
Таласта
І
Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Біз Дөрбілжінге 1934 жылы сегізінші айдың ішінде келдік. Үрімжіде Жин Шурынның ойрандалған тағының орнына былтыр орнаған Шың Сысайдың жаңа үкіметі биыл төртінші айдың 12 күні жарияланыпты. Шың Сысайдың тегі де мәнжуриялық "құңқузы" деп естідік. Бірақ, жұрт: "бұл бұрынғы құңқузыға ұқсамайды, Совет Одағында тәрбиеленген жаңа құңқузы, жаңа саясат жүргізеді!" десіп жүріпті.
"Былтырғы дүнгендердің де, Шынжаң патшалығынан дәмелі болып, шетел жиянгерлерінен қару алған талай-талай кертартпа сылиң-жияңжүндердің де бел омыртқасын үзіп, Шынжаңға тыныштық орнатқан осы батыр екен" дейді. Ол шоңқиғандардың арасында англияшыл, америкашыл, гомендаңшыл талай шойтабан сауыттылар болса керек. Бірақ, солардың арасында ислам ұранымен шыққан, жергілікті мұсылман үкіметін құруды ту етіп ұстаған сауыттылар жұртты біраз елеңдеткен көрінеді. Соның бәрін шоңқитқан мына батырға ешкім дау айта алмай қалған екен. Дау айтудың үстіне, тіпті дәу күрзілер көтеріп те шығар еді-ау, бірақ бұл батырдың тегі, Совет Одағы болғандықтан, еңбекші халық үндемей қалыпты. Сол сауыты ғана болмаса, шоңқиятындарға қарағанда мұның күші мардымды емес сияқты. Мұның соңынан 1931 жылы жапон фашизмі Манжурияның бір бөлігін басып алғанда Совет Одағына қашып өткен біраз манжуриялықтар қана ерген екен. Өзі сол топтағының біреуі болса керек. Егер өзінің дербес күрзісі болып, онысы рас жуан болса, жау қолында қалған Манжурияға қайта ұмтылмас па еді. Жоқ, ол пәлендей күрзілі мықты емес, тек Совет Одағына достық уағдасын беріп, соның күрзісінің күшімен ғана билік басына шығыпты. Былтырғы дүнген соғысында қырғыннан бізді аман алып қалған орыстар – мықты күрзінің дәл өзі болса керек. Оны көрген жергілікті халық, әсіресе, еңбекшілер қауымы оған қалай қарсылық көрсетсін!
Шың Сысайдың жайы бізге Дөрбілжін тұрғындарынан осылай жетті. Ел "Совет Одағының досы еңбекші күйін жақсартар, әділдік орнатар" деген үмітте жүрді. Ал оның не саясат жүргізгенінен де, не істеп жатқанынан да ол кезде қарапайым халықтың хабары жоқ еді. Біздің хабарымыз, әрине, тіпті болмады. "Май ақысыз паналайтын қуыс қайда бар екен, кімге жалшы керек екен!" Құлағымыз соның хабарына ғана түрілді. Дөрбілжінге келгелі "Ағылық" көшесіндегі бір сарттың екі ауыз үйін майлап отыратын Дүйсенбай дейтін туыстас ағайынның үйіне сыйысып отыр едік. Иін тіресе келе үйге сыйысып отырғанымызбен, қора иесінің дәретханасына сыйысу қиын болып, Биғаділ екеуміз тергеуге тартыла бердік. Бигелді Саңлибай дейтін бай "жаңгүдейге" айына бір ағаш арпаға жалданып кетті де, әкеміз баспана іздеп қаңғумен болды.
Қожайын ханымы Биғаділ екеумізді дәретхана алдына қатар тұрғызып қойып тергеп тұрған бір кезде әкемнің Жанас дейтін жиені келді. Үйге Тоқтыханның шаңқылын ести кірген ол бөгелмей қайта шығып, дәретхана тазалауға берілген үкімінен құтқарып ала жөнелгенде ғана тыныс тапқандай болдық. Жанас біреудің көтек арбасымен отын сата келген екен, сол арбаға дүниемізді басып, қоржадағы өз үйіне қарай бізді шұбата жөнелді. Бір қасапшыға жалға орналастыру үшін әкем Биғазыны алып қалды да, арба соңынан шұбаған төртеуміз ғана.
Қаланың батыс жағындағы Әлихун дейтін күйреген дүнген помещиктің тозған қоржасына көштік. Жанастың үйі Әлихунның үлкен бір ауызды тамында екен.
– Екі қатын мен кішкене Сәлихаға даладай үңіреюші еді, енді бұл тамды қанағаттандыратын болдым! – деп күлді де, Жанас алдымыздан амандаса шыққан кіші әйеліне бүйырды.
– Жәмила, шай қайната бер барып, Мадиянның басы ауырып келді, Нәсихан әлі ыңыранып жатыр ма? Оған Жаппардың сәлемін айт, аяғын жиыңқырап жатсын! Ауруы тұрмақ жынын да қағып аламын, – деп келе жатыр.
Нәсихан Жанастың жеңге алған үлкен әйелі еді. Ағасы – Қапас өлген соң әмеңгерлік жолымен, өзінен әлдеқайда үлкен жеңгесіне жанасты әкелері жастай қосақтаған екен. Адуын Нәсихан бала таппағандығынан ақсап, кейінірек Жәмиланы алуға әрең жол беріпті.
Жол берілсе де, момын Жәмиланың жолы болмай күңге айланып жүргенін, қатты езгіден түсік тастап, бір қыздан басқа бала көрмей жүргенін еститінбіз. Шешем Нәсиханның сонысынан ғана қауіптенеді.
– Жәмиланың көрген теперішіне Жәкең шыдамай Нәсиханмен ұрысып қалмаса игі еді! – деді Жанасқа.
– Арс ете түскенімен артында жоқ қатын ғой, Жәкең екеуміз бір Нәсихандық болармыз. – Жанас тым денелі болғанымен өте пысық, сезімтал, ойлы, ұшқыр, шешен еді. Теп-тегіс қырқатын сұлу мұрты мен сұрша жүзін қушыкеш сөзімен бірге ойнатып, күле де, күлдіре де отыратын көңілді адам болатын. Сампылдаған ор ауыз, қара Нәсиханнан секем алса да, шешеміз Жанастың ұятты білерлік осы сыр мінезділігіне сенеді.
Мәңгілік "сау-ауру" Нәсихан басын күрсіне көтеріп, шешеммен амандасты. Лезде жыласып та, күлісіп те алды. Жәмиладан басқаға қытымыр тие бермейтін "алдында" бар, "артында" жоқ, аңқылдаған мінезімен ақтарыла қарсы алды. Қытығына тимегенге қырсығы жоқ, жақындықты білетін көнекөз жиен абысынына келіп шешеміздің көңілі ашылды да, Тоқтыханның шаңқылы естілмейтін кең жерге келіп Биғаділ екеуміздің көңіліміз ашылды. Үйінің алды да, арты да шилі-жусанды иен дала екен. Биғаділ екеуміз қайда барып отырсақ та, ерікті болғанымызға қуандық.
Бір қадақ ет келіп, өзі ішетін тас шайы болған күні Нәсихан сауыға қалады екен. Базарға бір арба жусан апарып сатып, шерік шай мен бір қойдың бас-сирағын әкелген Жанас Насиханды сол күні кеште сау бәйбіше сияқты тік отырғызды. Өзі күйді әсем шертетін домбырашы болатын. Тозғын-босқын тұрмыста жүргенімен домбырасын тастай қоймапты. Әдемі қоңыр даусымен ән де салды. Соншалық көңілді жүретін қунақы адам ыңғай мұңлы ән мен өмірден түңілген шерлі өлең айтатын болыпты:
"Әрине, қолдың кірі жуса кетер,
Неге айтқан бұрынғылар болса бекер.
Қырсығып қылған ісің оңға айналмай,
Дариға, сөйтіп жүріп күнің өтер!"
Көңілдің кірін көз жасымен жуып кетіруге құмар әйелдер, әрине, іңір бойына жыласумен көңіл ашты. Отырып жылауға уақыттан жұрдай Жәмила бас-сирақты үйітіп, ішек-қарынды тазалай жүріп, су әкеліп, от жаға жүріп, зыр жүгіре жүріп жылады.
– Осы күңнің соншалық жылайтындай не мұңы бар екен! – деп оған ұрыса отырып Нәсихан жылады. Оның жылауын да күндегендей, өзі одан көбірек жылап отырып, Жәмилаға тыйым айтады.
Жәмила біздің естігенімізден де ауыр қылмысты екен. "Әр күні оның мойнына мінген қылмыс менің мойныма мінсе, омақасар едім" деп ойладым мен. Оның жазаланбай өткізетін уақыты түн ортасынан таң бозарғанға дейінгі уақыт қана екен. Таң бозара тұрып, тері шақайын аяғына тартысымен, Нәсиханның дәрет суын жылытады. Күндіз кешке дейін ұйықтайтын Нәсихан ерте оянады. Дәрет алып, намазын дәл уақытында өтейді. Сөйтіп, дайын суымен құдайын разы қылып, сауабын ала қояды да, қайта ұйықтайды. Жәмила оның керісінше күнәға батады. Күнәға бататыны – намаз уақытында пенделік нәпсінің шайын қайнатады: Нәсиханды қайта оятып, шайға қандыру шарт. Ол шартты орындап болысымен отынға кетеді. Бір арқан жусан шауып алып, оны жаяу көтеріп базарға сатуға әкетеді. Бір қадақ ет сатып әкеліп, Нәсиханға жегізуі – өзінің құлағының тыныштығы үшін шарт. Нәсихан ет жеп сауыға алмаған күні Жәмила мен Жанастың құлақ етін жейді. Қылмысты өз құлақ етін жегізуге, әрине, көне береді ғой, омырық қара бәйбішеден жақсы күйеуінің құлақ етін аяйды. Нәсиханды сауықтырған соң ғана өздерінің шайын қайнатуға мұршасы жетеді. "Жұмысы өнбейтін шу аяқ тоқалдың» сол күйбеңінен түн ортасындағы демалыс уақыты әрең жетеді.
Кезінде мол жасау жасатып, салтанатпен келген бай қызы – Нәсиханды феодал қайын аталары мен құдай тағала енді Жәмиланың мойнына расында да мықтап артқан екен. Әдемі ғана қызыл сары өңді Жәмила нәп-нәзік бола тұра шойдай қара қатынды құдай мінгізген соң қыбыжықтамай көтеріп жүріпті. Қанша айтқанымен қылмысты емес пе, бұра тарта алмайды, еркелемейді, Нәсихан бауырына салып алған жалғыз Сәлихасын менен туған деп меншіктемейді. Тіпті, бір рет толық жуынып-тарануға да уақыты жоқ. Онысына құдай тағала разы болмаса болмай-ақ қойсын, өз мойнындағы жүкті бөліп көтергендігі үшін әйтеуір күйеуі разы. Нәсиханның бір қадақ ет салығын бір күні Жанас, бір күні бақайшығынан майысып Жәмила тауып әкеліп беріп жүріпті.
Іңірде домбырасын алған Жанас мұңды өлеңін айтқанда, Жәмила жорғалай жүріп жылайды, Нәсихан онысын жазғырады. Бұл үйде өзінен басқа біреудің жылауға да құқығы жоқ сияқты.
Осы жайларын көрген соң, үйдің қыстық отынын Биғаділ екеуміз разылықпен міндетімізге алдық. Жәмилаша біз де шылғи теріден шақай тартып алдық та, мия, қурай орып, жусан шаптық. Жәмилаша "өгіз арқа" көтере алмасақ та, күніне "тайынша арқадан" екі-екіден төрт рет көтереміз. "Өгіз арқадан" қалыса қоймайды. Қар басып қалмай тұрғанда біраз қалқайтып алайық деп тырбынып едік, жер иесі отынының сонылау жерін қориды екен.
Кәрі Әлихун "ши аяқ" сұлуының талабымен қалаға көшіп кіріп алып, жер иелігін Жұмақұн дейтін інісіне өткізіпті. Былтырғы "дүнген ойраншылығынан" өздерінің мол егін саларлық күш–көлік қоры сарқылыпты да, арендаға алушы шықпай, соншалық көп жер тың далаға айналып қала беріпті. Қыста соның қурайы мен шиін қориды екен. Тіпті, тым жауыздық әдіспен қориды: таңертең отыншылар шыққанда үндемей қарап отырып, кешке жақын отын әбден дайын болғанда бас салады. Сөйтіп, кешке дейінгі табысын тартып алып, отыншының өзін қуалай салады екен. Ондай күш қылауы қайтпаған жас Жұмақұнда толық еді де, айтыса алмайтын әлсіздік отыншыларда толық еді. Себебі, олар шетінен қылмысты – бұралқы. Ауыл иті арс ете түскенде, бұралқы ит тістеген сүйегін тастап, құйрығын қыса қашпай құтылар ма?!
Қаладан келген талай отыншы солай құтылып жүрді. Биғаділ екеуміз де әкеміздің шауие жуңтуынан құтылу әдісін қолданып, шапқан отынымызды екі рет беріп құтылдық та, бұтасы сирек даусыз жерден шабатын болдық.
Бір ауыз үйде отырған екі үйлі жан тату-тәтті тұрдық. Әкем мен Жанастың кезек шертетін жалғыз домбырасы мұң тербетсе, әкем мен Нәсиханның ымырасыз дауы күлкі тербетіп, "барымен базар" болып жатты. Нәсиханның бұрынғы ерімен әкем құрдас болғандықтан, Жанас іні ретінде сыйластық білдірсе де, Нәсихан құрбы қатарында әкеммен қатты айтысатын. Оны бұрынғысынша "жынды Жаппар" деп айтады. Сондықтан жындыға оның шексіз диктатурасы жүрмейтін.
Айтыс алдымен Нәсиханның түнде үйге дәреттенетіндігінен басталады. Онысын білісімен әкем оған қарсы шара қолданды: шам сөнісімен дәрет тегенесіне су толтырып құйды. Баж ете түсті Нәсихан бір шақта:
– Үй, жолың болмасын Жәмила, мынаны толтырып қойған сен бе?!
– Ей, ол емес, – деді әкем, – мен!.. Сыртқа апарып төге салшы! – Үй, құдай төбеңнен ұрсын, ұялмай енді үйге сигенді шығардың ба!
– Ей, сен келіншек ұяллмағанда мен ұяламын ба! Жасың кіші ғой, апарып төге сал!
Ол қарғап-сілеп далаға шыға жөнелгенде, Жанас бастап үй іші ду күлді. Нәсихан қайтып кіре тағы сампылдады.
– Соншалық лық толтырылғанын!
– Кеше таңертең, Жәмила шығарғанда сенікі де аз емес болатын. Төктің бе өзің?
– Өзімдікін төге алмай жүргенімде, енді сенікін төгейін бе! Көзің шыққыр-ай, қайдан көре қойып еді! – деп қисая кетті Нәсихан!
– Менікін сен төге алмасаң, Жәмила сенікін де төге алмайды, тыныш жат сампылдамай!
Содан бастап тегенеде әр түні су толып тұратын болды. Түн ортасында Нәсихан қарғап-сілеп шығатын болды.
– Ой, құдай төбеңнен ұрсын, Жаппар, – дегенде-ақ Жанастың күлкісі қоса шығатын болды. Жәмила күлмеген соң Нәсиханның да шамы қозбай, тез өше қалатын.
Нәсиханның тұрмысындағы бұрыннан әдет болып қалған шексіз үстемдік, сөйтіп, әкемнің қарсы шабуылына ұшырай берді. Ойын-шыны аралас соққыдан жақтаушысыз Нәсихан өзінен-өзі тежеле берді, дегенмен үйде әкем барда ғана тежелгені болмаса, ол жоқта Нәсихан тағына қайта мініп, Жәмила мен Жанасқа аюша ақыруын қоймады. Шешем сыртқа шығып кеткенде тіпті қаттырақ тиіседі.
– Бұл жындыны неге шақырып келдің осында! – деп ақырады ол Жанасқа.
– Ойбай-ау, мен келтірмегенге Жәкең қоюшы ме еді! – деп Жанас күледі, – сені жеңетін жындыға мен қайтып төтеп бере алармын!.. Бірақ, бұл өзі әділ жынды ғой, сенің жақсылық жағына дау айтпайтынына біз сүйініп-ақ жүрміз. Туысқанға зар болып, біреуін әрең тапқанымызда, оны ренжіте көрме, атақты жынды емес пе ол, қазан-ошағыңды шағып кетер, ақылың бар еді ғой өзінің.
Жанастың бұл қулығына аюдың өзі де күле салатынын көріп жүрдік. Оның әдеттенген тізгінсіз анайылығына тиісе-тиісе жүрген әкем ол науқастанып қалғанда азын-аулақ көмегін де тигізе жүрді. Рузы дейтін қасапқа жалданған Биғазының ақысы – әр күні "көже қатықпен" қамдау еді. Биғазының ептілігіне Рузы қасаптың қайырымдылығы қосылып, тәп-тәуір қамдалып тұрдық. Сойылған қойдың құйрық майынан терімен қоса сылып, Биғазы әр күні әкемнен беріп жіберіп тұрды. Сөйтіп, Нәсиханның майшыл аузына аз да болса "бөстірме" түсіп тұрды.
Жаздағы көрген қыспағымызға қарағанда жазылыңқырап қалған осы бір тәп-тәуір күлкісі бар тұрмысымыз қайтадан тосын сүркейлікке ұшырай қалды бір күні: Бигелдіні "жаңгүдейі" қайтарып жіберіпті:
– Сенің әкең күн-түн келеді, бірдеме ұрламаса неге келеді?! – деп қуалапты. Ауыр жұмыстағы баласының денсаулығын біліп қайтуға әкем екі рет барған екен. Бар күшін сарқа қимылдайтын Бигелдіге бір қыстық ағаш отынын тасытып, жарғызып болған соң, қыс ішінде оны сол сылтаумен ғана қуалапты. Бұл бір соққыдай тиді бізге. Айына алатын бір ағаш арпаны "құдайдан" күтер едік, ақ қар, көк мұзда жұмыс табылмайтындығынан қысылдық. Бізді тағы да уайым басты.
Бигелді әр күні кетіп, әр байдан жұмыс іздеп сандалып жүр еді. Бір түні таңға жақын есік қағып, үйге еңбектеп кірді. Бір балтырын көйлегімен таңып алған екен. Жеті шақырым жолға қар үстінде еңбектеп, сүйретіліп әрең жетіпті. Өң-түс жоқ. Тап болған жайын ерні қыбырлап әрең айтты да, құлай кетті. Дөрбілжін халқы "шұнақ" деп атайтын "жаңгүдейдің" қорасына жұмыс іздеп кіргенде, оның бір қара шұнақ төбеті балтырдан бір-ақ орыпты. Көйлегімен қатты таңып алғандықтан қансырамағанымен, бір аяғы мүлде басуға келмей қалған екен. Ымырт жабылғанда көшеден таныс ешкім кездеспей, далада үсіп өлмеу үшін бір тізесімен еңбектеп сүйретіле беріпті.
Ит қапқан балтырды әкем шешкенде саулаған қанды көріп бәріміз шу ете түстік, күйдірген құрым кигіз басып, қайта таңып тастады.
Жалданатын орынды енді әкем іздеді. Нардай жас жігітке табылмаған жұмыс найқалып–шайқалып әрең жүрген шалға қайдан табыла қойсын, әйтеуір итке қапқызбай аман қайтып жүрді. Сонда да іздеуін қоймайды. Биғазының күнделікті "өндірісінің" соңына мен түстім. Дөрбілжіннің дәл ортасындағы төрт көше түйісіп – базардың қайнаған жері еді. Қатты қайнап сапырылысып, сақылдасып жататын сол қазанға мен де күніне бір түсіп шығатын болдым. Төрт көшенің шығыс жақ мүйісіндегі биік ыспылы лапас асты – Рузы қасаптың "дүкені" екен, ең қатты сақылдайтын да сол Рузы ахуын көрінеді. Таразыға тақыстығы жоқ, дөңгелек қара сақалды жуан қара қасапшының дауысы да өзіндей зор, ет алатындарды жарылқаушы жомарттай тартып, ілулі таразысы бір көтерілген Оның арт жақ далдасында бауыздалған қойдың артқы борбайынан үрлеп, төмпештеп Биғазы отырады. Қойдың еті мен терісінің арасы жел гулеп, іркітке толы сабадай тырсиғанша алқымы мен ұрты да торсықтай кеуіп алып, Биғазы үрлей береді. Толық үрленген қойдың терісін қасапшы қайырыла салып, оп-оңай сыпырып жібереді де, ішек-қарнын теріге ақтарып тастап, ілгекке тағы іле қояды. Семіз ет желмен көбіктенген соң тіпті семіз көрініп, көз біткенді өзіне
Бір қой бауыздалған сайын осылай бір қиналып, боз аязда да маңдай тері бұрқырап кететін Биғазының күреңітіп ісінген жүзіне қарап мен отырамын.
– Басың айналды ма? – деп сұраймын ақырын ғана, – асықпай үрлесеңші!
– Асықпауға бола ма, ілулі еті қазір-ақ бітеді. Үрлеуден қиналмаймын! – деп Биғазы менің көңілімді жұбатады. Ішек-қарынды бас-сираққа қосып жиыстырып қояды да, терідегі бізге тиесілі "бөстірмені" ойып менің дорбама салады. Оған ұйқы, шажырқай бездері мен көк бауыр қосылған соң-ақ жолға түсемін. Өзі тағы бірдемелерін көтеріп қожайын үйіне асыға жөнеледі: онда таситын суы мен жағатын оты бар ғой.
"Биғазының жалақысын" әр күні осылай арқалап қайтып жүрдім. Бұл біздің тұрмысымызға қарағанда аз табыс емес еді. "Мұндай бездерді біздің ең күштіміз де таба алмай, тіпті өзі итке без болып желініп қалды ғой, дариға!" Менің үйге қайтқанда көтере алмай ауырлап қайтатыным осы қайғы болды. Ең үлкен сүйенішіміз еңбектеп кіріп-шығып жүр. Түрегеп тұрғанда біз шалқая қарайтын ағамыздың үйден бауырымен жылжып шыға келгенде аяғымыздың астынан көрінуі "жүрегімізді" мыжитын өте аянышты хал болды.
Күндіз төрт көшеге барып, сыпы үстінде қайнаған базардың төбесінен қарап отырғанымда да сол елестеп, өзім де табан астында жатқандай жаншылып отырамын. Сыпының алдында елегендегі қойдың қанын аңдып бірнеше ит жатады. Сыпының үстінде бездер мен қойдың таңын аңдып мен отырамын. Менен кішілеу балалар да сөмкесін көтеріп, оқудан қайтып бара жатады. Олар адам сияқты, мен де өзімді адам сияқты көремін. Бірақ, олар без бен қанға қарамайды. Ал мен соған телміріп, соны бағып отырамын. Сол адам замандастарымнан менің айырмашылығым өте зор сияқты. Олар балаша жайнаң қағып, ойнақ салып, бірін–бірі қуаласып өтеді. Мен қаннан басқаға қарамайтын кәрі бұралқы ит сияқтымын.
Бұл телміруімді қойып, мен де сөмке асынсам, молданың ақысын төлей алатын, мені қағаз-қарындашпен қамдай алатын қуат әкемде болса, жеті шақырым былай тұрсын, он төрт шақырым жерден болса да мектепке осылардан бұрынырық жетер едім ғой! Теңелу ғана емес, алдыларына түсіп кетер едім ғой, амал қанша. Маған ондай күн қайда, мен емес, тіпті жігіт болып қалған мына Биғазы самсаған базарда бауыздалған қойдың шабын сүйгендей не істеп отыр! Мен оқушыларды көріп, қиялдауға мұрса тауып отырыппын. Оның қарап қоюға да мұрсасы жоқ, үрлеген қойынша өзінің де ісіп-кеуіп, күп-күрең болып отырғанын көресің!.. Жігіт ағасы болып қалған Бигелді не күйде! Енді қартайғанда әкеміз жалшылық іздеп, сенделіп жүрмей ме, мен кімге теңеле алармын?
Сыпының қарсы жағындағы асхананың манты қасқаны көтерілді. Жағымды иіс бүкіл базарды аңқытады. Тарелкелерге манты салатын аспаз тым екпіндетіп, секірте-секірте санайды.
– Яуп, иман ағзам.. Яқ манты, яқ манты!.. Бес манты, сегіз манты, он төрт манты!
– Я, Қайролла! – деп ол мантыға біздің қасапшы да үн қоса ұмтылады.
Азан-қазан базарда оған Биғазы екеуміз сияқтылар қарамайды. Қарамайтынымыз, дәмеленуге дәрменіміз жоқ. Ұзын жырық етек шапанды, сәнді шляпалы "Шәңсың" "Жаңгүдейлер де" оған қарамай өтіп жатады. Олардың қарамайтындары дәрмендері тым жоғары, жүректері кілкіп айнитындай тыжырына, тәкаппарлана басады аяқтарын.
Біздің алдымыздан шығыс жаққа қарай "Қытай көшесі" басталатын. "Саңлибай жаңгүдейі қайсысы екен?!" "Шұнақ жаңгүдейі қайсысы екен?!" деп мен оларға сүзіле қараймын. Қызыл асығын қара жібекпен таңып, ешкінің сыбырлағындай ғана шүберек кебіс киген ши аяқ тәйтәйлар менің көзімді көп тартып өтеді. Іркілдеген жуан денелерді шидей жіліншік қайтіп көтереді екен деп қараймын. «Қаз-қазға» жаңа келген баладай, аяғын апыл–тапыл басқанымен, алшаңдаған кеудесі тым көтеріңкі.
"Сол жаңгүдейлердің" "бірінің тәйтәйі ме екен" деп оларға да түйіле қараймын.
Былтырғы дүнген соғысының соңында "Сандуа" деп аты шыққан "жаңгүдей", жоғарғы шаңқу қоржасындағы қазақ жалшыларының жиырма шақтысын бір жер үйге қамапты да, өртеп жіберіпті, оның да негізгі үйі осы "Қытай көшесінде" деп еститінмін. Сол қанішерді де көргім келіп, Биғазыдан сұрай отырамын. Ол ешқайсысын танымайды екен. Бір күні менің дорбама Биғазының "жалақысы" түсіп, енді қайтайын деп отырғанымда, бетін түбіт салымен тұмшалап алған, қоңыр пальтолы, құрым етікті бір әйел сол көшеден шықты. Біздің алдымыздан өтіп барып тұра қалды да, бізге қарай бұрылды. Биғазы мен маған қарай берді. Салысын саңылаулап қараған қап-қара сыңар көзінен басқа жүзін көре алмадық та, тани алмадық. Бетін перделеп иә, осылай тұмшалап жүретін ұйғыр әйелдерінің салтына қанған біз бұл әйелдің мұншалық тұмшалануына таңданбасақ та, қалың адамның ішінен бізді танығандай болуына таңдандық. Биғазыға жақын келді.
– Кімнің баласысыңдар?! – деп сұрады ақырын ғана. Биғазы да жауабын күбірлей қайтарды:
– Жаппардың баласымыз.
Биғазыға сыбырлай сөйлеп, әйел бір жайды түсіндіргендей болып еді, Биғазы мені көрсетіп бірдеме айтты. Әйел жебей басып, төрт көшенің батыс көшесіне шыға жөнелді.
– Анау біздің әпкеміз екен, – деді Биғазы маған, – біздің үйді іздеп шығыпты. Сені үлкен мешіттің алдынан тосады, сен оның алдынан өт те қарамай жүре бер, қатты жүріп адастырып кетпе, артыңнан еріп отырады. Қаладан шыққан соң тосып бірге кетіңдер!
Мен дорбамды қолтықтап артынан қуа жөнелдім. Мешіттің алдына әйел тұрмайтын болған соң өтіп барып тоқтаған екен, аязға шыдамағаны ма, әлде асыққаны ма, тықыршып тұрғаны байқалды. Мен бір қарап қойып алдынан өттім де, жеделдете жөнелдім. Анда-санда ойын қысып бара жатқандай мұзды жерге тұра қаламын да шыр көбелек айналамын. Бейтаныс әпкемнің көз жазып қалмағанын байқап жүріп қаладан ұзаңқырап шыққан соң тосып алдым. Адамсыз жолға шыққан соң ол да тұмшалануын қойып, салысын желкесіне түсіріп алыпты. Мөп-мөлдір қара көзді, аққұба жүзді, жап-жас сұлу келіншек екен. Бірақ, жып-жылтыр қара шашы желкесінен қытайша шорт қиылыпты. Таңданып, көзімнің астымен қарай бердім. Көзі жасаурап ол да менен көз алмай келеді.
– Сен Биғабілмісің? – деп күлімсірей келіп, малақайымды алды да, бағдарлай қарап маңдайымнан сипады. Мен тұқыра түстім. Малақайымды қайта кигізе жалғады сөзін, – мені танымайсың ғой, сені апыл-тапыл басып жүргеніңде көргенмін. Жүр, тезірек жүріп кетейік! Ол кезде мен он бір жаста болатынмын. Дүйсенбай аға кездесіп айтпаған болса мен де танымаған болар едім!..
Шаралы көзіне іркілген тұп-тұнық жасын қос-қостан ыршытып жіберіп, алдыма түсе жөнелді ол. Өзінің көп заманнан бері үй ішіне қарағандай, аспан астында қар жамылған кең даланы түгел шолып, "дөдегесіне де", "шаңырағына да" қарап келеді. Кеудесін керіп, тынысын кең-кең алғаны байқалады. Түстен ауып кеткен ашық күн шыңылтыр аяз еді. Пальтосының түймесін ағытып, алқымын да ашып тастады. Сағынышты кең даланы құшағына сыйғыза алмағандай құмарта қарайды жан-жағына. Қыс күндері аяқ киімінің жоқтығынан үйден көп шыға алмай, ілуде бір шыға келгенімде мен де маңайыма осылай қараушы едім ғой. Бұл да үйде көп қамалған сияқты деп ойладым!.. "Шашын неге қиды екен?"
– Үйлеріңе енді қанша жер қалды? – деп ол маған жалт бұрылды.
Ішінен кигені иығы мен қабырғасынан түймеленетін қытайша мақталы шапан екенін көрдім.
– Әне, алдымыздағы қос теректі қоржа.
– Жақын екен ғой!.. Анау, арғы жоғарғы жақтағы қалың терек кімнің қоржасы?
– Шордың Исасыныкі дейді, ол да дүнген.
– Сендер тұрған қоржада қытай бар ма?– деп дауысын бәсеңдете сұрады. Мен Жұмақұн деген дүнген мен оның шешесінен басқасы ыңғай қазақ екенін айттым. «Бір жаңгүдейдің қамауынан қашып шықтың ба, тәте?» деп сұрай жаздап тоқтап қалып едім, тұспалымның дұрыс екені көп өтпей анықталды.
Әпекемнің кеңесі бойынша, жалғызаяқ жолмен бұрыла жүріп үйге сырт жағынан айналып барып кірдік. Орнынан аңыра қарап тұрды шешем.
– Жарығым-ау, Дәмешпісің?!
Үйге кіре солқылдаған әпкем үн сала жылап жіберді де, шешемді бас салды.
– Мен, апа... Мен... Дәмешіңмін!..
Оның шорт қиылған шашын сылап, бауырына баса жылады шешем. Сәл сұңғақтау келіншек құшақққа кішкене балаша кірді де, шешемнің омырауын иіскей еңіреді.
– Жарығым-ау, қайдан шыға келдің?"
Әкемнің бөлесі Әбдірахман дегеннің қызы екен. Әбдірахман бізден бұрын 1931 жылы Шәуешекке келе салып қайтыс болыпты да, әйелі екі кішкене ұлын асырай алмаған соң, естияр қызын үш ағаш бидай мен біраз ақшаға сатыпты. Алғашқы сатып алған кісі Шәуешектегі бір кәрі қытай екен. Дөрбілжінге жаңа келген тияңжыңдық жас саудагерге іле-шала ұзатып беріп жіберіпті. Содан бері Дөрбілжіннің бір тұйық көшесіндегі кішкене қорада қамаулы екен. Бір күні сол қорадан бөрене алуға кірген туысымыз – Дүйсенбайдан әркімді сұрастырып "Жаппардың Дөрбілжінге көшіп келгенін, қазір бір баласының төр көшедегі қасапшыға көмектесіп тұратынын" естіпті. Екі-үш күн өткен соң еріне көрсетпей бір ұйғыр кемпірге етік пен пальто саттырып алыпты. Жырық шапаны мен шүберек кебісін соның үйіне тастап, ұйғыр әйелше тұмшаланып алыпты да жүре беріпті.
Кішкене кезінде ерекше сұлу бейнесі есте қалған екен, жұмыс таба алмай кеш қайтқан әкем де тани кетті.
– Япырмау, мынау Дәметкен бе?! Балам-ау, осында ма едің?! – деп келіп маңдайынан иіскеді. Әкемнің тізесіне басын қойып алып ұзақ жылады Дәмеш. Оның жай-күйін ұққаны бойынша шешем айтып берді.
– Апаң алдыңғы жылы Шәуешекте болатын, – деп күрсінді әкем. – Сені жоқтап, ол екеуміз бір жыласып алғанбыз. Сатқан "жаңгүдейіне" артыңнан бір іздеп барса, "қызыңды өзің ұрлап әкеттің, тауып бер!" деп өзінен даулапты. Залымдығын қарашы! Өзін әрең-әрең қоя беріпті сөйтіп. Әйтеуір аман, денсаулығы тәуір болатын. Сенің із-түзсіз жоғалып кеткеніңе ғана қайғырып жүр еді, аман екенсің. Қалай қуанар екен, шіркін, жылама, қарашығым, адамның басынан әрқандай іс өтеді. Мына күйеуіңе енді қайтып барғың келмесе, енді ешкімге көрінбей тұра тұр, апаңды мен іздестірейін.
– Қамаудан әрең қашып шығып отырса, енді қалай бара қойсын! Бірақ мына күйеуі жер көкті шарлайды ғой әлі! – деп өз қаупін қосты шешем, – қолдары ұзын ғой бұлардың, Шәуешекті де талай тінтер! Енді тапса, пәле сонда болады. Шашыңды мына көршілер де көрмесін, бет-шырайыңды өзгерте тұратын амал ізде.
Дәмеш әркімнен құрастырап қазақы киім алды да, ауру әйел кейпіне түсті. Оның қылмысы, әрине, оның бетінде ғой, Ілуішінде Жәмішке үйреткенім сияқты, қайдағы бір сүреңсіз сұр топырақты мен де тауып әкеліп, әпекемнің бас жағына үйіп қойып жүрдім.
– Осы үйге біреудің келе жатқаны білінсе бетіңе жағып ал, тәте! – деп әр күні базарға кетерде жалына аттанамын. Оныма Дәмеш те күледі, – аузыңды қисайтып алып, тыржия қой! – деймін тағы да.
Дәмештің айтуы бойынша, әкем Дөрбілжіннің шығыс жағындағы Маралсу деген жерге барып "Шашты" деп аталған "Жаңгүдейдің" шаупаңынан жұмыс тауып қайтты. Еркін жазылмаған аяғын сілтей басып, Бигелді жөнелді оған.
– Сасық арақ шығаратын жерде әкем істей алмайды ғой! – деп біраз демалуға көнбей кетті.
Жұмыс іздеуден қолы босаған әкем енді Дәмештің шешесін іздеуге қамданды. Шәуешек жақтан келген таныс біреу кездессе, сәлем айтып жібермекші еді, әуелі мені төрт көшеге апарып салып, көше аралап, екі-үш күн жүрді. Бір күні төрт көшеге енді кіре бергенімізде, бет-аузын әжім басқан бір ақ кемпірді көріп әкем айқай салды. Кемпір қиғаштап, Тарбағатайға қарай өрлейтін "Шәуешек көшесіне" өтіп бара жатыр еді.
– Қанипа, Қанипа! Қанипа, сенбісің? Тоқта!.. Аманбысың? – деп әкем ұмтылып барып қолынан ұстай алды.
– Жәкетай-ау, қайдан келдің?! Балаларың аман ба?
– Бәрі аман, – деп алқына күбірледі әкем, – ал өзің қайда жүрсің? Үйің қайда?
– Дөрбілжінге келгеніме екі жыл болды. Осы көшенің
басында бір сарттың үй жұмысына жалданғанмын. Соның бір ауыз үйінде отырмыз. Ұлымның үлкені де соның жұмысында. Дәмешімнен хабар-ошар болмай кеткен соң, Шәуешекте тұра алмадым! – деп жыламсырады Қанипа шеше. – Оны берген жеріме іздеп барған сайын қарсы дау күшейе берген соң кеттім..
– Жә, енді жылама, қайырмен болар!..
Ересектеу бір ханзу бала біздің қасымыздан кетпей теріс қараған бойы тұрып алып еді, әкем оған жалтақ-жалтақ қарап, Қанипаға ым қақты да, Биғазы тұрған пұшпаққа қарай беттеді. Ол балаға Қанипа да аң-таң болып қарап алды да, әкеммен қатарласып аяңдай сөйледі:
– Осы бір бала біраздан бері біз тұрған қораның алдынан кетпей қойып еді, енді қидиып артымда тұр ғой.
– Қашаннан бері? – деді әкем ақырын ғана.
– Жеті-сегіз күн болды.
– Олай болса, бұл аңдушы, сездіре көрме, апа, Дәмеш аман, табылды!
– А, не дейсің, Жәкетайым-ау!
– Даусыңды шығарма, жылама! Балаң аман! Біздің үйде.
Дір қақты ана, иегі тоқтамай селкілдеп бара жатқандықтан тісін тісіне басып алды, мен қайырылып байқасам, әлгі бала біздің артымыздан қарап тұр екен.
– Шын ба?! – деді Қанипа, қатты ашуланғандай әкеме тістене қарады, – өңім бе, түсім бе?!
– Анық өңің, сабыр сақта! Қазір үйіңе келмесең, аңдушы бар екен. Сен де бармай шыдап тұр!.. Анау қой үрлеп жатқан менің балам, танып ал, сол арқылы хабарласып тұрасың!.. Ал, өзің маған осы ашуланған қалпыңмен төмен жөнел де, із тастап үйіңе қайт, қамсыз бол!.. Қасап сыпысының алдында әкем қалды да, төмен қарай қалшылдап Қанипа жөнелді. Артынан баспалап бақылаушы да жөнелді. Оны көрсетіп қояйын деп едім, Биғазы үлпершектей талаурап қой үрлеп отыр. Әкем еңкейіп маған сыбырлады:
– Анау қытай бала үйге сенің артыңнан еріп бармасын, барар жеріңді көрмесін, сақ бол! Ол ілессе, сен адастырып басқа жақпен кет!
Мен басымды изедім де, сыпыға шықтым. Әкем көше айналып кете берді. Сұрғылт аспаннан аяз қылауы ұйытқып түсіп тұр еді. Ызғары желемік, лапас астын тінткендей суық қолын сумаң-сумаң жүгіртеді. Қанипа шеше бізге жылы жүзбен қарап қайта өтті. Сөйтсе де, тістеулі, қатпарлы ұрты бүлкілдеп, өте ширақ басып барады. Оның Дәмешті көрмей, тынши алмайтыны да, тамақ іше алмайтыны да, ұйықтай алмайтыны да белгілі сияқты. Сақтық үшін бізге қайырылып қарамай кетті. Соңында қырсық жүргенін біледі.
Міне, сол қырсық та өтті алдымыздан. Маған ызғармен анықтап қарап қойды. Маңайыма тімтініп, алақ-жұлақ етеді. Сұм көзіне әкем түспеді білем, біраз кідіріп, көшені түгел ақтарды да, жүгіре жөнелді. Қанипа шешенің артынан кетті. Япырмай Дәмештің шешесі екенін қайдан білген бұл сұмдар!.. Біле тұрып-ақ әудем жердегі анасын баласына, баласын анасына көрсетпей, мәңгіге айырып, мәңгіге зарлатпақ қой, неткен арам еді! Япырмай, бір шақырымнан аспайтын жерде тұрып-ақ, бір көруге зар болған ана мен бала бірінің-бірі тірі екенін де білмей зарыққан екен ғой!.. Ит саудагер Дәмешті тойған жерінде енесін ұмытып кететін күшікке санап, біраз жыл қамаса, мүлде ұмытып, көрсе де танымайды деп есептеген ғой!.. Енді айрылып қалысымен шешесінің есігін дәл тауып, баса қоюын қарашы. Дәмеш енді қолға түссе, апасын өмір бойына көре алмай кетеді ғой!.. Мен әлгі қырсықтың қараған қарасынан қауіптеніп, дорбама без түскенше тықыршыдым. Қанипа шеше мен соңындағы сол қырсықтың түр-сипатын Биғазыға айтып бердім де, дорбама бірдеме түсісімен жөнелдім.
Дәмеш бүгін өте көңілді екен, әкемнен естіпті, көзі де жалт-жұлт етеді. Шешесінің соңында жүрген аңдушының түрін толық айтып беріп едім, біле қойды: қамап иеленушінің осы жерде өскен ағасының ұлы екен!
– Қазақша тілді толық біледі, асқан қу, сені алдап сыр тартып жүрмесін! – деп қатты тапсырды Дәмеш. – Сенің осы қоржаның жолына түскеніңді көрсе қайда баратыныңды біле қояды.
Мен әр күні таңертең кетерімде бақылаушыдан сақтанатындығым жөнінде ант беріп жүрдім. Бақылаушы да баспалап мені маңайлап өтіп жүрді. Бір рет алыстан қарауылдап маған еріп те көрді. Мен "Жер Дөрбілжін" деп аталатын тозған дуал орнында сырғанақ теуіп жүрген балалардың қасына тұрып алдым да, ол өтіп кеткен соң Дүйсенбайдың үйіне барып біраз отырып шығып, төменгі жолмен кеттім.
Ертеңіне күндізгі мекеніме келгенде қасапшы столының астында жаңа ақ дорбалы буыншақтың тұрғанын көрдім. Биғазы оны Дәмешке кіші бауыры әкелгенін айтты:
– Әне, қарсы бұрышта тұрған сары бала сол, – деді, – сен қасына барып, тәтесінің жайын айтып берші, қатты сағынған екен, көзі боталап тұр.
Бойы дәл мендей, толық бетті, ақ сары бала қасына барғанымда маған ұмтыла түсіп, жымиып тұрып қалды. Мен не деп сөз бастарымды білмей кідірдім де, жеңінен ұстадым. Ол қолымның сыртынан ұстап мені аялағандай болды. Бар жүрегімен үзіле сағынған әпкесін аялағаны да, маған деген ең жақыншылығын бейнелегені де бұл.
– Дәмеш тәтең біздің үйде, аман!.. Мен соның қасында ұйықтаймын, сенің атын Бәйкен ғой, сол айтты маған, – дедім. Оның көзі жыпылық қақты, – жүр анау есіктің далдасына барып тұрайық!
Бір-біріміздің қолымыздан айрылмай барып, төменгі жағымыздағы үлкен сауда дүкеннің қайырылған есігін далдаладық.
– Қандай, денсаулығы жақсы ма екен! – деп тақылдап сұрады менен.
– Өте әдемі, киімі де жақсы, бірақ біз ескі киім кигізіп қойдық. Біреу танып қойса қытай алып кетеді ғой, іздеп жүргендер бар екен. Сендерге бармады ма?
– Біз тұрған қораның алдында бір қытайлар жүретін болды. Біздің қожайын оларды ұрысып қуалады. Сонда да алыстан байқап жүр. Мен артқы есіктен алып шығып бір дорба әкеліп қойдым. Ішінде хат та бар, сен тәтеме апарып берші!..
– Мақұл, мен ешкімге білдірмей әкете аламын. Менің артымнан да бір баласы еріп жүр, мен адастырып басқа жаққа кетемін! Сен барып тәтеңді көргің келе ме?
Бәйкеннің көзінен жас бұршақтап ала жөнелді. Менің ернім дірілдеп еріксіз қисайып кетті де, теріс қарап алып солқылдап едім, ол қалшылдап кетті. Тұншығып, қыстығып өксіді.
– Сенімен бірге барып көрейін десем, апам жібермейді, – дегенде үні қаттырақ шығып қалды. Біздің мұнымызды көріп, қарсы бұрыштағы Биғазы да көзін сүртті. "Қайт" дегендей ишарамен маған қолын бұлғады.
– Кейінірек ертіп апарамын, – деп мен жөнелдім де, көзін сүрткіштеп Бәйкен қайтты.
Біз тұрған қалтарыстың қарсы жағында бір қазақ жігіті тұр екен.
– Үй, мына балалар не ғып жылап жүр?!
– Ей, бала, біреу тиісті ме? – деп маған үңіле қарады.
– Жоқ... Әншейін!..
– Әншейін жылай ма екен?!
Мен жауапсыз ширап, күлімсірегендей өттім де, сыпыға шығып алдым.
"Тергеушім", екі қасқыр кездессе, ыржаңдаспай қоймайды. Олар иенде ыржаңдасады ғой, біз қайнаған қан базарда, қалың адам арасында ыржаңдасып алдық. Сөйтіп, қасқырдан да өнерлірек қылмысты екенімізді көрсеттік білем, расында да солай емеспіз бе? Қасқыр ілуде бірі болмаса, адам ұрлай ала ма? Біз жай адамды емес, тіпті бар көзге түсетін айдай сұлу қылмыскерді ұрлаған қылмысты болдық қой. Біз ыржаңдаспай, кім ыржаңдассын. Соңымызда қуғыншы жүрсе де ыржаңдастық. Қылмысы асқан сайын ыржаңдап, аузы ашыла түспеген қылмысты алдағы уақытта зор қылмыстың үлкен шебері бола алар ма? Бұл – менің қылмысқа сол кезде-ақ барынша дәніккендігімді көрсетеді.
ІІ
Бұл қысты мен базарға ашық келіп, жасырын қайтып жүріп өткіздім. Соңымнан сол барлаушы ғана емес, қара көрінсе қашып, басқа жолмен айналып қайтып жүрдім. Қашқын Дәмештің ізі суый келе оған шешесін де, Бәйкенді де ерте келіп көрістірдім. Оларды жыластырдым да, күлістірдім де. Жазғытұрым қар кетіп, жер қарая келе Дәмеш менің тапқан төте жолыммен кештетіп үйіне де барып жүрді. Дәмештің өз үйі тұрақ болмайтын нысай байқалды.
Панасыз гүлге пәле көп, ол үйдің қожаларынан да Дәмештің бетіне үңілуші-қызығушы шықты. Шешесі оны "жамағайын туыстың қызы, күйеуі бар" деп жариялап қойыпты. Сөйтсе де, соқтықпалы рай байқалған соң Дәмеш үйіне тым сирек барып қайтатын болды. Саудагер "жаңгүдейдің" торушыларының да толастамауы анық еді. Қызығушысы көп мұндай қылмыстыға түрмеден басқа орын қайдан табылады? Сондықтан әкем, өзіміз сияқты шеткірек қонған қалтқысыз туыстардан қауіпсіз қуыстар тауып, орын ауыстыра қамады.
Екі үйлі жанға бір ауыз үй тарлық етіп, сұлу қылмыстымызды қыспай қамау қолымыздан келмей жүр еді. "Ағылық" көшесінде екі қора жайы бар Шерік дейтін момын ұйғырдың ескілікті аурулы кемпірі әкеме тамырын ұстатып, дәріленбекші болыпты да, Еміл жағасындағы ескі қорасынан екі ауыз үй беріпті. Пәтерге ыңғай өзіміз сияқты қазақтар орналасқан кедей қолды кең қораға біз дереу көшіп орналаса қойдық.
Бұл бізге өте қызығарлық тұрақ болды, қызығарлығы – қызу жұмыс басталған жер екен. Тасжол құрылысы мен Емілге салынатын көпір жұмысы басталыпты да, маңайының бәрі жұмысшылар тұрағына айналыпты. Байлар мен "жаңгүдейлерден" аулағырақ, еңбекшілер еңсе көтеріп жүре алатын өз әлінше думанды көше болып шықты.
Бұл көшеде қырсық борату қолынан келерлік үлкен қожа – жол құрылысының бастығы, салбыраған ұзын бурыл мұртты, қара шұбар Құсайын атты егде адам екен. Әйелі мен жалғыз қызы – нағыз қазақ. Атымен кейбір сөз алысы – татар. Бет әлпеті – өзбек. Артық ауыз, ұсақ-түйек ғайбатпен жұмысы жоқ, айтарын шорт айта салатын мінезіне, жүріс-тұрыс әрекетіне, байсалдылығына, үн-әуеніне қарағанда орыс дәстүрлі, жұмысшыларға бір қалыпты, тең қарайтын қарапайым бастықтың қырсық-қырыстық атаулымен сыбайластығы жоқ екені белгілі бола қалды. Үйі біз түскен ауланың дәл алдындағы жол құрылысы кеңсесінде екен. Әкеме әйелінің науқасын қаратып, бізбен байланыса кетті ол.
Сөйтіп, бақылаушылар мен шолғыншылар еркін тіміскілей алмайтын жерге келгенімізді білдік те, Дәмешті оншалық тұмшаламай "ауру көрсете келген жиеніміз" деп кеңірек түрмеледік. Сұлулықтың қылмыстысы бұл жерде де көз тартқанымен, бұл көздер сұқ көзден емес, сойқансыз көздер болғандықтан, суық сезінбедік. Оның үстіне, тасжол жұмысшылары арасында да, Емілдің арғы-бергі жағалауынан да туыс-жекжаттарымыз көп табылды. Тұрмысымыз өте тапшы болғанымен, туысымыз өте тапшы емес. Іргелі елімізге қосылғандай өгейлік сезініп, селкілдей бермейтін болдық.
Дымды жерде қалып шіріген бір уыс талқан мен көгерген бір екі момы көтеріп Бигелді келді бір күні. "Жаңгүдейіне" көрсетіп тұрмыстарын жақсартып тұруды талап етуге келіпті. Ауыр жұмыс пен ащы талқан мүлде титықтатыпты өзін, үні де бітіп сыбырлап қалған екен. Шаупаңдағы жұмысшылар талаптарын жеткізу үшін жұмысты жақсы істеп көзге түскен Бигелдінің халін көрсін деп, "бетке ұстар" ретінде әдейі сайлап жіберіпті.
"Шашты жаңгүдейдің" сәулетті ауласына ағамыз мені ерте барды. Бір күтуші әйел алдымен "жаңгүдейге" хабарлай кірді де, қайтып шығып бізге есігін көрсетті. Кеңсе сияқты мәутілі бірнеше стол, шкаф, алтын потолмен гүлденген кантра меш, жібек перделі үлкен-үлкен терезе түсті көзіме. Үш-төрт "Шәнсіңнің" төр жағында, қара көк костюмді, майланып бір жағына жыға таралған жылтыр қара шашты, семізше ақ ханзу отыр. "Шашты" осы екен. Бигелді ескі шүберек белбеуінен ханзуша жазылған арыз қағазын алып, соған ұсынды. Ескі қағазға оралған шірік нан мен сасық талқанды үстеліне апарып жайды да, шегініп келіп орнына тұрды. "Жаңгүдей" өзінің бергізіп жүрген тамағына көзінің қырымен қарай бере тыжырынып қалып, қолын сілтеді. "Әкет" дегені еді.
– Сіздің өзіңіз көрсін деп жұмысшылар беріп жіберді! – деп сыбырлады Бигелді, – татып көріңізші, адам жеп жүрген тамақ қой!
– Ал деген соң, ал! – деді таяу отырған бір "шәңсің", – көрсеттің, болды!
Бигелді қайта барып қойған нәрселерін жиып алды да, пештің есігі жақ іргесіне әкеліп тастай салды. "Жаңгүдей" суық тәкаппарлығын өзіндегі бар сыпайлығына әрең сыйдырғандай кердиіп, қазақша бір сыдырғы үнмен сұрады:
– Атың кім?.. Мұнда сені кім жіберді?
– Атым Бигелді, мені осы арызға қол қойған жұмысшылар жіберді. Бәріміз ауырып қалдық, ахуалымызды айт деп жіберді. – Сені жақсы деп еді, ең бұзығы сен екенсің, ә!..
– Жоқ, жаңгүдей, мен бұзық емес, мына тамақ бұзық! Бәрімізді қыратын болған соң әкелдім!
– Мына қағазды кім жазды?
– Жабыла жалынып, жолдан өтіп бара жатқан біреуге жаздырдық.
– Өтірік сөз, кімнің жазуы екенін білемін, оны мен тексерім!.. Сен барып істей бер! Мына астық бітпей, жаңа астық берілмейді!
– Олай болса, мен істей алмайды екенмін, ауырып қалдым. Менің ақымның қалғанын бергізіңіз!
"Жаңгүдей" аяқ жақтағы "шәңсісіне" ым қақты да, жұдырығын столға түйіп қалып, шығып жүре берді. Тізімін ашып, есеп–шотын екі-үш рет қағып тастаған "шәңсің" екі сәрі беріп бізді жөнелтті.
Бигелді жалданған шаупаңның бергі жағында – Ақсуда оның жұмыс істесін көріп жүрген Малың дейтін шағын жер иесі хұйзу жолдан сөйлесе кетіп: "Жылдық ақыңа екі ағаш борми, бір ағаш бидай егіп беремін, маған тұр!" деп жабысты Бигелдіге. Тасжол жұмысының айлық ақысынан сол егінді тиімді көрген Бигелді соған барып жалданды. Оның жайлы орын тапқанын артынан білдік.
Бірақ, Биғазы жалданған Рузы қасапшы құмар ойнап, бір-ақ түнде құри ұтылыпты да, үй мүлкін де беріп құтылыпты. Өз құйрығынан айырылған қасапшыдан енді "бос түрме" табылар ма, жас тоқалы да басын ашып кетпекші болып жатқанда, Биғазы бұрынырақ шығып қайтып келді, сөйтіп жол құрылысына жарты еңбек күш болып орналасты.
"Әр ұлттың өз тіл жазуында мектеп ашылады" деген сөз мені елеңдетіп еді де, артынан "оқытушылардың еңбекақысы да, мектеп отыны да оқушылардан алынады екен" деген бір хабар қайғы болып орнай қалды. Мектеп шығындарын төлеп оқуды былай қойғанда, мына тұрмыста қағаз, қарындаш тауып оқу да мүшкіл еді. Он жастағы мені оқыту үшін, тоғыз жастағы Биғаділ кеудесін қақты.
– Қырау, отынды мен таптым, боқ тереміз, оны апам тапалайды, үйге де жағамыз, сенің мектебіңе де береміз! Оның жігерін шешем қостай кетіп, толықтыра түсті:
– Және маңайдан лақ, бұзау жиып берейін, күзге дейін соны өзің бақ! Молданың "жұмалығына" содан бірдеме құралып қалар!
Сөйтіп, мен кәрі кәсібімді қайта таптым. Емілдің көк жасаңы Ілушіндегідей отты еді. Мұнда да лақшы, бұзаушы көп екен. Олардың көбі өзім теңдес "қаңғыған қазақтың" баласы. Тіндәй сияқты зорекер қожайын бұл арада кезіге қоймады, ойын үшін ұйғыр балалар да келіп жүрді қасымызға, олардан бізге оншалық астамдық көрінбеді. Ондайлардың көрінбеуін мен алғашында "біздің көптігімізден" деп ойлап едім, кейінірек одан басқа да жаңалық жағдай бар екенін байқадым.
Бізден ересектеу, Үсен атты бір ұйғыр бала біздің "сарт" деп шақыруымызға шақшия қалды бір күні:
– Сарт демеңдер! Екінші олай айтсаңдар, гуңжуге айдап апарып қаматамын!
Менің достарым күлісе жауап қатты оған:
– Сартты "сарт" демей енді "шарт" деп айтайық па?! Бізді "қазақ" деп шақырсаңдар оған біз намыстанбаймыз ғой!
– "Сарт" қып туғызған әкеңнен көрмей, бізге неге шақшиясың?!
– Біз сендерді "қаңғыған қазақ", "қалендыр қазақ", "қоңқабай" дегендеріңе де көніп келеміз ғой.
– "Сарт" деген аттарың бастарыңа сарт ете түсетін тас емес қой. – Бұл сөздерге Үсеннің өзі де күлді. Ол бізден гөрі сауатты семьяның ескіше болса да оқып жүрген баласы екен, бізге анықтап түсінік берді:
– "Сарт", "қытай", "қоңқузы", "Қоңқабай" деген атаулардың бәрі де қорлау үшін шығарылған. Оған қазір «Гұңанжүй» (КГБ) қатты тыйым салып жатыр. Шың Дубан атамыздың шығарған алты саясатының біреуі – "ұлттар теңдігін" орнату. Енді он төрт ұлт тең болады, бірін–бірі қорламайды. "Ұйғыр", "қазақ", "ханзу", "манжу" өз атымен аталады.
Шың Сысайдың "алты ұлы саясатын" мен тұңғыш осы рет естіп, аңқиып қалыппын. "Алты саясатты" жаттап алыпты өзі, саусақпен бір-бірден санап айтып берді. Бұлардың ішінде мені ойландырмай-ақ түсінікті болғаны – "Совет Одағымен дос болу" деген екіншісі. "Өзі Совет Одағының жәрдемімен үкімет болған, досы емес пе" деп түйе салдым. "Енді мектепте Совет Одағындағы сияқты өкімет шығынымен оқытса екен!" деген үміт-тілеу қосыла қалды оған. Шашты "жаңгүдейдің" жауыздықты шауиеше ақыраңдамай, "жұмсақ" қана жүргізуі де, жол құрылысына Құсайынның бастық болуы да осы саясаттың салдары екенін байқағандаймын.
Тілеуім ол жылы да қабыл болмай, қыс бойы бізге көршілес, бір қаридың үйінде жүгініп құран жаттап шықтым. Менің оқи алуыма 1936 жылдың күзінде ғана мұрсат болды. "Қазақ мектебі" атына "Шәуешек көшесінде" мешіттің ауласынан екі ауыз үй, Төрт көшенің батыс жақ аузындағы жесір қатынның тап–тар ауласынан бір ауыз үй беріліпті. Мен сол жесір қатынның үйіндегі "бөлімше мектепке" түстім. Бір-екі жылдан бері татарша, ұйғырша-қазақша аралас тілде оқып жүрген ауқатты семья балалары мешіт үйіндегі негізгі мектепке қабылданыпты. Олардың мұғалімдері де әдемі киінген, ыңғай сұлу мұрттылар екен. Ал бізді оқытуға бөлінген мұғалім мен бір молда сүмірейінкілеу, өздерінің жалба-жұлба қораш оқушыларына лайық қораш мұғалімдер болып көрінді. Қораш болмаса "тілашары" мен "жұмалығы" жарытымсыз, ыңғай қораштардың балаларын оқытуға бөліне ме, негізгі мектептің оқушылары біздің мектептің алдынан тұмсықтарын көтере өтеді. "Диуана мектебі" деп қорлай өтеді.
Мен сол "диуана мектептің" сынауына үш күнде-ақ толдым да, бірінші кластан екінші класс қатарына көштім. Екінші кластың міндеттісі – Атабай дейтін мұғалім екен. Ана тілі мен есеп сабағын екі класқа да сол кісі беретін. "Байтұрсынов" емлесі маған бейтанысырақ болса да, дін сабағын бұрын біраз көргенімді байқап, өз класының орындығына отырғыза қойды ол. Нәбиолла атты молдамыз қынжылды оған:
– Бар тәуір шәкіртімді сен тартып әкете берсең, мені тотитады екенсің! – деп күлді.
– Осы бір бөлмеге отырған бар оқушы екеумізге ортақ емес пе, молдеке? Бірер айға жетпей-ақ қатарға қосылып кететін баланың алдын тоспаған жөн. Қайда отырса да дін сабағын сіз бересіз, "сенікі", "менікі" дегенді қоялық!..
Қытымыр екенін үш күнде білдіріп қойған молданың сабағын жақсы оқып жүрсем де, оған үрке қарап отыратын болдым. Ең қорқынышты белгісі – алға қарай итіне біткен шоқша қара сақалының сабағынан мүдірген шәкіртке ұмтыла қалтырайтындығы еді. Шәкірттер пешке жағуға әр күні қолтықтап келіп жүретін шидің ең ұзынынан іріктеп ширатқан өрме таяғын әмсе білеп отырып оқытатын. Ол: "Үй, дө…рыт аяқ!" деп қалғанда шәкірттердің бірі қайқаң ете түспейтіні қалмайтын. Өйтетіні, сол сөз шығысымен жуан өрме ши біреудің жауырынына шарт ете түсетіні, күн күркірегенде найзағай жарқылдағандай, бәріміздің арқамызға белгілі құбылыс еді.
Мен бұрын күннің күркіреуін "құдайдың ақыруы" деп түсінсем де, оның не деп "ақыратынын" ұқпайтындай болатынмын. "Тегі, құдай тағала да пенделеріне найзағай ойнатарда "өйт, дө.. ырт аяқ!" деп ақырады екен ғой! Деп ойлап, бұл тілді осы молдадан ұққандай сездім. Бірақ, күлкімен емес, тітіреп отырып "түсіндім". "Бір жауырынға шарт ете түскенде бар жауырын бүлкілдеп кетеді. "Найзағай" түсіп жатқан жаққа қарай алмай, бәріміз де бұғамыз. Мұнымызға Атабай мұғалім күлетін.
Бір күні менің алдымда емле жаздырып отырып, ақырын ғана сұрады ол:
– Сен де таяқ жеп пе едің?
– Жоқ, мені ұрмады.
– Онда неге дірілдеп отырсың?
– Білмеймін.
– Сен қорқақсың ба, ұялшақсың ба?
– Екеуі де, – деп мен тұқыра түстім. Мұғалім күліп жіберді:
– "Екеуі де" болып қалай күн көрмексің? Соның екеуі тұрмақ біреуі де болма, қорқарлық қылмысың болса, қорыққан жөн. Ұятты ісің болса, ұялу тіпті дұрыс. Ал, бекерге қорқа беретін болсаң, бір күні жүрегің қабынан шығып кетпей ме! Тектен текке ұяла берсең, өмір сүруге қабілетсіз ынжық боласың! Тұрмыс деген – күрес. Күресе білмесең күн көре алмайсың. Осы сөзді мен бәріңе айтамын! – деп мұғалім оқушылардың бәрін жағалата қарап шықты. – Қорқу да, ұялу да артық болып кетсе, жамандықтарың болады.
Екі-үш шәкіртін қатарынан шартылдатып өткен молда да бұл сөзді тыңдай қалып еді.
– Не бопты? – деп мұғалімге қарады.
– Сіз ана жаққа ақырғаныңызда, мына жақтағы балалар қалтырап жазуларын бұзып алды.
– "Тышқақтың арты өзіне аян", – деп күлді молда, – бұлар да ана үшеуінің ісін істеп отырған ғой. Өзара сөйлессеңдер, айтқанды тыңдамасаңдар, бәрің де ұстаз таяғынан құтыла алмайсыңдар, қорыққандарың жақсы!
– Молданың сабақ уақытында сөйлеспеңдер дегені дұрыс! – деп құптады мұғалім, – егер ұқпағандарың болса бізден сұраңдар! Сұраудан тартынбаңдар, түсіндіру біздің міндетіміз. Өз алдарыңа сөйлесіп кетсеңдер болмайды. – Күннің күркіреуіндегі әлгі бір мөлшерімді сұрап алғым келіп, молдаға қарай беріп едім, оған батылым жетпеді. Емле жазылып болысымен алдымдағы мұғалімге ұмтыла түсіп, ақырын ғана сұрадым:
– Мұғалім! – деп қалып едім, ол да ұмтылып, еңкейе тыңдады. – Күн күркірегенде "дөрт аяқ" деп күркірей ме?
– Не дейсің? – деп күлімсіреді мұғалім.
– Жазда күн күркірейді ғой, бірдеме деп ақырғандай естіледі ғой, сонда ол да "дөрт аяқ!" деп ақыра ма?
Мұғалім күліп алды да, аңыра қараған молдаға білдіргісі келгендей, күннің күркіреуін екі тасты бір-біріне ұрғанда шығатын дыбысқа ұқсатып түсінік берді.
– Оны кейін жаратылыс ғылымынан оқисың, – деді сонан соң, сөзін күбірге айналдырып жалғастырды, – бірақ молдаға мұндай сұрау қойма, мені мысқылдады деп түсінеді ол! Өзінің оқытып жатқан сабағынан білмей қалғаныңды ғана сұра!
Сөйтіп, мен бұл екі ұстаздың екі түрлі қалыптан шыққанын түсіне бастадым. Бұл жәйт "жұмалық" пен өздері көшіріп беретін оқулықтарының ақысын алуда айқын көрінді.
Әр бейсенбі күні әкелген тиын-тегеш жұмалығымызды молда шұқшия қарап, санап алады да, азырқанса бізге алара қарайды. Көзінің сондай ағын көріп қалған оқушы сабақ уақытында "су ми", "көзсіз", "ақпақұлақ" деп аталады да, сол күні оған "найзағай" көп түседі. Разы еткен оқушы маңдайы жарылып, "озып" шыға келеді.
Ал Атабай мұғалім санағаны былай тұрсын "жұмалыққа" қараудан да ұялады. Сондықтан, әкелгенімізді терезенің алдына қоя саламыз. Сабақ бітіп қайтар кезде қызарыңқырап барып жиып алады.
– Биылша осылай болды, балалар, – деді бір күні жиып алып жатып Атабай, – келер жылы үкімет ақысы шыққан соң бұл ұяттан құтылармыз!.. Қазір де молда екеуміздің айтарымыз: бізді разы етеміз деп ата–аналарыңды қинап қоймаңдар, шама шарқына қараңдар!
Мұғалім бұл сөзге келгенде сол молданың құйрығы қоныс таппай қипыжықтап кетті. Күле сөйлесе де күйе тойтарды:
– "Құдай берсе, қойныңа сал" дейді әпәндім, өзіміз жиып отырғанымыз емес, хукумат ал деп отыр ғой!.. Шәкірттердің тауанын қайтарма, бұлардан алмай кімнен аламыз.
Атабай мұғалім күлімсірей қарап сөйледі бізге:
– Молдекеңнің айтары әлі бар, балалар, қазір есіне түспей тұр, мен қосып қояйын "жоқты тап деген – кәпір" демекші бұл кісі.
– Иә, ол да бар ғой, бірақ, бір теңгесі жоқ ата-ана баласын оқуға бере ме, "барды жоқ деген – кәпір" деп алдымен айтылатын.
– Иә, ол да дұрыс, – деді мұғалім оған да күліп, – бірақ, "барға – қанағат, жоққа – салауат". Жұмалығың аз деп жұмаламаймыз, көп деп те көкке көтермейміз. Әйтеуір қайсысың жақсы оқысаң, бізге соның жақсы! Естуімізше, бейсенбі күннің жұмалығы үшін сейсенбі күннен бастап қыңқылдайтындарың бар екен, ол дұрыс емес. Бар болса әке-шеше өзі-ақ береді, бере алмай қалған күні үндемей жүре беріңдер! Оқыта білген молдаларың кешіре де біледі.
Оқуға уақытында түсе алмай, ақыл тоқтата келген өңшең естияр балалар масайрап жымиыса қарасты бір-біріне. Ширыққан молданың есіктен алдымен сақалы шыққанда ептеп күлісіп те алдық. Артынан ілесе шыққан Атабай мұғалімге молда ашуын білдірді:
– Әпәндім, "оқыта білген молда ақысыз да оқыта біледі" дедің бе ақырында! Жұтқыншағы жоқ, нан да жемейді деп қосуың ғана қалды ғой!..
Мұғалімнің күлкісі ғана естілді. Не деп жауап қайырып бара жатқанын ести алмай қалдық. Бірақ, дәл осы түйеше адымдап жүретін мол денелі, қызыл сары атандай Атабай болмаса, биыл да оқи алмайтындығымды түсіндім.
Расында да, осы ұстаз, өз жолында жүк қалдырмайтын нардай, молданың үлкен көмекейіне көлденең тұрып алған бөренедей көрінді бізге. Тері шалбары мен көнекөз қазақи күпісінің қыс бойы бір де ауыстырылмауынан тұрмыста қаншалық тапшы адам екендігі күнде мәлім бола тұра, ақша керек ететінін бір де көрсетпейді. Басқан жерлерінен құйын ойнатып, боран соқтыратын көп "дөрт аяқтың" арасында бір рет ашуланғанын да көрмеппін. Солай бола тұра сөзді тыңдатады ол. "Күн күркіреп", "найзағай жарқырап" тұрғанда да тәубесін ұмыта беретін тынышсыз "пенделер" Атабай мұғалім сабақ өткенде тып-тыныш отыратын болды. Сыйлау ғана емес, оны біз анамыздай аяймыз. "Жақсылықты білетін естияр оқушылар қасында отырған "есуасты" қабағымен иә, шынтағымен шектей салады". Сөзі де, жазуы да тайға таңба басқандай ап-анық, аз сөйлесе де нақ сөйлейтін осы алғашқы ұстаз зерегірек оқушыларға ғана емес, кейінірек бар оқушыға осындай аяулы болып кетті. Өзінің әрқандай оқушысына тең қарайтындығы әрқайсымызға терең әсер қалдырыпты.
Бойларына тоғытпайтын сұлу мұртты мұғалімдер, сол қыс аяқтай бере "диуана мектебіне" келгіштеп, біздің сабағымызды, өлеңімізді тыңдап кетіп жүрді де, "қораш" мұғалімімізді ортаға ала бастады. Артынан байқасақ, "негізгі мектепте" оқушылар айтатын ән-өлең жоқ екен. "Диуаналардан" соны үйреніп қайтуға келіп жүріпті. Қыстай үйренген төрт-бес өлеңіміздің әнін бізге айтқызып үйреніп, өлең сөзін мұғалімімізге жаздырып әкетті. Бәрі де Атабай мұғалімнің өзі шығарған өлеңдері екен.
Бір күні сұлу мұрттылардың үшеуі бір-ақ келді. Біреуі бізге сабақ өтіп, екеуі мұғаліміміздің екі жағына отырды. Үшеуі үш қарындаш ұстап күбірлесті де, үнсіз тұнжырап ұзақ отырысты. Екі жақтағы екеуі бір жазып, бір өшіріп, бастарын сипалай берді де, Атабай мұғалімнің астаудай басы бұрқырап кетті. Біз мүшкіл халге душар болғандықтарын білдік. Екі рет демалысқа шығып қайтып кіргенімізде бізге үнсіз отырып сабақ пысықтауды тапсырды да, төртеу болып күбірлесіп, жазғандарын талқыға салды. Бұл күні "дөрт аяқты" босырақ айтып, "найзағай" түсіре алмаған молдамыз да келіп, арттарынан қыдиып тұр еді.
– По!.. Бәрің өлең жазып, Абай болыпсыңдар ғой, – деп жымия тігілді.
– Жаңа үкімет Абай болмасымызға қоятын емес, молдеке! – деді Бірке атты кексе мұғалім, – он екінші апрель мерекесіне оқушылар тым болмаса бір күн кешке айтуға жететін ән керек екен. Мына сары атамның өркешіне келіп жабысып отырмыз, мақтау–алқау сөзіңіз болса мынаған біраз қосыңызшы, жеткізе алмай отырмыз!
– Жаратушы тәңірге де бір ауыз мақтау өлең шығара алмай жүргенде менен не шықсын! – деп сықылықтай күлді молда, – "қиссасіләмбия" мен "Бәдуамды" айт десең мен дайынмын!..
– Шыңдубан жанабына оныңызды қимайсыз ғой бірақ, – бір күлісіп алды да, өлеңдеріне қайта үңілісті олар.
– Сенің мынауың ауызға толымды сияқты, осыны басынан алайықшы! – деп Атабай мұғалім үлкенірек қағазға қайта реттеп, оқи көшірді:
"Данышпан көсем Шыңдубан,
Бостандық күнін туғызған..."
Молда бұған да бір сықылдап алды:
– Бәсе, сары атаныңыздың аузы толарлық қаңбақ табылмай ашығып отыр екен ғой!
– Молдаеке, балалардың сабағына қараңызшы! Біз тойып алып бір-ақ тұрамыз енді.
"Толымды мақтау", "толымсыз мақтау", "сиымды", "сиымсыз" десіп отырып, жазғандарының бәрін сыйғызған мұғалімдер, бір шумақтың үстінде ғана қағытпа пікірлер жүргізді.
"Жүз отыз қазақ баласын,
Оятып сезім-санасын,
Мектеп беріп оқытқан,
Керім Шиянжаң жасасын!"
– Мектепті бар ұлтқа Шыңдубан ашқызып отыр ғой, қазіргі қарайған, бар табысыңызды Дөрбілжіннің Керім Шияжаңына (әкім) ғана жазсақ, бұрмалағандық болып шықпасын?!
– Дубан жанабы мына жесір қатынды қайдан біледі! – деп молда төтелей соғып жіберді, осы Шиянжаң болмаса мешіттің анау үйі де, жесірлердің мына үйі де бізге биыл жоқ еді.
– Иә, ұлы данышпанның ұлы қамқорлығын бастан-ақ айтып келеміз ғой, мына кісінің еңбегі де қалмасын!
– Үлкен мектеп салғызып бергенде үлкен адамға арнап жазармыз, қазірше осылай тұрсын! Біреу көлденеңдеп мектебің қайсы десе, ұлы көсемге ұят болып қалар!
– Үй, осы мектеп жөнін айтып "жасасын" десек, мына кісі де ұялып жүрмесін, осы шумақ қалса қайтеді?!
– Жоқ, қалдырмайық! – деп күлімсіреді Атабай мұғалім, – ұялатын жәйт екенін білетін, қолынан келетін адамның ұялғаны пайдалы, қосалық! Бұл өзі біздің жай–күйімізді аян ететін шумақ. Балалардың несі кетеді, айта бермей ме! ––бұған бәрі күлді де, келісе қалды.
Шың Сысай өкіметі құрылған он екінші апрель мерекесін біз сол жылы осы өлеңмен құттықтап шықтық.
Алдымен "негізгі мектеп" оқушыларына қосылуға барып едік. Олар мерекеге біркелкі жаңа көк киім киіп дайындалыпты, бізбен бірге тізілуге намыстанып, "бөлек жүрсін!" деген күңкіл шығарды да, шулай жөнелді:
– Мұғалім Әбзи, аналардың киімі бір түрлі екен, бөлек жүрсін!
– Халпе әбзи, аяқтарын да бірдей алып жүре алмайды!
– Біздің тәртібімізді бұзады, молда Әбзи!
– Халпе әбзи, айырым мектеп қой, айырым жүрсін өздері!
– Қараңызшы, диуана сияқты, осылармен қайтып бірге жүре аламыз!
– "Диуана мектебі бізден аулақ жүрсін" Кет, пәлекет!.. Шайқы–бұрқы!..
Олардың мұғалімдері де күлісті бұл сөзге. Бәрі Атабай мұғалімді әжуалап тұрғандай көрінді. Мерекеге дайындаламыз деп ата–ананың мазасын алмауды айтқан сол кісі болатын: "жаңадан жаздық киім ала алатындарың мерекеге қарсы көк пұлдан алғызып киіңдер! Жаңадан ала алмайтындарың бұрынғы киімдеріңді жуғызып, жаматып кисеңдер де болар!" деп еді бізге. Мырза сабақтастарымыздың айбарына шыдамай біз де соған қарастық. Мұғаліміміз "еш оқасы жоқ" дегендей күлімсіреп қана, Исабек дейтін кәртең мұғалімге қарады. Мектеп бастығы сол кісі екен.
– Оқушыларымыздың халі осы!.. Жә, сіз не айтасыз? "Диуани мектебі" деген атпен "айырым", "аулақ" жүрейік пе?!.. Олай болса, қақпадағы мектеп туының біреуін бізге бере тұрсаңыз болғаны, біздің жігіттер де туысқансырай қоймас!
Исабек оқушыларының алдына келіп, ызбарлай қарап шықты.
– Сендерге айтарым, мектеп деп кім ұқтырды?.. "Диуана мектебі" дегенің қайсысың? Бұлар сендердің сабақтастарың! – деп ақырып жіберді Исабек, оқушылары жым-жырт бола қалды, – намыстанғандарың былай шық! – оқушыларынан ешкім шықпай қойған соң бізге қарады, – сендердің киімдерің ұқсамайды, мыналарға жалғасып, артына тізіліңдер! Егер енді бөлектейтіні болса, маған дереу мәлімдеңдер! Направ-во! Шагом... марш! – деп команда берді онан соң.
Ілушіндегі айбарлы Тіндайдың командасынан мына кісінің командасы жұмсақ та, ұғынықты естілді маған. Сонысы болмаса, сәулетті "армияның" артындағы шаңдай болып, көңілсіз ілестік. Лек-лек болып ағылған оқушы мен халық "Шәуешек көшесінің" басындағы "ұйғыр мектебінің" үлкен көшесіне қараған дарбазасы алдына келіп, сап-сабымен тұр екен. Қып-қызыл болып жасанған мереке сахнасы, керме тулар, "алты ұлы саясаты" бейнелейтін алты бұрышты жұлдыз сызылған қызыл тулар бүкіл көшеге қызыл дүние орнатып, қызыл нұр шашып тұрғандай көрінді. "Диуана мектебінің" оқушыларынан басқа адам біткен мәз-майрам. Ыңғай жақсы киінген жұрттың ішінде біз ғана диуана сияқты бұрынғыдан да жүдеп тұрдық, жамаулы қоңыр көйлек пен шоқпыт қара сымыма қараудан өзім ұялып, сахна жақтан көз алмай қойдым. Сонда да әлгі бір өлеңімізді әндетіп тұрдық. Әр ұлттық мектептер өз тілінде өлең айтып, ұрандатып–ұрарлатып кетті де, біздің өлеңіміз өзімізден басқаға естілмей қалды.
"Шиңжияң сөйлейді" деген сөз естілісімен сахнадан дөңгелек қара сақалды, жеңіл қара шұға пәлте-шляпалы, имек қара таяқ ұстаған келбетті бір ұйғыр көрінді.
Шатырлаған қол шапалаққа ол да қол шапалақпен жауап қайырып тұр.
– Дөрбілжінге жергілікті ұлттардан тұңғыш Шиянжаң болған осы кісі шығар?! – деп күбірледі Атабай мұғалім.
– Бұл кісі Совет Одағынан – Өзбектен келіпті, – деп оған қасындағы Бірке мұғалім жауап қайырды, Жиңшурын өкметіне қарсы төңкеріс кезінде Қожанияз қажыға ақылшы болып қосылған екен.
Керім Шиянжаңды бірінші рет көріп, көз алмай қарадым.
Ол көпшілікті аралай қарап, бір қолын кеудесіне қойды.
– Салам, халайық! Апрель байрамы мунасуаты білән хәммаңызларны тәбіркләймән!
Халықтың шатырлаған қол шапалағына қосыла көтерілген ұран ұзаққа созылып, дүркіреп кетті. Шиянжаң бір қолын көтеріп, үнсіз тұрып қалды да, жұрт алғысы саябырлаған соң сөзін жалғастыра жөнелді, ұзақ сөйледі.
Батыс түстік жақ алдымыздағы сахнаға қарап тұрған біздің бетімізді жарқыраған ыстық күн шыжғырып тұр. Желсіз тымырсық тұншықтырып бара жатыр. Сондықтан оқушылар күбірлесіп Шиянжаң сөзінен ұққандары бойынша "алты ұлы саясатты" бір-бірден құрап санай берді. "Жаһангерлікке қарсы тұру", "Совет Одағымен дос болу", "ұлттар теңдігін орнату", "парақорлықты жоғалту", "тыныштықты қорғау", "Шиянжаңды жаңаландыру" деп рет тәртібімен санап шықты бір ұзын бойлы оқушы.
– Өте данышпандық, әділ саясат, ә! – деп деді біреуі. Мұның "данышпандық" пен "әділдік" жағын түсінгенімен, "саясат" дегеннің не екенін де, бұлардың қайдан келгенін де түсінбейтін көпшілік жүрегін әйтеуір Шың Сысайға төсеп, қаужаңдаса түсті. Қаужаңдасақ та қаңсып, тіліміз аузымызға сыймай кеуіп бара жатыр едік.
– Қабыкен! – деді бір жас әйелдің дауысы, жеңіл киініп бетін қара салыммен перделеп алған Дәмеш екен, "шөлдедің бе?" деп бір бөтелке сүт ұстата салды да, жан қалтасынан үш-төрт жұмыртқа алып берді.
– Шөлдегем жоқ, тәте, қайтып кет! – деп сыбырладым мен.
Ол дереу бұрылып, оқушылардың арасынан шыға бергенде, алдынан сұр киімді бір сақшы тоса қалды. Не деп тосқаны да, Дәмештің не деп жауап қайырғаны да маған естілмеді. Сақшы "жүр" дегендей ишарамен оны ертіп әкете берді. Жүрегім арпалысып тыпырши қарадым артыма. Көп халықтың далдасынан көз жазып қалып, жүгіріп шетке шықтым. Төменгі жақтағы көшеде көлденең тартылған керме тудың астынан өтіп барады екен, Дәмештің артынан екі сақшы ілесіпті. Соңдарынан маңғазсып дөңгелек шляпалы біреу кетіп барады. Ол Дәмешті кейінгі сатып алып әйелденген "Жаңгүдей" болса керек. Тұтқын тоты торға мықтап түсіпті!.. Қалтырап кеттім. Жан-жағыма алақтай қарасам жақын таныстардан ешкім көрінбеп еді, көбі Дәмештің соңынан кетіп барады екен. Менің шешем де, Дәмештің өз шешесі де, Бәкен де, Биғаділ де, тіпті Биғайша да бар, көшенің екінші жақ шетімен тұтас жүріп барады. Бөрі көрген ешкідей елеңдеп, топтасып алыпты. Көзімнен жас шығып кетіпті. Жаңа ғана пысынап, ыстықтап, еріп тұрған денем енді тоңып бара жатқандай, тамызда аяз қақағандай бола қалды.
– "Ұлы көсеміміз Шыңдубан жасасын!" – деген ұран көтерілді. Шақыру бойынша мен барып өз орныма тұрдым. Қып-қызыл тулар желбіреп, жалаулар бұлғаңдап, көшеде жүріс салтанаты басталды. Ұрандар жер көкті жаңғыртып тұрды. Менің жүрегім әлем-тапырық, қызыл туларға қалтырай ілесіп, өлеңге де, ұранға да үнімді қалтырай қостым. Қолымдағы қызыл қағаз жалауым тіпті қалтырады.
"Тергеушім", Шынжаңда көтерілген алғашқы қызыл туға енді ілескен менің көңіл-күйім осылай болған. Тау сарымсағы: "тоғыз қабат торқаға оранған мен мына халге түскенде, жауқазын байқұс не күйде екен" депті. Сірне талшықты сарымсақ осы жанашырлықпен тітірегенде, ет бауырыммен мен қалай қалтырамаспын. Сақшы мен сатып алған қожаның алдында қашқын Дәмеш қандай күйге түсті екен?! "Қашқын күң" деп енді оны қалай тұншықтырар екен!.. Мәңгілік түрмеде сөнеді-ау сол нұр, мәңгіге солады-ау сол гүл!.. Сары ала, қара ала таудың астында үш ағаш бидайға сатылып, күңге айналған қайран Дәмеш енді жақсы саясат жаңғырыққанда жауланып, қызыл ту астында қылқынады-ау". Менің қылмысты диуана жүрегім осылай ойлаған да, осылай кемірілген. Жүректі қылмыс кеміреді, қылмыс мүжиді. Қылмысың болмаса бірыңғай киінген "әдемі сабақтастарым" "кет бәлекет, шайқы-бұрқы" деп қуалар ма еді. Өмірдің көркін, көңілдің сұрқын кетіретін – қылмыс қана.
ІІІ
Көше жүрісі тарқасымен сақшы мекемесіне қарай жүгірдім. Туыстас – тұқымдастардың көбі-ақ сол мекеменің айбынды қақпасы алдына жиналыпты. Екі босағада қақшиып алыпты. Дәмештің шешесінен басқа ешкімді кіргізбепті, қуалап қақпа маңына жолатпай тұр. Шляпалы "жаңгүдей" Дәмешті де, шешесін де қаматып кеткен көрінеді. Күн батқанша олар шықпады.
Біздің туыстардан сол кезде Дөрбілжінге атағы жайылған Құрышбек, Нұрасыл дейтін екі жігіт бар еді. Ерліктерімен ешкімге есесін жібере қоймайтын, өжеттіктерімен, шешендіктерімен олар "қос бөрі" аталыпты. Жұбын жазбай қосарлана жүретіндіктен "қос" болып аталған екеуі екі кәсіптің адамы. Құрышбек – құрылысшы, тамшы, Нұрасыл – ұсақ-түйек бұйым саудагері екен. Дөрбілжінге келіп қоныстанғалы екеуіне екі түрлі абырой бітіпті. Құрышбек үлкен байлардың ғана сауда дүкендерін, үкіметтің ғана қамба – түрмелерін жаратын "Жұрт сүйген ұры" болыпты да, Нұрасыл саудагер, ара түскіш адвокат болыпты. Сөйтіп бірі аудан ұрыларына "Құрекең" аталыпты да, бірі саудегерлерге "Нұрекең" аталыпты. Мен сақшы мекемесінің алдына келсем, сол екі дос екі түрлі пікір көтеріп отыр екен. Сақшыға екеуі де сыр мінез таныс болғандықтан қалпақтарын көздеріне баса киісіп алып, көшенің қақпаға қарсы шетінде, көпшілік арасында отыр.
– Іргесінен суырып әкетпесе, бұлар есігінен адам шығарушы ма еді, – дейді Құрекең, – қарындасты өзім-ақ шығарып апарамын, Жәке, – сіздің үйден сақшыға ешкім көрінбесін, қайтып кетіңіздер!
– Дәмешті іргеден шығарып әкетсең, шешесі түрмеде шірімей ме? – дейді Нұрасыл, – тіпті осы келген жанашыр-жақындарының бәрін бірақ қамаудан ерінбейді бұлар! Одан да Керім Шиянжаңға бәріміз қол қойып арыз кіргізелік! Осы үкімет уақытында үш ағаш бидайға сатылған жетімді жаңа үкімет құтқарар, ауыздары жақсы ғой!
Нұрасылдың бұл пікірін үлкендер қолдады да арыз жазуға кірісті. Қамалған Қанипа мен Дәмешке "Қорықпай мықты тұрсын" деп шай кіргізушілерден сәлем айтып қайтысты. Бір шетте жалғыз жылап отырған Бәкенді Биғаділ екеуміз үйге ертіп қайттық.
Құрышбек пен Нұрасыл арызды ұйғыр тілінде жыздырып, Дәмештің жанашыр жақындарынан басқа өз сыбайластарынан да, абырой аты бар дегендерінен жүз шақты адамның қолын қойғызып Шиянжаңға кіргізген екен.
– Мәселе жетім қыздың еріксіз матылып барғандығы ғана болса, шығартып берейін, – депті Шиянжаң, – әйелдер еркіндігі қорғалады, бірақ, бұл әйелде басқа бір үлкен күнә бар деп естідім: ерінің бар ақшасы мен бар алтынын алып кетіпті.
– Шиянжаң тақсыр, Жаңгүдейдің ол айтқаны – жала, – депті Нұрасыл, – бұл баланың оған әйел болып келгелі сандықтың кілті тұрмақ, есікке салынатын құлыптың кілтін де ұстап көрмегені анық. Сұмдықпен байыған саудагер екі жыл бойына айырым үйде қамалып жатқан тұтқын әйелге қазынасының кілтін ұстатып қоя ма! Екеуін де өз алдыңызға шақыртып, беттестіріп көріңізші!
– Көрейін, – депті Шиянжаң жылы жүзбен күлімсіреп, – біз де оған әлі толық сеніп кеткеніміз жоқ, тексереміз!
Екі-үш күн өткен соң істің ұлғая түскені байқалды. "Жаңгүдейлердің" де топталып Шиянжаң жамбылға кіргіштеп жүргенін байқаған қазақ саудагерлері Құрышбек пен Нұрасылға дем беріп топтала түсіпті. Ұйғырдың бай саудагерлерінен де бірнешеуін ертіп, Шиянжаңның алдына топ-топ болып кіріп жүріпті.
"Жаңгүдейлер" жағы "Дәмеш бұлап кетті" деп тізген алтын ақшаны молайтып жіберіпті.
«Әйел шығамын десе өз еркі, бірақ, ол алып кеткен алтын мен ақшамызды қайтарып беріп шықсын! "Әйел еркіндігі" деп бұлап кетуге жол берсек, саясатты дұрыс атқарғандық бола ма?» деп саясатшы "жаңгүдейлер" зіл тастапты Шиянжаңға. Дәмешті құтқаруды жақтаушылар да кем түспепті.
– Олардың жаласынан қорқып, жетім қызды күңдікке тағы байлап бере алмаймыз, алты саясатта адам ұрлап, малша матап, құлдана берсін деген статья жоқ шығар! Қарыс жердегі шешесін көрсетпей, екі жыл қамаған жауыз, оған алтын қазынасын көрсетіп пе!
– Жиңшурын уақытында күңдікке байланған қызды алтынның құлыбын былай қойып, тіпті өз басының құлыбын аша алмай зарлап, түрмеде жатқан жетім қызды енді жаламен зарлауына мұсылман баласы шыдай алмайды! – десіп шығыпты.
Шиянжаң қалыс, білікті деген адамдардан тексеру алқасын құрыпты да, қала Ханзуларының бір шаңиясы мен қала қазағының Күнтуған атты шаңиясын бастық етіп сайлапты. Бұл алқа алтын мен ақшаның ұрланған-ұрланбағынан анықтап, тексеру материялы мен өз шешімдерін Шиянжаңға жеткізбек екен.
Бір күні түстен кейін Қанипа шеше мен Дәмештің "ақырғы тергеуі" болып жатқанын естіп, мектептен қайтысымен Шиянжаң жамбылының алдына бардым. Жамбыл алды адамға толып кетіпті. Көбі қызынып даурығысып тұр. Дәмеш пен шешесін сақшы түрмеден әкеліп ішке кіргізіпті де, "адвокат, шешендеріміздің" ешқайсысын жолатпапты. Жамбыл қақпасының алдына көп сақшы қойылыпты, адамның көбейгендігінен қауіптенсе керек, биік дуал үстіндегі қарауыл орындарының бәрі сұп-сұры әскер.
– "Жаңгүдейлер" келсе, мына қабаған иттер үндемей кіргізе береді. Жесір қатын, жетім балаға ес болуға біздің де бір адамды неге кіргізбейді. "Ұлттар теңдігі дейтін" қайда?! – деп саңқылдады бір жігіт.
– Жалақорлардың бәрі жетім қызды бүйіше торлай түссін дейді ғой!
Құрышбек бір топ адаммен жекерек барып сөйлесіп отыр екен, мен солар жаққа бардым. Құрекең "құлып сиқыры" болып аты шыққан Қасен дейтін ұры досына бірдеме айтып отыр екен. Мен арт жақтарына барып тұрғанда көсе қара Қасен күле жауап қайырды:
– Құреке, ол бәрімізге ортақ қарындас қой. Екеуміз тірі тұрсақ оны қайдан болсақ та құтқара аламыз. Бірақ мына үкімет қалай бітірер екен, артынан бағалайық!
– Ұйғыр саудагерлерінің үш-төрті бұларға жақынырақ жерде сөйлесіп тұр еді. Олардың бір сөздері менің құлағымды жұлып әкеткендей болды:
– Қанша пұл болса да мен төлер едім! – деді қырма сақалдың бірі.
– Бек пәкіз бала екен, бұл үшін кеткен пұл халал!
Бұлардың сөзі қалжыңға ауып күлісіп алды да, күбірге көшті. Бір қақпаның дәл алдында тұрған Нұрасылды шақырды. Қаңсарлы келте танауын көтере Нұрасыл саудегерлерге күн сала қарады да қолын сілтей, ірі басып бері аяңдады.
Нұрасыл мұрнын қулана тыжырды да, көзін бір қысып қалып, байлардың қасына барды. Олар Нұрасылды ортаға алып, ауашаға әкетті.
Біздің елдестерден бес-алты шешен шал көшенің қарсы жағындағы балапан теректердің саясында отыр еді, Нұрасылды ортаға алған жаққа олар да қарады. Шалдардың қасында ауқатты қазақ саудагерлердің бірнешеуі отырғанын көріп, олардың сырт жағынан барып тұрдым. Шалдар құдалық сөйлескен жандарша астарлап, мақалдасып, желпініп отыр екен. Олар былай сөйлескенде мен түсіне алмай қалатынмын. Көзімнің астымен әрқайсысына бағдарлай қарап тұра бердім. Алдыңғы жылы Шәуешек тасжолында тұз ұрлаған Жолдыбай би барынша көсіле сөйлеп отыр. Ол Дәмештен дәмелі болған бір қырқылжың саудагерге дән риза сияқты. "Бірақ, мына тергеудің арты не болар екен, баламызға қандай кесім шығар екен, соны білейік" деді де маған жалт қарады.
– Е, сен екенсің ғой, әкең қайда, балам?
– Білмеймін,– дей салдым.
– Мұндай жерге Жәкең келсін бе, – деп кекей күлімсіреді біреуі, – ауру кемпірлердің қасында отырған шығар.
– Жәкеңнің мұнда келмегені де жақсы! – дей салды Қанас дейтін шоқша сары сақалды кісіміз, бұл былтыр бір қыс бірге отырған Жанастың ағасы еді. Әкемнің бұл жаққа келгелі, тұйықталып, момын болып кетуін ел адамдарынан осы кісі ғана құптайтынын білетінмін. "Бұл жерге келмеуі Дәмешті сыртынан сатпауы үшін де жақсы бопты!" деп ойлай жөнелдім.
Бәйкен жамбылдың қабырғасына сүйеніп, тағы да жалғыз мөлейіп отыр екен. Шақырайған ыстық күнге қарсы отырып қалғанын өзі сезбеген сияқты. Жалаңбас жақында ғана қырылған тақыр басы қып-қызыл болып күйіп кетсе де мизер емес.
– Апаң мен тәтеңді көрдің бе? – дедім қасына отыра беріп.
– Көрдім, – деп тұқыра түсті. Үнінен өксік білдірмейін дегендей, ақырын айтты.
– Жүдеп пе?
– Апам арықтап қалыпты.
– Тәтемнің беті ашық па екен?
– Ашық. Ол еш нәрсе болмаған секілді.
– Еш нәрсе болмайды, тез шығады! – дедім мен, өзім де анық сенгендей.
Бірақ басқа бір қауіпімді айтқым келмеді: "Жаңгүдей" саудагерлерден құтылса да, Жолдыбай саудагерлердің тағы біреуі сатып әкетеді-ау" деген күдік, сырттан саудаласып жатқандарды көрген соң мені мықтап шармап еді.
Қалың адам жапырласып, қақапаға қарай ұмтыла түсті бір кезде. Бірнеше сақшы қылыштарын жалаңаштап шақ-шұқ ете түсті. Көпшілігі олардың сермеген жағынан жолды әрең ашты. Дәмешті қайта айдап шыққан екен. Алды-артындағы сақшының зекіруіне қарамай, әпкеміз көпшілікке жағалата қарап шықты. Бұрынғыдан да нұрланып кеткендей көрінді маған. Бүркенуді, бұғынуды мүлде тастапты. Жеңіл жаулығы иығында, жалаңбастанып, қатты ширап алыпты. Көзі шоқтай жайнап, Бәйкен екеумізге де қарап алды. Бір сақшы "тез жүр" дегендей ақырып еді, қайырыла қарап, ханзуша сөйлеп тастады.
– Ағалар, мен ұры да, кәззап та емеспін! – деп жүрісін баяулата, қазақша сөйлеп кетті ол, – мені ұры деп жала жабушының өзі ұры, өзі кәззап!.. "Адам ұрлап жейтін бұлаңшы", сондықтан өзі беттесе алмай, қағаздарымен қаматып отыр!
– Бұл жөнінен қамсыз бол, қарындас! – деп қалды
Құрышбектердің арт жағынан қажырлы бір үн. Сақшылар сол жаққа қарап тіміскілей қалғанда, шығыс жақ бүйірден бір үн шықты:
– Ағаларыңның біреуі тірі қалса, сені құтқарады!..
Көпшілік арасынан өтіп кеткен Дәмеш естігенін білдіргендей, артына бір қайырылып қарай кетті.
Қанипа шеше айырым айдалып шықты. Оны қызымен сөйлестірмеу үшін бөлек ұстап тұрған сияқты. Ол тұсынан өте бергенде Нұрасыл сөйлеп қалды:
– Әпке, аман құтыласыздар, қайғы ойламаңыз, ел-жұртыңыз бар!
Қанипа жыламсырап тұрған Бәйкенге қарап өтті. Бәйкеннің қолтығынан ұстадым мен, "біз қасындамыз, алаң болма!" деген ойымды солай білдірдім.
Сақшының бір сібе "дүңшесі" Нұрасылға дүрсе қоя берді:
– Ей, сен не дедің ана кемпірге?! – Нұрасыл оны қомсынғандай танауын көтере күлімсіреді:
– Мен аман құтыласың дедім, қате ме, тақсыр?! Ұлы алты саясаттың, көсеміміз Шыңдубанның заманында адамға жала жақпайтынына сенетіндігімді білдірдім, маған шікірейе көрмеңіз!
Қазақша тілді жетік білетін дүңше Нұрасылға қарай шікірейе алмай, күлімсіреген болып кете барды, тексеру алқасының бір бастығы болған Кунтуған шаңия шыққанда көпшілік ұмтыла берді. Тергеудің қандай болғанын, саулыққа жармасқан көп қозыдай-ақ, жамыраса-маңыраса сұрап қалып жатыр. Шаңия мүйізін тосқандай, тұқара бұлтарып, біріне тоқтамай өтті, ешкімді жанастырғысы келмейтін сияқты. Жалпақ тақыр басын бір шайқағаннан басқа, аузын жапқан қалың қара мұртын да бір қыбырлатпай, ешқайсысын бойына тоғытпағандай ірілене өтті. Көзі қып-қызыл, дүниенің бар ауырлығын өзі ғана көтергендей, ырсылдай, мамырлай басады. Ағытып тастаған бешпетінің екі шалғайы екі жақта, тойған құмайдай томпиған "бөтегесі" ғана көрінді көзіме.
Қанас би оған өзінің сарғыш қасты биік қабағын түйе қарап қалды. Айтып салғыш тура мінезді кісі еді, шоқша сары сақалы дір ете түсті.
– Көмейі толмаған жерге көзі қиыс еді, япырмай, мына таздың көзі қисайып кетіпті-ау! – деді ол маңайына жағалата қарап, – "жаңгүдейлерден" тойып алған ба, қалай?!
Нұрасыл жүре сөйлеп, шаңияның артынан кетті:
– Бұл кісі "қымызханада" ғана сөйлейтін, арақ ішемісің ей, Құреке, жүр! – деп Құрышбекті ерте жөнелді.
Бәйкен екеуміз арттарынан баспалай еріп отырдық, күн еңкейе салқын түсе бастап еді, бір шағын асхананың алдына таман барғанда Нұрасыл дауыстап шақырды, шаңия артына жалт қарап тұра қалды.
– Шаңия жарықтық, бір жақсы жерде ұстаттыңыз-ау, киелі мекен ғой, кіре кетелікші!
– Үй, сен… Қызыл табан, қандықол жауапкеріміздің өзі емеспісің, талапкерлердің біреуі көріп, дау шығарып жүрмесін, басқа бір күні кірсек қайтеді?!
– Жарықтық-ай, шөлдеп тұрсаңыз да қыздай қылымситыныңыз бар-ау, дауымыз шияңжыңпуда қалмады ма, демалатын жерде оның несі бар! Қане, тура төрге тартыңыз, сізге босамайтын төрі көр болсын!
Олар асханаға кірісімен біз есіктің сыртқы босағасына тұра қалдық. Нұрасыл аспазға заказын қысқа айтты да, шыңиянның қарсысындағы орындыққа барып отырды.
– Ұстам, бізге шөп қоспай, ыңғай майлы еттен қуырып жіберіңіз! Алдымен екі бөтелке мен үш стакан!.. Шаңия тақсыр, не бұйырсаңыз да жауапкеріңіз алдыңызда ғой, маған бүгін қандай кесім шығардыңыз, соны айтыңызшы!
– Өз кесімімізді Шиянжаңға ертең жазбақпын!
– Сөйтсе де, іс арты қалай болатын сияқты?! – деп Құрышбек араласты сөзге, – біздің қарындасқа бостандық тиетіндей ме?
– Мәселе ауыр, алтын мен ақшасын қарындастарыңның алып кеткені рас көрінеді. Алқадағы "жаңгүдейлер" күмәнданбай-ақ кесіп айтты, тым мықты тұр.
Үндеспей қалып, тамақтарын қырынғандарынан бір рет көтерісіп алғандықтары байқалды.
– Сіз өзіңіз сендіңіз бе соған?
– Алтыны мен ақшасының қарындастың қашқан күні жоғалғаны рас.
– Беттестірдіңіздер ме? – деп Нұрасыл еңкейе сұрады.
– Ей, Нұрасыл, бұл сөзді доғаршы! – деп шаңия сөзден тайқай қалды, – онан да арағыңды құй!
– Тақсыр-ай, кенезеңіз кеуіп-ақ қалған екен, – деп Нұрасыл күлді, – құяйын–құяйын, бүгін нәр тартпағансыз-ау тегі!
Тағы бір рет молынан қағысып алғандай болды. Тамағын бір кенеп алып, Құрышбек жалғады сөзін.
– Бұл кісінің нәр тартпағаны сол, түс уақытында Лию "жаңгүдейдің" арақ бөшкесіне түсіп шыққан. Беттестірмей-ақ "шындыққа" көз жеткізген соның күші ғой?!
– Кім барыпты оның үйіне, Құрышбек, мына жаланы қайдан тауып отырсың?
– Шаңия, жасырынбақ ойнауға қаншалық шебер болғаныңызбен, менен жасырар еш жеріңіз қалған жоқ, – деп шаңияның арқасынан қағып–қағып қалды, – беттестірген-беттестірмегеніңізді де, қалай кесетініңізді де енді сұрамай-ақ қоялық! Ұстам, әкел қуырдақты, шаңиямыз мас болып қалмасын, халық үшін күресіп, шаршап шыққан адам ғой!
– Жөн білетін-ақ жігітсің, Құрышбек, дұрыс сөз осы! – деп күлді шаңия, тағы бірді қағысып жіберді, – қаншалық қиын болса да халқым үшін істемейін деп жүргенім жоқ-ау, бірақ, құрығыр істеткізбей жүр ғой!
– Жарықтығым-ау, соныңды айтшы онан да! – деп Нұрасыл қудалай қалды, – сізді буып жүрген не қырсық еді?
Шаңия бірдеме деп сыбырлап қалды, "ақша" деген екенін кейінгі сөзінен аңғардым.
– Мен қазірге дейін сол алқаны түгелімен аузыма қаратып болар едім, әттеген ә, жан қалтам бос тұр!
– Қарға болсақ та халықпыз ғой, шаңия, – деп күрсінді Нұрасыл, – бәріне болмаса да, өзіңіз қанағаттанарлық бірдеме табылар, бірақ, онымыз біздің қара ісімізді ақтап бергендік емес, талапкерді жауапкерге беттестіріп, айтысқан дәлелдерін Шиянжаңға дұрыс жазып жеткізсеңдер, жығылсақ та дауымыз азырақ болар еді.
– Қарындастарың өте дәуперім екен, бетпе-бет сөйлестірсек, күйеудің бетін шиедей қанға бояп шығаратын түрі бар, сондықтан, шатақ шыға ма деп екі жақтың да дәлел-пәтуасын айырым-айырым сөйлетіп шығардық. Оның алдында ақша жоғалған үй мен қарындастың тұратын үйін көргенбіз!
– Кектінің көзі өткір, шыншылдың сөзі өткір, ашулының қолы өткір, – деп шұбырта жөнелді Құрышбек. Тосын бір қуаныш пайда болғандай, тым жайраң үнмен ағытылды. – Майданға түспей жау жеңбес, беттестірмей іс бітер ме! Қарындасымыздың райы солай болғанда, беттеспей қоймайды, беттестірмей біз де бітісе алмаймыз енді! Шаңия, алқаңыздың абыройын сақтағыңыз келсе, өз еріктеріңізбен беттестіргеніңіз жөн.
– Беттестіргенде де, ол қанша шатақ шығарса да, тайынша тулап ыңыршақ қирата ма, пәлеге өзі қалады ғой! Мәселе қарындастарыңның мойнына толық түсіп отыр, талапкерлер тапжылдырар емес, шатақ үстіне шатақ тауып алмасын деп, ақыры мойнына түсетін болған соң беттестірмей-ақ абыройларыңды жыртпай, ақшамен бітірсек деген ойға келдім мен. Қаны бір қарындасым болғандықтан жаным ашыды!
Нұрасыл қарқылдап күлді бұл сөзге.
– Жаныңыз қатты ашиды екен, жарықтық, иә төле, иә бар көмейді толтыра пара бер, "жаным ашыды" деуіңіздің өзі сыпыра кедей туысыңыздың терісін сыпырып алып, бас сүйегін тауға қою болмас па?! Қарындасымыздың бір етік, бір пальтодан басқа киім де алып шықпағанына маңайдағы бүкіл ел куә. Тіпті өтіп жатқан ай мен күндер де куә. Отырған күркесі мен жатын орны да куә болады! Соншалық алтын мен ақша бір жерден болмаса да бір жерден жылтырап көрінбей ме. Шаңия, сіз басы бар адамсыз, тым болмаса бірер орам амалыңыз болмаса, шаңия бола алмас едіңіз. Біздің енді басқа талабымыз жоқ, менің мына бір кеңесімді ғана есіңізге сақтаңыз. Алқа "жаңгүдейге" құйрығын қаншалық төсегенмен, беттеспей іс бітпейді. Сіздер беттестірмей кесім еткендеріңізбен, басқа бір орын беттестіреді. "Ақ иіледі, сынбайды", күнде көрісіп тұратын ағамызсыз, беттестірмей жығып беру жағына қосылып, туыстарыңыздың алдында масқара бола көрмеңіз! Айтарым осы ғана. Қанеки, енді күлкімізге көшелік.
Асхана босағасында тұрған Бәйкен екеуміз арақтың мылжың күлкісін күтпей-ақ қайта бердік.
Біз жаздық демалысқа шыққанша бұл іс белгісіз себеппен бітпей қалды. Біздің жақ беттестіру жөнінде мықтап бір арыз кіргізді де, соның жауабын күтті. Тергеу басталғалы екі ай өтсе де, Дәмешті былай қойып, түрмеден Қанипа шеше де босамады. Біздің жақ төрт жүздей адамның қолын қойғызып, қатал арыз дайындады да, ең мықтысынан он адамға ұстатып, Шиянжаңның алдына кіргізді. Оның ішінде дәмелі "күйеулерден" де бар екен.
Арызды көрісімен Шиянжаң орнынан ширай тұрыпты:
– Мен тергеу бөліміне де, алқаға да беттестіруді тапсырғанмын. Беттестіріп көріп, анықтау жұмысын әлі жүргізіп жатқан шығар деп ойлап едім, не қылық бұл?! – деп тергеу бөлімі бастығын өз алдына шақыртыпты, – сіздер бүгін қайтып тұрыңыздар, мен ұғысып көрейін, шешіліп қалар!
Шешіледі деген жерге шегедей қадалмаса болмайтынын бірнеше рет көрген Нұрасыл тергеу бөлімінің алдына барып тұрып алған екен. Шиянжаңның дауысы қаталырақ шыққандықтан соның терезесіне таман қайта барып тыңдапты.
Шиянжаң ханзуша тіл білмесе керек, тергеу бөлімі бастығының жауабын аударушы арқылы тыңдап болып, наразылық айтып отыр екен. Сөз бажайына қарағанда негізгі талапкердің өзі "жолаушылап кетіпті", істің соны тосып тұрғандығы баяндалыпты.
– Бұл сізше қалай?! Дәл беттесу кезегіне келгенде талапкердің өзі шыдамай қашқандығы емес пе!.. Олай болмаса, барлық сомасын бұлатқан саудагер жалаңаш кедей бұлаңшысын ізі суымай тұрғанда өндіріп алмай кете бермек пе?!
– Анасы опат болып, соны жерлеуге Үрімжіге кетіпті.
– Бұл себеп емес! – депті Шиянжаң, – екі айда жерленіп болмайтын қандай кемпір ол! Мұның себеп бола алмайтынын заң қызметкерлері, мырза, сіз де білесіз, бұл оның беттесуден безіп, әйелді түрмеге ұзағырақ қамату үшін ғана тапқан сылтауы! "Беттестірсе шатақ шығар, жүйкесі тозған әйел" деген анау уақыттағы сөздеріңіз де осындай негізсіз сылтау болатын. Сақшысы бар үкімет бір-біріне қол жұмсамай беттестіре алмай ма?! Мен сол кезде-ақ осы нұсқауды айтқанмын, есіңізде бар ма?! Жесір кемпір, жетім қыз қазірге дейін талапкерін таба алмай, бекерден-бекер түрмеде жатса, кішкене балаларын кім бағып отыр? Тыңдаңыз, заңда беттесуден өзі қашқан талапкердің жауапкерлері қамалып жата беру белгілемесі жоқ. Кепілге беріп, қоя берерсіз! Бүгін орындалады!
Шиянжаң сөзін естіп қалған Нұрасыл шыға жөнеліп, кепілдік етуге шарты толатын ауқаттылардан он шақтысын жамбыл алдына ертіп келіп тосқан екен. Сақшыдан Қанипа шеше ғана босап келіпті, Дәмештің өзі жөнінде сақшы бастығы "Шиянжаңмен сөйлеспек" екен… Қанипа шеше алдымен біздің үйге келіп, Бәйкенді ертіп қайтты да, бірге келген Нұрасыл тынығуға қалды.
– Әй, осы екі басты үкімет болды-ау! – деп күрсінді Нұрасыл! – жуйжаң "жаңгүдей" не қырға салар екен, "жаңгүдейлердің" қарулы тірегі ғой, бұл бір жауыз еді!
Нұрасылдың бұл сөзі дұрысқа шыға бастады: Дәмешті кепілдікке бермей жатқызып қойыпты. Құтқарып алу талабында жүргендер ертеңіне сақшыға барса "ол шықпайды" деп қайтарыпты.
– Екі басты үкімет екені рас болса, құдай біледі, Шиянжаң мен жуйжаң өзара арбасып жатыр, – деп қайтты Нұрасыл! – Енді жоғары жаққа жүгініседі.
Талапкер "жаңгүдей" келмей тағы бір ай өткен соң айыпкер жақтың өзі талапкерге айналды. Заңды талаппен күшейіп зор арыз көтерді. Жуйжаңды Шиянжаң осы кезеңге жеткенде жеңді білем, Дәмеш кепілге босап шықты.
Бірақ, тағы бір дау көтере шықты: делодағы сомаға толар дәулеті жоқ Құрышбек пен Нұрасыл кепілдікке толар ма.
Сақшы "жаңгүдейлері" негізгі кепілі ретінде қырма сақалды ұйғыр саудагерді ұстаған екен. Ол кепіл "түйін шешілгенше біздің үйде тұрады" деп Дәмешті өз үйіне тартыпты, оның "кандидат күйеуі" екенін естіген Дәмеш азар да безер болып, өз шешесінің қасына жөнеліпті. Қылмысы жүзінде тұрған қылмыстыны шалатын қырсығы аз ба? Шешесі мен үлкен бауыры жалданған қожайынның да қырсық екені белгілі еді. Одан қауіптенген қырма сақалды қырсық, Дәмештің өз үйінде тұруына келіспей, бір күннен соң-ақ өз үйіне әкетті.
Бұл жәйтке Дәмештің жанашырларынан сырт дәмелі қазақтар да дүрлігісіп, байдың қорасына топырласып кепілдікке тізілді: Дәмештің кепілінен сол күні-ақ кепілдікке алып шықты. Бұл байдан кепілдікке алып шығушылар да, әрине, сомасы бар сом қазақтар еді. Бірақ, бұлар "Дәмешті берді, құдай берді" деп үйіне жетектеп ала жөнелуден ұялды. "Бақа тілін балық біледі" дегендей, "қарға тамырлы қазақ" жөнімен, біздің туыстарға қайтарып берді. Сөйтіп, Дәмеш қойдан қоңыр мінезді Жаппардың үйне қайта оралды.
Кепілдің кепілінен кепілге әрең шыққан ақылды Дәмеш көбейген "иесі" мен "қормалдарының" ешқайсысына жылы шырай көрсетпей, әкемнің айтқанын орындай берді. Өзі жақтырған бір жаққа ауғаны білінсе, көп кепілдер арасында айқай сүрен, өрт шыққандай еді.
– Басы ашылмаған баланың басын ауыртпаңдар! Қазірше ешқандай жаушы келмесін мұнда! – әке-шешеміздің алыс-жақынға қайтарар "әликі сәлемі" осы болды. Талапкерлерінің дауын күткен айыпкер, сөйтіп, "басы ашылмаған" күйі, енді біздің үйде түрмелене берді. Қашқан талапкер қайтып келе қоймады да, айыпкер жазасын осылай тартып жатты.
"Тергеушім", күштінің құйрығы диірмен тасынша дөңгелеп, ұн тартатынын сіз білсеңіз керек. Бұл жәйтті күшті болуға құмарланған кісі түсінбесе, кім түсінсін, күшті дағуагер бетпе-бет келуден қашып жүріп-ақ сақшысына қамата береді. Менің сол әпкемді Шың Сысайдың алғашқы, қызыл перделі дәуірінде бір күшті дағуагер осылай көрінбей жүріп-ақ көп қаматқан еді. Мен сол әпкемнің де мұрагері болдым. Даладада тұрып дәлелдеп, қашып жүріп қаматушы да дағуагерім қазір маған да көрінбей әр тұстан, әр қолмен қағаз жаудырып жатыр-ау. Дәмеш ол кезде кеңірек түрмеде жатып еді. Мен қазір темір қапаста жатырмын. Тегі менің дағуагерім оныкінен де күшті болса керек. Көп атаулы "қылмысты" деген сөздің бір мағынасы – әлсіздік қой. Күштіге қылмыстың дағы жұға ма, әлсіздік шіркін дағуаргер қаншалық күшті болса, соншалық айқындалмай ма. Менің қылмысымның тым айқын көрінуі содан шығар. Күштінің адам жүрегін суырып жегені көрінбей, әлсіздің өз түкірігін жұтынғаны көрінетіні бұрыннан бар құбылыс.
ІV
Дәмештің бір жұмысымен "Шәуешек көшесінің" басындағы оның үйіне барып, батыс жақ сырт көшемен төтетелеп келе жатсам, бір үлкен сыры қақапаның маңдайынан қазақ нақышымен өрнектелген жасыл сарлы зор тақта жарқ ете түсті. "Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы" деген ірі қызыл жазу көз сүріндірердей көркем жазылыпты. Бұрын жоқ еді. Қазақша дәл мұндай сұлу жазуды бұрын көрмегендігімнен бе, әлде өзім бұл жаққа өткеннен бері "қазақ" деген атаудың қорлау ретінде аталғанын көп естігендігімнен бе, бұл жазуды көргенде көзім жайнап кеткендей болды. Көңіл бұлты ашылғанда дүние көріктеніп, нұрлана қалғандай болатыны бар-ау, сөйтсе де, бұл көшенің жағалауындағы теректер жиі де тәртіпті екен. Бүгін ерекше түрленіп, жас бұтақ пен жасыл жапырақ лүпіген самалмен ойнап, еркелеп тұрған сияқты. Сәскеге көтеріле түскен күн нұры сол көлеңкелі көшедегі сырлы жазуды одан әрі жарқыратып жіберді. Мен недәуір уақыт тұрып қалыппын. Неше рет қайталап оқыдым. "Мәдени ағарту" деген сөзде не керемет барын толық түсіне қоймасам да, басында "қазақ-қырғызын" түсінсем ғой, ең көп көшетін жүреген халық, түйесі болмаса тайыншасымен де көше бермеуші ме еді. "Мына сәулетті жазу қайдан келіп тұр, және ыңғай ұйғыр байларының ортасындағы қақпада қорықпай нағып қасқиып тұр?!"
Мен бұл нақышпен жазудың көркемдігіне мақтанышпен құмарта қарадым. Ұйғыр мектебінің төменгі жағынан осындай жазулы тақтаның ұйғыршасын алдыңғы күні көріп едім. Мынау онан үлкен де айшықты жазылыпты. “Тегі надан қазақтың көзі алыстан көрсін” дегені шығар!..
Ар жағында кім бар екенін білгім келгендей қақпаны итеріп, басымды сұға қарап едім, ауланың төр жағынан ақ сұры жүзі қатпарлы, күнқақты көнелеу шляпалы қазақ келе жатыр екен, шегіне қалдым. Ол шыға келді де, маған күлімдей қарады. Мен сәлем бердім.
– Уағалейкумассалам, балам! Кірмекші ме едің, кіре ғой!.. Біреуді іздеп жүрсің бе? – деп қақпаны кеңінен ашып тастады. Сәлем алысының ықыластылығы мен салдырлай сөйлеген қоңыр даусының жылылығы мына пейіліне қосылып, тым кішіпейіл адам екенін тез аңғартты. Аулада көп ат байлаулы тұр. Сәнді ер-тоқым – пыстандары жарқырайды. Екі-үш жерде топталып өңшең тымақты қазақтар отыр. Балпиған жуан қарындылары көп көрінді.
– Жоқ! – дей салдым мен, шалаңдау қырма сақал-мұртты, ат жақты, орта бойлы арықтау кісі менің бас-аяғыма бағдарлай қарады.
– Оқушымысың?
– Иә, екінші класс қана оқыдым.
– Жақсы, осы көшенің аузындағы ашық алаңда сендерге мектеп салдырып жатырмын. Тоғызыншы ай толысымен осы жаңа мектепте оқисыңдар. Мектептің де, осы ұйымның да қаражаты мына мықтыларға міндеттеледі. Бүгін осы үкірдай, зәңгілерге жиын ашпақ едік, соған жиылып отыр... Осы мәдениет отауларың құрылғалы екі-үш күн ғана болды. Бұл әлі кеңейеді, кітапханасы да, дойбы-шахматы да, ойын-сауығы да, бәрі болады!..
Бір оқымысты кейіпті кісінің баласындай ақтарыла қауқалақтай жеткізген жақсы хабарына не дерімді білмей қуырыла түстім мен. Бірақ, ол менен жауап күтпейтін де сияқты.
“Олар толықтанған кезде мұнда жиі келетін боласыңдар!” деген сөзді қоса айтты да, қайта кіріп жөнеле берді. Салынып жатқан мектепті көре кетуге асығып мен де жөнелдім. Әйтеуір оқу мүмкіндігі толықтанды ғой, келешегім нұр жайнап тұрғандай көрінді. Мұндағы ұзақ түнекте өмір кешірген ұлттардың оқу-ағарту жақтан көзін ашуға тарихи рөл атқарған, Шың Сысай дәуірінің Шыңжанға әкелген бір ірі жаңалығы болған осы ұлттық оқу-ағарту ұйымдарына мен тұңғыш рет осылай әсерленіп едім. Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымын құруға күш салушы әлгі кішіпейіл адамның аты-жөнін жол-жөнекей сұрап ұқтым .
– Елсадық Құрманұлы дейтін кісі екен. Атын естісімен еселеп атап, көңіліме мықтап түйдім. Оқу жағымнан бір қиыншылық туыла қалса, осы кісіні іздеп табуым керек сияқты.
Жіңішке қана корридоры бар, алты бөлмелі мектеп үйі қаланып, биіктеген сайын оқушылардың оған келіп тамашалауы да жиілей түсті. Киім зары өткен жалаңаш баланың өзіне арнап тігіліп жатқан жаңа киімге қарауы сияқты, құрылыс басына келіп ап құштарлана қарап тұратын болдым. Оқу аңсауымыз соншалық еді, сол меткеп сыланып, терезесі салынысымен-ақ, шақыруды күтпей жиналып алыппыз. Мектеп құлақтандыруы біз жиналып болған соң бес күн өткенде шықты.
Біздің үйдің оқуға сайланған баласы тағы да жалғыз мен ғана болып шыға бердім. Болжаусыз басқа шығындарды былай қойғанда, он екінші апрель мерекесінде мен киетін киім де әке-шешеміз әрең өтетін қиын өткел болып көрінді.
– Мен оқысам екі ешкі мен лақтар жоғалады, үй отынсыз қалады, молда болмай-ақ қояйын! – деп Биғаділ қолын сілтеді.
– Осы балам ғана диуана аталып, жасымай оқысыншы, – деп әкем қорытты, – бәріміз жалға тұрсақ та осыны қамдап оқыталық.
Өткен оқу маусымында бізді “шайқы-бұрқы диуана” атандырған мырза оқушылармен парталас бола қалдық сөйтіп. Бұл сөзді айтушы Сейітхан дейтін, мұрты тебіндеп қалған соқталдай жігіт оқушы еді. Мектепке келісімен ең момынымыз – соның өзі болып, монтанси қалды. Себебі, сынау қатты алынып, кластар қайта реттелді. Емтихан комиссиясының бастығы болып, қазақ ұйымынан Елсадықтың өзі келді де, жанасқыш “қалпе әбзилер” қатты шектелді. Мырзалардың құйрығы тым бос екенін айқын әшкереледі. Бұл сынауға дейін “жұмалықты” көп беріп, көлиіп жүре берген ғой. Аға оқушылардың төртінші класқа көшерлік ешкімі болмай, бәрі үшінші класқа қайта түсті. Тіпті Сейітханды үшінші класқа өсіп келе жатқан әдемі мұрты әрең іліндірді. Сөйтіп, ол енді “диуаналарға” мүрит болатынын біліп жуасыды.
Мектептің ең жоғары класы – біздің үшінші класс болып қалды да, бірнеше мұғалім қыр мектептеріне ауысты. Атабай бір районда, Исабек бір районда мектеп басқаруға тағайындалып кетіп, Қалым дейтін сары мұртты бір кексе біздің мектепке бастық болып қалды. Ең сәтсіздік жәйт алдымызға Набиолла молданың әптиегін қолтықтап, “дөрт аяқ” деп кіріп келуі болды. Оның үстіне, программада есеп пен ана тілі сияқты дін сабағы да әр күні бар екен. Жағырапия мен табиғат бізді тамсандырғанымен, үш күнде бір сағат болып әрең жетті. Екі иығы қомданған “саясат” дейтін дәу сабақ келіп састырды бір күні: оның бетін есеп сабағын оқытатын Арысбек мұғалім ашты. Қара тақтаға «саясат» деп үлкен әріппен жазды да:
– Саясат деген не? – деп сұрады бәрімізден. Жауап беруге ешкім қол көтермеді. Әрқайсымызды нұсқап тұрғыза берді, бәріміз төмен қарадық. Арт жақта отырған Қиялзат дейтін сабақтасымыз өздігінен құлшынып, қол көтере қойды да, атып тұрды бір кезде. Ауыр жүктен құтылған тынысымыз кеңи қалып еді.
– «Саясат» деген – қулық деген сөз, – деп салмасы бар ма, бәріміз ду күлдік. Арысбек мұғалімнің күлкісі оқыс қатты шығып кетті де, тез тиылды. Қысқартып тегіс қырқылған қалың қара мұрты тікірейе қалды. Ит көрген қара мысықша күржиген сол мұрттың құйрығы ойнақтай берді, сөйтсе де. Күлкінің қысуымен күп-күрең бола қалған сопақша жүзі қаңғып жүрген ашуларын асығыста әрең жиғандай зорға зейілденіп, суынып алды. Саясаттың тым қатал сабақ деген сөз екенін мұғалімнің соншалық зорланып, ашулануынан түсінгендей болдық.
– Қулық деп кім үйретті саған?! – деп ақырды мұғалім. Қиялзат ұяла күлімсіреп жазықсыздығын білдіре жауап қайырды.
– Мұғалім әбзи, саясатты елдің бәрі қулық деп түсінеді ғой, – деді, – қулығы көп адамды саясатшы деп атайды. Өзім ес білгелі осыны естіп келемін. Былтыр мұғалімдер қалжыңдасқанда біріне-бірі «сенің мұның – саясат» дегенін естігенмін.
– Қай мұғалім, – деп Арысбек тағы ақырып қалды да, мырс ете түсті. Мұрты тағы күржие жыбырлады. Қиялзат оған жауап қайырмай төмен қарап жымыңдай беріп еді, мұғалім күлкісін шошына жиып, қатаң үнмен қорқыта тойтарыс жасады, – сен мына сөзіңді екінші айтатын болсаң, талай адамды арандатасың да, ақыры өз түбіңе өзің жетесің. Алты ұлы саясатты «алты ұлы қулық» деп түсіндірмексің.
Арт жақтағы жігіт сабақтастарымыз «астапыралла» десіп қалды. Біз саяси сауат оқуды осылай иман үйіре отырып бастадық. Сөйтсе де, жарық класс, жаңа парта, өзімізге таңсық пәндер араласқан сабақ мендей «диуаналарды» өзінің мағыналы қызығымен баурап әкетті. Тағы бір қызығы көшеде бізге тұмсығының тесігінен қарайтын бай балалары класқа кіргенде «төрт көзімен» түгел қарайтындығы болды. Әсіресе есеп тапсырмасында, сұрауларға жауап беруде біздің иығымыз олардан көтеріліңкіреу отыратындығы, шынайы диуана біз емес, өздері болып шығуы тым қызық болды.
Біз отырған қора сатылып кетті де, үйіміз тағы көшіп, Емілдің шығыс жақ жағасымен недәуір өрлеп барып қоныстанды. Қаланың шығыс-терістік жақ ең шетіндегі сортаңнан біздің руластар бірлесіп, арзан жер сатып алыпты да, тұтас бір көше құрапты. Біз соның ең шетіндегі Ерсұлтан дейтін Қожан шалдың іргесіне туысқаншылап, екі ауыз үй салып алдық. Бұл шет үйіміз көңілді қоныс болса да, мектепке шалғай жер еді. Әсіресе Емілден төте кешіп өте алмайтын маусымдарда төмен қалған көпірден өтіп, екі-үш есе артық жол басып жүріп оқыдық.
Емілдің суын мұз буып, арнадан аса құтырған кездерде, қар мол жауып, жол бітелген кездерде, біздің көшенің оқушылары сағаттап қар омбылайды, елең-алаңда кетіп, ақшамда қайтып жетеміз. Сөйтсе де, ауырып жүре алмай қалғанда болмаса, оқудан қалмай, өлермендене оқыдық.
Уақытымыздың көбі жүріспен өтіп, сабақ пысықтау уақытымыз қала ішіндегілерден әлдеқайда қысқа болғанымен, жалаңаш иығымыз олардан көтеріңкілеу жүретін болды. Ащыны көп көрген басымыз, тұншыға кірген соң құмарта төнгендіктен күнделікті «қара жарыста» әмсе алдын бермейміз. Бірақ, шын жарыста алдымызға түсіп алатын мырзалар шықты. Өйтетіні, оларға емтихан сұрауларының жауабын «емізіп» қоятын жанасқыш мұғалімдер бар еді. Комиссия болып Елсадықтар келмеген сынаулардың бәрінде де «ұрлап еметін» күйлі сабақтастар солай озып жүрді.
Термелей бәйге алып, сағымызды тосыннан сындыратын бұл жағдай, олардың қомсынуын қойғызбады да, «диуаналардың» кегін қозғай берді. Ал жайшылықта біздің озуымыз олардың көре алмастығын қоздырды. Ойында да, күлкіде де, күресте де, жарыста да сабақтастардың жаққа бөлінушілігі, іштей егесі күшейе түсті. Сағат арасындағы демалыстар төбелессіз аяқталмады.
Мен іштей қозданғаныммен, «шақсыз, жақсыз етістік» болуға тырыса түстім. Мінездің өзі ең үлкен сабақ қой, номерімді ол жақтан тағы кеміткізіп, одан әрі қорланғым келмеді. Сөйтсе де, «жанасқыш» мұғалімдерді ішімнен қатты жек көретін болдым. Кішкене кездегі мінезім сол бойы қалыптаса түсті. Енді мылқау емес, тұйық болып қалдым. Ондай мұғалімдерден ұялу сезімім жоғалып, қорқу сезімім қайта өршіді. Мен осы райымды жек көріп қалғандығымнан ба, немесе өзінің «ұрлап емізетін» тайыншыларының шағыстыруынан ба, Арысбек мұғалім менің атымды атамай «Текекөз» деп шақыратын болды. «Көзің лақ текенің көзінше бақырайып, жауапты бас жоқ, аяқ жоқ шұнтита салатының не!» деп ұрысып еді бір күні. Содан бастап қара мұрттың бауырынан «Текекөз» деген атау аталатын болды да, мен оған тұқыра қарайтын болдым.
Оның есесіне, мені әділ мұғалімдер мен талапты оқушылар жақсы көреді. Бұл бөле қарамай өз атыңмен шақыратын мұғалімдердің бәрі әділ сияқты, ондай мұғалімдер маған нұрдай көрінеді. Оларға күнге қарағандағыдай ұяла қарайтын менің қысыңқы көзім еш уақытта «Текекөз» болып көрінбеген шығар. Өзім жоғары санаған адамдардың атымды дұрыс атап, мені адам қатарында көруі – ішкі жақтан теңдікке жеткізуі, рухи азық беретін жанама тамыр сияқты болып сезілді.
Елсадықтың лебі мектепті ғана емес, бүкіл қоғамды да маған сондай жылы көрсете бастап еді. Дәмештің бостандық алуы тіпті жылытты.
«Дөрбілжін аудандық әйелдер қоғамы» атты тағы бір ұйым құрылғанын естіген болатынбыз. Дәмеш соған арыз айта кірген екен. Ұйым бастығы «Талиқа апай» атанған кексе татар мұғалима да ұйым атынан арыз жазып қосып, бірнеше кемпірді Дәмешке ілестіріп, Шиянжаңның алдына кіргізіпті. Керім Шиянжаң сұқ саусағымен сақшы мекемесін нұсқаған екен. Кемпірлердің екпініне жол-жөнекей кезіккен әйелдің бәрі ілесіп, оның ішін шаңқылға толтырыпты. Совет Одағындағы әйелдер теңдігін көріп, шекара аттаған өңшең «сәйгүлік» кемпірлер қойсын ба, жүйжаң қалай бұлтарса да, қоймай басып жетіпті де, оның «тақымындағы» «лақты» тартып алып бір-ақ шығыпты.
Дәмеш енді ешкімге көкпар болмайтындығына сенгендей қуана қайтты үйіне. «Жаңгүдейдің» түрмесінен алғашқы қашып шыққандағысындай, Дәмештің маңайына сүйіне қарап, тынысын кең алып, салысын желкесіне түсіре, аязды алқыммен қаймықпай соға кетіп бара жатқанын көрдім.
– Кім білсін, бейбақты көкпарға тағы да жоқшылық салар, – деп қалды шешем артынан қарап тұрып.
Расында да, жоқшылық жоғалмай байлық байлауын қояр ма. Көпе-көрнеуде ешкім байлап әкете алмаса да, көмескіде талап жеу бар ғой? «Мына шырай тұрғанда шырмауға түспейтін заман қайда» дегендей күдік Дәмеште қазір жоқ сияқты, өте қуанышта қайтты.
Үйіме мектептен кеште бір-ақ қайта алатын болғандықтан, түскі шайды күн ара Дәмештің үйіне барып ішіп тұрдым. Сол көшеде тағы бір нағашы әпкем бар еді. Менің басқа үйден тамақ іше алмайтын ұялшақ әдетімді білетін осы екеуі өз үйлерінен тамақтандырудың сылтауы ретінде түрлі тапсырма – «ала кел», «бере кел» міндетін беріп тұрады.
Бір күні түсте солай өрлеп бара жатқанымда, әлгі «ұрлап еметін» күйлі сабақтастарымның үлкені артымнан қуып жетіп өте шықты. Сен түскі тамақта ыңғай диуаналық қыласың ә?! – деп ажуалай өтті. Жайшылықта сөйлемегеніммен мұндай күйдіргі сықаққа қарсы сықақ дайындап өскендігімді көрсеттім.
– Сонда да ұры тайынша тектес күн көрмеймін ғой, үйіне бармасам ұрысатын әпкелерімнің қолынан әшкере шай ішемін!
«Жетім бала кекшіл», тең түсер жауап қайырсам да, кегім тарқамай қалды. Ол ашық ажуалап өткенде менің сықағым жұмбақ күйінде жабық қалғандай, «ұры тайынша» деген сөзді бір кезі келгенде мұны нақтап ұқтыруды көңіліме мықтап түйдім.
Әр күні таңертең класта мұғалім кіруден бұрын өткен күнгі есеп тапсырмасы жайында сыбайластар ара күбірлескен талқы болып тұратын, кейбір қиынырақ есептер тапсырылған күндерде де өзара көмек сұрасуы тіпті көбейіп кететін. «Ұрлап еметін күйлі тайыншылардың» қатты қағылатын кездері де сол кез еді. Артқы парталарда отыратын тайынша «құнан өгіздер» күбірлесіп, есепті шығара алмаған күндерінде алдыда отыратын «мықты бұзауларға» сүйенуге келетін. Ондайда жылы сөзбен жарқылдап күле, ентелеп келіп отыратын қасымызға. Маған сыбайлас «бұзаулардың» есепке нелер мықтылары бар.
Сол мықтылардан бір күнгі тапсырма есепті ешкімге көрсетпеулерін өтініп, «құлыптап» қойып отыр едім, әлгі «сүйікті дұшпаным ел кезіп» – әр партаға бір отырып, бір тұрып, күле қыдырды да, менің артымдағы партаға келіп отыра кетті. Жалт қарасам, онда отырған көршіме жабыса қалыпты. Иығына қолын салып, бетіне «қызықсына» қарап отыр екен.
– Айтпаймын, кешегі есептердің төртіншісін қалай шығардыңдар, ей? – деді бір кезде. Біз жақта әркім әртүрлі шығарыпты.
– Сен енді құзғын сәріден қайыр тілеп жүрмісің? – деп күлдім мен.
– Не бопты? – деп жымиды ол.
– Класқа кіргелі ел ақтап құйрығың қоныс таппады ғой, бейшара, енеге жасырын жанасып әдеттенген тайынша едің, енді еркек бұзауды да емгің келіп жүр ме, қалай?
Сабақтастар ду күлді. Ол қызарақтай күлімсіреді.
– Мен сенен сұрамадым ғой!
– «Диуана» деп алып, енді менен қай бетіңмен қайыр тілерсің? Жағалауыңнан-ақ жайыңды түсіндім, мүсәпірім, келе ғой, көшіріселік менікінен! – деп тапсырма дәптерімді алдына тастай салдым. Ол орнынан ыршып тұрып жүріп кетті.
Біздің сыбайластар тау бұлағындай үздіксіз сықылықтап еді. Менің сөзімнен гөрі өңменіне солардың күлкісі қатты тиді білем, шегір көзі тұздай болып, әрқайсысына булыға қарады. Содан бастап оған оңаша кезікпеуге тырыстым да, «диуаналығымды» көрсетпеу үшін әпкелерімнің үйіне де бұрыс көшемен барып-қайтып жүрдім. Оқудан бос уақыттарда ол менің жолымды неше рет тосып көрді. Біздің шықшыттағы қиыр көшенің оқушылары ынтымақты да, әділетті де болатын, мені зерікпей қорғап жүрді. Жұбын жазбайтын болғандықтан ешқайсымызға батып тиісе алмай жүрді ол!..
Мен қорқақ болғандықтан төбелес жағына жоқ едім. Жанжал туылатын жерден тайқып кететінмін. Сағаттық демалыстарда оны айтақтап салған төбелесқұмар сыбайластары біздің ауылдастарға неше рет тиісіп, олармен неше рет соғысып та алды. Мен жайыма қалып, өштік төбелескендер арасында қатты ушықты.
«Диуана» аталудан намыстанғандығымнан, әке-шешеме он екінші апрель мерекесінен бір ай бұрын қыңқылдадым. Сол жылы қала маңындағы тасжол бітіп, оның жұмысынан босай қалған Биғазы менің мерекелік киімім үшін жалдамалы жұмысты асығыс іздеп, бір саудагер ұйғырға арзан жалдана салды. Жұмыспен өтеуге төрт метр көк триконы алдымен алды. Апрель тойына оқуды жауып қойып, биыл бір ай бұрын дайындалдық. Алтай аймағының дутыңы Шәріпхан төреге қорғаушы әскер болып тұрған Айтбек Далабаев дейтін бір атақты күлдіргі жігіт, әскерліктен босап, Дөрбілжіндегі үйіне қайтып келген. Елсадық оны қазақ ұйымына қызметке тартыпты. Айтбектің әншілігін де, жаяу бәйгеде Алтайды тыйған жүйріктігін де естіп жүргенбіз. Сол келіп бізге әскери жүріс пен физкультура үйретті. Оның білетін марш әндеріне Елсадық сөз жазып беріп, бұл реткі мерекеге мектеп өлеңі жөнінен де недәуір жаңалықпен дайындалдық.
Ұлттық мәдени ағарту ұйымдары мен ұлттық мектептер бәсеке жарысқа қатты дайындалып жатқандықтарын Елсадық жұмылдыру ретінде хабарлап, бізді жаппай аттанысқа келтірді.
«Көрінісі ұлттық, мазмұны, алты саясаттық бәсеке» – «апрель мерекесін» әр ұлт өз жетістіктерімен қарсы алады. Дөрбілжін ауданында халық санының басым көпшілігін қазақ құрайды ғой, біздің артта қалуымыз енді ұят болады» деп кесетті ол.
Жазғытұрымның «қара өзек шақ» делінетін ұзын сары күні – «жуанның жіңішкіреп, жіңішкенің үзілетін» кезі. Біз қызыл жілік, қарасан болғанымызға қарамай, сол дайындықта жүрдік те, сол бір ай өзара қырғи қабақтықты ұмытып қалдық. Қабақ түйісуі жайына қалып, Айтбек құлағымызды да салбыратып жіберді. Біріміздің үстімізге бірімізді кірпішше қалап мұнара жасады. Үлкен сабақтастар ең астыға қаланатындықтан мен «сүйікті дұшпанымның» иығына табанымды қойып, төбесінде ойнадым да, менің төбемде де өзімнен кішірек біреу жортып жүрді. «Тайыншылар» пыс етіп, мүйізін шайқап қойғанымен, шарасыз қынжылса да қыңқ етпей көтеруге тиісті. Ұйыма шойындай сом денелі, зор дауысты Айтбектің қолындағы шыбығы де жерге Айтбектің өзінше тік шаншылып тұратын. Біз тік шаншылуды сол шыбықтан үйреніп көтердік.
Он екінші апрель күні Дөрбілжіннің Тарбағатай жақ желкесіндегі Бәйге төбеде солай тік шаншылып, ойындарымызды көрсеттік. Талай тік түсіп, ұшып-жығылып жүріп үйренгеніміз шыжыған ыстықта абыроймен орындалды. Қып-қызыл сахнадағы Шиянжаңдар миығынан күліп, табысымызды көп қол шапалақпен құттықтады. Үкімет қана емес, Айтбектің өзі де разы болғандықтан қолындағы шыбығын лақтырып тастай салды.
Сабақтастар иығындағы ауыр жүктен құтылғандай жадырасып, дүние сөзіне енді оралды. Сонда да сабымызды бұзбай күрес майданының бір жағын қорғап, қоралай келіп отыр едік.
– Ойпырай, мойныма мініп алған бір диуанадан әрең құтылдым-ау, – деді менің дұшпаным, – өзінің қоржын дорбаларынша асылып, желкемнен түссеші!
Маңайындағы қостаушылары күлісіп, қаужақтасып қалды.
– Қайда өзі? – деп жорта сұрады біреу.
Мен олардан төменірек отыр едім, киіміміз бірдей, басымыздағы сыпыра дөңгелек көк жепек болғандықтан, бір-бірімізді сыртымыздан танымай қалатынбыз.
– Әне, әне! – деді мен жалт қарағанда біреуі.
– Мойныңа диуана әлі талай мінер! – дедім мен. Бұл сөзді менің жақтастарым қуаттап, құбылтып жіберді:
– Мұнан кейін мойнына өзің мінбей-ақ қоржыныңды асып қой.
– Көтере алмай пыс ете түссе де, омақассын, келер жылы мен де асайын!.
Естігендер түгел қарқылдап күлісіп кетіп еді, майданның арғы шетінен:
– Жәнібек! Жәнібек! – деген зор ұран естіліп, күлкі тез доғарылды.
– Дөңгелек қара сақалды бір жуанды шешіндіріп, бір топ адам күрес майданына алып шыққан екен.
– Қапас палуан шықты, – деді бір сабақтас, – бұған түсетін палуан жоқ!
Шақырылған ұраннан керей руы екенін ұқтық. Ол жақтан күреске дайындалып отырған он шақты плауанның ең басына апарып отырғызды оны.
Аттылы-жаяу, арбалы болып, кең қыратты қаптап алған халық еді. Ол кезде Толы ауданы – Дөрбілжінге қарасты район болатын. Бестаудың жалшы, малшысы егіншілерінен басқа еркімен жүре алатын ер–әйелінің бәрі-ақ келген сияқты.
– Еркөкше, Еркөкше!
– Қабанбай, Қабанбай!
Майданның үш жағынан үш ұран көтерілді де палуандар үш жаққа тізіліп отырғызылып жатты. Дөрбілжін маңындағы он сұмын қалмақ палуандарынан да бірнешеуі біздің алдыңғы жағымызға шығарылды.
– Биғабіл! – деп шақырған бір әйел үнін естіп жалт қарасам, арт жағымда Дәмеш келіп тұр екен. Әкелген сусынын ішіп алып, қайта кеп отырдым. Дәмеш кетісімен әріптесімнің көк көзі тағы да жарқ ете түсті:
– Қытайға сатылған әпкең сүт пен жұмыртқаны қайдан әкеледі, ей?
– Онда нең бар еді! – деп бірнешеу қадала түсті оған. Менің жауабымды Жәкен атты көрші сабақтасым қайырды:
– Өз әпке–қарындастарың әркімге телмірумен сені ұмытып кеткен соң, мұның әпкесін көре алмай отырсың ғой.
– Ей, тіліңді тарт! – деп ақырып қалған ұзынның көк көзі қанталап кетті. Оның сыбайластарынан бірнешеуі тағы жекірісіп қалғанда, Қуанышқан дейтін бірі Жәкеннің бүйірінен түйіп жіберіп те үлгеріп еді. Жәкен оны шықшыттан соққанда, тәртіп сақтаушы мұғалімдер келіп, олардан жауап жұдырықтарын ұрғызбай тоқтатты. Тісін басып кіжіне-кіжіне барып отырды Қуанышқан.
– Тұра тұр, бәлем, көрсетемін әлі-ақ!
Күрес алдымен қазақ-моңғол палуандары арасында болды да, атақты Марғалдай палуан жығылған соң, моңғол палуандар майданнан шығып киінісіп алды. Күрес қазақ рулары арасында өтті онан соң. Бұлардың бас палуандарынан көбі әлі түспеп еді. «Еркөкшенің» Мұштари атты атақтысы кәртейгендігін айтып, майданға шықпаған екен. Ал қалғандарынан Қапасқа ешқайсысы беттемеді білем, «Жәнібектер» жақ майданды жаңғырықтырып тұрғанда, тосыннан «Қабанбай» ұраны саңқ ете түсті де, ұзын бойлы сары жігіт күле түрегелді орнынан.
– Қыдырмолда, Қыдырмолда!...
– Қыдырмолда құмарынан енді шығатын болды, – деген жайран үндер естілді, – былтырдан бері Қапаспен бір түссем-ау деп жүр еді.
Сыртымыздағы жұрттың қаужақтаған сөздеріне қарағанда, «Орқашар – қожыр, Тарбағатайды тыйған» жас палуан екен. Қапаспен күресуді өзі талап еткендіктен майданның дәл ортасына өзі адымдай барып, тұра қалды. Көтермелеуге біздің Нұрасыл ғана еріп барып «Жәнібек» жақтан Қапас палуанды талап етті.
Қапасты жуан-жуан он шақты ел адамы ортаға алып, салтанатпен әкелді. Екі иығына екі-екіден төрт кісі мінгескендей тұтас біткен жуан Қапас, басқа адамдар арасында биік көрінгенімен, Қыдырмолдадан едәуір аласа, көрінді. Жастығынан болса керек, Қыдырмолда сәл сидаңдау. Сөйтсе де, балтыры мен бұлшығы шәугімдей бөлек-бөлек шығып тұр.
«Қабанбай» мен «Жәнібек» аттары Құлыстайдың жер-көгін жаңғырықтырғандай болды. Өштескен бұқаларша сүзе қарасып, бір-бір айналып өтісімен, атылуға ыңғайланған жолбарысша жер бауырлап аңдыған Қапас «жауының» көзіне екі уыс топырақты атып-атып жіберді де, бақалшығынан шап ете түсті. Лезде жерден жұлып та әкетті. Қыдырмолданы ортан белінен бөренеше көлденең құшақтап, басынан асыра тік көтерді де, жерге періп қалғандай болды. Қаусатты ғой деп қалып едік, Қыдырмолданың екі аяқ, бір қолы жер тірей қалды да, «жауының» қарнынан бұрай ұстаған бір қолымен тірей түрегеліп, ол да көтеріп әкетті. Лақтырып кеп тастады. Найман мен уақ қана емес, тіпті ұйғыр, моңғолдар да қосылып, түгел «Қабанбай» ұранына басып ала жөнелді. Етпеттей түскен Қапас палуан екі аяқ, екі қолмен бірдей жер тіреп қалғанда, ыршып барып міне түскен Қыдырмолда «жауының» күдірейген желкесінен түйіп қалып, жуан басын жерге тұқыратып бара жатты.
– Неге ұрады, ей! – деген біреудің үнін қостап, керей жақ шу ете түсті де, аттарын тебінісіп қалып лап берді. Әлі де жауырыны жерге тимей еңбектеп тұрған Қапасты бірнешеуі көтеріп әкетті. Қарсы жақ та, бейтарап жақтар да оларға қарсы ұмтылды, алдыңғы жақ қамшы салысып, мереке зор соғысқа айналғалы бара жатқанда ұлттық ұйымдардың, үкімет жақтың адамдары көбейіп барып айырды. «Екі палуанның күші тең» деп бағаланып, екеуі тең сыйлық алды.
Рушылдық даурық мұнымен тоқтағаны сол, таңертең кеткен екі жүз шақты бәйге екінтіге таман қайта оралғанда тіпті ушықты. Мереке тымақты қазақтардың рушылдық айқай сүренімен аяқталды.
Олар бір-біріне қамшы білеп ұмтылысқан орайда біздің сабақтастар бір-біріне жұдырық түйе ұмтылысып еді, бұл кішкене шайқасты мұғалімдер тоқтатты. Бірақ тымақтылар «керей», «найман» ұрандарымен бөлінсе, біздің бөлінісіміз бүтіндей басқаша, тымақтылар таңқаларлықтай бөлініс болды: біздің «Қабанбай», «Жәнібек», «Еркөкшелермен» таныстығымыз да, оларда бұйымтаймыз да жоқ тәрізді. Біздің жақтастар құрамында арғын да, найман да, керей де, уақ та бар. – Екі жағымыздың құрама жауынгерлер екені айқындалып жатыр.
Екі күннен соң Елсадық қазақ ұйым мүшелері мен мұғалімдерді қосып жиын ашты да, бәсеке нәтижесі жайынан бастап, недәуір ұзақ сөз сөйледі. Бәйге төбедегі күрес майданында болған рушылдык егері туралы сөзге келгенде қарапайым қаудырлаған қоңырша дауысы қатайып нық-нық айтып тастады: «Таптық жанжал ғой, әрине, болмай қоймайтын тартыс. Тіпті, тіршілік үшін зәру күрес. Ал, көпшіліктің тұрмыс-тіршілігіне титтей де байланысы жоқ бірдеме үшін қызып, ру ұранымен быт-шыт болатынымыз бар біздің! Надандықтың ішіндегі ең көрсоқырлық – осы рушылдық!.. Біздің халыққа тарих бойына жабысып келе жатқан қырсық та, жұт та осы. Масқара мазаққа айналуымыз да – осы рушылдықтан болған деп тастады!
Ашуға мүлде жат адамның бұл сөзді неліктен қатал айтқанын да, рушылдықты «жұт», «қырсық» деп неліктен атағанын да кезінде жете түсінбеп едім. Әйтеуір, бұл кісі айтқан соң, әрине, дұрыс болады, білмей айтпайды. «Анық жұт, анық қырсақ» сол болса керек – жете білмесем де жетемде осылай сақтауға тырыстым.
Үлкен егес қанды соғысқа айнала алмай тарқап, тау-тауға бөлініп кете беріп еді. Біздің кішкене егес содан төрт-бес күн өткен соң дәл Төрт көшеде лап ете түсті де, қантөгіске айнала қалды.
Уақиға абайсызда туылды: мектептің түскі демалыс уақытында Жәкен екеуміз қағаз-қарындаш алуға Төрт көшеге барып едік. «Жауымыздың» үш-төрті алдымыздан шыға келді де, бізді кес-кестеп тұра қалды. Жуан тұғыр күшті Жәкеңді қоршай қалғанда, Жәкеңнен кейінірек келе жатқан мен лып етіп бір топ адамның далдасына тығылдым. Қуанышқан алқымынан ала түскен Жәкеннің екі қолынан екі «жау» ұстай алды да, біреуі көпшіліктің көзіне арашалаған болып көрінді. Қуанышқан Жәкенді жақтан мықтап бір ұрды да, жағасынан екі қолымен бірдей ұстап үн шығармай қылғындыра берді. «Арашаға түскен» көккөз бәрінен зор бола тұра, қолын айыра алмағансып Жәкенді қинап жатқанда, мен шыдап тұра алмадым. Бірақ, бойым да, жасым да сол төбелесіп жатқандардан кішкене еді. «Жәкен олармен жауыққанда мен үшін жауыққан ғой!» – қорқақтығымнан ба, қанішерлігімнен бе, әйтеуір, дүние күп-күрең болып, көзім қарайып кеткенін ғана білемін. Ыршып шығып Қуанышқанның артына жетіп келгенімді ешқайсысы байқамай қалды. Кішкене жұдырығыммен жауырын ортасынан түйіп жіберіп едім, ол шыбын шаққан құрлы көрмеген сияқты, жалма-жан секіріп қалып, шықшыттан ала сілтеп едім, Қуанышқан жалт қарағанда қолым мұрнына барып қонбасы бар ма. «Жау» қаны шүмектен құйылғандай сау ете түскенде, алқымы мен қолы босай қалған Жәкен «арашаның» өзін бір салып үлгеріп еді. Қуанышқан тұмсығын бір қолымен мықтап басып алып, маған тап бергенде, батыс жақ көшемен безгелдекше безіп ала жөнелдім.
– Мынау не деген пәле еді! – деп қалды базаршылардың біреуі. Артыма бір қарағанымда Жәкеннің «ханзу» көшесімен шығысқа қарай зытқаны, үшеуі соны қуып кеткені байқалды.
«Енді мені өлтіреді-ау, ұзын борбай Қуанышқан қояр ма, ә!» деген қауіп келгенде қайда тығыларымды білмедім. Аяғым жерге тимей қанша ұшқаныммен Қуанышқан қусырып, жақындап қалғандай көрінді. Киімнің алды қып-қызыл қанға боялған сол көрінісі маған нақтылы қанды ауыз «хазірейілдің» өзі болып елестеді. Қорқыныш шын төнгенде ұят шіркін шіркейше безе ме, қалай, «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген ғой, мен де қолға түсуді қаламадым. Қорғалайтын бұтақ іздеген торғайша зырқырап келіп, бір ашық қақпаға сүңгідім де, есігі ашық тұрған бейтаныс үйге атылып кіріп, төр үйіндегі сәкіге сарт ете түстім.
Көрпесін төрге жайып салып, іс тігіп отырған қазақ әйелі ғана көрінді көзіме.
– Иә, алқын-жұлқын болып тау көшіріп келдің бе, шырағым?! – деп менің сиқыма қарай қалды. Сәкі шетіне аман-сәлемсіз ілініп, алқынып отыр едім, – одан да зор жұмыс бітіріп келген сияқтысың ғой! – деп аңырды әйел. Менен жауап шықсын ба. Кексе сары әйел мырс ете түсті де, сырттан аяқ дүбірін естіп терезеге қарады, – е, бәсе бұтаға қорғалап кірген екен ғой! – деп сәкінің екінші жақ шетінде отырған екі ересек баласын жұмсады. – Барыңдар есікке, қанға боялып біреу келеді, кіргізбеңдер!..
Алғаш кіргенімде көрмей қалыппын, ауыз үйде екі кемпір отыр екен, сыртқы есікке бәрі барып тұра қалысты. Қуанышқан тосқауылды бұза жара ауыз үйге енгенде, әлгі әйелдің өзі барып төр үйдің есігінен бөгеді.
– Шығарып бер ана қанішерді! – деп ұмтыла міңгірлеген Қуанышқанды кеудесінен итеріп жіберіп, есігін жауып алды әйел.
– Түйедей болып қаршадай баладан таяқ жеген өзіңде бір сойқан бар ғой! Ары жүр. Ары, қаның жұғады, үйімді былғатпаймын!...
– Шығарып бер!
– Кішкене баланы саған өлтіру үшін берейін бе?!
Әйелдер жабыла даңғырласа жүріп Қуанышқанды ауласынан шығарып жібергенде ғана жаным қалғаны сезіле бастады.
– Өзіңнен үлкен адамды неге ұрдың?! – деп жазғыра қарады әлгі әйел қайта кіріп.
– Олардың төртеуі жабылып менің жолдасымды ұрды, сыртынан келіп жағынан ұрып едім... Тұмсығын өзі тосты! Әйел күлімсіреді де:
– Ал, көрінбей кетіп қал енді! Ол үлкен көше жаққа кетті, сен мына сырт жақпен кет! – деді.
Мен қақпадан баспалай қарап шыға қаштым да, сырт көшемен айналып мектепке жеттім. Сабақ басталып кеткен екен, зал тып-тыныш. Мұғалімдер бөлмесіне қарасам онда да ешкім жоқ. Класқа кіріп барсам, таяқ жеген Жәкен екі қолымен екі кірпіш көтеріп жазада тұр да, Қуанышқаннан басқа «жауымыз» жайбарақат қана партасында отыр. Қуанышқан қанын тазартуға үйіне қайтып кетіпті.
Терезе алдында отырған Арысбек мұғалім мен молда маған шатынай қарады да ұшып-ұшып тұрысты. Құтқарушы әйелге қайтарған жауабымды бұларға да айттым. «Дөрт аяқ!» деп ақырған молданың қаһарынан, мұғалімнің қаһары әлдеқайда жоғары кетті. Күнше күркіреп қана қоймай, найзағай тастағандай шарқ-шұрқ ете түсті. Ақталу жауабымды тыңдар райы болмаған соң, сөзді қойдым. Үлкен екі кірпішті маған да көтертіп, дереу үкім жариялады: кешке дейін кірпіш көтеріп тұрып, кеште осы класта қалмақпын. «Жауларым» естірте масқаралап отырса да, мұғалім «естімеді». Мен қарамадым. Мықты Жәкеннің қолы қалтырап, кірпішті бір рет түсіріп алғанда мұғалім шапалағы бетіне қатты бір тиді де, екінші рет түсіріп алғанда кешіріп оны партасына отырғызды.
Жаза майданында жалғыз қалдым. Қанқұйлы қас «жаудың» өзі болғандығым үшін әділі осы ғой, мызғымай тұруға тырыстым. Алғашында тым ауырсынбасам да, сабақтастар демалысқа бір шығып келгеннен кейінгі уақытта екі кірпіш зіл болып басып, жерге кіргізіп бара жатқандай қабырғамды қайыстырып әкетті. Түсіріп алсам шапалақтың ең қаттысы ғана тиюге тиісті. Жығылсам да түсіргім келмеді.
Сәрсең болып семген екі нәзік бұтақ сияқты екі білегім шырт етіп үзіліп түсердей дір қағып кетіп бара жатқанда, қыр мектептерінің біріндегі Атабай мұғалім кіріп келді. Сағынышты ұстазымның сағым сынып масқара болып тұрғанымда келуі маған ең ауыр жазадан да ауырырақ тигендей, төмендеп бара жатқан кірпішті қатулана көтеріп алдым. Бетіме шоқ түскендей дуылдап ала жөнелгенде басымды төмен салып, тұқыра түсіп едім. Атабай алдымнан өтіп бара жатты да, еңкейіп үңіле қарады.
– Үй, мынау Биғабіл ма?! – деп барып Арысбекке қол берді, мынаған не болған, жуас еді ғой!
– Ең пәлесі осы. Үндемей жүргенімен, бұдан сүзегені жоқ.
– Ей, Биғабіл, не болды саған, соншалық бұзылып кеткенің бе?!
«Жауларымның» алдында жасымауға қаншалық тырысқанымен, тамағымның бүлк-бүлк ете түскені сезілді. Сөйтсе де, тісімді-тісіме басып үндемей тұқыра бердім. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген, менің жалынарым да, сыйынарым да осындай мұғалім еді. Бірер рет құтқарып жіберетініне сенсем де, ұяттан өлердей семіп тұрдым.
Солай біраз сөгіп алды да, Арысбек пен Нәбиолладан кезек сұрап азат етті мені.
«Тергеушім», әр заманның өз қастерлісі өзінде болмай ма. Сол қастерліге қарсы тұру – заманға қарсылық, төңкеріске қарсылық болып саналады. Мен сол заманның өзінде-ақ қастерліге жай ғана қарсы тұрушы емес, осылай тұмсығынан қанын сорғалатқан кері төңкерісші едім. Қазіргі қылмысымның негізі қашан пайда болғанын пайымдап отырған шығарсыз!
V
Қылмыстан көзі ашылмаған адамның қырсықтан көзі ашылушы ма еді. Қырсық мені енді класта шалатын болды. Бас мұғаліміміз есепке ғана емес, саясатқа да жүйрік болғандықтан, мені шалып жығудың амалын әр күні тауып отырды. Амалы табылмай қалған күнде де, қара мұрты маған ит көрген мысықша едірейіп, «гүрілдеп» тұратын болды.
– Ей, лақкөз, сүрт қара тақтайды! – деді класқа кірісімен,– сенсің ғой осынша былғаған!
– Мен емес! – деп барып сүртемін.
– Алдыда отырған сен болмасаң кім?!
– Мен класқа кіргелі орнымнан тұрғаным жоқ.
Класта күлкі үні естілсе менің күлкім болып естіледі:
– Ей, текекөз, немене мәз болып отырсың? – дейді.
– Мен емес.
– Енді кім? – деп шаңқ ете түседі.
– Арт жақтан шықты.
– Сеніңше бар пәле арт жақтан шығады ғой! – Мен онысына жауап бермей құтыламын. Бірақ сонда да құтқармайды. Аппақ шытымен мұрнын баса қояды бір кезекте:
– По, мөңкітіп жіберді ғой!... Ашыңдар терезені! Ей, текешік, бар, далаға шығып кел! – Арт жақ ду күледі!
– Мен емес, мұғалім! – деп жәбірлене қараймын оған.
– Енді кім? – деп шаңқ ете қалады, – дәл алдыма отырып алып... Сен емей кім?!
– «Арт жақтан!» – деп кекетіседі арт жақтағы ерке тайыншылар.
Өзі де арт жақтан шықпай, алдыдан шығады деймісің! – десіп, бұл сөздің қисындылығына бүкіл класс күледі.
Мен тұқыра түсемін. Бұл қылығым – мойындау іспетінде көрінетінін сезсем де, нақақтығына булығып тұқырамын. Қуанышқанның мұрнынан қан шықпай тұрғандай, менің мұндай иісім де шықпаушы еді. Енді бүкіл класты мүңкітетін болыппын.
Сөйтіп жүріп, басым жерден алынбайтын күйге түстім. Жасып кеткендігімнен сабақ сұрауына жауап қайтаруым қиындай берді. Әсіресе, есеп сабағында қара тақтайға шығарғанда жүрегім атша тулайды, өйтетіні, Арысбек әмсе зекіріп шығарады:
– Ей... Кім еді, ей, текекөз!.. Не ғып отырсың бақырайып, шық қара тақтаға! – дегенде-ақ есім шығып кететін.
Менің көңілдес сабақтастарымның арасында Арысбек мұғалімге ең батыл пікір айта алатыны – Қиялзат еді. Әкесі сол кезде Дөрбілжіннің ең абыройлы адамдарының бірі, ауқатты саудагер болатын. Қиялзат ақтарыла сырласып, ағыл-тегіл күлетін ақ көңілділігімен бізге жақындасып кеткен. Менің ұмытылып қалған өз атымды Арысбекке сол ескертті бір күні:
– Мұғалім әбзи, оның аты Биғабіл емес пе!
– Мейлі, не болса ол болсын, мұның атын есіме сақтай алмай қойдым.
Мен солай қолмен түртіліп, азумен мыжылып қара тақтайға шыққан бір күні айтып тұрған мысал есептің сөзін де ұқпай аңырып қалдым. Құлағымның шуылынан ба, жүрегімнің дүрсілінен бе, әйтеуір естімей жалтақтап қарай бердім. Мұғалім ырши тұрып қасыма жетіп келді:
– Не деп тұрмын мен саған?! Жаз! – деп шаңқ ете түсті де, желкемнен бір түйіп қалды.
Не деп жазарымды онан сайын білмей тұрып қалдым. Қатты сөйлегенде шаңқылдап кететін ащы үні құлағымды онан сайын бітеп тастағандай, автоматша жітірмелетіп сөйленетін сөзі, қанша айтқанымен миыма кірер емес. Маңдайымнан тер бұрқырап кетті. Жазсам да сөз тастап әр жерінен бір жазыппын. Шапалақтап-шапалақтап жіберді де, қара тақтайды қайта сүрткізіп тастады.
– Мәкен, бері келші, сен жазып берші мынаған!
«Жанасқыш тайыншаларының» ең үлкенін осылай еркелетіп атап, күлімсірей шақырып еді, сол көккөз «жау» күле шықты да, мұғалімнің бір-бірлеп нақтап айтып берген мысал есебін асықпай, нақтап жазып шықты.
– Сен мені емдің ғой енді! – деп күбірлеп, менен өшін ала қайтты сонан соң.
– Ал, шығар! – деп зекіді мұғалім.
Мен қара тақтаға қарап тұрып қалдым. Қайта-қайта оқысам да ұқпадым, шығара алмай қойдым.
– Кім шығарады? – деп мұғалім оқушыларға қарағанда, мен де қарадым. Мұғалім қанша жалтақтағанымен «жанасқыш тайыншыларынан» ешкім қол көтермеді. Алдыңғы жақта отырған менің достарымнан бірнешеуі өршелене, қатар көтерді қолдарын. «Дұшпанына шығартып көзіне түрткілеткенше, өзіміз шығарып берейік!» дегендей ажар бар сияқты. «Мен!», «Мен!», «Мен!» десті. Менімен бір партада отыратын Бексапа жұлқынып жетіп келген соң мұғалім еріксіз соған шығартты.
Арысбектің ажуалы, ащы сөздерінен тағы да жұтып-жұтып алып партама уланған адамша сылқ түсіп отыра кетіп едім. Менімен бойы теп-тең шикі сары Бексапа маған жақындай түсіп, жалтақ-жалтақ қарай берді. Оның өткір сарғыш көк көзі сәл қызғылт тартып, жасаурап тұрғаны байқалды.
– Саған не болды?! – деп сыбырлап, алдындағы дәптеріне үңілген болды, үндемедім. Ержүрек-өжеттігіне мені де шақырғандай, ол тамағын ақырын ғана бір кенеп алып, сөзін тез-тез жалғастырып жіберді, – сені сындырмақшы, бәріміз біліп отырмыз. Сен сынбай қой!.. Ішіңнен ерегісіп алсаң сынбайсың!.. Қорқытқан сайын қатайып алу керек, ештеңе етпейді!...
Мен қатайып кете алмадым, іштей мұқалып, босай бердім. Барлық мазаққа мойындағандай, үн-түнсіз жасыдым. «Дұшпандарыма» ғана емес, дос сабақтастарыма да тең байланыс жасай алмайтын, тартыншақ болып қалған сияқтымын.
Басқа оқушылардан ешқандай зәбір көрмесем де, мектеп маған бас мұғалімнің қабағындай ызғар шашып, суынып кетті. Сөйтіп, мен 1937–1938 жылдық оқу маусымының ақырғы сынауынан сіңірім ілініп әрең өттім.
Сабақ оқудың өзі қызық ойын сияқты білініп, оқыған сайын өрге тартқандай көңілі көтеріле түсетін жақсы оқушының қасиеті сол жаз менен тым аулақта қалды да, ыңғай ойыншы балаларды жанасалап, солар бар жерде ғана жасай алатындай, басқаша тіршілікке ойысып кеткенімді сезбей де қалыппын.
Емілдің терең бөгеу айдыны біздің көшенің тұсында ғана еді. Жазда балалардың үзілмейтін, ең думанды мекені сол болатын. Біз содан шықпайтын “қара балыққа” айналып кеттік. Біздің көшенің балалары су өнерінің барлық түріне жетілді де, сол өнерлілерді қуалай сүңгіп мен жетіскендей болдым. Жетіскен сайын жетіліп, ол жетілу желік бітірді де, күндіз үй көруді қойдым. Қаладан 30–40-тан жиналып келетін балалар, біздің шеттің алты баласының қабағына қарап шомылатын халге түсті. Алты “жайын” бірдей атылып, биік жардан секіргенде, шабақ балықша тым тырақай қашып, көлді босатып бермесе жұтылатындай көреді. Бірақ, солардың ішінде “жайындардың” кезіккені ғана болмаса, ешқайсысы “жұтылмай” аман қашатын. Жәкен екеуміздің “дұспандарымыз” сол жазда, сол айдында бір-екі реттен шиқылдаған соң келмей қойып құтылды.
“Жайын” дәрежесіне енді жетіп “абырой” тауып қалған мені әкем қатты масқаралады бір күні: дар басында жалаңаш тұр едім, қолында ұзын таяғы бар, ту сыртымнан келіп қалған екен:
– Оқу қайда?! – деп ақырып қалғанда бір-ақ білдім де, киімімді іліп ала қаштым.
Жалаңаш болғанда да, тырдай едім. Таяғын лақтырып кеп қалды, тимей қалған соң ала салып тағы қуды.
– Жыл оқып тапқаның алпыс номер! Алпыс күн ойнасаң да әлі үй қарасын көрмейсің, сабақ қайда қалды? Бәріміз жалданып оқытқандағы үмітімізді ақтағаның осы ма!... Алған бәйгең алпыс па!...
Қашып бара жатып естігенім осы сөз болды. Бұл сөзді естіген өзім ғана емес, су бойындағы балалар ғана емес, әкемнің зор дауысы бүкіл көшеге жайылды. Бұрыла қашар басқа жол болмағандықтан, жар бойлап зытып, жалаңаш қалпымда көшеге шыға келіппін. Қуып келе жатқан құба таяқ, әй-шайға қаратар емес, ерсілі-қарсылы екі қақпаның алдына топталған екі топ қыз-келіншектің арасынан зырылдатып өте шығып, ат бойлап кететін төте жолдағы жоңышқаға кіре жөнелдім. Артымда дуылдап мазақ-күлкі сайрауда. «Алпыс номер» жайлы әкем тағы айқайлап, жар салып келеді, оның жетісе алмай сәл кейінірек қалғандығы ғана іш киімімді теріс болса да киіп алуыма мұрсат берді.
Енді бұл көшеге қайта көрінер жайым қалмағандай, әшкереленген «алпыс номердің» үстіне айрандай төгілген бетіммен жер бастырып, бірнеше күн үйден шығармай тастады. Әкемнің айтқан әділ таразылығы құтқармас құрсаудай бүріп алды мені. Одан кейін қайталай қыжырытпаса да, сол бір шыншыл сөгіс әр күні айтылып тұрғандай бүре берді. «Екі аға жастық өмірін жалшылыққа кім үшін беріп жүр?... Інім кім үшін сауыс–сауыс сары ала боқшылыққа байланды. Жоқшылығына қарамай әке-шеше мені не үшін сетер етіп әлпештеп жүр! Диуана дегізбеуге тырысып, өздерінде жоқты кигізгендегі тапқаным осы масқаралық па!» Үйден шықпай көшірме кітап дәптерлерімнің барлығын жайып салып, соған үңілумен болдым. Біршама қиынырақ деген есептерді белгілеп алып, соларды басынан бастап қайта шығарып үйрендім. Мен де өзімдегі кемді толықтырып, жоқты іздеп табуым керек қой, қолымдағы барды әр саққа жүгіртіп пысықтадым. Пысықтаған сайын өзімді қиынға салудың талай есебі табылды. Оқыған аз нәрсемнің өзінен бұрын өзім ескермеген көп жұмбақ шыққандай. Соларды шешудің өзі ең қиын ойын сияқты. Басқа ойын іздеу ұмытыла берді. Бір шақ үйге шақырып отырғыза алмаған әке-шеше енді мені бір уақыт үйден шығуға, өзен бойына барып ойнап келуге қузайтын болды. Анда-санда шыға қалсам, әлгі «масқара көшеге» баспай, ыңғай сырт жақпен жұрттың тынығатын мезгілінде ғана шығып жүрдім. Онан да қала ішіне кіріп қайтуым көңілді сияқты.
Жаз басында Үрімжіге шақырылып кетті деп естілген Керім Шиянжаң мен жол құрылысының бастығы – Құсайын сол бойы қайтпай қалыпты. Ол кеткендердің дерегін бала-шағалары да білмейтіндігін күзде естідік. Олар туралы ешкім еш нәрсе айта алмайды екен. Жұрт олардың бала-шағаларының ешкім ұрмай-ақ жүдеп, ешкіммен байланыс жасамайтын томаға-тұйық халге түсіп қалғандықтарын ғана біліпті. «Қолға алыныпты», «қамалыпты» дейтін суық хабар тым жасырын сыбырмен ғана таралып жүр екен. Жұрт оларға «қиянаттан», «парақорлықтан» дегендей еш кінә тақпай ішінен ғана күрсінетін көрінеді.
Аудандық өкіметке Ли фамилиялы жаңа Шиянжаң тағайындалып келіпті. «Бұл да Керім Шиянжаңның орнын өгейсітпейтіндей, халыққа тым қайырымды кісі екен» деген сөз тарады. Бұл мақтау алдымен дау-шарға көп араласатын адвокаттан шықты да, рас солай екені жұртқа тез байқала бастады. Ли Шиянжаң келісімен бірнеше жиындар ашып, халыққа жағымды сөздер сөйлепті. «Ұлттық мектептерді кеңейту», «қоғамдық ұйымдарды толықтап, олардың ісін батыл жүргізу», «клуб салу» істерін келе қузай жөнеліпті. Сол орындардың бәрін өзі жаяу аралап көріп жүреді екен.
Дөрбілжіннің батыс жақ бетіндегі «Жер Дөрбілжін» деп аталған ежелгі қорғанның шығыс жақ іргесін тегістеп, үлкен клуб салып жатқанын көрдім. Төрт бұрыш қорғанның дәл ортасында алғашқы заман айдаһарының басындай көрініп, қалқиып тұратын пұтхананы тып-типыл етіп, теп-тегіс кең майдан жасапты. Сөйтіп «жын бар», «шайтан бар» деп біз маңайынан өте алмайтын ең қорқынышты өңір мәдениет орталығына, жарыс пен бәсеке майданына айналыпты.
Жүздеген жұмысшының мұндағы қызу еңбегі біздің мектептің терезесінен көрініп тұрады екен. Тоғызыншы ай туып мектепке қайта жиналғанымызда, темір шатыры шегеленіп болған, тау заңғарындай клубқа шалқая қарап тамашалайтын болдық. Мектебіміздің маңы былтырғыдан қызық көрінді. «Осы қызықтың ортасында мен тағы бұзық аталамын-ау!» деген күдікпен келіп едім. Мұғалімдер бөлмесіне кіріп сәлем бергенімде «қара мысық» күржимей, құйрығын жыбыр еткізді, күлімсірей қарады Арысбек.
– Биғабіл, тізімдеткелі келдің бе? – дегенде турарақ қарап едім, рас жылы көрінді. «Атымды жап-жатық, дұп-дұрыс атады ғой!» деген таңданыс пен қуаныш аралас, жан-жағына енді қарадым. Расында Арысбек емес, осы бөлменің өзі жылынған сияқты. Мектеп меңгерушісі бейуаз Қалымынан басқа, гүлдей жайнаған жап-жас үш мұғалім келіпті. Бұлардың біреуі таныс, «өлген адамды да күлдіретін» мысқылшыл Дәулет Шәуешектегі мұғалімдік мектепте оқып жүр деген, Дөрбілжіннің өз жігіті. Демалысқа келген кездерінде бізбен аздап асық ойнаған, артықсынуды білмейтін жігіт сияқты көрінген. Биылғы жаз терең бөгеуге барып шомылғанда біздің «жайындар» оны су астынан бірер рет тарта кетіп шиқылдатуға қимап еді, сонымыз жақсы болыпты!
Жаңа мұғалімнің тағы біреуі – сырт таныс, дөрбілжіндік Мақат – асқан кербез, сұлу, сылқым көрініп еді, сонысынан ғана секем алмасақ күдірейіп гүрілдерліктей «қара мысығы» жоқ қой, әйтеуір.
Менің көзімді ең көп тартқаны – бұрын мүлде бейтаныс, жылы жүзді ақ сары мұғалім болды. Аты Танысқан екен. Бет пішініндей үні де жарасымды, жатық та анық сөйлейтін шешенділігімен көзімді тартса, жоқтамаға қарап бір рет шақырған соң-ақ атымды біліп ала қоюы – өзімді тартып ала жөнелгендей болды. Оның сабақ өткендегі барлық кейпі зор өнер сияқты көрінді маған. Сөйлеп тұрғанда оның көкшіл көзінен таса ешкім қалмайтындай. Сөйлеген тақырыбынан күңгірт еш жай қалмайтындай. Ай мен күндей, әлемге бірдей, өз денесінен нұр шашып тұратындай әсерлендірді. Сабағымыздың барлығы көшірме еді. Өз сағатында әр сабақтың лекциясын тыңдап, конспекті көшіретінбіз. Ал көпшілігіміз Тынысқанның өткен сабағын сол сабақтың өзінде-ақ игеріп алатын болдық. Есеп сабағын тағы да Арысбек жүргізіп, күніне бір рет «текекөз» аталғаныма жасығанды қойдым. Күніне екі не үш сағат біздің класта болатын Тынысқанның тыныс беруімен менің тұтық үнім ашылып, күрмеулі тілім шешіле бастағаны байқалды. Сабақтастар іркіліп қалған сұрауларға әмсе мен құлшынып жауап беретін болдым.
Сөйтіп әр күні көзге түсіп жүргендігімнен болса керек, бір күні түстен кейін мұғалімдер тобымен кіріп келді де, ең алдындағы Тынысқан мені нұсқады:
– Міне, мынау болады!.. Биғабіл, түрегел! – деді, мен орнымнан атып тұрдым. – Алдымен осыны жаз! – Қағаз алып кірген Дәулет мұғалім менің атымды жазғандай болды, Арысбек мырс ете түсті:
– Сайтан білсін!.. Бұдан не шығады! Неше жүз адамның алды тұрмақ осы класта тақтайға шықса ес-ақылы қалмайды, сахнада бедірейіп тұрсын деймісің?
Менің жүрегім зу ете түсті.
– Жоқ, ең өткірі осы, осындайдан шығады!
– Өлең айтқызып көрсек қайтеді, – деді Дәулет, жатып атарлығымен мені бір қинап алғысы келген сияқты.
– Қазір өлең айт деп қыстаса сен де айта алмай, бұқаша божбия қаларсың! – деп Тынысқан күлді оған. Аздаған шұбары бар, май басты жуан Дәулетке қарап түгел күлісті, – мұның хорға жақсы қосылатынын байқағанмын. Біздің орындайтын номерлеріміз өлең ғана емес қой, декламация да, пьесса да болады. Бәрін де үйренеді бұл, әлі ашылады! Тынысқан мені солай мақтап бекітті де, Бексапа мен Қиялзатты атады. Бұл екеуіне ешкімнің пікірі болмады. «Ең жоғары класымыз осы» десіп біздің кластан жеті-сегіз «әртісті» бір-ақ тізді сөйтіп. Арысбек қипыжық қағып, нұсқай түссе де, оның «мықтыларын» жаңа мұғалімдер қабылдамады. «Қой, ол өгіздерді» десіп қалды күбірлеп қана.
«Дес алуымыздың басы осы дескендей, біз бұл сөзді естіген соң бір-бірімізге қарап жымиысып алдық. Тынысқан Дөрбілжін клубының ашылған тойына, жаңа сахнаға қойылатын ойын дайындығына шығатындығымызды айтып, бізді ерте жөнелгенде, Бексапа менің иығыма қолын арта шығып, арқамнан қағып-қағып қойды. Жалт қарасам, жазғытұрымғы менің рухани ойраншылығымды көргендегісіндей, сарғыш көк көзі тағы да қызғылт тарта қалыпты. Қуанышқа да, қайғыға да ортақ, шіркін достық көңіл күйіміз тағы да іштен білісті.
– Тайыншаларын жасырып емізгеннің үстіне, жемдесе де жеткізбейік! – деді, – енді «өгіз» аталды ғой!
Менің қауіпім олармен емтихан мәселесінде болмай, енді көзіме сахна қатері елестеп, көңілімде «қорыққан адамнан жағымды үн шыға ма, енді көп халықтың алдында сахнада масқараланбасам не қылсын!.. Көшеде жалаңаш қашудан ол қиынырақ болар-ау!» деген үрей кеулеп келе жатқан.
– Сахнада үнім шықпай қалса, не сөзді ұмытып қалсам қайтемін, ей!? – деп үдірейе қарадым Бексапаға.
– Несі бар, сөзін мұғалімнің бірі айтып тұрады! Және сахнада сені ешкім “текекөз” деп жасытпайды ғой, біреу қасақана айтса да текірейіп алып соға бермеймісің!..
Жаңа талапппен бірге туған жаңа күдігім жайына қалды. Тынысқан менің әлсіздік жағымды білетін сияқты, маған “қатерлі міндет” артпай, орындай алатын рөлімді тауып отырды. Бірнеше оқушыдан құралған хор номерлеріне шығарғанда, дәл артыма қаймықпайтын өр дауысты Қиялзатты, қатарыма жіңішке үнді, өткір Бексапаны тұрғызды.
Мен өз әсерімен баурап, жаңа рухта тәрбиелейтін таланттыларды алғаш рет осы ойын дайындығында көрдім. Айтбектің аспан қамшылайтын болат шыбықтай асқақ әні, Тынысқанның нәзік толқынды скрипкасы, Дәулеттің іштен бұра түсетін күлдіргісі жай тамашашылардың өздерін де әртіске айналдыратындай. Бұл үшеуіндегі қабілет осы айтылған үш түр ғана емес, әрқайсысы сан қилы рөл атқаратын тума әртістер болып шықты. Әсіресе, Айтбек пен Дәулет бас қосқан жерде көп қапалы, ішқұсталықты көп көрген ер, әйел неше жүз өнерпаздың бір үйде бас қоса қалғандағы ойынындай думандатады екен.
Сахна шығармаларымен қамдап, жаттығуды басқарып жүрген Елсадықтың режиссерлігі мен суфлерлігі мені бәрінен де жоғары мектеп сияқты қызықтырды. Ол қандай кейіпкердің, қай сипаттағы сөзі болса да, әртістерге дәл өзіндей сөйлеп үйретіп жүрді. Сахна шығармасын оқып ойната отырып, қарапайым қоңыр ғана үнмен қыз да, кемпір де, шал да, жігіт те, олардың ішінде батыры да, қорқағы да, ұялшағы да, өткірі де болып жүз құбылысын да дәл бейнелеп үйретеді. «Әртістердің әртісі де, ми көзі де осы кісінің өзі екен» деп түсіндім мен. Бұл кісі суфлер болып отырғанда мен де әртіс болып шыға алатын сияқтымын. Әр күні түстен кейінгі уақытта жаттығу өткізген соң қолында бар әртістеріне Елсадық қатты разы болды:
– Сіздер арқылы әрқандай үлкен драманы орындауға болады екен, – деді де күрсініп алды, – біздің осы елде әйелдер өте артта қалған ғой, артисткадан жоқшылықты көбірек тартатын сияқтымыз. Жаңа ашылған қыздар мектебінен «қарызға бірнеше қыз сұрап ала тұрамыз», бірақ, олар «маймиып, қаймиып» қанша қатынасаалар дейсің және олар қыздан басқа әйел болуға тіпті де разы болмас.
– Одан қам жемеңіз, – деді Айтбек. – Қыз әкеліп берсеңіз болғаны, шешесі де, шалы да өзім болып шығамын.
– «Әкесі боламын» демей, «шалы боламын» деуін қарашы мына азбанның! – деп Дәулет оның иығынан түйіп жіберді. Жалған күйгелектікпен, күреңітіп божбия қалды өзі, – сенен басқа «шалы» боларлық ешкім жоқ па екен!
Біздің сабақтастар ду күлді. Елсадық бізге бір қарап қойды да:
– Оқушылар отыр, жігіттер! – деп күбірледі, – тәртіп алдымен өздеріңізде болуға тиісті. Алдын ала айтып қояйын, қазір бізге көмектесуге қыздар мектебінен екі-үш бойжеткен келеді. Оларға туысқан ағаларыңдай қамқор болыңыздар! Әрқандай бейбастақтық болмасын, мұндай қалжыңның иісі де шықпайтын болсын, үркітіп аласыздар!.. Оларды бар ой-саналарыңызбен көптеп қатынасуға қызықтырыңыздар!.. Бұл – біздің қоғамымызда тарихи, зор жұмыс. Ең қатты қарайтын тәртіп осы, артисткалдарды тек осы тәртіппен ғана тәрбиелеп шыға аламыз!
– Үйрене келе біздің мына азаматтардың өздері де қыз рөлін алып шығатын болады! – деп Тынысқан бізге үміттене қарады, – қараңызшы, қайсысы қыздан кем!
Дәулет маған қарап жымиды:
– Әнебіреуі тіпті мөлдіреген қара көздің дәл өзі.
Бірнешеуі қатар күлгенде, мен төмен қарай бердім. Ұялыңқырап қалсам да жақсы лепес сезіндім. Осы таңертеңде бір рет «текекөз» аталып едім ғой? Бұл жәбірді Қиялзат Дәулетке айтқан болып, көпшілікке әшкерелеп тастады:
– Мұғалім, класта Биғабіл «Текекөз» деп шақырылудан қатты жасиды! Қазір де есіне сол түсіп қызарып отыр!
Елсадық маған бағдарлай қарап алып сөйледі:
– Жоқ, олай емес, әсте теке көз емес! Текенің көзі қандай болушы еді, – мен онан сайын тұқырдым, – бұл баланың кішілеу көзі қаншалық ашуланғанда да тасырайып көрінбес. Ол оты бар нағыз өжет көз! Адам көзінің отынан талай үміт күтуге болады.
Арысбек мұғалімге көзімнің қиығымен қарап қойып едім. Ерні мен мұрны жыбыр-жыбыр етіп, ол құйқылжып отыр екен. Біреуге жағайымсырау да, иә қағытпа сөз айтарда осылай тұла бойымен күліп, құйқылжып кететін.
– Мұның кей кезде бедірейіп қалатыны бар, – деп, сөзінің жалғасы бардай тамағын кенеп–кенеп қойды. Бірақ жалғасын Елсадық күтпей сөйлеп кетті. Тегі ұялшақ оқушыға тағы да дық салатын сөзді сөйлетпейін дегені болса керек.
– Менің атам Құрман деген кісіні өз заманында «Қоңыз» деп атаған екен, – деп қалып еді, мұғалімдердің барлығы ықылас қойып қарай қалды, – сол кісінің қоңызға ұқсарлық титтей де белгісі жоқ еді. Жуандығына қарай бойы да бар болатын. Әртүрлі жағдайда ұнамды–ұнамсыз заттар тағыла да береді.
Бір столдың үстінде аяғын салбырата отырған Бірке мұғалім мұртын бір сылап қойып, еңкейе түсті Елсадыққа.
– Әңгіменің қызығы енді келді! – деп жымиды ол, – біз жаттығуға әйел балаларды күтіп отырмыз ғой, ал Елеке, олар келгенше сол «Қоңыз» батыр жөнінде әңгімелеп беріңізші, орайы келе қалды!
– Ол недәуір ескірген заманның адамы ғой, қазіргіге дұрыс есқатар жайы жоқ!
Дәулет пен Айтбектер қузай түсті.
Мәнчің хандығына қарсы адамның көміліп қалған әңгімесін енді ашық естісек, не қатесі бар! – деп Тынысқан орындығын сүйрей барды да, Елсадықтың дәл қарсысына барып отырды.
– Шынжаң тарихи жөнінен таза тақырамыз, Елеке!
– Шынжаңда Мәнчің хандығына қарсы көтеріліске ең күшеп қатысқан кісінің бірі Қоңыз батыр деп қана естігеніміз бар, – деді Арысбек, – сол кездегі мекені қай жер ол кісінің?
– Осы Тарбағатайдың теріскейі екен, – деп Елсадық жауабын қысқа қайырып, біраз кідірді. – Ол кезде шекара шектеуі болмаған. Ол беттен бұл бетке қазақтар ауыс-күйіс жүре береді екен. Мал ауысып, сүйек шатыс құдалығын, туысқаншылық байланыстарын қуалап, аралысып тұратын. Әкесінің туыстары түгелімен осы жақта болған соң, Құрман дерлік осы жақтың адамы сияқты жүріпті.
– Осы Шынжаң Мәнчің хандығына қашан қараған?
– Ол кезде Шынжаң деген атау жоқ қой. Еренқабырға тауының оңтүстігі Қашқария, солтүстігі Жоңғария деп аталған моңғол боданы болған. Жоңғарлар батысындағы көрші қазақтарды (сол кездегі ынтымақсыздығын пайдаланып) көп ойрандаған. «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» деп аталған жұт қырғындар сол жоңғар шапқыншылығының естеліктері. Тек қазақтардың басын қосқан Абылай ханның тұсында ғана жоңғарлар ойсырай жеңіліп, шығыс жағынан кірген Мәнчің армиясына жем болыпты. Ал, Қашқарияны Аппақ қожа өздігінен өткізіп берген соң, Мәнчің хандығы екеуін қосып, «Шынжаң» яғни жаңа шекара, «Жаңа жер» деп атаған екен. Бұл атау 1758 жылдың алды-артында ғана шығарылған сияқты.
– Көтеріліске Қоңыз батыр қашан қатысқан?
– Ал, Мәнчің хандығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісі көп болған ғой, 1866 жылы осы Мойынтал төңірегінде – Еміл бойында болған бір соғысқа қатысып қалған екен. Қатысайын деп те қатысқан емес, тосын кездесіп қалған көрінеді.
– «Бор батырдың көтерілісі болып жатыр, Шәуешектегі туыстар тұрмыс жағынан күйзеліп қалыпты» деп естіген теріскей жақтың елі көмекке бірнеше жүз қой, жылқы жиып, туыстарына таратып беруге «Қоңызды» басшы етіп жіберіпті. Ол кісі де батырсымақ болғандықтан, найзасын тақымына қыстыра жүретін адам екен. Тарбағатайдың бергі бөктеріне малды өткізісімен, «ер азаматтың барлығы Емілде Мәнчің армиясымен соғысып жатыр» дегенді естіген Құрекең Қарабас атымен шауып ала жөнеліпті: жалғыз батыр жау жеңе ме, ел аузының көпірме сөзі болса керек, немесе бір абыройдың орайы келген болар, Шәуешек пен Мойынталдың арасындағы бір жазықтан самарадай болып екі-үш жүздей көтерілісші көрініпті де, Құрман соған жете бергенде тұс-тұстан үкіметтің қара құрым атты әскері келіп қалыпты. Қоршауға түскенін білсе де, Құрекең көтерілісшілердің сол бір тобына ызғытып барып бір-ақ қосылып дейді. Мәнчің армиясы қоршап жоғалту пиғылымен шеңберін тарайта беріпті. Ол кездегі соғыстың бастама дәстүрі жекпе-жекке шақыру, дауыс жетер жерге келгенде көтерілісшілердің бір басшысы айқайлап, жекпе-жекке шақырған екен, жау жақтың қолбасшысы оған жауап қайтармай, садақпен атқылауға бұйырыпты. Бас батыр – қолбасшының өзі ғой. Қоңыз атын тебініп қалып, дәл соның өзіне найзасын кезей ұшыпты. Қарабас сайысқа дағдылы өте шапшаң ат екен. Қорғаушылары жебе іліп көзеп, садағының адырнасын тартқанша Қоңыз құйғытып барып, найзасын өндіршектен сүңгітіп үлгеріпті дейді. Қолбасшы қорқырай құлағанда, қорғаушылары тым-тырақай қашқан екен. Қоршау ыдырап, армия шегіне бастапты. Қоңыздың соңынан көтерілісшілер де шабуылға өтіп, оған сырттан көмекші қол да келіп қалған екен. Мәнчің армиясы быт-шыт болып шығысқа қарай бөліне-бөліне қашыпты.
– Бор батырдың Шәуешектегі жеңісі – Қоңыздың осы ерлігімен болған деп үлкен ағамыз айтушы еді, бірақ мұның қаншасы рас, кім білсін. Ауыз әңгімесі қашанда әсірлеуімен өсіп кетеді ғой. Бірнеше шежірешіден мен де дәл солай естіп едім, дұп-дұрыс екен.
– Сол кезден хабары бар адамның бәрі де осыны айтады! – десіп кексе мұғалімдер де, Арысбек те, Бірке де растап қойды.
– Көтерілісші дүнгендер мен ұйғырлар, тіпті қазақтың да көпшілігі Қоңызды бұрын мүлде танымайды екен. Бір «Қарабас» атты қазақ келіп осыны істеді деп Шәуешекте көтерілісші қолбасшыларына хабарлапты. Жау беті мықтап қайтарылған соң Қоңыз көмекке әкелген малына қайтып бара жатқанда, алдынан көп адам шығып, Қарабас атынан таныпты да, оны ақ киіз, кілем жайып түсіріп алыпты. Ол кездегі жергілікті халықтың салтында ең зор құрмет ақ киізге отырғызып көтеру ғой. Шәуешекке ақ киізбен көтеріп апарыпты. Қоңыз әкелген малының бір бөлігін Бор батырға тапсырып, көп сыйлыққа бөленген малшыларын қайтарып жіберіпті де, өзі Бор батырмен бірге Мәнчің армиясын қуып кетіпті. Одан кейін қаншалық ерлік көрсеткенін білмеймін. Әйтеуір, Үрімжіге, одан Шынжаңның сол кездегі орталығы Гушыңға дейін жау қуысып барып қайтқаны рас екен. Манас өзенінің басындағы бір шатқал қазірге дейін «Қоңыз бекінісі» деп аталып жүр.
– Бор батыр кім өзі?
– Көтеріліс қалай жеңіліпті?
– Бор батыр – дүнген, кәсібі – арбакеш дейді. Көтерілісте күшімен, ержүректілігімен көзге түсіпті де, сол реткі көтерілістің қолбасшысы болып шығыпты. Ол Шынжаңдағы Мәнчің генералдарының әрқандай қысымына шыдап күрескен табанды қолбасшы болған екен. Бірақ, өзінің жақын дүнгендерінен сатылған бір тыңшының уынан өліпті. Көтерілістің көбін осылай, басшыларын жансыздар арқылы өлтіру жолымен жаныштап отырған ғой.
– Мәнчің хандығының Шынжаңдағы өктемдігі құрымаса, Елекең осы тарихты ішінде шірітер еді.
– Бұл әңгімені сөйлетуіміздің өзі де бостандықтың нәтижесі ғой, – десті мұғалімдер.
– Ереке, сіз бұрын сол атаңыздың атын атаудан да қорқып келдіңіз-ау деймін! – деп Дәулет күлді, – қазірге дейін соның белгісі бар, ыңғай бұққан адамша жүресіз.
Елсадық кең тыныстағандай соза күрсініп алды:
– Ұлттар ынтымағы жағынан алғанда қазір де пәлендей жарақты әңгіме емес қой бұл. Қолқалаған соң түскен көңілшектігім болмаса, тарихшылығым қай тасып жүр дейсің.
Есіктің өз сықырындай ғана өте ақырын шертілген дыбыс естілгенде ұстаздар өздерінің ұстазы келіп қалғандай елеңдеп орындарынан тік тұрысты. Елсадық бәрінен бұрын тұрып барып, қазақ ұйымының қақпасынан мен алғаш көргендегідей, есікті кең ашып тастады.
– Келіңдер, балалар, келіңдер. Бәрі өз аға-бауырларың, тартынбаңдар!
Үш бойжеткен, Елсадықтың әлгінде ғана айтқанындай, «маймиып-қаймиып» әреңге кірді. Үзіліп кетердей әрең басады аяқтарын. Драманың айтыс-тартысына қалай шыдар екен деп жаның ашығандай. Жуан тұғырлау, үкісіз төбетайлы қып-қызыл бойжеткен мойны талып кеткендей басын бір кекшең еткізді де, батылдыққа бекігендей ширай өрлеп, төрден бостатып берген ұзын орындыққа алдымен келіп отырды. Талшыбықтай бұралған сұңғақ бойлы ақ сұр қыз да, қара көзі шоқтай жайнаған қара торы қыз да желкелеріне тастаған орамалдарының ұшынан ұстап, буындары құрып кеткендей сылқ-сылқ ете түсті орындыққа. Бірінен-бірі өткен ұзын бұрымды әсем қыздар екен. Келбет жағынан мектеп бойынша таңдамалылары болса керек.
Айтбек пен Дәулет өздеріне бітіп көрмеген бейтаныс әдептің бәрін жиып алғандай, сыпайылықпен тік тұра қалыпты. Танысқан оларға миығынан күле қарады да:
– Сендер де отырыңдар, момындарым! – деп отыра кетті, – қыз рөлін ойнай алады екенсіңдер!
Дәулет отыра бере, Айтбекке ренжи қарап қойып сөйледі:
– Мынау қыз бала бола алмайды, жаңа көрдім, мұрны қолағаштай екен, кемпір болсын!
– Сенің мойның жетісіп-ақ түй, пішіт әдиахал майтұмшығым! – деп Айтбек бет аузын кемпірше тыржита қойды. Езуі бір жақ құлағына жете қисайып, қалың ерні адам баққысыз салпия қалыпты. Бөлме іші күлкімен ду сілкінсе де, ол екеуінде жымиыс ізі де жоқ, біреуі ренжісіп, біреуі салпиған күйі аңдысып отырып қалыпты. Қыздар сықылық қағып тұншыға күлісті.
Салқын шырайлы Елсадық мырс-мырс күліп, қыздардың күлкісіне зейін қоя қарап алды.
– Балалар! – деп қалғанда олар күлкісін тез жиып, қарай қалысты, сонда да шиқ-шиқ ете түсіп отырды. Елсадық оларды көзқарастарынан да бажайлай жалғады сөзін, – тұңғыш рет көріп отырған клубымыздың тойына арнап, соның жаңа сахнасына театр дайындамақшымыз. Сіздердің көмектесулеріңізге мүдираларыңыз – («мектеп меңгерушісі» деген сөз, арабша әйелдерге «мүдира», ерлерге «мүдір» айтылады. – Ред) Талиға рұқсат еткен, айтқан шығар?.. Әр күні түстен кейін мұнда келіп қатынасуларыңызды ұйым жағынан үйлеріңізге де айтып рұқсат алғанбыз. Ешқандай сөлекет іс болмайтынына сендіргенбіз. Ол сенімімізді осы отырған бәріміз ортақ атқарамыз. Кей күні кешірек тарайтын жағдайда үйлеріңізге ұйымның арбасымен жеткізіп тұрамыз. Ойын қойылып болғанша, сабақтан ақсамау үшін іңірді, таңертеңгі уақытты мықтап пайдалана тұрсаңыздар болғаны! Ал сіздер бұрын үйде, әке-шеше қормалдығында ғана өстіңіздер ғой, әлеуметтік күреске, қоғамдық өмірге қатынасуларыңыздың басы осы. Мұның өзі сіздер үшін үлкен мектеп. Ойын-сауық тәрізінде көрінгенімен мұны да мектеп деп танып қатынассаңыздар орасан зор мектеп. Мектеп бола білу үшін жарамсыз мінез-құлықтардан сіздерді сақтайды. Қорғанбайтындай, батылдықпен қатынасыңыздар!..
– «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» – деп қойды Дәулет. Айтбекке тағы да сол ренжулі қабағын көрсеткеніне әр жерден күлкі қайта шықты.
– Иә, бәріңізге айтқаным, – деп Елсадық сөзін күлімсірей жалғастырды, – біз көп артта қалған халықтың балаларымыз ғой. Мешеулігімізден мазаққа, қорлап–қомсынуға көп ұшырап, қорсынып–жасып өскен ұрпақпыз! – Бұл сөзге келгенде Елсадықтың көзіне жас іркіле қалды, – ең өжеті – өнер шығарады деп жиып отырған осы топтың өзінде де сондай жасықтар баршылық көрінеді. Бір-біріңізді мазақтап, жасыта түсу жағында болмай, қайрап жетілдіре түсу, қолдап өрлете түсу жағында болыңыздар!.. Семіп қалған ұлттық мәдениетіміздің өніп-өсуден үміткер ұрығы – сіздер деп сеніп отырмыз. Өркендеріңіздің күн санап өсуін, пәк-таза өсуін төрт көзбен күтуден басқа, қартайған біздей аталарыңыздың өнер үйретер шағы өтіп кеткен!
Елсадық көнетөз көк бешбетінің жанқалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Жаңа ғана жайраңдап отырған күлкінің ізі қалмай, жиылғандар жым-жырт ойлана қарасып отыр еді, – неткен қазымыр шал деп қалмаңыздар, бұл айтпаса болмайтын сөз! – деп қайта күлімсіреді, – ал енді басталық!
– Мұндай сөздің көптігі бола ма!
– Елеке, дәл мұндай шипалы сөзді мен бұрын естігенім жоқ, қалжың емес!.. Енді бірер минут сөйлесеңіз мына жынды да жылап жіберіп, жазыла қалар еді! – деп Дәулет тағы күлдіргенде, жаттығуымыз бастала кетіп, алдымен Дәулеттің өзі шал болып отыра қалды.
«Тергеушім», Елсадық деп аталған осы кемеңгер сойқанның шыншылдығы мүңкіп тұратын, осындай жиіркенішті нәрін аш бөріше қомағайлана сіміріп, әр сөзін қақас жібермей, қызыға тыңдап едім. Осы материалды оқығанда сіздің де көзіңіз қызарып кеткен шығар. Әсіресе, әлгі бір бейғам сөйлей салған тарихи әңгімелерін, ұлттық мәдениет жөніндегі мұңын қазіргі күнде қандай жанкешті сөйлей алар! Осы сойқан сіздің қолға бір түссейші, шіркін! Қысып отырып, қырындысына дейін шығарып алсаңыз, соның өзі-ақ сіз үшін өмірлік азық болмас па еді!..
Амал қанша, ол сіздің қолға енді түспейді, сізден бұрын оны Шың Сысай жалмап кеткен. Сөйтсе де, өкінбейміз, менің әлгіндей қылмысымнан нәр алып қалған шәкірттері қолыңызда ғой, бұлардың еті қандай жұмсақ!
VI
Елсадықтың уақытты қайдан табатынын біз ұға алмай таңқалып жүрдік. Ол кісі жаңадан құрылған бір үлкен ұйымның бастығы ғой, бірақ, ұлттық мәдени-ағарту жөніндегі үлкенді-кішілі жұмыстың бәріне де оның жүгіріп жүргенін көреміз. Қыл аяғы сахнаға керекті киім-кешек пен қазақ тұрмысының декорациясына да сол кісі жүгіреді. Мәселен: Сасық байлар қызының киімін, киіз үйдің басқұры мен аяққабын басқа қызметкерлерге бермей, сол кісінің қолына ғана тапсырады. Мезгілге, заманға, саясатқа лайықты хор текстері де, мектеп өлеңдері де сол кісінің қолынан шықпаса дәмі татымай жүрді. Ешқандай сабақ өтемей-ақ, ол кісі қайсы оқушының сабаққа қандай екенін де айтып жүреді. Кейде тіпті бұл жөніндегі шын бағаны сол кісінің аузынан естиміз. Елсадықтың соншалық албарынды болып, бар ұсақ-түйекке араласып жүруінің пайдасын көп өтпей көрдік: есік ашу салты өткізілісімен-ақ, Дөрбілжін клубы ұлттар мәдениетінің, әрбір мектептің жарыс, бәсеке орнына, сынау мектебіне айналып кетті. Қала ішіндегі ұлттық алты мектеп пен ұйымдардың қойған концерт-театрлары билет сатылып халық алдында қойылуымен қабат, комиссия бағасынан өтіп, нәтижесі аудандық өкіметтің алдындағы қара тақтаға жазылатын болды. Жаңа жыл қарсаңымен сол клубта алты мектептің қатарлас кластары бойынша қоспа емтихан алынып, оның да кластық жалпы нәтижесі жарияланды да, озғандары сыйланды.
Қыстың ұзақ іңірлерінде барлық мектептің алдыңғы сынып оқушыларына қоғамтану сауатынан Ли шияжаңның (мектеп директоры) өзі сол клубта бір ай лекция өтті. Тағы да Елсадық пен Тынысқан екеуі ұйғырша аударманы екі жағымыздан қазақ тіліне аударып түсіндіріп отырғандықтан, бұл курстың да қоспа емтиханынан жақсы өттік!
Бірақ, бұл лекцияларда көбірек аталған Маркс пен Дарвин бізге қиын жұмбақ ретінде қала берді. Бұл курстың мақсатын артынан түсіндік: бізбен бірге қаладағы барлық мұғалім қатысып еді, анығында біздің атымызбен соларға ашылған курс екен.
Өзімізге бұрын бейтаныс қызулы бұл қимылдың барлығы қоғамдық бір алып тауықтың сан мыңдаған жұмыртқа шайқап жатқандай еді. Сол кең бауырдың қызуы әсіресе біздейлерге дөп тигендей, тез жандана бастады. Бірақ, сол алып тауықты алғашқы кезде «Шыңдубан» атамыздың өзі деп қана түсініп, Ли Шиянжаң мен Елсадықтарды соның жылуы ғой деп қана танығанбыз. «Шың Сысай емес, біз» деп ол шақта коммунистердің қайсысы айта қойсын.
1938–1939 оқу жылының сол қысын біз майда шуақ көктемдей сезіндік. Емілдің қатерлі мұзын кесе, қызыл суын кеше жүріп, күндіз болсын, түн болсын әрқандай бәсекені қалмай өткіздік. “Жанасқыш тайыншалар” осы жағдайда да ұрлап емуін қоймап еді. Біз онысын елемейтін де болдық. “Мейлі жасырын емізгенді қойып, желінін кесіп берсе де, біз олардан енді мұқала қоймаспыз. Олар мұғалімін шылп-шылп емгенімен, өмірдің өзі емізіп жатқан бізден озғанын көрерміз” дестік.
Жаздық демалысқа шыға, аудандық қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы Бексапа мен мені көшірме хатшылыққа тартты да, біз демалыстың үш айына “бала қызметші” болып істедік. Жиырма сәріден еңбек ақымыз бар. Күзден бастап орталау класқа шығамыз ғой.
“Орталау қазақ болар жылды өз еңбегімізбен қарсы алып ұқсақ қандай жақсы!” деп құлшына кірістік. Міндетіміз – ауданға қарасты барлық райондағы қазақ түтіндерінің сандық тізімін кесте бойынша реттеп көшіру екен.
– Алдымен әр районның әрбір зәңгілігі бойынша белгі қойылған оқушыларды айырым-айырым дәптерге бір көшіріп шығыңдар! – деді Елсадық, – биыл сендердің мектептерін – орталау мектеп болып кеңейеді. Қалаға келіп оқи алатын ауқаты бар семья балалары түгел осында келіп оқиды... Жаңа салынатын мектептің орнын көрдіңдер ме, жер жамбылдың оңтүстік-батыс бұрышы. Бұл мектеп аудан бойынша, тіпті аймақ бойынша ең көлемді, ең көрікті мектеп болып, клубымен, жатаханаларымен салынады. Ұйым бұл мектепті салу үшін, қазақ байларынан екі мың қой жинады!
Бексапа маған қарап күлімсіреп қойып күбірледі:
– Аудандағы барлық бай балалары келіп оқыса, “жанасқыш тайыншалар” тағы көбейеді екен ғой!
– “Жанасқыш тайынша” деген не?– деп Елсадық елеңдей сұрап еді, сары Бексапа қызарақтай күліп, жауабын маған жалтақтай түсіп қайырды:
– Бай балаларының көбі мұғалімдерімен тең жүреді. Емтихан уақытында кей мұғалімнің етегіне жабысып, сұраулардың жауабын айтқызып алады. Биғаділ оларға “жанасқыш тайынша” деп ат қойған.
Елсадық күлімсірей сұрады менен:
– Ал оны бұзау демей “тайынша” деп атауың қалай?
– Олар, – деп кібіртіктедім мен, – ондайлар... Қысыр емген тайынша сияқты күйлі... Дүмдей-дүмдей болады:
Елсадық даңғырлаған үнімен қатты күлді, – “Дұрыс! Дұрыс! Дұрыс атау”, – деп ар жағындағы жалпақ столда отырған Ақыш атты бухгалтерге қарады. Сөзге де, күлкіге де көп қатынаспайтын ол сылқ-сылқ күліп еді.
– Ал олар сұрағанада мұғалімдер айтып бере ме? – деп жымиды. Алдындағы есеп цифрларына қарай отырып, оған жауапты Бексапа анықтап қайырды:
– Кейбірі тіпті айтып беруі үшін маңайлайды. Бірақ... бір-екеуі ғана... басқасы бар оқушыға бірдей.
– Педагогикаға бүтіндей жат қылық қой, ә!– деп күрсінді Елсадық. – Безобраз – деді Ақыш, –“қыз жымимаса, жігіт күлмейді” деген мақал бар, айтып бермейтін мұғалімнен оқушылар сұрай алмайды тегі, жапсарын сипалап тауып дәніккен оқушылар бар ғой! Елсадық қызықсына қарады бізге:
– Кластарыңда “жанасқыш тайынша” нешеу еді?
– Әр класта бар, – деді Бексапа – біздің класта үш-төрті бар.
– Мұғалімдерден сендер сұрамайсыңдар ма?
– Біз сұрай алмаймыз, сұрасақ та айтпайды.
“Емізіп қоятын” мұғалімдердің кім екенін олар бізден сұрамады да, біз айтпадық.
– Оқушылардан не қиын сөз шығып тұрады, иә! – деп Ақыш тағы күлімсіреді. – Оқушылық деген адамның ең қызық шағы ғой, шіркін!
– Оқушылар – тамыршы да, сыншы да ғой. Әсіресе қазіргі біздің оқушылардың көбі мектеп есігін әр қилы тұрмыс көріп, ес жия келіп ашқан. Бұлар мұғалімнің әр қылығын мүлт жібермей байқап отырады. Бұлармен уақыт тауып сырласып тұру қызық-ақ. Өздерінің дұрыс тәрбиеленуі үшін не істеу керек екенін өздері үйретеді... Жарайды, балалар, бұл тілектеріңді ұқтық. Алдағы оқу маусымында бай балалары көбірек келгенімен, қолдан келісінше жанаса алмайтын етерміз. Олай ету, әсіресе солардың өздерінің білім алуы үшін қажетті жұмыс. “Көш жүре түзеледі” дейтін мәтелді түсінесіңдер ме?
– Иә, бәрі де ақырын-ақырын түзеледі. Бірақ, әрбір оқушы бұл мәтелді өзіне қолданса дұрыс емес. Сіздер өз кемшіліктеріңізге кешірімсіз қарап әдеттенсеңіздер ғана жақсы адам боласыңдар!.. Ал, менің бір жұмысым қалып барады екен, кеттім. Белгіленген оқушылардың тізімін тезірек көшіріп берсеңіздер болғаны, басқасын асықпай, сегізінші айдың соңына дейін бітірерсіздер. Демалыс уақыттарыңызда қарсы бөлмедегі кітапханаға кіріп, газет оқып тұрыңыздар. Қазір дүниеде қатерлі де, қызық та оқиғалар болып жатыр.
– Біз сол санды мәліметті көшіре жүріп, ұйымның мәдениет бөліміндегі кітапханаға әуестеніп алдық. Бірақ, дүниенің – “қызығы” мен “қатерінің” қай жерде екенін, әрине, бірден ұға алмадық. “Шынжаң” газеті мен “Тарбағатай” газетіне 1938 жылы күздегі сандарынан бастап “Мюньхен шарты”, “фашизмнің білік бірлеспесі” сияқты біз білмейтін сөздер шығыпты. Тісіміз батпайтын “білік-бірлеспені” былай тастап, дүниеге үш жау пайда болғанын ұқтық. Олар – Германия, Италия, Жапония фашизмі, барлық қатал сөздер осыларға қаратылып тұрғандықтан, Жапония Жуңгоны жұту соғысын жүргізіп жатқандықтан, дүниенің “қатері” осы үшеуі екенін аңғарамыз. Ал, “қызығын” іздеп таба алмай тінтіне бердік.
Меніңше, “қызығы” – Қазақстанның өзіме түстаныс газет-журналдары болып көрінді. Мұнда үзілмей келіп тұрады екен. Қызықтап соған көбірек үңіліп жүрдім. Көзім үйренісе әріптеуді қойып, тез оқи алатын болуым тіпті қызықтырды. Мәдениет бөліміндегі Айтбектің алдына ауық-ауық келіп жүрдік.
– Ассалаумағалейкум! – дейміз. Сәлемді ол әсте дұрыс қабылдамайды, “А?” деп орнынан тік тұратын. Оның тосын қожыраң ете түсуінен кейде шошып, кейде ұялып қалатынбыз. “А?” деп қайта сұрағанда, қайтадан сәлем беру, әрқандай адамға жайсыз тиетін жұмыс қой.
– Сіздің қазынадан біраз оқиық деп келдік.
Ал, әлгі сөздердің “газет-журнал” дегн сөз бе, иә “шахмат-дойбы” деген сөз бе? Ұзындығына қарағанда әйтеуір бір сөз емес екенін ғана түсінеміз...
Бір-екі күннен соң байқадық, оған сәлем бермей кіру де жайсыздық тудырады екен. Бағанадай денесімен орнынан құлай түрегелді де, ұстазы келгендей қауғалақтайды. “Ассауламағалейкум, ассалаумағалейкум, ассалла! – деп неше адам кірген болса, сонша сәлем беріп, қазбалай амандасып қол алысады .
Сол өткелектен күніне бір рет өте жүріп, мен Қазақстанның “Коммунист” журналынан бірнешеуін оқып шықтым. Көзімнің көп тартқаны Жетісу қазақтарының азып-тозуы, Жуңгоға қашуы жайлы бір сын мақала болды. Мәселе асыра сілтеушілік пен бүлдірушілердің ісі болып қорытылыпты. Коммунистер туралы менің көзімдегі түссіз күңгірт перде ашыла қалғандай, жан-жағым жарқырай түскендей болды. Жан түршігерлік күйзеліске түсіп, туған жерден қашуымыздың айыпкері – Ақтай, Санатпай тыр жалаңаш алдымда тұрғандай, әкесін тілдеп жібергенімді де аңғармай қалыппын.
– Кімді боқтайсың ей, – деп қалды Айтбек.
Өзім ұялып та, сасып та қалдым. Оны боқтамағанымды анықтап түсіндірмесем сенбейтіндей көрінді.
– Совет Одағында Ақтай, Санатпай дейтін бұзықтар бар еді, соны!
– Е, олар не ғып жүр мұнда?
– Солардың атамандары Советте енді ұсалған сияқты, міне мұнда!
– Үй, өзің жермен бірге жасап келген бір мәртесе сияқтысың ғой, бұл әріпті қашан оқып едің?! – деп алып, ол арғы-бергімді сұрай жөнелді. Маған жақындаса қалды. – Е, солай де, балақай, менің жерлес бауырым болып шықтың ғой өзің! Мен де сол жақтан келгенмін.
– Сіздер қашан келіп едіңіздер?
– Отызыншы жылы өттік.
– Шәріпхан дутыңға... – деп Бексапа тағы да сөйлей бергенде, жаңа тағайындалған Нұржан атты орынбасар Шиянжаң қарсыдағы бөлімнен Елсадық пен Ақышты бастай кірді. Айтбек оларға қарамай шығып кетті де, бес-алты орындықты бір-ақ көтеріп қайта кіріп, сәлем беріп күлдірді.
– Айтбек дейтін азаматымыз осы,– деп Елсадық Нұржанға таныстыра бастап еді:
– Шиянжаңды алдыңғы күні қарсы ала шыққанда көргенмін, – деп Айтбек таныстыруды талап етпей, жалбырай амандасып, күлкіге батыра түсті, – ұлықты көргенде жылаған бала да уанбай ма, көре салысымен тұра жөнелгенім сол!..
Нұржан екі бетінен қаны тамған қып-қызыл, тым көрікті жігіт екен. Тіп-тік бойы, қап-қара көзі мен жаудыраған ақ бөрте жүзіне су жаңа қара көк костюм-сымы сұлулық нұрға бөлегендей жарасыпты. Өзі Шәуешектегі бір татар байының жалшысының баласы екен. Шың Сысай үкіметіне тездетіп кадр жетістіріп беру үшін Ташкентте ашылған екі жылдық мектептің екінші курсын 1937 жылы бітіріп шығыпты. Ыңғай атақты бай балалары жіберілген бұл мектептен Нұржанның оқып шығуы бір қызықты комедия болғандай.
– Өз баласын басқа мемлекетке жіберіп, “айырылып қалудан” қорыққан әйеншек байлар жалшылары мен қоңсыларының балаларын өз балам деп ұстап беріпті. Нұржан – сол жалшылық қылмыспен “ұсталып” кеткендердің біреуі. Бұлар сыпыра “оқымысты ұлық” болып жетіп келгенде, алдамшы байлар өздерінің алданып қалғанын бір-ақ біліп, өз маңдайларын өздері шапалақтаған екен.
Нұржан келісімен Үрімжі аймағына қарасты Құтыби ауданына Шиянжаң болып тағайындалыпты да, бір жылдан соң осы Дөрбілжінге ауыстырылыпты.
Бізге бұл кісінің үн-әуені қоңыраудай сылдырлап сұлу естіліп еді. Сөзді тоқтап-тоқтап өте сыпайы сөйлейді екен өзі. Сөйтсе де, бірнеше реткі сөзінен тұтықпалығын білдірмеу үшін осылай кідіре сөйлейтіндігін байқадық: сөйлерде тамағы бір-екі бүлкілдеп алады екен. “Кы...кы...кы” бас дыбысты қайталақтауын сыртқа шығармай, солайша көмекейден ғана бүлкілдететін сабырлылығын да ұнаттық. Егер сөйлеуге асықса шатақ шығатын көрінеді.
– Айтбек... Әлгі бір... Шәріпқан төре жайындағы... әңгімеңді айтсаңшы, тағы...тағы.. біз де естиік! – деп қолқалады ол.
– Тақсыр, ол әңгіме емес еді, әнеу шөкімайлар сұраған соң айтпақ болғанмын.
– Ы...ың... Алтайдан... келді дей ме сені?.. Қашан келдің?
– Алдыңғы жылы. Шәріпқан төреге қорғаушы әскер болып, содан босап қайтқанмын.
– Ы–ы... Ол... бұрыннан әскер ұстап тұратын адам ба еді?
Бұған жауапты Елсадық қайырды:
– Шәріпқанның аталары да жасақ ұстап келген деседі. Шәріпқан апрель төңкерісінен кейін дутың сайланған соң, екі жүз шамалы қорғаушы әскерден айырылмапты.
– Шиянжаң, білетін шығарсыз, Шәріпқан төрені былтыр осы жерде қарсы алып, Үрімжіге ұзатып салып едік. Алтайға содан бері қайтпады ғой, Үрімжіде не ғып тұр ол? – деді Айтбек. – Ағаңның жайын... Өзің білмесең... Біз қайдан білейік!.. Жә, өзің айтшы... Алтай, Көктоғай ауданында... Бір көтеріліс болыпты дейді ғой, одан... не білесің?
– Шәріпқан дутың Үрімжіге шақырылып кеткен соң ба!.. Білмеймін ойбай, көтеріліс көрсем көзім шықсын.
– Ол төрелеріңнің... Көктоғайда кімі бар еді?
– Білмедім, не болған екен, тақсыр?
– Түсінбестіктен Көктоғайда бір уақиға туылыпты деп естіп едік, сол екен ғой! – деп қалды Елсадық. Ақыш анықтай сұрады:
– Ауыз өсектен әртүрлі естідік, шынында қалай туылған уақиға екен өзі?
Сұраймын деп сұрауға ілініп қалған Нұржан қысыла отырып өз естігенін айтты. Елсадық пен Ақыштың оған сөз қыстыра отырып толықтауымен уақиға недәуір толық болғандай бізге.
Көктоғай ауданының қиырырақ бір районынан Есімхан дейтін үкірдайы былтыр Үрімжіге шақырылған екен, шақыру қағазға ол: “науқаспын, бара алмаймын” деп жауап қайырыпты. Шақырылуынан-ақ секем алып, қамдана бастаған сияқты, өзіне қарасты молқы, қарақас руларының етегін жия қоныстандырыпты да, ел адамдарын жиыпты:
“Үрімжіге шақырылып барған адамдар қайтпай жатыр, енді мені де шақырды, қайтсек болар екен?” деп кеңеске салыпты. Сол жиын жиырыла түсіп шиыршық атқан қатты түйіншекке айналыпты да “былтыр кеткен Ақыт қажы мен Шәріпқан дутың қайтып келмей, Үрімжіге ешкімімізді жібермейміз!” деген қаулыға келіпті. Мықты азаматтардан сол жиынның өзінде-ақ құралды-жасақ ұйымдастырыла қалса керек. Өздерінің ұйитын ғұламасы әрі атақты ақыны қарт Ақытты айдап әкеткенде айыра алмай қалуларына қатты ашынып тұрған жалынды азаматтар, бұл рет мұсасына мықтап мінген көрінеді. Олар осындай бір “сұмдық” райға келіп тұрғанда ауданның ханзу Шиянжаңы жиырма шақты құралды әскер ертіп, Есімханды өзі “шақыра” келген екен.
Оның шыққанын күні бұрын естіп, ауылдан ауаша үй тіккізіп қойған Есімхан, Шиянжаңды (әкімді) “қауқалақтай” қарсы алыпты. Дереу бірнеше қой сойғызып, өз еліне “шақырып келтіре алмайтын Шиянжаң тақсырдың өзі келгенде енді дәстүр бойынша түстік беріп” күтпей жібермейтінін, сонан соң өзі еріп бірге кететінін айтып, асты-үстіне түсіпті. Сол бір түстік асын кешке жақын әрең беріпті де, түнде жолдың қауіптілігіне сендіріп, еріксіз қондырыпты.
Сыртқа күзетші қойып, мылтықтарын құшақтай отырған қонақтарына қонақ иесі әзіл тастапты сонан соң:
– “Япырмай, Шиянжаң тақсыр-ай, құтты мешін үйімде қонақ болып отырғанда бір-бір көсеулеріңізді қолдан тастамай, шошаңдатып отырсыздар-ау , бірге аттансам, осыларыңызбен мені түртпектеп көсемексіздер ме, қалай?!”
Бұл ұтқыр қалжыңды тілмашынан толық түсінген Шиянжаң ыржия күліп бірдеме деген екен. Әскерлер мылтықтарын керегеге сүйеп-сүйеп қоя салыпты.
– Үй, менің қалжыңыма бола құралды бұлай шашып тастасаңыздар, біреуі жоғалып кетіп, мен жоғалып қалмайын, ұры-қары баршылық жер бұл!.. Және мен намаз оқитын адаммын, жиып бір-ақ жерге қойыңыздаршы! – депті. Әскерлер мылтықтарын жиыстырып, өз командирінің іргесіне қойып жайласқан кезде Есімхан ұзын шапанын жамылып, дәрет шәугім алып сыртқа шығыпты. Шағын ғана қара сақалды, мұртты, зор денелі Есімхан, дәрет алу сылтауымен қарулы күзетшінің алдынан жанап өте берген екен, шала тіл білетін ханзу әскер: “баты... ыр..р..! Паруан!” деп арзан ғана жымия күлкісімен арқасынан қағып-қағып қалғанда, Есімхан шап беріп кеңірдектен ала түсіп, үнін шығартпай көтере жөнеліпті. Іргедегі жартастан баспалап отырған бір топ жасақ дәл осы сәтте лап беріп, қонақ үйге кіріп келмесі бар ма. Мылтықтарын кезене қалғанын бір-ақ білген Шиянжаң да дайын отырған екен: ең алдында кірген бір жас жігітті жан құралымен атып қалғанда, өз кеудесіне де бесатардың бір оғы сап ете түсіп, сеспей қатыпты. Қалың шапанның шені ғана түрілген әлгі жігіт құралға қол соза берген командирді сұлатыпты. Қалғанын қымырлатпай басып, бір-бірден шығарып әкете беріпті сонан соң. Бірін қалдырмай өлтіріп, таң бозара Алтайдың қиын түпкіріне елді көшіре жөнеліпті... Есімхан өз елімен сол таудан әлі түспеген екен. Үкімет осы жақында Алтайдың “игі жақсыларынан” неше рет елші салыпты: түсінбестіктен өтілген мәселе екенін, анығында Есімхан үкірдайды құрылтайға уәкіл етіп, дәрежесін өсіру үшін шақырғанын, бұл мәселеге де Шыңдубан жанабының кешірім еткенін айтып, тіпті дубанның өз атынан жолдаған кешірім хатын да жіберіп, үгіт жүргізген екен. Бір адам қайтпай жатыр дейді.
Нұржан қайтуға ыңғайланған соң орындарынан бәрі тұрды да, есікке баяу беттеп барып кідірісті. Нұржан өз тұжырымын айқындай түсті:
– Ы... Ым, үлкен үкімет... Мынадай қамқорлық... Кешірім хат жариялап жатқанда... Сенбеудің өзі надандықтың белгісі ғой...
– Иә, жаңа үкімет өтірік кешірім жариялай ма! – деп қостады Ақыш, – кешірім жарияламай-ақ әскери қоршау жарияласа, сол аз ғана топ не бітірмек!
Елсадық басқашарақ түсінік айтты:
– Ол елдің надандығының ғана нәтижесі емес, оған көп заманнан теперіш, террорлық жайлап, дені сау, ниеті дұрыс бір үкімет көрмегендік те себеп болған шығар. Секемшіл болып, сенуден қалған халық қой! Мына жаңа үкіметтің кім екенін әбден көріп сенгенде қайтады. Үңгірден өздері-ақ шығар әлі.
“Үрімжіге шақырылған адам қайтпайды” дейтін сондай күмәнді сөз естілсе де, өз түсінігіме “білгір” ағалардың осы сөздері қосылып, “Шыңдубан” атамыздың данышпандығына сене түстім. Осы әңгімеден соң екі-үш күн өткенде клубта “Профессор Мамлюк” атты кинофильм қойылды. Ақша жақжұтттылығынан киноға баруды артық шығын санап жүрсем де “профессор” дегеніне қызығып барып едім. Өз күткенімнен де қызықты көрінді. Ең қатерлі операцияны меңгеріп жүргізетін, бірден-бірі таңдаулы дәрігер екен. Герман фашистері басып алған Чехославакияның тұрмысын көрсететін Совет фильмі екенін айтты білетіндер. Профессордың герман фашизміне қарсы төңкерісші ұлының жауынгерлігі мені қатты қызықтырды. Киноны көріп отырып, мен сондай төңкерісші, әр қандай қатерден қорықпай, батыл қимыл жасай алатын, оқтан шімірікпейтін, өз халқы үшін өлуді ең қасиетті тіршілік деп есептейтін қайсар жігіт болғым келді. Әкесі атылып, уақиға трагедиямен аяқталса да, сондай болуға қызықтым.
Бірақ, “ондай болатын заман жоқ” сияқты маған. “Мұндай жақсы үкімет тұрғанда, ондай төңкерісші болып не істемекпін” дегендей, өрекпіген арманға жетуіме өкіметтің жақсылығы бөгет болатындай сезілді. “Қарсы күрессіз-ақ халық талабын бір-бірлеп орындап беріп жатқан Шыңдубан үкіметіне жамандық істеу дұрыс па, халық сүйе ме оны, “білгір” ағаларымыздың айтқанындай надандық, ақымақтық саналмай ма! Осы кинодағыдай бір қанішер үкімет болса еді, бүкіл адамзат сүйенерлік мұндай қайратқа сонда мінуге болар еді ғой!” Мен сол кинодан осындай балалық қызық әсермен шықтым. Осы бір күлкілі сезім менің басыма сол күлкілі күйінде желімдей жабысып, жүзіммен бірге сарғайды да, шашыммен бірге ағарды, ұмытылар емес. Шың Сысай зұлымдығының “халықшылдықпен” бүркеліп жатқанын ол кезде қайдан білейін!
Сол жылдың күзіне таянғанда, Елсадық Үрімжіге шақырылды. “Қазақ, қырғыз, моңғол құрылтайы” ашылады деп, Дөрбілжіннен бірнеше адаммен бірге шақырылды. Кетерде-ақ сұры, әжімді жүзінің жайма шуақ, кең ойлы өз қалпын көрдік. Әйелі мен екі баласының тұрмыс жайын Ақыш бухгалтерге тапсырды да:
Базар қазір кең ғой, мен қайтқанша оншалық қинала қоймас! – деп тоқтап, Бексапа екеумізге де қолын ұсынды, – балалар, сендердің маған не міндет артатындықтарыңды түсінемін, баспа-оқу құралдары мүлде жоқ қой сендерде. Бұл мұқтаждықтарыңды сұрарлық орындарға артығымен-ақ жеткізермін ! Ал менің сендерге тапсырарым біреу ғана!.. Жа...қ...сы оқыңдар! – Біз сол кісіден сондай үлкен үмітпен қалдық.
Мектебің қайсы десе, әр күні көріп жүрген өзіміз де қарап тұрып қалатындай, асты-үсті жалтырап сырланған кемелді кең мектепке келіп түстік. Тар болмаса да бала жарысарлықтай ұзын залдың ең төріне көлденең салынған шағын ғана әдемі клубтың дәл алдындағы сынып бізге тиді. Оқушы көбейіп, сабағымыз бұрынғыдан әлдеқайда қызулы басталды. Баспа-оқу құрал ала қайтар деген үмітпен әр күні күтсек те, Елсадық қайтпады, жолына қараудан жалықпадық біз.
Үрімжідегі “моңғол-қазақ” мектебі деп аталған мектепті бітіріп, және бірнеше жаңа мұғалім келді бізге, оқу программамыздың былтырғыдан өзгешелігі көбірек көрінді, “қызықты” пән сабақтары недәуір көп сағатқа көтерілді. Бұларға қосылған жаңа пәндер де недәуір молайды. “Ханзуша” тіл де қосылып, күнара өтілетін болды. Тарих пен саясат сабақтары бірыңғай елімізді таныстыру ретінде жүргізілді.
Бұл күз әлеуметтік қимыл жөнінде де біраз өзгешелік ала келді. “18 сентябрьді” қаралы күн ретінде, “10 октябрьді”1 бостандық күні ретінде қарсы алатын болдық. Бұрын “ұлы 12 апрельден” басқа ескерткіш күндер бізге бейтаныстау болып келген. Бұл күндерге арнап арнаулы клуб сахнасында жаңа концерт номерлері мен жапон фашизмін масқаралайтын шағын пьесалар дайындадық. Жаңа оқушылар мен жаңа мұғалімдердің көбеюі мектебімізді әртістермен де недәуір толықтандырып жіберді. Әртістік жағынан енді қыздар мектебіне де мұқтаждығымыз түспейтіндей өзіміз “сыпыра қыз” болып, “бойжетіп” қалыппыз. Қыр мектептерінен өз қалыбына құйғандай не қилы “жауыз бәйбішелері” мен “тозақы тоқалдар” да келіпті. Бірақ, жаттығу алдында болатындай былтырғыдай құнарлы тың әңгімелер болмады биыл. Мен оны алғашқы Елсадықтың жоқтығынан көріп едім.
Артынан байқасам мұғалімдер сыршыл әңгімеден қорқатын сияқты. Сылдыр күлкіге ғана әуестенетін бола қалыпты. Үрімжіден оқып келген алтайлық бір мұғалімнің сабақ беруге де, жаттығуға да келмей қалуы жайлы сөз болды бір күні.
– Кеше түстен кейін Алтайдан хат келген оған! – деп Дәулет мұғалім бір себеп айтты, – сол хатты оқи салып сұрлана қалып еді.“Не бопты” деген сұрауыма жауап қайтармай жөнелген.
– Енді білдім, құдай біледі соның байы өлді! – Дәулет ду күлген күлкішілерге тағы да өкірештей түсті, – е, күлетін не бар, байы өлген қатындарды мен көрмеді дейсіңдер ме! Әкесі өлсе түсі оншалық бұзылмайтын!
Алтайлық мұғалімнің ағасы өлгенін естідік ертеңіне. Одан екі күн өткенде Қобықсарыдан келген бір сабақтасымыз да үйінен хат тапсырып алып, жылап қайтты. Оның Алтайдағы нағашы атасы өліпті.
– Бұл алтайлықтардан суық хабар неге келе береді? – деді Бексапа маған сыбырлап, – жазда естілген Есімхан көтерілісі қырғынға ұшырамады ма екен?
Маған да сол күдік келе қалды.
– Кешірім етіп шақырғанға келмеген соң әскер шығып қырып тастамады ма екен?! – деген тұспал айтты.
Сөйтіп, бұл өлімдер жайлы екеуміз екеулеп сұрастыра бердік. Сырластың сырласын қуа берсең сырдың түбіндегі естілмей ме!.. Тұспалымыздың түп негізі болмаса да түтіні дұрыс болып шықты. Нағашысы өлген әлгі сабақтасымыз Есімхан көтерілісі жайлы біздің білетінімізді естіген соң түгел айтып берді.
Қан төгіп қатерлі тауға шығып алған Есімхан үкірдайға Сарысүмбеден өзінің сенетін “жұрт беделділерінен” бір топ адам жіберілген екен. Олар: ұғыспастықтан болған қантөгісті үкіметтің мүлде кешіргенін, халықты аздырып-тоздыратын қырғыннан сақтап, енді тыныштандырса халық үшін де, үкімет үшін де зор қызмет болып сыйланатынын, Есімханның өз ықтияры болмаса ешқайда шақырылмайтынын, бедел-абыройы қорғалып өсірілетінін құран ұстап отырып айтыпты. Есімхан да, оның ақылшы мықтылары да Алла атымен айтылған бұл антқа сеніп, елді қайта көшіріпті. Бұл сенімге Сүлеймен батыр атанған бір қарт пен Есімханның шабарманы Оспан дейтін мерген ғана сенбей, жартасқа тығылып қалыпты да, басқа ел түгел етекке түскен екен. Есімханмен бірнеше білікті кісілерді аймақтық үкімет “сыйлау” атымен дереу Сарысүмбеге шақырып әкетіпті де, халықты әскер қоршап, құралдарын сыпырып алыпты. “Сыйлауға” шақырылғандарға ертеңінде-ақ үкім жарияланыпты.
Біздің мұғалімнің ағасы мен сабақтастың нағашысы сол Есімхандармен бірге атылған болып шықты. Алданғандықтарына қатты өкінген сол елдің азаматтары тауда қалған Сүлеймен мен Оспанды іздеп қайта кетіп, қайта ұйымдасып жатыр екен.
– Енді одан да үлкен ақымақтық іздеп кетіп жатқаны ғой! – деді Бексапа маған былай шыға бере, – бір үкірдайдың ғана елі үкіметке қарсы көтеріліп, не таппақ екен, ендігі іздегені жаппай қырылу ғой.
Мен Есімханның алдауы мен үкіметтің алдауын сайма–сай, тепе–тең деп түсінгенімді айттым:
– “Сыйға-сый – сыраға бал!” дегендей үкім екен, өздері қой сойып, сыйлап отырып қырған–ды, сыйлаймын деп шақырып алып қыру әділдік емес пе?! Біздің мына Ли Шиянжаңды осы аудандағы бір үкірдай өлтірсе, оған үкімет тұрмақ өзіміз де өштесер едік.
Бұл уақиғаны естігенде, қазақтығына іштей ашынғаныммен, “бұзықтығына қарай қолданған жазаны әділдік” деп есептедім. Бексапа бағдарлай қарап сұрау қойды маған:
– Егер Есімхандар сақшының бастығын өлтірсе қайтер едің?
– Онда мейлі, бар сақшысын бірге қырса да, Дөрбілжін оған қайғырмас. Халық оны көргенде кірпідей жиырылып жүрмей ме!
– Ендеше, Көктоғайдың Шиянжаңы да осы сақшы бастығы тәрізді адам болса керек. Жиырма әскер ертіп, шақыруға өзі барғанын көрмеймісің! Егер Есімхан оны алдап соқпаса, алдап әкеткелі барған ғой. Үрімжіге рас жиынға шақырылса, көп әскер ертіп барып шақырушы ма еді!
Бексапаның бұл пікірі менің ойыма қона кетсе де, Шиянжаңдар мен сақшы бастықтарына бір көзбен қарағым келмеп еді. Бірақ, қарсы айтар дауым болмай қалды да, оны басқа сұраумен шалып көрдім.
– Осы біздің ауданға Шиянжаңдар, сақшы бастықтары қайдан келеді?
Бексапа аңыра қарады маған:
– Екеуі де – Шыңдубанның тағайындауымен келмей ме!
– Олай болса, бізге келген Шиянжаңдар халықтың қамын жұтқандай қайғыра келсе, сақшы бастықтары мылтықтың қара дәрісін жұтқандай қап-қара сұры болып, зәрлене келетіні несі?
Бексапа күле ойланды.
– Екеуінің міндеті екі түрлі емес пе, мылтықты әскердің күлгенін көрмеппін. Әр адамның оң иығында отырып, ыңғай жақсылықты жазатын “Караман-Кативан” мен сол жақ иықта отырып, ыңғай күнәні жазатын “Малайкаты басшұрды” Нәбиолла молда оқытпап па еді. Әр адамның екі иығына қондыратын екі түрлі періште сияқты. Бұл екеуінің міндеті де екі түрлі болса керек.
– Жамандықты-қылмысты істерді Шиянжаң да тексереді. Ал, сақшы кейде жақсы істерді істеп қойып жүрмей ме, мысалы: апиын, наша тартқандарды, құмар ойнап, ұрлық қылғандарды ұстайды ғой. Бірақ, олардың көбінесе, бұзық, зорекер жақты қолдап, ыңғай байлар мен қанішерлер жақта тұратындықтарын көреміз ғой!.. Халық олардан сол үшін жиреніп жүрмей ме... Мысалы: менің әлгі бір Дәмеш дейтін әпкемді нақақ қамалғандығын біліп, Керім Шиянжаң түрмеден босатса да, сақшы бастығы көнбей және бір жыл өзі қамап және бір жылды кепілінің кепіліне қаматты. Ақыры кемпірлер барып тартып алып шықпаса, сол Дәмеш әлі жататын еді. Меніңше Шиянжаңдар мен сақшы бастықтары бір-біріне мүлде ұқсамайды, мінез, түр пішіндері де екі түрлі, заңдары да екі түрлі сияқты. Біздің Нұрасыл дейтін ағамыз “екі басты үкімет” деп еді. Қазір мен сол сөзді көбірек ойлайтын болдым. Шыңдубан атамыз сол екеуінің көсемі болса, бұлар неге екі түрлі болады?
– Мұны басқа біреуге сөйлемейік! Былтырғыдай емес, биыл мұғалімдер де сөйлеспейтін болғанын сездің бе... Бәрі де сақшыдан қорқатын болып қалды.
– Өзім де сенен басқаға айтып тұрғаным жоқ, әлгі періштелерді мысал еткен сөзіңе қарай сөйлегенім... Ал Шиянжаңды неге өлтірді екен Есімхан?
– Шиянжаң әскер ертіп, айдап әкетуге келгенін білген ғой.
– Біздің Шиянжаңға олардың Шиянжаңы ұқсамағаны ма? Біздің Шиянжаңдардың өзі ұсталып жатса, олардың Шиянжаңы басқаларды ұстағалы жүр ме?
– Мен де түсінбедім соны,– деп күлімсіреді Бексапа, – бірақ, Алтайдың халқы өте тентек дейді.
Менің есіме де жаздағы Нұржан мен Айтбектің сөзі қайта орала кетті. Әсіресе Елсадықтың пікірі бұл мәселеге толық жауап болып қона қалды.
1940 жылдың басталар шенінде Бексапа тағы бір сыр жеткізді маған!
– “Пәндихуй” атты бір ұйым бар екен, Дөрбілжінде де құрылыпты. Бұл жердегі бастығы Ли Шиянжаң көрінеді, оған мүше болса өте жақсы дейді. Айырым жиналыс ашып, көп адам ұқпайтын мәселелерді Ли Шиянжаңның өзі сөйлеп ұқтырып тұрады екен. Менің ағам соған мүше болыпты.
– Біз де кірмейміз бе?.. Оқушылар қатынасуға бола ма екен?
– Біздің жасымыз толмайды ғой, ол ұйымға мүшені талғап тартады, шарты қиын дейді. Аға “ол ұйым кейінірек коммунистік партия деп аталатын шығар, олай болса, мүшелері коммунистер деп аталатын болады” – дейді.
– Мейлі қалай аталса да, сол ұйымға кіруді сұранып, шартын ұғып алайық!
– Егер коммунистік партия болса, оның ең қиын бір шарты “құдайды жоқ” деп діннен безуі дейді. Бірақ, қазірше ол шартқа қатты қарамай тұр екен.
– Онда біз мүше бола алмайды екенбіз, – деп күрсіндім мен, – оған құдайдан безгендер кірсін!.. Оған мүше боламыз деп шоқынсақ, әке-шешеміз не дер, ел не дер!
– Жоқ, кейін шоқынатындарды да қабылдамайды дейді. Шоқынғандар да өздерінің құдайларына шоқынбай ма, құдай атаулыны мүлде жоқ деп түсінуі керек!
– Онда, олай болса… кәпірге де, мұсылманға да бірдей шарт қойса, ол жағы әділдік екен!.. Бірақ құдай жоқ деп қалай шыдарсың! «Үй,дөрт аяқ!» деп қазірше нажағай тастап жібере қоймаса да, ол дүниеде оңдырмас, шыңғыртып отырып сымыңа жіберткізер!
Бұл сөзге Бексапа екеуміз де күліп жүре бердік. Бұл туралы сөзді де доғардық.
Жаңа жылды қарсы алу жиыны өтісімен клубта Ли Шиянжаңның лекциясы тағы басталады. Тіп-тік, ұзын бойлы, сопақ басты, сүйекті кісі бұрынғыдан да арық, бұрынғыдан да жүдеу көрінді. Келген кездегі қоңырша жүзі тіпті сұрлана түсіпті. “Бұл да Елсадық тәрізді шыр бітпейтін адам екен” дестік. Мансаптылардың кейбірінің майы өзінің мансабымен бірге өседі ғой. Бұл кісілер қызметі өскен сайын қуырыла беретін сияқты. Ал, қушиған сайын құрметі асып барады өздерінің. Бұл оларға құдайдың май орнына берген сыйындай көрінді. Тегі менің өз шешем сияқты, шын қамқордың сырт белгісі осылай болар ма? Ол бұл жолы лекциясына да Маркс пен Дарвин көбірек араласқанымен, былтырғыға қарағанда онысы біршама түсініктірек болды. Сөз адамның пайда болуынан басталып, біз білетін “Адам ата, Хауа ана” жайына қалды да, маймыл тұқымдас бір жануардан таралғанымыз жөнінде дәлелдер дамып, көбейіп отырды. Ешқайсысын бетке қаға алмайтындаймыз. Құдайдың бар-жоқтығы туралы бірдеңе ұғайық деп тесірейгенімізбен, ол жөнінде ләм демеді. Қайыспас дәлелге толы бұл қасиетті сөзге “Қасиетті құдайды” біз де араластырмай аңдадық. “Иә, құдай тағала адамды жаратқанымен, адамзат тарихына, әділеттік пен арамзалыққа, жауыздық пен жазықсыздыққа... Тіпті, ешқайсысына қатыспаған-шатыспаған сияқты ғой, бәсе!” деп қана түсінгендей болдық. Кейінгі лекциядағы тарих тақырыбындағы түсініктер де біздің сол қисынымыз расталған сияқты болып отырды. Әр дәуірдегі сойқан сол дәуірдің өз қожаларынан таралып отырған. “Құдайды қорғау әділдік болмайтын сияқты”. Анау жылдағы Бағалдайдың егіндігінде ойлағаным дұрыс түсініктей болып сезілді өзіме.
Осы курс аяқтала бере, Ли Шиянжаң да Үрімжіге шақырылып кетіп, сынау алынбай қалды. Кешікпей орнына келген басқа бір “Жаң” фамилиялы Шиянжаңды қарсы алдық. Кептердің айғырынша басын төмен сала шұлғып, гуілдеп сөйлеген сөзінен: “Ұлы көсеміміз Шыңдубан, Жаң жуши жасасын!” деген ұраннан басқа түйір таба алмадық та, қарнымыз ашып шықты бұл кісіден. Уақыт өте келе Ли Шиянжаңнан басқа тұрғыдағы адам екендігі байқалады, оқушыларды былай қойып, клубта халыққа көрінуді қаламайтын Шиянжаң болып шықты.
Сабақтастар арасын сумаң қағып, суық хабарлар кезді: Ли Шиянжаң тұп-тура Үрімжінің түрмесіне барып түсіпті. Былтырғы “қазақ”, “қырғыз”, “моңғол құрылтайына” кеткендерден де бірсыпырасы қолға алыныпты. Елсадықтың ағасының мектептегі немерелерінен естуімізше, одан “екі ай бұрын солғын ғана амандық жазылған хат келген екен: “Құрылтай аяқталысымен халық қолындағы мылтықтар түгел жиылады. Осы науқан орындалып болған соң қайтасыңдар” деп уәкілдерді түгел тоқтатып қойды. Ағайын-туыстардың барлығына сәлем, шиті мылтық шықса да кесір болады. Ондайларың болса, сақшы орнына күні бұрын тапсырып беріңдер!” деп жазыпты. Ал, мына суық сөз шыққалы Елсадықтан хат келгенді қойып, ешкім атын атамайтын да бола қалды.
Ішін тарта күрсініп, ішегін тарта күлетінді шығарған жұрты “ұлы көсеміміз Шыңдубан Жаң жуйши жасасын!” деген ұранға келгенде шошынғандай қатты шыңғырып жүр еді. Жиі де ұзақ созыла көтерілетін болды. Бұл ұран, “көсем”, “данышпан” атаулары аспанды жаңғыртып әкетті.
Көсемнің беделі “көкке өрлеуіне” қарап, биылғы он екінші апрелді де көкке көтере қарсы алуға дайындалып едік. Ернімізді кезертіп, санымызды көгертіп жүріп істеген дайындығымыз зая болды биыл.
Алаңға ұрандатып, жалаулата тізіліп жетіп барсақ, қып-қызыл болып жасалған мереке сахнасының маңдайшасындағы екі ту төмен салбырай қалыпты. Бір үлкен азаның нысаны еді бұл.
– Биыл мереке салты өткізілмейтін болды, – дейді үкіметтің бір адамы сол сүлкиген сахнаға шыға келіп. Жаңа ғана жылап шыққандай қабағын қарс жауып алыпты өзі, – көсем азалы, інісі Шың Сиши жанабы қаза тауыпты. Бүкіл Шынжаң бойынша бұл жолы мереке шектелді!
Осыны айтты да, қағазға көшіріп әкелген бірнеше ұранды айқайлатып-айқайлатып, мерекешілерді тарата салды. Бәрі сол “азалы”, “ұлы көсемге арналған жасасындар” екен! “Інісі неден өліпті?” деген күбірлі сұрауларға ол жерде жауап шықпаған еді. Жұрт тарасымен, оның жасанды хабары да өре жөнелді: “алдыңғы күнгі бір түстік демалыста жан құралын кереует алдындағы стөлге қоя салған екен. Кішкене баласы сонымен ойнап тұрып басып қалыпты”. Осы хабарға қанағаттанып жүргенімізде, қарнымызды тіпті қатты ашыратын қатал шындық хабардың нақтылы өзі жетті. Бексапа екеумізді дағдартқан кей сұраулардың да жауабын ала жетті.
Шың Сысай Шынжаңға келіп, таққа шығардағы келісім бойынша Жуңғо коммунистік партиясынан келіп, мұндағы үкімет құрамында істеп жүрген бірсыпыра коммунистер бар еді. Оларға үкімет жағынан зиянкестік төне бастағалы алға басар кіші Шың ағасына наразылық рай байқатып жүр екен. Сол інісін оңаша үйінде “көсеміміздің” өзі атыпты. “Осы реткі апрель мерекесі – тақыт үшін қатер” дейтін күдік сыбыстар арты қуыс “данышпанның” мықтап тігілген құлағын ыңғырудай түршіктірген екен. Алдыңғы қатер осы болар деп інісін атып салыпты да, аза киімін киіп ала қойыпты. Жариялау қисыны кішкене баланы тауыпты.
Кабинетінен шықпай жатып алса да, “сол көсемге” арналған “жасасын” бұрынғыдан өршелене жауды. Шынжаң қалаларының бос дуалы қалмай ұрандатып-ұларлатып, қып-қызыл ала болып боялып жатты.
“Тергеушім”, “қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым” депті, бұл – жалғыз ұлының қылығына құсаланған бір кейуананың сөзі болса керек. Мен де осы Шыңдубанымыздың түсіне қарап “жалғызым” көрініп жүр, кейінгі мына ісіне қарап, “жалмауызым” осы ма екен деп ойлап едім. “Жасасынымыз” жер көкті жаңғырықтыра барады.
Мұндай құбылыс ертегі–аңыздарда көп кездеседі ғой. Жолбарыстың жауыздығын әшкерлеген сайын түлкілердің “жөке-жөкесі” көбейе түсетіні сияқты, зорекер қарақшы алдында “ағатай, ағатай” да көп естілмей ме?!
Шың Сысайдың террорлығы күшейгенде, оның атына “данышпан көсем” жамалып, бара-бара “жасасын” дейтініміз күндіз-түні нөсерлетті. Өйткені оның кесі аулайтын қара машинасы күндіз-түні жортатын болған.
Қорықпайтын адамға қай-қашан “ағатай” да, “жасасын” да шегінен артық айтылмайды. Ұлыққа былай жалбарыну, қарапайым, “надан” адамзат, әсіресе қытай халқы көп-көп өткізген қылмыс.
Ағатай, мен де сол әлсіз күнәһарлардың бірімін.