Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Қазақ романының жаңа белесі

(1960-1980)

Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс

ХХ ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысынан бастап, Кеңес Одағы басшылығының өзгеруіне байланысты (елді ұзақ жылдар билеген И.В.Сталиннің қайтыс болуы) партиялық билікте орын алған жеке адамға табыну саясаты сынға түсті. Қоғамдық дамуды демократияландыру мәселесі қозғалды. Бұрынғы сіреспе партиялық режим тоңы жіби бастады. Бұл жағдайлар әдеби процеске тікелей ықпал етті. Әдебиет бұрынғы социалистік реализм қағидасын туған өмірді бір жақты бейнелеуден, адамды танып суреттеуде қалыптасқан стандарттан бой тартып, жаңа ізденістерге бет бұрды. Бірақ коммунистік партия идеологиялық жұмысты басқарудың тізгінін таза босатып жіберген жоқ. Негізінен, әдебиеттің партиялық принципін сақтай отырып, шындықты танудың, оны көркем бейнелеудің алуан түрлі жолдарын іздеу ісіне мүмкіндік берді. Бұрын белгілі бір қалыптан шыға алмай келген әдебиет үшін осы да аз олжа емес еді. Осы кезең талаптарына алғаш үн қосқан орыс жазушысы И.Эренбургтің «Оттепель» деген повесі жарық көріп, сол шығарманың атауымен сол бір тұтас кезең кейін «Жылмық» атанды.

Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романы 1962 жылы жарық көрді. Өкініштісі – роман қаламгер көз жұмған соң барып біздің қолымызға тиді. Өңделіп, толықтырылмай, жал-құйрығы күзелмей (тіпті толық аяқталмай) дүниеге келді. «Абай жолы» эпопеясындағы сүйікті кейіпкерлерімен қимастықпен қоштаса тұрып, ол «Қазіргі роман және оның кейіпкерлері» атты мақалада қадап айтатынындай, оның басты қаћарманы нағыз адамгершіліктің үлгісі», «бүгінгі советтік қайраткер», көзбояушылыққа, дауыртпалыққа, мещандыққа қаны қас, «Ленин партиясы жіберген өкіл» болатыны жайлы хабар берді.

М.Әуезов, әйтсе де, «қазіргі заман» жайлы жаңа эпопеясын коммунистік идеология ықпалымен схематизмге салып, жаттанды канонмен шалажансар, шикілі-пісілі дүниені жазуға бірден беттеп бара алмайды. Атақты тетралогиясы келіп тоқтайтын 1904 жыл оқиғасынан бастау алатын «қазіргі заман» эпопеясын жалғастыра жазып кетудің қиындығын сезді. Қазақ тарихының саяси сүргіндерді қамтитын бұл кезеңі жайындағы «романдар тобын» әуелде бес кітап көлемінде (бірінші кітап 1905 – 1917 жылдар аралығы; екінші кітап 1917 – 1921 жылдар, үшінші кітап – НЭП (жаңа экономикалық саясат), ауыл шаруашылығын коллективтендіру, бес жылдықтар кезеңі, төртінші кітап – Ұлы Отан соғысы; бесінші кітап – «коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау» кезеңдері) жоспарланған жазушы алдыңғыларын қоя тұрып, соңғы кітаптан бастауды лайық көрді. Коммунистік қоғам орнатып жатқан ұлы дәуірге лайық ұланғайыр эпос жазуды көздеді.

Ұлы жазушы романдары сериясын неге басынан бастамай, соңынан бастады деген сұрақ туындауы да заңды. СССР Мемлекеттік, Лениндік сыйлықтарының иегері, «адамзаттың Әуезові» нені қалай жазамын, нені қай жерден бастаймын, нені қалай тірілтіп, дабыл қағамын десе де, қаламының қуаты, әлемдік атақ-абыройы, насихаттар мінбері жеткілікті болатын. Әйтсе де, жеке адамға табынушылықтың зардаптарын жою туралы ой әлі де шала-шарпы күйінде қалып, адамды қырып-жоюға, күштеуге негізделген пролетарлық диктатураның сыры ашылмаған. Кезеңнің өзіндік қорқыныштары бар еді. Бұл құйтырқы саясаттың сыншысы – есімдері құбыжық саналып, істері жеті құлыптың астында жатты... Қазақ халқы бостандық жолында қалай күресті? Оның бастауында кімдер тұр? Көсемі кім, қолбасшы кім, түпкі арманы не? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін «буржуазиялық-ұлтшылдарды» «тірілту» қажет. Байыпты, парасатты Әуезов, олар жөніндегі, 1921 жылғы аштық, байларды тәркілеу, ұжымдасу, орта шаруаларды тап ретінде жою, Голощекиннің қазақ халқына «Кіші Октябрьді» жүргізген есуастығы, 1932-33 жылдардағы қолдан жасалған аштық, «адам сүйегінің» үстіне тұрғызылған өндіріс орындары, сталиндік үш репрессия, Ұлы Отан соғысы, т.б. тарихи күрделі кезеңдері жайлы сөз айтудың қатерлі, әлі де күні туа қоймағанын сезініп, еріксіз соңғы кітапты - бүгінгі шындықты ермек ете тұруға шегініс жасаған. Онда да реалист Әуезов «коммунизмге беттеп бара жатқан» жұрттың өзінің мүддесі мен қалтасының қампиғанын күйттеген тоғышар, ұлттық мүдде мен мұраттан қашық жатқан телі-тентегіне шылбыр – тізгін бергеніне қынжылған. Өмірдің күнгей-көлеңкесімен, қиындық-қиянатымен-безбүйректігімен шарпыстыра отырып, уақыттың асау рухына ерік береді. Ақылы бастап, жүрегі қостап, үш жыл бойы Оңтүстік өлкесінен тірнектеп жинаған телегей-теңіз материалдарды зерттеп, қорытып, жинақтап, ащы ақиқатты кейде көркем кестелеп, кейде тұманды сәттер мен күмәнді тұстарды, күйкі тіршілікті қажыры мұқалған кісәпірлікті, ізгі жүрек пен жан ізгілігі тапшылық ететін жалған зиялылардың ісіне, өресіне, өрісіне күйінгенін сездірген. Азаматтық темпераментін тежемей, публицистикалық көтеріңкі леппен сөйлейтін стиль туғызған. «Өскен өркендегі» Филармония үйінде, Әнші-артистердің демалыс үйінің төңірегіндегі демалушы әйел-еркектердің сыртқы түр-тұрпаты, киім-киісі, құлқы, салты мен санасын өлтіре сынайтын ойлары ел тізгінін ұстап отырған «көсемдеріміз» – Социалистік Еңбек Ері Көлбаевтан бастап ішкен-жегеніне, қалтасын қампайтқанға ар-абыройын, пиғыл-пейілін сатып жіберетін пенделік күйкілікке, «тамақ күйсей тұрып, сөз күйісті қайыратын» хайуандық қылықтарға наразылықтан туады. Күні кеше, қайғылы новелланың кейіпкері Алуа, қалың малдың құрбаны боп, күйеуі Қанай шалдың дүресі, арам, топас Қоңқайдың құрыққа сырық жалғаған айла-амалына жем болған еді. Мешіт-медресе соты ешнәрсенің ақ-қарасын ашпай, тұщы етіне ащы тырнағын салған құдайсыздығына иманы қасым болып, дінге де, арам бездердің діліне де байқұс әйел лағнет айтып көз жұмған. Ол феодалдық-патриархалдық қоғамның «дүлей, қапас ереже тәртібінен» балалаған «зорлық-зомбылық» болса, бойжетіп отырған, арманы – оқу, білімді аңсаған Айсұлуды Сағит секілді «оқыған азаматтар» бүгін оңай олжа етіп, қанатын қырқып, жаңа заманның заңын кір аяғымен таптайды. Араша түскен Арманға пышақ салып, жас өмірді үзгеніне шімірікпейді. Өйткені, артында ізгілікті тұншықтырып, қылмыстыны құшағына жасыратын үлкен лауазым иелері тұр. Олар – аудандық партия комитетінің хатшысы, Социалистік Еңбек Ері, «аса беделді», «білгір», «алғыр хатшы» Көлбаев, онымен ымы-жымы бір прокурор, судья, соларды қылмысқа итеріп, бармақ басты, көз қыстымен жауыздың жазасын тым жеңілдетіп жіберттіретін қаныпезер туыстары, лауазымды қызмет иелері Әбілмәжін, Бейсендер. Жазушы Түстік облыстағы әйел мәселесіне қатысты сын көтермейтін көзқарасты әшкерелеп, оны аудан, облыс, қала берді республика деңгейіне көтереді. «Өскен өркеннің» талай бөлімдерінде зұлымдықтың іні түлкінің жымындай мың түйіншекті болғанымен, ізгілік індете жүріп жеңбей қоймайтынына сенім бар. Мың асқанға – бір тосқан. Талай лауазым иелері тақтан тайдырылып, жылаулының көз жасы құрғайды. Сыбайластар сыбағасын алады. «Өскен өркенде» облыстағы қой шаруашылығының өркендеуіне тосқауыл жасап отырған басты кеселдердің себебі ашылады. Қоғамды ірітіп-тұралатып бара жатқан өтірік: қой қора, малшылар үйі жөнделді, екі жылдық шөп қоры жасалынды, жем қой қыстауларына артығымен тасылды, шопандардың көмекшісі бар, қысқа керек-жарағымен толық қамтамасыз етілді, дейтін ақпараттары жалған екені қыс қысып, күшіне ене келе-ақ білінеді. Қар еріп, мал төлдей бастағанда қозы қырылып, аш қойлар қораның қамысын шайнап, бірінің бірі жүнін жұлып жеп, тұйыққа тіреледі. Қойшы байғұстың алты ай жазғы еңбегі, қысқы ақ боранда төккен тері шаруашылық басшыларының іске оралымсыздығы, сұйық-суайттығы, салдарынан нағыз еңбегінің жемісін көрсетер кезде жер соқтырады. Облыстың «Көнекент», «Бөген», «Алға», «Шеген», «Калинин», т.б. шаруашылықтары қыс аяғы созылып кеткен қысылтаяң шақта сол өтірік ақпарат, қырсыздықтың салдарынан алды 40 мың қойдың 15 мыңнан айырылып, тілін тістеп қалады. Сөз бен істің арасындағы ақылға сыймайтын алшақтық, қызыл сөзге, асыра дәріптеуге жол беру, сенгеніңді де сенімсіздікпен тексерудің тиісті орындар тарапынан жүргізілмеуі – социалистік құрылыстың түбіне жеткен тажалы болғанын «Өскен өркен» романында ұлы жазушы қанын шығара әшкерелей суреттейді. Бір қызығы, ескі мен жаңаны, жаман мен жақсыны, жеңіліс пен жеңісті салыстырып, ел тізгінін ұстаған «пәруардігерлер» қарны мен қарынан аса алмай жүргенде, ішкі Ресейден келген, жергілікті жұрттың салт-санасы, әдет-ғұрпы, тілі, ата-баба кәсібінен бейхабар Нил Петрович Карпов «коммунизмнің сәулетті сарайын» қалай берік те сұлу етіп тұрғызудың бас архитекторы болып келеді. Бұл ойға жазушы саналы түрде барған. Өлкеге аты мәлім Социалистік Еңбек Ері Көлбаев тамыр-таныстықтың шылбырына оралып, өтірікке имандай ұйып, ұялы қылмыскерлер адам өлтірсе де қыңбай, солардың ығына жығылуы, адамдық, кісілік сапасын саралап береді. Ендеше, мұндай азып-тозған ортаның жаралы, кеселді жүрегін емдеп, істің ақ-қарасын айыратын тұлға қазақтан емес, ақыл айтып, артынан ертетін тек ұлы халықтың өкілі болуы шарт. М.Әуезов осы шешімге тоқтаған. Сондықтан роман арқауына айналған облыс денесін ірітіп-шірітіп жатқан індеттерге диагнозды өзге ұлт өкілі қояды, орталықты сөзіне сендіреді, республикаға «Ленин партиясы жіберген өкіл» айтқанын орындатады. Романдағы Карповтың оң көзі Әлім Ерімбетов, Алмасбек Жайлыбеков, Жарасов, Әсия Әлімовалар «киіз кімдікі болса, білек соныкі» болуға тиісті-ақ, бірақ істің бәрін Карповтың қас-қабағына қарап жасайды, өз беттерімен жолсызға жол салып, жүгенсіздікті ауыздықтауға, жөнсізге тоқтау салуға қаућарсыз, күйде суреттеледі. Қайта, олардан үш күн бойы ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранда совхоз малын ит-құсқа жегізбей, соңынан еріп сау сақтап қалған Медет пен Сағадат биік тұр. «Өскен өркенді» ақыл таразысына неше қайтара салып, жаңа тақырыпты игерудегі автордың негізгі ойлары мен тенденциясына, авторлық позициясына көңіл дүрбісімен үңілгенде байқарымыз – ұлы қаламгер «бүгінгі» социалистік қоғамның «артықшылықтарын» дәріптеп, шындықты қисық айнадан көрсетуге құлықты болмаған. «Тоқпағы» мықты болса, «өтірікті шындай, шындықты құдай ұрғандай» тігісін жатқыза, алдыңа мөлдірете тосатын жасанды шындықты Әуезов қана айтуға тиісті еді. Ол «Өскен өркенде» жартығасыр көлемінде жұтпен күресуге, «шалағай», «толыспаған» кадрларды тәрбиелеуге, халықтың бойына ізеттілік пен инабаттылық құнарын сіңіруге, кәсіпті меңгеруге, адал, жақсы өмір сүріп, адамгершілік принциптерін үйретуге шамасы жетпей, жауыр атқа жайдақ бұт артып, ит мініп, ирек қамшылаған, жалған ой, жадағай сөзге желпінген большевиктердің бұл тірлігімен коммунизм түгілі утопистер армандаған социализмнің өзі қусаң жетпейтін қашықта екенін көзге шұқып көрсетті. Керек десеңіз, тұйыққа тірелген тірліктен алып шығатын күш Карповта да жоқ. Оның ел басқару әдісінде де кемелділік нышаны байқалмайды. Сондықтан жазушы тұрлаулы, өмірлік позициясы бар қаћарманды қандай қасиеттерімен даралап көрсетуге қиналған.

Әлеуметтік өмірдегі тоқмейілсушілікті, шаруашылықтағы қырсыздықты, тұрмыстағы тоғышарлықты, мәдени дамудағы пенделік пен кещелікті, біздің алға басуымызға тосқауыл болатын барша қырсықты дәл мұндай бадырайта көрсетіп, батыл айыптаған шығармалар біздің әдетімізде бұрын жоқтың қасында еді, сол жоқты «Өскен өркен» толтырды.

Туған әдебиет пен орыс, әлемдік әдебиеттің озық тәжірибесін бойына сіңірген Тахауи Ахтанов «Дала сыры», кейін қайта өңделіп, толыға келе «Боран» романына (1963) айналған салмақты туындысымен пафосы, проблематикасы, сюжеттік-тақырыптық байланысы қызғылықты, жанрлық-стильдік қабаты тұңғиық көркем әлемді алдымызға жайып салды. Заты, салмақты, сырбаз, тұйық, бар қасиеті бұлықсып тереңде жатқан Қоспан жайшылықта көптің бірі болғанымен, ел басына бұлт төнген шақта ішкі қуаты ажарына ел үйірер, дұшпанының мысын жеңер даналық, қайсарлық пен сұсты тұлғаның бейнесін танытады. Бірнеше күнге созылған ақ боран бүкіл аудан көлеміндегі коммунистік салтқа, үрдіске сын болады. Ол алды-артын ойламаған мінездер мен құлықтарды, күйсіз-қырсыз әрекеттерді жалаңаштап ашып, болашақтағы әлеуметтік күрестер мен тартыстарға айқас алаңын сайлайды. Автор кейіпкерлері бастан кешкен өмірді, мал бағу сырын жетік біледі. Сондықтан жүрегіне ұялап, қанына дарыған, басына шапқан асау ойларын Қоспан тағдырына үйлестіріп, өткір сюжетті повесімен творчестволық қиялын еркін шарықтата алған.

Қоспан тағдыры – Отанға, туған жерге, халыққа адал қызмет етіп, бойындағы іліп алар жақсы мінезін елге сыйлаудан аянбайтын ақжелең, маңғаз адамның бақытты тағдыры. Жер қайысқан жаудың қаћарлы күшіне төтеп бере алмай, шегініп бара жатқан өз бөлімін алдыға жіберіп, оған барар жолды темір құрсаудай кеудесімен қорғайды. Командиріне: «Қош болыңыз! Ел-жұртқа сәлем айтыңыз!» – деп жүрегі дірілдемей, қолы қалтырамай, тажалға қарсы ұмтылған кескекті ердің сойы, көзсіз батырыңыз осы – Қоспан. Алайда коммунистік саясат лапылдаған тау күшіне темір тосқауыл қойып, өз бөлімі сау-саламат алғы шепке өтуіне жол ашқан жауынгердің тағдырын тәлкек етті. Оның соғыста төккен қаны бейбіт күнде басына азап пен қорлықты тосты... Әсіресе, өзін оққа байлап, жауынгер достары, Отаны үшін отқа түсуге тайынбасын көзімен көрген командирі: «Біз Есқариннің кім екенін білуге тиістіміз. Оның кім екенін, қайда болғанын колхоз басшылары жақсы біледі. Осыдан келіп, олар саяси қырағылығын жоғалтып алған жоқ па? деген заңды сұрақ туады», – деп мысықтай көзін жұмып, көлгірсиді Бұл Қоспанға концлагерде көрген қорлықтан, шеккен азаптан да ауыр тиеді. Кешегі қанды соғыс зардабынан кенеуі кеткен колхоз шаруашылығын көркейтудің амалын айтып, әділін сарапқа салған Қоспан алғыс орнына «жау» деген қарғыс таңбасын тағынып шыға келеді. Өз ісінің ақтығына, өз жүрегінің тазалығына сенген азамат қан жауса да қажуды білмей, өткір мінезді, от тілділігінен тайынбайды. Қазақ әдебиетінің Андрей Соколовы – Қоспан Есқарин тұтқында бірге болған досы Иван Гусев тәрізді, сол бір қысылшаң қытымыр шақта басқа тиіп жатқан «келдек» зілінен, басыңды құмырысқадай талаған ащы, кермек ойлардан есеңгіремей, болашақтан үмітін үзбейді, ел бақытын әлдилеп, қисыны кеткен ісінің басынан табылып, «жыртығын» бүтіндеп, ауырына мойынын ұсынудан қажып көрген жоқ. Солай ұласа да бермек.

Жылы-жұмсағы мол жайлы қызметтен тартынып, қойшы таяғын қолына ұстағанда мылқау табиғаттың қысымы мен іске қыры жоқ, оралымсыз басшылардың салақтығынан қағажу көремін деп ол ойлаған жоқ. Жақсы іске мұрындық боп, өнеге ұрығын шашуды армандады. Алайда, уақыт талабын түсінуге орашолақ, халық өмірі, халық мүддесінен мансап жайы көбірек алаңдататын, өмірдің маңызды факторларынан алыс тұрған жандар адал еңбек адамын жазықсыз тағы да жер қаптырады, адамның «қоры» етеді. «Боран» романындағы Қоспан басында жай жүріп, жанын баққан, көргенін көзге түрте көрсетуге бара бермейтін, бар пәле «ішінде өлген» көп көнтерілі жанның бірі еді. Бірақ қараптан қарап отырып жазықсыз ақтүтек боранда ажалмен бетпе-бет келуі оны өмірге басқаша көзбен қарап, аудара-төңкере үңілуге мәжбүр етеді. Көрнекті ғалым Ш.Елеукеновтың: «Боран» романы болған, не болуға тиісті белгілі бір өмір шындығының негізінде замандас характерін сомдаған. Ол характер іштей опыну, күйіну нәтижесінде үлкен шындықты – жүйенің жөнсіздіктерін, сол кездің ақиқатын айтуға аузыңды ашқызбайтын тоталитаризм жаныштаған рухани әлемнің уайым-қайғысын көз алдыңа алып келеді. Өзін де, өзгені де қопарыла сынаудың нәтижесінде кейіпкер іштей түлейді. Романның бас кезіндегі Қоспан мен алдындағы малынан айырылған Қоспан бірдей емес» - деп жазуы1 ойымызды бекіте түседі. Қоспан қойшының ар алдындағы, адамдар алдындағы кешірілмес ауыр «күнәсі» ол үшін – боранда халық дәулетін «ысырап етуі». Бұл оның енді басынан көшпес драмасы, тұтылмас трагедиясы еді.

«Боран» – интеллектуалдылығы, психологиялық тереңдігі, ой парасаты, эпикалық қуаты жағынан оқшау тұрған туынды. Ахтановтың барша кейіпкерлерінің психологиясын талдауы, Қоспан мен Қасболаттың өз ішін өз арының алдында жайып салып, ащы «кірінен» арылуы – шығарманың үздік жетістігі. Боран – бұл романда символдық мағынада. Автор Қоспанды табиғат стихиясына «құрбан» ете отырып, коммунистік құрылыстың көп саласын қамтитын қомақты проблемаларды ұсынады. Мал шаруашылығын игерудегі «жабайы» тәсілдерден безіп, ғылым мен қуатты техникаға арқа сүйеген, саяси-экономикалық, рухани, гуманистік потенциалы басым кешенді бағдарлама ғана Қоспан «трагедиясынан» азат ететініне меңзейді. Сонда ғана еңбек адамын есеңгіретіп, өз сормаңдайлығы үшін жазықсыз жанды орға жығатын Қасболат, Құмар, бүркіттің бағы тайғанда басына саңғитын жапалақ Жаппасбайлар бұл ауылдың төңірегіне тұмсығы батпайды. Міне, шынайы өнер туындысының коммунистік қоғам орнатудағы өлшеусіз қолғабысы дегенде осы қасиетін баса көрсеткеніміз жөн. Әрине, малшы еңбегінің ауырлығын бейнелеуде табиғат құбылысын құбылтуға жүгіру, соғыс кезіндегі жесір әйел, жетім бала күйі, шолақ белсенділердің жетім-жесірлерге қол жүгіртіп, күш көрсетуі, ауыр еңбек – бәрі ежелден шиырланған коллизиялар ретінде қабылдануы да мүмкін. Бірақ осының барлығы бір ғана мақсатқа: Отан солдатының денесіне жазықсыз жағылған күйені жуып, жан жарасын жазуға жұмылдырған. Десек те, «Борандағы» еңбек, ынтымақ, береке-бірліктің ұйытқысы Мінәйдар қарттың отбасына Тахауидың ащы мысқылды желпіп отыратыны, кеше ғана орта мектепті бітіре сап ауданның, тіпті облыстың өресі жетпей жатқан кешенді бригадалар ұйымдастыру мәселесін тек жас шопан Қаламұш көтеріп, аудан басшыларын «дірілдететін» оқиғалары, ауыл мектебін аяғынан тұрғызып, интернатты «илеуіне» айналдыратын көріністер, ат құлағы көрінбейтін табиғат сұрапылында басқалар бейтарап қалып, өрімдей жас балалар (символдық мәні болғанымен) Қоспанды табуы – үйлеспес бояу, қисынсыз романтикадай. Керек десеңіз, Қаламұш араласқан жерде драмалық тартыс әлсіреп, сюжеттік желілер босаңсып, өмір суреті күңгірт тартып, оқиғалар зордың күшімен қолмен қиюластырады. Автордың балалар, жасөспірімдер психологиясын талдап, олардың табиғи характерін жасаудағы ізденістері «Боранда» сәтті бола бермеген.

Жекелеген кемшіліктеріне қарамастан «Боран» романы – қазіргі ауыл өмірінің күнгейі мен көлеңкесін қалдырмай зерттеп, ондағы елдің еңсесін езген жайларды еш бүкпесіз кейіпкер монологімен әйгілеп беретін қоғамдық, әлеуметтік, адамгершілік, философиялық, эстетикалық мәні айрықша үлкен дайындық, табанды еңбекпен дүниеге келген өмірлі туынды.

Қазақ халқының төңкеріс алдындағы және төңкерістен кейінгі заманмен бірге түлеу, жаңару процесі Тәкен Әлімқұловтың «Ақбоз ат» (1962) романында терең көрінеді. Бұл Тәкен Әлімқұловтың проза жанрындағы ең көлемді туындысы саналады. Туған жұртының тарихи өмірін, әлеуметтік шындықты, әдеті мен салтын жете білетін, ділмар, зергер қаламгер Беркімбай қарт образы арқылы жүйрік ат, алғыр қыран, ұшқыр тазы десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың көңіл дерті, көз құртына Тәкен ерекше назар аударып, ол бақыт па, сор ма деген сұрақты алға тартады. Жазушы сөйтіп тұлпарлар мен өнерпаздар тағдырын арқау еткен әңгіме, повестерін жалғастырады. Ондай тәжірибе қазақ әдебиетінің тарихында бар үрдіс. Аналар циклін бастаған өткен ғасырдың 30-50 жылдардағы әңгімелерін Ғ.Мүсірепов кейін «Ана жыры», «Ұлпан стансасы» новелларына ұластырып барып, «Ұлпан» романымен нүкте қойғанын білеміз. Яғни, бұлақтар өзенге, өзен теңізге барып құяды да, жазушы тақырыпты мұратына жеткізеді. Қазақтың отбасы мен қоғамдық-әлеуметтік өмірінде әйелдердің тосын сын сағаттағы бойы мен қажыр-қайсарлығын ғана емес, өзгеден өркештеніп тұратын ой мен парасатқа да кенде еместігіне сүйсіндіре білген ұлы суреткер, әңгіме, повестерінен романға көшкенде де, қолына билік тиген қазақ әйелі отбасы-ошақ қасында қалмай, күрделі саяси-қоғамдық, әлеуметтік қатпары қалың проблемаларды шеше алатын кемеңгерлігін айдай әлемге паш етеді. Сол сияқты көркем сөздің хас зергері Тәкен Әлімқұлов та ұлы даланың иесі байырғы қазақтың қаны таза тұлпарды бауыр еті баласымен қатар қоюының сырын осы «Ақбоз атта» кең толғап, ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы шындығын 60-70 жылдар шындығымен сабақтастыра, кең арнада келістіре бейнелеп береді. Мұнда бірнеше сюжеттік желілер қатар жарыса келіп, ең басты мәселеге – ауыл өмірі, ауылдан шыққан қазақ жастарының тағдырын тамырын тап баса тереңнен қозғай «өрнегін салуға» назар аударылған.

Романның жетекші кейіпкерлерінің бірі – Шіркімбайдың аузымен баяндалатын оқиғалық желі – Гүлнәш – Беркімбай тарихы, осылардың тағдыры тарам-тарам әңгіменің «өзегін құрайды». Ту деген түкірігі жерге түспейтін, шынжыр балақ шұбартөс бай Шоңбайдың жел жетпес жүйрігі Ақбоз атын қолға түсіру үшін бойжетіп отырған сұлу қызы Гүлнәшты зар еңіретіп, Шоңбайдың үйлі-баранды, бала-шағалы ұлы Асылбекке тоқалдыққа беріп, «баспа-бас қызға бермес жануарға» айырбастап-ақ жібереді. Әрине, балажан әкені қызымның бағын байлап, көз жасына қалдым-ау деген ой мазалағанымен, қайтып қолға түспес жүйріктің пысы жеңіңкіреп кетеді Беркімбай пақырды. Сонда дініне қатты Беркімбайды «намазынан жаңылдырған» сиқыр күш не дегенге оның інісі Шіркімбай романда былайша сыр қозғайды: «Біздің де ат жалын ұстап мінгіміз, аз күнгі тіршіліктің қоңырқай қызығын кешкіміз келеді. Ал, ағамның арманы (туған ағасы Беркімбайды меңзеп отыр – Т.С.) одан да әрі болатын. Ол жалғыз қызы Гүлнәшті Сіргелінің ең ірі шонжары Шоңбайдың баласына атастырғанда Ақбоз ат арқылы атағын жалпақ елге жаймақ болған...» Міне, осы «атақты» аңсаған атаққұмар, аңғал Беркімбайдың жылымқұрттай ақыл-ойын меңдеген шешімі қатал үкімге – қызын сүймегеніне қосақтауға мәжбүр еткен. Гүлнәштің алғы күннен несібесі мол екен, бағына Ұлы Октябрь революциясы жеңіп, басына бостандық алады, ойламаған жерден сүйгеніне қосыла алмай сағы сынған Оралдың «торғайы шырылдап», арманы, құмар құсы қолына келіп қонады...

Жаңа қоғамдық құрылыстың саясаты адамның құлқынына, салты мен санасына, көзқарасына елеулі өзгерістер жасағаны мәлім. Қара басының мүддесінен аса алмаған кешегі намарт Беркімбай өзі тәрізді кедейлермен бірге ұжымдасып, қызының қалың малынан алған Ақбозының тұқымын тұздай құртып алмаудың қамы мазалап, бұл өңірде жылқы малының сәйгүлік, асыл тұқымын өсірумен шұғылдана бастайды. Романда қызу күрес арқылы тұлпарлардың түлеуі, олардың тағдыры ел, жер тағдырымен етене, халықтық мәні бар, ұлттық мүддені көтеретін мәселеге ұласады. Тұқымы асыл жылқы үшін жаға жыртысқан, талас-тартысқа түскен ауыл адамдарының психологиясын жазушы тартымды оқиғалармен сабақтастыра отырып өрістетеді. Еті тірі Беркімбай – бұл өңірдегі ұжымдық істің ұйытқысы, қоғамдық мүдденің күрескері, сөзі – өтімді, ісі үлгі – ардақтысы. Беркімбай – «Ақбоз ат» романының жұлын-жүйкесі, күре тамыры іспетті. Осындағы бар оқиғалардың бәрі осы кейіпкерге тікелей тәуелді, осы өзеннен нәр алып, жан-жаққа салаланып тарап жатады. Тәкен Әлімқұлов шығармашылығын көптен зерттеп жүрген ғалым Қансейіт Әбдезұлы осы кейіпкердің романда атқаратын қызметін саралай келіп: «Артық-кемімен көрінетін Беркімбайдың бейнесі оқырманға әрқилы сезім қалдырады. Ең бастысы, оның бір қалыптан шыққан, жаттанды, ұнамды бейнеден ауылы алыс. Өзінің өмірден түйгені мол қыртысты шал оңайлықпен айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін жан емес. Осы бейне арқылы оның өмір жолы, тауқыметті тағдыры арқылы Тәкен ауыл өміріндегі тағы бір мәнді мәселе – мал шаруашылығы, оның ішінде жылқы шаруашылығы мәселесін тереңнен қопарып көрсету арқылы ұлттық болмысымызға терең бойлайды»1 - деп көкейге қонатын салмақты пайымдау жасаған.

Сүйегі асыл Гүлнәшті да ескі феодалдық-патриархалдық сана мен салт диірмен тасы жаныштай алмайды, Әлеуметтік өмірдегі қайшылық, бөгесін кедергілермен күресе жүріп ол тың сапаларымен биіктей түскен. Кезінде бір сәйгүліктің тізгініне тағдыры байланып, өмірдің қырыс соқпағы бұйырған Гүлнәш өмір өткелдерін артқа тастап, жан жалынының қызуы, күрескерлік қасиеті арқасында бақытын тауып, бүгіндері соның жемісін татып, бір қауым елге бас-көз, ақылман ана боп отыр. Романда осы бір ащы тағдыр бұйырып, өз жолын оңға бұрған күрескер, өжет, өр Гүлнәштің өмірі бар бұралаң-бұлтарысы, шиырлы-шоқалағымен көз алдыңнан өтіп жатады. Ол жолдың кең даңғылға айналғанына да ешкім таңданбайды. Бақыттың дәмін, өмірдің қызығын кедейдің сойылын соққан жаңа қоғамда таңдайымен татып, Оралымен екеуі Шырындай перизатты тәрбиелеп, заманына сай жоғары білім алып беріп, енді өз теңі Елеусізге қосылар күнін тағатсыз тосып жүрген бақытты ана мен әке. Шырын да жаңа дәуірдің озық үрдісін бойына сіңірген жігерлі, инабатты, әдепті. Ол – бақытын өзі табуға қажыр-қайраты жететін өжет қыз. Өмірдегі өз орнын айқын біледі, бұрынғы қазақ қыздарында болмаған мінез бар мұнда, қызықтыра тартып, өзгені өзіне еліктіре алады, онысынан уақытына қарама-қайшы келетін оғаштықты сезінбейсіз. Алайда, мінезі мен қылықтарындағы ұлттық белгілері де дараланып тұратынын аңғарамыз. Москва, Ленинград, Киев тәрізді бір кездегі одақтың ғылым, білімінің, мәдениеті мен өнерінің кіндігі саналатын қалалардағы жоғары оқу орындарында оқып, тәрбиеленген Шырын, Елеусіз, Қарашаштар көзі ашық, көңілі сергек, ұлттық менталитетті берік ұстаған, білімді, өнерлі, болашағы нұрлы жастар ретінде танылады. Осылардың ішінде, Әсіресе, Елеусіз тұлғасы оқшау көрінеді. Елеусіз көзімен, ойымен, кей тұста оның монологынан естіп-білетін оқиғалар оның кім екенінен хабардар етеді. Көлденең жұрттың көзіне төрт құбыласы сай жігіттей көрінетін Елеусіздің көкірегінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң жатқанына қарап, халқымыздың болашағы үшін алаңдап, армандайтын, қызмет ететін аптал азаматтардың қалыптасып өсіп келе жатқанына ішің жылиды, тек тоталитарлық жүйе шағын ұлттардан шыққан тұлғалардың тұяғын егеп, талабын қайырмасын, «асау мойына» бұғалығын тастап, ерте солдырмасын деңіз...

«Ақбоз атқа» арқау болған өткен ғасырдың 50-60, тіпті 70-жылдары қанатты тұлпардарды өсіру тұрмақ, жылқы тұқымын тұздай құртқан әпербақан хрущевтік салсойыл, солақай экономикалық саясат ұлттық аймақтарды өрттей жалап тұрғанда, Беркімбайдың Ақбоз үйіріне ара түсіп, сәйгүліктерді тұқыртып өргіземін деуі – жүрекжұтқандық, ата кәсіпке адалдық, ұлтжандылық, серілік салттың қанына берік сіңгендігі, қайтып тумас тектіні сақтап қалу үшін тектінің мойнын жаңғырыққа төсеген жанкештілігі. Асылы, Беркімбайдың әрекеті – жазушының түпқазық ойы, көкірегін кемірген ақбасқұрт. Қашанда халықтың арман-мүддесіне жақ қаламгер тиран атаулыға жау, оның реакциялық саясатына наразы. Әйтсе де, Тәкен Әлімқұлов «Ақбоз ат» романында қазақ өмірі, адам характері, салт-сана, әдет-ғұрпындағы ұлттық менталитетке, атакәсібіне қатысты кереғарлықты, шовинистік қысымды, отаршылдық өктемдікті, нықыртуы басым жуандықты сезінбейді, сезінсе де бәрін ішіне сақтаған. Қызыл империяның бар әрекет-амалын құптап, «коммунистік көрегендіктің» желісін тым әспеттеу басымырақ, волютаризмді қоғамның эволюциялық, динамикалық өсу нәтижесінің гәбі ретінде қабылдайтын сыңай байқатқан.

Қорыта келе айтарымыз, Тәкен Әлімқұлов осынау бітімі бөлек кесек туындысында табиғат пен адам тағдырын параллель өру арқылы асылдан жасық, жүйріктен жабы, қыраннан қарақұс озған көлеңкелі кезеңнің шындығына бойлатты. Дүлдүлдерді сирек сыйлайтын сараң табиғаттың тылсымына табынып, бабадан – атаға, атадан – балаға мирас болып келе жатқан тұлпардың тұяғын, қыранның қанатын айрықша бағалайтын салтты, ұрпағына ерлік пен алғырлықты, қыран мінезді үлгі еткен рәсімді бүгінге жеткізуші Беркімбайлардың қасиет біткен бөлекше болмысынан, өнегесінен алынған дәнді көкірегімізге екті.

Бұл романдар жанр дамуының жаңа кезеңінде дәуір ұсынған ұстанымдарды қабылдап, өмірді тануға, шындықты пайымдауға жаңаша көзбен қарай білген қаламгерлер позициясын танытады. Олар жаттанды жобалардан шығып, өмірді алуан түрлі шындығымен қабылдап, оны көркем бейнелеуге көтерілді. Онда заманның, кеңес адамдарының бойындағы қайшылықты көріністерді, мінез-құлықты сынаудан жалтару болған жоқ. Қайта соларды жою мен қоғамның ілгері басуына ықпал етерлік ойлар мен ақылдарды ұсынды. Сыншылдық пен ойшылдық жаңа романды көріктендіре түсті. Қаламгерлер көргені мен сезінгенін батыл айта алды. Осы бір жаңа бетбұрыс кейін жалғасын тауып, 60-жылдардан басталған әдебиет дамуын жаңа белеске көтерді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]