Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде

Қазақ романдарының туа бастаған кезінен негізгі тақырыбына айналған халықтың азаттық жолындағы күресі жаңа дәуірде де жалғасын тапты. Алайда 50-жылдар ішіндегі қоғамдық шындықты жаңаша тану жолындағы ізденістер оның дамуына тың өзгерістер әкелді. Қазақ халқының революциядан бұрынғы және кейінгі өмірі жайлы ұғым-түсінік өзгермегенмен, қазақтың елдігін, өзіндік ұзақ тарихы мен салт-дәстүрін баса көрсете отырып, халықтық күрестің нәтижесінде туған жаңа құрылыстың қайшылықтарын ашу, тарихтың өткен жолдарын сын көзімен шолу романнан мол орнын тапты. Асыра сілтеу кезінде жазықсыз жазаланып кеткен талай ерлердің азаттық үшін күрестегі тиісті орындары айқындалып, жаңа романның кейіпкерлеріне айналды. Шиыр болған таныс оқиғалардың айналасында шырмалып саясат қуып кетпей, қазақ қаламгерлері өмірді тануда, бағалауда жаңа жолдар іздеді, тиісті көркемдік құралдар пайдаланды.

1960-жылдар әдебиетінің осы ізденісін бастаған шығарма-бұрыннан аты елге таныс қаламгер Ғабдол Слановтың «Асау арна» (1966) романы болды. Ол революция жылдары оқиғаларын кең қамтуымен, олардың қазақ халқының тағдырына әкелген өзгерістерін салалап, көркем бейнелей алуымен көзге түсті. Әр түрлі ұсақ сюжеттермен салаланып, бірінен-бірі өрбіп отыратын түрлі оқиғалардың құятын арнасын автор сол кездегі заман ағымы мен қоғамдық арпалыстарға тірейді. Көркем уақыт кеңістігі революцияның алдындағы жылдардан басталып, азамат соғысына дейінгі кезеңді қамтиды. Атап айтқанда, олар – патша дәуіріндегі қазақ қауымы, оқиға болатын аумақтағы алғашқы қазақ жұмысшыларының, пролетариат өкілдерінің тууы мен қалыптасуы, қараңғы қазақ бұқарасының дүниетанымының кеңеюі осы жолдағы орыс халқы өкілдерінің көмегі. Сонымен бірге ұлы орыстық шовинизмнің белең алуы, қараңғылық қаумалаған ортадағы әйел теңдігі үшін күрес, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, революцияның жеңуі және оның азамат соғысына ұласуы т.б. соқталы әлеуметтік-тарихи мәселелер. Осылардың әрқайсысы бір-бір шығармаға салмақты жүк болуға жарайтын ауқымды тақырыптар. Дүниені бір қауыздың көлеміне сыйғызып жіберетін ертегідегі сиқыршыдай жазушы осынау шоқтықты ірі қоғамдық проблемалардың барлығын көркемдік-мазмұндық жүк ретінде бір романның көлеміне сыйғыза суреттейді.

Демек, шығарманың композициялық пішіні шығармашылық тәсілмен жақсы ойластырылған. Әрине, нақты кейіпкерлерді араластырып, оқиғаны дамыту барысында, көркем туындының негізгі белгілерін тірілту үстінде аталған тақырыптардың эстетикалық предметке айналу деңгейі, жазылу сипаты біркелкі емес. Базбіреуіне көбірек орын берілсе, енді біреулері ішінара тек эпизодтық сипатта ғана көрініс табады.

Жазушының бір ұтып тұрған жері – осындай сюжеттік арқаулар мен әлеуметтік тартыстардың басым бөлігі негізгі тіні бір адамға, романның бас кейіпкері Күмісбектің тағдырымен тығыз байланыста көрсетілетіндігі. Сөз болатын оқиғалар мен бірсыпыра тұлғалардың тарихи негізі болғанымен, бас қаһарманның прототипі нақты өмірдің өзінен алынған деп айту қиын. Жазушы сол кездегі қазақтың алдыңғы қатарлы прогресшіл азаматтарының оңды қырларынан жинақтап келіп, өзінше көркемдік қалып соққан.

Күмісбек образының бірегейлігі – кез келген жігіттің бойынан табыла бермейтін сан қырлы азамат болып келуінде. Оның бойындағы қасиеттер ақылды, парасатты, еңбекқор, сезімтал, орнықты, салмақты, жұғымды, батыл, шешімтал, өжет, қабілетті, өрелі, тыңғылықты, беделді, ақынжанды, ісмер, аңғарымпаз, ақ көңіл, жайдары, мейірбан, ізгі ниетті және т.б. сипаттармен ашылады. Былайша айтқанда, Кеңес дәуірінде көп жырланған, кезінде жас ұрпаққа үлгі болып көрінгенімен, көркемдік-реалистік ғұмыры қысқа болған кәдімгі стандартты кейіпкерлердің ортақ үлгісіне жақындайтын мінсіз кейіпкер. Жоғарыдағы айтылған қырлары оқырманға ұнасымды әсер етіп, коммунистік тәрбиенің таптырмас құралына айнала алатын-ақ жан. Алайда оның образ ретіндегі көркемдік кемшілігі де бойындағы осындай қасиеттерінен, болмысындағы артықшылықтардан, мінсіз кейіпкер болуынан туындап жатыр. Кеңестік дәуір әдебиетінде мінсіз кейіпкер жасау үрдісі үлкен кемшілік болып санала қоймайтын, тіпті кейбір жағдайларда ондай идеалды тұлғалар әдебиеттің тәрбиелік-идеялық тұғырын нығайта түседі, сөйтіп, жас ұрпақты тәрбиелеу барысында айтулы қызмет атқарады деген қағидат белең алып кететін.

Сонымен тағдыр талайы едәуір қиын болғанымен, Күмісбек – сол бір қиын-қыстау замандарда адамгершілігін, имандылық негізін жоғалтпастан, бүкіл өмірін күреске арнаған жігіт. Таптық-ұлттық езушілік белең алып тұрған заманда тіршілік етудің оңайшылыққа соқпайтынын, әділет жолы езілуші тап өкілдері үшін қашанда ауыр болатынын ол әкесінің басына іс түсіп, айдалып кеткен кезде анық сезінеді. Бірақ соған қарамастан, ұнатқан қызына үйлену ниетімен қайтпай күреске шығады. Ескі салт-дәстүрлер дендеген қазақ қоғамында қалыңсыз әйел алудың мүмкін еместігін біле отырып, Күмісбек замана ағымымен бірге жаңаша ойлап, өз бақытын арашалап алу мақсатында әрекет етеді. Бірақ ескілік шырмауындағы қазақ ортасы үшін мұндай аса шетін мәселені шешу оңайға түспейді. Аяғыңды қанша аңдап бассаң да, бір бәлеге шырмалып қалуың оп-оңай. Басына қауіп төнуге айналған бұлтынан албырт жігіт орыс байы Сергей Шахворостовтың араласуы арқылы құтылады. Енді Күмісбек үшін бұл купецтің дүниедегі ең бір жақсы адам болып көрінуі де заңды. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, енді екі алақанын ысқылап, қандай жұмыстан да тайынуды білмейтін жас жігіт өзіне жақсылық жасаған адамның құлақкесті құлы болуға шығады.

Өмір жолында әділеттік жалауын желбіретуге тырысып жүрген Күмісбек дұрыс шешім қабылдауды талап ететін түрлі жолайрықтарын да бастан өткізеді. Адам өмірінің сынағы көбінесе осындай қиын таңдауларды алға қоятындығымен күрделі ғой. Басына іс түскен жанның алдында тұратын таңдау жолы әдетте екі түрлі болып келеді. Не бүк, не шік, екеуінің біреуі ғана, басқадай жол жоқ. Бұндай дилемма – көркем шығармада кейіпкердің сыналар тұсы, азаматтық позициясының жалаңаштанып, оқырман алдында шынайы бет-пішіні көрінер сәті. Мұндай моральдық тартыс Күмісбек өмірінде де жиі кездеседі. Соның ең бірі – фабрика иелері мен жұмысшылар қозғалысы кезіндегі жол айырығы деуге болады. Таразының бір басында–кезінде өзіне жақсылық жасап, ит жеккеннен құтқарып қалған Сергей Шахворостов пен оның айналасындағылар, екінші басында – өндіріс қожаларына кіріптар болып, ауыр азаптан өле бастаған, құқықсыз, ақшасыз, езілген жұмысшылар. Бұл жағдайды тіпті таразы деуге ғана болмайды, бұлар – таптық шиеленіс шегіне жеткен кезде пайда болатын баррикаданың екі жағындағы бітіспес дұшпандар.

Енді Күмісбектің қай жағына шыққаны жөн? Өзіне есінен кетпестей жақсылық жасап, айдаудан аман алып қалған фабрика иесінің бе, әлде көрген құқайлары да, мақсат-мүдделері ортақ жұмысшылардың ба? Жазушы өз кейіпкерін осылайша біраз толғантып алады да, тиісті шешім қабылдатады. Күмісбек ақыры өзінің таптас серіктері жанынан табылуды жөн көреді. Бұл арада таптық қана емес, моральдық мәселенің де төбе көрсетіп тұрғанын ұмытуға болмайды. Неге Күмісбек бір кезде өзіне үлкен жақсылық жасаған адамға қарсы шықты? Адамгершілік тұрғыдан алғанда, өйтуге бола ма? Адами қарым-қатынастың қалыптасқан нормасына келмейтін әрекетке баруы қалай?

Өз есебі тереңде, бекер нәрсеге араласпайтын зымиян байлардың бір бармағын ішіне бүгетін кездері де аз емес. Күмісбекке қол ұшын берген кезде Сергейдің де сондай артқы есебі болған екен. Жалған жақсылықтың төркіні біртіндеп ашыла берген. Аз шығынданып, көп пайда әкелетін қадамға барған орыс байының ішкі есебі мығым болып шықты. Ол осы Күмісбек арқылы қазақ кедейлерінің арасынан қаншама арзан жұмыс күшін тапты. Шынын айтқанда, Қарғалы кентіндегі атақты шұға фабрикасы осы қалың қара жұмысшының күшімен салынып, іргелі өндіріс ошағына айналды. Жұмысы жолға қойыла бастаған кезде Шахворостов та езіп-жаншуды күшейте түсті. Жұмыстың ауыртпашылығы сондай – адамдар мертігіп, зорығып өле бастайды. Өндіріс құрал-жабдық иелері мен қаналушы жұмысшы табының арасындағы қарама-қайшылық енді шындап етек алады. Сөйтіп иелеріне қарсы шыққан жұмысшы қозғалысының өңірдегі әжептәуір ірі оқиғаға айналғаны романда таптық тартыс негізінде суреттеледі.

Жалпы осы арада каптиталистік құрылыстың экономикалық заңдылықтары, таптық қарым-қатынастың ары қарай дамуына тікелей әсер ететіні нақты мысалдармен бой көрсетеді. Комбаинат іске қосылғаннан кейін қожайындар тарапынан қанаушылық күшейе түссе, ал таптық езгі екпін ала бастаған шақта жұмысшылардың да санасы еріксіз оянып, саяси тұрғыдан бірігу үдерісі орын ала бастайды екен. Роман авторы Маркс теориясының іс жүзінде нақты жүзеге қалай асатындығын осы Қарғалы шұға комбинаты жұмысшыларының мысалында бейнелеуге тырысқан. «Бөрі етектен алғанда, жау жағадан» демекші, Жетісу өлкесіне келіп, орныға бастаған капитализм қысымымен бірге ауыл-аймақтың бұрыннан келе жатқан бай-манаптары да осындай кезде тіпті құтырып кетті. Оның романдағы айқын мысалы Күдері болыс арқылы көрініс тапқан. Оның бойынан әдеттегі қанаушы тап өкілінің қалыптасқан жаттанды типтік қалпы байқалады. Өзіне қарасты қорғансыз жұртқа әр тараптан қысым жасау, майданның қара жұмысына қазақтан жігіт шақыру жөнінде шыққан патша бұйрығын желеу етіп, одан әрі құтырып кеткен билік иелерінің образдық сипатын осы Күдерінің бойынан таба аласыз.

Әлбетте, жұмысшыларды жан дүниесімен қолдаса да, ары қарай не істеу керек, тіпті заңды түрде қандай әрекеттер жасауға болады деген сұрауға жауап беруге Күмісбектің өресі жетпейді. Осы арада жазушы оқиғаға сол кезде Қазақстан астыртын жұмыс істеген большевиктер өкілдерін араластырып, қозғалыстың саяси бет-бағдары мен әрекет жасау тәсілдерін нақтылайды. Мұндай идеялық салмақ Күмісбектің орыс досы Василий мен татар жігіті Ғиная Шагабудтиновқа жүктеледі. Күмісбектің саяси көзінің ашылып, біртіндеп азаттық жолында қалыптаса бастауы – осындай алдыңғы қатарлы ойлы, пікірлі жігіттердің арқасы.

1916 жылғы оқиғаның Жетісу өлкесінде қатты серпін алғаны тарихтан белгілі. «Асау арна» романында да осынау қасіретті кезеңнің суреттері әсерсіз емес. Екі таптың арасында онсыз да ушығып тұрған жағдай енді отқа май құйғандай одан әрман қарай ушыға түскеніне куә боламыз.

Осы бір алмағайып заман – езушіліктен зардап шеккен әр түрлі сословие өкілдерінің мақсат-мүдделерінің мейлінше ұштасып, жақындай түскен сәті. Комбинаттағы қазақ жұмысшылары бірден-ақ көтерілісті бастаушы топтың арасынан көрінеді. Оларға жан-жақтан келіп қосылып жатқан ашынған халық өкілдері де аз емес. Балаларын әскерге бергісі келмеген қарапайым бұқара қалайда қанды күреске бел буады. Көтерілісшілер таудың қиын бір жеріне шығып алып, бекініс жасайды. Біраздан кейін бұларға патша әскерінен бөлінген адамдар қосыла бастайды. Бұндай жіктелу арқылы жазушы кедей ішінен шыққан солдаттардың ықылас-пейілі көтерілісшілермен бірге болғанын аңғартқысы келген.

Бұл көтеріліс созылып келіп Ақпан төңкерісіне ұласады. Жазушының роман оқиғаларын осылайша ширықтыруы 1916 жылғы оқиға да, 1917 жылғы патшаның тақтан құлауы да еңбекші бұқараның ортақ мақсаты, сондықтан қазақ жерінде олардың өзара ұштасып кетуі заңды құбылыс деген позициядан туған.

Көтерілісшілер тобындағы жетекшілердің бірі болып көрінген Күмісбек жалғыз емес. Қараңғылықты бұзып-жарып санасы оянған қазақ жұмысшыларының арасында Садық, Аппақ сияқты серіктері де осындай қиын-қыстау сәттерде езілуші таптың ортадан суырылып шығар тұлғасы болуға жарайтын азаматтар.

1916 жылғы көтеріліс тарихынан хабары бар оқырман романдағы Бекмұрат образының Тоқаш Бокиннің өмірдегі нақты бейнесімен астасып жатқанын шамалай алмақ. Өйткені автор бұл образдың прототипін Тоқаш Бокиннен алған деуге негіз болар мысалдар шаң беріп қалады. Не істерін білмей, сеңдей соғылысып толқыған халықты күреске бастап шыққан ол ерлікпен шайқасады. Бірақ көтерілісшілердің басым бөлігі жеңіліп қалғанымен, беріспеген топтардың күресі Ақпан революциясына барып ұласқан.

Шығармада таптық езгімен бірге орыс байлары тарапынан орын алған ұлттық езушілік мысалдары да айқын көрініс тауып отырады. Орыстардың өздері бұратана санайтын қазақтарды қорлағанын автор бүгіп, жасырып қалмаған. Мысалы, бас кейіпкер Күмісбекті комбинат мастері Пестовтың боқтағанының өзі талай нәрседен хабар береді. Оның қаһарын төгуіне қарағанда, киргиз (яғни қазақ) дегеніміздің күні малдан да төмен, оны шама жеткенше қорлауға, тіпті өлтіріп те тастауға болады.

Бір сөзбен айтқанда, белгілі бір көркемдік деңгейге жете алмағанымен, аталған роман тарихи кезең тынысын білдіре алатын тартымды шығармалар қатарында саналады.

Қазақ әдебиетінде осы дәуірде жазылған туындылардың ішінде көркемдік өресі, қоғамдық-тарихи проблемалары кеңқұлашты эпикалық романдардың орыны бөлек. Сондай кең тынысты туындылардың арасынан Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» атты романының (1961-1970) шоқтығы биік көрінеді. Оның себебі бірнешеу. Ең алдымен, романның әлеуметтік, қоғамдық салмағының мейлінше ауырлығы, айтылар ойлардың тереңдігі, екіншіден, осындай көлемді шығарманың бір сәт те әлсіремей, биік көркемдік деңгейде жазылуы, үшіншіден, көркем шығармаға қойылатын негізгі эстетикалық талаптардың оқырман талғамымен үйлесе отырып, толығымен орындалуы.

Алғашқы кітабы жарық көрген күннен бастап роман жайында айтылған пікірлердің басым бөлігі бір арнадан табылып, оның көркемдік-идеялық қуатының мықтылығын қадап айтып келеді. Кең тынысты фабула Қазан революциясының алдындағы қазақ қоғамының жайы-күйі хақында кестелі түрде әңгімелеуден бастау алып, жер дүниені сілкінткен тарихи құбылыстың тып-тыныш қана бұйығы өмір кешіп жатқан бір түпкірдегі қазақ ауылына да қалай келіп жеткенін нақты адамдар бастан кешкен қызықты оқиғалар арқылы жалғастырады. Романның прологындағы ауыл-үйді тастаяқтай қағыстырып жүретін тырыли Қарақатынның өсек отын тұтататын айқайы оқырманын бірден-ақ елең еткізеді. Бұл айқай – жай айқай емес, кейіпкер тағдырына өзгеріс әкелетін астары жаман айқай. Өкінішке орай, осылайша дабылдата келген өсек сөздің негізінде шындық ұшқыны жатқаны да расқа шығады.

Оқиға өрістеп, кейіпкерлер арасындағы тартыс күшейе түскен сайын жаңа әлеуметтік проблемалардың да көкжиегі кеңейе береді, аласапыран уақыт қоғам алдына тың проблемаларды да көлденең тартады. Бұның өзі сюжет одан әрі қоюлануға айналған кезде шығарма салмағының көркемдік-проблемалық тұрғыдан арта түсуіне жетектейтін нышандар екендігі сөзсіз. «Қан мен тер» дилогиясы нақ осындай биік деңгейден көріне алған, қай жағынан болсын оқырманын риза ете алатын табысты шығарма.

Бас кейіпкер Еламан бойында образ табиғатына тән күрделі, кесек белгілер сәтімен шоғырланған. Қоғамдық-әлеуметтік тартысқа еріксіз араласып, бара-бара сол бір аласапыран уақыттағы саяси оқиғалардың қозғаушы тетіктерінің біріне айналған ол ірілі-уақты тартыстардың нәтижесінде шын мәніндегі қаһармандық бейнеге айналады. Бұл арадағы кейіпкер көзқарасының кеңеюі, іштей түлеп, жетілуі, қайраткерлік тұрғыдан ұштала түсуі, күнделікті өмірдегі толғанатын мәселелері де, мазасын алатын жағдайлар да кәдімгі күнкөріс үшін жүрген шаруа адамына тән болып келетін типтік құбылыстар. Былай қарағанда, өзімен өзі жүретін осынау томаға-тұйық жігіттің жан дүниесін бұрқандырып жатқан нәрселер өзінен басқа ешкімді ойландырып та жатпайтын сияқты.

Бірақ өмірдің қат-қабат күрделі құбылыстары Еламанды да шет қалдырмай, өз қақпақылына түсіріп, адам сырын түсініп болмас иіріміне сүңгітіп әкеткендей болады. Бәрін іштей ғана ойланып, қайнап жатқан ойларын сыртына сирек шығаратын Еламанның басындағы үлкен әңгіменің бірі – Ақбала екеуінің арақатынасынан келіп өрбіп, елеулі әлеуметтік-моральдық проблемаға айналады. Бұл арада Еламан-Ақбала-Тәңірберген арасында махаббат үштағанына тән болып келетін типтік нышандар орын алады. Осы үш кісінің сезім күйін, жүрек лүпілін ортаға ұсыну барысында жазушы оқырмандарын да әрі-сәрі күйге түсіреді, ортақ тиянақты пікірге келтірмей, сезім құбылыстарын құбылта түсіп отырады. Бұл арада базбіреулер Еламанды жақтаса, екінші бір оқырмандар Ақбаланы немесе Тәңірбергенді кінәлап жатады. Таза имандылық, құлықтылық тұрғысынан алып қарағанда, үшеуін де құптамай, сезім күйлеріне тиянақты да жауапты қарай алмағандары үшін үш кейіпкерді де жазықты етіп шығаратындай себептер бар.

Жазушының адам жанын көркемдік талдаулар тұрғысынан зерделеп-зерттеуге бағытталған шеберлігінің бір қыры да осы мәселеде айқын көрінеді Асылында Ә.Нұрпейісов – қай образды мүсіндесе де, ағын ақтай, қарасын қарадай етіп оңай сомдай салуды азырқанатын жазушы. Бұл қаламгердің көркемдік кредосы – қашанда күрделі образдар, олардың қалыпқа сыймайтын күрделі жан дүниелері. Махаббат тәрізді асыл сезімге қатысты кейіпкерлердің көбінесе іштей буырқанған күйге түсуі жалаң баяндалмайды, оқиғаның әрбір даму сәті психологиялық ширығыстармен, әлеуметтік-моральдық тартыстармен ұштаса келіп, образ қалпын одан әрман жұмбақты күйге жетелей береді. Аталған дилогияның алғаш жарық көрген күнінен бастап оқырмандарын жалт қаратуының бір сыры осындай кейіпкер табиғатын күрделендіру барысында туындаған мәселелерді көркемдікпен ширата түсуінде жатса керек-ті.

Балықшы ауылындағы қарапайым отбасында өсіп-өнген Ақбаланың өмірді танып-білу жолы да қарапайым. Бірақ соған қарамастан, өз сезімінің екіұшты күйіне ие бола алмай жүрген, сүйіспеншілік мәселесіндегі нәзік көзқарасын іс-әрекетімен сездіретін осы бір кербез де әсем келіншекті қарапайым жан дей алмайсың. Адами қалпының өзі ауыл ақсақалы деңгейінде көрінетін әкесі Сүйеу қартқа қарағанда басқаша. Романда Ақбала махаббат атты ұлы сезімнің күрделі әрі таусылмайтын тақырып екендігін астарлы түрде кейіптей алатын, сондықтан да өз деңгейінде көркемдік-идеялық жүк көтеріп тұрған символдық бейне деуге болады.

Еламан үшін ол өмір жолындағы бір белес қана емес, мынау сұрқай дүниені ажарлап, сәнін келтіріп тұрған, жұпыны тіршілігінің бір шұғылалы қыры да. Әйтпесе Еламанның өз басына төнген зауал нәзік сезім атаулының қай-қайсысын да таптап өтетін деңгейде. Өзінің мұз үстінде ғарық болған қандас бауырлары үшін өзегі өртеніп кеткен кезде тентек Шодырды (Федоровты) сүймен ұшына іліндіруі – қаһарман өміріне жаңаша бетбұрыс жасайтын шұғыл қадам.

Кең тынысты ауқымды шығарманың негізгі ұстанған бағыты тарихи-революциялық тақырып болғаннан кейін оның көркемдік-идеялық динамикасы да осынау күрделі тақырыптың аясында өрбиді. Айтар ойға өзек боларлық соқталы, ірі әлеуметтік-саяси тартыстар да тарихтың осынау дүрбелеңіне орай дамып жатады. Және ол тартыстар – бір күнде немесе бір айда шешіле салатын түйіні оңай шиеленістер емес, тамыры бұрыннан-ақ тереңге кеткен, оқиғаға қатысушы қаһармандардың табиғатынан туындайтын болмысы күрделі тартыстар. Адамдардың әлеуметтік жағдайымен айқындалатын таптар тартысы саясат ғылымдары өлшеп берген бір аяда ғана қарастырылмайды. Жазушы ұсынатын қат-қабат проблемалар нақты кейіпкерлердің тағдырлары, олардың көзқарас қақтығыстары мен таным-түсініктері, психологиялық және моральдық үйлесімсіздіктері арқылы жүзеге асып жатады.

Өз тірілігін өзі күйттеп, былайғы өмірде шаруасы жоқ сияқты көрінетін Еламан соңында бүкіл ауылдың бірден бір бас көтерушісі деңгейіне көтеріледі. Серіктес ағасы Мөңкенің басындағы ауыр жағдайды айтпақшы болып балық промыселының қожасы Федоровтың үйіне келген сәттегі Еламан боркеміктеу, намыссыз жігіт. Өтініш айта келіп тұрып жазықсыз таяқ жегеніне қарамастан, қыңқ етіп қожасына қарсы ауыз аша алмайды. Өйткені бұл кезде оның қол-аяғын тұсап, жібермей тұрған тылсым күш – жылдар бойында сүйегіне сіңіп қалған құлдық психология. Бет-ауызын қан басып кетсе де, Мөңке отбасында орын алған ауыр трагедияның жағдайын қайталап айта береді. Федоровтың бұл қорлауында тек қана озбыр қожайындарға тән үстем тап өкілінің қорлығы ғана жатқан жоқ. Ол Еламанды ұлттық тұрғыдан да қорлап, «Азиат» деп кемсітеді. Яғни, бұндай кемсіту жалғыз балықшы Еламанға ғана арналып тұрған жоқ, оның шыққан нәсілін де қорлауға бағытталып тұр, демек бүкіл халқын қорлап тұр. Соның өзінде әбден жуасып, ез болып қалған ұлттың өкілі жұмған ауызын ашып, тұяқ серпуге жарамайды.

Бірақ әр нәрсенің де шегі бар. Ауа райының мезгілсіз уақытында зорлықпен ауға шығып, ақыр соңында бірнеше балықшының қазаға ұшырауы – таптық-отаршылдық езгінің жан төзгісіз деңгейге жеткенін бұлжытпай айғақтайтын трагедиялық ахуал. Қаны әбден қарайып алған бас қаһарманның жан дүниесі бір-ақ сәтте вулкан болып жарылады. Бұл тек Еламанның тағдырына ғана бетбұрыс әкеліп қойған жоқ, оның маңайындағы адамдардың өмірдегі көзқарасына да тосын серпін береді. Үстем таптың езушілігіне қарсы наразылық толқыны Арал толқынынан арман күшейіп, қоғамға түбегейлі өзгерістер әкелетін дүбірлі оқиғаны тездете түсуге ықпал жасай бастайды.

Бұдан кейінгі Еламанның айдауда болуы, майданның қара жұмысына алынуы оның ірілене бастауына, қоғамдық-саяси белсенділігіне жол ашатын елеулі оқиғалар еді. Балықшы ауылының момын, жігерсіз жігітін өз басынан өткізген әділетсіздіктер ғана емес, әлеуметтік астары қалың айтулы оқиғалар да шыңдап, қайрат-күшін, ақыл-парасатын ұштап, ширата түскен. Ауыр өткелектерден өтіп келген ол – революцияның дайын тұрған сарбазы.

Еламанның азамат соғысы басталған сәтте қолына қару алып, ақ пен қызыл соғысына тайынбай араласып кетуі өмір талаптарынан туындайды. Кейбір сыншылар Еламанның үшінші кітапта аяқ астынан пысып-ширап, алғыр болып шыға келуін жазушы тым шапшаңдатып жіберген деген сыңайда пікір айтады. Бірақ қоғам алдына өз проблемаларын жедел ұсынып, оның тез шешілуін талап еткен қатігез заманның екпіні адамды ойланып-толғанып тұруға, созбалаңдыққа мұрша бере қоймас еді. Өмірінде мылтық ұстамақ түгілі олардың алыстан атылғанын да көрмеген бозбас ауыл жігіттерінің талайы-ақ майданға бара салып, ерлік жасағанына тарих куә. Ендеше соншама ауыр өткелектерден өтіп келген Еламанның ер жігітке тән қайсар мінездер көрсетуіне не себепті күдікпен қарауымыз керек?

Қаһарман табиғатын ашып көрсететін көркемдік факторлардың бірі – әлеуметтік-моральдық тартыс болса, екіншісі – өз басынан кешкен қиянаттары, түрлі жеңілістері. Қаншама ұмтылғанымен, Еламанның соқа басының ұшпаққа шыға алмауы да өмір шындығын бүркемелеп, кейіпкер тағдырын қолдан қиындату деуге болмайды. Әділеттілік іздеген жігіт басын тауға да, тасқа да ұрды. Ауға түскен асау шортандай шамасы жеткенше бұлқынып көрді. Бірақ мықты жіптен тоқылған ауды жырта алмады. Ақыр соңында өзі сан аулаған Арал балығындай болып, ақ офицердің қылышына туралуы сондай сарынның айғағы. Оны қылыштап кеткен басқа ешкім емес, өзінің бір кездегі ата жауы, промысел иесі Федоровтың баласы, ақ армияның офицері болуында да символдық мән жатыр.

Балықшы ауылдың Еламан кеткеннен кейінгі бас көтерер азаматы Кәлен, қарт балықшы Мөңке, Еламанның інісі Рай, жекешіл Төлеу, эпизодтық персонаждар Жалмұрат, Андрей және тағы басқалары сол кезеңдегі әлеуметтік қабаттың да типтік өкілдері деуге лайық кейіпкерлер. Бұлардың әрқайсысы өзіндік тағдыр-талайымен, адами қалыптарымен оқырман есінде жақсы сақталып қалады. Кәлен күрделі бейне ретінде таптық, ұлттық езушілікке қарсы наразылық білдірген жандардың көш басында тұр. Еламанға қарағанда мінезі ашық, ақкөңіл азаматтың жан дүниесінде қалтарыс, бұлтарыс аз. Еті тірі кедей жігіттің басқа адамның қолынан келмес іске барып, бір сюжеттің ширығуы барысында Қаратаз болысты өлтіріп жіберуі оның әділеттік үшін ештеңеден тайынбайтын адам екендігін көрсетсе керек. Осы образ арқылы жазушы бір жағынан қазақ даласында жаңа өмірдің салтанат құруын білдіргісі келген де сияқты.

Ал Сүйеу қарт, Есбол қария, Мөңке сияқты егде жандардың қазақ қоғамындағы орындары олардың жеке мінез-құлықтары арқылы ғана емес, арпалыс, күрес жолдарында өздерін қалай ұстады деген мәселе арқылы да көрініс табады. Бұлардың әрқайсысы – бір-бірін қайталай қоймайтын мінез-құлықтың иесі, ел-жұртқа дұрыс ақылшы бола білетін естияр қарттар. Қазақ қоғамының өмір шындығының бір парасы романда осындай егде жандар арқылы да көрініс табады.

Дүниежүзін дүр сілкінткен Қазан төңкерісінің дүмпуі кең байтақ қазақ даласының бір қиыры Арал теңізі маңайындағы ел тіршілігін де осылай шайқап өтеді. Өзімен өзі болып тыныш жатқан бұйығы жұрт Ресейдің ең бір артта қалған пұшпағы деген күннің өзінде, енді осы революция ісіне араласуға мәжбүр болады. Бұндай саяси өзгеріс романдағы жекелеген кейіпкерлер арқылы нақты көрініс тапқан. Рас, дүние аласапыран болып кеткен қым-қуыт кезеңде сахнаға қазақтардан гөрі басқа ұлт өкілдері, негізінен орыстар көбірек шығады. Атап айтқанда, Мюлгаузен, Дьяков, Ознобин, Селиванов және басқалар қанды арпалыстардың, кескілескен шайқастардың арасынан көрінеді. Романның кейбір беттерінде қазақ есімдерінің азайып, талас-тартыстар мен тәжікелесудің басқа европалық ұлт өкілдерінің арасында көбейіп кеткен тұстарға тіпті орыс тілінен аударылған шығарманың беттері түсіп кеткендей әсер ететіні де бар.

Қаншама сылап-сипаған күнде де маркстік-лениндік қағидат бойынша дамыған интернационалдық ұстанымда бәрібір ақаулық барын жазушы өлшеп-пішіп болса да, айта білген. Мәселен, еңбекші жұртшылықтың қамқоры, нағыз большевик болып көрінетін Мюлгаузен саяси тұрғыдан сырлас, пікірлес болып жүрген қазақ досын ұлттық тұрғыдан кемсітуге бейім. Бір ашуланып қалған сәтінде оны «калбит» деп ұлттық намысына бір тисе, тағы да «киргиз» деп кемітеді. Бұл оның тек Еламанның жеке басына ғана қатысты пікірі ғана емес, сол Еламан өкілі болып табылатын бүкіл ұлтты қорлауы. Езілген еңбеккер бұқараға азаттық әперу жолында қан кешіп жүрген ер большевиктің өзі осындай түсінікте болса, отаршыл, патшашыл орыстардың бұл бағыттағы жүгенсіздігіне не шара. Әрине, басқа ұлт билеген отаршылдық жағдайда қазақ баласына теңдіктің оңайшылықпен тие қоймайтынын жазушы осындай нақты мысалдар, ишаралар арқылы меңзеп отырады.

Автордың назарда ұстаған тарихи ахуалдардың бір парасы – қазақ халқының осындай шовинизм қыспағына ұшырауы, отаршылдық қамытын киюі, көршілес басқа ұлттар тарапынан түрлі шабуылдарға ұшырап отыруы, бір сөзбен айтқанда, ұлттық езгіде өмір сүруі. Осы арада бейбіт жатқан қазақ ауылдарына көршілес түркімен тайпаларының шабуыл жасауы сияқты оқиға жайдан жай кіргізіле салмаған. Оларды автор басымашылар сыпатында бейнелеген. Бірақ түркімендердің қазақтарды ежелден-ақ оңай ас көріп, шапқыншылыққа ұшыратып келгені олармен жапсарлас қоныстанған қазақ руларының тарихында жақсы мәлім. Романдағы түркімен шапқыншылығы бұрыннан келе жатқан осындай жаугершілік психологияның заңды көрінісі, екі халық арасында көп жылдар орын алып келген дұшпандық қарым-қатынастың кезекті шындығы. Осы оқиға барысында екі халықтың ұлттық мінез-құлқынан да жақсы мағлұмат берілген.

Романдағы күрделі бейнелердің бірі – Еламанның таптық, рухани және моральдық қарсыласы Тәңірберген болыс. Ауыл-аймақты бір шыбықпен үйіре алатын қабілеті бар байдың сымбатты мырзасына Ақбаланың ынтық болып қалуы психологиялық жағынан заңды да сияқты. Өмірдің қызық-шыжығын бір адамдай көргісі келіп, қолда барда қонышынан басудан тайынбайтын, өзінің қолының ұзындығын пайдаланып, түрлі интригалық әрекеттерге ұйытқы болып жүретін Тәңірберген үшін өлшеулі өмірдің мағынасы, еңбегі еш, тұзы сор Еламанның ой-пікіріне қарағанда, басқаша. Екеуара қарым-қатынас біресе домбыраның пернесіндей тартыла түсіп, енді бірде сәл-пәл босаңси қалғандай көрініп, тағы бір жолы мүлдем ширығып, ушығып барып, ымыраға келмес жаулықтың ызғарын танытады. Үш кітаптың өнбойында оқырманның Тәңірбергенге деген сүйіспеншілігінен гөрі жек көрушілігі басым. Жазушының психологиялық тартыстарды өрбітудегі шеберлігі әсіресе осы екі қаһарманның ара-қатынасынының ушығуына байланысты мейлінше айқындала түседі.

Іштей аңдысып, сырттай тақасып жүрген бұл екеуінің ұқсас жақтарынан гөрі бітімге келмес айырмашылықтары көп. Оқырман көбінесе Еламан жағында. Роман соңына қарай өрши түсетін драмалық ахуал бұл екеуінің өмір жолдарын алшақтата береді. Сонымен бірге екеуінің алдына да өзара жеке қарым-қатынастардан да гөрі маңыздырақ ірі мәселелерді көлденең тартады. Қым-қиғаш замандағы шындық жолы қайсы екендігін нақты ажыратуға кейде шамасы келмей қалатын Еламан енді халқының азаттығы үшін ауыр шайқастарға жан-тәнімен араласып кетеді. Ақ әскерлердің қолжаулығына айналған Тәңірберген елсіз жерде оларға бастаушы ретінде келе жатып өзінің туған халқынан, өскен ортасының мақсат-мүддесінен мүлде алыстап қалғандығын сезінеді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, бүкіл бір атырапқа өкімін жүргізіп келген атақты мырза ақтардың әскерінің арасында қол-аяғы байланып қалғандай пұшайман күйге түседі. Қалың адамның арасында келе жатып жан дүниесі жүдеген жападан-жалғыз күйі басына төнген ауыр зобалаң, қиын-қыстау сәтте ол өмірге басқаша қарауға мәжбүр. Қаһарманның өзімен өзі арпалысқан психологиялық көңіл күйі оқырман тарапынан белгілі бір дәрежеде аяныш сезімін туғызады.

«Нүрпейісов романы ұлттық характердің тұтас сілемін жасауымен құнды. 1916-1918 жылдардағы халық қозғалысы әлеуметтік-психологиялық тәсілмен суреттейтін, өрістетілген ішкі монологіне құрылған бұл роман нағыз замана эпосы»1 делінеді.

Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды жайдақ, оңай жолмен шешпей, үнемі күрделі де көлеңкелі жағдаяттарды алға тарта отырып, қиындатып барып шешу Ә.Нұрпейісов қаламына тән ізденіс нышандарының бірі. Кейбір тарихи романдарда кездесетіндей мұнда кейіпкерлердің таптық жігі айпарадай анық бөлінбеген. Үстем тап өкілдері дейтін жандардың арасындағы қайшылықты жағдайлар қаншама. Феодализм мен патриархализмді берік ұстанған қыр еліне капиталистік қоғамның белгілерінің дендеп ене бастауының өзі адамдар психологиясына қаншалықты әсер еткені түрлі оқиғалар барысында көрініс тауып отырады. Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлкесінде» төбе көрсететін бұл соқталы тартыс, формациялық сәйкессіздік «Қан мен терде» жаңа бір қырынан бой көрсетіп, ескі мен жаңаның ара жігін айқындай түскендей болады. Мұндай шетін мәселенің ұшқыны Ебейсін мен Темірке характерлерінен бой көрсетеді.

Шығарма қоғамдық-саяси маңызы зор аса ауқымды тарихи-революциялық тақырыпқа, қиын-қыстау кезеңдерді суреттеуге арналғанымен, жекелеген қарапайым жандардың тағдыр-талайы, жан әлемі, пенде ретіндегі көңіл күйі әр тұста тереңінен суреттеліп, писхологиялық-моральдық талдаулардың өзегіне айналып отырады. Қандай жағдайда, қандай заманда болмасын көркем туындының басты мақсаты адамды тану, оның жан дүниесіндегі күрделі иірімдер екендігін оқырман айқын сезінеді. Аталған трилогияның ұтып тұрған көркемдік сыпаттарының бір ерекшелгі де осында. Мөңке, Кәлен, және әйел кейіпкерлер легі де осы мақсатты жан-жақты ашуға көмектеседі.

Академик М.Қаратаев: «Қан мен тер» трилогиясы да атақты романдар қатарында өзіне тән ерекше де айрықша қасиеттерімен қымбат. Ол қандай қасиеттер? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен шығарманың өз қатарындағыларымен ұқсастығын көрсету қажет. Ал ұқсастық белгілер әдебиетіміздің ұлттық топырағынан туындап, ондағы тамыр жайған құнарлы дәстүрлермен, одан әрі ұлы орыс әдебиеті мен әлем әдебиетінің көркем тәжірибесімен астасады. Ә.Нұрпейісов романының бойына осы дәстүрлердің мол дарығанын көру қиын емес. Басқаны былай қойып, Абай поэзиясында аяусыз әшкерелеген әлеуметтік қайшылықтар, адам табиғатына таптық қоғам жапсырған сұмдық мінез-құлықтар Нұрпейісов романынан да кең өріс алған»2, - деп романның терең қырларын көрсетеді.

Соғыс көріністерінің, баталдық суреттердің, қым-қуыт атыс-шабыс кезіндегі алашапқын жағдайлардың көбірек көрінуі де бұл трилогияны қазақтың басқа романдарынан ерекшелейтін нышандар. Өмір қойнауынан алынған шынайылық деңгейінің қалай көркемделгенін анықтап беру оңайға соға қоймас, бірақ олардың басым көпшілігінің әсерлі екендігі сөзсіз. Оқырманның психикалық қабылдауына ауыр тиетін мұндай қанды картиналар әдетте орыс жазушыларының соғыс тақырыбына арналған шығармаларында молырақ кездесетіні белгілі. Майданның қара жұмысына келген қазақ жігіттерінің тұрмыс-тіршілігін суреттейтін тұстарда адамды адам өлтірген қанды қасаптың қаншалықты ауыр болғанын айқын сезінесіз. қазаға ұшыраған інісі Райды жерлеу үшін Еламанның оның сүйегін түнделетіп алып шығуының өзі соғыс кезінде адам құқығының әбден шектелгендігін білдіреді. Сондай-ақ ауыр әсер ететін азамат соғысы суреттерінің де өмірдің қатал шындығын білдіретін тұстары жетерлік.

Бұл жағдайлар Әбдіжәміл романының ұлттық әдебиетіміздің биік үлгілерінің бірі екенін мойындатады. Ол әлемнің көп тілдеріне аударылып, шет ел аралап кетті.

Қазақстандағы революциялық оқиғаларды суреттеуге арналған қомақты шығарманың бірі – Х. Есенжановтың «Көп жыл өткен соң», «Тар кезең», «Ағайынды Жүнісовтер» романдары (1963-1971). Бұл романдар «Ақ жайықтың» заңды жалғасы. Оқырман алғашқы роман кейіпкерлермен бірге қайтадан қауышады, солардың одан арғы тағдырларына куә болады. Оқиғалардың дамитын географиялық аймағы – сол алдыңғы оқиғалар өтетін Қазақстанның батыс өлкесі, оның ішінде Орал қаласы мен Жайық алабындағы өңірлер. Оқырман алдында тағы да Жүнісов Хакімнің бейнесі көлденеңдеп шығады, бұл жолы да бұрынғыдай алдыңғы қатарда жүріп, белсенді позиция ұстағанымен, оның басынан кешкен оқиғалары басқаша сипат алады. Әсіресе соңғы романда жазушы революция өткелегінен өткен соңғы кейіпкер тағдырына үңіле отырып, заманның қайшылықты сыпатына көбірек көңіл аударады.

Бұны бір жағы уақыттың біршама өтіп кетуімен де ақтауға болар. Өйткені «Тар кезеңнің» ақырғы оқиғаларының болып өткеніне де бұл уақытта он жылдан асып кеткен. Азамат соғысы мен Совет өкіметін орнату жолындағы аласапырандар басылып, енді жаңа ірі қоғамдық-саяси мәселелер алға атойлап шыққан. Қазіргі жұртшылықтың енді жұмыла кірісіп жатқандары – байларды тәркілеуден кейінгі отызыншы жылдары орын алған көшпелі елді ұжымдастыру, отырықшыландыру, колхоздастыру сияқты жаңалығы мол қауырт науқандар. Бұрыннан таныс Хакім Жүнісов, Ғабдол Дәулетов, Қарабай Көзеевтермен бірге Тәжімұрат, Айтан Ақбасов тәрізді белсенді кейіпкерлер шығарма бетіндегі тартыстардың дамуына ұйытқы болады. Олар – Кеңестік идеяға жан-тәнімен берілген, нағыз большевиктік принципке берік жандар. Тап жауларының қалғып жатпағанын білгендіктен де бұл адамдар жаңа өкімет үшін күресте өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланады. Ал Маймокин, Әлеуов сияқтылар – қашанда жеке бастың мүддесін жоғары қоятын айла-шарғысы мол адамдар. Олар заман ағымының қалай беттеп бара жатқанын, өздерінің өрісі тарыла түскендіктерін сезбей қалып жүрген жоқ. Бірақ жаңа өкіметтің саясатына орай тиісінше әдіс-тәсіл қолдануға, лажы келсе, шын мәніндегі демократ болып көрінуге тырысады. Жүнісовтармен болатын айтыс-тартыстар құр сөз жүзінде ғана қалмайды, қарама қарсы күштер арасындағы шиеленіс барған сайын жеделдеп, ушыға түсіп жатады.

Осы арада әдебиеттанушы Т.Тоқбергеновтың «Нағыз үлкен шығармаға, ауқымды эпопеяға тән кең тыныс, мол нөпір, тынымсыз характер бар. Тартыс шеңбері әсте тартылмайды. Күрес қым-қиғаш бірінің үстіне бірі қосылып, жамала береді, жалғаса береді»1 деген пікірі орынсыз емес. Жазушы сол бір жылдары орын алған тарихи оқиғалардың Жайық өңірінде қалай дамығанын көрсетумен шектеліп қалмай, адамдар арасындағы әр түрлі күрделі қатынастарға, сол қатынастардың жекелеген тағдырларды өзгертуге қандай әсерін тигізетіндігіне көбірек тоқталады. Жеке кейпікерлердің арасындағы түрлі жағдайлар, махаббат мәселелері шығарманың едәуір бөлігін алып кеткен. Адам өмірінің заңдылығы тұрғысынан алып қарағанда бұл тақырып шығарманың реалистік сипатын күшейтіп, оқырманның қабылдауы үшін оңды эстетикалық әсер етері де даусыз. Сондай сезім күйі Шолпан қатысатын оқиғаларда еріксіз елітетіндей деңгейде жазылған. Бұл кейіпкермен оқырман «Ақ Жайық» трилогиясынан-ақ таныс болатын. Енді ол арада едәуір жылдар өткеніне қарамастан, әлі де махаббат кейіпкері болуға жарайтынын көрсетеді. Бұрын Хакім екеуінің арасындағы сезім күйлері түрлі құбылыстарға негіз болса, енді соған ұқсас жағдайлар тағы да қайталанып келгендей. Хакім үшін жанын аямай ажалға да қарсы барған әйел әлі де шоқ болып жануда. Оған себеп – өмір жолында көлденең кездесе кеткен жас жігіт Әлібек. Бұл жігітті көрген сәтте Шолпан осыдан он жыл бұрынғы ғашығы Хакімді көргендей күй кешеді. Тура сол кездегідей сезім өртіне оранады.

Хакім-Шолпан линиясымен жақсы таныс оқырман енді Әлібек-Шолпан линиясына келгенде ептеп кідіріп қалары даусыз. Ғашықтарын ауыстыра беретін бұл не оқылған жеңіл жүрісті әйел деген сыңайдағы наразы ойлар да төбе көрсетіп қалар. Жалпы қызықты оқылғанымен, кейіпкердің моральдық бет-пішініне күмән келтіретін бұл линияның шешімі де оқырманға ой салады. Өз еркімен қызметінен босанған келіншек қалаға оқуға аттанады. Өзі ұнатпайтын күйеуінен ажырасады. Шолпан ауылдың жиі кездесетін қарапайым әйелі емес, оның тағдыры күрделі. Жастайынан жесір қалған ол бір кезде жас жігітке атастырылған екен. Аласапыран жылдары тағдырдың пәрменімен қоғамдық істерге белсене араласты, партия, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілді. Енді сондай адамның жеке басындағы сезім күйді ауыздықтай алмай, Әлібекпен шатасуы жаңа қоғамның мұраттарына қайшы келетін еді.

Х.Есенжанов осынау қасаң канонды бұзып, өкімет басындағы әйелдің де қарапайым пенде екендігін, тіпті реті келсе оның қайраткерлік тұлғасын әйелдік сезімі басып кете алатындығын көрсетті. «Көп жылдар өткен соң» романының бір табысы осындай күрделі қалыпта сомдалған Шолпан бейнесі екендігі сөзсіз. Әлібекті көрген кездегі оның баяғы Хакімді көргендей қуанышқа бөленуі, шым-шымдап тұтанған құмарлығының ұлғая түсуі, түрлі психологиялық тебіреністерге бой алдыруы бұл бейнені ішкі жағынан тереңдей көрсетеді.

«Ағайынды Жүнісовтер» – шын мәнінде «Ақ Жайықтың» бесінші кітабы. Бұрынғы кітаптағы кейіпкерлердің тағдырлары түрлі өткелектерден өтіп, одан әрман толыға түседі. Әрине, бұл сәтте олар ептеп есейген, кейбіреулері тіпті қартаюға да бет алған. Бұл кітаптың қамтитын уақыты – 1928-1940 жылдар аралығы. Совет өкіметінің нағыз қиын-қыстау кезеңі, отызыншы жылдардың басындағы ашаршылықты, зиялылар мен бетке ұстар азаматтарды қудалап, көбінің көздерін жойып жіберген отыз жетінші жылғы нәубетті және соғыс алдындағы кезеңді бастан кешіретін жылдары. Тарихтың осындай белді-белді оқиғаларын басып өтетіндіктен де болар, сюжеттердің өрбуі тек бір-екі кісімен шектеліп қалмайды. Оқиға өтетін географиялық аймақтар да кеңи түседі. Қазақстанның батысындағы Орал, Жымпиты жерлерімен тұйықталып қалмай, ол кеңістіктен шығып, Ақтөбе, Қызылорда, оны аз десеңіз, Алматы қаласы мен оның айналасындағы жапсарлас өңірлерді де қамтып кетеді. Әр алуан қақтығыстар мен тартыстар бірінің үстіне бірі қосылып, қабатталып, бұл кітаптың тынысын кеңейте түскен.

Хакімнің қайын атасы Ахметше байдың бұрынғы екпіні, аймақты бас игізіп тұрған айбыны жоққа тән. Өйткені ол түрмеге түсіп қалған. Түрмеде жатқанымен, ойсыз, әрекетсіз жан емес. Өткен-кеткенді шолып, өмір жайлы кең мол толғаныстарға барады. Жазушы оны біржақты етіп көрсетпейді. Бай болғандықтан тап жауы деп жылы жауып қоя салмайды. Қартайыңқырап қалған адамның өмірден көргендері көп екендігі, қарапайым тіршілік иесіне тән шолақ пікірлермен шектеліп қалмай, өмір туралы әр қырынан қарбытып, терең ойлай алатын, талай нәрсені сырттай-ақ болжай білетін адам екендігі көрінеді.

Дәті берік, қаталдық, қатігездіктен де құралақан емес Құныскерей өзінше бір тип. Ақыл-ойы бір адамнан кем емес, қаталдығы да бет алды жөнсіз қаталдық емес. Дос-жарға қайырымы тимей кететін кезі аз. Ол ауыл белсенділерінен бас сауғалаймын деп, еріксізден қанына қарайып кек жолына түсіп кетеді. Осы арада А.Нұрмановтың «Құланның ажалындағы» Құлан образы еске түседі. Оның да мінез-құлқы, тағдыры, тіршілік қалыбы нақ осы Құныскерейдікіне ұқсас. Кейіпкер бойынан сол замандарда ешкімді мойындағысы келмейтін, шамасы келгенше тек күресіп бағуға бел байлаған адамның қалыбы анық көрінеді. Оның баласы Қаршығаның өзі де осал болайын деп тұрған жоқ, қайсар, қайтпас мінезімен кейбіреуді тіксінтіп қойса, енді біреулерді қайран қалдырып жүреді.

Құныскерей өзінің жаңа режимге қарсы күресін сонау жиырмасыншы жылдары-ақ бастағанын алғашқы кітаптардан білеміз. Содан елдегі заң қорғаушылар мен билік иелерін қырқыншы жылдарға дейін қапы қалдырумен болады. Жалпы бұл өзі тарихта болған, жергілікті халықтың аузында аңызға айналып кеткен адам. Рас, бұл образға байланысты жазушы ішінара гиперболалық тәсілді қолданғандай болып көрінеді. Өзін қуып жүргендердің қолына бір де бір рет түспеуі соған мегзейді. Ақыр соңында ол туған жерін тастап, алыстағы Қарақалпақ еліне қарай тартып отырады. Х.Есенжановтың кітаптарынан көп кейін, жиырма бірінші ғасырдың басында осы тарихи образға жазушы М.Мәжитов қайта айналып соғып, «Құныскерей» деген роман жазды. Белгілі бір деңгейде оқиға қайталаулары болғанымен, бұндағы көркемдік шешім басқашалау.

«Ағайынды Жүнісовтерде» Құныскерей көзсіз батыр ғана емес, әр сөзін шиырып тастап сөйлейтін шешен де. Мәселен, оның иен далада Жолмұқанмен кездесіп қалып, тілін безеп, айтыса жөнелетін сәтін алайық. Қазақи шешендіктің қадірін түсінетін адамның сөз саптасы байқалады. Жалпы осы арада айта кететін бір жай «Көп жыл өткен соңда» да, «Ағайынды Жүнісовтерде» де қазақтың шешендік өнеріне тән өткір қақтығыстар шетбұшпақтап көрініс беріп отырады. Жазушы барлық кейіпкеріне тіл безете бермей, белгілі бір персонаждардың сөз сөйлеуіне қатысты көркемдік жүк арқалатқан. Романда уездік партия комитетінің пленумы қалай өтіп жатқандығын көрсететін эпизод бар. Әдетте мұндай көріністер қоғамдық-шаруашылықтық мәселелерді көтергендіктен, ауыр оқылатын қасаң тілмен жазылады. «Ағайынды Жүнісовтерде» олай емес, бірінен кейін бірі суырылып шығып сөйлеушілердің ішінде ділмарлығымен көзге түсіп, назар аударатындар аз емес. Ғабдол Дәулетов, Қарабай Көзеев, Әлен Әлеуов пен Хакімнің сөйлеген сөздері белгілі бір деңгейде қазақтың шешендік сөз үлгілерін танытады.

Шығарманың бас кейіпкері – бес кітаптан тұратын үлкен эпопеяның бас қаһарманы. Оқиғалардың көп бөлігі соның маңайына келіп тоғысып, тарамдалып өрбіп жатады. Ал бесінші кітапта Хакім басқаша сипатта көрінеді. Ол – оқыған білімді жігіт, жай ғана оқып қоя салмаған, елдің көзін аша білетін білікті заңгер, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы саналы азаматы. Көп нәрсені күні бұрын біліп, болжап отыруы да осы саналылығының арқасы. Мысалы, оның інісі Әлібектің байдың қызы Гүлжиһанға үйленуін құптамайтыны – ертең заман қандай, заң қандай болып кетер деген сақтығы. Ақыры сол шүбәсі шындыққа айналып, жастар әр түрлі қиындықтарға душар болады.

Бір ата-ананың баласы болғанымен, Хакімнің інісі Әлібектің өмір танымы басқаша. Ол ағасындай ысыла қоймаған, айналасына әлі күнге романтикалық көзбен қарайтын жан. Әсемдік атаулыдан нәр алып, соған елітіп, қиялдауға бейім болып келетін жас жігіттің шын мәнінде ғашықтық отына күйіп-жануы да заңды. Саяси күрестер тұрмақ өмір соқпақтарында кездесіп қалатын қайшылықты жағдайлардың өзінде белсенділігі жете бермейтін жас жігіттің көзқарасы әлі дұрыс қалыптаса қоймаған.

Ағайынды үшеуінің дүниәуи тіршілікке жақыны да, пысығы да Әділбек. Ағасы Әлібектің қайын жұрты кәмпескеге ұшырап, «балапан» басымен, тұрымтай тұсымен әуре болып жатқан заманда кәмпескенің мал-мүлкінен ағасының да үлес алып қалуын көздеуі еті тірілігін байқатса керек. Әлібек пен Әділбектің көзқарастары бір біріне онша жұғыса қоймауы алдыңғы кітаптардан-ақ байқалатын. Соңғы кітапта бұл ағайынды үш жігіттің өмірлік жолдары тіпті алшақтай түседі.

Бесінші кітап – көлемді эпикалық туындының соңғы кітабы, бас кейіпкерлердің өмірінің трагедияға ұласатын шағы. Көркемдік мәселе үшін осындай сәтте бас қаһарманның жоталана көрініп, кесектеле түскені абзал болар еді. Бірақ өкінішке орай, Хакім образы бұл кітапта ондай дәрежеге жете алмай қалған. Бұл кезде оның ішінара Бақытжан Қаратаев, Сәкен Сейфуллин сияқты ірі тұлғалардың маңайынан көрініп қалатын тұстары да бар. Яғни, бұндай жақындасулар кейіпкердің де ой-дүниесі мен парасатының ірілене түсуіне әсер етуі тиіс қой. Бірақ ол байқалмайды. Қалай болған күнде де бас кейіпкер Хакім оқырман күткен үдеден табыла алмай жатады. Оған қарағанда Әлібек, Әділбек, Гүлжиһан қарым-қатынасындағы тартысты сәттер басымырақ көрінетінін айту керек. Бес кітап бойында үзбей келе жатқан бас қаһарманның трагедия алдындағы тұлғасы ірілене түскенде, көркемдік шешімі қуатының артып кетуі де сөзсіз еді.

Осы арада ағайынды Жүнісовтер трагедиясының әлеуметтік түп-төркіні неде деген сауалдың тууы заңды. Бұған тиісті жауапқа жазушы оқиғаларды көркемдік талдау арқылы қол жеткізген. Өз қатарластарына қарағанда жиырмасыншы-отызыншы жылдардың зардаптарын, ел басына төнген ауыр нәубетті Х.Есенжанов батылдықпен айта алған деуге болады. Ағайынды жігіттердің ауыр тағдыры сол ұрда-жық саясаттың салдары. Қазақ айта беретін алты бақан алауыздықтың да әсері болмай қалған жоқ. Бұл тек Жүнісовтердің ғана емес, жалпы қазақ зиялыларына тән болып келген теріс құбылыс екендігі айқын сезіледі.

Пікір қорытындысында Р.Бердібаевтың: «Х.Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтері» байдың мал-мүлкін конфискелеу мен коллективтендірудің алғашқы кезеңі жайында жазылған өз кезіндегі батыл шығарманың бірі. Ең бағалысы сол – мұнда тарихи кезеңнің оқиғалар тізбегін беріп қана қоймай, құбылыстардың мәнін адам тұлғалары арқылы суреттеуге ұмтылған»1 деген тұжырымына тоқталған жөн деп ойлаймыз.

Есенжанов романдарының формалық, мазмұндық ізденістері өз кезінде қазақ прозасында соны сипаттарымен байқалды. Әсіресе сюжеттік линияларды жүйелеп жеткізу, оқиғалардың бірінен соң бірі салаланып, өрби түсуі оқырманды тартатын көркемдік тәсілдері жазушының елеулі табысы саналады. Революция шындығы, оның негізгі кезеңдерін тануда Есенжанов романдарының көркемдік маңызы үлкен.

Қазақ даласындағы революциялық өзгерістерді түсінуде, тануда М.Қаратаевтың «Даладағы дабыл» романының да елеулі орны бар. Ондағы оқиғалар 1913 жылдың қыс айларынан басталады да, жарты ғасырға жуық уақытқа созылып, 1961 жылғы ғарыш дәуірінің ашылуына келіп бір-ақ тіреледі. Көркем кеңістіктің қамтитын ауқымы – негізінен Байқоңыр даласы. Бір замандарда осы өңірде қазбалы металдар табылып, заводтар салынса, кейін Ю.А.Гагарин мінген ғарыш кемесінің үні оның атын әлемге таратқаны белгілі.

Жазылу формасы мен әңгімелеу мәнері жағынан бұл шығарма өзге романдардың қалпын қайталай бермейді. Кейіпкерлердің алға қойған мақсаттары жалпылай белгілі болғанымен, романның бүкіл фабуласы жекелеген ұсақ оқиғалардан, эпизодтар мен пікірталастардан тұрады. Автор кейіпкерлер басынан өткізген әлеуметтік мәселелер мен проблемалардың әрқайсысын жекелей талдай отырып, нысан етіп алған уақыттың көркем бейнесін жасайды. Деректі негіздерге табан тіреген түрлі сюжеттердің тоғысып, қиысып жатқан үлкен арнасы екі түрлі деуге болады. Оның – біріншісі Қазан төңкерісі мен азамат соғысы аяқталған кезеңге дейінгі уақыт шындығына көркем барлау жасау болса, екіншісі Совет өкіметі орнап, қоғамдық-саяси ахуал бірқалыпқа түскеннен соңғы өндірістік мәселелерді баяндау. Алғашқы бөлімде нағыз көркем туындыға тән компоненттер толық, адамдар арасындағы тартыстар, ширыққан оқиғалар мен көркем суреттер баршылық. Ал Совет өкіметі орнап болғаннан кейінгі өндірістік мәселелер сөз болатын тұста шығарманың мазмұны таза деректілік сипатты иелене бастайды. Тарихта болған нақты адамдар, Қарсақбай, Жезқазған, Байқоңыр сияқты өндіріс ошақтарының пайда болып, одан ары қарай өркендеуі жолындағы әрекеттер үздіксіз баяндалып отырады да, жекелеген адамдардың образдары мен тағдырлары артқы планға ысырылып қалады. Жаңадан аталған адамдарды былай қойғанда, романның бастапқы тарауларында көрінген кейіпкерлердің тағдырлары сүреңсіз баяндалады. Алғашқы бөлігінде бас кейіпкер Иван Васильевич Деевтің Елена деген қызды көріп ғашық болуы, екеуара жастық сезімдердің өрбуі әжептәуір көркемдік деңгейде әңгімеленіп келеді де, енді осы кейпкерлердің есейген жылдарындағы жеке тағдырлары құрғақ қана хабарланады. Екінші сөзбен айтқанда, «Даладағы дабылдың» деректілік-танымдық қыры басым көрінеді. Бұның өзі шығарманың таза көркемдік болмысына ықпал жасап, кей тұстарда образдылықтың бояуын бәсеңдетіп алады.

«Даладағы дабылдың» бас қаһарманы Деев Иван Васильевич - революциялық істерге қатысқаны үшін Қазақстанға жер аударылған фельдшер. Табиғаты қатал, байырғы тұрғындарының таным-түсінігі мен салт-дәстүрі бөлек ортаға келіп түскен ол жергілікті жағдаймен ұзақ танысып жатпастан, бірден-ақ жаңа ортаның проблемаларын шешуге араласып кетеді. Орыстардың көзқарасымен алғанда жабайылық тұнып тұрған осынау жапан далада ол бастапқыда өз мамандығы бойынша үлкен сұранысқа ие болады. Байқазы байдың қызы Қаракөзді емдеуден бастаған оның дәрігерлік тіршілігі ары қарай жалғаса берер еді, бірақ даладағы жұмысшы қауымның арасына жеткен революция ұшқыны оның өмірін тағы да ескі арнаға бұрып жібереді. Ол революция алдындағы және Совет өкіметін орнату жолындағы қауіп-қатерге толы қат-қабат істерге араласып кетуге мәжбүр болады.

Бел шешіп, дем алу дегенді де білмей, Қазақстанның Байқоңыр, Қарсақбай, Жезді, Теміртау және тағы басқа жерлеріндегі өндіріс ошақтарының аса ауқымды проблемаларын шешумен шұғылданады. Бір жағы тап күресінің қайнаған ортасында, енді бірде өндірістік мәселелердің өтінде жүріп өз жұмысына әбден ысылған еңбекқор да адал Деевтің жанкештіліктен тұратын өмірін сол замандардағы көптеген адамдарға тән типтік құбылыс ретінде бағалау жөн болар. Өз ісіне мейлінше берілген осынау азаматтың көнбістігі мен ішкі қуатының күштілігі қайран қалдырады.

Шығарма соңында жасы сексенге келсе де, әлі қатардан қалмай, ел аралап, Совет өкіметінің жеңісі, өзі қатысқан өндіріс ошақтарының тарихы жайында лекция оқып жүруі Деевтің бүкіл ғұмырын қоғам жұмысына арнағандығын білдіреді.

Романда Деевтің ұзақ өмір жолында ұшырасып отырған әртүрлі адамдардың аттары аталып, олардың жаңа өмір құру жолындағы еңбегі баяндалады. Олардың арасында Прохор Холмецкий, Никольский, Харслей, Жұмабай, Байқазы, Кейкі, Жүсіп Жанбосынов, Құралай, Ғатаулла молда, Шахмет ишан, Әліби Жанкелдин (Степанов), Елена Михайловна, Қайыпбай-Сәуле, Нұрмағамбет Саусақов, Гержут, Атбасар ревкомынан Веденеев, Якволев, Козлов, Омар Шипин, Сабыр Шәріпов, Амангелді Иманов, Дроздовский, Комиссаров, Бәтешев, Мазғұтов, Токарев, Черньядев, Қаныш Сәтбаев, профессор Усов, Мухачев, С.Орджоникидзе, А.Дәрібаев, сияқты әртүрлі топтың өкілдері бар. Осы тізімнен көрініп тұрғандай, шығарма кейіпкерлерінің басым бөлігі есімдері тарихта қалған белгілі тұлғалар. Бірден басын ашып айтатын нәрсе ­– кейіпкер ретінде бұлардың барлығы пісіп-жетілмеген. Олар жайлы жазушы публицистикалық хабарлама ғана жасайды.

Шығарманың өн бойында тартыс жеткілікті. Бірақ олардың барлығы кейіпкер бейнесін ашуға тікелей қызмет ете алмайтын, негізінен саяси-қоғамдық немесе өндірістік проблемаларды шешуге арналған көркемдік мәні төмен тартыстар.

Романдағы суреттер мынадай болып келеді: «Жолда ұшы-қиыры жоқ қарлы дала. Аязды ашық күні аппақ қар күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етеді, кейде бетін қызыл, жасыл, шикілі жалын шалып құлпырады. Ал кешке таман, күн батарда шапан жамылған дала бір түрлі ғажап жаңғырып, керемет жайнап кетеді».1

Романның тілі жатық болғанымен, тәжірибелі оқырман аударма туынды оқып отырғандай әсерде қалады. Оның себебі шығарманың бас кейіпкерінің орыс адамы болуынан және көптеген диалогтар мен ойлау жүйелерінің орыс тілді кейіпкерлер арасында өрбіп отыруынан шығар деп жобалауға болады.

Өз дәуіріндегі көркем шығармаларға қойылатын талаптардың бірі революция жетістіктері мен жаңадан орнаған социалистік құрылыстың артықшылықтарын, совет адамының өзге қоғамдық формацияда өмір сүрген жандарда кездесе бермейтін жақсы қасиеттерін дәріптеу болғаны белгілі. Жаңа қоғам орнатудың алдыңғы сапында жүретін бас қаһарманның бойынан нақ осындай оңды сипаттардың көрінуі шарт болатын. Осындай идеологиялық талаптар үстемдік құрып тұрған заманда Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романының (1969) жарқ етіп көрінуі әдеби ортада белгілі бір қозғау салып, әрқилы пікірлер туындатты. Ондай психологиялық жағдайдың орын алуының да себебі бар. Өйткені бұл романның бас кейіпкері Құлан Қазан төңкерісі жылдарында жаңа саясатты қолдап, қызыл партизан ретінде Совет өкіметін орнату үшін күрескенімен, уақыт өте келе, сол өзі орнатысқан өкіметтің құрығынан бас сауғалап, қашқын атануға мәжбүр болады. Шығарманың бүкіл сюжеті иен далада қара басын қайда сыйғызарын білмей, жан сауғалап жүрген жалғыз мерген Құланның айналасынан өрбиді. Түрлі әлеуметтік-қоғамдық тартыстардың қым-қиғаш арқаулары да осы бас қаһарманның маңайына келіп тіреліп жатады. Бұның өзі автордың оқиғаны шебер қиыстыра отырып, кейіпкерлер образдарын нақты ашу үшін жасаған көркемдік тәсілдерінің мүмкіндігінше оңтайлы екендігін көрсетеді. Айналып келгенде, бұл айтылып отырған жағдайлар шеберлік мәселесінен бастау алатын факторлар екендігі сөзсіз. Шеберлік дегенде, жазушы қаламына сын болатын романдағы басқа да көркемдік компоненттердің орындалуы да олқы емес.

Кезінде идеологиялық талаптардың үдесінен ауытқып кетсе де, бірден-ақ оқырман көңілінен шығуы әрі пікір айтушылар тарапынан тәуір лебіздерге ие болуы аталған шығарманың осал емес екендігін байқатқандай еді. Өйткені ол саяси жағынан ақсап жатқанымен, эстетикалық талаптардың үдесінен шығып, рухани сұраныстың кейбір нәзік пернелерін тап баса алды деуге болады. Роман ә, дегеннен-ақ ширығып, ала жөнелетін оқиғадан басталады. Кенет алыстан естілген ат дүбірі, айлар, апталар бойы адам иісі білінбейтін елсіз-күнсіз жер, ат дүбірінің жақындай түсуі, бос қолдың көз ілеспес жылдамдықпен ер басындағы винтовканы шап беруі және тағы сол сияқты динамикалық детальдар оқырман назарын бірден өзіне үйіріп алады да, ары қарай не болар екен дейтін сұрақ сол назарды тоқтаусыз жетелеп отырады. Жазушы үшін оқырманды үйіре білудің өзі үлкен өнер екендігін ескерсек, бұл арада автордың қол жеткізген жетістігі айқын.

Атақты сардар Аманкелді батырдың сенімді серіктерінің бірі болған бір кездегі қызыл партизан, ақ көңіл де адал жан Құлан мергеннің өкімет құрығынан бас сауғалап, аяқ астынан қашқын аталуына не себеп? Сөйтсек, барлық гәп жергілікті шолақ белсенділердің адамгершіліктен ада әпербақандығында жатыр екен. Ауыл шетінен әдеттегіден тыс дабыр-дүбір естілген заматта «Мені басынайын, аяқ асты етейін деген-ау... Батыр, мерген атағы бар Құланның ауылына келіп, жанжал шығарған деген не сұмдық... Жарайды, не болса да, артын күтейін. Болмай бара жатса, дауыстарын құдай естігендей қылармын...»1, - деп ойлаған Құлан істің ақыры өз тағдырына түбегейлі әсер ететіндей етіп, насырға шабатынын сезген жоқ еді.

Ауыл азаматы Серкеш Көрпебайдан ат алса да, орнына бір мал қайтарған. Бірақ соған қарамастан, мал төңірегіндегі әңгіме қайта тұтанып, мәселені шешуге ауыл совет пен милиция бастығы Болжық, Томар сияқты екі адамды жұмсаған екен. Қолдарында билігі бар олар, әрине, әлімжеттік жасап, әкіреңдей жөнеледі. Ал нақақ күйдіргенге қандай адамның да көнгісі келеді дейсің. Ауыл азаматын арашалап, зорлықтары үшін милиция қызметкерін де қорқытқан Құлан ақсақалдың соңына енді сол әпербақан ұр да жық милиция қызметкері түсіп алады. Елді қан қақсатқан бүлікші екендігі қаншама рас болғанымен, ол – өкіметтің өкілі, заң солар жақта. Қараңғы Құландай емес, заты бұзық болса да, қағаз жағын жақсы білетін Томар бұдан кейін заң арқылы қимылдап, Құланды қаматып қоймақ болады. Өзі мерген, өзі батыр, бұрынғы сарбаздың мұндай қорлыққа бірден мойын ұсынып, көне қалмасы психологиялық жағынан дәлелді. Бас қаһарманның өзі орнатуға қатысқан өкіметтен бетін аулақ салып еріксіз қашқын атануының себебі, міне, осында жатыр.

Кейіпкерлер арасындағы тартыстың бастауына айналған осынау ситуация – алдағы оқиғалардың да себепшісі. Оқиға барысын одан арман күшейтіп, қоюлатып жіберген жағдай – ер азығы мен бөрі азығы жолда деген қазақи қағиданы бетке ұстап, жалғыз өзі құла түзде жортып жүрген Құланға түр-түсі, нәсілі бөтен әлдеқандай қайыршының кезіге кетуі. Жүрек түбінде қалған қайрымдылық сезімінен қандай да қиын-қыстау заманда ажырап көрмеген Құланның неғып бой тасалап жүргені беймәлім жанды қасынан қалдырмай, ертіп алуы оқырманды еріксіз әттеген-ай дегізеді. Өйткені өзі Абдол деп таныстырған бұл адам бір замандардағы ақтың офицері, жүзбасы командир болған Ефим Кутский екен. Қайыршы, мүсәпір деп алданып, сұр жыланды бауырына паналатқан Құланның ақыр соңында одан зардап тартуы да заңды.

Осы арада бас қаһарманның мейлінше аңғалдығы, ақ көңілділігі айқын көрінеді. Қайыршының шын мәніндегі қайыршы емес, жұрттан сыр жасырған құпия жан екендігін қаншама уақыт қасына ертіп жүрсе де, Құлан сезбейді. Ал қайрышының тегін адам емес екендігін, онда бір бәле де жатуы мүмкін екендігін кейбір кісілер бір көргеннен-ақ аңғарып қояды. Тіпті өздерінің осындай күдіктерін ашып айтқандары да бар. Бірақ Құланның ондай сөздерге құлақ ілмеуі, секем алғызатын қылықтарын өзі де байқап, өз тарапынан да шүбәлі ойларға келіп қалғанымен, артынша-ақ ұмытып кете беруі образ табиғатын жете таныта алмайды. Рас, Құлан – өмір бойы дала кезіп, тиісті нәпақасын сол сары адырлардың арасынан тауып жеп жүрген кәдімгі түз адамы. Ел-жұртпен көп араласпағандықтан, адамдарды ішек қырындысына дейін жөндеп тани алмағандықтан, бұндай батыр адамдардың аңқау болуы заңды екендігі жайында да романның әр тұсынан емеуірін сезіліп қалып отырады. Тіпті Құланды жастайынан білетін Орман ақсақал сияқты ел адамдары да осындай пікір түюге бейім. Бірақ қаншама аңғал, аңқау дегенімен, көпе-көрнеу сезіліп тұрған жайды Құланның қаперге алмауы еріксіз ойландырады. Жұрттың сезігі мен өзінің күдігін ұштастырып, дұрыс шешім қабылдай алмаған Құланды соншалықты ақымақ деп қабылдау сенімсіз.

Осындай жекелеген міндеріне қарамастан, бас қаһарман бейнесі романда жан-жақты қырланып, жатық ашылған. Жазушы оның әсіресе жеке адам ретіндегі келбетіне жете үңіліп, түрлі оқиғалар барысында әлеуметтік-психологиялық талдаулар жасайды. Осындай көркемдік тәсілдерді оңтайлы қолдану нәтижесінде Құланның ішкі жан дүниесі едәуір ашылған, оның өзінің өмір жолын түрлі қалыпта сарапқа салып отыруы, жеткен жетістіктері мен қателіктеріне бүгінгі күн биігінен баға беруге тырысуы, болашағын болжауға да әрекет жасамақ болуы, әр түрлі қиын ситуацияларда дұрыс шешім тапқысы келіп алас ұруы, айналасындағы адамдарға деген көзқарасын орнықтырмақ болуы және сол тәрізді толып жатқан адами әрекеттері оқырман түсіне алатын деңгейде бейнеленген.

Осы қаһарман бейнесінің күрделі қырлары жөнінде жазушы Ә.Тарази: «Құлан мерген (образ – Құлан мерген) образының «арғы атасы» Лев Толстой жасаған Хаджи Мурат образының «өрдегі ауылынан» қарастырар еді. Бірақ, Құлан мерген – өркеуде таулық Хаджи Мураттың қазақ даласына түскен жансыз көлеңкесі деуден мүлде сақ болған жөн. Құлан мерген өз тағдыры, өз мінез-құлқы ерекше, қайталанбас ірі тұлға. Байқатпай келіп бауырына кіріп алған Абдул (Кутский) үшін де біраз күйіп, соны тастап кете алмай, теріс жолға тереңдей енген жоқ па ол пақыр?! Бұл да – күрделі образдың бір қыры, тың қыры. Ақан тапқан қыр»1, - деген түйінді сөз еріксіз мақұлдатады.

Құланды паналап, жасырынып жүрген ата жаудың бойына жазушы едәуір идеялық жүк арқалатқан. Біріншіден, Кутский бейнесінен Совет өкіметінің бітіспес дұшпандарының соңғы рет қалай тұяқ серпігені елестейді. Екіншіден, адамзаттың қатігез бөлігінің жан түршіктірер психологиясы атойлайды. Үшіншіден, оның тұлғасында орыс шовинистерінің бұратана халықтарға деген жеккөрініштілігі, мейірімсіздігі жинақталған. Және бұл айтылған ерекшеліктер оқиғаның даму барысында әр түрлі формада көрініс тауып, оның түпкі арам пиғылы іс жүзінде дәлелденіп отырады. Құланның ежелгі тамыр досы, жергілікті өкіметтің өкілі Афанасий Егоровты Кутскийдің тұншықтырып өлтіруі оқиғаның шарықтау шегі болып табылады. Совет өкіметінің алдында ары таза екендігін дәлелдеуге мүмкіндік беретін бірден бір адам Афанасийдің бұлайша қазаға ұшырауы – Құланның басындағы коллизиялық түйінді одан арман шиеленістіре түсетін қайғылы оқиға. Жыланды бауырына басып, ақыр соңында онысынан опық жеген батырдың өмірі шынында да трагедияға толы. Ұзамай, іле-шала өзі де қуғыншы милиционерлердің оғына ұшады. Бірақ өлер алдында Кутскийді қақ маңдайдан атып үлгіреді. Ауыр жараланып қалғанымен, қолы қалтырамайтын мерген ата жауын осылайша астына ала құлайды.

Роман оқиғасының бұлайша аяқталуы әу бастан дайындалған авторлық ойға қызмет етіп, көркемдік-идеялық түйінді нықтап, айқындай түсетіні сөзсіз.

Нақ Құландай болмағанымен, көркемдік жақтары қырланған айшықты бейнелердің қатарында Шарбақбай бай, Көктөбет банды, Рүстембай, Бейпілқасқа сияқты кейіпкерлерді атап өтуге болады.

Романның қазақ оқырманы алдында шоқтығы биік тұруының тағы бір себебі – оның қуатты патриоттық серпінмен жазылуында. Ұланғайыр далада көшпенді тіршілік еткен, табиғаты бейғам да аңғал қазақ жұртының орыс империясынан көрген қорлығы, тіпті ұлт ретінде жойылып кете жаздаудың аз-ақ алдында тұрғандығы әр тұстан-ақ көрінеді. Бұл идея ұлттық рухты әспеттеуді қажет етіп отырған бүгінгі күннің тұрғысымен ұштасып жатыр. Эстетикалық шеңберге сыйып кеткен патриоттық сезім аталған шығарманы шын мәніндегі ұлттық туынды етіп көрсетіп тұрғаны сөзсіз.

Шығарманың тіл шұрайы ә дегеннен-ақ көзге түседі. Жазушының тілдік қоры керемет бай деп те, мүлде сүмірейген тапшы деп те айтуға болмайды. Бірақ соған қарамастан, өрнекті ойлар, бедерлі суреттер аз емес. Және олардың оқырман қабылдауына тигізетін көркемдік әсері де мол. Қорыта келгенде, Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы өзінің көркемдік болмыс-бітімімен қазақ әдебиетінде лайықты орын алатын шығармалардың қатарында деп нық сеніммен айтуға болады.

Қазақстанда орын алған тікелей революциялық оқиғалар мен одан кейінгі өмір шындығын суреттеген 60 жылдар шығармалары легін жеке адамдардың әділет іздеп, билеушілеріне қарсы шығуы, сол жолдағы іс-қимылдардың саяси ұстанымға ұласуы фактыларын суреттеген, тарихи шығармалар да жалғастырады. Соның бірі – Қалмұқан Исабаевтың «Айқыз» (1967) романы.

Роман автордың архивтік зерттеулері тұсында тапқан деректеріне сүйеніп жазылған. Сол жылдары Семей, Аягөз өңірінде Айқыз деген әйелдің ел билеушілер мен патша әкімдеріне қарсы шығып, жазаға тартылғаны жайында газеттерде хабар басылған. Жазушы осы деректі зерттей келе Айқыздың шыққан ортасын, тағдыр тауқыметін тарта жүріп, ел билеушілерімен күресінің сырын анықтайды. Айқыз әрекеті халық бұқарасының үстемдікке қарсы күресіне ұласып, 1917 жылғы революцияға жалғасады. Ол әділдік теңдік жолын ұстанған топқа қосылып, батыл іс-қимылымен көзге түседі. Ақыры оны контрреволюция қолына түсіріп, жолдастарымен бірге жазалап, қорлап өлтіреді.

Роман кедей жатақтардың жермен кәсіп етуге бет алған тұсын суреттеп, Қалғұты өзенінен егін суаруға су алу үшін арық қазу оқиғасымен басталады. Оларды Садырбай, Көшімбай деген ағайынды жігіттер басқарады. Айқыз-Көшімбайдың қызы. Ол да елмен бірге арық қазу ісіне қатысады. Жазушы Айқыздың шыққан ортаның тіршілігіне бейімделіп, өз ортасының пысық қызы болып өсіп келе жатқанын, азаттыққа құмарлығын осы еңбек үстінде таниды. Ешкімге тәуелділікті қаламайтын Айқыз өзін айттыруға құда келетінін естіп, сүйген жігіті Бақимен қашып кетеді. Олар Аягөз қаласын паналайды. Бірақ бақытты өмір сүре алмайды. Бақи ауырып, қайтыс болады. Бұл қайғыға Айқыздың бір беткейлігін ұнатпаған адамдардың кедергісі мен зорлығы қосылып, әйел трагедиясын қалыңдата түседі. Бала көтермеген әйел көрінуге барған кезінде оған Қазірет қызығады, үй жуушы боп істеп жүрген лавканың иесі Рахым бай да көңіл білдіреді. Олардың бірін теуіп құлатып қашып шыққан Айқыз екіншісін өз әйелімен кездестіріп масқара етеді. Бұл қылықтар Айқыздың дұшпандарын көбейтеді. Ақыры Айқыз Аягөз приставының кеңсесін жууға орналасады. Мұнда да ол Рахым баймен байланысты приставтың қаһарына ілігеді. Осындай жағдайда 1917 жылғы революцияны қарсы алады.

Аягөздегі большевиктер тобын басқарған Сабыржан тобына қосылып, ол елге шығады, жаңа тәртіпті түсіндіру ісіне қатысады. Кейін Ақтар жеңіп, Қызылдарды қолға түсіргенде Айқыз, Сабыржанның інісі Самат, Асхат, орыс большевиктері Маклаков, Волков бәрі қолға түседі. Оларды ақтар қала сыртына шығарып, азаптап өлтіреді.

Романның алғашқы бөлімінде Айқыз өскен ортаның тұрмыс-тіршілігі, адамдарының іс-әркеттері бірсыпыра жақсы суреттеледі. Алайда сюжет революция оқиғаларына тірелген кезде, суреткерлік баяндау, әңгімелеуге ауысып, композициясы да босаң тартады. Характерлер, әсіресе, революция жағының адамдары, белгілі схеманың салқынынан шыға алмайды. Роман Айқыздың жазаланар алдындағы сөзімен аяқталады. Ол болашаққа үлкен сенім танытады. «Халқым, мыналар мені өлтіреді. Мен өлгенмен, өмір өлмейді. Мәскеуден Ленин, таудан Сабыржан келеді. Көп кешікпей қаламызда бақытты өмір қайта орнайды. Сол өмірдің тууына қарлығаштай үлес қосқан Айқыз деген жерлестеріңізді ұмытпаңдар»1, – дейді ол. Роман сол дәуірдің ұстанымын уағыздайды. Ауылдағы тап тартысын қалаға көшіріп, оның ұласып барып Қазан революциясына жалғасуын көрсетеді.

Қазақстандағы революциялық өзгерістерді негізге ала туған романдар үлгісінен басқаша планда жазылған Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» атты дилогиясы (1974-1981) түптеп келгенде ХХ ғасырдағы әлемдік әлеуметтік ауытқулар заманының шындығын қамтиды. Дилогияда баяндалатын оқиғалардың барлығы да Қытай Халық Республикасының аумағын мекендеген қазақтардың өмірі жайын шертеді. Кейіпкерлердің басым көпшілігі осы елде туып-өсіп, осы жақта таным-түсінігін қалыптастырған тұрғылықты жандар.

Дилогияда оқырман алдына ұсынылатын идеялардың бірі - белгілі бір халықтың ғана емес, оның ішіндегі түрлі әлеуметтік топтардың, тіпті жекелеген адамдардың тағдырлары да өзі өмір сүріп отырған елдің саясатына тәуелді деген тұжырым. Тарихи салмағы ауқымды осынау ойды жазушы роман кейіпкерлерінің басынан өткен қилы оқиғалар арқылы өрнектей отырып, жеке адам мен қоғамның, империялық мүдде мен аз ұлттар армандарының арасындағы кереғарлықты әлеуметтік тұрғыдан талдап көрсетеді. Сан-салалы болып, тармақтала өрілген оқиғалар мен тартыстардың иіліп келіп құйылатын арнасы осындай толғамды мәселелерге әкеліп саяды.

Бірінші кітапта басымырақ айтылатын жайттардың негізгі шоғыры қаймағы бұзылмаған қазақ өмірінің көріністері, баладай аңғал халқымыздың түрлі мінез-құлықтары, үлкен саясаттан тыс өмір тіршіліктері, бірақ соған қарамастан, өздерінің бәрібір бодан болып сезінуге мәжбүр болғандығы, қыр еліне ғана тән түрлі экзотикалық, этнографиялық жағдаяттардың көріністері. Өмірдегі ірі қоғамдық-саяси мәселелермен ұсақ-түйек дүниәуи жайттардың аражігін ажырата білмейтін аңғал жұрттың кейбір мінез-құлық көріністері ішінара трагикомедиялық ситуацияларға да ұласып қалып жататындығы романда жеңіл юмормен, астарлы әзілмен көрсетіледі. Оқиғалар аңғарынан байқалатын басты проблемалар – Қытай сияқты алып мемлекеттің боданы болып отырған аз ғана жұрттың үлкен саяси мәселелерді толық түсіне алмай, өздерінің тұрмыс-тіршіліктерін баяғы қалыпта жалғастыра беруге ынталы екендігі, бірақ жеме жемге келгенде алып елдің үлкен саясатының қақпақылында кеткендігі, жеке адамның ғана емес, бүтіндей жұрттардың да тағдырларына қауіп төніп келе жатқандығы.

Қазақи кеңдіктің, ұлттық парасат-пайымның көріністері негізінен Қанағат би тәрізді жеке тұлғалар арқылы суреттелген. Кеңес елінде би-болыстар образдарының негізінен жағымсыз реңкте болып келетінін ескерсек, «Соңғы көштегі» Қанағат бидің бейнесі прозамызда қалыптасып қалған бұл канонды бұзады. Кімнің болса да, өтініш-тілегін, арман-арызын сабырмен тыңдап, әділ шешуге тырысатын би бейнесінде жарқын сәулелі мінез-құлық басым. Жекелеген қайшылықтарына қарамастан, бұл кейіпкер негізінен оқырман қабылдауында жағымды әсер қалдырады. Қанағат биді қазақи қалыпта сомдау арқылы жазушы қазақ өмірінің феодалдық-патриархалдық реалиясын біршама ашып көрсете алған.

Әрине, социалистік реализм жағдайында үстем тапқа жататын бейнені жағымды етіп көрсету жазушының саяси жауапкершілігіне, идеологиялық қырағылығына сын болатын. Романда Қанағат биге қарсы Нұғыман болыстың бейнесінің алынуы да сондықтан. Осы екі бейненің бойындағы қарама қарсы алынған халықтық сипаттарды шендестіре көрсету арқылы жазушы бірсыпыра шығармашылық табысқа жете алған.

Басқа мемлекетте өмір сүріп жатыр дегені болмаса, қазақи мінез-құлық, ұлттық болмыс бұл жақта да сол қалпы. Кеңес Одағы қарамағында жедел орыстана бастаған атамекендегі қазақтарға қарағанда, олардың образдарында ұлттық нақыштың молырақ екендігі айқын көрінеді.

Романға жарқын сипат беріп, халық тағдырына қатысты жайдары нышандарды көрсететін өрнектер жас мұғалім Нұрбек пен Қанағат бидің баласы Естайдың бойына тоғысқан. Тетелес өсіп келе жатқан екі жастың хат танып, қағаз оқитындықтан, көкіректері ояу, көздері ашық, халық тағдыры жайында үнемі толғаныста жүреді. Жүрген орталарына да сыйымды екендігі істеген істерінен, адамдармен қарым-қатынастарынан айқын көрінеді. Романның идеялық-көркемдік мақсаттарының бірі Қытай Халық Республикасының сол кездегі басшылығының сыңаржақ, солақай саясатын әшкерелеу болса, жазушы өзі куә болып, бастан өткізген оқиғаларының негізінде ел ішінде қара дауылдай ұйытқыған саясат ызбарын нақты адамдар өмірімен орайластыра суреттейді.

Алып империяның табанына түсіп, оның ойыншығына айналған сорлы халқын қалай құтқарып қалуға болатындығы жөнінде Нұрбек, Естай сияқты көзі ашық, көкірегі ояу жігіттер түрлі ой-толғамдарға беріледі. Бірақ қаншама ойланып, қаншама пікір алмасқандарымен, қорғансыз жұртты қамалған тығырықтан шығару жолын көре алмайды. Шығыс Түркістан халқының Гоминдан үкіметіне қарсы көтеріліс жасап, жеңіске жетуі Қытай Халық революциясымен үйлесе келген. Шығыс Түркістанның өзі алдына жеке отау тігіп, тәуелсіздікке қол жеткізуі бес жылдан аспайды. Қытайдың жаңа өкіметі бұл өлкені де өзіне қаратып, біртіндеп өз әскерлерін кіргізеді,

Гоминданға қарсы көтірліске шыққандардың қаруларын жинап ала бастаулары да жаңа өкіметтен жақсылық болмайтынын жеткізгендей. Бұған, әрине, халық наразы. Азаттық күрестің қаһарманы Нартай, полковник Жағыпар, Шәуешек қаласының уәлиі Жасыбай өз пікірлерін ашық сездіреді. Шығыс Түркістан автономиясын құру деген құр қиялға айналады. Елдің бас көтерер ұлтжанды азаматтарын еркіне жіберіп қарап отыратын көзі қырағы өкімет емес. Соның бір мысалы – осынау дербес автономияны құру жөнінде Пекиндегі басшылықпен келіссөз жүргізуге бара жатқан Шығыс Түркістан өкілдерінің жолда апатқа ұшырауы. Бұл сұмдық апатты сол кездегі басшылық қаскүнемдікпен әдейі ұйымдастырған деген қаңқу да бар. Онымен де қарап қалмай, елдің бетке ұстар азаматтарын өкімет түрлі сылтаулармен көзін жойып жіберіп отырған, тіпті болмаған күнде жер аударып, түрмеге тығып дегендей әбден берекесін кетірген.

Халықтың көкейінде енді не болар екен, тәуелсіздіктен айырылсақ та, тыныштықтан айырылмасақ екен деген сыңайдағы тілек, ниеттер байқалады. Басқа жұрттар әліптің артын бағып, енді не болар екен деп тосып жүргенде азаттық қаһарманы Нартай батыр ғана әрекет үстінде. Оспан батырға барып қосылуға кетеді.

Осындай аумалы-төкпелі қиын кезеңде өкімет саясатын мүлтіксіз орындауға жергілікті аз ұлт өкілдерінің арасынан да құлшыныс танытқандар табылады. Романда олардың айқын бейнелері Нұғыман болыс пен Ермек белсенді арқылы жасалған. Бір кезде Кеңес елінен қашып келген Нұғыман болыс енді жаңа өкіметтің жансызы болып кірген. Өзіне имандай сеніп жүрген Нартай батырды ұстап беретін де сол. Байлық пен барлықтан айырылып қалмау үшін Нұғыман болыс өкімет тапсырмасын қашанда осылайша алдымен орындауға даяр тұрса, оның күйеу баласы Ермектің халқына қарсы жасап жүрген әрекеттері одан да асып кетеді.

Жаңа өкіметтің империалистік саясатын аймақта жүргізуші – Лан-ке деген шовинист. Ол аймақтық партия ұйымының секретары Ли-хұнды айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізіп отырады. Сол кезде жауды өз ішінен, ел арасынан іздеген билік иелері саяси төңкерістерге байланысты неше түрлі науқандар өткізеді. Олардың бәрі, айналып келгенде сол жоқтан бар қылып, қолдан жасалған жалған жауларды әшкерелеумен шұғылданады. Оларды ел алдына шығарып масқаралау, әшкерелеу жиналыстарын өткізеді, оған үкімді халыққа шығартады. Нартай сияқты батырдың, Шәкен сияқты әншінің тағдыры осындай науқанның нәтижесінде шешіліп, ақыр соңында «халық үкімімен» деген желеумен атылып кетеді. Өкіметтің темір шеңгеліне бір іліккеннен кейін одан босану жоқ, билік иелерінің рақымы түсіп, ақыр соңында ең жеңіл құтылды деген күннің өзінде түрмеге бірнеше жыл отырып шығады. Әйтпесе күтіп тұрғаны – ату жазасы.

Осындай қолдан жасалған құйтұрқы саясаттың құрбандары болған жазықсыз жандардың өлім ауызында жүндері жығылмай, қасқая қарап тұруы үлкен ерліктің үлгісі екендігі де сөзсіз. Қазақ тәрізді қорғансыз ұлттың трагедиясы осылайша жеке адамдардың тағдырлары арқылы көрініс тауып, тарихтың ащы шындығын көлденең тартады. Бірінші кітаптың жалпы оқиғалар фонында қазақи баяулық, найқалған жайбарақаттылық сезілсе, екінші кітапта саясаттың қара дауылы күшейе түсіп, кейіпкерлердің бас-аяғын ептеп жинай бастағаны, нақты әрекеттерге көшуге мәжбүр болғаны байқалады. Адамдарды тасқаяқтай қағыстырған тосын жағдайларға сақ қарап, даяр тұрмасаң, өзің құрбан болып кете баруың оп-оңай. Сондықтан да бұл кітапта оқиғалардың дамуы да біршама динамикалы, қарқынды.

Өмірге көбінесе эстетикалық әсермен, тебіреністі көңіл күймен қарап, өзін саясаттан алыс ұстап келген Шәкен мұғалім – осындай құрбандыққа шалынған жазықсыз пенделердің бірі. Оны қай жерге апарса да, масқаралау жиналыстары күнбұрын белгіленіп қойылған сценарий бойынша өтеді. Бұл тек Шәкеннің ғана емес, басқа да «шпиондар» мен «дұшпандардың» басында да болып жатқан жағдай. Бір күні оны өзі қызмет істеген гимназияға алып келеді. Бұл жолғы жиналыстың аты – шағым айту жиналысы. Аттарын түрліше құбылтып, қалай өзгертсе де, ондай жиналыстың мағынасы біреу-ақ: дұшпан деп танылған адамды әбден әшкерелеп, масқарасын шығару. Туған білім ұясының адамдары өзін жамандыққа қия қоймас деген Шәкеннің үмітінің тас-талқаны шығады.

Бүкіл саналы ғұмырын шын мәнінде туған халқының азаттығына арнаған Нартай батырдың тұтқындағы бастан кешкен жайлары да осыған ұқсас. Осынау қарапайым азаматтың өз ұлтының, халқының бостандығы үшін күреске араласуы бастапқыда еріксіз болған жағдай. Гоминдан өкіметінің тұсында қой ауызынан шөп алмас момын туысы Қоқымбайды қытай помещигі Бужыңханың қорлығынан құтқарып қалады. Айдалада жер қазып жатқан туысқанынан не істеп жатырсыз деп сұрағанда, ол көр қазып жатқанын айтады. Қайран қалған Нартай «Кімге?» деп сұраса, сорлы байғұс өзіне қазып жатқан болып шығады. Ал Бужыңха бұны атып тастау үшін мылтық әкелуге үйіне кетіпті. Мынандай көпе-көрену қорлыққа шыдай алмаған Нартай Қоқымбайды артына міңгестіріп алып, мейманасы тасып, әбден дандайсып кеткен помещикті өз қорасының ішінде қамшының астына алып сабайды.

Сөйтіп таптық езгіге ғана емес, ұлттық қорлауға да қарсы шыққан ол біртіндеп шын мәніндегі қаһармандық мінезге ие болады. Өз заманында қорқу дегеннің не екенін білмей, талай арпалыстарға қатысқан Нартай батыр қамауға алынып, тұтқын аталғаннан кейін өзіне жасалған жөнсіз қорлықтың барлығына төзеді, өмірінің аяғына дейін сол бастапқы сабырлы да байсалды қалпынан айнымайды. Түрме – жеке бастың бостандығын мүлде шектеп тастау арқылы адамның төзімділігін сынайтын орын. Нартай бейнесі осы сынақтардан сүрінбей өту арқылы асқақтап биіктей түседі1.

Романның бас кейіпкері – Қанағат бидің оқыған, көзі ашық ұлы Естай. Ол өмірге байыпты көзбен қарап, болып жатқан түрлі қоғамдық құбылыстардан ой түйіп жүретін жігіт. Барған сайын күрделене түскен өкімет саясатының астарын аңдап, түпкі мақсатын тарқатып түсіндіруге бірде шамасы жетсе, бірде жете бермейді. Қоғамдық-әлеуметтік тартыстардың басым көпшілігі екі кітапта да осы сыпайы да ойшыл жігіттің көзімен беріледі. Мінез-құлқы, жан дүниесі әжептәуір ашылғанымен, Естайдың басты қаһарман ретінде белсенділігі жеткіліксіз көрінеді. Естай әрекетінің негізгі сипаты көбінесе сырттай бақылаушы болу қалпымен ғана шектеліп жатады.

Ойлы, зиялы жігіттің әрекетінің басты сипаты, міне, көбінесе осылайша іштен ғана тынып, іштен ғана ойлану. Сүйген қыздары Ғалия, Гүлжиһан мен Дүрияға байланысты да алып-жұлып бара жатқан нақты әрекеті көрінбейді, әрі кеткенде қолынан келгені – оларға арнап өлең, дастан шығару. Байырғы тұрғындар ішкері жақтан келген босқындармен қақтығысып қалған сәтте өзінше төбелеске араласып, қандастарының намысын қорғауға ниет еткенде, ол әрекеті де сәтсіз аяқталады. Төбелеске жоқ болбыр жігіттің бостан босқа таяқ жеп қалуы қисынды да. Жазушы өз кейіпкерінің бойындағы ұнасымды қасиеттерімен бірге кемшіліктерін де жасырмай, осылайша ашық суреттеген.

Романда жиі көрініп отыратын гимназия директоры, Естайдың пікірлес досы Нұрбек те халқын қиындықтан құтқарып қалу үшін елеулі әрекетке бара қоймайды. Әйтеуір естияр, саналы азамат. Бұл екеуіне қарағанда, романның әр тұсынан кезекпе кезек бой көрсетіп жататын Жағыпар, Нартай, Жолбарыс, Шаштығали, Каленажы, Шәкен, Байжұма тәрізді екінші қатардағы кейіпкерлер іс үстінде көрінеді. Тіпті күлкілі қылықтарымен есте қалатын Ұзақ шал да мәселенің ақ-қарасын аңдап жатпастан, белсенділік көрсетуге кет ары емес. Халық басына төнген зауалды шақта өзінің алаңғасарлығымен күлкілі жағдай туғызып жүретін Ұзақ бейнесі жеңіл юморымен болса да есте қалатын жан. Оның ешкім сұрап, керек қылып жатпаса да, қамауға алынғандарға ілесіп, өзінен өзі барып түрмеге түсуі еріксіз күлкі туғызады. Өстіп белсенділер қатарынан қалмай жүремін деп қосақ арасында бостан босқа кетіп қала жаздайтынын қайтерсіз.

Оқиға Қытай мемлекетінің аумағында өтетіндіктен, романда қытай халқының түрлі өкілдері де көркем бейнеге айналған. Олар да адамдық тұрпаты, моральдық ұстанымы жағынан сан алуан. Мейірімді, еңбекқор қытайлардың арасында замана ағымына сай пайда болған құйтұрқы жандар да, адам өлтіргенде беттері шімірікпейтін қаны сұйық жауыздар да аз емес. Бұл жұрттың ішінен бояуы қанық соғылған бейне ретінде аймақтық саяси басқарманың бастығы Лан-кені атаған жөн. Ол қытай мемлекетінің саясатын жергілікті жерде жүргізуші ретінде «социализм – «халықтар достығы» деген сөздерді нандырып айта алады. Бірақ астыртын жүргізіп жатқан саясаты – жергілікті аз ұлттарға жымысқылықпен қысым жасап, оларды мүлде бас көтермейтіндей етіп тұралатып тастау.

Қытай елінің сол кездегі саясатының көпшілік қауымға тиімсіз екендігі роман мазмұнынан айқын көрініс тауып отырады. Халық жауларын іздеп табу деген мәселенің өзін неше түрлі формада құйқылжытқан саясат кейде тіпті күлкілі жағдайларға дейін жетеді. Мысалы, «Барлық гүлдер ашылсын, барша бұлбұл сайрасын» деген ұранмен өткен, адамдардың ойына, сөзіне бостандық беретін ашылып-сайрау науқаны. Сол-ақ екен, талай кісілер көпшілік алдына шығып, бастан өткен шындықтарын жариялы түрде айтуға кіріседі. Жұрт бұл ұранды шексіз демократияның көрінісі деп ұғады.

Бірақ айналасы бір-екі айдың ішінде «Ашылып-сайрау» аяқталады да, іле-шала «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес» деген ұран көтеріледі. Сөйтсе, жаңағы ашылып-сайрау дегеніміз пікірі ішінде жүрген теріс ойлы белсенділерді тұзаққа түсірудің айла-шарғысы болып шыға келеді. Осы бір өтпелі дәуір кезіндегі алып империяның басында отырған билік иелерінің қарапайым халыққа тиімсіз соншалықты зымиян әрі құйтұрқы саясат жүргізгені, соның зардабынан бүкіл аймақта психологиялық ауыр ахуал қалыптасқаны, сөйтіп қаншама жазықсыз жандардың жапа шегіп, қорлыққа ұшырағаны романда кейіпкерлер тағдыры арқылы бейнеленген. Осы кезде ішкергі Қытайдан машина-машина адамдар тасылып әкеліне бастайды. Босқындар деп аталатын бұлар – кедейшілікке ұшыраған қытайлар екен. Оларды жергілікті халық сендерді бағып-қағады, солардың мойнында боласыңдар деп сендіріп жіберген. Осындай пиғылмен келгендіктен, қытай кедейлерінің өзі астамшылықтан да құралақан емес. Өздеріне масыл болып келген мұндай пәлелерден қалай құтылудың жолын жергілікті аңқау қазақтар біле алмайды.

Жоғары жақтан жетіп жатқан бұйрық, пәрмендердің ішінде санасы сау адамның ақылына сыймайтындары да ұшырасады. Мысалы, Англияны басып озамыз деген желеумен ел ішінде жаппай домна пештерін орнату науқаны. Егін-терін жиналып жатқан күзгі науқан кезінде бүкіл өлке халқы істеп жатқан тіршіліктерін тастай салып, тұтасымен шойын қорыту қамына кірісіп кетеді. Тек ауыр индустрияны ғана емес, кез келген ғылыми-техникалық жұмысты атқару үшін оның ғылыми негізі, неше рет есептеліп дәйектеліп қойылған жоба-жоспары, материалдық-техникалық базасы және арнайы даярланған маман кадрлары болуы керектігі айтпаса да белгілі. Бірақ соқырға таяқ ұстатқандай айпарадай айқын ондай заңдылыққа құлақ асып жатқан Қытай өкіметі көрінбейді. Бүкіл халқын ұлардай шулатып, бұрын көріп-білмеген, естіп те көрмеген тіршілікке салып жібереді. Домна пешін орнатып, шойын құюға байланысты эпизодтарды оқып отырып, сол уақыттардағы Қытай өкіметінің соншалықты қисынсыз саясатына таң қаласың. Ақылға сыймас осындай әрекеттерді көркемдеп жеткізгеніне қарап, «Соңғы көшті» әшкерелеу романы деп айтудың да қисыны бар.

Сонымен бірге романның оқиғалар дамуының шұбалаңқылығы көзге түспей қалмайды. Сырттағы оқиғалар жедел дамып, бірінен бір туындап жатқанымен, жазушы асықпайды. Динамикаға толы қым-қиғаш өмір тынысын суреттегеннен гөрі жазушы қаламы кейіпкерлер тірлігіндегі ұсақ-түйек тұрмыстық әңгімелерге бөгеліп қала береді, болған оқиғаны біраздан кейін кейіпкерлер аузынан қайталатып жататын тұстары да кездеседі.

Қ. Жұмаділовтың «Соңғы көш» дилогиясы – Ресей мен Қытай сияқты көрші империялар жер бөліскенде Қытай жағында қалып қойған қазақтардың жиырмасыншы ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарында бастан кешкендерін бейнелейтін тарихи шығарма.

60-80 жылдар аралығында туған қазақ романы Қазақстандағы революция тарихы мен оның нәтижесі, шындығы жайлы жаңа көзқараспен толыққаны осы шығармалардан айқын көрінеді. Олардың негізгі идеялық концепциясында революциялық өзгерістерді мақұлдау, оны тарихи дамудың заңды жолы деп қарау орын алды. Сонымен бірге саяси күрес кезіндегі әртүрлі асыра сілтеу оқиғалары сынала суреттеледі. Бұған дейінгі бұл тақырыптағы шығармаларда ондай сыни көзқарас болмайтын. Бұл да болса, дәуірлік әлеуметтік өзгерістердің әсері. Революцияның шын бетін, онда жетекші роль атқарған орыс қоғамының түпкі саясаты тек тәуелсіздік кезінде туған романдар ғана ашып бере алды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]