Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Кылмыс 1 том.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.47 Mб
Скачать

Адаланған албастылар

І

Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! «Мұсылмандар бас көтерді, пайғамбардың ақ туын көтеріп, Ма Сылиң дейтін батыр келіпті, Шәуешекке» деген сөз – жел соқтырды, бізге алдымен Ергейті хұйзуларынан естілді де, бүкіл ел аузымен құйындатып ала жөнелді. «Хұңқузыларды қырады екен, Қытай үкіметін құлатып, дүнген патшалығы орнайды екен.»

– Онда мына Смазы қырады деші бізді! – деп әкем шешеме өз қаупін айта бастады.

Батыс жағымыздағы бір жер үйде Әлімжан атты қожа тұратын. Әкем бұл қоржада тамыр ұстап, ауру көре бастағалы, Әлімжан қожа біздің үйге ат ізін салмайтын да, сәлемдеспейтін болған. Өйткені, бұл қоржаның бұрынғы «дәрігері» сол екен. Бұрын ауруларға ол қойған диагноздарды әкем жоққа шығарып тастапты. Бірнеше сырқатқа оның берген ішірткісі ішілмей, дұғалық тұмары тағылмай қалыпты. Әркім шақырып дұға оқытып, дем салдыратын абыройы сөйтіп арзандап кетіпті. Оның «зиярат басып кетіпсің», «перінің шалық желі тиіпті», «түнде алдыңнан қара мысық өтіпті» деген «болжаулары» күлкіге айналыпты. Бұрын келген әрі бұл маңайда сүйеніш, туыстары бар іргелі қожа әкемді күндеп қырына алмақшы болғанда, Смайыл мен Смазының әйелі араға түскендігінен тоқтап қалған екен. Сөйтсе де, келісе алмайтын дүрдараздығы бар еді. Тосыннан сол қожа келіп кірді біздің үйге, сүйінші сұрай келді.

– «Лаилахи илолла» деп алтындап жазылған ақ тулар Шәуешекті қоршап алыпты, Жәке! – деді ол. Қуқыл сіріңке қара жүзіне иман үйірілгендей жылтырап, өңейіп алыпты. Ойнақтап тұратын кішкене көздерімен сөйлегенде шошаңдап кететін, көп «дәрет» пен бұйраланған шоқша сақалы бұрынғыдан да тез ойнақтап, шошаңдай жөнелді. – Ислам ахАлласы көз ашатын болды. Алла рақым айлап Ма Сылиңды жіберді. Бүкіл мұсылман мұһмен бір туысқан ғой, бізге де Алла таупиық берсін енді! Бір-бірімізді құрметтеп, енді тату-тәтті тұрайық, Жәке! Не көрсек те бірге көрейік! Ислам ұқматына қолымыздан не келсе сонымызбен жардамдасайық! Молданың аузында Алланың сөзі бар, оған кір келтірген күнәға кіріптар болады. Байлардың қолында Алланың мал–қазынасы бар, оған қайыр болмаған несібеден тақаззаға ұшырайды. «Бәрімізді осы исләм ләшкеріне бағышылайық!» деп жатыр жұрт. Берерің болмаса да берекеде бірге бол!..

– Ей, қожа, – деді әкем, – бұл шариғатыңды білемін. Мен де Алланың құлы, Мұхаммедтің үммәтімін, мен сенің молдалығыңды тартып алайын деп немесе Алла сөзіне кір келтірейін деп жүргенім жоқ. Имандай шынымды айтайын: басқа молда – қожа емес, тек сенің бейшара ауруларды «жын соқты» деп шошытуыңа ғана қарсымын. Осы маңайдағы сырқаттанған адамның бірін де жын соққан емес, соқса, өзің мен бала-шағаңды құдайға қарсы сол жын–шайтандар аяп жүр деймісің. Басқа берекеңді бұзғаным жоқ, елмен біргемін! Қастық ойлаған қастан шықпасын!

Әлімжан мырс-мырс күлді де, татуласқан болып шықты. Басталған бұл апалаң-төпелеңде өзінің қастық ойлаған біреуінен қастық көріп қалмай «ислам лашкеріне деген атпен бірдеме жиып алуды көздеп жүрген көрінеді. Әкемнің райын байқап, онысын айтпай шықты.

Шәуешектен атылып жатқан зеңбірек үні жерді сілкіндіріп, елді тітірете бастады. Пісіп тұрған егінді жиып алу қамы жайына қалды да, хұйзу қожайындар жақсы киімдерін киіп алып, қала жақа шапқылаумен болды. Ешкім зорламай-ақ қазаққа айналып кеткен біздің хұйзулар ешкім зорламай-ақ хұйзу қалпына түсе қалды. Смайыл жаңа жырық қалпағы мен су жаңа қара көк пальтосын киіп, бейуаз ғана күдірейген мырза хұйзу болып атанса, Смазының ұзын мойны одан әрі ұзарып едірейген жауынгер хұйзу болып аттанып жүрді. Ол қоржадағы еш қазаққа үн қатпайды, тіпті, қазақша тіл білмейтін сияқты, жүзі өте сұрланып, қанын ішіне тартып алыпты. Сонысынан шошынған әкем Бигелді мен Биғазыны егін жақтан күндіз келтірмей, өзі де сол жаққа иендеп шығып ала жүрді.

– Біздің қайда кеткенімізді ешкімге айтпаңдар, – деп тапсырды бізге, – өздерің осы жер үйден ешқайды шықпаңдар, дүнген қоржасы болғандықтан бұл жаққа зеңбірек атар, бірақ, жер үйден шықпасаңдар зақым келтірмейді! Ал Смазы сендерге тиіспейді!

Біз сол нұсқау бойынша үйден шықпай, көк бормиымызды кеміріп отыра бердік. Сол отырыстың екінші күні, біз көрмеген бір жастау әйел Биғаділ екеуміздей екі кішкене баласын ертіп, «көшіп келді» де, шешеммен жылап көрісті. Бізге туыстық жағынан жақын Жолдыбай дейтін марқұмның жесір-жетімі екен. Жаугершілік уақытта біздің қасымызда болуды көксеп келіпті. Ергейтінің батыс жағындағы Сақабай дейтін зорекерге баласымен малай болып, қорлық-зорлықта жүреді екен. Алай-дүлей заман бола қалса баламнан айырылып қалмайын деген оймен түнделетіп қашып әрең құтылыпты.

Біздің үйдің алдында төбесі тесіліп, құлап тұрған бір жер үй бар еді, шешем соны жөндесіп беруге шықты. Ұлының үлкені Жебесін мен құралыптас болса да, менен зорырақ әдемі бала екен. Жастай жетім қалғандығынан болса керек, жұмыс жөнінен бізден әлдеқайда мықты. «Тесік өкпе» көрінді. Шешесі біздің үйден шыққанша інісі Жебежанды ерте жүріп мияны үйіп қойыпты.

Біз де шықтық. Бұлыңғыр күннің қабағы қатулы, демі салқын еді. Анда-санда зеңбірек үнімен қатты күрсініп қояды, екі шеше жер үйдің тесігін бітеп, ішіне мия төсеп жатқандарында жуан күрең ат мінген семіз сары қазақ шауып келді. Сары мұрты тікірейіп, шегір көзі тұздай болып шатынап кетіпті. Жебесін «Сақабайдың інісі» деп бізге ұқтырғанша болған жоқ, қамшының басына шарт ете түскенін бір-ақ білді, жығылып түсті. Биғаділ екеуміз екі жаққа қаштық. Сары қазақ атынан қарғып түсті де, жыртық-жыртық көйлекшең ғана жалаң аяқ, жалаң бас Жебесінді дырау қамшымен шықпыртып ала жөнелді. Екі үйдегі ыңғай әлсіз бала-шаға түгел шулап кеттік. Екі шешемізді екі жаққа итеріп құлатты ол.

– Әкеңнің... Қаңғыған қаракерей!.. Сиыр қайда?! – деп тұрып шықпыртады. – Сиыр қайда, тап!.. Сиырды тап!

Алғашында шырылдап кеткен Жебесіннен үн шықпай қалды. Бүкіл қоржа болып жиналса да, әлуетті жігіттерден ешқайсысы қалмапты. Ешкім ара түсе алмады. Биғаділ, Жебежан үшеуміз шырқыраған бойы қайта келіп, әркімнің етегіне бір жабыстық.

– Ағатай!.. Апатай!.. Өлтірді ғой. Айырып алсаңдаршы!.. Айырып алшы, ағатай!..

Шешелерімізбен төрт-бес кемпір топтаса келіп, ысқырған қамшысына миземей, сары қазақтың алдына тоса қалды да, бір кемпір Жебесінді ала жөнелді.

– Айтшы өзің, қайдағы сиыр, – деп тосты кемпірлер.

– Анау ұры әкеткен сиыр, – деп кішкентай Жебесінге тағы ұмтылды сары қазақ. Бар қазақтың қатын-баласы шу ете түсті.

– Сиыр әкелген жоқ!.. Әкелген жоқ! Құдай біледі, бұлар сиырың тұрмақ, лағыңды әкеле алмайды! Андай-мұндайларын бір қаппен ғана шешесі көтеріп әкелді ғой.

– Өзін көтере алмай жүрген кішкене бала сиыр ұрлай ма?

– Менің бар сиырымды айдап иіріп жүрген бұл қарақшы бір сиыр ұрлай алмай ма!.. Ұрламаса түнде неге қашады?!

– Күндіз жібермесең, түнде қашпай қайтпекпіз! – деп Жебесіннің шешесі зарлай жөнелді. – Екеуміз бірдей жалшы болып тамаққа жарымасақ! Киіміміздің түрі міне!.. Сиырыңды ұрлағын болсақ құдай бар ғой! Көктетпесін бізді!..

Сары қазақпен бар қазақ салғыласып тұрғанда, біздің екі көзіміз тұра алмай жатқан Жебесінде болды. Қамшы тиген жерлері қып-қызыл қанмен білеу-білеу болып шыға келді. Жаңа ғана жайнап тұрған қап-қара көзі жұмылып күп болып ісіп кетіпті. Сол томпақтың үстінде ұп-ұзын қалың қара қасы ғана тұр. Қара-торы әдемі жүзі көк-қызыл жасыл реңмен адам ашынарлықтай быт-шыт болып кетіпті. Жаңа ғана тұп-тұтас болып, өңкейіп тұрған кең маңдайы орқаш-орқаш. Адам баласына сирек бітетін осындай сүйсінерлік келбетті осы жауыз сарының қамшысы әп-сәтте бұзып болыпты!

Біз үңіле қарап жылап тұр едік, «су» дегендей болды Жебесін. Биғаділ екеуміз бірдей жүгіріп ағаш шөмішпен су әкеліп бердік. Шөмішіміздің қалың ернеуіне оның көнектей болып ісіп кеткен ерні әреңге жетті.

– Менің ұрымды сендер ақтай алмайсыңдар! – деді сары қазақ. – Өз жандарыңды бағыңдар, ұқтыңдар ма!.. Бұл ұры қашан менің сиырымды тауып бергенше, иә, төлеп бергенше менің қолымда болады!.. Тараңдар, бүлік шығарғалы тұрсыңдар ма, бүлік көргелі тұрсыңдар ма!..

Жиылған әлсіз көпшілік күрсіне–күрсіне тарасты. Сарының «атақты зорекер», «қида кездік неме» екенін, «құдайдың өзі қана жазасын беремесе, бұған дауа жоқ» екендігін, «сиырының жоғалғаны қып-қызыл жала» екенін, «асқан жауыздығынан» ешкім жалға да тұрмай, «қоңсы болып та қонбай қойғандықтан, мына жесір қатын – жетім баланы қанды шеңгелінен шығармау үшін жауып тұрған жаласы» екенін бір-біріне күбірлеп айтыса тарады көпшілік. Жауынгер бес кмпірмен уақиғаны жаңа естіп келген Балбике ғана қалды.

– Ей, тұр! – деп сары Жебесінге қамшысын төндіре жетіп келді. Жебесін орнынан әрең тұрды.

– Мен сиыр ұрламадым, ағатай! – дегенге ауыз икемі әрең келіп, жылай тұрды.

– Еқ.. Ұрламадың! Әкеңнің... сен тауып бергенше бақтырамын қалған сиырды!

Сары қазақ шылбырмен Жебесіннің қолынан байлай бастады.

– Ей, апарсаң байламай апар! – деді Балбике. – Қаршадай баланы өлімші етіп тілгілеп, енді қорыққандай байлап айдаудан ұялмаймысың!

– Мен ұрымды қалай әкетсем, өзім білемін, сенің нең бар!

– Менің нем жоқ екенін әлі көресің, бұл менің бауырым!...

– Сен мұны өлтірсең де іздеусіз-сұраусыз кетеді деп ойлама! Осы сиырыңның жоғалуы туралы сұрастыра жатармыз, құдай мен халықтың қаһарына ұшырай берме деймін мен саған, қате ме?!

Бар кемпір шулап жүріп шылбырды әрең шешті. «Мал бағуда қол–аяқ пен сау дене керек екенін, енді ұрмауды айтып тұрған «ақымақ қатындардың» сөзін тыңдағысы келмеген сары, атына міне салып, Жебесінге қамшысын үйірді.

– Жүр, түс алдыға!.. Қашпақшы болсаң өлесің!.. – Неше жүз ит талағандай борша-борша болған Жебесін алдыға үнсіз ақсаңдай түсіп жүре берді. Қамшының қаһарына «сүйенбесе» жүре алатын дәрмені жоқ көрінеді, әрең кетіп барады. Жыртылып түсіп кеткен жеңі мен ауына дейін жыртылған балағы жалп-жұлп етіп, бар күшін жүруге ғана салғанын білдіріп барады. Жуан ат мінген, жуан сарынаң алдында арықтаған ақсақ қозыдай, сырт жағынан әрең көрініп бара жатқанымен, әдемі жүзінің әлгі ойрандалған суреті менің көзіме ап-айқын көрінгендей. Оның шешесі менің шешеммен алғашқы көріскендегісінен қаттырақ үн салып, қайта көрісті. Жауынгер кемпірлердің енді жылауы басылды. Біз оларша мұңлы-зарлы сөз айта алмағанымызбен «қарнымызға» толып алған мұң мен дәрменсіз ыза үнсіз-ақ өзі айтылып тұрғандай, олардан қалыспай жылап тұрдық. Жебесіннің шешесі көтеріп келген қабын қайта көтерді де, кішкене Жебежанын жетектеп, Жебесіннің артынан кетті. Қозысын сүйрей жөнелген қорқау сары енесінің маңырай еретінін біліп бара жатқан тәрізді, артына қарап-қарап қояды...

Біздің оларға қарап тұруымыз ұзаққа созылмады, ши арасына кіріп ғайып болды. Үлкен жолдың шаңын аспанға көтеріп, әрлі-берлі шауып жүрген салт аттылар, бізді елеңдете түсіп еді.

– Дәкіл қара, Дәкілдет! – деген бір зор үнге жалт бұрылдық. Қала жақтан құйындатып келе жатқан қара жорғалы, қара сақалды жуан біреу бізге қарай бұрылды. Дәркенбек дейтін атамыз екен, ол арғы беттен кемпірі мен жалғыз ұлын осы қара жорғамен әкелгенін, үйі қазір Еміл жақта екенін айтып, біздің үйге амандаса келіп айтқан болатын. Өзінің жалғыз ұлынан кем көрмейтін осы атын мінгенде оған бақылдап дем бере жүретін әдеті бар еді. Дәкіл қараның үстіне қара Дәкең оқтан да қорықпайды, – дейтін ол, – оғыңның аузын ұрып өте шығады!

Дәу қара тоқал теке сияқты, бадырайған үлкен томпақ көзді, дөңкиген жуан имек мұрын, ұзын қара сақалды кісі еді. Сөзді де текеше бақылдап сөйлейтін. Сол «Дәкіл қарасымен» қалаға қорықпай кіріп қайтыпты. Әкемнің қайда екенін сұрады да, аттан түспей, қалада болып жатқан жайды шешеме қысқаша баяндады. Сақ тұруды, балалардың қия басып сыртқа шықпауын қатты тапсырды.

– Дәкілдет! – деді сонан соң «Дәкіл қарасына», лезде ғайып болды.

Жаңа ғана жылап тұрған шешем қайын ағасының артынан жымия күліп қалды.

– Төлеңдісін қамауға асығып барады енді? – деді.

Ол жалғыз ұлын тып–тыныш күндерде қамауға бұйырып жүретін: «Ой, бәйбіше, ыстық жел ысқырып тұр, жалғызыңды қағып әкетеді, шығарма үйден!» деп бақылдайтын. Осы жолы қалаға кіргенде де сол Төленді үшін қатер бар–жоғын білуге ғана барғанын түсіндік. Қытай әскері жамбылға қашып кіріп бекініп алыпты да, дүнген ләшкері сол жамбылмен қосып бір-ақ қоршап алыпты!.. «Құңқузылар жамбылының құлақтарын далдалап, мылтықпен атқылап жатыр екен. Дүнгендер онысын елең де қылмай, саты қойып және екі пышақпен өрлеп жамбылдың үстіне шығуға тырмысып жатыр». «Бастарына қазан киіп алыпты. Екі пышақпен биік жамбылдың қабырғасына өрлегенде мысықтан да епті екен! Нешеуі менің көз алдымда солай өрлеп шығып, оқ тиіп өліп түсті». «Дүнгендер өлгеніне қарамайды екен, біреу жамбылға өрлей алмай, түсіп кетіп еді, бастығы келіп қылышпен бір-ақ шапты». «Менің байқауымша жамбылға сол шойын басты дүнгендердің жүз шақтысы кірді ме, құңқузыны қызыл көтен етіп, қырып салатын көрінеді». «Жеңбей қоятын емес, құдай сақтасын өте дүлей халық екен». Байқап тұрған біреудің айтуынша, хұңқузы мылтықты қаймана ата береді екен, қызықты оғы таусылғанда көресің, дүнгендер кіріп жәркемдей салады дейді. «Ал, келін, Жаппар келгенде айтып қой, мұсылман деп бұл дүнгендердің тілеуін тілемей-ақ қоялық, Шәуешекке жақындап келе бере бір ауыл қазықты бір-ақ қырып салыпты! Мылтығы мен қылышын сөйтіп қазақпен қандап кіріпті! Олардан не рақым, не мұсылмандық сұрайсың», «Дүнгеннен басқаны адамға санайтын халық емес көрінеді. Мен бір дуалды баспалап қарап тұр едім. Арт жағымдағы дуал ішінен бір сарт айқай салды: мына дүнгендердің өзі-ақ қайырыла қалып, тарс қояды. Бірнеше мұсылманды осылар атып тастады. Көрмей тұрғандарында кетіп қал!» деді. Мен қайсысы жеңерін анықтап біліп алып кетейін деп едім, осыны естіген соң Дәкіл қараға қамшы баса жөнелдім. Әйтеуір қайсысы жеңсе де бізге жақсы емес екен: құңқузылар жеңсе бізді «мұсылман» деп қырады да, дүнгендер жеңсе «дүнген» емес деп қырады. Мен соны ғана білдім. Тығыла тұрмасақ біз сорлыға ещқайсысынан күн жоқ!»

Үздіксіз бақылдап келіп бір-ақ тоқтаған Дәкеннің сөзінен менің ұққаным осы болды.

Жұрт тынышсыздана бастады. Әрқайсысы өз қамымен болып, өздерінің алып жүре алмайтын нәрселерін тыққыштап, өз үйлерінен шықпай жүрді. Ал біздің жасыратын нәрселеріміз болмаса, өзімізді жасырар жер таба алмай жүрдік. «Анау атысып жатқан жамбылынан қашып шыққандары да, қуып шыққандары да қырады». Зеңбірек гүрс етіп түскенде, бір жерімізге келіп дүрс ете түскендей болды. Қоржа хуйзулары ат үстінде қоқиып, күндіз қала жаққа кетеді де, қай уақытта қайтып келгенін білмейсің. Таңертең аттарына қайта мініп жатады.

Төмен Еміл жақтан көрініп тұратын көп қоржаның иесі Машың Шаңияның Мұсасы дейтін бір дәу хұйзу бар еді. Ол әр күні үлкен жолмен тор жағасын тайпалтып, салтанатпен өтіп тұратын. Бір күні сол қала жақтан құйындатып келеді екен. Қарсы жолығып, «не болып жатыр» деп сұраған біреуге: «не болғай, не болғай» деп ессіз гүрілдеп өте шықты. Осыдан біздің қоржа да тіксіне түсті. Үдірейісіп топ-тобымен сөйлесіп жатыр.

Смайыл қақпасының алдындағы топқа шешем барғанын аңдып шығып, біз де бардық. Көріп келгендер хұйзу «лашкерінің батырлығын» айтты. Олардың сөзі Дәркенбектің айтқанымен ұп-ұқсас еді. Біз барысымызбен мінген атынша ентіге жеткен біреу, істі жеделдетіп жібереді.

– Құңқузыдан оқ таусылып, сирек атылатын болып қалыпты. Дүнгендер қабындап, бір жағынан қақпаны бұза бастапты да, екінші бір жағынан көп саты қойып, жапа-тармағай басып кірудің бұйрығын күтіп тұр екен. Сол мезетте Хилауский бастаған екі жүз шамалы ақ орыс оқ жаудырып, дүнгендердің бір қанатын тосыннан күйретіп жіберіпті. Қазір дүнгендер жамбылды тастай салып, Хилаускиймен соғысып кетті. Әй, бірақ ана көк көздердің аз болғанымен қиын көрінеді, ықсыратып барады! – деді ол.

– Енді құңқузылар шыға келіп, оларға қосылып жайғады деші!

– Жоқ, ондай жүрек қалмапты құңқузыларда, жамбылдарынан сығалап қарар әуселесі де жоқ сияқты. Ұйықтап қалғандай тым-тырыс! Өздері қаланың бар қытайын енгізіп апты ғой жамбылдарына! Қалада бір қытай көрінбейді. Олар жамбылға кірісімен сауда дүкендерін бұзып, халық талап әкетіпті.

– Қаһар соққар Хилауский дейтін пәлең қайдан шығып еді! – деп тыжырынды Әлімжан қожа.

– Хилауский Бәкішпен бірге коммунистерден қашып өткен ақ орыстың бір бастығы екен Шәуешекте тұратын.

Ол Үрімжідегі Жин Шурын өкіметіне барыпты да, дүнгендерді жеңіп беремін деп құрал әкеліпті. Екі жүз орысын өзі құрастырып алыпты. Сол келіп қалмаса, Ма Сылиң құңқузыны бүгін-ақ қырып болатын еді!

– Пәле енді болды! – деді бір шал, – құңқузылар өздеріне жәрдем келгенін білісімен жамбылдан қаптап шыға келеді де, ой–қырды шауып мұсылмандарды қырады!

– Енді қаладан мойны алысырақ жерге барып паналай тұруымыз керек!

– Емілге, Емілге! – деді Әлімжан қожа. Күн батты. Түн ішінде қайта кететінін білмей тұрған көпшілікке қаладан шауып келген Смайыл басу айтты:

– Бүгін, ертең күтейік, – деді ол. – Ма Сылиң «орысты да» жоямыз депті. Өзі бір топ ләшкерімен орыстың сырт жағынан шыға келген екен, орыстар пулеметті солай қарай жаудырып кеп жіберді. Лашкерлер жалт беріп бір жағына зыта жөнелгенде, жарға қамалып қалды. Сонда Ма Сылиңнің өзі атын жатқыза салды да, соған далдалап отыра қалып пулеметті қарсы жаудырды. Басқа шыққан сол бір топ әскері қырылып кеткенде өзіне оқ дарыған жоқ. Атына қайта қарғып мініп, жардың аласалау жерінен ырғытып өте шықты. Орыстарға қылышын жарқ еткізіп білеп кете барды. Қазір осы екінтіде ғана қалың әскеріне бұйрық түсіріп, әр тұсты көрсетіп жатқан. Қытайларды бір пулемет қана камап отыр!

– Алла тағаланың өзі белгіліп жіберген қаһарманына оқ дари ма! – деді Әлімжан қожа, – оның тәнінде Алла дұғасы жазылмаған жер бар деймісің, оқ дарыса да өтпейді оған. Дін мұсылманды кәпір зұлматынан құтқарсын деп жіберген Алланың шері-арсыланы Хазірет Әлі Шахимарданның рухы ғой ол, жалғыз қалса да жеңеді, әмин...

Әлімжан қожа енді «Хазират Әлі Шахимарданның» бір шаһарға өз талабымен құл болып, сатылып барып, қалай ойрандап, қала халқын дінге кіргізгені туралы ертекке көшкенде, топ бет-бетімен тарап жүре берісті. Тегі «Ма Сылиң Шахимарданның» өзі жеңе қалған күнде де мүкімен уа мұсылмандық тамұққа қамайтын, ауылын қырған қырысын біліп тарасқан болса керек.

Әкем екі баласын ертіп түнде келді. Масақ теріп жинаған бидайын көрсетіп күлдіре келді.

– Бір жаққа тағы дүркіріп боса жөнелсек, көк борбиді көтеріп жүруге болмайды, бәйбіше! – деді сайқыға айналдырған шешеме, – ел не десе о десін, қайсысы жеңсе сонысы жеңсін, бізге осы бидайдан басқа ешқандай санаты керек емес!

Егіндікте тығылып жүрегенімен хабарды ести жүріпті. Осы қазір ғана қаладан келе жатқан біреуден естігенін айтты:

– Қас қарайып ымырт жабыла бастаған кезде Шәуешекке сәбеттен бір топ атты әскер келіп кіріпті. Тек алдыңғы бір тобы ғана болу керек. Шәуешектің шетіне Қарадөң жақтан ілінісімен ең алдында келе жатқан бастығы қазаға ұшырапты.

– Неғып? – деп шешем үдірейе қалды.

– Мына дүнгендерің асқан қансұйық көрінеді ғой, дәл телеграмма ағашы сияқты қылаң киінген біреу телеграмма ағашына жабысып тұр екен. Атты әскерлер жақындап келгенде ыршып шығып бастықты қанжарымен жарып салыпты. Бастық аттан құлап түскенде бір-ақ білген артындағы солдат қарақшыны атып тастапты. Қараса, ішкеріден келген осы дүнген ләшкерінің біреуі екен.

– Ойпырмай, не деген жанынан кешкен неме бұл.... Оны кім көріпті?

– Сол дүнген тасалап тұрған телеграмманың қарсысындағы қақпа алдында бір қазақ тұрған екен, сол көріпті.

– Солдаттар оны неге атпай отыр?

– Оны шақырып алып тексерген екен, қазақ болған соң қоя беріпті. Қызыл әскер өзінің қарсы адамы болмаса құңқузы мен дүнгенше адамды бет алды қыра бермейді. Солардың келгені жақсы болды. Енді тәртіп орнайды, оншалық қорқыныш жоқ, ұйықтай беріңдер!

Біз бір-бір керіліп алып құрғақ мия мен жұмсақ сабан үстінде тыныштық ұйқыға кеттік. Таңертең тұрып қарасақ, үлкен жол сеңдей соғылысқан қара нөпір шұбырындыға айналып кетіпті.

– «Бас Ергейтінің дүнген қазақтары, үркіп, төмен Емілге тартып барады екен!»

– «Түнде Совет армиясы кірісімен-ақ дүнгендер қашып жоғалыпты да, құңқузылар жамбылдан шыға сала «қасапқа» кірісіпті, мұсылманды қырады дейді!»

– «Совет әскерінің көбі Ма Сылиңді қуып кетіпті. Шәуешектің тыныштығын қорғауға олардан аз адам ғана қалған екен. Құңқузылар халықты оған бағынбай қырып жүр екен!»

– Хилаускийді кеше Совет әскері кірудің алдына дүнген атып өлтіріпті... Ол бір топ атты орысын ертіп, қаладағы жай хылықты ылаңдап жүрген дүнген ләшкерін іздеп шыққан екен. Бір иен қораға алдымен кіре бергенде жалаңбас Хилаускийді жалтыраған маңдайынан таныған көрінеді, терезеден дәлдеп отырып, дәл маңдайынан атыпты! Жалғыз дүнген екен, артқы есіктен қашып құтылып кетіпті!

– «Дүнген ләшкері телім-телім болып бытырап қашқан екен. Соларды маңайдағы қоржалардан іздей шыққан құңқузылар жай халықты қырып жүр дейді, қашпасақ қырыламыз!»

– «Тығылған дүнгендеріңді тауып бер» деп шаңқылдайды екен. Тез кетпесек қырыламыз!

– «Құңқузылар құтырды, жауды өздері жеңгендей-ақ шақшиып, көздері қанталап кетіпті. Қашпасақ қырыламыз!» Біздің қоржа осылай дүрлікті. Құйзуларымыз мойындарын іштеріне тығып, арбаларына керек-жарақтарын басып жатты.

– Дүнгендер дүнген болғандығы үшін қашсын, – деді әкем дүрлігіп жүргендердің біріне, – ал біз не күнәмызға бола қашамыз?! Орыстар құңқузылардына бірдеңе дер, артын күте тұралық! Егер болмай бара жатса, Емілге шұбамай-ақ мына төтемен өз жерімізге өте салмаймыз ба!

– Ой, Жәке, күте тұруыңызға құңқузылар қарайтын емес, атқа мінген түгел қоқшиып алыпты! Жалаңаш қылыштарын жарқылдатып кіріп келгенін қала жанындағы кей қоржалар білмей де қалыпты. Сытылып кетуге үлгере алмапты.

– «Жамбыл ішінде неше күн жатып, ұйқысын қандырып алған құңқузы халықты қырып болғанша дем алар емес, ал кеттік!»

Сеңдей соғылысқан жұрт толқыны әкемді де іле жөнелгендей болып еді, Смайылдың жүгін арбаға тиеп болған Бигелді жетіп келді. Шешемізді «жеңеше» деп атайтын:

– Жеңеше, Шәуешектен Әспет апам мен Молтай да қашып келген екен, – деді ол, – солармен бірге Емілге кете тұрыңдар! Әкел, ана нәрселеріңді арбаға басайық!

Бигелді буыншағымызды көтере жөнелді де, біз оның артынан шұбай шығып, жаяу ілестік. Бигелді бірнеше жігітпен бірге қоржа мен егін күзетінде қалатын болыпты.

– Құңқузы қайсы арықты тінтіп арылтар дейсің, – деді ойлана қараған әкеме, – күндіз бүтіндей егін арасында, арық ішінде жатамыз! – Әкем күте тұру ойына қайта беки қалды енді:

– Бигелдіні жалғыз тастап кетем бе? Олай болса мен де қала тұрамын! Аңысын аңдып, болмай бара жатса екеуміз арттарыңнан жетіп аламыз! Ал, Балбике, Молтайжан, балаларды сендерге тапсырдық. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетер заман болса, Бигелді екеуміз қуып жете аламыз. Ең арғы көмбеміз Үржар маңайы болсын!

Төрт-бес өгіз арбаның соңынан бұзауша ілесе бердік біз. Биғазы мен Биғаділ үшеуміз ғана емес, қоржадан шыққан біздей кішкене қашқын көп еді. Оның ішінден біздей бұзау, тайынша қашқындар да, құнан қашқын да, дөнен қашқын да, тіпті, тісі мен буынан мүлде айырылған лақса кәрі қашқын да көп еді. Қалайда туа пісіп көз аша жетілген қашқын емеспіз бе, мұндай босқын тізбегінде ілесе алатындаймыз. Ергейтіннің төменгі қоржасынан өте бергенімізде түн болып кетті. Арыдым деуге мұндай үркіншілікте арба тоқтай ма, сықырлай берді, шиқылдай берді, жолсызбен ши түбірге соғылып шойқаңдай тартты. Арбада кішкене Биғайшадан басқа ешкім қалмады. Жетектеп алған шешеміз түн түйілген сайын Биғаділ екеуміздің қолымыздан қыса түседі. «Ұйықтап жығылып түспе!» деп сілке жетектейді. Біз де өзімізді сілікігендей, басымызды шайқап–шайқап қойып дедектейміз. «Соғыстың ең үлкен қылмыстысы Ма Сылиң да мұндай қиналмаған болар!» дегендей шайқау еді бұл. Буыннан айырылып мүлде қалжырадық. Ояу екенімізді де, ұйқылы екенімізді де, жүріп келе жатқанымызды да, ұшып келе жатқанымызды да білмедік. Кейбір шайпау қамыс маңдайға соғып қалғанда ғана ес жиып, бір жерге келдік те құлай кеттік.

Түсімізде өзіміздің мия мен сабан төселген «алтын сарайымызда» рақаттанып ұйықтап жатқан сияқты едік. Көзімізді ашып алсақ шошқа өте алмайтын қалың қамыстың арасында сызда жатырмыз. Ойда жоқта күннің өзі де қаңғырып қамыстың арасында шығып тұрған сияқты. Сол қалың қамыстың қай тұсы болса да салдыр-сұлдыр, сыбыр-күбір «әлди-әлди», «іңгә-іңгә». Тіпті, әкіреңдескен егестер де көп. Қалың қамыстың сілкінбей, сыбырламай тұрған біреуі жоқтай екен. «Жау біліп қояды, от жақпаңдар!» «Айқайламаңдар!» деген айқайлар үздіксіз, бар тұстан естіліп тұр. «Айқайламаңдар!» деп бәрі айқайласа ол айқай есептелмейтін тәрізді.

Сөйтіп «шексіз-шетсіз» қамыстың ішің қашқынға толып алыпты. Кеше таңертеңнен бері сеңдей соғылысып тасыған босқынның барлығы осында құйылып, лықсыған шексіз қашқын теңізіне айналыпты.

«Тергеушім», қылмыссыз адам қаша ма?.. Қылмысы болмаса неден қорқады! Демек, бұлардың бәрі қылмысты, өздерінің сыйынған пірі «Хазірет Ма Сылиң Шахимардан» құдіретті жамбылдан жеңіліп қашқанда, бұлар – кірерге жердің тесігін таба алмай босқан қылмыстылар. Мен де сол қанды қол армияның бір мүшесі болғанмын.

ІІ

«Соғыс қылмыстылары» қамыс арасында да тыныш жата қойған жоқ. Тынышымызды ендігі алғандар жергілікті хұйзулар болды. Еті тірілері ыңғай атқа мініп келген еді. Аттарынан түспей күндіз–түні керілдесті де жүрді олар. Бұрыннан сүзісіп үйренген, бір-біріне бағынуды жеңілгендей көретін өңшең тоқты қошқар шақ-шұқ, шарт-шұрт сүзісумен болды.

– Күркіремеде жата тұрамыз, арбаны солай тартыңдар! – деп айқайлайды біреуі. Ол «күркіреп қалғырының» қай жер екенін біз қайдан білейік, боса беруден аза бойымыз қаза болса да, орнымыздың жан-дәрмен тағы түрегелеміз де солай бет аламыз.

– Мойынталға паналай тұрамыз, былай тартыңдар! – деп айқайлайды енді біреуі. Біз бетімізді батыстан шығысқа бұрамыз.

– Дурак! Хунқузының үстіне апарып түсіріп, халықты қырғызбақсың ба! – деп ақырады біреуі. Оған және бірі тебініп жетіп барады:

– Сен дурак!

Хұйзулардың «дуракты» қайдан үйренгенін біле алмай аң–таң болып тұрғанымызда, шарт-шұрт қамшыласып ала жөнеледі. Қамшылар батысқа қарай сілтенеді сонан соң, қамысты салдырлатып, сатырлатып солай қарай жөнелеміз.

– Тоқтаңдар!... Қайтыңдар! – деп қайта ақырады біреуі. Арбалар шықырлап, бишіктеп шатырлап, шығысқа қайта бұрылады...

Құралды соғыс болған Шәуешектің өзінде де дәл осы қамыс арасындағыдай ойран-асыр дүрлігіс болмаған шығар-ау! Еміл бойы түгел құтырып, байлауға түсіп жатқандай, ту талақай болды да жатты. Қоржа жақтарынан хабар алып тұратын хұйзулар осылай екі күн өткенде тым-тырыс тыныштала қалды. Жеке шығып алып мәжіліс ашты да, сүзісуді қойып, сүмірейісіп тарқасты. Шекарадан өтіп кетудің қамына көшті бәрі де.

«Аңысын аңдап, болмай бара жатса» артымыздан қуып жетпек болған әкем мен Бигелді әлі жоқ. Олардың неге келмей жетқандығының «аңысын» енді шешем «аңдады»:

– Олар сірә, қоржада тұра беруге болатын жағдайды байқап жатқан болар, – деді шешем. – Біз де қайтып барайық енді! Болмаған күнде де оларсыз шекарадан өтіп кете беруіміздің жөні жоқ. Дүнген емеспіз ғой, қайтер дейсің.

Басқа хұйзулар бөлініп-бөлініп батысқа қарай тартты да, біздің хұйзулар күн еңкейе арбаларын айдап қоржаға тартты. Қалдырып кеткен нәрселері мен азын-аулақ малдарын айдап, шекарадан біржолата өтпек екенін естідік.

Іңірде сенделектеп әрең жеттік жер үйімізге. Әкем бізді іздеп кетіпті.

– Бармады ма? – деп бізден сұрады Бигелді, – қарсы кездеспей, басқа жолмен өтіп кеткен ғой, қайтып келеді. Орыстар құңқузыны тізгіндеген көрінеді. Әр он құңқузыға бір орыс қосылып, қоржалардан дүнген іздеп жүр екен. Енді қазаққа тиістірмейтін болды дейді. Смайылдар кетсе кете берсін, біз тұра тұрайық... Жігіттер Сақабайдан Жебесіннің кегін мықтап қайырды! – деп күлді сонан соң. Бірақ, не істегендіктерін айтпады. – Ізі басылсын, кейін айтайын!

Сол түні Смайыл, Смазы семьялары жиылмаған бормиынан басқа еш нәрсесін қалдырмай алып, шекарадан өтіп кетіпті. Жағдай тынышталысымен қайтып келеміз деп есіктерін құлыптап тастаған екен. Олармен бірге кеткен Әспет шешеміз ескі киізі мен екі көрпесін бізге қалдырыпты. «Біздің үйге де киіз бен көрпе бітті» деп біз қуансақ, «осылармен бірге біз де қайтып кететін едік» деп әкемнің келмей қалғанына шешеміз ренжіді.

– Биыл қыстық соғымымыз да бар! – деп Бигелді күлді, – бір қора сиырды Сақабайдікі деп ел талап әкетті. Менің қолыма ең семіз бір ту сиыр түсіпті. Боршалап тұздап, жер асты клетке іліп тастадым. Майының өзі кере бір қап! – Шешеміз шошынып қалды:

– Сақабай келіп енді боршаламай ма, сорым-ай!

– Басқасын тапса да, біздікін таба алмайды, қорықпай-ақ қой!

Және Сақабайларға сасқалақ қатты жетіп, елден бұрын босып жоғалыпты. Ел құңқузыдан босса, ол маңайындағы тепкіленген қазақтарынан босқан дейді. Ол жуырда орала алмайды енді, оның жауы қасында ғой!

Әлгі Жебесін бейшаралар бар ма екен?

Жоқ, олар өгізді болып, Дөрбілжінге тартты дейді. Тегі Сақабайдың бар сиырын базарға салып кеткен сол жігітім сықылды. Сайдың тасындай іріктеліп, осы қоржаға сау ете түсті де, сендердікімін дегендей кетпей жатып алды. Екінші күні әкем кетісімен жәркемдеп салдық!

– «Ел қақсатқан қан қақсайды» деген осы! – деп құптады шешем, – сол сарыға қарсы істің бәрі оң!...

Түс ауа бере қоржа тағы дүрлікті. Кейдей-кепшік қазақтардың Әлімжан қожадан басқасы түгел-ақ қайтып келген көрінеді. Үйлерінің төбесінен қаруылдап, елеңдесіп тұр. Қайрат-қуаты бар ел адамдары бірлеп-екілеп өзен жарларына түсіп кетіп жатты. Мұны көрген шешеміз Бигелдіні де қуып түсіріп жібереді. Жер үйіміздің төбесінде біз де үдірейістік.

– Бәрі құңқузы! – деді Биғаділ, – әне, қоқшаңдап келе жатыр! Ат үстіне құйрықтары тоқтамайды олардың, атқа міне алмайды емес пе!

Тізілген жиырмадай салт атты үлкен жолмен расында да қоқшаңдап желіп келеді екен. Жүрегіміз тітірей қалды.

– Қызыл шүберектен ту жасап алдынан шығайық, – деп айқайлайды бір қарт, – сонда қоржаға қаратып оқ атпайды!

– Кей кемпірлер сампылдап оған қарсы дау айтты:

– Оларды жалау бұлғап өзіміз шақырғандай болмай тұра тұрайық, қоржаға беттесе көрерміз!

Өгізге мінген бір бала үлкен жол жағасындағы диірменінен шығып, соларға қарсы кетіп бара жатыр еді. Келе жатқан әскерлерді алғашында байқамай қалған екен, қарап тұра қалды да, өгізін кілт бұрып, шығыс жағындағы далаға қарай тебіне жөнелді. Артқы қатарда келе жатқан бір құңқузы тұра қалып, мылтығын кезене қойды.

– Ей бала, қашпа! – деп біреуі дабыстағанша болған жоқ, мылтық тарс ете түсті. Алдында келе жатқан басшысы сонда ғана артына жалт қарап зекіп жіберді. Мылтық атылысымен бала ұшып түсіп еді. Басшының не деп зекіргенін біз ұқпай қалдық. Құңқузының үш-төрті шауып барды да, жығылған баланы қылышпен көсіп-көсіп өте шықты. Артынан қарғып түскен біреуі өлген баланың басын кесіп, аяғымен теуіп домалатып жіберді!

Біз қалшылдап кеттік. Еңкейіп қалған күн де, лүпіп тұрған бала-шаға да, сарғайып қалған теректің жапырақтары да, төңіректегі сирек ши мен мия да қып-қызыл шұбар тарғыл түске айналып, қалтырап кеткендей көрінді маған. Шешеміз Биғайшаның бір кішкене қызыл көйлегін ұзын сыраққа байлап ұстап тұр еді. Құңқузылар қоржаға қарай бұрылғанда сол «туларын» көтеріп алды. Бірақ өзі де, сырық та қалтырап кетті.

Қоржаның шетіне іліне бергенде «құңқузылар» мылтық шақпақтарын шақ–шұқ қайырды.

– Нельзя! – деп қалды алдындағы басшысы. Оның зірк ете түскен жуан дауысы жып-жылы естілді құлағыма. Жазғытұрым шешем екеуміз шекарадан қорғанып төрт құлақты бейіттің түбінде бұғып жатқанымызда үрген итін екі солдат осы сөзбен шектеген еді. Бұл ретке «нельзя» қатты ашумен шыққандай болды да, құңқузылар шақылдауын қойып, үнсіз ілесті. Сонда да қалтырап барамын. Әйелдер мен балалардың әр тобынан бір-бір жалау көтеріліп тұр екен. Құңқузылар Смайыл қақпасының алдына келгенде тағы шақылдады. Балдыр-бұлдыр етіп қақпаны ашты да, мылтықтарын кезеніп кіре берді. Жапа-тармағай қайта шығып, Смазы қақпасына ұмтыла бергендерінде әлгі бастық шақырып алып, сапқа тұрғызды. Орыс екені енді танылды. Қарап тұрған топтардың бәрін Смайыл қақпасының алдына шақырды ол. Шешем ту көтеріп, біз тізіліп, қалтылдай жеттік. Ту көтерушімізден кейінгі «жауынгер» – Биғайша, ең артымыз – Биғазы. Іркіліп тұрған топтарды орыс қазақша сөйлеп шақырды.

– Корыкпандар, корыкпай келиндер, тиспейди. Бир адам калмасын, калса булар атады! Бир адам калмай мунда келсе атпайды, сураймыз!

Бәріміз сол орыстың алдына келіп, тығыла тоқтадық. Оның да бешпеті мен қалпағы сұр болғанымен, әскери галапасымы мен етігі совет солдаты екендігін танытады. Бәріміздің көзіміз істік тұмсық, тоқ денелі, орта бойлы орыста ғана болды. Шағыну ма, қорқыныш па, бірнешеуміз жылап та жібердік.

– Мунда дунган бар ма? – деп ол бәріміздің бетімізге қарап шықты, – жыламаңдар, корыкпандар, тиспейди!.. Бул коржада дунган бар? Кайда олар?

Әйелдер жамырай жауап қатты:

– Дүнгендер кетіп қалған, қашып кеткен, кеше кетті.

– Бұл қоржада Смайыл, Смазы дейтін екі дүнген бар болатын, – деп жауапты қариямыз толықтай қайтарды енді.

– Екеуінің әйелі де қазақ, кеше бала-шаға, мал-мүлкімен, арбаларымен Советке кетті. Басқа дүнген келмеген бұл қоржаға! Егер осы қоржада дүнген болып, табылып қалса, мені атыңыз, бастық! Мен бұл қоржаның көне тұрғынымын, бәрін білемін, жасырған болсам, мені атыңыз!

«Құңқузылар» балдырлап, тепсіне бастады. Кейбірі мылтығымен нұсқап ақырды.

Орыс оларға қарап басын шайқады да, қайта сұрады:

– Мунда сендерден баска адам бар ма? Ынгай айел, бала, шал... осы ма? Жигиттер кайда?

– Бастык, біз осы бәріміз де қоржадан қашып кеткенбіз. Мына кісілер халықты қырып жүр деп естіп, қорқып кеткенбіз. Кешеден бері ғана қайтып келіп жатырмыз. Жігіттеріміз әлі Еміл жақта қашып жүр. Сіздер келді деп естіген соң ғана бала-шағаны ертіп біз қайтып келдік, олар да қайтып келеді енді. Бірақ, бұл қоржаның дүнгендері шекарадан өтіп кетті. Орыс «құңқузыларға» қарап басын шайқай ымдады да жүре берді. Олар ілесе жөнелгенде біреу сөйлеп қалып еді, екі әскер бөлініп Смазының қорасына қарай шапты. Орыс та тоқтап, олардың артынан көз алмай қарап тұрды. Олар қайтып келіп, сапқа тізілген соң орыс бізге қарап күлімсірей сөйледі:

– Мунан кейін аскер келсе сендер кашпай турындар! Кашкан адамнан булар корыкпайтын батыр, атып тастайды, – ол атын тебініп қалып келе жөнелді, – үйге бара берсеңдер болады!

Әскерлер аттарының жалынан ұстап қопақтап алыстай берді. Бет алыстары төменгі көп қоржа. Олардың қарасы үзілгенше біздің «жауынгерлер» тараған жоқ. Сөйтсе де, бәрінің шырайы қалпына келді. Өгіз мінген баланың басы кесілгендегі менің көз алдыма қалтыраған тарғыл-шұбар дүние өз өңін қайта тапқандай, күн-күнше жарқырап, аспаны-аспанша көк зеңгір түске енгендей болды. Аспан тіпті биіктеп, дүние кеңіп келе жатқандай сезілді.

«Жауынгерлер» өз көтерген туларына енді қарасып, күлісе бастады. Бір жас әйелдің көтеріп тұрған туы өзінің ескі іш киімінің бір балағы екенін көріп күлісті.

Жолда басы кесілген бала сүйегін жылап еңіреп орап жатқан кемпір-шалдың зарын естіген көпшілік тұнжырап тұра қалысты. Ешқайсымыз қыбырламай ұзақ тұрдық. Шешем бірнеше кемпірге ілесіп солай кетті.

– Лағнет, құңқузы! – деп салып, шал да жөнелді солай. Әлгі әскерлер барысымен көп қоржының түтіні бұрқ етіп аспанға бір-ақ көтерілді.

– Ма Шың шаңянның клеттері кетті!

– Неше склад сірескен бұл, шай еді, бір-ақ кетті-ау, әттеген-ай! – деп жардан шыққан азаматтар жамырай өкіністі.

–Япырмай, – бекер өртенгенше, мына аш-жалаңаш халықтың алуына бермеген-ай!

– Ма Шыңның жиған бұл шайы базарда да жоқ еді!

– Сатып алар жер де қалмады-ау енді!

– Япырмай, не деген қаскүнем еді бұл иттің балалары. Әлгі орыс қалай өртетті екен оны! Бұл өкінішті сұраудың жауабы іңірде жетті бізге: орыс қалған қоржаны тінтіп, адам табуға әскерінің жарымын таратып жібере қойған екен. Олардың бірге кеткен екі-үшеуі өздерінің бұрынғы жендеттік тәртібі мен шынжырын үзген итше арсылдай барыпты да, үлкен қойманы бұрқ еткізіпті. Орыс қанша бақырғанымен қайта өшіре алмай қойыпты. Алаулай жөнелген қойманың маңы адам бара алмастай болыпты. Әскерлер қоржаның өрттен аулақ бір тамына барып аттарынан түсіпті. Кеш батқандықтан қайта алмай, сонда түнемек көрінеді.

Сол маңда тығылып жатып ымырт түсісімен осылай қашқандар айтты бұл жайды. Әкемді сұрап едік, ешкім білмеді, әйтеуір көп қоржа маңында адам қалмағанын ғана айтты. Шекарадан өтпегендері Емілде сияқты.

– Түн ауа барып сол қаскүнемдерді қырып салсақ қайтеді? – деп жінікті жігіттер, – кешке дейін ат соққан құңқузылар, тұяқ серіппей ұйықтайды, құдай біледі! Орысты өлтірмей, жалғыз қоя бере салмаймыз ба?

Бұл дүрілді қария шорт тыйды:

– Қойыңдар, жігіттер, бұл сөзді! Ертең бар құңқузы шығып бүкіл Ергейтіні бір-ақ қырады!

Сол қазына түтінін аспанға ғана ұсынып, жарым ай бойы күйіп жатты. Түтіні күн көзін қапса, күлі желмен ұшып адам көзін, өкпесін қапты. Өртеушілердің өздеріне де одан басқа пайдасын тигізе қойған жоқ. Киімнен жүдеген жалба-жұлба егіншілер қынжыла қарайды оған. Шайы таусылғандықтан басы ауырған әйелдер сол түтінен тым болмаса шайдың иісі келер ме екен деп күтетін тәрізді. Ұзақ қарап тұрады. Бірақ, рақымсыз өрт түтінін де адамзатқа қимай аспанға итермелеп, тықпалап жатты.

Әкеміз қайтып келмеді. Әскерлер өлтіріп тастады ма, әлде шекарадан өтіп кетті ме, дерек жоқ, біз түтін жаққа сол үшін көп қарайтын болдық. Бигелді іздеп екі күн жүріп қайтты. Емілде жоқ сияқты. Ілушіннен ондай адам естілмепті. «Шекарадан өтіп кетсе қайтып келер» деген ұйғарымға үй ішімізбен келдік.

Астық жиып алу жұмысы өте асықтырып әкетті бізді. Өйткені, әкемізге алаңдап жүргенімізде, Смайыл мен Смазының атызда қалған бормиын тік тұрған күйінде маңайдағылар тонап әкеткен екен. Бигелді мен Биғазы тездетіп, өздеріне тиесілі жалақы бормиын орап алуға кірісті де, Биғаділ екеуміз Смайылдың борми сабағын аралап, масақ тердік. Әлі де бірдеме табылатындай көрінеді, құныға кірістік. Бұл құнығуымыз қоржадағылар сабақты талапайлап орып, аңыздар тап-тақыр болғанда ғана тоқтады. Екі ешкіден басқа малымыздың жоқтығына қарамай, борми сабағын да үйіп тастадық. Бұған да тояр емеспіз.

Таптама тезекті баса үйген борми сабағы мен ши, қияқ таудай мая болғанша, борми қуырылып, иесіз қалған диірменге тартылып жатқанда, аспан сұрланып, қарлату мен борандатудың қабағы көрінгенде, мен де бой жаздым. Шешем тігіп берген қысқа тонды қиып алып, «шаруашылығымызды» қорғаудан басқа жұмыс қалмады маған. Жаз, күз әуреленіп әрең үйген бұл байлығымызға сиырлар сұғын қадап, маза бермейтін болды. «Помещик» мұндай сумақылыққа төзген бе, мен момын тайыншаларға маза бермейтін болдым. Мініп аламын да, сол тұтқынның өз тұмсығын ғана аяға тығып қойып, басқа «арамтамақтарын» жолатпаймын. «Помещик» деген мойынға бір мініп алса, өз еркімен түсуші ме еді. Мен де түспей қойдым. Тіпті сол момынның арқасында жатып алдым.

Солай жатып басымды бір көтеріп алған кезімде, көзім жарқ ете түскендей болды. Ергейтінің суынан өтіп, әкем сияқты жарбиған біреу келе жатыр! Үстінде маған таныс қаптал шапан, басында көне елтіре тымақ, бірақ, өзі жалаң аяқ... тайыншадан түсе жүгірдім. Судың бергі жағасына өте бере мені құшақтап алып бауырына басты.

– Үй іші аман ба?

– Бәрі аман... байып алдық! Әне... отын-шөпті көрдің бе, бәрі біздікі! Астында тезек тіпті көп! Үш қап талқан, үш қап бормиымыз бар! Бір киіз, екі көрпеміз бар! Және үлкен бір сиыр сойып алғанбыз, майы бір қап!

Әкем жаман етігін киіп үлгергенше, мен осы байлығымызды толық баяндап үлгердім.

«Тергеушім», мен сол күзде меншікті жерім болмағандықтан, помещик қатарына толық қосыла алмасам да, бай шаруаның жуан ортасынан орын алған едім. Мұншалық өзімшілдік пен бас пайдаға өлермендік мені буржуазия қатарына қоспай қойсын ба. Шынжаңдағы Шың Сысай сынды «данышпан» өз жауларының бәрін жайпап таққа шығарда, әйелдің іш киімінің балағын ту етіп көтеріп, әжуалай шыққан «кертартпа» топтың бір мүшесі болған менің аз күн ішінде-ақ мұншалық асқындап, байып кетуім неден болды? Әрине, қылмыс, қылмыс, тағы да қылмыс.

ІІІ

Қапалақтап қар жауып тұрды. Аяз соңында артын күтіп тұрған сияқты еді. Қарны жуан сары қазақ біздің қоржаға енді білегіне қызыл шүберек киіп келді бір күні.

– Елубасы келді, ой, халайық, елубасы мырзаның өзі келді! – деп Әлімжан қожа кәукелектей жүгіріп алдынан шықты. Сары қазақ оған бір қарап қойып, тоқтамай жорғалата өтті де, Смайыл қорасының қатарындағы аласалау ақ тамды үйге барып түсті. Сонда да Әлімжан қаршығадай ілді барып, сарыны қолтығынан демеп түсіріп, атын байлады. Кеңкілдеп күле амандасты да, өзіне бөгде үйдің есігін ашты. – Бір көруге зар болып жүр едім. Алла нәсіп айлап, мырзаның өзі келді-ау! Үйге, үйге, кіріңіз!

Тереземізге екі көзді әйнек салып, сылап тұрған әкем Әлімжанның қимыл-әрекетіне тұнжырай қарап қалды. Шешем күрсіне сөйледі:

– Япырмай, елубасылыққа мына қансұйықты тапқан болса, «жүз басы», «мың басы» болып қандай немелер сайланады екен?!

– Бигелді! – деді әкем терезеге үңіліп, – әлгі сиырыңды мына Әлімжан біле мен?

– Ақырын сөйле! – деп қалды шешем, – өзің жар салғаның не! Өзінің аңқаулық еткеніне әкем күлімсірей түсті де, онысын ақтай салды:

– Е, құдай көріп тұрған ұрлықты ақырын айттың не, қатты айттың не!

– Әлімжан сізден екі күн бұрын қашып, үш күн бұрын қайтпады ма, – деді Бигелді, – сиырды оның жындары да көрген жоқ!

– Болды онда!... Қалғанын сыбырлап сөйлесерміз, мына шешең ұрысып тұр маған!...

Жел қуған ебелектей елпілдеп шыға келген Әлімжан есік ашып тұрып жуан сарыны шығарды. Елпек қағып атын әкелді де, қолтығынан көтерді. «Ұлықтың» үзенгісі мен тізесіне екі қолдап жабысып ере жүрді. Иіле алмайтындай қақшиып алған сарыға жалбарынышты күймен шалқалай қарап, жабысып алған кішкене қожа шоқтай ғана иек сақалын шошаңдатып, бүлкілдеп сөйлеп өтіп бара жатыр. Әр есіктің алдында қар күреп жүргендер түгел қарап қалыпты. Ол екеуі Смазының дуалынан айналып, арт жақтағы Бекбосын молданың үйіне беттеді. Шығыс жағымыздағы іргелес жер үй алдынан Нұрғазы атты жігіт бірдеме деп қалып еді, келіншегі сыңғырлай күліп ала жөнелді. Сол күлген сөзден бу алған болса керек:

– Біздің қожа күшікше еркелеуге де шебер екен-ау! – деп ар жағындағы жирен сақалды шал сыңғырлағанда, күлкі

Батыс жағымызда қожаның жер үйінен кемпірі мен келіні шығып тұрғанын енді көрді білем, сөйлеген шал оларға үңіле қарап қойып, үйіне кіріп кетті. Көптің күлкісіне шыдамаған бейнемен түйіліп, қожаның жуан кемпірі де ғайып болды, енесінен екі еседей денелі, қара келіні әркімге бір қарап, тамағын кенеп-кенеп жіберді. Дауысын жас әйелше сыпайы шығаруға ашуы бағынбаған сияқты, шарқ–шұрқ ете түсті.

– Адам мен адам сөйлеседі, сақалды басымен не деп шатып тұр!

– Мына қаншығы қабаған екен! – деп қалды Нұрғазы күрегін қоя салып, үйіне кіріп кетті. Оның күлкішіл келіншегі тағы күлді. Қоржа күлкісі тағы өрлей көтерілгенде, қожа келіні үйіне кіре жөнеліп еді. Бірақ, қалған сөзі бар сияқты, ақ жаулықты басы есіктен қайта көрінді.

– Боқ сақалдың бақылдауына күйлей қалған ба, анау ешкі! – деп шаңғырлап тастап жоғалды. Келіншегі тағы күлгенде ері үйіне шақырып алды. Биғазы мен Биғаділдің күлкісі әлі қана қоймаған еді, әкем ақырып қалып үйге қуып тықты. Бірақ, көп өтпей қайта шықты. Үйіне елубасы түсіп аттанған ақсақалды қария әкеммен сөйлесіп тұр еді:

– «Үркіншілікте бір қора сиырым жоғалды!» дейді ұлық, «егер із-түзін білетін біреу шығып, маған айтатын болса, сиырларымды өндіріп алысымен бір сиыр сүйінші беремін!» деді. – Қария елубасының осы бұйымтайын міндет ретінде көтеріңкі үнмен хабарлады.

– Оған сіз не айттыңыз? – деп сұрады әкем. Қария үні енді бәсеңдей шықты:

– Мен ол пәлеге не айтады дейсің, түйені жел ұшырса, ешкіні аспаннан ізде деген, сіздер үріккенде бізде не жан қалды дейсің, қоржамызда адам қалмаған, білмейміз дедім...

– Ұлығыңыздың басқа не сөзі бар екен?

– Ұлықтың өз сиырынан басқа ойы көрінбейді. – Әлімжан қожа жұлығын жалап, әурелей берген соң, сиырларының ізін байқай жүруді сол екеумізге мықтап тапсырып аттанды.

– Қожа он басылық «мансап» сұрады одан, – деп мырс ете түсті қария! – Атақты Әлімжан қожаң – мен. Смазының үйін ашсақ мешіт те, медресе де болады. Имам боламын, бала да оқытамын. Алла тағала тілеуімді қабыл етіп, сіз ұлық болдыңыз, енді қарап жатамын ба, сіз үшін, халқыңыз үшін қызмет етемін! – деп жабысты.

– Бұдан шайтандық үйренуге береміз бе баламызды, Бекбосын оқытса болар!

Әлімжан қожа елубасының аяғына жабысқан қолын енді артына қайырып, кісіліктене қайтқанын көрген қария, шығыс жақтағы үйлерге қарап кете барды. Қожа жол-жөнекей бес үйге кіріп, алтыншыда өз үйіне кірді.

Қожекеңнің орынбасары «онбасы» болып сайланғаны гу ете түсті қоржаға, күлкімен қосылып гуледі. Апанынан жирен шал да, қушыкеш Нұрғазы да қайта шықты:

– Қожекең орынбасарлыққа ғана жетсе, одан асып онбасы болған қай дәу екен?!

– Одан сұмпайырақ біреу табылыпты да, «онбасы» сайланыпты.

– Әттеген-ай!–деді жирен шал қайтадан, – есіл Қожекеңнің сұмдығы жетсе де сұмпайылығы жетіңкіремей қалған екен -ау!

Сайлауда маңайлап жүрген бір жігіт анық жауабын ар жағындағы жер үй алдынан қайтарды:

– Жоқ, Қожекеңнің онысы да жетеді әлі! Ұлықтың жоғын іздесу үшін орынбасралыққа сайланды. Сиырларын тапса, нақтылы дәу онбасының өзі болып сайланбақ. Бұл шартты Қожекемнің құлағына ұлық нығарлап тұрып қойды!

– Қожекелеріңе осы мансап та жетер, – деді ақсақалды қария, – «бала да оқытамын, имам да боламын» деп елубасыдан рұқсат алып шықты.

– Е, онда кішкене басына үш үлкен мансап жетер-ақ! – деді жирен шал, – сол кісі тіпті басқасын қойып, бақсы ғана болса деймін ғой, осы қоржада жыннан көп нәрсе жоқ, алақ-жұлақ қағып қуаласын да жүрсін сонысын!

– Қыстай қууға мына келіндеріңіздің жыны-ақ жетеді! – деп тиянақтандырды Нұрғазы. Келіншегі сыңғырлап тағы күлді:

– Дәу келіні дәуперім бақсы екен, мана арс ете түсіп, менің үлкен жынымды қауып алды. Содан бері жөндеп күле алмай қойдым.

Бұл сөзге ешкісін қамап жүрген шешем де күліп еді.

– Осы күлкіге араласпа, – деп тойтарды әкем, – бұдан бір шатақ шықпай қоймайды, қожаның бағанағы сиқынан қорықтым мен, дүниедегі бар пәле осындай адамнан туады. Мұндай арсыздың жаны сірі, оны ешкім жеңе алмайды, әлі көресің...

Бигелді қалаға апарып отын сату үшін, ортаққа бір өгіз шана тауып әкеліп еді. Ертең алдымен бір шана қиды өзіміз үшін апарып сатпақ та, бүрсікүні өгіз шана иесіне бір шана ши апарып бермек. Ерте аттану үшін шанаға күн бата тезек тиеп жатты. Әлімжан қожаның есігінен қарайған басы қылтыңдап, біз жаққа бір-екі рет үңілді де, іле-шала «орынбасар-онбасының» өзі шықты. Шағын денесін дүрдитіп, таудай адамша кісіліктене жетті.

– Ой, апақ-сапақта шанаға басып жатқандарың немене бұл?

Ұлықси келуіне қарап әкем де, Бигелді де үн қатпады. Келіп жәрдемдесіп жүрген Нұрғазы ғана жауап қайырды:

– Бәсе, ұлық болған кісінің алдымен көзі кетеді, сізге көзәйнек керек енді! Тұңғыш тергеуіңіз ғой, бір жәрдемдесіп қояйыншы, – деп, бір таптаманың үстіндегі қоқырын төкпей апарды да, лып еткізіп қожаның мұрнына тигізе қойды! Қожа шегініп барып әкеме тығылған соң ғана құтылып еді, сол тығылған панасын тықсырып тергей жөнелді бір сәтте:

– Жәке, осы сіз қайда барып келдіңіз, соны айтыңызшы?!

Бала-шағасын «шекарадан өтіп кетті» деп естіп, Мұқаншыға дейін барып келгенін айтты әкем.

– Ал, сонда қоржадан қай күні кеттіңіз?

– Қоржадан... ел үркіген соң екі күннен кейін кеттім.

– Не үшін қалдыңыз мұнда?

– Совет әскері келіп, соғысқа орыстар араласқан соң қырғын тоқтар деген оймен қалып едім. Бала-шаға тоқтамай, Емілге кетіп қалған соң мен де тұра алмадым.

– Сақабайдың сиырлары жоғалған күні кеттім деңізші?

Мына сұрақтың қатерінен әкем қысылыңқырап қалғандай болды. Бигелді де жерге қараған бойы бүгежектей берді.

– Ол кезде Сақабай қайда, сиыры қайда еді, қайдан білейін. Мен жалғыз таяқпен ғана кетіп бара жатқанымды көп адам көрді ғой.

– Емілден мен де көргенмін! – деді Нұрғазы. Ол кезде өзі Бигелдімен бірге қоржада болса да, Емілден көрдім деп әдейі айтты, – сонан соң екі мықынын тірей, «тергеушінің» алдына келді. – Жы... а...а, сол сиыр туралы мен өз білгенімді айтайын, тексеріп көріңіздер! Қожеке, сіз сол «іслам лашкеріне» немене апарып бердіңіз? Соны айтыңызшы!

– Астағыпыралла, ол қанқорлармен менің не байланысым бар еді! Ондай адамға өкімат құрметтеп бәдал бере ме, кіммен ойнап тұрсың өзің!

– Ей, қожа, аузыңнан иман, қолыңнан құран түспейді, Алладан қорықсаң ақ сөз айт! «Ислам хукуматына бәрімізді бағышылайық» деп шапқылап едің ғой, сонда «жамағаттан» не жиып бердің?

– Қарағым, соған жәрдем деп бергендеріңді айт онда маған!

– Сенің жиып бермек болғаның рас та, біздің бергеніміз рас... Рас қой? – «орынбасар онбасы» басын еріксіз изеді. Нұрғазы төне түсті. – Олай болса, халықтан еш нәрсе жиып бере алмай, өзіңіз айтқан «хазыраты әли Шахимарданнның» рухына, «оқ дарытпайтын» «хазыраты» Ма Сылиң «Шахимарданға» Сақабайдың сиырын айдап апарып бергенің де рас! Дүнген лашкерінің жеп жатақанының барлығы сиыр еті екені де рас емес пе еді!

«Орынбасар онбасы» алғашында не дерін білмей қалды да, әкемнің қолтығына кіре түсті:

– Ой, Жаппар, ой Жәке, мына пәле не тауқымет артып тұр маған?! Хақ тағаланың халал құлына бұ қадар нақақ пәле арта ма екен, бірдеме десеңші мынауыңа!

Әкемнің өзі пәлеге қалғандай есі шығып тұр еді. «Сиырлардың жоғалған күні кеткендігінен қорқып отырғанда, пәленің нақ өзі-ақ пәледен қайтіп құтқармақ.

– Әй, қожа, – деді есін әрең жиып, – өзің пәле іздеп, мені тықсырып тұрсың, өзің маған пәле боп төніп тұрып, пәледен құтқар деп жалынасың. Сол сөздерді маған да айтып едің ғой, қайтіп құтқарармын мен сені?! Құран ұстаған адамсың, өтірік байбалам салмай айтқаныңды айттым десеңші!

– По-по-по! Алла сақтасын, Алла сақтасын! Қойдым енді, қойдым, пәледен машайық қашқан!

– Жоқ, хақ-алал дауды енді біз қоя алмаймыз! Алланың алал құлы сен емес, міне, мына кісі еді, өзі не тауқымет артып тұрсың бұған!

– Қойдым, шырағым, қойдым енді!... Бейуақыт қой, қойдым деп қасам етейін!... Жүр, Жәке, үйіңізге кіріп ақшам оқып алайық! Әкем сыпайылық үшін бе, қорқынышынан ба белгісіз, үйге қожамен бірге кірді. Жайнамаз жоқ екенін айтып, шапанын жайды.

– Ал өзің оқып ал, қожа!

– Сіз де намаз оқитын едіңіз ғой, кел бірге оқиық, ұйып оқыған намаздың сауабы он хиса артық болады!

– Жоқ, мен сізге ұйымаймын, оқи беріңіз, – деп әкем басқа бір шапан жайды да дербес оқыды. Құбылаға қарап әкем бесінші деп жығылып болғанда, қожа үшінші рет әрең жығылды. Оның әлі екі рәкағаты бастаусыз еді. Әкем өз «жайнамазын» жиып алып, далаға шығып кетті. Қалған екі жығылуын асықпай өтеп болған қожа енді ұзақ сонар батаға түсіп, кейде күбірлеп, кейде әндете жөнелді. Әдемі мақамның ол жер, бұл жерін тыңдауға менен басқа үйде ешкім қалмады. Қожа ақырғы «Аллаһуакпарын» айтқан соң кірді шешем.

– Алла тағала ғұмыр-хаят берсін, мына балаң өте салмақты бала екен! – деп «жайнамаз» жиған қожа енді малдасын құрып, орынға отырды.

– Осы қыс мен бала жиып оқытамын. Осы балам маған шәкірт болсыншы, Алла қосса үлкен молда болып шығады!

Шешемнің не жауап қайтарарын тоспай-ақ ұшып тұрып, мен жөнелдім. «Сенен оқып не оңармын» дей шықтым ішімнен.

– Әлі оқып отыр ма? – деп Бигелді менен сыбырлап сұрады. Оқып болса да орнығып отырғанын Нұрғазы менен еңкейіп тыңдады.

– Мынау сиырдың етін енді иіскелеп таппақшы болып отырғаны, көже ішіп, турамыш етін жеп көрмек қой! Мен қуалап шығарайын! – деді ол. Бигелді оны тоса қалды:

– Алдымен әкем кіріп, қасына отырсын, асықпа, әйтпесе содан көреді!

Бигелді бірдеме айтып әкемді үйге кіргізді, мен де кіріп әкемді жанасалай отырдым.

– Жәке мен медресе ашпақшымын, кел отыршы. Әңгімелесейік! – деп қарсы алды қожа, – балаларың оқысын, «тілашар мен «Жұмалықты» бұл балалардан сұрамаймын! Кімки берсін-бермесін өз ықтиарыңда, халайықтың шама шарқына қарай!

– Жоқ, сенен оқудан құдай сақтасын! – деп бір-ақ тойтарды әкем, –жаңағы намазда саған надан әкесі де ұйымады ғой, балалары Алланың сөзін сеннен үйренсе тозаққа кететіні хақ.

– Астағыппыралла! – деп кеңк-кеңк күлді қожа, – бұ қадар менен неге нәпратләндыңыз, соны айтыңызшы!... Бала оқытсам...

Нұрғазы кіріп келді де, қожа сөзі шорт үзілді. Оның көкшіл көзі мен тотыққан қоңырша жүзі ерекше суынып, сұрланып алыпты.

– Е, бала оқыту дәмесінде ме едіңіз әлі, оған мұрсаңыз жете қояр ма екен, Ма Сылиңге тартқан сиырыңыз азғантай сиыр ма еді!... Жүріңіз, Бекбосын молданың құраны алдында мойындатамын!... Жәке, сіз де жүріңіз, «Орынбасар онбасының» сол кездегі айтқанын сіз де әшкерелейсіз! Айтпасаңыз, өзіңіз бірге айдаласыз! Мұның сол сөзін естіген адам көп, жүріңіздер!

– Ей, қарағым, бәріміз бір мұсылманбыз ғой.

– Енді айтпа мұсылмандығыңызды, жүр былжырамай, мәселені құңқузы шешеді:

– Қарағым, ата-бабаларыңа құран бағыштап тұрайын, өмірімде ұмытпайын, осы сөзіңді қойшы енді! Ал, ал, ал, жүрейін! – Қожаны дедектетіп ала жөнелді Нұрғазы.

– Япырмай, япырмай, япырмай! – деп алып, әкем Бигелдіні сыбай жөнелді, – енді қартайғанда ұры еттің-ау божбиған әкеңнің аузын! Мына қожа бір тықырға таямай тоқтамайды!

– Өй, не болды саған сонша, – деп шешем ұрысты оған, – Нұрғазы болмаса өзің-ақ мойындай саласың ғой мына қалпыңда!

– Құдай көргенді адам мойындамай құтыла ма, бәйбіше!...

– Көп ұзамай қайтып кірді Нұрғазы.

– Бар иманын бір-ақ сыпырдым! – деп күлді ол, – енді қымырлай алмайды, жолда жалынып, жылап отырып алды да, қасам ішті! Басқаларымыздан еш нәрсе таба алмайды бұл! Сіздердің момындық-аңқаулықтарымызды пайдаланып кетер ме екен деп қауіптеніп жүр едім, бүгін мен барда келгені жақсы болды! Аға, сіз қорқа бермеңіз бұдан, қабаққа қарап басатын албастының өзі осы!

– Нұрғазы, шырағым, дәл осы ұрлықтарың болмаса мен дипаңгуңнен1 де қорықпаймын! Өзі ұры болған соң адамның арты қылпылдап кетеді екен, осы істі бекер-ақ істепсіңдер, рас аман құтыламыз ба, жоқ, ашылып қала ма?

– Бұл сөзге Нұрғазы ішегі қатқанша күлді.

– Құтылғаныңыз осы, аға! – деді артынан Аллаға сенсеңіз, құтылдым деп қорғанбай жүре беріңіз, қасамын ұмытайын дегенде құңқузы болып бас салып, бұтына жібертемін!

– Олай болса құтқарушым болдың!.. Осы алақұйрық шайтан медресе ашып балаларымызды жынды етер ме екен деп те қорқып едім, енді бұл қауіптен де құтыламын, ертең-ақ аластаймын!

Ертеңіне әкем ақсақалды қартпен сөйлесті де, үш-төрт шал бірлесіп, арт жақтағы Бекбосынның үйіне барды. Бекбосын ешкімге зиян салмаған, «ақ-хақ» деп алдамайтын едәуір сауатты молда еді. Соны бала оқытуға көндіріп шығыпты. «Молда сабақ ұқпаған шәкіртті тілін созып дүрелейді, шәкірттің еті молданікі, сүйегі ғана әке-шешенікі» деген сөздерді естіп жүретінбіз. «Оқымаймын, молда болмай-ақ қояйын!» деп Биғаділ азар да безер болды. Оны оқуға зорлап берген күннің өзінде қағаз-қарындаш сатып алу, әр жұма сайын беріліп тұратын «жұмалық», «тілашар» сияқты шығындарды әке-шешемнің әл-ауқаты көтере алмайтын болды. Ал Биғазының Бигелдіге көмектесуі, ши оруы тұрмысымыз үшін өте зәру. Үйіміз ақылдасып, биылша мені ғана оқытуға келісті.

Сұңғыла Биғаділдің азар да безер болуынан маған тілім жұлынып, қамшы тиіп, арқам ашып бара жатқандай сезіліп еді.

– Жақсы оқыса, тәртіпті болса молда ұрмайды, – деп сендірді шешем, – ешкім оқытпай-ақ латынша жазуды үйреніп алып едің ғой, ал қазір ондағыдан үлкейдің, оның үстіне молда үйретеді.

Сөйтсе де, құранның «быжықы–тыжықы» жазуы елестеп көз алдым шұбарта берді. Қалаға отын сата кеткен Бигелді екі дәптер, бір қарындаш әкеліп бергенде, жүрегім тіпті алай–дүлей борандатып әкетті. Сол түні ұйықтай алмай шықтым. Бұл оқудың ең қиын көрінгені Әлімжан қожаша әндетіп оқу еді. «Үнім қалай шығар екен... Жалғыз жерде өзім ғана айқайласам онда болар еді, молда бақырайып отырып алады ғой. Қорыққаннан үнім шықпай қалса қайттым!»

– Ел шайын ішіп болғанда әкем мені жетектей жөнелді.

– Әке, мен үндемей оқысам жақсы ұғамын. Молдаға айт, дауысым жаман, «үндемей оқысын» деп айтшы! – деп жеткенше жалындым.

Бекбосын молданың үйі кең, үш бөлмелі әрі кірпіштен қаланған биік еді. Іші таза ақталған екен. Жасаулы үйінің дәл төріне қабат-қабат көрпе салып отырып алыпты. Ең жақсысы, маңайынан қамшы, иә, таяқ көрінбейді, шағындап қана тегістелген әдемі қара мұрты бар, ұзын бойлы ақсұр өңді адам еді. Бұрын бұл қалада тұрған деп естігенмін. Үй іші де, киімі де өте таза екен. Он шақты бала – босағадан төрге дейін созыла терезе жақ қабырға іргесінде қатар отыр. Астына үш жерден кірпіш қойған екі тақтай, парта болып бәріне жетіпті. «Шәкірт жүгініп отырады деп» еститінмін. Сол тақтай «партаның» артына отырғыш етіп дөңбек қойылыпты. Жалғыз-ақ қорқынышты жері – молдамыздың екі әйелі де сол үйде жүр. «Ойпырмай, мыналардың көзінше әндету – алдарында тырдай жалаңаш болып шешінуден де қиын ғой!. Осылардың алдында құйрықты түріп қойып дүреленгенде әндетсем не оңдым!» деп ойладым мен. Бұл қорқынышымды молдаға әкем айтып жатты:

– Сізге ең үміткер баламды әкелдім. Бірақ, өзі өте ұялшақ, «әндетпей ішімнен оқимын, сонда жақсы оқимын, молдекеңе айтшы!» деп жеткенше жалынды маған. «Дауысым жаман» дейді.

Молда жымиып қана күле қарады маған. Бұл кісінің үн шығарып күлгенін қоржада ешкім естімегенін айтатын. Осы жымиюы маған жетерлік сияқты болды.

– Олай болса, сен маған жақынырақ, мына жерге отыр! – деп бірнеше оқушыны төменірек ығыстырды да, мені өз тұсына, ортаға отырғызды.

Әкем өзінің төтесінен бір-ақ қоя салатын әдетімен рақметін айтып шықты.

– Алғашқы ұстазы шайтан болып қалар ма екен деп қорқып едім, баламның бақыты бар екен, сізді кезіктірген Аллаға ырзамын!..

«Әліп», «би», «ти» – деп бастадық біз алғашқы оқуды. Молда әрбіреуіміздің дәптерімізге арабша алпауитінің тәртібімен алты әріп жазып, әрбір әріпті бір-бірден көрсетіп үйретіп шықты.

– Енді өздерің дауыстап оқи беріңдер, – деп маған бір қарап қойды да, көрпесіне барып отырды. Балалар дуылдап ала жөнелді. Олар оқығанда мен аузымды ғана жыбырлатып, әрбір әріпке анықтап қараумен болдым. Нағашы ата мен шешемнен бұрын құлағыма сіңгені бойынша бұл алтауының атын да біліп алдым. Жазу да оңай сияқты. Бірақ молда бізге жаз деген жоқ. «Басқалары жазса мен де жаза аламын» деп ойлап әрқайсысына көзімнің қиығымен қарасам, сабақтастарымның жазғаны сол, тіпті қағаздарына қарамай зулатып отыр. Кейбірі үңіліп отырған болып, көздерін тарс жұмып алыпты. Бәрінің дауысы әдемі. Ал молдамыз олардан да қуырақ сияқты. Үндерін ғана тыңдап отырғандай болса да, көз астымен білдірмей көріп отыр екен. Ол «сиқырлығын» біле қойдым да, қағазымнан көз алмай, сыбырлап оқи бердім. «Мұндай сиқырдың қамшысы өзінің көзі сияқты ұрланып көрпенің астында тұрған болар, шарт ете түскенін білмей қалмайын!»

Неден екенін біле алмадым, сабақтастарым жым бола қалды бір кезде. Мен үн шығармай, аузымды ғана жыбырлатып отыр едім, әшкере болдым да қалдым. Жалт қарасам, молданың көзі де, әйелдерінің көздері де менде отыр екен. Сабақтастарым сықылықтай күлді, бетім ду-ду ете түсті. Молда орнынан тұрды да ең бастағы шәкіртке келді.

– Қане, оқышы, – деді ақырын ғана. Ол зулатып айта салды. Молда ортадағы бір әріпті нұсқап, – мынау не? – деді. Ол айта алмай отырып қалды. Сөйтіп, молда бәрін жаңылтып маған жетті. Әріпті қанша ауыстырып оқытса да мен жаңылмай, дәл–дәл атап бердім. Егер үндемей отырғаныма қарай білмей қалсам маған жаза бар сияқты еді. Ұстаз жымиып қана өтті менен.

Молдаға ма, ия молдалықтан ба, әйтеуір әйелдері өте ықыласты көрінеді. Емтихан комиссиясынша молданың артынан олар да қалмай сығалап жүрді. Әріп ауыстырып оқытқанда менен басқа жаңылмағаны қалмады. Бірақ, «жақсы–жаман» деп ешқайсысымызға айтқан жоқ. Сонысының өзі жақсы болды, өйтетін болса менің бетім және дуылдар еді. Бет дуылдаудан жаман құбылыс жоқ. Ол ұялғанымды білдіріп, одан әрмен ұятқа қалдырады ғой!..

Түсте үйге қайтқанда тындырып тастағандай тез жеттім, Шайымды іше салып, молда тапсырмаса да үйренген әріптерімді жаман қағазға жаза бердім. Кешке шейін жаздым. Үй іші қараңғы тартқанда далаға шығып қарға жаздым. Ертеңіне таңертең молда сұрағанда, менен «жетілгені» болмай шықты да, маған он неше әріпті бір-ақ жазып беріп, неше рет қайталап үйретті. Басқаларының кейбіріне бес әріп, кейбіріне үш әріп қосып, кейбіріне жаңа әріп қоспай кешегісін оқытты. Менің үйге қайтқанда жазатын жазуым тағы көбейіп, кешегіден де тез жеттім үйге. Сөйтіп үш күн ішінде арабтың негізгі алпауитын бітіріп шықтым.

Молданың тапсыруы – әріпті тани, оқи алатын болу ғана еді, мен жаза да алатын болып алдым. Жазып үйренбесем, оқуды ұмытып қалатындай қауіп астында үйрендім.

– Жаппардың баласы үш-ақ күнде сауатын ашып, молда болып шығыпты! – деп гулетті қоржа желауыздары. Әкем Бекбосын молданы шақырып, сойып берерлік жарамды мал таба алмай қиналды. Маған ұстаздың батасын әпермек сияқты. Бірақ бұл табыс молданың еңбегі мен менің ерекшелігімнің бодауына келген емес, ұялшақтық пен қорқақтыққа қосылған бұрынғы құлақ молдалығымыздың бодауына келген еді. Білетін латын әріптерімнің ізін тілге жаттаулы араб әрпімен бастыра қойып едім, бұл жайымды шешем ашты. «Көз», «сұқтан» қорқатын көне сеніммен ашты:

– Тіл өтіп кетпесін, көз тимесін, сақтай гөр, құдай!.. Ту фа! Ту фа! – деп үйде біраз сыйынып алды да, әр үйге кіріп «телефоншы», «тілші» әйелдерге «мәлімдеме» жариялады.

– Ол бұрын оқыған бала, мектепті арғы бетте көрген. Енді мұнда келе салып ұмытып кететіндей не көрініпті. Әлі сол ізі!

Кейбір тілші оған сенбейтіндігін білдірді: арғы бетте оқи қоятындай неше жаста еді сонша!

– Одан да тіл, көз сұғынан сақтасын деп тіле, Мадиян!.. Өмірі ұзақ болсын!

– Оның бойы шарға, биыл он бір жасқа шықты! – деп салды шешем...

Бұл сөзді естіп жүрсем де, мен қорлана да, қуана да қоймадым, арабтың жалаңаш әріптерін латын әрпі сияқты тез үйренгеніммен, ескішенің «тон киген», «басына қазан төңкерген», «айбалта-қылыш» көтерген, тіпті «қос қанжар», «қос шоқпар» ұстаған қиқы-жиқылары әлі алдымда еді. Оны Ақтай, Санатпай ұстаған құраннан көріп, Тауқұмдағы қыста басым әңкі-тәңкі болған ғой. Енді сонымен көрісемін-ау деп қайғыға түстім. Ол маған бүтіндей бейтаныс, шытырман орман сияқты, басымды бір айналдырса шыр айналдыратындай көрінді.

Сол шытырманға молдекем мені ертеңіне-ақ сүйрей жөнелді. Молда жетектеген соң менің желмесіме лаж бар ма? «Молда куда, мен туда» деп ере жөнелдім, «әлпісін-ә» деді молда... Бір «әліптің» үстіне қылыш, бір «әліптің» астына қылыш, бір «әліптің» маңдайына шоқпар тіреп жазды дәптеріме: «әлбусын-ә, әлбасын-и, әліптұр-ө-ә,и,ө». Бұл қиынырақ тиді маған, молда оқытқанда тілімді келтіре алмай, әрең айтып шықтым. «Биөсін-бә, биясын-би, битүр-бө-бә-би-бо». Шатақ осыны ертеңіне оқығанымда шықты.

Молданың өзіне сұрақ қойғандай-ақ тұқырып алып «бисің бе» деп қалдым. Молда жымиып қана қойған сияқты еді. Тәртіпті үлкен әйелі бұзды.

– «Би емес, молда ғой!» деді анадай жерде бірдеме істеп отырып, кіші әйелі күліп жіберіп еді, бетім ду ете түсті. Молда артына әйелдері жаққа жалт қарап, есікке қарай иегін бір-ақ қақты. Байқасам, өңі бұзылып кеткен екен, екі әйел бірдемелерін жиыстырып алып, қарсы үйге шығып кетті. «Көмекейімді енді суырады-ау» дедім ішімнен. Қалтырап кеттім.

– Қорықпа, қорықпа! – деп қалды молда ақырын ғана, – «биөсін-бә...» деп түзеп қайта оқытты. Бұл рет аман қалғанымды біліп, жан-дәрмен дауыстап оқи жөнелдім. – Ие, ие, міне үнің ашылды! Осылай оқысаң тілің тез үйлеседі!..

Мұны жазып үйренудің қажеті жоқ екен, күндіз-түні бақылдап жүріп, алпауит бойынша бар әріпті осы ежікпен қайта оқып шықтым. Күндізгі бақылдауым жетпегендей, түнде ұйықтап жатып та бақылдап қоятын болдым. Өлермендене жүріп, бұл сатыдан да тез өтіп едім, бұл жай ғана екен, үшінші сатыдан бұдан да сойқаны шыға келді. Қос қылыш, қос шоқпар ұстаған жойқындардың дәл өзі! Мұны да «әліптен» қайта бастады: әлбекесін-ән, әлбақасын-ен, әлбба күтір-үн-ән, ен, үн... Май тілесең міне құйрық, тілімді келтіре алмай төбемнен түтін шықты. Бұл «егіз пәлені» тілге жеңіл «әліп» пен «биге» қоса алмай соншалық тайталақтанғанымды, «ұстат», «ұзат» дейтін дәулерге қосып оқуым тіпті машақат көрінеді. Мына қалыпта тіліме де, арқама да бір сойқанның бар екені қақ сияқты.

«Шын жыласа соқыр көзден жас шығады», жол-жөнекей де, тамақ үстінде де үздіксіз бақылдайтын болдым. Талай рет «ұса тексун–ұсан» деп қалып, аузымыздағы талқанды бүркіп шашып алғаным бар. Илла, иллалап жүріп бұл асудан да астым.

– «Әлбосын-ә, биге сәкін-әп», – деп бастады бір күні молда, – жемөсін-жә-әбжа, далға сәкін-абижат. Ежіктеп шығаратын бұл бейтаныс сөзді қазақша «әпсат» деген ұқсатып үйренген едім. Тілім соған да дағдыланып қалыпты сол «әбжатты» молда алдында да «әбсат» деп оқып қалдым, екінші рет қайталап сұрағанда тағы солай айтыппын.

– Саған не болды?! – деп қалды молда. Әп-сәтте-ақ өн бойымнан тер бұрқ ете түсті. Молданың үйретуімен қайта бір айтқанымша киімімнің су болып кетерін сездім. Өзім өте жақсы көріп қалған ұстазымнан естіген осы сөз жүрегіме күрзідей тиді.

Әр күні бұдан да қатты сөз естіп, қату қабақ көріп жүріп, кей сабақтастар еш нәрсе болмағандай әп-сәтте жайраң қағып шыға келетін. «Молданың таяғы тиген жер тозаққа күймейді» деген ұғым бойынша кейбірі тіпті арқасын тосып беруге, тілін шығара ұстата қоюға дайын отырады. Ал мен әлгіндей сөз естіп қалудан да сақтанып келіп едім. Енді тағы естуден мыжылып кететіндей қорқып, қатты түйіліп оқыдым. Сол күні молданың алдында ғана емес, үйге қайтқанда да басымды қағаздан алмай, тұнжыраған күйі пысықтаумен болдым. «Ұстаздың таяғы тиген жер тозаққа күймейді» деп көңіл аулағаннан гөрі, «ұстаздың таяғы тиген жер тозаққа алдымен өртенеді» деп сақтануды абзал көрдім. Ал бұдан да абзалы – «таяқ еттен өтеді» деген мақал екен. Бұл маған өзінің нұрлы шындығымен ұнады: сол бір реттен кейін «саған не болған?!» – дегендей сөзді сол сабырлы ұстаздан қайталап естімедім.

–Балаңызға бір «әптиек» иә, «кәлам шарип тауып беріңіз», –депті молда бір күні. Әкем таяғын алды да ел кезе жөнелді.

– «Қалам ақысына» өзімді алса да табайын! – деп жүгірді. Оқып жүрген «иман шартымның» екі-ақ беті қалып енді. «Әптиек» – «кәләм шариптің» қысқаша курсы! Демек, надан Жаппардың баласы құранға түсуі ата-ана үшін ұлы мерекенің бірі. Бардам әке-шешем болса баласын құранды оқуға жеткізген ұстазға «тілашар» үшін кемінде бір жақсы ат мінгізер еді. Амал қанша. «Барға мәзір», шешем шайлық сүт беріп жүрген екі ешкісін жемдеді. Бірін сойып маған кемпір-шалдардың батасын әпермек, қалған біреуін ырым үшін Бекбосын молллаға ұсынбақ. Бірақ, Бекбосын болған адамды жалғыз ешкімен алдаудан қатты ұялып жүрді өзі.

Бұл сыңайды байқаған құдай тағала бір ақылға келген көрінеді. Мен үшін жанын шүберекке түйіп жүрген мейірбан ата-анамды шығыннан мүлде құтқарғысы келді ме, әлде мені жақсы көріп қалып, өз дәргайына әкеткісі келді ме, білмедім. «Иманшартты» бітірген күнімнің кешінде ауырып домалап түстім, оң жақ қабырғамнан құдіретті бір «темір шеңгел» бүріп ала жөнелді. Жаяу үш күн сандалып, азып-тозған әкем әрең тапқан жалба-жұлда «кәлам шарипін» әкеліп, арсы-күрсі болып жатқанымда басыма жастады.

Құрметті «тергеушім», мен ислам оқуын итере алмай қалудан өлімді абзалырақ көретін осыншалық мүрит талип болғанмын. Әр қандай мұраттың алға итермелеуші күші – арман. Арманым – исилам туын көтеру болмаса мұншалық өлермендікпен оқыр ма едім. Бірақ, өзін соншалық сүйген құлын, өз әмірін өлермендікпен қорғауға дайындалған алал қолғанатын Алла тағаланың өзі қолдамай, мойнын астына келтіре құлатты. Улығы паруардигар өзін сүйген құлымен осылай ойнайтын, жақсы көргенін жалп еткізіп, тіпті күнге де көрсетпей ала жөнелетін ежелгі әдетін істеді. Ең сенген, ең ұлы қолдаушым сәтті кезеңімде осылай домалатқанда, оның дұшпаны болған сіздер аярсыздар ма мені? Ол үшін маған не істесеңіздер де рауа! Менің денемде құдайдың сіздерге қаратып қылмыс тамырларынан құрған торы бар шығар, сондағы өліп-өшіп оқығаныманың барлығы қылмыс емес пе?

IV

Жөтелгенде қабырғам қаусап түскендей қиналыстан тер бұршақтап кететін болды. Сол қаусаған қабырғалар ішек-қарныма кіріп алғандай батып ауырады. Әр жөтелгенде бір «жан-тәсілім» кезеңіне жеткендей аға-бауырлар үрпие қалысады да, әке-шеше күбірлеп, құдайға сыйына қояды. Кеште көп жөтелемін, сондықтан «жан тәсілім» де әр күні кешті күтіп тұрғандай. Шешем көбінесе оқуға берген өкінішін айтады.

– Тіл өтті, – дейді ол, – ой, әттеген-ай, молдалықта неміз бар еді!..

– Зертең! – деп күрсінеді әкем. Қабағын қарсы жауып алып, тамырымды ұстайды, –тіл өткен емес!

– Онда неге омпиып отырсың, бір дәру істесең болмай ма?

– Дәрі жоқ, аянып отыр деймісің, бәйбіше-ау!.. Тым болмаса жылқының майы табылса!..

–Сонда осылай отыра берсең табыла ма?

–Қайтемін енді, қаңғып жүргенімде олай-бұлай болып кетсе қайтпекпін!

– Осылай отырсаң, «олай–бұлай» болмай ма?

– Біраз тыныштала тұрса, қайдан болса да табар едім-ау!

– Тынышталар деп отырып, мүлде тыныш тапса қайттік, құдай-ау!.. Әлімжан қожаны шақырайын ба, дем салсын!

– Қой оны, қой! Құдай бетін әрі қылсын оның!

– Зертең болғанда да, бұл тілден болған зертең, ұят-намысы жоқ, шақырып келейін!

– Жоқ, бәйбіше, онда өзім-ақ дем салайын! – Әкем жүгініп алып өз білгенін оқи берді. Үшкіре берді. Онан сайын жөтеліп, онан сайын қысылдым. Бар білгенін оқып болған сияқты, қатты күрсінді де, сылқ түсіп отыра кетті.

Бұл – лажсыздығының шегіне жеткендегі еді, ажалдан сақтай алмаса да, Әлімжан қожадан сақтауға тырысты білем, бір тәуекелге бекігендей ширап, жеңін түрді бір кезде.

– Пешке отты көп жақ!.. Әкел кәресін, кәресін әкел! – деп жедел бұйрықтар түсірді де, қабырғамды қақтап, қыздырып, сылап, сіңіріп отырып, кәресін жақты. Дәл ауырған қабырғаларымның астына ірі саусақтарын батыра келіп салды сонан соң. Мен шырқырап кеттім, рақымсыз түске еніп алыпты, жалынуыма қарайтындай емес, Бигелді мен шешеме қол-аяғымды бастырып қойды. Қабырғаларымды сықырлата қайырды келіп. Мен талықсып кетіппін. Есімді жиғанымда үй іші болып бетіме төніп тұр екен. Тағы жөтелдім, бірақ бұрынғыдай емес, қатты қиналмай жөтелдім.

– Қандай сұрақ? – деп сұраған әкеме басымды изедім, – қойдың құйрығынан бір қасық болса да тауып әкел деп Бигелдіні жұмсап еді, шешем де, Биғазы да жүгіре жөнелді. Енді ұйықтап қалған бар көршіні оятып, май сұрауға үй іші түгел аттанды. Анда-санда бір қасық майды қыздырып, ұрттатып, әредік-әредікте қабырғамды тағы да солай майлап ақырын-ақырын қайыра берді. «Рақымсыздығын» қойып, үнім шыққанда қолымды босата қояды. Таң бозара жөтелім жұмсағандай, сол райына қарап қабырғам да оған кеңшілік ететін болғандай сезілді. Әкем бір құмыраны жуып, тазартып әкелді де, сүт пісірім уақытта бір рет қарным керілгенше дем шығармай үрлеп жатуымды бұйырды. Бұл – қабырғаны кернелген өз қарныммен көтерудің әдісі екен. Айтқанын екі есе артық орындадым. Кейде қолымды салып жіберіп, әкемше қайырамын. Өзіңді-өзің қинасаң шыңғырмайды екенсің, сөйтіп қабырғам ішке кіріп, көрге қарай тартқанда мен жанталаса өрге қарай тартып, өлімге қарсы аяусыз күрес жүргізе бердім. Маған «кәлам шарип» іздеп үш күн қаңғыған әкем тағы үш күн қаңғып, жарты құмыра жылқы майын тауып әкелді. Соны ұрттатып, жағып отырып қайырды да, «хазірейілдің» бетін қайырғандай болды.

Ажал үйден шықса да, есік–терезеден сығалауын қоймады: Әлімжан қожаның кемпірі мен келіні кезек-кезек кіреді. Кірген сайын: «ер адамның оң жағынан ұстаған ауру бекер кетпейді, шарттап оқыту керек». «Тіл көзден болған ауру оқып қайырмаса кем қылмай кетпейді». «Есіл баланың ес-ақылын кемітіп кетер ме екен» деп қожаның да ұйқысы бұзылып жүр. «Қожа бірнеше рет түс көріп: осы баланы бір қызыл келіншек пен қызыл сақалды шал ыңғай үйіріп ойнатып жүргенін көріпті, бұл – аурудың қызыл тілден болғанын аян еткені ғой». «Қызба қызыл қырына алған екен, япырмай, тезірек оқытсашы бейбақты деп – қожа өзінен-өзі сөйлеп кететін болды» деп «жан тәсілімді» көзге елестетіп кетеді. Бұл сөздер әкем жоқта келіп, елеңдетіп кетіп жүрді шешемді. Қожаның кемпірі осыны айта кіріп, үй ішіндегі әр нәрсеге қарап, әр нені іздегендей, ыдыс-аяқты да, қазанды да тексеріп кетіп жүретінін білген соң ғана шешем салқын тыңдап, сайқы жауап қайтаратын болды.

Тыңғы, елшілері еш нәрсе өндіре алмағандықтан болу керек, «орынбасар онбасының» өзі кірді бір күні. Түс уақыты еді. Құныперен болып, құмыра үрлеп жатқан маған тесірейе қарап тұра қалды. Жиырма рет қатты кере үрлеп дем алуға асыққандығымнан, оның неге қарап тұрғанына көңіл бөлмеппін. Ол мырс-мырс күлді:

– Япырмай, мына баланы осынша әурелегендерің-ай, арақ бөтелкесінің ішіндегі демнің өзі желіктірмей ме!.. Балаға емес, қызба қызылға медет бергендерің бе бұл, немене?!

– Ей, қожа, үйге келген болсаң былай келіп отыр, – деп қалды әкем, – онда жұмысың болмасын!

– Жаппар, мына еміңнің кімге ем екенін түсіндірші маған!

– Сен оны түсініп не қыласың, осынша тесірейетіндей ол бала сүйек ұстап отырған жоқ қой!

Өзің итке ұқсатқан бұл сөзден мойыды білем, қожа жалт беріп әкемнің қасына келіп отырды.

– «Сүйегің» не, Жаппар-ау, айтып отырған сөзің тым суық қой өзіңнің!

– Сенің суық кәсібіңді жылытып қайтейін, әр үйдің көң–қоқырынан кешке дейін сүйек іздеп таба алмайсың да, енді келіп менің баламның аузын аңдисың! Жілік екен деп қалдың ба?!

Қожа дарытпас суық күлкісімен солқ-солқ күлді.

– Астағыпыралла, астағыпыралла, дауа жоқ саған!.. Жақсы ниетпен келсе захар тіліңмен қарсы аласың! Әмиша олай болма, Жаппар! Алла тағала інсән баласын пақат жақсылық істеуге ғана таусия қылған. Балаңа ихыласым түскендігі үшін бір жақсылық істейін деп келдім. Ғайыпқа бұйырма, мына істеп отырғаның – балалардың ойыны. Уа, һәх кәлам шарип ұстаған шәкіртке харам! Кем болып кетпесін!.. Сабыр ет, мен айтып болайын!.. Алла тағала уа табараканың еткен аяны бойынша келдім, шипа берсін, үш күн, үш түн оқимын!..

– Сонда не ауру деп оқисың?

– «Адамның тіліне аспандағы бұлт айналады», – деген бар ғой, маңайындағы қошналардың тілі өткен. Аталмыш үш күн өткенге қадар олардан ешкім кірмесін!

– Мұны кім айтты?

– Түсімде көрдім. Қошналарың әмишам осы баланы үйіріп ойнап жүреді, демек үйіру деген-айналдыру, алмай қоймаймын дегені, Алла тағала мәдет...

– Аузыңа қара қан толсын, қожеке! Бұл баланың бір ай бойы отырған дөңбегінің биіктігі, дәптер қойған тақтайларының аласалығы, мұның кешке дейін тұқиып, бүктетіліп отырғандығы, бар ықыласы қағазда болып тамақты да аз жегендігі сенің түсіңе кірмейді ме?!. Қожа, сен өзің онбасысың ғой, дұға үшкірмей-ақ қой, қалған шәкірттердің сауабы үшін, бар да сол тақтайды биіктетіп қойып бер.

– Хэ...хэ...ы, – деп қалғанда қожа орнынан ыршып кете жаздады, – Бекбосынға малай бол дегенің бе бұл!.. Бұл мені қай қорлағаның, Жаппар!

– Қорлау емес, қожа, сауап іздеген молдаға да, халайық үшін күйінемін дейтін онбасыға да ең сауапты іс осы. Кешке шейін сүйек іздеп, тінтіп, тіміскілеп қор болмай, өзіңе лайық іс қыл дегенім қорлау ма?

Қатты шамданған қожа енді өз шынына көшті:

– «Сезікті секірер» деген осы! Сүйекті аузыңнан тастамадың ғой, қаншалық секіріп, қаншалық жасырғандарыңмен де ашылып жатыр оларың! Үкімет құрығы ұзын, көрерміз әлі!

Әкем қорқыңқырап қалса да, қазіргі ашуы одан да басымырақ еді, көзінің қалы бадырайып, сақалы тал-тал болып отырған.

– Қасам ішіп жүріп қадалғаның әлі сол сиырдың ізі ме!.. Қожа молдамын деп жүріп-ақ құрқылдайтыныңды білетінмін. Сол сүйегіңмен менің алқымыма бет тақтай қоймақ болсаң да, жоғал көзімнен, жоғал! – деп ақыра қайталады. Әлімжан қожа шығып кетісімен шешеме алақтай қарап сыбырлады, – үй, көмбей тастаған сүйектерің бар ма еді?!

– Оспақ онысы! – деп күбірледі шешем, – біздің маңайымыздан ондай нәрсе таба алмайды!

Осыдан кешке дейін үдірейіп жүрген әкем ымырт жабыла қатты қорықты! Шауып келген аттың дүбірі естілді де, шаңқылдаған «құңқузының» дауысы шықты. Балдырлаған сөздерінің ішінен «хаса» дегенін мүлт жібермей неше рет естідік.

– Қазақ деп шақырып тұр, шықшы Бигелді, кімді сұрар екен! – деп әкем Бигелдіні жұмсады. Бигелді күлмсірей беріп төмен қарап отырып алып еді, әкем өзі шықпақшы болып еңкеңдей жүгірді де, ауыз үйдің есігінен қарай салып қайта қашып кірді. – Мылтығын көзеп тұр, ойпырай әлгі қу қожаң бүлдірген сияқты ғой, енді қайттік?! Бигелді шик ете түсті де, басын төмен бүркеп жата кетті. – Жанының тәттісін, әкеңнің аузын... шұбар иттің! – деді де үлкен шапанын жамыла қисайды, – ал сиыр ұрла!.. Бәйбіше, сен шық енді, – саған тиісе қоймас, шалым ауырып жатыр еді дей сал!

Шешем де, Биғазы да күліп ала жөнелгенде ғана, менің «жаным» ұясына қайта кіргендей болды. Шақылдаған «хұңқузыға» Биғазы шығып жауап беріп жатты:

– Қай хасаны сұрайсың, жангудей?

– Хаса бар?.. Әлимжан ма, Әлимжан хоза... ол қайда, сен айтады! – деп ақырды «хұңқузы».

– Қайсы Әлімжан?.. Ой әлгі Ма Сылиңшыл Әлімжан қожа ма!.. Анау үйде!..

«Хұңқузы» солай қарай шауып ала жөнелгендей болды да, шешем күлген бойы қайта кірді. «Хұңқузы» болып жасанған Нұрғазы екен.

Бүгін кеште оның қожаны бір қорқытып қоймақ болғандығын шешем күндіз естісе де, барлық кейпі мен даусынан оны мүлде тани алмай қалыпты. Бұл кезде әкем жамылған шапанын серпіп тастап, Бигелдіге ұрысып отыр еді.

– Ұрлық қылып бар пәлені өзің табасың да, өзің күлесің, шұбар ит! Осы сиырың болмаса осыншама қорқатын нем бар еді. По, ішегі жиылмай жетісе қалуын әкеңнің аузының! Сен үшін қорқып жүрмін мен!

– Ол үшін қорықсаң өзіңнің бүркене қалғаның не? – деп шешем күлді.

– Хұңқузыда ес бар ма, ұрының әкесі деп мені де, шешесі деп сені де қамай салады!

– Мені де қамайтынын білесің, миямен жаба салмай мені неге жұмсадың!

Ұялғаннан әкем қайта құлай кетті.

– Күлме, бәйбіше, божбиған иттің осы ұрлығанан биыл ішіме ас тоқтамайтын болды!..

Әлімжан қожаның бүгін қандай күйге түскенімен ісіміз де болған жоқ. «Хұңқузыға» оның қатын-баласы шығып, «қожаның жолаушылап» кеткенін, «қашан келетінін» білмейтіндіктерін шулай айтқанын естідік. Іңір бойындағы күлкі әкемізге қаратылды, ол орнынан тұрып ұрлық сиырдың еті туралған көжені ішкенде бұл күлкі тіпті үдеді. Бір жеңілсе қайтып үндемейтін әдетімен түксиген бойы іше берді өзі. Бигелді күлсе ғана шымбайына батқандай адырая қарайтындықтан, соның күлкісі ғана шектеліп отыр еді. Қауырт келіп қалған күлкісі көжемен бірге «пуп» деп бүркініп қалғанда, шапалақ шүйдесіне келіп шарт ете түсті. Бар күлкі сонымен ғана доғарылды. Бірақ, тамақ үстінде ғана доғарылғаны белгілі болып отырды, науқас менің көзім ғана бөтелке үрлеумен қызарып жатқаны болмаса, басқа көздердің барлығы күлкіге толы еді.

Әлімжан қожа сол күннен бастап өзінің «халайығына» көрінбейтін болып кетті. Нұрғазы оның өз әдісі бойынша үйіне «тыңшы» да кіргізіп жүрді. Сыртқы есігіне күндіз де күршек салатын болыпты. Сырттан біреу келе қалса, ол есік ашылғанша қожекең ауыз үйдің түп жағындағы қараңғы кілетіне кіріп жоғалады екен де, бәйбішесі құлыптап тастайды екен. «Қайда?» деп сұрағанда, жолаушылап кетіп еді, білмедік мұнша не ғып жоғалғанын» деп қана қоятын болыпты. Өзі қазған сол түрмесінен өзін сол қыста шығармау үшін «хұңқузы» оны зеріккен сайын бір іздеп шығып жүрді. Елубасы мырзаның өзі де «орынбасар онбасысын» екі рет іздеп келіп таба алмай кетті. Таба алмай кететіні, «ұлық» келе жатқанда оны «қарсы алып», Нұрғазы немесе басқа хұңқузы «тыңшылары» бірге жүретін болды. Түнде «хұңқузы» іздеп, күндіз «бірлесіп іздеуіне» қожаның тапқан шарасы «іннің» түбін «тырмалап» тереңдете беру ғана болған көрінеді. Әкемнің Бигелдіні суық қолдылықтан тыюға қасам бергені сияқты шешем мені «тіл өтетін» оқудан сақтауға тырысты. Айналып үйіріліп қабырғамды суықтан, «тіл-көзден» қорғаумен болды. Бір айда сауығып тұрсам да, Бекболсын алдына қайтып бара алмадым. Сол бір айлық оқу мен бір айлық ауру қосылып, мені қатты титықтатып тастады. Биғаділдің күндізгі асыр салып ойнақтауына да, Биғазының буаз қаншықты қоянға қоса жүріп ши оруына да, Бигелдінің қалаға апарып ши сатуына да қатынаса алмай, үй бағумен болдым.

Былтыр күздегі жиып алған талқандары таусылғанша, Ергейтінің кедейлері біраз сауықшыл да болып жүрді. Оның дуы – Нұрғазы мен күлкіші келіншек еді. Ол екеуі бірігіп алып, бір күлкі тудырмай қоймайды. Іңірде ол күлкіге маңайдың бәрі жиналады. Өйтетіні, еш ермек таба алмай қалғанда ол екеуі айтыса кетіп, өлеңмен мүйіздесе жөнеледі. Мұнысын өздері «жын шақыру» деп атайды. Жынның бәрі жиналып болған соң, біреуге хиса, біреуге ертек айтқызады. Бұл қыстың ең көңілді шағы мен үшін осы іңірлер ғана болды.

«Жын шақырудың» дақпырты төменгі қоржалар мен Емілге жетіпті. Сол жақтағы бір кәрі ақынның «Ергейті жігіттері» деген тақырыптағы ұзақ өлеңінен үзінді келіп тұратын болды. Тегі біздің Нұрғазы сияқты «жындар» да бірдеме құрап шығарып, ол жақты өршелендіріп қоятын көрінеді. Ол ұсақ өлең байып, біздің қоржаны көбірек айналдырды.

«... Бекбосын – сол ауылдың молдасындай,

Смайыл – қайыршының дорбасындай.

Әлімжан – семген бидай масағындай,

Смазы – тай айғырдың тасағындай»

дегендей, әркімнің басына дәл теңеумен бір соғып келеді де, кедей еңбекшілердің аянышты халіне түседі.

«... Құлыстайдың1 қазағы

арылмай жүр азабы»

Бұл тақырыпты бүкіл Құлыстай ретінде көрсетсе де, Ергейті жігіттерін оның ерекше өкілі ретінде суреттейді. Оған он домбай шиін ашақайлап байлап, бітшанаға қауқита басатынын, қалаға үш апарып сатқанда бір көз шайдың әрең келетінін, қайтып үйіне келгенде жейтін тамағына дейін жыр етеді.

«... Аузында құрғақ талқаны,

шошаңдайды сақалы...»

Ауыр тұрмыс пен азапты кәсіптің Ергейтідегі қай түрін айтқанда да жыр соңына ыңғай сол кәсіпшінің аяғын суреттеумен тоқтатады:

«... Шикі тері шақайы, көрініп тұр бақайы!»

Не істесе де, басын тауға ұрса да, тасқа ұрса да бұлардың халі осы деп ашына күлгені болса керек.

Сауықшылар өздеріне арналған осы әзілдерді де бір уақыт айтып, күлісе тарап жүрді. Мұндай жиын әредік-әредік біздің үйде де болды. Бірақ, біздің үйден көбінше жыласып тарасады: Еміл жақтан біздің үйге Харифолла дейтін рулас, туыс келіп тұратын. Ол шебер әнші, өлеңші жігіт екен. Өз елі мен туған жеріне арналған сағыныш өлеңін өзі шығарған әнмен айтқанда тыңдаушы кәрі-жастың жыламағаны жоқ, біздің үйге келгенде, қалаға асығып кетіп бара жатқанына қарамай, қоржадағы таныс, бейтаныстың бәрі жабылып, оны қондырудың амалын табысып жүрді. Ол келгенде Нұрғазы мен келіншегі: «Бүгін тағы бір жыласып алатын болдық!» деп қуанады.

Өксу мен өкінішін ішіне тартып алған оның өр дауысымен, өр нақышымен ышқына көтерілгенде-ақ, жан пердесін дәл басқандай тыңдаушы біткен тым-тырыс тына қалысады. Қайырмасына келгенде оқыс кеңк–кеңк етісіп алып, үнсіз егіледі.

Шын шай іштім ем айлап,

Сағындым елді көп ойлап.

Қиыр жайлап, шет қондым,

Қосылар ма екем дәм айдап!

Жәмила-ай, мекенің қалды-ау, дариға-ай.

– Ой, Дариға-ай! – деп күрсінеді кәрілер. Іші босағандай демдерін кең-кең алысады. Шемендей ұйып қатқан қасіреттері осы әннің жалынымен түгел еріп кеткендей, ол көз жасына айналып, молынан ақтарылып жатқандай сезіледі маған. Жастың да, кәрінің де – бәрінің де бетінен төгіліп жатқанын көремін. Біздің сауықшылар түгел осылай екен. Әрбір күлкінің астында көлдей лықсып жатқан қасірет бар да, соны бәсейтетін дәрі таба алмай, көз жасынан ғана дәрмен табатын сияқты. «Бүгін жыласып алатын болдық!» деп қуанысатыны сол екен. Бәрінен көп күлетін келіншектің, бәрінен көп жылағанын көрдім.

Біздің күліп ап жылап, жылап ап күлетін осы сауығымыз ұзаққа бармады. Жаз шыға тары-талқан таусыла бастады, бұл қоржадан жалданба кәсіп табылмады да, Смайылдың жеріне дербес бірдеме егіп алуға күш-көлік, тағы басқа мүмкіндік болмады. Оның үстіне әкемнің де Әлімжан қырсықтан аулағырақ кеткісі келіп, тыншымай жүргенінде, Еміл жақтан қуанышты бір сыбыс жетті: «Илхам байдың зәйімкесінде көтере алып құюға беретін мол көң бар екен. Оны айдайтын Өгізбайдан, ағызып әкеліп құятын су – құдайдан – Емілдің дәл жағасы. Бір түмен кесек қиды құюға төрт ағаш бидай, бір шәй, оның үстіне ақшасы да, көйлек-көншігі де бар!» дейді. – Әке-шешеміз құлшына түсті. «Бір түменін он күнде-ақ құйып, бес ағаш бидайын қағып алмаймыз ба!» деп Бигелді дүрілдеді. Үйдің екі көрпесі мен ескі киізін өзі арқалап, қалғанын әкеме теңдеді, ендігі қалғаны өгіз бола алмаса да, «тайынша» болған басқаларға, менің жүгім ешкіге артылды, көше жөнелдік.

«Тергеушім», талай қылмыстыны қаза тексеріп, «қарасат майданына» айдатқан тәжірибелі кісісіз. Қылмыстының қылмыс таба алмағанда қысылып қалатынын да, қылмыс тапқан сайын құйрығы қоныс таппай қопақтай беретініне де жетік кісісіз. Біз бұл рет боқ іздеп көштік десек те, жоқ іздеп көштік десек те сізге бәрібір. Қылмыстан қысылып, тағы да қылмыс іздеп көшкеніміз көз алдыңызда тұр. Бұл – сіздің алдыңыздан өткен көп қылмыстыға ортақ қасиет. Ал, бірақ бұл көшудегі біздің одан басқа ерекше қылмысымызға қарай маған өшіге түсуге толық қақылысыз. Менен басқа қай күнәһарыңыздың аурудан тұра сап жүк артып, ешкіні езгені бар?! Мұны қазіргі қылмыстар делосы түгіл, жауыздық тарихынан да оқып көрмеген боларсыз. Менің қылмысым басқаны қойып, жүгімді ешкіге артуға да жетті. Сол жылғы көп көшуден мүйізі қарағайдай кәрі бөрте жауыр болды. Сол ешкінің аруағын шақырып алып, айғақ етсеңіз, мүйізі көзімді ағызар еді.

V

Қоқыр-соқырын көтеріп, арып-шаршай жеткен көп жалданбаға ол қи бұлдана қалды, қи емес-ау, бай бұлданды. Бәріміз түп қотарыла бір-ақ шұбырмай, біреуіміз ғана келіп келіскен болсақ, бәлденбей, өзі белгілеген ақыны толық беретін де сияқты. Аяғына келген Айсұлуды тегін күң деп тебетін бай табаны тесіліп жеткен аш жалшыларды аяй ма? Жариялаған ақысын жарымына бір-ақ түсірді. Еңкейіп келгенімізді көрді де, шалқақтап қайта алмайтынымызды білді. Қидың қасындағы жер тамға жаңбырдан паналай қалғанымызды көріп, тіпті білді. Әкем екі күн сөйлесіп жарым ағаш бидайды әрең қосқызды да, он мың кесек қиды екі жарым ағаш бидай жеп қана құятын болдық. Бес жүз сиыр мен екі жүз жылқынын қыс бойы үйілген көңі – Бақтының тауындай көрінді маған.

– Отыз мың кесектен асады! – деді Бигелді.

– Асса және сол бағада ақысын аласың! – деп бай мол қолсынды. Бірақ, оның мол қолдылығы құятын қалыбының үлкендігіне толық сенгендіктен айтылған екен. Бір қалыбының өзін жөбішеңкі адам көтере алмайтындай етіп жасатыпты. «Мен де құямын» деп құлшынған Биғазы қалыпты көтере алмай жайына қалып, Бигелді мен әкеміз ғана құюға кірісті. Біз әрине, Емілден құрт-балық аулауға ғана жарадық. Бірнеше күн өткенде екі ағаш бидайдың жарым түменді құюға да әрең жететінін білдік, жайшылықтағыдан үш есе үлкен қалып қиды сан жағынан маңдытпай қойды. Мықты әкеміз тұзаққа түскен торғайша тыпырлады. Мойнына түскен «қыл тұзақты» ақылды торғай сыпырып кетеді. Бірақ, бұл тұзақты сыпырып кетуге біздің ақылымыз жетпеді, олай болғаны бидайы желініп қалды ғой! Көңшілер жан алқымға түсті, азық азайған сайын тыпырлай күшейе түсті де қыл мойындағы тұзақ қылғындыра берді.

Негізгі кәсіп – біздің «балықшылық» кәсібіміз болды. Өзеннің ағыны бәсең ернеуінен өрге қарай шұбаған құртбалық біздің сүзген дастарқанымзға да ысыра көсіп көтерген шелегімізге де быжынап түсіп жатты. Олар тірі күйінде кішкене қазанымызда ойнайтын болды. Су ысыған сайын жақсы ойнайды. Дүниеде өлімге мойынсал болып, «қуанышпен» өлетін жәндік – осы құртбалық екен. Дәл өлер кезінде «асыр салады». «Бой жылынғандығынан» су қайнасымен мыж-мыж болып, тегіс ұйқыға кетеді. Бұл кезде тіпті біз жеп жатқанымызды да білмейді. Біз қап-қара борбайымыздың жарылуына қарамай сол «қуанышты» құрттарды ғана көретін болдық, түсте де, кеште де соны жеп рахаттанып жүрдік.

«Өлмегенге өлі балық жолығады», таудай тезектің жарымы ғана құйылып, бидай таусылған кезде құртбалық үрдіс желініп, сыпыра май тышқаққа айнала бастаған кезімізде, бізге өлі балық жолықты: Су құюға дайындап жайған көңнің арасынан кішкене былғары қалтаға салынған бір кесек апиын ескі көздей күле шықты. Әкем де күліп жіберді. Тірсектегі көңді дереу жуып, үлкен жолға қарай жөнелді.

– Бұл апиыншыларға алтын есепті қымбат! – деп Бигелді қуанды, арзанға сатып қойма!

Бір ағаш зығыр мен екі ағаш бидай сол күні іздеп тапты бізді. Апиыны таусылғандықтан сырқаттанып жүрген бір қара сұры қазақ байы ере жетті. Жергілікті ауқатты қазақтардың да кейбірі апиыншы болып алған екен. Бидай мен зығыр арбадан домалай түсісімен қожайын да домалай түсіп, жер үйіміздің табалдырығына отыра қалды. Әкем оның неге олай отыра қалғанан білген екен. Түйенің құмалағындай қара–қоңыр «алтынын» қолына ұстата қойып еді, байекең иіскеп–иіскеп жіберіп, бір күрсінді де, бидайдайын үзіп алып аузына сала қойды. Әкем үңіле қарады оған.

– Сіз жеуші ме едіңіз?

– Тартушы едім, қорқорым үйде қалды.

Маңдайынан бұрқ ете түскен терін алақанымен сүрте салып жөнеле берді ол. Зығыр мен бидайды шешем қуырып, қосып, келіде жашыды да, алдымызға қойды. Біздің де маңдайымыздан тер бұрқ ете түсті.

Үй ішімізбен батып қалған сол бәле қидан осы «өлі балықтың» күшімен бір айда әрең құтылып, дереу көше жөнелдік. Мойнына оқыс келіп қалған тұзақтан қатты шошып қалған торғай енді бұл маңайға тоқтасын ба, Шәуешек жолындағы көп жұмысшы жалдайтын мойкеге қарай тарттық. Екі ешкіден басқамызда күй де қалмапты. Алыптай Бигелді мен әкеміздің мойындары сол тұзақтан қылдырықтай болса да үзілмей әрең шықты. Ал шешеміздің халі бұлардан да мүшкіл еді. Бұл көште ең күшті нарымыз сол екі ешкі болды. Жүктің көбін сол екеуіне арттық та, «боталарын» қосып айдай жөнелдік. Ерекше бір күлкілі дүниеден шығып келе жатқандай, «керуеніміз» маңырай шұбады. Жол-жөнекей кезіккендер, біздің біраз ұялғанымыз болмаса, жүрісімізде пәлендей оғаштық жоқ сияқты. Кәдімгідей зор тізбекті керуен болдық. Бізде де түйе керуенінің қоңырауы сияқты даңғырлайтын леген бар. Біздің де «жүк ауып барады, бас!», «Көтер!» деп саңғырлайтын ақсақалымыз бар. Ең кемі-ақ «бұрау сал!» деген сөз шықпайды. Ешкі, сірә жүк көтеруге көнсе де бұрауға көнбейтін тәрізді. Сол райларын бағып, бұрау салмасақ та лақтарымен үздіксіз маңырасумен болды. Біздей қылмыстыларға ешкі болуларына тойған сияқты.

«Балам, менің не болғанымды көріп келесің ғой, қылмыстыларға түйе болудан кемелектен өлудің өзі жақсы!» деп лағына үздіксіз өсиет айтып келе жатқан сыңайлары бар.

Көтерген жүгін мойкеге күн еңкейе әрең жеткізген екі ешкі, кәдімгі түйеше шөгіп дем алды. Сүт шықпай қара шай іштік. Қабағымызды теріс салып қайғыра іштік: Өйткеніміз – мойкенің жүн жуу жұмысы тоқтап қалыпты, енді кәсіпсіз шиқылдайтын болдық деп қайғырдық.

Бізден бұрын келіп шиқылдап жатқандар тіпті көп екен. Иін тіреседі. Шақырайған тымырсық ыстықта алан–ашық жатқан аш-жалаңаш жұмыссыздар бық-бық етеді. Бекер бықылдап та жатқан жоқ. Биыл бар жерге төнген ашаршылық апатты айтып, «қырылудың» ащы түтінін морлатып жатыр. Бұл қылмысқа қалай шыдарсың! Таңертең екі ешкіні қомдап жіберіп тағы көштік. «Қала ішінде үкіметтің тасжол жұмысы бар» екен деген бір жылы сөз жылжытып ала жөнеліп еді. Бигелді мен әкеміз бастатқан «төрт түйе» ыстық топырақты бұрқылдата «бота-тайлақтарын» шұбата отырып Шәуешекке күн еңкейгенде әрең жеткізді. Жасалып жатқан тас жол жамбылдың шығыс жақ сыртында екен. Біз жол бойында ағаштың бұтақтарынан балалардың ойын үшін жасаған күркесіндей кішкене-кішкене үйшіктерге бастарын ғана тығып жатқан қалың жұмысшыларды көктей өтіп, жоғары жағындағы жарға қарай тарттық. Әдетіміз бойынша соның бір үңгірін тауып кіріп алмақ едік. Сыртымыздан таныған біреулер айқай салды. Бақсақ көпшілігі біздің елдің адамдары екен. Біз кірмекші жардың бүгін ғана екі үйлі жанды басып қалғанын, олардың сүйегін де ала алмағандықтарын айтты. Жамбыл қабырғасының былтыр «хұйзулар» ойған үңгірлеріне паналаған жұмысшылардан қаза болғандар да көп екен. Шешемнің төркін жұртынан бірнешеуін сол үңгірлер басып қалыпты. Аман қалғандардың әдісімен біз де түнделетіп жүріп, ағаш бұтағынан үйшік жасап алдық.

«Тергеушім», есіңізде шығар, былтыр біз Шәуешекке алғаш өткенде Қайысбектің кішкене үйіне сыймағандығымыздан қала шетіндегі зар-мұңға толы бір мал қораға түнегенбіз ғой. Сонда бізге танысқан Омар атты мысқылшыл шал бізге шәугімін беріп, шай қайнатып ішуімізге көмектесіп еді. Бұл жолы тағы соның үйшігінің іргесіне келіп қоныстаныппыз. Түнделетіп бізге үйшік жасасуға Омар тағы көмектесті. Қыдырған әйелдердің «өсек таппаса» өксіп жылап қайтатындығы жайлы мысқылдаудың орнына өзі өксіп, көрген қорлығын, туған жерінен ауған өкінішін айта жүріп көмектесті.

– Мені босқын етіп осы халге түсірген коммунистер емес, көрге кіргір немерелес інім – Бекеш!.. Қыр соңымызға түсіп бүкіл туысымызды қирата түрмелетті! Сібірге айдалудан қашып аман құтылғаны мен едім, енді осы құлдықта құритын сияқтымын!... Әттең соны! – деп қалшылдап кетті Омар.

– Ол – Бикеш не орында еді? – деп әкем ширай сұрады.

– «Ақ жүрек-белсенді» деген «мансабы» бар, шынында нағыз қара жүрек еді ол, коммунист париясына кіріп алу үшін бізді қырып беруге салынды, іздегені – пәле-жала!

– Ақтай, Санатпайдың туысы деші!..

Біздің күрке Омар мен әкемнің осылай ширығуымен тез қалқиды, ашулы-кекті қолдар ағаш бұтағын аштығына қарамай жұла беріпті.

Тасжол жұмысының ақысы – әр жұмысшы күніне үш уақыт жейтін екі жүз елу грамдық үш тоқаш еді. Жұмыс істемеген күні ол да жоқ. Байдың қыл тозағынан қашып келдгенімізде, үкіметтің бұл тозағына басымызды тұрмыс еріксіз сұғындырды. Байдың қиынан мұның артықшылығы – әутеуір айдап жүріп істететін мылтықты шеріктерінің барлығы болды. Бұрын өзімізді-өзіміз айдап әурелендік қой, мұнысына да қанағат етпей болмады.

Біздің үйден дағдылы үш адам жұмысқа орналасып, зәмбілмен тас тасуға шыққан күні мен қалтырап безгек аурумен жығылдым. Төрт «түйеміз» көтеріп келген жүктің бәрін жапқанда да лыпа құрлы көрмей селкілдедім.

Менің ауруыма шешем қалып қараса, жеті адамның жейтіні екі-ақ тоқаш болып қалмай ма? Биғаділ қалса, барлық ауырымызды көтеріп жүрген ешкіні кім бағады, оны біреу сойып жей салмай ма! Зәмбіл көтеруге жарамайтын Биғазы қараса, оның да өзіне лайық бір жұмыс іздеуі керек қой.

Жеті ауызды үш тоқаш желімдеуге жете ме!

– Апатай, менің қасымда Биғайша отырса болғаны, бара бер! – деп жалындым мен, өз алдыма дербес дірдектей бергім келді.

Қалшылдап-қалшылдап алып, қатты терлеуге кірісемін. Көз ашқаннан уайымдап үйренген, бала болып ойнауды білмейтін Биғайша тыпыр етпей менің қасымда болады, тер ағып жатқанда мен суға тоймаймын. Ол тәлтіректей барып су әкелгенше мен тағы шөлдеп жатамын. Әрине, ол бір шыныдан артық су көтере алмайды, оның үстіне тәлтіректеп жүріп жарымын жеткенше төгіп болады. Безгектің безілдетуі сөйтіп Биғайша шаршағанда ғана тоқтайды да, мұнан соң екеуміз де біраз тыныштық тауып, қарсымыздағы тас жолда өтіп жатқан жұмысшыларға қараумен боламыз. Бірақ, бұл қараудың өзі де ауруша қинайды. Жұмысшылар алыстан көтеріп келе жатқан құмды тастарын жерге қойып дем ала алмай майысып-қайысып, бүрісіп-тырысып, терлерін сорғалата өтеді. Бұлардың тізбегінен біздің әке-шешеміз де көзімізге оттай басылып өтеді. Әлсіз нәзік шешеміздің қап-қара болып түтіккен шырайына, ауыр зәмбілді алыстан көтергендіктен білегінің қарымы жетпей, мойнына асып алған ала жібімен көтеріп бара жатқанына, зәмбілдегі тастың үйме болып басылғанына... бар кейпіне ауыр мұңмен қараймыз. Шешеміз сол ауруымызды жеңілдеткісі келгендей, біздің тұсымыздан ширақы, жеңіл өтуге тырысады, бізге қаммен қарап қояды. Менің халімді біле кеткісі келіп, алды-артына жалтақтайды, бірақ, арттарында шерік бар ғой, кідіре алмайды, шіркін шеше!..

Маған жол бойындағы мылтықты шеріктерден басқасының барлығы аянышты, барлығы қылмысты, сорлы көрінеді. Сұп-сұры болып тынып тұрған аспанда, тіпті бүкіл дүниенің өзі тұтас аянышты, тұла бойымен сорлы қылмысты сияқты елестейді. Соның ішіндегі ең сорлысы – мына көп күрке. Күндіз ыстыққа саялылығы, түнде суыққа паналығы жоқ, қайта мойнын созып бір қырсықты өзі шақырып тұрғандай көрінеді.

Үш тоқаш жетуімізге жетіспеді. Емілдің құрт балығы, боқ-жыны аршылмай пысқан ащылығымен шиқылдатып еді, бұл тоқаш көпе-көрнеу өзінің тәттілігімен шиқылдатты. Биғазы күнде қаңғып жұмыс таба алмай, қасапшылардан қойдың қанын әрең тауып әкеліп жүрді. Әрең табатыны, қан алушылар биыл тіпті молайып кеткен екен. Таласа-тармаса күші жеткені, иә, жылпысы ғана ала алатын болыпты. Сөйтіп, тасжолшылардың көбінің күркесінің алдында қан қайнап, қан қуырылып, қан бауырша қатып, пысып жатты. Біз де оны қиялай кесіп соғатын болдық. Бүкіл қауым болып тегіс қанқұмарға, қанды шелек, қанды қол, қанды ауызға айналдық, бұдан үлкен қылмыс бола ма! Біз сияқты «айырым кәсіпші» бар, «қолы ұзын» семьялар ұнның кебегін де тауып әкеліп жүрді. Биғазы оны «туысқаншылап» жүріп табады. Ұнның кебегін қанмен илеп, қалашқа айналдырып пісіретін өнер біздің үйден тасжол бойына таралды да, бүкіл қала кедейіне жалпыласты. Бұл қанды қызыл нан – біздің талантты шешеміздің тағам ғылымына қосқан «жаңа үлесі» болып жайылды.

Қыр соңымыздан қалмай жүрген ашаршылық атты қырсық біздің бұл далбасамызға алданғысы келмей, аузын ең мықтымызға ашты, бір түні Бигелдіні алып ұрды. Бір түннің ішінде-ақ тұлыптай болып ісіп–кеуіп алған Бигелді таңертеңгі жұмыс уақытында орнынан тұра алмай қалды.

«Жығылған үстіне жұдырық», бұл жұдырық талмау жерімізден дәл тигендей әкем мелшиіп отырып қалды.

– Дәрмен болатын бірдеме тауып бере алмасақ, екі күннен қалмай үзіледі! – деп күбірледі. Шешеміз Бигелдіге көрсетпей жылап отыр, әкемізге бірдеме айтты да жұмысқа жалғыз өзі кете барды.

– Алдымен Ақанға барасың ғой! – деп жүре жалғастырған сөзін ғана естідім, – қайтып келіп соярсың!

Бүгін менің безгегім де ұстайтын күн еді, құрыштап дірілдете бастады. Бірақ, қайғы үстіне қайғы жамағым келмеді, тісімді тісіме басып отырып алдым. Биғазы көшеге қарай жүгіре жөнелді де, Биғаділ ешкісін айдап кетті. Төменгі жақтағы Ақанның үйіне қарай әкем жөнелді.

Ақан Қондыбайұлы біздің елдің орысша недәуір оқыған азаматы болатын. Ол да бізше босып келген, былтырғы хұйзу соғысынан кейін орысша тілі кәдеге жарапты. Жол құрылысына советтен орыс техниктер көмекке келген екен. Жақында ғана Ақан соған тілмаштыққа ілініпті. Әкем сол туысынан жәрдем сұрауға кеткенін білдім.

Тістенгеніме қарамай безгек бүріп әкетіп бара жатыр еді, «қайғышылдар» кетісімен босап кеттім де, қалтырап жығылдым. Іркіт толы сабадай болған Бигелді орнынан іркілдеп әрең көтеріліп, мені жауып тастады да, қайта құлады. Менің қарсы сірескеніме ерегескендей безгектің «81 жыны» бір-ақ бүрді бұл жолы. Есім ауысыңқырап кетіпті. Бір кезде көзімді ашып қарасам қарсы алдымызда жол жағасындағы су қайнатушылардың күркесі үстінде бір «орыс қыз» отыр, ол қолын сермеп-сермеп қояды. Тасжол жұмысшылары соның алдындағы тайқазаннан су алып жатыр, «кун истик, шайды көп ішіңдер» деп айқайлайды. Арбакеш сарт жуан көтек арбаға үйіп басқан тоқаш әкеліп еді, «нан алыңдар, коп-коп алыңдар!» дейді тағы да. Жұмысшылар қатарға тұрып бір-бір тоқаш алып жатыр, «ей, сарт аналар жейді, бер оларга!» деп ақырды орыс қыз, қолымен бізді нұсқады. Бірақ Бигелді де, Биғайша да орнынан қозғалмай қарап отыр. Шешем өзіне тиесілі бір ғана тоқашын алып келеді. «Барыңдар», дедім мен қалтырап, өзім көз алмай қарап жатырмын. «Бәрін ал, көп-көп ал деді ғой! Бұрын жоқ еді, бір жақсы қыз келіпті ғой, барыңдар!» Бигелді мен Биғайша сөйлеп жатқан маған қарап қана қояды. Арбаға қарай ұмтылмайды. Нан жегісі келіп тамсанса да «ұялатын» тәрізді, міне, шешемнің бір тоқашымен қана үшеуі шай ішуге кірісті, әне, қыз тағы айқайлайды, бірақ, оның тілін алмайтындай, ешкім қарамайды да!.. Әне, су қайнатып жүрген Жолдыбай атты би тұз ұрлап жан қалтасына салды. Қасындағы Омар көрмеске салып жүре берді. «Япырмай, осынша үлкен кісінің бір уыс тұз ұрлағаны-ай! Япырмай, тілінен бал таматын атақты шешеннің осынша масқара болғаны-ай!» Әне, әне, бір шерік келіп тінтті де, тұзын салдырып алды. Шешем де, Бигелді де бағжиып қалды сол жаққа.

– Су! – дедім мен қатты күрсініп, шешем бір шыны су әкеліп басымды сүйеп отырғызды. Соны өлермендене жұтып алғанымда ғана есіме толық келгенімді білдім. Киімім мен жамылшым малмандай су болып кеткен екен.

– Не ғып сөйлеп кеттің бүгін? – деп сұраған шешеме үн қатпай алдыңғы жағыма тағы қарадым.

Жолдыбай бидің тұз ұрлағаны рас екен, өзіне–өзі қатты жәбірленгендей ол мелшиіп отырып қалыпты. Қатты тиген соққыдан ес жия алмай қалған сияқты. Оның оқыс күйреген жанына медет, көңіліне шипа айтып жатқандай Омар мен бірнеше егде адам күңірене сөйлеп, күрсініп отыр. Ал басқа көріп жатқандарым да осындай рас болғанымен, әлгі «орыс қыз» деп көргенім күрке ағашының ұшына ілінген қызыл салы болып шықты. Қол сермегендей болатыны – соққан желеміктің желпіндіруі екен. Сол орыс қыз болып көрініпті де, елеске лайық сөзі де естілгендей сезіліпті.

Әкем келді, әдеттегідей жарты қап бірдеме көтере келді, көзіміз айнадай жарқырады. Ақан біреуден алажақ бір пұт ұнын алдырыпты да, оған бір пұттай кебегін қоса көтертіпті. Келе нан илеп пісіртіп берді де, ертерек туған бір лағымызды бас салды. Кешке жақын сорпасы пыса бергенде, Биғазы қала жақтан жылап қайтты да, Биғаділ дала жақтан көгеріп қайтты. Биғазының бір көзі ісіп кетіпті, себебін әрең айтты: жаңа түйін тастаған картопты екпеттеніп қазып жатқанында, сәйліктің қожасы үстінен түсіп, байлап әкеткен екен. Кешке шейін таяқты жеп-жеп әрең қайтыпты. Ал Биғаділ ешкі бағып жүріп жаңа бас алған күнбағысты мұжып жей беріпті, бет-аузы көкпеңбек, тілі қап-қара болып қайтты. Енесінен өсиет естіп, өлімге разы болған лағымыздың етін құмдай егіліп отырып жедік. Су болып тамшылап та кетіппіз.

Бигелдінің ісігі таңертеңіне тағы көбейе түсіпті. Сөйтсе де, лақтың сорпасына інілерінің ішкізген ашуы, әке-шешенің қайғысы қосылып, оның буынын біраз бекіткендей, сенделектеп жұмысқа шыға жөнелді. Шешем мүлде тыққыштап жүрген қос білезігін, қоржыннан алып, әкеме ұстата салды да жұмысқа жөнелді. Демек, екі тоқаштың сұлу жүзі тағы көрінгендей болды.

Мен ес білгеннен бері бар екі шомбал білезік шешемнің бар қазынасы болатын. Құйылып өрнектелгелі қанша жыл өтсе де, оны білегіне бір салып көрмепті. Безену бұйымынан қатты безетін шешем, ауыр деп сылтау тауып сақтаған таза да, сом күміс екен. Бұл зор ашаршылықтың арандай аузына осыны салып, өздері тірі қалуды кеше кеңесіпті.

Әкем бүгін соны Ілушін жаққа ала жөнелді. Сөйтсе де, суыт кеткен жол, қайта оралып, мені қатты шошыта кетті: былай шыға беріп қайта оралғанда екі қолын артына ұстап келе жатыр еді. Биғайшаны ым қағып сыртқа шақырып алды да, ирелеңдеген бір ұзын жыланды сумаң еткізіп маған лақтырып қалды. Мен шыр ете түсіп, ырши жөнелдім. Дәл қарныма келіп тиген тірі жылан ысқырып қалып іргеге тартты.

– Шақпайды, шаға алмайды, тісі қайырылған, – деп әкем басу айтты сонан соң, – безгегің енді жазылады!.. Ана жыланды өлтіріп, терісін сыдыр да, Бигелдіге қайнатып бер! – деп Биғазыға тапсырып теңселе басып жүре берді.

Безгекті әкемнің осылай қорқытып емдейтінін артынан ескердім. Терісін сыпырып алып, турап қайнатылған жалаңаш жыланмен сол күні түстікте Бигелді сорпаланып еді, ертеңіне ісігі басылыңқырап, қайта «арықтай» бастады. Безгегімнің ұстамағанына мен қуандым. Бір жыланның екі ауруға ем болғанын көрген Биғазы енді жыланшы болды. Оның жылан әкеле жатқанын алыстан байқайтын мен айдалаға қашамын. Ал мен қорқатын жыланды Бигелді жеп алады.

Бір күні қашып шығып, ағамыздың «ажалға тажал» болып отырған сол ерлігіне Омар күркесінің сыртынан қарап тұр еді. Қала жақтан қоңқақ мұрынды бейтаныс қара сұры бір жігіт келіп, су қайнатып жүрген Жолдыбайға сәлем берді де, Омардың «үйін» сұрады. Жолдыбай Омардың күркесін нұсқап көрсетті. Дем алып жатқан Омар басын көтеріп, тігіле қарады қара сұрыға. Бурыл сақал-мұрты дір қағып, тікірейе қалғандай көрінді маған!..

– Ағатай-ай, аман көретін күнім бар екен-ау, – деп қара сұры жігіт Омарға қарап қауқалақтай ұмтылды, – ассалаумағалайкум, амансың ба, аға!.. Ағекем-ай, сағынғаным-ай!

Арып, қалжырап жүрген Омар орнынан жас жігітше жеп–жеңіл ыршып тұрды:

– Ойпыр-ау, Бекешпісің! Сені де көретін күнім бар екен-ау, – деп құшақтаса кетті қара сұрымен, – бауырым-ай, мен де сағындым-ау!

Қара сұрының бетіне бетін тақай берген Омардың аузы жуан қара сұры мұрынға сап ете түсті де, қыршып жұлып кеп алды. Қара сұры Бекеш өкіріп қалды да, саңқия қалған кеңсіріген басып отыра кетті. Аузы толған мұрынды артына қайырылы түкіріп тастаған Омар кемпірінен құмғанды ымдап сұрап, аузын шайқады. Бекеш тұмсығын басқан күйі атып тұрып жөнеле берді. Қарап тұрғандардан ләм деп аузын ашқан ешкім жоқ. Бекештің Омар алдындағы қылмысын бәрі де естігендей де, кек сертінің кесімі айнымай орындалғанына бәрі разы болғандай. Жерде жатқан тұтас мұрынға түршіге қараған мен ғана шегініп кетіп күркеме кіріп алдым. Тірі адамның тірі жұлынған мұрнынан жылан жылырақ көрінді. Бигелдінің алдындағы жыланнан сескенбедім енді.

– Омекеңнің жүрек ауруы енді жазылды-ау, шіркін! – деп күрсінді Бигелді! – әкеме Ақтай да осылай бір кезіксеші, айқара басқан қырсықтан бір арылып, сергіп қалар еді.

Омар мұрынды бір құрғақ төмпешікке апарып көме салды да, орнына кең тыныстай келіп отырды:

– Орташа тұрмысымды «құлаққа» жатқызған осы мұрын қоңқиып алып, тыныштық бермеп еді маған! Міне, енді тынышталдым, өзі де тынышталды!.. Бұл жерде оның арызын қай құңқузы тыңдар екен, қәне!..

– Өзі қайдан келе қалды мұнда? – деп сұрады біреу.

Қара жүрек әмсе «ақ» болып көріне бере алар ма, момын жұртқа істеген қастығы ашылып қалған соң қашып шыққан ғой! Ошаққа от жағып отырған Жолдыбай би тақпақтай жөнелді:

«Көк тұмсық неткен тұмсық,

Көпке пәле еткен тұмсық,

Өзгеге көр қаза жүріп,

Өз түбіне жеткен тұмсық!»

Әкем қайтып келе жатқанын көрген соң басқа сөзді тыңдамадық. Саудаға шорқақ әкеміз қаладағы бір байдың мал басқарушы дарғысымен достасып қайтқанын айтып берді. Алып келген еш нәрсесі жоқ. Білезікті «достыққа» өткізіпті де, қайтыпты. «Досымыз» қазақ әйелімен үйленген Мәмет тұрсын дейтін ұйғыр екен.

– Қыр-сырын, жәй-күйін білмей тұрып, қай достық еді мұның! – деп қалды шешем, – әй алдандың-ау осы!.. Ол бір алаяқ, қу ғой тегі!.. Білезігіңді алдап соққысы келмесе, дос болып неге қызықты дейсің!..

– Тұрмыстан қысылсаңдар көшіп кел деді!

– Қысылуды былай қойып, қырылғалы отырғанымызды айттың ба?!

– Айттым, «келісімен бір бұзаулы сиыр беремін» деді!

– Достығыңның басы-қасында болып, білезікті бергеніңді көрген ешкім бар ма?

–Білезікті жыртия күліп қара қатыны салып алған, оның қолынан ауылы көрмеді деймісің!

– Ниеті дұрыс болса, көшіп баруыңа тым болмаса бір өгіз бермес пе еді, жүкті жаяу көтеріп шұбыруыңды көргісі келген қандай дос ол.

– Тез жетейік соған, – деді Бигелді, – көшіп бір жаққа зытып бермесе не қылсын!..

Қоқыр-соқырымыз төрт «түйенің» үстіне тағы артылды да, тағы көштік.

– Адам іспетті сол Мәмет алдаса, достыққа, адамдыққа тіпті, құдайға да сенімім осымен аяқтасар! – деп қойып қап көтерген әкеміз алдыға түсіп теңселе жөнелді, – «Тәңір қақысынан, дос қақысы ауыр», құдайды ауызға алып дос болдық, құдай алдында достасқан ақиреттік дос алдаса, кім алдамас!.. Қой, бәйбіше, күнәға бекер батпай барғанда көрелік!

Әкеміз Шәуешектен недәуір алысқа – Ілушіннен, Боздақтан өтіп, одан Еміл жаққа барып достасқан екен. Біз ара қонып, аяғымыз тұтас қорғасындай ауырлап, әрең көтерілетін болғанда, тақым-тарамысымыз резеңкедей созылып болып, енді созылуға келмей қалғанда, буындарымыз дір қағып әрең жеттік. Дос ауылымыздың сары ала жұрты көрінгенде жүрегім зу ете түсті: «достың» жұрты бос қалыпты. Әкем түтігіп кетті, өзіне Бигелді көзінің қырымен қарағанда, біз бір-бірімізге жаутақтай қарасқанымызда онан сайын қысылып, онан сайын тұншықты. Жүгін жұртқа тастай салып, жыртық тақиясын қолына алды да, үн-түнсіз бүлкілдеп желе жөнелді. Көз ұшындағы бір ауылға қарап бүлкілдеп барады. «Досының» көшіп барған жерін білмек сияқты. Әкемнің төбесі әрең көрінсе де әлі бүлкілдеп бара жатқаны анық байқалды. Ойлы–қырлы сары далада ылдиға қарай домалаған доп сықылды сол бас әр қырға бір соғылып, әр кедергіге бір қағылып, әр қырсыққа бір шалынып, ырши домалап барады. Сары аспан, шақырайған сары күн сары уайымның лайсаң теңізіндей, сарылған сары даланың толқындары да сап-сары сияқты, сары дөң, сары белестер көрінеді. «Қара доп», «сары толқындарға» сүңгіп көзден тасаланды.

Үнсіз дағдарған шешеміз сол жаққа қарап отырып ауыр күрсінді.

– Осындай дүниеде ақ көңіл адамнан сорлы жан болмайтын сияқты ғой! – деді бір кезде өзіне-өзі сөйлегендей, ешқайсымызға қарамай, – туыстыққа да, достыққа да, жақсылыққа да әбден алданып талай «бақытқа» кенеліп, талай сорланып көрген адамның қолындағысын көріп құйрығын бұлғаңдатқан бейтаныс біреуге тағы да алдана салуын қарашы!..

Әлгі қара доп қайта көрініп, бізге қарай қайта «домалады».

– Өзі бидайша қуырылып жүрген адамды біз тағы қуырып, күйдіре бермейік, – деп шешем Бигелдіге қарады, – енді қыжыртпай-ақ қой!.. Табармыз, таба алмасақ лаж не, құдайдан күттік!..

Басын төмен салып, ырғала жетті әкем.

– Олар Абдыра жаққа көшті дейді, – деп бар буыннан бір-ақ айырылғандай сылқ етіп отыра кетті, – «Абдыра» анау қара қабақтың ар жағы, Тарбағатайдың анау адыры ғой, қайда қашып құтылар дейсің!.. Бірақ, соның мына сұмдығынан қорықтым, дос болып жарыта қоймас, бірдеме бермесе қайтарып алсақ болғаны... Құдайдан безгеннің өзі екен!

– Енді қайтеміз, өзің қуасың ба, жабыла қуайық па?

– Бұл қу далада неміз бар, бәріміз қотарыла барып, бір-ақ басуымыз керек қой!

Сол жұртқа шай қайнатып іштік те, сол жұртқа түнедік. Салқында жүріп алу үшін екі ешкіні ерте қомдадық. «Төрт түйені» дағдылы жүгінен басқа ауыспалы жүк Биғайша еді, оны шешеміз бен Биғазы кезектесіп арқалады. Төтелеп Тарбағатайдың бөктеріне қарай шұбадық.

Бұл реткі көшіміздің «салтанатын» сөйлеуге қиналамын. Бәрін сөйлеу пайдасыз, себебі, оны суреттеп көрсеткеніммен, бізге сыйлық бермейсіз ғой, «тергеушім».

Сізге керегі – қылмыс, бұл үшін ел іздіп, шөл кезген иесіз бұралқы иттің делосында болатын қылмыстарды біздің деломызға да қосып жіберсеңіз болғаны. Онда иттің де ыстыққа шыжитын майы болмайды, біздікі сияқты қаны ғана кебеді. Мұрнынан алған демге ол да қанағаттанбай аузын арандай ашып, тілін салақтата обады. Оның қылмысы да қарнының қай жерінде екенін таба алмайсың. Қылдырықтай болған бел омыртқасына жасырып, жабыстырып алады да бүктетіле бүлкілдейді. Анда-санда тұмсығын бір көтеріп қойғаны болмаса, ол да басын жерден алмай бүлкілдейді. Тұмсығын көтеріп қоятыны – қылмыс іздегені. Басын жерден алмайтыны – тәңірінің салақтығынан тастап кеткен бірдемесі кездесер ме екен дегендей сасық дәмесі. Мұндайда тәңірі салақтық етпесін бе, сонда да біз сияқты бұралқының кәсібі осылай болады. Біраздан соң түңілу мен дәрменсіздік салдарынан бүлкілдеуін қойып, ілбуге түседі. Бұралқы да қоламтадай ыстық тастаққа бізше тасырқаған табанын кібіртіктеп әрең басып, бір белеңге шыққанда бұраң етіп қисая кетеді. Немесе шоңқиып отыра қалады. Иен далада жолай отыра берсе өліп қалатындығын тағы біліп, тағы ілбиді. Бұралқы да жоқ іздеген біз сияқты, біресе олай, біресе бұлай қаңғиды. Бұралқыға да ауыл иті өш болады.

Бұралқыға біздің осындай жалпылық ұқсастығымыз болса да, біздің одан әлдеқайда артықшылығымыз бар-ды. Бұралқы жалғыз өзі салт қаңғиды. Ал, біз шиттей-шиттей шүйебөрі сияқты шұбыра қаңғимыз. Бұралқының көтеретін жүгі жоқ. Ал, біз байлықты әрең көтеріп қаңғимыз және ол бұралқы ит емес пе, біз адамбыз. Ешкіге жүк артуды да білеміз...

Сайып келгенде иесіз бұралқыға бүтіндей ұқсай қалдық. Бүкіл Абдыраны тіміскілей шұбырып, «досымызды» таба алмадық та, бір бұлақтың бойына бұралып-бұралып құлай кеттік, екі ешкі де тас төбесінен ұрғандай сұлай кетті.

Қара үңгір жаққа келмесе, Абдыраға келмеді деген бірнешеудің сөзімен кеш бата қара үңгірге әкем мен Бигелді жөнелді. Екі ауылға барып сұраған екен, олар ондай адамды білмейтіндіктерін айтыпты. Үшінші ауылға барып сұраса, түн ішінде ұры сияқты көрініп, өздері тергеуге түсіпті. Жалынып-жалбарынып жайын айтқан әкеме бір ғана жөн айтылыпты.

– Мәмет Тұрсының тұра тұрсын, бұл жақта тіпті Мәмет атаулы дарғы да, Еміл жақтан көшіп келген мал да жоқ. Өздерің аман ғана қайтып кетіңдер, бұл жақта мал жоғалып жатыр! – деп құдайға қараған бір қария Амандық жаққа қайта қуыпты. Сөйтіп, сойдауылдай екі мықтымыз бізді таң бозара әрең тапты.

– Кебек нан таусылды, – деп жариялады шешем, – енді қырылмай тұрып, көтерме бидай тауып орайық!.. Құдайдан күттік.

Осы бір «құдайдан күттік» дейтін сөз құрыдым шарасыздықтан шығатын сөз ғой. Сөйтсе де, әкеме бір тоқаштың күшін бергендей болды, ол әбден арыған кәрі бөртенің жүгін, шешемнің жүгі – Биғайшаны да өз жүгіне қосып бір-ақ көтерді. Оның бірнеше күннен бері дем алмағанын айтып, жүкті бөліп көтермек болған шешеме үзілді-кесілді ширақ жауап қайтара көтерді:

– Қой, бәйбіше, мені аяма енді, сені өмірлік азапқа салған – мен бұралқымын. Мына кішкене күшіктерді де көз ашқалы сорландырып келе жатқан менмін! Сендердің алдарыңда менен үлкен қылмысты жоқ!.. Алла тағала өмірлік лағнат қамытын кигізіп қойған мені аяудың өзі – ауыр қылмыс!

– Жә, ада-күде таусылма енді! – деп шешем жылай ерді соңынан.

Көр дегені ғой, бәрін көрейік. Бигелді де, бәріміз тең дәрежелі бұралқымыз. Бәріміз тең дәрежелі қылмыстымыз. Себебі, қылмыстының түп тамыры – құмар құлқын. Шындық осы емес пе, ендеше факт те сол. Сол тізбекте тамаққа құмартпай, тіршілік үшін тырыспай келе жатқан қайсысымыз бар. Бәріміз құлқын іздеп шұбырып келеміз ғой. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, осыншалық арып–ашып жанталаса іздеп жүргеніміз – қылмыстан басқа еш нәрсе емес екенін сізден басқа кім түсінбек.

VI

Біз енді Қара қабаққа қарап құлдадық. «Досты» іздеуге оратын бидайды қоса іздеп құлдадық. Егінші – дуал үйлерді аралағанда, малшы киіз үйлер көзге мүлде шалықпайтын болды. Пісіп тұрған шағын ғана бидайды көріп, тастақты төбе бауырындағы там үйлерге бұрылдық. Өндірқан атты орта шаруаның бидайы екен. Қара мұртты семізше қара қазақ, біздің түгел қаусап тұрған шырайымызға сыдырта қарап шықты да, қазбалап саудаласпады:

– Мақұл, орыңыздар, жұрт нарқын да көтерейік!.. Әне бір бос үйіміз бар, соған түсіп, алдымен біраз дем алыңыздаршы!.. Балаларыңыз не қып шалдыққан осынша?!

– «Жұт жеті ағайынды» дейді шырағым, – деді әкем, – осы сапарда оларға мен қосылып, сегіз ағайынды болған соң, не жаны қалсын бұлардың.

Өндірқанның бидайы төрт ағаш бидайдың орны екен, жұрт нарқы бойынша «ағашына ағаш» – төрт ағаш бидайға келістік те, сол күннен бастап ақымызбен көрістік. Біздің жайымызға қарап, ол көк бұршағын да, сусындық үшін қауын-қарбызын да аямады. Орауға көтерткен бидайының қасындағы қауындығын да қоса көтерткендей пейіл білдірді.

– Біз де бір шәкене ғана егіншіміз, әйтеуір бидайымызды шашпай, таза орып беріңіздер, – деген талабын айтты.

– «Сыйға сый – сыраға бал!» – деді әкем, масағын да қоймай тазалап оруға кірісті.

Жұттан қалған адамның өзі де жұт, көзі де жұт сияқты. Үш күнге дейін біздің жұтқыншағымыз құрғамай жеумен болдық. Шешеміз бен Биғайшадан басқамыз егіннің басында, қауынның қасында үш күннен соң ғана күлуге жарадық.

– Үй, осы қауынның иесінің аты Өндірқан ба, Жұлдырқан ба? – деп күлді Бигелді. Қаунының пысқанын тауысып, енді шикісін әкеле жатқан Биғазы мен Биғаділге күлді, – жұлдырқан емес болса, шикісін жұлмаңдар енді, өздері жұлатын бірдеме қалсын!

Тіршіліктің сілкінуі сияқты естілді осы күлкі. Күлкі деген өзі де сондай құбылыс қой, Ергейтіден шыққаннан бері естілгені осы еді. Тірі қалғанымызды енді білгендей болдым, жел қуған қаңбақша домалаған шіркін тіршілік қайсы тасқа, қайсы ағашқа соқпады. Үш ай бойына қаттысымен басымыздың мыңғы-дыңғысын шығарып әкеліп, тұмсығымызды тәттісіне тірей қойып еді, үш күннен соң-ақ күліп жібердік. Ұмытқан күлкімізді таныған соң, тағы ұмытып қалмайық дегендей тағы күлдік. Көп желінген көк бұршақ пен көк қауын қарнымызды тіпті көп «күлдірді». Біреуіміздің қарнымыздағы «күлкіні» алыстан естіп қойып біреуіміз күлеміз. Ышқырын ұстап тұра жөнелгенде бәріміз күлеміз, кезек-кезек жүгіріп, кезек-кезек күлістік. Жапа-тармағай жүгіретін дәрежеге жеткенімізде күлкіні әкеміз шорт тыйды: көп күлкіден тыю үшін көк қауынды шорт шектеді.

Күлкі шектелісімен орып жатқан бидайымыз да бітті. Бауға басып болысымызбен Абдырадағы Бағалдай дейтін сібенің жиылмай, қауіпке ұшырамай тұрған бидайы бар дегенді естідік те тағы көштік. Күлкімізді тауып берген Өндірқанға, жұлдырған қауынына рахметімізді айтып көштік.

Егіннің жиынтерін кезінде қыстық азық тауып алу бәріміздің көкейкесті арманымыз болды да, Бағалдай жаққа бар ынтамызбен бүлкілдедік. Екі ешкі де түйе болғандығына бұл жолы ұялатындай емес, дағдыланған ұлықты жануардың өзіндей-ақ еңсесін көтере заулады. Артқы екі «түйеміз» тіпті көтеріңкі, атан сияқты адымдай басты. Бұл екеуінің арқасында ыдыс–аяқтан басқа бақандай екі ағаш бидай бар, біз алшаңдамай кім алшаңдасын. Ұяттан айырылған «досымызды» іздеуді ұмытып та кеттік.

Сәулетті бақшаға оранған кішігірім қалашықтай үлкен қоржа алыстан асқақтай көрінді, Бағалдайымыз сол екен. Маңайы жасыл шалғындай жайқалып тұр. Оның дені апиын екенін өзіміз келе жатқан жол бойындағы апиын тақталарынан білдік. Ал қызыл, ақ сары гүлдері самсаған жасыл жапырақ күн нұрымен көздің жауын алады. Бағалдайдың бидайын іздеген адам, жазық беткейдегі ол «жәннетқа» баспай, шығыс жақтағы сары далаға – Сібеті жаққа тура тарту керек екен. Біз де қиырлап шығысқа тарттық.

Киіз үй, жер қопын, шөп күрке, балаған аралас бірнеше үй отырған оймауытқа күн бата жеткенімізде, Бағалдай егіндігінің шеті осы екенін естідік!. Бәрі бейтаныс көрінген соң шеттей қоныстануға тура келді. Әкеміз «жуңтуын»1 сұрап арғы шеттегі бір киіз үйге кетті де, басқамыз қисая-қисая қалдық. Сол киіз үй жанындағы арбаны қоршап, қияр жеп тұрған жігіттер бізге үнсіз қарасып қояды. Тегіс гранат лақтыруға бұйрық алған бір топ әскерше, бір кезде бізге қарай қиярды жаудырып кеп жіберді. Тозып кеткен құмдауыт жұрттың тозаңы аспанға көтерілді. Шаңның ортасында қалдық. Қияр жерге түсе быт-шыт болып лайша шашылып жатыр. Таңдайымыз кеуіп келген біз бір түскеніне бір қарап қойып тамсанып жата бердік. «Гранатшылар» киіз үйден біреу шыға келгенде қоя қойды да, ол кіре бере тағы жаудырды.

– Япырмай, мыналар не деген әулекі, – деді шешем, – жарым арбасын лақтырып тауысты!

– Әулекі емес, жеңеше, – деп Бигелді түсінгенін айтты.

– Киіз үйдегі жуңтуынан ұрлап тақтырып тұрмай ма, шөлдеп келгенімізді біліп, жаны ашып тұр.

Биғазы арт жақтарындағы екі қопының арасынан кірді де, біреуінің ұстатқан дорбасын ала қашты. Бигелді сол бір топ жігіттің берген қиярларына емес, пейілдеріне қуанды.

– Жарайды!.. Осындай жігіттермен бірге істесе мұның ішінде талай Нұрғазы бар-ау шіркін. Бірауыздылықтары байқалып тұр!..

Бигелді бұларға қосыла алмады, бидай егіндігі әлі алда, жуңтуы да басқа екен. Біз таңертеңіне тағы көштік. Бір қыраттан асып қарағанымызда кешегі бір көрген «сары дала» күн нұрымен көз қамап, таяудан көрінді. Қара жолмен шұбыра жөнелдік. Алдымыздан құйындатып келе жатқан төрт-бес салт аттыны көрген әкеміз бізге жолдан шеттей жүруді бұйырды. Артындағылары далбақтап қанша шапқанымен алдыңғы қарагердің жорғасы шалдырар емес.

– Мынау – Бағалдайдың шауиесі болса керек, – деді әкем, – әлгі ауыл бұл сойқанның келетінін кеше естіп үрейленіп отырған.

Бигелді жүгін қоя салып әскерше қалт тұра қалды да, түндегі жігіттерден естігенін айтты.

– Кіші шауие болса менше тұра қалыңдар! Осылай құрмет білдірмесе, сабап кетеді дейді! Екі ешкіден басқамыз қатарға келіп Бигелдіше қақия қалдық.

– Ей, ұрымысыңдар, қайтыңдар! – Шауие осыны айтып арс ете түсті де, екі ауыз сөзі біткенше құйғытып өте шықты. Осындай «әдемі» сөз шыққан ауызы толы алтын тіс екен. Арс ете түскенде жарқ ете түсті. Жүзі де, көзі де қып-қызыл күрең құтырғандардың құдайындай тізгінсіз, тым асқақ бейнесін бір-ақ ақтарып өтті.

– Мынау мас па?! – деді шешем, әкеміз бір күрсініп алып, жүгін қайта көтерді.

– Бұл өңірдің лауиесінен кейінгі кіші құдайы осы!

–«Қайтыңдар!» – деп кетті, орақшы керек емес болғаны ғой!

– Жоқ, бәйбіше “құдай болғанымен мына қалың бидайының не күйде екенімен, оны кім оратынымен ісі жоқ “құдай” бұл. Оның жуңтуы біледі, соған сөйлеселік!

“Лаулие, шаулие” деген терминдерді күбірлеп айта ілестім мен. “Үлкен ұлттық дәреже” деп түсініп едім, мұным кемірек түсінік екен. Кейіннен ұқсам, “үлкен баба”, “кіші баба” деген сөздер болып шықты. Демек, жер иесінің осы құтырған ұлы бұл өңірдегі халыққа “кіші баба” аталғаны ғой!.. “Үлкен бабасы” – Бағалдайдың өзі! Түп мағанасында “жаратушы ие” дегенге саятын осы бір дәстүрлі сөз ханзу тілінде “мырза” дегенде ғана жеп-жеңіл айтылады екен. Құлшылық психологиясының бұл елге апиыннан да тереңдеп сіңгенін айнадай көрсететін осы атауларды жаңа келген біз де жеп-жеңіл көрдік. Олардың өз атын білетін бұл өңірдің жергілікті халқы осылай атап жүргенде, білмейтін біз қалай атармыз.

Бағалдайдың қатарында Доғалдай дейтін бір шонжар тағы бар екен. Бұларға “жаратушы ие” болардай құдіреттің қалай біткенін “Қалдай” деген сөзден іздеп таптық: он сегізінші ғасырдың соңғы жартысында жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, Жоңғарияға келген мәнжу армиясының жүз басылары бұл жерде “Қалдай” деп аталыпты да, бұл қалдайлар мансабын пайдаланып, маңайындағы жердің бәрін тартып алыпты. Сөйтіп, жер иесі болған мықтының жергілікті егіншілерге жер тәңірі аталуы қиын ба. Бағалдай – солардың бәрінің мұрагері. Шынжаңда Ян-Жин үкіметінің дәурені өтіп, бұлардың қалдайлығы қалса да, қрс етері қалмаған сияқты. “Лауие”, “шауиелігі” бұрынғы қалпында екен.

Біз осы “тәңірдің” егіндігіне келдік. Шауие Лауиенің кіші ұлы екен, “үлкен Шауие” деп аталған үлкен ұлын көрмедік те, “кіші Шауиенің” әлгі бұйрығын тыңдамай келдік. Әкемнің айтқанындай болып шықты. Кең алқапты бір-ақ қаптаған сары бидай сары мұртты қазақ жуңтуды қатты састырған көрінеді. Келген адамды “ағашына ағаш” нарқында оруға талғамай қабылдап жатыпты. Ораққа келген басқа жалшылардың жолымен біз де жер үй қазып алдық. Төбесін шөп – шаламмен жаба салып бидайға кірдік. Орақшы қанша көп болғанмен, бидайдың ол шеті мен бұл шетіне көз жетер емес.

Жуңтудың өлшеуінше әр ағаш бидайдың орны Өндірханның ағашының орнынан екі есе көлемді екен. Екі ағаш тұқымның орнынан бір ағаш бтдайға отырғызудың амалын солай тауыпты. Айдаһардың алдына келгенімізді, оның егіні айдаһардың өз ұзындығымен өлшенетінін біле қойдық. Күніне “бір ағаш” бидайдың орнын түсіреміз деп кіріскен әкем мен Бигелді екі күнде әрең орып болды. Екеуінен төгілген тер айдаһар таңдайына жұғын болмаса да таңдап сайлаған жуңтуы – сол терді тажал ауызға тамыза беруге құмар Қызырхан дейтін ең жарамсақ пендесі екен. Айдаһарға еңбекші қанын ішкізіп, жағып сонысымен оған қыдыр болғысы келген Қызырхан ешбір орақшыны аяйтындай емес, төселген әрқандай мықты орақшы күніне үш шың1 бидай түсіре алмай қалғанын айтып зар қағып жүріпті.

Орақтың табысына сүйенуге болмады. Әкем мен Бигелдіден басқамыз түгел масақ теруге аттандық. Есі дұрыс орақшы мұндай нарыққа дұрыс ора ма? “Сақалына қарай іскек” қолданып шапқылай беріпті. Орақшыдан масақшының табысы өнімді көрінді.

Жорғасын құйғытып Шәуие келсе де, егін басына келмейді екен. Жуңтудың үйінен аттанып жүрді. Бізге дүрдигенімен жуңтулықтың да бейшара мансап екенін байқаймыз. “Көл қорыған қызғыш” жас тоқалына қызғыш бола алмапты. Қожасы келіп орнына төнгенде, жуңту орақшыларға барып түнеп жүрді. Ал шауие жоқта, әрине, өзі шауие ғой, бір күні бір орақшының жас әйеліне де шауие болғысы келіпті. Бірақ, одан жолы бола қоймағаны әшкере бола қалды.

Біз жуңту үйінің алдыңғы жағындағы бидайы тасылып босаған аңыздан масақ теріп жүрміз, жуңтуң жер қопындардың арғы шеткі біреуіне барып кірді. Күзеннің айғыры кірген індегі күзенше шаңқ-шұңқ етіп бір келіншек шыға келді де, жуңтудың киіз үйіне қарай жүрді. Сымбатты келіншек жуңтудың ақсұры сұлуын сылаңдата жетелеп шықты да, өз үйіне тартты. Сары күнмен шаңқиған сағымды даланың ыстық аңызағы оның айтып бара жатқан шағымын бізге де анық жеткізді, бәріміз де қарай қалдық.

– Анауыңды тыйшы!.. Жақсылықша айтқаныма қояр емес! Күйеуіме сусын апарып берейін десе... жібермей қылжақтайды. Біз ондай кәсіптің адамы емеспіз! Сен тұрғанда несі бар бізде! Ирелеңдеген ұзын сары жуңту жер қопынан бүкшең қағып шыға жөнелді де, қиыстап орақшыларға қарай тартты. Әйелі жедел басып соңынан қоса сөйледі:

– Тоқташы, ей, тоқташы! Мен жетпей жүр ме едім!..

– Үйге бар! – деп ақырып қалды жуңту, – өшір үніңді!

– Өшірмесем қайтпексің, неше рет кешірдім сені!.. Құтыруын!..

Ері ұзап кеткенше қарап тұрған ол, құйғыта қайттты да үй ішінің ту талапаын шығарып сыртқа шығарып берді. Есіктен табақ та, тас та, екі-үш шыны да атылды. Ақырында сыртқа өзі атылып шығып, жер ошақтағы күлді шашты. Өшпеген шоқтар да қып-қызыл болып, желмен ұшты.

Жер үйлеріміздің үсті қалың шөппен бастырылған еді, біздің қопын мен жуңту үйінің арасындағы бір қопын – ауру кемпірдің қопыны болатын. Көтермеге айналған екі кішкене жетімі жерді жөндеп қаза алмағандықтан, жарым–жартылай шөп күрке болып шошайып тұрушы еді. Бізбен бірге масақ теріп жүрген ол екі жетім жіліншіктерін шидитіп тұра жүгірді де, күркелері жаққа сұлу келіншек шашқан шоқты су құйып өшірді.

Масақ теріп күн көруге келген жетімдер ашуға мінген жуңтудың жуңтуына жөн үйрете алмады. Шешелері неше күннен бері шыға алмай күркесінде жатқан. Сыртта келі түйіп, көжелік бидай шаншып тұрған біздің шешеміз келіп от жөнінде “келініне” ептеп қана басу айтып шаққандай болды. Түлкідей жарау сылаң нақтылы көкжалдың өзі екен. Басылғаны сол, кешке жақын жуңту қайтқанда тіпті құйындатты. Біз есік алдында кішкене қырманымызға жиған-терген масағымызды жайып, жабыла таяқтап, тоқпақтап жатқанбыз. Әр күні кешке жақын бүкіл ауыл сатырлатып осы кәсіппен болатын. Пулеметше үздіксіз тақылдап біріне-бірі ұласып кететін “осы соғасты” жуңту үйіндегі соғыс басып түсті бір кезде. Жуңту мен жуңтудың жуңтуы шаңқылдасып-шартылдасып кетті де, ащы бажылы көтерілді. Бажыл шаңқылға, шаңқыл бажылға айнала берді.

Ымырт жабыла орақшылар қайтқанда ғана бұл соғыстың демі ішіне тартылған болды. Сөйтсе де үй ішінде аяқ-табақтың, қазан мен қақпақтың шарқылы тоқтамай, бізге әр күні-ақ естіліп, шашылған күл де бұлттай қаптап оның ішінен нажағайша жарқ етіп шоқ та көрініп қалып жүрді. Жуңтудың жуңтуының аяқ-қол ашуы тоқтайтындай емес, өйткені, Бигелдінің мөлшерінше: “жуңтудан алар есесі, қайтарар өші қайтпай” жүрген сияқты. Баратын ауылы да, көретін аруы да көп кіші шәуие бұл “соғыс” басталғалы келмеген. Ішқұста болып жүрген жуңтудың жуңтуы тыпырлап жортып егін аралап та кетіп жүрді. Бірақ, мына орақ кезінде оған көз сала алатын тың тұяқ жігіт егін арасынан табыла қояр ма. Бекер кезіп, бекер қайтып жүрген сияқты оны келе салып тағы күл шашуынан, тағы да ыдыс-аяқтың шырылдауынан білінеді. Есігінің алдына бара қалған ешкінің таяқ жемей немесе мойны бұралып бір бақырмай қайтқанын көрмейтін болдық.

Бір күні түс уақытында біздің кәрі ешкінің де мойны бұралып, бақырып жіберіп қайтқанын Бигелді көріп күлді:

– Текесі емес қой, ешкіде не кегі бар екен мұның!

– Осы сөзді өзіне мен барып айтайыншы! – деп қалған Биғазыны шектеді ол:

– Сен үндеме оған, “айғырмен ойнаған ат арқасын алдырады”! Қысып жүр!

Бірақ, Биғазы “қыса” қоймады. Жуңту үйінде жоқ еді. Түстен кейін масаққа шығысымен бір топ ешкіні солай қарай айдап барады. Жуңтудың жуңтуы үйінен шыға келіп, бір ешкіні ұстап алғанда артынан Биғазы жетіп қалған болатын:

– Жеңешетай-ау, мынауыңыз теке емес, ешкі ғой, мұның жазығы не! Текенің ғана мойнынан бұраңыз!

Жуңтудың сұлуы сықылықтап күлді де, ешкіні қоя бере салды.

– Айран ішемісің, ей, шөлдеп келдің бе?! – деп жұмсара қалды Биғазыға, – үйге кір!

Жан-жағына қарап қойып, Биғазыны үйіне кіргізіп әкетті.

Биғаділ екеуміз масақты қойып сол жаққа қарай бердік. Айран деген сөз естілген соң біздің де аңсарымыз ауа қалып еді, Биғаділ барайық деп, бірақ ұялып отырғанымызда, Биғазы шыға қашты сол үйден. Артынан іле келіншек те шығып қарап тұрып қалды:

– Ей, мен сені жеймін бе, ей?! – Биғазы алды-артына қарамай қашып, біздің қасымызға келді.

– Жүр, жүріңдер, алысырақ барып терейік.

– Не болды, неге қаштың?! – Біз соңына түсіп сұрай бердік.

– Не болды, Бақажай! Нешік, неге қаштың?

– Бір шыны айранын ішіп алдым, басқасын сұрама! – деп ол күле берді. – Текесінің өшін менен алмақшы болды!

– Сенің де мойныңды бұрады ма! – деп еді, Биғазы тіпті қатты күлді. Не болғанын айтпады. Текесін де, текеде не өші барын да, текенің өшін ағамыздан қалай алмақ болғанын да түсіне алмай-ақ қойдық.

Жуңтудың жуңтуы үйінен бір кіріп, бір шығып, әр нәрсесін бір лақтырғанын көріп жүре бердік.

Бізбен бірге масақ теретін екі арық жетім іш ауруымен қабат құлап, екі-үш күннен бері шыға алмай қалып еді, сол күні кешке ауру шешесі күркеден зарлап шыққанын ести қайттық, кішісі өлген екен. Орақтан арып, шаршап қайтқан Бигелді мен төрт жігіт оны жерлеуге кеткенде, ауруына аналық күйініші қосылған шешесі есік алдында көз жұмды. Бебеулеуі бүкіл ауылды егілдірген аса аянышты үн мүлде өшті.

Бұл үйде енді жалғыз ыңыранған ауру баласына кемпірлер шеше өлімін естіртпей, ақшамда үй сыртына арулап, оның бетін жауып қойып еді. Ол мәңгілікке тынышталса да, зар үні мәңгілікке қалғандай, құлағыма үздіксіз бебеулеп түні бойы естіліп жатты, ұйықтай алмадым. Ар жағында ерлі-зайыпты жуңтулардың боқтық айтыстары, алыс қопадағы өрескел мақұлықтың жиренішті қорсылындай тыңдаусыз қала берді де, өлер алдындағы ананың үзіле шыққан дәрменсіз зары ғана естілді. Мүлде тынғаны анық бола тұрса да, сол үн құлағымнан кетпеді. Шегіне жеткен күйініштің дәрмені қалмаған тіршіліктің аянышты үні үзіліп-үзіліп барып түн бата тоқтап қалып еді. Сол күйдің ең мұңлы жалғасын енді үнсіз ғана, ішінен шертіп жатқандай сезіледі, сезіліп қана емес, “анық” естіліп жатты.

“Өліп қалсам менің шешем де осылай өледі-ау!.. Қартайып, қажып бара жатқан әке-шешем өлсе, қайтып қалар екенмін! Мен де анау ыңырсып жатқан Тұрсындай боламын ғой!.. Жоқ, әке-шешемнен айырылып, тірі қалмау жөн екен”. Мен осы ойдан қатты қысылып терлеп кеттім. Қолымды Биғайшадан асыра созып, шешемнің жазық маңдайын сипадым. Қатты ұйықтап жатыр екен. “Әке-шеше өлмесеші!.. Өлмеуге шара жоқ қой бірақ! Менің де әке-шешем қартайып, арықтап кетті ғой, өледі ғой!” Онан сайын қысылдым, тер бұрқырай түсті. Биғайшадан асып түсіп, шешемнің қолтығына тығылдым.

– Қабыкенбісің?! Терлеп кетіпсің ғой, не болды, жарығым, қорықтың ба?!

Мен шешемнің басын бетін, омырауын сипалай түстім. Таң бозарып қалып еді, әкем мен Бигелді оянғанда сол шексіз қамқор құшаққа тығылып жатып ұйықтап кетіппін.

Орақшылар ерте кететін. Бүгін қайтыс болған кемпірді жерлеуге түске жақын қайтып келмек болып кеткен екен. Біз масаққа шайдан соң шықтық. Былай шыға бергенімізде түлен тұтып жүрген жуңтудың жуңтуы күлді. Тағы бұрқыратты. Жел оңтүстіктен – сол үй жақтан еді. Сұп-сұры тозаң біздің қопындарды басып өте шыққанда, орақшыларға шай әкетіп бара жатқан шешеміз біраз кідіріп, қарап тұрды да кете берді. Біз аулағырақ аңызымызға жетіп жайылдық.

Бір келдек тергенімізше болған жоқ, ең сорлы күрке лап ете түсті, тұра жүгірдік. Жоғары жақтан орақшылар да жабыла жүгірген екен. Қызыл жалын жалақтап маңайында шулаған әр әйелге бір ұмтылады. Әйелдер де тұс-тұстан ұмтылып барып, қашып жүр. Лаулаған күркеде түн жамылып жатқан бала, сүйегі ғана қалған шидей қолымен жан-дәрмен басын сипалап, шыр ете түсті де, тонына тығыла тыпырлайды. Өрттің рақымсыз тілі сумаң қағып тонның іші-сыртын бірдей жайқайды. «Бұл үйде тағы қалған біреу бар еді, қайда жатыр?!» дегендей лап қойып, жер тағанына жете жалап-жұқтап барып тына қалды. Қураған шөп-сабанды жалмап болған жалын тілі тез жиылды. Бырыса-тырыса тулап жатқан тонды бір кемпір құшақтап ала қашқанда орнын күрке төбесінің қозды күлі бір-ақ басты. Бала тірі екен, күйген тоннан тез шығарылып, аруланған шешесінің шапанына жатқызылды. Оның шашы мен қас-кірпігі үйтіліп, қол-аяғы жалынға түгел шарпылыпты. Есіретін де, таласатын да жаны қалмаған екен, басын көтере алмады. Жылауға дәрмен сұрағандай, әркімге бір-бір қараған көзі шешесінің сұлық жатқан мәйітіне түсіп еді, күрсініп жіберіп соза-соза ыңырсыды. Тапқан медетімен жылауға жиған әлде, әл-дәрмені осы ғана еді. Көзінен дым шығара алмады. Ыңырсыған үні шеше мәйітінің қасында тұрғандарға да жетпей, өше қалды, біржолата өшіпті. Үңіліп барып өксіп-өксіп қалған маған қарап еңіреп жіберген Биғаділдің ғана үні жеткендей, көпшілік шиқ-шиқ етіп, солқылдасып алып көздерін сүрткіштеді.

– Бірге жүрген құрбылары ғой, қайтсін! – деп жаласты.

Бір үйлі жанның бұл апатқа жоқтау айтар ешкімі қалмады ғой. Көпшіліктің көз жастары үнсіз, дауыссыз ғана жылжыды. Жерге тырсылдамай тамды. Сондықтан бір күннің ішінде алып болған пенделерінің жайынан құдайдың өзі де бейхабар болса керек. Сарылып жатқан сары далаға бұрынғысынша шақшиып күні тұрды да, бұрынғысынша мелмірейіп аспаны тұр. Мазақ күлкінің лебіндей жағымсыз аңыздағы мағынасыз сыбырлап, қоздыра түскісі келгендей өртенген күркенің күлін түрткілейді. Қоламта көзін жылт-жылт еткізеді. “Бұл үйдің жандарын керек етіп алмай, сірә ерігіп отырып, жұла-жұла салғанын” құдайдың өзі де сезбей қалған сияқты. Егер біліп отырып саналы түрде алды десек, бейуаз жесір-жетімдердің бірін қалдырмай, осынша көзігерлік не жазығы бар еді, әділет қайда?! Анау тентектерді, айлакерлерді, күштілерді, сұлуларды бір сөзбен айтқанда – өнерлі сойқандарды неге алмайды?! Күнәлі де солар, жілігі татып керекке жарайтындар да – солар емес пе! Данышпан жаратушылар мұншалық мағынасыз іс қылмаса керек еді ғой. Ия, құдай тағала бұларды керек еткендіктен алған жоқ, тіпті сезген де жоқ.

Киіз үйдің көлеңке жағында бізді тамашалағандай қарап тұрған сұры келіншек түсті көзіме. Қолдарын санымен айқастырып қолтығының астына тығып алыпты. Қысыр жыландай бұралып қылымси қарайды өзі. Бұл қазаға оның ортақтығы жоқтай, не істеп қойғанын сезетіндей емес, еріккен құдайдың ерке періштесіндей. Мынау аянышты қазалар мен жылаулар жұлығына да келмейтіндей, бір аяғын созып тастап, селкілдетіп қояды. Табанымен жер сипап, тарпып-тарпып қояды. Жуңтудан өші қайтпай, тағатсыз талпынып тұр. Әлденені іздегендей жерлеу қамында жүрген әр жігітке бір қарайды. Басқа әйелдерден қамы да, жаны да, сезім – күйі де басқаша екенін байқаған кемпірлер қарап қояды оған.

– Анау салдақы көрмеге қойылған ба!

– Өзінің тауып берген “ойынын” көріп тұр!

– Билеп тұр өзі! – деп ақырын ғана күбірлесті әйелдер.

Бір кемпір күйініп кетті білем, үні қаттырақ шықты:

– Күйлеп тұр! – деп жіберді.

Өртенген күркенің желке жағында жүресінен отырған жуңту естіп қойды ма екен дегендей жалтақ-жалтақ қарасты әйелдер.

– Өртеген сол, – дедім мен шешем келіп жетектей жөнелгенше, дәлелін де айтып салдым, – от шашқан жері әне!

Шешем мені үйге кіргізіп, оны ауылдың бәрі білетіндігін, пәлеге қалмайық деп үндемей жүретіндігін айтып шықты.

– Сен ол туралы сөйлеме, жуңту естіп қойса үлкен қырсық бізді шалады!

Күштінің қылмысын айту – күн бермес қылмыс болатынын ашығырақ түсіндім де, далаға шыққанда қорқа шықтым. Дауысының бәсеңдігімен бұл жолы аман қалғандығымыз байқалды. Жуңту естімеген көрінеді. Маған қараған жоқ, орақшыларды асықтырып отыр екен. Аналы-балалы мәйітті өз киімдеріне оратып жаназасын тез шығартты да, төрт жігітке көтертіп жөнелте салды.

Кеше кештегі жерленген баланың қасына осы таңертең шешесі де, ағасы да барды. Шөп күркеден жер үйге көшіп кіргендей, қайтадан бір семья болып бас қосты. Жуңтудың жуңтуы енді өртей алмайтын қауіп-қатерсіз үйге кіріп алды. Аңызда терілмеген масағы ғана қалмаса, жер бетінде олардың енді қарайлайтын еш нәрсесі қалған жоқ. Орындарында күл ғана жатыр!..

Күл шашушы қатыннан енді біз қорқа бастадық. Беделді бір адам барып, от шашпауын оның құлағына еппен ғана құйып шығу керек еді. Шешеміздің өзі де әйел болғандықтан оған деген бедел–абыройдан, әрине, мақұрым. Әкем шал болғандықтан ол кісінің де беделі өтпеуі мүмкін. Биғазы қу кеше ғана айранын ішіп ап қашқан, әрі бала ғой, онда қаншалық бедел болып жарытар дейсің. Бигелдінің сырт тұлғасына қарағанда бедел-абыройы мығым болуға тиісті еді, бірақ беті шұп-шұбар. Оның үстіне қатты жүдеп, арықтап жүр. Сонда да дипломатияға сол кетті. Телеграмма бағанасындай құлап барып, жуңту есігінің маңдайшасына сүйене қалды. Жуңту үйінде жоқ кез еді.

– Жуңту бар ма? – деп саңғырлады ол. Үйдегі әйелдің сөзі естілмеді, – арыз, өтінішім бар еді... Дәл қазіргі өтінішім біреу-ақ... Ораққа кетейін деп асығып тұрмын, рахмет! Мына өрттен қорқып қалдық, енді сақтанайықшы, сіз де, біз де күлді бет алды шаша салмайық! Жоқ, олай болса күліңізді мен-ақ төгіп берейін, мен келгенше қозғамаңыз! Шашады екенсіз! Жоқ, тіпті бұқадан да қиын көрінесіз! – Әйелдің шаңғырлай күлгені естілді де, сөзі тағы ұғылмай қалды. Ағамыз бүкіл ауылға жар салғандай саңғырлап-ақ тұр. – Рас қорықтық. Иә, жуңтудан тіпті қорқамыз…

– Жасыратыны жоқ, рас-ақ тіпті қорқамыз. Біз бәрінен де қорқатын адамбыз. Не десеңіз де сіздікі жөн, бірақ, сіздің де батырлығыңыз белгілі болып жатыр. “Қатын ашуланса қазан қайнатады” дегендей ашуыңызды от пен ешкіден қана алады екенсіз. Мақұл, мақұл, бірақ, күл шашпаңызшы.

Епсіз адаммен жүретін Бигелді ауыр кетпен мен шалғы орақтан басқаның бәріне епсіз еді. Жігіттігін тіпті ескермейтін де. Байқауымызша, бұл реткі келісім сөздің алғашқы тармағын ғана орындады: бір рет кешінде ертерек қайтып, бір рет әдейі барып “жайдарының” күлін төгіп берді. Ұялту үшін бір тозаңын шығармай төгеді де, ыржақтап тағы күліп қайтты, оның не деп күлдіретінін ұқпадық.

Сол екі рет күлін төгіп, үш рет күліп қайтқанынан басқа нысай көрінбеді. Түні бойы ыңыранып ұйықтап, таңертең құзғын сәріден қиралаңдай жөнелетін, кешнде белін әрең көтеріп қайтып, тағы ыңыранатын Бигелдіде басқадай әрекет болуы да мүмкін емес еді. Әйтеуір жуңтудың жуңтуы шаңқылдаса да күл шашпай шаңқылдайтын болғанынан секем алды ма екен, жуңтудың қабағы Бигелдіге тым суып кетті. “Шапағатсыз” қара келіншектің күйеуі оның ең суық қарайтын нысанасына бұрынырақ айналған. Сол суық қабақ бір күні кешке ызғарын бүкіл ауылға шашты:

– Қаңғып келіп тойған соң тірілген екенсіңдер, басынып үйіме қылжақтауға жеттіңдер! Сен қайыршыларды тойғызғаным үшін енді өрт қойған, адам өлтірген құныкер болып шықтым ба!... Не былжырып жүрсіңдер, әкеңнің!.. Көремін әлі!..

Жиған масағын тоқпақтай, пытырлатып жатқан ауыл тына қалып еді. Қара келіншек бастатқан бірнеше әйел, шу ете түсті:

– Біреудің үйін басынатын кім! Сенен басқа ерігіп жүрген кім бар осында!

– Орақшылар кетісімен үйден үй қоймай аралап қылжақтайтын кім?!

– Өзіңе-өзің сенімді неме болсаң, басқадан күдіктенетін нең бар!

– Әркімнің соңында текеше бақылдап жүрген өзіңнен басқа кім?

– Өрт қойған кім?! Неше күн бойы түтін түтете алмаған бейшара жетім, өз үйінің өртімен өртенді ме?!

– Өртіңді шектеу үшін біреу күліңді шығарып көміп берсе, күнікейіңе қылжақтағаны болмақ па?

– Үй, өзің тағы бір үйдің өртенбегеніне ашуланып тұрмысың, қай боқтауың бұл!..

– Әкемнің шектеуімен біздің үйден ешкім сөйлемеп еді. Көп қылжақтауы әшкерленген жуңтуға алау ұшқаны өзін шарпыған “жуңту” артынан келіп шаңқ ете түсті:

– Кім қылжақтапты маған, қылжақтаса қайтпек едің! Қылжақтауға сені қана қойып па еді!.. Елдің бәрі сен үшін қатын алып па! Басқа да бар!

“Үйден шыққан жау жаман”, жуңтудың бар ашуы өз үйіндегі жауға ауды да, шапалақпен салып жіберіп, оны үйге кіргізіп әкетті.

“Көш, жоғал” деп ешкімге айта алмай кірді. Бір қаупіміз сол сөзде еді. Орма аяқталып қалса да, масақ табысының ең қызулы кезеңде көшуден жаман жаза бар ма? Жуңтудың үйге кіріп бара жатқандағы сөзі өз шиқанын өзі жұлуға ауды:

– Қылжақтауға қатынға жол бар да, байына жол жоқ екен ғой!.. Әкеңнің... Міне!.. Бәріне қылжақтаймын қайтесің! Міне!

Жуңтудың батыр жуңтуы бұл жолы бажылдамады, жуңтудың жанды жерінен бір-ақ бүргендей болды.

– Ей, енді қысқарт! Кімнің арқасында жуңту болып едің сен!... Кімнен күндеп жүрсің!… Шауиеге бар ұрлығыңды айтамын, қанекей, енді қол тигізші!

Осы сөздерден жуңту сылқ ете түскендей болды, дыбыс шықпай қалды, содан табан бес күнге дейін үн шықпады бұл үйден. Бидайдың өріліп бауланып болғанын естіп, бір күні түсте келген Шауие кіргенде ғана күлкі үні естілді.

Жуңту өз жаратушысымен біраз сөйлесіп жарылқағандай жайнап шықты да, бау тасуға келген көп арбаға қарай тартты. Үй іші тіпті жарылқағандай жарқылдаған мәз-ейрам күлкіге айналып жатқанда, ол арбаларға барып, нұсқау айтып жатты. Бау бидайдың мал қаптайтын алып шетін қоя тұрып, босаған орақшыларға азық болып кетпесін дегендей, ауылға жақынырақ жағын тез тасып әкеғтуге бұйырды. Кіші Шауие де бар бұйрығын үйде орындатып, жорғалатып ала жөнелгенде, жуңту да жорғалап ауылға қайта оралды. Босаған аңыздан масақ теріп жүрген біздің айдай қатқан жуңту үйіне кірмей, арғы шетіндегі үлкен жауы – қара келіншектің есігіне барып ақырындады:

– Көшіңдер!.. Бүгіннен қалмай табандарыңды жалтыратыңдар!

Қопыннан күйеуі мен қара келіншек шығып қарсы дау айтты:

– Орған бидайымыздың ақысын алып бір-ақ көшеміз!

– Ақыларың қанша еді сендердің?! Алты ағаш бидай ғой, солай ма?! Келгенде үйлеріңде бір уыс түйір жоқ болатын. Келгеннен бергі жегендеріңді есепке алмай-ақ қояйық, дәл қазір осы үйіңнен он ағаш бидай суырып аламын! Артық төрт ағаш бидайды қайтарып алмай тұрғанда көшіңдер!

– Мынаның масақ теріп тапқан бидайы ол,–деп күйеуі қасарыса түсіп еді, жуңту ақырып жіберді:

– Оны Бағалдайдың егіндігінен термей, жусан арасынан тердіңдер ме! Шәуиенің бұйрығы бұл! Қаптағыларыңның ұрлық екенін ол біледі. Ей, тұра-тұр, “масақтың бидайы жеуден аса ма” былжырамай жақсылықша көшіп жоғалыңдар!.. Әйтпесе айыбымен қоса алып тотитады сендерді!

Жуңтудың ақырысына ауыл үдере шығып қарап тұр еді. Мына сұмдығын естіп күңіренісіп кетті. Шақшырайған ыстық күн шыжғырып бара жатқандай біздің де танауымыз қусырыла түсті. Табанымыздан таусылып жүріп тергеніміз қара келіншектің тергенінен недәуір көп сияқты еді. Кішкене болсақ та төрт адам тердік қой. Бізге де қатер барын біліп қалтырап кеттік. Ең кемінде әкеміз бен Бигелдінің көп төгілген тері түгел селге кететіні белгілі болды.

– Бәрің де көшіңдер! Шәуиенің бұйрығы! – деп жуңту енді жалпыға қарай қаратты, – амандарыңда ың-жыңсыз көшіп жоғалмасаңдар, тапқандарыңнан айрыласыңдар!.. Күндіз түні тақылдатып жатқандарыңды Шәуиенің өзі естіпті!

Жуңту енді бұл шеттегі біздің үйге қарай аяңдады. Қара келіншектің үйінен кейінгі қас дұшпаны біз едік. Жер үйіміздің желкесіне тұра қалып, “талас жүрмейтін әділдік” сөзін қайталай сөйлеп шықты. “Әманында көшуді” әкемнің бұрыннан “жақсы” көретіні белгілі. Сөйтсе де іші ауырғандай түңіліп тұрып қалды да, шешеміз сөйледі.

– Көшеміз, бірақ ұры болып көшпейміз, балаларымыз ешкімнің ала жібін аттаған емес. Төменгі Өндірқан дегеннің егінін орып, алып келген астығымыз бар. Бар сүйенген қайратты екі адамымыз орақ орды. Төртеуміз масақ тердік. Далада қалатын дәнді теріп алғанымыз ешкімге зиян салғандық болмас деп тердік. Оны тартып алуға дәттерің жетсе ала беріңдер! Бірақ, масақ теріп берудің де ақысы болмай ма, есептеп көрейік! Және орған жеріміздің көлемін жұрт өлшеммен өлшетейік! Аманында көшуге талас жүрмейтін әділдік адал ақымызды жемесе болғаны.

Алқымнан ала түскен әділ талап жуңтуды бақыртып жіберді. Бірақ, арты күшті адам бақырса ақырғанынан да айбынды болып шығады екен. Жуңту ақырып ала жөнелді. Бұл дұспанынан жеңілсе, сыртынан тыңдап тұрған бар дұспаны желкесіне қона кетеді ғой. Және бұл дұспаны өртті шектеген, күлін шығару сылтауымен өзінің Күнсұлуына “қылжақтаған дұспаны” емес пе. Қалшылдап кетті. Қысқа сары мұрты тікірейіп, ұзын жағы қисайып кетті. Көкшіл сары көзі көптен-ақ қызарулы болатын.

– Масақ тер, ақы береміз деген кім сендерге! Егінді шауып шашып тастағандарың үшін айып төлейсіңдер! Жерді қайта өлшетуді қойып, Шәуиені қаралағандарың үшін қос айып төлейсіңдер. Үлкен ұлыңнан айыпты өзім аламын! Кәнекей, есептесіп көрейік!.. Жер бетіне сыймаған өңшең қаңғы-қайыршы, кім деп жүрсіңдер бізді!

– Кім екеніңді білдік, шырағым, – деді әкем, – жарайды көшелік! Шошқа да шошқаны жармаушы еді, сол құрлы болмағанымыз да! Адал ақы Алла ақысы ғой, бар екені рас болса, есесін қайтарыңдар! Қатындар есесін жібермейтін халық, оларды есептен жеңу қиын. Үй иесі мен ғой, мен айтайын: көлік тауып келейін де көшейін! Сен өзің бізді ұры демей қал, біз өзің айтқан “әманында” көшелік, тақылетіңе талабың лайық, сөзің дұрыс.

Тыңдап тұрған бірнешеуі күлді де күрсінді.

– Дауа жоқ екен! – десті сыбырласып. Жуңту артына жалт бұрылды:

– Көшіңдер!.. Немді тамашалап тұрсыңдар! – әнеукүні айыптаған қатындарға қарап, жағалата қыдырды сөйтіп. Үшінші, төртінші, бесінші дәрежелі... Тағы қылмыстыларға қиыстай қарап ақырып жүрді.

– Көлік тауып келейін! – деді әкем, – балалар терген дәннің жартысын берсек те Дөрбілжінге жетіп алайық енді! “Құтырғаннан құтылған”. Аманымызда кетелік!.. “Пәлелі к...е бармағыңды тықсаң, тырнағы ішінде қалады”, бәйбіше, бұған енді сөйлеме!

Әкем екі күн жүріп тайлықты түйе жалдап алып қайтты. Бұл екі күн ішінде мұрнымыздан шаншыла жүріп тергенімізді қосқанда табысымыздың жартысы көлік майына әрең жетті. Қоқыр-соқырымыз бен жиған-тергенімізді, Биғайша мен шешемізді арттық та, түйенің соңынан ешкіні айдап шұбадық. Дөрбілжінге көштік. Үшінші күнге жуңту қаратпай сол кеште түнделете шұбадық. Кеше қопынына қонжиып отырып, қара келіншекті көшірген жуңту бүгін біздің қопынның желкесіне қыдиып отырып қалды. Біз кетіп бара жатып, жуңтудың жуңтуы ғана “адамша” бір ауыз тіл қатқанын естідік:

“Агармари-шүркіл!”1 деп қалды ол Биғазы тұсынан өте бергенде. Тұзағына ілікпей кеткен ағамызды осы қалпақпен аттандырмай қалай аттандырушы еді. Рас, шүркіл ғой ол. Ұрлықпен жырғап жатқан ұрлық перілері “ұрысың” деп ақырғанында мойынсал болмаған әке-шешеміз де шүркіл тіпті, сол орақшылардың бәрі шүркіл. Бәрі еңбек ақыдан жазаланып қуылды. Қылмыссыз адам жазалана ма, қуыла ма? Жаратушы “иесі”, “нұрын” құйып жүрген күнәдан пәк жуңтулар отыр ғой әне қозғалмай. Бір-біріне қарар да емес, тұрмыс ләззәтына бөгіп-ақ отыр өздері. Осындай көп шүркілді қуғындау, осындай періштелерге ғана тән қасиет.

Әділетті “тергеушім”, қазір сіз мені “жын”, “шайтан”, албасты” деп айтасыз. Қандай табылған “атаулар”, сол кезде жуңту өзінің қас-дұшпандары – қара келіншек пен беделдіні жазалағанда, ал, жуңтудың жуңтуы Биғазыны жазалағанда, қылмыс фактісі бойынша кигізгені осы қалпақ екен. Сол қылмыстылардың туысқан бауырына бұл мұра қалпақ қазір қалай шақ келмесін!

Бесінші бөлім