
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
1960-80 жылдары қазақ әдебиетінде өнер адамдары жайлы романдар көп жазылды. Олар ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы дәстүрін жаңғыртып, байытқан үрдістің заңды жалғасы еді. Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» (1964-75), С.Жүнісовтің «Ақан сері» (1971), Ә.Әбішевтің «Найзағай» (1975), «Жаралы сұңқар» (1978), З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» (1978), «Шынардың шыбығы» (1987), Ә.Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі» (1969), К.Оразалиннің «Абайдан соң» (1982-1987), А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» (1975), О.Сәрсенбаевтың «Шамшырақ» (1990), С.Досановтың «Екінші өмір» романдары бұл қатарда ерекше көзге түседі.
Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұты» ХХ ғасырдың басындағы қоғам алмасуының аласапыраны тұсында әдебиетке араласып, Қасым Аманжоловтың тілімен айтқанда, «екі өмір арасында бір түн қатып» өткен үлкен талант иесі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қиындыққа толы өмірі мен күресіне арналған. Үш томдық романның алғашқы кітабы «Ақын арманы» (1964), екіншісі «Арман жолында» (1968), үшіншісі «Баянауыл баурайында» (1975) деген атпен жарық көрді. Кейін автор «Сұлтанмахмұт» деген атпен үшеуін біріктіріп жариялады. Қазақ поэзиясында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен белгілі ақынның үлкен прозаға алғашқы ден қоюы болса да, роман оның бұл жанрдың дәстүрін жан-жақты игергендігін танытты. Өзі білетін Сұлтанмахмұт өміріне қатысты мол деректерді сұрыптап, ол заман талабына лайық суреттей білуімен де, көркем, байсалды тілімен де әдебиеттен өзіне лайық орнын иемденді. Романда Сұлтанмахмұттың ақындық, азаматтық, күрескерлік тұлғасын танытарлық, оның осы жолдағы талабы мен күресін ашарлық материалдар мол қамтылған.
«Ақын арманы» Сұлтанмахмұттың елдегі балалық, жастық шағы жайлы сыр шертеді. Онда жастайынан жетім қалып жоқшылық астында өскен баланың өмір тануы, ел билеушілердің әделетсіздігін көруі, оқу, білім іздеу жолындағы ұмтылыстары суреттеледі. Таудай талабы бола тұрып оның жоқшылықтың зардабынан тұрақты оқуға қолы жетпеуінің жағдайлары сөз болады. Сұлтанмахмұттың Троицкідегі оқуын жалғастыра алмай, «Айқап» журналы редакциясын паналауы, одан елге оралып, өзін ағартушылық қызметке арнау талабы бірінен соң бірі сәтсіздікпен аяқталады. Осы оқиғалар легін жазушы ақын характерін ашар заман шындығымен байланыста көрсете білген. Жас Сұлтанмахмұт сол кездің өзінде қиындыққа мойымай қарсы тұра алатынын, әділетсіздікке өктемдікке өштігі мен шыншылдығы басымдығын, ел, ұлт мүддесіне адалдығын таныта біледі. Білімі аз болғанымен, талапты жас ізденгіштігімен, ойшылдығымен көзге түседі. Оның алғашқы өлеңдері де осы бағыттағы ұмтылысын байқатады.
«Арман жолында» романы Сұлтанмахмұт өмірінің Семей дәуірін қамтиды. 1917 жылдың ақпанында әділет жолын іздеп басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген ақын патшаның тақтан түсуін құттықтап, сол тұста құрылған Алаш қозғалысына қатысу үшін Семей қаласына келеді. Онда Сұлтанмахмұт Алашорда үкіметін қолдап, көркем шығармалар мен мақалалар жазады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, тағы басқалармен кездеседі. Алайда роман жазылған тұста қазақ ұлтшылдары туралы айту да, жазу да қиын еді. Сондықтан автор ол жағына тереңдеп бара алмайды. Алашорда автономиясы да ұзақ өмір сүрмейді. Ақыры талабы іске аспай, тауы шағылған Сұлтанмахмұт Баянауылға қайтады. Денсаулығы да сыр бере бастайды.
Романның үшінші кітабында («Баянауыл бауырында») Сұлтанмахмұт өмірінің соңғы шағы суреттеледі. Ол науқас күйінде бірқатар жаңа шығармалар жазады. Қоғамдық өмірдің қайшылықты жағын, таптар тартысын түсінуге тырысады. Маркстік әдебиетті, Плеханов, Ленин еңбектерін ақын, езуші, езілуші таптардың өзара келіспеушілігін соңғы туындыларында тереңірек күн тәртібіне қояды. 1920 жылы ақтар көтеріліспен босап, кеңес өкіметі қайта орнаған тұста, Павлодардағы революциялық комитет құрамында қызмет атқарады. Бірақ ұзаққа созылған науқастың нәтижесінде ол 1920 жылы қайтыс болады.
Романда автор Сұлтанмахмұтты, негізінен, қоғамның қайшылықты тартыстары фонында көтеруге ұмтылады. Оның қисыны да солай. Күрескер ақын өмірі шынында да солай өткен. Сұлтанмахмұт шығармаларының туу жағдайларына көңіл бөлу, оның осы жолдағы ой-сезімінің күрделі сырын ашу, сол арқылы шығармашылық жолдағы адамның келбетін таныту жазушы ұстанған жолдың беріктігін танытады. Ақынның ізденімпаздығын, сол жолда алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын, өлеңдерінде «Оқып адам болу», «Жарық күнде сәуле қуу» идеясының тууын Дихан ақын өмірінің нақты деректеріне сүйене бейнелейді. Сұлтанмахмұт өмір сүрген орта шындығын, әделетсіздікке негізделген қоғамның ішкі мазмұнын Жарқынбай бай, Әбунұсты болыс, Майсор, Ақкірпік сияқты бейнелер арқылы көрсетеді. Олар роман беттерінің әр тұсында кездесіп, феодалдық тіршіліктің қорғаушылары болып көрінеді. Жауынгер ақынның халықпен байланысы, әділет үшін күресі осы типтермен қақтығысы үстінде суреттеледі. Сонымен бірге жас жанның сезім күйлері, көңіл аңсарлары (Гүлайман, Мәликемен қарым-қатынасы), ойындағысы іске аспаған жағдайдағы торығу сезімдеріне берілуі сияқты эпизодтар да жарқын суретке толы.
Шығарманың құрылымы, материалды іріктеу, екшеу, баяндау, суреттеу әдістерінде М.Әуезов тәжірибесінің әсері сезіледі. Д.Әбілевтің аға жазушының жазу өнегесінен үйренгені байқалады. Сонымен бірге автордың тың материалды пайдаланудағы, характерлер қақтығысы мен көркемдік байламындағы жаңалықтары, өзіндік табысы мол. Негізгі кейіпкерге қоса романда Сұлтанмахмұттың әкесі Шоқпыт (шын аты – Әбубәкір), қазақ зиялыларының өкілдері Метжан, Нұрғали, Әзима, сол өлкенің белгілі өнер адамдары Жаяу Мұса мен Мәшһүр Жүсіп, Кенжетай бейнелері нанымды жасалған. Ел тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік көріністерін елестетер эпизодтар реалистік шығарманың шырайын аша түседі. Сұлтанмахмұт бейнесі мен ол өмір сүрген заманның шындығын аша алуы – жазушының елеулі табысы.
Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» дилогиясы – ұлы композитор лирик, әнші, сері Ақан Қорамсаұлының өмірін келісті бейнелеген шын мәніндегі биік туынды. Кезінде ұлы ақын М.Жұмабаевты «Өмірінің сұлулығымен» емірендіріп, «судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өміріне» қиялымен еніп, «Ақан сері», «Ақанның өмірі», «Ақан сері сөздері» атты ғылыми-танымдық мәні жоғары мақалалар жаздыртқан С.Сейфуллинге толық өлеңдер жинағын құрастырып, шығармашылық өмірбаянын қағазға түсіріткен, қазақ поэзиясының дүлділі І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын өмірге әкелуге себепкер болған, қарасөздің майталманы Ғ.Мүсіреповке «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын толғантқан Ақанымыз, әсілі, оңай тұлға емес. Сұлу, жұмбақ өмір «эскиздері» бұрын үзік-үзік аралдай көзді матап, көңілді өрелеп келсе, енді күні туғанда, тұтастай полифониялы (көп әуенді) полотно жасаудың қажеттігі туды. С.Жүнісов осынау жырларымен әндері халық жүрегіне жол тапқан, өмірі ғажайып аңыздарға айналған серінің өмірі мен қызметін, трагедиялық тағдырын жете зерттеп, кең жоспарлы дилогия жазды. Романда Ақанның ақылды, әдепті, алғыр, инабатты шешесі Жамалдың, алғашқы жары Ұрқияның, бақытты болуға хақылы, бірақ талайсыз ару, ақын шабытының асығы Ақтоқтының, серілік шағының серігі – Балқадишаның, шынжырбалақ, шұбартөс, дала жуаны Сүлейменнің, адуын мінез, балпаң батыр, жаны жайсаң Әлібектің, кесір-кердең, нойыстығы бір басында жетіп-артылатын, тақыс, паң Нұрмағамбеттің, бәлеқор, өлермен, кекшіл, терісазу, жыртқыш, кекір Батыраш байдың ойы терең, тілі жорға, билігі кемел, сөзі сара, төңірегін шалғындай жапырып, теңіздей толқытатын Саққұлақ бидің, «жабайы» жұрттың жан жадыратар жақсы дәстүрі, балаңдықтай қабылданатын салты мен әдетіне сай құбылатын ояз бастығының әйелі Анна Ивановнаның мінез-құлқы, әрекеті дараланып көрінуі, сөзсіз, қаламгер еңбегінің өтеуі екені даусыз.
Ең бастысы мұнда беймезгіл заманда өмір сүріп, өнерімен, жан сұлулығымен туған халқына рухани демеуші бола білген Ақанның жарқын бейнесі жасалған. Ол халық басына түскен азап пен қиындықты жеңілдетіп, серілік өмірімен оған сұлулық сыйлайды. Өлмейтін өнерімен қызмет етеді. Жазушы Ақан әндерінің шығу жағдайларын суреттей отырып, Серінің ғашықтықтары арқылы мәңгілік жастық сезімді махаббат тарихын әсерлі суреттейді. Бірақ Ақан сыры, оның серілік өмірі момын халыққа түсінікті болғанымен, әділетсіз төрелер үшін түсініксіз еді. Олар халық қалаулысын тізгіндеп ұстауға тырысады. Оған көнбеген Ақанмен алысады, Құлагерді мерт етіп, жолына ылғи көлденең тұрып жанын жаралайды. Романда Ақан әндерінен туған құштарлық сезімдер мен қайғы арқалаған серінің шерілі сарыны қатар өрбитіні де сондықтан.
Романның ажарлы тілі де өнер туралы туындыға лайық көркем және бейнелі. Шығармада жер бедері, табиғат құбылысы, халықтың этнографиялық, ұлттық ерекшеліктер ұшқан құстың қанаты талатын қиырсыз кең даланың сайын сағалап, тауын жағалап көшіп – қонып малын өсіріп, бала-шағасын бағып, өміршең өнерін аттың жалы, түйенің қомында дүниеге келтіріп, тарихын жыры мен күйі, шежіресімен жазған батыр, жомарт халықтың жинақы бейнесі жарастықты көрініс табады.
Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романы – қазақтың белгілі әнші-композиторы Мәдидің өміріне арналған. Автор беймезгіл заманда туып, өмір кешкен творчество адамының трагедиялық күйін әділетсіз заманмен қайшылықта көрсетеді. Бірақ оның осы тектес өнер адамдары өмірін суреттеген шығармалардан айырмасы бар. Автор Мәдиді ең алдымен заманның әділетсіздігіне қарсы ерлікпен бас көтерген өз дәуірінің батыры, халық қамқоры ретінде көрсетеді. Өзінің әнімен, жырымен ол туған елінің рухын көтерсе, күнделікті тіршілік үшін күресте әрқашан халық қасында болады. Халқын сүйген батыр ұл елім деп еңіреген кезде, қорлыққа шыдай алмай, үстем таппен, ел әкімдерімен, патша өкіметінің өкілдерімен бетпе-бет келіп қалады. Соның бәрінде Мәди мысы дұшпанын басып, жеңіп жатады. Сондықтан да оның бейнесін танытуда жазушы сөзден гөрі іске көбірек көңіл аударады. Ел басына күн туып, халық аштан қырыла бастағанда Мәди ауқаттылардың малын барымталап әкеліп, аштарға үлестіреді. Мұнымен ол әрі елін аштықтан қорғайды, әрі дұшпандарынан кек алады. Мәдидің Түнекбай, Шомбал ауылдарын шауып алуы, генерал-губернатордың өзін торуы – оның әділетсіздікке, өктемдікке қарсы жасаған айбары. Бір жағынан қуғындалып жүрген Мәдидің ойламаған жерден өзін іздеушілермен кездесіп, оларды күйретіп, күлкілі күйге ұшыратып кетіп отыратын мінезінен жазушы Найзағай бейнесін таниды.
Әрине, Мәди саналы күрескер дәрежесіне көтеріле алмайды, Әлжаппар да мұндай мақсатты алдына қоймаған. Беймезгіл заманда өмір сүріп, қорлыққа төзбей, әділетсіздікпен алысып өткен, ешкімге намысын таптатпаған адамның бейнесінде ағылшын фольклорының атышулы қарақшы геройы Робин Гудтың өміріне ұқсастықтар бар. Оның өмірі үнемі қуғында, айдауда өтеді. Саналы, топтасқан күрес Мәдидің арманы болып қана қалады. «Қайран елім, мен қашан сенің жауыңа сермеген семсерін болар екенмін. Жалғыз атты қашқын болмай, қол бастаған қамқоршың болсам, жар қызығын көрместен жастай өліп кеттім демес ем-ау!» – дейді ол толғанып.
Романның соңғы бөлімі «Жаралы сұңқар» деген атпен жарияланған. Онда Мәди өмірінің соңғы кезі суреттеледі. Бірақ Мәди бұл кезде сырқат. Белсенді әрекетімен көзге түсе бермейді. Алайда Мәди бастаған топтың әкімшілік жүйеге қарсы күресі қырда тоқтамағанын көреміз. Мәдидің жақсы көретін серігі Иман Текеш болыс пен оның інісі Текежаннан кек алу үшін күресуде. Мәди мен Иманның ел билеушілерге деген жеке басының кегі 1916 жылғы майданның қара жұмысына қазақтан адам алуға арналған науқан кезіндегі халықтық көтеріліске ұласады. Жаралы сұңқар ұша алмай жатса да, дұшпандарын айбарымен жасқап, туған халқына шапағатын тигізу үшін арпалысып жатқаны көрінеді. Шығарма Мәдидің ер мінезді, батыр тұлғасын толықтары түседі.
Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында халқымызға аты кеңінен мәлім ақын, композитор, әнші Жая Мұса өмірі мен оның адамгершілік, ақындық, қайсар қайраткерлік, күрескерлік бейнесі сомдалған. Жаяу Мұсаның әншілік, ән шығарғыштық, ақындық таланты, адамгершілік қырлары жете ашылады. Ол Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Сегіз серідей емес, орысша сөйлеп, жаза алатын сауатты, замана сырына сұңғыла, тура және тауып сөйлейтін алғыр, шыншыл, әділ, адал адам болған. З.Ақышев – кейіпкерлерімен бір ауылда өсіп, 99 жасқа келіп өмірден өткен Жаяу Мұсаны көзімен жазушы есі кіре бастаған шағынан атақты жерлесі жайлы аңыз-әңгіме, шежірелерге құлақ қойып, тыңдаудан жалықпаған, кейіннен құжат ақтарып, дерек, мағлұматтар жинап, ұшан-теңіз фактілерді қорытып, шып-шымыр роман жазып шыққан. Қаламгер негізгі кейіпкерінің көркем образын жасау үшін оны оқшау алмай, көптеген тарихи оқиғалар мен әлеуметтік-таптық ортаның өкілдерімен тығыз қатынаста, шиеленіскен қайшылықтар үстінде мүсіндеген. Жаяудың айқасатын жаулары да мықты. Теңіздегі жайын тәрізді майда-шүйделерді қылғыта беретін Боштай, Мұса, Мұстафа Шормановтар – даланың алпауыттары. Төрт құбыласы сай, айдыны асқан, көкірегі көкті тіреген Шорман ауылының сыртынан ән салып өткені үшін «жарты патша» Мұстафадан таяқ жеп, әкесі азан шақырып қойған Мұса деген есімінен айырылып, «Жаяу» атанады. Жуандықтың тоғыз өрім қамшысы тұщы етіне тиеді. Бірақ қиянат, қорлық-зорлық оны жасыта алмайды, қорлауға төзбей, өктемдікке қарсы тұрып жағаласқан қайсар ақынның бейнесі романда әр қырынан сілемденіп, қиянаткерлердің жыртқыш кейпі, зұлым ұсқыны жан-жақты ашылады. Романның танытқыштық, дәуір тынысын сездірерлік, көркемдік-эстетикалық қуаты да осыдан көрінеді. Туған ауылы Жасыбай, Ақкелін-Далбадан бастап Кереку, Қызылжар, Омбы, Түмен, Петербург, Әулиеата сияқты Мұса табиғаты, географиялық бейнесі қызықтыра тартып отырады. Ол жерлерге Жаяу Мұса істеп болған адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеттері нанымды суреттеледі.
Автор Мұса көрген өмірді, оның өскен, жүрген ортасын жақсы біледі және шебер әңгімелейді. Ел ішіндегі аңыз, әңгімелерді шығарма желісіне жарасымды өре біледі. Ботай, Байғабыл қариялар көшпелі ауылдың ойлы да дәмді сөзін сөйлеуімен қызықты көрінсе, Ағасұлтан Мұса мен оның болыс інісі Мұстафаның, бүкіл өз өлкесін айламен, амалмен билеп отыру жағдайларында жан-жақты ашылады. Оларды және ол тектес үстем тап өкілдерін жазушы бір жақты қара бояумен суреттемейді, олардың адамдық қарым-қатынасының күрделі жақтарына, білімділігіне, ой өрісіне назар аударады. Олардың қатарында Құсайын Божтаев, Шыңғыс төре, Жақып, сияқты шонжарлар, Құлбай бай т.б. бар.
Автор өмір материалын мол біледі. Ол жазған Баянауыл өңірінің суреттерінде елдің тұрмыс-тіршілігі, рулық қатынастар шежіресі, қонақ күту, табақ тарту, той салттары мен ойын-сауық түрлері танымдық сыпатта едәуір маңызды. Әйтсе де, «Жаяу Мұса» романында әнші-композитордың таза шығармашылық адамы екені халқымыз сүйіп айтып, кең тараған «Ақ сиса», «Хаулау», «Сұрша қыз» әндерінің дүниеге келуі процесіндегі Жаяудың психологиялық құбылысын бейнелеу жағы жетіңкіремейді, көлденең жайларды баяндауға жол беріледі.
Творчество адамын бейнелеудегі З.Ақышевтың талантына сын болған екінші туынды – «Шынардың шыбығы». Бұл романда сері, композитор, батыр, палуан, ақын Иманжүсіптің аңызға бергісіз өмірі келісті суреттеледі. «Ақтабан-шұбырынды, алқакөл сұламаның» қанды оқиғаларынан бастау алған роман сюжеті жұрттың еңсесін тіктеп, кегін жаудан қайырған Дайрабай батырдың шапағатымен әупірімдеп аман қалған Тұрғанбай датқаның 9 айлық баласы Құттыбайдың кіндігінен жаралған Иманжүсіп ат жалын тарта келе елінің серкесі, ойын-тойдың гүлі-серісі, жергілікті би-болыстар мен ояз бастығынан қысымшылық көргенде халықтың қолындағы найзасына, қалқанына айналғанына куә бола дамиды. Романның екінші, үшінші бөлімдеріндегі оқиғалар түгелімен Иманжүсіптің тағдыр-талайын бейнелейді. Автордың суреттеуінде ол сегіз қырлы, бір сырлы, жігіттің жампозы, қара қылды қақ жарған әділ, батыл да батыр. Табиғат оған ән мен ақылды ғана емес, сырт тұлғаны да аямай, молынан пішіп жаратқан. Серінің бойы үш кез, салмағы алты пұт, оның таңдап мінген тұлпарлары көкмойын, Нұрым қара, Алақұйындардың ұзындығы, биіктігі де бір жарым жылқыдай болған көрінеді. Иманжүсіп қазақ әдебиетіне аңыздан келген алапат күш иесі, жұмбақ жанды, сирек бітімді, ірі істерге шақтап пішілген тұлға болып елестейді. Жазушы оның халқына сіңірген еңбегін, қуғынға ұшырап, айдауда да болуын барынша нанымды көрсеткен.
Жазушы кейіпкерлерін өз тағдыр-талайы, мұрат-тілегі, мінез-құлқы, бет-пішіндерімен даралай суреттейді. Райымхан болыс, Бөлтірік қажы, ояз бастығы Чулаков, урядник Пересыпкин, Жармұханның баласы Әміре барынша өзімшіл, қорқақ, арамза қаныпезер адамдар. Осылармен өліспей беріспей айқас үстінде Иманжүсіптің намысқор, батыл да батыр, өжет те ер мінезді, палуан тұлғасы сілемдене түседі. Романда серінің өмірлік қосақтары Зейнеп пен Бәтима, Дайрабай батыр образдары тартымды жасалған. Жазушы өзі суреттеп отырған халық тарихын, басты кейіпкерлеріне қатысты деректер мен фактілерді жетік біледі. Иманжүсібін, шындығында, Зейтін Ақышев Мансұр жырау айтқандай, «Шыңға біткен шынардың шыбығы» етіп суреттеді деу жеткіліксіз, ол шыңға біткен шынардың өзіне айналдыра мүсіндеген. Шығарманың қалың оқырман талғамынан да, талабынан да шыққаны сондықтан. Романның өн бойында ыстық қанды қазақты желпіндіріп отыратын жүйрік ат, қыран құс, алғыр тазының қырғын қызыққа батыратын қимыл-әрекеттері, әсем әндердің сахараны тербетіп, жан дүниені тебірендіретін сиқырлы сазы да шебер тілмен өрнегін тапқан. Табиғат суреттері де ажарлы.
Иманжүсіптің сыр өңіріне келуі оқиғаларымен байланыстарын, жазушы халық тарихына, Қоқан хандығы билеген елдің көрген қиянаты мен қорлығы мәселелерін де суреттей өтуге жол тапқан.
Өмір арпалысқан күрес пен жалынды жауһар жырлардан тұратын Махамбет Өтемісұлының өміріне арналған көркем шығармаларға қазақ әдебиеті кенде емес. Олардың қай-қайсысы болса да қазақтың қаһарман ақынының өр тұлғасын әр қырынан алып бейнелеуге ұмтылыс жасайды. Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романы – осы тақырыпқа алған шығармалардың алғашқысы ретінде елеулі орын алады. Шығарманың оқиғасы Махамбеттің өз еліне қайтып, Хиуа хандығының жерінде жүрген кездерінен басталады. Бас қаһарманның көзімен берілетін Орта Азиялық халықтардың тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық құрылысы, сарай маңындағы ұсақ-түйек интригалар, экзотикалық көріністер романның танымдық-тарихи мәнін ашып, реализмін байытуға қызмет етеді.
Бірақ қалай болған күнде де романның айтар ойы сол бір замандағы халықтардың тыныс-тіршілігін көрсету емес екені айдан анық. Шығарманың фабуласында өзек болып тұрған негізгі мәселе – тағдыры тауқыметке толы қазақ ақынының күрделі тұлғасын бейнелеу, сол арқылы ұлт руханиятының даму шежіресіне, қоғамдық-әлеуметтік күрделі болмысына тарихи шолу жасау.
Романда Махамбет тағдыры композициялық-өмірбаяндық тұрғыдан үш кезеңге бөліп қарастырылған. Оның біріншісі – ақынның Жәңгір ханмен аралас-құралас болып, қарым-қатынаста жүрген уақыттары. Екіншісі – әлеуметтік-тарихи теңсіздікке байланысты тұтанып кеткен көтеріліс кезеңі, үшіншісі – Исатай-Махамбет бастаған бұл көтерілістің жеңіліске ұшырап, Махамбеттің лашыннан тепкі көрген қызғыш құстай ел адақтап, тентіреп кеткен кезі. Жазушы бас қаһарманның ішкі жан дүниесіне үңіліп, оның ішкі әлемін психологиялық иірімдермен, лирикалық әуендермен және ұтымды шегіністермен көрсетіп отырады.
Қол астындағыларға өктемдігін жүргізіп үйренген Жәңгір ханның айналасындағы адамдар – билікті нығайтушы қуатты күш болып көрінеді. Алғашында осы ортадан Исатай батырды да көреміз. Бірақ хан мен басқа да үстем тап өкілдері тарапынан қарқын ала түскен зорлық-зомбылық көріністері екі кейіпкердің арасындағы түсініспеушілікті де күшейте түседі. Исатай өзіне жеңілдік беретін Жәңгір хан ұсынысынан саналы түрде бас тартады. Өйткені бұндай жеңілдікке қызығып, ұсынылған құжатты алатын болса, ханның қолшоқпары болып кету қаупі туатынын түсінеді. Осы жағдайды ескерген Исатай жағдай ушықпай тұрғанда ханнан іргесін бөліп алғанды дұрыс деп табады. Исатайдың осынау батыл ойға бет бұруының өзі оның азаматтық позициясын айқындап берген шешімі болып табылады.
Махамбет те Жәңгір шапағатының шет пұшағын көрген адам. Хан нөкерлерімен бірге ол Петербургке барады. Қаншама жерді аралап, патша ағзамның өзі билік құрып отырған атақты шаһарды тамашалауға мүмкіндік алады. Осы сапарында ол Сенат алаңында болған декабристер көтерілісіне куә болады. Бұл арқылы жазушы декабристер көтерілісі мен Исатай-Махамбет көтерілісінің түп негізі патшалық қоғамда орын алған тарихи әділетсіздіктен туған еді дегенді мегзейді. Яғни, Махамбет болашақтағы көтеріліске құрдан құр келе қалған жоқ сияқты.
Жәңгір болса, бұл оқиғаға барлық патшашыл билік иелері сияқты бір-ақ көзқараспен қарайды да, декабаристерді қайдағы бір есуас бұзақылар ретінде қабылдайды. Малмен күн көрген халық үшін жер – ең басты мәселенің бірі. Онсыз өмір жоқ. Патшашыл отаршылдар сахараға дендеп енген сайын қазақ халқының иелілігіндегі шұрайлы қоныстар, соны жайылымдар, өзенді-сулы алқаптар барған сайын азая бастайды. Олардың ендігі иелері – Безбородько сияқты канцлер мен Юсупов тәрізді графтар, шұрайлы өлкелерді шұбырып кезіп кеткен войсковой атамандар, яғни, солардың қоластындағы қылышты казактар. Жаңа қожайындар әкелерінен қалғандай қазақ жерінде алшаңдай басады. Олар енді бақырауық түйе мінген жалба тымақты бұратаналарды маңайынан жүргізбеуге бекінеді.
Бір жағы жергілікті қазақ билеушілері мен байларының, екінші жағынан патша отаршылдарының қыспағына ұшыраған қарапайым халықтың күн өткен сайын жерімен бірге тынысы да тарыла түседі. Тіпті одан ары шыдау мүмкін болмай қалады. Исатай мен Махамбет осы наразылық, мұңдары мен мақсаттары ұқсастығы арқылы табысады. Бұның өзі бұл екі дара тұлғаның көзқарастарын ұштастырып, сезім күйлерін туыстастырып жібереді.
Махамбет образы осындай күрес үстінде ашылып, барған сайын жаңа бір қырларымен характер сипаты кеңейе түседі. Жәңгір ханмен терезесі тең адамдай еркін қарым-қатынас жасауы, тіпті кейбір сәттерде шалкем-шалыс келіп қалып, өктемдікпен дікілдей сөйлесуі, Махамбеттің зорлық иелеріне де, билік басындағыларға да оңайшылықпен көне қоймайтын өр мінезді жан екендігін байқатқандай. Жұрттың көз алдында иілмей, шалқая сөйлесіп, ханның да шамына тиеді. Іштей жауласу сезімі де ырық алып, барған сайын дендей береді. Осындай екі ірі тұлғаның илікпеген текетіресінің соңы «енді қалай болар екен?» дегізетін сұрақ оқырманды жетегіне алады. Бүкіл елге ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып өктемдігін жүргізіп тұрған Жәңгір хан Махамбетті Калмыков түрмесіне қаматып тастайды. Бұл түрмеде Махамбеттің қанша жатары белгісіз еді, егер Жантас бастаған өңшең намысқой, батыр жігіттер босатып алмаса. Онсыз да ханның барлық ісіне наразы болып, іштей ширығып жүрген Махамбет өзі түрмеге түсіп шыққаннан кейін жараған қарт бурадай тіпті ашына түседі.
Көтеріліс стихиялы түрде басталғанымен, патша өкіметінің жергілікті билігін біраз қобалжытып, ә дегенде жеңіске жетеді. Оның айқын дәлелі – Қиялы Қиғаш өзені бойындағы шайқас. Осы жолы Исатай-Махамбет бастаған көтерілісшілер Жәңгір ханның қайын атасы Қарауылқожа бастаған әскерге күйрете соққы береді. Даладағы көтеріліс бұқара халықтың жай ғана бас көтеруі емес, айналасын жайпап кетерліктей әжептәуір ауқымды күш екенін танытады. Жәңгір ханның ойлануға он күн рұқсат сұрауы да жайдан жай емес. Осы он күн ішінде ол қалайда көтерілісшілердің қапысын тауып, кек алмақ. «Батыр аңқау, ер күдік». Исатай батырдың хан уәдесіне сеніп қалуы көтеріліс тағдырын шешуде қымбатқа түседі.
Қаһарман характері осындай ұрымтал, шешуші сәттерде айқын көрінеді. Махамбет қасындағы батыр серігіндей солқылдақтық көрсетпейді. Оның көтеріліс барысындағы позициясы айқын, сенімі нық. Жалпы романда бас қаһарманның адам ретіндегі бейнесі біршама күрделі сипатта көрінеді. Жазушының суреттеуінше, ол шешімтал сәттерде өз сөзінен, алған мақсаты мен ойынан қайтпайтын қайсар, принципшіл адам боп суреттеледі. Халықты езуші үстем тап өкілдеріне келгенде ымыраға жоқ, ісі де, сөзі де қатал. Оның Жәңгір ханмен екеуара сөйлескен сәттерінде, пікірталастарында осындай нышан айқын танылады. Көтеріліс басталғанға дейінгі кездің өзінде хан екеуінің арасы ит пен мысықтай болған. Махамбеттің Жәңгір хан алдында айбыны асқақтап тұрады. Ханның алдында ешқандай именбестен, атынан дік ете түседі де, даланың еркін адамына тән мінезбен еркін сөйлеседі.
Осындай асқақтық, келіспеушілік, кінәмшылдық сипаттары бірте-бірте Жәңгір екеуінің арасын одан арман аша түседі де, ақыр соңында бітіспес дұшпандыққа алып келеді. Сөйтіп мұның арты наразылық көтерілісіне, ымырасыз кекшілдікке ұласып барып, ақыр соңында Махамбеттің өз басының жойылуына әкеліп соғады.
Көтеріліс кезінде бас қаһарманның жұртты ұйымдастыра білетін алғырлығы, жүрек жұтқан батырлығы мен көзсіз өжеттігі анық көзге түседі. Сонымен бірге роман авторы Махамбеттің батырлық, ерлік қырларына қоса оның ойшылдығын, ақынжандылығын, тіпті философиялық әуендерге берілуін басымырақ суреттейді. Әрі батыр, әрі ақын адамның қимылы мен ойшылдық тұлғасына, рухани әлеміндегі құбылыстарға талдау жасайды. Бұл сипат әсіресе Махамбеттің Хиуа хандығында жүрген кездерінде анығырақ көрінеді. Автор өткен оқиғаларға шолу жасай отырып, көбінесе оларды толғаныстар мен шегіністер арқылы береді. Ақыннның ой–арманы, сезім күйі көбінесе халықтың негізгі мақсат-мүддесімен ұштасып жатады, бұқара жұртшылықтың қайғы-наласынан бастау алатын тұщымды ойлары азамат ақынның ой әлемін аша түседі. Мұның бәрі «Махамбеттің жебесі» романында өмір жолы күрделі болған, саналы ғұмыры халқының азаттығына арналған батыр ақынның философиялық тұлғасы біршама жақсы сомдалғанын дәлелдейді.
Махамбет Өтемісұлының таптың қарсыластары негізінен Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтан болғаны мәлім. Бірақ романда Баймағамбет сұлтанның көркем бейнесі жарқын көріне алмаған. Біріншіден, бұл бейнеге берілген орын өлшеулі, екіншіден, мінез-құлқы мен түр-тұлғасы, іс-әрекеті солғын шыққан. Махамбеттің өмір тарихында белгілі бір рөл ойнайтын бұл нақты тұлғаның аталған шығармада бұдан гөрі де жақсырақ ашылғаны дұрыс болатын.
Есесіне Махамбеттің басты қарсыласы Жәңгір хан бейнесінің бояуы біршама қанық шыққан. Романда ол үнемі іс-қимыл, талас-тартыс үстінде көрінеді. Бұл қаһарманның жан дүниесі, мінез-құлқы оқырман жақсы сезініп, түсіне алатын деңгейде суреттелген. Ішкі қатпары терең, өз заманының әжептәуір білімді адамы Жәңгірдің амал-айласы да мол, қарсыласын қашанда қапы қалдыратын пасықтық мінезі жеткілікті. Ол Исатай мен Махамбетті қай жағынан келіп тұқыртуға, құртып жіберуге болады деген мәселені алыстан орағыта ойлайды. Айбатынан сескенбейтін Махамбет оған ашық қарсы шығып отырса, Жәңгір сөзді көп талқыға салмай, қарсыласын аярлықпен жеңу жағына көп мән береді.
Осындай аярлығымен бірге Жәңгір интеллектуалды, зиялы қауым өкілі ретінде көрінеді. Оның өзі деген адамдармен, отбасы мүшелерімен, соның ішінде әйелі Фатимамен қарым-қатынасы ақсүйектер өмірін еске түсіреді. Күйеуі тәрізді Фатиманың да ағылшын, неміс, француз тілдерін білуінің өзі қызғылықты.
Романдағы Махамбеттің тағы бір топ қарсыластары – Шомбал би, Жәңгірдің қайын атасы Қарауылқожа сияқты хан айналасындағы кісілер белгілі бір идеялық міндет атқарып тұрғаны сөзсіз. Болашақ дәулескер күйші, ұлы композитор жас Құрманғазының бейнесі де оқырманды бей-жай қалдырмайды. Шығармада көп орын берілмесе де, бұл тарихи тұлғаны жазушы сезімтал, әсершіл жан етіп бейнелеген.
Сонымен бірге жазушы тосын әрекеттерімен есте қалатын қызық характер иелерін суреттеуді де назардан тыс қалдырмаған. Соның бірі – заманның асты үстіне келіп, қазақ даласы қан майдан соғыс алаңына айналып кеткеніне қарамастан, өзінің солқылдақ мінезінен айнымаған Асау батыр. Бұл кісі жеңіске жеткен көтерілісшілер жағына шығып кетеді де, артынан басына күн туған заманда қайтадан Исатайдан іргесін аулақ сала бастайды. Табанды принциптің адамы бола алмайтын мұндай жандардың өмірде тигізер пайдасынан гөрі зияны басым екендігі жайлы еріксіз ой түйесің. Сондай-ақ Хиуа ханы Аллақұл, мінсіз сұлу Нұрбал және т.б. бейнелер де шығарманың көркемдік табыстары қатарына кіреді. Шығарманың кей жерлерде сюжеттік арқауы босаңсытып алатыны, оқиғаның қозғаушы күші болатын моральдық-қоғамдық тартыстың да жібі әлсіреп кететін жерлері, құрғақ, публицистикалық баяндауларға көбірек орын беріліп кететіні де көзге түспей қалмайды.
Қысқасы, Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», романын 60-70 жылдардағы қазақ романдарының қатарында өзіндік орны бар шығарма санатына кіреді.
Қазақ халқының рухани тіршілігін суреттеуде Абайдан кейінгі осы өлкедегі шығармашылық өмірдің бейнесін жасау да аса маңызды. Абай ауылының өткені мен бүгініне қанық, еңбекқор, барынша ұқыпты, тындырымды Кәмен Оразалинді Мұқтар Әуезовтің жақын тартып, жазғандарын шығаруға қол ұшын бергенін болашағына үлкен үмітпен қарағанын жұрт жақсы білген. Жазушының «Абайдан соң» романының бірінші кітабынан (1982) біз оның Құнанбай дәуірінен бастап Мұхтар өткен жолға, ата-бабасы тарихына сұңғылалығын, оның бүгінгі ұрпағы тыныс-тіршілігіне де жете таныс, мұқтартанудың білгірі екенін байыптаймыз. Роман ұлы Абайдан кейінгі кезеңнің саяси-әлеуметтік ахуалын таратудан басталады. Кешегі жұртты уысына ұстаған Мұсабайлар әлі жаңа заманның лебінен мақұрым. Жергілікті халық жаңа үкімет ашқан таптық күрес майданына ескінің бәрін сындырып, жойып, кедейлерді «молда мен байларды қамшылап, қойдай қуғызған» қатыгездігі мен қаныпезерлігіне әлі бойы үйрене қойған жоқ-ты. Сондықтан жергілікті қауымның саяси енжар, бойкүйез, үркек, етекбастылығын Мұсабай қумүйіз алаңсыз пайдаланып, жер дауын, жесір дауын өршітіп, билік құрады. Мансабымнан айрыламын деп те ойламайды. Ел ішінде беделі күннен күнге өсіп, білімі, іскерлігі қабілеті мойындала бастаған жас Мұқтардың күш алып, тізгінге жармасуынан Мұсабай алдын ала күдіктеніп, тосқауыл қояды. Шен мен байлықтың буына ісініп-кебініп, «ала қойды бөле қырыққан» қаныпезер Мұсабайдың сарқытын ішкен Ағзам ежелден құда-құдандалы, іргелері бөлінбеген ру мен руларды жер дауы, жесір дауы деген былықтардың батпағына батырып, өзара кек алысудың ең бір қарғысты жолына салып жібереді. Әпербақаны көп жақты барымтаға бастап, қарымтамен атыстырып-шабыстырып, онсыз да алақұйын заманның қытымыр әуе-райынан сүрініп отырған көкжасық елді есеңгіреткеніне мәз. Тақас Мұсабай бітеулер ожар жігіттің мойнына старшындықтың қарғыбауын тағып беріп, соның қолымен қып-қызыл шоқты көсейді. Жал біткен жаман аттай осқырынып, көзінің еті өскен Ағзам тісін көрсетуді әуелі өз үйірінен бастайды. Елді құдай сөзіне ұйытқан абыз Әуезге шабынып, имандылық, ақыл-парасат, өнер киесі қонған Абай ауылындағы сығырайған шырақтарды өшіріп, киелі мен қасиеттіні табанға таптан, қара күш, қара ниеттің уысына тізгін мен ноқтаны берік ұстатуға барады. Демек, Абай заманының тартысы онан әрі ушығып, жар басына кеп қонады. Кәмен Оразалин осы тартыстарды асықпай, аптықпай, аста-төк өмір материалдарының ішінен сұрыптап алып, байыппен ширатып, арқауын берік өреді. Болашақ ұлы ойшыл Мұхтар сол қасиетсіз қылықтарды, мәнсіз тартыстарды, елді ығыр қылған өрескел жайларды, түлкі бұлтаңы, жымы мол айдаһар заманның сырын ойына тоқып өседі. Алда айларға, жылдарға созылатын қаһарлы қыс тұрғанын сезіп шошынады. Сөйтіп, «Абайдан соң» романның алғашқы кітабынан-ақ оқырман ұлы Абай фәниден көшкеннен кейінгі оның ұрпақтарының Әуез және оның балаларының күрделі тағдырын баяндайтын реалистік шежірені таниды.
«Абайдан соң» романының екінші кітабының (1987) оқиғалары алдыңғы кітаппен жалғасады. Кейіпкерлері де көп өзгере қоймайды. Көп жайлар романның қаһарманына айнала бастаған Мұхтар Әуезов төңірегінде өрбиді. 17-18 жас мөлшеріндегі жастың Семей қаласында оқитынын, Шыңғыстауға, туған ауылына келіп, жазғы демалысын өткізгенін, ел аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың ықпалын, рухани құнарын барлап, уақыт сырын бағып жүргенін көреміз. Абайға, Абайдың өміріне, ақыл-парасатына ғашық, оның күрескерлік тұлғасын пір тұтып жүрген бозбала Мұхтар сол енді қайтып қайталанбайтын тұлғамен бірге өмір кешуге тырысады. Дәм-тұзы жарасқан, ықылас-пейілі, арман-мұңы араласқан Ділдә, Әйгерім, Еркежан сынды Абай әйелдерімен араласып, олардың бала-немерелерімен табысып, солардың қуанышы мен қайғысына ортақтасады, арманын бөліседі. Ол «Өнер, білім бар жұрттарды» жағаламай, ел арасының таусылып болмайтын дау-шарынан, көз жасынан мал жинап, қулық сауған надан әкелері Оразбай мен Тәкежан-Әзімбайлардың орнын басқан Мұсабай Шөпіш, осылармен жағаласа жүріп, азаматтық келбеті толысып келе жатқан Базаралының Тәукесін тани түседі. Аталар өмірден озып, әкелер солардың артынан көшіп, енді немерелері ат жалын тартып мініп, рухы осалдары күнделікті тамағын тауып жеудің ұсақ айла-амалдарына ауысса, рухы беріктері замана аңысып аңдап, жұрт көшінің қамын жей бастағанының куәсі болады. Роман кейіпкерлері қиянкесті күрес үстінде танылады. Ең бастысы, мұнда болашақ ұлы жазушының өскен ортасы, тәлім-тәрбие алған құнарлы топырақ суреттеліп, болар баланың болашағын болжауға мүмкіндік береді. Ауылдастары, былайғы аралас-құралас болған қанаттас-жақаттастар сөзі, жүріс-тұрысы, ақыл-парасаты, мінез-құлқы, білім-білігі өз ортасынан озған, болашақта халқының намысын жыртатын сабырлы, салқынқанды, күні ертең бас болуға жарап қалған азаматы өсіп келе жатқанын көреді. Сөйтіп, «Абайдан соң» дилогиясында К.Оразалин тарихи-ғұмырнамалық деректер негізінде кемел қауымның ұрпағы қалай кемел боп туып, қалыптасуының бастау-бұлағы, сарқылмас құнарын көркем кестелей алған. Дегенмен, романда бір мәлім еткен жайларға айналсоқтап, оралып соғып отыру жиі ұшырасады, кейіпкерлерін көбіне дастархан басында табыстыруы да сәтті шықпаған. Роман сюжеті баяу дамып, әр нәрсені шиырлап, шығарманың композициялық бүтіндігі сақталмайды.
Асқар Тоқмағанбетовтің «Жыр күмбезі» романы жеке ақын-жазушыға арналған шығарма емес. Онда Сыр бойының жыр күмбезін көтеріскен ақын-жазушылар тобын (ішінде Базар жырау, Ешнияз, Жиенбай, Жүсіп, Орынбай, Тұрмағанбет, т.б. бар) суреттей отырып, автор сол өлкенің ақындық дәстүрмен, шығармашылық ортамен кең таныстырады. Ақындық жиын үстінде бірнеше ақын өлеңнің әр тармағын жатқа айтып, тұтас шумақ құрастырады, ақындық, жыршылық жарыстарға қатысады, бірінің өлең-толғауларын екіншісі жырлап келіп, оны өз жанынан толықтырады. Осындай өнер жарысының халықтық негіздерін аша отырып, жазушы роман кейіпкерлерін әртүрлі өмір шындығына қатысты көрсетеді. Олардың Өтен бидің асына жиналып, көңіл айтулары, әр қилы термелерден жыр төгуі Сыр бойының ақындық дәстүрінен мол мәлімет береді. Осы өнер жарысына қатысқан Данаш атты жас қыздың өнері арқылы жас ұрпақтың сол дәстүрмен ауызданып жатқанын, өнердің өлмес жолын танытады.
Сыр ақындарының ішінен Асқар, әсіресе, Базар жыраудың өнерін биік бағалайды. Оның Сырдың ақындық дәстүрін қалыптастырудағы рөлін, төкпе ақындығы мен жыршылығын, қоғамдық шындықты танып суреттеудегі көрегендігі мен тапқырлығын ерекше атайды. Романнан Базардың ақындық келбетіне, азаматтық мінезіне қоса орындаушылық шеберлігін де танимыз. Жыраудың ел билеушілер мен шала молдаларды сынай айтқан толғаулары оның сыншыл поэзиясынан мәлімет береді. Ақын сынын кек тұтып, оны қудалауға түсірген үстем тап өкілдерінің бейнелері де шынайы суретке толы. Соның кесірінен Базар жырау туған елінен жырақта өмір сүруге мәжбүр болып, өзбек жерінде, тамдының құмында қайтыс болады. Базар өмірі мен тағдыры кешегі замандағы өнер адамдарының шындықты айтқаны үшін жазықсыз жала шеккенінің айқын мысалы. Базардың жырлары мен толғауларының шығу жағдайлары мен олардың өмір шындығын суреттеу ерекшеліктері романның қызғылықты беттерін құрайды.
Роман тілі тартымды. Халыққа поэзиясымен көптен таныс Асқар ақын прозада да шеберлігін танытады. Оның кейіпкерлдерінің портретін жасаумен олардың мінездеудегі тіл байлығы мен дәл танып суреттеудегі табыстары шығарманың көркемдігін көтеріп тұр. Адам келбетін оның сыртқы суретімен-ақ елестете аламыз. Негізінен, халық әдебиеті дәстүрінде жазылған романның бейнелеу, көркемдеу құралдары «жыр күмбезінің» мазмұнына қоса суреттеу ерекшеліктерін құрайды.
Оразбек Сәрсенбаев «Шамшырақ» романында нағыз өмірдің қан базарында тағдыры таразыға түскен бейнелердің ішкі жан-дүниесіне тереңдеп еніп, психологиялық өз сөздері, іс-қимыл әрекеттерімен ашып, отызыншы жылдардағы әлемді тітіркеткен алмағайып заманның көзден, көңілден таса құпиясын назарыңызға тосады. Әсіресе, бізді қызықтыратыны – романның артын қазығы, бар оқиғасы – тартыстардың өз бойына топтастырған Нартуған тұлғасы. Нартуған – ақын, дүлдүл өнерпаз, ойшыл, елінің еркесі, жиын-тойдың көркі, серкесі. Характері сан бояулы, күрделі, көп қыртысы болып келеді. Бірақ ол идеал тұлға деуге де келмейді, құлқы, мінезі жіптіктей емес, бірбеткей, намысқой, басынан сөз асырмайды, албырттығы басым. Сондықтан төңірегіндегі достарынан гөрі, дұшпандарының қатары қалыңдау. Романда Нартуған ақынның басынан кешкендерін есіне түсірте отырып, 20-30-жылдардағы күллі қазақ қауымын жер қаптырған драмалық, трагедиялық ахуалды баяндап, ақиқат өмірдің көркем шежіресін жасайды.
«Шамшырақ» романындағы құптарлық жай – біржақтылық, жаттандылық, схематизм ауруынан денінің тазалығы. Он бір тараудан тұратын көлемді туындыда қатыгез уақытта ғұмыр кешкен қазақ қауымының дәулеті шалқыған мырзалары, зиялы азаматтары, жер сауырын сипаған дихандары, сөз баққан ақын, домбырасы мен сырнайын баптаған әнші-күйшілерінің қиын-қыстау тағдыры жан-жақты ашылады. Көпшілік кейіпкерлерінің өмірбаяны жазушыға таныс болғандықтан, оқиғалар нанымды, характерлер шынайы, барынша жаныңа жақын, ыстық. Романның әр тарауында өтіп жатқан оқиғалардың құйылатын ұлы арнасы біреу-ақ. Ондағы кейіпкерлердің драмалық, психологиялық күйлері мен әрекет-амалдарының философиялық иірімдері бірегей үндесе келіп, Нартуған ақынның күрделі тұлғасын аша түскен. «Шамшырақтың» тілі бай, композициялық құрылысы жинақы, тұтас.
С.Досановтың «Екінші өмір» атты романының бас кейіпкері – дауылпаз ақын Қасым Аманжолов. Қасым – өте күрделі бейне. Оның мінезі де, өмірдегі, өнердегі тағдыры да ауыр. Ақын өмірінің қарама-қайшылықтары мен оның басынан өткен оқиғалары тізбегінің қорлығы роман жүгін бірсыпыра ауырлатқан сияқты. Соған қарамай автор ақын өмірін хронологиялық тәсілмен суреттеп, сол оқиғалардың кейіпкер бейнесін ашатын сәттерін екшей білген. Төрт бөлімнен тұратын романның әр бөлімі салмақта жүк көтеріп, салиқалы ой айтқан.
«Дауыл» деп аталатын бірінші бөлімде қазан төңкерісі алдындағы ауыл өмірі, Қасымның өскен ортасы суреттеледі. Жер аяғы кеңіп, жаз шыққанда жайлауға беттеген көш керуен мен табиғат суретін болашақ ақынның қабылдауы арқылы берген автор ойын баласы Қасымның жандүние иірімдеріне бойлай отырып бейнелейді. Бір ғана мысал: «Мынау әлем алып киіз үй болғанда, кеңістік пен көкжиек кереге мен уыққа, аспан түндікке ұқсайды екен. Аспан түндік болғанда, анау жылт-жылт еткен жұлдыздар сол түндіктің төсіне қадалған алтын теңгелер емес пе? Анау жұлдыздар шынышда да аспанды ұстап тұрған алтын шегелер шығар. Сондай мықты шегелер болмаса аспан құлап кетпес пе еді?» деп ойлайды Қасым. Ақындықтың алғашқы белгілері бала Қасым бойынан әлсін-әлсін байқалып қалады. Қасымның аңға кеткен әкесінің кешігуінен үрейленіп, ұйықтай алмай түн суреттері әсерлі әрі шыншыл кестеленген. Баланың сергек сезімі оны алдамапты. Аңшылықтың соңы әке өліміне апарып соғады. Одан соң Қасым анасынан тірідей айырады. Әкесін өлтірген Өтепберген оның анасы Айғаншаны әйел үстіне алады. Бала Қасым Атайбек байдың босағасында жүріп, тағдырдың ащы дәмін татады.
«Жас дәурен» атты екінші бөлімде Қасым тартқан алғашқы махаббаттың балы мен зары, оның ақындық талантының қайнар бұлағы, отызыншы жылдардағы өмірінің көріністері айқын көрінген.
Үшінші бөлім «От кешу» деп аталған. «Түні бойы қас қақпай күзетте тұрған ауыр шинелді солдат табиғаттың бұрын өзіне беймәлім болып келген бір жұмбақ сырын ашты. Жарық дүниені тұтас тұмшалап тастаған тастүнек түннің құланиектеніп келе жатқан таң жарығымен тайталасын көрді» деп ажарлы сурет, астарлы оймен басталған тарау өзі сұранып майданға барған ақынның соғыстағы өмірін сенімді де серпінді суреттеген. Ақын досы Абдолланың зұлым жауға берілмей, отқа оранған үйдің шатырында тұрып соғысып, өзі де отқа оранып, ерлікпен қаза тапқан хабары госпиталда жатқан Қасымның жан дүниесін дауылды күнгі теңіздей тулатады. Алай-дүлей сезім мен шығармашылық шымырқанудан «Ақын туралы аңыз» атты атақты поэма туады. Романның осы тарауында Қасымның шығармашылық лабороториясы бірсыпыра тәуір ашылады.
Романның соңғы бөлімінде («Қиын асу») Қасымның соғыстан кейінгі өмірі, шығармашылығы, бастан кешкен қиындықтары суреттелген.
«Екінші өмір» романының ең басты жетістігі деп бас кейіпкер Қасым бейнесінің жан-жақты суреттеліп, жақсы даралануы дер едік. Ақын туып-өскен, өмір сүрген орта мен дәуір суреттері ақын тағдырымен байланыста өрілген. Сонымен бірге бұл романда Нұрбала, Айтайбек, Сақыпжамал, Жарқын, Абдолла, Әлмағамбет сынды іс-әрекет үстінде көрінген, сенімді кейіпкерлер тобы бар.
Романдағы табиғат суреттері де, оқиғаның дамуына қуатты серпін беріп, характерді ашуға қызмет етіп тұрған бейнелеу құралдары да көкейге қонымды. Автордың тіл байлығы шығарманың кемел ой, кестелі тілімен айқын аңғарылады.
Қазақстан жазушыларының ІХ-съезінде баяндама жасаған Сайын Мұратбеков: «Екінші өмір» ақын туралы жазылған сәтті дүниелердің бірі. Мұнда Қасымның кесек тұлғасы, жалындаған жүрегі бар. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік жолы айрықша есте қалды»1 - деген. Бұл – өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін талғампаз қаламгердің романға берген үлкен бағасы.
Өнер тақырыбына жазылған шығармалар өз заманымен қайшылықта өмір сүрген таланттардың өмірі мен күрделі тағдырын шынайы бейнелей алуымен қазақ романы тарихына өз үлесін қосты. Оларда отаршыл билік пен тоталитаризм жүйесі мансұқтаған тіл мен дін, дарқандық пен кісілік, жайсаңдық пен жасампаздық мінезі кең арнада бейнеленеді. Олардан тәуелсіздіктің атар таңын күткен үміттің шырағы жылтарып, өнер адамдары шығармашылығының халықтық сипатын ашқаны анық көрінеді.