
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы
- •Романның алғашқы үлгілері
- •Реалистік романға барар жолда
- •Жүсіпбек Аймауытовтың романдары
- •Жаңа өмір – жаңа кейіпкерлер
- •Азаттық жолындағы арпалыстың суреттері.
- •Қазақ романының есеюі мен әлемдік даңқы
- •«Абай жолы»
- •Ауылдағы жаңа адамдар
- •Әдебиет кейіпкері – жұмысшы адам.
- •Соғыс және адам
- •Жаңа жанрларды игеру жолында
- •Тарихи - революциялық роман
- •Қазақ романының жаңа белесі
- •Өмірді жаңаша тануға бетбұрыс
- •Ауыл өмірін жаңаша тану
- •Өндірістік роман
- •Соғыс шындығы роман беттерінде: майдан мен ел өмірі
- •Тарихи революциялық роман жаңа дәуірде
- •Қазақ тарихының көркем суреттері
- •Өнер адамдары – роман кейіпкерлері
- •Мемуарлық романдар
- •Жастық махаббат тақырыбы
- •Шыншылдық рухы
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірде
- •Ғасыр соңындағы жаңа тыныс
- •Еркіндік, тәуелсіздік арманы
- •Тарихи романның жаңа өрісі
- •Өнер адамдары тәуелсіздік әдебиетінде
- •Шығарма кейіпкерлері – тарихи қайраткерлер
- •Мемуарлық өмірбаяндық романдардағы тың ізденістер
- •Әйел тағдыры, махаббат тақырыбы жаңа романда
- •Қазақтың фантастикалық ұлы әңгімелері
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Романдар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мақалалар
- •Мазмұны
- •Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен
- •Қазақ романының тууы мен қалыптасуы (1910-1940)
- •Қазақ романының дамуы мен әлемдік даңқы (1941-1956)
- •Қазақ романының жаңа белесі (1960-1980)
- •Қазақ романы тәуелсіздік дәуірінде (1991-2005)
ҚАЗАҚ РОМАНЫ: ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ
ҚАЗАҚ РОМАНЫ: ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ
АЛМАТЫ
2009
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
ғылыми кеңесі ұсынған
Редакциялық алқа: филол.ғ.к. Н.Б.Ақыш, филол.ғ.д., проф., Ш.Р.Елеукенов, филол.ғ.д., проф., академик С.А. Қасқабасов, филол.ғ.д., проф., академик С.С.Қирабаев, филол.ғ.д., проф., Ж.Ысмағұлов
Жалпы редакциясын басқарған: ҚР ҰҒА академигі, филол.ғ.д., проф. С.С.Қирабаев
Жауапты шығарушы: филол.ғ.к. Г. Ж.Орда
Қазақ романы: өткені мен бүгіні: Ұжымдық монография. – Алматы: ................., 2009. – 679 бет.
Қазақ романының тарихы мен дәстүрін зерттеуге арналған бұл еңбекте ХХ ғасырдың оныншы жылдарынан шыға бастаған романның алғашқы үлгілерінен бастап, бүгінге дейінгі өткен жолы, қалыптасуы мен дамуы, көркемдік жүйесі сөз болады. Тарихи, әлеуметтік философиялық, психологиялық, мемуарлық, сатиралық, фантастикалық, роман-эссе түрлері қазіргі қазақ жазушыларының романдары негізінде талданады.
Қазақ романының мазмұн мен түр жағынан баюын көрсететін кітап әдебиеттанушы және қоғамтанушы ғалымдарға, ізденушілер мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған.
© Әдебиет және өнер институты, 2009
Кіріспе
Қазақ романдарының тарихы онша ұзақ емес. Эпикалық баяндауға құрылып, дәуірдің қоғамдық – әлеуметтік мәселелерін көркем сурет, бейне арқылы тануға ұмтылған алғашқы шығармалар үлгісі ХХ ғасырдың оныншы жылдарынан жарық көре бастады. Көлемі шағын, европалық роман аяқты көп жүйелі сюжетке құрылмаған, бір оқиғаны ғана баяндап шығатын мұндай кітаптар ол кезде «роман» деп аталып халыққа тарады. Заманның көкейкесті мәселелерін көтеруімен, қазақтың ішкі өмірінің қайшылықтарын суреттеп, жаңа кейіпкерлер аша білуімен олар тез-ақ оқырман ықласына бөленді. «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал», «Қамар сұлу» сияқты романдардың ХХ ғасыр басында қазақтың рухани оянуына едәуір ықпалы болды. Отаршылдық езгі мен феодалдық-рушылдық қарым-қатынастардың ауыртпашылығын көтеріп отырған қалың қауым сол арқылы заман шындығын түсініп, жаңашыл жастардың қайғылы тағдырымен ортақтасты. Сөйтіп, алғашқы романдар ұлттық ояну процесінде едәуір пайдалы қызмет атқарды.
ХХ ғасырдың екінші он жылы ішінде болған елдегі қоғамдық өзгерістер, әлеумет өміріндегі жаңалықтар заманның дамуымен бірге әдебиет саласындағы ізденістерді де жеделдете түсті. «Айша», «Шұғаның белгісі», «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» сияқты эпикалық туындылар бұл заманда алғашқы қазақ романдарындағы схемалық баяндаулармен шектелмей, дәуір, заман шындығын көркем бейнелеудің жаңаша жолын іздестірді. Іргелі елдердің бұл саладағы табыстарына көңіл бөлді. Үлкен прозаға тән көп саланы қатар дамытып, сюжет пен соған лайық әр қилы кейіпкерлер тағдырын кеңдікпен бейнелеуге көтерілмегенмен, кезінде хикая (повесть) деп танылған аталған туындылар эпикалық суреттердің жаңа тәсілдерін меңгеріп, характерлерді әлеуметтік ортада даралай білудің жолын табуымен бағаланды. Әсіресе, «Қилы заман» мен «Қараш-қарашта» романдық ойлаудың нышандары анық байқалды. Бұлардың жарық көруінің өзі қазақ прозасының эпикаға бетбұрысындағы ірі нышандар еді.
Бұл аталған шығармалар шын мағынасында әлеуметтік романға бет алған әдебиеттің алғашқы ізденістерін танытады. Шын роман – «Қартқожа», «Ақбілек», «Адасқандар» біздің әдебиетімізде 20-жылдардың екінші жартысында-ақ жарық көрді. Ал, отызыншы жылдары ол тақырыптық жағынан байып, толыға, жетіле түсті.
Қазақ романының осылай аз жылдың ішінде аяғынан тұрып кетуіне негіз де жоқ емес еді. Эпикалық дәстүр біздің ұлттық әдебиетімізде бұрыннан бар-ды. Ауыз әдебиетіндегі батырлық, ғашықтық, дастандық эпос, қазақтың ертегіге жатпайтын аңыз әңгімелері, оларды туғызушылардың кең ойлау қабілеті заман шындығын бейнелей суреттеуге, кейіпкерлерді даралап көрсетуге, тұрмыс-тіршіліктің жанды көріністеріне көңіл бөлуге едәуір ықпалын тигізгені анық. Кейін осы эпикалық ойлау үлгісі Абай шығармаларында анығырақ бой көрсетті. Оның өзінен кейінгі әдебиетке жанды әсері болғаны даусыз. Оның үстіне заманның күрт өзгеруі, дәуірдің қат-қабат шиеленіскен шындығы оны әдебиет тілінде суреттеудің қажеттігін туғызды. Сөйтіп қазақ романы туып қалыптасты.
Өмір шындығын кең қамтып суреттеуі жағынан теңдесі жоқ роман осылай, біртіндеп қазақ әдебиетінің көп оқылатын, кең жайылған, жетекші жанрына айналды. Ол оған дейінгі әлемдік әдебиеттің, реалистік өнердің бар қадыр-қасиетін, ерекшеліктерін игеру негізінде жетілді. Өмір шындығы мен тарихи өзгерістерді ондағы адамның орны мен қызметін ашуда бірсыпыра ізденістерге барды. М.Әуезов тұсындағы және одан кейінгі қазақ романы көрші елдердің әдеби дамуына әсер еткені де шындық. Қазақ әдебиетінің тарихымен қатар, оның жетекші жанры – романның туу, өсу, жетілу жолын қоса зерттеу міндеті, осындай талаптан туындаған еді. Қазақ романы тәжірибесін қорыту жанрдың болашағы үшін де, романның тәуелсіздік әдебиетіндегі орнын анықтау үшін де қажет болды. Сол негізде романның тарихи-теориялық проблемаларына назар аудару, оның реализмін, идеялық, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін ашу да күн тәртібінде тұрды.
Роман жанрының туу, өсу жолдарын қарастыру қазақ әдебиеті тарихын зерттеу ісімен қатар жүрді. Ол жайлы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктері» (1949, 1958), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3 том – 1967), және «Қазақ әдебиеті тарихының» жаңа нұсқасында (7-8-9 томдар – 2004-2005 ж.) жанрларды зерттеумен байланысты арнаулы тараулар берілді. Олардан басқа жанрды арнайы зерттеулер қатарында Е.В.Лизунованың «Современный казахский роман» (1984), М.Қаратаевтың «Социалистік реализмнің қазақ прозасындағы қалыптасуы» (1965), Ш.Елеукеновтің «Казахский роман и современность» (1968), А.Тұрбековтің «Реалистік роман және типтік характер» (1970), Ж.Ысмағұловтың «Облик современника» (1970), Н.Ғабдуллиннің «Замандас келбеті» (1972), М.Атымовтың «Қазақ романдарының поэтикасы» (1975), Б.Шалабаевтың «История казахского романа» (1975), Р.Бердібаевтың «Қазақ тарихи романы» (1979), Т.Сыдықовтың «Қазақ тарихи романы» (1999), Ж.Дәдебаевтың «Жазушы еңбегі» (2001) атты еңбектерін атауға болады. Сонымен бірге қазақ романдары авторларының шығармашылық жолы жайлы зерттеулерде жазушылардың бұл жанрдағы еңбегіне назар аударылған. Роман жайлы әр кезеңде жарық көрген баспасөздегі сын мақалалар өз алдына. Осылардың бәрі қазақ романын зерттеудің негізіне алынды1.
Сондықтан бұл жанрлық зерттеу осы саладағы бұрынғы еңбектерді толықтыра түсетін, оның жалғасы болып табылады. Мәселенің қойылуы мен құрылымы жағынан оларда ұқсастық болуы мүмкін. Авторлар тобы «тарихты» қайталамай, әр кезеңде туған роман атаулыны түгендеуге де бармай, негізгі әдеби прогреске, жанрдың жалпы даму бағытының ерекшеліктеріне назар аударуға тырысты. Әрбір туынды жеке алынбай, тұтас әдеби процеспен, әдебиеттің даму тенденциясымен байланысты қаралды, соған лайық топталып зерттелді. Бұдан бұл зерттеуде жеке шығармаға баға берілмейді деген ұғым тумауға тиіс. Үлкен туындылардың бағасы жазылған дәуірімен, сондағы әдеби процеспен байланыста беріледі. Сонымен бірге, мұнда, бір қарағанда, әр жазушының өзіндік ерекшеліктеріне, стильдік, композиция құру, бейнелеу әдістеріне көңіл аз бөлінетін сияқты көрінуі мүмкін. Ондай талдау әр жазушыға арналған жеке зерттеулерде берілгендіктен біз, көбінесе, жанр дамуының жалпы ерекшеліктерін сөз етуге ұмтылдық. Оларда романның әртүрлі сипаты, ізденістері, табиғаты сөз болады. Көркемдік саласындағы ізденістер, жазушының идеялық позициясы, оның көріну жолдары, тақырыптық кеңеюі де осы проблемалар қатарында бірде молырақ, бірде азырақ болса да, қаралмай қалмайды.
Қазақ романының үлгісі орыстың, Европаның әдебиеті болғаны жалпыға мәлім. Солардан біз не үйрендік, оны қалай дамыттық? Роман үлгісі, композициясы халық өмірін бейнелеу жолындағы ұлттық өзгешеліктері, жанрлық түрлердің (роман-эпопея, тарихи роман, бүгінгі өмірді зерттеу, махаббат тақырыбын жазу, сатиралық, ғылыми-фантастикалық роман, т.б.) тууы – бәрі де зерттеушілер назарынан тыс қалмайды.
Роман – өте сыйымды жанр. Белинский онда поэзияның барлық түрлері тоғысады деген. Шындығында да романда эпикалық баяндау, суреттеу әдістеріне қоса лирикалық сезім күйлері, драмалық тартыс қатар жүреді. Онда халық тағдыры мен жеке адам өмірі тоғысады, жеке адамның тарихпен, ел тіршілігімен, қоғам өмірімен байланысы ашылады. Қоғам мен адам, кейіпкердің өсу жолының ерекшеліктері, ол өскен орта мен оның адамға ықпалы, т.б. мәселелер – классиктерден бастап бүгінгі әдебиетке дейін жалғасып жатқан дәстүрлік әңгіме. Қазақ романы да осыны жырлап келеді. Онда әртүрлі қоғам шындығы, орта, соған орай кейіпкердің іс-әрекет етуі, оптимизмі мен күйректігі, ұлттық дәстүр, азаттық жолындығы күрес суреттері мол көрінеді. Зерттеуде мәселенің осы жағына көбірек көңіл бөлуге тырыстық.
Зерттеудің құрылымы әдебиетті дәуірлеу принциптерінен туындады, Бірақ дәл соны қайталамайды. Мұндағы дәуірлеу романның туу, қалыптасу белгілі тарихи міндеттерді қамту кезеңдерімен байланысты қаралады.
Авторлар ұжымы бұл еңбек қазақ романы сияқты үлкен, әрі жетекші жанрдың ұңғыл-шұңғылын түгел қамтыды деп ойламайды. Оның жазылу стилі де, шығармаларды талдау әдісі де біркелкі емес. Оған соңғы жылдары ғылымда болған қолайсыз өзгерістердің әсері тигені де даусыз. Зерттеушілердің тәжрибелі аға ұрпағы азайып, орта буын тұрмыстық тіршілік тауқыметімен ғылымнан кетіп қалған заманда, мұндай іргелі зерттеулер жүргізу оңайға түскен жоқ. Жас авторлар жазбалары көп жөндеуді, толықтыруды қажет етті. Соған қарамастан бағдарлама басшылары Қазақстандағы әдеби-зерттеуші күштердің бар мүмкіндігін пайдалануға тырысты. Сөйтіп, еңбекті аяқтап, оқырмандарға ұсынып отыр. Ол жөнінде пайдалы пікір, сын-ескертпелер айтқан адамдарға алдын-ала ризалығымызды білдіреміз.
Қазақ әдебиетіндегі эпикалық ойлау үлгілерінен Абайдың эпистолярлық романы
Қазақ әдебиетіндегі пушкиннама өзі бір жатқан шалқар дүние. ХХ ғасырдың бас шенінде Шәкәрім Құдайбердиев А.С.Пушкиннің «Дубровский» повесі мен «Бұрқасын» әңгімесін өлең етіп жырлады. Кеңес кезінде «Евгений Онегин» романын қазақ ақындары Ілияс Жансүгіров пен Қуандық Шаңғытбаев толық қазақшалады. Кезінде Қазақстанда ұлы орыс ақынының екі томдық өлеңдер жинағы қазақ тілінде жарық көрген.
Бұл тараптағы біздегі аудармалардың тәуір жағы – қазақ ақындары «жаман көпір – подстрочникті» (М.Әуезов) қолданбай, орыс тілін жетік біліп, бар бейіл, ықылас-ынтамен тәржімалағандығы, асыл нұсқаның тілін терең білетін Абайдан қалған мәдениетті дәстүрге беріктігі.
Ұлы ақынымыз орыс поэзиясының елуге жуық өлеңдерін аударып, түп нұсқадан қай жағынан да кем түспейтін шеберлікпен қазақ поэзиясын жаңа түр, соны сөзбен байытты. Пушкиннен шалыс ұйқас алды, өлең жолын сегіз буыннан құрайтын өлшем енгізді. Осы және басқа жаңалықтарын айта келе, Мұхтар Әуезов: «Абайдың шын қуаты – бояуы айқын, қыры мен сыры терең тілінде, сөздігінде жатыр»1, Пушкинді тәржімалағанда «Абай не Крыловты, не Лермонтовты аударғандағы сияқты дәлшілдік әдеттерін қолданбайды». «...Абай өз бетімен еркіндеп, Пушкиннен ойқастап кетіп отырады» 2. – деген.
Абайдың шын қуаты жайындағы пікірді жалғай түскенімізде анық көзіміз жететіні – Александр Пушкиннің романына келгенде, «Евгений Онегинді» ықшамдап, тарауларының көбін қысқартып, эпистолярлық роман жанры күйіне түсірген. Яғни жаңа нұсқасын (версиясын) жасаған. Нәтижесінде Абай нұсқасы төлтума шығармаға айналған. Ол, күні бүгінге дейін айтылып жүргеніндей таза аударма емес...
Аударма дегеніміз не? Бір тілде жазылған мәтінді екінші тілде дәл, түсінікті етіп жеткізу ғой. Түсінікті етудің амалы әртүрлі. Нақпа-нақ аударма дейтіні бар. Ол мәтінді сөзбе-сөз беремін деп отырып тәржіманың оқылуын қиындатады. Қасқырдың мойнындай етіп сірестіріп қояды. Ал, еркін аударма дейтінің бөтен тілдегі мәтіннің мағынасын бұзып бет алды лағып кетеді, тәржіманың дұрыс-бұрыстығына шәк келтіреді. Ең дұрысы – аударманың балама түрі (адекватный перевод). Түпнұсқа авторының ой өрбіту, сөз сөйлеу мәнерін сақтау.
Бұл амалдың қай-қайсысы да «Евгений Онегиннің» Абай жасаған нұсқасында қолданылмаған. Пушкин өлең-романының эпистолярлық сүйіспеншілік роман жанрында қайта жазылуы тәржімалық амалдың бәрінен бас тартуға мәжбүр етті. «Пушкиннің үлкен шығармасын Абай өз тұсындағы қазақ оқушысына өз елегінен өткізіп, өзінше қорытынды жасап, өзі ойлаған түрдегі бір үлгі етіп ұсынбақ болады»3. Кең байтақ романның махаббат жырына айналуында, Пушкиннен өзгеше бітім алуында бірқатар сыр бүгулі.
Пушкиннің басты шығармасын қазақ жұртын таныстырмаққа бел байлағанда, Абай орыс данасының асыл қазынасын халқының санасына қалай жеткізудің жолдарын қарастырмады, көп ойланып-толғанбады дей алмайсың. Орыс пен қазақ ол кезде бір шаңырақтың астындағы ел еді десек те, ментальділігі, бүкіл болмысы бөлек, ұқсастығы шамалы болатын. Орыс мәдениетімен аралас-құраластығы әлі жетімсіз көшпенділер үшін Пушкин туындысын бар қалыбында жеткізу, шығарманың тұқылын қалдырмай қотарып аудару әлі ертерек еді.
Оны қойып, орыс тіліне жетік дүлділ ақын Ілияс Жансүгіровтің өзі 1937 жылы «Евгений Онегинді» толық аударғанда талай қиындықтарға кезікті. Ленинградта оқыған Әуезовтің өзі аудармаға жазған пікірінде «Евгений Онегиннің» бірінші тарауын ұғыну аса қиын... Ондағы аттары аталатын Фонвизин, Княжнин, Шаховскойлар, әртіс Семенова, биші Дюпло арқылы Пушкин өз уағындағы өнер қайраткерлерінің суретін беріп отырғанын түсіне қою оңай ма?» – деген1.
Абай Пушкин романынан өз тұсындағы қазақ оқырманының ұғымына неғұрлым етбауыр жақын жағын іздеген. Абайға бәрінен де күшті әсер еткені – Татьянаның Онегинге жазған хаты еді. Қыз елден ерек әрекетке барып, сүйген жігітіне асықтығын бірінші боп білдіреді. Және бейкүнә балаң сезім махаббаттың шапағатына бөленгенде қандай сыршыл да сазды тілге ие болған! Дәл осы хат эпистолярлық формаға жүгінуге түрткі болды деп топшылауға керек.
Қазақ бұрынғы өмір салтында хатқа түскен жазуға айырықша мән берген. «...Ғалымның хаты өлмейді» деген мәтелді еске алсақ та жеткілікті. Ауыл жігіттері сүйіспеншілік сезімін хат арқылы жеткізуге ұмтылған. Хат жазу қолынан келмегендер ақындық желі барға жалынған. Абай Пушкиннің романын қазақ жұртына жеткізбек талабында ауыл ғашықтарының хат арқылы табысатын сол ғадетін де есепке алғандай.
Пушкинде Татьяна хатына Онегин хатпен емес, ауызекі жауап береді. Байқұс қызбен деревня бағында көзбе-көз тілдеседі. Сол кездесуде қыздың меселін қалай қайтарғаны Абайда «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегин сөзі» деген бөлімдерде хат түрінде беріледі. Петербург салонында Татьянамен жүздескендегі Онегиннің сүйдім-жандымы, оған Татьянаның өр жауабы, «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» «Татьяна сөзі» боп тағы да хат формасына түсіріледі. Хатқа жатпайтын «Онегиннің сипаты», «Ленский сөзінен» және «Онегиннің өлердегі сөзі» атты үзінді бөлімдер шығарманың эпистолярлық өрнегін біржолата анықтайды.
Қазақ туындысының орыс түпнұсқасынан жанрлық айырмашылығын алғаш аңғарған кісі – Мұхтар Әуезов. «Көбінше, Абайдың аударуында хаттармен баян етілген роман (эпистолярный роман) қалыптанған тәрізді»2. – деп жазады ол «Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы» атты монографиясында.
Эпистолярлық жанр... Жанр дегеніміз шығарманың белгілі бір тегі, түрі. Түрі өзгерсе туындының бүкіл көркемдік болмысы өзгермек. Эпистолярлық романның көп-көп тұсы Пушкиннен алыстап кеткендіктен Абай туындысын академик-жазушы назира жанрына жатқызған. Абайтануда осы көзқарас күні бүгінге дейін сақталып келеді. Бірақ Мұхтар Әуезовтің талдауларын тағы да бір сүзіп өткенде, бұл көзқарасты да қайта қарау керектігі аңғарылады.
Абайдың эпистолярлық романының түпнұсқадан ауытқу себебі, Мұхаң пікірінше, Абайдың аударма жөніндегі түсінігіне байланысты. Әуезов Абайды нәзира формасына жүгінген дегенде, «Ескендір» поэмасына арқа сүйейді. Тақырып желісін Низамиден алып, көп өзгертіп жырлаған сияқты дейді. Міне, осы жерге келгенде, әлі де біраз анықтай түсетін жайлар барлығы байқалмай қалмайды.
«Ескендір» поэмасы Абайдың эпистолярлық романы секілді нәзира жанрына жатқызылса, не себепті аударма деп күні бүгінге дейін аталмай жүр? Олай аталмауының жөні бар. Абай Низамиден періштенің Ескендірді «бүкіл дүниені жауласаң да саған тойымдық жоқ екен», «топырақтан біткен топырақтан ғана тойым табады» деген идеяны ғана алған да, оны өзінше бейнелеген. Тіпті шағын детальға дейін Абай өзінше кетеді. Таразыға тартқанда не асылдың бәрін басып кететін қу сүйек Низамиде – періште сыйлаған кішкене тас. Абайдың «Ескендірінде» Низамиден тіке аударылған, не оқиға желісін қайталаған бір жол кездестірмейсің. Ескендірден өзге кейіпкерлерінің аттары бір-біріне ұқсамайды. Оқиға өтетін жері де басқа. «Ескендір» – Абайдың төлтума поэмасы. Барлық басылымдарға өз туындысы есепті енгізіліп келеді.
Шын
мәніндегі – нәзира Науаидің
«Ләйлі-Мәжнүні». Ол жайынан академик
Конрад былай деп жазған: «Навои внес
много своего. И в то же время это, по
нашим современным понятиям, и не
оригинальное произведение: слишком
многое у Навои идет прямо от Низами»1.
Пушкинге жақын жерінен гөрі Пушкинше
емесі әлдеқайда басым шығарманың –
Абайдың эпистолярлық романының нәзираға
жатпайтынын айтатын уақыт жеткен сияқты.
әлдеқайда басым шығарма - Пушкинше емес
Мұхаң тілінің ұшында тұрған «аударма емес» деген сөзді өз уақытының жоқ жерден пәле жапқыш, құйтұрқы, құбылмалы мінезімен санасып айта алмаған тәрізді. Әйтпегенде «Евгений Онегиннің» қазақ нұсқасының Пушкиннен алыс-жақындығы мәселесін көп төңіректетпес еді ғой. Маза бермеген сол ойларын «Абай жолы» атты көркем дүниесіне де сыналап енгізіп жіберген.
«...Татьянаны ақын өз елінің тілімен сөйлете бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, бұл тілде де нәзік көркем күй толғап, ділмар жас шебер-шерлі боп барады. Қазір ұяң майда қызға Пушкин жазғызған хат пен өзі жаздырған хатты салыстырады. Кей жерлері Пушкинше емес...»2
Абайдың «Пушкинше емес», өзінше кетуі М. Әуезовтің зерттеулерінде де ашық айтылады. Бұл тараптағы ойларын ол эпистолярлық романдағы хаттарды негізгі үш топқа бөліп қорытқан.
Бірінші топ, – «Онегиннің сипаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты» («Амал жоқ – қайттім білдірмей»), «Онегин сөзі» ( «Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін»), «Ленский сөзінен» бөлімдері. Аталған «бөлімдерде Пушкинге көп жерлерінде жақын келіп отырады». «Кейбір жолдар мен Пушкин қолданған теңеулерді де Абай дәл шебер аударып береді. Бірақ сонда да бұл бөлімдердің өзінде Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақтар, ой сезімдер жиі ұшырайды.». «Абайдың бұл аудармасында Пушкиннің текстіне үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік бар» 1.
Екінші топты «Онегиннің Татьянаға жауабы» ( «Таңғажайып бұл қалай хат»), «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» (Құп білемін, сізге жақпас»), «Татьяна сөзі» («Тәңірі қосқан жар едің сен») өлеңдері құрайды. «Бұл тұстарында Абай Пушкиннен аударма жасамай, оның орнына Пушкиннің ізімен жаңа жайларды жырлап кетеді»2.
Үшінші топ – жалғыз өлең: «Онегиннің өлердегі сөзі». «Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл – Пушкинде жоқ, еркін өзгерістің, Абайдың сөзінше дәлелденген ерекше бір түр»3.
Бұл жіктеуден түйетін түйін: Мұхаң Абай еңбегінің екі топтағы өлеңдерін яки шығарманың жартысынан көбі аударма саласына мүлде жатпайды деп кесіп айтқан. Сонда қалып отырғаны бірінші топтағы өлеңдері болса, оның өзінде де аудармаға «үнемі ұқсамайтын көп еркіндік бар». Абайдың өзінен қосылған «шумақтар жиі ұшырайды». Оны да айтушы Мұхтар Әуезовтің өзі. Абай Татьянаның хатын әлденеше қайтара оқып алып, терең түйсініп ұғынып, жүрегіне жеткен күйінде берген. Әр сөзін тіске басып, баламасын тура беруге тырыспаған. Осы принцип өлеңінің ақыр аяғына дейін сақталған.
Я к вам пишу – чего же боле?
Что я могу еще сказать?
Теперь, я знаю, в вашей воле
Меня презреньем наказать4.
Пушкин сөзіне дөп сөз табуға Абайдың қалам қуаты жетпей тұрмаған шығар. Түсінікті етіп жеткізгенмен қыз байғұстың шер-шеменіне еркін түйсінетіндей болмайды ғой. Сол себепті хат алғашқы шумақ өлеңінен бастап Татьянаның сөзі мүлде қазақы реңк ала бастайды.
Амал жоқ – қайттім білдірмей,
Япырмау қайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын1.
Салыстырып көріңіз. Бастапқы төрт жолдың үшеуі Абайдың төл сөзі. Тек соңғы жолы ғана негізгі мәтіннің ой төркініне жақын. «Мені жек көріп кінәлап жазаласаң да төреңе құлдық» деген сөзді жып-жинақы етіп «не салсаң да тартамын» деп қайырған. Басқасы, әрине, Пушкинше емес. Өлеңнің бүкіл өн бойы – Абайша: «Жат үн, жат тілді Татьяна» ел-жұрттың «Абайдан да естіп көрмеген зарымен шерленеді»2. Сол зардың мұңды ырғағы демесең, бар соны сөз Абайдікі. Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында туған Абай өлеңінікі. «Шығыс» деген ұғым кездейсоқ келтіріліп отырған жоқ. Татьяна:
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі – алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс. –
дейді3. Бұл Пушкин романы үшін өгей образ. Бояуы орыс өлеңінің өрнегіне кірікпей тұр. Сөз саптау айшығы таза қазақша.
Эпистолярлық романның түпнұсқадан алшақтығы алғашқы бөлім – «Онегиннің сипатынан»-ақ белгі бере бастайды. Роман сюжетінің қозғаушы күші – характер десек, хат-романнан Пушкин романындағыдан мінезі өзгеше сомдалған характерге кезігеміз. Бас кейіпкердің сипаты Абайша бейнеленеді. Салыстырып көрелік.
Как рано мог он лицемерить,
Таить надежду, ревновать,
Раузуверять, заставить верить,
Казаться мрачным изнывать4,..
Абай «Евгений Онегинді» Пушкин романының бірінші тарауының осы Х шумағынан бастап аударған. Бірақ сол ең ілкі шумақ, не қалайы жоқ, аудармаға жатпайды. Жатпайтыны – Пушкин Онегині мен Абай Онегині характері, тағдырына дейін бір-біріне көп ұқсай бермейді.
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген.
Нанасың не айтса да амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген5.
Шумақтың тіпті бастапқы жолының өзі түпнұсқамен сәйкеспейді. Абайда Пушкиннің екжүзді кейіпкері атымен жоқ. Қазақ нұсқасындағы Онегин сырын шашпайтын, ішіне не түйгенін сыртына шығармайтын абзал да асыл азамат көрінеді. «Лицемерить» деген сөз Абай кейіпкерінің характеріне, «опалы, жақсы жігіт» (М.Әуезов) мінезіне үйлеспеуі себепті эпистолярлық романнан сылынып тасталған. Өйткені эпистолярлық романның идеялық-көркемдік мақсаты Пушкин романымен дөп келе бермейді. Қазақ ақыны шығармасын ағартушы реализм рухында, әдебиеттің ұстаздық рөлін еске ала отырып жазған. Қазақтың жастары Онегиндей парасатты жігітті үлгі етсін деп ойлаған. Сол себепті «...Абай Онегинді айыпты адам қылып шығармайды. Оны тек жұлдызынан жаңылған, жазықсыздан жаза басқан жақсы жан етеді»1.
Қысқасы, Абайдың Онегині мен Пушкиннің Онегині көп тұстарда ұқсамайтыны екі ақынның шығарма жазудағы көркемдік әдістерінің әртүрлігінен.
Мұхтар Әуезовтің «Пушкин мен Абай» мақаласының жазылғанына жарты ғасырдан асты. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, көп қалыптасқан қағидалар, түсінік, бағам өзгеріс тапты. Әдебиеттану өлшемдері де бұрынғыдай емес. Айталық, Мұхтар Әуезовті бұрын «Шығыстың Шолоховы» дегенді едәуір мақтаныш тұтсақ, қазір ол ұғым да ескіргендей. Бір әдебиеттің табысын екінші әдебиетке телу оның ішкі заңдылықтарымен есептеспеуден, біздің ең бетке шығар туындыларымыздан Шолохов таңбасын іздеп әуре-сарсаңға түсушіліктен туған шалағайлық.
Біздіңше, ұлы жазушы бүгінгі тәуелсіздік мінберіне көтерілсе, уақыт қыспағынан күмілжіп, айтуын кейінге қалдырған шындықтарды жайып салар еді. Абайдың эпистолярлық романы аударма емес, «Евгений Онегиннің» жаңа версиясы, тыңнан туған төлтума нұсқасы дер еді. Олай деп жорамал айтуға толық негіз бар. Шынында да тақырыбы, жанры бөлек, кейіпкерлері басқа үлгіде сомдалған, сөз саптауына дейін дара туынды қалайша аударма аталмақ?
Пушкиннің Онегині – жас кезіндегі адасу, жеңіл жүріс құрбаны. Өмірінің ең қымбат жастық шағының сегіз жылын салтаң серілік, әләуләймен босқа өткізген. Абайдың Онегині – өйтпеген. Ол сұм қоғамның әділетсіздігінен жапа шегіп жүрген «опалы жігіт». Сондықтан да «Сорлы Онегин, жолды өзің біл, қай тарапқа қаңғырар» – деп қамығулы. Бұл өмірден жапа шегіп жүрген талайсыз тағдырлы кейіпкер ақыры фәни дүниемен қоштасып тынады.
Эпистолярлық романның аударма емес, Пушкин романының жаңа нұсқасы (версиясы) болатыны тіпті кейіпкердің сөйлеу мәнерінен, христиан дініндегі Онегиннің мұсылманша «гәпіруінен» көрінеді. Ол орыс арасында емес, бейнебір қазақ арасында өскен сияқты. Өйткені ғашығына зарын тек дала тілімен айтады. «Сен – ағашта піскен алма», «Гауһарым», «Он сегіз мың бұл ғаламның Бар тынысы күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның Ықтияры сенде тұр», тағы осы секілді Пушкинде атымен жоқ қазақы тіркестер Онегиннің машықты сөзі. Татьяна да бұл жағынан сүйген жарынан қалыспайды. «Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы ем. Тірі қалдым, өлмей әрең, Қатты батты тырнағың», т.т. Бәрі де Пушкинде кездеспейтін, кездесуі мүмкін де емес метафоралар, ауыстырулар.
Өлеңмен жазылған эпистолярлық роман Шығыс поэмаларымен жең ұшынан жалғасқан. Онымен типологиялық тамырластығы күшті. Онегиннің Татьянаға жазған хатында басталған. Образ жасақталуында түпнұсқадан соншалық айырмасы бар шығарма қалайша балама аударма болмақ?
Абай туындысы түпнұсқадан форма жағынан да алыс жатыр. Стилінде батыс-шығыс сарыны біте қайнасқан. Лексикалық құрамын «Абайдың өзі тудырған тамаша, нәзік те, терең сырлы ащы сөздер, көрікті ойлар немесе шанышпа, мысқыл, әжуа, ащы сөздер...»1 құрайды.
Мазмұндық-формальдық сыпаты жағынан да түпнұсқа мен оның қазақша нұсқасы – екі бөлек дүние. «Евгений Онегин» романында автордың өзінің образы үлкен рөл атқарады. Лирикалық кейіпкер кейпіндегі ақын қай тұста оқиғаға тікелей араласады. Онысы – бүкіл шығарма бойында көбіне оқиғаға баға беруінен, жеңіл я ащы мысқылмен бас кейіпкердің кей әрекетін ажуа етуінен, өзінің пушкиндік тағдырының ауырлығын шағынудан көрінеді. Ал, Абай нұсқасында мұның бірі де жоқ. Оқырман назарында - тек екі жастың бір-біріне іңкәрлігі. Сөніп жанған, ақыры баян таппаған өкінішті махаббат.
Версиялық бітім әдеби байланыстар түрінің алуан табиғатына қатысты. Әр әдеби шығарма басқа тілде әр түрде, әр нұсқада өмір сүре бермек. Поэзия қай тілде өмірге келсе, сол тілде салтанат құрмақ. Ақын айтқандай, аударма кілемнің өңінен гөрі сыртқы астарына көбірек ұқсайды. Астарда өрнек тым көмескі көрінеді. Сондықтан эстетикалық әсері түпұсқаға бара-бар бола алмайды.
Пушкин тоқыған кілемнен қатты әсерленген Абай өз жанының жаңғырығын ұлттық ұғымда беруге тырысты. Татьяна мен Онегиннің шерлі махаббатының бейнесі кілемнің өң жағында ұлттық өрнек қалпында тоқылған. Қазақтың кәрі-жасы бірдей оны тамашалаудан жалыққан емес. М.Әуезов айтқандай, «қошқар мүйіз» салды. Романды оқығанда не еске алғанда Абай жүрегін жарып шыққан Татьяна әнін іштей ыңылдап қоса айтып отырады. Шерленеді, ләззаттанады. Сезім әлемі махаббат тазалығының шәрбәтінен сусындайды.
* * *
Әдеби байланыс атаулы адамзаттың, әр ұлттың, халықтың рухани байлығын тасытпаса, жасытпайды. Абай орыс рухани әлемін ашып қана қойған жоқ. Ол өз жүрегінің мұхиттай терең сырларына, туған әдебиетінің творчестволық кен байлығының сарқылмайтындығына, қазақ көркем сөзінің нелер құз-биіктерге самғай көтеріле алатын қуат-күшіне көз жеткізді. «Ғақлия» атты қара сөзінде ұлы Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді»2, иықтасады, теңеседі деген. Бұл компаративистика ғылымында айтылмай жүрген шешуші принцип. Ол принциптің дұрыстығын Абай әлемдік әдеби аламан бәйгенің алдыңғы легіне жүйткіп шыққан тұлпар талантымен, даналық қуатымен дәлелдеді.
* * *
Абай – ұлт көркі. Адамзаттың рухани қазынасына қазақ не қосты деген сауал туа қалса, жауабын іркіліссіз Абайдай сарқылмас бай кенішімізден іздейміз. Абай қазақтың жазба әдебиетін дүниеге әкелді. Абай мұрасынан әдебиетіміздің көп жанры тарайды. Жетекші жанр – роман да. Романның эпостық оқиғашылдығы, хикаяттық (повествовательность) қасиеті фольклор мен ауызекі әдебиеттен. Жан жүрегі – Абай туғызып өркендеткен лирика жанрынан. Абай қазақ романы тарихының бастау көзін ашып, Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтқандай, романның эпистолярлық түрін өрнектеді.
Бір өкініштісі – Абайдың эпистолярлық туындысының қазақ романы тарихындағы орны күні бүгінге дейін анықталмай келеді. Жанрлық тектіліктің әдеби дамуға тіке қатыстылығына жөнді мән берілмей, қазақ прозасының жетекші жанрының өсіп өркендеуіне Абай туындысының тигізген шарапаты тиісті дәрежеде сөз етілмей жүр. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Спандияр Көбееевтің «Қалың мал», Сұлтан-Махмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» секілді роман бастаулары, «Шұғаның белгісі» тәрізді повестер романға баратын жол болып есептеледі де, ол қатарға Абайдың эпистолярлық романы қосылмай қалады. Шын мәнінде, аталмыш прозалық туындылар – әдебиетіміздің былайғы дамуына ықпалы жағынан бір төбе де, Абай туындысы бір төбе. Бәрін термелеп жатпай-ақ, алғашқы кітабы 1942 жылы дүниеге келген «Абай» романының жазылуына мұрындық болған «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесі екенін айтса да жеткілікті.
Алғаш рет 1937 жылы «Қазақ әдебиеті газеті» мен «Әдебиет майданы» журналында жарияланған әңгіме қазақ-орыс әдеби байланыстарының үлкен бір қадамы санарлық зор мәнді рәміздік суретпен аяқталады.
«Осылайша, 1887 жылдың қысында орыстың данасы Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан жетектеп кеп, кең қазақ сахарасына ең алғаш рет қадам басты»1.
Әңгімеден – роман. Ол қалай туады? Мұхтар Әуезовтің ұзақ жылдар бойғы ізденіс-толғаныстарының өзі бір мектеп. Абай – тарихи тұлға, оның үстіне ақын. Демек, ол жайында жазылатын шығарманың, айталық «Бірінші Петр», «Емельян Пугачев» немесе «Степан Разин» секілді роман типтерінен өзгешелігі болуы тиіс. Мұндай творчестволық тұлғаны бейнелегенде дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік келбетіне қоса, ұлы ақынның шығармагерлік психологиясын, поэтикалық жаңашылдығын реалистік-тарихи картиналар арқылы суреттеу керек. Осы қиямет қиын міндетті жүзеге асыру мақсатында Мұхтар Әуезов ақын, жазушылар туралы күрделі роман типінінің ХХ ғасыр басында жасалған үлгілеріне үңілді. Ю.Тыняновтың «Смерть Вазир-Мухтара», А. Моруаның «Байрон» атты шығармаларына, тағы басқаларына.
Бірақ жазушы шығармасының елден ерек сәтті тууына ең көп көмек жасаған басқа ешкім де емес, дәл Абайдың өзі еді. «Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая» атты мақаласында Мұхаңның: «мне на помощь приходит сам Абай со своими произведениями»1 деп атап көрсетуінде үлкен мән бар. Еңбегінің жемісті шығуына Абай өлеңдер жинағының, қаршадайынан жаттап өскен «Евгений Онегин» нұсқасының зор ықпал еткенін арнап айтуды ол өзінің борышы санайды.
Мұхтар Әуезов Абайдың әңгімедегі психологиялық суреткерлік өнерінен ғибрат алған. «В едином комплексе идет во всех четырех книгах и тема развития Абая-поэта, отражаясь в эпизодах, изображающих первые творческие побуждения, через овладение пушкинским языком...»2 – деп роман-эпопеяның жанрлық табиғатын анықтауда ақынның өмір тарихынан гөрі, өлең мен ән өнерінің туу, кемелдену тарихына көбірек назар аударғанын арнайы бөліп айтады.
Хат алысып, хат берісу екі жастың романына айналып кетеді. Адам жанының ең бір нәзік құбылыстары шертіледі. Сол тәсілге қызығып, оны қолданбақ ниетте жазушы Пушкин, Абай тілі жеткен шеберлікке проза жанрында жету жолдарын зерттейді. Құрғақ қағидаларды тізбектеу, өмірбаяндық оқиғаға бірыңғай беріліп кету Абайдың ақындық жүрегін толық ашып бере алмайды. Негізгі салмақты ұлы ақынның жан дүниесіндегі алуан құбылыстарға, ішкі өмірі ағынына салса, прозаның да бірталай нәрсеге шамасы келіп қалар деген байламға тоқтайды.
«Татьянаның қырдағы әні», «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші кітабының (1947) соңғы тарауына «Тағы да әнде» деген тақырыппен енгізілді. Кейінгі басылымдарында өзгеріп «Биікте» деп аталды. Татьянаның қазақ тілінде жазылған хаты қалай туды, әнге қалай сұранды, махаббат әуені қазақ сахарасында қалай шырқалды, – әңгіменің осы рухы ақын шабытының туу, өрістеу тарихын паш ететін роман-эпопеяның шынында да таңғажайып биік беттеріне айналды.
Қысқасы, Абайдың эпистолярлық романы жазушы қолына әлемнің 116 тіліне аударылған атақты «Абай жолының» эстетикалық кілтін ұстатты.
* * *
«Евгений Онегин » романы 1887-1889 жылдары дүниеге келген. Баспа жүзін көруі – 1909 жыл. Бұл жылдары – Х1Х ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында – Қазақ елі бодандық қамытын мықтап киді десек те, Ресейдей экономикасы мен мәдениеті өркен жайған империямен бір шаңырақтың астында өмір сүру патриархалды Қазақстанды дамудың жаңа жолына бастады. Әсіресе Қазақ елінің Ресеймен, сол арқылы бүкіл әлеммен қоян-қолтық мәдени қатынасқа енуі, Батыс пен Шығысқа бірдей үңілуі тегін кеткен жоқ. Сол процестің басты жемісі – Абай шығармагерлігі.
Абай поэзиясы қазақ әдебиеті әлемін өзге әдебиеттермен иық теңестірді. «Жоқты-барды ертегіні» термектен тиылып, ел өмірінің толғақты проблемаларына бет бұрды. Абайдың «Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз» дегені, Құдайға қарсылық емес, ендігі өскен биік рухани талап дәрежесінен шығу үшін қисса, ертегі-хикаядан гөрі көркем сөздің күрделірек түрі қажет екендігінен өрбіген пікір.
Абай адамның ішкі өмірінің қайнаған құбылыстарын әлеуметтік болмыспен ұштастырып суреттеуге ең ебдейлі жанр роман екендігіне анық көзі жетті1. Лирикалық кейіпкердің ішкі көңіл ажарын хат түрінде берген Пушкин тәсілін қолдауды құба-құп көрді. Ерекшелігі – Шығыс әдебиетінің ежелгі дәстүріне бағып, классикалық шығармаға өз тарапынан үн қосты. Орыс данасынан алған тақырыбы мен сюжетін өзінше бағамдап, өнер жарыстыруды ұйғарды. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын сол тәсіл беделінде қазақ қауымына жеткізуге бел байлады.
Қазақ қауымына жеткізудің мәнісі – оған ұлттық реңк беру деген сөз. Татьяна мен Онегиннің жазысқан хаттарын, жауаптасқан сөздерін түгел эпистолярлық формаға түсіргенде ойында аударма емес, «Татьянаның тілімен қазақ қызының жүрегіне қоса тіл» бітіру, «Онегиннің ойлы-сырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге»2 тәрбиелеу міндеті тұрды.
Эпистолярлық роман ұлттық реңк алуы барысында төлтума қасиетке ие бола бастады. Түпнұсқамен салыстырғанда шығарманың аудармаға жатпайтын тілін былай қойғанда, мазмұны да қазақ болмысына икемделді. Кейіпкерлердің характері, ойлау, сезіну жүйесіне дейін түпнұсқадан өзгеше қалыпқа енді. Абай нұсқасындағы Онегиннің аты орыс болғанымен, заты орыс емес. Діні мұсылман, басы тығырыққа ұшырағанда аузына Христос емес, Алла түседі. Ойлау, сезінуі, ділі мен тілі – бәрі мұсылманша, қазақша жүйеленген. «Он сегіз мың бұл ғаламның Бар тынысы күнде тұр» деген сияқты таза қазақы тіркеспен құйғытады. Татьянаға жазған хатында Онегин де «Тәңірі добы – бұл ғарып бас» – деп, «Адамның басы – Алланың добы» дейтін белгілі мәтелді өз тағдырына лайықтап тұжырымдайды.
Онегин тип ретінде қалада тәрбие алып өсіп шыныққан қазақ жастарына көбірек ұқсайды. Философиясы, уайым-қайғысы, ішкі дерті автордың өзін толғандырып жүрген жайлармен өзектес. Қаладан білім, ғылымға уызданып, орыс ойшылдарымен кеңесіп, әңгіме-дүкен құрып, он алты жыл патша әкімшілігімен тікелей араласып қызмет істеген, қала мен ауыл арасында көп қатынаған, сол қоғамның кінәрат-кесапаттарынан қиналған, жапа шеккен Абайдың өз өресімен шамалас.
«Онегиннің сипатын» оқып отырғаныңда «опалы, жақсы жігіт» бейнесі Онегиннің түпнұсқадағы жақсы жақтарынан ғана жаратылмағанына көзіміз жетеді. Кейіпкерін сыпаттағанда қазақ ақыны айналасындағы жаңа буын жас ұлан тұрпатына да айырықша көз тоқтатқан. Өзі идеал тұтқан үлгі мінездерді дәріптегенде Онегинді Онегин сияқты Ресей болмысында тәрбиеленген қазақ жастарымен іштей салыстырып отырған. Әбдірахман туралы өлең шоғырында Онегинге ұқсас нышандардың барынша дәріптелетіні – соның дәлелі.
Абай сөз қадірін бәрінен жоғары қойған. Тапқыр тілді адамды айырықша бағалаған. Дүниеде өлімнен күшті нәрсе жоқ, тағдырға тәбділ бола ма, сабырлық қылсақ керекті дейтін көнбіс Абай, тағы бір сәтте артына сөз қалдырғандарды өлмейтіндер санатына жатқызады. Алғыр шешен сөз иесі – ол үшін ең биік тұлға. Онегин «Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу, От жалындай жауапкер құрбыменен».
Сөзден есесін жібермейтін айтқыштық қасиетке Әбдірахман да ие. Қыршынынан қиылған боздағына арнаған жоқтау өлеңдерінде Әбдірахманның «таппайтын сөзі жоқтығын» Абай күрсіне дәріптеп еске алады. Әбдірахманның жүрегі – жылы, бойы – құрыш. Жұрт көңілін аулағыш, тындырғыш. Бірақ зәуменде оғаш тентектікке төзбейді. Осы мінез Онегиндей опалы жігітке де тән. Жол таласқан күндес біреу шықса, «ажуаға қорлауға тілі орамды, Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан» бас кейіпкер мінезін автор сүйсіне үлгі етеді.
Онегин мен Әбдірахман бейнелерінің ұқсастықтары, екеуінің ұқсамайтын тұстарынан әлде қайда басым. Тек Онегиннің ішінің қалтарысы көптеу.
Эпистолярлық романда Татьянаның Шығыс әулетіне туыстас қасиеті басым. «Досың ақпын, «тағдыр араз», бәрін «сорлы нәсібімнен» көремін деген сөздерді айта келе, Татьяна сөзінің ақырында «Көрісуге шыдамаспыз, Айрылалық сол үшін» деген ең соңғы шешімін Ләйлі-Мәжнүн махаббатын еске түсіретін жәйтқа сүйейді. Екі асық Ләйлі мен Мәжнүнге жарық дүниеде қауышып құшақтасып бір сүйісуге жазбаған ғой. Екеуінің өне бойлары өртеніп, ерінге ерін тигізе алмайды. Татьянаның көрісуге шыдамаспыз дейтініні сол хикаямен ағайындас. «Ләйлі-Мәжнүн» дастанымен таныс қазақ Татьянаның ғашықтығы Ләйліден кем соқпайтынын түйсініп тебіренері сөзсіз. Ләйлі мен Мәжнүннің ғашықтық дертін тартуы Алланың бұйрығы болғанда, Татьяна «тағдыр араздығына» шағынады.
Онегин сияқты Татьяна да қазақ құлағының құрышын қандыратын орамды, образды тілмен сөйлейді.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екісөз жоқ өмірімде,
Мен де – сорлы бақыты кем1.
Мұхтар Әуезов жазғандай, Абай орыстың дворян қызына қаспақ қырғызып қояды. Аудара қалғанда да орыс тіліне оншама кіріге қоймайтын ауыспалар. Қаймағы – сүйгені Онегин. Қаспағы – жат босаға.
Эпистолярлық романның ұлттық бояуын, тілі мен қоса ділін мейлінше қандырған Абай шығармасында әлеуметтік проблема да қоя білді. Кейіпкерлердің жеке өмірімен қатар, қоғамдық-әлеуметтік қатынасы өлең-роман жанрының бойына шақ қалыпта кесіліп пішіледі. Өмір сүрген заманының кескін-келбет сыйқы кейіпкер көзімен бағаланады. Онегин Татьянаның хатына қайтарған жауабында өзі туралы: «Соққы жедім сұм заманнан, Бір жылы сөз ем емес» – дейді.
Сұм заман – автордың өзінің де сыбағасына тиген заманы. Абайдың Көкбай боп жылайтыны лирика жанрының ежелгі дәстүріне қатысты. Онегин Абайдың Көкбайы сияқты автордың өз көзқарасын білдіретін пропоганист геройы. Көкбайдың жыламасқа амалы жоқ. «Мынау азған қу заман қалыбында тұрмайды». Онегин шері, сайып келгенде, автордың өз шері. Абайдың бір өлеңінде «Ішім өлген, сыртым сау» деп толғанғаны Онегиннің: «Ішім өлген, құр денем сау» – дегенімен орайлас.
Онегин махаббат сергелдеңіне түсіп жүрген адам бола тұра, замана бет алысын қапалана, қайғыра ойлап жүрген кең зейіннің, терең сезімнің кісісі. Кейіпкер өзін өрттен қалған көмірге балайды. Бенде көрген бар қызықты ішкен сұм жүрегі өмірден айнып біткен. «Бүгінгі дос – ертең жау» деп сарнайды. Мұны қалай түсінеміз? Өзін өсіріп тәрбие берген қоғамнан кейіпкер неге безінеді? Эпистолярлық роман адамзат қоғамының шешімі қиямет қиын проблемасын ұтымды қоя білген.
Заман мен адамның, қоғам мен жеке тұлғаның бітіспес арпалысы шағын романда Онегиннің жан қасіретін шегуі барысында берілген. Бұл – Абайдың бұрын да аз қаузамаған тақырыбы.
«Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде Абай қазақ жастарының шенеунік болуды дәреже көретінін, жан байыту кәперіне кірмейтінін ашына сынай келе, Толстой қазақ жастарының бірінің ойында жоқ екенін үлкен мін санап күйінеді. Абайдың Толстой есімін жас буынды тәрбиелеу мәселесімен байланыстыруының өз мәні бар. Толстой – заманынан түңілген адам. Жас ұрпақтың Толстойды білсе екен дейтін тілегі ендігі ұлан дүниеқоңыздылыққа салынбаса екен, жанын бақса екен деген ақ арманнан туған.
Онегин бар қызықтың, сән-салтанаттың бәріне кеңірдектеп тойғанда ғана барып, дүниенікі дүниеде қалатынын түсінген. Әуел баста тән рахатын ғана ойлап, жан әлемін жүдетіп алды. Күні ертең Татьянамен бас қосса, аз уақыттан соң некеліктен жалығып («жалқып») шыға келетініне көзі жетіп тұр. Онегинмен типтес – Лермонтовтың Печорині Бэлаға қолы жеткен соң, біраздан кейін кешегі махаббатынан суына бастамай ма? Печорин де Онегин тәрізді басын тауға да, тасқа да соғады, бірақ еш жерден көңілі жайланатындай орын таппайды. Бэла қазаға ұшырағанда аз-маз опынған болады. Біраздан соң бір бәледен құтылдым ба дегендей жеңілейген қалып көрсетеді. Өмірден жерінуі жаны жұтаңдығынан.
Қазақ ақыны пікірінше, адамзат керуені (бір ғана қазақ елі емес) даму бағытын дұрыс ұстанбай отыр. Қарын қамына беріліп, рухани жұтаңдыққа ұшырауда. Бүкіл дүние хауіпті дағдарыста. Қай тарапқа қаңғырарын білмейтін Онегин бейнесінің астарында міне, осы әлемдік бәлелі құбылыс жатыр.
Романның эпосқа тән кең құлаштылығы, нақтылы өмірмен байланысы осындай болғанда, жеке адам характерін жасау жағынан қалай көрінеді? Міне, бұл рөлді адамның ішкі жан дүниесінің шетсіз-шексіз құбылыстарына тіл бітіретін Абай лирикасы әдемі атқарып шыққан. Өлеңмен жазылған эпистолярлық шығармада төңіректе өтіп жатқан әлдене оқиға бөлек баяндалмайды. Оның бәрі психологиялық талдауға сіңіп кеткен. Сырт оқиғаның табы яки эпостық тағы бір белгі кейіпкерлердің жан сілкініс-тебіреністерінен, рухани өзгерістерінен бой көрсетеді.
Кейіпкер тірі жанның ісін істеп өмірден өз орнын табуға талап етпейді емес. Тәңір бұйрығымен («Құп кіріптар қылды Алла») Онегиннің сахара шөліндей сарғайып біткен көңіл даласына кенет көк бітеді. Жүрегіне махаббат өрті түседі. Татьяна хатының әсері тегін кетпеген. Қыз хатының сезімге түскен шоғы қауға түскен ұшқындай лап етіп жалындайды. Ғашық Онегин бұрынғы тәкаббарлығынан, өркөкіректігінен айырылып, бір кезде бетін қайтарған қыздың аяғына жығылады. Бұған дейін Татьяна ерік өзіңде деп қиылса, енді жалбарыну кезегі Онегинге тиеді. Не қылсаң да ерік өзіңде деп өмешесі өшіп хат жазады.
Роман сюжеті шарықтау шегіне жетеді. Махаббат отына шарпылып, сұм тіршілікте жанына өзінен басқа бір дос, серік тапқысы келген кейіпкер, әлде бір философ-идеалистке ұқсап, алыс, көз ұшындағы жарық сәулеге қол созған. Ғашығының раушан сипатын тез көруге ынтығып, «шапқатыңмен» көрін, әйтпесе емсіз қатты дерттен жан тапсырамын деп үздігеді. Піскен алмаға уақытында қол созбағанына өкініп, гауһарінің қадіріне жетпегенін мойындап, тағдырын қыз қолына тапсырады.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр1.
Әттегене, жарға балап жүрген ғашығы теріс айналады.
Сөйтіп, бастапқыда Пушкин мен Абай романдарының бір арнада аққан сюжет өзені сағасына тақағанда жылғаланып, екі тарамға бөлініп тынған. Эпистолярлық роман сюжет ағысы характердегі зор әлеуметтік-қоғамдық сыпатты мазмұнға, ондағы автор ойына қарай бет бұрған. Адам мен адам қатынасы яки сюжет Абай романында трагедиямен аяқталады. Уақыт теперішінен жапа шеккен кейіпкердің сюжеттік жолы тартысқа толы. Бір бірін сүйсе де қосыла алмайтын Онегин-Татьяна арасын басқаша не деуге болады? Сюжет кейіпкерді жегідей жейтін философиясынан трагедиялық тығырыққа тіреледі. Бұл жерде Абай сюжеті қасірет-қайғыға соқпай қоймайтын әлемдік әдебиет дәстүріне сүйенеді.
Эпистолярлық нұсқадағы Онегин тағдырындай тағдыр ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әлем әдебиетінде аз суреттелмеген. Гетенің «Жас Вертердің қасіреті» атты эпистолярлық романы мен қазақ ақынының бас кейіпкерлері тағдырлас, мұңдас. Онегин сықылды Вертер әуелден-ақ: «Я не вижу иного конца этим терзаниям, кроме могилы!»2 – дейді. Пушкин романындағы Онегин Татьянаға жазған хатында күйдім-жандыммен тынады. Өлем деп айтпайды. Соңғы кездесулерінде Татьянаның бет қайтарар сөзін есіткен соң ләм демей төбеден ұрғандай қалшиып тұрып қалады. Ал, Абайдың Онегині «Сен бетіңді әрі бұрсаң...Біздің орын – қара жер» деп тағдырына мойын ұсына береді.
Вертер «А мы от своей образованности потеряли образ человеческий!»1 – деп күйінеді. Абай Онегинінің: өзін «бұл заманның қашқыны» санайтыны, «тәтті дүние көңілінен кеткендігі» – өмір сүріп отырған қоғамға Вертер тәрізді наразы.
Қазақ эпистолярлық романының «Вертерден» елеулі өзгешеліктері де бар. Әсіресе жанрлық Һәм сөйлеу тәсілі жағынан. Ақын Гете шығармасында прозаға жүгінген. Тағы бір айырмасы – «Вертер» түгелімен бас қаһарманның қолымен («Баспагерден» деген бөлімді есептемегенде) жазылған хаттан тұрады. Сол себепті бір жағы лирикалық, екінші жағы монологтік нысандағы туынды. Бұл жөнінде В.Вильмондтың «Вертерге» берілген түсініктемеде айтқан пікіріне толық қосылуға болады.
«...В то время, как в романах Ричардсона, Руссо...общая повествовательная нить плетется целым рядом корреспондентов и письмо одного персонажа продолжает письмо другого, в «Вертере» все написано одной рукою, рукою заглавного героя (за вычетом приписки издателя). Это сообщает роману сугубую лиричность и монологичность» 2.
Абай романында бас кейіпкер екі түрлі тәсілде бейнеленген. Басында характері автор тарапынан сарапталады («Онегиннің сипаты». Ал, Онегин мен Татьянаның ішкі өмір-тірлігі олардың өздерін сөйлету тәсілі арқылы бейнеленген. Бұл жағынан «Вертерге» ұқсас болғанымен, өзгешелігі көбірек.
Татьяна мен Онегиннің хат алмасуы жан дүниеден жалындап шыққан сөзден тұрады. Жан сөзі өзіне емес, өзгеге арналады. Ішкі лирикалық тебіреністер кейіпкерлердің бір-біріне қаратып айтқан ғашықтық сөздерінен, өкпе, назынан туындайды. Гетенің эпистолярлық романы бүтіндей бас кейіпкердің монологына құрылған. Вертердің хаттарынан белгілі болатыны – Лотта екеуі жиі жолығысып тұрады. Лоттаның сол кездесулердегі сезім-күйлері монолог сыпатында әрі эпостық мәнерде жазылған хаттарда суреттелген. Екі жастың қол алысқанын, бір біріне қалай қарағанын, қай жерде қалай кездескендерін бипаздап әңгімелеуге, шегініс жасап, оқиғаны тежеп, енді не болар екен дегізіп ынтықтыруға прозаның жаны құмар. Ал, лирика табиғаты бәрін түгендеп тәптіштеп суреттеуді оншама көтере бермейді. Қазақ нұсқасындағы Онегин байғұс сүйгенін бір көруге зар.
Қазақ эпистолярлық романында образдылық ағыстан гөрі лирикалық ағыс басым. Онегиннің хаттарынан Татьянаның бет әлпетін анық айырып «көре» алмаймыз. Хат Татьянаға жазылып отыр. Бірақ қыздың портреті тым сараң, жалпылама шыққан. «Гауһарым», «Піскен алма», «ақ жүрек», «ақ жүзің» деген ауыстыруларды есепке алғанның өзінде де, образдың нақтылы келбеті бұлдыр. Олай болуының өз себебі бар. Поэзия үшін «алтын иек, сары ала қыз» (Абай) кескінін тәптіштеп түгендеп жатудың қажеті шамалы. Сүйген жүрек сырын ағыту ғашық образын жасауға әлдеқайда тиімді. Абай сол ежелгі поэзиялық заңды мүлтіксіз басшылыққа алған. Онегиндей кеудесіне нан піскен кісіге «Михрабым сен, бас ұрамын» дегізген сөзінің өзі ғашық әйелдің қандай екенін жүрек көзімен көріп ынтығуға жетіп жатыр. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген бет пішіні ғана сұлу қыздан гөрі «Көзімнің қарасы» деген ішкі монологта, жан түкпіріндегі ең аяулы, ең сүйкімді сезімдерге тіл бітірген қыздың көркі әлде қайда қымбат көрінетіні сияқты.
Романдық лирикалық ағынның және бір ерекшелігіне бақсақ, хатпен жазылған туындыда ескі эпосқа тән бірсыпыра белгілер байқалмайды. Кейіпкерлердің іс-әрекеті, ғашықтық хикаялары Ләйлі-Мәжнүн дастанындағыдай жырланбайды. «Біле ме біздің қазақ ғашық жайын, Ұқсаңыз білгенімше сиптаттайын»1-ға жатпайды. Эпистолярлық роман өлеңмен жазылса да, бұл машықты сөз оған үйлеспейтіндей. Онегин мен Татьянаның көңіл күйлері жырланбайды (не воспевается). Қыз бен жігіттің шері, жалындап сүйген жүректері өздері жыр ағытып, нөсердейін құйылып тұр. Олар есіліп майысқан мұңды-шерлі көңіл күйлерін «өздері» шертіп бейнелейді.
Абайдың лирикалық романының драмалық тектілікке де қатысы бар. Өмірден баз кешкен Онегиннің аяқ астынан ескі жараны білтелеп, ескі сертінен тайып өзгеруі, тірі адам қалыбына еніп, бойына қан жүгіріп, алас ұруы, жан айқайына көшуі лириканың драмалық әрекетшіл сюжетін қоюландырып мейлінше тартымды етіп тұр. Ғашық жүректің ауыр қасірет күй-жайы яки лирикалық ағын күші зор поэтикалық қуатпен тасқындайды.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан2.
Жат жұрттық боп кеткен, бірақ әлі де сені сүйемін дейтін Татьянаға арнаған Онегиннің соңғы сөзінде лирикалық ағын драмалық қимыл-әрекетке ұласады.
Жарым жақсы киім киіп,
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып сүйіп.
Бойым тұр дал болып иіп,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп3.
Онегиннің қияли көңілінде ғашығы жақсы киім киіп келген. «Жақсы киім» нақтылы образға жатпаса да, кейіпкердің көңіл бұлтында екі жастың кездесуі әсері жағынан нағыз театр... Қазіргі тілмен айтқанда, виртуалды мизансцена. Ішкі күй-жайдың елесі. Ақтық көрінісі. Онегин есінен адасуға жақын. Шала-пұла сандырақтай бастаған. Тек өлім алқымынан алып шеңгелдегенде ғана көзін ашып жалған дүниеге бір сәт қайта оралғандай. Ақырғы демі таусыларда айтқаны – «Бір бұрмадың мойныңды». Сүйгеніне өкпе-назы. Оған енді қайтып оралып түзеле алмаспын дейтін шағымын қосады. Эпистолярлық роман драмасының соңғы актісінде амалы құрыған бас қаһарман «Атам, анам қара жер, Сен аша бер қойныңды» – деп жарық дүниемен қоштасады. Сорлыны жалғыздықтың жегі құрты жей-жей қиып түседі.
Абайдың романында өлім тақырыбы жайдан-жай тумаған. Қазақ версиясындағы Онегин өмірден орын таба алмай жүр. Қоғам оған жон арқасын береді. Болашағы және жоқ. Жалғыздық – қоғамнан әртүрлі себептермен сырттаған адам дерті. Драматизмі – тартыстың әлегінен жол таба алмай құсаға ұшырауы. Оның әлеуметтік һәм моральдық астары бар. Жалғыздық коллизиясы – Абай шығармаларынан үзілмеген тақырып. «Сегіз аяғында» «жалғыздық көрер жерім жоқ» дей келе, «Моласындай бақсының Жалғыз қалдым – тап шыным!» – деп кенет асан қайғыға салынады. Абай жалғыздыққа ұшырағанын «Сөзін ұғар елі жоқтығымен» түсіндіреді. Онегиннің қасіретті ахуалы – еш жерден орын таппай сергелдеңге ұшырауынан. Себебін өзіне теріс қарайтындардың жаулығынан деп біледі.
Абайдың эпистолярлық романында жалғыздық проблемасына байланысты айтқан ойлары қоғам мен адамның жарастығын көксейтін идеядан нәр алады. Қоғам адамға не адам қоғамға қас болса, жалғыздық ондайдың мойнын астынан келтіреді. Сыңарыңнан айырылу да жалғыздықтың бір парасы. Онегин – осы екі түрлі жалғыздықтың екеуінің де уын ішкен адам. Сондықтан бұл Онегиннің – эпистолярлық романның бас кейіпкерінің жалған дүниені талақ етпесіне шарасы қалмаған. «Ғақлияның» отыз жетінші сөзінде Абай: «Жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында»1 деп тегіннен тегін жазбаған. Бұл тезистің даналығы қазақтың және бір сұңғыласы – Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» поэмасында поэтикалық анық ұсталықпен қуатталғаны мәлім.
Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Адамға жұпсыз күн жоқ. Алла солай жаратқан. Татьянаның «Осы екен ғой – сол» дейтіні іштей көп арман еткен сыңарын іздегені. Махаббат дегеніміз Алланың жалғыздықтан құтқаратын сыйы. Сол сыйдың рахатына бөлену үшін адам не істемейді. Татьянадай он екіде бір гүлі ашылмаған ару шарасыздыққа ұшырап беттің арын белбеуге түйгендей болады.
Амал жоқ – қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын1.
Татьянаның Онегинге жазған хатының алғашқы шумағы. Бір ғана шумақтың аясына романдық, психологиялық реуішті қаншама динамика, өзгерім сыйып кеткен. Татьянаның ішкі образы лирика толқынында қайың қабығындай қалқиды. Түрлі еңісті-дөңесті күйге түседі. Шумақтың төрт жолы ішінде қыз төрт рет құбылады. Және күрт құбылысының бәрін – көркем шындықтың көкесіндей қабыл аласың.
Шумақтың алғашқы екі жолынан көз алдыңда бетінен моншағы үзіліп тұрған қыз бейнесі көлбейді. Ұялшақ, ұяң бұрымдыға жаның ашиды. Бірақ сол байғұсың шумақтың соңғы екі жолында кілт өзгеріп шыға келеді. Махаббаттай жеңілуді білмейтін күштен қуат алып, тәуекелге бел байлайды. Бәрі табиғи: қандай жүкті болса да нәп-нәзік иығымен көтермекке ниет еткен Татьяна қайратына сенесің, шешімді мінезіне сүйсінесің.
Лирикалық тебіреніс – жас жүректің толқыны. Онегин жауабында қыз хатының әсерін солай бағалайды. Таңғажайып хаттың әдептілігін, шыншылдығын атап та өтеді. Татьяна «мен сені сүйемінді» баттитып төбеден түскендей етіп айтпайды. Сүйетінін «Болмасам ашына мен сізге, Түспес ем мұндай бейнетке» деп орағытып айтады. Бірақ жігіттің құлазыған көңілі бастапқыда қыздың «ием – сенсің өлгенше» – деген антына мән бермейді. Абай «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінде «Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да» – дейтін махаббат гимнін осы Татьяна сықылды сорлы асықтарға қаратып айтқан ба дерсің. Кейін ашыналық айту кезегі өзіне тиетінін тәкаббар Онегин қайдан білсін.
Татьяна сөзі – оның өзінің ішкі портреті. Психологиялық күрделі, шиелі қатынастардан қаланады. Махаббатына тойтарыс алған балаң, шешімді де кесімді Татьяна жылдар өте келе өзгереді. Онегинді бұрынғысындай сүйгенімен, енді от-жалынды сезім ырқына көне бермейді. Көңілін салқын саналыққа билетеді. Бұрынғы бас иіп табынған кісісін мақтамен бауыздағандай етеді. Екеуін де жапа шектірген астамшылық екенін аяса да бетіне басады.
Татьяна бейнесін қол жетпес биікке көтеретін мінез – ғашығына кінә артпай наз арта отырып, екеуінің қосыла алмауының ақиқат себептеріне үңіле білетін қасиеті. Қоғам кінәратін түсініп жеткендігі. Онегин жұртынан қамшы жеп, бар тірліктен баз кешкен. Дүние жалғанды талақ еткен. Тоң-мұз жүрегін ғашықтық оты да бастапқыда жібіте алмаған. Өзінің де сорлы нәсібі неде екенін түсінеді. Осы жерде Татьяна тағы бір үздік қасиетімен көзге шалынады. Ол – биік ар-инабат иесі. Жеке басының кіршіксіздігін, өзін жат қораның тақтасында жатқандай сезінсе де, қол-аяғы бекілген босағаға адалдығын бәрінен жоғары қояды.
«Евгений Онегин» романында Онегиннің Татьянаға жазған хатында және Татьянаның Онегинге жауабында екі ғашықтың жұптаспауы жеке бастарының ебеп-себебімен түсіндірілген. Жігіт жеке басымның бостан болуын аңсап едім, оным қате екен деп опынады. Татьяна бар кінәні Онегиннің өркөкіректігіне артады. Енді тағдырым шешіліп қойғанда, менің соңыма түскеніңізге жол болсын дейді. Сізді сүйемін. Бірақ бөтен кісінің жары болдым. Жар борышынан айныман, деп жігітін соститып жалғыз қалдырып, тайып отырады.
Эпистолярлық романда екі ғашықтың қосыла алмауларының түп себебі – қайталаса артықтығы жоқ, қоғам мен адамның бір-біріне өгейлігінде. Оның арты «жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледіге» әкеп соғады. Зардабы адам байғұсқа тиеді. Оны жалғыздық тауқыметіне ұшыратады. Хакім Абайды аз толғандырмаған ғұмырнама пәлсапасы. «Абай это рассуждение о жизни и смерти, вот что такое Абай»1 деушілердің пікірін қуаттайды.
Тағы да бір себеп төркіні – бас кейіпкер Онегиннің характерінде. Адамзатқа ауа ортақ, су ортақ. Бәрі бір күн шұғыласында өседі. Бірақ әр перзент дара жаратылмақ. Сол заңдылық көркем шығармаға да тән. Эпистолярлық романның көркемдік төлтумалық бітімі қаһарман характерінен туындайды. Характер – сюжет моторы. Кейіпкерлердің ара қатынасын өрістететін қозғаушы күш. Абай Онегині – айттым – болды, піштім – кесілді дейтін шешімінде қатып қалатын тұлға. Татьянаға турасын айтады. Адам бір өзінен басқа дос таппаса, өлген артық, бетіңді әрі бұрсаң, «шықты көзім, болдым көр» – дейді. Сол сөзінде тұрады. «Онегиннің өлердегі сөзін» айтқызушы – эпистолярлық романның бас кейіпкерінің қайсар характері.
Бар басылымдарда эпистолярлық романның ақырғы бөлімі – «Онегиннің өлердегі сөзі» тақырыбының қосалқы анықтамасы жақшаға алынған «(А.С.Пушкиннен)» деген сөзден тұрады. Бірақ Пушкинде ондай сөз жоқ және болуы да мүмкін емес. Пушкиннің Онегині – басқа характер. Бұл да мінезді бейне. «Я знаю: в вашем сердце есть И гордость, и прямая честь»2, – дейді Татьяна сүйгенімен мәңгі қоштасар мезетте. Бірақ бұл Онегин реализмнің басқа шәрбетінен суарылған. Жар құша алмадым деп, Вертер я Қайыс сияқты «мәжнүнше» мүжілмейді. Романның Пушкин жазып бітіріп үлгірмеген оныншы тарауында ол декабристер қозғалысына қатысуға тиісті. Әлі жігер-қайраты кеміп таусыла қоймаған, бар өмірі – алда.
1937 жылғы мақаласында Мұхтар Әуезов Абайды Онегин образын түсінбеді деп сынайды. «Егер терең бойлап, Онегин образының логикасын түсініп, тамыр-түбін абайласа, аударманың аяғында оған мылтық ұсынып «енді өзіңді өзің өлтіруің-ақ қалды» деп дәмеленбес еді»3 – деп жазады. Абайдың бір қателескен жері – бірінші тарауда берілген сыпаттаманы ескермеген дейді. Ескермегені рас. Оны бас абайтанушымыз дәл басып айтқан. Тек ол Абайдың «қателескен жері» емес, Онегин характерін өзінше алып бейнелеген ең табысты тұсы. Мұхтар Әуезовтің «эпистолярлық роман» деген анықтамасы тіліне сол кезде іліксе, бұл сынының орынсыздығын бас абайтанушының өзі де аңғарар еді.
«Татьянаның қырдағы әні» «Абай жолы» роман-эпопеясының кейінгі басылымдарында «Биікте» деп аталды. Татьянаның мұңына Пушкиннің өзінен кем соқпайтын тіл бітірген Абай, айтты-айтпады, эпистолярлық романында шығармагерлік шыңына көтерілген еді. Әйгерім Татьяна хатындағы «Не болса да өзімді Тапсырдым сізге налынып, Толтырып жасқа көзімді, Есірке деймін жалынып» – деп қыстығып өксіп жылайды. Ғажап суреттің не ойға жетектейтіні түсінікті. Абайдың эпистолярлық романы замандастарының көңілінің төрінен орын тапты. Мәңгі өміршең жанр міндетін мінсіз ақтағандығынан.
«– Қайран Татьяна, қазақ қызынан да мұңдасыңды таптың ба! Талай шыншыл жасқа тіл бітірер-ау! – деген еді Ысқақ»1.
Шыншыл жасқа тіл бітірген, әрине, авторы. Абай хат түрінде жазылған шығармасымен күллі әдебиетімізді жанрлық жаңа өріске шығарды. Әдебиетімізде роман шымылдығын ашты. Сайып келгенде:
– ұлттық-поэтикалық соны дәстүрге жол салды. Қазақ өлең шығармасын романша сөйлетіп, жаңа жанр тілін сындырды, стилін қалыптастырды;
– дүние жалған, тағдыр тәлкегі тақырыбын қаузау арқылы өлең-хаттың эпикалық тынысын тереңдетті. Оқиғаны көркемдік кестеге түсірді;
– бұған дейінгі поэма, дастан атаулы оқиға дамуын, кейіпкердің характерін бейнелеумен тынып, оның ішкі рухани дүниесіне бойламаса, Абай романы адамның ішкі өмірін тәптіштеп суреттеді, жан сырын жыр етіп төкті;
– махаббат драмасын лирикамен астастырды;
– адамның ішкі өмірін, жан сырын жыр етіп төкті;
– психологиялық талдау өнерін бастады;
– ақжолтай болып, қазақ топырағында роман бәйшешектерін қаулатты.
Қазақтың «Бақытсыз Жамал» (1910), «Қалың мал» (1913), «Қамар сұлу» (1914) секілді алғашқы романдарының бас тақырыбы – тұрмыстық тақырып: әйелдің бас бостандығы. Жамал, Ғайша, Қамар арулар әрқайсысы дара туса да, Татьянамен мұңдас, армандас еді. Алғашқы прозалық туындылардың психологизмі кейіпкерді мінездеуден әрі барған жоқ. Жан диалектикасын талдау өнеріне көтеріле алмады.
Абайдың эпистолярлық туындысы жаңа эпосқа тән қасиеттердің қалыптасып дамуына жол ашты: жеке адам тірлігінің шет-қиырсыз уақ-түйегін һәм бүккен сырын, интимдік тылсым психикасымен бір өрімді суреттеу көзін ашты.
Сайып келгенде, қазіргі романның толық мағыналы ұғымындағы типін жасаған Антуан Превоның «Манон Лескосы» (толық аты «Кавалер Дегрие мен Манон Леско», 1731) әлем әдебиетінде жаңа эпосты қалыптастыруда қандай рөл атқарса, қазақ әдебиетінде Абай романы соны жанрды туғызып дамытуда сондай рөл атқарды деуге толық негіз бар.
Екі жас – екі ғашық Манон мен Лесконы бақытсыз еткен тек сырт күштер, сословиелік жікшілдік соқыр сенімдер ғана емес, ішкі себептер де – Манон арудың айнымалы характеріндегі тап басып ұстауға қиын жұмбақ қайшылықтар. Суреткер Превоны қызықтыратын жалпы жақсылық пен жамандықтың арпалысы емес, екеуінің қойыртпақ қосындысы. Ғашық жігіт Дегриенің сүйгені Манонның қандай жан екенін айыра алмай басы қатады. Бірде тұрақты көрінетін Манон бірде тұрақсыз, бірде жеңілтек, бірде салмақты, бірде сүттен ақ, судан таза, бірде нағыз сатқын жезөкше. Осы ара жікті айыра алмай дал болады. Кәдуелгі ақ, моралі Манонға үйлеспейтіндей1.
Абайдың эпистолярлық романында екі жастың – екі махаббат гүлінің арасында өсіп шығатын тікенек – бұл жолы жігіттің айнымалы характері, «диуана көңілі». Бүгін сүйсе, ертең суып қайтар мінезі. Ең бастысы – жарық дүниені «арам ас» еткен философиясы.
Абай версиясы түп нұсқадан «жаралы жолбарыс» ретінде қазақшаланып алшақтайды. Бірақ Пушкиннен қара үзіп кетпейді. Тіпті кей жеке жолдың ұқсастығын да ұшыратамыз. Әлбетте, оған бола, «аударма» деп тістей қатудан арылуымыз керек. Нәзираны көп жағдайда төлтума есебінде әдебиет тарихына енгізгенде, одан бір саты жоғары версияны, нұсқаны не себепті төл туынды есептемеске?
Абайдың романы деген тіркес әзірге құлаққа тосаңдау естіледі. Солай екен деп, эпистолярлық романды қазақ романының тарихынан жырақ ұстаудың енді қисыны жоқ. Қазақ романы текті атадан тарайды. Бұл ақиқатты басшылыққа алу қазақ романы тарихын шырайландырып, әдеби сын, ғылыми зерттеу арнасын байытып, көркем жанрдың былайғы дамуына да әсерін тигізбек.
Поэзия көшінің теңін шешкенде де айтулы шығарма әдебиетіміздегі өлең-роман жанрының алдында тұрғанын байқамауға болмайды. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны» (1923) поэма деп аталады. Шын мәнінде ол – жаңа эпос. Роман жанрының бар қасиеті бойынан табылады, әсіресе психологизмі, суреткерлігі.
Дихан Әбілевтің «Алтай жүрегі» (1955), Софы Сматаевтың «Жарылғап батыр» (2000) сияқты өлеңмен жазылған романдары – ел өмірінің қиын-қыстау кезеңдеріндегі тарихи оқиғаларды, кешегі шындықты айнытпай жеткізетін арнасы құнарлы шығармалар. «Алтай жүрегін» Мұхтар Әуезов «мәйегі тоқ» роман деп әділ бағасын беру үстінде, кемшілігін қайсы эпизодтардың созалаңдау, жасандылау, қайсыбір оқиғалардың себептері нанымсыздау жағынан көрген. Сөз суреттілігіндегі алақол міні де байқалмай қалмаған2. Софының «Жарылғап батыры»3 да лайықты бағасын алып үлгерді.
«Онегин – Татьяна» романы күні бүгін жазылғандай толқытады, баурайды. Әдеби процестің қай кезеңінде де оның әсері ерекше. Әзілхан Нұршайықовтың бір романы «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970) деп аталып, Абай өлеңінің жолын қайталаған. Ал, осы романның Меңтай мен Ерболдай кейіпкерлері «Тәңірі қосқан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ең» – дейтін Татьянаның өкінішті зарын қайталайтындай. Тағы да бір қазақ романында Гете мен Абай екі жастың махаббат отын маздатуға себепкер. Бұл тұрғыда «Әттең, дүние» романында атауға болады. Осының бәрі кездейсоқ үндестікке жатпаса керек.
Абайдың эпистолярлық романының жарияланғанына енді бір-екі жылда ғасыр толады. Ғасыр бойы ол жан жадырататын, рух демдейтін құдіретті поэзиясына бөлеп келеді.