
- •1 Орталық Қазақстан экономикалық ауданының географиялық орны
- •1.1 Орталық Қазақстанның табиғаты және табиғи ресурстарына экономикалық географиялық тұрғыдан баға беру
- •2.1 Орталық Қазақстанның қалалары мен ауылдық елді мекендері бойынша табиғи өсім мен өлу динамикасына әсер етуші факторлар
- •Сурет 1. Орталық Қазақстан ауданының ұлттық құрамы картасы
- •1998-2012 Жылдары Қарағанды облысындағы халық санының өзгеруі [39]
- •2010-2013 Жылдардағы Қарағанды облысында жұмысқа жарамды жастар аралығындағы көші-қон [39]
- •2.2 Орталық Қазақстан ауданының экономикалық белсенділігі
- •Сурет 3. 2012-2013жж. Сыртқы көші-қон өзгерісі
- •Сурет 6. 2013 жылдың айлары бойынша ірі және орта кәсіпорындардағы бос орындар саны.
- •Сурет 7. Қарағанды облысы бойынша 2013 жылғы іі тоқсандағы жұмыспен қамтылған халықтың пайыздық өлшемі
- •2.5 Халықтың еңбек төлемі және тұтыну бағасының индексі
- •Сурет 9. 2011-2013 жылдардағы Қарағанды облысындағы инфляция
- •Сурет 10. Абай қаласының өнеркәсіптерінің жылдық табысы
- •2014 Жылдың 1 қаңтарында халық саны 51,1 мың адам және 2012 жылдан 1 % артқан.
- •2010–2013 Жылдар кезеңінде Шахтинск қаласының еңбек нарығында жағдай жұмыссыздық деңгейі төмендеуімен және экономикалық белсенділік деңгейімен сипатталады [42].
- •3.1 Орталық Қазақстанның экономикалық даму жағдайы және экономикалық даму бағыты
- •3.2 Орталық Қазақстан экономикалық ауданының экологиялық жағдайының әлеуметтік-демографиялық жағдайға әсері
- •2013 Жылғы деректер бойынша кәсіпорындардың рұқсат етілген шектің (реш) көрсеткіштері[32]
1 Орталық Қазақстан экономикалық ауданының географиялық орны
Орталық Қазақстан ауданы Қазақтың қатпарлы таулы аймағында орналасқан. Бұл аймақ геологиялық және геоморфологиялық ерекшеліктері бойынша басты төрт ауданға бөлінеді. Орталық Қазақстанның солтүстігін Қазақтың ұсақ шоқылы өңірі (50 пайыз шамасында) алып жатыр, оңтүстікте – Бетпақдала үстіртінің солтүстік бөлігі және солтүстік Балқаш жағалауының үстірті құрайды, ал оңтүстік-батысын – Аралмаңы Қарақұмы алып жатыр.
Бұл ұсақ шоқылы аймақтарда жер бедері толқынды жазықты, себебі бұрын бұл жерлер өзендердің аңғары болған. Сонымен қатар мұнда гранитті тау массивтері мен жалпақ жазықтар кездеседі. Ұсақ шоқылы жерлердің теңіз деңгейінен орташа биіктігі – 350-500 м болып табылады.Ең биік тау шыңдары ауданның шығыс бөлігінде кездеседі. Тау шыңдарының биіктігі 500-800 метр.
Ауданның биік шыңдары: Қарқаралы – 1358 м, Кент – 1367 м және Қызыларай. Қызыларай – теңіз деңгейінен 1565 м биіктікте орналасқан Орталық Қазақстанның ең биік тауы[6].
Орталық Қазақстан аумағының жері геоморфологиялық жағынан күшті көтерілген (абс. биіктігі 400-1000 м) аймақ – Сарыарқаның орталық бөлігіндегі неғұрлым қыратты бөлікті қамтиды. Рельефі өзен аңғарларымен, құрғақ өзен аңғарларымен, шоқыаралық ойпаңдармен,тұйық ойыстарымен, көл қазаншұңқырларымен күрделенген. Қатты тау жыныстары ретсіз шашылып жатқан тас үйінділері, жартас және қорым тас күйінде жер бетіне шығып жатады. Денудациялық процестер таулы өңірлерді аласа тауларға, тау жыныстарынан тұратын, бір-бірінен оқшауланған тау массивтері бар көлемді көне пенепленге айналдырды. Кайнозой-мезозой пенеплені әлсіз эпейрогендік қозғалыстарды бірнеше рет басынан өткізді. Пенеплендену процесі және аздаған неотектоникалық көтерілім облыс жерінде көлемді, тегістелген басты су айрықтарының (солтүстікте – Есіл-Ертіс, оңтүстікте Балқаш-Ертіс, оңтүстік-батыста – Сарысу-Теңіз,) қалыптасуына негіз болды. Тау жыныстарының сипаты мен жату тереңдігіне қарай ұсақ шоқылардың денудациялық пішіндері әр түрлі келеді. Атап айтқанда, граниттер желдің үгу қасиеті әсерінен жартасты, тік өркешті, дөңгелек және көпшік пішінді болып, ал ұзынан-ұзақ жатқан құмтас, әктас және жаңғыш тақтатас қабаттары қырқалы және жоңды келеді. Ал, қайталама кварциттер үшін үшкір шыңдар (шоқылар) тән. Аккумуляциялық жазық үстінде суффозиялық орлар мен кеуіп қалатын көлдері бар дефляциялық қазаншұңқырлар кең тараған. Облыс территориясы орография бойынша шартты түрде Ульянов, Топар қала типтес поселкелерін қосатын деңгей бойынша 2 бөлікке (батысы көбіне жазық, тегіс келген ұсақ шоқылы және шығысы – қырқалы, нағыз ұсақ шоқылы) бөлінеді. Облыстың батыс бөлігін Есіл мен Нұра өзендері аралығындағы ауқымды жерді алып жатқан және Теңіз-Қорғалжын ойысына қарай еңістеу келетін денудациялы ұсақ шоқылы және делювийлі-пролювийлі қырқалы су айрық жазығы алып жатыр. Аймақтың шығысындағы абсолюттік биіктік– 500 м, батыста – 400 м. Жазық үстінде мүжіліп, тегістелген ұсақ шоқылар, жалдар мен жекелеген таулар оқшауланып тұрады, олар: солтүстікте – Ақдің (809 м), Нияз (833 м), солтүстік-батыста – Мұзбел (503м), оңтүстік-шығыста – Найза (633м), оңтүстікте – Ақшоқы (588м) т.б. Аймақтың бұл бөлігіндегі жазық далалы өңірі егістікке және мал жайылымына қолайлы. Бозды-бетегелі дала, сонымен қатар Нұра, Құланөтпес, Шідерті, Есіл өзендерінің кең жайылмаларындағы және көл қазаншұңқырларындағы түрлі шөпті шалғындар шабындыққа пайдаланылады. Облыс территориясының шығыс бөлігі нағыз ұсақ шоқылы және биіктік белдеу элементтері байқалатын аласа таулы келеді. Өңірдің оңтүстігі Нұра, Жарлы, Талды, Түндік өзендерінің жоғарғы ағысында Үлкен Қарақуыс (1342м), Кіші Қарақуыс (1327м), Бүйіртас (1267м), Кешубай (1559м), Қоңыртемірші (1369м), Соран (1183м) т.б. таулардан құралған көтеріңкі келген ұсақ шоқылы су айрықтарынан тұрады. Облыстың шығыс бөлігінің орта тұсынан батыстан шығысқа қарай Наршөккен (1108м), Ханқашты (1220м), Түнғатар (1161м), Қарқаралы (1403м), Кент (1469м), Бақты (1176м), Жақсы Абралы (1300м) т.б. аласа тау тізбектері созылып жатыр. Бұлардан солтүстікке қарай жеке-жеке оқшауланып Семізбұғы (1049м), Айыр (793м), Желтау (959м), Қу (Балқантау, 1366м), Достар (1025м), Арқалық (1064м), Мыржық (969м) т.б. таулары орналасқан. Территорияның негізгі бөлігі жартасты, қырқалы келген су айрықты-ұсақ шоқылы (абс. биікт. 500-700 м-дей) және ұсақ шоқылы денудациялық жазықтан тұрады. Көтеріңкі бөлігі арал күйінде орналасқан тауларда, аласа жері – тауаралық қазаншұңқырлар мен (Қарасор, 621 м), өзен аңғарларына (400-600 м-дей) сай келеді.
Аудан территориясы каледон және герцин құрылымдарын қамтитын Орталық Қазақстан палеозойдын ортаңғы бөлігінде орналасқан. Каледон қатпарлығына Шыңғыс-Тарбағатай мегантиклинориі мен Шыңғысалды синклинориі (шығыста), Ерементау антиклинориі мен Семізбұғы синклинориі (солтүстікте), каледонид пен герцинидтің орта тұсында орналасқан Қарағанды синклинориі (Ерементау антиклинориінен оңтүстікте), герциндік Теңіз ойысы мен Қарағанды синклинориіне батыс бөлігінен келіп жалғасатын СарысуТеңіз көтерілімі жатады. Құрамында Қарасор, Спасск антиклинориі және Успен синклинориі, Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесінің солтүстік доғасы кіретін герциндік құрылымы Қарағанды синклинориінен оңтүстікте орналасқан. Бұл құрылымдар түрлі құрамды әктас, құмтас, жанғыш тақтатас, кварцит, вулканиттерден түзілген. Әр түрлі бағыттағы жарылыстары мен опырылыстары бар интрузиялар жыныстары қатпарлыққа жаншып, қиып өткен. Қарағанды синклинориі – геологиялық құрылымдар ішінде егжей-тегжейлі зерттелгені ендік бағытқа жақын созылып жатыр. Бұл өңірде қазіргі кезде 30-дай өндірістік кен орны орналасқан. Синклинорийдің орта бөлігін Қарағанды көмір бассейні алып жатыр. Қарағанды синклинориінің батыс бөлігі опырықты-синклинальды девон және төменгі палеозойдың вулканогенді-терригенді қабаттарынан түзілген майысулар мен көтерілімдердің кезектесіп отыруымен сипатталынады.
Мұндай Завьяловка және Самар тас көмір кен орындары орналасқан. Опырық-синклинальды шығыс және батыс жағынан меридиан бағыттағы жарылыстармен шектелген. Бассейннен солтүстікке таман фамен және турней ярусының карбонатты жыныстарымен, сол сияқты төменгі карбонның көмірлі қабаттарынан түзілген брахисинклинальдардың және мульдарлардың көтеріңкі учаскелерімен кезектесіп отыратыны байқалады. Бұл тұста көміріндегі күл мөлшері жоғары Қушоқы және Бөрілі кен орындарының қабаттары сай келеді. Қарағанды көмір бассейнінің оңтүстік жиегінде қорғасын-мырышты руда жүлгелері мен Жалайыр барит кен орны белгілі. Бассейннің түрлі бөліктерінен химия, металлургия және цемент өнеркәсібіне пайдалануға жарамды әк тастың 20 кен орны анықталды.
Бұлардың қатарына барланып пайдалануға берілген Сарыапан, Астахов, Оңтүстік Топар, Волын әк тас кен орындары жатады. Құмтас-қиыршық тас кен орындарының (Оңтүстік Соқыр, Шахан т.б.) негізгі зерттелген бөлігі өзен аңғарларында шоғырланған. Юра шөгінділері үстіне жиналған саз балшық аязға төзімді құрылыс кірпішін, керамикалық бұйымдар, отқа төзімді материалдар даярлауға пайдаланылады. Ақтас, Сасыққарасу саз балшық кен орындары пайдаланылуда. Девон эффузияларынан құрылысқа жарамды тас кені (Аман, Майқұдық, Қарабас кен орындары) жан-жақты зерттеліп, игерілуде. Қарағанды синклинориінен оңтүстікке қарай Тектұрмас антиклинориінен солтүстікке таман шығыс-солтүстік-шығыс бағытта (батысында Шерубайнұра өзенінен шығысында Орталық Қазақстан жарылысына дейін) ұз. 250 км, ені 5-15 км-лік Спасск жаншылу зонасы (Спасск тектоникалық зонасы, Спасск рудалы зонасы) орналасқан. Бұл аумақта Орталық Қазақстанның девондық жанартаулық белдеуінің жыныстары солтүстік-шығыс бағытқа қарай созылған қатпарлықты қалыптастырған. Мұнда 20 шақты жанартаулық-тұнбалы мыс кені және 250-ден астам мыс белгілері мен бірнеше геохимиялық аномалиялар анықталды. Пирофилит мәрмәр кендері де табылып, барланды. Ауданның оңтүстігіне қарай ендік бағытқа жақын силурдың терригендік жыныстарынан түзілген, кіші гранодиоритті интрузияларымен байланысы бар Нұра антиклинориінен оңтүстікке қарай желге мүжілген жоғары протерозой гипербазиттернде никельге рудалануы және хризопразалық минералдануы кем Тектұрмас антиклинориі созылып жатыр. Спасск антиклинориі және Успен тектоникалық зонасының Шыңғысалды антиклинориімен түйісер жерінде кремнийлі-карбонатты-терригендік фамен шөгінділерінде баритті-қорғасынды-мырышты полиген кен орындары шоғырланған Қарқаралы рудалы ауданы орналасқан. Гранит және жоғарғы фамен туфы, туфогенді құм тасы бар гранодиориттің солтүстік массивтерінде кремний-пиритті-магнетитті-гематитті, скарнді-магнетитті кен орындары ұштасып жатыр. Порфирлі гранитоидтардың ұсақ интрузияларында вольфрам, молибден-мыс рудаларының ұсақ дақты жолағы, кремнийлі-терригенді шөгінділерімен ұштасып жатқан темір-марганецтің және қорғасын-мырыш рудаларының стратиформдық белгілері, тотықты-карбонатты жыныстардың ұсақ инфильтрациялық кен орындары белгілі.
Жоғарғы палеозойлық лейкократтық гарниттерінде бірегей кристалдардың белгілері кездеседі. Орталық Қазақстан жерінде батыс жағынан қоршап жатқан Сарысу-Теңіз көтерілімі әр кездері опырық-синклиналь және горст-антиклиналь түзейтін қатпарлық пен жарылыстық бұзылуға жиі ұшырап отырған жанартаулық шөгінді және интрузивті жыныстардан түзілген. Көтерілімнің орталық бөлігін алып жатқан Шұбаркөл опырық-синклиналіне күлділігі аз, қоры 2 млрд.т энергетикалық Шұбаркөл көмір кені орналасқан юра ойысы, ал Қызылжар горст-антиклиналіне Баршын липарит және кірпіштік саз кендеріне сай келеді. Шыңғысалды синклинориі мен Шыңғыс-Тарбағатай мегаитиклинорийінің батыс бөлігін тұтас қамтитын облыстың шығыс жартысы төменгі палеозой жыныстарынан түзілген. Мұнда карбонның порфирлі гранитоидтарының ұсақ интрузияларымен байланысты келетін мысты-порфирлік типті плутоногенді-гидротермальды рудалану және колчедандық типке жақындайтын ұсақ мыс кен орындары анықталады. Қарағанды облысы халық шаруашылығының сумен қамтамасыз етілу балансында жер асты суы маңызды роль атқарады. Жер асты суының пайдалануға неғұрлым қолайлы бөлігі Жарлы, Нұра, Түндік Шерубайнұра, Талды өзендерінің аллювийлік шөгінділеріне жиналған. Юраның конгломерат-құмтас қабаттарында Қарағандыны сумен жабдықтауға алынатын арықты су қоры жиналған. Түпкі тау жыныстары жапсарларында орналасқан жарықшақтық типті жер асты сулары анағұрлым кең таралған. Бұл өңірлерден сорылып алынған су елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге және шабындықтарды суландыруға пайдаланылады[6].
Облыс жерінде жарықшақтық типке жататын бірнеше минералды су көздері ашылып, зерттелді. Олар – Жосалы, Темірсу (темір микрокомпоненті бар), Жартас минералды суы, сонымен қатар тұйық Қарасор көлінің минералды суы мен шипалы балшығы.