Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Шыншылдық рухы

60 жылдардан басталған әдеби процесте демократизмнің ұлғаюы біртіндеп қоғам дамуы мен құбылыстарды тануда сыншылдық рухтың күшейе түскенін байқатты. Социалистік қоғамның әділдік пен халықтық принциптерінің бұзылуы уақыт өткен сайын тереңдеп, әлеуметтік жүйенің әлсіреуіне алып келе жатқаны айқын болды. Бұл, әсіресе, 80-жылдардан бастап молырақ сезілді. Идеологиялық режим босаңсып, партиялық бақылау бұрынғы күшінен айрыла бастады. Қоғамдық саяси даму кейін тоқырау кезеңі деп аталған дәуірге қадам басты.

1985 жылы Коммунистік партия басшылығына келген М.С.Горбачев қоғамдық ой-пікірдің партия идеологиясы ырқынан шыға бастағанын көрсе де, оған қатты шара қолдануға бармай, оны демократиялық процестердің өрістеуі деп түсіндіруге тырысты. Оның қайта құру науқаны әдебиеттің бұған дейінгі шығармашылық әдісі – социалистік реализмнің негізгі қағидаларының бұзылуына жол берді. Егер социалистік реализм әдебиеті, негізінен, өмір шындығының жарқын жағын бейнелеу арқылы қоғамдық тәртіпті бекітуге қызмет етіп келсе, енді Горбачев қоғам дамуының қайшылықтарын, жеңістермен бірге сәтсіздіктерді де жазу қажеттігін көтерді. «Шындық жалпылама емес, нақты түсінік. Ол халықтың жасампаз істері мен қоғам дамуының қайшылықтарында, еңбекпен өткен күндердің қаһармандығы мен үйреншіктілігінде, жеңістер мен сәтсіздіктерде, яғни өмірдің өзінде, оның бүкіл алуан қырлылығында, драматизм мен ұлылығында»1 – деді ол.

Бұл пікірдің жалпы әдебиет үшін керектігі – шындықты тек халықтың жасампаз істері мен үйреншікті тіршілігінен ғана емес, қоғам дамуының қайшылықтарынан, сәтсіздіктерден, өмірдің драматизмінен іздеу қажеттігі туралы ойлары. Мұндай талаптар бұрын әдебиетке қойылмайтын, қайта онда қоғамның қайшылықтарын айналып өту, одан жалтару, шындықты бір жақты ғана боямалап көрсету әдетке айналған еді. Енді шындықты толық күйінде, жақсы-жаман жақтарын тұтас алып, ашық суреттеуге жол ашылды. Сонымен қатар Горбачев партиялық басшылықта әдебиетті басқару әдістерінің тоқырағанын, бюрократизмнің үдей түскенін, әдеби процеске жөнсіз араласуды, оған идеялық ықпал етуді әкімшілік жолмен жүргізу саясатын сынады.

Бұл жағдайлар қазақ романында тың ізденістер туғызды. Бұдан кейінгі кезеңде тарихи өткен жолымызға сын көзімен қарауға, кеңес тұсында қазақ қоғамы бастан кешкен қиыншылықтарға, ұлт тағдырына жасалған қысымшылыққа, аштық, халықтың қырылуы, жер аудару оқиғалары сияқты бұрын жабық тақырып болып келген оқиғаларға көңіл аударыла бастады. Кеңестік саясат пен бюрократтық жүйенің жұмыс әдістері сынға түсті. Адамдардың табиғатына осы жүйенің жетпіс жыл бойында күштеуі мен зорлауының қатты әсер еткені сөз болды. Оларда ұлттық қалпы, ұлттық менталитеті, қазақтың елдігі, жерінің тағдыры, тілі, әдет-ғұрпы сияқты мәселелер өткір қойылды. Сонымен бірге жазушылар да стандартты формалар мен кейіпкерлерден қашып жаңаша жазуға ұмтылды. Мұндай жаңа көзқарас 80-жылдары жарияланған Ә.Таразидің «Тас жарған» (1980), «Кен» (1986), «Қорқау жұлдыз» (1988), Д.Исабековтің «Қарғын» (1980), Б.Қыдырбекұлының «Алатау» (1986, 1991), Қ.Ысқақовтың «Қара орман» (1981), «Ақсу – жер жаннаты» (1989), А.Мекебаевтың «Дауылды жер» (1988), атты романдарында анық байқалды.

Осы бағыттағы романдар легін Дулат Исабектің «Қарғын» романы бастады. Оның басты кейіпкері жазушы Жасын Медиев өмірден өзіне ғана тән орын іздейді. Дүниенің бәріне ой көзімен қарауға тырысады. Жол үстінде кездесіп, кейін де талай жолығысқан Бағила деген қызбен қарым-қатынасында да ол басқаға ұқсамауға тырысады. Екеуі бір-бірін ұнатса да, ғашықтықтан саналы түрде бой тартады. Сондай белгісіз күйде аяқталған романда қыз бен жігіттің махаббатын танытар ойлы сезімдер суреті жарқын жасалған. Олар үнсіз қиналып, жақсылы-жаманды сезімдер арпалысына беріледі. Мұның аяғы қыздың жүрек ауруына шалдығуымен аяқталады.

Дулат өзі жазушы болған соң көркем әдебиет жайлы ойларын, шығармаға қоятын талабын романына азық еткен. Олардың көбі Бағиланың аузымен айтылады. Ғашықтық сезімге берілмей, ұстамды болуды, сыйластықты уағыздайтын Бағила жігітке деген құштарлығын оның шығармаларын мақтаумен білдіреді. Жасын кітаптарын оқыған сайын қыз оның авторының білімділігіне, биік парасатына, жазушылық мәдениетіне қанығады, түсінігін байытады. Жазушы осының бәрін ойшылдыққа балайды.

Алайда ойшылдық, басқаға ұқсамау адамға негізгі мақсат болмауы керек. Дулат кейіпкерлері дүниенің ұсақ-түйегіне шейін көңіл бөліп, жатса да, тұрса да өмірдің философиясын іздеп әуреленеді. Өмірде адам ылғи да ой үстінде жүрмейді ғой. Ойланатын бір кездер болады. Жазушы кейде осы шындықты аттап кететін сияқты.

«Қарғынмен» қатар шыққан Ә.Таразидың «Тас жарған» романы да кеңес әдебиетінде дәстүрге айналған әдет бойынша негізгі кейіпкерін ұнамды адамдар ортасынан іздейді. Оның кейіпкері Омар – өз заманының адал, шындық үшін күресуші, белсенді, принципті коммунисі. Жазушы оның характерін тұтастықта бейнелеуге бар мүмкіндігін сала тырысқан. Романның оқиға жүйесі соның әрекет-тіршілігіне байланыста дамиды. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың күрделілігі жұрттың бәрін өзіндей көретін адал, ақкөңіл Омарды біртіндеп шындықтың сырын ұғынуға жеткізеді. Ол өз басына жала жабылып, қиындыққа ұшыраған тұста адам тану мектебінен өткендей болады. Осы тұстағы Омардың іс-әрекеті ішкі психологиялық күйініш-сүйініштері арқылы суреттеледі. Кейіпкерді психологиялық тартыстар арқылы ашуға ұмтылыс Ұлмекен бейнесінен де анық танылады. Ол да өз сезімінен өзі бейнет шегеді, азап тартады. Сөйте жүріп өз орнында қалады. Бұл арқылы жазушы күшті характерлердің тартысқа түсе жүріп, оны ерлікпен жеңіп, өмірдегі өз орынына мықты орнығуын бейнелейді.

Әкімнің жазушылық позициясында қоғамдағы ұнамсыздыққа, арызқойлық, мансапқорлық тоғышарлық, дарақылық сияқты қылықтарға деген өшпенділік көзге түспей қалмайды. Ол бойына осындай қулық-сұмдық жинап, адамдар қарым-қатынасын былғап жүрген, өмірдің қызығын лайлайтын жағымсыз типтерді сынап әшкерелейтін өткір көзқарас ұстанады. Қызметтес бастығы Омардың соңына түсіп жүрген оның орынбасары Әли осындай тип ретінде ашылған.

Ұнамсыздыққа деген осындай көзқарас Әкімді біртіндеп өзі өмір сүріп отырған қоғам шындығына өзгеше қарауға жеткізгені байқалады. Оған бүкіл әділетсіздік пен адал адамдарға азап тартқызып жатқан сол кеңес қоғамының өзі сияқты көрінеді. Оның өз адамдарына қамқор болудың орнына, оларды панасыздыққа ұрындырып, далаға тастағаны жазушы бойында өшпенділік тудырады. Әрине, кеше ғана өзі бірге өмір сүріп, енді өмірдегі сәтсіздіктердің бәрін сол қоғамнан көру онша лайықты да емес. Дегенмен, жазылған шығарма халықтікі. Ол оқырманына жетті. Жазушы позициясының көрінісі есебінде тарихқа енді.

«Көңіліме алдымен күдік кіреді. Ол күдік ызаға, ыза кекке айналады. Шығармаларды кектенумен жазамын. Әр шығармамды тоғышар деп аталатын, заман деп аталатын қас дұшпанымды жоюға атқан оғым деп білем, көздеп, дәлдеп, жойып жіберейін деп атамын», – дейді Әкімнің өзі1.

Шындықты осылай таныған жазушы көзқарасын «Қорқау жұлдыз» романынан анық көреміз. Оған қазақ ауылы мектебінде мұғалім боп істейтін келіншектің жалаға, өсек-аяңға шыдай алмай, өзін өртеп жібергені туралы оқиға себеп болған. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың осындай бір күйінішті көрінісі үшін жазушы бүкіл кеңестік қоғамды айыптайды. Оны өз адамына өзі қамқор болмай, далада қалдырды, қайғылы күйге ұшыратты деп айыптайды. Оның қорқау бейнесінде алған жұлдызы – кеңес өкіметінің бес жұлдызы. Осы бір астрономиялық ұғым негізінде адамдарды бірінен соң бірін жұтып жатқан кеңестік жүйенің қорқаулығын ашуға ұмтылады. Роман кейіпкерлері шерлі, мұңды, ызалы-кекті, соның бәрін сыртына шығара алмаған үнсіз мылқауларға ұқсайды. Қоғам тартысына шыдай алмай шарт сынған Лиманың ішкі шері, Үндемес кемпірдің де оны сыртқа шығара алмауы, Тұңғатар бойындағы ыза-кек – олар тартқан азап пен әділетсіздіктің көрінісі сияқты. Ойлы адамға бұл қоғамда орын жоқ. Кеңес өкіметіне келісімпаз, ойлана алмайтын, шектеулі адамдар ғана ұнайды. Тұңғатар мен Лима трагедиясының түпкі сыры да осында.

Роман әртүрлі көзқарас тудыратыны даусыз. Соған қарамастан ол кеңестік жүйе туралы сыншыл көзқарас тудырған шығарма есебінде бағалануы тиіс.

«Кен» романы «Қорқау жұлдыздан» екі жылдай бұрын шықты. Оның негізгі идеясы – романның эпиграфында белгіленген. Ол – «әр адамның жанында ашылмай жатқан кені бар» деген сөз. Жазушы, сондықтан, әр адамды тануға, оның жанын түсінуге ұмтылыс жасайды. Ол бір атадан тараған ұрпақтың тіршілігін суреттеу арқылы қазақтың ұлттық ерекше сыпаттарын, қазақ отбасының басқа ұлттардан өзгешеліктерін, рулық өсіп-өну, шежірелік тарих сырын кеңінен әңгімелеп таратады. Роман әулеттің әр бір мүшесінің сыры мен тарихын суреттеу үлгісіне құрылып, сол арқылы ауыл өмірі мен қала тіршілігіне кезектесіп үңіледі. Олардың бәрі де әр қырынан көрініс табады. Осылардың негізінде ел тынысы, қоғамдық орта шындығы ашылады. Түптеп келгенде, қазақ жанының кені – оның ұлттық сыпатында екені ұғылады. Заманның өзгеріп жатқаны, кейінгі ұрпақтың «бұзылуы» сияқты ойлар бұл романда аз сөз болмайды. Оған деген көзқарас та әр түрлі. Гүлсім деген әйелдің өліміне қатысты әрқилы ойлар осыған меңзейді.

Б.Қыдырбекұлының «Алатау» романы осы өлкедегі елдің революцияға келуі мен азаттық жолындағы күресі және жиырмасыншы-отызыншы жылдар ішіндегі ауылды революциялық жолмен қайта құру оқиғаларын суреттеуге арналған. Ол революция қарсаңындағы қазақ ауылындағы таптық тартыстардың өрістеуі, кедей шаруалардың езгіден, қанаудан құтылу жолындағы ізденістері, сөйте жүріп революциялық іске тартылып есеюі, санасының, оянуы жайларынан басталып, жеңген кеңес өкіметінің ауылда жүргізген алғашқы шараларына ұласады. Осы оқиғалар легінде қазақ аулының сол кездегі өмірі, қат-қабат қайшылықты тіршілігі суреттеледі. Жазушы шындықты бейнелеудің формасы ретінде бірінші жақтан айтылатын бас қаһарманның әңгімесі үлгісін пайдаланады. Сол бір тарихи дәуірлердің қызықты да қайғылы оқиғаларын басынан өткізген ауыл кедейінің өкілі Абақ қаладан келген журналиске кездесіп, оның сөз ұғар адам екенін байқап, бар білгенін – басынан өткен күйлерін соған сыр ғып шертеді.

Шығарманың бас кейіпкері – сырт қарағанда ешкімнің назарына іліне қоймайтын Шұнақ шал – револю­ция дәуірінің ерлігі мен азабын басынан кешкен, өзін социалистік мұрат жолындағы күреске арнаған адам. Жастық өмірін Жаубай байдың босағасында өткізген, құлағын кескен құлы. Содан байланған көкіректегі шер таптық кекке айналып, оны әділдік, азаттық үшін күрес жолына түсіреді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы тұсында атқа мінген ол көтеріліс басылған соң сырғып қалаға кетеді. Онда жұмыс істей жүріп революцияшыл ой-пікірдегі адамдармен танысады. Бұл жағдайлар Абақтың сана-сезімінің оянуына, оңы мен солын тануына әсер етеді. Ол Алматыда кеңес өкіметінің орнауына қатысады. Осыдан бастап дәуірдің күрделі де шырғалаң оқиғаларына батыл араласқан Абақ қазақ аулындағы кеңестендіру шараларының басы-қасында болады. Осы жолда еңбекші халық мүддесіне бағышталған жаңа жұмыстың көңіл тойдырар қуанышын да, революциялық күрестің адам тағдырын ойыншыққа айналдырып, оның ішінде өзін де тәлкекке салған азабын да аз көрмейді. Мұның аяғы елдің бас көтерер азаматтарымен бірге 1937 жылдың қайғылы оқиғаларына ұласып, Абақ та біраз жыл айдалып қайтады.

Роман біздің осы жолдағы үлкен-үлкен адасуларымызды, өзіміз жеңіп алған табыстарымызды өзіміздің рәсуә етіп, революцияға сенген көпті түңілдіріп алған тұстарымызды көркемдікпен әдемі аша біліпті. Біздің жеңісті баянды етудің жолында жүргізген істеріміздің көбі баянсыз болып шығыпты. Елді революция жолымен жаңартамыз деп жүріп, тоздырып алыппыз. Революцияға қызмет еткен азаматтарымыздың өзіне сенбестік көрсетіп қуғындаппыз, атыппыз, асыппыз. Қазір ғана көп нәрсенің басы ашылды. Бізді ойландырар, өткен тарихымызға сын көзімен қарар кезең туды. Жазушы осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің жеңістерімізбен қатар олқылықтарымызды, қателіктерімізді ашып бейнелеген. Оның тарихи сабағын алға тартқан.

Ауылды колхоздастыру шаралары Қазақстан тарихындағы ең бір қиын болғаны белгілі. Байларды тәркілеумен тап тартысы біткен жоқ. Шаруаларды зорлап колхоздастыру ісі оны тіпті күшейтіп жіберді. Бұрыннан қалған өкімет саясатына наразы бай таптың өкілдері мен тілектестеріне қо­са колхозға кіргісі келмегендер қашқындық тіршілікке көшті. Олар тұтасып банды боп ұйымдасып, ауылдағы жаңалық атаулының бәріне қарсы тұрды, ауыл басшыларын, кеңес ісіне тілектес адамдарды өлтірді, мал-жанын тонады. Болашағына сенбеген адамдар қолда бар малын қырып тастады. Осыларға қарсы күрес жолында біз де зорлықты күшейтіп алдық. Содан 1932 жылдың аштығы келді. Одан ес жия бастағанда 1937 жылдың лаңы басталды. Романның екінші кітабы осындай бір қиын дәуірдің әдеби бейнесін ашар тартымды көріністер мен суреттерге толы. Бұрын айтылмай келген жасырын шындықтың бет пердесін, сырын жазушы бірсыпыра жақсы ашқан. Оқырман сезіміне ауыр тигенмен, қазақ халқы бастан кешкен қайғылы кезеңнің шындығын одан дәл тануға болады.

Байларға салық салу кедейлермен аралас жүргізілгені, салық төлей алмаған сорлылардың қолда бар жалғыз-жарым малын тартып алып, өздерін абақтыға қамағаны қаншама әділетсіздіктерді еске түсіреді. Екі ғана сиыры бар, совхоз жұмысшысы Құлболдыға жүз пұт астық салып, төлемегені үшін өзін балағаттап, милиция арқылы ұстатуын, Қонысбайдың бар малын тартып алып, ауру әйеліне сорпа-су қыларлық бір қойын да қалдырмай әкетуін суреттеген эпизодтар жанды көрініске байлығымен бірге әр қилы адамдар тағдырын ашады.

– Әй, шал, мал енді мемлекеттікі. Сандалмай жайыңа қарап тұр, – дейді Қамысбаев өз малынан бір қой сұраған Қонысбайға.

– Шырағым, жарайды, жай айтсаң да болады ғой, – деп теріс айналып кетті. Әрине көз жасын сүрте кетті»1.

Он сегізінші жылы бір жұтта азамат болған тоғыз ұлын бірдей ақтар өлтіріп кетіп, кемпірі екеуі ғана қал­ған шалдың енді ауру өлмелі кемпіріне өз малынан бір қой қимауды зорлықтың, қатыгездіктің ең үлкені демеске болар ма?!

Қамысбаев белсендінің қазақ үйлерін жағалай тінтіп, бір кемпірдің он қозылы қойын алып, төрт баласын аш қалдырғанын күйініп оқысаң, қыз баланың ойнап жүрген лағын «тыққан мал» деп қуып ұстамақ болғаны еріксіз күлдіреді. Күлесің де жылайсың! Әйтпеске шараң жоқ. Заман шындығы солай! Қамысбаевтар – Голощекин нұсқауымен елдің қолда барын жинап алу үшін жүрген белсенділер. Ол малын алып, шаруаларды бұрынғы қонысынан көшіріп, басқа жерге апарып колхоз қып ұйыстырмақшы. Қарсы келгеннің бәрі – «контр». «Бұл елдің малы да контр», – дейді ол өзінің міне алмағанын астындағы атынан көріп.

Ең өкініштісі сол – кедейлерге ара түскен Абақты орнынан босатып, оның шағымы облаткомда қаралғанда, басшылық Қамысбаевты қолдап шығады.

Аудандық кеңестің төрағалығынан босап, Аңсеңгір колхозына барған Абақ онда көрген тағы бір сұмдығын еске алады.

«Бірінен кейін бірі салынған төрт аттық екі соқа. Алдыңғы соқада бір ат, кейінгі соқаларда бір-бір өгізден. Екі аттық соқаның екінші ат тұратын орнында алты адам, кәдімгі шыжымдап ескен қыл арқанды үш-үштен жетекке байлап, ілмектеп мойындарына киіп, қолтығының астынан өткізіп, жегіліп, ителіп сүйреп барады. Алты адамның күші біркелкі бірікпегендіктен бір аттың дымағына тең болмай, жығылып-сүрініп тартып барады. Егер қызыл мияның түбірі, тағы басқа әлді бұтаның тамыры кездессе, ат ілгері жұлқа тартқан кезде, мына алтауы оның тегеурініне тең келе алмай, шегіншектеп, еркінен тыс артқа кетіп, соқаға барып ұрынады. Сонан соң жалғыз аттың шамасы келмей тоқтап қалады. Біреуі мойнына асынып алған тарақ балтамен не темір күрекпен өздеріне бөгет болған тамырды шауып жіберіп, қайта жегіледі...

– Тоқтатыңдар мына масқараны! – деп айғайладым аттан түсе беріп, – Сұмдық қой, бұл!

– Сұмдығы жоқ, осылай-ақ егінді бітіріп келеміз, – дейді Сарқантқа ауатком төрағасы болып бекітілген колхоздың бұрынғы басшысы Кермекбаев»1.

Абақ көрген, куә болған сұмдықтар мұнымен бітпейді. Ол Голощекиннің Қастек ауданына келген кезін тартымды әңгімелейді.

«Ол бұл кабинеттің иесі бар-ау демей, аупартком хатшысынын орнына отырып алды да, әркімнен жеке-жеке жауап алды, – дейді Абақ. – Ешкімге отыр деген жоқ... Сөйлегенде бір адамның бетіне де қарамайды... –Астығымды түгел бересіңдер, – деді ол. Бұған бір сөз қосып алғаным жоқ, інім. Ол ауыз-мұрны қисаймай тура осылай деді. – Кеңес өкіметін аяқтан шалуды қою керек. Онда бәріңді құртамын. Бәрің оңбағансың, бәрің кеңес өкіметіңе қарсысыңдар. Бәріңді де отырғызу керек.

– Тұқымдық та қалдырмаймыз ба? – деп сұрады Мырзалин. Ол тұқым туралы сауалды естімегендей аяқсыз қалдырды да:

– Астығымды тегіс құйып бересіңдер, – дегенді қайталады»2.

Бүкіл белсенділіктің, зорлықтың төркіні республика басшысында жатқанын осы бір көріністің өзі-ақ ашып береді. Ақыры оның дегені орындалады. Бар астығын жинап өкіметке өткізген халықтың ашығуы басталады.

Аштық, халықтың қырылуы көріністері – романның ең ауыр оқылатын, бірақ жарқын суреттелген беттері. «Ақсеңгір» колхозының аштыққа ұшыраған халқына (Қарақыстақтан) көмек берілетін болады. Бірақ әкеліп таратуға рұқсат етілмей, әркім өзі барып алуға тиіс деген нұсқау түседі. Аш, өлім кіре бастаған ауылдан жолға шығуға жарайтын адам табылмайды. Әлсіреген, бірақ өлімге беріскісі кел­мей жолға шыққан 27 адамның ауданға 11-і ғана, қайтып ауылға 8-і ғана жетеді. Осы жол бейнеті, жолшыбай көрген азап пен өлім суреттері жантүршігерліктей көріністерге бай. Өлген адамның коң етін ұрлап ойып жеген, өлген қасқыр етін жеп, уланып өлген адамдар, иесіз қалған ауылдар туралы әңгімелер де оқырман сезімін қинап оқылады.

Жұрттың колхоздан безінуінің осы тәрізді объективті себебі болғанын жазушы бұлтарыссыз суреттермен дәлелдейді.

Негізгі кінәні Голощекинге артқанмен, әрине, бұл қылмыстан орталықты арашалап алу да қиын. Оның аржағындағы оқиғалар (1937 жылдың) мұны айқын дәлелдейді. Аштыктан кейін ел есін енді жия бастағанда кездескен бұл апат халық қайғысын қайтадан қалыңдата түсті де, онсыз да азайған ұлтты бір жола жойып жіберуге де таяп еді. Бір айырмасы – алдыңғы апат жалпы халыққа, көпке келсе, бұл жолы елдің, алдыңғы қатарлы азаматтарының, оқығандарының, іс басындағылардың басына түсті, сүттің бетіндегі қаймағын сыпырып алып кетті. Сөйтіп аз жылдың ішінде әуелі сүті төгіліп, суалып, оның қалған азғана бөлегінің бетінде қалған қаймағы сыпырылып шыға келді. Роман бетінде бұл дәуірдің қайғылы оқиғаларына кездескен кейіпкерлерден О.Жандосовтың, Ж.Садуакасовтың, С.Сейфуллиннің, Ш.Артықбаевтың, Желябиннің тағдырлары сөз болады. Абақ өзі де, оның революциялық-қоғамдық қызметті бірге өткізген жолдастары Серғазы да, Петров та, Сәрсенов та ұсталады. Осы тұстағы Абақ пен оның жолдастарының түрмедегі, тергеу астындағы, айдаудағы өмірін суреттеу арқылы жазушы жеке адамға табынушылықтың адамның басына салған қайғысын, адам тағдыры ойыншыққа айналған заманның ауыр азабын жайып салады. Сол кездегі ішкі істер органдарының заңсыздыққа толы жұмыс стилін суреттейді. Оның түйіні 1911 жылдан партия мүшесі Максим Тирановтың сөзімен беріледі.

– «Мен бірінші жыл мен он жетінші жылдың арасында төрт дүркін патша түрмесінде отырдым, – дейді ол. – Сонда мен патшаның түрме жазалаушыларынан да мұндай теперіш көрмеп едім. Біздің тергеуіміз патша тергеушілерінен жүз есе асып түсті. Бұлар ешкімді тірі шығармайтын шығар»1.

Сөйтіп, роман революция тудырып шыңдаған батыр ұрпақтың сынған, өшкен тағдырларға айналуын нанымды бейнелейді. Қинала отырып оқысаң да, сенесің. Өйткені өзіңе таныс, естіген, көрген щындық жаңарып, әдебиет заңымен жаңа бір шынайы өмірге айналған.

Абақтың қазақ қоғамындағы таптық құрылыстың ерекшеліктері, қазақ байларының кедей-жалшыларымен қарым-қатынасы, қанауының сыры жайлы ойлары да қызғылықты.

Романда Алатау қойнауындағы елдің негізгі елді мекендерінің әдемі суреттері, ел, ру тарихына байланысты әңгімелер, аңыздар мол берілген. Автор ел жайын, жер-суға байланысты тарихты жақсы біледі, оны бас кейіпкердің сезім күйлерімен байланыстыра бейнелейді.

Тұтастай алғанда, «Алатау» – осы өңірдің революция және одан кейінгі жылдары бастан кешкен тарихын шыншылдықпен суреттейтін шығарма. Ол бір өлкеде болған оқиғалар негізінде бүкіл қазақ тарихына қатысты түйіндер жасайды. Онда біздің азаттық жолындағы жеңістеріміздің мақтанып айтарлық табыстары да, жаңа қоғам құру жолындағы бұрмалаушылықтар мен қателіктердің ұмытылмас қиыншылығы да нанымды көрініс тапқан. Жеңісімізге ризалық танытсақ, қателіктерден сабақ аламыз. Бұның кейінгі ұрпақтың біз өткен жолды біржақты түсінбей, талдап түсінуіне көмектесетіні даусыз.

Қалихан Ысқақовтың «Қара орман» романы 1981 жылы жарық көрді де, көп кешікпей жөндеуге, толықтыруға ұшырап, «Ақсу – жер жаннаты» деген атпен қайта басылды. Қара орман атауы қазақ ұғымындағы атамекен, қоныс, ел-жұрт деген ұғымда алынған. Негізгі суреттелетін оқиға таулы орман ішінен ағаш дайындаушылардың өмірімен байланысты өрбиді. Әуелде өздерінше орманда болып, күнкөріс қамын күйіттеген азғана топ романның жаңа нұсқасында толығып бір қауым елді құраған. Олар – тағдырлары әр қилы, біріне бірі ұқсамайтын, бірін бірі толықтырып тұратын, бір кәсіпке бағынған орманшылардың ұрпағы. Солардың бүгінгі тіршілігіне көз тіге отырып, автор өзі туып өскен өлкенің – Алтай табиғатының заманмен бірге жүдеп, тозып бара жатқанына күйзеліс білдіреді. Оның экологиялық жағдайын ойлап жатқан жан көрінбейді, бүгінгі тұрғындарының бәрі де тіршілік әлегінде, ағашын кесіп, орманын жүдетіп, күнкөріс қамында жүр. Ел мен жердің тұтастығы, тазалығы, бүгінгі адам артында оның қандай күйде қалып бара жатқаны жазушы позициясының маңызын көтереді.

Қоғамды жайлаған бүгінгі рухани кеселдер роман кейіпкерлерінің бойынан танылады. Алтай орманының байлығын өзіне ырзық етіп үйренген Әбдіжаппар, өз пайдасы болмаса басқаға иілмейтін қорықшы Асхат, орман ішінде дүние құмарлықтан басқаны білмей өскен құл мінезді Мешел, іс-әркеті мен тіршілігінде береке жоқ Сөзуар Бескемпір, сұғанақ Ситан жазушы суреттеуінде сол ортаның жанды тұлғалары. Олардың басшысы – сарыауыз Сиғат – құдай берген орман байлығының арқасында сері, жомарт атанып жүрген адам. Есі бар жалғыз кейіпкер Бекет қана табиғаты таза, келешегі бар, орта шындығын түсіне алатын бейне сияқты. Бірақ өскен, өмір сүріп жатқан ортасынан түңілген, жалғызсырайды, келешегіне сенбейді. Жазушы адамдық парызды осы Бекеттен ғана күтетін тәрізді. Роман орманшылардың бүгінгі тіршілігіне ғана емес, шегіністер арқылы бұрынғы өмірін суреттеуге, елдік дәстүрлер мен қазақы мінез, әдет-ғұрыптарға, болашақ үшін оның қандай маңызды мазмұны барына назар аударады. Алтай бойы көрген кеңестік асыра-сілтеулер тарихынан да хабар береді. Тарих сабағының да керегі, керек емесі барын Бекет сол әңгімелерден ұғады. Әпербақан, белсенді әкенің қылығын қайталамай, еліне адал болуды ойлайды.

Ескі тарих жайындағы әңгіменің бір саласы – қазақтың шұрайлы жеріне орыстардың қоныстануы, оның орыс-қазақ шаруаларының мүдделестігі мен табысуы жағдайларымен қатар кержақтардың шовинистік қылықтары, патша өкіметі мен кеңес саясатының қазақтарды орыстандыруға жол бергені шынайы көрініс тапқан. Қазақ ауылдарындағы мектептердің орысша ғана оқытуы, ауыл балаларының өздеріне орысша ат алуы, қазақша газет-журналдың ауылға келмеуі, т.б. сол дәуірдің шындығын бейнелейтін фактылар да көңіл аударады. Мұның барлығының негізінде жазушының ұлт тағдыры жайлы толғанысы жатыр. Ол қазақ ұлтының болшағына күдікпен қарайды. Сиғат қызметінен босап шыққаннан кейін оны-мұны түсіне қоймайтын Мешелдің «Біз осы кімбіз?» деп сұрақ қоя зарлауы, жазушының «Бетеге кетсе, бел қалар, бектер кетсе, ел қалар, берекең кетсе, нең қалар? Берекені кетіріп отырған кім, не?» деп толғануы қазақтың ұлттық ұйтқысы әлсіреп, билік оны ойламайтындардың қолында кеткеніне рухани күйзеліс танылады.

Мұндай сұрақты 80-жылдары қазақ жазушыларының біразы-ақ қоя бастаған.

80 жылдардың елеулі туындыларының бірі – Төлен Әбдіковтің «Өліара» романы. Роман кеңес өкіметінің қазақ аулында жаңа саясат жүргізе бастауы, шаруаларды артельге біріктіруі, кейін оны колхоздандыру ісіне жалғастыруы оқиғаларына арналған. Онда дәуір шындығы, қазақтар психологиясына жат билеу жүйесінің халықтың басына салған қиыншылықтары мен оның зардаптары суреткерлікпен бейнеленген. Колхоздастыруды өкімет зорлап жүргізгені аян. Ауданнан өкіл келіп бұл шараны іске асырудың қажеттігін түсіндіреді, бірақ бірен-саран саясатқа икемделіп, содан пайда тауып қалуға тырысатын белсенділер болмаса, негізгі халық оны бірден қолдап кете қоймайды. Өмір бойы жеке меншік шаруасын күйттеген қазақ бірігудің қалай екенін білмейді. Дәуітбай деген шаруа алғашқы артель болып ұжымдасудан ештеме шықпағанын айтып, колхоздасудан ат-тонын ала қашады. Ел байлығын тығып, малдарын сатып, сойып, колхозға бермеуге тырысады. Өкімет зорлауға көшеді. Колхозға қарсы деген сылтаумен қазақ шаруаларының ауқатты тобын аластауға шығады. Оларға ерген кейбір кедейлерді де жазаға тартады. Мұның бәрі – қазақ елінің 20-30 жылдары басынан кешкен, қазақтарды тоз-тоз қылған, жалпыға белгілі саясаттың кесірі. Жазушы осы шындықты көркем бейнелеп, дәуір мен оның адамдары сипатын айқындықпен аша білген.

Романның негізгі кейіпкері Бәйтен екі жыл техникумда оқып, мұғалімдік қызметке жолдама алып, ауылға оралады. Осы оқиғалардың бәрін көз алдынан өткізеді. Саналы, ойлы жігіт жүргізіліп жатқан саясаттың халық мүддесіне сәйкес келмейтінін байқайды. Ашық қарсы шықпағанмен, ауылды кеңестендіру жолында жүріп жатқан бұл істер оның көңіліне қона бермейді.

«Меніңше, - дейді ол – адамдар мемлекет үшін жаралмайды, мемлекет адамдар үшін жасалған. Ал, сен адамдардың сана-сезімін, әдет-ғұрпын, тарихын бір-ақ сызып, бірінші орынға мемлекеттік принциптерді қоясың. Ақшоқы халқы ғасырлар бойы өз ғұрпымен, өз заңымен өмір сүріп келді. Қоғамдық меншік дегеннің не екенін білген жоқ. Өз маңдайына біткен малды өз балаларына неге сойып беруге болмайтынын өлтірсең де түсінбейді. Қорыққанынан сыйлауы мүмкін, бірақ түсінбейді. Өйткені сауаты жоқ, надан. Ұра қазған қазақтар да сондай. Астықты байлар ғана емес, кедейлер де, орташалар жасырады. Олар оның қазіргі жағдайда қылмыс екенін түсінбейді. Бала-шағаны қалай да асырау керек, сосын құстың ұя салғанда ойланбайтыны секілді, ойланбастан астығын жасырады. Ал, олардың көзін жеткізіп, көкірегін ашып алмай, бірден жағалау біздің ісімізді ілгері бастырады деп ойламаймын»1.

Бәйтен осы ойларын оқып жүргенде өзімен бір пәтерде тұрып, пікірлес болған Оймауыт деген жігітпен бөліседі. Оймауыт та Бәйтен сияқты өкіметке қарсылығы жоқ, бірақ жаңа саясатты түсіндіру жолымен халыққа жеткізуді, халық санасын оятып тәрбиелеуді қолдайды. Ол кеңес ісін жоғарыдан күштеу жолымен емес, халықтың өзін іске қосу арқылы жүзеге асыруды қолдайды.

«Өкімет орнату көктен түсе қалатын нәрсе емес. Оны әр қалада, әр ауылда халықтың өзі орнатады... Совет өкіметі – ол бүкіл халықтық іс. Ақшоқыда совет өкіметін түбегейлі орнатуды жоғарыдан ешкім бұйрықпен жасамайды және ол жасалмайды. Ауылнай сайлап, жұрттың списогін алып, налог жинағанмен, совет өкіметі орнай қалады деп ойлайсың ба? Өкіметтің саясатын халық жете түсініп, бір кісідей қолдауы керек... Совет өкіметі дегеніміз халықтың санасының оянуы. Оны оятатын мына сен секілді азаматтар. Бірақ тізгін сенде емес, Назарда. Себебі ол сенен әлдеқайда белсенді. Мейлі шенқұмар, атаққұмар болсын, ол бар іске жанып тұрып жан сала кіріседі. Сен неге әлгі сорақы істерді Назардан ғана көресің? Ол – әуелден осындай адам, енді өзгермейді, өзгергісі де келмейді»2 – дейді Оймауыт. Бұл сөздің негізінде Кеңес өкіметіне тілектес адамдардың жаңа саясатты халыққа түсіндіру, халық пен билік арасын жақындату жолындағы белсенді қызметін күту аңғарылады. Сонда Назар сияқты белсенділердің жолы кесілмек.

Роман Ақшоқыда ұйымдасқан колхозға негіз боларлық бұрынғы үш артельдің тіршілік-тынысын, егіндік, шабындық жерлерді кеңейте пайдалану, өзеннен арықпен су тарту жағдайларын, кеңес өкіметінің ауылдағы алғашқы шаралары есебінде ауылда сауат ашу мектебінің ашылуын, Қызыл отаудың ұйымдасуын суреттейді. Олардың жаңа өмірдің нышаны екенін аңғарта отырып, осы жолда халық басынан өткен қиындықтарға назар аударады.

Жазушы осындай қиын кезеңде жағдайды онан әрі ушықтыра түсуге себеп болып отырған қазақтардың ұлттық мінез-құлқындағы селкеуліктерді – жерлестік, рушылдықтың көріністерін, арызқойлық, жағымпаздық пен басшыларды орынсыз қоштауларын суреттеп оқырман талқысына салады. Назар белсендінің аудан басшысы мен өкілді қонақ етіп жалпақтауы, содан кейін қарапайым халықтың басына әңгіртаяқ ойнатуы, ескі мазарды бұздырып, қызыл кірпішін басқаға жаратуы жалпы халықтың ұғым-түсінігіне, әдет-ғұрпына қайшы дүниелер. Әкелері тап есебінде жойылады деген сылтаумен балаларды мектептен шығару орын алады. Колхозшылар жиналысында Асқар аласталып қуылады. Өзінің адалдығын айтып ақталған Асқарға Назар: «Сен тым ақылдысың. Маған өзімнен ақылды адамның керегі жоқ»1 - дейді. Жаңа өкімет осындай жолсыздықтарға ерік беріп, шындық дегеннің жолы кесіледі.

Романда заман мен ол тудырған адамдар тағдырына талдау жасау, халық өмірі мен оның келешегі жайлы ойлану басым. Оның сыншылдығында да болашаққа барар елдің тіршілігінде осындай мінездер, соны сағалап жүрген жандар болмаса деген үміт мол. Адамдарды алалау, топқа, тапқа бөлу сияқты нәрселер жазушы ұғымына жат, ол адалдық, шындық жағында көрінеді. Оқиғаны ой ағымы ырқына бағындыра отырып суреттейді.

Жазушының суреткерлігі адамды, табиғатты, шындықты тануында анық байқалады. Сейіттің Қопалға барып түскен кезіндегі мына бір суретке көңіл аударып қарайықшы! «Жан-жағын нар қамыстар көмкерген көл суы көктемнің буына балқып, сырт көзге бей-жай көрінгенмен, бір-бірімен қабаттаса шулаған әр түрлі құстар үнінен құпия тірліктің хан базарындай қайнап жатқаны сезіліп тұр. Көк жиекке еңкейген күн шапағына алтын жалатқандай қызыл жалқын нұрға бөленген аспандағы ақ мамық бұлттар, сәулесі көлдің тынық айдынында ап-анық болып көрінеді»2.

Немесе Бәйтеннің оқудан қайтып аулына келе жатқанындағы бір сурет: «Өгіз-арба сүйретіліп қоңыр өзектің қырына шыққанда, шырқау аспандағы шарбы бұлттар болмашы ғана күреңітіп, көк жиекке тақаған бір-екі бұлттың ғана бауыры жез жалатқандай жалтырап, батқан күннің шапағын әлі де сақтап тұрды. Көп ұзамай төңірек күлгін тартып, асыққан жұлдыздар аспан әлемін әр жерден жылтыратып тесе бастады»3.

Осы суреттер арқылы жазушы адамның табиғатпен туыстығын, уақыттың белгілерін, оларды танып ұғынудың сыры мен жолын аңғартып тастайды. Қалаған кемпірдің Бәйтенді өліп-талып күтіп алуы, оның ауыл адамдарына амандасып үй жағалауы, ел тіршілігін көру мен тануы, қыздар мен оларды қоршаған тұрмыс-тіршіліктің кейпі де сурет арқылы елестеп, ойға ой, түсінікке түсінік қосады.

Қорыта айтқанда, «Өліара» – бұрын кеңес өкіметі бірден туып, орнай қалды деген ұғымға ұйыған, қазақ халқының осы жолда бастан кешкен қиындықтары мен азабын білмейтін ұрпаққа сол дәуірдің шындығын барынша сыршылдықпен ашып көрсеткен туынды. «Өліара» деген аты да екі заманның шекарасында, өліарада өткен өмір деген түсінікке меңзейді. Қайта құру кезеңінде кеңес шындығына жаңаша көзбен қарау тұрғысында жазылған алғашқы шығармалардың бірі ретінде оның әдебиет тарихынан орын алары даусыз.

Адам Мекебаевтың «Дауылды жер» романы, негізінен, экология мәселелеріне арналған. Онда қазақ даласының ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде экологиялық апатты аймаққа айналуы оқиғалары өткірлікпен суреттелген. Онда Қазақстан жерінен ғарышқа ұшқан зымырандардың табиғатты үлкен өзгерістерге ұшыратуы, оның адамға, жан-жануарларға, барлық тіршілік иесіне еткен әсері жанды суретпен айшықталған. Ғарышқа зымыран ұшқан күннің ертеңіне қатты дауыл тұрып, жер-көкті асты-үстіне шығарады. Өмір бойы адамға жайлы қоныс, малға жайылым болған жер сұрқын өзгертіп, тіршілік атаулыға өзін жат сезінеді. Адамзатқа ана болған жерден ел осылай айырыла бастайды. Бұл – оқырманды да, жалпы прогресс жолындағы адамды да ойландырады. Әлем кеңістігін зерттеу үшін ғарышқа зымыран ұшыру да керек, жер-ананы да сақтау қажет. Былай жүрсең, атың өледі, олай жүрсең, өзің өлесіңнің көрі. Роман осы тақырыптағы ойға жетелейді. Жазушы Адам Мекебаев бүкіл адам баласын толғандырып отырған зәру мәселені роман тақырыбына айналдыра отырып, әлемдік деңгейдегі экологиялық ахуалды көп болып ойлауға үн қосады.

Қазақ романына сексенінші жылдары кірген осы жаңа идея, сыншылдық көзқарас кеңес шындығының қат-қабат сырын терең ашуға деген романдық ойлау жүйесін тудырды. Ол кейін, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жетіле, толыға түсті.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]