
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
Өндірістік роман
Өндірістік роман – бейкүнә күстәланып жүрген жанр. Оған деген қазіргі теріс көзқарасты былай қойғанда, социалистік реализмнің асығы алшысынан түсіп тұрған кезінде де сын қамшысы үстінен түспейтін. Сынаушылар «өндірістік роман» аталымын жақтыртпайтын. Әдебиет дегеніміз адамтану, кәсіпорынтану емес деген мағынада. Осының бәріне қарамастан «өндірістік роман» терминінің сыни қолданыстан түсіп қалған кезі болған жоқ.
Өндірістік тақырыпты қозғайтын шығарма кейіпкерлері белгілі бір шаруашылық проблемалары төңірегінде айтысады, тартысады. Айтыс-тартыс үстінде сюжет ойнайды, характерлер ашылады. Мәселе роман түрінің қалай аталуында емес, сапасында. Жанрдың қай түрі болсын шығарма әртүрлі дәрежеде жазылмақ. Зергердің қолынан шыққан бұйым сұлулық әлемінен орын тебеді. Ал, ұста соқпаған пышақтың жүзі қашанда кедір-бұдыр... Қазақ әдебиетінінің өндірістік салаға алғаш көз тоқтатқан үлгілері – «Сырдария», «Шығанақ», «Қарағанды» – социалистік өмір тудырған романдар. Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин әлеуметтік роман түрін еңбек тақырыбына бейімдеді. Еліміздің жасампаздық жігер-қайраты социалистік реализм әдебиетіне қанат бітірді, халықтың творчестволық қуатын жырлауға жол ашты. Горький айтқандай, «социалистстік реализм тұрмысты творчество дәрежесіне көтереді». Бұл жағынан яки тірліктің ұлы мақсатына еңбек етіп жүрген жандарды қадір-қасиеттеу тұрғысынан қарағандаол әлем әдебиетінде – «жеке батыр». Әсіресе Батыс әдебиетіне ұқсамайды.
Ұқсамайды деген сөзден Батыс әдебиетінің құндылықтарын жоққа шығаратын ұғым тумасқа керек. Болмысты, шындық дүниені суреттеу дәрежесі айтарлықтай Уильям Фолкнердің (1897-1962) «Тамыздағы сәуле» романының кейіпкерлері өзімен де, айнала қоршаған дүниемен де үнемі арпалыс, тай-таласта күнелтеді. Бірақ сол дүниені қирату, астан-кестен етіп, күлпарша ету, орнына жаңа қоғам орнату Фолкнер кейіпкерлерінің ойына да кіріп шықпайды. Өзін негр ме, ақ нәсілден бе, қай жұрттан екенін білмейтін Джо Кристмас тірі жанмен қатынаспай оқшау жүруге қаншама тырысқанымен, қоршаған ортасы маза бермей қыспаққа алады. Кристмас кісі өлтіреді, өзі де бір қара нәсілдің және ашынасының қанын ішеді. Образ нәсілшілдікті айыптайтын дәстүрлі прогресшіл идеяны жаңғыртады. Одан әріге баруға санасы қауқарсыз. Фолкнер, Хемингуэй және басқа батыс жазушыларының туындылары адам не қиындықтың бәрін де жеңеді деген гуманистік ой тербетуімен құнды.
Социалистік реализм әдебиетінің кейіпкері, керісінше, бірыңғай от басының шаруасында тұйықталып қалмайды. Ол қоғамдық іске араласқыш. Адамдық көркі – еңбеккерлігінде. Бұл белгілер социалистік реализмнің көркемдік әдісін жаттаудан емес, сол кезде үстемдік еткен қоғамдық құрылыстың табиғатынан туындайды.
Алпысыншы-сексеніші жылдарғы өндіріс тақырыпты романдардың бұдан бұрынырақ туған осы типтес романдардан айырмашылықтары бар. 1956 жылы Сталиннің жеке басына табыну саясатын сынау тоталитаризм жүйесіне ауыр соққы боп тиді. Сол соққыдан кеңестік жүйе есеңгіреп, ақыры құрып тынды. Елдегі қатып-семген тәртіптердің кетеуін кетіруге әдебиет социалистік реализм күйінде де ықпалын тигізді. Саясаттан тыс көрінетін өндірістік жанрдың қайсыбірі кеңестік жүйенің кінараттарын, қайсыбірі жолсыздықтарын сынау жағынан романның басқа түрлерінен қалыс қалды деп айта алмайсың.
Зейін Шашкиннің «Теміртау» (1960), Зейнолла Қабдоловтың «Ұшқын» (1956), «Жалын» (1972), Қалмұқан Исабаевтың «Сұңқар самғауы» (1966), «Өткелде» (1974), Ілияс Есенберлиннің «Айқас» (1966), «Маңғыстау майданы» (1978), Сәуірбек Бақбергеновтің «Кентау» (1973), Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» (1976), Роллан Сейсенбаевтың «Өмір сүргің келсе» (1978), Медеу Сәрсекеевтің «Жаңғырық» (1979), Ахат Жақсыбаевтың «Егес» (1975), «Бөгет» (1981), Әмен Әзиевтің «Мыс таулар» (1977), «Жер жарасы» (1994) романдарында халық шаруашылығының көкейкесті проблемалары уақыттың әлеуметтік-саяси ауанымен бір өрімде алға тартылды. Әдебиетіміздің бұл тараптағы ізденістері еш кетті деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Өндірістік тақырып әдебиетіміздің өмірді суреттеу аясын кеңейтті. Халқымыз бұрынғы ата кәсібі – мал бағу мен егін егуі үстіне енді өнеркәсіппен айналыса бастағанын бейнелеуге көшті. Әдебиетте осы заманғы жұмысшы табының, инженер-техникалық қызметкерлердің өкілдері бой көрсете бастады.
Осы заманғы өнеркәсіп қақпасын ашқан туындының бірі – жазушы Зейін Шашкиннің «Теміртау» романы. Теміртау металлургиялық алыбы біздің елге ғана емес, сырт жұртқа да белгілі кәсіпорын. Роман осы кәсіпорын өмірінен алынып жазылған. «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде «Теміртау» төңірегінде қызу айтыс өтті. Айтыс барысында өндірістік роман жанрының жеткен өресі, өмірлік проблемаларды қоя білу қабілеті, замандас бейнесін жасаудағы табыс, кемістіктері, поэтиканы жаңа материалға сай жетілдіру мәселелері талқыланды.
Есмағамбет Ысмайылов «Әдебиетіміздің өзегі – бүгінгі өмір» деген мақаласында «Шашкиннің жаңа романы өзінің маңызды тақырыбымен, қызықты өмірлік материалымен де бүгінгі коммунистік дәуір шындығын кеңінен толғайтын күрделі туынды»1 деп жазушы еңбегін лайықты бағалады.
Роман жөніде М.Қаратаев2, Б.Сахаров3, Р.Бердібаев4, С.Байжанов5 сияқты сыншы-зерттеушілер пікір айтты. «Теміртау» романын оқып шыққан заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өндірістік романға жалпы салқын көзқараста болса да, дәл Зейін Шашкин шығармасына келгенде бүгінгі жоғымызды ала келе жатқан елеулі, салмақты дүние деп бағалайды6.
«Теміртау» романы бірден сөз етіліп отырған жанрға тән өндірістік сыпатты тартыстан басталады. Политехникалық институтты тәмамдап, біраз уақыт министрлікте істеп тәжірибе алып, ғылыми жұмысқа материал жинау мақсатында Теміртау металлургия комбинатына қызметке келген инженер қыз Дәмеш Сағатова метал қорытудың жаңа тәсілін өндіріске енгізбекке кірісіп жүрген талабында кәсіпорын басшылары тарапынан кедергіге кезігіп, тіпті болмаған соң газетке шағынып сын мақала жариялайды. Осыған байланысты тартыс әу дегеннен-ақ шиеленіседі. Роман сюжеті ширыға-ширыға кімнің кім екенін айқындап береді.
«Теміртау» романы өндірістік жанрдың замандас бейнесін жасауға әжептәуір мүмкіншіліктері бар екеніне көз жеткізді. Бар оқиға бас кейіпкер Дәмештің төңірегінде қиюласқан. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен сыны Дәмеш образын алпысыншы жылдардағы жалпы қазақ кеңес әдебиетінің елеулі табысы, Ботакөз, Раушан, Жанат сияқты бүгінгі қазақ қызының ұнамды тұлғасы деп бағалады. Дәмеш бейнесі романның қазіргі оқылымында да әдебиетіміздегі қазақ қыздары галереясынан айырықша көзге түсіп бөлектеніп тұрады. Қоғамдық дәрежеде ой ойлауға өсіп жетілген, түйген пікірін жеткізе айта алуы үстіне, көздегенін іске асыруға батылы, жеткен, жүректі, парасатты қыз. Қыздың характері, азаматтық келбеті партком хатшысы, Ұлы Отан соғысында бір аяғынан айырылған бұрынғы майдангер Николай Иванович Серегиннің аузымен суреттелгені ұтымды болған. Өндірістік романның қиын жері, авторы техника, жалаң газет тіліне жиі-жиі жүгінуге мәжбүр. Автор амалын тауып көбіне орыс я шет ел сөзімен берілетін техникалық атау, ұғымдарды қазақ көркем сөз жүйесімен қиындастыра білген. Көркемдік кестесінен селкеу шыққан, іркіс түскен жерін көрмейсіз.
Курортта дем алып, сәлем беруге келген Дәмеш партком хатшысы Серегиннің кабинетінде отыр. Оны жылы қабылдаған хатшы столының үстінде жатқан қазақ қызының мақаласына сүйсінгенін жасырмайды. Үзіндіні айызы қана оқиды. Бұл тәсілмен роман бір оқпен бірнеше қоян атқан. Газеттен келтірілген дәйексөз ретін тапқандықтан көзге шыққан сүйелдей болмай көркем мәтін бояуымен үйлесім тапқан. Бұл – бір. Екіншіден, оқырман Дәмештің өндіріске енгізгелі жүрген жаңалығынан хабардар етіледі. Ол – мартен пешіне бу аралас ауа жіберу арқылы қорыту процесін жеделдету, сайып келгенде, еңбек өнімділігін арттыру мәселесі еді. Үшіншіден, мақаланың жазылу мәнерінен Дәмештің бұқпантайламайтын, сырғақтамайтын шешімді характері сезіліп қалады. Бағзы біреу болса, заводтың табыстарын санамалап барып, басшыларының астына көпшік лақтырып, айтайын дегенін сонсоң барып сыздықтатар еді. Дәмеш өйтпейді. Бірден кәсіпорын басшыларының жағасынан алады: завод даңқы жер жарады. Бірақ атағы ісіне сай емес. Қазіргі өнеркәсібіміздің техникалық жаңалықтарынан жұрдай. Завод басшылары жаңалық ұсыныс берушілерді маңына жуытпайды...
Осындай дәрежеде сөйлеуге Дәмеш қалай жетті дейтін емес. Текті отбасынан өнеге алып өскен қыз. Астанадғы мәдени ортада отығып, министрлікте істеп, ел өресінен ойлауға төселіп келген жас өрен.
Өндірістік жанрдың жаңа материалы роман поэтикасына қозғау салғанын байқамауға болмайды. Кейіпкерлер, бірінші кезекте Дәмеш өзі өмір сүрген кезеңнің тілімен сөйлейді. Оның қандай екенін сынауға да, келеке етуге де болар, бірақ романда завод партия жиналысының «газет отчетындай» емес, қаз қалпында жанды суретпен иланымды көрсетілген.
Роман дегеніміз қоғамдық өмірді поэтикалық талдау болғанда, өндірістік жанр ол өнерден тыс қалмаған. Тартыстың бірыңғай еңбек өнімділігіне байлануы дұрыс-ақ. Бірақ көкейкесті мәселені махаббат секілді асау сезімге байлап-матау тым жасандылау сияқты көрінді. Ол «қоғамдық өмір өрісінде» шешіле қоймайтыны «Теміртаудың» финалының тым тәттілігінен-ақ байқалады. Дәмештің ұсынысы ойдағыдай жүзеге асқан соң іле-шала сүйген жігіті дейтін Қайырмен, завод директорымен қол ұстасып тауға өрмелеуі шығармаға нүкте қоя алмаудың салдары. Сол себепті болуға керек, жазушының келесі «Доктор Дарханов» атты келесі романында Қайыр мен Дәмештің техникалық тартыстың шешілу шешілмеуіне қарай құрылған махаббаты ұзаққа бармайды.
Бұған қарап өндірістік романның аясы техникалық прогрестен өзге идеяға тарлау деп және айта алмайсың.
Зейін Шашкиннің өндірістік романы белгілі бір техникалық проблемаға байланып қалған сияқты көрінгенімен, пафосы – уақыт. Кеңес Одағының социализмі капитал дүниесімен бейбіт жарыста ұтылып қалды. Социализмнің уақыттан ұтылып бара жатқанын еске салып дабыл қаққан дүниелерге құлақ аспады. Еңбек өнімділігі, сайып келгенде, қандай да қоғамның тағдырын шешеді деген қағиданы сағызша шайнаса да, іс жүзінде уақыт факторына мән бермеді. Бетбұрыс заманында партияның Орталық Комитеті пленумында техникалық прогресс мәселесін қараймыз деген уәдесі орындалмай қалды. Ішімдікті тиямын деп, жүзім плантацияларын жойып, көп кірістен айырып, елдің бей-берекетін кетірді.
Идеологиялық ең сезімтал сейсмограф – әдебиет. Социализмнің бір апатқа ұшырайтынын сезгендей, кеңес әдебиеті ел дамуына бөгет кеселдің бәрін сынаудай-ақ сынады. Бірақ қасаң догматизмнің құлына айналған кәрі құртаң басшылық, Пушкиннің шығармаларын бақылауды өз қолына алған Николай 1 патшаға еліктеп, әдебиеттің ең жоғары цензорына айналды. Ананы жаз, мынаны жазбаға көшті. Тарихқа жолама, осы күнгі тақырыпты қауза деп қақсаумен болды. Саяси сенімсіз деп тапқан шығармаларға жол бермеуді өзінің идеологиялық қызметінің басты нысанасы етті. «Аз и Я» тәрізді туындылардан ұлтшылдық іздеп шулатты. Есесіне қоғамның тағдырын шешетін ең қымбат нәрсе уақыт деген ойды көркем образ қуатымен жеткізетін туындылар, «Теміртау» секілді талай дүниелер елеусіз қалып жатты. Әдеби шығармалардың көтерген проблемасына, жан айқайына құлақ тоспады.
Өндірістік роман уақыт ділгірлігін дер шағында үлкен проблема етіп көтерді. Және күн тәртібіне қойылған мәселені жүрекке жеткізудің лайықты формасын іздеді. Өндірістік проблема романның пішінін жетілдіруге бөгет болған жоқ. «Теміртау» романы эпикалық баяндауын ішкі монологпен ұштастырды, адамның рухани дүниесін тереңдете қазбалады.
Тікелей өндіріс қойнауына сүңгіп кетпесе де, тақырыбы ауылдас «Ұшқын» романы (басында «Өмір ұшқыны» повесі) әдебиетімізге және бір жаңалық әкелді. Проблемасын өндіріс пен ғылымның аралығынан тапты. Зейнолла Қабдолов шығармасы Қазақстан жазушыларының 1Ү съезінде әдебиетіміздің татымды жетістігі санатында аталды. Ғабит Мүсрепов баяндамасында туындының «арқауы жас ұрпақтардың өмірімен тығыз араласуында, сол өмірден өнеге алуында, үйренуінде жатыр», - деді1.
Мұндағы айтылып отырған өмір – беті безерген сор, асты толған алтын қор Атырау жері мұнайшыларының өмірі. Сол өмірдің қыр-сырын оқып білсем, ертең бір керегіне жарасам деген жастар арманы шығармаға романтикалық шырай беріп тұр. Реалистік прозаның романтикамен қойындасатын себебі, Зейнолла Қабдолов кейіпкерлерін өзі сияқты қылшылдаған жас адамдардың, қиял қанатына мінгендердің – Қазақ университеті геология факультеті студенттері мен оқытушы ғалымдарының арасынан іріктеген.
Бас кейіпкер Тайман Дәуренов – Атыраудың түлегі. Тайман, оның қалтқысыз достары Қабен, Айбар, Алмас, Арынғазы, Саша педагогтері профессор Сапаров, декан Арманов – бәрі өндіріс өмірімен, оның сан алуан проблемаларымен іштей тығыз байланысты.
Жазушы Қабдолов туған жерінің ен байлығын, соны халық игілігіне жаратушыларды жыр етсем деп армандады. Көп қарманды, көп ізденді. Әрі ақын, әрі әдебиет теоретигі, болашақ «Сөз өнері» атты кітаптың авторы жазуға кірісер алдында қыруар материал жинаумен бірге, қалап алған жанрының бүге-шігесін зерттейді. Өндірістік романдармен таныс екендігі «Ұшқынның» беттерінен де байқалады. Бас кейіпкер Тайманның аузымен қайбір өндірістік роман сыналады. Тайман ерте есейген жігіт. Әр қадамын санап басады. Әр сөзіне қарауыл қойып, әр әрекетіне есеп беріп отырады. Бас кейіпкердің міне осы сұңғыла талдампаздық қасиетіне сенгендіктен де оның сыншыл қабілетіне сеніммен қарайсың.
«Ұшқында» жасандылық жоқ. Кейіпкерлері – кілең талапкер жас. Дүние сырын білуге құштар. Адуындап елден ерек көрініп жүрмесе де, алды-артын айыра білетін талғампаз жандар. Бір шоқып екі қарайды демесек те, оқыған кітабына, тыңдаған дәрісіне сын көзбен қарауға төселіп қалған. Алған білімдерінің өмірге жанасымы бар-жоқтығын айыра жүреді. Кей ғалым дардай докторлық дәрежесіне, профессор атағына қарамастан өндірісте не болып, не қойып жатқанынан бейхабар. Ондай оқытушыдан алған өнегесі өндіріс әжетіне жарамай қалатынына қайран қалады. Романдағы тартыс осы төңіректе ұйтқиды. Шабандыққа, сылбырлыққа жаны қас студенттерді сарғайып кеткен дәптерінен әнеу бір замандағы жарапазанын соға беретін профессор Мусин бара-бара жастардың сынына ұшырайды. Роман кейіпкерлері Мусиннің аузынан шыққанды өзіне қайталап айтып беріп, әйтеуір баға алсам бітті деп жүрген жоқ. «Ұшқын» романының тартысы табиғи шындығымен баурайды.
Өндірістік романның тағы бір проблемасы – күрделі техника тілін оқырманға түсінікті етіп жеткізу. Бұл мәселеде автор бірде шоқ басады, бірде дөп басады. Кейде ол өзі терең меңгерген материалды басқалар да білсін дегендіктен бе, арнайы ғылыми терминді оңды-солды шұбыртып кетеді. Романда Саша мен Тайманның жасап әкелген геологиялық карталары салыстырылады. «Екеуінің картасында да осы күнгі және геология тілінде «четвертичный» деп аталатын дәуірде пайда болған жер қабаттары, немесе плиоцен, миоцен, эоцен, олигоцен пластары бор қабатына дейін бірдей ұқсас; бірақ Тайман одан әрі тереңдеп, юра, триастың талай қыртыстарын белгілеп көрсетіпті»1.
Не ұқтық? Ұққанымыз Тайманның картасы Сашаның картасына қарағанда жер қыртысына тереңірек үңілген. Осының өзі де жетіп жатыр емес пе? Алайда автор геологиялық ғылымның терминологиясын, плицен, басқа да «цендерін» оқушы тізбелеу түсінігіне ауырлау тиетінін ескермейді.
Әрине, айтылған сыннан техника терминінен қашқақтау керек деген ұғым тумайды. «Қалауын тапса қар жанады». Кілті табылғанда, ғылыми-техникалық материал жайнап сала береді. Ең маңыздысы – көп жайлардан қанық етеді. «Ұшқында» ондай сәтті тұстар сәтсіздіктерінен әлде қайда басым. Соның бірі студенттердің профессор Мусиннің оқыған дәрістеріне байланысты баян етіледі. Профессордың бұрғылау саласында зор мән бере сөйлеп, насихаттайтыны – роторлық бұрғылау. Атыраудың одан әлдеқайда өнімді турбиналық бұрғылауға көшіп кеткені не заман. Жазушының тауып кеткен жері, жаңа әдісті өндірістен келіп бірінші курсқа түскелі тұрған қызға айтқызуы. Сол қыз үшінші курсты бітірген студент Тайманды мүдіртіп тұр. Тайманды емес, университет оқытушысы Мусинді әшкерелейтін көрініс. Профессор Мусиннің кертартпа екенін түсіну үшін осы шағын детальдың өзі-ақ жеткілікті. Бірақ жазушы тағы да бір қосымша тетіктер арқылы консерватор образын үстемелей түседі.
Зейнолла әуел бастан-ақ кейіпкер характерін, мінез бітімін оның портретін, келбетін есте қаларлықтай етіп сөзбен мүсіндеуге ебдейлі суреткер екенін танытқан жазушы.
«Есіктен алдымен бүйірі айналған жуан сары портфель кірді; көз орнына қос әйнегі күнмен ойнатқан толық денелі төртбақ адам әшекейлі таяғымен түкті кілемді анда-санда бір нұқып, портфель соңынан жалқау ереді. Жуан портфель жуан иесін осы кабинетке күшпен кіргізгендей, бұлқына сүйреп, әрең жетелеп әкеп, стол жанындағы жұмсақ креслоға жыға салды да, енді бірде тағы да сол иесінше тыңқиып, стол шетінде тұрды»1.
Суреттің есте қалмауы мүмкін емес. Портфелінің жайын сұрағанға төртбақ жуан: «Мұнда профессор Мусин бар!» -дейді. Онысы рас. Сарытап қолжазба сықалған портфель. Мусиннің миына жаңаша ойлауға мүмкіндік бермейтін консерваторың сол...
Қисынын тапқанда өндірістік роман тақырыбы сала-салаға тарамдана беретінін «Ұшқын» романы да дәлелдейді. Жазушы әке мен бала махаббатын келісті суреттеген. Және әкелер мен балалар атты айтулы проблеманы ұстазы Мұхтар Әуезовтен, оның ұстаздай көріп еліктеген сүйікті жазушысы Иван Тургеневтен мүлде өзгеше шешуге барған. Барғаны сәтті шыққан. Студент шәкірт Тайман мен мұнайшылар бригадирі, балажан әке Дәурен арасы – романның ең бір әсерлі оқылатын беттеріне жатады.
Жоғары оқу орны - интеллектуалды орта. Осының өзі жазушыға өндірістік романның сюжеттік-образдық мазмұнын озық ойлы замана идеяларымен байытуға мүмкіндік берген. Зейнолла Қабдолов романы Мусинді сынауға батылдығы жеткен студенттердің арасынан Қабенді бөліп алады. Мінезіне бас кейіпкер Тайманның қызығатыны тегін емес. Онда солқылдақтық атымен жоқ. Айтыс-тартысқа жанып кетеді. Бұзып-жарып кимелеп, қасарысып тұрып алады.
Қабен – «Ұшқын» романының перспективасы, болашағы үлкен дәмелі кейіпкері. Оның келесі полотно – «Жалын» романының бас тұлғасына айналуы кездейсоқ емес. Өз сыны өзінде. Өз пікірі өзінде. Табанда атып тастаймын десең де алған бетінен қайтпайтын характер, «мық шеге».
Зейнолла Қабдолов романын «Ұшқын» және «Жалын» деп тегін атамаған. Оған бір сыдырғы мағына сыйғызған. Біріншіден, шындықты бетің бар, жүзің бар демей айтатын Қабденге байланысты қойылған аталым. Қаршадайынан «қашанғы булығамыз?!» -деп бабасы Махамбеттей «ереуіл атқа ер салып, Егеулі найза қолға алып» құйғытқалы тұрған жан. Оның туа біткен мінезі Назым Хикметтің:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?-
деген әйгілі өлең жолын еске салады.
Екіншіден, романның «Жалын» деген аты шығарма мазмұнына қарай қойылған. «Ұшқыннан жалын лаулайды» деген декабристердің Пушкинге жазған өлең сөзі кезінде революция өртін салу үшін пайдаланылды. Қабдолов романында ол басқаша сыйпат алады. Қабден бастаған геологиялық бригада Жетісай даласына бұрғы салып, ен байлық – мұнай дария көзін ашады. Әуелі атқылаған мұнай мен газ аралас фонтан әлдене ұшқыннан жалынға айналады. Бұл апаттың жалыны жай өндіріс жалыны емес. Өндіріс поэзиясы!
Өндіріс қиындығын жеңу, жапан далада палаталар тігіп, мұнара тұрғызып, самаладай от жағу, бейнеті мен зейнеті қатар жүретін іске бір кісідей жұмылу – міне, осының бәрі тұнып тұрған поэзия. Қабен бұрғы мұнарасын атасының зираты қасында тұрғызады. «Қоңыз мұрт» секілді жер бауырлағандар Қабен атасының көрін қазып жатыр деген өсек таратады. Оған Қабденнің жауабы қысқа. Ораз атасының құба шөлде құлазыған қабірінің қасына қайта ол шүлен өмір, жас тіршілік әкеліп жүр.
«Жалын» романының басқы тарауында Қабден қалада диссертация қорғаймын деп жүріп характер ретінде кібіртіктеп қалады. Өзі сынаған Мусиннің басқан ізін шиырлап, қатесін қайталап, өндіріске бармай пайдасы шамалы зерттеу жазады. Сәтсіздігіне өзі де, онымен бірге оқырман да өкінеді. Қабен тек туған даласында өзгеріп сала береді. Білегін сыбанып кіріскен еңбегі жанады.
Қабден жүрдек атқа мініп Жетісай түкпірлерін түгендеп шолады. Ат үсті – жел. Бас кейіпкер: «Пай-пай, тақымыңда ойнаған жүйрігің жалын желге желпіп, елбең қағып, есіле майсаңдап келе жатса, сен бесіктегі балғындай тербелесің ғой. Сонда сені ат емес, бүкіл дала тербетеді, әлдилейді»1, - деп төбесі көкке екі-ақ елі жетпей жүр. Жүрегін кернеген шалқыма күй: «Ата қоныс, ыстықсың!» дегізеді.
Кезінде «Біз жанбасақ...» роман-дилогиясы атанған кітап, жұмысшы бейнесін жасаудағы сәтті туындылар қатарында Бүкілодақтық бәйге (1972) алды. Ал, жазушы Зейнолла Қабдолов үшін ең ұлы марапат – кешегі өзі поэзияға бөлеген туған өлкесінің өрлеп өркендеуі еді. Өтпелі кезеңнің қиын-қыстау шағында Қабендей кейіпкерлерінің тапқан қара алтыны тәуелсіз Отанының құт-берекесіне айналғанын, қазір де ризықты кеніші болып отырғанын жазушы өз көзімен көріп кетті.
Өндірістік роман, байқап отырмыз, өмір мен поэзияны шығарма өзегіне айналдырып суреттеу жағынан қай жанрдан да қалыспайды. Көп түрлері беллетристикалық мәнерде жазылып, жеңіл де тартымды оқылады. Жанрына қарай талабы. Істің бұл жағын ескермеушілік жиі ұшырасады. Күрделі психологиялық полотноларға лайық белгілерді өндірістік романның беллетристикалық түрінен іздеу ағаттық. Кейіпкері неге олай қалыптаспай, былай қалыптасты, соған көзімізді жеткізбейді деп сынап жатады. Беллетристикалық шығармада характер сомдалатыны рас. Бірақ ондай характердің қалыптасу тарихы тәптіштеліп суреттелеуі шарт емес. Мұнда ең бастысы – конфликттің табиғилығы. Тартыстың екі жағында адамдар тұратындықтан, жеке характерлердің өндірістегі тартысы – қоғамдық тартысқа ұласады. Бұрын шыңдалған характер тартыс нәтижесінде бұрынғы қалпынан өзгеруі де мүмкін. Дәл осындай өзгеріс Қалмұқан Исабаевтың «Сұңқар самғауы» атты романының бас кейіпкерінің бірінің басынан өтеді.
Қалмұқан Исабаев кезінде Ертіс-Қарағанды каналы құрылысына қызу араласқан жазушы. Канал бойымен жаяу жалпылап айлар, жылдар бойы жүріп, алған әсерлері туралы жазған сан очерктерін оқырман жұртшылық құрылыс күнделігіндей қабылдап оқыған. Үлкен шаруаның проблемалары бастан асып жататыны белгілі. Соның көкейкестілеу бірін жазушы «Сұңқар самғауы» атты романына өзек еткен.
Кеңес кезінде құны 1 миллион сомнан асатын құрылысты КСРО Жоспарлау комитеті яки Мәскеу ғана шешуге құқылы болатын. Ертіс-Қарағанды каналы іспеттес күрделі құрылыстарды салуды ұсынғанда жергілікті жер оның шын бағасын әдейі арзан көрсетуге тырысқан. Жоспар бекіп, құрылысқа рұқсат алынған соң кенет оған қаражат жетпей қалады. Салына бастаған дүниені бітірмеуге болмайды ғой. Жоғары жақ тағы да қосымша қаржы бөлуге мәжбүр. Ертіс-Қарағанды каналының ескі жобасы құрылыс барысында жарамай қалады. Қаражаттың тапшылығы біліне бастағанда жаңа жоба жасалады. Осы төңіректе дау туады.
Жазушының бір тауып кеткен жері – жалаң шаруашылық материалынан характерлер шендесуін туғызғандығы. Шендесу уақытын сығымдап, ондаған жыл бойы созылған қайшылықты бір аптаның ішінде өтетін апас-құпас оқиға көлемінде шешетіндігі. Ділгір шаруашылық проблемаға әке мен баланың арасындағы талай жыл бітеу жарадай асқынған проблема қабаттасып, детективтік ахуал туғызады.
Әке – Досбек Қозғанбаевич Одақта беделді жобалаушы. Ертіс –Қарағанды каналының жобасы осы кісінің қолынан өткен. Бала – Қобылан Ардов жас құрылысшы. Канал бойындағы құрылыс участогының бас инженері. Аузынан емшек сүті кеппегендей көрінетін жас жігіт азулы инженер жасаған жобадан елеулі кілтипан табады. Жоба қаражаты басыңа тартсаң аяғыңа, аяғыңа тартсаң басыңа жетпейтін көрпедейін қушитып жасалған. Жас инженер жаңа жоба жасап, Мәскеуге жібереді. Бұл бұрынғы жоба иесінің ашу-ызасын туғызады. Бір кезде Досбек бірінші әйелі Әсияны жазықсыздан жазықсыз баласымен тастап кеткен. Сол бала Қобылан – бұл күндері өсіп ер жеткен. Досбектің ойы бірден арамға кетеді. Кіндігінен туған баласына бір де рет жолықпай, бәрін өзі кесіп пішіп, сырттан топшылап, зығырданы қайнайды. Тірі жетімек... Енді қолы әкесінің жағасына жармасуға барған,- деп тістенеді Досбек. - Мәскеу қолымен әкесінен өшін алмақ шығар. Арызын өзіне қайтартуым керек. Атпен ойнаған тайдың жілігі сынады. Көрсетейін мен оған көресіні...-деп жобаны Мәскеуден қайта алдыруға жанталасады.
Әке мен бала тартысының аяғы немен бітер екен деп, оқушы роман беттерін қадала парақтайды. Бас аяғы жұп-жұмыр шығарма бір демде оқылады.
Қалмұқан беллетристикалық туынды көлемінде қойылған өндірістік проблеманы қапысыз шешкен. Мәскеудегі коллегия мәжілісіндегі әке мен бала айтысын, ондағы орыс қазылардың іске бейіл қойып араласуын көзбен көріп, қолмен қойғандай-ақ етіп суреттеген. Өндірістік проблеманың түйіні шешіледі. Жас инженер жобасы мақұлданады.
Романның қапы соққан жері болса, ол әке мен баланың 17 жылдық айырылысудан туған дүрдараздығының қасқағымда сап болуы. Оған психологиялық себептеменің жетімсіздігі. Әлгінде ғана коллегияда қаны бір екендіктері кәперіне де кірмей, бірін бірі нықырта айтысып, соның артынша араға сағат салмай жедел табысып, екеуі ғана білетін интимдік құпияны, жан сырларын ресми орында жайып салуы, жұрт көзінше әке мен бала боп көрісуі, құшақтасуы, бірі маңдайдан сүйіп, екіншісінің қолтығына ене кетуі жөнді иландыра қоймайды.
Әрине, өндірістік қызыл шеке айтыс-талас алай-дүлей ұйтқып барып күрт басылуы әбден мүмкін. Досбектің үлкен жерде тырапай асқанына ренжуі, артынан іле қуануы заңды. Ренжуін пендешілік десек, қуануын қалай түсіндіреміз? Жалпы жауабы – айқын. Баласының адам болғанын қай әке жек көрсін. Әке мен бала бітімін өзімізше топшылаймыз. Ойша жорамалдаймыз. Адами проблема шешімін жан әлемінің құйқылжыған құбылыстарын тап басып суреттеу ретін жазушының қаламы біледі.
Уақыт оздыра өндірістік роман аясы ұлғая берді. Өз дәуірінің жаңалықтарын бейнелеу есебінен жазушы Ілияс Есенберлиннің «Айқас» романы жазылған тұс – алпысыншы жылдар. Кеңес әдебиетінің Сталин культінің зардаптарын жоюға жұмыла кіріскен, қатты бораннан шыққандай үсті-басын қаққан, сілкінген шағы. Өндірістік жанр жалпы дүрмектен қалысқан жоқ. Қабағын қарс жауып алып, кешегі кер заман өтінде ісініп қабынған қара ниет қалдықтарға қарсы шүйілді. Кейіпкерлерінің қолы да, ойы да өндірістен босамайтын қалыптан ауысты. Шығарманың бас кейіпкері, Ұлы Отан соғысының ардагері геолог Дәурен Балқаш көлі маңындағы (романда Балташ) Саят жерінен мыс кенін іздеп таппақшы. Тартыс биік мораль, құлықтылық мәселелері төңірегінде өрбиді.
Ілияс Есенберлин романы өндірістік проблеманы фон етіп алады да, жамандық пен жақсылықтың, ізгілік пен зұлымдықтың ара қатысын әңгіме сөлі етеді. Аталған кереғар екі ұғым ақ пен қарадай айдан анық нәрсе ғой. Онда не тұр дейтін емес. Жақсылылық пен жамандықтың арасын айыра білмеу – опа бермейді. Оны ұлы Абайдың өзі айтып кеткен.
Геолог Дәурен соғыста ауыр жарақаттанып, біршама жыл Сібірде тұрақтап қалып, еліне оралғанда талай рет жақсылық жасаған шәкірті Нұркенің қарабет қылығына тап болады. Кезінде Дәурен Жарқын кенін ашқан. Сонда шәкірті қасында көмектесіп жүрген. Кейін сол геологиялық ерлік туралы кітап дүниеге келеді. Авторы Нұрке ұстазының ұшты-күйлі хабарсыз кеткенін пайдаланып, кенді ашқан кісі етіп өзін көрсетеді. Бұл – қара беттің бірінші опасыздығы.
Екінші опасыздығын ұстазы елге оралып шәкіртінің айыбын кешкен соң жасайды. Біраз Дәуренге қамқорлық жасаған болып жүріп, баяғы ескі әніне басады. Саят кенін ашуға бөгет жасағанын былай қойғанда, ұстазына жала жабуға көшеді. Шәкіртінен мұндай иттікті күтпеген Дәурен жүрек талмауынан мерт болады.
Романның айтпағы – жаңа кен ашу адам мінезін де ашады. Біреуі – шыңдалады. Тағы бірі – құм қабады. Оның өз пәлсапасы бар. Дәурен: «Адамды түзейтін де адам. Бұзатын да адам!»- дейді. Нұркені адал, еңбек сүйгіш жігіт етіп тәрбиелеген нақ осы Дәурен еді. Дәурен майданға аттанған соң Еламандай арамға кездесіп бұзылды.
Дәуреннің бір жақсы қасиеті – кешірімді. Ол елге оралған соң бұрынғы жақсы көретін шәкіртін қайта баулығысы келді. Кітабындағы келеңсіздікті бетіне басып, ұрысқан жоқ. Қызметінен төмендеткенде де қыңқ етпеді. Роман образының идеясы түсінікті. Еламандай қара ниеттіні сөккенмен одан ол түзеле қоймас. Бар гәп – жаман мен жақсының арасын айыра білуде. Ақ ниетті Дәуреннің кесектігін, қара ниетті Еламанның ұсақтығын айыра алмаған Нұркедей көр соқыр болмауда. Көрсоқырлық – өсіп келе жатқан жігіттің өшуіне әкеп соқты. Нұркеден бел баласына дейін безеді. Одан өткен қандай трагедия болмақ?!
Ілияс Есенберлин – өндірістік роман формасын мол пайдаланған жазушы. Оны жетілдіру жолында аянып қалған жоқ. «Маңқыстау» атты роман жазып, өткеннен желі тарту жолымен бүгінгі халық өмірін терең арнада тұтас көрсетуді мақсат тұтты. Ол мақсатын іске асыруға мүмкіндігі жетіп артылатын.
Алайда, «Маңқыстау» романы жарияланған бойда сынға ұшырады (Р.Нұрғалиев). Автор Маңқыстау түбегінің өткен тарихын, табиғат жағдайына дейін жақсы біліп алған. Оған шәк келтіруге болмайды. Бірақ көркемдік шарттары жете ескерілмей, таза информациялық материал орынды-орынсыз тықпалана берген. Бүгінгі оқылымында романның және бір олқы тұсы көзге ұрады. Ол – кейіпкерлердің жағымды, жағымсыз сыпатын анықтау тәсілінің тұрпайы социология қазығына байлануы.
Партияның өз номенклатурасына кадрларды таптық тегіне қарай іріктейтін принципін жазушы әдебиетке апарып теліген. Содан дөрекі социологизмге ұрынған. Кедей таптан шыққан Бестібай қарт, ағайынды Халел, Жәлелдер – ұнамды, ал, бай, кулактардан ұрпағы Әжіғали, Алаң-Алешкалар – ұнамсыз кейіпкер ретінде көрінеді. Өндірістік проблеманы шешілу реті де осы схемаға тәуелді. Титан кенін ашу үшін жергілікті өзеннің бір жылғасын жарылыс қуатымен бұру қажет. Ұсыныс жасаушы бас инженердің орынбасары Ахметбек, кедей таптан. Оған бас инженер Сұлтанбек қарсы болады. Неге? Өйткені ол 1928 жылы кәнпескеленген бай тұқымынан. «Көн құрыса қалыбына барады, ол өзінің нәсіліне тартып, тәкәппар, тым өзімшіл, алдымен өз басының пайдасын көздейтін адам боп қалыптасты»1.
Романдағы комсомолдар – кеңес кезіндегі жағымпаздығы даңғойлығынан, даңғойлығы жағымпаздығынан өткен газет қаһармандары. Шетінен кілең «ура-патриоттар».
Өндірістік романның үнемі жолы бола бермегенін Сәуірбек Бақбергеновтың «Кентау» атты көлемді шығармасынан да аңғаруға болады. Жанр «классикасында» өндірістік тартыс ел экономикасының былайғы дамуы үшін маңызы зор проблемадан туындайды. Қойылған проблема жайшылықпен шешілмейді. Оқиға белгілі-бір ұжым, көзқарасы, характері, бір-бірімен қатысы әртүрлі адамдар ортасында өтеді. Содан күрес оты тұтанады. Күрес барысында жеке кейіпкерлердің тағдыры безбенге түседі. Кейбіреулерінде жеке бастарының романы басталады. Бірін бірі сүйеді, тұрмыс құрады, жә болмаса дәм-тұздары жараспай айырылысады, т.т. Не шытырман тартыс өндіріс дамуының проблемасымен біте қайнасып барып, әлеуметтік-қоғамдық зор мәнді көркемдік идеяға айналмақ. Жанр шарты – мазмұн мен пішін біртұтас, ажырамас бірлікте өрістеуі тиіс.
«Кентау» романы былай қарағанда жанр талабына сай құрылған секілденеді. Шығарманың қала атымен аталуында үлкен мән бар. Кентау кеңес кезінде дүрілдеп тұрған өндіріс орталықтарының бірі болатын. Ондағы полиметалл комбинаты Қаратау қойнауындағы Ащысай, Мырғалымсай, Қарасай рудниктерінен және Хантағы байыту фабрикасынан құралатын. Мұнда өндірілген қорғасын концентратының Ұлы Отан соғысы кезінде (роман оқиғасы негізінен соғыс кезінде өтеді) маңызы өте-мөте зор болды. Шығарма кейіпкерінің бірі айтатындай, майданда атылған екі оқтың бірі осы концентраттан алынған қорғасыннан құйылған. Өндірістік проблема - шахтада еңбек өнімділігін арттыру қамын көздейді.
Алайда, сюжет, өндірістен тыс, жеке бастың драмасы төңіргенде ұйтқиды. Бас қаһарман, озат шахтер Қамбарбек соғыстағы баласы өлді деген қара қағаз алады. Сюжеттің бір тармағы осы қаралы оқиғадан тұрады. Екіншісі – Қамбарбектің сотты болуына байланысты тартқан тауқыметі. Қосалқы эпизодтар туған жер тақырыбын қозғайды. Эпизодтық кейіпкер герой Желеу деген айтыс ақынының аузымен Қаратау хақында тарихи дерек, мағлұмат беріледі. Тіршіліктің заңы бойынша әр тұстан махаббат майшамы сығыраяды. Бірақ сюжеттің дамуына әсері жоқтың қасы. Кентау атты өндірістік проблема жеке бастың драмасымен қабыспай қалған. Шығарма композициясы бөлек-салақ қаланған. Өндіріс мәселесі сюжеттен бірте-бірте шеттетіліп, ақыры мүлде ұмытылады. Әр бригада сменалық нормасын екі есе арттырсын деген міндеттемені орындау жолындағы күрестің немен тынғаны мәлімсіз. Жазушы қалап алған өндіріс саласын жетік зерттемеген. Еңбек өнімділігі қосымша жұмыс күшін қосқанда, не жаңа озық техника мен технологияны қолданғанда артады ғой. Ал, Қамбарбектер еңбек өнімділігін маңдай терді екі есе көп сығып алу арқылы арттырмақ.
Романда айтарлықтай өндірістік конфликт жоқ. Тартыс майданынан қашқан дезертир әрі жалқау, маскүнем Жайынбаймен алыс-жұлысқа құрылған. Оның ақыры кісі өлімімен бітеді. Жайынбайды еңбек озаты Қамбарбек атып тастайды.
Сөйтіп өндірістік романымыз шаруашылық проблемасын орта жолда қалдырып, бірінші жартысында бас кейіпкердің «жалғызы» Бекзаттың (қызы доктор Нұрбиді «балаға» санамайды) соғыста қаза табуына, екінші жартысы Қамбарбектің жазасын өтеуіне және оның кесілген «срөгін» азайтуға байланысты отбасының аһылап-уһілеп зарлануын тәптіштеуден әрі бармайды.
Сондағы ұққанымыз не? Өндірістік проблема далада қалды екен, шығарманың басқа айтпағы не? Романдағы қаза мен жаза туралы газетте «Адам және заң» деген мақала жариялаған жас журналист Сәукен: «Біз адам баласының жанын түсінуге, оның қат-қабат астарын ұғуға ынта қоя, зер сала, ыждаһатпен қарауға, құштарлық көрсетуге міндеттіміз»1, - дейді. Атылған Жайынбайға «Адам баласының жанын түсіну» қағидасының қатысы жоқ сияқты. Газеттің жаттанды тілімен айтылған ой көркем идеяға баланады.
Ақыр аяғында «өшкен жанып, өлген тіріліп» дегендей, қара қағаз келген Бекзаттың қатты жараланғаны, бірақ тірі қалғаны анықталады. Қамбарбектің 7 жылдық жазасы үш жылға дейін қысқартылады. Сөйтіп роман кейіпкерлері нанымы кем оқиғаға ұшырап ғажайып тағдырға килігетін, әсіре сезімді мелодрама кейіпкерлеріне ұқсаған. Шығармада қайталаулар көп. Композициясы ойқы-жойқы. Жазушының өндірістік жанрдағы сәтсіздігінің себебі – қолға алған материалын терең зерттемеген, өндірістік жанр сырына қанықпаған.
Әмен Әзиевтің «Жез таулар» атты романы жанрдың қай түріне жататындығы «Жазушы» баспасының кітапқа жолдаған аннотациясында айтылған. «Ә.Әзиевтің бұл шығармасында,- делінген онда,- Совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ шаруаларының өндіріске араласуы, Сарыарқа даласынан кен іздеген қазақ, орыс ғалымдарының ауыр да абыройлы еңбегі сөз болады. Сондай-ақ Орталық Қазақстандағы коллективтендіру дәуірі біршама жақсы көрініс тапқан»2.
Он баспа табақтан сәл қалқыңқы роман үшін бұл ұшан-теңіз тақырыпты ашу, игеру оңай шаруаға жатпаса керек. Оның екі жолы бар еді. Біріншісі, Қазақ елі тарихындағы белесті кезеңдерді бір немесе әлденеше кейіпкер тағдырына сіңіріп суреттеу. Екіншісі – тарихи асуларды баяндап өту. Әмен соңғысын қалаған. Сондықтан Сәуірбек Бақбергенов сияқты Әмен де қазақ даласындағы өзгерістерді ұзақ-сонар диалогтарға салып баяндауға мәжбүр болған. «Жез тауларда» диалогтың көрінеу ауырлығы, ақпарат тілінің етек алуы, тіпті ғашықтардың сүйдім-жандымының арасына килігіп кетуі осы себептен. Роман бас кейіпкер жылқышы жігіт Таңатардың Айбикедей ынтығымен кездесуінен басталады. Елдегі жағдай сол кездесуде белгілі болады.
Ел ішіндегі астан-кестен оқиғаларды үгіт-насихат мәнерінде баяндау тәсілі романның әр тұсында қайталанып отырады. Арқа кендерінің тарихы атақты геолог Қаныш Сәтбаевтың көлемді әңгімесі арқылы жеткізіледі. Ауыл шаруашылығын коллективтендіру жайы кейіпкерлердің мінез-құлық, іс-әрекет болмысы арқылы емес, газеттің құрғақ тілімен хабарланады.
Роман өндіріс тақырыбына «Мыс жорығы» атты екінші тарауында ауысады. Бірақ Таңатардың ол тарауда көрінуі тым сирек. Бас кейіпкер сюжеттің басты қозғаушы күші рөлін мүлде атқармайды. Атақты геолог Қаныш Сәтбаев, білікті инженер Русаковтың көлеңкесінде қалып қояды. Бірде Қаныштың Арқа кенін тауып пайдалануға байланысты әңгімесін тыңдап, бірде Сәкен Сейфуллинің кітабын оқып отырғанын көреміз. Таңатар көбіне оқиғаның мұрындығы емес, куәсі боп көрінеді. Русаков оны тағы бір кезде қасқыр қуып келе жатқан жерінен далада жолықтырады. Енді бір тұста Мұқаш деген ауылдық Кеңестік аузынан Таңатардың комсомолдан партияға өткені айтылады. Және бірде Русаковтың мыс кенін іздейтін отрядында жер шолушысы тобында жүріп, аяқ астынан бандыға жолығып атысады. Таңатардың әкесі Шалғынбай ұры-қарылардың қолынан қаза табады. Ауылға оралған Таңатар байдың баласы Әрінбекке шығып кеткен Айбикемен кездеседі.
Қысқасы, Таңатар кен ашуға «мол үлес» қосып жүрген кейіпкер ретінде көрінбейді. Осы жағдай шығарманың соңғы, үшінші тарауы «Мыс төрінде» қайталанады. Бұның бәрін тізбектеп отыруға себеп, бас кейіпкерге «екпінді жұмысшы дәрежесіне көтерілуге» мүмкіндік берілмеген. Шағын романда жүзден аса кейіпкер жүр. Солардың арасынан бас қаһарман төбесі анда-санда бір қылтияды.
Жазушы Арқадағы алып құрылыстың салынуына байланысты ел өміріндегі елеулі өзгерістерден эпикалық дүние туғызбаққа ниеттенген. Бірақ көркемдік жинақтауының осалдығынан дегені болмай, өндіріс пен адам тағдырлары қиюласпай, әр жаққа тартып, шығармасы көлемді репортаж, әрі кеткенде суреттеме очерк түрінен аспаған. Кейіпкерлердің жан дүние қатпарлары, көркемдік әлемі жөнді ашылмай қалған.
Ілгеріде айтылғандай, Мұхтар Әуезов өндірістік романдардың Одақтағы, біздегі жай-жапсарын жақсы білген. Сынаған, мінеген. Мұхаңның мына бір сөздеріне құлақ түрелік. В производственных романах «слабо отражена жизнь эпохи, образы простых людей однотипны и посредственны. Герои поставлены в такие облегченные условия, что они выглядят мелкими, легковесными, не могут встать на уровень больших задач эпохи. Они отстали от деяний эпического характера, свойственных большим героям...»1
Ұлы жазушы әрі ғалым сыншы Мұхтар Әуезовтің сыны өндіріс саласынан туып қоғамдық өзгерістерге бастайтын оқиғаларды бейнелеп, қалам тербеп жүрген әріптестерінің мінін дөп басқан. Уақыт қазіргі заман тақырыбына жазылған шығармалардан кесек кейіпкер күтетінін ескерткен. Бас қаһарман, өзге де кейіпкер әрқайсысы дара тұрпатымен, бір-біріне ұқсамайтын ірі әрекеттерімен көрінсе деген. Жазушы шығармашылық идеясын кейіпкерлер әлемі арқылы жеткізе білуі керек.
Қазақ әдебиетінің қайраткерлері бұл тарапта қарманбады, ізденбеді деп айта алмайсың. Өндірістік романның схема іспетті шеңберінен шығу талабы Шерхан Мұртазаның «Қарамаржан» романының үлесіне тиді. Мұндағы өндірістік тартыс кейін әдебиетте кең өрістеген моралі әртүрлі адамдардың мінезінен өріс алады. Қарасай кен-химия комбинатының бас инженері Жарас Хамзин мен Нәртас руднигінің бас инженері Нариман Данаев бір класта оқыған, кейін Рудныйда бірге қызмет атқарған жандар. Жарас бала кезінде есебін Нариманға шығартып алатын. Кейін Рудныйда Нариманның ашқан жаңалық ұсынысын пайдаланып кандидат атанғаны бар. Осы жиендігіне жасаған «жақсылығы» Нариманның сүйген қызын азғырып үйленіп алады. Енді мына Қаратауға келгенін артық санап, қастандыққа көшеді. Кен қопарудан еңбек өнімділігін арттыру мақсатында Нариман іске асырмақ болған жарылысты апатқа айналдырады (жобада белгіленген дәрінің орнына қуаты үш есе артық дәрі қолдану арқылы). Бірақ арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам екені ежелден белгілі. Жарасқа соның кері келеді. «Аққа құдай жақ» дегендей, әдебиеттің қашаннан берік ұстанатын адамгершілік принципі салтанат құрады. Өндірістік роман дәріптейтін прогресс идеясы адам мен қоғамның көркеюінің басты шарты – жан тазалығы үшін күрес идеясымен ұштасады.
Жазушы жанр қанатын жазбақ ниетте шығармасына біраз қосалқы тақырып енгізген. Онысы сәтті шыққан. Шағын романның сындарлы композициясынан шашау шықпай жарасымды орнын тапқан. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары социализмнің ішкі қайшылықтары көзге ұра бастады. Жазушы соның біразын, туған ел табиғатына жаны ашымастықты, жоспарлы шаруашылықтың берекесіздіктерін халықтың ел қамын жеген Едіге мінезін бойына жинақтаған Ақан қарттың образы арқылы жеткізеді.
Ақан қарттың түсінбейтіні, ызасын келтіретін өз жеке басының емес, ел ісінің оңға баспауы. Мемлекеттің мал түлігін жер ыңғайымен санаспай өсіретіндігі. Көк шөбі көктемде көктеп, шілдеде ұшып кететін қуаң далада сиыр сүт бермейді. Бірақ онымен санасатын жан жоқ. Жергілікті совхоз қойдан табыс табуын табады-ақ. Бірақ соның бәрі сүттің орындалмай қалған шығынын өтеуден артылмайды. «Ал, мұны ана аудандағылар біліп отыр. Не дейсің бұған?»1- деп қарт быж-тыж болады.
Тиімсіз істі жүрдім-бардым жоспарлау өнеркәсіпте де орын алған. Нариман ондай жолсыздық «Айта берсе, таусылмайды,- дейді. – Менімше, кеніш ашады екенсің, ең алдымен қалажай тұрғызып ал, адамдарды тұрақтандыр. Әне, сонан кейін баста кен ісін. Нәртаста олай емес: өл-тіріл руда бер, дейді»2.
Ақан мен Нариман екеуінің диалогы шығарманың түпкі ойынан хабар береді. Автор позициясы өндірістік тақырыптан бойын асырып жалпы кеңестік жүйенің өміршеңдігіне қатысты әлдебір алаңдаушылық сезім тұтандырады. Роман жарияланған кезде аталған келеңсіздік «көш жүре түзеледі» деген мәнерде әлі-ақ жойылатын кемшілік есебінде қабылданатын. Қар төсеніп, мұз жастанғандық ерлікке баланатын. Сол «жоспарланған» қиындықтардың қазіргі оқылуы мүлде басқаша...
Жағымды герой Нариманның аузынан:
«-Ақсақал, мен жаңа келген, бөтен адаммын»- деген сөз шығып қалады.
Оған Ақан шал:
«- Ей, неме, түге. Бөтен бола қалуын. Бөтегең түскір. Қазақтың баласы Қазақстан жерінде бөтен болар ма еді?..-деп жекіп тастады»1.
Диалогтың қазіргі оқылуы басқаша болатыны, «бөтен» деген сөзге байланысты. Бұрын кеңес кезінде әлгі диалог қоғамдық мүддені бәрінен жоғары қоятын жаңа адамды мінездейтін секілденетін. Ал қазір, социалистік меншік жұрттың көбіне бөтен мүлік көрінді-ау деген ой туғызады.
Көптеген өндірістік роман авторлары материалын жете меңгермегені үшін сыналатын. «Жаңғырық» романының авторы Медеу Сәрсекеев жөнінде ондай сын айтылмауға тиіс. Айтқызбайтын – мамандығы. Медеу – инженер-металлург. Біраз жыл заводта істеп, өндіріспен мидай араласқан кісі. «Жаңғырық» романының алғашқы беттерінен бастап ақырына дейін қалам иесінің білікті маман екендігі сезіліп тұрады. Мұның әдебиет үшін де пайдасы тиген. Әдеби айналымға қазақ оқырманының түсінігіне лайықтап тың сөз, терминдер енгізілген.
Оқиға негізінен купеляция цехындағы аса жоғары температурада (1100 градус) және өте қатты қысымда жұмыс істейтін қатерлі электротермия пешін өндіріске енгізуге байланысты өрістейді. Қабырғасы қызыл кірпіштен өрілген, төбесі қалың бетон плиталармен жабылған цех оқшау тұр. «...Металлургиялық ұзақ өңдеуде жинақталған өнімнің бөліске түсетін ең ақырғы процесі – осы цехта, электротермия және купель пештерінде өтеді. Бөлімшенің аты да осыдан шыққан, түп төркіні оның «бөліп қорыту» деген француз сөзі»2.
Шығарма Зейнолла Қабдоловтың «Ұшқын» романы секілді бірден авариядан басталады. Айырмасы, кейіпкер тарихы «Ұшқындағы» секілді ретроспекция түрінде баяндалмайды. «Жаңғырықта» аварияның себептері қазбаланады. Көп адамдардың тағдыры электротермия пеші тағдырына байланысты шешіледі.
«Жарылыс түнгі үш шамасында болды...»
Романның осы ілкі сөйлемі бірден елең еткізеді. Апаттың неден болғанын білгісі келген оқушы, шығарма жолдарына қадала қалады. Жалғыз сөйлем...Бірақ атқарып тұрған рөлі күшті. Күрт оқиғаның хабаршысы ғана емес. Сюжеттің басталуы мен шендесуі де. Авария себебі кульминацияда, оқиғаның шарықтау шегінде бір-ақ анықталады.
Бас кейіпкер – цех бастығы Таңат Таубаев. Ісіне жауапты қарайтын, білгір, білгірлігімен қоса өзінің көзі жеткен иланымында тастай қатып қалатын, ана бастықтың, мына бастықтың аузын бақпайтын мінезді жан. Өскен аталатын қаланы жерсінбей Алматыға кетуге жиналған әйелі Қамқаға «маған әуелі өзімді-өзім сыйлағандай, шаршап емес, шаттанып істейтін жұмыс керек» деп көнбей жалғыз басты қалады. Жазушының бір тауып кеткен тұсы, бас кейіпкердің талантты адам екенін әдемі көркем деталь арқылы аша білгендігі. (Қызметінен қуылып, ауылда жүргенде жай пештің жануына көзі түседі. Соның бір қақпағын ашып қалғанда пештің аузынан лап еткен жалынмен қоса шоқ шашылады. Осы сәтте инженер Таңат көптен қинап жүрген сауалына жауап тапқандай болады).
Таңаттың антиподы, қарсыласы комбинаттың бас инженері Жан Дәулетовтың бейнесі де біршама жақсы мүсінделген. Цехтағы кісі өліміне әкеп соққан жойқын жарылыс осы кейіпкердің шамадан тыс баққұмарлығының салдары. Таубаевтың дем алысқа шыққанын пайдаланып, оның орынбасарына пеш қатарға қосылды деген акті жасатады. Мұның бәрін ол, Дәулетов, көкейін құртқан Мемлекеттік сыйлыққа тез қол жеткізу үшін істеп жүр. Сыйлықтан авариядан кейін де дәмелі. Арам ойы: бар кінәны төменгілерге, цех басшысына (Таубаевқа), смена адамдарына аударып, өздері директор екеуі сүттен ақ, судан таза шықпақ...
Алайда, жазушы өндірісті білетін артықшылығынан үнемі пайдалана бермеген. Бар білгенін сарқамын, күрделі технологияның керек те, керек емес те қуысын аралаймын деп, жазып отырған кітабына қай ретте зиян тигізіп алған. «Күмістің тоқсан бес проценті қорғасынға шығады екен, тоқсан алты процент мырыш тозаң боп бөлінеді»1 деген тәрізді тіркестерді жай оқушының түсініп жетуі неғайбіл.
Ең өкініштісі – технолология процесі бұзылуының ұзақ сонар хронологиясы, техникалық егжей-тегжейдің өлшеусіз тәптіштелуі роман кейіпкерлерінің елеулі бөлегінің характерін ашуға көрінеу қол байлау болған. Кейіпкерлері пештің аузына үңілсе, жазушы олардың жүрек тұңғиығына үңілуі тиіс еді. Комбинат директоры Варламовтың «қолы қатты, мінезі қатты, жұмысты да қатты істейтіні, не «ешкіммен есептеспейтіні» өсектелетіні сияқты, тағы да басқа бірқыдыру кейіпкер өзінің ісі, сөзі арқылы емес, өзге адамдардың диалогтары арқылы бірыңғай мінезделеді. Түсті металдар ғылыми-зерттеу институтының мықтысы, техника ғылымдарының кандидаты Мәукен Құсбеков романдағы қыз, келіншектің басын шатумен, әлденеше бетке кететін мағынасыз сөз шығындаумен әуре.
Автордың қайсыбір кейіпкерлер жөніндегі позициясының айқын еместігі байқалады. Еңбек Ері Саябек Құдайбергеновтың, Лизаның, Маусымның, академик Комаровтың кісі қарасын көбейткеннен басқа, сюжет дамуына қажеттілігі шамалы. Министр Садық Бәкежановтың бейнесі де бұлдыр, кем пішілген. Ол Жан Дәулетовтың бұйрығымен орнынан алынған Таубаевты қызметіне қайта қойғызады. Шешімі әділ де батыл. Бірақ Варламовты орнынан қозғаймын деген әрекетінен нәтиже шығара алмай әлсіздік танытады.
Романның диалогы шұбалаңқы. Кейіпкерлері тым сөзуар, көр-жер ойларын көпіртіп мезі қылады. Ойып түсетін оралымдар, ел аузына ілінетін қанатты сөз, айтқыштық қасиет тым құрыса біреуіне бітпеген. Қаптаған ұзақ сонар диалогтардың сюжет барысына, адам мінезінің нақтылы, нанымды ашылуына ықпал етпейтіні содан болуға керек. Шығарманың оқылуын ауырлататын тіл шұбарлығы да ұшырасады.
Әдеби көркем сын Роллан Сейсенбаевтың «Өмір сүргің келсе, романына да дәл осындай мін тақты. Айтты айтпады, Гитарлы жігіт, Сақалды жігіт, Көзілдірікті қыз диалогтары мінез даралауға, уақыт кейпін аңдатуға септігін тигізбейді. Мәнсіз, мақсатсыз бос әңгімедей қабылданады. Жаңадан салынып жатқан аккумулятор заводының директоры Бекен Ысқақов кәсіпорын құрылысы бітпей жатып, оның кей цехын іске қосу үшін арпалысады. Ұнамды кейіпкер дегеніне жетеді. Ал, осы тартыс жасандылау, жеңілдеу сияқты көрінеді. Жобадан қате табылса бір сәрі. Бір цехы істеп, екіншісі істемей тұрған завод қандай өнім беріп жарытпақ? Адамның жақсы, жамандығын оның белгілі өндірістік мәселені шешуіне қарай бағалаудың дұрыс-бұрыстығы күмән туғызады. Жобаны рет-ретімен іске асыруды жақтайтын құрылыс тресінің бастығы Қожақов қорқақ, кертарпа кейіпкер. Жобада көрсетілмеген шығынға батыру, өзім білемдікке салыну кезінде мемлекеттік тәртіпті өрескел бұзғандыққа саналатын. Осы тұрғыдан келгенде, Қожақовтың жағымсыз кейіпкер етіп суреттелуінің артық-тыртықтығы жоқ па екен деген сауал туады.
Ұмытпауға керек, кейіпкерлердің жағымды, жағымсыздығын олардың белгілі бір өндірістік проблемаға қатысы арқылы анықтау – өндірістік романдардың ең осал жері. Сол себепті бірқатар шығармалардың авторлары ондай қатені қайталамауға, көркем тартыстың кешенді болуын қамтамасыз етуге, шығарма тартысын технологиялық мәселеде шекісумен шектемеуге тырысты. Жазушы Роллан Сейсенбаев романында, амал нешік, бұл құнды тәжірибе ескерілмеген.
Бас кейіпкер Бекен бейнесінің өзі де жете ойластырылмаған. Әрекеттері жалаң баяндалады. Өндірістік айтыс-тартыс психологиялық шиеленіс жағдайында өтпейді. Кейіпкер тебіреніс-толғанысқа түспейді. Шығарманың «...таза өндірістік мәселелердің шеңберінен шыға алмай, тұйықталып қалуы романның көтеріп отырған тақырыбының салмағын жеңілдетіп алған. Мысалы, зауыттың ең мәнді мәселесінің, осы уақытқа дейін қаншама адамды талас-тартысқа түсірген шешуші жағдайының министрдің (Мәскеудің) бір-екі ауыз сөзімен шешіле салуы»1 көркемдік шындық өңін шырайландырып тұрған жоқ.
Тартыстың жеңіл-желпілігі роман финалының әлсіз, әсерсіз түйінделуіне әкеп соққан. Көп сөзділік салқыны және тиген. Бір өндірістік проблема төңірегіндегі әңгімені шамадан тыс созып кітапты рабайсыз қалыңдата беруден пайда түсері кәдік. Өндірістік романдардың көбі ықшам көлемде шығатыны осыдан.
Сондай шұбыртпа сөзге әуестігі жоқ шығармалардың бірі – Ахат Жақсыбаевтың «Егес», «Бөгет» атты романдары. «Ахат романдарының бітімі жинақы, ықшам келеді. Жазушы көп сөзді емес»2. Тіл орамы ой толғамына сай.
Екі романның екеуінің де сюжеті бірі-бірімен іштей байланысты екі ағымнан тұрады. Бірі – өндіріс тынысының, жоспар орындаудың күнбе күнгі жанталас әрекетінің суреттелуі, шығарманың публицистикалығы, өмір проблемаларына тікелей атсалысуға ұмтылысы. Екіншісі – моральдық, құлықтылық проблемаларға, әр адамның ар-инабатына, оның тірлігінің барлық қыр-сырына, ішкі жан дүниесіне айырықша ден қоятындығы.
Бұл ағымдарды жазушы алғашқы «Егес» кітабында бірден ұштастырып алып кете алған жоқ. Өндірістік тіршілік пен рухани өмір іштей қабыспай, бір бірінен туындамай, романның қай тұсының оқылу сапасына зиянын тигізді. Диалогқа қойылатын мінездеу міндеті кейде кейіпкердің өз кейпін ашатын монолог өрнегіне жүктеліп кеткен ағаттығы көзге ұрды. Романның басты кейіпкері Батырбектің: мен жұмыс жағдайы жақсарғанша тыным таппайтын адаммын деп төс қаққаны жағымды геройға жараспайтын қылық еді. Батырбек пен күйеуінен айырылысқан Зағираш арасы бағзы бір таптауырын жағдайларды қайталаудан аспады. Батырбектің айналасы жұтаң, бірін бірі көре алмайтын, іштері қызғанышқа толы жандар. Жолсыз жігіт Байтас, мәңгі тамада Алтай...Жоспар-жоспар деп қақсаудан басқа аузына сөз түспейтін жұмыс басты директор...секілді өресіз кейіпкерлер сол кездегі алдыңғы қатарлы инженер жұртшылығының өмірін тым қораш етіп көрсетуге әкеп соқты.
Жазушы «Егес» романындағы кейіпкерлердің өмір жолын жалғастырған келесі «Бөгет» романында алғашқы адымда жіберілген ағаттықтарды жоюға тырысты. Екінші кітап өндірістегі іс пен ұжымның көңіл күй-жайын тереңірек ұластырады. Шығарманың бас қаһарманы Батырбектің бейнесі толығып, ажарлана түскен. Адамдар арасындағы психологиялық дау-дамай жайдан жай тумайды. Ұжымның хал-ахуалы көп жағдайда іс басындағы басшыға байланысты. Басшының жаны жұтаң, ойы топастау болса, мұның өзі ол басқарған кәсіпорын, мекеме, ұйымның соры. Не керісінше, елді мақсатты іске бір кісідей жұмылдырып, әкімшілік жауапкершілік пен адамшылық борышын ойдағыдай атқаратын басшы –ұжымның құт-берекесі. Осы ақиқат Ахат романының көркем кестесінде әрдайым белгі беріп отырады.
Батырбек өндірісте он жылдай жұмыс істеп, жылына 10 миллион көмір беретін учаске бастығы қызметіне жоғарылап, тапсырылған істің тізгінін қолдан шығармай мықтап ұстап, әбден ысқаяқтанып алған. Жоспарды ұйқысыз-күлкісіз өткен күн-түндер арқылы емес, істің жүйесін тауып атқарады. Рас, бір рет авралға баруға мәжбүр болады. Олай етуге бас инженер Құрмаш итермелейді – учаскенің мүмкіндігімен санаспай артық жоспар белгілейді.
Құрмаш – Батырбектің антиподы. Мүмкіншілікпен санаспайды. Бар білетіні: бастық айтты болды, өл-тіріл, істеу керек. Артық жоспар беру арқылы ырқына көнгісі келмейтін Батырбекті сүріндіруге тырысатын арамдығы да бар. Осындай айғайшыл, қарабайыр басшылардың стилі экскаватор машинисі Степан Захаровтың сөзімен былайша сыпатталады:
« – Біздің істегіміз-ақ келеді-ау. Экскаваторға қалай түсіндіріп айтарсың...Баяғыда бала кезімізде әкелеріміз атты зорықтырып, қинадыңдар деп ұрсушы еді. Аттың зорыққаны көзге көрініп тұрады. Ал экскаваторлардың зорыққанын істеп жүрген біз ғана білеміз. Жөндеуге тұрмай болмас.»1
Батырбек үнемі өсу, толысу үстінде. Кітап жинағыш. Техника мен технологияның аңысын аңдағыш. Разрезде бірінші болып өндіріс стандартын жасайды. Сол озат тәжірибе жөнінде Алматыда ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйлеп, профессор Мусиннің көзіне түседі. Сырттай аспирантураға алынады. Батырбек сонымен қатар басқарып отырған ұйымның психологиялық күй-жайына көңіл бөлгіш. Қарауындағы жұмысшылардың не ойлап, не қойып жүргеніне қанық болуға, олардың пікірімен санасуға тырысады. Біреудің сәтсіздігіне масайрап, сол арқылы олжалы болуға тырыспайтыны, «жақсылықты бір-бірімізден қызғанбайықшы» дейтіні бұл кейіпкердің бойындағы жарасымды қасиеттерді толықтыра түсіп, ел қамын ойлайтын қайраткер деңгейіне көтеріле бастағанын айғақтайды. Жазушы ойынша, Байтас пен Алтай пиғылындағы ішмерез қызғаныш мінез, басқа да пендешілік олардың өздерінің өсуіп шыңдалуына, әрі кетті қазақ қоғамының ілгерілеуіне бөгет. «Бөгет» деп шығарманың атының аталуы да сол себепті болуға керек.
Ахаттың «Егес», «Бөгет» атты романдарының қазіргі оқылуы кеңес уақытының бар шындығын көз алдыңа алып келеді. Оқиға Қаратас көмір кенінде өтеді. Көмірді ашық тәсілмен, экскаватор, ротор машиналарымен өндіруіне қарағанда бұл қазір де бұрқыратып өнім беріп жатқан кәдуілгі Екібастұз. Шындықтың үлкені – кеңес кезінде жұрт өз ісіне неге соншама енжар қараған, өйткені социалистік меншік ешкімдікі емес деген қазір таратылып жүрген аңызды жоққа шығаратындығы. Сол кездердегі газеттердің «саяси өрлеу», «пәленбай съезд шешімдерімен қаруланып» деген сияқты шулатып, даңғазалатуы өтірікті қисындыру десек те, адал еңбектің қашан да адам өмірінің негізгі мәні екені шығармада жақсы көрсетілген.
Бас инженер Құрмаштың ойынша, участок бастығы Батырбек ертеңді-кеш салпақтап өндірістің басында жүруі керек. Оған Батырбек орынды дау айтады.
«– Бұл мәселеде директордың мені қолдайтынын да білесіз. Көмірді кім қалай тиеп жатыр деп әр экскавтордың жанында қарауыл боп тұра алмаймын. Әркімге өзінің адамшылық ары күзетші болсын. Менің принципім осы, деді»2.
Романның да принципті идеясы осы. Ол басқа да кейіпкерлердің іс-әрекетінен, жүрек жарды пікірлерінен сезіліп тұрады. Романның сәтті сомдалған образы – байырғы жұмысшы, экскаватор машинисі Арынғазы бейнесі. Новогорск ГРЭС-інен руда орнына бос порода тиеп көзбояушылыққа салындыңдар деген телеграмма түседі. Құрмаш жерден жеті қоян тапқандай дереу Батырбек басқаратын екінші учаскені премиядан қағады. Істің байыбына бармай, бос породаны тиеген күнәкәр деп Арынғазыға ұрынады. Байырғы экскавторшы өзінің кінәлі емес екенін біледі. Бірақ даудың артын бағып үнсіз жүреді. Ақыры істің анық-танығы тексеріледі. Телеграмма қате соғылғанын ГРЭС басшылығы мойындайды. Осы оқиғаға арналған жиналыста Арынғазы разрезге алғаш келген кезінен бергі жиырма жылдағы өзінің тағдыры туралы айта келіп, кеңес тұсындағы еңбек хақында үлкен мәнді пікір қозғайды.
«– Әртүрлі жағдайлар болды...Соның бәрін саралап келгенде түсінген нәрсем – күнделікті жұмысыңды адал атқарғанға не жетсін. Әрбірден соң ақша үшін, атақ үшін емес, арыңның тазалығы үшін осылай ету қажет. Жоспарды асыра орындау, ақша тауып семья асырау екінің бірінің қолынан келеді. Ал күнделікті жүмыста адамшылықтан, адалдықтан айнымау қолдан келе бермейді. Бұған үлкен тұрақтылық, қайрат керек. Адам өзінің күнделікті еңбегіне іштей қанағаттанып отырмаса, оның несі қызық.»1
Тағы да бір шындық – социалистік қоғамның сұрқайы тіршілігінің айнытпай көрсетілгендігі. Тоталитаризм байлық атаулыға қастаса-қастаса, ақыр соңында мәдениетті, көрікті тұрмысқа шәк келтірді. Сол көзқарас өмір мәні мен сәні туралы теріс түсінікке бастады. Алтай «ГАЗ-24» автокөлігін сатып алады. Осы оқиға, Әсиланың Мәскеуден сатып алған хрусталь вазасына дейін романда үлкен әңгімеге айналады. Байтастың күншілдігі, Әсиланың дүниеқоңыздығы, Алтайдың жымысқылығы әшкереленеді. Олардың сондай екені рас. Бірақ кітаптың сол тұстарын бүгін оқып отырғаныңда өмірдің азын аулақ түзелгенін күндейтін тіршіліктің бейшара түсінігі күлкіңді келтіреді, бас шайқатады.
Қазіргі жаңа заман өндірістік романды керексіне ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Тәуелсіздік кезеңінің кейбір шығармаларына қарағанда (Кәдірбек Сегізбаевтың «Арасан» повесі. 2002.) жеке меншігі үстем қоғам да өндірістік тақырыпқа қарсы емес. Қалай болғанда да, өндірістік тақырып әдебиет тарихында сыбағалы орнын алды. Сызып тастайтын, жәшікке салып тығып қоятын нәрсе емес. Жинақталған тәжірибе не дейді? Жетістігі, кемшілігі түгел безбенделуі тиіс.
Өндірістік романның лақап аты көп: жасампаздық роман, индустриалдық роман, еңбек туралы, жұмысшы табы туралы, ауыл жайынан, т.т. Бұл жанр 1960-80 жылдары әдебиетімізде қарқынды дамып, бар өнерін көрсетті. Деректі материал, көбіне нақтылы комбинат, даңқты құрылыс ( Тың игеру, Қазақстан магниткасы, Атырау мұнайы, Екібастұз көмір кені, т.б.) негізінде жазылып, алпысыншы жылдардағы жылмықтың, жаңа өрлеудің жиынтық картинасын көркем сөз кестесіне түсіруді мақсат етті. Сол өзгерістерді әдебиетке енгізуде айырықша құлшыныс көрсеткен жазушылар легі алға шықты.
Зейін Шашкин Дәмештей сырты мен іші бірдей сұлу, парасаты мен жігері жарасқан қазақ қызының еуропалық үлгідегі сымбатты образын жасады. Ал, «Доктор Дарханов» (1962) романында жаңашыл мен кертарпа арасының шайқасына жаңа мағына сыйғызды. Өкпе ауруын емдеудің жаңа әдісін енгізуге қатысты қақтығыс өндірістік сыйпат алып қана қойған жоқ. Қақтығыс қойнауынан уақыт бетбұрысы белгі берді. Әлеуметтік күрес рухы суреттелді.
Қара алтынды өлкесінің ен байлығын нағыз ақындық шабытпен жырлаған, жастық романтикаға бөлеген Зейнолла Қабдолов мөлдір сұлу тілімен жарқ етті. Ілияс Есенберлин өндірістік тақырыпты өткен тарих пен бүгінгі болмысты түгел шарлауға пайдаланды. Шерхан Мұртаза туған табиғатты түз тағысына дейін аялауға үндеді, ел болашағына алаңдады. Қалмұқан Исабаев ізденгіштік, зерттегіштік қабілетімен көрінді. От-жалынға оранған өндіріс жұмысшылары мен инженер-техниктерінің ауыр еңбегін Медеу Сәрсекеев өнер дәрежесіне көтере білді. Ахат Жақсыбаев қазақ инженер-техникалық интеллигенциясының ары пәк, ойы биік жиынтық бейнесін жасады.
Әдебиет адамдардың сана-сезіміне тікелей әсер етпекке ұмтылды. Халық сөз өнерін ұлағатты ұстазы санады.
Өндірістік романның сонымен бірге кемшіліктері де жетерлік еді. Эпикалық баянның психологизм тереңдігінен басым түсіп отыруы, өндірістік қайшылық пен характер қайшылығы арасының алшақтауы, жел өкпе үгіт-насихатқа құштарлығы, сюжетті шиеленістіру мақсатында жеке басының бақытынан жасанды айыруы – оның үлкен олқылықтары болатын. Және бір жетіспегендіктерін кезінде Әбіш Кекілбаев тап басып дұрыс көрсетті. «...Вместо обстоятельного художественного исследования реальных конфликтов иные авторы «производственных» романов и повестей на авансцену своих произведений выдвигают не острейшую борьбу идей, не бескомпромиссный спор твердо убежденных в своей правоте людей о главном и насущном в жизни, а карьеристские страстишки, мелкие стычки, бытовые неурядицы. Все это не укрупняет, а мельчит героев, отнюдь не способствуя глубокому постижению действительности»1.
Жоғарыда аталғандай, өндірістік жанр үлкен эволюциялық жолдан өтті. Өндірістік роман бірте-бірте бұтақтанып әдебиетімізде әжептәуір мәуе жайды. Роман-характерге ұласты.
Алдағы уақытта өндірістік жанр офис ішінен табылса, бизнесті төңіректетсе, оны да көре жатармыз.