Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.

Қазақ романы алғашқы үлгілерінен бастап, ел өмірінің әр саласын қамтыған көп тақырыпты, көп салалы өнердің түрі болып көрінеді. Әсіресе, 20 жылдан басталған қоғамдық өзгерістер, халық тіршілігінің жаңаруы, оның тарихи жолын зерделеу қаламгерлік ізденістерге мұрындық болды. Сол арқылы болған оқиғаларға халықтың қатынасы, қоғам мен адам проблемалары эпикалық прозаның негізгі тақырыптарының біріне айналды. Бұл, бір жағынан, болып өткен, жүріп жатқан тарихи оқиғаларға шығармашылық көзқарастың тұрақтануына себепкер болса, екінші жағынан әдебиетті де, оның эпикалық проза үлгісін де есейтті. Отызыншы жылдардың бас кезінде қабат-қабатымен туған жаңа романдардың қазақ халқының төңкеріс кезіндегі және одан соңғы өміріне көңіл аудару себебі де осыдан еді. Осы дәуірде туып, сол өзгерістер шындығын жырлаған романдардың бастылары – Б. Майлиннің «Азамат Азаматич» (1934), І.Жансүгіровтің «Жолдастар» (1935), М.Дәулетбаевтың «Қызылжар» (1935), С. Мұқановтың «Теміртас» (1935), «Ботагөз» (Әуелде «Жұмбақ жалау» болып басылған – 1938), Ғ. Слановтың «Дөң асқан» (1938) романдары болатын.

Аталған романдардың өзі негізгі бір тақырыпқа жазылғанымен, іштей екі топқа бөлінеді. Оның біразы қазақ даласына төңкерістің келуі, оның себептері, әрі қарай дамып, кеңес өкіметінің арнауы, соған қатысқан адамдардың жауынгерлік бейнесін ашуға арналса, екінші топтағы романдар төңкерістен кейінгі ел өмірі шындығын бейнелейді. Олардағы тартыс, күрес идеясы сол заманның ең басты ұғым-түсінігіне лайық, таптық қайшылықтарды, содан туған езуші мен езілушінің бітіспес арпалысын ашуды көздейді.

«Жолдастар» романы – І. Жансүгіровтың проза жанрындағы ең көлемді туындысы. Өз заманында әдебиет сыншылары мен оқырман қауымды елең еткізген бұл шығарманы автор әлі де жалғап отырмақ ойда болған сияқты. Оған «бірінші кітаптың соңы» деп қол қойған. Негізгі шығармашылық қызметін поэзия жанрына арнаған Ілиястың үлкен прозаға барып, өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеруінің өзі ерлікке пара-пар. Оның үстіне алғашқы қазақ романының бірі болғандықтан, автордың тәжірибесіздігінен туған кейбір олқылықтары да байқалмай қойған жоқ. Қыр еліндегі қазақи өмірді реалистік тұрғыдан суреттеу ғана емес, өзінің көркемдік ұстанымымен, алынып отырған тақырыбының сонылығымен және оқиғасының қызықтылығымен де тартымды оқылады. Осы бағытта әдебиетші ғалым Мырзабек Дүйсенов «Жолдастар» романына өз көзқарасын айқындай келе: «Жолдастар» романын Ілияс Жансүгіров о баста екі кітап етіп жазуды жоспарлаған да, бірінші кітаптың сюжетін Қазан революциясының жайына, екіншісін – халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуіріне арнамақ болған. Бірақ романның екінші кітабы жазылмаған»1, - дейді.

Мұндағы суреттелетін жағдайлар ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамына енген әлеуметтік-рухани өзгерістерді жаңаша танып, көркемдеп жеткізуге негізделген. Кейіпкерлері – киіз туырлықты қазақ шаңырағында өмірге келіп, көшпелі тұрмыстық жағдайда өскенімен, ер жете келе, қалалы, кентті жерлерді сағалап, өздерінің күнкөрістерін сол маңайдан тапқысы келген жаңа буын өкілдері. Былайша айтқанда, романда аттары аталатын Сатан, Мәмбет, Мардан, Шақшай, Нұрәділ, Шеркес Қали, Ғазбекқара, Кәрім және тағы басқалары жаңа туған қазақ пролетариатын құрайды. Алайда, қоғамдық-әлеуметтік ортасы, таптық күрес жайы, ұғым-түсінігі, еңбекке деген көзқарасы тұрғысынан қарағанда бұлар шын мәніндегі пролетариат деңгейіне жете қоймаған бірақ көшпелі қазақ ортасындағы феодалдық ұғым-түсініктерінен біртіндей босап, ұжымдық ортаға ыңғайлана бастаған, революциялық сананың ырқына енуге даяр, қазақ қоғамындағы жаңа таптық құрылымның мүшесі болуға бейіл жандар.

Шығарманың бастапқы бөлігіндегі тарауларда негізгі кейіпкерлер бір-бірімен тікелей араласпай, бет-бетімен жүреді. Тіпті өмір жолдары бір-бірімен қиыспай жататындықтан, автор әртүрлі сюжеттер мен кейіпкерлерді қалай алған деген қисынды сұрақ та көлденеңдейді. Шығарманы осы тұрғыдан қайта қарап, композициялық құрылымын әлі де ширата түсу қажеттігі кезінде сөз де болған. Бірінші тараудың «Не қыламыз?» деген тараушасында Тәжи, оның шешесі Сәтбаланың Шалматай қажыдан қой алып бағуға ниет қылғандары айтылады. Екеуінің әңгімесін тыңдап жатқан Сатан бұл тараушада екінші қатардағы кейіпкер ғана. Бұдан кейін Сатанның қой алып бағып, көп шығынға ұшырағаны, ақырында табыс таппақ түгілі Шалматай қажының есігінде тегін жұмыс істеуге тура келгені әңгіме болады.

Романның басқа кейіпкерлері Мәмбет пен Мардан оқиғаға романның орта тұсынан араласады. Бұл екеуі де жастай көп қиыншылық көріп, ақыр соңында орыс байларының Ертіс өзеніне жүргізген «Светлана» пароходының үстінде табысады. Олардың бұған дейінгі өмірінде күнкөріс үшін жүріп, бастан кешкен қиындықтарының өзі бір төбе. Ертеректе аралас-құралас болған оларды тағдыр тәлкегі екі жаққа айырып жіберген. Өмірдің қия соқпақтары ақыр соңында өзен үстіндегі пароходта табыстырады. Сатанның өмір жолы өз бетінше дами отырса да, аталған жігіттермен қайта-қайта түйісе береді. Бұлардың барлығына ортақ жаңа әлеуметтік орта қалыптасып, өмірді алыстағы ауылдан гөрі кеңірек түсіне білуге лайықты жағдай туады. Жазушы адам өмірін өзгертетін ең алдымен еңбек ету ортасы, ұжымдық түсінік екенін сездіреді.

Бұлар 1916 жылғы патша әмірі бойынша майданның қара жұмысына да ілігеді. Тарихтың тегершігі шапшаң айналған кезеңде бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Ақпан және Қазан төңкерістерін қарсы алады. Дүниені дүр сілкінткен 1917 жылдан кейінгі халықтың дүмпуін, ескі мен жаңа көзқарастардың қайшыласуын, Азамат соғысы шындығын көреді.

«Жолдастар» романының кейіпкерлері, міне, осындай қоғамдық-әлеуметтік сілкіністердің, ел ішіндегі дүрбелеңдердің ортасында көрінеді.

Жазушы өз кейіпкерлерін кедей таптың өкілдері ішінен таңдағанмен, оларды таза саяси көзқарасы тұрғысынан бірден жетілдіріп жібермейді. Шығарманың реалистік сипатының басым көрінетін тұстарының бірі осында. Ол кейіпкерлердің жеке түсініктері мен көзқарастарын, адами ұстанымдары мен мінез-құлықтарын шынайы суреттейді.

Мәселен, Сатан – жастайынан кедейшілік тақсыретін әбден тартып, өз қолы өз аузына жетпей өскен жігіт. Қаншама адал бейнет жасаса да, өмірдің қатігез қалпы, үстем тап өкілдері тарапынан орын алып жатқан озбырлық аяқ аштырмайды. Ақыры Жамантай шал сияқты қойшылардың теріс ықпалымен бөтен малдан қой ұрлап союға қатысады. Сөйтіп алғаш рет ұрлық жасауға, бөтеннің мүлкіне қол сұғуға қадам жасайды. Көптеген оқиғаларды бастан кешіре отырып, қаладағы жүкшілердің тіршілігіне араласқан Сатан бар-бара ұйымдасқан ұрлық жасауға да ұрынады. Ол Ганшин байдың қоймасынан жәшікті ұрлап алып шығып, жолдастарына жеткізіп береді. Ұрылар үшін мұндай әрекет – өз ортасында бедел әперетін жағдай. Ұрлық жасау арқылы абыройға ие болу – тек криминалистік топтарға тән құбылыс.

Бірақ ол жүрген ортадағы жұмысшы жігіттердің көзқарасы өздерін езіп-жаншушы озбырлық иелерінің мал-мүлкіне қол сұғу қылмысқа жатпайды деген ортақ ұғымға саяды. Бұл сол бір кезеңде етек алған ортақ әлеуметтік көзқарастың салдары екендігі сөзсіз. Тауқыметті тіршілік, ұшы-қиыры көрінбейтін бейнет, нәтижесіз еңбек, байлар мен озбырлардың қиянаты, осының бәрі жиналып келіп адам баласын еріксіз тұрпайылыққа жетелейді. Мұндай ортада рухани қасаңдық орын алып, күнкөрістің қамы неше түрлі жаман қылықтар пайда болады. Екі қолға бір жұмыс деген көзқараста жүрген жігіттердің еріксіз нәпсінің құлына айнала бастауы адам табиғатының әлсіз екендігін ишаралап тұр. Жұмыстың көзі көрінген жерлерде, жүк тиейтін, түсіретін орындарда, пароход пен базар маңайларында жүрген адал адамдардың өзі қылмыс жасауды қатардағы іс деп санауға бейім. Ал мұндай жерлерде ұры-қарылардың, қарақшылардың, баукеспелер мен алаяқтардың төңіректейтіні де – қоғамның ащы шындығы.

Бұл жөнінде Сатанның ой толғанысы, қалыптаса бастаған пікірі мынадай болып келеді: «Сатанның ойынша; қаладағы қазақ жігіттері – жуликтеу, уәдесіз, құмарпаз, арақ ішкіш бұзық – ана Шақшайлар сияқты болады. Көбінесе қалаға келіп бұзылған жігіттерде бауырлық, жолдастық деген мейірім болмайды: арақ үшін, ақша үшін қасындағы жолдасын сатады. Сатан ел ішінде жүргенде қалаға кеткен жігіттерді, қаланың тұрмысын осыдан бөтен деп ұғынған емес»1. Яғни, бұрын қазақ арасында кездеспеген осындай әлеуметтік-моральдық сорақылықтардың орын алуы қалаға жаңа келген қыр адамы үшін ауыр да қисын. Таза қазақи ортада өскен бозбала мұндай жағдаяттарды қабылдауға әлі даяр емес.

Негізінде қазақи адал түсінікпен өскен Сатан, Мәмбет, Мардан, Нұрәділдер біртіндеп өздері жүрген ортаның ырқымен түрлі қиын ситуацияларға ұшырай бастайды. Осындай адал еңбектерін күнкөрістің тірегі еткен жандардың маңайында-ақ көрінетін Шеркес Қали, Ғазбекқара, Шақшай, Кәрім және т.б. жігіттердің бұзықтығы басымдау болып жатады. Өздері шамалы уақыт бір-бірінен ажырап қалса, айлар өте келе, қайтадан кісінесіп табыса қалулары да қиын емес. Қазақ пролетариатының қалыптасуы, міне, осындай жағдайды бастан өткізуде. Бұлар тек жұмыскерлер ғана емес, большевик революционерлердің лыпып дайын тұрған қарулары деуге де болады.

Сөйтіп революцияның авангарды саналатын жұмысшы табының Қазақстанда, қазақ арасында қалыптасуы аса күрделі әрі қиын жағдайда өткенін жазушы мінсіз кейіпкер іздемей-ақ, қаз-қалпында суреттей біледі. Шамалары келсе, сатылатын әйелдерді жағалау, қисынын тауып төбелесе кету, ұрлық-қарлық жасау сияқты көлеңкелі жағдайлар кейіпкерлердің бір-біріне деген сеніміне, адалдығына, еңбекқорлығына тікелей әсер ете қоймайды. Кейде іс басқарушылар мен подрядчиктер жұмысшыларды бір-біріне айдап салып жатқанымен, түбінде кімнің ақ, кімнің қара екендігін өздері-ақ түсіне алатын деңгейде.

Роман тек қазақ жұмысшы табының тарихи өтпелі кезеңдегі ахуалын суреттеумен шектеліп қалмайды. Онда этнографиялық, тұрмыстық суреттер аса мол. Қазақи ортада жиі ұшырасатын типтік ситуациялар, тартыстар мен шиеленістер – түрлі сюжеттік линиялардың қозғаушы күштері.

«Шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекетінің мағыналық және композициялық тұрғыдан жүйеленуі қазақтың дәстүрлі классикалық прозасының үлгісіне сәйкес келе бермейтіні байқалады. Бұның өзі әр кейіпкердің табиғатынан туындайтын ерекшеліктерді білдіруге бейімделген. Романның кейіпкерлері Сатан, Мәмбет, Мардан сияқты жігіттердің әрқайсысы – өздері өсіп-өнген ортаның әлеуметтік-моральдық жемісі. Шығармадағы Сатан, Мардан, Мәмбет образдары мейлінше нанымды, шынайы бейнеленген. Олардың әр қимыл-әрекеттері өмірге, шындыққа жанасымды суреттеледі. Жазушының идеясы – осы үш кейіпкер арқылы жеке адамдар тағдырын бейнелеп, бүкіл елдің тарихын көркем шығармамен көрсету. Тек олардың революцияға, үлкен өмірге дайындығы ғана жан-жақты жазылғанымен, оған қоян-қолтық араласып кете алмай, қалып қоюлары, көштің барар жеріне жетпей, жарты жолда тоқырап тұрып қалғандай сезімде қалдырады. Бұған шығарманың жалғасының табылмағаны да «кінәлі» сияқты»1.

Еңбекқор, тәрбиелі отбасынан шыққан Сатанның біртіндеп ұрлыққа бейімделуі тек жоқшылықтың ғана емес, күнкөріс үшін күресіп жүрген жалшы қауымының ортақ психологиясынан туады. Бастапқыда ертеден қара кешке дейін тыным таппай, еңбек ететін ол сол еңбегінің болмашы ақысын қанағат тұтады. Байдың берген азғана нәпақасын көптей көріп, шүкіршілік етеді. Бірақ келе-келе өзінің қалай ұрлыққа ден қойып кеткенін аңғармай да қалады.

Әуелгі кезде қасындағы серіктеріне ілесіп, Жамантай шалдың айтуымен басқа біреудің қойын көрсетпей сойып алса, мұнан кейін айналысқан ісі – жылқы ұрлау. Одан соң Ганшин байдың жүгінің арасындағы болыстың қазыналы жәшігін жымқырып кетеді. Сөйтіп бара-бара біреудің ала жібін аттау, оңтайына келген нәрсені қағып кету Сатан үшін үйреншікті құбылысқа айналады. Жазушының бұл арадағы позициясы Сатанды кінәлауға ұласпайтыны назар аударарлық. Кезі келсе малды да, затты да қағып кетіп, ұрлыққа әбден ден қойып алған Сатанды автор сыртқа теппейді, жағымсыз жандардың қатарына қосақтап қоя салмайды. Керісінше, оның жекелеген әрекетінен ерлік нышанын аңғартып, сол кездегі қоғамдық өмірдің типтік келбетін көрсетіп отырады.

Шығарма аяғында да Сатан жалпы халықтық рухты жұмыскерлерге, кедейлерге тән рухани әлеуметтік қажеттілікті жақсы түсінгенімен, саналы революциялық деңгейге көтеріле қоймайды. Ол – айналасындағы жолдастарына, өзі сияқты бейнеткор жандарға ілесіп, тек алға қарай ұмтылып жүрген қатардағы жұмыскер болып көрінеді.

Еңбекші табының романдағы тағы бір өкілі – Марданның басты мінезі әділеттілік жолындағы күрес үстінде көрінеді. Өзіне жүктелген міндетті қаншама тырысып, адал істегісі келгенімен, тағдыры ауыр жан. Әйтеуір істеп жүрген жеріне сіңіп кетудің бір сәті түсе қоймайды. Оның көретіні – ылғи қиянат, ылғи әділетсіздік. Өзіне жөнсіз күш көрсеткен подрядчикпен, шаруашылық басқарушыларымен, басқа да, өзіне өктемдік көрсетушілермен үнемі төбелесіп қала береді. Соның салдарынан бір жерде тиянақтап жұмыс та істей алмайды. Ақыр соңында оның көзін ашатын – Герасимов, Морозов сияқты, орыс жұмысшылары. Олар Марданға жеке жүріп әділеттілік табудың қиын екендігін, көрген қиянатты өзі сияқты жұмыскерлермен тізе қосып, бірлесіп қана жеңу керектігін түсіндіреді. Сатанның адам ретінде қалыптасуына ұрлыққа байланысты ұжымдық психология үлкен ықпал жасаса, Марданның революцияшыл болып қалыптасуына қиянатқа қарсы күрестегі ұжымдасу керектігі жөніндегі ұстаным үлкен әсерін тигізеді. Былайша жалпы әлеуметтік-қоғамдық қалыптары ұқсас, көзқарастары деңгейлес болып келетін осы екі жұмысшының өзара айырмашылықтары жөнінде жазушы романның түрлі сюжеттері арқылы өзінше ой түюге жетелейді. 1916 жылғы патша жарлығының әсерімен майдандағы қара жұмысқа алынған Марданның да, басқа да мобилизацияға іліккендердердің де көзқарастары кеңейіп, таптық ұстанымдары айқындала түседі. Бостандық пен революцияның қажеттілігін шамалап болса да түсінген ол ел ішіне жаңа бір көзқарасты ала келеді.

Майданнан қайтқан жігіттер қала түбіне жиналып, өздерінің аман-есен оралғандарына тілеу жасап, құдайы тамақ бермек болады. Осындай қуанышты сәтте Күркімбай сияқты қызылкөз шалдың шатақ шығаруы біраз жайттың бетін ашады. Берген тамаққа өкпелеп жанжалдасып жүретін Күркімбайлар – қазақ ауылының типтік бейнелері. Ал оны жақтайтын Асылбек болыс – елдегі жуан жұдырық иелері. Мұндай зорлықшылардың бетін қайтаратын күш – сол майданнан келген жұмыскер жігіттердің өздері. Әділетсіздік атаулыға қашан да төзімсіз Марданның осы кикілжің үстінде төбелес бастап жіберуі логикалық жағынан қисынды. «Заман өзгерген, сен тұрмақ Николай патша да тақтан құлады» дейді Мардан. Осы кикілжің – ел ішіндегі қоғамдық-таптық өзгерістердің бір көрінісі. Жалпы романдағы жолдастардың ішіндегі революциялық рухы, большевиктік сана-сезімі анығырақ көрінетін бейне – осы Мардан.

Бұдан кейінгі назар аударарлық күрделі кейіпкердің бірі – Мәмбет. Оның Марданмен сөзге келіп қалуында идеологиялық-моральдық астар жатыр. «Қатын босқа келмейді, малға келеді. Ол мал біз сықылды кедейдің қолында жоқ. Бір қатынды алу үшін оған кемінде отыз-қырық қара керек. Ол малды табам деп жұлынымды қуратар жайым жоқ»1 деген Мәмбеттің пікірімен Мардан келіспек емес. Оның ойынша, үйлену мәселесін шешуге қолбайлау болатын жағдай басқа. Бірақ өзара қаншама дауласып жүрген бұл екеуі біраз жасқа келсе де әлі күнге бойдақ. Ал бойдақтықтың себебі – сіңірі шыққан кедейлікте жатыр.

Романда бұл аталған кейіпкерлерден басқа Нұрәділ, Шеркес Қали, Ғазбекқара, Шақшай тәрізді қала төңірегіне жұмыс іздеп келген немесе сол қаланың өзінде туған қазақ жігіттері бар. Бұлар жұмыстарын істей жүріп, ұрлық-қарлықпен де айналысудан да тартынбайды. Төбелес десе бір иықтарын беріп, сұранып тұратын да мінездері бар. Роман беттерінде ұрлық пен төбелестің жиі суреттелетіні бекер емес.

«У-шу. Айқай-ұйқай, жанжал. Бінеше адамдар шахтада істейтін австрия тұтқындарының үшеуін қуып келеді екен. Тұтқындардың өне бойы қан. Шахтадағы Соловьев деген десятник, Тоқай подрядчик, Демеу халфе – барлығы да аттысы атты, жаяуы жаяу мастарды құтыртып, бұларды қудырып келеді екен. Жанжалға қатысқандардың барлығы да ішкен. Қайдағы қулар жиылған»1. Бұл арадағы «қайдағы қулар жиналған» деген сөз тек қана жазушының көркемдік тұжырымы емес, халық арасында қалыптасқан бейнелі ұғымның ұшқыны ретінде көрінеді. Бұның бәрі – сол кездегі әлі қалыпқа түспеген берекесіз қоғамның көріністері. Кішкене тиын-тебен тапса болғаны картаға салыну, сыра, арақ-шарап ішу сияқты әрекеттер – бұл жігіттердің демалған түрлері. Тіпті қаланың шет пұшпақтарындағы жезөкшелер ұстайтын үйлерді де төңіректеп қою да олардың дағдысына ене бастаған. Өздерін-өздері дұрыс ұйымдастыра алмай, өмірдің жеңіл жағын іздеуге бейімделу – бұларға тән ортақ моральдық құбылыстар. Осындай жағымсыз істерімен көзге түсетін жігіттерді жөнге салып, ие болатын адамдар тез арада ұшыраса қоймайды. Кітап соңында олардың өзара басын біріктіретін күш ретінде революциялық рухтың етек алуы суреттеледі. Әдебиетші Б.Шалабаев роман жайында: «Жансүгіровтың «Жолдастар» романында революция қарсаңындағы қазақ даласының өмірі реалистік түрде суреттелген. Бірақ автордың сюжетті қосалқы оқиғалармен тым «ауырлатып» жібергенін де атап көрсеткен жөн»2 деген сын айтқан болатын. Оның орынды екенін ескере отырып, романның танымдық жағы да олқы түсіп жатқан жоқ демекпіз.

«Жолдастар» романына арнайы зерттеу жасаған профессор Бердібаев: «Ілияс Жансүгіровтің романы көп жағынан әлі де мәнін жоймаған, кезінде прозаның дамуында көрнекті рөл ойнаған шығарма. «Жолдастар» халық өмірінде өшпес із тастаған ұлы өрлеу, күрес оқиғаларына автордың қаншалықты үлкен мән бергенін азаматтық анық тұрғысынан да сипаттайтын ескерткіш»3, - деп бағалайды.

Қорыта айтқанда, «Жолдастар» аумалы-төкпелі замандағы қазақ даласында орын алған әлеуметтік оқиғалар мен сондағы қоғамдық бейнені реалистік тұрғыдан бейнелей алуымен өз заманның шындығын аша білген шығармалар қатарына кіреді.

Революция тақырыбына жазылған романдардың ішінде М.Дәулетбаевтың «Қызылжар» шығармасы өзінің қым-қиғаш оқиғаларымен, халықтың азаттық сүйгіш рухын айқын бейнелеуімен және революция жолында басын бәйгеге тіккен күрескер жандардың көркем образдарын біршама айқын сомдауымен ерекшеленеді. Осы кезеңде өмірге келген қазақ прозасының кейбір туындыларында ұшырасатын, тартыстың әлсіздігі және композициялық-құрылымдық шұбалаңқылық сияқты типтік кемшіліктерді қайталамауға тырысқан бұл роман көркемдік тұрғысынан да дәуір талабына жауап бере алады деуге болады.

Әрине, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерін қалыптастырушы әдебиет алыптарының шығармашылық қолтаңбаларын замандас басқа қаламгерлердің барлығы қайталай алды деу қиын. Әдебиеттің ілгері дамуына ірі тұлғалармен бірге екінші қатардағы жазушылардың да қосқан үлесі аз емес. Олар да белгілі бір дәрежеде тәй-тәй басқан жас әдебиеттің бір кірпішін қалап, көркемдік ойларын жарыққа шығаруды қолдарынан келгенінше заман шындығын шынайы бейнелеуге ұмтылды.

Кезінде бірқатар өлең, әңгіме, хикаялар, сын мақалалар жазған Мәжит Дәулетбаев романын осы қатардан бағалаған орынды. Кең байтақ Қазақстанның бір қиыры Қызылжар (Петропавл) жерінде туып-өскен Мәжит Дәулетбаев – шешесі татар болғанымен, шығармаларын қазақ тілінде жазған, яғни, өзінің көркемдік ойлау жүйесін қазақша қалыптастырған қаламгер. Кедейлеу отбасында өскен ол бір үзім нан табу үшін таңдап-талғап жатпастан, ұсақ-түйек жұмыстардың қай-қайсысын да атқарудан тартынбаған. Биік интеллектуалды қалыптастыруға қажетті жоғары білімге ие бола алмағанымен, өмірлік танымы күшті әрі көркем әдебиетке құштар сауатты азамат Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында газет редакцияларында жұмыс істейді. Кеңес жазушылары ұйымының Солтүстік Қазақстандағы бөлімшесінің белді мүшесі болған.

«Қызылжар» романы осы өлкедегі ғасыр басындағы елдің тұрмыс-тіршілігі мен жаңа қоғам орнату жолындағы қиын-қыстау күндердің жай-жапсары туралы көркем түрде сыр шертеді. Түрлі оқиғаларға ұйтқы болып, әр алуан ситуацияларда көрінетін Атымтай, Қылыш, Громов, Балта, Аркадий Павлович, Кәрім Бөкешов, Қасен Әмежанов сияқты кейіпкерлер шығарма беттерінде бірінен соң бірі кезектесіп, тартыстардың шиеленісуіне, сатылап дамуына ықпал жасап отырады. Бұлардың ішінде әсіресе, ара-тұра жоғалып кеткенімен, көбірек көрініп, бастан-аяқ қатысып отыратын негізгі кейіпкер  Атымтай. Бірақ автор оны тәптіштеп, өз ортасынан бөлектемейді, идеялас, тілектес достары ортасында көрсетеді.

Таптық күрес тудырған әлеуметтік-саяси оқиғаларды әр қырынан қамту үшін ол аттары аталған адамдардың әрқайсысына белгілі бір дәрежеде көңіл бөліп отыруға тырысады. Соның салдарынан бірнеше сюжеттер бойында Атымтайдың оқырман алдына келе алмай, ішінара көзден тасаланып, жоғалып кететін тұстары да бар. Екіншіден, Атымтай өзі де роман идеясының негізгі жүгін арқалап кете алатын бас қаһарман дәрежесіне әлі жете қоймаған жігіт болып суреттеледі. Ой-дүниесі, көзқарасы әлі жадағайлау, өресі де аласалау азаматтың кесек оқиғаларға мұрындық бола алмауы, көбінесе орындаушылық деңгейде көрінуі өз ортасының шындығына сиымды да.

Көркемдік-идеялық тұрғыдан алып қарағанда осылайша сәл солғындау болып көрінетін Атымтай тағдыры сол кездегі көптеген қазақтың жарлы жігіттеріне тән типтік көрініс деуге болады. Бастапқыда ат шабатын ипподромға келіп, сәйгүліктерге түлкі тұмағын бұлғай жанкүйерлік танытып тұрған кәдімгі атжанды, бәйге десе делебесі қозатын қарапайым қазақ жігітін көреміз. Қала қауымының әсіресе, орыс жұртының тәртібіне үйренбеген ол осылайша жанкүйерлік жасаймын деп приставтардан зорлық көреді, тұла бойындағы көзге түсер киімі қызыл тұмағынан айрылып қалады.

Кейін біреуден-біреуге селбесіп жүріп қаладағы атақты байлардың бірі Бұқпан отағасыға жалшы болып жұмысқа кіреді. Оның өмірдегі түрлі күрделі құбылыстар, әсіресе таптық мәселелер жөнінде көзі ашыла бастайтын сәті  осы кезең. Көп қатарлы жалшының бірі ретінде қаншама әділетсіздік көргенімен, Атымтай бұл жылдары бас жарып, көз шығара қоймайды. Күнделікті білетіні  тапсырылған жұмысы, ішер асы, сондай-ақ анда-санда жан-жағына қарап, жігіт ретінде ыңғайы келетін қыз-келіншектерге көз салу. Оның сондағы тоқталғаны  өзі жалшылықта жүрген Бұқпан отағасының тоқалы Шамсия. Айналадағы көздерден жасырып екеуінің көңіл қосуы да  сол заманның шындығына тән құбылыс.

Атымтай өмірінің екінші кезеңі  оның 1916 жылғы жарлықпен майданның қара жұмысына алынып, майдан ортасына түсуі. Бұл кезде ол өмірдің басқа қиыншылықтарын, соғысқа тән түрлі ауыртпалықтарды бастан кешіреді. Осынау қанды қасаптың ортасында оның көргені  қару-жарақсыз қазақ жігіттерінің окоп қазу, жүк тиеу сияқты қара жұмыстарда жүріп, дұшпан оғына да ұшырауы, сөйтіп қырғын табуы, солдаттар арасында жүргізілген большевиктік үгіт-насихат, патша офицерлерінің бұратана жұрттан шыққан жігіттерді шовинистік тұрғыдан қорлыққа душар етуі және т.б. жайлар. Екінші бір жағынан, солдаттардың басшылары орыс емес ұлт өкілдеріне қарадан қарап тисіп, маза бермейді. «Қит етсе-ақ боқтап, балағаттап онбасы жүр. Кейбір қазақ жігіттерін сабап та тастады. Оған қарсылық еткен ешбір адам жоқ. Зығырдандары қайнап, ашу кернеп, бұйрықтарына бойсұна берді»1, - деп суреттейді жазушы ұлттық езушілік көріністерін. Бұндай нәрселер, әрине, оның сана-сезімін оятып, өмірге деген көзқарасын жаңа қырынан танытады.

Романдағы Атымтай өмірінің үшінші кезеңі  оның елге оралып, Совет өкіметін жақтап түрлі күрестерге араласуы, тап жауына қарсы табанды түрде шайқаса білуі. Жазушы осы образ арқылы қарапайым қазақ жалшыларының саяси-революциялық іске қалай араласқанын көрсетуді ниет қылған.

Тағдыры Атымтайға ұқсас тағы бір кейіпкер ол  Қасен Әмежанов. Бұл екеуі – бір кезде тай-құлындай тебісіп, қатар өскен бір ауылдың балалары. Әке-шешеден ерте айрылған Қасен орыс пен татар ішіне ертерек келіп, біреулердің бағыттауымен төлқұжатына татар болып жазылады да, солдатқа алынады. Сөйтіп, қаладағы оқу – жаттығу командасында әскери ойындар үйреніп, майданға солдат ретінде аттанады. Қара жұмысқа алынған Атымтайға қарағанда, майдан шебіндегі әскери лектің ішінде жүрген оның сана-сезімі жоғарырақ. Елге оралғаннан кейін таптық үстемдікке қарсы бас көтергендердің алдыңғы қатарында жүруі де логикалық тұрғыдан қисынды. Бір сөзбен айтқанда, Қасен Әмежанов революция ісіне араласқан көзі ашық азаматтардың өзіндік типі деуге болады.

1916 жыл оқиғасы басталмай тұрып-ақ патшалық империяның зорлық-зомбылығын көп көрген қазақ жігіттерінің бірі  Балта. Қаладағы заводтардың бірінде жұмысшы болып істейтін ол таптық үстемдікке қарсы өз наразылығын білдірген алғашқы қазақтардың бірі. Оның бұл пиғылынан сезіктенген патша жандармериясы ұстап алып, түрмеге қамап қояды. Тек қана қамап қоймай, жасырын түрде оны ату жазасына ұйғарады. Бірақ, оны астыртын большевиктер ұйымының мүшелері Петр Громов, Надежда және тағы басқалары құтқарып қалады.

Жалпы революция алдындағы большевиктік үгіт-насихаттың күшеюі жұмысшылар мен жергілікті басқару органдары өкілдерінің арасындағы жағдайды тіпті ушықтыра түседі. Бұл істе әсіресе приставтар мен жандармдар белсенділік көрсетеді. Олардың бас қосқанда айтатындары – қалада большевиктер бар ма, оларға кімдер мүше, күдіктілер болса дереу түрмеге қамау керек деген тәрізді сөздер. Патша өкіметі құлағаннан кейін Уақытша үкіметтің кезінде қалың жұртшылықтың нені бағдар етіп аларын білмей, әлсін-әлсін дағдарысқа түскені түрлі жиналыстар кезінде айқын көрінеді.

Ал большевиктер ұйтқы болған Совдептің Қызылжар қаласында орнауы  Қазан төңкерісінен кейінгі кезең. Бірақ, қала халқының бәрі таптық күреске тартыла қоймағандықтан, бұл ұйымға кіріп жатқан адамдар азшылық, Совдептің әлі де әлсіз болу себебі осында. Оның мүшелері мен басшылары жоғарыда айтылған ең саналы деген жандар ғана. Ол әлі көпшілік ұйымға айнала қоймаған 1918 жылдың маусым айында чехословактар бүліншілігі кезінде қарсыласа алмай, жергілікті Кеңес билігінің құлап қалуы да сондықтан. Шығарманың соңында Совдеп жойылған соң жұрттың қашып-пысып жан сауғалап жүрген сәттері, қолға түскен большевиктердің көзін жою оқиғалары суреттеледі.

Кеңес өкіметіне қарсы қала байлары, көпестері ақ казактар, мещандар енді мұрттарынан жымиып, большевиктерді шеттерінен тәлкек ете бастайды. Сұқсыр Арамқанов, Нөсербай, Мәули, Жұмажан Тілекұлы, Жиенбай Аманжолұлы, Бұқпан, Бейсенбай қажы Бұланов және т.б. бұрынғы заманның қайтадан орнайтынына сенімді. Чехословактарға ілесіп кейбір бейбастақтар Мақсұт, Кәрім Бөкешов тәрізді жас большевиктерді соққының астына алады. Тіпті Кәрім Бөкешовті тал түсте қала көшесінде сабап өлтіреді. Бұл арада Кәрім Бөкешовтің прототипі революция тарихынан белгілі жергілікті татар жігіті Кәрім Сүтішов екені анық. Өйткені, жазушының бұл кейіпкерге қатысты әңгімелейтін тұстары тарихи деректермен үйлесіп жатады.

Революция ісіне көмектесіп жүрген Бөгенбай шалдың баласы жас Тұңғат та өз жолдастарымен бірге чехтар жатқан жерге барлау жасаймыз деп қазаға ұшырайды. Романның соңында Қабыл, Надежда, Қонар сияқты үш большевиктің ажал аузынан қашып құтылғаны айтылған.

Шығармада Қызылжар қаласы тұрғындарының алашабыр жиынтық портреті жасалған. Олардың ішінде Медведев сияқты қалалық полиция басқармасы бастығының, Шамсуддинов, Богомолов, Маслаков тәрізді байлардың да бейнелері бар. Араларында Жиенбай, Мамырбек төре, Ақыжанов, Өмірбай тәрізді қазақ қоғамының әр түрлі топтарының өкілдері де бой көрсетеді.

Сонымен бірге, назар аударатын бейнелердің бір тобы – қаладағы қазақ қыздары Жұмабике, Жәмжан, Көпей, Бәтжан және т.б. Бұлар барлық пен байлықтың арқасында ойын-сауықтарға барып, сәндеп киім-кешек киіп, ел-жұртпен араласып жүрген қалалық мещанкалар. Жазушының суреттеуіне қарағанда, оларға ішіп-жеп, сауық-сайран салса болғаны. Романның соңына қарай кейбіреулері чех офицерлерінің қолтығында кетіп бара жатады.

Сол замандағы қазақ әйелдерінің ауылдан қалаға келіп, жаңа ортаға сіңісіп кету жағдайлары да жазушы назарынан тыс қалмаған. Соның бір мысалы  Қылыш сияқты қала жұмысшысына тұрмысқа шыққан Кәтіш. Өздері үйленген күні қаладағы жұмысшылардың арасына бірінші рет түскен ол қала тәртібін қанша жатырқағанымен, соған амалсыз бейімделе бастайды. Бұл жағдай Кәтіштің алғаш рет шарап дәмін татуы арқылы байқалады. Сөйтіп, ауылдан таза қалпында келген әйелдің қалалық тірлікке амалсыз араласып, басқа жолмен өмір сүруге кіріскені айтылған. Бұның өзі қазақи түсінікті сындыратын психологиялық белес.

Шығармада большевиктер арасында жүрген тыңшылар туралы да сөз болады. Аркадий Павловичтің сондай тыңшының кім екенін іздестіруінде детективтік сипат та байқалып қалады. Ол адамның большевиктер арасында жүрген Белоусов болып шығуы да сюжетті өрбітудегі тосын шешім ретінде көрінеді.

Жекелеген оқиғаларды термелеп, негізгі айтар ойынан ауытқып кетіп отырғанымен, жазушының көркемдік детальды іздестіріп, айқындауда тапқырлық танытатын тұстары да бар. Мысалы:

«Тыста сылдырлап вагонға жақындаған аяқ дыбыстары білінді. Дауыстар естілді.

 Мұнда не бар?

 Арестанттар.

 Сендер соны күзетіп отырсыңдар ма?

 Ия, тақсыр.

 Саясатшылар ма?

 Так точно, тақсыр.

 Қайда барады?

 Айта алмаймын, тақсыр.

Аяқ дыбыстары сыбдырлап алыстай берді. Біраздан кейін зілді жүріспен дүрсілдеп, әлдеқандай поезд келіп тоқтады. Паровоз пысылдап, арестанттар қамалған вагонның дәл қасында тұрған сияқты»1

«Екеуі де ойланып, май шамның жапырақтанып тұрған отына қарады»2

Осы мысалдарда сөзбен салынған суреттер бар. Шағын, ықшам детальдар арқылы оқиғаның даму тынысы, адамдар психологиясы сезіліп отырады. Бірінші үзіндідегі сурет тек бірыңғай диалог арқылы берілген. Сол арқылы-ақ оқырман біраз жағдайға қанығып қалады.

Филология ғылымдарының докторы Т.Сыдықов: «М. Дәулетбаев портрет жасауда Сәкенге көбірек ден қойса, қаһарманның іс-әрекетін, қылығын бейнелегенде Н.Гогольдің «Өлі жандарындағы» сатиралық характер жасау әдістеріне еліктеңкіреп кетеді», - деп бағалайды.

Бір сөзбен түйіп айтқанда, М.Дәулетбаевтың «Қызылжар» романы – өз кезеңіндегі уақыт шындығын қызықты оқиғалармен бейнелей отырып, көркемдік-эстетикалық асуларға қол жеткізе алған шығарма.

Жаңа өкімет орнағанымен, оның әлі қалыптасып болмаған кезеңнің шындығын суреттеп, жаңа заманның өз кейіпкерін қалай туғызып, тәрбиелеуін көркем бейнелеген шығармалардың ішінде – Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч» романының орны үлкен. Бұл туынды жаңа заман мен оның адамдарын тануда, екі дүние шекарасында туған өмірлік тартыстарды тап басып суреттеуде жазушы ойының кеңдігін, көркемдік қиялының ұшқырлығын, айтар идеясының сан-салалығын жап-жақсы аңғартады. Туындыдағы оқиға ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяқ шенінде өтеді. Жаңа экономикалық саясатқа қайтадан құрық тасталып, жерді бөліске салу мәселесі шұғыл қолға алынып жатқан кезең. Азамат соғысының дүбірі де едәуір алыста қалған. Қарасай қаласының азаматтары өз орталарына келген Азамат Азаматычты әртүрлі көңіл-күймен қарсы алады. Көбінің көкейінде күдік. «Бұл қалай болар екен, кім екен» деген ой комсомолдың белсенді мүшесі Таңатарды ғана емес, қоғам ісіне енжар қарай алмайтын басқа да көзі ашық азаматтарды ойландыруда. Басшылық орындардың біріне жаңа кадрдың келуімен бірге «Бұл кім өзі? Енді не істер екен?» деген ойдың қабаттаса жүруі қай заманда да заңды.

Оқырман қиялын ары қарай жетектеп әкететін осындай тосын сауалдармен қызықтыру тәсілі тек Азамат Азаматычты таныстыру әрекетімен шектеліп қалмайды. Жазушы «Қала адамдары бірер күндей сеңдей соғылысып, қарасұр жігіттің кім екенін, не үшін келгенін тексерумен шұғылданды»3, - деп қызықтыра баяндайды. Бұдан ары қарай тағы бір жаңа кадрдың келуін автор «Жұрттың бұған құмартқандығы сондай, Қарасай қаласының саудагерлері сол күні дүкендерін әдеттегіден ерте жапты... Орта көшелер адамға толды. Пиуаханалардың алдында өшерет пайда болды»4, - деп суреттейді. Бірақ бұл арада жаңадан келген жігіт – Азамат Азаматыч емес, Әлішер Кәдірбаев. Екеуі екі түрлі адам болғанымен, олардың губерниялық қалаға келуін елеулі оқиға ретінде ұқсастыра бейнеленуі назар аударарлық. Бұның өзі белгілі бір дәрежеде Н.Гогольдың «Өлі жандар» романының басталу сәтін еске түсіргендей. Онда да бас кейіпкер Чичиковтың Н. қаласына келуі тыныш жатқан қала халқын әжептәуір әуре-сарсаңға түсіретіні бар. Осындай ұқсастықтарына қарап Б.Майлиннің сюжетті дамыту стилінде белгілі бір дәрежеде Н.Гогольдің көркемдік әсері байқалады деп пайымдауға болады.

Романның бас кейіпкерлері Азамат Азаматыч пен Әлішер Кәдірбаевтың қоғамдық көзқарасы, моральдық адамгершілік қалпы, қызметкер ретіндегі белсенділігі, таптық ұстанымы әртүрлі. Осы айтылған факторлардың тұрғысынан алып қарағанда, бұл екеуін антиподтар деуге болады. Шығармадағы салаланып дамитын үлкенді-кішілі оқиғалардың барысында Азамат Азаматыч пен Әлішер Кәдірбаевтың бейнелері бедерленіп, ашыла түседі. Әрине, екінші кейіпкерге қарағанда Азаматтың романдағы іс-әрекеті, оқиғалар мен тартылыстарға араласуы басымырақ.

Бас кейіпкер – былай қарағанда, алып бара жатқан ештеңесі жоқ, ауылдан шыққан қарапайым да бұйығы, момақан қазақ балаларының бірі. Өзінің аты Қожалақ болса, әкесінің есімі – Күркілдек. Осының өзі-ақ оның нағыз кедей батырақтан шыққанын айқын білдіріп тұр. Қожалақтың осындай сүреңсіз есімін өзгертуге тікелей мұрындық болған – өзімен бірге оқыған Рәш-Рабиға-Райка сияқты түрлі аттарды иемденген пысықша қыз. Райка сияқтылардың ойынша, Қожалақ – ескіліктің қалдығы. Өзінің есімін де Райка деп өзгертіп алғаннан кейін Әбдеш Битасов «Алеша Дмитриевич» Сапа Әлімбаев «Саша Алексеевич» болыпты.

Сөйтіп Қарасай қаласына, бүкіл губернияға Азамат Азаматыч ретінде танылған бас кейіпкер өз жұмысына ыждаһатпен кіріседі. Губерниялық жерді бөлу бөлімінің бастығы Алексеевтің орынбасары болып орналасқан Азаматтың мойнына міндеттелген шаруаға байланысты әр алуан тартыстардың ортасына түсуі заңды да еді. Байлардың жерін кедейлерге, батырақ-жалшыларға бөліп беру мәселесі көтерілген кезде бұл науқанның алдыңғы қатарында Азамат Азаматыч көрінеді. Ол Қоңыр Жарбол ауылдарында жерді бөлісу сияқты сол кездегі ең бір шетін шаруаның бел ортасына түсуге мәжбүр болады.

Қазақ үшін жер мәселесі қашанда ең өзекті проблеманың бірі болып келгені тарихтан жақсы мәлім. Белгілі бір өңірлерге ие болып қалған ауқатты адамдар, бай-болыстар, өздеріне ата-бабаларынан қалып келе жатқан жер-суды оп-оңай ұстағанның қолына, тістегеннің аузына беріп қоя салуға қайдан көнсін. Шамалары келгенше әртүрлі айла-тәсілмен мал-мүлікті де, жер-суды да өздеріне алып қалуға тырысқандығы, осы мақсатта түрлі амал-тәсілдерге жүгініп отырғандығы «Азамат Азаматыч» романында әжептәуір әсерлі суреттелген. Бүкіл ауыл-аймаққа, ат жететін атырапқа бедел-биліктерін жүргізіп үйренген Хайдар, Жарбол, Ыбырайым, Жүндібай және тағы басқалары оңайшылықпен беріле қоятын, тез сына қоятын жаңғақ емес. Олардың жергілікті жердегі партия комитеттерінде, кеңес орындарында мықты тіректері, сүйеніштері бар. Оқиға барысында ең бір кіндікті жерлерге өздерінің адамдарын қою деген мәселе үнемі елес беріп отырады. Мысалы, Әлішер Кәдірбаевтың басты мақсаты – үстем тап өкілдерінің мүддесін қорғайтын осындай сенімді адамдарды жер-жерге орналастыру. Өзіне сенімді серік бола білген Борсықбаев, Бұқабаев, Жалмағанбет сияқты азаматтардың арқасында ол өзінің бұл мақсатын белгілі дәрежеде орындап та отырады.

Бұйығы ауылдан шыққан, мінезі томаға-тұйықтау Азамат өзі сияқты іс басында жүрген көзіқарақты, оқыған жігіттермен тығыз араласып кетуге бейім емес. Соған қарамастан ол оқырман есінде қалатын оқшау бейне. Бір қарағанда оның мінез-құлығында, іс-әрекетінде алып бара жатқан қаһармандық сипат жоққа тән. Жұмысына ерте барып, кеш қайтатын, күні бойы алдындағы қағаздан бас ала алмай отырса да, келушілерді қабылдап, олардың шаруаларын тындырып беруге үлгеретін мықты қызметкер. Алексеев сияқты бастығының берген тапсырмасын дер кезінде мүлтіксіз, мұқият орындау да – оның күндегі дағдысы. Жұмысқа тік барып, тік қайтатын, адамдармен қарым-қатынасын тек қызмет жағдайына ыңғайлап құра алатын көнбіс те адал жан. Бірақ осындай өзін мемлекет қызметіне ғана арнаған адамның айналасында өрбитін оқиғалардың сипаты да бөлек болып көрінеді.

Жазушы өз қаһарманының болмыс бітімін психологиялық-моральдық тартыстар үстінде көрсете отырып, өз тарапынан оған қысқаша мінездеме беріп кетеді. Бұл мінездеме құрғақ баяндау емес, кейіпкердің адами қалпын біршама ашып көрсете алатын көркем кесте: «Азамат Азаматычтің түрі: орта бойлы, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, қырқа күзелген мұртты жас жігіт, мінезі: ұяңдау, аз сөйлейді, көп тыңдайды, біреу сөйлесе төмен қарап күлімсірейді де отырады, мынауың теріс деп ешкімге қарсы айтпайды, өз пікірін ұсынбайды, шеке тамырын білеулендіріп ешкіммен керіспейді... Бұған үстелетін қосымша – киімді сыпайы киеді, таза жүреді, «әдекалон» жағатын мінезі де жоқ емес... Ең ақырғы қосымша: қазірдің өзінде кеуде қызметкер, келешегі айнадай сара тұрған сияқты...»1. Осыдан-ақ оқырманның көз алдында Азамат Азаматычтың қандай пенде екендігі біршама айқындалып қалатыны сөзсіз.

Оның бар білетіні – өзіне тапсырылған алдындағы жұмысы. Кеңсеге елдің бәрінен бұрын барып, қызметтен ең соңында қайту да оның қалыптасып келе жатқан үйреншікті дағдысы. Қақсоқпен, көлденең әңгімемен, таптық айла-шарғымен ісі жоқ, жібі түзу жігіт. Оның жұрт назарын өзіне аудартқан ерекше қалпы да – осы жібі түзулік. Бұрынғы ақтың офицері, кәсіпкерлігімен байыған Рахым Шегіровтың (Екінші фамилиясы - Қауғабаев) назарына ілігу себебі де – осындай жібі түзу жан болғандығында жатыр.

Романда сол бір кезеңдегі қым-қиғаш таптық тартыстармен бірге моральдық-психологиялық қарым-қатынас нышандары да бір тыныспен суреттеліп отырады. Қоғамдық өмірдің шынайы көріністері нақты адамдар бейнелері арқылы бедерлене түсетінін ескерсек, романда бірсыпыра сәтті жасалған образдар галереясы көрініс табады. Оқиғалардың салаланып өрбуі де, түрлі ашық және астыртын шиеленістердің орын алуы да осы адамдардың қарым-қатынастары барысында байқалып қалады. Сөйтіп автор өтпелі кезеңдегі қазақ қоғамының тұтас картинасын жасауды мақсат еткен.

Губерниялық жер бөлімі бастығының орынбасарын өз жақтарына тартып, кәдеге жаратқысы келетіндер түрлі айла-шарғыға барады. Хозяйка-жеңгейді алдыға сала отырып, Рахым сияқты қой тонын жамылған бұрынғы қасқырлардың басты мақсаты – қалай болған күнде де Азаматты өз мүдделері үшін пайдалану. Сол мақсатпен оны хозяйка-жеңгейдің пәтеріне пәтерші етіп орналастырады. Бұл – жібі түзу қызметкерді қолға түсірудің алғашқы қадамы.

Одан кейін амалын тауып Қарасай қаласындағы азаматтардың көз құрты болған атақты сұлу Мәриямға үйлендіреді. Бүкіл өңірге өкімін жүргізіп үйренген Жүндібай қажының қызы, Рахым Шегіровтың туған балдызы Мәриям Азамат Азаматычтай жігітті уыстан шығармаудың мықты құралы болуға тиіс еді. Бірақ өз қызметіне адал Азамат алғашында Мәриямға көңілі кеткен сияқты көрінгенімен, біртіндеп оның уысынан шығуға айналады. Қойнында жатқан хас сұлудың айтқандарын тыңдамай, одан бойын аулақ сала бастайды. Рахым бастаған тап жауларын қинайтын шетін мәселе де осы. Азамат Азаматычтың нақ осылайша қолдан сусып шығып кетуі оларды түрлі күйзеліске душар етеді. Тіпті ақыр соңында Мәриямның қыр соңынан қалмай, ізіне түскеніне қарамастан, жер бөлінісі жұмыстарын ол өзі шешіп отырады. Сөйтіп Қайдар бастаған Қоңыр ауылындағы, Жарбол ауылындағы жер бөлістерде үстем тап өкілдерінің наразылығын тудыратын жұмыстарға басшылық жасайды. «Жер ашуы – жан ашуы» дейтін көшпелі қазақ тіршілігі үшін жердің кедейлерге қарай ығысып, солар құрған артельдердің билігіне көшуі – байлар мен олардың шашбауын көтерушілер үшін ең ауыр оқиғалардың бірі. Бұл арада Азамат Азаматыч өзін әділдікті жақтайтын нағыз белсенді ретінде көрсете біледі. Сөйтіп тап жауларының көңілінен шықпағанымен, жаңа өкіметтің саясатын жүзеге асырушы ретінде қалың жұртшылықтың мүддесін қорғай алуымен ол жаңа қоғамның жақтаушысы екенін танытады.

Азамат Азаматычтың мұндай қайраткерлік деңгейге жете қоюы оңайшылықпен болған іс емес. Ол тап жауларымен ашық айқасқа түсуге әдепкі кездері босаңдық та көрседі. Ойын бүгежектеп ашық айта алмай, жалтақ болған тұстары да бар. Әдебиеттанушы Б.Майтановтың: «Б.Майлиннің психологизмге бой ұруы Азаматтың өзі, айналасы, мақсаты, қазіргі күйі жайлы толғаныстарын суреттеуден аңғарылады. Азаматтың кемшілігі – абайламай от басатын аңқаулығы, жақсылығы – іс-әрекетін сарапқа салып, талдай келіп, қатесін шығаратын сабырлы парасаты»1 деген пікірі ойды нақтылап, дәлелдей түсетіні анық. Азаматтың жоғарыдағыдай жұмбақ мінезі Таңатар сияқты комсомол белсенділерінің, Шәймердендей балалық шақтағы жолдастарының заңды наразылығын туғызады. «Осының өзі кім? Жасырынып жүрген тап жауы ма? Әлде байлардың құйыршығы ма?» деген сияқты сауалдар Азамат Азаматычтың жаңағыдай босаңдығының, ынжықтығының салдарынан туындайды. Бұндай сұрақтың бой көтеруі де тегін емес. Өйткені Азамат Азаматыч –елге қаншама жыл өктемдік жасап келген атақты Жүндібай қажының туған күйеу баласы, Рахым Шегіровтей қоңыраулы адамның бажасы. Ары таза, қызметке адал болғанымен, Азаматтың қолын байлайтын әлеуметтік-таптық факторлардың сипаты осындай. Түрлі тартыстардан кейін ол өз жолынан айнымауға, ешқандай үгітпен азығыруға көнбеуге бел байлайды. Тиісті міндетін адал атқару үшін әйелі Мәриямнан бой тасалауға мәжбүр. Ақыры ол осылайша өз дегеніне жетіп, саяси таптық жолын біржола айқындап алады.

Романда бас кейіпкерден кейін көбірек көрінетін персонаждардың бірі – Жүндібайқызы Мәриям. Жастайынан ішкені алдында, ішпегені артында болып, бұлалықпен бойжеткен ол мінез-құлқы мейлінше қырланған типтік бейнелердің бірі. Әкесінің байлығының арқасында көп бөлмелі үйде тұрған ол уақытын боянып-таранумен, керіліп-созылумен өткізеді. Сонымен бірге осындай тоғышарлық мінезбен шектеліп қалмастан, оқыған қазақ қызы ретінде өзінің зиялы, ұнасымды жақтарымен де көзге түседі. Тұстастарына қарағанда рухани дамып, эстетикалық талғаммен өскен Мәриям түрлі көркем шығармаларды да түсініп оқи алатын дәрежедегі көзқарасты жан. Осал жағы – моральдық-психологиялық ұстанымында. Өзіне көз салған жібі түзу жігіттердің ешқайсысына кетары емес. Бұл жағынан шаһар халқының арасында сөзге де, көзге де ілініп үлгерген. Оның бұл қылығын айғақтайтын көріністер романның әр тұсынан шаң беріп отырады. Оның партия комитетінің басшыларының бірі Әлішер Кәдірбаевпен жақындасып қалуы, сөйтіп әшкереге ұшырауы біраз беделін түсіріп те кетеді. Өзін төңіректеген жігіттердің барлығына сөзін өткізе білетін ол, өз күйеуі Азамат Азаматычқа ғана айтқанын істете алмайды. Қанша өнерін салып ол жағынан бір, бұл жағынан бір шыққанымен, Азамат Азаматыч өз принципінен таймайды. Бұған күйінген Мәриям ат айдаушысы Жақыпты ертіп алып, командировкада жүрген күйеуінің соңынан ілесе шығады.

Мәриямға қазақтың талай беделді жігіттері ғашық. Олардың ішінде Тайжан, Мәжібаев сияқты ақындар да бар. Олардың әрқайсысы бұған шығармаларын да арнаған. Бірақ шын-өтірігі белгісіз, Мәриямның бар көңілі – тек Азамат Азаматычта ғана. Романда ол таптық тартыстың, саяси күрестің бір тетігі ретінде де көрінеді. Сөйтіп жазушы қазақ қызының осындай бір типіне елеулі әлеуметтік жүк арқалата білген.

Бұлардан өзге романда айқынырақ көзге түсетін кейіпкерлерді саяси таптық тұрғыдан екі топқа бөлуге болады. Болып жатқан қоғамдық, экономикалық өзгерістерге қарсы күштердің өкілдері, яғни, тап жаулары ретінде көрінгендердің ішінде Рахым Қауғабаев, Әлішер Кәдірбаев, Сағит Борсықбаев, Хайдар, Жүндібай қажы, Жарбол, Сүлеймен сияқты персонаждардың мінез-құлықтары айқынырақ таңбаланған. Мақсат-мүдделері бір болғанымен, бұлардың өздері адами-рухани жағынан алғанда біркелкі емес. Жекелеген мінез-құлықтар әр тұстан өрбіп отыратын түрлі сюжеттік желілер, шағын әлеуметтік тартыстар арқылы бой көрсетіп жатады.

Бұларға қарсы пікірдегідердің, яғни, жаңа өкіметтің саясатын жүзеге асыру жолында жұмыс істеп жатқандар қатарында Шәймерден, Рахым комсомол, Медеу, Қайша Дәуітова, Жақып және т.б. кісілерді айтуға болады. Бұлардың да Азамат Азаматычқа деген көзқарастары біркелкі емес. Рахым сияқты комсомолдар дереу жұмыстан алыстату, қатардан шығару сияқты үзілді-кесілді әрекетке баруды жөн деп тапса, Алексеев, Шәймерден тәрізді белсенділер оны тәрбиелеп адам етіп шығару, іс үстінде сынап көру сияқты принципті қолдайды. Роман соңына қарай Азамат Азаматычтың әрекеті тап жауларын түңілдіріп, жаңа өкіметтің шынайы белсенділерін мақұлдатуға айналады.

Келесі бір есте қалатын образ – Қайша Дәуітқызы. Бұл – Мәриям Жүндібайқызына қарама-қарсы алынған бейне. Ол – Азамат Азаматычтың идеялас серігі ғана болып қоймай, оған деген әйелдік сезімі қалыптасып келе жатқан жан. Әкетіп бара жатқан шынайы махаббат болмағанымен, өзі үнемі Азаматты іздеп, жоқтап, тіпті сағынып та жүреді. Бірақ жеме-жемге келгенде бұл қызметкердің солқылдақтығы, тұйықтығы, көңіл жықпастығы ашуын да келтіреді. Азаматты таптық тұрғыдан солқылдақ қызметкер ретінде танығандықтан, оны жек көруге құқылымын деп ойлайды. Бірақ сөйте тұра оны байлардың шылауы болып кетуден, тап жауларының қолшоқпарына айналудан сақтандыруға мүдделі. Сонымен бірге Қайша сол кезде шықан қазақтың белсенді әйелдерінің де жиынтық образын білдіреді. Жер бөліске байланысты ел аралай жүріп, ауыл өмірінің, әсіресе әйелдер тіршілігінің көптеген проблемаларын шешуге ықыласты. Тіпті әйелін сабап жатқан жігіттің өзін қорқытып, қараңғылығы, адам құқығына қол сұққандығы үшін заң алдында жауап беретіндігін ескертеді.

Сонымен бірге романдағы ауыл адамдарының түрлі әлеуметтік қатпарын құрайтын кейіпкерлер қатарының өзі бір төбе. Атап айтқанда, Есенгелді қойшы, оның баласы Әлмағамбет жылқышы, ауылдың көзі ашық азаматы Арыстан, оның шешесі Қаныш, Ыбырайым шал, Жаппасбай пысық, Елемес, Әпен, Бейсенбай, Кәрібай, Толқынай, Шоңмұрын, Нәһира, Тобағабыл және басқа толып жатқан ел адамдарының мінез-құлықтары, іс-әрекеттері әлеуметтік сыр-сипаттары дараланып көрсетілген.

Қазақстандағы Кеңес шаруашылығының орнығуы жолындағы тартыстарды суреттеген алғашқы романның бірі – Сәбит Мұқановтың «Теміртасы», 1935 жылы кітап болып шыққан «Теміртастың» ақырғы бетінде «бірінші кітаптың соңы» деген белгі бар. Автор сан қырлы, оқиғасы көп салалы, ауқымды романды жазуды жоспарлағаны осыдан-ақ көрініп тұр. Көлемі едәуір үлкен болғанымен, бұл шығарманы бас-аяғы бүтінделген, көркемдік тұрғыдан сомдалып шыққан роман деп бағалау қиын. Әртүрлі шығармашылық себептердің салдары болар, оқырманын едәуір үміттендіріп қойғанымен, автор бұл туындысына осыдан кейін қайта айналып соққан емес.

Бұл роман жайында әдебиет зерттеушісі Қ.Ергөбековтің мына тұжырымы біраз жайдың басын ашары сөзсіз: «Теміртас» – қазақ халқының революция алдындағы буырқанысты, тартысты кезеңнен отызыншы жылдарға дейінгі өмір, тұрмысын суреттеуге арналған. Романның бас кейіпкері – Теміртастың басынан кешулері жайында баяндалатын өмір көріністерінде жүрдектік, асығыстық басым. Оқиға мейлінше кең қамтылғандықтан, кейіпкердің нақты шыншыл өмірі емес, еліміз бастан кешкен саяси оқиғалар тізбесіне айналып кетеді. Ең бастысы – ол оқиғалар Теміртас өміріне кірігіп, оны көркем образ райында тұлғалауға септеспейді. ...Роман өзінің бірсыпыра ұнамды қасиеттеріне қарамастан, жазушының көркемдік табысына айнала алған жоқ»1.

Қазақтың патриархалдық қоғамында ежелден келе жатқан дау-дамайдың екі түрі бар. Ауызекі тілмен айтқанда, ол – жер дауы және жесір дауы. «Теміртас» романының негізгі фабуласы жер дауының төңірегінде өрбиді. Қасқырбай байдың ауылы Қаршығалыға іргелес қоныстанған ауыл Құлтабан деп аталады. Атынан көрініп тұрғанындай, бұл ауыл – кедей-кепшіктің, жарлы-жақыбайдың қонысы. Қасқырбай ауылы едәуір ауқымды құнарлы жерге ие. Ал Құлтабандықтардың мал бағып, егін өсіретін ұлтарақтай жібі түзу жерлері жоқ. Осындай кереғарлық негізінде екі ауыл адамдарының арасында таптық тұрғыдан өрбитін дау-дамай жуық арада өз шешімін таба қоймайды. Азамат соғысы кезінде Қасқырбай байдың баласы Түлкібай Колчак әскерлерінің жағында болған. Шамасы келгенше оларға жәрдем беріп тұрған. Ал кеңес дәуірі орнаған кезде өзінің тонын өзгертіп, кооперацияға қызметке кіріп алады. Түлкібайдың қаладағы сүйеніштері – Әбен мен Хайрулла деген азаматтар. Қасқырбайдың әртүрлі айла-шарғымен жер бөлінісі кезінде кедей-кепшікті алдауға тырысуы – сол кездегі үстем тап өкілдері тарапынан болған көріністер. Ол шамасы келгенше өзінің ата-бабасы қалдырып кеткен құнарлы, өнімі мол жерден айырылғысы жоқ.

Романның бас кейіпкері Теміртас – жазушының ойынша, таптық күрестің тап ортасында пісіп-жетіліп, санасы кеңейіп келе жатқан ел азаматы. Ол Азамат соғысы жылдары Құлтабан ауылының басқа да адамдары сияқты қызыл әскерлерге болысқан. Өзінің саяси санасы тұрғысынан ауылдастарынан оқ бойы озық тұрған Теміртас саяси күрестерде шынығып жетіледі. Соғыс басталған кезде әуелі қатардағы қызыл әскер болған ол командир дәрежесіне дейін көтеріледі. Саяси өмірде оң мен солын танып, қатарластарымен қатар ысылған көзіқарақты жігіт бейбіт өмір орнағаннан кейін өз ауылына оралған. Байларға қарсы күресте оның ауыл кедейлеріне ұйытқы болып, таптық тартыстың алдыңғы қатарында жүреді. Алайда, Теміртастың бойында ысылған ел басшысы бейнесі таныла қоймайды. Ол жиырмасыншы жылдары енгізілген жаңа экономикалық саясаттың мәнін түсіне алмайды. Ауыл-аймақта қайтадан ауқаттанып келе жатқан бұрынғы байларға және жаңадан қоң жинай бастаған ауқаттыларға түбірімен қарсы. Оның күресінде нақтылық жетіспейді.

Шығармада көптеген партия-кеңес қызметкерлерінің бейнелері жасалған. Олардың қатарында Теміртастан басқа Мұрат, Қозыбақ, Жауқашар, Сағындық, Алма сияқты қайраткерлер бар. Олар жаңа өмір үшін күреске түскен, кеңес өкіметінің түпкі мақсатын жеткілікті түсінген адамдар болып суреттеледі. Кеңес өкіметіне шынайы берілген кейіпкерлер – ақылды да табанды, ойлары ұшқыр, белсенді, қайсар азаматтар. Мысалы, өлкелік партия комитетінің өкілі Сағындық бейнесі романда мінсіз жасалған. Ол коммунистік істерге жан-тәнімен беріле жұмыс істейді. Өлкеге келген жаңа өмірдің сан алуан шаруаларын ақылдылықпен ұйымдастыра біледі. Ол байлардың арам пиғылдарын да алдын ала біліп отырады. Ауыл адамдарының, белсенділерінің көңіл-күйін жете танып, олармен жұмыс істесе біледі. Бұл образдарды жүйелеуде де автордың олардың адамның бейнесін ашуды емес, саяси ұстанымын бетке ұстағаны көрінеді.

Жер бөлінісі кезінде көптеген талас-тартыстың туындауы да заңды. Құлтабан ауылының қаратабан кедейлері кеңес өкіметінің қолдауымен жер бөлінісіне құлшына кіріседі. Бірақ ата-баба жерінен айырылғысы келмеген Қасқырбайлармен күрес оңай шаруа емес. Кеңес өкіметінің жерді жеке меншіктен алып, ұжымдық бөлініске салуы көптеген қиыншылықтар арқылы жүзеге асқаны белгілі. Жазушы өз романы арқылы кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы сол бір елеулі таптық өзгерістерді бейнелеп жеткізуді мақсат еткен. Тартыс нәтижесінде қарақасқа кедейлердің үлкен жеңіске жетіп, жерге ие болуы да – сол замандардағы саяси өмір шындығы. Бірақ автордың оң нәтиженің орнағанын жеделдетуге тырысқандығы байқалады. Үстем тап өкілдері Қасқырбай мен оның қасындағы молда жаңа өкіметтің жер туралы саясатына наразылық білдіргені үшін қамауға алынып, істері сотқа түседі. Ал олардың жеріне ие бола кеткен құлтабандықтар дереу үй-жай салып, құрылыс тұрғызуға кіріседі. Тіпті жеделдетіп мектеп пен клуб та салып жібереді. Ауыл болашағына сенген Теміртас мұнан кейін әйелі Шолпан екеуі білім алу үшін қалаға қарай тартып отырады.

Романда бояуы қанық, қызықты жасалған образ ретінде Қасқырбай байдың баласы Түлкібайды атап өткен абзал. Кеңес өкіметінің бітіспес қас жауы, оған қарсы түрлі әрекеттерді белсенділікпен ұйымдастыруда ештеңеден тартынбайтын бай баласының мінез қырлары оп-оңай түсіне қоятындай жадағай емес. Әдетте сол жылдары үстем тап өкілдерін әпербақан, ноқай, әрі түк білмейтін надан етіп суреттеу әдебиеттегі саяси көрініске айналғаны шындық. Ал Түлкібай болса, айлакер де ақылды, жырындылығымен қатар ой-санасы дамыған, күрделі жеке көзқарастың иесі. Ол ескі қазақ қоғамын сақтап қалу жолында ештеңеден де тайынбайды.

Жерді қайта бөліске салу кезеңінде байлар біртіндеп үстемдік позициядан айырылып, кедей ауылдар, жарлы-жақыбайлар ұйысып жатқан кезде Түлкібай табан тіреп күресіп, басын тауға да, тасқа да ұрады. Өзгелер әбден тығырыққа тіреліп, не істерлерін білмей, быт-шыт болып жатқан уақытта ол амалы таусылғанына қарамастан, кедейлердің жинаған шөмелелерін өртейді. Бұл да сол бір жылдары етек алған таптық зиянкестіктің көрінісі еді. Соңғы қайраты таусылғанша Кеңес өкіметіне қарсылық көрсетіп бағатын бұл адамның бейнесінде трагедиялық күйзелістің ұшқыны сезіліп қалады. Коммунист Жауқашар, комсомол мүшесі Ерден бастап жаңа ауылдың адамдары Түлкібай салған өртті сөндірумен әлекке түседі. Көлемі қомақты романның бірінші кітабындағы соңғы оқиғалары осындай өрт сөндіру эпизодымен аяқталады. Автор мұндай көрініске өзінше саяси талап тұрғысынан идеялық жүк арқалатқаны белгілі.

Ал Түлкібайдың қарындасы Каукер болса, адами болмысы жағынан ағасының қалпын қайталамайды. Жеңілтек ойлы, ақыл-ойы шектеулі қыз күрделі қоғамда өмір сүріп кетуге қабілетсіз. Оның жігіттердің қолында оп-оңай ойыншыққа айналып кете баруы да сондықтан.

Қым-қиғаш тартыстардың, сюжеттік желілердің тарамдалып өрбуіне, адам тағдырларының таптық тұрғыдан дамуына қарап, автордың кезең өмірін кеңінен алып суреттеуді мақсат еткен үлкен роман жазуды жоспарлағанын аңғаруға болады. Бірақ ол көркемдік-эстетикалық тұрғыдан алып қарағанда өз деңгейінде пісіп-жетілмеген. Образдарды жасауда, тартыстарды өрбіту мен оқиға құруда схемалық үлгі сезілмей қалмайды. Композциялық шашыраңқылық, үзік-үзік болып келетін сюжеттік желілер С.Мұқановтың шебер стилін таныта алмайды. Оңай жазылған сөйлемдердің эстетикалық әсері әлсіздеу.

«Теміртасты» сынаған пікірлер баспасөз беттерінде ара кідік жарық көріп, аталған туындының жазушы мүмкіндігінен әлдеқайда төмен жатқаны жайлы ортақ ұстанымға алып келіп отырды. Қаншама сыналғанымен «Теміртас» романы өз заманында оқырмандардың белгілі бір буынын әлеуметтік-таптық тұрғыдан тәрбиелеуге, уақыт тынысы жайлы танымын кеңейтуге ықпал жасаған шығармалардың қатарына саналады. Ол тек жазушының ғана емес, қазақ прозасының қалыптасу кезеңдерінде өмірге келген прозалық туындылардың өзіндік үлгілерінің бірі.

Бұл шығармадан жаңа туа бастаған роман жанрының алғашқы ізденістерін біркелкі өтпегенін бір көрсек, жаңа қоғамның орнауы мен оның қайшылықтарын шынайы бейнелеп суреттеудің де жетімсіздігін аңғарамыз. Қазақстандағы революциялық оқиғаларды суреттеудің бұл тәжірибесі төл прозалардың кейінгі тақырыптарына сабақ болғаны да даусыз. 1938 жылы басылған С. Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романы бұрынғы сәтсіздіктерді ескере отырып, ойланып, ұзақ ізденіп жазылған шығарма ретінде назар аударады. Романды оқырман қауым жақсы қабылдады, кейбір ескертпелер де айтылды. Жазушы оларды ескере отырып, романның жаңа басылымын «Ботагөз» деп атады. (1948)

С.Мұқановтың «Ботагөз» романы – еліміз тәуелсіздік алып, ескі мұраларға деген көзқарастарды саясаттан тыс обьективті тұрғыдан қалыптастырып жатқан демократия заманында жаңаша оқылатын шығарма. Бүгінгі оқырмандар үшін де роман өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Оның себебі – қазақ халқының азаматтық үшін күрес жолын реалистікпен суреттеуі, образдарының жасалуындағы нақтылық, сюжеттік желілердің шымырлығы, авторлық позицияның, айтар ойдың айқындылығы, шығарманың жазылу стилінің жатықтығы, қысқасы, қай тұрғыдан алғанда да көркемдік деңгейінің рухани талапқа жауап бере алатындығы.

1913-1920 жылдар арасындағы елеулі тарихи-революциялық оқиғаларды қамтитын бұл туынды «Тұңғиықта», «Таң атарда» және «Күн күлімдегенде» деп аталатын үш бөлімнен тұрады, ең соңында қысқаша эпилогы бар. Жазушы жекелеген қаһармандардың қиыншылыққа толы өмір жолдарын суреттей отырып, бүкіл қазақ халқының сол кезде бастан кешірген азапты тарихи кезеңін бейнелеуді мақсат еткен. Аттарынан байқалып тұрғандай, осы жеті-сегіз жылдың арасындағы белестер әр түрлі сипатта көрінеді.

Алғашқы тарауда айтылатын әңгімелердің түйіні – патшалық Ресейдің боданында жүріп, отаршылдықтың езгісін әбден көрген дәрменсіз жұрттың жағдайы азаттық саңылауынан алыс тұңғиық түбінде жатқандай еді деген ой. Ал еңбекші халық қозғалып, қанаушыларға қарсы шыға бастаған кезі патшаның тақтан түсуіне, одан кейін Қазан революциясына ұласады да, ен даланы басқан қара түнектің шеті серпіліп, бұғаудағы отар халықтың, езілуші таптың жүрегінде үміт сәулесі оянады. Яғни, көкжиектен ағарып таң атып келе жатқандай әсер пайда болады. Ал түрлі қырғындармен Азамат соғысы жеңіске жетіп, жер-жерде Кеңес өкіметі жаппай орнай бастаған сәт, автордың бейнелеуінше, күннің күлімдеуі. Осылайша жазушы романның үш тарауының тақырыбына да саяси-тарихи астары айқын, символдық мәні бар көркемдік-идеялық жүк артқан. Сөйтіп талай жылдар бойы езіліп, жаншылған қазақ жұртшылығы, соның ішінде қаналушы таптың бостандыққа қалайша қолын жеткізгендігі шым-шытырық оқиғалар үстінде, қоғамдық-саяси тартыс жағдайында көрінеді.

Романның тағы бір назар аударатын тұсы – оның бас қаһарманының әйел адам болуы. Тарихи шындыққа жүгінген жағдайда, қоғамдық-саяси аласапыран кезінде қараңғы жұрттың арасынан бел шешіп шығып, қалың қатпарлы қоғамдық сілкіністерге білек сыбана араласып кеткен қазақ әйелдері онша көп емес. Соған қарамастан жекелеген фактыларды негізге алып, жазушы қазақ әйелдерінің революциядағы саяси күшке айналуын типтік құбылысқа айналдыра біледі. Бұл арадағы жазушының шеберлігі Ботагөздей қазақ қызын қоғамдық оқиғалардың алдыңғы қатарында жүруін уақыт желімен астастырып, нанымды түрде көрсете алуында.

Оқиға барысында кейіпкердің адами тұрғыдан өсу эволюциясы рухани-эстетикалық серпілістермен бірге тосын қиындықтар, бөгелістер мен күйзелістер жағдайында өтеді. Шыққан тегі кедей болса, да қисыны келіп, қаладағы орыс мектебінде білім алған Ботагөз өз құрбыластарымен салыстырғанда көзі ашық, қоғамдық құбылыстардың мәнін түсіне алатын жағдайы бар санасы сергек қыз. Оның ағалары Балтабек, Темірбек және Кенжетайлар да – орыс арасын жағалап, өз еңбектерімен күндерін көріп жүрген жұртқа зияны жоқ жандар. Сөйте жүріп, олар түрлі зорлық-зомбылықтарды, саналы түрде болмаса да келешектегі азаттық қозғалысына ат салысудың алғышарттарын бастан өткізеді. Ботагөздің өзі де қанаушы тап өкілдері тарапынан аз теперіш көрмейді.

Бүкіл Тұяқ әулетіне қара бұлт үйіп, қасірет әкелушілердің алдыңғы қатарында жүрген адам – Итбай болыс. Жазушы осы кейіпкердің болмысы арқылы сол кездегі қазақ қоғамындағы қанаушы тап өкілдерінің типтік бейнесін жасаған. Бүкіл бір болыс елді ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстаған, түкірігі жерге түспей тұрған Итбай бір жағы қырдағы надандық психологиясының өкілі. Ол – ел басқару барысында түрлі тараптан қорлық көріп жатқан езілуші бұқараның жағдайын емес, ең алдымен өз мүддесін бірінші қоятын, өз құлқынының құлы болып кеткен адам. Оның осынау ашкөздігі, қарақан басының қажеттіліктерін күйттеуге бейімділігі маңайындағы талай жазықсыз жандарға қайғы әкеледі. Тұяқ әулеті де одан теперішті аз көрмейді. Бұлардың арасындағы бітіспес таптық тартыс, шиеленісті жағдайлар көбінесе Итбайдың үстемдігімен аяқталып отырады. Әлеуметтік теңсіздік үстемдік еткен заманда олай болуы заңды да еді.

Шығармадағы жарқын бейнелердің бірі – жас қазақ интеллигенті, көзі ашық оқыған азамат Асқар Досанов. Әу баста қарапайым ауыл мұғалімі болып көрінген Асқардың романдағы қадамы біртіндеп қоғамдық істерге араласуы арқылы күрделене түседі. Қатарластарымен салыстырғанда оқығаны көп, эстетикалық талғамы қалыптасқан Асқардың Ботагөз сияқты оқыған қызға көз салуы, тек көз салумен шектеліп қалмай, екеуара қатынастың біртіндеп таза махаббатқа ұласуы табиғи қалыпта өрілген. Бұл – екі жастың арасындағы жеңіл-желпі сүйдім-күйдімнің махаббаты емес, сынақ пен сағыныштан өткен махаббат. Сондай ұзаққа созылған сезімнің нәтижесі де сәтті.

Роман «Ботагөз» деп аталғанымен, оның бас қаһарманы Асқар Досанов деуге негіз бар. Өйткені көптеген маңызды сюжеттік желілер, азаттық рух, халық санасының ашылуы, кесек тартыстар осы Асқардың жүрген жолынан, оның төңірегіндегі жағдайлардан өрбіп отырады. Бұл кейіпкер революция бесігі аталған үлкен шаһарға бір емес, екі рет барады. Сөйтіп орыс большевиктерімен жақындасып, қараңғы қазақ даласына төңкеріс рухын жеткізушілердің біріне айналады. Петербургке (кейін Петроград) барған сапарларынан алған тәжірибелерді кәдеге асыруға тырысып бағады. Онымен салыстырып қарағанда, Ботагөздің қоғамдық-саяси іс-әрекеті шектеулі, көбінесе қара басының қамын күйттеуден аса алмай жатады. Бірақ жеке басының азаттығы үшін күрес – халық бостандығы үшін күрестің бір парасы екендігі сөзсіз. Екі кейіпкерді осылайша әр қилы әлеуметтік-тарихи жағдайда көрсетуі жазушының реалистік ұстанымнан ауытқымағынын байқатады. Әр кейіпкердің көтеріп тұрған көркемдік-идеялық жүгі өздерінің болмыс-бітімдеріне лайық.

Адамдық қалпы айқын сомдалған тұлғалардың бірі – Амантай бейнесі. Бұл кейіпкердің оқырман жүрегіне жылы тиетін ұлағатты да ұнасымды жақтары көп. Тұяқ балаларының нағашысы, халықтың қалың ортасынан шыққан Амантай – көкірекке түйгені мол, қазақи адамгершіліктің топырағынан өскен парасатты жан. Оның бойынан халықтық мінез-құлық сипаттары айқын көрініп тұрады. Бастапқыда жай ғана кедей шаруа, оқығаны жоқ қарапайым жан ретінде бой көрсеткен бұл кейіпкердің әлеуметтік тұрғыдан өсу жолы айқын. Үстем тап өкілдерінің зорлық-зомбылығын, негізсіз қиянатын басынан өткізе жүріп ол бірте-бірте өз еркінен тыс қоғамдық деңгейдегі күрескерге айналады. Жаламен айдалып барып келгеннен кейінгі Аманбайдың тап өкілдеріне қарсы қозғалыс ұйымдастырып, ақыр соңында оны бүкілхалықтық көтеріліске ұластыруы Амантай өз тұлғасын ірілендіре түсетін әлеуметтік фактор. Біртіндеп ол осы Көкшетау өңіріндегі жарлы-жақыбай жұрттың жетекшісіне айналады.

Осы кейіпкердің прототипі хақында «Арман-ПВ» баспасы «Қазақ әдебиеті» сериясы бойынша шығарған «Оқушы анықтамасында»: «Амантай бейнесі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті кеңес өкіметі үшін күреске жалғаған Амангелді Иманов сияқты ерлер прототипі» деген дәйектеме бар. Әрине, Амантайды Амангелді Имановтың әдебиеттегі көркем көшірмесі ретінде қабылдауға болмас, бірақ тарихи тұлғаның өмірдегі белгілері оның бойынан табылып қалуы ғажап емес.

Асқар мен Амантай образдарының өсу жолдарын суреттеу арқылы жазушы қазақ арасында азаттық жолындағы күрестің қалай қанат жайып, қалайша өркендегенін көрсетуді ниет еткен. Бұл екі бейне бір-бірін толықтырып тұрады. Асқар Петербургтен бастап орыс революционерлерімен қазақтың көзі ашық, оқыған интеллигентінің өкілі ретінде байланыс жасаса, Амантай айдауда жүріп бірге болған революционерлердің ықпалымен көзін ашады. Біреуі көтерілістің ел ортасындағы ұйытқысы болса, екіншісі сол қозғалыстың теориялық жағынан дәйектеушісі, рухани демеушісі ретінде танылады. Былайша да көңілдері жақын бұл екі кейіпкерді ортақтастырып тұрған қуатты күш – халықтың азаттық жолындағы күреске деген ынта-жігер. Осылайша өзара түсінісіп, тізе қосып, мойымай әрекет жасаудың арқасында ескі қоғамдық құрылысты қиратып, жаңа өмір орнату жолында табыстарға жетеді.

Алайда сол бір бақытты кезеңге жеткенше олардың көргендері – бейнет пен азапқа толы ауыр жол. Кейіпкерлердің өмір сүрген кезеңі қоғамдағы ұлы өзгерістердің, революциялық аласапыран мен Азамат соғысы лаңының жылдары. Роман авторының суреттеуінше, нешеме қияметті жолдарды бастан кешкен жандар ақыр соңында бүкіл еңбекші халық аңсаған азаттыққа, қоғамдық-әлеуметтік теңдікке қол жеткізеді. Жазушының бұл мегзеуі өзі өмір сүрген уақыт шындығынан алшақ жатыр деуге болмайды. Тек осы романның кейіпкерлері ғана емес, бүкіл Кеңес дәуірінде өмір сүрген ұрпақтың осындай сенімде болғаны рас. Белгілі бір дәрежеде Патшалық Ресей жүргізген отаршылдық-қанаушылық саясатпен салыстырғанда Кеңес өкіметі ұстанған саясаттың біршама прогрессивті жақтарының болғаны тарихи шындық. Осынау жаңғырған, жаңарған қоғамдағы өзгерістердің көркем әдебиетте жаманшылығы жасырылып, жақсылығы асырылып, бейнелі түрде суреттелгеніне нақты мысалдың бірі – осы романның идеялық концепциясы.

Жазушы Кеңес билігі қойған идеологиялық талаптардан ауытқымай, өз тұрғысынан жауап бере келіп, тілге тиек етіп отырған аумалы-төкпелі кезеңнің шындығын біршама ашып көрсете алған. Және бұл көркемдік-идеялық принцип шеберлікпен жүзеге асқан. Образдар жүйесінің тиісінше іріктеліп, айқын сомдалуы, алдыңғы планда үнемі ірі-ірі соқталы тартыстардың, атап айтқанда, тарихи-әлеуметтік шиеленістердің орын алып отыруы, бір сәт те босаңсымай, ширыға өрбіп келетін сюжеттік желілер, кезең бейнесін сездіретін танымдық сипаттар, тосын да қызықты көркемдік шешімдер, кідіріссіз оқылатын төгіліп тұрған тіл – осынау көркемдік компоненттердің бәрі жинақтала келіп, аталған шығарманың биік эстетикалық деңгейде жазылғанын айқындайды.

Тарихты зерттеушілердің Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі кезеңде қазақ еңбекшілері екіжақты қанауда болып келді деп тұжырым жасағаны белгілі. Оның бірі – Ресей патшалығының отаршыл әкімдері болса, екіншісі – жергілікті бай-манаптар. «Ботагөз» романын зерттеушілер де оның таптық-саяси мәнін талдау барысында осынау қалыптасқан үрдісті бетке ұстайды да, қанаушыларды жоғарыда айтылған екі топқа оңай бөле салады. Мәселен, филология ғылымдарының докторы М.Атымов: «Романда жазушының айтпағы: патшалы Россияның отары болған қазақ елінің еңбекші халқы екі бірдей қанаудың (патша чиновниктері мен жергілікті билеуші топтардың) тепкісінде келді»1, - деп тұжырымдайды. Осы жағынан келіп қарағанда сол қанаушылардың көзқарастары, таптық ниет-пиғылдары бірдей секілді көрінеді.

Қоғамдағы адамдар қауымын осылайша бір-біріне қарама қарсы екі лагерьге жіктеп, баррикаданың екі жағынан ғана көру принипі мен аталған романның образдар жүйесіндегі өзіндік ерекшелік өзара толық қиыса ма? Көкейдегі сұрақты осылайша қойған жағдайда бұл мәселенің әлі де айқындап, нақтылай түсетін тұстары бар екені даусыз. «Роман кейіпкерлерін қимылға келтіріп, алғашқы қақтығыстың өзінде-ақ қаһармандарды бір-біріне қарама қарсы екі топқа бөлді. Қанаушы тапты Байқадам ұрпақтары маңайына топтап (Байсақал, Итбай, Елібай, Сарбас, Кошкин, Горбунов, Алексей, Базархан, Мадияр, т.б.) бір сюжеттік желі құрады да, қаналушы тапты Тұяқ семьясының маңына топтап (Балтабек, Темірбек, Кенжетай, Ботакөз, Асқар, Амантай, Асан, Бүркітбай, Сағит, т.б.) екінші сюжеттік желі құрады»2, - дейді М.Атымов. Сөйтіп зерттеушінің тұжырымы бойынша, роман персонаждары таптық белгісіне қарап екі топқа бөліне салған. Қаналушы кедей тап өкілдері – жағымды бейнелер де, қанаушы үстем таптан шыққандар – жағымсыз кейіпкерлер.

Ал шығарманың көркемдік-идеялық болмысына обьективті түрде үңіліп қарайтын болсақ, кейіпкерлерді бір-біріне қарама қарсы қойып жіктеудің шартты екенін мойындаған жөн. Жазушының кейіпкерлерді таптық принципті ұстай отырып екі лагерьге бөлінгенмен олардың бәрін бірдей тапшылдар деп бағалау қиын. Мәселен, Итбайдың жалшысы Бүркітбайдың халықтық қозғалысқа араласуы үлкен сынақтар арқылы іске асады. Тұлдыры жоқ кедей болғанымен, оның алғашқыда өзі сияқты кейбір кедей тап өкілдеріне қырын қарайтыны сезіліп отырады.

Немесе тек жеке басын ғана ойлайтын болыс Итбайдың сасық пиғылы мен Мадияр, Базархан тәрізді алашордашылардың көзқарастары бір-бірімен онша үйлесе бермейді. Соңғылар – «халқым, қазағым» деп жүрген ұлт патриоттары.

Бірақ сол өздері сүйген халыққа азаттық әперіп, еркін елдің қатарына жеткізу жолындағы іс-әрекеттерінде саяси құйтұрқылық, тактикалық тәсілқойлық жетпей жатады. Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда, олар тек патшалық самодержавиенің бұғауынан ғана емес, орыс отаршылдығынан да құтылу керектігін көтерген. Кеңестік сыншылар шығармада үстем тап өкілдері патша шенеуніктері мен қазақтың байшыл-ұлтшылдары бір жақ деп тұжырымдағандарымен, олардың ара жігі үлкен екендігі сюжеттік желілер барысында айқын көрініп тұрады. Жазушы тек патшалық шенеуніктерді ғана емес, ұлыорыстық шовинизмнің бұратана халықтарға деген көзқарасын да сездіруді де ұмытпаған. Мысалы, асығып келе жатқан уезд бастығының болыс екендігіне қарамастан, Итбайдың бетінен ұрып жіберуі, урядник Кошкиннің «киргизенок» деп Кенжетайды жазықсыз соққыға жығып салуы, Итбай мен Кошкиннің жанжалдасып қалуы және т.б. жекелеген ситуацияларда қазақтардың таптық қана емес, ұлттық тұрғыдан да қорлауға ұшырап отырғандығын көрмейміз бе? Тіпті жағымсыз бейнедегі Итбайдың өзі ұлт патриоты ретінде көрінетін тұстары да бар. «Патшаның, министрлердің алдында Асқар орыс тілін маймаңдатып сөйлеп тұрса, мен түгіл, бүкіл қазақ атаулының шоқтығы көтерілмей ме?» деп ойлайды Итбай. Міне, осы ойлармен, бір жағы – Асқардан артық тілмаш таба алмай, екіншіден – Асқарды ұзақ жолда қаттырақ сынағысы кеп, бірақ бұл ойын Асқарға да, басқаға да сездірмей, Итбай Асқарды алып жолға шықты»1.

Отар ұлт ретінде қазақ халқының бастан кешкен азапты жолдары да, Николай патшаның тақтан құлап, Ақпан және Қазан төңкерістерінің дүниені дүр сілкінтуі де, езілуші бұқараның большевиктер партиясына, Кеңес өкіметіне үлкен үміт арта қарағандары да, одан кейін таптық сипатта жүргізілген, Азамат соғысының бүкіл елді екі жікке бөліп, қалың жұртшылықты күйзеліске ұшыратуы да тарихи шындық. Ендеше ол шындықты жазғаны үшін замана қаламгерлерін бүгінгі таңда да жазғырудың қажеті жоқ. Мәселе – сол шындықтың көркем әдебиетімізде эстетикалық тұрғыдан қаншалықты әсерлі бейнеленуінде. Осынау оқиғалар барысында әр адамның басында, бір-біріне қарама қарсы антогонистік тап өкілдерінің бойында да түрлі қайшылықтар орын алады.

Осындай қайшылықтардың мейлінше реалистік түрде бейнелеген шығармалардың айқын үлгісі – М.Шолоховтың «Тынық Дон» атты тетралогиясы. Оның бас қаһарманы Григорий Мелехов болып жатқан оқиғалардың саяси сырына түсіне алмай, ақтар мен қызылдар жағына кезек шығып соғысады. Осы романда басқа да тағдырлас жандар аз емес. Ал «Ботагөздің» қаһармандары олар секілді өз идеяларына күмәнданып солқылдамайды, азаттық жолындағы күреске аяғына дейін адалдық таныта біледі.

Шығармада эпизодтық деңгейде болсын бой көрсететін қазақ ұлтшылдары Мадияр мен Базархан образдарында трагедиялық сипат сезілетіні бүгінгі таңда анық көрінеді. «Ұлтым, қазағым» деп зарлағандарымен, олар ақ пен қызыл болып қайшыласқан жойқын нөпірдің арасында дәрменсіз. Олардың қолдаушылары да жоққа тән. Бірақ ұлттық езгіден бас көтере алмай жатқан қазақ жұрты үшін ең ділгір, ең қажетті идея осылардың идеясы болатын. Мадияр мен Базарханның ұлт азаттық жолында күресіп жүргенімен, олардың алғашқыда кедей тап өкілдеріне қырын қарайтыны сезіліп отырады.

Жазушының өзі көрген, куә болған оқиғаларды көркем шығармаға пайдалануы белгілі заңдылық. Сәбит те романда осындай өзіне таныс, өмірде болған оқиғаларды орынды пайдалана біледі. Мәселен, «Ботагөз» романының «Күткен губернатор» атты тарауында уезд басшыларының ел-жұрттың апшысын қуырып, үстерінен өтетін губернаторды қарсы алуға даярлайтыны, оған Итбай болыс бастаған жұрттың бар тіршіліктерін жинап қойып, жанталасатын сәттегі С.Мұқанов стиліне тән қызықты сюжет, жатық тілмен желдірте баяндалады. Бірақ соншама үлкен әзірлік жасап, сескене жүріп тосқан губернатор Итбайдың ауылына тоқтамай кетеді. Тоқтағанды қойып, шылауына жармасып, жалынған Итбайды уезд бастығы Кривоносов бетінен жұдырықпен салып жібереді.

Қазақтың ел үстінде жүрген бетке ұстар адамдарын қорлау бүкіл бұратана жұртты қорлау екендігін шебер жазушы осылай сездірген.

Нақ осыған ұқсас ситуация жазушының «Өмір мектебі» атты мемуарлық романының бірінші кітабында да баяндалады. Әрине, бұл – автордың өзінің көзі көрген немесе нақты адамдардан естіп-түйген оқиғасы. Жазушы өзінің туысқан ағасы әрі осы елдің болысы Нұртазаның губернаторды қарсы алу қарбаласында өзін қалай ұстағанын бір жағы күлкілі, бір жағы аянышты етіп баяндайды. Губернатор мен оның айналасындағы адамдардың қаһарынан қорыққан Нұртаза болыстық қызметті губернатор кеткенше уақытша басқа адамға өткізе тұрмақ болады. Оның бұнысына Садуақас: «- ...болыс болғанды жақсы көресің де, ұлық келгенде қашасың. Жоқ, болмайды ол. Шатақты қой да ісіңді басқар! – деп қатты қайырып тастады»1. Ауыл жұрты асып-сасып, әбден берекелері кете бастаған кезде губернаторлардың да келе жатқан хабары шығады. Бұйрық бойынша қарсы алушылардың ішінде болыстың болуы да міндетті екен. «Өңі бұрынғыдан да қуқылдана түскен Нұртаза Садуақасқа:

– Оққа мені байлайын деген екенсіңдер, жарайды, мен-ақ құрмалдық болайын жұрт үшін, - деп ерттеулі тұрған атына жөнеле берді де, ашулы адыммен барып, атына ырғып мініп алғаннан кейін:

– А, жасаған, бір өзіңе тапсырдым! - деп дауысы барқырап жылап жіберді»2.

Автор осынау әсерлі ситуацияны сол қалпында «Ботагөз» романының бетіне көшіре салмаған. Оқиғаның жалпы фабуласын алған да, оған көркем шығармаға тән әсерлі суреттерді, психологиялық иірімдерді ойнатып қоса білген. Соның нәтижесінде екі шығармадағы қазақ ауылының губернаторды қарсы алу оқиғасы бір-бірін қайталамайтын сипатта көрініс тапқан.

1916 жылғы маусым жарлығынан туындайтын қым-қиғаш оқиғалар мен образдар да мемуарлық кітапта қысқаша баяндалған. Демек, автор өмірлік материалдарды да көркемдікпен қисынды пайдалана білген. «Өмір мектебін» оқи отырып, жазушының осы кезеңде өзі көріп, естіп-білгендерін «Ботагөз» романына қалай енгізгенін аңғару қиын емес. «Пәлен жерде пәлен болысты, пәлен ауылнайды жігіттері сабапты... Пәлен жерде өлтіріп те тастапты... Урядникті өлтіріп те кетіпті... Пәлен жерде өкімет қарулы әскер шығарып, жігіттермен соғысып қапты..» деген сияқты хабарлар дүңк-дүңк етті»1. Немесе «Аржағында ашуға булығып қалған Шәйке кебежені теуіп кеп қалды, кебеже оған қозғала қоймады... Долданып кеткен Шәйкенің шарасынан шыққан көзі босағада жатқан балтаға түсті. Балтаны ала сала ол кебежені періп-періп жібергенде, тақтайлары бөлініп ұшып кетті... Ыбыр кебеже ішінде қарынға салған майлардың арасына кіре, шөке түсіп жатыр екен...»2. Енді талданып отырған «Ботагөз» романының «Бас кескен балта» деген тарауындағы Бүркітбай мен Темірбектің Итбайды өлтіретін жерін оқып көрейік: «Ашумен кірген Бүркітбай таңған кебеженің жібін тартып қалғанда, үзіліп кетті. Содан кейін ол оң аяғының бар пәрменімен кебежені теуіп кеп жіберіп еді, қиыны қашқан тақтайлар быт-шыт болып ұшып-ұшып кетіп, қабығы жарылған жұмыртқадан шыққан балапандай Итбай шоқиып отырды да қалды»3. Осы екі үзіндіні салыстырып қарағанда өмірден алынған жағдайлардың көркемдік сипатқа ие болғаны сезіледі. Мемуарлық шығармада айтылатын жазушының көзбен көрген, естіген деректі материалдарының іргелі романда қалай кәдеге асқаны осындай тұстарда анық көрініп тұр.

Романда оқырман есінде тайға таңба басқандай болып айқын сақталатын, көркемдігі кенеулі образдардың қатары біршама. Басқаларды айтпаған күннің өзінде Ботагөздің ағалары Балтабек, Темірбек, Кенжетай, шешесі Ұлберген, жеңгесі Айбала, Итбайдың баласы Сарыбас, Асан секілді роман бетінде анда-санда елес беріп отыратын кейіпкерлердің өздері де оңайшылықпен ұмытыла қоймайды.

Кеңес дәуірінің әдебиеттану ғылымы «Ботагөз» романының өзіндік тақырыптық-идеялық белгісі ретінде ең алдымен тарихи-революциялық тақырыптағы шығарма деген айқындама берді. Тақырыптық жағынан негізінен дұрыс болғанымен, біз бұған қазақтың ұлттық азаттығы, халықтық сипаты жөніндегі туынды деген анықтаманы іркілмей қосуға болады деген пікірдеміз. Осы арада әдебиет зерттеушісі А.Нұрқатовтың: «Әдебиетіміздің өсу, кемелдену жолында осындай шешуші роль атқарған шығармалардың бірі – «Ботакөз» романы. Оқушы қауымның талай-талай буынының ең бір сүйікті шығармасына айналған бұл романның бүкіл әдебиетімізде алатын орны өзгеше. Бұл роман – ең алдымен жазушының талассыз творчестволық ізденістерінің, оның суреткерлік шеберлігі толысуының, жазушылық биік мәдениетке көтерілуінің жемісі еді»4, - деген пайымдауы бұл кесек туындыға берілген байыпты баға деп санаймыз.

Қазақстандағы революция дауылы мен азамат соғысы тақырыбына арналған тағы бір роман – Ғ.Слановтың «Дөң асқан» деп аталатын шығармасы. Мұндағы уақыт кеңістігі 1916 жылдың алдындағы кезең мен қазақ жерінде Кеңес өкіметін орнатып біткенше болған уақытты қамтиды. Оның бас кейіпкері кең даланың төсінде еркін жүрген серілеу жігіт Сақи жергілікті үстем тап өкілдерінің зорлығына қарсы шыға жүріп, ақыр соңында Совет өкіметін орнату үшін қанды шайқастарға араласып кетеді. Ештеңеге мойымайтын ер көңілді азамат бірсыпыра қатерлі жағдайларды бастан кешіріп келіп, ақ пен қызыл арасындағы қырғын соғыстардың куәгеріне айналады. Арпалыстарға өзі де қатыса жүріп, екінші жағынан халық басына төнген зобалаңға куә болады.

Соның ең ауыры – ақтар мен олардың сыбайластарының қырдағы бейбіт жатқан қазақ ауылдарын өртеп, адамдарын қырып кетуі. Қасіретті ахуалды тіпті ушықтыра түскен жағдай – сол жазықсыз қырғын тапқан жандардың арасында өзінің ең жақын адамдарының болуы. Айдалада зар илеп отырып, Сақидың көкіректе шемен болып қатқан шерін әнмен шығаруы – романның ең бір әсерлі эпизодтары. Азамат соғысы жылдары қазақ даласында жазықсыз елдің осындай қырғынға ұшырауы бір бұл емес, әрбір өлкеде болған деудің қисыны бар. Мұның өзі Совет өкіметінің қазақ жерінде қандай ауыр құрбандықтармен келгендігін байқатады. Жазушы жаңа заманның орнауы осындай қиындықтар арқылы ғана жүзеге асты деген тарихи тұжырымды көркемдікпен тиянақтауға тырысқан.

Романда Сақидан басқа азаттықты аңсаған Таңат, Ниетқабыл, Төлеуіш, Қуат, Қабылбай, Қалау, Жарқын, Шәбік, Яков тәрізді әр түрлі қалыптағы азаматтардың бейнелері кезігеді. Бұлардың ішінде Ниетқабыл учитель сияқты саясаттан хабары бар көзі ашық жігіттер де, Төлеуіштей жұмысшы табының өкілдері де, оқымай қалса да, көкіректері ояу Таңат, Қуат тәрізді ел азаматтары да бар. Шығармадағы оқиғаларды дамытатын басты атрибуттар – даладағы атыс-шабыс, төбелес, қуғын-сүргін, сойыл, шоқпар, мылтық, – аласапыран уақыттың асау мінезін білдіретін детальдар. Қуғын-сүргінге толы кезеңді суреттеу шығармадан еріксіз динамикалы уақиғаларды кірістіруді талап етеді.

Азаттық жолындағы арпалыстар арқылы қазақ халқының басындағы басты проблемаларды көтере отырып, алдына тарихи-қоғамдық мақсат қойған романның композициялық бітімінде елеулі кемшіліктер бар. Туынды прологында (әп деп басталған кезде) кең дала, онда өсіп тұрған алып бәйтерек, құлаққа жеткен сарын, теңіз, балық, мол ырыс жайлы кеңінен әңгімеленеді. Одан ары Сақидың дауысы, мылтық үні әңгімеленіп, шегініс арқылы Қапияның ері марқұм Пұсыр еске алынады, Шәбік балықшы, Сырым, Тайбөрі болыс, Қаракемпір, Ақбөбек, Қайып, Балауса би, Дәулет, Құсайын қазірет, Сапақ бай, Ыбыраш, Мәстура, Қанат, Сәнім, Сәлима, Асан, Қалу, Тілеу, Қайрат, Қуат, Қабылбай ұры, Есқазы, Қауесет және басқа кейіпкерлердің өмір жолдарынан, жекелеген оқиғаларынан хабардар етіледі. Яғни, әр түрлі көріністер мен бірінен кейін бірі сахнаға шығып жатқан әр алуан кейіпкерлер.

Бұлардың арасында өзара дамитын ортақ оқиға ғана емес, ортақ тартыс та жоқ. Көркем шығарманың өзіне тән сюжеттік болмысына дағдыланған оқырман бір оқиғаның басталуын күтеді, бірақ ол бастала қоймайды. Әрбір көрініс, әрбір кейіпкерді сахнаға шығарған сайын автор алдағы болатын оқиғаның прологын дайындап тұрғандай әсер етеді. Жоғарыда аталған кейіпкерлерді өзара байланыстыратын развязка әлсіз, әрқайсысы өз тіршіліктерімен болып жатқан бөлек-бөлек адамдар. Әрқайсысы жайында тәптіштей айтылғанымен, көпшілігі ортақ оқиғаға қатыса алмай, сол айтылған жерлерінде қалып қоя береді.

Жүз бетке таяғаннан кейін барып басталатын оқиғаның алдыңғы кейіпкерлерге де, осыған дейін айтылып келген әңгімелерге де еш қатысы жоқ болып шығады. Осындай үрдіс үш жүз бетке дейін созылады да, романның аяғына қарай большевиктермен ниеттес Яковтың түрмеге дьяшок болып баруынан кейін ғана қалыпты көркем шығармаға тән сюжет көрінеді. Бірақ роман осыдан кейін ұзамай-ақ аяқталып қалады.

Бұдан шығатын қорытынды – елеулі кемшілік шығарманың композициялық құрылымында, оқиғаның қозғаушы күші әрі характер сомдаудың өзегі болып табылатын тартыстың дұрыс құрылмауында жатыр. Шығармада жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ өмірінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпының ұшқындары кезігетіні рас. Бірақ бір арқауға байланған орнықты сюжет болмағандықтан, жаңағы айтылғандар шығарманың көркемдік компоненті ретінде көріне алмай, тек этнографиялық эпизодтар деңгейінде қалып қойған.

Романда адам өлімдері көп. Әлбетте, 1916-1919 жылдар қым-қуыт соғысқа, атыс-шабысқа толы кезең болғандықтан, адам шығындарының орын алуы заңды да. Бірақ романдағы кейіпкерлер өлімінде көбінесе әлеуметтік астар, идеялық негіз бола бермейді. Мысалы, айдалада жаңсақ пайымдаудан тұтанып кеткен төбелестен Керей деген ел азаматы қаза болады. Бұл оқиғаны орын алған күні 1916 жылдың 15 шілдесі, яғни, майданның қара жұмысына қазақтан адам алу туралы шыққан Маусым жарлығынан кейін ел ішінде ауыр ахуал орныққан кезең. Ал әрлі-берлі шапқылап жүрген қазақтардың жаңағы төбелесі осы айтылған тарихи оқиғаға түк қатысы жоқ болып шығады, адам өлімдері де жеке бастың бақастығы мен түсініспеушіліктің салдарлары ретінде туады. Адай-Беріш руларының арасындағы рулық бақталастық та роман бетінен орын алады.

Аталған олқылықтарына қарамай, «Дөң асқан» алғашқы кезде өз оқырмандарын тапты. Алайда, өмірі ұзақ болған жоқ.

Көркемдік сапасы әр қилы болғанмен, қазақ халқының азаттық жолындағы өмірін суреттеген қазақ романы төңкеріс тудырған ауыр шындықты, оған халықтың қатынасын көркемдікпен айқындауда едәуір пайдалы қызмет атқарды. Олардың ішінен ұлттық әдебиетімізде роман жанрын орнықтырған, кейін орыс және әлем тілдеріне аударып тараған «Ботагөз» сияқты шығармалар шықты.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]