Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Ауыл өмірін жаңаша тану

60 жылдардан басталған ел өміріндегі өзгерістер, демократияны қалпына келтіру талабы, көркем әдебиетте шындықты ашып көрсетуге, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты түсінуге ұмтылыс ауыл өміріне арналған жаңа шығармалардың тууына едәуір әсер етті. Заман шындығы мен сырын түсінуге әр жазушы әр күйде, шығармашылық мүмкіндігіне қарай үлес қосты. Солардың қатарына қазақ ауылы тақырыбын кең қамтып, терең барлаған С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» (1965), Жайсаңбек Молдағалиевтың «Торғай толғауы» («Торғай таңы») (1966), «Сарыарқаның сүйіктісі» (1968), З.Шашкиннің «Сенім» (1966), Р.Тоқтаровтың «Ертіс мұқитқа құяды» (1969), «Тұлпардың сыны» (1975), М.Сүндетовтің «Ескексіз қайық» (1968), «Қызыл ай» (1978), С.Омаровтың «Қызыл арай» (1970), Д.Досжановтың «Зауал» (1970), З.Шүкіровтің «Қиын түйін» (1973), К.Ахметбековтың «Ақ дала» (1975), «Алқакөл» (1985), «Ақжазық» (1975-1979), С.Досановтың «Тау жолы» (1978), Т.Жұртбаевтың «Жер-бесік» (1985), Р.Ниязбековтың «Қызыл үй» (1985), Амантай Байтанаев пен С.Алдабергеновтің романдарын қосуға болады. Бұл шығармаларда сол «тың алыптың» тынысын көп қырынан бейнелеп, меңіреу сахараға тіршілік қуатын әкелген, жаңа өмір салтын орнықтырған, халықтар достығын нығайтып, ескіні мансұқтап, жаңаның жасампаздығын бойға сіңірген, халық психологиясының қалыптасып қалған нормалары жаңа сапаға ие болып, заман талабына бейімделуін, «көппен көрген ұлы тойдың» баяндылығын көркем кестелеу міндеті тұрды. Ол туындылар тың және тыңайған жерді игеру оңай жүзеге аспағанын, абыройынан азабы кем түспегенін анық та ашық жазды. Аталған туындыларда кей адамдар үшін, тың деген ақшалы қапшық, жаңа үй, мансап пен атақ, болғанын романтикадан кейде ауылы қашықтығын, оның да әртүрлі мінез-құлық, пиғылдар, әрекет пен амалдар тудырғанын, тіпті адамның төбе шашын тік тұрғызарлық қылмысты істері де қоса қабаттасып жүретін күрделі өмір екенін көрсетті.

Тыңдағы өмір қозғалысының объективтік заңдылығын эстетикалық, әлеуметтік, саяси-қоғамдық, адамгершілік принциптер деңгейінде кең ауқымда алып игеруде, бізше, қаламгерлер назарынан қағыс қалған түкпір жоқ десе де болады. Сондай сенімге жетелейтін, түкпірлі ойлар қозғайтын, айрықша көркемі, танымдық, тәрбиелік мәні ерекшеленіп тұрғаны – Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романы. Тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбын арқау еткен алғашқы роман саналғанымен, мұнда лирикалық шегіністер арқылы «Жаңа талап», «Қайыңды» алқабындағы революциядан кейінгі жылдардағы айтулы-айтулы ірі оқиғалардың тігісі сөгіліп, бүгінгі шындықтың бастауы ретінде өткен өмірдің сұрғылт тізбегі кеңінен суреттеледі. Күркірей, Сұлумұрт, Қарасай ұрпақтарын заман, уақыт қалай сілкіп, қақпайлап, қай жағадан шығарды? Кім жеңді, кім жеңілді, «кеудесін керіп, көсіліп жатқан дарқан дала қазір кімнің мекені», оны жасартқан, жаңартқан кім, кімнің аты озып, кім самғап биікке шықты?.. Ондай аты озып, биікке шыққандар қатарында Райхан, Халел, Оспан, Аягөзов, Тамара Рубцова, Дерягин, Дина сияқты кейіпкерлер көрінеді.

«Жапандағы жалғыз үй» романында Қарасай сол Жапандағы жалғыз үйдің қожасы, көпшілік «ортақ көлде» жүзіп жүргенде, қармақтан жырылған шортан бейнесінде датталады, дүниеқоңыздығы түбіне жетіп, кәртейген шағында диуананың кебін киеді. Оның өз шаруасын көбірек күйіттеуге жанын сала көңіл бөлгендігінде, баласы Жәлелді жиған-тергенін саудалап, күн көріс жағдайын үстемелеп көтеруге, кіші ұлы Халелді боранда үсіп өлген ағасының орнын басып, жай жүргенше реті кеп тұрған саудамен шұғылданып, әкесіне қолқабысын тигізуге кеңес бергенінде, «есектің артын жуып мал табуға» баулуында, бізше, еш өрескелдік, «қылмыс» жоқ. «Қазіргі заман – ақша заманы. Кімнің қалтасы қалың, сол беделді, сол өтімді» дегеннен Қарасайдың беделіне ешбір нұқсан келмесі белгілі. Қайта, ол ертеңнен кешке дейін еңбек еткенмен, тапқаны тамағына жетпеген социалистік қоғам адамдарының барға тоқ, енжар тірлігінен қоғамға аз беріп көп алуға етінің өле бастауынан, қу сөзге, нәрі жоқ ұранға елітуінен, екіжүзді моральдық кодексінен шошынып, отбасының берекесін өзгеден емес, өзінің қайрат-күші, тынымсыз еңбегінен іздейді. Сондықтан аз істеп, көпті талап ететін жатыпішерлік салттан жиреніп, Қарасай қосымша шаруаның көзін қарастырып, тапқан-таянғанының артығын базарға шығарып, қажыр-қайратымен жанұясының күн көру мүмкіндігін молайтса, ол – оның сергектігін, етінің тірілігін, іскерлігін, қабілет-бейімі өзгеден артықтығын, мазасыздығын, істің көзін білетін ұйымдастыру қабілеті жоғарылығын аңғартса керек. Коммунистік империяның кенеуі жылдан жылға кері кетіп, солып бара жатқаны – сол аз беріп, көпке араны ашылған қоғам мүшелерінің тойымсыздығы, жалқаулығы, бойкүйез-енжарлығы. Романда ақ қарға бейнесінде көрінетін Қарасай характерінің логикасы – ол шаруаның адамы, нарықтың белбаласы, сұңғыла, уақытынан бұрын туған даңғыл көкірек жан. Осынау еңбегінің бағасын түсірмейтін, тиын санай білетін қағылез, нарықтық заманның перзентін коммунистік идеология молда, бай, батыр мен хан, билер қатарында көзіне шұқып қудалайды ондай адамдардың барын тартып алып, бойын өсірмейтін, қоныс таптырмайтын қарабілек, аламерез пиғыл мен әдетті Сәкен Жүнісов те құптайды. Сондықтан ол заман идеологиясы ырқымен Қарасайды ұнамсыз кейіпкер деп санағанымен, объективті түрде жазушы кеңес заманындағы шаруа адамы өмірінің шындығын аша білген. Образдың логикасы бүгінгі заманда оны басқаша түсінуге бастайды. Ол арқылы шаруа адамын еңбектен, жерден айрылған қоғамның сырларын аңғарасыз. Шындықтың өңін айналдырып, әдебиетті саясатқа бағындыру салдарынан жазушыларымыз аз зардап тартпағаны белгілі. Кезінде партияның шақыруымен ғасырдың «алып құрылыстарына», «тың және тыңайған жерлерді игеру» қозғалысына үн қосқандардың ісі жойқын, қылығы ірі екенін үлгі тұтқанымыз жасырын емес. Бұл қаламгердің «өмірде болатын күрес пен жалған тартыстың жігін айыра қарамауы, шығарманы өмір шындығына құраудан гөрі өзінің алдын-ала жобаланған идеясына икемдеуі» (С.Қирабаев) болғанын енді ғана түсінген сияқты.

Тың тақырыбына шырай кіргізіп, өрісін кеңейткен шығарманың бірі – Жайсаңбек Молдағалиевтің «Торғай толғауы» мен «Сарыарқаның сүйіктісі» дилогиясы. Онда соғыс кезіндегі және соғыстан соңғы жылдардағы колхоз өмірі бүге-шігесіне дейін көрінеді. Талант көзі – халықта. Нелер ұлылықтың, дарынның, дана ойдың көзі, бұлағы да халық. Романда Нұрлан есімді әнші баланың балалық, жасөспірім шағын суреттей отырып, жазушы ел тұрмысын реалистік шеберлікпен көркем кестелейді. Кешегі ел ардағы Мезгілбайдың отбасын қат-қабатын қаза түкпірлей бейнелеу арқылы талай құпия қойманың сырына ортақтастырады. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген. Күні кеше Мезгілбаймен қатар отырып, бір қазаннан ас ішу арман еді. Ол соғысқа кетіп, хабар-ошары үзілген сәтте оның жүрген жері былай қалып, өз үйін, өлең төсегін жағалайтындар да шықты... Бірді бірге айдап салып, итырғылжыңның арасынан несібесін айырып жүрген жылпос Бәкен азаматтың жаман хабары жетпей-ақ Мезгілбайдың атын мініп, әйелін алуға бар «өнерін» аямай, өліп-тіріледі. Оның құрыққа сырық жалғаған қулығы мен сұмдығын қолдайтын «Жаңа жол» колхозының төрағасы Сұлтанғазының ішесебі де әріде жатыр. Шала сауатты, қара шоқпарға қолы қышып тұратын Сұлтанғазы жылы орнында мығым отыру үшін айласы мен сұрқиялығы басым Бәкенмен ауыз жаласуға, қара шұбар жыланның басына «ақ құюға» мәжбүр. Романда қаћарлы күндерде ауыл жүрегін соқтырған адуын, ақкөңіл, іскер әйел Күнзила, ақылды ана Айғаным, аяулы жас Ақзейнеп, сағыныштан сарғайған Балайымдар жеңісті жақындатып, көлеңкені түріп, қара күшті ізгілікпен, темірдей төзіммен ауыздықтап, өрелеп жүр. Түнде жарбаңдап ұшып тышқан аулаған жапалақ та, арықтың арқасын шоқыған құзғын қарғаның да масайрайтын, жайнайтын да уақыты бар. Бәрін таразылайтын, емдейтін уақыт. Жайсаңбек үлкен прозаның көркемдік тініне осындай философиялық ойтолғақты сіңіріп жіберген.

Бұрынғы шығармаларда дарамалық қуат жетісе бермей, өмірлік шындықты жасандылықпен алмастырып алып, көбіне адам тағдырының тұзын жеңілдетіп жіберетін қаламгер соңғы романын бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қуыт құрып, соны белеске бет бұрып, жаңа қырынан танылған. Ізденіс нәтижесі де салмақты. Тағдыры, өмір жолы динамикалық қимыл-қозғалыста, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрінетін Қараменді, Бименді образдарды көкірекке шұғыла құйса, Ақзейнеп, Бәтес, Мезгілбайдың шешесі, «жалғанды жалпағынан басып жүрген» адуын Күнзила характерлері халықтық жұғымды қасиеттерді бойларына мол сіңірген. Асылы, әдеп пен иба, инабаттылық уызын жүрегіңе сіңіретін, ақылына көркі сай арулар мен аналарды жүздестіру нәтижесінде Жайсаңбек адамды мінездеу өнерін шебер меңгергенін аңғартты.

Дегенмен, романда, әсіресе «Торғай толғауында» Жайсаңбек Молдағалиевтің сыр алдырып алатын тұстары кездеспей қалмайды. Дәлелдеу жетіспейтін оқиғалар, жасанды әрекеттер, характерлік бояуы сұйықтау жағылған картиналар, тұлғасы толыспаған кейіпкерлер ұшырасады.

Тың және тыңайған жерлерді игеру оңайға түскен жоқ. Алғашында ықылым замандар соқа тісі тиіп көрмеген тың дала жақсы өнім беріп, 7-8 жыл бойы қайта-қайта егін егіле берген соң коррозияға ұшырап, жердің қыртысы тоза келе борпылдақ топыраққа айналған. Жел соққанда қара дауыл жер мен көктің арасын шаңға бөктіріп, тозақ қолдан жасалынды. Көрнекті жазушы Зейін Шашкин «Сенім» романында сол күрделі де, күрмеулі де ойды әрі көркем, әрі публицистикалық өткірлікпен жеткізе өрнектеуді алдына мақсат етіп қойыпты. «Баянауыл» совхозына бас агроном боп келген Нұрлан Сембин – жер тілін жетік білетін, Москва аспиратурасында сол сала бойынша ғылыми зерттеулерді қолға алған жас маман. Сондықтан ол білімге емес, науқаншылдыққа беріліп, жоғарыдағылардың тапсырмасын орындауға құлшыныс танытады. Сепкен тұқымын да ала алмайтын сортаң, қыратты жерлерге Нұрлан егін себуден бас тартып, оны ұзақ уақыт қалай емдеудің жолдарын іздейді. Топырақ құрамындағы азотты сарқып, құнарлылығын жойған «тыңның» бүгіні бимәлім, болашағы құрдым екенін ол жақсы түсінеді. Егер жердің неге мүмкіндігі барын зерттеп, зерттеу нәтижесі ұсынған кәсіпке жол ашпаса, өрге қарай тепкен тасың домаламай, кері ұшып өзіңді жазым етуі мүмкін. Баянауыл аймағы, ащы, қыратты, таулы, оған төрт түлік мал өсірсең ғана бағың жанады, ырысың тасиды. Нұрлан Сембин образын жасау арқылы жазушы осы идеяны берік ұстанады.

«Сенім» романында көтерілетін проблемалар көп. З.Шашкиннің түсінігінде ғылымға, ақылға, жоғары парасатқа сүйенбеген іс – халықтық емес, жекелеген волюнтаристердің арзан атақ-абырой алуға ұрандата ұмтылған өлермендігі. Өмірдің ең өзекті, заманның ең бір көкейкесті мәселелері бұлай қозғалмайды. Қызыл империя қазақ даласын орыстандыру үшін тың және тыңайған жер саясатын ойлап тауып, орыстарды Россия жерінен Сарыарқаға тоғытты. Соның бір айғағы – Тимофей Федорович Ковальчук. Ол Сібір мектебінде мұғалім, мектеп директоры боп қызмет атқарып жүрген жерінен орныққан жерін тастап, Павлодар облысындағы Баянауыл совхозына директорлыққа тағайындалады. Тың және тыңайған жерді игерудің басында жердің сырын білетін агроном жүрмей, мектеп мұғалімінің тартылуы – халықты нанмен тойдыру қамын көздемей, жеке адамдарды байыту саясаты екенін түсінесің. Ковальчук Қазақстанға тегін байлық, мансап іздеп өзі ғана емес, екі қолға бір жұмыс таппай сенделген, романтикаға жаны құмар шәкірттерін ерте келеді. Алайда, алтынды құмнан шайып, мысқалдап жинайтыны тәрізді, тыңның берері маңдай тер, ащы азаппен келетінін сезген құбатөбел құлықсыздар келген жағына кешікпей қайтып кетеді. Бұл да Зейін ашқан тыңның «қара дәптері». Тың және тыңайған жерді игерудің Бас штабын абзал адамгершілігі, қайталанбас ақыл-парасаты, биязы мінезі мен сұлу бітім-тұлғасы келіскен адамдар емес, сыбайлас жемқорлықтың індетін жұқтырған Ербол Бегимовтар басқарады. Нұрлан Сембинді алғаш «Баянауыл» совхозындағы бас агрономдыққа жібермей, ол майлы орынға өз адамдарын отырғызуға тырысады. Бірақ аупарткомның бірінші хатшысының мысы басып, ол орынға Сембин тағайындалады. Баянауыл өлкесіне егін егудің зияннан басқа келтірер пайдасы жоғын жар құлағы жастыққа тимей, тілі жеткен жеріне дейін шырылдап жеткізген Сембинді Ербол Бегимовтің күнәћар етіп, ауыр жазалатуы оның қатыгез, қауіпті безбүйректігін айғақтай түседі.

Романда махаббат хикаясына мол орын берілген. Мәлік Асанов 40 жасында 2-курста оқитын Раушанды қолына түсіріп, үйленеді. Өзінен көп кіші қыз Асановтың бұған деген сезімін құрметтей білмейді. Сонау мектеп партасынан бір-біріне асық Нұрлан Сембинмен Баянауылда ашық қарым-қатынаста болып, үлкен қызмет иесінің жанын қинап, азапқа салады. Алайда, Сембин Раушанның «жүрегіне шөге-шөге құйма алтынға айналған махаббатын» құрметтейді, бірақ некелі қосағына ақ-адал болуын тілеп, әрі Асановты сыйлап, қызға деген сезімін мүлдем өшіріп, Мәліктің көңілін орнына түсіреді. Және сезімі терең, жаны нәзік, жүрегі жалаңаш Айжандай аруды үркітіп алудан қауіптенеді.

Теңіздің суы – ащы, балығы – тұщы. Махаббат теңізінің «ащысы» бұйырмай, опалы, тұщы таза, берік болуы үшін «тең-теңімен, тезек қабымен» үйлесім тапқанына не жетсін. Өзінен жиырма жас кіші қызға ет қызуымен үйленген жігіт ағасы Мәлік шеккен жан азабының мәнісі осындай. Жүрекке тамырын терең жіберген махаббат сезімі адам ырқына бағына бермейді, бір күні бөгетті талқандаған селдей бұзып жарып өтіп, бастапқы арнасына аунап кетуі ғажап емес. Бұл жерде «кемең қайырласа», теңіздің тасуын күтудің қажеті шамалы. Ақылды Айжан досы Раушанды шырмаған «махаббат торынан» құтқарып, Мәліктің «кемесін» қайраңнан шығарады. З.Шашкин осы шетін оқиғаның арқауын асқан ептілікпен өреді. Аққа қара жағып, жазықсызды жарға құлатқан Якупов Ислам Нұрланды партия қатарынан шығарып, аяғына «кісен» сап, қанатын қырқып кетіп еді, жолшыбай жол апатына ұшырап, өлі мен тірінің арасында қалған. Құдай қиянаткердің пиғылын құптамайтынының бір мысалы – бұл. Дегенмен, бұл да оң шешім емес. Жазушының Нұрланды қайтадан жүрегін қабындырып ауруханаға түсіріп, Мәлікті курорттан оралысымен Москваға академияға оқуға жіберіп, Раушанды бөпелі болғысы келген ананың ақ арманы жолына салып, қиянаткерді жол апатына ұшырата салуы – суреткерлік тапқырлығы емес. Жазушы роман сюжетінің логикалық арнасын схематизмге салып, жасандылыққа ұрынған. Тың игеру тұйыққа тіреген қоғамдық-әлеуметтік, мемлекеттік, экономикалық ауыр саясаттың зардабын Нұрлан Сембиннің қатесіне, бірмойындығына жықпай, ол көтерген өзекті мәселелерді облыстық, республикалық, арысы Одақтық деңгейде алқалы, парасатты кеңеске шығару, ғылыми жағынан терең зерттеу сияқты ізденістерді суреттеуі керек сияқты көрінеді.

С.Омаровтың «Қызыл арай» атты романы жазушы туған Қорғалжын өлкесінің бүгінгі тіршілігіне арналған. Жазушы оны публицистік стилде бастап, өзі көрген-түйгендерін бейнелеу үлгісімен дамытады. Шығарма кейіпкерлерінің аты да өзгертіліп алынған. Сейілбек өзі туған жерге қырық жылдан соң келіп, Қорғалжын табиғатын тамашалайды, өзі көрген қазақ ауылдарының әр жерде бір қыстау болып өмір кешкенін бүгінгі үлкен совхоз тіршілігімен салыстыра қарайды. Жаңа ауыл шындығының бір қатар сырын жүргізуші Харитон әңгімелейді. Осы аттас қазақ баласына әкесі Оспанов Алмас өлген орыс досының атын қойған екен. Харитон Крылов – Атбасарда жаңа өкіметінің жеңуіне үлес қосқан адам. Оның төңкерістің ауыр жолын бірге кешкен досы Алмас Ұлы Отан соғысына қатысып, ерліктер жасайды, көзінен айрылады. Ол жайында жазған жазушылар көп болған, осындай жағдайда Елена орыс қызы батыр жігіттің ерлігіне сүйсініп, іздеп келіп танысыпты. Жазушы халықтар достығы, соғыстағы ерлік жолы мен бейбіт еңбек дәуірінің шындығына сүйене отырып, өз дәуіріне лайық шығарма жасаған. Онда қазақ даласының тарихына, ескерткіштеріне байланысты әңгімелер, ойлар да көп. Ол ұлттық патриоттық сезімді тәрбиелеуге көмектеседі.

Кешегі ер басына, ел басына ауыр азап әкелген қара түнек қайғылы жылдар мен ел ішіндегі ерлік еңбек тақырыбы М.Сүндетовтің «Ескексіз қайық» (1966) романына желі болып тартылған. Мағзом бұл туындысында ірі колхоздың тыныс-тіршілігін кең қамтып иірімге малтықпай, бір ғана бригада өмірінен сыр шертеді. Бұл романнан да біз қаћарлы жылдар ауыртпалығын бейнелейтін туындыларға тән ортақ шындықты кездестіреміз. Ауыр еңбек, соғыс қасіреті, ел тізгінін ұстағандардың тізесі... басқа түскен жағдай барар жер, басар тауын қалдырмай, тұйыққа тіреген қорғансыз жандардың шырқыраған үні, түлкіқұрсақ жүдеу күйі жүрегіңді сығады... өзінен әлденеше мүшел жас үлкен, тіршіліктің шиырлы сүрлеулерінен өтіп, қызық-шыжығының қуырдағына кекірігі азған тақыс Исахметтің құрған торына жоқшылық, аштық, амалсыздық шырмалтқан Ырыштың «құдай салды, мен көндім» шешімі («Ескексіз қайық»), Мезгілбайдың әйелі Бәтестің («Торғай толғауы») қасіретін еске салады. Дара қылығы, дана істері сүйсіндіретін Жазира, Балым қария, Сәлима, Ықсан бригадир секілді кейіпкерлер қатары ешкімді бей-жай қалдырмайды. «Оң жақ бетінде бұршақтай меңі бар, бидай өңді, қыр мұрын, сұңғақ бойлы келіншек» Жәзира жүрегінде адалдық пен махаббаттың жалыны лапылдап жанып тұрған кейпімен ұзақ көңіліңде қалады. Жігіттің төресі Ықсан құшағын ашып, жүрегін алақанына салғанда, асау да тәкаппар, ақылды әйел майданға кеткен жарын тосып жүргенін айтып, «Адал дегенім арам, ақылды дегенім ақымақ. Жігіт дегенім ит болар ма! - деп таусылады. Ақ бауырсақ түске кірген заманда, шалқып жорға мініп, қазы-қартаны кертіп жеп жүрген қоймашы Бақанды да Жәзира есігінен аттатпайды. Бірақ осыншама опалы, адал, сезімге берік, қайсар келіншектің жүрегін өзге емес, өзінің қыранға балаған Наурызы аяғына таптайды. Госпитальдан «қол-аяғы жоқ, самаурын боп қалдым, үйге келуіме қалай қарайсың» деген жан-дүниесін алай-түлей сілкілеген қасіретті хат жолдаған Наурыз күндердің күнінде төрт мүшесі дін аман ауылға оралады. Өзін емдеген дәрігер келіншекпен төрт ай бірге тұрғаны да белгілі болады. «Шортаннан шошынған жайынға тап болады» деген осы. Соғысқа дейін аз күн бірге өмір сүріп, сыр алдырмай сырбаз қалпында майданға аттанған құдай қосқан қосағының сыйқы әлгіндей. Өмірі қыл үстінде тұрғанда еңбегі сіңген әйелмен көңіл қосқанын Жазира кешірер-ақ, бірақ «қол-аяқтан тып-типыл болдым, мені қабылдайсың ба?» деп хат жазып, сұрапыл сұмдық пен имандылық қасиеттерін өміріне тамызық еткен әйелді түндер мен күндер күлкіден, ұйқыдан тиған әумесерлігін қалай кешіруге болады? Жігіт басымен сойқанды жасап алып, енді алған әйелімен біржола жоғалып кетпей, оны да өзінен бездіріп, көнбіс, кең, кешірімді Жәзираны қайта жағалауы Наурыз бейнесін аша түседі. Оны роман басында жылы қабылдағанымызбен, соңында алаяқ, сұм, ішқалтасы көп күмәнді екеніне көзің жетіп, жиренесің. Жалпы, М.Сүндетовтың «Ескексіз қайығында», «сасық күзеннің ініндей үңірейген опырық ауызды» Исахмет, «тірлікте ішіп-жеп, шайқап өткісі келетін», досының тамағын ішіп, «табағына дәрет сындырып» кетуден тайынбайтын безер Бақан, кейде адам, кейде дүмбілез Ықсан бригадир де сол Наурыздың сарқытын ішкен ішмерез, сүреңсіз типтер. Сондай еркексымақтарға қанша жан жылуыңды төгіп, өліп-талғаныңмен мұзға қатқан көксеркедей сірескен аждаћалармен түтіні бірге шықпайтынын сезген қаршадай Ырыш Исахметтің келесі бір қорлауынан кейін әжесі Балымға: «өмірімде осылай өксіп өтем бе? Мен де адаммын. Ағыстың ыңғайына бағып ыға беретін ескексіз қайық емеспін ғой», - деп бойынан қайрат тауып, тымырсық, жауыздық жайлаған ұядан бостандыққа ұмтылады. Жазушы романына «Ескексіз қайық» деп тақырып қою арқылы жақсы еркектер майдан даласында қалды, «қайығымыз қайырлады»; ауылдағысы бар, әскер қатарынан оралғаны бар – еркексымақтар, зады олар – «ескексіз қайықтар». Ендігі «ескек» Балым әже, Жәзира, Ырыш. «Қайырлаған қайықтарды» тастап, ауылдың әлеуетті әйелдері күрес пен әрекетке, әркім өз тонының бүтіндігін амалдауға көшті. Романның соңында Сәлиманың бала асырап алуы, Ырыштың Исахмет торынан босап, колхоздағы жалғыз машинаның рөліне отыруы, бұл өмірден күдер үзе бастаған Балым әженің қарақағаз кеп, «өлген» Асқары «тіріліп», өшкен шырақтың қайта тұтануы, Жәзираның Наурыздан мүлдем жерініп, ұясын тастап кетуі – сол асыл арулармен, аналардың өмірден түңілмей, тарамыстай тырысып тағдыр атты сұрапыл дауылға мойымай, көктемге қол созуынан.

Қайнаған өмір ортасында болу, адам еңбегінің жасампаздығын бейнелеу талабы М.Сүндетовтің «Қызыл ай» романында бірсыдырғы шешілген. Еңбеккер азаматтың көркем образын жасау, қазіргі әлеуметтік белсенді кейіпкер проблемасы – «Жаңа жол» совхозының жас директоры Рақым образы төңірегінде сөз етуге тұрарлық. Уақытпен санаспайтын беймаза, үнемі «күйіп-пісіп», ойлағанын діттемейінше бойына ас батпайтын Рақым ауылдың экономикалық және әлеуметтік жаңару процесін жүзеге асыруға асық.

Отан соғысы өртіне шарпылғанымен, ауылға дәм тартып оралған «теке сақал» Сұлтан, «жыбырлақ шал» Тамыз, «көк есекті шал» Жұмаш, есті қарт Терентий, аузын ашса жүрегі көрінетін, аңқау сөзуар Жақау шал, ізетті Нұрбике мұғалім, «кәрі бойдақ» Қали, «өтірікші» Мәрлен, өмірдегі өз орнын, салмағын жіті пайымдайтын Сақыш бейнелері – Рақым мен Бақтияр әрекет етіп жүрген орта мен сол ортаның тағдыр-тұтқасын танытатын адамдар. Мағзұмның тілі шұрайлы, оқиғалар көбіне характерлердің даму ретіне орай жеңіл дамып, желпінтіп отыратын тұстары жиі ұшырасады.

Соған қарамастан көлемді романда автордың әрнені тәптіштеп, тықпалап, қазбалап шығарманы ісіндіріп жібергені байқалмай қалмайды. Романның басты кемшілігі – кейіпкерлердің тек бір қырынан, алдын ала сызылған контурлық дәрежеде қалғаны. Л.Толстой: «Адамның күнделіктегі тіршіліктегі күйбеңі арқылы оның бірде жауыз, бірде періште, бірде данышпан, бірде нақұрыс, бірде жойқын күш иесі, бірде әлжуаздығын шебер бейнелеп, ойыңды қапысыз жеткізетін көркем шығарма жазғанға не жетсін!» - деген ғой. Бұл жан толқытатын, сөз өнеріне ғұмырын арнаған адамның есінен шықпайтын биік талап, қасиетті қағида. Әркімнің-ақ есінде болса ғой.

К.Ахметбековтің «Ақдала», «Алқакөл» романдары тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі коммунистік империяның бірде табысқа жетіп, бірде ойланбай жасаған науқаншылдық саясатын еске салады. Жазушы кешегі қысқарған аудандар қайтадан ашылып, жерді қайта бөліске салып, аудан басшысын жаңартқанымен, жер, шаруашылық жаңармай, тек алақұйын Әрекетке ырық бергіш әкімшіл-әміршіл жүйе тығырыққа тіреген қоғам дертін кәнігі тамыршыдай тап басып суреттейді. Қашанда, аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысады ғой. Кеңес өкіметінің де ең осалдығы танылар саласы – ауыл шаруашылығы еді. Романда сол ауылшаруашылығында істеп жүрген партия қызметкерлерінің, шаруашылық басшыларының ұнамды образдары жасалады. Қар төсеніп, мұз жастанып жүріп еті қатып кеткен дала еңбеккерлерінің бұл саланы әрі қарай өркендетуге бағытталған маңызды проблемалары көтеріледі. Бір қуанарлығы – іске творчестволықпен қарау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, білікті басшы, абыройлы азамат Нұрғазы Бекмахановқа тән. Оның өткір назарынан ешнәрсе қағыс қалмайды, шұғылданатын шаруаларының ауқымы кең. Мәдениет – экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар сферасында ол шеше алмайтын түйін, жазбайтын қатпар жоқ. Хатшы – әрқилы кәсіп адамдарымен, мамандармен жұмыс істей жүріп, сұсы, айбынымен жеңбей, ішмайын ерітетін ыстық адами қасиеттерімен бұрауы көп саладағы еңбектің тиімділігін арттырып, сапаға қол жеткізу жөнінде бастамалар көтеріп, нәтижесіне жұрттың көзін жеткізген ізденімпаз, істің адамы. Іскерлікті, білімді, талапшылдық, принципшілдікті, ізгілік пен биік адамгершілікті жоғары қояды. Демек, Кәрібайдың Нұрғазы Бекмахановы әлгі халыққа ел тоқтайтын дуалы ауызды басшы керек, сөзі өтімді бедел керек, сөз бен ісі бір жерден шығатын саяси жетекші керек дейтін «формулаға» лайық азамат. Ол бірер жылдың ішінде күллі аудан адамдарымен түсінісіп кетеді. Ауданды бұрын артқа тартқан, аяғына кісен салған әлеуметтік кеселдерді зерттеп, сонан құтылудың объективті себептерін іздейді, эксперимент жүргізіп, қорытындысын жауырды жаба тоқымай, облыстық, республикалық деңгейдегі беделді ұйымдардың құзырына ұсынады. «Ақдаланың» егін екеннен гөрі төрт түлік мал өсуіруге бейімділігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, ол беретін пайданың қыруар көзіне апарар жолды сараптап береді. Құмды жердің қыртысын сақтап тұрған сексеуіл ормандарын ысырап етушілердің қомағай құлқынына тосқауыл қояды, туған қозының санын артық жазып, ірі қараны көрші шаруашылықтарға қозыға айырбастап, қолдан озат шопан жасайтын көзбояушылық қылмыстың бетін ашып, маңдай тердің өтемімен ғана озат болудың үрдісін ұсынады. Лауазымы үлкенге қоғадай жапырылып, бағыныштыға бетон бағандай иілмей, сұсымен зәре-құтын алатын «Қара жиде» совхозының директоры екіжүзді, жылпос, Әккі Зұлқарнайын образы арқылы жазушы ешқашан Әділеттің, адалдықтың ізгіліктің талабын мойындап, ақырын жүріп, аңдап баспағанның сыбағасы ащылау болатынын меңзеген. Керісінше, «Белтоған» совхозының директоры Захар Петрович Тауасаров бірде жығылып, бірде сүрініп жүргенімен, қателіктерінен сабақ алып, тасы біртін-біртін өрге домалай бастайды. Тоқмырзин Мұса тәрізді Ұлы Отан соғысына қатысқанын бетіне ұстап, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, «майлы шелпекпен» ғана оразасын ашып үйренген жылпостар, жоғарыға арыз жазып, «асау басшыны» жуас тайлаққа айналдырмақ, болғанмен, олардың арам ниеттері іске аспайды. Әділдік, ұстамдылық, ойшылдық қанына біткен Нұрғазы кімнің кім екенін жетік білетіндіктен, Тоқмырзиннің де намысына тимей, істің ақ-қарасын жұрт көзінше таразыға тартып, арызқойдың өзі келтірген фактілерімен өзін әшкерелеп, ақниеттен теріс пиғыл тумайтынын, жақсы кісі жаманшылық қумайтынын дәлелдеп береді.

Дегенмен, бұл романда да жедел табысқа, барша мұратына көп қиындықсыз жетіп жататын стереотип кейіпкерлер қатары аз емес. Өмірдің өзіндей көп қырлы, өмірдің өзіндей мағыналы құбылыстар тапшылау. Әлгінде «Ақдала» аупарткомның бірінші хатшысы Нұрғазы Бекмаханов атына қатысты біраз жылы сөздер айттық. Бізше, оның еш артықтығы жоқ. Ахметбеков адамдар арасында ар-ұятты, адамгершілікті адал ұстауға, ауданның күллі тыныс-тіршілігін өз жүрегінен өткізіп отыруға тиісті саяси басшыны шашасына шаң жұқтырмай бейнелеу үшін көп ізденіп, ұзақ бабымен пісіріп, қоспа, боямасыз тұлға жасап шығуға тырысқан. Шындығында да жұмысқа іскер, жаңалыққа құштар, елгезек, партия талабына саяси көзқарасы үндесетін жансарайы таза, досы көп, иманы берік, ақыл-ойы, білімі терең кісі, уақыты тудырған кесек ер бейнесін көрсетуді жоспарлағаны аңғарылады. Бірақ тоталитарлық жүйенің идеологиясы Кәрібай Ахметбековті де шыр айналдырып әкеп шиырланған ізге салып жіберген. Нұрғазының да іс-әрекеті, парасат-пайымы, дүниеге көзқарасы, ұстанған принципі – бәрі өзімізге жете таныс жаттанды жайды қайталайды. Солар сияқты бұл да алғаш ауданмен танысқанда ешкімге жөн-жосығын айтпай ел аралайды, жөнсіздіктер бастан асып, қалай жер сілкініп, дүние асты-үстіне шықпай жатқанына бас шайқайсыз, ол шешен сөйлейді, көреген, көсем, жүрісі мен тұрысы идеал, қателесу, сәл бұрылып, өлшеулі жолдан шығу, пендешілікке берілу дегенді білмейді, қандай салада да ол мүдіретін бір кілтипан ұшыраспайды. Күні кеше ғана өзге ауданда қарапайым қызметте жүрген азамат, Бірінші хатшы орынтағына отыра салысымен Пайғамбарға айналып шыға келеді... Міне, бұл – космостық өсу, қолдан жасалған кемелділік «партиялық Әдебиеттің» бас қаћарманға күштеп телитін «артықшылығы». Сондықтан Нұрғазы Бекмахановтың істеген ісіне, мінезі, адамдарға жылы ілтипаты, ұстамдылығына тәнті болғаныңмен, өзіне де, өзгеге де өте үлкен талап қоятын құдіреті күштіге онша іш тартпайсың.

Жазушының көр-жерді, көлденең оқиғаларды ұзақ баяндап, негізгі арнадан бұра тартып кететін тұстары да жоқ емес. Мәселен, Гүлжаћан мен әкесі Қуан арасындағы дін жайлы сұхбаты бірнеше бетті алып жатыр. Дәулет шопан мен Жаңылғаннан 8 бала дүниеге келгенін, олар қалай туып, қалай өскені, мектепке барғаны, жоғары оқу орнына түскені, бітіргені, үйленген соң Байжаны тілазар боп, араққа әуестігін әкесі кешірмей атып тастай жаздағаны; Қуан қарттың Жаппасқа пенсия қуып, бастан кешкен «хикаясы», т.б. оқырманды мезі етеді. «Ақ дала» жайлы оқиғалардың қысыр кеңеспен жолы жиі жабылып қала береді. Тіпті сендірмейтін фабулалар да дилогияға еніп кеткен. Еркежан деген еркін де ерке, «қарға аунаған түлкідей құлпырып, ойнақшып отырған», ашық-жарқын, әзілқой қыз жеңгесінің жанастыруымен жұтынып тұрған бейтаныс Мәлік есімді совхоз бухгалтерімен табысып, күйеуге шығады. Бірақ ол еркек боп некелі төсегіне жатпай, келіншегін «еміндіріп» қояды. Күндердің күнінде Мәлік облыс орталығына 10 күндік оқуға аттанады. Осыны пайдаланып, көршілері, үйлі-баранды Қамбар деген жігіт түнде терезеден түсіп, Еркежанға күйеуінің еркектігі жоқ екенін айтып, жүрегін май ішкендей етіп кетеді. Сапардан оралған соң да көңілі күпті келіншек қанша күйеуін емексіткенімен, «ешнәрсе шығара алмай», енді онан безінудің амалына кіріседі. Күйеуі «кемтарлығын» мойындап, өзін күлкіге, ел табасына қалдырмай, жалынып кетпеуін өтінеді... Осындай болмайтын жайды болдырып, романға енгізіп, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай баяндауы бейнелеудің нанымдылығы мен романның эстетикалық принципіне нұқсан келтірген.

Қазіргі дәуірдегі ғылымның дамуы, қоғамда техникалық прогрестің үстемдік алуы заводтар, фабрикалар, машиналар түтіні, ғарышқа ракеталардың ұшырылуы, жер асты, жер үстінде өткізілген жарылыстардың ауаны ластап, адамның ағзасын, тыныс алу қызметін қиындата түскені белгілі. Урбанизация, техникалық революция табиғат экологиясын тудырды. Адам – осы процестегі басты тұлға. Оның бірі сол табиғатты ластауға үлес қосып жатса, негізгі бөлігі ғарыш айлақтарындағы ұшырылған корабльдердің ауаны мөлшерден тыс ластауынан, ядролық сынақтар таратқан улармен, кен орындарынан тонналап төңірекке тарап жатқан радиация зардаптарынан ендігі жерде өзін, отбасын аман сақтап қалу үшін күресуде. Олар өздеріне жайлы мекен іздестірері де даусыз. Ондай мекен, әрине, кешегі кіндік кесіп, кір жуған ауасы таза, жұпар иісті ауылың. Белгілі қаламгер Сәбит Досанов «Аққулар қайтып барады» (кейін «Тау жолы» (1978) болып өзгертілген) романында қалаға, өркениетті ортаға емес, сол ортадан далаға қарай «қашқан» адамның түгін тартса, майы шығатын шұрайлы қоныс – даладан тапқан бақытын тілге тиек етеді. Шығарманың бас қаћармандары Құмарбек пен Құпия медициналық тексеруден өткен соң, дәрігердің кеңесімен уақытша туған ауылдарына қоныс аударады. Асқар тау, қалың орман, желмен тербелген шалғын, кеңдік, дарқандық, таза ауа, риясыз мейірімді құшақ, экологиялық таза тамақ тәнге шөміштеп енген кеселді мысқылдап шығара бастайды. Қаланың көк түтіні қолқасын қапқан ерлі-зайыптылар балалық бал дәуренін кешкендей күйге бөленіп, елдің жуан ортасына жатырқамай сіңіп кетеді... Қоғамдық өмірге араласып, ауыл адамдарының жан-жүрегіңді баурап алатын асқақ та кіршіксіз пәкизаттығына елітіп, оларға барын-нәрін сығып беруден бас тартпайды. Сөйтіп, С.Досанов ең басты идеяны – адамды бауыр басқан туған табиғатына, кіндік қаны тамған жеріне қайтару, соны аялау деген идеяны қолдайтынын білдірген.

Адамның өмірдегі аңсары, қоғамдағы орны, тірлігінің мәні мен мағынасы неде деген сауалға жауапты біз Рамазан Тоқтаровтың «Ертіс мұхитқа құяды» романынан табамыз. Шығармада соғыс қарсаңындағы ауыл өмірі, біреудің біреуге деген қиянатына қарсы адалдық пен азаматтық, ізгілік пен адамгершілік үкімі, адамдардың түрліше қарым-қатынасы, пейіл, ықыласы айрықша ажарымен көрінеді. Бір ауылда тұратын Әріпхан, Қоңырат, Арын, Меңдеке бірін бірі көре алмай, ата жауындай атарға оқтары жоқ күйде суреттеледі. Жаулық олардың өзімен шектелсе жақсы ғой, төңірегіндегі бала-шаға, қатын-қалаш, әулетті шарпиды. Бір ауылда жүріп, мұңсыз еңбек етуді құдай бұлардың маңдайына жазбаған. Шортан шоршыса, шабақтың құты қашпақ. Еңбектен жерінген жерде өсек, өтірік, қулық-сұмдық саңырауқұлақтай қаптап шыға келмек. Әлгілердің бәрі – ешбір ноқта шақ келмес асау. Жеңіліп бара жатса, ел шаруасын бүлдіріп, бақай есепті қарсыласына оны аудара сап, асығын алшы түсіріп жүргендер. Аузына дуа дарыған, бұл өңірдің танымал тарланы Аян қария көз жұмып еді, аңырған жұрттың аңысын баққан, жылан мінезді Меңдеке жылпос, алапат дауыл – тайфунға айналып шыға келеді. Тегі «ит жоқ болса, шошқа үреді қораға» емес пе?.. Қаншама бөрік кигендер бөрідей ұлып жүрсе де, «қаралы Қалиманың» ширегіне келмейді. Сол Қалима ауылды ұйытып, бірен-саран шырық бұзатындарды жөнге салып, «асып-төгілгендердің» қайратын тиісті орнына жұмсатып, жамап-жасқаумен Әлек. «Құдай көкірекке бермегенсін, жауып қой. Әшейінгі жай татулық, мінез, сүйек-шатыс туыстық, бәрі бос сөз. Тек жатып, түбін ойлай жүретін біреу керек. Ондай біреу араңнан кетіп қалды екен, өзің соның орнын бас. Әйтпесе, құрсын! Ғазиз басың боқтықта қалады», – дейді көкірек көзі өткір Қалима ауылдың тұтқасын берік ұстаған Аян дүние салғанда. Қуды қу табады, шұқанақты су табады... Керекуде саудасын жасап, біреуден ілгері, біреуден кейін жеңгелей алған әйелі Шеримен бал жаласып жүрген Арын әлгі сайтан жайлаған ортаға келісімен, ұстазының «көптігінен ібіліске айналып шыға келеді... Азаматтық адалдық пен адамгершілік ар-ұятты табанымен таптаудан шімірікпейді.

Адам және азамат тұрпатында ар-намысы таза Әріпханды шыркөбелек айналдырып, орға жығып тынған, жүрген жеріне шөп шығартпайтын Қуанышбайдың Меңдекесі оның орнына колхоз председателі боп көтеріліп еді, жайшылықта адалдықты алдыға тартып, кеңірдегі қызылшақа боп ісінгенше айқайға басатын Меңдеке, «бастық болғалы онысынан тиылған, көзіне шел бітіп, тірі пендені танымайды. Қатпар-қатпар беті ызғар шашып, жылан көзденіп алады да, шартына келмесе, буындырып тастайтындай суық сұсымен дене түршіктіреді»... «Адамның кім екенін тану үшін қолына мәнсап бер» дейтін аталы сөздің төркіні осыған саяды. Осы айтылғандар нақты оқиғалар мазмұнынан өрістейді. Өмірде не болмайды. Үйлері бір-біріне қанаттас салынып, ортақ аулада ғұмыр кешіп жатқан Аян, Қоңырат, Аянның інісі Арын отбасылары түптің-түбінде бір-ақ шаңырақтың астына топтанып, қиямет-қайым күнді бастан кешеді-ау деп кімнің қаперіне кіріпті?.. Соғыс осыған мәжбүр етті. Ауыл ақсақалы Аян дүниеден көшеді. Қоңырат алапат майданға аттанады. Аянның әйелі Қалима әмеңгерлік жолымен қайнысы Арынға қосақталғалы жүргенін сезген Қоңыраттың келіншегі Мәмеке сұлу ол жоспардың ойран-асырын шығарып, адам таңдай білмейтін топыраш жігітті торына шырмайды. Тіршілікке бейімі жоқ, жақсы киініп, тоя тамақ ішуді ұнататын, қыр көрсе дегбірінен айырылып, қылықты келіншектерге әукесін сала өңмендей ұмтылатын еркек қара Арын қырық айлалы Мәликенің жезбұйдалы тайлағына айналғанын сезбей де қалады. Арын ағасынан қалған малды, өзі жиған-тергенін қосып Мәлике мен екеуі біраз қызық дәурен сүреді. Мыстан әйел Мәлике Аян марқұмның артында қалған әйелі Қалима мен баласы Бекетке тиесілі дүние-мүлікті басып қап, өздерін иісі сіңген қара шаңырағынан қуып шығады. өмірдің алмасып кеп отыратын қуанышы мен реніші, шаттығы мен қайғысына асып-таспайтын, солып-жасымайтын, сонысына бағып қайда барса да шапшаң сіңіп кететін көнтері Қалима, бәрінен айырылған соң, біреудің барына көз сұғын қадап, алақан жаймай, өзін-өзі қамшылап, артельге жұмысқа орналасады. Маңдай терімен ел қатарына қосылып, қызметі өседі, бедел жинайды. Бір-бірімен тел өскен егіз қозыдай жарасқан, өз қанасын жарып шыққан Бекеті мен Қоңыраттың баласы Наурызды жатырқамай құшағына сыйдырады. Бекеті Москвадағы, Наурызы Алматыдағы қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, ана көңілін демдеп, көкірегіне нұр, жүрегіне от береді, қара ниеттілерден көрген қорлығы жуылып-шайылады. Қысты көктем емдейді...

Соғыста «концлагерьдің тірідей іреп, бітеудей соятын» зауалын бастан кешіп, уын татқан, одан кейін немістің тұтқынында болғаны үшін тағы да түрмеге тоғытылып, 1953 жылдың ызғарлы көктемінде еліне оралған Қоңырат, өткен күндердің қорлауға толы былғаныш салдарына мән де маңыз да бермей, сайқал әйелі Мәликемен дәм-тұзын қайта жарастырады. Дайын асқа тік қасық боп, келер күнін ойлауға бітеу, ынжық Арын не мал жоқ, не үй жоқ, жалғыз басы сопайып далада қалады. Аққа құдай жақ, өз еңбегіне, қайрат, ақылы, алғырлығына, жан тазалығына сенген Қалима, бұралаңы көп, шиырлы өмір жолында нағыз адамгершілікті, нағыз дегдар қалпын сақтап, өз соқпағын тауып, жауапты қызметтерге ұсынылады. Қабырғасы қатып, бұғаналары бекімей жатып тағдыр қазанында қуырылған Бекет пен Наурыз да есті боп өседі. Романда автор ауыртпалыққа, халық басына күн туған шақтың еңсені езген қорлық пен мазағына мойымай, тіршілік соқпағымен өрмелеп, ұмтылсаң ғана алдыңнан ақ күн туып, орның Олимпте болады деген тұжырым жасайды. Туындыда оқиғалар шектеулі, екі-үш үйелмен басындағы жайлардан үлкен желілі қоғамдық мәселелер өрісін тауып, бақ пен сор кезектесіп отбасына қалай қонатынын пайымдатады. Романның кейбір тұстары ауырлау оқылатын, солғындау болғанымен, Наурыз, Бекет, Қалибек, Арын, Мәлике, Қоңырат тәрізді кейіпкерлер әрекеті мен құлқы, қылығынан ойланатының да, ойға алатының да аз болмайды. Роман оқырманын ойға жетелейді.

Дүкенбай Досжановтың «Зауал» романындағы суреттелетін оқиғалар М.Сүнтетовтың «Қызыл айындағыдай» совхоздың бір бөлімшесінде өтеді. Мұның да жырлайтыны – кемелденген социализм үрдісі. Бөлімше меңгерушісі Мүлкаман, сиыршы Жаманеркек, есепші Нағанай, дүкенші Құлшығаш мал сойдырып қызыл қуырдаққа, етке тойып, арақты судай сіміріп, карта ойынымен күнін өткізеді. Шөп 100 пайыз әзірленді, қой қоралары 119 пайыз жөнделді, мемлекетке жүн 130, ет 125 пайыз боп өткізілді, бөлімшеге электр жарығы тартылып, радио сөйлеп, клуб үйі сыңғырлап тұр деп аузы-басы қисаймай, ауданға өтірік мәлімет беріп, қыс қаћарына мінгенде халық алдында да, мемлекет алдында да қарабет болады. «Түлкі өз інінде үрсе қотыр болады» (Махмұт Қашқари) деген осы. Аузына дуа дарыған, «танымал тарлан» Мақұлбек ақсақал құдайдың қарғысы атқан көзбояушы бөлімше меңгерушісі, «жарты патша» Мүлкаманды, «артықты кемге, кемді артыққа санаған» Нағанай жемқорды, олардың жемтіктесі Құлшығашты аупарткомның бюросында көзге шұқып, қылмыстарын әшкерелейді. «Көкейде құрт құжынап тұрып, езу тартып бас изеу» Мақұлбек мінезіне жат. Есірген үш құзғын қияндағы бөлімшеде ай дер ажа, қой дер қожаның жоқтығынан қорығын күзетіп, жайымен жүрген қарияның «шабына ши жүгіртіп, бір торпақ бергенге орнын алып береді, бұғанасы қатпаған баласын ауыр жұмысқа зорлап сап, бой жетіп отырған қызын азғырып, маскүнем Құлшығашқа қосады. Отбасы тартқан азап салмағына шыдамай әйелі өледі, Мақұлбектің өзі қорықшылықтан қуылып, ауыр жұмысқа салынады. Әділдік, адамгершілік, тазалық жолында жан пида деп күреске шыққан, қасірет пен кекке уланған ақсақал, «ақнайза» алып зорлықшылармен айқасқа түседі. Жалпы романда «даланың бір-бір бөлшегі саналатын» қарттар образы көңілге жылылық ұялатады. Олар – береке-бірліктің ұйытқысы, жақсылықтың жаршысы. Құлшығаш жемқор екі рет дүкеннің ақшасын жеп, мойнына ақша мінгенде ауыл ақсақалдары «әкесі бауырымыз еді, баласын жылатпайық» деп «жылу» жинап, сотталудан аман алып қалған-ды. Кесір, қырсығы төңірегіне тиіп, жаман Әдеті асқынып кеткен соң қариялар енді жалпақ шешейліктен тиылып, қылмыскерлердің сазайын тартуын жөн санайды. Сол терін сатпай, телміріп, көзін сатқандардың қатарында жүрген сиыршы, кейін қорықшы Жаманеркек азғындардан бөлініп, жүрегінде қалған имандылықтың ұшқыны арқасында еліне оралады. Романда қолдан жасалған тартыс, жөнсіз әрекет те аз емес. Мектепті алтын медальға бітірген Саяны қаражаттың тапшылығы, отбасының ауыр күйі алысқа ұзатпайды. Ауылында аты шулы маскүнем, жемқор, жетесіз жігіт саналатын Құлшығашқа тұрмысқа шығып, кейін оны тастап үйіне келген соң, геолог жігіттердің артынан еріп кетуі осыған дейін мақтауын келістірген бойжеткеннің тәрбиесі әлсіздігін әйгілейтіндей. Саяның жағымсыз істері қыздың ғана емес, адамдық, азаматтық қасиеті жоғары Мақұлбектің де топырағының шикілігін, әйелінің бала тәрбиесіне енжарлығын әшкерелемек. Доскей де автор баяндауынан қарағайдың қарсы бұтағындай шымыр да қонақжай, елмен етене табысқан, «батыр қол бастар, көсем жол бастар, шешен сөз бастардың» өзі ме деп қалып едік, соңғы қылықтары оның да келбет-бітімінің бояуы алабажақтанып, қалыңдау жағылып кеткенін әйгілейді. Дүкенбай образдың логикалық дамуына, характер бітімінің нанымдылығына онша мән беріңкіремейді. Доскей Далабайы үйленгенін естігенде, оған қаржылай көмек көрсету үшін, сауып отырған бұзаулы сиырын Жаманеркекке сатқызып жібереді. Ал бір жылдан кейін келіні босанып, ұл тапқанда тағы да шашылады. Ат тұяғы жетер жердің бәрін тойға шақырып, тойда атжарыс ұйымдастырып, бас бәйгеге құлынды бие, орта бәйгеге қашар, соңғы бәйгеге жеті тоғыз жыртыс бергізеді. Апыр-ау, кешегі тақыр кедей Доскей осыншама байлыққа қалай қолы жетті. Артынша Мақұлбектің әйелі қайтыс болғанда көкпарға салып жүрген Кертөбелді сойысқа апарып береді. Әрине, досының орны толмас өксігі мен өкінішіне қолы ашық болғаны жөн. Бірақ сойысқа басқа малын бермей, тақымға басып жүрген кие біткен атты бере салуы дарқандық емес, дарақылықтай қабылданады. Жаманеркек те шиеттей бала-шағасы сүтін ішіп отырған жалғыз ешкісін Мақұлбекке апарып береді. Бұл да ақжелеңдіктен гөрі көлгірлікке, ойсыз ожарлыққа жатады. Далабай да композитор деп даладай ісініп-кебініп жүргенімізбен, ұсақ, кісіліксіз адам. Іздеп жүріп қосылған қосағы ұл туысымен Далабайдан іргесін бөлуден қашпайды. Ауылға оралған ол Саямен табысуға арам тер боп жүр.

Жалпы, Дүкенбайдың «Зауалында» адамдық кескін-келбетіне, іс-әрекеті, парасат-пайымы, кісілігіне сүйсінерлік бір қаћарманды кездестірмейтініңіз өкінішті. Мақұлбекті құптайын десең, оған бір істі бастатады да, оны аяқтатпай, «айдауылдың алдына түсіріп, аламанның талауына түсіреді». Бұл өңірге аты мәлім, адамгершілік асыл қасиеттерге бай, ақиық, ақылман, ержүрек, батыр Шіркінбайдың бүгінгі ұрпағы да тым ұсақталып кеткеніне көзіңіз жетеді. Ауыл азған, ел тозған.

Жалпы, «Зауалдың» көтеретін ең өзекті мәселесі – «жердің азуы, топырағы ақшыл, тұз» басуының басты себептерін көркемдік тұрғыда ашу сол арқылы адам экологиясының жағдайын нәзік талдап көрсету сияқты. Темір де тозар, өмір де озар, ал тозбауы да озбауы да қажет, ұрпақтан ұрпаққа қалдырар қасиетті мұра – жердің қадірін білмеудің орны толмас зардабы. Бірақ Дүкенбай азаматтық жауапкершілік, қоғамдық мұрат, асқынған ауруды емдеудің амалын сергек жүрекпен тебірене толғап, қоршаған табиғаттың барша дірілін тәжірибелі қаламымен кестелеп берудің кілтін таба алмағанға ұқсайды. Романның тараулары шығармада әрекет ететін кейіпкерлер атымен «Мақұлбек», «Доскей», «Сая», «Жаманеркек», «Мүлкәман» деп аталғанын, олардың күрмеуі қиын қилы тағдырын, кісілік келбетін, көңіл-күйінің динамикалық құбылысын, адамдық болмысын бейнелемей, көр-жерді баяндап, қарадүрсінділікке ұрынғанын көреміз. Романның тек этнографиялық деректерді алдыға тартатын тұстары ғана назарыңды бұрады. Айталық, Мақұлбектің кемпірі шәйнекті тобылғымен ыстап, самауырдың ішіне шашыратқының гүлін салып, жұпар иісті шәйді шалына баптап ұсынатыны; қойды жемсау ауруынан айықтыратын малшы қазақтың қарапайым ем-домы Дүкенбайдың шығармасына материал жинаудағы сергектігін мойындатады.

Адам бойындағы жағымсыз, мінез құлықтың қатерін тереңнен тарта көрсетіп бейнелеген туындылардың қатарына аяулы ақын Зейнолла Шүкіровтің «Қиын түйін» (1973) романын да қосуға болады. Ондағы Барлыбай – түйені түгімен жұтатын обыр. Ол үшін совхоз малы өзінің жекеменшік малындай. «Сата ма, сауа ма» – өз еркі. Совхоздың жүздеген мың сомын қалтасына басып, әлденеше жерден үй салып, қаласа « Москвичін» сатып, «Волгаға» мінуге ел сияқты қызылмай боп, аудандық атқару комитетіндегі кезекке тұруға табанынан таусылмайды... Оның қасында Сәкен Жүнісовтің Қарасайы – періште, өз малын сатып, «өзім» деп келгенді бауырына тартып, «өз аяғымен келген» бірер машина бидайды «жымқырғаны» үшін оның жегені желкесінен шықты. Ал, Барлыбай мемлекеттің қалтасынан миллиондап қымқырады. Ол – бүгінгі халық байлығын сыбайлас жемқорлықпен неше жүз миллион долларлап қымқырып, шетел асып кетіп, жағасы жайлау боп тығылып жүрген «отандастарымыздың» кешегі сыйқы. Демек, Жүнісов мысықты арыстанға баласа, Шүкіровтің Барлыбаевына қандай теңеу лайықты?.. Арқа батпайтын суға тұншығып жүрген Қарасайлардың «қылмысы» шапшаң жария болатыны ол – жалғыз, жең ұшынан жалғасатыны жоқ. Барлыбай қу мүйіздің жемтіктестері мол. Сойылын соғып, қылмысын жабатындар – арысы облыстық қызметкер Жанқалақов та, берісі аудандық атқару комитетінің төрағасы Домбаев, аудандық халықтық бақылау комитетінің қызметкері Қабылбек, совхоз директоры Қаныбектер. Олар жер басып жүргенде Қарлыбайды алар жау жоқ. Жолында тұрғанды таптап, ырқына көнбегенді жүндей сабап, сүттей ірітіп, Тескентау асырып жіберуге құдіреті жетеді. Үстінен өтірік арыз жазып, ақ адамды қаралап соттатып жіберу – тақыс, қаныпезер, дүниеқоңыз, терісазу Барлыбайдың «кәсібі». Қадырбек пен Мұратбекке істеген қиянаты, Ғалия мен Күнзиланы ардан бездіріп, қор еткен қысасы – Қарасай («Жапандағы жалғыз үй»), Балықбай (С.Бақбергенов «Күн мен көлеңке») байғұстардың түсінде болмаса, өңінде жүректері дауаламайтын сұрапыл қылмыстар. Олар асқына келе алып империя Кеңес өкіметін тұралатып, керегесін шайқалтып, шаңырағын ортасына түсіріп, түбіне жететін емі жоқ індет, тажалға айналады. Олар – дүниеқорлық, парақорлық, жемқорлық, арамтамақтық, енжарлық, көзбояушылық, іс пен сөз арасындағы алшақтық, жауапкершілік сезімнің әлсіздігі, домалақ арыз, маскүнемдік, т.б. былық-шылықты балалатып жатқан, тиюсыз кеткен әлгі барлыбайшылық. Зейнолла Шүкіров қаламы қызыл империяның үстемдігі жүріп тұрған 60-70 жылдардағы елді аздырып, тоздыра бастаған көңілсіз көріністерді осылай аямай әшкерелейді.

Сөз болып отырған кезеңде белсене еңбек еткен жазушының бірі – Сыдық Алдабергенов. Ол «Асу» (1969) романына басқа әріптестеріндей Ұлы Отан соғысы кезеңінің шындығын арқау етеді. Онда ел басына күн туған шақта еңбекке жарамды дейтін бала-шаға, қариялардың күні-түні бел жазбай еңбектенгені, азапқа, қайғыға беріктігі, жеңіске деген үміті, қайсар жан-дүниесі бейнеленген. Қаламгердің «Жаңару» (1975) романында ол өзі жетік білетін замандастарының тұрмыс-тіршілігі махаббаты, қоғам алдындағы, ұрпақ алдындағы парызын сезіну жауапкершілігі нанымды өріліп, жылы қабылданады. Қазақ ер, кеңқолтық, жомарт, өнерлі, қайсар, өршіл және аңқау, ешкімді ұлтына, дініне қарап бөлмейтін бірлікке, ынтымаққа пейілді халық екені бейбіт өмір аспанының астында, жер үстінде еңбектеріне малшынып, тіршіліктің қилы сәттерін бастан кешіп жүрген кейіпкерлерінің бейнесінен көрінеді.

Бұл кезеңде Амантай Байтанаев бірнеше роман жазып жариялады. Олар «Таңсәрі» (1970), «Қыран самғауы» (1976) және «Жаңғырған дала» (1979) романдары. Амантай алғашқы көркем аудармамен айналысып, бірқатар романдар аударған жазушы. Солардан сюжет құрап, оқиғаларды қиюластырып, образдарды жобалау, суреттеу құралдарын үйренгені көзге түседі. Осы тәжірибесін пайдаланып, кейін роман жазуға көшті. Шығарманың тақырыптық мәнділігі, адамдардың тағдырын жобалауы, оқиғалардың нанымды дамуы, кейіпкерлер сұлбасының дұрыс жасалуы жағынан оның романдары көңіл аударуға тұрарлық. Бірақ сол схеманы схема күйінде қалдырмай, оның бойына қан жүгіртіп, жан бітіру жағынан әлсіз болып келеді. Автор жобалаған схемалы оқиғаларды қоюлатып, тізбелеп, әңгімелей береді. Көркем суреттеулер жоққа тән. Адамдар психологиясының ашылу тереңдігі жағынан да әлсіз болып келеді. Жазушы тілі көркем емес, мақала тәрізді оқылады.

Адам баласын заман өсіреді, не заманы бұзады. Бұл романдар тоталитарлық жүйе дәуірлеп тұрғанда жазылды. Сондықтан ұлттық бояуы қанық, ұлт мұратын көксеген кесекті қаћарман тұлғасын көрмегенімізбен, «кемелденген социализм» адамдарының «ұнамды бейнесімен» жүздесеміз. Ең басты объективті алғышарт, факторлар осыған келіп тіреледі. Жазушыға заманыңнан аспадың, қалыптасқан коньюуктура, өлшеулі схематизмнен бойыңды аулақ салмадың деу бұл кезең үшін артықтау.

Қорыта келе айтарымыз, 60-70 жылдардағы қазақ романдарының авторлары – ой-парасатының қуат-күші мығым, шығармашылық өнердің бақыты мен аруағы қонған Мұхтар Әуезов, Сәкен Жүнісов, Мағзом Сүндетов, Р.Тоқтаров, З.Шашкин, т.б. тәрізді сөз сұңғылалары мен тұңғиық терең ой иелері. Уақыттың қойған талабы да зор еді: жеке адамға табынудың зардабы социалистік империяның қабырғасын шайқалтып, қоғамның саяси мәнін, халықтық маңызын жоя бастау аргументін «күн көсем» И.В.Сталин өлгеннен кейінгі дәуірде кеңес халқы өміріндегі демократиялық бағыттағы оңды өзгерістері мен шындықты ашып көрсету; оны «көрсету» барысында әлемді тітіренткен жүйенің қатыгездігі душар еткен ашаршылық, тәркілеу, зұлмат жылдары, қызыл қырғын, нәубет жылдары мен Отан соғысы, тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы игі істер мен ұлттық байлыққа тигізілген орны толмас зиянның қатерлі салдарын жік-жігімен таным мен талғам биігінен көрсету болатын. Қаламмен салған «сөздегі суреттеу, суреттегі сырлардың шынайылылығы, имандылығы» ұлтжанды азаматтарды елітіп, түршіктіріп, тебірентіп-ақ кетті. Туған ұлтымыздың рухани өзекті мәселелері, жері де, жер байлығы да, мемлекеттік құрылымы отаршыл үстем ұлт билеп-төстеген коммунистік империяның қолында екенін, ұлт есебінде өрісіміз тарылып, күннен-күнге жойылып бара жатқанымызды осы романдардан оқып, намысы бойын өртеген жастарымыз Желтоқсан көтерілісінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болуымызды талап еткені белгілі. Жарақты жауды жайрататын сөз құдіреті деген осы!

Әрине, жасыратыны жоқ, 60-70 жылдардағы романдарда идеялық, тақырыптық, ұлттық, эстетикалық, образдық тұрғыда жетістіктерімізбен қоса жетімсіздіктеріміз де аз болмағаны белгілі. Композиция, сюжет құруда, өмірлік шындықты көркем шындыққа айналдыруда, характерлік бояу жағуда олқы соғып, шалағай игерілген, жасандылыққа қарадүрсінділікке, жаттанды саяздыққа, жасандылыққа, қарадүрсінділікке, жаттанды канонға үйірсектіктен де толық арыла қойғанымыз жоқ. Оның объективті және субъективті себептерін әр романның көркемдік болмысын тазалау үстінде көрдік. Олпы-солпысын отамай бәйтерек сымбатты болып өспейді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]