
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
Жаңа жанрларды игеру жолында
Бұл жылдардағы роман қазақ халқы өмірінің сан саласын қамтып, жанрдың ішкі мүмкіндіктерін кеңейту жолында едәуір ізденіс жасады. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған ізденістер жайлы роман жазылды. Бұған соғыстан кейінгі дәуірде орыс әдебиетінде туған осы тақырыптағы шығармалардың (Г.И.Коновалов: «Университет», В.А.Добровольскийдің: «Сұр шинельді үш жігіт», Ю.Трифонов: «Студенттер») әсері болғаны даусыз. Зейнолла Қабдолов «Өмір ұшқыны» атты повесінде де осы тақырыпты қозғады. Ал, С.Шәймерденовтің «Болашаққа жол» (кейін «Инеш» болып өңделген) туындысы өз дәуірінің роман жанрын өзгеше арнада, жаңа кейіпкерлерімен игеруге ұмтылыс танытты.
Бұл туынды жайында баспасөз беттерінде жарияланған сын-пікірлердің, талдаулардың қарасы онша көп емес. Маңдайы жарқыраған алдыңғы топтағы дүниелердің қатарынан да үнемі атала бермейді. Соған қарамастан бұл роман әр кезеңдегі оқырмандар үшін өзінің идеялық-эстетикалық маңызын жоғалта қоймаған шығарма. Онда Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірдегі жоғары оқу орындарының өмірін танытатын студенттер мен оқытушылардың тіршілік-тынысы, білім мен ғылым жолындағы ізденістері, өзара адами қарым-қатынастары, достығы, махаббат жайлары суреттеледі. Шығарма оқырман үшін несімен бағалы, көңіл тұшыта қоймайтын кемшіліктері қандай деген мәселе тиісінше нақты жауап беруді қажетсінетіні сөзсіз. Адамдардың жан-дүниесін, сезім күйін, қарым-қатынастар барысында туындайтын ой-парасат иірімдерінің жан-жақты бейнелей алуы, адам мінезінің, көзқарасының күрделі екендігін нақтылай бейнелеуі – бұл туындының эстетикалық жинақтау тұрғысынан ұтып тұрған жағы екендігі сөзсіз. Кейіпкерлер арасындағы байланыстар, моральдық-әлеуметтік тартыстар, олардың тосын шешімдері оқырманды тиянақты ойлануға, өмір жайлы философиялық пікірлер түйіндеуге бейімдейді.
Шығарманың фабуласын ықшамдап жеткізер болсақ, оқиғалар жүйесін өрбітуге қатысатын негізгі персонаждар саны төртеу. Олар – әскер қатарында болып, майдан көріп қайтқан бұрынғы жауынгер Мәулен, қалалы жерде туып-өсіп, зиялы ортада тәрбиеленген, саналы ғұмырын тек білім алуға ғана арнаған қала қызы Инеш, ғылымдағы жұмысын тұрмыстың қатаң талаптарымен ұштастыра жүргізетін, университет, қоғам, ұжым беделінен гөрі өзінің жеке мүддесін басым қоятын доцент Майқан Белгіғұлов және ауылдан шықса да, білім жолында табандылықпен еңбек етіп келе жатқан қабілетті қыз Гүлшат Аманова. Романда басқа да көптеген кейіпкерлердің есімдері аталғанымен, олар негізінен осы төртеуінің төңірегіне топтасып, белгілі бір көркемдік міндеттер атқарады.
Инештің ағасы Сабырмен қан майданда бірге болып, жақындасып кеткен Мәулен қалаға оқуға оралысымен Инештің отбасына үйір болып алады. Оның әке-шешесі Дәулеткерей мен Мәдина (Майнам) соғыста қаза тапқан ұлдары Сабырдың көзіндей көріп, Мәуленнің үйге келіп кетіп жүргенін көңілдеріне үлкен медеу тұтады. Екінші жағынан олар жалғыз қыздары Инешпен осындай білімге құштар, мінезі салмақты, парасатты жігіттің жылы қарым-қатынаста болғанына да кет әрі емес. Бір отбасында жалғыз өсіп, білім, ғылым жолын қуған Инеш жатақханада тұратын өзінің курстастарымен, ауылдан шыққан басқа да адамдармен араласып кетуге ықылассыз. Оның көбінесе жалғыз жүруіне бір себеп осы болса, екіншіден, бар уақытын ылғи да кітап оқып, конспект, реферат, мақала жазып, кітапханаларда өткізетін жастың қатарластарымен адами байланыс орнатуға мұршасы да жоқ. Өз үйіне келіп-кетіп жүретін Мәуленді шын көңілден жақсы көретінін бойжеткен біртіндеп сезеді, өзіне жігіттің ғашық қызына қарағандай қарым-қатынаста болғанын қалайды. Оның бұл көңіл қалауының дұрыс жүзеге аспауына себеп Мәуленнің жеке болмысында жатыр. Білім, ғылымға құмарлығы, интеллектісінің жоғарылығы жағынан Инеш екеуі ұқсас. Алайда, жастық сезім, махаббат мәселесіндегі бұл екеуінің түсініктері қабыса бермейді. Мәулен үшін марксизм-ленинизм ілімінің негіздеріне сүйенген кеңестік білім жүйесін меңгеру қайдағы бір ғашықтық сезім, махаббат сияқты мәселелерге қарағанда жоғарырақ.
Сүйіспеншілік сезімдерін тежеп келген екі жастың қарым-қатынасы мынандай эпизодтардан анық байқалады: «Содан соң ол селқостау тұрған Мәуленге еркелей қабақ көрсете қарады. – Неге үндемейсің? Әлде менімен барғың келмей ме?
Мәулен кескінінде аянышты бір құбылыс пайда болды.
– Инеш, мен сондай қуаныштымын. Ал бар ғой... сонда да... тіпті бүгін театрға бара алмаспын деймін. Былай етсек, бүрсікүні барсақ... қайтер еді?
– Бүрсікүні? – деп Инеш ашуы мен күлкісі де, еркелігі мен салмағы аралас кейіппен Мәуленге сұрана қарады. – Мен не, бүрсікүнге дейін қой бақпақпын ба? Жоқ, бүгін барамыз»1.
Қыз ретіндегі өзінің көңілін білдірген, тіпті, үйленейік деген ұсынысты да айтуға мәжбүр болған Инештің жылы сезіміне қасаң жауап беруі, тіпті, оның сезімге еліктегіштігін жақтырмай қабылдауы – Мәуленнің қоғамдық сана мен қоғамдық мүддені жоғары қоятын коммунистік идеологиямен әбден суарылғандығының белгісі. Өзінің ғылыми жұмысына жетекші болып жүрген университеттегі ұстазы, доцент Майқан Белгіғұловпен Инештің біртіндеп тығыз қарым-қатынас жасай бастауы сүйген жігітінің осындай демагогтық көзқарасының әсері.
Соншама уақыт қатар жүріп, түрлі сезім күйлері мен сырларын бөлісіп, бір қарағанда жап-жақсы үйлесіп кеткен жоғары өредегі қыз бен жігіттің махаббат мәселесінде ортақ шешімге келе алмай, өзара суысып кетуі – романдағы драмалық ахуалды күшейте түсетін шешім, бірақ сол кездегі өмір шындығынан алыс жатпаған реалистік құбылыс. Сол бір университет студенттерінің өзі қарабайыр ұғымдардан аса алмай жүрген замандарда Инеш пен Мәулен секілді білім, ғылымға құштар, эрудициясы дамыған жастардың адам өміріндегі махаббат тәрізді нәзік те шетін мәселеде түсіністік таба алмауы – романдағы басты психологиялық-моральдық проблемалардың бірі.
Өзін қоршаған адамдардың тарапынан Инешті сынап-мінеушілер де кездеседі. Оған сылтау жеткілікті. Биология факультетінде оқитын ол даладағы практикалық жұмыстарға шыққанда басқа студенттерге ілесе алмай, әрі табиғат ортасындағы жадағай тіршілікті көтере алмай, сырқаттанып қалады. Келесі бір жолы доцент Кәрім Бозжанов бастаған студенттер колхозға барып, ғылым жаңалықтарын насихаттамақ болғанда немесе университеттің энтузиаст студенттері биік таулы аймаққа туристік жорыққа шығар кезде Инеш Дәулеткереева тағы көрінбейді. Өзі бірге оқитын студенттермен, тіпті, оқытушылар құрамымен араласа қоятын Инеш жоқ. Өзінің білім алуға қатысты мәселесін жеке шешуге бейім. Үміт жібін жалғайтын адамы – жетекшісі Белгіғұлов қана. Курстастардың ішіндегі тағы бір білімді әрі пысық қыз Зада Қасымова Инештің осындай саяқ жүруін, қиындық атаулыдан қашуды әдет қылып алуын термелеп, сынап отырады. Инештің барлық уақытын сарп етіп жазған ғылыми еңбегін «Гүлшаттың рефератынан артық емес»1 деуі, «Инешті жиналыста қарау керек» (Сонда) «Инеш – мещанка»2 деген сияқты пікірлерінде Инештің жалпы адами болмысын нақты бағалауға тырысушылық сезіледі.
Университет өмірі қашан да қым-қуыт тіршілікке толы. Туындап жатқан ағымдағы мәселелерді шешу үшін ақылдаспай, жұрттың пікірін тыңдамай, тиісті әрекетке бару мүмкін емес. Осындай ұжымдық атмосфераға тән ахуал «Инеш» романындағы оқиғалар фонын құрайды. Оның кейіпкерлерінің қай-қайсысы да университет өміріндегі қызу қарбаластың ортасында көрінеді. Көбінесе жалғыз жүретін Инештің өзі де кейде ұжымның пікіріне құлақ асып, жеке басының мәселесі де айтылар сөздің нысанына айналып жатады.
Ал Мәулен, Жолтай, Гүлшат, Зада, Сымбат сияқты кейіпкерлер ылғида сол қайнаған қызу өмірдің бел ортасында жүреді. Өзінің жеке өміріндегі интимдік, жеке бастық мәселелерден көрі қоғамдық мүдделерді басымырақ қоятын Мәулен – білім, ғылымға берілген оқу озаты. Сенбілікке шығу, сайлау қарсаңында үгіт-насихаттық жұмыстар атқару – ол үшін қалыпты өмірдің міндетті құрамдас бөлігі. Көбінесе ой үстінде жүретін, пенде баласына тән түрлі сезімдерден гөрі ой-толғанысқа бейім жігіт қоғам өміріне белсене араласады. Жазушы бұл образ арқылы сол кездегі замандастары үлгі ете алатын мінсіз бейне жасауға тырысқан. Соның салдарынан Мәулен адамға тән жеке сезім күйінен, рухани қажеттіліктен қоғамдық мүддені, мемлекеттің ұстанған саясатын жоғары қоятын деңгейге дейін жеткен. Жазушы қаншама қисындар келтіргенімен, өзінің жеке адам ретіндегі идивидтік сипаттарын мансұқ ету шындықтың ауылынан алыс жатқаны сөзсіз. Жекелеген ұсақ-түйек кемшіліктерін, осал тұстарын көрсеткен жағдайда Мәулен бейнесінің реалистік нышаны әлдеқайда күшейе түсер еді. Одан гөрі қоғамдық-әлеуметтік белсенділігі төмен, моральдық ұстанымы солқылдақтау болып көрінетін, бір сөзбен айтқанда, жағымды және жағымсыз сипаттары аралас болып, теңдей түсіп жататын Инеш образының реалистік сипаты едәуір басым. Автор өз позициясы тұрғысынан Мәуленге қанша іштартқанымен, оқырман оны толық қуаттай алмайды. Әсіресе, махаббат тәрізді асыл сезімді аяқ асты етіп, мемлекеттің игілігіне қызмет етпедің деген сыңайда Инешке жөнсіз кінә артуы – екеуара қарым-қатынастың шарықтау шегіне жеткен сәті. Шығарманың бойынан көркем шындық іздейтін оқырман Мәуленді осындай түсініксіз позициясы үшін де қабылдай алмайды. Сөйтіп жазушының жеке шешімі мен оны эстетикалық тұрғыдан қабылдай білу арасында кереғарлық пайда болады.
Романда мінсіз жасалған кейіпкерлердің бірі – Инештің жақын адамы, биология факультетінің озат студенті Гүлшат Аманова. Қарапайым ортада өскен ауыл қызы студенттік жылдары өзін оқу мен ғылымға алғыр, қоғамдық жұмыста белсенді етіп көрсете алады. Өмір ағысы туындатып отырған ғылыми проблемаларды шешу барысында өзі сияқты озат студенттермен ғана емес, университетің оқытушыларымен де пікір таластыра алады. Оның жас шағында көрген қиыншылықтарынан хабар беретін эпизодтардың біреуі – ашаршылық атты алапат апатқа, халық басына төнген қалың қасіретке куә болуы. Паналап келген қос бөлесі өгей әкенің зәріне шыдамай, шығып кетіп, аязды түні бейіт маңында қатып қалады. Ол – адам басындағы қиыншылық атаулыға оңайшылықпен мойый қоймайтын қыз. Университет студенттері арасында жасаған баяндамасы ерекше марапатқа ие болып, Мәскеуге жіберіледі. Тауға жасалған альпинистік жорыққа қатысып, өзінің ептілігі мен қайсарлығының арқасында шың басына ту тігу құрметіне ие болады.
Бір қарағанда студенттер ортасында алдыңғы қатарда жүру жағында оны Инешпен бәсекелес деуге болады. Инештің жұмысы туралы айтқан Зада Қасымованың: «Гүлшаттың рефератынан артық деймісің?» деген пікірінде де негіз жоқ емес. Инешті жақтырмайтын осы кейіпкердің пікірі арқылы екі озат құрбыны бір-біріне қарама-қарсы қою нышаны айқын. Автордың өзіндік позициясы да осындай ұстанымға саяды.
Ондай көркемдік шешім шығарманың соңында тіпті айқындала түседі. Өмірбойы қаладан шығып көрмеген ақсаусақ оқымысты қыз Инеш министрлік жолдамасымен алыс ауылға мұғалім болып кетеді де, керісінше, оның жақын құрбысы, бұрынғы ауыл қызы университеттің аспирантурасына қалдырылады. Қос құрбының жас маман ретіндегі тағдырының осылайша айқындалуы бір қарағанда әлеуметтік әділеттіліктің белгісіндей болып көрінуі мүмкін. Кеңес дәуіріндегі қалыптасқан қоғамдық түсінік бойынша, бұл – шынында да әділеттіліктің салтанат құруы еді.
Алайда обьективті түрде алып қарағанда, өзі білімді, табиғаты зиялы, болашағын ғылымға арнағысы келіп отырған оқу озаты Инешті өмір сүрудің өзі күреске айналып кеткен шалғай ауылға жіберу оның болашағына балта шабумен бірдей екендігі сөзсіз. Ақсаусақ қала қызының тағдыры ғана емес, ұлттық ғылым кадрының да келешегіне қауіп төндіру ғылымға жасалған қиянат емес пе? Ендеше Инештің өзі өмірі көрмеген түйеге амалсыз мініп, иен өлкеге барып түсуі – саясаттан туындаған трагедиялық ахуал. Қазақ аруын ғана емес, ғылымды да қорлау. Сол кездегі қоғамдық пікірдің, идеологиялық саясаттың жеңілісі. Дарынды қазақ жастарын осылайша ғылыми ортадан алыстатып, шеттете беру ұлттық ғылыми кадрларға жасалған қысым екендігі сөзсіз. Шығарма жазылғаннан соң жарты ғасырға жуық өткеннен кейін бұл ситуацияны осылайша тым қатаң бағалағаннан басқа амал жоқ. Әйтпесе Инеш сияқты дарынды жастарды саналы түрде шалғайға айдап жібергеннен гөрі ғылымда жұмыс істеуіне жағдай туғызу қоғам үшін де әлдеқайда тиімді болмас па. Бұл сол солақай саясат заманындағы типтік көрініс екендігі де ойландырады. Қаншама Инештердің осылайша қапаланып, ғылымнан еріксіз қол үзуге мәжбүр болғанын ұлттық тұрғыдан да ақтап алу қиын. Мінез-құлқындағы жекелеген кемшіліктер, сезім солқылдақтығы сияқты жеке бастық факторлар шатыстыруға келмейтін басқа мәселе.
Доцент Белгіғұловтың да кейбір жекелеген кемшіліктері оны жағымсыз бейне ретінде бағалауға негіз бола алмайды. Ғылыми ортада өз орнын таба алмай, бәсекелестеріне қарсы астыртын қарсылық ұйымдастырып жүрген бұл жігіттің бейнесінен де оқырман безініп кете қоймаса керек. Ұжым мүшелерінің беретін теріс бағасы, жеке басының пендешілік кемшіліктері оқырманды қынжылтады, бірақ мүлде жеркендірмейді. Өйткені Белгіғұлов мүлдем ақымақ немесе шектен шыққан арсыз адам емес. Оның да өмірлік принциптері бар, ғылым жолында белгілі бір биіктіктерге жеткісі келеді. Бірақ таңдап алған жолы дұрыс болмай шығады. Оның бойындағы ең нашар қылық Бозжановтың докторлық қорғауы кезінде байқалады. Өз шылауында жүрген Белгібаев деген студентті диссертантқа қарсы сөйлеуге үгіттеп қояды. Бірақ ол қанша айтқанымен, мүлде бұзылып кетпеген, қателігін түсіне алатын адам. Ортада жалғыз қалғаннан кейін өзі тәрізді саяқтанып оқшау қалған Инешті бауырына тартуға тырысуы, қыз ретінде көңілі кетуі моральдық тұрғыдан тыйым салатын нәрселер емес қой.
Мінез-құлықтарындағы эгоистік сипаттар басып кеткен жандардың қоғамдық ортадан бөлектеніп, еріксіз оқшауланып қалуы да өмір заңдылығы. Жекелеген жақсы қасиеттері бола тұра Белгіғұлов пен Инештің осылайша саяқсып жүруі сондай жағдайдан туындап жатыр.
Романда Викентий Добров, Ерен Дайыров, Жолтай Мұздарапов, Сымбат Асқаров, Айшән Саттарова және т.б. кейіпкерлердің көркемдік тұрғыдан атқарып тұрған міндеттері бірдей деуге болмайды. Бірақ бұлардың барлығына ортақ бір ұтымды сипат роман оқиғасы суреттеліп отырған замандағы зиялы қауым өкілдерінің өмірлік көзқарасын, дүниетанымын, қоғамға деген қарым-қатынасын біршама жақсы білдіре алады. Кейбіреулерінің мінез-құлықтары тәп-тәуір дараланып көрсетілген тұстары да бар. Осы арада кейіпкерлерді сомдау, сюжет өрбіту және композициялық құрылым сияқты көркемдік компоненттердің бір-біріне жасайтын ықпалына көз жұма қарау қиын. Тым мәселелердің өзара байланысынан туындайтын көркемдік құбылысқа назар аударуға тура келеді деп айтуға болмайды.
Романның негізгі әлсіз тұсы осы жағынан келгенде айқынырақ көрінеді. Біріншіден, екінші қатардағы кейіпкерлердің арасында әлі де дұрыс ашылмай, бұлыңғыр күйде қалып қойған жерлері байқалады. Мысалы, Дайыров, Добров, Сымбат сияқтылар. Аттары жиі аталғанымен, олар сүбелі тартыс, ширыққан шиеленістерге араласа бермей, сырт қалып жатады. Соның салдарынан бұлардың адам ретіндегі болмыс-бітімдері анық көріне бермейді. Екіншіден, кейіпкерлер арасындағы тартыс көбінесе жайбарақат жағдайда өтетіндіктен, сюжеттің дамуында марғаулық басым, алып-ұшып әкетіп бара жатқан қызықты оқиғалар жоқтың қасы. Үшіншіден, шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнына, оқиғаның дамуы мен адам характерлерінің тікелей ашылуына қызмет ете бермейтін артық эпизодтар мен көріністер орын алып кететін тұстары бар. Егер осы айтылған жерлерге қаламды қаттырақ батырғанда, роман бұдан да биігірек деңгейге көтерілер еді деп ой түюге болады.
М.Горькийдің автобиографиялық шығармалары («Балалық шақ», «Кісі есігінде», «Менің университетім») әсерімен 30-жылдардан бастап жазыла бастаған (алғашқы аты – «Менің мектептерім») бұл туындыны Сәбит соғыстан кейін (1954-1955 жылдары) екі том етіп жариялады. Үшінші кітап біраз үзілістен соң 1963 жылы шықты. Осындай роман жанрының ішкі мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысында едәуір жаңалықтарымен танылған дүние – С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты мемуарлық романы.
Әрбір мемуарлық шығарма қандай бағытта жазылғанына қарамастан, өз заманының белгілі бір дәрежедегі шежіресі ретінде танымдық қызмет атқаруымен де бағалы. Автор өзінің басынан кешкен елеулі оқиғалары мен кезеңдерді шығармасының мазмұнына айналдыра отырып, сол кездегі халық тарихына, қоғамдық өмірге қатысты түрлі фактілер мен деректерді, өзі куә болған кезеңнің ерекшеліктерін талдайды. Кейде автор қоғам өміріндегі елеулі құбылыстарды сырттай бақылаушы ретінде суреттелсе, енді бір жағдайларда өзі сол өзгерістердің қозғаушы тетігі ретінде оқиғаның ішіне ене отырып әңгімелейді. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлық трилогиясында авторлық ұстанымның осындай екі сипатының да қатар орын алатындығы байқалады. Академик С.Қирабаев осынау толымды туынды туралы: «Өмір мектебі» – бір Сәбит өткен мектеп емес, халық өмірінің мектебі. Жазушы халық тарихының жарты ғасырға жуық кезеңін алып, үш кітап бойында оны кең қамтып суреттейді»1 - деп тұжырым жасайды. Ал әдебиет сыншысы А.Нұрқатов болса: «Өмір мектебі» тек өмірбаяндық қана роман емес. Бұған қоса ол – тарихи да шығарма. Өйткені, онда автор өзі өткен өмірлік жолдың ғана бел-белестеріне үңіліп қоймайды, сонымен бірге туып-өскен ортасының да шындығын кеңінен қамтып ашады, тұтас тарихи бір кезеңнің көріністерін береді»2 - деп, бұл ойды толықтыра түскен болатын.
Трилогияның бірінші кітабы жазушының өмірге келгенінен бастап ер жетіп, ат жалын тартып мінгенге дейінгі аралықты суреттейтіні мәлім. Әлбетте қоғамға тікелей ықпал жасай алмайтын балалық және жас-өспірім кезеңде автор – негізінен сырттай бақылаушы ғана. Ол өзі өмір сүріп отырған уақыттағы замана тынысын көріп-білгендері, естігендері арқылы жеткізеді. С.Мұқановтың мемуарлық шығарманы жазушы ретіндегі бір ерекшелігі – көрген-білгендерін назардан тыс қалдырмауға тырысып, кітабына сыйғанынша тәптіштей жазуға тырысатындығы. Әке-шешесінің көзі тірі кезіндегі жылдар суреті балалық жадыға сүйену нәтижесінде үзік-үзік бейнеленгенімен, сол жылдардың қоғамдық-әлеуметтік кескін-келбетін көзге нақты елестете алады. Әкесі Мұқан мен шешесі Балсарының ғұмыр бойы өмірден көрген қиыншылықтары, теңсіз қоғамдағы кедей адамға тән әлеуметтік жағдайлары, өмір үшін күресу жолындағы әрекеттері шағын эпизодтар, ұтымды детальдар арқылы оқырманға ұсынылады. Сондай педанттық тұрғыдан орын алған суреттеудің нәтижесінде жазушының әке-шешесінің қандай адам болғандығы жап-жақсы елес беретіні сөзсіз.
Сәбиттің жетімдік тақсыретін тартқан жылдарынан кейін өмірдің қоғамдық-тарихи сипаты анығырақ суреттеле бастайды. Өйткені әке-шешеден арасына жылдар салмай жатып айырылған жас бала амалсыз ауыл аралап, әртүрлі ағайындарды паналауға мәжбүр болады. Сол мәжбүрлік айналадағы адамдарды жақыннан танып-білуге, қазақ қоғамының табиғатын айқынырақ түсініп, өмірдің қаншалықты күрделі екендігін жан-тәнімен сезінуге еріксіз ықпал жасайды. Әке-шешеден айырылғаннан кейін ол апасы Ұлтуған екеуі алдымен ағайыны Мұстафаның қамқорлығына көшеді. Үлкендердің арасындағы араздық, қырғиқабақ қарым-қатынас баланың бір үйден бір үйге ауысып жүруіне, бесіктен белі шықпай жатып әртүрлі адамдардың ықпалына түсуіне алып келеді. С.Мұқановтың өз өмірбаянын осылайша әр үйдің есігінде жүргенін қызықтыра баяндап отыруын өз кезінде әдебиет сыншылары М.Горькийдің үлгісіне еліктегеннен туған деген сыңайда пікірлер айтқан болатын. Бұл тураcында Сәбеңнің өзі:
«Өмір мектебінің» бірінші кітабында жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамының қайшылықты келбеті айқын көрінеді. Жазушының суреттеуінше, қайда қарасаң да, теңсіздік, әділетсіздік, зорлық-зомбылық, бір-бірінен қиянат шегіп жатқан адамдар, жоқтан өзгеге ілінісіп, өзара өкпе артысып жатқан ағайындар. Солардың сыртында қазақ жерінің қай пұшпағын болса да уысқа ұстап, өмір сүру өрісін шама келгенше қусырып келе жатқан патшашыл отаршылдар. Жас болса да Сәбит осындай қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастардағы шиеленісті жағдайларды еріксіз ерте түсінуге мәжбүр болады. Сөйтіп Нұртаза, Мұстафа, Шәйін ағай Тілегенов, Әлтей Көкенов, Қази Торсанов, Баймағанбет Ізтөлин, Болатбай, Әубәкір, Нұрғожа, Сүлеймен, Жуанышбай және т.б. сияқты түрлі оқиғалардың, әлеуметтік тартыстардың дамуына ұйытқы болып жүретін соқталы кейіпкерлерді айтпағанның өзінде жекелеген шағын персонаждардың үлкен бір галереясы жасалған. Бұлардың бәрі жиылып келіп, өзінің типтік сипаттарымен сол кезеңдегі қазақ қоғамының жалпы картинасын көз алдыңа келтіреді.
Романда езілуші және зорлықшыл таптың өкілдері де белгілі бір дәрежеде жан-жақты сомдалған. Жаманшұбар ауылының болысы, Сәбиттің ағайыны Нұртаза, бүкіл солтүстік өлкедегі елге ықпалы жүретін Нұрғожа бай, Торсан мен оның балалары, Әлти бай сияқты үстем тап өкілдерінің өзі бір-біріне ұқсай бермейді. Мысалы, Жаманшұбардың беделді байы, кейін болыс болған Нұртаза тілге шешен, іске алғыр болғанымен, ауыл арасынан ұзап шыға алмай қалған жергілікті деңгейдегі ғана қазақи бай. Оның құлашын кең аштырмай отырған – бір жағынан өзінің оқымаған сауатсыздығы болса, екінші жағынан алысқа құлаш сермегісі келмейтін, прогрессивті әрекеттерге баспайтын кертартпалылығы. Тіл мен жағына қанша сүйеніп, қаншама адуын мінез көрсеткенімен, ол ауылдық сана деңгейінен аса алмайды.
Кітаптағы байлардың, үстем тап өкілдерінің өздері осылайша әртүрлі сипатта, әртүрлі қалыпта көрінетін болса, кедейшіліктің кебінен құтыла алмай жүрген езілуші тап өкілдері де біркелкі емес. Жазушының өз әкесі Мұқан, жезделері Болатбай, Әубәкір, Сүлеймен, саятшы Ораз, жылқышы Мақан және т.б. өздерінің табан ақы, маңдай терлерімен күн көріп жүрген, біреудің ала жібін аттамай, адалдық пен имандықты бетке ұстаған жандар болса, енді бір топ кедейлер мүлде басқа қырынан көрінеді. Төлебай балалары, Қайырке, Сұраған, Тілеуке, Жапаш сараң сияқты кедейлердің кәсібі – өзінен де қорғансыз жандардың мал-мүліктерін ұрлап алу, өзінен де әлсіз нашарларға тізе батыру, өздерінің кедейліктеріне қарамай, басқа біреуге қиянат жасау.
Бұлар таза қазақ ауылының ішіндегі ұры-қарылары болса, орыс қалаларына жақын маңайдағы қазақ қауымының тағы бір криминалдық элементтері қалыптасқан. Ондай жандардың мейлінше сомдалған типтік бейнесі – Жуанышбай. Оның қасындағы Ізтөле, Мықтыбай, Қашаубай балалары да осындай лас кәсіппен айналысады. Қазақ Жуанышбай, орыс Жәшке бастаған ұрылардың бұл тобы Төлеубай балаларынан немесе Сұраған мен Тілеукеден көрі әлдеқайда қатыгездеу әрекеттер жасайды.
Романда суреттелетін қазақ қауымының тағы бір тобы – әнші-күйші, ақын-жыршы, ұста, саятшы, тігінші сияқты әртүрлі өнер иелері. Жас Сәбиттің болашақ қалам қайраткері ретінде қалыптасуына осы аталған әлеуметтік топ өкілдерінің тигізген ықпал-әсері айрықша. Мысалы, ауылдағы саятшы Ораздың аңшылық өнері, тұрымтайды көзінен атқан мергендігі, ептілігі мен қажырлылығы жас баланы ерекше қайран қалдырады. Оның қыстың күні қалың қардың үстімен шаңғымен зырлап жүріп, саятқа шығуының өзі ерекше бір романтикалық сипатқа ие. Ораз – тек өзінің аңшылық өнерімен шектеліп қалмай, реті келсе айналасындағы жұртқа жәрдем беруден тайынбайтын қайырымды жан. Ал Жаманшұбар ауылына тұңғыш тігін машинасын әкеліп, тігіншілік өнерді жете меңгерген ісмер тігінші Шәйін Тілегенов те халық өнерінің бір қайталанбас өкілі болып көрінеді. Жас кейіпкер кішкентайынан куә болып келе жатқан ауыл әншілері Жұбандықтың Кәсені мен Қабанбайдың Ғабдолласы да бір-біріне ұқсамайды. Кәсен ән үйренгісі келген жетім баладан қолма-қол ақы сұраса, Ғабдоллада ондай пайдакүнемдік мінез жоқ. Екеуінің де әншілігі әсерлі. Ал Ғабдолла тек ән айтып қоймай, оның тарихына да шолу жасап, әр әннің мазмұнын түсіндіруге бейім. Атақты Ақан серінің есімін жеткіншек Сәбит осы Ғабдолладан естиді. Сөйтіп бір ауылдың өнер иелерінің адамгершілік-моральдық бейнелері әрқалай суреттеледі.
Осы арада мемуар кейіпкерінің жолы түскен бір сапарында Ақан серіні, Үкілі Ыбрай мен Балуан Шолақты қалай көргендігі баяндалады. Олардың әрқайсысынан алған әсері болашақ жазушы үшін бір-бір мектеп болғаны, өмірлік із қалдырғаны тұжырымдалады.
Бұлардан басқа Спанидяр Көбеев, Баймағанбет Ізтөлин сияқты ақындар, Хамит Махмудов, Молдағазы Нұртазинов секілді оқыған азаматтар, Абылай Рамазанов, Міржақып Дулатов тәрізді саясатпен айналысып жүрген ел зиялыларымен қалай кездескендігі, олар жайында қалыптасқан алғашқы пікірлері мемуар беттерінде қызықты суреттелген.
Күнкөріс үшін бір кісі есігінен екінші кісі есігіне ауысып жүрген бала Сәбит сол кездегі қазақ қоғамынан хабар беретін түрлі оқиғаларға еріксіз куә болады, қаншама адамдарға жолығады. Сол кездегі көрген-білгендерінің бәрін есінен шығармай, жадына сақтап қалуы – болашақ жазушының бала кезінде аса зерек болғандығының белгісі. Шығарманы оқу барысында жазушының еске сақтау қабілетінің феномендік сипатына қайран қаласыз. Ол өзінің қиындық пен азапқа толы өмір жолында адамдардың барлығын дерлік ұмытпаған. Тіпті бір-ақ рет көрініп, одан кейін өзіне өмір бойы мүлде кездеспей кететін жандарды да ежіктей суреттейді. Бірер абзацпен портретін жасап, оның мінез-құлқынан, адами сыр-сипаттарынан жинақталған мәлімет беріп отырады. Сөйтіп эпизодтық қана мәнге ие шағын персонаждың өзінен кезең шындығын бейнелейтін реалистік мағына таба алады. Оны сол замандағы қоғамның типтік мүшесі ретінде нанымды түрде суреттей біледі. Осы бірінші кітаптың өзінде-ақ үш жүзден астам адамның аты аталса, солардың басым көпшілігі өздеріне тән жекебастық сипаттарымен есте қалады. Өмірінде бір-ақ рет көріп, қайтадан жолықпай кеткен эпизодтық кейіпкерінің түр-түсін, сөйлеу мәнерін, киген киімін, адамға тигізетін әсерін сол қалпында есінде сақтайды. Бір сөзбен айтқанда, әлгі кісінің адами болмыс-бітімі бала Сәбиттің санасында сол қалпы ескірмей, үлкейген кезіне дейін бұлжымастан жетіп отырған.
Оқырманға эстетикалық тұрғыдан айрықша әсер ететін және сол кездегі қоғам өмірінен мейлінше айқын мағлұмат беретін кейіпкерлердің бір парасы – әйелдер қауымы. Жазушының өз анасы Балсарыдан бастап, апалары Ұлтуған, Бағила, Зәуре, Ділдәш сияқты қыздардың әрқайсысы бір-бір тағдыр иелері. Бұлар сол кездегі жоқшылық пен зорлық-зомбылықтың амалсыз құрбаны болған міскін жандар. Шығарманың біраз жерінде өзіне тең емес адамға еріксіз күйеуге ұзатылып, одан кейін түрлі қиянатты бастан кешірген әйелдердің тағдырлары – шығарманың ауыр оқылатын тұстары. Мысал үшін алғанда, бала Сәбит сапарда жүргенде апасы Бағила ұзатылып кетеді. Оны аяқ астынан ұзатқан – әкесінің ағайыны Мұстафа. Көзі тірісінде әкесі Мұқан осы ағайынымен қыздың қалың малына берілген биеге таласады. Бір сөзбен айтқанда, бұлар сол бие үшін құда болған. Ал сондай дау-дамаймен күйеуге шыққан Бағиланың жап-жас қалпында бұл дүниемен қош айтысуы – сол кездегі қазақ қыздарының біразына тән ауыр тағдырды көрсететіні сөзсіз.
Ауыл арасындағы жекелеген жандардың өздеріне тән мінез-құлықтарын Сәбит еске түсіре отырып, қызыға әңгімелейді. Мәселен, бірінші кітапта ұшырасатын Ұзынкеңірдек, Ыбыш, Сақтар қарт, Бекен қомағай, Қымбат емші, жынды Байділдә және басқа толып жатқан адамдарды кітап бетінде жалт етіп жалғыз рет қана көрінгенімен, тиісті детальдарды ұстап суреттегендіктен, оқырман бірден ұмытып кете алмайды. Олардың әрқайсысы өздерінің жалпы пенде баласына тән жекелеген болмыс-бітімдерімен ашылып, сол кездегі қазақ қоғамының алашұбар, күрделі болмысынан хабар береді. Ауыл адамдары Ұзынкеңірдек деп ат қойған отбасылы шаруа – іштегі орыс арасынан келген қазақ. Жаманшұбар сияқты артта қалған ауылға орыс жерінде үйренген жаңалықтарын ала келген. Ол отырықшы шаруаға тән тіршілік істеп, ауыл маңына бау-бақша отырғызады. Алайда тек малмен ғана күн көрген ауыл байлары ішкеріден келген жалғыз жатақтың тіршілігін көре алмай, жаңағы бау-бақшаны мал тұяғына таптатып тастайды. Өзі жалғыз, руы, ата тегі бөлек Ұзынкеңірдектің осындай қазақ ортасына сыйыса алмай, бір-ақ күнде көшіп кетуінің себебі – ауыл байларының жаңағыдай зорлық-зомбылығының салдары.
Шығармада Айғожа, Қымбат сияқты емшілер мен бақсылар.... , Хайрулла Ғазизуллин сияқты молдалар есімдері де аталады. Бұлар да әлеуметтік сословие ретінде алынғанда қоғамдағы бір қабаттың адамдары болғанымен, кәсіби ұстанымдары, мінез-құлықтары біркелкі емес. Мәселен, өзі жаны қиналып жатқан ауру Мұқанды Айғожа ешқандай дайындықсыз пышақпен тілгілеп, науқасына науқас қосады. Емшінің осынау надандығы ақыр соңында ауру жанның қазаға ұшырауына әкеліп соғады. Ал Қымбат бақсы болса, аяқ астынан жынданып кеткен Байділдә сияқты азаматты емдеп жазуға тырысады. Әйтеуір жасаған емі қонып, Байділдәнің науқасынан айығып кетуі – көз көрген куәлар үшін де таңқаларлық құбылыс. Бірақ фактінің аты – факт. Қымбаттың емшілігін жазушы қызықты етіп суреттейді. Ол бұл екі кейіпкері туралы жалаң айтып қана қоймай, өзіне тән мәнермен олардың тағдырлары, қазіргі тіршілік қалыптары, туған-туысқандар жайлы да шешіле баяндауды ұмыт қалдырмайды. Әрқайсысының кейіпкер ретінде портретін де жатық суреттейді. Кейін Қымбаттың бұл өнері жөнінде ой толғай келіп, бүгінгі тілмен айтқанда, ол гипноздық өнерді меңгерген шығар деген болжам жасайды. «Қымбатты гипнозшы ма деп ойлайтын себебім, жынданған адамның ілеуде біреуі болмаса, одан жазылмай кетпейтін еді»1.
Сөйтіп баз біреулерге сенімсіз болып көрінетін қисыны ауыр оқиғалар мен құбылыстар, жекелеген адамдардың тосын қасиеттері жайында баяндай келіп, жазушы өзінің жеке пікірін, пендешілік пайымдаулары мен тұжырымдарын оқиғаға кіріктіріп отырады. Бас кейіпкердің осылайша өзінің жеке позициясын білдіріп отыруы мемуарлық шығармаға тән өзіндік ерекшеліктердің тағы бір парасы деп таныған ләзім.
Бұл ғана емес, үш кітаптан тұратын ауқымды романның әр тұсында автор өз көзқарастарын, түйген қорытынды пікірлерін осылайша нақтылап отыруға бейім. Көбінесе мұндай пайымдаулар оқырманның ой-пікірімен қиысып, сәйкестеніп кетеді десек, асыра айтқандық болмас.
Үш кітаптың өнбойында да қазақтың ескі өмірін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының жекелеген қырларын, қазақ патриархалдық қоғамының жалпы әлеуметтік ұстанымын, ұлт зиялыларының бет-бағдарын сынау, керісінше, орыс мемлекетінің отаршылдық сипаттағы қимыл-әрекеттерін қазақ қоғамына тән емес, сырттан таңылған жаңашыл қоғамдық психологияны, тосын моральдық көріністерді мақұлдау нышаны сезіліп отырады. Автордың кейіпкер ретіндегі жеке позициясын ашып айтпайтын тұстарда, ненің жақсы, ненің жаман екені нақты оқиғалар, ситуациялар, тіпті, штрих, детальдар арқылы сезілетіні де байқалады: Мәселен, ауыл-аймақтың бас көтерер ауқатты адамдары мен байларының теріс қылықтары жайында жаза отырып, олардың қай-қайсысының да өз халқының патриоты екендігін, туған жері мен салт-дәстүрін сақтау үшін тырысатынын ишаралап өтеді.
Бірінші кітаптың «Жоғалған құлақшын» атты тарауында орыс арасынан келген Ыбыш деген жігіттің орысша киген құлақшынын құртып жіберуге байланысты оқиғаның астарында орыс отаршылдығына деген қарсылықтың лебі айқын көрініп тұр.
Жазушы қазақ қоғамында кездесетін түрлі келеңсіз, ауыр жағдайларды жекелеген мысалдар арқылы сынай отырып, халықтың тұтастай алғанда таза адами қадір-қасиеттерін, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрін, іргесі берік еркін психологиясын, өмірге деген аңғал да таза көзқарасын, бостандық сүйгіш болмысын жасырмайды. Өзінің өмір жолында бір-бірінен салалап, ұштасып, өрбіп жатқан оқиғалар мен әрқайсысы дербес сипатта көрінетін көптеген жекелеген эпизодтар арқылы қазақ даласында қалыптасқан тұтас бір қоғамдық-әлеуметтік ұстанымның өзіне тән қалпын бейнелеп шығарады. Мемуарлық шығарманың табиғатына қажетті факторлар құрғақ деректер мен көркем ойды қисынды ұштастырудың нәтижесінде эстетикалық тұрғыдан әсерлі көрініс табады.
Жастайынан халық ауыз әдебиеті жанрларының табиғатын ерте түсінген ол қисса-дастан айтуға да ерте төселеді. Сөйтіп жүріп өз жанынан өлеңдер шығарады. Оның бұл қабілетін өз мүдделері үшін пайдаланғысы келетіндердің табыла кетуі де табиғи. Біреуге арнап, біреуді мақтап немесе жамандап өлең шығарып бере қойшы дейтіндердің әр уақытта да табылып жатуы – ел өмірінің бір шындығы. Жас ақын мұндайда бәлсініп жатпай, өзіне берілген тапсырысты ақы-пұлсыз тегін орындап та тастап отырған. Сөйтіп жүріп өзіне өзі зиян тигізетенін аңдамай қалуы тәжірибесіз адамның табиғатына сыйымды екені тағы да даусыз. Өлеңінде жамандалған адамдар жас ақынның соңына түсіп, тұрған үйінен, тіпті, паналап барған ауылынан қудыртып жіберетін жағдайлары де кездескен. Өзі күнін көре алмай жүріп, мұндай келеңсіз оқиғаларға ұрынуы жас талапкердің өлеңге деген құмарлығында жатқаны даусыз. Ол талай жерде осындай түрлі өлеңдерді шығара жүріп, өзінің ақындық қаламының қалай ұштала бастағанын да аңғара бермейді. Болашақ ақынның біреулердің атынан өлең шығаруы, қағаз жүзінде сырттай айтысқа түсуі, өз бойындағы поэзиялық тегеуірінді түрлі дау-шардың, әлеуметтік тартыстардың құралына айналдыруы жас қаламгердің шығармашылық лабораториясы ретінде қызмет етеді.
Жас кейіпкер есейе келе туған аймағынан алыстап, орыс араласқан елді мекендерге барып, күнкөрістің қамын күйттейді. Орыстар жайлаған жердің тіршілігін өз ауылындағы өмір салтымен салыстырып қарауға шама-шарқы жетеді. Осы тұста сахнаға шығатын кейіпкерлердің тағы бір тобының пайда болуы да өзінше заңдылық. Ол – мемуарда көрінетін ұлты орыс кейіпкерлері. Шығарманың 117-бетінде орыс пен қазақ жігіттерін қатар бейнелейтін шағын деталь бар. Сонда ұлты екі басқа болғанымен, Андрей мен Сәдірбайдың адам ретіндегі кейбір ұқсастықтары айтылады. Бұларды ұқсастырып тұрған шыққан орталары мен өмірге деген көзқарастары екендігі сөзсіз.
Шығармада орыс адамдарының тағдырына қатысты қызғылықты сюжеттер де орын алып отырады (Мысалы, Миша мен Катерина арасындағы сүйіспеншілік қарым-қатынасы).
Қазақ жеріне біртіндеп орнығып жатқан орыс ұлтының өкілдері әлеуметтік таптық тұрғыдан шығармада үш топқа жүйеленеді. Олардың біріншісі – орыс өкіметінің жергілікті жердегі өкілдері: түрлі қызметтегі шенеуніктер, шабармандар әскерилер мен полицейлер. Бұлар көбінесе айналасын қырып-жоя келетін, қырдағы жай халықты өзіне бағындыруға құмар өкіметтің алыс аймақтардағы қолшоқпарлары. Оларды көрген момын жұрттың санасында «орыс» ұғымы «зорлықшыл» деген сөзбен астасып, психологиялық ассоциация туғызады. Екінші топтағылар – орыстың кедей батырақтары, ел ішінде жүрген жалғыз-жарым қашқындар. Ал үшіншілері – демократиялық, революциялық бағыттағы зиялылар.
Романның екінші кітабының оқиғалары 1918 жылдың күзінен бастап 1924 жылдың қысымен аяқталады. Бұл кезең – азамат соғысы мен кеңес өкіметін орнату жолындағы күрестердің қаулап тұрған шағы. Жас бозбала Сәбит осы аз жылдардың ішінде ат жалын тартып мініп, қоғам істеріне белсене араласа бастайды. Аумалы-төкпелі қым-қиғаш заманда өзінің таптық және азаматтық позицияларын айқындап алған ол жүрген жерінде Кеңес өкіметін орнату жұмыстарының бел ортасынан көрініп отырады.
Бұл жылдардың ұлы дүбір оқиғаларға толы болғаны тарихтан жақсы мәлім. Ал жетімдікті, қиыншылықты бір кісідей-ақ көріп өскен жас Сәбиттің жеке басындағы түрлі ахуалдар, түйінді жағдайлар тарихи катаклизмдермен қойындасып, кірігіп, роман оқиғасын тіпті қоюлата түседі. Басты нысанда, әрине, тегеурінді түрде орын алатын қоғамдық құбылыс – тап тартысы. Ауылдас кісілерге ілесіп, сонау Омбы қаласына оқуға аттанған жас бозбаланың басынан көрмейтін, өткізбейтін қиындығы жоқ. Бәкен мен Боржабайға ілесіп әжептәуір сәтті басталған сапар кедей бозбала жалғыз қалғаннан соң-ақ қиындап кетеді. Вокзал басында тонаушыларға ұшырап, қалтасындағы бар ақшасынан айырылуы – сол қиындықтың басы. Бірақ кеңес өкіметі жеңгеннен кейін-ақ жас Сәбит өзінің етінің тірілігі және белсенділігінің арқасында тарихи-қоғамдық оқиғалардың басы-қасында жүреді. Омбыдағы курсты бітіріп келгеннен кейін Балтабай ауылында бала оқытумен айналысқан оның тағдыры ел ішіне Колчак әскерлері тізе батыра бастаған кезде күрт өзгеріске түседі. Осынау жақсы өзгерістің себепшісі – өз ауылына қайтар жолда қызыл әскердің командирі Гозакқа жолығуы. Оның қасындағы Қыстаубайдың Жақыбы деген қайраткер коммунист Сәбитке жас совет өкіметінің белсендісі екендігін растайтын құжат алып береді. 1920 жылдан кейін Сәбиттің жаңа өкіметті нығайту жолындағы іс-әрекеттері сол кездегі белсенді большевик замандастарының типтік жағдайын бейнелейді десе де болады.
Ояздық партия комитеті мен ревкомның тапсыруы бойынша ел ішінен азық-түлік жинау науқанына қатысады да, Қызылжар қаласындағы мұғалімдер курсына оқуға түсуге кетеді. Бірақ ақ пен қызыл айқасы біткенімен, тап тартысы күшейіп, елдің жағдайы ауырлап тұрған заманда қайдағы оқу. Жас Сәбит тағы да большевиктердің тапсырмасы бойынша кооперация жұмысын ұйымдастыру үшін үгітшілікпен айналысып кетеді. Азық-түлік жинау науқанына араласқан ол талай-талай қауіпті жағдайларды бастан кешіреді.
Екінші кітаптың өнбойында Сәбиттің іштей түлеп, шыңдалып, көзқарасы кеңейіп, ел тұтқасы болатын азаматтың деңгейіне дейін көтерілгенінің куәсі боламыз. Үлкен қалаға алғаш келгенде бар ақшасынан айырылып, жуан қара пештің түбіне жылап отыра кеткен Сәбит бірер жылдан кейін-ақ тіс қаққан әккі күрескерге айналып шыға келеді. Оның әсіресе қайраткерлік тұлғасының көрінетін тұстары – продразверстка жұмыстарымен жүріп, тап жауларымен айқасатын сәттері, ақ бандыларға қарсы күресте шайқастарға қатысуы, ел ішінде қалған жекелеген жаулармен тайынбай ашық күреске шығуы, тіпті ең соңында ұлтшылдарға қарсы рухтағы «Тара тақтаға жазылмаңдар, шешендер» атты мақаласын «Еңбекші қазақ» газетіне бастыруы.
Трилогияның екінші кітабында да ұшырасатын адам аттары аз емес. Ол кейіпкерлердің бірсыпырасы тағылымдық, танымдық, моральдық қырларының ашылуымен бағалы. Жаңа өкіметті, большевиктік идеяны қолдап, қатерлі күреске түскен жандардың ішінен бұл кітапта Қыстаубайдың Жақыбы, Баймағамбет Ізтөлин, Угар Жәнібеков, Абдолла Асылбеков сияқты бірсыпыра адамдардың іс-әрекеттері суреттеледі. Бұлар – жаулардың алдында жасқанбайтын, азаттық үшін соңғы демі қалғанша күресуге даяр ерлер. Олардың басынан кешкен трагедиялық ахуалдарды да жазушы жасырмай, қанды эпизодтармен дәлелдейді. Мәселен, бандылардың қоршауында қалған Баймағамбет Ізтөлиннің «Жасасын революция!» деп айқай салып, өзін-өзі атып тастауы, Қыстаубайдың Жақыбының бүкіл отбасы мүшелерімен тап жауларының қолынан қазаға ұшырауы сияқты эпизодтар төңкерістен кейінгі ел ішіндегі жағдайдың қаншалықты ушыққанын байқатады.
Сәбит өзін олармен салыстырғанда әлі революциялық іске пісіп-жетілмеген дәрменсіздеу шалағай бала сезінеді. Қанды күрестің ішінде жүріп өлім аузынан қалған сәттерін жайбарақат оқу қиын. Мәселен, Қызылжар қаласында қашып жүріп аяғынан оқ тиюі, сөйтіп, бір қамқор адамдардың арқасында аман-есен қалуы, бандылармен айқасқан қатерлі түнде Мұхамедияр бандының қолынан өліп қала жаздауы сияқты көріністер – бас қаһарманның өсу эволюциясын айқындай түсетін эпизодтар. Сәбит ел ішінде қарапайым адамдармен үнемі тіл табысып отырады. Жаңа заманның, жаңа рухтың ерекшелігін шамасы келгенше түсіндіруге тырысады. Жазушы өзі туралы жазып отырғандықтан, адамдармен қарым-қатынасы, қиын сәттердегі қабылдайтын шешімдері арқылы жақсы жақтарымен бірге кемшіліктерін де сездіріп кетуге бейім. Көп жағдайда ол ойының алғырлығы, айналасындағы адамдардың мейірбандылығы арқасында түйінді ситуациялардан шығып кете алады.
Ел ішінде жүргендіктен де, ел адамдарының психологиясын, салт-санасын жақсы біледі. Өзі қызмет жасаған Балтабай, Алатай ауылдарындағы адамдар, Жабай қарт сияқты тірі шежірелер бас кейіпкердің жан дүниесіне, шығармашылық көзқарасының қалыптасуына оңды ықпал жасайды. Сол арқылы аласапыран уақыттағы қыр елінің ұжымдық рухани кескін келбетін бейнелейеді.
Қазақ даласында Совет өкіметін орнатудың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтарын бастан кешкен оқиғалары арқылы бейнелей отырып, жазушы дауылды жылдардың алашұбар панорамасын жасайды. Автордың мемуар жазу барысындағы шығармашылық ерекшелігі, әңгімешілдік стилінен байқалады. Қандай оқиғаны болсын шарықтау шегіне жеткізіп, көркемдік тұжырым жасау, сол арқылы оқырманға ой тастау – С.Мұқановтың қаламына тән өзіндік өрнектердің бірі.
Екінші кітапта Алашордашылар мен олардың іс-әрекеттерін әшкерелеуге біраз орындар берілген. Бұл арада С.Мұқановтың Алаш пен алашордашылықтарға қарсы айтылған сөздерінен оның ымырасыздығы көрінеді. Романдағы позициясына қарағанда қанша жамандаса да, С.Мұқанов Алашордашылар туралы екіұдай көзқараста болғандай әсер етеді. Кітаптың бас жағында Омбыда жүріп белгілі Алашордашыл ақын М.Жұмабаевтан көрген қамқорлығын жасырмайды. Ал бірақ кітаптың соңында келтірілетін Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын атап өту кешін суреттегенде революциялық ұрда-жық рухтың белең алып кеткенін байқау қиын емес.
Үшінші кітап оқиғасы 1924 жылдан 1936 жылға дейін созылады. Тап күресі сәл бәсеңсігенімен, жаңа қоғамды орнату барысындағы қиындықтар ұшан-теңіз. Сол кездегі белгілі тарихи-саяси жағдайларды жазушы кеңестік идеологияның пайдасына қарай бейімдей суреттейді. Ел басындағы қиыншылықтардың кейбірін айтпай, жауырды жаба тоқыған сәттері де баршылық. Мәселен, ол 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты ауызға алмай, үстірт қана шолып өте шығады. Халық жауы деген ұғыммен елдің бетке ұстар азаматтарын қырғынға ұшыратқан саяси террордың да тігісін жатқызғаны көрініп тұр. Бұл әрине, сол кездегі кеңестік идеологияның саяси талабынан туындаған жағдай болатын.
Осындай елеулі олқылығына қарамастан, трилогияның үшінші кітабы тарихи шындық пен бас кейіпкердің қарым-қатынасын әжептәуір әсерлі суреттей білген. Кітапта көптеген тарихи адамдардың есімдері аталып, жазушының олармен араласқан, істес, дәмдес болған сәттері жекелеген эпизодтар арқылы көрініс тауып отырады. Сәбең тек Қазақстан деңгейіндегі қайраткерлермен ғана емес, бүкілодақтық дәрежедегі тарихи тұлғалармен де таныс-біліс болғандығы, тағдырдың ырқымен олардың кейбіреулерін көзімен көргендігі әңгіме болады. Екінші кітапта Қызылжар қаласына келген бүкілодақтық староста М.Калининнің вагонын қалай күзеткені айтылса, одан кейін Мәскеуге барған сапарында кеңестік поэзияның маршалы В.Маяковскийді қалай көргенін қызықты етіп баяндайды. Романның тарихи сипаты айқындала түсетін тұсы да осындай белгілі тұлғаларға қатысты әңгіме тиегін ағытатын сәттер.
Белгілі адамдар және олармен жазушының қарым-қатынасын суреттеу үшінші кітапта да жалғасады. Сонымен бірге халық шаруашылығының өркендеуі бесжылдықтар кезеңі қазақ мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің қарқынды дамуы сияқты соқталы тақырыптар романның едәуір бөлігін алып тұр. Осы жағынан алып қарағанда үшінші кітапта очерктік сипаттың басымдау екені көрінеді.
Мәселен, сол кездегі Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Филипп Исаевич Голощекиннің бейнесі белгілі бір қырынан алынып қана суреттеледі. Романда оның қазақ халқын қан қақсатқан қандықол саясаткер екендігі ашып айтылмаған. Мәскеудегі оқуынан жазғы демалысқа келген жазушы дәм тартып, Голощекинмен сапарлас болып қалады. Қарсақпай сапарында бірге жүргендіктен, ол крайком басшысын адам ретінде танып білуге тырысады. Голощекинның шыдамдылығы, арақты көтере алатындығы, әңгімешілдігі сияқты тұстарын да жазушы суреттей алған.
Осы кезең ішінде әдебиет пен өнердің көрнекті тұлғаларының жасаған еңбектері, жаңа өмірді бейнелеп жеткізудегі көркемдік үлестері әр қырынан көрінеді. Бұларға қатысты эпизодтар мен түрлі баяндаулар жалпы сол бір кезеңдегі қазақ мәдениетінің жаңаша бас көтеруін бейнелеп бере алған десе де болады. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Иса Байзақов, Асқар Тоқмағамбетов, Ғалым Малдыбаев, Әбілда Тәжібаев тәрізді ақын-жазушылармен бірге Александр Затаевич, Әміре Қашаубаев, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова сияқты таланттардың өмір жолынан олардың шығармашылық беталыстарын, адами-моральдық қалыптарын аңғартатын түрлі әңгімелер деректілігімен де құнды.
Олардың кейбірінің биік таланттарымен қоса жекелеген адами олқылықтарын да жасырмай айтады. Мысалы, Әміре Қашаубаевтың әншілік дарынын тамсана суреттей отырып, жазушы оның басындағы жекелеген қайшылықтарын айтып кетуді де ұмытпайды. Сонша дарынымен қоса Әміренің көзқарасының тарлығы, білімсіздігі туралы келтірген мәліметтерді жазушының кейіпкерін жамандағаны деп түсінбеу керек. Автор бар болғаны көргенін көргендей етіп қана айтып берген. Жалпы бұл трилогия қазақ өмірінің қырық жылдық шежіресі іспетті, аса соқталы туынды.
Трилогияның екінші, үшінші кітаптарында аттары аталатын бірсыпыра тарихи тұлғалар шығарманың мемуарлық сипатын күшейтіп тұрғаны сөзсіз. Бұлардың басым бөлігі – жан алып, жан беріскен аласапыран заманда азаттық жолында күреске түскен ерлер. Автор өзі көріп, куә болған немесе ел аузынан естіген жағдайлар арқылы олардың қайраткерлік және адами кескін келбеттерін әсерлі етіп суреттей біледі. Тіпті біреулерден естіген әңгіменің ішінде де айтылып жататын қызықты оқиғалар шығарманың реалистік бояуын кемітіп тұрған жоқ. Ұлы төңкерістер жылдарында жаңа өкіметті қалпына келтіру үшін күрес үстінде жүретін Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Белаш, Әбілқайыр Досов, Жанайдар Сәдуақасов, Зікірия Мукеев, Ораз Исаев, Жанайдар Садуақасов, Ораз Жандосов, Сейтқали Меңдешев сияқты тарихи тұлғалардың бейнелері түрлі оқиғалар үстінде көрініп, автордың жеке ойларымен толығып, ашыла түседі. Сонымен бірге осы адамдардың мемуардың бас қаһарманымен қандай қарым-қатынаста болғандығы да аңғарылады. Бұлардың арасында кейде өзара келіспеушіліктердің болғанын да жазушы еске салып еді. Негізінен бұндай мәселелерге автордың объективтік көзқарас тұрғысынан емес, таптық тұрғыдан қарап келгенін ашып айтқан жөн. Алашордаға қатысы бар немесе оған іш тартатын қайраткерлерге мемуарда берілетін бағаға осы тұрғыдан қарау қажет.
Екінші кітаптың соңына қарай мынандай бір эпизод бар. Әдеби кеште Мағжан Жұмабаев өзінің лирикалық өлеңдерін оқымақ болады. Залдың ішінде оны қолдаушылар да аз емес. Жазушы бұл жиынды алашордашылардың ұйымдастыруы ретінде суреттеген. Осылайша қарқынмен өтіп жатқан кешке атақты революционер Угар Жәнібеков келіп араласады да, бәрін белден басып, жиынды күшпен тоқтатады. Беліне қару асынған бұл революционердің түсі суық, жүрісі сарт-сұрт. Біреу қарсыласса, күш қолданып жіберуден тайынатын түрі жоқ. Ол Мағжан Жұмабаевты сахнадан ығыстырып, оның есесіне пролетариат ақыны ретінде Сәбит Мұқановқа өлең оқуды бұйырады. Таптық тартыс осылайша моральдық тұрғыдан тұрпайы сипатқа ие болып, өтіп жатқан поэзия кеші ұрда-жық психологияның, қара күштің ықпалына еріксіз түседі. Жас Сәбиттің осы арада не істерін білмей, қысылып қалуы да орынды. Өйткені ол қанша дегенмен, өлең сөздің шебері, қазақтың зиялы қауымының өкілі Мағжан Жұмабаевты әрі аға, әрі ұстаз санайтын адам. Оның өлеңдерінің көркемдік деңгейі сол кезде Мағжан Жұмабаевтікіне қарағанда әлдеқайда төмен екендігі де сөзсіз. Сонда да болса мылтық астында сахнаға шыққандай болып өзінің алғашқы өлеңдерінің бірін ықылассыз оқи бастағанын автор мойындай суреттеген.
Ал Ахмет Байтұрсыновтың 50 жасқа толуына байланысты өткізілген кештің соңы ырың-жырың болып, келушілердің берекесін алуы да пролетариат идеологиясын жақтаушы большевиктердің есерсоқтығының әсері екені айқын көрініп тұр. С.Мұқанов қаншама іш тарта жазғанымен туған халқының ұлт-азаттығы үшін әрекет жасап жүрген қазақ патриоттары алашордашылардың әрекеттері большевиктерге қарағанда моральдық тұрғыдан ұстамды әрі сыпайы көрінеді.
Пролетариат әдебиетін өмірге келтіріп, қалыптастыру барысындағы дау-дамай трилогияның үшінші кітабында одан әрі жалғасын тауып, бірыңғай идеологиялық аспектіде қарастырылады. Мұнда ұлтшыл, байшыл идеологияның туын ұстаушы қаламгерлердің қалайша жеңіліс тапқандығы айқын жазылады. Большевик басшылардың бәрін тізеге басып істеуі, патриоттарға қарсы жасалған түрлі зорлық-зомбылықтар Лениндік идеялардың жеңісі ретінде бағаланады.
Әрине, көркемдік-эстетикалық орындалуы тұрғысынан үш кітаптың үшеуі бірдей деңгейде емес. Бірінші, екінші кітаптардың көркемдік нышандары басымдау көрінетінін айтсақ, үшінші кітаптың тарихи-әлеуметтік және саяси сипаты алдыңғы планға шыққан. Қалай болған күнде де «Өмір мектебі» трилогиясы қазақ әдебиетінің тарихында елеулі орынға ие екендігі сөзсіз.