Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Еркіндік, тәуелсіздік арманы

Еркіндік, бостандық, тәуелсіздік, мемлекеттілік – қандайда ұлттық идеяның негізгі бөлігі. Алайда, тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Үш жүз жылға созылған қазақ-қалмақ соғысынан әлсіреп, титықтап шыққан халықты бағындырудың сәтін аңдып отырған, солтүстік батысымыздағы орыс империясы мен Шығыстағы жаланып тұрған жымысқы шүршіт тағы да алдан шықты. Тарихтан мүлдем жойылып кетпес үшін осы екі айдаһардың біреуінің ығына қарай икемделудің ауыр сағаттары соқты... Жүрегін зілге, көмейін күлге тұншықтырған тәуелділіктің ноқтасын басқа киюдің азапты жылдарын қазақ осылай бастады.

Отаршылдық аты – отаршыл. Бар тізгінді қолына алып, барыңды жата-жастана зерттеп, біліп, алған орыс патшалығы енді ата-бабаң ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына мұраға қалдырған қасиетті жеріңе ауыз салды. 4 миллион гектардан астам сулы да нулы, құнарлы жер ішкі Ресейден көшірілген қара шекпендердің меншігіне өтті. Өз жерінде өгейлік көріп, ата қонысы-күнкөрерлігінен қағылған жергілікті жұрттың осы драмалы күйін сол дәуірде өмір сүрген қазақ ақындары аз жырлаған жоқ. Жазушы Сәбит Досановтың «Қылбырау» (2003) романының бас қаһарманы Нұрдәулеттің де Торғай қазақтары құнарлы, сулы жерінен түріле қуылған шақта: «Орыс патшасы Ұлы Далаға қара шекпенділерді қаптатып, отарлау саясатын жалғастыра берсе, көрген күнің не болар, қайран қазағым», – деп аласұрып, тоқымын тілгілейтіні – сол ойы бүлік, қолы қатты, өктем билікті, Ресей империясының отарлық саясатынан зәрезап болуының мысалы. Демек, ХХ ғасыр басталмай жатып-ақ қазақ халқының басына киілген бодандық ноқтасы тым тарылып, күнкөріс қиындай түскен. Жалпы, 1732 жылдан бастау алып, 1991 жылмен шектелетін 259 жылдық отаршылдық езгі, Ресей патшалығы мен соның мұрагері кеңестік тоталитарлық жүйе тұралатқан, солардың қиянат қылышының жүзінде өткен қорлық пен қорлау, қазақтарды ұлт ретінде құрып кетудің аз-ақ алдындағы күйге жеткізді. Бұл дәуірдің шындығы «жылмық» жылдарында туған кейбір шығармаларда аздап бой көрсетіп, негізінен, еліміз тәуелсіздік алған тұста ғана әдебиет назарына ілікті. Солардың ішінде халық тағдырының реалистік болмысы КПСС ХХ съезінен кейін там-тұмдап қазақ әдебиетінде көріне бастады. Олардың қатарында: І.Есенберлиннің «Қатерлі өткел» (1967), «Мұхиттан өткен қайық» (2001), С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» (1965), К.Қазыбаев «Сұрапыл» (1995), З.Шүкіров «Қиын түйін» (1973), Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» (1992), Р.Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры» (2005), Б.Мұқай «Өмірзая» (1998), С.Досановтың «Қылбұрау» (2003), «Ұйық» (2005), Н.Дәутаевтың «Құдірет пен қасірет», Ж.Шаштайұлының «Жаңғырық» (2004), Ш.Құмарованың «Сезім патшалығы» (2003), Т.Тілеухановтың «37 жылдың балалары», Т.Әлпейісовтің «Жоңғардың соңғы қашқыны» (1997), С.Елубайдың «Ақбоз үй» (2005), М.Қожахметованың «Жантәсілім» (2001), Т.Рыскелдиевтің «Ұлы көш» (2001), Қ.Жиенбаевтың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» (2002), Қ.Түменбаевтың «Берекет көрмеген бейбақтар» т.б. романдары бар. Кеңес революциясына дейінгі, революциямен Азамат соғысы жылдарындағы аласапыран шақ, үміт пен күдік жарысқан, аумалы-төкпелі заман ызғары, 1921, 1932 жылғы ашаршылық, байлар мен кулактарды тәркілеу, колхоздастыру, ХХ ғасырдың жиырма тоғыз, отыз жетінші жылдарындағы лаң, тың және тыңайған жерлерді игерудің орны толмас зардабы, қазақ даласының ядролық сынақтар алаңына айналуы, солардың кесірінен табиғат пен адам экологиясының бұзылуы, Желтоқсан оқиғалары – «қан жынымен» сол Ресей империясы мен кеңестік қызыл империяның нәубетті кезеңдері ретінде суреттеліп, тарихи және көркем шығармалар легін туғызды.

Белгілі жазушы Сәбит Досановтың «Қылбұрау» романын ХХ ғасырдың басында патшалық билік кезінде жергілікті халық-қазақтардың ең шұрайлы деген жерлерінен айырылғаны, әсіресе, Столыпин реформасы кезінде орасан зор зорлық-зомбылықты бастан кешкені оқиғаларымен басталады. Ғасырлар тоғысқан, өліара кезеңде, тарих сахнасына сирек ұшырасатын тың тұлғалар шығады. Романдағы сондай тұлға – Нұрдәулет Бабаханұлы. Омбыдағы әскери училищені бітіріп, штабс-ротмистр атағын алған, өз руы шеңберінен асып, қазақ халқының тағдыры ұйқысын қашырған, қалың қарындастың қамы жанын ауыртқан зиялы, азамат. Әкесі Бабахан Сарыарқаға атағы жайылған Тайшығара батырдың кіндігінен тарайды. Бәстескенде бір құлынның етін жалғыз жеп, нән өгізді көтеріп жүре беретін ол ерен қайрат біткен қара күш иесі, ел септеген би, орыс әскерінің полковнигі, талай соғыста қол бастап, ерлігі марапатталған, халқына даңқ, өзіне атақ сыйлаған нар тұлғалы жігіт болыпты. Шаруаның көзін тауып, жылқысы он мыңға жеткен атақты бай да саналған. Сондай әкенің тәлімді тәрбиесін көрген Нұрдәулет әкесінің байлығын үстеп, жылқысының санын жиырма мыңға өсіріп, өзі әскери білімі, дәрежесі бола тұрып, мектеп ашып, ұстаздық, тақуалық жолға түскен. «Әке көріп оқ жонған» Нұрдәулет – өз заманының зиялысы. Қайраткерлігі мен саясаткерлігін ел мойындаған ол білік пен білімге толы ойы, ұлтжанды, халқымыздың біртуар ұлдары, Алашорда партиясының көсемдері: Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, М.Тынышбаев т.б. дәмдес, пікірлес болған. Партия, мемлекет, ұйым құруда бір қатардан табылып, халық тағдыры үшін күресте бірлік пен ұлттық намысқа қылау түсірмей, жүрген кемел жігіт ағасы, «жігіт ед төрт тұрманы түгел сайлы» (Шернияз) дейтініңіз – осы Нұрдәулет. Сондықтан, қазақтың тәуелсіз дербес ел болуы арманымен ауырғандар оны құрмет тұтады, онсыз бас қосылып, ел тағдыры жайлы қозғалған әңгіме арқауы ширамайды. Қызы Гауһар, асыранды қызы Айжанды орысша гимназияда оқытып, қыз баланың бойына шақ білім, тәрбие беріп, әзір қара қазақ тәрізді балаларының аяқ-қолын қалың малмен тұзақтамай, еркін өсуіне мүмкіндік жасайды. Бірақ баяғыдай еркіндік, дәулет мысымен, атасының айбынымен шалқып өмір сүрер заман біртіндеп қолдан сусып бара жатқанын Нұрдәулет жақсы түсінеді. Ырысын тасытқан Амантоғай, Құсұя, Жалдама, Шайтан арал, Қараторғай, Құстөбе ішкі Ресейден көшіріліп әкелген қарашекпенділер қолына өте бастады. Отаршылдық өктемдік патшаға еңбегі сіңген сұлтандарға да шекесінен қарайтын әумесерлікпен ұласты. Отаршылдық үстемдікті жалпақ қазақ даласына ашық жүргізген орыс шенеуніктері жеріңді, байлығыңды тартып алуымен қоймай, парақорлық індетімен ірітіп, ластай бастады. Кешегі «төресіз ел болмас» дейтін қалыптасқан дәстүрде бедел қалмай, Бектас тәрізді бүргені тағалаған жылпостар қарақшылық, барымташылдықпен-ақ байып, арам жолмен жер-жерде сауда орындарын ашып, содан түскен есепсіз қаржыға сәулетті сарайлар салдырып, көрікті жерлерді көзін тауып жекеменшігіне айналдырды. Әзәзіл ақша сыйлаған Нұрдәулетті тасқын домалатқан жартастай жан сағалауға мәжбүр етті. Заманының пиғылына сұңғыла Бектас, кеше өзі біреуге «құл» болып, байдың саудасын жасап, бармағын жалап жүрсе, енді өзі басқаны қолданып, тапқаны мен татқанын місе тұтпай, «құдайға жетуге» тыраштанып жүр. Нағашысы Нұрдәулетті ол бұрын үлгі тұтып, алдынан кесе көлденең өтпей, жатып жастық, иіліп төсегі болушы еді, ендігі «құрақ ұшқаны» бір құрметтеуден аса алмай қалды. Нұрдәулет те байлығы тасып, бағы өрлеп, атағы аймағынан асқан жиенінің асын ішіп, құрметін көріп отырса да, намысын бермей «Қоштасар алдында ерекше қадап айтайын дегенім, менімен туыс боламын деп, мүлде армандамай-ақ қой. Ал, сенің Алмабегің, екі құлағын қалай көрмейтіні сияқты, менің Гауһарымды да көрмейді. Ол оның теңі емес. Сосын Айжан туралы да ұмыт», - дейді Бектасқа. Бұл – кедейліктен арылып, байлыққа жетіп, енді, «құдайлыққа» көңілі шауып жүрген, көкірегімен көкті тіреп тұрған аспанкеуде жиенін пышақтасуға шақырып тұрған қорлау сөзі еді. Соның арты Бектасты шиырықтырып, ірі қимылдарға бастайды. Нұрдәулет бесінші әйел етіп алмаққа амалын қарастырып жүрген «асыранды қызы»-Айжан сұлуды Бектас қағып кетеді, ізіне түскен жырынды нағашысын да қолға түсіріп, тұщы етіне таяқ, улы тіліне «тотяйын» құяды, көкірегін басып, қолына «көсеу ұстатады». Айжанның өз еркімен Бектастың дегеніне көніп, айдауына жүргені ғана Нұрдәулетті өлімнен құтқарады. Заманы түлкі болса, тазы боп шалған Бектас, ойлаудан, қырқылжың уақыттың қас-қабағымен «ойнаудан» қалып, «төрелік сіреспелігі» түбіне жеткен Нұрдәулетті осылай тақыр жерге отырғызады.

Басы көп-көрім өрілген «Қылбұрау» романында оқиға осылай басталғанымен, әрі қарай шығарма желісі діттеген жерден шықпағандай. Көп оқиғалары жасанды, құранды көрінеді. Айжанның Бектас қолына түсуі, оның күштеп алған сұлуымен әлемді еркін аралап кетуі, Айжанның Сарбон университетіне түсуі, өлімнен әупірімдеп аман қалып, тіл жағы байланған Нұрдәулеттің олардың ізіне түсіп табуы, Айжанмен «табысуы», Бектастың ұлы Алмасбектен қызғыштай қорып жүрген қызы Гауһарын өз қолынан Петербордан келген патша елшісі Сиверцевке өз қолымен «ұзатып» қоя беруі – бәрінің салдары мен себебі көркемдік деңгейде ашылмағандықтан, толқытпайды, сендірмейді. Романның аты – «Қылбұрау» болғанмен, орыс отаршылдығының салдары айқын суреттелмейді. Құлдыққа мойын ұсынып, күрескерлік қабілетінен айырыла бастаған жұртты «оятарлық» күштің қазақ сахарасында аренаға шығуы Нұрдәулеттің азаматтық тұлғасы арқылы көрінуі керек сияқты еді. Өзен теңізге қосылғанда қуатты, Нұрдәулеттің алашордашылармен бірлесе «қылбұраудан» құтылу жолында азап пен тозаққа түскенін күтіп едік, ол жағы көңілді көншіте қоймады. Сәбит Досанов Нұрдәулетін ара-тұра Ахмет Байтұрсыновпен кездестіріп, Досан Аманшинмен «орыстандыру» саясаты хақында пікір алмастырғанымен, соның бәрі эпизодттық мәнге ие болады да, маздаған жалғасын таппай, өшіп қалады. Нұрдәулетті жазушы шыққан тегін қазып, ара-тұра мақтап, көпшік қоя көтергенімен, ол үлкен күрескер тұлғаға айналмай, тым бейшара, билеп-төстеуші орыстарға жағымпазданып иіліп-бүгілген, Абайдың мінезсіз болыстарындай көрінеді. Романның отаршылдыққа қарсы идея көтеруі ғана оның тақырыптық мазмұнын көтеріп тұр.

Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы (толық басылуы 2005) өз халқымыздың кешегі коммунистік құрсауда өткен шерлі шежіре парақтарын молынан ақтарған үлкен эпикалық туынды. Ондай шығарма жазу тек кеңес өкіметі құлағаннан кейін, еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана мүмкін болды. Дүниенің бәрін бір етікке тығатын саяси тоталитаризм заманы өз пиғылынан тауып, қайтіп жаңартуға келмейтіндей күл-талқаны шықты да, оның ірі мінезін де, кір, мерез қылығын да көркем келісті философиялық терең толғаныспен, сатиралық ащы тілмен де, публицистикалық пафоспен суреттеген туынды дүниеге келді. Романды оқығаннан алған әсер де, көркем сурет те өзінің өмірінің күйінде оқырман көңілін табады.

Кешегі келе-келе түйе, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой біткен Пахраддин би бүгін кімге жағарын білмей, әр күні санаулы, беделі есігіндегі қозы-лағын баққан Қозыбағардан да төмендеп қалған. Ешкімге қылдай қиянат жасап көрмеген әулие ұлты үшін ұлтарақ, халқы үшін қалқан боларлық азамат еді. Енді Шеге, Ждақай, Қозыбағар, Балжан сияқты комсомолдардың аласұрған ашқарақ аранына, аяуды білмейтін тоңмойындығына, терін саумай, тілін сауған суқиттығына тап болды. «Бұл ел оңбас. Оңбас. Ендігі жердегі тірлігіміз осы болса, өз ұрпағымызбен өзіміз жағаласып өтетін болсақ, біткен екенбіз. Біткен екенбіз», – дейді ол өзеуреген елірме қарсыластарынан жиреніп. Мажан шалдың да қалың мал өргізіп, бәйбіше мен тоқал алып, шалқыған тұрмыс рахатын көрмек болған арманы да нанымды.

Комсомолдар демагогиялық ұранның астында қалды, ол белгісіз өлкеге мал-мүліксіз, ақша-пұлсыз, сүйеу болар жақын-жанашырсыз жер аударылды. Революциямен бірге қантөгіс, зорлық-зомбылық, қиянат, зұлымдық ілесе жүретінін имандылық жүрегіне ұя салған бекзат қариялар қайдан білсін...

«Кебеже қарын, кең құрсақ кемеңгер» (Тәттіқара) Пахраддин, елдің елдігін, рухын сақтаған билер, батырлар, хандар, сұлтандар орнына екіжүзділік, аярлық, зымияндық билеген қилы заман жетіп, «бұлттан шыққан шұбар күнге» жолықты. Өзгеріс дүниенің бәрін асты-үстіне шығарды. Жаңа өкіметтің саясатымен билікке ие болғандар ешнәрсенің нарқын түсінбей, ескінің бәрінің көзін жойды. Солардың қиянатынан жұлдыздай жанып туған Шеге төрт рет Колыманың дәм-тұзын татып, ақыры түрмеде шіріп өледі. Пахраддин бәйбішесі Сырғамен екеуі шөлді кезіп жүріп, аштық түбіне жетіп, көмусіз қалады. Мажан шалдың кемпірімен екеуінің сүйегі қайда шашылып қалғаны белгісіз. Нар тұлғалы, өзі мерген, палуан Бұлыш банды деп қудаланып, ақ жолда жүргенде өкіметке есесін ұттырған, кекке уланған нағыз бандылармен шайқасып, ажалын табады. Балқиясы бұл қасіретті көтере алмай жынданып өледі. Ай дер ажа, қой дер қожа жоқ, шолақ белсенді Жадақай қылмысын бетіне шыжғырып басудан жанбайтын «дұшпаны» Шәріпті кемпірімен 1932 жылы екеуіне тиесілі азық-түлігін бергізбей, аштықтан ісіндіріп өлтіреді. Осы Ждақай «жан досы» Шегеден басына киген «Мономахтың қалпағын» қызғанып, бір рет түрмеден оралса, қайтадан түрмеге тығып, түбіне жеткеніне қанағаттанбай, бір кезде өзіне пысқырып қарамай Шегенің етегінен ұстаған Хансұлуға да ішпеген уын іштіреді. Жетпістің бесеуіне келіп, трагедиялық тағдыр бұйырған, баласы Бұлыш пен келіні Балқиядан қалған көзі, немересі Едігесін қайтсем адам қатарына қосамын деп тырбанып жүрген кейуана Дәу апаны да зымияндықпен қаралап, түрмеде өлуге мәжбүрлейді...

«Бас басына би болып», мансапты жемқорлықтың қайнар көзіне айналдырып құныққандар обал-сауапты белінен басып, бозторғайды қынадай қырған бөктөргіге, жыртқышқа айналмақ. Оларға басалқылық айтатын «басалқының» өзі лашын, тырнағы қанды бүркітке айналған. «Ақ боз үй» романында Е.Смағұл ешбір дүдәмалсыз, кеңес шындығына өш көңілмен көркем бейнелеген.

Ресей империясының отар халыққа құлдық қамытын кигізіп, өзін құл етіп жұмсаған дәуірде адамдарыңыздың бәрінде дерлік құлдық психология қалыптасты. Өз жерімізде басы артық, керегі жоқ жандай сезінгендік. «Ақ боз үйдегі» «қылмыскерлерді» тергеуші Құлберген, Сұржекейлер – сол құлдық психологияның шынжырлы төбеті, сұрмергені, жендеті. Осы психологияны тәуелді жұрттың бойына сіңіретін, демек, құлдық сана – сезімді қалыптастыратын арнайы технология болатынын жұрт сезінбеді емес. Құлберген, Сұржекейлер – сол «технология» мектебінің қағілез түлектері. Рухсыз патриотизм қалыптаспайды. Қызыл империя қазақтың бойындағы рухты жойып, космополитке айналдыруға күш салды. Космополиттік пен ұлтсыздық, «биліктің жоқтығы» қазақты «қыру технологиясын» өзгертіп, құлбергендердің қолымен «қазақтың жауы – қазақ» екенін дәлелдеді. Оны большевиктік диктатураның тізгінін ұстап отырғандар бетімізге басып, көзімізге шұқыды. Осылайша империя: «Істей алсаңыз – мерейіңіздің асқаны, істей алмасаңыз әбілеттің басқаны» – деп қарына тарту саясатына жақындатпай, ызғар шашты. «Ақ боз үй» трилогиясының бірінші, екінші кітаптарында Смағұл осы дилемманы көлденең тартып, басқаға тәуелділіктің философиялық-психологиялық қырларына назар аударды.

Көрнекті орыс ғалымы М.М.Бахтин: «Когда роман становятся ведущим жанром, ведущей философской дисциплиной становится теория познания» («Вопросы литературы и эстетики» М, 1975. Стр. 459),- деп жазған болатын. Смағұл Елубай «Ақ боз үй» трилогиясының үшінші кітабы «Жалған дүние» романында тоқырау жылдарының тоңына, ит тұмсығы батпайтын меңіреуіне сыналап енеді. Онда Мемлекеттік жүйе, әкімшіл-әміршіл басқару үрдісі, қоғамдық-саяси құрылыс, «біртұтас Кеңес халқын» қалыптастыру мақсатындағы коммунистік империяның пәрменді қитұрқы амал-әрекеттері ыждақатты сарапталған. Алдыңғы екі романда күллі тағдыры егжей-тегжейлі баяндалатын Хансұлу жасы жетпістің бесеуіне келіп, шаршап-шалдығып, өткен күн естеліктерімен сұйыла бастаған қанын қыздырып, елудегі Түгелханынан өрген екі, Үмітінен туған бір немересіне шүкіршілік етіп, қалған күндерін санап, өксікпен өмір өткізуде...

Тағдыры ит сүйреткен терідей жырымдалған Хансұлу өмірлік талқаны таусылып, ажал тақалғанда ішіне бүккенін жазып, ағынан ақтарылады... Үшінші рет «халық жауы» боп ұсталған Шегесінен көз жазып қалғанына, Жем бойы жақпай, Жетісуға қоныс аударғанына да 40 жылдан асыпты. «Елу жылда – ел жаңа, қырық жылда – қазан». Жаңа ұрпақ алмасты, немересінің алды жоғары оқу орнын жағалап жүр. Ескі көздерден қалғаны «тарғыл бет, басында жапырайған қарасұр тақиясы бар, иығына көнетоз шапан ілген төртбақ, көкшіл көзді шал Ждақай, Шегесінің басын жұтқан кәззап, Хан сұлудың «өмірін тозақ еткен»-жәдігөй. Сосынғы тірі жүргені – өмір әбден сілкілеп, кеудесінде жаны қалған байқұс, ақкөңіл, «еңсесі түсіп», азып-тозған замандасы Қозыбағар.

Фәни жалғаннан көшер алдында Ждақай Алланың ерекше жаратқан шынайы пендесі Хансұлумен қоштасып кешірім өтінеді. Кешегі ел қарғысы майдай жаққан кәззап, бүгін тамыры қураған қаусағын ағаштай мүскін. Көп қиянат мүжіген Қозыбағар, керісінше, жібектей есілген бекзададай Хансұлудың оң қабағына ілігіп, жастық шақтың көктем лебімен дімкәс жүрегіне тау самалын ала келеді...

«Ақ боз үй» мен «Мінәжаттағы» характерлер де кесек, оларды өсіретін оқиғалар легі де философиялық-психологиялық талдауларға толы. Ал, «Жалған дүние» алдыңғы екі кітапқа қарағанда солғындау, материалында сонылық жоқ, жаттандылау, көркемдік шеберліктен гөрі, трилогияны жеделдетіп аяқтасам деген асығыстықтың жетегінде кеткендей. Әрине, халық басына түскен зобалаңды, болашағы бұлдыр ертеңді болжап, таусыла гөй-гөйге басу, «кешегі өткен қатыгез жүйеге шығарылған қатал үкім» (З.Қабдолов) болғанмен, алдағы өмірден үміт күту қашан да керек. «Жолда қайтып бара жатқан жолаушының көкжиекті көруі ғана жеткіліксіз, ол көкжиектің арғы жағын да көруі және сезінуі қажет» (Мұстафа Кемел Ататүрік). Өкінішке орай, Смағұл «Жалған дүниеде» «көкжиектің» бергі жағын да бұлдыратып, арғы жағын мүлде көзге түртсе көргісізге айналдырып, пессимизмнің қоламтасына көшін қондырыпты.

С.Елубаевтың суреттеуінде, ХХ ғасырдың 60-80 жылдарында репрессияның райы қайтқанмен, коммунистік идеологияның өктемдігі шамасынан аса асқынған. Еркін тыныстап, ойға алған ісіңді баянды ету, ұлт тағдыры, жұрттың әлеуметтік мұң-мұқтажы, мәдени-әдеби, рухани көкейкесті мәселелер назардан тыс қалған. Бірақ шындықты айтамын деп тым қазымырланып кету де айтпақ ойының тұзын татымсыз етіп жіберетінін ескерген ләзім. «Жалған дүние» романында өмірі түрмеде өткен Шеге мен күллі сүргіннің қызыл шоғын жалаңаш табанымен басып өткен Хансұлудан туған, жетімдік пен жоқшылықтың, азапты еңбектің зілбатпан салмағын арқалап көз жасын төгіп өскен Түгелханмен әкесінің жылы құшағын да толық сезінбеген, шешенің де мейірімі бойға дарып үлгірмей, тым ерте көз жазып қап, әжесімен большевиктер ойран салған тозақ дүниесін бастан кешіп, сүйенерлерінен жұрдай айырылып, әркімнің есігінде көзтүрткі, жүдеу қабақ боп өскен Едіге сол Кеңестік өкіметтің құшағында өсіп, жоғары білім алып шыққан. Сөйткен Түгелхан – бүгін астына «Волга» мінген, министр орынбасарының күйеубаласы. Еркетотай өскен, жігіт біткеннің көзқұрты болған сұлу келіншектің күйеуі. Аспанға қарап түкіріп, алшаң басқанның өзі. Он бес жасар Дина есімді қызы, 17-ге толған ұлы бар. Атасының желеп-жебеуімен шарықтап өспесе де, жуан ортада жүреді, жуан діңді емен болмаса да, жел қозғай алмайтын мықтыға айналған. Түгелханның әйелі Аидадан басқа «Дорожникте» тұратын Дариға есімді «тоқалы» да бар. Түгелханнан сұлу Аида қалсын ба, ол да жалы күдірейген Тастан Арыновтың жүрегін «тұзақтайды». Қызғаныш не істетпейді? Түгелхан Тастанға қол көтеріп, жайлы орнынан қағылады, партия қатарынан шығып, әйелімен ажырасып тынады. Енді соның бәрі қосылып, өкініштің уытын арақпен басып, «өкіметке» кіжініп жүр... Сөйтіп, Түгелхан шыққан әлеуметтік тегінен бойына дарыған ең үздік қасиеттерін жойып, өмір сүрудің оңай жолын таңдап, бет-бейнесін жоғалтып тынады. Едігенің де өскен топырағы шикілеу боп шықты. Бұл да «бала іздері Жем бойында, Үстірт үстінде және түркіменнің Қара-Құмында жатқан» күндерін ұмытып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен шапшаңырақ жұмаққа кіріп, шалқып өмір сүрудің жырындылау әдісін қалайды. Байлық пен барлықты, жоғары білімді сұлу қызды қолға түсіріп, дегені жүріп тұрған, лауазымы «зілбатпан» аталы болған Едіге қара суға қаймақ түскеніне кеудесі кеуіп, көзінің еті өсіп, жалған «намысқа» жеңдіреді. Атасының ақылын жүре тыңдайды. Атасы дүниеден қайтқан соң шалқып ішіп, уыстап шашатын байлықтың да түбі көрінеді. Қоғамның жауырын шоқитын шығармасын шығарудың жолы жабылып, тұйыққа тіреледі. Онан шығудың амалы араққа салынып, буыршындай бұлқынған дүлей күшпен әміршіл-әкімшіл жүйе саясатын келсін-келмесін айқайлап, төңірегін мезі ете сынау деп түсінеді. Кешегі ауылдастарын сүйсіндірген жігіт, бедел, абырой, қызмет, достарынан түгел айырылады. Құдай қосқан қосағы Маусымжан да онан қашықтау жүргенді қалайды, өйткені, ол «қыңыр адам, өмір сүре алмайтын қыңыр, бар өміріңді жалтақтаумен, жоқшылықпен, қарыздандырумен өткізетін» сөзі көп, ісінде береке жоқ, араққұмар еркекті не қылсын... Сөйтіп Смағұл Елубайдың «Жалған дүние» романындағы бар салмақты көтергізген Түгелханы мен Едігесі ақыл-парасат, мәдениеті тапшы, тікбақайлау болып өсіпті. Ұлтын ұлықтайтын ұрпақ санасы имандылық талабынан табылуы шарт.

Ал, С.Елубай «Ақ боз үйдің» алғашқы екі кітабынан сұрыпталып, сырға тағылып үшінші кітапқа әкелінген «екі түйнекке» құрт түсіріп, жұрт бастар серкелерді «қорлаңқырап», үстітіңкіреп, алтынның қадірін түсіріп алғандай.

Сонымен, «Ақ боз үй» трилогиясы – халқымыздың игеріле қоймаған, құпия тарихтың «ақтаңдақ беттері» саналатын тақырыпқа жазылған күрделі туынды. Ұзақ жылғы ізденіс нәтижесінде аласапыран шақтың қоғамдық құрылысын, саяси-әлеуметтік, экономикалық негізіне терең бойлай отырып, жазушы адам характерін оның ішкі күйін суреттейтін психологиялық тәсілмен ашуда, талдауда үлкен табысқа жеткен.

Шытырман тартысқа құрылған, «қайнаған қанның, қиналған жанның, толқыған көңілдің, толғанған жүректің сығындысы» (С.Торайғыров) деуге лайық туынды белгілі жазушы, марқұм Р.Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры» (2005) романы. Француз ғалымы Боэси «Рассуждения о добровольном рабстве» деген еңбегінде «бақытты құлдық та болатынынан» хабардар еткен екен. Социализм кезінде біз сол «бақытты құлдықты» бастан өткердік. Қала, колхоз, совхоз, құрылысы өркендеді. Халық жаппай сауатты, теміржол, әуе қатынасы, мектеп, жоғары оқу орындары, ірі завод, фабрикалар салынды. Аграрлы – индустриялы елге айналдық. 20 млн гектар жер жыртылып, «астық фабрикасына» айналдық, Семейде, Капутин Ярда ядролық жарылыстар өтетін полигондар орнады, Сарыөзек пайдаланылған ядролық қалдықтардың қоймасына айналды. Мақта мен күрішке ысырап етілетін судың жетіспеуінен Арал теңізі жер бетінен жоғалудың аз-ақ алдында қалды. Қайта-қайта жыртып, бойындағы құнарын сыпырып алған Ұлы Дала каррозияға ұшырады, жайылым кеміп, тұяқкешті болуының салдарынан мал өсірудің өзі азапқа, үмітсіздікке айналды. Сөйтіп, өз жерінде өгей баладай өмір кешкен бәрінен тақыр-таза қағылып, енді ұлттық тілі мен ділінен айырылудың аз-ақ алдында қалған, небір сүргіндерден өтіп, жуасып, қарсы тұруға қауқарсыз, ішкен-жегеніне тоқ, зорлыққа, қорлауға мойынсұнған, есеңгіреген, жартылай мәңгүрт халықты «бақытты құлдықтың» мүскіндері демеске не шара бар?.. Омбыдағы әскери оқу орынын бітіріп, тұла бойы көк болатқа құрсанған, былғары курткасы сықырлап төңірегіне ызғар шаша қарап, бірде ақтарға ауып, бірде қызылдарды тауып, ақыры большевиктердің шылбырына оралған Хасен небір жауапты қызметтерді атқарып жүріп, «түгінің қызылдығынан» – сталиндік репрессияның қылбырауынан сескеніп, өзін-өзі атып, адам бойына үрей сепкен жын жайлаған дүниеден асығыс аттанып кетеді. Артында қалған әйелі Ажар құдайдың күні күйеуімен бірге тамұқтың отына түсіп, өртіне шарпылып жүргендіктен, жаратылысы нәзік жан бұл дүниеден баз кешіп, уайым-қайғыға күніне қырық тұншыға келе, зікір салып отыратын ұстамалы ауруға шалдығып, ақыры масқара өлім бұйырады. Әкесі, Кереку өңіріне бес саусағынан өнері тамған зергер Күлнияз да, қайын атасы «аяғын талтаңдап басып, кеудесі аяққаптай, ботқа бет», қара кісі Ысқақ-Смағұл – отаршылдыққа қарсы, орыстардың шовинистік астам көкіректігіне шыдамай, халықты көтеріп, тарих толқынындағы топан су астында қалмай, қажымас қайрат, ірі қимылдарымен қызыл империяны абыржытқан асқақ зияткер адам. Шындықты күбілтілемей басқа соға айтатын Ысқақ-Смағұл адамды тауықтай бауыздап, тағдырын ойыншыққа айналдырған Сталиннің өзін аямай сыбап, ақыры опасыз дүниеден Азамат боп трагедиялы ажал бұйырады. Бұл әулеттің үшінші ұрпағы Қызымбек атасы Ысқақ-Смағұл әкесі Хасеннен де ер боп туады. Өмір жолы үнемі жоқшылық, жетімдік жағдайларда өтеді. Кешегі «халық жауының», Ресей империясының отаршылдығына қарсы күрескен бандының тұқымынан көз жазып қалмай, жауыздық, қатыгездіктің адам ойлап таппас небір сұмдығын орыс әкімшіл-әміршіл жүйесі жүзеге асырады. Тың және тыңайған жерді игеру науқаны кезінде қазақ даласына кімдер келмеді дейсің?.. Әйтеуір мемлекет тізгіні қолында тұрған ұлы халық қазақ даласын жергілікті ұлттан тазартып, аузын ашпай айдағаныңа жүретін тобырға айналдырудың тәсілі Қазақстанда өзге халық диаспорасын көбейтуге күш салды. Олардың қолындағы қару, бұрмаланған заң, шексіз билік, әпербақандықтың небір түрі сұмдықтың неше түрін іске асырды. Кісі өлтіретін қанышерлерден тұратын топтың қолынан бауыздалып қалған өндірдей жастар, талтүсте төбе басында зорланған қыз, ата-баба зиратына қойылған өрт, тапталған намыс, жыртылған зираттар... Осылардың бәрін тоталитарлық жүйе астыртын қолдап, жел беріп отырады. Ермактан да асқан қанішер, зорлықшыл, бұзық, түрменің дәмін артығымен татып, бар жаманшылығын бойына жұқтырған, бетіне ешкімді қаратпайтын өктем күш иесі Симка-Босай Ығламбектің төрінде сый-құрметке бөлене отырып, әйелі Ленаны зорлап, жігіттің намысын айрандай төгеді. Оған жүзі шыдамаған, қорланған Қызымбек, досының кегін оныман жекпе-жекке шығып қайырады, ауыр соққыдан жарақат алған Симка-Босай ауруханада өледі. Еш жазығы жоқ, төгілген намысты қорғап, алапат зорлыққа шыбын жанын аямай, ұлтымыздың қорлануына төзбей, арыстандай айбат көрсеткен батыр жігіт өлім жазасына кесіліп, «жергілікті ұлтшылдардың» қастандығынан өлген, тыңгер, «әділет, үміт, тәртіп орнату үшін» күрескен Симка-Босайға Ермак қаласында зәулім ескерткіш қойылады. Бұл да отарлаушылардың жергілікті ұлт бойына үрей себудің амалы. Рамазан Тоқтаров оқиғаларды шебер қиюластыра, тартыстарды өмірдің өзегінен ойып алады. Орыстар не істесе де жөн, қиянат пен зұлымдық кәріне, тобырға айналған халық жойқын күшке қарсы тұра алмағанымен, қанында күрескерлік қабілеті жойылмаған Қызымбек тәрізділер өмірінің соңғы сағатына шейін, «құлдық қамытын» кимей арпалысып өтеді. Ол Колымада жазасын өтеп жүрген шақта трактордың шанасын иығымен қаққанда аударып тастайтын өгіз қара күші бар Таран мен Бесбас десятник Әшкен деген қазақты өлтіруге шақ қалғанда Қызымбек ұлттық намысы қозып, диюмен бетпе-бет келеді. Жеңеді, дию өмірмен қоштасады. Қызымбек тағы да он жылды қосып алады. Батыр туған, намысты ұлға сүйекті тесіп өтер боранды Колыма, ненецтер мекен ететін Яр-сале де қоныс болып, ақыры оны өлтіруге Семей полигонына, онан кейін Ауғаныстан соғысына аттандырады. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі. Бел омыртқаңыз бүгіліп, мойын омыртқаңыз үзіліп кетердей қыл көпірдің үстіндегі өмір, шындығында да, қазақтың асқақ рухы жеңбейтін күш жоқтығына меңзейді. Квазимода-Кәкей-Қызымбек қазақтың намысын ту етіп, «бақытты құлдықтың» қамытын мойнымыздан сыпыруға бағытталған Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысының жуан ортасында демеушісі де, рухтандырушы, жеңісті жігерімен жеңіп алуға бастаған көсемі, қас батыры бола біледі. Қызымбек, соңғы лақап аты Квазимода, әрекеті мен ірі ерліктері тарқатыла бастағанда-ақ көзіңнен жас, жүрегіңнен қан тамызатын өзек өртер ойлар қасқырдай талайды. Тәуелсіздік, егемендігіңді жеңіп алмай, құдіретті империяның отары болу – жеріңді тоздырып құрту, ұрпағыңды жойып, тарихтан мүлдем жоғалту. Ес біле бастағанынан соны сезініп, жүрегі жараланып өскен Қызымбек, күллі өмірін коммунистік империяның шовинистік идеясы, өктемдік, өзгені өрге бастырмайтын саясатымен айқасып, жеңілсе де, жеңді, рухы асқақ тұрды. Досқа адал, дұшпанға айбар, ағайын жұртқа мейірімді, туған елге қайырымы тиер жігіт қана азамат атануға тиіс. Рамазанның Қызымбегі – сол деңгейден орнын берік сайлаған азамат.

Ұлт намысы дегенде жанын салатын, көкірегі қарс айырылатын, халқының парызын өтеп, қарызын қайтарған Қызымбекке қарама-қарсы қойыла бейнеленетін екінші кейіпкер – Болат. Әке-шешесінен тұлдай жетім қалған Қызымбек, әкесінің туған қарындасы Қамарияның босағасын паналайды. Қырықтың үстіндегі, 4 құрсақ көтеріп, жалғыз Болаты ғана тірі қалған Қамария бауырынан өрген жалғыз тұяқты отырса-опақ, тұрса-сопақ күй кештіреді. Қарғағанда жетесіне жетеді. «Құлдығың болайын, зекімеші осы балаға. Ажар марқұм әуелі құдайға, сосын бізге аманат етіп тастап кетті ғой. Таусыла бермеші, айналайын!» деп жалбарынады әйеліне күйеуі Исағазы. Қамария жаман әйел емес. Өжет, өрт, көрікті, көңілі түскенге көл, көңілі түспегенге шөл. Ата-бабасына шалқып дәулет, батырлық, серілік, мәрттік біткен әулетті түп-тамырымен жұлып, түбіне жеткен Кеңестік тотолитарлық жүйеге, құдайға Қамарияның өкпесі қара қазандай. Ол таздың ашуын тырнадан алып, бауыр еті, ағасынан қалған тұяққа шамасы жетеді. Қызымбек бірге өскен Болат десе ішкен асын жерге қояды. Қамария да құдайдан тілеп алған баласы Болатқа өліп-тіріледі. Бірақ Болат жасынан мінезсіз, өркөкірек, өзімшіл болып өседі. Шешені-әкені де мойындамай, орыстардың ықпалына түседі. Олар мылтық үйрету үшін мал қайырып жүрген бақташы қазақты атып, жаттығуға кеңес береді, шовинист Катковты жоғары сыныпта жүріп жағалап, талайдың түбіне жетер тыңшылыққа, мысықкөмбе қылыққа ауызданады. Қабілеті күшті, білімге құштар, елгезек, пысық Болат, өз өскен ортасын, жанұясын қомсынып, фамилиясын өзгертеді. Әкесі өлгенде, тышқан өлгендей де қиналмайды. МГУ-ға түсіп, заң факультетін бітірген соң, «халық жауларын» іздестіру науқанына араласады. Басқасы басқа, бір аулада бірге өскен досы, жазушы Рауанның еңбектерінен саяси астар іздеп, кітаптарын шығартпай, өзін үлкен қаладан аластатуға, ұлттық тарихи жадымыз бен көркем танымымызды бейнелеудегі батыл, патриоттық бастамаларынан бас тартуға мәжбүрлейді. Екінің біріне бұйырмаған оқу орнына түсіп, оны бітіріп, ірі қызметке келген Болат Изольда есімді еврей қызымен отбасын құрады, бір ұл, бір қыз сүйгенімен, олар өсе келе өз қағынан жеріп, ұлы еврей қызына үйленіп, Израйл азаматтығын алып, сонда мәңгілікке қалады. Қызы да жөйттің жігітімен қосылады. Әйелі ұлының артынан Израйльге кетіп, Болат «моласындай бақсының» күмбірлеген үйде жалғыз қалады. Қотыр атқа-соқыр ат үйір деген осы. Квазимоданың адамға бітпес ірі қимылдарына таңырқап, мінезіне ақылы сай, көркіне инабаттылығы сәулесін түсіріп тұратын, айтайын дегенін жүрегің айтатын Жаңагүлге кезіккен соң Болат өмірге қайта туады. Романның Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарын тітіреткен Семей атом сынақ полигоны туралы беттері де империяның қазақты түбегейлі құртуды көздегенін көрсетеді. Осының бәрі – күллі Кеңес өкіметінің қазаққа жасаған қиянатын көзімен көріп өскен жазушы Рауанның тәуелсіздік жолында, қолдан тұзақ алынып, кітаптың еркін ойлы болуына жол ашылған сәтте қаламынан шыққан жүрек сөзі.

Оразбек Сәрсенбаевтың «Шеңбер» (1998) романының арқауына социализмнің қылышынан қаны тамған, әлемді «аузына қаратып» тұрған, «кемелді» кезеңінің (1973 жыл) оқиғалары алынған. Оның басты кейіпкерлері – обкомның бірінші хатшысынан бастап, аудандық автоколоннаның директорына дейін жалғасқан облыс пен ауданның «халыққа мінсіз қызмет етіп» , «жанын жеп» күндіз күлкі, түнде ұйқыдан «қалған» кілең «жуандары». «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» (Абай) демекші, өмірді терең зерттеген жазушы кемелденген социализм заманында ел басқарудың биік сатысында тұрған «тұлғаларымыздың» кісілік қасиеттеріне, өмір сүру тәуелдеріне көз жеткізу арқылы дәнінен қабығы қалың, нәрінен суы молдығымен жирендіреді. Айталық, Тамкент облысын дүр сілкіндірген тосын кісі өлімі аймақтағы басқару жүйесінің сыбайлас жемқорлықпен былығып, өрмекшінің торындай шырмалған парақорлықты анық көрсетсе де оның машақатын адал адамдар тартады. Облыстық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары Шерәлі Дүйсенбаев «қызметі өсіп» жоғарылағанымен, мұнан әбүйір таппайтынын сезінеді. Социалистік Еңбек Ері Аппақов басқарған «Гигант» колхозы шындығында 2000 гектар жерге мақта тұқымын егіп, оны 800 гектар деп береді. Кейін 2000 га жердің өнімі 800 гектар есебімен беріліп, қолдан «рекорд» жасайды. Есесіне, 1200 га жер демалмай істен шығады, оған ел тегін еңбектенеді. Сиырдан сүт, малдан төл алу да, бақшадан өнім жинау да, қамбаға құйылған астықтың тоннасы да артығымен жазылып, «ақ алтынның» салмағын ауырлату үшін қырманда тұрған тайларға шелектеп су шашып, арбалап топырақ, құм қосудан айылын жимайтын «шаруа баққандардың» әр басқан адымынан қылмыс балалап жатады... Есесіне, обкомның бірінші хатшысы – «қу мүйіз» Мүбәрәк Хұснидинов, облыстық ауатком төрағасы «сарыбалшық» Ермахан Жарбосынов, Қуаңдария аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Жылымқұрт Өтениязов сияқтылар келесі Алтын Жұлдызды омырауға қадап, онан да майлылау орынтаққа жайғасуды ойлайды... Мәскеу, Алматыға, ол облыстарға, облыс аудандарға орындалмас міндеттер жүктеп, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай боратып, жыл сайын тозған-азған жерден «миллиард пұт астық жинап, қой басын 50 миллионға жеткізіп», жалған ақпараттар таратады. Сыйқырлы шеңбер шыр айналып, социалистік қоғамның іргетасын үгіте бастады. Оған шын кінәлі қатардағы қарапайым еңбек адамдары, маңдай терін төгіп жүрген мамандар емес, әкімшіл-әміршіл жүйе, ел ұстаған әкімқаралар қолдан жасалған аштық, соғыс пен репрессия тұралатып, есеңгіретіп тобырға айналған халықтың момындығы мен енжарлығын пайдаланады. Өтірікпен ауызданып, өтірікпен қызмет басқыштарынан көтерілген «номенкулатура» өтірік айта білмейтін адамдарды жолына тұрғызбай, ісінен ілік, басынан дау кетірмей жер қаптырады. Артта қалған ауданды көтерудің орнына, өзінің жемсауын толтыруды көксеген, күллі автоколоннаны жеке бас пайдасына қызмет еттірген Ақтай Жаһиловты қорғап, М.Хұснидинов, Шерәлі Дүйсембаевты Қуаңдариядағы аудандық партия коммитетінің екінші хатшылығынан көтеріп, облыстық ауылшаруашылығы бөлімінің орынбасары орынтағына отырғызады. Ол өзі облыс бойынша ауылшаруашылығындағы байлықты санамалап, зілкөмей сөзді биік мінбеден тайсалмай айтып, халықтық мүддені жоғары қоюға шақырады. «Жақсы тәртіп әдетке айналса-ырыс. Жаман тәртіп әдетке айналса қырсық екенін» (Ғ.Мұстафин) облыс тізгін-шылбырын қолына ұстағандардың құлағына құяды. Қимылы қатты, тілі удай, тегеуірінді Шерәлі саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қоятын, жыртқыштар ортасынан пайдасы көбірек тиетін туған ауданы Құландариға қайта оралуды көксейді. Оның бұл ниеті Мүбәрәк Хұснидиновке де, Құландария аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Өтениязовқа да ұнамайды. Олар айтқанын орындаудан бас тартқаны үшін Шерәлі Дүйсенбаевтың көзін құртуға дейін барады. «Қумүйіз» Мүбәрәк Хұснидинов облысты жеке дара билеу үшін жолында тұрғанның бәрін тамырымен жұлып тастаудан тайынбайды. Мүбәрәкпен бірге өскен құрдасы, ауылдасы, кейіннен қызметі де үйлес болған Тоқтарбай Арыстанбеков бір кезде институттың тарих факультетін бітірген, кейіннен шаруашылық жұмысына ауысып, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Социалистік Еңбек Ері дәрежесіне дейін көтеріледі, бірақ ол қырық есекке жүк боларлықтай амал-айласы бар досының екіжүзділігін ұнатпайды. Мүбәрәк Тоқтарбайдың сатқындық, жалтақтық, екіжүзділік, аярлықтан таза азаматтық тұлғасынан сескенеді. Ішіне пышақ айналмайтын, жетесіздеу, «бақай құрт» бас прокурор Хансейітов жаны қысылғанда Тоқтарбаймен жараса кетеді. Атқамінгендердің ішінде қоғам мүддесінен жеке бас мүддесін жоғары қоятын, еңбек сауғаннан, кісілік қуғаннан гөрі басшының қас-қабағын бағып, соған жағынып, пенделік есебін түгендеп ұстайтын мінез-әрекет көбірек сезіледі. О.Сәрсенбаев жылдық есепке арналған облыстық партия комитетінің Пленумына қатысушылар жайлы: «Тоқтарбай енді мәжіліс залына көз жүгіртіп отыр. Көпшілігі таныс, сырмінез-ақ кісілер. Бұлардың ішінде «барып кел, шауып келден» артыққа жарамайтын елгезек орындаушылар, «иә» деп уәде бергенмен, есіктен шыға бере бәрін ұмытып кететін дайынсыздар, қай жақта қандай сыбыс шығады деп желге мұрнын тосқан иісшілдер, үстіне шелектеп су құйсаң бір тамшы жұқпайтын қулар мен алаяқтар бар. Олар ғана емес, ерте тұрып, кеш жататын тынымсыз шаруа мен жер жыртып, су жағалаған диқан да отыр осында. Қайратын жерге көміп, сабырмен іс істейтін жырындылар да бар...» -деп сипаттайды. Тоқтарбай қырық ру жұрттың жиналыста отырысын, қозғалыстары, қол соғыстары, көзіндегі күллі құбылыстарын шамалап байқап, олардың облыстың көсегесін көгерткісі келіп, ел-жұртының арыз-арманы төңірегінде ой қозғауға тобанаяқтығына қынжылады. Аңдып-баққандары –өздері тәуелді «дөкейдің» шылауына оралып, қоштау, көзіне түсіп бір жағынып қалу. Ел қамын жеген Едіге, алқалы топқа кіргенде айбар боларлық кемел кісім деп қошемет көрсетіп, қосарына жегілу-бұл алқалы топқа бітпеген мінез. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Тоқтарбай Арыстанбеков: «Соңғы он жыл ішінде айтқан өтірігімізді жинасақ, құдай біледі, әлгі қожа, молдалар айтып қорқытатын тамұқ отына жүз жыл тамызық болуға жарайтын шығар», – деп жалған ақпаратпен оразасын ашып, әрі-сәрі кешіп жатқан қылмысқа толы жылдарды елдің есіне салады. Қылмысты көрсетіп басқа біреу республикаға әйгілеп масқаралағаннан, өзіміз шиқанның аузын жұлып, емдегеніміз өкіндірмейтінін көзге шұқи, басқа соға айтады. Ел аузына қараған М.Құснидинов Тоқтарбайдың сынына көз жіберіп, мәжілісте отырғандардың әрқайсысының ісіне қатал баға беріп, алғы күндерде ойсыраған олқының орнын толтыруға жұмылдыруды «ұмытып», іріп-шіруден сақтандырған «емшінің» өзіне бас салады. Пысық, данышпан екенсің іскерлігіңді көрсет деп, облыс бойынша соңғы орында келе жатқан Қуаңдария ауданына аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп, жібереді. Бұл тосын, намысын таптаған шешім оны аурухана төсегіне байлап, жүйкесін жүндей түтеді. Қайта досы Мүбәрәктан оның топ құрып астыртын айқасып жүрген облатком төрағасы Жарболов Ермахан көшілгері екен. Ішкі мүмкіндіктерді ескермей, демогогияға салынып, жоспарды артығымен беріп, жұртты титықтатқан тоталитарлық жүйе келеңсіздігін оңаша сұхбатта: «Партия тапырса, Тоқа, қой түгіл, екі жылда әзер боталайтын түйені де егіздетіп туғызамыз. Оған күмән бар ма?», – дейді. Бұл – тәуелді отарына қаһарымен дегенін жүргізген Мәскеудің өктемдігіне күйінулі адамның сөзі. Халқының қамын ойлауда Хұснидиновтен әлдеқайда жоғары тұр. Алайда оның осы алғырлығы мен байыптылығы үшін өзімен бақталас, тақталас санайтын Құснидинов Жарболовтан шапшаң құтылуға тырысады, оның зейнет жасына жеткендігін сылтауратып оны жылы орнынан жылжытады. Облыстың бірінші басшысы «тамұқ» өртіне талайды қақтары анық еді, құдай сәтін сап Қуаңдария ауданына «Ара» журналының редакторы Қоңқай Түкстанин кеп, жыланның аяғын көрген, басшыларға қыжылы әлемет ауаткомның жауапты хатшысы Жармақановтың көмегімен жабулы жатқан талай жалған ақпараттың жымына «сына қақтырады», сұқсырды ілмекші болған «лашындардың» «тырнағынан» сау құтылған тілші «Социалистік Қазақстанда» «Құландарияның қулары» атты фельетонын жариялатып, айды аспанға бір-ақ шығарады. А.Өтениязов қатаң сөгіспен Тамкент облыстық атқару комитетінің төрағалығына жылжытылып, Тоқтарбай Арыстанбеков Өтениязовтың орнына тағайындалады, Тамкент облысындағы мафияның бастығы Ақтай Жаһилов Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің құрығына мойнын ұсынып, аса қауіпті қылмыскер ретінде тергеле бастайды. Шерәлі Дүйсенбековтің де сиырқұйымшақтанып барып құрдымға кеткен ісі енді қайта жандануға бет алады. Арыстанбеков те ойламаған жерден сол «сыйқырлы шеңбердің» уысына түсіп, көмекшісі Сансызбайдың тапқыр, жанкешті ерлігінің арқасында Шерәлінің кебін кимей, аман қалады. Бұл да Хұснидинов мафиясының өздерінен «аруағы асып бара жатқан», «сыйқырлы шеңбердің» бар құпиясы, жұмбағына қанық «көкжал куәгерден» құтылудың соңғы қанды тұзағы, қылмыс өлкесіндегі іздерін жасырудың терең ойластырылған тактикасы еді...

Жазушы күллі бір облысты ластап, жайлаған сыбайлас жемқорлықтың халыққа улы су ішкізіп, қара нанға зәру, еңбегін еш, терін сор еткенін күресіне суреттеп, ақпараттарды жабу барысындағы қылмысты топтардың қиянатты амалдарын қазбалап жазады. Облыс жұртшылығын ығыр еткен мафиямен күресуде ешнәрседен тайсалмай, қорлау мен қыспаққа көне жүріп, иіліп-бүгілмеген Шерәлі, Тоқтарбай, Сансызбай, Ұлы Отан соғысының партизаны, шарболаттан құйылғандай мығым Аппақов т.б. ізгілік, имандылық жолын ұстап қалады. Жасыратыны жоқ, нақақ қанды төгумен орнаған Кеңестік тоталитарлық жүйе өктем күш, саясатпен өмір сүрді. «Саясат та сиқыр тәрізді. Көзге көрінбейді. Алайда көзге байқалмай-ақ, бірте-бірте жүзеге асып жатады. Оған қарсы шыққандар бастарын жарға соғып, есеңгіреп қалған бекіре балық сияқты өзінен өзі жағаға шығып қалады», – деп ғалым М.Мырзахметов «сиқырлы шеңбердің» сырын, бізше, дұрыс пайымдаған. Шерәлі марқұм сол «сиқырлы саясаттың» құрбаны. Тоқтарбай тәжірибелі, сол қылыштың жүзіндей қылпыған саясаттың «майын ішкен» ортан қолдай сергек сабырлы азамат болғандықтан, жымысқы, зымиян әрекет, айла-амалға тұтылмайды. Қылмысты «сиқырлы шеңбердің» бір ұшы «тарқатылып» қолға тиеді. Қоғамды ен жайлаған мафия қанша дәуірлегенімен, оның да шегі бар. Момынның есебін қу табады, қудың есебін құдай табады... Оразбек Сәрсенбаев «Шеңбер» романында сондай көркемдік шешімді көлденең тартады.

Кеңестік кезеңнің қазақ елі үшін: «Адамға сырттай да, іштей де бүлдіре беретін, аяғында жұтатып шығаратын заман»1 болғанын сол социализм дәуірі «номенклатурасына» енген сенімді адам саналғанымен, қызмет етуге күшін берсе де, ішін бермеген «партократ» Кәкімжан Қазыбаев «жұтатқан заманның» маңдайына оқ болып қадалып, шоқ болып қаритын шындығын «Сұрапыл» романында (1995) 1917 жылғы Қазан революциясынан бастап, Сталиндік репрессия оқиғаларын толық қамтитын көлемде алып азаматтық уыт, суреткерлік талантпен бейнелеген. Роман «Үркіншілік», «Сұрапыл», «Үрей-үміт» деген үш бөлімнен тұрады. «Үркіншілікте» большевиктердің жеңісінен кейін, ақ-қызыл боп өзара айқасып, ұлт аймақтарында қара халық кімге қосыларын білмей сеңдей соғылысып, бірде ақтардың қылышына туралып, бірде қызылдардың топалаң тигендей дүрліктірген әрекет-амалынан қырғынға ұшыраған шағы суреттеледі. Содан отырықшылдыққа көшу, халықты жаппай күштеп колхоздастыру, шолақ белсенділердің иілместі иілдіріп, жұтамасты жұтатқан, адалды арамдап, кемеңгерге кебенек кигізген түнек заманына кезігеміз. «Сұрапылда» «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұран мен қазақ даласында «кіші төңкеріс» жасамақшы болған Ф.И.Голощекин үстемдік құрған кездегі зұлматтың зардаптары шеберлікпен кестеленген. «Үрей-үміттің» желісі сталиндік зобалаң жылдарында жазықсыз ел жақсыларын «халық жауына» айналдырып, тұқымын тұздай құртқан тоталитарлық жүйенің қатігез жендеттігі оқиғаларына құрылады деп «Шекспирдің барлық драмаларында бір ғана герой бар, ол-шындық»1 – В.Г.Белинский – депті. Айтқандай, К.Қазыбаев «Сұрапыл» романында шындықтың жүзіне көлеңке түсірмеген. Жазушы ауқымды тақырыпты игеруге өзінше жол іздеп, ұзақ толғанған. Қаһармандары да ат құлағы көрінбес саясат боранында бірде адасып, бірде елді адастырып, тағдырдың шиырлы соқпақтарынан өтеді. Алмағайып заманның алуан-алуан оқиғаларын өзі тарихын жете білетін өлкеден тірнектеп жинап, зерттеп, қорытып, қазақ даласына ортақ ақиқатты жұртшылыққа ашып беруге тырысқан. «Мынау ұйқы-тұйқы дүние не боп кетті?» Дәмелінің (бас кейіпкер – Т.С.) есіне бәрі түсіп жатыр...» Ол өзіне сұрақ қойып, түсінде ғана көруге тиісті ібіліс пен шайтан, диюдың адам әлеміне қаны қас пейілінен туатын зауалды істерінен түршігеді. «Үркіншілік жылы» деп өзі атап кеткен ақ пен қызылдың кезек айқасып жатқан қан майданы алаңынан бес жасар баласын арқалап зорға шыққан. Дәмелі көп күттірмей қанды оқиғаны қанды оқиғаға ұластыра жеткен байларды тәркілеу, жұртты зорлап ұжымдастыру, отырықшыландыру саясатын басынан өткереді. Тәнті боларың Кәкімжан сол дәуір анатомиясын алдыңа жайып салады. Бармағын бүгіп қалар саясатқа бой алдырмаған. Мұнда алуан пиғылдың, мінездің әрекеттердің калейдоскопын аңдайсың. Демелінің құдай қосқан қосағы Малдыбай-малсақ, Бименді мал жинағанымен, көзі тоймайтын дүниеқоңыз. Жинағанының қызығын көрмей, ақыры басқаға бұйырады. Ал, онымен дәулеті бірдей Бәсібек малды халық мүддесі жолында аямай жұмсап, мектеп ашуды армандай бастайды. Демек, байдың бәрі Қарабай мен Шығайбай емес, Атымтайы да жеткілікті екен. Олар Бимендідей битін сыққан қарау болса, қазақ қоғамы баяғыда-ақ тұралап, тозып кеткен болар еді.

Зұлмат жылдары қазақ даласының қалың малы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Шетел асқандар қазақ құтын, ырысын өздерімен бірге қопара көтеріп, сыртқа төкті. Пролетарлық диктатурадан халқымыздың «үлесіне» тигені осы. Жұрт тұйыққа тірелгенде бір әулеттің – Малыбайдың, оның немере інісі Қоспанбет, баласы Ақылжанның, келіні Қайшаның, ауыл анасы атанған дүлдүл апа Дәмелі, оның бірінен бірі озған інілері Нарғазы, Жанғазы, Ерғазының бастан кешкен қиямет-қайымы, романда реалистік суреттермен бейнеленген. Шаш ал десе бас алған шолақ белсенділер, кеудесі қыжылға, көмейі ызаға толы Голощекиннің аузынан шыққанын асыра сілтей орында ұмтылар да өз әрекет-қылығымен көрінеді. Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін екіжүзді, аяр саясатының салдарынан бала-шағасы аштан қырылып, тек тірі қалудың амалына қарастырады. Жұт-жеті ағайынды. Тұяғына сүрініп, сіңірі созылған халық туған бауырына бір үзім нанды аузынан жырып беруден гөрі жанын сығып беруді жеңіл санайды. Ел ішін ұрлық, індет жайлайды. Аштықтан әупіріммен аман қалған ұрпақ балалар үйіне өткізіліп, олардың қазақша аты жойылып, Валя, Максим, Коля, Вера, Петя, Таня боп «орыстандырылып» жатады. Біреуге тірі қалу мұрат та, билігі үстемге Ұлы Даладан қазақтың тұқымын тұздай құрту мұрат саналады. Күні кеше түтіні тік ұшқан 10 ауыл тоз-тоз боп құйынмен бірге жоғалса, кешегі колхоздастыру процесі жүзеге асқан 4 ауыл тайлы-таяғымен аштан қырылады. Міне, «қырық қатынның толғағын қатар келтірген» жауыз Голощекиннің керағар саясатының нәтижесі, аумалы-төкпелі өмірдің қарғыс арқалаған кейіпкерінің иегіне қылыш жаныған ісі. Сәкен Сейфуллин тәрізді профессионал революционер болмаса да Кеңес үкіметін өз қолымен құрысып, тарихты зерттегені үшін Жүсіп, оның әйелі Бәтима, Малыбайдың жалғыз баласы Ақылжан да сталиндік репрессияның құрығынан құтылмайды. Орыстың бәрі аяр, опасыз, сатқын, шовинист деу қисынға келе бермесі хақ. Голощекиннің қазақ халқына жасап отырған қанды саясатын көріп, біліп, кейде қызмет бабымен жүзеге асыруға мәжбүр боп жүрген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Федор Афанасьевич Белозеров интернационалистік ақыл-парасаты мәжбүрлеген жүрек шешімінен өз басын жұтады. Нұрлы жүзді, терең ойлы, қоңыр үнді, ойлы азамат, билік тізгіні қолына сеніп тапсырылған ауданның абройын көтеріп мойындата «мұртты көсемнің» қанды қылышына тұтылады. Мұның бәрі К.Қазыбаев романның тәуелсіздікке дейін қазақ халқы бастан кешкен азапты өмірдің шынайы шындығын суреттеуге жол тапқанын көрсетеді.

Адамның кім екенін білу үшін өтпелі кезеңде өмір сүру керек. Өйткені, «Қаның судай құйылған, сүйегің таудай үйілген, бек ұлдарың құл, пәк қыздарың күң болған» (Күлтегін) зауалды шақта, кімнің кім екені тайға таңба басқандай айқындалады. Шәрбану Құмарова «Сезім патшалығы» (2003) романын Кеңес өкіметі құлап, кешегі жұрт напәқасын айырып отырған колхоз, совхоз тарап, фабрика мен заводтар жұмысын тоқтатқан кезде кәсібінен айырылып, аңырған жұрттың тасқа басын соққан балықтай есеңгіреп, не істерін білмей басы қатқан заманның шындығын суреттеуге жұмыссыздар нан табарлығы бар қалаға ағылады. Тәртіп әлсірейді. Тәртіп әлсіреген жерде қылмыс пен зорлық-зомбылық белең алмақ. Соның бәрін көзімен көріп, кімнің кім екенін көңілге түйген жазушы ұлттық тәуелсіздігімізді алғанмен, экономикалық тәуелсіздігімізге қол жетпей, жүдеп-жадаған, үміт-дәйім, «қылкөпірде» тұрған шағымыздағы мемлекетіміздің қалт-құлт еткен тірлігін көркем танымымен батыл мүсіндейді. Кеше облыстық тіс емдеу ауруханасының бас дәрігері боп шалқайып жүрген, өтпелі кезеңде жекеменшік тіс емханасын ашып, дәулеттілерге алтын тіс салып, қалтасын қалыңдатқан Жәнібек, дүние доңғалағы кері айналарына мән бермейді. Басына бақ боп қонып, Алтын есімді қыз тауып берген момын келіншегінен жеріп, қырық айлалы, қырқылжың татар қызы Ризатқа кетеді. Байғұс әйел бетінде қызылы, белінде күші барда өзі де басқа жігіттен салымсыз еместігін опасыз күйеуіне дәлелдегісі келді ме, бір емес, екі еркектен опа көрмей, өксіп, қасіретпен татар дәмін ерте тауысады. «Кермаңдай, келбетті, сылаңбойлы, сыбай-сылтаң, сері» Жәнібекті сырын ала келе, ізін бағып, аяғына тұсау сала бастаған Ризат та тойдырады. Оның есесіне, қазақ қызындай көнбіс, отбасының ынтымағын ойлап, отымен кіріп, күлімен шығатын емес, тәрбиесі басқа татар қызы Ризат Жәнібектің 6 ай сал боп, төсекке байланған шешесін күтіп-бағудың орнына қызы мен ұлын әжесіне жолатпай, жиіркеніп, кейуанадан құтылғанша асығады. Өтпелі кезеңде Ризат дәрігерлігін тастап, «бизнесте» бағын сынап, паспорт столында істейтін қу бастан қуырдақтық ет алатын Саракүлмен бірігіп, қаны-жыны аралас тірліктің жуан ортасына кіріп кетеді. Үйренген әдет қалсын ба, Жәнібек қызғаншақ Ризат бизнесімен басы қатып бақылауды босаңсытқанын пайдаланып, ауылдан жұмыс таппай келіп, емханасына орналасқан медбике Гүлмираға құрық тастайды, аңқау қыз аяғы ауырлап қалғанын аңғарып, не істерін білмей сасады. Бірақ Ризат жасаған қиянаттарға төзе алмаған Жәнібек, сал ауруға ұшырап, о дүниенің есігіне барып қайтады. Гүлмира немере ағасы Сламбектің үйіне барып, Кәмештай жеңгесінің мейірімімен дүниеге Жәнібек есімді ұл әкеледі. Шәрбану, бір қызығы, жігіттерін іш тарта бейнелегенімен, олар қыз көрсе, өңді келіншек көрсе тым ұстамсыз етіп суреттейді. Қаншама ақжелең, жігіт саналғанмен, Сламбегі де инабатты әйелі Кәмештайдың көзіне шөп салып, өз ауылы Шарда Жаныша сайқал мен Алматыдағы «Таверна» мейрамханасының директоры Аида сұлудың бір жымиғанына елітіп, шылбырына оралады. Қалалық заң орнының жауапты қызметкері Байболұлы Сағындық та 17 жыл бірге тұрған, қыздай қосылған қосағы Гүлшаһардан бездіреді. Әрі бала көтермеген, әрі мінезі шайпау, Гүлшаһардың қазақтың марқасқа жігітінен ажырасқысы жоқ. «Қызметіңнен қудырам, партбилетіңді алдыртам» деген қоқан-лоққы жасайды. Кеңес өкіметі құлап, тоталитарлық жүйенің темір ноқтасынан босаған Сағындық, пәледен басын зорға азат етеді. Енді айдында жүзген Қызғалдақ ару мен Жайна сұлудың қайсысына қармақ тастарын білмей, басы қатып ол жүр. Шәрбану осы еркектердің әйелден бағы жанбау сырын кеңестік тотолитарлық жүйеден көреді. «Біртұтас совет халқы» ұғымы миына сіңірілген жастар өмірлік жар таңдағанда ұлтына, дініне қарамай, таныса келе ниеті жарасса қосыла беретін немқұрайдылық қыбы қиын, күрделі тірлікте опық жегізеді. Заманы, ортасы ортақ, өмір сүрген қоғамы бір болғанымен, әр ұлттың өз тілі, ділі, салт-санасы, әдеті мен ғұрпы, менталитеті бар. Басқа ұлттің өкілі ол менталитетке төзбеуі мүмкін, соның нәтижесінде отбасы ойран болатынын жазушы көркем туындыда дәлелдеуге тырысады. Ризат, Гүлшаһарлардың қолға түсірген жігіттерінен жүре келе опық жеп, солардан өш алып, кек қайыруға аянбай тор құра бастауы – соның дәлелі. Нәтижесінде Жәнібектің үш әйелінен туған балалары «тірі» жетімге айналып, не ананың аялы алақанын, не әкенің жүрек жылуын сезінбей, суық қатынастан азап шегеді.

Жазушы біреудің есебінен өз бас пайдасына қажеттіні көбірек қамтып, басқаның көзжасы, қайғы-қасіретінен дәулет жинауға пысықайлық жасау да қайырлы жолға апармайтынын да ескертеді. «Жеті қат жер астындағы жыланның сыбдырын білетін зәндеме» Ризат жасанды құжаттар жасап, мемлекеттік қылмыс жасап жүрген «жуан, божбан қатын» Саракүлге қосылып «шылқамайға» батып дәуірлегендерімен, ақыры жұтқандарын құсады. «Жабайы капитализм» құлаған социализмнің жұртына қосын тіккен кезде, етек-жеңін жия алмай жатқан, абдыраған жұртты дүрліктірген қылмыстық топтардың – «рэкеттің» ісі «Сезім патшалығында» біраз жайдың астарына бойлатады. Боос-Таңатқан, Катя – Күлбүбі, Еділғазы-Едик, Жоламанов-қанқұйлы талай күнәсіз жандардың арын төгіп, күштеп барын сыпырып алады, өз ұлтының мөлдіреген талай бойжеткендерін қиялдағы байлыққа қызықтырып, қылмысты жолмен шетелге өткізеді. Қылмыстық жолмен тапқан табыс – ажалыңа асықтырған ағыс. Шәрбану халық басына орнаған ауыр күндерде түн жамылып ұшқан жапалақтар қанша сайран құрғанымен, ұзақ масайрамайды, ел есін жиғанда дүние нәжісін домалатқан қара қоңыздай табанға тапталып, қара, обыр пейілдері бастарын жұтып тынбақ деген ойға табан тірейді. Жазушы Гүлмира есімді сезіміне адал, махаббат тарттырған азапқа мойымай, ауыр күндерде нәзік иығымен қара нардың салмағын көтерген көнтері қыздың «алыптығын» бейнелей алған. Бәлкім, арманы биік жап-жас бүлдіршіннің әкесі мен шешесі Семей полигоны радиациясынан уланып өлмесе, асар асуы да биік, өмір-өзеннен өткелсіз-ақ өтер қанаты да биік болар ма еді. Қорғансыз қыз пананы Шар қаласында тұратын немере ағасы Сламбек, жеңгесі Кәмештайдан табады, медучилищені бітіріп, Алматыдағы үлкен ауруханаға жұмысқа тұрады. Бірақ қыз көрсе қаршығадай шүйлігетін бас дәрігер Жәнібек әккілігіне басып, көктей солуға мәжбүрлейді. Тәжірибесіз жас қыз «әккілікті» махаббатқа балап, Жәнібек өзін қаншама азапқа салып қинаса да соңына дейін оған деген сезіміне, адалдығына кіршік түсірмейді. Табандылығы, ибалылығы, арлы, қайсар, ұстамдылығы, ақылдылығы, мейірімділігі арқасында талайдың алғысына, ілтипатына бөленіп, талайды ажалдың тырнағынан суырып алып, жоғалтқанымен табыстырады. Демек, Семей полигоны шектірген қасірет, оның жүрегіне өлшеусіз мейірімділік нұрын да құйған. Гүлмираның шапағатымен сал боп қалған Жәнібек аяғына мінеді, өмірге қайта оралады. Ризаттың таяғынан бойы өспей, өмірден түңілген Жәнібектің тұңғыш қызы Алтын қосағын табады. Жәнібектің Алматы зұлым шешесінен ат құйрығын кесісіп, Айманымен табысады. Адамға тек жақсылық тілеп, рэкеттермен күресте жанын шүберекке түйіп, айқасқа қобалжымай шығатын Сағындық оларды құрықтағанымен, тажалы боп жабысқан Гүлшақардың «тұтқынынан» босай алмай, әуре-сарсаңға түседі. Оның шынжырын үзіп, Райхан Өтеулинаны босатуға да Гүлмираның достық пейілі көмектеседі. Гүлмира ұстазды 41 жылдан бері сталиндік репрессия зардабынан көз жазып қалған қызын, онан туған немере, немереден туған шөбересімен табыстырады. Бұл сөзсіз кісілік пен кісіліктің терең ұласымы. Осы шүлендік, сұңғылалық оған Кәмшатайдан, Кәмшатайға шешесі Айсәуледен, Айсәулеге тажал тырнағынан сескенбей, «халық жауының» қызын бауырларына салып алып асырап-сақтап, тәрбиелеген Түсіпхан қария мен Үрсұлу апайдан дарыған. Гүлмира енді өз бойындағы дархандық пен бауырмалдық, имандылық қасиеттерін сіңлісі Қызғалдақ бойына жайлап сіңіре бастайды. Екі әйелінен барқадар, жылу таппаған Жәнібек күннің нұрына пара-пар қуатты махаббатты Гүлмира мен кішкентай сәбиі Жәнібегінен тауып, өмірге қайтадан туады. Қиын уақытта «Таверна» мейрамханасын ашып, жоқ-жітік, жетім-жесірге жұмыс тауып берген кәсіпкер Аида да көңіліңе көктем шуағын құяды. Барынша өжет, от, отыңыз аз-өрт, білімді, білікті, қайсар келіншек дәулетке қызығып, емешесі үздігіп тұрған жоқ. Өрт болып туғандықтан, жалындап тұрған, нар тұлғалы азаматқа ынтызар. Семейдің жампозы Сламбекпен ұшырасу оның онсыз да өртеніп тұрған жүрегіне екпіні жартасты домалатқан дауылды тастап кетеді.

Қазір жасына жетіп, өткен өмір жолының сәулелі шыңдарына үздіге қарап, ғұмырын жалғастырып келе жатқан Зарауқа кейуананың да характері нанымды. Жалпы, Шәрбанудың әйелдері қазақы тәрбиенің аспанындағы жарық шашқан жұлдыздар тәрізді. Демек, романдағы «сезім патшалығы» әйелдер галатикасына ғана тән. Ер адамдар мұнда тым әлсіз, әлжуаз. Тек Жүсіпхан қария мен Райханның жолдасы, сталиндік репрессияның құрбаны – Нұрсейіт Өтеулин эпизодтық кейіпкерлер саналғанымен, көңліңде «асқар таудай» биіктігімен қалып қояды. Кітап аяқталған жоқ, көп желілер босаң, көп кейіпкерлер бояуы келісіңкіремей, жүдеу тартып тұр. Материал өлшеусіз мол, сондықтан ең керектілерін сұрыптап, сюжетті жұмыр өруге қаламгер екінші кітабында оралар деген үміт ойға ұялайды.

Дүниеде сызат пайда болса, міндетті түрде ол ақынның немесе жазушының жүрегі арқылы өтеді. Жазушы, Мағира Қожахметованың «Жантәсілім» (2001ж) романында Бұғылы аулының сексенші жылдардағы шындығы кең қамтылып, қаза суреттеледі. Бұл кезең – тоқырау жылдарының елді тоқыратып бітіп, «қайта құрудың» желігі басталып, істен береке кеткен заман еді. Бұғылының да бүгіні бұлыңғырланып, кенеуі кете бастаған-ды. Мұнда тірілерден Құлабие шоқысында жатқан өліктер көп. Ауыл өткенімен тыныстайтын тәрізді. Болашағынан үміті барлар Ивановкаға көшіп жатыр. Сол Құлабие шоқысында жатқан ата-баба аруағын қимағандар ғана жаңа қонысқа қопарыла көшуге табаны қышымай отыр. Бұғылы – тозған ауыл. Көршілес үш ауданның шекарасына қоныстанған ауыл, ежелден бірде біреуіне, бірде екіншісі, бірде үшіншісіне бұйырып, футболдың ала добындай пәрмені мықтының қанжығасына жиі байланумен берекесі кеткен. Оның үстіне біруақытта бағы жанып, түтіні тік ұшатын Бұғылы әлдекімдерге жақпай, қазағы басым қонысты орыстары мол көрші совхозға көшіру жайлы шешім қабылдап, мұны «өлі» мекеннің тізіміне енгізген. Қашанда береке-бірлік, ынтымағы жоғалған жерде жамандықтың шоғы қоздап жатады ғой. Бұғылада да ірі мінезден гөрі ұсақ мінездер көбірек жалаулап кетті. Оның да ұзақ тарихы бар. Байларды кәмпескелеп тап ретінде аластау, колхоздастырудың қызыл танау күндерінде Құрмаш, Итемген, Қалаби, Меңтай тәрізді шолақ белсенділер қаулап өсіп, шағын ауылдың төбесіне шай қайнатып, басына әңгір таяқ ойнатқан. Осы өлкеде дәулетті саналған Рахман-Дәм-ағаң күллі кедей-кепшікке жұмыс тауып беріп, қолынан келген көмегін аямай, меценаттық жасаса да, ең ақыры, 1932-33 жылы аштықта қолындағы малын астыққа айырбастап, ел басына төнген қара күндердің қармағынан құтқарып шықса да «жақпай», жаны жомарт, абыз ақсақалға да қол көтеретіндер табылған. Құдайдан да қорықпайтын Итемген сұмның қанды ісі жайлы білгендер ішінде жасырып, білмегендер өз қарабасының амандығын олжа санаған. Жақсылықтың, ізгіліктің жағасы жыртылып, барлығың, нарлығың емес, қорлығыңа айналғанын Итемгендер бастаған қызыл террор тарихынан аңғарамыз. Рахман бай, онан туған Нұрқан, солардың жұқанасы Тоқсейіттерді есебін тауып, ығыстырған Итемген, Құрман, Меңтай, Қалабилер кейін билікке, «баққа» таласып, бір-бірінің түбіне жетеді. Ең соңында айлалы, жылпос, қаныпезер, дүлей, түбі жоқ тымырсық Итемген бәрінің «басын мұжып», бұл өңірде не адам, не құдайдың қаһары өтпейтін «мықтыға» айналған. Елге кеудесін сүйретіп оралған Тоқсейіт те, Құрман да Итемгеннің алдынан өтпей, аман жүргендеріне тәубе еткен. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда көзі ашық, көкірегі сара Нұрқан «кім үшін соғысамыз» дегені үшін өз басын жұтқан. Басқа пәле- тілден дегенмен, Гитлер мен «мұртты көсем» Сталин әлемді қайта бөлісу мақсатымен тұтанып кеткен соғыс кімге керек еді? 20 миллион тағдырды жалмады. Ұтқан ешкім жоқ, ұтылған – қарапайым халық. Нұрқан соны сезген. Сол интуициясының мықтылығы, біліктілігі, ноқтаға басы сыймаған азаматтығы Бұғылының «соңғы могиканын» жалмап тынады. Жағымпаздар мен жандайшаптар мықтының мықтылығын өзіне қару етіп жұмсаған. Мағира Қожахметова бассыз қалған, иесіз қалған Бұғыланың трагедиясын осында қордаланған саяси-әлеуметтік, қоғамдық, тұрмыстық, рухани, ағартушылық, ел билеудегі өрескел бұрмалаушылық проблемаларынан көреді. Ауыл – мешеу. Артта қалған ауылдағы күллі бақытсыздықтарға тек Тоқсейіттің баласы ауылдық Кеңестің төрағасы Қалқаннан басқа ешкімнің жаны ауырмайды. Бала бақша, сегізжылдық мектеп жабылған, бастауыш мектеп зорға күнін көріп отыр. Ауданды билеп отырған орыс Ванин, орыстың табанын жалаған жағымпаз, жылпос Сәду қазақтың тілі тәрізді мектебінің болашағы да қараң, сондықтан балаларды орыс мектебіне бер деп күшенеді. Ауылда егінді жинап алғаннан кейін жұмыс жоқ әйелдердің 80 пайызы араққа салынған, еркектердің ермегі де осы – ащы су. Арақтан пайда болған балалар сабаққа қабілетсіз, кемтер. Озат комбаинер Көпжасардың 11 баласы бар. Соның жетеуінің ақыл-есі кеміс. Тұяғы көршісі Сапардың баласын атып өлтіріп, ара түскен Қалқаның өзі де ауыр жараланған. Әйелі Жаңыл – арақтан аузы құрғамайтын алқаш. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін Бұғылада арақ деген атымен болмаған. Тың және тыңайған жерді игеру ұранымен ішкі Ресейдан қопарыла көшіп келген келімсектер жағымсыз әдетті жергілікті ұлттың да қабылдауын жеделдетті. «Жер жырту, егін егу, оны жинау, миллиард пұт астықты мемлекетке өткізу» дәстүрлі тойға айналды. Әйел мен еркектің теңдігін күштеп енгізген тоталитарлық жүйе әкенің отбасындағы беделін әлсіретті. Жаңыл-Көпжасар, Гүлсән-Сапар, Мәрзия-Кенжеболат, Кеңес – Шекер – ерлі-зайыпты адамдар. Бірақ келіндер қатыгез, қырсыз, мінезсіз. Отбасында күнде ұрыс-төбелес, әйел күйеуін жамандап қызметінен қуғызады, партиялық билетін алдырып, отбасын ойрандап, бала-шағасын күн көрісінен қағады. Бұғылыда жігерсіз ұлды, тәрбиесіз келінді, бақытсыз қызды мәмлеге келтіретін ата-ене азған, бала-шаға тозған. Қорқытатын аруақ та жоқ, атеизм дәуірлеп тұрған шақта құдайсыздар ата-баба жерленген қорымдарды жыртып, егін екті. Қасиеттінің қасиетсізге айналғанының куәсі боп жүрген ұрпақ нені қадірлесін? Құрманның Октябрі үш әйел тастап, бес баласы бар әйелге үйленген, алқаш; Итемгеннің Кенжеболаты 5 баласымен Мәрзия екеуі ажырасқалы жүр. Бұғыладағы кез келген шаңырақтың астына үңілсеңіз, зордың күшімен құрсауланған ерлі-зайыптыны көреміз, аңғарасыз. Мәселен, 3-4 баланың анасы, Сапардың әйелі Гүлсән Қалқанға өзі жармасып, ерінің көзіне шөп салады. Құлпырып өсіп келе жатқан ару Еленай, не ісінде, не сөзінде береке жоқ, адуын әйелі, 5 баласы бар жігіт ағасы, жауыз Итемгеннен туған Кенжеболатқа ғашық боп, от басады. Қысқасы, Бұғылыда дені дұрыс бір еркек жоқ. Ал, әйелдерден Жанғаным мен Санадан өзге сорпа бетіне шығарлығы жоқ. Орыстар ен жайлап, билеп-төстеп, салт-санамызға жат әдет-дәстүрін сіңірген, ұлттық менталитетті жойған Қазақстанның солтүстүгіндегі етіңнен өтіп, сүйегіңе жететін халықтық трагедияны Мағира Қожахметова «Жантәсілім» романында реалистік тәсілмен осылайша кең қамтып, ашына бейнелеп берген. Жамандықтан, ластан жиіркену, шенеу, сынау – ол елін сүйетін үлкен жүректің ғана қолынан келеді. Тегі, тұлабойы көк болат құрсанған жаудың халықты жеңуі неғайбыл, ал оған жеңдіретін – ғасырлар бойы ұлттың бойына сіңген ұлы қасиеттерді жойдыратын қитұрқы, жымысқы амал-әрекеттер. Романның оқиғалары тым шұбалаңқы, көп беттері қиналып оқылатын сияқты көрінетіні байқалмай қалмайды.

Дарындының жолын кескен, құбатөбел адамдар «анау жоғары жақта бөксесі зіл тұратын біреудің» қолдауымен биліктің жоғары басқышына көтеріліп, көп бөлмелі ақсарайда ақ сазандай сұлу құшып, барған жерінде сый-құрметке бөленіп, арақтың жақсысын ішіп, шалқайып арманынан шыққаны бүгін жасырын емес. Бұл – Кеңестік қоғамның «номенклатураға» жасаған «қамқорлығы». Сондай «қамқорлықты» көп көрген, көргенін ешкімге сездірмей, сыртын қампитып, ішінде ит өліп жататын Су шаруашылығы министрінің орынбасары, Кеңес үкіметі құлаған соң ашық-жабық су шаруашылығы акционерлік қоғамының президенті болған Баймырза, Нұрсайыш – Қуаныш Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» (2002) романының бас кейіпкерлері. Ол кеңестік кезеңде ірі қызмет тізгінін ұстаған зиялыларға қойылатын талап деңгейіне жетпеген, тек өзінен жоғарының алдында құрдай жорғалап, төменгіге солай ылпып тұруды, «құлдық психологиясын меңгеруді, үйреткен ойлануды білмейтін, өздері үшін «жоғарыдағылар» ойланады деп ұғатын робот жандар санатынан. Сол роботтарға, кіші чиновниктерге, табыну социалистік қоғамның дерті еді. Жазушы Баймырзаның Барсакелмес сапарымен Байқоңырлықтарды жер асты суының картасымен таныстыруға келгендегі әңгімелерін Қызылордалықтардың Президент келгендей «өліп-тіріліп» қарсы алуын әшкерелей отырып бейнелеген. Сол «жарты патша» көп жыл отасқан, жалғыз баласы Ғафиздің анасы Салтанат қатерлі ісікке шалынып ауруханада жатқанда, соған жалтақтап, сақтанып, қымсынып ұрланып зорға кіреді. Барсакелместе Ұмытхан есімді фельдшер келіншекке қатты құлап, тұмса әйелдің жүкті болуына «еңбегі сіңеді». Бірақ ол кейін сол келіншек не болды, баласы қандай күйде деген мәселемен басын ауыртпайды. Ғафизінен аумайтын, қаны таза, жолбарыстай жүректі баланың түрмеде жатқанынан қорқып, «жағын қарыстырады». Өйткені, ол «қылмысы сезілсе», «номенклатурадағы» орнынан қағылатынын есінен шығармайды. Тіпті, ерке, еркін өскен ұлы Ғафиз әкесіне: «Іні болса аға, ағам болса іні болуға дайынмын. Жасырмай айтыңыз, кәне?!. Шал, сиқырланба, ойлан, ойлан. Шындық айтылады түбінде», – деп жалбарынып-жалынғанда да ішінде өліп жатқан шемен сырын жабулы күйінде қалдырады. Адам өмірінде қуаныш та, қасірет те кезігетінін ескермейді, ойланбайды. Өйткені, «номенклатура» не істесе де халықтың алдында есеп бермейді, сөз бен істің арасындағы үйлесімділікті сақтамау-олар үшін жазылмаған заң. Баймырза «мықтының» ығында жүріп, көлеңкеде тірлік жасауға әккі. Кіші Аралға барғанда аяқ астынан дауыл тұрып, теңіздің тентек мінезі әлжуаз Баймырзаны да шарпиды. Суға кеткен оны құтқарушылар құтқарып, бір жетіден кейін беті бері қарайды. Оны естіген Ұмытхан Қабылының қаншама жыл көріспеген әкесінің көңілін сұрауға келеді. Ақылды, парасатты, дарқан әйел: «Кіші теңіздің кішкене еркелігін көтере алмаса несіне жер басып жүр екен еркек атанып», – деп көңілдесінің жігерін қайрап, жабырқаған, жасыған көңіліне нұр себеді. Онан еш нәрсе дәметпейтін әйел аман жүргеніне тілекші болып қалады. Қабылы әке тәрбиесін көрмей, еркін өскен Қабылға көзқырын салып жүргенін қалайды. Жалпы, Қуаныш Жиенбай Баймырзаға қатты шүйлікпейді, өйткені, ол – тас үстінде өскен бала емес, орта мектепті бітірер-бітірместен әке-шешесі бірдей өліп, «қорғансыздықтың» тақсіретін татқан жетім. Құдай Баймырзаны оң жолға жетелейді. Жоғары оқу орнын табысты аяқтаған бозбала қызмет жолын да сәтті бастайды. Жүре келе ащы мен тәттінің дәмін татып, тоталитарлық жүйенің қыбын баққан жырынды, қабілетті жігіт оның ыңғайына шапшаң көндігіп, «бақытты құлдықтың» (Р.Тоқтаров) сұрмергеніне айналады. Қанына дарып, құлқына сіңген әдеттен егде тартқан Баймырза арыла алмай, ақ қарғалардың ішіндегі қара қарғадай күн кешуде. Десе де, ол алланың көзі теріс қараған жауыздар қатарына қосылмайды. Құдай қосқан қосағы Салтанат – жүрген жерінде сыйлы, еңбекқор, мінезге бай, кешірімді, ерін сыйлап-қадірлеуді, бала тәрбиелеп, үйін ынтымақ-бірліктің алтын ұясына айналдыруға жан жылуын аямай жүрген асыл жар, ардақты ана, ақылды, парасатты, мейірбан әйел «...талай көздің құртына айналған аса мейірімді әрі көрікті», биік лауазым иесіне бір түн «пейіш сыйлаған» сабыр, көрік, мінез біткен Ұмытхан да сирек кездесетін келіншектердің сойынан боп шықты. Бізше, Баймырзаның жақсысын асырып, жаманын жуып-шайып білдірмей жүрген осы сирек бітімді арулар. Олардан туып, тәрбиесін көрген балалар жаман болсын ба?.. Салтанаттан туған Ғафизі – кинорежиссер, Желтоқсан оқиғасын бас-аяғына дейін түсірген, бірақ «таспасын аюдай ақырған орган күшпен тартып алған». Куросава-Ғафиз Баймырзаевич – аяғын санап басатын сақ, әккі әкесіндей емес, мінезі тік, қайсар, арамдыққа, жағымпаз, жылпостыққа баспайтын, мысқылы, әзілі езуінен кетпейтін нар жігіт. «Әзілсіз ақымақтар ғана өмір сүреді» (М.Пришвин). Оның үстіне «екі иығына екі кісі мінгендей тау тұлғалы». Өз өнерін барынша бағалайтын Ғафиз – кинорежиссердің девизі: «Терле, жүгір, сілікпең шыққанша тыным көрме. Тосын, тосын тақырып. Көзге түсетін уақыт келді, енді кезек сенікі, сенікі!». Сол өнерінің «бағын жандырудың» қамымен «сілікпесі шыққанша» жүгіруінің нәтижесінде бір қаннан жаралған інісін көзге елеусіз, аты ызғар шашып тұратын Қапшағайдағы «Көлтабан» түрмесі тұтқындарының ішінен жолықтырады. Барсакелместің қарапайым қорықшысын өтірік ақпар беруге мәжбүрлегеніне илікпей, тікұшақпен Барсакелмеске ұшып келіп, арақ ішіп желіккен қарақшы тобымен қорықтағы аң-құсты қорғап жалғыз айқасады. Жағымпаз сот пен прокуратура қызметкерлерінің көздерін жұмып, қаралап, «қылмысқа» балап отырған істері, шындығында, халық игілігін сақтап қалу жолында алысып, қанішерлер қолынан мерт бола жаздаған Қабылды төбеге көтереді.

Жақсы – түрмеде де жақсы. «Жас жолбарыс, бұлшық еттері болат серіппедей бұлтылдайды. Бойы ұзын, еңселі. Жұмысты да апырып-жапырып істейді... Жауырыны қақпақтай. Көздеріне шектен тыс мейірім үйелеген» жігіт осы түрмеде жатып-ақ ғажап ерлік жасайды. Түрменің бас дәрігері, нағыз адам Санжар Биахметовичтің кеңесімен Брунейлік жас мырзаның радиация сәулесін алған баласына қан беріп, оған ғұмыр сыйлайды. Қабылдың бойындағы қазақ халқының қасиетті таза қаны әлем назарын өзіне еріксіз бұрады. Адам ата – Хауа ана ұрпағын жатырқамайтын мәрт мінез, тәуекел тек Қазақ атты ұлы халықта ғана сақталғанын әлем газеттері жамырай жазып жатады. Қазақ пен Қабыл есімі қатар аталады.

Қысқасы, Қуаныш Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романынан: онкология ауруханасындағы қатерлі ісікпен ауырғандардың бет-жүзінен, көңіл-күйінен, өзара әңгімесінен өмірге іңкәрлікті сезінсек, математик дударбастың математиканы жете игергенімен, өзіне ие бола алмай жүрген трагикомедиялы тағдырына опынамыз; Баймырзаның сыртына, мүләйім бейнесіне, «жылы пейіліне» арбалып, көп жағдайда жалаң нәпсі билеген кеудеде махаббатқа орын жоғын аңғармай, өкінгенмен, салқын ақылға жеңдіріп, оның барлығына «тойып», өздерін алдаусыратып жүрген аурулардың «махаббат мұңына ортақтасамыз», Баймырзаның қанынан жаралағандарымен, асыл аналарының рухы жеңіп кеткен Ғафиз, Қабылдардың жұмыр басты пендеге сирек қонатын үздік қасиеттеріне тәнті боламыз; адамдығын, азаматтығын, кісілігін шен-шекпенге сатып, мәртебе, жалған даңққа бола жоғары лауазым иесіне жағынып, жалбарынып, табынып тапқан өсіп-өнген тамырынан алыстаған шерменделіктен жиренеміз. Биікке өрмелеп шыққаннан, биіктен құлап түсу қауіпті... Баймырзаның драмалық күйінің философиялық тұжырымы осыған саяды, сабағы – өнегелі.

Негізгі әдебиет те өмір сияқты. Онда да ірі, жақ оқиғалар қатар жүріп жатады. Мәселе, солардың маңыздысын тауып, типтендіріп, суреттей білуде. Жазушы тақырыбын, жанрын тапса балықтай жүзіп, жүйріктей жорытпақ. Айдарынан жел есіп, өзгеше бояу, өрнегін таппақ, бүрге тағалаған шебердей, тасты тесіп шыңырау қазған құдықшыдай қолы жүрмек. Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы, сексенінші жылдарының басында сондай тақырыбын тауып жұртты елең еткізген жазушы Бекежан Тілегенов болғанына күмәніміз жоқ.

1969 жылы шілде айында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінде Мәдениет бөлімі ашылып, Бекежан Тілегенов сонда қызметке шақырылады. Партиялық жұмыс барынша құпия, тәртібі қатты. Оған қызметке келгендер барынша сыпайы, сырбаз, тілге берік, жоғарыдан келген нұсқау, бұйрықтарды мүлт жібермей қабылдап, мезгілінде тап-тұйнақтай етіп орындап, орындатқызатындарын да сондай ұқыптылыққа үйретуге, айтқанына көніп, айдағанына жүруге міндетті. Бастық пен бағыныштының арасында ақылдасу, келісу, кеңесу, ой, пікір қайшылығына орын жоқ. Интеллектісі жоғары, өз пікірі, көзқарасы бар, принципшіл, қызу мінезді адам қаншама басы алтын болса да партиялық аппаратта ұзақ тұрақтай алмайды. Сондықтан онда көбіне ортақол, жылпос, әлі мен жолын білетін құлша табынудың әліпбиіне жетік адамдар ғана ұзақ тұрақтап, қызмет баспалдақтарымен жоғарыламақ. Бізше, Бекежан Тілегенов ол кезде жұртқа кеңінен таныла қоймағандығынан болар, партияның қызметі талап-тілегі, сынынан мүдірмей өтіпті. Орталық Комитетте ұзақ жылдар еңбек ете жүріп, ол онның бірі бас сұғып, ішіне үңіле алмайтын «тұйық өмірдің» ішкі құрылысы, «анатомиясына» асқан байыптылықпен үңіліп, зерттеу жүргізеді, көсемінен кещесіне дейінгі аралықтағы сан қилы мінез-құлық, азаматтық болмыс, адами қарым-қатынас, саяси бітім, қоғамдық пиғыл-құлық, әлеуметтік атмосфера, білім-білік, философиялық ойлау жүйесі, орындаушылық, ұйымдастырушылық қабілеттері, халықтық, ұлттық санасы, оның алдындағы жауапкершілік парызы т.т. көкейіне қорытып, өлшеусіз мол материал жинаған. Сана сарабынан, жүрек сүзгісінен өткізіп, осы жұмбақ, бимәлім әлемнің құпиясын өзінің саяси, қайраткерлік ұстанымы, дүниетанымы, интуициясы, интеллекті, адами, азаматтық тұрғысында эмоцияға тізгін бермей, байыппен көркем саралап, туындылар жазуға ұзақ дайындалады. Құдай сәтін сап, Кеңес үкіметі құлап, коммунистік партия өмір сүруін тоқтатқан соң, Бекежан осынау төрткүл дүниенің ішіне қан қатырған қаһарлы күш, заманымыздың «ақыл-ойы, ар-намысы» неге жетпіс-ақ жыл дүркіретіп өмір сүріп, «5-ақ минутта» мойны астынан келіп, тарих сахнасынан мүлдем жоғалуының себеп-салдарын, трагедиясын сериялы көркем публицистикалық романдарына арқау етудің сәті түеді. «Тұйық өмірдің құпиясы» (1992) атты көркем-публицистикалық романына жоғарыда айтқанымыздай, өзі ұзақ жыл қызмет атқарған, суреткерлік жанары, көкірек көзі, сыншыл талғамы арқылы жете зерттеген объектісін арқау етті. Ұлттық мүдде мен мақсаттан гөрі Кремльдің мүддесі мен мақсатын басымырақ ойлайтын ҚКП Орталық Комитетінің идеологиялық жұмыстарын басқарған адамдардың ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптарды насихаттау ісіне мән бермей, ымырасыз күрес жүргізуі туған халқы тарапынан өткір қарсылықты оятқанын жазушы нақты фактілермен бейнелейді. Сонда «Тұйық өмірдің құпиясынан» көңілге түйеріміз, КПСС-тің бар саясаты Қазақстанды орыстандыру, тілін жоя отырып ұлтты құрту, орысша ойлап, орысқа табынған, елін шен-шекпенге сатқан, аты – қазақ, заты – орыс қазақсымақтарды ел басқаратын шешуші буындарға отырғызып, өзара қырқыстыру, бірінің түбіне бірін жеткізу, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «бірінің етін біріне жегізіп» қызығына бату. Осылардан қитұрқы тұжырым жасап, «қазақ руға, жүзге бөлінген, береке-бірлігі жоқ, сондықтан ел басқара алмайды, ел тізгінін басқа ұлт өкіліне бергенде ғана тыныштық орнайды» деген мифті қолшоқпар еткен. Ол «мифке» жел беретін, әрине, өзіміздің «зиялыларымыз», қызыл империяның антиұлттық мектебінен әзірленіп шыққан өз көзқамандарымыз. Ұлттан шыға отырып, «ұлтына қызмет ете жүріп», ұлы да қасиетті борышын бодан еткен елдің жымысқы пиғылына сатып жіберу-тарих кешірмес күнә. «Ұлттық зиялылар қатарына, тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады». Мұстафа Шоқай сияқты азаматтар қазақтың тал бесігінен аз өрмеген. 1920 жылы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің қабылдауында болған Ә.Ермеков ұлттық, дербес, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру мен оның шекарасы жөніндегі саясатқа терең бойлап, мазмұнды баяндама жасап, «сөз жарыстырған». Қаһарынан қан тамып тұрған Н.Хрущевтің Кремльде ата-бабамыздың аманаты – қасиетті жеріміз үшін болған тарихи айқаста бір ауыз сөзбен «жағын қарыстырған» Жұмабан Тәшеновтің ерлігін көзімен көріп, құлағымен тыңдаған бастасы Д.Қонаев: «Ойпрым-ай, Жүмеке-ай, талай батырды көріп едім, дәл сіздей жүрек жұтқанды көрмеппін, қалай қорықпадыңыз?» – деген екен. Сонда қазақтың күпісінен шыққан мәрт ағамыз «халқым үшін қияметке де дайынмын» депті жайбарақат. Міне, «тұйық өмірге» сыймайтын, басқаны өз үйінде басындырмай, киесінен үркуге мәжбүр ететін ұлт зиялысы, бір өзі мыңның орнына жүретін маңғаз қазақтар – осылар. Бекежан Тілегенов Ресей империясы «бодандық» деп сылтауратып, жүзеге асыра алмаған толық отарлау саясатын коммунистік империя халықтан қорықпай, қалай қаһарлы күш, өктем саясатпен жеріне жеткізуге кіріскенін әшкерелейді. Агрессия ма? Басы ашық-агрессия. 1917 жылы 15 қарашада «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы» қабылданғаны мәлім. Ресми құжатта Федерация құрамындағы әр ұлттың өзін-өзі билейтіндігі, бөлініп шығып, өз алдына мемлекет құра алатынына дейін басы аша айтылған. Алайда, большевиктер ел ішіндегі билігі нығайғаннан кейін ол ресми құжаттарды белден басып, ұлттардың мүддесін көздейтін негізгі құқықтық мәселелер бұрмаланып, көбі қағаз жүзінде ғана қала берген.

Бекежан Тілегеновтің «Қара жел» романы Семей полигоны мәңгіге тыншыған 1989 жылдың соңғы айларында жазылып біткен. Мұнда коммунистік империяның қазақ еліне жасаған екінші жауыздың әрекеті, онда да жергілікті халықты қыру, өлмегенін сонау тұқым-туажатына дейін созылатын қатерлі аурумен азаптап, жер, ел туралы айтпақ түгілі, басымен қайғы етіп қоймақ болған геноциді сыналады. Ұлы Абайдың Отанындағы Семей, қиыр батысымыздағы Азғыр, Орталық Қазақстандағы Сарышаған полигондары – Шығыстан қиыр батысымызға дейін созылған ажал тырнағы. Өркениетті елдерде полигон адамдар өмір сүретін, олардың тіршілік көздеріне қажетті орман, су, хайуанаттар әлеміне залалы тимейтіндей шеткері барып қоныс тебетін-ді. Коммунистік империя басқа республикалардың жеріне ядролық полигон орнатпай, Семей облысындағы ұлттық намысымыз ұлы Абайдың ізі қалған киелі топырағымыз Дегелең тауына барып орын тепті. Халқын күштеп көшірді. Әукен шал ата жұртынан кетпеймін деп қарсыласып көріп еді, желкеден алып машина қорабына лақтырды, кәрі шешесі өлген Жұманға анасының жаназасын шығартуға да мұрша бермей, аруақты қорлады. Иә, рух аяққа тапталды. Дегелең көкке ұшты, ұлттық намыс та соның улы топырағының астында қалды. Ядролық жарылыс кезінде радиацияға ұшыраған Мөлдір арудың тән азабы, жан күйзелісіне шыдамай, қыршынынан қиылуы, сүйгенінен айырылған Арманның еңіреуі-»Қара желдің» қасіретті сазын қоюлата түседі. Романға Бекежан зор дайындықпен келген. Жарылыс, адамдардың тірідей шеккен азабы сөз өнерінің барын барлаған, арын арлаған қаламгердің төбе құйқаңды шымырлата, сүйегіңді сырқырата егілдіретін көркем картиналары, азалы күйге ортақтастыратын жігерлі де отты публицистикалық баяндау шеберлігі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Абыз Ғ.Мүсіреповше шерді тарқатсақ, «ойланбай істеген қызмет өкініш тудырады. Жер-суынан айырылған елде не билік болады», сол биліктің жоқтығынан, тәуекелге енжар дәрменсіздігімізден санда бар, санатта жоқ сорлы елге айналдық. Сілкінетін, оянатын, «ақырып теңдік сұрайтын», ит байласа тұрғысыз, қара дауыл қара қыртысын қара шаңға айналдырып, тыныс тарылтқан әл үстіндегі далаңды қаныңмен емдейтін шақ туды деп толғанасың...

«Бізді әуелі өз саныңа сұқ, ауырмаса кісі санына сұқ» дейтін атам қазақтың даналығына бөтен елдің, бөтен пиғылдың адамдары басын ауыртып не қылсын. Бекежан Тілегенов жерімізді адамзат баласын қырудың жойқын құралын сынақтан өткізетін полигонға айналдырған өктем елдің өктем саясатының зардабын жүрегі қабына, «әулиеге ат қойып, қорасанға қой айтып», «оңаша ойдың шырағын маздата» отырып құдайдан қалың қарындасын осы зілзала, алапат ажалдан құтқарып, Ұлы Даласының, «мың өліп, мың тірілген» халқының өкінішті, қасіретті өткеніне салауат айтып, қазіргісі мен болашағына саулық тілейді, өсіретін кісілігі аз, өшіретін пенделігі жетіп артылатын дұшпанның табаны қасиетті жерімізге енді жат пиғылмен тимеуін сұрайды.

Төзімділік пен жігерлілік, қайсарлық пен намысшылдық, пайым мен парасаттылық, білімділік пен өрелік, мейірімділік пен дарқандық, қаһармандық пен жанкештілік, тектілік пен мәртік тек күллі халықты аяғынан тік тұрғызатын алапат, өтпелі дәуірдің сұрапыл оқиғаларынан анық байқалады. Б.Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл» публицистикалық романында осы айтылған адами ірі қасиеттер түгел сынға түседі. Жанры жағынан романда полифониялық сипат басым. Әділетсіздікке төзбейтін көкірек көзі өткір, принципшіл, ұлтым, халқым деп соққан ыстық жүректі, жігерлі, табанды, білімдар, саясатқа жетік жастар қаһарлы сөздер, қоқан-лоқы әрекеттер, қорқытып-үркіту, таяқтау, ауыр азапты соққылар, өлтіру, жұмыстан, жоғары оқу орнынан қуу, комсомолдық, партиялық жаза қолданудың қандай азапты түрлеріне де мойымады, сынбады. Оларды тотолитарлық жүйенің асыра сілтеуші саясаткерлері қарудың, жазалаудың небір адам табиғатына жат амал-әрекеттерімен шошыта алмады, өйткені, олар не үшін Брежнев алаңына шығып, нені талап етуге, большевиктік идеологияның жәдігөйлік аяр үгітіне алданбаудың түпкі себеп-салдарына қанық, алдыға қойған мақсаттары айқын, сол мақсатқа жетпейінше арыстандай айқасуға белді буған, намыстан сауыт киген жүректі жастар еді. Оны сонау ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Алаш ардагерлерінің бірі Смағұл Садуақасов: «Ендігі тірек –жастар. Не шықса да, солардан шығады. Болашақтың қожасы солар. Жастардың жігері мол, қайраты күшті, екпіні қатты. Жастардың жүрегі ақ, көңілі адал, жастарға тіл тигізген адам-арам ойлы кісі. Неше жылдан бері езілген қазақ жұрты еңірегенде тапқаны – жалғыз жастар», – деп жазып, жастар не істесе де ізгілік пен әділдіктен бойтұмар тағып, азған қоғамның қара ниетті қара күшімен тайсалмай айқасатын да жігерлі, жіліктісі екенін қадап айтқан. Бекежан Тілегенов те Желтоқсандағы жастар қимылына осындай көзқарас, пайыммен келіп, басқа әріптестері тәрізді Брежнев алаңынан шықпайтын жартылай шындыққа аяқ баспайды. Басты кейіпкерлері – махаббат пен саясат. Қазақтың күрескер қызы мен бозбаласы – Айдын мен Нәзік. Желтоқсанның әлемді дүр сілкіндірген алып күш-қуаты-екі күннің шапанын жамылумен мақсатына жетсе, тұзының татымағаны. Оның алауы Бекежан межелегендей, жылдың басынан бері маздап жана бастаған. Демек, «Сексен алтыншы жыл» Желтоқсан жайлы роман емес, әйгілі Желтоқсанға жеткізген, Полигонға жем берген, социалистік құрылыс жолында халқымызды қырған қылмыскер, қой терісін жамылған көкжалдар-коммунистік партия номенклатурасының бет пердесін сыпыратын туынды. Романда автор қиялдағы бимәлім кейіпкерлерге бұғалық сала бермей, қанды айқастың «қасапшыларын» «тұйық өмірдің» төрінен табады. Партиялық номенклатура: Әміров, Камалов, Айбаров, Сәрсенов, Меңдібеков, Айдаровтар сол Кремль тарапынан ұлтымызға жасалынған қиянат атаулының сойылым соғушылар, әзәзіл арбаушылар, халқын сатқан мансапқор, пысықай, екіжүзді, жағымпаз, жырынды бейнесінде есімізде қалады. Бекежан олардың көркем де келісті портретін сөзбен салып, іс-әрекетін бейнелегенде өзімізге таныс, бейтаныс адамдардың тұлғасы көз алдымызда көлбеңдеп тұрып алады. Жаңадан жасақталған өкімет Қонаевтің бар жақсы-жасампаздығын жоққа шығара отырып, жаңа басшының алдында көрініп қалуға тырысады. Қазаққа пиғылы жат, отаршыл, шовинист Т.В.Колбин мен даңғой, парықсыз, мылжың, әпербақан Горбачевтің сеніміне ие болып, оң қабағына ілігу – олардың арманы. Отанға, ұлтының басына бұлт торлаған қауіп пен қатерді тебірене сезінген жастар Желтоқсанның аязды түндерінде мұз үстіне алау жағып, ешқайсысы да ұлттық, дербес, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру идеясынан бас тартпай, қанын төксе де көз жасын төкпей, азаматтық ерлігін паш етіп, оптимистік сезімдерін көгілдір жалауына айналды...

Түрмеге түсіп, тоталитарлық жүйені қорғаушылардың имансыз, қанішерлігінен басы жарылып, қабырғасы сынған, қорлау сипатындағы ауыр жарақат алғаны, қаза тапқаны қаншама... Соның ішінде сол мыңдаған асыл, инабатты, қайсар, қаһарман, жанкешті жастарымыздың символы, романның басты кейіпкерлері-Айдын мен Нәзік ару да бар. Прометей философиялық календарьдағы ең ақжүрек, әулие һәм азапқор саналса, біз үшін қазақ тарихындағы ХХ ғасыр соңындағы Прометей – осы Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан жастарымыз. Егер олардың жанқиярлық ерлігі болмаса, «Шешенстан сүргіні» әуелі Ұлы Қазақ даласын шарпып, аман қалғандар тағы да төрткүл дүниеге бытырап, тұрымтай тұсына, балапан басына кетпесіне кім кепілдік береді... Бұл шақта ұлтымыздың санасын жетілтіп, дамытқан рухани көсемдеріміз дараланып шыға бастады. Кремльді тәубеге келтіріп, Г.В. Колбинді састырған қанды ұлт-азаттық қозғалысы күшпен басылғаннан кейін, елді тыныштандыру ниетімен ол әр мекемеде кездесулер өткізіп жүріп Жазушылар Одағына ат басын тірегенде, СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, үлкен ақын Жұбан Молдағалиев сөз алып, жендеттен сескенбей: «Кеңестік Отанды жаудан қорғаған едік, сіз бен мен замандаспыз, рас, бірақ сіздің тұқым менің немере қыздарымның шашын жұлғанды, ұлдарымның басын жарғанды көргенше бір күн бұрын өлгенім артық еді. Бұл жолы ақын сізбен пікірлес бола алмайды, ғафу етіңіз», – дейді айдаһардың шарпуынан шеккен қасіретін басқа соға айтудан айлын да жимай. Отанға төнген қауіп пен қатерді сейілткен, отаршылдардың қатігез қолынан жасына жетпей ажалын тапқандардың қасиетті рухына арқалы, абыз ақын осылай тебірене бас иеді, жендеттердің жер сипайтын сәті қашық еместігін, «өлмеген құл алтын аяқтан су ішетінін» көрегендікпен болжаған.

Сонымен, ХХ ғасырдағы қазақ халқының Ресей империясы мен Коммунистік тоталитарлық жүйенің бодандығында өткен жылдарында тартқан азабы, көрген қорлығы, ішкен уын қазақ қаламгерлері еркін игере бастады. Өйткені, өткен тарихты білмей бүгінді танымайсың, бүгінді танымай болашақты болжау қиын. Көркем әдебиет ұрпақты саясаткер, қайраткерлікке тәрбиелейді. Қазақы ұлттық сананы мемлекеттік сана деңгейіне көтеру үшін қазақ басынан кешкен күллі тарихи шындықты, ақиқатты айту, жеткізе бейнелеу ләзім. Шығарманың-тәңірі ақиқат. Ақиқат бұрмаланған жерде өтірікке есе тиеді. Ұрпақ өтірікпен ауызданады. Қоғам өтіріктің егінін орса, күйрейтін сағаты таяу. Тәуелсіздігімізді аңсаған Алаш көсемдерінің кемеңгерлігі мен күрескерлігі немен тынды, екі мәрте қазақ халқын шыбындай қыру үшін ұйымдастырылған аштық, байлар мен кулактарды тап ретінде жоюдың зардабы, колхоздастырудың кесірлі саясаты, сталиндік репрессия әкелген зобалаң, тың және тыңайған жерлерді игеру эпопеясының халықтық қасірет саналуы, Ұлы Даланың атом және сутегі бомбасын сынаудың полигонына айналдырудағы тоталитарлық жүйе өктемдігі, «Желтоқсан» ұлт-азаттық қозғалысының жүрекке салған жарасы-жазушыларымыз тарапынан талданып, баяндалып, суреттеліп том-том кітапқа айналды. Өткен тарихи жолымыз пайымдық тұтастық, қапысыз көркемдік, суреткерлік даралықпен кестеленсе, нұр үстіне нұр. Сұлу сөзге сүйсінбейтін, сұмпайы сөзден жиренбейтін жан жоқ. Халқымыз ауыр жолдан өтті, Тәуелсіздіктің таңы атты. Енді тәуелсіздігіміз баянды болу үшін өткеннің боямалы шындығына бой алдырмай, ащы шындықты тілді қуыра ұрпаққа жеткізген абзал. Әр кейіпкердің ғибратты ғұмыры, тағлымы тағдыры, өркенді өнері өнеге. Бәрі нұрлы болашақтың қамын ойлаудан. Шындықпен ауызданған сенімді ұрпағы бардың ақылды ұланы бар, ал парасатты, ойлы, қуатты, білімді ұланы бардың – ұлылығы еселеніп отырмақ. Ұлылықты ұлықтай білген ел – мәңгі.

Дәуір шындығы және роман

Әдебиет өмір шындығын көркем бейне, адам тағдыры арқылы танытады. Көркем әдебиеттің басты пәні – адам өмірінің шындығы. Көпке белгілі осы қағидаға орай, роман жанрында кеңестік дәуір адамының әлеуметтік-азаматтық өмірі ғана емес, от басы, ошақ қасы, тіпті түрлі «көз қысты», «бармақ басты» ұсақ-түйек істері де кеңінен суреттелді. Жазушы бұл ретте де адам өмірінің шындығын суреттейтіндігінде сөз жоқ. Алайда бұл шындық қаншалықты мән мен мағына иеленген, қалай суреттелген - көркемдіктің басты мәселесі осы төңіректе пайымдалуға тиісті болды.

Қазақ романында кеңестік дәуір шындығы реалистік ұстаным талаптарына сай суреттелді. Р.Тоқтаровтың – «Сусамыр», Р.Сейсенбаевтың – «Шайтанның тағы», Б.Алдамжаровтың – «Жықпыл», К.Ахметбековтің – «Қасірет» және басқа шығармаларда кеңестік заманның шындығы шыншылдық әрі сыншылдық тұрғыда жинақталды. Әрине, шындыққа шыншыл көзқарас барда сыншылдық та болмақ. Ең бастысы, шығарманың өмірлік негізін, оқиғаның өзегін түзетін шынайы құбылыстардың қоғамдық, әлеуметтік маңызы мен мәнінің сындарлы болуы шарт. Өмірдің шындығы мен шығарманың шырайы сонда ғана ашылмақ. Шығармадағы адам мен заман шындығының көркемдік пайымдалу деңгейі де жоғары болмақ.

Адамды түрі мен түсіне, жүріс-тұрысына, ойы мен сөзіне қарай да, тіпті қимыл-қозғалыссыз, үнсіз қалпында да тануға болады. Белгілі дәрежеде, адамгершілік тұрғысы мен құлқы пайымдауға көнеді. Солай дегенмен де кісінің қоғамдық, азаматтық бетін оның қоғамдық, азаматтық ісінен тыс анықтаудың қисыны жоқ. Өйткені шындық, адам өмірінің шындығы деген жалпылама, шексіз де шетсіз, ұшы-қиыры жоқ дерексіз ұғым емес. Шындықтан анық, нақты ешнәрсе жоқ. Олай болса, әдебиетте де адамның қоғамдық пайдалы еңбегі, азаматтық қасиеті оның қоғамдық пайдалы, азаматтық нақты ісінің сипаты мен нәтижесіне қарай таразыланады. Осы орайда мұның өзі әдеби шығарманы тану мен талдаудағы, барлау мен бағалаудағы негізгі көркемдік өлшемдердің бірі болып табылады.

Р.Тоқтаровтың «Сусамыр» (1985) романында кеңестік дәуірдің шындығы көрініс тапқан. Роман басты кейіпкерлер тобындағы алтынқұмар Мүкарам, араққұмар Уәйіс, ұры, қарақшы Мұрын – бәрінің бір поездың ішінен табылып, бірін-бірі іздеп, бірінен-бірі қашқан шытырманды қылықтарын суреттеуден басталады.

Мүкарам қарақшы Мұрыннан қорқып, жылыстап поездан түсіп қалған күйі станция басында Қиярға ұшырасады. Қияр Мүкарамның аяқ-қолын жерге тигізбей машинасына отырғызып алып, бір ауданның газетінің бас редакторы болып істейтін Бәйсейіт деген құрдасының үйіне алып келеді. Ал Қияр «Көктерек» атты совхоздың бас бухгалтері болып шығады. Поезда қалған Уәйіс мастығы қайтқан бір сәтте «бет-аузын көрмек ниетімен жалаңаш, башпайларын сусылдатып, едені мұздай туалетке кірген»1. Ал қонақта жүрген «Мүкарам қызуы көтерілгесін» отырған жерінде жастыққа қисайып еді. Бәйсейіт те неше күннен бері ішкен араққа бойын алдырса керек, іргеге төсек салғызып, ол жатып қалды»2.

Осылайша бірнеше күн ішіп-жегеннен кейін, бұлар (Бәйсейіт, Қияр, Мүкарам) Алматыға жүруге жиналады. «Актив апай» Бәйсейіт пен Қиярға Алматыдағы немересін табыстап, оған сәлемдеме беріп жібереді. Бұлар Алматыға келіп, «Түркістан» қонақ үйіне жайғасады. «Актив апайдың» немересі Балкенді бұлар ЦУМ-да кездестіреді. Балкен магазин ішінде бір әйелдің сумкасына «түсейін» деп ыңғайлана бергенде, Қиярдың «Балкен!» деген даусынан тежеледі. Сөйтіп, Қияр мен Балкен, Балкеннің серігі Ауғанбай ұры және бұларды аңдыған милиционер Мейірхан – романның орталық кейіпкерлері үйме-жүйме болып бір жерден шығады.

Мүкарам бұрын, жас кезінде, ұры, қарақшы Мұрынның оң қолы болған. Поезда сол Мұрынды, адам өлтіріп сотталған, түрмеде жүріп өлген Мұрынды, тірі күйінде қайта көргенде, мұның жаны түршігеді. Мұрыннан қашқан Мүкарам Қиярға, одан Бәйсейітке тап болады. Қияр мен Бәйсейіт Алматыға оқуға келеді. Қияр ұрлық жолына түскен Балкенмен әлгідей жағдайда ұшырасады. Аңғарып отырған адамға осылардың бәрі – шындық, кеңестік кездің шындығы.

Мүкарам мен Мұрын бұзақылық жолды бірге бастаған. Бұлардың арасындағы байланыс сыры – осы. Ал Мүкарамды Қияр, Бәйсейітпен табыстырған нәрсе – ой мен тілектің, әдеттің тектестігі. Мүкарамның Мерқадаммен жақындығы – туыстық жақындық. Мерқадамға Мүкарам қайнаға болып келеді. Романда Мерқадам мен Бозжан өздерін араларынан қыл өтпес адал достар деп біледі.

Мұрынның қолындағы Бозжанға осы Мүкарам арқылы алып баратын бір желі осы болса, бұлардың арасында Ақзат арқылы тартылған және бір байланыстың өзегі бар. Мұрын жас кезінде Жұмабикемен жақын болған. Сол жақындықтың нәтижесінде Жұмабикенің бойына бала бітеді де, Мұрын істі болып кеткен соң, Жұмабике жолаушы поезының жұмсақ вагонында Бозжанмен табысып, ақыры соған күйеуге шыққан. Бозжанның от басында туған Ақзаттың шын әкесі – Мұрын. Бозжаннан – Мұрынға не Мұрыннан Бозжанға алып баратын қатынас жүйесі осындай болып келеді.

Бәйсейіт пен Қияр Балкенге, Балкен Ауғанбайға, Ауғанбай Схирияға, Схирия Мұрынға жалғасады. Ауғанбай ұрының ендігі бір сала жолы Софийка деген жас сұлу келіншекке алып келеді. Осы Софийка үйінде Ауғанбаймен қатар Бозжан мен Мерқадамның да жолы түйіседі. Балкен болса ол бірде еркімен, бірде еріксіз, романдағы барлық қылмысты, кір және басқа істердің нақ ортасында жүреді. Ауғанбай арқылы ұры қауыммен, Ақзат арқылы Бозжанмен, Мұрынмен араласады. Кейіпкерлер арасындағы осындай шым-шытырық таныстықтар мен байланыстардың басым көпшілігі кездейсоқ пайда болады. Соған орай оларды таныстырып, табыстыратын оқиғалар да қым-қиғаш, кейде тіпті шытырманды болып келеді. Ал ең бастысы, олардың арасында жүйелі байланыс, берік, белгілі көркемдік заңдылық бойынша сабақтасып жатқан сюжеттік және композициялық тұтастық жоқтығының өзі жазушының көркемдік шешімінің көрінісі болып шыққан. Одан суреттелініп отырған шындық оқиғалар жүйесінің түп негізінің сипаты аңғарылады.

Алматыға қысқа мерзімді оқу курсына келген Қияр (бухгалтер) мен Бәйсейіт (газет редакторы) бір де бір рет оқуға бармайды. Бұл не қылған білім жетілдіру курсы, оның роман тақырыбы мен идеясына қандай қатысы бар – жазушы оған көңіл бөліп жатпайды. Қияр оқу курсында білім жетілдірудің орнына ұрылармен бірге ішкілікке салынады. Бәйсейіт милиция қызметкерлерімен жолығысып, әлденелер туралы әңгімелесіп жүреді. Алматыға келген бұл екі курсанттың бар шаруасы – осы. Роман аяқталғанша, қарақшы Мұрын ұсталып, ал маскүнемдікке салынып, ұрлықпен айналысып жүрген бірқатар кейіпкерлер біржақты болғанша Қияр мен Бәйсейіттің «оқулары» да бітпейді, өздері де «Түркістан» қонақ үйінен шықпайды. Бәйсейіт пен Қиярдың «оқуы» аяқталғанда, роман оқиғасы да таусылып, жазушы эпилогқа ауысады. Романның эпилогында Бәйсейіттің ажалына Қиярдың себепкер болғандығы туралы айтылады.

«О жолы бұлар совхоздың машинасымен қалаға тойға барған. Олжалы да оралысып келе жатқан. Мыңбұлақ жырасынан өтіп, бір қырқалау белге көтерілгесін Бәйсейіт: «Осы араға тоқтайықшы! Көңілім бір түрлі болып келеді», - деген. Екеуі машинадан түсіп, шофер жігіт көкмайса үстіне дастархан жайғанша бір айналып келуді ұйғарып, төмен түскен. Екеуінің үстінде де құдалықтан киіп қайтқан су жаңа костюм, Қиярдың аяғында оймышы көп, қабырғасынан күн көрінген әдемі туфли. «Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды»,- деп ойлайды қазақ. Қияр да: «Машинадан түсіп жатқанда пәленшекеңдер мен түгеншекеңдер аяғыма қарар»,- деп, су тигізуден, шөптің бояуын жұқтырып алудан қатты қорқатын туфлиін жолшыбай әдейі киіп алған-ды. Бәйсейіт те кесір, мұның сол әйеншектігіне ерегісіп, қайдағы бір сулы, дымқыл жерлермен жүргізіп келе жатты. Осыдан елге барған соң, жұмысты тастап, бір үлкен кітап жазуға отыратынын айтады…

Бұларды екі-үш рет шофер жігіт дауыстап, қол бұлғап шақырған. Бәйсейіт қозғала қоймады. Қияр да одан бұрын тұрып кеткісі келмеген. Аңқылдап соғып тұрған самал бары есінде. Бәйсейіт әңгімесінің құлағына жағып бара жатқаны есінде. Ешқашан ол мұндай үлкен әрі жіңішке сөзге бармайтын. Жалпы сырға жоқ еді.

Кенет, әлдене сар ете қалды. Бұл шошып атқып тұрып еді, Бәйсейіт, ажалына көрінді ме, кім білсін, тырп етпеді. Қияр: «Ойбай!»,- дегенше болған жоқ, қылтадан лап беріп, жартастай жойқын су шыға келді де, дәл қастарынан гүр ете қалды.

Бұл ыршып түссе, Бәйсейіт су ішінде қалыпты.

– Ұста қолымнан! – деді ол айқай салып.

– Қазір! – деген ол туфлиді шешіп ап, сыртқа қарата құлаштай лақтырып жіберіп.

Ол бір қас қаққандай, ғана сәт еді. Қайта айналып қараса, тұрған орнында Бәйсейіт жоқ. Сол тұсқа екінші рет кеп соққан дәу толқын Қияр денесіне жалғыз тамшысын да шашыратпай, бұған қолын созған Бәйсейітті бірден жоқ етіп, жұлып ап кеткен»1.

Бәйсейіт осылай опат болады. Ал Қияр бұл істе іштей өзін айыпты санайды: «Кім біледі осы жолы үйге барысымен отқа тастаған туфлиі құрғыр болмағанда, Бәйсейіт тірі қалар ма еді? Әйеншектенбей, созып тұрған қолынан бірден тартып алғанда, дән пәле жоқ еді ғой»2, - деп қиналады ол. Жан досының қыршын қиылған ғұмырын ойлай-ойлай Қияр дертке шалдыққан. Күз күндері «дамылсыз аңқасы кеуіп шөлдей береді, соны басамын деп күндіз-түні сұйық ішеді де, қарны қампиып, басынан асып кетеді. Дәрігерлер мұның дені сап-сау екендігін, тек шөлге шыдамды болуы қажеттігін ескертеді. Ал Қияр болса «біледі өзі, шөл емес оны қинайтын. Бәйсейіт есіне түссе болды, борша-боршасы шығып терлейді де, ішінде жалғыз тамшы ылғал қалмайды. Сосын шөлдемегенде, сылдыр суды сыңғыта бермегенде қайтеді?»3.

«Сусамыр» дегеніңіз осы болып шықты.

Ал енді осы үзінділерде берілген оқиғалар жүйесінде шындық жоқ деп айтуға бола ма? Кеңестік кезеңде мұндай шындық оқиғалар болмады деп кесіп айтатын кім бар? Суреттелініп отырған дәуірдің сан қырлы шындығының бір қыры осындай болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ осында қандай ой байырқалатардай мазмұнды, мағыналы шындық бар? Көркемдік жинақтаудың қандай келісті үлгісі бар? Осы жерде мынадай ойдың елесі көтеріледі: шығармаға арқау болып отырған осы шындық құбылыстардың тобын көркемдік жинақтау, типтендіру қажет пе еді? Әдебиеттану заңдылықтары тұрғысынан келгенде, әрине, көркемдік жинақтау, типтендіру қажет. Сөйте тұра жазушының белгілі кезең шындығының белгілі бір қырын еш боямасыз, типтендірусіз, жинақтаусыз, көзге түскен қалпында көрсетуінде мән бар деп білуге болатын сияқты.

Үлкен достық пен мейірбандық мәселесін жазушы Бозжан мен мерқадамның өмір жолдары арқылы да ашуды мақсат еткен. Романдағы өзге кейіпкерлер Мерқадам мен Бозжанды ажырамас достар деп атайды. Бұлардың достығын, жазушының баяндауы бойынша, бүкіл Алматы аңыз қылады. Бұл екеуінің өз ойлары да осыған саяды.

Мерқадам Бозжанның екі бірдей бүйрегі бейдауа аурудан істен шыққанда, ауруға өзінің бір бүйрегін ауыстырып салдыртады. Тоңмойындығымен, арамдығымен жан-жақты танылып болған, жасы елуге таянғанша осындай тіршілік кешіп келген Мерқадамның мұндай ірі, тіршілікте сирек ұшырасатын, тіпті ұшыраспайтын ерлікке баруының психологиялық мотивировкасы әлсіз екені рас. Мұндай іске баруға ол рухани, психологиялық тұрғыда дайын емес. Бұл әрекет оның характерінің даму логикасынан тумайды, оған итермелейтін, оны осы әрекетті жасауға мәжбүр ететін типтік жағдай да көзге түспейді. Мұндай тосын әрекетке бел буу үшін Мерқадам Бозжанның бар ісін, қоғамдық-мемлекеттік қызметін шектен тыс ардақ тұтып, оның өмірін өз өмірінен де артық құрметтеуі керек. Өз өмірінің, жеке және қоғамдық тіршілігінің қайнар көзін, мәні мен мағынасын Бозжан өмірінен, Бозжанның саналы қызметінен табуға тиісті. «Сусамырда» бұл секілді үлкен, ұлы достық Мерқадамның түйсігі, сезімі деңгейінде ашылған.

Жазушының міндеті тек образ жасау ғана емес. Кімнің образы не үшін және қалай жасалады – шығарманың көркемдік-идеялық сапалылығының кей қырлары осы мәселелерді дұрыс шешумен сабақтас анықталуға тиісті. Көркем шығарманың образдық жүйесі, ондағы образдар қатары – бәрі де өмір шындығын шынайы жеткізе аларлық болмыс-бітіміне, танымдық, тәрбиелік және эстетикалық мәніне қарай бағаланады. Өмірдің өзекжарды өз шындығын танытпайынша, жазушы көркемдік табысқа жете алмақ емес.

Р.Сейсенбаевтың «Шайтанның тағы» (1988) романының басты кейіпкерлері – бір үйдің адамдары: Ескендір – үй иесі; әйелі Айша. Баян атты қызы, Абылай атты ұлы бар. Романда бұлардың әрқайсысының жолдас-жораларының тұрмыс-тіршілігі де қамтылады.

Романда халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қатысты нақты іргелі проблема көтерілмейді. Шығарма өзегін жоғарыда аталған кейіпкерлердің тұрмыстық жай-күйлері, жеке тіршілігі құрайды.

Ескендір – заң қызметкері. Автор бұл кейіпкерінің қоғамдық қызметінің сипатын толық ашып көрсетуді мақсат етпейді. Кейбір эпизодтар арқылы ғана оның заңға адал, азаматтық тұрғысы берік жан екендігіне көз жеткізумен шектеледі.

Айшаны автор ауру етіп суреттейді. Өкпе ауруына шалдыққан Айша романда санаторий жайларында жүреді. Ішімдікке үйір болады. Ауруынан жазылмайды. Сөйтіп жүріп Досбол деген маскүнеммен сырлас болып, оның арақ ішуді тастауына ықпал жасайды. Ақырында қайтыс болады.

«Шайтанның тағының» негізгі оқиға желісі Абылай мен Баянның өмірбаяндық хикаяларына құрылған. Баян әйелі, үй-жайы бар Қайрат деген суретші жігітпен сырлас-дос болып, өзінің бар мәзірін соның еркіне береді. Сөйтіп жүргенде Омар деген ұшқыш жігітпен ұшырасып, соған күйеуге шығады. Қайратпен жолығып тұрады. Омар самолет апатынан қайтыс болады. Баян бұрынғыша Қайратпен жолығысып жүреді. Ойынан Омар кетпейді.

Абылайдың өмір жолы басқаша бет алады. Романның басында ол сүйген қызымен бірге Ертіс суына шомылып, күнге қыздырынып жатады. Бақытты, оның үстіне бозөкпе бозбала емес, жоғары оқу орнының студенті, студенттердің құрылыс отрядында комиссар болып жұмыс істеп келген саналы азамат. Сөйткен Абылай сүйген қызын қасына ертіп, вокзалдың ресторанына келеді. Студенттік құрылыс отрядында болған жолдастарымен бірге еңбек семестрінде қол жеткен табыстарын атап өтпек. Ресторанға келгендер ішті, жеді, сөз айтты, ән айтты, би биледі, жақсы көрді, жек көрді, ақыры сыртқа шықты.

Оңаша қалған Абылайды бұзықтар қоршап алады. Төбелес үстінде бұзықтардың бірінің қолынан ұшып кеткен пышақ Абылайдың қолына көшеді де, бір бұзақы пышаққа түседі. Одан әрі – милиция, сот, түрме.

Түрмедегі алғашқы күні-ақ Абылай ондағы зорлықшыл бұзықтардың басшысын төрт-бес көмекшісімен бірге таяққа жығады. Әлсіздерге пана болады. Кейінірек сол бұзықтармен бірге түрмеден қашады, қолға түседі… Қайтадан дұрыс жолға бет түзейді. Газет шығарады, тағы басқа пайдалы істермен шұғылданады. Енді үйіне қайтар сәтте түрмедегі бұзықтар төбелес бастайды да, бұл ауыр жарақат алып, ауруханаға түседі.

Романдағы басты кейіпкерлердің басынан өтетін негізгі оқиғалар тізбегі осындай сипатта. Кейіпкерлердің бұл іс-әрекеттерін автор олардың бірқатар ой-толғаныстарымен, сезім күйлерімен дәнекерлеп, өрнектейді.

Енді осы романның тақырыптық, идеялық өзегін құрайтын әлгі оқиғалардың маңызы мен мәніне назар аударып байқаңыз. Уақыттың басты, маңызды, актуальды тақырыбын (оқиғалары тобын), заманның өзекті ойын, идеясын таныта ала ма осылар? Заманымыздың өзекті проблемасын дұрыс шешуге қабілетті, озат, ұлттық идея үшін күресе білетін замандас сыры бар ма осында?

Сұрақтың сипатынан да секем алып қалуға болар. Сондықтан сұрақтарға жауап іздеп әуреленудің қажеті жоқ. Жекелеген адамдардың жеке басының шындықтары да шығармаға желі бола алары анық.Дегенмен бұл сұрақтардың қойылуы тек «Шайтанның тағына» ғана байланысты емес. Олар әдеби шығарманың көркемдігін анықтауға мүмкіншілік беретін бағыт-бағдар ғана.

Осының бәрі «Шайтанның тағында» адам мен қоғам өмірінің өзек жарды шындығы, ұлттық идея жарығы жоқ па деген ойға итермелейді. Сөйте тұра қоғамның маңызды деген идеясын тек маңызды оқиғалар арқылы ғана ашу керек пе дегендей сұраулы ой қылаң береді. Қоғам, уақыт үшін маңызды деген идея жарығын автор оның көлеңкесі арқылы ашқысы келгендей сыңай аңғартады.

Б.Алдамжаровтың «Жықпыл» (1985) романында суреттелетін құбылыстар да қоғамдық мәні ашық көрініс тапқан ерекшелігімен дараланбайды. «Таң азанда қорадағы көк есектің құлақ жара ақырғанынан ұйқысы шайдай ашылып кеткен Қарасайдың көзі іліккені жаңа бір әзірде ғана еді. Соны күтіп тұрғандай қасақы есек тағы да әңкілдеп қоя берді. Бұл жолы жерден шыққан жікті көргендей ішін тарта қылғынып, тіпті ұзақ ақырды1.

Роман осылай басталады. Көк есектің айқайымен ілесе «Есік сарт етіп ашылып, ішке дедектеп Айзада кіріп келеді».

– «О, көктігілгірдің ешегі! Өзін құдай алмайды. Ылғи сәурік айғырша азынайды да тұрады. Сонда ол шірік… Ана қу төсекті құшақтап жатқан… – Айзада ернін сылп еткізіп, бетін шымшыды. – Көтек, жаңғыз шешей ме десем, қайнаға отыр екен ғой. Сәлем бердік-ау, – деп, ол дәнеме болмағандай қолын алдына қусырып сәлем етті»2.

Бұны, сірә, көк есектің қылығына берілген баға деп қабылдау керек шығар.

«Бір мезгілде ол қалғып кеткен екен, сұр есектің қатты ақырғанынан шошып оянды. Таң атып қапты»1.

Бұл – романның соңы.

Сөйтіп, «Жықпыл» романында суреттелініп отырған кеңестік өмір көк есектің ақырғанынан басталып, сұр есектің ақырғанымен аяқталады. Романның басында бір, аяғында бір қайталанып отырған бұл екі құбылыстың арасындағы оқиғалардың сипаты да өзге, бөлек мағынамен ерекшеленбейді…

Елекештің үйі. Дастархан басында үй иелерінен басқа парторг Құлбаев, рабочком Мыңбаев, мектеп директоры Жиени, мұғалім Мылтықбай, милиция қызметкері Әбду – бәрі де жұптарымен бірге. Алматыдан келген қонақ, ғалым Бәйдеш те осында.

Әңгіме үстінде Әбду мен Мылтықбай арасындағы әзіл-қалжың біртіндеп қып-қызыл дауға ұласады. Тек Елекештің басу айтып, екі жақты мәмлеге шақыруынан кейін ғана үй ішінде тыныштық қайта орнағандай болады. Енді дастархан басына шай келеді. Шай үстінде сол әңгіме тағы қайталанады. Шай үстіндегі бәтуасыз әңгіме романда жеке бөлім (12) ретінде берілген (67-75-беттер). Ет үсті оқиғалары басқа бөлімде (13) суреттеледі. Қарасайдың мас болып қалған Мылтықбайды үйіне жеткізіп салуы (79-87-беттер), Әбдудің үйіне оралуы, ұйқыға жатуы (87-93-беттер) – жеке-жеке бөлімдер. Мылтық-бай мен Патшайымның жатар алдындағы әңгіме-сұхбаттары – тағы бір бөлім (93-99-беттер).

Сөйтіп, совхоздың барлық бетке шығарларының ғалым Бәйдешті ортаға ала отырып өткізген бір думан кеші, директор Елекештің үйінде қанша бөлімнен тұрса, романда да сонша бөлімді алады.

Науаттың үйіндегі «отырыста» қонақтар карта ойнайды. Директор Елекеш, ғалым Бәйдеш, милиция қызметкері Әбду және жас жігіт Қарасай (директордың шофері) проферанс сызады. Карта ойынының барысын, кейбір нақты детальдарын, ұту, ұтылу процестерін жазушы жатық суреттейді.

Келесі отырыс милиция қызметкері Әбдудің от басында өтеді (128-139-беттер). Мылтықбай мен Патшайым да қатардан қалмайды.

Романда бастан-аяқ той-думан, дастархан басында жүретін, одан басқа атқаратын еш шаруасы жоқ кейіпкерлердің бірі – Бәйдеш. Ғылым кандидаты, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің оқытушысы. «Жықпылға» жазда келіп, күзде қайтады.

Бәйдештің кандидаттық зерттеуі көне замандағы шығыс мәдениеті, Фараби туралы. Өзін тарихшымын деп таныстырады. Бәрі дұрыс. Ендігі зерттеу жұмысының пәні – Совет адамының әлеуметтік сана-сезімінің жетілу, толысу жайы. Бұл – философия, әлеуметтану ғылымдарының проблемасы. Бәйдеш енді философ болмақшы. Сөйтіп, Бәйдеш өзінің зерттеу жұмысының қазығын көне дәуірден бүгінгі күнге бір аударса, тарих ғылымынан философия ғылымына және аударады. Бұл – бұған дейінгі жасалған, қол жеткен ғылыми нәтижелерін біржола жауып тастап, бәрін жаңадан, әліппеден бастау деген сөз. Мұның өзі бір адамның ғұмыры, күші жете беретіндей оңай шаруа емес. Бәйдеш ғалымның бұл қылығында ғылыми батылдық емес, жолбикелік желік бары көзге түседі. Cовет адамының әлеуметтік сана-сезімінің жетілуін жоғарыда сипатталған отырыстар негізінде зерттеп жүрген Бәйдеш образы автордың жетістігі қатарында бағалануға лайықты. Өйткені жазушы кеңес дәуірінің әлеуметтік сана-сезімі жетілген жаңа адамының образын жасап отырған жоқ, бірақ автордың кейіпкерлері өздерін жан-жақты жетілген, кемел жан қатарында бағалайтыны рас. Мектеп директоры Жиени, мектеп мұғалімі Мылтықбай да мектеп, оқу, тәрбие ісінен тыс, тек дастархан басылық азаматтар екендігіне қарамастан, өздері туралы биік ұғымда. Совхоз партия ұйымының басшысы туралы да осыны айтуға болады. Осылар секілді тиісті саладағы маман ретінде ісі мен сөзінің мазмұны жоқ кейіпкерлердің бірі ретінде Әбду алынады. Әбдудің сөзі, ісі, сыртқы қалыбы – бәрі тоғысып келіп, оны әдепсіз, көргенсіз, оның үстіне былапыт жан ретінде көрсетеді.

Елекеш. Директор. Романда совхоздың директоры ретінде Елекеш бірде-бір мәні бар шаруашылық мәселесімен айналыспайды. Бірде-бір шаруашылық мәселесін шешпейді. Күріш өз бетімен өніп, өсіп жатады. Елекеш егісті бірер аралап келіп, кезекті «отырысқа» отырады не болмаса күрішші қыз Науатпен болады, одан босай қалса, әйелі Күлжамашпен жанжалдасады. Оқта-текте гаражға барып, ширамай қойған бас инженеріне жекіреді, кейде жұмысшысымен төбелеседі. Бірақ шаруашылық басшысына тән ешбір қабілет, қасиет танытпайды, нақты іс жасамайды. Тек күрішші Науаттың көрсеткішін арттыру мақсатында көзден таса, жасырын жерге күріш еккізеді. Басқа әрекеті жоқ.

Шығарманың соңына қарай директор Елекеш пен күрішші Қарасай арасында тартыс, дәлірек айтқанда, дау-шар жанжал туады. Оның түп негізінде мынандай себептер бар:

«…Қарасайдың көңілі тасып кетті. Қатты айқайлап жіберді. Даусы жаңғырығып, әр төбеге бір соқтығып, ұзап барып өшті. Қарасай тағы да айқайлайын деп, оңға бұрыла бергенде… қалт тоқтады. Табан астында сонау дария жиегіне дейін созылған, көзден жырақ алқапта салы сыңсып тұр. Бұл кімдікі болды екен деп, Қарасай жан-жағына көз тастай бере, тілін тістей қойды. Мынау жасырын еккен күріш екен ғой деп, өз-өзінен әлденеге қуана сыбырлады. Таптым деді әлденеге»1.

Осыдан кейін Қарасай өз «тапқаны» туралы ойларын қағазға түсіріп, оны аудандық газеттің редакциясына тапсырады. Онысы Елекеш арқылы өзіне қайтады. Одан бұл совхоз партия ұйымының хатшысына келеді. Хатшы қол ұшын беруге даярлығын білдіреді. Бұған дейін совхоз шаруашылығының ешбіріне араласпай, директордың тобымен дастархан басында ішіп-жеп келген хатшы, осылайша өзінің беті, правосы мен міндеті барын бірінші рет сезінгендей болады.

Қарасайдың қылығы да романның мағыналық құрылымның, мінездің даму логикасының жөні мен жүйесіне қонымды болып тұрған жоқ. Артық, жоспардан тыс егін мөлшерін «соқыр сезіммен», долбармен емес, нақты документтермен егіс көлемін салыстыру немесе оларды жете білу негізінде ғана анықтауға, «табуға» болады. Ал Қарасай табаны астына қарайды да, жайқалып тұрған күріш алқабын көре салып, оны жасырын егілген деп тұжырады. Неге? Себеп, негіз қайсы? Қарасайдың басына мұндай сұрақ келмейді. Еш ой ойлау, істің байыбына, анығына жету жоқ, «жасырын егілген күріш» туралы арызын алып жолға шығады.

Дұрыс. Көзбояушылыққа, әділетсіздікке қарсы белсенді күреске шықпайынша, ешбір табысқа жету мүмкін емес. Мұндай жат құлықтың тамырына балта шабу керек. Алайда шаруашылықтағы мұндай әділетсіздік пен көзбояушылыққа, жалғандыққа қарсы күресті соншалықты үстірт, жалаң, тіпті кісі қынжыларлықтай жүйесіз, жөнсіз формада суреттеу шындықты көркемдік заңдылықтарына сай көрсету бола қояр ма екен… Осының бәрі Елекеш пен Қарасай арасындағы қатынаста тартыс емес, дау-шар, жадағай жанжалдың басым екендігін аңғартады. Оның үстіне жоспардан тыс жерге күріш егу дегеніңіздің өзі – күрделі процесс. Жерді егіске даярлаған, оған күріш еккен еңбеккерлерге еңбек ақы қалай, қандай заңдылықтар, тәртіптер бойынша төленеді және тағы басқа осы секілді анықтауды, ашып көрсетуді талап ететін толып жатқан ірілі-ұсақты тәртіпсіздіктер мен жүгенсіздіктерді жете біліп, соларды жою үшін күреске шыққанда, Қарасай образы едәуір айқындала түскен болар еді. Романдағы бірден-бір әлеуметтік белсенді әрекет жасауға, ар-ождан тазалығы үшін көзбояушылыққа қарсы аянбай майдан ашуға аздап болса да мүмкіншілігі бар жалғыз-жарым кейіпкер Қарасай болғанмен, оның характері жете дараланбайды, типтік деңгейге көтерілмейді. Ол әрекет ететін жағдай типтік сипатқа иелене алмаған. Расында, Елекештермен бірге бірнеше рет карта (преферанс) ойнап, бірде ұтып, бірде бір айлық еңбек ақысын тұтас ұтқызып, енді бірде арақ ішіп, тіпті аудандық мәдениет үйіне үсті-басын лай-батпаққа баттастырып, мас болып келетін Қарасайдың романда адалдық, ар-ождан тазалығы үшін күреске шығуы, және бұл күресте бір шаруашылықтағы жалғыз «жауынгер» болып суреттелуі, басқаша айтар болсақ, ісінде де, сөзінде де азаматтық беті, берік тұрғысы жоқ кейіпкердің кенет әлгіндей кісілік танытып, азаматтық үлкен биіктен шыға келуі тым жасанды секілді көрінуі мүмкін екені рас. Сөйте тұра шырылдаған шындықты Қарасай типіндегілердің айту мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды.

Осының бәрі роман кейіпкерлерінің бірде-бір моральдық-этикалық немесе экономикалық-шаруашылық озық, алдыңғы қатарлы мәселе көтермегенін көрсетеді. Бірақ жазушының өмірдегі шындық құбылыстарды суреттегеніне күдік келтірудің реті жоқ. Тиісті жерінде бояуды қалыңдату, аздап өсіру тәсілі қолданылған болуы ғажап емес. Нәтижесінде роман «жықпылға» толы болып шыққан. Опасыздық, көзбояушылық, тоғышарлық, арсыздық, оңбағандық, иттік… – осының бәрі бір-бір «жықпыл». Өмірдің жықпылдары. Солардың қара сөзбен берілген суреті болғандықтан, романның өзі де жықпыл. Автордың жазып отырғаны - жалаңаш, боялмаған шындық. Мұның өзі автордың көркемдік танымы мен таразысының, шығармашылық даралығының ерекшелігін көрсетеді.

К.Ахметбековтің «Қасірет» (1991) романында кеңестік дәуірдің шындығы басқа деңгейде, басқадай тұрғыда суреттеледі. Көркемдік жинақтау, өмір шындығын таңдау мен талғау, адам мінезін даралау, тип жасау тұрғысы жағынан жазушы басқа биіктіктен көрінеді. Қарапайым еңбек адамының кісілік келбетін, адамгершілік бейнесін жасауда жазушы үлкен көркемдік жинақтауларға барады. Қайнаған еңбек адамының бір сәт те бос уақыты жоқ. Күннің астында, желдің өтінде маңдай тері тамшылап, белін жазбай еңбек ету, сол еңбегінің игілігін көрудің орнына қолында күші мен билігі бар алпауыттардың, арамзалардың зорлығына, бәлесі мен жаласына ұшырау, адалдығы мен ақтығын дәлелдей алмай азап шегу оңай емес. Қайшылықты, қатыгез ортада қарапайым еңбек адамының өмірі қорғансыз, қолдаусыз қалады. Осылайша жазушы өмір шындығын мүдделер мен мұраттардың, жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың күресі арқылы ашады. Күрестің ақыры мемлекет малын күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей баққан шопан Қайымның трагедиялық өлімімен бітеді. Еңбек адамының тұрмысын жақсартуға, азаматтық құқығын қорғауға, жанұясына жағдай жасауға міндетті мемлекет қызметкерлері дүние табу жолында жантүршігерлік қылмысқа барады: шопанның өзін, бала-шағасын түгел қырып салып, бір отар малды тігерге тұяқ қалдырмай алып кетеді. Өмірде жалпыға ортақ шындық болмағанмен, бұл көріністің негізінде тарихта болған оқиғаның сарыны жатыр. Сондықтан жазушы шығармасында шындық құбылыстар көрініс тапқан деуіміз керек. Ал мұндай шындықты көркем суретке айналдырып, образ арқылы ашу қаламгердің суреткерлік ерлігі мен суреткерлік шеберлігін қатар танытады.

Республика тәуелсіздігінің оныншы жылы жарық көрген романдардың ішінде мына шығармаларды атап өткен дұрыс: Кәдірбек Сегізбаевтың «Беласқан» (Атамұра, 2001), Ғабиден Құлахметовтің «Үйірі жоқ көкжал» (Өнер,2001), Асқар Алтайдың «Алтай новелласы: роман-миф» (Өлке, 2001), Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Ұлы көш» (Өлке, 2001), Төкен Әлжантегінің «Қым-қиғаш тіршілік» (Елорда,2001), Өмір Кәріпұлының «Тайталас» (Елорда, 2001), Тілеуқор Адамбайқызы Қосуақтың «Әйел айтқан хикая» (Арыс, 2001), Дәлелбек Батырдың «Ақ барыс» (Елорда, 2001), Сейітхан Әбілқасымұлының «Оспан батыр» (Ана тілі, 2001) романдары. Тақырыптық-жанрлық белгілеріне қарай аталған романдарды екіге бөліп топтастыруға болады:

а) тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар. Бұл топта К.Сегізбаевтің, Тұрсынәлі Рыскелдиевтің, Сейітхан Әбілқасымұлының шығармалары бар.

ә) әлеуметтік-тұрмыстық тақырыпқа жазылған шығармалар. Бұл ретте А.Алтайдың, Т.Әлжантегінің, Ғ.Құлахметовтің, Т.Қосуақтың, Ө.Кәріпұлының романдарын атаған дұрыс.

Ғабиден Құлахметовтің «Үйірі жоқ көкжал», Асқар Алтайдың «Алтай новелласы», Дәлелбек Батырдың «Ақ барыс», Өмір Кәріпұлының «Тайталас» романдарында адам мен табиғат, дәлірек айтсақ, адам мен аң тіршілігі өзара байланыста суреттеледі.

Әдеби шығармада суреттелінетін аты өмір құбылыстарының тобы ретінде адам мен аң, жануарлар тіршілігін таңдау қазақ әдебиетінде бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүр. М.Әуезовтің «Көксерегі», Ш.Айтматовтың «Бұғылары мен бөрілері», «Гүлсарысы» мен «Қаранары арасында» сан алуан тарапты ізденістер бары белгілі. Ә.Кекілбаевтың «Бәйге торысы», М.Мағауиннің «Шахан шерісі» осы аралықтағы болмысы бөлек, бітімі бүтін ерекше көркемдік құбылыстар қатарына жатады. Жоғарыда аталған романдар қазақ әдебиетіндегі адам мен аң, жануар тіршілігін өзара байланыста суреттеудегі осы дәстүр арнасындағы бүгінгі ізденістердің бағытын көрсетеді.

Роман – эпостың үлкен көлемді түрі. Өмір құбылыстарын суреттеуде бұл жанрдың мүмкіншіліктерінде шек жоқ. Соған орай оның жанрлық табиғатынан туындайтын талаптар да күрделі, биік. Бұл орайда ең қарапайым әрі басты шарт романға негіз болған өмір құбылыстары тобының бүгінгі заманның мәдени-әлеуметтік талаптары мен сұраныстарына лайықты болуы, суреттелініп отырған өмір құбылыстарының тобы негізінде ұсынылатын ой мен ұғымның өзектілігі мен көкейтесті мәнділігі.

Ғабиден Құлахметовтің – «Үйірі жоқ көкжал» (2001), Т.Нұрмағамбетовтің «Мешкей»(2006) романдары бүгінгі күннің шындық оқиғаларына негізделген. Өмірдің түрлі саласында әрекет жасап жүрген алаяқтар, алдампаздар, жемқорлар бейнесі, оларға қарсы күресуші жекелеген адамдардың тұлғасы көркемдік шарттарына сай жасалған. Адамдар арасындағы тартыс негізінде, шаруашылық, өндіріс немесе адамгершілік мәселелері емес, пайда табуға ұмтылған, уақытын, қажыр-қайратын, ақылын тек қана соған арнаған жаңа тұрпаттағы адамдардың бүлдіруші, бұзушы әрекеттерінен тамыр тартады. Бұл жолда олардың басты кәсібі адамдарды алдап-арбау, тонау, қорқытып-үркіту, өлтіріп жіберу. Қоғамның ортасында ойран салып жүрген осындай «іскер» тұлғалардың ойы мен ісі, іші мен тысы шынайы суреттеледі. Бұларға қарсы білек сыбанып күреске шығатын ұжымдық күш жоқ, жекелеген жүрекжұтқандар ғана бар. Сондай жүрек жұтқандардың дара өкілі Балтакескен образы – Ғ.Құлахметовтің елеулі табысы. Оны жасауда жазушы шартты тәсілдерді пайдаланған. Қаптаған қылмыстыларға қарсы үйірі жоқ көкжалдай дара шауып, жеңіске жетуі Балтакескен образында шартты белгілердің барын көрсететіні рас. Сөйте тұра бұл образ жазушының айтарлықтай көркемдік жетістігі екені анық. Т.Нұрмағамбетовтің Алыпханында да осындай шарттылық сарын бар. Көзі тоймаған Алыпхан, ақыры, қанағатсыздықтан, тойымсыздықтан қарнын жарып тыныштық табады.

Өмір Кәріпұлының «Тайталас» (2001) романы Арқарлы тауында адамдардан аман алып қалар сая таппай саяқ жүрген сынық мүйізді кәрі құлжаның күйін суреттеуден басталады. Одан ары жазушы тың игеруден бүгінгі күнге дейінгі шындық оқиғаларды Есейдің өмір жолымен өзектес баяндайды. Тың игеру тұсында ол аупартком нұсқаушысы еді. Аудан басшысына қарсы сөз айтқандықтан, механик болды, одан мотор жөндеді. Бірақ мойымады. Қайта көтерілді. Әуелі облыстық ауыл шаруашылық басқармасында инженер, одан совхоз директоры. Арқарлы совхозын билеп-төстеді. Арқарлының құлжасы секілді қызық дәурен өткізді, асып-тасыды, жекешелендіру науқаны келді, одан құлан-таза, адал өтті, мүйізі қағылғандай күйге де түсті, жалғыз қалды. Ақыры тәубеге келді. Арқарлының сынық мүйізді құлжасының үйірі де көбейіп, өсіп келеді, бұл да жақындарымен табысуға бет алған.

Төкен Әлжантегі «Қым қиғаш тіршілік» (2001) романында әлеуметтік-тұрмыстық, адамгершілік сипаттағы мәселелерді көтерген. Роман үш бөлімнен тұрады: а) әке; ә) бала; б) қаза. Бірінші бөлімде ауылда әл үстінде жатқан ауру әке жайы, соның арманы мен алданышы, өкініші мен жұбанышы туралы баяндалады. Қаладағы үлкен баласының тірлігіне, ісіне ауру әкенің көңілі толмайды. Оны өзінің жаназасына шақырылатын етжақындарының тізіміне қосу жөнінде сөз бола қалғанда, жарығы таусылуға таяған әке кіші баласына қатты тапсырма береді: «– Жоқ! – деді шал шаңқ етіп.Үні жер астынан шыққандай бәсең естілді. – Балам-ай, тірлігімде сүйегіме таңба басқан сол немең өлгенде не оңдырар. Оны тізімнен алып тасташы, – деді…»1. Екінші бөлімде қалада қызмет істейтін баланың тіршілігі көрсетіледі. Мықты қайын. Адуынды әйел. Ерке бала. Жайлы қызмет. Әкенің қазасы, бір әке, бір анадан туған екі баланың екі түрлі ісі, екі түрлі қылығы, ауылдағы ұлдың жөнге, жүйеге жүйріктігі, кісілігі, қаладағы ұлдың жаттығы, бөтендігі секілді жайлар үшінші бөлімнің оқиға желісін түзеді.

Әл үстінде жатқан ауру әке, бірі қалаға біткен, бірі ауылда қалған екі ұлдың екі түрлі болмыс-бітімі, таным сипаты арасындағы бірлік пен қайшылық өмірде бар шындық құбылыстар қатарына жатады. Бұл да қазақ әдебиеті үшін тосын, тың тақырып емес. Осы жүйе, осы мағыналық құрылым 80-жылдары Софы Сматаевтың «Бұлақ» романында көрініс тапқан болатын. Төкен Әлжантегі өз романында бұл тақырыпты өзінше игеріп, өзінше көркемдік шешім жасаған.

Дәлелбек Батырдың «Ақ барыс» (2001) роман-эссесіне Ресей құрамындағы Алтай республикасы Қосағаш ауданының қалың орман мен биік тау ортасында орналасқан ауылда тұратын қазақтардың өмірі негіз болған. Алтайдың табиғат сұлулығы, ондағы аңдардың, құстардың тіршілігі, адам мен аң арақатынасы суреттеледі. Романда таудың ақ барысы оқиға желісінің түпқазығы секілді. Ақ барыстың мекен-жайы, айналасы, күнкөрісі, тіршілік үшін күресі табиғат аясында әсерлі бейнеленеді. Алтай қазақтарының танымы, кәсібі, дәстүрлері, әдет-салттары да көрініс тапқан. Роман жүйесінде халықтың байырғы көзқарастырының, дәстүрлі мәдениетінің, ауыз әдебиеті мен шешендік өнерінің үлгілері орайлы, орынды пайдаланылады. Шығарманың тақырыбын ашу мен өзекті ойын негіздеуде, адам мінезін даралауда олардың атқаратын көркемдік қызметі зор. Ақ барыс бейнесі де Алтай қазақтарының киесі, құты секілді елес береді. Романның басты кейіпкері, әрекетшіл, әлеуметтік белсенділігі басым, өзінің де, өзгелердің де ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Алмабай аңшының образында ірілік, мінезінде даралық бар. Таудағы аң дарасы ақ барыс болғанда, ауылдағы адам данасы осы аңшы Алмабай болып көрінеді. Оның ісінен, жалпы өмірлік тұрғысы мен тіршілігінен адалдық пен әділдік, қамқорлық пен қайырымдылық, кісілік лебі есіп тұрғандай болады. Оның үстіне ол ел мен жер тарихының, халықтың рухани байлығының өз аяғымен жүрген қазыналы кені секілді. Қазақ әдебиетінің оқырмандары үшін Алмабай образы жаңа қырымен де, жаңа сырымен де ерекшеленіп тұр.

Тілеуқар Қосуақтың «Әйел айтқан хикая» (2001) романы тақырыбының даралығымен, баяндалатын шындық құбылыстар тобының молдығымен ерекшеленеді. Шығармада көрініс тапқан оқиғалар желісі әлеумет ақ пен қызыл болып соғысқан кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін тартылады. Ақынай әже, Гүлжауар ана, Үкілімай сұлу. ХХ ғасырда ел басынан өткен ауыртпалық, соқтықпалы кезеңдер, олардың қилы шындықтары осы үш әйелдің өмір жолы, тағдыр-талайы арқылы көрсетіледі. Үш әйел өмірі үш түрлі дәуірге сәйкес келеді. ХХ ғасырдың басында бірі, ортасында екіншісі, соңында үшіншісі белсенді тіршілік кешеді. Үш кезең – үш түрлі дәуір. Бірақ кезең басқа, дәуір өзге болғанмен, үш әйелдің басынан өткен өмірдің қуанышы мен өкінішінде, бейнеті мен зейнетінде, арманы мен алданышында өзгеріс те, айырмашылық та жоқ секілді. Үшеуі де жарық дүниеден бейнет кешіп, азап шегіп өтеді. Жазушының өмір туралы, өмірдің жалғандығы туралы айтайын деген көкейкесті ойы осындай көркемдік шешіммен түйінделеді.

Асқар Алтай «Алтай новелласы» (2001) романын роман-миф деп атапты. Аты миф болса да, шындық болса да, бұл роман, қазақтың көрнекті қаламгерлері Қастек Баянбаев пен Сәкен Иманасов айтқандай, «табиғаты бөлек, танымдық тереңдігі көркемдігінен кем түспейтін кесек шығарма» екен. Менің пайымдауымша, «Алтай новелласының» танымдық тереңдігінен көркемдік кеңістігі басым сияқты.

Роман Алтайдың алып аюы Айқоңырдың ару қыз Бұлабикеге сұқтанып қараған, іңкәр күй кешкен қалпын суреттеуден басталады. Бұлабикені Айқоңырдың бұл жолғы алапат құштарлығынан Ұларқан аңшы құтқарады. Енді Бұлабикеге аңшы Ұлардың көңілі құлайды. Қыз да ықыласты. Қыздың басы бос емес, құда түсіп қойған қайын жұрты бар. Едәуір қызық дәурен кешеді.

Айқоңырдың Бұлабикені іздеуі, оған деген асау құштарлығы асқына түседі. Ұрынарға қара таппай жүріп, Ұлар аңшының таудағы үйіне шауып, жалғыз шешесін жарып кетеді. Бұлабикенің аяғы ауырлап, айы-күні толғанда, ұл туады, өзі баладан қайтыс болады. Бұл хабар тау кезіп, орман аралап кеткен Ұлар аңшыға жетеді. Ұлар Бұлабикенің басына келгенде, ашылған көрді, қорланған әруақты көреді. Айыпты – баяғы Айқоңыр аю. Аю мен аңшы айқасында екі жақ та өлімші жарақат алады. Бұлабикенің көрінің басында аю мен аңшы бірдей өледі. Роман-миф осылай аяқталады.

Кәдірбек Сегізбайдың «Беласқан» (2001) романының тақырыбы да оқырмандарын ойландыратын, ойға бастайтын тақырып. Жазушы романына ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Қамбар төре мен оның иелігіндегі елдің тұрмыс-тіршілігін, батырлар мен билердің дара істерін арқау еткен. Шығарма Еділ-Жайық бойындағы елдің екі руы арасында кездейсоқ болған кісі өлімі айналасындағы құн дауынан басталады да, кісі өліміне тікелей жауапты ағайынды екі жігіт туған елін, туған жерін тастап, Еділ бойындағы қалмақтарға асып кетеді. Қалмақтар бұларды жылы қабылдап, күн көрісіне лайықты жұмысқа жегеді. Елден ауған екі жігітті қалмақтар жат деген жоқ. Қалмақ арасында екеуі ес жиды, етек жапты, балалы-шағалы болды. Енді елге қайтқысы келгенде, ел шетінде отырған Қамбар төреге жүгінді. Қамбар төре қалмақ жұртының басшысына сый-сияпат, тарту-таралғы тартып, елден безген екі жігітті үйіріне қосады. Роман оқиғасының фабуласы, қысқаша сипаттағанда, осындай.

Тұрсынәлі Рыскелдиев «Ұлы көш» (2001) романында ХХ ғасырдың басындағы қилы кезеңде Қытайға ауған қазақтардың басынан өткен қиындықтарды, атамекеннен ауып, қарындастан айрылған жұрттың қара көзіне мөлтілдеп келген жасты көрсетеді. Романның басты кейіпкері – Ақтоты. Елден ауғанда, тұлымшағы желбіреген алты жастағы қыз еді. Елге сексеннен асқан кемпір болып қайта оралуға бекінген. Шығарманың сюжеттік желісі Ақтотының көргендері мен көңілдегілеріне құрылады.

Романның құрылым жүйесіндегі бірқатар оқиғалар Әсет Найманбайұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Таңжарық секілді қазақ өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің ірі өкілдерінің өмірі, өнегесі, өнері арқылы пайымдалады. Көш үстіндегі елдің мәдениеті мен өнері, әдеті мен ғұрпы, тұрмысы мен салты, кәсібі үлкен эпикалық сарында көрсетіледі. Сол сарын арнасында атамекенін арман еткен жеке тұлғалардың өкініші мен үміті, мұңы мен сыры, мұраты кейбір тұстарда жақұтша жарқ етіп, жанар жасқағандай болады.

Сейітхан Әбілқасымұлының «Оспан батыр» (2001) романы Шығыс Түркістандағы халық көтерілісінің басшысы Оспан батырдың өміріне арналған. Жазушы Оспанның жеке басының жайы мен оны қоршаған ортаның әлеуметтік шындықтарын бөле-жармай, өзара сабақтас өреді. Оспанның күресерлік тұлғасының қалыптасуына негіз болған өмір құбылыстары, адамдар тағдыры, елдің басындағы мұң мен зар… – бұлардың бәрін де автор көркемдік таным талаптарына сай зерделейді. Соның нәтижесінде халықтың ереулік рухы, азатшыл ойы шынайы көрініс тапқан. Оспан батыр тұлғасын қаһармандық образ деңгейіне дейін көтеру – жазушының басты жетістігі.

Кеңес дәуірінің шындығы негізінде жазылған романдардың бәрі бірдей асыл еместігі, тіпті қайсыбір әдеби туындылар науқан талабынан туғаны, баянсыз ұран жарнамасы деңгейінде жазылғаны байқалмай қалмайды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің әлем жұртшылығы үшін маңызды да мәнді, бағалы рухани байлыққа айналған небір тамаша туындылары осы кезеңде, кеңес тұсында жазылғаны да рас. Қазіргі әдебиеттану ғылымы тек кеңес дәуірі, кеңес тұсындағы әдебиетті ғана емес, қазақ әдебиетінің көне дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі даму тарихын тұтас таразылап, түбегейлі бағалауға бет алып отыр. Кеңестік өмір шындықтарының тәуелсіздік тұсында көркемдік пайымдалу ерекшеліктерін тарихи ұстаным тұрғысынан таразылау да маңызды екендігі анық. Кеңес дәуіріндегі адам мен қоғам арақатынасы қазақ романында белгілі дәрежеде көрініс тапқаны даусыз. Алайда қазақ халқы ақ патшаға, одан беріде кеңеске қараған замандарда адам мен қоғам басынан өткен оқиғалар өмірдің шындығының өз тереңдігі, өз кеңдігі деңгейінде көркем көрінісін тапты деуге ерте. Арғы дәуірді айтпағанның өзінде, кеңес адамының қысқа ғұмырдағы бағы мен соры, қуанышы мен қайғысы, өмірінің нәрі мен өлімінің мәні, қаһармандық рухы мен трагедиялық тағдыры тиісті көркемдік және саяси-әлеуметтік деңгейде жинақталып болмағаны дау тудырмауға тиісті.

Асылды асыл деуге, жасықты жасық деп бағалауға тосқауыл жоқ. Ойдың, пікірдің еркіндігі деген – осы. Ойға, ой айтуға, пікір білдіруге еркіндік ойсыз, ойланбай сөйлеу деген сөз емес. Ой айтып жүрген, пікір қалыптастырғысы келіп жүрген қайсыбір азаматтар кеңес үкіметі тұсында жасалған мәдени-әлеуметтік, рухани байлықты, әсіресе көркем әдебиетті қайта байымдау, жаңаша таразылау үстінде аса сақтық көрсетіп, күдікшіл таным ығына жығылуға бейім. Әрбір жаңа заманның, жаңа қоғамның көркем әдебиетке, оның тарихына, даму заңдылықтарына, бағытына қоятын өз талабы, оларды бағалауда өз тұрғысы болатыны рас. Ондай талаптар мен тұрғы жүйесі белгілі бір қалыптасқан, тезден өткен, жұрттың бәрі толық қабылдаған мәнге, өлшемдер жүйесіне негізделген болуы шарт. Олай болмаған жағдайда әдебиетке қиянат жасалады. Жалпы, бүгінгі күннің алдында жалпақтап, құрақ ұшу, ал өткен күнге көз салмай, көз салғанда, күдіктене, үрке қарау, оны мансұқ етуге дайын тұру ақылдың асықтығынан тумайды. Өткен күн тарихқа айналатыны рас. Ол кісінің алдына қайта айналып келмейді. Оның қасиеті осында. Өмірдің қадірін, тарихтың қасиетін білетін, танитын адам да, маман да аз емес. Өткен тарихтың, өткен дәуір әдебиетінің мәні мен маңызын, қадірі мен қасиетін терең тану, әділ бағалау ақылы мен жүрегін қатар ұстаған, ар-ожданы таза, қайратты адамдардың ғана қолынан келеді. Екі кештің арасында шөре-шөре болып, кешегісі мен бүгінгісінің, бүгінгісі мен ертеңгісінің арасында адасып жүрген алмағайып ойлы азаматтар қай кезде де болған. Кеңес үкіметі тұсындағы саясатшыл әдебиетшілердің көркем әдебиетке, әдеби мұраға, шығармашылық еркіндігіне қалай қарағаны тарихтан белгілі. Ондай көзқарастың негізінде көркем әдебиеттен, кісінің сөзі мен ісінен, жазушының шығармашылық еркіндігінен саяси астар іздеген, белгілі бір саяси немесе билеуші топтың мүддесіне сәйкес достық немесе қастық қана тапқан жандайшап саясатшылардың солақайлығы, ар-ожданнан көз жазып қалған мүсәпірлігі жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, кеңес дәуірінде жасалған мәдени-әдеби мұрамызға үрке қарап, күдік келтіру, тіпті оның тарихи мәні мен мағынасын арзандатып, қадірін қашыруға ниет қылу бүгінгі ойшылдардың ешқайсысының да абыройын көтермейді, қайта, керісінше, кісінің кісілігіне, азаматтың азаматтығына көлеңке түсіреді. Шама келсе, өткен заман әдебиетіне күдіктене қарап, күпірлік жасамай, сол өткен дәуір әдебиетінің асыл үлгілерінен асып түсетін асыл туындылар жазған дұрыс. Кеңестік дәуірдің адамы мен қоғамының басынан өткен бір күннің қуанышының мәні мен бір күнінің қайғысының зілі әлі де , жоқ дегенде, бір ғасырға жүк болмақ. Соның бәрін тәуелсіз санамен саралап, еркін оймен барлау, шынайы көркемдік шеберлік биігінде суреттеу, ең алдымен, сол дәуірдің жылыжұмсағында, күншуағында өткендердің емес, сол кезеңнің ащысы мен тұщысын, жарығы мен көлеңкесін, ыстығы мен суығын бірдей көрген суреткерлердің ғана қолынан келуі мүмкін.

Бүгінгі әдеби процесте заманды барлау ісі жүріп жатқаны рас. Әдеби шығарманың қандайы да өмір құбылыстарын барлау мен бақылаудың, зерттеу мен зерделеудің нәтижесінде туады. Әдеби шығармаға арқау болатын өмір құбылыстарын жинау мен жинақтау, нақтылау, талдау мен талғау олардың мәнін сараптау, мағынасын саралау – инемен құдық қазғандай қиын жұмыс. Алайда заманды барлау тек үнсіз бақылау деңгейінде ғана қала беретін болса, мұның шығармашылық еңбекпен ешқандай жақындығы болмайды. Таланты тасыған, талабы таудай қаламгер үшін мың барлаудан бір парлау әлдеқайда жеңіл және игілікті.

Қазіргі күннің, қазіргі заманның шындықтары аясында басталып, одан соң өзінің белгілі бір шегіне жетіп не жетпей аяқталып жатқан оқиғалар аз емес. Олардың салдары да белгілі. Осындай шындық құбылыстарды сырттан бақылап, барлап жүре бермей, оларды іргелі мәдени-әлеуметтік мәселе деңгейінде көркем бейнелеу нағыз талант пен маңдай тері сорғалаған адал еңбектің бірлігінен ғана тумақ. Таланттың орнын құр тамсану, еңбектің орнын болымсыз барлау басқан жағдайда, әдеби өмірден қызу қашып, қуат кетеді. Шын талант үшін барлау емес, самғау қажет. Парлай алмағандар – барлауға, самғай алмағандар аңдауға көшсе, бұған да таңданбау дұрыс шығар. Өйткені әр нәрсеге бап керек, шабытты күй қажет. Ал көркем әдебиет, әдеби шығармашылық еңбек, алдымен, бапты, шабытты күйді талап етеді. Қазір қай қаламгердің бабы келіп, күйі тасып жүр дейсіз… Бабы келмесе, күйі болмаса, жазушы түгіл, қыран да қанат қаға алмайды. Екіншіден, қазіргі әдеби процесті байымдап, бағалайтын әдебиет сыншысының жағдайы да жетісіп тұрған жоқ. Бірге татымайтын жүз кітапты оқып, талдап шыққаннан, жүзге татитын бір кітап туралы пікір айтқан әлдеқайда артық. Бірақ сол жүзге татитын бір кітапты табу үшін әдебиет сыншысы әлгі жүз кітапты түгел оқып шығуы керек. Ол дәл осылай іс еткеннің өзінде оның еңбегі жана қоюы екіталай. Сондықтан да оған жүз кітап оқып, бір кітап туралы пікір жазғаннан, қайсыбір қаламгерлерімізше, ештеңе оқымай-ақ, том-том роман жазған әлдеқайда жеңіл.

Әр халықтың, ұлттың дүниетанымы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі оның тағдыр-талайына, тұрмыс-салтына, тарихына байланысты қалыптасады. Жақсы мен жаман, адал мен арам, оң мен теріс, жалған мен бақи, бақ пен сор немесе құт пен береке, ырыс пен дәулет және басқа дәстүрлі мәдениет категориялары әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктерін белгілейді. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі дүниетаным категорияларын, олардың басты тұрғыларын, өлшемдері мен тәртіптерін, ережелерін сақтай алған елдің ұлттық болмыс-бітімі де бүтін болмақ. Өмірдегі, қоғамдағы шоғырлану немесе даралану процестеріне сай түрлі әлеуметтік топтардың қалыптасу барысында олардың әрқайсысына тән белгілі бір әдеп, әдет өлшемдері қалыптасып, дәстүрлі ұлттық сана, ұлттық таным, ұлттық рух туралы олардың ұғымы да өзгеріске түседі. Мұндай жағдайда белгілі бір топ деңгейінде ұлттық рух өзінің байырғы мәнін біржола жоюы да мүмкін. Жоғалған мәннің орнын басқа бір өміршең, неғұрлым жетілген ұғым, түсінік алатын болса, онда оны ұлттық болмыс-бітімнің, ұлттық танымның, ұлттық рухтың дамуы аясындағы туынды құбылыс ретінде қабылдауға тура келеді. Олай болмаған жағдайда белгілі топ деңгейінде ұлттық рух, ұлттық таным жойылып, оның орнын сол топты өмірге алып келген жәрмеңкелік, алып-сатарлық ереже тәртіптері басады. Бұл ереже тәртіптері бойынша, кісі айналасына, өмірге бір ғана көзбен қарайды: сатып алу және сатып жіберу. Жәрмеңкелік ереже тәртіптері үшін сатып алуға немесе сатып жіберуге болмайтын ешнәрсе жоқ. Экономикасы жәрмеңкеге негізделген қоғам үшін бұл таңсық емес, жаңалық та емес. Көзі ашық, көкірегі ояу жазушы үшін тәуелсіздігіміздің өткен он бес жылының өзінде телегей-теңіз тарих шындығы жатыр. Оны көркемдікпен пайымдау қаламгерден тарихи танымды талап етеді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]