
- •Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
- •Д.Т.Көптілеуова
- •Алматы 2011
- •Эллиндік әдебиет
- •Ежелгі Рим әдебиеті
- •Азаматтық соғыс дәуіріндегі әдебиетке тоқталыңыз
- •Негізгі әдебиеттер
- •Қосымша әдебиеттер
- •Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
- •Қосымша
- •Франция әдебиеті
- •Ұлыбритания әдебиеті
- •Латын Америкасы әдебиеті
- •Үндістан әдебиеті
- •Глоссарий
- •Қазақ және орыс тілдеріне аударылған әдебиеттер тізімі
- •Студенттердің өздік жұмыс тақырыптары
Үндістан әдебиеті
Үнді әдебиетінің жаңа дәуірі 1900 жылдан ағылшындар Үндістанда өз ұстанымдарын нығайтқан кезде басталады деп есептеледі. Шығыс және Батыстың арасындағы идеялар мен рухани байлықтардың шарасыз алмасуының нәтижесінде ұлттық жәдігерліктерді аса бағалау іске асты. Соқыр жолды ұстанған ортадоксальды дәстүр айыпталды. Өмірдің жаңа философиясы негізінде халық санасында өзін қоршаған қараңғылықтың бет-пердесін ашу мақсаты тұрды. Үнді әдебиетінің жаңа даму кезеңінде отарлау саясаты, үнді халықтарының ұлт-азаттық көтерілістері оның көркем әдебиетіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Тәуелсіз Үндістанның Рабиндранат Тагор, Премчанд, Яшпал, Кришан Чандра және басқа да ақындары мен жазушыларының есімдері әлем әдебиеті сахнасына енді.
Үндістандағы әдебиеттің дамуы барысында түрлі үнді тілінде пайда болғандарды «біртұтас үнді әдебиеті» деп есептеген дұрыс па, әлде әрқайсысын жеке-дара үнді әдебиеттері ретінде қарастырған абзал ма деген сұрақ әдебиетшілердің түсінігін анықтауды күрделендіре түседі. Мұнда зерттеушілердің «үнді әдебиеті» мен «үнді әдебиеттері» деген екі түсінікті бірдей қолданатындығын айта кеткен жөн. «Үнді әдебиеті» деген термин өз кезегінде аймақтық деңгейдегі түрлі үнді тілінде жазылған әдебиетті қана емес, сонымен қатар Үндістанның іші мен одан сыртқары аймақтарындағы үнді диаспораларының ағылшын тілінде жазылған әдебиетін де қамтиды.
Соның ішінде аймақтық деңгейдегі үнді (урду, пенджаб, кашмир, бенгал, маратхи, гуджарати, телугу, синдхи, малаялам т.б.). тілдерінен хинди тіліндегі әдебиет көш ілгері екені есепке алыну тиіс.
Хинди тіліндегі жаңа поэзия 3 кезеңге бөлінеді. Бірінші, 1925-1950 жылдар кезеңінің көш басшысы Бхаратенду Харишчандра саналғандықтан, бұны «Бхаратенду юг» («Бхаратенду кезеңі») деп те атайды. Рухани, эмоционалдық әсердің керемет күші, жаңаша ойлардың ескі дәстүрмен астасуы осы автордың даралығының куәлігін анықтайды. Бұл кезеңде романтизм үнді әдебиетінде жақсы дамып қана қойған жоқ, үнді әдебиетінің ары қарай дамуына себеп болды. Көбіне романтизм поэзияда қолданылады. Сол кездегі Үндістанның әлеуметтік-саяси және мәдени даму үстінде болғандығы әдебиетке де мол әсерін тигізді. Соның ішінде Шелли, Байрон, Китс, Вордсворт және т. б. ағылшын романтик-ақындардың шығармашылығы әсер етті. Бұл кезеңнің елеулі тұлғаларының арасында қарама-қайшылықтар болды. Ақындардың бір бөлігі үнді поэзиясына жаңа бір леп әкелген романтизмді қолдаса, басқалары бұл ағым хинди әдебиетіне нұқсан келеді деп есептеп, үйреншікті класскикаға келуін шақырды. Үнді әдебиетінің романтизмінің басты тақырыбы – феодалдық тұйықтықтан құтылуға, бостандыққа шақыру, еркін тіршілік етуге қарсы ескі дәстүрден құтылу, адамның жеке тұлғасының дамуына көңіл бөлу. Бұл ақындар арасында қарама-қайшылықтар туғызғанымен, дәстүрлі ежелгі философиямен байланыса отырып, үнділік интеллигенция арасында жылы қабылданды және үнді әдебиетінде өз орнын таба білді. Рабиндранат Тагор бенгал әдебиетінде, Сурьякант Трипатхи Нирал (1896-1961), Джайшанкар Прасад (1889-1937), Сумитранандан Пант (1900-1977) хинди әдебиетінде, Кешавсут(1866-1905), Рендалкар(1887-1920), Говиндаградж (1885-1919) маратхи әдебиетінде, Пунджалал гуджарати әдебиетінде, Хитешвар ассам әдебиетінде, Байкунатх Патнаик (1904), Ахтар Ширани (1905-1948), Исрар Ульхак Маджаз (1913-1955) урду әдебиетінде, Вир Сингх (1872-1957), Пуран Сингх (1887-1931) пенджаб әдебиетінде және басқа да көптеген романтик-ақындар үнді әдебиетінде, әуенінді, стилінде – жалпы бар жүйесіне революция жасады. Барлық осы ақындарға әдебиетшілерге қарсы шығуларына тура келді. Мысалы, Махавирпрасад Двиведи романтикалық тенденциялар хинди әдебиетінің табиғатын бұзады деп есептеді. Сондықтан ол ақындарды Калидаса негізделіп құралған, моральды-этикалық нормадағы тақырыптарға сай классикалық дәстүрлерді ұстануын шақырды. Бірақ М.Двиведидің ақындарға қарсы шығуын айыптауға болмайды, себебі ол осындай қарсылығымен қайта жастарға неғұрлым жаңа нәрселер іздеуге талпыныс берді.
1947 жылы 15 тамызда Үндістан тәуелсіздігін алды. Жаңа сувереннитеттік мемлекеттің құрылу мен даму кезеңі басталды. Сонымен қатар әдебиетіне де жаңа толқын лебі келді. Осы себепті оқиғаның әсерімен әдебиеттің басты тақырыбы - әлеуметтік-саяси бостандық, идеология үшін күрес. Бірақ ескіліктің қалдығы әлі де берік орнатылған, халқының көп бөлігі діни-философиялық негіздермен әлі де өмір сүретін, феодалдық қарым-қатынас пен капиталистік нормалардың көрші болып келе жатқан елде әдебиет жағынан да көптеген қарама-қайшылықтарға әкеледі. Мемлекеттің тәуелсіздік алуына байланысты әдебиеттің басты тақырыбы – патриоттық сезім, рухтық күш және көптен күткен бостандық туралы болды. Мысалы, Шивмантал Синх Суман жаңа өмір күтіп тұрғаны жайлы жазды. Балкришна Шарма Навиннің (1899-1972) «Біздің Үндістан» атты сол кездегі халық арасында атақты ұрандардың бірі болып кеткен өлеңі мысал бола алады. Бұдан басқа да ақындардың көптеген өлеңдері мысал бола алады: Рамдхарисинх Динкардың «Неру кезеңіне арнау», коммунист-ақын Али Сардар Джафри «Жаңа әлемге сәлем» өлеңдері.
Екінші, 1950-1975 жылдар арасындағы кезең. Бұл кезеңде үнді әдебиетінде лирика дамыды. 50 жылдардың басында романтикалық бағыттың әлсірегені және бостандық рухты күшті шақыратын эмоционалды лириканың күшейгені байқалады. Тәуелсіздікке қол жеткізген бостандық рухы сезімдердің босатуына шақырады. Бұл кезеңнің басты тақырыбы – лирика, сезім, адамгершілік құндылықтар, шынайы махаббат және бақыт. Алдыңғы кезеңдегі романтизмде көрініс тапқан лирикаға қарағанда бұл кезеңдегі лирика толық көрініс тапқан. Солардың елеулілерін атайтын болсақ – атақты пенджабтық әйел ақын Амрита Притамның «Көк шөп үстіндегі сәт» (1949) өлеңі, Агьеяның хинди тіліндегі «Ессіз аңшы» (1954) және «Күн күріші» (1950) өлеңі, Гириджакумар Матхур (1918 дүниеге келген), Рагхувир Сахая (1929 дүниеге келген), Шрикант Варма (1931 дүниеге келген), Кедарнатх Агравал (1912 ж. дүниеге келген) және т. б. ақындарды жатқыза аламыз.
Бұл кезеңде махаббат лирикасы да елең қалмады. Бұл бағытқа да бірталай ақындар өлеңдерін жазды. Мысалға алатын болсақ солардың бірі – Шубхаш Мукхопаддхая. Ол «Мен оралдым» атты лирикалық өлеңінде өзінің сүйгеніне қайта оралғаны жайлы қуанғанын ашық, үлкен шаттанысымен жеткізеді. Бұдан басқа да ақындардың лирикалық өлеңдерін мысалға алсақ болады: Мохан Сингх «Жіберші, мені үйге кіргізші» (1953), Виночандра Наяк «Үйге қарай жол»(1951), Шубхан Мукхопаддхая «Сенен қанша алыс кетсем де...» (1949).
Үшінші, 1975 жылдан осы күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан кезең, яғни әлеуметтік күш ретінде пролетариатты қолдаған прогрессшіл поэзия. Жаңа заманның басында батыс әдебиеті мен мәдениетін танудың арқасында хинди әдебиетіне көптеген жаңа әдеби жанрлар енді. Алайда драматургиядағы сияқты роман хинди әдебиетінде тікелей батыс әдебиетімен байланыста болғандығынан емес, бенгал әдебиеті арқылы пайда болды. Хинди романдарының пайда болуына дейін бенгал тілінде керемет романдар дүниеге келген.
Жаңа заманғы хинди романдары келесідей үш кезеңге бөлінген, олар - Премчандқа дейінгі романдар, Премчанд және оның замандастары романдары, Премчандтан кейінгі романдар. Алғашқы кезеңнің өзінен-ақ әлеуметтік, тарихи, фантастикалық және махаббат – шытырман-оқиғалы романдар деп тақырыбы жағынан бөлуге болады. Әлеуметтік тақырыптағы романдар негізін Балкришна Бхаттың «Нутан брахмачари» және «Сау аджан эк суджан» («Жүз ақымақ пен жалғыз ақылды»), Радхакришнадастың «Нисахай хинду» («Қамқорсыз индус»), Киртипрасад Кхатридың «Джая» («Жеңіс»), Кишорилал Госвамидың «Лаванглата» («Лаванг ағашы»), Балмукунд Гупттың «Кусум Кумари» («Кусум атты қыз»), Гопалрам Гахмаридың «Наи баху» («Кіші келін») және «Бара бхай» («Үлкен бауыр»), сондай-ақ Ладжарам Мехттың «Дхурт Расиклал» («Әккі Раксиклал») т.б. құрайды. Фантастикалық романдардың негізін қалаушы Деванидан Кхатри танылды. Көптеген адамдар хинди тілін тек оның «Чандраканта» және «Чандраканта сантати» («Чандракантаның үрім-бұтақтары») романын оқу үшін үйренді. Бұл бағыттағы романның үздік романистері қатарына Кишорилал Госвами, Харикришна Джаухар да кіреді.
Тек осы түрлі романдардың осал жағына іс-әрекетке толы болып, кейіпкерлердің дара қасиеттері және таза тілде жазылу деңгейінің (санскриттелген, урдуға жақын т.б.) төмен дәрежеде болуы жатады.
Бұл кезеңде әдебиет жаңа әлеуметтік және моральды құндылықтарды бекітуге ұмтылды. Сондықтан этикалық ойлар романдарда жамандықты жақсылықтың жоюымен жүзеге асты. Романның басты мақсаты қоғамның қайта құрылуы, батыс өркениетіне сыни көзқарас, үнділік әйелдері болды.
Амрита Притам 1919 жылы 31 тамызда Лахор қаласына жақын кішкентай Гуджранвала қаласында дүниеге келді. Тарихшы және ақын Картар Сингхтің отбасында тәрбиеленді. Амританы отбасы дәстүрлі сикхтік дінге сай тәрбиеленді және жастайынан әкесі оны өнер мен әдебиетке деген махаббатқа баулыды. Притамның ақындық өнері өте ерте оянды. Амританың 10 жасында анасы дүниеден озды, Амританың сөзі бойынша сол кезде ол өзін ерекше жалғыз сезінді. Осы кезде ол әкесінің көмегімен ситара (үнділік ұлттық музыкалық аспап) ойнап отырады. Сонда музыканың әуенімен шабыты келіп өзінің алғашқы өлеңін жазады – «Суық сәулелер» (1935) деген. Музыка мен поэзия әлемі оны басқаша бөлек махаббатқа, романтикалық армандарға, сиқыр мен ғажайып дүниеге толы әлемге жетелейді. Оы алғашқы өлеңі Амританың алғашқы өлеңдер жинағына кіреді. Кейін Амрита радиода қызмет істейді, радиодағы қызметімен қатар пенджаб әдебиетін зерттейді. Солайша ХІІ ғ. бастап кейінгі заманға дейінгі пенджаб әдебиетінің антологиясын құрайды. Ақын қыз мемлекет әдебиетінің өміріне белсенді ат салыса бастайды, отандық ақындарды бір тудың астына біріктіру мақсатымен көп жұмыс жасайды және оған бар күш-жігері мен энергиясын бағыттайды. 1966 жылдан бастап өзінің редакциялауымен және басқаруымен пенджаби тілінде «Нагмани» («Сиқырлы тас») атты журналын жариялап отырады. Өзінің айтуы бойынша, журнал түрлі шығармашылық бағыттарға бай және жоғарғы талаптарға сай деп есептейді. Өзінің шығармашылығын ақын 3 кезеңге бөледі: бірінші – Үндістанның бөлінуіне дейінгі уақыт, яғни 1947 жылға дейін, екінші – мемлекеттің бөлінуіне дейін және үшінші – соңғы жылдарындағы шығармашылығы.
Қырық жылғы шығармашылық еңбегінде Амрита Притам әр түрлі жанрдағы поэтикалық жинақ, әдебиеттік және публицистикалық жұмыстар, очерктер, романдар және әңгімелер жинақтары секілді алпыстай кітап жазды. Алайда Амрита Притам, ең алдымен, ақын ретінде танылған. Сыншы Шанта Сероджит Сингх: «Амританың бар күші прозадан гөрі поэзияда, оның поэзиясы прозаға қарағанда анағұрлым бай, толық, бірінен кейін бірі жаңа серпінді болып келеді», - деген. Оның поэзиясында ынтық ыстық сезімдер мен қатты уайымдарға, жалынды махаббатқа толы. Амрита әйел туралы емес, әйел атынан жазады. Осының арқасында оның өлеңдері шынайылыққа, тереңдікке, ақиқатқа толы. Амританың шығармашылығының алғашқы кезеңі сентимантальды-романтизмнен алыстай бастаған шынайы өмірге жақын және дәстүрлі-діни ескілікке толы күнделікті тұрмыс-тіршілік ұстанымына деген қарсылықты бейнеледі. Оның өлеңдері шынайы өмірге жақын, адами ішкі сезімдерді баяндайды. Үнді әдебиетінің басты тақырыптарының бірі – әйел теңсіздігі, олардың көп нәрсеге құқықтарының болмауы. Амрита бұл мәселеге де тоқтала кете қоймайды. Бұл тақырыпта әйел ақын ана емес, басқа да үнді әдебиетінің ақындары да талай жырлаған. Мысалы, хинди тілінің ақыны Сумитрандан Пант «Әйел», «Еркек көлеңкесі» деген өлеңдерінде әйел құқығының әлеуметтік жағдайда ғана емес, этикалық жағынан да тапталуына ызасы келгені жайлы айтылады. Басқа ақындар билікте отырған қолдарында күші бар еркектерді әйелдерге түсінушілікпен қарауларына шақырса, Амрита қайта әйелдердің намыстарын оятуға, өз абыройларына нық болуға, өз өмірлері мен құқықтары үшін қарсы шығуға және өз бақыттарына күресуге жетелейді. Бұл тақырып оның кейінгі шығармашылығындағы басты тақырыбына айналады («Асыраушы»). Бұл өлең құқығынан айырылған, өз еркімен емес, ата-анасының қалауымен махаббатсыз тұрмысқа берілген, абыройы төгілген әйелдің монологы түрінде берілген. «Күту» өлеңінде баласы «міне, енді-енді дүниеге келетін» баласы бар, күнде ішіп алып үйіне мас болып келетін күйеуін күтетін қайғылы әйелдің ойлары жайлы. «Құдіреттілік» атты өлеңінде адамзаттың ең таза асыл сезімі – махаббаттан айыратын «аяусыз жабайы салттар» мен әділетсіз діни дәстүрлерге қарсылығын білдіреді. Осындай тақырыптарға сай «Сиыр қорасы», «Сауда» және т. б. өлеңдері бар.
Амританың өлең жинақтары: «Таң» (1950), «Ойынға арналған тастар» (1956), «Қара раушан гүлі» (1967), «Болмыс» (1968) және т.б. Романдары: «Дәрігер Дэв» (1947), «Ұя» (1952), «Бояудан қалған із» (1963), «Бір сұрақ» (1959), «Жабық есік» (1961), «№ 36 құдық» (1964), «Жер мен теңіз» (1965) т.б.
Амритлал Нагар 17 тамызда 1916 жылы Агра қаласында үндіс отбасында дүниеге келді. Балалық шағы мен жасөспірім кезі Лакхнау қаласында өтті. Әжесінің түрлі ертегілері, әкесінің әңгімелері және Лакхнаудағы жалпы әсем атмосфера Амритлалды жастайынан әдебиетке қызығушылығын тудырды. Бір жағдай оның қолына қалам алуына түрткі болды. 1928 ж. Үндістанда ұлт-азатық көтеріліс болды. Алаңға көп адамдар шығып – «Ағылшындықтар аулақ болсын елімізден!» деген ұранымен Джавахарлал Нерудің бастауымен шықты. Осы кезде 12 жасар Амритлал да алаңда митингшілермен болды. Полиция таяқтарымен келді, біраз у-шу болды, кейін бәрі тарап кетті. Осы кезде жас Амритлал ары ойланып, ері ойланып алаңда біраз ойланып жүрді да, кенеттен ойна өлең жолдары келе бастады. Осылайша, ақынның алғашқы өлеңі дүниеге келді. Амритлалдың білімі орта мектеппен ғана шектеліп қалды. Ары қарай білімін жалғастыруға жағдай болмады. Үйінде үлкені болғандықтан әкесіне күн көріске ақша табуға қолқабыс болуына тура келді. Бірақ 30 жылдары газеттер мен журналдарда жас бозбала ақын өзінің өлеңдері мен әңгімелерін Таслим Лакхнави (лакхнауилық), Мегхарадж, Индра әр түрлі лақап аттармен өзінің алғашқы өлеңдерін жариялады. Амритлалдың ақын ретінде дамуына Премчанд әсер етті. 1935 жылы «Гүл бағы» атты жас жазушының 16 әңгімеден тұратын жинағы жарияланды. Премчандтың «маған сіздің «Гүл бағыңыздың» гүлдерінің иісі ұнады, бірақ мен сіздің шынайылыққа жақын әңгімелеріңізді оқығым келеді», - дегені жазушының ары қарайғы шығармашылығы мен өмірін өзгертті. Амритлал Бонкимчондро Чоттопаддхая, Шоротчондро Чоттопаддхая, Тагор және Нираланың есімдерін ерекше ілтипатпен атайды. Прогрессивті Нароттам әдебиетшісімен бірге Амритлал Нагар 1937 жылдан бастап әдеби-сатиралық «Чааллас» журналын шығара бастайды. Кйін оның жинақтары шығады – «Руиндер» мен «Наваба мекені».
Көптеген үнділік ақындар секілді Амритлал Нагар да қаржы жағынан қинала бастайды, сондықтан үнді Голливуд Бомбей қаласына жол тартады. Ол жерде Амритлал киноларға сценарийлер жазумен, фильмдерді дубляждаумен айналысады. Алайда сол кезде дүркіреп тұрған кино индутриясы ақынның шабытын ашпай, толықтай дерлік көңілі толмай жүреді. Ұзақ уақыт созбай Премчанд секілді Амритлал да киноиндустрияда өз талантымен жетілікті қаражат таба алмай кетіп қалады. Оған қарамастан Үндістанның оңтүстігінде ол уақытын зая кетірмеді – маратхи және тамиль тлдерін оқиды, олардың әдебиетімен айналысады, бұл тілдерден хинди тіліне аудармалар жасайды, көп жерлерге саяхат жасай отырып болашақ кітаптарына қажетті информациялар мен ақпараттар жинайды. Бомбейде «Найя сахитья» журналын шығаратын жас прогрессивті әдебиетшілер тобымен етене жақын таныс болады. Осы топпен белсенді байланыс орнатады. Амритлалдың көңіл көтеретін киноларға арналған кино мамандарының өмірмен байланыстыратын сыни мақалалары ерекше табысты болды.
1947 жылы Үндістан тәуелсіздігін алды. Амритлал Лакхнауға қайта оралады. Кейін оның Бенгалиядағы Екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен туындаған жаман ашаршылық туралы «Ашаршылық» деген романы жарияланады. 1953 жылы жазушыны Лахнауидағы жалпы үнділік радио спектакльдерді қоюшы режисер ретінде жұмысқа шақырады. Алайда бұл жұмыс та жазушыны ұзақ уақытқа қызықтыра алмайды. 1956 жылы «Тамшы мен мұхит» деген романы жарияланады. Көптеген сыншылардың пікірлерінде бұл роман жазушының ең жақсы туындысы есептеледі.
Амритлал шығармашылығында оның аудармалары бір төбе. Нагар хинди тіліне маратхи, тамиль, гуджарати тілінде жазатын бірнеше үнділік жазушылардың шығармаларын және Чехов пен Мопассанның кейбір шығармаларын аударды. Жазушының кредосы үнділік жазушы, ол үнділіктердің ерекшелігін, ұлттың психологиясын жән олардың шынайы өмірін, армандарын, қайғылары мен қуаныштарын жалпы халықтың үнін шебер жеткізе алды.
Премчанд алғашында урду тілінде жазса да, кейін шығармаларын хинди тілінде жазған. Оның «Севасадан» («Приют»), «Премашрам» («Махаббат тұрағы»), «Нирмала» («Жастықтың оралуы»), «Рангбхуми» («Күрес алаңы»), «Габан» («Айырылысу»), «Годан» («Құрбандық сиыры») және басқа романдары әлем әдебиетінің шығармаларымен тең тұрады.
Премчанд мектебінің өкілдеріне Вишвамбарнатх Шарма Каушик, Пратап Нараян Шривастав, Бхагаватипрасад Баджпейялар жатады.
Премчандтан кейін хинди романдарында екі айрықша психологиялық және прогрессивті тенденция анық көрінді. Психо-аналитикалық романдар деректерін Фрейд және Адлердың ілімдерінен іздеген. Шеберлік жағынан бұл мектептің шығармаларының үздік орнын Агьейннің «Шекхар ек дживани» («Шекхардың өмірбаяны») романы алады. Сол секілді Илачандра Джошидің «Саньями» («Өмірден безген»), «Парде ки рани» («Көрпе астындағы ханшайым»), «Прет аур чхайя» («Елестер мен көлеңке») романдары бір тоға.
Прогрессивті роман мектебінің жарқын өкілі – Яшпал. Оның шығармаларында Премчандтың әлеуметтік ұмтылысы айқынырақ көрініс табады. Оның негізгі романдары: «Дада комред» («Дада жолдас»), «Манушья ке руп» («Әр түрлі адамдар») және басқалар. Ол өз шығармашылығында көбінесе ащы және қатал, ал кейде тіпті қорқынышты болатын сарказмға жүгінді.
Хинди романы секілді, хинди әңгімесі – жаңа дәуірдің көрінісі. Прозаның дамуының бастапқы кезеңінде Инши Алла-ханның «Рани Кетаки ки кахани» («Кетаки жайлы»), Джатмаланың «Горе бадал ки катха» және Шивпрасадтың «Раджа Бходж ки сапна» («Раджи Бходжаның түсі») әңгімелері жазылды. Қызықты оқиғаларды баяндайтын олар новелладан гөрі очеркке жақын тұрады.
Әңгімеге қызығушылық жалпы түрде «Инду» журналының басып шығарылуынан басталды. Оның беттерінде Мaйтхилишарана Гупттың «Ниньянвайка пхер» («Дилемма») және Ракмчандра Шукланың «Гьярах варш ка сапна» («Он бір жылдық түс»), 1962 жылы Прасадтың бірінші әңгімесі «Грам» («Ауыл») жарияланып шықты.
Үнді әңгімесінің дәстүрлі тақырыбы - жесір әйелдің қайта үйленуі, төменгі «касталардағының» рухани көтерілуі, шетелдік мәдениет және батыс өркениеті, ескірген салт пен дәстүрге қарсылық білдіру. Бұл кезең әңгімелерінде кейіпкер мінездері керемет суреттелді.
Чатурсенаның «идеалистік» әңгімесіне қарсы Шастри Угра және басқа жазушылар натурализм ұстанымында болды. Сол кезеңнің әңгімелерінен Сиярамшаран Гупттың «Манушья» («Адам») жинағына кірген шығармалары маңызды. Жазушының әңгімелері адамның ішкі жан-дүниесінің жұмсақ және таза күйзелісін суреттейді және ғибадатханадағы қасиетті шамның жарығымен жарқырайды. Бұл әңгімелерде суреттеу, автобиографиялық, әңгімелеу және эпистолярлық секілді көптеген стильдерді кездестіруге болады.
Әлеуметтік бағыттағы әңгімелердің мақсаты - ой-сананы ояту. Бұл мақсатты көздеген жазушылар легіне Яшпал, Радхакришна, Амритрай, Рангейя Рагхав, Чандракиран Саунрекса шығармалары жатады. Алайда дүние-танымы кең Упендранатх Ашканың әңгімелері ерекше орында. Оны тек кедейлердің мәселесі ғана емес, сондай-ақ орта таптық өмірдің реалистік суреті қызықтырады. Бхагватипрасад Бажпейн қаламы адам үмітсіздігі көлеңкесінің қараңғылығына қарсы махаббаттың ал-қызыл түстерін асқан шеберлікпен жазады.
Қазіргі таңдағы әдебиет жаңа қалыптасқан жағдай мен өзгерістердің талабына сай стиль мен жанрлық құрлымындағы өзгерістерге батыс әдебиетінің ықпалын елемейді. Сонымен қатар өзін-өзі қалаған, өзіне жетімді «таза үнді» мәдениетін ерекше атап көрсетеді, бұл мәдениеттің сыртқы күштердің әсерінсіз қалыптасқаны айтылады. Үнді әдебиеттанушылары нақ осы мәдениетті олар батыстық терминологиямен модернистік және постмодернистік50 деп қарастыруға болатындығын ескертеді.
Мұндай пікірді қазіргі заманғы жетекші әдебиеттанушы, хинди әдебиетіне маманданушы Намыар Сингх білдіреді: «Біз үшінші әлем өкілдері әдебиеттің шынайы иеленушілеріміз, ал Батыста тек әдебиет тоериясы ғана бар. Постмодернистік әдебиеттің теориялық базасы сонда болғанымен, өзі осында туындауда...» (Parajape, Makarand. “The ideology of form. Notes on the third world noYel”//Social Sientist 18.8-9 (August-September 1990). P.72.)
Постмодернизм термині Үндістанда батысқа тән құбылыс деп танылады, сол себепті, бұған қатысты көзқарас бірінші кезекте жалпы батыстық мәдениетке деген қарым-қатынаспен айқындалады. Үнді әдебиетіне постмодернизмді отарлаудан кейінгі кезеңмен байланыстыру тән. Тарихшы, философ Макаранд Паранджапе өзінің үнділік мәдениетте постмодернизмге балама элементтер бұрыннан бар болғандықтан, өзіне мәнсіз және құрдымға алып келетін батыс өркениетінің жетістіктерін үнді негізіне ауыстыру ұмтылысы мен «постколониалды синдром» арасындағы байланыс туралы қорытынды жасайды. Оның пікірінше, үнді мәдениетінде постмодернизмнен де жоғары нәрсе болғандықтан, Батыс қалдығына көнбеу керек. Осылайша, Паранджапе де, Намвар Сингх секілді Үндістанда кең тараған постмодернизмнің үнді әдебиетінідегі болмысы туралы радикалды теріс көзқарасын білдіреді.
Бұл терминнің тура аудармасының жоқтығы үнді әдебиетіндегі постмодернизм жайлы түсініктің аймақтық тілдердегі әдебиетте бұл ұғымның қолданылуына теріс көзқарастың барлығына келіп саяды. Сонымен қатар батыстық зерттеушілердің бұл әдебиет туындыларын постмодернизмдік жолда қарастыру ұмтылыстарының жалғандығын әшкерелеу байқалады.
Енді ағылшын тіліндегі үнді әдебиетінің қалыптасу құбылысына келер болсақ, ол Үндістандағы ұзақ уақыт бойындағы британдық отаршылдықтың салдарынан ағылшын тілі аталмыш ел территориясында кең тарады. Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін ағылшын тілі хинди тілімен қатар екінші мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қазіргі кездегі ағылшын тіліндегі үнді әдебиетінің негізгі екі бастауы бар: біріншісі Үндістаннан шетелге қоныс аударушылардың үнді тарихы мен ақиқатынан алшақтамаған ұрпағы болып табылатын жазушылар. Сонымен қатар үнділік бірқатар жазушылар да әр түрлі себеппен өз туындыларын ағылшын тілінде жазады. Осы себептердің жиі кездесетіні, әрі маңыздысы – оқырман тобын аймақтық деңгейден көтеруде. Жоғарыдағы екі бастауға мысал бола алатын Үндістан мен Пәкістанда өскен, ұзақ уақыт бойы Ұлыбритания мен АҚШ-та өмір сүріп келген Салман Рушди мен Үндістан территориясының тұрақты тұрғыны Арундати Рой туралы сөз қозғамақшымыз.
Ахмет Салман Рушди 1947 жылы дәулетті мұсылман отбасында дүниеге келген. 14 жасында Ұлыбританияға оқу мақсатымен кетіп, кейін аракідік Үндістан мен Пәкістанға барып тұрды. Кэмбриджді тәмамдаған соң, ағылшын азаматшасына үйленіп, 1964 жылы сол елдің азаматтығын алады. Ал 2007 патшайым оған рыцарь титулын береді.
Рушди әуел бастан ағылшын оқырмандарына бағыттаған еңбектерін жазады. Оның 1975 жылы жарық көрген алғашқы романы «Гримус» оқырмандар тарапынан да, сыншы, әдебиетшілер жағынан да ескерусіз қалды. Дегенмен алты жылдан соң басып шығарылған «Түн қараңғылығы балалары» романы әдебиет саласындағы түрлі сыйларға, соның ішінде 1982 жылғы ең үздік ағылшын тілді роман ретінде Букер сыйақысын иеленді. Бұл роман авторды көрнекті постмодернистік жазушы ретінде мәшһүр етті. Бұл романның сюжеті Үндістанмен байланысты болса, келесі «Ұят» романы аллегориялық формада Пәкістандағы саяси өмірді баяндайды. Ал автордың «Жан түршігерлік өлеңдер» атты төртінші романындағы әрекет бірде Үндістанда, енді бірде Англияда орын алады. Рушди «Маврдың соңғы демі», «Жер оның аяғының астында», «Шлимар сайқымазақ» секілді романдарында Шығыс пен Батыс арасындағы тіршілік, эмиграция, өзін-өзі айқындау, ұлттыңсаны жағынан аз болуы мәселелерін көтереді.
1988 жылы жарық көрген «Жантүршігерлік өлеңдер» романы, келесі жылы Иран мұсылмандарының көсемі аятолла Хомейниді Рушдиді өлім жазасына тарту туралы пәтуа шығарып, оны орындаған кісіге бағалы сыйақы тағайындауына алып келді. Сол уақыттан бастап Рушди бой тасалап, көшіп-қонып, сақшылардың қорғауында жүретін болды. Хомейнидің көзі кеткенімен бұл пәтуа әлі де күші бар болып есептеледі.
«Жантүршігерлік өлеңдер» романынан кейін де Рушди жазушылық қызметін табандылықпен жалғастырды. Оның кітаптары арасында Никарагуа туралы сапардағы жол естеліктері «Теңбілшердің күлімсіреуі» (1986) балаларға арналған ертегі-повесть «Гарун мен оқиғалар Теңізі» (1990), публицистикалық эсселер жинағы «Ойдан құрастырылған Отандар» (1991), «Шектен шығу» (2002) мен әңгімелер жинағы «Шығыс-Батыс» (1994) бар.
2008 жылы Рушди «Флоренциялық ару» романын басып шығарады. Бұл роман Ұлы Моғол билігіндегі ортағасырлық мұсылмандық Үндістанда саяхатта жүрген еуропалықтың император Акбарға Флоренцияда кезіп жүрген құпия ару туралы баяндауына негізделген.
Қазіргі таңда Рушди атышулы британиялық жазушы есептеледі. Ол Патша Әдеби Қоғамының мүшесі, Ұлыбритания мен АҚШ-тың бірқатар университетінде құрметті профессор болып табылады. Сондай-ақ сегіз университет Рушдиді құрметті доктор деп мойындады, ал оның кітаптарына әлем бойынша тағайындалған әдеби сыйларды санап тауысу қиын. Оның «Түн қараңғылығы балалары» екі рет 1993, 2008 жылдары «Букерлердің Букері» сыйақысына ие болды. Сегіз мың оқырман қатысқан дауыс беруде соңғы қырық жылда жарық көрген ең үздік ағылшын тілді роман деп мойындалды. Бұл роман «Гардиан» газетінің оқырмандары құрған XX ғасырдың әдеби туындыларының ең үздігі тізіміне еніп, 25-орынды иеленді.
«Түн қараңғылығы балалары» романы отыз жасар Салем Синайдың сүйіктісіне өз өмірінің таңғажайып оқиғасын баяндап беруден құралған. Көбіне бұл роман Габриэль-Гарси Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романымен салыстырады, жазу стилін Маркестің стилімен салыстырғанда, мұны магиялық реализм деп көрсетеді.
Рушди өз шығармашылықтарында негізгі қозғайтын тақырыбы - көші-қон, ел кезу, баспанасыздық. Тек мұны ол әр туындысында әр түрлі кейіпкер арқылы, әр түрлі қырынан, түрлі тәсілмен баяндайды. Рушдидің өзі эмигрант болғандықтан, бұл тақырыпты шығармаларының арқауы етіп алғандығы таң қаларлық жайт емес. Жазушы мигранттың күйінен өз артықшылықтарын көреді, бұл туралы өзінің «Ойдан құралған Отандар» атты эсселер жинағында былай жазады: «Мигрант-жазушылар әлемді екі көріністе көреді. Олар өздері сипаттап жатқан шындықтың бір уақытта ішінде де, сыртында да болады... әлемді өзге қырынан көру – оны өзгертуге деген алғашқы қадам» (Rushdie, Salman. Imaginary Homelands: Essays and Criticism 1981-1991. New York, 1991. P.25)
Рушди жазушы-мигрант ретінде ағылшын тілін таңдағанымен, өзінің британдық және үнділік ерекшелігін сақтап қалды. Рушди белгілі бір дәрежеде Батыс пен Шығыстың өткір тұстарын айқындай отырып, жақындастырды.
Арундати Ройдың алғаш 1997 ж. Дели қаласында «Ұсақ-түйектер құдайы» романы сатылымға шыққаннан кейін, сол жылдың 14 қазанында бұл кітабы үшін Букерлік сыйақы алып, елге танымал бола бастады. Дегенмен бұл кітап Букер әділқазылары арасында үлкен тартыс тудырды, тіпті оның бір мүшесі теледидардан кітаптың нашарлығы, ол тіпті номинанттар қатарына кірмеуі керектігін айтты.
«Ұсақ-түйектер құдайы» - өзінің ғасырлар бойғы құндылықтарын көзсіз қорғаштайтын дәстүрлі қоғам мен касатааралық махаббат туралы роман. Бұл роман екі егіз Рахель мен Эста және олардың аналары Амму төңірегінде өрбиді. Кералалық христиан Амму үндіске тұрмысқа шығып босанады, оларды бұл отбасында жақтыра қоймайды. Амму күйеуімен ажырасып, балаларын құшақтап төркініне кетеді.
Сюжеттің шиеленісі тоғыз жасар ағылшын Софи-моль есімді егіздердің немере бауырының келуі, одан соң қаза табуынан басталады. Сол уақытта өзеннің арғы бетіндегі қираған тамда Амму мен ағаш шебері, егіздердің жақын досы Велюттамен махаббат оқиғасы басталады. Софи-мольдің өлімін Аммудың отбасы оның ұятты байланысын жасыру үшін, кінәні Велюттаға артады. Ол сақшылардың ұрып-соғуынан қайтыс болады. Ал егіздер өз еріктерінен тыс осы оқиғаға қатысады. Сақшылар мен туыстарының қысымына төзбей, бойын қорқыныш билеген Эста Велюттаға жабылған жаланы растайды. Осылайша, өзін және анасын риясыз жақсы көрген жалғыз адамды өлімге кеседі. Амму Велюттаны «Ұсақ-түйектер құдайы» немесе «Шығынға ұшырағанның құдайы» деп атады.
Роман жиырма бес жылдан кейін оқиға орын алған анасының туған жері Айменемге оралуынан басталады. Сол кезден бастап егіздер осы еріксіз кінәнің зардабын шегіп, зұлымдық дәмін татады. Софи-Моль мен Велюттаның өлімінен кейін олардың нәзік дүниесі қирап сала береді. Егіздерді айырып, Эстаны әкесіне жібереді. Ол жақта бала ауыз ашып, сөйлеуді қояды, тіпті жындануға шақ қалады. Рахель мектеп кезіп, тентіреген соң, америкалыққа тұрмысқа шығып, көп ұзамай ажырасып кетеді. Егіздер бір-бірінің ойын оқып, бірінің сезінгенін екіншісі де сезінетін еді.Тіпті бір-бірінің түсін білетін. «Мен» деген сөзді екеуі үшін айтатын. Бұл жағдай оларға аса ауыр тигені де сондықтан. Ал аналары Амму үйінен қуылып, жоқшылық пен жалғыздықтан, жартылай ақылынан алжасқан күйде дүниеден өтеді.
Романда автор әлемге ересек кісілер ретінде болған жағдайды бағалап, баяндап жатқан бала егіздердің көзімен қараған. Бұл автор тарапынан ерекше шеберлікті талап етеді. Роман, шындығында да, ұсақ-түйектен құралған, осы нәрселере арқылы автор оның нәзіктігін ерекше атай отырып, баяндау әлемін құрады. Романда осы тәсілмен қатар постмодернистік субъективизм қолданылған. «Ұсақ-түйектер құдайы» романын, негізінен, автобиографиялыққа жатқызуға болады.
Арундати Рой 1961 жылы 24 қарашада дүниеге келген. Оның анасы да христиан Мери Рой өз отбасының қарсылығына қарамастан бенгалдық үндіске тұрмысқа шығады. Оның балалық шағы Айманам ауылында өтеді. Бала шағында ол өзін аластатылған сезінетін, себебі ол өзгелердің көзінде христиан емес, ажырасқан анадан туған, аралас қанды. Он алты жасында Рой үйінен кетіп, Делиге келеді. Мұнда ол көшеде түнеп, бөтелке теріп күн көреді. Кейінірек Рой Дели архитектуралық Колледжіне түскенімен, оны тәмамдай алмайды. Үнділік режиссер Прадип Кришна алғашында оған кішігірім рөл ұсынған болатын. Осылайша, ол кино әлеміне келіп, болашақ күйеуімен танысады. «Ұсақ-түйектер құдайы» романына дейін Рой көріністер жазумен нәпақасын табатын, бірақ негізгі күнкөріс көзі аэробикадан ұстаздығы еді.
Рой романның сюжетін барлық бейнені көрсететін судың беткі қабатымен салыстырады. Ол үшін ең маңызды нәрсе - сөз қуаты. Әдебиет пен архитектураны салыстыра отырып, сәттіліктің сыры жасырынып жатқан әлемдік кеңістікті құрастыра білуді ерекше атап өтеді. Рой бұл романды жазу барысында өзінің архитектуралық білімінің көп пайдасы болғандығын айтады.
Көптеген үнділік және Батыс зерттеушілері «Ұсақ-түйектер құдайы» романын постмодернистік әдебиет туындысына жатқызғанымен, ондағы пафостық гуманистік бағыт айқын көрінеді. Ройдың пафосы дәстүрлі қоғамға қарсы бағытталса, гуманистігі оны ұстанушылардың суайттығын әшкерелеуге негізделген. Сол себепті бұл тұрғыда Ройді постмодернисттен гөрі әлеуметтік сыншы ретінде бағалаған жөн. Дегенмен бұл мақсатты жүзеге асыруда Рой әдеттегі постмодернистік құралдарды көптеп қолданады.
Жалпы идеялық-эстетикалық жүйе ретінде постмодернизм үнділерден оқшау дүние емес. Десек те постмодернизмдік туындылар мен жазушылардың үнді әдебиетіндегі бар болуын кесіп айту қиын. Солай бола тұра, хинди әдебиеті ғана емес, өзге де Үндістан әдебиеттеріндегі постмодернистік ретінде қарастыруға болатын даму бағыттарын жоққа шығара алмаймыз.
«Модернизм» терминін үнді әдебиеттанушылары хинди тілінде «адхуникта» баламасын береді. Бұл ағылшын тілінен тікелей калька болып табылады, тікелей аудармасы «қазіргі заман» деген мағынаны береді. Осыдан келіп, «уттара адхуникта» - «қазіргі заманнан кейінгі», яғни «постмодернизм» деген мағынаны беретін термин де қолданылады.
Бхагаван Сингхтың «Апне-Апне Рам» («Әркімнің өз Рамы бар») атты романы Айдохьедегі хинди-мұсылмандар арасындағы қақтығыстың өршіккен тұсында жарық көрген болатын. Бұл роман оқырмандар мен сыншылар арасындакеңінен талқыланды. Бұл резонанстың басты себебі жазушының жаңа новаторлық тәсілді пайдалануы болып табылды. Романды талқылау барысында оның хинди романдарына қарағанда жаңа замандағы батыс романына тән сипатта айшықтауға болады. Ал Нарендра Кохлидің романы «Абхьюдай» («Өркендеу») болса, тетралогия болып есептеледі, ол «Дикша» («Арнау»), «Авасар» («Оқиға»), «Сангхаш ки ор» («Толғақ таяп келеді»), «Юддх» («Шайқас») романдарын қамтиды. Кохлидің «Абхьюдай» романының ерекшелігі – онда кәсіпқой филолог, санскрит әдебиетінің маманының мол тәжірибесінің қолданылуымен қатар, онда эпикалық сюжетке және дәстүрлі адамзаттық және діни құндылықтарға деген автордың көзқарасының білдірілуінде. Кохли бұл романды жазу барысында атақты эпикалық «Рамаянаны» баяндап берумен шектелуді емес, аты аңызға айналған бұл туындының авторы, дана Вальмикидің идеясын қазіргі заманғы оқырмандарға түсіндіруді мақсат етті. Кохли «Рамаяна» бойынша роман жазуға Шығыс Пәкістанмен соғысқа байланысты кіріскен болатын. Бұл аймақтағы діни қақтығыс кезінде туындаған роман мемлекеттік мәселесі мен қазіргі заманғы маңызды мәселелерді арқау етеді. Осы негізде бұл роман Сидханың «Апне-Апне Рам» романымен үндес делінеді.
Сингхтың «Апне-Апне Рам» романының элементтерінің көпшілігі батыстық детективті романдарға ұқсайды. Романның негізі қастандықты жүзеге асыру мен әшкерелеу жатыр. Ағымдағы жайтты автор кейіпкерлердің көзімен көреді, істің мәнін оқиға соңына қарай бірақ білуге болады. Дей тұра романды детективті роман деп атау қателік болар еді. Бұл романда детективтің элементтері көптеп кездескенімен, мұнда үш «деңгейдің» жанрлық белгісі байқалады: біріншісі – Рама туралы туындыларға тән дәстүрлі үнділік элементтер; екіншісі – романдағы еуропалық романтизмнің сипаттары; үшіншісі – роман постмодернизм дәуіріндегі әдебиетке тән комикс сипатына ие.
Ал Нарендра Кохлидің «Рамаяна» сюжетіндегі жаңа романы «Абхьюдай» көбіне батыстық утопия романдарына ұқсайды. Мұндай тұжырым жасауға бізді мына фактілер итермелейді: романдағы сюжетті түсіндіру барысында автор әлеуметтік бағытты таңдаған. Мұның негізінде ойдан шығарылған кіршіксіз қоғамның құрылуы, гүлденуі жатыр. Сонымен қатар автор утопиялық қағидатқа адалдықпен реттелген қоғам туралы тәптіштеп жазып, жан-жақты сипаттайды. Сингхтың «Апне-Апне Рам» романына қарағанда, Кохлидің «Абхьюдай» романы дәстүрліліктен алшақтамай, романның эпостың негізінде жазылғанын ерекше атап көрсетеді.
Екі романның да артықшылығы мен ондағы постмодернистік элементтердің көрінісін атап айтар болсақ: «Апне-Апне Рамда» сюжет құраушы элемент ретінде оқиғаның өріс алуы, «Рамаяна» фабуласының өзі болса, «Абхьюдайда» оның идеялық бағыттылығы, романның негізгі идеясын ашуға көмекші құрал, кіріспе ретінде қолданылған оқиғалардан маңыздырақ болып есептеледі.
Қарастырылған романдардағы постмодернизм құбылысына тән эксперименталды пішіні мен элементтеріне қарамастан, оларды бірауыздан постмодернистік әдебиет туындысына жатқызуға болмайды. «Апне-Апне Рамдағы» ашық көрсетілген соңға қарамастан, оқырмандар эпос бойынша сюжетті жақсы біледі, Рама елді гүлдендіріп, жандандырып, жұмақ өмір құрады. Осылайша, барлық эпистемологиялық қиындықтар артта қалады. Оқиғаның бір ағымдылығы мен постмодернизмге жат дүние жалындылық оқырмандарға алдын ала белгілі сюжетте анықталады. Осы романдарда кездесетін уақытша қиындықтардан кейін кіршіксіз қоғам мен мемлекеттің өмір сүруіне ықтималдылығы байқалады.
Сол сияқты бұл романдарды постмодернистік туындыға жатқызуды күрделендіретін тұсы – романдарда кездесетін гуманизм. Рама – қай кезеңде болмасын әлемнің әділ жүйесі, дхарманы қорғаушы болып табылады. Раманың әрекеттері дәстүрлі негізбен қатар, жеке психологиялық дәлелдерге сүйенеді. Бірақ қай жағдайда болмасын бұл бейнені функционалдық салмағы жоғалған емес. Бұл романдардағы Рама - бұрынғыдай құдыретті Құдайдың жердегі бейнесі емес, қазіргі алмағайып заманда әлемге сенім сыйлап, құтқарып қалуға, «құдайға тең» болуға қолы жеткен, күмәнданушы, қайғырушы адам. Аталмыш романдарды постмодернистік туындылардан жырақтатын элементтер – гуманизм, жалындылық, әлеуметтік сын элементтері, адамзат баласының құтылу ықтималдығы мен жарқын болашаққа деген сенім.
«Жаңа әңгіме» бағытындағы үнді жазушыларының шығармашылықтарында постмодернистік көзқарастар көптеп кездеседі. Бұл бағыттың XX ғ. 70-жылдарында пайда болуына, негізінен Батыс әдебиетінің, соның ішінде модернизм мен жаст постмодернизмінің тікелей ықпалы болды. Ал бұған дейінгі үнді әдебиетіндегі басты бағыт сыни реализм болатын. Жанрдың қандай екендігіне қарамастан, сюжеттің айқындығы мен сол кезге қажеттілігін алдыңғы орынға қойған хинди әдебиетінің белді классиктері – Премчанд, Ашк, Яшпал.
Ал «Жаңа әңгіме» ағымының өкілдері реалист жазушыларға қарағанда көркем мәтінді ұйымдастыруға, ырғағына, түрлі айқындаушы құралдарды қолдануға көбірек көңіл бөледі. Сонымен қатар бұл ағымның туындыларында сюжет те кейінгі орынға шегерілгенімен, назардан тыс қалдырылмайды. «Жаңа әңгіме» тақырыбы релистік туындылардың тақырыптарына ұқсас келеді, ол, негізінен, әлеуметтік сипатта. Сонымен қатар бұл ағымға психологиялық сипат тән болғандықтан, отбасы мен тұлғааралық қатынастар маңызды тақырыптардың бірі болып табылады.
Жалпы алғанда, «жаңа әңгімелерде» реалистік, модернистік және постмодернистік элементтері бірдей кездеседі. «Жаңа әңгімелердегі» постмодернистік көзқарастарды XX ғ. соңында жарық көрген Рамеш Бакшидің «Ауытқыған қайықтағы армандар ағымы» әңгімелері негізінде қарастырамыз.
«Ауытқыған қайықтағы армандар ағымы» әңгімесінің басты кейіпкері осы әңгімені баяндаушы болып табылады. Автор осы басты кейіпкердің атынан оның ішкі жан-дүниесін, сезімін, естеліктерін ішкі драмалық монологы арқылы жеткізеді. Баяндаушы тілек білдіруші адамдарды қайықта ырғалтып отырып, суға қағаздан жасалған кеме жіберіп жатқан саридегі арық қызды көріп, есіне жастық шағы, өзінің де бір қызбен дәл осындай қағаз қайықты суға ағызған есіне түседі. Ол қаншалықты толқып, тебіреніп тұрса да, ішкі көңіл-күйін, сезімін сыртқа білдірмеуге барынша тырысып бағады.
Әңгіменің сюжеті күңгірттеу, ондағы әрекеттер оқиғалар емес, көбіне кейіпкердің естеліктері мен сезімін тудыратын ассосациация ғана. Кейіпкер мұнда, бір жағынан, қайықтағы күйіне дән риза болса, екінші жағынан өткен күнді еске алып, қайғырады. Әңгіменің жалпы символдық мәні бар. Ондағы басты символдар – су мен қайық. Мәселен, әңгіменің атауының өзі «Ауытқыған қайықтағы армандар ағымы» символдық тізбек болып табылады. Мұндағы: су ағымы – армандар ағымы – адам өмірінің ағымы осы тізбектің көрінісі.
Рамеш Бакшидің «Ауытқыған қайықтағы армандар ағымы» әңгімесінде постмодернистік туындының элементтерін көптеп кездестіруге болады. Бұл әңгімеде әлемді ассоциацивті-рефлекторлық қабылдау үдерісі көрінеді. Мұнда шындықтың өзі белгілі бір бағытсыз, бейберекет су қозғалысына ұқсас. Ал өткен мен бүгін арасындағы шекара жоғалған, шынайы әлемдік біртұтастық байқалмайды. Мұнда модернистік түсінікке жақын баяндаудың фрагменттігін баяндаушының логикалық құралдардың көмегімен ішкі әлемнің логикаға қайшы шындығын құруға ұмтылысынан байқаймыз. Ал бұл әлемнің әртектілігі мен бейберекетсіздігі мәтінде композициялық және стилистикалық тәсілдердің көмегімен ерекше айқындалады. Мұндағы ырғақтың өзін әдеттегі постмодернизм туындысына тән ерекшеліктердің бірі ретінде қарастыруға болады.
Ал Гирирадж Кишордың «Тараптар» әңгімесіне келер болсақ, туынды композициясы мен стилистикасының қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Автор қысқаша ақпараттық сөйлемдерді қолданғандықтан, бұл әңгімені екіжақты талдау мүмкін емес: «Жанұямызда екеуміз. Мен және әйелім. Әйелімнің есімі – Мита. Мита қызметші әйел ұстайды. Оның құрбыларын ер-қызметші абыржытады дейді. Әрине, әйелдерге өздеріне әйел адам қызмет еткені қолайлырақ қой».
Әңгіменің сюжеті аса қарапайым – үйде екі қызметші – әйел және еркек жұмыс істейді. Олардың біреуі жұмыстан босату қажеттілігі туындағанда, ер-қызметшіні қалдырып, өзінің керісінше қалайтынына қарамастан, әйелінің ығына жығылып, әйел-қызметшіні жұмыстан шығарады. Мұнда баяндау драмалық емес, әбден ойластырылған, логикалық тұрғыда құрастырылған монолог түрінде келген. Баяндаушы өзінің отбасылық өмірі жайлы баяндау барысында, көп нәрсеге күмәндылығы, я болмаса жете түсінбейтіндігі байқалады. Немесе ол баяндау барысында тыңдарманға жақсы пікір қалыптастыруды мақсат тұтып, шындықты әдейі бұрмалайды.
Баяндаушы қызметшілермен қызық жағдай қалыптасқандығы туралы айтады, өзінің қызметшісі Митаның тапсырмаларына ыждаһатты болса, Митаның қызметшісі, керісінше, баяндаушының қажеттіліктерін айна-қатесіз біледі. Ерлі-зайыптылар өзара бұл қалыптасқан жайтты талқылайды: «Раджа сенің тірліктеріме олақ, ұқыпсыз, ал қызметші әйел – Митаныкіне». Қожайындарға қызық көрінетіндігі, баяндаушы үйіне оралғанда, аузына Раджаның емес, қызметші-әйелдің есімі түседі. Ал, Мита, керісінше, Раджаны шақырады. Олар бұл жайды ойлана келе, әйелінің күні бойы әйел адамдармен қатынастан, олардың есімдерінен жалыққандығы, күйеуі, сәйкесінше, еркектерден деген қорытындыға келеді. Бұл туралы қызметшілер де ойланады, олар күйеуіне қызметші-әйел, әйеліне Раджа ұнайды деп ұйғарады.
Бұл талқылаулардан кейін көп ұзамай, Митаның өтініш-талабымен екі қызметшінің біреуі, әйел қызметшіні жұмыстан босатады. Баяндаушы әйелінің келтірген дәйектеріне келіспесе де, керісіп жатқанды жөн көрмеді. Айтқандай-ақ, Мита сендіргендей әйелге көңілі ауып кеткеннен жұмысына олақ Раджа, ол босағаннан кейін де түзелмеді, керісінше бұрынғыдан бетер жауапкершілігі кеми түсті.
Әңгіменің соңында кейіпкер «эмоцияналды қорытындылар» жасайды. Митаның Раджадан дән риза екендігін айта келе, өз күйін «Ал мен риза емеспін, ал неге екенін өзім де түсінбеймін» деп аяқтайды.
Әңгіменің постмодернистік сипатын айқындауда, оның атына тоқталайық. Аударма кезінде сөздің құбылмалылығы мәнін жоғалтады. Түпнұсқадағы «Parte» атауы формасы жағынан ағылшын тіліндегі «part» сөзіне хиндидегі әйел тегі, көпше түрді білдіретін «e» жалғануы арқылы жасалған. Хинди тілінде мұндай сөзжасам болғанымен, бұл қалыпты болып есептелмейді, мұны неологизм деп қабылдаған дұрыс. Кишор бұл атау арқылы көбіне «топ» деген сөзді меңзегенін айтады. Ал мұның астарында әлеуметтік топ (қожайындар мен қызметшілер) және адамзат санасындағы қабаттар жатыр.
Осылайша, Гирирадж Кишордың «Тараптар» әңгімесінен көпмәнділік, түрлі түсіндіру мүмкіндігі, оқырмандармен ойынға сүйене отырып, туындыны постмодернизм элементтерін кеңінен қолданылған қазіргі заманғы хинди прозасының үлгісі деп қарастыруға болады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Хинди тіліндегі жаңапоэзияның кезеңдеріне тоқталыңыз.
Жаңа заманғы хинди романдарының өркендеуіне үлес қосқан тұлғалар.
Үнді әдебиетіндегі постмодернизмнің көрінуі мен ерекшеліктері.
Ағылшын тіліндегі үнді әдебиетіндегі шығармалардың тақырыбы, сипаттамасы.
«Жаңа әңгіме» бағытындағы үнді жазушыларының шығармаларына тоқталыңыз.
Корея әдебиеті
Корей әдебиеті дамуының жаңа дәуірі түрлі әдеби ағымдар мен құрал-тәсілдердің пайда болуымен ерекшеленеді. Осы кезеңдегі шығармалардың мазмұны тереңдей түсіп, авторлар өз шығармаларында адамның өмірлік мақсаты туралы ой-толғаулар келтіріп, өздерінің дүниетанымы мен көзқарастары арқылы түрлі жағдаяттарға тап болған адамдардың жандүниесі мен қайғы-қасіреттерін шебер көрсетуге ұмтылады. Корей әдебиетінің дамуына корей жерінде таралған түрлі діндер мен шығыс философиясының тигізген ықпалын ескеру қажет.
Корей әдебиеті тарихында жаңа заман кезеңін анақтауда түрлі пікірлер айтылады. Бірақ көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша кэха дәуірінен бастап корей әдебиетінің жаңа кезеңі қалыптасып, 1910-1920 жылдар аралығында бұл құбылыс айқын көріне бастайды. Осылайша қазіргі замандағы корей әдебиеті 1908 жылдан, яғни Че Нам Сонның «Теңіздің жас жігітіне» атты өлеңі жарыққа шыққан кезден бастау алады. Корей жазушылары Че Нам Сон мен И Кванг Судың әдеби шығармалары қазіргі корей әдебиетінің бастауы болды деген ортақ пікір мен тұжырымдар да кезедеседі.
Жаңдану кезеңі (1908-1919). Корея тарихында бұл кезең мемлекет билігін басып алумен және елдің тұтастай отарлануымен есте қалған. Осындай ауыр жағдайларға қарамастан әдебиет дами түсіп, халықтың сана-сезімі оянады. Батыс Еуропа мәдениеті корей әдебиетіне атарлықтай әсер етіп, әдебиетте жаңа көркем тәсілдер мен құралдар, сондай-ақ жаңа ұғымдар пайда болады.
Корей ақын-жазушылары Батыс Еуропа авторларына еліктей отырып, Батыс әдебиетіне тән көркем тәсілдер мен ұғымдарды пайдалана бастайды. Олардың қатарында Че Нам Сон, И Кванг Су, Ким Ок сынды жарқын есімдер пайда болады. Олардың шығармалары мазмұны жағынан ұлттық сипатта болып, олар корей әдебиетінде бұрын-соңды қабылданған әдеби нормалардан батыл түрде бас тартады.
Батыс Еуропа ақын-жазушыларының шығармалары жарияланатын «Тесомунэсибо» («Батыс әдебиеті мен өнеріндегі жаңалықтар») журналы да жарыққа шығады. Осылайша, оқырмандар Батыс Еуропа әдебиетімен таныса бастайды. Символикалық поэзияның даму негіздері пайда болады.
Ақындар 'синче-си' үлгісіндегі жаңа өлеңдер жазу барысында каса мен чанга үлгілерінен сенімді түрде бас тартады. Поэтикалық шығармалардың мазмұнында идеалистік сипаттағы ноталар пайда болады. Бұл корей қоғамының Жапонияның қол астында болуымен түсіндіріледі. Корей ақындары өз өлеңдерінде ұлттық сана-сезім мен патриотизмді көрсетіп, шығармаларын жарыққа шығаруды армандағанымен, қоғамда орын алған жағдайларға байланысты бұл мүмкін болмайды.
Прозалық өлеңде алғаш рет жаңа сиджо стиліне жақын 'синче-си' формасын қолданған ақын әрі тарихшы Че Нам Сон болды. 1909 ж. ақын Ан Чханг Хомен бірге «Мектеп кезіндегі жолдас» журналын жарыққа шығарып, ағарту идеологиясын жақтай отырып, халықтың сана-сезімін ояту үшін көп еңбек етеді. 1919 ж. тәуелсіздік Манифесінің алғашқы құрушысы болып, Кореядағы «Жеткіншек», «Жастық», «Қызыл чогори», «Аққан жұлдыз» сынды көптеген журналдарды баспаға шығарады. Оның шығармашылығына «Теңізден шыққан жас», «Таза су», «Бізге қымбат адам», «Жаңа корей жігіті», «Теңіз жағасында» атты туындыларды жатқызуға болады.
«Еркін» немесе «прозалық» деп аталатын жаңа формадағы өлеңдердің пайда болуы өз кезегінде корей әдебиетіндегі ерекше құбылыс болады. Осы күнге дейін өлең шығаруда тек дәстүрлі сиджо ырғағы ғана танылып келген. еді. Тіпті ұзақ сиджоның (сааольсиджо) пайда болуының өзі түрлі таластар тудырған болатын. Осылайша, Че Нам Сонның синче-си үлгісіндегі жаңа өлеңді дүниеге әкелуі корей ұлттық әдебиеті тарихындағы маңызды оқиға болады.
1918 ж. бастап корей поэзиясында еркін өлең (велибр) қалыптасады. «Батыс әдебиеті мен өнері туралы жаңалықтар» атты журналда француз ақын-символистері шығарламарының аудармалары алғаш рет жарық көреді. Оны корей ақыны Ким Ока аударған болатын. Бұл аудармалардың арасынан «Көктем кетіп барады» өлеңі халық арасында кең тарайды. Хванг Сок Удың «Жалғыздың әні», Чан Дудың «Не үшін, неліктен?» өлеңдері жарыққа шығып, сол жылы «Рухтың жай-күйі» аты будда журналында Хан Ёнг Унның «Рух» өлеңі жарияланады. Ал 1919 ж. «Жолдас» әдеби журналында Чжу Ё Ханның «Көктем» және «Жылға» атты өлеңдері шығады. Дәстүрлі корей өлеңдерінің шектеулі сыртқы құрылымдарынан бас тарта отырып, корей ақындары ішкі құрылымдық мазмұн мен өлең ырғағына басты назар аудара бастайды.
Символизмді жақтаушылардың бірі, көрнекті корей ақыны Хванг Сок Удың шығармалары «Чангчжо» және «Пехо» журналдарында жарық көреді. Ол 1921 ж. бастап «Чжанмичон» («Раушан елі») мен сунсу-си - ұлттық корей поэзиясы журналы ретінде танымал болған «Чжосонсидан» («Чосонның поэтикалық әлемі») журналдарын басқарды.
Чжу Е Хан «Чангчжо» әдеби журналында Ким Донг Инмен бірге қызмет етіп, Кореядағы жаңа әдеби қозғалыстың негізін салушы болады. Аталған журналда автордың «От ойындары» атты еркін үлгіде жазылған өлеңі жарияланады. Бұл шығармада бұрын-соңды кездеспеген символикалық баяндау тәсілі қолданылады. Осылайша, корей әдебиеті тарихында еркін өлең формасы пайда болады.
ХХ ғасырдың 1910 жылдары корей әдебиетінің тарихында роман жанры дами бастайды. И Кванг Судың «Жас құрбан» атты романы пайда болған кездері «Жас ұлан» журналында «Құрбан болу» (1910) «Баланың мұңы» (1917), «Дүние кезу» (1918), «Юн Кванг Хо» (1918) атты романдары да жарыққа шығады. «Сезімсіз» романы (1917) қазіргі роман жанрында жазылған ең үздік туынды болып табылады.
И Кванг Судың «Жас құрбан» атты ертеректе жазылған шығармасында соғыс жылдары әкесі қайтыс болған бала туралы айтылады. Бала әкесі үшін кек алмақшы болып соғысқа аттанады, бірақ майдан жолдарының қиылысында жау солдаттарының қолына тұтқынға түседі.
«Баланың мұңы» романы «Жастық» журналында жарыққа шығады. Романда жас жігіттің тағдыры, оның алғашқы махаббаты мен сүйіктісінен айрылған сәттегі қайғы-қасіреті туралы айтылады. Шығарманың негізгі идеясы адамдар арасында күрделі, тіпті қатаң заңдылықтар ұсынатын конфуцийшіл ойларға қарсылық көрсету мен корей қоғамына өзгерістер енгізу болып табылады.1917-1918 ж. аралығында И Кванг Судың «Пионер» атты кезекті шығармасы «Меилъсинбо» («Күнделікті жаңалықтар») газетінде жарияланады. Әңгіменің бас кейіпкері – қиын тағдырға душар болған ғалым химик Ким Сонг Чже. Бұл шығармада да демократиялық, ағартушылық ойлар басым. Кейіпкер феодализмнің қалдықтарын жойып, ер мен әйел арасындағы қатынастар махаббат пен сыйластыққа негізделуі керектігін айтады. Жастар өздерінің қоғамдағы орны мен өмірлік мақсаттарын нақты білуі керек.
И Кванг Судың «Сезімсіз» атты романының 1917 ж. жарыққа шығуы сол уақыттағы корей әдебиетінде ерекше құбылыс болған. Бұл шығарма автордың ағартушылық көзқарастарын аша, прозаикалық жанрға төңкеріс жасаған. Романның бас кейіпкері И Хёнг Сик Жапонияда білім алып, Кенгсонг мектебінде ағылшын тілінен сабақ береді. Романның сюжеті И Хёнг Сик, биші - кисэн Пак Ёнг Че мен жақсы білімді, ауқатты ағартушының қызы Ким Сон Хёнг есімді үш жастың қарым-қатынасы негізінде құрылған. Бұл өзіндік үшжақты махаббат секілді.
Шығармада бас кейіпкер Ким Сон Хёнг Америкаға оқуға кетеді, биші Пак Ёнг Чхенің әкесі патриот, ағартушы, басшылыққа келген кезде жапондық интервенттердің тарапынан заңсыз тұтқындалып, абақтыға қамалады. Биші әкесіне қалай қолдау көрсетпек. Әкесі абақтыда қайтыс болады, Ёнг Чхе әкесі лайық деп тапқан И Хёнг Сикуге қосылуға уәде береді. Ёнг Чхе жігітті Сеулде кездестіріп, оның бишілік өмірден босатып алуға дәрменсіз екенін түсініп, үйіне қайта оралады. Осы жерден үлкен қайғы басталады. Қыз интервенттердің зорлығына ұшырып, өз-өзіне қол жұмсамақшы болады. Бірақ Ёнг Чхе сауатты Ким Пёнг Ук деген әйелмен кезігіп, соңғы шешімінен бас тартады. Пак Ёнг Хе жаңа өмір бастап, Токияға оқуға кетеді. Оқиға одан әрі төмендегідей өрбиді. И Хёнг Сик Ким деген дін қызметкерінің қызына ағылшын тілінен сабақ беру үшін шақырылады. Әкесі бір-біріне ұнап қалған екі жастың некелеріне рұқсат береді. И Хёнг Сик Пак Ёнг Чхені сүйетін сияқты болады, бірақ оған Ким Сон Хёнг те ұнайды. Ол Ким Сон Хёнгті таңдайды. Екі жас некелескеннен кейін Америкаға кетеді, Пусанның портында олар Пак Ёнг Чхе және Ким Пёнг Укті кезіктіреді. Бұл кейіпкерлер бастарына түскен сұрапыл апаттарға қарсы тұру үшін бірігіп, жапа шеккендерді құтқарады. Олардың махаббат туралы ойлауға еш мүмкіндіктері де болмайды. Соңында бәрі өз орнына келеді, бірақ кейіпкерлер өз өмірлерін халық ағарту ісіне жұмсауға бел буады. Аталмыш романда оқиға осылайша өз мәресіне жетеді.
Бұл шығармада кейіпкерлердің қалыптасуы анық көрінеді. Алдымен олар тек өздерінің жеке сезімдерін, армандарын ойлайды, бірақ уақыт өте келе өмір адамға жеке бақыты үшін ғана емес, сондай-ақ халық игілігіне бағытталған әрекеттер жасау үшін де арналғандығын түсінеді. Бұл романында барлық кейіпкерлер еш қиындықсыз шетелге оқуға кеткен. Дегенмен сол кездері Кореяда шетелде оқу соншалықты қарапайым іс болмаған. Осыдан романда баяндалған оқиғаның шындықтан алыс екенін көре аламыз. Шығармада сол дәуірде қоғамда орын алған өзекті мәселелер көтеріліп, қарапайым халықтың өмірі суреттеледі. Бұл роман корей ағартушылық әдебиетінің жарқын үлгісі болып табылады.
1908 жылдан «Хексиндан» («Жаңа труппа»), «Мунсусонг» («Мун Су Сонгтың труппасы») сынды дәстүрлі емес, жаңа театр топтарының қойылымдары көрсетіле бастайды. Олар сахналық қойылымдардың жаңа түрлерін өмірге әкелуге талпынады. Дәл осы уақытта Им Сонг Ку, Юн Пек Нам, Чжо Чжунг Хван сында корей драматургтарының есімдері елге таныла бастайды.
«Батыс әдебиеті және өнерінің жаңалықтары» атты корей ұлттық журналы 1918 жылы Чанг Ду Чол басшылығымен жарыққа шығады. Онда түрлі жанрда жазылған өнер мен әдебиет саласындағы туындылар, романдар, повестер, әңгімелер, сиджо өлеңдері, театрландырылған әуенді поэмалар мен мәдениет саласындағы соңғы жаңалықтар айтылатын.
1919-1920 ж. аралығын корей әдебиеті тарихында «ізденіс кезеңі» деп атауға болады. Сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай халықтың рухани әлсіреуімен сипатталды: 1919 жылдың 1 наурызында тәуелсіздік үшін халық қозғалысының сәтсіз болуынан кейін адамдардың саясатқа көңілдері қалады. Мәдениет жапон империясының билігі тұсында да дами береді. Сөз бостандығы орын алып, 1920 ж. «Чосон Ильбо», «Тона Ильбо», «Лекчжо» («Аққу»), «Пхэхо» («Қираған орын»), «Чжанмичон» («Раушан алқабы»), «Кымсонгу» («Шолпан»), «Ёнде» («Рух») және т.б. журналдардың негізі қаланады.
Әлемдегі экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, жапон имперализмінің жүргізген өктемдігі корей халқының қоғамдық сана-сезімін оятып, елінің болашағы туралы толғандырады. Батыс та пайда болған түрлі әдеби бағыттар (романтизм, реализм, натурализм, символизм) корей әдебиетіне айтарлықтай әсер ете бастайды. Аталмыш кезең барысында корей әдебиетінде сентиментальды романтизм мен сондай-ақ реализмнің белгілері пайда болып, бірте-бірте күшейе түседі. И Гван Су мен Че Нам Сон сынды жазушылар тілдің тазалығы мен корей әдебиетінің көркем құндылығы үшін күреседі.
Поэзияда ескі үлгідегі өлеңдердің орнына Ким Ок, Чжу Ё Ханның шығармашылығынан көріне бастаған еркін үлгідегі өлеңдер - чжаю-си- пайда болады.Дәстүрлі өлеңдердің, яғни халық әні- миненің жақтаушылары Ким Ок, Ким Со Воль, И Сайт Хва, Хонг Са Ёнг және т.б. болады. Олар дәстүрлі ұлттық мәдениетті дамытуға тырысады. Ким Со Вольдің шығармашылығында халық әндерінің әуендері көрініс тауып корей халқының сезімін көрсетеді.
Ким Со Воль –ХХ ғ. корей халқының ең танымал ақыны. Оның өлеңдер антологиясы халық арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Ақын өзінің көптеген өлеңдерін 25 жасына дейін жазған. Ким Со Воль 32 жасында өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмады. Оның дүниетанымына сол дәуірдегі интеллигенция өкілдерінің ауыр жағдайға душар болып, ақындардың қоғамдық өмірден алшақтап, қысымға алынуы өз әсерін тигізбей қоймайды.
Хан Ён Ун ақын және буддалық монах болған, ол өз өмірін тәуелсіздік қозғалысына арнаған. 1920 жылдардың ортасына қарай Хан Ён Ун лирикалық өлеңдердің шектеулерінен шығып, жаңа тәсілдер іздеуге ұмтылады.
И Санг Хваның шығармашылық әлемі әртүрлі. Онда романтикалық және сентиментальды бағытта жазылған өлеңдер де, корей халқының отаршылдарға қарсы күресін суреттейтін азаматтық мазмұндағы жырлар да кездеседі.
1923 жылы Жаңа идеялық әдебиет деп аталатын әдеби бағыт пайда болады. Оның негізін қалаушы Жапонияда білім алған Ким Ги Чжин болған. Осы бағыттағы әдебиетшілер өз шығармаларында арман әлемі мен ғашықтардың сүйіспеншілік көңіл-күйін жырлаған. Ким Ги Чжиннің сөздері әдеби шеңберде үлкен маңыздылыққа ие болып, жазушылар мен ақындар өздерінің өмірлік мақсаттары, өмір мен әдебиетте алатын орныны туралы ойлана бастайды.
20-шы жылдардың соңына қарай реалистік тенденциялар басым болып, жазушылар сол кездегі халықтың шынайы өмірін суреттеуге тырысып, реализм прозада бірте-бірте маңызды орынға ие бола бастайды. Осы кезеңде қоғамдағы жеке тұлға мәселесі анағұрлым өзекті болады. Қоғам мен жеке тұлға мәселесін анық әрі дәл ашып көрсететін бірнеше шығармалар пайда болады. Әдеби шығармаларды жеке тұлға мен мемлекет төңірегіндегі мәселелерге байланысты әлеуметтік зерттеулер ретінде қарастыруға болады.
Жазушылар кедейліктің себептері мен одан құтылу жолдарын іздестіре бастайды. Бұл тақырып сол кездегі әдебиетте өзекті мәселеге айналады. Әдебиет ортақ бағытқа ие болып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылады. Шығармаларда жұмысшылар, ұсақ саудагерлер мен еңбекшілер секілді кейіпкерлер пайда болады. Әдебиет үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш жүрген адамдардың жүрегінде үміт оятып, қоғамдық мәселелерді шешуде маңызды құралға айналады. Че Со Хе, Чжо Менг Хи, И Ги сынды жазушылардың шығармаларында әлеуметтік қайшылықтар суреттеледі.
Қалыптасу кезеңі (1930-1945 жылдар). 30-шы жылдардың басына қарай отарлық тәртіп әлсіреп, қазіргі заманғы корей әдебиеті қалыптаса бастап, әдеби белсенділік орын алады. Бірақ 1945 ж. соңында жапондар тарапынан қайта қуғын-сүргіндер басталып, әдебиет те тоқырауға ұшырайды. 1931 ж. Маньчжурдағы соқтығыстар, 1937 ж. қытай-жапон соғысы, 1941 ж. Тынық мұхит аймағындағы соғыс және т.б. оқиғалар осы кезеңдегі корей қоғамында орын алған жағдайларға өз әсерін тигізбей қоймайды. Қуғын-сүргін күшейе түседі. Бір мезетте экономикалық және мәдени жүйелер бақылауға алынып, қоғамдық орындарда корей тілін пайдалануға, корей тілінде жазуға тыйым салынады. Көптеген корей журналдары жасырын түрде қызмет жасағанымен, корей әдебиетінде тоқырау кезеңі басталады.
Жапондық солшыл экстремистер әсерінің күшеюі нәтижесінде КФАП әдеби әрекеті айтарлықтай әлсірей бастайды. Әдеби үйірмелер мен топтарда көркемдік тәсілдерді жетілдіру мақсатында түрлі бағыттар қалыптасады.
Таза поэзия-сунсуси бағыты көркем үлгі мен әдебиеттегі образдарға үлкен мән береді. Бұл бағыт Пак Ёнг Чоль, Ким Ёнг Ранг, Син Сок Чжонг деген ақындардың туындыларында өз жалғасын табады. Жоғарыда аталған ақындар поэзиясы корей идеологиясына ғана қызмет етпей, оқырмандардың жүрегіне әсер етіп, көркем сезімдер тудыру керек деген пікір айтады.
Корей әдебиетіндегі романтикалық бағыттың негізін қалаушы ретінде «Сэнъри» қоғамының мүшесі Ю Чхи Хванды ерекше атап өтсек болады. Бұл бағыттың жақтаушыларына сондай-ақ «Сит Бурак» («Ақындар қаласы») үйірмесінің мүшелері Ким Донг Ри, Ким Таль Чжин және Со Чжонг Чжуды да жатқызуға болады. «Өмір фракциясының» жақтаушылары болған жоғарыда аталған ақындар көбіне басқа фракцияларды өткір сынға алған. Олар «интеллектуальды поэзия» фракциясының әсерлі жеткізу техникаларына, ал идеологиялық фракцияның шектен тыс идеологияға бағытталғанын айтады.
Өмір фракциясы ақындарымен қатар табиғатты жырлайтын «чжоивонси» стилінде жазатын ақындар пайда болған. Олар қаланың өмірінен бас тарта отырып, ауылдық жерде өмір сүріп, осы арқылы өздерінің табиғатқа жақындығын көрсетеді. Мұндай құбылысты Ким Санг Ёнгтің туындыларынан, Син Сок Чжонгтің «Сіз шалғайдағы осы елді білесіз бе?» және Ким Донг Меннің «Почё» атты шығармаларынан да байқауға болады. И Юк Са мен Юн Донг Джудің шығармалары отаршылдық тәртіпке қарсы бағытталған. И Юк Са жапондардың жауыздық әрекеттеріне қарсылық көрсетіп, патриоттық өлеңдер топтамасын жазады. «Ақындар қаласы» атты әдеби үйірмеге мүше болған Ким Донг Ри, Ким Толь Чжин и Ю Чи Хван сынды ақындардың шығармаларын ерекше атап өту қажет. Ю Чи Хванның шығармаларынан натуралистік көзқарастарды байқауға болады. Автордың ойын дәл жеткізетін шығармаларға Ю Чи Хванның «Шың» атты өлеңін мысалға келтірсек болады. Онда автордың өзі, оның еркіндігі мен өмірі шыңға теңеледі.
Корей әдебиетінде «Таза поэзия» қозғалысымен қатар модернизм де пайда болады. Осыған орай көптеген шығармаларда адамдар арасындағы қарым-қатынас, өмір мен өлім, қала мен ауыл мәселелері қозғалады.
Модернистік ағымның екі негізгі бағытын көрстеуге болады: ағылшын-америка стилін ұстанған ақын-жазушылар (Чжонг Чжи Ёнг, Ким Кванг Гюн, Чжанг Ман Ёнг және басқалар) мен ерте француз сюрреализмін ұстанғандар (И Санг, И Си У және т.б.).
И Санг өзінің «Бес түйсік» және т.б. өлеңдерінде өзінің сюрреалистік бағыттағы кескіндеу құралын пайдалануға тырысқан. Ал Чжанг Манг Ёнг өз шығармаларында, ең алдымен, ауылдық өмір мен табиғатты жырлаған.
Ким Квант Гюннің шығармашылығына ағылшын ақыны Эрза Фаундтың туындылары әсер еткен. Ю Чи Хванның «Өмір бастамасы», «Қаңтар» және т.б. шығармаларынан ерекше рух айқын байқалады, онда модернизмге тән сезімге үстірт қараудан ақын өзін алшақ ұстайды. Бұл өлеңдер қатаң логикалық бастаудан құралып, ондағы «жан ашуы», «қайғы» мен «қуаныш» сөздерінен де нық сенімді көруге болады. 1939 ж. «Фраза» журналында ақын Пак Ту Чжин, Чжо Чжи Хунның өлеңдер жинағы жарыққа шығады. Чжо Чжи Хун – мәдени консерватизмнің өкілі. Ол табиғатты жаны сүйген және қоршаған ортаны тұтас әсемдігімен шынайы суреттеген. Пак Ду Джин – идеалистік көзқарасты ұстанған ақын. Ол жер бетінде бақыттың орнауы тылсым күштерге байланысты деп есептеген.
Пак Мок Воль фольклор ақыны деп аталған. Оның өлеңдерінің негізгі тақырыбы – табиғат пен оның әсемдігі. Осы кезде қоғамда орын алған шындық пен корей халқының ұлттық болмысы мен сана-сезімін сипаттайтын түрлі өлеңдер жарық көре бастайды. Ким Санг Ок, И Хо У, Чжонг Ван Ёнг, И Ёнг До және т.б. ақындардың сиджо стилінде жазылған шығармаларында да атамыш тақырыптар сөз болады. Ким Санг Ок поэзияда ХХ ғасырда мүлде ұмыт болған сиджо үлгісін қайта жандандырып, қазіргі заманға сай тақырыптар мен сезімдерді қамтиды. Ким Санг сонымен қатар сиджо поэтикалық спектріне қайшы келетін ұзақ прозалық өлеңдер де жазады. Осылайша, ақын осы үлгінің шектеулерін жоюға тырысады. Ким Санг Ок ерте кезден корей халқының мәдени мұрасын аса жоғары бағалаған. Ол жапондарға қарсы жасалған әрекеттері үшін бірнеше рет абақтыға қамалса да, елі үшін көп нәрсе жасай алмағанын түсінеді. Ким Санг Октың ұлттық рухты оятуға бағытталған шығармаларында ақынның өзін кінәлі сезінгенін байқаймыз.
Осы кезеңде жарық көрген прозалық шығармаларда корей қоғамындағы адам өмірінің түрлі жақтары ашылады. Корей прозасы жаңа мәнге ие болып, дами түседі. Қоғамдық өмірде түрлі өзгерістер пайда болып, 1927 ж. елдің әдеби және мәдени өмірінде даму тенденциялар байқалады. Идеологиялық әдебиет үлкен маңыздылыққа ие болады. Корей идеологиялық әдебиетінде алғаш рет таптық алшақтықтар көрсетіліп, кедейлер мен байлардың өмірі суреттеледі. Осылайша, социалистік көзқарастағы әдебиет пайда болады.
Прозалық шығармалардың авторлары елдегі саяси жағдайларға үлкен көңіл бөле бастайды. Пролетарлық әдебиет айтарлықтай саяси күшке ие болып, шығарманың мазмұны кеңейе түседі. Көптеген жазушылар социалистік бағыттағы көзқарастардан бас тартып, шындыққа тура қарауға тырысады. Осы кезеңде И Ги Енг, Хан Соль Я, Ким Нам Чхон, И Бук Менг, Хонг Менг Хи сынды жазушылардың шығармашылығы үлкен жетістікке ие болады.
Аталмыш кезеңде корей әдебиетінде романдар, әсіресе тарихи романдар көптеп жарық көре бастайды. Мұндай шығармаларға И Кван Судың «Әзәзілдің мұрагері», «Тан Чжонның мұңды оқиғасы», «И Сун», «И Чха Донның өлімі», «Сечжон патша»; Хон Менг Хифтің «Им Кок Чжонг»; Ким Донг Иннің «Жастар», «Унхен сарайындағы көктем»; Пак Чжонг Хванның «Қанға боялған Кым Сан», «Тэчхунбу», «Өткен кеш», «Мейірімді Будда»; Юн Пэк Намның «Қара шляпа», «Шақыру»; Хен Чжиннің «Сон Хва ханшайым» атты туындыларын жатқызуға болады.
Хон Менг Хифтің «Им Кок Чжонг» атты шығармасында Чосон мемлекеті кезінен Мен Чонг патшаның тұсына дейінге кезең қарастырылады. Жазушы өз шығармасында ақсүйектер мен қарапайым адамдардың, барлық қоғамдық таптардың өмірін шынайы суреттеуге тырысқан.
Ем Санг Собтың шығармаларында ұрпақтар арасындағы, әке мен бала арасындағы қақтығыстар сипатталады. Оның «Үшінші ұрпақ» атты романын отаршылдық жағдайда өмір сүріп жатқан бір әулеттің үш ұрпағы, атасы, әкесі мен немересі арасындағы қарым-қатынастар суреттеледі. Осы кезеңде әйел жазушылардың саны да арта түседі. Олар көп жағдайда кедейшілік мәселелері мен елде орын алған қиыншылықтардың себептері туралы жазады. Әйел жазушылардың арасынан Пак Хва Сонгтың «Чусок мейрамы қарсаңындағы түн», «Қуаңшылық», «Отансыз қалған адамдар»; Кан Геннің «Ана мен қыз», «Шляпа», «Қараңғылық», «Жер астындағы ауыл», «Адамзат мәселелері» атты шығармаларын ерекше атап өтуге болады.
1941 ж. Тынық Мұхиты аймағындағы соғыстың басталуы елде фашизмнің күшеюіне әкеліп соқты. Мыңдаған корей жастары майданға аттанады. Көптеген жазушылар мен әдебиетшілер түрме қабырғасында қайтыс болып, аман қалғандары жапон саясатын қолдауға мәжбүр болады. Осы кезде Хван Сун Вон, Че Менг Ик, Ан Су Гилы, Чжонг Би Сок сынды жазушылардың шығармалары кең тарайды.
Күрт өзгеріс кезеңі (1945-1950 жылдар). 1945 жылдың 25 маусымынан бастап Корей әдебиеті мен тарихында жаңа кезең орын алады. 1945 жылы басталған азаматтық соғыс солтүстік және оңтүстік Кореяның арасындағы үлкен қақтығыстарға ұласып, ортақ корей әдебиетінің қалыптасуы күрделі мәселеге айналады.
Жарты арал екіге бөлініп, оңтүстікте Америка әскерлері, ал солтүстікте Кеңес әскерлері үстемдік етеді. Осындай қақтығыстар жалпы корей халқының рухани өміріне айтарлықтай әсер етеді. 50-ші жылдар корей тарихы мен әдебиетіндегі ауыр кезең болып табылады.
1945 ж. тамыз айында әдеби қозғалыстың сол қанаты ретінде «Әдебиет саласындағы негізгі басқарма», ал қыркүйек айында «Корей пролетариатының өнер одағы» құрылып, бұл ұйымдар желтоқсан айында «Әдебиетшілер одағына» бірігеді. Осы жылы оң қанатта «Орталық әдеби бірлестігі», 1946 ж. сәуір айында «Кореядағы Ильбо жас әдебиетшілер бірлестігі», 1947 ж. «Республикадағы барлық мәдени ұйымдардың жалпы бірлескен жиналысы» пайда болады. Осылайша, әдеби қозғалыстың сол және оң қанаттары арасында әдебиет пен өнер мәселесіне байланысты идеологиялық күрес басталады. Отарлау саясаты кезінде қолына қалам алмаған ақында өз шығармашылығын қайта бастап, поэтикалық одақтар құра бастайды. Оң және сол қанаттардың арасында белгілі бір оқырмандар тобына арналған әдебиет пен пролетарлық әдебиеттің қайсысы маңызды деген сұрақ төңірегінде таластар басталады. Кореяның екіге бөлінуінен кейін қоғамда да түлі қақтығыстар орын алады. Сонымен қатар 40 жылдары корей поэзиясында екі үлгі пайда болады. Бірі өмір мен ондағы барлық көркем дүниені жырлап, ұлттық өлеңді қайта жаңғыртқан поэзия, екіншісі 30-шы жылдардағы модернизм үлгілерін мұра еткен поэзия.
Қазіргі корей поэзиясының қайта жандану кезеңінде Пак Мок Воль, Пак Ду Чжин, Чже Чжи Хунның шығармалары ерекше көзге түседі. Олар 1946 ж. «Чонокчжиб» («Көк маралдың антологиясы») атты өлеңдер жинағын жарыққа шығарады. Әдебиетте бұрын-соңды белгісіз болған шығармалар да жариялана бастайды. И Юк Саның «Юк Са өлеңдер жинағы» мен Санг Хваның «Санг Хва өлеңдер жинағын» мысалға келтіруге болады. Сонымен қатар Пак Ин Хван, Ким Су Ен, Ким Ген Лин сынды ақындар 1949 ж. «Жаңа қала және азаматтар хоры» атты өлеңдер жинағын жарыққа шығарады.
40 жылдары корей әдебиеті дамудың жаңа сатысына өтіп, еркін өмір сүре бастайды. Азат ету кезеңіндегі әдебиетте қоғамның бөлінуі (оңтүстік және солтүстік), елде орын алған түрлі жағдайлар, өз Отаныны оралған корейлер туралы айтылады. Жазушылар елдің екіге бөліну себептерін іздеп, өз қателіктері үшін жауапкершілік алулары тиіс зиялы қауым өкілдерін айыптайды. Бұрынғы жапон саясатын жақтаған Че Ман Сик пен Тхе Чжун өздерінің қателіктерін мойындап, өкініш білдіреді.
Че пак Но Гаптың «Қырық жыл» атты романында отарлау дәуіріндегі елдің жағдайы бүге-шігесіне дейін суреттеледі. Алдағы кезде интеллигенция өкілдері мен олардың елге қайта оралу мәселелері туралы жазылған романдар жарық көре бастайды. Оған мысал ретінде Чжен Би Соктың «Отанға оралу», Ом Хын Собтың «Репартация күнделігі» мен Хо Чжунның «Әлсіз жалын» атты шығармаларын мысалға келтіруге болады.
1945 жылы 15 тамыздағы оқиға елді толық азат ете алмады, шетелдіктердің ықпалы әлі де айқын байқалатын. Елдің оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінуі, идеологиялық қақтығыстар жаңа әдеби қозғалыстардың дамуына кедергі болады. Ең бастысы халық екіге бөлініп, бір-бірімен қарым-қатынас жасай алмады, Оңтүстік жән Солтүстік Кореяның арасындағы хат алмасу да қатаң бақылауға алынады. Елде орын алған аталмыш жағдайлар әдебиетте де жиі қозғалатын болды. Ем Санг Собтың «Қатар жол», Ке Енг Муктың «Жұлдыздар санап» атты романдарында елдің екіге бөліну туралы айтылады.
Пак Чонг Хваның «Халық» атты романында алғаш рет азат ету жылдарына дейінгі және кейінгі Кореяның өмірі шебер суреттеледі. Ким Тонг Ли өзінің «Жол іздеу» және «Ай» атты шығармаларында уақыт өткеніне қарамастан әрқашан танымал болып қалатын жақсы әдебиеттің қажет екені туралы сөз қозғайды. Ем Санг Собтың «Өлім» атты романында отбасы мүшелерінің ауыр жағдайы мен қайғы-қасіреті баяндалады.
Хванг Сун Вонның «У әзірлейтін қарт» атты романында у жасап, сату арқылы әйелі мен жеті жасар баласын асырайтын адамның қайғылы тағдыры суреттеледі. Бір күні қарттың әйелі жоғалып кетеді де, оны таба алмаған Сонг-енггам өмірге деген құлшынысын жоғалтады. Бірақ жеті жасар баласын ойлайды. Қарттың денсаулығы нашарлап, әлсірей бастайды. Ол баласын басқа отбасына беріп, соңында өз-өзін өлітіреді. Бұл романда әйелі мен қоғамнан оқшауланған қарапайым адамның тығырыққа тірелген тағдыры туралы баяндалады.
Даму кезеңі (1950 жылдар соғысынан кейін). Қазіргі заманғы корей әдебиеті тарихында 50 жылдары күрт өзгерістер орын алады. Корей тарихында соңғы онжылдық маңызды оқиғаларға толы болады. Корей халқы жүргізген үш жылдық соғыс шығармалардың мазмұны мен құрылымына айтарлықтай өзгерістер әкеледі. Соғыстан кейінгі қоғам, елді қалпына келтіру, жақынын жоғалтып жаны ауырған адам тағдыры бейнеленген шығармалар жарыққа шыға бастайды.
Соғыстан кейін пайда болған кез келген жаңа әдеби ағым адамгершілік құндылықтарды насихаттап, патриоттық тақырыптар дами түседі. Батыстың экзистенциалистік әдебиетіне еліктей отырып корей жазушылары ауқымды мәселелерді шешуге тырысып, адамгершілік, адам болмысының мәні жайлы өзекті ой қозғайды. Осылайша, 50 жылдардағы әдебиет оқиғаның құрастырылуы, ой жеткізу тәсілдерінің сұрыпталуы жағынан дәйектемесі ауқымды болады. 50 жылдардағы әдебиет өзіндік әлемдік көрініске ие болды.
Соғыстан кейінгі «Чжонху-Мунхак» корей әдебиетінде екі бағыт қалыптасты: соғыс және соғыстан кейінгі Корея тарихы бейнеленген әдебиет және дәстүрлі әдеби бағыт. Бұдан басқа публицистика мен «Сунсу-Мунхак» (таза әдебиет) жаңа серпінге ие болады.
Соғыстан кейінгі уақытта Кореяда қоғамдық тәртіпсіздік белең алады. Осыған байланысты әдебиетшілер бір жерден екінші жерге көшіп жүреді, жазушылардың жоғалып кету жағдайлары жиі кездеседі. Жазушылардың оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударуы әдеби орта мен корей тілінің өзгеруіне алып келеді. Тілдің тұтастығы туралы мәселе сол күйі шешілмей қалады. Осы кезде пайда болған өлеңдерде автордың соғыс жылдары басынан өткізген оқиғалары көрініс табады. Соғысқа қатысқан ақындар Ю Чи Хван, Чжо Чжи Хун, Ку Санг, Пак Ин, Пак Ду Чжин және т.б. өлеңдерінде қайтыс болғандар мен жараланғандардың қайғылы тағдыры мен халықтың өкініші көрініс тапқан. Сондықтан 50 жылдардың басына қарай поэзияда патриотизм тақырыбы басты орынға шығады. Ю Чи Хванның «Жаяу әскермен бірге» Чжо Чжи Хунның «Табувонға барар жолда», Ку Сангтың «Жау қабірінің алдында тұрып» атты өлеңдері осы тақырыпта жазылған.
50 жылдарда орын алған шым-шытырық оқиғалар Корея ақын-жазушыларының жолын екіге бөлді. Әдебиеттің сол жақ қанататындағы ақындар Сол Чжонг Сик және И Ён Ак солтүстікке, ал Пак Нам Су И Ин Сок, Ян Мён Мун оңтүстікке өтеді.
ХХ ғ. 50 жылдарында өмір сүрген ақындардың көп бөлігі қазіргі корей поэзиясы тарихында лайықты орынға ие бола алмады. Дегенмен 30 жылдары қалыптасқан модернизм 50-ші жылдары одан әрі тереңдей түскені байқалып, қоғамдағы орын алған оқиғалар ақын-жазушылар шығармаларында көрініс табады. Осы уақытта жарыққа шыққан шығармалардың басым көпшілігінде соғыс, оның шығу себептері мен соғыс зардаптары, адамдардың қайғы-қасіреті туралы айтылады. Соғыс туралы сюжеттер тылдағы өмір, соғыс кезіндегі әйелдер мен балалар тағдыры және жауынгерлер туралы айтылған оқиғаларға негізделіп жазылған.
Аталған кезеңдегі прозаны екі бағытқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі – 25 маусымдағы әскери қозғалыс кезеңін суреттейтін «Чжесон Мунхак» әскери әдебиеті, екіншісі – майдангер-жазушылардың соғыстан кейінгі «Чжэнху Мунх» әдебиеті. Олар өз шығармаларын тылдағы еңбекшілерге арнап жазып, өз сөздері арқылы жауынгерлерге рух беріп отырған. Сонымен қатар тылдағы өмір жайлы әдебиеттер де жарық көре бастайды. Жауынгер-жазушылар өз шығармаларында жаяу әскер, теңіз флоты мен ұшқыштар туралы айтқан.
Соғыстан кейінгі кезеңде де корей әдебиетінде соғыс тақырыбы жиі айтылатын. Хван Сун Вонаның «Тырналар», «Каин әулеті»; И Пом Сонның «Тырналар ауылының адамдары», Ким Донг Ридің «Жауынгердің оралуы» және «Хыннамнан келген Чхольсу» атты шығармаларында соғыс жайлы жазылған. Соғыстан кейін жазушылар адам мен қоғамға, шынайы өмірге жаңа көзқараспен қарай бастайды. Олардың шығармаларында соғыс зардабы, соғыстан кейінгі қоғам өмірі мен бірлігі кеткен халықтың қайғы-қасіреті туралы айтылады. Мысал ретінде Ким Донг Лидің «Миль Да Вонның заманы», Ан Су Гиль Саның «Үшінші адам», Сон Чанг Саб Хенің «Қанды жол», «Қалдық адам»; Чжанг Енг Хактың «Иоаннаның жинағы», Ха Гын Чанның «Екі ұрпақтың азабы» атты шығармаларын ерекше атап өтсек болады.
Ан Су Гиль өзінің шығармашылығын «Қызыл Крест емханасының директоры» және «Қызыл орамал» деп аталатын қысқа екі оқиғаны жарыққа шығарудан бастайды. Кореяның азаттық алуынан кейін оңтүстікке көшіп келіп, «Үшінші адам» атты еңбегінде соғыс кезіндегі қала өмірін суреттейді. Шығармада соғыстан кейінгі елде орын алған әлеуметтік бей-берекетсіздік пен қоғамдық тәртіпсіздіктен туындаған түрлі қыншылықтар көрсетілген.
Ха Гын Чан өз шығармашылығын 1950 ж. бастап, «соғыстан кейінгі ақындар легіне» жататынына қарамастан өз замандастарынан мазмұны мен стилі жағынан ерекшеленіп, халық арасында жоғары бағаланған. Оның «Екі ұрпақтың азабы» атты романында екі тарихи кезең қамтылған: біріншісі – 1950 ж. 25 маусымындағы Азамат соғысы, екіншісі – Екінші дүниежүзілік соғыс. Шығарманың бас кейіпкерлері Пак Ман До ұлымен бірге соғыс зардабын тартқан адамдардың арасында өмір сүреді. Ол жапон басқыншылығы кезінде бір қолынан айырылса, ұлы Чин Су 1950 жылғы соғыста бір аяғынан айырылады. Романда тек бір отбасының қасіреті емес, бүкіл халықтың тағдыры, қоғамда орын алған әлеуметтік қайшылықтар туралы жазылады.
Сон Чанг Соб өз шығармашылығын ХХ ғ. 50 ж. бастап, өмірдің келеңсіз тұстарын бейнелеген көптеген тамаша қысқа оқиғаларды жарыққа шығару арқылы ел арасында танымал болады. Оның 1958 ж. жарыққа шыққан «Қалдық адам» шығармасында соғыстан кейінгі қоғамнан алашақтаған белгілі бір адамдардың тобы бейнеленеді. Сон Чанг Соб өзінің «Демалыс күні», «Жауынды күн» және т.б. шығармаларында адам мен оның психологиясын шебер көрсете білген. Ол 50-ші жылдары қоғамда орын алған оқиғаларды баяндап, ерекше тұлғаның бейнесін жасайды. Шетелдік ағымдар корей әдебиетіне өте баяу енеді. АҚШ-тың соғысқа қатысуы арқылы енген АҚШ әдебиеті мен мәдениеті 50-ші жылдардағы корей прозасында маңызды орынға ие болады. Сонымен қатар осы кезеңдегі әдебиетке батыс әдебиеті, оның ішінде экзистенциализм мен психологизм өз әсерін тигізеді.
Осы кезеңдегі әдебиетте адам санасының бұзылуы, жаппай тәртіпсіздікте өмір сүрудің мәнсіздігі, босқа өткен уақытқа өкініш көрсетіледі. Адам болмысы, оның мәні әдебиетте үлкен маңыздылыққа айналады. Аталмыш тақырыптар Пак Енг Дюнаның «Енчо аралының жағалауындағы су», Сонг Бенг Судың «Жеке бекініс», «Кішкентай Ким», «Сенім», Хонг Санг Вонның «Д-дейдегі казарма» атты шығармасында сөз болады. Сонымен қатар Ким Сонг Ханның «Пабидо», О Санг Вонның «Қастандық», Сон Хваның «Террорист», «Ұшқын», Со Ги Вонның «Контурлы географиялық карта», Пак Кенг Лидің «Сенімсіздік мерзімі», «№ 213 пәтер», И Хо Чольдің «Жарылыс» атты шығармаларында жеке тұлға мен қоғамның арасындағы қайшылықтар, тағдыр тәлкегіне түскен адамдардың өмірі, адам мен оның әрекеттері туралы айтылады.
Жаңару кезеңі (1960 жылдардан қазіргі уақытқа дейін). Бұл кезеңде бүгінгі таңдағы қазіргі корей әдебиеті қалыптаса бастады. 1960 жылдың 19 сәуіріндегі демократиялық және либералдық бағыттағы төңкеріс 60 жылдардағы корей қоғамының тарихи дамуында маңызды оқиға болады. 1960 жылғы 16 мамырдағы көтеріліс секілді бұл төңкеріс те сәтсіз болғанымен, қоғамның әрі қарай дами түсуіне ықпал етеді. Әдеби шығармаларда әлеуметтік теңсіздік туралы сыни ескертпелер көбейіп, әдебиет реалистік-сыни көзқараста дамиды.
60 жылдары 25 маусымдағы соғыстың ұзақ уақытқа созылған зардаптарына қарамастан халықтың алаңдаушылығы басыла бастаған. 19 сәуірдегі студенттер қозғалысы мен 16 мамырдағы әскери төңкеріс қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандырып, экономиканы қайта жандандырып, демократиялық қоғам құратын уақыт жеткенін көрсетеді. И Сынг Манның диктаторлық саяси жүйесі жойылады. 60 жылдардағы корей поэзиясында «еркіндік», «теңдік» сөздері жаңа мәнге ие болады. Поэзияның мазмұны мен мәніне қатысты түрлі көзқарастар мен бағыттар пайда болады. Бірінші бағыт нақты мәселелерге назар аударса, екіншісі өмір тәжірибесін қарастырып, адамның ішкі қайшылықтарын бейнеледі, үшінші бағыт модернизм, поэтикалық тілдің қалыптасуын қолдап түрлі бағытта қарқынды дамиды.
Поэтикалық әдебиетте шындықты тарихи және сыни тұрғыда қабылдау мәселесі көтеріледі. Бұған Сәуір төңкерісі тікелей әсер еткенімен, көптеген ақындардың туындыларында 50 жылдарда орын алған қоғамдық қайшылықтар өткір сынға алынады. Бұған Пак Бонг Удың «Майдан шебі», Ким Су Енгтің «Бірде патша сарайына шығып», «Корея тарихы, «Шөп» өлеңдері мысал болады.
Корей поэзиясының тарихында кездесетін ағымдардан «минчжунси» жаңа дәстүрі бөлініп шықты. Бұл дәстүрді жақтаушы ақындарға Чжонг Хан Мо, Чжо Бенг, Ким Нам Чжо, Пак Чжэ Сам, Пак, Ким Квант Соби, Хванг Донг По және т.б. жатқызуға болады. 60 жылдардағы корей поэзиясында корей өлеңдерін дамытудың жаңа жолдарын табуға тырысқан жазушылар корей халқының дәстүрлі әрі ұлттық сипаттарын қарастыра бастайды.
Ким Чжи Ханың 1970 ж. жарыққа шыққан «Сасанге», «Бес сатқын» атты поэмалары үлкен жетістікке ие болып, ақынның ең үздік шығармаларының біріне айналады. Бұл жазалу топтары мен сыбайлас басшыларды әшкерелейтін сатира ақынның түрмеге қамалуына әкеліп соқтырады. Шынайы өмірдің келеңсіз тұстары оның «Сары жер» атты бірінші жинағында шебер көрсетіледі. 1970-ші жылдары зиялылардың көпшілігі әскери диктатураға қарсы күреске шығады. Осы күрестің алдыңғы шебінде Ким Чжи Ха тұрады.
Хван Чжи У 1980 жылдардағы атақты ақындардың бірі болады. Оның «Құстар да бұл дүниеден өтеді» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1983 ж. әдеби журналда жарияланады. Хван Чжи У Кореяның қайғылы тарихына үн қосады. Оның поэзиясында өзі өмір сүрген дәуірдің мәдени және тарихи тұстары көрініс табады.
И Сонг Бок өзінің «Жатқан тас түсіңе енгенде» атты өлеңдер жинағының бірінші томын жарыққа шығару арқылы корей әдеби қоғамын таңқалдырады. Бұл халықты оятуға ұмтылған ақынның шындық іздеудегі үлкен жеңісі еді. И Сонг Бок өзінің ұлы сатирасында сол замандағы жемқорлық пен алаяқтық, халықтың қасіретін жаңа үлгіде белгісіз тәсілдермен өте шебер көрсете білген.
50 жылдарға тән прозалық шығармалардың аумағын кеңейте түскен Че Ин Хунның «Алаң» атты автор шығармасында сұрапыл соғыс шындығы, отарлау соғысынан бастап Корея соғысының ақырына дейінгі кезең суреттелген. Че Ин Хунның арман мен қиялға толы шығармалары жалпы алғанда адамның жан дүниесін жан-жақты сипаттайды. Автордың сюрреалистік әдістері шындық өмірді көрсетуде жоғары бағаланады. Жазушының «Алаң», «Жазушы Ку Боның бір күні», «Боран», «Генерал-губернатордың хабары» сынды еңбектерінде Корея тарихындағы маңызды оқиғалар төңірегінде сыр шертеді.
1960 ж. жарық көрген «Алаң» атты шығармасында автор шындықты фантастикалық тұрғыдан қарастырады. Шығарманың бас кейіпкері философия факультетінің студенті И Менг Чжун мына әлемге және онда өмір сүріп жатқан адамдарға скептикалық және аналитикалық тұрғыда қарауға тырысады. Ол Сеулдегі жемқорлық пен шексіз арсыздықты көріп қиналады, өмірден түңіледі. Кейін ол әкесі сияқты Солтүстікке кетеді. Оның сорына қарай қатал коммунистік жүйедегі Солтүстікте де осындай жағдайлар орын алған еді. Корей соғысында компартия қатарында жүріп И Мент Чжун тұтқынға түсіп, түрмеге қамалады. Әскери келісімнен кейін ол Индияға кетпекші болады, бірақ жолда суға секіріп өледі. Бұл шығармада ұлттық бөлінудің негізгі мәселелері сөз болады. Жазушының «Құпия бөлме» атты шығармасында қоғамдағы саяси қысым жағдайында қалыптасатын бостандық сезімі бейнеленген. Бұл мәселе 70-80 ж. корей тілінде жарық көрген шығармалардың негізгі тақырыбына айналады.
60 жылдары өзіндік құрылымы бар көптеген прозалық шығармалар пайда болады. И Хо Чхольдің «Ескінің қалдығы» шығармасында Че Ин Хун туралы айтылса, жазушы Ким Сынг Октының «Сеул, 1964 жылдың қысы» және «Еркектерге сапар» атты шығармаларында адам өзін жалғыздықта сезінетін қаланың қиын өмірі көрсетілген. И Чжоль Чжун өзінің «Еститін қабырға», «Жұлдыздарды көрсетемін», «Батқан кеме» сынды шығармаларында адамға қорлық көрсету мен басқыншылықты өткір сынға алады.
70 жылдары корей тарихында «прогресс пен даму кезеңі» деп аталады. Елде соғыстың зардаптары жойылып, индустрия дами түседі, Корея дамушы елдердің қатарына кіреді. Халықтың өмір сүру деңгейі жақсарып, еңбекшілер ауылдан қалаға қарай көшіп, ірі кәсіпорындарында қызмет ете бастайды. Мұндай қоғамдық өзгерістер прозалық шығармалардың мазмұны мен құрылымына әсер етпей қоймады.
Жазушы Син Ки Сук өзінің «Чжаракол элегиясы», «Амтхэ аралы» атты шығармаларында ауыл адамдарының урбанизацияға деген қарсылығын көрсетеді. Ким Чун «Самчжитколь» шығармасында ауыл адамдарының шынайы өмірін суреттеп, Чон Сынг Се өзінің «Накволь аралы», «Корольдің жаңа сарайы» және т.б. шығармаларында балықшылар ауылының өмірін бейнелейді. Прозалық шығармаларда индустриаландыру кезеңінің басталуы мен оның жағымсыз жақтары көрініс табады. Хванг Сок Енгоның «Сампо жолы», «Жат ел», Чжо Сенің «Ергежейлінің жоғарыға лақтырылған кішкентай добы» және т.б. шығармаларында аталмыш мәселелер сөз болады.
Хванг Сок Енгтің «Шетелдік жер» атты шығармасында жұмысшының өмірі шынайы суреттелген. Хванг Сок Енг өз кейіпкерін сомдай отырып, жұмысшылар мен құрылысшылардың күресі мен сәтсіздігі, индустриаландыру кезеңіндегі корей қоғамының тұрақсыздығын айқын көрсетеді. Оның «Сампоға барар жол» және 1974-1984 ж. аралығында «Хангук Ильбо» газетінде жарияланған «Чан Гиль Сан» тарихи романы корей әдебиетіндегі үздік шығармалардың қатарына жатады.
70 жылдары корей халқының өмірі саяси және экономикалық қайшылықтарға толы болады. Елде орын алған мұндай жағдайлар корей әдебиетіне де айтарлықтай ықпал етеді. Мысал ретінде И Чонг Чжунның «Ауруханадан шығу», «Науқас және ақымақ», «Хабарсыз кеткендер», Че Ин Хоның «Науқас-оқушы», Мун Сун Тхэнің «Көзге жасалған операция», Хен Ги Енгтің «Суни ағай», Им Чольдің «Тура сызық және уланған газ» атты шығармаларын атап өтсек болады. 70 жылдары жарық көрген үздік шығармаларға Пак Кенг Ри, Хванг Сок Енг, Ким Чжу Енг сынды жазушылардың романдарын жатқызуға болады. Олар үзіліп қалған қоғамдық дәстүр тарихын жандандыруды ойлайды. Олардың романдарында ұлы тұлғаның өмір жолы арқылы Корея елінің тарихи деректері мен халықтың тағдыры асқан шеберлікпен суреттелген. Осы кезде пайда болған Хванг Соктың «Ауа райы» және «Түйенің көзі», Пак Енг Хванның «Жырақтағы Сангба өзені» сияқты романдарында демократия мен бостандық, еркіндік пен тәуелсіздік мәселелері де қарастырылады. Че Ни Хоның «Жұлдызды қала», «Ақымақтардың шеруі», О Чженг Хидің «Арманшыл құс», Че Иль Намның «Екінші күйеу бала», «Дионистің сатқындығы», Че Санг Гюдің «Күту залы», Канг Енг Чжунның «Қашқындар» атты шығармаларында жеке тұлғаның тағдыры тарихи және әлеуметтік жағдайларға тікелей байланысты екені айтылады.
80 жылдары жазылған И Мун Елдің «Атаусыз арал», «Біз бақытты болмайынша», «Жастық шақтың бейнесі», «Ол туған жерге орала алмайды» атты шығармаларында өнер, дін, идеологиялар арасындағы күрес туралы айтылады. Осы кезде И Инг Сонг («Таңсық мезгіл», «Тынысын тоқтатып»), Че Су Чоль («Жоқтың қарнында»), Со Чжонг Инг («Ай сарай») сынды жазушылар өз еңбектерінде жаңа әдеби тәсілдерді зерттеуге талпынады.
70-80 жылдары жазылған шығармаларда индустрияландыру мен саяси төңкерістар, жұмысшылар мен басшылардың арасындағы қақтығыстар, елдің екіге бөлінуі, өз құқықтары үшін күрескен студент жастардың толқулары сияқты мәселелер көтерілген болатын. Ал 90-шы жылдарға қарай халықтың сана-сезімі өзгеріп, енді қоғамдық мәселелерден гөрі күнделікті тұрмыс-тіршілік туралы мәселелер алға шығады. Осы уақыттағы көптеген жазушылар өз шығармаларында өмірдің мәні не, халықтың арманы қандай және осы арман-мақсаттарды жүзеге асыруға бөгет болатын не нәрсе деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.
Қазіргі корей әдебиетінің даму тарихы түрлі қиыншылықтар мен ауыр кезеңдерді бастан өткергеніне қарамастан даму жолында. Проза, поэзия мен драматургия саласында көптеген тамаша туындылар пайда болып, әдебиет жарқын есімдермен толыға түсуде.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Корей әдебиетіндегі жаңдану кезеңінің тарихтағы орны.
Қалыптасу кезеңі қамтыған өзгерістерге тоқталыңыз.
1945-1950 жылдар аралығындағы корей әдебиеті көтерген тақырыбы.
Модернисттік ағымның корей әдебиетіндегі бөлінуі, жазушылардың ұстанымдары.
Корей поэзиясының жаңашылдығы.
Жапония әдебиеті
Жапонияның Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы жапон капитализмінің дамуын тездетті. Мұндай өзгеріс экономиканың жартылай феодалды сипатын өзгертпестен, тек ірі қалалардағы өндірістің дами түсуіне ықпал етеді. Қалаларда да феодализмнің айқын элементтері байқалатын. Елде орын алған мұндай жағдайлардың әсерінен жапон капитализміне қарсы ішкі қайшылықтар пайда болады. 1918 ж. Күріш бүліктері, Сібірдегі орыс төңкерісшілерін басуға жіберілген әскердің сәтсіздікке ұшырауы, күн сайын күшейіп бара жатқан қытай мен корей халқының жапон империализміне қарсы көтерілістері, Жапон-америка қатынастарындағы салқындық, 1920 ж. экономикалық дағдарыстар жалпы жапон империализмінің тоқырауына әкеліп соғады. Жапон империализмі жалпы тоқыраудан шығу мақсатында өзінің агрессивті соғысын бастайды. Соғыс қозғалыстары Маньчжур жерінде басталып, Қытайға қарсы бағытталған қанды соғысқа айналады, нәтижесінде Тынық мұхиты аймағындағы үлкен соғыс басталады. Соғыс пен елдегі тоқыраудың зардаптары бірінші кезекте жапон еңбекшілері мен шаруаларына әсер етеді. Жұмыссыздық мен кедейлікке ұшыраған адамдар биліктің жауыздықпен басып-жаншуына қарамастан көтеріліске шығудан басқа амалдары қалмай, халық бірте-бірте топтала бастайды.
Жапон капитализмінің жылдам қарқынмен дамуы елдің халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік берді. Осы уақытқа дейін басқа капиталистік елдерден артта қалған Жапония әлемдегі алып державалардың қатарына қосылады. Осылайша Жапония Еуропаның алдыңғы қатарлы елдері жүріп өткен мәдени дамуды бастан кешіріп, мәдениеті мен идеологиясы жағынан басқа елдермен қатар дамиды. Бұған байланыс құралдарының дамуы, Жапонияның Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы мен капитализмнің күшеюі айтарлықтай әсер етеді.
Жапония соғыс жылдарыннан кейінгі әлем әдебиетіндегі түрлі ағымдар мен бағыттарды жылдам игере бастайды. Бұл бағыттар ұлттық негізде түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, сол кездегі әдебиеттің сипатын анықтады. Осы уақытта жаңа шетелдік әдеби бағыттарға көп мән беріліп, ұлттық дәстүрлер зерттелмей қалады. Мысал ретінде Китахаре Хакусюдің жапон халық әндеріне деген пікірін айтсақ болады. Мұндай ұмтылысты сол жылдары жарық көрген жапон мәдениеті тарихы бойынша жазылған зерттеулерден де көруге болады. Ұлттық әдебиеттің дәстүрлері таңсық нәрсе секілді қабылданып, басты назар шетел әдеби бағыттарын игеруге жұмсалады. Мұндай құбылыстар қазіргі замандағы жапон әдебиетінің күрделі жақтарын сипаттайды.
1917 ж. орыс төңкерісшілерінің жеңіске жетуі бүкіл әлем бойынша революциялық қозғалыстың өрши түсуіне ықпал етеді. Жапонияда күріш бүліктері орын алып, 1922 ж. Жапониядағы коммунистік партия құрылады. Осы кезде Осуги Сакаэ мен Като Кадзуо ел арасында түрлі насихаттар жүргізеді; 1919 ж. «Варэра» («Біз»), «Кайдзо» («Қайта құру»), «Кайхо» («азат ету») сияқты журналдар пайда болады; Миядзима Сукэо мен Миядзи Кароку өздерінің «Жұмысшылардың әдебиеті» («Родося бунгаку») атты мақаласын жариялайды.
1924 ж. 24 қазанда «Бунгэй сэсэн» журналы шыға бастағанда Екомицу Риити, Кавабата Ясунари, Накагава Еити, Катаока Тэппэй, Дзюития Есабуро, Кисидиа Кунио, Сасаки Мосаку сынды он төрт жазушы «Бунгэй дзидай» («Әдеби дәуір») журналын жарыққа шығарады. Аталмыш жазушылар жапон қоғамында орын алған ішкі қайшылықтардың ушыға түсуіне байланысты өздеріне төнген қауіпті «сезім үрейі» ретінде қабылдап, түрлі тәжірибелер жасау арқылы елдегі дағдарысты терең жеткізу үшін жаңа тәсілдер іздей бастайды. «Өздері туралы» повесть арқылы «сол дәуірдегі қауіп-қатерді» жеткізе алмайтындығын түсінген жазушылар сол кезде кең тараған дадаизм мен сюрреализм бағыттарындағы түрлі тәсілдерді қолданады.
Жоғарыда аталған жазушылардың шығармашылығына тән метафора мен экспрессияға қарап олардың шығармаларын «неосенсуализм мектебінің әдебиеті» («синканкаку-ха-но бунгаку») деп атауға болады.
Неосенсуалистер үшін «мезгіл үрейі» мен «адамзат баласының өлімі» қашып құтыла алмайтын тағдырдың ауыр сынағы болады. Олар шынайы өмірге енжар қарап, жаңа көркем тәсілдерді ойлап табуға бар күштерін жұмсайды. Осындай ізденіс үстінде Катаока Тэппэй мен Фудзисава Такэо пролетарлық әдебиетке жақындай түссе, «Бунгэй дзидай» журналындағы басқа жазушылар «Жаңа өнер мектебіне» қарай ығысады. «Неосенсуализм мектебі» үш-төрт жылдан кейін өмір сүруін тоқтатады, ал «Бунгэй дзидай» журналы 1927 ж. жабылады.
Екомицу Риити (1898-1947) - неосенсуализм бағытындағы теоретик әрі көрнекті жазушы. Ол 1923 ж. бастап «Бунгэй дзидай» журналының қызметіне белсенді араласады. Осы жылдың мамыр айында жарық көрген «Күн жарығы» («Нитирин») атты повесі әдебиетшілердің назарына ілінеді. Бұл шығармада оқиға ежелгі жапон патшалықтары Ямато, Нукоку мен Умиде орын алады. Повестің бас кейіпкері сұлулығы өзі күйеуге шыққан бірнеше еркектің өлімі мен елінің құлдырауына әкеліп соққан билікқұмар, кекшіл әйел Химико күн жарығы секілді бүкіл жер бетінде үстемдік орнатқысы келеді. Осы мақсатына жету үшін қанды соғыстар жүргізеді. Бұл шығарма тарихи повеске қарағанда автордың қиялынан туындаған «эмакимоноға» (эмакимоно – түрлі суреттерден тұратын көлденең бағытта жиналатын шиыршық) жақын келеді. Одан Екомицудың жазушы ақиқат шындықты елемей, өзінің ішкі ойына сүйенуі керек деген көзқарасын байқауға болады.
Осы уақытта жазылған оның барлық әңгімелері неосенсуализм мектебіне жақын. Оның «Бас пен қарын» («Атама нарабини хара»), «Наполеон және қына» («Напорэон то тамуси»), «Шыдамды қатар» («Сидзака-на рарэцу»), «Көктем арбада келе жатыр» («Хару ва бася-ни ноттэ») атты әңгімелерін мысалға келтірсе болады. 1928 жылы Екомицу романының бірінші бөлімі жарыққа шығып, 1932 ж. «Шанхай» атауымен романның толық нұсқасы жарияланады. Романда жазушының өзі куәгер болған Шанхайдағы шетелдіктерге қарсы қозғалыс суреттелген. Бұл шығарманы неосенсуализм бағытының ең үлкен жетістігі деп атасақ болады.
Жазушы өзінің «Машина» («Кикай», 1930) атты повесінде адамның жандүниесін ойша суреттеуге тырысады. Шығарма фабрика жұмыскерінің монологы түрінде жазылған. Жазушы бұл туындыда да рухани дағдарысқа ұшыраған қазіргі интеллигенция өкілдерінің психологиясын ашуға ұмтылады. Осы мәселе жазушының «Қабір» («Синъэн, 1930), «Жарқыл» («Ханабана», 1931), «Елтаңба» («Монсе», 1934), «Сағат» («Токэй», 1934) атты повестерінде де қарастырылады. «Елтаңба» шығармасында автор жалпы адамзаттық мәселелерді қозғап, шығармашылық ізденісін кеңейте түседі. 1935 ж. Екомицу өзінің «Таза романның теориясы» («Дзюнсуй сесэцу-рон») атты еңбегін жариялайды. Осы кезде жазушының шығармашылығы ел арасында танымал болып, тіпті «Роман құдайы» деген атаққа ие болады. 1935 ж. Екомицу «Отбасы кеңесі» атты повесін жарыққа шығарып, бір жылдан соң Еуропаға саяхатқа аттанады.
Кавабата Ясунари (1899-1972) неосенсуализм мектебінің көрнекті өкілі болғанымен, оның шығармашылығы Екомицу Риитидің шығармашылығына мүлдем қайшы келеді. Ол өзінің шығармашылық қызметін «Синсите» қозғалысына қатысудан бастап, осы басылымның екінші санында «Соғыста құрбан болғандарды еске алу суреті» («Секонсай иккэй») атты әңгімесін жарыққа шығарады. «Бунгэй дзтдай» журналы құрылғаннан кейін Екомицумен бірге неосенсуализм мектебіне қосылады.
Ясунари жастайынан ата-анасынан айрылады. Оның сол кезде басынан өткерген жағдайлары жазушының шығармашылығында көрініс табады. Ол бүкіл әлемнен оқшауланып, дүниелік әуре-сарсаңнан өзін аулақ ұстайды. Жазушының 1925 ж. «Бунгэй дзтдай» журналында жарыққа шыққан «Идзудағы биші қыз» («Идзу-но одорико») атты повесі халық арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Шығармада оқиға автор жақсы көрген Идзу провинциясында орын алады. Онда жас студенттің кезбе актерлердің қатарындағы биші қызбен кездейсоқ кездесуі асқан шеберлікпен баяндалады. Кавабата өз шығармашылығының бастапқы кезеңінде «көлемі алақандай әңгімелер» («сехэн сесэцу») деп аталып кеткен қысқа әңгімелер жазумен айналысқан. Оның алғашқы еңбегі де «Сезімдер көрінісі» («Кандзе сосеку», 1926) атты әңгімелер жинағы болған. «Асакусадағы көңілді қыздар» («Асакуса кодан») атты повесінде автор қарапайым халықтың арасында тұратын гейшалар мен бишілердің өмірін бейнелейді. Ол 1933 ж. жарыққа шыққан «Аңдар мен құстар» («Киндзю») атты туындысында жасанды әсемдіктің әлемін қайта жаңғыртуға тырысады. Бұл повесте автордың сезімді шынайы жеткізу арқылы ерекшеленген өзінің бұрынғы шығармашылық тәсілінен бас тартқанын және оның бүкіл адамзатқа деген жек көрушілік сезімін байқауға болады.
«Қараңғылық дәуіріндегі» әдебиет. 1937 жылы шілде айында Жапонияның Қытайға қарсы бағытталған соғысы Тынық мұхиты аймағындағы соғысқа ұласып, 1945 ж. жапон империализмінің құлдырауымен аяқталады. Соғыс жылдары жапон халқы мен әдебиеті үшін қараңғылық дәуірі болды.
«Киндай бунгаку» тобының жазушылары енгізген «қараңғылық дәуірі» ұғымы арқылы жапон қоғамындағы қайшылықтардың шиеленісе түсіп, халықтың үлкен қайғы-қасіретке ұшыраған жылдарында болған оқиғаларды жақыс жеткізуге мүмкіндік береді.
«Қараңғылық дәуірінде» жарық көрген еңбектерде тағдырдың ауыр сынағына ұшырап, рухани әлсіреген халықтың қайғы-қасіреті мен мұң-мұқтажы, ашу-ызасы суреттеледі. Осы дәуірге тән сипаттар ретінде әдебиеттің екі майданға бөлінуін атап өтуге болады. Бір майданда әдебиетшілер халықтың тыныш өмірін бұзып, жандүниесін жаралап, қанды соғыс бастаған жауыздар мен қара күштерге қарсы тұрса, екінші топ басқыншыларға сатылып, олардың қылмыстық әрекеттеріне демеу болады.
Қытайға қарсы басқыншылық соғысын жүргізу үшін бүкіл халықтың көмегі қажет болады. Осы мақсатпен билік басындағылар «ұлттық рухты жаңарту» саясаты арқылы иделогия мен мәдениетті, оқу-ағарту ісін басқарып отырады. 1937 ж. қыркүйек айында бұқаралық ақпарат құралдарын толық басқарып отыратын министр кабинетінде ақпараттық бөлім құрылады. Бұл ұйым ұлттық саясатқа қайшы келетін кітаптардың шығуына тыйым салады, тіпті кейбір жазушыларға жазуға тыйым салынып, тұтқынға алынып, түрмеге қамалған кездер де болған.Басқарудың осындай қатаң жүйесі мен қуғын-сүргінге бірінші кезекте пролетарлық әдебиетті қайта жаңғырту үшін әрекет еткен жазушылар ұшыраған. Кобаяси Такидзи жауыздықпен өлтіріліп, Курахара Корэхито, Накано Сигэхару, Кубокава Цурудзиро, Миямото Кэндзи сынды жазушылар түрмеге жабылады. Көптеген жазушылардың сәтсіз әрекеттеріне қарамастан Миямото Юрико пролетарлық әдебиеттің дамуы үшін аянбай еңбек етіп, күресін тоқтатпады. Ол Кубокава Инэкомен бірге бірнеше рет тұтқынға түссе де өз қызметін еш тоқтатпайды.
1937 жылы 27 желтоқсанда ішкі істер министрінің қарамағындағы полициялық бюроның баспа бөлімінің шенеуніктері мен журналистер арасында «достық кездесу» өтеді. Билік басындағылар алдағы уақытта Миямото Юрико, Накано Сигэхару мен Тосака Дзюннің шығармаларының басылуына тыйым салады. 1936 жылы тамыз айында «Бунгаку херон» журналы өз жұмысын тоқтатады. Пролетарлық әдебиеттің таралуына үлкен үлес қосқан «Білім» баспасының басшылары тұтқынға алынады. Жапондық пролетарлық жазушылар Одағы таратылғаннан кейін өздерінің ұйымынан айырылған пролетарлық жазушылар «тәуелсіз жазушылардың клубын» да жабуға мәжбүр болады. Осылайша, пролетарлық жазушылардың басын қосатын мүмкіндіктер де жоғалады. Жалғыз болса да өз күресін жалғастыруға тырысқан жазушылар ақыр соңында сәтсіздікке ұшырайды.
Уақыт өте келе либералдар да қуғын-сүргінге ұшырайды. Цензура қағидаларын бұзғаны үшін тұтқындылап, түрмеге қамалған жандардың саны арта түседі. «Бүкіл әлем бір шаңырақтың астында!», «Шығыс Азиядағы жаңа тәртіп үшін» деп ұрандатылған «қасиетті соғысқа» қарсы шыққан жазушылардың барлығы «қоғам тыныштығын бұзғаны» үшін қуғынға ұшырайды. Барлық мәдениет қайраткерлері мен жазушыларға ерікті түрде соғыстың әділетті екенін көрсетіп, соғысқа насихат жүргізу міндеттеледі. Жазушылардың арасынан өз еріктерімен үкіметтің талаптарына мойынсұнғандар да аз болмайды. Осындай еріктілілер бастапқы кезде тілшілік қызмет етіп, соғыс майданынан репортаждар жіберіп отырады.
1937 жылы тамыз айында солтүстік Қытай мен Шанхай майданында қызмет ететін тілшілер Одзаки Сиро мен Хаяси Фусао «Тюокорон» журналы үшін, жазушы Есия Нобуко «Сюфу-но томо» журналы үшін еңбектер жазады. Кобаяси Хидэо мен Кисида Кунио «Бунгэй сюндзю» журналының атынан Хино Асихэйге Акутакава сыйлығын тапсыру үшін Қытайға жіберіледі.
Журналдар мен газеттер атақты мәдениет қайраткерлері мен жазушыларды соғыс майдандарына тілші ретінде жиі жібере бастайды. Репортаждық әдебиеттің кең таралуынан біріншіден кейбір жазушылардың қанды соғыста үкіметпен біріккенін, екіншіден халықтың соғыс майданында болып жатқан нақты жағдайларды білуге деген ұмтылысын көруге болады. Кейбір жазушылар соғыс майданына бару арқылы өз шығармаларына құнды материалдар жинап қайтуға үміт артады. Әскери репортаждар әдебиетіндегі шығармалардың ішінен Хино Асихэйдің «Нан және солдат» («Муги то хэйтай») атты повесі үлкен жетістікке ие болады. Бұл шығарманың жетістігі министр кабинетіндегі ақпараттық бөлімнің көптеген жазушыларды соғыс майданына жіберуіне түрткі болады. Осыдан бастап үкіметтің нұсқауымен көптеген жазушылар «әскери жазушылар қатарына» («пэн-бутай») қосылып, майданға аттанатын. Дәл осы уақытта «Нихон роман-ха» журналының неоромантиктері мен «Бунгакукай» журналының сыншылары басқыншылық соғысқа қолдау көрсетіп, қылмыстық әрекеттерді ұлы ерлік ретінде суреттейді.
Қытайға қарсы соғыс басталғаннан кейін Симаки Кэнсакудың «Өмір ізденісі» атты повесі жарыққа шығады. Бұл шығармада жазушы ауыл өмірі мен шаруалардың тағдырына басты назар аударады. Осылайша «Шаруалар жайлы әдебиет» те пайда болады. 30-шы жылдардың соңына қарай ауыл өмірін суреттейтін Вада Дэннің «Топырақ» («Екудо», 1937), Ито Эйноскэнің «Үкілер» («Фукуро», 1937), «Бұлбұл» («Угуису», 1938) сынды шығармалары жарыққа шығады. «Шаруалар жайлы әдебиеттің» гүлденуіне сол кездегі шаруалардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, ауыл шаруашылықтың дамуына бағытталған үкіметтік саясаттың да қосқан үлесі бар.
«Жапон үкіметі халық арасындағы демократияның дамуына кедергі болатын барлық қайшылықтарды жоюы тиіс. Елде сөз, дін, ой бостандығы орнап, адам құқықтарын құрметтеуге жағдайлар жасалады». 1945 жылы 15 тамызда Жапонияның тізе бүгуінен кейін Потсдам декларациясында жазылған осы ұстанымдарға сәйкес елдің мәдениетін бақылауға алған жапон әдеби қоғамы мен Ұлы Жапония баспасөз жұмыскерлерінің Отанға қызмет көрсету қоғамы сынды барлық органдар таратылады. Осы жылдың қазан айында «Қоғамдық тыныштықты сақтау» заңы өз күшін жояды. Демократиялық мемлекет құру мақсатында нақты міндеттер алға қойылады. Әдебиет те демократиялану жолына түседі. Дегенмен фашизмнің қараңғы дәуірінде қайғы-қасіретке ұшырап, көп қиыншылық көрген халық рухани тоқыраудан бірден айыға қоймайды.
1945 ж. бапасөз бен кітап шығару ісі айтралықтай дами бастады. Алғаш рет «Синсэй» («Жаңа өмір») журналы кейін «Синте бунгэй» («Жаңа бағыттағы әдебиет» журналы пайда болады. 1946 ж. «Тюокорон», «Кайдзо», «Бунгэй сюндзю», «Тэмбо» («Панорама»), «Сэкай» («Әлем»), «Нингэн» («Адам») сынды журналдар өз қызметтерін қайта бастайды.
Қайта жарық көрген журналдардың алғашқы беттерінде Танидзаки Дзюнъитиро, Нагаи Кафу, Масамунэ Хакуте, Сига Наоя сынды әдебиет шеберлерінің шығармалары жарық көреді.
Нагаи Кафу өзінің «Биші қыз» («Одорико» 1946), «Тағдырдың тауқыметі» («Футин» 1946) атты шығармаларын соғыс жылдары жазған. 1946 ж. Танидзаки Дзюъитироның «Қар ұшқыны» («Сасамэюки») атты алғашқы романы, Сига Наояның «Күлгін түсті ай» («Хайиро-но цуки» 1946) әңгімесі, Масамунэ Хакутенің «Соғыста бақытсыздыққа ұшырағандардың қайғысы» («Сэнсайся-но цуки») атты повесі жарыққа шығады. Нағыз әдебиетті аңсаған халық осындай шебер жазушылардың шығармаларын үлкен қуанышпен қарсы алады.
1945 ж. соңына қарай жаңа әдебиеттің негізі болған түрлі қозғалыстар пайда болады. Мұндай қозғалыстарды соғысқа қарсы шыққаны үшін түрмеге қамалған пролетарлық әдебиеттің ардагерлері басқарады. Осындай жаңа қозғалыстардың басынды Миямото Юрико, Накано Сигэхару, Токунага Сунао сынды жазушылар тұрды. 1945 ж. пролетарлық әдебиеттің мұрасын пайдалана отырып, демократиялық бағыттағы әдебиетті дамытуға тырысқан жазушылардың басын қосуға ұмтылған жаңа Жапонияның әдебиет қоғамы («Син-Нихон бунгакукай») құрылады.
Бұл қоғамнан басқа жаңа әдеби топ пайда болады. Соғыс жылдары «Гэндай бунгаку» журналына қызмет еткен Ара Масато, Хирано Кэн, Хонда Сюго, Сасаки Мотоити, Ямамура Сидзука, Хания Юко мен Одагири Хидэо сынды жазушылар 1946 ж. қаңтар айынан бастап «Киндай бунгаку» («Жаңа заман әдебиеті») журналын жарыққа шығарады.
1946 ж. түрлі бағыттағы жаңа шығармалар пайда бола бастайды. Осы кезден бастап жапон әдебиеті өз дамуының жаңа кезеңін бастан кешіреді. 1945 ж. «Син-Нихон бунгаку» журналының дайындық санында Миямото Юриконың «Утагоэ е окорэ» атты мақаласы жарияланады. Миямото Юрико аталмыш мақаласында өзі соғыс жылдары айта алмаған ойларын жеткізеді. Ол «Бансю жазығы» («Бансю хэйя», 1946), «Екі үй» («Футацу-но нива», 1947), «Вехи» («Дохе», 1947) атты шығармаларды дүниеге әкелген.
Миямото Юрико «Бансю жазығы» атты алғашқы повесінде өзінің мақаласында көрсетілген шығармашылық ұстанымдарын қолданады. Бұл шығармада 1645 жылғы ұлы оқиғадан кейін елде орын алған нақты жағдайлар шебер бейнеленген. Повесте соғыстың аяқталғанына қарамастан жарық жағуға қорыққан адамдар, атом бомбасының құрбандары, оралмасқа кеткен күйеулерін күтіп, қайғы-қасіретке ұшыраған жесір әйелдер, Отанына, туған жеріне қайта оралуға асыққан корейлердің бейнесі суреттелген.
Аталған шығармада соғыс жылдарынан кейін қоғамда орын алған жағдайлар шынайы суреттелген, одан жарқын болашаққа сенім байқалады. «Бансю жазығы» мен «Футисо» туындылары 1947 ж. «Майнити» газетінің сыйлығына ие болады. «Екі үй» мен «Вехи» туындыларын «Нобуко» повесінің жалғасы ретінде қарастыруға болады. Бірақ осы повесті аяқтамай жатып жазушы қайтыс болады. «Нобуко», «Бансю жазығы», «Екі үй» мен «Вехи» атты төрт повесть кейіпкер Нобуконың рухани кемелденуі мен жапон қоғамының даму тарихы көрсетілген «Bildungsroman-ды» («жеке адамның даму жолы туралы роман, биографиялық романның түрі) құрайды. Аталмыш туындылар Миямото Юрико шығармашылығының ең үздік жемісі болып табылады.
Миямото Юрико өмірінің соңына дейін тек көркем шығармаларды жазып қана қоймай, сонымен қатар соғысқа қарсы шығып, бейбітшілікке шақырып, жапон әдебиетінің дамуына үлес қосып, публицистикалық еңбектерін де жариялайды. Жазушының соғыстан кейінгі жапон әдебиетінің дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз. Миямото Юриконың қазасынан кейін оның әдеби мұралары жөнінде түрлі пікірлер туындайды. Жазушының шығармашылығын зерттеген әдебиетшілер Миямото Юриконың шығармашылық жолын бағалауда ортақ ұстанымға келуге ұмтылады. Оның бүкіл шығармалары он бес томдық кітап болып шығады.
Токунага Сунао өзінің соғыстан кейінгі шығармашылығын «Тыныш ұйықта, әйел!» («Цума е нэмурэ», 1946) атты повесімен бастайды. Бұл шығармада оқиға бас кейіпкердің атымен баяндалып, оның естеліктері негізінде жазылады. Бас кейіпкер «қараңғылық дәуірінде» көп қиыншылықтарды басынан өткізіп, марқұм әйелі Тосиомен бірге өлім үрейін де сезінеді. Соғыс қорқынышын өздері де көрген халық бұл повесті асқан сезімталдықпен оқып, шығарманы жоғары бағалайды. Бас кейіпкердің әйеліне деген шексіз махаббаты оқырманның жүрегіне әсер етпей қоймайды.
1948 ж. ортасына қарай жапон халқы Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан үрейлене бастады. Соғыстан кейінгі «Азат ету сезімі» жоққа айналады. Тохо кинокомпаниясындағы көтеріліс кезінде қаруланған полиция қызметкерлерінің жұмысшыларға қарсы шығуы сияқты ішкі қайшылықтар орын ала бастайды. 1948 ж. маусым айында жапон мәдениетін қорғау қоғамы мәдени қайраткерлерді жаңа соғыс қаупіне қарсы күресуге шақырады. Дегенмен «сырттан бақылау» позициясын ұстанған мәдени қайраткерлер фашизмнің қайта жаңғыруына қарсы күресу керек екенін сезіне бастайды. Француз халқының ұлтшылдыққа қарсы күресі туралы жазылған Арагонның шығармалары көптеп аударылады.
Кореяда соғыс басталғаннан кейін үкімет жапон коммунистік партиясы мен Жапонияда өмір сүріп жатқан корейлерді қайта қуғын-сүргінге ұшыратып, әлемдік дағдарысты пайдалана отырып, әлем тарихын өзгертуге тырысады. Мұндай жағдайларға қарсы тұру қоғамдағы өзекті мәселеге айналады.
Демократиялық бағыттағы әдебиеттің дамуы үшін күрестің басында тұрған жаңа Жапонияның әдебиет қоғамына мүше жазушылар, атап айтсақ Фудзимори Сэйкити, Эма Накаси, Нома Хироси мен Токунага Сунао 1950 ж. «Дзиммин бунгаку» журналын жарыққа шығарады. Олар қоғамда болып жатқан жағдайларды өткір сынға алып, шаруалар мен жұмысшыларға сүйенген «жалпы» әдебиетті құруға шақырады.
1945-1990 жылдар. ХХ ғасырда батыс үлгісімен және Күн шығыс елдерінің дәстүрлі мәдениетімен High-tech синтезі қалыптасады. Экономика, ғылым және мәдениет саласында болған жағдайлар жаңашыл жазушылардың шығармашылығында көрініс табады. Атақты жапон прозаиктері мен ақындары жүздеген жылдар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерді қайта жаңғырта отырып, өз шығармашылығында америкалық ғылыми фантастика мен француз экзистенциализм бағытындағы романдардың типологиялық үлгілерін, сонымен қатар орыс классикалық романдарына тән психологиялық талдау тәсілдерін қолданады. Көрнекті жаңашыл жазушылардың шығармаларында ұлттық дәстүр мен шетел авторларының тәжірибелері үйлесімділік табады.
ХХ ғ. басында жапон әдебиетінде әлемдік атаққа ие болған жазушы Акутагава Рюноскэның (1892-1927) қайғылы жазылған шығармалары Ф.Кафканың новеллаларын еске түсіреді. Ол орыс әдебиетін жақсы білген, Н.В.Гогольге жақын болған. Мысалы, «Мұрын» әңгімесінің атауы да, онда орын алған жағдайлар да бір-біріне сәйкес келеді. Бірақ Акутагаваның кейіпкері мұрнын жоғалпайды, керісінше оның мұрны адам сенгісіз мөлшерге дейін өседі. Жазушы өзінің таңғажайып әңгімелерінің сюжетін ортағасырдағы жапон және қытай ескерткіштерінен алған. Оның атақты «Расёмон қақпасы» (1917) новелласы ХІ ғ. «Бағзы заманғы повестерден» бастау алады. Жұмысы жоқ жалшы аштықтан өзі сияқты кемпірдің заттарын ұрлайды.
Автордың «Борсық» новелласы адамға айналып кеткен борсық туралы аңызға негізделіп жазылған. Бірақ Акутагаваның шығармасында керісінше адам борсыққа айналып кетеді. Барлығы мына бір әзілден басталады: кездесуге келмеген бойжеткен қыз сүйіктісінің аянышты жырын естіп, анасына борсық туралы айтып жатыр дейді. Анасы бұған сеніп, көршілеріне айтады. Кейін жыр айтушы борсық туралы әңгіме бүкіл аймаққа таралады, ал будда монахтары бұл оқиғаны бітпес өмір айналымы деп болжайды. Ал новелланың соңында кездесуге келген қалыңдық күйеу жігіттің борсыққа айналып кеткенін көреді.
Сенім, қиял әлемі – Акутагаваның ғажайып шығармашылығының негізі. Шабдалы сүйегінен туылған батыр туралы жапон ертегісін пайдалана отырып жазушы өзінің бас кейіпкері Момотароны еңбекқор қарапайым адамдар тұратын түбекті жаулап алушы етеді. «Жапондардың арасындағы ең күшті» Момотаро жергілікті тұрғындарды қырып-жойып, аман қалғандарды құлға айналдырады. Акутагава өз кейіпкерін күшті батыр әрі ақымақ ретінде суреттейді, ал новелланың соңында кішкентай шайтандар батырды кокос жаңғағынан жасалған бомбамен қорқытады. Акутагава ертегіні саясатпен, ойдан шығарылған оқиғаны тарихи шындықпен байланыстырады. Ол қоршаған ортаны бір уақытта қорқынышты әрі күлкілі етіп көрсете білген. Акутагава жастық шағында әскери училищеде ағылшын тілінен сабақ беріп, қысқа әңгімелер жазып, атақты болуды армандап, әділ әрі аңғырт болған. Атақпен бірге қорқынышта келеді. Жазушы талантынан айырылып қалуынан қорқады. Оның анасы рухани дертке шалдыққандықтан, ол да қауіптене бастайды. Өмірінің соңына қарай талантынан айырылып жатқанын сезініп, ұйқысыздық дертіне шалдығады. Үздіксіз дәрі қабылдап, соңында өз-өзіне қол жұмсайды.
Акутагавамен қатар жапон әдебиетінің атақты ақыны Исикава Такубокуды (1886-1912) ерекше атап өтсек болады. Өзінің қысқа ғұмырында ақын өмір бойы кедейлікпен күресіп өтеді. Ол жаңа жапон поэзиясының негізін қалап, дәстүрлі жапон лирика жанрында жазады: бес шумақты танка және үш шумақты хокку.
Оның көптеген өлеңдері қайғы-мұңға толы. «Жас», «қайғы» сөздері ақынның лексикасында үнемі қолданысқа түсіп отырады. Ол «ағайындық», «нәзіктілік», «ана», «балалық шақ» сөздерін де жиі қолданған. Жазушы іштей қайғырғанымен, ешқашан болашақтан үмітін үзбейді. Исикава Такубоку – нағыз ойшыл және гуманист. Жазушыны жеке басының қайғысынан гөрі адамзат тағдыры мен халықтың болашағы көп толғандырады. Ол орыс-жапон соғысы кезінде орыс халқы мен оның қаһармандарына құрмет көрсетілген өлеңдер жазады. Оның шығармаларында орыс жазушыларының есімдері де жиі кездеседі. Ғасырдың басында Тургенов, Чехов, Толстой, Достоевский сынды орыс жазушылары жапондықтардың өміріне тереңдей ене бастайды.
Ясунари Кавабата (1899-1972) – жапон әдебиетінің классигі. Ол 1968 жылы Нобель сыйлығының иегері атанып, бүкіл әлемге танымал болады. Сыншылар оған «нағыз жапон прозаигі» атағын береді. Кавабата өзінің шығармаларында шәй рәсімдері, гүлденген сакураның әдемілігін тамашалау сияқты өз халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын шебер суреттеген. Ол Х-ХІ ғ. жапон жазушысы Мурасаки Сикибудың «Гэндзи-моногатари» романы, Х ғасырда өмір сүрген Сэй Сёнагонның «Жастық астындағы жазбалар» шығармасы мен Мацуо Басёның поэзиясына, жапон ортағасыр әдебиетінің рухани құндылықтарына сүйенген. Жазушы өзінің жаңашыл-кейіпкерлерін ата-баба дәстүрін берік ұстанғандар ретінде суреттейді.
Жазушының «Идзудан келген биші» атты повесі үлкен жетістікке жетіп, жазушыға атақ әкеледі. Идзу - Жапониядағы ең жылы аймақ. Басты кейіпкер Токиода оқып жүрген студент кезбе актерлердің тобындағы биші қызбен кездесіп, үлкен бақытқа кенеледі. Жас биші қыз студент жігітті ұнатып қалады, бірақ кейін әрқайсысы өз жолдарымен кетеді. Мұндай ажырасуға қарамастан, кейіпкер өзін бақытты сезінеді, себебі махаббат – адамның жүрегінн апаратын жол. Жазушының алғашқы әңгімелерінде Кавабатаның М.Пруст, Дж.Джойсқа еліктегені байқалады. Кавабата өзінің шағын прозаларында жапон көркем суретінің классикалық бейнесін қайта жаңғыртады. «Бамбук дауысы, шабдалы гүлі» атты әңгімесінде автор шатқалдың үстінде кеуіп қалған қарағайға үлкен мән береді. Қарт Мияков әр кез үйінен шыққан сайын кеуіп қалған қарағайды көреді де, оны жамандыққа жориды. Бірақ бір күні өлген қарағайдың басына қонған сұңқарды көріп нағыз бақытты сезінеді. Себебі сұңқар – күш пен ұзақ өмірдің нышаны.
Ясунари «Қарлы елді мекен» (1934-1947) атты романын жазуды Екінші дүниежүзілік соғысына дейін бастап, Жапонияның жеңіліске ұшыраған кезінде аяқтайды. Романда сол жылдары бүкіл әлемде, Жапонияда орын алған жағдайлар суреттеледі. Қар жапондықтар үшін – тазалық пен жылулықтың нышаны. Кавабата «қарды елді мекен» деп Жапонияның солтүстігінде орналасқан Ниигата провинциясын айтады. Шығарма кейіпкері Симамура жас әдемі гейшаны көру үшін Токиодан осы жерге екі рет келеді. Романның бас кейіпкер - Еуропа мәдениетіне қызығушылық танытқан жапон зиялысы. Симамура өзі мүлдем көрмеген классикалық балет туралы мақалалар жазып, тек атауын ғана білетін батыс фильмдері туралы пайымдаулар жасайды.
Романда гейша Комаконың бейнесі Симамураға қарсы қойылады. Ол өзі сүйетін күйеу жігіті үшін өзінің абройын да құрбан етеді. Симамура қызға тәнті болып, үлкен махаббатқа бөленуді аңсайды. Романда оқиға шалғайда орналасқан қарлы аймақтағы өртпен аяқталады. Бұл апатқа қарсы барлық адам біріге бастайды, тек Симамура ғана немқұрайлық танытады. Ясунари Кавабата өз кейіпкерін сынға алудан бас тартып, оны оқырманның еркіне қалдырады.
«Мыңдаған қанатты тырналар» (1951) атты романы жапон өнер академиясының сыйлығына ие болады. Бұл шығармада ұлттық дәстүрлер асқан шеберлікпен суреттелген. Романда негізгі оқиғалар шәй рәсімімен бірге жүреді. Жас жігіт Кикудзидің әкесі ескі рәсімнің шебері болады. Жапондықтарда «шай жолы» - тазалық пен жетістіктің жолы, қоршаған ортамен үйлесімді бірлікке жету жолы деген түсінік бар. Әкесінің жақын достары жас жігітті шәй рәсіміне шақырады. Роман тілінің қарапайымдылығы және түсініктілігімен ерекшеленеді. Кикудзи ата-анасының өлімінен кейін баспана мен шәй үйіне, сонымен қатар әкесі мен анасына жақын адамдарға мұрагер болады. Роман кейіпкерлер осы адамдармен кездескен кезде өзінің әкесін терең түсіне бастайды, оның ойы мен сезімін басынан кешіріп, ата тегін жалғастырушы болады. Жапондықтар үшін тырна бақыт пен саулықтың нышаны. Бұл құс әкесінің досының қызы Юкиконың орамалында да әшекейленген. Тырна жас кейіпкерлердің некеде бақытты болатынына және Юкиконың әдемілігі мен рухани тұрақтылығы түрлі ойда жүрген жас кейіпкердің жандүниесіне шипа болатынына сенім береді.
«Таудан шыққан дыбыс» (1953) атты романы отбасы хроникасы ретінде жазылған. Отағасы Синго кезінде әйелі Ясукоға оның үлкен әпкесіне ғашық болғандықтан үйленеді. Олардың бұл некесі асқан бақыт та, қайғы да әкелмейді. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жауапкершілігі махаббат құштарлығынан әлдеқайда жоғары болады. Сәтсіздік пен қиыншылықтар балаларының отбасында басталады. Олардың қызы Фусако есірткі сатумен айналысатын күйеуінен балаларын алып кетіп қалады. Ол өзінің күйеуін жақсы көреді, бірақ күйеуі полицияның қолына түсіп, соңында өз-өзіне қол жұмсайды. Қарт Синго мен Ясуко немерелерін қатты жақсы көреді және ұрпақтарының ары қарай жалғасқанын қалайды. Шығармада оқиға тау етегінде орналасқан шағын қала Камакурада орын алады. Бұл елде кімде-кім таудың ыңырсығын даусын естісе, өлімнің жақындағанын білдіреді деген түсінік қалыптасады. Кавабата өз шығармасында табиғат әсемдігі, гүлденген бақтар мен таудың көрінісін шебер суреттейді.
Ясунари Кавабата өмір бойы қоғамдық өмірден өзін алшақ ұстап, саясаттан да бас тартады. 1968 жылы Кавабата Нобель сыйлығын алғаннан кейін оның өмірі күрт өзгеріп кетеді. Ол жапон жазушыларының ПЕН-клубын басқарады, көп саяхаттап, аз жазып, жиі күйзеліске ұшырайды. Соңында жүйкесі жұқарған жазушы газбен уланып өледі. Мұндай шешімге өзінің шәкірті әрі досы Ю.Мисиманың қайғылы өлімінен кейін келеді. Квабата өзінің болашағын білместен досы туралы «Бұл әлем қаншалықты жат болғанымен, өз-өзіне қол жұмсау кемелдікке әкелмейді» деп айтады. Екі жылдан кейін жазушы да өз-өзіне қол жұмсайды. Негізі, өз-өзіне қол жұмсау жапон менталитетіне тән құбылыс.
Юкио Мисима (1925-1970) тек шығармашылығымен ғана емес, сонымен қатар тұлғалық ерекшелігімен оқырмандарды таңқалдырған. Оның шын есімі – Кимитакэ Хираока, бірақ ол өзіне өлімнен басы айналған шайтан мағынасындағы лақап атын таңдайды. Жазушының шығармаларында кейіпкерлер жақындарына, соңында өздеріне де өлім әкеледі.
Мисима атақты жанұяда дүниеге келген. Жастық шағында музыка мен театрға қызығушылық танытып, университетте оқыған. Кейін физикалық күшке жету үшін карате, кэн-домен айналысқан. Ол жазуды ерте бастайды. Оның «Бетперде тәубәсі» (1949) атты алғашқы автобиографиялық романы үлкен жетістікке жетіп, жазушыға атақ әкеледі. Бастапқыда баяндау үлгісі дәстүрлі болып көрінеді. Әжесінің тәрбиесінде өскен бала тез ер жетуге ұмтылады. Ол өзінің ішкі сезімін жолдасының қарындасына ашық айтады. Бұлардың махаббаттары соңында тоймен аяқталуы керек, бірақ қорыққан күйеу жігіт қашып кетеді. Ал қызбен қайтып кездескісі келген кезде, қыз күйеуге шығып кетеді.
«Махаббат құмарлығы» (1950) атты романында жас жесір әйел қайын атасының жақындығынан бас тартпастан, жас бағбанға ғашық болады. Эцуко – текті әулеттен шыққан әйел, ол өз сезімдерін ашып айтпаса да, жандүниесінде түрлі толқындар тулап жатады. Оның күйеуі оған ашық түрде көзіне шөп салады. Бірақ ол сүзек ауруына шалдыққан кезде әйелі оның қайғысына ортақтасып, мейірімділік танытып, қамқорлық көрсетеді. Намысы тапталған әйел күйеуінің әрекеттеріне қарамастан, күйеуі үшін өзін құрбандыққа шалуға дайын болады. Эцуко ауылда өзін жалғыз сезінеді, оның жалғыз сүйікті ісі – әсем табиғатта серуендеу. Шығармадағы пейзаждар оқырманды таңқалдырады. Эцуко өзінің күнделікті өміріне дағдыланып қалады, оған қоса момын бағбанға ғашық болады. Оның сезімі қызғаныштан басталады. Ол өзінің жалшысы мен бағбанның арасындағы жақындастықты байқап қалады да, оның махаббат сезімі арта түседі. Оның бойындағы мейірімділік қатігездікке айналады. Соңында жас жігіттің құшағында шексіз бақытты сезінген әйел намыстан жарылып кете жаздайды да, жігітті аяусыз өлтіреді.
Мисиманың шығармаларында махаббат ұғымы «қанмен» қатар жүреді. Бірақ бұл жапон әдебиетіне тән емес құбылыс болатын. Мисимидің кейіпкерлері арасындағы махаббат қатынастары өмір емес, өлім үшін күреске айналады. Эцуконың махаббаты әу бастан өзімшілдік пен қатыгездікке толы болатын. Жазушы адамзат өмірі елестердің жиынтығы, тек өлім ғана ақиқат деген тұжырымға келеді.
Жазушының қалдырған мұрасы ұшан теңіз. Мисима ондаған роман, новеллалар мен пьесалар жазған. Оның ең жемісті кітабы «Алтын мазар» (1956) атты шығармасы шынайы оқиғаларға негізделген. 1950 ж. буддалық мазардың тыңдаушысы Кинкакудзи ертедегі Жапония астанасы Киото қаласындағы ескерткішті өртеп жібереді. Автор өз кейіпкерінің ақылға қонымсыз әрекетін түсіндіруге тырысады. Ол алтын мазардың таңғажайып кереметін бірден түсінбейді, ал оның әдемілігіне тәнті болған кезде, ол мазарға ғашық болып қалады. Кейіпкердің мазарға деген махаббатының шексіздігі соншалық, ол мазарды тек өзінікі болуын қалайды. Монах лаулап жатқан мазарға енгісі келеді. Бірақ мазардың есіктері жабылып, ол ішке ене алмайды.
Юкио Мисиманың прозасында өлім туралы жиі айтылады. Мұның себебін тек автордың дүниетанымымен ғана емес, сонымен қатар сол уақытта орын алған жағдайлармен де байланыстыруға болады. Соғыс пен Хиросима және Нагасаки қалаларындағы атом жарылысы да жазушыға өз әсерін тигізбей қоймады. Жазушы Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырауын ұлттың масқара болуы деп қабылдайды. Осыған орай оның самурай дәстүріне деген қызығушылығы басталады.
Жазушының «Патротизм» новелласында саяси қастандыққа қатыспаған жапон әскерінің офицері өзінің бұрынғы достары, яғни қастандық ұйымдастырушыларды өлтіруге міндетті болады. Ол бұл мәселенің шешімі ретінде достарын өлтіріп, арынан айырылғанша әйелінің көзінше өз-өзіне пышақ салып, өмірімен қоштасады. Әйелі де күйеуенің артынан кетеді. Жас офицер «Император әскері жасасын!» деген хат қалдырады. Шығарманың негізгі мақсаты солдаттың адамгершілік қасиеттері мен оның қаһармандығын көрсету болып табылады.
Юкио Мисима – ХХ ғ. ерекше дарынды драматургтардың бірі. Ол «Но» ежелгі жапон театрының дәстүрлері мен қазіргі Батыс Еуропа драматургиясының жетістігін шебер үйлестіре білген. Жазушы «Ханьдань жастығы», «Комати құлпытасы», «Қамқалы барабан» атты пьесаларында ортағасырдағы сюжеттерге сүйеніп, ондағы адамгершілік құндылықтарына күмән келтірместен, ирониялық тұрғыда оларды қайта қарастырады. «Ханьдань жастығы» пьесасында жас бала түсінде бақыт пен қайғыға толы келешегін көреді, бірақ сиқырлы жастық оның өмірге деген құштарлығын оятады. Келесі екі пьесада қарттықты ұмыттырған махаббат жайлы айтылады. Себебі махаббат адамның жүрегінде мәңгі сақталмақ. «Маркиза де Сад» (1965) драмасының кейіпкерлері құштарлық пен жек көрушілік, мейірімділік пен сатқындық туралы толғанады. Шығарманың кейіпкері он сегіз жыл бойы өз өмірін не түрмеде не болмаса жындыханада өткізеді. Маркиза де Сад жылдар бойы күйеуіне адал болып, қайғысына ортақтаса отырып, оны түрмеден шығарып алуға тырысады. Бірақ күйеуі бостандыққа шыққанан кейін, ол монастырьға кетеді. Юкио Мисиманың «Менің досым Гитлер» (1968) атты шығармасының жарыққа шығуы қоғамда үлкен жанжал туғызады. Пьеса атауының өзінен жазушыны айыптауға болатын, бірақ автор қулыққа барады. Себебі Эрнест Рем Гитлерді өзінің досы деп атайды.
Жазушы 1970 жылы 25 қараша айында өзінің қаруланған жақтастарымен бірге Токио базасына барып, солдаттар мен офицерлерді саяси төңкеріс жасау үшін батыл әрекет жасауға шақырады. Қолдау таппаған жазушы өз-өзіне пышақ салып, өмірмен қоштасады.
Кобо Абэ (1924-1993) – көрнекті жапон прозаиктерінің бірі. Медициналық білім алғанымен, дәрігер болудан бас тартады. 50 жылдары әңгімелер мен повестерін жарыққа шығарып, әдебиет саласындағы Акутагава атындағы сыйлықтың иегері атанады.
Кобо Абэның «Құмдағы әйел» (1962) атты алғашқы романы оның халық арасында кең тарап, жазушыға үлкен табыс әкеледі. Жазушы дәстүрлі жапон менталететі мен еуропа философиясын шебер үйлестіре отырып, күмәнді оқиғаларды нақты сенімділікпен жеткізеді.
Қарапайым мұғалім автордың құрдасы әуесқой энтомолог Ники Дзюмпей демалыс кезінде ешкімге айтпастан сирек жәндіктерді іздеуге шығады. Кенеттен пария кастасының қолына тұтқынға түседі. Оларды Никиді ұрлап кетіп, жалғыз әйел мекендейтін құмды шұңқырға қамап тастайды. Бұл жерден шығуға талпынғанмен, барлығы да сәтсіз аяқталады. Егер құмды үнемі тазартып отырмаса, ол өмір бойы шұңқырда қалады да, шұңқыр олардың моласына айналады. Тұтқын мен әйелдің арасында махаббат оянып, аман қалу үшін бірлесіп еңбек етеді. Құммен күрескен еркек пен әйелдің бұл оқиғасы А.Камюдің «Сизиф туралы миф» атты шығармасын еске түсіреді. Олардың еңбектері де жеміссіз және үнемі қайталанып отырады. Бірақ бір айырмашылығы, шұңқырды құмнан тазарту олардың аман қалуының бір ғана жолы болып табылады. Егер тағдырдың сынағынан өте алмаса, екеуі де қаза болады.
«Бейтаныс келбет» (1964) атты романында қайғылы оқиға баяндалады: ғалым-тәжірибеші сұйық оттегі жарылысының құрбаны болады. Оның беті өртке шалдығып, ол бетперде киюге мәжбүр болады. Кобо Абэнің әңгімесі бойынша, келбетінен айырылған адам өзін де жоғалтпақ. Зардап шеккен адамның ең негізгі мақсаты жаңа келбетке ену болады. Ешқандай амалы қалмаған зардап шегуші бейтаныс біреудің келбетін сатып алады. Бірақ кейіпкер өзін жек көріп, бүкіл адамзаттың қас жауына айналады. Соңында өзін жоғалтып, қанішерге айналады. «Бейтаныс келбет» романында кейіпкердің аты аталмайды. Романының бас жағында жазушы Ф.Кафка және А.Камюдің тәжірибесіне сүйенген.
Жазушының «Өртенген карта» (1967) романында оқиға отыз төрт жастағы Хироси Нэмуроның жоғалып кетуімен басталады. Оны іздеп табу үшін әйелі арнайы агент жалдайды. Оқиға романның жарыққа шыққан жылы орын алады, ал оның бас кейіпкері автормен құрдас. Жазушы бұл әңгімені қазіргі заманға сай баяндап, бас кейіпкерді өзінің жақтаушысы ретінде сипаттайды. Шығармада оқиға америкалық детектив секілді баяндалады: жапондық тыңшы түрлі жағдайларға тап болып, есірткі және адам саудасымен айналысатын топтарға түседі. Автор техникалық жетістіктердің зардаптарын көрсетіп, компьютерге сеніп кетіп, жауапты сәттерде нақты шешім қабылдай алмайтын жандар мен қылмысты істермен айналысудан басқа шаралары қалмаған миллиондаған адамдардың бейнесін жасайды.
Шығарманың кейіпкері Хироси Нэмура өзі қызмет етіп жүрген алып фирманың жеке бөлшегіне айналып бара жатқанын сезініп, бұл ойынан шығып, жоғалып кетпекші болады. Осы арқылы ол өзінің тұлғалық ерекшелігін сақтап қалмақшы еді. Өмірдің шындығынан бас тарта отырып, ерекше сюжеттер құрастырған жазушы үлкен қалалардағы көшеде бос жәшіктер мен қорапты мекен еткен қайыршыларды көріп, «Қораптағы адам» (1973) атты романын жазады. Шығарманың кейіпкері – әлеуметтік ортадан оқшауланған философ. Ол адамзат қоғамдастығынан бас тартып, бүкіл әлемнен алшақтап, қарапайым адамдардың қарым-қатынасынан жасандылық пен қылмысты ғана көреді. Кобо Абэнің шығармаларында әйел бейнесі мәңгілік өмірдің нышаны ретінде көрсетіледі.
Кобо Абэнің «Нұх кемесіне кіргендер» (1984) атты соңғы романында бұрынғы шығармаларында кездескен мәселелердің барлығы топтастырылған. Сондықтан оның бұл шығармасы өте күрделі шыққан, онда фантастикалық жағдайлар мен кейіпкерлердің әрекеттерінде қайталаулар жиі кездеседі.
Кобо Абэ өзін шебер драматург әрі режиссер ретінде көрсете білді. Ол «Дәу туралы аңыз» (1960), «Бекініс» (1962), «Тоқпаққа айналған еркек» (1969) сынды фантастикалық пьесаларды дүниеге әкеледі.
Кэндзабуро Оэ (1935) – роман жазушы, новеллист, публицист. Ол 1994 жыл Нобель сыйлығының иегері атанады. Токио университетінде француз әдебиетін оқыған. Орыс прозасына, әсіресе Ф. Достоевскийдің шығармашылығына қызығушылық танытады. 1951 ж. оқушы Оэ Достоевский шығармаларының үзінділерінен тұратын хрестоматияны шығарады. Кейін атақты прозаик Оэ былай дейді: «Мен жазуды орыс әдебиетінен үйрендім. Жаңа замандағы жапон әдебиеті орыс әдебиетінен үйренді және әлі де үйреніп келеді... Өмірді шынайы бейнелеу мен адамның жан дүниесіне үңілуде Толстой мен Достоевскийдің үлесі зор. «Ағайынды Карамазовтар», «Соғыс пен бейбітшілікті» және «Анна Каренинаны» бірнеше рет қайталап оқыдым».
Жазушы Уильям Блейк пен Уильям Батлер Йетстың поэзиясын құрмет тұтып, жаңа замандағы жапон әдебиетшілерінен Ясунари Кавабатаны ерекше қадірлеген. Жазушының «Шегінген жастар зертханасы» (1960) атты әңгімесі және «Кешіккен жастар» (1962) романында соғыстан кейінгі өз елінің жеңілісі үшін қайғыға батқан ұрпақтары туралы айтылған.
Кэндзабуро Оэның «1860 жылғы футбол» (1967) атты романы халық арасында кең тарап, жазушыға үлкен жетістік пен әлемдік атақ әкеледі. Шығармада жүз жыл бұрынғы шаруалар көтерілісі баяндалады. Көтерілісті ұйымдастырған жас жігіт үшін бұл көтеріліс кедейлердің әлеуметтік қарсылығы емес, футбол ойыны сияқты көрінеді. «Су менің рухыма дейін қоршап алды» (1973) атты романында Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы атом жарылысынан зардап шеккен Жапония туралы айтылады. Романның бас кейіпкері Нисана атом соғысының басталуынан қорқып ұлымен бірге бетондалған баспанада паналауға мәжбүр болады. Ол автор сияқты әлеуметтік қайшылықтардың себебі адам мен табиғат арасындағы байланыстың үзілуінен деп түсінеді. Нисана киттер мен ағаштардың жанын түсініп, өзін теңіздер мен ормандардың қорғаушысы ретінде сезінеді. Жер бетінде орын алған түрлі қайшылықтардың шешілуі үшін адамдар барлық тірі жаратылыстың даусын ести алуы тиіс.
Кэндзабуро Оэ романның атауын «Ұлы Өсиеттен» алады: топан су адамзаттың жоғалып кетуіне қауіп төндіреді. Кэндзабуро Оэ – көркем әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан көрнекті жапон жазушыларының бірі. Оның шығармашылығына шетелдік және жапондық зиялылар да қызығушылық танытқан.
Әдебиет шынайы өмірдің айнасы болғандықтан, ол сол елдегі тарихи фактілермен тығыз байланысты. Ал ХХ ғ. екінші жартысындағы Жапонияның саяси жағдайына көз жүгіртсек, мұнда дәл осы кезеңде қанды соғыстар мен таптық қайшылықтар белең алған еді.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жаңа заман әдебиетіндегі журналистика, проза және поэзияның әр сарында дамуынан бұл әдеби аймақтағы ақын-жазушылардың көздеген мақсаттарынан хабардар бола аламыз. Ал, дәлірек айтқанда, реалистік бағыттың дамуымен мұнда әйел теңдігі, қоғамға тән кереғар жағдайлар, ой және сөз бостандығы, мәңгі өшпес махаббат тақырыбы белең алады. Мұндағы махаббат тек екі жастың арасындағы сезім ғана емес, сонымен қатар елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілік көрсеткіші болады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
1. Жапонияның Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуының мемлекет пен әдебиетке тигізген әсері.
2. Модернистік әдебиеттің көрнекті өкілдері.
3. «Қараңғылық дәуір» әдебиет өкілдерінің жырлаған негізгі тақырыптары.
4. Жапон әдебиетіндегі «жаңа кезең».
5. XX ғ. Жапон әдебиетіндегі танымал жазушыларға тоқталып кетіңіз.
Қытай әдебиеті
XX ғ. басынан басталатын қытай қоғамындағы сан-алуан бетбұрыстар ала келген өзгерістер нәтижесінде ғана қытай әдебиетінде проза жанры маңызды орынға шыға бастады. Қытай әдебиетінде әңгіме тек XX ғ. басында туып, қалыптасты деуге болады. «4 мамыр» қытай жастары қозғалысының алды-артында ұлттың дәстүрлі әдебиетіне реформа жасау науқаны өріс алды. Бұл реформаның өзегі негізінен, дәстүрлі поэзияны тастап, жаңаша, еркін өлеңге көшу, прозада ұзын-сонар романшылдықты доғарып, қысқы әңгімені өркендету төңірегінде болды. Бұл ретте сол кездегі аса көрнекті әдебиетшілердің әңгімені жаппай насихаттауы мен батыс елдері әдебиетінен таңдаулы әңгімелерді көптеп аударғандығын айтқан орынды. Мәселен, Лиң-Чичаудың «Әңгіме және ел өмірі» атты мақаласы, Ди-Пиңзының «Әңгіменің әдебиеттегі орны» деген мақаласы, Уаң-Ушыңның «Қоғамдық өзгеріс және әңгіме жанры» атты мақаласы, Тау-Шысыңның «Әңгіменің қуаты мен ықпалы» атты мақаласы, Шүй-Ниянсының «Әңгіме туралы ойларым» т.б. да авторлардың толып жатқан мақалалары бірінен әңгіменің әлеуметтік, әдеби, эстетикалық рөлі мен маңызы, тиімділігі деген секілді жақтары барынша дәріптелді. Әсіресе Ли-Чичаудың: «Бір халықтың болмысын өзгерту керек» - деген теориялық қуаттамасынан кейін, қытайдың сол замандағы жаңашыл қаламгерлері әңгіме жанрын қоғамды өзгертудің, халықты оятудың, замана рухын қуаттандырудың тамаша қаруына айналдырды. Бұдан тыс тура сол кезеңде батыс әдебиетінен әйгілі жазушылардың таңдаулы әңгімелері көптеп хань тіліне аударылып жарық көріп жатты. Он жылда (1910-1920) мерзімді баспасөзде 5100 әңгіме жарияланған болса, соның 2/3-і аударма әңгімелер екен.
Қытай әдебиетінде жаңа заманғы әңгіме жанрының туып, қалыптасуына орыс әдебиетінің ықпалы ерекше болды. Атап айтқанда Л.Толстой, А.Чеховтардан бастап М.Горькийге дейінгі орыс жазушыларын жаңа қытай әдебиетінің («4 мамыр» тұсындағы) негізін салушылардың ұстазы болды деуге болады. Әсіресе ол тұста шетел әдебиетінен мол сусындап, көп үйренген қаламгер Лу-Синь болды. Оның алғашқы кездегі фельетондары мен әңгімелерінен Чеховтың үнін аңғару қиын емес. Ал Лу-Синьнен кейінгі По-Можуо, Мау-Дун, Джоу-Шули т.б. көрнекті қаламгерлердің шығармаларында да еуропа әдебиетінің, әсіресе, орыс прозасының ықпал-әсері қатты сезіледі. Қытай әңгіме жанры соңғы жиырма жылда ғана батыс (соның ішінде орыс) әдебиетінің «шырмауынан» босап, өзінше ізденіске көше бастаса, повесть қытай әдебиетіне сырттан кірген кірме жанр болғандықтан XX ғ. 50-ші жылдарынан қалыптаса бастады. Жаңа повестің негізін қалаған қаламгер - Лу-Синь.
Қытай көркем прозасының ішіндегі барынша дәстүрлі, төтенше сақа жанры - роман. Прозаның бұл түрінің тарихымен қатар «Су бойында», «Батысқа саяхат», «Ғұламалар шежіресі», «Қызыл сарайдағы түс» т.б. әйгілі романдар мен эпопеялар тізіледі.
Қытай романдарының ерекшелігі ретінде кейіпкерлердің ұшы-қиырсыз көп болатындығын айтуға болады. Мәселен, «Қызыл сарайдағы түс» романында төрт жүзден астам кейіпкер, «Су бойында» романында жүз сексен кейіпкер сөз болады. Ал «Ғұламалар шежіресі» мен «Үш патшалық шежіресінде» де неше жүздеген образдар суреттеледі. Дегенмен қытайдың қазіргі романдарында кейіпкерлер «жүздеп» саналмағанымен, салыстырмалы түрде айтқанда, көптігіне көз жеткізу қиын емес. Мұның себебін, бүгінгі қытай әдебиеттанушыларының кейбіреуі, әріден келе жатқан тарихи дәстүрмен түсіндірсе, тағы кейбіреулер жалпы қытай еліндегі немесе қытай қоғамындағы адамның көптігімен түсіндіреді.
Бүгінгі қытай романдарының тағы бір ерекшелігі қым-қуыт, шым-шытырық уақиғалардың жанаса, көп желілі болып келетіндігі. Яғни, өзге елдер әдебиеттеріндегі секілді кейіпкердің жандүниесін қазуға, лиро-психологиялық толғамдарға баруға, образдың іштей жетілу процесін бедерлеуге шорқақтығы көрініп-ақ тұрады. Десек те, бұл олқылықты Уаң-Мың, Джаң-Чыңджы, А-Чың, Хы-Чифаң, Джаң-Джие т.б. жазушылар толықтыруға тырысуда.
Әдебиеттің жаңартылуына түрткі 1911 ж. революция болды, бірақ ол да қытай әдебиетін де, қытай қоғамын да айтарлықтай өзгерткен жоқ. Қытай ұлттық-азаттық қозғалысының өрлеу жылдарында, әсіресе революцияның өрлеген 1925-1927 ж. қытай әдебиетінде елеулі өзгерістер байқала бастады.
Тілдің архаикалық формалары жазба тіліне қиындықтар тудырды. Ерекше грамматикалық, стилистикалық құрылысы бар қытай жазуынан қайта құрылуын талап етті. Қытайдың классикалық жазуының орнына жаңа байхуа жазуы келді, бұл ауызекі тілдің фиксациясы болып табылады. Жаңа тілдің алғашқы жақтаушылары профессор Ху Ши және профессор Чэнь Ду сю болды. 1915 ж. өзінде ғалым және әдебиетші Чэнь Ду Сю (1880-1942) «Жаңа жастар» («Синь Чиньниань») журналын шығара бастады. Чэнь Ду Сю қытай әдебиеті әлі де классицизм мен романтизм деңгейінде тұрғанын, оған реализмге өту керек екенін жазған. Аз уақыт ішінде «Жаңа жастар» студенттер арасында үлкен сұранысқа ие болды. Реализм жаңа әдебиет қозғалысының ұранына айналды. Жаңа реализмнің қырлары XX ғ. әйгілі жазушысы Лу Сюннің (1881-1936) 1918 ж. «Жаңа жастар» беттерінде басылып шыққан «Ақылынан адасқанның күнделігі» бірінші шығармасының өзінде байқалды. Келесі ретте оның «А Кьюдің шынайы әңгімесі» повесі жарық көрді. Осы шығармасында автор елді қайғылы жағдайға әкелген ескі Қытай элитасының мүсәпірлік масаттанушылығын күлкі етеді.
Жаңа әдебиеттің мақсаттары тілдік реформаға байланысты келесі тұжырымдарда: халықтық әдебиет аристократиялықтың орнына; реалистік әдебиет классикалықтың орнына; қоғамдық әдебиет қоғамнан алшақ әдебиеттің орнына қалыптасты.
1920 ж. бастап жаңа тіл мектептерде пән ретінде енгізілді. Ескі тілден мүлде өзгеше жаңа тіл негізінде классикалық әдебиеттен мүлде өзгеше жаңа әдебиет қалыптасты. Өзгешелігі сонша, тіпті ежелгі Қытайдың классикалық шығармалары жаңа тілге аударыла бастады. Жаңа тілде жазылған алғашқы өлеңдер жинағы (Ху Ши «Поэтикалық тәжірибелер», 1920) шықты. Осы уақыттан бастап жаңа поэзия тез дами бастады.
«Әдеби революция» аясында жаңа тілге аударылған алғашқы шетел шығармасы (Мопассан т.б.) 1917 ж. наурызда басылып шықты. Аз уақыт ішінде шетел әдебиеті қытай кітап нарығында басыңқы орын алды.
Шетел әдебиетіне еліктеушілік поэзия мен проза саласында дайын формаларды қабылдауыннан ғана байқалған жоқ, сондай-ақ әдеби шығармашылықтың бағыты мен мазмұнында да көрініс тапты. Қытай жазушылары, басым көпшілігі аудармашылар бола отырып, бай еуропалық, америкалық, жапондық әдебиеттердің түрлі бағыттағы, түрлі мазмұнды шығармаларын негіз етті. Импрессионизм мен декаденттік, натурализм, реализм мен экспрессионизм белгілі мөлшерде өзінің ізбасарлары мен жақтаушыларын тапты.
Әдебиеттің басқа салаларына қарағанда драматургия революцияландыруға аз ұшырады. Жаңа драматургия, негізінен, шетел пьесаларын негіз етіп алды немесе шетел роман мен повестерінен алынып қытай мәнеріне салынып жазылды (Хун Шэн, Го Мо Жи). Жаңа драматургтар өздерінің пьесаларына жиі ескі сюжеттерді, көбіне тарихи сюжеттерді қолданды, кейде кейбір тарихи эпизодтарды жаңартты. Жаңа драматургияда отбасындағы конфуцийшіл идеологиямен күрес, жаңа тұрмыс мәселелері, әйел мәселесі үлкен орын алады (Цао Юя).
Қытайдың жаңа әдебиетінің қалыптасуына кеңес әдебиетінің ықпалы зор болды. Орыс авторларының батыс тілдердегі аудармаларына да қызығушылық танытылды. Гоголь, Толстой, Достоевский, Тургенев және т.б. классиктердің аудармалары, орыс әдебиеті туралы мақалалар мен монографиялар Қытайда үлкен орын алды. Әсіресе, Чехов өте әйгілі болды (оның шығармаларының толық жинағы басылып шықты).
30 жылдары проза саласы үлкен жетістіктерге жетті. 1928 ж. Мао Дунь (1896-1981) «Қапыда қалу» романын басып шығарды. Бұл еңбек жаңа әдебиет сарынында жазылған бірінші ірі прозаикалық шығарма болып саналды. Автордың басқа екі автобиографиялық романдарымен бірге «Күннің тұтылуы» атты трилогияны құрды. 1932 ж. Мао Дуньнің келесі «Түн жарымы» романының басылуы жаңа заманғы қытай прозасы тарихындағы үлкен оқиға болды. Бұл романда сол уақыттағы Шанхай қаласының өмірінің психологиялық суреттемесі берілген. Сол жылдары сонымен қатар тағы бір ірі романист Ба Цзинь (1904-2005) өз шығармаларын басып шығара бастады. Ол қытай зиялы қауымы жаңа буынының өмірі туралы екі трилогия жазған. Осы жылдардың басқа да көрнекті романисттері қатарына Лао Шэ, Чжань Тяньи, Цянь Чжуншу, Сяо Чжуня, Дин Лин және т.б. жатқызамыз.
Қытай тарихындағы Компартияның идеологиялық доктринасы көркем әдебиетке үгіт-насихат құралы рөлін бөлді, әдеби шығармалардың «кең бұқараға» арналып, сол кездегі саяси мақсаттармен сәйкестендіріліп жазылуын талап етті. Сондықтан 1940 жылдардағы әдебиеттің басты тақырыбы аграрлық реформа үшін қозғалыс болды (Дин Лин «Санкань өзені күні»).
ХХ ғ. 20-30 жылдары және 80-90 жылдары аралығында қытай әдебиеті шарықтаудың екі кезеңінен өтті. Біріншісі жаңа мәдениетке ұмтылып, бастапқы кезінен-ақ күшті идеяларға қаныққан еді, феодализм мен империализмге қарсы шықты. Қытай әдебиетшілері –Лу Синь, Шэнь Цувэнь, Бэ Цинь, Мао Дунь, Лао Шэ әдебиет әлеміндегі ең ірі сөз шеберлері болып табылады және олар жаңа заман әдебиетінің пайда болуына өз үлестерін қосты.
Қытайда ондаған әдеби сыйлықтар бекітілген, олардың ішінде Мао Дунь мен Лу Синь атындағы әдеби сыйлықтар бар, әрбір жылда әдебиетшілердің жалпықытайлық сайысы өткізіледі. Әйел әдебиеті үшін де сыйлық әр бес жылда беріледі. Бұл жалпықытайлық ірі әдеби сыйлықтардың бірі беллетристика, проза, поэзия, очерктік әдебиет, әйел әдебиеті, өнер мен көркем аударма теориясы саласындағы жетістіктер үшін беріледі.
70 жылдардың соңынан бастап бірқатар жарқын шығармалар пайда болды, оларда алдыңғы онжылдықтардағы қайғылы тәжірибе қарастырылады. Әсіресе Ван Мэннің, Чжян Сяньляннің, Фэн Цзицайдың шығармалары ерекше танымал болды, құрамында маоистік диктатураның қуғындарына ұшыраған зиялылардың психологиялық портреттері берілген. Сондай-ақ «тарихи тамырларды іздеуді» өзінің шығармашылық ұраны етіп алған авторлардың шығармалары үлкен қызығушылық тудырды. Олардың кейбіреулері тарихи повестер (Фэн Цзицай) жазуға көшті, басқалары (Мо Янь, Хань Шаогун) Лу Синь мен Шэнь Цунвэн стилінде қытай қоғамының рухани құлдырауының суретін көрсетті. Кейбір әдебиетшілер қытай әдебиеті тарихында алғаш рет батыстық психоанализ мәселесін шығармашылықтарына енгізеді. Бір топ әйел жазушылары пайда болып, негізінен әйел құқығы тақырыбына жазды.
1970 ж. аяқ шенінен бастап Қытайда Батыс әдебиет пен философия саласындағы еңбектерімен танысу үдерісі басталды. Цай Жунның келтірген мәліметіне сүйенер болсақ, 1978 ж. Батыс әдебиетіне қатысты еңбектерден бар болғаны үш-ақ эссе болған көрінеді. 1979 ж. тек бір жылдың ішінде батыс әдебиеті туралы эсселер саны отыз жетіге жетті, оның ішінде жетеуі абсурд (мағынасыздық) театры мен экзистенциализм тақырыбында жазылған. Сонымен қатар осы эсселердің ішінде Эжен Ионеско, Франц Кафка мен Альберт Камю туралы эсселер болды. Абсурд драматургиясы қытай әдебиетшілерінің тарапынан үлкен қызғушылық тудырды. Мәселен, Гароль Пинтердің «Туылған күн» еңбегінің қытай тіліндегі аудармасы 1978 ж. Чжу Хунның абсурд драматургиясына шолуымен бірге «Шицзе вэнсьюэ» журналының үшінші нөміріндегі беттерінде пайда болды. 1980 ж. аталмыш антологиядан кейін қытай журналдарының бетінен батыс әдебиетіне арналған мақалалар жиі жарық көретін болды. Батыстың абсурд пьесаларына сын-пікірлер мен аудармалар көптеп жазылып қана қоймай, бұл қытай әдебиетінде осы сипаттағы туындылардың жарық көруіне себеп болды. Оған мысал ретінде Гао Синцзяньның «Автобус аялдамасы» туындысы «Годоны күту» пьесасына ұқсас етіліп жазылған болатын.
Қытайдың Батыс еңбектерімен таныс болуы XX ғ. жүйесіздігімен ерекшеленді. Жалпы Қытайдағы постмодернизмнің алғаш көрініс беруі 1980 ж. басталады. Дәл осы жылы Шанхайда «Вайго сяньдайпай цзопинь сюань» («Шетелдік модернизм туындыларының жинағы») атты аудармалар жинағы жарық көрді. Бұл жинақта постмодернизм үлгісімен жазылған еңбектерді кездестіруге болатын. Бұл құбылыс қытай тілінде «хоуци сяньдай чжуи» (кейінгі постмодернизм) деп аталды. Ал «постмодернизм» терминінің қытай тіліндегі баламасы «хоусян дай чжуи» алғаш рет 1980 ж. «Ду шу» журналында Дун Диньшаньның мақаласында қолданылды.
Қытайдағы постмодернизм тарихының маңызды оқиғасы шанхайлық баспада америкалық жазушы, сыншы Джон Барттың «The Exhaustion of Literature», 1963 атты еңбегінің жарық көруі болып табылады. Сонымен қатар Қытайда француздық постмодернизм теоретиктері Ж. Деррид пен М. Фуконың еңбектері аударылып, баспадан шықты. Чэнь Кунь «Батыстың модернистік әдебиетінің бағыттарын зерттеу» монографиясында қытай әдебиетінде алғашқылардың бірі болып батыстық постмодернизмге өз бетінше талдау жасайды. 1985 ж. постмодернизмнің танымал теоретиктерінің бірі Фредрик Джэймсон Пекин университетінде «Постмодернизм және мәдениеттанулық зерттеулер» атты дәріс оқыды. Ф. Джэймсонның постмодернизмді сынға алуы трансұлттық капиталды экспансиялау, жаһанданудың шекті жоюы мен барлық қызмет салаларының коммерциялануына қарсы көзқарастан құрылған, себебі ол марксист ретінде экономика мен мәдениеттің айқындаушы рөліне баса мән береді. 1980 ж. Қытайда әдебиеттегі постмодернизм шетел әдебиетіндегі құбылыс ретінде қарастырыды, ал өз шеңберіндегі туындылардағы бұл ағымның элементтері туралы сөз қозғалмады. Тек 1980 ж. аяғына қарай ұлттық әдебиеттегі бұл ұғымның орны туралы талқылаулар жүре бастады. Мұның себебі экспериманталды немесе авангардтық прозаның пайда болуында жатыр. Қытай әдебиетшісі У Сюмин елдегі постмодернизмге деген қызығушылықтың артуына қолайлы жағдай тудырған құбылыс ретінде төмендегілерді атайды: 1) Мәдениеттің өтпелі күйі мен құндылықтардың біржүйелілігінің құлдырауы рухани және идеялық кеңістіктің құрылуына алып келді; 2) нарықтық тұтынушылық мәдениеттің тарауы өктем дискурстың жаңа қоғамдық реалиялардан артта қалуына алып келді.
1990 ж. басындағы постмодернистік «жарылыс» кезінде бұл құбылысты тиек еткен мақалалар саны сегіз жүзге жетті. Сонымен қатар постмодернизм туралы екі үлкен ғылыми конференция өтті: олардың бірі 1993 ж. Пекинде, екіншісі 1994 ж. Сианьда болды. Постмоернизмді ірі әдебиеттанушылар мен мәдениеттанушылар зерттей бастады. Олардың ішінде ең көрнекті тұлғалар деп біз Чэнь Сяомин, Чжан Иу, Ван Нин, Ван Сяомин, Ван Юэчуань, Ван Гань мен Ли Тоны айта аламыз.
Қытай әдебиетінде постмодернистік белгілердің байқалуы тікелей экономикалық қарқындау, өсіп-өнуімен байланыстырылады. 1990 жылдары нарықтық экономиканың жедел дамуы поп-мәдениеттің өркендеуіне алып келді. Әдебиеттанушылар мен сыншыларда модернизация, тұрмыстың жақсаруы, елдің түрлі аймақтарындағы даму жағдайындағы Қытай постмодернистік құбылысты талқылауға тиіс деген түсінік қалыптасты. Теориялық қорытындылардың жасалуы табиғи, шынайы қажеттіліктен туындамады, теориямен таныстық постмодернизм құбылысын қытай әдебиетінен іздеуге итермеледі. Дамыған Батыс елдеріндегі постмодернизмді қарқынды дамушы Қытайдың әдебиетінен көру қажет деп табылды, Батыстағы дамудың қайбір нышандарын Қытайдан да табуға болады деген тұжырым қалыптасты. Батыста ілгерілеу құндылықтары мен Ағартушылық дәуірін жоққа шығаратын постмодернизм Қытайда «прогрессивті» деп танылды, оларды бұл ойға жетелеген оның батыстық философиялық ойдың соңғы жемісі екендігі, бұл жаңа құбылыс, ал бүкіл жаңа нәрсені оқып-зерттеп, ұғынбақ керек. Бұл жайттардың барлығы аталмыш ұғымға берілген анықтамалар мен оның ұлттық әдебиеттегі белгілері төңірегіндегі екіұштылыққа алып келді.
1990 ж. орта шенінде постмодернистік идеялар кешені бір жағынан, «ұлттық ерекшелікті» іздеу, екінші жағынан, нарықтық экономика заңдары мен жалпылық мәдениетті көтеруге шақыруды білдіретін, ұлтшылдық пен ұлттық мемлекеттің өзара әрекеттесуін түсінуге арналған көзқарастардың бірі ретінде қалыптаса бастады. Қытай сыншыларының бірі Ло Ган XX ғ. соңғы онжылдығында мемлекет пен нарықтың қосылуы туралы идеяны ұстанады: «Қытайда «жаңа идеяның» тууы мен регенерациялануы «мемлекет» пен «нарықтың» екіжақты араласуымен тығыз байланысты. Бұл килігудің нәтижесі мемлекеттің тәртібі нарықтыққа, ал нарықтың тәртібі мемлекеттікке айналатын күрделі құбылысқа алып келеді. Басқаша айтқанда, осы екі факторды қарама-қарсы қою бізден «жаңа идеологияның» туу және қызмет етуінің шынайы механизмін бүгеді». Сыншының тұжырымынан мынаны ұғамыз: Қытайдағы постмодернизм мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына сын, қандай да бір дискурстарды жеңуге бастайтын жол ретінде қарастырылады. Осыған сәйкес, постмодерн мұнда идеологиядан кейінгі кезеңі мәніне ие.
Қытай әдебиетіндегі сыншылар мен зерттеушілердің басым көпшілігі 1980 жылдардағы «жаңа кезең» құндылықтары ұстанымын жақтайды, ал мұның негізінде гуманизм, тарихи детерминизм, ұлттық өркендеу жатыр. Осылайша, олар Қытайда Ағартушылық құндылықтарын орнықтыру қажеттілігін алға тартып, постмодернизм белгілерін өз елдеріне қатысты қолдану ықтималдылығынан бас тартады. 1980 ж. қытай әдебиетіндегі модернистік ағым мен оның ішіндегі түрлерін, постмодернистік және модернистік көзқарастар арасалмағын айшықтау қиынға соғады. Бұл қиыншылық әр салада, түрлі бағытта, бірнеше жанрда тәжірибелік деңгейде жазатын қытай жазушыларының талғамдарының құбылмалылығынан келіп туындайды. Жазушылардың модернизм тәсілдері мен стилін қолдана отырып жазған туындылары енді өз түрін өзгертіп, постмодернизмге қарай ойыса бастады. Бұл өзгерістер Қытайдың тарихи жәние мідени дамуына ғана емес, модернизмдегі ішкі қайшылықтар мен шешілмеген түйіндердің көптігінен келіп туындады. Америкалық Тан Сяобин Қытайдағы постмодернизмді «қалдық модернизм» (residual modernism) деп айқындады: «Қалдық модернизм дегеніміз модернді жоққа шығара алудың да, толығымен қабылдаудың да мүмкін еместігін, өзінің аяқсыздығы мен ішкі қайшылығын мойындауды бейнелейті сыртқы әсер арқылы пайда болатын модернизм».
Қытайдағы постмодернизмнің өзіндік ерекшелігіне келер болсақ, ол «саясиланбаған», «тарихи емес», «реализм емес» көріністерін біріктіреді. Қытай әдебиетіндегі пародиялауда байқалатын ерекшеліктер идеологиядан алшақтық мен ресми тілді ашық түрде жоққа шығару болып табылады. Мұнда Батыстағы сияқты модернизмді мұқатудың жарқын мысалдары байқалмайды, бұл қытай постмодерниміне тән келесі бір ерекшелік болса керек. Посткеңестік әдебиеттегі секілді, Қытайда пародияның объектісі «билік дискурсы», рухы түскен мәтіндерде авторлар қолданатын маңызын жойған жоғары ұғымдар, ұрандар, сөз үлгілері.
Қытай сыншылары тәжірибелік үлгеді жазылған авангардтық романдарды да, реалистік прозаларды да постмодернистік туындыларға жатқызады. Реалистік прозалар идеялық мазмұны, кейіпкерлердің эмоциялық қалпы жағынан постмодернистік сипатқа ие. Қытай әдебиетінде постмодернистік бағытқа эксперименталды прозадан өзге «жаңа реализм» (синь сеши), әйелдер прозасы, Ван Шо прозасы мен «посттұманды өлеңдер» поэзиясы жатады.
Қытай әдебиеттанушылары 1980-1990 ж. ұлттық әдебиеттегі туындылардың постмодернистік сипатын айқындайтын негізгі белгілерін былай деп атап көрсетеді:
Өктем біртұтас дискурсты жою, жалпылық, бірмәнділікті жою
Екіұштылық пен аяқастылыққа екпін түсіру.
Мәтіндік ойындар, әлемді мәтін ретінде қабылдау (мұнда Ж. Дерридің әлемде мәтіннен өзге ешнәрсе жоқ, ол абсолютті түрде бәрін қамтушы деген теориясының ықпалын байқаймыз).
Жазылған оқиғаға байланысты күмән, «дербес оқиға» құруға ұмтылыс.
Саяси еместік, пафостың сөнуі мен «Жаңа ағартушылық» кезеңінің идеализмі.
Бейнесіз біреудің атынан баяндау, баяндау субъектісін тасалауға ұмтылыс.
Әдебиеттің сыни қызметінен бас тарту.
Қазіргі заман сыншылары «цзегоу» (деконструкция) терминін қытай әдебиетінің идеологияға қарсылық үдерісін білдіруге қолдануда. Әдебиеттанушы Чжан Сюэчжэннің сөзіне сенсек, постмодернизмнің Қытай әдебиетіндегі көрініс беруі төмендегідей мәдениет категорияларының конструкциясыздануынан келіп туындайды: «орталық пен орталық нүктедегі ресми әдебиет пен тіл... тарихты дербес тіл құралдарының көмегі арқылы қайта жазу... «кісі жайлы бас әріппен жазу» қағидатына талас... символизм, аллегория, сұлулық... және түптеп келгенде әдебиеттің мәнінің өзін жоққа шығару арқылы әдебиеттің рухани биіктігін өтірікке шығару». Филологтың тұжырымынан, «цзегоуды» Қытайда Батыстан өзгеше қабылданатындығы, оған анархиялық сипат пен жоққа шығарудың екпінді түрі тән екенін аңдаймыз.
1980-1990 ж. қытай әдебиетіндегі постмодернизм белгілері туралы сыншылар мен әдебиеттанушылардың әр түрлі пікірлеріне талдау жасай отырып, олардың зерттеу жұмыстарында мынадай көзқарастардың бар екендігіне көз жеткіземіз:
Постмодернистік қалыптың орталықтық, өктем дискурстің қирауымен байланысы. Осылайша, постмодернизм әдебиеттегі плюрализм мен индивидуализммен мағыналас термин ретінде қабылданады. Дегенмен өзіндік «менді» нығайту сыншылардың пікірінше, қытай модернінің ерекшелігі болып табылады.
Постмодернизм зиялы өкілдерінің 1980 ж. соңына қарай ағартушылық идеалдарына деген сенімін жоғалтуын қозғайды. Бұл жағдай тікелей студенттердің 1989 ж. Тяньаньмэнь алаңындағы шерулері мен соған қатысты «болттарды бұрау» саясатының жүргізілуі салдары. Осылайша, интеллигенция өкілдері мен мемлекеттің бірлесе отырып әрекет жасауы қарсыластыққа, текетіреске айналды.
Постмодернизмнің нарықтық экономикамен байланыстылығы. Бұқаралық қатынас құралдарының кең тарауы (теледидар, бейнетаспа, радио, телекоммуникация, поп-мәдениет) әдебиеттің мәртебесінің төмендеуіне ықпал ететін бірден бір фактор. Әдебиет бұқаралық мәдениет көріністерімен қосылуына байланысты постмодернистік сипатқа ие болады.
Постмодернизмді тұтынушы қоғамның дамыған нарықтық идеологиясы ретінде түсіндіріледі. Экономикадағы маңызды сектор қызмет көрсету болып табылады, сәйкесінше әдебиет постиндустриалды қоғамда тауар мәніне ие болады.
1990 ж. соңына қарай постмодернге деген қызығушылық сөніп, ендігі өзекті тақырып «жаһандану» болып есептелді. Бұл жағдай 1990 ж. басындағы постмодернизмнің жасандылығы туралы түйін жасауға итермелейді.
Жоғарыда Қытайдағы постмодернизмге келтірілген мысалдарға қарап, оның көбіне әлеуметтік тұрғыдан қарастырылғанын байқаймыз, әдеби сыннан көрі, әдеби емес, көркемдік емес факторларға басымдық беріледі. Қытай әдебиеттанушылары да әдебиеттану тақырыптарын әлеуметтік талдаудан бөлектеу туралы мәселені көтергенімен, теоретикалық әртектілік пен көп пікірлілік филологтардың осы тұрғыда ымыраға келуіне кедергі болады. Мұның себебі, қытай әдебиеттанушылаының өздері де мойындайтындай, ондағы әдебиеттану теориясының кенжелеп қалуында болу ықтималдылығы да жоғары.
Қытай әдебиетіндегі постмодернизмді талдау қиындығы, негізінен, қытай зерттеушілерінің Батыстан алған постмодернистік жағдайдың белгілері мен постмодернистік деп танылған туындылардың арасындағы үйлесімдіктің тартыстылығында. Ондағы постмодернизмге тән ресми және баяндаушы әдістерді реализм мен модернизмді ығыстырып шығару, батыс авторларының тәсіліне еліктеу, саяси метафоралар, дәстүрлі сюжеттердің жаңа мазмұнмен толықтыру секілді әр қырынан қарастыруға болады. Десе де постмодернизмді әдеби құбылыс ретінде қарастырған жөн.
Қытай әдебиетіндегі «жаңа кезеңге» тән үлкен өзгеріс - кейінірек «авангардышылар» атанып кеткен жас авторлар тобының шығармашылықтары. 1987 ж. «Жэньминь вэнсьюе» («Халық әдебиеті») мен «Шоухо» («Егін») жорналдарының нөмірлері қытай әдебиетіндегі «экспериментальды роман» (шиянь сяошо) немесе «авангардты роман» (сянбфэн сяошо) атты жаңа құбылыстарға арналды. Бұл бағыттың негізін салушы ретінде 1953 ж. дүниеге келген жазушы Ма Юаньды атаймыз. Оның Тибет жайлы жазған «Лхаса өзенінің әйел құдайы» (1984), «Кайлас тауының азғыруы» (1986) әңгімелерінде автордың өзіне тән «баяндаудағы тұзақ» тәсілі кеңінен қолданылады. Ма Юань өз әңгімелерінің сюжеті ойдан шығарылғындығын, ал ойдан шығару қандай да бір туындының бастауы екенін айтады. Автор оқырманға күтпеген жерден оқиғаның ойдан шығарылғандығын ескертеді, оның жарқын мысалы «Фикция» повесінің ортасындағы мына жолдар: «Құрметті оқырман, бұл... соңына дейін баяндамай тұрып... қорытындыны өзім ойлап тапқанымды мойындау керекпін. Мен де дәл өзге әңгімелеушілер сияқтымын. Мен сіздердің кейбіреулеріңіз осылардың барлығы рас деп ойлап қала ма деп қорқамын». Ма Юань шығармашылығының ерекшелігі де сонда, ол өз оқиғаларының ойдан шығарылғандығын оқырманларына ашық жеткізіп отырады. Автордың ойынша, әдетте ойды жеткізуге қолданылатын құралдардың көмегімен баяндаудың ақиқаты мен жалғандығы мақсатына жету мүмкін емес. Автордың бұл постмодернистік көзқарасында қисынсыз, әдейі бұрмаланған, бұзылған баяндау әдістері арқылы әлемнің әрқилылығы, қол жетімсіздігі мен хаосты бейнелеуге деген ұмтылыс бар.
Ма Юаньның ізін жалғастырушы жазушылардан біз әуелі Хун Фэн, Юй Хуа, Сунь Ганьлу, Гэ Фэй, Су Тун, Бэй Цунь, Фань Цзюнь, Дашидава мен т.б. –ды атаймыз. 1989 жылы сыншы Ли То «Вэньлунь бао» газетінде қытай әдебиетінде пайда болғас осы жаңа ағымға оң көзқарас білдіре отырып, «дербес жазудың» орныққанын мәлімдеді. Сонымен қатар постмодернизм жайлы сөз қозғалды. Авангардты прозаның ерекшелігі форма мен тілдік жағынан жазушының дербес «Менге» салмақ беруінде. Осылайша, көбіне форма мазмұнды айқындап шығады. Авангардшылар өз мақсаттарына жету жолында оқиғалар арасындағы уақыт байланыстарын не созып, не қысады, сбеп-салдарлы байланысты бұзады, кейіпкерлерді денесіз сомдайды, әңгімелеушіні баяндауға батыл қосады, «романдағы роман» тәсілін қолданып, оқырмен санасымен ойнап, оқыс қадамдарға барады. Жазушылар кейіпкерлердің сызбасына, олардың іс-әрекеттері, сөздеріне символдық көрініс беруге, дербес метафоралар мен жаңа күтпеген бейнелер жасауға тырысады. Осы бағыттың ең танымал өкілдері Сунь Ганьлу, Гэ Фэй, Юй Ху болып есептеледі.
Авангардтық бағытының ең көрнекті өкілі Сунь Ганьлудың еңбектері - осы бағыттың барлық сипатына ие болған туындылар. Оның шығармашылығын мазмұнының «тұмандылығы» мен лексика мен синтаксис жөнінен тілдік заңдылықтардан шалғайлығы себепті оқу қиын. «Тыныс» (1993) пен «Түске саяхат» повестерінде (1986) автордың қоғамдық бағыттылықта жазылып жүрген 1980 жылдардағы қытай әдебиеттерінің қағидаттарына бағынбайтын, өзгеше, дербес дүние жасауға ұмтылысы айқын байқалады. Сунь Ганьлу мұнда оның оқуға жеңілдігі мен баяндаудың реттік дамуына көңіл бөлмейді.
«Түске саяхат» повесінің атауынан-ақ байқайтынымыздай мұндағы оқиға өзге әлемде орын алады, осынысымен автор дербес бір өсиетті әңгіме құруға ынталылығын білдіреді. Повесте баяндаушының «Мені» түсінде өзінінің сүйікті жары Егін әйел-құдайымен бірге жасаған саяхатын баяндап береді. Автор түрлі символдар мен метафораларды қолдана отырып, адамзат баласының бастапқы қалпынан қазіргі өркениетке қарай жылжуын көрсеткісі келеді. Мұнда библиялық, христиандық және даосистік сюжеттердің ассоциацивті байланысын көреміз. Баяндайшы мен әйел-құдай өз сапарында жиырма ұлы адамдарың әрекеті туралы киелі кітап «Сақтықтың негіздерін» жолбастаушы ретінде қолдана отырып, Сақтық қақпасы мен Апельсин бағынан өтеді (Мұндағы Апельсин бағы Жәннат бағымен ассоциацияланады). Бұл бақта Мейрам кезінде барлық өлілер мен тірілер кездесетін болады. «Қағаз секілді жұқа және жұмсақ, нәзік әрі суық» өрнектелген қағаздан жасалған Аула арқылы өтеді. Автор повесте соғыстардың мұражайларда өркениеттің даму тарихы ретінде сақталып қалғандығын, қалаларға өз тегінен ажыраған адамдар, өз ортасынан қарасын үзіп шоғырланғандығын, осыдан келіп жақындарына деген жеккөрініш сезімнің туындауын, ауылдардың түгесіліп қалаға айналуымен дәстүрлі құрылысты қирататындығын бейнелейді. Сунь Гуньлуде Маркес туындыларына ұқсас тұстарды табуға болады. Оған мысал ретінде «Түске саяхат» повесінен Маркестің «Әлемдегі ең әдемі суға кеткен адам» деген әңгімесінің қайта өңделген сюжетін көре алатындығымызды келтіруге болады.
«Тыныс» повесіндегі Соңғы сөзінде автор осындағы естеліктер қатары шығармашылық адамы Локэ атты ақын жайлы екендігін айтады. Ақын «шаршағанына, аштығына қарамастан алға жылжушы, ұмтылушы бір сипатымен біздің ұлттық батырымыз Конфуцийге ұқсайды, ал қазіргі әлемде Ионеско мен Беккет, міне осындай адамдар». Ақын өз повесіндегі дәстүрлі сөз қолданысынан, метафоралар мен сөйлем құрылымдарынан бас тартады. Повесть тілі шетелдік туындылардың аудармасының тіліне ұқсайды, ал ондағы шетелдік атаулар бұл тұжырымды нақтылай түседі.
Сунь Гуньлудың повестері көбіне шетелдік туындылардың әсеріне шалдыққан болып келеді. Бұл, өз кезегінде еркін реминисценция, сүйікті автор туындыларын шығармашылық қайта ойлау болып табылады. Сөзімізді мысал арқылы дәлелдейтін болсақ, автордың «Әйелден жұмбақты шешуін өтінемін» повесінің алғашқы бөлімі «Үйде «Қызғанышты» оқып отырмын» деп аталады. Мұнда автордың қиялы А.Роб-Грийенің «Қызғаныш» романының сюжетінен келіп туындайды. Автор аталмыш француз жазушысы бөлмені сипаттау барысында онда бір заттың ешқалай үйлеспейтіндігін айтады. Осы ойдан келіп шындық естелікке айналғанда өзгеше, таңсық өзгеріске ұшырайтындығы, естен жиі шығып кететін сәттердің шығармашылық шабыт, роман туындататындығы туралы философиялық тұжырым жасалады. «Әйелден жұмбақты шешуін өтінемін» повесінде автор лексика мен грамматикалық құрылымдарда салыстырмалы түрде айланы аз қолданады. Бірақ сонымен қатар повесте күрделі композицияның шиеленісуі арқылы айтылып жеткізілмейтін нәрсені айтуға деген ұмтылыс, шын оқиға мен шынайы әсердің қиял әлемі мен иллюзияға трансформациялануы байқалады. Повесть романдағы роман болып табылады, баяндаушы субъектісінің көмескілігі көзге ұрынады: «мен» - баяндаушы өз қиялы арқылы кейіпкерлерді құрған, я болмаса оның өзі Ши есімді философтың ақылынан туындаған жоба. Аталмыш повесте Сунь Ганьлу ойдан шығару мен баяндау туралы мынадай ирония жасайды: «Мен бұл оқиғаны бар болғаны қайта баяндап бердім және мұның алғашқы баяндаушысы немесе құрушысы өтірікші-кезбе болғандықтан, мұндағы пайда болған дәлсіздіктер үшін жауап бере алмаймын». Осылайша, автор мәтін мен шындықтың арақатынасына, байланысына сілтеме жасай отырып, бір мәтіннің екі рет бірдей түсінілу ықтималдылығына күмәнін білдіреді. Сунь Ганьлу романның тұтастығына конструкциясыздық жүргізеді, роман бөлімдері мен оның жазылу тарихын араластырып, дәстүрлі прозадағы кейіпкерлер әрекетінің алдын ала келісіліп алуына қарсылық білдіреді, пейзаж бен жағдайлардың кейіпкермен байланыстарын көрсету туралы ирониялық ойларын білдіреді және көркем туынды құру механизмін ашады.
1964 ж. дүниеге келген Гэ Фэйдің «Қоңыр құстар тобы» (1988) повесі уақыттың объективтілігіне күмәнданған жұрттан безген жазушының нәзік әлеміне қарай жетелейді: «Қоңыр құстар тобы бір күні қайта көрінбей кете ме деп үнемі уайым қылғандықтан жай жазамын, құстар өздерімен бірге уақытты ды ала кетеді деп ойлаймын».
Сыншылардың пікірінше, бұл повесть қытай әдебиетіндегі «ең мистикалық», «ең түсіндіруге келмейтін» туынды болып табылады. Повесте екі оқиға түрінде тіршіліктің шынайылығына философиялық тұрғыда күмән келтіріледі, естелік пен шынайлықтың ара-жігін ажырататын нақты көрсеткіштің жоқтығы айтылады. Повесте тамаша әдіспен бір-бірімен ұштасып жатқан екі оқиға баяндалады. Мұнда шындық ретінде көрсетілген фактілер мен баяндауышының қиялы арасындағы үндестікті көре аламыз. Мәселен, автор сұлу қыздың соңынан қалаға қарай еріп жүру махаббаттан емес, автордың баяндау қағидатына байланысты деп түсіндіріледі. Автордың оқиға барысына осыншалықты еркіндікпен араласуы оның постмодернистік сипатын байқатады. Бірақ повестегі субъектілердің көместігін тағы көреміз. Кейіпкерлердің диалогындағы бір сарындылық, тілдік құралдардың жұпынылығымен жиі қайталанатын сөйлемдер оқырманды транс секілді күйге түсіреді. Повесть эстетикалық мақсаттан гөрі танымдық-философиялық мақсатты алға қояды.
Гэ Фэйдің 1987 ж. жарық көрген «Жоғалған қайық» атты тағы бір повесі формасы мен тілі жағынан дәстүрлі бағытты көбірек ұстанады. Автор бос орын әдісін шебер қолданады, кейіпкерлердің әрекетіне түсінік бола алатын логикалық байланысты елемейді. Бұл әдісті Бюрхес шығармашылығынан байқауға болады. «Цинхуан» повесіне жоқ нәрсені іздеу туралы ой арқау етілген. Баяндаушы ауыл тарихындағы бос орын болып қалып қойған «цинхуан» сөзіне түсініктеме табамын деп әуре, бірақ әр жолы бұл оның уысынан сусып кетеді.
Қытай жазушысы Юй Хуа (1960) өзінің бұрынғы прозасының авангардизм туындыларына жатқызылуына күмәнмен қарап: «Мен шындықты жеткізу үшін жүрегімде орныққан сипаттау әдістері қанағаттандырарлық емес екендігін ұқтым. Сол себепті жазудың көбірек қаныққан, көптүрлі әдістерін іздей бастадым. Мен 1980 ж. аяғындағы авангард серпіліс болды деп ойламаймын, ол бар болғаны әдебиет формасының көптүрлі болуына қол жеткізді деп есептеймін» дейді. Юй Хуа туындыларында шындық пен күнделікті түсініктерге қатысты философиялық ойларын көрсетеді. Ол есінен алжасқандар, нақұрыс кісі өлтіргіштер туралы жазады. «Үшінші сәуірдегі оқиға», «1986 жыл», «Өзен жағасындағы қателік» әңгімелерінде әлемнің абсурдтылығы, адамдардың табиғатына тән зорлықшылдығы, есінен ауысу халі бейнеленеді. Автор адамдардың өзін-өзі қинауы мен зорлықты түбегейлі сипаттауы оқырманды таң қалдырады. «1986 жыл» атты әңгімесінде Юй Хуа жындыларды «мәдени төңкерістің» елесі секілді сипаттайды. Одан қашып құтыла да алмайсың, бұл зорлықты жасаушының да, басынан өткерушінің әрбірінің санасын жаралайды деп түсіндіреді. Автор Қытайда 1980 ж. ерекше байқалған құбылыс – өз өткенін естен шығаруға қарсы ойын білдіреді.
Юй Хуаның таңқалдыратын повестерінің бірі 1998 ж. жарық көрген «Шындық көрінісі» атты туындысы болып табылады. Мұнда баяндаушы асқан салқын қандылық танытады. Повесть сюжеті мына бір ертегіден алынған секілді: Шань Гана деген кісінің баласы Пи Пи ағасы Шань Фэннің кішкентай ұлын өлтіреді. Содан соң Шань Фэн Пи Пиді, Шань Гань бауыры Шань Фэнді өлтіреді. Ал Шань Фэннің әйелі құқық қорғаушы органдар арқылы Шань Ганның өлім жазасына кесілуіне қол жеткізеді. Оның әйелінің атымен бүркеніп денесін мүшелеуге келісімін береді. Шығармадағы сжеттің ертегіден айырмашылығы кейіпкерлер бастапқы себепті білместен инстинкті түрде қылмыстық әрекеттерге барады. Юй Хуа шындықтың ұтымды екеніне күмән келтеріп, тұлғаның ақылға бағынбайтын тұстарын зерттеуге кіріседі. А. Веделлсберг «Шындық көрінісі» повесінен модернизм мен постмодернизм белгілерін кездестіруге болатынын айтады.
Юй Хуа кейіпкердің ішкі дайындығын көрсетпестен, бірден әрекеттердің басталуы мен аяқталуына үлкен мән береді. Бұл кенеттен пайда болатын кейіпкер әркетінің инстинкті әсерін қалдырады. Жазушыны көркем шығармада кейіпкер мен жағдайлардың арасындағы байланыс қалай қалыптасатыны қызықтырады. Юй Хуаның 1988 ж. жарық көрген «Бұлтартпас тағдыр» атты повесінде қашып құтылуға болмайтын тағдырдың тауқыметі туралы айтылады. Қараңғы күн, ымырт, үздіксіз жауған жаңбыр – бұлардың барлығынан қашып құтылуға болмайды. «Сол күні таңертең себелеп тұрған жаңбырмен бірге көше қиылысынан өткен Дун Шань өзінің қарт дәрігердің назарына ілінгенін білмейтін. Осы сәттен бастап бірнеше уақыт аралығына дейін қатыгез тағдырдың белгелерін көре алмайтын» деп басталады таңғажайып бұл повесть.
Юй Хуаның шығармашылығында реализм әдісі жетпейді. Автордың ойынша реализм әдестері күнделікті тұрмыс-тіршілік пен шынайылық туралы түсініктерге сенім артады. Реализм бұл құбылыстарды болмыстың ең жоғарғы заңдылықтары ретінде қабылдайды. Жазушының 1990 ж. жазылған романдарынан дискурсивтік ойындарды және рухани болмыстың жоғары құндылықтарын іздеуден автордың бас тартуын байқай алмасақ та, жазушының оптологизм мәселелері мен шектен тыс мистицизмге бет бұрып, електеуден бас тартқанын көре аламыз. Қарастырып отырған авангард-жазушылардың арасынан Юй Хуа тілдік тәжірибелерге аса қызығушылық таныта қоймайды.
1980 ж. соңына қарай қытай прозасының дамуын кейбір ғалымдар қытай постмодернизмінің іске асуы деп қарастырады. Мұндай көзқарасқа, ең алдымен, ұлттық сыншылар келеді. Авангардтық прозаны постмодернизммен анықтау бірінше кезекте мәтін жағынан оның Батыс Еуропа постмодернизм әдебиетіндегі үлгілермен сәйкес келуімен негізделеді. Постмодернизмнің қытай және батыстық нұсқалары прозада философиялық және көркемдік бастаулардың бірігуіне жақын келеді. Авангардтық романдардың авторлары осы саладағы Батыс әдебиетінің жетістігі мен постмодернистік тәсілдерді жетік меңгеріп, оларды шебер қодана алуы тиіс. Осылайша, авангардтық роман қытай тілінде жазылып, Қытайда орын алған шынайы оқиғаларды баяндаса да, автор шетелдік шығармалармен (мысалы, Борхестің прозасы, Ионесконың пьесалары мен «француз жаңа романы») таныс болады. Қытай прозасында авангардизмнің пайда болуы автордың «мәдини төңкеріс» арқылы мұра болып қалған тілдің көркемдік баяндау мүмкіндіктеріне қанағаттанбауынан туындаған десек болады. Зертеуші Ян Сяо-бинь авангардистердің посмодернизмі «мәдени төңкерістен» қалған психологиялық жарақаттарға жауап реакция деп есептейді. Қытай әдебиетіндегі посмодернизм түрлі экспрессивті құралдар мен троптар арқылы жүзеге асады. Осы кездегі әдебиетте ирония, абсурд пен гипербола маңызды орынға ие болады. Осы жерде абсурдизм авангард жазушылары үшін адамдардың қоршаған ортаны қабылдау формасы болып табылады.
Тарихты «саяси тұрғыда дұрыс» жеткізу, оны қайта қарастыру жолдарын іздестіру мен тарихи дәйектер арқылы еркін шығармашылыққа қол жеткізу 1990 ж. пайда болған жазушылардың қызығушылықтарын оятқан бағыттардың бірі болады. Аталмыш жазушылардың көбі өзінің шығармашылық жолын авангардистік әдебиеттен бастаған. Адамзат естеліктері өткен тарихтың шындықтарын жеткізудің бірден бір жолы болады. Мұндай естеліктерді Су Тун («1934 жылғы қашу», 1987) мен Е Чжаояннің әңгімелерінен кездестіруге болады. Бұл прозадағы тарих пен тұлғаның арасындағы байланысты баяндаушының диалогтары мен өткен дәуірді сипаттайтын оқиғалар арқылы түсінуге болады. Шығарманың сюжеті бүгін мен өткеннің арасында орын алады. Аталмыш авторлардың шығармаларында адамның жыныстық және күнәлі болу инстинкті тоқырау мен өлімнің себебі, барлық зұлымдықтың бастауы ретінде көрсетіледі. Бұл құбылысты фрейдизмге қызығушылық танытқан көптеген жазушылардың туындыларынан да байқауға болады.
Ли Эрдің 2001 ж. жарық көрген «Дыбыс арналары» атты романында тарихи дәйектер мен ойдан шығарылған оқиғалар, шынайы өмірде болған тұлғалар мен аллюзиялар шебер үйлесім тапқан. Роман үш бөлімнен тұрады. Әр бір бөлік Гэ Жэн есімді ойдан шығарылған кейіпкердің өмірінің соңғы күндерімен байланысты монологынан құралған. Монолог-бөлімнің соңында оқиғаны толықтыра түсіп, тарихи негіздеме беретін тарихи құжаттар, куәгерлердің естеліктері мен айғақтар келтіріледі. Автор түрлі композициялық тәсілдерді қолдану арқылы күрделі мәселелерді көтеруге тырысып, «Тарих қалай және кім арқылы пайда болады?», «Шындық пен жазылған тарихтың аражігі қандай?», «Неліктен жеке адамның тағдыры тарихнаманың пайдасына қарай құрылады?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Шығармада Гэ Жэн өлімінің себебі анықталмай қалады. Баяндаушы Гэ Жэн өмірбаянының тарихи нақтылығын көрсету үшін ойдан шығарылған тарихи анықтамалар мен дәйектерді жиі қолданады. Сыншы Хун Чжэн «шығармада ойдан шығарылған не болмаса нақты дәйектемелердің жиі кездесуі роман мәтінін постмодернизм шығармаларына жақындата түседі...» деген. Автор атақты адамның тағдыры туралы күрделі туынды жаза отырып, шығармадағы ең басты сәтті (Гэ Жэннің өлімі туралы) көрсетпейді.
Дю Чжэньюннің (1958) «Шағын Отан, бүкіл әлем, бақытгүлі» (1991), «Туған жердің хикаясы» (1993) атты повестері мен төрт томдық «Роман. Лапша және гүлдер» атты романы қытай әдебиетіндегі жарқын туындылар. Бұл шығармаларда оқиға өте көркем түрде асқан шеберлікпен баяндалады. Онда батырлар, көсемдер мен басшылардың ресми тарихы халық фольклорлық оқиғаларына қарсы қойылады. Лю Чжэьюннің тарихқа жүгінуін ерте кездегі халық сана-сезімінің негізідерін түсінуге жасалған заңды қадам деп қабылдауға болады. Оның «Туған жердің хикаясы» атты повесін постмодернизм тұрғысында тарихты еркін түрде қайта жазу ретінде қарастырамыз. Бұл бір «антиэпос» секілді, шағармадан қаһарман батырларды, елді сұлулығымен тамсандырған бойжеткендер мен халқы үшін қызмет еткен басшыларды көре алмаймыз. Онда қытай мәдениетіне тән кейіпкерлер мен символдар қайта жасалып, автор ешқандай пафос, мифті қолданбастан өмірдің шындығын сол қалпында суреттеуге тырысады. Дегенмен жазушы кейбір тұстарда қазіргі заманда орын алған қиышылықтарды көрсету үшін ертедегі кейіпкерлер мен сюжеттерді қолдану арқылы дәстүрлі тәсілдерге де жүгінеді. Лю Чжэньюнь қазіргі Қытайдағы ұрандар мен ресми баспаның бюрократиялық тілін жиі қолдану арқылы сатиралық нәтижеге қол жеткізеді. Нәтижесінде билік тілі жалғандық пен екіжүзділік сипатына ие болып, өткір сынға алынады.
1989 ж. маусым айында Тяньаньмэнь алаңында орын алған оқиғадан кейін елдің көрнекті әдебиетшілернің бір бөлігі шет аймақтарға кетеді. Бұл құбылысты әдеби мақсаттардың мемлекет пен рыноктың талаптарынан алшақ болуымен, сонымен қатар постмодернизмнің Қытайдың мәдени өмірінде орын алуымен түсіндіруге болады. Қытайда әдебиет мемлекет бақылауынан шығуға ұмтылады. 1990 ж. бастап әдебиет насихат жасау құралы ретінде өз маңызын жойып, әдебиетте шығармашылық ерекшелікке қарай ұмтылу үрдісі айқын көрінеді. Сырт аймақтарға ұмтылған ақын-жазушылардың қатарына Чжу Аэнь, Хань Дун, Юй Цзянь, Хэ Дунь, Би Фэйюйді жатқызуға болады. Аталған ақындар өздерінің тәуелсіздігін көрсетіп, көп оқылатын, түсінуге оңай реалистік шығармалар жазуға тырысады.
Қорыта айтқанда, жергілікті мәдени факторлар мен тарихи даму ерекшеліктеріне байланысты қазіргі қытай прозасындағы постмодернизм, модернизм мен реализмнің бағыттары мен тәсілдерін нақты бөліп қарастыру қиынға соғады. Авангард-жазушылардың шығармашылығын талдау арқылы бір автордың модернизм мен постмодернизм тәсілдерін қатар қолданатынын, енді бірі абсурд не реалистік бағыттағы повестер жазатынын көре аламыз.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
XX ғасыр ақыны Ли–Чачаудың ой–тұжырымының нәтижесі жайлы айтыңыз.
Қытай әдебиетіндегі повесттің қалыптасуы, оның негізін қалаған жазушы.
1970 жылы Қытайда белең алған үдеріс?
Постмодернизмнің өзіндік ерекшелігін көрсетіңіз.
Қытай сыншыларының бірі Ло Ганның ұстанған идеясы?
Ма Юань шығармашылығына тән өзіндік ерекшелік?
1990 ж. пайда болған жазушылардың қызығушылықтарын оятқан бағытты сипаттаңыз.
Иран әдебиеті
ХХ ғасырда Иранда пайда болған әдеби журналдар елдің әдеби өміріне біршама өзгерістер әкеледі. Егер бұрын-соңды иран ақындары ірі қоғам қайраткерлер айналасында жиналатын болса, енді олар әдеби журналдар арқылы біріге бастайды. Осындай әдеби журналдарда поэзия, проза, Иран және шетел әдебиеті туралы жаңалықтар да жарияланып отырады.
1910 ж. қараша айы мен 1922 ж. сәуір айына дейін «Бахар» журналы елге қызмет етеді. Оның редакторы Иранның атақты мәдени қайраткері Мирза Йусеф-хан Аштияни болған. «Бахар» журналында әдеби материалдармен қатар ғылыми, саяси, тарихи және әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарияланып отырғанына қарамастан, бұл басылымды Ирандағы алғашқы әдеби журнал деп айтуға болады.
Тегеранда 1920 ж. пайда болған «Анджомане адабийе Иран» атты әдеби қоғам мен журналдың бірлестігінде Бахар, Хабиб Йагмаи, Саид Нафиси мен Рашид Йасеми үлкен орын алады. Ұйым мүшелері маңызды әдеби ескерткіштер мен атақты ақындардың өлеңдер жинағын жарыққа шығару үшін көп еңбек етеді. Олар Низами шығармаларының жеті томдық жинағы мен адиб әл-Мамалектің, Каем-Макам Фараханидің дуанын, Баба Тахир мен Обейда Заканидің шығармалар жинағын, Насрабадидің антологиясы мен басқа да құнды кітаптарды жарыққа шығарады.
30-шы жылдары аталған әдеби қоғам әлсірей бастап, өз жұмысын шектеуге мәжбүр болады. Бұл қоғамның негізін қалаған Уахид Дастагарди үлкен күш жұмсап, «Армаган» әдеби журналын құру арқылы әдебиеттің дамуына зор үлесін қосады. 1920 ж. жарық көре бастаған бұл журналда парсы әдебиетінің классикалық туындылары мен қазіргі таңның атақты авторларының шығармалары, сонымен қатар тіл білімі мен мәдениет саласындағы зерттеу жұмыстары, атақты Батыс және Кеңес шығыстанушыларының мақалалары жарияланатын. Журналда көбіне ғылымдағы және қоғамдық өмірдегі өзекті мәселелер қозғалатын.
Парсы көркем прозасының дамуындағы біршама өзгерістер роман, повесть, новелла сынды жаңа жанр түрлерінің дамуына ықпал етті. Ирандағы алғашқы нағыз әлеуметтік роман ретінде 1921 ж. жарық көрген «Техране махуф» («Қорқынышты Тегеран») атты шығарманы ерекше атап өтуге болады. Оның авторы Мортаза Мошфек Каземи (1889-1978) кәсіби елші болатын. Ол қызмет бабымен жиі шетелдіктермен қарым-қатынас жасап, Еуропа елдеріне сапар шегіп, батыстық роман үлгілерімен де танысады.
Мошфек Каземидің «Голе пажморде» («Солған гүл») романы мен «Розегар уә андишеха» («Өткен туралы ойлар») атты шығармасында жазушының жеке өмірінен естеліктер келтіріліп, ХХ ғ. бірінші жартысындағы Иранда орын алған жағдайлар баяндалады.
«Қорқынышты Тегеран» романының жарыққа шығуы парсы прозасындағы естен кетпес оқиға болды. Бұл шығарма жаңа типтегі алғашқы роман болды және онда алғаш рет Иран қоғамына тән құбылыстар шебер суреттеледі. Роман халық арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады.
Аталмыш шығармада бір-біріне өлердей ғашық болған екі жастың қайғылы тағдыры баяндалады. Махиннің әкесі қызының кедей отбасынан шыққан Фаррохқа тұрмысқа шығуына тыйым салады. Ол қоғамда беделге ие болып, мәжіліс депутаты болу үшін қызын ақсүйек отбасынан шыққан бай адамға қоспақшы болады. Екі жас өз бақыты мен махаббаты үшін күресіп, талай қиындықтарды да бастан кешіреді. Соңында Фаррох тұтқындалып, Махин қаза табады. Ал Фаррохтың әкесі ұлының қайғысын көтере алмай көз жұмады.
Фаррох пен Махиннің бұл оқиғасы Каджар әулетінің билігі тұсында басталып, кейін Пехлеуи әулеті деп аталған Реза-Ханның әскери төңкерісі кезінде (1921 ж. 21 ақпаны) өз жалғасын табады. Романда Иран қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен шаруаларды мәжбүрлеу арқылы сайланған мәжіліс депутаттары, қызмет өкілеттілігін жеке мақсаттары үшін қолданатын министрлер мен моллаларға дейін өткір сынға алынады. Жалпы айтқанда, бұл шығармада «қорқынышты» Тегеранның барлық жағымсыз жағы шебер суреттелген. «Қорқынышты Тегеран» романының авторы өз шығармасында қоғамды адамгершілік құндылықтармен өмір сүретін еңбекшілер және әдепсіз жексұрындардан тұратын басқарушылар деп екі тапқа бөледі.
Мошфек Каземи Еуропа әдебиетімен жақсы таныс болып, тіпті француз романдарын түпнұсқада оқыса да, Батыс үлгісінің ықпалына ұшырамастан, ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, жаңа парсы әлеуметтік романын дүниеге әкеледі. Шығарманың тілі ауыз екі тілге өте жақын. Романда халықтың күнделікті тұрмысы мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі сипатталып, табиғат көріністері әсем бейнеленеді.
ХІХ ғ. жазылған парсы тіліндегі «үлкен көлемді» прозалық шығармаларда басты кейіпкер ретінде тарихи тұлғалар алынатын болса, «Қорқынышты Тегеран» деп аталатын аталмыш романда алғаш рет көркем образдар басты назарға алынған. Бұл шығарманың тағы бір ерекшелігі, онда автор оқиғаларды құр баяндаудан гөрі суреттеуді жиі қолданып, кейіпкерлердің сыртқы бейнесі мен жандүниесін шебер сипаттайды.
20-30 ж. Иранда «Қорқынышты Тегеран» атты шығармадан кейін Мохаммад Хеджази, Саид Нафиси, Аббас Халил сынды авторлардың еңбектері пайда бола бастайды.
Мохаммад Хеджази (1900-1973) министрлікте бірнеше қызметтер атқарып, «Иране эмруз» («Қазіргі таңдағы Иран») атты журналды шығарған. Өзінің саяси және тілшілік қызметімен қатар 20-шы жылдардан бастап романдар жаза бастайды. Оның махаббат тақырыбына арналған романдары Иранда кең тарап, үлкен жетістікке ие болады.
Хеджазидің «Хома» атты алғашқы романы 1927 ж. Тегеранда жарыққа шығып, кейін бірнеше рет қайта басылады. 1929 ж. «Паричехр», кейін «Зиба» атты романдары да басылып шығады. Әйел есімдерімен аталған бұл романдарда Иран қоғамында пайда болған әйелер тобына сипаттама беріледі. Бұл шығармада Мошфек Каземидің «Қорқынышты Тегеран» атты романындағыдай жалпы қоғамдық-әлеуметтік мәселелер көтерілмейді. Осы уақытта Иран жазушылары екі топқа бөлінеді. Бір тобы Мұхаммад Хеджази секілді махаббат тақырыбындағы романдар жазуды таңдаса, енді бір тобы батыл жазылған шынайы әлеуметтік романдардың авторы болады.
Саид Нафиси (1896-1966) - жан-жақты білімді, талантты әдебиетші, Тегеран университетінің профессоры, шетелдік университеттердің құрметті докторы, Иран тіл және әдебиет Академиясының мүшесі, филолог, әдебиетші, ақын, прозаик және қоғам қайраткері. Оның «Фарангис» атты шығармасы парсы прозасындағы сентиментальды бағытта жазылған алғашқы романдардың бірі болып табылады. Бұл шығарма «Эттелаат» («Хабаршы») газетінде жарияланып, кейін кітап болып жарыққа шығады. Роман сюжеті мен құрылымы жағынан Гетенің «Жас Вертердің қасіреті» атты шығармасына жақын келеді.
Фарангиске ғашық болған жас Вертер ауруға шалдығып, емделу үшін елден кетеді де, ғашығына махаббат хатын жолдап тұрады. Ол өмірдің мәні алға қойған мақсаттарды орындап, жетістікке қол жеткізу деп ойлайды. Бірақ өмірдің ауыр сынағын бастан кешіріп, үлкен қасіртке душар болған жігіт өзінің ғашығы Фарангиске арналған 60-шы хатында өмірмен қош айтысады. Ал 61-ші хатында өзін өзімшіл санап, отыз жыл бойы ұйықтап келгенін түсініп, болашаққа сеніммен қарайтынын айтады. Бұл романда тығырыққа тірелген жас жігіттің қайғы-қасіреті қоғамда орын алған жағдайларға байланысты екені де көрсетілген.
Мохаммад Багер-мирза Хосроудың (1850-1920) «Шамс пен Тогра» атты үш томдық тарихи романы 1910 ж. жарыққа шығады. Күрделі құрылған бұл шығармада оқиға Ирандағы моңғол үстемдігі кезінде орын алған. Беделді араб отбасынан шыққан Шамс моңғол ақсүйегінің қызына ғашық болады. Бұл екі жастың қосылуы мүмкін емес болатын. Сондықтан да ғашықтар үлкен қиыншылықтар мен қайғы-қасіреттерге душар болады. Хосроуидің бұл шығармасы Низамидің «Хосроу мен Шырын», «Ләйлә мен Мәжнүн» атты біртуар туындыларына жақын келеді.
«Шамс пен Тогра» атты романда ХХ ғ. орын алған өзекті мәселелер сөз болады. Оқиға жағымсыз әлеуметтік жағдайларда өрбиді. Автор жаулаушылардың қатігездігі мен жауыздығын, елдегі ұрлық-қарлық пен өмір сүрудің ауыр жағдайы туралы айтады. Романда өткен оқиғаларды суреттеу арқылы қазіргі замандағы өзекті мәселер айқын көрсетілген.
Тарихи романның дамуына Абдолхұсейн Сан'ати-заде Керманидің (1895-1973) қосқан үлесі ұшан теңіз. Оның шығармаларынан «Дамгостаран йа әнтекамхане Маздак» («Маздак үшін кек алушылар»), «Сийахпушан йа дастане Абу Муслиме» («Абу Муслим жайлы хикая»), «Ростам дар карне бистодоввом» («ХХІІ ғасырдағы Рустам») және т.б. белгілі. Тарихи романдарға Шейх Муса Натаридің «Эшк-о салтанат йа фотохате Куруше кабир» («Махаббат және билік немесе Ұлы Кирдің жеңісі»), Мырза Хасан-хан Бадидің «Дастане бастан йа саргозаште Куруш» («Көне заман туралы хикая немесе Кирдің оқиғасы») атты еңбектерін де жатқызуға болады. Аталмыш тарихи романдарға махаббат оқиғасы мен патриотизм, яғни елінің тәуелсіздігі үшін күресу, ежелгі Иранды мадақтау тән. Бұл шығармалар арқылы қазіргі таңда билік басында отырғандарға өсиет айтылады.
Тегеранда Реза-Шахтың билігі тұсында Рокн-заде Адамияттың «Далиране Тангестани» («Тангестан батырлары») атты тарихи романы жарыққа шығады. Бұл шығарма 1931 ж. «Кушеш» («Тырысу») газетінде жарыққа шығып, 1934 ж. аранайы кітап болып басылып шығады. Роман оңтүстік Ирандағы Тангестан аймағына ағылшындардың басып кіруіне қарсы халық наразылығына байланысты 1916-1922 ж. оқиғаға арналған.
Адмияттың «Тангестан батырлары», Мырза Хейдар Али Кемалдың (1930) «Лазика» сияқты романдары көркемдік құндылықтарымен ерекшеленбеді. Онда кейіпкерлерге психологиялық сипаттамалар берілмейді және шиеліністердің шешімдері көрсетілмей, тек жекелеген оқиғалар ғана баяндалады.
Осылай қысқа уақыттың арасында (20-30 ж.) парсы прозасында жаңа типте жазылған сентиментальды бағыттағы әлеуметтік, тарихи және махаббат тақырыбындағы романдар пайда болады. Иран жазушылары батысеуропалық әдебиетшілердің тәжірибесіне сүйене отырып, өз шығармаларына ұлттық реңк беретін парсы әдеби дәстүрлерін де пайдаланған. Дегенмен аталмыш романдардың авторлары кәсіби жазушы болмаған.
Қазіргі таңдағы парсы көркем прозасы дами отырып, жаңа жанр түрлері арқылы байи түседі. Парсы әдебиетінде пайда болған жаңа повесть романдардағы тақырыптарды қайталамастан қоғам өмірінің басқа да тұстарын қамтыған болатын.
Үлкен қаланың қызметкерінің бейнесі алғаш рет Мохаммад Мас'уд Дехаттың (1905-1947) повестерінде пайда болады. Бұл жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жоқтың қасы. Ол «Марде әмзур» («Қазіргі таңдағы адам») газетін шығарған. 1947 ж. жазушы белгісіз жандардың қолынан қасақана қаза табады. Дехаттың повестері үлкен жетістікке жетіп, Тегеран газеттерінде жоғары бағаланған. «Тафрихате шаб» («Түнгі сауық»), «Дар талаше мааш» («Қорек іздеу»), «Ашрафе махлукат» («Ең тамаша жаратылыс»), «Гольхайе ке дар джаханнам мируйада» («Тозақта өсетін гүл») сынды шығармалары оқырмандардың қызығушылығын оятып, үлкен сұранысқа ие болған.
Оның «Қорек іздеу» (1933) және «Түнгі сауық» (1934) атты шығармаларында оқиға айлакер, қу саудагер Помидорин мен шенеунік Покердің, ақсүйек Скелет пен философтың атынан баяндалады.
Шығарманың құрылымына келер болсақ, онда тұтастық жоқ. Әрбір повесть бір-бірімен сюжеті бойынша емес, тек кейіпкердің есімі арқылы байланыс тапқан жекелеген әңгімелерден тұрады. Шығарманың бірінші бөлімінде Скелет үйленбекші болады, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, оның отбасы бейшара халге түседі. Енді үйленбек түгіл өзін асырауға әлі келмеген жас жігіт өзін-өзі өлтіруге бел буады. Оқиға қайғылы аяқталып, бас кейіпкер у ішіп қаза табады. «Түнгі сауық» повесінің бас кейіпкері осы дүниедегі барлық нәрсе ұсқынсыз және барлық адам өзімшіл деген ой түйеді. Өткен уақыт та, қазіргі кезде сәтсіздікке толы. Әлеуметтік кедергілер мен өмірдің ауыр сынақтарынан ешқашан қашып құтылуға болмайды. Философ барлық нәрсеге кедейлік емес, бақытты өмір сүре алмаған адамның өзі кінәлі екенін айтады.
Ахмад Ходададенің «Рузе сийахе каргар» («Еңбеккердің қараңғы өмірі») атты повесі көркемдік жағынан Мұхаммад Мас'удтың шығармаларына қарсы қойылады. Оның бұл шығармасы 1926 ж. Иранның солтүстік-батысындағы Керманшах қаласында жарыққа шығады. Кеңестік атақты ирантанушы В.Г.Тардовтың орыс тіліндегі аудармасы 1930 және 1935 жылдары жарияланады.
Повесте Иранның ауылдық өмірі, нақтырақ айтсақ, күрт шаруа Бахтиярдың тағдыры туралы айтылады. Сол кезде шаруа тақырыбында жазу парсы прозасы үшін ерекше құбылыс болады. 20 ж. тек қала өмірін сипаттайтын әдебиет үшін артта қалған ауыл өмірі мен шаруалар туралы жазуға тыйым салынған еді.
Аталмыш шығармада ойдан шығарылған оқиғалар мен ешқандай әсірелеу кездеспейді, онда ғасырдың басындағы Иранның жекелеген аймақтары мен ауылдық өмірі шынайы суреттелген. Бұл шығармада Ахмад Ходададе өзі жақсы білетін Керманшах ауылын жан-жақты суреттеуге тырысады. «Рузе сийахе каргар» повесі жазушының жалғыз туындысы болғанымен, халық арасында кең таралып, авторға үлкен табыс әкеледі.
Парсы көркем прозасының өтпелі даму кезеңінің өзінде әңгімелер жазыла бастағанымен, олар көбіне дәстүрлі әдебиетпен тығыз байланысты болады. 20-30 ж. Иранда ұлттық сипаттағы новеллалар пайда болған кезде тың өзгерістер орын алады. Жас жазушы-новеллистердің шығармалары Иранның баспасөз беттерніде жарияланып, жеке басылым болып шығып жатты. Сол кездегі көрнекті жазушы-новеллистер ретінде Мұхаммад Али Жәмәл-заде мен Садек Хедаятты ерекше атап өтсек болады. Олардың шығармашылығы көркемдік жағынан да, идеологиясы жағынан да ерекшеленіп, парсы прозасының дамуына өзіндік үлесін қосқан.
Сеид Мохаммад Али Жәмәл-заде (1892-1997) өз дәуірінде көпті көрген жазушы. Ол Исфаһанда дүниеге келіп, жастайынан білім алу үшін Бейрутке кетеді. Орта білім алғаннан кейін Парижде, Лозаннада болып, Дижонда заң факультетін бітіреді. Жас жазушы уақытша Иранға келіп, кейін Берлинге кетіп, ирандықтардың неміс ұлтшылдар тобына қосылады. 1916 ж. бастап «Каве» журналында қызмет етеді. Ол бірнеше жыл «Эльмо хонар» («Ғылым мен Өнер») журналын шығарады. 30-шы ж. басында Женеваға кетіп, сол жерде Халықаралық еңбек ұйымында басшылық қызмет атқарады.
Жәмәл-заденің дүниетанымы мен ұстанымы оның шығармашылығына да өз әсерін тигізбей қоймады. Ол еуропалық авторлардың шығармашылығын жоғары бағалай отырып, әдебиетті Иранның қоғамдық өмірі мен мәдениетінің дамуына ықпал етуші құрал ретінде қарастырады. Ол парсы көркем прозасын төмен дәрежеде және оның тілі кедей деп санап, ұлттық әдебиетке жаңа еуропалық жанрларды енгізу арқылы көркем шығарма тілін байытуға шақырады.
Жәмәл-заденің «Дустийе хале херсе» («Аю тәтейдің махаббаты») атты әңгімелер жинағынан жазушының нақты саяси ұстанымын байқауға болады. Оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Керманшахта орын алады. Ондағы әңгімелерде орыстарға деген жеккөрушілік байқалады. Кеңес үкіметіне деген мұндай көзқарасты жазушының басқа да шығармаларынан байқауға болады. Оның 1953 ж. Женевада жазылып, Тегерандағы «Сохан» журналында жарық көрген «Атеш зире хакестар» («Күл астындағы от») атты повесінде Кеңес үкіметінің Иранға әскери қатер төндіретіні айтылған.
Қазіргі прозаның дамуына этнограф, фольклортанушы, зерттеуші және аудармашы Садек Хедаяттың (1903-1951) қосқан үлесі ұшан теңіз. Оның әкесі Тегеран әскери училищесінде ұстаздық еткен Реза Хедаят әдебиетті сүйіп оқитын. Оның жақын-алыс туыстары да білімді, поэзияны бағалайтын жандар болған. Осындай жағдайда өскен Садек Хедаят әдебиетке үлкен қызығушылық танытады. Ол Тегерандағы ескі аудандарды аралап, халық жырлары мен дастандарын тыңдап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бақылауды ұнататын. Осының нәтижесінде автор өзінің «Нейрангестан» («Ғажайып әлем») атты шығармасында ирандықтардың наным-сенімдері мен әдет-ғұрпын жан-жақты қарастырып, ескі ырымдар мен наным-сенімдерді өткір сынға алады. Бастапқыда бұл кітапқа тыйым салынғанымен, кейін жарыққа шығады.
Хедаят Иранның халық поэзиясы туралы кітап, төрт ертегі, Исфаһан туралы жазбалар мен парсы әдебиеті туралы бірнеше мақалалар жазған. Ол поэзияға асқан қызығушылық танытып, Омар Хайямды жоғары бағалаған. 1923 ж. Хедаят толық орта білімін аяқтамай жатып, Хайям шығармаларының жинағын жасады. Бұл жинақ үлкен жетістікке ие болып, халық арасында жоғары бағаланып, Иран әдебиетінде Хайямның шығармашылығы туралы жазылған маңызды еңбек болды.
Хедаят 1925 жылы Тегерандағы Сен-Луи француз мектебін үздік бітіріп, Бельгиядағы жоғары инженерлер училищесіне, кейін архитектура мамандығы бойынша Парижге оқуға жіберіледі. Жас жігіт өзінің шәкірт ақысын кітаптарға жұмсап, романдар, әңгімелер, әдебиет пен мәдениет тарихы бойынша кітаптарды оқып уақытын өткізеді, көп жазады.
1930 ж. Хедаят жоғары білімін аяқтамастан Иранға қайта оралады. Ол басшылық қызметін атқара жүріп, өзінің сүйікті ісімен айналысуға да уақыт табады. Оның алғашқы әңгімелері мен повестері, парсы тілі, әдебиеті мен мәдениеті туралы мақалалары жарық көре бастайды. Жазушының шығармашылық өмірін екі кезеңге (1926-1941 және 1942-1950 ж.) бөліп қарастыруға болады. Оның алғашқы шығармаларының бірі 1926 ж. жазылған «Марг» («Өлім») атты әңгімесінде өмір мен өлімнің қатар жүретіні, өлім болмаса, өмір де болмайтыны айтылады. Мұнда өлімнің барлығына ортақ, бай не кедей деп таңдамайтыны хақында өрбітеді.
Жазушының шығармашылығына батысеуропалық декаденттік әдебиеті айтарлықтай әсер етеді. Бұл жазушының Парижде жазылып, 1930 жылы Тегеранда басылып шыққан «Зенде бе гур» («Тірідей көмілген») атты әңгімесінде көрініс тапқан. Бұл шығарманың кейіпкері өмірдің ауыр сынақтарынан өтіп, зұлымдықты жеңуге күші жетпей, өзі тірідей көміледі.
Үш жылдан кейін жазушының «Сайе роушан» («Түнек жарығы») жинағына енген «Арусак поште парде» («Көрмедегі манекен») атты шығармасы жарық көреді. Садек Хедаяттың шығармашылық өмірінің бірінше кезеңіне «Үлкен новелла» деп аталып кеткен «Буфе кур» («Соқыр үкі») атты повесін жатқызуға болады. Көптеген батысеуропалық және ирандық әдебиетшілер бұл шығарманы жазушының ең үздік туындысы деп есептейді. Онда 30 жылдары Иран қоғамында орын алған жағдайлар шынайы суреттелген. Шығармада бір тілім нан үшін еңбек ететін қарт та, ұрылар да, жезөкшелік те, нашақорлық та кездеседі.
Парсы әдебиетіне тән поэтикалық салыстырулар, символика мен астарлап айту жиі кездесетін бұл шығармада бір жағынан адамгершілік құндылықтар, екінші жағынан екіжүзділік, пайдакүнемдік, тойымсыздық туралы айталды. Хедаят өзінің «Соқыр үкі», «Тірідей көмілген» атты әңгімелерімен қатар реалистік бағыттағы шығармалар да жазған. Ол өз шығармаларында Ирандағы феодалдық тұрмыстың қорқынышқа толы тұстарын әшкерелеп («Мохаллел», 1932), адамдардың ашкөздігі туралы айтып («Мордехари» - «Құзғын», 1930), түрлі қылмыстар мен екіжүзділікті өткір сынға алады («Талабе аморзеш» - «Тәубе», 1932).
ХХ ғ. 30 жылдары парсы көркем прозасының роман, повесть, әңгіме сынды жанрлардың жаңа түрлері қалыптасса, 40 жылдары иран әдебиетінде жаңа құбылыстар орын алады.
Екінші дүниежүзілік соғысы Иранға да өз әсерін тигізіп, елдің саяси жағдайына біршама өзгерістер әкеледі. Реза-шахтың фашизмді жақтаған саясаты халықтың наразылығын тудырып, 1941 жылы ирандық диктатор билік басынан кетуге мәжбүр болады. Саяси тұтқындарға амнистия жарияланып, қоғам қайраткерлері, көрнекті ақын-жазушылар, журналистер түрмеден босатылып, елдеріне қайта оралады, елде сөз бостандығы орнайды. Осы кезде көптеген саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар пайда болып, мезгілдік басылымдардың (газет, журнал, арнайы әдеби басылымдар) саны да арта түседі. Бұрын-соңды демократиялық бағытта жазатын жазушылардың шығармаларын жарыққа шығарудан қорқатын баспалар ендігі жерде оларды өздері іздей бастады.
40 жылдар парсы әдебиеті үшін ерекше кезең болып, проза үлкен екпінділікпен дами бастады, түрлі тыйымдар мен қуғын-сүргіндерден, қудалаудан шаршаған жазушылардың шығармаларында 1941 жылдан бастап әлеуметтік-саяси мәселелер басым орынға ие болады.
Парсы тіліндегі әдебиетің дамуына сол кезде Хедаят зор үлес қосады. Оның шығармашылығының екінші кезеңінде (1942-1950) жазылған туындыларда лирика мен романтикалық көңіл-күй басым. Ол сонымен қатар қоғамның дамуына кедергі келтіретін зұлымдық пен жауыздыққа қарсы күресу үшін сатираны да шебер пайдаланады. Жазушының «Казийейе харе дадджал» («Дәжәлдің есегі», 1944) атты әңгімесінде өз мүддесі үшін Отанын сатқандарды келемеж етеді. Ал америкалық отыршылдарға қарсы жазылған «Тупе марварид» («Гауһар пушка», 1947) атты памфлетінде ескі ғажайып пушканың тылсым күші туралы айтылады.
1943 ж. Хедаят өзінің «Абе зендеги» («Жанды су») атты аллегориялық әңгімесін жазады. Үш ағайынды жігіт бақыт іздеп жолға шығады. Хасани мен Хосейни айлакерлік, қулықпен Алтын Елі мен Ай Жарығы Елін басып алады. Бұл «жаңа тәртіп» орнатқан фашизмнің нышаны болса керек. Ал ағайындардың ең кішісі, өз халқын сүйетін, әділ әрі шыншыл Ахмадак Мәңгі Көктем еліне жетіп, ол жерден жанды су алып келіп, соқыр, ұйқыда жатқан халықты оятып, оларға өмір сыйлайды. Алтын елі мен Ай Жарығы елінің халқы өздерінің жуыз басшыларына қарсы шығып, үлкен жеңіске жетеді.
«Абе зендеги» туындысы «Тупе марварид» сияқты формасы жағынан романтикалық әңгіме болғанымен, асылында реалистік бағытта жазылған шығарма болып табылады. Басқа да Иран жазушыларының (мысалы, Садек Чабак) осыған ұқсас шығармаларына қарап қазіргі парсы прозасында романтизм жеке ағын немес бағыт ретінде қалыптасқанын айтамыз.
Хедаят өз шығармашылығының бірінші кезеңінде жекелеген мәселелерге көңіл бөлсе, ал екінші кезеңінде өзекті әлеуметтік-саяси сюжеттер басымдылыққа ие болады. Жазушының «Фарда» («Ертең» 1947) атты туындысында ирандық баспахана қызметкерінің қиыншылықтары мен қайғы-қасіретке толы тағдыры баяндалады. Парсы прозасындағы алғашқы жұмысшы образы Мехди Загидің бейнесі толық ашылмағанымен, сол кезде ирандық жұмысшылардың өмірі туралы жазу үлкен батылдықты қажет ететін.
Жазушыға үлкен жетістік әкелген «Қажы-аға» атты ең үздік шығармасы 1945 ж. жарық көріп, бірнеше рет басылып шығады. Онда пайдақұмар саудагер де, мансапқұмар жағымпаздар да, клерикалдар мен фашистер де кездескенімен, шығарманың бас кейіпкері жоғарыда аталған кейіпкерлермен жүйелі байланысқа түскен екіжүзді, сараң, жауыз, кертартпа Қажы-аға болып табылады. Ол саяси қулық-сұмдық жасап, үлкен пайда табады. «Тақуа» мұсылманның өмірлік мақсаты – үлкен пайда тауып, елдегі демократиялық қозғалыстардың дамуына қалай болса да кедергі жасау.
Жазушының бұл шығармасы билік басындағылардың тарапынан үлкен сынға ұшырап, көркемдік құндылығы өте төмен туынды деп қарастырылса, Иранның әдеби сыншылары КСРО-да орыс және басқа да тілдерде бірнеше рет басылып шыққан бұл повесті өте жоғары бағалады.
Көрнекті батыл жазушы Хедаят 1951 ж. өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысады. Оның шығармашылығы тек парсы көркем прозасының қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар оның әлемге танылуына да айтарлықтай ықпал етеді. Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің алтын медалімен марапатталған Иран прозаик-жазушысы Бозорг Алауи Садек Хедаятты «жаңа парсы прозасының негізін қалаған қазіргі таңдағы ұлы жазушы» деп жоғары бағалаған. Француз шығыстанушысы Ж. Лазер мен әдебиетші Роже Леско да С.Хедаяттың парсы әдебиетінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтеді.
Кейінгі көрнекті жазушылардың қатарында Бозорг Алауи (1914-1997) саналады. Ол өзінің шығармашылық жолын журналистік қызметінен бастап, 1929-1930 ж. «Шарқ» («Шығыс») және «Донйа» журналдарына өзінің әдебиет саласында жазылған «Гете және Иран», «Өнер мен материализм» сынды мақалаларын, сонымен қатар парсы тіліндегі әдеби аудармаларын (Рабиндрант Тагордың «Отбасы және Әлем» романы, Шиллердің «Орлеандық бикеш» драмасы, С.Цвейгтің «Ақ гүлдер» әңгімесі) жариялап отырған.
Бозорг Алауидің «Див-див» атты алғашқы әңгімесі 1931 ж. Тегеранда басылып шыққан «Аниран» («Иран емес») жинағына енеді. Ал оның «Шабадан» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1934 ж. жарыққа шығады. Ондағы кейбір сюжеттер жазушы Берлинде болған кезде жазылуы да мүмкін. Жас жазушы дәл осы жерде доктор Эранимен кездесіп, Еуропаның алдыңғы қатарлы жазушыларының шығармаларымен танысады. Жазушының өмірін зерттеумен айналысқан Абдулла Дастегейб: «Алауидің алғашқы шығармаларынан Достоевский, А.Шницлер мен Фрейдтің, неміс романтиктері мен экпрессионистерінің ықпалын байқауға болады», - деген.
Жазушының «Шабадан» атты шығармасында оқиға Берлинде орын алады. Эмигрант орыс қызы Катюша студент Ф-ке ғашық болады. Оның әкесі қоғамда беделді, бай адам болатын. Ф. Катюшаны сүймеді, оның адалдығына да сенбейді, бірақ қызды ұнатады. Катюша өзін асырай алатын, бақытты өмір сыйлайтын қалыңдық іздейді. Бір күні Ф. әкесінің шабаданына байланысты Катюшаның қалыңдығын көріп қалады. Студент Ф. қызға былай деп хат жазады: «Қымбатты Катюша, сен менің әкеммен таныстыруды өтінген едің ғой, міне, ол сенің алдыңда отыр... Қалыңдығың туралы менің пікірімді де білгің келген. Міне, сені бақытты ететін нағыз керек адам осы».
«Шабадан» жинағына енген әңгімелердің бірінде қызғаныштың салдарынан адам өлімі болса («Тарихчейй отаке ман» - «Бөлмем туралы шағын әңгіме»), ал екінші бірінде психикалық ауытқулармен байланысты таңқаларлық қарым-қатынастың куәгері боламыз. Онда махаббатқа бөленуді армандаған қыздың музыкант ғашығы тек қыздың өлеңдерін ғана сүйеді. Ал қыз ән айту қабілетінен айырылғаннан кейін екі ғашық ажырасады («Арусе хезар дамад» - «Мыңдаған жігіттің қалыңдығы»). Жазушының «Сарбазе сорби» («Қалайыдан жасалған солдат») атты әңгімесінде нәзік жандылардың өміріне түрлі қиыншылықтар әкелетін еркектер туралы айтылады.
Реза-шахтың кезінде қамауға алынған жазушылардың арасында болған Бозорг Алауи түрмеден босатылғаннан кейін өзінің «Уаракпарехейе зендан» («Түрмедегі жазбалар», 1942) және «Панжахо се» («Ел үш», 1943) атты шығармаларын жарыққа шығарады. Бес қысқа әңгімеден тұратын бірінші жинағында Реза-шахтың билігі тұсындағы түрменің қорқынышты жағдайы суреттеледі. Екінші шығармада 20 жыл бойы халықты үрейде ұстап келген Реза-шахтың диктатурасы мен режимі туралы айтылады. Диктаторлық жүйенің ащы шындықтары сипатталған жазушының бұл екі кітабы да көпшілік үшін күтпеген жағдай болады.
40 жылдардағы көркем прозада орын алған өзгерістер жаңа буын жазушылары шебер пайдалана алған жаңа көркем тәсілдермен тығыз байланысты болады. Жазушылар өз шығармаларында символика мен салыстыру әдісін шебер пайдаланады.
50 жылдары сатиралық прозада кең тарған памфлет формасында жазылған Хатиби мен Нафисидің шығармаларын ерекше атап өтсек болады. Саид Нафисидің «Нимераха бехешт» («Жұмаққа барар жолда») атты романы 1952 ж.жарық көреді. Буржуазиялық қоғамды әшкерелеген мұндай өткір сатира парсы прозасында алғаш пайда болады. Әдебиеттегі жарқын құбылыс болған Саид Нафисидің саяси романы қазіргі парсы прозасындағы жаңа жанрдың бастамасы болған.
Парвиз Хатиби өзінің «Шахре Херт» («Жүйесіз қала», 1954) атты шығармасында Иран халқының ұлттық құндылықтар мәселесін көтереді. Онда жазушы бас-көзсіз Еуропаға табынып, өздерінің туған қалаларын тек ата-бабалары өмір сүретін лашықтай көретін адамдарды әшкерелеп, сол кезде қоғамда орын алған түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларды шебер көрсете білген.
40-50 жылдары әдебиетте жаңа тәсілдер іздестірген Иран жазушыларының арасынан Ибраһим Голестанды (1922) ерекше атап өтсек болады. Жазушы өзінің «Азар – махе ахере паиз» («Азар – күздің соңғы айы», 1949) атты алғашқы әңгімелер жинағында У.Фолкнердің көркемдік тәсілдерін қолданып, уақытқа қатысты баяндаудың неоклассикалық бағытын ұстанады. Оның кейіпкерлері белігілі бір тарихи кезеңде емес, ойдан шығарылған уақыт аралығында өмір сүреді. «Азар – күздің соңғы айы» атты әңгімеде оқиға бас кейіпкердің атынан баяндалады. Ол өзінің досы Ахмад туралы ойға батып, өзінің естеліктері арқылы досының өмірін, оның отбасын әңгіме етеді. Кейіпкер өзінің ұзақ толғанысынан кейін саяси өмірге араласпай, тыныш өмір сүруге бел буады. Ибраһим Голестанның «Мийане дируз фарда» («Өткен мен бүгіннің арасында») атты әңгімесінің бас кейіпкерлері түрмеге түскен Насер мен Рамазан да саяси белсенділікке толы өткен өмірлері туралы ұзақ ойланғаннан соң «Мен бұл іске араласпағанда ғой!» деген өкініштерін білдіреді.
Осы кезде көптеген жазушылардың шығармаларында рухани дағдарыстар, өлім, мәнсіз өмір туралы жазылатын. Нейр Мұхаммадтың «Даре басте» («Жабық есік»), Ахмад Махмұдтың «Бихудеги» («Бос әурешілдік»), Амир Голардың «Бадбахти» («Бақытсыздық) атты шығармаларында пессимистік көңіл-күй сезіледі.
Ахмад Махмұд (1931) өзінің алғашқы әңгімелерін «Омиде Иран» («Иран үміті») атты журналына жариялаған, кейін 1959 ж. «Муль» («Азғындық»), 1960 ж. «Дарйа хануз арам аст» («Теңіз әлі тыныш»), 1962 ж. «Бихудеги» атты жинақтарын жарыққа шығарады. Аталмыш үш жинаққа кірген әңгімелер идеясы жағынан ұқсас келеді. Оның әңгімелерінен сол кездің интеллигенция өкілдеріне тән пессимизмді айқын байқауға болады. Махмұдтың кейіпкерлері өмірдің ауыр сынағына ұшырап, тығырыққа тіреледі, соңында дүниемен қош айтысады. Жазушы шығармаларының көбі құрғақ газет тілінде жазылған. Ол Хедаят пен Чубакқа еліктей отырып, қарапайым адамдардың өмірін шынайы суреттеуге тырысса да, модернизмнің ықпалынан қашып құтыла алмайды.
Кітап дүкендерінде эротикалық сипаттағы романдар мен повестердің, детективтер мен көркемдігі жоқ шығармалардың саны арта түсіп, мерзімдік баспаларда мұндай туындылар үлкен сұранысқа ие болады. Қоғамда қалыптасқан осындай өзгерістер нағыз талантты жазушылардың шығармашылығының дамуына кедергі бола алмайды. Олар мифология, аллегория сынды тәсілдерді қолдану арқылы оқырмандарға елдегі әлеуметтік-саяси жағдайларды жеткізіуге тырысады. Егер 1941-1953 ж. аралығында жазушылар өздерінің саяси көзқарастарын білдіру үшін мифтерге жүгінсе, 1953 ж. реакция жылдарына дейінгі аралықта бұл тәсіл қорқынышты шындықтан сақтайтын романтикалық қалқан қызметін атқарады. Прозаның жанрлық формаларының арасында роман басты орынға ие болады.
Екінші кезеңге жататын романдарға Таги Модарресидің «Яколия уә танхаийе у» («Яколия мен жалғыздық»), Бахрам Садектің «Малакут» атты туындыларын жатқызуға болады. Таги Модарреси 1932 ж. Тегеранда дүниеге келіп, 1997 ж. Балтиморда (АҚШ) қайтыс болады. Ол өзінің «Яколия мен жалғыздық» атты алғашқы романын 1955 жылы жарыққа шығарады. «Сохан» журналында «Яколия» романы жылдың ең үздік шығармасы деп аталып, оның авторы ең атақты Иран жазушысы болып танылады. Моддареси он жылдан кейін Америкада өзінің «Насле кялагха» («Арамтамақтар үйірі» немесе «Шариф-жан, Шариф-жан») атты екінші романын басып шығарады. Жазушы өзінің «Жонге Эсфахана» («Исфахандық жинақ») мен «Сохан» журналында жариялаған бірнеше әңгімелерінен кейін шығармашылық қызметімен де қоштасады.
Әдебиетшілердің көбі реакция жылдарында мифологияға асқан қызығушылық танытады. Астарлап айту, аллегория, ертегілер мен аңыздар өмірдегі шындықты жеткізудің тиімді құралы болған. Сол кездегі Эхсан Табари, Бехазин, Реза Марзбан, Голамхосейн Гариб, Надер Ибраһим сынды жазушылар өз шығармашылығында осы тәсілдерді шебер қолданған. 40-шы жылдары саяси ертегілер жазған Эхсана Табари ендігі жерде философияға асқан қызығушылық танытып, зороастризм мифологиясына негізделіп жазылған «Афсанейе Юшт Фарйан» («Юшт Фарйане жайлы ертегі», 1957) атты туындысын жарыққа шығарады. Табаридің прозасы ескі үлгіде жазылғанымен, Надер Ибраһим мен Таги Модарреси сынды жазушылар оған еліктеп жазған.
Надер Ибраһим (1936) өз шығармаларында жануарлар мен заттарға жан беріп, оларды адам кейпіне енгізеді. Оның «Ханевадейе бозорг» («Үлкен отбасы»), «Дошнам» («Жәбірлеу»), «Кабутаре чахи бе ханеат баргярд» («Сұр көгершін, үйге қайт!») атты әңгімелеріндегі кейіпкерлерге пессимистік көңіл-күй тән. Олардың барлығы да өмірден түңілген, уайымға салынып, тығырыққа тірелген жандар.
Осындай сенімсіздік пен пессимистік көңіл-күй сол дәуірдегі Эпрама Шахиди, Аббас Хаким, Иража Пезешкния, Ахмад Шамлу, Голамхұсейн Гариб сынды жазушылардың шығармашылығына да тән. Жәләл Але-Ахмад, Бахрама Садеки, Голамхұсейн Саэди, Бехазин сияқты көрнекті жазушылар құндылықтарды қайта қарастырып, рухани тоқыраудан шығу жолдарын іздестіріп, дамушы күштің кемшілік тұстарын түсінуге тырысып, даму арқылы өздерінің ұстанымын анықтауға ұмтылады. Садеки өзінің сатирасына сенімділік артса, Саэди әлеуметтік-психололгиялық анализге сүйенеді.
Талантты новеллист-жазушы Жәләл Але-Ахмад (1923-1969) реакция жылдары «Батысқа табынудың» себептері мен салдары туралы жазылған мақалалардан тұратын өзінің «Гарбзадеги» атты кітабын жарыққа шығарады. Оның 1954 жылдан кейін жарыққа шыққан шығармаларынан автордың саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенділік танытқанын көруге болады. Жәләл Але-Ахмад - жалпы парсы прозасының дамуына зор үлесін қосқан алдыңғы қатарлы жазушылардың бірі.
Осы кезеңде әдебиетте орын алған маңызды құбылыстардың бірі ретінде ХХ ғ. парсы әдебиетіндегі көркем прозаның реалистік бағытының негізін қалаған Мұхаммад Әли Жәмәл-заде мен С. Хедаятпен бір қатарда тұратын С.Чубактың шығармашылығын ерекше атап өтсек болады.
Садек Чубак «адам қандай жағдай болмасын, әрқашан адам болып қалу керек» деген ұстанымға келіп, өз шығармаларында екіжүзділік пен оңбағандықты, жауыздық пен пасықтықты өткір сынға алады. Ол өзінің «Хейме шаббази» («Қуыршақ театры») жинағына енген «Пирахане зерешки» («Жағымды көйлек»), «Зире чераге гермез» («Қызыл шамның астында») атты новеллаларында кейіпкерлердің жан дүниесін шебер көрсете білген. «Қызыл шамның астында» атты әңгімеде Аффак пен Жейран есімді жезөкше қыздардың өздерінің лас жұмысына қарамастан, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпағаны туралы айтылса, ал келесі әңгімесінде мәйіт жуатын екі әйелдің барлық құндылықтардан аттап, жыртқыш, жабайы аңдар кейіпіне еніп, қабірлерді ашып, мәйіттердің киімін шешіп, алтын тістерін қағып алатыны туралы айтылады. Жазушы осы арқылы қоғамда басын көтеріп, батылдық танытпайын, тіпті өлілер секілді еш әрекет етпейтін адамдарды және аталмыш екі әйел сияқты олардың мойнына отырып, шектен шығып, адамгершіліктен айырылған жауыздарды көрсетпек болады. Шығарманың соңында автор өмірді өзгертуге дәрменсіз екенін көрсетіп, қайғыға батады.
Садек Чубактың «Санге сабур» - «Сабыр тасы» атты романы Иран сыншылары тарапынан үлкен талқылаға түседі. Бұл туындыны жазушының жиырма жылдық шығармашылық өмірінің қорытындысы ретінде қарастыруға болады. Романда әлеуметтік жағдайы өте нашар адамдардың өмірі бүге-шүгесіне дейін асқан шеберлікпен суреттелген. Осы тұрғысынан бұл роман М.Горькийдің шығармаларына жақын келеді. Романдағы оқиға 30 жылдардың ортасында Ширазда өтеді. Романның жазылуына сол кезде Ширазда орын алған доктор Сейвулкәламның сот процесі әсер етеді. Доктор жезөкшелікпен айналысатындарды, мерез аруына шалдыққандарды жою арқылы қоғамды тазарту теориясын іске асырады, осы мақсатпен өзі күдіктенген адамдарды өлтіріп, мәйіттерді үйінің астында жасырады. Сейфулкәламның бейнесі 20 жылдары еуропалық және солтүстік америкалық прозада жиі кездесетін теоретик-кісі өлтіруші жауыздарды еске түсіреді.
Романда оқиға басты бес кейіпкер өмір сүретін ескі үйде өтеді. Олардың әрқайсысы өздері куә болған оқиғаларды кезекпен баяндайды. Баяндаудың түрі – ішкі монолог. Чубак түрлі әдеби тәсілдер мен мифологияны қолдану арқылы өткен патшалардың әділеттілігі пен төзімділігін жеткізеді.
Қарастырып отырған кезеңдегі парсы жазушыларының шығармаларында философиялық ой-толғаныстар басты орын алады. Елде орын алған түрлі жағдайлар адамдардың сана-сезіміне, өмірлік ұстанымына өз әсерін тигізбей қоймайды. Батыс және Шығыс әдебиетінде әлі күнге дейін өзекті болып отырған мәселелердің бірі адамзаттың рухани азғындалуы болып табылады. Осындай мәселе қозғалған шығармаларда кейіпкер мына кең әлемде жалғыздыққа ұшырап, рухани тыныштығын жоғалтып, адам сенгісіз әрекеттер жасап, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Бұл көптеген иран жазушыларына тән экзистенциализмнің негізгі сипаттары болатын.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
XX ғ. Иранда пайда болған әдеби журналдар және олардың ел өміріне әкелген өзгерістері.
Парсы көркем прозасының дамуындағы өзгерістері сипаттама беріңіз.
20-30 жылдары Иранда пайда болған авторлар мен шығармаларының негізгі тақырыбы.
Садек Хедаят туындыларында басым болған жанр.
Бозорг Алауидің шығармашылық жолы мен туындылары.
40-50 жылдары әдебиетте пайда болған жаңа тәсілдер, жазушылар және олардың шығармалары
Араб әдебиеті
Жаңа заманғы араб әдебиетінің қалыптасып, дамуына Мысыр, Сирия, Ливан, Ирак, Иордания, Алжир, Тунис, Марокко және Арабия түбегінің елдері септігін тигізді. Дегенмен бұл үдерісте Мысыр, Сирия және Ливан елдері өкілдерінің рөлі зор.
Араб зерттеушілерінің көпшілігі бүгінгі араб елдерінің әдебиетін бірегей әдебиет ретінде қарастырып, оның мысырлық, сириялық, тунистік деп бөлінуін мойындамайды. Жергілікті ерекшеліктер мен айырмашылықтарды ескере отырып, араб әдебиеттанушылар «Мысырдағы араб әдебиеті» деген терминді қолданады, бірақ «Мысыр әдебиеті», «Ирак әдебиеті» және т.б. терминдерге қарсы. «Мысырлық», «сириялық» деген анықтамалар тек жанрға қатысты қолданылады. Мысалы: мысырлық роман, сириялық новелла және т.б.
XX ғасырдың басында әдебиет тағдырында араб интеллигенциясының эмиграциясы ерекше бір із қалдырды. Осындай бір эмигрант жазушылардың бірі Адиб Исхак болатын. Ол Дамаск қаласында шенеуіктің отбасында дүниеге келеді. Діни көзқарас жағынан католик болатын, бірақ монастырлық мектепте оқып, ағылшын және францух тілдерін жақсы меңгеріп шығады. Исхактың публицистика мен журналистика саласындағы жетістікке жетуі «Миср» («Мысыр») және «Ат-Тиджара» («Сауда») атты газеттерімен байланысты. Екі газет те «исламдағы модернизмді» мақалаларының негізі етіп алатын. Сол себепті екеуі де үкімет шешімімен жабылады. Содан Адиб Исхак Парижге қоныс аударуға мәжбүр болады. Онда Исхак туберкулез дертіне шалдығып, 30 жасқа толмай дүние салады. Исхак қайтыс болғаннан кейін ағасы Ауни Исхак оның кейбір маңызды шығармаларын жинақтап «ад-Даур» атты жинақ шығарады. Бұл жинақ бірнеше рет баспадан өтеді.
Көптеген зерттеушілердің пікірінше, араб қоғамында стихиялық экспрессивтілік, терең тамырлаған сезімталдылық пен поэзия, метафора мен символизмнің орны ерекше болған.
Араб көркемдік өнері әдеби тілмен тығыз байланысты екендігі айдай анық. Сөз әдебиет саласында ғана емес, сонымен қатар музыка, сурет, архитектура, мүсін өнері саласында да негізгі элемент болып саналады. Тіл құдіреттілігін арабтар ашық түрде мойындап қана қоймай, оны жаңарту жолында да көп еңбек еткен.
Мәдениет әлеуметтік құрылымдар және әлеуметтік қызметпен бірлесе отырып қалыптасады. Соның ішінде роман жанры әлеуметтік шындықты бейнелеуде ерекше рөлге ие болады. Дегенмен араб әдебиеті термині әдетте поэзиямен тығыз байланысты болған.
Абд ар-Рахман Муниф (1933-2004) - XX ғасырдың ең талантты романистерінің бірі. Ол Амманда туылған, әкесі Сауыдтық саудашы болса, анасы Ирактық болған. Балалық шағын осында өткізген. Оттомандық империяның құлағанына қарамастан, бұл - қалалары көп, араб отбасылары мен саудагерлердің Иерусалимнен Каирға, Бағдаттан Дамаскіге емін-еркін көшіп жүре беретін әлем болған. Осы аймақтағы Дамаск пен Бейруттен басқа жерлердің барлығы Ұлыбританияның билігінде болатын. Шекара құмнан өтетін, бірақ тікенегі бар сымдар мен қаруланған күзетшілері болмайтын. Абд ар-Рахман Муниф бастауыш мектепті Иорданияда, орта мектепті Бағдатта, ал университетті Каирда оқиды. Кейінінен өзінің балалық шағын «Қала тарихы: Аммандағы балалық шақ» атты мемуарлық кітабында баяндап, 40-шы жылдардағы мектеп оқушыларының өмірін суреттейді.
Бозбала шағында жазғы демалысын өзінің отбасымен араб түбегінде өткізеді. Дәл осы жерде ол түрлі ертегілер мен тарихты естіп, бедуиндермен, мұнай саудагерлерімен, кейінінен оның романдарында көрініс тапқан эмир-нувориштармен әңгімелеседі.
Өзінің замандастары секілді ол да 1948 жылы болған палестиналық апатқа қатты қынжылады да, нәтижесінде нағыз араб ұлтшылына айналады. Египет аренасына Насердің келуі мен бүкіл араб әлеміне жайылған төңкеріс толқыны оны бей-жай қалдырмай, оның жауынгер социалист болуына септігін тигізеді. Патша отбасына қатысты саяси оппозиционерлердің бірі болғаны үшін 1963 ж. ол Сауыдтық азаматтығынан айырылып, Бағдадқа қоныс аударуға мәжбүр болады. Бұл жерде ол мұнай өндірісінің экономисі ретінде жұмысқа тұрып, Арабия мен Месопотамия құмының астын жайлаған, «сұйық алтынның» мағынасын түсінеді. Ол тауар қарым-қатынасы мен өндірістік білімін романдар жазуға пайдаланылған.
1970 ж. соңында Бағдаттағы Баас партиясын басқарудан бас тартып, Дамаскіге көшіп барғаннан кейін Абд ар-Рахман Муниф көркем прозалық шығармалар жаза бастайды. Қызу саяси өмірге араласуын тоқтатып, енді ол толығымен шығармашылыққа ден қойып, 15 роман жазады. Араб түбегінің көне бедуинді елден мұнайға шомылған, мемлекеттік жүйесі гибриттік тайпалық жүйеге айналған ел жайлы баяндайтын бес кітаптан тұратын «Тұздар қаласы» атты туындысы араб әлемінде оның романист беделін нығайтады. Ол Сауд Арабиясында мұнай қорлары табылғаннан кейін ел ішінде орын алған таңырқану, қорқыныш пен қиындықтарды суреттейді. Оның араб билеушілерін суреттеген портреттері астыртын болғаны соншалық, тіпті араб көшелері мен алаңдарында күлкі тудыратын.
Нагиб Махфуз бен Абд ар-Рахман Муниф – араб әдебиетінің патриархтары. XX ғасырдың басы мен Насер келгенге дейінгі Каирдағы отбасылық өмірдегі Бальзактік қайта құрылу Махфузға Нобель сыйлығын алып келеді. Көптеген сыншылар (Мунифтен басқасы) осы бір сауд жазушысын дәл осы сыйлыққа лайық деп есептейді. Бірақ оның мұнай әмірлеріне, король отбасына, оның айналасындағыларға қатысты қатал әрі сюрреалистік сатирасы оның шығармашылығын ресми мәдениетке қарсы қойды. Оның кітаптарына Сауд Арабиясы мен бүкіл Парсы шығанағында тыйым салынады. Дегенмен, оның еңбектері халық арасында кең тарап, Араб түбегіндегі көптеген монархтар оқитын шығармаға айналады.
Мунифтің бес романының үшеуі «Тұз қаласы», «Траншея», «Түн мен күн тақырыбына түсіндірме» атты шығармалары ағылшын тіліне аударылып, АҚШ-та басып шығарылған.
Журналистермен кездесулердің бірінде оған неліктен романның атын «Тұз қаласы» деп атағандығы жайлы сауал қойылыпты. Сонда ол былай деп жауап қайтарыпты: «Тұз қаласы – бұл ұзақ жасамайтын қалалар. Оларға су жеткенде алғашқы толқындар тұзды ерітіп, үлкен мөлдір ғимараттарды жоқ қылады. Ертеде, өздеріңіз білетіндей көптеген қалалар жоқ болып кетті. Қазіргі сансыз қалалардың да құлауын алдын-ала болжау айтарлықтай қиын емес, себебі адамдардың қуанышы мен махаббатынсыз өмір сүре алмайды. Қазір бізге қараңыздаршы, сонда ғана Батыстың бізді қалай көретінін түсінесіздер. XX ғасыр аяқталды, бірақ Батыс бізден тек мұнай мен оның әкелетін табысын ғана көреді. Сауд Арабиясында әлі күнге дейін Конституция жоқ, адамдар қарапайым құқыларынан айырылған, әйел затына үшінші таптағы адамдар сияқты қарайды. Мұндай жағдай күйініш сезімін тудырады, өзін-өзі сыйлау мен патриотизм сезімінің жоқтығын көрсетеді». Жазушы 11 қыркүйектегі қарақшылардың көбісі саудтықтар болғанына таң қалмайтын. Ол бұл туралы 40 жыл бойы ескертіп келген болатын.
Оның ең соңғы эссе жинағы Ирак туралы болатын. Ол Саддам Хусейнге деген жек көрінішті сезімі мен бүкіл араб елдеріне демократияның қажеттігі туралы жазатын. Ирактың қайта отарлануы оның бойында традикализмді тудырғанын оның эсселерінен байқауға болады. Жаңа жағдай оны көркем прозаны шетке қойып, жергілікті диктаторлар мен соғыс тудырушы империалисттерге қарсы қаламды қару ретінде пайдалануға мәжбүр етті.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдықта көптеген араб халықтары саяси және әлеуметтік тәуелсіздікке ие болу мәселесіне тап болғанда көркем әдебиет шынайылықты өткен мен қазіргінің ресми санкцияланған үлгісі етіп қарастыратын әлемді жасаушы құрал ретінде қарастырылғаны анық. Ал Кеңес Одағындағы социалистік реализм әдісі көптеген мүмкін әдістердің бірі ретінде ғана қарастырылады.
Модернизм - Батыста пайда болып, күйзеліс күйін суреттейтін XX ғасырдағы әдебиет пен өнерде дамыған философиялық-эстетикалық қозғалыс. Модернизмнің ықпалымен XX ғасырдың соңында араб әдебиетінің қиял-ғажайып пен шынайылық сияқты тұстары айқындала бастады. Мұнда субъективті және объективті рационалдылықтың ара жігі ажыратылмаған. Сонымен қатар адамға билік жүргізетін трансценденттік күш ретінде табиғат емес, адамның өзі жасаған өркениеті көрсетілген, ал құпияға толы ғұмыр әлеуметтік және тұрмыстық тәжірибесі мол күнделікті өмірмен алмасады. Жаңа миф кейіпкердің дараланып, барша жұрттан оқшауланып, өзінің жан дүниесімен жеке қалу жағдайында пайда болады, осылайша мифологизм психологизммен, ішкі монологпен, «ой-сана ағысы» әдебиетімен үйлеседі. Қазіргі араб әдебиетінде көркем модернизмнің келесі түрлерін атап өтуге болады:
суретшінің өзіне ғана тән мифологем жүйесін жасауы (мысалы, тунистік жазушы Махмуд әл-Масадидің енгізген идеясы мен образдары жағынан керемет болып табылатын «Бөгет» шығармасы);
ойлаудың терең мифтік-синкретиктік жүйесін қайта жаңғырту (әр түрлі уақыттар мен кеңістіктердің бірігуі, кейіпкерлердің «айналулары», т.б.);
көне мифологиялық сюжеттердің қазіргі заманға сай етіліп қайта өңделуі («Біздің көшенің балалары» Нагиб Махфуз);
реалистік баяндауға жеке мифологиялық мотивтер мен кейіпкерлердің енгізілуі (Алжирдің ең мықты жазушыларының бірі Абу әл-Хамид Бенхаддугидің «Джазия мен дианалур» романы);
әлемге мифологиялық көзқарастың элементтері жойылмаған тұстағы ұлттық тұрмыс пен ойлаудың фольклорлық және этникалық ерекшеліктерін қайта жаңғырту (ливиялық Ибраһим әл-Кунидің шығармалары).
Араб әлемінде ұлттық және әлеуметтік шындық жойылып, баршаның көз алдында талқандала бастағанда әдебиеттегі жаңа ағымдар реализмнің ескі формасын итеріп тастайды. Қалай болғанда да, Эдвар әл-Хараттың пікірінші, араб әдебиетіндегі модернизм этикалық, ашық айтқанда ойлаудың фантасмагорлық-топтық мүмкін емес формаларынан бастау алған. Бұл ойлау «Мың бір түн» ертегісінен, абстрактілі фигуралы емес каллиграфиялық оюлардан туындап жатыр. Осылайша араб модернист жазушылар мен ақындар өзінің ұлттық мұрасынан сусындайды.
Араб әдебиетіндегі сезіну мен ойлаудың қазіргі модернистік техникасының ескі реалистік әдіске қарама-қайшы екенін, оның баяндаудың алдын ала анықталған ретін бұзып, классикалық сюжеттен тайып, кейіпкердің жандүниесіне үңіліп, тілдегі қасиетті жүйені өзгертіп, шынайылық арқылы кеңейе түскенін көре аламыз.
Жалпы модернистік ағымның ішінде бір-бірінен алшақтамай, керісінше жиі дөп түсетін ағымдарды ерекше атап көрсетуге болады.
Солардың бірі - «жан дүниені көру» ағымы, мұнда көбіне адам мен оның ортасы тұрақсыз көңіл-күй, ылғи да қозғалыста болатын сезімдер мен ойлар сипатталады. Бұл ағымдағы шығармалар адамның терең құпияларын жан-жақты зерттеумен айналысады. Мұнда нақты уақыт жоқ, диалог пен түсініксіз сюжет, өң мен түс, ішкі және сыртқы әлемнің арасындағы айырмашылықтарды бұзуға көмектеседі. Бұл ағымдағы еңбектер әлеуметтік мәселелерден бастау алып, психологиялық немесе эмоционалды жаққа қарай кетіп қалады. Бұл саладағы жазушылардың қатарына сириялық романист Хайдар Хайдар, мысырлық Мұхаммед Хафез Рагаб, Мұхаммед Мабрук, Махмұд Авад Абд әл-Әл, Эдвар әл-Харрат, тунистік Мұхаммед Сандж әл-Катариді және де басқаларын жатқызуға болады.
Екінші ағым, керісінше, сыртқа көңіл бөліп, сыртқы шынайылықты бүге-шүгесіне дейін нейтралды түрде суреттейді. Адамның бөлінуі мұнда өз шегіне жетеді. Заттар, сипаттар, көріністер суреттегідей беріледі. Мұндай шығармалар негізінен сезімталдықтан жұрдай болады. Мұндағы басты нәрсе - шынайлықтан бас тарту, өмірге деген махаббат. Жалғыз ғана шындық ретінде өзіндік «мен», индивидуалдық ойлау көрініс тапса, сыртқы әлемнің барлығы толығымен мойындалмайды. Бұл салада жазылған әңгімелер мен новеллалар толығымен пессимизмен нәрленген. Солай болса да, бұл шығармалардағы негізгі ізденіс - әділетсіздік мен жатбауырлық жоқ әлемді іздеу. Жазушысы Махмұд әл-Уардани осы ағымға жақындатылған түрде қазан төңкерісінің нәтижесі туралы көркем шығарма жаза бастады. Египеттік Абду Губейр мен ливандық жазушы Ілияс Хуридің шығармашалығы да осы ағымға жатады.
Болашағы зор, іс-әрекетке бай, ең қиын ағым - осы заманғы мифологиялық ағым. Себебі, ол осы заман болсын, тарихи орта болсын, аңызға, фантазияға, фольклорге және бір уақытта күнделікті көріністер мен сипаттарға негізделеді. Бұл ағымдағы кейбір шығармалар оқырмандар арасында кең таралып, үлкен жетістіктерге ие болады. Себебі бұл еңбектердің айтарлықтай бөлігі көңіл көтеруге көп мән береді. Осы заманғы мифологиялық ағымда жемісті еңбек еткен жазушылар ретінде Иахья әл-Тахир, Гамал әл-Гитани, Мұхаммед Мустагаб, Нәбіл Наум Горги, Санд әл-Кафрави, Мухсин Йунис, Йусуф Абу Раййа, Абду Губейр және Ибраһим Фахми, Эдвар әл-Харратты («Рамах және айдаһар» және «Басқа Уақыт»), Ирактың Мұхаммед Худайр мен судандық ат-Таййиб Салихты («Бандар-шах») атап өтсек болады. Екі сириялық эмигранттар Хайдар Хайдар мен Закарии Тамирдің кейбір шығармаларын да осы ағымға жатқызуға болады.
Реалистік ағымды шартты түрде «неорилизм» деп атауға болады. Себебі бұл жазушылар әлеуметтік байланыстарды өздеріне дейінгілерден әлдеқайда терең зерттеп, көп ізденетін. Интонация, баяндау әдістері, көлемі жағынан алдыңғы реалистермен бірдей сияқты көрінгенмен, оларды ерекшелейтін қаталдылық, нақтылық, өткірлік қасиеттер бар.
Модернист жазушылардың шығармаларына қайта оралар болсақ, бұлардың кейбіреулері адамды күйзелісі мен күйінішінен, әділетсіздік пен зұлымдықтан алыстатын, жарқын болашаққа жетелейді. Осыдан романдардағы негізгі символдар жарық, от, күн, ал басты кейіпкерлер әйел ана, сүйген жардың бейнесінде келуі кездейсоқтық емес. Авторлар исламдық символдарды да жиі қолданады. Олар көбіне мистикадан алынғанымен, жалпыадамдық, гумманистік мағыналарға ие (ағайындық, жасыл түс, зиярат ету). Мұсылмандық реминисценциялар Шындық, Жақсылық, Әділеттілік ұғымдарының жеңісімен ақталады.
Кейбір жазушылар жаңа қоғамның құрылуына байланысты орын алған оқиғаларды жете түсінуге тырысады. Олардың көз алдарында елді хаостан, зұлымдық пен кедейліктен, күл-қоқыстан алып шығатын жолды іздеген адамдар мен қарама-қайшылыққа толы қайнап жатқан шынайы өмір пайда болады. Бұл авторлар өз кейіпкерлерінің өмір таңдау құқығына ие. Бағыныштылық па әлде өз өмірін өзі басқару ма? Халықтың ұлттық рухын, жанын сақтап қалу ма әлде даму үрдісі үшін қазіргі қоғамның негіздерін нығайту ма? Дәстүр мен адамгершілік құндылықтарын сақтау ма? Болмаса техникалық өркениетке қосылу ма? Өткен бе әлде келешек пе?
90-шы жылдары араб әдебиетінің сахнасында тағы бір ағым постмодернизм пайда болады. «Заманға сай шетел әдебиеттану» (Москва, Интрада 1996) атты энциклопедиялық анықтамаға сүйенер болсақ, постмодернизм ең алдымен «әлемді қабылдаудың, әлемді сезінудің спецификалық әдісі, нақты бір менталитеттің сипаттамасы» болып табылады екен.
Бұл ағымды ұстанатындардың алға ұсынатын негізгі ұғымдары: «әлем хаос сияқты», «әлем мәтін сияқты», «беделдердің дағдарысы», «авторлық бетперде», «екі код», «баяндаудың фрагменттілігі» және т.б.
Постмодернизмнің қалыптасу мәселесі мен оның іске асуы бүкіл жаһандық кеңістікке қатысты болды. Себебі, ол тек әлемге деген көзқарасты ғана емес, сонымен қатар қазіргі адамның өзін қоршаған ортасымен қарым-қатынасы мен ішкі сезімдерін де қарастырады.
Араб әдебиетіндегі сыншылар постмодернизмді (ма ба'да хадаса) жергілікті мәдениетке сәйкес келмейтін көптеген батыстық тұжырымдамаларының бірі ретінде қарастырады. Дегенмен, постмодернизм араб әдебиетінің қазіргі жағдайдағы деңгейін анықтауға өз әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ол ХХ ғ. соңындағы әдебиеттің маңыздылыған анықтауға мүмкіндік береді.
ХХ ғ. 90-шы жылдарындағы әдебиеттің екі жетекші белгісін атап өтуге болады. Біріншіден, контекстің міндетті түрде болуы (мәдени, әлеуметтік, экономикалық және саяси), екіншіден шығарманың формасы мен тілді еркін тәжірибеден өткізу керек болған. Әлеуметтік қызығушылықты тудырудың міндетті түрде болуы эстетиканың маңыздылығын түсіну байланысты. Бұл жерден постмодернизм ұғымына келгенде батыстық жазушылар мен арабтар арасында айырмашылықтардың бар екенін көре аламыз. «Біздің көпшілігіміз Құдай, Патша, Адам, Ақыл-ой, Тарих және Мемлекет сияқты бір кезде пайда болып, кейіннен жоқ болып кеткен түсініктер, керек десеңіз, біздің интеллектуалды элитамыздың ең кішісі болып табылатын Тіл де толығымен әлсіздену қаупінде тұр», - деп батыстық постмодернизмнің теоретигі М. Хассан жазған болатын.
Ал, араб әдебиетінде жағдай кішкене өзгешелеу болатын. Мысал ретінде постмодернизмнің белгілері кездесетін тунистік жазушылардың шығармаларын алайық. Ибраһим Даргутидің «Мыңнан кейінгі екінші түн» атты романында ұлт-азаттық көтеріліс Шахрайар шахтың жеке әскерімен бірден басталып кетеді. «Мың бір түннің» белгіленген шекарасымен жүре отырып, кейді сол шекараны бұза отырып та автор оқырманды тығырыққа тірейді. Себебі оқиға желісі қазіргі кездегі өмірге өте жақын келеді. Объектілерге тікелей сілтеме, араб мәдени мұрасында кеңінен қолданылатын сөздер мен тіркестер өткен оқиғаға үңіліп, баяндаушыға оқиға барысында істің мән-жайына араласуға мүмкіндік береді.
Бірақ, романның кілтін жақында болған тунистік тарихтан тауып алуға болады. Бұл 1987 ж. Тунистің бұрынғы президенті Хабиб Бургибиді сол елдің премьер-министірінің тақтан тайдырғынын көрсетеді. Сарайдағы төңкерілістің нәтижесінде радикалды өзгерулерден құтылып, елдегі status quo-ның сақталуы бейнеленеді. Даргути прозасында «Мың бір түннің» дәстүрі сақталып, қазіргі мәтіндер (Махмұд Дервиш) өзіне ғана тән баяндау стратегиясы ретінде қолданылады. Сонымен қатар, ол оқырманды жергілікті өмірдің ерекше тұстары және оңтүстік Тунистің аймақтық мәдениетімен таныстырады.
Кез-келген беделді кісіге сенімсіздікпен қарау және ирониялық трактовка, көркем-бейнелеу әдістердің шартты екендігін ерекше атап өту постмодернизмнің негізгі принциптерінің бірі. Жазушы 'Әли әл-Йусуфи 1950 ж. Туниста туылған, әдеби сыншы ретінде 60-шы жылдардың соңындағы әдеби авангард қозғалысына қатысқан. Ол Т. Маркестің «Патриархтың күзі» және Астуристың «Қысқы есік» атты шығармаларын аударған.
Әли әл-Йусуфидің «Тавкит әл-бинка» («Әулиелердің сәті», 1993) романының аты түсіндіруді қажет етеді. Автордың түсіндіруінше, бинка – барлық жерде жүретін, адамдардың өміріне араласатын кішкентай жәндіктер. Оларды көруден қалғанда о дүниеге аттанасың. Найзағай – олардың патшаларының бірі. Олар өлген адамдардың құпияларын сақтайтын. Бірақ, жәндіктерге қарсы у шашылғаннан кейін сирек көрінетін болып кетті. Оларды кәрі әжей Хассинийа ғана көргенімен, бинкалар туралы әңгімені халық та немерелері де түсінбейді. Бірақ «бинка» шығарманың соңында «панки» сөзінің арабша транскрипциясы деп беріледі, ал панки басты кейіпкердің Париждегі досының әкесін өлтіреді.
Роман бір отбасының тарихын баяндайды, мұнда үш ұрпақ бар: атасы Йунус пен әжесі Хассинийа, әкесі Зийад пен анасы Сарра, оның бауыры Монсеф, ұлы Тарик пен оның туысқан ағалары, әпкелері. Бұл кейіпкерлердің бәрі шығармада көрініс тапқанымен, негізгі іс-әрекет тарих пен әкесі Зийадтың арасында болады және бұл бірінші және екінші бөлімде баяндалады.
Бірінші бөлімде оқиға Тунистен батысқа қарай 130 км қашықтықтағы тауда орналасқан Джебба ауылында орын алады. Бұл электр тоғы да, суы да жоқ 60-шы жылдардағы ауыл етін. Шаруалардың қалаға кетуіне байланысты бұл ауыл ақырында қаңырап бос қалады. Жазушы суреттейтін әлем шынымен де ертегі сияқты. Себебі мұнда перілер мен жындар, ергежейлілер мен үй перісі мекен етеді. Бірақ бұл отбасы құрдымға кетіп бара жатыр. Себебі олардың жері ешқандай пайда әкелмейді. Оған көрші де таласады, ал жердің сатылуы отбасы мүшелерінің арасындағы талас пен өлімнің себебі болады. Осыған қарамастан Тарик бұрынғы ауылдағы өмірді өзінің өмірінің жәнаттық кезеңі ретінде қабылдайды. Кітаптың соңында ол қаладағы туысқан бауырларының үйін паналайды. Романда өлім көптеп кездеседі. Алдымен анасының өлімі. Оны құтқаруға мүмкін болса да, отбасы мүшелері еш амал жасамайды. Одан кейін, жартылай есі ауысқан әжесінің өлімі. Солай дей тұрса да, дәл осы әжесі Тарикқа үлкен сабақ берген еді. Ақырында атасының өлімі. Оның таңғажайып әңгімелері ауылда тірі қалған әр адамның жадында. Олардың өлімі Тариқтың өмірінде өшпес із қалдырады.
Баласы өмір сүретін ауыл әлемі әкесі өмір сүретін қала әлеміне, Парижге қарама-қайшы. Ол қалаға келуге мәжбүр болып, өмір сүру үшін түрлі салады жұмыс істейді. Оның француз қыздармен қарым-қатынасы оның өмірінде көптеген қиындықтар тудырады. «Осындай жағдайда кішкентай да болса махаббат болуы керек», - дейді қыздардың бірі оған. Бірақ ол жалғыздықты ұнататын. «Егер өткенің мен болашағыңнан бас тартсаң, құрдымға кетесің», - дейді оған баласы. Ұлтшылдық пен расизмнің арасында қандай тәуелділік бар? Зийад өзінің көңілдестерінің бірінен СПИД ауруын жұқтырып, қайтыс болады. Тарик және әкесінің досы «пье-нуар» Филип (Пье-нуар – бұрынғы франциялық колониялардан шыққан қашқындарды Францияда төмендетіп атайтын атау) кек алуды ойлап, кінәлі болған Лишанды өлтіреді. Олар «Лишанды өлтіру – патриоттық іс жасау», - деп ойлайды.
«Постмодернизм» термині (ма ба’да ал-хадаса) араб әдебиетіндегі сыншылардың қолданысында 1980 ж. өзінде қолданыла бастаған болатын. Дегенмен бұл терминнің араб әдебиетіндегі құбылыс ретінде қолданылуы көптеген сыншылар тарапынан сақтықпен жүзеге асырылады, себебі, аталмыш әдебиетте бұл жаңа құбылыстарды талдау барысында сүйенетін теоретикалық негіз жоқ.
Араб әдебиетіндегі әдебиетшілердің түсінігіндегі «постмодернизм» терминінің сыңаржақтылығына қарамастан, құбылыс пен оны құрайтын бөлшектер араб көркем әдебиетінде бұрыннан бар. 1982 ж. мысырлық жазушы, сыншы Адуар әл-Харрат өзінің жетпісінші жылдары жариялаған әңгімелер жинағындағы алғы сөзде «жаңа сезімталдық» (әл-хассасийа әл-жадида) терминін сол кездегі мысырлық авторлардың әңгімелерінде жаңа пайда болған жаңа дүниетаным мен эстетиканың мәні ретінде пайдаланған. Ол жинақта Ибраһим Абд әл-Ма’ид, Ғар ән-Нәби әл-Хәлу, Сахр Тауфиқ, Абдо ‘Убейр, Мухсин Йунис, Мұхаммад әл-Махзан Махмуд әл-Уардани, Мурси Сұлтан, Нәбил Нәум, Йусуф Әбу Рийа сынды авторлардың еңбектерін кездестіреміз.
1960 ж. араб жазушыларының әлем көрінісінің өзгеше бейнесін іздеуі барысында экзистенциализм мен модернизмнің көркемдік тәжірибесіне жүгінуі нәтижесінде 1970 жылдары әдебиетте анықтық пен тұтастықты іздеуден бас тарту орын алды. Ал мұның салдары: композицияның шашыраңқылығы, нақтылықтан алшақтау, деконструкция, хаос туралы постмодернистік идеяларға толы аморфті ойлар болып табылды.
1980-1990 ж. араб әдебиетінің формасы мен маңызы жағынан алғанда жылдам дамыды, ал сын оны бір мағыналы бағалау үшін айқын міндеттерді тағайындап үлгермеді. Осының нәтижесінде қазіргі кездің өзінде жекелеген авторлар мен шығармалар туралы біржақты пікір жоқ.
Тұрақты бір терминнің жоғына қарамастан, араб сыншылары мен әдебиетшілерінің бөліп көрсеткен жазу үрдісінің жаңа түрін постмодернистікке жатқызуға болады. Мысалы, Шариф Хетата былай деп жазады: «Олардың (жас авторлардың) көпшілігінің алдыңғы буыны үйреніп қалған формасы мен мазмұнынан өзгеше роман жазуы тамаша. Олар өз шығармашылықтарында кең таралған қоғамдық құбылысқа айналған құлдырау, деконструкция, хаостық пен маргинализацияны көрсетеді, оңтүстіктегі елдерде маргинилизацияның өсуіне алып келген постмодернизм мәдениеті мен либералды емес жаһандану дәуірінің рухын бейнелейді» (Хетата Шариф. Мубди’у-л-амал ал-мафқуд (Үзілген үміттерді тірілтіуші)\\әл-Хилал. 2008 ж. Ақпан. 35-б.)
Сыншылардың бірі Сабри Хафиз: «Бұрын алдыңғы орында баяндаушы үшін гносеологиялық маңыз тұратын. Мәтін әлемді тануға және жақсы әлем туралы сауал тастау үшін оның «ақтаңдақтарын» анықтауға ұмтылатын. Қазір, іс жүзінде, бұл таным мақсаты әлемді тану мүмкін емес деген түсініктен және идеологиялық көзқарастар мен ұғымдардан, олардың таралуынан шығатын жаңа жазумен алмастырылды. Олардың таным маңызының орнын тұрмыс маңызы басты. Бұл «дене жазуында» (китабат-ул-жасад) ерекше көрініс тапты».
Өз шығармашылықтарын жоғарыда айтылған сипатта жазушылар Мысырда алғаш 1995 жылы «Төңіректегі жолақтар» ұжымдық жинағын басып шығарды. Бұл жинақта Ахмад Ғариб, Ахмад Фаруқ, ‘ала әл-Барири, Надин Шәмс, Уайл Рағаб және Хайсам әл-Уарданиден құралған ең соңғы еуропалық және америкалық әдебиет пен постмодернистік әдебиет теориясымен жақсы таныс интеллектуалдардың еңбектері жарық көреді.
Белгілердің көптүрлілігіне байланысты белгілі бір деңгейде постмодернистер деп атай алатын араб авторлары санаулы ғана. Мұнда постмодернистік тәсілді кеңінен қолданатын йемендік прозаиктерінің шығармашылықтарын қарастырамыз.
1990 ж. басында постмодернистік сипаттағы Йемен көркем прозасы пайда болды. Бұған дейін Йемен әдебиеті мынадай екі бағытта дамыған болатын: реалистік және модернистік. Жиырма жылда бұл екі бағытқа деген қызығушылық пен маңыздылық жоққа айналды. Сонда бұл мәселелерге басқа қырынан қарау, оларды пародияға, гротескке айналдыру – тығырықтан шығаратын жол болып шықты.
Әдебиетте бұл бағдардың пайда болуы 1980 ж. Йемен қоғамының тығырыққа тірелуі кезінде жүрген үдеріс. 1990 ж. идеологиялық леп симулятивті сипатта болды. Сол кезде үлкен ықпал күшке айналған ислам фундаментализмі қоғамдық әділеттілік орнатуды өз мойнына алғанмен, іс жүзінде, йемен қоғамы еш өзгерісті бастарынан өткермеді. Фундаментализмнің өсуі интеллигенция өкілдері шығармашылықтарында өткір сынға алынды. Бір жағынан, осы кезеңде Йеменде интернетке қол жетімділіктің де әсерінен мәдени жаһандану идеялары кең таралды. Бірақ йемендік негізде жаһанданудың жүруі виртуалды сипатта болды. «Демократия», «сенім бостандығы», «адам құқығы» секілді түсініктердің барлығы Йеменде шынай көрініс таппады. Осылардың барлығы қандай да болмасын идеология, сенім мен ұмтылыстың барлығы бар болғаны симулякр және олар тек иронияға ғана лайық деген түсініктің қалыптасуына алып келді.
Йемендік авторлар қоғамда болып жатқан құбылыстарды ирониямен интерпретациялай бастады. Олардың дүниетанымдарындағы ұқсастықтар себебінен жазушылар келесі сипаттардан құралған баяндаушы стратегияны қолданды:
Жаппай пародиялау.
Латынамерикалық «керемет реализмге» жақындық.
Қуыршақ-кейіпкерлердің шарттылығы.
Өткір гротеск және «Қара әзіл-оспақ».
Ұлттық жазбаша мұра мен ауыз әдебиетіндегі стилистикалық шартты белгілер жүйесі, сюжеті мен мәтіндердің тікелей немесе пародиялық қолданысы.
Сюжеттің фрагменттілігі, мәтіннің деконструкциясы.
Жанрлар мен стильдердің араласуы және стилистикалық және жанрлық шартты белгілер жүйесінің қолданысы.
Йемендік әдбиеттанушы Абд әл-Хамид әл-Хусами «Йемен әңгімесіндегі постмодернизм» мақаласында Уаджди әл-Ахдаль, Мұхаммед әл-Ғарби әл-Амран мен Худа әл-Аттастың аттарын атап өтеді. Бұл тізімге өз шығармашылығында жоғарыдағы сипатта жазған авторлар Абд әл-Карим ар-Разихи мен Арва Абдо Османды қоса аламыз.
Йемен авторларының ішінде алғаш постмодернистік сипатты өз шығармашылықтарында қолданған Абд әл-Карим ар-Разихи белгілі публицист, ақын, драматург, прозаик болатын. «Ақ сиырдың өлімі» әңгімелер жинағы Абд әл-Карим ар-Разахидің қаламынан туған (1991). Ол 1952 ж. Таизз провинциясының ауылдарының бірінде көпбалалы шейхтің отбасында дүниеге келген. Аденге он жасында келіп, бес жыл бойы күлшеханада жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып, әрі мектепте оқыды. 1967 ж. Ар-Разихи Солтүстік Йемендегі Худейдаға оралып, әскери мансапты қуу мақсатымен әскерге қызметке алынды. Бірақ әскердегі бір жылдан соң көз жанарының кемістігіне байланысты ол Санадағы мектептердің бірінде орта білімін толықтырып, бір жыл бойы ауылда мұғалім қызметін атқарды. Содан соң Сана университетінің филологиялық бөліміне оқуға түседі. Университетті тәмамдағаннан соң ар-Разихи Ақпарат және мәдениет министрлігінде қызмет етсе, кейін мәдени-тарихи журнал «әл-Йәмән әл-жадид» редакциясында хатшы қызметін атқарады. Ал 1988 ж. Санадағы Мәдени зерттеу орталығында жұмысқа орналасады.
«Ақ сиырдың өлімі» жинағындағы әңгімелері сатиралық реализмнің нағыз сюрреализммен бірлескен сипатында жазылған Сатираның объектісі - Йемендегі ауыл тұрғындарының менталитеті. Олардың сенім-нанымдары, ойлары жазушының «Есек жылы», «Қап», «Жулейла», «Бір түрлі құстар», «Ақ сиырдың өлімі», «Ешкінің басы» әңгімелерінде айқын көрініс тапқан.
Оқиға Йеменнің шынайылықпен суреттелген ауыл-қалаларында орын алғанымен, кейіпкерлер көбіне сюрреалистік немесе пародиялық сипатқа ие. Мысалы, «Ешкінің басы» әңгімесінің сюжеті ауыл аңыздарына сүйеніп жазылғанымен, пародиялық түрде ұсынылған.
Ар-Разихидің әңгімелеріндегі жан-жануарлар мен жансыз заттар асылынан алыс, өзгеше сипат пен мүмкіндікке ие. «Соқыр мен оның таяғы» әңгімесіндегі сөйлейтін таяқ, «Есек жылындағы» аспанға ұшқан есек, «Қала айының қайғылы соңы» әңгімесіндегі қала көшелерін кезетін ай, «Менің ағаш әпкем» әңгімесіндегі жан біткен ағаш, «Шыбын» әңгімесіндегі өткенді бейнелеп бере алатын темекі түтіні - осының мысалы. Дегенмен «әл-Уишах» әңгімесіндегі ақын әз-Зубейри мен жендет әл-Уишах секілді шынайы тарихи кейіпкерлер түс секілді сюрреалистік жағдайда әрекет етеді.
Жалпы жинақтағы көп әңгіме желісі түс қағидаты бойынша түзілген. Мұнда іс-қимыл күтпеген жерден өзгеріп, тез алмасып отырады. Мұнда оқиға желісі ешқандай логикалық алмасу, сюжеттік желісіз дамиды, мәтін фрагменттік, ризоматикалық болып шыға келеді.
Автор мұндай тәсілді автор «Жулейла», «әл-Уишах», «Екі еселенген түс» пен «Ар-Рзихидің» түсі әңгімелерінде қолданады. «Қап» әңгімесінде кейіпкер-баяндаушы балалық шағында өзінің ауылдас құрбысына ессіз ғашық болғандығын баяндап береді. Содан соң ол жіберіп қоятын ауруының болғандығын, таңертең жатын бөлме қабынан шығуға ұялғандығын айтады. Бірде, қапта жатып, бала қаптың қозғалып, кеңейгенін сезеді, содан соң ол ұшып кетеді. Ұшып бара жатып бала адам сенгісіз ұлғайған қаптың ішінде барлық ауыл тұрғындарының ұйықтап жатып, жіберіп қойып жатқандарын көреді. Ал қап болса ұлғайған үстіне ұлғайып, ақыры жарылып кетеді. Кейіпкер ояна келе, анасының дауысын естиді, ол әкесінің түрмеден босағандығын айтып жатыр екен. Әңгіменің соңы мағыналық жағынан әңгіменің басымен ешқандай байланысы жоқ. Бұл автордың сюжеттік құрылымды әдейі бұзғандығына ұқсайды.
Автордың «жоғарғы» мен «төменгі» тақырыптарды әдейі араластыруы «Бір түрлі құстар» әңгімесінде айқын байқалады. Әңгіме желісі 1930 ж. Британияның Солтүстік Йеменді бомбалауына негізделген. Бұл қайғылы тарихи оқиғадағы қатыгез отаршылардың әрекетін баяндай отырып, автор жынды Хумади мен оның сүйетін жұмбақ «құмырсқа» тасы туралы айтады. Осылайша, ол сюжеттің пафосын мақсатты түрде төмендетеді.
Арво Абдо Османның «Маса қаласы Танакада болып тұрады» әңгімелер жинағының (2001) басты сипаты ұлттық фольклорды пародиялау болып табылады. Арва 1965 жылы Таиззде туылған. Ол бала шағынан-ақ Йемен фольклорына әуес болып өсті. Сана университетінің философия бөлімін тәмамдағаннан кейін Арво саналық Мәдени зерттеу орталығында Йемен фольклоры мен этнографиясымен жұмыс істеді. Нақ осы жұмыс оның әңгімелерінің рухы мен стилін айқындады.
«Маса қаласы Танакада болып тұрады» әңгімесінде Йеменде «Маса қаласы Танака» бар екендігі, ол жаққа барған бірде бір адамның қайта оралмағандығы туралы айтылады. Жинақтағы барлық іс-қимыл нақ осы қалада орын алады. Әңгімелердің көбі йемендік әжелердің немерелеріне ертегі, аңыз-әңгімелерді бастағандағы алғы сөзімен басталады: «Ерте-ерте, ертеде бір... Бір болу тек Аллаһқа тән, ал кімнің күнәсі болса, Аллаһтан жарылқау сұрасын» немесе «Рас-өтірігін кім білсін, бұрынғы заманда, бір елде...».
Жазушы бұл фольклорлық стилистикалық шартты белгілер жүйесін үзіп тастап, мынадай жолдармен тәмамдайды: «Ал, бұл тұста, қымбатты достар, ғафу етіңіздер, бірақ мен оқиғаны дәстүрлі «осылайша олар ұзақ және бақытты өмір сүрді» деген сөзбен аяқтай алмадым. Егер бұл рас болса, Аллаһ та шыншыл ғой, ал егер өтірік болса, Одан кешірім сұраймын» немесе «Оқиға осылай аяқталды. Бірақ білмеймін, мүмкін бітпеген де шығар. Білмеймін. Өздерің бітіріп алсаңдар да болады. Немесе аяқсыз қалдырсаңдар да өз еріктерің. Егер тәмамдайтын болсаңдар, дәстүрлі соңын жасамаңдаршы».
«Ләббай» әңгімесінде баяндау стилі иронияға толылығымен ерекшеленеді. «Сонда ол күні-түні Алладан үйлену үшін өзіне жар, қандай болмасын жар, ит болсын, тауық болсын, тым құрығанда құрт немесе өзге бір жануар жіберуін жалынып сұрайды, әйтеуір үйленсе болғаны. Аллаһ оны естіп, оған ит-жұбай жібереді. Алғашында ол қаншама сабыр мен азабы үшін ит берді деп қайғырады. Бірақ ол бәрібір де Аллаһқа мадақ айтты, содан соң маңдайына жазылғанға бас иді». Мұндағы фольклорлық баяндауға тән емес ирония мынадан байқалады: адам тіпті құртқада үйленуге әзір, Ал Құдыретті Аллаһ оның дұғаларына жауап ретінде тек итті ғана жібере алды.
Дегенмен бұл жинақтағы әңгімелердің барлығы фольклорлық сипатта емес. Бірқатар әңгімелер соңғы кездегі йемендік қоғамның ашық пародиясын жасайды. Сондай-ақ Йемендегі соңғы кездегі Йемендегі саяси-әлеуметтік жағдайды автор «әл-Фихтат әл-Ғауиттің партиясы», «Қоғамдық иіс түйсігіне зардап тигізу», «Баулар», «Ба-бах құдығынан сусындайтын Танака» гротескке құрылған әңгімелерінде өткір сатира арқылы жеткізеді.
Өзінің шығармашылықтарында ұлттық реңк пен постмодернизмнің түрлі тәсілдерін шебер қолдана білген жазушылардың бірі - Мұхаммад әл-Ғарби Амран. Ол 1958 ж. Дамарда туылған. Сана универстиетінің тарих-әдебиет бөлімін тәмамдаған соң Саналық «Илмаках» әңгімесі клубының жетекшісі болып қызмет атқарды. Оның алғашқы жинағы «Шаршафалар» (Шаршаф - йемендік әйелдің үстіңгі киімі, 1997) реализм, авангардизм мен ұлттық фольклордың бөліктерінен құралған кішігірім әңгімелерден тұрды. Мұнда көшедегі түрлі көріністер, тұрмыстық тарихтың баз бір эпизодтары, драмалық ауыл аңыздарын әңгімелеулер автор шығармашылықтарының сюжеті болып табылады. Амран реалистік бағытты қатаң ұстана отырып, Йемендегі әлеуметтік, мәдени мәселелердің барлығын қозғап шықты. Автордың айтуынша, оның шығармашылығына орыс әдебиеті мен йемендік реалистік прозаның негізін қалаушы Мұхаммед Абд әл-Уәли туындылары айтарлықтай ықпал етсе керек.
Ал кейінгі «Аз-Зылл әл-‘ари» («Жалаңаш көлеңке» 1998), «Харим а‘аззакум Аллаһ» («Әйелдер, Аллаһым кешіре көр!» 2000), «Билкисті сүндетке отырғызу» (2002), «Манара сауда» («Қара мұнара» 2004) әңгімелерінде жазушының (Амран Мұхаммед әл-Ғарби) баяндаушы стратегияға ойысқандығы байқалады Осындай стратегияны автор «Сана мені біледі» және «Хазима» әңгімелерінде кеңінен қолданған.
«Сана мені біледі» әңгімеснің кейіпкері демалыстан кейін Дамардан Санаға бара жатқан жолда, Сананы қаншалықты сағынғандығы туралы ойға кетеді. Сонда оның ойына әдемі мұнаралар, мешіттердің күмбездері, көпірлер барлығы – оралады. Содан соң оның есіне университет аудиториясына алғаш аяб басқаны, студенттердің назарының бұған қалай ауғандығын алады. Автобустың Сана шетіндегі елді мекендерді жүріп өтеді: Хаддар, Уаалян, Хазиз. Әңгіме оның сапар шегуіндегі естеліктер мен көріністерге сүйенген.
Екінші әңгіме «Хазима» баяндаушы кейіпкердің «әс-Сәури» газетінен журналист Хаил әл-‘абиридің Йеменде бірінші автомобиль эстакадасының құрылысы себепті Офицерлер клубына жалғасып жатқан көне Хазима моласының қабырғасын құлату туралы Сана муниципалитетінің шешімі туралы мақаласын оқуынан басталады. Осы мақаладағы айтылған жайттардың барлығы шын мәнінде 1990 ж. соңына қарай орын алған оқиға. Кейіпкер ары қарай бұл төңірегінде қала тұрғындарының арасында қызу талас-тартыс, дау-дамай туындағанын айтады. Кейіпкер медициналық факультеттің мәйітханасында жұмыс таппай тұрып осы молада түнейтін. Кейіпкер бұрын өзіне баспана болған мәйітханаға барып, онда өліліер әлемін көзімен көреді.
Бұл екі әңгімеде де постмодернистік баяндаушы стратегиясының әдеттегі белгілерін байқауға болады. Жазушының көптеген әңгімелері түсті еске түсіреді. Онда реалистік, шынай өмір бөлшектерінен шынайы емес әрекеттер құралады, оқиға барысы күтпеген жерден өзгеріп отырады, кенет басқа арнаға түсіп жатады. Осылайша, мәтін фрагменттік, децентрезацияланған болып шығады. Бұл әңгімелерде типтік нақтылық болмаған соң оны түрліше, талдап, түсініп, түсіндіруге болады. Ал қорқынышты оқиғаларға толы «Жалаңаш көлеңке», «Туған күнге - саусақтар», «Импотент», «Шөпқоректі қасқыр», «Сана», «Утама» әңгімелеріндегі іс-қимыл Йемен қалалары мен ауылдарында орын алады. Ал «Әйелдер, Аллаһым кешіре көр!» әңгімесіндегі оқиға болашаққа да, өткен шаққа да жатқызуға болатын фантастикалық көріністе келеді. Автор «Рухтардың көшуі» әңгімесінде мәтінмен ойын тәсіліне көшеді, мұнда адамдар мен жануарлардың рухтары ауысады, бірақ баяндаудан кім туралы айтылып жатқандығын түсіну қиын. Амран шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік – пародиялылық. Бұған дейінгі жазушылар буыны Йеменнің мәдени, әлеуметтік, саяси өмірін өз шығармашылықтарында реалистік тұрғыда, драмалық сюжетпен жазған болса, Амран мұның барлығын пародиямен жазған. Мысалы билік басындағылардың жемұорлығы, қызметін асыра сілтеп пайдаланушылығы алдыңғы буын жазушыларының еңбектерінде реалистік тұрғыда, өткір сынға алынған болса, Амран мұны ирония мен бейтараптылықпен билік мекемелерінің қызметінің симулятивті сипатын ашып көрсетеді. «Махаббатағы қылмыскер» әңгімесінде баяндаушы-контрабандист шекарамен шектес аймақтардан Санаға бару керек болған жағдайда, күндіз баратындығын, бұл уақытта кезекшіліктегі сарбаздардың оны қарақшылардан арашалайтындығын айтады. Ол өзіңнің қандай тауарды, қай жерден, қалай алатындығын баяндап береді. Реалист-жазушыларда трагедиялық сипат алатын кедейшілік тақырыбы Амран шығармашылығында пародия нысанына айналадаы: «Баб-ул-Йемен» әңгімесінде ол бүкіл елді кедей қайыршылар тобы ретінде көрсетеді. Йемендіктердің сөз тасу, өсекке үйірсектігін реалист жазушылар адамзаттық трагедия ретінде қозғалса, Амранда бұл да пародия нысаны. Мысалы «Қарға-бала» әңгімесінде кейіпкер өз өмірін баяндап береді. Ол туылғанда әкесінің бәйбішесі, тоқалға деген қызғаныштан жаңа туған сәбидің қара түсті екендігі туралы қауесет таратады. Өсек сол аймақта тез тарап, газетте бала-қарға туралы мақала жарияланады. Кейінірек жас жігіттің қарға туралы оқиғасын білген бойжеткен оған тұрмысқа шығудан бас тартады.
Амранның сюжеттері ғана емес, баяндауындағы жекелеген бөлшектердің өзі пародиялылыққа ие. Әсіресе, әңгімелерде кездесетін газеттен алынған тұстары қосымша құжат болып көрінгенімен, шындығында, олар мистификациядан құралған, я болмаса еш мағынасыз. Мысалы «Кат» әңгімесіндегі кейіпкер газеттен мынадай тақырыптарды оқиды: «Клинтон Саддамды орнынан алып тастауға өкілеттілігі жоқ екендігін айтып сендіруде», «Саддам жария түрде Америкамен соңына дейін күресуге уәде берді», «Алжирдегі қақтығыстар ушығып барады», «Йемен Руб-ул-Хали шөліне Қызыл теңізден Аден шығанағына қарай канал тартуда». Алайда бұл тақырыптардың соңғысы ойдан шығарылған, себебі, Йемен ешқандай канал тұрғызған емес, тұрғызып та жатқан жоқ. «Қадыр түні» әңгімесінің кейіпкері «Әл-Жумхурийа» газетінің мейрам күнгі басылымының мәдени қосымшасынан «әдетте болып жатқан жайды мұқият бақылайтын» Абдаллах Алуан жеткізген Хишам Шамсанның хабарламасын оқиды. Хабарламада Рамазан айының 27-жұлдызында, жексенбі күні кешкі сағат сегізде қара бала автомобильде отырған толық кісінің бетіне ақ түсті сілекейімен түкіріп, қашып кететіндігі туралы жазылған. Бала асфальт түстес болғандықтан, қараіғы бұрылыстарға сіңіп жоқ болып кетеді-мыс. Полиция оны іздестіруді жалғастыруда деп келтіреді. Бұл мақаланың еш мәні жоқ, бірақ оның авторлары ретінде екі атақты йемендік журналистері мен әдебиетшілері Абдаллах Алуан мен Хишам Шамсан деп көрсетіледі. Осылайша, жазушы шығармашылығында ойдан шығарылған контекстке шынайы адамдардың атын қолданылуы – автор тәсілдерінің бірі екендігіне көз жеткіземіз.
Постмодернистік баяндаушы стратегиясын йемендік прозада қолдану тұрғысынан алғанда алдыңғы орыннан Уаджди Мұхаммед әл-Ахдальды табамыз. Ол 1973 жылы Худейда ауылында дүниеге келген. Ол – Солтүстік Йемендегі белгілі ислами заң маманы, ғалым, әдебиетшілер отбасының өкілі, Сана университетінің география бөлімінің түлегі. Ол өзінің ерекше таланты, жүйрік қиялы, сөз бен әзіл-оспақтың қаймағын түзуші ретінде оқырмандар, сыншылар, кәсіпқой әдебиетшілер тарапынан мойындалып, бірнеше әдеби номинация бойынша лауреат атанды, сол сияқты республика президентінің жас автор-новеллистерге тағайындаған сыйақысына ие болды.
Әл-Ахдаль өзін постмодернистік жазушылар қатарына құлшына қоспаса да, оның «Жолаушының гүлі» («Заһрат-уль-‘абир» Сана, 1998) жинағында бұл сипат анық көрінеді. Автордың жинаққа алғы сөзінде өзіне деген ирония көрініс тапқан: жазушы өзге бір жазушы Сами әш-Шатыбидің атын жамылады. Бұл да жинаққа ерекше сипат береді. Ол алғысөзде былай деп жазады: «Мен - басында ешқандай жаңа ой тумайтын сәтсіздікке ұшыраған автормын. Өзімнің нағыз жазушы еместігімді секе салатын қарғыс атқыр сезімді басымнан өткерген сайын менің жүйкемді бір залым шайтан тоздыратын». Ары қарай автор бір күні қолына бейтаныс біреудің хаты қолына түсіп, сол жерден жаңа ойларды алып, көптеген әңгімелер мен кішігірім пьеса жазғандығы туралы айтады.
Бұл алғысөзден соң «Полковниктің үйленуі» пьесасы мен түрлі көлемдегі мәтіндер келеді. Олардың жетеуі «Пәленшенің хаты», ал біреуі «Жолаушының гүлі» деп аталады. Бұл мәтіндердің барлығы ерекше, әрі қызық. Бұларды әдебиеттегі жанрлардың ешбіріне жатқызу мүмкін емес, мұнда кейде фантастика араласса, енді бірде ертегіні, сатиралық баяндауды, ғылыми-қарапайым публицистиканы еске түсіреді. Бұл жинақта адамдар жансыз заттарға айналса және керісінше үдеріс жүрсе, енді бірде өткен шақтағы тарихи тұлғалар қазіргі заманғы ойдан шығарылған кейіпкелер туралы сөз қозғайды.
Әл-Ахдальдың «Жолаушының гүлі» жинағындағы кейбір мәтіндерінде ғылыми шартты белгілер жүйесін құрайтын автор қиялы мен құжатнама бойынша нақты мәліметтер денін түзетін сілтемелер жиі кездеседі. Оның жарқын мысалы «Нигериялықтың хаты» мен «Бәдәуидің хаты» бола алады. Бұл екі мәтін көлемінен ондағы сілтеме көлемі көбірек. Сондай-ақ әл-Ахдальдың үш хатында ортағасырлық иснад үлгісі қолданылады.
Әл-Ахдальдың екінші жинағы «Оғаш уақыттың мағынасыз сөздері» атты жинағы (1998) 26 мәтінді қамтиды. Бұл мәтіндер көлемі жағынан бір беттен тұрады, ал стилі жағынан анекдоттар мен байкаға келеді және көбіне иснадпен басталады. Мәтіндердің сюжетінде жеңсікқұмарлық бағыты айқын байқалады, пародия мен тілдік екіұштылық оларды анекдоттар мен байкалардан ерекшелейді. «Әйелдердің әдеби шығармашылығының адамға ұқсастығы» мәтініндегі мына жолдары жоғарыда айтылған сипатына ие: «Менің әжем асқан сақтықпен бір тілім нанды нұсқап, естелігін айтты, даусынан діріл байқалады: «Бұл нан тілімімен ең жүрек жұтқан батыл кісінің өзін қорқынышына нүкте қоюға мәжбүрлейтін қорқынышты оқиға байланысты».»
Бес әңгімеден құралған «Жүзіқараның кейпі» («Сурат-ул-баттал», 1998). Амман) атты үшінші жинағында автор сюрреалистік, ал йемендік сыншы Әли Раби’ әл-Хамисидің айтуы бойынша «парапсихологиялық» сюжеттерді асқан шеберлікпен қолданған. Бұл жинақтың алдыңғы екеуінен ерекшелігі сюжетінің мақсаттылығы мен ұзақ жазылуында. Ал, жалпы алғанда автор бұрынғы өзіне тән стилінен ажырамаған: псевдоиснад, ғылыми тектес пікір, мазмұндаудың пародиялық түрі, оқырманды баяндаушының кім екендігін көрсету мен баяндау жағдайында жаңылыстыру тәсілі, жансыз заттарға жан бітуі немесе керісінше.
Автор «Үшінші мыңжылдық газеттері» әңгімесінде баяндаушы кейіпкер арқылы өзінің постмодернизмге деген әуестігін көрсетіп жатқандай әсер қалдырады: «Бірде «әс-Саура» газетінің редакциясындағы жазу үстелінің алдында отырып, өзімді адам төзгісіз постмодернистік әдебиеттен мәңгіге құтқару үшін бір эфиопиялық сыйлаған уды ішуге аз қалып едім...». Постмодернистік әдебиеттің мәнін талқылау «Жазу үстелінен қашып кеткен автордың төрт әңгімесінің тарихы» әңгімесінде кездеседі. Автор мұнда бейнелі түрде өз шығармашылығына сын айтады.
Жазушы «Танысу мүмкіндігі» әңгімесінде Йемендегі қоғамдық өмірді ирониялық бағытта сипаттайды. Мұнда бір баланың болашақта өз ата-анасы болатын екі жасты таныстыруын баяндауы орын алады: «Сенде оған қатысты мынадай мәселелер туындайды, - дейді бала бойжеткенге, - ол катқа құлша тәуелді. Өзі Отан деп атайтын үлкен жан сақтау бөлімінде өз өмірін сақтап қалуға әкелетін оттекті мүштек секілді кальяннан темекі түтінін тартып отыруды қатты ұнатады».
Жазушының бірінші және үшінші жинақтарындағы шығармашылықтарына талдау жасай отырып, Әли Раби’ әл-Хамиси мынадай пікір білдіреді: «Уаджди әл-Ахдальдің әңгімелерін оқып отырып сатиралық немесе юморлық мағынасы еріксіз езу тартқызатын сөйлем, сөз тіркемі немесе тіпті бір сөзбен міндетті түрде жолығасың. Меніңше, жазушы фантастикалық сипаттағы юморлық стильді оқырманды сюжеттің еркешелігі немесе иррационалдығы себепті түсініксіздікке ұшыраудан уақытша құтқару мақсатымен осындай сөйлемдер мен тіркестерді іздету үшін қолданады».
Әл-Ахдальдің тағы бір жинағы «Тірі жан білмеген соғыс» («Харб лам йа‘лам би-уқу’иха ахад», Сана, 2001) әңгімелер, байкалар мен кішігірім пьесадан тұрады. Бұл жинақтың ерекшелігі – ондағы Йемен қоғамдық-саяси өмірін сатирамен жазылуы. Бұған «Тірі жан білмеген соғыс» пен «Оғаш түстегі кісі өлтіру» әңгімелерінің сюжеті жарқын мысал бола алады. Бұлардың сюжеті сюрреалистік болғанымен, Йемендегі бейберекетсіздік, саяси қуғын-сүргін, кісі өлтіру, заңсыздықтар, азаматтардың құқықтарының аяққа тапталуы, екі ел біріккеннен кейінгі фундаменталистердің екіжүзділігі түсінікті етіп баяндалады. «Алдыңғы қатардағы күмәнді қозғалыстар», «Жорғалайтын қолдар» байкалары мен «Бір сәт» пьесасындағы сатира ашық түрде қолданылған.
Уаджди әл-Ахдальдің «Тау қайықтары» («Қауариб жәбәлийа», Сана, 2002) атты постмодернистік романының басып шығаралуы үлкен шу тудырады. Бұл романның алдыңғы жазылған, қысқа тексті 1998 ж. «әл-Жумхурийа әл-Йәмәнийа» журналының мәдени қосымшасында өзгеше атаумен жарық көрген болатын. Бірақ ол кезде мұндай дау-дамай тумаған болатын. Автор жыл өте өңдеп шығарған романның келесі нұсқасы йемендік ірі әдебиет сыншылары тарапынан тері көзқарастарға ұшырады. Олар әл-Ахдальдің бұл шығармашылығы қоғамның барлық моральдық және діни құндылықтарын аяққа таптайды деп бағалады. Бұл сын-пікірлер билікті де жайбарақат қалдырмады: роман жарық көргеннен кейін бір аптадан соң мәдениет министрі барлық тиражды кәмпескелеу, роман басылып шыққан баспаны жауып, авторға қарсы қылмыстық қозғау туралы жарлық шығарды. Ал министрдің орынбасары, жазушы Хашим Әли бұл жарлыққы қол қоюдан бас тартып, қызметінен кетуге мәжбүр боды. Йемен жазушылар одағынан құралған топ бұл шешімді шығармашылық еркіндік құқығын аяққа таптау деп тауып, автор жағына шығып, ел президенті мен премьер министрінен мәдениет министрін орнынан босатуды талап етті. Дегенмен премьер-министр мәдениет министрінің шешімімен келіседі. Осылайша, діни, саяси, әдеби, заң ортасында үлкен дау-дамай туады. 2002 ж. Сана мешітінің бас имамы радио мен телевидениеде сөйлеген сөздерінде әл-Ахдальді дінсіз деп айыптағаннан кейін, өзге де дін өкілдері жаппай жазушыға наразылықтарын жаудыра бастады. Билік пен дін өкілдері тарапынан төнген қауіптен соң әл-Ахдаль сол жылы жазда Сирияға сауғалауға мәжбүр болды.
Романнан туындаған дау-дамай бүкіл Еуропада, араб әлемінде тарап кетеді. Нәтижесінде бейруттік баспа «Рияд-ур-Райис» романды қайта басып шығарады, ал 2003 жылғы Каирдегі кітап жәрмеңкесінде ең қажетті кітапқа айналады. Еуропалық постмодернизм өкілі, Нобель сыйлығының әдебиет саласындағы лауреаты, неміс жазушысы Гюнтер Грасс Йемен президентіне тікелей барып, әл-Ахдальді жарылқауды өтінеді. Бұл жағдайдан соң президент ресми түрде кешіріледі.
«Тау қайығы» романы - жүзден астам беттен құралған күрделі компазициялы, салыстырмалы түрде қысқаша туынды. Роман мәтіндері жеті бөлімнен тұрады, олар «миждаф» (ескек) деп аталды. Роман төңірегінде дау тудырған негізгі сипаты автордың сексуалды-физиологиялық саладағы барлық табуларды бұзып-жарып, «лас» лексиканы қолдануы. Романдағы табуларды бұзу – автор тарапынан арандатушылықты көрсетеді. Француз зерттеушісі Л.В. Деовелдің пікірінше, «Тау қайығы» романы жалпыарабтық деңгейден шығып, Йемен араб әдебиетінің дамуындағы периферийлікті жоя білген алғашқы йемендік прозалық ілгерілеу нышаны болып табылады. «Тау қайығы» романынан соң туындаған дау-дамай әл-Ахдальдің келесі бір «Әндер арасындағы есек» романында өткір, ирониялық стилін сақтап қалуына бөгет бола алмады («Химар байна-л-ағани», Бейрут, 2004). Бұл романында автор «Тау қайығындағындай» әлеуметтік, мәдени кеңістік құрады, тарихи-саяси реалияларға көбірек мән береді, атап айтқанда парламентке сайлау, бағаның өсуі мен 1994 ж. азаматтық соғысқа қатысты халық толқулары қозғалады. Роман кейіпкерлері тағы да карикатуралық қуыршақ кейіпкерлер болып табылады. Роман «Тау қайығы» романындағыдай Йемен қоғамының отбасылық, діни, саяси орталарында орын алатын құбылыстарға иронияны қолдануды арқау етеді.
Әл-Ахдальдің үшінші романы «Философ әл-Карантины» («Фәйләсуф әл-Карантины», Сана, 2007) алдыңғы екі романның тақырыптарын сабақтайды. Роман сатиралық өсиет әңгімелер, травестилендірілген антиутопиялар мен саяси романның сипатына ие. Романның алғысөзінде автор былай деп түсініктеме береді: «Бұл романдағы әрекет Зейм моласында жүреді. Мен ондағы жерленген адамдар жайлы сөз қозғамаймын, сіздерге мүлдем бейтаныс әлем туралы қызықты оқиғасымен шектелемін. Сіздердің бәтеңкелеріңіздің бауларынан бірнеше метр жер ғана жырақтағы кішкентай тіршілік иелері турал, мола құрттары жайлы әңгімелеймін». Ары қарай романның бірінші бөлімі басталады. Романның басы постмодернистік екіұштылыққа ие. Бұл роман сюжетінің мәні мынаған саяды: өз уақытында дін өкілдері Зейм моласына жіберген Муш’иль әл-Хижазиді Лондон мүрдесінде тұратын эмигранттарға рамлийлік мазхабты үйретуге жібереді. әл-Хижази өз тапсырмасын орындап болған соң, шетелде философиялық білім алып, отанына оралады. Оның ойында үнемі «құрттарды адамдарға айналдыру» тұрады. Философты бұл «құрттарды адамға айналдыру» әдісінің мәні: адамға айналғысы келген құрт осы өмірде өз ісінің маманы болуға тырысу керек. Осылайша, автордың айтқысы келген ойы «араб қоғамының өкілдері әлі де толыққанды адам емес, әлі де олар адамға айналу қажет» болса керек. Роман 2008 ж. араб романистеріне тағайындалған Букерлік сыйақыға лайық деп танылды, бұл өз кезегінде, араб оқырмандарының постмодернистік сипаттағы әдебиетке деген талғамын тынытады.
1990 жылдары Йемен прозасында пайда болған жазудың жаңа түрін талқылауды түйіндей келе, сыншы Мұхаммед әш-Шайбанидің берген бағасын келтіруге болады: «Бұл буын өкілдерінің басым көпшілігінің шығармаларында жарқын болашаққа ертерек дәмелену туралы тосын ойлар болмады, революция рухы олардың шабыттарын шақырмады... басты кейіпкер ендігі жерде пайғамбар емес... Студенттер, жұмысшы тап, шаруалар тобының өкілдері баяндаудың арқауын құрамады, өзінің карикатуралық бейнесіндегі имам өткен шақтың адамы емес. Ауыл енді ол жақтан қоныс аударғандар кейіпкерлерді тебірентпейді, қиырға қоныс аудару «Жат Отан» екіжақты сипаттағы баяндау тақырыбын құрамады... 1990 жылдардағы прозадағы жаңаша жазу үлгісі... заттарға ұлттық мәселелерді шешу жолдарын ұсынбайтын бейтарап, шеткері көзқарасты білдірді, байсалды, бірге уайымдау міндетті емес, кейде Уаджди әл-Ахдаль шығармаларындағыдай өз мақсатына қоршаған реалиялардағы күлдіргі парадокстарды бейнелеу арқылы жететін, жай ирониялық көзқарас... 1990 жылдардағы проза туындыларындағы мұндай жазу үлгісі олардың маргиналды және күнделікті тақырыптарға, интимді, саяси және діни саладағы «тыйым салынған» мәселелерді басқаша айтудың өзге қандай да бір түрін қолданбастан бейнелеген даулы ашықтыққа жүгінуіне жағдай жасады».
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
ХХ ғ. араб халықтары мәдениетінің дамуына әсер еткен факторлар.
Абд ар-Рахман Мунифтің араб әлемінде романист беделін нығайтқан «Тұздар қаласы»
романының ерекшеліктері.
Қазіргі араб әдебиетінде көркем модернизмнің кандай түрлері мен ағымдарын атап
өтуге болады.
Постмодернизм ағымы, өкілдері, шығармалары.
Әли әл-Йусуфидің «Тавкит әл-бинка» атты романындағы кейіпкерлердің бейнесі.
Йемен көркем прозасы сипаттаңыз.
Уаджди Мұхаммед әл-Ахдальдің шығармашылығының негізгі тақырыбы
Мұхаммад әл-Ғарби Амранның «Шаршафалар» атты жинағына талдау жасаңыз.
Түрік әдебиеті
Әдебиет тарихын зерттеушілер әдеби шығармаларға баға берерде қоғамдық ой-пікір мен өнер дамуындағы үлкен бетбұрыстардың қырық-елу жыл аралығындағы өзгерісін негізге алады. Қандай да бір әдебиет кейде қысқа уақыт мерзім ішінде дамып, өркендеп, үлкен серпілістер жасағанымен, бар нәрсе сол кезде басталып, аяқталмайды және өзінің алдындағы әдеби хал-ахуалдарды ескере отырьп, талдау жасауға мәжбүрлейді. Өйткені, әдебиет - дәстүр ісі. Онда ешқандай құбылыс өздігінен пайда болмайды. Ешбір ыдырау немесе шешім де өздігінен аяқталмайды. Әрбір әдеби үдеріс ұрпақпен бірге дамып, ұрпақпен бірге жаңарады. Сонымен қатар алдыңғы буын салған жолда гүлденеді, кейінгіге із тастап көкжиегін кеңейтеді де, белгілі бір дәрежеде нәтижеге қол жеткізеді.
Түрік әдебиетінің соңғы қырық-елу жылына талдау жасағанда, келелі мәселелерге осы тұрғыдан баға беру кажет. Өйткені, біз зерттемекші болып отырған мерзімде әдебиет әлеміне бұрынырақ келіп, құнды туындыларды дүниеге әкелген каламгерлер әлі де өз шығармашылықтарын жалғастырып жатқанда, олардың артынан әдебиет босағасын жаңа аттағандар да үнемі бірге жүріп отырады. Бұл жағдай жазушылар мен олардың шығармаларына үңілгенде бірқатар киындықтар туғызып, аталған кезең әдебиетіне қатысты жүйелі және тура тұжырымдар жасауды шиеленістіріп жібереді. Әдебиет жайлы дұрыс қорытынды жасауға мүмкіндік бермегендіктен, мұндай іске кірісу әрі қиын, әрі ауыр. Түрлі таңдаулар мен алға тарта алатын түрлі пікірлер адамды қателестіруі мүмкін, әрі әдеби шығарманың пайда болу себептерінің көп қырлылығы да оны жеткілікті деңгейде түсініп, оған түсініктеме жасауға үнемі мүмкіндік бермейтіндіктен, тұжырымдар кем және жеткіліксіз дәрежеде қалып қояды. Алайда, біз түрік әдебиетіне баға беру барысында бір кезең жайлы үкім айтудан гөрі бұл кезеңде туған тенденцияларды, ізденістерді бекітуге тырысамыз, көзге түскен шығармалар мен суреткерлер жайында сөз етіп, жалпы әдеби жағдайды әлеуметтік тұрғыдан айқындауға ұмтыламыз
Түрік әдебиетінде роман ең көп көңіл бөлінген жанрлардың көш басында келеді. Мұндай ықылас романның кез келген тақырыпқа қол соза алатын жанр болуымен қатар, көңілге дем беріп, ойландыратын, шабыттаңдыра алатын, ұзақ тынысты баяндау мүмкіндігіне ие болуына да байланысты. Оқырман бұл жанрдан өзі іздеген бірқатар мәселелерге жауап таба алады және ұзақ уақыт бойына қуат, жанына жұбаныш ұялатады, сондай-ақ, романдағы кейіпкерлер мен характерлер егжей-тегжейлі талданады. Бұлардың бәрі тек себеп қана емес, басты факторлар ретінде романды әлдеқайда танымал жанр етуге үлкен үлес қосады. Сөз жоқ, поэзия бірқатар өзіндік ерекшеліктерімен бүкіл жанрлардың алдына шығатындай сипатта болса да, романның көп қырлылығы оқырман кауым үшін бұдан да тиімді екенін айта кету керек. Оның үстіне бұл кезеңде жарияланған кейбір романдар таңданарлық жетістіктерге ие болып, жүз мыңнан астам таралыммен окушылардың назарын өзіне аудара білді.
Түрік әдебиетінде бұрын поэзия қаншалықты басым әрі айырықша орында болғанымен, өткен ғасырдың басынан бері роман жетекші орынға шығып, өзіне сенімді әмірші ретінде оның орнын алмастырды. Романның түрік әдебиетіндегі тарихы онша көне де емес. Тұңғыш түрік романы 1872 ж. Шәмседдин Сами каламынан туған – «Талғат пен Фитнаттың махаббаты» туындысы. Одан кейінгі жылдарда жанр уақыт өте келе жаңа шығармалармен молықты, орнықты, байыды. Роман жанры XX ғасырдың басынан бастап, поэзияға карағанда басымдықка ие болады. Түрлі ізденістер мен тәжірибелерден өткен бірнеше он жылдықтан кейін, әсіресе 1970 жылдарда, анағұрлым көп оқылатын, көп талқыланатын жанрға айналып, шебер қаламгерлердің арқасында Түркиядан тыс жерлерге таныла бастады.
Роман жанрының 1990 жылдары алдыңғы он жылға қарағанда үлкен секіріс жасағанын айтуға болады. Романдардың санының өсуін, жарияланған кейбір шығармалардың күн тәртібіндегі мәселелерге ықпал етуін, аталған жанрдың өзіндік табыстары деп, түсіну керек. Дегенмен сандық өсімнің және анық та айқын бағыт ұстанудың уақыт өте келе романды қатардағы жанрға айналдыруы мүмкін екендігін есте сақтай отырып, мұның тамаша туындылар беруге жақсы жағдай жасаған өзгеріс болғанын да атап өтуге тиіспіз.
Әдеби шығармаларға жалпы шолу жасағанымызда әр жанрда дүниеге келген, әр түрлі деңгейдегі туындыға кездесеміз. Жылнамалардағы шолулардан да ұқсас пікірлерді жолықтырамыз. Сонда да роман жанрының көкжиегін кеңейтіп келе жатқандығы анық. Бұл, әрине, бір жақты емес. Аталған жылдардағы аударма жолымен жарық көрген романдардың көптігі, олардың сандық өсімінің бір жақты болмағанын көрсетеді. Бұл болса, әр бір тенденцияның, әрбір ізденіс тәжірибесінің біздің әдебиетімізден өзіне оп-оңай орын табуына мүмкіндік беріп, жанрдың жалпы аумағына кіретін шығармалардың санын көбейтті.
Жыл сайын жарияланатын романдардың дәл санын анықтау, әрине, оңай емес. Тек жылнамалар мен басқа библиографиялық еңбектерге сүйенер болсақ, соңғы жылдары роман санының тұрақты түрде артып келе жатқанын, кейде аздаған дағдарыс болса да, шамамен, жылына орта есеппен 50-60 роман жарияланатыны байқалады. Демек, он жыл мерзім ішінде 500-ден аса романның жазылғанын аңғаруға болады. Бүл сандық өсімнің артуына кейінгі жас буын қаламгерлердің қосқан үлесі зор. 1990 жылдарға дейін романдары жарық көрген жазушылар бірлі жарым ғана туындыны дүниеге әкелсе, жастар жазған романдар саны едәуір басым көрсеткішке ие. Олардың арасыңда тіпті бір жыл ішінде екі-үш роман жарияланғандары да бар. Бұл жағдай түрік ақын-жазушыларының кейінгі уақыттағы көп жазуға тырысу, түрлі тақырыптар мен қилы мәнерде қалам тербеп, өзін мойындату, танымал болуға ұмтылуын білдіреді.
Жазылған романдардың көтерген тақырыптарына келер болсақ, басым көпшілігінің кейінгі тарихымызды талдау болып табылатынын көреміз. Жылдам карқынмен дамып келе жатқан қоғамымызда соңғы жиырма, жиырма бес жылда болған ірі өзгерістерді, саяси және әлеуметтік оқиғаларды дәріптеу, ара-тұра өзара сын мен өткенді сағыну (ностальгия) аясында жазылған шығармалардың негізгі тақырыптары - міне, осылар. Еліміз басынан өткізген саяси полюстенудің анархия мен террор өлшемінде көп нәрсені астаң-кестең еткен 1980 жылға дейінгі әңгімелерге ең көп арқау болған кезең болып отыр.
Тахсин Южелдің «Пайғамбардың соңғы бес күні» (1992), Алев Алатлының «Оллахи, мені қасқырға жегіздің» (1993), О.К.Мустиның «Түркия – бүтін» (1994), Үміт Қываныштың «Жалғыз болмайды» (1995), Мұстафа Миясоғлудың «Махаббат серуені» (1995), Айдын Өзтүріктің «Білемін, жүрек шыдайды» (1996), Метин Жалалдың «Тамаша балалар едік» (2000) романдары - солардың кейбіреулері ғана. Кеңестер құлағаннан кейінгі ыдырау процесі мен бір кезде белсенді күрес жолын таңдаған қаһармандар бейнесі арқылы түрік саясатындағы 80-ші жылдардан кейінгі өзгерістер жөне өзгерген құндылықтарды тергеу әсіресе солшыл бағытты ұстанған топтардың басты тақырыбы болады. Қаған Арсланоғлудың «Шақырылмаған қиялым» (1992) және «Басқа шығын» (1998), Оя Байдардың «Мысықтың хаттары» (1992), Хұсейін Латифтің «Көк өлім» (1996), Барыш Балтажыоғлудың «Шайыңызды түрікше ішесіз бе?» (1996), Хикмет Тэмел Ақарсудың «Кәдімгілік» (2000) ромаңдары осы бағытта жазылған.
Сонымен бірге бірқатар жазушылар жыл сайын өз төңірегіндегілердің немесе өткен жылдарға қайта баға беруге құрылған бірнеше романдарын жариялайды. Олардың қатарына Динчер Сүмердің «Түс пе еді Ізмір?» (1992), Сэлім Илеридің «Громофон әлі ойнап тұр» (1995), Жәміл Шевкет бейдің «Айналы шкапқа екі қол тапанша» (1997), Оқтай Акбалдың «Батқан кеме» (1997), Оя Байдардың «Ешқайда оралу» (1998) сияқты романдарды жатқызуға болады.
Республика кезеңінде орын алған саяси және қоғамдық оқиғалар - маңызды тақырыптардың бірі болды. Йылмаз Карақойынлының «Күзгі шаншу» (1992), Мүстершір Қарақаяның «Революциядан басым айналды» (1992), Шәріп Бенекшінің «Таңғы жорық» (1996), Білгесу Эренустың «Көз» (1997), Сүлеймен Сағламның «Тауды тауға қосқан» (2000), Мұғжиза Өзиналдың «Шерудің қыздары» (2000), Йигит Оқурдың «Көгершіндер» (2000), Есін Инанның «Қараңғылықтағы зиялылар» (2000), Оя Байдардың «Ыстық күлі қалды» (2000), Сергун Ағардың «Махаббат базары Солоникиде қалды» (2001), Темір Торостың «Бейоғлудағы балықтардың аяқ дыбыстары» (2001) романдары, т.б. осы тақырыпқа арналған.
«Жеке тақырыптар» деп атауға болатын романдарда кейіпкерлерге байланысты бірқатар оқиғалар мен адамдардың іштей түйықталуы, өзін тергеу сипатындағы тербелістерін баяндайтын тұстары да әсте аз емес. Өмірге, дүниеге, дүниенің дамуына налу, содан барып жаны қысылу, күйзелу, аскетизмге бой ұру, ажырасулар, қайғы-мұң... секілді психологиялық тақырыптарға: Күршат Башардың «Сен болсаң, бұлай істемес едің, білемін» (1992), Мехмет Ероғлудың «Жүрек сүргіншісі» (1994), Алев Алатлының «Тағдырға қарсы тұр, А. Ш.» (1995), Мехмет Өналдың «Мөлдір қанатты уақыт» (1995), Үміт Қываныштың «Жалғыз болмайды» (1995), Латифа Текиннің «Махаббат белгілері» (1995), Гүлайша Қошақтың «Көздеріңдегі мына мұңды жою үшін не істеу керек?» (1997), Жәһида Біргулдің «Түнге қарап оянғандар» (2000), Нежати Тосунердің «Жалға берілетін жалғыздық» (2000), романдарын жатқызуға болады.
Мәжбүрә Иналдың «Құстар атылды» (1992), Фейза һәпшілінгірдің «Қызыл қалампыр» (1993), Інжу Аралдың «Жаңа жалған заман» (1995), Еңгін Генчтанның «Бақыт үйіндегі би» (1996), Білгесу Эренустың «Түн» (1996), «Ішімнен кұстар көшіп барады» (1998), Күчүк Ескендірдің «Плеврит» (2000), Налан Түркелінің «Екі өмір» (2000), Дуйғу Асенаның «Негізінде, сен азатсың» (2000) романдары басқа түскен қиындықтарды, проблемаларды өзгемен бөлісе алмау, жан дүниесін түсінетін, қиындықты бөлісетін жан ашыр адам таба алмағандықтан өмірден түңілу мен қайғы-қасірет шегу, сондай-ақ, жылдам қарқынмен дамып отырған урбанизация, жаһандану үрдісі бұзған, бөлшектеген тұлғалар, адамның жеке басындағы үзілістер, әйел құқықтары мен олардың мәселелері туралы жазылған шығармалар.
Осы тақырыппен байланысты, бірақ бұдан да гөрі махаббат пен эротикалық мазмұнға жақын шығармалар өз алдына назар аударатын бөлек бір тақырыпты құрайды. Махаббат мәселелерін жеке планда қарастыра отырып, әйел мен еркектің қатынасын анықтаушы фактор ретінде қарастырған, адамның армандары мен ізденістеріне бағытталған іс-әрекеттерді баяндайтын және тыйым салынған эротикалық жайлар мына романдарда басымырақ орын алған: Әділет Ағаоғлудың «Түнгі өмірім» (1993), Ахмет Алтанның «Кауіпті ертегілер» (1996), Күршат Башардың «Сөйлескеніміздей - алыстарға» (1997), Түлай Ферахтың «Қызыл өрік» (2000), «Еркек» (2000), Тұрғыт Өзақманның «Романтика» (2000), Мелтем Арқанның «Иә... Бірақ... Дерсің» (2000), Барыш Тунаның «Түстену» (2000), Бәдри Байқамның «Сүйек» (2000), Өзден Сойалыптың «Шырмауықтар енді жыламайды» (2001) т.б.
Аса ауқымды болмаса да қоғамымыздағы шындықтың бір қырын баяндайтын шығармалардың тақырыбына арқау болған мәселе — шет елдердегі қандастарымыздың тұрмысы, өмір сүріп жатқан елдеріндегі күнкөрісі мен тіршілік үшін жүргізіп отырған күресі, олардың арасындағы мәдени алшақтық. Мұнда, негізінен, Германиядағы эмигранттар тағдырына басымырақ орын берілсе, Еуропаның басқа елдері мен Австралиядағы эмиграция да кейбір авторлардың шығармаларында белгілі бір дәрежеде орын алған. Бұл тақырыптағы шығармалардың қатарына Йылдырым Кескіннің «Бір түнгі мырзалық» (1992), Мұстафа Ақкүннің «Саты келіннің әні» (1995), Ренан Темірқанның «Сақалды әйел» (1995), Арас Өреннің «Күтілмеген сәлем теруші» (1995), Сарагүл Тұранның «Гүлдің тікені» (1995), Йылмаз Онайдың «Жазулар фильмотекасы» (1995), Садық Юмнидің «Амстердам гүлі» (1996), Севинч Чокумның «Дірілдер» (1996) ромаңдарын жатқызута болады. Керісінше, 1989 жылғы Балқан оқиғасынан кейінгі және Болгаркадағы түріктердің Түркияға жүз мыңдап қоныс аударуы мен олардың өмірі де кейбір қаламгерлердің романдарына тақырып болды. Мысалы, Ысмайыл Йылмаздың «Ұясыз құстар» (1996), Селма Фындықлының «Көзімнің жасы - Дунай селі» (1997) Өзкер Яшынның «Невзат және мен» (1997) романдары - сондай романдар. Сондай-ақ 1985 жылдан бастап саяси мәселе ретінде Түркияның өміріне енген елдің оңтүстік-шығыс аймағындағы жағдайлар мен лаңкестік Күрттер мәселесі де кейбір романдарда көрініс береді. Ерхан Бенердің «Иірім» (1993), Рахми Тұранның «Таулардың дауысы» (1995), Хүршіт Елбейдің «Ұстаз» (1996) ромаңдары - солардың санатынан.
Тарихи тақырып - түрік әдебиетіндегі соңғы он жылдағы романдардың кең танымалы және кейбір жазушылардың тұрақты тақырыбына айналды. Тарихи романдар алғаш жарыққа шыққан күннен бастап, бүгінгі таңға дейін оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп отыр. Оған ливандық жазушы Амин Малофтың түрік тіліне аударылған «Самарқант», «Шығыс айлақтары» сияқты романдарымен қатар, постмодернистік әдебиеттің көш басшыларының бірі Умберто Эконың да әсері туралы айта кеткен жөн. Соңғы бір-екі жылдың ішінде әлемде ең көп сатылған кітаптардың тізіміне енген Анна Чемберленнің «София ханшайым» атты үш томдық туындысының түрік тіліне аударылуы түрік әдебиетіндегі тарихи тақырыпқа арналған шығармалардың көкжиегін кеңейте түсті. Бұл шығармадан кейін іле-шала оның аудармашысы жазған «Киразе» (2000) мен Теоман Ергүлдің «Нұрбану» (2000) романдары жарияланды. Осылайша, кейінгі, ежелгі және шетелдік тарих болып, бірқатар тарихи тақырыптар түрік қаламгерлерінің роман жазуына арқау болды. Мұстафа Нежати Сепетчіоғлудың «Дар ағашы» (1992), Мим Кемәл Өкенің «Күннің батуы» (1992), Недім Гүрселдін, «Бұғазкескен» - «Боғазкесен» (Босфор бұғазындағы «Румели Хисар» камалының ескі атауы - ауд., 1995), Эрол Тойдың II томдық «Жоғалған мұрат» (1995), Мухсин Ілияс Субашының «Сегізаяқ» (1995), Талат Узуняйлалының «Тақ және бақ» (1995), Мехмет Ниязидің «Шанаққала қияметі» (1998), Реһа Чамуроғлудың «Ысмайыл» (1999), «Соңғы янышар» (2000), «Екі мен бір» (2001), һыфзи Топуздың «Тайифтегі өлім» (1999), «Париждегі соңғы османдықтар» (1999), «Хадиша ханшайым» (2000), Мехмет Қоралдың «Бітпейтін самал» (2000), Эшреф Бағрымның «Ларисса» (2000), Хандан Өзтүріктің «Күлгін қастандық» (2000), Гүнели Гүннің «Бағдат жолдарында» (2000), Ферзан Гүрелдің «Ізмірдің басып алуынан-азаттыққа» (2000), Дурали Йылмаздың «Шейх Бадреттин» (2001), Букет Узунердің «Гелиболу» (2001), Жаһиг Үлкүнің «Прагалық Ибраһим паша» (2001), романдары сияқты бірқатар туындылар көп сатылатын кітаптардың тізімдерінен орын ала бастады. Олардың кейбіреулері тарихи оқиға мен тарихи тұлғаны бүгінгі күннің оқиғаларымен байланыстырып, тарихпен қазіргі уақытты бірге қарастырьш жазуды калайды. Тарих тек декорация ретінде алынады. Сондықтан да тарихи роман біз санай алмайтындай көп қырлы мәнердегі баяндауларға толы. Мұндай романдардың бірсыпырасы постмодернистік әдебиеттің өкілдеріндей тарихты жасағандарды емес, қазір өмір сүріп отырғаи адамдардың өмірі мен іс-әрекетін әңгімелей отырыи, өткен заман мен оларды алмастыруға тырысу әдісінің енімдері болып табылады. Мұндай туындалардың қатарында Ихсан Оқтай Анардың «Тұманды құрлықтар атласы» (1995), «Айлалар кітабы» (1996), Зүлфи Ливанелидің «Ұлы сұр жыланның көзінің шағылысуы» (1996), Вәжди Шырашыоғлудың «Қара сиқырлы ұйқы» (1999), Нәдім Гүрселдің «Суретті әлем» (2000), Элиф Шафақтың «Тиым салынған» (2000), Ахмет Алтанның «Көтеріліс күндеріндегі махаббат» (2001) романдарын атауға болады.
Жоғарыдағы есімдер мен шығармалар тізімі роман жанрына жататын болғандықтан, біз жалпы роман деп атайтын жанрды жасайтын механизм жүйесін таңдап алған жазушылардың оқырман назарын өзіне аударатын, постмодернистік тенденциялы шығармаларын беріп отырмыз. Осындай ерекшелігі бар шығармалардың көптігі роман жанрының соңғы он жылда оқырман ықыласына бөленгендігін көрсетеді. Бұлардың арасындағы таңдамалы шығармаларға: Нихат Генчтің «Тар аландағы топан» (1993), «Бұл ғасырдың тектісі» (1995), «Інжу Аралдың «Жаңа жалған заман» (1994), «Ешқандай махаббат, ешқандай өлім» (1997), Орхан Памуқтың «Жаңа өмір» (1994), «Менің атым Қырмызы» (1998), Хилми Явуздың «Үш баяндау» (1995), Латифа Текиннің «Махаббат белгілері» (1995), Назлы Ерайдың «Ғашық тоты бары» (1995), «Ай жарығы дастарханы» (2000), Элиф Шапақтың «Пинхан» (1997), Метін Қашанның «Жаңғақ сегіз» (1998), Хасан Әли Топташтың «Мың мұңды рахат» (1999), Ахмет Каражылылардың «Гүл қамалы құлады» (2000) романдарын жатқызуға болады.
Ғылыми сипаты бар, ара-тұра фантастика элементтері де кездесетін, утопиялық сарын көрініс беретін шығармалар турасында мына романдарды атауға болады: Омар Байташтың «Проксима Сентаури» (1992), Букет Узунердің «Балық іздерінің дыбысы» (1992), Эрхан Бенердің «Оралыстар» (1997), Жэм Ақаштың «Балық түтқындалған жер» (2000), Ескендір Савашырдың «Тұнық суға құштарлық» (2000), ж.б.
Соңғы жылдары кең танымал болған роман түрлеріне детективтер жатады. Ақпарат мекемелерінің кеңейген қызметіне байланысты олардың жұмысын, ішкі тұрмыс-тіршілігін баяндайтын шығармалардың пайда болуы бұл саладағы әдебиеттің де едәуір назарға ілігуіне ықпал етті. Ахмет Үміттің «Қар иісі», «Тұман жене түн», «Бір дауыс түн тыныштығын бұзып тұр», «Ерте-ерте-ертеде», «Түн жалаң аяқ болатын», Осман Айсудың «Уылдырық операциясы», «Жендет», «Көк-ақ рапсодия», Жәлел Окурдың «Жалаңаш өлік», Жәнк Эденнің «Желсіз қала», Акиф Пиринччидің «Дене» романдары - осы тақырыпқа жазылған шығармалар болып табылады.
Романның және бір көп таралған түрі - мемуарлық туындылар. Өмірбаяндық романдарда негізінен өмірден озған салынған» (2000), Ахмет Алтанның «Көтеріліс күндеріндегі махаббат» (2001) романдарын атауға болады.
1992 жылғы әдеби пікірталаска арқау болған шығармалардың бірі - «Пайғамбардың соңғы бес күні». Кітаптың авторы жұртшылықтың назарын өзіне аударған бұл кітаптың түрік оңшылдарының сынына ұшырағанын айтады. Кітап көп сыналып, көп талас-тартысқа түсіп, тіпті, түрік әдебиетіне қосылған үлес деп айтылып жатса да, «сенсациялық» болудан артыққа барған жоқ. Осындай шығармаларға Букет Узынердің «Балық іздерінің дыбысы» мен Білге Қарасудың «Жолсерігін» қосуға болады.
1993 жылы көп талқыланған шығармалардың көш басында Әділет Ағаоғлудың «Романтика» романы келеді. Бұрынғы шығармаларындағыдай бұл романында да уақытпен ойнайтын Ағаоғлу ең қысқа мерзімді қамтып, өткен кезең мен бүгінгі күннің бір-бірін қиып өтетін тұстарын тауып, «қызық, өзгеше тарих философиясын» жасауға тырысады. Әдебиеттегі мұндай принцип Анадолыдан Венаға дейін созылады. Алев Алатлының «Нуке Түркиясы» мен «Оллахи, мені қасқырға жегіздің» романдары, Сәлім Илеридің «Сынық теңіз қабықтары» атты романдары бұрынғыларды қызықтырған романдар болып табылады.
«Жәвдәт бей және оның ұлдары» атты түңғыш шығармасын 1982 жылы ұсынған Орхан Памуктың ең көлемді туындысы - «Қара кітап» (1990) атты романы. Шығарма жарыққа шыққан жылдарда өте көп талқыланьш, орынды-орынсыз сынға ұшырағанымен, бұл роман авторын үлкен даңққа белейді. Бұл кітаптан кейін 1994 жылғы ең көп талқыланған романы «Жаңа өмір» келеді. Ізденіс пен саяхатнамалық әңгіме болып табылатын бұл туынды «Бір кітап оқып едім, өмірім мүлде өзгеріп кетті» деген сөйлеммен басталады. Жарнамаға ұқсап кеткен өмірді, тұтыну құштарлығын, урбанизациялық тұрмыс-тіршілік пен әр түрлі келеңсіз жағдаяттарды мысқыддаған шығарма кәдімгі ғасыр сынының нысанына айнадды. Күтілмеген ықыластың кіндік нүктесі болған роман өзі жарық көрген алғашқы айда алты рет басылады. Іле-шала жарияланған жаңа роман бір жыл ішінде 52 рет басылды. Одан сәл кейінірек жазылған «Кара кітап» шығармасымен бірге ағылшын тіліне де аударылды.
1995 жылдың ең көп сатылған романдары ішінде «Тұманды құрлықтар атласы», «Боғазкесен» және Хилми Явуздың «Үш баяндауын» атап өте аламыз. «Тұманды құрлықтар атласы» романының оқиғасы түгелдей қиялдан алынған жабық орындарда, қараңғыда өтетін жұмбақ атмосфера осы «жабық, әркім оңайлықпен кіре алмайтын орындар» арқылы өріледі. Кейіпкерлері де караңғы, тұманды болып табылатын шығармада оқырман алғашқы рет кездестіретін кейбір сөздер де романның «жұмбақ атмосферасын» құрайтын басқа элементтерден тұрады.
«Бұғазкескен» - Византия мен Фатихті тақырып еткен шығарма (Фатих – «Жеңімпаз», 1453 жылы 29 мамыр күні Константинопольді - қазіргі Ыстанбұлды бағындырған 22 жасар түрік сұлтаны Мехмет 2-ге берілген атақ - ауд.)-Жазушының тарихи түлғаларды өзгертуімен бірге шығармаға байланысты жасаған кейбір түсініктемелеріне байланысты пікірталастың шектен шығып кетуіне жол ашты. Хилми Явуз болса, үш баяндаудан постмодерндік әдебиеттің үш үлгісін дүниеге әкеледі. Ішінде үш хикаят орын алған шығармадағы бұл баяндаулар әуелі жеке-жеке жарияланып, кейіннен осы атпен бір кітапқа біріктірілген болатын. Кейіпкерлерінің бір-бірімен байланысы бар бұл хикаяттарда жазушы бізді қиял мен шындық арасында жүргізіп отырады. Соңғы хикаят «Құдық» 1994 жылы жарық көргеннен кейін хикаяттар осы атпен бір кітап болып жинақталып қайта шығады.
1996 жылғы оқырман кауымның назарын өзіне көп аударған кітаптар тізімінен орын алған романдардың бірі - «Қауіпті ертегілер». Оның авторы Ахмет Алтан алғашқы романынан 1982 жылы жариялады. Ол «Төрт маусым күз» деп аталған бұл романнан кейін тағы үш роман жазады. 1995 жылы дүниеге келген «Түн ортасы әндері» - оның бесінші романы. Бір жылдан кейін жариялаған соңғы романы «Кауіпті ертегілер» - жазушының ең көп талқыға түскен шығармасы. Бір жылда 29 рет басылған бұл роман «Жаңа өмір» сияқты керемет рекорд жасайды. Бұл махаббат пен адами қатынастарды сөз ететін, сезім иірімінен шығуға жол таба алмай жатқан адамдарды ұстап алып, шешім табуға тырыстыратын ертегіде айтылғандай, шешімі - қырық көйлекті алмастыру екендігі метафора ретінде қолданылған эротикалық роман. Романға деген ықылас кейінгі жылдарда да жалғасып отыр. Бұдан кейін автордың «Қылыш жарасы» (1998) романы дүниеге келді. Бүл шығармадағы оқиғалар Осман империясының тарихын суреттейтін соңғы романы. Оның кейіпкерлері мен сөз болған уақытын саралай келе, алдындағы романның жалғасы ретінде жазылғанын және 1908 жылы 23 шілдедегі Конституцияның жариялануынан кейін өріс алған оқиғалар мен 31 наурыз оқиғасына байланысты өрбіген жағдайлар, жеке көріністер мен тарихи тұрғыда жымдастырыла отырып баяндалғанын байқадық. Автор романның баяндаушы кейіпкерін бүгін өмір сүріп отырған адам ретінде алып, тарихты бүгінге кешіруге, бүгінгі күннің көкейтесті мәселелері аясында тарих жайындағы пікірталасқа баруға және адамның өзгермейтін кейбір қырларына назар аударуға тырысады. 50 мың таралыммен алғаш рет оқырманға таныстырлыған бұл роман үш айдың ішінде үшінші рет елу мың данамен тағы басылды. Осылайша түрік әдебиетінде тұңғыш рет бір роман үлкен таралыммен оқырман назарына ұсынылып отыр.
1997 жылдың үлкен тартысқа түсіп, зор пікірталас тудырған шығармалар Білгесу Эренустың «Көз», Букет Узынердің «Қоңырқай арал, көгілдір Дунай» романдары болып табылады. Бай тұрмыс ортасында Стамбулда өткен оқиғаларды әңгімелейтін шығарма «қараңғыдан жарыққа, материалдылықтан моральдылыққа, руханилыққа қарай жасалған сапарды баяндайды».
1998 жылдың көп талқыланған кітабы - «Менің атым Қырмызы». Орхан Памук ұзақ уақыт талас-тартысқа түскен «Жаңа өмір» романынан кейін, 1998 жылы осы «Менің атым Қырмызы» атты тарихи романымен қайтадан оқырман алдына шығады. Тағы да көп талқылау мен көп пікірталасқа түседі. Орхан Памук, сөйтіп, әрі әдебиет өнері дүниесінің, әрі медианың ықыласы ауған нысанға айналады. Оқиғасы XYI ғасырдағы Ыстанбұлда өткен роман, сол кездегі миниатюра жасаушы суретшілер өмірінен алынып жазылған. «Менің атым Қырмызы» романы баяндау техникасымен және тақырыбымен, сондай-ақ құрылымымен де өзіне назар аудартады. Дәстүрлі меддахтық әңгімелеу техникасымен қатар сол кездегі нақкаштық өнердің нәзіктіктері жақсы көрсетілген роман «Махаббат, қылмыс, эстетика, тарих отбасы өмірі қатпарларымен кешенді тұрмыс аясында өріледі». Мұрат Бардақшының «Шахәкесі» - тағы бір тарихи ірі тұлғаны, яғни, соңғы Османлы патшасы Вахидеттинді басты кейіпкер етіп алған өмірбаяндық туынды. Осы тарихи түлғаға байланысты бұған дейін белгісіз болып келген көптеген жайлардың ашылып, төңірегінде ауқымды пікірталас өрбіген бұл сұлтан жайында жаңа мәліметтердің берілуі авторды осы шығарманы жазуға мәжбүрлеген және ол көп оқылатын кітаптардың қатарына енеді.
Элиф Шапақтың «Тиым салынған» романы 2000 жылы жарияланып, сол жылдың өзінде үш рет басылады. Шығармада «Көріну» жөне «жасырыну» ұғымдарын баяндайтын негізгі білік назарға алынған. Автордың өзі де жазылған шығармасының «Тиым салынған» қарсы екі күштің арасында өрбіткенін айтады. Бір жақтан өмірдегі кейбір нәрселердің көрінбеу қажеттігін, салынған тиымдардың маңызын түсіндіреді. Екінші жақтан көрінбеуге тиіс нәрселерді көз алдымызға жайып салады. Бір толық әйел төңірегінде өрбитін роман оқиғаларынан шығарманың шындықтан алыстатылып, фантастикаға бой ұрғанын байқауға болады. Осылайша жазушы қалыптасқан роман қалыптарына қарсы әрекет жасағандай болады.
Қалыптаспаған мәтіндермен оқырман алдына шыққан Ләтипа Тегін өзінің 2001 жылдың соңында жарық көрген «Орманда өлім жоқ екен» романымен тағы да абстракция шеңберіне шығып кетеді. Оқиғасы түгелдей орманда, бар нәрседен алыста өтетін бұл роман жайындағы бір рецензияда мынадай пікірлер назар аударады:
«Шығармада етістіктің өткен шақ, осы шақ пен келер шақ және осы келер шақтары бірдей қолданылған. Негізгі екі қаһарманнан басқа кейіпкерлері әрі аз, әрі басты қаһармандар арқылы көрсетілген әңгіме мазмұнының басы мен аяғы қабыспаған».
Ләтипа Тегін - тілі бай романшы. Оның көп талқыланған, бірақ эротикалық деп табылып, тиым салынған, кейінірек өз еркіне қалдырылған романы - «Энис Батурд» пен «Алмас». Роман жазу төжірибесінен өткен бұл шығарма адамның басынан кешкендері жайындағы жеке жазбалары іспетті бола отырьш, «суреттеу процесі қасиетті кітаптарға, алғашқы күнәға, алма елесіне, коммуна күндеріне» секіріс жасаған мәтін ретінде баяндау ерекшелігін сақтайды.
Түрік әдебиетіңдегі кейінгі жас буын өкілдерінің ішінде жариялаған шығармаларымен таныла бастаған мына романистерді атауға болады. Ғылыми қызметкер ретінде белгілі Ихсан Оқтай Анар өзінің «Тұманды құрлықтар атласы» атты алғашқы романын 1995 жылы жариялағаннан кейін, «Айлалар кітабын» жазды. Ізінше «Афрасиябтың әнгімелері» дүниеге кедді (1998). (Афрасияб - парсы ақыны Әбілқасым Фирдоусидің әлемге әйгілі «Шахнама» дастанының басты кейіпкерлерінің бірі, Тұранның, яғни түркі халқының батыры. ауд.).
Жазушы әрі ғалым Қаған Арсланоғлу «Төңкерісшілер - Дэвримжилер» атты өзінің тұңғыш туындысын 1998 жылы жарыққа шығарды. Кебінесе саяси романдар жазатын Арсланоғлудың басқа шығармалары мыналар: «Бас шығын» (1998) және «Құс ұшар биіктік» (2001).
Айша Кулин көбінесе өмірбаяндық және деректі романдар жазуды ұстанған әрі осы бағытта танымал болған жазушы. Оның романдары: «Аты - Айлин» (1997), «Махаббатлинка» (1999), «Фүрейя» (2000), «Көпір» (2001). Әсіресе «Көпір» үлкен ықыласқа бөленді.
Ахмет Каржылылардың романдары да баяндау мәнерімен көзге түскен шығармалар болып табылады. Олар «Жаңбыр мұңы» (1999), «Гүл қамалы қүдажы» (2000), «Фотографтың әңгімелері» (2001) деп аталады.
Түрік әдебиетіндегі роман жайындағы әңгімемен қатар, соңғы жылдарда туысқан түркі әдебиетінің көрнекті романистері шығармаларының да түрік тіліне аударыла бастағанын және бұл шығармаларды қалың оқырман қауым жіті кадағалап отырғанын атап өткен абзал болар еді. Бұл жазушылардың ішінде Шыңғыс Дағжы (қырым татары — ауд.) өз елінен сырт жерде тұратын романшы болғандықтан шығармалары 1960 ж. бастап Түркиядағы оқырман назарына ұсынылды. Сонымен қабат, сол жылдарда қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың кейбір романдары түрікшеге аударылып, 1970 ж. сондарынан бастап, үлкен ықыласқа бөленіп келеді. Қазіргі уақытта барлық шығармалары дерлік түрік тіліне аударылған бүл жазушылардан кейін әзірбайжан әдебиетінің өкілі, жазушы Елшін келеді. Түркия тұрғындары бауырлас елдердің әдебиетімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Елшін «Өлім үкімі», «Махмұт пен Мәриям», «Ақ түйе», тағы сол әдебиеттен Анар да «Бес қабатты үйдің алтыншы қабаты» романдарымен жаңа оқырмандарын тауып жатыр.
Кысқасы, түрік романы жанрында детектив пен фантастика, ғылым мен тарих астарласып, жымдасып, әлдеқайда еркін сипатта қалыптасып, өркен жайып, дамып келеді. Бұл шеңберде «әдебиетті құрылыс ойынындай көретін постмодернистік, формалистік, индивидуалистік, романтикалық тенденция көбірек ықыласқа бөленуде». Романда осы бағыттағы ағым байқалуда. Жоғарыда біз есімдерін атаған жөне соңғы кезде танымал болған бұл жазушылар түрік романын жақсы бағытқа бұрғаны сияқты, каламгерлер арасында түрік романының Түркия шекарасынан асып, шетелдерде де өзге тіддерге аударылъш тарап жатқаны жайында ортақ пікір бар.
Қазіргі түрік әдебиетінде әңгіме жанрының атауына байланысты екі термин қатар айтылады. Прозашылардың бір тобы табанды түрде «һикайэні» қолданса, кейбіреулері «ойкү» сөзін тандайды. Бұл екі термин әдебиет әлеміңде әлі күнге дейін жарыса қолданылып келе жатыр. Негізгі мәселе баяндалатын оқиға немесе әңгіме болғандықтан, қалай айтсақ та, оның бүгінгі таңдағы дамуы мен өркендеуін сөз етеміз.
Әдебиетіміздегі әңгіме жанры да роман, поэзиямен қатар қанат жайып дамып келе жатыр. Әрбір өткен күн жаңа шығармалармен, жаңа қойылған қолдармен молығып, ондағы соны көзқарастар, жаңа байқаулар көрініс береді. Әдеби процестің даму барысында сөз өнерінің өркен жаюына медиаланған әдебиеттің де үлес қосқанын айтуымызға болады. Түрік әдебиетінің медиа монополиясында қол жеткізген табыстары кейбіреулер үшін тартымды болып отыр. Ал бұл жазу, жариялау саласында «мені ал» деген үрдісті қалыптастыру болып табылады. Әсіресе, жастардың әдебиетте, әңгіме жанрына бет бұруы, осындай әсердің бар екенін көрсетеді. Әдеби журналдардың алуан түрлілігі мен көрнекілік өлшемдерінің де жақсы нәтижеге жетуде өіңдік үлесі бар. Олар үшін әңгіме де поэзия сияқты бас тартуға болмайтын жанр болды. Жазушылардың аталған жанрда жаңа тақырыптарымен, өзіндік қырларымен оқырман алдында танылуы да әңгіменің өркендеуіне жағдай жасады. Көптеген әдеби журналдар бұл орайда өзінің әр санында бір-екі әңгімеге орын бере отырып, оның дамуына улес қосуда. Сонымен қатар 1940 жылдары әңгіме журналдарының пайда болуы да осы жанрды алға сүйреумен қатар оның проблемаларының талқылануына игі әсер етті. Бұл орайда 1991 жылдан бастап шыға бастаған «Адам. Әңгіме» журналын атап өтуге болады. Екі айда бір рет шығатын бұл журнал әңгімелермен катар әңгіме жайындағы сыни, ғылыми мақалаларға және жаңа кітаптармен таныстыруға орын беруі де белгілі бір дәрежеде әңгімеміздің моторы қызметін атқаруда. 1996-1998 жылдар аралығында 9 саны шыққан «Қиялдар/Әңгімелер» және алғашқы сандары шығып үлгірген «Фаэтон әңгіме» (1998), «Үшінші әңгімелер» (1998) сияқты басылымдарды да осылардың қатарына қоса аламыз.
Әңгіме әдеби жанр ретінде өз орнын сақтауына карамастан, роман мен поэзиядай кең тарала қоймағанын айта кету керек. 1992 жылдан бастап жыл сайын жарияланған шығармаларды саралай отырып, әңгімелердің өсу қарқыны, небары, 20-30 жыл арасында ғана өзгеріп отыратынын көреміз. Бұл жағдай басқа жанрлардың көбірек таралғанына байланысты. Әңгіме саласында кең көлемде танымал болған, бірінен соң бірін жариялап, бірнеше кітап шығарған қаламгер, өкінішке орай, жоқ. Тек әңгіме кітаптарының бірнеше басылымын жүзеге асырған, бұл жанрдың шебері ретінде мойындалған жазушылардың қайта-кайта басылып келе жатқан шығармаларының бар екенін ғана айтуға болады.
Ғылыми журналдарда жарияланған әңгімелер өзінің үнемі жаңа оқырманын табу ерекшелігін сақтап келеді. Оның роман көлеңкесінде қалуы, тек бізге ғана тән ерекшелік емес. Көптеген жазушылар бір жақты әңгіме жазса да, романсыз өзін көрсете алмайды деген қөзқарастың болуынан уақыт өте келе әңгімеден романға өтіп жатады. Мұнда әңгімедегі баяндау мүмкіндігінің шектеулі екендігін менсінбеудің, жеңіл түсінудің де біраз үлесі бар. Шындығында бұлай емес екені жайында әңгіме шеберлерінің бірқатары әлденеше рет жазған, түсінік те берген болатын.
1970 ж. әдебиеті әйел жазушылардың әңгімеге көбірек көңіл бөлуімен ерекшеленді. Мұның әлеуметтік өлшемі түрлі пікірлер туғызса да, баяндау жанры болғандықтан, әйел өзін әлдеқайда еркінірек сезініп, өз проблемаларын едәуір оңайырақ көтере алатын жанрға айналды. Өйткені, әйелдің қоғамдық өмірдегі белсенділігі 1960 ж. арта түседі, ал 1970 ж. тіпті айқын көрінеді.
1990 жылдарда әйелдердің әңгіме жанрына қалам тартуға құлшынысы арта түседі. Олардың ішінде қаламгерлік шеберліктерімен танылған жазушыларды саралап көрейік. Әңгімелерін балалар тақрыбы мен әйел проблемаларына арналған Жихан Ақташ «Үш төңкерістің баласы» (1991), «Соңғы сиқырлы күндер» (1995), «Қасірет шеккен бетінде» (1996), «Әзизаның соңғы күні» (1997) және «Суға кеткен шілтер» деген кітаптарын жарықка шығарды. Фатма Қарабыйық Барбаросоғлу да күнделікті өмірдегі әйелдердің өзара қарым-қатынасына арналған «Ащы теңіз» (1996) және «Кешсіз күн» кітаптарын жазды. Назан Бэкироғлу ертегі, тарих әлемінен таңдап алған кейіпкерлермен сомдаған «Нұн ертегілері» (1997) және «Жүсіп пен Зылиқа» (2000) әңгімелерін дүниеге әкелді. Тансу Бэлэн «Ах, менің Ыстанбұлдық әйел болғаным!» (1993), «Ай түнге қарай жалғыз туады» (1994) әңгімелерін жарияласа, Селма Фындыклының жазғандары да үнемі оқырман назарын аударып отырды. Оның «Күңгірт көшенің әйелдері» (1996), «Анкара бекеті» (1998), «Сарай алаңындағы соңғы түн» (1999) кітаптары оқырманның ыстық ықыласына бөленеді. Сэма Қайғусуздың жаңа оқиғаларды баяндайтын әңгімелерінің жинақтары «Ортасынан, жартысынан» (1997) және «Сандық дағы» (2000) деп аталады. Сэмра Топалдың әңгімелері Мира ханыммен болған шағын серуен» (1996), «Мания» (1998) атты кітаптарына жинақталған. Шэбнэм Ишигүзэл «Үйіңе ай туады» (1993), «Әңгімемді кім айтады» (1994) атты кітаптары - эротикалық мазмұндағы шығармалар. Халима Торос «Белгісіз Танымсыз» (1991) және «Сәресімен келген еркектер» (1994) кітаптарында отбасы өмірі мен еркектер кауымын суреттейді.
1990 жылдары Түркияда алғаш рет түрік постмодернизмі кәсіби тұрғыда қарала бастады. Түрік әдебиеттанушыларының құрметті майталмандарының бірі Мехмет Х. Доган өзінің «Варлык» атты журналына берген сұхбатында дәл осы уақытты атап өткен. Осыған қарамастан, 1980 жылдары кейіннен әдеби сында постмодернисттік атағын алған жаңа әдеби құбылыстар пайда бола бастайды. «Постмодернизм» терминінің өзі түрік өнері мен әдебиетінде 1992 жылдардан өзектілікке ие болады. Дәл осы кезеңде Батыс постмодернизм теоретиктерінің негізгі еңбектері түрік тіліне аударылып, басылымдарға шығып жатты. Түркияда постмодернизмді қабылдау қиын болғаны және әлі күнге дейін қиындық тудыратыны құпия емес. Себебі алғашқы жылдары Түркияда «постмодернизм – Батысқа ғана тән, әлемнің басқа аймақтарында таралмаған құбылыс» деген көзқарас пайда болады.
Түрік әдебиеттану ғылымында «постмодернизм» термині мазмұны мен құрылымы жағынан жаңа еуропалық немесе американдық шығармаларға жақын жазылған туындыларға байланысты қолданылады. Әдебиетте мұндай бағыттың пайда болуы елде орын алған қоғамдық және саяси жағдайларға байланысты, жаңа заман талабына сай жаңа қарым-қатынас құралын енгізу жолында пайда болды деген көзқарас кең таралған. Осындай көзқарасты ұстанған зерттеушілердің арасынан Ахмет Кабаклы, Берна Моран, Фетхи Наджи, Гюрсель Айтач, Йылдыз Эджевит сияқты әдебиеттанушыларды ерекше атап кетсек болады. Йылдыз Эджевиттен басқа жоғарыда аталған әдебиетшілердің ғылыми еңбектерінің шарықтау шегі ХХ ғасырдың 50-80 жылдарына сәйкес келеді. Әдебиеттің жаңа «постмодернисттік» бағыты, дәлірек айтқанда, ақындық өнердегі өзгерістер, әдеби формалардың құбылуы, соңғы онжылдықта пайда болған туындыларда кездесетін жаңа тақырыптар аталған ғалымдардың назарынан тыс қаламады. Түрік әдебиеттануының тағы бір ерекшелік – зерттеушілердің «постмодернизм» ұғымын түсінуіне қарай постмодернисттік бағыттағы жазушыларды анықтауы.
Мұның себебі ретінде түрік әдебиеттануының жалпы әдебиет әлеміндегі құбылыстардан артта қалуы деп аутуға болады. Батыста әдебиеттану ғылымы қарқынды дамып жатқан кезде Түркияда әдебиет ұғымы нақты деректер келтірумен және оны суреттеумен ғана шектелген болатын. Батыс әдебиетіне қарай бағытталған Жаңа кезең әдебиеті Түркияға ХІХ ғасырдың екінші жартысында енгенімен, әдеби мектептер, жаңа ақындық және прозалық бағыттар мен жанрлардың құрылуы мен дамуы әдебиетке қарағанда әлдеқайда тез жүреді. Тек қана түрік романын қарастыратын болсақ, осман дәуірінен бастап келе жатқан дәстүрлі бұл жанр авантюристтік романан постмодернисттік тәжірибеге дейінгі даму сатысынан өтуді қажет ететін.
Негізі, түрік әдебиеттану ғылымы, дәлірек айтқанда, «ескі мектеп» өкілдері постмодернизм теориясына қатысты елеулі еңбектерімен ерекшелене алмаса да, жас зерттеушілер батыл талпыныстар жасай бастады. Мұндай жас таланттардың еңбектерінің нәтижесі ретінде ғылыми мақалалар жинағы мен ай сайын шығып тұратын «Хедже» әдеби журналының толығымен постмодернизм мәселесіне арналған 2008 жылғы №138-140 басылымдарын мысалға келтірсек болады. Осы тектес жинақтардан алынған мақалалар әдебиеттен алшақ болуы мүмкін, алайда, бұл еңбектер батыстық ғылыми ойлары мен тұжырымдамаларды игеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Келесі кезекте түрік әдебиетшілері мен қазіргі кездегі жазушылардың көзқарастары келтіріледі. Жазушылардың ойлары да өте маңызды, себебі, Түркияда әрбір жазушы немесе ақын тарихи шарттарға байланысты өз-өзіне сыншы болуға тиіс.
Түрік әдебиет зерттеушісі, Анкара университетінің профессоры Гюрсель Айтач «постмодернисттік әдебиет» түсінігін айқындай отырып, «интермәтіндік», «ғажайып элементтер», «утопия» ұғымдарын кең қолданады. Ол бұл құбылысқа төмендегідей қарапайым анықтама береді: «Постмодернизм – әдебиетте модернизмнен кейінгі кезеңге берілген атау». Гюрсель Айтач постмодернизмнің басты ерекшелігі өзінің алдындағы кезеңге қарама-қайшы келуінде және қазіргі таңдағы өнердің басты принцип плюрализм деп санайды.
Батыс қоғамында көпшілік сұранысына негізделген плюрализм бағыты жоқтан пайда болмаған. Бұл құбылыстың тууына себеп ретінде эмиграцияны қарастыруға болады: «Қазіргі Германия мен Швейцария космополитизм орталығы болып табылады. Еуропаға жұмыс іздеп қоныс аударған түріктермен қатар Қиыр Шығыстан келгендер де еуропалық қалаларға көзге айқын түсетін ерекше көрініс сылайды».
Түрік зерттеушісі Гюрсель Айтач тек жаңалыққа қарай ұмтылған модернисттік мәдениетпен салыстырғанда постмодернизмде қайталанулар мен плагиат элементтері жиі кездеседі деп тағылған айыппен келіспейді. Ол У. Эко мен Ж.-Ф. Лиотара еңбектеріне сүйене отырып, олардың постмодернизм өткен тәжірибенің көшірмесі емес, жаңа айнасы деген ойымен толықтай келіседі.
Г. Айтачтың пікірінше, Түркияда модернисттік әдебиет өте жақсы дамыған. Сондықтан да постмодернисттік туындылардың пайда болуын Түрік әдебиетінің табиғи дамуы деп санаған жөн. Г. Айтач Назлы Эрай, Букей Узунер, Афет Йылгаз, Лятифе Текин, Метин Качан және Дуйгу Асена сынды жазушылардың туындыларын «постмодернисттік» шығармалардың қатарына жатқызады.
Әдебиетте ерекше орын алатын Ахмед Кабаклының түрік әдебиеті тарихын зерттеуінде «постмодернизм» термині сирек кездеседі, ал «ең жаңа роман» түсінігі әлдеқайда жиі қолданылады. Ахмед Кабаклы жасаған постмодернисттік жазушылардың тізіміне Юсуф Атылган, Огуз Атай, Орхан Памук, Букет Узунер, Нихат Генч, Лятифе Текин, Метин Качан және Кюршат Башар және т.б. кіреді.
Берна Моран өзінің түрік романдарының генезисіне арнаған зерттеуінде ХХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы әдебиетті осы 30 жылда болған саяси ахуалдарға байланысты үш кезеңге бөледі. 1980 жылдың 12 қыркүйегінде орын алған әскери өзгерістен кейінгі шығармалар постмодернисттік немесе авангардтық бағытқа жатады. Лятифе Текин, Орхан Памук, Назлы Эрай, Пынар Кюр, Бильге Карасу сынды жазушылардың романдарында постмодернисттік реңк білінеді. Берна Моранның ойынша, постструктурализм философиясы арқылы жаңа мәтіндер мен көне мәтіндердің арасында байланыс бар, ешбір мәтін өз бетімен өмір сүре алмайды, ешбір автор бұрынғы мәтіндердегі әдістерге сүйенбей шындықты суреттей алмайды. Тіпті егер кімде-кім жаңашылдық танытса да, оны бұрынғы тәсілдермен салыстырмай білу мүмкін де емес. Модернист және реалист жазушылар бұл байланысты жасыруға тырысса, ал постмодернисттік авторлар оыс тәсілге аса назар аударады. Сонымен, постмодернизм үшін роман жай ғана сыртқы жағдайды айқындап, адам өміріндегі философиялық-әлеуметтік немесе рухани құндылықтарды суреттейтін бағыт болып қана қоймады. Роман – өз құрылымына негізделген ойын іспеттес. Берна Моранның айтуы бойынша, реализмнен бас тарту роман мен шынайылықтың арасындағы байланыстың әлсіреуінен туындаған. Постмодернисттік әдебиеттің бұл ерекшелігін Батыстағы модернисттік ой иелері ойлап тапқан реализм дағдарысымен түсіндіреді. Ал 1960 жылғы оқиғалар бұл жағдайды тым асқындырып жіберген. Сол себепті, постмодернисттік роман сюжетімен, жүйе мен айғақтың құбылмалы қолданылуымен, шарықтау шегінің көптармақтылығымен және автормен бірдей деңгейде дискуссияға түсетін кейіпкерлерімен ерекшеленеді. Түрік әдебиетінде жоғарыда аталған талаптарға Орхан памук, Пынар Кюр, Лятифе Текин және Бильге Карасу сынды авторлардың шығармалары толықтай сәйкес келеді десек болады.
Жаңашыл романист-жазушы Хильми Явуз постмодернизм ұғымын постиндустриалды қоғамдағы білімінің көрсеткіші деп түсінеді. Ол түрік әдебиетіндегі постмодернизмнің басы ретінде Огуз Атайдың шығармашылығын атап кетеді. Оның шығармаларында ирония ақыл-есі жетік, дүниетанымы кең адамға тән «жасықтық» пен «қобалжу» қасиеттерін жоюға негіз болады. «Алайда бұл алапат күшті біздің постмодернист жазушылар ойлап тапты» дейді Хильми Явуз. Өз туындыларында олар иронияның өзін келеке етеді. Хильми Явуз нағыз постмодернисттер ретінде «Каирдың алқызыл раушангүлі» атты шығарманың авторы Вуди Ален мен Итало Кальвиноны атап кетеді. Сонымен қатар постмодернисттік шығармалар қатарына «К. Фехмидің таңқалдырар сауығы» және «Таормина» романдарын жатқызуға болады.
Хильми Явуз постмодернизм кезеңін түрік қоғамында өз бетімен туындаған құбылыс ретінде қабылдайтыны анық. Ол Орхан Памуктың «Қара кітабы» сыншылар суреттегендей толықтай постмодернисттік шығарма емес деген тұжырымға келіп, «бұл жазушы модернизм мен постмодернизм арасында кептеліп қалды» дейді. Алайда бұл авторға тағылған мін емес, керісінше, мадақ болатын, себебі, әдебиеттанушының пайымдауынша, Түркияда сыншылар да, оқырман да «Қара кітаптың» постмодернисттік жағын түсіне алмайтын еді. Әдебиетші Оруч Аруобаның айтуынша, Туркия постмодернизмге құқылы, бүгінгі таңда Түркия Батыста болып жатқан өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Бастапқыда модернизм, кейін оның жалғасы ретінде постмодернизм ұғымы туындады. Оруч Аруобаның айтуынша, Түркияда модернизмнен постмодернизмге өту Батысқа қарағанда тезірек жүреді. Модернизацияның тез жүруінде де кемшіліктер бар, ол қоғамның белгілі бір бөлігін ғана қамтиды. Түрік постмодернизмі Батыстағыдай жарқын, кең арналы құбылыс емес.
Оруч Аруоба постмодернизмнің ирония мен формалар ойыны сынды екі нышанына аса назар аударып, Бильге Карасу, Энис Батур және Хильми Явуз сияқты үш жазушыны ерекше атап өтеді. Олардың шығармашылығынан түрік әдебиетіндегі модернизмнен постмодернизмге ауысу кезеңін көруге болады. Б. Карасудың «Жолсерік» атты романында осы туындының пайда болу үдерісі суреттеледі. Хильми Явуздың постмодернисттік романдарында авторлық әжуа-мысқыл байқалады.
Мехмет Х. Доган постмодернизм ұғымын жан-жақты қарастырады. Доган оны философиядан саясатқа, суретшілік өнерден сәулет өнеріне, өлең шығарудан әуенге дейін қамтып, қоғам өміріне кіріп ғана қоймай, тұлғаның өзгерістеріне де себепкер болатын құбылыс деп санайды. Постмодернизм – жаңа заман адамдарының жағдайы. Мехмет Х. Доган бұл ұғымға дәл анықтама табу қиын деп тұжырымдайды.
Хасан В. Кахраман Түркияның әлемдік аренаға шығуы туралы сөз қозғап, постмодернизмнің маңыздылығын еркше атап өтеді. Түрік әдебиетшілерінің көбі Түрік әдебиетіндегі постмодернизм туралы ортақ пікірге келсе, ал кейбір ағартушылар оған қарсылық білдіреді. Мысалы, Семих Гюмюш: «Біздің әдебиетімізде постмодернизм ауыз толтырып айтарлық деңгейге жетті» деп айту негізсіз. Мұндай деңгейге жету үшін күресу қажет. Постмодернистік өзгерістерді бастан кешірмек түгіл, постмодернисттік элементі бар мәтіндермен таныс емес жағдайымызда мұндай жоғары деңгей туралы сөз қозғау мүмкін емес» деп жазады.
Модернизм ұғымы қалыптаспаған қоғамда постмодернизм де болмайды. Әдебиетші постмодернизмнің бар екеніне ғана күмән артпай, оның түпкі мәніне де мін тағады. Семих Гюмюштің ойынша, постмодернизм ешқашан доминантты рөл атқара алмайды, себебі, абстрактілеу мүмкіндігінен айрылған постмодернизм – өз артынан от ерткен белгісіздік. Сондықтан түрлі медиа ағымдардың кері әсері жетіп жатқан кезде түрік әдебиетіне модернизмге тән жаңашылдыққа деген ұмтылысты сақтап қалу қажет. Сондықтан, түрік жазушыларының постмодернисттік жазушылар қатарына жатуы екіталай. Түрік әдебиеттанушылары үшін постмодернизм әлі көп уақыт модернизмнің жалғасы ғана болып қоймай, сондай-ақ онымен бірге өмір сүретіні айдан анық.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Түрік әдебиетіндегі роман жанрының алатын орны.
Шындықтың бір қырын баяндайтын шығармалар тақырыбы.
Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» шығармасының жанрлық ерекшеліктері.
Түрік әдебиетіндегі постмодернизм ағымының ерекшеліктері.
Түрік әңгіме жанрының модернистік белгілері.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Плавскин З.И. Испанская литература ХІХ-ХХ веков - М., Высшая школа, 1982.
Штейн А.Л. История Испанской литературы, 2 издание – М., УРСС, 2001.
Тертерян И.А. Современный испанской роман (1939-1969) – М., 1972.
Ясный В. Бегство в действительность. Современный испанский роман – М., 1971.
Титов В.М. Идейно-художественные принципы в зарубежной литературы ХІХ-ХХ вв. – Воронеж, 1977.
Тертерян И. А. Испытание историей. Очерки испанской литературы ХХ века – М., 1973.
Испанская новелла, 70-е годы. [Сост. Матяш Н., пред. Тертерян И.А.] – М., Радуга, 1982.
«История итальянской литературы XIX–XX веков», И.П.Володина, Москва, 1990.
«Проблемы литературного развития Италии второй половины XIX – началы XX веков», Москва, 1982.
«Итальянский роман сегодня», З.М.Потапова, Москва «Наука», 1977.
«Пути развития итальянского романа второй половины XIX-нач. XX вв.», И.П.Володина, ЛГУ, 1980.
«Атеизм в произведениях литературы и искусства: Атеические художественные вечера», П.Жукова.
А.Смирнова .Книжное обострение\\Большой город 2006 ж
Литература Бразилии
Тертерян И.А. Бразильский роман ХХ века., 1965ж.
Чаухан Ш. Хинди әдебиеті тарихының очеркі. М., 1960. 69-б. Snaatak, Yijaendr. Hindi saahitya kaa itihaas. Naii Dilii, 2001. P.157).
М.В.Солдатова, К.А.Пак, Современная литература Кореи, Издательство «Дальневосточного Университета», В., 2003 г.
Ем Сансоп, Корейский литературный сборник (3), 1991
Ким Донъин, Корейский литературный сборник (2), 1992
Ким Соволь, Сборник поэзии, 1955
Ким Соволь, «Багульник», Сборник поэзии, 1991
Ли Гвансу, Корейский литературный сборник (1), 1991
Ли Санхва, Ким Юджон, Ким Енсу, Корейский литературный сборник (11), 1991
Корейский литературный сборник, Поэзия (37), 1993
Сборник поэзии писателя Хан Ёнъун
Хан Сэръя, Сборник рассказов, 1995
Хан Сэръя, «Песнь Юношества», 1994
Хан Сэръя, Жйжда и др.. Сборник корейских рассказов (10), 1996
Юн Тонджу, Поэтический сборник, 1993
Им Хонъён, История корейской современной литературы, 1990
Ким Тхечжун, «О Ким Донгин» (на основании произведений «Картофель», «Сумасшедший художник»)
Ким Юнсик, История современной литературы, 1993
Ли Бёнги, Пэк Чол, Общая история национальной литературы, 1968
Очерк, Общая история корейской литературы, том 2
Очерк, «О корейских писателях 1960-1961»
Ли Хван, Эпоха и поэт, 1960
Пэк Сынгчоль, «Читателям книги 'Бедная жена'«
«Революционная традиция нашей литературы», Сборник критики, 1956
Тэн А.Н., «Вопрос о романтизме корейской литературы», Сборник международной научной конференции специалистов по вопросам Кореи (отдел литературы), 1998.5.11-14
Юль Сэпэн, «Короейская литература до освобождения от японской империи», 1958
Д.П. Бугаева, Г.Д. Иванова, Г.Н. Максимова, Е.М. Пинус. Краткая история литературы Японии. – Ленинград, 1975.
Д. Кин. Японская литература XYII-XIX столетий. – Москва, 1978
Н.И. Конрад. Японская литература образцах и очерках. – Москва, 1991.
Н.И. Конрад. Японская литература. – Москва, 1974.
Долин Александр Аркадьевич. Японский романтизм и становление новой поэзии. – М.:Наука,1978.
История современной японской литературы. – М. изд. иностр. лит., 1961.
http://www.google.ru/