Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Балалар аурулары Учебник.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.63 Mб
Скачать

Сальмонеллездер

С а л ь м о н е л л е з-сальмонелла тектес бактериялар қоздыратын жұқпалы ішек ауруы. Аурудың қоздырғышы- оны 1885 жылы бірінші болып ашқан американдық ғалым Салмонның есімімен аталған- сальмонелла таяқшасы. Оның көптеген серотиптері бар, іш сүзегінің қоздырғыштарына ұқсас келеді. Сальмонеллалар қоршаған ортада төзімді. Мысалы: кепкен күйінде шаң-тозанның құрамында 80 күнге, кепкен қи мен көңге айлап, жылдап, пісірілмеген сүтте 11күнге, шұжықта 130 күнге дейін тіршілігін сақтайды.

Эпидемиология. Аурудың көзі-ауру адамдар мен жануарлар. Жұғу жолдары- микробтармен ластанған ет, сүт тағамдары, балалардың күтімі мен тамақтандыру үшін қолданылатын заттар арқылы өтеді.

Патогенезі. Аурудың даму механизмі басқа жұқпалы ішек ауруларына ұқсас. Бала организміне енген қоздырғыш лимфа, одан қанға өтіп, өзінен бөліп шығарған эндотоксин арқылы жүйке, қан тамырлары жүйелеріне әсер етеді. Соның салдарынан терморегуляция бұзылады, құсу, іш өту басталады.

Клиника. Сальмонеллез жаңа туылған балалар мен емізулі балаларда (әсіресе аралас және жасанды тамақтанатын) жиірек кездеседі. Қоздырғыш тамақ өнімдері арқылы енген жағдайда, астан улану белгілерімен өтеді. Жасырын кезең бірнеше сағаттан 2-3 күнге созылады. Одан кейін дене қызуы 38-39градусқа көтеріледі, баланың басы, іші ауырады, іші кеуіп, сұйық болып өте бастайды. Тамаққа тәбеті жоғалып, кейде құсады. Сусыздану белгілері тез дамып, бала қатты әлсірейді. Жүрек жұмысы нашарлайды, тамыр соғысы жиілеп, әлсірейді, аяқ-қолдары мұздап, кейде елірмелеу байқалады. Нәжісі сұйық, қайнатқан күріштің суына ұқсас, кейде жалқақ араласады, қан араласу сирек болады. Балаға дер кезінде тиісті ем мен көмек көрсетілсе, жағдайы да тезірек жақсарады, нәжісі қалпына келеді.

Диагноз қою үшін баланың жасы; эпидемиологиялық жағдай; қанның, зәрдің, құсыұтың, шайынды судың, нәжістің бактериологиялық тексерістерінің нәтижелері ескеріледі.

Емдеу. Науқастың емі балаға жедел, жағдайына сәйкес көмек көрсетуден басталады: алдымен асқазанды, ішекті шайып, тазалау; ауыз арқылы регидратация жүргізуді бастау; сұйықтықтарды ішкізу; симптомдары бойынша ем жасау. Осындай алғашқы көмек көрсеткеннен кейін, бала стационарға жатқызылып, аурудың себебіне, даму дәрежесіне, ауырлығына сәйкес, белсенді ем қабылдайды; қоздырғыштарға қарсы- антибиотиктер, бактериофаг; дезинтоксикациялық және регидротоксикалық ем ауырлық дәрежесіне қарай ЮНИСЕФ ұсынған жоспар бойынша; симптомдық ем жүргізіледі.

Алдын-алу шаралары: науқастың дер кезінде диагнозын анықтап, оңашалау; қарым-қатынастағыларды есепке алып, бақылау жүргізу, бактериологиялық тексерістен өткізу; ет, сүт тағамдарының сақталу орнын жүйелі түрде тексеріп отыру; мал, құстарға санитарлық мал-дәрігерлік қадағалауды дұрыс жүргізу; балалар мекемелеріндегі, тамақ өнеркәсібіндегі қызметкерлерді жүйелі түрде медициналық және бактериологиялық тексерулерден өткізіп отыру.