
- •Әлеуметтік зерттеулердің әдісі
- •Дәсүрлі мәдениет және оның қызметтері
- •Археологиялық деректер негiзiнде алғашқы қауыдық антропология
- •Палеосоциологиялық зерттеулердiң құрылымы
- •: Л.Н.Гумилевтің пассионарлық теориясы
- •Л.Н.Гумилевтің ғылыми қызметі Гумилев және этнология ғылымы
- •Тарихи мәдени шаруашылық түрлері
- •Қазақстанда этнология мектебінің қалыптасуы және дамуы.
- •Археологиялық мәдениеттердiң ерекшелеуiнiң белгiлерi Жергiлiктi археологиялық мәдениеттердiң дәлелдеуi
- •Типологиялық әдiсiнiң мақсат және міндеттері
- •. Э. Дюркгеймнің ”Әлеуметтік мектебі“.
- •Берел қорымындағы дендрохронология нәтижесі
: Л.Н.Гумилевтің пассионарлық теориясы
1960 жылдардың аяғында Кеңес Одағында Ю.В.Бромлейдің концепциясына балама ретінде Л.Н.Гумилевтің «этногенез теориясы» пайда болып, таңғажайып табыс пен өткір сынды бастан кешеді. Бұл жөніндегі қызу қанды таластың туғанын «Этнографиялық шолу» журналындағы (2006, №3) «Уроки Гумилева: блеск и нищета теории этногенеза» атты мақаладан байқауға болады. Француз зерттеушісі Марлен Ларюэль көрсетілген теория бойынша өзінің ұстанымын нақты көрсетіп отырса да, әлі басы ашылмаған мәселелер жөнінде сауал туады: «Гумилев еңбектерінің танымалдығы қазіргі Ресейде және басқа да кейбір посткеңестік мемлекеттерде, мәселен, Қазақстанда таралуы үлкен құбылыс. Ал, Батыста әлі жеткілікті зерттеле қойған жоқ, осының өзі Гумилев мұраларының таралуына байланысты көптеген мәселелерді тудырады».
Біз осы теорияға неғұрлым тәптіштей тоқталуға тырысамыз. Этногенездің негізі халық болып табылады, яғни, этнос неғұрлым кең мағынасында этникалық қауымдастық, (тайпа, халық, ұлт) деп аталады. Этнос ұғымының негізгі мәнін анықтауда Гумилев алдымен, этникалық қауымдастықтың ландшафтқа бейімделуінің белсенді формасы болып табылатын мінез-құлық стереотипін ажырата көрсетеді. Осы ландшафтың әр түрлілігі антропосфераның әр түрлілігін тудырудың басты себебі болмақ, – дейді Гумилев.
Этностардың өзара қарым-қатынасы комплиментарлықты (өзара ұнату немесе ұнатпау (антипатия), «өз» және «бөтенге» жіктелушілік) Гумилевше жағымды, жағымсыз және бейтарап деп жіктеуге әкеледі. Біріншісі өзінің серігін ешқандай өзгеріссіз, сол қалпында қабылдап, ұнатуды білдіреді. Бұл топта симбиоз (екі немесе одан да көп этностардың біріге өмір сүруі, әрі олардың өздерінің экологиялық мекендері болады) және инкорпорация болуы мүмкін.
Симбиозды орнықтыру үшін елестету мен ерік-жігер қажет. Ал, бұл қасиеттер этногенездің акматикалық фазасымен, яғни этностың жастық кезеңімен сәйкеседі, – дейді Гумилев. Мысал ретінде, Еуропадағы әр түрлі этностар қатар өмір сүріп жатқан ғұндар мемлекетін келтіреді. Бұған харизматикалық көсем Аттиланың рөлі басым болды ма дейміз. Себебі оның өлімінен кейін бірден мемлекет те құлады.
Екінші объектіні қайта құруға немесе жоюға ұмтылатын есепсіз антипатия. Бұл ретте химерлердің (бір экологиялық мекенде екі немесе одан да көп этностардың болуы) болуы мүмкін. Гумилевтің сөзінше химерлерде отан жоқ. Этникалық химерлер өте агрессиялы, олар өзгерісті жағдайға аса бейім, идеологияда емес, алайда саяси және экономикалық жағынан жиі жеңіске жетеді. Химерлер антижүйенің пайда болуына (псевдоэтникалық тұтастықты құрайтын теориялар қисынды) қолайлы орта қалыптастырады. Антижүйе принципі – жалған, ол химерлерде үнемі кездеседі. Антижүйенің классикалық мысалы ретінде, Гумилев Ұйғыр мемлекетінің күйреуіне жеткізген манихейлікті атайды
Л.Н.Гумилевтің ғылыми қызметі Гумилев және этнология ғылымы
Л.Н.Гумилев – этнография, тарих, география, археология, психология, герменевтика сияқты бірнеше білім саласының тоғысынан туған этнология ғылымындағы жаңа бағыттың негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым, есімі тарихшы ғалымдар ортасында ғана танымал емес, білмекке құмар оқырман мен көзі қарақты жұртшылық арасында да беделі биік. Оның ата-анасы Н.С. Гумилев пен А. Ахматовалардың тауқыметті тағдыры туралы да білеміз.
Ызғарлы тағдыр ызбары, олардың жалғыз ұлдарын да жанай өтпеді, әке-шеше «кінәсі» баласын да күйдірді, «күйеледі».
Қайта-қайта қамау, бітпейтін тергеу-тексерулер, он төрт жыл түрме тұтқыны болу, Сталин лагеріндегі сарсаң күй кешу, ғылыми жұмыстағы бөгет-бөгесіндер, тұрмыстық қолайсыздықтар – бәрі-бәрі ғалымды қалжыратып, денсаулығын діңкелетті, бірақ оның жігерін жасыта алмады, биік рухын аласарта алмады. Жаппай қуғындаудың ауыр жылдарында және одан кейінгі тоқырау тоңында да оның еңбегі оқырманға жетпеді. Жарық дүниеге шыға қалған еңбек болса, ғылым «шамшырақтары» мен партияның «ғылыми сараптамасынан» өтіп, цензура безбеніне салынды. Осындай өткелектерден өтіп, өзіне жол ашқан еңбектер бірден библиографиялық сирек санаттағы дүниелерге айналып жатты. Оған себеп: бұрыннан белгілі деректер мен құбылысқа жаңа қырынан келу; кітаптың таралым саны шектеулі болуы; және ғылыми еңбектің тіл көркемдігі.
Этникалық тақырыпқа әртүрлі тарихи кезеңдерде үлес қосқан шетелдік және отандық ғалымдардың ішінде үлкен ғылыми мұра қалдырған Лев Николаевич Гумилев.
Л.Н. Гумилев «халықтану» деп аталатын арнаулы курс бойынша 20 жыл бойы лекция оқыған. Ол лекция оқыған 20 жыл аясында бірнеше толқын студенттердің зердесін қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзі де шыңдала жүріп, бүкіл әлем мойындаған орыс этнологиясының іргетасын қалаушылардың маңдай алдында болды. Дәлірек айтсақ, таза гумилевтік этнология мектебін дүниеге келтірді. Яғни, этностың шаруашылық және саяси жүйелерінің арасындағы өзгерістердің өзара байланысына, сол байланыстардың нәтижесінде болатын жаңғыруларға, сондай-ақ этностың кіндік жұрты болып табылатын ландшафт эволюциясына табанды түрде ден қояды. Бұл ретте, ол Ұлы Дала көшпенділерінің шаруашылығының, этнотарихының және экожүйесінің арасында өзара біте қайнасқан байланыстың барына алдымен назар аударады.
Лев Николаевичтің этнологиялық ізденісі мұнымен шектелмейді. Шығыс Еуропа тарихын қайта зерделеуге мұрындық боларлық «Хазарияның ашылуы» («Открытие Хазарии») атты тамаша кітабын 1966 жылы жарыққа шығарды. Лев Николаевичтің бұл еңбегі этнос, табиғат, қоғамның әлеуметтік өмірі және космос арасындағы байланыстардың нәтижесін одан әрі тереңдете зерделеуге дес береді. Мұның өзі, түптеп келгенде этногенездің тұғыры болып табылатын пассионарлық идеясының дүниеге келуіне себепші болады.
Этногенез бен биосфера арасындағы біте қайнасқан заңдылықтарды одан әрі орнықтыра дәлелдеу үшін Лев Николаевич енді табиғи қоршаған ортаның этнос тағдырына әсер-ықпалын ашып көрсетуге бел буады. Жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін өзінің этнологиялық тұжырымдарына тұғыр етуге бекінеді. Сөйтіп, 1974 жылы география бойынша «Этногенез және Жердің биосферасы» деген тақырыпта екінші докторлық диссертациясын қорғайды.
Лев Николаевичтің ғылыми ізденістерінің шыңы болып табылатын «Этногенез және Жердің биосферасы» («Этногенез и биосфера Земли») атты еңбегінде халықтардың қалай жаралып, қалай сейілетініне, сондай-ақ оған табиғат пен космостың аса тегеурінді әсер-ықпалына бүкіл-әлемдік ауқымда тарихи шолу жасайды. Тарихи шолуын айғақ-дәлел ретінде көлденең тарта отырып, этнология туралы бұрынғы көзқарастардан түбегейлі айырмашылығы бар ой-тұжырымдар жасайды.