Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
KAzak_romany_otkeni_men_bugini.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Тарихи - революциялық роман

Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары қазақ әдебиетінде тарихи-революциялық романдардың жаңа легі пайда бола бастады. Олар отызыншы жылдары Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Дәулетбаев бастаған дәстүрді жаңа тұрғыдан жалғастырды. Олардың ішінде Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» (1957-1959), Зейін Шашкиннің «Тоқаш Бокин» (1958), Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» (1962) романдары бар еді. Бұл романдарда қазақ халқының өмірінде елеулі орын алған ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өткен аса күрделі оқиғалар жан-жақты қамтылып айқын да терең суреттелді.

Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романы – халық өміріндегі сол бір кезеңді суреттеген сүйекті шығармалардың бірі. Онда елдегі азамат соғысы аяқталғаннан кейінгі жеті-сегіз жыл ішіндегі ауылды кеңестік жолға түсірудің қиыншылықтары, соларды бастан кешкен адамдар тағдыры реалистік арнада орнықты бейне табады.

Сол 20-жылдардағы революция, азамат соғысы тұсында қирап қалған халық шаруашылығын жөндеу, қалпына келтіру жаңа орнаған Кеңес өкіметіне, оны басқарып отырған коммунистік партияға жеңіл тимегені мәлім. Соғыс коммунизмі, НЭП, қазақ ауылдарындағы кедей-жалшылардың таптық санасын оятып, жаңа советтік өмірге тарту, еңбек адамдарының қанын сорған байларды ауыздықтап, тап ретінде жою т.б.тарихи мәні аса зор осы оқиғалар нақты-нақты кейіпкерлердің образдарын мүсіндеу арқылы Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романында кең тыныста көрінеді.

Романның көркі, жетістігі дерлік бірнеше типтік бейнелер – жазушы шеберлігінің нәтижесі.

Романның бас кейіпкері – Аман Сапаров. Шығарманың сюжеті, оқиғалары осы көркем бейненің төңірегінде тармақталып, өрбіп отырады.

Аман – діндар әкенің баласы. Бірақ, сол діншіл әкенің шырмауында қалып қоймай, жаңа өмірдің даңғылына жол тауып шығуы оның әдеби тұлғасына өң беріп тұр. Аңшылық кәсіпппен айналысып жүрген бейтарап орта шаруаның өкілі болса да, жаңа заманның қиқуына амалсыздан араласады. Оған дәуірдің қоғамдық жағдайлары көмектеседі.

Малқар болыстың шабарманы Шөгелден нағашысы Сыздықтың көк бесті-жүйрік атын босатып, Оны ұрып-соғуы – Аманның тұңғыш жойқын қимылы, ерлігі еді. Осындай әділетсіздікке қарсы күрес оны үстем тапқа қарсы күресуші кедей-жалшылар тобына қосады. Осы жолда ол туған халқының жаңа өмірі үшін күресші, әділ азамат болып шығады. Болысы, байы – бәрі жабылып Аманнан кек алады. Шыны, өтірігі аралас жала жауып, оны түрмеге қаматады. Осы бір арпалыс, шайқастар, зорлық-зомбылықтар Аманның үстем тап адамдарына ел билеушілерге қарсы ой-сезімін ұлғайтады. Оның үстіне, Жұмабек Ералин, Алексей Федорович Песик сияқты атақты революционерлердің баулып, Кеңес өкіметі үшін күреске құлшындыруы Аманды жаңа қоғамның нығаюына белсенді түрде қызмет етуге итермелейді. Өмір сабағын ел тұрмысын жақсы білу идеяларға ық тарта түседі.

Сол жылдардағы Қазақстан Республикасының халық комиссары, байлардың құйыршығы Жандоспен пікір шайқасында Аманның жеңіп шығуы оның тұлғасын биіктетіп тұрғаны анық.

Жандос Аманға:

«Міне, қазақтың бар рахаты – осы жайлау. Бұдан айрылса, малының да, өзінің де берекесі кетеді. Шырағым, сені жайлауға қарсы деседі. Ішіп отырған ағынан қағып, биыл он үйді сары масаның жеміне тастап кетіпсіз. Енді отырықшылыққа шақырып жүрген түрің бар. Қазақ қазақ болғалы көшумен келеді. Оны сасық қораға апарып қамағанмен, социализм орнамайды. Осындай ұшқалақ ойлардан сақтандыруға шақырдым», - десе Аман:

«Мен жайлауға қарсы емеспін. Жайлаушылыққа қарсымын. Қараңызшы, осынау сыңсып отырған елдің ішінде ақ үйлер қадау-қадау. Қаптал көпшілігі қоңыр, орташа. Бай, тіпті орташа мал жая келсін. Ал, кедейлер соларға көз сүзуден басқа не бітіреді?.. Қойын бір қағаз шайға, атын бір қапшық астыққа сатып, жайлаушыл қазақ не оңады? Ел деген атымыз бар. Елдік мұрамыз бар ма?! Бабаларымыз іс қалдырмай, сөз қалдырыпты. Оның өзі жиюсыз, шашылып жатыр. Ұшан-теңіз жерге иеміз. Оның түгін сорып, суын ғана ішеміз. Ішін ақтарып, шырынын әлі ала алмадық. Осының бәрін менен артық біле тұра, отырықшы өмірден қашқақтауыңызға қайранмын. Елін сүйген, ойы ержеткен азамат қой бастаған серкедей қасқая тартар кез жетті емес пе? Әгәр ол алға шыға алса, барар беталысы айқын-ақ көрініп тұр-ау!..»1, - деп жауап береді. Оның осы сөздерінен ХХ-ғасырдың 20-жылдарындағы Аман сияқты озық ойлы, алдыңғы қатарлы қазақ азаматының ірі бітімі айқын көрінеді.

Аманның болыстық милицияның начальнигі болып жүрген тұстағы аршынды, әділ іс-әрекеттері де оның әдеби биік тұлғасын аша түседі.

Сондай-ақ, қазақ ауылын Кеңес жолына түсіру тұсындағы оның қайраткерлігі – романда нанымды да көрікті эпизодтармен беріліп отырады.

Бір сөзбен түйіндесек, романдағы Аман – сол жылдардағы Қазақстанда Кеңес өкіметін орнықтыруға қыруар еңбек сіңірген қазақ азаматтарының жиынтық, типтік бейнесі.

Жазушының қаламынан шыққан екінші бір сом тұлға – Шәкен. Ол – шынжыр балақ, шұбар төстің өзі. Аманның күресетін, алысатын жауының ең азулысы, қауіптісі де Шәкен. Ол – өте қу. Барлық іс-әрекетін, зорлық-зомбылығын, жауыздық-қанішерлігін білдірмей істеуге тырысатын, нағыз алаяқтың өзі, талайларды қан қақсатқан жырынды. Сондықтан да онымен күрес оңайға түспейді. Ол халыққа келген жаңа қоғамның қас дұшпаны. Еңбекшілердің көсемі Владимир Ильич Ленин қайтыс болғанда жүрегі жарыла қуанған да сол Шәкен2. Сол замандағы баюдың, дүние жинаудың, адам еңбегін қанап, қанын сорудың өз уақытындағы жаңа биігіне шыққан да Шәкен. Сондықтан да сол кезеңдегі қазақтың артта қалған, керітартпа сасық байларынан оның бөлектеніп ерекше тұрғанын әдебиет зерттеушілер дұрыс сипаттап берді. «Автор қазақ байларының басым көпшілігін (Шәкеннен басқасын) адамзат көшінің артында қалған, өмірге бейімсіз бейшара, дәрменсіз, болашағы жоқ тап етіп көрсеткен. Бұл – кең толғанған пікір. Жазушы әңгіме бояуын қалыңдаттым деп отырған жоқ. Ниеті ақ – нағыз қаны сорғалаған шындықты ауыр-жеңілдігіне қарамай бетке-басу»1,- деген ғалым Ш.Елеукеновтің тұжырымы өте дұрыс.

Өзіне төніп келе жатқан қауіптерді біле қалып, алдын-ала, күні бұрын қам жасауға шебер де Шәкен екенін жазушы романда орынды көрсеткен. Жаңа өкіметтің өзін конфескелеп, жер аударатынын біліп, бүкіл мал-мүлкін, байлығын шағындап қойып, конфескеден құтылмақ болған Шәкеннің іс-әрекетіне таң қалмасқа болмайды. Алайда, ол өзінің басына келген зауалдан біржола қашып кете алмай тұяғын серіппей құлағаны да уақыт шындығы еді. Оның алас ұрып тоқалы Шолпанға қарсы жұмсаған пышағын, бүкіл жаңа заманға, Кеңес өкіметіне қарсы жасаған соңғы зұлымдық, жауыздық әрекет деп білген де жөн.

Романдағы Шәкен – жазушы үлкен білгірлікпен, суреткерлік шеберлікпен сомдаған образ екені талассыз. Әдебиет зерттеуші ғалымдардың Шәкенді Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы Игіліктің жаңа замандағы жалғасы, сол Игілікпен терезесі тең әдеби образ деп тануы да осыдан2.

Шәкен бастаған топқа қарсы күресте Аманның төңірегіне топталған жаңа қауым – Әдхам, Танабай, Ізбасар, Таймас, Танакөз т.б. романда шындық шеңберінде реалистік бояулармен бейнеленген.

Кедейлердің арасынан суырылып шығып, Шәкен байдың сенімді серігіне айналып кеткен Қазанғап – романдағы ешбір пендеге ұқсамайтын ерекше бейне. Қазанғап туралы да әдебиетші ғалымдардың әр кезеңде жазған пікір-тұжырымдары орынды.

«Дауылдан кейін» романындағы қазақ әйелдерінің сол кезең шеңберіндегі бейнелері – бір төбе. Әсіресе, ауылдық кеңсенің төрағасы Танакөз, КазЦИК мүшесі Күлпаш – романға көрік беріп тұрған образдар. Олардың жаңа қоғам үшін жан аямай күресулері сол кезеңдегі өмір шындығына дәл келіп тұрғаны күмән туғызбайды. Қажырлы, қайратты әйелдер Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қоғам қайраткерлері, тарихтың кейінгі жылдарындағы қазақ әйелдерінен шыққан тарихи тұлғалардың алғашқы қарлығаштары.

Қазақ халқы – әнге, домбыра, қобызға келгенде ешкімге дес бермеген ежелден бергі тарихтан аса дарынды, өнерлі халық. Жазушы осы бір бұлтартпас өмір шындығын мұқият есте тұтқаны романның әр тұстарынан анық байқалып отырады. Қымызшы әйел Ақтамақтың үйіндегі Арқаның атақты әншілері Ғазиздің, Сәтмағамбеттің аспандата, құйқылжыта шырқаған әндерін, яки Күлпаш бастаған Қызыл отаудың төрінде отырып әйгілі өнерпаздар Қалибек Қуанышбаев пен Шашубай Қошқарбаевтың көрсеткен ғажайып өнерін майын тамыза суреттеген тұстар романның келісті де көркем шыққан жарқын эпизодтары1.

Яки романның мына беттерінен қазақ халқының ғасырлар бойғы қалыптасып қалған алуан қырлы ғажайып өнерін көруге болады. «Бойжеткен қызының тұсында су жаңа бір тұскиіз тұр. Осының өзі ғана қазақ әйелінің еңбекте төзімділігіне, әрі шеберлігіне айғақ боларлық. Қағаздан ақ, көмірден қара киіздерді төрт бұрыштап кескен де, шахматша құрастырған. Сөйтіп, бетіне жапсырған қызыл шұғаның оюын біздің бүгінгі оқу бітірген суретшілеріміз сала алар ма екен?! Ұзындығы екі керегенің бойынан астам, биіктігі туырлықпен бірдей бұл тұскиіз фабрика жасаған кілемдерден көркемірек. Екі жыл бойы сарылып отырып инемен бітірген үй иесі әйелдің инесіз қолы одан да шебер. Ол тоқыған ас бетіндегі шымшиді тұсына құрып қойсаң парсы кілемдерінен бір де кем емес. Оң жақ қабырғада ілулі күміс ерді қай зергер істеді екен?! Баяғы түрік патшасының орыс патшасына сыйлаған ерін Кремль музейінде көрдім. Ол ердің қымбатты тастары ғана артық, қолөнері бұдан кем. Осы үйде бізді қоршаған адамдардың ішіндегі ұзын қара, үлкен көз құлжұмырдың бойында он жеті түрлі өнер бар: айғыр, бұқа пішеді, қошқар тартады, жылқының қыршаңқысын, қотырын, жауырын, ақсағын, құлын-тайдың ноғаласын, сақауын, бұзаудың қылауын, қос кіндігін, қойдың көнтақасын емдейді. Сиыр, бие, түйе телиді. Осылардың үстіне оташы, тамыршы. Қаласы, өндірісі жоқ, ен далада өмір сүрген қазақ та тіршіліктің талай тәсілдерін білген. Солардың ішінде жаңа заманның керегіне жарайтын білімдер толып жатыр. Біз он бес, жиырма жыл оқып, бір мамандық алғанға әлдеқандай боламыз. Ел бойындағы көп өнерді қағажу етеміз. Олар ғасырлар бойы сыннан өтіп, атадан балаға мирас болып келсе, енді иесіз қалатын түрі бар. Халық жасаған бір өнерді жоғалту – сол халықтың денесінен бір мүшесін жоғалтумен бірдей емес пе?!»2 - деп суреттеген жазушы сөзінің мағынасы ұшан-теңіз, идеясы тұңғиық терең, тұжырымдары аса құнды.

Қазіргі этнограф-тарихшы ғалымдарға өте қажетті этнографиялық материалдар романда аса мол (ел салты, қонағасы беру, ат күту, алтыбақан т.б.). Бұл жазушының өзі туған халқының тарихи өмір салтын жетік білгеніне дәлел.

Ғабиден Мұстафин – асқан суреткер жазушы. Романдағы қазақ даласының табиғат суреттерін берудегі жазушының шеберлігінде мін жоқ. Қыс, күз, көктем кезіндегі табиғат суреттерін жазушы кейіпкерлердің көңіл күйімен тығыз бірлікте бейнелейді. Сондай-ақ, көркем шығарманың басты көркемдік компоненті – адам портреті болса, романда әр алуан кейіпкерлердің өздеріне лайық шебер қолдан мүсінделген портреттері бар. Бұл пікірімізге: «Мұрынды, ұзын кірпікті бетін түк басқан, өңі суық сары кісі. Бас, бет бітімі тіпті мол. Көзі көкпеңбек»3-деп берілген Аманның әкесі Сапардың, «Орта бойлы, қамыт аяқ, ақ шұбар жігіт екен. Сақал-мұртын қырып тастапты, жасы отыз бес, қырық арасында болар. Сырт киімін шешіп барып отырды. Белінде наган. Бірақ өңі жылы, имандығы сыпайы көрінеді. Өзін еркін ұстап, үлкен көзімен өте байыпты қарайды»1-деп берілген Жұмабек Ералиннің, «Буырыл тартқан тығыз қаба сақалын тұжыра қырқып, дәл иектің үстіне ғана қалдырыпты. Қысқа, жуан мойнын, салыңқы тығыз бұғағын ұстарамен тақырласа да кеңірдегіне дейін қарауытып көрінеді. Орта бойлы, текше, жуантық, жүріс-тұрысы шапшаң кісі»2-деп берілген Шәкеннің портреттері мысал бола алады.

Ғабиден Мұстафиннің тілі бай, шешен екеніне «Дауылдан кейін» романы толық дәлел. Халықтың мақал-мәтелдерін автор рет-ретімен орынды жиі қолданады. Романдағы жазушының өз сөздері де афоризмге айналып тұр. «Алтын көрсе, періште де, ашу қысса, ақылды да жолдан шығады», «Қараңғы көңіл жарық күнде де адастырады», «Құмарлықтың бәрі ғашықтық емес», «Жеңілген жауға – қатын ер», «Малқұмар қазақ әнқұмар», «Асыққан жетпейді, бұйырған кетпейді», «Жақсы әзілсіз сөз шырағы жана ма», «Туған жердің топырағы жай жердің торқасынан жұмсағырақ» т.б. сияқты қанатты сөздер қазақ сөз өнерінің асыл қорына айналған.

Идеялық мазмұны терең, көркемдік қуаты мол «Дауылдан кейін» – өз тұсындағы қазақ романының озық үлгісі.

Бұл тұстағы қазақ әдебиетіндегі тарихи-революциялық романдардың көрнектілерінің бірі – жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» атты трилогиясы ( 1 томы – 1957; 2 томы – 1959; 3 томы – 1964).

Романда Батыс Қазақстан жеріндегі азамат соғысының оқиғалары бейнеленген. Нақтылап айтқанда, 1918 жылдың 29 мартынан 1919 жылдың февралына дейінгі он бір айдың мерзімі қамтылған. Бас-аяғы 1 жылға жуық өмір белестерін 3 том романға сиғызып, суреттеп шығару да жазушыға көп қиындық келтірген сияқты.

Роман кейіпкерлерінің біразы – тарихта болған адамдар. Әбдірахман Әйтиев, Меңдігерей Ипмағамбетов, Бақытжан Қаратаев, Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев, Жанша Досмұхамбетов, Халел Досмұхамбетовтар қазақ халқының тарихында аты белгілі азаматтар.

Романдағы оқиғалар өтіп жататын жер-су аттары да Қазақстанның батыс аймағын мекендеген халықтардың ежелгі мекені. Жайық, Аңқаты өзендері, Шалқар көлі, Орал (Теке), Саратов (Сарытау), Орынбор, Самара, Тасқала (Күйікқала), Чапаев (Ақ жайық), Жымпиты (Сырым) сияқты қала, елді мекендер де белгілі жерлер.

Осы айтылған жайлар Хамза Есенжанов романының тарихи шығарма екеніне дәлел болса керек. Бірақ автор тарихи адамдар өмірін жазбайды. Сол дәуірдің революциялық күресі оқиғасын негізге алып, соған халықтың қатысын бейнелейді. Романда Қазақстанның батыс өлкесіндегі азамат соғысының хикаялары тарихи шындыққа сай үлкен суреткерлікпен берілген. Алайда, романның кеңестік заманда, кеңестік идеология үстем болып тұрған уақытта жазылғанын ұмытпау керек. Сондықтан, жазушыны қазіргі саясат тұрғысынан қарап, кінәлау, жазғыру мүлде орынсыз, болмақ.

Шын мағынасында, «Ақ жайық» трилогиясы Хамза Есенжановтың сол уақыттағы оқиғаларды, адамдар тіршілігін реалистік бояулармен айқын бейнелеп берген тұлғалы туындысы.

Шығарманың көздеген нысанасы, негізгі идеялық арқауы – Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату үшін күрескен адамдардың қажырлы, сенімді күресін суреттеп беру. Тұрмыстың бар азабын тартқан кедей жұртының бай-манаптарға қарсы аршынды іс-әрекеттері шығармада сол уақыттағы өмір шындығына сай суреттеледі. В.И.Ленин қол қойып, мандат беріп Қазақстанға жіберген революционер Петр Астафьевич Дмитриев Орал облыстық Совдепін басқарады. Генерал Михеев бастаған казак-орыс атамандары аз уақыт Кеңес өкіметін құлатып, Дмитреев бастаған революционерлерді түрмеге жауып, қорлайды, көбін дарға асып өлтіреді. Тек қана, түрмеде Дмитреев у ішіп өледі. Бұдан кейінгі оқиғалар романда шиеленісе береді. Орыс, қазақ революционерлерінің Кеңес өкіметі үшін жасырын күресі романда айқын суреттелген. Соңында, Қызыл гвардияның ерлік шабуылымен Орал қаласының азат болуымен, Кеңес өкіметінің жеңісімен шығарма аяқталады.

Міне, осындай қиян-кескі майдан – роман сюжетінің негізгі арқауы. Сан-қилы эпизодтар арқылы шығарманың сюжеттік желісі шебер өрілгені ап-анық байқалып отырады.

«Ақ жайық» романында жазушының үлкен шеберлікпен сомдаған көптеген кейіпкерлердің ерекшеленген, біріне-бірі ұқсамайтын қилы-қилы образдары бар. Бұл ретте революционер Дмитриевтің, Петр Петрович Парамоновтың, Иван Беланның, Меңдігерей Ипмағамбетовтің, Әбдірахман Әйтиевтің, батыр Мәмбеттің, Жүніс хажының, Хакімнің ұнамды бейнелерін атап өткен орынды.

Сондай-ақ, Жанша Досмұхамбетовтің, Халел Досмұхамбетовтің, бұл екеуі ол кезде «Ұлтшыл» деген айыппен, қоғамда теріс бағаланған. Шұғыл қажының, сұрқия офицер Айтқали Абылаевтың, жауыз баскесер офицер Әзмұратовтың образдарын берудегі жазушының суреткерлігі айырықша назар аударарлық.

Сол уақыттағы әйелдердің трагедиялы тағдырын жазушының үлкен білгірлікпен қиюын тауып нанымды суреттегенін де лайықты бағалау орынды болмақ (Мүкарама, Зағипа, Шолпан).

«Ақ жайық» романындағы орталық образдардың бірі – Меңдігерей Ипмағамбетов. Бұл жазушының ойдан шығарған кейіпкері емес. Оның өмірде болған тарихи қайраткер екенін жоғарыда айттық. Ипмағамбетов Меңдігерей (1975-1919) Батыс Қазақстан өлкесіндегі революциялық қозғалыс қайраткерлерінің бірі. Меңдігерейдің ұрпақтары қазір де бар.

Романда Меңдігерейдің революцияға сіңірген еңбегі оның өмірінің нақты-нақты деректеріне сүйеніліп жан-жақты суреттелген. Ол – Орал облыстық совдеп төрағасы Дмитриевтің сенімді серігі. Петр Астафаевич Дмитриев Меңдігерейді аса жауапты тапсырмамен орынборға аттандырады. Жолда Требуха селосында казак-орыстар тап болып, қылышпен өлтіре жаздайды. Қарапайым шаруа, хохол Иван Андреевич Гречконың адамгершілік көмегімен аман қалады. Жартылай мүгедек болып қалса да, жасырын түрде жау тылында революциялық жұмысын жалғастыра береді. Алаш офицері Абылаев аңдып жүріп, оны тұтқындап өз ордасына әкеледі. Ақырында Меңдігерей мейірімсіз сол жау офицерінің қолынан қаза болады.

Хамза Есенжановтың бір ерекшелігі – кейіпкер бейнесін көбінесе оның сөйлеген сөзі арқылы аша түсуге ден қоятыны. Мәселен Меңдігерейдің биік тұлғасы оның қарсыласы Халелмен беттесіп сөз сайысына түскенде анық көрінеді. Тұтқындағы Меңдігерейді тұқыртып, қара жерге кіргізіп жібермек болған Халелдің қаһарлы сөзінің түр-сипаты: «Қазақтың қамын жейтін осы сен кімсің? Соны айтшы алдымен. Қамқоршы болғандай сен не істедің? Әлде сен жеті қат жер астынан жан білмейтін бір даналық таптың ба? Әлде сен Әлихан мен Ахметтен ақылды болып шықтың ба? Әлде мына қараңғы қазақтың аузына қарлығаштай су тамыза бастаған Жаншадан данасың ба? Қазақты жіктеу, алауыздыққа айналдыру – ел етпеу. Қазақ бауырмал халық, рақымшыл халық. Атаны бала, ағаны іні жағадан алатын зұлымшылдық қазақтың қанында жоқ. Қазақ қарындасқа жақсылық етумен қазақ атанды. Қай заманда аштан өліп, көштен қалған қазақты көріп едің? Қай заманда әділетке жүгінбей жақынды жақтап, жаманды даттаған қазақты көріп едің? Жақынды жұтып, ағайынның жүнін түтіп жеу ашынған қара шекпен мен жанынан безген заводшыдан шығады. Ол сені ертең алдымен жұтып қояды. Өз тілін, өз абройын сақтамаған, өз жақсысын таптап келе жатқан, өз байлығын обып келе жатқан көп тобыр қолыңды қол, бұтыңды бұт етіп жоқ етеді...».

Міне, ақыр заманды төндіре, зәресін ұшырмақ болған Халелдің осы сөзіне Меңдігерейдің мықты жауабы: «Сен маған, Халел мырза, аждаһаның аузын көрсетіп, құтымды қашырма. Қара құбыжықтың атынан да зәресі кетіп бұрышқа тығылатын мен сәби емеспін. Сенің айтып отырған алты басты аждаһаң маған өте таныс құбыжық. Ол кешегі айдарлысын құл, тұлымдысын тұл қылған обыр патшаның озбыр сүдіні. Соның мың қараға бір кесек әдісімен қожайындық етіп келген қарақасқа салты. Мың қарашекпен құмырсқадай қыбырлап бір помещіктің көмейін толтыра алмай еңсесі түсіп кеткен шақтың кейпі. Болмаса қызыл көз атамандар мен сұғанақ казак-орыстар қанды қылышын бетке ұстап Ресейдің қол астына көшкен ұсақ елдердің ата заңын аяқ асты еткен зұлматтығы. Сенің құбыжығың кешегі құбыжық, ол бүгін жоқ. Бүгінгі Ресейді дүрілдетіп келе жатқан аждаһа емес, Революция. Зұлымдықты тазартатын революция. Ол революцияны жасаушы сол помещіктің құл қара-шекпендері, алпауыттың аш-жалаңаш жұмыскерлері екенін сен білесің. Біле тұра жасырғың келеді. Аяқ астында қалған бұрынғы бұратаналардың жігерлі ұлдарының соларға қосылғанын, бұлардың езілген қазақтың еңсесін көтеруге қол бергенін қастық деп білесің. Ұлыңды ұл, қызыңды қыз қатарына қосатын еңбекші бұқараның туы «қазақққа жат» деп қорқытасың. Теңдікке жеткізетін жолды «Зұлымдық жол» деп үркітесің, ақ ниетті «арам» деп жерітесің. Сондағы қамқор болған қазақққа әперетінің қане? Берерің не? Көрсеткенің көз алдыңда тұр... Ату... Асу... талау... соғу...»1.

Осы сөзінен-ақ Меңдігерейдің революция үшін бетпе-бет келген еш қиындықтан тайынбай, жанын беруге даяр, қажырлы, қайратты, жігерлі, жалынды, батыр күрескер екені көрініп тұр. Тек бұл емес, жалпы кейіпкер сөзін суреттеу құралы етіп автордың шебер пайдаланғаны роман беттерінен анық байқалады.

1731 жылы қазан айында қазақ ханы Әбілхайыр Ресей Империясының патшасына бағынамын деп ант бергені тарихтан мәлім. Бұл ант берудің тура мағынасы – Қазақстанның Ресей отарына (құлы болудың) айналудың алғашқы бастамасы болатын. Содан 3 ғасыр бойы, 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін қазақ елі Ресейдің шын мәніндегі отары болып келді.

1991 жылдың 16 желтоқсанындағы Тәуелсіздік қазақ халқы үшін өз-өзінен, оп-оңай көктен түсе қалған жоқ. Бұл тәуелсіздік үшін қазақ халқы қолына қару алып сан рет қан майданда күресті. Бұған ХVІІІ ғасырдағы Сырым Датов бастаған 14 жылға созылған ерлік жорық, ХІХ ғасырдағы Кенесары Қасымов бастаған 10 жылға созылған қаһармандық күрес, ХХ ғасырдағы Аманкелді Иманов басқарған 1916 жылғы көтеріліс, тіпті қыршын жастардың 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісі, 1989 жылғы Маңғыстау облысының Новый-озень қаласындағы Адайлардың жойқын қарсылығы толық дәлел.

Алайда, Тәуелсіздік үшін тарихта болған кейбір іс-әрекеттерге, жекелеген адамдар басшылық еткен оқиғаларға тарихшылар, әдебиетшілер тарапынан қате тұжырымдар жасалып, теріс баға беріліп те келгені рас. Сондай қозғалысқа жаңсақ баға берілген тарихи оқиғаның бірі – Жанша Досмұхамбетов, Халел Досмұхамбетов басшылық еткен Батыс Қазақстандағы Алаш-Орданың Тәуелсіздік жолындағы күресі еді.

Біздің ойымызша, «Ақ Жайық» романында Хамза Есенжанов та өз уақытындағы кеңестік саясаттың ыңғайымен Батыс Қазақстандағы Жымпитыда құрылған Қазақ Уалаятының өмірін, тіршілігін шынайы көрсете алмаған. Сол уалаятты басқарған Жанша, Халел сияқты азаматтардың образдарын жазушының ұнамсыз қып суреттеуі бүгінгі жаңа көзқарас тұрғысынан айтсақ, тарихи шындыққа мүлде сай келмейді. «Ақ Жайық» романының бұл беттерінде сол кездегі қазақ халқының тәуелсіздік үшін күрескен қаһармандық өмірі бұрмаланып көрсетіледі.

Хамза Есенжанов – суреткер жазушы. Әсіресе, кейіпкерлер портретіне жазушының көп мән беретіні жиі-жиі көзге шалынады. Бұл жағдайды «Мына бас та қазаққа осал бас емес!» деп ризашылық шыраймен Әбдірахманның қап-қара шаш жауып келе жатқан дөңгелек басына, өткір қара көздеріне, жұқа танаулы қырлы сұлу мұрнына бірінші рет көргендей қарайды»2, «Тап сол минутта Хакімге Әбдірахман өзгеше көрініп кетті. Оның шымқай қара мұрты мен қасы, әсіресе ақ еті бағдарлаған мойылдай көзі, келісті мұрны, тік иықты сұлу денесі тек қана осындай қысапсыз көптің сүйікті басшыларына бітетін сияқтанды1» - Әбдірахманның, «Бойы ұзын, сұңғақ денеге тіп-тік иық келісіп тұр; маңдайы ашық және жазық. Қаленнің маңдайы сияқты, бірақ қасқа бас емес; бөрік астынан қырған бастың көкшіл құйқасы көрінеді, жүзі ақшыл сұрғылт, үлкен көздерінің аласы қарағанда жарқырай түседі»2 - Хакімнің, «Кәдімгі жанды ерітіп жіберетін Мүкарамның ұзын кірпікті тұнық көзі сол күйі, сол қалпы, сол әдетінше Хакімнің көзінен аздап қана жоғары қарап тұр; шоп-шошақ сұлу мұрын, көтеріңкі бала иек, үлбір тамақ, такаббар кеуде бұрынғыдан да тартымды: қараңдаршы, көрініңкіреші, сүйіндірші деп тұрғандай! Жүзі де түлеген аққудың қанат астындағы ең түпкі қауырсынындай қоңырқай тартып мөлдірей түскен»3 - Мүкарамның, «Әрі қою, әрі ақселеу тартпаған бурыл сақал, әрі ұзын, әрі сұлу – шықшыт сүйегі шығыңқыраған ашық бетін толық көрсетіп тұр. Сол жақ шекесінен оңға қарай қайырған шаш та қою және сақал түстес – көк бурыл; аса биік емес, бірақ кең келген ұсақ әжімді маңдайдың шекелігін қою шаш қомақты көрсетеді. Жұқа танау, келісті мұрын – парасатты жанның сүйкімді келбетіне жарасты біткен. Ал, жазық қабақ пен сыдырым қас осы сәтте жиырыла түсіп, ірі көздің баяу нұрымен қосыла ренжіп тұрған сияқты»4 - Бақытжан Қаратаевтың, «Өңі қара қошқыл, ет бетті, қасы сирек, қабағы жазық; көзі әлде желге, шаңға көбірек тосылғандықтан ба, әлде аңдаусызда бір нәрсе тиген бе - әйтеуір ағы қанталаңқыраған қызғылтарғыл. Ал, оң құлағының қалған шеміршегі үлкен етіп ойып салғандай, кетік мұрны бетіне лайық - әрі етекті, әрі ірі; бойы аса ұзын, өзі аса етті болмаса да жұмыр сом біткен денені отырған орнынан екі қозғалтар емес, нық, бейнебір өңдеуге қарсы бұтағы мол, жонуға қабығы қалың, дауылға иілмейтін жатаған келген даланың емені сияқты»5 - Мәмбет батырдың портреттерін суреттеуінен көруге болады.

Хамза Есенжанов суреткерлігі адам портреттерін бейнелеумен ғана емес, шығарманың өңге де көркемдік компоненттерінен де жиі-жиі көзге түсіп отырады. Мысалы, романдағы жылқы, ат суреттеріне көз жіберіп көрсек, жазушы шеберлігінің озық екені айқындала бермек. Ат!.. Сол 1918-1919 жылдары халықтың негізгі көлігі ат еді. Жаулардың да (казак-орыстардың), олармен майдандасып жүрген қазақ жігіттерінің де негізгі серігі – ат. Сондықтан да, жазушының шығармасында аттың суреттеріне ерекше мән беруі заңды. Мысал: қазақ жауынгері Нұрымның (Хакім ағасы) атының, «Атың да көруге көз керек жануар екен: сауыры төңкерілген ақбақай кер! Омырауы есіктей, шіркіннің құлақ бітісі қалай, тура қамыстай! Жағында қармаққа шаншар ет жоқ. Бәйгені шаппай салып жүрген қыл құйрық қой дәу де болса, сіңірі мен сәкөйі көз тартады»6, яки күзгі қара суықтағы жылқылардың: «Сырым шыққан обаға ілікпегенде алдынан өреге жайған құрттай боп, кешкі алакөлеңкеде жыпырлаған қалың жылқы кездесті. Жаз күні бет-бетімен жайылып, үйір-үйірімен ендеп жататын бозды даладағы көп жылқы кәзір шоғырланып, етек-жеңін жинап, екшеле түскен: сауыр жүні үрпиген жабағылар ыққа қарай домалап, біріне-бірі бұйыға жабысып, басын жерге салмастан жылжып барады; сауырлары зөнтектей, түгі қалың дөнежін, бесті жылқылар мен аяғын алшақ басқан ту биелер ықтаған тай-тулақтың соңынан бір қырындай жайылып, амалсыз ере түседі.

Қысырақтың қызғаншақ келген қапсағай дөнендері қалың қабақ қара айғырларға құлақ жымитып, жал күдірейтуін сиреткен сияқты; үйір мен үйірдің алшақ арасын да қара суық жымдастыра бастағандай»1 - дейтін көркемдеулер шын шебердің қаламынан шыққан суреттер.

Пейзаж – қай-қай шығармаға да жан бітіретін басты көркемдік компонент. Қазақ романдарының арғы-бергі тарихына көз жіберсек, талай-талай майталман қаламгерлердің романдарындағы табиғат көрінісінің классикалық үлгілері өте көп екеніне қаныға түсеміз (Әуезов М., Мұқанов С., Мүсірепов Ғ., Мұстафин Ғ., Есенберлин І., Нұрпейісов Ә., Ахтанов Т., Мағауин М., т.б. романдары). «Ақ Жайық» романында да табиғат суреттері шығармаға өң, көрік беріп, жандандыра түскен. Әсіресе, жылдың әр мезгіліндегі (көктем, жаз, күз, қыс) табиғат көріністерін халық, кейіпкерлер өмірімен тығыз бірлікте алып суреттеуге автор трилогияда кең орын берген. «Дала да жап-жалпақ, қазақтың етек-жеңі кең, өзі мол түйежүн шекпені сияқты өңір-өңір болып жарыса жонданып кеткен қыраттары мен ұзын-ұзын ызаттары шекпеннің қос тігісті сайындай, бірі таусылса, екінші біреуі әзір тұрады, шетіне жеткізбейді. Аспан да баяғы төңкерілген күйі, я әрі, я бері жылжыр емес; оның терең төріндегі қадау-қадау ақ шағырмақ бұлттар да табан жылжымастан, тасбиық тартқан сәлделі сопылардай, мүлгіп тұр. Сонау, қазығын айналған арқандаулы аттай, қалықтап қанкөбелек ойнаған қарақұс та ерінбей шүйіліп, асықпай әрілейді, - көп уақыт көзден үзілмей, үтір сияқтанып шүйіледі. Алтын омырау, сары бауыр шегіртке де бота тірсектерін біріне-бірі үйкеп алып шыр қағады да, содан кейін біраз уақыт саябыр тұтады. Айнала бейғам, айнала саябыр дүние! Бірі тынып, бірі зырғып, бірі мүлгіп, бірі дамылсыз дөңгеленген әлем...»2 - деп суреттелген Орал өңіріндегі қазақтың сайын даласының «Көктем тасқыны кезінде арнасына сыймай, лықсып, шалқып, жағаның орманды тоғайы мен ойпатты алқаптарын көк ала дария етіп теңізге жүгірген Жайықтың жалпақ суы қазір боз быламық емес, түсі ақшыл тартқан: ағысы да самарқау, ені де алдақашан апшырып, мүсіні сұлу қалпына қайта түскен: бейне бір қасын керген, маңдайы жазық, бойшаң арулар сияқты, кербез жылжып, керіліп ағып жатыр»3-деп бейнеленген қазақ халқының ежелгі қоныс-мекені – Ақ Жайықтың тартымды суреттері романға көрік беріп тұр.

«Ақ Жайық» романындағы жазушының биік шабытпен суреттеген өнер адамдарының бейнесі де назар аударарлық. Әсіресе, сыбызғышы Қайыпқожа образын оқырманға танытуға автор едәуір творчестволық күш жұмсапты. «...Нар иген», «Ақсақ киік», «Бала қаз», «Соқыр қаз» деген күйлер кез келген адам түсіне бермейтін ғажайып оқиғалы сырлы күйлер. Оны жалғыз күйші-сыбызғышы біледі, «жалғыз қамыспен» ол сол сырлы күйлерді құлаққа жеткізеді, мың құбылған үнмен айтып береді, тыңдаған жамағаттың жүрегін балқытады, өн-бойын билеп алып кетеді... Күй үні әлемді басып, жер бетіне тегіс жайылып кеткен тәрізді. Жел тынып, шөп сылдырламай қалған. Жанды-жансыз әлемнің бәрі мүлгіп, рахат дүниесіне мәз боп тұрғандай»1-деген жазушы толғаныстары асқан өнер иесінің бейнесін жете таныта түскендей. Яки, романдағы әнші, жыршы Нұрым бейнесі де жарқын жасалған. Әсіресе, «Үш қиянды», Махамбеттің дауылпаз жырларын, «Қырық батырды» биік шапытпен орындаған тұстағы Нұрымның өнерпаздық тұлғасының оқырман жадында сақталып қалатыны күмәнсіз2.

Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында халықтың рухани әлемінің байлығын суреттеуге де көп көңіл бөлген. Ғасырлар бойғы асыл қазына: Қожанасыр, Алдар көсе, Жиренше шешен, «Зарқұм», «Жүсіп – Зылиқа» қиссасы, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» пен Махамбеттің жалынды жырларын, Мұхиттың асқақ әндерін қазақтың қалың бұқарасының қалай бойына сіңіріп, өмір бойы рухани азық еткенін трилогияның өн бойында жазушы бірнеше көркем эпизодтармен жүйелі түрде суреттеп береді.

«Ақ Жайық» – ХХ ғасырдың 50-жылдарының соңы мен 60-жылдарының басындағы қазақ романының Таңдаулыларының қатарына кіреді.

«Ақ Жайық» романы – қазақ әдебиеттануы мен сынында ұнамды баға алған шығарма. Академиктер М.Қаратаев, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, профессорлар М.Атымов, Т.Сыдықовтың әр жылдарда жазған ғылыми еңбектерінде «Ақ Жайық» романы жоғары бағаланды3.

Зейін Шашкин – жиырмасыншы ғасырдың 50-жылдарының соңы мен 60-жылдарының басындағы қазақ әдебиетіндегі роман жанрының өрістеуіне елеулі еңбек сіңірген жазушы. Оның «Тоқаш Бокин» (1958), «Теміртау» (1958-1960), «Доктор Дарханов» (1962), «Сенім» (1966) романдары сол тұстағы қазақ прозасына елеулі үлес болып қосылды.

Жазушының «Тоқаш Бокины» – әдебиеттегі тарихи және тарихи революциялық романдарының қатарына қосылған көрнекті шығарма ретінде танылған туынды.

Романның бас кейіпкері – тарихта болған, ел-жұртқа белгілі қайраткер Тоқаш Бокин (1890-1918) – Жетісу өлкесінде Кеңес өкіметін орнатуға жан аямай еңбек сіңірген айтулы революционер, қоғам қайраткері. Сондықтан да ол шығармадағы орталық кейіпкер болып бейнеленеді. Автор жас кейіпкердің өз кезіндегі қазақ тарихындағы үлкен-үлкен оқиғаларға белсенді түрде араласуын жете суреттеп берген. Әсіресе, Тоқаш 1916-жылғы Жетісу өлкесіндегі Бекболат Әшекеев басқарған ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастыруға Жетісуда Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысады. Революция үшін шеккен адам айтқысыз азабы (түрмеге түскен шақтары) шеңберінде шынайы, көркем суреттеледі.

Романда негізгі сюжет арнасы сол тұстағы (1917-1918) тарихта болған оқиғалардың шеңберінде өрістеп, аяғы трагедиямен бітеді. Сол жылдардағы Жетісу аймағындағы тап тартысы романда жан-жақты ашылады. Міне, сол тап тартысының жуан ортасында жүріп Тоқаш Бокин өзінің қайраткерлік, азаматтық, күрескерлік бейнесін танытады. Осы жолда ол революция дұшпандарының қолынан қаза табады.

Тоқаштың аршынды әрекеті Кәрден байдың малын тартып алып, тақыр кедейлерге үлестірген тұста анық көрінеді.

Байлар Тоқаштан кек алып, оны құртып жібергені шығарма сюжетінің шиеленісіп барып, шарықтау шегіне жетуі. Абақтыдағы Тоқашты ұрлап, тауға апарып Ғабдулла Кәкенов, Әділ (Кәрден байдың інісі), Халфе, Сәлімгерей Бурнашев, Исмаил Яшайло, ақсақ Кихтенконың өртеп жіберуі – роман соңындағы нағыз зұлымдық көрініс, жан түршігерлік трагедия.

Романдағы Құрышбай – тартымды, көрікті бейне. Ол – сері, әнші әзілқой, жаны таза. Құрышбай – Тоқаштың адал досы, жан серігі. Қиын-қыстау шақтарда Тоқаш пен бірге қиямет-қайым, ауыр күрестердегі сыннан сүрінбей өткен ер мінезді азамат.

Тоқаш, Құрышбай достығын жазушы жарқын эпизодтар арқылы суреттеген. Бұл достықта талайларға, әсіресе жас ұрпаққа үлкен өнеге, тәлім-тәрбие беретін тағылымы мол терең идея жатқаны сөзсіз. Бұдан өңге Тоқаштың достары Иван Покудин, Федор Столяровтар сәтті, нанымды шыққан көркем бейнелер. Сондай-ақ, Тоқаштың мәпелеп, тәрбиелеп қанаттандырған төл шәкірттері: Сақа, Ораз, Жақыпбек, Абдулла сияқты жастар болашақтың жарық жұлдыздары сияқты әсер қалдырады.

Романда үлкен сүйіспеншілікпен суреттелген Алекандр Петрович Березовский, Петр Алексеев Еремин, Лука Потавич Емелев, Павл Виноградов сияқты орыс адамдары Жетісу өлкесінде Кеңес өкіметін орнатуға сіңірген бұлардың қаһармандық еңбегі шығармада кең ашылады.

Тоқаш тағдырымен тікелей сабақтас әйелдер образы де бір шоғыр. Әсіресе Тоқаштың анасы – Ақбалтырдың ұмытылмас образы жарқын жасалған. Тоқаштың Айгүл (Аянбектің перзенті) сұлуға деген ғашықтық сезімі отты, сенімді, әрі аяулы. Тоқаштың өзіне өле-өлгенше ғашық Кәрден байдың өнерлі, өр, көркем қызы Бикеннің алдау-арбауына берілмей, көнбей өтуінің өзі сертке беріктігін танытады.

Роман сюжетін шиеленістіріп, ширата түскен бір топ ұнамсыз образдардың кейіп-келбеті, зұлымдық іс қимылдары білгірлікпен, шеберлікпен суреттелген (Атаман Андрей Васильевич Малышев, Алаш орданың басшысы Ыбырайым Жайнақов, адвокат Ғабдулла Кәкенов, Халфе, бай сәудегер Зәкір Исабаев, тергеуші Загаруля, сиқыршы алаяқ Исмаил Яшайло, Эпископ Пимен, шонжар бай Кәрден, таңқы мұрын сұм, сұмырай, эсер Валентин Робертович Фальковский т.б.).

Зейін Шашкиннің «Тоқаш Бокин» романы – идеялық мазмұны терең, көркемдік қуаты жағынан елеулі шығарма. Осы романның негізгі ерекшелігі жайында жазушы шығармашылығын жан-жақты мұқият зерттеген Сапар Байжановтың: «Тоқаш Бокин» романынан жазушының суреткерлік өнерінің кейбір сипаттары қалыптаса бастағанын аңғару қиын емес. Зейін Шашкин шығармаларының бір ерекшелігі көп сөзділіктен аулақ. Ол кейбір жазушылардай жоқты-барды сағыздай созып шұбатып оқушысын мезі етпейді. Табиғат көріністерін, адам портретін, тұрмыс детальдарын суреттегенде де сабақты жібіне дейін түгендей тәптіштеп жатпайды, сол суреттеліп отырған обьектісінің көрнекті, елеулі бір сәттерін қадап айтып есте қалдыруға тырысады. Көбінесе шығарманы шытырман, оқыс оқиғаларға құруға үйір, шиеленіскен тартыстармен оқушыны еліктіріп, қызықтырып әкетеді»1,-деген пікірі дәлелді.

Елуінші жылдарда жазылып, тарихи-революциялық тақырыпты көтерген қазақ романы үлкен прозаның өмір суреттері мен заман шындығын ашуда, тарихи тайталас тұсындағы күрескер адамның бейнесін толымды бейнелеуде жаңа биіктерге көтерілді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]