
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
Қазақ тарихының көркем суреттері
60 жылдардан басталған еліміздегі саяси-қоғамдық жаңартулар үлкен одақтың ұлттық аймақтарында да сілкініс тудырды. Соның бір айғағы – әр халықтың өзінің тарихи төркініне, ұлттық ерекшеліктеріне, халықтық белгілеріне, тіліне көңіл аудара қарауы. Олар отаршылдық саясаттың зардаптары жайында ойлана бастады. Бұрын тыйым салынған ұлт тағдыры мәселелеріне қозғау түсті. Соның негізгі салмағын әдебиет көтерді. Осы дәуірден бастап қазақ тарихына, оның елдік дәстүрлеріне, Отанын қорғау жолындағы күресі жолына арналған көркем шығармалар көптеп туа бастады. Соның алдыңғы легінде І.Есенберлиннің «Көшпенділер» атты үш томдық романы тұр. Романның тууы, әсіресе алғаш жарық көрген оның соңғы кітабы «Қаһар» (1969) қазақ әдебиетінде үлкен құбылыс саналды. Өйткені роман оқиғаларының негізін құраған ХІХ ғасырдағы патша отаршылдығына қарсы Кенесары ханның күресі тарихын еске алудың, оны романға арқау етіп алудың өзі де ерлік еді. Соның алдында ғана партия қарарларымен тыйым салынған, сол тұстағы қазақ зиялыларына «абыройсыздық» алып келген. Бұл ғалымдар мен жазушылар тақырыпты және көркем шығарма жазған (Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, т.б.) жазаға тартылған. І.Есенберлин де Кенесары қозғалысын бірден ақтап шығуға бара алған жоқ. Ол қозғалыстың туу төркіндеріне, патшалық биліктің бұқара халықтар тағдырына ауыр тигені жайында жазды.
Кенесары бастаған күрестің тууында заңдылық барын айтқанмен, оның өзін хан есебінде жариялауына байланысты қолдаушы көптен бөліне бастағанын көрсетуге тырысты. Дегенмен, автордың туған халқын құлай сүйген патриоттық сезімінен, халқымен бірге азаттықты аңсаған көңіл күйінен хабар беретін емеурін кітаптың әр тұсынан-ақ аңғарылып отырады.
«Қаһардың» өмірге келгеніне қырық жылдай уақыт болса да, оның әлі күнге оқырман санасында ұмытылмай келе жатуы, кейінгі буын оқырмандар арасында да белгілі бір қызығушылық туғызуы аталған туындының қазақ әдебиеті тарихында алатын орнын айғақтайды.
«Көшпенділердің» бірінші кітабы «Алмас қылыш» он ХV-XVI, екінші кітап – «Жанталас» XVII-XVIII ғасырлардағы, ал үшіншісі – «Қаһар» XIX ғасырдағы қазақ даласында орын алған тарихи оқиғалардың көркем бейнесін жасауға арналған. Оларда қазақ халқының халық ретінде ұйысуға қам жасап, бір замандарда Шыңғыс хан құрған алып империяның сілемдері Ақ орда, Көк орда билігінен тәуелсіздік алуға ұмтылуы, сөйтіп өз алдына ел болу жолында көлденең кезіккен кедергілерден өту барысындағы талайлы тағдыры сөз болады. Жалпы тарихи ірі құбылыстар мен катаклизмдерді көркем туындының өзегіне айналдырған кезде өз заманында белгілі бір міндет атқарған тарихи тұлғаларды елемей, олардың бүкіл елдің болашақ тағдырына әсер еткен еңбектерін ауызға алмай, аттап өте шығу мүмкін емес. Ондай болған жағдайда шығарма өзінің тарихи-көркемдік салмағын да жоғалтып алар еді. Осынау биік талапты І.Есенберлиннің қалтқысыз түсінгендігі аталған трилогияның қаһармандарын іріктеп алу және олардың әрқайсысына белгілі бір көркемдік жүк арқалату барысында көрінеді. Үш кітапта аттары аталатын тарихи адамдардың саны қыруар және олардың басым бөлігінің көркем туындыда көрінуге тиісті қырлары, яғни, мінез-құлқы, ой дүниесі, дүние танымы, сыртқы-ішкі портреттері, психологиялық ерекшеліктері бірсыдырғы жақсы ашылған. Әрине, барлығыныкі біркелкі деңгейде деп бағалау артық болар еді. Соншама ұзақ кезеңнің шежіресін шерте отырып, тарихта есімдері аталатын, кейбіреулері соңдарынан елеулі із қалдырып кеткен көптеген адамның кейіпкер ретіндегі тұлғасын даралап шығу мүмкін де емес. Кейбір есімдердің көркемдік фактісіне айнала алмай, құрғақ тізім құрауы сондықтан.
Осы арада жазушының зерттеушілік, ғалымдық жұмыстарының өзі қыруар болғанын да ескерусіз қалдырмауға болмайды. Есімдері тарихи қайнарлардан белгілі және бұрын-соңды жарияланған деректерден қатысты фактілердің кездесіп қалатын кісілердің өздерін көркем шығарманың кейіпкеріне айналдыру үдерісі оңай жұмыс емес, бұл арада көптеген көркемдік талаптарға бағындыру қажеттілігі белгілі. Оқырман үшін былай қарағанда бәрі орын орнымен сияқты көрінгенімен, осынау көркемдік қатардың астарында қаншама қыруар еңбек жатқанын әркім аңғара бермесе керек-ті.
Аталған трилогияның тарихи-көркемдік, композициялық тұрғыдан алып қарағандағы басқа шығармалардан ерекшеленіп тұратын бірегейлігі – оның уақыт кеңістігінде бір-бірінен шалғай жатқан кезеңдер мен кейіпкерлерді алып, көркемдіктің бір алтын арқауының бойына шоғырландыра алуында. Уақыт кеңістігін осынша кең соза отырып, (XIV-XIX ғасырлар арасы), ортақ көркемдік идеяның тінінен ажырамау, бірінші кітаптағы ойдың түпқазығын соңғы кітапта да босаңсытпай алып шығу шеберлік нышандарына жатады. Көшпенділердің» қызыға оқылуының тағы бір себебі – жазушының тарих қатпарларында көнеріп қалған түрлі оқиғаларды жалғанның жарығына шығара қопара отырып, көркемдік ой жүйесін түзе білгендігінде. Ауқымды шығарманың өнбойында негізінен сөз болатын жайлар қазақ халқының бастан кешкен ауыр тағдыры, ұлт болып ұйысу жолындағы бастан өткізген түрлі аласапырандары, ынтымақтасу, бірігу барысындағы бастан асып жатқан қиыншылықтар, сырттан, іштен төнген қилы қауіптер, билік басындағы хандар мен олардың айналасындағылардың ірілі-уақты интригалары, жекелеген тұлғалардың басынан өткен оқиғалар.
Трилогияның бірінші кітабындағы Жәнібек, Керей, Қасым және Әбілқайыр хандардан бастау алатын биліктегі адам бейнелері арқылы билік құрушы топ өкілдерінің қоғам мен саясат хақындағы өзі түсініктері, тұжырымды ой-пікірлері авторлық позициямен жарысып, үнемі дерлік алдыңғы планға шығып отырады. Сөйтіп қазақ халқының тарихында айтулы орын алған ұзақ кезеңдер мен бел-белестердегі ел билеушілердің саяси, әлеуметтік-моральдық тұлғалары сомдалады. Аталған трилогия қазақ жұртының халық болып қалыптасуының көркем шежіресі деңгейіне көтерілгенін ескерсек, осы шежіремен тығыз байланысты ел бастаған көсемдер, топ бастаған шешендер жайлы да жазылған көркем жылнама болып табылатыны. Трилогияда ел билеушілерінің тұлғаларын көрсетудегі көркемдік тәсіл негізінен үш түрлі сипатта. Олар – кейіпкерлердің ырқынан тыс орын алып кететін түрлі тегеуірінді оқиғалар, хандар мен олардың айналасындағылар араларында өрбитін ширыққан тартыстар және әр билік иесінің монологтары мен лирикалық шегіністері арқылы бой көрсетіп отыратын жеке ой-толғамдары.
Әр түрлі рулар мен тайпалардан құралған қазақ халқының саяси қоғамдық тарихына тән бір ерешелік – Шыңғыс хан заманынан бері қарай өздерін басқаратын ханды тек Шыңғыс тұқымынан ғана сайлау. Бастапқыда монғол империясының өкілдері байырғы жұртты билеуге өз адамдарын билеуші етіп қойған да, келе-келе бұл жағдай дәстүрге еніп, Алтын орда, Көк орда ыдырағаннан кейін де бұқара жұртшылық билеушіні Шыңғыс тұқымынан өздері сайлап алатын болған. Және оны халық өз ынталарымен емес, Шыңғыстың ел арасында жүрген басқа ықпалды тұқымдарының әсерімен сайлаған. Олардың ел арасында беделі түсе бастаған заманда да халық бәрібір осы тұқымнан жаңа адам іздеген. Сөйтіп бұл жазылмаған заңдылыққа, дәстүрге айналып кеткен.
Кітапта осындай жолмен келген билеушілердің өздерін халықтан бөлек қарап, іргелерін аулақ салуға тырысқандары, кейде ел тағдырын қолдарындағы қуыршақтай ойыншыққа айналдырғысы келгендері әр тұста көрініс тауып отырады.
Орта ғасырларда Европа мемлекеттерінің корольдары кеңінен пайдаланған «Бөліп ал да, билей бер» деген қағидасын қазақ хандары сәл өзгерген күйде жүзеге асырып отырған. Яғни, халықты бөлу керек, бірақ бөлген кезде бір бірімен қырқыстырып, ынтымақтарын жарастырмай, араларына жік тастап, реті келсе, тіпті өзара жауластыра отырып басқару керек. Оның нақты көрінісі Әбілхайыр ханның іс-әрекеттері арқылы көрінеді. Ал екінші кітапта айтылатын қазақ даласының Әбілхайыр аттас тағы бір ханы да елді айлакерлік саясатымен билеу жағынан өз адасынан кем қалмайды. Ол да өз тағынан айырылып қалмай, қолындағы билігін одан әрман күшейту үшін неше түрлі айла-шарғыға барады, орда айналасындағы түрлі интригаларды молайта түседі.
Автор Шыңғыс хан ұрпақтарының қарапайым бұқара жұртшылықты езіп-жаншуына, қазақ пен төреден шыққан ақсүйек тұқымдарының аражігінің алшақтығына, өзара қайшылықтарына көп мән берген. Осындай езуші таптың ең озбыр көрнекті өкілі ретінде «Алмас қылышта» Әбілқайыр хан суреттеледі. Оған қатысты қанды эпизодтарды санамалап шығу шарт емес, бірақ бұл кейіпкеріне жазушының қандай саяси-әлеуметтік жүк арқалатқаны оқиғалар тізбегінен айқын көрініп тұр. Келесі екі кітапта осындай сословиелік езушілік сәл бәсеңдегендей болады. Оның бір үлкен тарихи себебі – Шыңғыс тұқымдарының заман желі озып, уақыт өткен сайын қазақылана түсуі. Бірақ олардың бойында қалған басты мінез-құлықтың бірі – «Біз Шыңғыс тұқымымыз, қара қазақты басқаруға жаратылғанбыз» деген астамшылық. Қарадан қыз алмау, өздерінше ақсүйектерше өмір сүру трилогияда нақты мысалдармен елес беріп отырады.
Р.Бердібаев: «Роман хроникада тарихи оқиғалардың тізбегі күрделі орын алуы табиғи. Мұнда жеке қаһарманның жай-күйін бастан-аяқ түгелдеп айтып шығу бірден-бір шарт бола бермейді. Тарихи оқиғалардың ағынын белгілі адамдар, топтар өмірімен табиғи бірлікте әңгімелей білу, сол арқылы әрі тарих, әрі шығарма міндетін «қатар» алып бару бұл жанрдың ерекшеліктері болып саналса керек. І.Есенберлин, біздің түсінуімізше, осы талап деңгейінен табыла білген. Автор бұл шығармасында тарихшылық пен беллетристікті әдемі ұштастыра алған. Жанр жағынан алып қарағанда да «Алмас қылыш» әдебиетімізге өз нақышымен қосылған жаңалық деп қараймыз»1, - деп кітапқа жоғары баға береді.
«Алмас қылышта» бейнелі сомдалған тұлғалардың қатарында Әбілхайыр, Бұрындық хандар жатса, «Жанталаста» жан-жақты мүсінделген тұлға – Абылай хан. Жазушы Әбілхайырдың терең саясаты өзінің жеке бас мүддесі үшін қызмет ететінін аңғартса, Абылайхан жан-жақты ойлай алатын, бір басында қайшылықтары да жетерлік күрделі тұлға ретінде суреттеледі. Оқырман алғашқы кітаптың кейіпкерінен гөрі екінші кітаптың қаһарманы Абылай ханға көбірек іш тартады. Рас, ханның аты – хан, бұл билеушінің жауыздығы да бір басына жетіп артылады. Бір замандарда өзін құтқарған Оразқұлдың, жазықсыз ел азаматы Ботақанның және т.б. адамдардың өліміне тікелей себепші болуы, кейде жекелеген ауылдарға қысым көрсетуі және т.б. жауыздықтар Абылай ханның қатігездігін бұлтартпайтын дәлелдер.
Солай бола тұрған күннің өзінде де ханның үнемі дерлік ел қамын ойлауы, ел іргесін бекіту үшін түрлі саяси қадамдарға тайынбай баруы оның ұлт патриоты екенін айғақтайды. Осы кітаптағы екінші Әбілхайыр ханның образы салыстырмалы түрде біраз солғындау шыққан. Оның Кіші жүзді Ресейге қосу қадамы ақыр соңында сиырқұйымшақтанып кетуі, оның айтқан ұсыныстарын Орынбор генерал-губернаторы Неплюевтің құлағына да ілмей, соңынан сандалтып қоюы Әбілхайыр ханның жаңсақ қадамға барғанының белгісіндей болып көрінеді. Ол осыдан кейін шарасыз да пұшайман халде қалады. Орыс билігінің осы алдауы келешекте бүкіл қазақ халқын алдаудың алғы шарты сияқты болып сезіледі.
Халықтың саналы тобы, бетке ұстар азаматтары қалайда осында аумалы-төкпелі кезеңдерде ел тұтастығын сақтап қалуды, ұлт ретінде жойылып кетпеу жақтарын қарастырып әуре. Ақыр соңында қаһарлы ханның тұзағынан аулақ кетіп, өз алдына жеке ел болудың сәті түседі. Бұл тарихи оқиға өзінен өзі бола салған жағдай емес. Тарих алдында үлкен жауапкершілік арқалаған осындай қиын сәтте қазақ жұртының өз алдына ел болып ұйысуы, жан-жақтан анталаған түрлі тығырықтардан қалайда шығып кетуге тырысуы, осындай тәуелсіздік жолындағы күтпеген қиындықтардың орын алуы, соған қарамастан, қазақтың өз алдына етек-жеңін жинап, ынтымақтастығын күшейту жолындағы күресті бір сәт тоқтатпауы трилогияның екінші кітабында жан-жақты баяндалған.
Бұл арада «баяндау» деген сөзді біз кездейсоқ қолданып отырған жоқпыз. І.Есенберлин осы трилогияда көркем ойды жеткізудің негізгі тәсілі ретінде баяндау үрдісін көбірек қолданады, тарихи мәні үлкен бір оқиғадан екінші оқиғаға жету үшін тәптіштеп суреттеп тұрып алмай, айтар ойды баяндау арқылы жеткізуді қолайлы санайды. Бұл үрдістің мейлінше айқын көрінетін тұсы – бірінші, екінші кітаптар. Егер баяндау тәсіліне осылайша көбірек сүйенбесе, айтқысы келген ойларын жазушы үш кітаптың бойына сыйғыза алуы екіталай болар еді. Рас, ішінара қазақ тарихына тікелей қатысы шамалы оқиғаларды, жеке тұлғалардың тағдырларында орын алған әлдебір ұсақ әңгімелерді қазбалап кетуі көркемдік-идеялық қажеттіліктен туындаған жайлар деуге болмас, оны автордың архив құжаттарынан тапқан деректерді мүмкіндігінше пайдаланып қалудан туындаған әрекет деп санаған абзал.
Ал хронологиялық тұрғыдан үшінші кітап болып есептелетін «Қаһар» романының көркемдік-эстетикалық деңгейі алдыңғы екі кітапқа қарағанда едәуір жоғары. Мұнда нағыз көркем шығармаға тән белгілердің молырақ көрінуі, сомдалған кейіпкерлер қырларының айқындығы, бояуларының қанықтығы, баяндаулардан гөрі нақты адамдар арасындағы түрлі бағыттағы тартыстардың шиеленіскен көркем суреттері, жанды оқиғалардың молдығы және тілдік қолданыстағы жатық, ұнасымды сөйлемдер және т.б. компоненттер көркемдік талапқа толығымен жауап бере аларлық деңгейде.
Ал алдыңғы екі кітаптың көркемдік бітім жайында бұлайша шешімді түрде баға беру қиын. Ішінара көркем суреттер, сенімді шыққан характер қырлары, қаһарманды дағдарыс тұңғиығына итермелейтін шиеленістер кезігіп қалып отырғанымен, тұтастай алып қараған жағдайда «Алмас қылыштың» да, «Жанталастың» да көркемдік бітімі «Қаһарға» қарағанда біршама осалдау. Бұның өзі автордың көркемдік концепциясына тікелей байланысты. Соңғы кітапты жазып болғаннан кейін І.Есенберлин қалғандарын жазуға кіріскенде, жиналған тарихи мол материалдарын, архив деректерін кеңінен пайдаланып, қайткен күнде де жарыққа шығару мақсатын алға қойғанға ұқсайды. КСРО сияқты алып империяның боданында өмір сүріп жатқан қазақ сияқты халықтың бұратана да жабайы да емес, өзінің тарихы, мәдениеті мен рухани әлемі бар жұрт екендігін таныту, сөйтіп отаршылдық заманынан бері қалыптасып кеткен кертартпа пікірлерге өзгерістер енгізу керек болғаны сөзсіз. Көркемдік талаптарға байланып отырғаннан гөрі бүкіл ұлттық мүддені алдыңғы планға шығару және қазақ тарихын империалистік тұрғыдан емес, объективті тұрғыдан жаңаша бағалауға жол ашып беру керек болғаны даусыз. І.Есенберлин өзінің шығармашылық өміріндегі басты кітабына осындай жолмен келді деуге негіз бар. Романдарға анықтама беруде «Алмас қылыш» пен «Жанталасты» роман-хроника деп жүрген сыншылар пікірінде жан бар.
Қазақ халқы үшін аса ауыр кезеңдердің бір үлкен бөлігі XVII-XVIII ғасырлардың үлесіне тиеді. Өз алдына жеке отау құрғаннан кейін де қазақ халқының маңдайы жарқырап, тарих төрінен өзі орнын ала қойған жоқ. Әлі буыны қатып үлгермеген жас мемлекеттің ұланғайыр жеріне көз тігушілер легі бір бәсеңсімеді. Әсіресе шығыстағы, оңтүстік шығыстағы жоңғар, қытай шапқыншылары үшін қазақ жері көздің құрты болды. Іргеден қайта-қайта ти3сіп, маза бермеген шапқыншыларға қарсы қазақтардың күш жиып, қаһармандықпен тойтарыс беруі «Жанталас» романында көбірек суреттеледі. Өздерінің күші әлденеше басым жауға тайынбай қарсы шабуылға шығу, кейде жеңіліп қалса да, ұрысты көбінесе жеңіспен аяқтап отыруы, жердің шалғайлығы мен соғысқа қажетті қару-жарақтың жетімсіздігі сарбаздарды ешқандай да жасытпайды. Романда кір жуып, кіндік қаны тамған жерлерін қорғау жолындағы кескілескен ауыр ұрыстардағы қазақтардың қаһармандық портреті жасалады. Баталдық көріністерде жазушының артық-кем соғып жатқан жерлері бар шығар, бірақ ең бастысы халықтың патриоттық, қаһармандық рухының бейнеленуі айқын.
Қанша айтқанмен, мұндай шексіз шапқыншылықтар киіз туырлықты қыр елін қажытып жібереді. Шаршап, шалдығып күйзеліске ұшыраған сәттерде іргедегі алып ел Ресейдің қанатына кіру, сөйтіп жаппай қырылып қалудан, геноцидтен бас сауғалау идеясы көлденеңдей береді. Жазушы мұндай тарихи концепцияны көлденең тарту арқылы қазақ халқының Ресейге қосылу тарихын қисынды негіздеп көрсеткен. Бұндай шешуші қадамды іске асырудың қилы қиыншылықтары болғанын да жазушы шым-шымдап отырып, жасырмай жеткізеді. Абылай хан, Бұқар жырау, Әбілқайыр хан сияқты атақты тарихи тұлғалармен бірге халық арасынан шыққан Қияқ, Тұяқ сияқты батырлардың іс-әрекеттері кітапта біршама әсерлі бейнеленген.
Ресейге қосылу процесі қазақ жұрты үшін тек бірыңғай прогрестік қадамдардан ғана тұрған жоқ, уақыт өте келе кең далада емін-еркін жайылып жатқан азат халық үшін тиімсіз тұстары да бар екендігі біртіндеп көріне бастады. Оның ең бастысы – Азия құрылығының солтүстік аумағын айдаһардай астына басып жатқан алып мемлекеттің боданына айналуы салдарынан қазақтың өз билігінеy айырылып, саяси-қоғамдық, мәдени-рухани бостандықтарын жоғалта бастауы. Бұлардың қай-қайсысы да халықтың өз алдына дербес өмір сүруі үшін қажетті басты факторлар екендігі белгілі. Автордың романның үшінші кітабын осы мәселеге арнау себебі де осында.
І.Есенберлин бас боп көтерген қазақ тарихының мәселелері бұдан кейінгі дәуірде көптеген қаламгерлер тарапынан қолдау тапты. Олар негізінен, қазақтардың тәуелсіздік жолындағы күресін жоңғар қалмақтарымен болған соғыстар кезеңімен байланыстыра қарады. Бұл тақырып Ә.Әлімжановтың «Жаушы» (1974), С.Сматаевтың «Елім-ай» (1976-1980), Ә.Кекілбаевтың «Үркер» (1984), «Елең-алаң» (1984), Ж.Тұрлыбайұлының «Райымбек» (1987-1991) романдарында жалғасын тапты.
«Жаушы» ХVІІІ ғасырдың бас кезіндегі қазақ тарихының ең бір ауыр кезеңі саналатын қалмақтар шабуылы оқиғаларын суреттеуге арналған. Автор ел қорғау идеясын жаушылық қызмет атқарған қарапайым қазақ жігітінің тағдыры арқылы ашуға ұмтылады.
Романның бас қаһарманы – Кенже тарихи шежіреден мәлім белгілі тұлға болып табылмайды. Ол аты шыққан хан да, батыр да, би де емес, қарапайым қалың бұқараның арасынан өсіп-өнген еті тірі жігіт. Өз халқын шексіз сүйетін, туған елі үшін жанын пида етуден тайынбайтын, қолынан келгенше шапқыншылықтың бетін қайтару үшін тау-тасты кезіп, тыным таппай жүрген ат үстіндегі азамат. Жоңғарлар қазақ жеріне қара шегірткедей дендеп енген сайын жаны шырқырап, қырдан қыр асып алашапқын болып жүргені. Қашан көрсең де асығыс. Қазіргі ахуалға байланысты туындап отырған маңызды хабарларды жедел жеткізуге ұмтылады. Реті келсе, ел ағаларының ой-пікірлерін бір-бірімен байланыстырып, бірліктерін нығайту жолында да бел шешпеуге пейіл. Қауіп-қатері мол өлкеде кейде жападан-жалғыз ызғытып, жанын шүберекке түйіп бара жатқан Кенже романда шын мәніндегі халық батыры болып көрінеді. Оған туған өлкенің әр тас, әр бір сайы тек таныс қана емес, соншалықты ыстық та. Бүгінгі тілмен айтқанда, шапқылау үстіндегі жаушы жігіт шын мәніндегі патриот жауынгер.
Кенжені отаншылдыққа, батырлық пен ептілікке тәрбиелеп жүрген жандар да аса үлкен беделді тұлғалар емес, тағы да қарапайым халықтың қалың ортасынан шыққан Манай, Орақбай, Сейіт, Алпай сияқты әрқилы мінез-құлық иелері. Бұлардың біреуі ауыл басшысы, екіншісі жылқышы, енді біреуі соғыс тәсілін жақсы меңгерген кәдімгі әскер. Кенже осылардың әрқайсысынан белгілі бір тәлім алады, ел қорғаудың тәсілдерін ғана емес, күнделікті тіршілікте кәдеге асатын адамшылық, тұрмыстық қасиеттерді де үйренеді.
Жеке басының өжеттігі, алғырлығы мен ақылдылығының арқасында Кенже біртіндеп ел аузына іліге береді. Ол замандарда қазақтың кең өлкесін шарлап, кейде тіпті жоңғарлардың да шекарасына шығып кетіп, жаушылық қызмет атқару кез-келген адамға тапсырыла бермеген. Жаушы болу – ел басшылығы тарапынан үлкен сенім білдіру деген сөз. Нақ осындай міндетті адал атқарып жүрген Кенже романның ақыр соңында жаушы болып Ресейге қарай аттанады. Бұл дегеніңіз жазушының көркемдік трактовкасы бойынша Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы жолындағы абыройлы қызмет, ел тағдырын шешетін жауапты міндет деген сөз.
Демек Кенже образы арқылы автор халық тағдырын шешетін қиын-қыстау замандарда ел бастаған хандар мен билерден гөрі қалың бұқараның, қарапайым халық өкілдерінің рөлі әлдеқайда басым болды деген идеяны меңзейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Ә.Әлімжановтың авторлық позициясы І.Есенберлин Қ.Жұмаділов, С.Сматаев, Ә.Кекілбаев және т.б. тақырыптас қаламгерлерден едәуір өзгеше. Мысалы, І.Есенберлиннің «Көшпенділер», С.Сматаевтың «Елім-ай» трилогияларының немесе Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз» дилогиясының басты қаһармандары тарихта нақты болған көрнекті тұлғалар: хандар, батырлар мен билер. Тарихи адамдар бейнелері «Жаушы» романында да бар, атап айтқанда, Әбілқайыр хан, Барақ сұлтан, Төле би, Қазыбек пен Әйтеке билер және т.б. Бірақ олар басқа шығармадағылардай романда жетекші рөлге ие емес, бас кейіпкерден гөрі екінші пландағы персонаждар деңгейінде. Тіпті ішнара эпизодтық сипатта көрініп қалатындары да бар.
Бұндай ұстаным тек кейіпкер таңдау барысында ғана көрініп қалмайды, Жоңғар қалмақтарымен болған шешуші шайқастардың алдыңғы қатарында халықтың қалың ортасынан шыққан батырлар жүреді. Тарихи оқиғалардың қозғаушы күшіне айналатын да солар. Мәселен, жоңғарлар шабуылы күшейіп, екпіні тау жыққандай болып бара жатқан заманда халық жасақшылары ұйымдастырылады. Бұл іске ел билеушілері араласып жатпайды. Оның басы-қасында қазақ батырлары жүреді. Екеуара сырласу кезінде Саңырақ батыр хан-сұлтандардың ойлайтыны жеке бастарының мүддесі, батыр атаулы халық азаттығы үшін тіпті бір-біріне иілгісі келмейді деген сыңайда Малайсарыға мұңын шағады. (10 беттен) Бұлардың арасында Бөгенбай, Малайсары, Саңырық сияқты батырлар ерекше көрінеді. Бұлар ислам дінін, хандарды төбеге көтеретін қазақтың халықтық дәстүрін мойындамайды, өз күштеріне ғана сенеді. «– Сенікі шындық, батыр, - деп жауап берді оған Саңырық батыр. – Қазір қазақтар аллаға да, хан-сұлтандарға да сенуден қалды. Бір ғана үміт өз күшіміз, алмас қылышымыз». Бұл арада «Пролетариат бұғаудан басқа ештеңе жоғалтпайды» дейтін К.Маркс қағидасы еске түседі. Демек, Ә.Әлімжановтың ойынша, Бөгенбай, Малайсары, Саңырық сияқты тарихи батырлар өзінен басқа, өз күшінен өзге ештеңені мойындамайтын пролетариаттық рухтағы түсінік иелері.
Сөйтіп романдағы идеялық түйінге сайсақ, елді жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресіне бастап шыққан билеушілер емес, қара бұқараның өзі екен.
Романда Кенжеден басқа жетекші кейіпкер жоқ деуге де болады. Бірақ сюжеттік линиялардың бойынан көрініп отыратын екшеліп қалған кейіпкерлер қатары жақсы аңғарылады. Атап айтқанда олар – Кенженің әкесі Манай, Кенженің сүйген қызы Сәния, Сәнияның әкесі Орақбай, ауыл адамы Сейіт және т.б. Осылардың әрқайсысы белгілі бір дәрежеде оқырман есінде қалады. Мысалы, өжет те қайратты Малайсары мен Тайлақ шын мәнінде жалындап тұрған батыр болып көрінсе, Бөгенбай батыр оларға қарағанда әжептәуір ұстамды, оның үстіне парасатты мінезімен өзін мойындата біледі. Ал бас кейіпкер Кенженің әкесі Манай – қазақи тұрғыдағы момын адам, нені істесе де, асықпай ойланып істейтін біртоға жан. Ол болып жатқан қанды оқиғалар жайында өз тұрғысынан ғана ойлап, соған орай тон піше алады. Ауылы да өзі сияқты момақан ғана тіршілік етіп жатқан кезде, тұтқиылдан тиген жау ұйқы-тұйқы етіп, шапқыншылыққа ұшыратады. Маңайдың жау көзінен таса, соғыстан қағаберіс тыныштау жер іздейтіні – осыдан. Қоғамдағы орны шағын болғанымен, көркем тұлға ретіндегі Манай қарттың бейнесі кесек көрінеді.
Ә.Әлімжановтың көркемдік версиясы бойынша шапқыншылықтың бастапқы сәттерінде әр ауыл өзінше жан сауғалап, әйтеуір аман қалудың жағдайын ойластырумен әуре болған да, бас біріктіріп, күш қосып қарсы шығу деген ойға кейінірек келген. Сөйтіп Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес алдымен бытыраңқы түрде стихиялық өрбиді де, хан, сұлтандар Бұланды өзеніндегі жеңістен кейін ғана билікті иеленеді. Бұл жөнінде Р.Бердібаев былайша тұжырым жасаған: «Жаушы» романында осы талап та ойдағыдай жүзеге асқан. Жоңғарға қарсы күрестің бүкіл халықтық сипатын аша отырып, жазушы сол күрестің қозғаушы күштері, олардың өзара бірлігі мен қайшылығы қандай дегенді шебер айыра біледі. Кейіпкерлердің диалог, монологтарынан да, авторлық баяндаулардан да үстем таптың халыққа мақсаты жат екені, тек жау шапқан кезде ғана амалсыз ынтымаққа келгені айтылып отырады. Жоңғарға қарсы стихиялық аттаныс күшейіп, Бұланты өзені бойындағы қазақ қолы алғашқы жеңіске жеткеннен кейін ғана хан, сұлтан «ел басқаруды» қолға алады»1.
Романдағы хандардың көрнекті өкілі Әбілқайыр ақылды әрі айлалы адам сипатында көрінеді. Оны үш жүз әскерінің бас сардары етіп сайлайтын тарихи жиынның қалай өткендігі, бас кейіпкер Кенженің көзімен берілген. Жазушы қазақ халқының тұтастығын, бірлігін көрсетуді мұрат тұта отырып, атақты үш биді осы идеяның орталық катализаторы ретінде бейнелейді. Үшеуінің бірінен бірі өткен шешен, бірінен бір ақылды сияқты көрінуі тарихи шындыққа қайшы емес.
Таптық мәселеге едеуір көңіл бөлген жазушы интернационализм проблемасын да назардан тыс қалдырмаған. Кейіпкерлер құрамы интернационалды. Көпшіліктің арасында қыстырылып орыс та, башқұрт та, өзбек те, түркімен де, қарақалпақ пен тәжік те жүр еді. «Саңырақ батырдың туы астында жүздеген орыс бар еді»2 дейді бір жерінде жазушы. Ал соншама орыс бұл жерге қайдан және не себеппен келген, олардың интернационалдық сезімінің оянуына түрткі болып отырған объективтік жағдай қандай деген мәселенің беті ашылмаған. Башқұрт Таймас, орыс Егор қазақтардың азаттығы үшін соғысып қана қоймай, үгіт-насихат айтып, қарапайым көшпелі жұрттың санасын ашумен айналысады. Тіпті Егор сол ХVIII ғасырдың өзінде-ақ тап қайшылығының себеп-салдарын талдап, таразылап көрсете білетіндей саналы адам боп суреттеледі (20-бет).
Бұл арада жазушының жастайынан-ақ интернационализм жыршысы болуының, романды орыс тілінде жазуының әсері де жоқ емес. Таза қазақтың өзіне тиесілі өткен тарихтың өзіне басқа ұлт өкілдерін тықпалау Кеңес дәуіріндегі интернационалистік идеологияның әсерінен туғаны даусыз.
Әдебиеттанушы Т.Сыдықов бұл романның идеялық деңгейін бағалай келіп: «Жаушы» қаламгердің қазақ елі орыс империясына бодан болып «жан шақырғанын», «дәріптеуге» арналған арзан абырой дәметуден туған қызыл өзек туындыға жатпайды. Керісінше, танымдық, философиялық қарымы кең, ұлттық сананы жаңа биікке көтеруді мақсат еткен, халыққа жат, зиянды тарихты мансұқтап, ақиқаттың ақ туын желбіреткен туынды»3, - деп түйіндейді. Қалай болған күнде де Ә.Әлімжановтың «Жаушы» романы өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары орын алған қазақ тарихына көркем бет бұрыстың жемісі, роман жанрында жасалған өткен заман оқиғаларына көркемдікпен барлаудың өзіндік бір үлгісі ретінде қалмақ.
Қазақ тарихында қалың жұртшылықты жаппай күйзеліске түсіріп, жалпыұлттық трагедия деңгейіне көтерілген қаралы оқиғалар аз болмаған. Сондай алапат сұмдықтардың бір үлкен толқынын ХVII-XVIII ғасырларда Жоңғар шапқыншылығы туғызған. Осының алдында ғана бастарын біріктіріп, өз алдына отау тіккен дала жұрты енді қалай ел болып, етек жинаймыз деп отырған заманда бір бүйірден жоңғар басқыншылары түрткілеп, мазаларын ала бастайды. XVII ғасырдағы жекелеген шапқыншылықтар, қырғын шабуылдар – осының бастамасы ғана. Қазақтың жалпақ даласына қарап қайта-қайта көз аларта берген жоңғарлықтар жаппай басқыншылық соғыстарын жүргізуді келесі ғасырдың бастапқы жылдарында мықтап қолға ала бастайды. Қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген атпен қалған сұмдық қырғындардың бір легі 1723 жылы орын алды. Басынан соры арылмаған қазақ жұртының бұл жолғы көрген құқайы алдыңғы кезеңде көргендерінен әлдеқайда асып түскен.
С.Сматаевтың екі кітаптан тұратын «Елім-ай» дилогиясы (1976-1980) міне, осынау қанды жылдардың оқиғаларын көркем шежірелеуге арналған. Жазушының бұл романы – қазақтың сол бір бұлыңғыр дәуірдегі ауыр өмірі, ел азаттығын сақтау жолындағы жанталас әрекеттері жайлы жазылған алғашқы шығармалардың бірі. Бұл еңбегінде автор сол бір қасіретті кезеңнің суреттерін іріктеп бейнелей отырып, жалпы халықтың бостандық жолында көрген азабымен бірге, азаттық сүйгіш рухын да баса көрсетуді мақсат етеді. Жазушы өз шығармасына тарихи деректерді арқау ете отырып, сол арқылы тақырып аясындағы өмір суреттерін, дәуір тынысын, сол заман адамдарын дүниетанымын, көзқарасын, арман-қиялын, ішкі әлемін кең суреттейді.
Тақырыптық жағынан жоғарғы аталған романдарда ұқсас болғанымен, «Елім-ай» жазушының тарихи шындықты тани білуі мен оны көркемдік шындыққа айналдыру тәсілдері жағынан өзгеше тұрады. Оның көркемдік құралдарды игеру тәсілі де басқа. Романда сол бір қиын-қыстау замандарда, халықтың алдыңғы қатарында жүріп, азаттық жолындағы күресте жұрт назарына іліккен айтулы тұлғалардан бастап, қарапайым халықтың қатардағы өкілдеріне дейін реалистік бейнелері жасалған. Оларды бейнелерін сомдауда жазушының арқа сүйейтіні – біріншіден, тарихи шындық болса, екіншіден, көркемдік құралдар мен авторлық қиялдар. Романда авторлық баяндаулар арқылы берілетін мінездеулер, лирикалық шегіністер мен логикалық қақтығыстар, әлеуметтік-психологиялық тартыстар мол пайдаланылған. Жазушы өзі оңтайлы деп тапқан белгілі бір тәсілді қуалап кетпей, ретіне қарай кейіпкер сомдаудың кез-келген көркем тетіктерін қолдануға барады. Бұндай қадам бір жағынан жазушы қаламының шеберлігінен хабар беретіні сөзсіз.
Мәселен, жауға қарсы «Абылайлап» жалғыз шабатын Әділдің әрекетін алайық. Соғыстың қызып жатқан сәтінде атының басын ірікпестен, атойлап алға шығып, жалғыз өзінің қалың дұшпанға қарап екпіндей бет түзеуі – Әділдің шын мәніндегі жаужүректілігінен, қайтпас батырлығынан хабар беретін деталь. Азаттық үшін арпалысып жатқан қалың жұрт дағдарып қалған сәтте араларынан осындай бір өжет азаматтың жанын пида етіп суырылып шығуы, дағдарыстың сеңін сөгеді. Кейбір солқылдақ, қорқақ жігіттер екіұдай күй кешіп, толқып тұрған кезде Әділ дағдарған елге қуат беріп алға бастайды. Оны жұртшылық көзіне алғаш рет түсірген – нақ осындай шешуші сәттегі тек көзсіз батырларға ғана тән өжет қимылы. Жалғыз өзі қалың жауға қарсы атойлап шауып бара жатқан батырды өзгелер жалғыз жіберсін бе, әрине, оның соңынан өзге батырлар ілесе шабады. Ал олардың артында соғыстан қалжыраса да, ұнжырғасы әлі түсе қоймаған қалың әскер.
С.Сматаев алдыңғы планға соғыс психологиясын осылай шығарып алады да, халықтың жігерлену сәтін суреттеуге ауысқанда оқиғаға үлкен серпін береді. Бұл серпін жайбарақат, марғау түрде емес, динамикалық сипатта жедел қарқын алып кетеді. Сөйтіп Әділ-Әбілмансұр аты жайына қалып, топ жарған батырдың қалайша оп-оңай Абылайға айнала салуы жөнінде жазушы өзінің көркем версиясын ұсынады. Қысылған жұртты шешуші сәтте батырлығымен өзіне тәнті еткен Әділдің жеделдетіп халық көсеміне айнала бастауы да уақыт психологиясына сыйымды.
Мұнан кейін Әділ-Әбілмансұр-Абылайдың қиын-қыстау заманда қайраңда қайырлап қалған балықтай меңзең болған жұртын басқару жолындағы әрекеттері үзік-үзік болса да, динамикалы суреттермен есте қалады. Романда Абылай қаһарлы көсем ғана емес, тік мінезді, ақылды көсем сипатында бейнеленген. Өзіне қарсы келген немесе сөзін жүре тыңдайтын жандарды Абылай маңдайларынан сипамайды. Жазығы шамалы жандарға да зәбір көрсетіп жіберуден тайынбайды. Сонымен бірге ол ел тағдырын шешуге келгенде дана әрі айлакер. Қуғын-сүргін шайқастар кезінде сұсты қатал да, ел ағаларымен, батыр-билермен кеңес құрып, ақылдасатын сәттерде тілінен май тамған көркем сөздің шебері. Ойы тиянақты да тартымды. Қазақ даласының қанға бөккен өңірлерін жаудан тазарту жолындағы түрлі айла- тәсілдерден де кенде емес Абылай бейнесін осындай күрделі психологиялық-әлеуметтік аспектілердің арасында көрсете отырып, жазушы замана тудырған ел басшысының күрделі бейнесін жасайды.
Қазақ қоғамының сол кезеңдегі жетекшілерінің бірі Әбілхайыр бейнесіне де жазушы едәуір көңіл бөлінген. Рас, романда бұл тұлғаның көркем қырларына берілетін орын онша көп емес. Бірақ соның өзінде авторлық позицияның ұстанымы айқындалып қалады. Заманның аумалы-төкпелі қиын кезеңінде жұрт алдына шығып, елді соңына ерте білудің өзі адамнан кесек ойды, аңғарлы да сарабдал пікірді қажет ететіні белгілі. Екінші сөзбен айтқанда, тегін адам ел басқарып, таққа отырмайды. Әбілхайырдың хан болуында да осындай әлеуметтік-тұлғалық негіздің бар екендігі романда оқиғалар мен қақтығыстар барысында көрінеді. Өзімен пікір жарыстырып, тайталасқан адамға дес бермей кететін шешендік, келер күндердің жағдайын болжағыштық сияқты оңтайлы қасиеттері де танылады. Сонымен бірге ол – көбінесе өзімшілдік, жекешілдік принциптерді басшылыққа алып отыратын адам.
Әбілқайырдың бірнеше қырының бірден ашылып, оқырман көз алдында күрделене түсетін тұстарының бірі – сол замандағы қазақ жұртының бетке ұстар көрнекті тұлғаларының бірі Қазыбек бимен екеуінің пікірсайысында көрінеді. Осынау екі тарихи тұлғаның сөзден сөз өрбіте отырып, ой жарыстыруы шығармадағы әсерлі оқылатын беттердің бірі. Бұл кезде аты-жөні кең сахараға танылып қалған тұлғалы би хан Әбілхайырдың халқын қорғау жөніндегі пікірін нығайтып, солқылдақ екіұшты ойынан айнытпақ болғанын байқатады. Қолында үлкен билік шоғырланған Әбілқайырды жұртпен бірге ынтымаққа шақырады. Ауызы дуалы биден сөз қалмайтыны белгілі, арғы-бергі тарихты қозғай отырып, ханнның ол жағынан бір, бұл жағынан бір шығып, қайтсе де сөзден ұтпақ болады. Бірақ сөзінің құйрығын оңайшыылықпен ұстата қоймайтын әккі саясаткер Әбілхайыр да өз пікірін тұздықты сөздермен дәлелдеп, бет бақтырмайды. «Тегін адам таз болмайды» дегендей оның да бір басына жетер шешендігі, тағынан түсіре қоймайтын көсемдігі бар. Бимен сөз таластыра отырып, түпкі ойы бәрібір үлкен билікке ие болу екендігін аңдатып қояды. Оның ұстанған бағыты айқын – басқа көсемдер билік беруге келіссе, жоңғарларға қарсы соғысқа шығатыны анық, ал егер оған іштарлық жасаса, амал жоқ, әскерін жинап алып өз еліне қарай бет түземек. Ақыр соңында ел жақсыларының таршылық жасағанына өкпелеген ол соңына қалың қолын ертіп алады да, батысқа қарай тартып отырады. Елдің амандығы, отанның азаттығынан гөрі жеке бастың амбициясын жоғары қоятын Әбілқайырға қатысты нақ осындай идеялық сарын Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз» романда да кездеседі.
Сондай-ақ дилогиядағы қазақ халқының тарихында түрлі жағдайларда айтулы рөл атқарған бірсыпыра белгілі тұлғалардың бейнелері еске сақталатын деңгейде жасалған. Олардың қатарында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Дәулен, Жоламан, Жомарт, Елшібек, Саңрық сияқты батырлар, Қазыбек, Тілеуқұл сияқты билердің бейнелері бар. Бұлардың әрқайсысының адамдық, азаматтық және қаһармандық іс-қимылдарын айқындай түсетін оқиғалар мен түрлі тартыстар романның қызықты оқылуына әсер ете алатын көркемдік факторлар екендігі даусыз. Шығармадағы логикалық-психологиялық тартыстардың динамикалық формасы өзара ширыққан диалогтарда, сюжеттік байланыстар сатысында көрініс тауып отырады. Жаугершілік заман суреттелгендіктен, түйінді мәселелердің білектің күші, найзаның ұшымен шешіліп жататын сәттері де аз емес. Түрлі көркемдік формаларды қолдануға ұмтылыс шығармадағы тартыс фонын күшейте түсуден туындайды.
Жазушы Жомарт батырдың азаттық соғысындағы ерліктеріне біраз тоқталған. Аз көрінгенімен бұл тұлғаны романда суреттелетін халық қаһармандарының бірі деп санасақ та орынды. Қазақ жұртының басқыншыларға қарсы қалайша табан тірей шайқасып, қандай ерліктер көрсеткенін осы батырдың тағдыры арқылы айқын түсінуге болады. Найман тайпасының Садыры руынан шыққан бұл қарт батыр тосыннан келіп қалған жауға тайсалмай қарсы шығады. Шайқастың ең бір қызған тұсында жау әскерлері Жомартқа қапыда найза салғаны әсерлі суреттелген. Жоңғарлар батырды найзаға шаншып жоғары көтереді. Ажал алдындағы дұшпанның мазағына сөзбен тойтарыс беріп, әлі де болса, сендерден биік тұрмын дейтін белгілі сөзді айтқан осы Жомарт батыр дейді жазушы. Өзі ғана емес, әкесінің соңынан ерген тоғыз ұлдың барлығы да соңғы демі қалғанша ерлікпен шайқасып, түгелдей қаза табады. Қатардағы жай бұқараның өзін былай қойғанда, бір батырдың бүкіл әулетімен қазаға ұшырауы және бәрінің де ерлікпен шайқас үстінде мерт болуы қазақ елінің басына түскен зұлматтың қаншалықты ауыр болғандығынан хабар беретін детальдар.
Шығарма қаһармандары жайында сөз қозғаған кезде қазақ жұртының көрнекті тұлғаларымен бірге халқымыздың ата жауы болған жоңғар қалмақтарының белгілі адамдарын бейнелеуге романда біраз орын берілгенін атап кету керек. Мысал үшін алғанда, құба қалмақтардың ханы Аюке, Қалдан-Серен, Сыбан-Рабдан, Шона Даба және т.б. белгілі тұлғаларды суреттей отырып, жазушы олардың ішкі әлеміне, рухани дүниелеріне де дендей енуге тырысады. Тіпті олардың да басым бөлігі ойшыл, сезімтал жандардай әсер етеді.
Сан-салалы оқиғаларды баяндайтын ауқымды романның тақырыбы қазақтың қатпарлы тарихының қалың бір бетін қамтитыны түсінікті. «Ел-жұрт болып қаламыз ба, әлде жоңғарлардың найзасының ұшында кетіп жер бетінен жойылып кетеміз бе?» деген қорқынышты ахуалдың бүкіл қазақ даласын жайлап алғанын оқырман жақсы сезіне алады. Осындай өктем жауыздықтың алдында бір сәттік жарық дүние үшін арпалысқан қазақ перзенттерінің ышқынысы да айқын. Бұндай көңіл күй тек бірыңғай соғыс жағдайында ғана емес, адамдардың күнделікті психологиясында да орын алған. Жауыздық пен қайырымдылықтың, жамандық пен жақсылықтың, тыныштық пен күйзелістің, аярлық пен шындықтың текетірес, арпалыстары романның өнбойында қоса жарысып отырады. Әбілхайыр хан қазақ жұртын қырғыннан аман алып қалу үшін күші басым дұшпанға біржола мойынұсыну мен қалтқысыз бағынуды ұсынғанда, оқырман көңілі еріксіз дір етеді. Бұл ойын жүзеге асыру үшін ол қалмақ қонтайшыларынан мейірім-шапағат күтетінін де жасырмайды. Мұндай ойды айтар алдында оның көлденең тартатыны – Ұлы жүз ханы Жолбарыстың жоңғарларға қалай бағынып кеткендігі. Мен де сөйтсем деген арғы ойын бүркемелемей, ашық жеткізуі – оқырманды еріксіз тіксінтеді. Егер қаруды тастап, солайша бағыныштылыққа тізгін алдырған жағдайда, жоңғарлардың өздерін ата жауы санайтын қазақтарды есіркейтініне ешкім де кепілдік бере алмас еді. Оқырман сондықтан да Әбілхайыр ханның бұл ойының іске аспай қалғанына қуанады, халқымыздың күрескерлік рухының бәсеңсімей, өле жатса да, дұшпанға қарсы өршелене ұмтылуына тәубе етеді. Осындай қаһармандық, күрескерлік рухты жалау еткен романның патриоттық серпіні, азаттық уағызы айқын. Бұл жағынан келгенде, ол оқырмандардың жас буынын отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулитын оңтайлы эстетикалық құрал болып табылады.
Бір ауыз сөз шығарманың тілі жөнінде. Қандай көркем шығарманың да табан тірейтін іргетасы тіл екендігі белгілі, «Елім-ай» өзге тақырыптас романдардың ішінен осы жағынан да ерекшелене алады. Бояуы қалың, бейнелі тіл оның көркемдік деңгейіне ажар беріп тұрғаны сөзсіз. Жазушы халық тілінің қалыптасқан нормасына тән көркем, айшықты тіркестер мен фразеологизмдерді молынан қолдана отырып, өз жанынан енгізген қанатты, бейнелі сөздерді де жиі қолданып отырады. Мұндай тілдік ажардың әсіресе айшықтала түсетін сәті – кейіпкерлердің сөз саптауларынан бой көрсетуі. Өрнекті сөздерді қақпақылша қаққан, сөз ойнатқан роман кейіпкерлерінің шешен емесі жоқ. Бәрі де шетінен қызыл тілдің майын ағызып, көмейлерінен сөз құнарын төгеді. Қазақ тілінің ішкі қуатын, көркемдік әлеуетін айқын сездіріп тұрғанымен, мұндай қадам бір жағынан өзін өзі ақтай да бермейтін сияқты. Өйткені кез келген кейіпкердің шешенсіп, ділмарсып кетуі өмір шындығына сыйыса бермейді. Жазушы тіпті қыза-қыза келе қазақтардың ата жаулары жоңғар қонтайшыларын ауыздарымен құс тістеген шешен етіп жібереді, әр сөздің қадірін біліп, астарын түсіне алатын нәзік түйсік иелерінің деңгейіне көтереді. Мәселен Сыбан-Рабдан Қалдан-Серенге былай деп үн қатады: «Күдікшіл ой шындыққа жетпей, сыңар аяқ басатын. Шашбау көтерген қолдың қанжар жасыруы мүмкін емес. Ерден ғана ер қауіп тосар, еркектен ерге бүлік жоқ. Көп төбетке – бір көкжал! Босқа қосүрейленбе! Атаң Сенге, бабаң Батыр кеудеге күдік жайлатқан емес. Есеңді ерегесте ұт. Ежелеп, күдік саума!» (290-бет). Егер бажайлай қараған жағдайда осынау тұнып-тұрған көркем де кестелі тіркестердің астарында қазақ тіл мәдениетінің болмысы жатқанын аңғару қиын емес. Ұтырлы әдемі-ақ тіркестер қалмақ қонтайшыларының ауызына бұйрып кеткен. Олардың ойлау жүйесі мен дүниетанымында қазақтардан гөрі айырмашылық болуы тиіс қой.
Жоңғарлардың соғыс үстіндегі қимыл-әрекеттері ғана емес, қазақтармен арадағы қарым-қатынасқа тікелей қатысы жоқ, өз іштеріндегі жағдайларды суреттеуге де дилогияда біраз орын берілген. Олардың дүние танымы, адамгершілік қалыптары қазақтардікінен сәл басқашалау болып келетіні белгілі. Өзара қарым-қатынас принциптерінің ішінен басымырақ көрінетін моральдық ұстанымдары – қаталдық. Мысал үшін Сенге тайшының Лубсан тайшыны жазалайтын эпизодын алайық. Соңғы тайшының жазықты болып қалған себебі – ол Сенгенің мал-мүлкіне көз алартып қойыпты-мыс. Ендеше кім болса да ондай арам пиғылды адам жазасыз қалмауы тиіс. Осындай кекшілдік сезімінің әсерімен қожайын Лубсанды жазалауды жөн көреді. Сөйтіп оның оң қолын шапқызып тастайды. Кек алу ісі мұнымен де бітпейді, шабылған қолды итке жегізеді де, ол иттің етін жазаланған адамның ауызына тығады. Имандылық пен адамгершілік қағидаларын бетке ұстаған қазақ қауымы үшін мүлде жат көрініс, естіген адамның аза бойын қаза қылатын сорақылық. Ал мұндай салттың жоңғарлар арасында шын мәнінде орын алып келгенін профессор Ж.Дәдебаев өзінің «Жазушы еңбегі» атты зерттеуінде талдап көрсеткен (78-79 беттер). Демек, бір қарағанда натурализм басым болып көрінетін бұндай жантүршігерлік эпизодтарды С.Сматаев ойдан шығармаған, ондай тосын көріністердің өзінде өмір шындығы жатыр деген сөз.
Сондай-ақ Абылай тайшы мен Очирту Цецен арасында болған кикілжіңнің балалары арқылы шешімін табуы да өмірде болғаны жайлы деректер жазылып қалған екен. Жәңгір сұлтан бастаған алты жүздей қазақ әскерінің жоңғарлардың елу мың қолына қарсы шығып, оларға үлкен тойтарыс беруі де тарихи шындық екендігі Тәуелсіздікке қол жеткелі жиі айтылып келеді. Қазақ халқының соғыс тарихында ерекше орны бар осынау оқиға «Елім-ай» романында өз көрінісін тапқан. Соғыстың екінші күні атақты Жалаңтөс батырдың да тыңнан келіп қосылған жиырма мың әскері күшке күш дарытып, жауды түріп айдап шығады.
Осындай көптеген оқиғалар мен эпизодтардың түп негізінде өмірлік факті жатқандығы жазушының тиісті деректер мен фактілерді зерттеп барып, романды тарихи негізге сүйену нәтижесінде жазғанын дәлелдесе керек. Алдыңғы екі кітап жарық көргеннен бері біраз жыл өткеннен кейін С.Сматаев «Елім-айдың» үшінші кітабын өмірге әкеліп, қомақты трилогияға айналдырды. Бұл шығарма зерттеліп отырған кезеңнен кейін басылып шыққандықтан, сол кезеңді қамтитын кезекті талдаудың еншісінде деп білеміз.
Қазақстанның Жоңғар және басқа көрші халықтар шабылуынан ығыр болып орыс патшалығынан пана іздеуінің күрделі жағдайларын Әбіш Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» романдарына арқау етті. Қосылу процесін бастаған кіші жүз рулары үшін де, олардың ханы Әбілқайыр үшін де бұл оп-оңай іске аса қалған дүние емес еді. Басқа елдің отаршылдығынан қашып, екінші елге отар болуға мойын ұсыну халық үшін қолайлы емес екенін олар, әрине, білді. Бірақ амалсыздық көндірді. Әбілқайыр өз тобымен ақылдаса, кеңесе келіп, орыс патшалығы қол астына кіру арқылы басқа елдің шабуылынан бір аз уақыт тыныс алып, бейбіт тіршілікке көшуді, патшаға бағына отырып өзінің және елінің хандық құрылымын сақтауды көкседі. Алайда патша саясаты әрі қарай тереңдеп, кейін бүкіл халықты, оның жер-суын мемлекеттің меншігіне алуы, қанаудың күшейгені, осылардың мезгіл-мезгіл наразылықтар тудыруы жағдайлары жалпыға мәлім.
Әбіш романдары, әсіресе, «Үркер» осы бір тарихи қосылудың мән-мағынасына отарлаушы мен отарланушының көзімен емес, халықтардың қашанда бірігу, табысу жолын іздегенін, бейбіт өмірге, сол негізде тіршілікті прогресс жолына түсіруге ынталылығы тұрғысынан қарайды. Мұны ол заманда да, кейін де, тіпті бүгін де елдің бәрі түсініп, құптай қоюы қиын еді. Сондықтан да қазіргі тәуелсіздік алған тұсымыздың өзінде Әбілқайыр ісіне күдікпен қараушылар азайған жоқ.
Қоғам дамуының шындығын еске алсақ, әлем халықтарының бәрі әлеуметтік өзгерістерді қалаған. Адамдар қай дәуірде болса да, үмітті болашақтан күткен, өзара байланысты, қарым-қатынасты, материалдық және рухани жаңаруды армандаған. Көрші елдердің қыспағына түскен қазақтың да ендігі жерде томаға тұйық, оқшау, көшпелі салтты сағалап жүре беруіне мүмкіндік азайған еді. Дүние жүзілік әлеуметтік тіршіліктің ірі қозғалысқа түсуі, жаңа жерлердің ашылуы, халықтар байланысының ұлғаюы, басып алу, бағыну шындықтары қазақ халқын да бұрынғы күйінде қалдыра алмайтыны түсінікті болды. Осы бір тарихи құбылыстың заңдылығын Әбіш «Үркерде» үлкен суреткерлікпен және ойшылдықпен суреттеді. Үркер – маңдай алдыңнан туып, жолыңа жарық түсіріп тұрған, адастырмайтын жұлдыз немесе жұлдыздар шоғыры. Бас кейіпкер Әбілқайыр хан да, жазушы да оны осылай ұғынуға тырысады.
Романдағы бүкіл оқиға дамуы, әрекет, тіршілік шындығы Әбілқайырдың сараптауынан өтіп, соның ойы, толғанысы арқылы өрістейді. Басқа да сұлтандар тәрізді ол да билікке құмар, эгоистік сезімнен де құр емес. Алайда оның басқа туыстарынан бір өзгешелігі – өзін қарапайым ұстап, ішкі сезімдерін сыртқа шығармай басып ұстай алады, ел алдында әділ болуға тырысып, халық қолдауынан үміт күтеді. Өзі батыр, әскери қолбасшы маңына қайратты, шешен, алғыр жігіттерді (Есет, Бөгенбай, Жәнібек, Тайлан, т.б.) жинап, соларға сүйенеді, соларды ақылшы тұтады. Төле, Қазыбек, Әйтеке, Мәті билердің даналық сөздерін тыңдау, қалмақтарға қарсы күрес әрекеттері Әбілқайырдың ойына ой қосып, елдің азаттығы, бірлігі жайлы ойға бастайды. Әсіресе, Мәртөбеде, Күлтөбеде, Ордабасыда өткен жиындар оның түсінігін байытады.
Жазушы Әбілқайыр өмірінің барлық кезеңін тізіп, оның жеке басының тіршілігін күйттемейді. Оны кіші жүз ханы тағында отырып, Ресейге қосылу туралы ұсыныспен патшаға өкілдік жіберуі мен арадағы келіссөзбен байланысты оқиғаларды роман тақырыбына айналдырады. Шығарманың төрт тарауы Петербургтен хабар күткен ханның күпті, ойлы күйін («Тығырық») патша елшілігінің келуін («Елшілік»), онымен қиын жағдайда өткен келіссөз («Арбасу») және келіссөздердің ұзақ тартысып барып сәтті аяқталуын («Айқас») суреттейді. Сырт қарағанда, бір сәттік мәселелерді ашуға арналғанмен, бұл тараулардың барлығында да қазақ тарихының мәселелері, дәуір мен адам тағдыры шындығы, Ресейге қосылуды жақтаған және қарсы болған топтардың күшті тартысы, ру басшыларының алауыздығы, соларға қарамастан біртіндеп халық ішіне тарай бастаған орыс-қазақ қатынастарының фактылары шынайы көрініс табады. Бұған дейінгі осы тақырыптас тарихи оқиғалар шегініс күйінде суреттеліп, тәуелсіздік үшін күрестің шежіресін еске түсіреді. Роман мазмұнында халық тағдыры, ел тағдыры жайлы ойлану күшті. Әбілқайырды Ресейге қосылу туралы шешімге бастаған да осы ойлар. Сығанақта, Еділ бойында, Аңырақайда өзі қатысқан ұрыстар, оған қосылған ішкі жауласушылық, феодалдық-патриархалдық өмірдің қайшылықтары мен рушылдық алауыздықтар, хандыққа таласқан билеуші әулеттердің династиялық бақталастығы қазақ қоғамын әлсіретіп жібергенін Әбілқайыр алдыңғылардың бірі болып түсінеді. Осыларды көріп, біліп отырып оның Ресейге қол артуы сол заман үшін бірден бір дұрыс шешім болғаны да даусыз. Бүгін орыстарға алдымен өз еркімен бағынуға барды, деп Әбілқайырды айыптау, оны түсініп, кең толғап роман жазған Әбішті кінәлау ешқандай әділдікке жатпайды, және ол – сол кездегі жағдайды түсінбеудің салдары.
Романда баяу дамып, кең суреттелетін келіссөз оқиғалары дала қайшылығын, ыдырап бара жатқан хандық құрылыстың сырын терең ашып береді. Екі жақ та оны алпыс екі айлалы түлкінің қулығына салып жылжытады. Бұл процесс Әбілқайыр характерін, психологиясын кең ашады. Оның төзімділігі мен ақыл-айласы екі жақты жауластырмай, келістіруге, жарастыруға жұмсалады. Елшілікпен келіссөздің ойдағыдай аяқталуы – хан саясатының жемісі. Жазушы осы фонда Тевкелев образын да қызықты жасаған. Негізінен, дипломаттың өз күнделіктеріне сүйене отырып, оның қазақ-орыс қатынастарының күрделі мәселелерін асықпай, ойлылықпен шешкеніне көңіл аударады.
«Үркер» – реализмі бай шығарма. Онда суреттелетін өмір шындығының жарқын да шынайы көріністері, ел тағдыры, халық өмірінің кешегі, бүгінгі жағдайлары кейіпкер мінез-құлқын қалыптастырумен бірге, жазушыны да, оқырманын толғандырады. Онда қазақтың ұлттық ерешеліктері, салт-санасы, ұғым-түсінігіне қатысты деректер мол пайдаланылған. Роман тілі де шешендік өнер поэтикасына негізделген. Романда айтар ойлар да, халықтың мінез-құлқын ашу да солардың мекені болған даланың кеңдігімен, тарихымен байланысты қаралады. Бейнелеудің символикалық үлгілерін, фольклорлық аңыздарды пайдалану шығарманың реалистік сипатын бұзбайды, қайта жетілдіре түседі.
«Елең-алаң» – «Үркер» романының заңды жалғасы. Онда орыс елшілігі мен Әбілқайыр хан арасында қиыншылықпен іске асқан келіссөзден кейінгі екі елдің ара қатынасының ширай түсуі жағдайлары сөз болады. Романның негізгі сюжеттік арнасы қазақ делегациясының Петербургке баруы, Орынбор экспедициясының құрылуы мен қазақ жеріне сапары, Ор өзені бойында бекініс қала салуы, сол бекіністе Орынбор комиссиясының бастығы Татищев пен Әбілқайыр ханның кездесуі, ханның Ресей мемлекетіне бодан болу жөніндегі уәдесіне беріктігін дәлелдеп жаңа ант беруі сияқты уақиғалар ар-қылы дамиды. Башқұрттар көтерілісі, сол негізде орыс-башқұрт қарым-қатынастарының шиеленісуі, оның қазақ даласына әсері, көрші халықтармен байланыстың қайшылықты көріністері, қазақ хандығының ішкі жағдайының күрделене түсуі сияқты мәселелер негізгі арнаға қосылып, сол дәуір шындығын кең көлемде ашуға көмектеседі. Осы уақиғалар негізінде жазушы орыс-қазақ қарым-қатынасы қандай күрделі, қайшылықты жағдайда өтсе де, халықтардың өзара жауласпай, ортақ тіл табуға ұмтылуын, түпкі мүдде жақындығын оймен, ақылға жеңдіре отырып, түсінуге деген талабын құптай суреттейді. Мұның өзі жалпы қозғалысқа түскен дүние жүзілік халықтар байланысының негізгі бір өзекті проблемасының көрінісі сияқты үғылады.
Романда суреттелетін негізгі мәселе Қазақстанның Ресейге қосылуымен байланысты болғандықтан ондағы уақиғалар да орыс жерінде, патша саясатын іске асыру жөніндегі әрекеттерден басталады. Кейіпкерлер ішінде де қазақ жерінде жұмыс істеуге аттанған патша өкіметінің өкілдері бірінші орында көрінеді. Олардың бастылары — алғашқы құрылған Орынбор экспедициясының бастығы Иван Кирилов, кейін оның орнын басқан Орал кен заводтарының басқарушысы Татишев, патша генералы Румянцев, экспедиция бастығының көмекшісі, бұрынғы елші Тевкелев, тағы басқалар. Қазақ жерінде іске асуға тиісті патша саясаты, оның қайшылықты көріністері, негізінен, осы кейіпкерлер арқылы суреттеледі. Олардың образын ашуда да жазушы сол дәуірге тән қайшылықты өмір шындығы мен содан туатын күрделі адамдық ұғым-түсініктерді негізге алады.
Романдағы Кирилов бейнесін Әбіш оның өмірінің тарихи шын фактылары негізінде жасаған. Қағаз көшірушінің семьясында туып, өмірі қағазбен араласып өскен, ісіне ұқыпты, жазуы әдемі, ылғи да асығып-үсігіп, мұрнынан шаншылып жүретін жұмысбасты адамның қызмет дәрежесінің өсуі де нанымды. Ресей территориясынан әртүрлі мақсатпен шыққан адамдардың бәрін алдынан өткізіп, олардың есебін жинау, болған жерлерін картаға түсіру жұмыстарын жүргізу арқылы оның ғылымдық мәні бар бірталай пайдалы жұмыс істегенін де білеміз. Осының бәрін ол Ресейдің елдік мүддесіне пайда келтіру мақсатында істеді. Өз өмірін Ресей мүддесіне арнауды армандады. Орынбор экспедициясына бастық болу биік лауазыммен бірге, шет аймақтарда Ресей саясатын жүргізіп, оның мәртебесін көтере беруге қызмет ететінін ол мұрат тұтты, оған кіші жүз қазақтарымен бірге орта жүзді, ұлы жүзді Ресейге қосу, олардың басшыларынан ант алу тапсырылды. Осы тапсырмаларды орындау, Ресей мемлекетінің шекарасын кеңейтуге, оның іргесін бекіте түсуге үлес қосу патша чиновнигі үшін зор мәртебе еді. Оның үстіне экспедиция деп аталғанмен, башқұрттар мен қазақтарды билеу, олардың жерінде Ресейге бағынышты тәртіп орнату үшін аттанған үлкен бір армияға қолбасшылық қызмет атқару міндеті де оның арман-қиялын көтере түскені даусыз.
Петербургте, тыныш кабинетте қиялдан туған осындай ізгі мақсатты таныс емес елдің қайшылықты тіршілігі тас-талқан етті, оның бейбіт жолмен іске асуына мүмкіндік бермеді, башқұрттардың экспедицияға қойған талаптары, оған шабуылы, соғыс әрекеттері Қирилов бойында жергілікті халықтарға деген өшпенділік туғызды. Ол кек қайтаруға ұмтылды. Ашу, ыза оған кек қайтарудың, қаруға қарумен жауап берудің түпкі нәтижесі қалай болатынын ойлатпады. Қолына найза ұстап, азын-аулақ мылтықпен бой көтерген жергілікті халыққа орыс әскерлерінің мол қару-жарағы, пулеметі қарсы қойылды. Мұның өзі оларды ойсырата қырып жіберуге апарып соқты. Игі ойлы Қирилов өзінің қалай жендетке айналып кеткенін байқамай да қалды. Кейіпкерлерінің бойындағы осындай қайшылықты сезімнің туып, оның арандатуға қалай бастағанын Әбіш психологиялық суреттермен әдемі ашады. Әсіресе Чижов отрядының қырылғанын көзімен көрген Кириловтың ызаға булығып, кекті кекпен қайтаруға бел буғаны шынайы бейнеленеді.
Жоғарғы оқиғалардан кейін-ақ біз Кирилов бойында рухани дағдарыс туғанын, одан қайтып шығарлық күш патша чиновнигінің бойында жоқ екенін түсінеміз. Бұл — оның рухани өлімінің басы. Оның аржағында Кирилов өнімді жұмыс жасай алмайды. Қазақ даласын Ресей қол астына тү-гелдей кіргізіп, оны билеу туралы арманы іске аспай қалды. Жазып жүрген еңбегі де («Күллі орыс мемлекетінің гүл жайнаған келбеті» атты еңбегі қолжазба күйінде сақталып, 1881 жылы ғана басылған) аяқталмады. Бұл тұста бітірген шаруасының ең бастысы — түздіктерді билеу туралы ереже қабылдатуы. Оның да Румянцевпен, Татищевпен келісілген нұсқасын емес, түздіктерге деген өшпенділік пен кек алуға толы өз нұсқасын өткізді. Сондықтан оның өлімін де жазушы тәптіштеп жатпайды. Оны жай хабарлап, оның орнына Татищевтің тағайындалғанын жазады. Кириловтың қайшы-лықты тұлғасы романда негізінен сәтті шыққаны дау тудырмайды.
Қазақ даласын билеумен байланысты Татищевтің де жақсы ойлары болған. Ол Орынбор комиссиясында (бұл кезде экспедиция комиссия атанған, кейін — Орынбор шекара комиссиясы) қызмет істейтін орыс чиновниктерінен қазақ тілін үйренуді талап еткен. Патшаның ұлт, ру араздығын сақтау туралы нұсқауына қарамастан, халықтарды өзара достыққа шақырған. Орта жүзді Ресейге қосылуға икемдеген. Қазақ тарихымен шұғылданған. Оның «Ұлы Ресей империясының тарихы мен географиясын сипаттауға кіріспе», «Ресейдің тарихи, географиялық және саяси лексиконы», «Ресей тарихы» атты еңбектерінде қазақтарға қатысты бірсыпыра мә-ліметтер бар.
Жалпы Татищев, Кириловке қарағанда, мәселеге ойлы, салмақты көзбен қарай алуымен ерекшеленеді. Ол алғаш Румянцевпен бірге Кириловпен болған әңгімеде экспедиция бастығының қызбалығына риза еместігін білдіріп, өзінің ойлы, ұстамды саясатшы екенін танытқан еді. Румянцевпен оңаша әңгімеде де қолға түскен башқұрттарды әкіреңдеген солдаттардың қорлауына жол бермей, олардың киім-кешегін, қаруын дұрыс сақтауын өтінеді. Кейін комиссия бастығы болып, Ор бойында салынып жатқан бекініске келгенде де, ол көрегендік танытады. Оның хан тұқымымен алғашқы кездесуін Ералы ханзададан бастауы, оның құрметіне той жасап, зеңбірек атып, сый тартуы хан көңілін табудың басы еді. Кейін ханды қабылдағанда да ол Әбілқайыр мен оның айналасын риза етерлік салтанат ұйымдастырады, олардан патшаға адалдығы жөнінде жаңа ант алуды ақылмен өткізеді. Мұның бәрі Татищевтің ойлы дипломат екенін байқатады. Орал бойында байлық жинау жолында көп елмен араласқан, тіл табысқан, Ресей тарихын жақсы білетін адам ретінде ол халықтар арасындағы ұғынысуға, келісімге өз үлесін қосады. Оның Әбілқайырды қабылдап отырып айтатын: «Ал, өзіңізді әрқашан дос, туысқан тұтып, өмірбақи сол достық, туысқандық ықыластан айнымауға уәде беремін» – дейтін сөзі тек дипломаттық қарым-қатынастан ғана туды деп ойлау жеткіліксіз. Мұның негізінде халықтар туыстығына деген Татищевтің ықыласы да жатқаны түсінікті.
Әбілқайыр хан – бұл романның да басты кейіпкерлерінің бірі. Оның «Үркер» романындағы бейнесі мүлде жаңа жағдайда, тың материалдар негізінде толыса түскен. Ханның ойлы, айлалы, амалды қылығын танытарлық эпизодтар бірсыпыра. Осылардың қай-қайсысында болсын ол «заманына қарай амалы» деген қағидаға сүйенген өз дәуірінің қайраткері ретінде көрінеді. Ол тәуекелшіл жолбарыстың, ашушаң арланның заманы өткенін, айлакер түлкінің дәуірі туғанын түсінеді. «Ал, халықтың басшысы болу – азғантай тоқты-лақтың бақташысы болу емес, – деп ойлайды Әбілқайыр. – Азғантай тоқтышаққа бақташы болу үшін азғантай ақыл, азғантай қайрат та жеткілікті. Ал, аз жұрттың басшысына көп жұрттың басшысынан гөрі де көбірек білік, көбірек айла керек. Көп жұрттың басшысы бағындыра білсе де жеткілікті. Аз жұрттың басшысы бағындырумен қоса бағына да білуге тиісті. Бағыну бағындырудан әлдеқайда қиын».
Әбілқайыр мен Бопайдың ара қатынасы, жастық сезімдері мен алғашқы кездесу романда қызықты суреттеледі. Бірімен бірі сыйлас ерлі-зайыпты адамдардың мінез-құлқында да көпке үлгі болар ғибрат мол.
Елең-алаң — таңның бозғыл тартып ата бастаған тұсы. Бірақ әлі төңірек түгел ашылып болмаған. Орыс-қазақ қатынастарының негізі салынғанмен, қазақ елі үшін әлі көп нәрсе жұмбақ, күдікті еді. Таң белгісі оның келешегінен үміт күтуге дәмелендіргендей. Әбіш романының аты оқырман ойына осыны салады.
«Үркердегі» суреткерлік, жазушы машығы, образ жасаудың үлгісі «Елең-алаңда» да сол күйінде сақталған.
Әбіш — тілі бай, образды, ойлы жазушы. Оның суреттері де жарқын, нақты.
Әбіш романдары шын мағынасындағы халықтық туынды. Олар — ойнап емес, ойлап оқылатын кітаптар. Оларда суреттелетін тарих сабағы негізінен бізге адамгершілік тағылымын ұсынады. Жазушы тарихи фактыны парасатты талдаудан өткізе алған. Сондықтап «Үркер» мен «Елең-алаң» –Әбіш Кекілбаевтың ғана емес, қазақ романының өз кезіндегі үлкен табысы болып саналады.
Қалмақ-қазақ соғысының зардаптары мен қазақ халқының азаттық үшін күресі жеке батырдың тағдырымен тікелей байланыста көрінуі Ж.Тұрлыбайұлының «Тамыз таңы» (1987) романында орынды көтерілген. Кейін роман толықтырып, жөнделіп «Райымбек батыр» (1991) деген атпен жарық көрді.
Атынан көрініп тұрғандай, роман он сегізінші ғасырда Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде өзінің қаһармандығымен, өжеттігімен және әскери ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Райымбек Қангелдіұлы туралы жазылған. Тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаны өз көркемдік деңгейлерінен танып-білуге және сол таныған қажетті материалдарды көркемдік талаптар тұрғысынан игеруге қатысты жазушылық тәжірибе біркелкі еместігін ескерсек, ондай романдардың жазылу қалпы, көркем суреттері әртүрлі боп келеді. Бұл – шығармашылық заңдылығы.
Аталған роман басқа тақырыптас шығармалардан несімен ерекшеленеді дегенде оның мазмұнындағы байсалды үрдісті, оқиғаларды кеңінен баяндап көрсетуге тырысқан сабырлы қалыпты аңдауға болады. Автор бас қаһарманының бала кезінен бастап ел көзіне түскен батырлығына дейінгі аралықты бабымен асықпай суреттейді. Оның батыр, ұйымдастырушы ретіндегі өсу жолы, өміріндегі елеулі белестері толығымен қамтылады десе де болғандай.
Әкесі соғыста өлген жетімек немересін түйгіштеп әкеле жатқан адуын кемпірдің ашу-ызасын көрсетуден басталған роман оқиғасы Райымбек деген балаға барып бір-ақ тіреледі. Сөйтсе, нағашыларының қолында жүрген бұл жасөспірім өзінен үлкен балаларға да әлімжеттік жасап, сабап тастайды екен. Болашақ батырдың жастайынан-ақ күшті, өжет болғандығын көрсететін эпизод жалғыз бұл ғана емес. Соғыс ойнын ойнап ұсақ-түйектен басталған балалық әрекеттер уақыт күттірмей-ақ, шын мәніндегі алыс-жұлыс, қуғын-сүргінге ұласа бастайды. Оған себеп те мықты. Райымбектің әкесі Қангелді батыр бұл кезде қалмақтардың қолында тұтқында отырған. Жасөспірім баланың есіл-дерті – азып-тозып тұтқында жатқан әкесін қалайда құтқарып алу. Балаларды ұйымдастырып соғыс ойнын ойнап жүруінде де үлкен гәп бар. Өздерінше қалмақтардың келешектегі шабуылдарына тойтарыс беруге әрі тұтқындағы кісілерді құтқарып алу жолындағы дайындықтары.
Міне, басқыншылармен соғысқа осылайша ерте бастан қам жасап, өзін өзі ұрысқа әзірлеген жасөспірімнің мақсат-ниеті қалай жүзеге асқаны, ер жетіп, етек жаппай жатып-ақ қанды шайқасқа араласып кеткені романда жүйе жүйесімен суреттеледі. Әрбір соғыс, әрбір қақтығыс жас жігітті тез есейтіп, қазақ сарбаздарының алдыңғы тобынан көрінуіне себеп болады. Райымбектің жастайынан соғысқа араласқан сәті қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалған 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығына сәйкес келеді. Бас қаһарманның өзін нақ осы соғыста көрсетеді. Жазушының суреттеуінше жас Райымбек – тентектігі бір басына жетерлік болғанымен, ел бастар қабілеті бар естияр бозбала. Үнемі ат үстінде жүріп, қылыш, шоқпар сілтеу, найза салып, садақ тарту секілді соғыс өнеріне әбден машықтанған. Оның өзімен кездесе қалған жоңғар шерігінен титтей де сескенуді білмеуі, қасындағы серіктерімен қосылып, қазақ жеріне бастырмалатып ілгерілей түскен жоңғарлықтармен ұрымтал тұстарда айқасып қалып жүруі соғыс тәжірибесін жинақтай бастаған кезі. Жастайынан-ақ қан мен өлімді көріп өскен жігіттің қалың қырғынға бой үйретіп, өзінің де реті келсе, айқастардың алдыңғы қатарынан табылып отыруы – соғыс шынықтырған қас батырлардың өмірбаянына тән типтік жағдайлар.
Болашақ батыр жаумен болатын алғашқы ұрысқа өз атын соғыс ұранына айналдырып, «Райымбек! Райымбек!» деп айқайлай кіріседі. Жау деп ұққандары тұтқыннан босап келе жатқан өз әкесі Қангелдінің тобы болып шығады. Бұл – бір жағы тосын әрі күлкілі эпизод. Қазақ-қалмақ қақтығыстары тұсында ауыр қасіреттермен бірген езу тартарлық небір күлкілі жағдайлардың да ұшырасып тұрғанын жазушы осындай жекелеген көріністер арқылы байқатады. Ел ағалары мен батыр-билердің назары өз қатарынан ерекше айқындалып, жалы күдірейе бастаған жас жігітке аууы тегіннен тегін емес. Күштері сарқылып, ел шеті тозғындай бастаған кезде үлкендердің үміт артатыны – соңдарынан ерген жас ұрпақ, соның ішінде осы Райымбек сияқты жұлқынып алға ұмтылып тұрған жас ұландар. Өздерінің де азаттық тірегі болатынын сезінген жастар басқыншы дұшпандарға қарсы ұрымтал тұстан тиіп-қашты соғысып, тыным таппайды. Қазақтардың арасында ғана емес, жоңғарлардың ішінде де «тоғыз тоқпақ» атанып кеткен топтың басшысы – осы Райымбек. Басып-жаншып ентелеп, жеңістерімен желігіп келе жатқан жоңғарлардың әр тұсынан осы аз ғана тобымен-ақ тап беріп, сан соқтырып кететін жас бозбалалардың ерлік істері шынымен-ақ адам сүйсінерлік. Райымбек бастаған жасақшы топтың дұшпан арасында салып жүрген бұл лаңы – бүгінгі тілмен айтқанда «партизандық соғыс».
Жаугершіліктің бастапқы айларында осындай өжеттігі мен шалымдылығы арқасында өзін көрсете білген жас батыр біртіндеп, үлкендердің өзі санасатын әскери тұлғаға айналады. Оған дәлел – бірінші кітаптың соңына қарай суреттелетін баталдық көріністер. Жаумен арадағы қанды қақтығыстардың жуан ортасынан көрінетін Райымбектің бұл уақыттарда күші толысып, тәжірибесі де молыққан. Өзін жас бала деп менсінбеген жоңғар батырын ретін тауып жеңіп кетуі оған үлкен сенім артуға болатынын сездіргендей.
Райымбек романда тек батырлығымен ғана көзге түсіп қоймайды, сонымен бірге ол өз шаруасына да тиянақты адам ретінде көрінеді. «Қангелді өзінің азғана жылқысын Райымбегі он жетіге толар-толмаста-ақ алдына сап берген. Онсызда ат арқасынан түспейтін малсақ жігіт дөңгеленген шағын шаруаны үйіріп әкетті...» (132-бет) деген жолдар оның жастайынан-ақ шаруақор болғандығынан хабардар етеді. Сөйтіп үнемі дерлік жылқы соңында жүрген жастың ат үстінде мықты сайыскер, шалымды найзагер болып шығуы да заңды еді.
Оқырманның тарихи тақырыпқа арналған шығарманың ішінен алдымен көңіл бөлетіні – тарихи шындық пен тарихи тұлғалардың бейнелері және олардың көркемдік шындыққа айналу үдерісі, шығармашылық тұрғыдан шешім табуы. Нақ осы қажеттілік екінші кітапта айқынырақ көрінген. Мұнда жазушы жеке адамдардың қалыпты тіршілігіне қатысты детальдарды қуалауды бәсеңдетіп, қазақ тарихында белес болып саналатын елеулі оқиғаларға өзінше көркемдік трактовка жасауға тырысқан. Олардың бірсыпырасы сәтті де шыққан. Жоңғарларға қарсы азаттық соғысын ұйымдастыруға қатысты ел жақсыларының бас қосып, соғыс саясатын талқылауы, шындыққа жету барысындағы билер таласы, туған жерді азат ету жолындағы бет бұрыс шайқастар бұл кітапта шынайы әрі әсерлі суреттеледі.
Болат хан, Әбілхайыр сұлтан арасындағы жағдайлар, Аңырақай шайқасындағы қазақтардың жеңісі, Жолбарыс хан мен Төле бидің Ташкентті қорғауы, Лама-Доржының хабаршыларын Райымбектің жойып жіберуі және т.б. оқиғалардың суреттелуі оқырманды жетелеп отырады. Ұлы жүздің бетке ұстар адамдары мәслихаттасып, Ресей бодандығына сұрануы, бұл төңіректегі талас-тартыс өз арнасымен дамып барып, шешім табады.
Романда бас қаһарманның ата-анасы, туған туыстарымен қарым-қатынасы, махаббатқа қатысты сезім күйі де қоса әңгіме болып отырады. Бұл оның қиялшылдығы мен сезімталдылығын білдіретін сюжеттік линияларды өрбітеді. Жас батырдың Күнішпен арадағы сезім күйлері – қиыншылықтың өтінде жүріп сыналған, арқауы берік өмір құбылысы, жылдар бойғы созылып келе жатқан ауыр сынақтың аяулы жемісі. Және Райымбек пен Күніш линиясы романның нәзік сезімге орын берген сәулелі тұстары деуге лайық.
Мінез-құлықтары ашылып, болмыс-бітімі айқындалған кейіпкерлер романда аз емес. Атап айтқанда, Қабай жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Балпық, Өмен, Тұяқ, Едіге, Қойайдар сияқты билер, Қангелді, Бөгенбай, Сатай, Наурызбай, Саурық, Бөлек тәрізді батырлар, Олжа-Мөңке (Олжабай), Биеке бай, Әбін ұста, Есжан жылқышы, Әлмерек абыз, Шәріп ақсақал, Ноянбек, Есенбек, Берден, Бердікей жауырыншы, Ақберді, Малай, Өтеген және т.б. толып жатқан кісілердің көркем бейне ретіндегі болмыстары біршама ашылған. Әрқайсысының бедерленуіндегі көркемдік жетістік бірдей болмағанымен, бұлардың адами қалыптарында сайын сахараның төсінде, шексіз кеңістік ортасында өсіп-өнген адамға тән қазақи болмысы айқын суреттелген. Олардың бойларынан кеңпейілділік те, мәрттік те, жайбарақатылық пен аңғалдық та табылып жатады. Кезі келіп қалса, батырлық көрсетуден де тайынып, сескене қоймайтын ержүректермен бірге жеке бастарының қамын күйіттейтін кісілердің кездесуі де өмір шындығы. Қанымжан, Күніш, Сұлуке, Еңлік, Айғаным тәрізді әйел бейнелерінде артық-ауыс жағылған бояу жоқ деуге болады, толқыған өмір ағысына сай тіршілік кешіп жүрген жандар.
Романда жоңғар қауымынан шыққан кейіпкерлерге берілген орын да едәуір. Тарихта есімдері қалған Сыбан-Рабдан, Шонай, Шамал хан, Қаскелең, Лама-Доржы тәрізді белгілі кісілермен бірге басқа да жоңғарлықтар кейіпкер ретінде романның әр тұсынан көрініс беріп отырады. Бұл арада жоңғарлықтар деп жинақтай айтуға себеп олардың әрқилы тайпалар мен ұлыстардың құрандысы екендігін ескеруден туған. Жазушының бір ұтқан жері – жоңғарлық кейіпкерлердің ұлттық болмыс-бітімдерін қазақтардан ажыратып бере білгендігі. Жоңғарлықтар да, қазақтар да тіршіліктері ұқсас киіз туырлықты көшпелі халық болғандарымен, өздеріне тән салт-дәстүрлері, таным-түсініктері, ұлттық айырмашылықтары бар жұрттар екендігі көрінеді. Тіпті олардың өз тіліндегі сөз сөйлеу мәнерлерін қазақша транскрипциялармен жеткізуі де ізденіс сипаттарының бірі.
Тұтас қарағанда сәтті туған деп танылған романда әрқилы олқылықтардың орын алатыны байқалады. Ең алдымен, шығармада шұбалаңқылық бар. Қазақ тарихындағы қасіретке толы тарихи кезеңді ала отырып, жазушы оқиғаны табиғи түрде ширығып тұрған жағдаяттардан өрбітіп әкетпейді. Кейіпкерлерінің бір бірімен қарым-қатынастарын, қазақ өміріне тән этнографиялық көріністер мен жайбарақат тіршіліктегі күнделікті тұрмыстық мәселелерді әңгімелеп кетеді. Осындай себептерден туындайтын шұбалаңқылық, ұсақ-түйек тұрмыстық сипаты басым эпизодтар мен сюжеттердің арасынан тарихи мәні бар басты-басты оқиғаларды ажыратып алудың қиындығы әсіресе бірінші кітапта басымдау. Онда тарихи рөлі шамалы, екінші қатардағы кейіпкерлердің тағдырларын қазбалап кету жағы көбірек. Негізгі фабуладан ауытқытып әкететін мұндай жағдайлардан екінші кітапта да құр емес. Мәселен, Ақбала-Өмен-Ақберді-Олжабай линиясы. Ақбаланың басын саудаға салу оқиғалары өз алдына бөлек шығармаға азық боларлықтай. Райымбек батырдың өмір жолдарын негізге ала отырып, жазушы сол замандардағы қазақ қоғамының барлық қырын қамтуға тырысқан.
Қасіретке толы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама кезеңін суреттеген тұстарда еңсені басқан ауыр қасіреттің атмосферасы сезілмейді. Қазақтар өздері шегініп келе жатып, қайта-қайта жеңіске жете береді. Ондай жеңістер болса, қазақ соншама шұбырып, қалай қырылып қалған деген сұрақ туады ғой. Бір-екі эпизодта қалмақ қаруынан қырылған өліктер суреттелгенімен, бүкіл халықтың қайғы-қасіретін білдіре алатын деңгейде емес. Зар жылаған арулар, аңыраған аналар, шырылдаған балалар бейнесі жоққа тән. Романның бірінші кітабындағы кейіпкерлері де сол жауынгерлікпен шығынсыз құтылады, екінші кітапта да сол қалпы аман-сау жүр.
Идеялық-көркемдік тұрғыдан алып қарағанда, дилогияның ұтымды тұстары деп негізге алынып отырған кезеңдегі уақыт тынысының мүмкіндігінше сезілуі, тарихи тұлғалар туралы жеке көркемдік версиялардың ұсынылуы, басқа тақырыптас туындыларда назарға алынбай келген кейбір тарихи ситуациялардың жібін тарқатып беруі, билер диалогтарындағы шешендік толғаулар сияқты жекелеген факторларды атап айтуға болады.
Осындай көркемдік табыстарға сүйене отырып, Ж.Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» дилогиясын қазақ романының шежіресінен орын алуға құқылы деп есептейміз.
Көркемдік талаптары келіскен толымды шығарма жазудың алғы шарттарының бірі – оның мазмұнының күрделі тарихи оқиғаларға негізделуі ғой. «Аласапыран» дилогиясы, міне, осы жағынан да оқырман көкейінен, әдебиетке биік талап деңгейінен шыға білген туынды. Оның мазмұны XVІ ғасырдың соңы мен XVІІ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы қазақ даласы мен орыс патшалығында орын алған тарихи оқиғаларды қамтиды. Роман ұлт ретінде жаңадан қалыптаса бастаған қазақ жұртының елдігін, мемлекеттігін сақтап қалу мәселесі төңірегіндегі алуан қам-қаракеттер, саяси-қоғамдық тартыстар, әлеуметтік күрестердің өршіп-басылып, жағаға соққан толқындай қайтадан құлай толқып тұрған кезеңі шындығын суреттеумен басталып, қазақ ханзадасы Ораз-Мұхамедтің қатар жатқан екі жұрт – қазақ пен орыс халықтары арасындағы байланыстырға негіз болған тағдырын осы жолмен ХVІ-ХVІІ ғасырдағы орыс патшалығы өміріне, орыс елінің хал-жайын суреттеуге жол ашады. Ораз-Мұхамед белгілі қоғам қайраткері, ірі қолбасы ғана емес, басы жұмыр пенде, қарапайым адам ретінде жан-жақты бедерленген»- дейді бұл жөнінде филология ғылымдарының докторы Б.Майтанов1.
Бұл тұста құлашын енді кеңге сілтеп, аумағын Орал тауынан (романда «Таскемер») асыра кеңейтіп келе жатқан Русия елі күйзеліске толы қиын дәуірді басынан кешіру үстінде еді. Билікке таласқан әр түрлі үміткерлер ішінде өзін Иван Грозный патшаның кездейсоқ аман қалған ұлы Дмитриймін деп атаған шын-өтірігі белгісіз патшазадалар көбейеді. Оның өзі бірнешеу болып, Лжедмитрий І, Лжедмитрий ІІ, тіпті «үш» аталып кететіні Ресей тарихынан осынау күрделі жағдайды қоғамдық өмірдің ширыққан тартысы үстінде бейнелеген. Билік басына кімдердің келіп, кімдердің кетіп жатқаны, шын патша қайсысы, жалғаны қайсысы деген мәселелер жартылай жұмбақ, шиеленісті ахуал негізінде көрінеді. Кең байтақ қазақ даласының оңтүстік аймағында өмірге келіп, еркіндіктің таза ауасымен тыныстап өткен жас Ораз-Мұхамедтің елтану, билік құру жолындағы алғашқы қадамдары, адами көзқарасының қалыптасу кезеңдері, Ібір-Сібір өлкесіне сапары кезінде өтеді. Қазақ мекендеген өлкенің қай пұшпағын да өзімсініп, иемденіп алуға бейім бір топ қазақ сұлтандары мен бектері бөтен географиялық-қоғамдық ортаға, қазіргі Батыс Сібір өлкесіне келіп бас тірейді.
Қазақтың кең сахарасында еркін сайраңдап жүрген ханзаданың отаршыл орыс мемлекетінің өкілі, воевода Данило Чулковтың қолына аяқ астынан тұтқынға түсуі үлкен тарихи оқиғалардың прологы сияқты. Шектес-шекаралас жұрттарға енді ғана тырнағын көрсете бастаған Орыс патшалығының әмірімен Мәскеу қаласына жеткізілген Ораз-Мұхамед тарих тегершегінің бір кішкене тетігі ретінде ендігі елеулі оқиғалардың бел ортасына кіріп кетеді. Кейде өзі де тарихи-қоғамдық ахуалдың қалыптасып, дамуына ықпал жасайды. Негізгі тарихи оқиғалардың көп бөлігі Ресей жерінде өтетіндігіне қарамастан, шығармада Қазақ ордасы атанған сол кезеңдегі қазақ елінде орын алған тарихи шындық, ел ішіндегі билік оған деген талас, ел мен жердің тыныштығын сақтау, қаһарлы көршілердің басқыншы пиғылынан, шапқыншылығынан сақтану, тәрізді мәселелер жан-жақты қамтылған.
Романның бірінші кітабында Қазақ ордасы мен Ібір-Сібір еліндегі қоғамдық-саяси ахуал, ел билігінің тізгінін еркін иеленіп отырған хан-сұлтан, бек тұқымдарының пендешіліктен туындайтын өзара интригалары басымырақ бейнеленсе, екінші кітап тұтастай аласапыран мен алашапқыны мол орыс еліндегі тарихи тағдырларды, берекесіздіктен белең алған анархиялық катехезисты жан-жақты ашып көрсетуге құрылған. Және қат-қабат қалың оқиға, ширыққан тартысқа толы осы кезең шындығы орыс арасына сіңген қазақ ханзадасының көзімен әр қырынан алынып, бейнелі түрде ғана емес, түрлі тарихи құжаттар негізінде жазылады. Оқиға бір адамның, бас қаһарманның көзімен берілсе де, оқырманның көз алдына замана шындығын білдіретін кең тынысты көркем картина жайылады.
Негізінен ру-тайпалардан құралған Қазақ мемлекеттігін былай қойғанда, шығысқа қарай азуын білеп, аузын ашып келе жатқан Орыс патшалығының өзі басынан шіріп, іштей іріп, құбылып тұрған заманы болатын ол кезең. Қай жаққа көз салсаңыз да, ел-жұртқа нәубет төндірер қауіп-қатердің ызғары; бір-бірімен алакөз болып, аңдысқан, арпалысқан ел билеушілері; солардың кесірінен қарадай күйзеліске ұшырап, тарыдай шашылып жатқан қарапайым халық. Бір ауыз сөзбен айтқанда – аласапыран, тарихтың аласапыраны. Дилогияның осылай аталуының өзінде белгілі бір қоғамдық-тарихи негіз, көркемдік-идеологиялық астар жатыр.
Жеке адамды былай қойып, бүкіл халықтар тағдыры алқалы кеңес, әділетті жиында емес, найзаның ұшы, қылыштың жүзі арқылы шешіліп жатқан заманда «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген мәселенің мейлінше өткір қойылуы заңды. Тарихтың осынау тар жол, тайғақ кешуінде енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан қазақ жұртының аталған кезеңдегі тарихи қалыптасу жолдары бас қаһарман Ораз-Мұхамед айналасындағы алуан сипаттағы оқиғалар арқылы әр қырынан суреттеледі.
Қазақтың басын қайтсем біріктірем деген Тәуекел ханның үлкен мақсаты жолындағы басты кедергі – Бұқар әмірі Абдолла. Қазақтарды қайта-қайта шапқыншылыққа ұшыратып, ел іргесінің берекесін кетіріп тұрған басты дұшпан да сол. Осындай жауыз көршінің агрессиясынан құтылудың бір жолы, сақарадағы билік иелерінің пайымдауынша – терістікте алып мұхиттай төңкеріліп жатқан орыс патшалығынан көмек сұрау. Онда да мұздай құрсанған жарақты әскер күші емес, Мәскеуге келген бас елші Құл-Мұхамед алдымен Посольский приказдың бастығы Василий Щелкаловпен, кейін басқа тұлғалармен сөйлескенде сұрайтыны – ортағасырлық көне соғыс құралдарын ығыстырып, жаңадан күш алып келе жатқан от қару. Бірақ өздерінің маңына шаң жуытпай отырған күшті елдің өкілдері қайдағы бір қазақ ордасына қайдан қару бере қойсын.
XVІ-ХVІІ ғасырларда ұйқыдан оянған айдаһардай жонын күдірейтіп, шығысқа қарай көз тіккен орыс патшалығы қазақ даласына әлі дұрыстап шеңгелін сала қоймаған болатын. Бұл кезеңдегі жаулап алушылықтың негізгі нышаны Ермактың Сібірге жорығы арқылы сезілген. Ал Ораз-Мұхамедтің орыс воеводасының қолына тұтқынға түсіп, ел астанасы Мәскеуден бір-ақ шығуы көршілес жатқан екі жұрттың қарым-қатынасындағы жаңа кезеңге мұрындық болғаны көркемдік желілер арқылы айқын сезіледі.
«Аласапыранның» 2-кітабындағы сюжеттік желілер тұтасымен орыс жерінде өтеді. Бас кейіпкер өмірі мен қоғам тынысындағы шұғыл бетбұрыс, аумалы-төкпелі дәуір елесі, адамдар психологиясындағы айнымалы толқулар тарихи деректерге сай суреттелген. Тарихтың бытысып, былыққан беттерін орын-орнына қолмен қойғандай етіп, фактілерді жалаңаштап ашып беру – көркем шығарманың міндетіне кірмейді.
Сонымен бірге орыс билеушілерінің бұратана басқа халықтарды былай қойғанда, орыс халқының өзіне қатігездікпен қарағаны, бір орталыққа бағынғысы келмеген Новгород халқын жас-кәрі, бала-шаға демей тұтастай мұз астына батырып жіберуі, Иван Болотников көтерілісін аяусыздықпен басып-жаншуы, сыртқы соғыстардан бір сәт тыныс алған кезде, бейбіт заман деп қол қусырып, қарап отырмай, Мәскеуден алыстау жатқан орыс қалаларына жорықтарға шығып, жергілікті тұрғындарды себепсіз қанды қасапқа ұшыратуы – тарихи деректерде айтылатын оқиғалар. Осының бәрі басын қайда тығарын, қай жаққа шығарын білмей, сандалып, толқу үстінде жүрген Ораз-Мұхамедтің көзімен беріледі. Бұл тұрғыдан келгенде роман тек Қазақ ордасының саяси-қоғамдық жағдайын және басқа елде бодан болып жүрген қазақ ханзадасының тағдыр-талайын баян етумен шектеліп қалмай, кейін әлемдегі ең қуатты елдердің біріне, алып империяға айналған Орыс елінің тарихи кезеңі жайлы да көркемдікпен сыр шертеді.
Бас қаһарман Ораз-Мұхамед ешкім бетіне келмей, бұла болып өскен, өжет жігіт. Алғыр ақылы да, өткір мінезі де бір-біріне сай. Қара сөзбен қағысқанда, жағы жаңылыспайтын шешен. Әсіресе оның бұл ерекше мінезі жұртты аузына қаратқан дуалы адамдармен, мысал үшін алғанда, Томан бимен, Есеней бекпен және ел үстіндегі басқа да кісілермен салғыласатын эпизодтар үстінде айқынырақ көрінеді. Тарихи кезеңнің көптеген оқиғалары бас қаһарманның ой-толғаныстары мен монологтары арқылы көрініс табады.
Қазақстанның халық жазушысы Қ.Жұмаділовтың бұл образды жоғары бағалауы да сондықтан. Ол «Жалпы Ораз-Мұхамед бейнесі – өзінің қайталанбас трагедиялық болмысымен оқушы санасында өшпес із қалдыратынын қазақ прозасында бұрын соңды ұшыраспаған, классикалық деңгейдегі аса айшықты тұлға», – дейді.
«Аласапыран» дилогиясында әр алуан сипаттағы кейіпкерлер қатары жүйеленіп берілген. Мұндағы Ділшат сұлтаным, Ай-шешек бегім, Алтын ханым, Әз ханым сияқты әйелдер галереясының өзі бір алуан. Сондай-ақ жаңадан қалыптасып жатқан қазақ қоғамындағы түрлі сословиенің өкілдері Қадырғали бек Жалайыри, Махметқұл, Сүйініш-Мұхамед оғлан, Құл-Мұхамед, Арыслан-Әли және тағы басқа толып жатқан екінші қатардағы кейіпкерлердің тарихи шындықты танытуда өз орны бар.
Шығармада осы мемлекеттің басқару тетіктеріне қатысы бар воеводалар Данило Чулков, Ерофей Глухов, Борис Доможиров, ел билеушілері Василий Щелкалов, Борис Годунов, Василий Шуйский, түрлі рангада қызмет еткен ақсүйек өкілдері Петр Урусов, Евлампий Вылузгин, поляк пандары Рожинский, Заруцкий, Жолкевский бейнелері екінші қатардағы кейіпкерлер болса да өзіндік жеке болмыстарымен есте қалады. Мінез-құлықтары, сыртқы келбеттері ғана емес, бұлардың қоғамдық-әлеуметтік көзқарастары, дүниетанымдық деңгейлері айқын бедерленген.
Жалпы «Аласапыран» қазақтың тарихи романдары ішінде тарихи материалдарды жинақтау, көркемдік-идеялық талдау тұрғысынан өзіндік ерекшелігі мол, қазақ халқының қалыптасу жолындағы трагедиялық жағдайларды кең ашып көрсететін шығарма есебінде бағалы. Қазақ елінің тарихи қалыптасуына белгілі бір дәрежеде ықпал еткен алып көрші жайында көркем көзқарас пен бағыт-бағдар білдіруде оның елеулі орыны бар. Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбайұлының: «Романшы Мағауин өз кейіпкерінің басындағы жұмбақтың астарына бойлай отырып, өз ұлтының басындағы қасіреттің тұңғиығына сүңгиді. Қазақ хандығының қалай құрылып, қалай құлпырып, қалай құрып кетуінің кілтипандарын ежіктейді. Сол арқылы ұлтымыздың басындағы трагедияның түп-төркінін дөп басады. Сырттың тегеуріні мен ішкі келеңсіздіктің тұтқиыл тіл табысуынан қайта-қайта көзімізге көк шыбын үймелеп келе жатқанын реалистік прозаның зерттеуші уытқа ие байыпты тілімен жеткізеді.
Бұл ретте келгенде «Аласапыран» – әлімсақтың ертегісін қозғайтын емес, бүгінгі шындықтың өзегін аршитын ұлағатты шығарма»1 – деген сөзі романның қазақ әдебиетіндегі орнын дәл белгілейді.
Бұл пікірлер «Аласапыран» романының әлеуметтік көркемдік құндылығын ғана емес, тарихи танымдық сипатын да аңғартады.
Қазақтың тарихи романы бұл тұста бергі тарихты ғана емес, көне деректерді де пайдалана отырып, біздің ұлт болып қалыптасуымыздың ерте кездері жайлы да көркем шығармалар туғызды. Олардың ішінде Д.Досжановтың «Жібек жолы», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың қайтып оралуы» (1978) атты романдары сияқты салиқалы туындылар бар. Бұларда оқырман мүлде басқаша жайларға, анығырақ айтқанда, орта ғасырдағы отырықшы елдердің, қалалық өркениетті тұрмыстың сипаттарына куә болады. Осы романдардың мазмұнымен танысып шыққан оқырманның монғол шапқыншылығына дейінгі дәуірлердегі арғы ата-бабаларымыз кәдімгі шығыстық үлгідегі озық тұрмыс кешкен екен-ау деген ойға келуі де заңды. Өйткені жазушылар Шыңғысхан шапқыншылығына дейінгі кезеңде қазақ даласының көптеген жерлерінде тарихи қалалардың болғандығын, оларда белгілі дәрежеде өркениет дамығанын көрсетуді мақсат тұтқан. Оларда Отырар қаласының тіршілігі әр қырынан бейнеленіп, қазақ даласындағы отырықшы жұртшылықтың тарихи-этнографиялық сипаты қоса ашылады.
«Жібек жолы» романында атақты Жібек жолының бойында өркениет ұрығын еккен қазақ қалаларының тірлігіне үңілуге ұмтылушылық айқын. Жазушы өзінің бұл мақсатын Отырар қаласының тіршілігіне, оның монғол шапқыншылығына қарсы тұруын суреттеумен жүзеге асыруды көздеген. Тақырыпты игеру барысында автордың көп ізденіп, көптеген материалдар жинағаны көрініп тұр. Шығарманың бас кейіпкерлері Иланшы Қадыр хан, Қоңырат руынан шыққан Ошақбай батыр, Кайрауық күйші, Тараздық Қыпшақбай батыр, Ғаббас көреген, Бауыршық сұлтан, Баршын қыз тәрізді кейіпкерлердің бейнелері тартымды бедерленген. Бұларда сыртқы пішін немесе мінез-құлық даралығы ғана емес, сол замандағы қазақ даласындағы қалалық өмірге тән сословиелік ерекшеліктердің қандай болғандығы да байқалады. Романның бас кейіпкері Отырар билеушісі Қадырхан, оқымысты кісілер Ғаббас, Исмайыл есімдері тарихи деректерден кездессе, қалғандарын ойдан шығарылған кейіпкерлер деуге болады.
Бас қаһарман Иланшы Қадыр хан – ел басқара білетін әкім ғана емес, халқының, ел-жұртының қамын жеген ортағасырлық қайраткер, туған жердің әрбір төбесі үшін күресе білетін патриот. Қиын-қыстау шақтарда ол бүгінгі күнгі нақты жағдайды безбенге салып, сараптаумен шектеліп қалмай, ұрпақ болашағының қамын жеп, күңіренеді. Қадырханнның осы бағытта өрбитін ойларының оқырманға жеткізілу сипаты көркем де кестелі, әрі әсерлі.
Адам баласына тән көптеген ірі қасиеттердің бір адамның бойына шоғырлануы оқырманды нандыра қоймауы әбден ықтимал. Қадыр хан қайратты да ержүрек, білімі шалқар ғұлама, арғы-бергіні ойлап біліп отыратын ойшыл философ, туған халқын жанындай сүйетін патриот, әсемдік атаулыдан тебірене ләззат алатын эстет. Қадырхан араласпайтын қала тірлігі жоққа тән. Осындай құнды қасиеттерге ие қаһарман – жазушының суреттеуінде соншалықты парасатты, кесек тұлғалы азамат.
Шапқыншылар Отырарды алты ай бойы қоршауға алған кезде де ол әскерімен ақырына дейін шайқасады. Тіпті жау әбден қырып бара жатқан соң, ең соңында жиырма жауынгерімен Көксарайдың ішіне кіріп алып, тағы да табан тірей соғысады. Сөйтіп өз ажалын нағыз батырларға тән ірі мінезбен, өжеттікпен қарсы алады. Жазушы Қадырхан бейнесі арқылы сол замандардағы мінсіз басшының бейнесін жасаған. Оның заман шындығына қаншалықты үйлесімді шыққанын айту қиын. Біздің ойымызша, автор бұл қаһарманның бейнесін сомдауда өмір шындығымен бірге жазушылық фантазияға да көбірек орын берген сияқты.
Монғолдар шапқыншылығы алдындағы Отырар билеушісі Қайырханның бейнесі И.Калашниковтың атақты «Жестокий век» Н.Шәкеевтің аударуында «Сұм заман» романында да бар. Құжаттық дерекнамаға көбірек сүйенген бұл кітапта билеушінің бейнесі Д.Досжанов жасаған Қадырханнан өзгеше. Ондағы билеуші – иегінде сақалы енді ғана тебендеп келе жатқан талдырмаш бозбала. Ал «Жібек жолында» ол ірі таққа әрең сыйып отырған ірі тұлғалы, жасы біразға келіп қалған ересек кісі. Сол сияқты аталған екі кітапта Қараша бейнесі де екі түрлі («Жестокий векте» Караджи хан). Осыдан келіп Д.Досжанов тарихи негізге иек артудан гөрі жазушылық қиялға көбірек тізгін берген бе деген ойға келесіз.
Сол замандарда Отырар қаласында Орталық Азиядағы атақты кітапхананың болғаны тарихи деректерден мәлім. Қаһарманның осы кітапхана жайлы толғануы мейлінше кестелі де бейнелі. Жазушы кейіпкер ойын жеткізуге қарапайым сөздермен емес, астарлы ұғыммен қанатты сөздерге жүк арта отырып, қазақ тілінің мүмкіндігін жете пайдалана алған.
Қадырхан толғанысынан елім-жерім, ұрпағым деп соққан үлкен дархан жүректің лүпілін анық тануға болады. Қазақтың арғы ата-бабаларының өркениет шоқтығына қол артқаны, шамалары келгенше, ұлттық мәдениеттің асылдарын қордалай білгендігі байқалады. Бұның өзі қазақта мәдениет болмаған, тек тағылық көшпелі өмір сүрген дейтін белгілі бір дәрежеде тұрпайы социологиялық ұстанымды қатаң басшылыққа алған басқа жұрт өкілдерінің теріс ойларын жоққа шығарудың оңтайлы құралы екендігі даусыз. Ортағасырлардың өзінде-ақ қазақ жерінің қасиетті топырағында қоры соншалықты мол кітапхана болды деген дәйек бүгінгі ұлт оқырманының мақтанышын туғызып, өзге жұрттардың астам пиғылдарына тоқтам салуы әбден ықтимал. Демек, бұл тұрғыдан алып қарағанда, «Жібек жолы»– таза патриоттық рухта жазылған шығарма.
Бүгінгі таңда көтеріліп жатқан ұлттық идея деген қымбат ұғымды Д.Досжанов осы шығармасы арқылы Кеңес дәуірінің өзінде-ақ айтып қойған. Романда кезең шындығына қатысты суреттер, этнографиялық көріністер, кейіпкерлердің сөз саптаулары ежелгі тарих қойнауында қалған уақыт тынысын көз алдымызға елестетуге елеулі қызмет еді.
Автор сол кездегі адамдардың бүгінгі замандағыдай қарым-қатынас жасауынан сақтана біледі. Шаңытып жатқан жапан дала, сол даланың төсімен жыбырлап әрең қозғалып бара жатқан түйелер керуені, құлаққа талып жететін үндер, кейіпкерлердің киім киістері мен өзара сөйлесу қалыптары Отырар қаласы мен оның маңайын көзге елесте алады. Европа мен араб елдерін Қытаймен байланыстыратын атақты Жібек жолының бірнеше бағытта тарамдалғаны, соның біреуі Сырдария бойындағы Отырар қаласының үстімен өткендігі белгілі. Жазушы осынау тарихи деректерді тірілтіп, жанды көрініске айналдыруға тырысқан.
Романда назар аударуды қажет ететін тағы бір ерекшелік – құрылыс-сәулет өнеріне байланысты баяндаулар мен суреттеулер. Жазушы өнер саласындағы әңгімелерді молынан пайдаланған. Тас қашау, лай құю, қыш күйдіру, көзе-құмыра жасау, зергерлік, ұсталық бұйымдар соғу және т.б. нәрселер сырт көзге қазақтың көшпелі тіршілігінен алыстау көрінгенімен, отырықшы қалаларда бұрынғы ата-баба тұрмысының қандай деңгейге жеткендігін бейнелейді. Романда суреттелетін жерасты жолдары, қыпшақ жұртының математика саласындағы түсінігі, Фараби кітапханасы, күйшілер жарысы және т.б. тарихи факторлар суреттері де нанымды, тіпті бұл салада қазақтың өзінің белгілі бір деңгейде терминдер жүйесі қалыптасқанын автордың сөз саптасынан айқын аңғарамыз. Мәселен, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін баспасөз беттерінде жаппай қолданысқа ие бола бастаған «кешен», «жәдігер», «зертас», «сәулет» және т.б. сөздер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жарық көрген «Жібек жолы» романының ішінде кездеседі.
Монғол шапқыншылығы алдындағы жағдайлар, Шыңғыс хан түмендерінің Қазақстан мен Орта Азияға жойқын шабуыл жасауға дайындалып жатқан кезеңінің шындығы шапқыншылар тегеурінінің мықты екендігін, оларға тойтарыс беруге дайындық роман оқиғаларының дамуы барысын аңғартады. Оны тұтқында болып қайтқан Ошақбай батырдың сөзі бекіте түседі. Бірақ Қадырханнан басқа ел билеушілері оған қамсыздық танытады. Қадырхан мен монғол ханының арасындағы елшілік қарым-қатынастар орталық оқиғаның қозғаушы күші десек те болады. Ол кезде Отырар Хорезм хандығына қараған. Шыңғыс ханнан келген елшілерді хан азаптап өлтіреді. Саяи тактикалық тұрғыдан алғанда, бұның үлкен жаңсақтық екендігі, онсыз да қатігез басқыншылардың шамына тию болып табылғандығы романда шынайылықпен баяндалған. Осы арада ел билеушілері арасындағы алауыздықтың, бейқамдықтың кесапаты жайлы да ой түйгізетін жағдайлар сөз болады. Шыңғыс ханның шабуылы алдындағы осы жағдайлар өкінішке апарып ұрындырады.
Осы арада Жібек жолы бойындағы қалалардың шабуылға төтеп бере алмауына ел ішінде жүрген жансыздар мен сатқындардың да ықпалы аз болмағандығы баяндалады. Өз ауылының немесе өз шаһарының жағдайын ғана ойлап, ортақ іске жұмыла білмеген, бас біріктіріп қорғана алмаған жұрттың қандай тақсіретке душар болатындығы да оқырманды үлкен ойға қалдырады.
Бейқамдықтың бір көрінісі – қазақ даласындағы ел-жұрттың жайбарақаттығы. Қанды қырғынның таяп қалғандығын сезіп-біліп жүрген жан шамалы. Бірақ осынау маңызды жағдайлар көбінесе баяндау формасында берілгендіктен, кітаптың көркемдік тіні үзік-үзік болып қалады.
Әдебиет сыншысы Т.Тоқбергенов: «Роман фабуласы жағынан да, құрылым-композиция жағынан да өзгеше, соны. Романның желі-желі болып басталуы, түйін-эпилогтың өзгеше тыныс, өзгеше леппен бітуі, желілердің сарын-сарын болып ұласуы романға өзгеше түр, өзгеше пішін берген»1 – деп, формалық бітіміне тән ерекшеліктерді тап басып көрсеткен. Романның сюжетінде ауыз әдебиетіне, ертегі аңыздарға тән желілер, детальдар ұшырасады. Мысалы, Ошақбайдай батыр жігіттің монғол шапқыншыларының қолына пенде болып түсіп қалып, оның қасындағы Баршын қыздың құтылып кетуі, Ошақбай батырдың бір бармағын өзі кесіп алып, «Үш күнде жете алмасам, өлдіге жорып, осы бармақты көміңдер» деуі реалистік шығарма кейіпкерлерінен гөрі ауыз әдебиеті табиғатына жақын.
Тарихи-өмірлік шындықпен қабыспайтын жағдаяттардың да ұшырасып қалып отыратыны бар. Д.Досжановтың «қырық ру қазақ» деген тіркесті қолдануы тарихи шындықтың келбетін көресте алмаса керек. «...қырық ру қазақтың тойшылары ағытылды» («Жібек жолы», 147-бет).
Осыған қарамастан, Д.Досжановтың «Жібек жолы» романын қазақ прозасындағы тарихи туындылардың ішінде өзіндік көркемдік ұстанымы, бет-бағдары бар байыпты туынды деп бағалаймыз.
Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы негізінен аңызға құрылғанымен, көне дәуір шындығына сүйенеді. Ол – өз заманының оқырмандары мен бүгінгі ұрпақ, роман аударылып басылған шетелдік қауым үшін де көркемдік-эстетикалық әсері мойындалған туынды. Шығарманың сәтті шығуына әсер еткен көркемдік факторлар қатарында шығарма мазмұнындағы психологиялық ахуалдың күшті суреттелуін, оқиғаның мейлінше қоюлығы мен оқырманды әрі қарай тартып отыратын көркемдік қуаттың психологизм арқауынан айқын нәр алып отыруын, осы арқауды одан ары жандандырып, безендіріп тұрған көркем де кестелі тілдің шұрайлы өрнектерін, бағзы заман тақырыбына арналған шығарманың таза тарихи құбылыстар мен оқиғаларды баяндаумен шектеліп қалмай, тарих қойнауындағы кейіпкерлердің көңіл-күйлерін, ақыл-саналары мен таным-түсініктерін мейлінше жарқын көрсете алуын, көне замандағы қоғамдық атмосфераның сол қалпындағы суретін атауға болады.
Романның кейіпкерлері санаулы ғана, кейбір эпизодтық персонаждарды қоспағанда, небәрі төрт-бес-ақ адам. Сол арқылы жазушының аз кейіпкерге көп көркемдік жүк арқалатқан. Олар Алмас хан, ұлы ханша, кіші ханша, бас шебер және жас шебер Жаппар. Осы аталған адамдар арасында өрбитін сюжеттік желінің қазығы мықты, айтар ойы тереңде. Автор кейіпкерлер санын тым молайтпай-ақ, аз ғана адамдардың қарым-қатынасы, жан дүниелерін тереңдей көрсете отырып, тұщымды философиялық ойлар айта білген және ол ойларын әсерлі түрде жеткізген.
Осы айтылған көркемдік ерекшеліктер «Аңыздың ақыры» романын тек тарихи ғана емес, тарихи-психологиялық роман деңгейіне көтере алған. Бұл айтылғандар қазақ прозасындағы екі шығарманың бірінде ұшыраса бермейтін көркемдік табыс болып саналады.
Кезекті жорықтан қайтып келе жатқан Алмас хан өзі билік етіп отырған қаласына таяған сайын сонау алыстан бір нәрсе шошайып көзіне түсе береді. Ханды әрі-сәрі қылып бірден-ақ түрлі ойларға жетектейтін жағдай – осы көкжиектен аспанға қарай шаншылған үшкір зат. Өзі жорыққа аттанар алдында болмаған мүлде бөгде нәрсенің бас кейіпкер көңілін бөлуден басталған оқиға одан әрман ширыға түсіп, адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастардың тереңіне қарай жетелей береді. Романда бір-бірінен салаланып өрбіп, желілене тартылып жатқан қат-қабат қалың оқиға жоқтың қасы. Жоғарыда аталған екі-үш адамның ғана арасында дамитын сюжет оқырман көңілін ала қашатын оқиғалық негізде емес, психологиялық планда дамиды.
Алыстан найзадай шаншылып көрінген нәрсе жаңадан соғылған мұнараның жоғарғы жағы болып шығады. Хан жорықта жүрген кезінде жеңіспен оралған жұбайына деп ханшаның жасаған тосын сыйлығы. Бұл құрылыс – ханшаның бір жағы күйеуіне деген шексіз махаббатының, адалдығының, барлық жан-тәнімен берілгендігінің белгісі. Көңілі көтеріліп оралған Алмас хан ұрпақтан ұрпаққа жетер тосын сыйды осылай қабылдайды. Олайша түсінуінің шындықтан алыс жатпағандығы және рас. Алайда осы мұнара маңында көп ұзамай көңілге түйткіл келтіретін оқиғалар тізбегі орын ала бастайды. Алаңсыз ниетке күмән әкеліп, күдік түтінін бықсытушы – үлкен ханша. Қанша айтқанымен, күйеулері ортақ күндес әйелдердің бір-бірін аңдуы, реті келсе, бірін бірі аяқтан шалып, күйеуге жаманатты көрсетуге тырысуы – өмір заңдылығы. Үлкен ханшаның күйеуіне әлдеқандай жағымсыз жаңалықты амалын тауып ишаралап жеткізуінде осындай табиғи құбылыс жатыр. Бірақ сол салқын хабардың арты неге айналарын сол үлкен ханшаның өзі де толық түсініп үлгермегенге ұқсайды.
Сөйтсе, қаланың сәнін, өмірдің мәнін келтіріп тұрған мұнара тек кіші ханшаның күйеуіне деген махаббатын білдіріп қоюмен шектеліп қалмайды, басқа да ғашықтық сезімінің символы болып шығады. Бас шебердің басшылығымен мұнараны тұрғызған жас шебердің кіші ханшаға деген ынтызарлық сезімі тыным таптырмай, ақыр соңында сол сезімін мұнара арқылы бейнелеуге алып келген екен. Қастасқан дұшпандарының барлығын жайпап, ешкімді бетіне қарсы келтіріп көрмеген әміршінің ұғымында қайдағы бір шебердің өз әйеліне көз салуы – адам баласы естіп көрмеген кешірілмес күнә. Бұндайда адамгершілікті бетке ұстап, ғашық жігіттің сезіміне түсіністікпен қарау мүмкін емес екендігін автор оқиға барысындағы жекелеген иірімдер арқылы айқын сездіріп отырады. Кіші шебер Жаппарға бұйырылған жазаның түрі де қатігездіктің айқын көрінісі.
«Аңыздың ақыры» романындағы жазушының мақсаты ертедегі адамдар арасында орын алған осындай күрделі психологиялық жағдайларды көрсетумен шектеліп қалмау болса керек. Романдағы басты көркемдік нысаналардың бірі – қаһармандардың ішкі әлеміндегі құбылыстарды, түйткілді ойлар мен дүдәмал сұрақтарды көлденең тарта отырып, адамның жан дүниесіне сапар шегу, оқырманды сол арқылы психологиялық иірімдердің құбылмалылығымен-ақ тәнті ете білу. Бір сөзбен айтқанда, өз қаламына тән ерекшелікпен Ә.Кекілбаевтың бұл жолғы мақсаты адамдардың жан дүниелерінде буырқанып жатқан алуан құбылыстардың күрделілгіне көркемдік призмалары арқылы зер салу, мүмкіндігі болғанша, ішкі өмірдің қалтарыстарын ақтармалап көрсету. Бұл жауапты мақсатқа жазушы көркемдік құралдарды оңтайлана пайдалана отырып қол жеткізген деуге болады.
Роман оқиғасы оның сюжетімен мазмұндас аңыздан алынған. Бас қаһарманын да таза қиялдан туған, мүлде дерексіз жалпылама типтік бейне деп атауға болмайды. Әдебиет зерттеушісі, академик Р. Бердібаевтың пайымдауына қарағанда «Аңыздың ақырындағы» бас қаһарман Алмас ханның прототипі Орта Азия халықтарының тарихында белгілі бір орынға ие болған атақты Ақсақ Темір деуге толық негіз бар екен. Өйткені өмірде болған бұл жеке тұлға мен роман кейіпкерлерінің арасында ұқсас болып келе факторлар бірнешеу көрінеді. Жазушы сол Ақсақ Темірдің бейнесіне бояу қоса отырып, өз шығармасының кейіпкеріне айналдыра білген. Мұндай көркемдік тәсілдің өзі де жазушы шеберлігінің айқын көрінісі екендігі сөзсіз.
Міне, осындай өзінің өктемдігіне әбден масайған ханның алдынан бір жұмбақ кедергі шығады. Ол – ішіне құрт түскен қызыл алма. Оны қолына тигізген адам – үлкен ханша. Енді ханды дағдартқан – сонда бұл ненің ишарасы деген ой. Осынау сауал оның жанын жегідей жеп барып, ақыры қисын қуалау арқылы құрт түскен қызыл алманың шешуін табады.
Бұл пікірдің шынайылылығын Р.Бердібаевтың төмендегі ойымен салыстыра отырып, көруге болады: «Адам психологиясының иірімдерін көрсету, талдау молдығы жағынан бұл роман әдебиетімізде тың ажар қосарлық туынды. Сонымен қатар «Аңыздың ақыры» өзінің бітімі жағынан философиялық романдардың да реңін танытады. Кең талданатын қайшылықтар, күдіктер, құмарлықтар, өштіктер қаһарманның ойлары төңірегінде көрінуі бұған дәлел. Тартыс, сюжеттің серіппесі – сезім арпалыстары айналасында емес, іңкәрлік пен нанымның, ар мен борыштың тайталасы негізінде өрістейді деуге болады»1 дейді ғалым. Жалпы романда тікелей айтылып, лақ еткізіп тастай салатын ойлар мен тұжырымдар жоққа тән. Барлығы ишара, астар мен меңзеу. Жазушы ертедегі адамдардың өмір сүру философиясындағы осындай ерекшеліктерді нақты психологиялық тартыстың қозғаушы күшіне айналдыра отырып, таңдап алған кейіпкерлерінің жан дүниелерін ашып, жалаңаштай көрсетуге тырысады. Түрлі психологиялық-логикалық иірімдер арқылы жеке адамдардың ішкі әлемімен бірге тартыстардың түпкі себебі мен оларды шешуге апаратын тарамдалған жолдар көріне бастайды.
Жасында өмір тауқыметін бір адамдай тартқан, қорлық пен кемсітушіліктің талайын көрген Алмас өз ақылының ұшқырлығымен, айлакерлігімен, тіпті өжеттігімен біртіндеп билікке ие болады да, ақырында қазіргі деңгейіндегі құдіретті әмірші лауазымына қол жеткізеді. Ол үшін кез-келген жұмыр басты пенденің тағдыры ойыншық сияқты болып көрінеді. Жеке адамның тағдыры, заты мен мүлкі ғана емес, оның ішкі көңіл ауаны, сезімі мен жүрек лүпілі де өзіне бағынышты болуы тиіс. Міне, осындай түсініктегі адам үшін қайдағы бір шебердің басқаға емес, өзінің әйеліне ғашық болуы – шектен шыққан бұзақылық, көз көріп, құлақ естіп көрмеген жаманат. Осындай жағдайда көз көріп, құлақ естімеген жазаны ойлап табады да, енді еш жерде, ешбір елде нақ осындай ғажайып сұлу мұнара салынбасын деген бұйрық береді.
Айлалы да ақылды хан ақыр соңында жас шебер Жаппардың кіші ханшаға деген құмарлығы тек сырттай ғана құмарлық екендігіне, ал кіші ханшаның әйел ретінде өз арының алдында таза екендігіне көз жеткізеді. Бірақ әу баста қойған мақсатынан шегінгісі келмей, Жаппардың көзін ойғызып, құлағын кестіріп тастайды. Сөйтіп қанша адамға қырғын тапқызған хан өзінің сұмдық жауыздығын әрі қарай жалғастырады. Және осындай әрекетке қадам жасау барысында қол астындағы қалың елдің пікірін біліп алуды да ұмытпайды. Базар атаулыға өзінің жансыздарын жіберіп, болып жатқан оқиғаларға қатысты пікір жинастыруы – нақ осындай зымияндықтың көрінісі. Өзі туралы ел ішінде небір алыпқашпа сөздердің болғанын хан теріс көрмейді, неше түрлі лақап аңыздардың туа бергені өзінің бейнесін асқақтатып, жұртқа үрей әкелгенін қалайды.
Жарты әлемді тітіркендіре билеп отырған адамның билігі жетпейтін бір нәрсе бар екен. Ол өзінің жеке өмірі болып шығады. Айналадағылар оған тек қорыққанынан ғана қызмет істейді. Шын көңілмен берілген адам байқалмайды. Өзінің әрбір басқан қадамы санаулы, жарқылдап күле алмайды, қуанышқа да беріле алмайды. Шын достары, жақын адамдары да жоққа тән, бәрінен күдіктеніп, бәрінен сақтанып жүргені. Бір сөзбен айтқанда, осындай құдіретті билік иесі адам баласына тән қарапайым бақыттылыққа қол жеткізе алмайды деген түйінде үлкен философия жатқаны сөзсіз.
Романда монологтарға көп орын берілген. Солардың басым бөлігі – ханның монологтары. Өмірінде кездескен әрбір құбылыстан астар тауып ала білетін, ешкімге айтпастан-ақ түрлі ойларды түйіндеп отыратын хан өзінің адамдарға қырғын тапқызған қылмысын ақтағысы келіп те ұзақ толғанысқа беріледі. Бірер мысалдарды көлденең тарта отырып, өзін ақтайтын дәйек тапқандай да болады. Бірақ ұзаққа бармай жатып ол дәйектерінің дәрменсіз, қылмысты ақтауды қисынсыз екендігінге көз жеткізуі де нанымды. Диктаторлықтың дәмін алған билігі шексіз хан артына ерген халықты жаппай құлына айналдырса ғана разы болмақ. Осы Алмас ханның бейнесі арқылы жазушының айтпағы – басшы өзін ғана емес, өзімен бірге халқын да ашкөз етіп баулыса, қоғам да азады деген идея.
Осындай ситуациялардан келіп романдағы Алмас ханның бейнесі күрделеніп, кесектене түседі. Қандай адам екендігін бірден анықтау қиын тиетін, қатпары мол мұндай күрделі бейне, сөз жоқ, осы романның ғана емес, жазушы шығармашылығының да үлкен табысы.
Тек бас қаһарман Алмас хан ғана емес, оқиғаға қатысушы санаулы кейіпкерлердің барлығы да ойларының жүйріктігімен, әрекет барысындағы тереңдіктерімен ерекшеленеді. Өзіне соншалықты ыстық ықылас аударған кіші шеберге енді кіші ханша да бей-жай емес, Оның өңінде болмаса да, түсінде көңіл аударып жатқанын Алмас ханның сезіп қоюы да қызықты, астарлы деталь деуге болады. Бірақ кіші ханша өзінің жас шеберге деген ынтызарлығын әйелге тән ерлікпен жүгендеп қалыптасқан салт-санаға, халықтық дәстүрге жеңдіре біледі. Бұл да оқырмандар тарапынан қолдау таба алатын үлкен ерлік екендігі сөзсіз.
Ішіне құрт түскен қызыл алманы күйеуінің қолына тигізіп отырған үлкен ханша да тегін адам емес. Қызғаныш түтініне көміліп жүрсе де, күндесінің аяғынан шалып қалуды қапы жібермегені анық. Олардың қай қайсысы да «былай істесем, ары қарай не болуы мүмкін» деген сыңайдағы сауалға толы ойларын дамыту барысында психологиялық иірімдірдің тереңдей түсуіне ықпал жасайды. Кей сәттерде қаһарманның толғаныстары авторлық баяндауларға ұласып, автордың сөзі мен кейіпкердің ойлары бір арнаға құйылып жатады, сөйтіп бұл екі көркемдік фактордың ара жігін ажырату қиынға соғады.
Романның тілі бай да құнарлы. Жазушы небір күрделі тіркестерді пайдалана отырып, орнымен қисынды қолдана біледі. Соңынан қосылған қанатты тіркестер, сирек қолданылатын историзмдер мен архаизмдер жағы баршылық. Олардың арасында қарапайым оқырмандардың түсіне білуіне қиын тиетіндері де жоқ емес. Соған қарамастан, «Аңыздың ақыры» романы – тілінің байлығы, ойының құнарлылығы арқылы да биік көркемдік деңгейге көтеріле алған бітімі кесек туынды.
Тарихта айтулы із қалдырған ұлы тұлғалар туралы жазу қашанда жеңіл болмаған. Тек қазақ әдебиетінде ғана емес, басқа жұрттардың әдебиеттерінде де солай. Бұндай қиындықтың себебі белгілі – алдымен жазатын нысанды арғы-бергіні қопарып, жақсылап тұрып зерттеуге тура келеді, қаншама архивтерге үңіліп, тірнектеп дерек жинастырудың өзі – қаламгердің жүйкесін жұқартып, жігерін құм қылатын бейнетті еңбек. Шығарманы бағзы заманның тынысына сай шындыққа үйлестіріп шығара білу, ең бастысы алып отырған тұлғаңды қайтадан тірілтіп, сол қалпында сомдай білу терең білімді ғана емес, шындықтан шырқап шығып кетпейтін күшті қиялды, жазушылық шеберлікті қажет етеді.
Нақ осындай ауыр міндетті мойнына алған жазушы Әнуар Әлімжанов қазақ даласының біртуар перзенті, ұлы ғұлама, ойшыл Әбунасыр әл-Фараби жөнінде «Ұстаздың қайта оралуы» атты роман жазып, әдеби өмірімізге белгілі бір дәрежеде жаңалық әкелді. Аталған шығарма баспа жүзін көрісімен-ақ әртүрлі пікірлер туғызды. Олардың басым бөлігі аталған туындының жақсы жақтарын, көркемдік-тарихи ерекшеліктерін талқылауға айналдырды. Олардың бәрі «Ұстаздың оралуы» – қазақ прозасының тарихынан елеулі орын аларлық тарихи туынды екендігін атап көрсетеді. Әлбетте бір романға қаһарман өмірінің барлық кезеңін сыйғызу мүмкін емес. Осыны жақсы түсінген Ә.Әлімжанов негізгі сюжеттік линияның бойына бас геройынының ғұмыр жолындағы жекелеген сәттерді ғана көрсетуді мақсат еткен. Нақтырақ айтқанда, жазушының көбірек тоқталған тұсы – Әбунасырдың Шам шаһарынан Бағдатқа қарай бет алған кезеңі. Ғұлама ғұмыры шегініс арқылы баяндала отырып, оның арғы-бергі тағдырының хабардар ететін мағлұматтар беріледі. Қыпшақ даласынан шыққан ұлы ғұлама алпыс жыл бойы Араб халифатының аумағын аралап, талай жердің дәмін татқан. Әу баста Отырардан шыққан ол Шам, Бағдат, Тудмор, Самарра, Харран, Мекке, Халеб сияқты шаһарларда болады. Сөйтіп жазушы бас геройының көзі арқылы сол замандағы араб халифатының тыныс-тіршілігінен көп мәліметтер келтіреді.
Былай қарап тұрсаң, әл-Фарабидің өмірі негізінен жер жерді кезіп, сапарлаудан тұратын сияқты. Ол өндірдей жас кезінің өзінде-ақ туған қаласы Отырардан алысқа кетуге тәуекел етеді. Алғашында жер-жаһанды кезгенде дүниені шындығын табуды мақсат еткен ол көздегеніне жету үшін білім-ғылым керек екендігін, терең таным болмаса түбегейлі шындыққа көз жеткізудің мүмкін еместігін сезінеді. Осыдан бастап ол білім-ғылымға бас қояды, сол замандағы шығыс ғұламаларының еңбектерін оқып, зерделеумен қатар гректер мен римдіктердің де қалдырған қолжазбаларына үңіле біледі. Өмірін үнемі ізденіспен өткізеді.
Бірақ өмір күрделі. Қараңғылықпен тұмшаланған ортағасырлық шығыстағы тіршіліктің қияметтері, әсіресе, мол. Әбунасырдың қаршадайынан көріп келе жатқаны – адамның екінші бір адамға жасаған зорлық-зомбылығы, жөнсіз қиянаты, әлділердің, ауқаттылардың кембағал, кедей жандарды зар қақтыруы. Ол өзінің тапқан білімін, осындай теңсіздікті, таптық езушілікті тоқтатуға, жер бетіне жақсылықтың сәулесін себуге жұмсауды армандайды. Ғұламаның бастан кешкендері мен ой-толғамдары қай заманда да шешуін таппай келе жатқан аса өзекті мәселе екендігі, тіпті оның жекелеген нышандары бүгінгі жиырма бірінші ғасырда да орын алып отырғаны белгілі. Әбунасыр жергілікті жердегі әкімдермен де, дін иелерімен де тіл табыса алмай, сондықтан да бір мекенде ұзақ тұрақтамай, сырғақсып кете береді. Тіпті өзінің туған шаһары Отырарға оралған кезде де сондай дискомфортты басынан кешіреді. Өзінің өмірге келген мекені, туған қаласы. Бір түрлі жат, ғұламаның келуін жақтырмағандай салқын көрінеді. Осынау қасиетті мекенде орын алып жатқан әділетсіздіктер, қисынсыз қиянаттар жанын ауыртады.
Тек Отырар ғана емес, Бұхар, Шам, Халеб, Бағдат шаһарларындағы жағдайлар ойлап тұрса, бір біріне ұқсас екен. Қанау мен зорлық-зомбылықтың етек алуы жағынан осы бір көне қалалардың таптық-моральдық ахуалы бір бірінен соншалықты ұзай қоймапты. Зорлықшылардың атаулары ғана бөлек: Отырарда әскери әкімдер, Бұхарда әмір, Шам мен Бағдатта халиф. Бәрінің қара бұқараға жасайтын қысымдарының түпкі сипаты бір. Бәрі де зорлықшылар.
Әбунасыр осындай қысым күшейген қалалы жерлерден аулақ жүруді ойлағанымен, тағы ретін келтіре алмайды. Соның ең бастысы – оқу-білім ортасынан қашықтап кету қаупі. Сондықтан да қазығын айналған аттай болып, жасалып жатқан қиянаттарға еріксіз куә болуға тура келеді.
Осындай терең мағынасындағы ойшыл болғандықтан болар, романда Әбунасырдың толғаныстар мен ойсоқтылығына көбірек орын беріледі. Ол өмір құбылыстарына өзінше баға беріп, өзі куә болған әрбір істен белгілі бір мағына тауып отырады. Бір кезде әке тілегін қабылдамағаны дұрыс та болған сияқты. Өйткені әкесі қымбатты ұлының әскербасы болғанын қалапты. Алдынан ұшырасар қиындықтардың соншалықты көп болатындығын сезіп-біліп тұрып жас жігіт осы ғылым жолына ден қойған. Сөйтсе, мына қым-қуыт заманда құр білім алуымен шұғылдана берудің мүмкіндігі жоқ екен. Өмірдің өз машақатымен бірге теңсіздіктер де білім жолындағы мықты кедергілердің бірі ретінде болып табылатыны шығармадағы нақты оқиғалар барысында көрініс тауып отырады.
Романның жарқын беттері – Әбунасыр мен Бәну арасындағы махаббат сезіміне қатысты оқиғалар. Осынау ақылды да сүйкімді аруды оқымысты жігіттің шын жүрегімен жақсы көруі нанымды өрілген. Бәну – жай ғана бойжеткен қыз емес, бас уәзірдің аялап отырған ару қызы. Оның махаббаты да есепсіз шынайы махаббат. Осы бір адал да дегдар жанның сезіміне жауап беруге келгенде Әбунасыр табандылық таныта алмай, солқылдай береді. Екі жас бір бірін шын көңілмен ұнатады, бірақ жақындасуға бармайды. Адам сезімі мен нәпсісі ақыл-ойдың қас-жауы деген қайдағы бір моральдық философия тауып алған Әбунасыр қызға трактаттар айтып, мезі қылады. Қызға деген құштарлық сезімі, махаббатқа деген уақыты ғылым өмірімен сыйыспайды деген ой айтады ол. Сөйтіп ғалым жігіт ер мен әйел арасындағы махаббат сезімінен ғылымды, өмір ақиқаты мен адамгершілік мүдделерді жоғары қояды. Бұл тұрғыдағы екеуінің байсалды да байыпты пікірсайысы қандай философты болса да қызықтырарлық. Оқыған-тоқығаны бар зейінді Бәну де осал емес, жігітпен сөз таластырарлық, ой теңестірерлік дәрежеде. Бұны біз екеуара өрбитін терең мағыналы әңгімеден аңғарамыз.
Тек махаббат мәселесінде ғана емес, өмірде кездесетін әділет пен қиянат, еңбек пен мансап және тағы басқа категориялар жайында Әбунасырдың өз түйгендері бар. Қара күш пен зорлықты жақсылық атаулының қас жауы деп санайтын ол тап теңсіздігімен ешқашан ымыраласпақ емес. Осы арада тәжіктің ұлы ақыны Рудаки мен Әбунасырдың кездесуі оқырманды тебірентетіндей эпизодтардың бірі деп санауға лайық. Орта Азия жерінен шыққан екі ұлы адамның ұшырасуының өзі өмір заңдылығы сияқты көрінсе, бұлардың өзара ой бөлісуіндегі тереңдік оқырманды тәнті етеді. Бұлар өмірдегі ең бір көкейкесті, мағыналы жағдаяттар туралы сыр шертісе келіп, бір бірін толықтырып, жетілдіреді.
Рудакидің тағдыры тіпті аянышты. Сөзін тыңдамағаны үшін Бұқар шаһарының әкімі оның көзін шығарып жіберген. Данышпанға қысым жасау дегеніміз бүкіл адамзаттың ақыл-ойына нұқсан келтіру екендігінде ондай жауыз әкімнің шаруасы да жоқ. «Біз жыртқыштың қолындағы тотықұс тәріздіміз ғой...» дейді Рудаки Әбунасырға. Шам шаһарында да халифке ұнамағандардың бәрі жазаға тартылып жатады. Ондай қатер бір күні Әбунасырға төнуі де ғажап емес болатын. Оның сүйіктісі Бәнуді ертпестен, алыс сапарға асығыс жол шегуінде осындай себеп жатыр еді.
Академик Р.Бердібаев романының әлеуметтік салмағы жөнінде: «Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың қайта оралуы» романы қазақ жерінің перзенті, жаһандық білім ғарышына самғаған данышпанның өнегелі өмір философиясын бүгінгі жұртшылық аңсарына орайлас етіп әңгімелеген. Екінші жағынан, бұл шығарма жалпы адамзаттық өшпес ақиқаттарды еске салады. Ақырында, «Ұстаздың қайтып оралуы» адам жаралғаннан бері қоғам өмірі қайшылыққа, күреске, жақсылық пен жамандықтың арпалысына толы екендігін, қара күш пен зорлыққа, арамзалық пен мансапқорлыққа негізделген өмірдің нәрсіздігін, әділ түзім мен ізгілік үшін тынымсыз іздену мен еңбектену қажеттігін әңгілейтіндігімен елеулі»1 деп бағалаған болатын. Ә.Әлімжановтың қыпшақ даласынан шыққан ғұламаның бейнесін өз деңгейіне сомдай алғаны даусыз. Шығармада публицистикалық леп шалқи көрініп тұрғанымен, оның көркемдік өресі өз тұсындағы қазақ романдарынан олқы соқпайды.
Бұл айтылғандар қазақ романының 60-90 жылдар аралығында ұлт тарихының көкейкесті мәселелерін көтеруде, сол арқылы қазақ деген халықтың өмір сүру, ел болу, азаттығын қорғау жолындағы күресін көркем бейнелеуде едәуір табысқа жеткенін танытады. Әдебиеттің кешегі бір тұста ұлттық белгілерінен айрыла бастаған халықтың сана-сезімін оятуда, намысын қамшылауда, тілін сақтау үшін күресуде үлкен қызмет атқарғаны дау тудырмайды.