
- •Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
- •Д.Т.Көптілеуова
- •Алматы 2011
- •Эллиндік әдебиет
- •Ежелгі Рим әдебиеті
- •Азаматтық соғыс дәуіріндегі әдебиетке тоқталыңыз
- •Негізгі әдебиеттер
- •Қосымша әдебиеттер
- •Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
- •Қосымша
- •Франция әдебиеті
- •Ұлыбритания әдебиеті
- •Латын Америкасы әдебиеті
- •Үндістан әдебиеті
- •Глоссарий
- •Қазақ және орыс тілдеріне аударылған әдебиеттер тізімі
- •Студенттердің өздік жұмыс тақырыптары
Рим империясының құрылу алғышарттары
Римдегі жазба әдебиетінің қалыптасуын сипаттаңыз
Рим драматургиясына түсіндірме беріңіз
Ежелгі Римдегі шешендік өнер мен оның өкілдері
Азаматтық соғыс дәуіріндегі әдебиетке тоқталыңыз
Империялық бекіту кезеңіндегі әдебиет туралы не айтасыз?
Екінші софистика, жанрлары мен өкілдері
Цицеронның жетістігі неде деп ойлайсыз?
Цезарьдің табысқа жеткен әдеби жанрына тоқталыңыз
Лукреций Эпикурдің көзқарасын жалғастырған поэмасы
Катуллдың әдеби мұрасы неше бөлімнен тұрады?
Вергилийдің «Энеида» жырын жанрлық тұрғыдан талдаңыз
Горацийге зор атақ алып келген шығармасын сипаттаңыз
Овидийдің поэзияға енгізген жаңалығын айтыңыз
Негізгі әдебиеттер
История Всемирной литературы. -М., 1983
Тронский И.М. История античной литературы. -М., 1983
Хук С.Г. Мифология Ближнего Востока. -М., 1991
Дүйсеғазин С. Шетел әдебиетінің тарихы. -Астана 2010
Төкенов И.М. Мәдениеттану негіздері. -А., 2001
Қосымша әдебиеттер
История античной литературы. Древняя Греция. -М., 2001
Аристотель и античная литература. М., 1978.
Литература Древнего Востока /Под ред. Н.И.Кограда, И.С.Брагинского, Л.Д.
Позднеевой. М, 1971.
Мифологический словарь. -М., 1998
«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. 3 том. -А., 2001
Мифы народов мира: Энциклопедия. В 2-х тт. М., 1980-1982
Головня В.В. История античного театра. М., 1972.
ӘЛЕМДІК Орта ғасырЛАР әдебиетіНЕ КІРІСПЕ
Орта ғасыр дәуірінде әлем әдебиеті дамудың жаңа кезеңін бастан кешірген болатын. Бұл құбылыс Еуропа, Азия мен Солтүстік Африкада құлиеленушілік құрылыстың ыдырап, толық жойылғанынан кейін өндірудің феодалдық тәсілінің пайда болуы мен оның даму кезінде жүреді. Осы кезде құлиеленушілікті білмеген «жабайы» халықтар да феодлизмге өткен болатын, бірақ олар феодализмге бірден алғашқы қауымдық құрылыстың құлауынан кейін өтеді. Ирландия мен Испаниядан бастап Индонезия мен Жапон аралдарына дейінгі алып географиялық бытыраңқылық пен уақыт аралығына қарамастан, өндірудің феодалдық тәсілі және онымен байланысты идеологиялық, саяси және мәдени институттар ежелгі әлем әдебиетінің негізгі тірегі болады.
Осылайша, қалыптасқан идеологиядағы феодалдық құрылыс талассыз шіркеу беделімен сипатталады. Мұндай қызметке тек христиан діні ғана емес, сонымен қатар басқа да көптеген монотеистік негіздегі «әлемдік» діндер де ие болған. Ежелгі діндерге қарағанда, мұндай діндердің адамгершілік құндылықтары зерттеліп, анықталады. Сондықтан да орта ғасырлар әдебиетінде этикалық мәселелер маңызды орынға ие болады. Осындай діни идеология салтанат құрған дәуірде кез келген әлеуметтік қайшылық сөзсіз діни мәселелер төңірегінде жүреді.
Шіркеулік идеология бөлшектенген қоғамның таптық–иерархиялық құрылымын анықтайды. Иерархиялық байланыстар жүйесі өмірде де, мәдениет саласында да түрлі аймақта түрліше болғанымен, орта ғасыр дәуірінде олардың басты белгісі болып табылған таптық мәселелер әмбебап сипатта болады.
Орта ғасырлардағы әлем әдебиетінің үдерісі айқын бірлікпен сипатталады. Осы бірліктің негізінде қоғамдық құрылыс пен мәдениет деңгейінің жалпылық сипаты жатыр. Орта ғасыр дәуірінде географиялық тұрғыдан бір-біріне жақын үздіксіз байланыстағы әдебиет пен бір-бірінен алшақ келетін ежелгі салт-дәстүр негізіндегі «көне» әдебиеттер мен «жас» әдебиеттердің барлығы да жалпы заңдылықтарға бағынады.
Зерттеліп отырған кезеңді ежелгі дәуірден алшақтататын хронологиялық шекара жеткілікті дәрежеде жалпы әмбебап сипатқа ие. Осындай алып мыңжылдық дәуірдегі әлем әдебиетін, яғни Ерте орта ғасырмен Кемелденген орта ғасыр әдебиетін бөліп көрсетуде де өзіндік тұтастық бар. Әлемнің әр түкпіріндегі әдебеттерде бұл үлкен кезеңдердің сипаты көбіне бір типті болып келеді. Нақтырақ айтсақ, әдеби үдерістердің бағыттары мен олардың түрлері және нақты әдебиеттердегі ескерткіштер мен олардың ерекшеліктерінде ұқсастықтар кездеседі.
Дегенмен ортағасыр әдебиеті әлем мен адамды тану және шындықты нақты әрі дәл суреттеуде тынымсыз тәжірибе жинау үстінде болады.
Орта ғасыр әдебиеті әр алуан және бай болғаны соншалық, орта ғасыр дәуірінен кейінгі кезеңде пайда болған әдеби үдеріс оның ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесіне сүйенбей, өмір сүруі мүмкін емес еді. Көптеген шығыс әдебиеттерінде ортағасыр дәстүрлері, өзгеріске ұшыраған түрде болса да, ХІХ ғ. алғашқы жартысына дейін өмір сүруін тоқтатпады. Мұндай әдебиеттер үшін бұл дәстүрлер ұлттық мұра болған. Батыста да мұндай дәстүрлерден толық бас тарту болмады. Бұл аймақта орта ғасыр мәдениетінде кездесетін кертартпа тұстары ғана алып тасталынады. Дегенмен орта ғасыр әдебиеті өзінің жетістіктерімен бірге адамзаттың әдеби дамуында маңызды дәуірдің бірі ретінде өз бағасын табаты.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Орта ғасырлар әдебиеті қалыптасуының тарихи-мәдени факторлары.
Орта ғасыр дәуірінің жаңа мәдени аймақтары.
Орта ғасыр әдебиетінің қалыптасуында діннің алатын орны.
Орта ғасыр дәуіріндегі әдеби байланыстар.
Орта ғасыр әдебиетінің түрлері мен жанрлары.
Ерте орта ғасырдағы клерикалды әдебиеттің жалпы сипаты. Оның негізгі жанрлары.
Сарай әдебиетінің жалпы сипаты.
Орта ғАСЫРЛАРдағы үнді әдебиеті
Ежелгі дәуірдің соңғы кезеңдеріндегі ескі әдеби-тарихи аймақтардың жойылып, жаңа аймақтардың пайда болу кезінде үнді әдебиеті (нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда тәуелсіз Үндістан, Пакистан, Непал мен Бангладеш орналасқан Үндістан субконтинентінде өмір сүрген халықтар әдебиеті) жеке әдеби аймақ ретінде бөліне бастады. Сол уақытта үнді әдебиетінің өзінде сараланған тенденциялар етек алады. Солтүстік Үндістанда басым рөлге ие болған санскриттік әдебиетпен қатар, оңтүстік аймақтарда біздің заманымыздың алғашқы кезеңдерінде-ақ тамиль әдебиетінің әсері күшейе түсіп, І мыңж. II жартысынан бастап алғашында дравид, кейін үндіария тілінде көптеген жаңа үнді әдебиеттер пайда бола бастайды. Сондықтан да орта ғасыр дәуіріне қатысты көптеген ұқсастықтарымен қоса, айтарлықтай айырмашылықтары да бар үнді әдебиеттері туралы айтып кетуіміз қажет. Бұл әдебиеттер әр кез бірқалыпты дами қоймағанымен, бір-бірімен тығыз байланысқа түсе отырып, тарихи болмысы жағынан ұқсастыққа ие болған.
Қарастырылып отырған кезеңдегі үнді әдебиетінің айтарлықтай ерекшелігі ретінде «Орта ғасырлар әдебиеті» мен «Ортағасырлық әдебиет» ұғымдары оған сәйкес келмейтінін атап өтуге болады. Орта ғасырлар немесе феодалдық құрылыстың қалыптасу кезеңі көптеген мамандардың пікірінше, Үндістанда б.з. І мыңж. сәйкес келеді. Сонымен қатар осы аталған мыңжылдықта айтарлықтай дамып, оның орта тұсында дамудың жоғарғы шегіне жеткен санскриттік әдебиет құрылымы мен сипаты жағынан ежелгі әдебиетке жатады. Тек І мыңж. соңына қарай жаңа үнді әдебиетінің дүниеге келуімен байланысты Үндістанның әдеби санасында нақты ортағасырлық әдебиет пайда бола бастайды.
Санскриттік әдебиет өзінің өмір сүруі барысында, ежелгі дәуірде де, орта ғасырларда да нақты көрсетілген ішкі тұтастығы мен этникалық ұстанымдар мен дәстүрлер мұрасы арқылы ерекшеленеді. Сондықтан да, оны тұтас типологиялық құбылыс ретінде қарастырумыз қажет.
Ежелгі үнді әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі, негізінен, төрт ірі әдеби кешендердің қалыптасуымен байланысты болады. Олар: ведалық, буддалық, джайндік діни канондар мен санскриттік эпос. Біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында басқа да ежелгі әдебиеттердің аналогиясы бойынша классикалық деп атауға болатын оның жаңа кезеңі басталады. Бұрын көптеген ежелгі үнді тіл білімінің ескерткіштері ауызша түрде болса (немесе ауызша түрде пайда болса), ендігі жерде көркем шығармашылық жазбаша түрде берілетін болған. Егер де ведалық, эпостық, буддисттер мен джайндердің діни канондары болмысы бойынша анонимді болып, әдеби шығарма жеке тұлға еңбегіне қарағанда, ұжымдық тұрмыстың көрінісі болса, енді үнді әдебиеттерінің жалпы дамуы шынайы және мәдени дәстүрде беделді болған авторлардың атымен байланысты болады. Мысалы, Ашвагхош, Калидас, Дандин, Бхартрихар, Бхавабхути және т.б. Егер ежелгі үнді әдебиеті негізінен синкретикалық болса, б.з. І мыңж. әдебиетінде эстетикалық, жекеленген көркем мәселелер алдыңғы қатарға шығады.
Әдеби сипаттағы осындай принциптік өзгерістер Үндістанның саяси және рухани өміріндегі өзгерістермен байланысты болып, олардан бастау алып отырған. Ескі және жаңа дәуірлердің тоғысындағы жатжерлік шапқыншылармен күрес, бір жағынан, Үндістанның шектелген мәдени шеңберден шығуына ықпал етсе, екінші жағынан, феодалдық даму жолында тұрған үнді қоғамының ішкі консолидациясына бастау болады. Консолидация санскриттік іскерлік, рухани және әдеби тілдің пайдалану аясының кеңейуіне, жалпыланған әлеуметтік және құқықтық нормалардың қалыптасуына, Үндістан аумағынан буддизмді ығыстыра отырып, басты дін ретінде, индуизмнің тұрақтануына, ірі мемлекеттердің құрылуына да ықпалын тигізеді. Осы кезде үнділік классикалық философияның негізгі доктриналары қалыптасып, жаратылыстану, математика, астрономия және медицина ғылымдары ірі жетістіктерге жетеді; бізге дейін сақталған Аджанта мен Санчи, Матхура мен Эллора ескерткіштері бойынша, сәулет өнері, мүсін жасау мен сурет салу сияқты бейнелеу өнерінің түрлері шарықтау шыңына жетеді.
Үнді дәстүрі бірталай еңбектерді Калидас20 шығармашылығына жатқызғанымен (30 шақты), олардың 6 ғана нақты Калидастың шығармашылығына тиесілі: «Мегхадута» атты лирикалық поэма (Жаршы-бұлт), «Кумарасамбхава» (Кумараның [соғыс құдайы] дүниеге келуі) және «Рагхуванша» (Рагху ұрпақтары) атты эпикалық поэмалар мен үш драма: «Малявикагнимитра» («Малявика мен Агнимитра»), «Абхиджняна-Шакунтала» («Танымал Шакунтала») және «Викраморваши» («Урваши батылдығының арқасында»). Калидастың «Мегхадута» атты поэмасы 100-140 шумақтан құралады. Онда Калидас белгілі бір себептермен оңтүстікке жер аударған якша (Кубера байлығының жоғарғы билеушілері қатарындағы жартылай құдай) жайлы баяндайды, оның сөздері бойынша, якша көшіп бара жатқан бұлттардан әйеліне өз махаббатының хабарын жіберіп, оны жұбатпақшы болады. Әңгіменің негізгі бөлігінде якшаның сапар шегуі жайлы айтылып, сол сапары бойынша бұлттар оның Отанына жетулері тиіс болады. Осы тәсілмен Калидас ауылдар мен қалаларға, Үндістанның халқына, өзендер мен көлдерге жалпы ақындық сипаттама беріп, табиғаттың әрбір көрінісінде өз кейіпкерінің үміті мен сезімін бейнелі түрде көрсетеді. Якша жұбайынан алыс болғандықтан, қатты қиналады, сондықтан бұлттардың жолында кездесетін өзендер, сұлу әйелдер бейнесінде елестейді, ал бұлттың өзі ұзақ айырылысудан кейін қуаныш сыйлаған жалындаған жұбайы болып көрінеді.
Калидастың келесі екі эпикалық поэмасы, яғни, «Рагхуванша» және «Кумарасамбхва», санскриттік поэтикада «махакавья» деп аталған классикалық жанрдың үлгілері болып табылады. Махакавья немесе «ірі көлемді поэма» ақындық трактаттардың талаптары бойынша, жеке шумақтардан құралуға тиіс еді. Олар өзара композициялық түрде байланысып, сюжетті классикалық эпос немесе пураннан алынған. Оның кейіпкері - адамгершілігі мол батыр жолындағы барлық қиындықтардан сүрінбей өтуге міндетті болады. Оның мазмұны әсем қалалар мен теңіздер, жыл мезгілдері, күннің шығуы мен батуы, тойлар, ғашықтар кездесуі сияқты құбылыстарды сипаттау арқылы берілген.
Калидас әдеби немесе «жасанды» деп аталатын санскрит әдебиетінің эпос, лирикалық поэма, драма сияқты барлық жанрларында классикалық шығарма туындыларын жарыққа әкелген.
Бхартрихари жайлы көптеген қарама-қайшы аңыз-әңгімелер де кездеседі. Ең қызық әрі шындыққа жанасатын әңгіме қытайлық И Цзиннің жазбаларында келтірілген. Ол Үндістанға келер алдында қырық жыл бұрын, яғни 651 ж., «Вакьяпадия» грамматикалық трактатын және Үндістанда кеңінен танымал болған бірқатар шығармаларды жазған ұлы ғалым Бхартрихаридің қайтыс болғанын айтады. Бхартрихаридің бейнесін салған И Цзин оның монахтар мен ақсүйектер өмірі туралы көп ойланғанын айтады. И Цзиннің айтуынша, бірде шіркеуге келіп, ол бірден өз оқушысынан ат арбаны дайын ұстауды сұрайды, яғни әлемнің қызығушылығы оны билеген кезде бірден кетіп қалуына мүмкіндік болу үшін дайындалады.
Бхартрихаридың мұрасын үш шатака құрайды: «Шрингарашатака» («Махаббат жайлы жүз шумақ»), «Нитишатака» («Дана тәртіп жайлы жүз шумақ»), «Вайрагьяшатака» («Босату жайлы жүз шумақ»). Сақталған шатака қолжазбалары интерполяция мен қосымшаларға толы, онда «Панчатантра», «Шакунтала» мен «Мудраракшадан» бірнеше шумақтар кездеседі, антологтар бұл шумақтарды басқа ақындарға тіркеп қойғандықтан, қазір бұл шатакалардың түпнұсқасын қайта қалпына келтіру мүмкін емес.
Бхартрихаридің шығармашылығының негізгі сарыны - өмір елесі мен оған деген қызығушылығы және өзінің құмарлық сезімдеріне қарсы күресі; бір жағынан әйелдер, патша сарайы, байлық, ал екінші жағынан қуаныштарға деген немқұрайлылық, даналық пен әділдік - міне, осы екі жағымды нәрсе Бхартрихаридың поэзиясындағы лирикалық шиеленіске негіз болып, әрбір шатаканың мазмұнын айқындап береді.
Жалпы санскрит лирикасындағы сияқты Бхартрихаридың да әрбір шумағы тұйықталған бірлік болып табылады. Әр шумақ өзіндік ой мен жеке идеялар арқылы жанданады, ал ұзақ көлемді формалар бір шумақта кейде кішігірім поэмаға жетерлік мағынаның ашылуына мүмкіндік береді.
Үнділік классикалық кезеңде прозалық мағынадағы дүниелерде кездеседі. Сондай санскриттік романдардың бірі саналатын Дандиннің «Дашакамарачарита» («Он ханзада оқиғалары») шығармасы.
«Дашакамарачаритада» ханзада Раджавахан және оның тоғыз жолдасы жайлы баяндалған. Олар тағдыр тәлкегімен ұзақ уақытқа бір-бірінен алыстап, кейін кездеседі де, бір-біріне кезекпен бастарынан өткен шытырман оқиғаларды айтып береді. Роман композициясы көмкерілген повеске жақын, бірақ бір айырмашылығы – соңғысында эпизодтар көрнекі және шектеу мазмұнына еш қатысы жоқ, ал Дандиннің туындысында олар өзіндік қасиетке ие бола тұра, белгілі бір дәрежеде Раджаваханның тағдыры жайлы негізгі баяндауды толықтырып тұрады, ал бұл өз тарапынан танымал сюжеттік бірлікті романға тиесілі етеді.
Дандин әңгімелеуінің қызықтылығы мен көркемдігі романда көп орын алатын әзіл-сықақ көріністерін күшейте түседі, кейбір күлкілі эпизодтар, мысалы, Камамньджари гетерасының «ұлы тақуа» қарт Маричиді азғыруы немесе «Артхашастраның» нұсқауымен ғана жүретін патшаның мүшкіл жағдайы, айқын түрде сатиралық реңкке ие. Дегенмен Дандин салған ғұрыптар көрінісінде оның жеке идеалын көру оңай емес, ол барлығын кастасына да, атағына да, ол патша болсын, брахман, аскет, саудагер, қарапайым қолөнерші немесе шаруа болсын, ешнәрсеге қарамастан, әрқашан күлкі етуге дайын. Тіпті романда құдайлардың өздері де үлкен құрметке ие емес, оларға адамгершілікке жат іс-әрекетті ақтау керек болған кезде ғана сілтеу жасалынады (мысалы, гетера Маричи қартты құмарлық ләззат алудан бас тартқанда күнә бар екенін сендіру үшін, оған аспан құдайларының махаббат ерліктерін тізіп береді). Жалпы ешқандай да адамгершілік мәселелер роман кейіпкерлерін қызықтырмайды және оған деген автордың көзқарасын білдірмейді.
YIII-XII ғ. санскрит әдебиетіндегі өмірге бейім туындылардың бірі көмкерілген повесть болып табылады. Қарастырылып отырған кезеңде «Панчатантраның», «Брихаткатхидың» және көптеген біртума жинақтарының жаңа нұсқалары пайда болған. Үндістанда және одан тыс аймақтарда «Панчатантраның» кейінгі үлгісі – «Хитопадеша» («Қайырымды нұсқау») кеңінен таралған, оның құрастырылған уақыты әдетте ІХ-Х ғ. деп белгіленеді. Бізге белгісіз «Хитопаджешаның» авторы (бір қолжазбаларда ол Нараяна деп аталған) «Панчатантраны» ғана қолданбай, басқа да жинақты пайдаланған. «Хитопадешаның» басты ерекшелігі онда «Панчатантрадан» да көп көрнекі өлең жолдарының болуында.
І мыңж. орта тұсында авторы белгісіз «Веталапанчавиншатика» («Веталаның 25 әңгімесі») туындысы бірнеше редакциямен жеткен. Бұл жинақтың кейіпкері – жартылай танымал патша Викрам, аңыз бойынша ол б.з.д. І ғ. Удджайиниде билік құрған. Бұл патшаның сарайына бір сопы келіп, оған ішінде бағалы меруерті бар жеміс сыйға тартып, оның орнына патшадан бір қызмет көрсетуін сұрайды, яғни өлілерді күйдіру орнына барып, оған ағашта ілініп тұрған ветала деген құбылғыш жын кірген өлікті алып келуін сұрайды. Өлік сопыға сиқырлы күшке ие болу үшін қажет болатын. Бірақ патша тіс жармау керек, әйтпесе, өлік одан қашып құтылып, ағашқа қайта оралады. Викрам қабірлер басына барып, ағаштан өлікті шешіп алады, жолда ветала патшаны әңгімеге тартпақ болады, оған түрлі түсінік беруге болатын әңгімелерді қозғайды. Ветала әңгімесін сұрақпен аяқтайды да патша үндемей қала алмайды. Осы уақытта өлік ағашқа қайта оралады, патша қайтадан баруға мәжбүр болады. Патша жауап беруден бас тартқанша, оқиға 24 рет қайталанады.
«Веталапанчавиншатиканың» тек кейінгі өңдеулеріндегі жинағы «Шукасаптати» («Тотықұстың 70 әңгімесі») ғана бізге жеткен. Баяндау барысында көпестің жеңілтек мінезді әйелінің күйеуі басқа жерге кеткен кезде ашынасымен кездескісі келетіндігі айтылады. Бірақ әрқашан ол табалдырықтан аттай берісімен, тотықұс оны түрлі-түрлі қызықты әгімелерімен ұстап қалады. Осылай күйеуі оралғанша қайталанып отырады.
Бірақ YIII ғ. аяқ кезінен бастап, Үндістанның қоғамдық өмірі жағдайында санскрит әдебиетінің мүмкіншіліктері әлсірей бастайды.
Бұл өзгерістер ішкі әлеуметтік және саяси дамудың нәтижесінде, феодализмнің нығайып, ірі, қуатты империялардың күйреп, көптеген феодалдық мемлекеттер мен ІІ ғ. мұсылман жаулаушылықтарының салдарында Үндістанда жаңа халықтар қалыптасып, түрлі тілді және түрлі сипаттағы мәдениеттің пайда болуына негіздер салына бастайды.
Мұндай әдебиеттер арасында дравидтік тамиль әдебиетінің жағдайын атап өту өте маңызды. Тамиль әдебиетінің ерте ескерткіштері (панегирика пен лирикалық поэмалар) солтүстік үнді ықпалынан тыс пайда болған сияқты, дегенмен классикалық санскрит әдебиетімен ұқсас жағдайларда қалыптасқан тамильдік әдебиет ұзақ уақыт оған типологиялық тұрғыдан жақын болып қалады.
Тамиль мәдениетінің екі ұлы ескерткіші «Тируккурал» және «Наладийар» дидактикалық жинақ түрінде құрылған. «Тируккурал» («Қасиетті куралдар») 1330 куралдан тұратын жинақтар (метрикалық образдағы екі жолды өлеңдер) - өлең афоризмдері болып табылады. Оларды құрастырған атақты Тируваллувар дана деп айтылады. Жинақ ежелгі Үндістанның үш дәстүрлі өмір мақсаттарына сай келетін үш бөлімнен тұрады: дхарма, артха, кама. Соңғы мақсат – мокша, жанның материалды дәнекерден босатылуы, яғни қайта туу циклінен босату – «Куралда» көрсетілмеген, себебі афоризмдерді құрай отыра, автор, алдымен, осы өмірдегі адам жайлы айтқан.
«Тируккуралдың» бірінші бөлігінде адамның адамгершілік образындағы афоризмдері жинақталған. Қамқор отағасы, қонақжай үй иесінің мінсіз бейнесі басты назарда болады. Жақсылық жасау жайлы айта отырып, автор белгілі бір діни доктринаны ұстанбайды. Жалпы кейбір жағдайларда джайнизм мен буддизмге тән пікірлердің бағытын көруге болады, бірақ автор түрлі ілімдерден өзінің дүниетанымына сай келетін тұстарын ғана таңдап алады. Осылайша, шығармаларда махаббат, қонақжайлылық, алғыс, жақсылық пен жүректің жомарттығы туралы тараулар да кездеседі.
«Тируккуралдың» екінші бөлімі адамның қоғамдық қызметіне арналған. Мұнда мемлекеттік құрылыс, шенеуніктер мен патшаның міндеттері, басқару әдістері және тағы да басқа сұрақтар қамтылған. Сондықтан екінші бөлім адамның қоғамдық міндеттеріне емес, өмір мен әрекеттің басты принциптеріне арналған; мұнда ілім-білім, ризашылық, кемшіліктерді жеңу, достық сияқты тақырыптар қозғалады. «Куралдың» үшінші бөлімі - ковей («гүл тізбегі») жанрындағы тамиль поэзиясының алғашқы үлгісі, ол кейін ортағасырлық поэзияда кең тарап, ғашықтар қатынастарының дамуын суреттейтін эпизодтар тізбегін құраған.
Діни фанатизмнің болмауы, пайымдаудың тереңдігі мен нақтылығы оны тамиль қоғамының барлық сатысында танымал етеді. «Куралдың» тамиль мәдениетіне әсері өте үлкен, оны кейде «тамиль ведасы» деп те атайды. «Наладийар» («Төрт жол шумақ» YII-X ғ.) деп аталатын 400 өлең шумақтарынан құралып, үш бөлімнен тұрады. Жалпы бұл туынды сөзсіз аскеттік сарында қатал жазылған шығарма болып табылады.
І мыңж. екінші жартысында жоғарыда аталған шығармалардын басқа тағы да бірқатар джайндық поэмалар пайда болған, мысалы Конгувелирдің «Перунгадейі» («Үлкен әңгіме») «Брихаткатхидің» тамильдік нұсқасы, Толаможиттевараның сюжеті «Маханпуранадан» алынған «Суламани» («Диадемадағы асыл тас») атты поэмасы. Олардың пайда болуы оңтүстік Үндістандағы джайндық діннің өмірлік тұрақтылығы мен джайндықтардың қызметтерінің осы уақытта біраз күшейгеніне куә болады. Бірақ олардың ықпалдары YI ғ. діни бхакти ағымының дамуына байланысты әлсірей түседі. Бұл ағым джайнизмды ығыстырғанмен, өзі пайда болған дәстүрлі брахманизмге қарсы болады. Бұл ағымның маңыздылығы адамның құдаймен тілдесуінің алдыңғы шарты - сезім, құдайға деген тірі махаббат, онымен тікелей эмоциялық қатынасты іздестіру деген түсінігінде жатыр. Ондағы сыртқы әдет-ғұрыптар мен құдайды танудағы қиын тәртіптерден бас тарту бұл ағымның демократиялық сипатын көрсетіп, абыз-брахмандар табының жойылуына әсер етеді. Бхатки үшін ақындық шығармашылықпен органикалық байланыс тән. Діни эмоциялар діни әнұрандарда тікелей көрініс табады. Бұл еркін жанр веда мифологиясына, эпос, санскриттік пуранға (кейбір тамильдік аңыздар мен мифтер де қолданылады) сүйенеді. Бхатки ілімінің тарапынан жалпы ақындық шығармашылықтың өзі жалпы ритуалдық әрекет ретінде қарастырылады.
Солтүстік үнді әдебиетті (хинди, бенгал, маратхи, пенджаб және т.б) YIIІ-ХІІІ ғ. қалыптасқан деп айту ертерек болады. Бұл әдебиеттер тек ұлттық әдеби құндылықтар мен осы әдебиеттің ескерткіштері апабхранша және басқа да ауыспалы тілдерде шығарыла бастаған кезде ғана өмір сүре бастайды. Олардың қалыптасуына дравидтік әдебиетпен қатар санскриттік әдебиеттің де қосқан үлесі ұшан теңіз. Көптеген үндіарийлік әдебиеттердің ерте кездегі ескерткіштері ежелгі үнді эпосына жасалған өңдеулер ретінде келсе, кейде чампу немесе пенджабтықтардың вара, раджастандықтардың расо сияқты батырлар дастаны, тіпті тұтас жанрларда санскриттік үлгі бойынша өзгертулерге ұшырап отырған. Дегенмен санскриттік ықпал жаңа әдебиеттің ерекшелігін айқындайтын факторларды жоя алмайды. Орта ғасырларға тән діни күпірлік түріндегі оппозициялық демократиялық ағымдар олардың дамуында маңызды орынды алады. Пенджаб әдебиетінің ескерткіштерінен натха секталық қозғалысының қатысушыларының өлеңдерін, хинди әдебиетінің мұрасынан - синдх-ақындарының апабхранша тілінде жазылған өлеңдерін, ал бенгал әдебиетінің шығармашылығынан – буддист-тантристар құрастырған «Чорджапод» діни әнұрандарының жинақтарын кездестіруге болады. Осыған ұқсас мәтіндер жергілікті фольклормен тығыз байланысты болған. Дәл осы тірі фольклорлық дәстүрмен тығыз байланыс және кейінгі санскрит әдебиетінен ерекшеленетін жаңа үнді әдебиеттің өзекті идеологиялық бағыттары ХІІІ ғ. бастап, бұл әдебиетің гүлдену кезеңіндегі көркемдік құндылықтарының алғышарттарын жасайды.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Үнді әдебиетінің ерекше тұстары.
Классикалық санскрит әдебиетіндегі дәстүрлі эстетикалық канондар.
Санскрит әдебиетінің негізгі жанрлары.
Жаңа үнді әдебиетінің ерекшеліктері .
ОртағАСЫРлық Қытай әдебиеті
III-XIII ғ. аралығын қамтитын уақыт кезеңіне көршілес жатқан Қытай, Корей, Жапон, Вьетнам сияқты Шығыс Азия халықтары арасындағы мәдени, нақтырақ айтсақ, әдеби байланыстар тән. Батыс елдерінің тарихында грек және рим мәдениеті қаншалықты маңызға ие болса, корей, жапон, вьетнам халықтарының өмірінде де ежелгі қытай мәдениеті соншалықты маңызға ие. Қытай тарихы мен поэзиясы Шығыс елдеріндегі осы халықтардың ортақ мақтанышы мен жетістігіне айналады. Бұл халықтардың мәдениетін Қытайдан осы елдерге әр түрлі уақыт аралығында келген иероглифтік жазу біріктіреді. Мысалы, Кореяға б.з. І ғ. бастап келген Хамнун, б.з. Y ғ. корей халқы арқылы Жапонияға келген камбун, Х ғ. бастау алған әлемге танымал вьетнам поэзиясын атап өтсек болады. Бұл халықтардың тарих және поэзия саласындағы алғашқы жазу ескерткіштері де иероглифпен жазылған деп есептелінеді. Осылайша, хамнун, камбун, ханван жазуларын белгілі бір дәуірдегі ұлттық мәдениеттің органикалық бөлігі ретінде қарастыру дұрыс.
Ортағасырлық Шығыс халықтары бір-бірімен үздіксіз байланыста болған. Бұл елдердің сауда және мәдени қатынастары тек Шығыс Азиямен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар Үндістан мен Батыста, ал Тан әулеті кезінде тіпті Византияда да өз бастауын тапқан. YII ғ. 30 жылдарында Қытайға бұған дейін Үндістанмен байланыс орнатқан Тибеттен елшілік келеді. Оңтүстік Қытайдағы Гуанжоу қаласында араб саудагерлерінің колониясы болған. X-XIII ғ. қытай халқы елуге жуық елмен сауда байланыстарын орнатады. Тіпті елдің солтүстік және батыс шекарасында түріктермен болып жатқан үздіксіз соғыстардың нәтижесінде қытайлар түркі мәдениеті, салт-дәстүрімен танысады.
ІІІ ғ. құлиеленушілік құрылыстағы Хань елінің құлауы кезінде қытай қоғамының тарихында ортағасырлық дәуір бастау алады. Соңғы шегі ХYІІ- ХYІІІ ғ. сәйкес келетін Қытай орта ғасырдағы әлі көптеген зерттеулер мен жаңалықтарды қажет ететін алып мәдениеттерді қамтыған.
Мыңдаған жылдар бойы халықтар арасында соғыстар болғанымен, Қытай халқы өз мәдениетін сақтап қалады. XIX ғ. дейін Қытайды жаулап алушы халықтар оның мәдениетіне таңырқай қарап, сол халықпен сіңісіп, бірге өмір сүреді. Олардың барлығы Қытайды жаулай отырып, қытай мәдениетін толығымен үйрене бастайды.
Осы мәдениет пен Қытай мемлекетінің негізінде өзін «Алтын ғасырлар» дәуіріндегі дәстүрлердің жалғастырушысы деп жариялаған Конфуций ілімінің идеялары жатыр. Конфуций ілімі сол кезде халықтың санасына сай келіп, адамға өмірдің ең дұрыс жолын (Дао) сілтеді. Конфуцийдің түсінігі бойынша, адам өзін биік дәрежеге көтеру үшін, белгіленген міндеттерге сүйену керек, ол міндеттер білімділікке, парасаттылыққа, кішіпейілділікке және де әділ болуға жетелейді. Конфуций ілімі халықтың өміріне, ойлау қабілетіне, қытай халқының мәдениетіне, ал I-IІ ғ. бастап ресми мемлекеттік дініне айналады. Ол алдағы тарихи кезеңдерде көптеген өзгерістерге ұшырап отырған.
Конфуций ілімі адамгершілік негіздегі рухани оқу ретінде буддизм мен даосизмнен тыс жеке өмір сүрмеген. Конфуций ілімін ұстанған адам бір мезгілде буддизм немесе даосизм заңдылықтарын да ұстана алатын. Осы «үш оқу» негізінде қалыптасқан орта ғасырдағы адамның дүниетанымы, ең алдымен, қытай, кейін корей, жапон және вьетнам әдебиеттерінде толығымен көрініс табады.
Жалпы, қытай халқы ерте дәуірдің әдебиетін қадір тұтқан. Ерте дәуірдегі Қытайдың атақты ақындарының бірі Тао Юань-мин. Оның ІІІ ғ. Цао Чжи, Жуань Цзи, Цзо Сы сияқты замандастары қытай поэзиясының дамуына өз үлестерін қосқан. Халық әндерінен бастау алып, ортағасырлық қытай поэзиясынан орын алған бес сөзді өлеңді әлемнің жаңа көркем көрінісі ретінде поэзияның өмірге келуі, бір сөзбен, қоғамдық дамудың белгісі ретінде қарастырған жөн.
Конфуций ілімі дидактизм ежелгі дәуірдің ортағасырлық қытай поэзиясының адамгершілік қасиеттері мен оның авторының адамгершілік бейнесімен ұдайы араласуын негізгі шарт етіп қойған. Конфуций өз замандастарын ежелгі дәуірдің әдеби мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа еш өзгертусіз жеткізуді үйретеді. Яғни, әрбір жеткізуші нақты жылдар мен оқиға болған жерді, оған қатысушылардың есімдерін дәл айту арқылы өзіне дейін жеткен мәліметтерді ойдан шығармай, нақты дәлелдермен айтып отырғанына сенімді болады. Осы жерден ақын пен қоғамның күнделікті өмірдегі шынайы жағдайларымен тығыз байланысты қытай поэзиясының өмірбаяндық және «күнделік» жанрлары қалыптасады.
Тіпті YІ ғ. өзінде-ақ Қытайда әлемді қабылдауға байланысты кең ауқымды әрі тамыры терең жайылған поэзия мен оған түсінік беретін трактаттар да болған. Цао Пи (ІІ-ІІІ ғ.) ақынның еншісіне кіретін осындай шығармалардың алғашқыларында жазба өнерінің өміршеңдігі туралы айтылған.
Келесі ғасырларда Қытайдың орта ғасырлар тарихында Тан және Сун әулеттері білімге баса назар аударады. Тан әулеті кезінде ақындардың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдық орны арта түседі. Ақындардың өздеріне аударған назарлары жалпы адамзаттың тағдырына және елде болып жатқан күйзеліске деген үн қату болатын. Олардың бірі ретінде көтерілісші Ань Лу-шаньды атап өтсе болады. 755 ж. әскери наменгер Ань Лу-шань көтеріліс ашып, елге сансыз бақытсыздық пен қайғы-қасірет әкелген соң ғана, 763 ж. жатжерлік әскердің көмегімен басылады. Бұл көтеріліс Ли Бо, Ду Фу мен Ван Вэй секілді ұлы ақындардың тағдырларына әсер етіп, поэзияда азаматтық тақырыптың күшеюіне өз ықпалын тигізеді.
Қытай тарихында YІІІ ғ. 80 жылдар жазда және қыста жиналатын екі еселенген салық арқылы есте қалған. Шаруалардың кедейлене бастауы мен жердің көп бөлігінің феодалдар қолына өтуі Бу Цзюй, Хало Юя және Лю Цзун-Юань сияқты ақындардың шығармаларында айқын көрініс тапқан. Осылайша, поэзия бұқара халықтың қорғаушысына айналып, ортағасырлық Қытайда поэзияның адам өміріне жақын болғандығының дәлелі болады.
874 ж. бастап 901 ж. дейін жалғасқан Хуан Чао бастаған көтерілістен, шаруалар соғысынан кейін 907 ж. Тан әулеті ыдырайды. Қытай алдағы 300 жыл бойы Сун әулетіне бағынады. Сун әулеті кезінде көптеген шаруалардың ірі жер иеленушілерге тәуелдігі артуымен қатар қоғамдағы зиялы қауымның да маңызы арта түседі. 1127 ж. елдің үштен бір бөлігінен көбін жаулап алып, оларды оңтүстікке қарай ығыстырған чжурчжэндер арқылы Сун әулетіндегі тыныштық өмір мен бейбітшілік бұзылады. Елде болған жағымсыз жағдайлар мен қасіреттер халықтың рухани өмірін түбегейлі өзгертпей, тек басқа арнаға бұрады. Әдебиетте басты маңыздылыққа Отан тақырыбы ие болады. Өзінің көлемі бойынша ауқымды болып келетін Сун поэзиясы адам өмірінің барлық қырын сипаттайды. Осы уақытта қытай поэзиясы жоғары сатыға көтеріледі. Шығармаларда адам тақырыбы мен тұтас қоғам туралы жиі айтылады.
Тао Юань-мин (365-427) Шығыс Цзиинь әулеті билік тұсында елдің оңтүстігінде өмір сүріп, 420 ж. Сун әулеті тұсында қайтыс болады. Бізге дейін Тао Юань-миннің 160 өлеңі мен бірнеше прозалық-поэтикалық шығармалары жеткен. Ол кедей отбасында дүниеге келіп, 29 жасынан бастап елге қызмет ете бастаған, болмашы лауазымдарға ие болады. Оның барлық поэзиясы лауазымдық қызметтен босап, тәуелсіздікке ие болған адам өмірі жайлы жырлауға ұмтылысы байқалады. YІ ғ. сыншы Чжуан Жун оны «дүниеден безген ақындардың көшбасшысы» деп есептейді. Тао Юань-миннен жаңа сипаттағы поэзия бастау алады.
Юань-миннің поэзиясы адамды жоғарғы адамгершілікке баулып, өлімге сабырлықпен қарауға үйреткен. Өз дәуірінен бұрын болған қытай жазушылары арқылы ғасырлар бойы жиналған адамгершілік құндылықтардың ең көркем көріністері Юань-миннің поэзиясында айқын жырланған. Солардың ішінен «Шабдалы бұлақ» шығармасын еркше атап өтсе болады. Бұл өлеңде бақытты шаруалар әлеміне түскен осыдан 500 жыл бұрын Цинь жауыздарынан қашып, қазіргі кезде барлығы да тең құқылы, мемлекет салығы жоқ қоғамда өмір сүріп жатқан балықшы туралы айтылады.
Юань-мин өлеңдерінде ойдың тереңділігі мен жарқындығы оның поэтикалық мәнерімен тығыз байланысты. Өзінің қарапайымдылығы, табиғатпен тікелей қарым-қатынасының астарында нағыз адам өмірі, яғни оның қуанышы мен қайғысы жатыр.
Се Лин-юнь (385-433) - пейзаж лирикасының асқан шебері. Бұл жанрдың қалыптасуы - ІY-Y ғ. қытай әдебиетіне тән сипаттардың бірі. Табиғат тамашаларын жырлау, оны тылсым күштердің аренасы, адамзат қауымының тіршілік-тынысы ретінде суреттеу пейзаж лирикасына тән тақырыптар. Бай, ақсүйектер ортасынан шыққан Лин-юнь көптеген елдерге саяхат жасап, өзін қоршаған әлемге, ондағы тұңғиығы мен терең сырларына үңіле қарайтын. Оның өлеңдерінен тірі суреттеулермен қатар кейде адам өмірінің тұрақсыздығы туралы буддизм элементтерін де, мистикалық бейнелерді де кездестіреміз. Тіпті ақынның мистикалық өлеңдерінде де табиғаттың жарқын көріністері суреттеледі.
Лин-юнь поэтикалық үлгісінің ерекшелігі онда көне конфуцийлік ілімнің негізінде жазылған кітаптардан алынған сөздер мен сөз тіркестерінің және параллельді стильдің қолданысқа түсуімен байланысты.
Хань әулеті тұсындағы юэфу дәстүрін ұлы ақын Бао Чжао (384-456) жалғастырып, одан әрі дамыта түседі. Ол Цао Пимен бірге YІІ-ІХ ғ. ақындардың шығармашылығында гүлдене түскен жеті сөзді поэзияның негізін қалады. Бао Чжаоның қуатты әрі мықты өлеңдері қытай поэзиясының дамуына әсер еткен. Ол халық кедейліктен туындаған түрлі аурулар мен аштықтан зардап шегуде, ал көптеген ақсүйектер байлыққа белшесінен батып, бақытты өмір сүруде деп налыған («Ежелгі дәстүрге еліктеу», «Тарихи өлеңдер»). Шекараларда қызмет ету, соғыс, Отан үшін жандарын құрбан етуге дайын жауынгерлер туралы өлең жолдарынан елдің солтүстік шекараларындағы жатжерліктердің жасаған жорықтары ақынды қатты толғандыратынын көре аламыз.
YІІ-ІХ ғ. Тан әулеті тұсындағы поэзия. 618 ж. бастап Қытайда 300 жылдай уақытқа созылған Тан әулеті билік басына келеді. Бұл әулет шаруалардың көтерілісін баса отырып, билікке ие болады. Тан императорлары жаңа мемлекет құрыла бастаған кездің өзінде-ақ халық күшін түсіне білген. Өзара жауласып жатқан жекелеген княздықтардың бірігуінің нәтижесінде ұлы Тан мемлекеті құрылады. Билік императордың қолында шоғырланады. Алғашқы императорлар елдің дамуы мен халық мүддесі үшін біраз іс-шаралар жүргізіп, қараусыз қалған жерлерді шаруаларға үлестіріп, ірі шонжарлардың билігіне шектеу қояды, қолөнер мен сауданың дамуына жағдайлар жасайды. Салыстырмалы түрде ел бір жарым ғасыр бойы тыныштықта өмір сүреді
Тан әулеті тұсындағы әдебиетшінің дүниетанымы да кеңейе түседі. Ақынның өмірлік тәжірибесі бұрынғыдай туған ауылы мен жақын арадағы қалашықтармен шектеліп қана қоймай, елдің барлық аймақтарында қайнап жатқан тіршілік пен түрлі жағдайларға қанық болады.
Y-YІ ғ. поэзияда оның мазмұнынына емес, сыртқы құрылымына баса назар аударылса, Тан әулеті тұсындағы ақындардың шығармашылығында өлеңнің құрылымы емес, оның ішкі мазмұны маңыздылыққа ие болады.
Тан поэзисының алғашқы сатысында төрт үздік ақын тұрады. Олардың ішінде Ван Бо (649-676) мен Лу Чжао-линьнің (637-689) алатын орны зор. Ван Боның атақты «Тан әулеті тұсындағы княздың сарайында» атты шығармасы алдыңғы кезеңдегі поэзияға тән түрлі-түстілік пен дерексіздікке қоса, қарапайымдылық пен қуаттылықты суреттейтін пейзаждар мен сезімдерге толы. Ол өз өлеңдерінде жай табиғатты суреттеп, достықты жырлап қана қоймай, сонымен қатар адамзатқа деген аяушылық сезімдерін де білдіреді. Ал Лу Чжао-линь өзінің «Чанъань – көнелікке еліктеу» атты өлеңінде сарай ақындарында әдеттегі үлгілерге қарсы келетін жағдайлар суреттеледі.
Шынайы жаңашылдықты Чэнь Цзы-ань (661-702) бастайды. Төрт үздіктермен бір кезеңде өмір сүрген Чэнь Цзы-ань олардан басып озады. Ол халық қамын ойлаған мемлекеттік шенеунік болып, императорға «мемлекетті басқаруда адамға тыныштық әкелуден қымбат ешнәрсе жоқ» деп, поэзияның да халыққа қызмет етуін талап етеді. Цзы-ань өзінің ақындық талантын халық ісіне арнаған мемлекеттік қайраткер ретінде және тұлғалық пен өлеңдері арасындағы үйлесімділігі жағынан үлгілі ақын болады. Өмірі мен шығармашылығындағы осындай үйлесімділігі арқылы алдағы кезеңдердегі поэзияда идеалға айналып, оның еңбектерінен кейін Тан поэзиясы дамудың жаңа сатысына шығады.
Әдебиеттің гүлденуі көп бөлігі бес сөзді өлеңдерден тұратын 260-тан астам өлеңдер қалдырған Мэн Хао-жань (689-740) поэзиясынан басталады. Хао-жаньның өміріндегі қиындықтар оның мемлекеттік қызметіне байланысты болған сәтсіздіктерінен туындайды. Ақын шығармашылығында басшылықтың әбігерлігінен құтылуда - игілік, табиғатпен тілдесуде - қайғылы қуаныш, адамның шынайы сезімдерінде - мейірімділік бар. Оның шығармашылығында кездесетін тақырыптар өзі өмір сүрген әлемнің шегінен шықпайды. Оның өлеңдерінде артық сөздер мен артық элементтер кездеспейді, онда тұтас өмірдің көрінісі ретінде адам мен табиғат бірге суреттеледі. Гао Ши (702-765) мен оған жақын ақындардың поэзиясында туған жердің кең даласы, адам тағдыры мен осы дүниенің қиыншылықтар туралы айтылады. Бұл ақындар терең болмаса да, халықтың қайға-қасіреттері туралы ойлана бастайды. Олар батырлардың қуанышқа толы жеңістерін суреттей келе, асыраушысы мен тірегінен айырылған отбасыларының басынан кешкен қиындықтары туралы жырлағанда, осындай ауыр құрбандықтар арқылы келген жеңіске деген күмән пайда болады.
«Пейзаждық» өнер арқылы қытай поэзиясында халық тағдырына айтарлықтай әсер еткен жорықтар мен соғыстарды көркем суреттеуге көмектеседі. Көптеген «пейзаждық» өлеңдердің авторы атанған ақын Цэнь Шэнь (715-770) табиғат пен адам толық тұтастықты құрайтын әскери өмірдің жарқын суреттерін дүниеге әкеледі. Ақынның шығармасында екі жолды және үш жолды шумақтар кезектесіп келеді.
Ли Бо шығармашылығында халықтың өмірі мен оның рухы жырланады. Мұндай ақындар өздері өмір сүрген дәуірмен тығыз байланысты болғанымен, олар халық жадында мәңгі қалады, олар өз ұлты туралы жырласа да, бүкіл әлем оларды толғандырады.
Ли Бо 701 ж. дүниеге келген. Жастайынан адамдарға көмектесуді армандаған ол сол дәуірдегі жастарға ерсі көрінетін өзге жолды таңдады. Ол үйінен кетіп, жалғыз өзі бөлек тұрған, әр жерге саяхат жасап, даосизмге қызыққан. Император оны шақырып «ханьлинь» (қазіргі академик дәрежесімен тең) атағын берген кезде ол қырық жастан сәл асқан еді.
Ли Бо Тан поэзиясын қамтитын барлық тақырыптар төңірегінде өлең жазған. Оның өлеңдерінде ерлік пен жауыздық басты назарда болады.
Әділетсіздікті әшкерелеу, адамдарға деген жанашырлық – классикалық қытай поэзиясына, әсіресе Ду Фудың (712-770) шығармашылығына тән сипат. Оның шығармашылығын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның 35 жасқа дейінгі өмірі үйренумен, жан-жағын танып білуменөтеді. Оның өлеңдерінен арманға толы жалынды жыр жолдарын, өзіне деген сенімділігін байқауға болады.
YIII ғ. II жартысында Ли Бо мен Ду Фудан кейінгі Тан әулеті тұсындағы үшінші ұлы ақын Бо Цзюй-и. Жаңа буын ақындарының алдыңғысы болған бұл ақын әділетсіздікке қарсы күресіп, шаруалар мүддесін қорғайды. Бо Цзюй-и (772-846) өлеңді жастық шағынан бастап жаза бастаған. Цзюй-идің әйгілі болған өлеңдерінің арасында елу «Жаңа халық әндері» мен «Цинь әндері» атты циклға жататын он өлең маңызды орын алады. «Жаңа халық әндерінің» тек тақырыптарынан оның бағытын анықтауға болады: «Шаруа мұңы», «Парақор шенеуніктерге қарсы»... бұл өлеңдер кейіпкердің монологынан тұрады. Онда ақын ресми түрде қалыптасқан өлең өлшемдерін бұзып, шумақтан тыс жаңа жол қосу сияқты тәсілдерді пайдалану арқылы «Цинь әндерінде» кездеспейтін еркін стильге жол береді.
Бо Цзюй-идің өлеңдері Қытай поэзиясының дамуы мен қытай әлеуметтік ойлау жүйесінің дамуында да жаңа белеске шығады. Онда шаруалардың өмір сүру деңгейінің нашарлауы да, Тан әулеті тұсындағы ақын-ойшылдардың маңызының өзгеруі де көрініс тапқан. Цзюй-идің сюжеттік өлеңдерінде өмірдің әрбір қыры көрсетіліп, типтік образдар пайда болған. Цзюй-и тек ақын ғана емес, сонымен қатар әдеби бағыттың негізін салған идеолог та болған. Оның көптеген лирикалық өлеңдері «пейзаждық» және «философиялық» сарында жазылған.
Тан әулеті тұсында пайда болған жанрлардың бірі – новелла. Ол қазіргі қытай әдебиетінде «чуньци»21 («таңғажайыпты жеткізу») деген атпен белгілі. Ғалымдар бұл термин Тан әулетінің соңғы кезеңінде (ІХ ғ. ІІ жартысы) өмір сүрген Пэй Синнің «Таңғажайыптар туралы әңгіме» («Чуньци») атты жинақтың атауынан шықты деп пайымдайды. Дегенмен бұл терминнің қай уақыттан бастап қолданысқа енгенін нақты анықтау қиын.
Бізге дейін Тан әулеті тұсындағы 79 әңгіме жеткен. Көптеген новеллистер бір-екі новелланың авторы ретінде ғана белгілі болған. Олардың саны біраз болғанымен (24), бізге жеткен новеллалар саны өте аз (мысалы, Тан әулетінің ерте кезеңіне тән Ну Судың 10 шиыршық қағаздан тұратын «Естігендер жайлы жазба» атты жинағынан бізге дейін тек екі новелла жеткен). 977 жылы құрастырылған Сун әулеті тұсындағы «Тайпин жылдарындағы ауқымды жазулар» атты әдеби жинаққа көптеген әңгімелер енгізілген.
Тан әулеті тұсындағы новелла - аса шеберлікпен айтылған таңғажайып оқиғалар. Ол анекдот, күнделік, өмірбаян сияқты ертедегі жанрларды өңдеу арқылы туындады. Новеллисттер тек қана өз шығармаларының атауларын ғана емес, сонымен қатар стилистикалық үлгілірін де ежелгі дәуірден мұра етті. Мысалы, кебір новеллалар стилистикасы жағынан тарихи хроникаларға жақын келеді.
Тан әулеті тұсындағы новелланың ерекше сипаты автордың тарихи нақтылыққа деген ұмтылысында жатыр. Автор оқырманды өзі айтқан әңгіменің шындығына сендіру үшін автор оқиғадағы кейіпкерлердің туысы немесе досы не болмаса онымен жеке таныс болғанын білдіру керек болған. Тіпті, кей жағдайда автордың өзі оқиғаның бас кейіпкеріне айналады (Лу Гун-цзоның «Өзен, таулар жөніндегі көне кітап» («Гу Юэ ду цзин») пен «Се Сяо-эның басынан кешкендері» атты шығармалары, Ван Дудың «Көне айна» және белгісіз автордан қалған «Өткен уақытқа саяхат» атты шығармаларында).
Бұл жанрдың ең гүлденген кезі YІІІ ғ. соңы болып есептелінеді. Сол ғасырда өмір сүрген жазушыларға Чэн Хун, Хао Юй, Ли Гун Цзо жатады. Чэн Хунның Сюань-цзунның билігі мен ару қыз Ян-гуйфэйдің қасіретті тағдырына арналған «Мәңгілік қайғы» мен «Шығыс астананы мекендеген қарттың әңгімесі» атты екі туындысы белгілі. Ал сол дәуірдегі атақты новеллисттердің бірі Ли Гун Цзоның «Нанькэ билеушісі» мен «Се Сяо-энің басынан кешкендері» және бұдан басқа екі новелласы бізге дейін жеткен. Осы кезде жазылған новеллалар жоғары әдеби сипаттары мен адамға баса назар аударуы арқылы ерекшеленеді.
Тан әулеті тұсындағы новеллистердің шығармаларында махаббат әлем билеушісі ретінде суреттеліп, байлар да («Ин-ин жайлы»), Чанъанидағы жастар да («Ару қыз Ли»), саудагерлер («Чжэн Дэ-линь») мен кәсіпқой әншілер де оның құрбанына айналады. Махаббат тақырыбындағы новеллалардың арасында құдайдың адамға деген («Кітапшы Цуй»), адамдардың адам бейнесіне енген жануарларға деген махаббаты («Сунь Кэ») суреттелетін әңгімелер де бар.
Бір қызығы, Тан әулеті тұсындағы новеллалардан бірде-бір жағымсыз кейіпкерді кездестіре алмаймыз. Себебі жазушылар оқырмандарына тек жақсы үлгі-өнеге көрсетуге тырысты. Тіпті, кейіпкерлердің кемшіліктерін баяндай отырып, оларды айыптамайды. Кейбір кейіпкерлерде қулық, қатыгездік, сараңдық пен әділетсіздік сияқты жағымсыз қасиеттер болса да, бірде-бір бас кейіпкерде мұндай жағымсыз қасеттер кездеспейді.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Конфуций ілімінің қытай әдебиетінде алатын орны
Қытай поэзиясында «дүниеден безіну» ұғымы
Тан әулеті тұсындағы ұлы ақындар
Сун әулеті тұсындағы поэзия
Қытай прозасының даму жолдары
Орта ғасырлардағы Жапон, корей және Вьетнам әдебиеттері
Шығыс Азия елдерінің арасында иероглиф жазуы әдеби шығармашылықта алғаш рет Кореяда Когурё, Пэкче және Силла мемлекеттіктері тұсында қабылданады. Кореяның ханмун тіліндегі жеке әдебиеті ежелгі қытай әдебиетінің жалғасы болады. Ең ежелдегі корей әдебиеті де бізге жетпеген (тек б.з. I ғ. жалғыз төрт шумақ өлең ғана). Алғашқы корейлік жазбалар саналатын хянга өлеңдері YI-YII ғ. жатса, корей поэзиясының тарихында осы күнге дейін өз маңыздылығын жоймаған IX ғ. өмір сүрген ақын Чхва Чхивонның ханмун жазуымен жазылған өлеңдері кейінгі уақытта да пейзаждық лириканың дамуына әсер етеді.
Нағыз корейлік жазу XY ғ. ортасында ғана құрылған. Сондықтан X-XII ғ. біз білетін ханмун жазуындағы поэзиямен қатар басқа да поэзия болған деп пайымдаймыз. Осы дәуірде Чон Джисан (XII ғ.), Ким Бусик (XI-XII ғ.) секілді ақындар жазған өлеңдерден феодалдық қоғамдағы Кореяның өмірі мен ғалым-әдебиетшілердің конфуций, буддизм, даосизм бағытындағы көңіл-күйін көре аламыз. Уақыт ағымымен бірге корей поэзиясының тақырыптық ауқымы да кеңейе түседі. XIII ғ. моңғол шапқыншылығы Корея жерінде даостық ойдың тууына және тақуашылдыққа әкеп соқтырғаны да поэзияда көрініс тапбады.
Ханмун жазуымен жазылған корей поэзиясында Ли Гюбоның (XII-XIII ғ.) шығармалары жоғары бағаланады. Оның өлеңдерінде ақынның еліне, табиғатқа деген махаббаты, әділетсіздік жайлы толғаныстары, өткен күндер жайлы поэтикалық повесть те беріледі. Ханмун жазуымен жазылған корей поэзиясы Ли Гюбо шығармаларымен аяқталады да. Ал Корё кезеңінде кең етек жайған каё өлеңдерінен 20 ғана сақталған.
Ұлттық өлең жанры сиджо – үш жолды, ұйқассыз өлеңмен жазылған шығармалар тек XIY ғ. пайда болады. Ең бастысы ханмун /Корей/, камбун /Жапон/, ханван /Вьетнам/ иероглифтік поэзия айтылуындағы сыртқы ұқсастығына қарамастан таза корейлік, жапондық және вьетнамдық болып бөлінеді. Олардың үлкен жетістікке жеткен қытай поэзиясымен қатар өмір сүруі формасының нәзіктігі жағынан ғана емес, сонымен қатар мазмұнының күрделігі жағынан да жоғары дәрежеді тұрғанын көрсетеді.
Жапония - Y ғ. Корея арқылы қабылдаған иероглифтік жазуды көп өзгеріссіз ІХ ғ. ойлап табылған буындық жазумен қоса сақтаған жалғыз мемлекет. Камбун жазуындағы «Кайфусо» деп аталатын ең алғашқы өлеңдер жинағы 751 жылы құрастырылған. Негізінде, YІІІ ғ. Акахито, Яманоэ, Окура сынды ұлы ақындардың шығармашылығы жапон әдебиетінің тарихи жүйесіне бастау болады. Дәл Нара кезеңінде көзқарасының тереңдігімен, жанашырлығы, талғамының нәзіктігімен сипатталған жапон поэзиясының негізі қаланады.
Буддизм мен конфуций ілімі Жапонияда YІ ғ. бастап кең тарала бастайды. Сол уақытта Корея мемлекетімен мәдени қарым-қатынасы нығайып, Қытаймен миссия алмасу үдерісі жүргізіліп жатты. Жапония қытайлық конфуций ілімінің әлеуметтік схемасын қабылдай отырып, өзінің мемлекеттік тәжірибесінде жапон қоғамындағы таптық бөлініске шек қойылмайтындай етіп оның бастапқы негізіне өзгерістер енгізеді. ҮІІІ ғ. өзінде жапондықтар қытай поэзиясын, кейінірек корей поэзиясын да өте жақсы білген. «Кайфусо» пайда болуынан бірнеше жыл өткен соң, өзінің әдеби күшінің ерекшелігі және өлең шумақтары саны жағынан өзгеше, өткен ғасырлардағы жапондық өмірдің энциклопедиясына айналған, жапондық поэзияның ұлттық антологиясы «Манъесюдің» пайда болуы да таңқаларлық құбылыс емес. Ортағасырлық корей және въетнамдық әдебиетте алғашқы орынды иеленген иероглифтік /ханмун-ханван/ поэзиясына қарағанда, камбунның ықпалымен тек Жапонияда ғана кең тараған өлең үлгісі танка басым орынға ие болады.
Х ғ. Микадоның бұйрығы бойынша «Манъесюдан» кейін «Кокинсю» антологиясы құрастырылған болатын. «Кокинсю» жинағында жапондық өлең үлгісі танка дамудың шарықтау шегіне жетсе де, «Манъесюдағы» өлеңдермен салыстырғанда өзіндік ерекше әсемдігін жоғалтып алады.
Корея мен Жапония секілді Вьетнам да ежелгі мәдениет орталығы саналғанымен, ондағы әдеби «санақ» салыстырмалы түрде кешірек, яғни Х ғ. вьетнамдықтардың тәуелсіздік алып, өзіне тиесілі мәдени мұраны бөлуге мүмкіндік алғаннан кейін басталады. Феодалдық Вьетнам мемлекеті Ли (1010-1225 ж.) - Чан (1225-1400 ж.) дәуірі деп аталатын төрт ғасыр аралығында негізі қаланып, нығая түседі. Ли-Чан кезіндегі әдебиеттің өзінде вьетнам әдебиетінің тарихында белгілі бір маңыздылыққа иеленуге мүмкіндік беретін сыртқы және ішкі ерекшеліктері бар. Бұл көбінесе ханван жазуымен жазылған әдебиет. Ал ұлттық жазу (ном) әдебиеті кейінірек ХІІІ ғ. пайда болады. Ханван жазуының номнан кейін де, ХYІІ ғ. енгізілген латындық жазудан кейін де өз құндылығын жоғалтпағаны атақты Хо Ши Миннің ханван жазуымен жазылған өлеңдерінен байқалады.
Соғыстарда өз тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында үлкен батылдық көрсеткен Вьетнам тарихы мәдени құндылықтардың сақталып қалуына өз септігін тигізген жоқ. Вьетнамға Ли-Чан кезеңінде, ХІІ ғ. қытайлық Сун әскерлері, ХІІІ ғ. моңғолдардың қол астында болған Қытайдың юань әскері басып кіреді. ХY ғ. басында Қытайдың мин әскерінің жаулаушылық соғыстары нәтижесінде жоғарыда аталған басқыншылар кезінде сақталып қалған мәдени құндылықтардың көбі жойылып кетеді. Осылайша Вьетнам әдебиетіндегі шығармалар мен өнер құртылып, қолжазбалар түрінде сақталып келген бірең-сараң ескерткіштер әлі күнге дейін толық табылмаған. Қолда бар шығармалар ортағасырлық вьетнам қоғамының өмірі мен күрестері, рухани айқындылық пен халықтың сана-сезімі, ішкі жандүниесі мен өмірге көзқарасын биік дәрежеде жеткізушілер (авторлар) жайлы айтарлықтай мағлұмат береді.
Көбінде буддистік монахтар болған авторлар тегі жағынан жай қарапайым халықтан, жоғары тап өкілдерінен, әскер басылары, басшылар мен мырзалардан шығуы әбден мүмкін. Мұнда да Корея немесе Жапониядағыдай монахтар мемлекеттің ең алғашқы ақындары болған. Буддизм Вьетнам территориясына ІІ–ІІІ ғ. Үнді елінен Қытайға баратын діни адамдар арқылы тараған, олардың арасында санскритті жақсы меңгергендері де болған делінеді. Олар Қытай және Үнді монахтарына аудармашылық қызмет көрсеткен, Х ғ. өзінде-ақ Тхиен (қытайша-чань, жапонша-дзэн) буддистік мектебі жұмыс істей бастаған. Монахтар патшалардың кеңесшілері болған, ал патшалар мен олардың мұрагерлері монах бола бастайды. Монахтар өлеңдері буддистік уағыз бен ақыл-кеңестер ретінде қолданылған. Олар нәпсіге салынбауды және даосизмдегі жалғыздануға да шақырған. Бірақ поэзияның өзі және оның образдық жүйесі монахты табиғатты тамашалауға жетелеп, тамаша сәттерді көркем ой тәлкегінен өткізуге итермелейді. Осы кезде буддизм мен даосизмнің заңдылықтарынан тыс вьетнамдық поэтикалық суреттемелер мен зиялы қауымның шығармалары пайда болады.
Жапония, Корея мен Вьетнамға қарағанда иероглифтік жазуды басқа жазумен алмастырмай, тек буындық әліпбиді ойлап тапқан болатын. Сонымен қатар Жапония Корея мен Вьетнамға қарағанда, айтарлықтай ерте кезден камбун жазуымен жазылған шығармаларды төл әдебиетінен кейінгі екінші орынға қояды. Бұл құбылыс, әсіресе, прозада ерекше байқалады. Камбуннан бөлініп шыққан, ең алғашқы және ең керемет үлгілер Х ғ., яғни фольклорлық негізде қалыптастасқан ең алғашқы «Такэтори моногатари» атты ұлттық повестьтен екі жүз жылдан кейін пайда болған. Жапондық прозаның ерекшелігі де осыда. Ауқатты тап өкілдерінің ішінде ер адамдар камбун жазуымен жазып, танка өлеңдерін шығарған, ал жапондық көркем проза қытай мәдениетінің ықпалымен әйелдерге тиесілі болған.
Осылайша, жанры бойынша «қытайлық нақыл сөздерге» туыстас жапон әдбиетіне тән танымал шығармалар, оның ішінде Сей Сенагонның «Жастық астындағы хаттар» еңбегі пайда болды. ХІ ғ. басында сарайдағы ақсүйектер қатарына жататын Мурасаки-Сикибу атты әйелдер жазған Жапон классикасының ұлы кітабы «Гэндзи моногатари» романы жарық көреді. «Гэндзи моногатари» өзінің бақылау нәзіктігімен және өмірге деген шынайы көзқарасымен кейінгі әдебиеттің жетістігі ретінде оқырмандарды тамсандырған. ХІІ ғ. бастапқы кезеңінде «Кондзяку моногатари» атты әңгімелер жинағы кеңінен таралады. Бұл жапон әдебиетінде демократиялық тендециялардың көрініс тапқанының бірден бір белгісі бола отырып, тек қана сауатты қауым емес, қарапайым халық та қол жеткізе алатын әнгімелерді қамтиды. Кейін осы шығарманың халықаралық құндылығы да мойындалады. ІІІ-ХІІІ ғ. аралығы Корея мен Вьетнам үшін поэзияның ең гүлденген дәуірі болады.
Келесі ғасырларда осы мәдени аймақтарда әдебиетте Қытайда юань жанрындағы драманың және ханмун мен ханван иероглифтік прозаның, Жапонияда дзуйхицу жанры мен Но маскалар театрына арналып жазылған бір актылы поэтикалық драмалар және камбун жазуымен жазылған шығармалардың дамуы сияқты жаңа құбылыстар орын алады.
794-795 ж. 80 жылдан астам уақыт бойы Нара қаласында орналасқан Жапония астанасы, император және зиялы Фудзивара тегінің басшылығымен оның жанындағылардың мекеніне айналған басқа (Киото) қалаға көшіріледі. Жаңа астана Хэйан («бейбітшілік пен тыныштық») деп аталған және сарай ақсүйектерінің басшылық еткен ХІІ ғ. соңына дейінгі кезең жапон тарихында Хэйан дәуірі деп аталады. Осыдан соң билік басына әскери-феодалдық тап пен ел басқару ісі әскербасының (Сегун) қолына көшеді. Осы кезеңде пайда болған әдебиет жапон мәдениетінде классикалық кезеңді құрайды.
Хэйан дәуірінде жапондық көркем әдебиетінің пайда болуында, әсіресе, әйел авторлар үлкен рөл атқарады, бірақ олар қытайлық ақындық мәдениетпен жақсы таныс болғанымен, конфуций ілімінің әдеби қағидаларымен байланыстары айтарлықтай күшті болмайды. Ал ер адамдардың көбі шығармаларын әлі де қытай тілінде жазады. Осы әйелдер «легі» Х-ХІ ғ., яғни жапон ортағасырлық әдебиеттің жоғарғы дамыған кезеңіне жатқызылады.
X-XI ғ. Хэйан дәуірінің әдебиеті сарай және аристократиялық ортамен байланысты болады. Хэйандық сарайлар әр түрлі діни салттардың, салтанатты әрі сәнді ақсүйек өмірі мен түрлі ойын-сауықтардың, оның ішінде кото аспабында ойнаудан музыкалық жарыстар өткізу мен сурет салу өнерінің ордасы болады.
Хэйан дәуіріндегі буддизмге Нара кезеңіндегі аскетизм, мемлекет өміріне және мәдениетіне деген қызығушылық тән. Хэйан дәуіріндегі жапон ұлттық буддизмі формасының барлық қасиеттері (синкритизм, пантеизм, адамзатқа Жаратушы күштің әсері бар екендігін мойындау, діни шыдамдылық, эстетизм) әдебиет пен мәдениеттің дамуына әсер етіп, өзінің тарихи маңызы жағынан адам тұлғасының эмансипациясының элементтерімен, батыс еуропа куртуаздық мәдениетінің діни догматикасынан бастап салыстыруға болады.
Буддизм (барлық тіршілік иесіне деген жанашырлық және карма идеясы, яғни осы және өткен өміріндегі амалдары үшін жауап беру) мен синтоизмнің (пантеизм, аграрлық магия мен табиғат күштері) және конфуций ілімінің (пайдалы білімнің көзі, әдеп нормаларының жүйесі) кейбір элементтерінің бірігуі Хэйан мәдениетінің идеологиялық негізін құрайды. Өмірді синтоисттік тұрғыда қабылдау, табиғаттың негізі мен буддистік көзқарастардың қиылысында хэйандық әдебиеттің негізгі эстетикалық тұжырымдамасы пайда болады. Ол атақты формула «моно но аварэмен» («баурап алушы») белгіленеді.
Хэйан дәуірі поэзияның одан әрі дамуына әсер етуін тоқтатпады, дегенмен бұл дәуір әдебиеттегі баяндау жанры арқылы, әсіресе өлеңдер мен нақыл сөздерге бай шығармаларымен белгілі болған. Бұл әдебиет түрі көбінесе моногатари деп аталатын нейтралды атаумен аталады. Көбінесе ертегілік сюжеттерден бастау алатын денки-моногатари (сиқырлы повесть) архаикалық сөздерге бай және еркін стильде жазылған. Одан кейін ута-моногатари пайда болады, яғни өлең жолдары арқылы бірте-бірте өрби түсетін әнгіме.
Көркем проза ІХ ғ. авторы белгісіз «Такэтори моногатари»22 («Қарт Такэтори туралы повесть») атты повестен кейін пайда болды.
Жапондық прозаның тағы бір шығармасы «Отикубо моногатари»23 («Отикубо сұлу жайлы») да фольклорлық негізден бастау алады. Оның авторы деп Минамото-но Ситагауды (903 ж. қ.б.) айтады. Повесте халық арасында кең таралған қатал өгей анасының сұлу және ақкөңіл қызын тығырыққа тіреу мотиві қолданылған. Қызды лас киіндіріп, еденсіз қараңғы шағын бөлмеге (отикубо) қамап қояды. Осыдан қызды «Отикубодан шыққан ару» деп атап кетеді. Шығарманың атауы да осыған байланысты шыққан.
Ертегілерден бастау алатын фантастикалық жанрдағы шығармалар қатарына Х ғ. соңында жарық көрген «Уцубо моногатариді» («Қуыс туралы повесть») жатқызуға болады. Онда сарай өмірі көркем суреттелген. Атақты Фудзивара отбасынан шыққан Тосикаге Қытайға жіберіледі. Жолда кейіпкер кеме апатына ұшырап, түрлі шытырман оқиғаларға тап болады. Құдайлар мен мейірімді рухтардың көмегімен сиқырлы котоны (музыкалық аспап) үйіне әкеледі. Ол қайтыс болған соң, артынан қалған жалғыз қызы қараусыз қалған үйде бір өзі өмір сүріп, котода ойнайды. Сол жерден қызды министрдің баласы Вакако-Кими көреді. Қыз одан бір ұлды дүниеге әкеліп, ұлымен бірге ағаш қуысында өмір сүреді, оларға мейірімді маймылдар көмекке келеді. Оқиға соңы сәтті аяқталып, бас кейіпкер аңшылық кезінде ғашығы мен ұлына кез болып, оларды астанаға алып келеді. Кейін оларға арнап зәулім сарай тұрғызады.
Осы туындыда ең алғаш рет шығарманың бөлімдері «Тосикаге», «Атэмия» және «Күздің басталуы» сияқты атаулармен аталады. Шығарманың бөлімдерін атаудың бұл тәсілі кейінірек атақты «Гэндзи моногатари» романында қолданылады.
ІХ ғ. соңындағы ғажайып повестермен қатар өлеңдік циклдегі повестер де пайда болады. Осы сынды шығармалар «аристократиялық» әдебиетпен байланысты. Бұл бағыттың пайда болуына түрткі болған «Исэ моногатари». Бұл шығарманы кейде «өлеңді повесть» деп те атайды, себебі оның 125 кішкене бөлімдерінің әрқайсысы бір немесе бірнеше танкадан және аз ғана прозалық мәтіннен құралған. Повесте атақты ақын Аривара Нарихиронның махаббат хикаялары, тарихы мен өмірбаяны баяндалады. Өлеңдер оның отбасылық жинағынан алынғандықтан, автобиография жанрындағы повестің авторы Нарихара деген көзқарас туындады. «Исэ моногатари» беттерінде, танка және қысқаша прозаикалық мәтіндерде уақыттарын эстетикалық рахаттану, музыкамен айналысу, өлең жазу, табиғат сұлулығын тамашалаумен өткізетін адамдар образы суреттеледі. Ерлер мен әйелдер арасындағы нәзіктік, жақсы талғам, сұлулыққа ұмтылыс алға қойылады. Аривара Нарихараның өзі махаббат романының үлгілі кейіпкері, ол тек қана ақын емес, сонымен қатар махаббат өнерінің майталманы, сымбатты бозбала ретінде де бейнеленеді, әдеби дәстүр де сол бейнені сақтап қалады.
«Исэ моногатари» және Х ғ. пайда болған әңгімелер жинағы «Яматао моногатари» әлі бастапқы сатыда болғанымен, хэйан дәуіріндегі әдебиетке тән сипаттарға ие болады. Бұл сипаттар күнделік жанры мен көлемді романдарда айқын білінеді.
Хэйан дәуірінің атақты ақыны Ки-но Цураюки (865-945 ж.) өзінің «Тоса никки» («Тосадан жеткен саяхат күнделігі», Х ғ.) атты шығармасын «Күнделіктерді ер адамдар жазады деген пікір қалыптасқан. Ал қазір бұл іске әйел адамдар да талпынуда» деген сөздермен бастайды. Неліктен автор өзін «әйел» ретінде бейнелегісі келеді? Мүмкін Ки-но Цураюки шығармасының бұл жанрдағы басқа шығармалардан айырмашылығын мойындағандықтан шығар. Өйткені ол сарайдағы әдет бойынша күнделікті болған істі жазып отырған жоқ, ол лирикалық хаттарды жазған. Ки-но Цураюки 930-935 ж. аралығында губернаторлық қызмет атқарған Таса провинциясынан (Сикоку аралы), Киото астанасына қайтып келеді. Саяхат кемемен жүзеге асырылады, жолаушылардың көз алдында табиғаттың керемет көріністері өтіп жатады, бірақ «күнделік» мұң мен зарға толы, өйткені Тосада ақынның кішкентай қызы қайтыс болады. Жолаушылардың ақынның көңілін көтеру үшін айқан әзілдері, қойған ойын-сауықтары, құрастырған өлеңдеріне қарамастан, Ки-но Цураюкидің ойынан қайғылы оқиға кетпейді.
Х ғ. соңында тағы да осындай шығарма «Кагэро никки» («Баянсыз өмір күнделігі») пайда болады. Авторы сұлулығымен даңқы көкке шыққан хэйандық дәуірдің ұлы ақыны болғанымен, оның нағыз аты белгісіз. Ол шамамен 60 жасында, 995 ж. қайтыс болған. Оны әдетте Митицуна-но хаха, яғни «Митицунаның анасы» деп атайды. Автордың күйеуі атақты Фудзивара әулетінен шығып, император сарайында министрлік қызмет атқарған, бірақ ақын отбасылық өмірде бақытсыз болып өтеді. Күйеуі мен басқа әйелдердің арасындағы махаббат ойынынан шаршаған ақын өмірінің көп бөлігін жалғыздықпен өткізеді.
21 жылға (954-974 ж.) созылған уақыт аралығында болған оқиғалар баяндалған бұл күнделік өлеңдерге толы және онда автордың өмірдің баянсыздығы туралы мұңды ойлары келтірілген. Ақынға қоршаған орта «түсініксіз» болып көрінеді, барлығы да тұманмен қапталғандай көмескі, ал өткен жайды еске алу, күйеуімен бірге өткізген шақты еске алу тек көз жасын жамбырдай жаудырады. «Барлық дүниенің қаншалықты тұрақсыз екендігі жайлы ойлана бастасаң, оның бар-жоқтығын түсінбей қаласың» сөздермен «Дегелек күнделігі» жазылған.
Біз көптеген көлемді үлкен күнделіктердің авторлары атақты ақындар, әсіресе әйел ақындар болғанын көре аламыз. Олардың күнделіктері өлең үстемелеріне бай және осы арқылы хэйандық күнделіктің лирикалық сипатын арттыра түседі. Осылайша, қарастырылып отырған кезеңдегі Жапон әдебиетінде түрлі жанрлар дами түседі. Тұрмыстық жайларға негізделіп жазылатын повесть ертегіден бөлініп шығады. Жеке адамның өміріне, ішкі сезімдеріне, толғаныстарына деген қызығушылықтың нәтижесінде лириканың бай тәжірибесін өзіне сіңірген күнделік жанры пайда болады. Повестермен қатар күнделіктер де кейіннен романның пайда болуына жол ашады.
ХІ ғ. басында Мурасаки Сикибу «Гэндзи моногатари»24 романын жазып бітіреді. Асқан әдеби шеберлігімен таң қалдыратын бұл шығарманы тек жапондық әдебиеттің ғана емес, бүкіл әлемдік әдебиеттің де керемет құбылысы деп санаған жөн. Ол батыстық әдебиет немесе тарихи батылдық повестер (Қытай) сияқты ортағасырлық дәстүрлі батырлар жырын аттап өту арқылы емес, керісінше, өзінің пайда болуына дейінгі жапон әдебиеті жинақтаған тәжірибенің синтезі ретінде пайда болады. «Гэндзи моногатаридің» Еуропаның куртуаздық романында да, Таяу және Қиыр Шығыстың романдық эпосында да теңдесі жоқ шығарма.
Жапон ғалымдарының бірнеше жылдарға созылған зерттеу жұмыстарына қарамастан, жазушы Мурасаки Сикибудың өмірбаяны туралы нақты мәліметтер жоқ. Тіпті, автордың шын аты да белгісіз болғанымен, бірнеше пайымдаулар бар. Жазушыны өзінің бас кейіпкері Мурасакидің атымен атайды. Ал Сикибу деген сарайда қызмет ететін әйелге берілетін атақ. Романның пайда болған уақыты да нақты көрсетілмейді. Мурасаки өз еңбегін шамамен 1010 ж. аяқтаған (кейбір нұсқаларда 4-5 жыл ерте көрсетіледі).
Мурасаки атақты Фудзивара әулетінің төменгі тармағынан шыққан. Оның арғы аталары әдебиет жағынан талантты адамдар болған, тіпті оның әкесі Фудзивара Тамэтоки атақты ақын болған. Оның өлеңдері Фудзиваралардың бірі құрастырған «Поэзияның отыз алты данышпаны» атты антологиясына енген. Оның арғы атасы Фудзивара Канэскэ хэйань дәуірінің соңғы кезеңінде белгілі болған «Цуцуми тюнагон моногатари» атты әңгімелер жинағының авторы болған. Мурасаки бала кезінен түрлі ғылымдарға жақын болып, керемет есте сақтау қабілетімен көзге түседі.
Жазушының туылған жылы да шамамен 978 ж. деп айтылады. Өзінің айту бойынша, 22 жасында алғаш болып өзінің әдеби жазушылық таланттын байқаған Фудзивара Нобутакаға күйеуге шығады. Екі жылдан кейін күйеуі қайтыс болып, кішкентай қызымен жалғыз қалады. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін де ол бастаған романын аяғына дейін жазып бітіру үшін еңбектенеді және сарайлық қызметке келген уақытында ол талантты жазушы және қытай әдебиетінің білгірі ретінде танымал болады. Сондықтан Мурасаки жай ғана фрейлина болған жоқ, ол жас патшайымының жетекшісі ретінде де қызмет атқарады, онымен бірге қытай өлеңдерін оқумен айналысады. 1013 ж. жазушы сарайлық қызметтен бас тартып, 1014 ж. қайтыс болады.
Хэйан қоғамына тән сипаттар осы дәуірдегі атақты «Жастық астындағы хаттар» («Макура-но соси», ХІ ғ.) атты шығармада көрініс тапқан. Оның авторы Мурасакидің замандасы - Сэй Сенагон.
Сэй Сенагонды бір қарағанда қарапайым әрі әдеттегідей болып көрінетін заттар мен құбылыстар қызықтырғанымен, жазушы олардан таңғажайыптық пен ерекшелік көреді, оларды тосын сыйлық ретінде қабылдай отырып, өзіне жаңа әлем ашады. Тіпті, шығармадағы әр бөлімнің атауы да жаңалықты нұсқайды. Сэй Сенагон болмашы нәрселерді де өз назарынан тыс қалдырмайды. Сэй Сенагонның «Хаттар» атты шығармасы формасы жағынан тамаша туынды. Бірақ жазушы өз шығармасында батыл түрде хэйандықтарға тән сипаттардан толық бас тартады. Тіпті өзінің «Хаттар» шығармасының соңында «басқалар жамандайтын нәрсені мақтап, ал оларға мақтаған нәрсені жамандағаны» айтылады. Сол дәуірде Гэндзи туралы роман халық арасында кең қолдау тапса, Сэй Сенагонның «Жастық астындағы хаттар» туындысы әдеби шығарма ретінде үлкен сынға ұшырады. Ол поэтикалық сезімдерді үлгі етпейтін, керісінше әрбір нәрсенің теріс жағын көрсететін, ирония мен скептицизмге толы шығарма деп айыпталған. Хэйан қоғамындағы күнделікті, үйреншікті әрекеттердің бірі танка құрастыру болды. Онсыз табиғатты бақылау да, ғашықтық қатынастар да, тіпті қарапайым сарай қызметін де жүргізу мүмкін емес етін. Сол уақыттарда шағын өлең шумағы танка адамның қуанышы мен жанкүйзелісін, өмірдегі келеңсіз жайттар мен философиялық ойларды көркем жеткізу тәсілі болады. Осы дәуірде сарайларда поэтикалық жарыстар ұйымдастырылып, бірнеше поэзиялық анталогиялар құрылып жатты. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы Х ғ. басында Ки-но Цураюки және тағы да басқа үш ақынның көмегімен құрастырылған «Кокинсю»25 (толық аты «Кокинвакасю» - «Жаңа және ескі жапон өлеңдер жинағы») шығармасы.
Хэйан дәуірінің кейінгі кезеңдерінде тағы да бір көлемді шығарма пайда болады. Ол – аңыздар мен ертеден келе жатқан ертегілер жинағы – «Кондзяку моногатари»26. Оның авторы белгісіз. Алайда ол туындыны құрушылардың бірі Удзи (Киото жанында) жерінде туылған Минамото-но Такакуни (1001-1007) болған деген пікір бар. Ол әрбір жолаушы мен саяхатшыны өзіне шақырып, олардан естіп білгендерін әңгіме етіп жазып, кітап құрастырады. Такакунидің дайнагон (үкіметтің ірі шенеунігі) шені болады. Оның бастапқы жинағының аты «Удзи-дайнагон моногатари» («Удзиден шыққан дайнагон туралы повесть»). Бірақ бұл жинақтағы әрбір әңгіме «Қазір емес ерте кезде» (кондзяку) деп басталады. Сондықтан тұтас кітапқа «Кондзяку моногатари» аты берілген.
Хэйан ақсүйектерінің билік ету кезеңі 4 ғасырға созылады. Ақсүйектердің сарай өмірімен ғана тұйықталып, шектелуі олардың тарих сақынасынан кетуіне әкеліп соқтырады. Оған қоса ақсүйектер тарапынан қанауға ұшырап, ел дамуының экономикалық негізі болған шаруалар елдің солтүстік-шығысында пайда болған жеке жер иеліктеріне қарай жаппай көше бастайды. Бұл жерлерде самурайлардың әскери-феодалдық табы қалыптаса бастайды. «Бейбітшілік пен тыныштық» дәуірі деп аталған Хэйан дәуірі, шын мәнінде, билік басындағылар мен шаруалар арасындағы қырқыстарға толы болады. Орталық билік пен феодалдар арасындағы қарым-қатынаста қиын жағдайда еді. ХІІ ғ. соңында самурайлар ежелгі ақсүйектердің билігін жойып, Жапония билігін өз қолдарына алады.
Қоғамдағы осындай аласапыран оқиғалар мен түбегейлі өзгерістердің нәижесінде әдебиет те айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Корей поэзиясының тақырыптық аясы.
Жапон поэзиясының ұлттық антологиясы «Манъесюге» тоқталыңыз.
Ли-Чан дәуіріндегі вьетнам әдебиеті.
Жапон прозасындағы «моногатари» жанры.
Таяу Шығыс пен Орта Азияның ортағасырлық әдебиеті
YI ғ. соңы мен YII ғ. басында Арабия жарты аралын мекендеген бәдәуи тайпалары экономикалық дағдарысқа ұшырайды. Судың жетіспеушілігі отырықшылыққа, егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне жайылым, жер, су аздығынан бір тайпа, екінші тайпамен қақтығысып, оқтын-оқтын жауласып та отырған. Мекке Араб жарты аралындағы кішігірім шаһары арқылы сол кездегі өте ірі керуен жолы өтетін. Ислам діні әуелі Мекке қаласынан тарады.
YІІІ ғ. соңына қарай араб шапқыншылығы нәтижесінде Орта Азия, Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Батыс Еуропаның алып территориясы арабтарға тиесілі болады. Бұл үлкен тарихи маңызды оқиға болатын. Көп бөлігі алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүріп жатқан араб тайпаларының бірігуі ислам дінінің негізінде жүреді. Жаулап алынған елдерде ислам дінін күштеп енгізу болмаса да, халықтардың көбі өз еріктерімен мұсылман болып жатты.
Құран – араб тілінде «көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жаратушының ақыретке дейін келіп- кетер барша адамзатқа тура жол көрсету үшін соңғы пайғамбар Мұхаммедке с.ғ.с. уахи арқылы түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Аллаһтың Елшісі с.а.с. - сол кітаптың түсіндірушісі. Құран – қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемаларға шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, тылсым ғаламның мән-мағынасын ашып, адамзатқа жүктелген төл міндетін түсіндіретін, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап.
Құран Кәрімнің айат және сүрелерден тұратыны белгілі. Ал айат сөздікте - ишарат, анық белгі, дәлел, мұғжиза, нышан, ғибрат мағыналарын қамтиды. Негізінде Аллаһ тағаланың бар екенін танытатын әрбір зат айат болып саналады. Құран айаттарының саны шамамен 6200, Құран сөздерінің саны 77934 екендігі анық.
Айаттардан құралған Құранның бөлімдері «сүре» деп аталады. «Сүре» - сөздікте жоғары мәртебе, абырой, биік ғимарат, яки ғимараттың қабаттары, қамал деген мағынаға саяды. Терминдік мағынасына келсек, «айаттардан тұратын басы мен ақыры бар жеке Құран бөлімі». Өйткені Құран қаланған кірпіштердей бір-бірін сүйеген айаттардан тұратын қаланың биік қамалына ұқсайды. Құранда 114 сүре бар. Ең қысқасы - үш айаттан тұратын «Кәусар» сүресі. Ал ең ұзағы - 286 айаттан тұратын «Бақара» сүресі. Сонымен қатар Қасиетті Құран сүрелері меккелік және мәдиналық болып екіге бөлінеді. Өйткені алғашқы айаттар Меккеде түскендіктен меккелік сүрелер деген атау берілген. Меккелік айаттар мен мәдиналық айаттар арасындағы айырмашылықтарды мынадан байқауға болады. Арабтар Исламнан бұрын азды-көпті 300-ден астам пұтқа табынған. Құран оларды тәухидке, Аллаһ Тағаланың барлығы мен бірлігіне шақырып, пұтқа табынушылықтың жалғандығын дәлелдеп берді. Құран Кәрімде қамтылған мәселелерді төмендегідей топтап түсіндіруге болады.
1. әл-Улуһия - Тәухид мәселесі, яғни Аллаһтың бірлігі мен барлығы және Оның құдіреті туралы баяндар.
2. ан-Нубууа - Пайғамбарлық жайлы және жалпы пайғамбарлар өмірлерінен өнеге бере отырып, олардың негізгі міндеттерін білдірген баяндар.
3. әл-Адала уә-л-ғибада - Ислам дінінің негізгі ұстанымдары болып табылатын әділдік және ғибадат /құлшылық/ хақында. Қоғамдық өмір сүру заңдылығы, сауда-саттық, азаматтық құқық пен жазалау т.б. мәселелер.
4. әл-Ахира- Ақырет күні жайлы, барша жан иелерінің бір жерге жиналып, есеп беретін күнгі жағдайаттар мен өлімнен кейінгі өмір туралы ашық баяндар.
Құранда Библия мен Інжілде айтылатын түрлі оқиғалар да көп кездеседі. Мысалы, Адам ата мен Хауа ананың құдай алдында күнәһар болуы, иудалықтардың Египет перғауындарына тұтқынға түсіп, одан құтылуы мен Лұқман әкім туралы, Худ пен Салих секілді пайғамбарларды тыңдамай Аллаһ қаһарына ұшыраған Ад, Самуд секілді тайпалар жайы да қызықты әңгімеленеді.
И.М. Фильштинский зерттеулеріне қарағанда, Мұхаммед с.ғ.с. қайтыс болғаннан кейін (632 ж.) Құран мәтіні жиналып тарауларға бөлініп, редакцияланған. Әуелгі халифалар Абу Бакр мен Омар Қасиетті Кітап сөзін жинап, хатқа түсіруді пайғамбардың ізбасары Заид ибн Сабитке тапсырған. Өйткені ол «Мұхаммед с.а.с. айтып еді» делінген әңгімелердің бәрін жатқа білген. Сөйтіп, Құранның бір ізге түсіп, жүйеленген нұсқасы канонға айналдырылған.
Құран араб тілінің сақталып қалуы мен өзге елдерге тарауы, араб тілінің грамматикасының қалыптасуына барынша әсер етті. Кейінгі ғасырларда өмір сүрген шығыстың көптеген ақын, жазушылары, шежіреші, тарихшы, географтары Құраннан көп дәйектемелер алып, оны өз шығармаларында пайдаланған. Құранның пайда болуы әр түрлі араб диалектілерінің алшақтығын жойып, біртұтас араб әдеби тілінің қалыптасуына игі ықпалын тигізген.
Мұхаммед с.а.с. қайтыс болған соң оның өмірін баян ететін сандаған шығармалар - хадистер пайда болады. Хадистерге сүйеніп Құранға түсіндірмелер (тафсир) жазылды. Мұхаммед с.а.с. өмір жолын мазмұндайтын әңгімелер (сира) туды. Хадистер жинағы мен Мұхаммед с.а.с. игі істері туралы баяндайтын әдебиет сунна деп аталды. Осылайша, Құран мен Сунна Ислам дінің екі қайнар бұлағы болды.
Кіші және Орта Азия мен Солтүстік Үндістандағы (қазіргі Пакистан) ислам дінін ұстанатын халықтардың мәдени дәстүрлерінің ұқсастығы Құранның кең таралуы мен теократиялық мемлекет халифаттың қалыптасуына әкеледі. Осының негізінде, шартты түрде «мұсылман мәдениеті» деп аталатын мәдениеттің негіздері пайда болады. Тек умаййалар дәуірінде (661-750) ғана қысқа уақытқа жергілікті дәстүрлер алдыңғы шепке шықса, ІХ-Х ғ., аббастықтар билік басына келген тұстан бастап Иран мен Орта Азияда мәдениет қайта жанданып, араб мәдениетіне әсер ете бастады. Жергілікті әдеби және діни дәстүрлер исламдағы түрлі оппозициялық секталар мен философиялық ағымдардың негізі болады.
«Ортағасырлық араб мәдениеті» мен «мұсылман мәдениеті» деген ұғымдарды қолданғанда аса сақ болу қажет және бұл екі ұғым бір-бірімен теңдестірілмейді. Араб мәдениетінің қалыптасып, дамуына тек қана арабтар емес, сонымен қатар сириялықтар, коптар, парсылар мен тәжіктер, гректер мен еврейлер, испандықтар да өз үлестерін қосады.
Араб тілі әдебиетке қарағанда, ғылым салаларында кең қолданысқа ие болады. Мысалы, «араб әдебиеті» ұғымына қарағанда, «араб философиясы» термині ауқымды географиялық аймақты қамтиды. Осындай үлкен аумақты қамтыған ортағасырлық араб әдебиетін дұрыс түсіну үшін жоғарыда айтылған ескертулерді естен шығармау қажет.
Бұл аймақтағы ортағасырлық мәдениеттің гүлденуі Батысқа қарағанда ерте басталып, арабтар мен парсылар ежелгі дәуірдің мәдени құндылықтарын ерте бағалап, олардың Батысқа таралуына әсер етеді. Х-ХІІ ғ. араб және парсы әдебиетінде еркін ойлау мен адамгершілік құндылықтар жоғары бағаланады. Осы сипаты жағынан аталған әдебиет батыс еуропалық Ренессанстан әлдеқайда жоғары тұрады.
Алғашқы кезеңдерде ислам тақуалары тіпті исламда схоластиканың дамуына қарсы тұрады. Бірақ схоластика YІІІ ғ. бастап дами бастады да, кейін грек философиясына қарсылық көрсеткен мұсылман ғалымдарының арасынан (мутазилиттер) «еркін ойлаушылар» пайда болады. Олар адам еркіндігі мен бостандығын алға тартады. Индетерминизм мен окказионализмге қарай үлкен талпыныс болған әл-Ашари (Х) іліміндегі мұсылман ортодоксы мен рационализмін қолданудың алғашқы қадамдары исламның ресми догмасы ретінде қабылданады.
Келесі қадамды Х ғ. басралық мектеп жасайды. Олар ислам схоластикасын мистикалық неоплатонизммен, неопифагоризммен және Аристотель ілімінің кейбір элементтерімен байланыстыруға тырысқан. Ортағасырлық Таяу Шығыстағы кейбір философтар астрология мен алхимияға қызыға отырып, математика, жаратылыстану мен медицина салаларында да үлкен жетістіктерге жеткен. Философияны діннің күңі деп есептеген батыс схоластарына қарағанда, мұнда теңдік тұжырымдамасы қалыптасты. Араб философиялық мектептеріне әл-Кинди, ибн Баджжа (Авемпас), ибн Туфейль (Абубацер), Башшар ибн Рушд (Аверроэс) сияқты араб ойшылдарымен қатар әл-Фараби мен Ибн Сина (Авиценна), Омар Хайям сияқты түрік, тәжік және парсы философтары, бен Габироль (Авицеброн) мен Маймонид сияқты еврей философтары да жатады. Араб философтары Батыс Еуропада антикалық философияға деген қызығушылықтың қайта пайда болуына әсер етіп, антикалық философия мен еуропалық аристотелизмді байланыстыратын негіз болады. Араб тілінен латын тіліне жасалған алғашқы аудармалар ХІІ ғ. пайда болып, ХІІІ ғ. бастап араб философтарының, әсіресе Ибн Рушдтың еңбектері Батыс Еуропада кең танымал бола бастайды.
IX ғ. тарих ғылымы да кең етек алады. Оның көрнекті өкілдері деп араб жорықнамасын жазған Балазуриді (IX), Бағдаттың тарихын құрастырған Ибн Абу Тахар Тайфурды (IX), жалпы тарихтың авторлары әл-Йакуби (IX) мен ат-Табариді (IX) және әл-Масудиді (X) айтамыз.
Аббастық халифалар дәуірінде исламда мистикалы-аскеттік ағым - суфизм қалыптасады. Аскет-сопылар немесе дәруіш деп аталғандар ислам әлемінде христиан монахтары секілді рөл атқарған. Сопылар байлықтан безініп, жер бетінің ләззат қызығынан бас тартуға, жоқшылық өмірді және Жаратушымен о дүниеде табысуға шақырған.
Араб философиясы мен ғылыми прозасында да ортағасырлық мәдениетке тән болған стилистикалық шеберлік пен көркем әдебиет элементтері қолданылады. Дегенмен көркем гегемонияға поэзия, әсіресе лирикалық поэзия жатады. Алдыңғы, Ортаңғы, тіпті Оңтүстік Азиядағы лириканың дамуына арабтардың қосқан үлесі зор. Әсіресе, исламға дейінгі дәуірге жататын араб дәстүрі (Х ғ. дейінгі қасыдалар) үлкен маңыздылыққа ие болады.
Ү-ҮІІ ғ. бәдәуи поэзиясын «Жаһилия» («қараңғылық») ғасырының поэзиясы дейді. Қайсыбір халықтың болмасын қараңғылық кезеңді басынан өткергендігі даусыз. Бірақ оларда ауыз әдебиеті болған жоқ еді деген қате пікір. Өйткені кез келген әдебиет өзінің бастауын ерте кезеңдердегі ауыз әдебиеті үлгілерінен іздейді.
Көшпелі бәдәуилер арасында өлең шығару өнері батырлықтан кем саналмаған. Өз тайпасының, руының даңқын шығаратын ақындар болғандықтан, өлең өнерін білетіндерге қоғамы өз төрінен үлкен орын берген. Бәдәуи дүниесінде жазба әдебиеті болмағандықтан ақындарының шығармалары тек қана ауыздан-ауызға көшу арқылы сақталып қалды. Мысалы, Қурайш тайпасында сан мыңдаған өлең жолдарын жатқа айтатын Махрама ибн Нуфл, Хубайтаб ибн Абд әл-Азза секілді, Хаммад ар-Рауиа (YIII), Халаф әл-Ахмар (YIII), Абу Саид әл-Хассан ас-Суккари (IX), Абу Бакр Мұхаммед ибн әл-Қасым әл-Әнуари (X) сынды үлкен дарын иелері болған.
Шындығында, бәдәуи ақындарының шығармалары ұшан-теңіз десек те, қазіргі күні бәдәуи ақындарының бізге жеткен бірнеше ірілі-уақты жинақтары жеткен. Олар Хаммад ар-Рауиа (694-772) құрастырған «әл-Муаллақат» антологиясы; Муфаддал ад-Дауи (780-867) құрастырған «әл-Муфаддалиат» атты өлеңдер жинағы; Абу-л-Фараж әл-Исфаһанидің (897-967) «Китаб әл-ағани» («Ән кітабы») антологиясы; Ибн Қутайбаның (828-889) «Поэзия және ақындар» («аш-Шиир уа-ш-шуара») еңбегі; Абу Таммамның (805-886) «Китаб әл-Хамаса» («Батырлар жыры») антологиясы.
Араб өлең өлшемі (аруд) латын, грек өлеңі секілді квантитативті (созылыңқылары әрқилы буындардың ауысып келуі). Қысқа және созылыңқы буындар жиылып бунақ құраса, екі және үш бунақ жарты өлеңді, ал екі жарты - өлең міндетті түрде үзілістік арақатынаспен бөлініп - бәйітті /төрт жол/ құрайды.
Классикалық араб өлеңдері, негізінен, моноримді. Сондықтан да олар көбінесе ұйқастың атымен (мысалы, барлық өлең жолдары: дауыссыз «ләм»-ге бітсе «ләмийа») аталатын болған. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген қасыданың (көлемі кішігірім поэма) ірге тасы исламға дейінгі кезеңде қаланған. Қасыда, әдетте, елу не жүз бәйіттен тұрған. Сондай-ақ бір тақырыпты сөз ететін жеті-он өлеңнен ғана құралған қыта'а өлеңі де болған.
Бәдәуи бәйіттері әдетте атты не түйелі екі жолаушының ұшы-қиыры жоқ кең далада кетіп бара жатып бір жерге түстенуінен, не көшкен бәдәуи жұртының ізін көруі, өткен өмірді еске алып күрсінуінен, не қуануынан басталады. Жантақты күрт-күрт шайнап жатқан түйенің қасында отырып, ақын бақытты күндерін еске алады. Сүйіктісімен қайта кездескендей сезімде болады. Ақын өзінің сүйген жары жайлы, сондай-ақ, араб даласы тіршілігінің алуан сыры туралы толғанып, сыр шертеді. Сүйгенінің мінезін, кескін-келбетін суреттеп өтеді. Сонан кейін ол әңгімесін кілт өзгертіп түйесін не тұлпарын мақтауға көшеді. Тұлпарының жүйріктігін, шыдамдылығын, сұлулығын айтады. Мұнан соң бірден өз руының батырларын, жауларының әлсіздігін айтып, бәдәуи өмірін баяндауға көшеді. Тайпа бірлігін қорғаған, жаулармен арпалыста ерлік көрсеткен баһадүрлерді суреттейді.
Бәдәуи поэзиясында хиджа («сатира»), ғазал («махаббат жыры»), уасф («табиғатты суреттеу»), мадх («мадақ»), фахр («өзін-өзі мақтау»), риса («элегия»), хамрийат («шарап жыры»), тардийат («аңшылық суреттері»), зухд («діни сарындағы жырлар»), нақаид («мысқыл»), насиб («әйел сұлулығын жырлау») секілді т. б. жанрлар болды. Әрине, поэзияның осы аталған жанрларының өсіп-өркендеуіне, кең тарауына, ең алдымен, көшпелі бәдәуи өмірі барынша әсер етті. Мысалы, әйгілі ан-Набиға өзінің дұшпаны Әмірге: «Әмірдің сөзінен ақылсыздықтың исі шығып тұрса, оған таңданудың реті жоқ, өйткені ол - надан. Әмір, сен әкеңе ұқсашы, сонда ғана ес біліп, қара айырар біреуге тартарсың. Әй қайдам, сен адам болам дегенше шашың да ағарар. Қара қарға аппақ болар»,- дейді. Бұл өлең жолдарын поэзияның «хиджа» жанрына жатқызуға болады.
Риса жанрының шығу тегі де әріде. Жауымен арпалыста мерт болған ер жүрек бәдәуиді әйелі, туысқаны дауыстап жоқтайды. Бәдәуи ақыны батырдың ерлігін, мәрттігін, мінезін, кішіпейілділігін айтып мадақтайды. Өздерінің қатарында оның жоқтығына қабырғасы қайыса қайғырады. Мәселен, бәдәуи поэзиясының тағы бір талантты өкілі әл-Ханса майданда қаза болған ер жүрек ағасы Әбу Хасан Сахарды: «Жоқ, сенің ардақты атыңды ұмытпаспын! Абу Хасан Сахар қаза тапқан күннен бері мен барлық қуаныштан айрылып, бақытыммен біржола қоштастым. О, залым тажал! Қалай ғана біздің ыстық құшағымыздан Абу Сахарды алып кеттің» деп жоқтайды.
Бәдәуи поэзиясының көп, әрі тез өріс алған жанрының бірі - ғазал. Сүйіктісі әрқашан батыр бәдәуидің қорғанышына зәру, немесе оның көңіліне қызғаныш уын себуші. Бәдәуи ақыны өзінің махаббатын, сүйіспеншілігін жырына арқау етеді. Мұндай лирикалық өлең шығарушылар ішінен «поэзия падишасы» аталған Имру-л-Қайс және ибн Шаддадты атауға болады.
Поэзияның өзге жанрларымен қатар «фахр» жанры да өмір сүрді. Мұнда ақын өзінің ерлігін, руының шығу тегін, тайпа өкілдерінің көптігін айтып мақтанады. Мысалы, Әмір ибн Кулсум өз тайпасы жайлы: «Жер жиһанды түгел жайлағандықтан бізге енді жер үсті тарлық қыла бастады. Теңіз бетін де кемелерімізге қаптаттық. Бұл дүниедегі күнге қыздырынатындардың бәрі де бізге бағынышты. Біз шабуыл жасасақ, жауларымызбен арыстанша алысамыз» - деп мақтанады.
Бәдәуи ғұмырында дүниеге келген осы жанрларда бертін келе белгілі араб шайырлары Абу Нууас, Хассан ибн Сабит, Абу-л-Атаһиа өз өлеңдерімен араб әдебиетінің тарихында есімдерін қалдырса, Андалусия, Парсы, Үнді, Орта Азия халықтарының әдебиеттерінде де осы жанрларда жазып, поэзия аспанында жарқыраған ақындар толып жатыр.
Көрнекті ақындар аш-Шанфара, Имру-л-Қайс, Әмір ибн Кулсум, Антара ибн Шаддад шығармашылықтары бәдәуи өмірі мен тұрмысымен тығыз байланысты болса, YI ғ. екінші жартысында өмір сүрген ан-Набиға аз-Зубиани, әл-Ааша секілді шайыр жырларынан сарай өмірі мен өзге ел мәдениетінің әсер-ықпалы байқалады. Алайда сарай ақындары бәдәуи шайырларының ежелгі дәстүрін әлі де жадында ұстаған. Сарай ақындары шығармашылықтарында тек мадх жанрына жататын өлеңдер басым болған. Сөйтіп, бірте-бірте бәдәуи өмірін жыр еткен ақындардың орнына, сый-сияпаттарды алу мақсатында түрлі әмірлерді жырлаған ақындар көбейе бастайды.
Бәдәуи поэзиясында лирикалық өлеңдер, әдетте, қасыда кіріспесінің қызметін атқарып, өзінің жеке дара мазмұны болмайтын. Ал умаййалар тұсында лирикалық шығармалар жеке жанрға айналады, ақындар лирикалық өлеңдерге қасыданың жеке формасы ретінде қараған лирикаға көптеген жаңа элементтер қосылған, шайырлар махаббатты, ғашықтықты, махаббаттың адам көкірегінде тудыратын қайғы-мұңын, үміт, төзім секілді сезімдерін жырлайды.
Арабияның махаббат лирикасын қалалық (умарлық) және далалық көшпелі бәдәуилік (узрлық) деп екіге бөлуге болады. Бәдәуи лирикасында қаймағы бұзылмаған, адал да таза махаббат жырланған. Оның көрнекті өкілдері деп Бусайна сұлуды жыр еткен Жамил ибн Маамар, Тауба ибн Хумайирдың сүйіктісі Ләйлә әл-Ахийалия, екінші бір Ләйлә есімді аруға ғашық болып Мәжнун атанған әл Амирилерді айтамыз.
Жалпы, аббасилер әулеті билеген ғасырлар әдебиеті шартты түрде «Жаңару», «Ежелгі дәстүрге қайта оралу», «Әдеби синтез дәуірі» деген үш кезеңге бөлінеді.
Жаңа қоғам келуіне байланысты әдебиетте де жаңа тақырып туады. Музыканттар мен әнші, бишілер ерткен сарайлардағылардың түрлі қабылдаулары, отырыс, ойын-сауықтары т.б. поэзиядан кең көрініс таба бастайды. Шарап тақырыбы шарықтау шегіне жетеді.
Атақты төрт жолды өлең жанры - рубаи таза ирандық болып табылады. Бұл жанрдағы өлеңдердің біразын ұлы парсы ақыны әрі философ Омар Хайямның шығармашылығына жатқызады. Бұл тамаша философиялық лирика исмаилизм сияқты еретикалық идеологиядан, философиялық еркін ойлау мен сопылықтан нәр алады. Атақты сопы ақындардың төрт жолды өлеңдерінде сопылық мистицизм (құдайға деген махаббат, даналық бұлағынан су ішу және т.б.) бойынша түсіндірілетін эротика мен шарапты мадақтау үлкен маңызға ие болған.
Исламға дейінгі кезеңде арабтар батырлар жырын білмеген. Сондықтан да ежелгі араб ақындары Антара мен Мәжнүн туралы аңыздар эпостың кейінгі даму кезеңіне жатады.
«Сират Антара»27 («Антараның өмір жолы») атты шығарма араб әдебиетіндегі керемет үлгіде жазылған батырлық-романдық эпос болып табылады. Ол - тарихи оқиғаларға негізделіп өлеңмен жазылған шығарма. Сираттың бас кейіпкері - атақты бәдәуи ақыны Антара ибн Шаддад әл-Абси. Бұл ескерткіш жанры жағынан неміс және француз эпостарын еске түсіреді.
Прозаикалық эпос жағынан арабтар шығыс, әсіресе, үнді халық ертегілері мен үлгі-өнегеге толы повестерді («Калила мен Димна», «Варлаам мен Иоасаф» пен ирандық «Тотықұс ертегілері») жеткізуші ретінде үлкен маңыздылыққа ие болды. Бұл дәстүрмен «Мың бір түнде» келтірілген ертегілер де байланысты. Орта ғасырларда туған прозалық шығармалар қатарына жатып, ертегі, әңгіме, новеллалар жинағы әлем әдебиетінің классикасына айналған.
«Мың бір түн»28 - араб, үнді, парсы халықтарының әр ғасырда туған ертегілерінің жиынтығы. Дегенмен батыс ориенталистерінің бірі Сильвестер де саяси араб филологиясының өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерінде «Мың бір түнді» белгілі бір автор жазған деп айта отырып, ертегілерде кездесетін парсы, үнді элементтерін жоққа шығаруға тырысса, Барье де Мейнар керісінше «Мың бір түн» ертегілеріне негіз болған деп парсы, үнді тілдерінен араб тіліне аударылған ертегілер мен түрлі тарихи жылнамаларды атаған. Сондай-ақ ол парсы халқының «Хазар афсана» (Мың ертегі) атты жинағының орта ғасырларда араб тіліне «Альф хурафат» (Мың ертегі) деген атпен аударылған, кейінірек оның «Альф лайла» (Мың түн) боп аталып кеткеніне баса назар аударған.
Дамыған қала мәдинетінің негізгі жемісі ретінде алғашында араб, кейін еврей және парсы әдебиеттерінде кең тараған мақама жанрын атауға болады. Мақамалар таңдаулы айлакерлік, қулық-сұмдық, тапқырлық жайлы новеллалар, онда сауатты, әрі білімдар, тапқырлар мен кезбе, қайыршылар жайлы өзіндік сипат беріп, орта ғасырдағы мұсылман қалаларындағы өмір мен тұрмыс-тіршілікті сатиралық кейіппен бейнелейтін прозалық жанр болып табылады. Орта ғасырлардағы араб әдебиетіндегі поэзия мен прозалық шығармалар осы кезеңмен тұстас еуропалық әдебиетпен ұқсастығы байқалады. Мақама - арабтың төл жанры. Арабтық ықпалмен Шығыс халықтары арасына тарап, тек қысқаша сюжеттік үйлесімділігімен еуропа тапқырлық новеллалармен сәкес келуге жақын.
Сондайларға арналған мақаманың бірі - «Бану Сасан» (Сасан балалары)29, тарихтағы ирандық билеуші әулет атымен аталған.
YII-YIII ғ. арабтар Иран, Византия, Орта Азия, Солтүстік Африка, сонымен қатар Испанияны да басып алады. Арабтар Испанияны әл-Андалус деп атаған. Ислам дінін жергілікті халықтың көбі қабылдағанымен, христиандардың біршамасы өз діндеріне берік боп қала берген оқтын-оқтын көтерілістерге шығып отырған. Әйткенмен, Андалусияны умаийа әулеті билеген дәуірде Кордова сауда мен мәдениеттің ірі орталығына айналады. Ал әдебиет пен ғылым жағынан андалусиялықтар Бағдат пен Каирдың жазушы, ақын, ғалымдарының алдында ғана бас иген. Арабтар испандықтарды басып алғанымен, оларға терең мазмұнды әдеби шығармалары мен мәдениетін ала келеді. Испаниядағы араб әдебиеті «еліктеу» (YІІІ-Х), «жаңару» (ХІ-ХІІ) және «құлдырау» (ХІІ-ХYІ) деп аталатын үш кезеңге бөлінеді.
IX ғ. аяғында Андалусияда Шығыс әдебиетіне бейтаныс муашшах30 және заджал аталған жаңа жанр пайда болады. Иби Халдун муашшах жанрын Муқаддам әл-Қабри деген ақын дүниеге әкелгенін айтса, И.М. Фильштинский бұл жанрдың шығуына белгілі бір дәрежеде арабтанған испан халқының арасында өмір сүрген роман халқы поэзиясының әсері болған деген жорамал жасайды. Әл-Қабриден кейін бұл жанрда Убада әл-Қаззаз, ибн Рафа ар-Рассах, әл-Ағма ат-Тулайтили, Ибн Баджа, Абу Бакр ибн Зухр, әл-Мукр ибн әл-Фарас, ибн Сана әл-Мулк секілді Гранада, Толедо, Альмериялық ақындар қоштаған.
Қорыта келіп, жалпы Таяу Шығыс әдебиеті бір жағынан Батыс Еуропадағы ортағасырлық әдебиетке тән кезеңдерден өткенін, екінші жағынан дамыған қала мәдениеті, философиялық еркін ойлау мен еретикалық ағымдардың әсерімен Батыс үшін тек Қайта өрлеу дәуірінде мүмкін болған адамгершілік үлгілерін ерте негізге алғанын атап өту қажет.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Әлем әдебиетіндегі ортағасырлық Шығыс әдебиетін жіктеу мәселелері.
Араб поэзиясындағы ақындар мен олардың шығармашылық ұстанымдары.
Араб халифаты кезіндегі (YІІІ-ІХ ғ.) араб тілді әдебиеттің қалыптасуы.
Араб-иран әдебиетінің синтезі.
Ортағасырлық Шығыстағы сарай поэзиясы (ІХ-ХІІ ғ.).
Орта ғасырдағы повесть (араб, парсы, үнді).
Орта ғасырлардағы парсы-тәжік әдебиеті (ІХ-Х ғ.)
Парсы тіліндегі парсы-тәжік әдебиеті шығыс ирандықтар мен тәжіктер мекендеген территорияда пайда болып, кейіннен батыс ирандықтар, яғни парсылықтар жеріне де таралады. YІІІ-ХY ғ. парсы әдебиетінің дамуына басқа халықтар, әсіресе орта азиялықтар, оның ішінде Иран және Әзербайжан тұрғындары ат салысады. Иранмен шекаралас үнді және түрік жерлерінде де фарсы тіліндегі әдебиет қалыптасады.
Иран және Орта Азияны арабтардың басып алуының ұзаққа (635 ж. басталып тек YІІІ ғ. 20 ж. ғана аяқталған) созылуы күрделі де, қиын тарихи оқиға болып, жергілікті тұрғындардың қоғамдық-экономикалық, саяси, мәдени өміріндегі үлкен өзгерістерге себепкер болады.
Дін мен мемлекеттің ресми тілі ретінде ол бүкіл Араб халифатына жалғыз жалпыға міндеттелген әдеби тіл болып қалыптасады. Араб тілінің енуі ислам мәдениеті мен араб поэтикасының кейбір элементтерін қабылдаған тәжік-парсы әдебиетіне айтарлықтай өзгерістер әкеледі. Сонымен қатар бұл әдебиет ежелгі ирандық дәстүр мен өзіндік ұлттық ерекшелігін сақтап қала алған. Y-ІХ ғ. басқа мәдениетпен етене араласқан араб тілді парсы-тәжік әдебиеті айтарлықтай байи түседі. Бұл үдеріс тек араб әдебиетін жаңа сатыға көтеріп қоймай, кейініректе пайда болған парсы тіліндегі классикалық әдебиеттің негізін де қалайды. YІІІ-ІХ ғ. араб тілді, шығу тегі жағынан ирандық ақындар әл-Хурайми, Башшар ибн Бурд (714-783) және Абу Нууас (762-813) өздерінің лирикалық, панегирикалық және сатиралық өлеңдерінде қалалықтардың көңіл-күйін, Иран жеріне деген махаббат сезімдерін білдірген. Аталған ақындардың шығармашылықтары арқылы поэзияда парсы тілді әдебиеттің негізгі бөлігіне айналған адамгершілік құндылықтары мен махаббат тақырыбы пайда болады. YІІІ-ІХ ғ. ирандықтар мекен еткен Хорасан мен Мауереннахр (Трансоксиан) аталған ауқымды аймақта (әсіресе Самарқан, Бұқара және Мервте) парсы әдебиеті пайда болады. Парсы-тәжік әдебиеті ирандық әулеттің (Тахирилер, Саффарилер, Саманилер) билікке келуіне себепші болған және иран тілі мен дәстүрінің пайда болуына септігін тигізген антиарабтық толқынның негізінде дамиды.
Х ғ. басында мемлекеттің экономика саласын нақты феодалдық формаға келтірген Араб халифатынан тәуелсіз, орталықтандырылған шығыс ирандық Саманилер мемлекетінде (887-999) әдебиеттің дамуына қолайлы жағдай қалыптасады. Мәдениет шарықтау шегіне жетіп, жергілікті және керуендік сауда қарқынды дамиды. Бұқара мемлекеттің тек астанасы ғана емес, сонымен қатар бүкіл Орта Азия және Шығыс Иранның мәдени өмірінің орталығына айналады. Дәл осы Бұқарада алғашқы фарсылық поэзия және проза мектебі негізделіп, гүлденді. Бұл мектептің мұрасы әдебиет дамуында классикалық дәстүр ретінде маңызды орынға ие.
Атақты ақындар ежелгі иран дәстүрін басшылыққа ала отырып, таза ирандық поэтикалық формадағы (маснауи) ауқымды шығармалар жазып, халықтық дубейтиге негізделген, бірақ аруд өлең өлшемімен жазылған (парсыша аруз) лирикалық және философиялық төрт жолды өлеңдер шығарады. Негізінен, олар екі тілді ақындар болды: Абу Шукур Балхи, Абу-л-Хасан бен Ильяс Ағаджы Бухари, Хаким Хаббаз, қолөнершілер қатарынан Нишапури, атақты ақын әйел Рабиа бинт Кааб Куздари Балхи және т.б.
Алайда фарсы тіліндегі поэзияда Рудаки есімі мен оның шығармашылығы ерекше орынға ие. Рудакидің (858-941) өмірі жайлы мәлімет көп емес. Дегенмен Рудаки ұзақ өмір сүріп, қартайып қайтыс болады дейді.
Жас ақын Саманилер әулеті сарайына танымал болғанға дейін, халық арасында есімі әрі әнші, әрі музыкант ретінде таралады. Жазбаша поэзия ол кезде тек сарай ішінде ғана дамыған. Кейін Саманилер сарайында қызмет еткен кезінде байлық пен сый-құрметке бөленеді. Рудакидің көр соқыр болуының дәлелі мен өмірінің қайғы-қасіретке толы болғанын оның өлеңдеріндегі автобиографиялық фрагменттерден, әсіресе «Исаның үш көйлегі» туралы аңыздан көре аламыз. Көр соқырлығының неден, қалай болғандығының себебі белгісіз. Оның шамамен 300 000 (кейбір мәліметтер бойынша 1 300 000) болатын екі шумақты өлеңдерінен біздің заманымызға тек жеке өлеңдері мен негізгі үш тақырыпта топтастыруға болатын жекелеген фрагменттері ғана жеткен. Олар - лирикалық, пейзаждық және махаббат өлеңдері. Сұлу күңге деген терең, трагедиялық махаббат сезімімен шабыттанған өлеңдерінің негізінде кейінгі ұрпақ аңыз да шығарған.
Жеті дидактикалық поэма-маснауилерден тек үзінділері ғана сақталған және олардың екеуінің атауы ғана белгілі. Бірі - әйелдердің қулығы жайлы тәрбиелік мәні бар поэтикалық шығарма «Синдбад-наме» - «Күн айналымы»; екіншісі - араб тілінде сақталған «Калила және Димна» атты пехлевейлік шығарманың поэтикалық көшірмесі. Рудакидің «Калила және Димна» шығармасы 12000 бейттен (екі шумақты өлең) құралған. Соңғы онжылдықтарда аталған шығарманың жаңа үзінділері табылып, барлығы шамамен 120 бейт, яғни поэманың 100/1 бөлігі белгілі болады.
Рудаки өзінің мадақтарында қалыптасқан ұйқас нормаларын бұзып, онда патша мен ақсүйектерді мадақтау арқылы, олардың адамгершілік қасиеттерін оятпақшы болған. Оның өлеңдерінде қоғамдық теңсіздікке қарсылық көрініс тапқан, халықтық «біреу және басқалар» сарыны оның тек ізбасарларында қайталанып қана қоймай, кейін де көптеген атақты ақындардың (Насир Хасров, Саади және т.б.) шығармашылығында қайталанады
Саманилердің үстемдік еткен кезеңінде иран көнелігіне қызығушылық пайда болып, әсіресе араб басқыншылығына дейін өмір сүрген тарихи батырлар мен патшалар жайлы парсы тілінде аңыздар мен мифтік хикаялар жарық көреді. Бұл мифологиялық жинақтарды, әдетте «Шах-наме» (Патшалар туралы) деп атайды.
Ежелгі ирандық мифтер, аңыздар мен хикаялар Фирдоусидің «Шах-наме»31 эпопеясында жаңа сарынға ие болады. Абу-л-Қасим Фирдоусидің өмірі - басқа иран классиктерінің өмірі сияқты, көптеген аңыздарға толы. Болашақ ақын 932-941 ж. арасында Хорасандағы Туса қаласында дүниеге келген деген болжамдар кездеседі. Фирдоуси шаруа отбасында, өзінің әкесінің үйінде білім алады. Ол араб тілі мен орта парсы тілін білген. Кейін де оны «хаким» - «ғұлама», «дана» деп атаған.
Фирдоусидің жастық шағы Саманилердің шығыс-ирандық феодалдық мемлекетінің кемелденген кезеңімен сәйкес келеді. Бұл иран халықтары тарихының жарқын кезеңі болған. Дәл осы кезде Фирдоуси өз эпопеясын жазуға кіріседі, бірақ ол эпопеясының бірінші үлгісін 994 ж. бітіре салысымен, Саманилер мемлекеті көшпенділер соққысынан құлдырайды. 999 ж. түрік-қарахандықтар мемлекет астанасы Бұқараны басып алып, Саманилер билігі аяқталады.
Фирдоуси өмірлік құбылыстарды, табиғат пен адамды ішкі және сыртқы деңгейде бейнеледі. Сырттай батырлар «Шах-намеде» эпикалық түрде бейнеленеді. Бұл жерде ақын халық дәстүріне сүйенеді. Халық түсінігінде қалыптасқан батыр бейнесін алады. «Шах-намеде» драмалық бейнелер де кездеседі. Ерекше сипаттағы диалогтар арқылы батырлардың жан дүниесі көркем бейнеленеді.
Парсы тіліндегі әдебиеттің қалыптасып, дамуы Хорасан мен Орта Азия аймағында орын алса, Батыс Иранда жаңа әдеби тіл тек Х ғ. басында ғана тарайды. Алғашында Батыс Иранда Хорасанмен салыстырғанда араб тілінің орнына парсы тілі емес, оған жақын тараби тілі (ежелгі мазендералық) тарап, алғашқы араби емес шығармалар тараби тілінде жазылған болатын.
Батыс Иран ақындарының шығармашылығы туралы өте аз көлемде сақталған өлеңдер арқылы ғана талдау жасауға болады. Бұл өлеңдер гедонистикалық, мадақтау және сарай поэзиясының үлгілері болып табылады. Шығыс Иран шығармашылығынан ол өзінің поэтикалық формасының көркемділігі, терең мәнділігі мен күрделілігі арқылы ерекшеленеді.
Батыс Иранның әдеби тілдерінің негізінде, араб және парсы тілдерінде және жергілікті диалекттерде өлең жазған - Камалиддин Бундар (1010) мен оның ізбасары Газаири (шамамен 1040 ж. қ.б.) болды. Олар Хорасанның атақты панагериктерімен бәсекеге түсе алған. Екі әдеби орталықты байланыстырған ұлы ойшыл Ибн Синаның керемет философиялық-лирикалық шығармашылығы болатын. Ол өзінің шығармашылық өмірін Бұқарада бастап, Батыс Иранда аяқтайды. Оның философия, логика, әлеуметтану, әдебиеттану, поэзия, лингвистика, жаратылыстану мен медицина салаларының дамуына қосқан үлесі зор. Ибн Сина философиясын оқымай, классикалық парсы поэзиясын түсіну қиын. Ибн Сина Декардтан алты ғасыр бұрын өзінің «Ишарат» атты еңбегінде «Мен ойламын, ендеше мен өмір сүремін» деп жазған. Бұл оның прогрессивті тенденцияға айналған күрделі дүниетанымдық көзқарасын көрсетеді.
Ол жанның мәңгілігін растап, оны дәлелдеген, барлық нәрсені табиғи тұрғыдан түсіндірген. Ибн Сина Аллаға сенген, бірақ оны абстракцияға айналдырып, мәңгілікті табиғи тұрғыдан түсіндірген. Мысалы, найзағай сияқты аспан құбылыстарын суреттей отырып, оны физикалық ғылымдар тұрғысынан түсіндірген. Бірақ оның арғы жағында бәрі бір Алла тұрғанын мойындаған. Ибн Сина – мәдени әлемнің дара тұлғасы. YІІ ғ. бастап оның көптеген еңбектері латын тіліне аударыла бастап, Авиценна атымен өзі өмір сүрген дәуірдегі атақты ойшылдар мен медицина саласындағы ғалымдардың арасындағы жарқын тұлға болады.
Көркем прозада да риторикалық стиль жиі қолданыла бастайды. ХІ ғ. Радуиннің «Шешендік өнердің түсіндірмесі» атты алғашқы поэтикалық жинағы жарық көреді. Сонымен қатар салыстырмалы түрде жеңіл тілмен жазылған «Кабус-наме» кітабы да пайда болады. ХІІ ғ. прозада риторикалық стиль толық көрініс табады. 1144 ж. Ғазнада Абу-л-Маали жазған «Калила мен Димнаның» жаңа нұсқасы мен 1160 ж. Самарқанда Захирдің «Синдбад-намесі» пайда болады. Әзірбайжан мен Кіші Азияда бір-бірінен тәуелсіз «Марзбан-наме» атты ескі батыс ирандық дидактикалық жинақтың күрделі өңдеуден өткен нұсқалары пайда болады. Арабтардың мақама жанрының ерекше сипаттарын мұра еткен ұйқас прозаның көркем үлгісі ретінде Хамидиддин Балхидың «Макам-и Хамиди» атты шығармасын атап өтуге болады.
Мұхаммад ибн Хусейн Абу-л-Фазл Бейхаки (995-1086) ғазналықтар тұсында 19 жыл бойы «Диван-и расаил»-хатшы (мунши) болып, сол әулеттің 30 томнан тұратын «Тарих-и әл-Насыр» атты жылнамасын шығарады. Бейхаки өз шығармасында көптеген аңыздар мен Саманилер туралы мағлұмат келтіреді. Жалпы айтса, бұл шығарма тарихи жылнамадан гөрі күнделік-мемуарға жақын келеді. Бейхакиге дейінгі кезеңде прозаның ерекшелігі пехлевий әдеби дәстүрін сақтап қалуға ұмтылыс болса, одан кейін араб үлгілерімен жақындасу және араб сөздерінің енуі байқалады. Бейхаки кітабында тарихи аңыздар мен өсиеттер көптеп кездеседі.
Нәпсі тыюшылық пен тақуалыққа бағытталған сопылық - мистикалық ілімнің негізі Х-XI ғ. қалыптасады. Ғылымда жаңа ұғымның - «суфизм» термині пайда болды «Асхаб ассафа», сөзбе-сөз «сафуа» - «тазалық, қасиетті», грекше «соф» - «даналық», кабалистік ұғымда - «аин соф» - «абсолюттік шексіздік» деген ұғымдарды береді. Осы заманғы суфизм зерттеушісі Идрис Шах болса фонетикалық ғылыми болжам жасап, терминнің шығуын араб алфавитіндегі үш дыбыстың – «сод», «уау», «фа» дыбыстарының кезектесіп дыбысталуының өзі адам санасына ерекше қалыппен әсер етеді дейді. Оның болжамы бойынша «суфия – сс уу фф адамдары». YIII ғ. бастап «суфий» сөзін «захид» – «құдайға берілген адам» сөзін ығыстырып шығарды.
Мұсылмандық дәстүрден, мутакаллимдерден, аристотельші-философтардан бөлек, тіпті, шынайы дұрыс жолға түсіп, тазаруда «Құранның» өзі жеткіліксіз дегенді сопылар алға тартады. Ал, Захид образы исламға дейінгі жаһилийа кезеңіндегі поэзияда дәруіш-диуаналық, сопылық кейпінде кездеседі. Ислам келіп, тақуалық, шынайылық, дұрыс жолға түсушілік орнағаннан кейін дәруіштік, сопылық тәжірибесі христиан шіркеу мектептерінің көмегімен дами бастады. YII-YIII ғ. сопылық ілімнің атақты уағыздаушыларының бірі Хасан әл-Басри (624-728) әділетсіз өмірді, қайырымсыз қоғам өкілдері - жоғары тап өкілдерінен көп қысым көріп, замандастарын сопылық идеяға шақырады.
Суфизмнің кең таралуы X-XI және кейінгі ғасырларда орын алды, оған себеп, бір жағынан бір қалыпқа негізделген ислами догмаға және оның орындалуына рухани қанағатсыздық болса, екінші жағынан исламдық әлеуметтің және саяси идеалды жүзеге асырылуынан күдер үзген еді. Өйткені бұл кезде Ислам әлемінде әділетсіздік пен зорлық-зомбылық және саяси тұрақсыздық үстемдік құрған заман болатын. Осындай жағдайдан жапа шеккен халық сопылық ағымнан нәр, жаңа ахлақтық бағыт тапқандай болады. Суфизмнің біреулер үшін тек ақыл ой-шабыты болса, енді біреулер үшін өмірлік көріністерді насихаттады, үшіншілерге тек философиялық көркем туындылар ретінде қабылдаған. Суфизм өмірге өз әдебиетін әкеле отырып, дәстүрлі поэзия канондарын өзгертті, ерекше символикалық стиль тудырды. Суфизм лирикасының басты тақырыбы бір жаратушыға деген ерекше ыстық ықылас болған.
Сопылық поэзияның алғашқы өкілдері Абу Сайд Абу-л-Хайри (957-1049) және Баба Тахир Урьян (ХІ ғ. басы) халық поэзиясының алғашқы формалары ғазал мен төрт шумақты өлеңді қолданған. Сопылық поэзия мен прозаның негізін қалаушы Балхтан шыққан Абдалла Ансариді (1006-1086) атауға болады. Алғашында орталығы Бағдатта, кейінірек Нишапур мен солтүстік-шығыс Иранда орнайды. Негізгі жетекшісі Балха ибн Ибрахим әл-Иджли (777 ж. қ.б.) болды. Ол араб отбасынан шыққан. Шәкірттері арасынан кейінірек танымал болған Шаких әл-Балха және басқалар бар. Аңызға қарағанда, Балха ибн Ибрахим әл-Иджли құдайдың ерекше рақымына ие болып, мейіріміне бөленген әрі оған «жоғарыдан» уәһи түскен соң, ол биліктен кетіп, кезбешіл-жиһанкез өмір кешкен. «Төзімділік кітабында» («Китаб аз-Зудх») Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) төзімділік, сабыр жайлы айтқан хадистері берілген.
Сопы ақындарға «Хадиқат әл-хақаиқ» («Ақиқат бағы», 1131) атты алғашқы көлемді сопылық дидактикалық поэма авторы Санаи (1070-1140) жатады. Басқа сопы ақындарға қарағанда, ақында болмысқа, ақиқатқа риза болмау мен гуманистік құлшыныстар айқын көрінеді.
Нишапурлық Аттар да сопы ақын болған. Өзінің сопылық адамгершілік уағыздарында Аттар халық шығармашылығын пайдаланған. Оның «Мантик ат-Тайр» поэмасы («Құстардың сұхбаты», 1175) – сопылық сарында жазылған тамаша әдеби ескерткіші, ол Джалаладдин Руми, Навои және т.б. сияқты көптеген ақындардың шабытына арқау болған.
Сопылықтағы үлкен реформаны сопылықты мұсылман ортодоксиясымен ұштастырып, оған аскетизм мен тақуалықтың формасын берген ХІ-ХІІ ғ. теолог-энциклопедист Абу Хамид Ғазали болған. Х-ХІ ғ. ақындардың бір қатары қармат ілімінің жақтастары болған. Қармат ілімінің философиялық-этикалық қырларын Рудаки, Фирдоуси, Ибн Синалардан да байқауға болады.
Гуманистік бағыттағы поэзияның шыңы ұлы ақын, математик және философ Омар Хайям Гиясаддин Абу әл-Фахт ибн Ибраһим (1048-1131) есімімен тығыз байланысты. Біздің заманымызға дейін Омар Хайямның есіміне жазылған 2000-ға жуық рубаилар жеткен.
Хайям өзінің философиялық трактатын Эзоп тілімен, Фарс провинциясының төрешісінің сұрақтарына жауап түрінде өзіне қатысты құдай болмысы мен діни рәсімдерді орындау қажеттілігін мойындамайды деген күмәндарды сейілту үшін жазған.
Қозғалыс, мәңгіліктік және тұтастық – болмыстың заңы, Хайям да осыған орай табиғат та топырақтан қайтадан өмір басталатынын айтады. Рубаиларынан Құдайдың әділетсіздіктерінің айқындалу пафосымен қатар діни рәсімдерге деген мысқылдау байқалады. Осыған сәйкес адам тұлғасының жеке қадір-қасиеті, оның бостандығын терең түсінуі көрінеді.
Хайямның рубаиларына дұрыс және жан-жақты баға беру үшін, оның рубаиларының кейбірінің сопылық типтерін ерекше көрсету керек. Бұл – біріншіден олардың философиялық әсемдігі мен оларға тән астарлы, символикалық тіл. Хайям таза философиялық және діни-сопылық емес, ғылыми-философиялық, өз дүниетанымы негізінде рационалды элементтері бар рубаилар жазған.
Бір ақынның шығармашылығында халықтық, аристократтық, клерикалық бағыттардың қиылысып, ұштасуы көбінесе ортоксальды-діни жазбалардың арасында емес, көркем әдебиеттен байқалады. Бұл толығымен тұлғаны догматтық-мұсылмандық кемсітуге қарсы, адам тұлғасының жеке қадірінің гуманистік идеясының дамуында көрініс тапты. Осымен парсы тіліндегі классикалық поэзияның әлемдік маңызын түсіндіруге болады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Парсы тілді әдебиеттің қайнар көзі.
Парсы поэзиясының негізгі жанрлары.
Рудаки поэзиясының әлеуметтік мазмұны.
Фирдоусидің «Шах-наме» атты эпопеясы.
Омара Хайям поэзиясының гуманизмі.
Ортағасырлық Күнгей Кавказ әдебиеті
Күнгей Кавказ халықтарының жазба ескерткіштері бізге Y ғ. бастап белгілі бола бастады. Осы кезден бастап пайда болған Күнгей Кавказ мәдени аймағына грузин, армян, әзірбайжан халықтарының тарихы жатады. Бұл халықтар әуел бастан әлем өркениетімен байланысты болады. Вавилон, Ассирия, Мидия, Персия, Грекия, Рим секілді дамыған мемлекеттер кавказ халықтары үшін барлық жағынан үлгі бола алған. Кавказ және оның халқы туралы Геродот, Страбон, Плутарх сияқты атақты Грекия, Рим тарихшылары мен араб, парсы жылнамашылары да жазған.
Кавказ мәдениетінің дамуына ежелгі иран мәдениеті, эллинизм, христиан дінінің қабылдануы, ұлттық жазудың пайда болуы мен Грузия, Армениядағы христиан мәдениеті де тікелей әсер еткен. Кейін YII-IX ғ. арабтар мен көшпелі оғыз тайпаларына қарсы күрестер ұлттық сананың құрылуына жол ашады. Бұл құбылыс өз кезегінде X-XII ғ. көркем өнер шығармашылығының (Нарекаци, Руставели, Низами, Хаган) гүлденуіне себепкер болады.
Y ғ. басында Армения мен Грузияда халықтардың әдебиеті мен тарихы, философиясы мен діни ілімінің қарқынды дамуына негіз болған ұлттық жазулар қалыптаса бастайды. Ал YII ғ. Әзірбайжан сияқты мұсылмандық тараған аймақтарда араб әліпбиі орта парсы, яғни пехлевилік әліпбиді екінші орынға ығыстырады. Әзірбайжанда исламның кең таралуы тек діни емес, сонымен қатар ғылыми және көркем жазба әдебиеттердің араб тілінде болуына ықпал етеді. Кейіннен араб тілімен қатар парсы тілі де кең қолданысқа ие болады.
Кавказ әдебиетінің жалпы ерекшеліктерінің бірі осы аймақтағы халықтардың өз ұлттық шығармашылықтарын сақтап, оларды әрі қарай дамыта отырып, сол дәуірге тән көптеген эстетикалық тәжірибелерді бойына сіңіріп, ежелгі әлем өркениетімен тығыз қарым-қатынас орната алуында жатыр. Кавказ халқының еңбек сіңірген ақындарының шығармашылығында батыс христиан дінінің әсерін (Византия мәдениеті) ғана емес, сонымен қатар мұсылмандық шығыстың әсерін де байқауға болады.
Кавказ халықтарының тарихи дамуының бірлігі мен эллиндік, византиялық және ирандық мәдениеттердің ықпалына қарамастан олардың әдеби мұрасында көрініс тапқан әрбір халықтың мәдени қалыптасуы түрлі деңгейде болған.
Мысалы, Армения ассириялық және ежелгі ирандық дәстүрлерден бастау алады. Бұл Арменияның тарихи қалыптасқан территориялық жағдайына ғана емес, сонымен қатар халықтардың ұлттық ойлау жүйесі де осы ежелгі дәстүрлерге негізделуіне байланысты болады.
Y-YI ғ. армян мәдениетінің гүлдену кезеңі болып табылады. Осы кезде армян шіркеулерінің маңызы арта түседі. Бұл дін Армения мен Кавказ елдерінде арабтардың басып кіруі (YІІ-ІХ) мен көшпелі оғыз тайпаларының шапқыншылығы кезінде де маңыздылығын жоймады. Бұл құбылыс ислам дінін қабылдауға шектеу жасайды. Грузиялықтар өздерінің бастан кешірген тарихи жағдайларына қарамастан, өздерінің монарх билеген мемлекеттік басқару жүйесін сақтап қалады. Грузиядағы феодализм көп жағынан еуропалықтарға ұқсас болған. Ол әлеуметтік типология жағынан ғана емес, сонымен қатар мәдениет жағынан да байқалатын. Грузин мәдениеті тұтастай эллиндік және византиялық мәдениеттерге бағытталады. Дегенмен Грузия мен Армения Византияның саяси үстемдігіне қарсы күресін тоқтатпайды. Грузия поэзиясы өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, өздерінің ұлттық дүниетанымына қарай өзгертулер мен өңдеулер арқылы парсы лирикасының кейбір элементтерін де бойына сіңіреді. Қалыптасып келе жатқан әзірбайжан әдебиетінде көркем әдебиеттің дамуына қолайлы алғы шарттар жасалған: түркі тайпаларының керемет үлгідегі халықтық эпосы, мұсылман мәдениеті, оның ішінде өте ауқымды ғылыми және көркем әдебиеті және иран мәдениетінің асыл мұрасы мен оның жоғары эстетикалық деңгейі.
IX-XIII ғ. Армения, Грузия және Әзірбайжан елдерінде сауда мен қолөнер дами түседі. Кавказ территориясы Шығыс пен Батыс арасын байланыстыратын Ұлы сауда жолдары тоғысқан жерде болады. Бұл жолдар арқылы Қытай, Үндістан, Иран, Константинополь және басқа да еуропалық елдер байланыс жасайды. Осы әлемдік байланыстар арқылы қалар дамып, мемлекеттер пайда болады және сол кездің рухани құндылықтары бой көтереді. Осы жолдардың тоғысында роман-германдық әлемнің, Шығыс пен Кавказ халықтарының тілдері пайда болып, мәдени және әдеби байланыстар қалыптасады. Грузиядағы Артануджи, Тбилиси, Кутаиси, Армениядағы Ани, Двин, Ван, Каре, Әзірбайжандағы Барда, Ганджа, Нахичевань, Табриз, Марага қалалары жаңа мәдениеттің орталықтарына айналады.
Мұның барлығы поэзия, әдебиет, философиялық-ғылыми ойлар сияқты рухани мәдениеттің дамуына жол ашады. Осы жағдайлар Арменияда Григорий Нарекаци, Нерсес Шнорали, Мхитар Гош және Вардан Айгекци, Грузияда Чахрухадзе, Иоане Шавтели және Шота Руставели, Әзірбайжанда Бахманяр, Хагани Ширвани және Низами Ганджеви сияқты сол кезде атақ пен даңқа ие болған гуманист-ақындар мен ақын ойшылдардың пайда болуыны әсер етеді. Олардың шығармашылығында гуманистік бағыт білінеді. Гоштың «Армян заңдардар жинағы» атты шығармасы мен мысалдары өзінің замандастары Низами мен Руставелидің поэтикалық шығармаларымен сарындас болған. Бірнеше ғасырдан кейін «Армян заңдардар жинағы» туындысын грузин патшасы, әрі ақыны YI Вахтанг өзінің «Жинақ» атты шығармасында пайдаланады. Мазмұны мен саяси-әлеуметтік жағынан да, кейде жанрлық формасы бойынша да Низамидің «Хамса» атты алғашқы поэмасындағы аңыздар Гоштың мысалдарымен үндессе, ал оның басқа поэмасындағы поэтикалық бейнелер мен оның романдық сипаты Руставелидің монументальды поэмасын еске түсіреді.
Армян әдебиеті. IX ғ. аяғынан X ғ. басына дейінгі кезеңде араб үстемдігіне қарсы ұзақ әрі қиын күрестің нәтижесінде Армения саяси дербестілікке қол жеткізді. Елдің саси тәуелсіздігінің қалыптасуы экономика мен мәдениеттің гүлденуіне қолайлы жағдайлар туғызады. Мұндай оң өзгерістер Батыс Еуропа елдерімен тығыз байланыс жасаған Киликиядағы Рубенидтердің (1080-1375) шамамен 300 жыл бойы өмір сүріп, патшалық еткен кезеңінде айқын көрінеді. Византиялықтардың жаулаушылық саясаты мен түрік-селжұқтарының басып алу жорықтарына байланысты Арменияның шығыс бөлігіндегі мемлекет дамуы XI ғ. ортасында уақытша тоқырауды бастан кешіреді. Бірақ XII ғ. Арменияның Солтүстік Шығыс аудандарында Грузияның көмегімен Захарид патшалығы құрылғаннан кейін қайта қалпына келеді. Сол кезде бұрын-соңды болмаған музыка, әдебиет пен ғылымның гүлденуі басталады.
X-XII ғ. ғылым мен мәдениетте жоғары мәртебелі адамдар маңызды рөл ойнай бастайды, оның ішінде ғалым, педагог, әскери қоғам қайраткері князь Григорий Магистростың (990-1059) алатын орны ерекше. Ол антикалық философия мен мифология, әдебиет, нақты және жаратылыстану ғылымдарын меңгерген ғалым болған. Оның мектебіндегі оқу жүйесі схоластика мен догматизмге қарсы бағытталып, онда жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдарға үлкен көңіл бөлінген. Магистрос армян әдебиетіне жаңа эпистолярлық жанрды енгізген. Оның «Хаттарында» әдеби негіздерден алынған және өзі жазған көптеген мысалдар мен аңыздар келтірілген. Магистростың «Хаттары» стилі жағынан көркем-публицистикалық және эмоционалды болып келеді.
Сол кезеңнің ұлы ақындарына Григорий Нарекаци және Нерсес Шноралиді де жатқызамыз. Григорий Нарекацидің (945/950-1003 ж.) өмір сүрген кезеңі көптеген қайшылықтар мен келеңсіздіктерге толы болған. Бір жағынан кейде мистикалық дәрежеге дейін жететін діни және аскеттік ойлардың кең тарауы, екінші жағынан шіркеулік жоралғылар мен ғұрыптардан толықтай бас тарту мен зиялы өмірге қарай ұмытылыс болады. Осы келеңсіздіктер ақынның ой-өрісі мен оның шығармашылығына әсерін тигізбей қоймайды. Нарикаци Арменияның Васпуркан облысында, ғалым-епископ Хосров Андзевацидің жанұясында дүниеге келген. Ол Нарекс монастырында замандастарының арасында «ұлы ойшыл» атанған немере ағасы Ананий Нарекацидің қолында тәрбиеленеді. Наракаци оқуының соңында сол монастырьде монах болып қалады. Көп уақыт ұзамай өзінің білімі мен шығармашылығы арқылы аты шығып, көзінің тірісінде де ол туралы аңыздар айтылады. Дегенмен бізге жеткен жазбалар бойынша, сол дәуірдің өзінде Нарекаци қуғын-сүргінге ұшырап, тіпті сотқа да тартылған. Ол өзі тәрбиеленген монастырьде жерленіп, ұлы ойшыл-ақынның қабірі ғасырлар бойы халық арасында киелі жер деп есептелінген.
Нарекаци үлкен әдеби мұра қалдырған, олардың арасында «Гандзы» (құдай мен әулиелерге арналған ұрандар), «Апарандық кресттің тарихы мен әулие Крест пен әулие Ананы ұлықтау», «Қасиетті апостолдарды ұлықтау», «Низибийлік епископ, әулие Иаковты ұлықтау», «Әндер» («Таги») және «Қайғылы діни әндер кітабы» сияқты шығармалары белгілі.
Нарекацидің шығармаларында оның жаңа эстетикалық тұжырымдамасы айқын көрінеді. Ол армян әдебиетінде бірінші болып, табиғатты поэзияның объектісі ретінде қарастырған. Нарекаци армян әдебиетінде алғашқылардың бірі болып адам мен оның жан дүниесін табиғаттың бір бөлігі ретінде көрсетеді. Бұл өз кезегінде поэтикалық форманың өзгеруіне әсер етеді. Ақын жасаған әулие Марияның бейнесі адамгершілік құндылықтарының бастамасын білдіреді. Бұл мәдени-рухани және дәстүрлі-діни образдар мен ұғымдарды түсіну мен поэтикалық қолданудағы жаңа қадам болады. Құдірет күштеріне адамдық қасиеттерді таңа отырып, адамзат баласын үлкен құдірет пен күшке ие етіп көрсетеді. Бұл әдіс тек әдебиетте ғана емес, сонымен қатар, армяндық өнердің басқа салаларында да көрініс тапқан. Нарекаци қасиетті Марияның бейнесін қарапайым адамға тән қасиеттермен суреттеп, сол арқылы адам мен құдай арасында белгілі бір шектің жоқтығын көрсеткен.
Өлімнен құтылмайтынын білген ақын, өлімнің сұмдық тұстарын, яғни адам өмірінің ең үлкен трагедиясын суреттейді. Ол жан-тәнімен құдайдан «ақырзаманның келуін тездетпеуді», «өлімнің ащы дәмін» уақытынан бұрын татқызбауды тілейді. Нарекацидің поэтикалық елестері шексіз, оның көз алдына Ібілістің, қорқынышты соттың, тозақтың, тіпті өз өлімінің елесі де келеді.
XII-XIII ғ. мысалдың прозалық жанры пайда болып, дами бастайды. Ортағасырлық мысалшылардың ішінде ерекше көзге түскендері Мхитар Гош пен Вардан Айгекци. Мхитар Гош (1130-1213) Ганджада туылған. Ол екі рет вардапет дәрежесін алған жоғарғы білімді адам болған. Гош Нор-Гетиктегі шіркеу мен ондағы мектептің негізін қалайды. Армениядағы заң ғылымдарының дамуы Гоштың есімімен тығыз байланысты. «Шіркеулік канондар» мен «Қалталылардың заңдарынан» тұратын «Армян заңдар жинағы» кең таралады. Гошқа дейін Арменияда қалталылардың заңы болмаған. Феодалдарға шектеу қойған және мұсылмандыққа қарсы болған Гоштың заңдары прогрестік мәнге ие болады. Ол жекеленіп кеткен княздықтарды біріктіріп одақ құру керектігін айтып, патриоттық идеяны көтеріп, бұл туралы ол өзінің бірнеше мысалдарында да айтқан. Гош библиялық заңдарды «мәңгілік» деп ойлағанымен, оларды Арменияның қоғамдық өміріне негіздеп қолданған. Гош халық пен мемлекет арасындағы тыныштықты жақтаушы болып алға шыққан.
Армяндық лириктердің ішінде Фриктің (XIII ғ.) алатын орыны ерекше. Оның ең үздік туындылары әлемдік поэзияның маржаны болып табылады. Фрик Шығыс Арменияда тұрған және моңғол шапқыншылығының куәгері болған. Ақынның 50 астам өлеңдері сақталып қалған. Фриктің шығармашылығы ортағасырлық жазушылардың шығармашылығы сияқты қайшылыққа толы. Ол бес күндік дүниеде кездесетін сынақтар мен қайғы-қасіреттер туралы өлеңдерін христиан ілімінің негізінде жазған. Алайда Фрик бұл өлеңдерінде құдайға сеніп, оның рахымдылығы мен мейірімділігінен үміттене отырып, жатжерлік және жергілікті құлиеленушілердің ашкөздігін қатты сынға алып, қатыгез жауыздар мен екіжүзді діндар сымақтарды әшкерелейді. «Тағдыр дөңгелегі» мен «Шағымдар» атты өлеңдерде автор езілген тап өкілдерінің құқығын қорғайды. Осы өлеңдерден елжанды, ұлы ойшыл, үлкен гуманист ақынның асыл бейнесін де көре аламыз.
Y-XIII ғ. Арменияда жазба әдебиетпен қатар ауызекі әдебиет те дамиды. Ғасырлар бойы түрлі жанрларда ауқымды фольклорлық шығармалар пайда болады: аңыздар, ертегілер, эпикалық өлеңдер мен әңгімелер, гусандық өлеңдер, әлем кезушілер туралы өлеңдер, бесік жырлары, әдет-ғұрыптық, әскери, сонымен қатар, аңыздар мен мақалдар, мәтелдер және т.б.
«Сасундық Давид» («Сасунци Давид») эпосы армян халқының ауыз әдебиетіндегі жарқын үлгілердің бірі болып табылады. Кемеңгер халықтың ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірген бұл шығарма дүниежүзілік фольклордың ұлы эпикалық ескерткіштерінің қатарына кіреді.
Армян эпосы ырғақ дауыспен, ал кейбір ұйқас өлеңмен айтылған эпизодтар әнмен айтылады. Айтушы бір не екі бөлімін әндетіп, ал соңында эпоста мадақталған барлық батырлардың есімдерін көтеріңкі дауыспен айтқан. «Сасундық Давид» эпосының құрылу уақыты ІХ-ХІІІ ғ. сәйкес келгенімен, оның тарихи түйіні ІХ ғ. ортасындағы оқиғалар болған. Бұл монументальдық шығарма армян халқының көп ғасырға созылған азаттық күресінің өзіндік бір жылнамасы болып табылады. Бұл эпос абыз-гусандар арқылы құрылып, ұрпақтан-ұрпаққа таралып, қазіргі күнге дейін жеткен. Онда елдің негізгі идеялары мен мақсаттары, еркіндікті сүю мен елжандылық, қайраттылық пен ерлік, халықтың жарқын болашаққа және әділдік пен мейірімділіктің жеңісіне деген сенімі көрініс тапқан. Осы арқылы эпостың халықтық сипаты анықталады. Елжандылық идеясы, әсіресі Давидтің образында айқын көрінеді. Бұл туындыда орта ғасырдағы армян елінің ұлттық әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүрі, діни ұстанымы, тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік қарым-қатынастары суреттелген.
Грузин әдебиеті. Грузияда жазудың пайда болғанына дейін халық әдебиетіндегі түрлі аңыздар, эпикалық ертегілер, лирикалық өлеңдер кең тараған. Құдайлармен соғысып, аспан отын ұрлап, кейін Кавказ тауындағы жартасқа байланып жазасын алған Амирани (Прометейдің егізі) батыр туралы айтылған аңыз ерекше сұранысқа ие болған. Амирани ерліктері жайлы аңыз жергілікті мәдени ескерткіштер мен ежелгі грекиялық әдебиетте де көрініс тапқан.
Грузин халқының поэзиясымен қатар біздің заманымызға дейінгі кезеңдердің өзінде олардың жазу үлгісі де болған. Бірақ бұл жазу үлгісіндегі ескерткіштер бізге дейін жетпеген. ІY ғ. алғашқы жартысында (337 ж.) христиан діні Грузияның мемлекеттік діні деп танылды. Грузин жазу үлгісіндегі ескерткіштерден Y ғ. ортасына жататын эпиграфиялық жазбалар сақталған. Сол ғасырдың 70 жылдары Яков Цуртавелидің грузин халықтарының әдеби тілінде жазылған «Шушаниктің азабы» атты әдеби шығармасы жарық көреді. Әдеби тілмен және шіркеулік грузин жазуымен жазылған алғашқы шығармалар стилінің жетілуі бұл жазу үлгісінің ежелгі шығу тегін дәлелдейді.
Ежелгі грузин әдебиетін шартты түрде 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады: Y-ІХ ғ. (феодализмнің алғашқы даму кезеңі); ХІ ғ. басы мен ХІІІ ғ. екінші ширегі (феодализмнің дамыған кезеңі) мен ХІІІ-ХYІІІ ғ. аралығы (кейінгі феодализм кезеңі).
Y-ХІ ғ. қамтитын грузия әдебиетінің алғашы кезеңі грузин халқының тұрмыс-тіршілігімен анықталатын діни сипатқа ие болған. Көршілес армян және албан (әзірбайжандықтардың ата тегі) халықтары сияқты грузин тайпалары да жатжерлік қанаушылардың езгісіне ұшырап, үлкен қайғыға душар болады. Кавказ аймағының үстемдігіне парсы мемлекеті мен Шығыс Рим (Византия) империясы таласқан. YІІ ғ. екінші жартысында Грузия елі араб-мұсылмандарының билігіне көшеді. Ал ХІ ғ. Грузия жеріне көрші селжұқтар басып кіреді. Қаңырап қалған елде тек христиан шіркеуі ғана бір орталықтанған күшке ие болады. Феодалдық-иерархиялық негізде құрылған христиан шіркеуі қоғамдық дүниетаным мен грузия мәдениетіне айтарлықтай әсер етеді.
Шіркеуге керек кітаптың барлығы грузин тіліне аударыла бастайды. Інжіл («Псалтирь», Евангелия және т.б.) грузин тіліне аударылды. Георгий Святогорец немес Афонскийдің (1009-1065) шығармалары мен аудармаларын грузин шіркеуі канондық деп мойындайды. Аудармалар көбіне грек не сирия тілдерінен аударылған.
Жалпы христиандық әдебиеттің көп бөлігі грузин тіліне алғашқы кезеңде аударылып біткен. Грузияда Иоанн Мосханың «Физиолог» (армян тілінен аударылған), «Лимонарий» (араб тілінен аударылған) сияқты аудармалары үлкен сұранысқа ие болады. Кейбір маңызды ескерткіштер бірнеше рет аударылған (Иоанн Дамаскиннің «Білімнің қайнар көздері» атты шығармасының жеке бөліктері 3 рет аударылған). Інжілден басқа кітаптардың барлығы жергілікті қоғамдық-саяси және мәдени сұраныстарға сәйкестендіріліп, оларға айтарлықтай өзгерістер енгізіліп отырған.
ХІ-ХІІ ғ. грузин діни-философиялық әдебиеті дами түсіп, «философиялық ойлаудың жаңа бағыттары» пайда болады. Сонымен қатар ежелгі Грузияда сәуегейлік әдебиеттің аудармаларымен айналысу кең тарайды. Бұл құбылыс христиан қоғамының қажеттілігі мен идеологиялық талаптарынан туындайды. Бұл – историография мен беллетристиканың кейбір элементтерінен тұратын сәуегейлік (агиографиялық, мартирологиялық) немесе тарихи-биографиялық әдебиет. Осындай ескерткіштер грузин халқының көрші елдермен болған соғысы жайлы баяндайтын.
Сәуегейлік әдебиеттің ең ежелгі ескерткіштерінің бірі - Яков Цуртавелидің «Шушаниктің азабы» атты туындысы. Бұл шығарма 475-484 ж. аралығында жазылған. Онда аса көркем түрде картлий басшысы Варскеннің әйелі мен оның қайғы-қасіретке толы тағдыры жайлы айтылады. Жеке мүддесі мен саяси мақсаттарды көздеген Варскен парсы шахының билігін мойындайды, христиан дінінен алшақтап, маздаизмді қабылдайды. Кейін ол жанұясындағы барлық туысқандарын христиан дінінен бас тартуға мәжбүрлейді. Тек әйелі Шушаник қана күйеуіне мойынсұнбай, оның талаптарын орындаудан бас тартады. Шушаник осы әрекеті үшін түрлі қиындықты басынан өткізіп, 475 ж. азапталып өлтіріледі.
Яков Цуртавели қайратты да батыл, ержүрек те шыдамды әйел образын сомдайды. Автор түрлі метафора, теңеу, салыстыру тәсілдерін кең қолданып, өз еліне, дініне сенген байсалды Шушаникті өз дінінен бас тартқан, елін сатқан, қатыгез де жауыз Варскенге қарсы қояды. «Шушаниктің азабы» атты шығарма историографиялық ескерткіш ретінде де өте бағалы. Бұл шығармадан сол кездегі парсы әмірінің қол астында болған Грузияның саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни және мәдени ахуалын көре аламыз. Сонымен қатар онда халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен де жарқын көріністер келтірілген.
Х ғ. басында Василий Зарзмели Смацх аймағындағы (Грузия оңтүстігі) Зарзм монастырының негізін қалаушы өзінің көкесінің әрекеті туралы жазады. Автор Смацх аймағын мекендеген халықтың әлуеметтік жақтары мен тұрмыс-тіршілігін суреттеуді басты орынға қояды. Василий Зарзмели өз шығармасында шаруалардың жақсы жерлерге иелік ететін монахтарға деген жеккөрушілік сезімдерін де жасырмайды.
Грузияда гимнография да жоғары даму дәрежесіне жеткен. Салттық, литургиялық, құдайға табыну ән шерулері негізінде аударылып отырған. YІІІ ғ. алғашқы түпнұсқалы грузиндік әнұрандар әдебиетінің ескерткіштері пайда болады (мысалы, Иоанн Сабанисдзенің «Або Тбилелидің азабы» атты шығармасының төртінші бөлімі).
Ежелгі Грузияның өзіндік тарихи әдебиеті ХІ-ХІІ ғ. жататын ескерткіштерден көрінеді (Леонтий Мровели, Джуаншер, Давидтің ұлы Сумбат, Арсений, тарихшы Давид Құрылысшы мен Тамара және т.б.). Барлық грузин жазушылары мен тарихшылары ішкі алауыздық пен феодалдар арасындағы талас-тартыстарды қатты сынай отырып, елдің бір тудың астына бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару идеясын ұстанады.
ХІ-ХІІ ғ. Грузияның қоғамдық құрылысы дамыған феодализм сатысына өтеді. Жан-жақтан төнген сыртқы жауларына ауыр соққы бере отырып, ел біртіндеп бірігіп, саяси тәуелсіздікке қол жеткізе бастайды. Давид Құрылысшы (1089-1125), Георгий ІІІ (1156-1184), Тамара патшайымы (1184-1213) билеушілерінің тұсында Грузия жеке тәуелсіз ел ретінде танылып қана қоймай, сонымен бірге Шығыс елдерінің тарихында да маңызды орын ала бастайды. Осы уақытта шіркеулер қайта құрылып, толық мемлекеттік билікке көшеді. 1122 ж. бастап Тбилиси елдің саяси және мәдени орталығына айналады. Осы кезең Грузин халқының материалдық және рухани дамуының биік белесі болады.
Осы дәуірде Грузияда түрлі ғылымдар дамып, схоластика мен шіркеу догматикасынан тыс қоғамдық-саяси және дін философиялық ойлар қалыптаса бастайды. ХІІ ғ. Грузин ортағасырлық мәдениетінің тарихында классикалық кезең болып саналады. Зайырлы әдебиет көрші халықтардың әдебиетімен, әсіресе Шығыс мұсылмандарының парсы тілді әдебиетімен тығыз байланысты сақтай отырып өзіндік сипатқа ие болады. ХІ-ХІІ ғ. грузин тіліне көптеген антикалық дәуір, парсы, тәжік әдебиетінің ескерткіштері аударыла бастайды. Мысалы, Фирдоусидің «Шах-наме», Унсуридің «Вамек пен Азра», Низами Ганджевидің дастандары («Ләйлі-Мәжнүн», «Хосроу мен Шырын», «Ескендір-наме»), Гурганидің «Вис пен Рамин» сияқты шығармалары грузин тіліне аударылады. ХІІ ғ. дамыған ұлттық грузин мәдениеті Низами мен Хагани шығармаларында да көрініс табады. Грузияның классикалық дәуіріндегі шығармаларының көп бөлігі моңғол-татар шапқыншылығы кезінде жоғалып кеткен. Бірақ кейбір сақталған ескерткіштерге қарап, ежелгі грузин зайырлы әдебиетінің бай, сан алуан болғандығын нық сеніммен айта аламыз.
Ежелгі грузин зайырлы әдебиетінің алғашқы ескерткіштеріне «Амиран-Дареджаниани» ертегісін жатқызуға болады. Бұл шығармада пехлеван Амиран-Дареджанисдзенің қиял-ғажап саяхаттары, оның сарбаздары мен ержүрек жауынгерлері жайлы айтылады.. Бұл әңгіме қиялға негізделгенімен, онда сол уақыттағы грузин қоғамының әлеуметтік, саяси, адамгершілік мәселесі суреттеледі. XII ғ. грузин патша сарайларында сарайлық тарихшылар жылнамалар мен тарихи шығармалар жазып, заңгер-ғалымдар патша билігінің құдіреттілігін растап, салтанатты сарай мерекелерінде одалық ақындар көркем мадақтау өлеңдерін оқыған.
XII ғ. ең беделді одалық ақындар ретіне Шавтели мен Чахрухадзені мысалға келтірсек болады. Иоанн Шавтели - «Абдул Мессия» (Христос құлы) атты панегирикалық поэманың авторы. Онда мадақталғалған тұлғаның кім екені (Дәуіт Құрылысшы немесе Дәуіт Сослани) әлі де нақты белгісіз. Шавтели өзінің қамқоршысы-мәртебелі билеушісін көркем тілмен суреттеп, оның асыл бейнесін салтанатты түрде әсем сипаттайды.
Чахрухадзе «Тамариани» атты панегирикалық өлеңдер жинағын жасаған. Автор Тамара патшайым мен оның өмірлік серігі Дәуіт Сосланиді мадақтай отырып, грузин патшайымының христиан әлемін сақтаудағы миссиясы туралы сөз қозғайды. Панегирикалық үлгіде жазылған «Тамариани» шығармасында сол кездегі Грузияның қоғамдық ойлау жүйесінің даму сатысы көрсетілген. Чахрухадзе мен Шавтелидің білімділігі мен дүниетанымының кеңдігінен ХІІ ғ. грузин мәдениетінің даму деңгейін көре аламыз.
Классикалық дәуірдегі грузин поэзиясының ең көркем туындысына Шота Руставелидің «Жолбарыс бейнесіндегі батыр» атты поэмасын32 жатқызамыз. Руставели өмірі туралы нақты деректер өте аз. Бұл шығарма туралы басты тарихи-әдеби дерек - поэманың прологы. Шота Руставели шығармасын Тамара ханшайымға арнап, кіріспе шумақтарда (3-4) ханшайым мен оның жары Давид Сосланиді мадақтаған. Осы арнаудан туындының XII ғ. 80 жылдары мен XIII ғ. бірінші онжылдығына дейінгі уақыт аралығында жазылғаны туралы болжам жасай аламыз. Прологта (7-8 жолдар) Руставели есімі екі рет кездеседі.
Әзірбайжан әдебиеті. Кавказ халықтары - грузиндер, армяндар мен әзірбайжандар түрлі басқыншылардың басып кiруiнен жерлері мен өз тәуелсіздіктерін қорғап қалу үшін бір тудың астына бірігеді. XII ғ. бастап олар өзара саяси, экономикалық және мәдени тығыз байланыста болады. Бұл халықтардың мәдениет өкiлдерi бiр-бiрiнің мәдени және әдеби өмірлерін жақсы білген. Грузиндер мен армяндар арасында әзірбайжан тілі мен ауызша халық әдебиеті, махаббат поэзиясы мен халық әндері кең тарап, үлкен сұранысқа да ие болған.
XII ғ. әзiрбайжан лирикасы қарқынды дамиды. Сол кездегі Фалактер, Муджираддин Бейлакан, Иззаддин Ширван секілді ақындардың шығармашылығында гуманистiк және демократиялық сарындар маңызды орынға ие болады. XI ғ. феодалдық сарайларда, сарай поэзиясы гүлдеп оның негізгі жанрлары қасыдалар мен ғазал болады. Сонымен қатар рубаилар (төрт шумақ өлең) және маснауилер (эпостық поэзия) құрылады.
Әзiрбайжан феодалдарының сарайларында панегириктер қызмет көрсеткен. Әдетте оларға «ақындардың патшасы» (Малик аш-шуара) басшылық жасаған. XII ғ. сарай поэзиясының белгiлi өкiліне талантты ақын Абу-л-Ала Ганджевиді жатқызамыз. Ол Ширваншах Манучехрдің тұсында өмір сүріп, оған қызмет еткен. Оның Ф. Ширван және Х. Ширван атты дарынды шәкірттері болған.
Абу-л-Ала (1120-1149) Манучехра Ширваншахтың тұсында ақындардың патшасы атанады. Бiзге дейiн оның әр түрлi антологиядаларғы ақындық дарыны туралы және әдеби ортасы мен өмірі туралы кейбір қасыданың үзінділері ғана жеткен. Ақынның шығармашылығында оның астрономия, медицина, философия және теология сияқты қазіргі ғылымдармен таныс болғанын көруге болады. Абу-л-Аланың қасыдасы түрлі образдар мен метафораға толы. Ол өлең өлшемдерін шебер пайдаланып, әсерлi әрі көркем тілді өлең ұйқастарын жарыққа шығарған. Ол өзінің таланты арқылы тек өз Отанында ғана емес, сонымен қатар басқа да халықтар арасында да үлкен атақ пен зор құрметке ие болған.
Абу-н-Низам Мұхаммед Фалақи Ширван (1108-1146) Ширваншах астанасы Шемахта дүниеге келедi. Ол туған қаласындағы медреседе оқып, сол жерде өз заманына сай терең білім алады, араб филологиясы мен теология ғылымын да жақсы меңгереді. Лақап аты Фалақи (яғни, аспан және жұлдыз) болғандығына қарағанда астрономияны да жақсы білгенге ұқсайды. Бiзге дейiн оның лирикалық өлеңдерінің қасыдалар, ғазалдар мен рубаиалардан тұратын аз ғана бөлігі жеткен. Фалақидің қасыдасы панегирикалық тақырыптарға жазылған және жоғары көркем шеберлігі мен терең ғылыми мәні арқылы ерекшеленеді.
Өзінің мұғалімі Абу-л-Ала мен досы Хагани сияқты Фалақи да өз патшалығында бақытсыз күндерді бастан кешеді. Ол өз қызметінде жеткiлiктi адалдық көрсетпегені үшін айыпталып, Шабаран түрмесіне қамауға алынады. Мұның барлығы ақынның денсаулығына қатты әсер етіп, оның өмірiнде өшпестей iз қалдырады. Түрмеде отырып хабсийе («түрме жолдары») жанрындағы қасыда жазады. Ақын өз шығармаларында әділетсіздік пен заманның қаталдығы туралы жырлайды. Фалақидің ғазалдары мен рубаиаларының ерекшелігі махаббат туралы суреттеулерінен айқын көрінеді.
XII ғ. әзiрбайжан поэзиясындағы ең iрi ақындардың бiрi Хаган Ширван болған. Афзаладдин Бадиль Хаган Ширван 1120 ж. да Шемахта дүниеге келедi. Оның әкесі Әли ағаш шебері, ал атасы тоқымашы болған. Хаган балалық шағында ақылдылығы мен шапшаңдығы арқылы көзге түседі. Оның анасы христиан дінін ұстанып, кейін ислам дінін қабылдаған. Хаган әкесі жағынан немере ағасы Кафиэддиннің тәрбиесiнде болған. Ол өз уақытының медицина, астрономия, жаратылыстану, логика, грамматика, әдебиет сияқты түрлі ғылым саласын терең меңгерген iрi ғалым және мұсылман заңдарын жақсы білген заңгер де болған. Хаган 1156 ж. Меккеге барып, қажылық жасауға рұқсат алады. Бұл Иран, Ирак, Сирияның жерлерін, сонымен қатар Хамадан, Медаин, Бағдат, Дамаск сияқты тарихи қалаларын көруіне де үлкен мүмкіншілік туады. Ширванға қайтып келген соң Медаин шахтарының бұрынғы бас қаласының қираған орындары туралы философиялық элегия жазады.
Ақынның «Медаин қаласының қираған орны» атты қасыдасы халық арасында кең тарайды. Онда билік басындағылар мен халықтың тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Ақынның философиялық ойы мен лирикалық классикалық үлгiсi шығыстың ең iрi ақындарын да қызықтырған. Хаган өз заманындағы феодал таптың өкілдеріне үлкен сабақ берді: қандай күштi құдiреттi болса да, барлығына ортақ апаттан ешкім құтыла алмайды.
Ақын батыл новатор болған. Ол дәстүрлі поэзиялық жанрлардың тақырыптық шекарасын кеңейтіп, өз шығармаларында әлеуметтік идеялар мен философиялық мәселелерді де қарастырады. Хаган көбіне мұсылмандық моральдерге қарсы тұрып, махаббат әншісі ретінде адамның сұлулығы мен сезімін жырлайды. Бірқалыпты формада, әрі көркем құралдарға толы оның шығармалары өзінен кейінгі әзірбайжан ақындарына ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс ақындарына керемет үлгі бола алған.
Ильяс ибн Йусуф Низами Ганджеви (1141/43-1203/05 ж.) Ганджада дүниеге келген, сол жерде білім де алған. Сол уақытта Ганджа қаласының қолөнершілері топтарға бірігіп, феодал қанаушыларға қарсы көтеріліс жүргізеді. Сол көтерілістердің жаңғырығы Низами шығармаларында да көрініс табады. Сол кезеңде Ганджа қаласы мәдениет пен білімнің орталығы болған. Онда көптеген білімді ғалымдар мен ғұламалар өмір сүрген. Низамидің өлеңдерінен оның түрлі ғылымдардан хабардар екенін көре аламыз. Оның дәлелі ретінде Низамидің шығармаларындағы астрономия, астрология, математика сияқты нақты ғылымдарға жасалған сілтемелерді келтіруге болады (мысалы, математикалық «иррационалды түбір» термині «Жеті сұлу қыз» атты поэмасында орынды қолданылған). Сондай-ақ ақынның тарих пен философия жайлы да терең білімі болған. Ол мұсылман теологиясын, заң ғылымын, логиканы біліп қана қоймай, антикалық философияға да қызығушылық танытқан. Оның соңғы поэмасы «Бестікте» Ескендірдің жорықтарын, ақынның география жайлы түсінігін сипаттайды, ал «Ләйлә мен Мәжнүн» поэмасындағы жұлдызды аспанды керемет сипаттауы оның астрономиядағы білімінің жоғары екенін дәлелдейді. Низами араб және парсы тілдерін жетік меңгерген болатын, сондай-ақ осы тілдердегі әдебиеттермен жақсы таныс болған. Ақынның жеке өмірі жайлы мәліметтер бізге белгісіз. Низамидің әдеби мұрасы ретінде «Бестікте» («Хамса») біріктірілген эпикалық шығармалары, ғазалдары, қасыдалары, өлең шумақтары және лирикалық жанрда жазылған басқа да шығармаларын көрсетуге болады. Кейбір деректерге сүйенсек (Доулат-шах Самарқанди), Низамидің 20 мың бәйттен тұратын лирикалық өлеңдер жинағы болған, бірақ өкінішке орай бізге үлкен лирикалық мұрадан тек 6 қасыда, 116 ғазал, 30 рубаи ғана жеткен.
Низами өмірінің соңғы 30 жылын «Хамса» - «Бестік» атты өткен және сол заманғы тарихи оқиғаларды қамтитын кең көлемді эпикалық шығармалар жинағын жазуға арнаған. «Хамса» – бес маснауи - поэмадан тұратын жанрлық форма. Оның біріншісі – «Сыр сандығы» (1173-1180), екіншісі - «Хосроу мен Шырын» (1181), үшіншісі – «Ләйла мен Мәжнүн» (1188), төртіншісі – «Жеті сұлу қыз» (1197) және соңғысы – «Ескендір-наме» (1203). «Хамсаға» енген алғашқы шығармасы «Махзан әл-асрар» («Сыр сандығы») 1173-1179 ж. аралығында жазылған. Ол - Шығыс Ирандағы (Хорасан мен Орталық Азия) атақты дидактикалық-философиялық жанрмен жазылған поэма. Кітап кіріспеден және мақала деп аталатын 20 бөлімнен тұрады. Бірінші мақала Адам атаның жаратылуы туралы - адамның әлемдегі негізгі қызметі жайлы ойлардан, екінші әңгіме билеушілерге арналған әділеттілікке алып келетін рухани игілікті сақтау жайлы кеңестерден, үшінші әңгіме өмірдің құбылмалылығы мен ақынның қайғы-қасіретке толы жырларынан тұрады. Кейін ақын кәрілік, «құдайдың жаратқан мақұлығы», адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас, адамның әлемге деген қарым-қатынасы сияқты маңызды мәселелерді де сөз етеді.
Бұл бес поэма тек әзірбайжан халқының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Таяу Шығыс халықтарының әдеби қазынасына айналған. Осындай керемет үлгідегі туындыны жарыққа әкелген ортағасырлық ақын-классик Низами Ганджавидің шығармашылығы әлемдік мәдениетті толықтырып, оның алтын қорына енеді. Низами шығармалары Таяу және Орта Шығыс ақындарының шығармашылығына үлкен ықпалын тигізеді.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Кавказ халықтары мәдениетінің дамуына әсер еткен факторлар.
Григорий Нарекаци шығармашылығындағы этикалық тұжырымдама.
Ш. Рутавелидің «Жолбарыс бейнесіндегі батыр» поэмасындағы кейіпкерлердің бейнесі.
Низамидің «Хамса» атты дидактикалық-философиялық поэмасы.
Еуропадағы батырлар дастаны мен куртуаздық лирика
Кемелденген орта ғасыр дәуірінде халықтық-эпикалық әдебиеттің даму үдерісі әлі де жүріп жатты. Ортағасырлық әдебиетте батырлар дастаны маңызды орын алып, үлкен тарихи сипатқа ие болады. Кемелденген орта ғасырдағы батырлар дастанында сол дәуірдегі қоғамда қалыптасып келе жатқан вассалдық қатынастар, ұлттар мен мемлекеттердің бірігуі көрініс табады. Дастандардағы тарихи тақырыптардың ауқымы кеңіп, ертегілік-мифологиялық сарындарды ығыстыра отырып, христиандық мотивтердің маңыздылығы арта түседі, патриоттық пафос күшейіп, жаңа эпикалық формалар пайда бола бастайды. Бұл құбылыс әдеби шығармалардың таза фольклордан бөлініп шығуына әсер еткенімен, оқиға желісі мен мифологиялық-поэтикалық бейнелеудің бірігіп, рыцарьлық романдардың халық әдебиетіндегі фантастикалық элементтерге қайта жүгінуге әкеліп соғады. Дастандардың даму тарихындағы осындай өзгерістер өзара тығыз байланысты болады. Мемлекеттік тұтастыққа ерте қол жеткізген халықтардың дастандарында мифтер мен ертегілерге тән элементтер жойылып, тарихи аңыздардан алынған сюжеттер қолданыла бастайды.
Рулар мен тайпалардың негізгі арманы ұлттық тұтастықты сақтап қалу болғандықтан да, көптеген эпостық ескерткіштерден жатжерлік жаулаушылар мен басқыншыларға қарсы күрестен туындайтын патриоттық рухты көруге болады. Осындай патриоттық сарындар кейде христиандар мен мұсылмандардың арасындағы қарсылықтардан да көрінеді (романдық, славяндық).
Дастандағы басты бейне елдің бірлігін қамтамасыз ететін патша бейнесі болып табылады. Ол халық арасынан шыққан халықтың қиялындағы батырға қарсы қойылады. Патшаға деген адалдық патшаның әділетсіздігі, сарай маңындағылардың жауыздығы мен феодалдар арасындағы өзара талас-тартыстармен қатар суреттеледі (мысалы, Гильом Оранжский туралы француздық дастан). Онда сонымен қатар ақсүйектерге қарсы тенденциялар да көрініс тапқан («Менің Сидім туралы ән»). ХІІ-ХІІІ ғ. батырлар жырына куртуаздық (рыцарьлық) романның да әсер еткені белгілі (мысалы, «Нибелунг туралы ән» атты шығармада). Батырлар жырына шектен тыс әсірелеу, батырлардың барлық қиындықтарға төзуі мен үлкен трагедияға ұласатын драматизм сияқты түрлі теденциялар тән.
Дастанның стилистикалық ерекшеліктері оның фольклордан алшақтауы мен фольклорлық дәстүрлерге терең өңдеулердің енгізілуімен байланысты болады. Ауызша әдебиеттен қолжазбаларға көшу барысында синонимдік қатарлар ұлғайып, түрлі эпикалық формалар пайда болып, шығарманың құрылымы жинақтала бастайды. Ауызша әдебиетке де жоғары өркениет тән болғанымен, эпикалық шығармалардың көпшілігі қолжазбалардың пайда болуымен дами түседі.
Француз және испан халықтарының эпосы Х-ХІІІ ғ. шегімен сәйкес келеді. ІХ ғ. бастап романдық тілдер пайда болып, осы тілде әдеби шығармашылық та қалыптаса бастайды. Дастандарда кездесетін тарихи оқиғалар YІІІ ғ. ІІ жартысында орын алады. Бірақ бұл роман халықтарының ұлттық поэзиясы осы аймақтарда алғаш «варварлық мемлекет» құрған неміс халқының фольклор дәстүрлеріне тән элементтердің де әсер еткенін жоққа шығармайды.
IX‑XI ғ. Францияда ерте орта ғасыр әдебиеті кезеңі болып табылады. Бұл кезеңде француз ұлтының бірлігі пайда болып, мемлекеттік жүйе құрылып, сондай‑ақ феодалдық қоғамның мәдениеті мен әдебиеті қалыптаса бастайды. Осы дәуірде Францияда негізінен шаруалар, феодалдық рыцарьлар мен шіркеу қызметкерлері сияқты үш тап өмір сүріп, олардың әрқайсысы мәдениет пен әдебиетке өз үлестерін қосады. Шаруалар фольклорлық дәстүрлерді сақтап, оларды тасымалдаушылар болса, рыцарьлар батырлар дастанының дүниеге келуіне қолайлы жағдайлар жасайды. Бірақ оларды зиялылардың қатарына жатқызуға болмайтын, себебі ол мәдениет пен білімнің ошағы тек шіркеу болатын. Сол кезде латын тілінің қолданыста болуы антикалық дәстүрлердің ерте ортағасырлық әдебиетке әсер етуінің себебі болады. Бұл тіл тек оқу-жазу тілі болып қана қойған жоқ, сондай‑ақ бұл тіл дұғаларды оқуда, сот, білім жүйелері мен күнделікті сөйлеуде қолданылған. Ал француз тілі жаңа қалыптасып, көптеген диалектілерге бөлінетін тұрмыстық тілдің қызметін атқарды. Сондықтан да IX-XI ғ. латын әдебиеті негізгі әдебиет ретінде қолданылып, ал француз тілінде сақталған ескерткіштердің саны өте аз болған, ол тек латын тілінде жазылған шығармаларға еліктеу немесе оларға қосымша ретінде ғана пайда болады.
XII-XIII ғ. Франция өмірінде жаңа тап пайда болады. Ол қаланың тұрғындары ‑ буржуа (франц. bourg - қала), жаңа әлеуметтік таптың қалыптасуына негізінен қолөнершілер мен сатушылар әсер етіп, олар ортағасырлық қоғамның дамуында өте маңызды орынға ие болады. Жергілікті мырзадардан саяси тәуелсіздікті талап етіп, қаланы басқаруға қол жеткізеді. Бұл тап өкілдері рыцарьлық мәдениеттен бөлек өздерінің мәдениетін қалыптастырады.
XII-XIII ғ. рыцарьлардың, қала тұрғындарының, патша билігі мен шіркеу құндылықтарының динамикалық тепе‑теңдігі сақталған кезең болып саналады. Рыцарьлар мен буржуазияның әлеуметтік көтерілуі шіркеудің білімге деген монополиясын жоғалтуға алып келеді. XII ғ. шіркеулік мектептермен қатар қалаларда тәуелсіз мектептер ашыла бастап, шіркеулік мектептер Батыс Еуропада университеттерге айналады. Зайырлы мәдениеттің мәртебесі өсе бастайды. Византия және араб елдерімен қарқынды қарым‑қатынастарының нәтижесінде француз қоғамының ғылыми ой‑өрісі де кеңи түседі. XII ғ. грек және мұсылман ғалымдарының шығармалары қарқынды түрде латын тіліне аударыла бастайды (Аристотель, Гиппократ, Евклид, Архимед, Птолемей, Аверроэс, Авиценна шығармалары), ал ол өз кезегінде еуропалық ғалымдардың география, математика, астрономия, медицина, заң, тарих, философия салаларындағы жетістіктерді толықтыра түседі. Осындай өзгерістер француз диалектілерінде жазылған поэзияның қарқынды дамуына әсер етіп, француз тілінің диалектілері «тұрмыстық тілдің» шегінен шығып, латын тілімен бәсекеге түседі, бірақ латын тілімен толық теңесуі мен оны ығыстыруы тек XYI-XYII ғ. мүмкін болады.
Осы кезеңде голиардтардың латын поэзиясы, рыцарьлық поэзия, батырлар дастаны, қалалық әдеби жанр басты орын алады.
XII ғ. шіркеулік мектептерден білімді клириктер шыға бастайды. Олар қоғамда мәдени топ құрады, олардың қатарында голиардтар да болады. Голиардтар поэзиясының ортақ сипаты оның ғылыми стильмен жазылғандығында жатыр. Бүкіл латын әдебиеті сияқты, голиардтардың поэзиясы бір шетінен антикалық дәстүрлерге сүйенетін (махаббат лирикасында Овидийге, ал сатирада Ювеналға) болса, ал екінші жағынан інжілдік сарындар мен латын тіліндегі діни поэзиялық сарындарға сүйенеді. Голиардтардың шығармашылығы белгілі бір ортаға (рыцарьлық, халықтық немесе қалалық) бағытталып, антикалық және діни топиканы күнделікті өмірде қолданады.
Латын тілінен ежелгі француз тіліне өту француздар үшін этникалық бірліктің бастамасы болады. Францияда феодалдық құрылыстың алғашқы кезеңі Каролингтер дәуіріне (YІІІ-ІХ ғ.) сәйкес келеді. Бұл дәуір батырлар поэзиясында өзіндік эпикалық дәуір ретінде көрініс тапқан. Каролингтердің ішінде 800 жылы патша тағына отырған Ұлы Карл қайырымды эпостық патшаға айналады.
IX-Х ғ. француз эпосы халық әдебиеті негізінде қалыптасады. Француз эпосы қысқаша эпостық өлеңдердің (кантиленалары) күрделі өңдеулерден өтіп, дамуы арқылы бізге дейін ұзақ дастандар түрiнде жетедi. Француз халық әдебиетінде эпостық дәстүрлерді таратушылар неміс шпильмандарына жақын кезбе халық әншілері - жонглерлер болатын. Жонглерлер әуездi тақпақты дастандарды кiшкентай арфа немесе виоланың сүйемелдеуімен орындайтын. Олар жәрмеңкелер кезінде қала алаңдарында немесе рыцарьлар сарайында өз өнерлерін көрсеткен. Француз шығармаларында эпостық сөз орамдары, тұрақты эпитеттер мен қайталаулар жиі кездеседі. Мысалы, әскерлердiң жан-жақтан жиналуы, семсерлер мен сүңгiлер арқылы сайыстар, жекпе-жек күрестер, соғыс алдындағы айтыстар, жау қолынан қаза тапқан жауынгерлерге арналған жоқтаулар, әскердің қарулануы туралы көріністер жиі суреттеледі.
XII ғ. ортасынан XIY ғ. дейінгі кезеңде эпостық поэзия кең таралады. Эпостық поэмалар ержүрек жауынгерлердің соғыстары мен олардың ерліктері, сондай‑ақ YІІІ ғ. бас кезінен X ғ. дейінгі тарихи оқиғалар сипатталады. Ең атақты батырлар дастаны «Роланд туралы жыр»33 (шамамен 1170 ж.) болып табылады, онда жауынгерлік ержүректілік пен сүйікті Франция үшін қолбасшының Карлға деген вассалдық адалдығы жырланады. Француз эпосының биік шыңы болып саналатын «Роланд туралы жыр» ең көне поэма болып табылады.
ХІІ ғ. Германиядағы дамыған феодалдық қоғамда неміс тіліндегі әдебиет пайда болады. Ол көп жағдайда француз тіліндегі үлгілердің негізінде жазылған рыцарьлық романдармен байланысты болады. Дегенмен феодал сарайларында ежелгі дәстүрлер сақталып қалған Дунай маңындағы аймақтарда (Бавария мен қазіргі Австрия жерінде) шпильмандардың орындауымен жазбаша поэмалар мен батырлар дастаны қалыптаса бастайды. Ежелгі эпостар түрлі әдеби өңдеулер арқылы көптеген өзгерістергі ұшыраған. Шпильмандық эпостардан куртуаздық романдардың да әсері байқалады. Онда христиандық, феодалдық қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер көрініс табады. Неміс эпосының ең биік шыңы 10 өлеңнен тұратын 39 бөлімнен құралған атақты «Нибелунгтар туралы ән»34 атты поэма болып табылады.
XII-XIII ғ. түрлі өзгерістер мен ерекшеліктерге толы болады. Біріншіден, феодалдық құрылыстық қалыптасуы аяқталып, рыцарьлар табы ең үлкен маңыздылыққа ие болады. Кемелденген орта ғасырда Батыс Еуропаның феодалдық қоғамында куртуаздық лирика кең тарайды. Батыс Еуропаның куртуаздық лирикасында шығыс мәдениетіне тән сипаттар да кездеседі. Куртуаздық, сарай ақындары Тан және Сун әулетттері тұсындағы Қытайда, хэйандық Жапония мен Иранда да кездеседі. Батыстың куртуаздық лирикасына ІХ-ХІІ ғ. арабтардың махаббат поэзиясы өте жақын болып келеді (Абу Фирас, Ибн Зәйдун, Ибн Хамдис және т.б.).
Дамыған феодалдық қоғамда пайда болып, күрделі әрі бай рухани мәдениетпен сусындаған куртуаздық әдебиеттің өзіндік сипаты ХІ-ХІІІ ғ. пайда болған прованс поэзиясына, трубадурлардың (trobador - табу, ойлап шығару) шығармашылығына айтарлықтай әсер етеді. XII-XIII ғ. рыцарьлық әдебиеттің, соның ішінде трубадурлар мен труверлер лирикасының гүлденген кезеңі болып табылады. Трубадурлардың рыцарьлық лирикасы Францияның оңтүстігіндегі Прованста пайда болады. Трубадурлар поэзиясының тарихи‑мәдени мәні оның Батыс Еуропадағы алғашқы халықтық (провансаль тіліндегі) зайырлы поэзия болуында жатыр. Бұл поэзия «дұрыс нормаларды» қалыптастырып, оның жоғарғы жетістіктерге жетуіне әсер ете отырып, ортағасырлық әдебиеттің жаппай халықтық тілге көшуіне негіз болады. Бізге мәлім алғашқы провансальдық трубадурларға Гильем Аквитанский (1071-1127), Джауфре Рюдель (XII), Маркабрюн (XII), Бернарт де Вентадорн, Гираут де Борнель (1162-1200) жатады. Бізге дейін трубадурлардың 2500 өлеңі жеткен.
Трубадурлар лирикасы құлдырауының бірден бір себебі крест жорықтары болып табылады, оның салдарынан Прованс қаласы талқандалып, трубадурлар Италиға, Пиреней мен неміс жерлеріне қоныс аударады. Осы жерде поэзиялық негізде трувер лирикасы пайда болады. Ең атақты труверлер қатарына Кретьен де Труа (1130-1191), Конон де Бетюн (1150-1220), Готье д'Аррас (ХII ғ.), Рауль де Удан (ХII-ХIII), Жан Бодель (XII ғ.), Гас Брюле (ХII-XIII), Тибо Шампанский (1201-1253 ж.) және т.б. жатқызуға болады. Трубадурлар мен труверлердің шығармашылығынан бір жағынан фольклорлық өлеңдер мен салт-дәстүрлер, екінші жағынан, Овидийдің «махаббат өнері», сондай‑ақ неоплатонизм, діни мистика мен араб‑мұсылман поэзиясына тән сипаттарды байқауға болады.
XIII ғ. қалалық әдебиетке фаблио, «жануарлар жайлы эпос» (ең көлемдісі «Ренар (түлкі) туралы роман»), дидактикалық және аллегориялық поэзия («Роза туралы роман») және т.б. жатқызуға болады.
Фаблио35 - XII ғ. соңы мен XIY ғ. басында көп қолданылған жанр. Фаблиолар өте көп болғанымен, бізге дейін шамамен 150 ғана сақталған.
«Ренар жайлы романның» бас кейіпкері – қу түлкі Ренар мен жануарлардың патшасы Нобль арыстан, Изенгрим қасқыр, Бодуэн есек, Тибер мысық, Шантеклер қораз, Пинта тауық сияқты қосалқы кейіпкерлерден тұратын жануарлар туралы эпостың үлгісі. Бұл шығарма халықаралық фольклор, соның ішінде жануарлар туралы ертегілер мен ортағасырлық латын әдебиетінде кең тараған гректік-римдік («эзоптық») мысалдардан негіз алады.
«Роза туралы роман» XIII ғ. кең тараған дидактикалық-аллегориялық поэзияның шыңы, ортағасырлық шығармалардың ұлысы болып табылады. Романның бірінші бөлімін 20-шы жылдары Гильом де Лоррис жазып бастаған, бірақ оны соңына дейін аяқтап үлгермейді (4058 өлеңде үзіледі). 60-70‑ші жылдары клирик‑ғалым Жан де Мён (шамамен 1237-1305) 18 000 жуық өлеңнен құралған екінші бөлімін аяқтайды. «Роза туралы романның» басты тақырыбы - сол дәуірде үлкен сұранысқа ие болған куртуаздық махаббат. Сол кезеңдегі қоғамда маңызды орынды лирика алады. Куртуаздық лириканың сындарына қарсы XIII ғ. трубадурлар негізін салған лирикалық қайғыру үлгілері сақталып, XIY ғ. да өз күшін жоймайды. Сонымен қатар француз ақындары прованстық дәстүрлерді сақтай отырып, жанрлық формаларды байыта түседі. Бірақ кейін өзгермелі трубадурлар жанрының орнына қалыпты жанрлар, провансальдық махаббат өлеңінің орнына баллада мен патша өлеңдері қолданылады.
Жоғарыда айтқандай, куртуаздық лириканың Прованста пайда боуы кездейсоқтық емес еді. Жерорта теңізі жағалауындағы Испания мен Италия аралығында жатқан кең байтақ ел Прованс аймағында ХІ ғ. басында ауқымды әдеби қозғалыстың туып дамуына ерекше ықпал еткен мәдени құбылыс белең алады. Рим империясы кезінде-ақ маңызды рөл ойнаған Прованстың көптеген қалалары құлдық әлемді жайлаған дағдарыс кезінде Галлия қалалары сияқты айтарлықтай қиыншылықтарды өткермейді. Бұл аймақ ХІ ғ. өзінде жанданып келе жатқан экономикалық және мәдени өмірдің орталығына айналады. Прованстық қалалар Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің арасындағы айырбас сауда орындары, ортағасырлық табысты қолөнердің орталығы болады.
Прованс өркениетінің жоғары деңгейде дамуына бұл елдің Каталония, Испания, Италия, Сицилия, Византия секілді елдермен қарым-қатынасы ғана емес, сонымен қатар мұсылман және христиан елдерімен, әсіресе, арабтың мәдени әлемімен өзара қарым-қатынасы да себеп болады. Осы Прованс арқылы түрлі шығыстық және оңтүстік еуропалық ықпалдастықтар өзге континенттерге, француз жерінен солтүстікке қарай тарала бастайды.
Трубадурлар лирикасының маңызды жанры сервентес сол кезеңде орын алған қоғамдық мәселелерге нақты және өткір баға беретін, саяси мазмұндағы сатиралық өлеңдер болып табылады. Халық шығармашылығының көне формаларына, сонымен қатар плань (жоқтау), айтыс өлеңдері, тенсона (араздық өлеңі) сияқты трубадур лирикасының түрлі жанрлары жатады. Бірінші Крест жорығы кезінде бұқара халықтың жоғарыға көтерілуі олардың осы жорықтарға байланысты арман, қиялдары пұтқа табынушылардан жерді қорғауға шақырған Крест жорықтары туралы өлеңдерде баяндалады.
ХІІІ ғ. италия әдебиетінің қалыптасуына трубадурлардың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Прованстық ақындардың кейбірі әуел бастан италия тілінде өлеңдер жазатын болса, ал италия ақындары болса, прованс тілін куртуаздық поэзияға өте қолайлы әрі дамыған тіл ретінде қолданатын болған. Прованс мәдениеті үлкен қайғыны бастан кешіргеннен соң трубадурлар поэзиясы Италияда жандана түседі. Осы жерде ұлттық поэтикалық мектептер ашылып, бұл поэзия Сицилия мен Оңтүстік Италияны қамтып, бір жағынан Испания мен Оңтүстік Франция, екінші жағынан Таяу Шығыс және Византиямен байланысты үлкен мәдени аймақта қалыптасады.
XII-XIII ғ. неміс поэзиясындағы миннезанг (махаббат әні) деп аталатын куртуаздық лириканың дамуы типологиялық тұрғыдан прованс және солтүстік француздық лирикасының тарихымен тікелей байланысты болғанымен, өзіндік ерекшеліктерге де ие.
Миннезанг прованстық трубадурлар лирикасына қарағанда кешірек қалыптаса бастады. Бұл неміс жерлерінде рыцарьлық сарай мәдениетінің кешірек қалыптасуымен байланысты. Неміс жерлерінде миннезанг ақындары трубадурларға қарағанда көбіне рыцарьлық атақты министериалдардан шыққанымен, олар өздерінің феодал қамқоршыларына айтарлықтай тәуелді болады. Осы жерден олардың труверлермен ұқсастығы байқалады. Миннезингердің арасында қоғамда жоғары орындағы атақты әулеттерден шыққандар да болған. Бірақ оларды Германияның куртуаздық ақындарының арасынан кездестіру өте қиын.
Министериалдар 1150-1160 ж. куртуаздық лириканың жоғары дамыған кезінде өз қожайындары мен олардың отбасына қызмет етуге тиісті болады. Өз қожайындарының көңілін көтеретін өлеңдерді шығару да министериал-ақынның міндетіне кіреді. Сондықтан да миннезингердің лирикасы ресми түрде болып, трубадурлардың поэзиясына қарағанда өздерінің сүйікті әйелдері мен оларға деген ыстық сезімдерін суреттеу абстракты әрі шартты түрде беріледі. Министериалдардың лирикасымен қатар ХІІ-ХІІІ ғ. неміс рыцарьлық лирикасына үлкен атақ әкелген және атақты неміс ақыны Вальтер фон дер Фогельвейденің есімімен тығыз байланысты күрделі әрі терең сипаттағы шығармалар пайда бола бастайды.
XII ғ. ортасында пайда болған миннезанг өз дамуында айқын көрінетін негізгі төрт кезеңнен өтеді: осы кездері гүлдене түскен трубадурлардың өнерінен тыс қалыптасқан ерте миннезанг (1150-1180); романдық, әсіресе Солтүстік Франциядағы рыцарьлық поэзияның әсеріне ұшыраған миннезанг (1190-1200); Фогельвейде мен оның замандастарының шығармашылығы кезіндегі миннезангтың гүлденген дәуірі (1200-1230) мен мәдени дағдарыс кезеңі (1230 жылдан XIY ғ. дейін).
Миннезангтың алғашқы үлгілері куртуаздық поэзияның көрнекті өкілі Генрих фон Фельдеке шыққан Рейн аймағындағы неміс тілді аймақтарында, Швейцария мен Оңтүстік Германияда, әсіресе Австрия мен Баварияда пайда болады. Миннезингтердің әдеби мұрасы бізге неміс елдеріндегі феодалдық лириканың ертедегі ескерткіштері мен шпильмандар, кезбе әншілердің қалта шығармалар жинағына негізделген «liderbuch» - «Ән жинағы» арқылы жеткен. Бұл «Әндер жинағы» - неміс орта ғасыр мәдениетінің тамаша ескерткіштерінің бірі. Осыған қарап, ортағасырлық Германиядағы поэтикалық және музыкалық мәдениет деңгейінің жоғарлығын ғана емес, сонымен қатар миниатюршылардың тамаша өнерін де байқауымызға болады (мысалы, Гейдельбергтің атақты «кіші» және «үлкен» қолжазбалары). Осындай манускриптер миннезангтардың ерекше сипаттары мен ортағасырлық минниатюршылардың өмірлік қуаныштары туралы түсінік береді.
Біртіндеп миннезанг өткен дәуірдің өнеріне айнала бастайды да, оның орнына мейстерзанг пайда болады. Мейстерзанг неміс қала тұрғындарының поэзиясы мен әні болған. Миннезангтың тәжірибесін пайдалана отырып, мейстерзингерлер өздерінің өмірге деген көзқарастары мен бейнелеу жүйесін оларға қарсы қояды.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Еуропадағы ортағасырлық эпостардың көркемдік ерекшеліктері.
Куртуаздық әдебиет анықтамасы және оның жанрлары.
Прованстық лириканың ерекше сипаттары.
Неміс куртуаздық лирикасындағы миннезанг пен мейстерзанг жөнінде.
Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірі
Бүкіл әлемдік әдебиет тарихындағы келесі кезең ХІІІ ғ. аяғы мен ХYІ ғ. дейінгі аралықты қамтиды. Осы кезеңде Еуропаның бір қатар елдерінде феодалдық құрылыс ыдырап, капиталистік қоғамның алғашқы белгілері пайда бола бастайды. Феодалдық қоғамның ыдырауы мен шіркеудің рухани диктатурасының құлдырауына қарамастан, әлі де буржуазиялық идеология қалыптаса қоймаған еді. Осындай қоғамдық төңкерістер жүріп жатқан кезде мәдениет пен әдебиеттің дамуына қолайлы жағдайлар туады. Мәдениет тарихындағы ең жемісті кезең Қайта өрлеу дәуірі деп аталады. Қайта өрлеу дәуірі (Ренессанс) Батыс және Орталық Еуропа елдері мәдениеті тарихындағы ортағасырлық мәдениеттен жаңа заман мәдениетіне өту дәуірі болған. Адамзат мәдениетінің тарихында ерекше орын алған бұл дәуірдегі түрлі географиялық ашылулар мен экономикалық өзгерістер Жаңа әлемге қадам басудың алғы шарты еді. Қайта өрлеу дәуірінде «адам мен әлем» төңірегінде көптеген жаңалықтар болады. Рухтың дүмпуі, мәдениеттің адамдық сипаты осы дәуірде айрықша гүлденіп, адамзат пісіп-жетілген мәдениет жемістерін өз игілігі үшін толық қолдана бастайды. Гегель Ренессанс идеясын бүкіл адамзаттың «алтын таңы», жер бетіндегі мәдениетінің жаңа дәуірі деп атаған. Осы дәуірде шіркеу диктатурасы мен түрлі феодалдық идеологиялық жүйелердің құлдырауы мәдениеттің жаңа сатыға көтерілуіне жол ашады. Осындай төңкерістер адамдардың феодалдық қоғам мен түрлі діни идеологиялардан бас тартып, адам дамуының үйлесімділігі мен оның интеллектуалды, рухани және материалдық сұраныстарының негізінде туындайды. Бұл дәуір әлем мәдениетінде ортағасырлық дәуірден жаңа заманға көшу кезеңі болады.
Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірі өндіріс күшінің бұрын-соңды болмаған жетістікке жетуіне байланысты жүрген. Ол өз кезегінде жаратылыстану мен нақты ғылымдардың дамуына айтарлықтай әсер етіп, Батыстың көптеген елдерінде өндірістік күштер, ғылым мен техниканың осы күнге дейін байқалмаған жетістікке қол жеткізуіне негіз болады.
Қайта өрлеу дәуіріндегі әдебиетте сол кезеңде өмір сүрген көптеген адамдарға тән ерлік істер, алып қуат пен феодалдық сипаттардың және жауыздықтың үйлесімділігі көрсетілген. Жыртқыштық пен жауыздықтың көрінісі Мексиканы жаулап алушы Эрнон Кортестің, сандаған отаршылдар мен буржуазиялық орта өкілдерінің, патшалар мен мырзалардың, тіпті папалардың бейнелерінде де байқалды. Данте, Босх, Дюрер мен Микеланджело сияқты Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілдері осындай адамдардың төрешісі іспетті болған.
Қайта өрлеу дәуірінің суретшілері, әсіресе ағылшындық Кристофер Марло мен Шекспир сол кезеңдегі индивидуализмнің қалай жауыздыққа айналғанын көрсететін аты аңызға айналған тарихи кейіпкерлерді дүниеге әкелді. Мысалы, Марлоның Жаулап алушы Темірлан мен өсімқор Варвва және Шекспирдің Иоаннадан бастап ІІІ Ричардқа дейінгі тарихта болған шынайы патшалар мен Эдмунд, Яго, Шейлок сияқты қарапайым кейіпкерлердің бейнесінен сол дәуірде орын алған қатыгездік пен жауыздықты көруге болады.
Қайта өрлеу дәуіріндегі мәдениеттің негізгі ерекшеліктері шынайылық, гуманистік дүниетаным, көне мәдени мұраларға ден қою мен оны қайта «жаңғырту» болған. Қайта өрлеу адамдарына шіркеулік қағидалар, феодалдық қатынастар мен ортағасырлық дәстүрлер тарлық ете бастап, қоршаған орта мен табиғатты басқаша көретін болады, оны пайымдап бағалауы, эстетикалық талғамы, шындық пен өткенге деген көзқарасы өзгереді.
Қайта өркендеу заманы жаңа гуманизмді қалыптастырады: адамның ерікті және бақытты болуға, теңдік, әділдік және парасатқа ұмтылуына құқығы бар екенін алға тартады. Кайта өркендеу мәдениеті батыстық адамның уақыт пен кеңістікті игеру тәсілі кызметін атқарған. Ұлы географиялық жаңалыктар осы адамның әлем туралы түсінігін кеңейтіп, техникалық жетістіктер тіршілік тербелісін тездетеді.
Данте, Джотто, Петрарка, тіпті Боккаччодан бастап еуропалық гуманистер өздері өмір сүрген кезді ортағасырлық дәуірмен салыстырғанда адамзаттың даму тарихындағы жаңа кезең деп қабылдай отырып, оны мақтан тұтқан және бұл дәуірді антикалық кезеңмен салыстырған.
Батыс Еуропадағы Қайта өрлеу кәсіптердің табыстары, мануфактураның пайда болуы, ішкі және халықаралық сауда мен қалалардың экономикалық тұрғыда даумының негізінде пайда болды десек болады. Қайта өрлеу дәуіріндегі әдебиеттің нағыз ұлы туындыларының ғажайып әсемдігі мен көркемдігі келесі ғасырларда да асқан таланттар мен біртума дарындардың шығармашылығына арқау болған.
Италия әдебиеті. Қайта өрлеу дәуірінің алғы шарттары ХІІІ ғ. Еуропаның көптеген елдерінде пайда болады. Бұл құбылыс, әсіресе феодалдарға қарсы күрес айқын көрінген және қоғамдық мәдени өмірдің негізінде халық тұрған Италияның дамыған қалаларында кең тарайды.
Италияның дербес қалаларында ХІІІ ғ. соңынан бастап алғашқы капиталистік қатынастар пайда болып, Еуропада Кемелденген орта ғасырда дамыған мәдениеттен тым өзгеше мәдинет қалыптаса бастайды. Қайта өрлеу дәуіріндегі әдебиет пен орта ғасырдан Жаңа заман мәдениетіне өтудің ең жарқын көрінісі ретінде Дантенің шығармашылығымен қатар падуандық гуманизм, Петрарканың шығармалары мен «Жағымды жаңа стиль» лирикасын да қарастыруға болады. «Жағымды жаңа стиль» («стильновизм») - ХІІІ ғ. Болоньеде пайда болып, Флоренцияда тіркелген поэтикалық мектеп. «Жағымды жаңа стиль» поэзиясының жаңа заман поэзиясына жақындата түсетін негізгі ерекшелігі оның бір поэтикалық мектепке жататын түрлі шығармашылықты қамтуында жатыр. «Жаңа стиль» поэзиясындағы тың өзгеріс поэтика мен көркем стиль болған. Бұл мектепке жататын ақындар поэтикалық тілді жарыққа шығарған.
Жаңа поэтика тек поэзиядағы бұрынғы формаларға жаңа өңдеулер жасау арқылы емес, сонымен қатар «Жағымды жаңа стиль» ақындарын трубадурлардың куртуаздық лирикасымен емес, италиялық Қайта өрлеудің алғашқы кезеңіндегі жазушылардың ізденістеріне жақындата түсетін белгілі бір идеялық-эстетикалық және дүниетанымыдық бірліктің негізінде пайда болады. «Жағымды жаңа стиль» ақындарының поэтикасы мен поэзиясына эзотеризм тән. Бұл олардың жергілікті қарапайым халықтық сөйлеу тілінен жоғары көтерілуге деген ұмтылысынан туындаса керек. Осылайша «Жағымды жаңа стильдегі» аристократизм Қайта өрлеу дәуіріндегі ақындардың ұлттық әдеби тіл үшін күрестері нәтижесінде пайда болады. «Жағымды жаңа стиль» мектебінің басында Гвидо Гвиницелли (1230-1274) тұрған. Италияның әдеби тарихында Г. Гвиницелли шығармашылығы - жаңа заманға жақын келетін алғашқы ұлы ақындардың бірі. Оның өмірі жайлы мәліметтер көп емес. Ол Болоньеде дүниеге келіп, сол жердегі университетте білім алып, әкесі сияқты заңгер болады. Гвиницелли оған жау болған саяси партия оны өзінің туған қаласынан қуып жібергеннен кейін көп уақыт өтпей-ақ жастайынан қайтыс болады. Оның шығармашылығы кейінгі заманға өшпес мұра болды. Ол ақындар жырлап жүрген махаббат тақырыбына жаңа әр беріп, жоғарғы, рухани жалпы адамның тұтас сезімдерін суреттеді.
Жаңа поэзия үшін күрес Гвиницеллиден бастау алып, прованстық трубадурлардың ұмыт болған мұрасын қайта жаңғырту ұранымен ақынның флоренциялық ізбасарлары мен олардың шәкірттері, сицилиялық мектептің сарай ақындары арқылы жалғасын тапты. Сонымен қатар Гвиницелли мен басқа да «Жағымды жаңа стиль» ақындары бюргерлік дидактиға тән діни-спиритуалистік тенденциялармен күресе отырып, ХІІІ-ХІY ғ. Италияның қалалық және халық мәдениетінің ажырамас бөлшегіне айналған антикалық әдебиеттің ескерткіштерін де ескеріп отырған. Гвиницеллидің куртуаздық лириканың шекарасынан шығып, өзінің жеке поэтикалық тілі мен стилін құруына классикалық ежелгі дәстүрлерге деген жаңа көзқарасы себеп болады.
«Жаңа стильдің» «жағымдылығы» оның әуенінде емес, ондағы ішкі үйлесімділік пен ой мен форманың, мазмұн мен поэтикалық тілдің, тіл мен стильдің бір-біріне деген поэтикалық сәйкестігінде жатыр. Гвиницеллидің канцоналары дидактикалық тұрғыда жазылмаған, онда ешнәрсе дәлелденбейді және насихаттанбайды. Оның шығармаларында идея поэтикалық тұжырымдамаға айналған.
Гвидо Кавальканти (шамамен 1260-1300) Флоренциядағы «Жағымды жаңа стиль» мектебін басқарған. Ол Флоренцияда атақты әулетке жататын отбасында дүниеге келген. Флоренция «ақтар» мен «қаралар» деп екіге бөлінген, Гвидо «ақтар» жетекшісі болған. Оның Корсо Донати бастаған «қаралар» тобы арасындағы ұрысы қаланың тыныштығын бұзғандықтан кейін, үкімет екі топтың да жетекшілерін қуғынға ұшыратады. Кавальканти кешірім алғанымен, айдауда жүріп қатты науқастанады да, Флоренцияға қайта оралған соң, 1300 жылдың тамыз айында қайтыс болады.
Кавальканти Аристотель мен арабтардан қалған жаратылыстану ғылымдарындағы теорияларды, медицина мен логиканы терең меңгерген. Ол рухтың мәңгілік екенін жоққа шығарып, жұмақ пен тозаққа, о дүниедегі өмірге сенбеген. Қарапайым халық пен білімді бюргерлердің көз алдында Кавальканти нағыз құдайсыз адам болған. Оның Мадонна мүсінінің құдіретті күшін келеке ететін «Менің Мадоннамның сұлу жүзі» атты сонетасы ақынның абыройын арттыра түседі. Оның туындыларында «қайғы», «азап», «сағыныш», «зарығу», «қорқыныш», «махаббат» пен «өлім» деген сияқты сөздер жиі кездеседі. Кавалькантидің лирикасында бұл сөздер тек ұйқастық (Amore – Morte) үшін емес, сонымен қатар жалпы адам тұжырымдамасы мен оның жер бетіндегі трагедиясын суреттеу үшін қолданылады.
Данте Алигьери. Әлем әдебиетінің қалыптасуының Қайта өрлеу дәуіріне дейінгі тарихи оқиғалар мен жаңа идеяларды «Құдіретті комедия» атты шығармада кеңінен сипаттаған Данте туралы Ф. Энгельс былай деген: «Ол - ортағасырлық феодализм соңы мен жаңа капиталистік дәуірлер тоғысында өмір сүрген ұлы тұлға. Данте – орта ғасылардың соңғы, ал жаңа заманның алғашқы ақыны».
Данте Флоренцияда 1265 жылдың мамыр айында дворяндық отбасында дүниеге келген. Оның тегі дворяндық болғанымен, ол гвельфтер отбасынан шыққан. Флоренциядағы гвельфтерді «пополо» халқы қолдап отырған. Жасынан теология, философия, астрономия мен ортағасырлық схоластиканы терең меңгерген ақын Флоренцияның саяси өміріне де белсенді араласқан. Ол көпестердің мүддесін жоқтаған «ақтар» партиясының құрамында болды. 1293 жылы Флоренцияда «әділеттілік ұстанымдары» атты сол кездегі Еуропаның ең демократиялық конституциясы жарық көреді. Дантенің жастық шағы гвельф республикасының гүлденуімен сәйкес келеді. «Жағымды жаңа стиль» мектебінің ең жарқын шығармасы Дантенің «Жаңа өмірі» болды. Ол арқылы «Жағымды жаңа стиль» дамып қана қоймай, көптеген жетістіктерге де қол жеткізеді.
Данте өзінің «Жаңа өмірінде» флоренциялық Беатриче Портинари есімді жас әйелге деген зор махаббаты туралы айтады. 25 жасқа келмей жатып қайтыс болған әйелдің өліміне қайғырған ақын шығармасында тек оған арналған жеке махаббат сезімдерін емес, сондай-ақ, әлемді құтқара алатын жалпы сезімдерді де жырлайды. «Жаңа өмір» атты шығарманың желісі жеңіл әрі қарапайым құрылған.
Данте адамдарға тура жол көрсететініне нық сенімді болған. Осы сенімі арқылы ол тек Флоренция халқымен емес, соған қоса бүкіл Италия халқымен тығыз байланыста болған. Осылайша, ол қуғын-сүргін кезінің алғашында канцоналар мен «Ұлттық тілдегі поэзия өнері», «Той» атты философиялық шығармаларын және «Монархия» атты саяси еңбегін жазады. Осылайша «жағымды жаңа стильдің» орнына Данте атағандай «көркем немесе тамаша жаңа стиль» келеді. «Тамаша стиль» Қайта өрлеу дәуірінің ұлттық бет-пердесіне жол көрсеткендей болады.
Дантенің дүниежүзіне даңқы шыққан әйгілі шығармасы - «Құдіретті комедия»36 (1307-1321). Бұл поэма - Италия қоғамының өтпелі дәуірін жан-жақты сипаттаған, бүкіл ортағасырлық мәдениеттің философиялық түйіні, көркем синтезі іспеттес шығарма. «Құдіретті» деген сөз Данте поэмасының діни мазмұнын емес, оның поэтикалық шеберлігін көрсету үшін қолданылған.
«Құдіретті комедияның» астарында көп мағына жатыр. Бұл - Данте поэтикасының бір түрі. Кейбір мағынасы жеке және саясатпен байланысты болып келетін «Құдіретті комедияның» қысқаша мазмұнына тоқталар болсақ, ну орманнның ішінде үрейге толы кезеңде, түнерген қараңғылықта жолдан адасқан Данте тау-қыратқа шығуға ұмтылады. Тау-қырат - әділдік пен халықтың аңсаған береке-бірлігінің нышаны. Дантеге бұл қыратқа шығу оңай көрініп, ол оған тез көтеріле бергенінде жалғандық, сатқындық пен нәпсіқұмарлықтың нышаны болып табылатын бабыр алдынан шыға келеді. «Құдіретті Комедияның» саяси тұжырымдамасы бойынша бұл аң олигархиялық басшылықтың, әсіресе, Флоренция үкіметінің көрінісі іспеттес. Дегенмен Данте үмітін үзбей, бабырды айналып өтуге бел буып, жолын жалғастырып келе жатқанда, енді оның алдынан арыстан мен қасқыр шығады. Арыстан – тәкаппарлық пен зорлықтың, жауыздық мен қатыгез монархтардың аллегориясы, ал қасқыр - өзімшілдік пен ашкөздіктің белгісі. Бұл қасиет, Дантенің айтуынша, елбасыларға, шіркеу шенеуніктері мен «қалтасы қампиған» халық өкілдеріне тән. Дантені ең қатты шошытқан да дәл осы қасқыр, өйткені қасқыр үшін Данте қайтадан төмен түсіп, қараңғы орманға, яғни адамзаттың қайғыға батқан жеріне оралады. Ну орманның түнегінен Данте Вергилийді көреді. Ол – адамзат ақылы, «данышпан көп тәңірлікке сенуші, көреген, дана», оған қоса, ол - ақын. Мұндағы Вергилий жай ғана ежелгі мифологиялық кейіпкер емес, ол адам туралы ғылымдардың – studia humanitatis көрінісі сияқты. Қайта өрлеу дәуірінің ғалымдары бұл ғылымға қарсы «діни ілімді», теология мен жалпы ортағасырлық шіркеулік түсінікті қояды.
«Құдіретті комедияның» алғашқы екі өлеңінде Дантенің өмірлік тәжірибесі көрініс тапқан. Яғни Данте еңбегін халық тілінде жазу арқылы философиялық, қоғамдық-саяси және өмір шындығы арасындағы қайшылықтарды шешкен. Шындығында, ол болашақтың «моделін» салып кеткен. Оның тәжірибесін Петрарка мен Боккаччо, Чиквеченто сияқты ұлы тұлғалар да қайталаған.
Данте 1321 ж. 14 қыркүйегіне қараған түні көз жұмады. Ол өмірінің соңына дейін өз мойнына алған әділет ақыны миссиясынан танбай, өмірде қандай қиындықтар мен ауыртпалықтар кездессе де, ешқашан ақиқаттан жалтармаған.
Джованни Боккачо - Еуропаның қайта өрлеу дәуіріндегі гуманистік әдебиеттің Петраркадан кейінгі екінші негізін салушы. Екеуі дос болғанымен, Боккаччо өзін Петрарканың шәкірті деп санаған. Қайта өрлеу гумманизміне Боккаччо мүлдем басқа жолмен жеткен. Оның шығармашылығы кейінгі ортағасырдың халықтық–қалалық мәдениетіне байланысты болып, осы себеппен батыс жазушылары Боккаччо шығармаларын, тіпті «Декамеронды» да орта ғасырға жатқызады
Боккаччо 1313 ж. II жартысында Чертальдо қаласында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Боккаччо 1330 ж. Неапольге қоныс аударып, әкесінің қалауымен сауда ісін, кейін құқықты оқыған. Ал оны тек қана поэзия қызықтырған. Әкесінің байлығының арқасында оған патша Роберт Анжуйскийдің қарамағындағы ғылыми-әдеби үйірменің есігі ашылады. ХІҮ ғ. бұл үйірме Батыс Еуропаның ең маңызды мәдени орталықтарының бірі болған. Неапольде болған жылдары Боккаччо ақын-гуманист ретінде атағы шыққан.
Жас ақын ақыл, қайырымдылық, батылдық, адамның тағдыры туралы көп толғанады. Оның «Декамерон» мен басқа да шығармаларында орын тапқан басты ерекшелік – поэтикалық фантазияға деген құмарлығы да Неаполь әсерінен оянды десек болады. Боккаччо шығармашылығының құрылуына патша Роберт билігі кезіндегі сарай ортасы да өз әсерін тигізеді. Роберт патша сарайында Боккаччо Мария Д’Аквиноны кездестіріп, оған ғашық болған жазушы кейін өзінің көптеген туындыларында қызды Фьяметта есімімен әлемге танымал етеді. Неаполь маңайындағы табиғатқа және Фьяметтаға арналған көптеген өлеңдер мен «Дианаға аңшылық» атты поэмасынан басқа Дантенің «Жаңа өмір» туындысының әсерімен Боккаччо 1336-1340 ж. аралығында прозалық «Филоколо» романын және екі үлкен «Филострато» мен «Тезеида» поэмаларын жазады. Осы аталған шығармалардың барлығы дерлік XIY ғ. үлкен сұранысқа ие болып, жаңа италиялық әдебиеттің құрылуына айтарлықтай әсер етеді. Жас ақын ортағасырлық әдебиеттегі халық шығармашылығына тән формалар мен антикалық риторика, Вергилий, Овидий, Стацийлардан алынған поэтикалық тәсілдерін өз тәжірибесінде пайдалана отырып, әдебиеттің дамуына өз үлесін қосады. Сонымен қатар антикалық поэзияның кейбір жанрларын жандандырып, оларды латын тілінде емес, италия тілінде жазып шығарады.
Флоренциялық цехтағы қаызметіндегі араласқан халық пен олардың өмірлік, қоғамдық, саяси және эстетикалық идеалдары ақынға гуманизмге арналған алғашқы еңбектерін жазуға негіз болады: «Амето» (1341-42 ж.), «Мадонна Фьяметта элегиясы» (1343-44 ж.), «Фьезоландық нимфалар» (1344-46 ж.), «Ғашықтық елес» (1342 ж.) және т.б.
«Декамерон» (грек тіліндегі мағынасы «он күн») - новеллалар кітабы. Құрамында 100 новелла бар. Ол 10 күн бойы 10 жас жігіт пен қыздың ортасында оқылады.
«Декамерон» шығармасының жазылуына оба ауруы себеп болды. 1348 ж. бұл дерт елдің шығысынан бастап Флоренцияға дейін тарайды. Бұл көрініс 100 жылдық соғыстан да қорқынышты болған. «Қара өлім» Флоренция тұрғындарының үштен екі бөлігін өзімен бірге алып кетеді. Осы індет кезінде Боккаччо әкесі мен туған қызынан айырылады. Бұл індетті барлығы құдайдың қаһарынан деп, Х–ХІ ғ. қорқыныштан жүрегі ұшқан тұрғындар ақыр заман келді деп ойлаған.
1348 ж. Боккаччо Флоренцияда болып, осы індеттен туындаған «сұрапыл өлімді» өз көзімен көреді. Боккаччо індетті тарихшы сияқты емес, жаңа заманның алғашқы ұлы прозаигі секілді көркем суреттеген. Шығармада індет қайғылы тарихи оқиға емес, дүниенің тоқырауы ретінде көрсетіледі.
1348 ж. бастап жазылған «Декамерон»37 шығармасы 1351 ж. аяқталады. Бұл шығарма қарапайым әрі түсінікті халықтық флоренциялық тілмен жазылған проза болып табылады.
ХYI ғ. Фаблио мен антиклерикалдық (дінге қарсы) қалалық новеллаларға қарағанда Боккаччо монахқа күлгені үшін емес, оларды жан-жақты бейнелегені үшін «Декамерон» өткір сынға ұшырайды.
Декамерон новелласындағы әзіл сол кездегі оба ауруына қарамастан өмірге деген сүйіспеншілік пен қуанышқа толы болады. Бұл әзіл жаңа гуманистік қоғамның өліп бара жатқан орта ғасырмен қоштасу әзілі етін.
Ортағасырлық аңыздар мен мысалдарға қарағанда «Декамеронда» айтылатын әңгімелердің діни, саяси, философиялық және т.б. мақсаты болмаса да, бұл әңгімелердің жарамсыздығы мен мәнсіздігін көрсетпейді. Әдетте әңгімелер шынайы айғақтар мен қоғамдық талқыға түскен идеялардан басталады. Сонымен қатар «Декамерон» баяндаушылары өмірде кездесетін айғақтарды өмірдің қарапайым жағдайларынан алшақтатпай, ешқандай да әсірелеусіз жеткізеді. «Декамеронда» өмірдің өзі қалай өмір сүру керектігін үйретеді. Шыншылдыққа талдау жасай отырып, «Декамеронда» жаңа дүние, жаңа адам, және жаңа әдебиет қалыптасады. Яғни ол тек қана қиял емес, «тәрбиелік мәні бар роман». Боккаччо адамды тәрбиелеу немесе қайта тәрбиелеу мүмкіндігіне құдайға қарағанда қатты сенген. Кітапта барлық кейіпкерлер, тіпті баяндаушылар қауымының өзі де жаңадан тәрбиеленеді. Бұл шығарма үлкен табысқа қол жеткізіп, бүкіл Еуропада кең тараған. «Декамерон» бір ғасырға озып, ондағы жаңа қоғамның идеялары, тілі мен стилі тек жүз жылдан кейін ғана жаңа италиялық прозаның идеясы мен тіліне айналады.
Франческо Петрарка (1304-1374) – көрнекті ақын, ойшыл, ғалым. Оның шығармашылығында Италиядағы қайта өркендеу дәуірінің ерекшеліктері айқын сезіледі.
Петрарка 1304 ж. 20 шілдеде Ареццо қаласында дүниеге келген. Оның отбасы 1312 ж. Авиньонға қоныс аударады. Петрарка жас кезінен рим әдебиетін көп оқиды. Әкесінің айтуы бойынша, ол әуелі Монпельеде, соңынан Болонья университетінің заң факультетінде оқыған. 1326 жылы Петрарка әке-шешесінен айырылғаннан соң заңгер қызметінен бас тартып, Авиньонда дін қызметкері болып тағайындалады да, Папаның сарайына жақындайды. Оның материалдық жағдайының жақсаруы ақынға ренессанстық гуманизмнің болмысы жағынан антиклерикалдық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Көп ұзамай ол өз заманындағы әйгілі ақындардың біріне айналып, оның алдына барлық Авиньондағы аристократиялық үйлердің есігі ашылады. Мұндағы асқан байлық пен екіжүзділікті Петрарка бірнеше шығармаларында әшкерелеген.
1327 ж. Петрарка әулие Клара шіркеуінде сұлу әйелмен кездеседі. Оған арналған өлеңдері Лаура деген атпен тарихта қалады. Бұл әйел туралы нақты мәлеметтер сақталмаған, бірақ ақынның оған деген махаббаты өмірінің соңына дейін сақталады.
Негізінен Петрарканың шығармашылығын 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады. 1318-1333 – оның білім алу жылдары. Петрарканың ең ерте жеткен өлеңдері латын тілінде жазылған, бірақ 20-шы жылдары Петрарканы Цицерон және Вергилийге қарағанда, өзінің халық тілінде жазған ақындар қызықтырған. Оның поэтикалық негізі кейінгі «жаңа стильмен» байланысты болған. 1333-1363 ж. Петрарка шығармашылығының кемелденген кезі болған. Бұл аралықта «Канцоньереге» енген италия тілінде жазылған көптеген өлеңдері мен латын тілінде жазылып, аяқталмай қалған «Африка» (1339-1341) атты батырлар дастаны, «Атақтылар туралы» (1338-1358) тарихи–биографиялық шығармасы, «Өлеңмен жолдау» (1350-1352), «Жалғыздық өмір туралы» (1346) трактаты сияқты шығармалары жарық көрген.
Петраркалық «классицизм» латындық гексаметриялармен жазылған батырлық поэма «Африкада» толық көрініс тапқан. ХІY ғ. гумманизм үшін «Африка» бағдарламалық шығарма болып табылады. Петрарканың мақсаты ұлттық эпопеяны жасау болғандықтан, ол Италия халқының өміріндегі басты оқиға, Римнің Карфагенді жеңгендігін және Сципион триумфын бейнелейді. Петраркада африкалық Сципион халықтың бетке ұстары ретінде ғана бейнеленбей, сонымен қатар ол Италияны «жабайылардан», жатжұрттықтардан азат еткен халық батыры болған. Осыдан біз поэманың қазіргі заманмен және Петрарканың саяси гумманистік бағдарламасымен байланысын көре аламыз. Поэмада республикалық Рим тарихы ұлы бір бейне ретінде көрсетілген.
Петраркалық «классицизмінің» келесі бір көрінісі оның «Танымал адамдар» атты тарихи шығармасында бейнеленген. Мұнда Петрарка антикалық тарихшылардың шығармаларын баяндай отырып, «ұлы республикандықтардың» бейнесін жасап, осы арқылы өзінің замандастарының ұлттық санасына әсер етуге тырысады. Осылай гуманистік тарихнама мен көркем-философиялық биографияларды тарихи құжаттар негізінде көрсету бастау алады.
Петрарканың Миланға қоныстануына оған ғылыммен емін-еркін айналысуға жасалған кең мүмкіндіктерден басқа да себептер болады. 1361 ж. Петрарка Венецияға қоныс аударады. Өмірінің соңын Франческа да Каррардың қонағы ретінде Падугада және Евганей тауларындағы Арквада өткізеді. Петрарка 1374 ж. 19 маусым түні Арквада мәңгілікке көз жұмады.
Петрарка шығармасының соңғы кезеңі де ұлы периадалармен байланысты болған. Өмірінің соңғы кезіндегі негізгі шығармалары - «Жеке өмір ісіндегі хаттар» және «Қарттық хаттар».
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Ренессанс өнерінің маңыздылығы.
Қайта өрлеу дәуіріндегі мәдениеттің қалыптасуна жасалған алғышарттар.
«Жағымда жаңы стиль» поэтикасы.
Дантенің «Құдіретті комедиясына» тән аллегория.
Ф. Петрарка шығармашылығында көрініс тапқан гуманизм идеясы.
Неміс, голланд, француз әдебиеттері
ХІY-ХY ғ. неміс империясының феодалдық жүйесіндегі дағдарысқа байланысты бүкіл неміс феодалдық-рыцарьлық мәдениет тоқырауға ұшырайды. Елде аймақтық князьдардың толқулары орын алып, империялық рыцарьлар қарақшыларға айнала бастайды. Халық арасында ақыры Реформация дәуірі мен Ұлы шаруалар көтерілісіне әкеліп соқтырған бүліктер көбейе түседі. Рыцарьларға қарсы ХІY ғ. соңында өзара одақтарға бөлінген (швабтық қалалар одағы және Рейн одағы) тұрғындар көтеріліске шығады. ХY ғ. шаруалар көтерілісі бірінен кейін бірі орын ала бастайды. Бүлікшілердің өз арасында уағыздаушылары мен пайғамбарлары болған. Осындай толқуларға толы уақытта императорлық билік басындағылар феодалдарды жақтап, сауда және қолөнер салаларында өз жетістіктерімен танылған неміс қалалары гүлдене бастайды.
ХY-ХYІ ғ. Германияның мәдени өмірінде қалалар үлкен маңыздылыққа ие болатын. Мәдени дамудың дәлелі ретінде ХY ғ. ортасында кітап баспа ісінің пайда болуын мысалға келтіруге болады. ХY ғ. соңына қарай Германияның қалаларында 53 типография мен бірнеше университеттердің негізі қаланады. Енді елдің рухани өмірінің негізгі ошағы қорғандар емес, қалалар болады. Мұндай жағдайлардың барлығы кейінгі орта ғасырдағы неміс әдебиетінің дамуына өз әсерін тигізеді. Орта ғасырдың соңғы кезеңдерінде Германияда кей кездері рыцарьлық поэзияның өкілдері де өз шығармалырында куртуаздық қағидаларды бұзып, шынайы өмірдегі күнделікті тіршілікті де суреттейтін болған. Сондай талантты ақындардың бірі ретінде Освальд фон Волькештейнді (1377-1445) атап өтуге болады. Ол көбіне куртуаздықтан бас тартып, дидактикалық және сатиралық шығармалар жазған бюргерлік орта жазушыларымен қатар айтылады. Кейінгі орта ғасыр бюргерлік әдебиеттің кең таралған жанрларына дидактикалық жанрды жатқызуға болады. Ақындарды неміс империясында орын алған ұйымсыздық пен алауыздық алаңдатады. Олардың көбісінің шығармашылығы өсиетті сарында жазылғанымен, онда қоғамдық ортада оппозициялық көңіл-күйдің өскенін көрсететін әлеуметтік қайшылықтар туралы да айтылады. Мұндағы «дидактика» «сатиралық дидактикаға» айналады. Олар қоршаған орта мен өмірдің барлық тұстарын қамтуға ұмытылады.
Бюргер поэзиясында мысал өлеңдер үлкен маңыздылыққа ие болады. Ол бюргерлік әдебиеттің эстетикалық, өсиеттік талаптарына сай болатын. Осы жағдай аллегориялық поэмалардың пайда болуына әкеледі. Аллегориялық поэмаларда түрлі мәселелер қарастырылатын. Осылайша, білімділік пен жақсылық тақырыбына арналған Мюгельннен шыққан Генрихтің (1371 ж. қ. б.) «Қыз тәжі» атты поэмасы жарық көреді.
Орта ғасыр мен Қайта өрлеу кезеңдеріндегі неміс әдебиетінің тарихында неміс шванктары38 ерекше сипатқа ие болады. Олар қарапайым ертегі сарынында жазылған, керемет рыцарьлық эпостарға қайшы келетін формада жазылатын. Француздық фаблиомен қатар келетін неміс шванктарында қарапайым адамдардың әзіл-қалжыңы, айлакерлік пен қулыққа толы өмірі суреттеледі. Онда түрлі тап өкілдері, тіпті басшылар да ақымақ етіп көрсетіледі. ХІІІ ғ. Штрикердің бас кейіпкері тапқыр әрі айлакер, әзілқой әрі қу шіркеу әкейі болған «Поп Амис» атты кітабы жарық көріп, халық арасында кең тарап, үлкен маңыздылыққа ие болады.
Германияда, әсіресе ХY ғ. соңғы онжылдығында елдің буржуазиялық дамуы орын алып, неміс Ренессансы жайлы айтуға мүмкіндік берген жаңа мәдениет қалыптасады. Неміс гуманизміне бірқатар ерекшеліктер де тән болатын. Ол қоғамдық қайшылықтар өрши түскен алдағы Реформация кезеңінде дами түседі. Осы құбылысқа байланысты ендігі жерде сатираға бет бұру кең етек алады. Неміс гуманистері католиктік клирдің обскуранттігі мен ұятсыздығына қарсы шыға алады. Осы тұрғыдан, олар тіпті өздерінің италиялық ұстаздарынан да асып түседі. Олар ежелгі дәстүрге де италиялық гуманистері сияқты қарамаған. Ертедегі авторлардың ішінен діни наным-сенімдерді әшкерелеген сатирик Лукиан үлкен атаққа ие болады. Оның ойлап тапқан сатиралық диалог формасы неміс гуманистік әдебиетінде кеңінен қолданылады.
Гуманистік қозғалыс ХІY ғ. ортасына таман Италияда орын алып, біртіндеп Солтүстікке таралып, ХY-ХYІ ғ. басына қарай Орталық және Солтүстік Еуропаны, Франция, Германия, Голландияны, кейіннен Англияны да қамтиды. Жаңа әлеуметтік, ұлттық және идеологиялық шындықпен беттесе отырып, олар мазмұны жағынан өзгере бастайды. Бұрынғы италиялық гуманистер қатаң түрде филологиялық және этикалық сұрақтарға тоқталса, кейінгі гуманистерді натурфилософия, саясат, жаратылыстану ғылымдары қызықтыра бастайды.
Неміс гуманизмінің бастауы ХІY ғ. соңында Карл ІY (1346-1378) тұсында император резиденциясына айналған Прага қаласында тамырын жайған. Дәл осы жерде жаңа неміс әдеби тілінің ерте үлгілер мен Заацтан шыққан қалалық жазушы Иоганның (ш. 1350-1414) «Богемдік диқан» сияқты Ренессанс қарсаңындағы неміс прозасының тамаша ескерткіштері пайда болады. Бұл шығармада ортағасырлық дүниетаныммен қатар жаңа гуманистік сарындар да кездеседі. ХY-ХYІ ғ. адам мен өлім арасындағы диалог ретінде жазылған бұл шығарма халық арасында кең тарайды.
Неміс гуманизмінің ең жарық әрі сөнбес жұлдызы Франкония тұрғыны, шаруа отбасынан шыққан Конрад Цельтис (1459-150) болған. Цельтис болашақ гуманистік мәдениет үшін мықты күрескер ретінде түрлі қалаларда (Гейдельберг, Краков, Вена) әдеби және ғылыми қоғам құрған. Сонымен қатар ол қажымайтын педагог, ескі жазбаларды жинақтаушы тарихшы әрі музыкант ретінде де танымал болған. Өзінің саяхаттауға деген құштарлығы мен білімге деген құмарлығының арқасында Цельтис қаладан қалаға көшіп отырған. Ол Вена университетінде поэтика мен риторикадан дәріс бере жүріп, өзінің айналасына жергілікті ғалымдар мен ақындарды топтастырады. Оның адамгершілік жағынан көтеріліп, дамуы да алғаш осы университетте бастау алады. Цельтис лиризмі арқылы өз замандастарынан әлдеқайда алда тұрған. Оған діни мотивтер жат болды деп айтуға да болмайды. Бірақ, неміс гуманистерінің арасынан ешкім де дәл Конрад Цельтис секілді «пұтқа табынушы» болмаған.
Эразм Роттердамский таза неміс жазушысы болмаса да, неміс гуманизмінің дамуында маңызды орынға ие болады. Ол неміс қалаларының бірінде тұрып көптеген неміс оқымыстылары және атақты жазушыларымен жақын араласады. Оның елдегі абыройы әр кезде туындаған өзінің жаңа дүниеге деген көзқарастарын білдіруге сәтті қадам болады. Ол сатирик ретінде өзінің шығармаларына ХY-ХYІ ғ. неміс әдебиетіне тән «ақымақтар жайлы әдебиет» атты тақырыпты арқау етеді. Оның ортағасырлық варваризмнен толық алшақтаған латын тілі ежелгі Рим тілінде жазуды дұрыс көрген неміс гуманистеріне қызмет еткен. Оның Евангелия мәтініне көзқарасы, адам мен оның мінез-құлқын бірінші орынға қоюы реформация қарсаңындағы үлкен маңыздылыққа ие болады.
Нидерландық әдебиет ХІІ ғ. фольклорлық эпикалық дәстүр мен фламандық-брабанттық әдеби дәстүр негізінде қалыптасқан. ХІІ ғ. екінші жартысында Оңтүстік Нидерландта зиялы әдебиеттің халық тілінде жазылған алғашқы үлгілері фламандық ақын Хендрик ван Фельдекенің шығармашылығында пайда бола бастайды. Ол неміс миннезангысының негізін салушы ретінде Генрих фон Фельдеке деген атпен әдебиет тарихынан орын алады.
Дидактикалық жанр моралистер арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан. Соның ішінде Якоб ван Марлант (1235-1300) пен «Түлкі Рейнарт туралы» эпостың авторы сияқты сатириктердің кезінде дами бастайды. Аллегориялық форма риторлар үшін үлгі болып, оны XYІІ ғ. гуманистері де пайдаланады. Ұлттық тілде жазылған прозаның алғашқы үлгілерін Хадвейх (Гадвиг, ш. 1200-1269) пен Ян ван Рейсбрук (1293-1381) ссекілді мистиктер жарыққа шығарады. Жасанды, эмоциональды мистицизм сол уақытта шіркеулік догмалардан рухани тазарудың бір тәсілі болады.
Мистицизм Нидерландта дін ілімі формасында белсенді құбылысқа айналады. Бұл қозғалыс XIY-XYI ғ. «жаңа тақуалық» деген атқа ие болып, қалыптасып келе жатқан үшінші таптың мүддесін қорғап, осы дүниедегі тақуалық пен әркеттілікке жол ашады. Ол рухты еске ала отырып, тәнді зерттейді. Нидерландтағы алғашқы гуманизм ошағы ретінде «Ортақ өмір бауырластығының» маңызы зор болады. Ол XIY ғ. соңынан бастап Девентерадан (солтүстік Нидерландтан) бастау алып, ел ішіне кең тарай отырып, тіпті Германияға, Франция, Швейцарияға дейін жеткен. Кейінірек монастырьларда латындық мектептер ашылып, ХY ғ. соңына қарай Девентерадағы кітап баспалары Гесиод, Плутарх, Эзоп, Сенека, Вергилий, Плавт, Петрарка барлығы 600 инкунабула (incunabula латын тілінен аударғанда бастау деген мағына береді) басып шығарады.
Эразм Роттердамскийдің зор еңбегінің арқасында нидерландық гуманизм әлемдік абыройға ие болады. Эразм латын тілінде жазылған жаңалатындық прозаның асқан шебері болған. Ол Еуропаның түрлі елдерінде (Франция, Англия, Швейцария, Германия) өмір сүріп, оқыған. Жазушы жалпы еуропалық гуманистік қозғалыстың көшбасшыларының бірі саналады. Эразмның рухани қалыптасуына қасиетті мәтіндерді ғылыми негізде оқып, зерттеуге шақырған оксфордтық гуманистер мен реформатролардың (Джон Колет, Томас Мор, Джон Фишер және т.б.) бір тобымен жақын таныстықтары көп әсер етеді. Англияда Эразм алғаш рет неоплатондықтардың гуманистік идеясын сезініп, грек тілін үйренеді. Эразмның «Жаңа тақуашылық», яғни схолистикалық әдістерден алшақтаған, Інжілдің жаңа, филологиялық ізденістері Гротенің мәдениетін жалғастырады. Эразм өзінің дінге деген философиялық көзқарастарымен шіркеудің негізгі догмаларын жоя отырып, орта ғасырдағы авторитарлық рухқа қарсы шығып, діндегі еркіндіктен ой еркіндігіне көтеріледі. Эразм құлшылыққа ғылыми тұрғыдан сипаттама беріп, гуманистік бастама енгізеді.
1516 ж. Роттердамскийдің «Христиан патшасы» еңбегі жарық көреді. Эразм бұл еңбекте өзінің саяси-әлеуметтік ойларын ашық айтып, патшадан қара басын ойлайтын, халықтың қорқынышын тудыратын қатыгез патша ретінде емес, тек халықтың мүддесін ойлап, оған қызмет ететін қара қылды қақ жарған әділ патша ретінде елді басқаруды талап етеді.
Оның «Әлемнің арызы» атты еңбегі сол дәуірде басылуға рұқсат етілмегенімен, бұл туынды еуропалық мәдениеттің ең құнды дерек көзіне жатады. Онда сол кездегі қоғамға айтарлықтай әсер еткен жазушының терең ойлары келтірілген. Осындай ойшылдың бастамасымен Ян Амос Коменский, Уилям Пенн, Шарль Ирине де Сен-Пьер, Жан-Жак Руссо, Иеремия Бентам, Иммануил Кант сияқты еуропалық ұлы ойшылдар әлемдегі соғысты жойып, халықтар арасында бейбітшілік орнату мәселелерін жиі көтереді.
ХYІ-ХYІІІ ғ. Эразмның «Христиандық соғысқа басшылық» (1504) атты діни-этикалық трактаты оқырмандар арасында жоғары бағаланады. Бұл шығарма діни наным-сенімдерге, жалпы католиктік шіркеудің күшіне қарсы бағытталып, онда шіркеудің беделі мен оның қасиетті кітабындағы мәтіндер өткір сынға ұшырайды. Эразм ең бастысы «рухани сенім» деп, өзінің ең жемісті еңбегі ретінде грек тілінде жазылған «Жаңа әлем» (1516) туындысы мен оның жаңа латынша аудармасын көрсеткен. Эразм онда «Қасиетті жазба» кітабын тарихи сынның ғылыми әдістерін пайдалана отырып, Інжілді рациональды сыннан өткізуге негіз салған.
«Ақымақтықты мақтау» - Эразмның ең танымал туындысы (1509). Мұнда автор дидактикалық шекаралардан ұялмай қоғамды түрлі жағынан қарастырады, ондағы өмірдің нағыз мәні мен бақыт, білім, дін сияқты ұғымдарға үлкен көңіл бөледі. Бұл шығарма ұлы әдеби туынды, сонымен қатар философиялық трактат, психологиялық айна және діни диатриба да болған. Классикалық схеманың компоненттері мен схоластикалық тәсілдер, түрлі әңгімелер, монолог пен поэзиядан тұратын бұл шығарама құрылымы жағынан ораторлық өнердің қатал үлгісіне жатады. Эразм иронияны сыпайылық пен күлкінің, ақылдылық пен ақымақтықтың және т.б. бірлігін ашудағы құрал ретінде қарастырады. Эразм күлкі әдебиетіндегі нидерландық, неміс, орта және ерте гуманистік мәдениетті байытып, одан әрі дамытуға барынша ат салысады.
Философиялық тұрғыда жазылған Эразмның шығармаларында адамның қалыптасуы, оның қоғамдағы орны мен жеке ерекшеліктері туралы көп толғанып, оған түрлі атаулар қолданып, оның барлық қасиеттеріне баға берген. Жазушының педагогикалық идеяларын біреулері құптаса, басқалары оның әлеуметтік сатирасын және этикасын жоғары бағалады.
Франсуа Вийон. Ортағасырлық француз әдебиетінің қорытындылаушысы және оның болашақтағы жетістіктерінің бастаушысы Франсуа Вийонның шығармашылығы болады. Вийон (1431-1463) поэзиясы көптеген зерттеушілердің назарына іліккенімен, ол туралы жалпы мәліметтер өте аз.
Вийонның шығармашылығында Ренессанстың жақындағанын білдіретін жарқын белгі болған. Ақын керемет күші мен өзіндік лирикалық «мені» арқылы өзі өмір сүрген дәуірін шынайы суреттей алған. Вийон поэзиясы ұлттық нақышта, дәстүрлі болып көрінуі мүмкін, себебі ол синонимдер мен рифмаларды қолдана отырып, баллада, рондо, өлеңдер, каламбурлар жазған, жалпы оның шығармашылығы сыртқы құрылысы жағынан ортағасырлық поэтиканың шегінен асып кете алмайды. Ол бірде кенеттен ортағасырлық лирикаға тән иронияға ауысып, бірде керісінше, «рух пен дене» арасындағы сұрақтар мен жер бетіндегі түрлі қиыншылықтарға да тоқталып отырады.
Вийонның негізгі туындысы - «Өсиет», ол кейінірек, ақынның көзі тірі кезінде «Ұлы өсиет» аталып кетеді (1461). Ол 186 сегіз жолдық шумақ, 16 баллада мен 3 рондодан құралған. Мұнда ақынның шығармашылығы мен өмірлік мақсаты ерекше сипат алған. Ақын өз сүйгенінің қиянатын да, аштық пен қуғын-сүргінді де, түрмені де басынан кешіреді. Алайда сол кезде ақынның шоқты жанарынан күшті, бір тудың астына біріккен Францияны көруге болады. Қаңғыбас ақын патшалық биліктен тек қана дұшпанын емес, сонымен қатар тірегін де көреді.
Вийон өз шығармашылығында ресми феодалдық-діни идеологияны көрсету үшін адамдық жеке тұлғаны ең бірінші орынға қойған. Осы арқылы ол Қайта өрлеу дәуіріне қадам жасап, жарқын жолдарға бағыт сілтеген жаңашыл ақын болған.
Маргарита Наваррская. ХYI ғ. I жартысында Франциядағы ірі гуманистік және әдеби орталықтардың бірі Маргарита Наваррскаяның (1492-1549) сарайы болған. Өте білімді және ежелгі тілдер мен италия тілін жетік меңгерген Наваррскаяның жазушылық еңбегі өте жемісті болады. Өз шығармашылығы арқылы өзінің гуманистік идеяларын ашық жариялайды. Наваррская адам ойы мен сезімінің ортағасырлық аскетизм мен схоластиканың жәбірінен босауын армандағанымен, ежелгі адамгершілік және діни дүниетанымнан бас тарта алмайды.
Оның француздық Ренессанс рухындағы Боккаччоның «Декамеронына» еліктеп жазылған «Гептамерон»39 (грекше «Жеті күнге арналған күнделік») атты шығармасы халық арасында кең тарап, оның атын тарихта мәңгі қалдырады. «Гептамерон» аптаның жеті күніне арналып, жеті циклге бөлінген, қызықты әрі тәрбие беретін жетпіс екі новелладан тұрады. Ол 1558 ж. «Бақытты ғашықтар туралы хикая» деген атпен жарық көреді.
«Гептамерон» француз Қайта өрлеуіне тән идеялық қайшылықтар мен сипаттарды зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды тарихи құжат болып табылады. Шығармада келтірілген новеллалар тұрмыстық материалдармен қоса, дәуірдің түрлі идеялық және адамгершілік ұмтылыстарын айқын көрсетеді.
ХY ғ. басында Қайта өрлеу дәуірінде үлкен маңыздылыққа ие болған әдеби жанрлардың бірі новеллистика қалыптаса бастайды. Францияда ол италиялық үлгілерінің әсерімен шумақтық фаблиодан бастау алады. Кейін келе, айқын сатиралық бағыттағы күнделікті тұрмыстық әңгіме ретінде тарайды. Сол дәуірде кең тараған новеллалар жинағына «Жүз жаңа новелла» жатады. Бұл жинақ Ла Саль атымен де байланысты болған. Жинақтағы новеллалар түрлі әңгемешілерге тиесілі болғанымен, олар стиль тұтастығымен ерекшеленеді. Осы әзілге толы кітаптың авторы деп саналатын Антуан де Саль (ш. 1388-1461) авантюрист-рыцарьдың ұлы болған. Болашақ рыцарь жас кезінде түрлі жолдардан өтіп, атпен жүруді, сайысқа түсуді үйреніп, геральдика40 мен куртуазды заңды жетік меңгерген. Ла Саль прозаның асқан шебері болған. Оның бейнелеулері қарапайым болғанымен, оның тілі өте жеңіл әрі түсінікті болып келеді. Ла Сальдің ғажайып неміс рыцарьлары жайлы шытырман оқиғалары Тайгейзер туралы неміс аңызына ұқсатылып жазылған фантастикалық роман іспетті құрылған.
Ла Сальдің келесі шығармасы «Кішкентай Жан де Сентре» романы (1456). Бұл - туындының төрттен үш бөлігі әскери дайындық, әйелге деген серілік қатынас, дворяндық белгілер мен рыцарьлық сайыстар жайлы жазылған дидактикалық шығарма.
Антуан де Ла Сальдің шығармашылығында көркем суреттелген куртуаздық рыцарьлар мен қалыптасып келе жатқан буржуазиялық ортаның арасындағы қайшылық осы дәуірдегі басқа да шығармаларда орын алады.
Франсуа Рабле. Рабленің жан-жақтылығы, білімдарлығы мен шығармаларының көркемдігі оның француз Ренессансындағы басты тұлға болуына әсер етеді. Рабле қаламы арқылы ұлы әдеби төңкеріс болып, жаңа заман романының әдеби жанры, жаңа проза дүниеге келеді. Ол ежелгі және жаңа тілдерді жетік біліп, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын терең меңгерген. Рабле тек дарынды ақын ғана емес, сонымен қатар дәрігер де болған, елдің қоғамдық саяси өміріне белсене араласып, елшілікте де қызмет атқарған.
1533 ж. Сорбон теологтары оның шығармаларына тыйым салады. Бұған жауап ретінде жазушы өзінің «Гаргантюа» атты келесі туындысын жарыққа шығарады. Бұл туынды Ренессансқа тән жауынгерлік рух пен утопиялық арманға толы шығарма болып табылады.
Ал «Пантагрюэль» шығармасы, ең алдымен, орта ғасырлардағы жанрлар: рыцарьлық роман, патшалар, әскербасылар жылнамасы, әулиелер өмірбаяны және схоластикалық ойлауға пародия ретінде жазылған. «Пантагрюэль» өмірді баяндау мен жылнамалар стилінде басталып, сайқы-мазаққа айналады. Ол тек жылнамаларды ғана емес, сонымен қатар киелі Жазбаларды да келеке етеді. Пантагрюэль мен Анарх патшаның уәзірлері арасындағы өзара күрес сипатталатын кітаптың соңғы тарауларына да рыцарьлық романдардың соңғы өңделген үлгілеріне пародия формасы тән.
Рабле француз әдебиеті тарихында алғаш рет классиктер Вийон мен Маролардан қалған ирония тәсілін кең қолданып, Лафонтен, Вольтер, Франс секілді жазушылардың дәстүрлі негізін қалыптастырған.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Неміс гуманизмі мен оның басты сипаттары.
ХY ғасыр мен ХYІ ғасырдың басындағы гуманистер.
Нидерландық әдебиеттің қалыптасуы.
Франсуа Вийон шығармашылығының басты сипаттары.
ХY ғ. екінші жартысындағы француз прозасы мен драматургиясы.
Ағылшын және испан әдебиеті
ХІY ғасырдың соңына қарай Англияның қоғамдық және мәдени өмірінде озық бетбұрыстар пайда болғанымен, олар ұзақ уақыт қалыптасады. ХІY ғ. соңындағы көне және жаңа салт-дәстүрлер арасындағы күрес қоғамдық күрестің шиеленісуімен тығыз байланысты болады. Бұл жағдайларға, Уот Тайлердің көтерілісіне Джон Гауэрдың (1330-1408) латын тілінде жазылған «Айқын дауыс» атты поэмасы тікелей үндеу болған. Джон Гауэр ауқатты жер иеленушілердің отбасынан шыққан білімді, дана ақындардың бірі. Оның көлемді әрі атақты бұл поэмасы ақынның классикалық поэзиядағы салт-дәстүрлер туралы білімі мен сол замандағы көптеген маңызды мәселелердің куәсі ретінде жазылған шығарма.
Гауэр өз шығармаларында дәстүрлі формалар мен аллегорияны кеңінен қолданады, ондағы жануарлар мен құстар әлемі арқылы айналада болып жатқан түрлі қоғамдық құбылыстарды сипаттайды. Мысалы, оның шығармасындағы «кенттік қабан» көтеріліске шыққан шаруаларды білдерсе, ондағы мылжың сауысқан Уот Тайлердің өзі. Шығармадағы аллегориялық мысалдар «Түлкі туралы романды» еске түсіргенімен, онда сол кездегі ағылшын қоғамдық өміріндегі дағдарыс жағдайы суреттеледі.
Уильям Ленглендтің (ш. 1330-1400) ортағасырлық дәстүрлер негізінде жазылған «Уильямның Петр Пахар туралы түсі» атты поэмасы көтеріліске дейін жарық көріп, елдегі жаппай толқулар кезінде халық арасында кең тараған. Гауэр сияқты Ленгленд те өз шығармаларында аллегориялар мен кейінгі орта ғасырға тән басқа да поэзиялық тәсілдерді қолданады. Поэманың авторы Мальверн төбесінде ұйқыға батып, түс көреді. Осылайша, бір мезгілде ол қоғамда орын алған жағдайлардың бәрін анық көріп, шаруалардың қиын жағдайын дәл суреттейді.
Джефри Чосер (1340-1400) – ІІІ Эдуард патшаның ұлына қызмет екен, жүзжылдық соғысқа қатысушылардың бірі. Ол француздардың қолына тұтқынға түскен кезде, куртуаздық лирикамен танысып, сол арқылы сусындайды. Ол бірнеше жыл бойы ақсүйектер мен оның айналасындағылар үшін өлеңдер жазған. Чосер лондондық диалектіге сүйене отырып, жаңадан қалыптасып келе жатқан ағылшын әдеби тілінің негізін салушы болған.
Чосер Италияның өмірімен және ондағы өнермен танысқаннан кейін, ағылшын халқының италия әдебиеті арқылы сусындауына себеп болады. Ол Данте, Петрарка мен Боккаччоның шығармаларын аударып, олардың тәжірибесін өз шығармашылығында тиімді қолданады. Чосер өзінің «Герцогиня кітабынан» кейін парламенттің қызметін әшкерелейтін «Даңқ үйі» мен «Құстар парламенті» атты сатиралық поэмаларын жарыққа шығарады. Чосер өзінің Лондондағы кедендік қызметі арқылы астананың қоғамдық өмірімен терең танысып, «Кентербериялық әңгімелер» атты шығармасына арқау болған көптеген әлеуметтік жағдайларға куә болады. Жазушының «Кентербериялық әңгімелер» жинағы ХІІІ-ХIY ғ. әдебиет сахнасында пайда болады. Оқиға Кентербериге баратын жолда орналасқан тавернада41 өтеді. Онда ағылшын қоғамындағы барлық тап өкілдері, феодалдардан бастап, қолөнершілер мен шаруалардың бейнесі де сомдалған. Шығармада бас-аяғы 29 кейіпкер кездеседі, олардың киім кию үлгісі де, өзін-өзі ұстауы мен сөйлеу мәнері де, әдеттері мен мінездері де түрліше. Чосер өз шығармасында адамның күрделі бейнесін жан-жақты, асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының сатирадағы таланты монах пен оның рухани әлемі суреттелген тұста айқын көрінеді. «Кентербериялық әңгімелердің» негізгі ерекшелігі сатқындық пен алдау, білімсіздік пен ақымақтық сияқты түрлі кемшіліктерді суреттеу болып табылады. Ақын өз шығармашылығында ортағасырлық әдебиеттің антиклерикалық бағыттарын әрі қарай дамыта отырып, оны жаңа сатыға көтереді.
Томас Мэлори (1417-1471) - сол замандағы аса дарынды, әрі атақты тұлғалардың бірі. Ол кедейленген, алайда, атақ-даңқы мол, білімді әулеттен шығады. Мэлоридің «Артурдың өлімі» атты шығармасы оның ең танымал, кең көлемді туындыларының бірі болып табылады. Бұл романда британ ұлы әміршісінің ықпалымен елден үлкен әскердің жиналуы мен өздерінің қатарына рыцарьлық талаптарға сай келетіндерді ғана топтастырған ұлы дөңгелек үстел бауырластығының пайда болуы жайында баяндалады. Мэлори өзінің романын жазу үшін кейбір материалды «француз тіліндегі кітаптардан» алады. Гальфред Монмутскийдің туындысындағыдай бұл шығармада король Артур Еуропаның билеушісі болады, бірақ онда белгілі бір себептермен рыцарьлық қиял жойылған.
Бұл шығарманың ХІІ-ХІІІ ғ. рыцарьлық романдардан айырмашылығы, ең алдымен, шығарманың өлең түрінде емес, проза түрінде жазылуы болып табылады. Онда рыцарьлардың әлемі белгілі бір қашықтықтан көрсетіледі. Бұл қашықтық арқылы Мэлори дөңгелек үстелдің тарихта болғанын, бірақ оның қайтып келмеске кеткенін оқырманға түсіндірмекші болады.
Томас Мор - Қайта өркендеу дәуіріндегі ұлы ағылшын ойшылдарының бірі (1478-1535). Ол - бүкіл өмірін әдебиетке арнаған тұлға. Мор жас кезінде өлеңдер жазып, кейінірек түрлі комедиялар құра бастайды. 1510 ж. Мордың ең атақты шығармаларының бірі көпшілікке танымал «Утопия»42 атты туындысы жарыққа шығады.
Т. Мордың идеалды мемлекет пен қоғам туралы пікірлері әлжуаздығына, қиялдан шығарылғанына қарамастан кейінгі социалистік ілімдердің қалыптасуына әсер етеді. Оның «Утопия» шығармасы баға жетпес туындылардың бірі, мұнда оқиға барысы нақты, ақиқат пен шындыққа сүйеніп жазылған. Шығармада сол жердегі халықтың мінез-құлқы, армандары мен қиялға толы тұрмыс-тіршілігі сипатталады.
ХYІ ғ. екінші жартысындағы ағылшын мәдениеті шексіз билікті одан әрі нығайту мақсатында, феодалдық католиктік Еуропа мен оның қарсыластарының арасында болып жатқан күрестер кезінде дамиды. 1558 ж. Англия мен Испанияның арасында болған ұзақ қырғи-қабақ соғыстың нәтижесінде испан әскері жеңіліс тауып, Англия үлкен күшке ие болады. Бірақ елдегі шаруалар көтерілісі толастамайды. 1590-1600 ж. аралығында қаладағы қолөнершілер мен шаруалар бастаған көтерелістің ошағы одан әрі өрши түседі. Дәл осы уақытта зайырлы мәдениет те биік деңгейге көтеріледі. Гуманист-ғалымдардың қатары саусақпен санарлықтай болғанымен, гуманистік ойлау жүйесі осы дәуірдің үлкен жетістігі болып қала бермек.
Поэзия. Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын әдебиетінің өзіндік дамуы еліктеуден бәсекелестікке көшу барысында орын алып, сол дәуір адамдары бұл құбылысты жоғары бағалай бастайды. Ертедегі ағылшын поэзиясында Чосер сияқты ұлы ақындардың шығармашылығынан қалған баға жетпес асыл мұралары болғанымен, шамамен 150 жыл бойы ағылшын әдебиеті тоқырау кезеңін бастан кешіріп, ғасырлар бойы сақаталып қалған поэзия құндылықтарынан да айырыла бастаған еді. Чосер ағылшын, италия және француз поэзияларының қағидаларын шебер үйлесімділік арқылы біріктіріп, ағылшын поэзиясында «корольдік» деп аталып кеткен жаңа ұйқас енгізеді. Осылайша, ХYІ ғ. ортасында өмір сүрген ақындардың басты мақсаты ағылшын өлең өлшемін жоғары деңгейге көтеру болған.
Томас Уайт (1503-1543) пен Генри Серрей (1517-1547) және олардың ізбасарлары француз саңлақтар тобына тең келетін поэтикалық мектеп ұйымдастырған. 1557 ж. осы ақындардың өлеңі жинақталған, дәстүрлі түрде құрастырушының есіміне байланысты Тоттелдік деп аталатын бұл жинақ Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын поэзиясының алғашқы ескерткіші болады.
Терцин, катрин, рондели мен сонет сияқты жаңа еуропалық өлең өлшемдері ағылшын поэзиясының негізінде қалыптаса бастайды. Тек өлең құрылысы ғана емес, сонымен қатар поэтикалық ойлау жүйесі де жаңа дәуірдің талаптарына байланысты өзгеріске ұшырап, азаматтық рух әрбір адамның жүрегінде орын алады. Петрарка жырлаған Лаураның өшпес бейнесін үлгі ете отырып, ағылшын ақындары да жүректерінде сезім отын жаққан өз ғашықтары туралы, жер бетіндегі құдіретті махаббат сезімі сияқты тақырыптарды өз шығармашылықтарына арқау етеді. Олардың өлеңдерінде белгіленген дәстүрлі шектер бұзылып, сағыныш сезімдер мен ынтызарлық жалпы халықтың қайғы-қасіретімен, ал махаббаттан туындаған тәтті, пәк сезімдер елжандылықпен ұштасып жатады.
Келесі тарихи кезең Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын әдебиетінің гүлдену кезімен тығыз байланысты болып, осы кезде замандастары «ақындардың ақыны» деп атап кеткен Эдмунд Спенсердің (ш. 1552-1599) шығармашылығы үлкен табыстар мен зор жетістікке жетеді. Лондондық қарапайым тігіншінің отбасында дүниеге келген ол өзінің ана сүтімен дарыған табиғи таланты мен дарыны арқылы биік шыңдарға да жетеді. Ол өзінің замандастарына қарағанда әуел бастан «жаңа тұлға» еді.
Филипп Сидней (1554-1586) білімді гуманист, мемлекет қызметкері, жауынгер, сол дәуірдегі ұлы тұлға болған. Оның ақын және теоретик ретінде жазған еңбектері ағылшын әдебиетінің дамуына айтарлықтай әсер еткен. Ол ағылшын поэзиясының алғашқы теоретигі болған. Оның 1580 ж. жазылып, ақынның өлімінен кейін 1595 ж. жарық көрген «Поэзияны қорғау» атты еңбегі тек поэзияда ғана емес, сонымен қатар жалпы әдебиет саласында да ең құнды шығарма болып есептелінеді. Сидней халық дәстүрлері мен жоғарғы шеберліктің қағидаларына сүйене отырып, жаңа дәуірге тән поэзияны жан-жақты қарастырады. Ол ақын ретінде «Аркадия» романы (1590) мен «Атрофель мен Стелла» (1591) жинағының құрамына кірген сонеттер мен махаббат өлеңдерінің жаңа үлгілерін жазады. Оның бұл шығармалары ағылшын әдебиеті тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына негіз болған.
Спенсер өмір сүрген ХYІ ғ. 80-90 жылдары Англияда сапасы мен саны жағынан поэтикалық төңкерістер толқыны болады. Англия поэзиясы шарықтау шегіне жетеді.
Лирикалық ақындардың қатарына Шекспир де жатады. Шекспир сонеттері43 өз заманындағы жаңа батыл қадам, әлем лирикасының биік шыңы болған. Шыншыл әрі психолог болған Шекспир өз замынын баса озып, әлем әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан. Шекспир көптеген сонеттер жазған. Сонет (сыңғырлау, сылдырлау деген италия сөзінен шыққан) – әр шумағы 14 тармақтан құрылатын өлең түрі. Тармақтар екі рет төрт-төрттен, одан соң екі рет үш-үштен топтасады. Оның 154 сонеттен тұратын жинағы сақталған. Бұл жинақ ақынның алғашқы, оның көзі тірі кезінде жарық көрген жинағы болып табылады. Кітапқа кірген 126 сонет ақынның досына, ал 128 қарашашты сұлуға арналған. Зерттеушілердің ойынша, Шекспирдің досы ретінде шығатын бейне – граф Саутгемптон, ал қарашашты сұлудың кім екені белгісіз, оның аты тарихта сақталмаған. Сонеттерді бірнеше циклға бөлуге болады. Олардың тақырыптары – достық, сүйіспеншілік, қызғаныш, тағдыр туралы толғау. Сонеттерінде ақын достықты, сұлулықты, махаббатты мадақтап, бақытсыз махаббат пен әлеуметтік, философиялық мәселелерді сөз етеді. Оның сонеттері өзінің философиялық тереңдігі жағынан «Гамлет», «Ромео мен Джульетта», «Дауыл» пьесаларынан кем түспейді.
Сонеттер - Шекспирдің артында қалған жалғыз ғана лирикалық мұрасы. Өзінің драмаларында өз кейіпкерлерімен бірге, біте қайнап кеткенімен, бірде-бір пьесасында өзі туралы ашып ешнәрсе айтылмаған. Ал сонеттерінде өзі, өзінің көңіл күйі, ішкі жандүниесі, қуаныш-реніштері туралы айтып ағынан жарылады. Шекспир өмірін зерттеушілердің де оның сонеттеріне көбірек үңілетіні осыған байланысты.
Қала мәдениетінің гүлденуіне байланысты негізі ертеден бастау алатын түрлі театрланған ойындар мен көріністер дами бастайды. Қала өміріндегі маңызды тарихи оқиғаларға байланысты ұйымдастырылған ойындар халық арасында кең тарай бастайды. ХІY-ХY ғ. ерте ортағасырлық діни жанр миракль (латын тілінен miraculum - таңғажайып) жанрының әлсіреп, мистериялар дами түсіп, кейін бұл жанрлардың орнына моралите (танымдық драмалық көрініс) келе бастайды. Мистерия, әдетте бірнеше күнге жалғасып, жүздеген орындаушыларды қамтыған.
ХYІ ғ. екінші жартысында, дәлірек айтқанда, 1570 жылдан Англияда театр мен драматургияның қарқынды даму кезеңі болады. «Гамлетте» көрсетілгендей ағылшын театры бастапқы кезде кезбе әртістер тобы арқылы қалыптасқан. Қойылымдарда кәсіпқой әртістерден басқа өнер ұйымдары мен университет студенттері де белгілі бір рөлдерде ойнаған. Театр жоғары тап өкілдерінің арасында да үлкен беделге ие болады. Италия князьдарының өзін-өзі ұстау мәнері мен олардың сарайдағы көңіл көтерер ойын-сауықтарын толық қабылдаған ағылшын сарайында үлкен шеберлік пен кәсіпқой әртістерді талап ететін кең көлемді маскарад-қойылымдар жиі орындалған. Осындай қойылымдардың әсерін күшейте түсу үшін мәтіндер қажет бола бастайды. 1561 ж. жас ғалымдар Томас Нортон мен Томас Секвил көпшіліктің алдына «Горбодук» трагедиясын қояды. Бұл трагедия ежелгі дәстүрлер мен кельттіктерден мұра болған британдық эпикалық материалдардың қосындысынан пайда болған.
ХYІ ғ. 70 жылдары ағылшын театры қарқынды дамып, қалалық жерлерде орныға бастайды. Лондонда кезбе әртістер топтары тұрақтаған түрлі театр ғимараттары пайда болады. Сол кезде Лондонда үш түрлі театр болған: жалпыға ортақ, жеке және сарай маңындағы театр. Ағылшын театрының даму жолында да көптеген кедергілер кездеседі. Себебі театр буржуазия мен монархияның қақтығысу алаңы болып, сонымен қатар театрды жоғарыдан басқарып отырған король билігі де түрлі сылтауларды желеу етіп, пьесаларды қоюға рұқсат бермей, тіпті театрлардың жұмысын тоқтатып та отырған. Ағылшын театры мен драматургиясының дамуында Томас Кидтің (ш. 1558-1594) 1587-1600 жылдарға дейін Лондон сахнасынан түспеген «Испан трагедиясының» алатын орны зор.
Театр мен драматургияның зор қарқынмен дамуы Шекспир секілді аса дарынды, біртуар азаматтың сахна төрінде пайда болуына ықпал жасайды. ХYІ-ХYІІ ғ. Шекспир шығармашылығы қалыптасады. Шекспир - қарапайым халық арасынан шыққан дарынды тұлға, орта деңгейлі мектепті бітірсе де, өз қаламынан туған туындылары мен асқан шеберлігінің, бойындағы талантының арқасында халықтың біртуар азаматы болған. Шекспирдің асқан дарындылығы оның алғашқы еңбектерінен-ақ белгілі болады. Шекспир шығармашылық ортадан өзіне демеу тауып, аз уақыттың ішінде драматургия саласында биік тұлға ретінде танылып, театрдың королі атанады.
Ағылшынның әлемге аты әйгілі драматургы әрі ақыны Уильям Шекспир 1564 ж. 23 сәуірде Эйвон өзенінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келген. Оның әкесі айтарлықтай ауқатты қала тұрғыны еді (саудагер болған, қала мэрі болып та сайланған). Уильям Джон Шекспирдің үшінші баласы еді, одан басқа тағы жеті баласы болған. 7 жасында Уильям ең жақсы деп есептелетін Стратфорд грамматикалық мектебінде 1671-1678 жылдары білім алып, латын және көне грек тілдерін терең меңгереді. Әкесінің кедейленуіне байланысты мектепті бітіре алмай, 16-ға толар-толмас жасында жұмыс істеуге мәжбүр болады (ет сатушының шәкірті, ауылдық мектепте репетитор т.б.). 18 жасында Уильям өзінен 8 жас үлкен Анна Хесуэй деген шаруаның қызына үйленеді.
1585-1612 ж. Лондонда әуелі театрға келушілердің атын бағушы, соңынан әртіс, режиссер, драматург болады. Лондонға келген алғашқы күндерінен-ақ Шекспир студенттермен тығыз байланыс орнатады. Оның пьсалары алғаш рет студент-жастардың күшімен қойылып, сол кезден бастап Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болады. 1590 ж. Лондондағы «Глобус» театрының актері болады. Оның драматургтық қызметі осы жылдан басталады. 1590-1600 ж. аралығындағы пьесалары оптимистік сарында болып келеді.
Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа трагедияларында Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдар армандарының жүзеге аспайтындығын көрсеткен. Ол күшті, ер жүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтайды. Шекспирдің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгертуге қабілеті жетпейді.
Жалпы алғанда, Шекспирдің шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңге «Ромео мен Джульетта», «Юлий Цезарь» (1590-1599) секілді алғашқы туындыларын жатқызамыз; екінші кезеңге «Гамлет», «Тимон Афинский» (1600-1608) сияқты туындылары, яғни, трагедиялары жатады. Соңғы кезеңге «Боран», «Генрих YІІІ» (1609-1613) жатады.
Шекспирдің барлық трагедияларының ішіндегі ең күрделісі – «Гамлет»44. Әлем әдебиетінде ешбір шығарма мұндай әр алуан пікір туғызған емес.
Көптеген ғасырлар бойы Гамлет образы түрлі пікірлер туғызады. Ол әдебиетте әлі адамдарды толғандыратын образдардың бірі болып қала бермек.
Шекспир 1616 жылы дүниеден өтеді, алайда артынан өшпес мұра қалдырады. Қазіргі таңда Шекспир шығармашылығы әлем әдебиетінің баға жетпес мұрасы болып қала бермек.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Қайта өрлеу дәуіріндегі ұлы ағылшын ойшылдарының әдебиетке қосқан үлестері.
Томас Мордың шығармашылығы.
Ағылшын поэзиясының даму тарихы.
ХY-ХYІ ғасырлардағы ағылшын театры мен драматургиясы.
Шекспирдің «Гамлет» шығармасының тарихи маңызы мен әдебиетте алатын орны.
ХYІІ ғасырдағы Еуропа әдебиеті
ХYІІ ғ. батыс еуропалық әдебиеттің даму тарихында 1600-1700 жылға дейінгі күнтізбелік аралық қана емес, өзіндік ерекшеліктерге толы дәуір болған. Ағылшындық Мильтон, Драйден, Бетлер, Беньян және Германиядағы Опиц, Мошерош, Грифиус пен Гриммельсгаузен, Испаниядағы Гонгора, Кеведо, Гевара, Кальдерон мен Грасиан және Корнель мен Расин, Мольер мен Лафонтен, Ларошфуко мен Лабюйер атты француз классиктері, Италиядағы Марино, Кьябреро немесе Базиля, Голландиядағы Бредеро мен Вондел сияқты жазушылардың шығармашылықтары Қайта өрлеу әдебиетіне де, ағартушылық әдебиетке де жатпайды. Олардың шығармашылықтары батыс еуропалық әдебиеттің дамуында ішкі қайшылықтардан тұратын өзіндік драмаға толы дәуірді бастан кешіреді.
ХYІІ ғ. Батыс Еуропада Ренессанс дәуіріндегі қоғамда пайда болған мәдениетті жаңа әрі күрделі әлеуметтік қатынастар негізінде жандандыра түседі. Бұл ғасырда феодалдық қоғамның ыдырауы мен капиталистік қоғамның жаңа формалары пайда бола бастайды.
ХYII ғ. капиталистік қатынастардың дамуы мен отарлау саясатының күшеюі Батыстың қоғамдық құрылымына үлкен өзгерістер әкеледі. Отар елдерге қол жеткізген Батыстағы мемлекеттер арасында күш теңсіздігі пайда болады. Сонымен қоса, ХYII ғ. буржуазиялық қатынастарды қолдайтын Батыс Еуропа елдері (Англия, Голландия, Франция) мен феодалдық қатынастар сақталып қана қоймай, керісінше дами түскен Орталық Еуропадағы елдердің (неміс) арасындағы айырмашылықтар да айқындала түседі. Осыдан ХYII ғ. Еуропа елдерінің даму тарихы түрліше болғанын көре аламыз. Отаршыл елдердің арасында күштердің қайта топтастырылуы жүріп жатады. Испания мен Португалияның күші әлсіреп, капиталистік қатынас жетістікке жеткен Англия мен Голландия сияқты елдердің арасында бақталастыққа шыдай алмайды. Португалияның Испаниядан бөлінуі және 1640 жылғы Каталондық көтеріліс нәтижесінде «Испандық гегемония кезеңі» өз соңына жетеді. Швецияның Балтық теңізін қамтитын жаңа империя құруға талпынысы сәтсіз аяқталғанымен, ХYII ғ. өзінің халықаралық деңгейін көтеріп, ұлы державалар қатарына енеді.
ХYІІ ғ. философия мен басқа да ғылымдар саласында болған жетістіктерге қарамастан қоғамда көптеген қайшылықтар орын алып, діни фанатизм мен наным-сенімдер, сиқырға сену халықтар арасында кеңінен таралып, шіркеулер ғылымның дамуына барынша кедергілер жасап бақты. Бұл құбылысқа Францияда философ Ванинидің өртенуін, Теофиль де Вио мен Сирано де Бержерактың құпия өлімдері, Мольердің уланып көз жұмуы мысал бола алады. Дәл осы кезде Италия мен Испанияда инквизиция орын алады.
ХYІІ ғ. әдебиетте адам және оның қоршаған ортасымен қарым-қатынасы төңірегіндегі мәселелер, әлеуметтік қайшылықтармен байланысқан адам тағдыры, адамның жан дүниесінде жеке және әлеуметтік бастаулардың орын алуы, адамның тіршілік пен қоғамдық өмірдің заңдылықтарына тәуелділігі сияқты тақырыптар алдыңғы орынға шығады. ХYІІ ғ. жазушылары шындықты ескере отырып, тарихи үдерістің қозғалысы арқылы жеке тұлғаны бақыт пен әділдікке жетелейді. Олардың шығармаларында адамдардың ішкі қайшылықтары (Мильтонның «Жоғалған жұмақ» атты шығармасындағы кейіпкерлердің көріпкелдігі), олардың мемлекет алдындағы борышы (француз классиктері), қиялдағы қоғамдық қатынастың үлгісін ізеу барысында кейіпкерлердің түрлі саяси, әлеуметтік тәртіпті бастан кешіруі (Гриммельсгаузеннің «Симплиция Симплициссимустың жорығы») суреттеледі. Әрине, қоғамдық ортаның адамның рухани әлеміне әсері ХІХ ғ. көркем бейнеленбегенімен, кейін Бальзактың «Әдеп туралы этюд» немесе «физиологиялық» очерктерінің пайда болуына алғышарттар жасалады. Осындай алғашқы ізденістер Реньенің «Масеттер», Фюретьердің «Буржуаздық романы» мен Матео Алеманның «Гусмане де Альфараче» сияқты шығармаларынан да көруге болады.
ХYІІ ғ. қоғамдық күрестің шиеленісе түсуі сол дәуірдегі жазушылардың шығармаларында идеологиялық және эстетикалық қайшылықтар тудырады. Десе де бұл дәуірде әдебиет қоғамдық күресте орталық орынға шығып, айтарлықтай жетістіктерге де жетеді. Ағылшын төңкерісі кезіндегі түрлі оқиғалар публицистиканың дамуына әсер етеді.
Мольер – француз ұлттық комедиясын жасап шығарушы, әлемдік классик, драматург. Мольер театры - көрермендерді күлкі арқылы тәрбиелейтін үлкен мектеп. Мольердің шын аты – Жан Батист Поклен. Ол 1622 ж. 15 қаңтарда Парижде дүниеге келген. Оның әкесі Мольерді оқуға беруді ешқашан да ойламағандықтан, болашақ драматург тек 14 жасынан бастап оқу-жазуды үйренеді. Жеке шығармашылықпен айналысуды ойламаған жас Мольер трагедияда ойнайтын әртіс болғысы келді. Сондықтан да ол өзіне Мольер деген лақап ат қосып алады. Оның бірнеше пьесасы 1645 ж. Франция қалаларында, 1650 ж. Нарбонда, 1655 ж. Лионда қойылады. Драматург шеберлігі, міне, осы шығармадан басталады. Міне, осылай атақты француз комедиографы жарыққа шығады. Ол кезде Мольердің жасы небәрі 35 ғана болатын. 1658 ж. Версальдағы патша алдында көрсеткен қойылымнан кейін, оған Паль-Роял залында қойылымдарын көрсетуге рұқсат етіледі. Парижде өткен 14 жылдың ішінде Мольер 30-дан аса құнды әдеби шығармалар жазып, 52 жасында кенеттен қайтыс болады.
«Тартюф» атты комедиясының кіріспесінде Мольер: «Театр-ұлы түзетушілік қасиетке ие» деген эстетикалық қөзқарасын білдіреді. 1664 ж. «Тартюф» (Тартюф сөзі екі жүзділік, оңбағандық, фальш, өтірік дегенді білдіреді) комедиясы жарыққа шығады. Мольер Тартюф бейнесін өте шебер көрсетіп, оны масқаралайды. Комедия соңғы кезде Париждегі діни топтардың көбеюіне байланысты шығады.
1666 ж. 4 маусымда Мольердің терең философиялық ойларға толы «Мизантроп» атты комедиясы жарыққа шығады. Комедияда екі достың арасындағы келіспеушілік көрсетіледі. Осы арқылы көрермендердің алдына екі түрлі шешім, екі түрлі өмірлік философия ұсынады. Бұл келіспеушілік екі достың адамдарға деген көзқарастарынан туындап, Альцист адамдардың барлығын қатыгез, оңбаған, тас жүрек деп айыптаса, Филинт адамдарды түрлі сипатта көріп, жақсы адамдар да өмір сүреді деп, адамдардың кемшіліктері мен әлсіздіктеріне шыдамдылық таныту керектігін алға тартады. Альцист адамдардан мейірімділік пен пәк сезімді күтіп, кемшілігін көрсе болды, оларға көңілі қалады. Мольер Альцисті мизантроп деп атайды. Ол Селименнің жаман, жеңілтек екенін біле тұра, оны жақсы көрді. Бірақ Селимен оны алдап, ақырында олар ажырасады да, нәтижесінде Альцист махабаттан да, достан да, бақыттан да бас тартады.
ХYІІ ғ. романдар Қайта өрлеу дәуірінде бастапқы орынға ие болған новеллалар мен поэмаларды ығыстыра отырып, үлкен жетістіктерге жетеді. Оның дамуында Франция жазушысы Сорель, Скаррон мен Фюретьер, Германиядан Гриммельсгаузен, Англиядан Бэньян сияқты жазушылардың қосқан үлесі ұшан теңіз. Осы дәуірдің соңғы кезеңіне қарай Батыс әдебиетінде реализм (Бэньянның «мистер Бэдменнің өмірі мен өлімі», Конгриваның «Өмірде осындай болады екен» атты соңғы комедиясы) мен рококо стилі пайда болады.
ХYІІ ғ. Батыста бір жағынан қарапайым адамдардың шынайы өмірінен алшақ, рухтанған бейнелерді дүниеге әкелген классицизм мен барокко трагедиясы, екінші жағынан тұрмыстық және «көңіл көтерер» романдар үлкен сұранысқа ие болады. Мұнда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, шағын тыныш ауылдан үлкен қаланың қайнап жатқан өміріне түскен қарапайым адамның тіршілік үшін күресі, басынан өткізген қиыншылықтары, тапқа бөлінушіліктің кереғар жақтары бейнеленеді.
Тарихи, әлеуметтік терең ойлаудың арқасында ХYІІ ғ. әдебиетте шындықты нақты суреттеуде біраз жетістіктерге жеткен жазушылардың қатарына Ганс Якоб Кристоф Гриммельсгаузенді (1622-1676) жатқызуға болады. Оның барлық шығармалары түрлі лақап аттарымен шығады. Гриммельсгаузен Гессен қаласында бюргерлік жанұяда дүниеге келген. Бозбала кезінде отыз жылдық соғысқа қатысқан. 1667 ж. бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Страсбургқа жақын орналасқан шағын Рейхен қаласында өмір сүріп, барлық шығармаларын сол жерде жазады. 1668 ж. «Симплиций Симплициссимус», одан кейін «Шпрингинсфельд», «Сиқырлы құс ұясы», «Симплициандық мәңгілік күнтізбе» сияқты шығармалары жарыққа шығады. Оның басты жетістігі «Симплициссимус»45 атты туындысы болды.
«Симплициссимус» – Германия тарихындағы тоқырау кезеңді баяндайтын үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар роман. Жазушы бұл романының мазмұны мен көркемдік жетістіктерін басқа да шығармаларында дамыта түседі.
ХYІІ ғ. классицизмнің дамуына буржуазиялық ортаның қосқан үлесі зор болған. Осы дәуірде Германия, Италия мен Испанияда классицизмнің кең тарамауы да ондағы буржуазиялық ортаның айтарлықтай күшке ие болмауымен байланысты болады. Ал Англияда классицизм ХYІІ ғ. кең гүлдене түседі. Классицизм өкілдері монументальды шығармаларды жазуға талпынып, өз кейіпкерлерін күшті әрі өздерінің бостандығы мен қабілеті арқасында рухани дүниелеріне талдау жасай білетін, трагедиялық қайшылықтарды шеше алатындай етіп суреттеген.
ХYІІ ғ. Батыс Еуропада белгілі болған классицизм ешбір мемлекетте орасан зор орынға ие бола алмайды, тек Францияда ғана классицизм ең белгілі, ең танымал стильге айналды. Осы мемелекетте классицизм өзінің шығармашылық шыңына жетіп, классицизм теориясы қалыптасады. Осы ғасырдың 10-20 жылдары ағылшын мәдениетінде айтарлықтай өзгерістер болып, ол 90 жылдарға дейін екі түрлі мәдениеттің арасындағы шиеленіскен күреске айналады. Бірінші мәдениет монархиялық биліктің мүдделерін қорғаса, екіншісі оппозициялық әлеуметтік топтар мен таптардың мүдделерін қорғаған. Екі жақты кезекті жеңіспен ұзақ жылдарға жалғасқан бұл күрес ғасырдың соңына қарай жаңа мәдениеттің жеңісімен аяқталады. Бұл мәдениет XYII-XYIII ғ. тоғысында ағылшын ағартушы–жазушыларының бір тобын дүниеге алып келеді. Әсіресе олардың арасында Дж. Свифт пен Д. Дефонның аттары ерекше аталады. Олардың шығармашылығы 1688 жылғы төңкерістен кейінгі ағылшын қоғамдық өмірінде орын алған қиын жағдайларды нақты бейнеледі.
Ғасыр басындағы ірі тұлға – Джон Донн (1572-1631) болған. Оның шығармалары ішінен «Әндер мен сонеттер» атты лирикалық еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бұл шығармада Реннесанс поэзиясының элементтері де кездесіп, ағылшын қоғамының өмірі, дәстүрі суреттеледі.
XYII ғ. ортасында ағылшын поэзиясында пайда болған «даналық мектебі» (shool of wit), ал кей деректерде «метофизик–ақындар» мектебі деп аталатын тұтас бір мектептің аты Дж. Доннмен байланысты болған. Бірінші атау сол кезде поэзияда ерекше қолданысқа ие болған түрлі парадокстар, афоризмдердің енгізілу тенденцияларына байланысты болса, Донн жолын қуған ақындар тобын «метофизикалық мектеп» деп алғаш атаған Дж. Драйден болады. Бұл ақындар тобына Дж. Герберт (1593-1633), Г. Воган (1622-1695), Р. Крешоу (1613-1649), Ф. Квелз сияқты ақындар да кіреді. Олардың шығармаларына мистицизм мен діни-этникалық ізденістер тән.
XYII ғ. 20-30 жылдарында Ренессанс дәстүрі әлі де болса халық арасында кең танымал болады. Оның ең көрнекті өкілдерінің арасында ұлы Бен Джонсонның есімі ерекше аталады. Ол ағылшын сахнасын тұтас жаулап алып, көрермендер арасында үлкен құрметке ие болған. Джонсонның (1573-1637) шығармашылығы ағылшын әдебиетінде классицизмді жарыққа әкелген. Ғасырдың басында-ақ, 1601 ж. жарық көрген «Жалған ақын» комедиясында өзінің шығармашылық көзқарастарын көрсетсе, «Ашылулар» және «Әңгімелер» атты еңбектерінде өзінің өнерге деген көзқарастарын білдірді.
Джонсон өзінің пьесаларында төңкеріс қарсаңындағы Англияның жағдайын қатаң суреттейді. Оның «Вольпоне» (1606), «Эписин» (1609), «Алхимик» (1610) атты комедияларында ағылшын өмірінің жекелеген келеңсіз құбылыстары суреттелсе, «Әулие Варфоломей түніндегі жәрмеңке» комедиясында халық өмірі жан-жақты баяндалып, жақындап қалған үлкен тарихи оқиғаның қарсаңындағы қоғамдық жағдай шынайы көрсетіледі.
XYII ғ. 40 жылдардағы оқиғалардың қарсаңында жас ақын Мильтонның (1608-1674) поэзиясы халықтың үлкен құрметіне ие болады. Колледжде оқып жүргенде-ақ ол Тибулл мен Проперцийдің ықпалы білінетін латын тіліндегі өлең элегияларын жазып, онда XYII ғ. 20 жылдарындағы ағылшын өмірі суреттеліп, одан ақынның протестанттық қозғалыстың нағыз өкілі мен католицизмнің қарсыласы екендігі айқын көрінеді.
Мильтон поэзиясындағы саяси тізбек «Лисидас» элегиясында да жалғасын табады. Ондағы басты кейіпкер – Англияны жаңарту үшін күресіп жатқан қаһармандардың арасында өзіне лайық орын ала алмаған, мезгілсіз қаза болған жас уағызшының бейнесі.
Қоғамдық өмірде Англияға қарсы келетін Батыста орналасқан мемлекет Германия болады. Германия үшін ХYІІ ғ. 30 жылдық соғыспен тығыз байланысты кезең болатын. ХYІІ ғ. Германия прозалық романның дамуымен ерекшеленіп, басқа батыс еуропалық әдебиеттер қатарынан мықты серпін алады.
Француз, испан, ағылшын романдары үлкен ағынмен Германияға басып кіріп, аудармашылардың еңбектері арқылы оқырмандарға жол табады. Осы жерде неміс поэзиясының реформаторы Мартин Опицтің қосқан үлесі зор. Батыс еуропалық жазушыларды үлгі тұтқан неміс романистері ендігі олармен жарысқа түсіп, қоғамда орын алған маңызды мәселелерді өз шығармаларында көрсете бастайды. Алғашқы неміс романдары 1640 ж. шыға бастап, ғасырдың аяғына қарай олардың саны жүзден асады. Тіпті олардың мықты қарсыластарының өздері бұл жанрдың өте танымал болғанын мойындайды.
Германияда бұл жанрдың репрезентативті түрі сарайлық тарихи роман ежелгі және Інжілдегі тарихи сюжетке негізделеді. Сарайлық тарихи романдар бір жағынан іс-әрекеттің нақтылығына, екінші жағынан артында шынайы оқиғалар мен тарихта болған қаһармандар жасырылған маскарадқа да сүйенеді.
ХYІІ ғ. атақты неміс сатиригі Иоганн Михаэль Мошерош (1601-1665) неміс гуманистерінің үлгілі оқушысы болып, өз заманындағы қоғамдық өмірді қатты сынға алады. Оның шығармасында бас кейіпкер Германиядағы отыз жылдық соғыс кезіндегі өз саяхаты туралы баяндайды. Мошероштың «Филандер көріпкелдігі» атты шығармасы барокко принциптерінің негізінде жазылған. Жалпы, Мошерош шығармаларының жанрын айыру өте қиын, себебі оның шығармашылығында сатиралық памфлет пен суреттеу, сынаулар және т.б. бір-бірімен тұтасып кеткен.
ХYІІ ғ. тарихи тұрғыда Франция үшін абсолютизмнің нығайып, гүлденген кезі болды. Әдебиет тарихы бойынша бұл кез шамамен ХYІІ-ХYІІІ ғ. аралығын қамтыса, испан әдебиетінде ХYІІ ғ. ренессанс реализм бағыты монсеризм және барокко әдебиетімен күрделі жалғастыққа ие болады.
ХYІІ ғ. Испания Батыс Еуропаның дәулетті мемлекеттер қатарына ене алмайды. Гуманизм идеаларына қарсы шыққан Крест жорығын жүргізушілердің мақсаттары үшін Испан мемлекеті өте ыңғайлы жер болды. Испанияға қайта өрлеу дәуірі кешірек келіп, Италия мен Францияда Ренессанс дәуірінің гүлденген кезеңдері аяқталған уақытта Испания елінде сол гүлдену кезеңі жаңа бастау алады. Гуманизм Испаниядағы және бүкіл батыс еуропалық агрессияға толы католик діні идеологиясына қарама-қарсы бағыт ұстанады.
ХYІІ ғ. испан әдебиетін үшке бөлуге болады: Лопе де Вега басқарған ренессанс реализмі, ағартушы ғалымдар негізін қалаған классицизм және барокко әдебиеті. Испан әдеби бароккосының формасы трагедиялық мазмұнмен байланысты болғандықтан, барокколық шығармалар пессимистік көзқараспен ерекшеленді.
XYII ғ. Испаниядағы ең ірі ақыны Луис де Гонгора (1561-1627) болған. Ол Кордовада дүниеге келген. Гонгораның ақын ретінде атқарған рөлі өте зор, оның шығармашылық тәжірибесі тек замандастарына ғана емес, ұрпақтарға да үлгі болған. Кейіннен «гонгоризм» сөзі «культеранизм» сөзімен синонимдес болып кеткен.
XYII ғ. драматургиямен қатар проза да дами бастайды. Испанияның ірі жазушысы Франсиско Гомес де Кеведо (1580-1645) реалист жазушы атанып, оптимистік көзқарасты ұстанбай, өмірді шындық арқылы бейнелеуге тырысқан. Оның шығармаларында скептицизм басым.
1630 ж. испан драмасы, әсіресе Кальдерон шығармаларының арқасында, үлкен жетістіктерге жетеді. Оның «Өмір деген түс» атты тарихи драмасы контрреформациялық шыдамдылыққа қарсы жазылған драмаларының бірі болып табылады.
Испандық классицизм, тек оқу орындарының аясында орын алып, әлемдік атаққа ие бола алмаса да, испандық барокко XYII-XYIIІ ғ. Испания мен бүкіл Батыс Еуропада қалыптасқан мемлекеттік ішкі және сыртқы тарихи жағдайларға байланысты қоғамда маңызды орынға ие болған күшті әдеби ағымға айналады. Испандық барокко ағымының өкілдері өз шығармаларын тек мәдениетті, көзі ашық қауымға арнап шығарған. Барокко ағымы үшін адам бойындағы ең құнды қасиет мәдениеттілік пен білімділік болады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
ХYІІ ғасырдағы Батыс Еуропа елдерінде орын алған тарихи және мәдени дамулардың біркелкі болмауының басты себептері.
Адам өмірінде кездесетін әлеуметтік мәселелер.
Классицизм принциптері.
Барокко әдебиетінің ерекше сипаттары.
XYII ғасырдағы Шығыс елдеріндегі әдебиет
XYII ғ. Шығыс және Орталық Азияда орналасқан мемлекеттердің тарихында ең ауыр кезеңдердің бірі болады. Ғасырдың басында Амурден оңтүстікке қарай, өз иеліктерін кеңейту мақсатында соғыс бастаған маньчжур тайпаларының бірлігі күшейе түседі. 1618 ж. маньчжур әскері Қытай территориясына, ал 1627 жылы Кореяның территориясына басып кіреді. Сонымен қатар моңғол жерлерін де жаулап алады. Бұл соғыстардың нәтижесінде Қытай мен Моңғолияны маньчжурлар жаулап алып, Корея олардың вассалына айналады.
Бұл ғасыр ірі шаруалар көтерілістері мен жергілікті феодалдардың арасындағы өзара қырғи-қабақ соғыстарымен ерекшеленеді. Қытайда 1620 ж. бастап шаруалар көтерілісі бірінен соң бірі болып жатты. Оған кенші, қала тұрғындары мен тіпті билеуші таптардың өкілдері де қатысады. Елде болып жатқан мұндай толқулар 1644 ж. Минь империясының астанасы Пекинді басып алған Ли Цзы-чэнның басшылығымен шаруалар соғысына айналады. Бұл көтерілісті қытай феодалдары тек маньчжурлардың көмегімен ғана жүзеге асырады. Осы жағдайды пайдаланып, маньчжуралар мемлекетті басып алады. 30 ж. Жапонияда да осындай ірі шаруалар көтерілістерінің ошақтары пайда болады. ХYІ ғ. пайда болған Нгуэн мен Чиней мемлекеттері арасында 1627 жылдан бері шамамен жарты ғасыр бойы болған билік үшін соғыс пен феодалдардың талас-тартыстарынан Вьетнам да әлсірей бастайды. ХYІ ғ. алғашқы жартысында моңғол далаларында да тайпалар арасында үздіксіз қарулы қақтығыстар болып жатады.
Қытай мен Жапонияда орын алған шаруалар көтерілісінің болуына діни идеялар өз әсерін тигізеді (буддизмге жақын Лотос сектасының гайной ілімі мен елдің мәдени өмірінде маңызды орынға ие болған христиан ілімі). Қиыр Шығыс мемлекеттерінде түрлі діни және этикалық жүйелердің ұзақ уақыт өмір сүруі алдыңғы қатарлы ойшылдарға тән идеялардың белгілі бір дәстүрлі ағымға айналуына әкеліп соқты. Мемлекеттік құрылым немесе адамның қоғамдық өмірге қатысуы жайлы оқуды дамытушылар ерте конфуций ілімінен (Хуан Цзун-си, Ту Янь-у, Тан Чжэнь, жапон ұлы ойшылы Ито Дзин-сай мен оның ізбасарлары, Кореядағы «Тәжірибелік ілім» мектебінің ірі өкілі Лю Хенвон) тірек іздейді. Қиыр Шығыс мәдениетінің тарихында даосизм ілімімен тұтасып кететін буддистік идеялардың мағынасы ұлғая бастайды.
Қытай және жапон драмасында (Тан Сянь-цзу, Кун Шан-жэнь, Тикамацу), қытай немесе корей романында (Ли Ли-вэн, Ким Манджун), қытай немесе жапон повестерінде (Фэн, Мэн-лун, Ихара Сайкаку) өз жолында барлық кедергілерге төтеп бере алатын оттай лаулаған сезімдер мен адамзаттың қалаулары тек осы дүниелік тілектер ғана, ал өмір мен күнделікті күйбең тіршіліктен бас тарту ақиқат деген оймен аяқталады. Табиғат аясына терең сүңгіп, әлемді кедергісіз тану мүмкіндіктерімен байланысты буддизм мен даоссизм дүниетанымы ХYІІ ғ. қытай, корей, вьетнам және жапон ақындардың шығармаларынан айқын көрінеді. Мұндай көңіл-күйлер осы елдің поэзиясында жаңа бастамалар алып келмегенімен, сол кездегі қайғылы оқиғалар мен ақындардың бұл дүниеден бас тартуларына (Қытайда бұл құбылыс маньчжур басқыншыларына көрсетілген қарсылық түрінде) байланысты күшейе түседі.
Цзэн идеяларының (буддизм) негізінде пайда болған жапон поэзиясы атақты лирик Басёның шығармашылығы арқылы ХYІІ ғ. гүлдене түседі. Егер Қытай, Корея, Вьетнам, Жапония сияқты елдерде буддизм поэзияның дамуына айтарлықтай әсер етсе, Моңғолияда буддизмнің негізгі парыздары мазмұндалатын философиялық өлеңдер пайда болады.
Осы кезеңде бүкіл елге ортақ идеялық оқулармен қатар ежелгі ұлттық синтоизм діні де өмір сүрген Жапониядағы идеологиялық жағдай өте күрделі болады. ХYІІ ғ. «Қытай ғылым мектебіне» қарсы «Вагагу» («Жапон ғылым мектебі») деп аталатын бұл ілім жаңа конфуцийшіллдікке қарсы оппозицияның тірегіне айналады.
ХYІ ғ. екінші жартысынан бастап Шығыс пен Орталық Азияға қарай португал, кейін испан, италия, голланд мен поляк мисссионерлері ағыла бастайды: алдымен. Қиыр Шығыс елдерінің алдыңғы қатарлы ойшылдары келе салысымен жаңа елдің халқы, тілі мен дінін зерттей бастаған жат жерліктерге үлкен қызығушылықпен қарайды. Миссионерлер жергілікті идеологиялық ағымдарды қысқа уақытта жан-жақты меңгеріп, өздерінің басты қарсыластары буддизм мен даосизм ілімдеріне қарсы күрестерін бастайды. Олардың конфуцийшілдікке деген қатынасы өте күрделі болған.
Иезуиттер өздерінің жағына шығыс мемлекеттерінің билеушілерін тарту үшін қолданбалы ғылымдарды, әсіресе, математика, астрономия, баллистика мен картографияны дәріптеген. Басқа мәдени әлемнің өкілдерімен, олардың ғылымдары, ерекше заттарымен (мысалы, көзілдірік, дүрбі және т.б.), әсіресе Еуропадан әкелінетін отты қаруымен танысу Қиыр Шығыс ғалымдарының тәжірибелік білімдерге деген қызығушылығын арттырады. Бұл қызығушылық тауарлық өндіріс дамыған феодалдық қоғамның ішкі қажеттіліктерінен туындайды. Еуропалық ғылыми шығармалардың алғашқы аудармаларының пайда болуы осы үдеріске үлкен серпін береді. Алайда миссионерлер өздерімен бірге ХYІІ ғ. алдыңғы қатарлы ғылымдарды емес, Птолемейдің іліміне негізделген ортағасырлық ғарыштық кеңістік туралы түсініктерді ғана алып келген болатын. Сонымен қатар Қиыр Шығыс елдеріне жаңа идеялар да келеді (мысалы, Қытайға жеткен Коперник жасаған ғаламшардың қозғалысы туралы есептеулер), 1626 ж. неміс миссионері Адом Шалле 1609 ж. ойлап табылған телескоп туралы қытай тілінде жан-жақты сипаттама береді.
ХYІІ ғ. Еуропадағы математикаға деген қызығушылық Қиыр Шығыс елдеріне дейін жетеді. Христиан дінін қабылдаған қытай ғалымы Сюй Гуан-ци италия миссионері Маттео Риччимен бірлесе отырып Евклид геометриясын аударып, батыстық күнтізбесін зерттеп, математикаға қызығушылық танытады.
ХYІІ ғ. жапон математика мектебінің негізін қалаушы Сэки Такакадзу Ньютон мен Лейбництің ойларына жақын келетін «Айналым заңдылықтары» еңбегін жазады. Математика, механика мен астрономияға деген қызығушылық «Тәжрибелік білім» мектебінің негізін салушы Ли Сугван сияқты корей жазушыларынан да байқалады. Мұндай жағдайлар Вьетнамда да кездеседі.
Жалпы, батыстық миссионерлерге деген Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі ғалымдар тарапынан болған қызығушылық сенім мәселелеріне емес, қолданбалы білімдерге бағытталады. Оларды ХYІІ ғ. еңбектері қытай тіліне аударылған Аристотельдің логикасы мен Ф. Аквинскийдің философиялық танымы да қызықтырған. Қиыр Шығыс ойшылдарының еуропалық мәдениетке деген қызығушылығын көріп, миссионерлер өздерімен бірге түрлі кітаптар алып келеді. Француз Николя Триго өзімен бірге Қытайға жеті мың томдық кітапхананы әкелген болатын. Қытай арқылы осы әдебиетпен Шығыс Азияның басқа да халықтары таныс болады. Корей ғалымы Ли Сугван ХYІІ ғ. басында Қытайда болып, ондағы еуропалық авторлардың қытай тіліне аударылған еңбектерін өзімен бірге алып кетеді. Кейбір аудармалар Қытай арқылы Жапония мен Вьетнамға жетеді.
Христиандық ойлар мен еуропалық ғылымдардың әсерінен шығыс және оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі алдыңғы қатарлы ойшылдардың дүниетанымында өзгерістер пайда болады. Осы мәдени қарым-қатынастың нәтижесінде қытайлықтар алғаш рет философия туралы біле бастайды. ХYІІ ғ. Фан И-чжи «тунцзи» терминін философияны білдіру үшін енгізеді. 1605 ж. италиялық миссионер Маттео Риччимен ұсынылған қытайлық жазудың латындалу жобасымен танысу қытайлық ғалымды Қытайда латын әліпбиінің кеңінен қолданылуы жайлы ойға алып келеді. Латындық графика негізінде құрылған қазіргі вьетнам әліпбиі де ХYІІ ғ. құрастырылған.
Еуропалық ғылыми еңбектердің Кореяға енуі маңызды нәтижелерге жеткізеді. Ой-өрісінің кенеттен кеңеюі ғалымдарда Қытайды әлем орталығы ретінде және неоконфуцийшілдік оқудың қуаттылығы жайлы күдіктер туғызады.
Христиан миссионерлері конфуций ілімінен өз діндеріне ұқсас тұстарын іздейді. Олар ежелгіқытай философтары енгізген «тянь» («аспан») ұғымы құдай деген сөздің эквиваленті, ал «жэнь» («адамдарға деген махаббат») христиан дініндегі құдайдың рахымына сәйкес келетінін дәлелдап бақты. Осылайша, католицизм мен конфуций ілімінің синтезі пайда болады. Осындай синтездің кең етек алғаны соншалық, ХYІІІ ғ. папа ХІ Клемент мұндай жақындастыққа тыйым салады. Папаның бұл шешімге келуіне философтар мен ғалымдардың назарын аударған конфуций ілімінің Батыс Еуропада, әсіресе Францияда кең тарауы да әсер етеді. Дәл осы уақытта маньчжур сарайы да христиан дінін еретикалық ілім деп жариялайды. ХYІІ ғ. христиан дінінің Жапонияда кең таралуы мен иезуиттердің князьдардың арасындағы ішкі талас-тартыстар мен шаруалар көтерілісіне қатысуына байланысты 1611 және 1637 жылы бұл дінге қатаң тыйым салынады. Жапонияда христиан дінінің күшейе түсуінен кейін еуропалық кітаптар мен батыс тілінен аударылған қытай тіліндегі кітаптарды Жапонияға енгізуге тыйым салынады.
ХYІІ ғ. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда кең тараған христиан миссионерлерінің қызметін бірдей бағалау мүмкін емес. Олар өз мүдделерін ойлап, Шығыс мемлекеттерінің отарлануына жағдай туғыза отырып, сонымен қатар қиыршығыстық және батысеуропалық өркениеттердің мәдени және ғылыми байланыстарының кеңеюіне үлкен үлес қосады және өз кезегінде батыс және шығыс елдеріндегі қоғамдық ойлардың дамуына әсер етеді. Бұл үдеріс өте күрделі және қайшылықты болған. Ортағасырлық ойлармен тығыз байланысты христиан діні шығыс ойшылдарының ой-өрісін кеңейтіп, алдыңғы қатарлы ойшылдардың өз қоғамында орын алған ортағасырлық дәстүрлері мен діни-этикалық ілімдерге қарсы күресіне қолдау көрсетеді. Миссионерлердің арқасында Еуропада танылған конфуций ілімін көбіне Франция, Германия мен Ресейдің ағартушылары қолданады.
ХYІІ ғ. Қиыр Шығыс елдерінің дәстүрлі әдебиетінің дамуында еуропалық әдеби тәжірибенің әсері болмаған. Миссионерлер өздерімен бірге қазіргі батыстық шығармаларды не иезуиттік драманы да әкелмеген. Олар діни және ғылыми әдебиеттен басқа қытай тіліне сол уақытта үлкен сұранысқа ие бола қоймаған Эзоп мысалдарын аударған болатын.
Жапониядағы жағдай мүлдем басқа болады. Онда XYI ғ. аяғы мен XYII ғ. басында христиандық миссионерлер өз қызметінде Батыстың әдеби ескерткіштеріне де үгіт-насихат жүргізеді. 1592 ж. Цицеронның сөздері аударылса, 1600 ж. Вергилийдің өлеңдері аударылады. Сол жылдары Жапонияға келген еуропалықтар феодалдық эпостың классикалық ескерткіштерімен таныса бастайды. 1592 ж. арнайы миссионерлер үшін латындық транскрипцияда «Тайрдың үйі жайлы баяндау» (XIII) атты әскери эпопея басып шығарылады. Бұл басылымның негізгі мақсаты жапондықтарға латын тілін үйрету болады. 1590 ж. Жапонияға алғашқы еуропалық станоктың енуі осындай кітаптардың пайда болуына әсер етеді. XYII ғ. басында жапондық христиандардың қауымдастығы миссионерлер үшін «Ұлы әлем туралы жазбалар» (XIY) атты эпопеяның үзіндісін басып шығарады. Осылайша, Қиыр Шығыста алғашқы әдеби байланыстар жүзеге асырылады. Ол өз кезегінде христиан діні кең тараған Жапонияның жерлерінде пайда болып, жергілікті билеушілер мен мәдени қайраткерлердің қызығушылықтарын туғызады.
ХYІІ ғ. Шығыс Азия елдері мен Вьетнамда әдебиет «жоғарғы» және «төменгі» деп бөлінеді. «Жоғарғы» әдебиетке поэзия мен ежелгі қытай лексикасы мен грамматикасының нормаларына негізделген Кытай, Корей, Вьетнам, Жапонияға ортақ әдеби тілде жазылған прозадан тұрады. Баяндалмайтын (сюжеті жоқ) прозаға өмірбаяндар, қолжазбалар, прозадағы бөлек поэмалар, мадақтаулар, хаттар мен тарихи шығармалар жатады. Бұл әдебиеттің кең саласы Қытайда YІІІ-ІХ ғ. түпкілікті қалыптасып, Қиыр Шығыстың басқа мемлекеттеріне тарайды. Бұл жанрлар әдебиеттен тыс функцияларды атқарып, конфуций ілімімен тығыз байланысты болады. Қытай, Корея мен Вьетнамда ресми қабылданған «жоғары» әдебиеттің қоры осы функционалды жанрлар мен поэзия арқылы азая бастайды. Жапонияда жағдай одан да күрделі болады, онда ұлттық тілдегі әдебиет дәстүрі мен баяндау прозасының ерте дамуына байланысты, оның кейбір жанрлары «жоғары» әдебиетке жатқызылады. Оған классикалық повесть - моногатари, батырлық эпопеялар мен жапондық поэтикалық жанрлар жатқызылады.
«Төменгі» әдебиет Қиыр Шығыста ХYІІ ғ. дейін пайда болып, осы уақытқа дейін дамығаны соншалықты, ол «жоғары» әдебиетпен бәсекелесе бастайды. Ол жайлы сол уақыттағы қытай жазушыларының сөздері дәлел бола алады. Ондағы қалалық повестер мен драмалық шығармалар «қасиетті» мәтіндерден кем бағаланбауы керек. ХYІІ ғ. Қытай мен Жапония сияқты дамыған аймақтарда «жоғары» және «төменгі» әдебиеттер арасындағы теңдік сезіледі. Ортағасырлық әдебиеттің дәстүрлі жанрлары ұзақ өмір сүріп, оларды ойшылдар мен ақындар пайдаланғанымен, қалалық қоғамдық ортамен байланысты жаңа жанрлар да қалыптасады.
Қытайды маньчжурлардың басып алуымен байланысты рефеодализация, маньчжур әскерлері арқылы қалалардың қирауы қалалық мәдениеттің дамуына үлкен кедергілер келтіреді. ХYІІІ ғ. Жапонияда токугавалық монархияның күшеюі «төменгі» мәдениеттің дамуын тежейді. Вьетнамда ХYІІ ғ. ортасынан бастап ұлттық тілде жазылған демократиялық бағыттағы әдебиеттерге тыйым салына бастайды. Қытай, кейін Корея мен Жапонияда қалалық мәдениеттің дамуы осы елдердегі әдебиеттің демократиялық бағытта болуына негіз болады. Повестердің бас кейіпкерлері ретінде қалалық төменгі тап өкілдері, кішігірім саудагерлер, гейшалар мен ұрылар болады. Әдебиетте эстетикалық бастама үлкен маңыздылыққа ие болады. ХYІІ ғ. әдебиетте сипаттылық пен сюжеттілік одан тыс салаларға поэзия (Корея мен Вьетнамда) немесе «жоғары» стильдегі прозаға (Қытайда) да ене бастайды. Әдебиет жүйесінде орын алған өзгерістер ішкі аймақтық әдеби байланыстарға да өз әсерін тигізеді. Бастапқы кезде бұл құбылыс аударуды қажет етпейтін барлық аймаққа ортақ әдеби тілде жазылған «жоғары» әдебиетте ғана көрініс табады. Баяндау әдебиетінің дамуына байланысты Корея мен Жапонияда ХІY-ХYІ ғ. қытай эпопеяларына деген қызығушылық артады. Жаңа оқырмандар санының көбеюі бұрын-соңды сезіле қоймаған шығармашылық аудармалардың қажеттілігіне әкеліп соқтырады. ХYІІ ғ. Ло Гуань-чжунның «Үш патшалық» атты эпопеясының корей, жапон және маньчжур тіліндегі аудармалары пайда болып, Кореяда «Батысқа саяхат» атты шығарма аударылады. Осы уақытта Жапонияда қытай тарихи эпопеялары мен новеллаларға деген қызығушылық арта түседі.
Жоғарыда аталған факторлар Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің арасындағы мәдени байланыстардың күрделенуі мен осы байланыстар арқылы жаңа шығармашылық құндылықтарының енуіне куә болады.
ХYІІ ғ. Шығыс Азия елдеріндегі әдеби өмір маньчжурлардың саяси аренаға шығуымен күрделене түседі. Олар ХYІ ғ. аяғында өз тілдерінде жаза бастап, ХYІІ ғ. төл әдебиетін жасап шығаруға тырысады. Оның қалыптасуы алғашында моңғол жазбасы арқылы жүзеге асырылса, өзіндік жеке мемлекетке деген ұмтылыстары маньчжурлардың конфуций іліміне деген зейінін арттырады. Конфуций қағидалары туралы кітаптардың аудармалары эпопея мен романдардың нәтижесінде пайда бола бастайды. Маньчжурлардың арасында ламаизмнің таралуы маньчжур-моңғол-тибеттік мәдени байланыстардың орнығуына әкеліп соқтырады. Пекиндегі маньчжурлардың барысында тибеттік әдеби мектеп қалыптасып, оны жақсы стилист, шығыс тілдерін терең меңгерген удзумдық моңғол Гомбоджав басқарған болатын. Маньчжурлардың астанасы моңғол кітаптарының басылып шығу орталықтарына айналады. Оның нәтижесінде түпнұсқа щығармашылығы емес, аудармашылық қызмет гүлдене түседі. Қытайды басып алған маньчжурлардың мәдени деңгейі мен қытайлардың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерінің арасында үлкен айырмашылық болғандықтан, билеушілер қытайлардың мәдени әсеріне ұшырайды. Олар қытайлардан тіл, мазмұндау әдебі, стильдер мен жанрларды меңгереді. Маньчжур жазушылары мен ақындарының өнері қытай әдебиетінің ортақ арнасына құйылады. 1655 ж. дүниеге келген Налань Син-дэ сияқты маньчжур ақынының цы жанрындағы өлеңдерінен маньчжурларға тән ерекшеліктер байқалмайды.
Қарастырылып жатқан кезеңде орта азиялық мәдени аймаққа тек екі әдебиетті ғана жатқызуға болады: діни рухани мәдениеттің бірлігімен сипатталатын моңғол мен тибеттік әдебиет. Бұл бірлік тек ХYІІ ғ. ламаизмнің буддизмнің ерекше формасы ретінде тибет-моңғол әлемінде кең таралған кезде күшейе түседі. Моңғол тарихшысы Ш. Бираның анықтамасы бойынша екі мәдениеттің бірлігі моңғолдар өмірінің барлық салаларында жетекші рөлге ие бола бастайды. Әдеби тибеттік тіл бір мезгілде діни және ғылыми әдебиеттің тілі ретінде Орталық Азияда кең тарала бастайды. Моңғол әдебиеті сол уақытта кейінгі ортағасырлық әдебиеттер сияқты моңғол және тибеттік тілдерде дамиды. Пекинде маньчжур сарайы аса құрметпен қабылдаған Y Далай Ламаның шәкірті ірі моңғол ғалымы Зая Пандита Халхасский (Лубсан Принлэй) тибет және моңғол тілдерінде тарихи және тұрмыстық шығармалар жазады. Жалпы сол дәуірдегі моңғол жазушылары мен ғалымдары тибет және моңғол әлеміне ұзақ саяхаттар жасаған. Мысалға, ойрат жазуын ойлап тапқан тибет және санскрит тілдерінің аудармашысы Зая Пандита (Намхай Джамц) Тибет пен Жоңғарияға бірнеше рет барады.
ХYІІ ғ. Орталық Азияда аударма және баспа ісі дами түседі. Дәл осы кезде 1629 ж. Пекинде 108 томдық буддистік мәтіндердің үлкен жинағы – моңғол Ганджуры жарыққа шығады. Зая Пандитаның тибет тілінен моңғол және ойрат тілдеріне аударылған 177 шығармасы (60-тан аса еңбегі сақталған) сол кездегі аударма ісінің дамуын көрсетеді. Буддизм әдебиетінің аудармаларында діни ескерткіштермен қатар көркем шығармалар да болған. Зая Пандита YІІ ғ. атақты Үндістан ақынының философиялық поэмасын аударған. Орталық Азияда ламаизмнің кең тарауы үнді-тибет-моңғол әдеби байланыстарының орнауына әсер етеді. ХYІІ ғ. жазба әдебиетімен қатар эпостар да халықтар арасында кең тарайды. Мысалы, моңғол көшпелілерінің арасында үлкен сұранысқа ие болған тибеттік Кэсаре дастаны моңғол ұлттық эпопеясына айналады.
Жалпы, ХYІІ ғ. Үндістанмен байланысты орта азиялық әдебиет ХІХ ғ. дейін шығыс азиялық аймақтағы мәдени байланыстардың жүйесіне енгізген.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Шығыс елдеріндегі идеологиялық өмір.
Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің өзара әсерлесуі мен өзара әрекеттілігі.
Әдебиеттің демократиялық бағыты.
Тибеттік және моңғолдық әдеби дәстүрлер.
XYIII ғасырдағы Еуропа әдебиеті
XYIII ғ. әлем әдебиеті дамуындағы ерекше кезең болып табылады. Әлемнің көп бөлігінде феодалдық тәртіп сақталып, ортағасырлық мәдениет айтарлықтай өзгере қоймай, Батыс Еуропада үш ғасыр бұрын басталған капиталистік даму өз жалғасын табады.
XYII ғ. болған Англиядағы өндірістік төңкеріс капитализмнің дамуын тездетеді. Ал Францияда XYIII ғ. алдағы ұлы француз буржуазиялық төңкерісіне дайындық кезең болатын.
XYIII ғ. Еуропа әдебиеті тарихында әдебиет саласындағы түрлі жаңалықтар арқылы танымал болған. Ғасырдың бірінші жартысында Англия, Франция, Германия, Дания әдебиеттерінде маңызды өзгерістер байқалды. Аталған елдерде өзгерістердің бағыты, ақындар мен жазушылардың эстетикалық талғамдары мен талаптары ұқсас болатын. Ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік, Солтүстік және Шығыс Еуропа әдебиеттері бір арнада тоғысады. Дегенмен ағартушылық кезең әдебиетінің көркем сипаттары осындай ауқымды аймақтағы түрлі ұлттардың ерекшеліктеріне байланысты біркелкі болмайды. Қоғамдық жағдайлар мен ағартушылық жұмыстардың ұлттық сипатты Англияда жарық көрген «Робинзон Крузо» мен «Памела», ал Ресейде «Ақымақ бозбала», «Петербургтан Мәскеуге саяхат» сияқты кітаптардың пайда болуымен түсіндіріледі.
XYIII ғ. Еуропада «ақыл-ой ғасыры» деп аталады. Батыс Еуропадағы ағартушылық кезеңнің басы оның «Адам ақыл-ойының тәжірибесі туралы» (1691 ж.) деген негізгі еңбегі жарыққа шықан кезбен сәйкес келеді десек болады. Джон Локк осы еңбегінде XYIII ғ. үлкен маңызға ие болған мәселелерді қозғап, оның бұл туындысы түрлі бағыттағы жазушылардың шығармашылығына, ғалымдардың дүниетанымы мен ойлау жүйесіне айтарлықтай әсер етеді.
XYIII ғ. екінші жартысында Еуропа елдерінде сентимантализм деп аталатын жаңа әдеби бағыт дүниеге келеді. Осылайша, еуропалық ағартушылар өздерінің адам туралы түсініктерінде арнайы қағидаларға сүйенеді. Сол кездегі әдебиет те осындай қағидаларға негізделіп, оған қарсы келетін өмірдің барлық тұстарынан бас тартады. Бұл тұтастық түрлі шығармашылық бағыттағы (оның ішінде классицизм мен сентиментализм) ағартушыларды бір арнаға біріктіреді.
Еуропаның барлық елдерінде жаңа мазмұн мен жаңа формадағы шығармаларды дүниеге әкеліп, әдебиетке жаңаша көзқараспен қараған жазушылардың жаңа толқыны пайда болады. Әдебиет қоғамды қайта қалыптастырудың негізі ретінде қарастырылып, осы арқылы XYII ғ. әдебиеттен ерекшеленеді. Көптеген жазушылар қоғамдық ойларды батыл әрі ашық жеткізетін халық жаршыларына айналады. Қайта өрлеу дәуірінде Петрарканың стилистикалық тәсілдері мен поэтикалық тіліне еліктеп өлең жазған ақындарды петраркашылар десе, Вольтердің феодалдар мен шіркеу обускуранттарына деген жеккөрушілігін уағыздап, тіпті қолына қалам ұстамағандарды да вольтершілер деп атаған.
Вольтер (1694-1778) Парижде дүниеге келеді. Шын есімі Франсуа-Мари Аруэ (Вольтер - әдебиеттегі лақап аты). Ол дворяндық ортадан шықпаса да, әкесі ауқатты буржуа болады. Вольтер Ұлы Людовиктің иезуттік колледж-аристократтық училищесінде білімін алған.
Вольтердің оппозициялық көңіл-күйі «Эдип» трагедиясында көрініс тауып, Руанада жасырын жазылған «Лига» поэмасында анық көрінеді. Халық арасында кең таралған Вольтердің поэмасы аз уақыттың ішінде үлкен құрмет пен жетістікке ие болады. Ол Францияның әйгілі ақыны ретінде аты шығады. Бірақ қарапайым, үлкен талант иесі Отан алдындағы осындай дәрежесіне қарамастан, ақсүйектердің тіміскі әрекеттерінен құтыла алмайды.
Вольтер тарих, математика, философия туралы еңбектер, трагедиялар мен комедиялар жазған. Ол әйгілі «Орлеандық қыз» сатиралық поэмасын жарыққа шығарып, осы жылдары «Магамет» (1742) пен «Меропа» (1743) трагедияларын, «Қаңғыбас бала» (1736) мен «Нанина» (1749) комедияларын, «Задиг» (1748) философиялық повесін, ал 1758 ж. өзінің әйгілі «Кандид және Оптимизм» атты повесін жазады.
Батыс елдерінде орын алған ұлттық даму түрлі дәрежеде болғанымен, ортақ бағыттарды да байқауға болады. XYIII ғ. орын алған ерекше құбылыс феодалдық құрылысқа қарсы идеологиялық қозғалыстар алдыңғы шепке шығып, жалпыға ортақ сипатқа ие болуы еді. Көптеген еуропалық елдердегі әдебиеттің даму қарқынын анықтаған күшті қозғалыс (ағартушылық) пайда болып, антифеодалдық көзқарастар жүйесі қалыптасады.
Әдебиет ешқашан «Бақыт туралы ғылым» және адамзаттың экономикалық жетістігі ретінде өмірдің барлық тұстарын қамтитын философиямен тығыз әрі үйлесімді байланысқа түспеген еді. «Адамзат табиғаты» туралы мәселелер философтардың трактаттарымен қатар поэма, романдар мен пьесалардың беттерінде де қарастырыла бастайды. Философиялық тұжырымдар ағартушылардың көркем шығармаларындағы кейіпкерлер арқылы талқыланып қана қоймай, шығарманың негізгі мақсатына айналады. Мысалы, «Кандид немес оптимизм» деп аталатын повесте Вольтер мен Лейбниц айтысқа түссе, «Том Джонс» шығармасында Филдинг Шефтсберидің идеяларын жоққа шығарады, ал «Тристрам Шенд» туындысында Стерн Джон Локкты әзілмен сынға алады.
Лоренс Стерн (1713-1768). Кембридж университетін бітірген Стерн, Йоркширде дінбасылық қызметіне ие болып, өмірінің үлкен бөлігін сонда өткізеді. Оның «Сентименталды саяхат» кітабында кездесетін дінбасы Йорик Стерннің автопортреті болып табылады. Жалпы Стерннің «Өмір мен Тристрам Шендидің пікірі» және «Сентименталды саяхат» атты екі кітабы танымал болады. Байрон, Теккерей, Ш. Бронте сияқты ұлы тұлғалардың тарапынан бұл шығармалар үлкен сынға ұшарағанымен, Гейне мен Толстойдың тарапынан қолдау табады. Оның «Сентименталдық саяхат» атты кітабы 1768 ж. екі том болып шыққан. Бірақ бұл кітап аяқталмай жатып автор жарық дүниемен қош айтысады. Бұл шығарма Стерннің автопортреті, ал шығарманың бас кейіпкері Йорик сезімтал саяхатшы, оны елдердің ұлттық ерекшеліктері емес, адамдардың адамгершілігі ғана қызықтырады. Оның шығармалары арқылы Стерннің өз заманының ұлы жазушысы болғанын көре аламыз.
XYIII ғ. ағартушылық эсселер мазмұны жағынан да, формасы жағынан да ауқымды болып, үлкен сұранысқа ие болады. Аталған жанр елде болып жатқан жағадайға тез бейімделіп, онда сыни мақалалар, публицистикалық памфлет, тіпті ағартушылық романдардың бастапқы үлгілері де болған.
Дидро (1713-1784). 1713 ж. Францияның ескі қаласы Ланграда дүниеге келеді. Оның әкесі қолөнерші болып, отбасындағы пышақ жасау өнері атадан балаға беріліп отырған. Отбасы ауқатты болады, сондықтан Дени Дидро астананың ең жақсы мектебінде білім алып, Париждің Гаркур колледжінде өз білімін жалғастырады. Әкесі ұлының өз нұсқауларын орындап, дін қызметшісі болмағаны үшін материалдық қолғабыс беруден бас тартады.
1746 ж. оның «Философиялық ойлар» атты еңбегі жарыққа шығып, Париждік соттың үкімімен бұл шығарма жендеттер арқылы отқа жағылады. 1749 ж. Дидро өзінің атеистік «Соқырлар туралы хат» атты шығармасы үшін 100 күнге Венсен сарайындағы түрмеге қамауға алынады.
1746 ж. Лебретон баспасы үлкен ғылыми сөздік шығару ниетімен оны «Энциклопедия» редакторы ретінде қызмет істеуге шақырады. Дидро осындай кішкентай ойды үлкен ғылыми-мәдени және саяси маңызы бар іс-шараға айналдырады. Ол барлық француз ағартушыларымен біріге отырып, көптеген қиындықтар мен өткір сындарға қарамастан, өмірінің соңына дейін ұлттық маңызы бар монументалды шығарма жасап шығарады. «Энциклопедия» 30 жыл көлемінде құрастырылады. Ол «Энциклопедияға» мыңға жуық мақала жазған. Бірақ 1759 ж. 3 қыркүйекте ХІІІ Климент бұйрығымен энциклопедияны жағуға үкім шығарылады.
Дидро материализм мен атеизмнің ұстанымдары бойынша өмір сүріп, материалистік принциптер айқын көрінетін «Табиғат пен философиялық принциптерді түсіндіретін ойлар» (1754), «Д’Аламбер мен Дидроның әңгімесі», «Д’Аламбердің түсі», (1769), «Физиологияның элементтері» (1774-1780) атты философиялық шығармаларды да жазады.
Дидроның көркем таланты драматургияда емес, прозаикалық новелларынан да көрінеді. К. Маркс Дидроның «Рамоның жиені» атты повестін оқып таң қалса, Энгельс оған «Диалектиканың жоғарғы көрінісі» деген баға береді. Бұл шығармада ұшқыр ойлы адамның әңгімесі жайында айтылады, олардың бірі (автордың өзі) кедей, байларды жек көретін, бірақ жоғары адамгершілік қасиеттердің иесі, адамзаттың иделы ретінде суреттелсе, екіншісі (Рамоның жиені) өзінің адамгершілік қасиеттері мен абыройынан бас тартқан, бір ғана өмірлік ұстанымы бар, тек өзінің сезімдерін қанағаттандыруды ғана ойлайтын адам ретінде бейнеленген. Ең басты кейіпкердің прототипі өмірде болып, оны Дидро өте жақсы білген. Дидро шын мәнісін де француз композиторы Жан Филипп Рамоның жиені болған. Рамо жағымпаздық аянышты лас өмір кешіп, 1771 ж. баспанаға да қол жеткізе алмастан дүние салған. Дидро ол адамның өмірінен сол дәуірге лайықты ерекше сипатты көрген.
Дидро бұл повесті жазуды 1762 ж. бастайды. Повесть автордың көзі тірісі кезінде басылып шықпайды, тіпті бір кездері ол жоғалып кетеді. Тек 1805 ж. оның көшірмелері Шиллердің қолына түседі де, ол Гетеге береді. Гете оны неміс тіліне аударып, басып шығарады. Тек 1823 ж. ғана түпнұсқасы табылып, Францияда басылып шығарылады.
Романтизм қарасыңында романның мүлдем жаңа түрі пайда болады. Бұл ақыл-ойдың иесі – жағымды кейпкерлерден бас тарту мен ағартушылық кезеңдегі оптимизмге қарсы болады. Ағартушылардың кафедрасы мен трибунасы театр болады. Филдингтің сатиралық комедиялары мен Гольдонидің тұтас драматургиясы, Бомаршенің «Фигароның үйленуі» мен Шиллердің «Қарақшылар» атты туындылары демократиялық бағытты ұстанатын көрермендерге арналған XYIII ғ. қоғамдық күрестің актілері болатын. Хольберг, Гей, Филдинг, Шеридан, Бомарше мен Гольдони сияқты асқан шеберлердің қыл қаламынан туындаған комедиялар үлкен жетістіктерге жетеді.
Бомарше (1732-1799). XYIII ғ. Франция комедиясының негізін салушы. Әкесі де, өзі де сағатшы болып, сағат механизмін кемеліне жеткізгендердің қатарынан табылған. Кейбіреулер оның жасап шығарғандарын тартып алмақшы болғанда бозбала батыл күреске шығып, өзінің авторлық құқын дәлелдеп, қорғап шығады. Осылайша, Париждің ең жақсы сағатшысы аталғанымен, өз өнерін тастап, сарай маңынан үлкен лауазымға ие болып, өзінің Карон есімін дворяндық де Бомаршеге өзгертеді. Бомарше өте дарынды, әрі механик, әрі өнертапқыш, дипломат, музыкант және ақын болған. Оның Франция, Германия, Англия мен Ресейде қойылған «Евгения» атты алғашқы пьесасы авторға жетістіктер сыйлап, оған үлкен атақ әкеледі. 1772 ж. Бомарше шумақты комедиялық опера жазып, оның бірінші нұсқасы «Севильдік шаштаразшы» деп аталады. Мұнде жастардың қызметшілердің көмегі арқылы ақсақалдарды мазақ етулері жайлы айтылады. Шым-шытырық оқиғалар мен қателіктерге толы бұл комедияның бас кейіпкері білімді, батыл әрі пысық Фигаро атты жігіт болатын..
Свифт Джонатан (1667-1745) ағылшын жазушысы, сатирик, ақын, публицист әрі саясаткер болған. Ол 1667 ж. 30 қарашада Дублинде ағылшын отбасында дүниеге келген. Свифтің әкесі жастайынан қайтыс болып, ол ағасының қолында тәрбиеленеді. Свифт Ирландияда өз заманына сай өте жақсы жоғары білім алады. Алғашында графтар мектебі Килкенниде содан соң дублиндік Тринити-колледжінде оқиды.
1704 ж. жазылған «Бөшке туралы ертегі» деген шығармасында оның католиктермен қақатығысы туралы жазылған. 1726 жылы жазылған «Гулливер саяхаты» атты шығармасы Свифтің ең соңғы және қорытынды кітабы болатын. Онда автордың фантастикалық, өмірлік, шығармашылық өте бай тәжірибесі көрініс тапқан.
Свифтті әлемдегі адамзат тағдыры жайындағы мысқылды әрі мұңды толғауға толы «Гулливер саяхаты» атты мәңгі өлмес романның авторы ретінде бүкіл әлем таныған. Свифттің кейіпкері Гулливер әлемнің төрт еліне саяхат жасап, оны баяндау саяхатшының ресми және қысқа есеп беруі ретінде келген. «Англияда саяхат жайлы кітаптар толып жатыр», - дейді оқырманның тек көңілін көтеруді мақсат тұтып, түрлі аңыз-әңгімелер мен жоқты тілге тиек ететін авторларға көңілі толмаған Гулливер. Автор саяхатшының негізгі мақсаты адамдарды өзі болған елге қатысты жақсы-жаман мысалдардан хабардар етіп, оқырманның ой-санасы мен дүниетанымын арттыру екенін көрсетеді. Хирург, кеме дәрігері, лауазымсыз, қарапайым Гулливердің қысқа жазбаларының астарында қалыптасқан адамзат өміріне, саналы түрде басталмаған қоғамдық қатынастарға қатысты тамаша сатира жатыр.
С. Ричардсон (1689-1761) өзін әдебиетші ретінде дайындаған жоқ еді, ол тіпті әдеби атақ туралы да ойламаған болатын, оның жазушылық шеберлігі кездейсоқ ашылады. Ағаш ұстасының ұлы болған Ричардсон жас кезінен-ақ типографияға қызметке тұрып, оның иесінің қол астында өседі де, кейін оның қызына үйленіп, өзі де баспа ісінің қожайыны болады. Сол кезде жеке хат жазысу жоғары деңгейде болғандықтан, хат үлгісіндегі кітапшалар да кең сұраныста болады. Ричардсонға да осындай бір дайын хат үлгілер жинағын басып шығару қажет болатын. Қолайлы мәтіннің болмағандығынан, Ричардсон оны өзі жазып шығаруға бел буады. Ыңғайлы болу үшін сюжеттік ертегі құрастырады. Автор қатты қызығып, эпистолярлық жанрдың алғашқы үлгісі болған бірнеше хаттардан тұратын «Памела немесе сыйға бөленген ізгілік» (1740) атты роман жазып шығарды. Осылайша, 50 жастағы типограф әлемге жазушы ретінде танылады.
«Памелада» Ричардсон «төменнен» жоғары қарай көтерілудің идеалды жолын суреттейді. Романның атының өзі-ақ оның ақыл берушілік бағытта жазылғандығын аңғартады. Онда бейнеленген қайшылық әлеуметтік сипатта болып, адамгершілігі мол, инабатты Памела есімді қызметші қыз бен оның жас қожайыны арасындағы күрес асқан шеберлікпен суреттелген.
Ричардсонның шебер туындысы болып табылатын «Кларисса» романында жанры мен стилі жағынан әр қилы хаттар кездеседі. Роман қайталауларға толы болғандықтан, «Кларисса» ағылшын тілінде жазылған романдардың ішінде ең ұзақ туынды болып табылады. Ричардсон романдары, әсіресе «Кларисса» Еуропаның ағартушылық әдебиетінде өшпестей із қалдырады. Ричардсон шығармалары кейінгі сентиментальды прозаның ұлы туындыларының (Ж.Ж. Руссо «Жаңа Элоиза», Гете «Жас Вертердің қайғысы») жарыққа шығуына негіз болады.
Сентименталист-жазушылар әдебиетке үлкен үлес қосқан. Олардың шығармашылықтары классицистердің шығармаларынан әлдеқайда өзгеше болатын. Трагедиялық сюжеттер ұлы адамдар мен ұлы оқиғалар тақырыптарынан құралады. Ал сентименталистер қарапайым, қуғынға ұшыраған, әлсіз адамдардың образдарына жүгінген.
Ж.Ж. Руссо (1712-1778). Жазушы 1712 ж. Женевада дүниеге келген. Руссоның әкесі сағатшы болған, анасы Руссо туылған кезде қайтыс болады. Руссо он жасқа толғанда оның әкесі Женевадан қашуға мәжбүр болып, жастайынан жалғыз қалады. Осылайша, оның қиын өмірі басталады. Кейіннен жас Руссо мейірімді Варенс ханымның қолына түсіп, шіркеуде тәрбиеленеді.
1749 ж. бастап Руссо танымал бола бастайды. «Эмиль» атты романынан кейін Руссо қуғынға ұшырап, жасырынуға мәжбүр болады. Алайда 1753 ж. Руссоның «Ауылдық сиқыршы» атты комикалық операсы париждіктердің көңілінен шығып, тіпті XY Людовиктің де қызығушылығын оятады. Руссо өмірінің соңғы он жылын Парижде өткізеді. Сыйлықтар мен зейнетақыдан бас тартқан Руссо өмірінің соңына дейін кедейлікте күн кешеді.
1761 ж. жазылған Руссоның ең атақты шығармасы «Жаңа Элоиза» романы Руссоның замандастары үшін күтпеген жағдай болатын. Прозамен жазылған лирика, махаббат әуені, сезім поэзиясы, табиғатқа сүйсіну мен оның әсемдігін бағалау романның негізі болып табылады. Бұл шығармадан халық бостандығы мен құқықтары үшін аянбай күрескен Руссоның ұлы ойларын көре аламыз.
Ұлы француз революциясы ағартушылық кезеңнің соңғы нүктесі болған. Төңкеріс жылдары және төңкерістен кейінгі жылдарда ағартушылық, философиялық, әлеуметтік көзқарастар жүйесі өзгере бастайды. Ғасырдың соңында өмір сүрген жазушылар мен ойшылдардың жаңа толқыны төңкерістен оянған жаңа әлемді көреді. Осы жылдары қалыптасқан романтизм XYІІІ ғ. жаңа буржуазиялық қоғамда пайда болған мәселерге жауап ретінде қалыптасады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
1. Халықаралық әдеби байланыстар.
2. Ағартушылық кезең әдебиетінде пайда болған жанрлар.
3. Көркем шығармалардағы буржуазиялық өмірге тән әлеуметтік
жағдайларға берілген сын.
4. Ағартушылық кезеңдегі эстетика мен ойлар жүйесі
5. Кейіпкердің жаңа типі.
6. Әдеби тілде кездесетін мәселелер
XYIII ғасырдағы Шығыс елдерінің әдебиеті
XYIII ғасырда Шығыс елдерінің барлығы дерлік кейінгі ортағасырлық кезеңде болатын. Дегенмен әлемнің түрлі аймақтарында ортағасырлық қоғамдық институттар мен жаңа идеологияның қалыптасуы түрлі деңгейде жүреді. Батыс пен Шығыс елдерінің арасындағы қайшылықтармен қатар, Шығыс елдерінің де даму деңгейі түрліше болған.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азия, Таяу Шығыс (көрші араб және парсы елдеріне қарағанда жаңа бағыттар ертерек қалыптасқан Түркияны санамағанда) және Орта Азия елдерінде ортағасырлық қоғамдық құрылыс нық орнаған болатын.
Көптеген халықтардың тағдырына сол кездегі жойқын соғыстар өз әсерін тигізбей қоймады. XYIII ғ. Оңтүстік Азияның Күңгей Кавказдан Кампучийге дейін созылып жатқан кең байтақ даласындағы жағдай өте қайғылы болатын. Жаулап алушылар бірінен соң бірі бұл аймаққа басып кіріп, халқын бірнеше рет қырғынға ұшыратады. Мұндай қырғи-қабақ соғыстар тек жекелеген билеушілер мен әулеттердің тағдырын ғана емес, сонымен қатар тұтастай халықтың тағдырын да шешіп отырған. Осылайша, ғасырдың соңына қарай ойраттар Орта Азияға басып кіріп, қазақтардың жеріне, олардың бірлігіне үлкен қауіп төндіреді. Бірақ отыз жылдан кейін-ақ ойраттар (жоңғарлар) 1755-1758 ж. маньчжур императоры әскерінің шапқыншылығынан кейін тарих сахнасынан біржола кетеді. Оңтүстік Азия аймағында өмір сүріп жатқан халықтар үшін Надир-шахтың жаугершілік соғыстары өте ауыр болады. Ол Иранның ауған және түрік шапқыншыларына қарсы күресі кезінде үлкен күшке ие болады. Билік басына келген Надир-шах 1736-1747 ж. аралығындағы жаугершілік соғыстарынан кейін уақытша орта азиялық хандықтар мен Үндістанның солтүстік-батыс аймағын, Дағыстан мен Күңгей Кавказдың біраз бөлігін жаулап алады.
Қалалар мен ауылдар аңырап бос қалады, тірі қалған тұрғындар өмірлерін сақтап қалу үшін басқа жерлерге жаппай көше бастайды, егін, мал шаруашылығы, қолөнер құлдырап, халықтың саны азайып, мәдени ескерткіштер қиратылады, кітаптар мен қолжазбалар өртке оралып, көптеген ақын, жазушылардың аттары мәңгі ұмыт болады.
Бізге жеткен ақындардың шығармашылығынан тек мұң мен зарға, қайғы-қасіретке толы бірнеше жолдарды табамыз. Түріктердің шапқыншылығынан кейін аман қалған грузин ақыны Д. Гурамишвили өзінің поэмасын «Грузия апаты» деп атаған. Шексіз соғыстар мен жалпыға ортақ тоқыраулар сол кездегі халықтың жүрегіне үлкен қорқыныш сезімін ұялатқан болатын. Иранда тұтқында болып, көп қиындықтарды басынан кешірген түркімен ақыны Махтумкули өз еліндегі өзара қырғи-қабақ соғыстарды тоқтатуға шықырып, әлемде үстемдік еткен зұлымдық пен қырғын соғыстан құтылудың шешімін іздеп, қайғыға батады. Ол үшін бүкіл әлем ақылынан адасып, «өмірлік негіздер» жойлып бара жатқандай көрінетін. Түркімен ақынының шынайы апаттарды жан-тәнімен сезінуі дәстүрлі сопылық формулалармен сәйкес келеді. Махтумкулидің қайғылы діни-философиялық дүниетанымының өзіндік ерекшелігіне қарамастан, оның шығармашылығы неміс ақындарының барокко стиліне жақын келеді.
Махтумкулидің шығармашылығы ерекше сипатқа ие. Жалпы алғанда енді қалыптасып келе жатқан және кейінгі ортағасырлық поэзияда жаңа дәуірде өшпес із қалдырған талантты тұлғалар (Армениядағы Саят-Нова, Тибеттегі YI Далай-ламаны) айтсақ болады.
ХYIII ғ. Батыстағы алып мемлекеттердің Азия мен Африка елдеріне шапқыншылығы өз жалғасын тауып, бұл елдердің өзара соғыстары мен талас-тартыстары отралау саясатын жылдамдата түседі.
Отарлау халықтарды тонау, олардың саяси-экономикалық құрылымдарын бұзу, жаулап алған елдерді Батыс елдеріндегі қалыптасып келе жатқан капиталистік қоғамдық құрылыстардың талаптарына еріксіз көндіруді білдіреді. Еуропалықтардың Шығыс елдеріне баса көктеп кіруі бір-бірінен мүлдем ерекше екі мәдениеттің қақтығысуына әкеледі. Отарлаушы елдердің әскерінен кейін немесе олардан бұрын сол елдің саудагерлері, миссионерлер мен түрлі дін өкілдері, қазба байлықтарын іздеуді мақсат еткен геологтардан бастап, жаңа әлемнің мәдениетіне қызыға қараған этнографтар мен тілшілерге дейін түрлі саладағы ғалымдар келетін еді. Осының әсерінен елде түрлі жағдайлар қалыптасып отырған.
Испан католиктік шіркеуі жаулап алған халықтар христиан дініне сену керек деген ұстанымға сүйенеді. Осылайша, Филиппинде болған христиан дінін күшпен тарату елдің өзіндік мәдениетіне айтарлықтай әсер етеді. Бұл құбылыстың орын алуын Филиппинде мемлекеттік діннің болмауымен байланыстыруға болады. Сонымен қатар испан тілі жергілікті тілдерді біртіндеп ығыстыра бастайды. Елде ұлттық филиппиндік және батыстық мәдениеттердің синтезі ретінде қарастыруға болмайтын жаңа испантілді мәдениет пайда болады.
Ағылшын отарларында миссионерлер осындай маңыздылыққа ие болмады, ағылшын шіркеуінің өзі өзге сенімдегілерге үлкен сабырлықпен қарады, тіпті мемлекеттік саясатта да испан шіркеуіне қарағанда шешуші рөлге ие бола алмады. Ағылшындар қол астындағы халықтың мәдени өміріне араласпай, өздерінің ғалымдарына жергілікті тіл мен мәдениетті зерттеуге мүмкіндіктер бере отырып өздерінің стратегиялық және экономикалық жоспарларын құрып, алға қойған мақсаттарына жету үшін әркеттер жасайды. Сөздіктер жасалып, грамматика жазылып, әдеби ескерткіштер ағылшын тіліне аударыла бастады да, олар еуропалық мәдениеттің құндылығына арналады.
XYIII ғ. өзара байланыстардың дами түсуі (отарлау саясаты мен суда қатынастары) біржақты сипатқа ие. Батыс бірте-бірте Шығыс халықтарымен терең танысып, олармен тығыз байланыс орнатса, Шығыс елдері әлі де Батыс өркениетіне асқан сақтықпен қарады.
Жат жерліктердің басып кіруіне қарсы оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі халықтардың ежелден қалыптасқан дәстүрлерді қатаң ұстануы өзін-өзі қорғаудың бір түрі ретінде қарастырылады. Осыдан олардың арасында өздерінің философиясы, сенімі мен шығармашылық талғамдарын сақтап қалуға деген талпыныс пайда болады.
Осындай қалыптасқан жағдайларға байланысты XYIII ғ. әлем әдебиетінің тұтастығы болмады. Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі әдебиетте өткен ғасырларда қалыптасқан дәстүрлер үстемдік етіп, ортағасырлық эстетикалық қағидалар мен жанрлар жүйесі сақталып қалады. Әдебиеттің гүлдену кезеңін ерте бастан кешірген араб елдерінде, Иран мен Үндістанда XYII ғ. сияқты XYIII ғ. әдебиет өткен дәуірде өмір сүрген ұлы ақындардың естелігімен байланысты болып, дәстүрлі тәсілдерді пайдаланып қана қоймай, оларды қайталаумен ғана шектеледі. Ортағасырлық дәстүрлер поэзияға айтарлықтай әсер етеді. Дәуірдің ерекше сипаты ретінде формасы жағынан нәзік әрі күрделі поэзияның кейбір ортада үлкен сұранысқа ие болуын айтса болады. Ауғанстан, Орталық Азия, Иран мен Үндістанның ақындары XYII ғ. парсы тілінде жазған Бедиль ақынның дәстүрінен негіз алады. Парсы тіліндегі әдебиетте оның есіміне байланысты философиялық (сопылық) поэзияның күрделі түрі болып табылатын бедилизм атты бағыт пайда болады. Осыған ұқсас құбылысты басқа да халықтардың поэзиясынан көруге болады (хинди тіліндегі рити-кави, Явадағы «явандық қайта өрлеу», Бирмадағы «тапқыр жолдар» поэзиясы). Бұл поэзияны Батыстағы прециоздық поэзиямен, маризизм және гогоризммен байланыстыруға болады.
Поэзиядағы стильдің күрделенуіне қарапайымдылық пен нақтылық қарсы қойылады. Осыдан классикалық дәстүрлер мен фольклордың поэтикасына деген талпыныс байқалады. Мысалы, Иран поэзиясында ежелгі дәстүрге қайта оралу, яғни моңғол дәуіріне дейінгі ақындардың шығармашылық тәжірибесіне қайта оралу құбылысы орын алады.
Батыста араб елдерінен шығыста Филиппинге дейінгі аталған аймақтардың барлығында ортағасырлық сипаттарды сақтай отырып проза қосымша мәнге ие болады. Барлық елдегі көркем проза тарихи және географиялық суреттеулер мен мәтіндерден бөлініп, жеке жанр ретінде қалыптаса қоймайды. Көптеген елдерде ауызша және жазбаша түрдегі халық әдебиетінің ескерткіштері бір мезгілде өмір сүреді.
Қиыр Шығыс елдері ерекше аймақ ретінде қарастырылады. XYIII ғ. бұл аймақта Қытай, Жапония, Корея және олармен мәдени-тарихи байланыста болған Вьетнам елдерінің әдебиеті ерекше көзге түседі. Осы кезде аталған төрт елдің әдеби дамуы мен ондағы керемет көркем шығармаларды көлемі жағынан еуропалық әдеби ескерткіштермен салыстыруға болады. Н.И. Конрад XYIII ғ. әлемдік маңыздылығы бар шығармашылық жаңалықтарды дүниеге әкелген екі аймақ Еуропа мен Қиыр Шығыс болған деп есептейді.
XYIII ғ. Шығыс Азия мен басқа да аймақтағы елдердің әдебиеті үшін ерекше дәуір бола алмады. Жоғарыда аталған төрт елде жаңа бағыттар түрлі кезеңдерде пайда болады. Бұл елдердегі әдеби сипаттарда біркелкілік болмады.
Қиыр Шығыс елдеріндегі жаңа буржуазиялық қатынастар өте баяу түрде жүреді. Елдегі осындай құбылыстарағы билік басындағылар қарсы тұрып, XYII ғ. Қытай мен Жапонияда жаңа бағыттарға деген қарсылық күшейе түседі. Бұл жағдай ортағасырлық ойлар жүйесі және бейнелер мен жанрлар кешенінен әлі қол үзбеген мәдениетке де өз әсерін тигізбей қоймайды. Ежелгі дәстүрлер мен қайта жаңару идеясы арасындағы қақтығыстарды Кореядан көре аламыз. XYII-XYIII ғ. Кореяда орын алған сирхактардың қозғалысы (тәжірибелік білім үшін) сол дәуірде өмір сүріп жатқан адамдардың түсінігін ортағасырлық догмалардан азат етуде үлкен маңыздылыққа ие болады.
Сирхак қозғалысының қайраткерлері арқылы жасалған осындай әлемдік ұлы ашылулар сыртқы құрылымы жағынан Еуропа мәдениетіндегі Қайта өрлеу дәуірінде орын алған құбылыстарды еске түсірді. Дегенмен де Сирхак қозғалысы Ренессанстан айтарлықтай ерекшеленеді. Корей қоғамдық өмірінде орын алған күрделі әлеуметтік қайшылықтардың негізінде қалыптасқан бұл қозғалыс еуропалық Қайта өрлеу дәуіріндегі эстетикалық, философиялық, ойлармен байланысқа түспестен жұмыстарын жүргізді.
Әйел тағдырына деген алаңдаушылық осы аймақтағы әдебиетке тән сипаттардың бірі болады. Әлеуметтік және діни қағидалар әйелдің қоғамда алатын орнын анықтап, сол кездегі әйел баласының мүшкіл жағдайын көрсетеді. Әйел баласының ар-намысы мен оның адамдық құндылықтары үшін күрес жапон драматургиясында да, Вьетнам поэзиясында да негізгі орында тұратын.
XYIII ғ. әлеуметтік қайшылықтар жазушылардың сыни көзқарастарын күшейте түседі. Мысалы, 1771-1802 ж. аралығында Вьетнамда тэйшондар бастаған шаруалар соғысы бой көтереді. Бұл жағдай ғасырдың соңындағы қоғамдық ойлардың жылдам дамуы мен сол дәуірдегі ақындардың шығармашылығына айтарлықтай әсер етеді.
Осы кезде антифеодалдық үдерістің күшейе түсуіне қарамастан, шығыс және оңтүстік-шығыс Азияның ойшылдары өз еңбектерін жаңа конфуцийшілдік пен будизм және дәстүрлі философиялық жүйелер негізінде жазады. Мысалы, тэйшондар қозғалысы тұсында өмір сүрген атақты вьетнам ақыны Нгуен Зу өзінің «Қиналған рухтың айқайы» атты поэмасында буддизмнің тағдырға қарсы келуге болмайды деген түсініктерімен қатар өзінің кейіпкері арқылы адам өз тағдырын өзі жасауға ерікті және оған толық құқы бар екенін айтады.
Андо Сёэки XYIII ғ. Жапонияда қалыптасқан идеологияда жалғыз болатын. Жапон ғалымдарының оны Томас Мюнцермен салыстыруы да кездейсоқтық емес. Андо Сёэкиді тек оның замандастары ғана емес, сонымен қатар ХІХ ғ. жапон ағартушылары да түсіне алмады. Тек ХХ ғ. ғана оның еңбектері жоғары бағалана бастайды. ХХ ғ. Кореядағы сирхак қозғалысының көрнекті қайраткері Ли Иктің шығармалары да жарыққа шыға бастайды.
Ағартушылық ойлардың тұтас жүйесі қалыптасқан Еуропа елдеріндегі XYIII ғ. әдебиетіне жауыздықтың жойылып, ақылдың үстемдік құруына деген сенім мен оптимизм тән болатын.Өмірлік қуанышқа толы мотивтер Шығыс жазушыларында да кездеседі, бірақ мұнда оптимизм мен пессимизмнің сипаты мүлдем басқаша болатын. Қиыр Шығыс пен Вьетнам әдебиетіндегі идеялық қайшылықтар XYIII ғ. еуропалық ойлардың арасындағы қайшылықтармен сәйкес келмейді
Сондықтан да Шығыс Азия елдеріндегі әдеби дамуларға қарамастан елдегі қоғамдық және идеологиялық шарттарға байланысты Батыс Еуропадағы ағартушылық кезеңге тән өзгерістер мен төңкерістердің алғышарттары байқалмады.
Таяу Шығыс пен оңтүстік-шығыс Азия елдеріне қарағанда Шығыс Азия (Қиыр Шығыс) әдебиетінде еуропалық әдеби құбылыстармен салыстыруға келетін түрлі жаңа бағыттарды көре аламыз. Осы аймақтағы әдебиетте тек жанрлардың түрлері өзгеріске ұшырап, прозада ортағасырлық мәдениетке тән шарттылық, символика мен фантастиканың алдын алуға үлкен мүмкіндіктер туып, әдебиет өмірдің шынайылығын суреттеді. Прозаикалық шығармалар күрделене түсіп, бірте-бірте ортағасырлық повестер мен оқиғаларға тән «бір ізділік» бағыты жойыла бастайды. Дегенмен Шығыс Азия елдеріндегі прозада шындықты шынайы түрде жеткізу тәсілдері ғана пайда болады. Мысал ретінде Цао Сюэ-циннің «Қызыл үйшіктегі ұйқы» (1791) атты романын келтірсек болады. Онда сыни көзқарастар, кейіпкердің өзін қоршаған шынайы өмірге қанағаттанбауы даостық және буддизмдегі символдардың күрделі жүйесі арқылы суреттейді.
XYIII ғ. көптеген елдерде екі тіл қатар өмір сүреді. Мысалы, Корея мен Вьетнамда, тіпті Жапонияда әдеби шығармалар ұлттық тілде де, ежелгі қытай тілінің грамматикалық және лексикалық қағидаларына негізделген жалпыға ортақ әдеби тілде де жазылады. Қытайда әдебиет ежелгі классикалық тілде (вэньянь) де, жаңа тірі тілде де (байхуа) дами түседі. Корея мен Вьетнамдағы қытай тілінде жазылған шығармалар жанры жағынан классикалық қытай әдебиетіне тән дәстүрлермен тығыз байланысты болып келеді. Азияның да көптеген елдерінде жазу тілі мен сөйлеу тілі сәйкес келмейтін. Сондықтан да ұлттық тіл мәселесі әлі шешіле қоймады және ол үшін қолайлы тарихи жағдайлар да жасалмады.
XYIII ғ. Еуропада жалпы Шығыс елдерінің салт-дәстүрі мен мәдениетіне, ондағы халықтардың өміріне деген қызығушылық арта түседі. Мысалы, XYII ғ. өзінде Францияда «Шығыс кітапханасы» атты бірнеше томдық басылымдар пайда болады. XYIII ғ. басында халық арасында араб, парсы және басқа да шығыс тілдеріндегі шығармалардың аудармалары тарала бастайды. Әсіресе, «Мың бір түнге» деген сұраныс артып, оның бірнеше нұсқадағы аудармалары пайда болады. Көптеген кітаптар француз тілі арқылы басқа еуропалық тілдерге, оның ішінде орыс тіліне да аударылады. Шығысқа деген қызығушылықтың артуына Калидастың «Шакунтала» атты шығармасының аудармалары дәлел бола алады (Англияда В. Джонс, Германияда Форстер, Ресейде Карамзин аударған).
Жоғарыда аталғандардың ішінен ең маңыздысы түрлі халықтардың мәдениетін теориялық тұрғыда зерттеу үдерісі басталады.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Таяу Шығыс аймағындағы халық әдебиетінде кезедсетін шығармалар.
Әдебиеттердің жергілікті тілдерде қалыптасуы.
Қытай әдебиетіндегі роман жанрының дамуы.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азиядағы әдебиетке тигізген жергілікті діндердің ықпалы.