Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Жүсіпбек Аймауытовтың романдары

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде роман секілді ірі эпикалық көркем дүние жазуға кіріскен қазақ сөз өнері зергерлерінің арасында Жүсіпбек Аймауытов басты орын алады. Бұл жанрға әдебиетімізде тұңғыш рет түрен тигізген Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» жастардың бас бостандығы тақырыбын көтерсе, Жүсіпбек романдары адам тағдырын елдің әлеуметтік-саяси кескін-келбетімен тығыз байланыста суреттеді. Эпостық кең құлашты панорама жасауы, әлеуметтік-тарихи өмір заңдылықтарын терең талдаулары үстіне, адамның ішкі өмірі иірімдерін, психологиялық нәзік сезімдерін көркем сөздің құдыретті тілімен көмкерді. Ұлттық романның дара принциптерін орнықтыруға жол салды. Сол себепті Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» және «Ақбілек» атты туындылары қазақтың реалистік классикалық романының төлбасы саналады1.

Жазушы өз уақытының тамырын дөп басып, дәуір шындығын ой-сезімінде таразылап, образ қуатымен қорытып, көркем шындық атты әсем әлемді жасасты. Пьеса артынан пьеса, әңгіме соңынан әңгіме туғызып, жиырмасыншы жылдардың қайталанбас әдеби стилін қалыптастыруға ат салысқандардың алдыңғы сапында жарқырап жүрді.

Жүсіпбек өткен жол – қиямет қиын жол. Талай оттың ортасына түсті. Бірде самғады, бірде суға кеткендей тал қармады. Алаш қозғалысына білек сыбанып қатысып, қазақ елі гимні есепті өлең жазды. Амал қанша, көп ұзамай табынған туы жығылды. Төтеден ұлт қозғалысының үні өшті. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейтін пәлсәпаға көндігіп, кеңес идеяларының сойылын соқты. Сонда да жақсы атты көрінбеді. Нақақтан нақақ тұрпайы социологиялық сын қармағына ілікті. Ақыры тоталитаризм жауыздығының құрбаны болды.

Енді, міне, уақыт бәрін орын орнына қойды. Ақталған, ағарған Аймауытов енді өзі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рух беруші, жігер құюшы қымбат қадірлісіне айналды. Жүсіпбек шығармалары, ірі прозалық туындылары қазағыма болсын дейтін идеяға иманындай берік жүректен тарайды. Қазақ соншама зауалға не себепті тап болғанын ашына әшкере еткен оның үздік шығармалары бұрын да, қазір де зор ықыласпен оқылуда.

Аймауытовтың роман жанрындағы тырнақалдысы – 1926 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік баспасынан жарық көрген «Қартқожа» атты еңбегі. Шығарма сол жиырмасыншы жылдары іргелі-кейінді жарық көрген белді-белді прозалық дүниелермен іркес-тіркес туды. Жас қазақ жазушылары бірі ұлтжандылық бағыт ұстанып, бірі кеңес идеологиясын жалау етіп көтеріп, қақ жарылса да, сайып келгенде, бәрі қазағының мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Ірі прозаға деген талаптың да түп негізінде ұлттық мұрат-мақсатқа қайтсек молырақ қызмет етеміз деген ынта-жігер жатты. Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» деген әңгімелері, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуары, т.б. – бұған айқын дәлел. Олардың әдебиет тарихында мәңгі ұмытылмайтын және бір еңбегі – ұлы Абай дәстүрін ілгерілете отырып, әдебиетімізді дамудың жаңа белесіне шығарғаны, бірден проза жанрының әлемдік деңгейінен табылуы.

Аймауытов роман жазуға кірісерде, әлемдік әдебиет тәжірибесі «көкірек көзің» ашылуына, жер жүзі қаламгерлерімен «бірдейлік дағуасына кіруге»1, иық теңестіруге септесетініне әбден қанық-ты. Үлкен проза жетістіктеріне көз тіге жүре, орыс және әлем классикасына ден қойды. «Смағұлға жауап» атты сұхбат іспеттес анкета материалында ол өзіне шет ел жазушыларынан: Мопассан, Мольер, Виктор Гюго, Шекспир, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Стефан Цвейг, орыс суреткерлерінен: Гоголь, Пушкин, Толстой, Максим Горький, Короленко, Чехов қатты ұнағанын жазады2.

«Қатты ұнады» дегені жазушының өз мүмкіндігінің өскенінің, өз ұлттық романымызды туғызуға пісіп-жетілгендігінің айғағы еді. Ондай шығарма туды да. «Қартқожа» романы ана тіліміздің уызды шәрбәтіне қандырып, ел тарихының бұрын еленбеген өлкесіне сәуле түсірген асыл бұйым. Ұлттық әдебиеттің өз жатырында ұрықтанып қалыптасқан, әлеуметтік талдауын қоғамдық дертке ем іздейтін дәстүрмен ұштастыра суреттеген біздегі тұңғыш ірі эпос шығармасы.

Төбе шашыңды тік тұрғызатын оқиғалар ішінде күйіп-жанып, зілмауыр, қораш тірліктен жапа шегіп, жамандықтан қашып жақсылыққа ұмтылған, жан алып, жан беріп жүрген пақырлар Жүсіпбек романдарының қаһармандары қатарынан орын алады.Үлкенді-кішілі тарихи тұлғалар тұрсын, қатардағы адам санатына да қоспайтын, қазақ патриархалды-феодалдық тұйық ауылының ең сорлы, қараңғы қапастағы бұл пенделерінің әлеуметтік-саяси өмір ағысында қайнап пісіп, көзі ашық, саналы азамат дәрежесіне көтерілуі, аумалы-төкпелі заман идеяларынан нәр алып, рухани толысып шынығуы – Жүсіпбек Аймауытовтың көркемдік ізденістеріне шабыт берген құнарлы қайнарлар.

Романның бас кейіпкері Қартқожа ежелгі шығыс дастанының қаһарманынша қашан мұратына жеткенше, қиындықтан көз ашпайды. Ежелден қолданылып келе жатқан тәсілді жаңа материалға өзек ете отырып, автор көздеген мақсатына жетеді, роман сюжетіне қызығушылық, кейіпкері тағдырына жанашырлық туғызады. Қартқожаның төменнен жоғарыға қол созуы, қараңғыдан жарыққа шықпаққа талпынысы, білім алуға ұмтылысы оқушысын бірден баурап алады, енді не болар екен дегізіп, шығарма сюжетінің тартымдылығын күшейте түседі. Әйтпесе «Қартқожа» романында қай жеңгенің менікі дегізетін тартыс жоқ. Мұндағы тартыс кейіпкердің таудай талабынан туындайды. Кертартпа заманда иті қырын жүгіре беретініне қарамастан, өнер-білімге тырбанған әрекетінен жазбайды. Өз дегеніне жетпекке жан ұшырады.

Қартқожа – революционер күрескер емес. 1916 жылғы көтерілісте қолына бір-ақ рет сойылсымақ ұстайды. Онда да аттанды деген аты ғана. Негізінен байқаушы, көз суарушы, өзгенің шарапатын күтуші рөлінен аса алмайды. Авторға керегі – сол кездегі тарихи алапат оқиғаларды Қартқожадай сірі жанды бейнетқор тұрғысынан бағамдау болса керек. Жазушы трагедиялық оқиғалардың астан-кестен толқынында жүзген бас кейіпкер қайығын қалт-құлт еткен жай-күйінде барын салып кескіндейді.

«Қартқожаның» жанрлық бір ерекшелігі – драмалық сыпатында. Өткір де өтімді диалогтардан тұратын «Мансапқорлар», «Рабиға», «Қанапия – Шәрбану», «Шернияз» сияқты пьесаларымен аты шыққан автор таланты әсіресе қалың бұқаралық қозғалыс көріністерін суреттегенде айызыңды қандырып, бәрекелді дегізіп сүйсіндіреді. Ұзақ-ұзақ диалогтар типтендіру құралы есебінде пайдаланылады. Сол құрал арқылы қазақ романы сахынасына алғаш рет халық бұқарасын шығарады. Сонымен бірге көтерілісшілердің бірсыпырасының дара үніне құлақ асады. Әр кәлләда бір қиял бар екенін дәлелдейтіндей етіп сөйлетеді. Диалог арқылы көтерілістің халықтық сипатын ашып көрсетпек ойын жүзеге асырады.

«Қартқожа» романы елуден аса шағын әңгіме тектес новелла жүйесінен құралған. «Құлақ естігенді көз көрді», «Бет түзелді» «Жаңарды», «Елде» деген тараушалар, солардың бірі – бар-жоғы үш бет құрайтын «Көтеріліс» атты новеллаға жақын әңгіме кіл дерлік диалогтан тұрады.

1916 жылғы көтеріліс кезі. Майданға окоп қазуға баратындарды қозыдай көгендеп тізген спесікті тартып алып өртейміз деп жүрген жігіттер ойларын іске асыра алмай, қапыда қалады.

« – Уа, немене?

  • – Қайтыңдар, қайтыңдар!

  • – Немене?

  • – Кетіп қалыпты.

  • – Қашан, қай мезгілде?

  • – Қас қарая жөнелсе керек.

  • – Күзетшілерің қайда?

  • – Күзетшісі бар болсын!

  • – Ақым үйінің етін аңдып отырғанда, шу қойып кетіп қапты.

  • – Ой, қара бассын!

  • – Ой, атауыңды же!

  • – Ой, әкеңнің аузын...

  • – Ет қой біздің түбімізге жететін,- деп шуласты бәрі де.

  • – Қуғыншы бар ма?

  • – Бес-алты жігіт Дәрмендер қуып кетті. Жете алад деймісің, кеш кетті, түге.

  • – Қап! Ой, әттеген-ай!- деп санды бір соқты.

  • – Енді қайттік?

  • – Ауылда таң атқанша отыра тұрайық – не ғып келер екен»1.

Драматургиялық тәсіл әртүрлі рөл атқарып тұр. Ең алдымен авторлық тұрғыдан хабар береді. Зор қоғамдық оқиғаға қатысты көзқарасын жазушы кейіпкерлерінің репликаларына сыналап енгізіп жіберген. 1916 жылғы көтерілістің осал тұстарын, бір қойдың терісі үшін ата, тұқым намысын қоздыратын жікшілдік мерезді, көреген, іскер, ұйымдастырғыш саналы басшылықтың жоқтығын өкінішпен мезгеген. Көтерілістің жеңілу себебін жаудың күші басымдылығынан ғана емес екенін дәлелдегісі келген.

«Қартожа» романының тарауша-тараушаға жіктелуінде гәп бар. Жазушы қазақ тарихының белесті кезеңдерін жинақтап көрсетпекке тырысқан. Ондай құрылымның жанры қалай аталатыны белгілі: «Қартқожа» – роман-хроника. Қазақтың жалпақ тіліне салғанда, оқиғалар шежіресі. Аймауытовтың хроникаға, оқиғалар ағысына бет бұруының астарында бұған дейінгі ғашықтық шытырманына негізделген роман формасының революциялық дауылдардан соң өзгергенін, жаңғырған ел жағдайына сай келмейтінін, үлкен категориялы қоғамдық ой-пікір қорытуға өріс бермейтінін түсініп, басқа пішін іздеуі жатыр. «Қартқожа» романының бас кейіпкері жүрегін ұстап, махаббат отына түсіп, күйіп-жанып жүрген жоқ. Ол екі рет үйленеді. Бірі – әмеңгерлік жолмен жеңгесімен неке қиысады. Одан соң әкесі зорлап малға сатқанына көнбей, қалаға қашып келген Гүлсіммен тұрмыс құрады. Соңғы үйленуі «Кім» новелласында хабарланады. Хабары тым қысқа және жауабы өзінде болатын риторикалық сұрау түрінде берілген.

«Жаздыгүні Гүлсімнің ауылында 30 шақты үлкендерді оқытып, хат танытып, Гүлсім мен екеуі бірін бірі сүйіп, күзге таман қалаға алып қашып келген ер жігіт кім?»2 - деген сауал қойылады. Романдағы махаббаттың басы да, аяғы да осымен бітеді. Бас кейіпкердің есіл-дерті – оқысам, білсем деген арманда. Сол арманын қалайда іске асырамын деп жар құлағы жастыққа тимей жүреді.

«Күйдім-жандым» дәстүрінен бас тартқан роман жаңашылдығы көзге ұрып тұр. Оқиға хроникасы қоғамдық ұйқы-тұйқы арпалыстарды суреттеуге бағытталады. Реалистік романның жан-жүрегі саналатын әлеуметтік талдауға бет бұрды.

Шығарманың стильдік өрісі талдаудың әртүрлі формаларына қарай қалыптасқан: бірі – баяндау, бірі – сурет, бірі – публицистика, ойтолғақ, не осы үшеуінің қосындысы. Автор бас кейіпкерін қазақ қауымы бастан кешкен әрқилы зауалдың куәсі етеді. Новелла әңгімешісі автордың өзі. Қазақ ауылында туып өскен Қартқожаның бастан кешкендерінің көбін жазушы өз жүрегінен өткізген. Оқиға жүйесін бірін бірі қайталамайтын дара тақырыпшаларға жіктеп баяндайды. Новелланың әрқайсысы уақытының қайталанбас суреттерін бейне кино кадрындай бірінен соң бірін көз алдыңнан сыдыртып өткізіп отырады. Романға жобасы солай болар-ау деп шамалайтын, құр елес, долбар сурет мүлде кезікпейді.

Әлеуметтік талдау жеке адамдардың образын даралау принципінен ажырамайтыны белгілі ғой. Қартқожаның қоғамдық өмірі жеке тірлігі бір өрімде суреттеледі. «Оқу», «Үй іші», «Ұядағы зорлық», «Еліктеу», «Қарлығаш», «Хабар берді», «Қитық», «Ажал» деген бастапқы тараушалар бас қаһарманмен және үй-іші, ортасымен таныстырады. Қартқожаның 10-11 шамасы кезінен бері қарайғы тауқыметті тұрмысы хақында толық мағлұмат береді. Әңгіме барысында Қартқожаның характері там-тұмдап ашылады. Ол – қой аузынан шөп алмайтын, кім көрінгенге есесін жіберіп алатын бозөкпе жас. Әйтеуір көкірегінің жарығы бар. Оқу, білімге құштар. Қаладан келе жатқан «сымпиған қара киімі бар», «ноғай бөрік» шәкірт оған «Тумыш» деген кітапша сыйлайды. Қартқожаның осы кітапты қалай оқығанын көрсету арқылы жазушы кейіпкерінің болашағынан бірдеңе дәметуге болатынын сездіреді. Сездіріп қана қоймайды, иландырады.

«Қартқожа сайын далада киімін шешіп, жайрап, көйлекшең, жалаңбас, көк шөпке бауырын төсеп, күнге қарап, қошқыл маңдайынан тері шып-шып шығып, кітабын оқып жатыр. Оның кітапқа ынталанғандығы сонша, жан-жағына да қарамайды.., демін де білдірмей алады. Ол екі атты да ұмытып кетті. Біреу алып кетсе, білер емес. Өзінің айдалада жатқанын да, ауылын да, басқа дүниені де ұмытты. Оқыған сайын ажарланады, бет-аузы балбырап, иегін созып, көзін қадап, қағазды жеп қоятын тәрізді...»1

Оқудың маңызын түсіндіріп ділбарсудан мың есе артық деталь. Қитықтан ситыққа ұшырай беретін Қартқожаны қу тірлік батпағынан суырып алатын ынта-ұмтылыс талабын бұдан артық келістіріп суреттеу мүмкін емес. Қартқожа кітап оқудан ләззат алады. Оны алға сүйрейтін – сол білімге деген іңкәрлік. Андрей, Қасен, Полидуб сықылды адамдар жас жігіттің талабын қолдап, әр тұста қол ұшын беріп отырады.

Қартқожа Семей, Омбы шаһарларында оқи жүре, бейнеттен бейнет шегіп титықтайды. Кейіпкермен бірге қиналатын оқырман да, ең соңғы «Кім», «Еңбекті елге қыл» дейтін тараушаларды тәмамдағанда бір «уһ!» дейді. Ол тараушалардың көркем сөзден гөрі публицистикаға ойысқанын да байқамай қаласың.

Финал – әр шығарманың шоқтығы. Жазушының жазушылығы шығармасын қалайша бастауымен қатар бітіргендігіне де байланысты. Сәтті финал музыканың аккордына ұқсас. Көп-көп алыс-жақын дыбыс әуендерінің сұлу келісімін жасайды. Жүсіпбек романының финалы келісімнен гөрі кереғарлыққа жақын. Ақ пен қараның, күн мен түннің, қосу мен алудың тартылыс күшіне бейім.

Қартқожа орысша оқуға түспекке, інісін ертіп – Омбыға сапар шегеді. Жол үстінде жеккен аты арам қатады. Бұл қырсықтың басы ғана екен. Өгізін сатудан түскен бар ақшасынан айырылып, күн көрісі қиындайды, салы суға кетеді. Жұмысқа тұрайын десе, ақшасымен бірге документі де қолды боп кеткен. Енді қайтпек? Бір күні әбден титықтаған Қартқожа түс көреді. Түсінде әжесі аян береді. Аян беруі мұң екен – бас кейіпкердің тағдыры күрт өзгереді. Қартожа жұмысшы факультетіне түседі. Түскен бойда мұратына жеткендей қуанышқа бөленеді. Соған сай шығарманың стилі де өзгереді. Суреттен публицистикаға, оның да бір ақпараттық қана мәні бар жеңіл-желпі түріне ауысады.

«Қартқожа өзгерді. Бұрынғы соқыр нанымнан, діншілдіктен, ісім ағзамнан тазарды. Елді надан қып жүрген, құлқынның құлы, өзі надан қожа-молдалар екенін білді. Бұрынғы жабығу, уайым-қайғының бірі жоқ. Қартқожа талапты, жігерлі, жалынды жігіт болды. Бұрын жуаннан қалай теңдік алудың жөнін біле алмай жүрген Қартқожа енді тап тартысы не екенін білді. Тап тартысына Маркстің көзімен қарап, қазақтың шаруа жайын, өнеркәсібін өндіру қатынасын зерттейтін болды»1.

Бұл – кәдімгі газет сөзі. Автор «Маркстің көзімен қарау» мәнісін ол кездегі шала сауатты елге түсіндіре кетуді де қажет деп таппайды. Бейнебір мәлімдеме, декларация стиліне көшкендей әсер қалдырады. Бір ғажабы, осы декларацияның қаңқу сөз екенін, жазушының романдық бипаз суретінен айырылып, саяси конъюнктураға беріліп кеткенін біле тұра, «Кім», «Еңбекті елге қыл» деген ең соңғы тараушаларын қаттының аяғы тәтті болады деген мәтелге балап, күмәнсіз қабылдайсың. Қартқожаның «өзгерісіне» қол соғасың. Автордың судыратпа мақамға ауысқанын да құптайсың. Неге? Себебі әрқилы.

Аймауытов романының арзан саяси ұранға үн қосқан үгіт-насихатына құлақ асатынының, ең әуелі романның бұған дейінгі мазмұны пішініне сай сұлу суретті сүбелі бөлегінің әсері. Кітапты соншалық іңкәрлікпен оқитын баланың түбінде адам болады деген дәмеден нәтиже шығуының арқасы.

Тағы да бір себеп романның жанрлық табиғатынан табылады. Бұл жанрдың іші неше түрлі оқиға, әңгімелерді аңыз, ертегілерді қабылдай беретіні бар. Қалауын тапсаң қар жанады дегендей, газет мақаласын, не кеңсе папкасының тігісіндегі ақпарларды кіргізсе де, жөнін тауып қисынын келтірген романнан оқылмайтын сөз қалмайды...

Оның бер жағында әңгімеші автордың әдемі хикаядан ауытқып, кенет шымқай қызыл матамен көмкерілген мінберге шығып алып, қызыл сөзді үсті үстіне төпелеуінің мән-мәнісіне де бүгінгі көзі қарақты оқырман кешіріммен қарайтынында шәк жоқ. Бір есептен, Жүсекең жаптым жала, жақтым күйе стилінде байбалам салатын сыннан, оның тоталитарлық айтақтаушыларынан сақтанды ма екен деп ойлайсың. Сол кездегі дөрекі сынның ұртоқпағы Ғаббас Тоғжанұлы не демеді, «жау», «контрреволюция» деген айыптарды үйіп-төкті. Ел-жұртты «жауыз большевиктерге» айдап салып отыр деген арандатуларға барудан жүзі жанбады1.

Алайда «Қартқожа» романын бас алдырмай оқытатын себептің ең бастысы – оның қазіргі біз өмір сүріп отырған дәуірмен үндестігі, оның бүгінгі таңдағы келелі міндеттеріне жанасымдылығы. Қазіргі тәуелсіз еліміздің диірменіне су құятын зәру тақырыпты, мәні зор көркемдік ой толғамдары. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген әуенге салатын ұлттық жалынды пафосы.

Бүгінгі күнмен үндес тақырыптың бірі – 1916 жылғы халық көтерілісінің суреттелуі. Бұл бір адамның оттығынан тұтанды дейтін қозғалыс емес-ті. Ереуіл атқа ер салған қазақ елінің өзі екені «Қартқожа» романының «Көтеріліс», «Жасақ», «Күрес», «Байтал жоқ», «Тамақ», «Ән» атты тараушаларында жеріне жеткізе, шынайы суреттелген. Соғысқа барып, Ресейге болысқанда, он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы қазақ жігіттері кімді қорғамақ? Ақ патшаны ма? Не үшін? Қазақ елін боданым да болса, өз жұртым деп аяды ма? Жоқ, жаны ашымастың қасында балтырым сыздамасынды істеді. Мемлекеттілігінен, елдігінен айырып, табанына салып езіп-жаншығаны аз көрініп, жер-суынан, ата қонысынан түріп шықты. Автор осы тақырып төңірегіндегі ойларын үдетіп, жүрекке шемен боп қатқан шерін тарқатады.

Ер туғызбайтын ел болмайды. Өзінің жеке басының қазақ ұғымындағы батырлық қасиеттерімен, сегіз қырлы, бір сырлылығымен топжарғандар 1916 жылғы көтерілісте де шыққаны – табиғи заңдылық. Сондай бесаспап - романның әр тұсынан қылаң беріп көрініп жүретін Дәрмен есімді Баян тау жігіті. Оның көтерілісшілер отырысында салған әніне автор қазақ елінің трагедиялық тағдырын сыйғызуға тырысқан. Дәрмен әнінің мына бір сөздеріне құлақ түріп көрелік.

Дәрмен «қазақтың еркін күнін, ескі дәуірін жоқтады, бұрынғы өткен ерлерді, батырларды, билерді жоқтады. Ол күндегі байлықты, берекені, бірлікті, ерлікті, серілікті өлеңге қосты. Бері таман келген соң, қазақтың алты ауыз болып орысқа бағынғанын, елдің азғанын, жаттан көрген зорлығын, қала салғанын, жерді хақол алғанын, қол-аяқты кісендеп, жылдан-жылға өрісті тарылтып бара жатқанын сөйледі. Бір жағынан қазақтан шыққан жақсылар елдің қамын ойламай, шенге, шекпенге мастанып, елді қанап, пара жеп, жауыздыққа салынғанына кектенді»2.

Бұны «Қартқожа» романының кредосы, негізгі жыры десе де болады. Налалы зары, отаршы патшаға қарсы қарғысы десе тіптен дұрыс. «Қазақтың ескі күнін, ескі дәуірін жоқтаған» жұрт төмен қарап, жер шұқылап отырып қалады. Тыңдаушылардың бірі «Қартқожа не болғанын білмеді. Аузын ашып, қалшиып, көзінің жасы бетін жуып отыр, анда-санда әр жерден солқылдаған, ішін тартқан дыбыс естіледі»3.

Ұлттық тақырыпты роман арқауы еткен автор, ол да Қартқожадай кейіпкеріне қосылып, көзінің жасын көл қылып жылайтындай. Ал, роман финалы шертетін күй – өзге күй.

Қартқожа «топ алдында жігерлі сөз сөйледі:

– Сөз емес – іс керек. Жоғалсын бас қамы! Құрысын надандық! Жасасын жұртшылық! Жасасын елге еңбек қылған ерлер!

Сарт-сұрт шапалақ Баян тауын жаңғырықтырды»1.

Қартқожаның көңілі өскенін суреттейтін жері болмаса, желбуаз ұран романның көңілсіз кестесіне мүлде кереғар. Кеңес өкіметі белсенділерінің романдағы бұған дейінгі харекеті көңілге қона бермейтін.

Семейдің әлі Сібірге қарайтын кезі. «Қазақ азаматтары көңілсіз. Сібір ревкомынан Иванов дейтін губерниялық комитетке бастық болуға жіберіліпті. Губерниялық комитетке қазақтан бір-ақ мүше сайланыпты. Оқыған азаматтардың әркімі қызметтен торығып, жаз шыға елге бару қамын істеп жүр екен. «Қазақстанға қарап, көзіміз ашылмаса, орыстар бой беретін емес, қазаққа зорлық істеп отыр... - деп Қасен де бұрынғы қызу бетінен қайтып қалғанын білдірді»2.

Қасеннің айтуында, уездерде бейбастықтың, мелитсенің лаңы, пара дегендер есепсіз. Барнақып дегеннің қазаққа қылмағаны жоқ. Зорлық, пара, әйел басу, кісі өлтіру – бәрін істеген. Соның үстінен Дәрмен арыз түсіреді. Мұны құлағы шалып қалған Барнақып есіл ерді атқызып тастайды.

Газеттер тағы да шулатып жатыр. Байлардың малын алады депті. Бірақ «разверстка»...» науқанында негізгі күйгендер – кедейлер. «Шабарман мен милиция малды айдап, үлкен бір ашық аранға қамап жатыр. Аранның аузында белінде алтыатары, қолында дырау қамшысы, бентопкесі бар, түсі суық орыс тұр». Қарсылық көрсеткен қазақ таяққа жығылды. Тағы біреулерін атып тастады.

Мал – қазақтың бауыр еті ғой. Асыра сілтеу деп жаймашуақтатып, балшабек разверсткасының ел көзіне қамшыдай тигенін қазақ жазушысы жаны ауыра суреттейді. «Баян төңірегіндегі айдабол, қаржас, қозған, күліктің малы дөңгеленіп қалыпты... Малсыз ауыл – сақал-мұртсыз ауыздай, жылмырайып жараспайды екен... Малға сүйеніп күнелтетін қазақтың дәурені кеткелі тұр ма?»3

Романды қайта оқыған кісі Қартқожа сияқты «келешекке көз жіберіп үңіледі». Ауылдың қыстаулары иесіз қорадай, маңайы жым-жылас болып, қуарып сорайып тұрғаны бір бұл ма? - деп ойлайды. Қартқожа секілді көңілге қонарлық ештеңе таппайды. Жазушының қазақ болашағын ойлап көкірегі қарс айырылып жазған «Нөсер өткен соң» (129-131 бб.) новелласын қазір қайта бассаң да, бүгінгі Баянауланың малсыз шөп басып құлазыған даласын көріп, бас шайқап жазып отыр деп қалуың мүмкін.

Бүгінгі тәуелсіздік заманмен романды тағы бір үндестіретіні – осы қазақы тақырып және Алаш қозғалысы туралы толғаныстары. Бірлі-екілі жел сөз болмаса, автордың Алашқа бүйрегі бұрып тұрғаны сезілмей қалмайды емес. Қартқожа оқуға қаражат табу үшін Пашка деген бай орысқа жалда жүргенде, крестьянский начандіктің орнына Семейдегі қазақ азаматтары қазақ комитетін сайлағандығын, енді «қазақ жұмысын қазақ басқаратындығын» роман қуана хабарлайды. «Бостандық үйінде» өткізіліп жатқан Алаш ордашылар съезін большевиктердің «мылтығын кезей сөйлеп» таратқанын ренішпен суреттейді. Алаш азаматы Қасен Қартқожаға:

« – Жұмыс жаманға айналды. Большевиктер күшейді...» Алашордаға қуғын таянды. Бірақ сен ешкімге аузыңнан шығарушы болма, біз соғысайық деп жатырмыз»1 - дейді.

Қартқожа «Жолдарың болсын!» - деп жыламсырап шығып кетеді. Автор позициясы бас кейіпкер жағында екенін ескерсек, романның не айтқалы отырғанын түсіну қиын емес. Қартқожа әдейі іздеп барған ақын Сұлтан-Махмұттың: «Түбінде қазақ ел болатын болса, балшабектердің қасында болады» дейтін2 сөзі роман финалы секілді нақты сурет арқылы «дәлелденбейтіндіктен», көңілге қона қоймайды. «Газетте көбінесе ашаршылық жазылады. Күллі қазақтың үштен екі бөлегі аштықтан қырылып жатыр деген» хабар Қартқожаның көңілін бұзады. Ал, бұдан соң «Сәбеттің» бұл қылмысын «Некен-саяқ жолсыздық болмай тұра ма?»3 - деп ақтай сөйлеген сөз де иландыра қоймайды.

Қазақы позиция, отаршылыққа қарсылық романның «Баян» тараушасында тағы да бір айқын көрініс табады. Қазақтың жер шұрайы Баян «қазақ-орысқа ата мұра тәрізді». «Қазақ-орыстың өмірі арақ ішіп, мас болумен, тәлтіректеп көшеде өлең айтумен өтеді». Бірақ шетінен бай. Бар жұмысын істейтін малай – қазақ.

«Баян маңындағы іргелі ел – сүйіндік... Сүйіндіктен Төлебай, Собалай, Жаңа батыр, Едіге, Шоң, Шорман, Боштай сықылды алты алашқа аты шыққан билер де туған. Тоғжан, Сақау, Көтеш, Жаяу Мұса, Жамшырбай, Мұстапа, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт сынды ақындар, әншілер, серілер де туған... Осы сықылды елдің ортасындағы үкіметі де, қожасы да, ұйтқысы да Баянның түбіндегі бір шөкім қазақ-орыс еді»4, - деп роман авторының зығырданы қайнайды.

Роман «Туған жер» деген тараушаның атымен аталса да болар еді. Тарауша-новелланың гимнге татырлық сөздері исі қазақты туған жер қадірін білуге шақырады.

«Қартқожа» романының кейінгі қазақ прозасына әсері аз тимеген. Жинақталған азды-көпті тәжірибе оның авторының өзінің де әдебиетімізде жаңа қалыптасып келе жатқан жанрдың күрделірек, қиынырақ айдынына құлаш ұруына жол ашты. Жаңа құрылысқа мидай араласып жүрген қаламгер материалға кенде емес-ті. Тақырып та тарықтырмады. «Қартқожа» романында кеңейтіп, тереңдетіп әкететін жылғалар жетіп артылатын. Ондағы бір жылға Жүсіпбек Аймауытовтың өзінің де «Ақбілек» романын жазуына түрткі болған ба дерсің. «Қартқожа» романының «Құлақ естігенді көз көрді» бөлімінде ақ банды Дутовтың, Беловтың ел ішіне салған ойранын суреттеу барысында мынадай эпизод бар. «Иығында шені, сымбатты әпесер солқылдақ арбада қазақтың сұлу қызын құшақтап қос боз атпен Қартқожаның қасынан өте шықты. Қартқожаға түскен қыздың көзі жыпылықтап кетті.

Қара күшке құрбан болған сорлы! Заманың әлде не болады?»1

Жүсіпбек Аймауытовтың жаңа романының бас кейіпкері Ақбілек жаңағы көзі жыпылықтаған қыздың нақ өзі болмаса да, сорлылық жағынан тағдырласы – Алтай аруы еді...

«Ақбілек» романының алғашқы нұсқасы «Әйел теңдігі журналының 1927 жылғы 2, 5, 10, 11 және 1928 жылғы 3,4, 9, 10 нөмірлерінде басылды. Келесі 1929 жылы есіл жазушы сталиндік қапасқа қамалғандықтан, бар өнерін салып жазған романының кітап боп шыққанын көре алмай кетті. Жүсіпбек Аймауытов М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының республика прокуратурасына жазған хаты бойынша 1988 жылдың аяғында ақталды. Сол жылы М.Әуезов музейінің мұрағатында сақталған, Жүсіпбектің өз қолымен жазылған роман қолжазбасы машинкаға басылып, өндіріске жіберілді. Сөйтіп тұңғыш рет кітап болып 1989 жылы басылып шықты2.

«Ақбілек» – қазақ романының тарихында әрқашан өркештеніп ерек көрініп тұратын көркемдігі келісті шығарма. Идеялық жаңа дәстүрлі мұраты, өмірлік кең мазмұндылығы және бейнеленген уақыты жағынан «Қартқожа» туындысының жалғасы болғанда, жанры жағынан бөлек жаратылған туынды. Лоренс Стерн, Лев Толстой мен Федор Достоевскийден бері қарайғы әлеуметтік-психологиялық роман адамның ішкі әлеміне бойлап еніп, оның даралық қасиетін Һәм қоғамдық сыр-сыпатын ашты. Әлемдік әдеби өнер жетістіктеріне арқа сүйей отырып, Аймауытов психологиялық талдауды революциядан кейінгі, НЭП-ке дейінгі қазақ ауылының қаны сорғалалған шындығын, құбылмалы қайшылықтарын адам жанының ішкі толқыныстарын суреттеу арқылы танып білудің құралы етті. «Ақбілек» – әлеуметтік-психологиялық романның ұлттық қаны алпыс екі тамырына бірдей жайылған түрі. Мені көр де, қазақты көр дейтін айнаның нақ өзі.

Патша тақтан құлап, онымен елді бірге тонасқан, қылмысқа белшесінен батқан буржуазияның да дәм-тұзы таусылып, елде жаңа өмірге бетбұрыс жасалар ма деген үміт пен күдік аралас туған уақыт. «Ақбілек» романы сол шындықпен санаса жазылды.

«Қартқожа» романындағы сияқты жаңа шығармасында жазушы Алтынсарин, Абай дәстүріндегі халық ағартушылық идеяны мұрат тұтты. Сіңірі шыққан кедей Қартқожа қайтсем адам қатарына қосыламын деген арманына оқу, білім арқасында жетеді. Ақбілек не кием, не ішем демей бұлғақтап өссе де, он бес жасында кенет тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Бірақ өмірде не болмайды дегендей, қайтып шыға алмастай шыңыраудан көтеріліп, жарық күнге қайта қол созады. Ненің күшімен? Автор ол сауалға өз атынан көркем публицистка тілінде былай деп жауап қатады.

«Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнадан құтылып, сонау жеті қат көктегі ғарышқа апарып, жүрегін алтын ілегенге салып жуғандай, анадан жаңа туғандай тәрізді. Оның жүрегін жуып тазартқан леген – аяулы жаны, Қаратаудай қайраты, ай мен күндей ғылым еді»1.

Көріп отырғанымыздай, автор рухани тәрбие-тағылымды жаңа адам баулитын ең қуатты құралға балайды. Оқысаң бақытың жанады, не қиындықтың бәрін жеңесің деген оптимистік ағартушылық көзқарасты ұстанады. «Қартқожа» романынан өзгешелігі, ғылым-білім рөлі туралы қорытындысын көркем бейнелеу құралдарын шебер пайдалана отырып жасаған. Лепті романтизмін нақты реализммен ұштастырған. Жан дүниесін сіресіп қатып қалған қалпында емес, диалектикалық даму, санның сапаға ауысуы процесінде суреттеген.

Ақбілек образы іштей жуылу, өсіп толысу жағынан келгенде Лев Толстойдың «Жаңғыру» («Воскресение») романындағы Катюша Маслованы еске түсіреді.

Катюша Маслова – князь Дмитрий Нехлюдовтың шын сүйіп, бірақ көп ұзамай суынып, обалына қалған тастандысы. Катюшаның қатты қайғырып жылап-сықтағанының арты зинашыға айналуына апарып соғады. Сорлы мүскін бірте-бірте әйел ибасы дегеннен жұрдай болады. Ескірген, былғаныш ыбылыс қоғамның іріп-шіріген сасығында бұзылудың шегіне жетеді. Жезөкшелер үйінде не жамандыққа еті өліп кеткені сондай, соттың әділ шешім шығармағанына, каторга жазасына кескеніне Катюша тіпті пысқырмайды да. Катюшаны әділетсіз сот үкімі емес, өзінің шаршап шалдыққаны, қарнының ашқандығы, темекі шегуден қағылғандығы қинайды. Кінәсін мойындап аяғына жығылуға дайын тұрған Нехлюдовқа көңіл бөлгісі жоқ. Есіл-дерті – Нехлюдовтың ақшасы, темекісі мен шарабы. Сонысы болса жетіп жатыр. Өмірден әбден үміт үзген шарасыз жанның ақиқат шындыққа туралап қарауға бет-жүзі шыдамайды.

Ақбілек те ақ банды талқысына түскенге дейін жаны, тәні кіршіксіз періште еді. Он бес жасар уыз қалпында тағдыр мазағына ұшырайды. Сүйгеніне қосыла алмай, ақ банды қара мұрт офицердің арам құшағына тап болып, жан азабын кешеді. Үріп ауызға салғандай ару, айттырып қойған жігіті Бекболатпен неке қиысар күнін күтіп жүрген пәк қалыңдық болатын. Өзінің жазығы жоқ екенін біле тұра, тамұққа түскендей азап шегеді.

«Өткен күндерді бір-бірлеп есіне түсіріп, жағалап, қара мұртқа да келді, оның түрлі қылықтары көз алдынан демде елестеп өтті. Енді мынау ағаларының ортасында ауылына келе жатқанына таң қалды; таң қалып қана қойған жоқ, өзін бейне бір арам сирақ ұрлық малындай, әкесіне арам жегізетіндей көрінді. Енді бұрынғы нәрестедей уыз денесі былғанып, арамданып қалған тәрізді; күнә-сұмдықты білмейтін ақ жүрегі арамдықтың неше атасын біліп, бұрынғы қыз басы қатын боп қалған тәрізді: бұл былғанған дененің кірі жанның күнәсі өмірі тазармайтын тәрізді. Өз ауылының тауына, жеріне жақындаған сайын таза жерді басуға өзінен-өзі ұялып, атылып өліп кетпей, қара мұрттың мылтығына бекер-ақ жармасқан екем деген өкініш пайда болды; ит жалап кеткен ыдыстай, өзінің денесін де, демін де арам деп білді...»1

Романда үшінші жақ пен бірінші жақтан қосарлана берілетін ішкі монолог – психологиялық талдау түрі негізгі бейнелеу құралына айналады. Кейіпкердің ішін ашады, әлем-тапырағы шыққан ойын жазбай түзеді, ішкі сөз ағымына ерік береді. Автор оқиғаны өз атынан әңгімелеп отырса да, көбінесе кейіпкердің тілімен, оның түсінігіне орай сөйлейді. Сөз толқыны сыртқы оқиғалар барысын суреттеуден кейіпкердің ішкі әлеміне ауысады.

Ақбілектің қиналысы қапастан таза ауаға шықсам дейтін тұтқын қиналысындай. Кейіпкерінің ішін улаған моральдық дерт қолайлы жағдай туғанда жазыла бастайды. Әкесінің үйінен де қуылып, бөтен үй босағасында күнелтіп жүрген Ақбілекті қалада қызмет істейтін ағасы Төлеген алып кетіп оқуға түсіреді.

«Жаңғыру» мен «Ақбілек» романдарын үндестіретін пафос – адамның адам қалпында жүруі үшін жаңа ортаның керектігін жырлау. Катюша мен Ақбілектің замандары әртүрлі. Ақбілек заманы түзелуіне қарай бой жазып, оқу оқып, білімге қол артып, бұрынғы қайғы-қасіретін ұмытады. Катюшадан және бір өзгешелігі, не қиындыққа төтеп береді. Бұзық жолға түспейді, моральдық инабатты кейпінен айырылмайды.

Өзінен өзі жиіркенген Ақбілектің адам санатына қосылғаны жаңа ортаға кіргендігінен екені романда мейлінше иланымды көрсетілген. Кейіпкердің іштей түлеуіне оның өзінің де елден ұят-ты, жұрт көзіне қалай көрінемін дейтін жегідей жеген ойларының күдікке, қайшылыққа толы толқыныстары да аз әсер етпеген. Ақбілектің жаңғыруын көңілге қонымды көрсете білуі – жазушының реалистік психологизм өнеріне жетіктігіне айқын дәлел.

Лев Толстойдың Катюшасы да каторгадағы революционерлер арасында жүріп іштей жуылып жаңарады. Мәселе төңкерісшіл Симонсонға тұрмысқа шығуға келісім бергендігінде ғана емес, саналы көзқарас деңгейіне көтерілгендігінде.

Орыстың ұлы суреткері қоғамда өзгеріс жасалуын құптайды. Бірақ ескі қоғамды қопарып талқандап таста демейді. Лев Толстой орыс революциясының айнасы десек те, күштеу, зорлық-зомбылық саясатын қолдамаған. Халықтың жаңа жолға түсіп жаңғыруы үшін қан төгу барып тұрған жадыгөйлік, адасып арам жолға түскендік деп есептеген. Жауыздықты зорлықтама деген («Непротивление злу насилием»). Қазақ жазушысына келсек, ол революцияға көшпенді ел тұрғысынан қарайды, төңкерістің жақсылық жаңалығын құба-құп алады, жамандық жаңалығына теріс айналады. Бұл романның жалпы үрдісінен де, жеке қаһармандарының көзқарасынан да білініп отырады.

Роман бір-бірімен тығыз байланысты екі планда өрістейді. Күнделікті шұбатылған оқиғалар бір жүйеде, бас кейіпкердің жан дүниесіндегі ағыл-тегіл процесс екінші жүйеде қоса қабат бейнеленіп отырады. Шығарма төрт бөлімнен құралады. Біріншісі – Ақбілектің ақ бандылардың торына тұтылуы, одан құтылып еліне оралуына арналса, екінші бөлімі Ақбілектің айттырылып қойған жігіті Бекболаттың бандыны қуып жарақат алып қалада емханада емделуіне, емханадан шыққан соң ел зиялыларымен бірге қалыңдығы Ақбілектің ағасы Төлегеннің үйіне қонақтыққа жиылған зиялы топпен бірге отырысқа қатысуына, үшінші «Қайғы» бөлімі ауылға оралған, Қара мұрт әпесерден жүкті боп қалған Ақбілек мүскіннің өгей шешесінен туған әкесі Мамырбайдан, тағы басқалардан көрген қорлығына, төртінші «Махаббат» бөлімі арада бес жыл өткен соң танымастай өзгеріп құлпырған Ақбілектің жаңғырып, ел қатарына қосылу қуанышына арналған.

Күнделікті оқиғалардың барысында Ақбілектің қасіретті жүрегінің құбылыстары суреттелуімен бірге, сол кездегі қоғамның сана-сезімінің дәрежесі айқындалады. Романының екінші бөлімінде автор зиялы қауым өкілдерін Ақбілектің продком ағасы Төлегеннің үйіне меймандыққа жинап, олардың аузымен қоғамның зәру проблемаларын қозғайды, қозғауға қатысушылардың психологиялық портретін жасайды. Амандық-саулық сұрасқандарына, темекі тартқандарына дейін тәптіштеп мінездейді. Бас-басына сөйлетіп, қазақ оқығандарының есепқор, бірін бірі аңдығыш, аяқтан шалғыш, күндегіш мінездерін суреттейді. Зиялы қауымның дүниетанымын ашады.

Шақырылған үйдің табалдырығын қонақтардың бәрінен бұрын аттаған Ықаң (Ыстыбай) – қазақтың ескі оқығандарының бірі. Адвокат болған. Керенский тұсында – Құрылтай мүшелерінің тізіміне іліккен. «Арақтың игілігін көрген», «орыстан қатын алған». Ондай адам бұрын қазақ ішінде кезікпеген. Бірақ бұл «жаңа адамға» автордың іш тартпайтыны мына келемеж детальдан-ақ көрініп тұр. «Ықаң шылымын тартқанда, әуелі аузын толтырып, түтінді жөдемелдете будақтатып жіберді. Оны көргенде Бекболаттың көзіне кешке таман басына күл шашқан бұқа елестеді»1.

Ықаң сияқты Тыпаң да (Тышқанбай) балшабек келген соң басынан дәулет құсы ұшқан кісі. Советке көндіккен. Тесік таба білетін ептілігі бар. Авторлық көзқарасқа бұлар дала қазағының не күйде жатқанына самарқаулығы үшін жеккөрінішті. Ықаңа «ел сөзінен гөрі бір рүмке арақ кәдірлі еді»2.

Бұлардан соң табалдырық аттаған «кемесерлердің» де оңып тұрғаны шамалы. Арақ ішу жағынан қамшы салдырмайды. Көзқарастары ала-құла. Тек тостарында бірауызды: «Жасасын Сәбет өкіметі!» Екінші ұмтылысты балшабекке, үшіншісін қазақ автономиясына арнап, ақаңды судай сіміреді.

Зиялы топ бас-басына сыпатталғанда, жаңағы ұрандардың шын-өтірігін айыру қиынға соғады. Автор бірте-бірте белсенділердің әрқайсысының қоясын ақтарады. Үй иесі Төлегеннің жинаған жиһазы – байлардан тоналған мүлік. Оның қонақ шақырудағы мақсаты, Ақбілекті бандылардың алып кетуіне көмектескен Мұқашты болыстыққа сайлатқызбау екені белгілі болады.

Романның соңғы жағында Ақбілекке үйленетін, «киімі де қоңырлау, жүріс-тұрысы да солапаттау, Балташ – уезд бастығы. «Ең зиянды элемент», «нашардың қанын сорған» деген сөздеріне қарағанда кәмесерлердің ішіндегі солақайы. Атқарып жүрген жұмысына да жетіктігі байқалмайды. Финотдел бастығы «бірдеңештейн кеткен соң, басын бір сыйпап:

- Шортты знат! Сыболыштар қайдағы жоқ пәлені тауып, ақша алады, –деді»1.

Аузынан шыққан әр сөйлемінің аяғындағы сөзді екі қайтара айтатын Доға – Әбен байдың құйыршығы. Жорғалатып сөйлейтін Жорғабек шешендердің әрқайсысының астына бір-бір көпшіктен лақтырып, сөзін белгілі бір қорытынды шығармайтындай етіп аяқтайды. Бұлардан ерек тұрған – «қошқар туған қозыдай келбетті» Ақбала, «губревком члені». Уездегілерге күшті шешен көрінеді. Күшті шешенге баланатыны, белгілі қағидаларды шыт жаңа етіп сөйлей біледі. Бірақ «Жер жүзінде әлеуметшіл төңкеріс болмай тұрғанда, бір мемлекетте социализм орнатуға бола ма?», «Қазақ капитализм дәуірін кешіре ме, социализмге бір-ақ секіріп өте ме?» - деген сұрақтарға нақты жауап қайтара алмағанына қарағанда, асып-тасып бара жатқан ештеңесі жоқ секілді. Бұл жерде авторлық талап та артығырақ қойылған: жиырмасыншы жылдардың екінші жартысы болса бір сәрі, НЭП-ке дейінгі кезеңде ел алдында жеке алынған бір елде социализм орнату мәселесі күн тәртібіне қойыла қойған жоқ-ты.

«Губревком члені» бойдақ. Ақбілекті ұнатады. Ақбілек те теріс емес. Жасаған баяндамасын тыңдап, көңілі ауады. Бірақ Ақбала біраздан соң бастапқы ниетінен айниды. Ақбілектің басынан кешкен сұмдығын естіп кері шегінеді.

Бұлардың арасына ауруханадан шығып көлденеңнен киліккен Бекболат саяси сөзді естуге құлағы топас екен, сөз көбейген сайын басы қатып бара жатқан соң тысқа шығып кетеді.

Исі қазақтың, бүкіл Қазақстанның тағдырымен байланысты іргелі проблемалар қозғалған романда білек сыбанып атқа мінген дәуір қаһарманы биігіне «кәмесерлердің» қай-қайсысы да көтеріле алмаған. Ондай мақсатты автор алдына қоймаған да. Жоғарыда айтылғандай, алған тақырыбы жаңа заманның елді, адамды жаңғырта алатын күшін айғақтау еді. Сол тақырыбы Ақбілек бейнесі арқылы әдемі шешілген. Ақбілек адамды итжеме ететін жағдайдан босанып, өз бетімен тіршілік құратын адам қатарына қосылып қана қоймайды. Еліне күйеуі Балташ, ағасы Төлегендермен демалысқа келгенінде қарап жүрмей, ауыл әйелдеріне хат танытпаққа тырысады. Орыс талқылаған қызын Мамырбай танымай қалатындай. Бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңайған Абілектің ізі де қалмаған. «Қаланың не қасиеті бар» деп таңданады. Тынықсаңшы, сол қатындардан не шығады деп жүрсің деген әкесіне:

« – Әке-ау, заман оқығандікі ғой!»2 - дейді.

Шағын ғана көрініс – жаңа өмір нышаны. Қоғамдық ояныс белгісі. «Ақбілек баяғы емес, өзгерген, өнер тапқан, жетілген, ысылған, әйелдерге көсем болған»1. Романның шындықты айна қатесіз айтып тұрғанына кәміл сенесің.

Романның композициялық құрылымы, ішкі монолог, хат жазу, арыз түсіру, күнделік, түс көру, т.б. пішіндерді еркін пайдалану жиырмасыншы жылдардың басындағы Қазақ елінің әлеуметтік қыртыс, қабаттарын, ұлттың кейпін мол көрсетуге мүмкіндік берген.

Автор «Қартқожа» мен «Ақбілек» романын нақты оқиғалар негізінде жазуды бір мезгілде ойластырғаны мәлім. Екі романның желілері әр тұстан үндесіп жататыны содан да болуға керек. Сондай ортақ бір желі – өзге жұрт тақырыбы. Кеңес қызметкерлерінің арасынан «Ақбілекте» Иванов деген орыс көрінеді. Қылмыскер қазақты қызметінен жоғарылатамын деп әрекеттенеді. Бірақ қазақ «кәмесерлерінің» араласуымен ол ниеті жүзеге аспай қалады. «Ақбілек» романында басым суреттелген Қара мұрт, отрядтағы офицерлер, кешегі төсін қаққан шенділер азып-тозып адамгершілік кейіпін мүлде жоғалтқан. Бұлардың бейбіт ауылға шауып, бейберекетін шығарып, ойына келген зұлымдыққа баруында рәміздік сыпат бар. Ресей империясының өзімшіл, озбыршы бейнесін көзге елестетеді. Қарауындағы басқа елді ел емес, мал санайтын психологиясын айғақтайды. «Орыс шіркін өзім ғана өмір сүрсем дейді екен-ау! Өзгені жан екен десейші! Аяу деген болсайшы...»2 деп ширығады Ақбілек, кеше құшып-сүйіп емешегі үзіле жаздайтын Қара мұрт наганын суырып өлтіре жаздағанда.

Роман өткен күндердің тарихи шындығын айта отыра, бүгінгі заманмен де іштей тоғысады. Тұп-тура қазіргі ой-сезіміңнің үстінен түскендей.

«Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойрандап кеткен озбыр омырау, өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты»3.

Көркем образдың құдыреттілігі деп міне осындай бейнелі көріністі айтса керек. Еліміздің тарихындағы үлкен бір трагедиялық ауыр кезеңнің қорытындысын шығарып тұрған жоқ па? Жауыздықтың артынан Ақбілекке қосылып, оқырман да топырақ шашады. Ақбілек азаттығын ел азаттығындай қабылдайды. Тәуелсіз елінің аясында алаңсыз өмір сүретініне шүкіршілік етеді. «Ақбілек» – көркемдік те, тәрбиелік те мәнін жоғалтпайтын шығарма.

Бүгінгі күнмен орайлас роман тақырыбының бірі – тіл. Бекболат қалыңдығы Ақбілекке:

«Ғиззетлұ уә құрметлұ ғазиздан көргуші мағшұқым Ақбілек жанға көптен-көп езгу саламларымызды ырсал ойладік...»4 - деп басталатын хат жазады. Құдай қосқан жары Бекболат орыс талқысына түскен қарды несіне аламын деп бас тарта ма деп хауіптеніп жүрген Ақбілек қуанудың орнына мырс етіп күліп жібереді. Бекболатқа түсінікті ана тілінде жатық жауап қатады. Романда Жылтыр атты алаяқтың Әбен байдың үстінен жазған арызы – «Мағұлынама» да: «Осындай өз қолымен сайлап қойған ауылнай старшынлар һәм народнай судьяларының мұһрлары Әбен Матайұлының қолында болды да, өзі керек қылған кезінде баса берді»1, - деген сияқты татарша, орысша мен қазақшаны араластырған қойыртпақ стильде жазылған.

Сонсоң ғой қазақ тілінің мұң шағып жүргені:

«Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.

Мен не көрмедім?

Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды»2.

Тіл тазалығы тақырыбы роман сюжетінен туындайды. Сондай жымы, жігі білінбейтін қосымша тақырыптар, оларды көтеретін ірілі-уақты кейіпкерлер – бәрі де романның идеялық-эстетикалық келісті көркін ажарлап аша түседі. Тынысын, өрісін кеңейтеді.

Эпизодтық рөл атқарып тұр десе де, Әбен бай мен диуананың бейнелері қанық шыққан. Әбен – көп жылдардан соң Ғабиден Мұстафин «Дауылдан кейін» романында бейнелейтін Шәкен секілді ішкі есебі толық, әр қимылы санаулы, әр жақсылығы сатулы, жұртты жеудің айла-амалында алдына жан салмайтын аяр залым бай. Мейманға деп бір сойған тайын еселеп қайтарып алады. Мамырбайға Өрік атты бір жесірді екі баласынан тірідей айырып, тоқал етіп алып беріп, одан да кіріс кіргізеді. Аққа да, қызылға да бірдей жағымды Мұқашты жанға білдірмей ізім-қайым жоқ қып жібереді...

Іскендір Диуана – қай уақыттан да таныс бейне. Ел үстіндегі адам. Қысы жазы жалаң аяқ жүреді. Үйі жоқ. Кез келген үй, тау, тас, сай-сала, мола – оған бәрі де үй. Дүние жимайды. Қолына ақша тисе, бала жарыс ұйымдастырып, бәйгеге үлестіріп жібереді. Ең қымбат қасиеті – «Адам баласына жамандық ойламайды»3.

Диуана – реалистік те, идеалистік те бейне. Негізгі сөзі: «Алла хақ!» Сюжетке қатысы Ақбілекті үйіне жеткізіп салуымен тынады. Әйтсе де дүние-мүлікті тәрк ететін сопылығымен, жақсылығын сатпайтын, жаманшылыққа бармайтын мінезімен есте қалады. Жерде де емес, көкте де емес, мұндай жанның дүние үй қоғамның кенересінен орын табуы екі талай. Кей қасиеті, өтірік айта алмайтыны желкесіне мінгізіп, ауылға алып келген Ақбілекке зиянға шығады. Ауылға бет алып келе жатқан бойда бір жарлының үйіне қонақтайды. Ақбілек диуанадан бұл үйге менің кім екенімді айтпағын - деп өтініш етеді. Сонда диуана тұрып:

« – Ә, балақайым! Өтірік айтқан жарай ма? Өтірікші алланың дұшпаны ғой, - деп аяңдай берді»4.

Диуана қонуға түскен үйдің қатыны Күмсінайға қасына ертіп келген бұрымды Мамырбайдың қызы екенін айтып қояды. Күмсінай жаңалықты бір қылым ұн сұраған боп барып, Мұсабайдың қатыны «Саулы бозінгенге» жеткізеді. Одан бүкіл ауыл естиді. Көрші ауылдағы Ақбілек туысқандарына да хабаршы жетеді. «Бозінген», Өрік, Ұрқия, т.б. іспетті өткінші кейіпкерлердің өзі суреткер қаламының бірлі-екілі сызуынан бойына жан бітіп дараланып шыға келеді.

Автор әр тұста роман оқиғаларына публицистиканың отты тілімен үн қосып отырады. Мұндайда проза алқабына жыр нөсерін төгеді. Ақынша бұрқанады, егіле сөгіледі, қара сөздің митыңына шыдай алмай, шабытына қамшы басады, ұйқасты өлең сөз екпініне түсіп құйғытады.

«Сорлы Ақбілек! Сен жыламай, кім жыласын? Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айрылдың! Келешектегі бақытты өміріңнің кілтіндей көріп, сары майдай сақтаған алтын қазынаңнан айырылдың! Ар-ұятың төгілді, адамшылығың жойылды. Жас нәуетек жүрегің соқпай жатып, өрт болды. Жаңа шыққан жауқазын піспей жатып жоқ болды. Шам шырақтай жас жаның, жанбай жатып шоқ болды. Есіл, ерке балалық, аяққа құйған астайын, шолтаң етті, тоқталды. Жыла, жасың бұла! Жасыңмен қайғың жуылсын! Жасыңнан теңіз жиылсын, теңізді дауыл толқытсын! Құтырсын толқын, туласын! Зарлатқан сені мұндарлар тұншықсын – сонда уласын! Қатын-қызы тұл қалып, сендей болып шуласын»1.

Автор қаламының бұрылысына қарай табиғат екеш табиғат та мың сан құбылады. «Қартқожаны» жазушы, кешегі кеңес тілімен айтқанда, зор өрлеу үстінде аяқтады. Бақытты Қартқожаға қызыл матаға жазылатын ұранның бірін айтқызып барып романын бітіреді. «Ақбілекте» сол пафос Алтайдың тамылжыған табиғатымен ұласады. Қайғысын көз жасымен жуып, ақыры арманына жеткен Ақбілекпен оқырман былайша қоштасады.

«Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт сорғалап көнек-көнек лақылдайды...

Марқакөлдің жиегінде Мамырбайдың Ақбілегі, Жас Балташтың сүйген жары Іскендірін құшып, сүйіп, бала болып, ана болып, көп әйелден дана болып, кеудесіне бағы сыймай, кемерінен аса шыпылдайды»2.

Дәл осы ақ өлең екпінінде Жүсіпбек Аймауытов өзінің эпикалық проза саласындағы соңғы туындысы «Күнікейдің жазығы» повесін бастайды.

«Жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен-жексен шым қора, бейнеуі жоқ сұм қора. Шымқорада – жер үйде, желпіндірмес көр үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ?»3

Повестің алғашқы беті. Ілкі абзацы. Сөз тастасы сұмдық. Ырғақты, өлеңшіл стиль жорғасынан жаңылмаса да, сұлулықққа сүйінетін әдетінен жаңылған. Әлдебір аянышты тағдырды сүмірейте суреттей отырып қоятын сұрағы да біртүрлі. Жұмбақ сұрау болады ғой. Ол да емес. Жауабын табу үшін Күнікей хикаясын түгел оқып шығуың керек. Сонда ғана сырқаты меңдеген Күнікейдің қасынан жан ашыр кісі табылмай бір жұтым суға зарығып төсек тартып жатқан себебін түсінетіндейсің. Шынында да, сондай аяусыздыққа душар болатындай не жазып еді Күнікей?

Көрші орыс әдебиетінде осы реңдес сұрау А.И.Герценнің «Кім кінәлі?», Н.Г.Чернышевскийдің «Не істеу керек?» атты романдарында қойылғаны мәлім. Оқып шыққаныңда, адам табиғатын бұзатын кетеуі кеткен крепостниктік қоғамнан құтылу керек дейтін жауапқа жолығатынсың. Қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың повесі не дейді?

«Күнікейдің жазығы» 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 7, 8, 9 және 1929 жылы 2, 3 сандарында жарық көрді. Бұл жолы автор елдің өткен жолына көз тастайды. Повестің суреттейтіні революцияға дейінгі қазақ ауылының күй-жайы. «Көшкенде» деген бөлімде повесте әңгіме етілетін оқиғаға жиырма-жиырма бес жыл өткені айтылады. Шығарма кейіпкерлерінің құрамы да: сасық бай Ордабай, оның үйлі-баранды болса да бозбалалығын қоймаған ауыздықсыз баласы Мәжікен, немерелес інісі, қатын-балалы сақалы сапсиып жүріп сайтандығын тастамаған Қасым, ауылдың білмейтін пәлесі жоқ пысықайы Көксау, малайлар Құлтума, Жұматай, күң орнындағы әйелдер – бәр-бәрі қаймағы бұзылмаған көне патриархалды ауылданмын деп тұр.

Повесть тақырыбы Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты ұзақ әңгімесіне ұқсас. Балаға зар Шолпан күйеуінің көзіне шөп салғаны үшін кінәлі. Дегенмен, бұл қорытынды оқырманды қанағаттандырмайды. Бар пәлені бір әйелдің басына үйіп-төгу қалай болар екен? - дегізеді. Күнікей некесі қиылған түні төсегінен безініп, Байман деген сүйген жігітіне сары майдай сақтаған күн тимесін тосады. Жазығы сол. Енді, міне, зауалын төсек тартқанда, көріп жатыр. Жанына жас бала Айдарлыдан басқа тірі жан жоламайды. Бірақ бар күнәні Күнікейдің жалғыз өзінің мойнына жүктеу де обал. Повесть негізінен қазақ қызының аянышты тағдырына шын жазықтылар – кімдер, уақыты не дейді деген сауалдарға жауап іздейді. Мәселенің бүге-шігесі шегініс арқылы дамитын негізгі үш-төрт оқиғаның барысында анықталады.

Күнікей – кедей қызы. Жазығы нашар тектен демесең, Күнікей қай қыздан кем еді. «Сөйлесе – түбін түсіреді, он қолынан өнері төгіледі, күлсе – аузынан дүр шашылады. Ән шырқаса – сүйегіңді шымырлатады» 1.

Тал шыбықтай бұралып өсіп келе жатқан Күнікей ару он төртінде жан-тәнімен жек көретін сиықсызға, «Мұрны кертеш, иегі кемиек, бет-аузы құдды шөміш, мойны ішіне кірген»2 Тұяқ деген етікшіге айттырылады. Тұяқтың сырт пішімі қандай ұсқынсыз болса, іші де сондай ұсқынсыз. Барып тұрған әулекі, азғын адам. Тілге шорқақ Тұяқ «несімен нетіп» деп, екі сөздің басын қоса алмай бұтып-шатып отырып, қыздың шешесі Шекерге көңіл білдіреді. Оған салдақы, сайқал Шекер де қарсылық көрсетпейді. «Сырдың суын жұлығынан келтірмей» жүрген «Шекер тартып отырған тарамысын тісіне қыстырып, әнтек қоя тұрып, құйқылжыған көзінің құйрығымен сұмдана қарап жымияды»1.

Осының бәрін білетін Күнікей алғашқы түнін күйеуіне бұйыртпаса, бұған қыз ғана жазықты ма еді? Шешесінің қойнына барып, енді қызын қатын қылуға ынтығып, аузынан сілекейі шұбырып жатқан арсыз, азғын Тұяқтан қалай жиіркенбесін. Бұл мерездің үйленгеннен кейінгі жүріс-тұрысы да жүрек айнытады. Күнікеймен жеті жыл бірге тұрыпты. Сонда адамша емес, малша тұрған ғой. Күнікей төсек тартып жатқанда, қолының ұшын бір бермей, жанына жақын келмеуі былай тұрсын, күнә үстіне күнә жамайды. Әйелі көз жұмбай-ақ, бір қатынмен сөз байласып, мал табу қамында жүр.

Күнікейдің көңілін сұрауға жарамағандардың бірі – «немерелес әмеңгер»2. Бұл – Байман Күнікейдің өліп-өшіп сүйген жігіті. Байдың қызы Шәмшиге құда түсе келгендерді аттан түсіруде, басқа да серілік қылықтарымен ауызға ілігіп көзге түскен, сонысымен Күнікейге ұнап қалған. Күнікей оған нәпсіқұмарлықтан емес, шын сүйгендігінен беріледі. Жеңілтек мінезге бақса, ауыл бозбаласының бірінің бетін уытты тілімен қайтарып, бірінің бетін қан жоса қылып тырнап тастар ма еді? Ғашықтық деген сұранбай келетін сезім. Шәмшидің тойындағы бір отырысқа Байман келгенде, қыз байғұс махаббат отына шарпылады. «Неге екені белгісіз, найзағай ұшқыны зулап өткендей, Күнікейдің тамыр біткені шым ете түсті». «Байманның тегеуірінді қолы ұстағанда, әлгі найзағай тамырын тағы бір қуалап өтті»3.

Бірақ Байман Күнікейдей ару сүюге лайық жігіт емес. Ауылдың кәдімгі нәпсіқұмар бозбаласы. «Көптің бірі боп кетпесем...» деген қыз сөзіне «Болмассың» деп алдай салуға жүзі жанбайды. «Сүйгенің шын болса, несиеге қаратпа»4 - деп қыз байғұсты еркіне қоймайды. Ағасының қалыңдығына қол салып тұрғаны кәперіне де кірмейтін доғал. Бар пәлсапасы: «жеңгейдің бір бұты адал»5.

Қызды пайдаланған соң тайып отырған. Ер жігіт ісін істемеген. Сөзіне беріктік танытпаған. Сүйдім-жандымын Тұяқтың қорлығына қалдырған. Күнікей ауруға ұшырағанда, көңілін сұрауға жарамаған Байман – арзан, сұйық жігіт. Күнікейдің жазығы – кісі танымағандығы. Жазықсыздығы – шын сүйгендігі.

Тағдыр Күнікейді Шекердей шешеден туғызды. Неке жібін аттаса, жар міндетін аяқ асты етсе, бұл күнәда абұйырсыз шешенің үлесі аз емес. Өйткені ол әйел инабаты деген қасиеттен ада. «Бір күндерде өзімен ондай болған Тұяқтың енді қызымен мұндай болғалы отырғаны, жеме-жемге таянғанда, әзер арсыз болса да, бір ойлатпай қойсын ба?..» Бірақ Шекердің ары да Ордабайдың есігінде жүрген байы «Құлтуманың қырық жылғы шалбарындай тозығы жетіп, үлдіреп, ыдырап, жамауға келмей кеткен ар еді. Бұл жолы да тек бетіне әнтек қызғылт пайда қылғаны болмаса, жүрегін қопара қозғай алмады?»1

Міне, осы сасық та пасық ортада өскен Күнікейдің жазығын өлшеп-пішіп көр. «Қалай да арсыздыққа адамнан өтер жан иесі жоқ қой»2 – деген авторға қосылып өзің де күрсінесің. Төсек тартып жатқан Күнікей бір уақ әйнексіз дерлік терезеден ұшып кіріп, жер үйдің діңгегіне қос қарлығаштың ұя салғанын бақылайды. «Қарлығашта дамыл жоқ: есіл-дерті ұясы, бірі кетсе, бірі кеп, ақ қанаты дірілдеп, қос құйрығын қалақ қып, құртымдай боп құнтиып, бұғып қана қылтиып ұясында жатады. Зайыбы ұя басқанда байы жүреді бәйек боп, әлсін әлі келгіштеп, жарының жайын білгіштеп».

Күнікей бейбақтың «не жазғанын мен айтайын» дейтін авторлық уәде былайша түйінделеді.

«Қарлығаш екеш қарлығаш бір-біріне қайрылғыш. Адамзатқа не болды?» 3.

Адамзат, саған не болған?! Мейрімділіктен айырылғаның адамгершіліктен тоналғаның емес пе?

Сауалдың жауабы да өзінде. Кісілігіңді сақта! – деп шырқырайды гуманист жазушы даусы. Сол дауыс қыз шіркіннің кемді күнде көрген рахатын, ен жайлаудың пейіш даласындағы қазақ көшінің қайталанбас көркіне тамсанып, ауыз суын құртып шырқаған әнін Жүсіпбектей зергер нәшіне келтіріп тебіренте суреттегенде де, құлақ түбінен кетпей тұрып алады.

«Күнікейдің жазығы» – елінің де жазығы. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейтін қазақтың биік моралін естен шығарған, ұмытқан, тапап күресінге лақтырған қоғамның күнәсі Күнікей жазығынан әлде қайда басым.

* * *

Жүсіпбектің үлкен прозасы қазақ әдебиетінде айырықша орынға ие. Алатаудай асқақ әдебиетіміздің сілеміндегі биік құзар шың. Сол шыңның шұрайлы, құнарлы баурайынанан көп роман, повесть бұлақтары жамырай тарайды. Ұлы Ғабит Мүсіреповтың өзі: «Менің ұстазым Жүсіпбек Аймауытов. Маған жазуды үйреткен, қалай жазудың үлгісін көрсеткен Жүсіпбек еді»4 деп ағынан жарыла мойындаған. Адам жанының қазынасына, психологиялық байлығына көркем тіл бітіріп суреттеген Жүсекең тәжірибесі – қай қаламгер үшін де таптырмайтын үлкен мектеп.

Жүсіпбек Аймауытовтың роман, повесі – қазақ өмірінің айнасы. Ондағы сурет өлі, виртуалды сурет емес. Бір заманнан екінші заманға ауысқан қазақ ұлтының тыныс-тірлігі, сол өтпелі дәуір туғызған әлеуметтік-саяси типтер харакеті «Қартқожада», психологиясы – «Ақбілекте» бейнеленеді. «Күнікейдің жазығында» жаңа өмір қарсаңындағы қазақ қоғамы тағы бір қырынан суреттелген. Жанры жағынан «Күнікейдің жазығы» құлықтылық тақырыпты повесть. «Педагогика» атты еңбегінде жазушы құлық (нравственность) сезімдеріне тазалық, шыншылдық, ар-ұят, борыш-міндет, тағы сол сияқты этикалық, моральдық құндылықтарды жатқызғаны мәлім1. Сондықтан да оның туындыларында көтерілген проблемалар барша адамзаттық проблемалармен астасады.

Жүсіпбектің роман, повесть айнасында бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің кешегісі қол бұлғайды. Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың қуатты суреткерлік талантынан жаратылған асыл рухани дүние қазақтың қай ұрпағының да таусылмас ризығы, сарқылмас игілігі болып қала бермек.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]