Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Қазақ романының тууы мен қалыптасуы

(1910-1940)

Романның алғашқы үлгілері

ХХ ғасыр басында жедел дамып кеткен жаңа, жазба әдебиетімізде проза саласының үлкенді-кішілі әртүрлі жанрлары қатар белгі беріп, ұлттық көркем сөз өнерінің болашақ арналарынан үміт тудырған. Олардың ішінде жекелеген авторлардың кейбір кішігірім шығармалары маңдайына «роман» деген айдар тағып келіп, өз шамасынан артық жүк көтеруге талпынғандары да болды. Қалың орманның баурайында аралас өскен ағаш тұқымдарының бүршігінен топыраққа тамыр тартқан нәзік сабақтарының әрқайсысынан келешекте өз үрдісімен ақ қайың, көк терек, алып қарағаш діңдерінің бой түзейтіні сияқты, әлгі айдарлардан да алдағы қабырғалы үлкен туындылардың нышаны айқын танылатын.

Төменде солар жайында қысқаша сөз болады.

Әдебиеттің эпикалық үлкен жанры – романды Ахмет Байтұрсынов ұлы әңгіме деп атап, оны былайша сипаттайды: «Ұлы әңгіме шығарушылар (романшылар) роман жазғанда тақырыпты не өз заманындағы тұрмыс сарынынан алады, не өткен замандағы тұрмыс сарынынан алады, немесе алдағы заманның сарынын болжай жазады. Роман алған замандағы тұрмыс сарынын көрсеткенде, сондағы адамдардың – үлкені-кішісі бар, жақсы-жаманы бар, байы-кедейі, төресі-қарасы бар, жасы-кәрісі бар – не істейді, не тілейді; неге сүйініп, неге күйінеді; неден именеді, неден күйзеледі; нені жақтырады, неден жиренеді, неге құмар, неге сұлық. Қысқасы, я бүтін бір жұрттың яки жұрттың бүтін бір табының сыр-сипатын сөзбен суреттеп, алдыңнан өткізеді»1.

«Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағын шығарып, ақындық атағы шығып қалған Міржақып Дулатұлы енді қаламын қарасөзде сынап көріп, роман жазбақшы болады. Алғашында:

Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,

Қазақша бір роман жаза салшы2, –

деп, өзін-өзі қамшылағанда, автор бұл іске жеңіл-желпі қарағандай көрінгенімен, ойын әрі қарай дамыта келгенде:

Мақсаты романның – халық түзетпек,

Жазылған еріккеннен ертегі емес3, –

деп, өзінің болашақ шығармасына үлкен әлеуметтік жүк артып, тәрбиелік мән беретін ойын да ашып айтады.

Бақытсыз Жамал романының көтерген тақырыбы – әйел теңдігі, қазақ қыздарының сезім бостандығы, олардың қалаған жігітіне тұрмысқа шығу мүмкіндігі. Бұл қазақтың ежелден бергі әдет-ғұрпына сіңіп келіп, ақыр-аяғында әйелдердің арман-тілегіне, қасірет-мұңына айналғаны, сөйтіп үлкен әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтерілгені мәлім. Сондықтан автордың бірден осы тақырыпты қолға алғаны өте заңды еді.

Шығарманың қысқаша мазмұны. Ата-ананың әлпештеген жалғыз қызы Жамалды әкесі бақай есеппен сол елдегі бір ықпалды байдың нашар өскен баласына атастырып, қалың малын алып қояды. Өсе келе болашақ күйеуінің қандай екенін біліп, одан безінген қыз басқа бір жігітпен көңіл қосып, қашып кетеді. Бұл ХХ ғасырдың бас кезі, яғни қазақ даласы патшаның әкімшілігіне түгелдей бағынып болған тұс болатын. Сондықтан қаладағы ұлықтардан бір кеңшілік жәрдем болар деген үмітпен олар үйез орталығына барып паналайды.

Бірақ әкімдермен ауыз жаласып қалған ауылдағы болыс-билердің әккілігі бұлар ойлағаннан басым түседі. Сүймеген адамға бармаймын деп қыз құтылып кетер деген қауіппен олар біреудің некелі әйелін зорлап әкетті деп пәле жабу үшін, болыстық молдадан жалған қағаз жаздырып алып, қаладағы шенеуніктерге мол-мол пара беріп, неше түрлі бопсалау әдістерін ойлап тауып, қатты дайындық жасайды.

Осыдан хабардар болған жас жұбайлар жігіттің бұдан басқа бір әкімшілікке қарайтын алысырақ өңірдегі нағашыларына қарай жылыстап кетеді. Бірақ, сорға қарай, сол жерге барып, көңілдері жайлана бергенде, Жамалдың күйеуі ауырып кенеттен қайтыс болады. Бақыты күйген жас әйел амалсыз еліне, туған үйіне қайтады.

Бірақ Жамалдың қасіреті мұнымен бітпейді. Оның жағдайын естіген қайын жағы бұрынғы қалың малын бетке ұстап, Жамалды тартып әкетеді.

Іштей ызаға булығып әбден кектеніп алған күйеуі қалыңдығын үйіне алып келген бойда-ақ, тұрса аяққа, отырса басқа дегендей, таяқтың астына алып, неше түрлі балағат сөздермен қорлап, күн көрсетпейтін болады. Осындай азапты тұрмысқа шыдай алмаған Жамал бір түнде атпен қашып шығып, қатты боранға ұшырайды да, далада үсіп өледі.

Міне, осы оқиғалардың барлығы рет-ретімен белгілі бір сюжеттік желіге тартылып, жинақы композиялық құрылыммен бас-аяғы бүтін көркем шығармаға айналған. Оған қатысушы кейіпкерлер әрқайсысы өздерінің мінез-бітімімен, іс-қимылдарымен кәдімгідей көркем бейне түрінде көрінеді. Мәселен, шығармадағы көп оқиғалардың бастауы болып, солардың қақ ортасында тұрған қыз әкесі Сәрсенбай – отбасының шаруасын баққан, тумысында момын ауыл адамы. Өз басының, үй ішінің қандай зәру шаруасын да отағасы болып өзі шешпей, ылғи ағайынның ырқына салып ақылдасып отыратын, кісінің сөзіне ергіш парықсыз, бірақ беті ауған жағынан қайтпайтын қыңыр мінезді адам. Өзі орта жасқа келіп қалса да бала көрмеген. Әйелі Қалампыр құрсақ көтермеген, сондықтан көңілі жарым отағасы ақыры ағайындарымен ақылдаса келе, әкесі өлген бір жетім қызға құда түсіп, тоқал алады. Содан көрген тұңғышы – осы Жамал.

Қыз шешесі Шолпан – молдалық құрған әкесінен әжептәуір дәріс алып, хат таныған, сауаты бар, ақыл-парасаты мол әйел. Әрдайым қызына тілектес, қызының теңіне барып, бақытты болуын қалайды.

Жамал соның тәрбиесімен жасынан әншілік, ақындық өнерге талпынып, өз құрбыларының алды болып өседі. Ол да шешесі сияқты ауыл молдасынан оқып, жаңа ереже бойынша сауатын ашады. Ел арасында ауызға ілініп, жақсы атағы шыға бастайды.

Бұл тұста тұңғыш қызынан кейін тағы бір ұл көріп, мал басы өсіп, дәулеті арта бастаған Сәрсенбай көңілі тасып, тағы да сол ағайындарының ақылымен атқамінерлік іске араласпақ болады. Кезекті сайлауда шарға түсіп, болыстың биі деген лауазымға ие болуды ойлайды. Соның жолында біраз малын шығарып, қыруар қаражат жұмсайды. Бірақ бұрын қатарға кіріп, бой көрсетпеген адам бұл мақсатына жете алмайды. Енді осының жолын тауып, бір беделді адамның қолтығына кіру үшін, ол өрімдей болып өсіп келе жатқан қызын құрбан етеді. Жамалды бір байдың жарымес баласына бермек болып, құдалық мәмілеге барады.

Шығарманың мазмұнындағы негізгі тартыс та, содан өрбитін әртүрлі шиеленістер де осыдан басталады.

Романның негізгі екі кейіпкері Жамал мен Ғалидың бейнелері шығарма көлемінің аясында тартымды берілген. Екі жастың алғаш рет той үстінде өлең арқылы танысуы оқырманда жағымды әсер қалдырады. Бұл жерде автордың баяндауындағы қара сөзден өлеңге ауысуы екі жағынан ұтымды шыққан. Біріншіден, автордың өзі ақын болғандықтан, кейіпкерлерінің мән-жайын өлшеулі өлең шумақтары арқылы дәмді етіп жеткізе алған. Ғали өлеңіндегі жігіт арманы, бас бостандығынан айрылғалы тұрған қыздың мұң-зары өлең жолдары арқылы әсерлі болса, екіншіден, сондай мазмұнды өлең шумақтарын суырып салма әдіспен табан жолда шығару арқылы кейіпкерлердің де шоқтығы көтеріліп тұр.

Осы орайда шығарманың жалпы көркемдік ерекшелігі ретінде арнайы атап айтарлықтай тағы бір жәйт – туған әдебиеттің сүйекті прозалық тұңғыш туындысында қара сөз бен өлең шумақтарының қатар жарысып, кезектесіп келуінде кейіпкерлердің дарын-қабілетін таныту тәсілі ғана емес, сонымен бірге ауыз әдебиетінің ескі үлгілеріндегі осындай дәстүрге белгілі дәрежеде есе бергендік те байқалатын тәрізді.

Жамалдың болашақтағы өзінің қайғылы халін ойлап оңашалықта мұңын, зарлы өлеңдерін (бұларын ішкі монологтары деп те қабылдауға болар еді), сондай-ақ екі ғашықтың бір-біріне ағынан жарыла ақтарған сүйіспеншілік сырларын (диалогтарын) өлең арқылы жеткізуін де осы тұрғыдан бағалаған жөн.

Шығармада кейіпкерлердің ішкі дүниесін ашып көрсететін психологиялық талдау нышандары, олардың көңіл күйімен шендестіре суреттелетін табиғат көріністерін кездестірсек, бұлар да кең тынысты үлкен жанр шығармаларына тән белгілер екенін мойындауға тура келеді.

Сондай-ақ сол табиғат аясында біртоға тыныштық өмір сүрген мамыражай ауыл көрінісі, өткен ғасырдың бас кезінде отаршылдық қамытын біржола киген ауыл адамдарының ұлықтар алдында қалбалақтаған құлдық психологиясы да – ішінара байқалып отыратын реалистік шығарма табиғатына тән белгілер.

Шығарманың қорытындысындағы Жамалдың қалтасынан табылған хатты осы хикаяда баяндалған барлық оқиғалардың шарықтау шегі деп қабылдауға болады. Ол бір замандардағы халқымыздың әп-әдемі дәстүрінің бара-бара айуандық түрге ауысып, бүкіл қазақ әйелдерінің сорына айналған қалыңмал атты қырсыққа қарсы айтылған қарғыс сөзіндей естіледі. Соның зардабын тартып, зарлап өткен, арманда кеткен жастардың болашаққа қалдырған аманаты да бар бұл хатта. Шығарманың бағасын көтеріп, оның туған әдебиетіміздегі тарихи маңызын арттыра түсетін қасиеті де көбіне-көп осы кульминациядан көрінеді.

Қыздың құны бес байтал,

Сатылып кетті базарға.

Басымнан кешкен уақиға

Емес пе лайық жазарға?,–

деп басталатын бұл хатта адам жаны тебіренбей оқи алмайтын мынадай жолдар бар:

Алтын, гауһар асылды

Жерге көміп жоқ еттің.

Асфаһани қылышты

Жасытып фәлші бор еттің.

Жамал қыздың дауы деп,

Саумалкөл басып топ еттің.

Рахматың мол құдайым,

Масқара мұнша неге еттің?!

Тоты құс едім бақшада,

Қарақұсқа жем еттің.

Хан қызындай басымды

Бір жаманға тең еттің.

Ботасыз нардай боздатып,

Мінекей мені еңіреттің.

Қаһарыңды жіберіп

Тең құрбымнан кем еттің.

Мұндай зарлы қылғандай

Мен бейшара не еттім1?.,

Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласында М.Дулатұлының бұл шығармасын жоғары бағалағанмен тұра, кейін «Әдебиет танытқыш» еңбегінде оны жанр жағынан романға жатқызбай: «өресі мен өрісі шағын болғандықтан, ол да ұлы емес, ұзақ әңгімеге жақын2»,– дейді. Ол кісі қара сөзді ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме және ұсақ әңгіме деп үшке бөледі де, роман жанрын ұлы әңгіме деп атайды. Ал қалған екеуіне тиянақты анықтама бермеген. Үшеуінің айырмашылығын тек көлемдерінің үлкен-кішілігімен ғана байланыстырады. Соған қарағанда, ұлы әңгімеден кейінгі екі түрін қалыптасқан дәстүр бойынша хикаят (повесть) және әңгіме (рассказ) болар деп шамалауға болады.

Көркем прозаны бұлай жіктеу орыс әдебиетінде ғана бар. Батыс Европа әдебиетінде қара сөз атаулының алғашқы екі түрі бір-ақ атаумен «novel» деп аталады. Бірақ сол орыстардың өзінде де тек теория жүзінде болмаса, жазушылардың шығармашылық тәжірибесінде роман мен хикаяттың ара жігі онша көп ажыратылмай, араластырып айтыла береді. Мәселен, М.Горькийдің «Ана» атты шығармасы жалпы жұрттың аузында роман деп аталғанымен, автордың өзі оны «Повесть» деп атаған.

Демек, Міржақып Дулатұлының қазақ жазба әдебиетінің елең-алаңында дүниеге келтіріп, оған роман деп айдар таққан шығармасына осы төлбасылықты қиғанымыз жөн болар.

«Қыз көрелік» – туған әдебиетімізге «роман» деген айдар тағып, «Бақытсыз Жамалдың» аяғын іле-шала келген екінші шығарма. Ол 1912 жылы Семейде «Жәрдем» баспасынан жарық көрген. Авторы – Тайыр Жомартбайұлы (1884-1937).

Көлемі шағын бұл шығармадағы оқиғаның басталуы Дулатұлы романына ұқсас болғанымен, нәтижесі одан өзгеше, сәтті аяқталады: бірін-бірі сүйген екі жас қосылып, мұраттарына жетеді. Оған басты себеп қыз әкесі Ғайса жас тоқалдан зарығып көрген перзенті дүниеге келгенде-ақ оны жақсылап оқытуға және жасы жеткенде өзі қалаған жігітіне беруге уәде еткен.

Сол уәде орындалады. Ғайникамалды оқыту үшін әкесі бір білімді мұғалімді жалдап үйінде ұстайды. Соған орай, қызы да оқуға өте зейінді, алғыр болып өседі. Жасынан Жамал сияқты ақындыққа бейімділік танытады, Абай өлеңдерімен ауызданады. Үйде үш жыл оқығаннаң кейін әкесі оны Уфадағы қыздар медресесіне жібереді.

Алыстағы ірі шаһарда бес жыл оқып, мұсылманша діни және орысша білім алған бойжеткен еліне қайтып оралғанда, оған қалың беріп, құда түсушілер көп болады. Солардың ішінен әсіресе осы өңірдегі үш ояздың үш мырзасы өздерінің байлығына сеніп, оқымысты сұлуға қайткенде де қол жеткізуге ұмтылады. Сонда қыз әкесінің қайтарған жауабы біреу ғана болады: «Мен білмеймін, қызымның өзімен сөйлесіңдер, кімді ұнатып, соған шығамын десе, мен ризамын», - дейді.

Бұл кезде ой өрісі кеңейіп, ақыл-санасы толысып, өзіне-өзі келген қыздың осы әңгімелерді естігенде шығарған өлеңінде мынадай сөздер бар еді:

Мырзалар қыз таңдаған келсін мұнда,

Жігітті қыз көретін біз көрелік.

Мінезі ашық, турашыл, өзіне-өзі сенімді, батыл қыз бейнесі осы сөздерден айқын танылады. Айтқандай-ақ, ол өзінен дәмелі болып келген үш мырзаның алдына ортақ мазмұнды бір шарт қояды. Сірә, сол арқылы сұңғыла қыз үш жігіттің адамгершілік қасиеттерін, ой өрісі мен ақыл парасатын сынамақ болады.

Осы тұста шығарма авторы халық арасына кең тараған фантастикалық ертегінің сюжетін пайдаланды. Сонда өздерінің байлығы арқасында ғана қыз тарсырмасын орындап қайтқан үш жігіт қыз ойлағандай ақыл-парасат таныта алмайды. Араларында талас туады. Әрқайсысы өздерінің сатып әкелген бұйымдарын бұлдап, қызға иелік етпек болады. Сол кезде әуелі бір мақсат жолында бәтуаласып аттанған мырзаларды араз қылып жауластырмайын деді ме, әлде жігіттердің кісілігінен түңілді ме – әйтеуір Ғайникамал алғашқы уәдесінен қайтып, үшеуінің біріне де шықпайтын болады. Енді мырзалар өзара бірігіп, қызға қарсы қастық ойлай бастайды. Бұл да жаңағы «күйеулердің» пасықтығын дәлелдейтін еді.

Осы тұста Ғаникамалдың өзі сияқты Уфада медреседен оқып келген Мұхамедғали атты білімді жігіт кез болады да, қыз соны ұнатып тұрмысқа шығады. Екеуі Семейге аттанып кетіп, күйеуі балалар мектебіне, келіншегі қыздар мектебіне мұғалім болып орналасады. Сөйтіп олар өздері ойлаған мақсаттарына жетіп, бақытты өмір құрады.

Көріп отырғанымыздай, шығарманың мазмұнына сыналап кірген ертегі сюжетін былай қойғанда, қалған жәйттердің бәрі өмірден алынған нақты деректер. Мәселен, қыздың ата-анасы мекен еткен жер Семей өңірі болғанда, Ғайникамалдың оқу іздеп Уфаға аттанғанда пойызға отыру үшін алдымен кемемен баратын қаласы – Омбы. Одан кейінгі үш мырзаның қымбат бұйым іздеп алыстағы өркениетті елдерге аттанарда және сол сапардан қайтып оралғанда бас қосқан қаласы да – сол Омбы. Олардың мол қаражатпен қымбат бұйым іздеп шыққан шаһарлары – Лондон, Берлин және Париж сияқты өркениетті Европа елдерінің астаналары. Демек, оқиғаның өріс алған мезгілі – бертінгі заман, нақтылай айтсақ, шығарманың дүниеге келген кезі, яғни өткен ғасырдың бастапқы жылдары.

Осы орайда мынадай сұрақ тууы мүмкін. Қазақ даласындағы әйелдің бас бостандығына қарсы құрылған тас қамалдай қалыңмалдың дәуірлеп тұрған кезінде Ғайникамалдай жекелеген қыздардың дәл осылай еркіндеп шығуы шындыққа сыя ма? Сыяды екен. Оған мынадай дәлелдер бар.

Біріншіден, қыз әкесі Ғайса қазақ арасына ертеден келіп, қазақтан әйел алып, «соның бір атасының баласындай» сіңіп кеткенімен, түпкі негізі ташкендік сарт. Өзінің азды-көпті білімі, әр-нәрседен хабары бар сәудегер адам; өз тұрмысы өзінде болғандықтан, ешкімге кіріптар емес, елдің дау-жанжалына да, ескі әдет-ғұрпына да араласпайтын біршама оқшау тұрған адам. Сондықтан оған ешкімнің өктемдігі өтпейтін тәрізді.

Екіншіден, Ғайникамал – жастайынан қазақ қыздарының мүшкіл халін көріп, соларға шынымен жаны ашитын саналы қыз. Уфадағы медресені бітіріп шыққан бойда-ақ ол «өзім секілді қазақтың сорлы қыздарына пайдамды тигізіп оқытып, үлгі-өнеге шашсам-ау!», – деп арман еткен. Ал мұндай арманды қалаған адам алдымен өз басының еркіндігіне ие болуы керек екені түсінікті. Автордың сүйенгені де осы ой болар.

Қорыта келгенде, роман атанған бұл шығарманың негізгі өзегі әйел теңдігі болғанда, оған жаңағыдай ағарту идеясы қоса өрілген. Көркем шығарма ретінде де ол әдебиетіміздегі үлкен проза жанрын өркендетуге белгілі бір саты болған бағалы ескерткіш екені даусыз.

Шығарманың авторы жөнінде қысқаша мәлімет. Тайыр Жомартбайұлы 1884 жылы Семей облысының Абай ауданына қарасты Мұқыр деген жерде туып, 1937 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде қаза тапқан. Алғашқы білімді Көкбай медресесінен алған ол жастайынан Абай өлеңдерін құлағына сіңіріп өседі. Кейін Семей қаласының әдеби өміріне белсене араласады. Өзі де көрнекті ақын болып қалыптасады.

Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов Жомартбайұлының шығармашылық мұрасын жинастырып, өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты еңбегіне енгізді (қараңыз, төртінші кітап, Алматы, 1997). Топтаманың басында қаламгердің өмірбаяны берілген. Осы жинаққа кірген «Қыз көрелік» романы 1912 жылғы басылымнан кейін алғаш рет сол жолы ғана жарық көрген болатын. Сондықтан ұзақ жылдар бойы шығарма әдеби айналымға кіре алмай келді.

«Қалың мал» – романы 1913 жылы жарық көрген. Авторы – Спандияр Көбеев1.

Бұл шығарманың мазмұны да әйел тақырыбы. Ескі қазақ ауылындағы әйел теңсіздігінің ең бір сорақы көрінісі. Жасы енді ғана он беске толып, бойжетіп келе жатқан өрімдей қыз әйелі өлген бай адамға, жасы алпыстан асқан шалға қалыңмалға сатылады. Шығармада алдынан темір тор құрылып, болашақтан күткен жас тілеуі үзілгелі тұрған байғұс қыздың қайғы-қасіреті, осынау бақытсыздықтан құтылып, өзінің сүйген жігітіне қосылсам деген арман-талабы суреттеледі.

Қыз аты – Ғайша. Оны малға сатып байымақ болып жүрген әкесі – Итбай деген дүмше молда. Шешесі Ақсұлу қызының теңін таппай, тек қалыңмал үшін қарт адамға ұзатылуына қарсы. Қыз – болса-болмаса да ешнәрседен алаңы жоқ, ата-анасының қолында емін-еркін өсіп келе жатқан жас өспірім.

Қыз әкесі Итбай – ауыл арасында молдалық қылғанымен, жұртқа шариғат айтып, имандылыққа шақыратын құдайға қараған адам емес, жаратылысында беймаза, қытымыр, өте малжанды, дүниеқоңыз, қатыгез адам. Есі-дерті – мал. Ол жалғыз қызының бақытын ойламайды, «осы қалқам ержетіп, бай жерге беріп, көп мал алсам»2 дегенді көптен бері іштей арман етіп жүреді.

Жазушы бұл кейіпкеріне өз тарапынан ешқандай сипаттама бермейді, оның бүкіл мінез-құлқын істеген ісі, сөйлеген сөзі, ішкі ойы арқылы жеткізіп отырады. Мәселен, әйелі өлген ауқатты ақсақал қызына құда түскелі жүр екен деген сыбыс естігенде-ақ ол көктен тілегені жерден табылғандай жанығып кетеді. Әлгі сыбысты растағандай, сол ауылдан үйіне алғаш адамдар келгенде құрдай жорғалап, құрақтай ұшады. Қазан-ошаққа араласып жүретін қатынбасшылық мінезін танытып, ас үйде жүрген әйеліне билік айтады:

«Бұлар Тұрлығұл байға біздің Ғайшажанды айттыра келген шығар, қазыны бұзбай сал», деп шыр-пыры шығады. Ал келген жолаушылар ас ішкеннен кейін сыпайылық танытып, келген жұмыстарын айта қоймай жатып қалғанда, мұның дал болатыны тіпті қызық:

«Бұлар ештеңе демегені қалай, батыр-ау? Етімді текке жеп кететін бола ма? Қазыны бекер тұтас салдырған екем!»3, деп өкінеді. Бірақ есекдәме ырқынан шыға алмай, тағы қиялданады:

«Егер Ғайшажанды айттыра келген болса, он құлынды бие сұрасам ба екен, болмаса таза мың теңге ақша сұрасам ба екен... Қой, ақшадан да он құлынды бие дұрыс болар...»4

Ақыры, Итбайдың құрғақ қиялы шындыққа айналып, ертеңіне жаушылар құдалық жайын сөз қылады. «Іздегенге сұраған» дегендей, қыз әкесі бірден қалың малдың саудасына кіріседі де, әр түліктен тоғыз қара және бір жылдың төлі, қыздың жасауына 250 теңге алатын болып келіседі.

Оқиға одан әрі өрістей береді. Көп кешікпей, Итбай Тұрлығұлдың қалыңмалға берген бір үйір жылқысын айдап келіп, ауыл адамдарына байдан көрген сый-сипатын айтып жеткізе алмай мақтанып отырғанда, ауыз үйден мұңды дауыспен зарлаған қыз сөзі өлеңмен естіледі.

Шығарма желісіндегі тартыстың алғашқы шиеленісуі – осы тұс. Бұдан әрі болашағын ойлаған бойжеткен өзінің құрбы-замандастарымен ауыл-аймақтарға ойын-тойға барып жүргенде, осы елде бетке шығар бозбалалар қатарындағы Қожаш деген жігітпен жарасып қалады. Бұлардың алғаш рет жақын танысып түсінісулері «Бақытсыз Жамалдағы» Ғали мен Жамалдың» той үстінде, бөкет өлеңнің кезегі келгенде, қолдарына домбыра алып, жандарынан өлең шығарып, өз бастарындағы мұң-зарларын айта сыр шертісетін көрінісіне ұқсайды. Бұл жерде Ғайшаның қандай мұң айтатыны белгілі. Ал Қожаш болса, өз басы пысық, еті тірі жігіт болғанмен, бұл елге жиен атанып жүрген кірме, қолы қысқа кедей екенін айтып мұңданады.

Осыдан былай қарай екі жас бірін-бірі сүйіп, өмірлік жолдас болуға мықтап бекінеді. Қыз шешесі Ақсұлу да оларға тілектестігін білдіреді. Басқа ауылдардың Тұрлығұлдан талай зорлық көріп, тісін қайрап жүрген жігіттері Қожашпен жолдас болып, оған көмек беруге әзір екендіктерін айтады. Сонымен, көктем болып, ел жайлауға көшкен қарбалас кезде Қожаш Ғайшаны алып қашуға уәделеседі.

Бірақ бірінші сапарда олардың жолы болмайды. Әккі Итбай түнде қашқалы жатқан қызын ұстап алып, ұрып-соғып, үйіне қамап қояды. Сонсоң құдаларына хабарласып, Ғайшаны тезірек ұзатып жібереді. Алғашқы жолы өзі қолға түспей, ізін жасырып кеткен Қожаш екінші рет оралып соғып, сүйгенін арыстанның аузынан айырып алғандай қылып, Тұрлығұлдың өз ауылынан алып қашады.

Әрине, бір тайпаның алпауыт байы жесірінен айрылып жатқанда, бұл іс аяқсыз қала алмайды. Тұрлығұл өз елінің атқамінерлері мен болыс-билерін түгел көтеріп ақыл қосады да, бір топ даукес, сөзуар ақсақалдарын қыз соңынан қуғыншы етіп жібереді. Сөйтіп, әңгіме көршілес отырған екі тайпаның дауына айналады. Екі жақтың айтқыш билері сайысқа түседі. Неше жылдардан бері қордаланып қалған ескі жанжалдар қайта көтеріліп, дау жаңғырады. Қай кезде, қай жақтан зорлық жасалды, қай жақ қанша жапа шекті, – соның бәрі сарапқа салына келгенде, жесір даулаған жақ жеңіліп, қыз паналаған жақтың мысы басым түседі. Сөйтіп, екі жақтан ешкім айып-құн төлемей, ешкім жазаға кесілмей, дау аяғы пәтуамен бітеді.

Шығарманың аяғындағы қысқаша эпилогта осы оқиғадан он жыл өткеннен кейінгі бір көріністе жаздыгүні қалың орман арасындағы көлдің жағасында бейбіт тіршілік кешкен Ғайшаның оңаша үйі, үй маңында ойнап жүрген бүлдіршіндей балалары, өздерінің маңдай тері, табан ақысы арқылы тапқан малы көрсетіледі. Демек, олар өз мақсаттарына жеткен.

Енді мынадай сұрақ туады. Шығармадағы оқиға ең бері салғанда автордың өзі өмір сүрген кезде, яғни өткен ғасырдың бас кезінде болған дейік. Ол қазақ даласы патшалық бодандыққа түгелдей қарағанымен, ескі ауылдың бұрынғы әдет-ғұрпы мықтап сақталған кез. Патша әкімшілігі ел басқарудың жаңа тәртібін енгізе тұра, жергілікті халықтың ішкі өміріне онша көп араласпай, ондағы терең қайшылықтарды өздерінің саясатына ұтқыр пайдаланып отырғаны бекер емес. Сондай қайшылықтардың ішіндегі ең бір күштісі рушылдық болатын. Ел арасындағы үнемі үзілмей, бірден-бірге өршіп отыратын жер дауы, жесір дауы, құн дауы, барымта-сырымта, ұрлық-қарлық атаулы зорлық-зомбылықтардың көбінесе асқына келе рушылдық ұранына барып ұласатыны бар-ды.

Шығарма авторы негізгі кейіпкерлерін мұратына жеткізу үшін осы жолды пайдаланғаны ұтымды болған да, нәтижесі шындыққа сыйымды болып тұр. Арман қуған екі жастың тағдыры екі ру арасындағы жылдан жылға жамалып, жалғасып келе жатқан дау-дамайының кегі қайтпаған бір кетігіне тығылып, сұраусыз кеткені автордың тапқырлығы болып көрінеді.

Қорытындыда шығарманың көркемдік ерекшелігі туралы біраз сөз.

Біздің бұдан бұрын қарастырған екі шығармамыз, әсіресе «Бақытсыз Жамал», кеңес дәуірінде авторларымен қоса қатаң қуғынға ұшырап, әдеби айналымнан шығып қалған кезде, «Қалың мал» қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман саналып, оның үстіне авторы республикада зор құрметке бөленген көзі тірі адам болғандықтан, бұл шығарма тым көтеріңкі бағаланып жүр деген пікір әрекідік орын алып жүрген-ді.

Қазір, барлық жоғалғанымыз табылып, ақтаңдақ атаулының саңылаулары бітелген кезде, әділдік таразысына тарта келсек, бұл жерде ешқандай жаңсақтық болмаған сияқты. Шығарма сол кездің өлшемін былай қойып, тіпті қазіргі заман тұрғысынан қарағанда да шынайы көркем шығарма деп бағалануға әбден лайық. Ал жанр жағынан келгенде де, сол кезде роман айдарымен жарық көрген шығармалар ішінде көбінен «Қалың малдың» мойыны озық тұр.

Мұндағы оқиғаларды өрістетуге, өзгелерде жиі кездесетіндей, жалаң баяндау жоқ. Қажетті жерінде айшықты суретпен әдемі көріністер арқылы көзге айқын елестетіліп отырады. Автор кейіпкерлер мен жеке оқиғаларды ұсақ детальдар арқылы жеткізуде кәдімгідей шеберлік танытады. Кейіпкерлерді даралай бейнелеп, олардың сипаттама портреттерін берудегі кейбір мысалдар жоғарыда келтірілген. Сондай ерекшелік Қожаш, Серғазы және басқа кейіпкерлерге тән.

Автор әрбір кейіпкерді қысқаша болса да сипаттап өткеннен кейін, оны іс үстінде немесе төл сөздері арқылы ашып отырады. Мысалы, шығарманың басында келтірілетін екі би – Байғазы мен Құрымбайды: «екеуі де өлгенше парақорлар, жемқорлар, кісі етінен басқаны арамсынбайтындар» деп таныстырады да, осы сипаттаманы сәл кейінірек екеуінің оңашадағы өз сөздері арқылы дәлелдейді.

Шығармада оқиға ауқымы кең. Оның негізгі мазмұны бір-біріне құмартқан екі жастың қарым-қатынасымен ғана шектелмейді. Солардың іс-әрекетіне байланыстыра отырып, сол кездегі ел тұрмысы, қарапайым халық өмірі кеңінен көрсетіледі. Осы жағынан келгенде, шығарманың роман, хикаят жанрларына сай келетін ерекшеліктері баршылық.

«Қалың мал» туған әдебиет тарихында өзіне тиісті орнын алуға әбден лайық роман еді. Сол орнын алды да. Соған орай бұл шығарма жөнінде біздегі әдебиет сынында да, әдебиет тарихына байланысты зерттеу еңбектерде де әр жылдары айтылған пікірлер аз емес. Академик С.Қирабаев өзінің әдебиет зерттеушілік қызметінің алғашқы кезеңінде С.Көбеев романы туралы кандидаттық диссертация қорғады. Кейін ол жұмысы жеке монография болып жарық көрді.

«Мұңлы Мәриям» да заманында белең алған қалыңмалды жазғырып, әйел теңдігін, сезім бостандығын жақтап жазған шығарма. Кітапшаның мұқабасында және оның ішкі бетіндегі тақырыптың жоғары жағында «Қазақ тілінде роман» деп жазылған. Тақырыптан төменіректе шығарманың мазмұнын аңғартарлықтай мынадай бір шумақ өлең бар:

Сөзімді салдым майданға,

Алаш ұлы көз салсын.

Қызы болған адамдар

Мұны көріп үлгі алсын1.

Бұдан әрі «Авторы М.К.» деп көрсетілген. Кітапша 1914 жылы Қазан қаласында ағайынды Кәримовтар баспаханасынан шығарылған. Кітапхана каталогындағы дерек бойынша, алғаш рет 1911 жылы сол баспада бір рет басылса керек. Бірақ ол басылым жөнінде басқа ешқандай дерек жоқ.

Шығарманың қысқаша мазмұны мынадай.

Жанғабыл атты дәулетті ауыл адамының бес баласы болады. Олардың бәрі де үйлі-баранды болып, өз алдарына бала өсіріп, өскен ұрпақ саналады екен. Бір кезде солардың үлкені Нұрғали қайтыс болып, одан он алты жасар Мәриям атты қыз бен он екі жасар Темірғали атты ұл қалады. Ата дәстүрімен олар әкесінің тетелес інісі Нұрқанның қарауына беріледі.

Бұл өзі сауда-саттықпен айналысып, жүріп-тұратын малжанды, пайдакүнем адам болады да, ағадан қалған екі баланы тәрбиелеп ел қатарына қосудың орнына, солардан пайда табу жағын көбірек ойластырады. Сондай мақсатта әлде бір есеппен, бой жетіп қалған он алты жасар қарындасы Мәриямды бөтен бір ауылдағы кісінің он екі жасар баласына бермек болады; ал оның керісінше, дәл он екі жастағы інісі Темірғалиға сол ауылда он жетіге келіп, бой жетіп отырған қызды айттырады. Осындай қисынсыз құдалыққа барып, балалардың обалына қалған жөнсіз істің зардабы көп ұзамай көріне бастайды.

Темірғалиға әперген келіні жас баланы менсінбей, төркініне кетіп қалады да, өзі қалаған бір теңдесіне тиіп кетеді. Ал Мәриям болса, көлденең жұрттың қаңқу сөзінен қаймығып, қайын жұртында қалып қояды. Бірақ одан жақсылық көрмейді. Әуелі жас балаларының намысын ойлап, келінге сенімсіздік көрсеткен ата-ененің орынсыз аңдуы мен қатаң бақылауына душар болады. Оның аяғы әр түрлі қаңқу сөздер мен жалған өсекке жалғасады. Мәриямның басына әңгір таяқ ойнайды. Осындай қорлыққа шыдамаған ол да ақыры қашып кетіп, төркінін паналайды.

Бірақ теңсіз некенің азабынан құтылғанмен, Мәриям қарау ағаның озбырлығынан шыға алмайды. Ол жатпай-тұрмай қайтып келген қарындасын ебін тауып тағы бір жерге сатып, содан нәпақа табу жағын ойластырады.

Арада біраз уақыт өтіп, Мәриямның жан жарасы жазыла бастаған кезде, ол бір сауық кеште Ғалым атты жігітпен танысады. Той үстінде бір-біріне өлеңмен сыр айтысып ұғысқан екі жастың көңілдері бір жерден шығады. Олар шынайы махаббаттың дәмін татып, ғашық жүректер табысқаннан кейін, тағдырларын бір арнаға тоғыстырмақ болады. Бірақ арман қуған жазықсыз жастарға қастық ойлайтын қара ниетті адамдар бұл жерде де табыла кетеді.

Сыртынан Мәриямға көңілі кетіп, қолын жеткізе алмай жүрген Көкен атты арамбез жігіт қыз ағасы Нұрқанға келіп, қарындасы мен оның көңіл қосқан жігітін шағыстырады. Өзі көп қалыңмал бермек болып азғырады. Соған ағасы келісе кетеді. Бірақ бұл жолы Мәриям азарда-безер қарсы болып, ағаның айтқанына көнбейді. Бұрынғы зорлығын бетіне басып, енді өз қалауымен жөн таппақ ниетін аңғартады.

Бұдан әрі Нұрқан мен Көкен екеуі бірлесе қастық ойлап, екі ғашықты қайткенде де ажыратудың қамына кіріседі. Ғалымның жолын тосып, талай рет таяққа жығады. Оның Мәриямға жазған хаттарын қолға түсіріп алып, жасырып отырады. Ақырында тіпті болмаған соң, Кәкен Ғалыммен бірге молдадан сабақ алған Досымбай деген жігітке жазуын айнытпай жалған хат жаздыртып, Мәриямды одан бездіреді. Сүйген жігітінен мұндай опасыздықты күтпеген болашақ жары қатты торығып, амалы құрығандықтан, ақыр-соңында ағасының айтқанына көніп, бір сәудегердің баласына сатылып кетеді. Онысы жаны да, тәні де ылас пасық адам болып шығады. Сол екі арада Мәриям мен Ғалымның арасына от жағып қастық қылған ағасының арамдық айласы да әшкере болып қалады. Олардың аға үстінен шағым айтып, ұлыққа берген арыздарынан оң нәтиже шықпайды. Қайта, сол үшін Ғалымның өзі жалалы болып, айыпқа тартылады.

Соның күйігіне шыдамай, сорлы басы тағы да бақытсыздыққа ұшыраған Мәриям қайғыдан есі ауысып, жынданып кетеді.

Көріп отырғанымыздай, жастайынан жетім қалып, жеке басына еркіндік, теңдік іздеген қыздың тағдырына неше түрлі әділетсіз зорлық-зомбылықтар тап болып, ақыр-аяғы ауыр қасіретке апарып соғады. Шығармадағы оқиғалар шиеленісіне қарай автор оны роман деп атағанмен, шағын көлемді туынды үлкен жанрдың жүгін көтере қоймас, кішігірім хикаят немесе әңгіме қатарындағы әдеби ескерткіш деп қабылдауға әбден болатын сияқты.

Оқиғалары сол кездегі осы құралыптас өзге де шығармалар сияқты, өлең мен қара сөзді араластыра баяндалады. Өлең жолдары жатық, ұйқасты. Соған қарағанда, автордың ақындық өнері басымдау тәрізді. Мәтінде араб сөздері жиі қолданылады. Демек, автор мұсылманша әжептәуір білім алғанға ұқсайды. Сонымен бірге ақындық өнерде Абайға, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына еліктеп, жалпы ағартушылық-демократтық бағытты ұстанғаны байқалады. Шығарманы баспаға әзірлеп түрлендіргенде де Ахмет пен Міржақып шығармаларының алғашқы басылымдарынан («Қырық мысал» мен «Масаға», «Бақытсыз Жамалға») ұқсастық айқын танылады. Мәселен, кітапшаның бірінші бетіндегі эпиграф ретінде берілген бір шумақ өлең мен оқырманға арналған жолдама хаттан осындай белгілерді көруге болады.

Шығарманың сюжеттік құрылымы жөнінде бірер сөз. Қыз ағасы Нұрқанның жетім қалған он алты жастағы Мәриямды көрші ауылдағы он екі жасар балаға айттыруында және оның он екі жасар інісіне дәл сол ауылдан дәл сол жолы он жеті жастағы бойжеткенді атастырып құда түсуінде қисынсыз жасандылық бар. Бірақ соған қарамастан, автор романдағы оқиға өмірде болған шындық деп сендіреді. Ол шығармада баяндалған оқиғаларды өз көзімен көргендігін, дәл осы жағдай сол кездегі әкімшілік бөлініс бойынша Павлодар уезінің Басқұдық болысындағы жетінші ауыл тұрғындарының басында болғандығын тәптіштеп айтады.

Шығарманың ең күшті, түйінді жері – қасірет зардабынан ұстамалы дертке шалдығып, есі кіресілі-шығасылы болып жүріп, арасында ақыл-есі орнына келген бір заматтарда зарланып шығарған өлеңі. Өзінің басынан кешкен қорлық-зорлық пен жәбір-жапаны тізе келіп, сүйген жігіті Ғалыммен, сол арқылы өмірмен қоштасқан бақылдық сөзіне тебіренген үлкен-кіші, әсіресе жастар жағы оның өлеңін жаттап айтып жүретін болған. Оның бұл өлеңін әділетсіз өмірге, зорлықшыл арам ойлы адамдарға айтылған қатал үкім деп қабылдауға болады.

Енді автор туралы қысқаша мәлімет.

Мұхаметсәлім Кәшімов (1884-1935) – ақын, журналист-жазушы. Бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау үйезіне қарасты Қотыркөл болысында, қазақ ауылында туған. Ескіше, орысша әжептәуір сауаты болған. Әдеби-шығармашылық еңбекпен ерте айналысып, артына айтарлықтай мұра қалдырған. Кезінде жарық көрген еңбектері – «Әдеп», «Сабақ», «Үгіт» (Қазан, 1907), «Насихат қазақия», (Қазан, 1908), «Сұлу қыз» (Қазан, 1909), «Мұңлы Мәриям» (Қазан, 1914).

«Айқап» журналы ашылғаннан (1911) бастап, 1914 жылға дейін соның тілшісі болып істеп, Жетісу, Алтай өңірлерінен, Қытай, Қырғыз елдеріндегі қазақ халқының тұрмысынан, тарихы мен әдет-ғұрпынан көптеген мақала, жолжазба очерктер жазған.

Ескертпе ретінде айта кететін бір жәйт: автордың өзге шығармалары сияқты «Мұңлы Мәриям» да алғашқы басылымнан кейін баспа жүзін көрмей, қазіргі әдеби айналымға кірмей қалған. Оны Орталық ғылыми кітапхананың қорынан алып, араб әліпбесінен кириллицаға аудартып, ол жайындағы жоғарыдағы пікір сол қолжазба бойынша беріліп отыр.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық мұрасында ерекше орын алатын «Қамар сұлу» туындысы да әйел теңдігі, қыздың бас бостандығы тақырыбына арналған. Оқиғасы бұдан бұрын қарастырылған шығармаларға ұқсас, нәтижесі де солардағыдай қайғылы, негізгі кейіпкерлердің бірінің қазаға ұшырауы, екіншісінің өлмеші халге жетіп, тіршіліктен біржола күдер үзерлік күйге түсуі баяндалады. Айырмасы – мұндағы шығарма көлеміне қарай оқиғалар желісі күрделіленіп, ширыға түскен, оған қатысушы кейіпкерлер де көбірек; әрқайсысы әр қырынан көрінетін – өздерінше бедерлі бейнелер.

Бірақ С.Торайғыров мұрасын зертеушілердің жекелеген пікірі бойынша – роман жанрының талаптарын толық тартыңқырай алмайтын олқылықтары да бар. Солай болғанмен де туған әдебиет тарихында өзіндік орны бар аса көрнекті тұлға Сұлтанмахмұт мұрасында бұл туындының маңызы ерекше екенін ұмытпау керек.

Шығарма өлең мен қара сөзді араластыра жазылған. Кейіпкерлердің өзара диалогтері, атап айтқанда, Қамар мен Ахметтің арасындағы сүйіспеншілік хаттары, қыз бен молданың айтысы өлең түрінде беріледі де, қалған оқиғалар қара сөзбен баяндалады.

Шығарманың басында сегіз шумақ өлең арқылы бойжеткен Қамардың асқан сұлулығы, ақыл-парасаты, ауыл мектебінің дәрежесінде болса да оқып, сауатын ашқан, білім алған көзінің ашықтығы, соларға лайық ақындық өнер дарыны сипатталады. Одан кейін қара сөзбен көршілес, аталас ауылдағы Ахмет атты жігіттің де осындай артықша қасиеттері айтылады. Ол да оқыған, ақылды, өнерпаз, өз замандастарынан шоқтығы биік тұрған айтулы азамат. Кемшілігі – кедейлігі.

Соған қарамастан, бұл екі жас өздерін бір-біріне тең көреді, бірін-бірі ұнатады. Араларында сүйіспеншілік сезім пайда болады. Бірақ бұлардың алдында асу бермес асқар таудай зор кедергі тұр еді. Ол – әлеуметтік теңсіздік. Соны күні бұрын сезінгендіктен, жастар іштей шарасыздық танытады. Жігіт өзінің сүйіспеншілік сезімін білдіріп, алғаш рет хат жазғанда-ақ қыз: сенің қалың беріп, сән-салтанатымен жырғалып алатын шамаң қайда, ондай ойдан тыйыл, деп ақыл береді. Жігіт оған тоқтамай, «ең болмаса уақытша ойнап-күле тұрайық» деген тілегін айтады. Әрине, мұндай қысқа тілек, уақытша қызық есті қызды еліктіре алмайды. Ол жігітке біржола күдер үздіретін сөздер айтып, ақтық жауабын қайтарады. Бұған амалсыз тоқтаған Ахмет Қамарға жанашырлық ақылын айтып, қоштасқан хатын жазады. «Абайла, малы бар деп, өзіңнің көңілің сүймеген адамға барып қор болма, ел-жұрттың обалына қалмайын деп, өз бақытыңды күйдірме» деген мағынада кеңес береді.

Бірақ жоқ жерден жау іздеп, жанжал шақырып жүрген тентек содырлар үшін осының өзі жетіп жатыр еді. Екі жастың өзара сырласқан бейкүнә хаттарын қолға түсіріп алып, аттан салған олар: қарындасыңды тыймадың, өзіңнің бірге оқыған досыңды жақтадың деген кінәмен қыз ағасы Қасенді соққыға жығып, басын жарады. Ешнәрседен хабарсыз бейқам жатқан Ахметтің үйін тонап, айып салдырады, жігіттің өзін абақтыға бұйыртып үкім шығартады. Дегенмен, бұл әлі романдағы негізгі оқиға емес, оның кіріспесі ғана, кейінірек болатын қайғы-қасіреті мол қанды оқиғаның алдындағы жағдай ғана.

Сол екі арада өзінің жағымсыз мінездерімен «Жорға Нұрым» атанған осы елдегі кәрі болыстың әйелі өледі. Бұрыннан Қамарды тоқалдыққа алсам деген арам ойы іште жүрген ол енді ниетін ашық білдіріп, құдалыққа кісі жібереді.

Қыз әкесі Омар бұл теңсіз құдалықты намыс көріп, қарсы болады. Бірақ оның екі ағасы Қалтан қажы мен Оспан би болыстың бұл тілегін бірден қабылдайды да, сырттан билік айтып, құдалыққа бірден келісім береді.

Жұрттың бұрынғы өсегінен ішқұса болып, жадау көңілде науқастанып жүрген Қамар бұл жолы үзілді-кесілді қарсылық сөзін айта алмай қалады. Ол былай тұрсын, ырым-жырымын алып, қасына қалың нөкерін ертіп күйеу келгенде де, жеңге-желеңнің айтқанына көніп, құдалық тойына барады. Сөйтіп, өзінің қандай тұйыққа қамалып, қай тұңғиыққа кеткелі тұрғанын кеш ұғынған Қамардың кейінгі қарсылықтары еске алынбайды. Озбыр болыс жасақты қалың қолмен қайыра келіп, қыздың әке-шешесін ағашқа байлап тастап, Қамарды зорлықпен тартып әкетеді.

Сонда ес-түссіз шала өлік күйінде келген Қамардың бұдан былайғы көрген күні адам айтқысыз. Бойында бұрынғы ғашықтықтың дуасы бар екен деп, бақсы-балгерлер, молда-құшнаштар неше түрлі азапқа салады, ақырында төбесін тесіп, жарымжан қылады.

Осындай ауыр азаптан шала жансар жан тәсілім халде жатқан Қамардың үстіне Ахмет келеді. Қамардың қандай күйге түскенін біліп, алыстан аңсап келген беті еді. Соның дауысын естіп, сәл есін жиған Қамар оған арманда кетіп бара жатқан бақылдық сөзін айтады.

Осы арада тағы да қиян-кескі жанжал болады. Өзінің жазықсыз істерін ақтамақ болған бақсы Ахметке таяқ ала жүгіреді. Соған ыза болып, зығырданы қайнаған Ахмет Қамарға істеген жауыздықтары үшін бақсы мен Нұрымды пышақтап қанға бояйды. Қамармен қош айтысып, есіктен шыға бергенде, қос қолдап ұрған сойылдан мұрттай ұшып, өзі де жан тапсырады.

Сонымен «Қамар сұлу» хикаясы аяқталады. Бірақ оның ауыр зардабы мен ащы сабағы ұмыт болған жоқ. Оған Қамардың өлер алдындағы жан ашуы үстінде Ахметке ашынып айтқан қоштасу сөзі куә.

Кетейін, берірек кел, арыздасып,

Азырақ сөзіңді естіп мауқым басып.

Тіріде обалымыз – қазаққа ғой,

Құдайым қияметте қылсын нәсіп1,

-деп бастап, әрі қарайғы сөзін былай жалғайды:

Ғибрат ал мен сорлыдан, қазақ қызы!

Түйрейтін мал менен шал – саған бізі.

Оңбайды бұл әдеттен қазақ халқы,

Бұл себеп ақырында қалмасқа ізі2.

Қамардың өмірден өтіп бара жатып айтқан бұл қасірет сөзінен мұның алдында боранда адасып өлген бақытсыз Жамалдың қалтасынан табылған хаты мен мұңлы Мәриямның жынданып жүріп есі кіргенде айтқан зарлы өлеңінің жаңғырығы естіледі.

Енді шығарманың жанры туралы бірер сөз. Бұл туындының жанры роман деген анықтаманы онша тарта алмайды деген кейбір зерттеушілердің пікірін жоғарыда келтіргенбіз. Расында бұған дейін қарастырылған шығармалардың көбімен салыстырғанда, мұның сюжеттік желісі күрделі, шиеленісті шытырман оқиғалары бар, қатынасушы персонаждарының іс-әрекеті мен мінез құлқы біршама айқын да дәйекті, ішкі дүниелері үйлесімді өлең жолдарымен әсерлі беріліп отырады. Мұнда кең тынысты қоғам өмірінің әртүрлі қалтарыстары, халық тұрмысының сол кездегі терең қайшылықтары бар шындығымен суреттеледі. Кесек шығарманың жалпы баяндау сарыны оқушы назарын еліктіріп, тартып отырады. Сондықтан оның романдық жанры жөнінде жалпы алғанда күдік болмасқа тиіс.

Сонымен бірге бұл шығарманың төл әдебиетіміздегі өлеңмен аралас жазылған роман екенін де есте ұстағанымыз жөн. Поэзияға қойылатын биік көркемдік талаптар деңгейін төмендетпестен, соның ауқымында өз заманының шындығын толымды түрде жеткізе алу тек Сұлтанмахмұт тәрізді кесек тұлғалы суреткер ақынның ғана қаламынан туындайтын дүние еді. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл шығарманы дүние жүзілік әдебиет тәжірибесіндегі поэзиялық роман жанрының қайсысымен де бой теңестіре алатын құбылыс деп бағалауға әбден болады.

«Қамар сұлуды» заман туралы толғаныс деп қарайтын болсақ, авторды толғандыратын бірінші проблема – өз заманындағы қоғамдық қайшылықтардың халықты тығырыққа тіреген әлеуметтік қырсыққа айналғанын көрер едік. Мұндағы негізгі тақырып әйел теңдігі, оның бас бостандығы бола тұра, жаңағы ортақ қырсықтың әйел затынан басқа да шарпымайтын адамы жоқ. Ол қырсық ең әуелі ешбір әділдікті, ешбір аяушылықты білмейтін озбырлық түрінде көрінеді. Сол озбырлық атты қара күшпен бетпе-бет келгенде Қамар түгіл, оның туған әкесі Омар отағасы да қарсы тұра алмайды. Бұл жердегі қыз тағдырын шешетін – Омардың ағалары Қалтан қажы мен Оспан би. Солардың ұйғаруымен Нұрым болыс Қамардың әке-шешесін ашаға байлап кетіп, қызды зорлап әкеткенде, оларға ешкім қарсы келе алмайды. Өзгесі өзге болғанда, әжептәуір білімі бар, қалада оқыған қыз ағасы Қасенді әлде бір қара күштің өкілдері «қарындасыңды тимадың» деген кінәмен соққыға жығады. Қызбен замандас құрбы болған Ахметті заң алдында жазалы қылып, елден аластайды. Міне, Қамар алдынан заманы құрған тағдыр талқысының зардаптары осындай.

Роман авторының ең басты шығармашылық жетістігі – Қамар қыздың жарқын бейнесі. Шығарманың басындағы сегіз шумақ өлеңде автор суреттеген Қамар бейнесі – оның асқан сұлулығы мен толымды ақыл-парасаты шығармадағы кейінгі оқиғалардың барысында толық ашылып, өз заманындағы қазақ қызының тұтас бір ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық жарқын характері деңгейіне көтеріледі.

«Кім жазықты?» – бұл аяқталмаған немесе соңғы бөлігі жоғалып кеткен шығарма. Ара-арасында түсіп қалған бөлшектері де көп сияқты. Сондықтан оның жанры туралы да, жалпы мазмұны жөнінде де тұжырымды пікір айту қиын. Бірақ сақталған нұсқасының өзі де ақын мұрасында өзіндік орны бар, алғашқы жобасында бұралаң бұрылыстары көп баянсыз тіршіліктің шындығын жалғанның жарығына алып шығуды мақсат еткен дүние екенін аңғартады.

«Кім жазықты?» деген сұрақ заманында бодандық болмыстың бұғауындағы ұлттық шет аймақты былай қойғанда, алып империяның өз ішіндегі ақыл-ойды да тебіренткен көп жұмбақтың ең басында тұрған сауал болатын. Дауасыз әлеуметтік дерттің зардабы қараусыз, қамқорсыз жатқан бодан елге одан сайын асқынып жеткенде, оның адам жанын аздырғыш алапат әсеріне тосқауыл боларлық құла далада бір ныспы қалмағандай сезіледі. Бейбіт өмірдің берекесін алып, от басының ошағын қисайтпай ұстау үшін жаралған әйел затының бірінен соң бірін адам айтқысыз қорлыққа душар еткен Әжібай дейік. Ал сол «әжібайшылдықты» қоздатып, ата-бабасында, зәу-затында құлақ естімеген сорақылыққа тыйым салмаған бассыздық пен басбұзарлықтың төркіні қайда еді?

Бұл сұраққа роман авторы жауап таба алмай кетті ме, әлде тапқан жауабын айтып үлгіре алмады ма? Қалай болғанда да, осы сұрақтың екі дүние аралығындағы өлара кезде дәл осылай тікесінен қойылуының өзі автордың халық тағдыры үшін қаншалықты қиналғанын, қаншалықты ой азабын тартқанын аңғартады.

Романның жазылған мерзімі халқының тарихи жол айырығы алдында, жемісті бағытты дұрыс таңдаудың жауакершілігі алдында тұрған кез болатын. Соның қайсысын таңдаған күнде етегіне жармасқан көп қырсықтың бірі – жаңағы «әжібайшылдықтан» арылып бармағы шарт. Ақынның кейінгі ұрпаққа айтып кетпек болған өсиеті осы деп ұққанымыз жөн сияқты.

Бұл шығарма мұның алдындағы «Қамар сұлу» романының логикалық жалғасындай көрінеді. Халықтың моральдық, адамгершілік сәламаттығы үшін екеуінің де залал-зардабы бірдей. Ақын содан сақтандырады. Әдебиеттің өлең тілімен жазылған үлкен жанры арқылы өзінің жан айқайын жеткізеді. Аяқталмай қалған шығарманың біз үшін айдан анық маңызы осында деп білеміз.

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Әділ – Мәрия» романы 1925 жылы жазылған. Автор алғашында «Қайғылы роман» деп атаған (кейін кім өзгерткені белгісіз). Мұнда баяндалатын оқиғаларды ХХ ғасырдың, дәлірек айтқанда, соның оныншы жылдарының басында болған дейтін ескертуі және бар.

Мұнда да негізгі тақырып – әйелдің бас бостандығы, олардың жар таңдау хұқығы. Бірақ мұндағы негізгі қайшылық яғни сюжеттік желідегі тартыс өзегі бұл тақырыпқа арналған бұрынғы шығармалардағы дәстүрлі қайшылыққа керісінше: сүйіскен жастардың бата бұзуы, яғни айттырған жерге бармай, өз қалауларымен кетуі емес, қайта, олардың ата-аналары ертеде баталасып қойып, қайтыс болып кеткеннен кейін, бірін-бірі ұнатқан екі жастың сезім бостандығына зорлық қылып, соларды айырмақ болуы, сөйтіп, қызды еріксіз иемденбек болған басбұзардың жосықсыз қылықтары.

Шығарманың қысқаша мазмұны. Осы елдің екі азаматы Бақтыбай мен Жақсыбай – бірі жігіттің, бірі қыздың әкесі – екі жас бірін-бірі ұнатты деген сөзді естіген бойда-ақ құда болып, қалыңмал алысқан, екі жақ өз еріктерімен бата қылысқан. Артынан көп ұзамай, бір жылдың ішінде екі құда қатарымен және олардан кейін көп кешікпей Мәрияның шешесі қоса өліп, жас өспірім жігіт пен қыз жетім қалады. Бірақ екеуі де, бірін-бірі ұнатқандықтан, ата-аналарының аманатынан айнымай, үйленер күндерін күтеді.

Сол екі арада осы елдің озбыр болысы Төребектің адуын баласы Еркімбек деген жігіт Мәриямның сұлулығына қызығады да, соны көрмей-білмей тұрып, өзінің айттырып қойған қалыңдығынан айнып, Мәрияны қолға түсіргісі келеді.

Бірақ бұл сияқты арам ниетті оңайлықпен жүзеге асырудың реті келе қоймайды. Біріншіден, қыздың айттырып қойған жігіті бар, бұл оны сүйеді. Екіншіден, Мәрияның аз да болса оқығаны бар, көзі ашық. Орынсыз қоқан лоққығы көне қоймайды. Сондықтан әкенің байлығы мен билігіне арқаланған содырлы жігіт қыздың кіші ағасы мен оның әйелін азғырып, солар арқылы зорлықпен алуды ойлайды. Сондай арам ниетпен оларды қарындасымен қоса басқа туыстарынан ажыратып, өз ауылдарына жақын маңайға көшіріп алады. Бірақ өзінің дініне берік Мәрия оған да көнбей, бір түнде Әділге еріп қашып кетеді.

Осыған ызаланып, жалған намысқа берілген Еркімбек қол жинап барып, біреудің заңды әйелін тартып әкелмек болады. Ал көпті көрген жырынды әкесі тентек баласын мұндай басбұзарлыққа арандатпай, арам пейілді қулық жолына салады. «Шырағым, алдымызда сайлау келе жатыр. Бүйтіп ел ішін бүлдірмейік. Сайлаудан аман өтейік. Ал сенің кегіңді қайтарудың басқа бір жолын қарастырайық», - дейді. Сөйтеді де, Әділдің сыртынан: «қолына ұры ұстап, ел ішінде бүлік туғызды» деген жалған айып тағып, өз қарауындағы барлық старшындарға алдап қол қойдырады да, жоғарыдағы ұлыққа шағым түсіреді.

Айтқандай-ақ сол айлалары іске асады. Қасына болыстың старшыны мен шабарманын ертіп қаладан урядник келеді де, Әділдің басына қамшы жаудырып, шешесі мен жас келіншегін соққыға жығып, жігітті айдап әкетеді. Үйез орталығына апарып абақтыға жабады. Туыстарының ешқайсысымен тілдестірмей, ұрып-соғып біраз күн ұстайды да, әкімшілік жолымен үкім шығарып, басқа бір облысқа жер аударып жібереді.

Міне бұл жаңалық! Ел арасындағы дау-жанжалда есе алудың, кек қайтарудың зымияндық жаңа түрі! Ой көзімен өткенді шолып көрсек, бұрынғы қазақ қауымында мұндай кикілжіңді насырға шаптырып, ұлыққа шағыну деген атымен болмағанын байқаймыз.

«Ер құнын екі-ақ ауыз сөзбен айтып, іс жүйесін тауып кететін» әділ билер заманында ауыл-үйдің бас араздығы былай тұрсын, тіпті кісі өлімі болған үлкен дауларда да қалаға шауып, шағым айтуға ешкімнің ұжданы бармайтын. Ал мынау оқиға тұсында бодандық бұғаудың асқынғандығы сондай, болмашы наразылық үшін арыз айтқан би-болыстардың дабылына бола, отаршыл үкіметтің қылышы мен қипысы дайын тұрады.

Шәкәрім шығармасынан осы шындықты аңғарамыз. Бұл – бір.

Екіншіден, бұл туындының көркемдік ерекшеліктері, бұдан бұрынғы аталған шығармалармен салыстырғанда көш ілгері тұрғандығын атап айту керек.

Көлемінің шағындығына қарамастан, бұл романның сюжеттік желісі өте күрделі, ондағы әртүрлі оқиғалар бір-бірімен жүйелі түрде қабысып, кейде өте шиеленісіп кеткеннің өзінде, логикалық жалғасын тауып отырады. Композициялық құрылымы да жинақы және сындарлы.

Шәкәрім прозасына тән тағы бір ерекшелік – мұнда драматургия элементтері араласып отырады. Кейіпкерлердің әңгімесі көбінесе авторлық ремаркасыз ауызба-ауыз диалог түрінде беріледі де, мұның өзі олардың іс-әрекетін ширықтырып отыратыны бар. Осыған орай, жалпы шығарманың тілі көркем, оқиғаларды құрғақ баяндап кетпей, бейнелі суретпен оқырманның көз алдына алып келетіндігі тартымды.

Сонсоң табиғат көріністері, жер бедері, кәрі Шыңғыс суреттері шығарма оқиғаларына тікелей араласып, кейіпкерлердің көңіл күйімен үйлесімді үндестік тауып, бірде көтеріңкі, бірде пәс әуен тудырып отыратыны және бар. Кейде автор соларға тікелей сөз арнап, болып жатқан оқиғаларға да куә етіп тартады. Ондай лирикалық шегіністер шығармаға ерекше әр беріп, көріктендіре түседі.

Қорыта айтқанда, Ш.Құдайбердіұлының бұл шығармасы төл әдебиетімізде үлкен проза дәстүрін қалыптастыруда белгілі бір белес болып қалды деп түюге толық негіз бар.

Роман 1925 жылы жазылған. Автор ақталғаннан кейін, 1988 жылы, шығармаларының бір томдық басылымында қолжазбадан тұңғыш рет жарық көрді. Содан бері ақынның өзге шығармаларымен бірге әр баспадан басылып келеді.

Қазақ романының осы атпен басылған алғашқы үлгілері осылар еді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]