
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
Бүгіндері кең көлемді шығармаларды «роман» деп, ауыз толтырып айтуға құмар жұртқа бұдан 80 жылдан аса А. Байтұрсынұлы кереметтей баламасын дәл тауып жария еткен-ді. Ол «Ұлы әңгіме яки роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды атаймыз1, - деген. Әдебиетшілер осы әдемі сөз тізбегін тұрақты термин есебінде пайдалануда әзірше «сабырлылық» танытып жүр.
Алайда шығармашылықтың уақиғаларды қамту жағынан ең көлемдісі – осы ұлы әңгімелер. Олардың көпшілік зердесіне ұялаған басты ұғымы – көлемінің көптігі. Дегенмен, соңғы кездерде туынды көлеміне емес, оның қамтыған проблемалары мен жалпы көркемдік мән-мағынасына эпиктік сипатының молдығына мән беру көбірек байқалады. Көркем сөз туындысын, меніңше, осы тұрғыдан бағалау халықаралық Нобель сыйлығы комитетінде Э.Хэмингуэйдің «Шал мен теңізінен», Кеңестік Ленин сыйлығын беру комитетінде Ш.Айтматовтың «Жәмиласынан» басталған-ды.
Біз қазақ фантастика әлеміндегі оқырман қолына тиген ұлы әңгіме-романдарды жуан-жіңішкелігіне қарамай, осындай тұрғыда және хронологиялық тәртіппен саралау ыңғайлырақ етеді деп есептейміз. Бәрінен бұрын, А.Байтұрсынұлы белгілегендей, «ұлы әңгіменің мақсаты көптің өмір сарынын сүгіреттеп көрсету болғандықтан, бұл туралы шығармаларда адамның да, уақиғаның да ұлысына, ұсағына бірдей назар салынады»1.
Кейбір авторлардың қазақ топырағындағы ұлы әңгімелер легін Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелігінен» бастағысы келетін сыңайын байқаймыз. Рас, онда бірі «төрт бұрышты, айналасы үш кезден, жан-жағында терезесі бар, әр түрлі машинадан жасалған шар секілді нәрсе ұстап жүр, құс жүнін желімдеп, резинкадан жасаған, адамның ақылын кетірерлік, бек ғажайып тамаша нәрсе... Егер үстіне отырып ұшсаң, бір сағатта көңіліңіз қалаған жерге баратын, аты – шар емес, сахаб»; екіншісі «сырты қаптаулы, жан-жағында екі-үш тесігі бар, түсі домалақ қауын сияқты болса да, бек жақсы ғажап, адам баласы қолынан жасады дерлік емес, тамаша нәрсе... Қандай алыс жердегі болсын, бір адамның халін, жайын білмекші болсаңыз, бұл трубаның тесігінен қарасаңыз, сол адам не сипатта, не халде екені, қандай жайда отырғаны тап қасыңда отырған кісідей, сол адамды көресіз»; үшіншісі – «ұзын, іші қуыс, сыбызғы секілді нәрсе... Кім де болса, топыраққа көмбестен бұрын осы резинкамен ішіне аузынан үрлесе, сол адам әуелгідей тіріліп, дүниеге келеді»2 дегендей фантастика атрибуттары бар.
Аталмыш туындыны қазақ фантастикасының ұлы әңгіме саласындағы көшбасы есебінде ұсынғысы келгендер осындай өнертабыстарды негізгі идея етіп деп ұстанады. Алайда олардың өзі – сол уақиға жүріп жатқан тұстарда да тұрмысқа кірген, тек қазақ даласы демесеңіз, Еуропа елдерінде кең тараған, яғни жұртшылықтың көзі қанық техника жаңалықтары еді. Ал, романның жалпы жазылу мәнеріне келсек, Б.Кенжебаев пен К.Ергөбеков осыдан ширек ғасырдай бұрын: «Қазақ әдебиетінде қай жанр үлгісі де ауыз әдебиетінен тамыр тартып нәрленетіні, қалыптасатыны мәлім. Қазақ романы үшін де ауыз әдебиеті аналық қамқорлық жасады... Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романында оқиғаны реалистік сипатта әңгімелей келіп, ертегілік сарынға көшіп кете беретіні...»3, - деп тұп-тура пайымдаған.
Оның есесіне, басқа бір шығарманы қазақ қиялының көлемді туындысы деп қабылдаған абзал шығар. Ол тұрасында: «Саттардың «Келесі соғыс туралы новелласынан» жас автордың болашақты дарындылықпен байқап, ой түйе алатындығын көреміз. Сонымен бірге осы шығарманың қазақ әдебиетінде ғылыми фантастиканың алғашқы туындысы болғандығы да Саттар творчествосына зор аброй болмақ... Новелла қазақтың ғылыми қиялының шырқау биігі ретінде әр қашан да жарқырай бермек»1, – деген профессор Т.Кәкішевке жарым-жартылай қосылуға болар. Әлі де толыққанды ғылыми-теориялық талдау жасала қоймаған «Бақыт», «Мәңгілік өмір», «Менің құрдастарым» секілді дүниелерінде романтикаға көп «қарағыштай беретін» Ерубаевтың «Келешек соғыс туралы» ұлы не ұзақ әңгімесін терең «шұқыламай-ақ» әдебиет тарихының білгірі жалпы бағасын берген. Қазақ сөз өнерінде жазушының көшбасшы боп детективтік те ғылыми-фантастикалық бағытта сүрлеу салғанын қарастыруды біздің үлесімізге қалдырғандай.
Туындыда, жазылғанына жетпіс жылдан астам уақыт өткенімен, бүгінгі күнгі детектив жанрына тән мәнер-стиль бар. Ол Токио полициясы бастығы генерал Цусимото, химия королі Тояма, оның хатшысы Момодзо, университет профессоры Аве, адмирал Арахи, Сеюкай партиясы көсемдерінің бірі Тейдзиро, «империя ғылымының көгінде туған жарық жұлдыз» профессор Дойхара және «Қанжарлы оқымыстылар тобы» араларындағы қым-қиғаш арпалыстар, біріне екіншілерінің қастандық жасау түрінде, экспрессивті бейнеленулер көрінеді. Сол драмалық-криминалдық уақиғалар шығармадағы басты тақырып - ғылыми-фантастикалық идеялар астарында өрбиді. Ал, ғылыми гипотезалар бірнеше. Оның бірі – «адам ұйықтататын «химиялық элементтер» және оның күшін жоятын «көбелек қанатын ұстағанда жұғып қалатын жұмсақ майлы ұнтақтай сары нәрсе». Екіншісі – «бір секунд ішінде Токиодан Кеңес Одағына жетіп, барлық армияны ұйықтатып үлгірген» жапон профессорының ультра сәулесі. Үшіншісі – «самолет, автомобиль, танк, поезд, корабльдерді алыстан тоқтатып тастайтын» инженер Төлеповтің машинасы. Төртіншісі – «бір секундта 5000 километр жерге барып-қайтатын» ракетоплан. Бесіншісі – «қолдан жасаған жүрек-машина» «автожектор». Осылардың барлығын автор оқиға қоюлығы ұлы әңгіме талабы үддесінен шығатын туындысындағы жер және көкте жүргізілген соғыс қимылына қиюластырып араластыра білген...
Қысқасы, қазіргі әлемдік ғылыми-фантастикалық жанрдың ең жоғары деңгейінен қарағанның өзінде «Келешек соғыс туралы» туынды әдеби заңды түрде, бейнелеп айтсақ, қазақ қиял планетасының «тұңғыш ғарыш қарылғашы» десе де болады. Соңғы жылдары сапалы, мақалаларымен жиі көрініп жүрген филология докторы А.Ісмақованың: «Роман (орта ғасырларда латын тілінде емес, роман тілдерінде жазылған шығарма осылай атанған) – сюжеттік құрылысы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол тіршілік кешкен орта ауқымында, жан-жақты мүсіндейтін.., байтақ кеңістікті қамтитын... шығарма»1, – дегенін оқығанда, мен С.Ерубаевтың осы дүниесін елестетер едім...
Әрі шыншыл-реалист, әрі мысқылшыл-юморист, әсіресе арманшыл-романтик һәм қиялгер-фантаст қабілетін қаламының ұшына бағындырған, небәрі 23 жасында бақилық болған С.Ерубаевты арманын ширек ғасырдан соң М.Сәрсекеев орындады. Ол – жазушының ғылыми-фантастикалық «Жетінші толқын» атты романы (өзі «повесть» деп бастырған) (1964).
Неге жетінші? Өйткені: біздің өмірімізде, тыныс-тірлігімізде алтауы айқын. Олар – «Күн сәулесі, сарапсыз шалқар, өлшеусіз асқар, әлуетті, пәрменді, мол толқын» - біріншісі; «Табиғаттың адам қызметіне тегін ұсынған, кей-кейде кедергі, зиян ретінде де атағы шыққан шу асау толқын» - екіншісі; «Күннен туып, ауаны көлік еткен, ілім тілінде жеке өзіне ат алған – жылу толқыны – үшіншісі; «Дүниедегі табиғаттың бір-біріне байланысты күштері тудырған, заңды қозғалыстардан жаралған су толқыны – төртіншісі; «Адам баласының өз қолымен жасап, әлем аспанында қалықтатқан, қашық-жақынды, дауыл-боранды, суық-жылыны елемейтін радиотолқын» - бесіншісі; «Адамның жерде нық басып жүруі... Өмір тәңірісі – Күнді айналған тоғыз планетаның ешқандай тіреу - сүйеусіз-ақ әлемнің түпсіз кеңістігінде құлап кетпей жүргізуші гравитация» - алтыншысы...
Ал, жетіншісі ше? Ол турасында шығарманың бас кейіпкерінен кейінгі ізбасарларының бірі Сырым Болат ұлы: «Адамзат жетінші толқынның құпиясын ашып отыр. Анығырақ айтқанда, жетінші толқынды қолдан жасап отыр. Шыңғыс өнеріне техникалық түсіндірме сұрасаң, айтарым – осы. Ол дүниеге «энерготолқын» атты жаңа термин әкеліп отыр!»2, – деп айғақтаған.
Осы соңғы толқынды «табуға» (не «жасауға»?) қандай рухани күш итермелегенін бас кейіпкер ғылыми жетекшісіне жазып тастап кеткен хатында мойындаған. «Мен бұл идеяны аспаннан алған жоқпын, - дейді «кафедра меңгерушісі Кармановтың ұлықсатынсыз, электролабораторияға жасырын кіріп, өз бетімен тәжірибе жүргізген; тәжірибе кезінде өрт шығып, 985 сом 67 тиынның мүлкі бүлінгені» үшін Политехника институтынан бір жылға қуылған студент Ш.Досжанов. - Әуелгі пікірді басқа бір, сіздің ойыңызға келмес адамның шығармасынан оқыған едім. Менің айтып отырғаным – ұлы жазушы Максим Горький... Бұл туралы сөз ететін очеркінің аты – «Өнер туралы әңгімелер»1...
Соған қарағанда, сан салалы уникум-қаламгер М.С.Шагинянның: «Әдебиет әр қашан да ғылымға қол ұшын берген. Біздің эрамыздың бастау шекарасында Лукреций Кар өзінің «Заттардың табиғаты хақында» деген мәңгі өшпес дастанында көркемсөзге ескерткіш тұрғызып қана қойған жоқ, сонымен қоса әлем дамуы жөніндегі материалистік теорияның поэтикалық оқулығын да жасады»2, - дегеніне құлақ асу керек шығар...
М.Сәрсекеев сонда тағдырдың тәлкегіне түскен өнертапқыш жас, құдды бір «еңбекпен түзету лагері» тәріздес, Риддер кәсіпшілігіне жұмысқа жіберіледі. Жалпы, талант иесіне кесапат үйір болса керек. Оның да сорына соғыс басталып, қанды майданға сұранып кеткен ол тұтқынға түседі.
Шын мәніндегі кітаптың детективтік те фантастикалық тұздығы осы тұстан басталады. Шыңғыс Досжановтың жетінші толқын арқылы жасалу керек әрекеттері туындыда айқын бейнеленген. Басқа тұтқындармен қоса тоғытылып, айдап кіргізген бункерлер қойнауында «Фау -1» және «Фау -2» снарядтарын жасайтын завод болыпты. Бас бункердің дәл астында ұзыны –үш жүз сексен метр екінші қабат бар екен. Снарядтың бөлшектерін жонатын үш жүз станок осында орналасса керек. Үшінші, ең төменгі қабатта физика-химиялық лаборатория жұмыс істеген. Досжанов аппаратының осыларды жоюға қауһары жеткен. Сөйтіп тұтқындарды бостандыққа алып шыққан. Ал өзі аппаратына, төменге қайта оралған. Содан – жоқ!..
Кітаптың бас кейіпкерінің тағдыры сол бір қанды қырғын кезіндегі майдангерлердің өмір жолының соңғы сәтіне ұқсайды: «Хабар-ошарсыз» немесе «майданда ерлікпен қаза тапты» дегендей бір тілім қағаз...
Ал, фантаст Медеу Сәрсекеевтың «Жетінші толқыны» оқырман жадында басқа қасиетімен қалады. Ол – энерготолқын идеясы. Саттар Ерубаевтың ультракүлгін сәулесін фантастикалық хикаяға енгізгеннен соңғы қазақ туындыларындағы екінші, ерекше тақырып. Рас, кейбіреулер: «Жетінші толқын Ал. Толстой гиперболоидына еліктеушілік емес пе екен?» - деуі мүмкін. Жоқ, олай емес. Мұндағы қиял аппаратының жұмыс принципі гиперболоидтан мүлде бөлек. Оның үстіне Толстойдың ұлы әңгімесі авантюраға құрылған. Қазақ жазушысының шығармасы салихалы ғылыми фантастиканың бекзаттық миссиясын орындаған.
Мол көлемді дүниелерге қазақ ғылыми фантастикасында алғаш қалам сілтеген осы М.Сәрсекеев болса, әлеуметтік фантастикада «бағын сынаған» ақын-журналист Төлеу Шаханов. Оның «Көгілдір мұнаралары» бүгіндері ғылыми да, көпшілік те баспасөздің «сүйкенбей өтпейтін» тақырыбы – Мысыр перғауындарының ашылмаған тағы бір сырына арналған. Автордың айтуынша, барлық гәп мұнара сарайларында тіршілік ететін ерекше вирустарда екен. Олар адамның жүйке жүйесіне залалды әсер етсе керек. Вирус жұққан кісінің көз алдына неше бір пәле елестеп, жындануға дейін барады.
Шығарманың бір кейіпкері – Луис Григ сол ауруға шалдығады. Сәті түскенде, профессор Жан Клод оны дерттен айықтырады. Бірақ дәрігердің назары досының денсаулығына емес, вируске ауады. Ол өз күнделігіне: «Вирустардың жаңа түрін ашуыма себеп болған Луистің ауыр кеселі адам баласы үшін апатқа айналып, жер жүзін жалмап қоюға дайын екенін енді байқадым. Бір сәт өзім ашқан вирустардың жауынмен бірге қала мен селолар үстінен төгіп өткені елестеді. Міне, олар өрбіп, адамдарға қарсы шабуылға шықты. Оба кезіндегідей жер шарының тең жарымы қаңырап бос қалды. Емханалар мен жедел көмек көрсету пункттері нерв жүйелері бұзылып, шалықтамаға ұшыраған ауруларға лық толды. Мен шошып кеттім. Сонда өлім қаруларынан да асып түсетін сұрапыл күшті тапқан кісінің қатыгез жендеттен несі кем?1, – деп жазады.
Ондай жаңалықты аңдушылар оның иесі Жан Клодты қолға түсіреді. Оны жасырын түрде түрмеге қамап, ақырында, құпиясын ашпайтынына көздері жеткесін, өлтіріп тынады. Шығарманың орта шенінде Луистің перғауындар пирамидасының ішінде, өзіне жұққан аурудан сандырақ үстінде Рамсестің елесі: «О, адам цивилизациясының өзі, оның жетіп-толысуы, шығар шыңының биіктігі қасірет отынан құралған. Біз кей кезде оны түсіне де қоймаймыз... Алда жүрекке найза боп қадалатын кезеңдер әлі де көп... Мен, Рамсес, сендер үшін бір түрлі қатты қорқамын. Әсіресе жанарын жаңа ашып, күн нұры пәктігіне талпынған сәбилер тіршілігі мазалайды мені. Бірақ сендер бұған түсіне бермейсіңдер, өз бойларыңдағы қоғам кеселінің бетін ашқыларың келмейді»1, – дегені күллі туындының заңды лейтмотиві дерсің.
Төлеш Сүлейменовтің «Икс – жүз бесінші» шығармасының тақырыбы –қазіргі күнде бел алып, сенімді емі табылмай жүрген рак дерті. «Ауыл қарты Ікіләм ракты дәрімен жазады екен» деген сыбыс ауыздан-ауызға тарайды. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге астанаға келген баласы Қабыш ол қауесетті растайды: «Анық. Мен онжылдықты бітіргенше ауылдың бес-алты қариясын айықтырды. Біздің көрші Әлім қарт ас-су іше алмай, қатып-семіп отырар еді, көкем «ақ бақа» деп атап жүрген дәрісін ішкізгеннен кейін, құлан-таза айығып кетті. Оның көкемнің қолынан дәрі ішкенін мен өз қөзіммен көрдім... Меніңше, көкем ісік дертімен ауырғандарға метеорит тасынан жасаған препарат қолданады. Мүмкін оның элементтері антизарядты шығар. Жақында бір америкалық ғалым: «Ісікті антизарядты препараттармен емдеуге болар еді, бірақ ондай элементтер қолымызда жоқ. Осы салада зерттеу жүргізіп, табысқа жетсек, ғылымның құдіретті екенін біз көрсетеміз», деп болжам жасапты»2. Бұл айтып отырған метеориті – Кішкенетөбенің басына түскен аспан денесі. Соны Ікіләм қарт алып, жұрт көзіне көрсетпей, әрекеттеніп жүргенін баласы байқап қалған. Арада жылдар өтіп, Қабыш институт бітіреді. Ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданады. Әлгі метеорит пен рак ауруының ара қатынасын зерттейді. Ақырында құпияның бетін ашады. Тастағы антизарядты иондар рак вирусының қас жауы болса керек... Шығарма авторы осы рак мәселесінен басқа анабиоздық күй жөнінде де ой білдіреді. Алайда ол болжамы рак проблемасының қасында бұлдырланып, көмескіленіп қалады.
Заманымыздың ең қауіпті ауруына емді планетадан іздеп жүрген мамандар жетерлік қой. Олар өз мүмкіндіктерінше әрекет жасап жатқанда, мына жақтан туындыгер: «Оның дауасын космостағы антизарядтардан іздестірейік», дейді. Осы ниеті жақсы. Алайда игі ниетті жұртқа ұғынықты нақышпен жеткізу мәселесі тағы бар. Шаруаның осы жағына келгенде, автордың қиялымен өзектелген мантық-логикасы ақсап басатыны көрінеді.
Әуелі «рактың вирусы» дегенді көп айтады. Қайдан біледі? Дүние жүзінің ірі-ірі вирусологтарының өздері «рак вирустары бар» деуге батылдары жетпейді. Сондықтан да авторға бәрінен бұрын залалды ісіктерді тудыратын вирустар екенін дәлелдеу керек еді. Екіншіден, метеорит антизарядты көрінеді. Антизарядты зат біздің ортада табиғи күйде болмауға тиіс. Ал аспаннан түскен таста сондай қасиет болса, ол қарт Ікіләмнің сары сандығында сақталып жатқанда, сол қасиетінен қалайша айырылмаған? Мақұл, сол бәз-баяғы қалпында қасиетін сақтап қалды дейік. Сонда, үшіншіден, оның иондары рак вирустарын қалай жояды? Бұл жағы да көмескі. Жалпы, автордың ерекше гипотеза айтуға ниеті бар, оның объектісін де тапқан. Алайда оны көркем әдебиеттің «пырағына» мінгізгенде, ол «пырақ» – бірде тұсауланғандай кібіртіктей береді, бірде, асау айғырдай, басын алып, қаша береді. Ақыр-соңында оқырман уақиға жүйесінен көз жазып қалады...
Химиялық элементтердің реттік жүйесін жасаған, (оның ақ арақ құрамын жасағанын жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді), әлі де талай ғасырлар үшін ұлы оқымысты күйінде қала беретін Д.И.Менделеевтің өзі Жюль Вернді «дана ғалым» деп мойындаған және ғылыммен айналысуға осы жазушының себепкер болғанын айтады. Біздің фантастикадан да сол ықпал айқын сезіледі. Сондай авторлардың бірі – инженер-өнертапқыш Сейілбек Қышқашев. «Қыземшек бауырында» атты ұзақ хикаятында ол Жер асты кенін алуда өмірде қолданыста жоқ жаңа тәсіл ұсынады. «Рудалы скважинаның (саңылаудың) біріне мына аппаратты түсіреміз. (Ол ақ қағазға сызылған ұп-ұзын қарындаш сияқты бұйымды көрсетті.) Бұл «таяқшаның» ішінде атом қазаншасы бар. Қазанша жұмыс істеген кезде аса үлкен температура пайда болады да, әлгі скважина қиып өткен руданы еріте бастайды. Ал мына цилиндрдің ішінде (ол екінші жуандау «таяқшаны» көрсетті) қуатты насос (сіміргіш) бар. Ол еріген руданы сіміріп алады да, тіке заводқа жеткізеді»1.
Шығарманың бас кейіпкері Әлім өзінің аспабын, міне, осылай сипаттайды. Бұл идеяның қаншалықты және қашан жүзеге асатыны бізге беймәлім. Оны келешек көрсетер. Ал, бірақ, бізге аян бір нәрсе – «Қыземшек бауырында» барлаушы-геологтар қазып кеткен 896 скважинаның орнына, әлгіндей аспап дүниеге келсе, 5-6-ақ скважинаны пайдаланып, кенді жерден қазбай алуға болады. Демек, автордың көкейіндегі ойы, «мен сызып бердім, тез ватманға түсіріп алып, аппаратты жасай беріңдер» дегендік емес. «Осы тәріздес кен өндіргіш жаңа, жетілген аспан шықса екен» деген арман, қиял С.Қышқашевтің фантастикаға жүгінуіне түрткі болған.
Нақтылы ғылымның енді бір өкілі – физик (қазірде ғылым докторы) Рысбек Баймаханов «Сүмбіледен келген балалар» атты шығарма жариялады. Бұл «Космос –Жер» проблемаларына арналған тұңғыш туынды. Атауы әйгілеп тұрғандай, мақыл-жыр біз бен Сүмбіле жұлдызының Керан және Нира нысандары төңірегінде туып, өрістеп, ақыр-соңында тиылады.
Сүмбілелік балалар жұлдыздарды зерттеп жүріп, бір күні біздің Күнді тексерген. Сөйтіп, кездейсоқ әлемнен тұңғыш рет өздерінен басқа ақыл-ой иелерін тапқан. Олар Күнге сапарға аттанады. Алғашқы сапарлары сәтсіз аяқталған. Сосын жаңа әдіспен өз бейнелерін сәуле арқылы жолдай алатын болған. Шығармада қазіргіде «телерепортация» деп аталатын әдіс арқылы болған оқиғалар хикаяландырылады. Нақтылай түссек, Сүмбіле маңайындағы әлгі екі нысан космостық апатқа ұшырап, адал ниетті өкілдері Керанда қалып, арам пиғылдылары Нираға ауысады. Сонда ғалымдары өздеріне ұқсас қара ниетті роботтар жасап «темір малғұндардың» саны көбейген кезде, өздерін жасаушылардың көзін жойып, планетаны иеленеді.
Негізгі қоректері – адам миы мен ақыл-ойы саналатын «жалғыз көзді, маңдайларына айдаһар суреті салынған» ниралық роботтар Керанға қауып төндірумен болады. Соңғыларына қоятын талаптары – біріншісі – мұнда табылған, «ариян» деп аталатын супержарық толқынның құпиясын ашып, қолдану тәсілдерін роботтарға үйрету; екіншісі – сол толқынның құдіретті күшімен қас қағым сәтте басқа жұлдыздарға ұшып кеткенше, Керан мен Нира арасында бейбітшіліктің сақталуы. Сонда ғана өздеріндегі тұтқындағы сан мың керандықты, ең соңынан әлгі толқынды тапқан ғалым Ариянды босататындарын мәлімдейді.
Алайда роботтардың тұтқындағыларды қырып-жойғандарына көздері жеткен керандықтардың басшысы – Барте «ғаламат соғыс қаруының тетіктерін басады. Ауаға не ғарышқа ұшып шыққан еш нәрсе байқалмайды. Тіпті әдеттегідей ауаны айқыш-ұйқыш тілгілеген отты сәулелер де көрінбейді. Роботтар кемесі мен одан әлгінде ғана бөлініп шыққан қопарылғыштар қас қағымда «бұрқ» етіп, от-жалынға оралады»1.
Қаскүнем роботтар елі – Нирадан құтылғанмен, космос катаклизмі бейбітшіл Керан планетасының өз басына төнді. Олардың Жерге жіберген дабылы: «Бізде сұмдық апат болды. Тартылыс күштері өзгерді. Керан бірнеше жерден жарылды. Бүгін-ертеңдері планета бірнеше бөлікке бөлінуі мүмкін. Бұл – біздің сіздермен соңғы рет хабарласуымыз... Біздегі адамзат жойылып кету алдында тұр. Сендердің ғалымдарың тезірек көмекке келер деп сенеміз!..», – ғана болды...
Бұл туындысымен автордың көкейіндегі айтпағы не? Біздіңше, ең әуелі, оқиғаның негізі Жер мен Керан планеталарындағы жасөспірім балалар арасында өрбіген. Демек, детективпен тұздықталған фантастикадағы ғылыми гипотезалар да жастар көзқарастары тұрғысында өрістейді. Екіншіден: галактикаларда міндетті түрде туып тұратын космосаралық табиғи құбылыстардың (жаңа жұлдыздардың тууы, бір ғарыш денесін екіншісінің «жұтып қоюы», жұлдыздар мен планеталардың орбиталарынан тайып кетуі, әлемдік гравитацияның басқа да «қиғылықтары») әр алуандарының қандай күйде ұшырасуы мүмкіндігі жөніндегі жазушы жорамалдары ұсынылады. Үшіншіден: қаншама эволюция шыңына шықты деген жұлдыздар жүйелері бастарына түскен қасіреттен қысылған кезінде біздің Жерімізден жәрдем сұрауы мүмкін. Басты әлеуметтік-фантастикалық идея осы, соңғысы болса керек!..
Р.Баймаханов «Қара құйын» ұзақ әңгімесінде де «космостан көз жазбаған». Мұндағы екі кейіпкер – алматылық Мұхтар мен иоганнесбургтік Джорджи – орбиталық «Жер-4» станциясынан фотондық зымыранмен әуелі Күнді орағытып, Юпитерге бет алады. Біраздан соң оның Ио табиғи серігін қапталдап өтеді.
Мұнда инженер, техниктердің шағын тобы жанұяларымен тұрып жатса керек. Оның табиғаты өзгеше көрінеді. Күнге жақындау Марстың өзі мұз құрсанып жатса, оның қызуы тіпті аз жететін Ионың бетіндегі таулы аймақтар Жер бетіне өте ұқсас екен. Ғарыш жолдаушылары оған да қарайламай, жоспар бойынша сапарын жалғастыра береді. Көлемі Айдан екі жарым еседей кіші. Көрінісі бойынша да, физикалық және химиялық мәліметтер бойынша да, планета алтын мен платинадан тұрады...
Сөз жоқ, бұл - Дю шоқ жұлдызының алғашқы планетасы. Туынды кейіпкерлерінің онда көргендері: «Қонған жердің төңірегінің басым көпшілігі – платина. Жақын маңайда биіктіктері жиырма-отыздан алпыс метрге дейін жететін шоқылар. Кейбірі омырылып құлап, шашылып жатыр. Планетаның пішіні шарға ұқсас болғанымен, әр жерден бір жұлма-жұлмасы шыққан, ұзыны мен көлденеңі бес-оннан, кейде жиырма-отыз шақырымнан тұтасымен опырылып алынған»1.
Осы тәріздес кескін-келбет көз алдарынан өткеннен кейін ғарышкерлер әр алуан жорамал ойларға түседі. «Қызық. Таза алтын мен платинадан тұрады. Өзге заттардың қоспасы мүлде аз. Бұл – табиғатта кездесу ықтималдығы мүлде жоқ құбылыс. (Мұны Мұхтар айтқан). «Оның рас. Ал, мынау планета, меніңше, Дю шоғырынікі емес. Қисықтық радиусы өте шексіздікте. Демек, планета әлемнің қайдағы бір алыс түкпірінен қаңғып келеді» (Бұл – Джождидің болжамы). «Бұл планета қолдан жасалған сияқты. Кім де болса, даму дәрежесі біздерден бір саты жоғары тұрғандар. Жол-жөнекей гравитациялық дауылдар жұлым-жұлымын шығарыпты», - деп түйіндейді Мұхтар.
Осы жерде жол-жөнекей, ағалық эгоизммен, қарсылық білдірер бір-жар пікірімізді келтірудің орайы келіп отырғаны. Автордың айтуынша, «Гравитациялық дауылдар жұлма-жұлмасын шығарыпты» ең қымбат металдардан тұратын планетаны!.. Ал, біз білетін ғылымға айғақ дерек – алтынның бір грамын он километрге дейін көзге көрінбестей, жіптен де жіңішке етіп созуға әбден болады. Соның өзінде де аталмыш асыл металды түзейтін молекула, атомдар бірінен бірі ажырамайды. Яғни «алтын жіп» үзіліп кетпейді. Мұндай қасиет тек осы металға тән. Ал, платинаның беріктігі одан да бетер... Сонда Дю шоқ жұлдызының алғашқы планетасы тұтастай платина мен алтыннан «соғылған» болса, қалайша гравитациялық дауылдардан «опырылып құлап, шашылып» жатады?.. Автор осы тұста классикалық ғылыми негіздерден біршама тайып кеткен секілді...
Дегенмен де, қиялгер-физиктің осы фантастикалық оғаш идеясына ризашылық білдіргеніміз абзал. Себебі: осыған дейін біздің қиял кеңістігімізде аспан төсіндегі қаншама денелерді сүгіреттегенде, олардың көбі өздерінің «көздеріне үйреншікті» туған Жеріне ұқсастырып бағады. Ал, мынада туындыгер басқа тосын жолмен тартқан. Біз баяғыда өз қиялымен Томас Мор саф алтыннан балаларды тосатын түбек «жасағанын» білеміз. Кәзір енді қазақ оқырманы «алтынмен апталып, платинамен күптелген» тұтастай планетаны «көріп отыр»!.. Галактикамыздың басқа планеталары жөніндегі ұлы не ұзақ әңгімелер сапындағы «қиял жарысында» «Қара қақпан» – творчестволық табыс деп білер едік.
Фантастикалық ұлы әңгімелер қорына медицина ғылымының кандидаты (қазіргі – педагогика докторы) Советхан Ғаббасов «Кәусар» романын қосты. Туындыны «Тербелмелі толқындар», «Зерде ғұламаның күнделігі» және «Армандар жалғаса бермек» аталатын көлемді үш бөлімнен тұрады. Автордың творчестволық мінезі өзінің таңдаған, тақырыбынан айқын байқалады. Медик-қаламгер ғылыми фантастика жайлауына өте күрделі, осыған дейін қазақ қиялгер-жазушылары арасында әзірше ешкім жүрегі дауалап беттей қоймаған идеяны әкелген. Ол – биологиялық тірі организмның барлығына тән қоректік зат алмасу процесі.
Бүгінгі мерзімді әдебиетте көрініп қалып жүрген оқшау, ерекше мәліметтердің арасынан біреулердің ұзақ уақыт нәр татпай жүретіндері турасындағы әңгімені ұшырастырамыз. Олардың ішінде, әсіресе, йогтер мен шамандарды жиірек айтады. Мұндай хабарларға күдікпен қарау не оларды жоққа шығару ниетімізде жоқ. Біздің діттейтініміз – сол дәм-тұзсыз күнелту, яғни өз еркінен тыс «аштық жариялаудың» мерзімінің жайында. Былайша айтқанда, сол аштықтың иелерінің қаншама уақытқа созыла алатынында. Өйткені: хабар авторлары олар өмірінің соңына дейін тамақсыз өмір сүреді» деп кесіп-пішіп куәландырмайды.
Ал, С.Ғаббасовтың қозғайтын, қиялдайтын нәрсесі – адам, жан-жануарлардың күнделікті, ертелі -кеш ағзасының тіршілікке қабілетті қалпын сақтау үшін қоректерді үнемі пайдаланып отыру мұхтаждығынан арылту. Яғни сырт ортадан қабылдаған тамағының басым бөлігін қалдық түрінде қайтадан тысқа шығару кіріптарлығынан құтқару.
Кітаптың бірінші бөлімінде осы мәселенің бет пердесі ашыла бастайды. Оған басты түрткі болған – Зерде ғұламаның шәкірті Ұлан Асан ұлы, бұның ізін басқан Дос Хамит ұлы. Олар көкейлеріндегі ғылыми жұмбақты шешу жолында зерттеу ісіне белсене кіріседі. Сонымен қатар шығармада «Ұлан – Іңкар (Инеш) махаббат тандемі» аралас өрбітіліп баяндалып отырады. Ал, ғылыми-фантастикалық гипотезалардың бірі – адам ағзасындағы қан. «Оның адам тіршілігіне нәр беруші тірегі екендігін былай қойғанда, сыртқы ортадан үздіксіз шабуылдайтын зиянды сан қилы микробтардан қорғайтын қасиеттері де – тым ертеден таныс жай, - деп, Дос «идеясының увертюрасымен» таныстыра бастайды. – Ал, қазіргі кезде қанның бұрын-соңды ғылымға белгісіз болып келген не бір жаңа сипаттары жан-жақты ашылып отыр. Қанды жасанды түрде қолдан өндіру арманы адамзатты ХХ ғасырдың аяғынан бастап толғандыра бастады. Қазір, міне, - сол идеяның нағыз кемел шағына жеткен кезі»1.
Жас оқымыстының байламынша, жасанды қанның кәдімгі табиғи қаннан артықшылығы едәуір көрінеді. Солардың ішіндегі ең елеулісі – ген арқылы жасанды қандағы иммунобиологиялық тізбектің жан-жақты меңгеріліп отырылатындығы.
Өз зерттеулерінің кейбір тұстарын көрнекі құралмен Феникс аралынан келген қызығушы қонақтарға Дос нейтронды микроскоппен көрсетіп, мән-жайды мәлімдейді. Экранға шыққан бармақ басындай екі колба ішіндегі сұйықтық «биошырын» аталса керек. Оған жіберілген кез келген тірі жасауша-клеткалар еш кедергісіз, табиғи қалыптағыдай, өз тіршілігін жалғастыра береді екен. Генетика мен иммунологияны ұштастырып, осы идеяны ғылыми ізденіс бағдарламасына Зерде ғұлама енгізген көрінеді. Сүйтіп, қанның құрамындағы заттарды, барынша табиғи қалыбына жақындатып, қолдан өндіру кезіндегі теңдесі жоқ жаңалық – осы.
Өз кейіпкерлерінің фантастикалық идеяға бару себебінің түп-төркінін Зерде ғұламаның: «Ішкен тамақтан бөлінетін қалдық, организмнен жай ғана шығып кетпейді ғой. Қалдықтың аты – қалдық! Ол ағзаны улайды. Оның үстіне қазіргі біздің жағдайымызда тамақтың өзін тонналап тасып жүрудің өзі неге тұрады!..»2, – деген сөзінен көреміз. Сонымен қатар дана кісі: «Қалдықсыз қоректі адамзат қауымы ғасырлар бойы армандап келген. Біздер пайдаланған жасанды пептидтер бірнеше ғасырлардан бері белгілі. Міне, осынау қалдықсыз қоректің кілті боп табылатын ең негізгі заттары – биомембрана мен кәусардың ашылғанына он бес жылдан артық уақыт өтіп барады екен... Қалдықсыз қорекке көшкен біздер жылына бір килограмдай ғана таза организмге қалдықсыз сіңетін қорекпен-ақ күн көреміз. Осының арқасында біздерде организмнен бөлініп шығаратын қалдық жоқ. Міне, адам ағзасын үздіксіз уландырып тұратын шлактардан құлан таза құтқарады да, оның теңдесі жоқ жаңа өрісін ашып отыр. Оның адам өмірінде әсер етпейтін сферасы жоқ. Тіршіліктегі барлық жағдайларға да ықпалын тигізбек»1, - деп, теңдессіз жаңалықтарының перспективасын да әсірелеп бейнелеп береді.
Жалпы осы «Кәусарға» қатысты ой қорытындыласақ, әдебиетіміздің көрнекті өкілі, филология докторы Әбділда Тәжібаевтың: «Романда көтерілетін неше алуан күрделі мәселелерді жүйелей келіп, оның бір түйінге саяр қорытындысын айтсақ, еріксіз А.П. Чеховтың: «Жазушы кез келген мәселені көтеруге тиісті, ал, бірақ, оны түбегейлі шешіп беруге міндетті емес,» дейтін тұжырымы ойға оралады» [Социалистік Қазақстан. – 1987. – 23 май], - деп, кітап жарық көрісімен, ізін құрғатпай айтқанына келісуге болар.
Өткен ғасырдың үшінші ширегінде қиялгерлердің біразы көлемді шығармалар жазуға қол созды. Олардың санатына, жоғарыда сөз болғандармен қатар, Шәмшиден Әбдіраманов та бар. М. Сәрсекеев секілді, фантастикаға Политехника институтының дипломымен келген ол алғашында ұсақ әңгімелерге жазып жүрген «Ақиқат формуласы» атты көлемді туындыға келді.
Планетада «әлімжеттік» саясаты жайлаған кез. Соны жүзеге асырудың бір амалы – ғылымның супержаңалығын иеленіп, соның арқасында өзінен әлжуаздарды билеп-төстеудің фантастикалық бір нұсқасы дүниеге келді. Автордың айтуынша, америкалық қыз бен үш жігіт баспасөзден алматылық академик Талғатовтың мақаласын оқиды. «Оуэн журналды қолына алды, тамағын сәл кенеп, дауыстап оқи жөнелді: «...Нейрон, диаметрі 5 пен 100 микрон аралығындағы синапсты тудыратын, аксен мен дендрит талшылықтарынан тұрады... Хабар, яғни жүйке импульсі келіп жеткен шақта дендринттен бөлінетін химиялық синапс жарығы арқылы өтіп, клетка мембранасында жаңа ритмді импульс тудырады, не болмаса осы жерде ол жоғалады... «Кітап оқырманы мұндай «гипотеза мазмұнынан» не ұғатыны қайдам, ал, жас төрт ғалым осы болжамды негізге ала отырып, иттерге де, маймылдарға да тәжірибе жасайды, ақырында «ойлау жүйесінің биофизикалық кодын анықтап, «Ақиқат формуласын» табады. Соның негізінде аспап жасалады. Оны иеленген барлау орындарының ниеттері жөнінде құпияның мәнісін білетін бір америкалық, кейін төрттік «ми механизмінің мамандары» жағына көшкен Кэйтс: «Олар сіздер жасаған аспапты алдымен Африкадағы алмаз бен уранға бай ел басшысын ырқына көндіру үшін пайдаланады. Ал, түпкі мақсат – дүние жүзіне АҚШ үстемдігін жүргізу»1 - деп мәлімдеген.
Ақыр-соңында адам миына бұйрық бере алатын биоток негізінде жасалған фантастикалық аспап төңірегіндегі дәстүрлі детективтік шиеленістерге құрылған осы тәріздес хикаяттар сол тұстардағы жанрымыздың басқа ықшам түрлерінде де жиі ұшырататынын айтқан абзал.
«Қайта оралған Қорқыт ата» ұзақ әңгімесімен Қазақ химия-технология институтының түлегі Раушанбек Бектібаев фантастика жанрына қызмет етуге келді. Мұнда да С.Ғаббасовтың «Кәусарындағы» мәселе көтеріліпті. Осы тұста әйгілі қаламгер Ә.Нұрпейісовтің: «Ес біліп, етек жапқалы адам баласы ажалмен алысып келеді. Қанша жан бойындағы қажыр-қайратын осы бір игілі күреске сарп қылып, жан-тәнін салып бақса да, әзір ешкім де адам өміріне арашашы бола алмай жүр»2, - дегені ойға оралады. Міне, шешілуі мүмкін еместей көрінетін аталмыш проблемаға тәуекел жасап, бел шешіп кіріскен Р.Бектібаев қазақтың творчестволық қиял қойнауындағы апайтөс тақырыпты пайдаланыпты.
Ол – елдің ауызекі түрде осы бүгінге жеткен аңызы – Қорқыт. Ол турасында академик Х.Жұмалиевтің: «Қорқыт аңызының мәні терең. Мұнда өлімнің сөзсіз екенін, адам үйде болсын, түзде болсын, қай күні болсын өлуі хақ нәрсе екендігін, тек шындығын ғана ашып қоймайды, соған қарсы шара іздейді. Адам баласы өзінің даму жолында өлімге де қарсы шаралар қарастырып, одан құтылу әрекетін жасаса, өлімді қашырса, адамға ажал кәрі жоламайтын болса деген аңсаудан келіп «Қорқыт» деген аңыз туды... Су бетіне кілем жайып, Қорқыттың бірнеше уақыттар ажалды жолатпауы жай айтыла салған нәрсе емес, күндердің күнінде өлімді кідіртетін шараның болатынына сенушілік, соны аңсаушылық»3, – дегені бар. Халықтың осы аңсауын жүзеге асыру жолында кәзірде геронтология ғылымы зерделі жұмыстар жасауда. «Адамның ұзақ өмір сүруі мүмкін бе? Менің байламым: иә, мүмкін. Тіпті, міндетті. - деп кесіп- пішіп мәлімдейді Беларусь ҒА академигі В.Купревич. - Ал, мәңгі өлмеуі мүмкін бе? Былай қарағанда дәйексіз сұрақ секілді. Бірақ, шынымен де соншама сөлекет сұрақ па?»1. Оқымыстының өзі осылай деп жатқаны – шамасы, Қорқыт «көтерген мәселе» пәлендей негізсіз де емес шығар...
Осындай тұлға хақында қиялгер-жазушымыз мынандай оқшау фантастикалық ой тастайды. Басқа беймәлім Галактикадан ұшып келіп, осында қонған бір келімсек: «Қорқыттың шешесі баласын өлі туды. Біз білдірмей нәрестені ауыстырдық. Сол кезде командир Нұх бастаған кемеде босанған ғарышкер әйел екі ұл табады. Соның бір сыңарын Жерге әкелген. Қорқыттың анасы оны бауырына басты, емізді, өсірді. Сезген жоқ. Егіздің кемеде қалған екінші сыңарынан қазіргі екі бала бар. Соның бірінің тұқымы менмін...»2.
Қызықты гипотезаны көктен түскен «дөңгелек қараша үй» ішіндегі ғарышкер қыз: «Саған түр-түсі, істеген қылығы, бар өмірі айнақатесіз ұқсайтын өз Қорқытымыз да болған. Сен, негізі, біздің ұрпағымыз болғаныңмен, қазір жерліксің...» - деп, үстемелете түседі.
Шығармадағы нақтылы ғылыми болжалға келсек, жазушы сіз бен бізді «гравитация күшін жеңетін аса өткізгіштік қасиеті бар материалдан жасалған аппарат» Қорқытта да болған деп сендіреді. Қысқасы, ғасырдан ғасыр озып, біздің көзімізге үйреншікті дүниеге айналған тұлға «қиял призмасында» тағы бір жаңа қырынан көрінген.
Осы проблеманы Досжан Өтековтың «Мон-Тандр құпиясы» кітабынан да кездестіреміз. Шығарманың бас қаһармандары қыр соңына түсіп жүрген осы мәселе турасында ғалым-кибербиолог Джон Джервис: «Жалпы қауымнан қалтарыс жерде адамды дубльдейтін орталық ашу керек... Дарынды деген ғалымдарды керегінше көбейтіп алып, бірден ғылым мен техниканың, сіздер айтпақшы, «ұмсынған ұшына» отырғызу керек. Көп кешікпей-ақ, жолдас Русанов, Жер бетінде бір де бір шешілмейтін проблема қалмайтын болады», деп сендіргісі келеді. Оған қарсы ғалымдар Мәңгі Өмір проблемаларын адамды шексіз дубельдеу бағытында жүргізіп отырмағанын Русанов ескертеді. «Уақыты келгенде, қартайған адамды дубльдеу деген сөз – ескі денесін тастап, оның бүкіл жан дүниесінің эксплантты пайдаланып өсірілген жас денеге ауыстыру деген сөз. Бұл орайда біз этикалық нормаларды аяққа таптаған болар едік», - деп, шығарманың мәйекті, ғылымилығынан гөрі, әлеуметтілік мүддесін қорғаштайды. Сүйтіп, этикалық релятивизмнен бойды аулақ сала отырып, кейіпкердің өзі ұсынған модульге әдептілікті сақтауға шақырады.
Негізінде шығарма хикаясы Алматыда шақырылған дүние жүзілік форумнан басталады. «Ғылым жетістіктері ізгі мақсаттар үшін» деген үндеумен ұйымдастырылған форумда «ғылым мен техниканың беталысына адамзат баласының ортақ мүддесіне қарама-қарсы бағытта, әсіресе қазіргі кезде бет ала бастаған ғылымға бақас тобырлардың қылмысты жұмыстарына дереу тосқауыл қою керектігіне байланысты» жұмысы баяндалады.
Онда сүбелі екі мәселе – «Алтын Бас» аталатын қарақшылармен күрес» және «Көне қыпшақ мәселелері» қаралады. Кітаптың үштен біріндей көлеміне созылып жайыла беретін ұзын-сонар қысыр әңгіме, ғылыми айтыс секілді көрінетін пікірталастар түрінде ұсынылған. Диалогтар оқырманды, жалықтырып-ақ жіберетінін жасыра алмаймыз. Оның үстіне қоғамның «арамшөбі» - қазіргі сөз қолданысымыздағы мазмұны «лаңкестікке» келетін құбылыспен басқосу жасамай-ақ күресіп жатқан жоқпыз ба? Әлемдік жиынды тек көне қыпшақ мәселесін қозғаумен шектелдің не қажеті бар?
Шын мәнінде хикая дельтапланнан құлаған Айтолқын опатынан басталып, шиеленісті қоюлатып жіберу мүмкіндігінен туады. Бірақ, одан әрі оқиғаның арқауы босаңсып кетеді. Жағымды деген кейіпкерлер ұшатын аппаратта отырып, АҚШ қалаларын, Швейцария табиғатын тамашалаумен шектеледі. «Алтын Бас» тобырының басшысын оп-оңай қолға түсіреді. Оның үстіне, шығарма оқиғасының мәйегі болуға жарап қалатын Джон-дубльдің арам пиғылының табан астында әшкереленуі тым асығыс дер едік. Қолдан жасалған үш дубль-адамның өз қимыл-қылығымен оза шығуы мүмкін туындыдағы жағдайды шиыршықтап, тартыс тудыра алатын, оқиға сияқты көрінгенімен әрі қарай дамымайды. Өзіндік мінезді кейіпкердің бейнесін жасаған кезде қолдан жіберілген жасандылық бар.
Шығарма композициясы бір сүрлеуге құрылған. Ол түріктанушы Дэвид Джервиспен жергілікті ғалымдардың сұхбаты түрінде өрбиді. Көп идеялар қонақтарды қыдырту үстінде, таныстыру кейпінде беріледі. Мысалы: «Тірі адамның нейрон торындағы өмір информациясын жазып алып, арнайы аспаптар көмегімен лазер стереоэкранында қайта жаңғыртып көру мүмкіндігі ашылған»; «Бұл жаға ұстарлық жаңалықтан елдің дүрлігуі басылып болмай жатып-ақ, кенет сонау бағзы заманда өлген адамның да бас сүйегінде тірі кезінде көрген-білгендері, тіпті сан күйде жүріп ойланып-толғанғандарына дейін қаз қалпында сақталып қалатындығы» мәлім болған. Бұл – бір. Екінші: «Ғиянатты экстрасенстердің: «Адам өлгесін ғарышқа аттанатын астралы клишесінен, яғни сана өрісінен тек сол адамға ғана тән энергоинформациялық көшірмесі Жерде қалып қоятынын» дәлелдеген. Үшінші: «Қазіргі мүмкіншілік бойынша, адамды дубльдеу жұмыстарында бір жылдық физиологиялық табиғи өсу процестерін он екі күнмен алмастыра алады екенбіз». Қалған да ұсақ-түйек фантастикалық «идеялар» осы тәріздес қойыртпақ сөйлемдермен баяндалғандықтан, оның қайсысы жаңалық, қайсысы тұрмысқа баяғыда енгенін оқырман ажыратып болмайды. Автордың күдіктеніп, шығарма мәтінінде жұрт мәнісін біле бермейтін терминдерге кітап соңында түсініктемелер бергенінің өзі біздің пікірімізді растаса керек.
Д. Өтековке сенсек, шығарма уақиғалары 2087 жылы бастан кешіріледі. Ал кітаптағы баяндаулар да, айнала төңіректегі тыныс-тіршіліктер де тап бүгінгі ортамыздағыдай. Ең бастысы – фантастикалық жай-күй, аураны сезбейсіз. Осыларды түйіндей келгенде, туындыгер прозаның ең күрделі түріне дайындықсыз келген деп түюге болады. Фантастикалық идеясы жағынан да, әдеби-көркем шешім тұрғысынан да солай.
Соңғы жылдары фантастикалық ұлы әңгімелерді дестелеп (сериялы) жазу әдісі де көріне бастады. Жүніс Сахиев «Кеңістік көшпенділері» деген ортақ айдармен – «Марстан шыққан жаңғырық» атты жаңа кітап жариялады. Оқиға, туындының өзі айғақтап тұрғандай, бізге «көршілес» планета төңірегінде өрбиді. Автор ондағы табиғатты да, басқа да компоненттерін өзіміздегілерге ұқсатуға тырысады. Басшысы Қайыргелді Нәдірұлы болып, «Планета аударылып» барған көш Қызыл ғаламшардың құм-дауылды шөліне де, қақаған қысына да төтеп береді. Оранжерея тұрғызады, көкөніс пен жеміс ағаштары шыршысын егеді. Оның топырағына мал қиы мен көңін шашады... Сөйтіп, келімсектер оны «Жердің филиалы» қылуға тырысады.
Туындының «Екінші атамекен» бөлімінде отбасылар ұрпақ өрбітіп жатқанда, бұл ғаламшарға қызығушы келімсектердің «қарасы көріне» бастайды. Өз қолдарымен құлпыртқан екінші Отандарын қорғап қалу жолындағы айқастары «Беймәлім ұшатын денелер», «Қатерлі жоспар», «Жаза басқандар», «Дала төсіндегі дүбір» секілді тарауларда тартымды суреттелген. Ақыр-соңында «өз планетасы» өздеріне бұйырады. Оқиға осылай сәтті аяқталады. Мұнда автор тек Марстың космостық құпияларын ашуға тырыспаған. Ол көрші нысанның табиғатын игерген ұлт өкілдерінің жасампаздық менталитетін көрсете отырып, бір кездегі өзінің туған даласының басынан кешкендерімен символикалық түрде параллель жасағысы келгендей ойға қалдырады.
...Күн жүйесінің «үстінен басып өтіп бара жатқан» бір ғарыш кемесінен ақау табылып, шарасыз Жерге қонған. Оның бір мүшесі – Батыл өзі бұл жарық дүниеге келгелі көріп-білмеген тамаша табиғатқа тәнті болып, қайта ұшқан көлігінен қалып қояды. Ауыл мектебіне барып, бірінші сынып бүлдіршіндерімен сабаққа отырып, қазақ тілін үйренеді. Жас Еңлікгүл мұғалимамен танысады. Оған жергілікті жігіт Қалыбек араласып дәстүрлі «махаббат үшбұрышы» пайда болады. Бұрынғы жігіт космос келімсегіне қыруар қиянат жасауға тырысады. Батылдың ерекше табиғаты талай қастандыққа төтеп береді. Біршама уақыт өткесін, Батылдың өз планетасынан іздеуші келеді. Батылдың сүйген қызы Гүлдәрі екен. Мұндағы тамаша табиғат, қимайтын әлемге көз жеткізген қыз өзі ұшып келген ғарыш зымыранын жарып жібереді. Онысы – «осы Әлемде мәңгі қаламыз» деген ишарасы...
Туындыдағы негізгі ой мен идея – адам тегінің қай қабілетінің де туа пайда болатынына меңзеу. Бас қаһарман тек ақ пен қара түстерді көрумен шектелгендіктен, біздердікіндей Алла жаратқан мүмкіндігінен ол жұрдай еді. Табиғаттың тамаша көріністерінен ләззат алудан қалған. Ал, Жер планетасы сондай, кемпірқосақтың барлық бояуын ажырату қасиетін сыйлағаны үшін-ақ бізде мәңгілік қалуды таңдағандары - өзіміздегі барды өзіміз де қадірлей білуіміз қажеттігіне автордың ой салғаны деп білу қажет болар...
Қиялгердің келесі көлемді дүниесі – «Шолпанға көшкен ауыл» романы. Оқиға осы планетада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген жерлес ғалымдарымыздың бірі сол планета аттас қыздан көз жазып қалуынан басталады. Ал, бойжеткен болса, сондағы бір төбе басынан қараңдаған бейненің елесіне еріп, ізім-қайым хабарсыз кетеді. Елес Абзал есімді қазақ жігіті екен. Осында қоныс тепкен. Оның Жер планетасынан тұтастай қаланы да «аспандағы бір қара дене арқылы» көшіре салуға қауһары жететін көрінеді.
Әңгіме арасында Таң жұлдызындағы әлгі зерттеушілер кеңістіктегі Қара құрдымға (авторша – «ойық») ұшырасып, одан қалай құтылып шыққандары жөніндегі шытырман жағдайлар кітаптың үшінші бөлімінде баяндалады. Соңғы, шығарма аты қойылған бөлімде Абзалдың жоғарыда айтылған «қабілетінің» арқасында «Жердегі Шолпан ауылының, Күн тұтылғандай ғана аз уақыттың ішінде, Жерден Шолпан ғаламшарына көшірілгені», «оны көшірген кеңістіктегі қара ойдымды дененің (әлгі Қара құрдым ғой) қатерлі тетіктерінің залалсыздандырылғаны суреттеледі. Сүйтіп, Шолпанда шынымен-ақ «Шолпан елі» орнайды...
Мұндағы басты ғылыми-фантастикалық идея – Қара құрдым эффектісі. Ол – бойына жарық фотондарынан бастап, өзінің гравитация өрісіне іліккен кез келген объектіні «жұтып қою» қабілетіне ие. Және, шығармада молырақ орын берілгені – бір затты не денені екінші жерге қол күшінсіз орын аудару тәсілдері (бұл жерде біздің планетадағы бір ауылды тұтастай Шолпанға көліксіз көшіру жағдайы). Осы тәріздес гипотезалық желілер бүгіндері нағыз байсалды деген ғылыми-зерттеу институттарында қарастырылып жатқаны белгілі.
Адамның бір қызық мінезі – тап қазір өмір кешіп жүрген кезден ертеректегі күндеріңді, жылдарыңды сағынатыны соған қызығатыны. Ол кездерде үнемі үлде мен бүлдеге оранып, ішерің – алдыңды, ішпегенің – артыңда, ойыңа алғаның жүзеге аса бермесе де солай. Ал біздің ер жетіп, алдыңғы қатарлы оқығандардың легіне қосылған кездеріміз – шын мағнасындағы қызықты да мазмұнды дәуір еді. Әсіресе, қоғамның өркениеті даму үстіндегі дәуір болатын.
Өткен ғасырдың орта шенін солай бағалау керек шығар. «Ғылыми-техникалық революция» (ҒТР) заманы саналған сол онжылдықтарда ғылым, білім қарышты адымдап келе жатты. ҒТР екпіні күллі планетада сезілетін. Д.И.Менделеев кестесінде белгіленбеген элементтерді зертханаларда эксперимент жолымен жасанды түрде алып жатты. Биология жан-жануарларды будандастыру арқасында шаруаға қажетті малдар симбиозын туғызса, сол тәріздес, басқа ғылым салалары да жаңалық үстіне жаңалыққа қол жеткізгенін көрдік.
Бұлардың арасында, озық техника мен атом энергетикасы жетістіктеріне сүйенген баллистикалық зымырандар, олардың өкшесін баса Жердің жасанды серіктері планетаның гравитация күшін жеңіп, аспан көгіндегі әр алуан биіктіктегі орбиталарды айналуға машықтанып алды. Ал, Ю.А.Гагариннің Жерді «белбеулеп шыққан» 108 минуты біз үшін ғылыми прогрестің ұшар шың-апогейі саналды.
Шын мәніндегі ғылымның жеңісі сол тұстарда адам санасының, бейнелеп айтсақ, «ұшақ-зымыраны» миссиясын атқарды деуге болады. Өмір-тірлігіміздің күнделікті үйреншікті кәсібіне, қанат бітірердей ақиқат бар еді.
Ондай эффектіні, әсіресе, өзіміздің кәсібіміз - әдебиет әлемінде айқын сезіндік. Неміс романтиктері: «Әр ғылымның өз Құдайы бар. Механиктер үшін ол – мәңгі двигатель. Химия үшін – даналық тасы. Философия алғашқы себепті іздейді. Математика үшін – шеңбердің квадратурасы...»1, - дейді екен. Біз енді сөз өнеріміздегі қиял, арман сарындарын іздестіре бастадық.
Сол тұстары жазған бір мақаламда: «Жас ұрпақты білімге, өнерге баулуда фантастикалық шығармалардың да үлкен үлесі бары белгілі. Фантастикалық және ғажайып оқиғаларға негізделген (приключенческий) шығармалар бізде кейінгі жылдары туа бастады. Соған қарамастан, әдебиетіміздің бұл жас жанры бүгін өз кадрлерін іріктеп, бірқатар пайдалы кітаптар беріп отыр... Фантастикалық әдебиеттің дамуы жайлы тереңірек ойласу керек. Асылы, ғажайып оқиғаларға араластыра отырып, фантастикалық әдебиет адам тағдыры туралы әңгімелеуге тиіс», - деппін2.
Бұл пікір – сол өткен ғасырдың орта шенінде қоғамдық сана-сезімнің барлық буындарына дерлік келешекке деген құштарлық, арман елін аңсаудың ықпалы болса керек. Ол – фантастика жанрының стандартқа лайық жаңа «өнімдерінің» жарық көре бастаған алғашқы кезеңі болатын. Оның үстіне жұртшылықтың басым көпшілігі жанрды ең әуелі қызық қуушы шытырман уақиғаларды құмартушы жасөспірімдердің «пешенелеріне жазылған» тақырып деп білуінен болса керек: мен де әлгінде келтіріп отырған мақаламды «Балаларға арналған үлкен әдебиет жасайық» деп атағанмын. Ол кездері, айт-айтпаса да, оқырман сол бағыттағы туындыларды күтетін.
Дегенмен, қазақ фантастикасының осындай «балалық ауруы» ұзаққа созылған жоқ. Жанрдың «өз қолы өз аузына жетіп», есею дәуірі туатын кезең де келді. Осы тұстарда А.Машановтың «Табу», тілі орысша болғанымен, характері, негізгі кейіпкерлері өз қандастарымыз болып табылатын Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық субстанциясы», М.Сәрсекеевтің «Жетінші толқын», Ш.Әбдірамановтың «Әл-Фараби көпірі», Р.Бектібаевтың «Қайта оралған Қорқыт ата», Ж.Сахиевтің «Кеңістік көшпенділері» сериясының кейбір кітаптары жарық көрді.
Алайда бұлардағы негізгі идеялардан әлгі жастар аудиториясына лайықталған сарындарды байқар едік. Олардағы негізгі басымдылық - әңгімеленіп отырған, осыдан жарты ғасырдың ар жақ, бер жағындағы ғылым мен техниканың кереметтей серпілісінің одан да бетер шарықтауын қиялдау. Ол авторлардың қаламынан туған дүниелер интуитивті түрде өзіміздің феномен Шәкәрімнің: «Жай қиял дейтін бір ауру бар... Барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған... Сол қиял... ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін»1, дегенімен, – орыстың классик қиялгері Антон Ефремовтің: «Ғылыми фантастика ғылымның «көзі жетпеген» жолын өзінің ұшқыр қиялымен жарықтандырып, оған бағыт сілтеп отыруы тиіс»2, дегенімен, астасып, ұласып жатқан секілді.
Бірақ, назарымыздағы жанрдың ерекше, бір ғажап қасиеті – сол ғылмилығына қоса әлеуметтілік маңызының зорлығында. Оның хұқығы жөнінде көптеген беделді авторлардың дәйектері бар. Атасақ, баяғыда Гетенің өзі: «Ақиқат өмірдің шындығын көз қырына алған қиял иелері біздерде тапшы», - деп қапаланған екен. Ал, өткен ғасырымыздың бас жағында В.Брюсов қиял құбылыстарын бейнелеуде қаламгердің үш түрлі әдіс қолдана алатынын айғақтаған; олар – біз тіршілік жасап жатқан емес, бөтен әлемді суреттеу; біздің тұрмысымызға басқа дүниенің тіршілік иелерін енгізу; өз өмір-тұрмысымызды өзгерту... Бүгінгі таңдағы елеулі фантастикатанушы Ю.Смелков: «Ғылымды насихаттаудан оның адам өмірі мен қоғамды көркем зерттеу ықпалына бет бұруы ғылыми фантастиканы «техникалықтан» гөрі, «адами», әлеуметтік-психологиялық проблематиканың бел алуына әкелді... Сонда қандай да фантастикалық гипотезаны бағалау безбені оның ғылыми жаңалығы немесе батылдығы емес, ол гипотезаның көркемдік басымдығына қарай өлшенуі тиіс. Осындай талаптың тууын ғылыми фантастиканың күллі әдеби процеске тигізген заңды салдары деп сезінемін»3, - деген пікір қосады.
Осы тәріздес қисынды пікір-пайымдауларды әлемдік әдебиет тану жарияланымдарынан көптеп келтіруге болады. Соларға сүйеніп, жоғарыда біз аттарын атаған авторлардың шығармашылықтарында көбіне-көп ғылымилық басым, әлеуметтік сипат әлсіз екендігін айту орынды. Мұндай жағдай әлемдік фантастикада да жиі байқалады.
Сол бағыттағы жазушылардың бірсыпырасы уақыт өте, өздері ысыла келе әлеуметтік тақырыпқа ойыса беретін мінез шығарды. «Негізінде фольклорда арманнан басталған қиял дүниелері, ғылыми фантастикадан «бағын сынап» көріп, қайтадан қоғам проблемаларына өздігінен оралуы – жанрдың «жазылмаған» творчестволық заңының бір тарауы болар ма?» деген де ой бар... Сол жолға алғашқы түскен Абдул-Хамид Мархабаев сияқты танылған қиялгер-қаламгерді өз легінен бөліп алудың да өзіндік себебі болды. Өйткені ол фантастика жанрының зерттеушісі есебінде өзі жайында жаза алмайтын еді. Біз оған қазақ фантастарды жазуды сұрадық та, ол туралы өз түсінігімізді қосымша ретінде беруді орынды көріп отырмыз.
А-Х.Мархабаев – фантастика жанры тұңғыштардың сапында «творчестволық мінезін» танытып үлгерген жазушы. Алғаш «Жалын» альманахында автордың «Күнге тағы дақ түсті» хикаяты жарияланғаны есімде. Ол тұста есімін біреу біліп, біреу танымаған талапкер осы дүниесімен қиялсүйер оқырманды елең еткізгені шындық.
Өткен ғасырдың орта шенінде қазақ фантастары кейіпкерлерін көбінесе басқа планеталардан, болмаса Америка секілді капиталистік елдерден іздейтін Мархабаев хикаяты да сол бағыттан табылады. Төрт тараудан тұратын жоғарғы туындыда бас қаһарман – Екі Мың Үшінші астронавтың ғарыш сапарлары суреттеледі. Алғашқы сапарында кейіпкер өз планетасында егін егетін топырақ тозған соң, галактиканың басқа қойын-қолтығынан ыңғайлы нысан іздеуге шығады. Оны табады да. Сосын өз кемесімен оны «артынан» итеріп, Жерге бағыттайды. Алайда жолда фотонмайы таусылып, беймәлім бір саналы тіршілік иелері бар планетаның орбитасына түсіп кетеді. Оның қожайындарынан көлігіне отын сұрайды. Олар тек қана өздеріне тосын көрінетін, аса ерекше де қымбат бір бұйымға ауыстыра алатындарын білдіреді. Астронавт көлігіндегі жазушы әкесінің қағаз кітабын олардың көзі шалады. Фотонмай беріп, кітапты қалап алады. Жолаушы жатжұрттық кішігірім нысанды ауылына аман-есен жеткізеді. Тарау «Құдірет» аталған. Демек, кітаптың құдіреті Галактикаға да жүргені...
«Түзету» тарауында бас кейіпкер «Жер планетасының басынан кешкен тарихы» аталатын бейнетаспаны СТА-102 жұлдызының Төртінші планетасына түсіруі керек болады. Өз ауылындағы Ұлттық басқарма таспаның мазмұнымен танысуға тыйым салған. Оған құлақ аспай, астронавт өз компьютеріне салып қараған. Оның назарына Жер планетасында 1945 жылғы 6 және 9 тамызда шамамен 130-132 градус бойлық пен 33-34 градус ендіктен «бұрқ» еткен екі «саңырауқұлақ» өсіп шыққаны ілінеді. Бірақ сол тұсты таспадан қиып тастаған. Қайта оралғанда, ол қылығын біліп қалған астронавтарының миына басқа программа дарытқан...
Сол нейропрограмманың «арқасында» келесі сапарында («Қиянат» тарауы) ғарышта кезіккен зәбірсіз, саналы тіршілік иелерін жойып жіберсе, соңғы «Құрбандық» тарауында туған планетасындағы радий активті қалдықтарды космос кеңістігіне шашып жіберуге өзіне бұйрық бергенде, зиянды заттар тиелген өзінің жүк зымыранымен Күнге құлайды. Міне, Күнге құлаған тағы бір дақ – осы, Екі Мың Үшінші астронавт...
Шығарманың негізгі идеясы «қай ортада жүрсе де қиял кейіпкері гуманизм, бекзаттықты ту ғып көтеруге міндетті» деген ойға саяды. Алғашқы көлемді дүниесімен кісілік кодексін құбыланама ғып алған қиялгер сол бет-бағытынан тайған емес.
Мысалға: «Төркіндері табылды!» хикаясын алайық. Ертедегі бір замандарда Қызғылт Күннің Үшінші планетасынан Жарылқаушы-Жаратушы Күлгін Күннің Қосбас Самұрық нысан-планетасына апарып тастаған био және қарабайыр теміртектер «өз аяқтарынан тұрып», ғарыштан есті елдерді іздейді. Тапқандарына күш көрсетіп, басып алудан да қашпайды. Сөйтіп соғысқа әзірленген бұлардың көздеген нысандары байырғы өз отандары болып шығады!
«Фиеста, әлде Әбе апексі» хикаятында Ісмер планетасы «батыс Галактикалық Жайсаң Кітаптар Жарысын» жариялайды. Авторлық ремаркада: «Бұл, әрине, - Қызғылт Күн жүйесі сұрыпталып, оның оңды-солындағы планеталардағы есті жан иелері өсіп-өріп, тұқым таратып, жан-жағына ойлы көз тастағаннан бері естіп отырған жанға жағымды алғашқы хабары»1, - делінген. Бәйгеге қатысу ниетімен Қызғылт Күннің Үшінші планетасы Реж Іріктеу Тобын құрып, шығармаларды сараптайды. Мұндай айтыс-тартыстар қазіргі біздегі бәйгелердің таңдау амалдарын көз алдына елестетеді. Оларда да оқымаған шығармасын мақтау, өздерінің жақындары не ағайын-жекжат, тамыр-таныстарын тыққыштау, басқа да айла-шарғылар жасалады... Осындай шытырман, пәтуаға келмес жағдайға планетаның Бас Баһадүрі өзі араласады. Ол оқырман компьютері кітап соңына тақалып: «Басқаны ойламасаң да, ойраны шыққан мына дүниенің ертеңі не боларын ойласаң еді! Осы дүниеге соңыра, өзіңнен кейін келетін сорлы ұрпақтың күні не болатынын ойласаңдар еді!»1, - деген жеріне келгенде, «Батыс Галактикалық Жайсаң Кітаптар Жарысы» тізіміне енсін!» деп, мұқабаның бірінші бетіне бұрыштама қояды. Бұл – ең бекзат айтыс-тартыс – кітап жарыстыруды марапаттағаны және келешек қоғамда да бүгінгі кешіп жүрген келеңсіздіктер ұшырасуы мүмкін деп сақтандырған автордың күдігі...
Автордың «Жанды жерге жармасқан» шығармасы заманымыздың ұлы қиялгері Ст.Леннің: «Менің кейінгі кітаптарым өзіміздің әлемімізге бет бұрғаны бесенеден белгілі. Кейде оны: «Ғылыми фантастикадағы реализмге ұмтылысым», - деймін»2, - деген мәлімдемесімен астасып жатады. Оған «1986 жылдың желтоқсан қасіретіне параллель-қиял» деген тақырыпша қосып, эпиграфына Мұрат Мөңке ұлының: «Аузы түкті кәпірдің, Күшті болған салдары-ай!» жыр жолдарын келтірген.
«Батыс Галактиканың шетіне таман Қос-Егіз Күннің қақ ортасындағы өзіне тиесілі жолмен Жетінші ғаламшар айналып жүр. Оның дарақылығы мен жүгенсіздігін сол жүйедегі саналы тіршілігі бар үлкенді-кішілі басқа Ғаламшарлар көп көргендіктен, оны өздерінше «Гүж» деп атап кеткен», - деген таныстырумен басталады шығарма3. Ондағы билік иесі – «Гүж Гүжбанінің (ГГ) даңқы мен дақпырты өз маңайына ғана емес, шалғайдағы Дара Күндер, Қос-Егіз Күндер, Қара Құрдым жұлдыздарының бірталайына жеткен.
Сол енді Қызғылт Күннің Егемен Үшіншісіне теміртектер десантын түсіреді. Жетекшісі – Бин Кол, Жергілікті уақыт өлшемі бойынша – жылдың соңғы айы. Іс жүзінде планетаны жайлап алған биотеміртектер реждіктердің сана сезіміне дейін жоюға ниеттенеді. Ол ойын Көкаман Күмбездің қожасы – Гүж Гүжбаны: «Олардың қастерлі екі нәрсесі бар екен. Соның бірі, ғаламшар тарихын ел болып ұмытпау. Ол ата-баба аруағын қастерлеу арқылы жүзеге асады екен. Сол үшін шейіт болған биологиялық тіршілік иесінің бейітін көздің қарашығындай сақтайды екен. Ал, екіншісі – сол ғаламшар Қызғылт-Сары Күнді толық бір айналып шығып, күн мен түн теңескен кезін тойлау. Міне, мен олардың осы екі ғұрпын таңдап алдым. Олар – реждіктердің ең осал жері»1, - деп мәлімдейді... Ақыр-аяғында бейітті тұп-тура қасиетті Ұлыстың Ұлы Күні қарсаңында қираттырады...
Хикаяны фантастика мақамымен дамытқанымен, автор оның тақырыпшасында «параллель-қиял» деп қойған. Мұндағы негізгі оқиға – жылдың соңғы айы – 1986 жылдың 16 желтоқсанын меңзейді. Және Кеңсайдағы қорымдардың қиратылғаны жайындағы ақпараттар, Наурыз қуғын-сүргінді Қазан төңкерісінен бері көріп келе жатқаны сөз болады.
Қазақ фантастикасының алғашқы жылдарында авторлар, ең алдымен, жастар құмартатын таңғажайып оқиғаларды қозғауға бет бұрғанын білеміз. Әдебиет теорияшылары кейбір тұстарда, сондай сарындарды саралау үстінде фантастика мен детективтің ара жігін ажырата қоймаған жағдайларын да ұшырастырғамыз. Дегенмен, ондай бірін екіншісі толықтыра алатын екі ағымды жеке-жеке бөліп тастаудан гөрі, ұқсастық тұстарын кдамыту тиімді сияқты. А.-Х. Мархабаевтың жазушылық тәжірибесі бұған дәлел бола алады. Оның әлгі айтқан екі сарынның басын біріктіруге талабы «Р-2» құмар Аралға» фантастикалық-детективтік кітабында анық байқалады.
Кеңес Одағы мұхиттың арғы жағындағы монстр-мемлекетке күш көрсетіп, идеологиялық қырқыстарда «қырық пышақ» боп жатқан кезеңде фантастика жанры бұл сарыннан аулақ қала алмағаны белгілі. Автордың бұл шығармасында екі державаның «ғылыми шаужайласуы» шпиондыққа ұласып кетеді. Америкадан кезекті бір оқымыстылардың бейбіт басқосуына белгілі профессор Қазақстанға шақырылады. Шал өзімен немересін ала келеді. Өз елінде дәрігерлер баланы, ыңғайы келіп тұрғанда, сондағы теңізге (Аралға) шомылдыру керек деген ақыл қосады.
Конференция аяқталысымен, қонақтың өтінішін орындап, тиісті адамдар теңізге түсіруге көмектеседі. Алайда оларды қауіпсіздік қызметіндегілер тұтқындайды. «Р-2» немересінің өзі емес, о жақтың мамандары, Робертке барлық биология құрылымына сай материалдар – жансыздық жасау бағдарламасын енгізіп, оған профессордың көзін жеткізеді... Тақырыптың мазмұнын байыптай түсетін ғылыми гипотезалар мен детектив жанрына тән шытырман оқиғалар фрагменттері шығарманың өн бойына жарасымды түрде сіңістірілген. Бұл – сол тұстағы фантастика жанрының елеулі жетістігі.
«Табаныңмен жер бассаң, көзіңмен Көкті шол!» - деген латынның даналық сөзі бар. Бұған «өз қолы өз аузына жеткен» ұлттың бәріде ұмтылған. Қазақ та әйгілі ертегісінде Тазша балаға жирен құлынын іздетіп, оны «Темірқазықтың арғы жағынан, Шолпан жұлдызының бергі жағынан» табады ғой. Қазіргі фантастикада мұндай ізденістердің жетімсіз екенін мойындау керек.
Қазіргі жанрдың жалпы оқиға алаңы – он сегіз мың ғаламның қиял жетердей қойын-қолтықтары. Мұндай мүмкіндікті талапкер-қиялгер бұдан жарты ғасырдай бұрын аңғарған. Тұңғыш «Күнге тағы дақ түсті» хикаятында Екі Мың Үшінші астронав бірде – Арктур шоғырындағы Арлингтонға, келесіде – Пегас шоғырындағы Альфа маңына, Үшіншіде – Ағласон жұлдызына сапар шегеді. «Фиеста, әлде Әбе апексі» туындысында уақиға хикаяланып отырған планета өкілдері Батыс Галактиканың Ісмер планетасындағы «Жайсаң Кітаптар Жарысына» қатысады. Бұлардың бәрінде де Қызғылт-Сары Күннің Үшінші планетасынан әр қилы пейілмен барғандар әйтеуір бір қасиеттерімен биік тұратыны баяндалатынын көреміз. Бұл ардан автордың өзі шыққан ұлтына, өзі тіршілік етіп жүрген еліне, планетасына, керек десеңіз – Күн жүйесіне «кір жолатқысы» келмейтінін аңғарсақ керек. Әлгі айтылған жұлдыз шоғырларына өз кейіпкерлерін жөнелткенде де, олардың іс-әрекеттерін өзіміздегі өмір салты, бекзаттық нормалармен виртуальды түрде салыстырып, параллель жүргізіп отыратынын аңғарамыз.
«Саршая қайта оралды» хикаятында автор керісінше бағыт ұстаған. Мұнда негізгі оқиға Жасыл Күннің Жетінші планетасында туып, сонда өрбиді. Қаз аталатын қатар өскен үш жасөспірім – Көккөз, Ұзынтұра және Мықыр – туған топырағында жеткілікті дәрежеде білім алғасын, өмірдегі орындарын, басқа жақтан іздейді. Араларындағы Мықыр пысықырақ болып шығады. Ол қалған екі досына білдірмей, «космос бизнесімен» айналысады. Ғарышкерлер дайындайтын жоғары дәрісханада оқи жүре, өз қолымен зымыран құрастырады. Сонымен Көгілдір жұлдыздың бір планетасына барады. Шығармада айтылғандай, «Сапалы тіршілік иелерін одан таба алмаса керек. Сосын денсаулығына, зымыранына зақым, зиян келтірмейтін ондағы жан-жануардан қолына іліккенін жүк бөлмесіне тиеп, артынып-тартынып, осында әкелген. Оларды, бір қызығы, Орталық биомұражай айқұшақ қауып, бас-көзіне қарамай, платина пұлын сылдыратып санап беріп, түгелдей сатып алған»1. Дәніккен Мықыр Галактиканың қуыс-қолтығын тынымсыз тіміскілеп, әлгі Биомұражайды едәуір толтырып қойған.
Соған қызыққан екі дос та «Ғарыш көліктерін үдеге беру орталығынан» «Тайбурыл» аталған кемені жалға алып, Сары-Қызғылт Күннің Үшінші планетасына жол тартады. Беймәлім нысаннан бұрын-соңды өздерінде ұшыраспаған био және жасанды экспонаттарды таңдап, қарық болады. Алайда, олардың арасында біреуі өте-мөте назар аударарлық еді. «Бұлар осы жаққа келгенше тіпті Мықырдың биомұражайының өзінен бірінен екіншісі жаранаға жұқпайтын қанша хайуандар көрді! Одан да басқа қыруар үлгілермен танысқан-тұғын. Бірақ мынандайды өмір-бақи ұшырастырған емес. Өздері білетіндерінің тіпті зымиян Мықырдың басқа планеталардан тапқандарының да денесінде не сабалақ жүн, не тұла бойы тып-тықыр боп келетін. Бұл мақұлық мүлде ондай емес. Денесі тек қана алуан түсті шүберектермен қапталған»2. Соны олжа қып өз мекендері – Жасыл Күннің Жетінші планетасына алып кетеді...
Ал, Сары-Қызғылт Күннің Үшінші планетасындағы «Қала ақшамы» газетінде: «Осыдан үш тәулік бұрын өз пәтерінен ертерек шығып кеткен Саршаяның қайта оралмағанын мәлімдейді», - деген іздеу салған.
Мұнда басты идея – аталмыш планетадағы «қатардағы маскүнем» Саршая – бөтен жұлдыз шоғырының планеталары үшін «Биомұражайға керемет көріністік» болғаны. Шығармаға оның өз сөзбайлауынан артық сарап қажет емес секілді...
Мерзімді баспасөзде «Арал Атлантидасы» деген тақырыппен жарияланған, кітаптық нұсқасы – «Бұйырмаған қолғабыс» деген атпен басылған хикаяты өзінің басты ғылыми-фантастикалық идеясын осымен-ақ ашып беріп тұрғандай. Мұндағы сюжеттік сарын мүлде жаңаша оқиғалармен өрбіген. Кіші Арлан шоғырының Альфа жұлдызындағы Төртінші (кейін белгілі болғандай – Дель-Фин) планетасынан дабыл-белгі келеді. Онда осыдан он үш мың алты жүз жыл бұрын Жердегі Ұлы Теңіздің ортасындағы даму сатысының ең жоғары баспалдағына шыққан қалаға қауіп төнгенін біліп соған қолғабыс беруге кемелерін жөнелткенін мәлімдеген. Алайда, белгісіз себептермен арал да, кеме де із-түзсіз жоғалған. Жазушы бұл жағдайды қазіргі Арал теңізі – бұрынғы Тұран ойпаты маңында болған деп меңзейді...
Аңыздың сиқырлы нысанына айналған құпия жерді әлем қиялгерлері не Атлант мұхитынан, Жер Орта, теңізі тағы да басқа түпкір-түкпірден іздестірген болады. Ал біздің қаламгеріміз жұртты Тұран ойпатына жұмсайды шынында қызық!
«Теңіздің дәмі – тамшысынан» деген мәтелге сілтеме жасап байқасақ, біз талдап отырған хикаялар бірлі-жарлы «тамшыдан» әлдеқайда асып түсетіні көрінеді. Соларды саралау барысында Абдул-Хамид Мархабаевтың көркем-шығармашылық тақырыптарының аймағы, Жер шары үш жүз алпыс градуспен өлшенетіндей қалыпқа салсақ, соның бірталай градустарын қамтиды дей алар едік. Оның биоқаһармандарымен қатар, киборг, робот, андроид... тағы да басқа кейіпкерлерін су мен жер асты, планета беті, Күн төңірегіндегі, күллі Галактикадағы аспан денелерінен ұшырата береміз. Бұл дегеніңіз – қазақ әдебиетіндегі тұтастай бір жанрдың «тынысын кеңейтетін», диапазонын молайтатын творчестволық ізденіс.
Осы тұста тарихтағы бір параллель ойға оралады. Осыдан екі жарым ғасырдан аса бұрын орыс поэзиясының жиырма алты жас авторының ұжымдық жинағы шығыпты. Оған кірген ақындар ортасында жиырма үшінші орынды А.С.Пушкин иеленіпті!.. Мен де пікірімнің бас жағында фантастика турасындағы үзінді келтірген мақаламда: «Бұл ретте А.Машановтың, М.Сәрсекеевтің, Т.Сұлтанбековтің, Ш.Әлімбаевтың, Ә.Мархабаевтың т.б. игі істері мақұлдауды керек етеді...», - дегенмін. Ол кезде қазақ жазба фантастикалық жанрының елең-алаңы деуге болар еді. Енді кемелденіп, «оңды-солын таныған» кезеңде соңғы фамилияны алға қарай жылжыту керек шығар деп ойлаймын. Бүгінгі таңдағы «қиял қоржынына» мол дүние салып жүрген автордың бірі – осы. Екіншіден, ол жанрдың қазіргі заманда діттеген тақырыбын дәл басып жазады. Оның шығармашылық бағдары бүгінгі шындықтан бастау алып жатады. Фантастикатанушылардың өздері «фантастикалық реализм» деп атап жүрген бағыттың қолдаушысы да осы жазушы.
Фантастикалық реализмнің алғашқы белгілерін Абдул-Хамид Мархабаевтың шығармашылығынан көреміз. Ол қиялгер-жазушылығы өз алдына, сонымен қос-қатар тұңғыш ғалым-фантастикатанытушы. «Қазақ фантастикасының қалыптасу жолдары мен даму тенденциялары», «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...», «Қазақ фантастикалық әдебиеті», «Қызықты қазақ қиялы», «Қазақ фантастикасының поэтикасы» монографияларының авторы.
Ұзын сөздің қысқа нұсқасына келгенде, өткен ғасырда қазақ фантастикасының «жатырынан» шыққан С.Ерубаевтың «тұңғышынан» бері жанр эволюциялық өзіндік даму қалпымен келе жатыр деуге әбден болады. Рас, жіті көз оқырманның талабына жетпей жатқан туындылар да ұшырасатыны даусыз, ертерек қалыптасқан басқа шет ел туындыларына жөнсіз еліктеушілік те бой көрсетіп қалатыны бар... Дегенмен, оларды қазақ фантастикасының «балалық ауруы» деу де артық емес... Алайда, жалпы алғанда, аталмыш саланың ұлы да, ұзақ та ғылыми-қияли формаларын күтуге біз де хақылымыз. Оған бүгінгі қолымызда бар дүниелер кепілдеме беретін секілді...
Библиографиялық көрсеткіш
1910
Романдар
1 Дулатұлы М. Бақытсыз Жамал. –
1912
Романдар
1 Жомартбаев Т. Қыз күрәйлик. – Семей: Жәрдем серіктігі баспасы, 1912. – 43 б.
1913
Романдар
1 Көбеев С. Қалың мал. – Қазан: Каримия, 1913.
1914
Романдар
1 М.К. Мұңлы Мариям. – Қазан, 1914
2 Торайғыров С. Қамар сұлу. – 1914
Мақалалар
1 Арысұлы Роман не нәрсе? (М.Дулатовтың романдары туралы) // Қазақ. – 1914. – 31 янв. №48.
Байтұрсынов А. Роман не нәрсе? (Роман деген сөздің мағынасы туралы) // Қазақ. – 1914. – 31 янв.
1915
Мақалалар
Бөкейханов Ә. Роман бәйгесі // Қазақ. – 1915. – 18 апр. №120.
1916
Романдар
1 Торайғыров С. Кім жазықты? – 1916
1925
Романдар
1 Құдайбердіұлы Ш. Қайғылы роман. – Семей: Жәрдем, 1925
1926
Романдар
1 Майлин Б. Шұғаның белгісі және басқа әңгімелері. – Москва: Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1926. – 76 б.
1927
Романдар
1 Сейфуллин С. Айша. – Қызыл-Орда: Қаз.Басп., 1927. – 433 б.
1928
Романдар
Орманбайұлы Ж. Жылқышылар. Роман. – Қызылорда: Қазақстан мемлекет баспасы, 1928. – 100 б.
Мақалалар
1Әуезов М. Қыйлы заман: 1916 жылғы Албан көтерілісінен // Тарихи повесть. – Қызыл-Орда. – 1928. – 46 б.
Төреқұлдың Нәзірі. «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бір-екі сөз // Еңбекші қазақ. – 1928. №296. – 24 декабрь.
1929
Мақалалар
1 Сейфоллаұлы С. «Тар жол, тайғақ кешу» туралы // Жаңа әдебиет. – 1929. – №7.– 71-78 б.
2 Тәжібайұлы Ә. «Тар жол, тайғақ кешу» және Нәзірдің сыны туралы // Еңбекші қазақ. – 1929. – 15 сентябрь.
1931
Романдар
1 Мұқанов С. Адасқандар. – Қызыл-Орда: Қаз.Басп., 1931. – 318 б.
1934
Романдар
1 Жұмалыұлы Қ. Қанды асу: Роман. – Семей: Қазақстан баспасы, 1934. – 98 б.
2 Көбеев С. Қалың мал: Роман. – Түзетіліп 2-ші басылуы. – Алматы: Қазкөркемәдеббас, 1934. – 107 б.
3 Майлин Б. Азамат Азаматыч. – Қызыл-Орда: Қаз.Басп., 1934. – 149 б.
1935
Романдар
1 Мұқанов С. Теміртас. 1-кітап. – Алматы: Казань, Қазмемкөркемәдеббас, 1935. – 544 б.
2 Сейфуллин С. Айша. – Алматы: Қазкөркемәдеббас, 1935. – 216 б.
3 Дәулетбаев М. Қызыл-жар: Роман. – Алматы: Қазкөркемәдеббас, 1935. – 206 б.
4 Жансүгіров І. Жолдастар: Роман. Кітап 1. – Алматы, 1935. –584 б.
Мақалалар
1 Алабин Н. Новый роман Беймбета Майлина (О романе «Дочь казаха» («Азамат Азаматыч») // Казахстанская правда. – 1935. – № 224. – 28 сентябрь.
2 Оқушы. «Қалың мал» // Социалды Қазақстан. – 1935. – №54. – 6 март.
3 О романе С.Муканова «Сын бая». Постановление президиума ССПК. // Литературный Казахстан. –1935. №5-6. – с.87-89.
4 Роман мәселесі. (Бас мақала) // Қазақ әдебиеті. –1935. – №34. – 24 декабрь.
5 Тевкели В. Повесть об обреченных (О романе «Сын бая» С. Муканова) // Литературная газета, 1935.(№57) – 15 октябрь; Литературный Казахстан. – 1935. – №5-6. – с. 82-85.
1936