
- •Пән тақырыбының мәнмәтіні
- •Мақсаты: Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәні, мақсат-міндеті туралы түсінік беру
- •Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттер қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәні, мақсат-міндеті туралы түсініп, талдай алулары керек. Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мақсаты: Қазақ әдебиетін оқытға қойылатын басты утуралы түсінік беру
- •Қазақ әдебиеті пәнін оқытудың өзіндік ерекшелігі
- •Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттер қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәні, мақсат-міндеті туралы түсініп, талдай алулары керек. Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мақсаты: Қазақ әдебиетін оқытудағы басты мәселелерді, оқу процесін ұйымдастыруға қажетті ақпараттарды ұғындыру
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттер көркем мәтін түрлері, жасалатын жұмыс мазмұны туралы саралап, талдай алулары керек. Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мақсаты: Көркем шығарманы талдау бойынша жасалатын жұмыс түрлерін, ерекшеліктерін ұғындыру
- •Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттер көркем туынды түрлері бойынша жасалатын жұмыс түрлерін саралап, талдай алулары керек. Пайдаланылған әдебиеттер
- •5. Әбдікерімова г. Ғабит Мүсірепов повестеріндегі тақырыптық‑идеялық ізденістер. Филол. Ғ.К. Ғыл. Дәреж. Алу үшін дайынд. Диссер. Авторефераты. Алматы, 2006.
- •Мақсаты: Оқушылардың әдеби-теориялық білімдерін қалыптастыру, жанр түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Мақсаты: Оқушыларға лирика жанрына байланысты мағлұмат беру.
- •Тұжырымдама.
- •Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттер лирика түрлері бойынша жасалатын жұмыс түрлерін саралап, талдай алулары керек. Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мақсаты: Лирикалық шығарманың көркемдік жүйесі туралы білімдерін қалыптастыру, жанр түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Тұжырымдама.
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Көркемдік жүйесін таныту Мақсаты: Поэманың жанры туралы білімдерін қалыптастыру, түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мақсаты: Мысал, мақал-мәтелдер туралы білімдерін қалыптастыру, түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мақсаты: Мақал-мәтелдер туралы білімдерін қалыптастыру, түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Пайдаланған әдебиеттер
- •Пайдаланатын әдебиеттер
- •Пайдаланатын әдебиеттер
- •Мақсаты: Көркем туындының композициясы, басты компоненттері, сюжеті мен фабуласы, сюжет түрлері туралы мағлұмат беру.
- •Пайдаланылған әдебиеттер.
- •Тапсырма
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Пайдаланылған әдебиет
- •26 Дәріс. Көркемдік стиль
- •27 Дәріс. Әдеби бейне
- •Мақсаты: Өлеңнің жанрлық ерекшелігі, басты компоненттері туралы мағлұмат беру.
- •29 Дәріc. Троптың түрлері
- •1.Көркем туындының тілдік айшықтары
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •30 Дәріс. Пәнаралық байланыс, ықпалдастық
- •1. Пәнаралық байланыс, әдіс-тәсілдері
- •Негізгі және қосымша әдебиет тізімі
- •Internet дереккөздері
- •Пайдалы web-сайтТар
- •Теориялық білімді бақылауға арналған сұрақтар.
- •Өздік жұмысының тапсырмалары (сөж)
- •Мақсаты: Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәні, мақсат-міндеті туралы түсінік бер
- •Мақсаты: Қазақ әдебиетін оқытудағы басты мәселелерді, оқу процесін ұйымдастыруға қажетті ақпараттарды ұғындыру. Көркем мәтінмен жасалатын жұмыс түрлерін, ерекшеліктерін ұғындыру
- •Мақсаты: Оқушыларға лирика жанрына байланысты мағлұмат беру. Лирикалық шығарманың көркемдік жүйесі туралы білімдерін қалыптастыру, жанр түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Мақсаты: Поэманың жанры туралы білімдерін қалыптастыру, түрлеріне байланысты мағлұмат беру. Мысал, мақал-мәтелдер туралы білімдерін қалыптастыру, түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Мақсаты: Мақал-мәтелдер туралы білімдерін қалыптастыру, түрлеріне байланысты мағлұмат беру. Ертегі жанры, оның қаһармандарының ерекшеліктеріне байланысты мағлұмат беру.
- •Талқылауға арналған сұрақтар:
- •Көлемді шығармаларды таныту жолдары. Роман жанрын оқыту. Ғұмырнамалық шығармаларды таныту
- •Жазба жұмыстарының түрлері. Шығарма жаздыру. Оқулық, құрылысы
- •Көрнекіліктің түрлері және оны пайдалану жолдары. Көркемдік стиль
- •Әдеби бейне. Өлең және өлең сөз Мақсаты: Көркем бейненің идеялық-эстетикалық мәні, түрлері туралы мағлұмат беру.
- •Троптың түрлері. Пәнаралық байланыс, ықпалдастық
- •1.Көркем туындының тілдік айшықтары
- •Тест сұрақтары
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991.
2.Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы, 1963.
3.Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті (жинақ). Алматы, 1983.
4.Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. Алматы, 1983.
5.Сүйіншәлиев Х. XVIII‑XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алматы, 1961.
6.Мағауин М. Ғасырлар бедері. Алматы, 1991.
15-дәріс. Прозаның шағын түрлері. Әңгіме жанрын таныту
Мақсаты: Прозаның шағын түрлеріне байланысты мағлұмат беру.
1.Прозаның шағын түрлеріне байланысты мағлұмат
2.Әңгіме жанрының ерекшеліктері
Негізгі ұғымдар: әңгіме, сюжет, әңгіме кейіпкері, көркем образ, пролог, эпилог.
Дәріс (түйіні)
Әңгіме жанры – прозаның шағын түрі. Онда оқиға, кейіпкердің іс‑әрекеті қысқа болып, уақыт жағынан да аз мерзімді қамтиды. Әңгіме жанрының осы қасиеті тыңдаушылардың оны тез игеріп, түсінуіне жағдай жасайды. Алайда, бұл әңгімені жеңіл деп, үстірт оқыту дегендік емес. Керісінше, оқушылар әңгіме жанрынан бастап, көлемді прозалармен танысады. Ендеше, әңгімені мұқият меңгерген оқушы повесть, роман жанрларын талдауды тез игереді. Мұғалім осы үлкен прозаның бастауы болатын әңгімені меңгертуге көп көңіл бөлгені жөн. Оқушылардың мәтінді түсініп, нақты сюжетті меңгеруінде жоспардың атқаратын ролі айталықтай. Мұғалім жоспарды екі жолмен ұсына алады. Жоспарды оқушыларға дайын күйде алдын ала беріп, сол арқылы әңгіменің сюжетін ашып, рет‑ретімен баяндауға жол салуына болады немесе мұғалім мәтін мазмұнын аша отырып, оқушылармен бірлесе жоспар құрады. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері бойынша бірнеше жоспар жасайық.
“Бақша ағаштары” әңгімесі.
Жоспар
1) Әке мен бала.
2) Баласының әкесіне қойған сауалы.
3) Әке сөзінің ғибраты.
“Таза бұлақ” әңгімесі.
Жоспар
1) Жолаушылардың бұлақ басында кездесуі.
2) Бұлақ басындағы сөздің мәнін ашуы:
саудагердің сөзі;
молданың сөзі;
жас жігіттің сөзі.
3) Сөздің тәлімдік мәні.
Осы әңгімелердің көлемі шағын болса да, маңызы аса терең. Жалпы, Ы.Алтынсарин шығармаларына тән қасиет қандай мәселенің де тәрбиелік, ғибраттық мәнін жете ашады. Әңгіме сюжетін терең береді. Алғашқы әңгімеде бақша ағаштарына қатысты баласының қойған сауалдың мәнін әкесі бала, ұрпақ тәрбиесімен сабақтастырады. Баласының көз алдындағы екі түрлі өскен ағаштың себебін балаға беретін тәрбиенің оң, терістігімен байланыстырады. Балаға айнала қоршаған табиғаттың әдемілігін тануға, оны қорғауға үйретеді, ой салады. Сол арқылы айнала жаратылыстың көркемдігі адамға қаншалықты маңызды болса, сол табиғат ортасында жасайтын адамның оны қорғап, сақтауы соншалықты мәнді екенін ұғындырады. Мұғалім осы әңгіменің жетегінде өз оқушыларының табиғаттың жанды, жансыз құбылыстарын сақтап, қорғауға деген ойларына қозғау салады. Табиғат кереметіне байланысты аңыз, мақал‑мәтел айтып, оның мәнін ашады.
Екінші әңгімеде бұлақ басында кездескен үш жолаушының ондағы тасқа жазылған «Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол” деген сөздің мағынасын ашуда айтқан уәждерін келтіреді. Саудагер де, молда да өз түсініктерінің, жасап жүрген кәсіптерінің төңірегінде пікір білдірсе, әлі жас, ой‑көңілі таза жас жігіт ойын сол таза қалпында береді. Бұлақтың көпті аялдататын себебінің өзі оның кірбіңсіз таза екендігінде. Ендеше ақын осы әңгімелері арқылы жас ұрпақтың санасына жер бетіндегі, айнала қоршаған ортадағы жақсылықты, мейірімділікті, еңбекқорлықты, тазалықты сіңіргісі келеді.
Үшінші әңгімеде автор екі түрлі әлеуметтік ортада өскен балалардың ауылдан көз жазып қалғандағы әрекеттерін суреттейді. Асан мұндай жағдайда не істерін білмей, дәрменсіз болып қалса, Үсен саспастан, ескі жұртты қарап, тауып алған заттарды, балық аулауда, құсқа тұзақ құруда кәдеге жаратады. Соның бәрінде әкеден көрген, естіген тәлімдерін жадында ұстап, солардан түйгендерін пайдаланады. Тіпті, құсты ұстап, алғанда, онымен ойнап барғысы келген Асанға тыйым айтып, әкесінің тірі жан иесінің обалы болатындығын айтқанын еске алады. Автор алдымен екі баланың екі түрлі жағдайда өскен әлеуметтік ортасынан хабар берсе, екіншіден еңбектің ролін дәріптейді. “Еңбекпен табылған дәмнің тәтті” болатыны сияқты, Үсен әке қасында жүріп, күнделікті тамағын әрекетпен табумен бірге, әкесінің айтқандарын құлағына құйып өскендігін, соның керек жерде пайдаға асқанын көрсетеді. Осы әңгіме арқылы ата‑ана кәсібіне құрметпен қарап, еңбек етуге жақын болу керектігін, халықтың салт‑дәстүрін сақтау қажеттігін айтудың артықтығы жоқ.
Жазушы Ә.Кекілбаев жас ұрпақтың тәрбиесі туралы былай дейді: “Өмірдегі бүгінгі өзгерістер қаурыт, әрі түбегейлі. Қазір бір орында қадалып тұрып, ілгері басу қандай мүмкін болмаса, бар нәрсені сол қалпында қалдырып жаңа сапаға көтерілу сондай мүмкін емес. Осындай өзгеріске бірден‑бір зәру жер – мектеп. Өйткені, мектеп өзгермей тұрып, адам өзгермейді. Бүгінгі мектеп өсіп‑өніп жатқан адамзаттың кезекті бір жаңа буынын көзқарақты етумен қатар, дүниені сын кезеңнен алып шыға алатындай жаңа парасатты ұрпақ тәрбиелеуге тиіс”. Ендеше, шағын әңгімеден түйетін тәлім терең екен. Оқушы көркем шығарма арқылы көптеген жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, көркем ойлауға, одан алған тәлімін өмірде қолдануға үйренеді.
Қазақ әдебиетінде балаларға арналған шығармалар әр кезеңде де жазылып келеді. Халқымыз “Баланы – жастан” деген қағиданы алға ұстап, кемел адам қалыптастырудың қиын да киелі парызын бала жанын қорғаудан бастады. Балалар тақырыбына жазатын қаламгерлердің ұстанымы – жаны таза, ой‑арманы биік, парасатты адамның бастауы – бала жанының дұрыс қалыптасуына ықпал ету. Бұл тұста жазушылардың бағыт етер мұраты – ізгілік.
Ғабит Мүсіреповтің аналар тақырыбына арналған шығармаларының маңызы бір сала. Жазушы әр қоғамдық кезеңдегі аналар бейнесін суреттей отырып, олардың ойындағы ерлік пен төзімділік, мейірім мен өмірге құштарлық секілді қасиеттерді ашады. Мәселен, “Ер ана” әңгімесінде немістер жайлаған мектептің күлін көкке ұшырған өжет ана бейнеленсе, “Ананың арашасы” әңгімесінде бір ауылды ақтардың азабынан арашалап қалған Нағима бейнесі суреттеледі. Ал, бейбіт заманда еңбектегі ерлігімен, батыл ойларымен ерекшеленген Айгүлдің бейнесі өзінше дара кейіпте бейнеленеді.
Тұжырымдама. Әңгіме жанры – прозаның шағын түрі. Онда оқиға, кейіпкердің іс‑әрекеті қысқа болып, уақыт жағынан да аз мерзімді қамтиды. Әңгіме жанрының осы қасиеті тыңдаушылардың оны тез игеріп, түсінуіне жағдай жасайды. Алайда, бұл әңгімені жеңіл деп, үстірт оқыту дегендік емес. Керісінше, оқушылар әңгіме жанрынан бастап, көлемді прозалармен танысады. Ендеше, әңгімені мұқият меңгерген оқушы повесть, роман жанрларын талдауды тез игереді.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттер әңгіме жанры бойынша жасалатын жұмыс түрлерін саралай алулары керек.
16-дәріс. Прозаның орта жанрын таныту
Мақсаты: Прозаның орта түріне байланысты мағлұмат беру.
1.Прозаның орта жанрына байланысты мағлұмат
2.Повесть жанрының ерекшеліктері
Негізгі ұғымдар: повесть, идея мен сюжет, баяншы, көркем бейне.
Дәріс (түйіні)
“Повесть” – орыстың көне дәуірден келе жатқан сөзі. Бұл өмірде болған оқиғаларды жылнама, шежіре беттеріне тізіп жазу дегенді білдіреді. Повестің жанрлық ерекшелігі туралы ұғымды әңгімемен салыстыра отырып беруге болады. Повесте бірнеше эпизодтық әрекеттер суреттеледі, сюжет желісі күрделі, кейіпкерлер саны көп.
С.Сейфуллиннің “Жер қазғандар” повесін талдап көрейік. Повестің басында темір жол құрылысы жүріп Көкшетау өңірінің әсем табиғаты беріледі. Автор мұнда еңбек етіп жатқан жұмысшыларды жалпы суреттей келе, өздерінше бір қос болып еңбек етіп жатқан бес жұмысшыны даралап көрсетеді. Олар: Әзімхан, Бұзаубақ, Қалкен, Хасен, Сатай. Автор жұмысшылардың портреттерін, киім киістері мен мінез‑қасиеттерін жекелей суреттейді. Осы жер‑жерден бас қосқан жұмысшылардың кешкі ермегі бір‑біріне әңгіме айтқызып, осыған дейінгі өмірлерін білу. Повесть баяндауында әңгіме айту кезегі келген Әзімханның әңгімесі өз алдына жеке бір оқиға болып суреттеледі. Повесть композициясында автор еркін еңбек етіп жатқан жұмысшылардың өмірін, осылардың арасындағы Әзімханды бірінші кезекте суреттейді де, оның төңкеріске дейінгі өмірін екінші кезекте бейнелейді. Әзімханның “Жер асты хикаясы” оның ауыр өмірді бастан кешіп, азабы мол жұмыста жүрген кездегі жағдайынан сыр шертеді.
Әзімхан Көкшетау өңіріндегі еңбекке келгенге дейін, шахтада жұмыс істейді. Ондағы ауыр еңбек өз алдына, шахта басшылары жұмысшылардың еңбегін қанап, әділетсіздік көрсетіп жүреді. Оларға бір күндік жұмыс көлемі бөліп беріледі. Жұмысшылар белгіленген жердің көмірін кешке дейін құлатып бітіруі керек. Егер оны орындай алмаса, оларды “ақ ауыз” деп, сол күнге еңбекақы есептелмейді. Бір күні Әзімхан сырқаттанып қалып, қолын қайла ұстайтын дәрмені болмайды. Оны біле тұра, шахта уряднигі оған ақ ауыз деп белгі салып кетеді. Осы әділетсіздікке төзбеген Әзімхан онымен жанжалдасып қалып, жұмыстан шығады. Осыдан кейін Әзімхан осы дала төсіндегі қызуы мол, өнімді де еркін еңбекке келеді. Әзімхан баяндаған “Жер асты хикаясы” повесть ішіндегі жеке бір сала әңгіме түрінде өрістейді. Әзімханның осы әңгімесіне бір жоспар құруға болады:
1) Жер астына алғаш түсу.
2) Әзімханның сырқаттануы.
3) “Ақ ауыз” болу.
4) Жанжал.
5) Әзімханның жұмыстан шығуы.
Повестегі табиғат суретінің өзі шығарманың идеялық‑көркемдігін ашуда үлкен роль атқарып тұр. Мәселен, Әзімхан шахтадан жанжалдасып шыққанда, табиғат та алай‑түлей күйде, қаһарлы суреттелсе, ал Көкшетау өңірінің көркем табиғаты сондағы азат еңбекпен үйлесіп тұр. Әзімханның іс‑әрекетімен танысқаннан кейін, оған мінездеме беру үшін мынадай сұрақтар қоюға болады:
‑Әзімхан қандай адам?
‑Оның көңіл‑күйіне жігер берген қандай суреттер?
‑Ол әділетсіздікке қарсы қалай күресті?
‑Әзімхан мінезінің қандай қырларынан үлгі алар едің?
Осы сұрақтарға берген жауаптарды мәтіндегі автор берген мінездеумен салыстырып, толықтырады. Повесть композициясының басқа да құрылымдары: суреттеу, баяндау, мінездеме, портрет, диалог, табиғат суреті талданып, мәтін кең түрде таныстырылады. Біз бір повесть ішіндегі өзінше бір бөлек әңгіме түрінде келген үзіндімен жұмыс жасадық. Сол сияқты, повесть жанрының көркемдік жүйесін талдау өзегі етуге болады.
Қазақ әдебиетінде көркем прозаның өрістеген тұсы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары болды. Бұл кезде прозаның шағын, орта көлемдісі дамыды. Мәселен, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин, М.Әуезов сияқты қаламгерлердің туындылары белгілі болды.
Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Бейімбет Майлин көркем проза саласында ерекше еңбек еткен қаламгер. Автор поэзия, драматургия саласындағы өнімді еңбегін прозада да жалғастырды. Автор қырық төрт жасқа келгенше алпыс алты кітап шығарған. Оның қырық тоғызы өзінің төл туындылары, қалғандары басқа авторлармен бірігіп жазған еңбектері. Б.Майлиннің 1914 жылдары жазылып, “Қызыл Қазақстан” журналында жарияланған алғашқы повесі – “Шұғаның белгісі”. Бұл повесть жеке кітап болып та басылды, жинаққа енгізілді, орыс тіліне аударылды. Әйел басында еркіндік болмаған кезеңнің ауыр жағдайы повесте терең суреттеліп, феодалдық сананың адамға ерік бермеген қытымыр кезі шынайы ашылады. Жастардың қоғамды жайлаған әділетсіздікке қарсы тұрар дәрмені болмайды. Сол себептен, Шұға мерт болып, Әбдірахман жапа шегеді. Шұғаның өлімі әділетсіз қоғамға, махаббат сезімін аяққа таптаған үстемдерге деген қарсылық еді. Повесть әдеттегі баяндаудан басталмайды. Ең басында екі жолаушының әңгімесі беріледі. Ол – Шұға туралы болады. Яғни, шығарманың басында‑ақ, автор Шұғаға назар аударады. Оның сырт келбеті де ұнамды суреттеледі: “...төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды. Шұға десе, Шұға, әй шіркіннің өзі де келбетті еді ау... Аққұба, талдырмаш, көзі де қап‑қара, өзі үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген емес, сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай; бір түрлі паң еді‑ау, шіркін!”
Повесте Шұғаның бейнесі бірте‑бірте ашылады. Яғни, Әбдірахманды ең алғаш көргендегі қалпы, бірінші хатына берген жауабы, алтыбақан ойналатын кештегі көрініс, Әбдірахманға ғашық болуы. Шұғаға тән қасиет – ұстамды, сабырлы мінезі, уәде‑сертке беріктігі. Өз заманын, әлеуметтік орта жағдайын ақыл‑парасатымен түсінген Шұға тән дертінен айықса да, жан сырқатынан жазыла алмайтынын сезеді. Сондықтан алдағы күнге деген үміті сөнген Шұға сарыуайымға салынады. Тіпті Қасымжанмен тілдесіп отырып, “‑ жазылып керегі не, бәрібір бақытты бола алмаймын. Әкем аяса, менің дертім жаныма батқан соң, аяп жатыр. Ертең жазылсам қайта күйсеуден тайынбайды” деп қайғыға салынады. Осыдан келіп Шұғаға мінездеме беруге болады.
Шұғаның өз ортасынын озған ақыл‑парасаты бар;
Шұға ақыл‑біліміне қарамастан, орта тәрбиесінің шырмауынан шыға алмайды;
Діни нанымнан да қол үзбейді. Бұл дүниеде жетпеген бақытқа о дүниеде қол жеткіземіз деп ойлайды. Шұғаның бойындағы шешімділіктің болмауы, Әбдірахманға қосылу әрекетіне бел шешіп кіріспеуі оның осындай жағдайға кезігуіне себеп болады.
Әбдірахманға тән қасиеттер: уәдеге беріктік, табандылық, адалдық. Мәселен, оған әкесі ауылдың қызы Гүлзипаны айттырғысы келгенде, ол әкесіне де, ауыл ақсақалдарына да көнбейді. Шұғаға берген сертінен тайдырғысы келгендерге ерік бермейді. Әбдірахманға ауыл ішінде кедергі келтіргісі келгендер көп. Есімбек балаларының айбаты, Айнабайдың елге жайған өсегі. Бұлардың ақыры Әбдірахманға жала жабылып, ұсталуымен аяқталады. Әрине, Әбдірахман кедергілердің бәріне шамасы келгенше қарсы тұруға тырысады. Кей‑кейде кедейлігін ойлап, уайым шегеді. Шұғамен алғаш кездескенде, жылы жауап естімеген Әбдірахман: “Осы менің кедейлігім‑ау. Бай баласы болсам, Шұға сөзсіз қабыл етер еді” деп жасиды, кедейлігіне қорланады. Ал, Шұғамен алтыбақан тепкенде, ән айтып, шалқыған қуаныш сезімінде болады. Кейде “Шұға айныса, амалым жоқ, ол сөзінде тұрса, не қиындық болса да көнем”‑деп ширығады. Түрмеден босап, алып‑ұшып ауылға келгенде, Шұғаның қазасын естіп, қатты қайғырады. Әдірахман бір басында білімі де, мінез қасиеті де мол кейіпкер. Оның шынайы сезімі қанша терең болғанымен, күш‑жігері заман кедергісін жеңуде дәрменсіз болады. Өзіне жабылған жаладан құтылғанша, арада болған үзіліс оны Шұғадан айырады. Сөйтіп, адам құқығы қорғалмаған заманның құрбаны болады.
Повестегі үшінші кейіпкер ‑ әңгімеші Қасымжан. Ол шығарма оқиғасына бастан‑аяқ қатысып, оның сюжетін баяндап отырады. Қасымжан – Шұға мен Әбдірахманның қуаныш, қайғысына ортақтасып, қолынан келген жәрдемін де аямайды. Ол Шұғаның жан сырын, соңғы аманатын сеніп айтқан адамы. Қасымжан оқиға барысын әңгімелеу үстінде екі жастың арасындағы махаббатты қолдап, барынша олардың қарым‑қатынасына дәнекер болады. “Шұғаның белгісі” повесі халықтық дәстүрлерді бойға жиған көркемдігі жоғары шығарма. Онда халықтық эпостарға үйлесетін тұстары кездеседі. Мәселен, Шұғаның көп ағаның ортасында еркін өсуі жырлардағы Назымға, Жібекке ұқсатады. Ал, Шұғаның әкесінің құрдасы Қалимен құдаласуға серттесуі “Қозы Көрпеш Баян сұлудағы” Қарабай мен Сарыбайдың әрекетін еске түсіреді. Сол сияқты, Шұғаның хаты, оның құрылымы халық өлеңдеріне ұқсайды. Повестегі әдемі табиғат суреті, халықтың дағдылы тұрмыс‑тіршілігін көрсетеді. Повесті “Қалың мал”, “Қамар сұлу”, “Бақытсыз Жамал” шығармаларымен салыстырып, ұқсастығы мен айырмасын даралауға болады.
Тұжырымдама. Төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиетінде Ш.Уәлихановтың әдеби очерктері мен публицистикасы, Ыбырайдың әңгімелері, Абайдың қарасөздерінен басқа шығармалар аз еді. Алайда, прозаның жанрлық элементтері тұрмыс‑салт ертегілерде, тарихи аңыз‑әңгімелерде кездеседі. Бұл туралы М.Әуезов: “Салт ертегілер қазақта көп, бүгін туып отырған прозаның мол іргесі, кең қоры осы түрде екенін даусыз дәлелдейтін ауызша айтылған салт романы, тарихи ұзақ әңгіме, тарихи хроника, ең алғашқы қысқа әңгіме, өткір, өсиет, күлкі, жорық әңгімесі сияқты құбылысы көп қиын түйінді шытырман әңгімелер осы топтан табылады”,‑ дейді. Яғни, қазіргі әдебиетте қалыптасқан прозаның сан алуан жанрларының бастауы халық шығармашылығында жатыр.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттер әңгіме жанры бойынша жасалатын жұмыс түрлерін саралай алулары керек.