Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЖТКЖ ДҚЖТ Оқу құралы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
8.31 Mб
Скачать

5 Көлбеу қазбаларды жүргізу

5.1 Жалпы мәлімет

Кенөндіру өнеркәсібінде даярлық көлбеу қазбаларға мыналар жатады: еңістер, бремсбергтер, өрлемелер, кенқұдықтар (кентүсірмелер), сырғанамалар, пештер және тілме пештер (құрастырмалық камералар). Еңістер мен бремсбергтерге параллельді бір немесе екі жүрісжолдар жүргізіледі. Олар жүргізу кезінде желдету үшін қызмет атқарады, ал пайдалану кезеңінде олар жабдықтарды, материалдарды, адамдарды тісіріп-көтеру және қазбаларды желдетпелеу үшін қолданылады.

Көлбеу қазбалардың көлденең қималарының пішіндері мен өлшемдері жалпы ережелер негізінде белгіленеді. Даярлық көлбеу қазбалардың көлденең қималарының жиі тараған пішіндер түрлеріне арқалық және трапециялық жатады.

Рельстік жолдар бойынша жүктер тасымалданбайтын жағдайда қазбаларда адамдарға арналған жүрісжолдарды қарастыру қажет. Қауіпсіздік ережесі бойынша рельстік көліктермен жабдықталған көлбеу қазбаларда адамдардың жүруіне тыйым салынады. Қазбалардың құлама бұрышы 7…10° құраған жағдайда адамдардың жүрісжолы тіреуге бекітпеленген таяныштармен жабдықталынады. Құлама бұрышы 11…25° қазбалар таянышы бар ағашты басқыштармен, ал 26...30° қазбалар таяныштармен және түсіп-көтерілетін баспалдақтармен, 31...45° қазбалар таяныштармен және жазық баспалдақты сатылармен жабдықталынады. Құлама бұрышы 45° - тан артқан жағдайда жүріс бөлімді тік оқпанның сатылық бөліміндей жабдықтайды.

Көлбеу қазбаларды жазық қазбалардағыдай металды арқалық тіреумен, монолитты бетонмен, бүрікпе бетонмен, қарнақтармен және аралас тіреумен тірейді немесе олар тіреусіз өтіледі.

Көлбеу қазбалар бойынша тау-кен массасын және материалдарды тасымалдау науалардың көмегімен, рельстік жолдарда ыдыстармен, автосамосвалдармен жүзеге асырылады, ал құлама бұрышы 40° - тан жоғары қазбаларда пайдалы кен жоғарыдан төмен қарай өз салмағының көмегімен тасымалданады.

Көлбеу қазбалар жоғарыдан төмен және төменнен жоғары бағыт бойынша бұрғыатпалық, комбайндық тәсілдермен немесе бұрғылық қондырғылармен жүргізіледі.

Көлбеу қазбаларды жүргізудің технологиясы жазық қазбаларды жүргізу технологиясымен көп ұқсастығы бар. Көлбеу қазбаларды жүргізудің спецификалық ерекшелігі жабдықтарды таңдауға, сутөкпені ұйымдастыруға, қазбаларды желдетуге және басқада жұмыстарға әсер етеді.

Жазық қазбалармен салыстырғанда көлбеу қазбаларды жүргізуде жұмыс ауыртпалығы артады және еңбек өнімділігі төмендейді. Құлама бұрышы 13 - тен 30° - қа дейінгі қазбаларда жұмыс ауыртпалығы 16 % - ке, ал 31-45° - тік құлама қазбаларда - 30 % - ке ұлғаяды. Қазбаларды жоғарыдан төмен бағыт бойынша жүргізген кезде және тасымалдау ұзындығы 150-300 м құраған жағдайда еңбектін өнімділігі 10 %, ал 300-500 м - 15 %, 500 м – ден жоғары тасымалдау ұзындықтарында - 20 % төмендейді.

Көлбеу қазбалардың көлденең қималарының өлшемдеріне және тақтаның қуатына байланысты оларды тұтас және аралас кенжарлармен (біртекті және біртекті емес жыныстар бойынша) жүргізеді. Өздіненжануға және кенеттен лақтырысқа лайықты көмір тақталарын игеруде көлбеу қазбаларды жиі жағдайда тақтаның табан жыныстарында жүргізеді.

Кейбір кенорындарында көлбеу қазбаларды жүргізудің көлемі жыл сайын жүргізілетін қазбалардың жалпы көлемінің 25 % құрайды. Көмір өнеркәсібінде даярлық көлбеу қазбаларды жүргізу көлемінің өсуі шақты алабын горизонттық тәсілмен даярлауға байланысты (бағандарды құлама және өрлеме бойынша қазуда).