Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде

Сонау қиян түбіндегі Атырау топырағында дүниеге келген бозбала Зейнолла Қабдолов сол тұста қол жетпес тұлға, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің өзімен жолығам, сапарлас, тағдырлас боламын деп ойлады ма екен. Ауылда, мектепте жүргенде-ақ талант көзі ашылып, аудан, облыс мойындаған ақын бала атанды. Сөйтіп жазушы, әдебиеттанушы – ғалым болам деген үлкен арман жетегінде жүрген жас талапкер Алматыға бірден келеді. Қара шаңырақ, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология, яғни қазақ тілі және әдебиеті факультетіне 1945 жылы студент болып қабылданады. Тағдырдың жазуы, осы сәттіліктің өзі сол кезде ҚазҰУ-де ұстаздық етіп жүрген Мұхаңның арқасында, сол кісінің тікелей қолдауымен жүзеге асады.

Мұхтар Әуезов 1934 жылдан көзі жұмылғанға дейін, яғни 1961 жылдың маусымына дейін Қазақ Ұлттық университетінде, қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық етті. Қазақ әдебиеті тарихынан, Абайтанудан студенттерге дәріс оқып, әдебиет теориясы, әдебиеттану ғылымы, әлем әдебиетінің тарихы т.б. пәндерге байланысты сандаған оқулықтар мен оқу құралдарын, монографияларын осы қара шаңырақтың қабырғасында жүріп жарыққа шығарды. Осы жылдары қаншама шәкірт тәрбиелеп, бірнеше талантты әдебиетші жастарды ғылымға жетектеп әкеліп, ғылыми жетекшілік жасап, қазақ әдебиетінің білікті мамандарын дайындауға өлшеусіз үлес қосты. Мұхаңның сол кезеңдегі өмірінің куәсі болған, жазушы төңірегіндегі орын алған барлық қалың оқиғалардың ортасында жүрген, солардың барлығын көкірегіне түйіп, ой елегінен өткізген жас шәкірт, жазушы Зейнолла Қабдолов бұл тақырыпқа кездейсоқ келген жоқ.

Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі 1997 жылы «Санат» баспасынан жарыққа шықты. Оның тақырыбы мен негізгі сюжеттік арқауы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің өмірбаяндық тағдырына, қаламгерлік, ұстаздық қызметінің үлкен бір белесіне негізделіп жазылған.

Мұхтар Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған, сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зекеңнің таланты ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударып, терең ілтипатына бөленді. Шәкірт Зейнолла Қабдолов та өз кезегінде ұзақ жылдар бойында Ұлы ұстаз еңбегін бір сәтке де көзден таса қылмай, әрдайым Мұхаңның, әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинаумен, жазумен, зерттеумен, насихаттаумен ғұмыр кешті.

«... Көрген жерден көзді арбап, көңілді қоса баурап әкететін ғажайып сурет – тағы да айтайын, – Әуезовтің өлшеусіз кең, керіле жарқыраған әжімсіз жазық маңдайы мен жалтыр төбеден тайғанай сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс – шөкім-шөкім бұлт тәрізді көк мамық шашы.

Сократ-маңдай деген маңдай болады деуші еді, сол осы екен ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі діріліммен түйсініп...»1, деп алғашқы әсерді суреттеуден басталатын көп қырлы, роман-эссе – өзінің ұстазына мәңгілікке қалатын көркем сөзден соғылған ескерткіш тәрізді.

Роман-эсседе Мұхаңдай қаламгердің, суреткердің күллі жан дүниесі, адамдық болмысы, ұстаздық еңбегі автор көзімен бағаланып, авторлық баяндаулар арнасында ашылады. Романның негізгі оқиғалық арқауы – М.Әуезовтің 1930-60 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық университетінің (сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің) қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық қызмет еткен кезеңінен бастау алады да, ары қарай лирикалық шегіністер, авторлық ремаркалар, кейіпкерлер диалогы арқылы ұстаздың осыған дейінгі тағдыр белестеріне де шолу жасалады.

Әсіресе, Мұхаңның балалық кезеңі өткен туған жері, атасы Әуездің, немере ағасы Қасымбектің болашақ жазушыға әсер-ықпалы, Абай және оның ақындық айналасы, Мұхаңа үлгі болған Алаш арыстары, яғни оның ұлттық дүниетанымын оятқан, тарихи тағылым ұсынған ұлы ұстаздары туралы ой-толғамдар, 1920-30 жылдардағы белең алған тарихи, саяси оқиғалар тізбегі, сол тұстағы әпербақан, асыра сілтеушілердің кесірінен жазушының қудалауға түсіп, азап шеккен кезеңдері, барлығы роман ішінде терең арналы, бірнеше тарауларды қамтитын әсерлі баяндаулар ауқымында сөз болады. Осы эпизодтардың барлығын да жазушы бірде авторлық көзбен, бірде лирикалық шегіністер арқылы іштей сабақтастыра, жымдастыра отырып, кейіпкері Әуезовтің көзімен жіті қадағалап, жігін тауып, шығармасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші тарауларына енгізіп отырады. Тұтас бір желінің бойында шебер қиюласқан ғұмырбаяндық сюжеттер, авторлық толғамдар қамшының өріміндей жарасым тауып, күрделі тұлғаның бүтін ғұмырын, қайшылықты тағдырын терең поэтикалық аяда суреттеп жеткізеді. Образбен ойлау, төгілген тіл кестесімен сөйлеу автордың суреткерлік стилін, қаламгерлік қарымын анық аңғартады.

Ең бастысы романның барлық тарауларында сол романның өз кейіпкерінің бірі автор-студенттің танымы, көзқарасы арқылы университет ғалымдары мен ұстаздарының өміріндегі көп сырлар, көп шырғалаңдар әсерлі баяндалады. Оқиғаларды баяндау үстінде, автордың өткір де ұтқыр юморы, кей тұста сарказмға айналып кете баратын, оқырманын селт еткізетін терең сатиралық бейнелеулер ағыны, күлкілі эпизодтар мен адамдардың пұшайман күй кешуі, тағы да басқа тосын суреттемелер оқырманды өзіне тартып, сюжеттік арналарды ширата түседі.

Бас кейіпкердің бірі – Мерген (өмірдегі прототипі – қаламгер Сафуан Шаймерденов) төңірегінде өрбитін қайшылықты, қалың оқиғалар тізбегі түптің-түбінде келіп Мұхаңның тағдырына тіреледі. Осы оқиғаны суреттеу арқылы қаламгер Әуезовке келудің, оның жан дүниесін ашудың жолын іздеген. Роман кейіпкері, университет оқытушысы белгілі Бегеймен (прототипі – профессор Белгібай Шалабаев) сабақ үстінде ұстасып, өз дегенінен бір елі шегінбей отырып алатын Мергеннің іс-әрекеттері насырға шауып, бұл іс ушыға келе, қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісіндегі бүкіл ұстаздар қатысқан үлкен жиынға ұласады.

Осы жиында барлығының сиынары да, сүйенері де Әуезов болды. Осы эпизодтарда Мұхаңның ұстаздық келбеті, ғалымдық болмысы, кемеңгерлігі, ең бастысы суреткерлік тағдыры, трагедиясы, өмір белесі, жүрек қуаты, барлығы дараланып көрінеді. Жазушы осынау бір қарағанда студент пен ұстаздың арасындағы тартысты романына саналы түрде енгізіп, оның көркемдік шешімін үлкен арналарға, биік белестерге көтеріп алып кетеді. Осының барлығын автор Әуезов тұлғасын танытуға түгелдей бағындырған.

Белгілі Бегеймен ұстасқан студентті ұлы Мұхаң қорғауына алады. Осы арқылы күллі қазақ әдебиетіне олжа салған ұлы қаламгердің жай пендешілік, күнделікті тұрмыстық тіршілігінің өзінен ұлағатты, тағылымды оқиғалар өрбітетін автор өз ой-толғамдарын әрдайым ұлы Мұхаңның сөзі арқылы, ой-пікірі арқылы бағалатып отырады. Жазушы Мұхтар Әуезовтің өзін көбірек сөйлете отырып, оның күллі ішкі сырын ашуға тырысады. Осы орайда автордың:

«Мұхтар тағдыры – қиын тағдыр. Өйткені ол – талант тағдыры. Ал талант жолы қашан да тар, тайғақ.

Бірақ осының бір-ақ өтеуі бар: ол суреткер өмірінің нақты деректері оның затты өнеріне көшуі. Ал өмір өнерге көшкен жерден жазушы басталады.

Сергей Есениннің өз қолымен жазған ғұмырнамасы жарты бет қана. «Өмір тарихымның, – деп аяқтайды автор сол жарты бетті, - қалған деректерінің бәрі менің өлеңдерімде».

Бұл тегін емес.

Мұхтар Әуезовте де солай.

Гәп Мұхтардың бас-аяғы он жылдың ішінде үш рет үйленгендігінде емес. Әңгіме Мұхтар өміріндегі осы үш түрлі оқиғадан қазақтың сөз өнеріндегі үш түрлі көркем туынды – Кәмиладан «Қарагөз», Райхан мен Валентинадан «Үйлену» мен «Сөніп-жану» дүниеге келгенінде жатыр. Бұл аз. Бұлар тұсындағы Мұхтар басынан өткен сезімдер мен сырлар, өзгелерін өз алдына қойғанда, тіпті «Абай» романындағы Тоғжан мен Әйгерім тағдырларына барып тоғысқан.

Бұл бұл ма, творчество психологиясының тереңіне бойлап байқасақ, Флобердің «Бавари - өзім» дегені дәл: Құнанбай мен Абай – бәрінен бұрын Мұхтардың өзі. Бұлар ғана емес, сайып келгенде «Абайдағы» күллі кейіпкердің күллі сезімі мен сыры, ақылы мен ойы, парасаты мен философиясы – бәрі Мұхтардікі. Әуезовтікі!

«Бұл ғажап нәрсе»1, - деп келетін толғамдары пікірімізге дәлел.

Осы тұста роман сюжетіне автор сол жылдары ұстаздық еткен, дәріс оқыған қазақ әдебиеті кафедрасының мүшелері: Дүйсен Байкенжин, Шой Ғалиев, Есенбек, Айсина сынды кейіпкерлерді сахнаға шығарады. Бұл кейіпкерлердің әрқайсының прототиптері өмірде болған, яғни Мұхаңмен сол тұста, сол кезеңде бір кафедрада қоян-қолтық өмір кешкен, сабақ берген нақты тұлғалар.

Елімізге белгілі әдебиеттанушы ғалымдар: Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев, Темірғали Нұртазин, Мәстура Сармурзина, жазушы Сафуан Шаймерденов сынды тұлғалар роман-эссенің басты-басты кейіпкерлеріне айналып, оқырманмен жүздеседі. Мұхаңды қоршаған ғылыми орта, ұстаздық орта бар болмысымен қайта тіріледі. Осынау тұлғалардың әрқайсысының өзіндік болмыс-бітімі, кескін-келбеті, ішкі жан дүниесі, барлығы нақты оқиғалар үстінде көрінетіндіктен роман сюжетіндегі арналар іштей жымдасып, астасып, тұтаса келе бас кейіпкер Мұхтар Әуезовтің характерін жан-жақты ашуға қызмет етеді.

Кафедра тіршілігіндегі қым-қиғаш аңдысулар, сан-қилы көңіл құбылулары, осы тұстағы бір қулығын, бір сұмдығын ішіне бүккен көп қыртысты адам мінездері, көзімен арбап, сөзімен алдайтын, момақан көрінетін кейбір оқытушы-профессорлардың іс-әрекеттері, барлығын Мұхаңның көзімен де бағалатып отыратын тұстар да романда мол кездеседі. Мұндайда автор күллі кафедраның құнын Мұхаңның бір сөзімен түйіндетіп отыратын эпизодтарға да жол ашады.

Ұлы суреткердің тағдырындағы елуінші жылдардың басында қайта басталған шырғалаң, қудалау, саяси қуғын-сүргін, барлығын автор өмірдегі шынайы көріністер арқылы, адамдар тағдыры арқылы терең аңғартады. Мұхаңның атақты «Абай» романы үшін басы дауға қалып, көре алмаушылар мен қызғаншақтардың, солақай сыншылар мен асыра сілтеушілердің талауына қалай түскені, қаламгердің осынау азапты күндер мен түндердің барлығын жүрегінен өткізетіндігі романда тарихи оқиғалар арнасында ашылады. Ұлы суреткердің жүрегіне оқ болып қадалған қаншама қиянат, қараулықтар боямасыз сөз болады. Әуезов тағдырындағы ащы шындықтардың беті ашылады.

Заман ызғары, шын таланттың жолын байлап, жанын жаралаған неше түрлі айла-шарғылар, қулық-сұмдықтар, өсек-жала, барлығы автор көзқарасы арқылы, нақты кейіпкерлер төңірегінде бейнеленетіндігі роман көтерген тақырыптық-идеялық жүктің ауқымын тереңдете түседі. Ұлы қаламгердің басындағы трагедия ешбір боямасыз нақты оқиғалар арқылы алдыңғы қатарға шығады.

Яғни, Мұхаңдай қалам қайраткерінің басынан өтетін сан түрлі оқиғаларды, тағдыр белестерін сол жылдардағы қазақ әдебиеті төңірегінде өткен әртүрлі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларды бір-бірлеп, сатылай саралай отырып, асықпай, аптықпай баяндайтындығы қаламгер шеберлігінің арқасында оқырманға өте әсерлі жеткізіледі. Осы орайда жазушы Әуезов басындағы шырғалаңды төмендегідей суреттейді: «Әуезов жиырмаға жетпей, отыздан өтпей әуезовтігін танытты. Бас-аяғы он жылда, өзгелерін өз алдына қойғанда, сөз өнерінің інжу-маржаны секілді үш көркем туынды берді. Алайда, амал қанша сол үш туындының үшеуі де еңбектің зейнеті емес, бейнеті болып шықты: «Еңлік-Кебектен» кейін ескішіл Әуезов, «Қаракөзден» кейін ұлтшыл Әуезов, «Қилы заманнан кейін» кейін алашордашыл Әуезов сыннан сынға ұшырап, соққыдан соққыға жығылып, ақыр-аяғында қасқа маңдайына «халық жауы» деген қара таңба басылды да қамауға алынды.

Одан отыз екінші жылы жарияланған баспасөз бетінде «жаздым, жаңылдым» деп ашық хат жазып әрең құтылады.

Бірақ қамаудан құтылғанмен аңдудан құтылған жоқ.

Аңду Әуезовті Семейден қуып Тәшкентке апарды, Тәшкенттен қуып, Ленинградқа кетуге мәжбүр етті.

Әуездің бір кездегі ордасының да, Әуезовтің орда жанына тіккен отауының да ойраны шықты.

Жанұя дегеніңіз әдірә қалды.

«Әуезов жалғыз»1.

Мұхтар Әуезовтің ұзақ та, ұланғайыр шығармашылық сапарын, суреткерлік ерен еңбегін автор әр тарауда қиялай соғып әңгіме арқауына айналдырады. Осы беттерден Мұхаңның жеке пендешілік тіршілігі де, от басы, ошақ қасы тіршілігі де, ағайын-туыс, дос-жаранға қатысты мол өмірдеректік суреттеулер де өз орнымен, өз кезегімен көз алдымыздан өтеді. Олардың бірде-біреуі де Мұхаңның өміріне қатыссыз айтылмайды. Хакім Абай жырлағандай «соқтықпалы», «соқпақсыз» ғұмыр кешкен, қазақ руханиятына қайталанбас көркем мұра қалдырған суреткер қаламгердің тұтас тұлғасымен роман соңында оқырман қимай қоштасады. Осылайша роман-эссенің күллі эстетикалық әсері, көркемдік күші Мұхтар Әуезовтің өз туындыларымен қатар жарыса биіктей береді, биіктей береді.

Көрнекті жазушы, үлкен әдебиеттанушы ғалым, Зейнолла Қабдоловтың аталған романы ұлы суреткер Әуезовтің көркем бейнесін проза жанрында бейнелеудің сәтті үлгісі ретінде бағалы. Үлкен суреткерлікпен, шұрайлы да құнарлы тілмен баяндалатын тартысты оқиғалар арнасы, толыққанды кейіпкерлер шоғыры, ең бастысы Мұхаңдай қалам қайраткерінің ішкі жан дүниесін қопара танытатын, күллі дүниетанымын, әдебиетке, өнерге деген әлемдік деңгейдегі, ауқымды көзқарасын тұтастай, шынайы бейнелеп бере алған бұл туындыны қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтағы үлкен табысы ретінде бағалауға болады.

Дүкенбай Досжанның «Алыптың азабы» атты романы да (1997) Мұхтар Әуезовке арналған. Ғұлама ғалым, заңғар жазушының кейінгі жылдарға дейін қалтарыста қалып келген, қиын тағдырлы өмірінен мәлімет бере отырып, қаламгер Мұхаң жайлы құпия сақталған деректерді сөйлетеді, ұлы суреткердің тағдыр белестерінің тартысты, трагедиялық тұстарына тиянақты тоқталады. Сол негізде Әуезов тағдырының тосын бұрылыстарын, бастан кешкен азабы мен қиянатын бүкпесіз баяндайды.

Осы романға дейін де Дүкенбай Досжан Мұхтар Әуезовке байланысты «Жаңғақ» атты әңгіме, «Мұхтар асуы» атты хикаят, «Мұхтар жолы» атты роман-толғау жазған болатын. Жазушының бұл шығармасы ол туындылардың мазмұнын қайталамайды. Негізінен бұл мұрағат деректеріне негізделген туынды болғандықтан қаламгер өз ой-толғамдарын жазушы өмірінде болған, бірақ көп айтылмайтын шындыққа сүйене баяндайды. Жазушы Әуезовтің рухани мұрасын ұзақ жылдар бойында зерттегендігі романның тақырыптық-идеялық мазмұнынан көрінеді. Яғни, автор өз ізденістерін аға жазушының әңгіме, хикаяттарына сүйеніп жазған. Және оның көптеген сюжеттік желілері жазушы-автордың осынау алдында жарық көрген дүниелерінен бастау алып жататыны аңғарылады.

Д.Досжанов 1989 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат қорына кіруге рұқсат алып, сонда сарылып отырып, екі жылға жуық жұмыс істейді. 1929-1932, 1937-1938 жылдардағы зұлматқа ұшыраған қазақ зиялыларының тағдырына қатысты тергеу істерімен танысып, көптеген материалдар жинақтайды. Сол деректер кейінірек жинақтала келе қаламгердің өз романында көрсеткісі келген басты идеялық, тақырыптық мақсаттарына жетелеп алып келген. Шығармада авторлық толғаныс, қиял, сезім, ой ағысына тізгін беруден гөрі, тарихи және құжаттық деректерге көбірек мән берілген. Сондықтан қаламгер бұл шығармада негізінен өзі таба алған, өзі көз жеткізе алған тарихи деректердің ізімен жүріп отыратындықтан, бас кейіпкердің өмір белестерін алдыңғы қатарға шығаруға мол мүмкіндіктер табады.

Мұхаңның Ташкентте ұсталып, Алматыға айдалып келген шақтары нақты мәліметтер, архивтік құжаттар тілінде дәлелді суреттеледі. Романның ең құнды тұстары – кейбір құнды мәліметтер мұрағаттан алғаш рет алынып, бейнелі тілде оқырманға жол тартқан. Мысалы, 2370 нөмірлі іс қағаздарындағы Әуезовті айыптау құжаттарына сабақтас, соның зардаптарына байланысты роман беттерінен орын алған авторлық баяндаулар, бейнелі суреттеулер кімге де болса терең әсер етеді. Және де тұтқындағы Мұхтар Әуезовтің сол кездегі ВКБ(б) Крайкоміне, Голощекиннің атына жазған арызы сол күйінде, өзгертілмей берілген. Яғни, романды оқып отырып жазушы өміріне тікелей қатысты көптеген тың мәліметтерден сыр тартамыз. Осынау бір қарағанда жалаңаштау, құрғақтау көрінетін құжаттардың астарында жатқан ұлы жазушының тағдыры қайта бір ой елегінен өтеді. Мысалы, Кеңестік тоталитарлық жүйе Әуезовті алғаш рет қамап, 1930 жылға дейінгі қолжазбаларының барлығы тәркіленіп, із-түзсіз жоғалады. Оның барлығын қаламгердің қайтарып алуына мүмкіндік болмайды. Осы қымбат та қазыналы дүниелердің, көркем мұраның біржолата жоғалып кеткендігін жазушы жүрегі езіле отырып баяндайды. Соның ішінде М.Әуезовтің «Сұғанақ сұр» атты хикаяты да кеткендігін жазады.

Д.Досжанов бұл деректі романда № 2370 тергеу ісі деп аталатын төрт томдық мұрағатты асықпай баяндап, ешбір жолын тастап кетпей, аса бір мұқияттылықпен саралай отырып, жинақтап айтуға тырысқан. Мұндағы қаламгер мақсаты тарихты бүкпесіз сөйлету. Жазушы деректі сөйлете отырып, өз ұстанымын, қаламгерлік тұрғыдан көздеп отырған негізгі көркемдік нысанасын да жасырмайды. Ол М.Әуезовтің 1932 жылғы ашық хатындағы көрсеткен, өз басын арашалап алып қалған үш мәселені де аттап өтпей, солардың мәніне тереңдеп, мазмұнын әр қырынан ашуға тырысады. Шығармада Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, қанаттас, тағдырлас бірге жүрген аға-інілерінің, шәкірттерінің де естеліктері қоса берілген. Солардың ішіндегі, әсіресе жанашыр, ізгі ниеттегі, парасаты мен терең танымын қатар таныта алған шәкірттерінің бірі Ө.А.Жолдасбековтің естелігі өз тағылымымен назар аударады. 1930 жылдың зұлматы, 1937 жылдың қырғыны, одан кейінгі 1947-1953 жылдардағы Мұхаңның басынан өткен азапты күндер мен түндердің ауыр зардаптары да жазушы назарынан тыс қалмаған. 1951 жылы 13 маусым күні Ғылым Академиясында Абай мұраларын жинау, жазу, игеру шаруасымен айналысып жүрген М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановты қаралау жиналысы туралы баяндаулар романның құндылығын арттыра түседі.

Романның келесі тарауларында жазушы Мұхаңның «Кенесары-Наурызбайдың» көтерілісі жайлы еңбектеріне байланысты өз толғамдарына тоқтайды. «Хан кене» драмасы жазылып, жарыққа шыққан күннен бастап, суреткер тағдырына кесапат болып оралған осынау оқиғалар ақыры жиналыста басына таяқ болып тигендігі өте жинақы, тартысты сюжеттік арналарда сөз болады. Бір таңқаларлығы, КГБ қызметкерлерінен жанашыр табылып, Мұхаңа төніп келе жатқан қауіптің ерте ескертілгендігі де роман ішінде дәлелді суреттеледі. Алмағайып замандағы қаламгер басындағы қоюлана түскен қауып-қатер, өтірік, жала, көпе-көрнеу жасалып жатқан қиянат, осының барлығы тарихи шындық арқылы жаңаша көтеріледі. Сөйтіп Мәскеуге бір түнде ұшып барғандығы, Мәскеуде Бүкілодақтық кеңес жазушылар одағындағы атақты, салиқалы тұлғалардың бірі, үлкен ғалым, әдебиеттанушы Зоя Сергеевна Кедринаның кеңесімен арыз беріп ақталғандығы, тағы да басқа осы тұста жазушы басынан өткен шырғалаңдар З.Кедринаның естелігі арқылы берілген.

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Шортанбай мен Шәңгерейдің шығармашылығы, олар жайлы Мұхаңның зерттеушілік үлесі, сіңірген еңбегі кейіпкердің түсінде сөз болатын оқиғалармен сабақтас, астарлас көрінетін диалогы арқылы суреттеледі. Жазушы көбінесе Мұхаңның шығармашылық жолдағы қайтпас қажыр қайратын, мұқалмас ерік-жігерін, керек жерде жарқырап көрінетін батырлығы мен жүрек жұтқандығын, осынау кедергілерге төтеп бере білген суреткер төзімін аша отырып, оған өз тамсанысын да жасыра алмаған. Мұхтар Әуезовтің ұзақ та ұланғайыр шығармашылық жолдағы тар жол, тайғақ кешуін боямасыз, қоспасыз, ең бір өзектілерін талғай отырып, арналатып беруге тырысқан.

«Өскен өркен» романына қажетті материал жинау кезінде, оңтүстік өлкеге іс-сапармен барғанын суреттей отырып Дүкенбай ұлы жазушының елге деген сүйіспеншілігін, сол кездегі басшылықпен, қарапайым ел адамдарымен, өнер иелерімен қарым-қатынасын, үлгілі өнегесін әр түрлі жағдайлармен байланыстыра бейнелейді. Сондағы ел-азаматтарының ұлы қаламгерді қалай қарсы алғаны туралы мәліметтер келтіріліп, ең бастысы осынау суреттемелердің барлығында да ұлы кемеңгердің тұлғасы бірінші қатарға шығады. Ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, рухани сұраныстары Мұхаңның көзімен бағаланып, Мұхаңның терең де, ойлы монологы арқылы беріліп отырады. Кейіпкердің аузымен білім мен ғылым ордасындағы ғалымның ұстаздық өнегесі, университеттегі екі шәкіртке ғылыми атақ қорғауға әкелік қамқорлық жасап қол ұшын бергенін, жазушылық еңбегін жалғастыру үшін ректордан рұқсат алып, елге қайтқанын айтса, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев естелігімен жұмыстан босап қалған профессорды, шынайы ғалымды кафедра меңгерушілігіне қайта тағайындатқан іс-әрекеттеріне кеңінен тоқталады.

Дүкенбай Досжанның тағы бір өзіндік көркемдік тәсілі кейіпкерін түрлі ситуацияларда тұлғалап, оның мінез-құлқын, ішкі жан әлемін, керек болса қимыл-қозғалысына дейін көркемдік деталь арқылы, яғни тосын іс-әрекеттері арқылы бейнелеп жеткізеді. Кейіпкердің тұлғасын іштей екіге бөліп, кіші, жас Мұхтар мен өскен, есейген Мұхтарды ішкі диалогы өзара тілдесу формасында, сыр-сұхбат үлгісінде ұсынылады.

Қорыта айтқанда, оқиғаларды төгілте, қамтып айтуға аса шебер, қарымды жазушымыз Дүкенбай Досжанның осынау романда ұлтымыздың біртуар перзенті, аса дарынды суреткер Мұхтар Әуезовтің өміріне жаңа қырынан келіп, оны тебірене суреттей білгендігі бұл туындыны оның соңғы жылдары дүниеге әкелген құнды шығармаларының қатарына қосады. З.Қабдолов пен Д.Досжанов романдары ұлы жазушы туралы деректі мәліметтерге сүйенуімен қызықты әрі құнды.

Осы романдармен жалғас туған жаңа бір құнды еңбек Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» (1999) атты туындысы. М.Әуезовтің атақты эпопеясынан («Абай жолы») кейін бұл тақырыпқа шығарма жазу оңай емес екені белгілі. Соған қарамастан Р.Тоқтаровтың оған тәуекел етуінің өзі – ерлік. Бір қайраткерге, өнер адамына арнап бірнеше шығарма жазуға болатын әлемдік тәжрибені ескеріп, ол Абай өмірін қайта бір ақтара-төңкере, өз көзқарасын, өз танылымын танытады.

Жазушының суреткерлік қарымын кеңінен танытқан бұл роман бес кітаптан («Толғақ», «Жұлдыз құрбандық», «Қызғаныш», «Хақиқат мекені», «Нұрсипат») тұратындықтан, автор оны роман-хамса деп атаған. Оның негізгі желісі ұлы ақын Абайдың туғанынан бастап дүниеден өткеніне дейінгі тұтас бір дәуірді қамтуды мақсат еткен. Сонымен бірге бодандық бұғауына ілінген бүкіл халық тағдыры, саяси-әлеуметтік мәселелер де роман-хамсадан көрініс тапқан. Абай заманының ішкі-сыртқы қатпарлы қайшылықтары реалистік тұрғыдан суреттеледі. Бұл тұста қазақ елі Ресейге бодан болғанымен, әлі де жол айырықта тұрғандай халде еді. Осының бір айғағы ретінде роман-хамсаның алғашқы кітабында Кенесары бастаған халық көтерілісінің соңғы сәттеріне көңіл бөлінеді. Кенесары Сарыарқадан ауып, Алатауға бет алғанда Абай дүниеге келеді. Содан кейінгі сюжет желісінде Абайдың әр тұстағы әлеуметтік-қоғамдық аядағы іс-әрекеттері көрініс тауып отырады. Бірінші кітапта Құнанбайдың таң алдында көрген түсін әулие-шалыс Шайқы: «Ертең не бәлки таң қараңғысында ма екен дүниеге аяздай әділ, Аплатондай білімді, жүрегі жұмсақ құл – осы айналаңның біріне тартпаған шын мейірбанды перзент келеді», - деп жориды.

Автор шағын детал арқылы оқиғаны дамыта отырып, болашақ сәбидің қандай адам болатынын түс арқылы тұспалдайды. Жазушы түсті Абай образын бейнелеудегі көп амал-тәсілдердің бірі ретінде қолданады. Осынау тосын түс Құнанбайдың көңіл-күйіне де терең әсер етеді. Автор ақыры Шайқының жорыған түсі шындыққа айналғанын суреттей келе, жөргектегі нәрестенің «екі көзін тоқтатып шаңырақтан айырмайтын әдет тауып еді» деп бейнелейді. Сәби шағынан-ақ алыс-биікке көз салатын Абай сегіз айға толмай жүріп кетеді. Кішкентай Абайдың тілінен бұрын аяғы шығып, аяғынан бұрын есі кіреді. Жазушы кейде жанама мінездеу, кейде авторлық баяндау арқылы Абайдың мінез даралығын ашып, басқалардан ерекшелей суреттеуге айрықша мән береді.

Қаламгер жас нәрестенің айырықша тумысынан бөлек нышан көріп, оның болашағының нұрлы болатындығын төмендегідей ой-толғамдарымен жеткізеді: «Абай әлі бесікке де бөленбей, тас-түйін құндақтаулы жатқан кездің өзінде де екі көзін киіз үйдің ашық тұрған түндігінен айырмаушы еді, сонда оның кірпік қақпай бағатыны нұр сауып тұратын көгілдір аспан екен. Қырқынан шығып мойны-басы бекіген соң әлгі көк жүзінен жамырайтын нұрды енді ол өзі бақылай алатын айналадан іздейтін болды. Ақ киген адам да, ақ самауырдың бүйіріне шағылысқан күй сәулесі де, керегеден білінетін таңғы-кешкі арай шапақ та оның кірпік қақпай қарайтын бота көздерінен тыс қалған емес. Соларды көріп, әбден бойына сіңіріп барып көңілі жайланады да, күн ұзын тоқтық атып, бесігінде өз бетімен уіл қағып жатып алады»1.

Абайдың көптің бірі болмайтыны жас кезінен-ақ білінді. Зейінді-зерек, сөзге алғыр, ақылды бала көп назарын өзіне аударды. «Қос құлағы шұнақ, кеудесі ағып тұрған бұлақ» Абай ел аузына іліне бастайды. Кітаптан – кітапқа ауысқан сайын Абай тұлғасы ұштастық тауып даралана береді.

Роман-хамсаның екінші кітабында Семей қаласындағы Ахмет-Риза медресесінде, одан кейін приходская школадан дәріс алып, жас Абайдың көп нәрсеге көзі ашылады. Ой-санасы кеңейіп, оның дүниеге өзіндік көзқарасы қалыптаса бастағаны көрінеді. Он үш жасында әке қалауымен оқудан шығып, ел ішіндегі қайшылықтардың сырына қаныға бастаса, Құдайберді ағасы өлгесін 20 жастағы Абай кішік Тобықтының болысы болып сайланады. Осыдан бастап ел ісіне араласа бастаған Абай болмысы шынайы бедерлене береді. Оның көрегендігін, сұңғыла зеректігін, біліктілігін танытарлық қимыл-әрекеттерін қаламгер асықпай баяндап, роман тарауларына орнымен кіргізіп отырады. Ел ішіндегі сан-салалы дау-дамайға (ұрлық-қарлық, жесір, жер дауы, құн сұрау салт) араласып, ол көптің қамын ойлайтын тұлғаға айнала бастайды. Мәселен, қаладан келген екі тергеушімен болған диалогке назар аударып көрейік.

- Киргиз заңында бір адамның құны мықтағанда жүз түйемен төленсе, Ресей қарулы күштерінің өкіліне қол көтерген қарақшы үшін бұратана ел ауыл-ауданмен құрбандыққа шалынса да аздық етеді. Қара басын емес, Қараспан тауын жайлаған елін қорлағаны үшін күйіп кетіп еді... Ілгері қатулана аттап барып:

- Сіз екеуіңіз жазықсыз сорлаған Бейбақтың соңынан қалмаған зұлым көлеңкесіне айналыпсыз. Арашаға жарай ма десе, тағы да құл дауламақ ойларыңыз да бар екен ғой... Қылмысты істі қылмыспен жапқан елдің сотында қандайлық әділдік болуы мүмкін?

  • Халық неге ашынады? Қарыны аш па?

  • Қарыны ашқаннан жыламайды, қадірі кеткеннен жылайды.

  • Оның қадірін кетіріп жүргендер кімдер?

  • Өздеріңіз емес пе?

  • Қатігез жаулықтарыңды мен танымай, көрмей жүрмін бе?

  • Онда шын көре алмағандығыңыз. Қазақ өте бауырмал халық. Оның

бауырын шіріткен өзге мәслихат бар.

  • Не мәслихат? – деді ояз селдіреген жирен шашы қобырай.

  • Өкімет халыққа ор қазуын, оқ жаудыруын қойсын. Оқ шыққаннан от шыққанның жаман екенін сіз менен артық білуіңіз керек, тақсыр!1

Абай мен ояз арасында болған осынау сөз сайысы көп жағдайды аңғартады. Ширыға шарпысқан өткір диалогтан ұлы Абайдың халқым деп соққан жүрек лүпілін сезгендей боламыз. Ақын өлеңдері де халқының мұң- наласы мен қиянат, ел билеу ісіндегі өктемдік, патша ұлықтарының озбырлықтарын арқау етеді. Ұлы ақын ұлы перзент ретінде осылардың бәріне Абай енжар қарамайды. Осының барлығы ақыл-сана сүзгісінен өтіп, жүрек түкпірінен бастау алып, жыр жолдарына айналып отырады. Ақынның кейбір өлеңдерінің шығу тарихынан да роман беттеріндегі суреттелетін оқиғалар арқылы хабардар болып отырамыз.

Абай айналасында көрінетін кейіпкерлер шоғыры да өте мол. Романда Құнанбай, Бөжей, Алшынбай, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Шоқан, Құсбек, Қаратай, Сүйіндік, Жиренше, Тәкежан, Ізғұтты, Қодар, Майбасар, Құдайберді, Ербол, Халлиола, Оспан, Аташ, Ерден, Тәттімбет, генерал-майор Густав Христанович, генерал-губернатор Гаспорт, генерал Вишневский, полковник Виктор Иванкевич, Ф.М.Достоевский, А.Янушкевич, Михаэлис, Оразбай, Байкөкше, Үзік бай, Шайқы, Ұлжан, Қамария, Тоғжан, Ділдә, т.б. кейіпкерлердің айшықты бейнелері жасалған. Олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, өздеріне лайық іс-әрекеті, мінез-машығы бар адамдар. Бұлардың көбі өмірде болған тұлға болғандықтан тарихи шығарманың кейіпкеріне айналып, нақты оқиғалар үстінде көрінеді.

Әрбір кейіпкер әлеуметтік орнына, өзіне лайық іс-әрекеті, кескін-келбетімен ерекшеленеді. Мәселен, «ол кімге тіктеп қараса, сол жалма-жан» қозғалақтап, берекесі кетіп, қипықтап қалады. Жалғыз көзді шоңмұрын, ақсұр адамның әнтек шұбарыңқы жүзінде қас патшаның қаһар таңбасы бар. Солай малдас құрып отырғанның өзінде түйеге мініп келе жатқан адам секілді»2 десе, енді бірде «Құнанбай Жидебайда отырған көп ауылдарға күзге салым соңында шұбыра ерген жүз қаралы нөкері бар, адуын айбары күндік жерден шашырап, күміс ер-тұрманы омырауына шейін төгіліп жарқ-жұрқ еткен ақбоз арғымақпен оралды. Басында алтын шілтерлі Бекзадалар киетін шошақ төбелі ақ шұға қалпақ, үстінде нақ сондай түстес оюмен айқыш-ұйқыш етіп зерлеген ақ түбіт шекпен, мойнына соның бәрін сыртынан салбырата асырып дөңгелек күміс ақтабақша тағып алыпты»3. Бұл бір адам – Құнанбайға берілген екі түрлі портреттік сипаттама. Бірінен Құнанбайдың түр түсіндегі «қас патшаның қаһар таңбасын» байқатарлық мінезін аңғарсақ, екіншіден аға сұлтан болып келген Құнанбайдың айдын, айбарын көреміз.

Мұндай портреттік сипаттаулар басқа кейіпкерлерді (Кенесары, Алшынбай, Шоқан, Қодар т.б.) бейнелегенде де қолданылып отырады. Жазушы тура, кейде жанама мінездеу, лирикалық шегіністерге қоса олардың диалог, монологтары арқылы да адамдық бітім-болмыстарын айқындайды. Кейде автор кейіпкерінің тұлға-бітім, іс-әрекетін екінші адамның көзімен де береді. Мәселен, Аташтың көзімен Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ерлік қимылы төмендегідей ашылады: «Сонда көріп еді ол Науан батырдың күндей күркіреп, жалғыз өзі мылтықты көп адамды алайғысын алай, бұлайғысын бұлай қылышпен шауып, найзамен түйреп жайратып жүре бергенін»1.

Батыр мінез, батыра айтар сөз Қодардан да байқалады. «Ел иесі, жер иесі кім?» деп бөліскенде ірі тұлғалы Қодар бар есептен құр қалады. Бір үлкен жиынға шақырусыз келген Қодар:

  • Неге мен санда бармын да, сапада жоқпын,- деп күркірей жөнеледі.

  • Ей, Қодар бұл бықсып отырған қай қоңырсығың?

  • Сен өзіңді жақсымын дейсің, ә ? Бір елдің солқылдаған мырзасы болып

отырсың. Ақ-қараны айырып тани бересің. Осы адал мен арамды айыра аласың ба? Соны айтшы...

  • Менің арамым сенің дастарханыңнан шығып па еді? Бұл қай

сандырағың оттап тұрған?

  • Сен арамды менің емес, алаштың қазанына салып отырсың.

  • Төгемін. Әлі де төгемін. Екі жүзді болатының үшін солай ете беремін, –

деп, Құнанбайдай ел басының Кенесарыны сатып, бірыңғай орыс жағына шығып алғанын бетіне тура айтады2. Осы қысқа-қайырым диалог үлкен көркемдік қызмет атқарып, екі тарихи тұлғаның орнына авторлық көзқарасты да аңғартады. Сонымен бірге кейіпкердің дүниетанымынан да хабардар етеді. Қодардың аузынан шыққан салмақты сөз көптің үкіміндей әсер қалдырады. Қодар бейнесі әр эпизодта дараланып биіктей түседі. Оның сөздерінен де бірбеткей, ешкімнен ықпайтын өр мінезділік байқалады. Құнанбай да көпті көрген, көпті білген, кең ойлап, кемел ой айта алатын оқшау бітімдегі тұлға екенін танимыз.

Лепсі өзенінің бойында «Шұбарағаш - Ойжайлау» деген жерде қазақтардың Ресейге қосылу салтанаты өтеді. Бұл жиынға сұлтандар, шекара бастығы генерал-майор Вишневский қатысып сөз сөйлейді. Генералдың сөзіне көңілі толмаған Құнанбай «Уа, жамағат, халқым, жұртым! Елдің басын құрайтын не? Ердің басын құрайтын не? Бірлік пе? Ол қай бірлік? Бір қазақбайдың баласы болсақ та, бұлың-бұлың күй кешіп жүріп, бұлдырықтай бытырап ата жұртын жат көретін жаралы халде отырмыз. Ел бірлігі осы ма? Бірлік те келдікте де, ерлікте де емес, қауымдастықта. Қауымдастық мықты болса, киіз қазықты жерге енгізер темір тоқпақ та сол. Ол қауымдасың мына отырған Ресей жұрты. Оны шамаң келсе, олжаласың етпе, ордаласың ет... Ошақтың үш бұтының екеуі сыртта тұрса, біреуі отта тұрады. Сол отты бастан кешіп келген соң айтып тұрмын. Қалың елің қазағың үшін қауымдастық керек бұлармен. «Бас басыңа би болсаң, Манар тауға симассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деген қайда? Бұдан былай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық деп отқа май құйып ант берейік ағайындар!» - дейді1.

Құнанбайдың сөзіне жандарал қатты риза болып қалады. Құнанбай образы әр қырынан бейнеленеді. Ақылы мен айласы, қаталдығы мен қайсарлығы қатар жүретін адам. Оның өз ортасынан озық көрінуі де осындай аңғар мен ақылды қатар ұстай білуінен байқалады.

Тұтастай алғанда, Абайдың отбасы, ағайын-туыс, дос-жараны жайындағы өмірдеректік суреттеулер көзден таса қалмай, шығарма бітіміне орынды сіңіріліп, ақынның өсу, толысу жолын аша түседі. Роман-хамсада Абай туып-өскен аймақтың көрініс-суреті (табиғаты) сан түрлі бояу-нақышпен тартымды суреттеледі. «Ай бағана қорғалаған. Самалдай есіп тұрған жел де сап тыйылған. Күңгірт аспан төрінде жусаған мал құсап жамырай жайылған баданадай-баданадай жұлдыздар тіке жоғарылап, көз ұшында қылмыңдап бұлдырап сіркелене қалыпты. Енді аз уақытта олар да су бетіне жыпырлаған мөлдір ұсақ көпіршіктей біртіндеп шағылып, түн тұңғиығының арғы тереңіне зым-зия батып жоғалып кеткелі тұр.

Әлгінде ғана сібірлеп білінген там-тұм жар бар еді, шығыс көкжиек бойымен тұтаса көтерілген жалпақ қара жамылғы тесік сәулелі түн аспанын тұс-тұсынан тастай қымтап, айнала төңіректі көзге түртсе көргісіз етіп меңіреу қараңғылық меңдеп ала қойыпты»2. Бұл – таң қараңғысының суреті. Пейзаж кейіпкерінің көңіл зауығына орайлас суреттеліп, оның көңіл алаңын аша, айқындай түседі. Шығарма тілі сондықтан да ажарлы да айшықты. Жазушы тартымды, тосын, бояуы сан алуан, ұтымды бейнелеу құралдарын молынан пайдаланып отырғандықтан, туындының эстетикалық әсерлілігі, танымдық қуаты тереңдей түскен.

Роман-хамсада белгілі бір тарихи кезең шындығы кейіпкерлердің толымды тұлғасы мен олардың арасында өтіп жататын сан-сала тартысты оқиғалар арқылы шынайы бейнеленеді. Қаламгер шығармада мол, ауқымды тарихи-танымдық дерек-мағлұматтарды негіз ете отырып үлкен-үлкен көркемдік жинақтауларға барады. Соның арқасында елге есімдері мен еңбектері белгілі тұлғалар арқылы кезеңдік мәні зор тарихи шындықты оқырманына әсерлі жеткізе алған.

«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан « ақын Абайдың дана Абайға, кемеңгер Абайға, хакім Абайға көтерілу жолы роман-хамсаның бес кітабында терең арна тартады. Осы негізгі желінің айналасындағы қаншама қосалқы оқиғалар, эпизодтар, суреттеулер, баяндаулар сабақтаса тарамдалып, Абай сынды ұлы ақынның өмір жолын, оның өмір сүрген, тағдыр кешкен заманын биік танымдық, тағылымдық деңгейге, көтеріледі. Оның бәрін шынайы суреткерлікпен бейнелеп бере алған бұл роман-хамсаны қазақ прозасының өз кезіндегі елеулі табысы десек артық болмайды.

Қаламгер Нәбиден Әбуталиевтiң «Наркескен» романы (1989) қазақ тарихындағы, қазақ тағдырындағы орны ерекше ұлт-азаттық күресіміздің жарқын беттерінің бірінен саналатын Исатай-Махамбет көтерілісі мен осы екі тарихи тұлғаның жеке өмірбаянын арқау еткен күрделі туынды. Осының алдында да қаламгердің Исатай мен Махамбет образын сомдауға арналған, сол кездегі тарихи-әлеуметтік, саяси оқиғалардың бір парасын қамтып көрсетуге тырысқан бірнеше туындылары жарық көрген болатын.

Жалпы, ХIХ ғасырда қазақ жұрты, қазақ даласы тар жол, тайғақ кешу дәуіріне тап келді. Себебi, ел жаңаша билеу жүйесiне бағынуға мәжбүр болып, өзінің атамекенінен, заңды қонысынан бiрте-бiрте ығыстырылып, айрыла бастады. Шұрайлы жерлерді өзге ұлт келiмсектерiнiң иемденуi, қазақтың шымбайына батып, намысына тидi. Бекiнiс пен шептердiң салынуы да қазақ халқының наразылығын тудырды. Осы сынды және тағы да басқа iшкi-сыртқы факторларға байланысты ел ала тайдай бүлiнiп, ХIХ ғасырда iрiлi-ұсақты көтерiлiстер бiрiнен соң бiрi жалғасып жатты. Кенесары, Жанғожа, Исатайлар бастаған көтерiлiстер – соның айқын куәсi. Ұлт-азаттық көтерілістердің қазақ даласының әр түпкірінен бой көтере бастауы жалпы тұтас елдің басын біріктірді, намысын оятты.

Ел басына күн туып, ер етiкпен су кешкен кезеңде халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Исатай сынды батырлардың басшылығымен жүзеге асқан көтерiлiстiң тарихта алар орны ерекше. Кiшi жүздiң iшкi Бөкейiнде болған бұл көтерiлiс Едiлдiң ен тоғайы мен Жайықтың жағалауы үшiн ғана емес, жалпы халықтың азаттығы, тәуелсiздiгi, дербестiгi үшiн болған едi. Ел ала, бұлт шола болған осы тұста Махамбет Исатайды қостап, қара халықты, қалың елін жақтады. Олар елге озбырлық жасап, жерге билiк жасауда әділетсіздікке барған ел басқарушылар мен би, сұлтандарға қарсы шықты. Махамбет ел мен жер үшiн, елге тізесін батырған жуандардан кек қайтару үшін найзаның ұшымен ғана емес, сонымен қоса отты да өткiр сөзімен де күрес туын көтерді. Опасыз сұлтандар мен мекер билердiң іс-әрекетіне қарсы бағытталған мұндай отты да уытты сөздер, әрине, ел бағасындай естіліп жатты.

Мiне, осындай алып тұлға, мұзбалақ ақын, бiртур ердi Нәбиден Әбуталиев өзiнiң романына негізгі кейіпкер еткен. Махамбеттiң қилы тағдырына арналған екi бөлiмнен тұратын романды жазушы «Наркескен» деп атаған. «Наркескен» ұғымына ең алдымен Махамбет тұлғасының барлық болмысы сиып тұрғандай. Қаламгер осы метафора арқылы алдаспан ақынның алабөтен тағдырын астарлап жеткізген.

«Қолында Наркескен, тақымында ақауыз тұрғанда Махамбеттi көктен құдай, жерден құмай ала алмайды. Наркескен Ағатайдан қалған қылыш, жүзi жыланның өтiне суарылған. Шауып жiбергенде көлденең жатқан атан түйенi екi бөлiп кетедi. Сайыста Махамбетке тiрi жан шақ келмейдi»1, - деп қаламгер оны түсіндір Роман «Наркескен» қылыштың атына байланысты сабақтас қойылғанын аңғарамыз. Махамбеттiң қолындағы қылыш жай қылыш емес, батыр Ағатайдың, Берiштiң ұранына айналған Ағатайдың қылышы болатын. Сол намысты қолдан бергізбеген, қазақ сарбазының айбыны болған қылыштың арқасында қазақ атамыз жерiн жаудан қорғап, киелі атамекенін өз ұрпағына аманаттаумен келеді деген идея алдыңғы қатарға шығады. Сол тұста елдiң тағдыры шын мәнінде ақ найзаның ұшы мен қайқы қылыштың алмас жүзiнде едi. Жазушы осыны оқырманына астарлап жеткiзгiсi келгендей.

Кезiнде халықтың ықыласына бөленiп, оқырман қауым жылы қабылдаған «Қайран Нарын» мен «Өттiң дүние» атты екi шығармасының басын бiрiктiрiп, тың тараулармен толықтыра түсiп, дамытып, ширатып, соны iзденiс жасап, кең тынысты, қомақты дүниеге айналған жаңа роман. Романда Махамбеттiң талайлы тағдыры мен күреспен өткен қайшылықты өмiрiн жан-жақты суреттеледi.

Махамбет пен Исатай арасындағы адал достық, халық пен Махамбет арасындағы терең байланыстар арнасы романда көркем бейнеленедi. Жалпы, романды оқи отыра ХIХ ғасырдың орта тұсындағы, Бөкей жерiндегi қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгiмен танысамыз. Әрине, сол тұстағы елдiң қайнаған тiршiлiгiн жеткізуде романның кей тұстарында, қаламгер суреттемелерінде артық-кем кеткен беттер кездеседi, бiрақ бұл көркем шығарманың тұтас желісіне көркемдік жағынан үлкен нұқсан келтірмеген.

Романда Махамбеттiң ақындық қыры да барынша ашыла түскен. Әсiресе табан астында, суырып салатын өжет ақынның образын жасауда жазушы барынша iзденген. Соның дәлелi Баймағамбет сұлтанмен кездескендегi: «Баймағамбеттiң пысы баса алмады. Осыны сезiп, ендi хандық үшiн қырқысқан,мәртебе қуған сұғанақ көз сұлтанның берекесi қашайын дедi. Махамбет тебiренгенде бойындағы жанар тау қуатын сыртқа шығарды. Оның кеудесi тасыған дариядай едi, толқын-толқын сел тасып, лықылдап төгiлейiн деп тұрған. Бойына бiткен қоңыр даусы күңiренiп барып шыққанда батырлық пен ақындықтың қос тiзгiнiн бiрдей ұстаған ол екiленiп кеттi. Көк пен жердi дiр еткiзiп, қара бұлтты қақыратқан найзадай алапат-алмас сөз құйылды кеудеден.

Мен, мен едiм, мен едiм!

Мен Нарында жүргенде,

Еңiреп жүрген ер едiм.

Исатайдың барында,

Екi тарлан бөрi едiм...

Ақынның айтқан сөзi емес, алдындағы ата жауына атқан сұр мергенннiң оғы едi. Халық лағнаты шынында да кеудеден оқ боп атылды. Ол тиген жерiн қиып түсер қлыштай, шауып түсер шар болаттай едi...»,- деген сөздермен Махамбеттiң iшкi сезiмiмен ұласып жатқан ақындық қуатын көркем тiлмен жеткiзедi. Махамбеттiң ойы емес, халықтың лағнетi едi деп, ақынның қаншалықты халыққа жақын екенiн көрсетуге ұмтылады1.

Романда жазушы Махамбеттiң жан досы Исатайдың образын жасауда, оның бiрбеткей мiнезiн суреттеуде сюжеттік оқиғаларды оқырманның жүрегiне әсер ететiндей етiп шебер қиюластырады. Әсiресе, Жәңгiр ханның Жасқұстағы ордасын қоршауға алып, қатынын күң, батырын құл етiп шабайық дегенде Исатайдың келiспеуi де көп тарихи шындықтың бетін ашуға мүмкіндік береді. Себебi, бiр аңғарғанда ханның жiберген елшiлерiнiң жымысқы сөзiне Исатай алданып қалды деген қорытынды жасауға болады. Үстiртiн қараған адамға солай көрiнуi мүмкiн. Бiрақ мәселенiң төркiнiн қаламгер тарихи деректерді ой елегінен өткізе отырып, өзінше пайымдауға тырысқан.

Бiр жағынын, осы оқиғалар арқылы бiз Исатайдың салқынқанды, бiрбеткей, сабырлы екенiн көремiз, ал екiншi жағынан оның арманы ханды халыққа қоссам, халық пен хан арасындағы бірлікке қол жеткізсем деген ұлы мақсатты аңғарамыз. Мiне Исатай бойындағы кісілік, адамгершiлік, ерлік, өз-өзіне деген сенімі осы арнада сәтті көрінеді. Алайда Исатайдың бұл ойына көптеген қол астындағы батырлар қарсы шығады. Бұл «жауыз» Жәңгiрдiң жалған ойы ғана, уақыт созу үшiн жасаған арам қадамы екенiн ескертiп бағады. Исатайдың бiрбеткейлiгiн көрiп, батырлардың көбi терiс айналады. Сонда Махамбеттiң жан досына деген адалдығы, Исатайды тастамай жанында қалып, қатерге басын тігіп, тағдырын көтеріліс жолына арнаған ержүрек, мәрттігі танылады. Жазушы Махамбет пен Исатай арасындағы достықты осылай шынайы, күрделі, тартысты әрекеттер үстінде суреттей бiлген.

Жазушы Нәбиден Әбуталиевтің саналы ғұмырын ел жүрегіндегі ардақты тұлға, қайталанбас өнерпаз Сегiз Серiнi зерттеуге арнағанын да бiлемiз. Күнi кеше мерзiмдi баспасөз беттерiнде Сегiз Серiнің ғұмырына, тағдырына байланысты, және оның есімі тарихта болды ма, болмады ма деген дау да етек алған еді. Осы Сегiз Серiнiң мұрасын зерттеп, кiтап арнап, тарихта болғанын дәлелдеуді мақсат еткен жазушы Нәбиден Әбуталиевтің – ой толғамдары, дәлелдері оқырман көңілінен шықты. Қаламгер бiр жазбаларында Сегiз Серiнi зерттеу Исатай-Махамбет көтерiлiсiн жазудан бастау алғанын айтқан едi. Мiне, осы «Наркескен» романында Исатай–Махамбет пен Сегiз Серiнiң арасындағы байланыс та суреттеледi. Сегiз Серiнi қаламгер өз романында ешкiмнен именбейтiн, өзiнiң жасағы бар, бiрбеткей, батыр тұлғалы кейіпкер ретінде танытады.

Роман екi бөлiмнен тұрады. Бiрiншi бөлiмде батырдың сын сағаттағы сәтін, яғни қилы тағдырын көреміз. Исатайдан да, сүйген жары Айғаншадан да айырылған жаралы тұлғамен жүздесеміз. Махамбеттің іштегі күйзелістерін бiрiншi тарауда жазушы былай суреттейді: «Күн еңкейген кез. Ұлы бесiн ауып барады. Тұнжырап Қараой жатыр. Әлгiлерден бөлек, кескiн келбетi де өзгеше тобылғы меңдi торы ат мiнген бiреу Қайыршақты-Қараоба жаққа жалғыз кетiп барады. Бұл– Махамбет едi. Көп ойдан ба, басы мең-зең, бiр сәт миы шыңылдағандай болды. Алда тандыры тартылған жүдеу түз. Қарадан қарап келе жатып көңiлi құлазығандай... Басында қалың ойдан оның бойы ауырлады, тiптi үстiмен жүрiп келе жатқан жер екеш мынау қара жердiң өзi де сол ауырлықты көтере алмай бiр түрлi майысып бара жатқан сияқты болып көрiндi...»1. Жазушы осы арада батыр мен табиғат арасындағы сабақтастықты, ұқсастықты шебер суреттеп өтеді.

Тұнжыраған Қаройдың суреті. Күн батып бара жатқан тұс. Осының барлығы Махамбеттің көңіл күйіне әсер етеді. Еңсесін басады, із қалдырады. Қайталай айтсақ, осынау еңкейген, қызара батып, ауып бара жатқан күн мен Махамбеттiң жан досынан, жарынан айырылып, трагедиялық күй кешуі, Қараой мен Махамбеттiң көңiл-күйiнiң іштей үндесуi, әрине жазушы қолданған сәтті орынды психологиялық параллель ретінде қабылдауға болады.

Романның екiншi тарауында Жәңгiрдiң өлуi, оның жары Фатима мен Махамбет арасындағы байланыс, батырдың Баймағамбет ауылын шабуы да тартымды да қызықты оқылады. Батыр бел баласы Нұрсұлтанды орыс оқуына беруге тырысады.

Жалпы, осы екiншi тараудан сол кездегi саясаттың салқынын да аңғарасың. Орынбор губернаторы Перовскийдiң елдi қанағаны, оның орнын алмастырған Обручевтi жаны жайсаң етiп суреттеуi соның айғағы болса керек. Керiсiнше Жәңгiрдi зұлым ретiнде суреттеу сол кездегi талап болатын. Байлар жауыз, билер залым, ал кедейлер болса қаналушы тап деп қарастыру да бір жақты саясат едi. Бүгiнгi егемендік сана мен тәуелсiздік тұғырынан қарасақ, Жәңгiрдiң де еліне, қазаққа жаны ашығандығы, мектеп салдырғаны тарихи шындық. Әрине, роман кейінірек жазылса, ақиқат өзге қырынан айтылар едi. Десек де, сол Кеңес үкiметi тұсында, ержүрек батырдың тұлғасын бейнелеп, тағдырын жан-жақты суреттеп, осындай күрделі роман жазуы қаламгердің батыл, әрі табысты қадамы болды десек қателеспейміз.

Жалпы, жазушы романда Махамбеттiң ақындық дарыны, батырлық тұлғасымен қатар, күйшiлiк қырын да нәзiк бейнелеп, ұтымды жеткiзе бiлген. Елдiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған күрескер ақын, бiртуар батырдың образы біршама терең, жан-жақты ашылған. Роман тарихи фактілерге табан тіреген. Романды оқу барысында жазушы ел аузындағы аңыз-әңгiмелер мен әпсаналарды ұтымды пайдалана бiлген. Кiшi жүздiң рулық жүйесi де тарихи факті ретінде келтіріледі. Нарынның табиғатын, образдардың iшкi психологиялық күйi мен жан тебiренiстерiн жазушы барынша жанды етiп суреттеуге тырысқан. Роман ішінде сөз болатын оқиғалар желісінің ширақтығы, кейіпкерлердің сыр-сипаты, шығарманың көркемдік қуаты мен бейнелі тілі оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Илья Жақановтың «Ықылас» романы (1990) да тәуелсіздік жылдарындағы оқырман қолына тиген өнер тақырыбындағы қомақты, көлемді прозалық туындыларымыздың бірі. Қазақ күй өнері тарихындағы қайталанбас тұлға, аса дарынды өнерпаз Ықылас Дүкенұлының өмірбаянына табан тірей жазылған бұл роман өзінің көркемдік, танымдық сипатымен назар аудартады.

Жазушы бұл романының алдында да осынау тақырыпқа ат басын бұрып, Ықыластың қобызшы ретіндегі дарынына, оның күйлерінің шығу тарихына, өмір жолының бірқатар белестеріне бірнеше әңгіме, новеллалар арнады. Қобызшы, күйшінің өнеріне, атақ-абыройына жастайынан қанық болғандықтан әрі Ықылас өмірінің көп бөлігін өткізген Сарысу өңірінде туып өскендіктен де қаламгер көне көздерден естіген әңгімелерінен бөлек қобызшы ұрпағымен араласу арқылы сандаған, яғни роман жүгін көтере алатын ауқымы, салмағы бар, бас кейіпкерге байланысты әрқилы оқиғалар мен тақырыптарды қамти басын қосатын мол материал жинаған екен. Осылардың барлығын енді қаламгердің топтастырып, жүйелеп, сұрыптап, біртұтас сюжеттік желіде сабақтастыра отырып кітапта тиімді пайдаланғанын роман оқиғаларынан аңғарамыз.

Жалпы Ықылас туралы қазақ әдебиетіндегі алғашқы көркем әдеби шығармаларды қазақтың көрнекті, суреткер жазушысы Тәкен Әлімқұлов есімімен байланыстырамыз. Қаламгер «Қаралы қобыз» әңгімесінде қобызшы көңіл-күйінен атақты, елге кең жайылған «Ерден» күйінің шығуына қатысты аңыз-әңгімелерді ой елегінен өткізіп, өмір шындығын көркемдік шындыққа шеберлікпен ұштастыру арқылы бітімі бөлек, өнер тақырыбындағы айтулы әңгімесін дүниеге әкелген еді.

Илья Жақанов та қазақ өнері тақырыбындағы Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин тәрізді алыптар тобының дәстүрін жалғастыра келіп, Ықыластың енді ғасыр аралығындағы тағдырын сол замандағы басты оқиғалар арнасында, күйші төңірегіндегі әлеуметтік топпен тығыз байланыста, сабақтастыра отырып бейнелеуге ұмтылған. Алдымен жазушы Ықыластың өнер жолына арнаған «Кертолғау», «Қобыз», «Шулайды Шудың қамысы» атты бірқатар новеллаларында айтылатын қобызшының басынан кешкен жағдайлар мен мақсат-мұрат жолындағы тартыстарына, күйлерінің туындау себептеріне тоқталып өтеді. Күйшінің балалық шағынан бастап, жігіттік жасындағы басынан өткерген іс-әрекеттерін, қарттық өмірдегі көрген жайларын, яғни ұзақ шығармашылық тағдырындағы алуан белестерді айшықтай суреттеп, көркемдік тұрғыдан тұтастыра, жинақтай әңгімелейді. Осының алдындағы Ықылас тақырыбын арқау еткен новеллаларын жаңа, тың деректермен, ел аузынан ұзақ жылдар бойында жинаған аңыз-әңгімелерімен толықтырып, көп қырлы, күрделі романға айналдырды.

Жазушы романның басталуынан-ақ бала Ықыластың атасы Алтынбектің әңгімесі арқылы сонау көне заманда өмір сүрген қылқобыздың атасы Қорқыттың атына, өнеріне қанық болғанын, киелі күй өнерінде оны пір тұтқанын әсерлі баяндайды. Өнерге құлшынған баланың қайта-қайта әкесінен Қорқыт жайлы сұрауы да, оған әкесінің бар білгенін айтып беруі де, тіпті Қорқытқа қатысты көне көздерден естігендерін есіне салуы да болашақ қобызшының қобыз өнеріне құштарлығын оятып, шығармашылық қуат бергенін аңғартады.

Атасы Алтынбектің аяқасты құлап, естен танып қалғанында Ықыластың қобыз тартуы арқылы бойына дұға дарып, орнынан тұруы да, атақты қобызшы Сейдалының, Сары Тоқтасынның келуі, Ақыш кемпірдің келіні Жамалдың босанып, ұл тууы, сияқты дүрбелең шақтағы қым-қуыт жағдайлар қобыздың үніне ұласып киелі өнерге Ықыластың біржолата бет алғанын оқырманға әсерлі жеткізеді. Қорқыт сарындарының атасы Алтынбекке, әкесі Дүкенге, одан Ықыласқа жалғасуы да қасиетті қобыз өнерінің ұрпақтар сабақтастығына ұласуын аңғартқандай. Жеткіншек Ықыластың үлкендерден киелі де қасиетті күйлерді үйреніп қана қоймай, өзінің күй шығару деңгейіне көтерілгені, тіпті қобызбен алуан құс үніне салып құйқылжытатыны да, оның қобызды әбден меңгеріп, өнер жолына біржолата зейін аударғанын роман тарауларынан анық көрінеді. Романдағы Ықыластың Айкүміске ғашық болуы, осынау сюжеттік арнадағы өте әсерлі суреттелетін махаббат сезімдері сол дәуірге тән халқымыздың сыпайылық салтын бейнелейді. Салт-дәстүр көріністеріне де қаламгер көп көңіл бөледі. Көркіне де, ақылына да қанша сүйсініп құмартқанымен, Айкүмістің төре қызы болуы, ағайындардың қарсылығына тап болуы арадағы сүйіспеншілікке кедергі келтіреді.

Ықыластың Тоқа, Тәттімбет күйшілермен араласуы, Біржан салды көруі, Шөже ақынмен бірге болуы оның өнер жолындағы өзіндік шыңдалуы ғана емес, азаматтық келбетінің өсуіне де негіз қалайды. Романның бас кейіпкері Ықыластың атасы мен әкесінен үйренген «Аққу» күйін қобызда төгілте, тебіренте тартып, қазақтың алдаспан ақыны Шөже жыраудың ризашылығына бөленуі, батасын алуы, жиналған ел-жұрттың қобызын аттай қалап, сатып алуға ниеттенуі де, атасының көзіндей аспапты ешқашан да қымбат дүние, затқа айырбастамауы да өнерпаз иесінің өнерге деген адалдығын, киелі аспап қобызға деген құрметін танытса, ал күйшінің осынау сәттердегі ішкі көңіл күйін де қаламгер алдыңғы қатарға шығара суреттейді. Генерал-губернатор Дюгамелдің алдында күй тартқан Ықыластың «екі жағынан кезек теңселіп, бойын жазып, асқақ адамның бағынбайтын, жеңілмейтін паң қасиетін» танытуы да өнердің күші, дарын болмысындағы ерекше қасиеттері ретінде бой көтереді.

Қырғызда «қыл қияқты сөйлететін Күреңкей есімді бір құдірет бар» деп Шөжеден атын естіген әйгілі қобызшыны Алатау асып, Чоң-Кемин деген жеріне іздеп баруы да Ықыластың өнердегі ізденісі мен құштарлығының шексіз белгісіндей. Жантай ханның ауылына барып, оның ұлы Шабдан манапқа жолығуы, қобызшының Қырғыз жерінде біраз тұрақтап қалуы да романның екінші бөліміндегі композицияда әрқилы оқиғаларды қамти отырып, кең арнада баяндалады. Сол сияқты Шөженің атақты манасшы Балықты іздеп келу сюжеті де ежелден ағайын, көрші екі елдің өнердегі дәстүр жалғастығына, туыстығына айғақ болады.

Роман ішіндегі Күреңкейдің «Қамбархан» күйін тартқандағы Ықыластың алған әсері де үлкен дарынға деген құрметті, сүйсіністі білдіреді. Сондай-ақ Бұғыбайдың домбыраны қолына алып, «Екі жирен» әніне басуы да, Ықыластың өз кезегінде қобызбен күйлер тартып, жиналған жұртты тамсандыру оқиғалары да екі ел арасындағы сыйластықтың көңіл-ниеттегі ғана емес, киелі өнердегі тамыры бір, тереңде жатқан сабақтастықты да аңғартады. Ықыластың нағашыларын іздеп келген Кеменді көруі, жүздесуі, бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімі романдағы тартымды сюжеттердің бірі ретінде оқырманға терең әсер тастайды.

Өнер туралы жазылған шығарма болғандықтан негізгі кейіпкердің өнер жолы ғана емес, бастан кешкен күйініштері мен сүйіспеншіліктерінің шынайы мазмұндалуы мен осыған қатысты жанама көрінетін сандаған кейіпкерлердің іс-әрекеттері де роман сюжетіне кірігіп, көркемдік мақсатта орнымен пайдаланылады. Ең бастысы Ықыластың «Қоңыр», «Ерден», «Жез-киік», «Аққу», «Кертолғау» күйлерінің орындалуынан бөлек, сол күйлердің шығу тарихына қаламгердің кең тоқталып отыруы, олардың жан-жақты мазмұндалуы шығарманың шынайылығын айқындап қана қоймай, оның көркемдік деңгейін биікке көтеріп тұр. Ықылас күйлерінің қыл қобызда орындалуы да, оған көпшіліктің назарының ауып, құлай беріле, сүйсіне тыңдауы да киелі өнердің өзіндік қасиет-қадірін терең танытуға жол ашады. Қырғыз ағайындардың Ықылас өнерін ризашылықпен бағалауы оның үлкен дарын иесі екенін танып қана қоймай, осынау құрмет пен қошемет екі ел арасындағы өнер жарысының дәстүрлі құнарларын аша түседі.

Роман ықшам, шымыр және жинақы жазылған. 256-беттен тұратын тұтас романның прологы мен эпилогы да композициялық құрылымның тұтастығын сақтай отырып, бас кейіпкердің өмір жолын тұтас, әрі әр қырынан терең бейнелеуге мүмкіндік берген. Кейіпкерлер тілі де халықтық сөйлеу мәнерінде құрылған. Кейіпкерлер арасында көп көрінетін диалогтар ықшамды, әрі осынау кейіпкерлердің ұлттық ойлау деңгейін, ұлттық дүниетанымын, ең бастысы қазақ тілінің мол мүмкіндігі мен суреткерлік құнарын мейілінше шынайы жеткізеді. Сонымен бірге екі ел орындаушыларының қобыз, домбыра, қияқ аспаптарын жете меңгеріп, кез-келгенінде ойнауға дағдылануы да өнерпаздар болмысындағы сан қилы талант ерекшеліктерін әр қырынан тануға мүмкіндік береді.

Романда ел тарихы да әңгімеленген, өткен дәуірдегі әр қилы тарихи оқиғалар да өз орнын тапқан. Қазақ пен қырғыз жерінің табиғаты, тау, өзен, көл суреті, жайлау көріністері, барлығы суреткерлік шеберлік аясында бейнеленетіндіктен оқырман назарын өзіне тартады. Сол кездегі Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық бас көтерулер, елдік сарындағы идеялар да кітаптың екінші бөлімінде өнерпаздар тағдырымен сабақтас әңгімеленеді.

Түйіндей айтқанда, Илья Жақановтың «Ықылас» романы – күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының өнердегі тағдырынан, күйшінің орындаушылық шеберлігінен терең мағлұматтар беретін, өнер тақырыбындағы сәтті жазылған, автордың өзіндік ой-өрнектерін, терең толғамдарын алдыңғы қатарға шығарған, сол арқылы тұтас заман көрінісі мен дара тұлғаның тағдырын қатар суреттейтін құнды шығармалардың бірі.

Бұл романдар қазақ әдебиетінде М.Әуезовтен басталған өнер адамдарының өміріне арнап эпикалық көркем проза жазу дәстүрін жалғастырады. Сонымен бірге оларда өнер мен өмірдің бірлігін, ұлы тұлғалардың туған халқымен байланысын ашатын терең арна сақталады. Тәуелсіздік алған елдің көңіл күйі мен әдеби, мәдени мұраны жаңаша тануға ұмтылысы да көрінеді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]