Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі

Соғыс тақырыбына жазылған шығармалар қазақ әдебиеті дамуының әр кезеңінде туған. Олардың біразы Ұлы Отан соғысы мен соған жалғас қырқыншы жылдардың ішінде жедел жазылды. Олардың көбі пафосын соғыстағы кеңес адамдарының ерлігін көрсетуге негіздеп, соғыс трагедиясын ашуға бара алмады. Соғыс алапаты, адамның осы соғыстағы ерлігіне қоса қайғысы да аз болмағанын, қыршын кеткен азаматтардың тағдырын тек елуінші жылдардың орта тұсынан кейін жазылған шығармалар ғана суреттеуге тырысты. Ал, 70-80 жылдардағы қазақ романы тарихи тартыстың жуан ортасына оқиғаны емес, адамды қойып, соғыс шындығын соның басынан кешкен ауыртпашылығы арқылы көрсетуге көтерілді. Бұл түптеп келгенде, соғыс және адам, ерлік пен қорқақтық, озбырлық пен адамгершілік сияқты проблемалардың әлемдік қақтығыста ашылуына көмектесті. Бұл тақырыптағы шығармалардың көбі соғысқа қатысқан, майдан өмірін көзімен көрген жазушылар қолынан шықты. Олар Кеңес қоғамында қалыптасқан әлеуметтік-саяси көзқарастың ырқымен соғыс оқиғаларына әр кезде әртүрлі көзбен қарап, шын ұғым-түсінігін біртіндеп жетілдірді. Өзі көрген, бастан кешкен өмірінің ерлік жағын ғана емес, трагедиялық күйін де кейін түсінді. Сөйтіп соғыс тақырыбына қайта-қайта оралып, соғыс шындығының шын сырын түсініп, ойланып жазды. Кешегі дүниежүзілік алапаттың шынайы көрінісін бүгінгі ұрпаққа жариялай отырып, жалпы адамзатқа ортақ ойларды көтерді. Соғысты өлім мен өмірдің белдесуі ретінде қабылдап қоймай, өмір үшін күресте кеткен қыршындардың өлімінде қаншама ерлік, азаматтық бар екенін ашты. Сол негізде жасампаз адам рухының биіктігін көрсетті. Сонымен бірге соғыс трагедиясын тереңірек ашып, ерлік, рух дегенді қою қайғылы оқиғалардан тудырды.

Соғыстағы адамды оның өз шындығымен, дәуірімен байланысты көрсету бүкіл кеңес әдебиетінің негізгі проблемаларының біріне айналды. Оның жеңістері мен сәтсіздіктері де сабақ еді. Жазушы позициясы соғыстағы адам тағдырына әлеуметтік және адамгершілік, гуманистік тұрғыда қараумен және оның философиялық сырын, астарын ашып көрсетумен байланысты жаңа маңыз алды. Мәселені осылай қойғанда ғана соғыс әділет пен жалғандықтың, адамның рухы мен әлсіздіктің, нағыз өмір мен өлімнің шекарасында кездесуі ретінде көріне алмақ. Мұндай кездесу адамзаттың болашағы үшін маңызды нәрселерді айқындап береді, әдебиеттің гуманизмін тереңдете түседі.

Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» атты романы (1973) соғыс шындығы арқылы көрінетін жалпы адамзатқа ортақ гуманизмді жырлайтын шығармалар қатарынан құрметті орын алады. Жазушы мұнда адам өміріндегі ең үлкен алапатты суреттей отырып, жеке адамның өзі үшін, тіршілігі үшін күресі жалпы өмірді сақтау жолындағы тартысқа ұласып жатқанын көрсетеді. Қамқа әженің аузынан айтылған «Шырағың сөнбесін» деген екі сөзде «өмірің жалғаса берсін», «ұрпағың өшпесін» деген тілек барын романның негізгі кейіпкері Нәзира соғыс үстінде ұғынады. Қаншама қиыншылық көрсе де, жүкті әйел осы сөзді еске алады, нәрестесін ойлайды.

Роман сюжеті майданның өзінде емес, майдан мен тылдың шекарасында болған оқиғалардан бастау алады. Кейіпкерлері – әскери адамдар емес, кеңес офицерлерінің соғыс басталып кеткен соң елге қайтарылған әйелдері, бала-шағасы. Солардың соғыс шебінде қалуы арқылы жазушы тікелей соғысқа қатысушылар емес, олардың отбасының да онымен бетпе-бет келуін суреттейді. Үлкен соғыстың өзі емес, ұшқынының өзі де алапат екен. Соның өзі қаншама өмірді жалмап, көп адамның жолын кесіп тастап жатыр. Жайшылықта әскери адамның күнделікті тіршілігіне көмектесуден басқаны білмеген әйелдердің өлмеу жолындағы күресі нағыз ауыр жағдайда басталады.

Роман оқиғасы қазақ әйелі Нәзираның әңгімесі арқылы өрбиді. Қазақ аулынан күйеуі Қасымбекке еріп шыққан он тоғыз жасар келіншек өмірде көп нәрсені көріп үлгермеген екен. Бұйығы, нәзік, өзі жүкті. Соғыс басталып кетеді де, ол кейін қайтады. Асығыс, жүктерін машинаға тиеп, жаяулап станцияға жету, вокзал басындағы қарбаластық, жүрісінен тұрысы көп қызыл вагондағы қысылшаң өмір, аштық, жолшыбай жау бомбасының астында қалу, вагонның өртенуі, көпірдің бұзылуы, кейін қарай шұбыру, фашистермен бірінші кездесу, алғашқы көрген өлім, бет-бетімен тарау, т.б. оқиғалар романның бірінші бөлімінің мазмұнын құрайды. Осы оқиғалардың бәрі жас адамның өмірдің ауыртпалықтарымен кездесіп, ол туралы ойлануы, толғанысы түрінде шығармада көрініс табады. Елде, ауылда өткізген күндерін, балалық, жастық шағын, Қамқа әжесі мен бауыры Жұмашты еске алу қазіргі басынан кешіп жатқан өмірімен кезектесіп, Нәзира ойына ел, Отан дегеннің не екенін, оған деген сағынышты, өлмей қалу жолындағы күрестің мән-мағынасын ұқтырады. Жеке адамның тағдыры Отан тағдырымен байланысып жатқанын түсінеді ол. Ерлік дегеннің не екенін, адам мен адамды жақындастырып, алыстататын қасиеттерді де ол соғыс шындығы үстінде түсінеді. Достық, қайырымдылық, қысылғанда біріңе біріңнің көмекке келуің, қиындыққа мойымай, қажырлық көрсету дегенді Нәзира алғаш жолдас әйелдері бойынан таниды да, кейін жау басып алған жерде өзін паналатқан Дуня апайдың адамгершілік қасиеттерімен толықтырады. Ол жайшылықта тәртіп үшін күрескіш, белсенді көрінетін полк командирінің әйелі Елизавета Сергеевнаның бос, былжыр болып шыққанын, керісінше ұрысқақ Мюся мен кербез Алевтина Павловнаның қайырымды, қажырлы екенін көреді. Светамен жау тылында табысып мұңдас өмір қиыншылықтарын бірге өткізеді. Адамды тану, Нәзира ұғымында, бітеу төңірегінің бірте-бірте ашылуы есепті.

Соғыс жеке адамды елмен табыстырады екен, елден айырады да екен. Бұл – соғыс өмірінің аяусыз шындығы. Мұның аяусыздығын біз роман кейіпкерлерінің ел қорғау жолындағы күресінен көрсек, соңғысын Нәзира мен Света (қастарында жетім бала Боря бар) екеуі түнеп шыққан Батыс белорус шаруасы тіршілігінен танимыз. Жалғыз осы бір эпизодта немістерден азаттық күтіп отырған шаруа тіршілігін қонақтардың ұғым-түсінігіне қарсы қояды. Жас бала Боря да олардың жат екенін ұғып аттанады. Адам тағдыры елмен бірге. Одан өзгеше тағдыр күткендердің келешегіне күмәнмен қарайсың.

Ал Дуня апайдың түсінігі басқаша, ол Отанына, еліне, елдес азаматтарға адал көңілмен қызмет етеді. Оның жалғыз, адасқан жүкті әйел Нәзираны үйіне тығып ұстауы, жергілікті партизандармен байланысы осыны аңғартады.

Соғыс – қантөгіс, өлім. Ол да әртүрлі. Шын абзал өлімнің өзінде адамдық үлгі болады. Аз уақытта Нәзира көрген шындықтың бірі – осы. Ол ұрысқақ Муся өлімінен осыны таниды. Боряның өлімі, өзінің екі баламен поездан қалып қоюы, бомбаланған вокзал басының тіршілігі – барлығы да өмір үшін аласұрған күрес екенін Нәзира біртіндеп ұғады. Олар бірімен-бірі жалғасып ұлғая түседі. Романның алғашқы бөліміндегі оқиғалардан соң адасып жалғыз қалған Нәзира селоға кіріп, Дуня апайға жолығады. Екі ай бойы соның үйін паналайды (екінші бөлім). Селоға немістер кіргеннен кейін олар жергілікті халықтың партизандармен байланысы бар деп күдіктеніп, тұрғындарды атып, селоны өртейді де, қашып шыққан Нәзира орман ішін паналап жүріп, партизандарға кездеседі. Романның үшінші бөлімі Нәзира куә болған партизандардың жау тылындағы күресін көрсетуге арналады. Нәзира онда күйеуі Қасымбекке жолығады. Дуня апай үйінде өзін көрмей, әңгімесін тыңдаған партизан Носовецпен танысады. Қасымбектің қызметтес жолдастарын (Николай Топорков, Абан) кезіктіреді. Аман-есен босанып, баласын тәрбиелейді.

Романның бұл бөлімінде де есте қаларлықтай образдар бар. Аталған жауынгерлердің бәрі де ісі, қылығы, азаматтығы тұрғысынан тәп-тәуір ашылған. Николай мен Светаның тағдыры да аянышты, әрі өмірде болатын жағдайларды бейнелейді. Осы ортада партизандармен бірге көшіп жүріп, Нәзира екі жылдай өмір сүреді. Аяғында Қасымбек те, одан кейін көңілі қосылған Абан да қайтыс болып, екі баламен (бірі өз баласы, бірі Светаның қызы) елге оралады. Партизандар өмірін суреттеуде ескі кеңестік патриотизм, көзсіз ерлік сияқты жасанды шындықтың елесі танылмай қалмайды. Олардың ерлігі, құпия сырлары толық ашыла бермейді. Нәзира әңгімесі ол сырды толық жеткізе алмауы да заңды. Тұтастай алғанда, Нәзира көрген партизандық өмір оқырманын нандырады.

Тахауи соғыстың аяусыз шындығын жұмсартпай шын тұрғыда суреттейді. Аяқ басқан сайын қиындай түскен жау тылындағы өмір мен көбейе түскен қасірет, түптеп келгенде, соны жеңген адам рухын ашу үшін пайдаланылады. Адамның қызығы мен сырын қайғылы оқиғалар арқылы бейнелеп, психологиялық тебіреністе көрсету жазушы реализмін байыта түседі. Ол шындықты қоспасыз, әсірелеусіз, табиғи күйінде суреттеуге барады. Жазушы қаламында әрбір деталь ойнап, характер ашуға қызмет етеді. Кеңес офицерлері әйелдерінің көбін Нәзира алғашқы елге қайту, бомба астында қалып, жаяу қашу тұсында таниды. Сыпайы, жұмсақ мінезді, ширақ қимылды Света кейін онымен біраз жолды бірге өтіп, әйелдік осалдығымен қатар адамгершілігі, отаншылдығы жоғары мінезімен көрінеді. «Шығыс Мадоннасы» Маруш Аршаковна, Елизавета Сергеевна мен Алевтина Павловна, ұрысқақ және күлегеш Мусялар, Ираида Ивановна, олардың балалары (Вовка командир, Боря, Шурик, Мося, т.б.) Нәзира естеліктерінде детальдар арқылы көрініп, образдық дәрежеге көтеріледі. Оларды әуелде сырттай білген Нәзира кейін бомба астындағы аласапыранда жете тани түседі. Үйіне кіргізіп, біраз уақыт паналатқан, әуелі үйінде, кейін сарайына тығып ұстаған Дуня апайдың ұстамдылығын, қиын жағдайда да өз сенімін жоғалтпай, шындықты бетке айтатын мінезін Нәзира құрметпен әңгімелейді. Сол үйде тығылып жатып, өздерін көрмей сөздерін естіп, полицай Усачевпен, партизан қозғалысы басшыларының бірі Носовецпен танысады. Немістермен жұмыс істеп жүріп, партизандарға мәлімет беріп тұратын «Смуглянкамен» – Светамен қайта табысады.

Роман жеке адамның тағдырына құрылғандықтан, әрі қиын жағдайда өткен өмірді суреттеуге арналғандықтан, онда Нәзираның ойлану, әр нәрсені еске алу, толғану сияқты жағдайларына кең орын беріледі. Оның бүгінгі өмірден қашқанда еске алатыны – ауылы, Қамқа әжесі, Дариға жеңгесі, Зилиқа апасы, Сейілжан, Сәлімбек, Әлмұқан сияқты ағалары, сағыныш сезімімен бірге балалық шақтың қызықты күндері. Бұл топ – Нәзираның туып-өскен ортасы, үміті, болашағы. Отаны да, елі де солар арқылы санада жаңғырады. Кейбір бүгінгі оқиғалар бұрынғыны еске салады. Дуня апайдың «халық жауы» болып ұсталып кеткен баласы жайлы естігенде, өз елінде осы жолмен өмірден ерте озған боздақтарды ойға алса, Усачев полицайды көргенде, 20-30 жылдардағы қазақ ауылындағы Тұрсынғали белсенді сияқтылардың қылығы еске түседі. Бәрі де әңгіме түрінде емес, сурет арқылы елестейді. Таныс емес ортада адам төзгісіз қиыншылықты бастан кешкен қазақ әйелі Нәзираның ішкі сезім дүниесіне байлау арқылы Тахауи оның бар болмысын – шыдамдылығы мен өмір сүйгіштігін, адамгершілігін, жолдастық, достық қарызына беріктігін, көзқарасын аша алған. Сөйтіп оны соғыс сынынан өткізеді. Мұны жеке тағдыр арқылы шындықты танудың үлгісі деп қарау керек.

Жазушы суреткерлігі соғыс жүріп жатқан өмірдің көріністеріне ғана емес, адамның психологиялық күйін дәл танып бейнелеуден тұрады. Ұғым-түсінік, шындықты танып суреттеуде де ұлттық сана-сезімнің әсері байқалады.

«Жылқы кісінейді. Қара дауылда дүрліге шапқан қалың жылқының шошынып, шыңғыра кісінеген даусы келеді құлағыма. Алды апан ба, ор ма, өн бойын үрей билеп алған жануарлар апыр-топыр орғып, шыңғырып кісінеп барады. Менің бойымды да қалтыратқан жаман үрей бар. Қалың тұяқтың дүрсілінен жер селкілдейді. Жылқыларды анық көре алмаймын, жүн қаптап қойғандай, қою күңгірт, қара қожалақ аспанның реңкінде едірейген құлақтары мен төгіліп, толқып бара жатқан жал-құйрықтарының бедерін ғана аңғарамын. Таудан құлаған тасқын сияқты ұмар-жұмар толқын болып ағып барады. Ағыла шапқан айғырлардың алқына шыңғырып кісінеген айғайы шабыстарынан озып, ұзап алысқа кетіп жоғалады. Құлағымда тек тұяқ дүрсілі ғана қалады. Мен де алқынып, шайқалып, жылқы толқынының ырғағында келемін. Өн бойымда үрей бар. Мына жөңкіле шапқан қалың жылқының зәреңді ұшырған тұяқ дүрсілі тұла бойымды жайлап алған. Бірақ ол үрейдің қайдан, неден келгенін ұмытып қалыппын. Қазіргісі – тек ажалдан үркіп, әңгіріп жөңкіп бара жатқан көп жылқымен қоса бір жерде омақата құлаймын ба деген қорқыныш»1.

Қызыл вагонға қысыла кіріп, сығылысып жатқан жүкті әйелдің қалғып-шұлғып отырып көрген түсі дәл өңіндегідей көз алдынан бұлдырап, үрейлі көрініске айналады. Бұл қазіргі моментті ғана емес, алдағы ауыр өмірдің үрейлі елесі сияқты. Жазушы романды осы суреттермен бастап, әрі қарай дамытады.

Соғыс та үлкен өмір. Оның сала-саласы қандай көп болса, оларда қызмет істейтін жауынгерлер де қилы-қилы. 70-80 жылдардағы қазақ романы осының әр саласын қамтуға, мінез-құлқы, қылығы түрліше адамдар тағдырын ашуға ұмтылады.

Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы (1976) атақты қолбасшы, даңқты қазақ батыры Бауыржан Момышұлының соғыстағы өмірін суреттеуге арналған. Роман шындықты көркем бейнелеу үлгісімен емес, автор мен батырдың диалогы, әңгімесі арқылы суреттеу әдісін пайдаланған. Алайда осы әңгімелердің өзі аты аңызға айналған Бауыржанның өмірі мен соғыстағы ерлігін, азаматтық өнегесін, басқаға ұқсамайтын морт мінезі мен кесек қылықты іс-әрекетін ойлы көзбен көрсете алады. Ісі де, ойы да кесек, ірі тұлғаның тууы, оны өсірген заман, соғыс шындығы публицистік журналистік үлгіде шынайы көрініс тапқан. Ондағы әңгіме болатын оқиғалардың қоюлығы, майдан өмірі шындығының қатыгез қалпының бұзылмай, жұмсартылмай суреттелуі, тұлғаның тұтастығы мен жарқындығы «Ақиқат пен аңызды» роман деп бағалауға мүмкіндік берген.

Сәуірбек Бақбергенов «Қарға тамған қан» атты шығармасын (1967) роман-новелла деп атапты. Алайда ондағы майдан өмірі мен байланыс шебі жауынгерлерінің қызметін эпикалық түрде бейнелеу әдісі оның романдық сыпатына дау туғызбайды. Онда новеллалық белгі жоқ, композициялық тұтастық бар.

Роман оқиғасы майдандағы байланысшылар штабының соғыс кезіндегі өмірін суреттеуге негізделген. Нақтырақ айтқанда, Панфилов дивизиясының 28-атқыштар полкының байланысшы жауынгерлерінің өмірі. Онда жалпы соғыс жағдайы, майдандағы аласапыран ұрыс оқиғалары суреттелмейді. Ол жалпы фон есебінде ғана алынып, жеке хабарлар күйінде шектеледі. Негізгі көріністер байланыс жауынгерлерінің ісі, қиыншылығы, соғыстың ауыртпашылығы жағдайындағы ерлігіне құрылады. Жазушы адамдарды тануға, олардың өзара қарым-қатынасына, адамдық, азаматтық сапа-қасиеттеріне көңіл бөледі.

Шығарма негізгі кейіпкер Досовтың әңгімесі арқылы өрбиді. Ол – өз заманының, таза қазақтық ортаның тәрбиесін көрген адам. Ұлттық бейне. Адал, шыншылдыққа тәрбиеленген. Сондықтан дәрежесі үлкен командирлер алдында да жалтақтамай, шындықты бетке айтып салады. Командирі Бугаевпен келіспей қалудың негізінде осы мінез жатыр. Ауыл қыздарымен қалжыңдасып, еркін ойнап үйренген солдат далада жалғыз келе жатқан Сомовтың әйелін қорқытып, атын үркітуге де барады. Осы мінезінен таяқ та жейді. Бірақ табиғаты таза, адал солдат үлкен жазаға ұшырамай, басқа бір ротаға ауысады. Полк командирі, полковник Сомов, рота командирі Матвеев, бірге қызмет істеген достары Нәлқара Сабалақов, Алексей Дробинский сияқты образдар да Досовпен қарым-қатынас негізінде көзге түседі. Соғыстың ерлікке негізделген патриоттық, адалдықпен көрінетін шындығымен қоса жазушы назары ондағы әділетсіздікке, соғыс трагедиясына, адам тағдырының аяқ асты болуы оқиғаларына да көңіл аударады. Барлаушылар взводының талай ерлік көрсетіп, кейін жаламен жазаланған командирі Менғазин бейнесі осыны байқатады. Нәлқара бейнесі де өзіне тән қайшылықтарымен ашылған.

Досов – Қаратау перзенті. Оның елге, жерге, туған-туыстарына деген сағынышы соларды, Қаратау табиғатының салтанатын, оның тарихын еске алу арқылы әдемі суреттеледі. Сәуірбектің жазушылық қаламы осындай бір күйініш, сағыныш сезімдерге келгенде жарқырап кетеді. Кейіпкер еске алатын қыз суреті де аса тартымды. «Сұлу емес, сүйкімді екен. Сары маңыз боп піскен бидайдың сабағындай алтын түстес қою шашы бүкіл тұлғасына нұр бергендей, жарастықты да тартымды көрінді. Әсіресе, көзін айтсайшы, көзі орыс орманының аясындағы тұнық көлдей көк, мөлдір де жанарлы екен. Бетінен балалық қаны қайтпаған, өзінде нәзік бір балаусалық бар. Әсіресе, ұялған кезде, жігіттің отты көзі жүзіне қадалған шақта, сол бір балаусалық қанмен ойнап, бетіне қайта шығады да, онсыз да нұрлы кескінін балғын етіп жібереді»1. Штабтың көркі саналған, ондағы жауынгерлердің бәрі гүлдей мәпелеп, сыйлап жүрген осы гүлді генерал Черниковтың таптауы да оқырман көңіліне кібіртік ұялатады.

Сәуірбек Бақбергеновтің соңғы романы «Қан тозаң» да (1982) әскери адамдар туралы шығарма . Бірақ олар майдан шебіндегі жауынгерлер емес, шекарашылар өмірінен алып жазылған. Шекарашылардың сақшылық, қиын еңбегі арқылы ел байлығын шет елге тасуға ұмтылған адамдарды ұстау, тергеу жұмыстары сөз болатын романда шытырман, қызық оқиғалы туындылардың сипаты байқалады. Оқиға Тасшоқы шекара бекетінде спорт залын салу үстінде қазылған жерден көп ақша, алтын, күміс, қару-жарақ, оқ-дәрі табылып, соның қай кезде көмілгенін, иесін іздестіруден басталады. Істі мемлекеттік қауіпсіздік жүйесінің қызметкері Мұқан Бертаев жүргізеді. Ұзақ ізденістен соң, революция кезінде шетелге қашып кетіп, кейін талай оралып, жаулық істеп жүрген дұшпандар тобы ұсталады, өлгендерінің сыры ашылып, тірілері қолға түседі. Шытырман оқиғаны шиеленістіруге, ізіне түскендерді адастыруға тырысқан Иван Майдель, Ергеш-башмашы сияқты бейнелер тәп-тәуір жасалған. Істі тиянақты жүргізіп, ұзақ, қиын процесті ойлылықпен, сабырлықпен аяқтаған Бертаев та тартымды бейне. «Асылды алдымен тозаң шалады, содан соң тот басады. Тозаң мен тот кезінде сүртілмесе, қан таңбаға айналады» – дейді оған тапсырма берген генерал. Шығарманың аты да осыдан туған. Роман қазақ әдебиетіндегі өмірдің сан саласы шындығына көз жүгірткен әдеби ізденістің бір белгісі болып табылады.

Әскери тақырыптағы елеулі шығарманың бірі – Қ.Исабаевтың «Жолдас комендант» романы (1975). Әуелде «Бетпе-бет» (1963) деген атпен жарияланған бұл туындыны автор кейін біраз өңдеп, толықтырып, жаңа атпен бастырған. Романға соғыстан кейін бір неміс қаласында (романдағы аты – Шмальштат) комендант болып істеген кеңес офицерінің қаладағы өмірді қалпына келтіру, өндіріс мекемелерінің, жеке меншік шаруашылықтардың жұмысын іске қосу, жергілікті немістермен қарым-қатынасты жақсарту, сол негізде кеңестік саясаттың гуманистік, антифашистік сипатына тұрғындардың көзін жеткізу сияқты жүргізген шаралары негіз болады. Комендант Төлеген бұрын осы қалада неміс тұтқынында болған екен, ол тұтқында өзімен бірге болған немістің адал ойлы ұлдарын іздеп табады. Соларды көмекші етіп пайдаланады. Осы қимыл-әрекет үстінде бірсыпыра жақсы бейнелер жасалған. Оған Төлегеннің өзін, оның қызметтес достары Деденов, жас солдат Рамазан бейнелерімен қоса антифашист ғалым-доктор Клаус Гиптперді, оның әйелі Лоттоны, қызы Елизаветті, бұрынғы бургмистер Финкті қосуға болады. Неміс жерінде кеңес комендантының қызмет істеуіне наразы топты Америка офицері Крейн басқарады, оған неміс офицері Зурен, шіркеу қызметкері Иохимгунтер қатысады. Бұл эпизодтар кеңес елін жат санап, Американдықтарды іш тартқан тұрғындардың Крейннің ықпалымен қырғиқабақ соғыс жүргізу саясатын ашып көрсетеді. Бұл – белгілі дәрежеде соғыстан кейін-ақ өмірде орын алған идеологиялық күрестің шындығын бейнелейді. Шмальштатқа жіберілген Әмір деген қауіпсіздік комитет қызметкерінің елдің бәрінен жаулық іздеп күдіктенуі, Төлеген мен Үміттің қатынасын бұзуға себепші болу оқиғалары да нанымды.

Бұл да Кеңес Одағы жүргізген соғыстың азаттық сипатын дәлелдейді.

Отан соғысы тұсындағы алапат жағдай, ел басына түскен ауыртпашылық майдан мен ел өмірін тұтастырып жібергені мәлім. Майдандағы адам Отан қорғау, азаттықты тікелей сақтау жолындағы күреске қатысса, елдегі тіршілік те соған ыңғайланып тас түйіндей шиырықты. Соғысқа қатысқандар сияқты, тылда соғыс мүддесі үшін қажырлы еңбек еткендер де елдіктің үлкен емтиханын тапсырды. Осы дәуірдің қатаң шындығын суреттеу арқылы көркем әдебиет адам тағдырын әлеуметтік-философиялық тұрғыдан талдауға, оның сырын ұғынуға тырысты. Ел ішіндегі қысаң тіршілік, жоқшылық кімнің кім екенін, адам тағдырына қалай әсер еткенін көрсетті. Мұнда да соғыстағыдай адам ар алдында сыналды. Ел мүддесін биік қойып, адамдықты сақтап қалған азаматтар мен күнкөрісті ғана күйттеген опасыздар сыры ашылды. Мұның бәрі адамды тану жолы болатын.

Осы шындықтың бірсыпыра жарқын көріністері Б.Соқпақбаевтың – «Өлгендер қайтып келмейді», Ө.Қанахиннің «Дәмелі», З.Ақышевтың «Жесірлер», К.Қазыбаевтың «Ызғар», Ж.Нәжімеденовтің «Ақшағыл» сияқты романдарында көрінеді. Ел өмірінің әр қилы саласына, ондағы адам тіршілігіне арналғанмен, олардың бәрі адамды, олардың Отан алдындағы жан қиярлық еңбегін тануға көмектеседі.

Б.Соқпақбаев романы алыс қазақ аулындағы соғыс кезінде басқа түскен қысаңшылық өмірді суреттейді. Сол арқылы автор қиын күндерде майдандағы азаматтармен қатар сынға түскен елдің елдік бейнесі, ел намысын қорғаған жандардың жоғарғы адамшылығы мен опасыздық жайында мәселе қозғайды. Қырғын соғыстың шалғайда жатқан ауылға келген алапатын суреттей отырып, ол тыл өмірінің өзіндік проблемаларын көтереді. Ауылдың бас көтерер жігіттерінің әскерге алынуы, ауыл шаруашылығы жұмысы әйелдер мен жас балалардың мойнына түсуі, тұрмыстың жүдеушілігі мен әр жақты жетіспеушіліктер – сол дәуір шындығының басты белгілері болатын. Осы шындық арнасында адам психологиясы, ондағы өзгерістер танылады. Біреулер қиындыққа төзе жүріп, елі, Отаны үшін майдандағы азаматтардың елге оралуы үшін еңбек етсе, енді біреулер жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, тіршіліктің оңай жолын іздейді. Соғысқа жарамды жігіттер әскер қатарына алынғанда, оған жарамсыз деп танылған бірен-саран азаматсымақтар қалған бала-шағаны билеп, әкімдік көрсетеді. Ел қолындағы байлықты, қоғамдық дәулетті солар иемденіп шыға келеді. Живсырье агенті Сегізбайлардың екі әйел алып құтыруы, Нұрәлі сияқтылардың колхозға бастық болып аюдай ақыруы – осының мысалдары. Осы тектес проблемалар негізінде Бердібек соғыстың майдандағы ерлікті ғана емес, елдегі адамдардың моральдық сапасын өлшейтін сынақ болғанын жазады. Өз кейіпкерлерінің әрекет-тіршілігін адамшылықтың тезіне салып сынайды. Характерлердің дамуы мен қалыптасуы соғыстың ауыр шындығы жағдайында бейнеленеді. Романның негізгі қаһармандары осы сыннан абыроймен өтеді, заман мен бірге өсіп толысады, көзқарасын жетілдіріп, биік адамгершілік қасиеттерге ие болады.

«Өлгендер қайтып келмейді» романының өзіндік әдемі формасы бар. Ондағы оқиғалар негізгі кейіпкер Еркіннің әңгімесі арқылы беріледі. Романның үш дәптері (оның әр бөлімі бөлек дәптер күйінде берілген) Еркін өмірінің үш кезеңін бейнелейді де, негізгі сюжет оның өз ортасымен тартысын, қақтығысын ашу арқылы өрістейді. Бұл, бір жағынан, шығарманы нақты адамның өмірбаяны есебінде қабылдатады. Бірақ жазушы Еркін басынан кешкен өмірдің бәрін тізбелемейді, оның өсу жолының қоғамдық, әлеуметтік мән-маңызын ашатын оқиғаларды іріктеп ала біледі. Осы жолда Еркінмен кездескен адамдар мінез-құлқын, орта шындығын ашады.

Есейіп, өмір тану жолы соғыстың қиын тұсына келіп, «Соқтықпалы, соқпақсыз» жолға түскен Еркіннің іс-әрекеті адамгершілік, шындық үшін шыбын жаны шырқырап күресуі романда нанымды берілген. Бүкіл роман – соның өмір жолы, күресе отырып, жеңе білуінің жолы. Осы тартыстан оны аман алып шыққан азаматтың күшті еркі, өмір сүюі шығармада жарқын суреттеледі. Қорлыққа төзгісі келмейтін намысқойлығы, адамдықты аяққа басқан жандарға қарсы келе кететін батылдығы, қызбалығы оны талай рет орға жықса да, Еркін әділет жолын жалықпай іздейді.

Соғыс алдындағы бейбіт өмір суреттері Еркіннің болашақтан күткен үмітін, өзінен үлкен адамдардың (Сәрсебек пен Қанша) тату-тәтті тіршілігіне қызығуын, соларды арман тұтқан жастың ой-өрісін көрсетеді. Әсіресе ол оқыған қыз Қаншаның мінез-құлқын, әдепті жүріс-тұрысын, киген киімдеріне шейін алыс қазақ аулына келген мәдениеттің үлгісіне балайды. Ғалия мен өзінің (Еркіннің) бірін-бірі жақсы көрген, кіршіксіз, адал, балалық сезімдері де кейіпкер идеалына жатады. Осының бәрін бұзған, тату, бақытты жастарды айырған соғыс, түптеп келгенде, жазушының айып артары, лағнат айтары.

Соғыс ауылдың бас көтерер азаматтарын жинап алып кетті. Тату-тәтті семья, сүйіп қосылған аға мен жеңге өмірі бұзылды. Билікті Нұрәлі сияқтылар қолға алды. Жазушы соғысты «Нұрәлі басына беймезгіл келіп қонған соқыр бақ» дейді. Кеше ғана Сәрсебекке жалтақтап, оған жақындауға тырысатын Нұрәлі бірден-ақ екі жүзділігін танытып шыға келеді. Ауылдың жетім-жесірлеріне әкімдік жасап, ойынан шықпайтындарын қуғынға салады. Соның бірі болып Қанша мектептен қуылады. Еркін ФЗО мектебіне кетеді. Ауылдың басқа адамдары үшін де тайғақты тар жол басталады.

Өмір шындығының бір-біріне ұқсамайтын, тіпті қарама-қарсы күйге келген өзгерісін таныту үшін жазушы контрастты суреттер жасайды. Еркіннің өзі кеткен кездегі ауылының бейнесі мен қайта оралған кездегі көргендері бұған мысал бола алады. Ол ФЗО мектебінің қиындығына шыдамай қашып қолға түсіп сотталады, содан елге қайтады. Өзіне жылап көріскен жеңгесінің бүгінгі түрі кешегі өзі арман тұтқан адам тіршілігінің біржолата сөнгені сияқты елестейді. Жеңге мен қайнының көрісуінде өмірге деген зор шағыну бар. Тек бұл ғана емес, өмір Еркінді сыртқа айдап тастап, оған жақын адамдардың өзін жат етіпті. Ғалия күйеуге тиіп кеткен. Бұл да Еркіннің адал сезімінің алдануы. Өмірдің аяусыз шындығы роман кейіпкерлерін осындай іздену, таба алмай қиналу, сөйте тұрып қайта іздену арқылы талмайтын күрес жолына салып шыңдайды. Еркіннің Нұрәлі қарамағына жұмыс істеуге көнбей өндіріске кетуі, одан колхозға қайтарылуы, әскерге алынуы, Нұрәліні ұрып сотталуы – бәрі де осындай талмай ізденудің жолдары. Осының бәрінде Еркін шыншыл, белсенді. Қателесе жүріп, әділет үшін күресуден жалықпайды. Өмір таниды, оның қыры мен сырын түсінеді.

Романның соңғы бөлімдері Еркіннің соғыстан кейінгі өмірін – институтта оқуы, үйленуі, мұғалім болып еңбекке араласуын суреттеуге құрылған. Бұл кездің шындығы да талас-тартыссыз емес. Өмірге құмар, жаңаны қабылдағыш Еркін бұл кезде де өзіне рухы жақын адамдар мен оған қиғаш типтерді таниды. Олардың ішінде Еркіннің жан жары Зағипа, декан Дәулетбаев, доцент Беделбаев, мектеп директорлары Әлібеков пен Жақыбаев, мұғалім Ілиясов, т.б. бар. Солармен қарым-қатынаста Еркін өмір танып, шынығады. Осылар негізінде автор өмір бар жерде тартыс бар, әр дәуірдің адам алдына тартар өз қиыншылығы болады, адам соны жеңу үшін күреседі деген қорытынды жасайды.

«Өлгендер қайтып келмейді» – Бердібектің жазушылық жолындағы елеулі белесі. Онда автор сол дәуірдің талабына сәйкес, ұнамды кейіпкерді алға ұстау принципін берік сақтағанмен, өмірдің қайшылықты жақтарын суреттеуге кең орын береді, ұнамсыз типтерді де танып бейнелейді. Ол өмірдегі ұнамсыздықты жіті көреді, әжуалайды, сынайды. Оның тілінде жылы юмор да, өткір сатира да бар.

Романның соңғы бөлімдері алдыңғы бөліміне қарағанда реалистік сипаты жағынан солғындау шыққан. Онда суреттер көп емес, баяндау мол.

Тұтастай алғанда, «Өлгендер қайтып келмейді» – өз дәуірінің шындығын жарқын суреттеген, алыс қазақ ауылындағы соғыс салған жіктелушілік пен тартысты мол ашқан туынды, кейіпкерлері де, оларды ашудағы жазушының стилдік, суреткерлік ерекшеліктері де басқаны қайталамайды, өзіндік өзгеше өнерін танытады.

«Дәмелі» (1962), «Ызғар» (1972), «Жесірлер» (1973) «Ақшағыл» (1973) романдары да Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы ауыл өмірін, сондағы адамдардың (жесір әйел, жетім бала, мүгедек жандардың) «Отан үшін», «Жеңіс үшін» деген ұранмен жан аямай жасаған еңбегін көрсетуге арналған. Бұл кезеңнің, соғыс тұсындағы ауылдың да эпикалық прозаға сұранып тұрған тұстары аз емес еді. Соғыс кезіндегі тіршіліктің ауыр көріністеріне қоса адам еңбегінің сұраусыз, еңбекақысыз, мөлшерсіз жұмсалған бір тұсы осы болды. Ерлері түгелдей әскерге алынып, майданға аттанғанда, ауылдағы еңбекті түгел әйелдер мен жас балалар, кәрі шал, мүгедек жандар атқарды. Бәрі де ерлері мен әкелерінің, балаларының орнына тұрып, мал бақты, егін салды, шөп шапты, шахтада қайла ұстады. Сөйтіп жүріп ел тіршілігіне тірек бола білді. Аталған романдар осы кезеңнің ауыр шындығын көркем бейнелей отырып, сол ауыртпашылықты биік қажырлылықпен арқалап шыққан азаматтардың жарқын бейнесін жасауға ұмтылады. З.Ақышев «Жесірлер» романында бір отбасының тағдырын көрсеткен. Мәуия қарттың үш ұлы бірдей әскерге кетіп, солардың орнын әйелдері басады. Ұрқия – күйеуі Доскейдің орнына колхозға бастық болса, Жамал – Талғаттың мектеп директорлығы қызметін ұстайды. Мақпал – Мақсұт мінген трактордың руліне отырады. Бұрын өмір бойы жылқы фермасын басқарған Мәуия қарт зейнетке шыққан кезде кездескен бұл нәубатты да түсіністікпен қарсы алады. Жылқыға ие болуды қиынсынып, сиыр фермасын басқаруға келіседі. Жеңіске ауыл адамдары қосқан үлкен үлесте балалардың еңбегі барын жазушы ризашылықпен жазады. Әр қайсысының өзіне тән бейнелерін жасайды. К.Қазыбаев суреттеген («Ызғар») ауылды да ұстап тұрған Нәмен қарт. Ол да жесір әйелдер мен жас балаларға бас-көз болып, жеңіске үлкен үлес қосады. Дәмелі де («Дәмелі») жесірлікке бой бермей, еңбегімен өмірін сақтап қалған әйелдің бейнесі.

Соғыс кезінің ауылдағы қиыншылықтары мұнымен шектелмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге тырысатын пайдакүнемдерді, жесір әйелдерді қорлауға құмар жеңілтектерді, күйеуін тоспай жаңа жар тапқан опасыздарды – бұл дәуірдегі ауыл өмірі аз көрген жоқ. Роман сюжетін сондай эпизодтармен толықтырып, характерлерді даралай түсуге пайдаланушылық бұл шығармаларда мол кездеседі. Қолынан іс келмейтін, бірақ басқаны күндегіш Мәстенбай балаларының іс-әрекеті («Жесірлер») осыны байқатады. Жеңілтектікпен басқа жар тауып кеткеннен кейін алғашқы күйеуінің қайтып оралуы (Талғат – Жамал линиясы ) да көп кездескен оқиға. Осы тәрізді шым-шытырық шындықты өз ортасының, өз дәуірінің тіршілігіне сай суреттеуге ұмтылыс – бұл романдардың басты сыпаты.

«Ақ шағыл» романының үзінділері 1971 жылы «Жұлдыз» журналы мен «Лениншіл жас» газетінде жариялана бастады. Кейін романның толық нұсқасы 1973 жылы жеке кітап болып шықты. Романға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шалғайда жатқан қазақ ауылының тыныс-тіршілігі арқау болған. Роман еңгезердей азаматтың нағашысына келіп: «– Нағашеке-ай, құйыдық қой, құйыдым ғой!» – деп еңіреп қоя беруімен басталады. Сейсіметтің «соғыс, пионт тәңидің тәңиі болып тұйған жоқ па» деген сөзінің өзі-ақ, қу соғыстың түк қоймай жалмап жатқанын көрсетеді. Ә, дегеннен-ақ сыпырып кеткені аздай, елде қалған бірен-саран еркек кіндікті де алып кеткелі тұр. Ажалдың аузынан аман келеміз бе, жоқ па деген Сейсіметтің күдігі де орынды. Соғыстың ол бүкіл елдің басына түскен үлкен қасірет екенін Әжімгерей қарт былайша түсіндіреді: «Қарағым Сейсімет, – деді қарт, айтар сөзін соның арасынан сүзіп алардай сақалын саусақтарымен кезіп, – қарағым Сейсімет, сені кемпір екеуміз қайратты, қажырлы жігіт деп мақтап отыратын едік. Мұның не? Ел басына күн туғанда ер боп, бізге ұсаған кәрі-құртаңдарға қайрат тастап, қатайып аттанудың орнына бала құсап (қатын құсап деуге аяды) балпылдап отырғаның?! Ортақ қасіретке ортаймас болар!.. Садықжанды беріп біз де отырмыз. Хат келмегенінің өзіне бүгін бір жыл, екі жұма, төрт күн болды. Жыласақ, өлмелі кемпір-шал, мына бір шикі өкпелермен омалып қалған, біз жылайық та. Сен неге жылайсың?! Мәруә келін шалымды адам. Екі балаңды еңбектеп жүрсе де асырайды...»1.

Алғашында осылай еңкілдеп жылап отырған Сейсіметтің әрбір ісі еріксіз күлкі үйіреді. Әскерден аман-есен келгенде елге айтқан әңгімелері оның фашист деген итті көрмегенін де байқатса, Германия жерін алғандағы документім бар деп отырғаны мынадай анықтама: «Справка дана рядовому Айстанову С. в том, что он временно освобождается от боевых занятий в связи с болезнью дизентерией...»2.

Мәруаны қамшымен ұрғаны үшін Темірәліні сабамақшы болып барған Сейсіметтің ақырында өзі қашып құтылып, үйіне аман-есен жеткеніне тәуба жасауы, Еділхан мен Мәруаның өсегін естіп қалып, әйелін талақ етуі – күлкі үйірер эпизодтар. Кінәнің кімнен екенін білмей Темірәліге ұмтылуы, әйелін талақ етіп алып балаларын бір көруге зар болуы, шөпшілерге бригадир болып, оларға команда беруі, т.б. іс-әрекеттері оның бейнесін толықтыра түскен. Сейсімет бейнесі жөніндегі: «Жазушының, әсіресе, көбірек көңіл аударып, молырақ суреттеген, неғұрлым, жан-жақты көрсетуге тырысқан кейіпкері – Сейсімет... Жұмекен айнала болмысқа юмористің көзімен қарап, өзіндік байлам-қорытындыларын реалист ретінде түйіндейтін секілді. Сондықтан да жалғыз Сейсімет емес, романдағы бірталай кейіпкерлер юморлық-сатиралық ыңғайдағы типтер болып шыққан»3, - деген сыншылардың пікіріне сүйенетін болсақ, жазушы юморлық-сатиралық сипатпен-ақ талай сырдың бетін аша білген.

Романда қанша кейіпкер болса, сонша тағдыр бар. Олардың бірі екіншісіне ұқсамайды. Өскен орта бір болғанмен, әрқайсысының тағдырына әркелкі өмір тауқіметі жазылған. Сондықтан олардың мінез-құлқы да бір-бірінен өзгеше. Күйреуік Сейсіметке басу айтып, жалғызын соғысқа беріп, қам көңіл болып отырған жарым көңіл Әжімгерей қарт – романның орталық кейіпкерінің бірі. Ол – ел сыйлаған, көпті көрген, өмірден алғаны мен көргені мол дария қарт. Жалғызынан қалған жалғыз тұяқты медет тұтқан жанның жан жарасы да осал емес. Садықжаннан келген соңғы хаттың күніне дейін санап отырғаны да содан болса керек. Қарт бейнесі Темірәлі туралы әртүрлі әңгімелерді басу үстінде толыға түседі. Ол – не нәрсені де ақылға салып, кең пішетін дана қария. Кейбіреулер секілді сөзге еру, ауыл үйдің әңгімесін теру – оған жат мінез.

Тылдағы ауыр еңбекті қажымай көтерген қайсар жанның бірі – «Әй, хақымақсың-ау, анаң-ды» деп жүретін, ер мінезді еркек әйел атанған Қарашаш. Ол да жалғыз ұлды соғысқа аттандырып, кебенек киген баласының артын тосқан көңілі күпті жан. Бір ауылда қанша шаңырақ болса, солардың бәрінің бас көтерері соғыста жүргеніне қарап, қарғыс атқыр майданға қазақ халқының қанша азаматын аттандырғанын саралауға болады. Сіңлімнің қызы деп Талжібегінің әкесін жасырған Қарашаш та тағдыры ауыр жанның бірі. Өсек-аяңмен ісі болмайтын оның тілі де батыл. Ел ағасы атанған Әжімгерей қарттың Қарашашты ерекше құрметтеуі оның да тегін адам емес екендігіне мысал. Қанша ер жігітке бергісіз еңбек еткенмен ол да жаны нәзік, жүрегі жаралы төмен етекті әйел. Талжібегіне бой жеткенше әкесі туралы айта алмай жүруі – оның да табиғаттың тылсым күшіне қарсы тұра алмайтын әйел заты екендігін танытар эпизод.

Жазушы негізінен өмірдің күнгей жағын емес, көлеңкелі жағын көрсетуге тырысқан. Кеңестік дәуір тұсындағы жоспар-жоспар деп сан қуалаған шаруашылықтардың сапасы күрт төмендеп кетуі бір ауыл тіршілігімен ашыла түскен. Ендеше, бұл – ауыл ауданға жоспарды артығымен беріп, оның орнын толтыра алмай шаруашылықтары кейін кетіп жатқан ауылдардың жиынтық бейнесі. Шөпшілердің жоспарды артығымен орындағандықтарын көрсету мақсатында шөпті шоқалақтың үстіне жинауы, соның қырсығынан қыс ортасында малға шөп тауып бере алмай мал шығынының көп болуы – бәрі де жоспарды артығымен орындау ұранынан келген кесел.

Автор жекелеген кейіпкерлерді де типтік бейнеге көтеріп, сол кейіпкерлер арқылы көп сырды ашуға тырысқан. Оған ел мүддесін ойлап, күні-түні ерден түспейтін Темірәлінің үстінен жала жауып соттатып жіберген Сағынайдың бейнесі мысал бола алады. Пошташы Оразғалиды шақырып алып, асты-үстіне түсіп үш конвертті беретін жеріне жеткізіп, Темірәлінің соңына түскен Сағынай колхоз председательдігінен үміт күткенмен, оның ойлағаны да бола қойған жоқ. Автор осылайша әрбір шағын оқиғаның соңы сәтсіз бітіп жатқанын көрсету арқылы ел ішіндегі дендеп кеткен дертті нысанаға дәл алып отырған. Сағынайдың екі жүзді екендігі Темірәлі мен Әжімгерей қарттың үйіндегі екі көрініспен толыға түскен. Әжімгерей қартқа Темірәлінің шаруаға қырсыздығын айту мақсатында сыпырта жамандаған Сағынай өзін көргенде алдында құрдай жорғалайды. Темірәлінің хабарын айтайын деп келген Орекеңе: – Білем оны, – деді анау, сөздің артын тосқысы келмей, – білем бәрін де. Ер-тұрманын үйіне апарып түсіріңіз де, атты осында әкеліңіз. Темірәлінің үстінен жазылған арыздарды берерде жік-жапар болып пошташыны қонақ еткен, Сағынай өз шаруасы біткен соң онымен сөйлескісі де келмейді. Автор осындай жекелеген әрекеттер арқылы әрбір кейіпкердің табиғи болмысын ашуға әрекет еткен. Оны Сағынайдың бір Орекеңе жасаған екі түрлі ілтипатынан анық көруге болады. Не тапсырма болса да оның астарына үңілмей орындауға тырысатын пошташы Оразғалидың осы тапсырманы орындамауын автор былайша түсіндіреді: «Ат қазығында қалды. Бұл қарттың Совет үкіметі келгелі бергі орындамаған бірінші бұйрығы еді». Темірәлінің қызметімен қоса, астындағы торы айғырды қоса алмақ болған Сағынайдың пиғылы арман күйінде қалады. Керісінше жаңа басшы Сағынайды торы айғырдан аударып өзі иемденеді.

Сол тұстағы әйел-аналардың бейнесін аша түсетін образдың бірі – Әжімгерей қарттың кемпірі. « – Кемпір, кемпір! Қажағаны мен! Кеміріліп қал!» деп, бар ашуын құдай қосқан қосағынан алып жүретін Әжекең кемпірі де өмірден алынған шынайы кейіпкер. Автор қазақ кемпірінің типтік бейнесін жасауда оның осындай ерекше қасиеттеріне ден қоя білген. Үйге жолаушы келсе, қолынан самаурыны түспейтін қарияның бейнесі аналар образын толықтырары даусыз. Тоғыз жолдың торабында отыратын қарияның үйіне жоқ іздеген де сөз іздеген де басын бір сұқпай өтпейтін болса, солардың бәріне қабақ шытпай ас-суын әзірлеп бір тынбайтын ана – қазақ әйелдерінің типтік бейнесі. Кебенек киген келеді деп, қара хат келсе де жалғызын жамандыққа қимаған ананың ұлына сақтаған сарқытының таусылмайтыны ананың балаға деген махаббатының шексіз екендігін аша түссе, Сағит сынды алаяқтардың балаңды көрдім деп жездесі мен апасын алдап, жалғызға сақтаған сүрі біткенше өтірік айтып жатып алуын автор нанымды бейнелей білген. Қос мұңлықтың «Құдай-ай өлеріміздің шағында есі, жөні дұрыс кісі де алдамады-ау» деп қамығуы олардың жан жарасын тырнай түседі. Автор осы эпизод арқылы жезде мен балдыз арасындағы әзіл-қалжыңды орнымен қолдана білу керектігін Сағиттың жөнсіз өтірігімен шеней білген. Осы секілді орынсыз жайттарды ащы тілмен сынап, дер шағында әшкерелеп отыру – жазушы қаламына тән стильдік ерекшелік.

Әжімгерей қарттың келіні Мұғзиманың өміріне лирикалық шегініс жасаған автор ол туралы да мағлұмат береді. Алайда ол көбінде сол үйдің келіні ретінде ғана танылады. Балалардың бәрі де атасы мен әжесінен туған секілді өз аналарына бірі де жуымайды. Поэзиялық шығармаларында кемпір болғанша ата-ене алдында именіп, өз баласын әжесінің тентегі, атасының бұзығы деп бір иіскеуге батпай жүретін қазақ келіндерінің бейнесін жасаған Нәжімеденов, сол кейіпкерлерін Мұғзима арқылы прозаға да алып келген.

Жазушы әрбір кейіпкерін типтік бейнеге көтеруге тырысады. Өмірден алынған әрбір шынайы оқиғаның астында ащы мысқыл жатады. Бұл автордың ел ішіндегі дендеп кеткен кесел туралы көзқарасынан туғаны анық. Мәселен бір ауылдың ішінде хат танитын жалғыз Еділханның қаралы хаттың сыртын ғана көріп, Әжімгерей қартқа балаңнан хат келді деп түсіндіруі, сауатсыз Оразғали пошташының сүйінші алу мақсатында қаралы хатты ешкімге көрсетпей шаба жөнелуі – өмірден алынған шындық. Автор осындай қолайсыз жайттарды суреттеу арқылы сол тұстағы ел өміріндегі келеңсіздіктерді сынай білген. Хабарсыз кеткен баласынан бір хабар келгеніне тәуба жасаған Әжімгерей қарттың қуанышы қайғыға, тойы қазаға жалғасуы жекелеген адамдардың кінәсі болса, ел ішінде кездесетін осындай жайттарды автор осы эпизод арқылы шенеп отыр. Осы тұрғыда қарағанда, романда ащы тіл де жетерлік. Бірде жеңіл юморға, енді бірде ащы сатираға кезігіп отырамыз. Жазушы қаламына тән осындай ерекшелікті кезінде сыншылар да байқай білген. Оған Төлеген Тоқтаровтың «Даңқ пен дақпырт» жөнінде айтқан: «Романның тілінде жеңіл әжуа бар. Оның өзі романның сипатына сай келген сыңайы байқалады. Автор сол уәждің өзін кейіпкер ойына тілшелеп қана сіңіріп, нәзік қайыра білген»1 деген пікірін мысалға алуға болады. Осылайша уақыт, заман трагедиясы романдардың өн бойынан байқалады.

Автордың өмірден алынған шынайы оқиғаларды ешқандай боямасыз суреттеуі кейіпкерлердің сөйлеген сөздерінен де байқалады. Әрбір кейіпкердің бейнесі оның істеген ісі мен сөйлеген сөзі арқылы ашылады. Мәруа – кебенек киген отағасының артын күте білмеген тұрақсыз әйел. Темірәліге қылымсығаны үшін таяқ жегеніне қарамай, Сағынайдың сөзіне еріп арыздануы оның санасыздығын көрсетсе, Еділхан сынды жас қайнысын ауыздандыруы ар тазалығын төсек құмарлығымен жуып-шайған тұрақсыз да шыдамсыз, арсыз да төзімсіз, ақылсыз жан екендігін көрсетеді. Автор осындай бір-біріне мүлде ұқсамайтын кейіпкерлердің іс-әрекетін суреттей отырып, оқырманын төрелікке шақырған. Ол жаманнан жирену, жақсыдан үйрену керектігін кейіпкерлерінің ісі арқылы танытады.

Үлкендермен қатар көрінетін тағы бір белгісіз кейіпкер – Идаят. Ата-әжесін көке-мама деп өскен ол өз анасын үлкендерге еріп келін дейді. «Жалғыздан қалған жалғыз» деп бетінен қақпаған қара бала өз мінезімен танылады. Ол Талжібектен өз бетінше домбыра үйреніп өнерге әуестігін аңғартса, бәйгеге қатысып және бір сыннан өтеді. Ұзаққа созылған соғыс Жеңіспен аяқталған соң, қатты қажыған халықтын көңіл сергітуі үшін аудан басшылары бәйге ұйымдастырады. Құла қасқаны бәйгеге қосуға бел буған Сатым оған Идаятты сай көріп, сұрап алады. Бәйге атты баптау үстінде өзіне деген үлкен жауапкершілікті түсіне білген Идаят дауға қалса да құла қасқаның арқасында «бәйге бала» атанады.

«Ақ шағыл» романы – шағыл-шағыл құм арасында отырған қазақ ауылының Ұлы Отан соғысы тұсындағы өмір тіршілігін бар болмысымен боямасыз көрсетуге құрылған шығарма. Алғашында еркек кіндіктің бәрін майданға аттандырған ауыл тұрғындары жеңістен кейін Темірәлінің үстінен домалақ арыз ұйымдастырып оны елден аластап тынады. Бас көтерер азаматын қолдан ұстап берген елдің күні жалақор мен бәлеқорға, ақсақ пен сақауға, есер мен тентекке қарап қалуы арқылы автор бас көтерер азаматы жоқ елдің алдағы күні не болмақ деген сауалмен шығармасын аяқтайды. Романда суреттелетін қазақ ауылының Ақшағылдағы өмірі кейін «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» романдарында жалғасын тапты.

Бұл айтылғандар 70-80 жылдардағы қазақ романы тақырыптық шеңберін кеңейтіп қана қоймай, дәуір шындығын тереңдеп суреттеуге бет бұрғанын, жаңа бейнелер ашқанын көрсете алады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]