Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде

(1991-2005)

Ғасыр соңындағы жаңа тыныс

ХХ ғасыр соңы мен ХХI ғасырдың басында қазақ әдебиеті ел тәуелсіздігі жағдайында дамуға бет алды. Демократия күні туды, тілден тоталитаризм кісені алынды. Ендігі көркемсөз, бейнелеп айтқанда, тәуелсіз елдің еркін тынысты әдебиетіне айналды. Ел көңілінің гүлiн ашқан әдеби дәуiрдiң алғашқы туындылары да ғасыр соңында жарық көре бастады. Осы дәуірдің бетке ұстар туындыларын сөз еткенде, алдымен тілге үйірілетін туынды көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» роман-дилогиясы (1999). Бұл шығарма – кеңес дәуірінде жазыла бастағанымен, аяқталуы тәуелсіздік кезеңіне дөп келді. Роман жаңа дәуір талаптары тұрғысынан қайта қаралып барып жарық көрді. Роман туралы қазақ һәм әлем әдеби сыны түйiндi ойлар да айтып үлгердi. «Қан мен тер» трилогиясы эпикалық сарында жазылып, дәуiрдiң тұтас кескiн-кейпiн суреттесе, құлашы кең «Соңғы парыз» ел, жер тағдырын қозғайды, осы арқылы ұлттық һәм әлемдiк адами проблемаларға жетектейтiн маңызы зор құбылыстарға бойлайды деген пiкiр айтыла бастады.

«Болашақ ұрпақтарға не мұра қалдырамыз? Тартылған теңіздер, қаңыраған шөл-шөлейт дала, құм бораған дауылдар, сарытап жұрт қалдырмақпыз ба? Осы жөнінде неліктен ойланбаймыз? Адамның соңғы парызы осы сұрақтарға пәрменді жауап табу болса керек»1, - деп түйеді өзінің роман туралы мақаласын философия докторы Әбдеш Қалмырзаев.

Мәскеу Мемлекеттік университетінің профессоры Николай Анастасьев романының әлемдiк маңызына тоқтала келе, шығарма объектісі кішкентай «балықшылар ауылы» болғанда, әңгімесінің аумағына «күллі жаһан» сыйып кеткендей, деп пайымдайды. Романның көркемдік уақыты жайын айта келіп, онда суреттелетін Арал теңізі хикаясының он үш жылы «мәңгілік уақытындай»2 әсер етеді, дейді.

Ресей Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті Феликс Кузнецов: «Николай Анастасьев Нұрпейісовтың прозасын Шолоховпен, Фолкнермен салыстырады. Мен бұған қоса өзіме жақын тағы да бір жазушыны атар едім. Ол – Леонид Леонов. Өйткені бұл жақындық ақыр заман апатын, адам өмірінің табиғи негіздерінен айырылу хаупін жаны ауыра сезінуден туындаған. Арал теңізі территория жағынан Қазақстан мен Өзбекстанға қараса да, ол Жер Шарының бір бөлігі. Аралдың азып-тозып бара жатқанына адамзат немқұрайды қарамауы тиіс. Бір түкпірдегі апат жердің басқа түкпірлеріне де зардабын тигізеді. «Адамзат, енді сен оян! – «Соңғы парызың» осы, - дейді Нұрпейісов романы жөнінде3.

Қазіргі уақытта табиғатқа көзқарас түбірінен өзгерді. «Экология» деген сөздің мағынасы барған сайын ұлғайып барады. Адамзат қоғамы мен табиғат араларындағы өзара қатынастарды зерттейтін сала енді адам үшін ең бағалы, ең қымбатты – өмір деген сөздің баламасына айналып отыр.

Табиғатқа көзқарастың бұлайша шұғыл өзгеріс табуына көркем әдебиет, көсемсөз, публицистиканың дамылсыз дабыл қағуы да әсер еткені даусыз.

Роман оқиғалары басынан аяғына дейін сең үстінде, қақаған суықта, аязды боранда өтіп жатады. Осының өзінде үлкен символдық мән жатыр. Кешегі тоталитаризм дүниесінің ел ішін қанға бөктірген, тіпті атамекен табиғатына дейін сорлатқан тас бауырлығы айғайлатпай-ұйғайлатпай терең мәнді сурет арқылы бейнеленген. Аралдың тұзды суын сіміріп ішіп жатқан Көк Өгіз де: біз табиғаттың құлы емеспіз, қожасымыз, бермегенін зорлап тартып аламыз дейтін мифтік жоспар-жорамалдан туған мифтік бейне емей не?

Мұз үстіндегі Жәдігер сүйіп үйленген әйелінің басқа біреудің қолтығында кетіп бара жатқанын көрмейін деп ашынып аласұрған күйде тұр. Осы бір қайғы жүз қайғыға ұласады. Солардың ең қалыңы – Арал қасіреті, Жәдігердің от басына, ауылына, еліне нәпақа тауып беріп жүрген жерінің әңкі-тәңкісінің шығуы. Ішінде шерменде боп қатқан шері...

Балықшылардың жүздері өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Өйткені теңізге жайған аудың тор көзі балық түгіл, құрт шабақ та қағудан қалған. Осы пейзаж, суреттер Жәдігердің жүрегін шаншиды, ашуын кернетіп, ызасын қайнатады. Кейіпкерлердің жан дүниесін қопарып тітірентеді. Пейзаж көз көріп, құлақ естімеген психологиялық сұмдық құбылысқа айналып, ақырзаманның алды осы болар ма дегізіп, тәубеңе бір емес, әлденеше рет келтіреді.

Пейзажға роман қандай идеялық зілман жүк артқаны мына бір көріністен де байқалады. Балық торға түспей қойған оқиғадан кейін тағы бір одағай оқиға басталады. Аптап ыстық аспан астындағы тірліктің апшысын қуырғанда түз тағысы киік жанын қоярға жер таппайды, ауыл иттерінің талауына, қатындарға дейін ине ағашпен ұрып жығып, қан жоса боп пышаққа ілініп жатқандарына қарамайды. Мүйіздерін қағып ақша табу үшін жүздеген киіктерді машиналарымен қуып-қамалап тапап жүргендер қаншама. Шөлден қаталап өліп бара жатқан киіктер мұның бірін де елең қылар емес. «Тірілері өліктердің үстінен ырғып, балықшылар ауылының бет алдындағы теңізге ұмар-жұмар, опыр-топыр түйдегімен ағызып келді де, ащы суға бас қойды. Ащы су іштерін алып түсті. Онсыз да көнін сүйреткен жануарлар іші-бауыры қатып, инеліктей мықшиды да қалды»1.

Жұт қыл бұрауын қысты күндері салушы еді. Ал мынау… қырық күн шілдеде қыспаққа алған не пәле? Әлде ақырзаман дейтініңнің тозағы осы болды ма? Кәпірдің ұсқыны адам шошырлық…Төңіректің қылтанақ түгін қалдырмай отап тастады.

«Жұт – жеті ағайынды». Балық түгіл бақасы тып-типыл жоғалған теңізбен шаруасы жоқ қып-қызыл белсенділер, олар да Жәдігердің сорына жаратылғандай. «Суға сүңгісең де планды орындауға тиістісің» деп, мүйізді аяз қысса, мүйіз тұқылды қысатынның керін келтіріп, әбден титықтатып, жүйкені құртып бітті. Жәдігер уайымы, Жәдігермен бірге қосылатын роман уайымы өстіп ұлғая береді.

«Заман ақыр – азғындаған өмір кезеңі» дейтін Абайдан қалған сөз бар. Табиғатты азғындатқан адам қай оңған тірлік жасайды дегізеді роман. Тартылған теңіз түбі борсып сасиды. Ал, оны сол күйге түсірген ғылымның өз жайы қандай? «Май сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» Ғалымдығынан залымдығы басым, мансапкерлердің қол жаулығына айналған «академиялық ғылым» деп қауқитатын атаққұмарлар жасаған жалған ғылым кесапаты жан түршігерлік. Әзімдер Арал теңізі құрығанына қам жемеңдер, орнына мақта егісін егіп, ғаламат бітік өнім аламыз, деп бір алдарқатса, суға да алаң болмаңдар: Бетпақтың асты көлкіген теңіз деп және көз бояп, тамам елді сөзбен ақымақ қылғысы келеді. Роман, оның бас кейіпкері Жәдігер сол ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етушілерге қастанады.

Бірақ қолдан ақыр заман туғызушы шенқұмар, баққұмарлар оңай алдыратын жау емес. Ондайлар өмірде басым түсіп жатады. Арал теңізінің тартылуы – соның бір айғағы. Алайда, роман бұл трагедияны көрсете отырып, әшкереленуші тегеуірінен титтейде кемітпейді. Әдебиет – гуманизм құралы. Оның өз серті бар. Жамандық жазаланбай қалмауы тиіс. «Соңғы парыз» роман-дилогиясы ежелден келе жатқан бұл дәстүрден ауытқымайды. Жәдігер мен Әзім тартысы да моральдық проблемаға құрылады. Сол арқылы көздеген мақсатына жетеді. Шындық көңілі жарқын, пейілі таза Жәдігер жағында екенін Әзім сезбейді емес, сезеді. Өз жобасының жарамсыздығын іші біледі. Әзім басқарған ғылыми айтыстан кейін кездескен кісілер: Аралды құртпақшы, «есі дұрыс па?»-деп шулайды.

Арал қасіреті – адамзаттың экология мәселесін елемеуден туған қасіретінің бір ғана көрінісі. Роман күнәнің арғы тегін адамзаттың күнкөріс тірлігінен іздейді. Табиғат ананы аялап, қастерлеп, қадірлеу орнына, оған жыртқыш көзбен қарайды дейді. Бұрғы ма, динамит пе, әйтеуір не қилы құрал ойлап тауып, жер байқұсты ойсырата қазып, тесіп, қопарып, үңгілеп, ойпыл-тойпылын шығарып жатыр. Ол да бір алмаға түскен құрт сияқты. Құрт алманың сөгін сора-сора мыжырайған, бүріскен сүлдерін қалдырса, жердің бар шырынын сорып жатқан адамзат та оны сөйтіп солбырайтатын күн алыс емес. Осындай шартарапты ой көгіне көтерілу Жәдігер бейнесін ғаламдық ойлау биігіне көтереді. Ғарыш орбитасынан күллі адамзатқа «ау, жұртым, мақтаулы өркениятың неге әкелiп соқты, бір уақ ертеңгі күніңді неге ойламасыңдар?» - деп жар салатындай.

Нұрпейісов романының зор маңызы мұнымен шектелмейді. Шығарманы оқып отырғанда көптен созылып келе жатқан бірқылыру философиялық, әдебиеттанымдық даулы мәселелердің жаңғырығы құлаққа ұрады. Кеңес кезінде ұлттық гүлдену мен ұлттардың өзара жақындасуы интернационализмнің жарқын көрінісі, осының нәтижесінде жаңа қоғамдастық мүшесі – кеңес адамы қалыптасады деген теория дабырайта дәріптелді. Іс жүзінде бұл теория үстем ұлт игілігіне қызмет етті. Орыс тілінің бүкіл Одақ көлемінде ортақ тілге айналуына жағдай жасады. Оған жә демеген жан болған жоқ. Тек бір нәрсе ғана ескерілмеді. Орыс тілінен басқа тілдің дамуына көрінеу бөгет жасады. Нәтижеде қазақтың тілі, ділі құрудың аз-ақ алдында тұрды.

Неге екенін үлкен елдер кіші елдердің өз тілі болуын артық санайды. Осындай пиғылдар күні бүгінге дейін төбе көрсетіп жүр. Қазір ғаламдандыру деген идея пайда болды. Іс жүзінде бұл да ұлы державалық шовинизм күбісінен шыққан сасық иіс. Шағын ұлттарды жайын ауыздардың жалмап соғуын көксейді.

Ел-елдің интеграциялануы, ықпалдасуы экономикаларының өзара жанасып бірігу процесі – ХХІ ғасырда тоқтаусыз үдей беретін процесс. Бірақ бөліктердің бас қосып бүтінге айналуынан бөлік атаулы құриды деген мағына туа ма? Ұлттық Һәм жалпы адамзаттылық сыйпаттардың қай-қайсысы да құрып жоғалып кетпек емес. Өйткені бұлар бір медальдің екі жағы. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Ұлттық қасиеттің қайсысы жалпы адамзат мәдениетінің гүлденуіне қайшы келмек? Жалпы адамзатты оркестрге теңесек, ұлттар сол оркестрдің әрқайсысының үні бөлек аспаптары емес пе? Жалпы адамзаттық һәм ұлттық ұғымдары үйлесімі, келісімі жарасқан ұғымдар. Бұлар бір домбыраның екі ішегі, бүркіттің қос қанаты тәріздес. Бұларсыз көкке өрлеп ұшудың да, әннің де мәні жоғалып, сәні кетеді.

Жәдігер бейнесін сомдағанда жазушы Арал төңірегінің ерекшеліктерін, осы жердің желін, ауасын, қалыптасқан әдет-ғұрпын, кейіпкерлерінің қазақы жақсы-жаманды мінездерін суреттемей тұра алмайды. Бұл жәйттер бейненің ұлттық белгілеріне жатса, сол белгілердің және бір парасы қазақты күллі адамзат арнасына жалғастыратын каналдар іспетті. Ұлттық бейне мелшиіп қатып қалатын құбылысқа жатпайды. Мәдениеті, парасаты үнемі өсіп өркендей бермек. Өсу жолдары айқын. Құпия ештеңесі жоқ. Өз ұлтының топырағынан старт алады да, адамзат орбитасына самғайды. Жәдігер бейнесі адамзаттық биіктен көрінсе, бұл қасиет оған әлде бір үлгілі шаһарлардан он сегіз мың ғаламның тілін үйреніп келгендіктен біткен жоқ. Ол Алматыда, ғылым, білім жағынан дүние жүзінің қай шаһарынан да кем соқпайтын қалада оқу оқып тәрбиеленді. Ал «қолынан ғылыми кітаптар» түспейтіндігі және ең бастысы – ой жүйесінің жалпы адами категориялардан тұратындығы – адамзат мәдениеті есігін ұлттың өз кілтімен ашқандығын айғақтайды.

Жәдігер характері – ұлттық характер. Қазаққа тән жуас, ұяң мінездері де, ашуы келсе бұрқ ете түсетін шамшылдығы да бір басына жетерлік. Жеке өзіне тиесілі мінезден өз қасиет-діліне беріктігін айтуға болар еді. Жәдігердің ісіне өлермендене берілгені әр тұста байқалып қалып отырады. Жас баланың еңбегіндей былқылдаған мұз үстінен жүк машинасын жүргізіп балықты түбекке шығаратын көзсіз ерлігі, әйелінің қарсылығына қарамастан балықшылар еңбегінің ыстық-суығына бірдей төзіп, үйіне қарасын көрсетпей кететіндігі, тіпті өрескел қылықтарының өзі (әйелін, ағасы Сары Шаяны көк ала қойдай етіп сабауы, тіпті анасына ара түсем деп әкесіне қол көтере жаздағандығы) бұл бер жағы жуас көрінгенімен, іші тастай қатқан жан, оңай адам емес.

Жәдігер өлім алдында да тума характерінен айнымайды. Қайта өлім аузында жатып өзінің жаңа бір қырынан жарқ етіп көрінеді. Тәні де, жаны да қиналыста жатып өзінің бұған дейін ұстанып келген бар идеалынан түңіледі. Қазақ романы бұл тұсында постмодерн прозасымен жанасқандай. Постмодерн ағымының баяғы Жаңғыру, Ағартушылық кезеңдердің мұраттарын тәрк ететіні тәрізді Жәдігер өмірден түңіледі. Ол жалған дүниені қимай жатқан жоқ. Жәдігер «осынау адыра қалғыр дүниеге, адыра қалғыр дүниенің қашан да безеретін де тұратын бетіне»1 соңғы рет тіктеп қарап бірдеңе айтқысы келеді. Не айтқысы келетінін роман бүгіп қалады. Нені бүккенін оқырманның аңғармауы мүмкін емес. Жәдігер бет әлпеті безерген, не қуанышыңа, не қасіретіңе қыңқ етпейтін опасыз дүниемен ымыраға келмей көз жұмады.

Романда Жәдігердің қарсыласы Әзім, оны тастап Әзімге еріп кеткен әйелі Бәкизат бейнелері де ішкі психологиялық суреттермен ашылған. Ұлттық қасиет, дәстүр дегендер оларға жат. Тек мансап, бедел, жағдай керек.

Романның аяқталуынада да опасыз дүниеге деген символдық елес бар. Жәдігер кеудесінен ұша жөнелген сұр торғайға жан иесі соңғы демі бітерде: «Дүниеге, ештеңе тұтқа болмасаң да, бірақ сен аман бол, шырылда, шырылда, шырылда байқұс» деп тіл қатады.

Роман идеясы осы үлкен адам тағдыры мен адамдық қылықтардан өрбиді.

Жаңа дәуір өзiмен бiрге жаңа тақырып ала келетіні, соны кейiпкерлер туатыны мағлұм ақиқат. Кейiнгi кезеңде жазылған проза қаһармандарының көзге түсетін бiр ерекшелiгi ол тап қырқысын дәрiптемейдi, әлеуметтiк-шаруашылық мәселелерiн күйттеуге де бармайды. Ендiгi шығармаларда ұлтының көкейкестi мүдделері жолында жанын салатын күрескерлер алға шығуда.

Бұл жайды сөз еткенде, бiз ұлттық идеяның кешелi-бүгiнгi жайларына тоқталмай отыра алмаймыз. Рухани мәдениетiмiз тәуелсiздiк кезеңiне қандай өлшеммен кiрдi, неден жуылып тазарды? Жаңа әдебиеттiң демократияшыл, ұлтжанды кейіпкерлерді алға ұстағандағы өлшемiнің дұрыс-бұрысы қандай?

Жалпыға белгiлi, осыдан аз уақыт бұрын ғана ұлт идеясын ұлықтағандар буржуазияшыл ұлтшыл атанып, бейкүнә күстәналатын. Абайдан соңғы әдебиеттің соңғы өкілдері – Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар, т.б. өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ ұлтының мұң-мүдделерiн шығармаларының алтын арқауы еткенi үшiн сталиндiк репрессия кәріне ілікті. Ұлты үшiн қырғын күресте шейiт кеткен боздақтардың туындылары тәуелсiздiк кезеңiнде кейiпкерлерi де, авторлары да ендi бiздiң заманымыздың батырларына айналды.

Ұлтжандылар жасаған әдебиет бүгінгі рухани мәдениетiмiзде құндылықтарды қайта қарауға бастайды. Кеңес кезінде ұлттық идея таптық тұрғыдан қаралды. Сондықтан сыңаржақ насихатталды. Мәселен, көп дәріптелген «ұлттық және интернационализм» ұғымы жаттанды, жарытымсыз қағидалардың шеңберінен аспады. Интернационализм дәріптелді де, ұлттық мәселесі ылғи қағажу көруде болды. Әдебиетте де социалистік мазмұн құтайғанымен, ұлттық түр барған сайын жұтаң тартты. Ұлттардың жақындасуы дегеніміз орыстану болып шықты. Тарихтың бұлай бұрмалануы жеке адамдар тарапынан әрқашан наразылық ой-пікір туғызып отырды. Ондайлар қуғындалды, түрмеге түсті, сотталды.

Тәуелсіздік дәуірінің әдебиеті, міне, осы шындықты тура мағынасында суреттеуге барды. Бұл саладағы алғашқы шығарма Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» (1998) романы кеңестік жүйенің сол бір осал тұсын әшкерелеуге құрылды. Онда қазақ халқының өткен тарихын бұрмалауға қарсы, әділетті, шындықты батыл жақтан шыққан жас тарихшы мен оның ұстазының жоғарғы органдарға ашық хат жазып, қудалауға түскені суреттеледі. Ұстазы – күйіп тұрған заманда Кенесарыны қорғаймын деп отқа түскен «ұлтшылдығы» үшін сотталып, жазасын өтеп қайтқан профессор Алдияр Ақпанұлы, шәкірті – ғылым кандидаты Аяған Қуатов. Бұл енді Кенесарының кегін қуған баласы Сыздық үшін күйеді. Дәріс оқып тұрып көкейінде жүргенін ірікпей жайып салатын ақ жүрек, ашық мінезді ғалым жаратылысында шыншыл жан. Студенттерге оқыған дәрістерінде біз өз халқымыздың тарихынан гөрі Рим империясының тарихын жақсы білеміз. Бізге қазақ халқының тарихы керегі жоқ. Өйткені – біз құлмыз, – деп айтып салады. Неге қазақ даласында қанқұйлы Ермакқа тың игерушілер атынан ескерткіш қойылады? Сонда тың игерушілер қазақ жерін жаулап алушылар болғаны ма? Аяған жалғыз інісін жұтқан Ауған соғысына да қарсы шығады. Ауғанға да, бізге де бостандық керек екенін айтады.

Алдияр мен Аяған бейнелері – интеллектуалды, парасатты қаһармандар. Олар – ел, жер, ұлт намысын жыртқан күрескерлер. Бұлардың ерлігі шығармада жоқталатын Исатай, Махамбет, Кенесары, Сыздықтардың қолына қару алып, майданға шыққан ерлігіне ұқсамаса да, саяси әрекетке айнала қоймаса да, түбінде бәрібір ерлік. Бұл – ар-намыс ерлігі.

Аяған қара басының істі болуынан ашыну үстінде майысып, қайыспайды. Не қысымға болса да төтеп береді. Бала-шағасынан, өзінің болашағынан айырылғанын ойлап күндіз-түні езілетіндерден емес. Өйтуге намысы жібермейді. Ол – ой қуған азамат ой майданының қаһарманы.

Аяғанды аяйтының басынан өткізген қиямет-қайым қиындықтардың бәрін, оқытушылық қызметтен қуылуын, құрылыста қара жұмыс істеп жүрген жерінен КГБ шеңгеліне ілігуін, артынан жындыханаға түсуін, ақыры қайта үш әріп зынданына жабылып, қаза табуын, әйелі Әсемнің қиыншылық ауыртпалықтарынан мезгілсіз көз жұмуын, үш баланың жетім қалуын, - осы қайғылы оқиғалардың бәрін тәуелсіздігіміздің қарсаңында, 80-82 жылдардың аралығында бастан кешіретіндігі.

Кезінде тоталитаризм идеологиясы елді қанға бөктірген репрессияны Сталинге жауып, кеңестік жүйенің оған қатысы жоқ деп түсіндірді. Бірақ саяси көзқарасың үшін жазалау Сталиннен кейін де, күні кешеге дейін тыйылған жоқ. Аяған – сол тәртіптің құрбандығы.

Сталинді жамандаушылар ішінде Аяған да болған. Енді ол ой арпалысында Сталиннің өзі де уақыт құрбаны екенін, замана кемшілігін бір адамның мойнына артып, құныкер етуге болмайтынын түсініп жеткендей. Сталин өмірі кіл қатыгездіктен тұрмайды. Уақыт ешбір дананың еркіне бағынбайтынын Аяған жақсы түсінеді.

Баққожаның уақыт деп отырғаны – заманы, қоғам. «Қоғам – поезд. Ол темір жолмен ғана жүре алады. Жол – жүйе. Социалистік жүйе. Жолдан шықса апатқа ұшырайды...»1. Сталиннің өзі – сол поездың жүргізушілерінің бірі. Жолдан шыға алмаған. Жол – жұрттың бәрін диктатордың құлағы кесік құлына айналдырған. Аяғанға жындыхана Сталин билеген заманның кішкентай моделі сияқты көрінеді. Адамы арзандап, қара күшке табынған пәруайсыз пенде халіне ұшыраған қоғам жындыханаға ғана ұқсамақ.

«Өмірзая» ...Романды осылай атағанда жазушы Алдияр мен Аяған ұрпақтарының өмірі зая кетті деуден аулақ. Жоқ, бұлар зая ұрпаққа (потерянное поколение) жатпайды. Өмірзая – жетім жұлдыз. Бір өшіп, бір жанады. Күллі әлемнен теперіш көріп тұрған сияқты. Аяғандар – кеңес тәртібінің сыртқа тепкен жетімдері. Шындық үшін күреседі. Ал, шындық ... тоталитаризмнің ата жауы. Шындықтан қорқу дертіне ұшыраған тоталитаризм ауруын жасырған өледінің кебін киді.

Шыншылдықты жазушы абстрактылы, жалаңаш күйінде жайып салмайды, ұлттық характер табиғатынан туындатады. Аяған не нәрсені де өз халқының мүддесі тұрғысынан бағалайды. Ұлт мінберінің үн-ұраны іспетті. Қазақ халқы бұрынғы мұрасы жөнінен бе, тілі, діні, ділі мәселесінен бе, - қай жағынан да кемсітушілікке, зорлық-зомбылыққа ұшыраған деп есептейді. Соққы жеп талмаусырап, сандырақтағандай болып жатып, балаларының болашағын ойлап іші өртенеді. Мына қоғамға «саналы, сапалы адам емес, құл керек», соны ұғады. Жас тарихшы ғалымның Сыздық батыр тағдырынан, өз көрген қорлықтарынан жасайтын қорытындысы бүкіл романның қорытындысы есепті.

 »Арқа сүйер асқар тауың – өз мемлекетің болмаса асыранды итсің»2.

Роман финалында айтылатын осы сөз шығарманың бастапқы тарауларына қайта көз жүгіртуге мәжбүр етеді. Қазақ тарихының көп беттері жабық қалғаны, қазақты қалайда тұқырта ұстаудың басқа да амалдары жөнінде Аяғандай талантты зерттеушінің таусып айта алмайтын сөздері енді тереңірек реңк алады.

Қызыл империяның кешегі ата-баба қанын шелектеп төккен Ермакты әудиесітіп Арқаның төріне шығарып, ескерткіш орнатып, қылышын жалаңдатып қойғанын қалай түсіну керек. Сен әлі де боданымсың, құлымсың. Көнсең де сол, көнбесең де сол. Республикаң қазақ аталса да, мазағымсың, құлақкесті құлымсың, тыпыр етіп көрші, қане дегені ме. Басқаша түсіне алмайсың. Өз ұлттық мемлекетің болса, өйтіп басынар ма еді? - деп опынады бас кейіпкер.

Жарты ғасыр Коммунистік партияның қатарында болған, еліне еңбегі сіңген қазақ қарты ректор Мұса Байларовтың әкесі Желтоқсан көтерілісі кезінде екі солдаттың қаршадай қазақ қызын шырылдатып сүйреп бара жатқанын көреді. Арашаға түспекке тұра ұмтылады. «Ол – ана. Анаға қол көтеруге болмайды» дедім. Еңгезердей біреуі жалт бұрылды, алдымен кеудемдегі ордендеріме қарады. «Міне, жау! Кеңес үкіметінің барлық жақсылығын көрген. Өзі орыстарға қарсы» - деп айқайлап келіп, қақ маңдайымнан қойып жіберді» - дейді қарт коммунист қазақ шалы. Зая өмір осы шалдікі. Елу жыл бойы «партия айтты – орындаймыз!» - деп атой салған, партиясы өл десе, өлген, өлтір десе, өлтірген. Оның тағдыры ақыр аяғы өз баласының жындыханаға әкеп қамауымен тынды.

Қазақ ұлтына деген жаулық 1986 жылғы жастар көтерілісінен кейін тіпті өршіп кеткен. Жындыханадағы Аяған жұрт ұлт мәселесінде кергілесіп төбелесіп қалатынын байқап, сырттағы, кең дүниедегі өмір қандай екен деп ойша шамалауға тырысады. «Ұлты басқа дәрігерлердің қазақ студенттерін жерден алып, жерден салғанын өз құлағымен естіп, оларға дүрсе қоя бергенін көрді. Сол үшін артық дозалы ине егіп, ес-түсін білмей, тілі салақтап, екі дүниенің ортасында жатқан. Бұл жолы еш өкінген жоқ. Әділетсіз жазаны туған халқым үшін алдым деп өзін өзі жұбатты. Жаны қанша қиналса да, ләм деп жақ ашпай шыдады»1.

«Тіліңнің бағасы түсті. Қазақ тілі кімге керек? Ата-бабамыз ғасырлар бойы жасаған дәстүр, салтты ескіліктің қалдығы дейтін болдық»2.

Факті шындығы мен көркем шындық арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Бірақ факт – әдебиет тамызығын тұтататын оттық көмейдің бірі екенін де ұмытпауға керек. Факт ойдан қосу, қиял көмегімен қорытылады. Субъективтілік пен объективтілік көркем жинақтауда бас құрайды. Көркем шындық айнала қоршаған дүниенің, қоғамның жал-жал болмыс бітімінен туындайды. Қазақ тілінің күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл құқын жүзеге асыра алмауы – өмiр шындығы. Сол өмiр шындығы Аяғанның санасында нақтылы сезімге (образға) айналып, бүкіл бір ел тілінің салтанат құруы идеясына қызмет етiп отыр.

Қуат шал кіндігінен шыққан құлынына араша түсіп, кеңес мекемелерінің табалдырығын тоздырады. Ондағы шенеуніктер өңшең безбүйрек. Бәрi терiс айналады. Аяғанды былай қойып, желтоқсан көтерілісіне қатысқан өз әкесін жындыханада ұстайтын кешегі ғылыми жетекшісінің өзіне опасыздық жасап, соңына шырақ алып түскен ректор Мұса Байларовтан не үміт, не қайыр? Немесе, студент кезіндегі ақ сөйлеген боп жүріп, кейін ұлттық мұраттарынан бас тартып, КГБ креслосына қонжиған соң кешегі ұстазы Аяғанның беті-көзіне темекі түтінін жіберіп көстеңдейтін, Аяғанның «адам емессің» дегеніне жауап таба алмай, байғұс тұтқынды тепкіге жығатын Мақсұт ше? Мұндайлар ел көгерте ме? Шындықтан бетін көлегейлейтін қоғам – дерттi қоғам.

Сірә, Асылханды «өлтіріп алған соң» «жаны жақсы адамдар барда ақиқат өлмейді» деген идея өшіп қала ма деп ойлағаны ма, автор шығармасына Қуандық Сәруаров деген эпизодтық кейіпкер енгізеді. Қуандық – ЦК-ның бөлім меңгерушісі. Қатты науқас үстіндегі профессор Алдияр Ақпанұлына біраз жылы сөз айтады. Ақпанұлының: тарих әрдайым ел қожайынының ыңғайына қарай жазылады, сөйтіп ұлы шындықтар електен өтпей қалады деген пікірін қолдайды. Қарт профессор оған: мәмпәсиіңнің керегі жоқ, Аяғанды босатып бер дейді. ЦК-ның бөлім меңгерушісі мүдіреді. КГБ Мәскеудің шылауында. Оған бірдеңе деуге Қонаевтың өзінің батылы бармайды-мыс.

Романның қай эпизоды болсын қайтып оралып келіп бір идеяға саяды. Қазақтың билікке өз қолы жетпей тұрып, бөтен елдің қолынан ақиқат, әділет табу екі талай, тіпті мүмкін емес. Тәуелсіздік – ең қымбат, ең қасиетті байлығымыз дегізеді. Оған ие боламыз десек, жүрегіміздегі ұлттық сезім отын өшіріп алмауымыз, қайта үдете лаулатуымыз керек, - дейді Баққожа романы.

«Өмірзая» – тәуелсіздік перзенті. Романды кешегі бодан ел турасында жазылған шығарма десек те, адресі бүгінгіге арналған. Бүгінгіге ұлттық идея керек. Еліміздің аспанында тәуелсiз Қазақстанның көк байрағы мәңгi желбіреп тұруы үшiн қажет. «Өмірзая» романы осы замана талап-тiлегiнен туған шығарма.

«Өмiрзаямен» қайғы-зары үндес төтенше бiр шығарма – Жайық Бектұровтың «Таңба» романы (1997). Автордың 1986, 1996 жылдары жазылған «Беташарына» және «Беташарға қосымшасына» қарағанда, «Таңба – «Төгiлген ар» атты көп тараулы, әлi жарық көре қоймаған романның бiр бөлегi ғана. Жазылу уақыты – 1957-1960 жылдары. Қырық жылдай мерзiм өткен соң жариялауға мүмкiндiк туғанда автор хатқа түсiп қалған шығармасын қайта қарап өңдеудi жөн деп таппаған. «Бұрын қырық жыл бұрын ойымызды, бiлгенiмiздi толық баяндауға күшiмiз бар едi, бiрақ өрiсiмiз тар болды. Ал қазiр өрiсiмiз кеңiгенде көрген бiлгенiмiздi жерiне жеткiзе баяндауға ендi күшiмiз жетпей қалды»1, - деп ескерткен.

Тек бiр ғана құжат кейiн енгiзiлген. Ол шығарманың бас кейiпкерi Тұрлыбектi сырттай соттаған кезде жазылған айыптау қорытындысы.

Автор әр жемiс өз уақытында дәмдi деген пiкiрдi ұстанған. Оқиғалар сол ХХ ғасыр ортасындағы ұғым-түсiнiк тұрғысынан баяндалады да, халық, қаншама азамат басынан кешкен тауқымет Сталин культi тұсында лениндiк заңдылық нормаларының бұзылуымен түсiндiрiледi.

Романда «тюфтя» деген жаргон сөз жиi келтiрiледi. «Зектер» түймедей iсiн түйедей етiп бадырайтып көрсетiп, яғни өтiрiктi қиыстыра соғып нан табуға тырысады екен. Жалған мағлұмат берiлетiнiн лагерь басшылары бiлген, бiлсе де елемеген. Өйткенi олар өз кезегiнде жоғары жақтың алдында жоспарды асыра орындадық деп жақсы атты көрiнiп тұруы керек. Жазушының бiр ұтқан тұсы – осы «туфтя» деген сөздi сол кездiң идеологиялық жарапазаны есебiнде тұтас бiр образға айналдырғандығы. Мысалы, кеңес тұсындағы большевиктiк бөспе баспасөзге былайша сыпаттама берiледi.

«– Редактор мырзалардың шығарған газеттерiнiң... бәрi де түп-түгел туфтя. Бұлардың тiлдерiнде мұны – көз бояу деп атайды». Бұдан әрi жазушы кешегi Ұлы Отан соғысының бас кезiндегi сәтсiздiктерiмiздiң бәрi «осы туфтянiң қырсығы» деп түсiндiредi. «Жауды бөрiкпен ұрып аламыз, iргемiзге тұмсығын да тигiзбеймiз деп кеуде қақтық»1.

Ал «туфтяның» алдына жан салмаған үздiктерi НКВД жендеттерi арасындағы «ұлтшылдық» ұйымды «әшкерелеушілер». Ойдан шығарылған «ұлтшылдық ұйым» 1937 жылдан кейiн де «табыла» берген. Миллиондаған жазықсыз жандар жалған айып бойынша хатталып сотталды, концлагерьлерде азап шектi, о дүниеге аттандырылды. Бектұров романы екi бөлiмнен, «Жол үстiнде», «Шолақ шинель», «Дөңбек домалату», «Уа, картошка» деген сияқты оннан аса әңгiме, новеллалардан, очерктерден тұрады. Бұл, бiр жағы Тұрлыбектiң, шын мәнiнде автордың өзiнiң естелiгi сияқты қабылданады. Iшкi iстер комиссариатының тас түрмесiнде жатқанынан бастап, итжеккенге айдалуындағы жол азаптары, лагерьдегi адам айтқысыз хикметтерi бастан аяқ баяндалады.

Тұрлыбек – оқыған қазақ, газет редакторы, тән азабын, жан азабын бiрдей тартады. Кiтаптың басынан аяғына дейiн қиямет қиындықтардың тәптiштелiп суреттелетiнi сондай, оқушы тамұқ дегендi көзiмен көргендей сезiнедi. Типтендiру құралы – композицияны шығарманың әуенi десек, мұндағы жан айқайы шығарманың басынан аяғына дейiн бiр сәт үзiлмей құлақ тұндыратындай.

«Таңба» – лагерь тамұғын басынан кешiрген адамның шығармасы. Бұл тақырыптағы бiздегi тұңғыш деректi жанр. Туындының жетiстiгi, мұнда ГУЛАГ-тың тұтас образы жасалған. Халыққа жасалған қиянат жүрек мұздатады. Үрейлi қара тобыр тiрi өлiк секiлдi. Сол көрiнiстер, сценалар жеке адамның iшкi жан күйзелiстерi арқылы суреттелген. Жалпы мен жалқы бiрiн бiрi толықтырып, тоталитаризмнiң түсiңе де енудi тiлемейтiн жан шошырлық ұсқынын көз алдыңа әкеледi.

«Жермен жексен құнысып отыр бәрi де. Союға, сатуға апара жатқан, көп малдан бөлiп шығарған арық-тұрақ малды да бүйтпес. Жоқ, малдан да жаман, малды таяқпен, құрықпен, қамшымен қайырады ғой. Ал, мына тұтқындарды мылтықпен, арсылдаған көп көк итпен қайырмалап тұр»2.

Осы көрiнiстен ширыққан Тұрлыбек: «Бұл не кәп?» - деп өзiне өзi сұрақ қойып, жанын жеумен жүредi.

«Үш күнге деп кiсi басы бес жүз грамнан нан берген-дi. Ертеңiн ойлар ешкiм жоқ. Бәрi де қараңғыда қатырлатып нандарын жеп жатыр. Қап түбiн тескен, кебеже кемiрген тышқан секiлдi бәрi де. Вагон iшi iлезде иiс-қоңыс болып кеттi. Тыныс ала алмай тұншығып барады бәрi де. Поезд жүрiп кеттi. Қайда баратынын ешкiм де бiлмейдi. Аққан су бетiндегi салындыдай сезiндi Тұрлыбек өзiн»3.

Тұрлыбек үнемi ой үстiнде. Жегi құрттай жеген оның ол ойлары кеңестiң адам құқын аяқасты ететiн не түрлi қиямпұрыс, кесiрлi заңдарын әшкерелеуге арналған. Кейiпкер түйген түйiннiң ең зоры – ГУЛАГ адамды адамдық кейiптен айырады деген қорытынды. Еңбек түзету лагерi деулерi аты ғана. Заты – еңбек адамды қор етудiң, құртудың құралы. Тарамысына iлiгiп тұрған жандардан қандай қарқынды еңбек күтуге болады. «Лагерьде адамның өңiне, жүзiне қарап ұлтын, жасын айыру әсте мүмкiн емес. Бәрi де кәрi, бәрi де жер астынан шыққан аруақтардай». Адамдық кейiптен айырылудың және бiр көрiнiсi – кешегi әп-әдемi жұрт зек атанып мүлде өзгерген. Адамдық қалыпты қатынастан қалған. Бiр бiрiне жауығып, «қасқыр мен иттей тiстеседi».

Қырық жылдай бұрын жазылған роман тәуелсiз ел әдеби процесiне ендi келiп қосылды. Оның жетiмсiз тұстарын айтып «өйтпедiң», бүйтпедiң» деу артық. Осы қалыбымен де бұл – әдеби қазынамызға өз жаңалығымен, тарихи құжаттылық сипатымен қосылған құнды еңбек.

Кеңес кезiнде тұмшаланған ұлттық тақырыптың бiрi – отаршылдық ниетпен қасақана ұйымдастырылған, отызыншы жылдардың басында халық басына төтеннен түсiрiлген ауыр нәубет – аштық туралы шындық. Оған ендi ғана жол ашылып отыр. Жазушы Адам Мекебаевтың «Қазына сыры» романы (1994) халықтық трагедияны шытырман оқиғалы жанрда өрiстеткен.

Сатыпалды байдың шет жаққа қашарда жер астына көмiп кеткен қазына байлығы төңiргенде шиеленісетiн авантюралы сюжет, шығарманың бетiн ашқан бойда ендi не болар екен дегiзiп жетелейдi. Ауыр нәубет секiлдi ауыр сезiммен оқылады, төбе құйқаңды шымырлатып, тынысыңды тарылтады. Стилi жағынан кейiпкерi шығарманың басынан аяғына дейiн азап шегуден бас көтертпей дегбiрiңдi қашыратын шығыстық эпосты, сондай-ақ кеңес кезiндегi Садриддин Айнидың «Дохунда», «Құлдар» романдарын еске түсiредi. Бұларда кейiпкер көп мехнат шегiп, шығарма бiтер шақта ғана рахат көрiп тынса, Мекебаев романынан ақырғы нүкте қойылар алдында ақ сәуле аздап қана себезiлейдi.

Роман «Ол бүгiннен қалмай баласы мен әйелiнiң, сосын өзiнiң аштан өлетiнiн бiлдi»1 деген жалғыз сөйлеммен басталып, бiрден оқырман назарын селт еткiзедi де, кiлт шегiнiс жасап, 1928, 1929 жылдары байларды кәнпескелеу, елдi ұжымдастыру кезiндегi саяси жағдайға тоқталады. Онысы терiс болмаған. Орталық кейiпкер, бұрынғы пешiр (писарь) Түктiбай отбасының аштық тауқыметiн тарта бастағаны суреттеле бастағанда-ақ бiр сұмдықтың ел басына килiккенi, одан жөпшеңдiге құтыла алмайтыны сезiледi.

Және бiр көңiл аударарлық нәрсе – орталық кейiпкердiң әрқилы суреттелуi. Романды бастап оқығанда жаның ашитын Түктiбай бара-бара өзгерiп, бұрынғы адами қалыбынан айырылады. Жазушы ойын түсiну қиын емес. Антигумандық идеология жақсы адамның өзiн жолдан тайдырады дегендiк. Тартқан тауқыметi салдарынан Түктiбай арам жолға түседi, бiрте-бiрте азғындап бiтедi. Азғынға құдайдың ақ өлiмi де бұйырмайды. Үлкендiгi өгiздей ит тамам жұрттың көз алдында талап өлтiредi. Арашалағысы келiп ұмтылған жұртқа Түктiбай: «Тимеңдер төбетке! - деп қырылдай дауыстады. – Таласын, таласын! Бiз де бiр кездерде халқымызды ит боп талағанбыз!»1

Әуелде адам сиқы бар едi. Кейiн бүлiндi. Азынаулақ жан сақтар малынан бай-құлаққа жатқызылып түрмеге қамалды. Одан пара берiп құтылған соң да өмiрi өмiр болмады. Әйелi Сырғадан, маңдайына бiткен жалғыз тұяғы Ердәулеттен айырылды. Бұл талшық iздеп қаңғырып кеткенде аштықтан жан тәсiлiм жасады.

Жаңбыр бiр жауса, терек екi жауады. Жоғары өкiмет қазақ ауылында кiшi Октябрь жасаймыз деп бiр өзеуресе, белсендi қара таяқ «түтiн түтеткен шаңырақтың ошағының отын өшiрмей тынбайды».2 Бай, кедей деп ажыратудан да қалады.

Бiрақ сөз еткендер ренiшсiз еске түсiрмейтiн қара жүрек Түктiбайдың азғындауын бiрыңғай аштықтан тартқан азапқа саю қате болар едi. Оның азғындауының және бiр себебi, жүрегiн қара жыландай емген бiр жалған пәлсапаның салдары. Жапан далада жалғыз келе жатқан бұрынғы пешiрдi кеңестiк заман туралы өне бойын тiтiренткен бiр ой қамайды. «Бұл заман қолында билiгi бар, әмiрiн өткiзе алатындардың заманы, - деген тұжырым жасайды ол. – Белсендiлер сияқты бiреудi қорқытсаң ғана алақаныңа бiрдеңе тамады. Әйтпесе көрген күнiң қараң, құрып кетесiң»3.

Түктiбай бiреудi қорқытып күн көру керек деген пәлсапа бойынша Өрiмбайды қоқан-лоққылап жалғыз сиырының етiнiң жартысын алған бойда бiр жiлiгiн үйiне әкеледi. Түтiн шыққан үйдi аңдып жүретiн белсендiлер сау ете түсiп тергей бастайды. Жiлiктi қайдан алдың, жасырған малың бар, айт шапшаң деп кеңiрдектен алғанда: далада ит кемiрiп жатыр екен, тартып алдым дейдi. Белсендiлердiң бiрi төртпақ қара:

«– Ендеше, ендеше, иттiң несiбесiн өзiне қайтарайық! - дедi де, анадай жерде жатқан жiлiктi ұстап алып, шаңырақтан асыра ... лақтырып жiбердi».

Роман айтар жаңалығы: аштықтан жүдегеннен гөрi адамшылықтан жүдеу қоғам үшiн әлде қайда хауiптi. Қара жүрек қарақшы Түктiбай Өрiмбайды қорқытып, жалғыз сыйырын сойғызған соң бiр ашарықтың азынаулақ астығын тартып алып қашады. Қабыш деген кедейдi Сатыпалды бай қоймасының қайда жатқанын айтпадың деп, айбалтасымен шауып өлiмшi етiп жаралайды. Оның әйелi Мәдинаны балаларыңды аштықтан құтқарам деп, масқаралайды. Ақыры қойны-қонышын алтын-күмiске сықап тайып отырады.

Романда аштықтың әртүрлi әлеуметтiк салдары көрсетiлген. Шовинизмнiң де үскiрiк аязы аз тiтiрентпейдi. Кеңес өкiметi жарлы-жақыбайларды жарылқайды дегенге алданған бұрынғы белсендi Жиенқұл: ашығу апатын «балшайбектердiң өздерi қазақ халқын қасақана құрту үшiн жасап жатыр ма деп қауiптенем» - дейдi. Аштықта қазақ халқының жартысына дейiн қырылғанын еске алсақ, мұндай қорытынды шындыққа қайшы келмейдi. Мекебаев романы аштық қазақ ұлтының санын ғана кемiтiп қоймағанына назар тiктiредi. Халықтың қасиетін де аз жоғалтпаған. Ел iшiн безбүйрек белсендiлер шаңдатты. Түктiбайдай тiтiркенбей еске алмайтын залым сұрқияларды қоздатты.

Өмiр заңы: төбеңнен қара бұлт қаншама уақыт зiлдей басып тұрғанмен, бiр күнi сейiлерi анық. Роман бұлты да соңғы бiр екi-үш бетiнде тұс-тұсынан жыртылып ыдырағандай болады.

Ұлттың жан-жүрегі – отбасы, үй, үйелмен. Таза қазақы ұғымға қаратып нақтырақ айтсақ, балалы үй. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дейтін философиясы терең нақылға саяды.

Халқының дәстүріне берік қазақ романының отбасындық мәселелерге мойын бұрмаған күні жоқ. Өмір өзгерген сайын ұлттық тақырыптың бұл тармағы сан құбылуда.

Құс ұя салады. Сол ұядан балапандарын асырап мәпелеп ұшырады. Адамның ұясы – отбасы. Балапандары енді темір қанаттанып ұшуға бет алғанда аяқ астынан адам сол ұясын бұзып, бала-шағасын өзімен қосып жойып жіберетін жағдай да кездеседі екен. Жазушы Әкім Таразидің «Жаза» романы (1998) оқушысын осы сұмдықтың куәсі етеді. Ұлт болып өмір сүрудің өзі де сынға түсетін жағдайлар кезігетінін жазушы бас тақырыбы етіп алады.

Ауған соғысы – елді шарпыған өрт болмаса да, соған жуық апатқа тең тарихи оқиға. Көрші елдегі жер сілкінісі, кейде қасындағы елді де ойсыратып кететіні сияқты. Шектеулі әскери контингент қатысты дегенмен, кесiр, кеселi бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының талай үй-iшiне тидi. Солардың ішінде көп қазақ отбасылары ұмытыла бастаған қара қағаздың тақсыретін тартты. Ал, еліне аман-есен оралған солдат үйелмендерінің қуанышына ортақтасты. Сарбаздарымыздың соғыста даңққа бөленгенін мақтан етіп, күні бүгінге дейін қол соғамыз. Ал, «Жаза» романында ерлік деген сөз ауызға да алынбайды. Мұндағы әңгіменің төркіні бөлек. Соғыс хақында жазылған ондай дүние қазақ топырағында бұрын-соңды кезікпеген.

Роман кіріспесінде автор шығарманы оқып шығу оңайға түспейтінін алдын ала ескертеді. Жапон жазушысының өзіне аудартып жарияларсың деп кеткен қолжазбасын таныс адамына оқытып алады. Бұл жапон тілін білетін кәріс жазушысы екен. Түнімен көз ілгенім жоқ мына пәлеңнің кесірінен. Сен қолжазбаны маған берген жоқсың, мен алған жоқпын! – дейді ол. Оқырман қолындағы «пәле» орысша жолма-жол аударманың қазақ тіліндегі нұсқасы деп түсінуіміз керек.

Өз туындысын басқа біреуге телу ежелден келе жатқан тәсіл. Пушкин өзінің прозалық шығармалар шоғырын марқұм Белкиннің повестері деп атаған. Таразидің бұл тәсілге жүгінуінің себебі, оның романы жазылу стилі жағынан бұған дейінгі қазақ прозасы дәстүрінен мүлде бөлек. Қазақ тілінде жазылды демесең, баяндау стилі батыстың модернистік формасын еске түсіреді. Шығарма кейіпкерлерінің есімдеріне дейін құлаққа тосын естіледі. Бас кейіпкер – ауған майдангерінің Алланы, Жаратқанды аузына жиі алатынына және істеп жүрген мекемесіне қарап кеңес кезінің қазағы екенін білесің. Қараспанов деген фамилиясын қазақ ұғымына ыңғайлағаным, - деп «қуланады» автор. Қараспанов романда Або есімімен аталады. Әйелі – Зоро, балалары – Боло, Айно.

Жапон есімді кейіпкерлердің ара қатысы құлақ естіп, көз көрмеген сюжетке құрылған. «Жаза» романының модерншіл концепциясы социалистік реализмдегідей әлеуметтік талдауға бармайды. Тартысы да өмірде күнде арпалысып жататын жаңа мен ескінің арасындағы күреске ұқсамайды. Ауған соғысын басынан аяғына дейін өткерген, кейіндер Чернобль апаты зардаптарын жоюға өз еркімен қатысқан Або (Қараспанов) қасындағы адамдарға, өз отбасына қара аспан боп төнеді. Роман кісі өлімімен басталады, кісі өлімімен аяқталады.

Алғашқы құрбандықтары – үш адам. Або күзетші боп істейтін бала бақша меңгерушісі Анна Андреевна, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Байбақ Малышбаев және «пайдагер» Нүрдін Саидов. Оқушы бұлар қандай адамдар еді, қандай қылықтары үшін жандары қиылды,- ол жайынан ләм-мимсіз. Алатын мағлұматы азғана: үш кісіні әлдекім бастарын кесіп қатар жатқызып кеткен. «Әлдекім» де анықталған болады. Қылмыскер – Анна Андреевнаның күйеуі-міс. Өле мас боп жатқан жерінен өз үйінде ұсталған. Дәлел – үш адамның басын қиған ақ балта сол үйдің босағасында сүйеулі тұрған.

Осыған сеніп қалған оқушы ұйқылы-ояулы, есі кіресілі-шығасылы, өзінің өлі-тірісін айыра алмай жатқан күзетші, ауған соғысының майдангері Абоның аузынан ақылға сыймайтын жауап шыққанда-ақ секем ала бастайды. Үшеудің бастары кесілген. Бастары солға қарай сәл қисайған. Тілдері салақтап шығып кеткен. Үшеуінің де мойнына білінер-білінбес қара сызық түскен. Сары кілемге аз ғана қара қан тамған. Або күзетші бұл үшеуінің қалай өлгенінен бихабар-мыс. Үш өлікті көрсеткенде Або «Өте шебер, кәсіби жұмыс!» - деп сүйсінген еді.

Абоның ішкі сезімі: оянар алдында «жүрегі жылап жатыр екен». Бұған оқушының іштей репликасы қабаттасады. Неге жылайды? Осы жылас жеп жатқан жемтігіне «жаны ашып» көзінен жасы сорғалап жататын қолтырауынға ұқсамай ма деген.

Романның соңғы беттері. Сұмдықтығы ілкі беттегіден әлде қайда асып түседі. Төбе шашыңды тік тұрғызады. «Үйге келген соң, екеуін асықпай тамақтандырды. Содан соң екеуін екі тізесіне отырғызып, бастарынан сипап, ыңылдап өлең айтты. Содан соң екеуінің алқымынан сәл ғана сығып қалды. Екеуі де есінен танып кеткен. Қырық-елу минут осылай жатады енді... Ол тығулы жатқан ақ балтаны тапты... Ол – шексіз шеберлігіне жол берді»1.

Бұл өлімінің төбе-құйқаңды шымырлататыны – өлтірілген екеу Абоның іштен шыққан перзенттері. Өзге ата-анаға тән сезім Абоға да тән екен. Көзінің ағы мен қарасындай періштелерін өлімге қимай көп қиналады. Қимай-қимай, ақыры өлтіріп тынады. Неге өйтті? Бұл жолғы қылмысы аяушылықтан туған. Балаларының жандарын қинаған аурудан құтқарған түрі. Ауырған балаларының:

– Өкшем-ай, өкшем! Па-па. Па-па, құтқара гөр! - деп құлындағы дауыстар құраққа шығады.

Құтқарғысы келеді жан-тәнімен. Бірақ қалайша? Ем қонбайтынын өзі тәжірибесінен көріп жүр. Ауруы ұстағанда жаны мұрныңның ұшына келеді. О дүниеге бір барып қайтады. Ауырған мезетте Жаратқаннан жалғыз сұрайтыны: Ұлы Мақсатын орындағанша, Құдай жанын алмай тұра тұрсын. Сөйтіп жүргенде сырқаты жолда ұстайды. Естен танып құлап қалмай тұрғанда үйге жетіп алу үшін білегіне тіс салып қан жоса қылады. «Ұлы Мақсатына» жетіп, балаларының жанын жаһаннамға жіберген соң әйелін де өлтіреді. Және бұл ауыр күнәсін басқа біреуге аудармақ. Ақ балтаны – «қылмыс құралын» жанжалқой бастығының кеңсесіндегі столдың ең төменгі суырмасына жасырады.

Шағын романның финалында көп мән бар. Сыры – жұмбақ. Або жер басып жүруге енді қақысы жоқ екенін сезетіндей. Або өзіне өзі қол салды ма, әлде Горькийдің Изергиль кемпіріне ұқсап өлім іздеп, ажал таппай азап шегіп жүр ме? Ол арасы қараңғы. Сауалдың жауабын оқырманның өзі шешуіне қалдырылған.

...Өкшеден бастап ауырып, жанын көзіңе көрсететін кінәратты ол ауған қырғынынан жұқтырып келген. Кісі өлтірудің 365 түрін үйренген Ауғанда. Үйреткен Қызыл Мұрын ефрейтор Иванов. Иванов Абоға:

– Сен барып жүретін әлгі... кім еді?.. Молла Мұрат...Әлгі... он сегіз ұлы, он үш қызы бар...солармен мені таныстыршы деген!

Або сезімтал. Көріп келі бар. Бірінші қабатта отырып, екінші қабаттағы балалардың не істеп, не қойып отырғанын қолмен қойғандай біліп-танып отырады. Сол қасиетін білетін командирлері бұған жауынгерлік тапсырма жүктегіш болатын. Або болса, күн құрғатпай өлімге жұмсағыштықтарын жақтырмайтын. Кек тұта бастаған. Өзіне кісі өлтірудің 365 тәсілін үйреткен Қызыл Мұрын ефрейтор Ивановқа тісін қайрап жүрген. Енді міне, ол кісі өлтірудің 366-ыншы тәсілін үйретпек. Сол үшін белгісіз бір ауру тарататын жойқын қара машинаны алып келген. Сезімтал Або ауған үйелменінің басына өлімші хауіп төнгенін бірден ұқты. Ефрейтордың жағасынан ала түседі. Екі сағатқа созылған екі шуравидің1 төбелесі шәкіртінің ұстазын өлтіруімен аяқталады.

Бірақ Иванов та жастығын ала кетіпті. «Үш жүз алпыс алтыншының» сыры бір айдан кейін-ақ білінді: адам төзгісіз ауыр дертке шыдай алмай молла Мұрат асылып өлді. Мұсылман өзіне өзі қол жұмсамайды. Күнә. Тозақтың тозағынан өтпесе, пірадар кешірілмес күнаға бата ма? Ивановтың соңғы тәсілінен молланың бар үйелмені «өкшем-ай, өкшем!»- деп зар қаға бастайды. Қаралы үйдің ең соңғысы Айша «тапа-тал түсте үйінің босағасына ілініп қалыпты». 366-ыншы тәсілден енді Або отбасымен өзі жапа шегіп отыр... Демек, Иванов тамам әскердің арасынан Абоны әдейі ауру жұқтыру үшін таңдап алып кеткен!

Болмысты болған күйінде суреттейтін автор бас кейіпкеріне сұрақ қойғызады: Аллаға не жаздым балаларыма дейін қарғысына қалып? Ақталады кеп.

«Рас, екі жыл соғысқа қатыстым. Бірақ сонда барайыншы деп өзім сұранған жоқ едім ғой! Рас, қолыма қару ұстадым, аттым, шаптым, сілтедім, жұдырық та жұмсадым. Бірақ соның бәрін тек қорғану үшін жасамадым ба? Тек қорғану үшін! Отан, Отан демедік пе? Борыш, міндет демедік пе?»1

Жауабын қайтаруды тілемейтін риторикалық сауал. Бас кейіпкер су мүйіз болған танадай шыркөбелек айналады. Әпсәтте алты адамның қанын ішкен Або, бір қызығы, жауыз көрінбейді. Абоға жиреніп теріс айналмайсың. Жиренетінің – жұқтырған ауруы. Аурудан тапқан пәлсәпасы. Сол ауруды таратып жүрген маскүнем Ефрейтор. Романда бұл сөз бас әріппен жазылады. Тегі жын соққан тағы бір ефрейторге – Адольф Гитлерге ұқсастығынан болса керек. Ефрейторлар: текшемұрт Гитлер, Қызыл Мұрын Иванов жүргізген соғыс елден ерек. Жеңілсе де, көздері жойылса да, тастап кеткен жұқтырма дерттерімен болашақты уландырудан әлі күнге жазған жоқ. Қызыл Мұрын ефрейтор Иванов ауған үйелменімен қоса-қабат қазақ ұлтының бір өкілінің көзін құртпақшы. Түптеп келгенде, ұлттық ұсқыны ұнамаған...

Міне, бұл тұстарда Әкім Тарази романы ұлттық тақырып шеңберінен ұзап, сөзін күллі адамзатқа тірейді. Ау, соғыс, соғыс деп қоймайсыңдар. Адамзат, сенің түбіңе соғыс жетеді. Соны түсінетін кезің бола ма дегендей. Або бейнесінің тақырыбын роман адамзат трагедиясы етіп өрбітеді.

Або образы ұлттық тақырыптан адамзаттық тақырыпқа ауысып, соғыстың антигумандық, қаскөй сыпатын жаңаша ашып береді. «Өнерді үйрен де жирен», - дейді қазақ мәтелі. Або кісі өлтіруден жиренуі былай тұрсын, сол «өнеріне» сүйсінеді. Бейне бір өз қолынан шыққан бұйымның шебер жасалғанын мақтаныш тұтатын зергердей, жанын қиғандардың мәйіттеріне көз тастағанында: «Өте шебер, кәсіби жұмыс!» деп істеген қылмысын мақтан тұтудан именбейді. Сөйте тұрып, адамша өмір сүретін қарапайым тірлікке зар... Адам етін жейтін қорқаудан айырмасы шамалы Абоның адамдық бетін соғыс жыртып тастаған. Ол момақан күзетші маскасын киген. Ар-ұят тебіндейтін бет онда жоқ. Көлемі шағын романда осы идея әдемі көркемдік жинақтауын тапқан. Әкім Тарази романындағы сапалық белгілерден көзге түсетіндері: сюжетінің әбден пісіп аяқталуы. Тұйық оқиғаның кең тынысты, терең идеяға бастайтындығы. Кішкентай тамшыға күн тұлғасы сыйып кететіні секілді, шағын ситуациядан әлемдік проблема қаулайтындығы. Былай қарағанда немқұрайды дамитын стильдің іштей сығымдалып, сан тарап оқиғалы эпикаға бергісіз құлаш сермеуі.

Бұдан туатын қорытынды, Фрейд философиясы белгілі бір жағдайда роман шындығын көлегелемейтінін, қайта идеяны жарқырата, бар қуатымен айқайлата, ашындыра беруге көмектесетінін байқатады. Або жұқтырған ауру адам ағзасын ғана талқандамайды. Жан дүниесіндегі ежелгі хаюандық инстинкттерді қоздырады, жұлындырады.

Қандай да адам хаюандық бейсана инстинкттерін ауыздықтауға, санасынан сылып тастауға барын салады. Або не жаздым, құтқар мына пәледен деп Жаратқанға жалбарынады. Ал, түпсанаға кеткен жауыздық дерт комплексіне ауысады. Тәрбиеге көнбей күш алып кетеді. Мұның бәрі жанға тиеді. Або азады, есіреді.

Мәдениет – қоғам жемісі. Ол жемісті үсікке шалдырып алмау – бүкіл өркениет әлемінің парызы. Хаюандық – жын болса, оны тыққан шөлмектің тығыны алынбауы тиіс. Соғыс сол тығынды жұлып алып тастағанмен бірдей. Қызыл Мұрын Ефрейторлардың арандатуынан сақ болу үшін бейсаналықтың қуатты күшіне тойтарыс беретін өркениеттілікті, мәдениеттілікті еселеп күшейте беру керек дейді бүгінгі психонализге бой ұрған модерншіл қазақ романы.

«Жаза» романының поэтикасы қазіргі әдеби процестің көкжиегі бұрынғыдан әлде қайда кеңігенін көрсетеді. Бұрын әдебиетіміз Кеңес Одағы әдебиеттерімен тығыз қатынаста қоян-қолтық дамыса, қазір тәуелсіздік дәуренде ел-елдің мәдени шекарасы біз үшін барынша ашылған жағдайда әлем әдебиетінің жетістіктеріне көз жіберу ұлғайды. «Жаза» романы біздің ұлттық әдебиетіміз өмір шындығын игерудің жаһандық тәжірибесімен тез де еркін молыға алатынымызға бұлжымас дәлел.

Әкім Таразидің бұл шығармасын оқып отырғаныңда, оның фрейдизм философиясының жапон әдебиетіндегі құбылыстарына қатты зер салғаны байқалады. Жапон жазушысы Кобо Абэ тәртіп, әдет-ғұрып, заң-закон сақталмаса, құмнан үйілген қорған секілді үп еткен желден үйіндіге айналатынын, ар-ұят ұясы – адамның бет-әлпеті жұқа теріден тұратынын, аяламаса, оп-оңай жыртылып, ар-инабатынан қас қағымда жұрдай болатынын уағыз етсе, «Жаза» романы әділетсіз соғыстың адамның ғасырлар бойы тірнектеп жинақтаған тым нәзік, жұқа өркениет қабығын бұзып жарып, адами ұсқынын кетіретіндігін баяндайды.

Кеңес дәуіріндегі қала мен дала өмірін, замана тынысын әр қырынан суреттеп көрсетуді мақсат еткен туындылардың бірі - С.Сматаевтың «Біз құлмыз ба, кімбіз?» атты романы. Шығарма сюжетіне арқау болған жағдайлар – Кеңес өкіметінің ыдырауына бірер жыл қалған кездегі адамдардың шиеленіске толы қилы тағдырлары. Социалистік дәуірдегі қоғамдық құрылыстың берік қалыптасқан құрылымын еске түсіретін көлемді шығармада сол кезеңге тән парторг, комсомол ұйымы, колхоз председателі, заводтың жұмысшылар комитеті, еңбек озаты және т.б. арнаулы қоғамдық өмір салалары тіршілігін танытатын сөздер ұшырасып отырады да, бұл сөздік егде оқырмандар үшін ғана сол дәуірдің жағдайын елестете алады.

Ресейдің бір өндіріс ошағында тәп-тәуір жұмыс істеп жүрген Балта есімді қазақ жігіті жас маман ретінде жерлестерінің назарына ілігіп, туған Қазақстанына қайтып оралады. Ресейдің жоғары оқу орнында алған білімі бойынша жұмысқа кіріскен оның алдынан өзі күтпеген түрлі оқиғалар шығады. Романның идеялық айтар ойы сол оқиғалардың социалистік заманның жарқын жақтарын емес, керісінше, осындай қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың бойында орнығып қалған теріс қылықтарын суреттеуге барып тіреледі. Өз мамандығын бір адамдай жақсы білетін әрі оған деген құлшынысы да зор Балта кездескен шырғалаңдар енді моральдық тұрғыдан басқаша сипат ала бастайды. Сол заманның әдебиеті үлгі етіп ұсынатын қоғамды гүлдендіру жолында еңбек етіп жатқан Кеңес адамының озық бейнесі бұл романда жоққа тән.

Оқиғалар сатылап дамып, қайдағы бір теріс оқиғалар көлденеңдей түскен сайын арманшыл да сезімтал Балтаның өзі моральдық көзқарасы өзгерген басқа типтегі адамға айнала бастайды. Оқырман қайдағы бір бұзықтардың, ұрылар мен алаяқтардың, зорлықшыл жауыздардың арасынан көбірек көреді. Басында көңілі де, жүрегі де ақ қағаздай таза болып суреттелетін жас та сымбатты жігіт енді өзінің адамдық қалыбына мүлде үйлеспейтін қоғамға жат лас істердің арасынан табылып жатады. Жаны да, тәні де сұлу жас жігіттің мұндай аморальдық кепке ұшырауының себеп-салдары романда логикалық-психологиялық тұрғыдан толық дәлелденген деп тұжырымдау қиын.

Сұлу да іскер келіншек Майсарамен жолығуы Балтаның өіміріне күрт бетбұрыс жасайды. Майсараның айналасындағы адамдардың барлығы дерлік таза пиғылдың, адал еңбектің адамдары емес. Балтаны теріс жолға еріксіз жетектеп, азғындықтың ұйығына қарай шым-шымдап батырып бара жатқан солар. Адал азаматты қылмысқа итермелеушілер де сол топтың мүшелері. Олардың түрлі айла-шарғылары мен шырмауынан жас жігіт еріксіз шыға алмай қалады. Адамгершілік позициясы айқын азамат өз ұстанымына қарсы топпен күреспейді, оп-оңай ыңғайларына жығылып кете барады.

Романның орта тұсына жете бере бас кейіпкердің бастапқы қалпы өзгеріп шыға келеді. Жастайынан әділдікті, тазалықты, әсемдікті, еңбек етуді өзіне бағдаршам етіп алған жанның басқа ортада көрініп, енді қылмыстық әрекеттерге баруы оқырманды екіұдай күйде қалдырады. Тағдыры өзгерген Балта сондай деңгейге дейін түсіп-ақ кетсін дейік, бірақ кейіпкердің осылайша шұғыл өзгеруі үшін логикалық немесе психологиялық дәлел керек емес пе? Романның көркемдік арқауын босаңсытып жіберетін бір кемшілік - ішінара осындай дәлелдердің жетісе бермеуі. Бұндай өлшеулі жағдайлар бас кейіпкерден өзге Бектемір, Майсара, Сәуле, Мақан, Ғазиз Құлтанович айналасындағы адамдардың іс-әрекеттеріне де қатысты.

Балта, Сәуле тәрізді кейіпкерлердің адам ретіндегі болмыс-бітімі оқиғалардың дамып отыруы барысында өзгеріп, басқа қалыпқа түсіп жататыны байқалады. Ал көпшілігі алғашында қандай моральдық қалыпта көрінді, аяғына дейін сол қалыптарынан айни қоймайды. Жазушы сюжеттерді бірінен бірін сабақтастырып, дамытып отыруға елеулі мән берген, онысы көбінесе сәтті шығып та жатады. Алғашында қала мен ауылдағы екі басқа жағдай, екі түрлі адамдардың тағдырларының әрқайсысы бір біріне тәуелсіз өз беттерінше дамып келе жатады да, ақыры олардың логикалық тұрғыдан қиыса бастауы нанымды түрде қызықты шешімін табады.

Өзіне қарсы шыққаны үшін қасындағы қолшоқпарлары арқылы жанып тұрған жас жігіт Қобыландыны мерт қылған колхоз председателі Мақанның жауыздығында тіпті шек жоқ. Осындай ауыр өлімге себепкер бола тұрып, бетінен ешкім қақпаған соң ол тіпті есіріп кетеді. Жігіттің кісі қолынан қазаға ұшырағаны қарапайым колхозшыларға да белгілі болып көрініп тұрғанымен, бүкіл ауданның заң орындары шөп басын сындырмайды. Автор бұл жағдай арқылы тек қарауындағылар ғана емес, айналасындағы естияр деген жұрттың барлығы да бай да жауыз Мақан сияқты колхоз председателінің ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында дегенді де білдіргісі келген. Қаладағы Ғазиз Құлтанович сияқты әйдік бастық та айналасына осындай тор құрып алған мафиоздың бірі. Бір қызығы қоғамдағы қалыптары ұқсайтын бұл екі адам бір бірімен бөле туыстар болып шығады.

Автордың Кеңес өкіметі дәуірінде айтылмай жатқан ащы шындықтарды осылайша көркем әдебиеттің тілімен жеткізгісі келген сыңайы байқалады. Сол бір жылдарда «Көркем әдебиетте өмірдің көлеңкелі жақтары айтыла бермейді. Көбінесе жазушылар Кеңес адамының мінсіз бейнесін жасауға, қоғам өмірін жылтыратып көрсетуге бейім» деген сыңайдағы сыни пікірлердің де болғаны рас. Роман авторы осындай принципке сүйене отырып, өмірдің ащы да болса шынайы келбетін бейнелеуді мақсат тұттым деп ойлаған сияқты. Оған дәлел - роман мазмұнындағы қара бояулардың қалыңдығы, кейіпкерлердің теріс іс-әрекеттері мен жағымсыз мінез-құлықтары. Соның салдарынан олар өмір сүріп отырған ортаның бірыңғай жадағай болып көрінетіні. Шығарма аяқталып болғаннан кейін оқырман кеңестік идеология қаншама әспеттеп, биікке көтерсе де, іріп-шіріп бара жатқан қоғамның сиқын көріп, бұндай теріс мораль үстемдік еткен ортадан жерінгендей күй кешеді.

Романның бас қаһарманы Балта оқиғаның басында көркіне ақылына сай, әрекеті мінезіне лайық сүйкімді жігіт болып көрінеді де, уақыт өте келе моральдық тұрғыдан дәйексіз адам болып шығады. Тіпті криминалдық элементтермен араласып, бірге ішіп-жеп, қылмысқа да араласып кетуі арқылы жазушының нені мегзеп отырғанын шамалау қиын емес.

Оның ұнатқан қыз-келіншектері Майсара, Сәуле және басқалары да адамгершіліктің шет-шекарасынан оп-оңай аттап кете береді және сол теріс қылықтарын тіршіліктің қалыпты қағидасына айналдырып алады. Айналасындағы жұрт ауызына қарайтын ел ағалары Мақан мен Ғазиз Құлтанович те тек арамдық жолымен биік лауазымға қол жеткізіп, байып алған тоғышарлар. Бірі қалада, екіншісі ауылда жүріп, екі басқа өмір сүрсе де, моральдық ұстанымдары ұқсас, елді уысында ұстап, білгенін істеп жүр. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ. Мақан тіпті кісі өлтіруге тапсырыс беріп, я болмаса ұнамаған адамдарын түрмеге қамап жүрген қанды қол қарақшы. Оның адамдық болмысының қандай екендігін білсе де, төңірегінде жүрген наразы халық қылмысты әрекеттеріне бөгет болу үшін ештеңе істей алмайды. Бірге өсіп, бірге жүрген ауылдасы әрі қызметтесі Бектемірдің баласы Қобыландыны өлтіріп, ақыр соңында Бектемірдің өзін нақақтан нақақ соттатып жібереді. Мақанның маңайындағы Сүйменқұл, Найманқұл, Тұрған, Хайролла тәрізді колхоз мүшелері кісі өлтіруге де шімірікпей баратын дүлей қолшоқпарлар.

Қаладағы Ғазиз Құлтановичтың маңында да нақ осылардай Магомед, Барақ, Кержік-Коля, Сәнгерей сияқты шабармандар жүреді. Олар да иелерінің айтқандарын қалтқысыз орындауға қашанда даяр ұрдажықтар. Романдағы қарапайым жандар нақ осындай өктемдік иелерінің тепкісінен көз аша алмаған сорлылар. Романның аты екінші қатардағы кейіпкер Ескеннің: «Замана да, дәуір де бүгін Мақандікі. Кит етші, сүйегің де табылмай кетсін. Не жазықсыз шырылдаған жаның темір тордың ар жағынан безілдесін. Біз құлмыз ба, кімбіз? Кесік құлақ құлымыз Мақанның»1 деген сөздерінен алынған.

Ауылдағы Бектемір ғана емес, қаладағы Балта да бұзықтардың шылауынан шыға алмайды. Ол тіпті біртіндеп солардың қолшоқпарына айналады. Тіпті өзі ұнатқан Майсараның шалқып өмір сүретінін, арам жолмен келген ақшаға қарық болып жүргенін білсе де, қарсы тұруға келгенде дәрменсіздік көрсетеді. Алғашында наразы сияқты көрінгенімен, ақыры соның ыңғайына жығылады.

Балтаның алыстан қосылатын жиен қарындасы Сәуле образында да өмір шындығы айқынырақ көрінеді. Әдепкіде аңғал да сүйкімді көрінетін бойжеткенді Балта келесі жолыққанда танымай қалады. Оны ортасы ғана емес, Ғазиз Құлтанович сияқты құлқынның құлдары бұзып кеткен. Сәуле тағдыры - өмірде ұшырасып қалып жататын типтік құбылыстардың бірі.

Романдағы әйел бейнелері көбінесе трагедиялы болып келеді. Айналада орын алып жатқан түрлі болып жатқан әділетсіздік пен қиянат атаулыға тоқтам салу, бөгет болу олардың қолынан келе қоймайды. Ауылдағы Айғанша, Қатира тәрізді әйелдердің мүмкіндіктері шектеулі. Қаладағы Гүлшат, Анна Константиновна, Света өз орталарында сыйлы болғанымен, қиянаттан қорғануға келгенде дәрменсіз. Бұл да өмір шындығы екені сөзсіз. Әйелдерді былай қойып ауыл-аймақтың есті адамдарының бірі Бектемір де қалаға әділеттілік іздеп келгенімен, ештеңе бітіре алмай, құр қол қайтады.

Романда оқырманды елеңдетіп, қызықтырып әкететін сюжеттер, моральдық-әлеуметтік тартыстар баршылық. Жазушы тілінің құнарлылығы қалыптасқан ұнасымды машығы танылады. Бірақ романның жазылу стилі біркелкі емес. Кітаптың ортан беліне жетпей-ақ автор бейнелі тілдің орнына қысқа хабарлы сөйлемдерді жиірек пайдаланады. Детективтік сипат алатын беттердегі сөйлемдер жадағайлау шыққан.

Ұсақ-түйектерді тәптіштеп, әлеуметтік-көркемдік салмағы жеңіл диалогтарды сағызша созып тұрып алатындықтан, романда шұбалаңқылық болып танылатын жерлер де бар. С.Сматаевтың «Біз құлмыз ба, кімбіз?» дүниесі адамдар арасындағы моральдық тартыстарды қызықты оқиғалар мен мінез қақтығыстары арқылы көрсетуді мақсат тұтқан қазақ романының кезекті бір үлгісі болып табылады.

Бұл романдар тәуелсіздік дәуірі әдебиетін тіпті де жаңа арнаға бұрды. Үйреншікті, жақсылықты ғана жылтыратып жазу дағдысы өзгеріп, кеңес билігі жолдары халық басынан өткен өмірдің азапты суреттері ашыла түсті.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]