Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер

ХХ ғасырдағы әлеуметтік революциялар нәтижесінде келген жаңа өмір бұрын орыс отаршылдығында болған өлкелердің бәрін де қамтыды. Оларда қоғамды жаңарту, қайта құру жұмыстары өріс алды. Адамзат тарихында бұрын болмаған қоғамға кіру, оның сан саласы қайшылықты тіршілігіне мойын ұсыну сахарада еркін жүрген көшпелі қазақ халқына да оңайлыққа түскен жоқ. Дегенмен, негізгі бөлігі кедей шаруалардан тұратын халық езілгендерге теңдік әпереміз деген өкіметтің сөзіне сенді, қазақ аулы революция жағына шықты. Жаңа өмірдің бұралаң жолын өте жүріп халық Кеңес шындығына бет бұрды. Осы дәуірде туған қазақ романы да негізгі материалын сол өзгерістер шындығынан алды. Жаңа роман кейіпкерлері болып революциялық күрес қаһармандары, қоғамдық өзгеріске сүйеніп азаттықтың, бостандықтың жолын іздеген жас ұрпақ өкілдері, қазақ даласында жаңа ашылған өндіріс ошағында жұмыс атқарып, өмірді еңбекпен бекітуге ұмтылған жастар әдебиетке кірді. Мұның бәрі қазақ романының өмірдің әр саласын қамту жолындағы ізденісін танытты.

Саяси-қоғамдық қайшылықтар туғызған арпалысты кезеңнің адамдардан күрескерлік рухты қажет етуі – қоғам өмірінің заңдылығы. Егер өмірдегі күрделі құбылыстар, қайшылыққа толы шиеленістер, қақтығыстар мен текетірестер бәсеңсіп, күнделікті тіршіліктің ағымы өзінің бірқалыпты тынысымен жүріп жатса, онда жеке адамның да күрескерлік рухы өзінен-өзі шау тарта бастамақ. Күнделікті біркелкі тіршілікпен өтіп жатқан жайбарақат өмір қоғам мүшелерінің де жайбарақаттылық психологиясына бейімделіп, проблемасы аз, тіршіліктің қалыпты ағымына түсуге ықпал жасайды. Ал қоғамық өзгерістер мен түрлі арпалыстарды адам баласын еріксіз күрескерлікке жетелейтінін С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романынан таба аламыз. Бұл көлемді туынды жеке адам қайраткерлігінің нағыз үлгісін көрсететін күрескерлік рухта жазылды.

Белгілі сыншы, академик М.Қаратаев С.Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу» мемуарлық романы жайында: «Екі дүниенің арпалысқан алысында кімнің кіммен, не үшін күресетіні анықталады. Большевиктер өздерін шын халықтың, революцияның басшылары екенін танытса, кешегі көлгірсіп, тәтті сөйлеп жүрген меньшевик, эсер, демагогтері жаңа дүниенің жауы екенін танытты. Олар патшашылдармен, Колчакпен, капиталистермен, бай-молдалармен, кулактармен, казак-орыстармен бірге революцияға қарсы шықса, еңбекші халық большевиктерді қолдап шықты»1 деп баға берген еді. Бұл таза таптық тұрғыдан берілген баға болатын.

Ал бүгінгі таңда осындай пікірлерді қайтадан сүзгіден өткізудің қажеттігі туды. С.Сейфуллин шығармашылығын көп зерттеген академик С.Қирабаев: «Сәкеннің бұл дәуірде жазылған прозалық туындыларының көлемдісі – «Тар жол, тайғақ кешу» (1927). Ол – мемуарлық сипаттағы, тарихи деректерге сүйеніп жазылған шығарма. Жазушы 1916-1919 жылдар арасында Қазақстанда өткен тарихи қозғалыстың өзі көрген, басынан кешкен оқиғаларын суреттейді. Онда революциялық қозғалысқа Сәкен өз көзқарасы тұрғысынан баға береді»2, - деп тұжырымдайды.

Бұл шығарманың жанрлық табиғаты да өзімен тұстас жазылған романдардан өзгеше. Тарихи-деректік материалдарды мол қамтыған мемуарлық роман алғаш жарияланғанда бірден-ақ оқырмандар назарын өзіне аударды. Қазақ әдебиетінде болмаған бұл жанрды да дәуір туғызды. Шығарманың өн-бойында суреттелетін жағдай – бүкіл ел үстіне төнген қауіп-қатер, ақтар мен қызылдардың қанды текетіресі, мәмілеге келуді білмейтін таптық күрес ұлтаралық қарым-қатынастар, бостандық жолындағы жан аямас шайқас кезек ауысып, үзілмей жалғасып жатады. Осының бәрі – бас қаһарманнан бастап, туындының әр тұсынан кездесетін эпизодтық кейіпкерлерге дейінгі толып жатқан персонаждардың тынымсыз күрес үстінде жүргендігінің дәлелі. Бір қарағанның өзінде-ақ мемуардың адам бойындағы қаһармандық рухты паш етіп, әділеттілік жолындағы үлкен күрестердің сипатын жеткізуге арналған шығарма екендігі көрінеді. Оның неше түрлі сюжеттік желілерден тұратын біртұтастай фабуласының өзі адам бойындағы таусылмас күш-жігердің асқақ үлгісін жыр етуге арналғандай.

1916 жылғы маусым жарлығы ел ішінде мазасыз дүрбелеңдер туғызып, түрлі қақтығыстарға алып келеді. Бейбіт түрде өз елінен қайтып келе жатқан Сәкендердің алдындағы алғашқы кедергі – олардың орыс поселкесінде ұсталуы. Бас қаһарманның өзінің азаматтық позициясы мен қайраткерлік мінез-құлқын көрсететін алғашқы сәті – осы кез. Өйткені қыр қазақтарының бүліншілігінен сескенген орыс поселкелері іш тартып, сақтанып қалған. Қазақ ауылдарымен шекаралас тұрған Қосқора поселкесі – орыстар қоныс тепкен ең шеткі мекен. Олар қалаға бара жатқан қазақ жігіттерін ұстап алып, заттарын тәркілеп, өздерін жауып қояды. Сәкен бастаған қазақ жігіттерінің өмірлері де қыл үстінде, тек тоқтатып тұрған жағдай – Сәкеннің қолындағы жергілікті өкіметтің ресми қағазы және сол қағазға құлақ асқан поселке старостасының шешімі ғана.

Оның үстіне қаладан келе жатқан басқа бір қазақ керуенін поселке мұжықтары мен солдаттар тонап, тіл білмейтін қыр қазақтарын әбден әуреге түсіреді. Сәкеннің шыбын жан үшін, туыстас, қандас қазақтар үшін қайрат көрсетіп, отқа түсетін алғашқы күрескерлік әрекеті, міне, осы эпизодтан басталады. Ол жөнінде Б.Майтанов: «Сәкен революцияға қалыптасқан характермен араласады. Шығармада образдың туу тарихынан хабар беретін эпизодтар жоқ. Іс-қимыл, қайраткерлік үстінде ширығып, шыңдала түсетін тұтас мәнді мінез сипаттарын танимыз. Қаһарманның саяси-дүниетанымдық бет-әлпеті тап жауларына қатысты көзқарасынан анық байқалады»1 - дейді. Көңілге қонымды осы пікірдегі екінші сөйлемнің мағынасы ғана талас туғызуы мүмкін. Бұл арада Сәкен тек өздерін ғана құтқарып қалмай, орыстардан қиянат көріп, үлкен бейнет шегіп жатқан қыр қазақтарын құтқару жолында да белсенділік танытады. Сондықтан да ол сол жерлердегі бейнетқор жандардың бас көтерер азаматына айналады.

С.Сейфуллин мемуарының өміршеңдігін дәлелдейтін тарихи-көркемдік факторлардың бірі оның тарихи шындықты біршама дәл көрсете алғандығы, туған халқына деген ыстық патриоттық сезімі деуге болады. Шығарманың өн бойында осы бағытта бір сыпыра тарихи шындықтар ашылып көрсетілген. Соның бірі – қазақ халқының отарлық қанауда, ұлттық езгіде болып келгендігі. Автордың отаршылдық сананы әшкерелеп, қазақ халқының ұлттық тұрғыдан көрген зорлық-зомбылықтарын дәлелдеп отыратын тұстары баршылық. Осындай ерекшеліктерін саралай келіп, «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарын ұлттық-патриоттық тұрғыдан жазылған туынды деп пайымдауға толық негіз бар.

Қазақ сияқты бұратана халықтардың күні күн емес екендігі патшаның 1916 жылғы маусым жарлығының қыр еліне қалай әсер еткендігі туралы баяндайтын кезде алғаш рет аңғарылады. Майдан жұмысына бала бермейміз деп толқыған халықтың саяси бет-бағдары да, стратегиялық жоспарлары да жоқ. Еңіреп-жылап шулаған қараңғы елдің алды бұлыңғыр, қорғанышы жоқ. Қолға түскен бірлі-жарым өкімет адамдарын, әскери киінгендерге күдікпен қарап, соққыға жығуда. Осындай жағдайда Ақмола қаласына губернатор келеді. Оның жұрт алдында сөйлеген сөзі өте қаһарлы, қорқынышты. Доңайбат шегіп, күш көрсете сөйлеген ол көтеріліске шыққан қазақтарға не істейтінін бүкпелемей, ашық айтады. Қазақтарды адам ретінде санағысы келмеген өкімет өкілінің сөзі қысқа ғана: «Қырға, әр елге әскер шығарып қазақты қойдай қырдырамын!.. Қазақты шалғымен шапқан шөпше шаптырамын! Қазақ қойша қырылады... 15 минуттен соң маған жауап бересіңдер». Және бұл жай ғана қоқан-лоққы емес, шын мәнінде іске асыруға болатын қанды жоспар.

Бас қаһарманның қайраткерлік тұлғасын оқырманға жарқыратып көрсететін кезең – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі уақыт. Туған халқының азаттығы, қазақ жерінің тәуелсіздігі жайында үнемі ой тарқатып, тебіреніп жүретін Сәкеннің жүрегінде азаматтық сезімді оятқан – осы ақпан төңкерісі екені сөзсіз. Бұл кездегі өзі көрген жағдайларды «Патша түсті деген хабарды алысымен, Омбыдан, Ақмоладан хат ала бастадым» «Тез Ақмола қаласына келдім» «Мен де келіп, қаладағы қайнап жатқан қалың сөздің ортасына кіріп кеттім. Мен де бардым»1 деп қысқаша ғана баяндап отырады.

Қаншама жылдар бойы адамды қанаушылығын үзіліссіз іске асырып келген, оның үстіне қазақ сияқты бодандықта болған жұрттарды езіп-жаншуды жақсылап жолға қойып алған, патшалық самодержавиенің құлауы бүкіл халықтың санасына, дүниетанымына үлкен әсер еткені тарихтан жақсы белгілі. Бұның өзі қоғам мүшелерінің саяси көзқарасына да сілкініс жасап, көптеген толқулар, қозғалыстар туғызды. Қоғамдық сілкіністің қай түрі болса да, халықтың алдыңғы қатарында жүрген азаматтардың қайраткерлік белсенділігін оятуға ықпал жасайтыны сөзсіз. Мемуардың өн-бойы саяси күрестер қақтығысын баяндайтындықтан да, осы тұстан бастап шығарманың аяғына дейін адамдардың қайраткерлік іс-әрекеттері оқырман алдына көлденең тартылып отырады.

Саяси жұмысқа араласқан бетке ұстар азаматтардың бел шешіп, үлкен күрестерге шығатын кезеңі – өкімет басына большевиктер келген тұс. Сол көзқарастары үйлескен түрлі ұлт өкілдері Ақмолада Совет өкіметін орнату үшін күреске шығады. Олардың бел ортасында жүрген жетекші азаматтардың бірі – Сәкен Сейфуллиннің өзі. Таптық-сословиелік тұрғыдан әр алуан болып келетін Ақмола жұртшылығы ұстанған бағыттарына қарай бірнеше саяси топқа бөлініп кетуге мәжбүр. Автордың айтуы бойынша, қаланың өзінде бір-біріне бағынбайтын бірнеше өкімет құрылған. Бұлардың қай-қайсысы да саяси текетірестің, пікір қақтығыстардың ошағы.

Патша өкіметі құлағаннан кейін бастапқыда қазақ комитетін, одан соң, «Жас қазақ» ұйымын ұйымдастырып, олардың басшыларының бірі болған Сәкен Қазан төңкерісінен кейін біржола Совет өкіметін орнату жағына шығады. Ол осынау қым-қуыт заманда өзінің саяси көзқарасын айқындап алумен шектеліп қалмай, сол жергілікті совдепті басқарушылардың бірі болады. Мұндағы мақсаты – біріншіден, Совет өкіметінің халықтарға теңдік әперетініне мейілінше үміт артқандық, сенгендік болса, екіншіден, қазақ халқын бостандыққа жеткізудің бірден бір жолы да осы саяси бағытта жатыр деген наным болғандығында. Кімнің кім екенін біліп болмайтын аласапыран заманда мейлінше дұрыс жолды таңдап алдық деп ойлаған Сәкен мен оның идеялас серіктері совет өкіметі үшін қасық қандары қалғанша күресіп өтеді. Бұларды қайраткерлік тұрғыдан жан-жақты шыңдап, аз уақыттың ішінде қоғамдық саналарын өсіретін де – осы аяусыз күрес. Сол бір аласапыран жылдардың әрбір күні етігімен су кешкен әрбір саналы азамат үшін төзімділік пен қайсарлық сияқты мінездерін айқындаған сынақ болғаны сөзсіз. Сол сынақтардан кім қалай өтті, қандай сабақ алды, қай тұрғыдан шыңдалып, өсіп-өркендеді деген сияқты сан қилы сауалдардың жауабы осы атақты мемуардың беттерінде сайрап жатыр. Айтыс-тартыстың негізгі өзегі де – саясат, саяси бағыттағы әдіс-тәсілдер, тактикалық амал-айлалар.

С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарында қазақ халқының саяси-мәдени өмірінде елеулі із қалдырған, өз заманында қоғамдық-рухани жұмыстарға белсене араласып, есімдері тарихқа енген көптеген белгілі тұлғалардың аты-жөндері аталады.

Большевиктер қозғалысын қолдаушылар, ең алдымен, таптық тұрғыдан бөлінген. Кітапта қызыл әскерлердің қимыл-қозғалыстары, таптық және адамдық бет пішіндері айқын көрінбейді. Жергілікті Совдепті құрып, Совет өкіметін орнықтыру және нығайту бағытында жұмыс істеп жатқан қызметкерлер қанды майданға араласпай-ақ, жарты жыл өтер өтпесте ақтардың тұтқынына түсіп қалады. Нақтырақ айтқанда, Колчак өкіметін жақтаған чехославак әскерінің көмегімен Ресейдің Сібір бөлігіндегі Совет өкіметі құлайды. Сөйтіп билік большевиктердің ата жауы казак-орыстардың қолына көшеді. Ақмоладағы Совдеп тағдыры енді атаман Анненков бастаған казак-орыс әскерінің қолына көшеді.

Бас кейіпкердің қайраткерлік көрсететін тұстары – оның осы тұтқында жүрген кездері. 1918 жылы жаздың басында Совет өкіметі құлаған кезде қолға түсіп қалған ол тек келесі 1919 жылдың көктеміне қарай (наурыз айының ішінде) бостандыққа бір-ақ қол жеткізеді. Онда да өзінің еті тірілігінің, жанкештілігінің арқасында қоршаудағы қапас лагерьден қашып шығып, жан сақтайды.

Тоғыз ай тұтқындағы адам үшін ұзақ уақыт. Осы тоғыз айдың ішінде қолға түскен өзге жолдастарымен бірге Сәкеннің көрмеген азабы, тартпаған бейнеті жоқ. Тап жауларының бір-бірімен соншалықты аяусыз дұшпандыққа барғанын бейнелейтін оқиғалар да, содан туындайтын небір қатігез көріністер де негізінен осы тоғыз айдың ішінде өтеді. Езгіде болып келген туған елдің азаттығы жолындағы бітіспес күрестің қалай өркендегені мемуарда әр қырынан, жан-жақты баян етіледі. Қандай қиын болғанымен, адамның бостандықта жүрген кезіндегі жағдайы, қалып, тіршілігі, көңіл күйі бөлек те, жаулардың қолына тұтқын болып түскен кездегі жағдайы мүлдем өзгеше. Біріншісінде аш-жалаңаш, ауру-сырқау болып жүрсең де, өз еркіндігің өзіңде. Ал екінші жағдайда сенің барлық адамдық құқығыңа қол сұғылып қана қоймайды, жеке басыңа, өміріңе тікелей қауіп төніп тұрады. Былайша айтқанда, кез келген сәтте тұтқын байғұс ажал құшуы ғажап емес.

Кітап авторы тұтқында болған күндердің мүмкіндігінше ең елеулі сәттерін, жолдастарының есте қалған ерлік-істерін іріктеп, екшеп ұсынуға тырысқан. Осынау ауыр әсер ететін жазбалардан түйетін қорытынды ой – тұтқындағы әрбір күннің, әрбір сағаттың ерлікке, қайраткерлік қажырға толы екендігі. Сәкен осынау сын сағаттағы өз басының жағдайын ғана баян етумен шектеліп қалмайды, қасындағы серіктерінің ерлік істеріне де аса ыждаһаттылықпен мән беріп, қолынан келгенінше әр қырынан суреттеп отыруға тырысады.

Шындық өмір фактілерін көлденең келтіріп отыру арқылы ғана емес, салыстыру, салғастыру барысында да анық көрінеді. Азаттық жолында арпалысқан ерлердің қайсарлықтары әсіресе сол бір қамауда отырған шақтарында айқын бейнеленеді. Сәкен куә болған қамаудағы айлар төрт кезеңнен тұрады. Олар – Ақмола түрмесі, Ақмола-Қызылжар сапары, атаман Анненковтің азап вагоны және Омбы қаласындағы лагерь. Міне, осы төрт кезеңнің қай-қайсысы да оңып тұрған жоқ. Бәрінде де азап, бәрінде де адам өлімі. Бірақ естен кетпестей қиыншылық әкелген жер – атаман Анненковтың азап вагоны. Адамдардың көбірек шейіт кеткен тұсы да осы вагондағы сапар үстінде. Осынша жан төзгісіз азапқа шыдай алмай, Хафиз есімді жігіт өзіне өзі қол жұмсайды. Ал Монин деген революционер қатты аурудан қиналып жатып, өлер алдында «Жасасын социалшыл құрама совет республикасы!»1 деп ұран тастайды. Бұл көріністің өзі қамаудағы ерлердің өз істеріне шексіз берілгендіктерінің куәсы екендігі сөзсіз. Ал Дризге, Павлов тәрізді ерлер ажал ауызында да қыңқ деп үн шығармастан, жантөзгісіз тән азабын көтере біледі. «Пиянковский марсельеза күйін жырлап отырып өліпті»2 дейді жазушы келесі бір сәтте. Қалай болған күнде де осы өлімдердің қай-қайсысы да баға жетпес ерлік екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық. Өйткені бітіспес дұшпанның тұтқынында келе жатып, азаттық жолында арпалысқан азаматтардың өлер алдында да ерлік көрсетуі – шын мәніндегі қаһармандықтың, қайраткерліктің белгісі. Тарих беттерінде тасқа қашалып жазылатын нағыз ерліктің нышаны екендігі сөзсіз.

Осындай дәрменсіз әрі әлжуаз қалыптарына қарамай тұтқындардың ажал аузынан қашып шығуға талпыныс жасауларының өзі көзсіз ерлікке пара-пар. Ажал аузында тұрған адамдар үшін тайынатын ештеңе жоқ. Олар ең алдымен әлсіреп, ауру меңдеген жолдастарына жәрдем беруді негізгі мақсат етеді. Өздерінде жейтін қорек те тапшы: қара нан мен қара су ғана. Дені саулары осы болмашы азықтың өзін науқас жолдастарының аузына тамызып әлек. Қазақша айтқанда, өздерінің аузынан жырып, қасындағы дәрменсіз жанның аман қалуы үшін өз нәпсілерін тыя біледі. Табиғи тілекке жандарын қинап қарсы тұру – адам бойында сирек кездесетін ерлік нышандарының бірі. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір күнгі жарық сәуле үшін жанталаса күрескен бір топ пенделердің іс-әрекеті қаншалықты аянышты болып көрінсе, соншалықты қаһармандықпен ұштасып жатқаны тағы да рас. Мәселен, Шапыран бастаған төрт жігіт әрі-бері ақылдаса келіп, өздерінше жоспар құрады. Ондағы ойлары – қалай болған күнде де амалын тауып ажал вагонынан қашып шығу. Сыртта мұздай қаруланған күшті күзет тұрғанда, бұл тіпті іске аспайтын әрекет. Қашу мәселесінің сәтсіз аяқталатыны сондықтан да. Ал осындай көзсіз ерлікке барған тұтқындардың мұндай іс-әрекеттерін ерлікке балау шынайылықтан алыс жатпағаны сөзсіз. Тұтқындардың мұндай көзсіз ерлік іс-әрекеттерін адам баласының тектілігінен шығатынын логикалық тұрғыдан дәлелдеу де керек шығар. Егер адам баласы текті болмаса, жан төзгісіз азапты көтере алар ма еді, қаншама батыр болса да, тік тұрған қалпы қыңқ етпестен, өліп кете алар ма еді?

Қандай қиын жағдайда да Сәкен бойын үрейге жеңдіріп, қорқыныштың жетегінде кетпейді. Оның ұстанатыны – басқа салғанды көрерміз дегендей принцип. Тұтқындарды Омбыдағы лагерьге әкелген кезде де көргендері – тағы да өлім-жітім. Кісі көп жерде өлім-жітім де мол. «Аурулар жатқан барақтың бір жақ есіктерінен күнде жаңа аурулар кіріп жатыр, бір жақ есіктерінен күнде өліктер шығып жатыр»1 деп суреттейді ол бұл жағдайды. Міне, осындай ауыр ахуалды көре жүріп Сәкен қалай болған күнде де кең әлемге қашып шығуға тәуекел етеді. Бірер жолдасымен ақылдасып, қашудың түрлі жоспарын құрады. Ақырында сәті келген бір күні лагерьден қашып шығады. Жолдастары оны шана үстіне етпетінен жатқызып, үстіне қоқысқа былғанған мұз бен қардың ауыр кесектерін бастырады. Осынау шешуші сәтті мемуар авторы былай суреттеген. «Ауыр салмақ сыртымнан нығарлап жаншып барады... Кеудемді қысып тұншықтырды. Бірақ мен көтердім, шыдадым. Барлық күшімді жинап, жауырыныммен көтеріп, маңдайымды тіреп жаттым... Лагерьдің үлкен қақпасы сықырлап ашылып, шана дүрілдеп лагерьден шықты... Қапастан құтылып, жалпы бостандық, теңдікті көру үшін және өшкен үнді қайта тірілту үшін, белімді, мойнымды езген ауырлықтарға шыдадым...»2 .

Осынау соңғы сөздерде азаттық қаһармандардың бейнесін білдіретін астар жатқаны сөзсіз. «... Мойнымды езген ауырлықтарға шыдадым...» деген кезде автор тек өзін жаншып басқан қар мен мұзды ғана айтып отырған жоқ. Ел бостандығы жолында алда талай рет бастан кешкен, түрлі қиындықтар мен ауырпашылықтарды да меңзеп отыр деп қабылдаған абзал.

Сәкеннің «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің мүшелеріне қатысты айтқан тұстары революциялық қызыл саясатқа бағынған. Осы топтағы қазақ зиялыларына деген Сәкеннің көзқарасы бірыңғай таптық тұрғыда болған.

Олардың кейбірінің аты-жөндері ұзақ тізімнің ішінде келтірілсе, енді бір кісілерге автор мән беріп, көбірек тоқталып өтеді. Жазушы өзінің көріп, естігендерімен қабат толып жатқан құжаттарды, баспасөз бетіне шыққан материалдарды негізге алуға тырысқан. Және өзі қатыспаған оқиғалар жөнінде жазған кезде мынандай газеттен немесе құжаттан алынды деген сияқты нақты сілтеме жасайды. Бұның өзі – жазушының көркем қиялға ғана ерік беріп қоймай, ғылыми пайым жасай алатындығының да айқын нышаны. Бүгінгі таңда сол бір келтірілген көптеген деректердің, фактілер мен мысалдардың құны күшейе түспесе, әлсіреген жоқ.

Орыс пен қазақ алакөз болып, ел ішіндегі жағдай осылайша шиеленісіп тұрған заманда орыстар тарапынан шовинистік пиғылдың да асқына түскені жекелеген суреттер арқылы елес беріп отырады. Жол бойы жолыққан орыстың қай-қайсының да түстері ызғарлы, қазақ көрсе түтіп жеуге даяр екендігін автор жасырып қалмайды. Халықтар достығы, интернационализм деген сияқты жалған бүркеншік ұрандар қабындап тұрған кезде жазылған шығармадан орыс пен қазақ халқының тең болмағандығын, таптық принциптерден гөрі ұлттық нәсілдік түсініктердің басымдығы айқын атойлайды.

Сәкен Сейфуллин – орыстармен аралас-құралас болып өсіп, орысша білім алған қазақтың жас зиялыларының бірі. Орыс балаларымен қатар оқыған. «Бір күні көшеде келе жатып, семинарияда бірге оқыған бір казак-орыс баласына ұшырастым... Казактың бунтын басуға келген екен.

Өз қолыңмен қазақ өлтірдің бе? - дедім

Зиранов күліп:

– А-а... Өз қолыммен бес-ақ қазақ шауып өлтірдім - деді».

«Тар жол, тайғақ кешуді» сөз еткен зерттеушілердің қай-қайсысы да алдымен туындының саяси идеясын, революциялық маңызы мен қайыспас қызыл сұңқарлардың қаһармандық ерлік істерін атап өтеді. Бұл әрине, шығарманың негізгі мазмұнын айқындайтын дұрыс бағыт. Бірақ сонымен бірге бұл атақты туындының жалпы қазақ сахарасының ауыр шерін, қазақ халқының мұңы мен қуанышын, арманы мен асқақ тұлғасын, өкініші мен жырлайтынын қаперде ұстай білген абзал. Оның мазмұнында негізгі аталған тақырыптан өзге де мәселелерді қамтитынын жасырмай, ашып айтатын кез келді. Соның бірі – эстетикалық тақырып, нақтырақ айтқанда, қазақ ұлтының эстетикалық көзқарасын бейнелеу. Бұл мәселе мемуардың бірнеше жерінде жекелеген эпизодтар, сюжеттік тармақтар немесе шағын штрихтар арқылы көрініс беріп отырады. Көркемдік танымының жоғары болуымен ерекшелеген С. Сейфуллин эстетикалық болмысы әдебиеттанушылар тарапынан қашанда назар аударып, көңіл бөлуге лайық.

Мемуардың бастапқы бөлігінде «Әупілдек» әніне қатысты шағын тарау орын алған. Тараудың өзі тура осылай – «Әупілдек» деп аталады. Оның өзі үлкен мемуардың ішінде бас-аяғы жұмырланып келтірілген жеке шығарма сияқты. «Үш жігіт атқа мініп, бой көтеріп келуге шықтық» деп басталуының өзі-ақ жаңа бір тың сюжеттің басталуынан хабар бергендей. Жаздың бас кезіндегі кең сахараның көркем суреті, желпініп қырға шыққан үш жас жігіттің асқақтаған көңіл күйімен астасып, малынған табиғат сұлулығына, қазақтың мамыражай тіршілігіне іңкәр еткендей бір әдемі сезімге, келелі де келісті қиял әлеміне жетектейді.

Сол күнгі кештің жұртшылық назарында болған орталық кейіпкердің – «Әупілдек» әнін нәшіне келтіріп орындаушы жас қыз Қабиба. Сезімтал Сәкеннің қабылдауында ол бар болмыс-бітімімен әннің әсем әуеніне кірігіп кеткендей, өзі де сол әннің авторымен белгілі бір дәрежеде үйлесіп кеткендей көрінеді. Тарауда тұтастықта суреттелетін үш таған ол: «Әупілдек» әні, тағдыры трагедиямен аяқталған оның авторы және әнмен жазылып қалған осы жан күйігін кейінгі жастарға жеткізуші әнші Қабиба. Осы үш бірліктің тұтастығын жан-тәнімен түсіне білген автор ән аяқталып, кеш біткеннен кейін де өзі бойына сіңіріп үлгірген осынау үлкен эстетикалық әсерден айыға алмайды. Кейіпкердің ғана емес, оқырманға да ерекше көңіл күй сыйлайтын бұл эпизодтың жазылуы әсерлі.

«Әупілдек» әні бұрын да маған үлкен әсер ететін еді, енді мына әнші қыздың аузынан естігеннен кейін өлең менің барлық қиял-сезімімді алды» дей келіп, автор осынау ғажап әсерден туған сезім күйін одан әрі ерекше образдылықпен былайша өрбітіп әкетеді: «Аққудың сыңқылдаған сұлу, мұңлы үні сыбызғының күйіндей естіледі... Көлдің жалтыр жайқынының, айнадай тұнық суының беті кейде қалтырап бедерленіп, толқып, ақ моншақ тізіп, ойнатып шашқандай болады... Көлдегі өзге құстардың үндерінен, судыраған қамыстардан сыр ұрлаған сияқты күңкілінен – бәрінен де өзгешерек бір суық үн шығады көлден...».

Бұл көрініс тұп-тура қара сөзбен жазылған ғажайып поэзия, көрген көзді сұқтандырғандай бояуы қанық табиғат суреті. Қара сөздің хас шебері өзінің әсерлі кештен кейінгі қиял-сезімін осылайша шебер суретшінің шырайлы шығармасындай көркем картинаға айналдыра білген.

Осынау эстетикалық құбылыс яғни, Қабиба әнінің әсері туралы әдебиеттанушы Б.Майтанов: «Теңеудің негізгі предметі – бозторғай. Дауыс кеңдігі мен құбылыстары құстың қанат қағысымен өлшенеді. Кейіпкердің көңіл-күйінің психологиялық нюанстарынан гөрі авторлық лирико-романтикалық стильмен бейнеленетін көпшілік әсері, солардың сүйініш қошеметі басым. Қабибаның оқшау сапарлары жұртшылықтың әсемдікті қабылдау, сезіну реакцияларын ашуға бастайды. Олардың жүз нышандары, қимылы, үні халықтың салтанат әлемін биік тонустарда өрнектейді», - деп түйіндеген болатын.

Осы арада оқырман жоғарыда сипатталған эстетикалық әсерді күшейте түсетін тағы бір ракурстық қадамға куә болады. Бұл – бір жағы автордың жәй ғана әңгіме айтушы емес, оның айтулы ақын екенін хабардар етіп тұрған құбылыс. Оған себеп өзі білетін әсерлі әнді одан құлпыртып, жандандырып жіберген – жаңағы әнші қыз Қабибаның өнері, сол өнерді жоғары деңгейде қабылдаған өзге де тыңдаушылардың берген асқақ бағасы. Ауылға қонақ үш жігіттің бірі Ғалымжанның ұлты – татар. Әнші қызға әнді тағы бір шырқатып, үйге қайта оралған сәттегі оның алған әсері де орасан: «Үйге келіп, жатып ұйқыға кіргенше, Ғалымжанның ақыл-есі кіріп жеткен жоқ еді.

Үйге қайтып келе жатқанымызда:

  • Но, Сәкен, қазақты мен жаңа білдім. Шарық музыкасының не екенін жаңа ғана аңладым. Мен, уаллаһи, қазақ болмағаныма өкінемін...». Бұл қазақтың ән өнеріне басқа ұлт өкілдерінің көзімен берілген, сөз жоқ, жоғары баға. Осынау ризашылық пейіл өзі тебіреніп келе жатқан жас ақынды тіпті шабыттандырып жібергені сөзсіз.

Оны жинақтап түсіндіре кететін психологиялық себепті мына жолдардан аңғарып байқау қиын емес. «Көл басында отырып айтқан қасіретті қыздың бұл өлеңдері тізбектеліп ойымнан кетпейді. Көл жағасында отырып жылаған қыздың жырына үн қосқан Әупілдек көлі сияқты мен де ол қыздың жырына ішіммен жыр қосып жаттым». Жырға жыр қосу... Ақын жігітті тебірентіп, өзгеше бір күйге бөлеген осынау керемет мұңды ән енді сезімге ғана емес, ойға қозғау салып, бүкіл ішкі әлемін жаулап алғандай. Сөйтіп бүгінгі күні алған әсер құр қиял, сезім деңгейінде қалып қоймастан, ақын қаламы арқылы жыр жолдарына айналады. Ән және оның құдіреті жайындағы шағын тарауды түйіндейтін де ақынның өзі шығарған өлеңдері.

Бір сөзбен айтқанда, бұл тарау – қасіретке толы аласапыран заманның шерлі шежіресін шерткен мемуарға өзінше эстетикалық рең берген, қазақтың өлмес өнері хақында бір үзік мағыналы сыр айтқан поэтикалық новелла.

Осы айтылған мысалдарды жинақтап, синтездеп келгенде «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарына саяси тұрғыдан жаңаша баға берудің қажеттігі өзінен-өзі туындайды. Оны таза революциялық бағыттағы ғана кітап деп біржақты бағалаудың заманы өткен. Оған кеңестік идеология мен таптық тұрғыдан емес, объективті көзқарас тұрғысынан бажайлап қарай білген жағдайда қаны тамған өмір шындығының осындай ұшқындары көзге түседі, оқырманды басқаша ойлантып-толғантуға жетелейді, шығарманың патриоттық рухын нығайта түседі.

Осы қатардағы тың шығарманың бірі Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» романы. 1931 жылы бірінші рет басылған жазушының тұңғыш романы қалың оқырмандар қауымының назарын бірден өзіне аударды. Шығарма төңірегінде қызу айтыс басталып, кереғар пікірлер айтылды. Оның әртүрлі себептері бар еді. Біріншіден, бұл шығарманың жазылуына түрткі болған оқыс оқиға жұртшылықты елең еткізген-ді. Ол мынадай еді. 1927 жылы сол кездегі Қазақстан автономиялық республикасының орталығы Қызылорда қаласында, дәл 1 Май мерекесі күні «Еңбекші қазақ» газетінің бұрынғы қызметкері Мұстафа Көшеков дейтін жігітті көшенің ортасында Сұлтанбек деген бөлесі атып өлтіреді. Сонсоң ол қылмысын мойнына алып, заң орындарының алдында болған оқиғаның мән-жайын айтып береді.

Бұл сияқты некен-саяқ оқиға төңірегінде неше түрлі алып-қашпа әңгімелер туатыны белгілі. Соның анық-қанығына жетіп, жұртшылыққа шындықты жеткізу үшін, бұл мәселеде ешқандай бұрмалау болмауы үшін газет редакциясы белгілі жазушы Сәбит Мұқановқа оның өз тілегімен сот мәжілісінде қоғамдық айыптаушы ретінде қатынасуды тапсырады.

Қылмысты іске байланысты барлық деректерді түгел жинастырған жазушы жеделдете жұмысқа отырып, осы оқиғадан өрбіген шығармасын 1929 жылы Ленинградта аяқтайды. «Адасқандар» деген әйгілі роман өмірге осылай келеді.

Бұл шығарма бірсыпыра жылдар бойы қазақ әдебиетіндегі кеңес заманында жазылған алғашқы романға баланып жүрді. Шындығында дәл олай емес еді. Бұдан бұрын Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» (1926), «Ақбілек» (1928) атты романдары жазылған-ды. Бірақ көп ұзамай авторы саяси қылмысты ретінде атылып кетті де, шығармалары атаусыз қалды. Бұлардан кейін туған С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» (1927) тарихи деректі, әрі мемуарлық шығарма түрінде жазылып, эпикалық туындылар қатарын толықтырғанмен, шын көркем проза жанрының басқаша үлгісін танытты. Ал «Адасқандардың» негізінде де тарихи шындық бар еді. Бірақ ол көркем бейнелеу жолымен махаббат тақырыбын дәуірдің саяси-әлеуметтік мәселелерімен байланысты қарастырды.

«Адасқандардың» жұртшылық тарапынан қызу ынтамен қарсы алынуы оның жаңа өмір жағдайындағы алғашқы романдардың бірі болғандығынан емес, жоғарыда айтылғандай, қанды оқиғамен дүйім жұртты елең еткізген дүрлікті оқиғаның ізімен жазылғандығы, ондағы шығармаға өзек болған – жас ғашықтар тақырыбы, оның ішінде, әсіресе қызғаныш аралас махаббат жайында сөз болатындығы еді. Әйел теңдігі үлкен саясат деңгейіне көтеріліп, соның жемісін өздерінің жеке басы әлі тата алмай жүрген қыз-келіншектер үшін бұл тақырып кереметтей зәру және өзекті мәселе болғандығы өз алдына. Сондықтан Сәбит Мұқанов романы сол кездегі оқырман жұрттың іздеп таба алмайтын ділгірлігіне айналған.

Осы жағдайды ескере отырып, автор арада үш-төрт жыл өткенде шығарманың жаңа басылымын әзірлеуге кірісті. Бұрынғы төрт бөлімді романның екінші бөлімін алып қалып, қыз бен жігіттің арасындағы таза махаббат иірімдеріне арналған үш бөлімін ғана қамтитын нұсқасын бастырған.

Романның 1935 жылы жарық көрген бұл нұсқасы, сөз жоқ, оқырманын тапты.

«Адасқандардың» алғашқы нұсқасын аңсаған оқырмандар бұл басылымды да іздеп жүріп қызығып оқыды.

Бірақ, өкінішке қарай, «Сын бая» деген тақырыппен орыс тіліне аударылып, Мәскеуден басылып шыққан нұсқасы тұрпайы социологизм дейтін, көркем әдебиетке жат көзқарас ағымына тап келді де, орталық баспасөзде қатты сынға ұшырады. Сол-ақ екен, оның ақ-қарасына қарап жатқан ешкім жоқ, дереу бұл шығармаға республика көлемінде де қарғыс таңбасы басылып, оны оқуға тыйым салынды.

Сонымен жылдар өте берді, заман өзгеріп жатты. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ХХ съезі келді. Жеке адамға табыну туралы мәселе қаралып, соның зардаптарына қарсы күрес жүргізіле бастағанда, өткендегі мұраларды қайта қарау мүмкіндіктері де кең көлемде қолға алына бастағаны белгілі. Сол кезде Сәбит Мұқанов өзінің «Адасқандарын» дұрыс жолға салудың қамын ойластырған. Сөйтіп, оның жаңа нұсқасын баспаға әзірлеген.

Бұрын «Адасқандар», енді «Мөлдір махаббат» аталып отырған бұл жаңа шығарманың «күрделі жөндеуден» өткенін автор былай баяндайды: «Материалы бұрынғы, оқиғасы бұрынғы, негізгі кейіпкерлері бұрынғы, олардың өзара драмалық қарым-қатынасы бұрынғы бола тұра, сипаттау жағынан роман бірталай өзгеріп, басынан аяғына дейін қайтадан жазылып шықты. Бұлай болуға тағы бір басты себеп: ауыр қылмыспен әділ жаза тартқан басты кейіпкер – Бүркіт, тиісті жазасын өтеп шығып, азамат қатарына қосылғаннан кейін, романды толықтыратын тың материалдар берді және «Адасқандар» басылғаннан кейін, тағы бір басты кейіпкер – Бәтестің де толық «естелігі» табылды.

Аталған өзгерістерге ұшырағаннан кейін, романға бұрынғы аты «Адасқандар» дегеннен гөрі, «Мөлдір махаббат» деген ат лайық сияқтанды»1.

Сонымен оқырманға ертеден таныс ескі шығарма жаңарып, дүниеге қайта келді. Үлкен жазушының кезекті туындысын жұртшылық әдеттегісіндей зор ықыласпен қарсы алды. Бірақ «ашаршылықта жеген құйқаның дәмін» сағынған кейбіреулердің бұрынғы нұсқаны өгейсігендері де бекер емес. Сондықтан бұл арада сол екі нұсқаның ішкі идеялық-эстетикалық ерекшеліктеріне бойлап, салыстыра талдау кейінгі зерттеушілердің үлесіне қалдырылды да, ертедегі романдар қатарында «Адасқандар» жайында қысқаша болса да жеке арнайы түрде сөз қозғау орынды деп табылды.

Автор романның алғашқы басылымын қайта өңдеп, екінші рет жариялауға әзірленгенде, оның сюжеттік-композициялық құрылымына елеулі өзгерістер енгізген. Алдымен, бұрынғы басылымдағы «Еркіннің сыры» аталатын тарауды алып тастап, оның ішіндегі екі жастың арасындағы сүйіспеншілікке тікелей қатысы бар оқиғаларды қалған тарауларға қосып жіберген. Нәтижесінде роман таза махаббат жайындағы шығарма болып шыққан.

Сөйте тұра, шығарманың алғашқы нұсқасындағы махаббат интригасы төңірегінде сот процесінен кейін де бірқатар маңызды деректер алынып, оларды романның сюжеттік желісіне енгізу қажет болған. Автор сол бағытта қосымша біраз еңбек еткен.

Сонымен бірге романның алғашқы нұсқасын аса зор ынтамен қарсы алған оқырман қауымның осы оқиғалардың егжей-тегжейін білгісі келген көп-көп сұрақтары мен тілектері де авторды бейжай қалдыра алмаған. Ол шығарманың мүмкіндігі шеңберінде осы бағытта да қосымша жұмыс істеп, көркемдік деңгейін көтере түседі-ау деген бағытта бірсыпыра ізденістер жасаған.

Бірақ Тәуелсіздік тұсында қазақ әдебиетінің тарихындағы «Адасқандардың» да өз күні туды. Ол 1935 жылғы нұсқасыда қайтадан жарыққа шықты. 1999 жылы Астанадағы «Елорда» баспасы романды безендіре әшекейлеп басып шығарды. Әдебиет зерттеуші ғалым профессор Т.Кәкішев «Өтпелі дәуірдің кесек туындысы» деген тақырыппен осы басылымға соңғы сөз жазды. Шығарманың жазылу тарихын баяндап, әр кезеңде оның алдынан тартылған әртүрлі кедергі-кермелерді әшкерелеп жазылған бұл эссе-толғаныс ұзақ жыл қараңғы қапаста қамалып жатқан шығарманың алдынан жол ашқан лайықты төлеу болғандай еді.

«Адасқандар» романының жаңа басылымына осындай түсініктеме берілгенде ғана, – деген сөздермен аяқтады зерттеуші бұл толғауын, – оқушы қауым кешеден бүгінге жетіп отырған бұл асыл қазынаның қадір-қасиетін тереңірек түсінері сөзсіз. Өйткені бұл шығарма жалғыз Сәбит Мұқановтың ұлы проза жанрына түбегейлі бет бұруының ғана емес, қазақ әдебиетінде қара сөздің қадірін аспандатып, қалыптасуына айрықша үлес қосқандығын танып-білуге мүмкіндік береді. Сондықтан мәдениеті өскен бүгінгі оқырманға мөлдір бұлақтан сусынын қандыруға жағдай жасауымыздың өзі жаңа дәуірдің белгісі, азат заманының самал желі екені даусыз»1.

«Адасқандар» атты туындының дүниеге келу тарихын, оның көрген қуғыншылығын, әсіресе оның көркемдік қасиеттерін жан-жақты зерттеп оқырманға түсіндіруде зерттеуші профессор Құлбек Ергөбековтің сіңірген еңбегі де зор. Бұл шығарма төңірегіндегі автордың шығармашылық зертханасын жан-жақты зерттей келіп, ол «Сәбит Мұқанов» атты көпшілікке арналған еңбек және «Адасқандар ақиқаты»1 атты құнды зерттеу-эссе жазды.

10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 8-томында осы роман жөнінде академик С.Қирабаев:

„Бұл – кезінде романның табыстары қатарында аталды. Алайда, қараңғы қазақ аулынан шығып, жаңа өмірге ұмтылыс жасаған Бүркіт пен Бәтестің сезім күйлерін шынайы суреттеген алғашқы роман да оқушыларын тапқан еді. Олар жастар махаббатына жетістікпен қарады. Кейін әлеуметтік сипат алған «Мөлдір махаббатты» қабылдағанмен, олар «Адасқандарды» ұмыта қоймады. Романның коммунистік идеология күшін жойған кезде алғашқы күйінде қайта басылуы (1999) осыны дәлелдейді»2, – деген болатын.

Автор үшін де, шығарма үшін де оқырман тарапынан берілетін ең жоғары баға осындай болса керек.

Енді, жоғарыда аталғандай, махаббат трагедиясына айналған бұл шығармадағы басты екі кейіпкердің бейнесіне, сүйіспеншілік сынды ізгі сезімнің ақыр-аяғында қайғылы қасіретке айналу себептеріне қысқаша тоқтала кетейік.

Романның оқиғалары өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары, қазақ ауылдарында ескі әлеуметтік қатынастарды жойып, жаңа тәртіп орната бастаған кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңіндегі өліара тұста өрбиді. Қалың – малға қарсы, әйел теңдігі үшін күрес сол кездегі қазақ қауымында басты әлеуметтік-саяси ұрандардың біріне айналғаны белгілі. Бірін-бірі бала күнінен сүйіп, мәңгілік жар етуге уәделескен екі жас – Бүркіт пен Бәтестің бұл арманға жетуіне жаңа өмір жағдайында жол ашық сияқты көрінген. Бірақ тіршілік талқысы олардың таза сезімдері мен қалтқысыз сенімдерінен күшті болып шығады да, оларды теріс жолға түсіріп, адастырады. Олардың алдан күткен бақыты алданышқа айналып, ілгері басқан қадамдары ылғи терісінен шығып отырады.

Бәтес алғашқы талпынысында өзіне берік сенімді көрінген. «Мен оқыған қызбен», – деп өзінің ауылдағы өзге құрбыларынан артықшылығын іштей сезінетін оның шешуші жерде алданып қалатын аңғалдығы да басым.

Атағана, ауылдас ағайындар оны бермейміз деп анттасып жатқанда, Бүркітке сәлем айтып, заң жолымен кетуге бекінген ол, сол ағайындардың алдағанына көніп, көмекке келе жатқан милиция адамдарын жолдан қайтарып жібергенде, ол өзінің алғаш рет адасқанын сезінген еді. Бірақ соны ұмытып кетіп, қызыл отаудағы Әсияның айтқан ақылдарын да еске алмай, қалаға барған күннен бастап, қайдағы өсекші, азғын қаскүнемдердің ықпалына түсіп, солардың құрған торына шырматыла береді. Сол адасудың ақырында алаяқ Мүсәпір оны орға жығып, өзінің қақпанына түсіреді.

Барлық өмірін Бәтеске арнадым деп ант-су ішіп жүрген Бүркіт те сүйген қызының амалсыз жасаған алғашқы әрекетін опасыздық деп түсініп, қатты айыптайды. Одан кейінгі іс-әркеттерінде де парықсыздық пен пәтуасыздық жиі байқалады. Оның да бойындағы басты міні – өсек-аяңға ергіш, аңқау. Соның аяғы оны қаныпезер қаталдыққа, өшпенді ылаңкестік ниетке итермелейтін де кездері бар. Ақыры, сүйген қызын аярлықпен алдап қолға түсірген Мүсәпірді атып өлтіріп, өзі жазаға кесіледі.

Бұрынғы романдағы шым-шытырық оқиғаларға құрылған сюжеттік желінің ұзын-ырғасы, солардың әрбір бұрылыс, бұралаңдары көркем шындықпен оқырманға нанымды етіп әсерлі жеткізіледі. Автордың да, оқырманның да барлық тілегі, ынта-ықыласы Бүркіт пен Бәтестің жағында. Солардың армандарына жете алмай, қаскүнемдіктің құрбаны болғаны оқырман қауымның шын ниеттерімен өкініш білдіруіне әбден лайық. Сондықтан оларды арам ниеттің емес, аңқау аңғалдық салдарынан адасқан ақ ниетті құрбандар деп біледі.

Шығарманың шындық күші де осында болса керек.

* * *

Саттар Ерубаев «Менің құрдастарым» атты жалғыз ғана роман қалдырды. Ол тым ерте көз жұмды. Не бары жиырма үш жасында дүние салды. Аталған шығармасының негізгі бөлегін науқастанып жүріп жазды. Соңғы нүктесін қойып үлгірмеді десе де, романы – түбір сөзді түйінін айтып үлгерген, бас-аяғы бүтін шығарма.

Саттар Ерубаев әдебиет табалдырығын аттасымен-ақ, «...өзінің өткір тіл, өрісті ой, жалынды сөздерімен бірден жазушылар жұртшылығының көңілін аударды»1. Жиырма жасында-ақ тамаша пародияларымен, балладаларымен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев сынды ағаларының көзіне түсті2. Бір кезде өзі редактордың орынбасары болып істеген «Лениншіл жас» газеті Саттар Ерубаев «өсіп келе жатқан жас жазушылардың ішіндегі ең бір таланттысы еді»3 десе, бұл әділ де нәрлі бағаның мінеки ғасыр ауысса да маңызы арта түспесе кеміген жоқ.

«Менің құрдастарым» – кеңес дәуірінің туындысы. Оның әр мүшесінде сол дәуір табы тұрса да, мәңгілік өмір жырын жырлайтын, жастық-мастығын әнге салатын роман әрқашанда оқырман назарынан тыс қалған емес. Романтикалық асқақ ойлы, реалистік терең мәнді шығарманың авторы Саттар Ерубаевты енді бүгінгі ХХІ ғасыр қауымы әдебиетіміздің айтулы қаламгері, қазақ романының жас та болса хас шебері деп сөзсіз мойындайды.

«Менің құрдастарым» романының бүгінгі оқылуының өз қыры бар. Тәуелсіздік биігінен біз оның авторына ұлтының төменнен жоғарыға созған қолын мадақтағаны үшін, елінің жарқын болашағына деген сенімі, өмірге деген ғашықтығы үшін бас иеміз. Шығармасы қазақ әдебиетіне Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов туындыларының қатарында мәдениетті прозаның ұрығын септі, егінін екті.

Романның тосын жаңалығының бірі – сындарлы композициясында. Шығарманың негізгі тартысына жетпей тұрып-ақ оқушы назарын бірден үйіріп әкететін тартымдылығында. Қалай жазылатындығы туралы әңгімеден бастап, романға апаратын жол тарам-тарам. Әрқайсысын бұрын-соңды ешкім ойламаған жақтан ойната білетіні қандай. Әуелі шығарманың увертюрасы тартылады. Айтты-айтпады, «Менің құрдастарымның» пролог орнындағы беташары, шығарма мазмұнының сазы да, назы да.

«Менің бір жолдасым болды. Ол қарап келе жатып, айқайлағым келеді, көрінген жұртты құшақтап сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін»1.

Романның алғашқы жолдары...Әлі танысып үлгірмеген роман геройларының жүрек әні. Еріксіз елең еткізеді. Кез келгеннің басына қона бермейтін бақыт сандуғашының сайраған үніне елтесің.

Бұл пролог-беташар әлденеше құбылады. Бірі – роман туралы әндей естілетін әңгіме болғанда, екіншісі – мысал жанрының құлақ күйін келтіреді. Үшіншісі – кәдуілгі жыр.

Бірінші бөлім «Роман туралы әңгіме (Романның увертюрасы). Жақшаның ішіндегі музыкалық термин басқа өнер өлкесінен тегіннен-тегін қоныстап тұрған жоқ. «Менің құрдастарымның» арқау күйі есепті. Күйдің аты – «жаңа сезім», соны тыңда дейді.

Қойшы шалдың әңгімесі делінетін «Терек пен қызыл гүл» – екінші бөлімнің тақырыбы. Қара сөзбен жазылған мысал өлеңше оқылады. Терек пен қызыл гүл бақыт, мәңгілік өмір хақында айтысады.

Беташардың үшінші бөлігі «Мәңгілік өмір туралы жыр» деп аталады. Жазушы болашақ роман кейіпкерлерін, басы Рақмет болып теңіз жағасында отыр. Төлеңгіт жыршы «Мәңгілік өмір» атты жыр тиегін ағытады. Жүз жиырма жолдай ұзақ өлең өз алдына тұтас бітімді туынды. Мәңгі өмір өлмеушілік Бақытпен, Отанмен қаланып бірге салынғандығын дәріптейді.. Жеке адам туралы ойдан қоғамдық үлкен ой өндіреді. Оны былайша көсілтеді.

Менің қаным миллионның тамырында ағады.

Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады.

Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады,

Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өсед, жанады2.

Үш бөлім – үш дара туынды увертюрасын ойнай отырып, роман «темасын» табады. Роман жүрегін соқтыратын тақырып – бақытты армансыз жастар, дейді. «Жаңа сезімге» бөленгендер кімдер? «Жаңа сезім» Саттарша – адамша өмір сүру бақыты. Бұл алдымен – саналы сезім. «...Бақытты болу бір басқа да, сол бақытты тани білу бір басқа...»3 Ол «...Денеңді дуылдатып, жүрегіңді толқытуы қажет...»4 Бойыңды үнемі билеп тұруы үшін үнемі жаңғырып, жасарып отыруы тиіс.

Жаңа сезім өздігінен тумайды. Жасалады. өмірдің бағытына жол салып беретін күш керек. Сезімді оятатын бірден-бір күш – кітап. Яғни отызыншы жылдардың қаламгері Саттар Ерубаев сонау Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтан басталған ағартушылық-демократиялық дәстүрден көз жазып қалмаған.

Жазушы кітапты оқу да, «тыңдау» да керек дейді. Эстетикалық ләззатты операның увертюрасын орындап тұрған дирижер мен оркестрді көруден емес, ойналған музыканы тыңдаудан алатының тәрізді. Саттар қаламынан туған жолдар өршіл арманшыл әуенімен оқырманын бірден баурап алады.

Автор өмір сүрген заманының ыңғайына қарай, қан қыздырып, жүрек толқытатын құбылысты саясатқа бөлейді. Пролетариаттың жалынды трибуны С.М.Кировтың өліміне байланысты қарт жұмысшының сандықта жатқан қаруын алып майлап, түні бойы ұйықтамағанын жаңа сезімнің нақтылы мысалына балап суреттейді. Көсем кеудесіне тағылған гүлді – бақыттың шырқау биігі деп жырлайды. Ал, оятар, бағыт сілтер кітаптардан Анри Барбюс, Максим Горькийдің тиісінше «От», «Ана» атты романдарын атайды. Атағанмен талдамайды. Екі суреткердің образын роман сипатына қарай көзге елестетеді. Өлмеушілік әкелетін кітап есебінде Маркс, Ленин кітаптарын атайды. Соларды ауылына әкеле жатып, тап жауларының қолынан қаза тапқан мәңгілік «жаралы жанға» жоқтау айтады.

Романның бүгінгі оқылуында, өзіңнің жаныңа жақын басқа қайраткерлер мен жазушылар келбетін де көз алдыңа келтіруің мүмкін. Есте қалатын ең маңыздысы – қазақ жазушысының дүние-малдан жан азығын жоғары қоятындығы. Рухани әлеміңді күн сайын кітап сазын тыңдап жаңғыртып отыр дейтіні. Кітап оқушысын жоғалтып алған қазіргі нарық заманының құлағына тосаңдау естілсе де, оның да болашағы үшін керек ілім – экономика. Жалпы ел тағдырын түбінде білім мен ғылым, рухани құрал шешеді деген сөз қазіргі кезде жайдан-жай айтылып жатқан жоқ.

«Менің құрдастарым» романының негізгі әңгімесі бастала бере, шығарма композициясы өрнегіне және бір беташар өріледі. Ол «Романға баратын жол» деп аталған. Ерубаев өзіне дейінгі прозадан оқиға қуаламайтын, есесіне ішіндегі қырындысына дейін ақтаратын сыршылдықты, «шын жүректен жазушылықты, адал көңілділікті» басты бағдар етіп ұстанатын шығарма иелеріне көңілі кететінін жасырмайды.

Осы ретте орыс кеңес жазушысы Юрий Олешаның есімі аталады. Ол – «индустрия» дәуірі адамның рухани әлемін жүдетіп жібермес пе екен деп дабыл қағатын «Қызғаныш» /1927/ («Зависть») атты романның авторы. Саттар романының бас кейіпкері Рақметпен әңгімеде «Мен Олеша емеспін ғой» дейді. Олеша болмаса да оның шығармасын жүрегінің отымен еш бүкпесіз жазады деген пікірге қосылады. «Студент Орлов менің қарындасым Верамен жүретін еді» деген сөзінен «бір түрлі ашықтық, сырын жасырмаушылық» көрініп тұрғанын ұнатып, үлгі тұтады.

Социалистік реализм әдебиетінің бар шығармасы бірдей бұл үлгіні ұстанбаса да, қазақ кеңес әдебиетінің «Менің құрдастарымы» шыншылдықты, жүректегі ойларды бүкпесіз ақтарушылықты бойтұмар етіп таққаны хақ.

«Менің құрдастарым» бас кейіпкерінің өсіп жетілген шағын суреттеуге арналған. Тіпті балалық өткен дәуренін де сол уақытпен байланыстырғысы келген. Осы мақсатта автор беташардың және бір түрін – экспозицияны шебер пайдаланған. Тіпті экспозицияға романның «Менің құрдастарым» деген аталымы қайталанып қойылған. Бас кейіпкерін «баяғыда қойшы болған, оның артынан инженер атағын алып, Қарағандыда учаске начальнигі болған»1 деп таныстырады да, кейіпкерінің балалар үйінде тәрбиеленіп, Ленинградта оқығанына дейін баяндап, оны елдің өткен тарихы мен бүгінгі жағдайымен астастырып, экспозицияның шағын аясына қыруар мол ақпар сыйғызып жібереді.

Экспозиция сонымен бірге оқиға шиеленісінің бастауы да. Байдан және әкесінен жәбір көрген баланың ұшты-күйлі жоғалуы, далада қаңғырып адасып жүрген Рақметті тауып қалаға алып келген, бірақ өзі қапыда жау оғынан қаза болған Тұрардың: сенің бұдан былайғы фамилияң Дәуірұлы болады, сонсоң балам Сейтенді тауып дос болыңдар деген өсиеті роман оқырманын енді не болар екен дегізіп ынтықтырады. Әкесі Төлеп пен баласы Рақмет, Рақмет пен Сейтен табысар күнін аңсатады. Бәрі жиылып келіп сюжет интригасына қызғушылықты қоздыра түседі.

Сақиналы композиция ретімен беташардағы шиеленіс өткен заманнан созылып жаңа заманмен ұштасады. Біреуі экспозиция аумағында-ақ шешіліп қалады. Сейтен ақын мен Рақмет, Сейтеннің Мәскеуде кездестіріп ұнатқан, қазақтан шыққан бірінші музыкант қыз – Сағадатпен кездейсоқ Қарағандыда табысады. Өңшең ақжүрек кейіпкердің арасындағы коллизия этикалық мәселеге саяды. Аздаған кінәмшілдік тез сейіледі. Ал, Күләнданың қаза болуына байланысты эпизод романның аяқ шеніне дейін қайталанады. Сол эпизодтың бірі Гетенің «Фауст» трагедиясындағы ескілік пен жаңалықтың, ұлылық пен бейшаралықтың арасындағы тартысты еске түсіреді. Жасамаздық үлкен іске патриархалды ескіліктің жұрнағы – Филомен мен Бавкида секілді ғаріп қариялардың лашығын күйретіп құрбан ететіні сияқты философиялық астарлы оқиға Саттар романында да ұшырасады. Жаңа Қарағандыны салу мақсатында Рақмет жылап-сықтап жүріп апайының моласы үстінен құрылыс жүргіздіртуге мәжбүр болады.

Роман бояулары кіл ақ пен қарадан тұрады. Қара – ескі заман. Романда «Менің ағаларым» атты алты тараудан тұратын, киносценарий стилінде үзік-үзік кадрлармен берілген бөлім бар. Ол да – романға апаратын жол аталған. Қараның образы – осы тарауда мейлінше бедерлі жасалған. Адам тағдырына аяусыз қарайтын ағылшын мен қазақ байлары барып тұрған жауыз бейнесінде әшкереленген.

Қазір байлар заманы қайта туды, бүгінгі ағылшын адам ұқын ұстағыш екен деп, Саттар жазған шындық өтірік еді деп айтуға дәтің бармайды. Бір қозым жоғалды деп әкелі-балалы Төлеп пен Рақметті дүрелеп адамшылығын аяққа таптайтын Долбыдай долы байлар патриархалды қоғамда аз кездесті ме? Қазақтар аққылшық атандырған ағылшынның шеңгелінен көп-көп отарлар босанса, оған соншама көп уақыт өткен жоқ қой. Олардың қазақ дейтін қараңғы елдің Әліп, Шектібай, Бейсендей бейнетқорларының еңбегін ақысыз-пұлсыз қанағаны, Рақметтің апасы – Күләнданы сорлатқаны, енді өткен заманның рәміздік бейнесіндей қабылданады. Бұл тұрғыдан – «Менің құрдастарым», басқа тақырыптас кеңес туындылары тәрізді өткен қатені қайталамауға шақыратын бүгінгі нарыққа сабақ та, үндеу де.

Шығарма композициясының негізгі бөлегі Қарағанды құрылысшыларының өмірін суреттейтін күре жолына түскенде, ақ бояу, сәулелі беттер көбейеді. Бұл роман тараулары Кеңестің өндірістік тақырыпты шығармаларына ұқсап, ұжым мен жеке адамдардың өндірістік һәм тұрмыс қиыншылықтарына қарамастан, белгіленген жоспарды жанқиярлықпен орындауын суреттейді. Рас, аракідік қара түс те кезігіп қалады. Бірақ шуақты күн жүзін көлегейлей алмайды. Бас кейіпкер Рақмет трагедиялық жағдайға ұшырап қалса да, одан роман оптимизмі титтей де кемімейді.

Роман композициясының ойдағыдай шешілуі жаңа материалдың жеткіліктілігіне, дәуір кескінін бейнелейтін адам типтерінің қалыптасуына байланысты. Бұл жағынан да Саттар қоры кенде емес-ті. Ол «Қарағанды пролетариаты» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарды. Жаңа геройларымен мидай араласып жүрді. Бастан кешкен оқиғалардың ізін суытпай көкірек кестесіне түсіріп отырды. Шығармасына өзге де керек-жарақтың бәрін тауып енгізді. Жас жазушының суреттемек өмірдің егжей-тегжейіне дейін білетіндігін шығарманың сындарлы образдық жүйесі куәландырады. Роман Қарағандының кешегісі мен бүгінгісін, барлық әлеуметтік таптары мен топтарын төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге дейін толық қамтыған. Жанрлық кеңістігі Ленинград пен Қарағанды аралығын алып жататындығы роман құлашын жаза түскен.

«Менің құрдастарымның» образдық жүйесіндегі ең сәтті шыққаны – бас кейіпкер Рақметтің бейнесі. Автор қазақ әдебиетінде бұрын кезікпеген өндіріс инженерінің тұлғасын келісті сомдаған. Рақмет идеал герой емес. Кемшілігі бір басына жетіп жатыр. Әйтседе ол, уақытының күңгей жағының бойына көбірек еңбек сіңірген жас ұлан өкілі екені дау туғызбаса керек.

Рақмет – типтік бейне. Бұл жас жігіт те ескі ауылды шеңгеліне ұстаған қарау байлардың уысынан босанып шыққан. Босануы кездейсоқ көрінсе де, бар өмірі сол кездегі жетім-жарлылардың өсіп жетілген тағдырына мейлінше тән. Ресей қалаларынан осы заманғы мамандық иелерінің талайы тәрбиеленіп шыққаны ақиқат. Рақмет – сондай инженерлердің бірі. Ол Ленинградта оқиды. Атақты академик Вознесенскийдің шәкірті. Жаңа фамилиясын кездейсоқ жағдайда алған сияқты көрінгенімен, оның Дәуірұлы аталуының символдық маңызы бар. Рақмет – қазақ елінің өркениетке қол созған жастарының алдыңғы сапындағы герой.

Ескішіл, ішін қызғаныш кернеген шовинист инженер Кулевакин Рақметтей қазақ жігітінің өскенін жаратпайды. Іші күйетіні сондай, Рақметтің жасаған бір жобасын жымқырады. Рақмет пен Лизаның арасына от жағады. Қалалық партия комитетінің мәжілісінде оны қомсынып сөз сөйлейді. Жастығын желеу етіп, ірі шахтаның бас инженері қызметін қимайтындығын жасыра алмай тұр. Партком хатшысының мына сөздері Рақметтің образын нақтыландыра түседі.

« – Инженер Дәуірұлы біздің көмір пластыларымен жақсы таныс, алып шахты идеясын көтеріп, оның түрлі есептерін былтыр практикада жатып істеген. Инженер Дәуірұлы арнайы тапсырмамен Донбаста сегіз ай жатып, алып шахтыларын тексеріп, біздің шахтының проектісін жасаған. Оны Москва, Алматы сеніп жіберіп отыр. Сендер көмек бересіңдер. Шахтаны бүкіл Қазақстан болып құрамыз»1.

Бүкіл Қазақстан болып құрамыз дейтіні, Қарағанды бассейнінде он шахты болса, соның барлығының көмірін Рақмет жобалаған кәсіпорнының бір өзі беруі керек. Жазушы қазақ жігітінің шын мәніндегі бүтін бір дәуірдің биігінен көрінетін ірі тұлғасын әртүрлі тәсілмен көрсетеді. Тек істейтін өндірісінің болып көрмеген қуаттылығын суреттеу арқылы ғана емес. Кейде автор бас кейіпкерді лирикалық мәнерде кескіндейді.

Лирикалық сыпаттамаға көшкенде авторлық тұрғы ажарлана түседі. Жазушы кейіпкердің сирек парасат иесі екенін көрсетпек ниетте тіпті ол қасиетін сол кезде қол жетпес идеал көрінетін инженер мамандығынан да жоғары қояды. Рақмет өнер әлеміне асық: «Ол көркемөнерді өзінің учаскесінен гөрі жақсы білетін еді. Көркем әдебиеттің көмескі соқпақты жолымен штректе жүргендей боп жүретін. Скрипка жөнінде сөйлесе, өзінің шахтерлік лампасы жөнінде айтып тұр ғой дейтін ең»2.

Рақмет пен Лиза бір-біріне деген аңсарын Ромео мен Джульеттаның сүйіспеншілік диалогынан сәтті үзінді арқылы жеткізеді. Соны өздері дамыта түседі, екі жас ғашықтықтың жаңа тіліне жүйрік. Романда орыс және дүние жүзі классиктерінің есімдері жиі аталады. Саттар шығармасы филологиялық прозаның бастамасы болар ма деген ой туғызады.

Рақмет бейнесін аша түсу және оқушының рухани байлыққа ынтызарлығын күшейту мақсатында автор кейіпкердің өзін өзі ашу тәсіліне жүгінеді. Геройына шарап ішкізіп алып, оның өнер дүниесіне деген сүйіспеншіл сырын ақтартады. Дәрігер досы Ықыласқа Рақмет былайша төгіледі:

« –Мен орыс музыкасының ойыны туралы айтып отырмын. Орыс композиторларының ішінде Балакирев – ең қызуы, Глинка – ең әсемі, Римский-Корсаков – ең оқымыстысы, Бородин – ең тереңі. Мусоргский – ең таланттысы...»3

Жазушы бас кейіпкерінің әр әрекетін жіті бақылайды. Қызып алған Рақметтің Ықыласқа мақтанғаны «артықтау» болып кеткенін оның өзіне сынатады. Бір оқпен екі қоянды атты деп осындайда айтса керек. Кейіпкердің парасатты білімді жан екенін көрсетумен қабат, оның ішкі дүниесіне бойлайды. Рақмет далаға шығып аз сергіген соң «білгішсініп, көрмеген, оқымаған нәрсем жоқтай маңызданып, айтпағаным қалмапты», деп өзін өзі жатта сынап сөгеді. Бұл өнімді тәсілді Рақмет жаза басқанда үнемі қолданып отырады. Жазушының драматургиялық шеберлігінің де күшті екенін дәлелдейтін, Рақметтің де, Лизаның да характерін, ақ жүректіліктерін ашатын мына бір эпизодқа көз салып көрелік.

Тойға келген академик Вознесенский «Рақметке қадала қарап тұрып:

– Мына Лиза не дейді, қарағым? - деді.

– Лиза әшейін ойнап отырған ғой, енді жасаймыз...

Лиза орнынан тұрды.

– Мен күйеуге шыққаным жоқ, шықпаймын да. Жасаса Рақмет өзінің қатынына жасар. Онда менің не шаруам бар...

Рақмет қызарып сасып қалды.

– Менің ешқандай балам да, әйелім де жоқ...Менің балам да, әйелім де, әкем де, шешем де сен емессің бе?

– Рақмет! Бірін-бірі жақсы көретін екі адамның махаббатын уландырып бұздың. Ол екеуі енді бірін-бірі алдаумен өмір сүреді. Сен осы қылмысыңды сезесің бе? - деді Лиза.

– Неге сезбейін, осы қылмыс менің түбіме жетіп, жер бетінен жұлып кететін түрі бар, - деді Рақмет»1.

Роман аяқталмаған десе де, композициялық тұтастығы қалайда қамтамасыз етілген. Өйткені шиеленіс түйін-түйіндері негізінен шешілген. Лиза мен Рақмет түсінбестігіне де нүкте қойылғандай. Араға бір жарым жыл салса да, Рақмет кінәсінен бір-бірімен сөйлеспей жүрсе де, махаббат оты сөнбегені белгілі болады. Рақмет баяғыда кішкентай Күләнданың қазасына қатысы бар Өтеген тілмаштың жіберген қарақшысының пышақтағанынан ессіз-түссіз ауруханаға түскенде, бар өкпесін жиып қойып Лиза жетіп келеді. «Рақмет кіміңіз болады?» деген операция жасамақшы дәрігер Ықласқа: «Күйеуім» – дейді. Демек, шығарма бұл интриганы әрі қарай соза алмайды.

Қолға алынған үлкен іс те аяқталуға жақын. Бұрынғы шахталарды өнімділігі жағынан он орайтын, пласталарда көмір кесетін машиналары бар, орталық штрегі электр жарығымен күндізгідей жарық жаңа шахта 1- Май мерекесіне дейін іске қосылмақ. Сөйтіп бас кейіпкер шұғылданып жүрген шаруаның ең үлкені тындырылған дерлік. Бұл жағынан да тақырып сарқылған. Қанды қол жаудың есіміне дейін жазалау органына хабарланады. Енді тек фольклорлық ертегі жанрының шарты бойынша жетпей тұрғаны, - ғашық кейіпкерлердің қосылып той істеп мұраттарына жетуі ғана қалған. Ондай финал роман жанры үшін міндетті ме? Жоқ, міндетті емес. Жазушы Саттар Ерубаевтың шығармасы не айтпағын негізінен сарқып болған. Ендеше, оның кейіндер толық қанды роман болып қабылданып жүргені табиғи нәрсе. (Көп жылдардан соң Саттар Ерубаев комсомол сыйлығығының алғашқы лауреаты атанғаны, әрине, тегін болмауға керек...)

Романның өзге де көп кейіпкерлері есте қалады. Шахтерлер Ермек пен Елемес, академик Вознесенский эпизодтық рөлде жүрсе де, романның бірталай жүгін арқалаған. Дүниеқоңыз Ермек пен намысқой Елемес бейнелері еңбек ер атандырады деген тақырыпты шешуге арналған. Жер жүзілік төрт-бес академияның мүшесі академик Аркадий Евгеньевич Вознесенскийдің образы зиялы қауым мен большевиктік партия яки билік пен ғылым арасындағы қатынастарды және интернационалдық тәрбие мәселесін қозғауға септеседі. Бір кезде ол: «Большевиктер ғылымды, ғылым адамдарын бағалай алмайды» деген түсінікте жүреді. Ол тіпті Ленинград партия ұйымы жетекшілерінің бірі Макаровты қабылдамай қояды. Макаров сонда да академик басқарған институттың мұң-мұқтажын өтеуге барын салады. Сөйтіп жер жүзіне аты шыққан ғалымның тілін табады.

Роман дәріптейтін жаңа сезімнің бір ерекшелігі ретінде интернационализм сезімі аталады. Интернационалдық тәрбие мәселесінің тарихы шығарманың бас шенінде-ақ қозғала бастаған. Қазақ және орыс жұмысшыларының достығы ағылшын қожайындармен айқаста шыңдалады. Интернационалдық достық желісі романның екінші бөліміне де тартылған. Рақмет пен қызы Лизаның сүйісіп отырғандарының үстінен шыққан Вознесенский басында бұлан-талан ашуланады. Роман барысында райдан қайтады. Орыс ғалымының дүниетанымындағы өзгерістерді көрсету арқылы автор ұлттық һәм интернационалық тақырыпқа қатысты бірқатар мәселелерді алға тартады. Махаббат – күллі адамзатқа ортақ сезім. Жақсылыққа, игілікке ғана бастайды. Ел-елді жақындастырғыш, бауырластырғыш күші және күмәнсіз, дейді Саттар романы.

Романда махаббат линиясы Рақмет – Лиза арасымен ғана шектелмейді. Сейтен – Сағадат, Ықлас – Дәмелі махаббаты – бәрі жиылып келіп романның лирикалық әуезді әнін молайтады.

Жас жазушы портрет жасауға да төселіп үлгерген. Бірлі-екілі штрихпен қайталанбас сурет жасайды. Рақметтің Дәмеліні құлай сүйетіні жай бір нәпсіқұмарлықтан туындамаған.

«Дәмелі Лиза сияқты мінсіз, аса сұлу емес. Бірақ адам баласында сирек ұшырайтын бір ерекше сүйкімділік Дәмеліде бар.

Дәмелінің бетіне қарағанда аппақ бет, қыр мұрын, оймақ ауыз көрмейсің, жүректі қытықтайтын, теңіздей шалқыған бір қуанышты сыр, сәуле көргендей боласың... Бір аса нәзік, әдемі музыка есіткендей боласың...»1

Әрине, жас автордың кестесінде азынаулақ іркіс те табылады. Шектібай, Алексей секілді жаңа басшылар – ескі жұмысшылар ортасынан жоғарылатылғандар. Алайда, бұлардың кейіпкерлік бейнелері тым көмескі. Бірақ мұндай ара-тұра ұшырасатын селкеулер тұтас бітімді романның бетіне шіркеу түсіре алмақ емес.

«Тұтас бітімді» деген тіркестің қайталана беретіні романның негізінен аяқталған шығарма деген пікірді бекіте түсу мақсатын көздейді. Оған және бір дәлел – «Менің құрдастарымның» 1939 жылғы бірінші басылуына енгізілген новелла болады. Новелла былайша басталады:

«Менің өте жақсы жолдасым болды. Білесіңдер ғой: кәдімгі өзіміздің Рақмет...

Былтыр мен, Рақмет, Лиза, Иван Ленинградтағы Лизаның әкесі, үлкен болса да өзімізбен құрдас болып кеткен академик Вознесенскийге қонаққа бардық»1.

Романда о дүниеден Ықлас дәрігердің арқасында қайта оралған Рақмет алғаш көзін ашып алғанда:

« – Рақмет, сүйінші, Дәмелі сенің балаңды табайын деп жатыр, - деп»2 күледі.

Демек, балладаға сүйенсек, Рақмет жазылып, жары Лизасымен бірге қайын атасының үйіне барып жүр. Романға нүктені баллада қойып шыққан болады.

«Менің құрдастарым» романы қазақ елінде де, кешегі Кеңес Одағы көлемінде де үнемі айтулы шығармалардың қатарында аталып келді. Тағы да қайталап айтса артықтығы жоқ, Саттар Ерубаев – Қазақстан комсомолы сыйлығының тұңғыш лауреаты. Оған атақты «Құрыш қалай шынықты» романының авторы Николай Островскийдің атындағы сыйлық берілуі де жайдан-жай емес. Саттар – өз даусы бар, керек десеңіз, өз мектебі бар жазушы. Кешегі Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтардың жастық жалынға оранған, ойлау, сезінуі бүкіл адамзат тарихын, барша жер шарын қамтитын, бүгін де әсерін еш кемітпеген өткір де өрелі публицистикасының төркінін іздегенде Саттардың өлеңдейін сығымдалған, болаттайын шыңдалған, философиялық категорияларға жетектейтін романын, балладаларын, ойтолғақтарын орағытып өте алмайсың.

Саттар Ерубаевтың көркемдік әлемі – өмірге ғашық ететін сұлулық әлемі. Ол сұлулық әлемі қуаныш пен қайғы, мейірбандық пен зұлымдық, күн мен түн секілді кереғарлықтардан яки нағыз өмір шындығынан жасақталады. Ендеше, «Менің құрдастарым» атты роман мәңгілік өмір мәнін түсінуге аңсары ауған талай дәуір перзенттерінен өз құрдастарын табатыны кәміл.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]