Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Ma_1179_pal_apaydan_bilet_zhauaptary (1).docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
362.26 Кб
Скачать

1-билет

  1. Хх ғасыр басындағы қоғамдық тарихи жағдайлар және әдебиет.

ХХ ғасырдың басында қоғамдық-саяси ахуал күрделі еді. 1907-1917 жылдар аралығында патшалық Ресей қазақ жерiн отарлау саясатын одан әрi жүргiздi. Халықтың жанайқайы, Қарқаралыдан, Лепсiден, тағы басқа алаш жерiнен естіліп жатты. Петербор газет-журналдарында 1906-1910 жылдары жарияланған Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы мақалалары, қырым татарларының “Тәржiман”, татардың “Дiн уа магишат”, “Ихтисад”, “Шора”, “Уақыт”, “Жұлдыз”, т.б. басылымдарындағы материалдар әдiлетсiздiктi әшкерелегенiмен, басқару аппараты оларды қаперiне де алмады. Орынборда шығатын “Уақыт” газетi тiкелей қазақ тағдырына қатысты: “Мұсылман қазақтардың халi тым ауыр. Асыра айтқандық емес, қазiр саны 7 миллион осы милләт өмiр, не өлiм деп күресуде. Жыл сайын переселендiк саясат олардың 1 млн. десятина жерiн тартып алып, өздерiн таулы-тасты, құнарсыз жерге қуып жатыр. Рас, патша жарлығымен қазақтарды жермен қамтамасыз ету қаралған-ды. Бiрақ берiлмек болып отырған 15 десятина жер қазаққа өте аздық етедi. Сондықтан олар бұдан бас тартты”,-дегендi хабарлап, қазақтардың отырықшы болуына тiлектестiгiн бiлдiредi. Қазақ оқығандары мен ақын-жазушылары қазақтың осы ауыр хал-ахуалына және болашақ өміріне алаңдаған ой пікірлерін әдеби туындалар арқылы әйгіледі. Дәл осы кезеңде Алаш қозғалысы тарихи аренаға көтерілді. 1917 жылдан бастап Большевиктер өктемдігі жүзеге аса бастады. 1917 жылғы қазан революциясынан кейін кеңестік идеология, яғни большевиктік идея өз үстемдігін жүргізе бастады. Ол ең әуелі әдеби шығармаларда көрініс тапты.

Біріншіден, әлем әдебиетіндегі, орыс және басқа республикалар әдебиетіндегі классикалық шығармаларды ана тілімізге аударып, зерттеп, насихаттау үрдісін атауға болады. Бұл әдебиеттің барлық жанрларында, айта берсек, саяси-қоғамдық әдебиеттер саласында да кең өрісті арна түзді.

Екіншіден, ұлттар мен халықтар арасындағы әдеби байланыстар (орыс - қазақ, қазақ – қырғыз, қарақалпақстан, өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан, тәжік, түркмен, т) қалыптасып, өрістеді. Орта Азия және шығыс халықтарымен әдеби-мәдени байланыстар дәстүрлі өлшемдер аясынан шығып жан-жақты өрістеген тынысты шығармашылық әріптестікке ұласты. Орта Азия респуликаларының әдеби тынысы жақындасып, ортақ сипаттары қордалана түсті.

Үшіншіден, қазақ әдебиеті шығармаларының шет елдер тіліне аударылу жолға қойылып, шетел әдебиетіндегі «қазақтар тақырыбының өрбуіне өріс ашылды.

Төртіншіден, қазақ әдебиетінің шығармаларында шетел тақырыбы көрініс бере бастады.

Бесіншіден, саяси-әлеуметтік байланыстардың табиғаты мен тарихи деректері осы кезеңдегі ұлттық әдебиеттің идеялық-көркемдік бітімінің жаңа түзілімі қалыптаса түскендігін танытты.

Қазақ әдебиеті жаңа сипатты, кең тынысты көркемдік бітімін түзіп үлгірген еді. Қазақ оқырмандары еларалық ақпараттар кеңістігіне шықты. 1905-1907 жылдардағы төңкеріс жұртшылықтың саяси белсенділігін ғана емес, Ресейдің шеткері аймағын мекендеуші елдер әдебиеттерінің дамуын тездетті. Осы кезде Орал, Еділ, Қазақстан, Орта Азия елдері әдебиеттерінің прогрессшіл сипаты анағұрлым артты. Татар – Г.Исқақи, Ғ.Тоқай, Ғ.Ибрагимов, Ф.Амирхан, Г.Камал; башқұрт – М.Ғафури, Ш.Бабич; қазақ – Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсіпбек, Бернияз; өзбек – Авлони, Фитрат, Чолпан, Бату; қырғыз – Сыдық, Қасым және тағы басқа ұлт өкілдері көркем сөзді саяси-әлеуметтік мәселелерді шешетін құрал ретінде пайдаланып, империялық амбициядан туындаған қоғамдағы әділетсіздік, озбырлықты әшкерелеп шығармашылықтың шарықтау биігіне көтерілді. Жаңа заман қазақ жазушыларының алдына жаңа міндеттер жүктеді. Сондықтан түркі әдебиеттеріне ортақ, басты тақырыптар болып ескілік пен надандықпен күрес, ағартушылық пен прогресске үндеу, ұлттық езгі мен теңдік мәселелері саналды. Бұл бағыттағы шығармашылық ізденіс, көркем-эстетикалық көріністер М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, т.б. әр түрлі жанрдағы шығармаларында айқын бедерленді.

ХХ ғасыр басындағы ірі құбылыс - Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының рухани дүниесін жаңғыртып, ұлттың тарихи санасын түлеткен дара да дана дарын иесі деп айтамыз. Ол біріншіден, әдебиетте оқу ағартушылық бағытты дамытты, халықты өнер, білімге шақырып өлеңдер жазды. Екіншіден, өзі де жаңа бағытта оқу ағарту ісімен шұғылданды. Ұстаздық етті. Үшіншіден, қазақ баспасөзін дамытты. Газет арқылы көпшіліктің көзін ашты. Сол кездің жаңалығын қазақ даласына таратты. Төртіншіден Әдебиеттану ғылымының негізін салды. Бесіншіден тіл ғылымының негізін салды. алтыншыдан қазақ әдебиетінде аударма саласының дамуына үлес қосты. Алтыншыдан, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялады. Жетіншіден, қоғамдық саяси мәселенің бел ортасында жүрді. Ол қазақ танымын әлемдік өркениеттің аса күрделі де шырғалаң үрдісті жолына бастады. Уыздай уылжып тұрған қазақ мәдениетін адамзаттық адуынды таным мектебінен өткізіп, бұғанасын бекітті, қанатын қатайтты. Шоқан, Абай ұлықтаған ұлттық сананы өркениет көрігінде суарды, замана заңғарына шығарды, шыңдады. Сол сияқты Әлихан Бөкейханов, М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов т.б. осындай істер атқаруға үлес қосты.

ХХ ғасыр басында Абай дәстүрі, Абай мектебі қалыптасты. 1904 жылы жазылып, 1905 жылы Семейдегі листокта жарияланған Әлихан Бөкейхановтың ақын туралы азалы толғамы содан былайғы зерттеулерге негіз болды деуге болады. А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев сынды көрнекті әдебиетшілер сол кездің өзінде Абайтану ғылымының негізін қалады. ХХ ғасыр басында шығармашылығы айқын көрiнген Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы, Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Нарманбет, Орманбетұлы, Нұржан Наушабайұлы, Мақыш Қалтайұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов Ұлы ұлттық дәстүрді қалыптасырған, жаңа заманның алымы мен шалымынан хабардар едi. Тiптi осы аты аталған қаламгерлердiң барлығы да өз тұсындағы мерзiмдi баспасөзбен байланыста болды. “Дала уалаятының газетiнде”, “Айқапта”, “Қазақта” олардың әр түрлi мақалалары жарық көрдi. Қазан, Уфа, т.б. қалаларда бұл ақындардың кiтап-жинақтары жарияланды. Олар – алдында дана Абай тұрған дәуiрдiң ақындары болатын . ХХ ғасырдың басында оқу ағарту мәселесі жанданды. Қазақ арасында оқу ағарту жұмысы екі түрлі болды. Оның бірі мұсылманша оқу, екіншісі орысша оқу еді. Қазақ арасында діни, мұсылманша оқу Қазақстан Россияға қосылмай тұрып та бар еді: әр жерде жеке ауыл болып, бірнеше ауыл болып бірігіп, ортадан молда ұстайтын, балаларды соған беріп оқытатын еді. Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін де көпке дейін осылай болып келеді. XІX ғасырдың ақырынан XX ғасырдың басынан бастап жаңа, төте оқу-ұсулы жәдит оқу шығуға байланысты, қазақ арасындағы мұсылманша оқу Бұхара, Қазан жағындағы мұсылманша оқудың үлгісі, тәртібі бойынша мектеп (бастауыш оқу), медресе (орта дәрежелі оқу) болып аталады. Олар 1917 жылғы Октябрь революциясына дейін өмір сүріп келді.

Сөйтіп, XX ғасыр басында қазақ арасында мектеп, медреселер көбейіп, оларда дүниелік ғылымдар оқылды; қазақ тілінде кітаптар көбейді. Д.Қамзабекұлы өз зерттеуінде: Жәдитшiлдiк ұғымының қазақ нұсқасы екi асудан тұрады деп есептеймiз. Бiрiншi асу 1890-1911 жылдар – үйрену, тәжiрибе жинау шағы. Екiншi асу – 1911-1920 жылдар – жәдитшiлдiк кең өрiс алып, Алаш қозғалысына ұласу шағы. Бiздiң ұғымымызша, жәдитшiлдiк – Ресей империясының мұсылман аймақтарына ортақ, дәстүр мен жаңашылдықтың синтездi құбылысы. Оны қарапайым тiлге аударсақ, “жаңару”, “елдiктi сақтау үшiн жаңа бағыт ұстау” дегенге саяр едi. Ресей империясының мұсылман халықтары тарихында негiзi ортақ жәдитшiлдiк қозғалысының дамуы бiртектi емес. ХХ ғасырдың 10-жылдары ол Қазақстанда – алаш, Әзiрбайжанда – мусават, Қырымда – милли-фирк, Татарстанда – иттифак әл-муслимин қозғалыстарына ұласса, өзбекстанда (Бұхара, Хиуа) мазмұны бастапқыдан бiраз өзгерсе де “жадидизм” атауымен дами бердi. “Жәдит” терминi ХIХ ғасырдың екiншi жартысында өмiр жүзiне шықты. “Жәдид-и” арабтың “жаңа” деген мағына беретiн сөзi. ХIХ ғасыр соңында Ресей империясын әлемдiк озық педагогика тәжiрибесiне сәйкес, алғаш рет мұсылман балаларын дыбыс жүйесiмен оқытуды қырым-татары, күллi зиялының аузында жүрген ағартушы Исмаил Гаспринский бастайды. Бұл жүйе “усул жәдит” деп аталады (усул - әдiс деген сөз). Қырымдағы Бақшасарайдың Зинджирлы медресесiнде басталған осы жаңаша оқыту әдiсi санаулы жылдарда Ресейдiң күллi мұсылман аймағына, тiптi шетел – Үндiстанға дейiн тарайды. И.Гаспринскийдің «Тәржіман» газеті, ондағы түрікшілдік идея, жалпы прозасы, «Орыс мұсылмандығы», «Орыс – Шығыс келісімі» еңбектері жалпы түрік зиялыларын серпілтуге себепші болды. Жәдитшiлiктiң екiншi сатысында (жәдитшiлдiктiң алаш қозғалысына ұласу шағы) алаш жұртында “Айқап”, “Қазақ” тәрiздi газет-журналдар, “Қазақша әлiппе” (М.Нұрбайұлы), “Тiл құрал” (А.Байтұрсынұлы), “Есеп кiтабы” (М.Дулатұлы), “Иман-Ислам” (Н.Манайұлы), “Құран құралы” (Н.Күзембайұлы) сынды оқулықтар шыға бастады. Сонымен шығармашылық белесi ХХ ғасырдың 10-жылдары айқындалған ақындардың әдебиет туралы тұжырымдамаларын сараптай келе мынандай тоқтам жасауға болады: Бiрiншiден, аталған кезеңнiң ақындары ағартушылық әдебиетке үндерiн қосып қана қоймай, әдебиеттің қызметi (функциясы) туралы ойланған. Екiншiден, олардың әдеби-эстетикалық тұжырымдары сол шақтың тарихынан, рухани бағыт-ауанынан өрбiп отырады. Тұжырымдарда ұлттық, дiни, Батысқа ыңғайлану сарындардың негiзгi сипат алуы табиғи заңдылық. Үшiншiден, бұл ақындар ұлт әдебиетi, жалпы көркем сөздiң қуаты жөнiнде әр түрлi пiкiр бiлдiрсе де, ол пайымдар салаланып келiп бiр арнада тоғысады. Ол арна – сапалы қазақ әдебиетi туралы ой-толғам арнасы. 1910 жылы М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы дүниеге келді. Ә.Бөкейхан бұл туралы: «Біз өз бойымызға лайықтап, мұны қазақ әдебиетінде тәуір қызметке санаймыз» деп жазды. 1913 жылы «Қазақ» төңірегіндегі азаматтардың бастамашылдығымен Есенқұл Маманов қазақта тұңғыш рет «роман бәйгесін» жариялады. Осы көркемдік қозғалыс әсерінен туған С.Көбейұлының «Қалың мал», Т.Жомартбайұлының «Қыз көрелік», С.Торайғырұлының «Қамар сұлу», «Кім жазықты» т.б. романдары дүниеге келді.

1915 жылы К.Төгісұлының «Надандық құрбаны» атты пьесасы жарық көрді. Бұған түрлі сын жазылды. Мұнан кейін әлі кітапша болып жарияланбаса да әр жерде сахналанған «Еңлік-Кебек» (М.Әуезұлы), «Әулие тәуіп», «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» (Қ.Кемеңгерұлы), «Шын сүйіскендер» (Б.Күлейұлы), «Тікбақайлар», «Қызыл қашар», «Балқия» (М.Дулатұлы) т.б. драмалық шығармалар жаңа жанрдың туып, қалыптасуына себепші болды. Қазақтың жаңа сападағы прозасы ХХ ғасырдың 10-жылдары туа бастады. Алғаш жазушылар жеке-дара көрiндi. Бiрақ уақыт көркем әдебиеттi жасаушылардың топтасуын талап еттi. Қоғамның белгiлi заңдылығына сәйкес, топтасудың нышаны жастар жағында көрiндi. Уфадағы “Медресе Ғалия” шәкiрттерiнiң бiрiгiп, ортасынан “Садақ” атты қолжазба журналын шығаруы (1915), Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш ұйымы “Бiрлiк” (1914) мүшелерiнiң “Балапан” атты қолжазба журнал жариялауы (1916) – осы сөзiмiзге дәлел. Мағжан Жұмабайұлының соңғы аталған журналға қатысты “Балапан қанат қақты” атты аллегориялық туындысы қазақ әдебиетi тарихында бiздiңше, әлi жете бағамдалған жоқ. Ақын бұл шығармасында көзi қарақты оқушыға “Балапанмен” бiрге жаңа бағыттағы (еуропалық сипаттағы) әдебиеттiң туғандығын айтуды мақсат еткен. Сонымен ХХ ғасыр басындағы ұлт санаткерлерінің жаңа әдебиет жанрларын қалыптастыру хақындағы тұжырымдарын байыптай отырып, мынандай қорытынды шығарамыз: 1. Олар әдебиеттi ұлттың бет-пердесi ғана емес, рухы мен жаны деп ұқты. Сондықтан қиын кезеңде (отаршылдық) оның эстетикалық күшi мен идеялық-әлеуметтiк қуатын қатар қойды; 2. Бұл азаматтар халық әдебиетi мен жазба әдебиетiнiң жүрiп өткен жолын саралай келе, ендiгi жерде ол Еуропаның сыншылдық рухын сiңiруi керек деп шештi. Бiрақ сан ғасырлық дәстүр мен тәжiрибеден қол үзбеудi, қайта оны жаңа серпiнмен дамытуды қалады; 3. Зиялылар Абай тұлғасын әдебиеттегi сапалық құбылыс, бетбұрыс деп есептедi; 4. Ұлт оқығандары қазақта бұрын болып көрмеген жаңа жанрлар (роман, драма, т.б.) тiл, бейне, рәмiзге бай алаш әдебиетiн өркендетедi және әлемге танылуын тездетедi деген түйiн жасады. Оларды орнықтыруға шамасы келгенше жәрдем еттi. ХХ ғасыр басында әдеби жанрлардың түрі туып қалыптасты. Атап айтқанда: Роман жанры, драма жанры, поэма жанры, лирика, мысал жанры, әңгіме жанрында модернистік, символистік, экзистенциалистік белгілер орын алды. Бір ғана С.Торйғыровтоң өзі поэма жанрын түрлендіре дамытты. ХХ ғасыр басында ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялау ісі жанданып, жүйелі түрде жолға қойылды. Халық поэзиясының әр түрлі саласына: әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтына байланысты және көңіл-күйін көрсететін өлең-жыр, жұмбақ, жаңылтпаш сияқты көптеген шығармалар жиналды. Қазақтың ертегілері мен эпосынан, мақал-мәтелдерінен де бай материалдар жиналды. Жинау жұмыстары Қазақстанның Солтүстік пен Шығыс, Оңтүстік пен Батыс және Орталық аудандарын қамтыды. Шын мәніндегі қазақ фольклортану ғылымының іргетасы да осы кезеңде қаланды. Осы кезеңде белгілі фольклортанушылар Ә.А.Диваев, М.Көпеев еңбектері жарияланды. Сондай-ақ қазақ фольклорының үлгілері ресейлік басылымдармен қатар қазақ тіліндегі баспасөз беттерінде де үздіксіз жариялана бастады. XX ғасырдың басында халық мұрасын жинау, жариялау ғылыми-зерттеу жұмыстарымен сабақтаса жүргізілді. 1905 жыл революциясынан кейін қазақша газет, журналдар да шыға бастады. Яғни бұл кезде қазақ тілінде 6 газет, журнал шықты; ол газет, журналдар мыналар еді. «Серке» газеті Петербурда татар тілінде шығып тұрған «Үлфәт» деген газетке қосымша ретінде 1907 жылы Петербурда шыққан. Бір нөмірі шығып тоқтап қалған. Редакторы Хажы Ыбраимов деген кісі болған. «Қазақ ғазиты» 1907 жылы март айында, Троицкі қаласында шыққан. Бір нөмірі шығып тоқтап қалған. Шығарушысы Хайм Шумлих Сосновский, бастырушылар Жетпісбай Андреев, Ешмұхамбет Иманбаев деген кісілер болады. Яғни ресми мекемелердің кісілері шығарды, редакторы болды. Жартылай ресми газет еді. «Қазақстан» газеті, 1911 жылы 16 марттан бастап Ордада екі тілде, шағын көлемді, 6 бет болып шықты. Ол жылы 4 саны шығып тоқтап қалып, 1913 жылы, 28 январьдан қайта шыға бастады. Барлығы 13-14саны шықты. Оның шығарушысы Елеусін Бұйырин деген адам болды. Газеттің бірінші бетінде: «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым үйрену турасында деп жазылды. Қазақ» газеті – 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының үні болған бұл тарихи газет сол тұстағы қазақ баласының ойын, ұлттық өресін тәрбиеледі. Ұлт-азаттық қозғалыстың басты басылымы болған «Қазақ» газеті Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған ұлы шоғырдың ұлт алдындағы орасан еңбектерін халыққа таныта отырып, әлеуметтің саяси жағынан сауаттануына, ұлттық намысының оянуына, тұтас ел болып ұйысуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл газет көтерген идеялар халқымызды біріктіріп, тәуелсіздікке ұмтылуына қуат берді. «Алаш» партиясының, автономиясының үні болған газет халқымыздың күрес жолындағы айғақтарына толы басылым. Бірінші саны 1913 жылғы 2 ақпанда шыққан. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шығып тұрған. Бастырушысы – «Азамат» серіктестігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл – «қазақ ұлты» деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы – А.Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Басылымда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, Х.Досмұхамедұлы, С.Дөнентайұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. ХХ ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. Бұдан кейін пайда болған барша елшіл газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты. «Қазақ» газеті бетінде жарық көрген материалдар ұлт-азаттық қозғалысын зерттеуге, оның тұлғаларының өмірбаянын толықтыруға, «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің тарихын тануға мол дерек береді.

2.Н. Наушабайұлы шығармашылығы және елдік ұстаным. Нұржан Наушабайұлы (1859-1919) да ояну кезеңiнде тұлғаның (лидер, серке) орнын айрықша атады. Ол көшбасшы алды-артын серпiлту қажет дегендi айтты. “Манзумат қазақия” (1903), “Алаш” (1910) жинақтарын жариялаған Нұржан дәстүрлi өлеңмен-ақ халқын оятуға жұмылды. Ол назым-термелерiнде ислам құндылықтарына қатысты ой-түйiндермен қазақ тұрмысын түсiндiруге талаптанады.

Ақын тiле де отыр демейдi, еңбек ет, iзден, талаптан дейдi. Бiрақ сенiмдi жоғары қояды (“Тәуекелге бел байлап шықсаң егер, Тапсырып бiр Аллаға iлгергi iстi”). Өлеңдерi дәстүрлi поэзияның арнасынан табылған Нұржан Наушабайұлы шығармашылықтың табиғаты жөнiнде ой-пiкiрiн бiлдiрiп отырады. Нұржан Шәкәрiм қажы тәрiздi, ескiнiң мағыналы сөзiнен үйрену керек деп есептейдi. Н.Наушабайұлының әдеби-эстетикалық пайымы көбiне дидактикалық пiкiрлерiмен астасып жатады. Ағарып үлгермеген халыққа, сөз жоқ, ақыл-кеңес, насихат керек едi. Сондықтан бұл ақын қаламдастарын “адамның құлқы тегiс дауға айналған” заманда елге қалқан болуға шақырды. Шығармашылықта “ықлас-ниетiңде хаққа бер” деп тұжырымдады. Діни ағартушылық және әдебиеттегі тұлғатану мәселесі бізде негізсіз көтерілген жоқ. Елді ағарту үшін және дәстүрге сай имандылықпен жаңа өмірге аяқ басу үшін діннің – жүйелі, көшбасшының халыққа адал болмағы қажет-тін.

Ақын Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы 1907 жылы басылған “Сарыарқаның кiмдiкi екендiгi” кiтабында:

Әр жұрттар қылған нұсқа баспасына,

Қылуға ауыз бiрлiк бас-басына.

Өзiңмен ыңғайлас жұртпен бiрiк

Пұл берсе бұрма мойын басқасына,-

деп жазды. Қаны бар қаламгер Абай секiлдi жаңа толқыннан елге тұтқа болатын азаматтардың шығуына мүдделi. Әрине, Мәшһүр Жүсiп – жол нұсқап, оқулық жазған ағартушы емес. Ол – дiндар, ақын, азамат ретiнде заманның амалын ойлаған, ағартушылық кезеңнiң жүйелi болуына тiлеуқор адам. Осындай көзқарас Нұржан Наушабайұлында да болды деп есептеймiз. Ы.Алтынсарин жөнiнде:

Құр жерге, су үстiне от жақтырған,

Қараңғы адасқанға жол таптырған,

Талып, шаршап жүргеннiң нешеулерiн

Ойдан алып биiкке лақтырған,-

деп жазған Нұржан ХХ ғасыр басында кітаптарын мақсатсыз шығармаса керек. Дiн мен өмiр байланысы мәселесiнде Нұржан әл-Маржани пайымымен таныс секiлдi. Өйткенi ол: “Ислам жолы түзелмес ыждағатсыз” деп жазады. Маржани “ижтихад” категориясына “ойлануға, ақылға салуға ерiк беретiн құбылыс” ретiнде қарағанын iлгерiде сөз еткенбiз. Н.Наушабайұлы сөзсiз “амал қылар құралды” бiлiм мен бiлiктен iздесе керек. Ақын пайдалы бiлiмге ғана мойынұсынады. Оның тұсында өмiрге жолдама алған жәдит – халыққа төтеден олжа салудың жолы едi. Бiз Нұржан өлеңдерiнен “жәдит” деген сөздi ұшырастырмаймыз, бiрақ оның жаңалыққа һәм жақсылыққа тiлеуқорлығын айқын аңғарамыз.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]