаны кәміл. Романның алғашқы тарауында Құнанбай Қодар талқысы туралы күңгірт бейуақтағы әңгімеге жолдан шаршап келген, ана көкірегін иіскеп, мейірі қанбаған ұлын әдейі шақыруы тегін емес. Мүмкін уақыт, болашақ ұрпақ алдында өз үкімінің қаталдығынан ақталуы шығар. Үкімінің хақтығына сенімі шығар. Бірақ шығармада осы көңіл-күйлердің бір ғана жағы: баласын өз досы мен қастарының аужайын түйіп, ел дауы мен шарына көз үйрете беруін қалау ниеті бой көрсетеді.
Әкенің шәкірт Абайға салғырт қараса да, ересек адамға берер сауалын қоюы, тентек Оспанға байланысты кәдуілгі қарапайым ашуы, Жұмабай мен Байтастың Абайды сырттай «бөрінің бөлтірігіне» балап сөйлеуі, кеңестегі Құнанбай бақталастарының бір сәт пенделікті тастап, Оспанды туыс тарта, қайсар өжеттігіне сүйсінуі – аға сұлтан есімінің ересен айбар болғанын айғақтайтын әуендер. Дала шонжарларын сезім толғағымен әдіптейтін топтық портрет, дара кескін штрихтары, Құнанбай мен Сүйіндіктің қағысу диалогы, Бөжейдің алысқа сермеген түңілу, түнеру лебіздері мол күйлі психологиялық арна сызса, орынды авторлық суреттеу, ортақ төл сөз формалары ел басшысының бірде Байсал, бірде Түсіп, Қаратайды ығына тартып, алдарқатып, Сүйіндікті жасыта салып, оңай құбыла алатын түлкі мінезіне қоса арыстандай ызғарын, кескекті шешен сөз, тұтқалы ой, батыр қимылға оңтайын терең астармен сипаттауын көрсетеді. Құнанбай ниеті мен аңсарына ау салып, көмекейінің бүлкілін алыстан сезетін, тек қасындағы атқамінерлерге сөзін өткізіп, бұра тартуға мұршасы жетпей, жалғыз шеттейтін – Бөжей. Бөжейдің үстеме ірілігі әйгілі Кеңгірбай ұрпағы болуында, қалың Жігітек алдындағы ақ абыройында.
Қысастық, егес, бой таластыру Бөжейде де бар. Қодар өлімі Құнанбайдың жаңа қоныс көздеген алыс есебін көрсетсе, Бөжей үшін айбыны асып тұрған іштей бақталасын мұқату, сүрінту жолындағы тиімді жағдай екенін ұмытпау шарт. Майбасардың оспадарлығы, Мұсақұл шайқасы, қантөгіс, Бөжейдің ар шіміркенер жаза тартуы, дуан басындағы талас, жас Абайға ізгі бата беру Құнанбай дұшпанын өркештендіре әрі аяныш, жәбір сарынында сипаттаса, бейкүнә сәби Кәмшаттың мүшкіл халі мен ажалы, Айғыздың аналық қасіреті, Абайдың бауырлық жан қиналысы, қажының асқа шақырылмауы Бөжей мен оны қостаған Байдалы, Түсіптердің ата салтынан аттаған тағылық мінез бағдарына кепіл.
Түсініп қарасақ, жас Абай әкесін жек көруден емес, ата қамын ойлағандықтан Бөжей алдында өздерін айыпты сезініп, ағайын арасын бітістіру үшін жанкешті әрекет жасап, ақылды ана, бүкіл Ырғызбай атынан иіле қызмет жасайды.
Романда Құнанбайдың әлеуметтік істердегі, иықтастар ортасындағы мізбақпас ірілік мінезінен басқаша бір қарапайым отбасылық, кішілік қасиеті тоқал шешесі Таңшолпанға қатысты байқалады. Жазушы әралуан психологиялық шетін ахуалдарға «елеусіз» көз сала кетіп отырады. Аяулы Зере әженің де күндесі бар. Ол – Таңшолпан. Таңшолпанның табиғи ерлігі мен осы сипатқа күш қосқан төрт ұлдың буын да ескерту бар. «Кәрі әжеңді» сыйлай сөйлеуі – парасатқа ұмтылу, уақыт райына бағыну. Құнанбайдың Таңшолпанға ана ретінде қарауы – әке рухына тағзым. Ұлттық әдет-салтқа деген жарасымды құрмет. Таңшолпан баласының ересен салмақтылығын ұнатпай да қалады, өктем де есептесе сөйлейді. Ешкімге бекерден түс жылытпайтын аға сұлтанның өзімсінген қалжыңы да (көші-қон туралы) –сескену де, сасу да емес, ата дәстүр алдындағы кішілік, үстем ұғымдардың өзара түсінісе, ізетке көңіл алдыруы. «Ерінің жылы шырайын пайдаланып», еркінсіп қалатын «ұзын бойлы, қара сұр, ашаң жүзді Күңке» (10) мен Майбасар қайнының әзілі осы көрініске жаңа этнографиялық, тұрмыстық рең береді. Алда ағайын арасындағы үлкен дау-дамай бар. Қазіргі Құнанбай күлкісі сонысымен құнды. Ол – Таңшолпан беделімен, халықтық ғұрыппен сабақтас құбылыс. Дала шонжарының әр сөзі, қимыл-әрекеті айналасы үшін тіптен қымбат. М.Әуезов өмір оқиғаларын түрлі қалтарыстарына түбірлеп бармағанмен, факт орайында алу арқылы мінез, жағдай мәселелеріне толымдылық береді, тартыншақ болғанмен, сезгір, сұңғыла синтетикалық психологизм принципін тұтас шығарма бойына берік ұстанады. Таңшолпан, Құнанбай, Майбасар қылықтары таңырқатса, Күңке тіршілігі сәл аяныш әсерін туғызардай.
Бұл эпизодтан басқа жерде Ырғызбай әулеті басшысының босаңситын жақтары жоққа тән. Құнанбай атағына таластық танытатын бүкіл руластардың күй-жайын суреттегенде қаламгер өзге наразы елдің көзқарасы тұрғысынан табынып, айыптау, қоштауы белгісіз объективті сыңай білдіреді. Құнанбай мен өзге ру басыларының Қодар оқиғасы туралы мәжілісінде билік тізгінін ұстаушы қауым ашық мінезделеді. Аға сұлтанның үзеңгілестеріне қатысты бірде туыстық жолмен алдап, бауыр тартып, бірде тізе көрсете, тақымға салатын бойлауық мінезімен, тереңдігімен қатар Сүйіндіктің жалтақтығы, Байдалының өрлігі, Байсалдың қайсарлығы, Түсіптің өлермен ызақорлығы, Қаратайдың шапшаңдығы мен сөзшеңдігі, Бөжейдің сезімталдығы мен кекшілдігі автор суреттеуі әрі кейіпкер диалогтары арқылы тіке әрекет, жағдай үстінде сипатталады.
Құнанбайдың Түсіпке Бөжей туралы «Біреудің сыртын бетке ұстап жүріп, маған арнап оқ атқанын қойсын!»1 дейтін зілді сәлемі негізсіз емес. Қарсыласының құпиясын жақтасы арқылы өзіне жеткізу – психологиялық күрес түрлерінің бірі. Күшке сену мен ашынуға себеп іздеу, намыс әрі күйініш. Тек жеке басы арамдықпен жүрсе, Құнанбай жаны қыжалданбас па еді?!
Әдепкіде әке болмысы бұғанасы қатпай жатып, ел ісіне араласқан Абай назарымен, ішкі түйсігімен бүгінгі әрі болған жайларға орай жанама түрде бейнеленеді. Бұл ретте Тобықты жуандары айтатын әңгіменің мәні зор. Абай Сүйіндік сөздерінен Бөжей өкпесінің бастау сырын ұқса, өткір, кесек Байдалы жеткізген Қаратай сөзінен әкім жайлы ішті-тысты кең пікір топшылауға лайық ой арқалайды.
«– Қаратай жүйрік қой. Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар! - деп, үндемей түнеріп отырып қалды. Дау айтқан кісі жоқ.
Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді.
Құнанбай аздан соң ғана барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп:
– Адам бенде ғой! Бенденің жоқ-жіті толған ба? - деді.
Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр.
Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен көрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қат-қабат шың сияқты.
Құнанбай өз ойымен кетсе, Абай өз көңіліндегі түйінін аяқтата алмаған, өз дағдарысымен кетіп еді»2.
Көпшілік тұжырымы мен жеке адам түсінігінің тоғысу сәті сенімді психологиялық ахуалда қамтылады. Кейіпкердің әдеттегі қаталдығы мен тосын көңіл дағдысы үлкен философиялык, межеге ұласқан. Абай назары көріністі субъективтендіру нәтижесінде объективті пайым биігіне ұмтылады. Осы тұста басқа құптаушыларды қоспағанда, кемі төрт адам (Байдалы, Қаратай, Құнанбай, Абай) ой-сезімінің шарпысқан талқысы бой берген. Ортақ арна жоқ. Өмірдің күрделі мәні сонда. Құнанбай бейнесіне қатысты суреткер тұғырнамасының әртараптылығын осыдан аңғарамыз. Соңғы сөйлемде бір мәселе, сөз төңірегіндегі екі алуан әсер-күй толқынын бедерлеу бар.
Құнанбайдың қақтығыс іздеп, айқасқа тіленетін немесе ұрыста жүрегі шайлығып, қатты байлауынан амалсыз шегінетін, негізгі қасы – Жігітектен кешірім сұрағандай қалыпқа түсетін, жеңілетін шақтары көп. Ал әйгілі құдасы Алшынбай алдында мүлде кішілік танытады. Оның Майырға ызасын – айлаға, Бөжейге кегін – келісімге ауыстыруына көмектесетін – парасаты мен кісілігі, жаңа тіршілікке икемі мол, жанашыры Алшынбай екенін таниды. Өрісінен жылқы алған барымташы ұрыларды керемет шеберлікпен, көкейдегі түйсік қуатымен дәл табатын Құнанбай әдеттегі ер мінезіне салып, жас Базаралыны шын ниетімен аяй мақтағанда, тоқалы Нұрғаным жүрегіндегі тентек бұлқынысты тани алмайды. Шалдың тағы бір пендешілік қателігін, әдетте, пікірін аша бермейтін жазушы айқын меңзеп көрсетеді.
Дала мырзасының ағайындық жолмен Бөжей алдындағы долы әрекеті үшін аяққа жығылуға дейін барғаны ессіздік те, қатыгездік те емес. Ендігі қатыгездік, өшпенділік Бөжей мен Байдалы, Түсіп, Байсалдан шығады.
Қодар оқиғасының өмірлік шындығы екіталай екені мәлім. Болжамға сену ағат. Ал Құнанбайдың тіршіліктегі дос-дұшпаны хақында біржақты емес, өзіне сын таға қарайтын әділдігін М.Әуезовтің мына ойларынан білеміз: «Ел ортасының бір үлкен жиынында Құнанбай көп ортасында сөйлеп отырған уақытта, Абай әлденеше оқталып, бір нәрсе айтқысы келіп, киліге беріпті. Сонда Құнанбай, «тек отыр» деп тоқтатып тастайды. Артынан ел арылып, жиыннан қайтып келе жатқанда, әкесі Абайды шақырып алып, көп алдында көлденеңдегені үшін наразылық айтады. «Маған біткен саған да біткен екен. Алдыма кісі түсірмеймін деуші едім. Шіркін, Қаратай-ай, Бөжеймен де сол араз қып еді, сені осыған баулыған да сол ғой»1 депті.
Абай әкесінің осы сөздерінде өкініш те, кісілік те, асқан сыншылық, ғаламат сезгірлік те бар ғой. Белгілі жағдайларға байланысты жазушы кейіпкерінің Бөжей турасындағы сезім ырғағын айқын суреттемегенмен, оқиға жүйелері Құнанбай үйелменінің әрекетімен бұл рухани құбылыс астарын ұғынуға бастайтындай негіз салған. Жан құбылысының сырт болмысын астарлай өрнектеген.
Тарихи мәліметтерде Әмір-Үмітей оқиғасын Абайдың қостамағаны, Құнанбай немересіне теріс бата бергендігі айтылады. Қажылығы да, мұсылмандығы да күмәнсіз қарттың ең соңғы ересен ашуы, жыртқыштыққа бара-бар қимылы шығармада характерлер жүйесіне сай қызу әсермен бейнеленеді. Ызғұтты мен Абай, Нұрғаным – арашашы. Тағылық ашудың дін, мұсылмандық тұрғыдан ғана емес, өмірлік дәлелі де мол. Оған дейін шымылдық ішіндегі ызбарлы атаға туысы үшін Айғыз бен Айғыз төркіндерінің өкпесі жеткен, ирек қамшылы Қаратай атқа қонып, ағайын назасын ақтара төккен. Жазатайым Нұрғаным алған соққының да арғы тамыры бар. Жазушы және үндемей сыр түйген. Әмір мен Үмітей махаббаты Нұрғаным – Базаралы қылығынан да елес беруі мүмкін. Шарасыз шал ыза буған шақта дауасыз өш қайтарады. Адам мұратының дұрыс, бұрыстығы емес, рас, жалғандығы ыңғайымен қарағанда, М.Әуезов эпопеядағы орталық кейіпкер есепті азулы дала феодалы әрі ақыл-ой патриархы – Құнанбай тұлғасын терең психологиялық иірімдермен толымды мүсіндегенін аңғарамыз. Әкенің нанымды бейнесі сомдалмай, Абай өмірінің мәні мен әрі ашылмас еді. Суреткер психологизмі сырттай қарсы мінездер қақтығысын көрсетуге тиіс. Абай-Құнанбай тартысындағы іштей туыс қасиеттер мен жақындық, тілеулестік сыр ұшқындарын нәзік жанармен бедерлеп береді. Бір кездердегі жалаң, идеологиялық догмалардың құрығы шығарма жолдарындағы қалтарыс, тосын ақиқат нышандарын дәл байқап, қорытынды жасауға жетелеген жоқ. Дегенмен бұл бағыттағы алғашқы қадамдар бар1.
Атақты психолог З.Фрейдтің түсіндіруінше, адам өмірінде саналы сәттен гөрі ырықсыз және шала түйсікті (предсознательное, ПСЗ) сәттердің алар орны мол2. Нұрғаным – Базаралы оқиғасы романдағы Құнанбай үшін көңілден жорта ығыстырылған тиімсіз естелік қатарына жатуға лайық. Әмір – Үмітей әрекетін бағалай жаза беру заматына дейін жоғарыдағы жағдайдың дала арыстанының ішкі өміріне әсері сипатталмаған. Ол үшін М.Әуезов өзіне тән эпико-психологиялық стиль емес, Гете, Стендаль, Бальзак, Лермонтов, Толстой, Достоевский прозасындағы нақты аналитикалық бейнелеу жолына тусу қажет еді. Жазушы өзінің алғашқы туындыларында («Қаралы сұлу», «Кінәшіл бойжеткен», «Хасеннің құбылыстары», «Сөніп-жану» т.б.) Еуропа әдебиетіндегі реалистік психологизм үлгілерін терең меңгере қалам толғағаны аян.
Ерін Мекеге шығарып саларда әдеттегі зор парасат биігінен табылатын аяулы Ұлжан қажының алыс сапардан оралғаннан кейінгі бір қылығына байланысты Қаратайға ырзалығы мен Құнекеңе орай түсініксіз сөзі бар ғой: «Құнанбай күн ұзынғы мәжілісінің артын қорытқандай боп, Ұлжанға қарап:
– Оқымаған қазақта Қаратай көкірегіндей жүйрік көкірек аз-ау. Сұрап отырса да, сол мен көрген көп жайды өз көзімен көргендей, көкейіне қондырған! – деді.
Ұлжан Қаратайдың сөз бастап, бүгін қажыға көп жайларды айтқызғанына іштей алғыс айтып отырған. Қазір ерінің сөзін қостады,
– Тілеуің бергір, жүйріктігінің пайдасын жаңа көрдім. Сіздің бізге көп шешіліп айтпайтын әңгімелеріңізді айтқызды. Соншаны көріп, біліп келіп, ішке тығып тастағандай едіңіз. Қоймадағы теңдей, көңілде жүргеніңізді айтқызып, сізді де жадыратты ғой! – деді».
Сирек сөйлесе де, тегін сөйлемейтін Ұлжанның сөзінде Қаратайды мақтауымен қатар, өзінің ері Құнанбайды сәл бір әзілмен сыпайы ғана шанышқаны көрінеді. Ол жайды Құнанбай мен Абай екеуі де сезді. Абай ақырын езу тартып, шешесіне қарап күлгенде, Құнанбай Ұлжан мінезінен нәпсілік бір жеңілдік аңғарғандай боп, қабағын шытына түсті, «Әйел заты әйелдігіне бағады. Бұлардың көзінше мінажатты да ішкі сырдай, шашпау қажет!» дегендей болды. Тәсбиғын жиі тарта түсіп, өңін Ұлжан жүзінен шұғыл бұрып алып, тәћмил айтып, сыбырлап кетіп, дұғамен бет сипады»3. Шығармадағы юморлық көріністе алыс-жұлысқа толы Құнанбай өмірінің сирек кездесер бейбіт шағы суреттеледі. Зерек те нәзік жанарлы қаламгер аса ауқымды дүние сапырылысы арасынан мінездер даралығын аша түсетін эмоционалдық жағдайларды шеберлік уысынан шығармайды. Мәселені астарлап айтудың өзгеше бір ұлттық әрі кісілік сипатын танисыз. Елеулі қайшылығы жоқ құбылыста бірнеше құйтырқы сезім нүктелері тоғысып жатыр. Ұлжан сөзінің мәнін Қаратай ұқты ма? Абай тек тапқырлық ретінде бағалады ма? Құнанбай дұрыс түсініп отыр ма? Ұлжанның өзі әңгіменің тура мағынасын айта ма? Әлде ері ұнатқаны не сыр бермеуге баққан әккілікпен еркелетуі, жақтырмауы, үстемсінуі белгісіз күйде «Қалмақ» деп атайтын кіші тоқал – Нұрғаным беделін тұспалдай ма? Сирек те оқшау күдігі негізді ме, жоқ па? Көңіл нышанын жасыру үшін дін шапағатын жамыла қалуы терең таным жемісі ме, амалсыз бөгесін ахуал ма?
Міне, сәл ғана суреттемеде сан алуан сыр ұшығы ұялағанын аңғару қиын емес. Алайда әзіл мен ақыл, қуақылық, еркінсу мезеттерінің басы ашық. Ол Ұлжанның өмірдегі табиғи мінезінен алшақ қасиет болмаса керек. Құнанбайдың баяғы биік тұғырынан тая бастағаны да анық. Әрине, жақсы жар тарапынан араздық, жазғыру жоқ, қадірлей қағыту, есті наз бар. Абай мінезінен анасының барша қымбат сипатын іштей ерекше бағалайтын әке көңілінде ешқашан күтпеген оғаш қалжыңнан ыңғайсыз тартып, аз-маз ренішке бейімделу байқалса, бәйбіше бұл қипақтан, бұлт етпес мырзасын сәл-пәл абыржыта алғанынан разылық көреді. Ең түзу де басты сезім мазмұны – Ұлжанның отағасын тіл тауып, жайдары күйге түсірген замандас Қаратай ісін мақұлдауы.
«Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталып қалған. Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан»1, - дейтін М.Әуезов дерегі, басқа да мәліметтерінің романнан дәйекті тмрде орын алатыны тәрізді, көркемдік сыры қанық, орынды психологиялық детальға айналады.
Композициялық құрылымы күрделі романда ол бір оқиға лирикалық шегініс түрінде беріледі: «Мағаш кәрі әженің өлер алдындағы бір кесек сөзін Әбішке енді айтты:
Ұлжан әл үстінде жатқанда, Майбасар көңілін сұрап отырып, өрескел сөйлепті:
– Қалайсың, бізді тастап, еріңнің артынан сапар шеккелі жатырсың-ау! Көпті көрдің ғой, айта кетсеңші, өлген деген қандай болады екен? – депті.
Сонда Ұлжан сәл езу тартып, ақырын ғана әзіл айтыпты:
– Пәруайсыз, қайным-ау! Көрсем, қартайғанша ой түспеген сені көрдім. Бұрын мен өліп көріппін бе? Өзің өлгенде көресің, несіне ынтықтың! – депті де, тіл-аузын қойыпты.
Өмір бойы ашық ойлы, білгір саналы болған асыл жан өлім сағатында да даналық қайратынан айрылмаған. Барлық ықтиярсыз, теңсіз тірлігіне өзінің адамгершілік таза биігінен қарап өте білген. Өлімнен де жасқанбай, бұқпай кеткен тәрізді. Кең сабырға толы момын жан, өмір есігін ақырын ғана жауып жол кешкендей»1. Жазушы Абай анасының бейнесін сомдайтын көріністерде жеке субъект аңсарын жасыруға жоқ. Күрделі айқындаулар соңғы абзацтағы үш сөйлемде бір ыңғаймен қайталану арқылы (айқындау аралық фразаларда да бар) үлкен сезім толқынын, таңырқау, аяу, аялау әсерін ашық әрі үдете жеткізеді. Бұл және автор толғамы ғана емес, Әбіш және Мағаш көңіл күйімен, сыртқы қауым пікірімен астасқан көп салалы ұғым.
Майбасарды толып жатқан кемшілігіне қарап адам қатарынан сызып тастау қажет болмас. Өмірдің толымды ажары да әр қилы, өзінше бөлек кейіпті пенделермен қалыптасатынын ескерсек, арсы-гүрсі, ақылы аз, бірақ пайдасын аяққа баспайтын, зорлықшыл, туысшыл Құнанбай інісінің тіршілік пен шығармада бірдей бір басына тиісті орны барын сезу қиын емес. Ұлжан мысқылының әзіл боп шығуынан қайнысының осы мінездерін жіті ұғыну сыңайын танимыз. Майбасар ниетінде мұқату жоқ, шынында. Қайта қадірлі жеңгесін, әдеттегідей, ойын сөзбен көңіл дегдітуге шақыруды көздеуі мүмкін. Бірақ Майбасар әр нәрсенің орнын, жөнін біле бермейді. Әл үстінде жатқан адамның қабақ шытуы қиын. Ұлжанның соңғы сөздері осы болса, ол әзіл ерлікпен, даналықпен барабар. Ұлжан лебізі өлімнің ортақтығын ойға салады. Майбасарға қаратылған мысқыл (кекесін емес) – ажал алдындағы қиналыс туралы нақты жауап. Күлкі – баяғы старшын ожар Майбасардың алаңғасарлығында. Ұлжан шенегісі келмес еді, ашына кейімеске амалы жоқ. Жаны ашығандық емес, жаны қысылғандықтың белгісі. Юмор мен қасірет араласқан өзгеше жағдай. М.Әуезов кейіпкерінің өмірді қимауына назар аудармайды, «барлық ықтиярсыз, теңсіз тірлігіне» көңіл тігеді. Сол арқылы тіршілік философиясын, өмір назы мен зарын қамтитын диалектикалық тұжырым жасамақ. Мәңгілік сезім қайшылығын көрсетпек. Екі ретте де Ұлжан әзілі жұмбақ та терең сырлы, жарқын пейілді, Ұлжан ғұмыры – мол мейірім, ақыл, парасат символы әрі қаћармандық, сұлулық жайлы эстетикалық түсініктерге ірі айғақ берер, ұлттық мақтаныш саналар шынайы өнеге, ғибрат.
Өмірлік деректерге берік сүйенген суреткер шығармадағы өзге әйелдер бейнесін мүсіндеу кезінде де шындық ауқымынан шықпаған. «Әрқашан бұқпа есепке бейім тұратын»2 Күңке елден оқшау қылығы болмағанмен, от басы күйбеңінде іштарлықтан сыр алдырса, қайсыбір ұсақтығына қоса «Есбике күңнің, Бәшібек құлдың сіңірі шыққан қызы жаман тмйенің жабуындай, жалбыраған қайыршы киімімен ақ үйлер жаққа келмесін. Ән не теңі, шықпасын үйінен!»3 дейтін Айғыздың кісі аямас тәкаппар, өркөкіректігі қылаң беріп қояды. Ал Кәмшат тағдырына байланысты Айғыз анаға тән орынды үлкен зар, аяныш эмоцияларымен бедерленген. Қарындасының мүсәпір халі, Бөжей үйелменінің тасбауырлығы үшін анасымен бірге Абай да жан ұшыра күйінеді, азап шегіп, ауыр күйзеліске түседі.
Басқаға қысасы болса да, Қаражан жеңгесінің Абайға ашық наразылығы қайнысы тарапынан әрдайым мысқылға ұшырап отырса, Ысқақтың әйелі Мәнікенің ұлы ақынға құрметінен гөрі, түсініксіз қызғанышы мол. М.Әуезов мұндай үй-ішілік шағын штрихтарды романға бекер енгізбесе керек. Олар Абай ортасына тән мінез, дағдылар, жасырын тартыстар жайлы психологиялық дәйектеме қызметін атқарады. Мәнікені Абай үшін Әйгерім әйелге тиісті үшкір тіл, сұңғыла санамен түйрей сынаса, ақкөңіл, әділ, ызақор, бірбет, турашыл Оспан жеңгесіне қалжыңға сүйеп, сын айтады:
«– Сен күйеуіңді билеп, кекір кербез болып алдың. Тазалығың, паңдығың жер басқанның бәрінен жоғары. Тек, айналайын, бір ғана сыр айтшы, Осы сен ғой, бәрімізден артықсың, менсінбейсің, өйткені, туысың, жаратылысың біздей балпаяқ қазақтың бәрінен басқа. Сені адамзат емес, биязы нәзік перизат деп білеміз. Ал, осы сен де біздей – күналы бендедей, бойыңнан нәжіс шығарасың ба, жоқ әлде сенің сарайыңа батпаған артық зат та, хор қызынша, жұпардай тарап отыра ма! – деп күлген-ді.
Бұл бір ащы мысқыл еді. Бір Мәніке емес, кербезсінген тәкаппар адамның бәрінің де көкірегін басқандай ойлы, өткір ажуа болатын»1. Бұл қолайсыз жағдай – Мәніке үшін «ойнақтаған от басардың» кері. Көп асқанға бір тосқын. Ащы сөз, амалсыз сөз. Оны айтқан Оспан да – жөнсіз жерде бойынан құс ұшырмас өркеуде, ер мінез. Өзін жорта кішірейтіп әрі жақтас тауып, опасыз кекесін тәсілін қолданып, мүләйім кейіптенген ашулы айыпты жеткізу де оңай емес, жеңілген кінәлі пендені жер болған сәтінде мұқату да ауыр. М.Әуезов ол жайды біле тұрып, шындықтың қисық пішінін өңдеуге бармайды. Әрі оқиғаның жекелік сипатынан жалпылық мән тудыратын жинақты сурет тудыру бар. Мәселе кімнің кімді сынауында да емес. Жазушы дара тұлға ерекшелігін ашатын детальдарды пайдалана отырып, адам бойындағы астамшылық, артықсыну, күпірлік іспетті қылықтардың алдамшы сезімге негізделетін, санасыздықпен ұштасатын, біреуді қорлауға бейім, басқаны өрекпіткенмен, түптеп келгенде пенденің өз басына көп әурешілік әкелер сырын жіті де дәл топшылайды, ол идеясын фабула сынасына айналдырып, астарлы ой түйер әрекет, қақтығыс үстінде көркемдік-рухани құбылыс орайында жария қылады.
Лев Толстойдың барша кейіпкеріне диалектикалық тұрғыдан көз салатыны сияқты, Абайдың жары Ділдаға қатысты М.Әуезов те мейлінше жан-жақты бағдар ұстанған. Ділдә мінезінің өрлігі, қаттылығы Абай көзімен сынала қаралса, кейбір сымбат, ажар белгілері бүркемеленіп қалмайды. Рас, еріне Ділдәнің жарықшақ, зорлау даусы – жақтырмау әсерін тиянақтау тұрғысынан орынды дәлел. Әйткенмен, Әбішті Мағышқа атастыруды ойлаған сәттерде, Мағаш науқасына қайғырған кезде Ділдә үлкен аналық мейірім, шапағат иесі ретінде трагедиялық әуенмен бейнеленеді.
Ж.Аймауытовтың «Ақбілегіндегі» боранды суықтан ауырып өлетін Қойтеке тағдырына ұқсас хал ақсүйек жұтта мал соңында жан тапсырған Алтыбай жылқышы мен оның туысы, жас Байтұяқ сырқаты, қазасы суреттелетін эпопеяның соңғы тарауларында Ділдәнің мінез-болмысына қатысты қысқа мәлімет беріледі.
«Бұрын киімім жұқа, байпағым жыртық, етігімнің жұлығынан қар төгіліп тұр» деген жайын бір аязды күні қатты тоңып келіп, Ділдәға өз аузынан айтым көріп еді. Мағаштың науқасы есін алған Ділдә малшы жігіттің айтқанын дұрыстап тыңдамаған. «Шешеңе күзді күні қой терісін бергемін, тон илеп, тігіп бермесе, өзіңнен көр. Мағашымның уайымы жанға батып жүргенде, енді сенің уайымыңды арқалайын ба! Қайтып көзіме көрінбе! – деп зекіп, қайырып жіберген»1.
Күндес әйелдің бейшара күніне күйініп, Әйгерімді бірде менсінбей, жоқ-жітік тұқымнам шыққан жеңілтек санап, төркін жұрты алдында намыстанып, көзінен жас ыршитын, Салтанат әңгімесі тұсында «жолың болмас Абай!» деп қиялданатын, әрі Әйгерімге ерінің күдікті қылығын шағып, от жағатын шақтағы аянышты жас – Ділдәнің өзгеше көрінісі. Алайда Ділдә жарлы-жақыбай, кем-кетікке Айғыз, Қалиқа сияқты тым қатыгез де емес. Жоғарыдағы енжарлық пен ашудың зілді себебі бар. Бұған дейінгі Әбіш пен Мағыш қасіреті аз салмақ емес еді. Ендігі қауіп тағы зор. Байтұяқ халі тіпті күйінішті болғанмен, бәйбішенің ашынған үнінде өзін-өзі ақтар сарын кездеседі. Әрине, немкеттілік, кем көру сезімін жасырмау айқын. Осы тәрізді екіұшты психологиялық нюанстар романда жиі ұшыраса отырып, жазушының кейіпкерді сипаттау стиліндегі объективті, тұйықтық принципіне көз жеткізе түседі. Эмоционалдық байлам – баға оқырман үлесіне қалады. Ерік әркімде. Қаламгер жақтамайды да даттамайды. Сөйтіп М.Әуезов адамдар арасындағы ақыл, ой, сана, ұғым қайшылығын шағын детальдар арқылы сезімтал көрсету үстінде терең әрі көзге ауыр сәттерде сыпайы аңғарымпаздық биігінен табылады. Бұл – синтетикалық, яки динамикалық, психологизм заңдылықтарына тән қасиет.
Абай көңілінде Ділдәмен араға көлденең тұратын елес – Тоғжан туралы естелік қой. Шынайы махаббат сәулесі. Тіршіліктің көп тауқыметінен аулақ мөлдір қуаныш, алаңсыз арманға толы сезім сайраны. Роман–эпопеяның алғашқы екі кітабында Тоғжан бейнесі жас ақынның бүкіл саналы өмірі мен шығармашылық өнеріндегі негізгі бастау, нәрлі мағына, адам бақыты жайлы қарапайым, таза ұғыммен айшықталады. Сезім романтизмі барынша реалистік өрнектермен нақышталған. Сөз, бейнелі тіл әсерлілігі мен көтеріңкілігі суреттеу нысанасының мазмұнына, дәуір және қаћармандар табиғатына сай. Осы махаббаттың жеке тілек аңсары ғана емес, ел арасындағы әлеуметтік қақтығыс, ру, ағайын ішіндегі тоңторыс наразылық, ұлттық «табуға» (мәдени-эстетикалық термин орайында – Б.М.) түскен кірбің есебінде драмалық кернеуі кең. Шығармадағы Оралбай – Керімбала, Үмітей – Әмір ғашықтығының трагедиялық салдары – халықтық дәстүрдің өзгермес заңына қарсылық белгісі. Мәкен – Дәрмен, Қуандық, Салтанат, Салиха мәселелері де айтылмыш жағдаймен тамырлас. Ата дәстүріне берік дала психологиясы үшін қалыңдыққа көз салу – ары салса арсыздық, бері салса дандайсу. «Біз үшін табудың екі қарама-қарсы бағыттағы мәні бар. Бір жағынан ол – қасиетті, екінші жағынан ол – оғаш, қауіпті, рұқсаты жоқ, адалдықтан алыс қылық»1 - дейді З.Фрейд. Тарихтағы психоаналитикалық мектептің негізін салушы әйгілі ғалым жабық дүниенің екінші жағасында ынтықтық тұрарын ескереді. Бірақ ғашықтық отына оранған сахара жастарына байланысты бұл әрекеттердің әдейі тумаған ырықсыз жан күйі екенін ұғасыз. Дала кезіп, Мәжнүн боп, қасірет шегіп кеткен Оралбай, ат жалын құшып, аћ ұратын ерке де өрт Әмірдің дүние сәнінен түңілу шағы махаббатты дертті сезім дәрежесінде кестелемек. Алды-артын ойлап, есепке көшер асық жоқ. Керімбала мен Үмітей мінездері де қыр өңіріне бейтаныстау, өзгеше батыл, тым еркін. Үлкен-кіші, ағайын ажарына, ертеңгі күнге қарамаған ессіз көңіл, құсалы жүрек зары. Емі табылмас зар. Қауымның қолында тұрған, бірақ сол орта мұраты жолында жібімейтін безбүйрек салт алдындағы дәрменсіз көз жасы. Бұл – жеткіншек көзімен таусылмас қасірет, кәрілер түсінігімен өткінші дауыл көрінетін алабөтен ахуал. Ғашықтық тақырыбындағы көп тартыс психологиялық құбылыстың сырт дидарын күшті жан қуатымен өрнектесе, Абай – Тоғжан желісінде осы нәзік жайдың терең тамырлы күрделі болмысы кәнігі шеберлікпен ашылады,
Тоғжан әуелде Абайды Құнанбай әулетіне кірпіше жиырылатын назалы әке – Сүйіндіктің ықылас-ілтипатын алған естілігі, ізеті мен албырт көңілі мшін ұнатады. Жас мейманға қайта-қайта таңырқай қарауы – замандастарынан өзгеше жақсылық күтпеген сенімсіз, бітеу назардың көрінісі. Абай жүрегін торлаған – байсалды әке, зиялы ана ұясындағы әдемі қыздың ажарына лайық әдебі мен ақылы, нәзік жаны. Екі жас арасындағы құмарлық сазын бейнелеуде пішіндеме детальдарының қызметі күшті. Ең алдымен көзге түсетін – Тоғжанның аппақ жүзі, үлкен қара көздері, сәл кішкене қыр мұрыны, сұлу сымбаты, қалың өрілген қос бұрымы. Әр алуан эмоционалдық, толқу мезеттерінде негізінен Тоғжанның өңіндегі қызғылт рең (бір жолы ғана ағараң тартып, қуқылдану заматы аңғартылған) сипатына қарап күй ұқтыру тәсілі мол орын алған. «Сылдыр, сылдыр, сылдыр ... Өзекті өртеді құрғыр»2 – деп Мағжан ақын жырлағандай шолпы қимылы мен әуенінің қайталай көзге іліне беруі арқылы символдық сурет пайда болады. Соңғы кездесуде Тоғжанның шолпы сыңғырын ала келуі де – махаббат тоқтамын әйгілер көркемдік ишара, тұспал. Махаббаттан нұрланған ақын шаттығын бедерлеуде табиғат құбылыстарына тиісті енші де қомақты.
«Аз уақыт Тоғжанға иіле қарап отырып:
– Тоғжан менің сәлемдерімді есіттің бе? Бар сөзім сізге арналған, сізді сағынудан туған сөз еді, ілтипат қып еледіңіз бе? – деді.
Тоғжан ішінен: «Ілтипат қылмасам, мұным не?» дегендей. Бірақ ақырын жымиып күлді де:
– Есіттім, Абай! Өлеңіңіз жақсы екен! – деді.
– Мен ақын емес ем! Жалғыз-ақ сіз мені былтыр бір көргеннен-ақ қатты толқынға салдыңыз. Содан бері бір уақыт ұмытқан емеспін.
– Ұмытпадым дейсіз, бірақ, содан бері бір келмедіңіз ғой!
– Қайтып келем! Ел жайын білмейсіз бе? Бір көрудің өзі зар болмады ма?
– Рас! – деп, Тоғжан қызара түсіп, көзін төмендетті де, – сізді – мен бір көрдім. Көш жөнекей көрдім... байқадыңыз ба, білмеймін!
– Тоғжан! Япырмау, жақсы айттыңыз-ау! Мен сонда: «Тоқташы, бір сәтке тоқташы!» дей жаздап, зорға шыдап қалып ем. Көрмей, көрсе де елемей кетті ме деп ем. Тоғжан, сізді қайтіп ұмытайын? – деп кеп, Абай Тоғжанның әдемі аппақ қолын ұстады»1.
Бүгінгі тақыл-тұқыл заманның қысқа қайыра, дәл көздеп сөйлейтін, есепке жүйрік жастары емес, өткен ғасырдың ұлы ақыны мен оның өзекжарды асығы қазіргі зымыран дәуір тұрғысынан ұзақ созып, артық бипаздап тілдесердей көрінуі мүмкін. Бірақ сол уақыттың дарынды мұрагері – М.Әуезов зердесі мен парасатына сенбеуге әддіңіз жоқ. Тумысынан шешен, өнерпаз халық ойын өрнектеп жеткізуге құмартқан. Ақтарыла айтудан қысылмаған тәрізді. Оның үстіне зиялы Абайдың өз мақам, мәнері бар. Мұндай қасиет жоғарыдағы шынайы диалогтан да көрінеді. Жігіттің қимыл, қозғалысы, жауаптасу рәсімінен баяу сабыр, аңқаулыққа бергісіз адал таңырқау, әсершіл жанның ықыласты, ынтызар сөзі байқалады.
Басты психологиялық құбылыс – Абай мен Тоғжанның бір-бірін өз жүрегіндегі отты сезімге лайық биіктен көруге ұмтылысы, ғашық көңілдерін қапысыз тануға ниет қоюы. Алайда, ол – сана астарындағы түсінік. Сүйіспеншілік сырын Абай ашық түрде, Тоғжан сыпайы ғана толғайды. Кінәласу, жеңіл наз, әлеуметтік орта аужайын түйгізетін ақталу лебіздері нанымды әрі жарасымды.
Үзіндідегі Тоғжанның соңғы лебізі көркемдік психологизм орайында мейлінше сенімді. «Сөйлеушінің эмоционалдық жағдайы ойлау процесіндегі сезім – заттық бейнелердің қатысу дәрежесіне, сөз ырғағына, оның тынысына, сөйлем құрылымдары мен лексикасына ықпал етеді»2, – деген пікір осындайда әбден дұрыс. Тоғжан үні қарапайым, бірақ дәл, ауызекі стиль сипаты анық. Сөз қайталау, пауза, толымсыз сөйлем, интонациялық екпіннің ой, әсер қуатын арттыруы шағын көріністегі мінез, қылық нанымдылығын күшейткен. Бұрнағы оқиға еске алынады. Мұндай ауыр ұлттық рәсім үстінде тіл қатысу болмаса керек. Екі жас та бір-бірін танығысы, өздерін аңғартқысы келген. Ол кездесу Абайға ғана емес, Тоғжан үшін де мәнді екен. Арадағы көңіл жарасымы осы іспетті нәзік жан қалтарысының пәктігімен шығандай түспек. Диалогта уақыт, мекен өлшемдері құмарлық күйінің өрістеу динамикасын елестетеді.
Абай өзін Тоғжанмен кездесуден кейінгі бір шағында шын бақытты санайтынын Ерболға сыр еткен. Кейіннен бұл көтеріңкі, алаңсыз ахуалдың қайталанбауында мән бар. Абай перзент бақытын қызықтау, Әйгеріммен бір кешкен жайлы, сәнді тіршілік тұсында да бозбала шағындағы бұла қуанышын аузына алмайды. Ақынның терең күйлі өнеріне ерекше қозғау салып, сағыныш зарын қосатын да – ұмытылмас Тоғжан бейнесі.
Тағдыр талқысымен алыс қиянға кететін ғашықтар қалған тіршілігінің ұзақ белдеріне дейін ежелгі ынтызар халден айнымас жағдайда жүрген. Мотыш үйіндегі кездесу, жат босағадағы Тоғжаннын ақыл, тоқтамы мен қимас сезімі мол кесікті сөзі аса шетін трагедиялық әуенмен суреттелген. Аурудан ес жиған Абайдың өмір соққыларының әсерінен соңғы ұзақ егілуі аяулы Тоғжанмен, енді оралмас жастық шағымен, көкіректегі нұрлы жан сәулелерімен мәңгілік қоштасу туралы астарлы философиялық мағынаға жетелейді.
Екінші кітаптың эпилогында Абай әні мен өлеңдерін естіген әр түрлі қауым өкілдерінің күй-сырымен қатар ауыл-аймағына сыйлы, жақсы атты Тоғжанның тебіреніс сәттері бейнеленеді. «Татьянаның Онегинге айтқан екінші сөзіне келгенде Тоғжан тағатынан айрылғандай болды. Көптен бері сезінбеген бір жалын жүзін де, жүрегін де лезде шарпып, жан әбігеріне салды.
«Өз сөзім емес пе мынау?! Басқа өмірге ырза болмасам да, көндім» деп тұр. «Сүюден, сағынудан жаңылмасам да, енді, екеумізге қайта бақыт жоқ» деп тұр ғой. Осы еді-ау! Жасын жұтып отырып айтса да, ауру досына Тоғжан өзі айтқан сөз еді-ау. Ұмытылмапты. Өшіп, жоғалмапты сондағы шын жалын. Енді әнге түсіп, мұңды шер мұншалық көрікті сәнге ауысыпты. Ойда жоқта бұған жеткен жан сәлемі сабырын алмай қояр ма! Тоғжан ыстық жастық шағын тауып қобалжиды»1.
Абай мен Тоғжан арасындағы сезім алауы әр тұста жаңадан пайда болатын тың леп емес, өзара түйісіп, жалғасып жатқан тұтас рухани әлем ретінде сипатталған. Қаламгер әрбір сөз, әрекеттегі мән, ахуалды жадынан шығармайды. Кейіпкерлер соны жағдайда бұдан ертеректегі зерде көріністерін еске алады. Көңіл, сана азабымен еске алады. Өткен күннің жылы шуағымен бірге кеудені қарыр суық сурет бар. Ол қазіргі уақыттағы күй. Тұрмыс алшақтығы мен ықылас, бейіл жақындығы көріністегі психологиялық қайшылық түйінін айындамақ. Енді қарасаңыз, олар ғашық та емес, дос екен. Жақсы сөз, орынды шешім. Уақыт, жағдай болмысына лайық ұғым. Екі адамның ән арқылы сөйлесуі. Ішкі «диалог» арқылы тілдесуі. Автор баяндауы қаћарманның субъектілік ыңғайына көшіп отырған. Өлең мазмұны мен өз тағдырын салыстыру. Абай тарапынан жанын әйгілей әрі жұмбақтай сәлемдесу. Тоғжанның үнсіз тоқырауы. Санаға, әдет-салтқа, тыйымға, яғни, табуға бағынбайтын сезімнің асау толқындары махаббат теңізінде алаңсыз тулайды. Адам өмірінің жарқын да мағыналы шақтарын М.Әуезов романда Абай – Тоғжан қарым-қатынасы төңірегіндегі әлеуметтік, психологиялық, этнографиялық деректер тұтастығы негізінде асқақ философиялық сыр айтуға ұтымды пайдаланады. Адам толық мәніндегі бақытқа қол созым жерде тұрса да, тілегіне жете алмауы мүмкін. Көп себептердің бірі – қоршаған орта, қауым. Сондықтан сан алуан қоғамдық тыйымнан (табу) аттауға тырысу шақтары елеулі тартыс, шырғалаңға әкелуі заңды. Шығармада мұндай психофизиологиялық қарама-қарсылық түрлерін шынайы бедерлеу реализмнің эстетикалық талаптарымен сабақтас. «Абай жолында» жоғарыда сөз болған рухани жағдаяттар нанымдылығы, махаббат сарындары терең жан құпия қойнауын ашуға бастайтын сюжеттік, мінез шыңдау арналарымен толысып, жан-жақты, ауқымды кейіп алады. Суреткер шеберлігінің бір қыры осында.
Роман-эпопеяда Абай қанша дау, тартыс арасында жүргенмен, ашық қарсылыққа келіп, сойыл сілтеуге жетердей жаулыққа баратын – Оразбай. Өмірде бұл өштік хикая 1891-97 жылдарға созылғанын айтады М.Әуезов1. Абайға, Абай бастаған ізгілік жолына көлденең күштің жиынтығы Оразбай істерімен бой көтерген. Шығармадағы «өз ойларына қыңыр бекіген Оразбай мен Жиренше Абайдың бұлардан тәсілқой қыры биік екенін сезе отырса да, дегендерінен танған жоқ»2 деген жолдардағы ұстамды да астарлы мінездемеден айналасындағы бақталас атқамінер Абайдан ақын деп, ақылды деп қана емес, досымен сыралғы, дұшпанымен алыса алатын айлалы қасиеті үшін ығатынын білесіз. Қызғаныш, араздығы мол топ ішінен суырылып шыққан Оразбай қылығы «Жығылсаң, нардан жығылға» келетін, атақты адаммен айтысудың өзін мәртебе санайтын, қаукөкірек надандық психология екені түсінікті. Кейіннен, Абай тіршілігінен соңғы заманда оның ұрпақтарымен сүйекшатыс болған Оразбайдың ертедегі қас дұшпаны туралы екінші бір көркеуде пендеге: «Ой, ақымақ, Абайға қарсы тұрам деп Оразбай атым шығып, әйгілі болдым емес пе? Мені Оразбай қылған Абай емес пе?»3 - деуі осы жайдың дәлелі. Осы сөзге қарап, зұлымдықтың қара дойырын қолға ұстағалы әрі әпенді, әрі әулекі, әрі залым Оразбайды жақсы көруге болмас еді. Өмірдегі деректерге қарамастан М.Әуезов романында Абай жауының арсыз әрекетін кешірмейді. Автор осы арқылы образ табиғатына сай нанымды көркемдік шешімге келеді. Жазушының бұл қадамы Оразбай қысастығын қолдаушы Әзімбай қатарына Шұбарды қосып, бұл масқара оқиғаның дем берер құптаушысына айналдыруындағы қаламгер қиялының еркіндігімен егіздес хал. «Абай өмірбаянында» М.Әуезов Тәңірберді, Әзімбайдың опасыздығын айтумен шектелген еді4. Суреткер тұғырнамасы, характерлер логикасы ћәм психологиялық тартыс құру ниеті мұндай ойдан қосу элементтерінің роман ағзасына сіңімділігін танытқан. Шұбардың түптұлғасы Шәкәрім қажы деп ұғыну қате. Шұбар – суреткер қиялы мен реализмінің жемісі, көркем образ.
Оразбайдың күншіл, кекшіл мінезі романда Оспанның ренішті назарымен, ояз бастығы Казанцевтің іштей жиырылған, қауіп қылған сақ көзімен, Базаралы мысқылы, бұны желіктірген желбуаз болыс, билердің көпшік қойған жалған қулық есебіндегі психологиялық нюанстар арқылы суреттеледі. Сейітке қолданған зорлық жазасы, Сақ-Тоғалақ елінің асып-тасқан байды сабасына түсіруі – Оразбайдың нақты әрекет үстіндегі кейіп-кескіні.
Оразбайдың Абайды туған бауырларынан ажырата бөліп, жеке басын, тек қана өзін айыптап, шағым айтуынан басқа түгіл орыс ояз сескенеді, арызшының «алысқан адамына көп тор құратын және айлалы адам»1 екенін сезеді.
«Өзіңізге бағынышты халқыңыздың тап ортасында бүлдіріп отырған осындай бұзақы адам бар» – деп, содан көрген қорлығымызды айтсақ, айып-шамы жоқ па екен?! – деп сұрады.
Мұндай айлалы сауалмен Оразбай Казанцевтің өзін де Абайға қарсы ақылшы етіп алғысы келгендей.
Казанцев мұны да аңғармай қалған жоқ. Ояз начальнигі енді анық танып отыр. Мынау кесек қырлы мұрынды, ашулы өткір көзді қара сақал қайсар қазақ, Ибрагим Құнанбаев сияқты кісіні айыптау керек болса, қандай жаманшылық, жаланың бәрінен де тартынатын емес»2.
Дала жырындысы мен қала сырқындысының арбасу сәттері шетін көңіл әуендерін қамти бейнеленген. Абайдың кім екенін білмегенмен, Казанцев оның ел ортасындағы салмақ, орнын да байқай түседі. Оразбайдың қателігі – Казанцевтің бейтараптылығын ұғына алмауында, оязды өзіне жақтас санауға бейімдігінде. Ақ-қараны ажыратпай, әлдекімнің қол шоқпарына айналу ессіздік екенін әккі чиновник өткір сезінеді. Шеті көрінері сөзсіз пара – сыйға құлай салу жоқ. Қыр тұрғындарының бір-біріне деген өшпенділігінің қиямет қаттылығы басқа ұлт өкілін таңырқатпай қоймаған. Оразбайдың өлермен батылдығын да, қайту бермес қатыгездігін де қаламгер Казанцев сезім түйсігіндегі нәрлі көріністер арқылы жеткізеді.
«Ол әр сөзді сараң етіп, төтесінен қайырғандай, бір-ақ айтып қалады. Сонда айласын да, бәлесін де аңғартпайды. Томаға-тұйық турашыл кісі боп көріне біледі. Үнемі томсарған салқын әрі шыншыл жүзбен сөйлейді»3. Бұл – Әзімбай.
«Әзімбай болса, енді қымыз ішіліп болған шақта, Абайдың бұдан әрі сөйлескісі келмеген ажарын аңғарды. Жаңағы сөздерден оның өзінше түйгені де бар. Абай бұл жорықты ең әуелі мақұл демейді. Екінші, Әзімбайдың ойынша, осыны Оразбайдың бастағанын тағы жақтырмайды. Дәл осы соңғы жайды есіне ала бере Әзімбай іштей өзінің құдасы жаққа шықты. Абай баяғы бас араздығы бойынша Оразбайға жақсылықты қимайды. «Қай жерден шаң берсең де, сенің қоймаңды біз де көріп отырмыз», – деп өз ойын түйді. Абаймен іштей арбасқан қалпында, оған әсте сенбес кеудесін және де қымтап, мықтап алып жүруге ыңғайланды»4.
М.Әуезов Тәкежанның ұлы Әзімбайды сипаттауға келгенде ащы наразылық білдіре сөйлеуден тартынбайды. Әдетте көңіл интонациясын ашық білдіруден қашатын жазушы осы тұстарда жасырынбас ашық бағдардан жаңылмаған. Ыза, ашыну бар. Образ сырын көзі жеткен қырағылықпен, өзгермес ниетпен, түрлі түйткілдердің түбін қопара бедерлеу нәтижесінде ашуды аңғарасыз,
Бала кезінен Қаражандай шеше сөзінің әсерімен Абай ағасына өздерін қызғанар деген оғаш күдікпен, оқшау ересектікпен қарайтын Әзімбай алғашқы пікіріне кейін де қайта оралады. Үнемі солай ойлағаны байқалады.
Әлсізге жасаған зорлық-зомбылығын атамағанда, Әзімбайдың жұртты шағыстырудан алар ләззаты зор. Мал үшін Оспанның қайғысын ысырып тастап, Еркежанды әкесіне әпермек боп жанталасуы, сайқал қулығы мен мақарлығы, құбылымпаздығы таң қаларлықтай. Әйелді әйелше, еркекті еркекше соғыстыруға «шеберлік» қажет. Тәкежанға жар, Қаражанға күндес табу – бесіктен белі шықпай жатып, бәленің белдігіне жармасқан, арамзалықтың жалын тартып, озбырлық сәйгүлігіне мінген Әзімбайға үлкен бір міндет сияқты,
Екінші үзіндіде М.Әуезов кейіпкер сана ағымының сипатын ескере отырып сөйлеуге ден қояды. Мінездеу мен баяндау үрдісіндегі психологизм иірімдері оқиға мен жан құбылыстарының әр тарапта шарпысу әсерін дәл де жіті саралауға негізделген. Ортақ төл сөз үлгісіндегі сөйлем, ішкі монологтық реплика ой мазмұнындағы қасарысқан егес болмысын ұтымды кестелеген. Әкесіндей адам, даладағы дана, халық ұлы – ақынмен алысу Әзімбай үшін үлкен мін. Қаламгер қанын қайнататын, тіліне удай зәр қосатын ішкі себеп осындағы назарланудан тумақ. Күлкі де, кекесін де жоқ. Анық, бейнелі, үнсіз сарказм, сырттай сынау, іштей тұтығу сарыны басым. Әзімбайдың осы ұғымы, жалған, есер құпиясы аты өшпес тарихи трагедиялық оқиғаға жол сілтегені хақ. Абай Әбен, Оразбай тобының соққысына жығылады. Ел сүйегіне одан артық таңба жоқ. Абай жанын кемірген үлкен қасіреттің бірі өзге емес, ағайын араздығы мен қастығына ұшыраудан көрінгенін Тәкежан, Әзімбай, Шұбар және жас гимназистер Нығымет, Жәлел Құнанбаевтар қылығы терең өрнектейді. Өзін зор, өзгені қор санау, кісімсіп, дандайсу кейінгі жастарда да жеткілікті. «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ? « – деп зарлаған ақын сырының шындығы зор рухани сезімтал жанармен бейнеленеді,
Романда Әзімбай сұрқиялығы ашық жақтырмау түрінде суреттелсе, ақын әрі әкім, Абайға іні Шұбардың пиғыл-әрекеті неғұрлым жұмбақ, салқын ызғармен бедерленген. Әзімбайдың содырлығы мен арам есебі әр кезде белгілі болып қалып жатса, Шұбар зымияндығы мен іштарлығы көбіне бұқпалап көрінеді. Жазушы Абай әсерін тікелей суреттемейді, өз тұрғысынан түрлі айқындау арқылы ықшам мінездеме беріп отырады. Ақ, қараны ажырата алатын ой, түсінігі бар Шұбар ақын аға қасиетін білсе де, оған қас ағайынның ішінде жүруді қолайлы санаған. Парасат иесі, әділ Абайдан төнер бұлт жоқ. Әйтсе де Шұбар аға алдында сыр алдырмауда. Әзімбай тәрізді тік шықпай, өкпе, қыжалын жан қоймасына жасыра біледі. Көңілі мен ісіндегі кереғарлық Шұбар тұлғасын психологиялық кернеумен нәзік өрнектеуге мүмкіндік берген. Абайды дұшпандарымен бірге жамандауға елеусіз ғана қосыла кететін зымиян ептілігі, сырттай сөгіп, бетке келуі, Оспан әйелдеріне қатысты эпизодтардағы монтансыған жылмаңдығы, күйік жеген бейшараларды тәлкекке салғысы келгендей шағы, жүрегінің суықтығы, ең аяғы Зейнептің аңғал сөзін шыға бере сайқымазаққа айналдыруы табиғатынан ала-құла мінез құпияларының жік-қалтарыстарын жариялайтын ыңғайда әдіптеледі. Абайдың дүлей күштен қорлануына кінәлі бола тұрып, ел-жұрттан кетуге бет алған сәтінде ат шылбырына оратылып, жорта қайғырған сыңай танытатын Шұбар аярлығы романдағы реалистік стиль мақамын арттыра түспек сезімтал қуат нәтижесінде шебер мүсінделгенін байқаймыз. Өзгермес мінездің өзгеге тосын құбылыстары жазушының жіті назарынан қалыс қалмай, сирек жағдайда шамырқанар уытты тілі мен сергек түйсігіне қозғау салады. Шұбар бейнесі Абай ақындығы мен ізгілігінің күңгірт күндеушісі, атышулы Сальери сырқатына ұшыраған драмалық тип есебінде қызықты. Ол – М.Әуезов талантының жемісі.
Абайға Оспан қазасынан кейінгі рухани жалғыздық, әкелік қасірет әкелген ахуал – сүйікті ұлы Әбдірахман науқасы. М.Әуезов кейіпкерінің терең жан азабын тікелей суреттейді: «Абай бұл күнді күні бойы және осы түнді де оңашада жапа-жалғыз, қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде толас таппай өткізді. Біресе зор кеудені сілкінте, қалтырата шыққан ыстық жалын, күрсіну естіледі. Бірде сыбырлап әлденені сөйлеп кетеді. Қапалық сөздерді жиі-жиі сыбырлап, асығыс әлденені айтып-айтып кетеді. Оқта-текте бар зар, шерінің қайырмасындай етіп, алыстағы асыл баласының атын соншалық ынтызарлықпен қатты сыбырлап атай береді. «Әбіш», «Әбіш», «Әбіштайым менің» – деп қалады»1. Мұнда ішкі сезім тақсыретіне, психофизиологиялық құбылыстардың әрекет, қимыл сияқты сыртқы факторларына көңіл аудару басым. Сөйлем құрылымдарындағы бірыңғай ырғақ, қос сөздер, лексикалық қайталаулар қаћарман жүрегіндегі шарасыз күйді, үміттің тозып, күдік тұманының қаптау үрейін үдете бейнелеуге қызмет етеді. Мағаш өлімінен соң «Абай үшін қазір дүние жыртылып, бұзылып, құлап, тозып бара жатқандай. Бұл білген жақын дүние дәл солай»2 екенін М.Әуезов кестелі тіл, отты көңіл орамымен айшықтайды. Ауыр қасірет елесін ұштай түсуде психологиялық орайда уақыт өлшемін куәлікке тарту, тіл тұрғысынан көсемше етістіктердің синоним жасай кезектесу ретінің мәні мол.
Ақынның жеке басындағы трагедиясына дейін-ақ қоршаған сөзқұмар, мансапқор, керауыз ел жуандарынан көрген қыспағы жеткілікті болатын. Қарамолада жандарал келіп, Абайды Оразбайлар арызымен жер айдатар деп сенген надан топ, әдеттегідей, тағы да ақын мерейі кенеттен үстем шыққанынан түсінбей дал. Ояз кеңсесіндегі Лосовский де ақталушыға жонын беріп, жалт бұрылған. Абай ақылы мен тура шешімі, білім-парасаты қаптаған көркеуде бақталастарының байлығы-базарлығынан басым тартқан. Жандарал мен Құнанбай ұлының сөз алысу, жүріп-тұру рәсіміне қадала қарап, пәле күткен, халық ардақтысының сүрінуін, жығылуын тосқан арамза көздер төмен қарап қана қоймай, демде құбыла қалып, әзірдегі жауына ілтипат көрсетіп, құрақ ұша, жағына қалуын дәл аңғарып, сыпайы мысқыл реңкімен бедерлеуде М.Әуезов қаламы жүйрік. Айналасындағылардың екіжүділігі мен ессіз дүмшелігі, соған қарамай кекшіл, зұлымдығынан түңілген кемеңгер тұлғаның өмірде сүйенер тірек таппай, «бір үлкен шегі жоқ, лай толқынды, қанды судың ішінде жүзіп келе жатқандай»1 болуы дәлелді. Бейнелі тіркестер, түс, түр, қимыл сипатын ажырата ашатын айқындаулар кейіпкер жанының шын қиналыс шеккен, жиреніш алып, қорқынышқа бергісіз күй кешкен мезеттерін нақты елестеткен. Ұлы Абайдың алдағы өлім сағатынан сескенбей, арғы дүние жарқабағынан түршікпейтін назалы халін көркемдік тұрғыдан дәйектеу үшін төрт кітапқа созылған қиян-кескі тартыс, дау, ұрыс-соғыс оқиғалары жан-жақты толық қызмет атқарған. Абай трагедиясын ұлттық трагедия дәрежесіне жеткізе суреттеуде жазушы психологизмінің үлесі зор.
Ал жас Абайдың арман, мұрат, пенделік қиялға толы күндері мол еді. Өзге емес, Құнанбайдың ұлық баласына тән өркөкіректігі де аз болмайтын. Мысалы, Қарқаралыда басы даулы әкенің қамымен қонақ күтісу қамында жүрген Ызғұтты, Қаратайлар мен басқа меймандардың бұны кіші санап, елемейтін шағына ерке мінез, намысқой жеткіншек іштей наразы боп қалған. Неге? Құрмет-қошеметтің аздығына. Суреткер осындай шағын сезім шарпуына да мән береді. Мәселенің маңыздылығын, Құнанбай жағының қарсыласына иілуін, тойтарыс алуын көрсету әрі рас, жалғаны аралас көп ілтипатына дағдыланған байбатша Абайдың қарапайым жандар сияқты әңгіме, жаңалыққа құмарлығына қоса өкпешілдігін, аңғарту көзделген. «Ат шаба алмас мінімнен» дейтін данышпан ақынның сыншыл да шыншыл рухын терең қамти танытуда бұл тәрізді психологиялық детальдарға тиетін рөл елеулі.
Романда бас кейіпкердің бұрынғы өткен жайларын ойына түсіру эпизодтары кездеседі. Қодар қорасының маңына жету әйгілі қанды оқиғаны еске салса, Сүйіндік бәйбішесінің бауырмал лебізі Абай жанында Кәмшат пен анасы Айғызға деген сызды аяныш туғызады. Зере әженің бір ақылды күйін уақыт асырып көңіл таразысына тартатын (Абайды ерекше көру әсері) Ұлжанның жылы сөздерді сәл өзгертіп айтқанын сергек зерделі, әзиз жүректі Абай күрсіне ұғынады. Аңшылықта жүріп адасып, сырқатқа ұшырайтын ақынның қиналған сағаттарда көз алдына екі аяулы бейне – Ұлжан мен Тоғжан елесі келеді. Мұндай жады жаңғыртуға байланысты көріністер қаћарман жанының ізгілігін айшықтау ғана емес, рухани өреде өсіп, толысу, сана аясындағы марқаю басқыштарын саралап білуге қажет. Сезім, зерде, ақыл, шешім ұғымдарының уақыт пен мекен арақатынасына сай бірқалыпты жағдайдан гөрі қозғалысқа түсетін, жетіліп, дамитын құбылыс екені байқалады.
Эпопеяда ашу, ыза-намыс, кек әуендерінің сан алуан әрекет, қимылға ұштасқан мезеттері шегіне жете суреттелген. Бірақ М.Әуезов үлкен майдан, қиян-кескі ұрыс сағаттарының өзінде қатерлі жағдай астарындағы қалыпты тіршілік сарындарын ұмытып кетпей, қоса пайымдау биігінен табылады. Аяспас шайқас кезінде қарсы елдегі көңілдес қызды қапсырған құшағын басына қайнаған су құйылғанда да жазбайтын Мархабай, қызы Керімбаланың кегі үшін қатулана соғысып жүрген шын салмақты, ызалы Сүгірдің қарсылас топтың адамын найзаға іліп құлатқанмен, өлі, тірі түскенінен қорқатын сәті, жуас Көкен аулы жігіттері: Еңсебай, Құлжатай, Бестайдың жуан тобықты жасағымен соғыста керемет қайрат көрсетуімен бірге алғашында ерепейсіз жүрексінуі іспетті күлкілі ахуалдар жазушы назарының кеңдігін, өмір сырын диалектикалық деңгейден түсіне алатын ауқымды көңіл тынысын дәлелдемек.
М.Әуезов психологизмінің мән-мағынасын тану үшін шығармадағы түс көру, соған қатысты әсер бөлісу мезеттеріне тоқтала кету артық емес. Ұзақ эпопея бойында салқар тарих қойнауын бейнелей отырып, далалық тұрғындар тіршілігінде жиі орын алатын діни-мифтік, этнографиялық салт-сананы қағажу етіп, сыртқа тебу шындыққа жанаспас еді. Әрі-беріден соң сахара көшпенділерінің әр от басы бір-біріне ұқсас күндерін әрлендіріп, түрлендіру туралы жадында қалған елес суреттерін баяндап, талдаудан бастаған. Болашақ жағдаяттар жайлы көк тәңірісінен түскен хабаршы ретінде түс мазмұнын дұрыс жоруға, жақсыға мегзеуге тырысқан. Кейде шынымен қауіп алған. «Абай жолында» Кәмшат өлімін алдын ала сезіп, шошынған Айғыздың халі – осының айғағы.
Көп жағдайда түс – адамның жиі қиялдайтын тақырыбының даму сатысы. Абайдың Тоғжанды сағына елестете отырып, ол салған әнді өңінде естуі мен әлі беймәлім Шүкіман – Әйгерімді жүйрік түйсігімен сезуі жігіт аңсаған махаббат алауын қайта тұтатар ахуал есебінде көркемдік сипат алады. Қажып, талған шақтағы бұл айқын көріністің аяндай шындығы Абайдың өзіндегі ақындық қабілетке сенімін тудырады. Әйгерімді Тоғжан жаңғырығы деп түсінуге ден қояды. «Патша құдай, сыйындым. Тура баста өзіңе» (9, 39), – деп Аллаға сыйынып өткен ақын табиғатына мұндай мінез жат емес.
Романдағы ендігі бір түстер символ арқылы болашақ тартыс жобасын ишара етеді. Басына қатер төнсе де, жауларына есе бермей шығатын Абайдың Қарамола шербешнайындағы жеңісін Байкөкше ақын түлкі, төбет, бөрі, қабылан, арыстан тәрізді жыртқыштар әрекеті түрінде көрінген түс оқиғасына желілес болжап, жыр төксе, ғашық Дәрмен қолы байлаулы Мәкен тағдырын бейнелі қалыпта сезінуін зарлы өлеңге айналдырады. Дәрмен түсі шындықпен толық сәйкес.
Түтеген жұт боранында ажал құрығына бара жатқан Алтыбай жылқышыға әйелі Іңкәр жайлы төсек салып жатады. Ол – өлім төсегі. Алдағы рас қасіреттің емеуріні.
Осы эпизодтардың бәрінде де кейіпкерлер санасындағы ырықсыз өрнектер олардың саналы тіршілігіндегі ой, арман, іс, тілек бағдарын тереңдеп ашуға үлес қосады. Жан құбыластары жалаң күйінде емес, жалпы әлем тынысымен үндестік табатындай күйде: зор философиялық, ассоциативті елестік, реалды абстракты қасиеттерді жинақтай бейнеленеді. Адамдар сана мәліметтеріне иланып қана қоймай, біліп-таныған жайын рухани өмірінің қымбат қабаттарының біріне санайды.
Қайтыс боларының алдында Абай: «Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды... Мен ішпеген у бар ма! Жүрегімді көрші, міне, жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жазық, не айыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма?..»1, – деп, ақтық запыран толғанысқа кете отырып, қасындағы жалғыз Дәрменге «Жапан түз, елсіз, жолсыз сардалада» өскен «жалғыз түп ағаш» туралы аңыз жайын тұспалмен әңгімелейді. Жарық дүниемен соңғы рет саналы түрде бақылдасуы. Бүгінгі күннен күдер үзсе де, болашақ дәуірге әлсіз үмітпен қарайтындай. Дауылда бұтақ, жапырағынан, гүлдерінен айрылған ағаштың жерде қалған бір дәні – Дәрмен тәрізді аға қадірін, ізгілік дәстүрін аялап, жалғастыра алатын көкірегі ояу жастар. Дәрмен ұстаз сөзінің жұмбағын дәл шеше біледі. Абайды алып бәйтерекке теңесе, өзін сол зәулім теректің бір тармағына балағанын ұғады. Бірінші кітаптың соңындағы символдық образға қайта оралу бар: «Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті»2. Шығарма қаћармандары қандай құштарлық, тартысқа толы отты тірлік кешсе, қанша орамды, шешен сөйлесе, сол көркем панораманы тудырған М.Әуезов қиялы мен тілі бас кейіпкері – Абай өмірінің мәнін де астарлы символға, өзекжарды идеяның асқақ, асыл нышанына айналдырады. Бұл жағдайдағы символ – дүние сырын кең құшақ, терең зейінмен уақыт философиясының сынына сала қараудың жемісі. Ойлау жүйесіндегі индукция мен салыстыра саралау тәсілдеріне негізделген жолдардағы психология шындығы көтеріңкі, әуезді поэтикалық тіл, интонация мен лексикалық мағына үдемелігі, ұтқыр теңеу, қуатты метафора қызметтері нәтижесінде анық танылады. Ол сезімдер: қайғыру мен тамсану, таңырқау мен қорқу, өкініш, нала мен ертеңге сенім, мәңгілік өмір ақиқатын мойындау. Дана Абай, шерлі Абай, халықтың Абайы ұлылық асқарына қасірет шатқалының тас, құзынан өтіп жеткенін білеміз. Мұхтар Әуезов тұғырнамасы бойынша Абай өлімі ақыл-ой, мейірім, парасат ғарышындағы алып бір ғаламшардың жарылысына тең. Зерделі сөздер тынысы осынау қазыналы қымбат сырға меңзейді.
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы психологизм ерекшеліктері ұзақ та сан салалы. Оны синтетикалық психологизм аясында қарай отырып, жазушы кең баяндау ауқымдылығына сай мол қарым байқатады. Терең жан талдауынан тізгін тартып, аз ғана көңіл нюанстарын сездірумен шектемей, көбіне ой, түйсік түйткілін тарата сөйлеуге жетелейтін қасиеттер шығарманың жанрлық талаптарынан туады. Ендеше М.Әуезов психологизмі, шартты түрде айтсақ, – эпикалық психологизм, құлашты психологизм, өткір психологизм: қазымыр, сырдаң, анайы суреттеу емес, мәдениетті проза талаптарына сай өресі биік, сұлу сырлы, аңғарғыш, аяғыш, әділ де мінезді психологизм. Бюффон айтты дейтін қанатты ой: «стиль – адам» деген сөзге қарасақ, М.Әуезов – адам мен М.Әуезов – суреткер бірінен бірі биік, бірінен бірі терең екенін аңғарамыз.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романы ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің үздік туындыларына тән рухани, мазмұн, пішіндік тұрғыдағы өміршеңдікті дәлелдей білді. Ұлттық сөз өнерінде күнделікті ұранға еліктеп, осы замандық шығарма беруден асып, алыс тарих сілемдеріне көз салып, іргелі жаңалықтар ашу дәстүрі қалыптаса бастады. Мұхтар Әуезов шын дарынды шығарма қандай уақыт қысымына болмасын бой алдырмастан, озық мұрат, адамзат игілігі үшін қажет аса нәрлі, қымбат шындықты игеруге әрдайым қабілетті екенін талант құдіреті арқылы көрсетті.