
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
Реалистік романға барар жолда
ХХ ғасырдың басында туған қазақтың эпикалық прозасының үлгілері 20-жылдардың өзінде-ақ әрі қарай қаулай өсіп, жетіле түсті. Осы жылдары ел өмірінде орын алған саяси экономикалық өзгерістер, қоғамдық жүйенің алмасуы, халықтың ой-пікіріндегі сілкіністер көркем прозаның өрістеуіне белгілі дәрежеде ықпал еткені даусыз. Бұрын әдебиеті, негізінен, поэзия түрінде ауызша шығарылып тараған елде жазу мәдениетінің орнығуы әдебиеттің өзге де жанрларына, әсіресе, көркем эпикалық прозаға жол ашты. Тарихи оқиғалардың сапырылысып жедел дамуы, жаңалықтың молдығы, солардың әсерінен туған ел тіршілігіндегі өзгерістердің жанды суреттері өлең сөздің ауқымына сыймай, оны көркем бейнелерлік жанрға мол материал берді, қалам иелеріне қозғау салды. Алайда реалистік үлкен роман бірден туа қойған жоқ. Бірақ прозаның басқа жанрлары (әңгіме, повесть) арқылы романға баратын жол салынды. Сол жолдың басында Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», С.Сейфуллиннің «Айша», «Тар жол, тайғақ кешу», М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» сияқты шығармалары тұрды. Бұл туындылар өз заманының шындығын негізге ала отырып, қазақ ауылына келген қоғамдық өзгерістердің сыпатын, адам өмірі мен ой-санасындағы жаңалықтарды ашуға бет бұрудың айғағындай еді. Кейін «Кеңестік» деп аталған әдеби ұғым-түсініктер мен социалистік реализмнің орныға қоймаған кезіндегі ізденістер ол тұста сыншылдық реализмнің тәжірибесіне сүйене дамыды. Әрине, мұндай ізденістердің тақырыптық арнасы да, мазмұны мен формалық, стильдік жүйесі де біркелкі емес еді. Оларда төңкерістен бұрынғы әлеуметтік теңсіздікті бейнелеген шығармалар дәстүрін жалғастыру да, азаттық аңсаған адамдардың қажыр-қайратын әлеуметтік тартыстар легінде бейнелеуге ұмтылыс та танылатын. Қоғамдық орта шындығын кең суреттеуге талаппен қатар, бостандық жолындағы күрестің ауырлығын танытар психологизм, махаббатын қорғаған жастардың сезіміне орайластырылған лиризм де байқалды. Қаламгерлер осы шындықты дұрыс танып, адам тағдырын, ойдағы өзгерістерді эпикалық суреттер арқылы ашуға зор қадам жасады.
Осы шығармалар ішінде қазақтың эпикалық прозасының басында тұрған Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» атты лирикалық повесінің орны бөлек.
«Шұғаның белгісі» ең алғаш, 1915 жылы Уфада «Ғалия» медресесінде оқып жүрген шәкірт Бейімбеттің қолынан шығып, медресе оқушыларының «Садақ» атты қолжазба журналында басылған. 1922 жылы жазушы оны қайта өңдеп толықтырып, «Қызыл Қазақстан» журналында жариялаған. Қазір Бейімбет шығармалары кітаптарында басылып жүргені де осы соңғы нұсқа. Бұл басылымда жазушы оны «роман» деп атапты. Алайда ол көлемі жағынан да, суреттелетін оқиға тізбегі, адам тағдырының бейнеленуі тұрғысынан да «повесть» деп атауға лайық. Шығарманың роман емес, повестік белгілерін кезінде зерттеушілер (Т.Нұртазин, З.Қабдолов) дәл көрсеткен. Және олардың еңбектерінде повеске кең талдау берілген1.
Повесть тақырыбы алғашқы жазылу мерзімі жағынан ХХ ғасыр басында туған романдар дәстүріне тым жақын. «Қамар сұлу», «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал», «Қыз көрелік» сияқты шығармаларда қабаттаса көтерілген әйел теңсіздігі мәселесі – бұл повестің де негізгі тақырыбы. Бейімбет те, Сұлтанмахмұт, Міржақып, Ыспандияр, Тайыр сияқты әйелдердің теңсіздігін қорғауды сол кездегі әлеуметтік теңдік жолындағы күрестің негізгі бір мәселесі ретінде көтереді. Алайда Бейімбет Шұға мен Әбдірахман арасындағы махаббатты қоғамдық теңсіздік фонында дамытқанмен, таптық шиеленіске апармай, жастық сезімді суреттеу арқылы гуманистік, адамгершілдік арнасында дамытады. Сол себептен де повесть лирикалық туынды болып шыққан. Шығарманың трагедиямен аяқталуы да нанымды. Ғашық жігіт жер аударылып кетеді де, ғашық қыз қайғыдан қайтыс болады. Қызының қайғымен ауру болғанын көрген әке жұмсарып, Әбдірахманды қайтаруға көмектеседі, бірақ қызы оған сенбейді. Жазушы осының бәрін шиеленістірмей, жұмсақ, халықтық көзқарасқа негіздейді. Бұдан «Шұғаның белгісі» өз дәуірінің ең өзекті мәселелерінің бірі – әйел теңсіздігін жұмсартып шешкен, принципсіз шығарма деген ұғым тумайды. Шұға да, Әбдірахман да өз принципіне берік, махаббаты таза, терең сезімді жастар ретінде суреттеледі. Екеуі де оларды ажыратып жіберуге тырысқан әрекеттерге мойын ұсынбайды. Олар шын сүйіскен жастардың берік махаббатының үлгісін танытады.
Повесть бірінші жақтан жазылған. Әуелі жолдасын таныстырған лирикалық кейіпкер жолаушы серігі Қасымның әңгімесін тыңдайды. Бүкіл повесть оқиғасы соның аузынан айтылады. Салт атпен жолаушылап келе жатқан екі адамның бірі – Қасым жолдасына алдындағы кезеңнің «Шұғаның белгісі» деп аталатынын әңгімелеп, оның аталу себебі жайлы сөз қозғайды. Шығарма кейіпкерлері өмірінің кезеңдері, адамдар әрекеті, оларға берілетін мінездеме, диалог, психологиялық сурет – бәрі де Қасым әңгімесі арқылы беріледі. Өзі әңгімелеп отырған оқиғаға Қасымның көзқарасы да жазушы позициясына жақын. Осындай қарапайым адамның әңгімесі түрінде жазылған шығарма шынайы көркем, адам сезімін түсіне білудің, сыршылдықтың үлгісіндей болып, халықтық гуманистік ұғымның арнасында бейне табады. Өз ортасының шындығын мойындап өскенмен, Қасым ескі ауыл салтының көп жақтарын құптамайды. Әлеуметтік теңсіздік себептеріне, жастар махаббатына жасалған зорлыққа сын көзімен қарайды. Оның зардабын өзі де шеккен адам. Оның Зәйкүлге деген ынтықтығында Әбдірахманға ұқсастық бар. Сондықтан ол Шұға трагедиясын жанымен түсінеді. Әбдірахманды күйдірген Есімбектер оны да қуғынға салады.
Шығарманың леитмотиві – Шұға, оның сұлулығы, ақылдылығы, мінезділігі, аянышты өлімі. Соларды дәлелдей айтып, Қасым екі сөздің бірінде: «Әй, Шұға десе, Шұға еді-ау!» деп тамсана береді. Содан барып жүйелі әңгімешілдікке құрылған повесть жан тербер лирикалық туындыға айналған. Бұған жазушының стилі де әсер еткен. Одан Бейімбеттің әдеби көркемдікті сезінуі мен талғамы айқын көрінеді. Жазушыға тән аз сөзге көп мағына сыйғызушылық, мөлшерден аспайтын әдептілік сезіледі. Ол Қасым әңгімесін тым әсерлеп, шамадан тыс боямаламай, қарапайым адамның жұпыны, бірақ тапқыр да дәл халықтық тілімен береді. Әңгімешілдік суреткерлік пен психологиялық көріністерге ұласып, араласып, шығарманың лирикалық сыпатын көтерген. Қасым өз замандастарын, өткен жастық шағын, орындалмай кеткен арманын еске алады, күрсінеді. Мұның бәрі Бейімбет суреткерлігінің негізі қарапайым халықтық ұғым-түсінікпен үйлесімде жатқанын байқатады.
«Шұғаның белгісінің» эпикалық сыпаты онда ескі қазақ аулы өмірінің суреттерінен, табиғат көріністерінен, кейіпкерлерді мінездеу мен әрекет-тіршіліктің, адам сезім күйінің нақты бейнеленуінен танылады. Шығарма: «Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр бұлттар көркем керуен сықылды тіркесіп, оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырай нұрын шаша бастады. Әйткенмен, солдан соққан салқын жел өзінің өткірлігімен жұқа киімнен ызғарын өткізіп тоңдырып, сентябрь айының жеткендігін жолаушыға еріксіз ойлатар еді»1 деген суреттермен басталады.
Осы бір әсем пейзаж қазақ даласының күзгі суретін елестетеді. Күздің сұр бұлтының көшкен керуендей оңтүстікке қарай жылысқаны, осының бәрі уақыттың сәскеге жақындап, түнгі салқынның жылынуына себеп болғаны – барлығы да эпикалық сурет күйінде көрінеді. Жай айтыла салмайды, жанды қимылмен көз алдыңнан өтеді.
Осы бір эпикалық суреттеу әдісін Бейімбет әрі қарай дамытып, кейіпкерлердің портретін беруге де, мінездеуге де, олардың психологиялық жай-күйін танытуға да пайдаланады. «Менің астымда жортақылау тапал торы ат, жүргіштеу, – деп таныстырады өзін бірінші жақтан сөйлейтін лирикалық кейіпкер. – Ер-тоқымым ескілеу, байлардың малға мінетін ер-тоқымы. Үстімде қонған үйімнен сұрап киген шидем күпі. Қолтығымдағы жыртығынан жел өтіп, мазамды алыңқырап келеді. Жолдасым отыз-қырықтардың шамасындағы жер ортасы адам; сиректеу сақал-мұрты бар; қара бұжыр, күлімсіреп дөңгеленіп тұрған қара көзді, пішініне қарағанда, бір түрлі сөйлемпаз адам секілді. Астында қойшылар мінген қара кербесті үсті-үстіне ұрып отырмаса, кейін қалып қала береді»1.
Тек лирикалық кейіпкер ғана емес, оның жолдасы Қасымның да портреті, оған қабаттаса берілген олар мінген ат, оның жабдығы, тіршіліктің сұрқай суреті – бәрі осы бір үзіндіге сыйып кеткен. Осыған жалғас берілетін тіршілік нышандары, дала, көшкен елдің жұрты, өлімтікке жиналған қара құс, қарғалардың «тойы» – бәрі де жазушы шеберлігімен шығармаға эпикалық кеңдік береді. Мұны Есімбек, Шұға, Әбдірахман, Күлзипа, Айнабай, Зәйкүл туралы әңгімелер де толықтырады.
«Сол төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды,- дейді әңгіме бастаған Қасым. – Шұға десе Шұға, Шұға, ой шіркіннің өзі де келбетті еді-ақ... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін! Бұл күнде ондай қыз қайда? Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтынын да білмейсің, ешкіге ұқсап шошаңдап бір соқтығып жүргені. Заман бұзылды ғой... иә»2.
Шұға жөніндегі әңгімесін осылай бастаған Қасым онымен алғашқы кездескенін еске ала отырып, «Көрісіп амандасқаннан көзімді ала алмадым. Апырым-ай, адамзатта ондай сұлу болады екен-ау! Аққудың көгілдірігіндей осы аппақ. Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі бөрік, өзі сұлу адамды мүлде одан да жаман жандырып, құбылдырып тұрды»3, - дейді.
Эпика, эпос көркем әдебиетте оқиғаны баяндап жеткізуге негізделген, шындықты суреттеу арқылы танытатын шығарма түрі. Оның сыпатын көлемінің аз-көптігі шешпейді. «Шұғаның белгісі» – осы жағынан шағын көлемді жазылғанмен, өмір суреттерін бейнелеу, жеткізу, көз алдыңа елестету тұрғысынан нағыз эпостың үлгісін сақтайды.
Қасымның Әбдірахман жөнінде баяндау әңгімесінің өзінде де осындай белгілер мол. «Әбдірахман мектепті бітіргенде дабысы жер жарды. Өте зерек болған ғой, учительдері де мақтаса керек. Дуандағы нәшәндік тілмаш бол деп өтінген екен, болмай елге келді. Нақ сол кезде болыстың песірі өліп, песірсіз тұр еді. Әбдірахманға песір бол деп жабысты, оған да болмады. Жамантік болысындағы бір байдың школына барып бала оқытты. Содан бері қыс сонда бала оқытып, жазда елде болады. Сол жылы июньнің бас кезінде келіп еді. Содан бері Әбдірахманды көргенім. Маған «Көріспейсің бе?–деп қалжыңдады. Әзілдесіп үйге кірдік. Төр алдында Қажыбай әңгімені көсілтіп отыр екен, бізді көрген соң жым болды. Үй ішімен Әбдірахман тегіс амандасты. Есімбек бай онша жақсы көрмеген адамның қалыбын істеді»1.
Аз сөзді Бейімбет көпсітіп ұзақ баяндауға бармай, айтарын қысқа қайырады. Есімбектің Әбдірахманды жақсы көрмеуінің себебін кейін айтқан оның «Еліңді қыстан шығардың ба, бала» деп қағытуынан аңғарамыз. Оның ар жағында олардың арасында түсініспеушіліктер жатқанын көресің. Ол түсініспеушілік екі жақтың таптық мүдделеріне байланысты. Осының арты Шұғаны Әбдірахманнан алыстату, Әбдірахманды жаламен ұстату оқиғаларына ұласады.
Жазушы Шұға мен Әбдірахманның кездесулерін де тәптіштеп жатпай, олардың бірін-бірі сүйетінін, ғашықтығын қарапайым сездіреді. Шұғаның Әбдірахманды көрген тұсын автор былай суреттейді.
«– Мынау аттан түсіп жатқан кім?-деді Шұға.
Артыма жалт қарасам, екі жігіт түсіп, аттарын байлап жатыр екен. Біреуі орысшалау киінген.
Тани кеттім.
– Әбдірахман ғой, – дедім.
– Әбдірахманың кім?
– Қазақбайдың баласы.
– Иә, әлгі үшитель баласы ма?
– Ия.
Жап-жас жігіт екен ғой, - деп, бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті.
Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың сықырлауығынан Шұғаның бізге сығалап қарап тұрғандығы білінді»2.
Осы бір көрудің өзі-ақ Шұға жүрегіне от түсіргенін кейінгі оқиғалардан көреміз. Оны өлердегі хатында қыздың өзі айтады. «Әуре боп неге біткен ажар-көрік, ішіме от түсірдің, қалқам, көріп» дейді. Жазысқан хаттар қыз бен жігіт сезіміне қозғаушы болып, ғашықтықты өршіте түседі. Екеуінің айрылысар сәті де қысқа, ойлы, ұстамды суреттелген.
«Делбені жиыңқырап ұстап, айдай бергенімде, ауылдың сырт жағындағы құдықтан келе жатқан екі әйел көрінді. Біреуі – Шұға. Апырым-ай, жаман қуандым. Көзімнен жас шығып кетті. Қатарласып келгенімізде, бізді танып, екеуі де сұстиып тұра қалды. Зәйкүлдің иығында шелек. Шұға жанында бос еріп келе жатыр екен. Әбдірахман арбадан қарғып түсіп жүгірді. Құшақтар, сүйер деп едім, өйтпеді, жұрттың бәрі самсап қарап тұрған соң ибалық қылды білем,.. бекер ұялды, құшақтау керек еді, сүю керек еді...
– Апырым-ай, қайда барасыңдар? - деді Шұға.
– Болысқа айдап барады, - деді Әбдірахман.
Шұғаның көзінен жас мөлдіреп қоя берді.
... Біз атты айдай бергенде қарлыққан дауыспен:
– Қош, қалқам, қалқам! - деді Шұға.
Кемсеңдеп жылап отыра кетті»1.
Осыдан кейін екеуіне көрісуді тағдыр жазбайды. Шұға қайғыдан аурулы болады. Бақсы-балгерлердің емі қонбай, сандырақтап Әбдірахманның атын жиі айтады. Қызының ауруынан қорыққан Есімбек Әбдірахманды босатып алуға тырысады. Шұғаны осы кезде көрген Қасым:
« Мен Шұғаға жақындадым.
– Жайың қалай, тәуірмісің? – дедім.
– Тәуір емеспін,-деді. Көзіме көзі түсіп кетіп, қамыққандай болды... – Тәуір емеспін... Тәуір болуды тілемеймін де. Сәлем, сәлем айт! – деді. Жылап қоя берді. Жастығының астына тығулы орамалмен көзін сүртті.
– Тірі келсе, көресің ғой, бірақ мен...
Тығылған жасқа булығып сөзін айта алмады.
– Құдай жазған болса, бәріміз де көрерміз. Ажарыңыз тәуір ғой, жазыларсыз, - дедім.
– Жазылып керегі не? Бәрі бір мен бақытты бола алмаймын. Әкем аяса менің дертім жаныма батқан соң аяп отыр. Ертең сауықсам, қайта күйсеуден тайынбайды. Өлем деп арман қылмаймын, жалғыз-ақ арманым бар. Түнеугі көргенде Әбдірахман бір ауыз сөз айта білмеді. Бір көріп сөйлесіп, жаным шығарда «Шұғам» деп бетіме бетін тигізсе бар арманым бітіп, дүниеден армансыз өтер ем... Әй, ол жоқ қой, –деді»2.
Ғашықтық тағдыр осылай аяқталады. Әбдірахманға арнап қалдырған хатында Шұға:
Жаныңа құрбан қып ем жан мен тәнді,
Дариға, айтылған серт болмай қалды.
Көре алмай ақтық минут дидарыңды
Арманда жан тапсырған мен бір зарлы.
Хаты деп ақтық жазған ғашық жардың,
Есіңе ал, дұғаңа мен ынтызармын.
Қош, сау бол, ойнап-күліп жолығармыз,
Астында ақ туының пайғамбардың,
-деп жазыпты. Жиі көрісіп, сыр айтысып үлгермесе де, мұнда мәрт сезім мен соған беріктіктің құрбаны болған жанның адал сыры жатыр. Эпикалық туындының бүкіл лирикалық жүйесін ұстап тұрған осы сезім байлығы мен әдеп, қарапайымдылық. Ондағы адам бейнелері Шұға мен Әбдірахман арасындағы махаббат тарихын ашуға көмектеседі. Бірі қарлығаштың қанатымен су сепкен сияқты жанашырлық тілекте болса, бірі оларды айыруға тырысады.
Әбдірахманның кедейлігі, оның Есімбек сияқтылардың елді алдап жеп жүргенін айтуы, қыз әкесінің жігітті ауылына келтірмеудің жолын іздеуі – повестің әлеуметтік сыпатын аңғартып, екі ғашықтың тағдырын шешуші себеп болғанын байқаймыз. Жазушы осы тартысты тереңдетіп күреске айналдырмай, сыпайы сездіріп, шиеленісті қыз бен жігітті айырумен шешеді. Бұл да эпикалық шығармаға тән оқиғалар жігінің көрінісі. Шығарманың бірінші жақтан, автордың сөзімен басталып, кейін түгелдей Қасымның әңгімесі арқылы өрістеуі де оның эпикалық қасиетін ашады.
Сөйтіп, «Шұғаның белгісі» Бейімбеттің алғашқы прозалық туындысы бола тұрып, оның үлкен суреткерлік қаламының эпикалық қуатын танытқан шығармасы ретінде әдебиет тарихына кірді. Оның өзінен кейінгі қазақ прозасының эпикалық үлгісінің дамуына ықпалы күшті болды.
ХХ ғасырдың 20-жылдары «Шұғаның белгісімен» қатар туған Сәкеннің «Айшасы» да әдебиет тарихында осындай роль атқарады. Бұл шығарма да тақырыбы жағынан «Шұғаның белгісіне» және одан бұрынырақ жазылған қазақ қыздарының тағдыры жайлы алғашқы романдармен үндес. Мұнда Сәкен Кәдірдің Айша деген қызын әйелі өлген, өзі мосқал тартқан Шәкір деген адамға тоқалдыққа беруі жайын жазады. Айша бұған риза еместігін сездіреді, бірақ қатал әке көнбейді. Оның үстіне әңгіменің аржағында Шәкірді қолдап отырған Бименде сияқты жуан бар. Бір жағы одан Кәдір қаймықса, екінші жағынан қалың малға, Бименденің байлығына тәуелді.
Сәкен повесі – тақырыптық жағынан жоғарғы туындыларға ұқсас болғанмен, оқиғаның шешілуі жағынан тіпті жаңа шығарма. Жазушы мұнда шығарманың бас кейіпкері Айшаны өз басының бостандығын өзі қорғаған қажырлы, қайсар етіп суреттеп, оны қалыңмалға сатқан ата-анасына, кәрі күйеу Шәкірге қарсы қояды. Ол ұзатылып бара жатқан жол үстінде қашып кетіп, Нілді заводы жұмысшыларының ортасынан пана табады.
Шәкірге тоқалдыққа бармай, өз тағдыры үшін өзі күресу туралы Айша шешімі сол дәуір шындығынан тыс ерлік емес. Қыздардың ата-ана еркіне көнбей, сүйгеніне қосылуға ұмтылуы ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылында жиі кездескені жоғарыда аталған шығармалардан белгілі. Оған революциялар дәуірінің, таянып келе жатқан бостандық үнінің әсері болғаны да даусыз. Дәл революцияның алдындағы жылдың – 1916 жылдың оқиғасын суреттеп отырған Сәкен үшін де ол тіпті жақын идея. Осы әсер Қантбаланың тоқалдық өмірге көндікпей қашып, қатты жаңбырда азап көруіне, бай баласының таяғына шыдамай Қошқарбай келінінің боранды далада үсіп өлуіне әкеп соққанын ауыл сыртындағы үш шошақ молаға көзі түскен Айшаның еске алуы тегін де емес. Тағдырлары ұқсас осы әйелдердің азапқа көнбей бостандыққа ұмтылуы Айша ойына да ой қосқандай. Осы ойға бекінген Айша Садырбекті жұмсап, әке-шешесімен ақтық рет тілге келеді: «Мен Боранбай баласына баруға ақыретте де ырза емеспін. Маған оның байлығының керегі жоқ. Қатыны өлген, үйінде жетім балалары жылаған, күшіген сияқты үңірейген, сақалы күректей қара шұбарға мен қатын бола алмаймын. Егерде мұндай адамға мені малға сататын болса, мен тәңір алдында көз жасымды кешпеймін. Және өле-өлгенше менің әке-шешем, туған-туысқаным жоқ деп білем. ... Міне, тәңірге аян болсын, батқан күнмен бірге батайын, тәңір алдында қолым жағаларында болады. Онан соң өле өлгенше, ешқайсының бетін көрмеймін»1.
Сөзі өтпеген Айша бұдан кейін «аттанар алдында ауыл адамдарына амандасып, үлкендерінің батасын алсын» деген сөзге де илікпейді. Адуын шешеге: «Басымды кесіп алсаңдар да, мен енді ешкімдікіне көрісуге бармаймын. Мен кімнің үйінен дәм татам? Кімнен бата алам? Не деп бата алам? Қатыны өліп, ел көктеп келген біреудің артынан жылатып, еңіретіп, итше ертіп жібергендеріңе ризамын деп, дәм татып, баталарын аламын ба? Бір келген кісінің артынан мені бұралқы итше ертіп жіберіп отырған елді мен елім деп елжірей алмаймын»2, - деп, ауыр-ауыр сөздер айтады.
Бұл – Айшадан бұрынғы қыздардың ешқайсысы ата-анасына айтпаған сөз, көрсетпеген мінез. Оған дейінгі қыздар тағдырына наразы бола жүріп, туыстарынан безуге барған жоқ. Таянып келе жатқан бостандық лебі, күрес рухы феодалдық салттың қатал тәртібінен түңілген қазақ қызын қажап, жігерлендіріп, Айшаға осы сөзді айттырып отырғанын түсінуге болады.
Айша күрескерлігінің де замандас қыздардан тағы бір айырмашылығы бар. Ғайшаның да, Қамардың да, Шұғаның да, Жамалдың да бостандық үшін күресіне сүйген жарлары Қожаш, Ахмет, Әбдірахман, Ғали қатысады. Бұл жағынан Айша жалғыз. Оның тілектестері, оны босатуға көмектесушілер – жұмыскер туыстары, олардың ортасы.
Көшпелі қазақ аулының орта тұсынан кеп, ескішілдік жайбарақаттықты баса-көктей орналасқан өндіріс ошағы, бұл повесте суреттелетін Нілді зауыты, шынында да даладағы жаңа ұжым – жұмысшылар ұйымы еді. Олардың өз тәртібі, ұғымы, заңы бар. Қазақ аулының заңдары оған жүрмейді. Зауыт гудогының үнімен келіп кірген Айшаға жұмысшылардың пана болатыны, ешкімге бермейтіні шығарманың жаңаша идеялық түйінін аңғартады. Түнде адасып, далада қасқырлар қамаған Айшаны таң ата зауыт гудогы үні арашалауын жазушы «Зауытқа тығылған, зауытқа паналаған жанға даланың қасқырлары да бата алмайтын сияқты болып көрінді» деп түйеді. Жаңа орта, жұмысшылар ортасы кезінде қырдың көшпелі тәртібінен зәбір тартқандардың талайын-ақ панасына алғаны тарихтан белгілі. Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романының кейіпкерлері Сеит пен Назыкештің қашып барып Қарағанды жұмысшыларын паналауы да осы шындықтың бір көрінісі болатын.
Повесть революция алдындағы қазақ аулы өмірінің шындығын ондағы адамдар тағдырымен байланыста алып, эпикалық үлгіде кең суреттейді. Байлығы жоқ, орта шаруа, ескішіл салт-дәстүрдің құлы Кәдір мен оның балалары, қатыны өліп, оның қызын айттыра келген бай Шәкір, оның жаңа байыған сәудегер жездесі Бименде, Айша маңындағы қыз-келіншектер, ауыл жастары – барлығы да повесте өзіндік бейнелерімен танылған. Кәдір балаларының өзі әр қилы. Сонбай, Жаналы, Айдар сияқтылары – әкесінің маңын паналап, өзі бастан кешкен өмірдің құлы боп отырғандары Айшаның наразылығына ой жүгірте алмайды. Олар Айшаның тік мінезінен сескеніп, «қашып кетеді» деп аңдуда жүреді. Айша қайғысын түсінерлік Кәдір балаларының ішінде екі-ақ адам бар. Бірі – Сапарғали, Нілді зауытында жұмыс істейтін жұмысшы баласы. Бірақ ол Айшаның ұзату тойында болмай, Айша қашып келгенде бір-ақ біледі. Екіншісі – Әділ, Кәдірдің Шүленбай байда жылқышы боп жүрген баласы. Ол Айша ұзатылайын деп жатқанын естіп, аулына келіп, әке-шешесімен ренжісіп кетіп, қарындасын құтқаруға көмектеседі. Бименде аулына қонған күні қашып шыққан Айшаны күтіп алып, қуғыншылармен соғыс ашқан осы Әділ мен оның Әлкей деген жолдасы еді.
Сәкен Айша тағдырын бүкіл қазақ халқы ортақ әлеуметтік теңсіздіктің бір маңызды бөлшегі ретінде бейнелеп, қыз ұзату тойын қыз-келіншектердің, оларға тілектес жастардың арман-мұңына айналдырады. Олардың әні де қайғылы қыз тағдырына арналады:
Неге өсті екен сорлы қыз жылауменен,
Тал шыбықтай тал белін қынауменен.
Анасынан онан да тумасайшы,
Өксігенше өмірі жылауменен1.
...Уылжыған ақша бет қуарсайшы,
Жылай-жылай мөлдір көз суалсайшы.
Мал орнына қор болып кеткеніңше,
Өліп қана сорлы қыз уансайшы2!
Осы өлеңдерді қыздар аузынан айтқыза отырып, жазушы оны тыңдаған елдің алған әсеріне назар аударады. Қиналып келіп тұрған қатын-қалаштардың көзіне жас алғанын, қыз-жігіттердің жылағанын, от басындағы Ұрқияның көз жасын ақырын сүрткенін, әнші қыздар Бибажар мен Мүслиманың көздеріне жас іркілгенін, теріс қарап бүктүсіп жатқан Айшаның көзінен моншақ-моншақ жас аққанын суреттейді.
Осындай үнсіз тыныштықта, өлең тыңдап ұйлығып, мұңайып тұрғандардың ішіне бір тықыр мұрттылау, жалпақ бет қара жігіт келіп кіреді. Ол Айшаның бай есігіндегі жалшы ағасы Әбіл еді. Әбіл мен Айшаның кездесуін жазушы былайша суреттейді:
«От басындағы Ұрқия жасын сүртіп, жалпақ бет қара жігітке қарап:
Қара ұл-ау, жоғары шықсайшы! Қашан келдің?- деді даусы қалтырап жылап.
Жалпақ бет қара жігіт жылап қоя берді. Қара жігіттің балаша өксіп жылағанын көріп, үйдегі жұрттың бәрі де енді егіліп, көз жастарын төгіп-төгіп жіберді.
... Әбілдің дауысын танып, Айша да басын көтеріп, еңіреп қоя берді.
«Қу мал! Қу мал!» деп еңіреген сияқты болды екеуі де»1.
Осы бір соңғы сөйлемде Айша мен Әбілді жылатқан, оларды теңсіздікке мәжбүр еткен әлеуметтік әділетсіздіктің себебі меңзеледі. Қазақ қыздарының тағдырын ойыншық еткен, сол кездегі демократ жазушылардың көбінің ызасын тудырған мал – қалың мал болып көрінген байлық – сол әділетсіздіктің символы тәріздес. Қалың малға сатылған Айшаны жылатқан да, Әбілді өз үйінде емес, кісі есігінде малшы еткен мал – көріскен екеуінің ортақ мұңы сияқты еді.
Әбіл «бір ағайынның баласы болып, қысы-жазы салпақтап, соның жылқысын бағады. Қыстың қызыл шұнақ аяздарында, үскірік дүлей борандарында бет-аузын үсіртіп, қара қожалақ болып, шыжыған шілденің ыстықтарында қап-қара болып, күнге күйіп жүргені. Оны бала қылдым деген бай ағайынның өзінен туған балалары елдің ардақтысы, еркесі сияқты жүреді. Өзінен туған балалары тек аппақ тұлыптай болып, сырлы, ақ үйлерде, қызыл кілем, барқыт көрпелердің үстінде, бес тиындық еңбек қылмай, қазы-қарта, бағлан еттерін шайнап, сапырулы сары қымызды күні-түні ішіп, ерігіп ойына келгендерін істейді.
Ал, бұл жалпақ бет, жалпақ жаурынды қара жігіт дамыл көрмей, қысы-жазы солардың жылқысын бағады. ...Олардан мұның несі кем еді? Бәрінің арғы атасы бір емес пе еді? Бұл – қу малдың қорлығы емес пе? Қу малдың зары өтпесе, Айша сияқты көлдегі аққу құстың балапанындай, мөлдіреген сұлуды қатыны күйек сақал, қара шұбар сұмға еріксіз қосып берер ме еді?
Міне, екі туысқанның өксіп-өксіп жылағаны осы еді. «Қу мал! Қу кедейлік! Қу тапшылық!» деген сияқты зар еді» 2, - деп жазады Сәкен.
Шығармада оқиғаны өзара байланыстыратын, адам тағдыры сырын ашарлық баяндаулар мен дала табиғатын танытарлық, кейіпкердің ой-сезімдерін бейнелерлік, іс-әрекет, қозғалысты көзге елестетерлік эпикалық сурет кеңдігі молынан берілген. Айша бейнесін басына түскен қайғы мен азап арқылы ашу үшін психологиялық суреттер жасалады. Негізінен бір оқиғаның жобасымен дамыған композиция оның повеске тән ерекшелігін анықтағанмен, суреттеу құралдарында эпикалық қарымның молдығы танылады.
«Шілденің ақырғы күндері – августың бас кезі. Қалың жаңбыр жауып ашылған. Күн Қарағанды бұйратына еңкейген. Аспандағы быт-шыт болып ыдыраған бұлттар қиырсыз теңіз жойқынында жазғытұрым бытыраған сеңдер сияқты қалғысады. Қалқыған, жайқалған ақ ала бұлттардың ар жағындағы аспанның зеңгір көгі теңіз жойқынның ұшы-қиырсыз суының көк зеңгір түсі сияқты»3, -деп келетін дала табиғатының бейнелі суреті, шабдар атты мен оған қосылған ақ тазының қатар атқан оқша жарысып ұшуы, ауыл сыртына шыққан қыз-келіншектер тобы жазушы суреткерлігін бірден-ақ байқатады. Ауылдың құдаларды күтуі, ойын-сауық кеші, әзіл-қалжың, әдет-ғұрып салты – бәрі де сол ортаның шындығын шынайы ашуға құрылады.
Айшаның қашып шығуы, қуғын, Әділ мен Әлкейдің қуғыншылармен ұрысы, Айшаның жалғыз кетіп, неше қилы сезім сәттерін басынан кешуі, қараңғы түнде оны қасқыр қамауы қазақтың ерлікке бел буған қызының қайралып, шыңдалуы үшін де қажет болса, екінші жағынан, реалистік суреттерімен повеске көрік беріп тұр. Осындай азап ортасынан босатып, таң ата сарнап қоя берген зауыт гудогы азаттықтың жаршысындай елестейді. Мұның барлығы да повестің эпикалық сыпатын тереңдете түседі.
«Қараңғы меңіреу түнде адасып, қасқырлар қамалап, састырып, күшығыс-күнбатыстың қай жақ екенінен жаңылып, басы айналған Айша бұлттары ыдыраған аспандағы жылтылдаған жұлдыздарды, имиіп, сызылып туған айды, айдың астындағы бозарған таңның жұқаланған ұшығын көріп қуанды. Бойына күш қосылғандай болып, Айша енді күншығыстың қай жақ, күнбатыстың қай жақ екенін көрді. Шабдар ат та енді денесін бекітіп алды.
Қара түн жұқа, әдемі, ақшыл мұнарға айналды. Бозарып көріне бастаған айналаға қарап, Айша енді өзінің тұрған жерін білуге, айналаны топшылауға тырысты. Денесіне екі есе күш қосылғандай болып, қолындағы ұзын қадасымен сарт-сұрт еткізіп, қораны салып-салып қалды.
Қасқырлар енді тым таянбай, сәл шегіне берді»1.
«Айша» повесі – нағыз реалистік романға жол ашқан алғашқы эпикалық туындылардың бірі екені осыдан-ақ байқалады.
Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі 1927 жылы жазылып, «Жаңа мектеп» журналында басылған. 1936 жылы осы аттас жинағына кірген. Кейін жазушы ертерек жазған шығармаларын қайта өңдегенде, бұл шығармасын да толықтырып, жөндеген. Ол нұсқа 1960 жылы «Қараш-Қараш» деген кітабына қосылған.
Повестің негізгі оқиғасы өмірде болған жайлардан алынған. Ол белгілі қазақтың қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рұсқұловтың әкесі Рысқұл Жылқыайдаровтың басынан өткен. Кедей Рысқұл күн көріс қамын жеңілдету үшін ара-тұра бай адамдардың малын ұрлап сойып жүреді. Мұның артынан ұры деген сөз еріп, мал жоғалса, иелері Рысқұлды іздеп келетін болады. Кейде жаңа сойылған малдың етін тауып алып, артынан мал өндіру сияқты дау-шар көбейеді. Ауыл байларының осындай зорлығына ұшыраған Рысқұл өзіне сүйеу болатын, арқасын тірейтін бір беделді адам іздейді де, Талғар болысы Саймасайға жолығады. Ол маңында ұстап, әуелде оны-мұны шаруаларына жұмсайды да, кейін алыс жерлерден мал алдыруға, қарсыластарының малын барымталауға пайдаланады. Осыдан ел арасы дау-шарға толып, сайлау қарсаңында татуласу, түсінісу процесі жүреді. Осы жолда татулыққа қол жеткізген ел билігіндегі адамдар мен билер өзара тіл табысып, ұры ретінде Рысқұлды ұстап береді. Рысқұл қашып кетіп, Талғар асуында Саймасай болысты атып өлтіреді, өзі жер аударылады.
Жазушы осы оқиға негізінде қазақтың қажырлы, ер мінез, батыр азаматы Бақтығұлдың (Рысқұлдың) қоғамнан өз орнын, күн көрісін, еңбектену хұқын іздену жолындағы күресін, мойнына түскен бұғалықтан босауға ұмтылған бұлқынысын азаттық, әділдік іздеудің нышаны ете суреттейді. Әуелде ұрлықты күн көріс ретінде пайдаланған ол Жарасбайға (Саймасайға) еркін, адал қызмет етуді қалайды. Бірақ Жарасбай Бақтығұлды барымта, ұрлық жолына қайта салады. Ақыры ол Жарасбайға байланып қалғанын, одан құтылудың жолы сотталу, жер ауу екенін ойша түсінеді. Жастығын ала кету үшін Жарасбайды өлтіреді. Оның әрекетіне әділетсіздікке қарсы күрескен қайсар, намысқой, жігерлі жігіттің өмір құрығынан босанғысы келген бұлқыныстары бейнеленген. Түрмедегі Бақтығұлдың баласы Сейітті қасына алып, оның орысша оқуына зер салуынан, білім жолына бағыттауынан заманның беталысын аңғарған адамның ойлы ісі танылады.
Повесть кейінгі жөндеулерінде біраз өзгерістерге ұшыраған. Ең алдымен 20-жылдары жазушы өзіне тағылған айыптан босау үшін шығарманың таптық сыпатын айқындай түскен. Әуелгі нұсқада Бақтығұл таза ұры боп көрінсе, кейінгі нұсқасында автор оны таптық кегін қуушы етіп бейнелейді. Ол үшін повеске Тектіғұл деген інісін қосып, Бақтығұлды бай малын бағып жүріп, соның соққысынан өлген інісінің кегін, намысын қуушы етіп көрсетеді. Тектіғұлдың өлердегі сөзінде, Бақтығұлдың кейінгі іс-қимылдарында «Кегім» деген сөз көбірек ұшырайды. Бақтығұлдың ұрлығы мен жортуылы байлардан осы кекті қайтару үшін жұмсалады. Алайда, сыры әшкере болған Бақтығұл кек алу жолы бұл емес екендігін біліп, Жарасбайдан сүйеу іздейді. Жарасбай маңында егін егіп, мал жинап, біраз іс тындырады. Бірақ, кешікпей Жарасбай оны ескі кәсібіне қайта жұмсайды.
«– Батыр-батыр-ау, бірақ, болыс, мені осы жолға жұмсамасаң қайтеді? Осы кез ұры еместі ұры ғып құтыртып талай саққа, ағаш атқа мінгізіп жатқан пәлелі кез ғой. Көргеніміз аз емес еді ғой. Сақтансам ба деп едім. Менің Сәт, Сәлмендермен ұстасар шамам бар ма?»1, - деп тартынады одан Бақтығұл.
Бірақ болыс оған ырық бермейді.
Оқиға тізбегін негізгі кейіпкердің іс-әрекеті маңына жинақтап, жазушы оны бейнелеуде эпикаға тән баяндау мен суреттеуді кең пайдаланады. Бақтығұлдың жылқы алуы, өрісті торуы, жылқышылармен айқасы, ұрлық малды алып кетіп союы, тау арасындағы ұры үйі мен оның айналасының осы кәсіпке ыңғайлы күйі – бәрі де эпикалық сурет арқылы ашылады. Ел билеу жүйесінің әділетсіздігі, адамды құшағына алып бұза бастаған пиғылдар жарқын суреттеледі. Осылардың бәрі Қараш-Қараштың табиғат көріністерімен қосылып, оқырман алдына үлкен көркемдік әлемді жайып тастайды. Шығарма композициясы бір оқиғаның маңына үйіріле құрылып, бір адамның іс-әрекетіне негізделсе де, повесте эпикалық үлкен туындыға тән суреткерлік, кең ойлау жүйесі бар.
«Бұл уақытта Бақтығұлдың жүзі қан-сөлден айрылған сұп-сұр,-деп жазады Мұхтар кейіпкерінің қашқындық өмірін суреттеп. – Анда-санда күрсінгенде, демді дірілдеп алады. Қолы да ұстаған нәрсесін сығымдап ұстап, қалтырай түседі. Ішінде лепілдеп, алып-ұшып асыққан бір байлау бар. Сол орындалғанша, шыдам таба алмай, сабыр-тақатынан айрылып, тіршілік күнін өткізе алмаған сияқты. Іштен қайнап шыққан бір мықты толқын еріксіз тұқыртып, үлкен түйінге ой-сезімін, бар қайратын түгел телміртіп, қадалтып қойған. Қалың ұзын мұрты көбік қарда түлкі басып отырған қаракер қыранның қанаты сияқтанып салбырап, аузын басып кеткен. Көзінде қанталаған қызыл бар. Сызданып қадалып, әлдеқандай жарқ-жұрқ етеді. Шегетінің жайлауы – Асыға қарай телміріп, сазарып, көп қарайды»1.
Осы тұста Бақтығұл бекінген Қараш басын суреттеуде де онда болайын деп тұрған сұмдықтың лепті ызғары байқалады.
«Күз аспаны кірлеп, мұнартып, алыстағы қарлы биіктердің басына сәлдедей бұлт оралып, томсарып, сұрланып тұр. Дүние иесіз-елсіз жым-жырт. Оңтүстік жағында Сарымсақтының қарағайлы шоқысы үрпиіп тұр. Соның күнбатыс алдына таман, төмен жерде жаңағы өзі белгілеген ернеу жолы көрінді.
Жаңа байқады: ол алыстан кең жол болып, өзге жерден ерекше жырылып айқындалып, қып-қызыл болып жатады екен. Аққан қан орны сияқты.
– Ұқсасаң, ұқса, - деді.
Сарымсақтының жақын бетінде талай-талай замандар тіршілік еткен кәрі жуан қарағайлар жуан тамырлары адырайып, қопарылып кәрі алыптың көп жылдар қуарып жатқан өлігіндей болып, бетке сұлай жығылып жатыр. Әр жерде сондай қуарып тозып жатқан өлім белгісі көрінеді. Қарағай Сарымсақтыдан әрі қарай белдеу таудың бәрін қара қошқылдандырып қаптай басып, жалпақ қара жыныс болып кеткен. Алыста Түрген суы жарып шыққан қара қайың қарағайлы, жартасты қара шат қарауытады»2.
Міне, Жарасбай жас тоқал алып келе жатып, осы жолдың үстінде Бақтығұлдың оғына ілігеді. «Кәрі жуан қарағайдың жуан тамырлары сияқты адырайып, қопарылып» құлайды. Алыстан қып-қызыл боп жататын қызыл қанды жол» шын мағынасында «қан орнына» айналады. Осының өзі – жазушының қайғылы оқиға орнын табиғат көріністерімен астастыра суреттеуінің белгісі. Өмір деген сол. Адам да тағдыры жеткенде, қарағай сияқты қопарылып құлайды. Алды-артын терең барламай, адал еңбегін арамдықпен былғап, артынан өз басын арашалап, ұстап бермек болған Бақтығұлдың Жарасбайға деген кегі қайтады. Арғы тағдыр – бір тәуекел. Бәріне де мойын ұсынып, үмітті жас Сейітке артады. Оны түрме қасына алдырып, Апанастан (Афанасий) орысша үйретеді.
Шығарманың эпикалық сыпаты тек ондағы суреттердің кең панорамалық қасиетінде ғана емес, оқиғаны баяндау үлгілерімен де, әсіресе, Бақтығұлдың кесек тұлғасынан да танылады. Оны жазушы өзіндік көркемдік шешімдер тауып, нанымды да әсерлі суреттейді. Өжеттігі мен қайсарлығына қоса, ол адалдығымен, адамға сенгіштігімен сыпатталады.
«Қилы заман» да сол тұста жазылған. Мұхтардың Жетісу бойын аралап, Албан көтерілісі тарихын, Қараш-Қараш оқиғасын зерттеп қайтуы 1927 жылдың шілде-тамыз айларында өткен. Ол кезде Ленинград университетінде оқитын жазушы кешікпей сонда қайтады да, әуелі «Қараш-Қараш оқиғасына» кіріседі. Оны тездетіп жазып тастайды. Повестің «Жаңа мектеп» журналы мен 1936 жылға басылымының соңында берілген «Ленинград. 1927 жыл. Сентябрь» деген жазу соны аңғартады. Осыдан соң «Қилы заманға» кіріседі. Оның да соңғы бетіне «Ленинград. Декабрь – Ғынуар. 1927-1928 жылдарда» деп жазылған. Бұған қарағанда, бұл повесть де екі ай ішінде аяқталған. Ол 1928 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылған.
Мұхтар өзі бұл еңбегін «Тарихи повесть (ұзақ әңгіме)» деп атаған. Содан бері ол повесть есебінде қаралып келеді. Тек жазушы қайтыс болғаннан кейін, заман түзеле келе, орыс тіліне аударылған (1972) повесті кейбір орыс сыншылары мен жазушылары «роман» деп атады. Қазақша басылуына (1974) алғысөз жазған Әди Шәріпов те осы пікірді қолдап, «повестен гөрі роман деуге лайық» деп бағалады1.
Бұл сөздердің негізінде Мұқтар шығармасының кең тынысты баяндау үлгісін игеріп, адам характерлерін сомдаудағы шеберлігі, ондағы психологизмнің тереңдігі, ел өмірі шындығын жан-жақты суреттеудегі алымдылық сияқты сыпаттар жатқанын түсіну қиын емес. Алайда, шығарманың белгілі бір ғана оқиғаның желісін басқа сюжеттік желілермен қабаттастырмай, үзбей алып шығуы оны үлкен, көп желілі романдар қатарына қосуға негіз бола алмайды. Шығарма жазушының өзі белгілеген «повесть» деген атқа лайық. Ал, сол бір оқиға желісінің өзін кең тынысты эпикалық суреттеу, байсалды баяндау тәсілімен, адам тұлғасын кесек мінездеп, оның күйініш-сүйінішін терең бейнелеу жолымен беру – жазушы шеберлігінің белгісі. Мұны шығарманың орысша нұсқасына алғысөз жазған Шыңғыс Айтматов та атап көрсеткен.
«Қилы заман» Әуезовтің «Абай жолынан» көп бұрын, сол кездің өзінде-ақ, кең тынысты эпикалық баяндау формасын игергенін дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда, «Қилы заман» – кейін Әуезовтің телегей-теңіз эпопеясын тудырған ең алғашқы қуатты арналардың бірі... Царизмге, оның зорлықшыл аппаратына деген өшпенділікті жас Әуезовтей соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен, патшалық отаршылдық саясатының безбүйрек қаталдығы мен аюандығын соншалықты ашына әшкерелеген, көшпенді халықтың өзіне жат патшалық әкімшілік жүйесін қабылдамауының табиғатын мол мысалмен ала отырып, соншалықты тереңдікпен ашып берген, сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет-жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы мен шығыс әдебиетінен сирек кездестірдім»2 - деп жазады ол.
Повесть тақырыбы ол кезде кең көтеріле қоймаған, бірақ сол тұстағы халық әдебиетінде із қалдырған, патшашыл отарлаушылықтың қазақ халқы бастан кешкен ең бір ауыр кезі оқиғаларын суреттеуге арналған. Ол – 1916 жылғы қазақ жігіттерінің майданның қара жұмысын атқаруға күштеп алынуы, оған қарсы халық наразылығы, онымен есептеспей патша әкімшілігінің күштеуі, халықтық көтерілістің тууы, екі жақты қақтығыста қан жоса болып, халықтың туған жерінен зорлықпен көшуі сияқты оқиғаларды қамтиды. Ел басындағы азаматтар тізімделіп, тұтқынға алынады. Біразы сонда қаза табады. Шапқыншылық салдарынан босып кеткен ел мал-мүлкін далада қалдырып, бас сауғалайды. Шығарманың пафосы патша өкіметі чиновниктері мен солдаттарының қолдан жасаған қырғынына, зорлық-зомбылыққа қарсы тұрған халықтың, адам рухының мол қуатын, оның қайнар көзін танытуға құрылады. Халықтың стихиялық толқуының ар жағында отаршылдыққа қарсы ұлттық тәуелсіздік үшін күрес идеясы жатқаны көрінеді. Өз істерінің дұрыстығына сенген ел еркіндікке ұмтылып, ғажап ерліктерге барады. Пулемет оқтарына қарсы тұрып, зәбір тартқан халықтың әділет жолындағы күресінің пісіп жетілгенін меңзейді. Мұны ол тарих шындығы тұрғысынан бағалап, үлкен суреткерлікпен бейнелейді.
Көтеріліске қатысқан халық өкілдері мен оның басы-қасында болған елдің көрнекті адамдарының характерін ашуда да Мұхтар үлкен жаңалыққа барған. Сол тұстағы әдебиетте адамдарды тапқа бөліп, бірін бай, ел билеушілер деп, екіншісін кедей деп жіктейтін көзқарастың ықпалына түспей, Мұхтар патша зорлығын көрген қазақ елі мен оның адамдарын тұтас алып қарайды. Ел билігіндегі адамдардың өзі осы бір қиын кезеңде әкімшілік ырқымен кетпей, «елім» деп, «жерім» деп, көппен бірге болады. Барлығы бірігіп бір шешім қабылдайды, патшаға солдат бермеуге бекінеді. Елдің шын басшылары Ұзақ, Жәмеңке сияқты халық адамдары, Әубәкір, Серікбай, Тұрлықожа тәрізді ресми билеушілердің өзі қиын кезде ел сөзін сөйлейді. Солармен бірге болады. Қиыншылықты бірге көреді. Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай, Тұрлықожалар патша жендеттерінің қолынан қаза табады. Әубәкір ғана қашып Қытайға өткен қазақтар көшіне ілігеді. Бұларға қарсы қойылатын патша агенті Рақымбай болыс, мал-мүлкін бағып, бой тасалап қалған Тұңқатар қажы, Дәулетбақ бай сияқты адамдар алдыңғы топтан таптық мүддесі тұрғысынан емес, адамгершілік, азаматтық сапаларының әр қилылығымен бөлінеді. Патша әкімшілігінің өкілдері Ақжелке пристав, Плотников урядник, Жебірбаев пен Оспан сияқты тілмаштар көтерілісшілерге қарсы жүргізген іс-әрекеттері, алаяқтық, қулық-сұмдық, парақорлық істерімен ерекшеленеді.
Повесть оқиғасы Қарқара жәрмеңкесі басында басталып, содан өріс алып, ел ортасына, Қарақол қаласына ауысады. Жазушы осы арқылы қазақ даласына келіп қоныс тепкен жәрмеңкелердің қазақтың байлығын саудегерлер мен патша әкімшілігінің қолына жинақтаудың амалы болғанын ашып көрсетеді.
«Қазірде құмырсқаның илеуіндей болып быжынап, жыбыр-жыбыр қағып бүлкілдеп, қызара бөртіп ажарланып, күннен күнге қарнын қампитып келе жатқан жәрмеңке – сол қазақ даласын торуға шыққан жайындай болатын. Көгенге кірген борсықтай байлаулы бағланның май құйрығына тұмсығын тығып, сауыры бүлкілдеп қана жылы-жұмсағын соруда болатын»1-деп жазады ол.
Бұл үзіндіден жәрмеңке арқылы қазақ байлығын сорып жатқан жайынның жиынтық образы елес береді. Сол бір «дәндеген, жетіскен, түртіншектеп сауудың бабын білген» жаңа байлық иесінің «ішкен құдығына түкіруі бұйым емес» екенін де еске салады. «Малға келген індет арқылы қан-жынға семірген төбет тоқтығына масайып иесін қаппас па?!» дейді. Осының өзінде қазақ байлығын жинап алып, «ішкен құдығына түкіретін», иесін қабатын төбет бейнесі патшашылдық саясаттың қылықтарын еске салатыны күмән тудырмайды. Әуелде «итініп келген істік мұрын, шегір көз, енді жоны шыққан кезде» басқа мінез көрсеткені де отаршыларды меңзей айтылған сөз екені даусыз. Мұның өзі Мұхтардың патша отаршылдарын сол кездің өзінде кесіп-пішіп, дәл танығанын мойындатады. Жазушының олардың бәрін «орыс» деп атауы, оны «ұлық», «солдат» деген сөздердің орнына жалпылай пайдалануы да сол көзқарастың көрінісі.
Жазушының көзқарасындағы осы «қайшылықтарды» кезінде «Қазақстан» баспасында отырған «қырағылар» байқаған да. Сондықтан да олар кітапты баса отырып, «жасыратыны жоқ, мұны жазып отырған Мұқтар бізге түгелімен берілген, бізге тән адам емес. Мұқтардың бұдан бұрынғы жазғандарының көбі ескі сарын. Ол әлі күнге дейін ескіліктің жырын жырлап, жоғын жоқтап жүр»1 деп кіріспе жазған.
Ал, шындығында Мұқтарды «Қилы заманға» алып келген, отаршылдыққа, патшашылдыққа қарсы жоғарғы сөздерді айтқызған халық намысы мен көшкен, зорлық көрген елдің ашу-ызасы, кегі болатын. Шығарманың өн бойынан көтерілісшілерді кернеген осы кектің, намыстың ызасы сезіледі.
Қарақол абақтысында өлген ел адамдары жөнінде сөз қозғай отырып, жазушы олардың «барлығы да ұлы ниеттің, елдік ұранның құрбаны. Өз көңілдерінде «шейітпіз, ақпыз, ел тілегінің жолына шалынған «еркек тоқтымыз» деп өлген жандар. Ой, жүрек батырлары, тегіс намыс құлы еді»2 -дейді. Осылардың қасынан өткен тілмашты ол «бұралқы иттей», «ой, адамшылық бұралқысы» деп түйрейді.
Босып, шет ел асқан адамдар бойынан да Мұқтар осы кекті көреді.
«Жер, сумен қоштасатын күн тақап келді. Енді бүгін бе, ертең бе, кетеді. Кеткенде, кекті жүрек, томсарған жүз, түйілген қабақпен кетпек. Артта қалып бара жатқан зорлық, реніш, қиянат дәурені мен соның бәрін туғызған жат мінезді, жау ниетті ұлыққа айықпайтын араздық, арылмайтын лағнет, қарғыс айтып кетпекші. Сол жиреніш қарсылығын қалың елдің қан жүрегінде нық сақтамаққа, мәңгілік сақтамаққа, өздерімен бірге ала кетпекші»3.
Көтерілістің халықтық, көптік сыпатын таныту үшін жазушы халық қозғалысының эпикалық суреттеріне көбірек бой ұрады. Онда көп қатысатын сахна мол кездеседі:
«Кешірек қалып шыдамсызданған топтар жазыққа шығысымен даурығып сөйлеп, кейбіреулері аруақ көтеріп, көк даланы күңірентіп зыр-зыр беріп, жарысып-жарысып алып та келеді. Көпшілік салмақпен сар желіп, семіз тай-көліктердің тізгіндерімен алысып, қанат жайып, шеп құрып келе
жатқандай көрінеді»1.
«Шаңқай түс кезінде Айттөбенің айналасы жыбыр қаққан қара бөрікке сіресіп толып, қалың жыныс қарағайдай болды. Ит тұмсығы батпайтын самсаған сары қол түйілген жалпақ қара бұлттай болып, көк даланы қаптай басып, жәрмеңкеге қарай бет қойды. Салмақпен басқан қара тобыр шабуылсыз, айғай-дырдусыз келе жатса да, ен даланы қаптап алған көптігімен, түйілген қас, тұтасқан ашу, жұмылған қарсылық пішіні сияқтанды. Жәрмеңке жайлау сырын, қара бөрік түрін, қорқынышты айдынын жаңа ғана анықтап танығандай»2.
«Бүгін Сұлтанмұраттан хабар келді. Қарақолдан хабаршы келіпті. Бұл жарлық қазақ, қырғыз, тараншының барлығын да түгел көтерген көрінеді. Лепсі, Талдықорғаннан бері қарай қазақ көтеріліпті. «Қытай ауамыз, көнбейміз, бермейміз» деп маңайындағы орыс қалаларына шабуыл жасап, қару жиып, қарсылыққа қамданып жатыр дейді. Әскер шығып соғысып қалғандар да болса керек. Одан бері Пішпек, Алматы, Қарақол айналасындағы елдер көтерілуге бас қойды дейді...»3.
Осы суреттер көпшілік қатысқан сахналар арқылы сол кездің атмосферасын ашуға себін тигізіп тұр.
Осындай халықтық көтерілістің көптік сыпатын айқындауға жазушы табиғат суреттерін де пайдаланады.
«Бұл жорыққа ат жалын тартып мінген еркек атаулысын лек-легімен әкеліп төгіп жатқан айналадағы бар Албанның жайлаулары еді. Дөңгелек саз, үш Қарқара, Көктөбе, Көкбұлақ, Сырт, Лабалы, Ақбейіт, Тұз, Кеген – бәр-бәрінен шыққан будақ-будақ түтіндей, буын-буын топтар жыпырлап, қайнап, молайып келеді. Жәрмеңке айналасындағы үлкен тау, терең сайлар, кең жылғалардан жазыққа қарай шұбыртып, ақтарылып, ағылып жатыр. Ұшы-қиыры, шегі жоқ тасқын сияқтанып төгілуде, жиылуда. Басы қарлы, жат сырлы қалың таулар, бұл заманға шейін қатпарлы қойнына тығып келген сырын ашқандай, қойын-қойнының барлығынан лек-лек аттыны дамылсын-дамыл тау құсығындай ағызып, көк даланы бастырып жатты. Тау алғашқы рет етегінде жазылып жатқан далаға қабағын түйіп, қасын сілкіп, көзін жапқандай еді»4.
Бұл жағдайлар «Қилы заманның» алғашқы повестерден («Шұғаның белгісі», «Айша», «Қараш-Қараш оқиғасы») гөрі Мұқтардың іздену жолындағы жаңа табысы болғанын көрсетеді. Жазушы онда эпикалық баяндау мен кең тынысты суреткерлікті еркін игергенін танытты. Сондықтан «Қилы заман» повесть пен романның аралық жігін бұзды деп айтуға әбден болады. Мұның ар жағында романға жол ашылғандай еді.
Қазақ романының туу жағдайларын қарастыра отырып, оларға негіз болған алғашқы повестерге, олардың эпикалық сурет, баяндау әдістеріне ой жүгіртуіміздің қажеттігі де осыдан туындап еді.