
- •Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
- •Д.Т.Көптілеуова
- •Алматы 2011
- •Эллиндік әдебиет
- •Ежелгі Рим әдебиеті
- •Азаматтық соғыс дәуіріндегі әдебиетке тоқталыңыз
- •Негізгі әдебиеттер
- •Қосымша әдебиеттер
- •Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
- •Қосымша
- •Франция әдебиеті
- •Ұлыбритания әдебиеті
- •Латын Америкасы әдебиеті
- •Үндістан әдебиеті
- •Глоссарий
- •Қазақ және орыс тілдеріне аударылған әдебиеттер тізімі
- •Студенттердің өздік жұмыс тақырыптары
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
Негізгі
История Всемирной литературы в 9 т., М.: Наука, 1983—1994.
Брагинский В.И. Проблемы типологии средневековых литератур Востока. М., 1991.
Куделин А.Б. Арабская литература. М., 2003.
Фильштинский И.М. История арабской литературы. X–XYIII века. М., 1991.
Шайтанов И.О. История зарубежной литературы. Эпоха Возрождения. В 2-х тт. М., Владос, 2001.
Индийская литература: древность и средневековье /Курс лекций. Сост. Искакова З.Е. Изд-во: Қазақ университеті. - Алматы, 2006.
Қосымша
Хрестоматия по зарубежной литературе Средних веков. В 2-х тт. М., 2005.
Федотов, Олег Иванович. История западноевропейской литературы средних веков: учебник-хрестоматия: идеограммы, схемы, графики/ О. И. Федотов. - М.: Флинта: Наука, 1999.
Эко, Умберто. Эволюция средневековой эстетики. СПб., 2004
Воскресенский Д.Н., Воскресенский А.Д Литературный Китай в XYII веке: Судьбы истории, философии и социального бытия в китайской классической литературно-художественной традиции. –М.: Аспект-Пресс, 2009 .
Баринг-Гоулд С. Мифы и легенды Средневековья. – М.: Центрполиграф, 2009.
История зарубежной литературы XYIII века/ Под ред. З.И. Плавскина. М., 1991.
Неупокоева И.Г. История всемирной литературы: Проблемы системного и сравнительного анализа. М., 1976.
Дүйсенғазин С. Шетел әдебиетінің тарихы. Астана, 2010
Франция әдебиеті
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет ауқымды әдеби жаңалықтарға толы болып, ақындар мен жазушылардың жарқын есімдерімен байи түседі. Жаңа ғасыр тарихы көптеген құбылыстар мен үдерістерге жаңаша көзқарасты талап еткен 1914-1918 жылдардағы Бірінші дүниежүзілік соғыстан бастау алады.
Соғыс жылдарында француз жазушыларының шығармашылығында «Адам және қоғам» мәселесі алдыңғы шепке шығады. Олар өздерінің көзқарастары, дүниетанымы мен эстетикалық ұстанымдарына байланысты бұл мәселені шешуде түрлі тәсілдерді қолданады. Олар өздерінің кейіпкерлерімен бірге өмірдің мәні мен ақиқатты іздеу барысында қилы-қилы жолдармен жүреді.
Гийом Аполлионердің (1880-1918) шығармашылығы француз поэзиясының бастауын білдіреді. Оның эстетикалық ұстанымдары ХХ ғасырдағы ақындардың манифесіне арналған «Жаңа сана-сезім және ақындар» атты мақаласында (1918) жинақталған. Аполлионер өзінің өлеңдерінде замандастарының дүниетанымы мен олардың өмірге деген көзқарастарын көрсетеді. Бұл көрініс оның «Ішімдіктер» (1913) және «Каллиграмма» (1918) атты жинақтарында айқын байқалады. Аполлионердің өлеңдерінде Бірінші дүниежүзілік соғыс жиі қозғалады. Ол өзі де осы соғысқа қатысып, ауыр жарақат алып, жастайынан қайтыс болады.
Аполлионердің шығармашылығында «өмірдің қатыгездігін» көрсету мен «жаңа гуманистік лиризмге» қарай ұмтылыс байқалады. Ол өлең жолдарын белгілі бір ретпен орналастыру арқылы түрлі суреттерді, құмыра мен гүлдердің, жануарлар мен құстардың бейнесін жасайтын. Кейде тыныс белгілерінен мүлдем бас тартып, ал кейде оларды өте шебер қолданатын. 1917 ж. Аполлионер «сюрреалистік» драма деп танылған «Терезия төсі» деп аталатын пьеса жазады.
Марсель Пруст (1871-1922) әлем әдебиеті тарихына «Өткен уақытты іздену барысында» атты романның авторы ретінде еніп, «модернизмнің атасы» атанған. Ол батыл тәжірибеші, импрессионистік прозаның шебері ретінде танылады. Прусттың поэзиясы автордың жаңа эстетикалық ұстанымдары арқылы ерекшеленеді. Ол: «Жалғыз ғана шынайы әлем, бұл - ішкі әлем» деп жазады. Пруст өзінің басты кейіпкерін Марсель деп атап, өзінің ішкі әлемін көрсетпекші болады. Романда Марсельдің өткен өмірі жайлы сөз қозғалып, шығарманың сюжеті жазушының ішкі дүниесінде болып жатқан түрлі сезімдері мен оның естеліктеріне негізделіп құрылған.
1908 жылдан бастап 14 жыл бойы жазған «Өткен уақытты іздеу барысында» атты еңбегі жеті кітаптан тұрады: «Саванаға қарай бағытта» (1913), «Германттарда» (1921), «Содом мен Гоморра» (1921), «Тұтқынға түскен қыз» (1923), «Қашқын әйел» (1925) және «Қайта оралған уақыт» (1927).
Демікпе ауруына шалдыққан жазушы өмірінің соңына қарай достарымен сирек кездесіп, бір бөлмеде оқшауланып, өзінің романын жаза бастайды. Романда Марсельдің (романның бас кейіпкері) өткен өмірі жайлы естеліктері, өзінің балалық шағы, достары мен Парижде өткізген өмірі, салтанатты кештер мен шенеуніктер туралы асқан шеберлікпен жазылған. Жазушы өзінің шығармасында тарих пен саясатқа назар аудармастан, тек өзінің жан дүниесіндегі терең сезімдерін жазу арқылы барлық адам басынан кешіретін сезімдерді көрсете білгені. Пруст уақыт пен кеңістікті өзінше түсіне отырып, адамның сезімдерін жаңа тәсілдер арқылы жеткізу арқылы романның жаңа түрін өмірге әкеліп, ХХ ғасыр әдебиетіне өз әсерін тигізбей қоймады.
Ромен Роллан (1866-1964) Бірінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып-ақ романист, драматург, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің өмір жолын зерттеуші, әдебиет, сурет және театр туралы мақалалардың авторы ретінде кеңінен танылады. Ол 1890 жылдан бастап «Сенім қасіреті» және «Төңкеріс театры» деп аталатын драмалық шығармаларын жарыққа шығарады. 1915 ж. Роллан Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Ол өзін саясаттан аулақ ұстап, үнді философиясы мен Гандидің іліміне қызуғышылық танытады. Алайда көп ұзамай Роллан қоғамдық-саяси өмірге араласып, соғысты бастағандарды өткір сынға ала бастайды. Оның сөздері бүкіл Еуропаға тарап, өзінің «рухтардың тәуелсіздік декларациясы» атты мақаласында Еуропа зиялыларын бір тудың астына бірігіп, рухани бостандық үшін күресуге шақырады. Қазіргі әдебиеттануда Ролланның «Тамсандырған жан» атты романы тарихи, әлеуметтік-психологиялық және отбасылық романдардың элементтерінен тұратын роман-ағын түріне жатқызылады.
Франсуа Мориак (1885-1970) француз әдебиетінің классигі, әлеуметтік-психологиялық және жанұялық-тұрмыстық романдардың шебері, драматург, публицист және әдеби сыншы ретінде де танымалған болған. Ол - француз Академиясының мүшесі, Нобель сыйлығының лауреаты (1952). Мориактың шығармашылығы реалистік әдебиетте дамыды. Бальзактың дәстүрін жалғастыра отырып, Флобер, Достоевский, Прусттың еңбектерінен нәр алған. Мориак «әлемнің ұлы роман жазушысы» деп Толстойды атаған.
Франсуа Мориак ауқатты буржуазиялық отбасынан шыққан. Оның балалық шағы Бордо қаласының маңында орналасқан жерде өтеді. Жанұясында католиктік тәрбие алып, кейін католиктік мектеп пен колледжді бітіріп, католицизм бағыттарының бірі янсенизмді меңгереді. Мориак туындыларында француз провинциясының өмірі суреттелген. Бордоның ауасы мен желі, биік қарағайы, орманы мен құмы, ондағы тыныштық пен жалғыздық оған тансық болмаған. Оның «Дұға үшін жайылған қолдар» (1909), «Жастықпен қоштасу» (1911), «Тереза Дескейру» (1927), «Жылан иірімі» (1932), «Ешқайда апармайтын жол» (1939) сияқты еңбектері белгілі.
Мориак ХХ ғасырдағы Францияның ұлы жазушыларының бірі ретінде танымал бола отырып, өзінің адамға деген үмітін ешқашан жоғалтпайды. Оның адамзатқа деген үміті мен сенімділігі жазушының еңбектерінен айқын көрінеді.
Андре Жид (1869-1951) - психологиялық прозаның асқан шебері. А. Жид «Әдепсіз» (1902), «Ватикан зынданы» (1914), «Жалған ақша жасаушылар» (1925) атты романдар мен Достоевский туралы еңбектердің («Достоевский», 1923), «КСРО-дан оралу» (1936) атты кітаптардың авторы ретінде танымал болған. А. Жидтің шығармашылығында жеке тұлғаны азат ету, оның бостандықтары мен құқықтары басты орынға ие. Оның «еркін таңдау» идеялары француз әдебиетіндегі экзистенциализм бағытының негізін салушы ретіндегі жазушы деп қарастырады.
Жан Поль Сартр (1905-1980) философ әрі жазушы, атеистік экзистенциализмнің өкілі ретінде танымал болған. Оның шығармашылық ерекшелігін «Жүрек айнуы» (1938) атты романы мен «Еріндік жолы» (1946-1949) трилогиясынан, «Қабырға» (1939) атты әңгімелер жинағы мен «Шыбындар» (1943), «Жерлеусіз қалған өліктер» (1946) атты пьесаларынан, сонымен қатар «Әңгіме» (1964) атты автобиографиялық туындысы мен Г. Флобердің балалық шағы туралы еңбегіннен («Отбасылық ақымақ, 1972») көруге болады. Сартр жоғары педагогикалық білімді (Эколь Нормаль) Парижде алады, армияда қызмет етіп, Гавр лицейінде философиядан дәріс берді. Сартрдың негізгі философиялық еңбектеріне «Қиял» (1936), «Сезім теориясының нұсқасы» (1939), «Болмыс және тұл» (1943), «Экзистенциализм бұл гуманизм бе?» (1946), «Диалектикалық ақыл-парасатқа сын» (1960) атты шығармаларын жатқызуға болады.
Сартр Екінші дүниежүзілік соғыста Қарсыласу қозғалысына қатысып, соғыстан кейінгі жылдары бейбітшілік үшін күрес жүргізеді. 60 жылдардың соңына қарай жастар қозғалысына белсене қатысады. 1964 жылы Сартрға Нобель сыйлығы беріледі, бірақ ол одан бас тартады.
Экзистенциализмнің негізгі принциптері Сартрдың «Болмыс және тұл» атты еңбегінде көрініс табады. Бұл шығарма «Жүрек айнуы» атты романмен байланысты. Бұл романдарда адамның өз таңдауы мен құқығы, оның бостандығы мен адам болмысы туралы жазылады. «Жүрек айнуы» атты романында оқиға Антуан Рокантеннің атынан баяндалады. Сартрды Рокантеннің дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы мен оның қоршаған ортамен байланысы қызықтырады. Антуан жалғыздықты ұнатып, өзіне деген сенімділікті жоғалтып, әр бір іске күмәнданады. Ол біршама жұмыс бастағанымен, оны аяғына дейін жеткізе алмай қиыншылдықтарға тап болады. Ол өз-өзін жек көріп, үрейлене бастайды. Шығарманың соңында кейіпкер өз-өзін түсініп, дүниенің кілтін тапқандай болады. Сартрдың философиясы және көркем туындылары өз замандастарының еңбектеріне айтарлықтай ықпал етеді.
Альбер Камю (1913-1960) - прозаик, драматург, эссеист, философ-экзсистенциалист. Жазушының дүниетанымына Кьеркегордың, Ницше мен Хайдеггердің, әсіресе Достоевскийдің шығармашылығы көп әсерін тигізеді.
Камю Алжирде дүниеге келген. Әкесі француз Люссен Камю фермада жұмыс істеген. Ол Соғыстың бас кезінде Марне шайқасында қайтыс болады. Жесір қалған испандық Катрин Камю жетім қалған екі ұлын өзі тәрбиелейді.
Камю қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, 1934 ж. Франция компартиясының Алжир секциясына мүше болады, фашизмге қарсы халықаралық қозғалыстың жұмысына да араласады. Осы кезде алғашқы эсселерін («Келбет және ішкі әлем», «Алжирдің жазы» және т.б.) жазады. 1940 ж. Камю Париждегі «Парисуар» газетіне редакторлыққа шақырылып, Алжирден Францияға қоныс аударады. Парижге неміс басқыншыларынан бұрын келіп, соғыс жылдары «Камба» ұйымына мүше болып, фашистерге қарсы қозғалысқа қатысады. Соғыс жылдарындағы қиыншылыққа қарамай, Камю 1940 ж. «Бөтен» атты романын аяқтап, 1941 ж. «Сизиф туралы миф» атты эссесін басып шығарады. 1947 ж. «Гумма» романы, 1951 ж. «Бүлік шығарған адам» трактаты, 1956 ж. «Құлдырау» повесі жарық көреді. 1957 ж. Нобель сыйлығының лауреаты атанады.
Камюдің шығармаларында негізінен адам баласының тыныс-тіршілігі мен оның әділетсіздікке қарсы күресі, бостандыққа деген ұмтылысы сөз болды. 1944 жылы Камю «Неміс досыма хат» атты эсселер жинағын аяқтайды. Ол өзінің бұл шығармасында адамзат баласының әлемде болып жатқан құбылыстарға тікелей жауапты екенін ескертеді. Жазушының бұл көзқарастары оның «Оба» атты романында да көрініс табады. Оның «Бүлік шығарған адам» атты трактаты философиялық тұрғыда жазылса, 50-жылдары жарық көрген шығармаларында адам мен табиғаттың байланысы көрсетілген. Камю «Құлдырау» атты повесінде екіжүзділік пен жалғандықты, өзімшілдікті қатты сынға алады. Камю өз шығармаларында ХХ ғасырда туындаған философиялық мәселелерді оқырман назарына ұсынып, оны шешу жолдарын қарастыруға шақырған.
Антуан де Сент-Экзюпери (1900-1944) – әскери ұшқыш әрі жазушы. Ол өзінің «Адамдар планетасы» балалар мен ересектерге арналған «Кішкентай ханзада» атты философиялық ертегінің авторы ретінде танымал болған.
Жазушы Лиондағы дворяндар тегіне жататын отбасында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыста фашистермен шайқаста қаза тапқан. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Жазушы адам ұшақпен әуе жолдарын бағындыра отырып, түрлі философиялық сұрақтарға жауап іздейді деп ойлаған. Ол әуеге көтерілген сайын бостандық мен еркіндікті сезінген. Өзінің мамандығы жайлы, көрген білгендерін төмендегі кітаптарында әңгімелеген: «Оңтүстік пошта» (1929); «Түнгі ұшу» (1931); «Адамдар планетасы» (1939).
Ол журанлист ретінде газеттерге репортаждар жазып отырған. Сент-Экзюпери ғарыш пен кеңістіктің әдемілігін шебер суреттеп, бүкіл жер шары мен адамзаттың, әсіресе балалардың өмірі үшін өзін жауапты сезінеді. Ол кейбір шығармаларында үлкендер мен балалардың қарым-қатынасы туралы жазған. 1944 жылы фашистік басқыншылардан Франция жерін босатуға үш ай қалғанда, кезекті жорықтан Антуан де Сент-Экзюперидің ұшағы базаға оралмайды.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Франция әдебиетін бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Соғыстан кейінгі бірінші онжылдықта әдебиет ел ішінде орын алған түрлі жағдайлар мен қоғамдық-саяси оқиғаларға тікелей байланысты болады. 50 жылдардың соңынан бастап «антидрама» мен «жаңа романды» жасаушылардың шығармаларында постмодернизмнің белгілері көрініс табады. Постмодернизм дәуірі 70 жылдары да, одан кейін де жалғасын тапқандықтан ол әдебиеттану мен әдеби сында да ерекше күшке ие болады.
Соғыстан кейінгі француз поэзиясы Луй Арагон, Поль Элюар, Эжен Гильвик, Рене Шар, Пьер Эмманюель, Жак Превер сынды көптеген жарқын есімдермен байи түседі. Бұл ұрпақтың басты ерекшелігі ретінде олардың шығармаларының нақты тарихи жағдайлармен және өзекті мәселелермен байланысты болғанын айтуға болады. Аталған ақындарының басым көпшілігі әдебиеттегі өз бастауларын сюрреализм арнасынан алған. Оған мысал ретінде Арагон мен Элюар, Шар мен Преверді айтуға болады. Поль Элюардың (1895-1952) «Саяси өлеңдер» (1948) атты жинағына енген өлеңдерінен әлемде жақсылық орнату идеясы көрінеді. Элюардың «Мораль сабақтары» (1949) деген поэтикалық циклі жақсылық пен жамандықтың, өлім мен өмірдің диалогы ретінде құрылған.
Арман Ланудың (1913-1983) трилогиясы «Майор Ватрен» (1956) атты романынан бастау алады. Онда неміс басқыншыларының француз әскерін талқандаған кезі, яғни 1940 жылдың мамыр айында орын алған оқиға суреттелген. Ланудың жазушы ретінде қалыптасуына Золяның қосқан үлесі зор болды. Трилогияны «Брюгтегі кездесу» (1958) және «Теңіз кері шегінген кезде» (1963) романдары жалғастырады. Толстой Лануды ұлы эпопеяны жасаушы ретінде жоғары бағалап, қоғамдық-саяси өмірге аралысып жүріп, өз шығармашылығын жемісті еткен жазушылардың қатарына қосады.
Соғыстан кейінгі жылдарда орын алған жағдайлар салыстырмалы түрде жазылған шығармалардың бірі ретінде Жан Пьер Шаброльдің (1925-2001) «Соңғы патрон» (1953) атты романын ерекше атап өтсе болады.
«Жаңа роман» жасаушылар «жаңа реализм» жасады. Роб-Грийе үшін шындықтың негізі мәтін болған. Натали Саррот өз психологиясына сай жан дүниенің жасырын қозғалысы «тропизмдер» мен қолға ілінбейтін жаңа дүниелерді іздеді. «Неороманистердің» мәтінмен және романдық үлгілермен жасаған күрделі ойындары оларды оқырмандардың кең шеңберінен алыстатты. Уақыт көрсеткендей өмір тұрақтылығына «сандырақ театр» мен «антидрама» классигі Эжен Ионесконың тосын пікірі ие болады. Күлкі шебері өз сатирасының көмегімен адамды қармап алған жалғыздық пен күйзелісісті, қорқынышты жеңуге шықырады. Зиялы оқырмандарды өзіне тартып, көпшілік оқырмандарға арналған жалпы әдебиет қана өміршеңдігін сақтап қала алды. Ел арасында кеңінен таралып, үлкен сұранысқа ие болған шығармаларды дүниеге әкелген француз жазушыларының ішінде Анри Труайя («Эгельтердің отбасы», 1965-1967 ж. топтама), Морис Дрюон («Қарғыс алған патшалар», 1955-1960 атты тарихи романдар топтамасы), Француаза Саган («Капитуляция туралы дабыл» 1965, «Суық судағы болмашы күн», 1969 романдары), Ромен Гари және басқа да бір қатар жоғары деңгейдегі беллетристер болған. Осы шығармалардың барлығы да стильдің айқындығы, сюжетінің маңыздылығы арқылы ерекшеленіп, онда ұрпақтар мен отбасы мүшелері және бір-біріне ғашық жандардың арасында өрбіген қарым-қатынастар суреттелген.
60 жылдары адамдардың жай-күйі мен әлеуметтік-психологиялық жағдайлар Кристин Рошфордың «Ғасыр немерелері» (1961), Жорж Перектің «Бұйымдар» (1965), Симон де Бовуардың «Керемет суреттер» (1966), Жан Луй Кюртистің «Жас жұбайлар» (1967) кітабы мен Эльза Триольдің «Ай саябағы» (1959), «Несиеге берілген райхан гүлі» деген екі бөлімді «Нейлон ғасыры» трилогиясында суреттеледі.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы француз прозасында ХІХ ғасырдың классикалық реализмінің дәстүрлері өмір сүруін жалғастыра береді. Олар адамдардың қазіргі замандағы орны мен ролін, оның ерекшеліктеріне мән беруге арналады. ХХ ғасырда өмір сүрген Роберт Мерль, Эрве Базен, Жюльен Грин, Бернар Клавель, Франсуа Нурисье, Жозе Кабанис секілді француз жазушыларының шығармашылықтарында классик жазушылардың дәстүрлерімен байланыс сақталған. Осы дәуірге жататын атақты ақын-жазушылардың қатарына ағылшын, француз тілдерінде жазып, Гонкуровтық сыйлыққа ие болған Ромен Гари (1914-1980), «абсурд театры» мен «антидраманы» дүниеге әкелген Эжен Ионесконы (1912-1994), франко-ирландық драматург, романист, бірнеше өлеңдер мен әңгімелердің авторы Сэмюел Беккетті (1906-1989), «жаңа романның» негізін салған теоретик Ален Роб-Грийені (1922), «француз тілінің сиқыршысы» атанған Натали Саррот (1900-1999) пен «жаңа романды» құрған жазушылардан кейінгі буынға жататын Жан Марри Гюстав Леклезионы (1940), қазіргі француз әдебиетінің классигі атанған Патрик Модианоны (1945) жатқызуға болады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
1910-1945 жылдардағы ақын-жазушылардың шығармашылығындағы басты тақырып.
Франция мен Ресей жазушыларының ортақтығы
Франция әдебиетінің кезеңдері.
Соғыстан кейін пайда болған «жаңа реализм» туралы не айта аласыз?
60-жылдардағы трилогиялар.