Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Кылмыс 1 том.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.47 Mб
Скачать

Туған апан

І

Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Атым – Биғабіл, әкем – Жаппар ғой. Жаппардың әкесінің әкесі – Балпаң деген кісі, алыпсоғар би де, азулы бай да болған екен. Балпаңның Құрман, Бекназар, Құлназар, Байназар деген төрт ұлы болыпты. Құрман – тұңғышы, Жаппардың әкесі. Ол ерте үйленіп, қырық-отыз қоймен бір ат енші алып, төрт қанат керегелі отауымен бөлініп шығыпты. Қойдан қоңыр мінезімен, қоңыр күйлі домбырашы болған екен. Ондайға мал құралған ба, ұзамай бай інілеріне жалбарынды күйге түсіпті. Солардың астығын диірменге апара жатқанда түйеден жығылып, мерт болыпты. Қырық жасқа жетер-жетпестей ғана өмір көріпті.

Балпаңның байлығы қара шаңырақ иелерінде – кішілерінде қалған екен. Мал шаруашылығымен айналысатын халықтың жер-суы малға тиеісілі меншік қой. Мал қай жаққа кетсе, жер-су да сол жақта болмақ. Құрманның оншақты қойы жер-суға таласа алсын ба, «жетісі» мен «қырқына» жетпей құрыпты. Одан қалған кішкентай-кішкентай үш жетім, қып-қызыл борбайларын отқа қақтап отырып та қалыпты. Оның ішінде отқа мініп отырса да жыламайтын естиярлауы Жаппар екен. Ал, оның Айсапа, Нұрсапа дейтін інілері әкесі өлісімен-ақ қылмысқа кіріптар болыпты. Жылауық болып алыпты. Қасіреттен өлгелі жүрген шешенің құлағын ыңғырулап, миын шұқып жегендей күндіз-түні бебеулеп кеп отырады екен. Егін салмайтын малшы ауылдың балалары малдан айырылса, тамаққа жари ма! Оның үстіне бүтінірек киімдері де жоқ, оларға желді сүркей күндері қырық шоқпыт киіз үйдің көмусіз іргесі қандай айбынды. Тергеушінің қабағындай ызғардан қысылған кішкене қылмыстылар бүрісіп отқа тығылады екен.

«Қарның ашса от жақ», «тоңсаң от жақ!» – дейді екен шешесі. Тозған шүберекке тері жапсырудан қолын босата алмай отырып, төмен қараған бойы, жылағандарын осы нұсқауларымен жұбатқан болады екен. Бұл сөзді ұғарлық Жаппары отынға жүгіреді екен сонда. Он шақты тал шырпыдан ала, апыл-ғұпыл қайта жүгіріп кіріп:

– Апа, насыбайым тоңып кетті! – деп дірдек қағып, отты аяғымен көсеп-көсеп жібереді екен. – Аяғым ғой еш нәрсе болған жоқ. Бұтым!.. Маған шалбар тігіп берсең, отынды үйіп тастаймын!

Жастай әжім басып мейіздей семген Мейіз ана Жаппарының «көсеуіне» көзінің астымен қарап қойып, ауыр күрсінеді екен!

– Үлкен үйден бір қойдың терісін сұрап әкеліп, оған и жағып қойдым. Екеуіңе шалбар шығады.

Мұны естіген Жаппар жалаңбұттың қуанышы қойнына сыймай, далаға – отынға және жүгіре жөнеледі екен. Сөйтіп жүріп қылмысқа белшесінен батыпты: кіші әкелерінің қой–қорасының төбесі тесік-тесік болыпты да қалыпты. Оған жапқан бұта-шырпыларын шөкімдеп ұрлап тауысыпты.

Сөйтіп, отынмен азын-аулақ қамдай алса да, үйдегі азан-қазан құрсақ дауын кішкене Жәкең шешіп бере алсын ба? Мейіз ана өзінің иесіз үйінің жұмысын тастай салып, еріксіз жүгіреді екен де, бай қайындарынан жәрдем сұрауға кетеді екен. Қайындары ұялғандарынан азын-аулақ көмек етсе де «көмектің» ақыры Мейізді күңдікке айналдырыпты: абысындары кезек-кезек жұмысқа салатын болыпты. Оны істемесе, үйдегі күшіктері күн көрсетер ме! Жесір ананың өмірі үшін, дүниеде жас жетімдердей жауыз қылмыскер жаралмаған болса керек. Өйткені, олар қарыны ашқанда ананың жүрек-бауырын суырып, миын сорады ғой. Сөйтіп, Мейіз ананы күңдікке салушы – үйдегі үш қылмыскер. Бұлардың ең үлкені – менің әкем Жаппар болады.

Балқаш көлінің шығыс солтүстік жағында Тауқұм деп аталатын шағыл-шағыл құм болады. Біздің ата-бабаларымыздың қыстауы сонда. Оқшауырақ жерден қазылып, құм басып қалмауы үшін айналасына тал тоқып шегенделген таяз құдықтан біздің ауыл су ішеді екен. Сол құдықтан су алып дағдыланған Мейіз ана ернеуіне қатқан түйетайлы мұздың қатеріне қарамай, іңірде де су тасып жүреді екен.

Ақшұнақ аяздың шақылдап тұрған бір кешінде Мейіз ананың аяғы тайып кетіп, сол құдыққа күмп беріпті. Ет пісірім уақытқа дейін қайтпағанын еске алған адамдар жүгіріп келіп құдықтан үн-түнсіз жатқан Мейіз ананы көреді. Құдықтан әрең шығарысып, көтеріп үйіне әкелгенде ол шала жансар екен. Үш баласы үш жағынан жабысып шуласа да үні шықпай үзіліпті. Әділетті «тергеушім», ақ-нақақты адамзатта сіз ғана айырар деп сенемін. Осы үлкен шешемнің өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей рақымсыз ызғарлы күйінде кетуін қарашы, не деген тасбауыр еді! Кішкенелерін есіркемей, тым болмаса маңдайынан ақтық рет бір сипамай, бір жібімей тас болып қатып, панасыз, иен құмға тастап кетуін қарашы!.. Неткен рақымсыз қылмыс.

ІІ

Қорғансыз қалған үш жетімді қолдарынан жетелеп, үш әкесі үш үйге әкетіпті. Бұл кезде үш бай қыс қысыммен бір шұңқырда отырса да, жаздай жайылған үш ауыл екен.

Өздерінің мүсәпір суық лашығынан бай да, жылы үйлерге кіргендіктеріне қарамай, «әке-шешесін жұтып алған» бұл үш қылмыстының сойқаны тағы түгемепті. Үшеуі үш үйде жылапты. Неден екені белгісіз, бай үйлері өз үйлерінен де кедей, өз үйлерінен де суық, өз лашықтарынан айтуға тіпті тіл жетпестей тар көрініпті. Бірін-бірі іздеп тұра-тұра қашады екен. «Жәкетайымның қасына барып қайтайыншы» деседі екен. «Жәкетайы»: «Нұркештің қасына барайыншы!», «Айкенмен бірге жатайыншы» деп жалбарынады екен. Мұндай күнәлі жалбарынуды кім тындасын. Асырап алған шешелері «жат» деп жұлқып әкеліп, ауыз үйдегі әлде бір малайдың қойнына тыға салады екен.

Жәкең сонан соң сыбырлап қана малайға жалынады екен:

– Ағатай, мен ақырын барып қана көріп келейінші! Сен үндемесең, төр үйдегілер білмейді ғой!

Малай да сыбырлап жұбатады екен:

– Сен қазір барма, ана үйлер жатып қалды, күндіз ойнаған болып барып көр!.. Түнде жүрсең қасқыр жеп қояды. Содан соң кіші әкең мені өлтіреді.

– Ағатай, кішкенемін ғой! Түнде қасқыр мені қайтып көреді. Ал, күндіз болса, мыналар көріп қояды.

– Қасқырдың көзі түнде шам сияқты жарқырап кетеді, битті де көреді.

– Олар бит жей ме?

– Жоқ, қойды бит сияқты сығып жейді.

– Аузы үлкен бола ма?

– Үлкен болады. Әрбір тісі атаңның асасындай болады.

– Кеше кіші апам мені сол асамен бір салды. Қиын қатты екен. Басым ісіп кетті, міне, міне! – Малай оның басын сипап көріп, кеңк ете түсіпті де құшақтап қатты қысып, арқасын сипалай беріпті. Сол түннен бастап Жаппар сол Малайға бауыр басып, сонымен бірге жатып, күндіз де соны маңайлап жүретін болыпты. Бұл малай Жаппардың атасы – Балпаңмен бір туысқан Майлы деген кісінің баласы – Құйқа еді.

Жаппар бір қылмысты Құйқадан үйреніпті: Айсапа мен Нұрсапаны көру үшін Құйқаның үйреткен әдісі бойынша жүретін болыпты. Бірақ, бір-екі реттен кейін бұл қылмысы да әшкере болып қалыпты. Інілерін бірнеше тамдардың сыртынан айналып барып, ұрлап көріп жүреді екен. Бір күні Айсапаның қасына енді жете берген Жаппарды «кіші апасы» аңдып барып шап беріп ұстап алыпты да, құлашын кере-кере бірнеше лақтырып, үйіне жеткізіпті. Іздеп баратын аға да, көре салып ұмтылатын іні де осы қорқынышты жазадан үн қоса бақырып, талай рет жылапты. Ақырғы бір ретте үлкендердің бірі көріп, әйелдерге ұрысқан болса керек, ол лақтыру жазасын тоқтатыпты да, желкеден ғана жітірмелете түйгіштеп, қалтарыстарда бір-екі ғана домалатып, ағаны бауырдан байбаламсыз ғана, шулатпай айырып әкететін болыпты. Мұндай епті таяққа епсіз бақырудың қажеті қанша, еппен ғана жылап айырылысып жүріпті.

Дегенмен, қылмысқа әбден кәніккен сұмдар ересек тартқан сайын көбірек көрісетін болыпты. Сөйтіп қылмысқа көбірек бататын болыпты.

«Тергеушім», менің әкем түрме тәртібін туа сала бұзған қылмыскер екенін осы тараудан көрдіңіз. Әділетті тергеуіңізге өзіңіз адалдық деп сенетін жауап бермесем, адам есебіне қоспай, «жын-шайтан» деп ақыратыныңызды, жендет шақыратыныңызды ұмытпаймын. Жаппарды сол қылмысы үшін кіші апасы өгей болса да өте жеңіл жазалапты. Тіпті жазаламапты деуге де болады. Бұл әділдікті сіздің қамқор түрмеңізден ғана көріп үйрендім. Сіздер аға-бауырларымен көрісіп қоюшыларды қан құстырмай, шонданайын үзіп шоңқайтпай тоқтайсыздар ма?! Неше ретте де жеңіл жазаланған Жаппар, жалпылдай ұшып қылмысын осылай үдете түсіпті. Сіздің әділетті тырнағыңызға түссе ғой, әлдеқашан өлетін еді.

ІІІ

Жаппар Құйқаға ертерек серік болған екен. Отынға бірге бара, су да тасыса жүріп, ақыры он жасқа шыға екі шелек суды дік көтере алатын болыпты. Сөйтіп, қыс күндері өзінің марқұм шешесіндей, сол үйдің суына бүтіндей міндетті болып шыға келіпті. «Кіші апасы» абысыны Мейіз тіріліп келгендей көріп, «әйтеуір құдыққа түсіп кетпесең болды» деп қояды екен. «Аяғыңа қалыңырақ бір шарық тіккізіп берейінші» депті бір күні есіркеп. Ол шарық тігушінің қолына тигенше кідіре тұрмай, «апыл-ғұпыл» қыс та өте шығыпты. Есіркеуді тасбауыр табиғат түсіне ме. Әйтеуір, Жаппар шешесінше құдыққа түсіп кетпей, құлдық міндетін қылмыссыз орындап шығыпты. Сөйтіп күн жылына келе қойға еріп шыға алатын да болыпты.

Құйқа «шүйкебас» алып күркеге ие болған кезде, Жаппар қойшылық міндетті деңгелек айналдыратын болып шыға келіпті.

– Саған да қатын әперемін депті кіші әкесі Бекназар бір күні шай ішіп отырғанда.

– Өр көкірек, аусарау сөйлейтін Жаппар онысына наразылық рай білдіріпті:

– Жоқ, әке, қатын деген немені қоя тұр! Құйқа ағаның қатыны сияқты күс аяқ күңді қайтейін. Көрсем-ақ қорқамын.

– Е, сен өзің де аяғыңа қарасаң болар, осы түріңмен ақ патшаның қызын алармын деп жүрсің бе!

– Ақ патшаның қызы қатын болмай ма екен! – дей салған Жаппардың сөзіне үй іші ду күліпті.

– Пырт, адыра қал! – деп кіші апасы ернін шығарыпты.

«Кіші апасының» аты – Кенжесары еді. Ол қушық бет, істік тұмсық, жыртық көз, қисық ауыз, шикіл сары қатын екен. Кезінде көрікті де ақылды бәйбіше үстіне келген Кенжесары осы өңсіздігінен құлдырап, тоқалдыққа түскені болмаса, аспансыған бай қызы екен.

Інілерін көргісі келіп барғандығы үшін өлімші етіп талай таяқтаған осы Кенжесарыға есейген сайын Жаппардың өштігі қозатын болып қалыпты. Ернін шығарғанына тағы бір қарап қойған Жаппар оның «сүйкімді» бетіне қараудан көрі пайдалырақ пікіріне көшіпті:

– Әке, қатынды қойып, молдаға берші мені.

Нұржанмен бірге біраз оқып алайын!

– Бәрің бірдей молда болсаң, қой арам өледі, балам, сен қойыңды баға бер! «Асық ойнаған азар, дойбы ойнаған тозар, бәрінен де қой жайып, к… жеген озар», түбінде Нұржаннан сен озасың.

– Нұржан-ақ озсын, әке, көп оқыды ғой, енді қой бақсын да, тағы озсын. Мен біраз оқып алайын!

«Жата-жата жамбасқа, жата келе қойынға», қарай көр мұның құтыруын! – деп кіші әкесі өне бойымен селкілдей күліпті. Шүңіректеу көк сұр көзді, селдір сары сақалды кіші әке, күлімдегендей көрініп отырып-ақ көз ілестірмей қағып жіберетін қатыгез адам екен. Жаппар одан алысырақ, есік жақта болғандықтан батыл сөйлеп отырыпты. – Енді Нұржанмен бәс таласпақпысың? – деп Бекназар тағы күлімдей қарапты.

– Ол менің інім емес пе, бәс талассам несі бар! – дей берген Жаппарды кіші әкесі қолындағы шынымен беріп кеп жібереді. Жәкең де байқап отырған екен, қисая кетіпті, дәл басты көздеп атылған шыны босағаға тиіп быт-шыт болыпты. Бекең асыға ұмтылғанда, Жәкең далаға жалғыз-ақ ытқыпты. Кенжесарыға Нұржан да өгей екен. Ол Бекназардың қайтыс болып кеткен, сол ауылдың ең кеңпейілді қамқоры – Мәрия дейтін бәйбішесінен туыпты. Бекназардан қорқатын Кенжесары Нұржанға «әй» дей алмай күбіжіктейді екен де, ашуын Жаппардан алады екен. Бірақ, Жәкең енді жуыр маңда қолға түсе қоймайтын, ытқи жөнелуге шебер болып алыпты. «Әке» мен «шешеден» кезек-кезек ытқиды екен.

Ытқу жиілей түсіпті, өйтетіні, қылмыс жиілей туылатын болыпты. Жауабы дайын әлгіндей сөздерге жауап қайыра ытқуы керек қой. Ытқыған сайын бірер күн жоғалып, «әке-шешенің» ашуы басылғанда келіп, қой соңына әрең еретін болыпты. Бұл қашағандықтан Бекназар секем ала бастады. Осындай ер жетпей тұрғанында басын байлап, Құйқа сияқты тапжылмайтын құлға айналдырып алмаса, «мына қу ертерек жоғалатындай» көрініпті. Сондықтан, Бекең қасына мықты азаматтардан бірнешеуін ертіп, екі жылдан бері бітпей келе жатқан мал дауын қузап кеп жөнеліпті. Ауылынан жоғалған екі-үш түйенің жаласы көршілес сыбан руының бір кедей ауылында екен. Екі жылдың алдында түйе ізі сол ауылға барып жоғалған сияқты. Кезінде сол рудың «ел адамдарына» айтып, ізін көрсетіп қойған Бекназар, енді сол ауылға бір топ адаммен барып жатып алыпты.

Қазақтың ру-бұтақ қуалап танысатын қарапайым қаншылдық әдеті бар-ау, бірақ. Соны ру төрелері іріткіш уға айналдырғаны қашан. Сол рушылдық у сүйегіне сіңе уланып, өзара ырылдасумен өткен қазақтан көп ұрылған халық жоқ-ақ шығар! Жоңғар хандығынан жүз жылдап жеген ұмытылмас соққылар тек сол рудың, сол рушылдықтың ғана кесірі емес пе. Менің үлкен аталарым да сол руды мәпелеушілер екен.

Қаракерейдің семіз найман аталған бір бұтағы «бес семіз» болып тармақталады. Бес семіздің бірі – Жаңқұлы. Жанқұлыдан таралған Қожан дейтін шағын рудың билерінің бірі – сол кездегі осы Бекназар екен.

«Қожанды сойыл беріп жауға ғой» деген мәтелге айналған жауынгер Қожанның мықты бір тобы әлгі момын, кедей ауылды жеңбей қойсын ба! Малға даумен жығып, жеңістің соңын түлкі еппен құдалыққа айналдыра қойыпты: сол ауылдағы Смайыл дейтін ең момын біреудің Күмісжан атты он екі жасар қызын Жаппарға атастырыпты. Қалың малы – сол жоғалған үш түйе ғана. Қасқыр боп келіп түлкіге, түлкі боп келіп қасқырға айнала қоятын құбылмалы жау – ең қиын жау ғой. Момын ауылдың аузына тәтті салып, «құда түстік» дегенімен, шын мәні барымта еді. Және бұл құдалық үстінде Жаппардың «Бекназардың баласы» болып аталуы да ауызға тәтті салу екенін аңқау байғұстар түсіне қоймапты. Келесі жылы жазда құл байлайтын «қазық» болып Күмісжан ұзатылып келіпті. Байекең ауылынан жоғалған үш түйеден басқа еш нәрсе ауыспапты. Ол үш түйенің біреуі ғана Бекназардың өзінікі екен. Демек, Бекең бұл жорықта жоғалған бір түйе арқылы он бес жасар құлдың «басын байлап», он үш жасар күңге де ие болыпты.

Құрметті «тергеушім», бұл жәйттерден менің әкемнің де үлкен қылмысты екенін түсінген боларсыз. Бір момын кедейдің кішкене қызын бір тиын шығармай айттырыпты да, күңге айналдырыпты. Бұдан үлкен қылмыс сирек кездесер.

ІV

Жасынан тұрмыстың ауырын көріп, азаптың сойқанын тартқан Күмісжан еңбекқұмар, пысық келіншек болыпты. Кенжесарыға жағу сол ауылдағы әйел біткеннің қолынан келмей жүргенде, сол машақат түйіншекті жас Күмісжан ғана шеше алыпты. Тапжылдырмай Кенжесарының да үй жұмысын тындырып, өз күркесін де тап-тұйнақтай үйі іспетті ұстапты. Бұл кезде бүтіндей бөлек ауыл болып кеткен Құлназар үйіндегі қайнын – Айсапаны да есті Күмісжан тартып, баурап әкетіпті. Өз күркесіне келтіріп алыпты. Бірақ, бекер жүрген жетім «жын қуып кетеді ғой». Оқыса Нұржанмен «бәс таласуы да, молда көбейсе қойдың арам өлуі» де мүмкін. Сондықтан, бұл ауылға келгеннен кейін, оған түйе қайыру міндеті тапсырылыпты. Тым аусар болғанымен қорқақтау өскен Айсапа «басын байлауға» тым ерте – он екі жасында көнген екен. Сондықтан өте мықты «қазыққа» байланып қалыпты. Бұл ауылға кірме малай болып жүрген Рақым дейтіннің толық бойжетсе де дәупірім долылығынан ешбір жігіттің алуға батылы жетпей қойған Гүлжан атты қызына байланыпты.

Бекназардың мұны әперудегі көздегені – бірінші, қалың мал кетпейтін «арзан қыз», екінші, қаншалық дәуперім болғанымен Кенжесарыдан аса ала ма. Айбатынан ай жасырынған Бекназар тұрғанда, моп-момын келін, қайратты күң бола қалмай ма. Әсіресе, аусар Айсапаны құлағынан басып, тапжылдырмай ұстауы үшін Гүлжан табылмайтын келін ғой.

Гүлжан қайын атасы ойлаған жерден-ақ шығыпты: Айсапа жуасып сала беріпті. Ол уақытында малға шықпай, домбыра шертіп отырып алған кезінде, үлкен үйдің әмірі Гүлжанға түседі екен. Өзінен әлдеқайда үлкен келіншек қойсын ба, күйеуін күзеннің айғырынша күркеден шақылдап қуып шығатын болыпты. Шақылдағанға көне қоймағанда, аюдың тырнағына түскендей талай жұлмаланған Айсапа, ол қуғанда домбырасын ала сала қашады екен. Сөйтіп қашып шығып, әудем жерге бара, өшін өлеңмен алатынды шығарыпты:

«Домбырам менің қайың-ды,

Білемін Гүлжан жайыңды.

Төсекке кешке кіргенде,

Құшақтайсың байыңды», –

деп шырқатады екен. Өлеңге қару ретінде адуын келіншек қуып кеп береді екен. Талай жерге шейін қуса да жете алмаған келіншек қайтуға бұрыла бергенде, тағы шырқалады екен әлгі өлең. Келіншегі қуаламаса «әнші» күйеу отырып алып шырқамасы бар ма. Айсапа осылай үшінші, иә төртінші рет қуалағанда ғана түйесіне жетіп алып жүріпті. Алда-жалда бесінші рет қуаланса, батырың күндізгі өлеңнің есесіне түні бойы өңірейтін жазаға ұшырайды екен: кейде шымшумен, кейде шапалақпен аралас: «Енді айтамысың!.. Енді қалжақтаймысың маған!» – деген зейіл үн естіліп қалып жатады екен.

«Тергеушім», тым ерте үйленіп, кексе қатыннан таяқ жеу де жігітке жеңіл қылмыс емес қой. Бұл феодализмнің қара батпағына белшеден емес, тіпті кеңірдектен батқандық болмай ма?

V

Нұрсапа – сол дәуірдегі ауылымыздың ең зор қылмыстысы. Бірақ, ол кенже әкесі – Байназардың қолында оншалық ауыр жаза көрмепті. Себебі ол үйдегі «тергеуші» мен «соттардың» «әлсіздігінде» болса керек. Уақытында жазалауды білмейтін «надан» сияқты және Байназар Балпаңның кенжесі болғандықтан кіші әже сол үйде тұрады екен де, кішкене жетім немересіне қормалдау болыпты. Нұрсапаны Байназардың жалғыз ұлы Қуандықпен тең көруді келініне қадағалап бұйырып отырады екен. Бірақ, сол әже қартайып, қолынан билік кете бастаған кезде Нұрсапа да жетімдігін байқай бастапты. Сонда да Құрманның басқа жетімдерінше көз ашпай жатып «қазыққа» байлана салмай, ұзынырақ арқандаулы күйінде өскен екен,.

Нұрсапа енді ғана жігіттікке іліне бергенінде оған ақ патшаның ноқтасы ілініпті. Қазақтан әскер алу жарлығы шыға қалыпты. Байлар өз балаларын абын-күбін тыққыштап, ұлықтарды барлап жүргенде, Нұрсапа сойдиып, алаң-ашықта қалып қойыпты. Ақ патшаның қазақ арасындағы «жаналарлары қорғансыз жетімді қағып әкетпесін бе! Жаппардың сөзімен айтқанда: Нұрсапаны «баберкеге» әкетіпті. («Баберке» дегені – «проверка» болса керек).

«Жабайы» да жау қазаққа патша мылтық ұстатсын ба! Дүниежүзілік бipiнші соғыста Шарруссия Германиямен соғысқанда қазақтан әскер жиямыз деп келіп, ақшалы байлардан бала емес, алтын-күміс жиған ғой. «Әскердің» eceбiн пара бере алмайтын кедей-кепшіктен, қорғансыз жетімнен толтырған. Патшаға анығында қазақтан әскер емес, окоп қазатын қарулы құлдар керек еді. Сондықтан Нұрсапа дәлдің өзі болып суырыла жөнеліпті.

Нұрсапа сол кеткеннен үш жылда оралған екен. Ол окоп қазып қайтты ма, иә, патшаның көpiн қазып қайтты ма, онысын Жаппар толық білмейді. Әйтеуір үш жыл жер қазғанын ғана ecтіпті. «Жетімдік қылмысын» өтеп қайтты дейді.

Нұрсапа ауылына қайтып келгенде «орысша» жүріпті. Жанқалтасы көп, шолақ-шолақ киімдері бар екен. Қылаяғы тымақты да тастап, «маңдайында қалқайған бірдемесі бар, сырылмаған жепек» киіп келіпті. Мұнысы шапка болуы керек. Біздің ауылға тұңғыш пайда болған «орыс та, патша әскері де» әкемнің осы iнici екен. Өзi де маңдайы шодырайған, алпамсадай жігіт болып өсіпті. «Жетім орыс» болып аталғаны – ақсақалдардың енді оны тiптi жек көретін болғаны ғой. «Орыста» шоқынып қайтқандай көрініпті. Намазды талкуайттағыш болып келген сияқты. Өзі ораза ұстамай, ораза ұстағандарды шойын сағатына бағындырып, ашықтырып ойнайды екен. Ауылдағыларға бұлтты күндері cәpeciн ерте ішкізгенімен қоймай, ауызашарда «әлі күн батпады», деп ымырт үйірілгенде ішкізетін болыпты. Тіпті Бекназар биді де ауыз ашқызбай, аштықтан шиқылдатып ойнапты. Қатты жүдеген би шорт бұзылыпты ақырында:

– Ей, шоқыншық, жоғал көзімнен! – деп қуып шығып, күн батпағаны рас болса да, сенбей тамағын жей беретін болыпты.

– Қазақты былай қойып, орысқа бағынбай келгенімде, енді сенің осы алақандай шойыныңа бағынайын ба! – деп кіжіне "ашады" екен аузын.

Ақсақалдар жағынан Нұрсапаға тағылған кінәнің тағы бipi – «кішілікті» ұмытқандығы екен. Ақсақалдардың «кішілік» деп білетіні, сәлем ғана емес. Сәлемді, басқа да жәй әдет- әдептерді Нұрсапа толық орындайды екен. Оларша «кішілік» деген сөз тұп-тура құлдық. Әдеттегі иба – далаға шығарда үлкендердің кебісін қойып беру, құманын ала шығып, дәретке отырған ақсақалдың артында қыдиып тұру, атын әкеп ерттеу, оларды қолтығынан көтеріп аттандыру, келгенде түсіріп алып атын байлау, ат суығанда шідерлеп қоя беру, тамақта қолына су құю бұл салттарды кездесе қалғанда Нұрсапа да орындай салады екен.

Ал, құлдық дейтініміз – мұндай бүгежектеушілікті әмсе міндетім деп тану, іздеп жүріп icтey. Нұрсапа бұл «кішілікті» істемейтін болыпты. «Ақсақалдарда да құдай берген қол бар, олардың қолдары бі11здің қолымыздан әлдеқайда ұзын да. Ұpa қалғанда тіпті қатты ғой. «Біз жоқта өздері істей салса нeci кетеді!» дейді екен. Ал, ақсақалдар Нұрсападан бұл «кішілікті» қатты іздейтін болыпты, бірнеше рет шақырып алып зекіпті де. Ондайда: «не бола қалды» дейді екен Нұрсапа. Себебін ұққан соң жаймашуақтап сөйлеп, жақсылап қана шенейтін болыпты.

Бұл – үй арасындағы ұсақ-түйек «қылмыс» қой. Нұрсападан көп өтпей ipi қылмыс та туылыпты:

Әскерден қайтқан соң Байназардың Қуандығы бip жақсы ат сыйлаған екен. Сонысын мініп, ауыл ақсақалдарына ілескен топпен бipгe бip тойға сол «орыс» та бара қалыпты. Ол кездегі ас-тойларда ақсақалдар ру тартысына түспей, шайқаспай, мүйіздеспей қалған ба. Кекетісіп-мұқатысып, мақалдасып-мақамдасып, қорласып-қомсынысып отырып, артынан қызыса кетеді екен. Сөйтіп, әрқайсысы өз руының ұранын шақырып кеп қалғанда, тап-тату ойнап-күлісіп отырған азаматтар дүр eтiп бөлінісіп, аттарына міне қамшыласып, сойылдасып ала жөнеледі екен.

Әлгі «жетім орыс» төбелес шыққанда «ұялмай-қызармай» атын жетелеп, жеке барып отырып алыпты. «Қожан атаның» Шымырбай ұраны әлдеқашан шақырылса да, желп еткен ол болмапты. Жап-жаңа құлын-тайдай айқасып жүрген жігіттер енді әп-сәтте айғыр болып шайнасып та, тебісіп те жатыр, қызылшеке бipiн-бipi шықпыртып жүр, қамшылар ысқырып, оқ жыландай ыршиды ту талақай.

– Ей орыс, аттанға шықпасаң, атыңды бер! – депті бip қожан тепсініп келіп.

– Мұндай қанішерлікке ат бермеймін! – депті «жетім орыс».

– Ей шоқыншық, қан жоқ па сенде!

– Қан жоқ болса, қан ішкізейін деп пе едің?!. Алжыған шалдар айқасты деп тап-тату дос-туыстармен қырылысайық па!.. Бет алды жінікпей отыр былай! Есің дұрыс па, не бола қалды!

– Қап, сені! – деп әлгі қожан жерді бip тeyiптi де, өзінің жауырына жүгіріпті.

Бірнеше адамды соққыға жығып, шер-құмардан шығысқан қожандар тобымен ауылына қарай беттегенде, Нұрсапа да арттарынан ілесе қайтыпты. Әлгі қожан жалт қарапты да, жауырын тебініп қалып, алдағы ақсақалды қуып жетіпті. Өзін Бекназарға шағыстырып бара жатқанын сезген Нұрсапа тізгінін тарта беріпті. Бекназар артына жалт бұрылып:

– Ей, сен бepi келші, ей! – депті Нұрсапаға. Нүкең де жалт бұрылып тұра кеп қашыпты. – Қуыңдар, ананы! Ұрып-жығып, байлап әкеліңдер! – деп зіркілдепті шал.

Бірнешeyi тұра кеп қуыпты, «Қуандық-Қоңыр» шалдыра қоймапты да, қуғыншының көбі тізгінін тартып артына қайырылыпты. Қара үзіп кеткен Нұрсапа артына қараса, екі қуғыншы қалмай қуып келеді екен. Артына қайырыла шауып, өздерін қуып кеп бepiптi.

– Мен сендерге не ғыппын! – деп екеуін қамшысымсн екі осып қайырыпты да, аяңдап нағашысы жаққа тартыпты...

Содан бepi ай өткенде, шалдар оның жақсы көретін Жаппары мен Қуандығын жіберіп, қайтарып алдырған екен. Бұл қылмысына ақсақалдар кешірім еткен бейне көрсетіпті де, абын-күбін «басын байлауды» ойластырыпты. Байлағанда да бұл «қашаған қансызды» өздерінің ықпалынан шыға алмайтын, шырма–шату, мықты байланған әйелге қосақтауды ойластырыпты: Бұл ауылға ең алал күң бола алған Құйқаның әйелінің монтанақтай «сіңлісі» бар екен. Оның әкeci – «қой аузынан шөп алмас момын шал» аталас ауылға жасынан малай болып келген, ұя бұзбас бағынышты шал, қызына қалың мал кетпейді, бұл қыз да әпкесі тәріздес, «аузың қайсы десе танауын көрсететін бip байғұшым». Оның үстіне әпкесінен гөpi өңдірек. «Жетім орыстың» көзін тарта алады. «Жаңа келінге» әпкесі – «көне келін» қазық болады да, «жаңа келін» қайсар тұлға қазық болады. Мұнымен үйленсе, бұл «қансызға» қан бітіп, ауылдан қия басып кете алмайтын болады.

– Осылай тұжырымдалыпты да, осылай құпталыпты.

«Жетім орыстың» құптау-құптамауына қарасын ба, шалдар дереу құда түciп, қойға бата қылысыпты да, «қазір үйленбеймін» деген «орысқа» ақырысыпты: «Ақ батаны бұзу – Хақ тағалаға да, аруаққа да ауыр қылмыс» дейтін үкімге қарсы үн шығарушының аузын қарымай ма!

«Күйеу» бармай қашып кетсе де «келін» түсірілген екен. Нұрсапаны бірнеше жігіт жіберіп ұстатып әкеліпті де, «келінінің» төсегіне сүйреткізіп кіргізіпті.

Төсекке қыздан да бетер еріксіз кірген «күйеудің» мұндай ақылды тіл жақты болуы некен–саяқ кездесер. Жазықсыз қызды жәбірлемей, зорекер құдалыққа қарсы «дұғасын» үшкіріпті келіп: өзінің қашып жүрген себебін, бұлардың зорлап қосақтағандағы мақсатын жас қызға түсіндіріпті. Бұл үйлендірудің жігітті ағаларынша тапжылдырмай құлдану үшін, қызды әпкесінше күңдікке түсіру үшін болып отырғанын толық ұқтырыпты сөйтіп.

– Ceнi менсінбегендігім емес, менің бұларға басымды байлатып, Жаппар мен Айсапаша құл болғым келмейді, әcipece кедей болса да әке-шешесі бар, кінәсіз таза сен бейшараны әпкең сияқты шөмішбас күң еткім келмейді. Сондықтан, менімен қосақталып кірленбе! – деп үгіттепті.

– Ағатай, олай болса, – депті қыз, мені үйіме өзіңіз ертіп апарыңыз. Осы сөзіңізді әке-шешеме толық ұқтырып, өз қолыңызбен тапсырып беріңіз, әйтпесе, ол ауыл мені қинайды! Осы сөзге келіскен соң Нұрсапа сол түні өзінің атымен қызды үйіне апарып тапсырып беріп, өзi сол бетімен тағы жөнеліпті... Сонымен жыл өтіп, шалдардың ашуы басылды-ау деген кезде Жаппардың үйіне келіпті. Алғаш келгенде ешкімнен жаман сөз естімеген екен. Шалдардың алдына кірмепті де, Жаппар мен Айсапаның қасында болып, одан далдалана жүріп Нұржан, Қуандықтармен көрісіпті. Желтоқсанның сүркей бip күні таңертең жарқ ете түскен жазасын бip-aқ көріпті сөйтіп. Жақын сыбайлас, туыс ауылдардан жиырма шақты жігіт Жаппардың қырық шоқпыт үйін қоршай қалыпты да, жаңа киініп жатқан Нұрсапаның мойнына қыл шылбырдан екеу-үшеуін тастап-тастап жіберіп, сүйрете жөнеліпті. Сүйреткеннен сүйретіп құдық басына апарыпты. Күні бұрын қағылып дайындалып қойылған төрт қазыққа Нүкеңді екпеттете керіп тастап, жалаңаш арқаны қамшымен осыпты келіп. Алпамсадай бірнеше жігіт тыпыр еткізбей ұстап тұрған Жаппар мен Айсапада үн салып боздаудан басқа не шара болсын. Нұрсапада үн жоқ. "Ақырын ұр" дей алатын да ешкім жоқ. Шалдар ақшиып тұр.

Дағдап отырып қырықты соққан дүреші ақсақалдарға қараған екен. "Қырық шелек су!" депті олардың бipi саңқ ете түсіп. Күз ақырының мұздай суы құдықтан тартылып, Нұрсапаның үстіне төгіліпті келіп. Дүре арқаға ғана соғылғанымен, су ала қалдырмай, бар денесіне құйылыпты. "Ақ батаны" бұзған қылмыстының "ақ жазасы" осы екен.

Қамшыдан тілім-тілім болып қолдырап, қызып кеткен қып-қызыл оттай арқаға мұздай су құйылып, күнәдан "тазарғанымен" қасқырдан қалған жемтіктей алжа-алжа болған екен. Есінен танып қалған, Нұрсапа Жаппар мен Айсапаның көтеруімен бip кезде орнынан әрең тұрыпты. У ішкен адамдай ішіне бүріліп, сенделектей беріпті де шалдарға қарапты.

– Кезі келгенше өліп кетсеңдер, осы суларыңды көрлеріңе құярмын! – деп қатты тістене қалшылдапты. – Бірақ өліп кетсеңдер қамшыларың қайтарылмай қалады екен ғой, қап!..

– Мына бәтшағар не дейді?! – деп бip шал анадайдан тепсіне ұмтылғанда, Нұржан мен Қуандық оның алдын тоса қалыпты да, Жаппар мен Айсапа аузын басып Нұрсапаны ала жөнеліпті.

Ағалары тоқты-серкеш, әлуеттілері қой сойып, бауырларын сорпалаған екен. Бірақ, Нұрсапа содан көп өтпей, оба дертінен опат болыпты да, шалдардың дүресі мен суын «қайтарып бере алмай» кетіпті. «Құдайдың қарғысы дәл тиіпті, аруақтың дәлдеп атқаны осы!» – депті шалдар. «Ақ батаны бұзу деген оңай күнә ма!»

Әділетті «тергеушім», мұндай зор қылмыстың жазасын ұлы құдай бермесе, оған адам пенденің күші шақ келер ме! Дүре өлтіре алмағандықтан оба жіберілген ғой. Менің әкемнің ең жақсы деген iнici осыншалық қылмыс өткізіпті, әcipece жиһангер ақ патшаға әскер болуын қайтіп қана ұмытарсың!

VI

Құрманның ұлдарын қырсық тағы шалыпты. Қылмыскер ұрпақты қырсықтар қашанда оңай тауып шалмай ма. Бұл жолы келістіріп шалыпты: Күмісжан артықша азаптанып жүріп тапқан ауруымен мезгілсіз дүние салыпты да, одан туған біздің үлкен ағамыз Бигелді мен әпкеміз Бижан тағы да кішкентайынан жетім қалыпты. Туа салып жетім атала қою қылмысты пенделердің әдеті ғой. Бижанды әкеміз Байназардың үйіне бесігімен апарып бере салыпты да, Бигелдіні өз қойнына тыға салыпты. Қырсық зорық дерт болып келіп, алдымен Күмісжанды қаққан соң, шала болып қалды дегендей, іле-шала оба болып келіп, нардай Нұрсапаны соғып жiбepiптi. Бұдан жетім қала қойған ешкім жоқ екенін білген сол жойқын қырсық, жиырма шақты күн өткенде қайта оралып, Айсапаны ала жөнеліпті. Бисара дейтін кішкене қызын құшақтап зарлап адуын Гүлжан қалғанда ғана қанағаттанғандай болған оба тоқтай қойыпты. Бақадай шақырған бір үлкен ауылдан таңдап әкеткені – бip жесір жалшы мен Жаппардың осы екі інісі ғана екен...

«Тергеушім», сіз қырсықтардың қылмыстыны қалай табатынына оншалық назар аудармаған сияқтысыз. Бұл жайыңызды сіздің қылмысты тергеп табамын деп көп шұқшиятыныңыздан байқаймын. Cізгe менің жөн үйретерлік титтей де құқығым жоқ. Бірақ сіздің бұл әдiciңiздeн мен де көп қиналдым. Сондықтан, айыпқа бұйырмасаңыз, қылмысты тез мойындату жайлы кеңес бергім келеді: қырсық сізбен кәсіптес әулие ғой. Қырсықты Құдай тағала іске салады да, сізді үкімет іске салады. Парықтарыңыз сол ғана. Былайша айтқанда, сіздің сыйынар піріңіз қырсық болуға тиісті. Себебі, ол тарихтан бepi барлық сорлы «сойқандардың» қылмысын мойнына артып, жазалап келе жатқан, өте тәжірибелі әулие. Оның тергеу тәжірибесі – ауыл-қыстақ, көше үстінен бip-бip рет ұшып өту ғана. Сонда нағыз қылмыстының өзі бадырайып, көзге көрініп кетеді. Өйтетіні, нақтылы қылмыстыда қорған-пана, қолдап қорғаушы деген болмайды. Тергеуші аспаннан төніп келе жатқанда қылмыстының өзі жасырынар жер таба алмай, алаң-ашықта мен мұндалап тұра қалады. Сіздің піріңіз Айсапа, Нұрсапа, Күмісжан сияқты қылмыстыларды дәл осы әдіспен тауып ала қойды ғой. Әйтпесе бүкіл ауылда бұдан да басқа адамдар аз ба еді. Әсipece, жерін жеп, жасарын жасап болған кәрілер де көп емес пе еді. Ал, аналардың талассыз, жалаңаш қылмыстылар екенін білісімен, оларды сөзге келтірмей мойындатып, мәңгілік түрмесіне ала жөнелмеді де! Сөзге келсе, бұлардың қайсысы оңайлықпен жан бере қоймақ.

«Тергеушім», сіздің де осы әдісті қолданғаныңыз жөн шығар. Қылмысты «менмұндалап» тұрғанда тергей бepiп қинаудың қажеті қанша?! Осы тергеуіңізбен бірдеме тапсаңыз да, таба алмасаңыз да бәpiбip аласыз ғой. Нұсқаушыңыздан бұйрық келіп болды ма!

Құрман тұқымынан сопиып жалғыз қалған Жаппар, соңынан қалмай қойған қырсықтарға қатты ызаланыпты. Мал бағу, отын алу сияқты үйреншікті міндеттерін тастапты да, әкeci Құрманнан бepi қарай шалған қырсықтың бәрін іздеп, жалғыз шолағын мініп ап, ел кезіп кететін болыпты. Мұндайда көзге қырсық шалынсын ба! Әр ауылға барып, қырсықты деп білген үйлерге әдейілеп қонады екен.

«Құтырған ит көрдің бе оттап тұрған,

Пәле бар ма ауылыңда жатқан-тұрған?

Өзім қырсық таба алмай жүргенімде,

Менен қырсық сұрайды қай антұрған!»

Атақты шатақтардың осы өлеңін Жаппар қонақ кәдесі ретінде қонған үй басы айтып жүріпті. Ақыры шатақ өлең өзіне дарып, бұл жанрда ол суырып салма ақын болыпты. Tiптi қылығының барлығы қырсықтың дәл өзi сияқты болып кеткендіктен, бұл шатақтан өз ауылдарының кәрілері де қаймықпайтын icпeт байқатыпты. Kiші шешeсi Кенжесары оның көзіне көрінбеуге тырысатын, көріне қалса бәйпек қағатын болыпты.

Қырсық таба алмай әбден зарығып жүрген Жаппар қыстың айт болып жатқан бip күндері, өзi көбірек кезенген бip ауылдың жолын торыпты. Бұл – Нұрсапаның арқасын тілгілеген мықты дүрешінің ауылы екен.

Мереке күндерінде қыз-келіншектер сәнденіп жеңіл киінеді ғой. Қызыл-жасылды болып келе жатқан бip топ атты қыз-келіншектің арасынан дүрешінің қарындасын, артынан келе жатқан ендігі бip топтың арасынан қатынын таныған Жәкең, eкi топты айғырша қайырып қосып, қуа жөнеліпті. Оларды шашау шығармай тау құмының бip тұйық шұңқырына айдап апарып, кешке дейін қамапты. Күн шақылдаған аяз. Әйелдердің жылауы мен жалынышын тыңдайтын адам қырсық іздей ме. Күн батып, қас қарая бергенде:

– Салқындадыңдар ма? – деп сұрапты Жаппар.

– Yciп кеттік, ағатай! – деп шу ете түсіптi қыз-келіншек біткен.

– Е, алдымен борбайларың үciгeн шығар? Онда әдемі киімдеріңнің рақатын бүгін ғана көріпсіңдер, ал қайтыңдар! – деп алдымен Жәкеңнің өзі шауып ала жөнеліпті. Өзi де тонған болса керек.

Мұны ecтiгeн дүреші ертеңіне қасына eкi жігіт epтіп, Жаппардың iзiнe түciпті де, түс ауа бергенде бip иен ойпаңда онымен кездесе кетіпті: Янаттап қамшы үйіpe келген олар бipep қамшы салып та үлгеріпті. «Іздегенге сұраған», қырсықты өзі іздеп жүрген шатақтың да бip сенгені болса керек қой.

«Көптен бepi іздеп жүргенім де осы қамшыларың еді, мұнша зарықтырып қайда жүр едіңдер!» – деп салыса кеткен Жаппар, үшеуін де аттан домалатып түcipiптi. Қорғасын жіпшілеп өзі өрген дойыр қамшысын білеп, жазықсыздау екеуін отырғызып қойыпты да, дүрешіні желкеден басыпты келіп:

– Кедейді кезеңнен тосып, ойпаңнан тонайтын қырсығы сен екенсің ғой! – деп, шалбарының бауын үзіп жіберіп, жалаңаштанған құйрыққа жиырманы ұрыпты.

– Енді жиырма қамшы қалды мойныңда, Нұрсапаға құран оқы!.. Нүкешім кешірімшіл еді, ол үшін мен де кештім! – деп жылай бұрылған Жәкең атына қарғып мініп жүре бepiптi.

Бұл қырсықтан кегін алғанымен бұдан кейін Жәкеңе тағы бip үлкен қырсық жабысыпты. Бозқырауда боздаған соншама қыз-келіншектің көз жасы қойсын ба, «жынды Жаппар» атандырып жіберген екен. Жәкең келе жатқанда сол өңірдегі әйел біткен «жынды Жаппар» келе жатыр деп шулай қашатын болыпты. Өзі тапқан ауруға дауа жоқ, Күмісжан қайтыс болғаннан кейін, ол осы атақтың салдарынан төрт-бес жыл бойына үйлене алмапты. «Жындыға» қай eci дұрыс әйел табылсын. Жәкең де қасарысып «eci дұрыс» әйел іздеумен болыпты. Ал шалдардың тапқанына Жаппар көнсін бе, шалдардың: «әмеңгеріңді жатқа жіберсе, теріс батамызды береміз» деп сақылдауы жиілей түсіпті де, Жаппардың басқа әйел іздеп шапқылауы жиілей түсіпті. «Мына шалдар салт бойынша Гүлжанды маған қоспай қоймайды, ал Гүлжан үстіне әйел алдырмайды. Не болса да әуелі өз еркіммен бip әйел тауып алып, көргілікті содан кейін көрейін!» деп шапқылапты.

Құйқа өзінің Байжұрқа деген інісін астыртын қосып беріп, Жаппарға: «Қасқа атаңның Марқа дейтін ауылында Жанқожа атты момын молданың бip қызы бар, соны көріп келіндерші!» дептi сыбырлап қана.

Eкeyi іздеп барып, жазық-жасаң жайлауда шағаладай әппақ, киіз үйлері бар бай ауылдың шетіндегі бip кішкене қара үйге түсіпті. Үйде жүдеу киінген ақ-сұр қыз ғана отыр екен. Жолаушылар кipiп барғанда, орнынан ұшып тұрып сырмақ салыпты. Көнелеу мәсілі қыз кебісін киіпті де, далаға шығып шәугім асыпты. Қайтып кipiп қолын жуыпты да, дастарқан жайыпты. Сықпа құрт пен тарысын қойып, шай құйыпты. Бip-eкi шынысы құрсаулы болғанымен тап-таза жуылған екен. Бip тізерлеп шай құйып отырған отырысы өте икемді, өте әдепті көрінген қызға екі жолаушы үнсіз қараумен болыпты. Бұлардың сонша неге қарайтынын байқамағандай, қызда именіc те, ыңғайсыздану да жоқ секілді.

– Әке-шешең қайда, қалқам? – деп үн қатыпты Байжұрқа.

– Өз шешем қайтыс болғалы он жыл болды. Әжемді epтіп әкем нағашылап кетіп еді.

– Жәй көpiп қайтуға ғана ма? Қыз күлімсіреп алыпты.

– Үй ішінде бірдеме жетісіңкіремей қалғанда әжемнің төркіншіл болатыны бар.

Сөйлескен сөз, қатысқан тіл осы ғана. Шай ішіп, «Аллаһуакбар» айтысқан жолаушылар атқа мініпті.

– Мына бала қалай?.. Ұнай ма? – деп сұраған Байжұрқаға:

– Бұл да жастай жетім қалыпты-ау?.. Шүйкиген бip байғұс қой өзі! – депті Жаппар. Алыптай зор денелі Байжұрқа күбіден шыққандай жуан күлкісімен қарқылдап күліпті келіп.

– «Қырсығы барға қыз жақпайды» деген осы! «Шүйкебас», «күс аяқ», «күңеш» дейтіндерің қалып енді шенді «шүйкигенді» тауыпсың ғой, саған дауа жоқ екен!.. Қап-қара Жаппарға аппақ та жақпапты!.. «Шүйкигендігі» – кәмалатқа әлі жетіп, денесінің толыспағандығы рас, жынды болмасаң, көргенді үйдің тәрбиелі ecтi қызы екенін қимыл-әрекетi мен әлгі бip сөзінен-ақ байқар едің ғой.

– Байқайын-байқамайын, осы қызың жынды демей маған келсе, шын ecтi қыз деп білер едім! – деген Жәкеңнің сөзіне Байжұрқа одан арман күліпті...

– Қасқа да – Жанқұлыдан таралған, Қожанмен туысқан ел, бipaқ, Қожаннан ipгeci мол, «Қожанды сойыл бepiп жауға қой» деген мәтелді шығарған жұрт: «Қасқаны қамшы бepiп дауға ғой» дегенді қоса шығарған: шешен мен даугерлер көп шыққан ру еді. Бұл қыздың үлкен атасы – Марқа Балпаңмен тұстас би болған кici. Бұл кезде оның Есқазы дейтін кенже ұлы Қасқаны шұрқ үйірген мықты болған. Егер Жанқожа молда Жаппарға қызын өзi беруге разы болмаса, бүкіл қожан аттанысқа келсе де ала алмастай қиын жер eдi. Бұған құда түсуге шалдар, әрине шықпайды. Үйіп-төгіп берілетін қалың малға Жаппар үшін қайсысы шыдар. Олар ecтice шыдағанды былай қойып, шорт шектер eдi.

Жаппардың қыңқылдауына Құйқа мен Байжұрқа ғана қайысып, Жанқожаға сөйлесуге тіл–жақтылау, ағайындас бip қарияны көндіріпті. Оған тағы да Байжұрқа epiп барып сөйлескен екен. Момын молда аузын жыбырлатып барып, Есқазысына ақылдасыпты. Есқазы жалғыз-ақ гүж ете түciптi. Өзі де қызыл бұқа тәpiздi гүржиген тасыр, қызыл көздi кici екен.

– Әлгі жынды Жаппарға ма?..Оның орнына ма, қалың малына ма, иә, кісілігі ме, нeciнe қызығасың? Енді бізге күйеу болмаған жынды–делқұлы малайлар ғана қалып па! – деп Жанқожа молданы зекіп жерлеп шығарыпты.

Бұл сөзді сегіз қанат ақ орданың ipгecінe таман барып тыңдап тұрған Байжұрқа, қайтып келіп Жаппарға бұлжытпай жеткізіпті. Бұл қорлауға қатты намыстанған Жаппар інілерін тағы құсамен есіне алып жылап жіберіпті.

– Әттең, Айкенім мен Нүкешім! Дәл осы кезде қасымда болсаңдар еді-ау!..

– Босама, Жәке, – депті өзі де жылап жіберген Байжұрқа. Ұзын жағы солыңқырап түйіліп алған Байжұрқа, үшкірлеу иегіне сұйық біткен бip шоқ қана сақалын сипай берген екен. Гүр ете түсіпті бip кезде.

– Жылама, қасында мен бармын!.. Мен өлгенше жалғыз сырамайсың! Бай әкелерің мал беруден қорықса, жан беруден де қорықпайтын аға-бауырларың әлі көп!

Әділетті «тергеушім», менің әкем өз бетімен сүргіндейтін, өз бетімен дүрелейтін осындай жауыз, қылмысты еді. Оны жын соқпаған, қылмыс соққан. Қылмысы тасқындап, ішіне сыймай кеткенде, шатақ іздеп жырлайды да, жылайды.

VII

Жаппар Есқазының қорлығына қарамай, бұл қыздың «есінің дұрыс–бұрыстығын» білу үшiн ауылына жиі баратын болыпты. Өзi айтқандай, «өзіне көңіл берсе, шын ecтi болғаны, жынды деп көнбей қойса, шын ессіз болғаны». Бipaқ қалай да Есқазыдан кегін бip қайтару – жүрегінде түюлі.

Қожан атаның ол ауылға келін боп түскен бip қызы бар екен. Соны Жанқожаның үйінің дәл қасынан тауыпты да, алдымен сол қарындасы арқылы сол қызға сөз салыпты. Бірақ қыз «ecтi» иә «ecciз» екендігін білдірмей қойыпты. «Әжеммен, әкеммен сөйлессін, ағама айтсын» депті. Өзімен бip туысқан Мұқамәди дейтін жалғыз ағасы ғана бар екен. Қыздың аты Мұқамадиян. Молдакең Мұхаммед пайғамбардың шын берілген үмметі болсын деп, екі баласын да соған аттас етуге барынша тырысқан көрінеді. Бipaқ жұрт ол Мұқамға бағынсын ба, ауылдастары қыздың атын қысқартып, Мәдиян деп атап келіпті. Бәpiбip бұл да шарапатты атау ғой. Мәдина шаһары да «біссімілла» мен аталатын шаһар емес пе!

Жәкең қыздың сол өсиетіне де бағынып, үй іштеріне неше рет сөз салыпты. Үйленбеген жас жігіт Мұхамәди әкесіне қарайды екен де. Әкесі әлі де тіп-тік, пысық та ақылды өз шешесіне қарайды екен. Ал ақылды шеше Есқазы қайнының қыңырайса қырына алатынын біліп, онсыз қия баса алмайды екен. Сөйтіп барлық ес-ақыл ол ауылда Есқазының сақалына байлаулы екен.

Жаппар сөз салған сайын Есқазыдан түңіліп түтігe беріпті. Tүтігy апарып тәуекелдің дариясына салып кеп жіберіпті. Алып қашпақ болыпты. Енді сол ауылдағы қарындасына: «Мәдиянды шығарып бер!» деп жалыныпты. Дегенмен қожан ғой, қарындасы да ержүректік қылыпты: «Үш күн өткізіп, төртінші күні ел жатысымен ауыл шетіне кел!» депті.

Жаппар дереу ауылына қайтыпты да, төрт қанат кереге жиыстырып, Құйқаның үйінің ipгeciнe жазып жіберіп, күйреген күркесін қайта тікейте қойыпты. Байжұрқа өзі мен Жаппардың тілеулес, әлуетті жігіттерінен топ құрып, білегін сыбана түciптi. Бүкіл Қасқа қаптай шапса, бұл ауылды күйретіп кетеді ғой. Қалың мал құрап бере алмаса да білек күшін құрып, алдыларына қоя қою қажет.

Байжұрқаға құдай тағала мал бермесе де, күшті аямай берген. Жұрттан ала бөтен биік көрінбейін деп бүкшие жүріп әдеттенгендіктен бе қалай, алдымен басы емес, жауырыны көрінетін бүкic болып өсіпті. Tізeci мен бөксесі де бүктеліп, жүргенде eкeyi екі жаққа кететін сол бүктемелі адам дүниені тар көpiп қаншалық бүктеліп жүрсе де, жауырыны басқалардың басынан асып көрінеді екен. Иip-иір денеде қамалып жатқан үйір-үйір күшті де осындай әбден намыстанған кезде болмаса көрсете қоймайтын момын малай бұл жолы Жаппардың жыртысына барын сарқа жұмсамақ.

Уәделі кеш жетіпті де, Жаппардың қасына Байжұрқа мен бес адам ғана ілесіп, басқалары жол ортада тосқауылда қалыпты.

Жайлау аспаны тұп-тұнық. Самсаған жұлдыз. Шығыстан ай шапағы енді қылаң бepiп келеді. Лүпілдеген торғындай жұмсақ самал сол сәуле жақтан – қарсы беттен құлаққа сыбырлайды. Ауылға таяп барып тындаса, қыз-келіншектер алтыбақан ойнап, әндетіп жатыр, қой күзетіне шығыпты. «Жарайсың қарындасым!» депті Жаппар. Бүгін ұйымдастырған сол екені белгілі. Басқалары бел астына тасаланып, Жаппардың өзi ғана байқағанға қарауытып көрінетін жерге барыпты. Маңайда ауылдың тұсаулы аттары ғана жүр. Бip кезде бepi қарай аяңдап келе жатқан екі адам көрінген екен. Бұғып отыра қалған Жаппарға олар жақындай бepiптi, екеуі де төбетайлы қыз icпeттi, тегі қарындасы басқа бip қызға міндеттеген сияқты.

– Енді қайда барамыз! – депті бipeyi, Мәдиянның үні танылыпты.

– Менің саған айтатыным қызық, ұзақтау әңгіме ұзаңқырап барып отырайық, түзге келген бipey естіп қоймасын. – Қыздар келіп отыра бергенде, Жәкең орнынан атып тұрыпты:

– Әңгіме енді менен болсын, қайсысың үн шығарсаң мынау пышақты алқымдарыңнан саламын, – деп қонышынан ұзын сапыны жарқ еткізіп суырып алған екен. Қыздар үнсіз қалшиыпты да қалыпты.

– Ал, Мәдиян, мін мына атқа!

– Ағатай-ай!.. Кейін өзім... Ағатай!..

– Үніңді шығарма! – деп Жәкең Мәдиянды атқа қонды– рыпты да, іле өзi ырғыпты.

– Ағатай, қоя бер мені, қоя бер!.. – Ат ырши жөнеліпті.

Қыз айғайлай бергенде Жәкең аузын басып ала қойыпты.

– Егер маған деген титей көңілің болса, үн шығарма! Қыз үн салып жылай бepiптi. – Маған мүлде разы емеспісің?!

– Ел жынды дейді сізді!

– Мен жынды емес, ел жынды, кейін көресің! – Сонда да сыңси бepiптi Мәдиян. – Неге жылайсың?!

– Әке кедей, аға жалғыз... Әлсіз жетім деп басынғаның ғой мені!

– Мен де кедей, мен де жалғыз, мен де жетім – дәл өзіңнің теңіңмін, жылама! Есқазының май басқан құлағы тілегімді тыңдамай қойды. Алып қашпауға шара жоқ!..

Арттағы ауыл жақтан шу көтеріліпті осы кезде. «Аттан! Аттан! Аттан!». Әлгі шығарып берген қыз, ұзасын деп бipaз тосып тұрып барып, шаңқылдаған тәрізді.

– Әкетті... Әкетті!.. Ойбай Мәдиянды әкетті! деген үн алдымен естілген екен.

– Аттан!.. Аттан! Атқа! Атқа мініңдер!.. Қуыңдар! Жібермеңдер!

Бұл кезде Жаппар Бөрібелден асып құйғытып кете бepiптi. Арттағы Байжұрқаның саңқылдаған зор дауысы ecтіліпті енді.

– Ой, ағайындар, қайтыңдар! Балаң жауға кеткен жоқ, жақын, туыс, құдандалы елміз, қырылыспайық!..

Ашулы ауыл тыңдасын ба, айқай-сүрен салып дүрілдей қуыпты. Жуық елде суық өштік қалмасын деп, бес мықты сойыл салмай қорғана қашып келе жатқан сияқты, анда–санда сойылға сойылдың шарқ-шұрқ тиген дыбысы ғана естіліп отырыпты. Жаппар үлкен тосқауылдағы адамдарына жете бере оларды дүркіретіп, қуғыншы алдынан шыға келіпті.

– Шымырбай! Шымырбай!

Бұл кезде «жота үстінен» ай да шығып қарай қалған екен. Асығыс қуғынға шыққан бip ауылдың азаматтары сақадай сайланып, жұдырықтай жұмылып тоса қалған мұнша қожанға төтеп бере алсын ба топталып тұра қалысыпты.

– Ей, қожандар, – депті бipey, – көрде болсақ та көpice жататын көршілес ауылмыз. Ел боламыз десеңдер баланы дереу қайтарып беріңдер, өйтпесеңдер, ертең бар Қасқаны жиып келіп, шаңырақтарыңды шағамыз.

– Күлдіреуіштеріңді күйретеміз! – деп қосыпты бipeyi.

– Дереу қайтарыңдар баланы!

– Қара тұяғымыздан қал кеткенше қолымыз алқымдарында болады!

– Қайтар қызымызды! Қанға боялмай тұрып қайтарып беріңдер!

Бұлар жауап күтіп тына қалысқанда, қожан жақтан бip үн шығыпты:

– Ағатайлар, ондай күштi болсаңдар, қыздарыңды үш күнде қайтарып берелік! Қазір қайтыңдар, өз epiктepiңмен қайтпасаңдар, бастарыңа сойыл ойнатып отырып апарып саламыз.

Байжұрқаның тау жаңғырықтыра әділ жауабы шығыпты артынан:

– Oй, ағайындар, бip қыздарыңды алып келіппіз, біздің де неше қызымыз сендердің ауылдарыңда ғой! Бұрыннан қан төгiciп жүргеніміз жоқ, қан ауысқан қандастық-туыстық жайымыз бар. Жаңа сендер бесеумізді сойыл астына алып келдіңдер, біз сол жақындықты ойлап, өздеріңе сойыл жұмсамадық, сойылдарыңды ұрып түcipiп қана келдік. Бiз оны ойламасақ тым болмаса бірнешеуің жолда жантаятын едіңдер ғой. Аруақты, туысқандықты, құдалықты сыйладық, әлi де сыйлайық, бүгін қайтыңдар! «Ашу алдында, ақыл соңында», сөйлесе жатармыз, алдарыңда айыпты Жаппар мен ағасы – Байжұрқа. Ақсақалдарымыз білген де жоқ. Айыбымыз үшін алдарыңа барып аяқтарыңа жығылармыз, кeшipiм сұрармыз, қайта тұрыңдар!

Қасқалар бipaз күбірлесіпті де, қайта аяңдап жүре бepiптi.

– Неткен қоршылық еді! – деп жастау бipeyi үн сала жылай бұрылыпты.

– Мұхамәди, – деп айқайлай шапқан Байжұрқа Мұхамәдидің қасына барыпты. – Ашуыңды бер, жарығым!.. Тоқтай тұршы өзің! Сені қорлағандығымыз емес, қолымыздың жетуі осы ғана болып қалды. Heшe рет жалынып сөз салып едік, Есқазы маңына жолатпай қойғанын білесің өзің, лажсыздықтан істедік көңіліңе алған жерің болса, таңдаған қызың болса, оған Жаппар екеумізді сал, кедей болсақ та жанымыз сенің дастарқаның болсын!

Сөйтіп, Байжұрқа қарапайым қасқалардың қалшылдаған ашуын сол түні бәсеңдетіп қайтарған екен.

Келін келіп түскенін бip-aқ білген Бекназар қайтерін білмей, қып-қызыл болып булығып отырып қалыпты.

– Әлгі ынжық молданың өзімен ғана істейтін ic болса, еш нәрсеміз кетпес еді, жолбарыстай күркіреген Есқазысы бар оның, шақыр Байжұрқаны! – деп әкесінен қалған асасымен кілемді түйіп жіберіп тeciптi. – Бізбен алдын ала ақылдаспай, үлкен ауыл деп рұқсат сұрамай қай құтырғаны бұлардың!..

– Балақтағы бит басқа шығып, осынша басынар ма!..

Ашу үстінде ақсақал алдына барудан Байжұрқа сескеніпті.

– Сен бар! – депті Жаппарға, – қанша дегенмен жынды атың бар емес пе!.. Өз кіндігінен шыққан баласына сол Есқазының өз қызын да қомсынар еді! Бірақ, мұндай сөзді айтпа, тек иіле бер. Қайтар десе, «ел намысы, ер намысы» жөнін ғана айт!

Жаппар сәлем бере кipiп барып, бip тізерлей отыра қалған екен.

– Ей, сендер осынша неден құтырдыңдар! – деп Бекназар ақырып қалыпты. Tiптi көк–сұр көзі қып-қызыл болып Жаппарды о жақ, бұ жағына тeciп өтердей төніпті. – Дереу осы түнде қайтарыңдар, мына Қасқаның қызын. Бұл пәлелеріңді мен көтере алмаймын!

– Сізге ақыл сала алмай, тосын ic болып қалды, әке, кешіріңіз! Енді қайтарсаңыз сіздің де, елдің де намысы. Қасқадан қорықты деген мәнаға шығады ғой! Мен ел көзіне көрінбей көрге кірерлік ic туылады!.. Сізге келер пәленi Байжұрқа аға келген қуғыншылармен бipгe қуып тастады, барлық жөнін айтып, ақсақалдарымыздың әлі хабарсыз екенін айтып қуды. «Бұған айыпты Жаппар екеуміз, аяқтарыңа екеуміз жығыламыз, айыптарыңды екеуміз тартамыз» деді. Жәй қасқалар жылы сөзбен жуасып қайтты, ал жайын қасқа келгенде осы жәйтті айтып отыра беріңіз. Жұтқысы келсе, мені ұстап бере салыңыз!.. – Бекназар үнсіз отырып қалыпты да, ертеңіне Есқазы би топ құрып келгенде, бip қойын ғана сойып беріп: осы сөзбен құтылыпты, «маған ақыл салмағандығы үшін тентекке ара түсе алмаймын. Күнәһарларың әне, өз ықтиярларыңа бердім!» деп ipгeciн бөле қашыпты.

Есқазы үлкен пайда өндіре алмайтынын біліп, тiciн сорып-сорып жіберіпті де, тілін шық еткізіпті. Ол Жаппардың несін алмақ!..

Бip тоға момын Жанғожа Байжұрқа мен Жаппардың жалбырақтаған ақ көңіліне разы болыпты. Мұнан кейінгі кезде бай туыстарын бip жаққа қойып, өзара ата-бала, аға-(бауырдай ет-сүйектерімен бipiгiп кетіпті. Шынында жалқы Мұхамәдидің Жаппары мен Байжұрқадан басқа жанашыр жақыны болмаған тәрізді.

«Тергеушім», маған артқан қылмыстарыңыздың ең негізгісі топ құру, үкіметке қарсы ұйым құру еді. Бұл жөнінде мен тума қарақшымын дәл өзі тәлихалімін. Өзім ғана емес, тіпті, әкем де топ құрып, басқа жұртқа осындай шапқыншылық қылыпты. Одан туған мен не оңармын! Ол кici топ құрап барып, жуан ауылдың қызын да тартып алыпты ғой, ал мен топ құрсам да әлі ешкімнің қызын тартып ала қойған жоқпын, дәл бұл жөнінен алғанда әкеме әлi де жeтice алмай жатырмын. Сөйтсе де, осындай қылмыстардан туылғандығым үшін өмip бойында қылмыстан кенде болмайтындығыма кәміл сенемін.

VIII

Жаппар қайтадан үйлі-баранды болғандықтан, оның үстіне өзінің қалауы бойынша үйленгендіктен қырсық іздеуін шорт тоқтатыпты. Бipaқ, «ізіне түспеген емін-еркін қырсықтың өзі» Жаппарды қайтадан іздеп табатын болыпты. Тағдырдың бұл қайталаушылығы үйлене салысымен-ақ басталыпты. Шалдар қайтадан шақшиыпты, Жаппарға «әмеңгерді қайтаруыңа жол жоқ» деп Мәдиянның үстіне Гүлжанды некелепті. Сөйтіп, жыл өтпей жатып екі қатынды болыпты. Үлкенге өте ибалы болған Мәдиян, үcтiнe әмеңгер алуға өздігінен разы болғандықтан, Жаппар үнсіз көне салыпты. Бірақ, етегі тар кедейдің екі түтін түтетуге шарқы жетсін бе, екі күркені қоңырша бip үй етіп құрап, қосып ұстапты. Сонымен тағы бәсеңдей түскен Жаппарға Кенжесары қырсық та қытымын қайта тігіптi: Екі әйелін кезек-кезек жұмсап, тағы да малайлана бастапты. Бipi үйіне қайтса, бipi орын баса істей бepyi керек. «Екі қатын бірдей ол молада не істейді!» – деп шаңқылдап айдайтын болыпты. Жаппар бұл кезде Байжұрқа тәжірибесімен дәрі жиып, емшілік icтeп, иә, аңға күзен інін қазуға кeтiп жүргендіктен, бұл қиғылықтың зардабын әйелдері айтпай, өзi көрмей күн өткізе бepiптi.

Бipaқ, кедейдің әйелдері болса да Кенжесарыға құралыптастау абысындары арасында сөз болған екен: «Жаппардың шешеci Мейіз марқұмды күндіз-түні салпақтатып жүріп, құдыққа түcipiп өлтірді. Жастай алған келіншегі Күмісжанды зорықтырып, қыршынынан қиды. Енді мына Мәдиян байғұсты қайтер екен?! – Өзi шешеден жастай жетім қалған, бұл ауылға келісімен Кенжесарының тепкісіне түссе, бұл да көзi ашылмаған сорлы болды-ау» десіп, Мәдиянға жаны аши, Кенжесарыға жауыға қарасатын болыпты. Бұлардың арасында Құйқаға немерелес туыс Көкитан деген шалдың бәйбішесі Тәби бар екен. Осы ауылда малайлықпен кәртиген болса да, Тәби кейінірек келе Кенжесарыдан кемдік көргісi келмейтін, өрлігімен тең түciп, «е» десе, «ме» деп тұратын абысын болыпты. Сол Тәби бip күні су көтеріп келе жатқан Мәдиянды көре сала Кенжесарының eciгi алдына әдейi барып тұра қалыпты. Бекназардың үйде жоқтығын білген ол, келінге cөйлеген болып Кенжесарыны атыпты.

– Қарғам, Мәдиян-ау, мұның не! Келе сала басқа үйдің отымен кipiп, күлімен шығуды кім бұйырған саған? Айтатаңның1 шаңырағынан бұл үйдің суын тасып жүріп өлген адам аз ба еді, енді саған ауыз салған ба! Қайт үйіңе! Жаппар асырай алады сені! Өз үйіңнің жұмысы да жетерлік, – деп Мәдиянның қолындағы eкi шелек суды жұлып ап жерге қоя салыпты!.. – Қайта ғой!.. Сені ешкім жыртық қатынның күңдігіне әкелген емес.

Келін қайтерін білмей, күлімсіреп тұрып қалған екен, Кенжесары шыға келіпті, бар сөзді ecтiп сыбана шыққан ашулы жыртық, бұл жолы Тәбиге тиісе алмапты. Ол бip жұлып қалса, кесек денелі жуан қара қатын жұлқып жығып, жүндей түтетінін білген көрінеді. Eciгiнiң көзінен бepi жылжымай құйрығын ақ боз үйге тыға тұрып шаңқылдап ала жөнеліпті:

– Мына қара күң не деп тұр!.. Өлсе өз абысыным мен келінім өз ажалынан өліпті, оны жоқтайтын ceнбiciң, адыра қал, адыра қалғыр, пырт, бұл ауылға қапқа түсіп келген күңнің енді содиян бола қалуын

Бекназар барда болса бұл осы ашумен Тәбидің тұқым-тұқиянына бір-ақ шаптыра жіберер еді. Еркін сарылтудан қорыққандығын байқаған Тәби де қатты борандатпай жауабына жауап қана қайтарып күліпті:

– Пішт дейді, адыра қал, жыртық ауыз, аузыңнан шашылып кеткен анау сідігіңді жиып ал. Бұл ауылға сен өз атыңа мініп келсең, мен бұл ауылдың адамына мініп келгенмін! – дегенде тыңдап тұрған жұрт ду күлді. Суды үйге кіргізе алмай тұрып қалған Мәдиянды Тәби eндi «тықсыра» түciптi. – Бұдан бұлай осы үйдің жұмысын icтeп жүргеніңді көрсем, үйіңе сүйреп апарып кipгiземін де, есігіңді құлыптап тастаймын. Бұл үйдің сенсіз де ақысыз малайы көп. Малайы көбейген сайын жұмысы да көбейе бepeдi. Көкитан мен барлық қайындарым, оған қосылып мен, Мейіз, Күмісжан марқұмдар болып істеп тауыса алмаған бұл талақтың жұмысын қаршадай сен тауыса алмайсын, үйіңе қайт! Кімге болса да жауабын мен беремін, қайта ғой! – Сұқ қолын тістеп, төмен қарап кетіп бара жатқан Мәдиян артынан ілесе жауған мейірім ыстық сөзді естіп, ерігендей жылай қайтыпты.

– Әдебіңнен айналдым, қарғам, бip жасың мың болсын!.. – Кенжесарының таусылмас бырқылдақ, шалдуар быжалақтарына құлақ аспай-ақ, Тәбидің өзі де қайта бepiпті содан соң. – Біреудің бүлдіршіндей жас баласын дәл бip сатып әкелген күңіндей көруін, аузы көпірген неменің! – деп үйіне кipiп кетіпті.

Жұрт Тәбидің сөзіне күлгенде Кенжесарыны мұқату үшін ғана күлмеген, оның сөзінде асқан шешендік бар еді. Кенжесарының Тәбиді «Қапқа түciп келген күң» деуінде шындық бар. Ал, шындықты жеңер шешендік аз кездеседі. Оның «қапқа түсіп келу» жайты былай...

Тәби осы ауылға іргелес бip ауылдағы төмен шаруаның қызы екен. Көкитан Бекназардың немерелес туыс малайы. Көп жылдар icтeгeн еңбегі үшін Беканазар Көкитанның «басын байламақ» болып, Тәбиге құда түседі, бірақ, төрт-бес қарадан басқа еш нәрсе өткізбейді де, құда жақ қызын ұзатып бермей, сөзбұйдаға салып соза береді, қалың мал төлеу – ақсақал кісінің еркінде, «кісідегінің кілті аспанда».

Көкитан ақырында «өз күшіме сүйеніп бip көрейін, қалғанын үлкендердің өзi шеше жатар» деген ойға келген кeзi екен. Күздің қараңғы, салқын бip іңірінде қайын жұрт ауылынан қыз-келіншектердің күлкі үнi естіле қалады, Көкитан үлкен бip қапты ала салып, сонда барады. Қой күзетіне шыққан жастар екен. Арасында қалыңдығы Тәби де отыр. Көкитан ойынға кipice кетеді. Біраз уақыт «тақия тастамақ» ойнап, одан зерігіскенде:

– Ал, енді не ойнаймыз? – депті бipeyi.

– Біздің ауылда «қап ойыны» дейтін бip қызық ойын бар, соны ойнайық! – дейді Көкитан отырып. – Таң атқанша ойнасаң да зерікпейсің, тоңбайсың да!

– Ал, басташы кәне, көрейік... Қабың бар екен ғой! – деп көпшілік әуестене қалады. – Онда бipeyiң мені қапқа салып, кім екенімді білдірмей арқалаңдар – дейді Көкең. – Мен өзімді арқалаған адамды танып, атын атап бере алмасам, оны қапқа салып көтеріп, ауылды бip айналамын. Егер танып қойсам, ол көтеріп айналып шығады, сөйтіп қапқа бәріміз бір-бірден түсеміз, осылай болады.

Көкең өзінің қалыңдығының бәрінен де мықты қап көтергіш екенін, бұл ойын оған ұнайтынын біледі. Айтқаннан-ақ Тәби құлшына түседі. Көкең түсісімен бір келіншек қаптың аузын бұра ұстайды да, «көтер!» деп бip жігітке ымдаған екен. Қалыңдық кимелей келіп кере бip қап болған күйеуді иыққа сала көтеріп кеп алады.

– Көтерген кім? – дейді бipeyi. Көкең білмегенсіп, басқа біреудің атын атапты. Қыз-келіншек ду күліп күйеуді қаптан шығарып, қалыңдықты қаптап береді.

– 1здеп келгенің осы сор ғой, көтер де ауылды толық айналып кел!

Қалыңдықты қабымен иыққа арта салады Көкең.

– Ие, іздеп келгенім осы бақ! – дейді де, қайын жұрт ауылының өз ауылы жақ шетіне айналып шыға зытып ала жөнелді.

Тәби өзінің құтты орнына қонып, келін болып түскенін күйеуінің саңғырлауынан бір-ақ біледі. – Aпa, eciк аш, келінің келді!

Көкитанның кәpi шeшeci жүгіріп шықса, келін жоқ!.. Ұлының көтерген орта қап «бірдеңкесі» бар екен. – Ой құдай-ай, көзім жаңа ғана ілініп еді, ұйқымды шайдай ашқанын қарашы!.. Мұнысы неменесі?! – дегенше Көкитан қапты көтерген бойы үйге кipiп жерге қоя салыпты.

– Әлгі дайындап жүрген киіміңді әкел, апа, шымылдық тарт!..

Келін қаптан шығуға ұялып, бетін басып алады да, есікке қарай қабымен домалай береді.

– Құдай-ау, не ғып жүр мына қағынған! – деп, қапты шeшeci бас салады сонда. Қаптың аузын ашып жіберіп, енді келінге бас салады. – О, құдайымның бepгeнi-ay!.. Құтты қадам қарашығым, құтты қадам бол!... Өмір-жасың ұзақ болсын! Енді ұялмай-ақ қой, қарғам, ұялмай-ақ қой!.. Ұялатын ешкімің жоқ.

Келін бeтін басқан бойы қаптан суырылып шығады да, оң жаққа барып отыра кетеді. Ауыл-үй әйелдері келіп, басына желек жапқанша бетін басып отырады. Ұрысқанда Кенжесарының «қапқа түсіп келген күң» деуі де, Тәбидің «сен өз атыңа мініп келсең, мен бұл ауылдың адамына мініп келгенмін» деуі де осы жәйт екен. Жаппар екі күзен, бip қарсақ соғып қайтып келгенде, Кенжесары үйіне бip кipiп, бip шығып әлі сампылдап жүр екен дейді.

– Үй, ана жыртыққа не болған?! – депті Жәкең. – Көбігінің барлығы бiз жаққа қарап шашылып жүр ғой!

Үйге кіргенше жалаңбұт Бигелді баяндап болыпты бар жайды. Kipe әйелдерінен сұрап қанығыпты да, ертеңіне Қуандықтан екі түйе сұрап әкеліп, Жәкең Байназар ауылына көшіпті. Қыс түсуге таяған кез. Құлназар мен Байназар ауылының қыстауы бip екен. Жаппарға там салып беруге екі ауылдың азаматы түгел шығыпты. Екі ауылдың түйесін бip-aқ, тiзiп Балқаштан қамыс әкеліп түcipiптi де, байланған екі қабат қамыстың арасын топырақпен толтырып отырып, кең бip ауыз үйді қаздитып тұрғыза қойыпты.

Жаппар мен екі әйелі артылған тал мен қамыстан тәп-тәyip сенек те тоқып, жауып алыпты. Екі бөлмелі үй болып, «салтанат құруға» мұршалары болмаса да, Бигелді мен Бисараның үйден шыға сала жалаң аяқ қар баспаулары үшін керек қой.

Бигелді мен Бисара үш жұбайға қадірлі де ерке болыпты. Бірақ, Кенжесарының кecipiнeн бұларға киім керектігі «ескерілмей» келген екен, «сансыз кем кетік», «жамау-жасқаудан» eкi әйелдің бipeyiнiң қолы енді босап, балалар киімін ескере бepгeнде, «екі қатын бip молада не істейді» деп келіп қуып ала жөнелген өгей ене ұмыттырып жібереді екен. Сөйтіп, үлкен үйдің келер жылға керекті саба-торсықтары жуылып, жамалып жатқанда, кіші үйдің биылғы киілетін тepi-тepceгi иленбей де қалады екен.

Тозаңдай тозып кеткен баспананы, үйме-жүйме алынған екі әйeлдiң көйлек-көншегін бүтіндеп үлгере алмай жүргенде, екі баланың киімі Жаппардың есінде болсын ба, қолдағы бары бip сиыр, екі-үш ешкі, жалғыз ат, бұларды сатқанымен сауар сауын, бұт артар көлік қалмайды ғой. Сондықтан, оқу жасына жетіп асқан Бигелдіні әліге дейін жалаңбұт еркелетіп жүрген «қылмысын үй жылы, жылы үйдегі балаға қазірше киім не керек» деп жасырады екен.

Жәкеңнің бұл қылмысын Бигелді әшкерлепті бip күнi. Аңшылар тілінде қар жауып ашылған күн «қансонар» деп аталады. Иә жүйрік иті, иә құсы, иә мылтығы жоқ аңшы Жаппар қансонар болатын күнi ұйықтай алмайды екен. Ceнeтіні жалғыз атының аяғы жеңілдігі.

– Таң жақын қалды, қатындар, шай қайнат!–деп жатады екен анда-санда. – Құдай бұйырса бүгін бірдеме болар!

Бip күнi осы сөзін естіп оянған Бигелді жалғыз көйлегін кие салып, орнынан тұрып апты:

– Бүгін мен де барамын, әке!.. Жоқ, барамын деген соң барамын! – Есіркеліп өскен ерке жетім, айтқанын істететін әдетімен Жәкеңнің басын әңкі-тәңкі қылыпты. Аңшының үйі түн ортасында у-шу. Ақыры Мәдиян күпісін жауыпты да, Гүлжан киіз байпаққа шақай тартып бepiп, әкесінің алдына мінгізіпті, сөйтсе де, «кіші аңшының» бұтына лайықты еш нәрсе табылмай, жалаң бұт кете беріпті.

Жәкең көбінесе жүйрік, ipi аңның соңына түспей, тышқаншылап қана күзеннің ізін қуады екен. Бip күзенді індетіпті де, «кіші аңшыға» аттың шылбырын ұстата салып, сол інді қазуға кipiciптi. – Eci-дерті күзеннің айғырын тipi ұстау. Ол тipi ұсталса, тоң жерді қазып әуреленудің қажеті жоқ, ұзын қайыс арқанын айғыр күзеннің аяғына байлайды да, басқа күзеннің iнiнe салып кеп жібереді. Ол қыран шақылдай кіріп барып, «үй иесін» қуып шыққанда, Жәкең қамшымен бip-aқ тартады. Иә, табанымен баса қояды.

Iзіне қарағанда мына күзeннiң тұяғы ipi екен, сол қырандардың ноян бipi тәрізді. Сондықтан да інді бар ынта-пейілімен қазыпты. Бipaқ, ін тереңдеп кeтiптi де тереңдеген caйын қиындапты. Қарулы Жәкеңді қит ұрғызып, қинап, түс ауа әрең ұстатыпты. Мөлшерлегеніндей-ақ дәу айғыр екен. Жәкең күзенді шақылдатып, қуана шығыпты құдықтан. Бозарып-көгepiп тұрған Бигелді де ыржиыпты.

Тоңдың ба?–деп сұрапты әкесі.

Тоңғанын айтса аңға eкiншi рет шыға алмайтынын білетін Бигелді:

– Тоңғам жоқ! – деп төмен қарап мұрынын бip тартыпты.

– Әке,осы ағаштан шүметай жасауға бола ма?

– Болады!– деп күлiмcipeптi көңілді әкесі. – Иә, оны ағаштан жасап қайтесің, өзiңдікі бар ғой?!

– Мына шүметай тоңғақ екен, ағаштан жасалса тоңбайды ғой, ие, әке, үйге барған соң ағаштан жасап берші!

Баласының бүгін сол немесінен ғана тeпepiш көpiп тұрғанын білген әке онысын бipaз уқалап жылытып, от жағып ысытыпты да, тағы ізге түciптi. Түстен кейін екі-үш күзенді ін қазбай, сол айғырмен соққан екен.

Қайтқанда сол ашулы тicтeyiк күзенді eтiгiнiң бipiнe қамап, қанжығасына байлап алып байпақшаң қайтыпты. Ертең де осы қыранды құрал ету керек қой. Оны білетін Бигелді аңға тағы да бipгe шығу үшін, үйге келе сала құрғақ ағаш іздеп, бip кішілеу тоқпақ тауып әкепті.

– Miнe, әке, міне, – депті, – шүметайды осыдан жасап бер! Бұл тоңбайды, ертең тағы шығамын! Басқа жерім тоңған жоқ!

Құрметті «тергеушім», «су бастан лайланады». Бұл бөлімде ата-ана тегімнің өзi де тума қылмыстылардан екенін баяндап шықтым. Мен осы қамыс тамда, қыл аяғы шөметайды да қайыспас қатты ағаштан жасайтын, қылмысы шегінен асқан семьяда туылыппын.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ҚАШАҒАН БӨЛТІРІК

I

Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз.

Мен 1925 жылы Тауқұмдағы сол қамыс тамда туылыппын. Ес біле бастаған кезімде ол үйдің дәл ортасында бүкір тipey бар еді. Үйелмелі-сүйелмелі бес-алтау болып шуласып, сол қисық тіреуді айнала жүгіруші едік. Бұл сапқа Бигелді мен Бисара қосылмай, біздің арызымызды тыңдаушы, иә қылмысымызды тepгeyшi сот болып, төбемізден қарап жүретін.

«Би» қатарына туыла сала қосылыппыз. Бұл «үкімшілердің» үлкені Бигелді болса, кейін оған Биғазы, Биғабіл, Биғаділ, Биғайша болып ілесіпті. «Би» болмай қосылғандықтан ба, қалай, Байғабыл, Нұрғайшалар көп жасай алмаған.

Мен алғаш ес білгенде сол шойырылған бүкір діңгек бесеумізге ғана тиісті еді. Үлкендер өз жұмыстарымен далаға шығып кеткенде, бiз де қамыс үйден өре шығатынбыз. Бipaқ, iлe–шала ересек «сотқардың» бipeyi көре салып, қайта қуып тығатын. Өйтетіні, би аталғанымен ic жүзінде бәріміз де қылмысты – сыпыра жалаң аяқ, жалаң бұт едік. Далада қар барын, қыстаудың зор бip қазандай шұңқырда екенін ғана көріп үлгере алатынбыз. Сөйтіп, мол қамыс үйдің ішінен басқаның барлығы бізге жұмбақ, тiптi «о дүние» сияқты болып сезілетін.

Дүниеге адам алғаш келгенде күле келеді, қылмысты да, қылмыссыз да күле келеді. Одан кейін ақырындап қорқу мен қорқыту сатысына көтеріле бастайды. Ең алдымен маған сол қамыс үйдің iшi қорқынышты болып сезілді. Өйткені, қазандықтың арт жағындағы бұрыштан бірдеме шырылдап тұрады. Әcipece, үлкендер үйде жоқ уақытта «басынып» қатты шырылдайды. «Бақажай» оны «айдаһар» деп түсіндіреді. (Биғаділ екеуміз Биғазыны осылай атайтынбыз). Қарасақ, ол «айдаһар» көрінбейді. Teгi ол бізді көрінбей тұрып жұтқысы келетін тәрізді. Терезесi – ешкінің түгі қырылған қарны болғандықтан, үйіміз күндіз де күңгірт болушы еді. Күн батарда үлкендер жұмыс басты болып, далаға шығып кеткенде тіпті күңгірт, тіпті қорқынышты еді.

Әлгі «айдаһар» да дәл осы қорқынышты кезде құтыратын. Бұл кезде мен діңгекті айналмай, «айдаһардан» ең алыс төрдегі қарсы бұрышқа барып тығылып отырып алатынмын. Онда да қамсыз емес, ойынға қанбай жүгіріп жүрген бipeyiн «жеп қояды-ау» деп үрейлене отыратынмын. Ол орыннан үлкендердің бipeyi үйге кіргенде ғана тұрып жадырайтынмын.

Бip күні кеште сол орында үнсіз жылап отырғанымда шешем кipiп келіп, бауырына басты да оның айдаһар емес, қара шегіртке екенін, қас қылмайтынын дәлелдеп түсіндірумен болды. Одан қорқынышым азая берді де, енді өзім басқаларды қорқытуға кірістім. Биғаділ менен бip жас қана кiшi, Гүлжан шешемізден туылған еді, ол қорқуды білмейтін тентек. Соны бip қорқытып қойғым келді. Үлкендер жоқ, үй-iшi қара-күңгірт қорқынышты шақтың дәл өзі болатын. Шешемнің төл салысын қараңғы бұрышқа кере жайып, жата қалдым да, бip бұрышын қолыма ұстап, домалап ала жөнеліп едім, созылмалы салы өн бойыма кәмпит қағазындай жабысып, бip-aқ орап алды. Әcipece бөксемнен жоғары жағымда бір саңылау жоқ, қолым да қимылға келмей екі бүйіріме жабысып қалыпты. Орнымнан сенделектей әрең тұрдым да, даңғаза Биғаділдің жақындауын күттім. Қасыма таман келгенін білдім де «өбіжа.. и!» деп ұмтылып кеп бepiп едім, Биғаділ шыңғыра қашты. Оның даусынан қорыққан өзім де шыңғырып, салыға түсе ала екпетімнен түсіппін. Қорқушы ғана емес, қорқытушының да құлын дауысы шыққанда басқа үшеуінің не үрейі қалсын. Жаппай шыңғырдық, ең үлкеніміз – Биғазы қашамын деп барып, eciккe басын соғып алыпты да, ол өкipiптi, мен жанталаса тыпырлап жатырмын. Өзім оранған салыдан өзім құтыла алмай, зәрем ұша айқайлап тұншығып та кеттім. Тыпырлаған сайын қысылып, қысылған сайын тыпырладым. Шыңғырған дауысыммен бipгe жаным шығып кеткендей, дауысым өзіме де естілмей қалыпты.

Бәріміз бірдей шулауымыздан үйге өрт кетті ме деп шошыған тәрізді, даладан дабыр–дүбір, абын-гүбін үлкендер кірді, азан-қазан, у-шу. Бәpi жабылып мені пәле-салыдан шығара алмай, бipeyi былай тартса, бipeyi былай тартып, барлығы жұлмалап жатыр. Cipә, сол барлық шулағандардың ішінде апат өзіме ғана келген сияқты, барлық қол менің үстімде. Салыдан әрең шығарды. «Үй аузыңа... көк түйнек!» – деп Гүлжан шешем домалата салды мені. Қалжам жаққандай, қатты терлеппін. Жарық дүние көзіме жарқ ете түскенде, бip өксіп қалып тыныстаппын.

Teгi, қорқытушының өзi бip қорықса мөңкіте қорқатын сияқты ма, қалай!

Гүлжан шешемізді «Күле апа» деп атайтынбыз. Мен ғана емес, бүкіл үйдегі үлкен-кіші он адам – бәріміз де Күле апамыздан қорқатынбыз. Біз көбейген сайын әкем бәсеңдеп жаси беріпті. Біздің біреуіміз туылған сайын оның бip «жыны» қашып, ақыры «жыннан» ада болған тәрізді. Бip бала қосылса күніне бip күзеннің інін артық қазу міндеті қосылғандай, машақат ауырлап-ауырлап барып, құлақтан басып алған көрінеді. Сиректеу қара сақалды, кең иықты, шығыңқы кең кеуделі, денелі қара кедейдің жуан басы әмсе төмен, әмсе ойда болатын. Жүргенде кеудесі керіле түскенімен, басын төмен сала теңселіп–ырғалып, асықпай жай жүретін. Мұнысы сол ауыр жүкті әрең көтеріп келе жатқандығы екенін кейінірек түсіндім. Шиеттей жеті бала мен екі әйелді бағу жалғыз атты Жаппарға оңай ма! Сырттағы әлеуметтік сөздерге зауқы жоқ, қасында бipey айқайлап тұрса да естімегендей, басын төмен салған бойы үнсіз жүре беретін. «Жыны қағылған» адамдай көрінгенімен, Күле апамызды бүкіл үй–ішінде осы кісі ғана қаймықтыра алатын. Сол көзінің ағында қарашығының сырт жағын ала біткен қалы бар eдi, ашуланғанда сол қалы қып-қызыл болып бадырая қалатын. Күле апамыздың шаңқылы сол қалы көрінісімен-ақ тыйыла қоюшы еді.

Бұл шешемізден көргілікті әкеміз жоқта көретінбіз. Біз ғана емес, өз кұрсағыннан шыққан Бисара мен Биғаділ де көретін, менің шешем ол кісіге қатты сөйлемейтін. Сондықтан Күле апамыз шаңқ ете түскенде сап бола қалатынбыз. Бірақ қарын ашқан кезде қыңқылдамай да болмайды ғой. «Қарным ашты» деп жеке біреуіміз ғана қыңқылдайтын болсақ, пәлеге қалушы еді, «қарныңа қара пышық кірсін!.. Үй, көктей орыл!» – деп баж ете түседі. Сондықтан әдетте сыбырласып алып, бәріміз үн қоса қыңқылдайтынбыз. Мұншалық үлкен коллективке нан қайда онда!

– Күле апа, бидай, бидай! – дейтінбіз. Біздің ауырлығымызды көтеріп азапқа батып жүрген әкеміз ғана емес, шешелеріміз де әмсе қырыспер, албарынды еді. Әр үйден ескі-құсқы, темір-терсек, киіз-жабағы жиып әкеліп, кешке дейін баса алмай жамау-жасқаумен болатын. Мұндайдан әсіресе, менің шешемнің қолы босамайтын да, біздің бірлескен талабымызды Күле апаға қайталап жеткізетін. Ол кісі қоқыр-соқырын қоя салып, қарғай-сілей түргелетін де, қазандыққа от жағуға кірісетін. Мұндайда от тез тұтанса, бәріміз де жадырай қалатынбыз. Екі-үш үрлегенде тұтай қоймаса, қырсықтың шөнесі сонда келіп шырмайтын: Күле апамыз отты үрлей-үрлей, тұтай қоймаса, түкіріп-түкіріп жіберетін де оған да кегі қайтпағандай, шәугімдегі суды отқа құя салатын. Тіпті, кейде соншалық ашуландырған қырсықты отқа өзінің «кесілатасын» да құйып жіберуге дайындала бастайтын. Күрестің бұл кезеңіне жеткенде шешем орнынан қарқылдап күле тұратын да, от пен Күле апамыздың арасына түсе қалып, отты өзі жағуға кірісетін. Бәріміз де: «қоян-шабан, от-жүйрік, қоян-шабан, от-жүйрік» деп шулап кететінбіз. Шын мақтаса от тез тұтайды деп қаттырақ шулайтынбыз.

Күле апамыз от жанған соң ғана райынан қайтатын да, бақырға бидай қуыра бастайды. Сонда да ашуы еркін тарқай қоймай, қара алтын жүзі мен етті ерні көкаязданып ызғар шашып тұратын. Мұндай кезде біз отқа ентелемей кейінірек тұруға тиістіміз. Олай етпегенде борбайымызға от шашылып та кететін.

Осындай құрыштап тұрған ашуын байқай алмай, Биғаділ екеуміз бір күні үлкен жазаға ұшырап қалдық, бақыр қатты қызып бидай бытырлап жатқан шақта екеуміз де жалаңаш едік. Бақырдағы ойнақтап кеткен бидайға сабырсыздық етіп төне беріппіз. Көз ілестірген жоқ, Күле апамыз қызып кеткен ашулы бақырды жалмаң-жалмаң еткізіп, екеуміздің бүйірімізге екі басып үлгерді. Екеуміз бірдей быж ете түстік те, екеуміз екі жаққа сол бидайша тулап ала жөнелдік...

Төрт-бес жаңасындағы айдай иілген сол таңба, менің оң бүйірімде әлі тұр.

Рақымды «тергеушім», өз көзіңізбен көріп, сол таңбаны қабыл алыңыз, «жазалау жағынан сізге жете алмаса да, сипаты жағынан жете қабылдау қабілеті бар өзіңдей сот басқан таңба ғой», сол кезімнен бастап-ақ менің өмірлік жаза таңбасы басылған, таңбалы қылмыскер екендігімнің ең сенімді айғағы осы.

ІІ

Мен ол кезде ес білгеніммен, анда-санда бір зәруерлігі болмаса сөйлемейтінмін. Сондықтан үлкендер де, кішілер де мені «мылқау» деп атайтын. Кіші аталарымыздың үй-іштері мені жуас деп, жақсы көретін болды, ол үйлердің қайсысының болса да балалары аз еді. Сондықтан, «бала базарына» бала таңдағанда мені сұрайтын. Өйткені, менен төрт жас үлкен Биғазы «тым ересек», бала етіп әкетуге «сіңбейтін қу», ал менен бір жас кіші Биғаділ «тым тентек», олардан кішілері – өте кішкене, шешелерінен айырылса жылап тоқтамайды «әуресі көп». Сол үшін менің базарым жүріп кетті. Әрқайсысы өз үйлеріне апарып бала етіп алып көрді, бірақ, сөйлемейтін «мылқау» болғаныммен ішімді бәрі сайрап тұратын. «Іш мерездігім» барған үйімде көп өтпей әшкере болып қалып жүрді. Мені алдымен Нұржан иеленіп, екі белдің астындағы «алыс» ауылына әкетті. Жат үйде жасқанып, «өте әдепті», «сүйкімді» болып жүрдім. «Өлең айт!» деп мені іңірде ермекке айналдырып, зорлайтын болды. Өз үйімде Биғаділге қосылып айтатын «Екеу-ай» дейтін өлеңімді терлеп-тепшіп қинала, бұғып отырып айтып беретін болдым.

«Өзім сылқым, өзім сал, мен кімге зар, ой, екеу-ай» – деп аяқтайтын жалғыз ауыз өлеңдегі «зар» сөзіне тілім келмей «сор» дейтінмін де күлкіге мазаққа қалатынмын. Қызыл-сары семіз Нұржан бұған барлық қарнымен солқылдап күлетін болды.

– Сен Жаппарға сорсың, аузыңды..! – деп боқтай күлетін. Мұнысына мен іштей қорланатынмын. Бұл үй тамақты аямайды, шыттан көйлек–штан да тігіп берген. Сондықтан, қорлана отырып-ақ талаптарын тағы орындап, «Қотыр торғай» дейтін ертегімді де айтып беріп жүрдім.

Бір күні маған қойған талабы шектен асып кетті:

– Жаппарды боқта! Мәдианды боқта! – деп талап етті. Үндемей қойып едім.

– Маған бала болсаң, боқта! – деп тоқалы зорлай түсті. – Бар, есікке барып тұрып боқта!.. Пәленіңді, түгеніңді деп боқта!..

Орнымнан көтеріп тұрғызды. Мен есіктің көзіне барып отырып алдым да, солқылдап жыладым-ай келіп. Сол есіктен көтерсе де тұрмай бұлқынып, жұдырықтап жатып алдым. Тамаққа шақырса келмей, тамақ та ішпей қойдым. Одан соң Рысалды дейтін малайына көтертіп, төрге әкелдірді, уатып, пәлен киім, түген киім тігіп беретінін айтып алдаса да уанбадым. Ел жатқанда жатпай, отырып алып жыладым...

– Үйін сағынған екен мына арамза! «Қасқырдың күшігі тауға қара ұлиды» деген осы!.. – деп Нұржан ауыз үйден малайы Рысалдыны шақырып алды да, сол түні мені үйіме апарып салуды тапсырды оған. Рысалды мені түн ортасында тоңға орап, түйемен үйіме апарып қайтты.

– Сағындың ба, қарғам?! – деп шешем құшақтап көтеріп алды мені. Мен үн салып еңірей жыладым, – біреу ұрысты ма?.. Аттеріс ұрды ма?

Мен жауап қайырмадым, «Аттеріс дегені» Нұржанның әлгі тоқалы еді. Шын аты «Майлы» болатын. Бабамыздың бірінің аты Майлы болғандықтан, шешем бұл абысынын «Аттеріс» деп атайтын. «Аттеріс» – бала таппаған, шайпау, «сұлу қара» еді. Бәйбішесінен туылған үлкен ұлы өліп, жалғыз кіші ұлы ғана қалған Нұржан мені артымнан неше рет сұрап келсе де бармай қойдым.

Бұдан соң мені іле-шала екінші кіші атамыз – Құлназардың үйі сұрады. Мен ес білгенде кіші аталарымыздың бәрі «марқұм» аталған екен. Ол үйдің биі, Құлназардың бәйбішесі – Әспет дейтін асқан жомарт та, алақұйындау мінезді шешеміз мені және асырап алмақшы болды. Бұл кісі де бала таппай, еріне өздігінен тоқал әперіп, содан туған үш-төрт баламен отырған, өте балажанды адам еді. Кішкене баланы көрсе-ақ айналып, үйіріле тістеп, иә, шымшып жылататын.

Мені ол кісі тістеп те, шымшып та жылатпады. Тағы да сол асырандылықтың «Жаппарды боқта, Мәдиянды боқта», «менің балам болсаң оларды боқтайсың!» дейтін кезеңіне жеткенде шығыса алмай қалдық. Әспет шеше бұларды боқта десе жөні де бар шығар, Жаппардың шешесі тұстас қой, сөйтсе де ондай қорлаушылық Нұржан үйінен кек болып сақталғаны себепті, бұл үйден де менің жүрегіме тікендей қадалды. Бұл бұйрықты да орындамай тағы да жылап отырып алып қайтып келдім.

Менің біраз тұрақтап бала болған үйім – Қуандық ағамыздың үйі болды. Қуандықта бала жоқ еді. Бұл үйде әжеміз, Қайныш дейтін кең мінезді жеңгеміз бар. Бұлардың бәрі де өз әке-шешем сияқты жайлы болды. Ең жақсысы – «Жаппарды, Мәдиянды боқта!» демегендігі. Оның орнына: «Апаңды сағынсаң барып келе ғой!.. Мен ертіп апарып келейін бе?» дейтін Қайныш. Өзім ғана үнсіз барып, тілсіз қайтып келіп жүрдім.

Бірақ Биғаділ жындымен еркін ойнап, еркін шайнасуға не жетсін!..

Сөйтіп жүргенде маған шешек шықты да, өз шешемнің күтіміне қайтып келдім. Бір тәуірі шешек жеңіл шықты. Жазылып тұрғанымда көші-қон болып, түйелі үйдің бәрі көшіп кетіпті де, біздің үй жалғыз қалыпты.

Жұртта қалу біздің үйдің әдеті еді. Ауылдастарымыз барып қонған соң ғана біздің үйге бір-екі түйе, екі-үш жылқы босайтын. Әкеміз соны алып келген соң ғана көшуге кірісетінбіз. Біздің қолғабысымыз – түйеге тең болып, алдымен тоңға оранып артылған кебежеге кіріп, отырып алу ғана еді. Жаппардың барлық қазынасы – үш-төрт кебеже бала. Мендей кішкенелерінің екеуі бір кебеже болғанда, ересектердің әрбірі бір кебежеге әрең сиятын.

Биғаділ екеуміз құйып қойғандай дәл бір кебеже болып отыра қалатынбыз. Екеумізге әкеміздің бір ескі тоны ғана молынан жететін. Алғашында екеуміз құдай қосқандай тап-тату отырғанымызбен, артынан зеріге келе, құдай қоспағандай бола қалатынбыз. Үлкен кебежеде тышқандай-тышқандай – екеуміз ғана отырып, сыйыспай, тіпті екеуміз екі дүниеге сыймастай ауқым тудыратынбыз. Оқиға көбінесе Биғаділдің тынышсыздығынан туылатын. Тауқұмынан Үржар – Егінсуға дейін көріп қызықтауға лайық талай көріністердің болуы мүмкін ғой, кебежеге кірісімізбен-ақ бізге еш нәрсе көрінбейтін де, «түрменің» сыртында атпен келе жатқан әке-шешелеріміздің мынау пәлен, мынау түген дегендей тамашалау сөздерін ести қалса-ақ, Биғаділдің делебесі қозып, елең қағып орнынан атып тұра қарағысы келетін. Екеуміздің жамылып отырған тонымыз ортақ болғандықтан, әрине, «мылқау» көршінің мазасын алмау керек еді. Мазаны алмағанды қойып ол үстіндегі жарты тонын жұлып әкетіп тоңдыратын да.

Содан барып «дүниежүзілік соғыс басталатын». Биғаділ тонды ашып тастап, атып тұра бергенде, мен «отыр!» деп шымшып алатынмын. Тамашалауды тастай салып ол шынтағымен шекеме қағып қалатын. Мен құлақтан алып түскенде, ол менің даяр құлағыма жармаса кететін. Бұл дүниеде екеумізді арашалайтын, иә, келісімге шақыратын кім болсын, біреуміз толық жеңілгенде ғана айқайлап «он сегіз мың ғаламға» жар салатынбыз. Әрине, жар салушы және Биғаділдің өзі болып шығатын. Сонда ғана құдайдай ақырып әкеміз жетеді де, кебежені қамшымен салып жіберетін, найзағай түскендей шарт еткенде, құлағымыз тынып қалушы еді. Сөйтіп соғыс өртін сол құдай ғана өшіре алатын, соғысқұмарлар жым бола қалатынбыз.

Көшкенде басқа аға-бауырларымыздың қайсысы қай дүниеде – «қай түрмеде» отырғанын бір құдайдың өзі білмесе, біз қайдан білейік. Қонысқа жетіп, түйе шөккенде ғана жаудырап, бір-бірімізге жыл құсындай жып-жылы көріне кететінбіз.

– Кебежеден шығысымен Қайныш келіп, мені қолымен жетектей жөнелді.

Ендігі көшкенде мен сені кебежеге түсірмеймін! – деді ол. – Тепкішек салып, жұп-жуас жорға тайға мінгіземін!

Осындай жақсы үмітпен мен қозы қайыруға жұлқына кірістім. Қой өрген соң Қайныш қозыны көгеннен ағытып береді, мен қозының соңына түсемін. Қайныш қозыны санауды үйретеді. Мен сан білмеймін де, саусағымды көрсетіп «мынадай қара, мынадай қоңыр, мынадай ала, мынадай қасқа қозы» деп Қайнышты разы ететінмін. Бар-жоғы жиырма шақты ғана қозы еді. Бәрінің түр-түсін біліп алыппын. Қой келе жатқанда қозыны қайырып қайтатынмын. Қайныш көгендеседі де, кем шығып қалса қайсылары жоқ екенін менен сұрайды, мен үндемей саусағымды бір-бірден ұстап жүріп түгендеп шығамын да, келмей қалған қозылардың түрін айта, оларды іздеуге жүгіремін. Сөйтіп, түріне қарап іздеп, тауып әкеліп жүрдім.

Қозы көгендеу кезінде, кейде өз әкем келіп қызықтап қарап тұратын болды.

– Мылқауым қалай, қозыны жақсы бағып жүр ме! – деп сұрайды келінінен.

Оған Қайныш мені қатты мақтап беріп жүрді.

– Менің балам – шопан атаның нақ өзі, көзі бүркіттің көзі сияқты. Қандай қозының жоқ екенін қарай салып біледі! – дегенде мен көзімнің қиығымен әкеме қарап қоямын.

Бірақ, ел жайлаудан түсер шақта жорғатайға мінемін деп жүрген үмітім жақындап келе жатқан бір күні абыройым айрандай төгілді: бір қоңыр қасқа қозым кем болып шықты. Әрі іздеп, бері іздеп ақыры оны тапқан болдым да айдап келіп көгендеп қойдым. Қайныш қой сауып болған соң қозы жамыратқанда бұл қозыда ене жоқ, біздің қойда қозы жоқ болып шықты. Сөйтіп, қылмысым әшкере болып қалды. Әлгі малданған қозым Әспет шешемдікі екен. Артынан иесі іздеп келіп алып кетпесін бе! Кешінде Әспет шеше келіп Қуандыққа айтып күлкіге айналдырды мені. Әспет күлкішіл де, өте сықақшыл еді. Өз басымды жерден ала алмай бетім күйіп отырғанда:

– Әкең, жынды ғой, кәпір! – деп бетімді шымшып кеп алды. Бұған да жыламайтын едім.

– Жәкең жынды болса да, қозы ұрламайтын! – деп «сап-сау» Қуандық қостай күлді. «Жынды кемпір» сөзін Қуандық аға қостағаннан кейін-ақ менің шегіме жетпесін бе! Көзімді баса бергенімде мұрнымнан да ытқып кетті, тұра жөнелдім. Қайныш қуаласа да қарамай, жүгірген бойы үйге жетіп, әкемнің жамаулы тізесін құшақтай барып жығылдым. Іңір бойы сол жатқаннан тұрмай жылай беріппін.

Сол қозының табылған-табылмағанын білмеймін. Оны маған айтқан ешкім болмады. Бірақ, «Жәкең жынды болса да қозы ұрламайтын» деген Қуандықтың күлкісі есімнен кетпей, оларды көрсем-ақ қорланатын болдым. Қайтып бармай қойдым да бұл қылмыстың салдарынан жорғатайға мінбей-ақ кебежеге түсіп кете бердім.

Құрметті «тергеушім», мен – кішкентай кезімнен-ақ түрмеде – тар камерада өскен қылмыстымын. Зор қылмысты болмаса сол кезден-ақ қамалар ма едім. Қазіргі қылмысымның түп тамыры менде әзерден-ақ бар екен. Шешемнің емшек сүтімен бітіп, бұлшық еттерімнің талшықтарына айналып кетіпті. Бұл қылмыс сол кездің өзінде-ақ мені жақсы киім мен жорғатайдан жұрдай етіп, әкемнің жыртық тоны мен кебеже түрмесіне қуып тығыпты ғой! Әзелден бар бұл арам тамырымды делоңызға мықтап орналастырғайсыз да, «қылмысы сүйегіне біткен тума қылмысты» деп үкімсізге қосқайсыз.

ІІІ

Тауқұмға сол жылы күз аяғында көшіп қайтқанымызда, неліктен екенін білмеймін, қамыс тамымызға бармай, бір жадағайлау сайдағы бөтен қыстауға келдік. Біздің үй кірпіштен қалаған екі бөлек, төрт ауызды жақсы тамға бөлініп түсті. Гүлжан шешеміз Бисара, Биғаділ, Нұрғайшалармен айырым үй болып алды. Әкем де басын төмен салып жүретінін қойып, тіпті нұрланып қалған секілді.

Ыңғай жақсы киінетін кіші әкелеріміздің үй іштерінен ешкім бұл қыстауға келмеді. «Әкең жынды» дейтін сөзді де мен естімейтін болдым. Бұл қыстауға түскен адамның барлығы, бұрын мен көп көрген, жалбыр-жұлма, әмсе жүдеп жүретін адамдар екен де, қазір менің әкем тәрізді бойын көтеріп, ширақ жүретін болып алыпты. Ерекше әдемі киінген біреуі болмағанымен, ит талағандай ерекше жыртық кигені де көрінбеді. Бұл қыстауға алғаш келгенде маған ең жағымсыз тигені – Биғаділмен бірге тұрмауым ғана болды. Биғаділ басқа үйде, мен басқа үйдемін. Қыс түсісімен үйден шықпайтын әдетіміз дәл осы кезде мені ерекше түрмедей езді. Басқа ойынның жөні болмағанда, Биғаділмен бірер рет құлақтасып алсаң да ішің пыспайды ғой. Менің одан басқа кішкене бауырларым бұл жөнінде білмейді. Ұрып қалсаң «ымма!» деп жылауына қарап жаның ашиды да, маңайын баспайсың. Ал, Биғазы көрші ауылдағы кішкене мектепке оқуға түседі де, менен ерекшеленіп «паң» болып алды. Сонда да іңірлерде онымен айтыспай, лаж жоқ, менің айтысуым сөзбен емес, әрине, қағазға жармасып, ірге күш көрсету ғой. Шешем ылғи менің сөзімді сөйлейтін болғандықтан, оған жалынудың қажеті не. Іңірде ол келіп, кітап-дәптерлеріне үңілген кезде мен кимелеп, жамбастай барып төнемін. Ол ары қарай ығысса мен ірге кеңейтіп, ілгерілей отырамын. Биғазы да енді ығысарлық территория қалмаған кезде маған еріксіз жалынады да, бір қарындашын беріп алдыма жаман қағазын қояды. Тыныш отыруымды өтінеді. Сонан соң мен де найынсаптық қылмауға тырысамын,. Жалғыз-ақ шарт: ол "а", "б" деп оқығанда үнін естіп, қараған әрпіне мен де қарай отыратын жақындықта болу. Сөйтіп оның аузына бір, қағазға бір қараумен боламын. Тіпті тесірейіп кететіндігімнен болар, ол кейде күліп жіберіп, қаша жөнеледі.

– Апа, мына мылқауыңа тыныш отыр деші! – деп арыз айта қашады.

– Ол ненді алды, тып-тыныш отыр ғой! – деп шешем арызшының өзін теріске шығарады. Ол лажсыз қайта отырады да, менің ішімді пысыру үшін аузын жыбырлатпай ішінен оқуға кіріседі. Сол себепті келісімді мен қайта бұзамын. Иығыммен шынтағын қағамын.

– Мынаны оқышы!.. Мынау немене? – деп өндіршектей кірісемін. Мұның өзі жанжалға апаратын жол екенін үлкен жігіт болған Бигелді біледі де, өзіне түсі таныс әріптерін маған үйрете бастайды. Бірақ, ұстазым екеумізде қағаз жоқ еді. Бұған кейінірек Бигелді бір амал тапты: қой мен ешкінің жауырын сүйегін жиып әкелді. Екеуміз екі мұжық қарындашпен білгенімізді соған шимайлайтын болдық. Өшіріп тастап қайта жазуға оңай, нағыз кедей қолды, келіскен "қағаз" осы екен! Үлкенді-кішілі екеуміз бұл мектепті "кемелдендіре" түстік. Сиыр мен жылқының жауырынын да тауып, Бигелді мұғалімге жүгірді бір күні, "Ленин", "Сталин", "Жаппар", "Құрман", "Балпаң", "Балтекей" деп айқын жаздырып әкелді. Сөйтіп біз, педагогтердің тәртіп ережесін бір-ақ бұздық. Әріптерді жеке-жеке үйренбей-ақ адам аттарын суретше сызып, жаза жөнелетінді шығардық. Биғазыша шөкімдеп отырмай, шеңгелді бір-ақ салдық. Бигелді әкеммен бірге аңға кеткенде де мен бұл "ғылымнан" бас алмайтын болдым. Қыстауда бұл алты кісінің аты жазылмаған жауырын қалмады. "Шабытым" келе қалған кейбір кездерде тоқбас жілік пен кәрі жілікке де, далада қураған бастарға да тізіле қалып жүрді. Мен жазған "сүйек кітаптарды" Биғазы кейде даладан тауып әкеледі, бұл "кітаптарда" ол "молда" білмейтін әріп көп еді. Тізілген алты атаудағы кей әріпті ол менен сұрайды. Мен, өзім жазсам да, ол әріпті білмейтіндігімді сездірмеуге тырысамын:

– Бұл сен білмейтін әріп! – дей саламын да мұрнымды көтере бір тартып қойып теріс айнала беремін. Сөйтсем де, бұл әріпті оның өзі не деп оқитындығын аңди отырамын.

– Мына мылқау үндемей отырып сенен озды, – дейді әкем. Сөйтіп, мені шектеуден Биғазының өзі шектелетін болды Оның кітабына, көзі мен ауызына қанша қадалсам да ұқықты болып шықтым.

Әкем бір күні күзен, қасқыр, түлкі терілерін түп үйге әкеліп қаттап, қапқа тықты.

– Жұзағашқа апарамын!... Саған дәптер, қарындаш, етік әкеліп беремін! – деді.

Қуанғанымнан жүрегім ішімде жүгіріп жүргендей сезілді. Өзім де ойлы-қырлы шапқылап, қыстаудың желке жағындағы биік шағылға шығып, ойнап кеткендей болдым. "Алдымен ана үйдегі Биғаділге барамын ғой!" деп ойладым.

– Биғаділге де әкелесің бе, әке?

– Оған да әкелемін...

Әкем терілерін бөктеріп, аттанып кеткеннен бастап, дәретті сылтауратуым көбейіп алды («бұл жұмысты» бұрын табалдырықтан жөнелте салушы едік). Аяғыма шешемнің кебісін іліп алып шығып, үйдің артына бара әкем асқан белге қарап тұратын болдым. Жауырынға жазып отырғанда да даладан ат дүбірі естілгендей, елендеп қалып, тұра жөнелемін.

– Сен өзің тынышсыз болып кеттің ғой, – деп шешем кінәлай берді, – әкең кеткелі жазғаның екі-ақ жауырын!

– Олай болса әр кеште үш жауырыннан жазып өшіріп жүрмін ғой!

– Саған мен киіз шарық тігіп жатырмын. Егер көп жүріп кететін болсаң, сыпырып аламын!

– Алсаң ала бер, әкем әдемі етік әкеледі! Киіп аламыз да, Болтай ағамша былай-былай жүріп кетеміз баяғысында! – деп адымдап-адымдап жүріп кетіп едім. Шешем қарқылдап күлді, одан сайын адымдап барып, кішкене Биғайшаны қағып-жығып алдым. Қылмыс табу оп-оңай екен. Ол шыр ете түскенде алды-артыма қарамай үйден шыға қаштым да, қарда жалаң аяқ күртілдете жүгіріп, Гүлжан шешемнің үйіне кірдім. Мұндайда Биғаділ пана бола ма, Күле апамның етегіне барып тығылдым. Аюдай ақыратын бұл шешеңіз аялы қормалымдай көрініп кетті. Бауырына басып, аймалай берді өзі. Байқасам, қуғыншы жоқ екен. Сонда да тығыла түстім. Бұл кісінің мейірімін көз ашқалы көргенім осы болса керек, алдында жата бергім келді. Қып-қызыл болып кеткен аяғымды уқалап, көйлегінің ішінен омырауына басты.

Егер тосын қылмыс өткізіп қоймаған болсаң, тосын тәуекел болмас еді де, Биғаділді дәл мұндай тосынан көре алмас едім. Мен келе тығылғанда, ол да келіп, басымды сипады. Сүйінші сұрағандай, таяу заманда етікті болатынын, қазірдің өзінде-ақ киіз шарықтың сырылып болып қалғанын айтты:

– Киіп шығып ойнаймыз! – деді. Мен де осы қуаныштың салдарынан қылмыс өткізіп алғанымды есіме түсіріп, есікке жалтақтай бергенімде шешем кіріп келді, мен тығыла қалдым. Бірақ, шешем күле кірген тәрізді көрінді. Гүлжан жазғыра қарсы алды оны:

– Үй, бұл не қылды саған, қарға жалаң аяқ қуғаның не?

– Қуғаным жоқ, қайтып кел деп шақырсам, қаша берді өзі... Сөйтсе де бұл мылқау әкесі кеткелі құтырып кетті тіпті!

– Құтырғам жоқ, қуандым! – дедім мен бұғып жатып ақталып.

– Ашумен құтырғаннан қуанып құтырған жаман! – деген шешенің сөзіне екеуі қатар күліп алды.

– Сен ғой, – деді сонан соң шешем. – Қымыр етсе-ақ қойып қалып жүріп балаларды қорқақ қып қойыпсың!

Бұл сөзге Күле апамыз бұрқ ете түсті:

– Қу шұнақ құдай! – деп мені өз шешеме лақтырып тастады да, шашы мен бетін жұлғылай берді. – Өлгеніңе.. Құдай, осынша қыр соңыма түсіп, сені құлдыр қылған мен бе едім, қу құдай!.. Балаңның су жүрек болып туғанын да менен көрдің-ау құдай!..

Мені арқалай түрегелген шешем:

– Болды, жә! – деді, – сенің қыр соңыңа түскен ешкім жоқ қой!.. Заңсыз деп бөліп қойып отырған үкімет емес пе? Әйтпесе мына екі баланың бөлінетін не қылмысы бар еді. Іштері пысып өлгелі жүр!..Болды, ру қуудан өзім ақталамын деп сені қаралап қойыппын!.. Енді олай сөйлемейін!..

Шешемнің арқасында келе жатып, бүгін едел-жедел екі қылмыс өткізгеніме өкіндім. Қуанбасам, Биғайшаға аяғым тимейтін еді де, қашып келмесем, апаларым ұрыспайтын еді!..

Үйге кірген соң шарықты үн-түнсіз ысыра берді. Мен бес-алты жауырынды алдыма бір-ақ қойып жазуыма кірістім, кешке дейін осы алты жауырынды толтырып, шешемнің ашуын тарқатқым келіп еді.

Біраздан соң Биғаділ азан-қазан айқайлап кірді де, "міндет" орындалмай қалды. Ол тату уақытында мені "Қырау" деп атайтын да, жараспай қалғанда "Мылқау" деп атайтын.

– Қырау!.. Қырау!.. Мінеки киіз етік деген! Бисара тәтем тез бітіріп берді!.. Сенікі қайда!.. Үй, сен қу сүйек мүжитін болғанбысың, қолыңмен басып отырғаның не?

– Бұрынғыдай әр күні бірге жүрген болсақ, әсіресе кебеже ішінде отырсақ, бұл сөзі үшін қолымдағы жауырынмен бір-ақ салар едім оны, қыс түскелі көре алмай сағынып жүргендігімнен ашуланбадым. Шешемнің қолындағы шарығыма қарай бердім. Биғаділдің сөзіне төмен қарап күліп отырған шешем:

– Қыраудыкі де қазір бітеді, – деп жеделдете түсті, – сен де жазу жазып үйрен!

Шешемді асықтыра алмадым мен, қылмысым бар ғой, әйтпесе бидайықтай қуыратын жөнім келіп-ақ еді, құлағым қызып отыр. Үндемей жазуымды шұқылай берген болдым. Бірақ, көре салысымен-ақ Биғаділдің сағынышы тарқап сала бергені білінді:

– Мына шимайың немене, ей, мылқау? Мен жауап берудің орнына жалғыз-ақ:

– Қу түрік! – деп бұртия қарадым. Оның үстіңгі ерні түріктеу еді.

– Мылқау!.. Мылқау! – деді ол.

– Шыжың! – деп салдым мен, төсекке анда-санда жіберіп қоятынын көргенім бойынша оның ең намыстанатын айыбын бетіне бір-ақ бастым.

– Мылқау дүлей! – деп тұра қашты. Мен тұра қуып едім.

– Ей, тоқта, шарығың бітті! – деп шешем шақырды. Мен қайырылып тұра қалдым.

– Әкем келді, әкем келді! Қырау!.. Қырау! – деп қайта татулық атымды шақырып, Биғаділ айқай салды да терезені кақты.

– Әкем келе жатыр!

– Шарықты қоңылтаяқ кие сала жүгірдім. Ең алғашқы киген аяқ киімім болса да, біраз қарап, көз сусынымды қандырып алуға мұршам жетпеді. Үйден шешем де шықты. Маңайдағы әр үйден адам шығып қарап тұр екен, біз жеткенше ересек Биғазы барып, әкемнің алдына мініп алыпты. Биғаділ екеуміз жете бере әкеміздің өте көңілді екенін байқадық. Биғазыны түсіре салып мені, сонан соң Биғаділді алып бетімізден сүйді. Аттың артынан бірнеше шуылдақ еріп келеді. Әкеміз мылтық әкеліпті. "Кімдікі" деп сұрағанымызда "үкімет берді" деді. Өзі де қуанышты үнмен айтты.

– Үкімет неге берді?

– «Аңды көп аула, қасқыр, түлкіні көп әкел» деп берді!

Өзі бұл жолы көп нәрсе әкеліпті. Пұл, шай, кәмпит, қант, дәптер, карындаш... Қалай санарсың... тіпті... шешем бәрін ашып көрді. Бұрын мұндай көп нәрсені Нұржан, Қуандықтар ғана қаладан әкелетінін көргенмін. Енді біздің әкеміз де әкелді. Олар қой айдап апарып әкелетін. Біз оған қызығатынбыз, әкеміз бір қап терімен-ақ әкелді! Қант-кәмпит дегенді шешем келгендердің бәріне үлестіріп жатыр. Біздің үй де бай болған сияқты. Күле апамыз да күле отырып көп нәрсе алып қайтты. Ең жырғаған – Биғаділ екеуміз, бірақ "лапкеде" кішкене етік жоқ екен дейді. Екеумізге жып-жылтыр қысқа қонышты кішкене "калош" етік әкеліпті. Мұндайды бұл ауылда киген басқа бала жоқ!..

– Мылтық келді, қасқыр, түлкіні енді қырып саламыз! – деді Бигелді.

– Жаппардың өнерін енді көресіңдер! – деп Байжұрқа атамыз да қостады.

– Мылтық иесін енді тауыпты. Бұл ана жылы Нұржанның "бердеңкесімен" аспандағы бір топ қаздың бірін жібермей түсірген!

– У да әкелдім! – деді әкем. – Тегі ең мықты қыранымыз сол болар! Пиаланың үгіндісін қосып, жемтікке себеміз, қасқыр сеспей қатады!.. Тері алатындардың бастығы Минаж дейтін жуан ноғай еді. Барлық қазына сонын қолында екен. Бәрін сол бергізді. Өзі менің қолымды ұстап:

– "Саған не керек болса, бәрін мен қамдаймын" деді. Тіпті жалбырақтап тұр өзі. Ұлықтардың ішінде мұндай адамды көргенім осы. Өзі: "осы жаққа шығамын, сенің үйіңде де боламын" деді. Мен кедейлігімді айтсам, ол қатты күліп кетті. "Бізге ең керегі – сол кедейлігің!" деді. тіпті "совет үкіметі – сенің үкіметің" деп салды. Осы жазда ауылдарыңа колхоз құрылады, байларды арестоват" деді.

– "Арестоват не? – деп сұрады Байжұрқа. Бұл сөзді жуан дауысымен гүрілдемей, ақырын сұрады.

Әкем де жауабын бәсендей қайырды:

– Нұржандарды құлаққа1 жатты дейді, малын кәнпескелепті. Ал, "арестовайтын" өзім де ұқпадым. Қайтып келе жатып Ақтайдан сұрасам, "Сібірге айдалады" деген сөз дейді.

Байжұрқаның дөңдей бүкір жауырыны одан сайын бүктеле түсіп, әкемнің бетіне ауызын жақындата сөйледі:

– Совет өкіметінің кедейшіл болуы жақсы-ақ, бірақ, әлгі колхоз дегені, тіпті жаман дейді, орыстармен бір үйде, бір қазаннан тамақ ішеді екенбіз. Бізге де шошқа етін жегізеді дейді, дінді жоғалтады дейді. Бұған қалай шыдаймыз?! Әлгі ноғайың бұл жөнінде ештеңе айтпады ма?

– Жоқ, айтпады. Совет кедейді жақсы көрсе олай етпеуі керек.

– Орыстарда кедей бар ғой?!

– Кедей болғанымен олардыкі өз алдына, қазақ кедейінің де өз алдына тілегі бар емес пе. Біздің тілегімізді де орындамай ма... Бұл естігеніңіз байлардың сөзі шығар, олай болмайды. Байлардың өсегі ғой тегі! Сізге кім айтты мұны?

– Байлардан естісем ғой сенбес едім. Бірақ осыны өзіміздің қулар көп айтып жүр. Қалай сенбессің, бәрі айтады, тіпті, Санатпай, Ақтайлар да айтыпты.

– Мұны айтқандарға біз де айта жүрелік. Совет кедейлердің тілегін орындайды, осыған ғана сеніңіз! – деді әкем...

Резинке шолақты киіп алғаннан кейін-ақ "қар кешейік!" деп түрткілей берген Биғаділ мені жетектеп ала жөнелді. Біздің әкеміздің де бұл сөздерінен "ұлық болып қалғанын" байқап мен шықтым. Шыға салып қар кештік, қысқа қоныштан асып кетсе де Биғаділ ескере қойған жоқ.

– Совет, Совет, – деп айқайлады қар кешіп жүріп.

– Үкімет, үкімет!.. Коммунист!.. Менің әкем коммунист.

– Ей, аузыңа с...!–деп үйінен Күле апамыз шыға келді.

– Қонышыңа қар құйылып кетпеді ме! О, өкіметіңе, коммөнисіңе... сенің! Жүр үйге, түн ішінде неғып жүрсің!..

"Тергеушім", біздің осы шешеміздің шұнақ демеген құдайы, тілі тимеген үкіметі қалмаған. "Екі дүние" емес, төрт дүние болса да қылмысы жетерлік еді. Жас кезімде сол қылмыстыдан оза шауып тәлім алған қылмыстымын.

IV

Бұл қыстауда бізбен бірге отырған Санатпай, Ақтай атты ағалы–інілі екі жігіт болды. Сол кезде Санатпай қырық жастан асқанда, Ақтай отызды басып өткен. Екеуі де әліге дейін неке көрмеген бойдақ. Олардың басын қосып, түтінін түтетіп отырған шешесі еді. Екеуі де белсеніп, ертерек "ақ жүрек" қатарына қосылыпты. Тіпті Ақтай район, ауыл жағалап жүріп, партия қатарына өтіп алыпты да, бүкіл өңірге "Ақтай коммунист" деген атағы шығыпты.

Ұзын шаш қойған жігіттен ең алғаш көргенім осы Ақтай болды. Шашын көзіне түсіріп, әр адым басқан сайын басын кеңжең еткізіп бір сілкіп тастап жүретін. Отырғанда сылағыштап, қолы шашынан кетпей отырушы еді. Оның киімі қала формасында болатын. Бет шырайы да әдемлеу, бірақ, тар мандайындағы ұзын шаш ақ-сұры қушық бетін одан сайын қушайтып, қырылған иегін ғана қалдырғандай, шүкірейген сұп-сұры суық көзі шаш арасынан зәрін шашып тұратын.

Ол ауылға барып қайтқан сайын сол суық көзі шекшие түсетін болды. Сондықтан, ауыл әйелдері оған алдымен "текеш коммунис" деп ат қойды. "Ақтай" атына жалғаса айтылатын "коммунис" деген сөз кәрілер жағынан өте кекетінді, өте ащы мысқылмен қосылатын болды да, ақыры өз аты өшіп, "коммунис" аты ғана қалды. Ақтай үшін ат болған осы бір қасиетті атау – ең ащы янат сөзден де тұрпайы естіліп жүрді. Сол кезде біздің ауылдастар көрген коммунист осы Ақтай болғандықтан, бірін-бірі янаттағанда «коммунист» деп "тілдесе" ғана әріптесін мұқаттым деп есептейтін.

Ақтайдың мұнымен ісі жоқ, өзін "коммунист" деп қана "атайтын" болғанын "халық атымды атай алмайтын беделді болдым" деп мардымсыған ол шекірейген үстіне тікірейе түсті. Бұған иық сүйеген "белсенді" ағасы Санатпай да елден оқшауланып әспенсіп алды.

Бұлардың жұртқа не істеп жүргенін ол уақытта өзім түсіне алмадым. Бірақ, қарапайым ауылдастардың барлығы да ағайынды екеуінен сілтідей тынады. Киімдері де, өң шырайлары да, мәртебе-дәрежелері де ауылдан осылай "биіктеп-биіктеп" алған "қос мықты" осы себептен үйлене алмай жүріпті.

Сөз салған қыздары "кәрі" деп қана жауап қайырса, жесір келіншектер күлкілі жауап қайырыпты. Біреуі Ақтайға: "Жарайды, кекілің ұзара түссін, әнеу сүйкімсіз көзің мүлде көрінбейтін болған кезде бір жөні болар!" депті. Тағы біреуі Санатпайға: "Жарайды, менің енді бір-екі күйеуім қайтыс болған соң кел, сонан соң сенен басқаға тимеймін" деген екен.

Мұндай сөздер әйелдер қауымына жұқпалы аурудай тарала кетіпті, ақырында өз қыстауындағы жеңеше-жеңгелері оны түрлендіріп, неше саққа жүгіртетін болыпты. Осы сайқымазақ пен Санатпайды "мүңкір-нәңкірдің" күрзісіндей соққанын "мылқау" болсам да естіп жүрдім.

Санатпай мен Ақтайдың бірі кірген үйде сөз болмайды, тамақ пісіріліп жатқанда кірсе қазандары түспейді. Үй иесі бір "жұмысына" жөнеледі. Иә, келе жатқанын ести сала "буланып", "терлеп", "ұйықтап" қалады. Өйтетіні, бұл "мықтылар" сөйлесе кетсе бір астамдық көрсетпей қоймайды. Бұлардан балалар да қатты қорқатын болды: "Үйбай... Әй, Ақтай келе жатыр, көзін қарашы!", "Үйбай... Әй, Санатпай мас болып келеді!" деп қорқытса, "Аю келді!" деп қорқытудан бізге әлдеқайда қорқынышты естіледі. Бұл екеуі де құмаршы болып, бұрынғы орта шаруалы тұрмысын төрт асық пен "жиырма бірге" салып құртқан екен де, ең соңында шешесінің білезігі мен келіншек кезінен қалған сақиналарын ұтқызыпты. Сөйтіп, қаңғыбастыққа салынып жүріп, "ауыл пролетары" болып шығыпты. Бірақ, жалшылыққа түскен батырақ емес, ұсақ ұрлық-кезептікпен, кақты-соқтымен күн кешіріп, ауыл маңына үрей салып өскен бадырақ көздер екен. Бұлардың кезептігінен бұл ауылда, қыл аяғы есік жақта тұратын кебіс те "қорқып", "төрге қашып" жүктің астына тығылатын болыпты.

"Бадырақтардың" қазіргі қолы жеткен кәсібі – ішкілік. Олар мас болып, қираңдап шыға келгенде, тұра қашпайтын бала жоқ. Өйтетіні, қалтырақтаған қолына түссең желкеден, иә, төбеден басып мыжи салады. Жақсы көріп аялауы да, жек көріп жазалауы да осы. Сондықтан біз оларға сау кезінде де алыстап, үрейлене қарайтынбыз.

Жазуды қағазға жазатын болғанда маған бір арман қоса пайда болды, ол – өшіргіш еді. "Айналдырған бір кішкене дәптер, алты бірдей үлкен адамның атын жазуға қаншаға жетпек! Жазып болған бір бетін қағазбен өшіріп, қайта жазып жүрдім. Екінші өшіргенде қағазға қарайып қалады екен. "Егер Биғазынікіндей өшіргішім болса, төрт-бес өшіріп жазсам да қараймас еді!" Осы арманмен шағылдар арасынан құмсағыз іздегім келді. "Құмсағызды төртбұрыштап қатырса өшіргіш деген сол" деп болжағанмын. "Қасқыр жеп қояды" деп бір кешке жақын Биғаділ шықпай қойды да, өзім жалғыз кете бардым. Екі төбе астым, табылмады. Үшінші төбе бауырына жеткенімде қасқырдан өзім де қорқа бастадым. Қайтуға енді беттей бергенімде ауыл жақтан келе жатқан бір атты адам көрінді. Анықтап қарасам Санатпай екен! Қасқыр дейтін корқыныш жай ғана мысық тәріздес болып қалды да, өзім сол қорқынышты санаған иенге қарай зыта жөнелдім. Санатпайға көрінбейін деп жыра–жыраны далдалай қаштым. Ауылдан тым алыстап кеткенімді біле зытқаныммен, "басқа шара жоқ, әйтеуір ұзын мойын Санатпай көріп қоймаса болғаны". Әкем соғып әкеліп беріп жүрген қасқырлар аласа ғой, жүзген мен шыралжының арасынан мені көре қоймас!" – Бар қорқынышым Санатпайда ғана болды. Неше белді асқанымды білмеймін, қараңғы түсіп, шағыл төбелердегі жүзгендердің барлығы сорайып, Санатпайдай көрінді. Қорыққанымнан айқайлап жылайын десем, менің қайда екенімді "біліп қояды", жыламайын десем, қайда келгенімді өзім де білмей қалдым. Маңайымның барлығы түсірлеп-тасырлап асыр сап кеткендей. Бүкіл дүниеден жүрегімнің дүрсілі ғана естілді. Кеңкілдеп жылап барамын, жүгіріп барамын. Біресе оң жаққа, біресе сол жаққа жүгірдім. Таныс жоталарымнан ешқандай белгі жоқ. Өне бойымнан тер сорғалап, малмандай су болдым. Тасыр-түсірмен тосыла тұс-тұстан айқай-шу естілді. Құлағымның шуылы сияқты, оған да сенбеп едім. Сол көп шуылдың ішінен таныс бір айқай сап ете түскенде тоқтай қалдым. Әкемнің дауысы өте қатты естілді, енді жақындап келе жатқандай бір естілді де, өзінің бір жағымнан атпен шауып өте шыққаны көрінді. Мен айқайлайын деп едім, үнім шықпай қалды. Кеңкілдеген дыбысымды естіген болу керек, қайырыла шауып келіп, ат үстінен іліп алды.

– Таптым!... Таптым! Мұнда, мұнда! – деп айқайлады сонан соң жан жағына қарап. Бірнеше адам іздеп шыққан екен.

– Балам-ау, қайда жүрсің! Маңайдың барлығы шуылдасып жатқан қасқыр ғой!

– Санатпай! – дедім жалғыз-ақ...

Бұл менің одан бір реткі қылмыссыз қорқуым еді. Сол қыста Санатпайдан қылмыс істеп қойып тағы бір қорыққаным бар. Бізге аталас Құрақбай дейтін шал қайтыс болып еді. Артында қалған жалғыз кемпірі оған құран оқытқыш болды. Үлкен келсін, кіші келсін, үйіне кім кіріп құран оқыса сол өлмелі жалғыз кемпір бар мәзірін дастарқанға төгетін. Сілкіп салар сырмағы жоқ кедей болса да тырнаштап жиып, тыққыштап сақтаған құрт–ірімшігін, тары–талқанын беретін сол үшін, балалар Бүбіқан шешенің дастарқанына құран оқығыш болып алды.

Мен өз бетіммен барып оқи алмаймын, құран білмеймін де, кейбір балалар сияқты жоқтан бар етіп құрастырып зулататын қабілетім де жоқ, "мылқаумын ғой". Құранды ең жақсы оқитынымыз "Биғазы молда". Дағды бойынша соны андып тұрып, Бүбіқанның үйіне бара жатқанында ілесе кеттім бір күні. Сонан ол "ассаламағалейкумді" көтере айтып кірді де, жүгініп отыра қалды.

Молда жүгінгенде тәбәрікші одан да жақсырақ жүгінуі керек қой. Мен де оның жамбасына жабыса далдалап, бар ынтамен жүгіндім. Киіз шарығым астыма сыймағандықтан ұша жөнелмек құстай қоқшырайып қалдым да, қатты күшеп, жығылмауға тырыстым. Бірақ, бұдан гөрі күлмеуге күш көбірек жұмсалды. Екі қабат күш жұмсап тіпті қатты тырысқандығымнан көзімді жұмып та алдым.

"Биғазы молда" мақамына келтіре баптап "аузыны", одан соң "биссімилланы" толық соза айтып шықты. Оның есебінде: құранның дұғасын көбейту үшін асықпай, ұзағырақ созу қажет. Бұл ойын надан мен де байқап отырмын. "Биссімилласын" бітірді салмақтанып. Тамағын қырынып тағы да ұзағырақ тынды. Бұл баптауы менің кұйрығым мен тіземді қинап бара жатса да надандық етпейін деп шыдап, енді тістене түстім. Содан сон "молдекем" әр күні оқып дағдыланған ыңғай "иттен" құралатын "дұғасына" түсті:

"Уассалаты уәл ақ итті үйіттім, уәл кара ала итті үйттім, уәл са... а.. ыр и... тым. Уәл тара... уиық тарғыл итті үйіттім, уәл кари... итім".

Мыжырайған оқыр қара кемпір бұл "дұғаның" мақамына мүлги түсті. Аузы жыбырлап: "Амин!.. Амин!!! Сәбидің жүрегі таза ғой, қабыл болар-ақ... Амин!" деп күбірлейді. Мен күлкіден тұншығып Биғазыға сүйене бергенімде, "Сұбыхан" басталып барып шорт тынды. Сып етіп Санатпайдың кіріп келгенін білмей қалыппын. "Биғазы молда" орнынан қарғып тұра жөнелгенде, дастарқанға мен екпетімнен түстім. Санатпай бір түйіп қалғанда "молдаекем" табалдырықтан асып барып, ұшып түсті. Жалма-жан қарғып тұрып, шыбын-шіркей қаша жөнелді.

– Контыр! – деп зекіді Санатпай маған. – Контырдың тұқымы!.. Құран оқы деген кім сендерге!.. Құдайларың қайда! Құлағын жұлып алайын!..

Осыны айтып Санатпай менің құлағыма ұмтылды. Мен шырылдал барып Бүбіқан шешеге тығылдым.

– Асстапыралда, қарағым, үйдеме!.. Бұл балаларға мен оқыттым, мен!.. Бәрімізге де бір құдай бар ғой, үйдеме, қарағым, үйдеме!

– О, құдайынды!.. – деп Санатпай шыға жөнелді.

Құрметті "тергеушім", мен бесіктен белім шықпай жатып-ақ осындай "контыр" (кері төңкерісші) болғанмын. Ол кезде "контыр" дейтін, қазір сіз "пәнгымең" дейсіз, қалай атасаңыз да оңып жатқаным жоқ, бұдан үлкен кері кеткендік бола ма. Бұл атауларыңыздың қылмысқа лайық, аталы атау, әділ үкім екеніне кім таласпақ!

V

Әкем мен Санатпай келісерлік ағайын емес екенін мені "контырдың тұқымы" деуінен-ақ сезгендей едім. Артынан байқасам араларында асусыз кезең, өткелсіз өзен бар екен. Бұл жәйт біздің үйге Минаж ноғай келгенде анық білінді.

Ұзын қара тон киген құндыз малақайлы, жуан күрең сары кісі келіп, әкеммен далада қос қолдап амандасты. Қасында мылтықты екі адам бар. Мұндай "үлкен ұлықтың" үш ат жеккен жылтыр қара шанамен келіп, ескі тымақты әкеммен құшақтаса кетуі бізді таңқалдырды. Жалбырақтай амандасып біздің үйге кіріп бара жатқанда, мен қысыла ұялдым: "жаңа сырмағы да жоқ жаман үйімізге мына киіммен қалай отырар екен!". Биғаділ екеуміз қашып, Күле апамыздың үйіне кеттік. Ол шешеміз бен Нұрғайша қатар ауырып жатқан. Біздің даң–дуңымызды жақтырмады. Далаға қайта шықтық. Есік алдындағы жалтырауық шана мен сап-сары ала шылия – қамытты үш ат біздің үйді сәулелендіріп жібергендей көрінді. Біз шананы біраз сипалап көріп тұрып тоңдық та, есіктен келіп сығаладық.

" Үйіміз мынадай қонақ отырса оншалық ұялмайтындай екен" деген ой келді маған, қайдан келгені белгісіз, бір үлкен текемет жайылып, қонақтарының астына көрпе салыныпты. Жаңа дастарқанға қант пен бауырсақ төгіліп тасталыпты. Шешем шай құйып отыр, қазаннан еттің исі бұрқырайды. "Попыраз" бен тағы бір нәрсенің жағымды исі аңқып кетті. Биғаділ екеуміз сыбырласып, есіктің саңылауынан кезекпен иіскелеп тұрғанымызда, ауызғы үйдің есігінен Санатпай, онан соң Ақтай болып екі бірдей "әзірейілдің" кіріп-ақ келгені ғой! Сыртқа қашуға жол жоқ. Енді қайда қашарсың. Ағалы–інілі екеуміз бір-бірімізді қаға–соға кимелеп, үйге бір-ақ кірдік. Көздеріміз ит көрген лақтай едірейіп, қонақтардың үстінен секіріп өте жаздадық. Қорқынышта иман тұра ма, ұялуды ұмытып қалыппыз.

– Не болды сендерге! – деді әкеміз ызбарлы танданыспен қарап. Жайымызды шешеміз ұқтырды.

– Ар жағынан бөрі келе жатса қайтпек, – деп күлді. Кіре сәлем берді қос мықты:

– Ассалаумағалекум...ым

– Ә...ысламағалекум!

– Келіңдер, келіңдер! – деді Минаж. Оларға да түрегеліп қол ұсынды.

Елулерге келіп қалған ауыр қозғалатын адам екен. Бурыл тартқан тықырлау, жуан қасқа басы келісіп-ақ тұр. Кіргендердің ахуалын қайталап сұрай түсті.

Сәл шытынып қалған әкем үн қатқан жоқ. Биғаділ екеуміз жуан-жуан төрт шақпақ қантқа ие болған соң "бадырақтардан" алысырақ бұрышқа – ағаш керуеттің аяқ жақ далдасына барып отырып алдық. Бірақ, көзіміз соларда болды. Мен бұрын байқамаппын, Санатпай кеңірдегі ұзын мойнынан бір бөлек біткендей, айырым-сорайып тұрады екен де, езуі ұзын жагын көлденең кесіп өтіп кұлағына таман барып тоқтаған екен. Аузы мұндай үлкен болар ма, бауырсақ бес-алтыдан топталып бір-ақ атылып кіріп жатыр.

Басытқылық ет туралып дайын болғанда, әкем төсектің астынан пешетті бөтелке алып, арақ құйды. Бір шынысын өз алдына қоюынан қаупім асқындап, тітіреп кеттім мен. "Бұрын арақ ішіп көрмеген әкеміз мас болып қалып, "қос мықтыға" төтеп бере алмаса қайттік. Анау Санатпайдың тарғыл беті қазірдің өзінде-ақ талаурап қиық көзі қып-қызыл шоқтай болып отырмай ма. Биғаділ де сыбырлап, қорқынышын айта берді. Мен төсек астына қарай түстім, соның астынан басқа пана табылмайтын сияқты.

Қонақтар арақты үш реттен көтерісті. Дабырласып сөйлесіп отыр. Оған құлақ салудан ойлаған қамымыз басым еді. Минаж бізге бағдарлай қарап қойып сөйлегенде ғана назарым ауды.

– Сіздер балаларды қатты қорқытады екенсіз, – деді ол, – байқасам өте әдепті балалар көрінеді. Ал, жаңа сіз екеуіңіз келіп кіргенде бұлар бізді басып өте жаздады.

– Балаларға ғана емес, – деп оған жауапты әкем қайырды, –бұл маңда үлкен-кішіден бұл екеуінен қорықпайтын адам жоқ, бекер обалдары кәне, қазірше мені ғана қорқытпай жүр.

– Біз буржуйлардың бәрін де қорқыта аламыз! – деді Санатпай. Ақтай бұл сөзді құптаған сықылданып басын бір изеп қалып, шашын сылай түсті де, суық көзінің астымен әкеме бір қарады. Әкем тігіле қарап сөйледі Санатпайға:

– Осы қорқытып жүргендеріңнің барлығы буржуй ма!

– Біз буржуйдың тамырын әлі қырқып болғамыз жоқ, – деп Ақтай бір ырғалып қалды. Санатпай күле қостады інісін.

– Мәселен, өзіңіз де құтыла алмассыз! – Әкемнің көзіндегі қалы қып-қызыл болып, бадырайып шыға келгендей білінді маған. Ақтай оған жалт қарап атып тұрды да шыға жөнелмекші болды. Әкем лып етіп тұрып барып, оның алдын тоса қалды, баяу сөйледі бірақ:

– Сен отыр!.. Мен сендерге бүгін тиіспеймін. Сыйлы қонақ бар, бұл сендердің бүгінгі бақыттарың, сөздеріңе жай ғана жауабын қайтарамын! – деп жауырынынан бүре дедектетіп әкелді де, құйрығын тік еткізіп орнына басып отырғыза салды. Өзі де орнына келіп отырды сонан соң. Сылқ-сылқ күліп отырған Минаж түсін кенет салып, қатқылдау үнмен сөзін шорт-шорт қайырды:

– Қорқытумен еш нәрсе бітпейді, жолдастар! – балалар қорқар, бірақ жойылып кетпес, олар ертең өздеріңді бас салады. Бәрін буржуйға шығарсаңдар, дүниедегі пролетарлар осы екеуің ғана ма! Шипуқа сөзіңді қойыңдар!.. Ал, Жәке ашуыңды маған бер!

– Мен өзім де сіз үшін кешіріп отырмын, – деп күлімсіреді әке. – Сіз болмағанда менің мінезімді бұлар біледі. – Ақтайды қалай бүргеніне қарап біздің қорқынышымыз тарқай бастады. Әкем жайымен арағын құя отырып, кеңінен тыныстап алып қайта сабақтады сөзін.

– Бұл екеуі менің жынымның бүгін түспейтінін біліп құтырып отыр ғой, оқа жоқ! Ал, бұлар жай ғана сөзбен маған "әзіл" айтты жаңа. Мейлі шындағаны болып, буржуй десін де, мені айдата берсін! Бірақ, мен де әзілдеріне-әзіл айтып қояйын: осы бірнеше ауылдан екеуің ұрлаған қозы-лақтарды, кемпірлердің жаңа шылауышы мен кебіс-мәсісін, шалдардың кісесі мен саптама етігін, келіншектердің сендер ұрлаған салысы мен жаңа штанын, – дей бергенде Санатпай қашып шыға жөнелмекші болып еді, әкем оны құлағынан жетектеп әкеліп отырғызды.

– Дәретке барып келейін, Жәкетай, дәретке! – деп кеңкілдеп күле келіп отырды Санатпай.

– Жоқ, әзілдеріңе шыдап мен дәретке жөнелмеген соң, сендер де шыдап отыруға борыштысындар! – әкем де орнына келіп отырды да, ішек–сілесі қатқанша күліп отырған конақтарға арақ көтертті. "Бадырақтарға" қысап ішкізіп, өзі де көтеріп салып тағы сабақтады сөзін. – Жә, сендердің ұрлықтарыңның қай түріне келіп едік?.. Ие, ие әйелдер штанына келгенбіз... Ұрлап апарып құмарға салған өз шешелеріңнің білезік-жүзіктерін, ауырып өлгелі жатқан Құрақбай марқұмның сендер ұрлап апарып сойып жеген жалғыз ешкісін... Қойшы, тіпті қайсысын тізе бересің, өздерің мойындаған барлық ұрлықтарыңды төлеткізіп әпермей, сендердің арестовайттарыңа мен бармаймын! Оның ішінде менің мына қатынымның сыңар кебісі де бар. Менен қорқып бір сыңарын тауып беріп, біреуін көмген жерлеріңнен таба алмай жалынып едіндер ғой! Енді төлетіп аламын, енді төлетіп алмасам буржай болам ба?.. Сендердің мықтылықтарың сол: өздерің басынатын адамдардан ұрлайтынсындар да, өздерің қорқатын байлардың итіне де тисе алмайтынсыңдар. Сендердің қай қылықтарың коммунистік, қай қылықтарың ақ жүректік, қай қылықтарың кедейлер жақта болып еді!.. Енді келіп сол өздерің бұрыннан басынып–тонап келген сорлыларды буржай деп қорқытасындар!.. Қазір екеуің осы "сүйкімділіктеріңмен" қатын таба алмай, екі баласы, жап-жас байы бар Жанжүкенді айналдырыпсыңдар, түнде барып екеуін де қорқытып, ажыратпақ болып жүріпсіңдер. Бұл өнерлеріңді де көріп алмай, мен буржуй болмаспын! Ал, "әзілім" бітті, енді бара беріндер!

Қонақтар дуылдап күліп кетті де, "екі бадырақ" тұра жөнелді.

– Коммуниске мұндай жала жабу – контырлардың кәсібі, буржуй!–дей шықты Ақтай.

– Ей тоқташы, ей! – деп әкем орнынан тұра бергенде олар жеделдете зытты да, әкем қайта отырды. Кейінгі сөзі де сол екі "бадырақтың" үстінде болып, үй іші дуылдаған күлкіге толды. Дастарқан жиылған соң Минаж әкемнің жиған-тергенін көру үшін шошалаға шыққанда, біз де ере шықтық.

Мылтық пен у әкелген соң әкем анды көп алып еді. Әсіресе, қасқырдан өмірлік кегін бір-ақ қайтарғандай болып еді. Пиала үгіндісін қосқан умен кей күндері жеті-сегізін серейтіп, күндіз түйемен тасытқан. Тошалаға кіргенде Минаж бар алғысын бір-ақ жаудырды:

– О, пәле, Жаппар, молодцы!.. Сені дәл-ақ тапқан екенбіз... Өзің жай қыран емес, аң терісін баптаудың шебері де екенсің ғой!.. Сен енді бір колхоздың личный аңшысы боласың, жүйрік ат, жақсы мылтық қана болады қолында!..

Минаж асығып сол күні басқа жаққа жүріп кетті. Биғаділ екеуміз енді кәрі ұлықтардан қорықпайтындай масайрап қалдық. Қорқытқаны сол Минаж кетерінде біздің басымыздан сипап, екеумізге қызыл бояулы қарындаштан екеуін беріп кетті ғой. Мұнымен екеуміз ертеңінде-ақ әр үйдің есік–терезесін шимайлайтын болдық. Мен бірыңғай ретпен "Ленин", "Сталин", "Жаппар", "Құрман". "Балпан", "Балтекей" деп бар үйдің есігіне жазып шықтым. Өз үйіміздің есігіне бұл аттарға қосып, оныншы бабамыз "Қожанға" дейінгі тізімді бір-ақ тізіп, қызыл сызықпен "өрнектеп" қойдым. Мұны егер сауаты бар адам көрсе, күлер еді. Бақытыма жарай бұл қыстауда мұныма күлетін адам болмады. "Мылқаудың" мектеп көрмей-ақ "молда" болғанын айтысты.

"Тергеушім", мен – жуанның шөбересі, өзіңіздей адал коммунистерді масқаралауға осындай шебер контыр буржуйдың баласы бола тұра, сол контыр ата-бабаларымызды пролетариаттың көсемдері қатарына жазатын, барып тұрған шебер көзбояушы қылмыстымын.

VI

Бұл қыстауда менің "кітап сөздерім" жазылмаған бір ғана есік қалып еді. Ол – "бадырақтардың" есігі болатын. Олардың есік-терезесі жаңа да теп-тегіс. Оған қызыл бояулы қарындаштың айқын түсетіндігіне көзім жетіп, қаншалық қызықсам да, амал қанша, қос аюдың апаны маңайына бастырар емес. Сонда да әкем оларды бір бүрістіргенінен бері маған біраз жүрек біткендіктен, алыстан торып, байқап жүрдім. Бір күні Биғаділ екеуміз екі қарындашты шарықтың қонышына тығып алдық та, алыстан орағытып, олардың үйінің ар жағына – қыстаудың шетіне шыға қар кештік. Мұнымыз өтірік ойын еді. Екі пәле кетіп, "апанда" момын кемпір ғана болса игі еді деп, төрт көзіміз сол есікте болды.

Таяқ ұстаған екі жаяу белден асып келіп, бір жықпылға отыра қалды да, әудем жерден бізді шақырды. Жүгіріп бардық. Екеуі де тері шақай тартқан, ыңғай тері болса да жеңіл киінген, алпамсадай-алпамсадай жас жігіт екен. Алыстан шаршап келгендей, аяқтарын созып тастап, қозғалмай отыр.

– Кімнің баласысыңдар? – деп сұрады біреуі ақырын ғана. Биғаділ жауап қайырып еді, екі жолаушы күбірлесіп, бізге тәптіштеп қарай түсті.

– Әлгі Ақтай–Санатпай дейтін коммунистер де осы ауылда ма?

– Осы ауылда, – деді Биғаділ тақылдап, – міне.. Мына ең бергі үйде!

– Жанжүкен тәтең осында келді ме, көрдіңдер ме?

– Көргенмін, бірақ келген жоқ.

Жөн сұрап отырған жігіт қойнынан екі құрт алып екеумізге ұстатты.

– Жәкеңнің дәл өзіне тартқан балалар екенсіндер!.. Қалаға бара жатырмыз, қайтқанда кәмпит әкеліп береміз!.. Сен Жанжүкенді қашан көрдің?

– Былтыр Байжұрқа атамның үйіне келген ғой, сонда көрдім. Кейін көргем жоқ.

– Сен өзің батыр жігіт көрінесің, жасырма!

– Ой, көрсем мен оны жасырам ба!.. Сен көрдің бе, ей, Қырау? – деп Биғаділ "батырлық" көрсете алмай қалғанынан қысылып менен сұрады. Мен басымды бір шайқап, төмен қарадым да шарығыммен қарды тарпи бердім. Бізден еш нәрсе өнбейтінін байқаған болса керек, екі жолаушы орындарынан тұрды да, бір жырашыққа түсіп, қыстаудың теріскей жағына тартты. Мен ойлай қалдым: "әнеукүні Минаж келгенде әкем осы Жанжүкен жөнінде Санатпайға бірдемені қатты айтқанын естіп едім ғой! Қандай сөз еді сол?!"

– Ақтай! Ақтай!.. – деп Биғаділ мені иығымнан басып қарға отырғыза қойды. Баспалап қарасам Ақтай аттанып қыстаудың теріскейіне қарай беттеп барады екен. Ақтай ұзаңқырағанда екеуміз ептеп басып, оның есігінің алдына таядық. Кешеден бері Санатпай үйінде жоқ деп естігенбіз. Биғаділ менен бұрын жетіп, есікке тұра қалды да, айқыш-ұйқыш сыза берді. Есіктің таза уақытында менің "кітап" жазуыма жол бермегеніне ыза болып, терезеге бардым мен, апыл-ғұпыл төрт адамның атын ғана жаза алдым. Жүрегім дүрсілдеп кетіп, жалт бұрылып едім. Оң жағымдағы тошаланың есігінен біреу сығалап тұр екен. Қамыс есік сым темірмен айқыш-ұйқыш шандылыпты да оның үстіне мықты кұлып салыныпты. Ішінен көрінген адам Санатпай ма дегендей қорқынышпен бір ыршып қалып, қашпай қайта қарадым: Көзіме жылы, әдемі адам тәрізді бір шалынды да лезде ғайып болды. "Жанжүкен, сол Жанжүкен!.. Неге қамалған мұнда?" Қамыс есікке бара сығаласам, үй іші қараңғы ештеңе көрінер емес. Байыздап қарап тұра алмадым. Жотадан Ақтайдың дауысы естіле қалды да, Биғаділ мені жетектеп қашты. Өз үйіміздің алдына жетіп алып тыңдадық.

Ақтай біреулерді ақырып айдап келеді. Жаңағы екі жолаушы екен. Олар қылмысты адамша үн қатпай, бастарын төмен салып келеді. Аспан тұп-тұнық еді. Күн батыс жақ жотаның "үстіне қонған" күн жарқырап, шаңқиып тұр. Ызғарлы қармен шағылысып, бет қаратар емес. Қылмыстыларын Ақтай сол шағылысқан күн нұрының астына айдап түсті де, бізге аз уақыт көрінбей кетті. Бірақ, шақылдаған зейіл үні, тері киімге тиген

– Қатыныңды бізге бақтырып қойып па едің!.. Жоғалтқаның өтірік, ауыл торып жүрген ұрысындар!.. Әкеңнің, бүгін суық тошалаға қамап қояйын да, ертең милиса шақыртамын! – деп қамшы ойнатып келеді. Біз үдірейіп тұра бердік. Ақтай екі қылмыстыны үйінің алдына айдап әкелді. Ол екеуі дабырлап-кәукілектеп жалына бастады енді:

– Мұнан соң ауылдарыңның маңына баспайық, ағатай, қоя бер бізді! Жанжүкенді іздеп тауып алайық!.. Балалары шырылдап жылап қалды!..

– Жоқ, мен мұныңа алданатын әңгүдік емеспін!.. Қатыныңды бізден көрдің ғой, ал тінт! Сонан соң тошалаға қамап байлатып тастаймын, ертең айдаласындар!

Жоқ іздеушілер жалына түсті. "Балалары шырылдап жылап қалды!" дегеніне менің де жылағым келді. Үйге жүгіріп кірдік. Әкем мен Бигелді аңға кеткен екен. Шешеме Биғаділ көргенін саудырлатуымен болды да, көргенімді сөйлеуге маған кезек тимеді. Далаға шешем де шығып тыңдады, енді қарасақ екі қылмысты тез–тез басып келген жағына қарай зытып барады екен. "Балаларына тез жетсе екен!" деген тілеумен қарадым арттарынан. "Жанжүкен тәтем неге кетем деп айқайламайды енді?!"

Әкем келетін бел жаққа бір қарадым да:

– Апа әкем қашан келеді? – деп алдына тұра қалдым шешемнің.

– Кеш болды ғой, келіп қалар, – деп ол бетіме енді үңіле қарады, – әкенді неге іздедің?

– Менің көзімнен жас ыршып кетті.

– Балалары жылап қалыпты!.. Жанжүкен тәтемді Ақтайлар қамап қойған ғой деймін!

– Қайда?! – Көрдің бе?!

– Көрдім ғой деймін... Тошаласында... Жанжүкен тәтем әдемі еді ғой… Сол!

– Қайтып көрдің?

– Жазып едім... Өзі көрінді!

– Анық көрдің бе?!

– Есіктің тесігінен бір көрдім, барып сығалап едім, көрінбеді!

– Мынау не дейді! – деп шешем Биғаділге қарады.

– Мен көргем жоқ! – деп Биғаділ сақ ете түсті.

– Ол көрген жоқ, есікте болатын. Мен қамыс есіктің тесігінен көрдім.

– Тошаланың есігінен бе?

– Ие, ие соның тесігінен!

Шешем аң-таң болған бейнеде біраз ойланды да:

– Болады, әкең келсін, айтайық!.. Сұмдық екен мынасы!.. Енді ол жаққа бармаңдар! Әкең не дер екен, ақылдасайық!

Әкем ымырт жабылғанда келді, екі қасқыр, бір түлкі әкеліп ауыз үйге қойды. Үйге кіріп ауыр киімін тастаған соң, шешеме баяндаған порымда сөйледім. Айналдырып сұраған сайын "тесігінен", "тесігінен" дей беріппін. Әкем ақырында солқылдай күлді де бетімнен сүйді.

– Бұл ішіне сыймайтын бір істі көрмесе, мұншалық қиналып сөйлемейді. Рас-ақ болар! – деді.

Әке-шешемнің шай ішіп отырғандағы сөзіне қарағанда, Жанжүкеннің Санатпайға қашып келетін жөні жоқ екен, ол өзінің күйеуіне ырзалақпен барған. Оның үстіне қазір екі балалы болыпты.. "Бірақ, өзі аңқау да, қорқақ". Сол жағдайынан болмаса, "өте салмақты, көрсеқызарлықты да, тіпті сөзді де білмейтін бала" екен. "Зорламаса, дәл Санатпай-ақтайға қор болуға қызықпайды. Бұлардың адамгершілігін ол толық білетін" деп әкем кесіп айтты.

– Мен барып келейін бе? – деп сұранды Бигелді. Әкем басын шайқады:

– Содырлар бір сылтау тауып, сені ұрып тастар!

– Құдай біледі, сол екеуінен таяқ жемеймін!.. – деп Бигелді өкірештей түсті. Өзі де қазір ұп-ұзын, әкемнен де иықты еді. Оған шешек өте қалың шығып, божбиған шұбар болған.

– Жоқ, сен төбелескенді қой, біреумен боқтасып та көрген жоқсың, олар сойқанның бәріне де жетіп, сені байқатпай қаға салады да, біреуі Жанжүкенді ала жөнеледі!.. Сен онан да Байжұрқа атаңа барып айт. Жанжүкен өз ырзалығымен келсе, кіші әкесі ғой, Байжұрқаның үй–іші біледі. Олар білмеген болса, мен Жанжүкенді қазір алып шығамын да, анықтап сұрап, құтқара саламын.

Бигелді ұзын сирағымен екі-ақ аттап шықты да, Байжұрқа атама еңкендеп жетіп келді. Естісімен ашуға мініп гүрілдеп ала жөнелді, әкем оған басу айтты!

– Қазір әйелдер еркіндігі бар ғой, итке кетсе де өз еркімен шешіледі. Жанжүкен Санатпайға ықтияр болса, біздің қолымыздан не келмек, өзіміз тентек болып қалармыз. Келгені рас болса, мен қазір оны шығарып әкеп сұрайын, сіз көрінбей тұрыңыз, сізден де қорқып, ол өзінің шын жауабын айта алмай қалады!

Осы сөзге келісті де, әкем жеңіл киіне салып шығып кетті. Менің жүрегім дүрсілдеп ала жөнелді. – "Өтірік болып қалса пәлені мен турдырған боламын ғой!" Байжұрқа мен Бигелді сыртынан қарап тұруға кетті, мен де ұмтылып едім, шешем жібермей баса отырғызды. Биғазы да шыққанда мен тіпті тықыршыдым. Болмаған соң шешем қолымнан жетектеп есік алдына алып шықты.

Ұят пен қорқынышым қатар алқындап, бар ниеттіммен "рас болса екен!" деп тілеп тұр едім, бадырақтардың терезесі алдында сөйлеген әкемнің үнін естігенде Жанжүкенді көргенімнің растығына біраз сенім пайда болды.

– Санатпай, есігінді аш! – деді. – Кигізге қанша орап таңса да көрініп тұр!.. Ей, Ақтай, далдалама терезені!.. Ей, шошқалар, қорқытпа оны! "Ырзалығыммен қашып келдім демесе қайтпек едің, түбінде ажалың менен болады!" дедің ғой, ә! Құтырған, әкеңді көзіңе көрсетіп, есігіңді жұлып аламын, өзің аш"!

– Ал, Жәке, айып Жанжүкен екеумізден, – деп Санатпай да саңғырлап шыға келгендей болды. Әкем қатты ақырып қалды оған:

– Бар, анау жерде тұр!.. Ей, Ақтай қорқытып болдың ба, шық бері! – деп бір тына қалды да, үні жұмсара шықты. – Жанжүкен, шырағым, өте қорқақ едің, есіңді жиып ал, мен сенің тілегіңнің бәрін орындаймын! Қазірше нәрселеріңді қалдырмай алып шық!

Аузым мен тамағым кеберсіл жұтына алмай тітіреп тұрған менің үрейім енді ғана орнына түскендей болды. Біздің үй жаққа жылап келе жатқан Жанжүкенді жолдан тосқан екі әйел демеп, қолтықтай аяңдады.

– Тесіктен көргенім рас болды ғой, апа! – деп қалдым мен қуанғанымнан. Шешем аузымды баса қойды:

– Сен ешкімге көрдім деуші болма!..

Қыстаудың барлық адамы сыртқа шығып қарап тұр екен. Жапырлап біздің үй жаққа жүгіріп еді, Жанжүкеннің арт жағында келе жатқан әкем:

– Кейін көресіңдер! – деп қайтарды.

– Жаңжүкен – Құйқаның қызы. Жіңішкелеу сұңғақ бойлы, ақсұр жүзді, сүйріктей сұлу, қыр мұрынды, қаракөз Жаңжүкен келіскен бар бітімімен, жібектей мінезімен біздің ауылдағылардың бәрінен сүйкімді еді, бір адамның бетіне карамай басын төмен салып, үзілердей әрең сөйлейтін ұяң келіншек. Шешемнің айтуына қарағанда, бұл сұлулық оған "осы күйеуіне келіншек болып түскеннен кейін біткен" екен. Қыз күнінде борша-борша көйлекпен күйсіз тұрмыс бар мүсінін жасырып, оны қор етіп келген көрінеді. Әке-шешесі өлген соң тым жүдеп, барлық кейпінен жасқаншақтық көрініп тұратын болыпты.

Есік алдында менің қолымнан ұстап тұрған шешем, оның осы "қашып келуіне" қатты кейіп "кимегенін кигізіп, кедей болса да бар күшімен мәпелеп, адам кейпіне келтірген күйеуі не жазды екен бұл қызға" деп күбірледі.

Біздің үйге кірген соң Жанжүкеннен көз алмай қарап қалдым. Ет сүйектері шығып, өте арықтап кетіпті. Былтырғы сиқы мүлде жоқ.

– Мұнда қашан келгенсің? – деп алдымен әкем сөз қатты. Еңіреп отырған Жанжүкеннің аузы сөзге әрең келді:

– Өткен түні!

– Өзің ауырғанбысың?

– Жоқ.

– Енді не болған? Құр сүлдерің ғана қалыпты ғой?! – Жаңжүкен үнсіз егілді.

– Күйеуіңмен жанжалдасып па едің? – деп қалды шешем.

– Жоқ, не қылығына жанжалдасамын!..

– Енді не болған?! – деп әкем және жауап күтіп кідіріп еді. Жанжүкен бөгеліп тырнағын шұқи берді: әкем жұмсарып бәсең үнмен ұзақ сөйлеп кетті сонан соң: Бұл істе ешкімнен үлкен деп ұялмауының, мықты деп қорықпауының керектігі, келерлік қауіп-қатер болса ағалық міндетпен өзі көтеретіндігі жөнінде кепілдік беріп, серт айтып келді де.

– Алдымен осынша жүдеген жайынды сөйле! – деді. Жанжүкен тұқырған бойы тоқтаусыз жылап отыр. Ернін әрең-әрең жиып, үзіп-үзіп сөйлей бастады:

– Мен... Жарым айдай болды... Ұйықтай алмадым... Тамақ та іше алмадым... Қатты қиналдым!..

– Кім қинады?

– Бұлармен бірге... қашайын десем... екі балам мен күйеуімді қимаймын!.. Қашпайын десем... өлемін!..

– Кім өлтірмек?! Қайтып өлтірмек? – деп әкем айқайлап жіберді.

– Біздің үй екі-ақ үйміз: анау... жалғыз ғой, көбінесе үйде болмайды… аңға... отынға кетеді... өлтірем деген соң... өлтіреді ғой. Білем ғой бұлардың мінезін!.. Мылтығы да бар екен!

– Өзің қашып келдің ба, иә олар зорлап әкелді ме?

– Өзім келетін... Несіне қызығамын!.. Бірнеше күн бұрын... Күйеуіңе айтпайсың деп... пышағын көрсетті... айтпадым да... тамақ та ішпедім, одан соң... көзіме сол пышақ көрініп тұратын болды. Жылай бердім... әлгі көп сұрады... "Ауырып жүрмін"... дей салам... Бірақ... "қасымнан кетпе!" деп жалынамын... Ол үйден шықпаса күн көре аламыз ба!.. Алдыңғы күні... "Қақпан көріп... отын әкелемін" деп... күн шыққан соң кеткен... "ерте қайтып келемін" деп еді... Түнде де келмеді... Санатпай мен Ақтай келді.... Есіктің топсасын жұлып тастап... "Үніңді шығарма!" деді де... жетектеп, сүйреп жүре берді... Омыраудағы кішкенем шырылдап қалып еді! – деп Жанжүкен өзі де шырылдағандай үн сала еңіреп ала жөнелді.

Мен шешеме қарап едім, ол бұрыннан жылап отыр екен, мен де жыладым. Биғаділ көрсе "сен әйелмісің" ей, мылқау!" дейді екен деп, оған көрсетпей, екі тіземе басымды қойып алып жыладым. Үй іші бір шақ жым-жырт бола қалып еді.

– Е, бәсе солай! – деп қалды әкем. – Осы екі қаны сұйықтың өздерінің қаны тасып, төгілейін деп жүр! Екеуін осы қазір-ақ лақша бақыртып бауыздай салар едім. «Коммунист» дейтін жақсы аты бар. Өлтірсең коммунист партиясына қарсы көрініп, жексұрын қанішер болып қаласың, амал қанша!.. Сонда да өш алу шарасы бар. Анығында бұл үкімет – бұлардың үкіметі емес, біздің үкімет, несіне қорқамыз. Жанжүкеннің осы сөзін үкіметке жеткізсек те бір жайы болар! – деп Жанжүкенге қарады.

– Ал, шырағым, жайыңды ұқтым, бұлар сенің соңыңа түсісімен-ақ Байжұрқа екеумізге келіп айтсаңдар, бұл істі болғызбайтын едік. Керегі жоқ, өтер іс өтіп болды. Өкінудің жолы жоқ. Енді бұларды сенің маңайыңды басқаны сол, тіпті мына қырдан аса алмайтын етемін! Оныма мықтап сен! Енді сені үйіңе өзіміз апарып саламыз, иә күйеуіңді шақыртып алып, жайыңды ұқтырып, қосып береміз. Бұған не айтасың? Жанжүкен тағы үн сала жылап кетті.

– Енді оны қай бетіммен... не абыройыммен көрермін!.. Тым болмаса бағана олар келгенде... пошаладан шықсам... немесе айқай салсам еді!.. Қасыма Санатпай отырып алды да, аузымды басып қорқытумен болды... Әлгінің балалар жылап қалды деп жалынғанын естігенімде аяйтын жаным қалмай... айқайлап жіберейін деп едім... тұншықтырып үнім шықпай қалды!..

– Ар-абыройың да, бетің де, тілеу-ниетің де әлі өзіңде екен, қалқам, күйеуің бұл жайды түсінетін жігіт!..

Байжұрқа бар сөзді есіктен тындап тұрыпты, екі бүктеліп кіріп келді.

– Ал Жаппар, – деді қолын артына қайырып тұра қалды. Төмен қарап отырған Жанжүкенге қарап бір сәт тұрды. – Енді менің кешірерлік те, коммунистігіңнен қорқарлық та еш жайым қалмады!.. Жасым жетті ғой, қан ішкен атақ менімен ғана кетсін, сен қозғалма, сол екеуін қазір өлтіремін.

Байжұрқа шыға жөнелді. Жасы алпыстан әлдеқашан асып кеткен адам болса да, қайраты әлі мығым екен, алдын тосқандардың ешқайсысына бөгелер емес, кезіккенін итере салып жөнеле берді, әкем жүгірді артынан. Үрейлене жүгіріп мен де шықтым. "Кісі өлтірткен мен боламын-ау" енді деген өте суық сезім қалшылдатып әкетіп барады.

– Әне қашты! – деп айқайлады біреуі. Әкем суып тұрған атын міне салып, қуып берді.

"Олар екеу ғой, әкемді өлтіріп кетеді-ау!" деген қауіппен қалтырадым енді. Бірақ, оның артынан атты–жаяулы азаматтың бәрі ілесе қуды. Бір белеңнен Санатпайдың жан дауысы шықты:

– Ойбай-ай... Жәкетай, жанымды қи, жанымды қи, Жәкетайым!.. Құлдығым бар, Жәкетай, құлдығым. кұлдығым! – деп қылғына қалғандай болып үні шықты.

– Өлтірді-ау, – деді шешем!

– Енді бір мезетте әріректен Ақтайдың дауысы шырқырады: ол жалынышты сөзбен ағасынша шырқыраса да, оның дауысы оншалық өшпей жақындай берді, иә сойыл, иә қамшының үні естілмейді, ат үстінен қалай шырқыратып келе жатқанын түсінбедім. Санатпайды басқалап-итермелеп айдап әкеледі. Өз аяғымен келе жатқанына қарағанда өлмеген де, бірақ, үн жоқ. "Екі батыр" Байжұрқаның есік алдына апарылды, мен де қорықпай бардым. Биғаділ тіпті басынып, қос аюдың дәл алдына барып қақшиып тұр. Байжұрқаға әкем бірдеме деп сыбырлап еді, ол кісі жай–жапсарды жиылған жұртқа қысқаша болса да айқын айтып шықты.

– Ал, көпшілік, – деді сонан соң, – әділдігін сендер айтындаршы, қайтейін бұл екеуін! Мұнша басынар ма, адамды мұнша қорлар ма?!

Жаңа туып келе жатқан жарты айдың алакеуім сәулесі астында көпшілік қатты ыза білдірді. Әрбір жүректен қайнап тұрған кек, булыққан ашу буырқанып-тасып ала жөнелді. Көпшіліктен өлтіруден төменірек үкім шыға қоймады. Екі қанқұйлының шешесі де бажылдап, қарғап-сілеумен болып, екі ұлын бірнеше рет шапалақтап жіберді де, Байжұрқаның алдына барып бүк түсті. Мұнысы кешірім сұрағаны болса керек. Өлмелі кемпірдің өз ішінен шыққан шұбар жыландары үшін бас ұра жығылуына Байжұрқаның жүрегі шыдамағандай, бұрылып жүріп кетті де кемпірдің қасынан алысырақ барып тұрды.

Жекеленіп сөйлесе қалған бес-алты жігіттің біреуі өктем үнмен саңқылдап кеткенде ғана көпшіліктің абыр–сабыры саябырлай қалды.

– Әке, қартайдыңыз, – деді жігіт. – Енді қартайғанда бұл иттердің арам қанын сіз арқаламыңыз! Жаспыз ғой, біз көтерейік... Арам болса да біз ішейік! – деп «бадырақтарға» төне кеп түсті. Бұл – баяғыда "қапқа түсіп" келетін Тәби кемпірдің жалғыз ұлы Баянбай дейтін жігіт еді. Алып тұлғалы, зор жүректі бұл жігіттің істеймін дегенін істемей тынбайтынын білетін Ақтай–Санатпай Байжұрқа мен әкемнің аяғын құшақтай келіп жығылды: бар дауысымен өкіріп жалбарына ант-қасамын іше жығылды, бебеулеп-зарлап кемпір жатыр. Байжұрқаның босаңқырап қалғанын байқаған әкем, олардан аяғын серпіп босатып шыға берді де:

– Бұлардан негізгі кек алушы біз емеспіз, – деді. Өлтіруге хақылы талапкер әлі келген жоқ, күйеуді шақырып келіңдер біреуің! Солардың қолына байлап берелік, үкіметке апара ма, өз қолдарымен жазалай ма, өздері білсін!.. Ал, Байжүкең екеуміздің міндетіміз: бірінші, хақы иесіне тентегімізді қашырмай тапсыру. Екінші, өз ықтиярларымен қосылып, күн кешіп жүрген момын жандарға енді қайтып қас қылдырмау үшін екі бұзықтың да тілерсегін қиып тастау, бұл шараны ақы иесінің жазасы орындалғанда, тірі қалса мен орындаймын!

Көпшілік бұған толық қосылғандай қатал раймен құптасты да, жымиысып қойды, мұндай жаза – малға шапқан қасқырға қолданатын әкемнің жазасы екенін көпшілік біледі: нақ қылмыспен қуғынға түскен қасқырды өлтірмей, қара тұмсықтан ғана ұрып талдыратын да, тұмылдырықтап алып, ауылға тірі әкелетін. Сонан соң артқы екі аяғының тілерсек тарамысын қиып тастап, мал арасына қоя беретін. Бұл – жеңіл қылмысты қасқырдың жазасы еді. Егер ірі мал жеген ауыр қылмысты қасқырды қолға түсірген болса, терісін тірідей сыпырып алып қоя беретін. Тұмылдырық қасқырдың сойғанда ыржақтап "күліп" жататынын мен бұл қыста үш рет көрдім. Күн жылы болса қызыл жалаңаш күйінде де жуырда өлмей, бірсыпыра уақыт "бүрсеңдеп-ойнап" жүгіріп жүреді екен.

Ақтай–Санатпайдың қайталап қас қылмауы үшін әкем қолданбақ болған шараға бірнешеуі жасырын күліп алды.

– Мына жазаңыз – ең жеңіл жаза еді ғой, Жәке?! – деді біреуі. Енді біреуі оны тойтарды:

– Жоқ, бұл жазалар орындалып болғаннан кейінгі, қойға қайталап шаптырмау үшін қолданылатын шара, бұған қосыламыз. Тірі қалса тілерсегін ғана қиюымыз керек!

– Дұрыс, – деді тағы бірі, – бұлар бөктеріп алып келсе де, өлтіріп жей алмай қалған қасқырлар ғой.

– Өлтірмегенімен мал емес адамды өлім халіне жеткізді. Бір емес, бір үйлі жанды ойрандады. Кішкене балаларын шырылдатып тастап, шешесін бөктере қашу қандай ғашықтық! Бұл адамшылығынды с... дер, осы ауылдың да намысын таптады. Бұлар істемеген жауыздық қалды ма!.. Рақым жоқ бұларға! – деп айқалады біреуі.

– Ал, енді қалғанын таңертең көрейік, екеуін екі тошалаға апарып байландар!

– Қолдарын артына қайырып мықтап байлаңдар да, діңгекті екі бұтының арасына келтіріп кісендеп тастаңдар, қашпасын, – деді әкем!

Арқанаты тауындағы Жанжүкеннің үйіне дереу адам жіберілді.

Әділетті "тергеушім", бұл оқиға түгелімен менің қылмысым. Мен болмасам "ғашық" Санатпайдың құшағында момын сұлу тып-тыныш жата бермей, бұл ауылдан мұншалық ұлар-шу, ұрып-соғу, зарлау мен қақсау туылар ма! Тілім шықпай тұрып-ақ әкеме тыңшы болып, өзіңіздей екі төңкерісшіні осылай жазалатқанмын. Бұл қылмысым үшін мені Жанжүкеннің сол екі баласына тепкілетіп өлтірсеңіз тіпті әділдік болар еді. Қылмыстыны қимасына сабату, әкесін баласына сабату – қастарды төңкерісшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы, адамзатта болатын қайырымдылық пен жанашырлық сипатты кері төңкерісшілдіктен адаланудың данышпандық назариясы емес пе еді.

VII

Ақтай қорқытып қуып жіберген екі жігіт ертеңіне түс ауа өгіз жеккен шанамен біздің үйге келіп түсті. Ауыл кәрілерінің бәрі біздікінде. Осы мәселені қалай шешу жайлы кеңесте еді. Екі жігіт күлім қағып бар ықыласымен сәлем беріп кірді. Күйеу – кешегі бізге құрт беріп, жөн сұраған жігіттің өзі екен. Кешегі суық-сүркей жүдеу шырай жоқ, қуанышпен құлпырып өңейе қалыпты. Барлық ибасы мен разылығы көзінде жайнап тұр. Адамгершілігі нұр атқандай, Жанжүкенге жаутақтай қарай берді. Сол жайнап тұрған көзінен Жанжүкеннің жүдегендігіне жаны ашығандай, іркілген тұп-тұнық жас та көрінді. Ол кіргенде Жанжүкен өзін тоқтата алмай солқылдап кетіп еді, жылауын әрең бөгеді.

– Балалар аман ба? – деді ақырын ғана.

– Аман, нағашы апам келіп бағып отыр. Еш нәрсе болған жоқ!

– Не болып қайта алмай қалдың?! – деп Жанжүкен тағы солқ–солқ ете түсті. Үй толы адам соларға қарасты.

– Арқандап қойған өгізім жоғалып, таңға жақын әрең таптым. Оны бір сарайға апарып байлап тастапты, біреудің ізі жатыр.

– Алдымен сені шырмаған екен ғой! – деп Байжұрқа саңқ ете түсті де әкеме қарады. – Ал, не отырыс бар!

Сөзді әкем бастады, кешеден бергі болған оқиғаны, өздерінің көрген шараларын күйеуге толық сөйлеп берді.

– Қылмыстыларың екі тошалада байлаулы жатыр, – деді ақырында, – оларды сол байлаулы күйінде-ақ қолдарыңа береміз. Зәбірленуші сендер ғой, сотқа бересіндер ме, осы жерде соттайсындар ма, билік сендерден!

– Құрметті ағекелер, – деді күйеудің қасындағы жігіт. – Сіздер тұрғанда біз билікті қайтеміз? "Соқырдың тілейтіні – екі көзі", біз саяқ қоныстанған әлсіз екі-ақ үйміз, бізге өз амандығымыз ғана керек. Ең қорқарымыз сіздердің қолда екен. Бұлар бізге енді тиіспесе болғаны. "Бадырақ көз, сен тимесең мен тимеймін" деп қайта береміз. Оларды өшіктіріп алмайық!

– Оларды айдап сонау Жүзағашқа апарарлық бізде көлік те жоқ, – деп күйеу қостады оны. – Қайтеміз, құдайдан күттік! Бұл закончиктермен үкімет алдында айтыса алатын да жайымыз жоқ, бұлар үкімет адамдары ғой, үкімет бізге "ие" дей салар да, қоя бере салар, сонан бұлар қайтып келерде бізге "ме" деп сыбағамызды қайта тартар. Біз кештік, тек олар енді бізге тиіспейтін болсын.

Әкем қолданбақ болған кеше түндегі шарасын тағы айтты!..

– Бұлар өшігіп, қорамызға қайта шабар дейтін күдіктен енді аулақ болыңдар! Сендер жаққа енді беттей алмайтын етемін. Менің қасқыр "асырап" жүрген аңшы екенімді білесіңдер, сендер жазалап болғаннан кейін тілерсектерін қиып тастаймын, мына белден асып көрсін сонан соң!

– Ағатай, мұны айта көрмеңіз! – деп жалынды өш алар күйеудің өзі, – балаларыңыз бар ғой, біздің кесіріміз сізге де тиіп жүрмесін!

– Үкімет тыя алмай қалған тентек болса, біз тыйсақ қайтер дейсің! Барлық қылмыс дәлелдері қолымызда ғой... Ал жүріңдер, Жанжүкен шығарым, сен де жүр!.. Сотқа апара алмасаңдар қорқыныштан құтылып қайт!.. Кейін үкімет сұрай қалатындай болса, олардың бар қылмысын тартынбай-жасырмай айтуды ұмытпа!..

Екі қылмысты Байжұрқаның есік алдына шығарылғанда ауыл адамдары түгел жиналды. Қос содыр сол бір түннің ішінде-ақ жазасын тартып болған көрінеді: ауыл жігіттері кәрілерден ұрлап–жұлмалап тамтығын қалдырмапты, сасыған өлекседей ісіп-кеуіп кеткен екен. Екеуі екі тошаладан сүйретіліп шырқырай шықты.

– Ағатайлар, шыбын жанды қиыңдар! – деп Санатпай тар маңдайын қатқан мұзға тақ-тұқ ұрды. – Бауырым, Жанжүкен, Мамырқан, сендер кешіре гөріңдер!..

Ақтайдың көнек болып кеткен ерні мен мұрны жалбарыну сөзін толық ұқтыра алмады, бүкіл бет-аузын қаптап алған қан–қан шаш жағы мен иегіне жабысып қалыпты.

– Қасықтай қанымды! – деп бірдемесін үздіксіз міңгірлеп, жерге жабыса сүйретіліп шықты.

Екеуінің де бірнеше қайталап айтқаны: «ешқайсыңызға қас қылмауға қасам ішейік, құран ұстайық!» деген жалынышы көпшілікке ой салғандай, қатал жүздерді біраз жұмсартқандай ашулы айқайлар саябырлай қалды. Мұншалық соққыға түскенін қариялар да, әкем де білмей қалыпты.

– Құран ұстатып, ант алсақ, осылар тыйылар ма еді? – деп күбірледі әкем Байжұрқаға, тың бір шара тапқандай ойлана қалды. Жібіп-босап қалған сияқты. Бір шетте тұрған Баянбай зекіре сөйлеп кетті осы кезде:

– Кеше ғана "құдайыңды", "құраныңды" деп жүр едіңдер ғой, әкеңнің! Енді көр аузында ғана естеріңе түсіпті!.. Маған беріңдер! – деді әкеме қарап. – Бұлар құранын о дүниеге барғанда бір-ақ ұстасын! Өйтпегенде алдайды да, желкемізге қайта мінеді!

– Міне жаным, міне иманым, – деп екеуі екі жерде жандарын жарыса беріп жатты. – Алдарыңыздан қия кесіп өтпейік!.. Не бұйырсаңыздар соны істейік!.. Жанжүкен, Мамырқан! Маңайыңды енді бассақ, қылша мойнымыз талша жұлынсын. Бір рет кешірдік деңіздерші! Жанжүкен, Мамырқан!.. Бір рет қана ұлтарақ-шұлғауларың болайық!..

– Үкімет кешір дегенде ғана кешіреді бұлар, – деді әкем. Қазір сотқа айдап апарамыз!.

Бұл сөзге келгенде Ақтай қызған қазанға түскен бидайша ыршыды:

– Жәкетай, енді... енді... Өлсек те өз қолдарыңызда... Өз қолдарыңызда өлейік!.. Өздеріңіз... Өздеріңіз не қылсаңыздар да!.. Өз ауылымызда өлейік!..

Кәрілерден бірнешеуі алдымен әкемді, сонан соң Байжұрқаны, екі жігіт пен Жанжүкенді жеке шығарып әкетіп бірдеме айтып жатты. Екі содырды екі қолымен желкеден сүйрей жөнелген Баянбайды әрең тоқтатқан Тәби шеше де сол жерге барды, кеңес соңында бір шал бүкшеңдеп барып кұран алып шықты үйінен.

– Ей, құдайсыздар, – деді ол Ақтай–Санатпайдың алдына келе зекіп, – сендер құдайды, кәлама молданы ұмытқалы қашан!.. Өлер шақтарыңда иманға келесіңдер ме, жоқ па!

Екі содыр бірін-бірі тоспай қоңқылдап ала жөнелді: "Құлдық! Құлдық!.. Осынша қылмысты құдайды ұмытқанымыздан істедік!.. Қойдық!.. Тәуба қылдық!.. Ант ішейік!.. Намаз оқиық!" дегендей әлденеше қайталаған кұлшылық сөздерімен қанды қолдарын тарбита жайды құранға... Ескірген сары тісті жалба-жұлба жуан кітапты қос қолдап алып соған қан соқталанған жалбыр-жұлбыр басын қойған Ақтай көнектей ерні мен мұрнын бір-ақ салды. Сүйіп жатыр ма, иіскеп жатыр ма айыру қиын еді. Көпшілік төне қарап тұр. Ақтайдан соң Санатпай да солай сүйді. Әлгі молда шал жайнамаз алдырып, құранды соның үстіне қойды да екеуін соған қаратып "беттері құбылада" жүгіндіріп отырғызды. Молданың бұйрығымен екеуінің оң қолдары құранның үстіне қойылды.

– "Алланың ісімен бастаймын" деңдер, екеуің бірдей айтыңдар! – деді молда. Екеуі қатарласа соны айтты. – "Магарики, мұнан кейін Аллаға қарсы күпірлік етсем, осы кәлам шәріптің қасиеті атсын!.." "Магарики, Мамырқан–Жанжүкен сияқты некелі әзиз жандарға үшбу қасамнан кейін қастандық-харам ниетте болсам... Магарики, осы тұрған күллі кедей-пақыр жандарға харам-қастандық ойласам... Алла алдында қара юз болайын! Өзіміз кәпір, қатындарымыз талақ болсын!"

– Үй молда, – деді Баянбай. – Бұл иттерде талақ боларлық қатын тұрмақ қаншық бар ма еді!

– Мұнан кейін, үшбуден кейін!.. – деді молда, ол нені айтса соны айтып жатқан екі содыр бұл сөзді де қатарласа айтты. – "Үшбуден кейін ұрлық қылсам, ғайбат айтсам, боржай деп қорқытсам, інсанға жәбір салсам, Алланың қаһары, кәламның киесі атсын!"

Осы сөздерін молда үш рет айтқызып шықты, асықпай, бірден анықтап айтқызды. Қалтыраған екі содырдың құран үстіндегі қолдары аяздан сіресіп, қыбырсыз жатыр. Өздері жуан етіктерінің үстінде жүгініп отыруға шыдамай мықшиып жатса да бар күшімен айтып жатты. Ант сөздері айтылып болысымен әкем қатты дауыстап тілдеп жіберді:

– Әкеңнің аузын... Мына жаққа қарап енді ұлитын болсаңдар тірсектеріңді қиямын да тастаймын!

Ант аяқталса да, Санатпайдың қолдары құран үстінде тұра берді. Жанжүкен мен екі жігіт шанаға түсіп жүріп кетті. Қарсы алдарында кетіп бара жатқан шанаға да қарай алмай, құранға телмірген бойы екі содыр отырды. Өгіз шана әудем жерге барып тоқтай қалды. Жездеміз бірдемесін ұмытып қалғандай қайта жүгіріп келді де, Биғаділ екеуміздің бетімізден екі сүйіп ләм демей қайта жүгірді.

– Мұқаметқали болыстың қалай өлтірілгенін білесіңдер ме, ей, шошқалар! – деп сұрады әкем қасқырларына төне қарап.

– Білеміз, естігенбіз, – десті олар. Құран мен жайнамаз жиып алынды.

– Қаны тасыған, әкеңнің аузын... естіп жүріп-ақ сол кірген көрге кірмек болыпсыңдар ғой!.. Барыңдар үйлеріңе!.. Сендердің қылықтарың одан да асып түсті, ұмытпаңдар!..

Мұқаметқали дейтін болысты қыз-келіншектерге істеген ашық зорекерлігі үшін былтыр қыста халық өлтіріпті. Соны ескертіп әкем содырларды қоя берді. Бірақ, Байжұрқа мен Баянбайлармен сөйлескенде үкімет орындарына-ақ мәлімдеп қоюды ақылдасып, тоқтасыпты. Гүлжан шешеміз бен Нұрғайшаның ауруы күшейіп кетіп, соларға әр жерден дәрі іздеп жию қарбаласында болды да, әкем мезетінде жолға шыға алмай қалды. Дәрі материалын тауып жасап болғанша екі науқас іркес-тіркес қаза болған соң, үкіметке "мәлімдеп қою" ұмытылып та кетті.

Бұл қысты Ақтай–Санатпай тым-тырыс, тымырсық күйінде өткізді. Еркімен жүрсе де ұрды-соқты деп ешкімге шағым айтпаған, арыз көтермеген сияқты. Бірақ, қыс өтісімен бөліне көшті де, іргесі мүлде аулаққа кетті. Бұл аулақтық біздің ауылға аз уақыт тыныштық бергендей көрінгенімен артынан аяз болып біліне бастады. Үржар маңындағы Егінсу деген жерге көшіп келген соң, әкем бір-екі күнге жолаушылап кетіп еді.

– Ақтай, Санатпайлар көрінбегенімен көрімізді қазып жүрген екен! – деп тым көңілсіз қайтты. Үй ішіндегі үлкендер арасындағы күбір көбейді. Биғаділ екеуміз ол күбірдің жайын ұға алмадық. Әйтеуір, бізге қуаныш болып келген "көп баламен ойнау", "колхозға кіру" дейтін жаңалық естілмей қалды. Оның үстіне ауылымыздың адамы азайып кетті. Қайда кетіп жатқанын білмедік. Әкем біреуден екі өгіз бен тіс ағаш сұрап әкелді де екі тақта жер жыртып тары шашты. Күн сайын азайып жатқан ауылымыз ақырында үш үй болып қана қалып еді. Ол үш үйдің өзі де бір-біріне алыс-алыс әрқайсысы өздерінің салған егіндерінің жанына қонып, қара-қоңыр үйлеріміз жеке-жеке шошайды.

Қуандықтың қолындағы кәрі әжеміз "жалғыз қаңғырып қалыпты" деген хабар келді бір күні. Әкем дереу іздеп барып, жалғыз атымен соны алып келді. Өте бүкшиіп, қатты жүдеп қалыпты. Төрт қанат киіз үйде тағы да он адам болып тұрдық. Сауыннан жалғыз сиыр бар. Кәрі әжемізден сұрасақ, Қуандық та "құлаққа" жатып, мал-мүлкі кәмпескіленген екен, Сібірге айдалып бара жатқанда қашып кепті де, әйелін ертіп "жоғалыпты". Басқа кіші аталардың үй іштері де солай, олар бұрынырақ "жоғалған" екен.

Алыс-алыс үш үй ғана шошайып, Биғаділ екеуміз құлазып қалғанымызбен үй іші көңілді сияқты көрініп жүрді. "Биыл астығымыз көп болады" деп әкеміз бен Бигелді ағамыз алдыларына алып қуантатын болды бізді. "Жоғалып" кеткен үйлердің бірнешеуінің салған егіндері де "бізге" қалыпты. Үйде астық азайып, бір-бір уыс бидай ғана жейтін болғанымызда бұл қуаныш тіпті көп айтылатын болды. Күндіз-түні егін суаратын ол екеуінің қол-аяқтары қап-қара болып, көздері шүңірейіп кеткенде, жақтары суалып арса-арса болғанда, осы қуанышты онан сайын көп айтып бізді уатып жүрді. Қарнымыз ашқан сайын бұл қуаныш бізге де өте зор қуаныш болып сезіліп, тез уанатын болдық. Биғайшаны көтеріп алып, Бисара тәтеміз де енді көктеген егінді көп аралайтын болды. Тегі кішкене Биғайшаны да ол осы сөзбен қуантып, осы қуанышпен уататын көрінеді. Қуанышты майса кезінде көрсетіп, жүріп уату-дәлелді де, пәтуалы да болады ғой!.. Әзер болса көзіне нан елестеп ішек-қарны ғана шұрылдар, уатушылардың өздері де тамсана сөйлеп уатып жүрді.

Бигелді ағамыз бізді солай уатып, астық сары ала тартысымен көк тары жейтінімізді, онан соң тіпті үлкен-үлкен қарма нан да жейтінімізді айтып қарық қылып отырғанда, бір топ атты адам тасыр-тұсыр шауып келіп есік алдына тұра қалысты.

– Жаппар қайда? – деді біреуі үстем үнмен. Бигелді жүгіріп шығып, егін басын көрсетті. Аттылар солай шауып ала жөнеліп, әкемді қоршай қалды. Араларында Ақтай да бар екен, бәрі мылтықты, біз шошып кеттік. Әкемді алдыға салып айдап келді.

– Жуанның тұқымы, енді жуандығыңды көрсетші кәне! – деді біреуі. Үйдегі бәріміз үрпиіп, есік алдында тұрмыз. Әкем келе "ауылаткомға" шақырылғанын, біздің қорықпауымызды тапсырып үйге кірді.

– Мылтығы бар мұның! – деген Ақтайға, біреуі: "жазға салым Жүзағашқа қайтарып" берілгенін айтты, әкем бешбеті мен етігін киіп шығып, алдыға түсіп жүре бергенде, әжеміз боздап жіберді:

– Құдайым-ау, енді қайттік!.. Қалай күн көрдік. Жаратқан-ау!..

Айдаушының бірнешеуі қайырылып тұра қалды, Ақтай мылтығының шақпағын шақ-шұқ қайырып жіберіп:

– Қайда құдайың!.. Аспанда ма еді! – деп зірк-зірк ете түсті де, аспанға қаратып мылтықты атып-атып жіберді. Қорқып кеткен мен шалқамнан түсе жаздадым. Жалт қарасам әжем де, шешем де жағасын ұстап тұр екен.

– Құдай сенің қыстағы құран сүйген жеріңде қалмасаң да табар әлі! – деді шешем бар дауысымен. Айдаушылар үн-түнсіз жүріп кетті. Әкемді ұрар ма екен деп қауіптеніп едік, тиіспей айдап, әудем жердегі Баянбайдың үйіне барды, оны да айдап шықты. Тәби шеше Ақтайды тым қатал үнмен жер жебіріне жете қарғап-сілеп қалды. Үйдегі ең кішкенеміз Биғайша да дағдарып, үн-түнсіз үрпиген күймен әкеміз кеткен жаққа ұзақ қарап тұрды. Қарасы үзіліп. кеткен соң да біз кеш батқанша сол жаққа қараумен жүрдік.

Әкем де, Баянбай да ымырт жабыла қайтып келді. Әкемнің қатты түтігіп, біржолата бітіп қайтқаны байқалды бізге. Үн жоқ. Не дер екен деп бәріміз соның бетіне қараулымыз. Шешем дастарқанға бір уыс бидай салып шай құйды. Әрең тілге келді әкем:

– Жуанның тұқымы аталдық, бес жүз кило ет налог салды, – деп күрсінді. – Көздегендері атымыз бен сиырымыз, ертең алып кетеді. – Ақтай, Санатпайдың төндіруі ғой, е! – деді шешем.

– Дәл сол!.. Оның жайын мен ауылаткомға айттым!.. Амал қанша, кеш қалыппыз, аудан аткомға кезінде барып айтсақ болғандай екен. Бүгін ешқайсысы бұл сөзді тыңдамай қойды. Ол қанқұйлылар бар жерді шиырлап, Баянбай екеумізге көр қазып болыпты!.. "Жуанның, боржайдың тұқымысың, ауданда тізімің бар екен, лаж жоқ!" деді де қойды ең жанашыр дегендеріміз.

– Біздің өз әкемізден бастап жетімдікпен, кедейлікпен көз ашпай келгенімізді айттың ба?

– Айттым ғой!.. "Балпаңның немересі екендігің рас қой, тіпті соның кіші әйелі де сенің үйіңде тұр ғой, рас па!" – деп куә болды Ақтай. Мен: "Рас" дедім, "сен екеуіңнің қақаған аязда есігін бұзып, емшектегі балаларын шырылдатып тастап, Жанжүкенді зорлап алып келгендерің де, екі күн өткен соң көріп, менің сендерді ұрғаным да рас, сендердің үкіметке айтпа деп ант-су ішіп, құран сүйгендерің де рас! Сен бұзықтарға жаным ашып, енді жаралы болғаным да рас!.. Осы қырсықтарыңнан тірі қалсам, өлетіндіктерің де рас" деп айтып шықтым.

Әкем мұнан соң үн-түнсіз жатып қалды. Бәріміз де үн-түнсіз ауыр қайғымен жаттық.

– Жалғыз ат пен жалғыз сиырдан айырылған соң балалар не күйге түсер екен! – деп күбірледі шешем. Сол кеште үйдің іші түгел күрсініп, ұйықтамай шықты.

Таңертең ат пен сиыр байлаулы күйінде келешек иелерін күтті. Шешем қызыл қасқа сиырын жылай отырып ақырғы рет бір сауып алды. Биғаділ екеуміз тарғыл бұзаудың тұмсығын сүйіп, аймалай бердік.

Күн көтеріле бергенде үш адам келіп, атты жетекке алды да, сиырды бұзауымен айдай жөнелді.

– Жүр, Жаппар, – деді біреуі, – өлшегенде қасында болып, бес жүз килодан артық-кемін көріп қайт!.. Боқ-жыны ет болып кесектелмейді ғой, жетпей қалуы мүмкін, артыла қоймас.

– Қайран кәрі жирен! – деп өксіп қалды әкем ат жетектеліп бара жатқанда. Бәріміз артынан қарап, телміріп тұрмыз. Әкеміз бен шешемізге қарап қойып, олармен бірге жылап та тұрмыз. Биғаділ мен Биғайшаға қарасам, кеберсіген ауыздары ашылып, кішкентай қабақтары бүрісіп түйіліп қалыпты, бұл кейіптерін байқаған мен мылқау солқылдап үн сала жыладым.

– Қайран қасқа сиыр!.. Сүтті еді! – деп шешем қатты егілді.

– Тарғыл бұзау әрең еріп барады! – деп жылады Биғаділ. Қанатым едің қайран жирен, қош, – деп тағы бір өксіп қалды әкем.

Түбірлі жанның тұрмыс-түйіні болып келген қайран қызыл қасқа! "Мейірімді анадай иитін қайран төрт мама ешмек!" Жирен ат пен қызыл қасқа сиырдың артынан қарап тұрып, бәріміз ашықтық, бәріміз шөлдедік, бәріміздің де аузымыз ашылып, ерніміз кеберси түсті. Көзіміз бұлдырап, сол қимастарымыз көз ұшынан үзіліп кетті.

Құрметті "тергеушім", біз тұқым-тұқиянымызбен осындай буржуймыз. Сондықтан, конфискация шартына толық үйлестік те, мыңғырған малымызды шұрқыратып бір-ақ айдаттық. Әкемнің Ақтай, Санатпайға істегені осы жазаға лайық-ақ қылмыс қой!

VIII

Рақымсыз ашаршылық бізді ұлар шу болып жылауымызға қарамай бүрді. "Қуаныш айтып" уатушылардың өздері де бүріліп, тыжырына әрең сөйлейтін болды. Әкеміз бен Бигелді мойындарына қоржын-қап артып ел кезді. Әркімнен қарыз астық сұрағанымен, жақын маңнан табыла қоймай, алысқа жорытты. Әр күні кеткен жақтарына қарап тұрғанымызда екеуі екі таяқпен қалқақтап әрең жетіпті, үн-түнсіз құлап түседі. Олар тастай салған қап пен қоржынның бос екенін көре тұра көзіміз сенбей, қол сала тінтеміз. Түбінен кейде бір табақ кебек, иә, тарының қара талқаны шыға қалса, жайраңдап қаламыз. Табылмаған күндері, табанынан таусылып қайтқан екеуінше біз де солай жата қаламыз.

Бір күні екеуі де ақсап таяқ сүйенішімен әрең жетті, десе де кеберсіген еріндерінен күлкі байқата жетті. Екеуі бөліп көтерген екі бұттай шикі тары бар екен. Сол кеште тілмар Биғазы бізге қызық ертегі айтып берді. Бәріміз күлкімен болдық. Шешем де жасаңғырап қалғандай, ол ертекке жымиып қойып жүрді. Бұл шаттық қайнап жатқан шикі тары көженің буы еді.

Таңертең бәріміз де ерте тұрдық. Шешеміз бар тарыны қазанға бір-ақ салып қайнатып жатты. Бисара тәтем арық үстіне тоқыған ши жайып қайнаған тарыны соған салып сүзуге дайындалды. Сүзілген соң-ақ ол тары қуырылады. Алаша жайылып оның үстіне келі-келсап қойылды. Демек, қуырылған соң-ақ түйіледі. Түйілді деген сөз – ауызға түсті деген сөз. Бигелді де, Бисара тәтеміз де асқан келіші болатын. Тары қайнап болмай-ақ ол екеуі жеңдерін түріп, сыбанып алып, қазір-ақ тоятындығымызға сендік.

Бірақ сол тары ауызға түспей, бір уақиға туылып қалды.

Өз үйі алдынан Бигелдіні шақырған Баянбайдың дауысы естілді де сыбанып тұрған ағамыз ұша жөнелді. Бәріміз сол жаққа қарадық. Бигелді жүгіріп жетіп еді, Баянбай бір қап бірдемені үйінен әрең көтеріп шығарып, Бигелдінің арқасына қойды. Зор денелі, күшті ағамыз тәлтіректей барып түзелді де, бар күшімен дедектеп бері тартты.

– Ойпыр-ай, мына қасқыр не пәле тапты екен? – деп әкем шошына қарады оларға.

– Сірескен бір қап ет екен. Бигелді үйге кіргізіп қоя салды. Өте семіз жылқының еті. Біз қатты қуанғанымызбен әкеміз қатты шошыды. Көзі шатынап біраз тұрды да, Бигелдіге ақырып қалды:

– Әкет, өзіне қайтарып бер!

Бигелді қайтерін білмей, шешеме жалтақтай берді.

– Япырмай, мынасы ұрлық қой! – деді шешем.

– Пәлесі тиеді, әкет! – деп тағы ақырды әкем. Баянбай қарқылдап күле кірді біздің үйге:

– Қорықпай-ақ қойыңыз, Жәке, пәлесі де күнәсі де өзімдікі, сізге жұқтырмаймын!.. Бұл ет – балалардың ырыздығы. Жас балалары мен кәрі кемпірлердің кұдайға еш жазығы жоқ. Бұлар аштан қырылмасын дедім де, кеше таңертең жаяу жорытып банды қуалап жүрген атты солдаттардың соңына түстім. Бұл шақта банды аталғандар – жазадан құтылу үшін тау-тауға тығылып жүргендер болатын. Өткен іңір қараңғысында сәті келе кетті: банды жолында күзетте жүрген бір орыс әскер түсе қалды да, атының шылбырын қолына алып, тобылғының арасына қисая кетті. Еңбектеп қасына таман бардым. Ауыл өте алыста қалып еді, ұйықтауын күтіп көп кідірсем, таң ағармай үйге жете алмайтын сияқтымын, тықыршып асығып барамын. Сыбдыр білдірмей, аттың мінер жақ алқымында біраз жаттым. Қатерсіз болу үшін мылтығын ала жөнелмек едім. Бауын мойынына асып, басына жастанып алыпты. Шылбырын қиып, жерге қоя салдым да атқа қарғып міне қаштым. Аттылы атып қалды артымнан. Аттың жалынан ұстап қабырғасына жабыса жөнелгенмін, тимеді. Әр жерге түсіп тыныққан бес алты әскер еді, тарс-тұрс бәрі атты. Оқ шыр-шыр етіп үстімнен аттың құлағынан сипай өтіп жатты. Жануар мұндай жүйрік болар ма, лезде қара үзіп кеттім. Із тастап тауға қарай біраз зымыраттым да, бір жыраға түсіп алып, қайта бері тарттым. Үйге түн ортасы ауа бергенде-ақ жетіп келіппін... Атын бұл ауылға сойылды деп ол солдаттар мүлде ойламайды, банды әкетті деп түсінеді. Қорықпай-ақ жей беріңіз!

"Енді қайтармаса екен!" деген тілекпен бәріміз әкемізге жаудырап қарай бердік.

– Япырмай!.. Япырмай!.. – дей берді әкем. – Үй, осыншалық жаныңнан безетіндей не болған саған, жалғызсың ғой!

Баянбай қарқылдап күле берді, әкем шиыршық атқан сайын күлді.

– Ақтай алдына салып айдағанынан-ақ безгенмін бұл жаннан, – деп тынды ақырында. – Артымда шулап қалар балам жоқ. Шешем мен кішкене інім тағдырдың жазғанын көрер! Келіншек қой жап-жас, мен өлсем тие салар біреуге, қорыққанды құдай алмай ма, "еркек тоқты құрбандық... Мына кәрі шешелерің мен жас балаларыңның бір кәдесіне жарап өлейін дегенім ғой!.. Ал, Жәке, бұл пәледен қам жемеңіз, біреу көрсе "Баянбай балаларға беріпті, қайдан алғанын білмеймін!" деп қамсыз отыра беріңіз! Жауабын жалғыз өзім-ақ қайтарамын!..

Баянбай шығып кеткен соң әкем бір тұрып, бір отырды,шапанын бір киіп, бір шешті. Қайта тұрып, қайта киінді де, таяғымен қоржынын алып жүре берді бір жаққа.

– Қайда барасың? – деді шешем.

– Жынды деп аталсам да ұры деп аталмаған едім... Мына еттің иісі тарап кеткенше жоғала тұрайын!.. – Сол бойы артына қарамай жүріп кетті әкем!..

Қуғыннан титықтап көзі қып-қызыл болған ашулы қасқырдың ақсиып тұрған тісінен қаймықпай алқымынан ұстай алатын, тіпті, Ақтай "коммунистің" тілерсегін қия салмақ болып талай ұмтылған әкемнің ұрлыққа келгенде тым су жүрек екенін көргенім осы. Шешем оның бұл мінезін ынжықтық-қорқақтық деп білмейтіндей артынан қарап тұрып күлді де, көз жасын бір сүртіп алды. Бигелді етті қабымен егіндік арасына апарып, дымды, салқын жерге көміп қойды. Ол етке қарап сілекейіміз қанша шұбырса да, күн батпай ауызға түспейтінін шешем қатал түсіндірді бізге. Енді қуырыла бастаған тарыға қарап тамсандық. Жан-жағына қарап жалтақтап тұрған Бигелді:

– Бә–...ле! – деді бір кезде. Алыстағы ауылаткомы жақтан бір топ атты құйындатып келе жатқаны көрінді. Тәби шешеміз үш-төрт қап етті бір түйеге артып алып, ықтап кетіп барады. Баянбай өз үйінің алдында түрегеліп тұр.

– Сойқан болған екен! – деді шешем. Сөйтсе де келе жатқандарға қарамай, тарысын қуыра берді. Бигелді мен Бисара тары қаралауға кірісті. Олар да ол жаққа қарамай, келі түюмен болды. Ал, біздің аспан құлап түссе де қарайтындай мұршамыз жоқ, Биғазыдан бастап бәріміздің көзіміз келінің аузында, келсаптың табанында еді. Көңіл-күйіміз өте жақсы тәрізді, тары жейтін уақыт таяп қалды ғой әйтеуір. Бигелді Тәби кеткен жаққа жалт қарағанда бәріміз қарадық. Тәбидің алдынан екі атты адам тосып тұра қалыпты. Біреуі қаптарды қамшымен түртіп-түртіп жіберді.

– Ой, шеше, түйеге артқаның немене бұл? – деді біреуі оқшау үнмен. Тәби біраз кідіріп қалды да дауыстап, ашық жауып қайырды:

– Ет қой, карағым, ашыққан соң бір ат ұрлап әкеліп сойғанбыз!

– Е, енді қайда апарасың?

– Сендерден тасалай тұрайын деп әкетіп барамын.

– Жоқ, енді тасаламай-ақ үй жағыңызға алып жүріңіз!.. Бұл кезде Баянбайды алыстан қоршап мылтықтарын қолдарына алған атты адамдар тұрды. Олар да, Баянбай да үнсіз арбасып тұрғандай қарасады. Ет артқан түйе қайтарылып келгенде Баянбайдың әмірлі үні шықты:

– Апа, түйенді шөгер!.. Тұлтай, бері шық, – деп үйіндегі келіншегін де шақырды, – мына етті жайғастырып көлеңкелі жерге қойындар!

Өзі арқанды шешіп жіберіп, қаптарды түсіре бастады!

– Түсірме! – деп ақырды бір мылтықты, – өзің түйені жетектеп алып жүр.

Бұл кезде біз де жүгіріп жетіп едік.

– Менің құным бір аттың етіндік болмай ма? – деді Баянбай. – Қайда апарсаңдар да мен дайын тұрмын, қолыммен істедім, мойныммен көтеремін, жалғыз сиырларынан айырылып аш қалған мына үйге бөліп беремін де, алдарыңа түсемін!..

Баянбай қаптарды үй көлеңкесіне бір-бірден көтеріп апарып қойды да, өзі бұрынғы тұрған жеріне қайта келіп отыра кетті. Қоршаушылар түспей, ат үстінен төнді. Қайдан әкелгендігі, қалай алғандығы жөнінде сұрақ жүргізе төнді. Баянбай бәріне жауап қайырып отырды. Оның барынша шыншыл жүректі сөзін ешқайсысы бөле алар емес. Жым-жырт тыңдауда.

Біз Ақтай бар ма екен деп көзімізді қанша қыдыртсақ та көрінбеді, ол келмеген екен. Ал, мына мылтықтылар оншалық қорқынышты емес тәрізді, шікірейіп тұрған бірі жоқ, түстері жып-жылы. Баянбай ағамыздың да шырайы бұзылмапты. Қанға толы қызыл-сары жүзі бәз қалпында. Ат жақты жуан басын изеп тастап, күлімдеп сөйледі, ағытыла сөйлеп отырғандықтан екі езуінен ғана аздаған ақ көбік көрінеді. Тегіс етті, жуан мұрны да, сақал-мұртсыз толық иегі де, тіпті барлық мүсіні өзінің сом үніне сомдық қоса түскендей. Қазір оған атса мылтық, шапса қылыш өтпейтіндей сезілді маған. Көз алмай қарап тұрсам да сөзіне толық көңіл бөлмеппін. Әйтеуір оның жүзінен ешқандай қорқыныш ізі білінбеген соң, қорқыныштан мен де азат болдым. Бір кезде Баянбай:

– Ей, Бигелді! Анау екі қаптағы етті үйіңе жеткізіп ал!.. Аш елден қайыр тілегенше, кәнпискіленген малдан ұрлап же!. Шөп жесең қақалып өлесің, басқа лажы жоқ, бауырларым! – деп орнынан тұрды да ұрлап сойған құла жорғаның терісін иығына салып алып жүре берді. – Ал мені айдап апарыңдар! Бірақ, мына көп жанның аштан өлмеуі үшін етке тиісе көрмеңіздер! Ұрлағаным міне, мойнымда тұрмай ма!.. Мойныма қоямын деп әуре болмайсыздар!

Ұстауға келген адамдардың бір-екеуі етті де шып-шырғасын шығармай ала кетпекші болып еді, басқалары тоқтау айтты.

– Бұл – солдаттың аты, олар жылқы етін қайтарып алмайды, терісі мен ұрысын апарып берсең болмады ма, етін жеп қойыпты дей салармыз! – деді егделеу біреуі. Баянбай қайырылып тұра қалды:

– Ей, туыстар, менің басым бірнеше атқа татиды, аштан қырмаңдар, айттым ғой!..

Сөйтіп ат еті бізде қалды, атандай Баянбай айдауға кетті. Артында қалған анасы да, келіншегі де көзіне жас алмады. Жылаған менің шешем ғана.

– Біз үшін өлді-ау есіл қайным! – деп жылады ол. Тәби шеше жалғыз азамат ұлының қолды болғанына босағаны сол, қайта менің шешеме басу айтты:

– Қой, Мәдиян, мұндай шақта жасысаң күн көре алмайсың, шырағым!..

Баянбай кетісімен ет асылды да, бәріміз тойдық. Бірер айдан бергі бар тілегіміз орындалып, арманға жеткендей қамсыз ұйықтадық, ертеңіне сәскеде бір-ақ ояныппыз. Далаға шықсақ, кеше Баянбайдың үйінде қалған екі қап ет біздің есік алдына тағы келіп қалыпты. Оның үйі жағына жалтақтай караумен болдық. "Бәрін бізге беріп, олар не жемекші екен!" деп енді олардың өздеріне жанымыз ашығандай болып еді. Биғаділ екеуміз қанша қарасақ та ол үйдің түңілігінен түтін, есігінен шыққан бірер адам көрінбейді. Байқасақ, түңілігі де, есігі де тарс жабулы екен. Жүгіріп барып босағасынан сығаласақ, киіз үйдің ішінде адам тұрмақ ыдыс-аяғы да қалмапты. Өзіміз шошып қайта қаштық.

Биғаділ айқайлай жетіп еді, Бигелді оның аузын баса қойып, құлағына сыбырлады. Биғаділ маған сыбырлады:

– Баянбай айдалып барған жерінен іңірде қашып келіпті де, үй ішін көшіріп ала безіпті. – Биғаділ сыбырласып отырып қана шай ішкенімен үйден Бигелдінің бір сөзін қайталап айқайлай шықты:

– Ет біздікі, кету Баянбайдікі!...

Ағамыз оны қуа шығып, құлағынан жетектей кірді үйге. "Бұл сөзді ешкімге айтпауға, Баянбай қалдырған киіз үй жаққа бармауға" құлақтап тұрып қасам алды. Біздің көптен бергі ойнауды көксеген күніміз сол күн еді, айқайламай тыныш ойнаған күніміз де сол күн болды.

Баянбайдың тігулі қалған үйін түске жақын тағы да көп адам келіп қоршады да бір тобы біздің үйге қарай шапты.

– Баянбай қайда?.. Үйі іші қайда кетті?

– Баянбай айдалып кетіп еді ғой, – деді шешем, – үй іші кеше кеште бар сияқты болатын.

– Іргелес отырған үйдің қашқанын білмейсіңдер ме!.. Қайда кетті?

– Ие, қайдан білейік тай шаптырым жерден! Ұрлығы шығып, айдағалы ат ізін салған кім бар екен ол үйге. Жәкең алдынғы күні астық іздеп кеткен. Кеше кештен бері балалар қорқып, ол жаққа аттап баспады!

Шешем осы сөзбен қалды да, олар арба келтіріп, Баянбайдың киіз үйін жығып алып кетті. Біздің үй енді жалғыз шошайды.

Құлазудан егін сары ала тартқан соң ғана құтылдық. Астық жию науқанына бүкіл үй іші болып тұтас кірістік. Әкем мен Бигелді астықтың піскенін кекілдеп тасумен болды да, біз бастырумен болдық: алаша мен киіз, тулақ жайылған "қырманымыздың" үстінде тобымызбен ойнақтайтынбыз. Үп-үлкен шешеміз бен Бисара тәтеміз кекілденген бидай мен тарының үстінде ойнақтап жүргенде Биғаділ екеуміздің делебеміз қалай қозбасын. Шаңтас болып домалауды да шығардық. Мұндай қызыққа іш пыса ма, бидай басатын шаңтас болмай, шашатын "шаңтас" болып шыққандығымыздан кейде шапалақ жеп қалсақ та, қызық сияқты. Қыңқ етпей ойнақ салатын көнтерілі жігіт болып қалдық. Бидай дегенді уыстап емес, табақтап жейтін болған соң, оның буы нені көтермейді. Көңіліміз тоқ, "көлігіміз" күйлі бір топ болып "билеуге" не жетсін!

Астық толық піскен соң қашқындардан қалған бидай тарысын бір жердегі колхозшылар келіп орып алды. Бұл кезде біздің "қырман тобы" қыран масақшы болып шыға келіп еді. Бұлардың ішінде Биғаділ екеуміз ең қыраны болдық. Ересек масақшылар жерге шашылғанын ғана терсе, біз бауға басылғанын тонаймыз. Колхозшылар мұнымызға күледі де қояды. Жаппардың көп баласы да күн көрсін деп кеңшілік ететін тәрізді. "Мына десте бастырақ екен, түгел алып кет!" деп сыбырлайды кейбіреуі. Екеуміз бөліп көтере алмай, Биғазыны шақырамыз. Біздің "беделімізбен" ол да табысты болып қайтады сөйтіп. Масақ кезіндегі қырманшымыз – мықты Биғаділдің өзі болды да, ол үйде алаша үстінде тұрып алып, тауып келгенімізді жуан табанымен бір-ақ тарпи салады. Сөйтіп, егін жиылып болғанша, барлық қабымызды толтырып алдық та, алашаны да қапқа айналдырдық. Әкем «осы тапқан астығымызды өзімізге бұйыртып жегізер ме екен» деп қамықты бір күні.

– Ақтай, Санатпайдың көзіне қазірше түспей, Келдімұратқа көшейік! – деді. Мұқамәди нағашымыз көптен бері сонда еді. Бисараны өздерінің бір қалаған жеріне ұзатып бере салып, әкем Келдімұрат жаққа көлік іздеп кетті. Биғаділ екеуміз ұйықтап қалған бір іңірде екі арба келіп үйімізді ала жөнеліпті, келдімұраттық азамат болғанымызды оянғанда бір-ақ білдік.

Келдімұраттың "Кеңқарын" дейтін ауылы Тарбағатайдың бауырындағы бір қойнауда екен. "Кеңқарын" бізді келісімізбен кең бауырына тартып, сіңіріп әкеткендей болды, даланымен бір ауыз там үй беріп қарсы алды. Кәрі нағашы атамыз тірі екен. Мұқамәди нағашы қырық жастан асыңқырап қалған жалғыз. Ал, оның баласы да жалғыз қыз болғандықтан мені ол да өз балам деп есептейтін. Көшіп барысымызбен мен көбіне сол балажан нағашымның үйінде тұрдым. Бойжеткен нағашы әпкем – Камал оқуда екен, оның кітап-дәптерлері де мені тарта түсті. Өткен қыста өзім жазып үйренген он шақты адам атының жалғасына "Мұқамеди", "Жанқожа", "Майқыбек", "Марқа" деп тағы да төрт адамның атын қосып жазатын болдым. Сөйтіп Ленин мен Сталиннің жалғасына нағашы тегім де тіркелді. Бұл "мағлұматыма" ақылы толған сауатты Камал қатты күліп, әдемі дәптері мен бояулы қарындашын сыйлап жүрді. Бұл үй мені өте еркелететін. Бірақ, "мылқаулық" мәселем сонда да шешіле қойған жоқ, іңірде көбіне үнсіз жазу жазып отырып ұйықтап та қалып, таңертең Камал мектепке кетісімен Биғаділді іздеп жөнелемін, сөйтіп күндіз үйімде болып жүрдім.

"Кеңқарын" бізге кең болғанымен Ақтай, Санатпайдың ызғары артымыздан тағы да қуып жетіп, тағы да тарайта түскені байқалды. Бұл жайды шешемнің немерелес нағашысы Шалақбай дейтін кісі әкеме айтыпты. Ол кісі Келдімұраттағы сақшылық қызметінде екен. Арт жағымыздан келген материал бойынша біздің үйге бақылау, үздіксіз тінту жүргізілетіндігін ескертіпті. "Күнделікті тұрмыстан артығырақ азық-түліктерің болса қауіпті" депті. Әкем оған Ақтай, Санатпайдың неліктен көзіккендігі, өзінің "жуанның тұқымы" болып қалай аталуы жайлы толық айтқан екен. Шалақбай оған қолынан келгенше құтқару жағында болатындығын айтыпты:

– Жуанның тұқымы емес, жуанның соғымы болып келгеніңді толық білемін ғой, – депті ол кісі, – жетім десе жетім, кедей десе тума кедей едің. Тұрмыс езгісін сендей-ақ көрген шығар бір батырақ. Сені шырмап алған бұл жалаға қатты ашынамын, шындығында бұл – коммунизмшілдік емес, бұзақылық, суды лайлап балық аулайтын мұндай бұзақылық пен жалақорлық қазір көп жерді былықтырып жатыр. Бұл үлкен ауқымға айналып алды. Амал қанша, оны тыямын дейтін адамның өзін домалата жөнеледі. Сойқандай алмаған адамның өзін сойқан деп есептейді. "Буржуйды қорғаушы контыр" деп ертең Ақтай менің үстімнен шағым айдаса бұл жердегі ақтайлар мені бас салады. Сонда да оларға сені түсіндіріп көрейін, бірақ, өзің сақ бол!

Әкем мұны естіген күннің кешінде үйдің қарсы алдындағы бір жал қидың далдасынан екі ұра қазып, бидай мен тарысын көміп тастаған екен. Мен таңертең келгенде Биғаділ соның үстінде ойнап жүріпті, мен де ойнап кеттім. Ол астында бар қазынасы жатқанын біліп ойнақтаса, мен "мылқау" білмей-ақ ойнақтай беріппін. Қасымыздан екі жігіт, ойынымызға қарап күлімсірей өтті. Биғаділ де оларға мағынасыз ыржиып қойды. Біраздан соң әлгі екі жігіт тағы өтті. Біз әлі де сол жерде ойнақтап жүр едік, біреуі қидың далдасына қайырылып келіп отыра қалды және күлімсіреді. Қасқыр құйрығын бұландата келетінін қайдан білейік? Қуанышы қойнына сыймағандай жарқылдаған Биғаділ оған қарап және жымиып алды да, енді қаттырақ ойнақтады. Өзінің екі ойнағына кезек-кезек секіріп ойнақтады.

– Сенің осы жерден басқа ойнағың жоқ сияқты, иә? – деді әлгі жігіт күлімсіреген күйі, – мына қи басқа біреудікі, бұл жерде нелерің бар еді.

– Мына жерде біздің бидайымыз бар! – деп Биғаділ бір ойнағын теуіп-теуіп жіберіп, екінші ойнағына секіріп барды да тағы тепкіледі, – мына жерде тарымыз бар!

– Е, солай ма еді, онда ойнақтай берсендер болады екен! – деп жүре берді әлгі жігіт.

Мен бұл жерге астығымыз көмілгенін енді білсем де, не үшін көмілгенін түсіне алмадым. Тағы да "буржуй" болып қалғанымыздан хабарым жоқ еді. Биғаділдің әлгі сөзін Бигелді естіп қалыпты, үйден шыға келді де бізді шақырды. Үйге кірісімен әлгі момын ағамыздың түсі ерекше бұзылып кеткенін байқадым, басы қалтырап гүж-гүж ете түсті. Шұбары бұрынғыдан да көбейіп, бұдыр-бұдыр бола қалыпты. Биғаділді шапалақтап-шапалақтап жіберді. Ол шырылдағанда менің "шыбыным" мұрным ұшына келсе де, аң-таң болып тұрып қалдым. Жайды ести келе әкемнің көзінің қалы да бадырайып, шағын сақал-мұрты тарам-тарам бола қалды. Тұншыққандай түксиген күйі үн-түнсіз отыр. Шодырлау маңдайындағы биыл тереңдеген әжім ши барқыттай жол-жол. Екі қасының арасындағы әліптей-әліптей үш тік сызық үш таяқтай тігілді. Бүк түсе күрсініп қарт әжеміз жатты. Мейірімді шешем сұп-сұр болып, тіксіне қалды.

– Құрыдық-ау енді, – деді ол, – япырмай, бұл түйнекті қайдан көріп едім. Есімізде болсайшы!..

Мен енді түсіне бастадым, жазы-күзі "ойнақтап" жүріп тапқан азығымызды ойнақтап жүріп алдырған сияқтымыз. Әр жерде томпиып-томпиып отырып қалдық. Үлкендерді былай қойғанда кішкене Биғайшада да үн жоқ.

– Осы кеш аман қалсақ, түн бойы басқа жерге жайластырар едік-ау! – деп әкем қатты күрсінді бір кезде.

Сұп-сұры іші сұп-суық қауіппен үнсіз дағдарып кешті батырды. Мен бұл күні нағашымның үйіне бармай қалдым. Төніп түрған қауіпті үй ішіммен бірге көргім келді.

"Қауіп неден болса, ажал содан", кешке дейін елестеген құбыжықтар ымырт жабыла сау ете түсті. Есік алдына жиналған адамның бір тобы үйге кіріп тінту жүргізді. Бірнешеуі ұраларды қазып, астық қаптауға кірісті. Ұясын қорыған қызғыштай быжақ болып, шешем барды олардың қасына. Балаларының барлық тіршілігі түгелімен сонда екен, сол жәйтті бәріне айтты. Тыңдаған біреуі болмай алып жатыр, арбаға басып жатыр.

– Обалдарың болса өз ауылыңнан шыққан атқа мінерлеріңе болсын, біз не білейік! – деді де олар жанымызды – аузымыздағы нанымызды алып жүре берді.

Біз тағы да үрпиісіп, есік алдында тұрып қалдық. Қап-қараңғы түн болғанымен кетіп бара жатқан ырыздығымыз көңілімізге жап-жарық. Жазда күндіз кеткен қызыл қасқа сиырдай ап-айқын кетіп барады. Алыстаған сайын айқындалып, ауыр күйінішіміз бен қайғымызды ауырлата, жап-жас қабырғамызды күйрете жаншып кетіп бара жатқандай. Бұл жолы бізді қасқа сиырдан да қаттырақ қинап кетті. "Кішкентай саусақтарымызбен әрең теріп, балғын табандарымызға найзаларын сұққанына қарамай әрең тапқан тары- талқанымыз, қош бол!"

Бүкіл адамзат бізге қарап қарғыс айтып тұрғандай, жан-жағымызға сұп-суық көзбен қарап қойып, мөлейіп ұзақ тұрдық. Күннің аязынан біздің көзіміз суығырақ сезілсе керек, біз қарағанда маңайымыздағы адамдар жерге қарайды, олар да үнсіз.

– Мұншалық бүрісіп неғып тұрсың, жарығым-ау! – деп нағашым құшақ жая келіп, көтеріп алды мені. Биік денелі нағашым өз бойымнан қаншалық биікке көтерсе де көңілім жерге кіріп бара жатқандай. Нағашымның алқымына басымды тыға солқылдадым.

Құдіретті "тергеушім", басқа үлкен буржуйлар бір рет қана конфескеленгенде біз осылай екі рет конфескеленген, асқан зор буржуй болғанбыз. Бұл қылмысымды қандай нар көтерер?

IX

Үйде бар-жоғы бір пұттай тары ғана қалған екен. Ертеңіне әкем Шанақбайға кетті. Тіршілік қамымен жергілікті үкімет орындарына жоғары жаққа арыз көтеруі жөнін сұрайын деп кетіп еді. Қайтқанда өте ширап, көзінің қалы қызарып, бадырая кірді үйге. Жай-жапсарды шешем мен Бигелдіге сыбырлап қана айтты, өте суық хабар сияқты. Бізге оның ызғары пікірлесушілердің шырайынан білініп, бүрістіріп барады. Қашан толық ұғармын екен деп мен бар сезіммен бақтым. "Айдалу", "жер аударылу", "Сібір" дейтін сөздер естілді.

– Әттегене! – деді әкем, ақылдасу біраз кідірген кезде. Соны айтты да тағы кідіріп ойланып қалды, – жоқ мен қашпаймын!.. Сол екеуін өлтірмей кетпеймін!..

– Сен кісі өлтіремін деп жүріп балаларды аштан қырасың! –деді шешем.

– Өлтіремін деп жүріп өзің атыласың! – деп Бигелді бұрқылдап аңыра қарады әкеме. – Осындай аманымызда кетуіміз керек, жанашыр жақыныңның бәрі осыны айтып жатпай ма!

Біраз үнсіз отырған соң әкемнің жүзі сынып, бір түрлі мүсәпірлік халге түскендей болды.

– Ал, олай болса... дайындалайық, – деді дірілдеген өте бәсең үнмен, дереу орындарынан тұрды. Әкем далаға шығып кетті де, Бигелді тарыны ақтауға кірісті. Артынан естісем Шанақбайдың сөзі қысқа болыпты:

– Ал Жаппар, менен қайран кетті. Тізімге ілініпсің, ендігі арызың өтпейді. Айдалмай тұрып, неғұрлым тез кетіп ал! – депті.

– Айналдырған бір пұт тары түс аумай-ақ ақталып болды. Шешем ақталған тарының бір бөлігін шекер қосып жармалады да, жылап отырып бір дорбаға салды. Оны кәрі әжеміздің бас жағына қойды. Қалған тарыны қоржынының бір басына, талқанын бір басына салып тігіп тастады. Енді бұл үйде отырып жерлік еш нәрсенің қалмағанын кішкене болсақ та бәріміз біліп алдық. Үй дегеніміз қуыс үңгір болып қаңғырап қалғандай сезілді. Ойнауға зауқымыз болмай, бүрісіп–бүрісіп отырып қалдық. Күн бата кәрі әжеміз үнсіз жылап орнынан тұрды да, бәріміздің бетімізден сүйді. Әкем де, Бигелді де, тіпті, он жастағы Биғазы да мені мен Биғайшаның бетінен қайта-қайта сүйе берді Биғаділдің мандайынан шешем иіскеп, алдына дәміл-дәміл алды. Үй ішіндегі қым-қиғаш бұл сүйіспеншілік қалайдан-қалай күшейіп кеткенін білмей мелшиіп мен отырдым. Бірін-бірі сүйеді, сүйеді де теріс айналып кетіп көздерін сүртеді. Семьяның тоз-тоз болуының бұл аянышты белгісі маған айқын ұғылмады. Ұққан болсам, құлақтасып көз ашқан Биғаділді құшақтап алып, айырылмай жылар едім. Ол екеуміз бір-бірімізге жыласпадық та, сөйлеспедік те. Биғазы мен Биғаділді шешем барынша жылы киіндірді, қатты-қатты сүйді де, өксіп-өксіп қалды сонан соң.

Ымырт жабылған, май шам жағулы. Әкем таяқ ұстап буыншағын арқасына салды да, Биғазыны жетектеп алдымен шығып кетті. Әжем теріс қарап төсегінде жатыр: өне бойымен солқылдап, үнсіз жылап жатыр. Бигелді азық салынған қоржынды мойнына асты да, Биғаділді орап арқалап шыға жөнелді.

– Қайда барады, апа? – дедім мен сонда ғана.

– Шәуешекке барады, біз де барамыз, жылама, – деді шешем, – біз де қазір жүреміз!

Мен мұнан соң "Шәуешек" дегеннің немене екенін, онда неге баратынымызды сұрай бердім: "нағашым да бара ма? Камал тәтем де бара ма?" Менің сұрауларыма шешем жартымсыз ғана қысқа-қысқа жауап қайырып, бірдемелерін буып, түйе берді. Ұйықтайтын уақыт әлдеқашан өтіп кетсе де ұйқым келмеді. "Қыс ішінде қалай жетер екенбіз, ауру әжем қайтып жетер екен?!" – тітірене ойланумен болдым.

Бір кезде нағашым кірді үйге. Ол шешемнің буып-түйген киім–кешегі мен бір-екі көрпені алып шығып кетті де қайта кірді.

– Ал, жүрдік! – деді. Мені қолымнан жетектеп есікке беттеді. Кәрі әжем баж ете түскенде қайырылып тұра қалыппын. Бағанадан бері қасымда сыбырласып, арыздасып отырған шешем, ол кісіні бас салып құшақтап жылап жатыр екен. Қыстығып жатқан әжемнің іштегі барлық қасірет-қапасы барылдаған даусымен бір-ақ ақтарылды.

– Қош, әжетайым!.. Кешіре гөр!.. Өлер шағыңызда қасыңызда болу қолымыздан келмеді. Бақыл бол, әже! – деп шешем де үн сала жылады. Өлмелі кәрі кемпірдің зары өне бойымды сырқыратып әкетті. Оның енді жалғыз қалып өлетіндігін сонда білдім. Солқылдап кеткен зор денелі нағашым бар қауқарымен тартынып, артына қарай құлаған мені көтеріп ала жөнелмекші, онан сайын туладым.

– Қойындар!.. Қойындар! – деді нағашым. – Маңайдағылар естімесін!.. Әжем зарлы даусын тоқтата қойып, төсегінде отырған бойы Мұқамедидің құшағында тұрған мені сұрады.

– Бері келші, құлыным!.. Немере-шөберелерімнен ең ақырғы сүйіп қалғаным сен боларсың! – деп сүйе берді мені. Маңдайымнан да, иегімнен де сүйіп келіп, бетін екі бетіме кезек–кезек басты. Қатпарлы көзінен тамшылаған ірі-ірі тамшылар бетімнен сырғанап сел боп ақты. Ие, ие, ол көздерден аққан қасірет тамшысы менің көздеріме де құйылып кетті. – Аман бол, құлыным!.. Өмірің ұзақ болсын!.. Қайда жүрсең де бақытты бол!.. Сендер аман болсандар, ата-бабаларыңның да, менің де өлмегеніміз сол... Жаратушыдан ең ақырғы тілегім осы!.. Құлыным!.. Құлыным!..

Мені нағашым көтере жөнелді. Еңіреп–зарлап жалғыз қарт кемпір қалды сол үңгірде!

Бұл кемпір – мен ес білгелі біздің аталас үш-төрт ауылдың ең үлкені де, әйт–шәйсіз, ең бейуаз момыны еді. Әкемнің әкесінің кіші шешесі – Балпаңның кіші әйелі. Сол бидің қартайып өлер шағында зеріккеннен алған әйелі екен. Жас шағында махаббат қызығын да көрмеген, өз құрсағынан бала да сүймеген, сөйтіп тоқсан жылдық өмірі іш құсталықпен, ішінен жылап өткен ең сорлы кемпір еді бұл!. Ақырында мүлде сорланып сол үңгірде қалды! Көп малдың ішінде көп мұң мен өксік жастық шағы өтсе, кәртейген қызыл иек ауру шағында жарты дорба жарманы жастанып иен үңгірде қалды.

Мені нағашым біраз жерге көтеріп әкеліп, қос ат жеккен шанаға орап отырғызды. Қолында ұзын бишігі бар, пималы, тонды біреу божы ұстап отыр. Ұйықтап қалған Биғайшаны көрпеге орап жатқызып, шешем де, нағашым да келіп отырды. Бишік ұстаған сырт бейнесі дәл нағашыма ұқсайтын ұзын мұртты адам екен, артына қайырылып бір қарап алды да шананы айдай жөнелді.

"Нағашы атам мен Камал да қалған екен ғой!" деген тағы бір ауыр қайғы түсе қалды маған. Менің ойымдағыны шешем сұрады.

– Оларды қайтып келіп әкетемін! – деді нағашым. Шешем бұл ақылға қанағаттанғандай, қайта тіл қатпай үнсіз жылай берді. Жылауы Келдімұраттың көшесінен шыққан соң тіпті үдеді, еңіреп-егілуге айналды. Ал ауру әжеміздің жалғыз күңіреніп қалғаны, әсіресе оған тиген жарманың аздығы менің есімнен кетпей қойды. «Неге жылайсың?» деп сұраған ағасына шешем де соны айтып солқылдады.

– Ел бар ғой, аштан өлмес! Шанақбайға жылап отырып-ақ тапсырдыңдар ғой, болмады ма, қолдарыңнан одан басқа не келмек!...

– Ажал құдайдан, жасарын жасаған адам ғой!

– Сендерге ақ жол, амандық тілеп, өз раздылығымен қалған соң болды енді! Арқалап жүріп далада өлтіргенше, осында – елі ішінде қалғаны көрім болды!

Нағашым да, шанакеш те соны айтып шешемді жұбата берді. Шешем үнсіз отырып қалды. Жылауын қойған сияқты. Мен көңілсіз марғау ұйқыға кетіппін.

Бір мезетте оянып қарасам, сұрғылт аспан қарсы алдымыздан ағарып таң атыпты. Ұзын жолда шана шықырлап баяу сырғып келеді. Нағашым мен шешем шананың соңында жаяу қатар келе жатыр. Шанакеш мұрттыны енді таныдым: қазаққа да жарым-жартылай орысша сөйлейтін нағашымның досы Қабыкен деген кісі екен. Қабыкеннің үйі алыста, Көктұма жаққа көшті деп Камалдан естігенмін.

Қайрылып қарасам, шешем және жылауда, көзі бұлаудай. Нағашым ұзақ сөйлеп, бір жайды ұқтырып келе жатқан тәрізді.

– Мұны маған бұрын неге айтпағансың? – деп шешем ашулана қарады оған.

– Сенің ұрысатыныңды біліп айтпадым. Енді сонда баратын болған соң жасыруыма болмады. Ұрысқың келсе осы жолда-ақ ұрысып ал маған, онда барған соң наразылық сыр білдірме!

Шанадан Қабыкен де түсе қалып соларға қатарласты.

– Мәдиян, шырағым, нечего, сен енді өте жақсы жеңге таптың! Қытайға өткеніңше құс төсекте жатасың... Но, барғанда көресің, қап-қара Жамал оның қолына су құйып та бере алмайды!..

– "Оларды қайта келіп әкетемін!" дегеніңе сеніппін, – деп еңіреді шешем, – Қамашымның бетінен де сүйе алмай кеттім-ау!

– Ничего, ничего! – деп Қабыкен тағы сөйледі. Онда да бір Камаш бар, соны сүйесің!..

– Қойыңызшы! – деп шешем оның сөзін бөліп тастады. Мұқамедиді қатын-баласынан аздырған сен екенсің ғой дегендей жазғыра қарады оған, – Камашты жаудыратып тірі жетім ететіндей не жазығы бар, неткен азғындық бұл!.. Жамалдың ұл таппағандығынан басқа қылмысы бар ма? Бұларды жылатып тастап алған кәрі салдақыңнан жолың болғанын көрермін!.. Жоқ, мен бармаймын ол үйіңе, өз жөніме кете беремін, тоқтат шанаңды!..

Нағашы мен Қабыкен екі қолтығынан ұстап алып, жалына берді шешеме. Жаңа қатынды мақтап, Жамалды жамандай жалынды...

Камал тәтем оттай жайнады көз алдымда. Түп-түзу жүретін сұңғақ бойымен, дөңгелек қара торы жүзімен, қарақаттай жайнаған көзімен, қабақ шытпайтын жағымды мінезімен қатты сағындыра елестеді, дәл осы кезде есігінің алдында жалғыз жылап тұрғандай. Қабырғам қатты қайысты. Ұл таппаған үшін қатынның да, қыз болып туылғандығы үшін қыздың да қылмысты болып жазаланатындығын, тастанды болатындығын тұңғыш рет осы жолда сездім. Жалғыз қызын, жанындай жақсы көретін балажан нағашым соншалық опасыз, соншалық мұзжүрек – ызғарлы болып көрінді көзіме. Менің бетіме талай тиіп, жұп-жұмсақ та ыстық сезілетін оның шалғылы сарғыш мұрты дәл қазір қанжардай қатты, құбыжықтай суық сезілді. Қызыл-сары жүзі, ат жақты сопақ еріндегі қызыл меңі ұятсыз опасыздықтың белгісіңдей, әп-сәтте жиренішті, жат адам сияқты көріне қалып, жатырқай қарадым. Шешем оған қатал тиіп, қаттырақ сөйледі енді:

– Сендер де аспаннан түспей, әйелден туып едіндер ғой, қыз туғандығы үшін ғана осыншалық жазалай ма екен әйелді, осыншалық қорлай ма екен әйел затын! Сендер кімнің арқасында теректей-теректей болып өстіңдер! Камал екі ұлға айырбастайтын қыз ба!.. Қызды балаға есептемесең, мені бір құрсақтан шыққан бауырға есептемегендігің, адамнан туған азғын!.. Бұл қатынның шұбыртып отырған ұлы қайсы сонда!..

Шешемнің ащы тілін естігенім осы, нағашымды да, Қабыкенді де бүрістіріп жіберді. Екеуі де еңкейіп, төмен қарап келеді. Кезек-кезек сөйлейді, күле береді. Өз қылмыстарын білсе де қысылмайтындай, жер-суға сыйғызбай мақтайды тапқандарын. Адамгершіліктен қаншалық тоналса да армансыз сияқты. Шешемнің зілдей сөздерін шыбын құрлы көрмей, көтеріп әкеткендей екі дәу!

Осы көнтеріліктері үшін кешірім етті ме, немесе олардың істерінің "әділеттілігіне" сынды ма, әлде лажсыздықтан ба белгісіз, мұнан соң шешем сөйлеуді қойды. Қабыкен шанасын тоқтатып, шешемді орнықтырып отырғызды да, аттарын қузай жөнелді. Талай ойпаңға зымырай ағып, талай белге сықырлай өрледік. Тағы да зымырай ақтық. Камал тәтем мүлде қалған сияқты, өте алыста, алыстаған сайын оның қымбаты аса түсті. Бауыр мен жүрегімді сағыныш күйдіріп барады, елестеген сайын безіп барады. Әне, жылап тұр ол, біз кеткен жолға қарап жылайды, өзін қыз етіп туғызған құдайға өкпелеп жылай ма, мынау қызыл меңді әкесі мен қара сұры қаскүнемнің опасыздығына ыза болып жылай ма, булығып, буырқана өксіп жылайды. Сонда да оның жазық маңдайы жиырылмайды, биіктей біткен екі қасының арасы түйілмейді, кінәсіз әдемі ажарында кінарат білдіретін ешқандай түйін жоқ. Бар зарын көз жасынан ғана көргендейсің. Ол тұп–тұнық болып зырғиды толықша бетінен. Өйткені әкесіне өте тұнық еді ол. Құдай тағала өзін не жазығы үшін қыз етіп жаратты екен!

Шанадан ауып қалмауым үшін барынша қорғап, дәл қасыма отырған нағашыма бір қарамай мелшиіп отыра бердім мен. Көз алдымнан Камал тәтем кетпеді. Шаңқиған ашық күн қармен шағылысып, шана екпінімен суық жел ұйытқып бұқтыра түсті, бұқсам да тігіле қараймын Камалға. Жылап тұрып "бері келші!" дегендей қос қолын жаяды маған. "Алыс қалдың ғой, тәтетай!.. Бара алмаймын ғой енді!" Мен қысыла қарадым шешеме, ол да төмен қарап алып үнсіз егіліп отыр екен. Салысының шалғайы мен омырауының бәрі су. Әйелдердің көз жасы не деген көп, құдай тағала бұл жағын аямай ақ берген екен...

– Анау – Көктұманың тауы, Бақты, – деді нағашым. – Шәуешек соның шығыс жағында.

Шешем екеуміз де қарадық. Біз соның теріскейін көріп, Тарбағатайға қарай өрлеп барамыз. Біздің барып орналасып, қар кеткенше тұратын жеріміз – Тарбағатайдың тағы бір қойнауындағы "Саз" деген қалашық екен. "Онда да бір Камал бар, соны сүйесің" деп шешеме Қабыкен айтқан, бізге қараңғы – суық бойжеткен мен оның нағашымды Жамалдан тартып әкеткен жесір шешесі сол Сазда дейді. Біз сонда келе жатырмыз. "Бұл тәтең ыңғай орысша оқиды, кітап-дәптерлері өте әдемі, суреті көп, соны көресің!" деп нағашым маған оны көпірте мақтаумен, маған оны "тәте" етіп телумен болды, мен ұйықтап қалыппын. "Дыр... ыр" деген Қабыкеннің дауысынан оянып, көзімді ашып алсам, түн екен, екі-үш терезелі биік үйдің алдына келіп тоқтаппыз. Қабыкен шанасын босатып алып, басқа жаққа жүріп кетті. Мен шешемнің артынан дірдектеп, қобалжи кірдім сол үйге. Үй іші де, адамдары да жат көрінді. "Орысша" әдемі киінген жіп-жіңішке ақ сұры бойжеткен келіп, менің малақайымды, мақталы бешпетімді шешіндірді, тығыршықтай семіз, төртпақ ақ қатын шешемнің алдынан шығып, Биғайшаны қолына алды. Үйлері де аппақ кіршіксіз, менің көріп келген үйлерімнен бүтіндей басқа, үй жиһазы мол болмағанымен үлкен байдың үйі тәрізді сәулетті көрінді. Өзіміз жол бойыңда түсіп шай ішіп, тынығып шыққан орыстардың үйіне көбірек ұқсайды. Мұнда да жуан бөлке пісіретін. Аузы арандай ашылған үлкен меш бар екен.

Жуан әйел жуан бөлкені кесек-кесек қойып, самаурыннан шай құйды. Қызы тарелкемен қант-кәмпит әкеліп қойды. "Осыншалық жуан бөлке жеп жүріп, неліктен жіңішке болып қалды екен" дегендей мен оған көзімнің астымен ұрланып қарап қойып отырдым. Ұялыс па, тартыныс па, жек көргендігім бе білмеймін, қарным ашып келсе де аз жеп, шайды анда–санда бір ұрттап шешеме тығыла отырдым. Бөлке мен кәмпитке тамсанып ішегім шұрылдаса да, өзімнен-өзім қатты шектелдім. Шешем де сөйлемей қою сүтті шайды тартып отыр. Жуан әйел мен қызы маған қарай берді:

– Сіз айтқан әлгі үндемес балаңыз осы шығар? – деп сұрады әйел нағашымнан. – Ұялшақ екен.

"Саған бала болсам-ау, енді" деген оймен түйіле қалдым.

– Же, суықтан келдің ғой, көп же, – деп алдыма бөлкені жақындата берді. – Ей, Мәкен, қасына келіп отыршы, қайсысың көп жейді екенсіңдер, көрейік!

Қызының аты Мәкен екен. Ол менің қасыма келіп отырды да, үнсіз күлімсіреп алдыма кәмпит қойды. Бастамашы болмақ секілді. Бөлке мен кәмпитті өзі де күйсей бастады. "Сен әдетте былай жесең ғой, дәл мұндай жіңішке болмас едің" деген ой келді маған. Оның "қулығын" біліп қойсам да еліктеп жеуге кірістім. Аш адам мен тоқ адамның тамаққа деген "махаббаты" бірдей болмайды. Біреуі бар пейілмен құныға жесе, біреуі зорлана әрең жейді. Біреуі нанды дүниенің ең тәттісі деп қадіріне жете жұтса, біреуі дәм татусыз сезіп, әрең жұтады, біреуінің ішегі шуылдаса, біреуінің жүрегі айниды. Екеуміздің өзгешелігіміз сондай көп екен. Маған жегізу үшін шайнаңдай бергенімен оның жұтқаны аз болды да, мен шайнауым аз, жұтуым көп болғанын сезе қойдым, ар жағым айдаһардай тартқанын білдірмегім келіп, енді мен де шайнандауды көбейттім. Ол күліп жіберді:

– Мен жаңа ғана тойып алғанмын, – деп ұяндай қарап күлімдеді маған, – сен көп же!

– Мәкен, ол үндемей отырғанымен сенен қушыкештеу, – деді нағашым. Мәкеннің өзінше шайнаңдасам да бөлкеге көңілім ауып отырғанын біліп қойған қулығын мен мойындап ұялып қалып едім, –сен оған кітап берші! – деді нағашым тағы да, – қағазға қарай отырса көп жейді ол.

– Оқи ала ма! – деп жайнаң қақты Мәкен.

– Оқығанда қандай! Біздің жиендердің ішіндегі ең оқымыстысы осы кісі.

– Оқи алмаймын! – дедім мен төмен қараған бойымда. Қысылғанымнан тер бұрқ ете түсті. "Мәкен кітабын әкеліп оқы десе қайтпекпін» деген күдіктен шошына қарадым жан-жағыма.

– Неше жасқа келіп еді? – деп сұрады Мәкеннің шешесі. Менің шешем күрсіне жауап қайырды:

– Жетіде... Ағаларынан бірдеме жазып үйреніп жүрген.

Мәкен терезе алдынан бір кітабын алып маған ұсынды. Алсам да бетін ашып көруден ұялдым. Кітапты алдыма қоя салып, нан жеуге кірістім енді. Оқи алмай қалудың ұятынан, нан жеудің ұяты әлдеқайда жеңіл сияқты. Аузымды босатпауға тырысып, тықпалай бердім нанды. Кітапты Мәкеннің өзі алып ашты.

– Мынаны оқышы! – деді. Менің нан жесіме қарап тағы да күліп жіберді өзі. Тағы да біліп қойғаннан ұялдым.

– Шай ішемін! – дедім шешеме сыбырлап қана. Мен шешеме тығылған сайын, Мәкен де жақындай түсті. Шешем күбірледі маған:

– Кітап оқудан ұяла ма екен, оқи бер!

Көзімнің қиығымен қарасам Мәкеннің көрсетіп отырғаны "А" әрпі екен. Мен айта салдым.

– Ие, оқи алады екенсің ғой, тартынба!.. Мынау не? – деп "Б" сияқты бір әріпті көрсетті.

– Білмеймін.

– "Б" – деп атады Мәкен.

– "В" емес, балпаңның "Б-сы" ол емес! – дедім мен. Шешем күліп жіберді. Мәкен таңырқай қалды:

– Не дейді, тәте?!

– Бұл латынша үйреніп жүрген, – деп түзетті шешем, – сен орысшаны көрсетіп отырған шығарсың, Мәкен "В" әрпін көрсетті сонан соң.

– Балпаңның "Б-сы" осы! – дедім мен. Мәкен тағы да таңырқады:

– "Балпаң" деген не?

– Балпаңшы! – дедім мен. "Менің бабамды білмейтін бұл қандай адам" дегендей таңырқап қарадым. Шайын іше күлімсіреп отырған шешем енді қатты күліп жіберді. Оның көптен бері көңілді күлкісін естігенім осы еді, мен де жадырап көңілдене қалдым.

– Бабасының аты, – деп түсіндірді шешем Мәкенге, ата-бабалары мен нағашыларының атын жазып үйренген бұл.

– Мен нені айтып отыр десем! – деп Мәкен ұяла сықылықтады. Күлкісі дәл Камал тәтемнің күлкісіндей екен. Жалт қарап ұзақ қадалдым бетіне. Камал тәтемнен кішілеу, орысша киімді, сопақша жүзі сұры... ұқсамайды екен! – қайтадан мұңайып төмен қарадым. Камал менің ұялғаныма қарамай бауырына басып алып қатты сүйетін. Басымнан, маңдайымнан сипап арқамды қаситын. Жоқ, бұл Камал тәтемдей емес, менен өзі тартынып, өзі ұяла ма, иә, тәкаппар ма, әйтеуір суықтау көрінді.

– Мен орысша оқимын, латынша білмейін, – деді Мәкен, – мен саған латынша кітап іздеймін, бірақ бұл жерде үш үйден басқа қазақ жоқ. Олардың оқитын баласы да жоқ.

– Мен оқуды білмеймін, латынша жазуды білемін, – дедім мен. Әлгіндей сұрай беру қатерінен құтылғым келіп айттым. Ол терезе алдынан дәптер мен қарындаш алып келді.

– Кәне, жазшы! – деді.

Әркім өз білгеніне жүйрік қой. Мен қорғанбай жаза бердім. Білгенімнің бәрін жазып болғанымда басымды бір-ақ көтердім. Лениннен бастап Марқаға келіп бір-ақ тоқтайтын бір үлкен "шежірені" Мәкен қолына алып, алдымен жазуымның әдемілігіне таңырқағандай мені мақтап қойды.

– Сен оқып үйренбей жазуды қалай білдің? – деп сұрады сонан соң, үлкендерден ұялғандай басын төмен салып, өте бәсең үнмен сұрады.

– Жаза бердім, жаза бердім, сонан соң білдім.

Бұл сөзіме Камал тәтемше мейірлене күлді ол енді. Мен тағы да телміре қарап қалдым. Оның "қулықсыз" ықыласпен жақсы көріп күлгенін жылы көз жанарынан байқағандаймын. Қоңырлау болғанымен мұның көзі де әдемі екен. Ол маңдайымнан тартына сипады да, алақанын желкеме қойды. Біреудің жақсы көргенін білсем, ұялшақтығым қатты ұстайтын әдетіммен мен енді тұқырып отырып қалдым.

– Сен менен зерегірек екенсің, – деді ақырын ғана, – талапты екенсің!.. Мен оқығалы үш жыл болды, әлі жақсы жаза алмаймын!..

Ол өзінің оқуға кешігіп, он үш жаста әрең түскенін де айтты. Соншалық "асыл киінген" бойжеткен қыздың ұялса да, өзін "жамандап" отырғанына, өзін менімен салыстыра сөйлеген қарапайымдылығына ішімнен жақындап, жақсы көріп қалдым оны: "ие, бұл да тәтем екен"

Осы кештен бастап-ақ оған үйір бола бастадым мен. Екі-үш күн өткен соң тіпті жақсы көрінді. Үлкендер не сөйлесіп, қандай көзқараста жүргенімен ісім болған жоқ. Ол қайда отырса мен де сонда, ол не істесе, мен де соны істейтін болдым. Ол таңертең мектепке кетіп, түсте қайтады. Ол келгенше мен де оқығансып, кітап-дәптерге қараумен боламын. Түске жақын далаға шығып, оның жолын тосамын. Онымен бірге тамақ ішсем қорғанбай көп жеймін. Ең көп айналысатыным – бөлке. Бөлке жегенде маған бір түрлі көңілділік пайда болады. Өйтетіні Биғаділ екеуміз ес білгеннен бөлке нанды көп арман ететінбіз, былтыр-алдыңғы жылдары "колхозға кіреміз, көп баламен ойнаймыз" деген қуаныш пайда болғанда, "бөлкені тойғанша жейміз, көп жейміз" деген тәтті үміт те миымызға қоса орнап, қатты сіңген. Енді қазір Биғаділ бұл арманға жеткенін-жетпегенін білмеймін, ал өзім анық жеттім. Сондықтан, бөлкені құшырлана соғатын болдым. Кешікпей домаланып семіріп алғанымды үлкендер айтып жүрді.

Түстен кейін ойнауға шығамыз, Мәкен үлкен болса да өзі тұстас орыс балалармен ойнамай, ыңғай менімен бірге ойнайды. "Үлкенірек ұлдары адамға соқтығады, қыздары олармен құшақтасып жүреді. Қазақ бала жоқ, сенің келгенің қандай жақсы болды!" дейді ол бойым аласа болса да, мені қолтықтап жүреді. Мая шөптің түбінде отырып, маған әңгіме айтып береді.

Нағашым бұл жерге екі жылдан бері келіп-кетіп, тас қазу жұмысын істейді екен, Қабыкенге еріп келіп бір күні Мәкеннің нағашысымен танысыпты. Содан бірер ай өткенде Мәкенге "әке болыпты". Мәкеннің өз әкесі семейлік, орта ауқатты саудагер екен, жер аударылып келген соң, шешесі мен өзі жалғыз нағашысының үйімен бірге осында келіпті.

– Міне, енді мен қазір сенің нағашыңның қызы болдым, – деді Мәкен күлімсіреп, – менің нағашымның үйі қазір Саздың арғы шетінде, біз осы шетінен пәтер үйді әрең таптық.

Сол маяның түбінде ұзақ отырамыз. Ол осындай бір әңгіме сөйледі де, менің де әңгіме айтуымды сұрайды. Мен "әңгіме білмеймін" деймін. Сонан соң тағы да өзі сөйлейді, бұл жерде өзінің іші пысатындығын айтады.

– Сенімен ғана бірге жүргім келеді, сен әңгіме айтып беретін болсаң қандай жақсы болар еді!

– Мен әңгіме айтып көргем жоқ, Биғаділ болса айтып берер еді!

– Ол кім?

– Ол менің інім емес пе!

– Ол қайда?

– Қытайға кетті, әкем де, ағаларым да кетті.

– Сенің қалғаның жақсы болған екен, менімен ыңғай бірге боласың. Менің енді ішім пыспайды. Сен білемісің, екеуміз қандай ұқсаймыз. Мен нағашым мен шешеме еріп мұнда келдім. Сен де нағашың мен шешеңе еріп мұнда келдің. Екеуміз қазір міне бірге отырмыз. Бір үйде тұрамыз, қандай жақсы!

Ол мені құшақтап тартып, басымды алдына алды. Мен оның еркіне беріліп құлай кеттім. Камал тәтемнің еркелетуін сағынып жүр едім. Сол Камал тағы да ап-айқын елестеді көз алдыма. Ие, бұл да менің тәтем емес пе! Мәкен маңдайымды қайыра сылады. Сипап отырды да еңкейіп бетімнен сүйді. Бірақ, Камал тәтемше қалай болса солай жұлмалап-тістелеп, домалатып-лақтырып есімді шығармай, мәпелеп қана сүйді.

– Сенің әкең Қытайға неге қашты, – деп сұрады ол бір кезде. – Бай болып па еді?

– Біз өтірік бай болдық!

– Өтірік бай болғаны несі? – деп күлді ол.

– Біз бай емеспіз, басқа біреулер байсың деді де, қызыл қасқа сиырымызды алып кетті, сонан соң астығымызды әкетті. Жейтін еш нәрсеміз қалмаған соң әкем де, ағаларым да Биғаділді көтеріп Қытайға кетті. Апам "біз де кетеміз" дейді.

Мәкеннің мен тығылып жатқан бауыры бүлк–бүлк ете түсті. Жылағанда шешемнің бауыры да осылай бүлкілдейді. Жалт қарасам, Мәкен басын көтеріп далаға қарап отыр екен. Аппақ тамағы да бүлкілдеп тұр. Біреудің жылағанын көргендегі әдетім бойынша басымды көтеріп түзу отырдым. Оның жүзіне тура қарасам да, бетін теріс бұра бере жан қалтасынан орамалын алып, көз жасын тез сүртіп тастағаны байқалды.

– Сен кетпе, – деді ол басымды қайтадан алдына алып, жасаурап тұрған тұп-тұнық қоңыр көзінен өз жүзімді көріп, айнаға қарағаңдай қарана бердім мен. – Сен апаңа айт, Қытайға бармаймын де! Осы жерде оқимын деп айт, бола ма?!.. Бірге оқимыз, бірге тұрамыз!..

Кей жексенбі күндері нағашым мені азық-түлік алуға ертіп кетіп жүрді. Астық, қант, картоп, қызылша, шекер нормаларын алғанда мені "хатшылыққа" ертеді. Алатынын алып, өлшетіп болған соң стол үстіндегі қағазға мені көтеріп тұрып, "Мұқамәди" деп қол қойғызады. Бұл өнерімді бір рет көрген соң қалған екі қазақ та солай ететін болды. Сөйтіп, кішкене "секретарь" атандым. Біреуі көтеріп тұрып "Ахметжан" деп жазуымды сұрайды. Менің оқыған "кітабымда" ондай адам аты болмағандықтан "Жаппар" деп жаза саламын. Енді біреуі "Ыбырайды" жаз деп көтергенде "Кұрман" деп қоя саламын. Олар мәз болып азық-түлігін ала жөнеледі. Ол жерде менің өтірік молдалығымды айыра алатын ешкім жоқ. Завхоз орыс та мені танып алды. Қазақтарға азық-түлік береді деп, "секретарь" деп алдымен мені шақырады. Кейде мені өзі көтеріп қол қойғызады. Онысы тым қатерлі еді: «молодцы» деп тік көтеріп, допша лақтырып ойнайды. "Жалғыз хатшымызды өлтіріп аласың, үй, орыс" десіп үш қазақ бірдей ұмтылады онда. Завхоздың қақпақылына түспеу үшін сол қазақтардың біреуінің етегінен мықтап ұстап тұратын болдым.

Уақыт өте келе Мәкен маған бір туысқан жалғыз бауырындай, өте бауырмал болып кетті. Кей күндері азық-түлік немесе қырмандарда молотилкадан шала шыққан топанды ұшырып бидай алуға шешелеріммен бірге кеткенімде, ол да менің жолымды тосып күтетін болды. Мая түбіне отырып алып әңгіме айтысуға, бірге сабақ оқуға асығамыз.

– «Қытайға бармаймын» деп айт апаңа! – Мәкеннің маған алдымен үйрететіні осы болды. – Осы жерде оқимын де, жарай ма?! Орысша тілмен мына есепті үйреніп алған соң, келер жылы екінші классқа оқуға түсесің, сонда мектепке бір барып, бір қайтып тұрамыз.

Бұл ұсыныстарына мен бас изей беремін. Кейде "жарай ма" деп қадалғанда, мен «жарайды» деп жауап та қайырамын. Сонан соң бар ықыласын салып орысша үйретуге кіріседі. Кеш батып, шам жанған соң да оның істе дегенін бар ынтаммен орындауға кірісіп жүрдім.

Мәкеннің еңбегі мен менің талабым да зая кеткенін бір-ақ білдік бір күні. Нағашым көршіміздің ала атына бір арба жегіп келді де, шешем мені киіндіре бастады.

– Кетеміз, – деді, – әкеңе, Биғаділіңе барасың...

– Биғабіл кетпесінші, тәте!.. Осында қалсыншы! – деп Мәкен жалынды да, жылап тұрып, екі қолымен бетін жауып алды. Көзін сүрте салып, үнсіз қарай берген маған ымдады, "Айтсаңшы! Айтсаңшы!" дей берді сыбырлап. Оған бір, шешеме бір жалтақтай берген менен сөз шықпаған соң, өзі тағы жалынды-қалсыншы, тәтетай, осында оқысыншы!.. Ендігі жылы оқуға менімен бірге кіреді! Шешем оған жауабын қысқа-қысқа қайырды.

– Биғайша қалады, оны қайтып кеп әкетемін, қазір жалғыз кете алмаймын!.. Жоқ Биғабілды тастап кетпеймін!

– Тәтетай, онда Биғабілды қайтып кеп әкетерсін, қазірше қалсын!

– Жалғызсырап жүр еді, – деп шешесі құптады оны. – Бауыры келген соң ғана "іші пыспайтын болып еді, қазірше қала тұрсыншы!

– Жоқ, мен бұл болмаса жалғыз кете алмаймын, Биғайшаны көтеріп жүру қиын! Шешем бұл жалыныштарды тыңдамады, мені жетектеп әкеліп, арбаға шығарды. Биғайшаны күні бұрын алдап көндірген көрінеді, ол қыңқ етпей сол үйде қала берді. Мен жабыға қарадым, Мәкенді қимай қаншалық жалтақтағаныммен, шешемді тіпті қия алмайтын сияқтымын. Нағашым арбаны айдай жөнелді. Мен артқа – Мәкенге қарап отырып алып кете бардым. Ол менен көз алмай, солқылдап тұрды. Әне, қолын көтеріп сермеп тұр, жылап тұр! Мен мылқау ұялғанымнан "қош" деп айта алмай кетіп барамын. Бірақ, екі көзім Мәкенде қалғандай, басқа еш нәрсені көрер емеспін. Ол енді жалғыз қалды ғой! Мінеки, белеңнен астық, ол мүлде көрінбей қалды! "Қош бол, Мәкен! Жалғыздықпен зерігудің қыспағында тағы қалдың!" Қимастықтан ішек–қарным ба, бір жерім күйгендей елжіреп мен кеттім. Камалдың әкесін әке етіп алғанына жауыға келіп едім ғой, енді неге қимай қамыға кеттім?!.

Нағашым бізді Ақшоқының Көктұма жақ тұсына әкеліп түсірді де жол көрсетті, жол емес-ау, жолсызға жөн сілтеді: Шәуешектің тұсын көрсетті. Арбадан түстік. Шешем иығына бос қап салды да, тезек терген болып жөнеле берді. Мен онын жүрісіне ілесе алмай қалып едім, етігімді шешіп қабына салды да, байпақшаң жетектей ерітті. Мен де дедектей зыттым. Шынжаңға қарай дедектедім.

Әділетті "тергеушім", өзімді ұратын күрзіні қаһарлы қолыңызға енді ұстаттым білем, қандай қашқын екенімді баяндадым ғой. Дәлелдеп айтқанда, пролетариат диктатурасындағы Совет одағынан сол кезде феодализм диктатурасында тұрған Шынжаңға қашқанмын. Пролетариат диктатурасына қарсы феодал болмасам, феодалдық елде нем бар еді?! Демек, мен қаршадайымнан бұзылған кері төңкерісші қашқынмын. Бұл сіздің мұқтажыңыз үшін айтқанда, соқырдың қолындағы таяқтай, айырылмай қос қолдап ұстайтын қылмыс емес пе?

ҮШІНШІ БӨЛІМ

ҮЙІРЛІ ҰРЫ

I

Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Бақты тауының шығыс жақ етегіндегі жап-жазық далаға шыққанда шешемнің "тезек теруі" қиынға соқты.

– Шекараға келіппіз, – деді шешем, – анау тұрған шекара күзетінің үйі! Қарасам, Бақтының бауырынан көп терезе бізге қарап төніп тұр, біз одан өтіп дәл көз алдына келіп алыппыз. Көп көз араларында Камал, Мәкен тәтелерімнің де әдемі көздері бар сияқты, барлық көз бізде! Бұрын күлімдеп, сүйіспеншілікпен қарайтын көздер енді сұстанып, суық қарап тұрғандай. "Жақын арада бір үй жоқ, тезекті қайдан келіп теріп жүрсіңдер, қайда апармақсындар?! Қанеки, енді қайтер екенсіңдер, көрелік!" дегендей. Күн еңкейіп қалған, аспан ап-ашық. Сол көп терезе жақтан салқын ғана самал жел келіп тұр. Мен қаншалық қорқынышты екенін білмей, ұялған сияқты болдым. Шешем сұп-сұр болып кетті. Тезек терген болуды қойып, білегімнен ұстады да, мені жағасына тобылғы өскен бір арықтың ішіне түсірді. Тобылғы бүрлеген кез. "Еңкейіп жүр!" деп күбірлеп өзі де бұға жөнелді. Алдымызда қорғаны төрт құлақты бейіт тұр еді, соның далдасына келдік. Шешем бейіттің ішіне кіріп, күн батқанша тасаланбақ болып еді, мен қорқатындығымды білдіріп қыңқылдадым. Мені дедектетіп қайта шықты да, әлгі арықтың ішіне түсірді. Желкемнен басып жатқызып, өзі жан-жаққа баспалай қарады.

– Астағыпыралла, келіп қалды! – деп менің басымды баса түсіп құлады. – Қыбырламай жат, иті бар екі әскер келіп қалды!

Мен де шешем сияқты етпеттеп қыбырсыз жатып қалдым. Біз көрмесек олар да көрмейтіндей. Көзімді шарт жұмып алыппын. Жүрегімнің қатты соғуынан жер дүрсілдеп кеткендей сезілді. Сөйтсем, аттың аяқ дүбірі екен. Біз келген жақтан бейітке келіп, аттан түскендей болды. Ит шәу ете түсті.

– Нельзя! – деді бір жуан дауыс. Иттің үні екінші шықпады.

– Қыбырлама, – деп сыбырлады шешем, – жел соғар жақтан қимылдамасақ сезбей қалар!.. Аттары ар жағына жайылды... Бұл жаққа беттемесе екен! А, құдай, ақсарбас!

Тобылғының арасынан сығалаған шешем екі солдаттың енді бейіт қорғаны үстінде отырғанын айтты. Арамыз жиырма адымдай ғана жер. Олар даңғырлап сөйлесумен болды да, шешем сыбырлап, құдайға жалбарынумен болды. Көзімді шарт жұмып алып мен жаттым. Көзімді ашсам-ақ көріп қоятындай, башпайымды жыбырлатсам естіп қоятындай, тірлігім жүрегімнің соғуынан ғана сезіліп жатты. Бір шақта оны да сезбей ұйықтап қалыппын.

Мылтық тарс ете түскенде, селк етіп оянып кеттім. Шешем желкемнен баса қойды. Күн батып, қараңғы түсе бастаған екен, мылтық және екі рет атылды. Құлағым бітіп қалғандай бетіме бетін төсеп жатқан шешемнің ернінің жыбырлауын ғана көрдім. Ол бір кезде басын көтеріп мойнын соза–соза орнынан тік тұрды.

– Тұра ғой, жарығым, кетті, – деді шешем, – бейіттің ішінде болсақ, қолға түседі екенбіз, сенің сәби жүрегің сезініпті!.. Жүрейік енді!

Солдаттар батыс жақтағы заставаға кетісімен, біз шығыс жаққа тарттық. Жер бетін дүлей қараңғылық басты. Жұлдыздарға қарап бағыт түзеп, алдыда шешем келеді. Оған ілесе алмай дедектеп жүгіріп шаршап та қалдым. Шешем сәл озып барып жер сипайлайды. Тегіс далада жусаннан басқа еш нәрсе жоқ екені байпақшаң аяғыма айқын білініп келеді.

– Немене, апа? – деймін. Енді жеткенімде дем алдырмай ол тағы жүріп кетеді.

– "Шекарадан өткен соң шөп сұйылып кетеді. Шәуешек жеріне өткеніңді жердің тақырлығынан білесің" деген нағашың.

Шешемнің аяғы жерге тимейтіндей, ұшып барып қонатын алдамшы торғай сияқты лып етіп тағы озып кетеді. «Қона қалғанында» жан-дәрмен борсаңдап тағы қуып жетемін. Қыс бойы жеген бөлкем осылайша қуалаумен тер болып ағып, бір кезде ада-күде біткендей көрінді. Енді жүре алмайтындай халге түстім. Бірақ, шешемнің арқасында жарты қап жүк бар, жарымы – менің киімім. Оған қоса мені арқала деуге тілім бармай, арық шешемді аяймын. Артта қалудан қорқамын – екеуі де қиын болды.

– Ақырын жүрші, апа! – дедім бір кезде, – шаршап кеттім!

– Біраз шыда, жарығым, аз қалды!.. Бұл жерде ақырын жүрсек ұсталып қаламыз, таң ағармай тұрып өтіп алуымыз керек.

Шешем қолымнан жетектей зытты. Еркіңмен дедектеуден еріксіз дедектеу қиын болады екен.

– Жүре алмаймын, апа, сен жүре бер! – дедім де тартынып тұра қалдым. – Артыңнан барайын!

– Қасқыр жеп қояды!

–Жоқ, оған көрінбей жатып аламын! – деп отыра қалдым. Шешем күрсінді де, дағдарып тұрып қалды, отыра кетті өзі де. Алдыңғы жағымыздан бырылдап екі үйрек ұша жөнелді.

– Әне жерде су бар екен жүр, сол жерге жетіп демалайық!.. Шешем мені арқалап алды, салмағымды жеңіл түсіруге барынша тырысып көтерілген болып келемін. "Өзі арық, өзі кішкене шешем ғой, өліп қалса қайтермін" деген оймен жаным қанша ашыса да лажым қалмап еді.

Әлгі үйректер арықпен ағып жатқан судың бір жайылмасынан ұшыпты. Шешем мені жерге қоя салып, қабын жастана қисайды. Оның да қатты шаршағанын енді білдім. Недәуір үнсіз отырып демалды.

– Мынау жер суаруға келтірілген су ғой тегі, Шәуешектің егіндігі болар, өткен сияқтымыз, енді демалайық! – деді де, әрең қозғалып қабынан орамалға ораулы бөлкені алды. Су ішіп, бір жапырақ нан жеуімді ғана білемін, ұйықтап қалыппын, шешем жұлқылағанда әрең ояндым.

– Қабыкен, Биғабіл!.. Ұйқынды ашшы!.. Әне Кәкең келе жатыр! Анықтап қарашы! Бізді іздеп келе жатқан әкең мен Бигелді емес пе!..

Таң қылаңдап қалыпты. Алдыңғы жағымыздан екі баран көрінді, бірінен-бірі сәл биіктеу, қатар келе жатқан екі адам тәрізді. Аласалау, кең иықты, жуаны – әкем сияқты, биіктеуі желемікпен ырғалып тұрғандай, еңкеңдеп, түйеше адымдап жүретін Бигелдіге ұқсай қалыпты. Мен де сол екеуіне ұқсатып, қадала қарадым.

– Екі терек қой, апа, – дедім бір кезде, – әне, мына жағында да сондай көп терек тұрмай ма!

Шешем терек екеніне сонда сенгендей болды. Мен мылқау жайшылықтай көрсем де, бұрын көрмеген жат елге келе жатқанымызға қамшыл шеше қатты аландап, жүрек тоқтата алмай қалған екен. Кірпік ілмей, тік отырып таң атқызыпты. Дереу менің байпағымды тазалап, қағып, етігімді кигізді. Түйе жүнінен шешемнің шебер қолымен бойға шақ тоқылған бешпет-сымы бар еді, оны да қағып-тазалап, беті-қолымды жуғызды. Тағы да жүріп кеттік. Бірақ, түндегідей асықпай, жай жүрдік. Алдымыздан Шәуешек қылаңдады, көп шынарлы-теректі қала көрінеді. Дәл басып тауыппыз. Шешемнің айтуынша, нағашым бұл қалаға екі-үш рет келіп қайтқан екен. Жолға қанықтығымен дәл нұсқапты.

Көп теректі қоржадан алысырақ жүрсек те, ит үріп андағайлай жүгірді бізге қарай.

– Бұл жақта ит не деген көп, апа?! – деп мен шешеме тығыла бердім. Шешемде таяқ жалғыз, ал иттердің аузы тым көп. Олар қаптап, ауыздарын аша, байбаламға баса жетті, қатты састым.

– Отыра қал! – деді шешем. – Отырған адамды ит қаппайды.

Өзі отырып алды, оған тығыла отырдым мен. Жан-жағымыздан арсылдай берді иттер, атып тұрсақ бас салатындай, өршелене үріп, тыпыр еткізбеді. Бар үлкен ауыз, бар улы тіс бізге төніп тұр, бейтаныс жердің иттерінің ортасында бүрістік енді. "Бұл жерде ит көп екен, сорымызды қайнатып, әлі талай қабады ғой!" дегендей оймен жүрегім зырылдап отырды. "Отырған адамды ит қаппайды" деген шешемнің әлгі сөзі расталғандай болды. Бір шақта иттер бір-бірден кете бастады. Ең соңғы көк ала төбет пен қара қаншық қыбырсыз бізден зеріккенде бір-ақ қайтты. Олар алыстап енді жүгірмейтін болғанда ғана қозғалдық орнымыздан.

"Отырған адамды ит қаппайды" деп күбірлей ердім шешеме. Бейтаныс жердің табалдырығын осы сөзбен аттадым. "Ендігі жерде иттен қорқудың жөні жоқ екен!"

Шәуешектің шеткі тамдарына да іліндік... Етектей қара сақалды бір дәу адам жыртқан жерден арық жасап, қыр соғып жүр екен. Соған беттедік. Оның қолындағы "тесесі" де дәу, етектей екен. Мен алдымен соған таңдандым:

– Апа, тесесіне қарашы, не деген үлкен?!

– Кетпен деген осы, – деді шешем.

Егінші бізге қарады да күлімсіреп, жыртылған жердің шетін нұсқады. "Шетімен жүріңдер дегені екен". Шешем кілт бұрылып шетке тартты, мен де бұрылдым. Дегенмен екі көзім егіншіде болды. Пішіні бір түрлі, бүкіл алқымына, тіпті кеудесіне де сақал өсіпті.

– Мынау қандай адам, апа?!

– "Сарт" дейтін халық осындай болады.

– Бұл да сарт па, жуас қой өзі!

Шешем мырс етіп күліп жіберді. "Ойбай-ай, сарт келе жатыр!" деп бала қорқытатын кейбіреулердің сөзі есіне түскен сияқты.

Әлгі "жуас сарттың" жүзінен жылынғандай, біз көшеге кірдік. Күн жаңа шығып өрлеп келеді. Үп еткен жел жоқ, әлі жапырақ жая қоймаған сұп-сұр терек бізге жатырқай қарап, бейтаныстықтың белгісін көрсеткендей болды, десе де тым-тырыс. "Кел" дейтіндей де, "кет" дейтіндей де ешкім жоқ сияқты. Ұйқылы-ояу, алаң ашық жатқан шет көшеден жалғыз қыз көрінді. Мәкен пішіндес, бірақ, одан киімі де, тазалығы да жүдеуірек, тақтайлары арса-арса, тозғын қақпаның алдында ұйқыдан жаңа оянғандай манаурап отыр. Шешем соған бұрылды, сірә Мәкендей көзіне жылы көрінгендіктен бұрылған болса керек.

– Жарығым, Қайысбек дегеннің үйін білемісің! – деп сұрады одан. Қайысбек – баяғы Күмісжан марқұмның ағасы, Бигелдінің нағашысы еді.

– Білмеймін! – деген қыздың ерні бұртия қалды. Шытынаған қабағы мен шікірейе қараған көзі көңілге тікендей тисе де, қақпаның ішіне қарады шешем.

– Әке-шешең бар шығар, солардан сұрайықшы!

– Сұмалак қалендырлар қайдан келеді осында!

– Қалендыр емеспіз, олай деме, шырағым!.. Еш нәрселеріңнің керегі жоқ, жөн сұрайық, – деп, шешем назалана кірді аулаға.

– Қалендыр деген немене, апа?! – деп сұрай өттім қыздың алдынан.

– Қайыршы дегені болар!.. Құдайдың уақытысы ғой мұны естірттірген!.. Келмей жатып естідік-ау!

– Қазан-ошақты лапас астында тұрған бір кекселеу қызыл-сары әйел шешемнің сөзін естіп күлімсірей қарады.

– Келіңіз! – деп алып амандасты. – Не дейді менің қызым?

– "Қалендыр" деген сөзді енді естіп, кейіп келе жатырмыз! – деді шешем.

– Кейімеңіз!.. Қайыршы тым көбейіп кетіп, жақыннан бері ығыр болып қалдық. Бейшаралардың бәрі де "қайыршы" десе шамданады. Ешқайсысы қайыр тілеп көрмеген адамдар көрінеді. Сіздердейдің мән–жайын талай рет түсіндірдім, сонда да айта береді бұл қыз, мейжазы солай. Қапа болмаңыз, отырыңыз, шай демдеп берейін? Нандарыңыз бар шығар? – деді әлгі әйел.

– Шайымыз да бар, – деп шешем ескі киіз үстіне барып отырды.

– Сіздің шайыңыз – қағаз шай, болмаса памила шай шығар? Жың қара шай ішіп көріңіз енді, қазақтар құнан шай дейді ғой, соны ішіңіз! – деп сары әйел шәугімге жуан–жуан бұтақ араласқан қара жапырақ сияқты шайды бір уыс қып бір-ақ салды.

– Басым ауырып келіп еді, жақсы болды-ау, – деп күрсінді шешем.

Самай шашын шықшыттан төмен түсіріп тегістеп қырқып қойған, тасырайған жуан қара көзді, жастау қара әйел келіп амандасты. Маған бір түрлі жат көрінгенімен, ол да біздің жайды толық білетін бұрыннан таныс адам сияқты сөйлесті. "Гыфулар", "солдаттар" дегендей кей сөздері болмаса, мұның тілінде де мүкіс жоқ. Қазақша сөйлеп, біздің жердегі жәйтті сөз етті.

– Апа, бұлар да сарт па? – деп сыбырладым шешеме. – Бұлар бізді қайдан біледі?!

– Біздің ел көп келіп жатыр ғой, солардан естіген шығар.

– Мына бала бек пакыз екен, – деді үй иесі әйел самай кекілді әйелге қарап, – Матіриым бай "бір ұл бала бағып алсам!" деп жүр еді. Осы баланы сатып берші!

– Саламаттілігі якшы, шырайлық бала екен... Бірақ, шоңырақ!.. бала болмайды, сәл кішірек болса!

– Мына балаңыз неше жаста?–деп сұрады шешемнен. Шешем не дерін білмегендей аңқиып қарап қалды. Мен шешеме қарай бердім.

– Сұмдық-ау, лақ емес, қозы емес, бала сатқаны несі!– деп шешем екеуіне кезек қарады. Екі қатын қатар күлді.

– Балаңызды бізге берсеңіз, іздеген адамыңызды тауып беріп, жақсы жерге орналастырып қояр едік, ақша берер едік!

– По, құдай сақтасын! – деп күрсініп қалды шешем. – Оны айта көрмеңіздер!.. Ондай халге жеткеміз жоқ!

Шешем ішіп отырған шайын қоя салып, орнынан тұрды, мен де тұрдым.

– Шошымаңыз, алдырамай шай ішіп шығыңыз, – деді үй иесі әйел, – арғы беттен келгендерден бала сатып жүргендер көп болған соң сұрап едік, бермесеңіз ықтиярыңыз!.. Шай ішіп бір-ақ шығыңыз, шаршап келіпсіз!..

– Сұмдық екен мыналарыңыз, – деп шешем қайта отырды, – сегіз жаста өзінің кіші әкелеріне де, нағашысына да бермей әкеле жатып, енді жолда сатпақпын ба мұны!.. «Құлақ естімегенді көз көреді» деген осы ғой!

– Қапа болмаңыз! – деді самай кекілді қара. – Көшеге шыққанда көріп те қаласыз. Қашып келе жатқан бейшаралар бек қиыншылықта қалды, ашаршылық, кәсіп табылмайды. Қиналып қалмасын деп айтқанымыз!.. Бұл жерде кіміңіз бар еді? Білсек жеткізіп қояйық!

Әкемнің туыс, жекжат таныстардың бәрінің атын айтып шешем бір-бірден сұрай берді. Шай ішпей кекжиген бойы мен отырдым. "Құнан шайыңды!" деп қоямын ішімнен. Бүйрек бетті бір әйел лапастың қарсы жағындағы бір кішкене тамнан шығып қарап тұрды да, бізге қарай ақырын басып келді. Әжімі мол, жүзі тотығып қара–қоңыр тартқан қазақ әйелі екен.

– Кімді іздейсіз! – деді қарай қалған шешеме ерін ұшымен ғана амандасып. Жаңа айтып шыққан адамдардың атын, түр-түсін шешем толығымен қайта айтып шықты.

– Қайысбектің үйін білемін, жүріңіз апарып салайын, – деп қалғанда, көзім жарқ ете түскендей болды. Ере жөнелдік. Күн шақырайып ыси қалыпты. Сәскеге өрлеп қалған сол күн маған батыстан өрлеп келе жатқандай сезілді.

– Апа, Шәуешектің күні батыстан шыға ма? – дедім мен. Бастаушы әйел күлімсіреп маған аяй қарағандай болды:

– Күн батыстан шықпайды, балам, шығыс жақ осы!.. Жат жерге келген соң күн де жат болып көрінді-ау. Қайтсін бейбақ, басы айналып қалған ғой, – деді шешем.

Екеуі күрсінісе, мұңдаса аяңдады. Жаңа әйелдердің "балаңды сат" деуін шағынып, жылай айтты шешем. Көздерін екеуі де жаулықтарының пұшпағымен сүртті. Бірі мұңын айтып жыласа, біреуі қосылып жылайды. Біріне-бірі бұрын мүлде бейтаныс адамдар, ата-бабаларын айтып таныспай жатып-ақ жүректері лезде табыса қалуын қарашы! Ие, адам баласын мұңдастық таныстырады, мұңдастық достастырады, мұңдастық бірлестіреді ғой. "Бұл әйел де біз сияқты екен ғой" дедім ішімнен. Ол біздің ел жақтан келіп сатылған жас ұл-қыздардың көп екенін, жергілікті ұйғыр, ханзу, күйзулардың да, тіпті бұрын келіп орын теуіп қалған қазақтардың да бұл "саудаға" әдеттеніп қалғанын айтты.

Екі көшені айналып, бір ашық қақпаның алдына келгенімізде бастаушы әйел, сол есіктің түп жағындағы кішкене қарақұрым киіз үйді көрсетті де қош айтты. Біз аулаға кірдік, көзіміз киіз үйде ғана болып, жан-жағымызға қарамай жүре беріппіз. Дәу ақ төс қара ит арс ете түскенде бір-ақ білдік те, отыра алмай қалдық. Шешем еңкейгенше болмай, ит иығынан ала түсті. Киіз үйден жүгіре шыққан Қайысбектің әйелі шаңқ ете түскенде ит тайқап жөнеле берді. Нағашы жеңге амандасудан бұрын шешемді үйіне қолтықтай кіргізді. Шешемнің сол жақ топшысына ит екі тісін батырып үлгерген екен. Жарақатты көрді де қайта жүгіріп шығып, сол иттің жүнінен жұлып әкелді. Отқа шала күйгізіп, тіс жаралаған жерге басты да, шүберекпен таңды. Амандасу да, жай-күй де содан соң басталды. Қайысбек жоқ екен. Әйел далбырақтап бізді күтумен болды.

"Отырған адамды ит қаппайды" деген сөзді мен ішімнен қайтадан тексерумен болдым. "Біз отыра алмай қалдық-ау!" Олай емес, біздің отыруымызды ол тоспады... Орай бермей орала салатын ит екен!.. Әлсіздікке, әділдікке қарамай, тек тісінің күшіне ғана сүйенетін әулекі ит көп сияқты бұл жерде! Бағанағы қыздың қылығын көрмеймісің, біз оған не іздеп келгенімізді айтсақ та, ''қалендыр" деп салды ғой. Бұл да әй-шайға қарамай "ап" деп қаба салу емес пе!..

– Қабаған ит, – деді Қайысбектің әйелі бізге шай құйып беріп отырып. – Байлаулы болатын, қайыршы келмесін деп қоя беретін болды. Иттер қайыршыға өш болады ғой, біз жақтан келгендердің баспана таппағандары бір нәрселерін көтере жүреді. Тұрғындар оның бәрін де қайыршы деп біледі. Бұл жерде иесіз кедейдің өлімі сұраусыз болған соң, итін әдейі қоя береді. Ит иесі де қорасына адам кіруді жақтырмайтын Итбай. Басқа кәсіп табылмаған соң, әйтеуір күн көре тұру үшін лажысыздан тегін жалданып отырмыз...

Мен бай емес, ит жайында ғана ойландым: "иттер қайыршыға неліктен өш болады екен деші?! Өзі тамақ таба алмай сандалып, аш жүрсе, оның үстіне иттердің бәрі өш болса, қалай күн көрмек!.. Оларға өзінің итінің өш екенін біле тұрып неге қоя береді, тегі иесі де өш болғандықтан қоя берген ғой. Өзінің тісі өткір емес, қаба алмайтын болған соң, тым болмаса итім қапсын дейді ғой. Рас, ит иесіне тартады екен!"

– Ол жақтан ашығып қашқан бейшара халық, бұл жерге келіп аштан қырылып жатыр деші! – деді шешем, – "қайыршыға жел қарсы" деген осы да!

"Бәлә, қайыршы болса бәрі қарсы болады екен, қайыршы болмау керек екен. Онан да апамның мені сатып жібергені жақсы екен! Байқап жүріп, қашып келе салмаймын ба!.." деп ойладым мен.

Әкем Дөрбілжін деген жерге кетіпті. Қайысбектің әйелі мен шешемнің әңгімесін осы сөзге келгенде тыңдай қалдым. Өткен бір жұманың ішінде Ақтай, Санатпайлар да қашып келген екен. Елді сойқанмен тоздырып болып, шоқпар өздеріне тиерде қашқан көрінеді. Әкемнің Шәуешекте екенін біреуден ести салып, Санатпай Дөрбілжінге зытыпты да, Ақтай Шағантоғай деген жерге безіпті. Әкем Дөрбілжінге алдымен Санатпайды өлтірмек болып кетіпті. "Оралып келіп, Ақтайды өлтіремін де, Мәдиян келіп қалмаса, балаларды ертіп елге қайтамын" деп жүр екен. Бигелді төменгі жақтағы Ергейті деген жерде Смайыл атты дүнгенге малайлыққа тұрыпты. "Биғазы Ілушінде бір қазақтың қозы-лағын бағып жүр" дейді. Биғаділ қайда екенін Қайысбектің әйелі анық білмейді, біреуден естуінше ол осы Шәуешекте сияқты.

– Әспет апасының қолында ма, иә Қуандықтың иелігінде ме, әйтеуір осында жүр деп естідім, – деді. – Бірақ, олардың өз үйлері де быт-шыт. Біреуі ойда, біреуі қырда қаңғып жүр. Олардың да ешкімге қарайласар күйі жоқ.

"Биғаділімді ит талады-ау!" деген оймен денем тітіркеніп кетті.

– Бұл жаққа келіп ерінен бұзылған әйелдер көбейіп кетті, – деп Қайысбектің әйелі тағы бір тақырыпқа көшті. Күн көре алмаған соң қайтсін, сендердің туыстарыңнан Нұржанның інісі Жұмабектің әйелі бұзылып, қытайға тимекші болып жүр. Құлназардың үлкен қызы – Балбике бұзылып, ол әлгі Бигелді тұрған Смайыл дүнгенге тимекші деп естідім. Ол өз күйеуі Төреханнан жасырынып, бір жерде тығылып жатыр дейді. Жұмабек те, Төрехан да дал болып қаңғырып жүр.

Шешем ауыр күрсінді. Шай ішіп тыныққаны сол, шаршап өңі қаша түсті. Ширығып қозғалақтай берді.

– Ал, енді маған Қуандықты тауып бер! Көшеге шығайық, кім кездесер екен.

Қайысбектің әйелі тынығуға шешемді көндіре алмаған соң, түс ауа көшеге өзін ертіп шықты. Үлкен көше қым-қуыт, қайшалыс жүріс. Адамның көбі босқындар көрінеді. Қайда барарын білмегендей, сенделіп бекер жүр. Тымырсық-ыстық қуырып жатқандай, базар баж-бұж етеді. Түкке тұрмайтын бірдемесін тік көтеріп, "арзан, арзан" деп айқай салады. Кейбірінің көтерген нәрсесі мен айқайынан адам ұялғандай, ал өздері шімірікпейді.

"Шаншар рру...у" деп ұрандаған ащы дауысқа жалт қарадым, оның кәсібі тіпті "әбүйірсіз" екен: бір бұрышта қаңылтыр астауға от жағып алыпты. Темір істікке жанышқан турамыш еттерін желпіп қақтап, құныперен айқайға басып бір "сарт" отыр. Темір істіктен ет жұлмалап жеп бірнешеуі түрегеліп тұр. Ыстық істікті аузына сұғып, жарытымсыз етін тістеп алып қалады да, істікті тұмсығына көлденең тоса қояды. Мұрнына сұғып алар ма екен деген қауіппен тұрып қалыппын, шешем озып кеткен екен. Қайта оралып келіп жетектей жөнелді. Ығы-жығы базардан бас айналғандай, аң-таң болып әрең шықтық. Енді адам сирей бастады. Қатар тізілген сауда дүкендерінен маған мүлде бейтаныс иістер сезілді. Бірде жағымдырақ сезілгенімен, бірде сасық, шіріген шөптің иісі ме, сасыған көк даттың иісі ме күлімсі бірдемелер мөңкиді. Ондай дүкен ашып тұрғандарды "қытай" деп таныстырды. Оларға таңырқап көбірек қарап өттім. Олардың нелер үлкен, нелер әдемі дүкен ұстап тұрғандарын көрдім. Кейбіреуі сондай сәнді бай болғанымен, көбі жүдеу, арық, ұсақ-түйек нәрселер сатып жүреді екен...

Сөйтіп бар көрініске таңырқай да, жатырқай да қарап келе жатқанымда, артымнан аса бір таныс дауыс шаңқ ете түсті.

– Апа, апа! – деп ұшып келеді тыртиған жалаңаш қара бала. Оның артынан төрт-бес бала қуып келеді екен. Қашып келе жатқан таныс дауысты баланың тұла бойы қожалақ-қожалақ, қап-қара. Бұтында боршаланған штаны ғана бар. Танымасам да қайырылып қарап тұрып қалдым.

– Қырау, аналар мені күнде ұрады! – деп маған жыламсырай шағынып өте шықты да, шешеме барып тығылды.

– Биғаділ!.. Қаденім! – деп шешем құшақтай алғанда әрең таныдым. Қуып келе жатқан "иттерге" жұдырығымды түйіп, қарсы жүгіріп едім, жалт беріп қаша жөнелді олар. Бой тұрықтары Биғаділдің өзіндей болғанымен, киімдері бүтін екен олардың. Өшіге қудым мен. Солақай қолын түйіп алған. Етікті, шекпенді, балпанақтай бір жуан ұрарманды көргенде баяғының батырларын көргендей болдым. Алды-арттарына қарамай зытты әлгілер. Бірақ, шешесінен ұзап қуа беруге батырға да жан керек сияқты, тез қайтты. Аяй қарадым Биғаділіме. Бойы менімен теп-тең еді, күйген картоп тәрізді мұжырайып, семіп қалыпты. Шешем Биғаділді бір қолынан жетектегенде, екінші қолынан менің де жетектегім келіп, бір жағында қатар жүріп отырдым. Тіпті құшақтағым келді. Бірақ батылым жетпеді. Бірдемеге асыққанда бұрын ол мені жетектей жөнелетін еді ғой. Кең қарындағы ұраның үстінде ойнақтағанымыздан кейінгі бірге жүргеніміз осы. Ол енді менен кішірейіп, інім деп еркелетсем болатындай, тіпті, көтеріп алсам да икемге көнетіндей көрінді. Бірақ, үсті-басы өте былғаныш. Шешем сүйген бетіне, көзіне, аузына көп қарадым оның. Адам жеуге келмейтін әлденені жегендігі басын күнге қойып ұйықтағандығы, былапыт жердің иісі балғын денесіне толық сіңіп, тіпті көзіне де кіріп алғандығы көрініп тұр. Көзі ауырып, былшық басып алыпты. Беті мен қолы, кеудесі мен арқасы айғыз-айғыз. Аямас жыртқыш тұяқтың ізі сау тамтығын қалдырмапты! «Ит талады ма» деп сұрайын деп едім, аузым жөнге көнбей, қисая берді. Шешем де, Қайысбектің әйелі де үнсіз жылап келеді. Биғаділ қалыңдау қабағы бырысып, шағынуын кеңкілдеп жылауымен ғана білдірді. «Иттің балалары, осындай күйдегі баланы аямай тағы ұрғалы қуып келе жатыр-ау!» деген оймен бар денем қалшылдап кетті. «Несін алды екен?!» жат жерде қаңғыған әлсіз–қорғансыз жетімнің күні осы болғаны ғой!.. Ақтай, Санатпайлар да ақырғы кегін осы кішкентай Биғаділден алыпты-ау!.. Соларды тауып өлтіріп қана келсе екен әкем!.. Осылай болуына Биғаділдің өзі де себепші болды ғой. Ол астық қоймамызды айтып қоймаған болса, өзі де, біз де осылай қаңғымас едік! Өзінен болды, осы сор түрткен ғой өзін!..

Құрметті "тергеушім", қылмыссыз адам жазаланбайды. Егер Биғаділ өзі осылай қаңғымай, жейтін еш нәрсесі қалмаса да қозғалмай жатып алып, шағы жеткенде тып–тыныш қатып қалса, ит талап, осыншалық жаза көрмеген болар еді. Оған біздің жанымызды аштықтан таңба-белгілердің барлығы – қылмыстардың белгісі. Осыншалық қылмыстыға мендей қылмыстының ғана жаны ашып, мендей қылмысты ғана онымен бірге жыласады.

П

Шешем Биғаділді көше арығының суына жуындырып алмақшы болып еді.

– Келініңнің үйі мұнда! – деп Қайысбектің әйелі бір қораға кіргізіп әкетті.

Бізді оң жақ бетінде меңі бар, қып-қызыл болып боянып, жақсы киінген, кейкіш мұрын Рақима дейтін жеңгеміз қарсы алды. Нұржанның Кенжесарыдан туған інісі Жұмабектің әйелі осы еді.

– По-о! – деп кекете кірді шешем оның үйіне. Тап-таза сыпырылған кішкене ғана бір ауыз үйдің жарымын алып жатқан сәкінің үсті қызылды-жасылды, әлем-жәлем, үй ішін арзан қолды бірдемелерімен безендіріп қойыпты. Сөйтсе де, мүңкіген бір шірік иіс шығып тұр. Бәріміз Рақиманың бетіне қарай бердік. Бұрыннан қып-қызыл, болат бетті қызыл сары әйел, оның үстіне далап жаққан соң не онсын, шүкірмен боялған терідей қою күрең жиреннің өзі бола қалыпты.

– Жұмабек қайда? – деп шешем қатандау үнмен соза сұрады. Рақима үндемей төмен қарап кетті де, есік көзіне таман барғанда жауап қатты:

– Білмеймін, – деп шәугім алып шай қайнатуға дайындалды.

– Ішпейміз, қайнатпай-ақ қой! – деді шешем. – Жаңа ішіп шықтық!.. Онан да су берші, мына баламды жуындырып алайын.

Шешем Биғаділді жуындырып болғанша Рақима шайды қайнатып үлгіріпті. Дастарқан жасап, шай құйды. Дастарқанға салғаны – доп-домалақ ақ сабынға ұқсайтын сарғыштау нәрсе. Нан болса да шикі нан ба екен деп қалдым мен.

– Қытайдың момысы, – деді Биғаділ. – Буға пісереді. Жеші, Қырау, тәп-тәтті... бірақ. Тұзы жоқ!

Мен біреуін қолыма алып көріп едім, жұм-жұмсақ үлбіреп тұр екен. Бір үзіп алып аузыма салсам, жып-жылымшы татыды. Зорланып жұттым да, қалғанын жемей қойдым. Биғаділ жайпай соғып отыр. Жым-жыртықты Рақима өксіп қалып бұзды да, солқылдап жылап ала жөнелді. Шешемнің шай да ұрттамай қойғанына жылаған көрінеді.

– Жылама, бояуың ағып кетеді! – деп қалды шешем.

– Күн үшін күліп жүргенім болмаса, не сәнім тасып жүр дейсің! – деп бырқылдай жалғады сөзін.

Ол биыл жыл басынан бастап бір ат диірмені бар ханзуға даяшы малай болып тұрыпты. Онысы әйелі ауру, орташа бай екен. Алдымен Рақимаға біраз ақша беріп, оны "көңілді жүруге", опа-далап алып безенуге зорлапты. "Егер толық жасанып келмеген күніңді көрсем, шығарып жіберемін де басқа даяшы аламын!" деп шарт қойған екен. Содан бері әр күні жасанып, қып-қызыл бояуға малшынып баратын болыпты. Бүгін де түс уақытында келіп боянып шыққаны осы екен, біз келіп қалыппыз.

– Жұмабек қайда, ол не істейді? – деп шешем қайта сұрады.

– Білмеймін... Екі ай болды іс таба алмай қаңғып кеткен...

– Бұған зорлықпен боялып жабысқанша, онымен неге бірге кетпедің?! Он жылдан бергі құдай қосқан қосағың еді ғой!

– Күн көре алмаймыз, аштықтан қатты қиналдық!

– Оған кәсіп табылғанша, сен дұп-дұрыс жүріп малайлығыңды істей берсең, бірге күн көріп кетпес пе едіндер!

– Оған жаңгүдейім1 көнбеді. "Екеуіңді бірдей баға алмаймын, сен өз жөніңді тап!" деп қуалады, мына үй де соған қарасты ғой!

– Соған тидім десеңші одан да!

– Қазір некелі емес... Әйелім өлген соң аламын дейді.

– О, арсыз, азғын жүзіқара! – деп орнынан тұрды шешем. – Алал аштықтан өлсең еді бұл қорлыққа көнгенше!.. Енді бір бейшара әйелдің өлімін тілеп, тап-тарғыл бетіңмен көкке қара да отыр!..

Шешем шыға жөнелді, біз де шықтық. Рақима үн салып жылаған бойы есігінен шығарып салды да, тез басып қайта кіріп кетті үйіне. Сірә, сол жылаған бойы айнасына қарап қайтадан боялмақ шығар, бұл бояуын көз жасымен ағызып жіберіп, тағы да бояп алар. Шешем аяусыз тілдеді. Егер басқа әйелдердей оның да көз жасы көп болса, бояудың соры, алдымен өзінің соры екендігінің белгісі сияқты.

– Не жеп семірдің ей, Қырау?! – деді Биғаділ былай шыға бере. Момыға бір тойып алған соң ес жиып, менің семіріп кеткендігімді енді ескерді-ау деймін. Әлі жалаңаш келе жатқандығы есінде де жоқ, жайнаң қақты...

Балтырын тізесіне дейін сұры шүберекпен таңып тастаған ыңғай сұры киімді, шошиған кішкене сұры қалпақты, өңдері де сұп-сұр "шөжебас" әскерлер үштен–төрттен қатарласып, базар жаққа ағылып жатыр.

– Көшеден Сәйзіге1 адам ұстағалы шықты! – деп маған Биғаділ күбірледі.

– Сәйзі деген немене?

– Көшеде бос еркектің бәрін айдап апарып, бекер жұмысқа салады. Ыңғай жаман киімді адамды ұстайды. Жүрмесе қылыш-мылтықпен қатты ұрады.

– Ар жағындағы көшемен бәрі қашып кетсеші! – деп артыма қарадым мен.

– Қайда! Қазір ол жаққа да әскер келіп алды, қаша алмайды. Байлар ие болып сұрап әкетпегендерін қайтармайды. Жұмысы біткенше істейді, тамақ та бермейді екен!

– Өліп қалмай ма онда?!

– Құңқузыға2 өлгені не керек... Өліп қалса жамбылдың артына көмдіре салады.

– Құңқузы деген немене?!

– Осындай әскердің бәрін құңқузы дейді... Қырау, Қырау, қарашы әне! Елдің дүркіреп қашып бара жатқанын қарашы! Не анау ақыл тапты! О, о, бәрі де!.. Қораларға, дүкендерге кіріп кетіп жатыр, артқы есігінен шығып кетеді!..

Сөйтіп Биғаділ өзінің көше "саясатына" менен әлдеқайда қырағы, әлдеқайда жүйрік болып алғанын көрсетті. Тұра қалады да әлденені көрсетіп, маған түсіндіреді. Тұрып қалған екеумізді шешеміз неше шақырып, неше жетектей жөнеліп, Қуандық тұрған үйге апарды. Мен пысынап терлеп кірдім ол үйге.

Кең мандайы дүңкиіп тұратын қызыл шырайлы, ақ бөрте Қуандық ағамыз тотығып, арықтап қалған екен. Сонда да әлі әдемі. Етегінің екі жағы жырық, сырма шүберек шляпа киіп алыпты. Басқа киімі де бүтін, бірақ, бұрынғыдай сәнді емес, мені құшақтап бетімнен сүйді де, шешемнен қысқаша хал сұрап амандасты.

Оның қарсы жағында сирек қана шоқша қара сақалды, сырма шляпалы, қара мәуіті пәлтелі, қызыл қоңыр, семізше біреу отыр.

– Смайыл дүнген осы, – деп сыбырлады Биғаділ маған, – Бигелді аға осыған малай болды.

Қуандықтың әйелі Қайныш Еміл жақта төркінінің қолында тұрады екен де, өзі көбінесе осы Шәуешекте жүреді екен, үй ұстай алмапты. Бұл үй – Әспет апамыздың үйі болып шықты. Оның Болтай атты мырза ұлы да малайлыққа тұрып кетіпті. Балбике деген үлкен қызы күйеуін тастап осы құйзуға тимекші екен, оның сөзіне Қуандық ағамыз қатынасып отырыпты. Балбике әпкеміз көрінбейді, бұрынғы күйеуінен жасырынып бір жерде тығылып жатыр деген күбір естілді.

"Тістеуік" шешеміз бұл рет мені тістемеді де шымшымады. Күлімсірей қарап қоя салды. Биғаділдің айтуынша, бұл үйдің астығы қазір тақа таусылып отырыпты. Шай қайнату ыңғайы көрінбейді. Шешем Әспет енесімен кімдердің қайда, қалай тұратындықтары жайлы біраз әңгімелесті де, шығуға беттеді. Ұяшықтай тар үйде "осында бол" деуге орын жоқ екенін де, "шай іш" деуге шайнама жоқ екенін де жаңа күйеуі алдында жайып салғызбай іштен білісіп, іштен күрсінісіп, сырттай күлісіп айырылысты. Тұрмыс жоқшылығының туыс жоқшылығына да саятынын сәби жүрегім осы салқын лептен сезе шықты.

– Қазіргі тірі жүрген туыстарың осылар ғой, – деді Қайысбектің әйелі, – амал қанша, өздері аш отыр! Мұндайда кімге-кім қарайласа алмақ. Қазір бұлар Балбике жайлы оңаша сөйлесу керек болғандықтан үндеспей қалды. – Смайыл дүнгеннен бірдеңе алып, қаптарыңа астық түскенше бұларға туысқаншылауыңды қоя тұр. Жәкең қайтып келгенше біздің үйден шықпай-ақ қой! Жарты қалашымызды жарып жесек те өлмеспіз.

Екі "қалендыр" байып үшеу болып Қайысбектің үйіне қайта кірдік, Ақтөс қарадан аман алып кірген ақкөңіл әйелі дереу қожайынның үйіне мәлімдеп қоюға кетті. "Қайыршы емес" Қайысбектің қарындасы екенін, "қорада қожайынның еш нәрсесіне зиян салмауына өзінің кепіл болатынын айтып шықты. Менің шешем Күмісжан марқұмның орнына түскен әйел болғандықтан, оның екі ағасы – Қарысбек, Қайысбектерге шын ниетімен қарындас ретінде болып, оларды да жалғыз ағасы Мұхамәди сияқты төркін тұтып келген болатын. Олар бізді де туған жиені Бигелдімен тең еркелететін.

Біздің келгенімізді Қайысбек мен құралыптас жалғыз ұлынан естіп, қожайыннан рұқсат алыпты да, қонағасылық бірдеме іздеп базарға шығып кеткен екен. Ол күн бата шаршап түтігіп келді. Бір қойдың бас сирағы мен ішек-қарнын әрең тауыпты. Келе Биғаділ екеумізді бетімізден сүйіп, тізесіне қондыра отырды. Өзі байыпты шешен адам еді. Асықпай сыздықтата сөйлеп, шешеме бар жайды түсіндірді. Ат жақты арық, сіріңке қара өз елі, өз жеріндегі шырайлы қалпын сақтапты. Бұрын толып көрмеген оның ұрты, мұнда келіп ауыр жалшылық жұмысқа түскенде толмапты да солмапты, бет сүйегі әлі шығып тұрғанымен шыры бұзылмапты.

– "Кең жерде тар отырсаң, тар жерде кең отырасың" деген мақал бар еді, – деді ол бір сөзінде, – өте дұрыс мақал екен. Біздің жерден ауып келгендердің ішінде не құйлысы бар ғой байқасаң, кең жерде бұрын кең отырып, керіліп өскен адамдар бұл жерге келген соң тұншығып қуырылып қалғандай, ес жия алмай жүр. Ал, бұрыннан таршылық көріп, кең жерде біз сияқты тарығып өскен адамдар созылғанымен үзілмей қалқақтап бұрынғы қалпында жүріп жатыр әйтеуір. Қайысбек ағаң да Дөрбілжінде. Бір Қытайға жалшылыққа тұрған. Қартайып қалса да қалпын бұзбай жүрген адам сол.

Біздің бұрынғы бай туыстар бұл жаққа әлдеқашан өтсе де, әліге дейін ес жия алмай, қызының қияға, келінінің керге қашып жүрген себебіне шешем Қайысбектің осы сөзінен жауап тапқан сияқты. Бар ықыласымен басын изеп, ұйи тыңдады.

Қайысбек әйелінен ұлының бір көйлегін сұрап алып, Биғаділге кигізді де, әкемнің күн көріс жағына көшті.

– Жаппар недәуірде мықты емші болып шықса да, ол кәсіпке көп бой ұрмаушы еді ғой. Енді ауруды өзі іздеп барып емдейтін болды, – деп күлді Қайысбек, – көбінесе құрт ауруы тәрізді сүзілген салмақты науқасқа тәуір еді өзі. Қыс бойы сондай екі аурудың үйінен күн көріп шықты. Қараған аурулары жазылып қалыпты. Бірақ, ол аурудан ақы сұрамады да, ауру одан ақы сұрамады.

– Дәріні қайдан тауыпты? Ыңғай улы дәрімен емдеуші еді.

– Аздаған алмасы, кепіреші, сынабы бар екен.

– Жеген тамағы үшін дәрісі мен өнерін сатып жүр деші, қасындағы жалғыз Биғаділді де баға алмапты.

– Қаңғыған "қалпеде" құн бола ма!.. Әйтеуір дәрісінің есебін жібермейді, қулығы оған жетеді екен, берген дәрісін "біреуден қарызға алдым деп" аурудың өзіне тапқызып алады екен.

Әкем екінші күні түстен кейін келді. Ақтөс қараны қатты арсылдатып кірді қораға. Басқа шапшып, балтырға кимелей өрмелеп жүрген өктем итке жуан ақ таяғын бір тигізбей, қорғанып қана келді. Қасқырға көрсететін өнерін көрсетпей, иә саспай теңселіп кірді үйге. Егер өз елінде болса мұндай шектеусіз итті қара тұмсықтан көз ілестірмей тық еткізіп қана жер қапқызар еді. Теңселуінен-ақ жолы болмай жасып, ауыр "жүк" көтере алмай келгені байқалды: Ақтай, Санатпайлар Ресейге қайта қашып, құтылып кетіпті.

– Дөрбілжінде іздеп жүргенімді бір қу ауыз тағы айтып қойыпты, амал қанша! – деді ол мені құшақтап отырып. Кеберсіген ернін дәміл-дәміл жалады, – Шағантоғайға шейін ізіне түсіп барып, жатқан орындарын таяқтап қайттым. Менен бір күн бұрын шекарадан қайта өтіп кетіпті!..

Шай ішіп болған соң шешем әкеме, әкем шешеме жүдей қарасып алды. "Мына аядай қара үйшікке паналай келген үш қайыршы енді төртеу болдық. Мұнда мүлде сыймаспыз, қайда болса да кетелік!" дескендері екен. Биғаділ екеумізді екеуі жетектеп көшеге шықты. Үй иелеріне көп рахметтерін көлите айтып шықты. Күн екінтіге ауып қалған екен!

– Алдымен бүгінше түнейтін баспана тауып алайық! – деді шешем.

– Базар жабылмай тұрғанда, алдымен балалар жейтін бір нәрсе сатып алалық!

Әкем теңселе тартты базарға қарай: өзі ғана емес, төрт адамның жұтқыншақ талабы «тұқыр»! деп төбесінен басып келе жатқан сияқты, басын төмен салған бойы ілби берді, қиын есепті шығара алмай қиналғандай қабағы қарс жабулы еді оның.

– Сатып аларлық бірдеме болса, ірке тұр, ертең алармыз! Бүгінше жейтін біраз қатқан бөлке, ертең жейтін біраз тары бар. Әкем басын көтеріп, жадырай қарады шешеме. Есебінің шығатын жолы біраз сәулеленгендей болды білем.

– Азын-аулақ тиынды бүгін кеште жеп алсақ, балалар ертеңгі жолда қайтып жүре алар екен деп қауіптеніп келе жатыр едім.

– Ал, ертең қайда бастамақсың?

– Ілушінге бармасақ болмас... Биғазы жылап әрең қалып еді. Ол жерде мен емдеп жүрген бір ауру бар, құдайға қараса, күйлері жақсы. Соған сүйене барып отырсақ!.. "Бала-шаға келе қалса дос солаңымнан бір ауыз үй де сұрап алып берейін!" деп еді.

– Елге қайтып кетеміз бе, не көрсек те шыдап тұра тұрамыз ба?

– Әлгі қуларды өлтіре алмай қалдым!.. "Жуанның тұқымы" аталған соң қайтып барсақ, олар енді айдатады ғой!..

Қаланың бір шеткі жағына күн бата шықтық. Құлаған кетік дуалдардың сыртында, ойпаңға салынған үлкен мал қора бар екен. Әкем соған бастап кірді. Қора толған адам, бәрі босқындар көрінеді. Сыртта әр жерге от жағып, шай қайнатып жүргендер де бар. Кейбір тобы алаша, иә киіз салып, тәп-тәуір отырса, кейбір тобы сабан шөп-шалаң төсеп, еш нәрсе таба алмағандар малдастарын құрып құр жерде отыр. Кейбір топ мелшиіп үн-түнсіз отырды да, кейбірі күбірлесіп, кейбір топ тіпті гүжілдесіп кісілік құрысып отыр. Мұндайда әйелдер жыламай, биғам отырған ба, кей бұрышта үн салып жоқтау да бар екен. Әкем ең төрге – түпкірге тартты да үлкен шапаны мен қапты жайды. Демек, үй болып қайта құралдық деген осы. Бірақ, шай қайнатып ішу жөнін құдайым білсін, шәугім де, шыны да жоқ еді. Сол қаммен болса керек, шешем "әлемді" аралай жөнелді де, арғы бұрыштағы бір топ әйелдің қасына барып отыра қалды. Недәуір отырып қалды.

– Ей, құдай тағала-ай, – деді әкем көршілес отырған топтың бір кәриясына қарап, – қатындар қыдыруға әлі тоймапты! Сонан соң Үржардан бері қарай қыдырып келіп, Шәуешекті аралап болса да менің қатынымның әлі де қыдыра түскісі келетін тәрізі бар. Қарашы изектесіп отырғандарын!

– Мына "үйлерінің" иә жұмысы, иә қызығы болмаған соң оларды кім бөгесін, – деп күлді шал, – менің кемпірім де сонда кеткен. Бас қосып алып жыламаса іштері кебеді бұлардың! Қарағым, өзің Үржардан келген екенсің ғой, қайсы туыстан едің?..

Сөйтіп, ата-бабаларын айтысып, таныса кетті де, табыса қалды. Тарбағатай сыртынан қашып өткен Омар дейтін кісі екен, Омардың кемпірі мен шешем бұлардың сөзін жылай келіп бұзды.

– Айттым ғой, – деп мырс-мырс күлді олар. Өсек таппаса өксіп жылап қайтады бұлар.

Естіп отырғандардың күлкісі тез жиылды. Әйелдердің бұл жолы жыласатын жөні бар екен, қыдырып қайтқан екеуі еріндеріне ие бола алмай кемсендеп, әрең айтып шықты: сол бұрыштағы бір әйел кішкене ұлын бүгін ғана сатып, бір дорба талқан әкеліпті, сонысын жей алмай жылап отырғанын көріп бәрі жыласыпты. Енді бір кемпір бойжеткен қызынан қан базардың ортасында айырылып қалыпты да, кешке дейін іздеп таба алмай, жалғыз өзі жылап еңіреп жаңа қайтып келіпті. Ол да сол бұрышта сылқ түсіп жатыр екен.

Хабарларды естіп болғанымызша, сол қос сорлының қосыла аңыраған зарлары естілді. Езіліп-егіліп жоқтау айтады да, енірей жөнеледі екі ана! Біреуі қолынан беріп, құнына келген бір табақ талқанға қарап жоқтаса, біреуі жолынан беріп, қаңғырып қалғанын айтып қақсайды. Маңында отырған өзінің мұңдасы халқына шағынады. Көпшілік тым-тырыс. Иектері ғана дірілдеп, селкілдейді: кейбір тамақ, көмейлер шиқ-шиқ ете түседі, кей мұрындар бырсылдап кетеді. Тіпті, бар мұрынға тұмау тиген бе деп қалғандайсың. Тоқтау–сабыр айтарлық біреу жоқ сияқты.

Қызын жоғалтқан кемпір шағынып жалғыз қалғанын, кім "пана боларын" айтып, "көктегі" құдайға шертеді мұңын.

Бірақ, көкте де мұңына ортақтасар ешкім көрінбейді. Қора төбесінің өзі түксиіп, өзі басып қалғалы тұр. Қабағын қарс жауып қатулана төнеді... Аспаннан да медет жоқ сияқты, Кім ара түсе алар бұл қайғы-зарға?! Ара түсе алмасын біліп бәрі де жылайды, адам шарасыздықтан, әлсіздіктен жылайды. Тіпті, осы қораның өзі көз жасының зор бір бөшкесі сияқты лықсып барады көз жасына.

Биғаділ екеуміз түйілген бойы сыбырласып "түзге" шықтық. Қырат кенересіндегі дуалдың бір кетігінен асып барып, қатар отыра қалып едік, біреудің қараңғылықтан шыға келіп, арқама шапалақпен салып жібергенін бір-ақ білдім мен. Етпеттей беріп, тұра жөнелгенімде сымымның ауына тұсалып қалып, ұшып түстім. Жан дәрмен қайта тұра салып ыршыдым да, дуалдың сыртына шығып алдым. "Анаңды!" деп Биғаділді бас салған әлгі "дию" бірнеше ұрып жіберді. Биғаділ шыр қағып ұшып, артымнан жетті. Қораға үнсіз қашып кіріп, әке-шешеміздің арт жағына отырып алдық. Әлгі мықты "дию" емес, қарны кебежедей жуан қара сақалды ұйғыр екен. Ырсылдай кірді қораға. Бірдеме деп ақырып қалып еді, бар адам тұқырып жым бола қалды. Жылау мен жоқтау да кілт тоқтады.

– Қалаймақан жүріп атызға дәрет қылмандар, қалаймақан шуламандар!.. "Қорадан әммаңды қуып шығамын, анаңды"! Дуалдан бір-бірден атып өтемін! – осы "есиетпен" қолын сермеп-сермеп шықты.

– Осы жердің қожасы, – деп таныстырды Омар, – қора иесінің өзі! Кім шығып еді далаға?

Ешкім жауап қатпады оған. Екеуміз бөденедей бүрісіп тығыла түстік. Еш жәбір көрмегендей, көмпістігін білдіріп, көзі жайнап Биғаділ жатыр да, үнсіз жылап мен жатырмын. Бұл менің жат қолдан тұңғыш жеген таяғым еді. Қатты шапалақ та, ауыма тұсалып жығылған аса ұятты қорлық та ыза-намысымды құйындай ұйытқытып тұншықтырып әкетті. Биғаділге жаным ашыды сонан соң. Оның әлгі аянышты шырылы құлағымнан кетер емес. Ол маған қарағанда сорлы, арық қой! "Сорлыға сойыл өш" барлық қырсық біткен қырына сорлыны, әлсізді алады. Отырған адамды ит қаппайтыны қайда бұл, қайта әлсізді талайды екен ғой. "Иттің жауы – диуана", "қайыршыға жел қарсы!" Алдымен маған келсе де, азуын Биғаділге басқанын көрмеймісің!.. Қарақшы қырсықтың көзіне басқа қыз көрінбеді ме, қайдағы әлсіз, сорлы кемпірдің қызын әкетуін қарашы!.. Әлгі мес қарынның несін алдық осы біз?!".. Шәуешекке кірердегі "сарт" егінін басып келе жатсақ та жай ғана күліп еді. Ол "сартқа" бұл сарттың сақалы ұқсағанымен сапасы ұқсамайтындығы байқалғандай болды маған. "Ие, сарт деген дәл осы бейкүнә дәретте отырған адамды сарт-сұрт сабай жөнелгенін көрмеймісің! Әнеукүнгі егінші қандай болғанда да сарт емес! Егер ол да сарт деп аталса, мынау – сарттың ішіндегі қырсығы болса керек!"

Қожайын кетсе де, қора да сол бойы жым-жырттық орнап қала берді. Үн салып жылаудан қорқып, үнсіз қыстыға шиқылдаумен болды екі әйел. Еркімен жылап шерлерін тарқатуға да тыйым салынған жағдайда бырсылдау да, өксуі де қалып, көпшіліктің қысылыс-қыстығыстары соза-соза күрсінулерінен ғана білініп жатты. Қорадан айдалудан бәрі қорықты. Бәрі босқын, бәрі қылмысты.

"Тергеушім", бұлардың ішіндегі осы жолы жазаланғаны – ағалы-інілі біз екеуміз. Оның үстіне мына жұртты жаппай жәбірлеткен де, қыспаққа ұшыратқан да, тіпті жылау еркіндігінен айырған да біз. Сондықтан бәрінен үлкен қылмысты ағалы-інілі екеуміз. Жазаланып келген қылмысымызды жасыру үшін жатып алмадық па.

ІІІ

Таңертең Омар ақсақалдың шәугімімен шай ішіп алдық та, Ілушін жаққа тарттық. Әкем "сәйзіге" ұсталудан қорқып, базарға кірмей, бізді шеткі көшеге ертіп әкетті. Биғаділ айтқан бір дүкендегі "Бор батыр"1, "бала батырлардың", "тұлпар ұстап тұрған мүсіндерін" көре алмай кеттік. Базар жаққа алаңдап, өте сағыз жылжып едік. Әкеміз тезірек жүргізудің амалын таба қойды. Бұл жақтың ақшасын көрсетті де "тез жүрсеңдер осының бәріне нан әперемін!" деді. Әкемдегі ақшаның ең үлкені – "мысқал" деп аталатын майлы қоңыр мата екен. Оған тетелесі – дөңгелек мыс сөлкебайлар, оны әкеміз "тымпыр" деп атады. (Тұмпың– «мыс тиын» деген ханзуша атау екенін кейін түсіндім). Және ортасында төрт бұрышты тесігі бар кішкене қола тиын көрсетіп, онысын "жармақ" деп таныстырды.

– Ақшаның "сәрі" деген ең дәуі бар екен, – деді Биғаділ, – шіркін сол табылсашы! Ол қағаз ақша екен, оның бір өзіне бес тоқаш келеді. Нанның қызу әңгімесіне түсіп, қыза жүріп кетіппіз. "Бор батыр" ойымыздан бордай тозып кеткенін сезбей де қалдық.

– Сарттың тоқашы жақсы, жалпақ наның ғой, – деді Биғаділ. – Тәтті болғанымен, шеті болмаса, ортасы қағаздай ғана, аузыңа толмайды!.. Шіркін, ең тәтті нан дүнгендердің көкиі!..

– Көки деген немене?

– Сен әлі оны жеп көрген жоқсың ба, Қырау?.. Мен екі рет жеп көрдім, бірақ, тоймадым. Тоймайсың оған, қиын тәтті!.. Ол – қалаш сияқты дөңгелек қарма, бірақ қиын жұмсақ.

Биғаділдің сілекейі ұп-ұзын болып салбырап бара жатқанын көріп, мен де тамсанып қойдым. Алдымыздан айқай салған үн естіп, соған қарадық. Төбесіне тал шыбықтан тоқылған үлкен дөңгелек шарбақ қойып алған ұзын бойлы "сарт" көрінді. Тілінен ғана айырдық. Оның сақалы аз, мұрты ұзын екен. Төбесіне соншалық үлкен шарбақ жабысып қалғандай, өзі тұр. Екі қолын сермеп тастап әлденендей сөзден азынатып келеді, нанын мақтайтын сияқты.

Әкем алдын тосты да, алты нан сұрады. Ол шарбағын түсірмей-ақ тік тұрып ақша алды да, төбесіне қолын созып, екі-екіден алты жалпақ нан әперді. Діңкілдеп тағы айқайлай жөнелді. Өнеріне артынан таңдана қалыппын. Иығымнан шешем түрткенде жалт қарасам, бір нанды төртке бөліп бір бөлігін маған ұсынып тұр екен. Қалай тез біткенін білмеймін, көмейімнен жып етіп өте шықты.

– Тағы жейікші, апа!

– Барған жерде жейміз, тез жүріңдер!

Шешеміздің арқасындағы дорбадан нанның иісін сезіп артынан бүлкілдедік те отырдық, шаршадық та демедік, "Бор батырдың" қалғанына да өкінбедік, мұндай иіс сезген күшіктерді "кә-кә" лап шақырып ертудің қажеті не, дәл осылай өзі-ақ бүлкілдеп еріп отыратын, тұмсығын көтеріп иіскей бүлкілдейтін ғой. Шақшырайған тал түс, тымырсық ыстық болып кетті. Екеуміз аузымызды ашып алып бүлкілдедік енді. Тіліміз аузымызға сыймай, тамағымыз құрғап кетті де, жұтқыншағымызды жұмсатуға түкірік те шықпады. Тозаңы аспанға шыққан үлкен жолмен келеміз, таңдайымыз тозаң татиды. Екі жағымыз егіндік, көктеп қалыпты. Бірер арықтан су да көрінбейді, киімім қапқа салынды, көйлекті шешіп алып, екеуміз де дамбалшаң қатарласа бүлкілдедік.

Алдымызда көлденең созылған көп терек тұр. "Ілушін сол" деді әкеміз. Барлық үмітті соған артып, соған жетуге асықтық. Қатар-қатар, кербез тізілген көп терек бой жазып үңіле қарағандай бізге. "Келіңдер, бауырымда саялап, зәмзамдай суымнан ішіңдер! Мына қалың егінім сендерге де жетеді,. Мал деген қора-қора, табын-табын, ет те көп, сүт те көп!" деп тұрғандай, бар адамға ортақ жәннат болып елестейді Түс ауа сол "жәннаттың" шетіне іліндік. Үлкен жол жалғыз көшеге кіргізді. Көшесі адамсыз, көлбеген ұзын-ұзын дуал болып кетті.

– Байлардың бақшасы, – деді әкем. Жәннаты сол дуалдың ішінде қамалыпты. Зәмзам су мен мырза теректердің өздері де меншікті түрме қоршауларында екен. Біздің күйіп кеткен аяғымызға ыстық топырақ қана тиіп, кепкен аузымызға тозаң ғана түсіп келеді.

Сол қайырсыз теректердің ар жағына өткенде ғана тоқтады әкем. Тозған дуалдары бар ашық қақпаның алдына келіп тоқтап, қабы мен шапанын жерге қойды. Дуалдан басқа саялайтын еш далдасы жоқ, дуалдары да көлеңкесіз аласа екен.

– Осы жерде дем алып отыра тұрыңдар, мен әлгі ауру мырзаға барып келейін!.. Осы қорада бір қазақтың үйі бар, суды содан ішерсіңдер, ит жоқ, – деді де әкем көшенің теріскей жағынан келген бір арықты жағалап өрлей жөнелді.

Шешем аула ішіне беттеді. Ауланың шығыс жақ босағасындағы жалғыз тамнан сылдыраған бір қызыл келіншек шыға келді де, ернін ғана жыбырлатып, шешеммен амандасты. Қайтадан кіріп, жарты шелек су алып шықты. Жалаңаш, қақпаның алдына отыра қалдық. Шынысын өзі ала келіп, су құйып берді ол.

– Қайдан келесіздер?

– Арғы беттен өтіп едік, қаладан күн көре алмайтын болған соң, паналау үшін осы жерге келдік.

Келіншек те сол жақтан былтыр келгендіктерін қысқаша айтты да, шелегін ала салып үйіне кіріп кетті. Көп терек қоршалған биік дуал жақтан шыққан жалаң бас, жуан қарынды біреуге қарап қойып жөнелді.

Әлгі жуан қара, жер тәңірі сияқты, қолын артына қайырып ұстаған бойы алшаңдай әрең басып алдымыздан өтті. Балпиған бетіндегі қырқылған бурылдау мұртына қарап оның егделеп қалған ер адам екенін білсек те, беліне түскен өрулі айдарына қарап, онысына күмәнданып қалдық. Артына қайырып ұстаған қолында темекі тартатын ұзын найы бар екен. Кестеленген темекі дорбаның бауын найының мойынына іліп алыпты. Үлбіреген ақ көйлек пен қара сымы асыл болса да, шүберек кебісіне жеткізбей жібек орауышпен орап таңып тастаған балағы басын қазандай, аяғын қылдай бірдеме етіп көрсетті.

– Қытай жаңгүдей! – деп сыбырлады Биғаділ.

– Солаң болу керек, – деді шешем, – бұл жерде солаң көп деген. Келіншек ол өтіп кеткен соң қақпа алдына қайта шығып, артынан қарап тұрды. Айдарлы қайта бұрылып аяндағанда келіншек бізге қарап сөйледі:

– Біреуді тосып отырсыздар ма?

– Ие, шалым осы жерден тоса тұрыңдар деп былай кетіп еді.

– Үйіңе қонақ келген бе, Бағила? – деді айдарлы жақындай беріп.

– Жолаушы ғой, үйге кіріңіз.

Келіншектің үні бізге сөйлегендегіден басқаша сылдырап, ойнақтала қарады. Айдарлы айбарлана қарап, алдымыздан асықпай өтті де келіншек артынан еріп оны үйіне кіргізіп әкетті.

– Солаң екен, – деді Биғаділ, – бұлар ыңғай қазақша сөйлейді. Шешем жан-жағына жабырқай қарап, ауыр күрсінді.

– Есіл ел, аяқ асты болдың-ау!.. Әй иттің ғана баласы Ақтай-ай!..

Оның көзіне тағы да жас тамшысы іркіле қалды. Бұл жолы шешемнің неліктен жәбірленгенін толық айыра алмадым. Нан сұрап едік, әкемнің келе жатқанын көрсетіп, орналасқан соң шай ішетіндігімізді айтты.

Қолында кішкене қазан мен қара шәугім бар әкем келді.

– Осында бір ауыз бос үй бар еді, соны сұрап алып қойыпты, өзім де осы болар деп ойлап едім! – деп әкем аулаға кіре жөнелді. Ауланың шығыс жақ босағасындағы әлгі келіншектің үйінің есігі тарс жабулы тұр. Біз батыс жақ төргі бұрышындағы бір кетіктен астық та, иен дуалдар ішіндегі төрт бұрышты, кішкентай ғана аласа үйге кірдік. Ат қора ма, – деп ойлап едік, төр жағында жалғыз көзді терезе бар екен.

– Өзің де пәлендей құнды қалпе көрінбейсің! – деп күлімсіреді шешем, қабы мен әкемнің шапанын көтере кірісіп, үйге тексере қарады. – Шаршап келгенде бір шәугім шай беріп тынықтыратын ешкімнің болмағаны ғой!

– Құн қайда қалды, Жаппар қайда кетті. Оны қой, бәйбіше! Әйтеуір дүниеде саған құным бар екен. Сол жетеді маған! Байға тиіп кетпей артымнан іздеп келдің ғой! Енді осы иен дуалдың ішінің барлығы сенікі, бұған да шүкіршілік айт!.. Ал, үй ішіңді сыпыра бер, мен астыға төсейтін мия шөп жұлып әкелейін!

Әкем еңкейіп тұрып сөзін бітірді, басын көтере беріп төбені бір сүзіп алды да "ыңк..і..ы.. әкеңнің" деп қалып еңкеңдей жөнелді. Құдайдың кең даласында басын төмен салып жүретін әкеме мына үй дауа болған сияқты. Шешем соны айтып күлді:

– Тұқырғыш болсаң енді тұқыр!

– Арқан жоқ-ау, ие, – деп әкем есікке қайта қайырылып еңкейді. – Мияны бір-ақ көтеріп әкелер едім

– Арқан Келдімұратта қалған еді, әкеле қояйын ба?

– Қой, құдай сақтасын, сенен арқан сұрамай-ақ қояйын, енді кете көрме!..

Сыпырылып, мия төселген соң үй кейпіне келе қалды да, Биғаділ екеуміз құлай кеттік. Таңертең сұраған нанымыз екінтіде ауызға әрең түсті. Ауызға түсті де зым-зия жоқ болды. Әке-шешемізбен бірге қара шай ұрттай бердік. Сөйтсе де қуанып та отырдық. Әлгі біз сүйенуге келген ауру сауынға бір ешкі беретін болыпты. "Кешке мал келген соң алып қайт" депті. Ол ауырмаса бізге шәугім мен қазан, сауындық ешкі қайда!

– А, құдай, ауру көбейе түссе екен, – деді Биғаділ. – Бәрі бір-бір ешкі берсе Қырау екеуміз бағар едік. Айран ішер едік шіркін. – Әке-шешеміз күліп жіберіп еді, Биғаділ тағы бір тілеуін жалғады. – Әлгі семіз солаң ауырса екен!

Бағана көрген жәбірі шешемнің есіне қайта түсті білемін, өңі салқын тартып соза күрсінді.

– Қай солаң ол?–деп сұрады әкем шешемнен.

– Мына үйдегі келіншек те бір салдақы көрінеді ғой!.. Бағана қарны кебежедей, айдарлы біреуді біздің көзімізше үйіне кіргізіп әкетті, қылмың-қылмың етеді, шімірігер емес өзі!

– Үйінде науқас қайын атасы бар еді ғой?

– Қайдан білейін, әйтеуір бір түрлі бұзақы көрінді.

– Ие, ие, жерінен ауып, желкеге қиыншылық мінген соң кімді не істеді дерің бар ма? Әліпті білмейтін біреу молда болып алды. Ол құдайдан жаназа ғана тілейді. Салдақы келіншектер борбайын сабалап, салт бойдақ байларды тілейді. Кейбірі тіпті бәйбішелердің бәріне өлім тілейді... Рақиманы көрдің бе сен!.. Бұрын қандай адал еді ол!.. Саудагерлер өз қолындағыларының басқа жерде болмауын тілейді, құдайдан өзінен басқа бәрінен мұқтажды сұрайды. Ұрылар мал иесінің ұйқысы мен итінің өлімін тілейді, бақсылар бар адамды жын соғуын тілейді!.. Енді мына кішкентай Биғаділдің не тілеп отырғанын ұқтың ба!.. Дәрігерлердің күн көргісі келгенде аурудың көбейюін тілейтіні рас та ғой!.. Мен бұл қиыншылықты көп көрсем де, басқа кәсібім барда қашан ауру іздеп едім?! Осы жаққа өткелі құрт ауруы мен жел-құзды әркімнен сұрап іздеумен болдым. Бұл – алал кәсіп қой, сөйтсе де адамзатқа апат тілейтіндей, ниетіміздің бұзылып кеткенін көрдің бе! Кәсіпсіз ашықкан адам не тілемейді, не істемейді дерің бар ма!.. Бұл келіншектің күйеуі – сол айдарлы солаңның малайы. Келіншегі мен қартайған ауру әкесін бағамын деп қол-аяғы тілім-тілім болып жүр. Солаң оны малайлыққа алса да, қайраты үшін емес, осы әдемі келіншегі үшін алған шығар, қайдан білесің! Күстаналама да, көрме де оның ісін, кеселі бізді шарпып, осы үйшіктен қуып шығарып жүрмесін!

Биғаділ екеуміз ертеңінде-ақ ешкіші болып шыға келдік. Бағатынымыз бір ғана шыбыш пен оның лағы. Шығыс жағымыздағы дуалдас екі ауланың ар жағы Ілушіннің өзеншесі екен. Өрісіміз – соның шөптесін көкмайсасы. Шешем ешкіге желін қап байлап берісімен қуалай жөнелеміз де, түскі шайдан басқа уақытта сол майсада боламыз. Басқа бұзаушы, қозы–лақшы балалар да көп екен. Алғашқы кезде оларға қосыла алмай, оңаша ойнап жүрдік. Олар ірірек те іргелі, өктемірек көрінді бізге. Олардың ішінде әдемі киінген бір жуан қара жігітше бар. Ол ешқандай мал бақпаса да келіп сол балалармен ойнайды. Балаларды әскер етіп тізіп ойнайды. Күрестіреді, жарыстырады. Биғаділ екеуміз алысырақтан үрпиісе қарап тұрып, солардың ойынын көреміз.

Бір күні сәскеде тағы сол дағдымызбен тұр едік, біздің үй жақтан бір ересек бала жүгіріп келеді екен. "Бақажай!" деп Биғаділ айқайлап жіберді. Биғазы екенін мен де тани қойдым, оған қарсы жүгірдік. Біз судан өтісімізбен екеумізді бір-ақ құшақтады ол. Көзі қызарып, жасаурап кетті, сөйлей алмады. Мен де үнсіз қарай бердім жүзіне. Бұрынғыдан қарайып, ерні жарылып кетіпті. Аяғына шеті қайыспен бүріліп киілетін тері шақай тартып алған екен. Бойы өсіп қалғандай көрінгенімен, арықтап қатып қалған сияқты. Ол құшағын жазды да, жыртылған қара бешпетінің қалтасынан бір жапырақ қарма нан алып, екеумізге бөліп ұстатты.

– Мен жоғары жақта мал бағып жүр едім. Әкемнен есіттім, сендерді көріп қайтайын деп келдім, қойға әкем қарап қалған, тез бармасам қожайын ұрысады! – деп жүгіре жөнелді ол. – Түс уақытында келіп кетіп тұрамын! Биғаділ тағы айғай салды:

– Бақажай, біз де ешкіні сол жерге апарып бағайықшы!

– Болмайды ол жер алыс!

Бақташы балаларға бастық болып жүрген қара жігітше бұйыра шақырды Биғазыны:

– Ей, бері кел, бері келші!

– Тіндәй ағатай, қойым егінге түсіп кетеді ғой, кейін келермін!

Биғазы жүгіріп кете берді де, Тіндәй жан қалтасына қолын салып біздің қасымызға келді.

– Ей, анау сендердің неменелерің?

– Бақажай ма, ол біздің ағамыз емес пе! – деп Биғаділ жауап қайырды.

– Бақажай ма оның аты?

– Биғазы! – деп түзеттім мен.

– Е, бәсе, Биғазы... Мен оны танимын, ол қиын ертекші! – деп ол маған қарады.

– Сенің түрің оған өте ұқсайды екен. Сен де ертек білетін шығарсың?

– Біз білмейміз, – деді Биғаділ, – біз де Бақажайдан еститінбіз.

– Жүріңдер, ана балалармен бірге ойнаңдар, сендерге тиіспейді, мен айтып қояйын. Бірақ, мен не айтсам соны істейсіңдер!..

Сөйтіп, ол бізді үйіріне қосып алды, оның бұйрығын әлімізше орындап жүрдік, біз де тізіліп әскер болдық, біз де жарыстық, біз де күресіп көрдік. Бірақ, бәрінен артта қаламыз, бәрінен жығыламыз. Әсіресе, Биғаділ көп күресті де, көп жығылды.

– Өздерің қурай сияқты екенсіңдер, нан жемегенсіңдер ме? – деп жәбірлейді "қолбасшымыз".

"Нан" сөзі шыққанда тамсанып қана қоямыз. Бұл кезде бізде нан деген жоқ, бір уыс, екі уыс бидай ғана болады. Күрескен сайын бұралып, бұралған сайын ішегіміз шұрылдаушы еді. Бұлардың ойынының бәрі бізге ауыр келді. Өзіміздің жеке шүңкілдесіп, тып-тыныш ойнауымыз жақсы еді. Бұлардың ойыны нанды бұрынғыдан да көп ойлататын болды, аштығымыз қатты біліне бастады. Аштың ойыны мен тоқтың ойыны бірдей болмайды екен. Бастықтың бұйрығын орындамаса тағы болмайды. "Ертек айт!" деп зорлағанда да сондай, оны да айта алмаймыз, сөйтіп және жәбірленеміз. Жігітке мұндай да бір өнер керек екендігі дәлелденіп-ақ жүрді. Дәлелденгенімен дәрмен жоқ, амал қанша.

Тапқан амалымыз – ешкіні осы жерге айдап салып, өзіміз үйдің қасына келіп ойнау болды. Үйдің төбесіне, дуалға шығып көздеп тұратын болдық. Алғашқы бір-екі күнде бұл амалымыздың да жолы болмады. Бізді келсін деп балалар ешкімізге мініп алатынды шығарды. Мұны істетіп жүрген "қолбасшы" екендігі анық болды. Шешемізге айттық, атының Тіндәй екенін ұғып барып, шешем оған арыз етті. "Екі бала да науқас" екенін, "келе алмай жүрген себебі сол" екенін айтыпты. Ешкіміз сонан соң ғана тыныш жайылатын болып қалды.

Қайдан алғанын білмеймін, әкем екі ағаш бидай тауып әкелген күні, шекарадан қайта өтіп, енді Биғайшаны әкеліп алу жөнінде шешемнің талабы күшейіп кетті. Биғазыны қожайыны босатқызып, жанына ертті де, ертеңінде-ақ жолға түсті.

Қызыл келіншектің үйінің ар жақ іргесіндегі кішкене қорада жалғыз бойжеткен қызы бар кемпір-шал тұрушы еді. Әкем бір жаққа кетерде бізге қарасып тұруды соларға тапсырып кетіп жүрді. Оның қызы біздің үйге келіп, шай қайнатып, бидай қуырып беретін болды. Жалғыздығынан туған болу керек, өте бауырмал бойжеткен екен. Өздігінен бетін де жуғысы келмейтін Биғаділдің бетін жуғызып, бізді аялап, маңдайымыздан сипап жүрді. Өзенге суға барарда мені ертіп кетеді, байқасам, далаға жалғыз шыққысы келмейді екен. Біздің үйге келерде маңайына қарап-қарап алып, дуал асып келеді де, дуал асып кетеді. Суға барса еш жаққа қарамай шелегімен суды іліп ала қашады. Мен ілесе алмай да қаламын, "тез жүр, тез жүр!" деп сыбырлап, мені желдіреді де жүреді. Қорқатын жауы Тіндәй екенін білдім.

Тіндәйдің де осы маңайдан кетпей көздейтіні – осы қыз екені сезілді. Суға барғанда бізден көз алмай, кейде көре салып бізге қарай аяндайды. Бірақ біз тездігімізбен, біз емес-ау, қыздың тездігімен шалдырмай кетіп жүрдік.

Екі беті томпақтау, тоқ қара торы қыз, жүзі жайшылықта әдемі болса да, суға барғанда түйіліп, сұп-суық болып алады. Тағы бір байқағаным қыз суға барғанда нашар тігілген, ескі қоңыр ала көйлегі мен оңып кеткен көк бешпетін киіп шығады. Жаңа туфлиі мен бүтін шулкиін тастап, жыртық кебісін іле салады. Сонда да оның қап-қара ұзын бұрымы мен қиғаштала серпіліп тұратын қара қасы алыстан қарағанда көркін жасыра алмай қалатындай. Бұл жайларын байқаған соң, өзіме әпкедей көрініп қалған бауырмал қызға шын көңілмен болысқым келді. Аты Жамал екен, шешесі "Жәміш" деп шақырады.

– Жәміш тәте, бұрымыңды бешпетіңнің ішіне салып алсаңшы, – дедім бір келгенінде. Бетімнің қызып кеткенінен қызарғанымды біліп, төмен қарап айттым. Қыз жалт қарады да күліп жіберді.

– Неге?

– Сол... Суға барарда бетіңе топырақ жағып ал! Келген соң жуып аласың!

Жәміш қатты күлді. Камал тәтемнің күлкісіне мұның күлкісі де ұқсай қалды. Көзімнің астымен бетіне қарадым. Ол менің алал ойымды әбден түсініп күлген екен. Күлкісін тоқтата қойды, қызара түсіпті. Жаңа ғана күліп тұрған қара көзі енді жасаурай қалды да, менің басымды екі қолымен уақалап-уақалап жіберіп, шыға жөнелді. Мен оның дуалдан асып, үйіне жеткенше еркінірек жылап алғысы келгенін түсіндім. Шешеміз кеткен соң Биғаділ сырқаттанып қалып еді, іші бұрап ауырады екен, бүгін көбінесе үйде мия төсекте жатты.

– Қырау, ешкімізді мінді ме екен, қарап қойшы, – деп жатты сонда да.

Жамал кеткен соң мен үйдің төбесіне шығып ешкіге қарадым. Түскі күн шақшырайып тұр да, маңайым жым-жырт ыстық екен. Өлкедегі балалар да үйіне қайтыпты. Үйшіктің дөдегесінен шығып тұратын ұзын, қу сырғауылдың ұшында бір қарлығаш сайрап отыр. Қызық әңгіме айтып отырғандай сық етіп "күліп қойып", жіп-жіңішке әдемі үнмен жылдам-жылдам сөйлеп кетеді де, тағы күліп жібергендей болады. Өзіміздің жақтан келген таныс қарлығаш сияқты, бұл жақтан көрген күлкілі істерін айтып болғанша асығатындай, жеделдете "айтып" ішегін тарта, сық етіп қояды. Мен оның не "сөйлеп" отырғанын ұғатыңдай бар ықыласыммен тындап тұрып қалыппын. Үйшігіміздің арт жағы көктат бақшасы еді. Бұл жақта оны "сәйлік" деп атайды. Бақылдап кеткен сәйші қытайдың "кәрі дауысы" мені жалт қаратты. Жаңа өспірім, ұзын бойлы бір жас орысты бүкшендеген кәрі сәйші әпкіш ала қуып барады екен. Орыстың қорыққанын көргенім осы еді. "Япырмай, ана дәу де қашады екен-ау!" деген оймен таңдана қарадым мен. "Ана жуан қолымен кішкентай шалдың шидей сирағынан ұстай алса, үрген қарынша домалаң ете түсер еді-ау!.. Бұл жаққа ауып келгелі су жүрек болып, бұлар да қорға айналған екен ғой!.. Диюдай денесімен шіркейіше ұшып бара жатуын қарашы!"

Алғашында шалдың бақылдауынан қорқып кідірген қарлығаш, өзіне келмейтін қатер екенін сезген соң "әңгімесін" жалғастыра жөнелді: "кісі жеріне келген кісі кісі бола ма екен? Шіркін-ай, кішірейіп шіркейдің шіркейі болып кеткен жо...қ па!" деп сықақпен соза тоқтағандай болды сөзін.

Қызыл келіншектің үйіне Тіндәй өңдес, бірақ, одан үлкендеу бір жігіт лыпылдап келіп кірді, қақпадан кірерде жан-жағына қарағыштап қоюынан, оның да суық жүрісті екенін сезгендей болып, үйдің төбесінен түсе жүгірдім: байқағым келгендей бір әуес пайда болды. Кетіктен аса ақырын басып келіп, ауыз үйінің терезесінен қарадым. Ауру шал ауыз үйінде еді. Терезе алдындағы жәшік үстіндегі шикі тары салған қаптың аузы ашық тұр. Шалдың аузы бұлт-бұлт етіп малмаңдайды. Ақбурыл сақал-мұрты ойнақ салады. Бір уыс шикі тары қолында! Тарыға ғана төніп тұрған оның көзі баспалай қараған маған түсе қалды да, теріс айнала малмандатты. Онысын көргім келмегендей, мен де теріс айналып кеттім. Шалдың "құлқынының" жамандығына "жиренгендей" болған едім. Ол сезім дереу ғайып болды да орнын күйіне аяушылық алды: Келдімұратта қалған әжем көзіме елестеді де, мына аш шалдың халімен дереу бірігіп, бір тұлғаға айнала қойып еді, жүрегім зырқырап сыздай жөнелді. Төр үйден тапыр-тұпыр алысқан, күбірлей ұрысып ренжіген үн естіліп тұр. Аштықтан қалжырап ес-түстен айырылған қарттың құлағы оны естімейтіндей. Келіншек дауыстап ұрысып кетті бір кезде:

– Ілдай, қоя бер мені! Болмайды, болмайды!.. Әкең... әкеңе айтам мен!.. Ұқпайсың ба, Ілдай?! Мен.. мен, жас болғаныммен, енді шешең... шешеңдеймін... Әрі жүр!.. Жолама маған!..

Менің тұла бойым қалтырап кетіп еді, шарт-шұрт шапалақ үні естілген соң терезенің астыңғы көзінен сығалай қалдым, ұрған сол жігіт екен, ақырғы шапалақты салып жібергенде келіншек баж ете түсіп, бетін баса бүкшиді. Сарт-сұрт басып есікке беттеді жігіт, мен зытып бердім.

– Тоқташы ей! Сен әкеңнің!.. Қайдан жүрсің?

Мен дуал кетігінен асып түсіп қарасам, ол мені қуаламай шығып кетіпті. Бұрыш айналып барып үйшігіме кірдім. Көзімнен жас сорғалай кірді үйге. Биғаділ жалт карап, басын көтерді.

– Не болды, Қырау, Тіндәйлар ұрды ма?!

– Жоқ, – дей салып, солқылдап кеттім, ол тағы сұрады. Сөйлей алмадым. Өлмелі шалдың аянышты халі, келінін соққыға қимайтын сезімім, өзімнің янатталуым қосылып булығып кеттім. Әлгі қара-сұр жауызға қатты өшіктім. Іле-шала келіншекті аяу сезімім жойыла қалды. "Ол кешке дейін түлкіше жылтаңдағанша, атасына дайын астықты неге пісіріп бермейді!.. Не деген тасбауыр келін!.. Тезірек аштан өлсін, айдарлының келгенін көретін көзі тез жұмылсын деп әдейі аштан қатырып, әдейі ауыртып отыр екен ғой! – бұл сезім енді мені келіншекке өшіктірді, мейлі өлтірсін сол қаншықты, бар қожайын, бар төбет келіп таласып, қолын-қол, бұтын-бұт күйінде жұлып-жұлып әкетсін!.. Онда нем бар еді, бейшара шалға ұлы келіп қарасатын болады сонда!" – Осы оймен көз жасым тез тыйылды. Сұрай түскен Биғаділге көргенімді сөйлеп бердім.

– Соған жыладың ба, Қырау!.. Өзіңді біреу ұрған екен деп қорықтым!.. Ешкіні көрдің бе?.. Мен көріп келейінші!..

Келіншекті ұрған қара сұрының аты Ілдәй екенін ойыма түсіріп, Тіндәйдың ағасы екені де, ол екеуі айдарлының ұлдары екенін де білгендей болдым. (Таяқ жеген келіншек "әкеңе айтам" деген ғой). Енді сол қара сұрыға көрінбесем екен деген оймен мен үйден шықпай қалдым.

Әкем күн батпай қайтып келді. Екеумізге жан қалтасынан бір жапырақ нан алып, бөліп берді де, Биғаділдің тамырын ұстап көріп, суық су ішпеуді тағы тапсырды.

– Мен шай қайнатайын, сен ешкіні айдап кел! – деп мені жұмсады.

Мен жалғыз барудан қиналсам да үндемей есіктен шығып, Жамал өтетін дуалдардан астым. Оның есігінен қарасам, Жамал төмен қарап бірдеме тігіп отыр екен, шешесі мені көріп қойды.

– Келе ғой!.. Ана бала келіп тұр! – деді қызына. Оның үйі біздің үйден тәуірлеу, төріне жайған сырмағы бар болатын. Қызы сол сырмақтың үстінен күлімсірей тұрды да, есіктің көзіне келіп менің неге келгенімді күбірлеп қана сұрады.

– Әкем келді, ешкіні айдап кел дейді, – деп сыбырладым мен, – қорқам, Тіндәй деген солаң бар екен!

Жамал менің сөзімді шешесіне күле қайталап айтып берді.

– Алда қарағым-ай! – деді шешесі. – Бұл да сол иттерден қорқады екен ғой, бұған да тиіскен ғой тегі!.. – Жүр, мен қарап тұрайын, сен айдап қайт, қорықпа одан, ер баласың ғой!

"Ел қорыққанда мен қайтып қорықпаймын" деп ойладым. Қақпадан шыға қарап алдым да, тұра жүгірдім. Бара ешкімді қуалай жөнеліп едім, Тіндәй алдыма көлденеңдей берді:

– Ей, сен бізден қорқып жүрмісің?.. Біз тиіспейміз саған, тоқтай тұршы! – Мен тұнжырай тұра қалдым. Ол дауыстай сөйледі. – Биғазы екеуміз жақсымыз ғой! Сендерге біреу тиіссе маған айт! Әкесін көзіне көрсетем!

Мен басымды изей салып ешкіні айдап қайттым.

"Әкеңнің әкесін көзіне көрсетерсің!" деп ойласам да, біраз медеу тапқандай оншалық асықпай айдап қайттым. Тіндәйдың сөзін кемпір де естігендей сөйледі:

– Е, бәсе, ол саған тиіспейді, қарғам! Ешкімнен корықпай жүре бер, қайта Жәміш тәтең суға барғанда бірге барып келіп тұр!

Кешкі шайды ішіп жатқанымызда, шешем мен Биғазы қайтып келді. Биғайшаны арқалап кірді. Бәріміз қуандық, Биғайша ояу екен. Бәрімізге қарады. Бәріміз құшақтап бетінен сүйдік. Ол кішкентай үйшігімізге де жаудырап қараумен болды, әкем алдына алып отырды оны.

– Өз жеріміздің иісі бар екен! – деп әкем көзіне жас алды да, маңдайынан, бетінен сүйіп, екі шекесіндегі екі тұлымынан кезек-кезек иіскеді! Һо-һо-һо... Құлыным, құлыным!..

Біздің үйіміз енді толықтанды! Өліп қалғандар мен күйеуге тиіп қалған Бисара тәтемізден басқамыз түгел өтіп болдық. Шекарадан бір-екі рет өтіп келген шешеміз біржолата титықтап, арықтап қалыпты. Жақ сүйегі арса-арса болып көрініп тұр. Ақ маңдайы қоңырқай тартып әжімдене бастаған. Кішілеу өткір қара көзі ғана бұрынғысынша жарқырайды. Оның көңілі енді толып, балаларының толықтануымен ғана масайрап отырған сияқты. Көзі жарқырағанымен сол отты көздерінің маңайы ойқылданып, үңірейіп қалған екен. Жә деген қайраты бар ер адам, шекара қатерін бір-ақ рет әрең басып өткенде, арықтаған кішкене ғана әлсіз әйелдің оны үш рет басып, жан алқымға үш рет келуі оңай ма?!

– Сенің батырлығыңа енді шек келтіре алмаспын! – деді алпамсадай батыр денелі әкем оған.

Расында оны батыр еткен – балалары үшін өлуге қашан да дайын тұратын аналық жүрек қана еді.

Құрметті "тергеушім", ең құдіретті жүрек – ана жүрегі. Балалары үшін ол жүрек жазадан, қысымнан, қырсықтан, тіпті, өлімнен де қорықпайды. Ел бір ғана бұзып өткен шекараны ол үш рет бұзып өтті. Ол үш есе қылмыс өткізді. Мен сондай жансебіл қылмыстыдан туған қылмыстымын.

IV

Шешесінің талабын орындап, Жәмішпен бірге суға барып тұрдым. Ол да менің айтқанымдай, бұрымын бешпетінің ішіне салып, кір–кір болып шығып жүрді. Суға барарда мен оның бетіне әдейілеп қараймын, ол күліп жібереді. Таяқ жегеннен кейінгі бір кешке жақын қызыл келіншек су көтеріп келеді екен, біз суға бара жатып қарсы ұшырасқанда көрдік. Оның, оң жақ көзінің маңайы түгел көгеріп кетіпті.

– Мұны Ілдәй ұрған! – деп сыбырладым Жәмішке.

– Неге

– Әдемі болған соң ұрды!

Қабағын түйіп ап келе жатқан қыз күлкі қысып, бір қолымен аузын басты:

– Әдемі болса ұра ма екен?

– Әдемі болған соң бәрі соның үйіне келеді. – Әкесі де, Ілдәй да келеді. Тіндәйдің келгенін көргем жоқ. Әкесі ұрмады. Ілдәй қатты ұрды, көзі содан көгерді.

Қыз сұп-сұры болып, тез жүріп кетті. Суды іліп ала қашты. Мен артынан ере тоңпандап едім, Тіндәй шақырды. Қайырыла қарап едім, қыз бет бұрмай бұйырды маған:

– Жүр, қарама оған, барма!

Мен жүгіріп Жәмішті қуып жеттім де, еріп қайта бердім. Күн бір түрлі күңгірт тартып батып барады екен. Аспан буалдыр, бұлт па, шаң ба белгісіз, сұрғылттанып алыпты. Жел ішіне тартып тұншығып тұр. Шөп басы үлп етпей ойлана қалған сияқты... Жәміш қақпасына кіргенде мен де ойланып тұрып қалдым. Ешкіні айдап қайтатын уақыт болған екен. Соған барғым келді. Тіндәй маған бір түрлі жылы жүзбен қарап, қарсы жүрді.

– Ей, ана қыз сенің неменең?

– Іштемем емес, көршіміз.

– Ыңғай сені ертіп, сөйлесіп жүреді ғой өзі, не айтады?

– Ештеме, ол емес, мен айтамын.

– Ей, сен екеуміз жақсы болайықшы! Сен менімен де бірге жүр! Мен бақшаға ертіп апарамын. Ешкіңе ешкімді тизгізбеймін, мыналарға бақтырамын. Үйіңе бірге айдасып апарып беріп тұрамын. Екеуміз бірге жүрейік, бола ма?!

Мен не дерімді білмей, басымды изеп қойдым. Тіндай ешкіні менімен бірге айдасып келіп дуалға кіргізісті де ертең келетінін, бақшасына баратынымызды айтып қайтты. Мұнысынан қуанарымды, қорқарымды білмей кірдім үйге. "Өзі жақсы жігіт сияқты ғой!" Шешем Биғайшаны алып келген соң шекарада екі рет "ақсарбас-ниаз" айтқанын есіне түсіріп еді. Біреуін мені бұқтырып, төрт құлақты бейіттің түбінде жатқанда айтқан. Биғайшаны әкеле жатқанда тағы қорқып, тағы айтыпты.

– Екі рет айтып едім. Құдайды алдамайықшы! Пальтомды сатып, сарбас болсын-болмасын, әйтеуір, бір ақ қой тауып келші! – деп әкеме айтқанын естіп едім.

Шешемнің сол жалғыз шапанына кішкене қара қой келіп қалыпты.

– Табылғаны осы, – деді әкем, – құдай біздің қорамызда қой жоқ екенін білмей ме! "Барды жоқ деген – кәпір, жоқты тап деген – кәпір" деп айтқан құдайдың өзі болатын. "Барға қанағат, жоққа салауат" осыны сояйық та мүсәпірлердің бірнешеуін шақырып, балаларға батасын әперелік, бәйбіше, жоққа қиналып қайтесің!

– Япырмай, тым болмаса қылаң сұрамай, қас қылғандай қап– қарасын әкелуіңді қарашы!.. Енді майына шелпек пісіріп, "жеті шелпек" бере тұрайық", құдай беріп орайы келгенде ақсарбастың дәл өзін-ақ тауып шалармыз, қайтерміз енді.

– Ұн керек қой, оны қайдан табамыз?

– Мұқамәдидің үйінен бір табақ үн әкелгенмін. Балаларға көрсетпей, әдейі сақтап отыр едім.

– Ақылды енді таптың, бәйбіше! – деп әкем серпіле кетті де, пышақ қайрауға кірісті. – Өзіміздің жердің ұнымен тілеу жасау бәрінен сауапты!.. Ал, енді бір жағынан, ақсарбас қойды табу – Алланың өз қолынан ғана келеді. Қайткенде де өзіне арналған қойдың қисынын өзі келтірмей ме. Мұның да ақыл тапқандық!.. Үшінші, қазір балалар да, өзіміз де аш. Қара қойдың етімен өзіміз бір қаужанып алалық! Оның сорпасымен Биғаділ жазылады. Көптен ұстап көрмеген қойдың басын ұстап, мен қопиямын. Бір жағынан бір-ақ ұтқан өзің. Тіпті, түпкіш екенсің! Сөйтіп қара қойды бас салған әкем майшамның жынды көбелектей дірілдеген сәулесімен лезде мүшелеп шығара салды. Сол түні мия төсенішіміз құс төсектей тиді жамбасымызға. Ертеңіне шайдан соң шешем май шыжғырып, шелпек дайындығына кірісті. "Жеті шелпек" жеті ғана емес, қырық шақты шелпек болып шығатын көрінеді.

– Апа, жеті шелпегінді анау үйдегі ауру шалға берейікші! –дедім мен, – басқасына бермесең берме, соған берші!.. Өзің апарып өз қолына бер!

Соны айтып жалынып тұрғанымда, Тіндәй есіктен қарап маған ымдады. Шелпек пісіріліп жатқанда кісінің үйден шыққысы келе ме, қаншалық тырысқаныма қарамай шақыра берді. Бір сылтау ойлап таба бергенімде, оның талабын шешем қолдады:

– Алаң болма, сенікін алып қоямын, ана бала жақсы көріп қапты ғой сені!.. Бара ғой!.. Ойна, жақсы, тату жүріңдер!– деп сөзін Тіндәйға қаратты шешем, – шырағым, менің бұл балам қорқақ, бір нәрседен қорқып қалмасын! Және өте ұялшақ, онысына қарап, бұртыңдаған тұйық бірдеме екен деп қалма! Үйренісе келе онысын қойып, шешіліп кетеді. Жазғыз-ақ, әке-шешеңді боқта демесең болғаны бұған! – шешем күле айтты бұл сырымды. Тіндәй да күліп тұр. – Басқасының бәріне көнімді, бәрін де түсінеді. Үлкенсің ғой, ойыңды жақсылап үйрет, балам!

Тіндәй мені күле ертіп шығып, өзінің бақшасы жаққа бастады.

– Сен неден қорқасың?

– Мен иттен қорқамын.

– Одан басқа.

– Одан басқа, – деп бөгеліп қалдым "Ілдәйдан қорқамын" демекші едім, ол Тіндәйдың ағасы болғандықтан айтқым келмеді. Бірақ, біз соның үй жағына бара жатырмыз. Дәл қазір иттен гөрі содан қорқынышым көбірек еді. Соны айтып қоймай үрекпеген қаупім басылар емес.

– Ие, одан басқа? – деп Тіндәй қайта сұрады.

– Одан басқа... сенің ағаң ба, Ілдәйдан қорқамын.

– Ол – менің ағам, одан қорықпа... Ол қалай қорқытты сені?

– Әнеукүні қызыл келіншекті қиын ұрды... және боқтады, мен үндемей қашып кеттім.

Тіндәй күлімсіреп біраз ойланып қалды.

– Одан қорықпа, енді тиіспейді! – мен тигізбеймін!.. Ал, одан басқа кімнен қорқасың?

– Ақтай, Санатпай дегендерден қорқатынмын. Әкем оларды ұрған соң қатты қорықпайтын болдым.

– Әкең мықты ма?

– Қиын мықты. Қасқырды тірі сояды, қорықпайды.

– Ал онда сен неге қорқақ болдың!.. Және басқа неден қорқасың?

– Бір қыздан да қорықтым.

– Неге?

– Қабағы өте суық көрінеді екен.

Тіндәй күліп жіберді. Мен Шәуешектен алғашқы көрген қыздың қабағын меңзеп едім. Тіндәй Жәміштің қабағы деп түсінген сияқты. Бұл жәйт менің есіме енді түсті.

– Қыздың қабағынан жігіт қорқа ма екен? – деп күлді ол.

– Мен жігіт емеспін, баламын ғой!

– Әлгі өзің бірге жүрге қыздан қорқамысың?

– Жоқ, одан қорықпаймын, ұяламын.

– Неге ұяласың?

– Мен жақсы адамдардан ұяламын.

– Ал менен шы?

– Сенен... біраз қорқатынмын. Қазір біраз ұяламын.

– Мен біраз жаман, біраз жақсы болдым ғой онда?! – деп Тіндәй тағы күлді.

– Жоқ, жақсы сияқтысың.

– Сен бір қу екенсің! – деп ол жымиды да, қулығымның қайда екенін түсінбей мен жымидым.

– Сен қорықсаң бақшаның артынан түсеміз! – деп ол биік дуалдың артына келді. Бір ағаштың сыртқа салбырап тұрған бұтағынан ұстап өрлеп дуалға мінді де менің қолымнан көтеріп шығарып, сол бойы дуалдың ішіне түсірді. Бақша деген біздің үйіміздің артындағы тәрізді сәйлік екен. Бірақ, мынаның төңірегі қатар тізілген биік ағаш, біз Шәуешектен алғаш келгенде көрген "қоршаулы жәннаттың" біреуі осы екен. Демек, біз "жәннатқа" кірдік! Қалың жапырақ басқан кең сәйліктің ауыз жақ шетінен қатар тізілген биік үйлер көрінді. Қара-сұрылардың үйі сол сияқты. Жап-жасыл қалың жапырақ, қара жерді көрсетпей, көздің жауын алғандай. Тал түске көтеріліп жарқыраған ашық күннің ыстығын жұтқан дымқыл ауалы бақшаның әр түрлі иісі бірігіп, сап-салқын самалмен желпиді. Осындай кең бақшаны кемелдендіріп берген кім екенін толық айыра алмасам да, малайларының қыз-келіншектерін қуалап сабап жүретін қара-сұрылардың қолы бұған тимейтінін біліп келе жатқандаймын. Малайлар әйелін сақтайтын берігірек үй таба алмай жүргенде, бұлардың тегін егілген жапырақтарын да мықтап сақтайтын биік қорған соқтырып алуларын қарашы!.. Мына ағаштарының саясына адам келтірмеу үшін істеген қулығын көрдің бе! Тіндәй қалай жомарттық көрсетіп жүр маған?! "Сен қу екенсің" дейді өзі. Ал, мұның әкесінен сыған, ағасынан жауыз ешкім жоқ. Өзі қандай екен?..

Бақшаның кей жерінде көкпеңбек қалың сояулар көрінеді. Ол біздің Серек тауындағы қалың сарымсақ сияқты менің көзіме өте ыстық көрініп кетті де, солай беттедім.

– Ей, мына жақта лобы бар, қазір тәтті уакыты, содан жейік! –деп бастай жөнелді мені Тіндәй, – сәйді аяғыңмен басып алмай, мына қырымен жүр! – Ол кішкене бір тақтаға келіп отыра қалып, бір жапырақтың қып-қызыл тамырын жұлып алды. Жапырағымен сүртіп тастап күртілдете бастады. – Сен де алып же, қанша жесең де болады, жей бер! – қатарындағы бір тақтаға отыра қалып, мен де біреуін жұлып алдым. Бұл да қып-қызыл екен. Соның көзінше сүртіп аузыма салып көрсем ап-ащы, теке саситын бір дәм білінді. Түкіріп тастадым. – Үй, ол шамғұр емес пе, мына тақтадан алып же! – деді Тіндәй. Көрсеткен тақтасына және біреуін жұлып алып көрдім. Оңып тұрған ештеңесі жоқ, мұның дәмі де сол "шамғұры" сияқты татиды. Әлгі теке иісті суы тіпті молырақ екен, оны да түкіріп тастадым.

– Мынау теке жейтін шөп пе?! – деп таңдана қарадым өзіне.

– Жоқ, лобы емес пе. Мұны қазақ та жейді ғой!.. Жемейсің бе?.. Онда қайсысынан жегің келеді?

– Анау тұрған сарымсақ па?

Тіндәй үй жағына бір қарап алды да, жүгіріп барып екі талын жұлып әкелді. Бұл әлі өскен жоқ...

Сол "жәннаттың" ішінен сарымсақтан басқа мен бұрын жеп көрген ештеңе таба алмайтынын білген соң, дуалдан қайта асып шығып кеттік.

– Ертең итті байлатып қоямын, сонан соң қақпадан кіретін боламыз!.. Сен Ілдәйдан қорықпа, оны да тиіспейтін етіп қоямын! – дегендей нашаттарымен шығарып салып, Тіндәй үйіне қайтты. – Ей, түстен кейін көкмайсада ойнаймыз, ә!

Мен түстен кейін көкмайсаға қорықпай келдім. Тіндәй да, оның нөкерлері де мені бауырларына тартқандай бейне білдіріп жүрді. Мал қайыртпады да, күрестірмеді де. Әскер болып тізілгенімізде нөкерлеріне қатты сақылдап кететін "қолбасшы" маған келгенде:

– Биғабіл, сен де түзу тұр! – деп күлімсіреп қойды. Ал, басқаларына бар айбарын көрсетіп, шекшие қалды. Ол бұлай шекшигенде біз қаққан қазықтай қатып қаламыз. Жақсы көретін ең ересек нөкерлерінің біреуі күліп қойып еді, ыршып келіп шапалақпен тартып жіберді. "Қолбасшы" сұрланып алған толық жүзі де оталып, қызарған көзі де найзадай қадалып, соның алдында тұрып алды. Шапалақ тигенде босап кеткен болуы керек, қылмысты мұрнын тартып қалып еді, шапалақ тағы шарт ете түсті. Ешқайсысы енді мұрнын жия алмай қалды білем, көзімнің қиығымен қарасам, бірнешеуінікі салбырап та кетіпті. Ыңғай жалаң аяқ, жалаң бас "әскер" демдерін де ала алмай сіресіп тұр, мен де сірестім. Қылмысты жылап жіберер ме екен деп күтіп едім, ол "қолбасшыға" итағатпен қарап қатып қалыпты. Жазаланған адамға тиісті тәртіп солай еді. Қайсар жауынгер екенін білдіру үшін, ол мұрнын қайтып тартпады. Мен оған үңіле қарадым. Мұрнынан шығып тұрған "сүңгі" тіпті ұзын екен. Көз алмай қарап қалған болуым керек. "Биғабіл, түзу тұр" деп маған тағы жұмсақ қана бұйырды да, "тартыңдар мұрындарыңды!" деп ақырып қалды "қолбасшы". Нөкерлер пырылдап ала жөнелді. Жиіркенген "қолбасшы" шегініп, алысырақ барып тұрды. "Жиесән"1 деп бұйырғанда, барлығы арттарына қайырылып тарай жөнелді де, бүкшиіп алып мұрындарын мыжыса берді, бәрі де қорлықты мұрындарынан көрген екен.

Мен ешкімді қарап келейін деген сылтаумен шықтым да, үйге тарттым.

– Қайда барасың? – деп сұраған «қолбасшыға» үйге барып қайтып келетіндігімді айта зыттым, – мақұл, қайтып кел!.. Екеуміз доспыз енді, менен ұялсаң ұял, қорықпа! – деп қалды артымнан. "Ұялмаспын, бірақ қорқамын-ақ!" дегендей зыттым...

Жәмішпен бірге суға келгенімді ол тағы көрді, тағы да көз алмай қарап қалды. Күн бата қайтып барып, ешкімді айдай жөнеліп едім, "қолбасшы" менімен бірге айдасып келді:

– Әлгі қыз бүгін не айтты саған?

– Ештеме айтпады.

– Басыңды көп сипады ғой, сені жақсы көреді екен өзі... Менің басымды солай сипасашы! Сен менің осы сөзімді оған ұмытпай айтып қой!.. Мақұл ма?

Үндемедім, басымды да иземедім, мұның мені жақсы көріп жүрген себебін енді түсінгендеймін. "Жәмішті жақсы көреді екен деп, мені бұл да жақсы көрсе не зияны бар. Ешкім бағулы, өзім сыйлы болмаймын ба... Бірақ Жәміш бұдан тіпті қорқады, айтпаймын оған!.. Ие, бұл Жәмішке жақсы көріңбек екен ғой, енді тіпті де айтпаймын!" Осы оймен келе жатқанымда Тіндәй тақауырлай түсті:

– Менің сөзімді ұқтың ба!.. Менің басымды да солай сипасашы дедім ғой! – мен үн қатпай тұқыра түстім, – сен мені жақсы көремісің!

"Қорыққан адамын жақсы көре ме екен!" деп ойладым ішімнен.

– Сен менен ұялып келемісің?

– Жоқ, – деп жауап қайттым, – Жәміштен ұяламын! "Қолбасшы" күліп жіберді:

– Сен одан ұялма, ол саған ұрыспайды?.. Қыздан жігіт ұяла ма екен! Осы сөзімді айтып қойсаң болды! Ертең біздің үйге барамыз, сен қонақ боласың! Сен қорқатын нәрсенің бәрін мен қорқытамын! – деп қайтты ол. Расында да солай сияқты, мені де қорықсын деп бар баланы қорқытты бүгін.

Тіндәй ертеңіне сәскеде біздің үйге тағы келді. Оның келе жатқанын көріп. Биғаділдің қасына жатып алып едім, тағы қолқалады,. "Ерегіссе ешкімге маза бермейді, өшіктірсең ұрады!" деп Биғаділ сыбырлады бір жағымнан!

– Бара ғой! – деп қалды әкем де, сонан соң Тіндәйға тапсырды, – мырза, бұл балаға ешкім тиіспесін, бұл өзі ешкімге соқтықпайды, жуас бала!

– Жоқ, бұған мен ешкімді тиістірмеймін, – деп күлімсіреді Тіндәй, – өзіне де айтқанмын.

Ескі дуалдан шыға келгенімізде батыс жақтан құйын соғып өте шықты да, арты салқын желге айнала бастады. Көп шынардың ар жағынан қара бұлт көрінді, күн жүзі ашық тұр. Екеуміз кешегі көшемен жүріп барып, қалың қарағай есікті үлкен қақпадан кірдік. Бірқатар биік үйлердің алдыңғы жағы арттағы бақшасынан сәулетті, тым әдемі бақша екен. Күс-күс жалаң аяғыммен кір-кір көйлек-дамбалшаң ғана соншалық сәулетті үйге кіруден қатты жасқанып, өзімнен-өзім қорланып келе жаттым. Әртүрлі гүл ашылып жайнап тұр. Тіндәй маған "алма" деп бірнеше түп аласа ағашты көрсетті. "Пысқанда" ертіп келіп жегіземін! Жолдан шыға беріп, екі тал қызыл гүл жұлып алды да, бірін маған берді, өзіне алып қалғанын иіскей жүріп келіп, уқалай-уақалай лақтыра салды.

– Иісі жақсы! – деді сонан соң. Расында да иісі өте жағымды екен, мен тастамадым, Биғайшаға апарып бергім келді. Бір есікке жақындай бергенімізде бақшаның бір жағынан Ілдай көріне қалды. Мен жалт беріп Тіндәйдың далдасына өттім.

– Қорықпа, итті байлатып қойғанбыз, басқа ит жоқ! – деп Тіндәй жан-жағына қарады да, ағасын көрді, – ол тиіспейді!

Ілдай расында да үндеген жоқ. Қолын артына қайырып алыпты, бізге қарамай бақша аралап кете барды. Тіндәй мен Ілдәйдің киімі ұқсас еді, түрі де ұп-ұқсас екен. Екеуі де төбесін теп-тегіс қырықтырып, қысқа шаш қойған, екеуінде де көк сұры бешпет-сым бар. Балақтарын әкесінше байламапты, айдар да қоймапты. Екеуінде де қара барқыт шақай. Тіндәй секілді оның да "қаппайтындығын" ұққаныммен, табалдырығынан қорқалақтай аттадым.

Біз кірген үй шығыс жақ шеткі кішкене үй еді. Оның батыс жақ қарсысындағы үлкен үйдің есігі ашық тұр. Ол үйге кіруден "құдайдың сақтағанына" қуандым. Көз қамайтын қып-қызыл гүлді кілем оның төріндегі есікке дейін жайылыпты, төр есіктен өтсек, ар жағы тіпті «қиын» сияқты көрінді. Ол үйде қандай пәле жатқанын кім білсін. Әйтеуір батыс жақ есікке кірсем, барлық масқаралық менің басыма орнап, бұрын өзім сезініп көрмеген ең жаман мүсәпірлік халге түсетінімді біліп едім, бар қоршылық аяғымда тұрмай ма!

Біз кірген үй ондай емес, үй тағанының жарымын алған сәкінің үстінде ғана кілем бар, қалғаны мұздай жалтыр көк ала кірпіш төселген еден екен. Соны да жаман аяғым тайғанақтап әрең бастым. Сәкінің шетіне қана ілініп, аяғымды салбыратып отыра кеттім. "Жоғары шығып отыр!" деп қонақ иесі айтпады да, өрлеп шықпауға мен бекіндім.

Қарсы үйден қандай пәле шыға келер екен деп аңдып отырғанымда, тал шыбықтай бұралған, сұңғақ бойлы, ақ келіншек кірді. Сопақша келген аппақ бетінің ұшы нарттай қызыл, дөңгеленген үлкен қара көзімен Тіндәйға күле қарады. Мен одан қымсынып қалып едім, қаупім бекер екен, маған пысқырып та қарамады ол.

– Шай ішемісің? – деп Тіндәйға қазақша сөйледі. Киімі де, жүрісі де "қытайша". Осы сөйлеумен ғана маған жылы көріне қалды. Аш беліне түсетін топ-тоқ қос қара бұрымының ұшын қызыл лентамен түйіп, қызыл гүл порымына келтіріп қойыпты. Етегінің екі жаны жырық, ұзын ақ жібек көйлегі жерге тиер-тимес. Қызыл қатипа шақайының тұмсығы жүргенде ғана көрінеді. Көйлегі соншалық ұзын болғанымен тарлығына таңданғандайсың, етімен ет болып жабысып тұр. "Егер етегі жырылмаса, тұсалып жығылар еді де, өзі үзілейін деп тұрған аш белінен екіге бөлініп түсер еді" деп ойладым мен.

Тіндәйдің не айтқанын ұқпай қалдым. Жібек көйлек жабысып алған құйрығы екі айрық болып, бұлтыңдап шыға жөнелді келіншек. Мен үйдің төбесіне қарадым, сыртынан қарағанда үйлерінің арты соншалық биік, алды аласалау, кірпіш дөдегелі еді. Төбесінің ішкі жағы біркелкі тегіс, әдемі қызыл көк гүлді қағазбен безелген екен. Кішкентай үйде үлкен-үлкен екі терезе тұр. "Әрбір көзі біздің үйге үлкен терезе болар еді шіркін!"

– Әлгі келіншек – менің жеңгем, – деді Тіндәй, мен жалт қарадым. Ілдайдың келіншегі бар екеніне, болғанда да ерекше сұлу келіншегі бар екеніне сенбей қалғандаймын.

– Ілдайдың келіншегі ме? – деп сұрадым да, ол басын изегенде төмен қарап кеттім. "Мұндай келіншегі бар адамның елдің қатынында несі бар, неге жабысады оған, неге ұрады оны?!" деген ой келіп еді.

– Мұны да ұра ма? – деп қалғанымда Тіндәй күліп жіберді. Подносқа момы мен бір тарелке турамыш лобы салып, жеңгесі кіріп келді.

– "Ілдай қатынын сабай ма" деп сұрайды мына бала! – деп күлді Тіндәй.

Келіншек те күліп жіберіп маған қарады. Мен тұқырып алдым, бетім оттай жанды.

– Неге сабайды екен?.. Ол сабаса мен де сабамаймын ба!.. Оны неге сұрадың? – деп келіншек көзін аудармай маған қарап тұрып алды, бұл көз – өте өктем көз еді, мен қатты қысылып терлеп кеттім. – Біреуді сабағанын көрдің бе?..

Жауап бермесең болмайтындай, Тіндәйға саса қарадым мен. Тіндәй шытылып қалды, екінші рет қарағанымда көзін қысып қалды. "К...ынды қыс" дегені екенін сезе қойдым мен. Жауап қатпай мен де күлімсіреген сияқты болдым. Менікінің өте қиюсыз, қысылыстан болған күлімсіреу екенін білемін, дөңгелек аласа столдың ернеуін сызғылай бердім.

– Бұл өте ұялшақ бала, бірақ, сөйлей қалса тіпті қызық сөйлейді екен! – деп Тіндәй келіншекті өзіне қаратып әкетті.

– Кімнің баласы өзі?

– Жаңа келген бір көршінің.

Келіншек жыпылықтата сөйленетін бір тілде сөйлеп алды да, соңына қазақша жалғады:

– Біз әдемі киіндіріп, мырза қып қояр едік! – Жеңгесі шай құйып беріп шығып кеткен соң, Тіндәйдан оның солаңша не деп сөйлегенін сұрадым.

– Сені "біздің солаң сияқты екен, әке-шешесі бізге берсеші, көп ақша берер едік!" дейді... – Бұл келіншек солаңдардың үлкен бір байының қызы. Әкесінде ұл жоқ. Сен оған бала болсаң, әдемі мырза болар едің, әкең де малды болар еді!

Менің жүрегім аузыма тығылып дүрсілдеп кетті. Қолыма алып бір ұрттаған шайды қоя салдым, шығып кеткім келді. Бұл жайымды сезгендей, Тіндәй сөзін жайма шуақтай берді:

– Қорықпай-ақ қой, әкеңнің сені бермейтінін білемін. Әкең де, шешең де өте жақсы көреді екен сені, барған сайын маған тапсырады ғой... Көңіліңе алма, бұл қатын былжырайды!.. Шай іш, мынау жақсы сәй, момымен қосып жеп, тойып ал!

Мен шай ұрттай бердім, лобы жеуге көңілім алай-дүлей. Кешегі лобы дегенін шикі күйінде турап-турап үстіне май сияқты қоңыр бірдеме құйыпты. Одан да жемедім. Сырланған екі шыбықпен қалай іліп алып жейтінін білмеймін. Тіндәй сонымен алып соғып отыр. Ол тіпті зорлай берген соң лобысынан бір үзіп жедім. Жаныма қойған гүлімді алып, қарай бердім, ол алғашқыдай емес, солыңқырап қалыпты. Тіндәйдың жаңа үзіп алған гүлін уақалап-уақалап салғаны есіме түсті. "Өйтетіні бар неге үзіп алды?" деп ренішпен ойладым. "Ал Ілдайы өзінің мынадай әдемі қатыны бола тұрып, елдің қатынына жүгіреді? Бұл да сол үзіп алған гүл сияқты уақалап-уақалап тастай салғаны емес пе. Жоқ, бұл келіншек құлпырып тұр, бейшара қызыл келіншекше көзі көгермепті. Мықты байдың қызы болған соң ұрғызбаған да, уқалатпаған да ғой тегі... Бірақ, бұлар үзіп алады да қадірсіз тастайды. Мына Тіндәйдың "иісі жақсы" деп тастай салуын көрмеймісің, тоқ қасқыр сияқты!.. Әкем: "өзі тойса да көзі тоймайды" дейтін. Олар тоқ болса да қойды қыра береді екен, ал бұлар өздеріне керексіз болса да жұлып тастай береді. Осылардың "тегі қасқыр" екен!.

– Сен қонақ болып келіп отырып, неге тамақ жемейсің! – деп қалды Тіндәй.

– Жеп болдым, қайтамын?

– Әй, сен әлгі қатынның сөзінен қорқып қалдың ғой!.. Мына момыны ал, кейін жейсің. Жан қалтаң бар ма?

– Менде жан қалта бола ма, – Тіндәй қалпағымды алдырып, мен үзген момыға екі бүтін момы салып берді. Мен еріп шығып қайтуға бет алдым. Балағын айдарлыша таңып алған, ұзын жыртық көйлекті семіз әйел шықты бір есіктен. Аяғы кішкентай "ши аяқ" екен. Сондай торғын киімді, жастау бір әйел ар жағында бір есікте тұр. Таңып алған аяғы мен желкесіне түйіп қойған шаштары болмаса, екеуі де өңді адамдар екен. Семіз әйел Тіндәйға, онан соң маған қарады.

– Мына балаң кім? – Тіндәйдан жауап күтпей-ақ, алшаңдап жүре берді ол.

– Сенің апаң ба? – деп сұрадым мен.

– Ие... арғысы кіші шешем.

"Ең қиын қасқыр – әкесі екен!" деген ой келді маған. "Ілдай біреуін тастап жүгірсе, ол кәрі басымен екеуін тастап жүгіріпті қызыл келіншекке. Баласынан аш көздігімен тартып әкеткені ғой!.. Ілдай сабағаны да жөн екен. Бірақ, өз әкесін қоса сабаса әділдік болар еді ғой! Әлсіз деп малайдың қатынын ғана сабауын қарашы иттің баласының!"

Үш момының үстіне қойып әкеле жатқан гүліме қарап, Тіндәй тағы да екі қызыл гүл үзіп берді. Маған арнаған сыйын осымен аяқтатқандай болды да, қақпадан шыға бере енді менен сый күткендей:

– Менің кешегі сөзімді айттың ба? – деді.

– Кімге?

– Үй, кеше қызға айт дегенім қайда?

– Өзі сұрамады.

– Ол сұрамайды, Тіндәй былай деді деп сен айт! – Мен жалтара сөз таба алмай ойланып қалдым, тұра қалдым да қақпаның босағасына қарай бердім, берген "сыйлығын" сол жерге үйіп қойып құтылғым келіп еді, олай етуден қорықтым да ойлана түстім:

– "Кеше қыз не айтты" деп сен менен сұрадың ғой. Ол да менен сұраса айтайын! Сұрамаса... сұрамаса... қайтып айтамын!

Тіндәй санын шапалағымен бір салды. Жүзі суылып, қабағы түйіле түсті. Мен төмен қарай бердім. Маңдайымнан тер ағып кетті.

– Өзің ынжық екенсің ғой! – деді ол. – Алдымен жігіт сөз салмаса, қыз сұраушы ма еді!

– Ие, алдымен сен айт, сонан соң менен сұрарсың! – дедім оған жалынышты шыраймен қарап қойып, сонан соң қалпағымдағы "сыйлыққа" үңіле тұрып сөйледім. – Мен мынаны алмаймын!.. Керек емес, үйіңе апарып қойшы!

– Оны мен не қыламын, алып кете бер!

– Итіңе берерсің, не малайларың жер, мен алмаймын! – Тіндәй күліп жіберді де, жұмсара қалды.

– Бізде момы көп, алып кете бер, керек емес!.. Сенің үйіңде астық жоқ шығар, қызға әлгі сөзімді айтсаң көп ұн апарып беремін!.. Жүр, үйіңе мен апарып салайын. – Мен еріксіз ілесе жүрдім, – сен ол қызға былай де: Тіндәй саған айт деп тапсырды де? Жақсы көріп қалдым, су бойында болса да, бір сөйлессін!.. Ұқтың ба?.. Сен бұл сөзді айта салып кете берсең, үндемейді ол. Ұрысса маған ұрысады... Осыны айт, ие!.. Бүгін айт!

– Сұраса айтам!

– Сұрамаса да айт!.. Айтасың!.. Айтпасаң... мен өкпелеймін. Осылай қадағалап тапсырды да үйіне қайтты ол. Мен өз үйіме ауыр жүк көтергендей қинала кірдім. Әкем үйде жоқ екен. Табысымды жерге қоя салғым келді де, Биғаділ мен Биғайша қарай берген соң бір момыға бір гүлден қосып үлестіріп бердім. Артылған бір «парын» шешемнің алдына қоя салып едім, күліп жіберді.

– По, табыспен қайтыпсың ғой өзің!.. Не болды ызалысың ғой?... Тамақ берді ме өзі?

– Жемедім, – деп тұнжырай түстім мен, – Жәмішке айт дейді!

– Не айт дейді? – деп ойлана қалды шешем. – О, адыра қалғыр-ай, бәсе! Сені не қып құрметтеп кетті десем... Онда мына немелерін неге әкелдің?

– Зорлап берді, әкеп салды өзі?

– Дәндеуін иттің балаларының!

– Сен не дедің? Айтайын дедің бе?!

– Жоқ, «өзің айт» дедім!

– Ие, дұрыс айтыпсың! Өз намысыңды жібермепсің! Бұзықтан туған немені қарашы! Енді онымен бірге жүрме! «Ұшынғаннан құтырған туады» деген осы!

– Ол: айтасың, айтпасаң өкпелеймін деді!

– Жоқ, сен айтпа! Мен Жәміштің шешесін сақтандырып келейін! – деп сөйлей шықты шешем, – біреудің бүлдіршіндей жалғыз баласын қорламақ қой енді!

Қызыл келіншектің көзінің көгерген себебін мен шешеме де айтқан едім, содан болу керек, ол қатты ширап шықты.

Биғаділ сорпа ішкелі біраз әлденіп қалып еді. Бет сүйегі сойдиған арық жүзіне бір қайғы орнай қалғандай болды:

– Бұл жақтың байының балалары өте бұзық болады екен, сені ұрады-ау енді ол! Ешкіге маза бермейді енді! – деді уайымдап.

Мен де осы қайғымен әлдиленіп ұзақ отырдым. Шешем қайтып келіп шай қайнатты.

– Сен ешкіге үйдің төбесіне шығып қарайтын бол, – деді шешем, – ол жаққа бармай-ақ қой, мен өзім айдап әкеліп тұрамын!

Осы ұйғарыммен төбеге екінші рет шығып қарауылдағанымда үйінен Жәміш шығып тұр еді, маған қолын бұлғады. Мен жалма-жан жерге түсіп, шешемнен рұқсат алып шықтым. Жәміш өңін мен айтқаннан да бетер бұзыпты, күйелеш-күйелеш. Басымды күлімсірей сылап тұрып, Тіндәйдің не сұрағанын, менің не дегенімді бір-бірлеп сұрады. Оған менің қайтарған жауабыма күлумен болды, ақырында мені де қорғау шарасын айтты ол.

– Қазір мен сені шыбық алып қуамын, сен өзендегі балалар жаққа қашасың, ұялмай-ақ жылай қаш, күлме! Шыбық біраз қаттырақ тиіп кетсе де шыда! – деп күрсінді, – сені сол ит қапқаннан менің ұрғаным жұмсақ емес пе!... Мен ұрған соң саған ол тиісе қоймас. «Сенің Жәмішке айт дегеніңді айтып едім, қотиын қыз екен, қатты ұрды» деп бар! Онан кейін сен оған Жәміштен «ұяламын» демей, «қорқамын» дей бер, мақұл ма?

Мен бұл амалға разы болып басымды изеп-изеп қалдым. Ол бір шыбықты дайындап терезеге сүйеп қойған екен, ұш жағына қалың шүберек орап тігіп тастапты. Сонысын алды да, «ал, қаш» деді. Мен зыта жөнелдім. Қақпадан шыға қарасам Тіндәй нөкерлерінің қасында екен. Соларға қарай тура тарттым. Таяқ жегізбей құтылып кеткен болайын деп қаншалық құйындатсам да қыз қоймады, қатты ұрғандай шыбығын бар пәрменмен сермеп қалып бір кідірді. Бастырмалата қайта қуып жетіп және қырқа салып жіберген болатын. Шыбық кейде дарымай ысқырып қалады да, кейде дарығанмен жұмсақ тиеді. Жылай алмадым, дауысым қатты шықпай күлкіге айнала берді. Шындап жылағым келгендей «қаттырақ!» деп қалдым мен. Қыз мырс ете түсті де, өзенге таяй бергенімде салып-салып жіберді. Расымен-ақ шыңғыра жөнелдім, қыз өзенге түспей тоқтап қалды да, мен суды кешіп өте шықтым.

– Не болды, не болды! – деп Тіндәй орнынан атып тұрды. Мен қашқан бойы ар жағына ешкі жүрген жаққа өтіп кеттім.

– Сендер не үйретіп жүрсіңдер бұған? – деп шақ ете түсті Жәміш. – Бұзықтарың өздеріңмен кетсін! Екінші рет мұндай сөз айтқызатын болсаңдар, ешкіміңді аямаймын. Мені кімге ұқсатып жүрсің?

Қыз кілт бұрылып қайтып кетті. Шешесі қақпадан шығып қарап тұр екен. Тіндәй ауыз аша алмай қалды. Мен басқалардың көруінен ұялып, ешкінің қасына барып жатып алып едім. «Қуғыншы» мен «қарауылшы» үйіне кіріп-кіріп кеткен соң ғана шақырды Тіндәй, бармадым. Мені расында қорқудан ұят меңдетіп алғандай. «Осы неме үшін қыздан таяқ жегендей көріндім-ау мен!... Сырттан көргендер болса не дер екен?» деген намыспен бүрісе түстім. Тіндәй қасыма келіп түрегеліп тұрды.

– Айттың ба?

– Айттым.

– Ол не деді? Күлді ме?

Арқама екі шыбық қатты тиіп еді, өзім тілеп ұрғызсам да титығыма жеткендей болған.

– Таяқ күле ме екен! – деп шытына қарадым оған, – үн-түнсіз шыбық ала сабады мені, әрең құтылдым!

Маған Тіндәй суына қарады:

– Менің сөзімді ғана айтпай, қопал сөйлеген шығарсың! Тіпті шағыстырған болуың керек. Әйтпесе мұншалық ыза болмайды! Оған мендей жігіт табыла бере ме?! Неге тулайды? «Бұзық сөз үйреттің» деді ғой. Мен саған қашан бұзық сөз үйретіп едім?!

– Жоқ, сенікінен басқа бұзық сөз айтпадым!

– Не деп айттың?

– «Жақсы көрдім... судың бойында сөйлессін, басымды сыласын дедің ғой» соны айттым!

Тіндәй шытынап қалды:

– Бәсе, бұзып айтыпсың ғой! «Сені жақсы көріп, басыңды сипайды екен ғой, менің басымды да сипасашы деп айт» деп едім ғой!

– Осылай айттым! Сен бағана... «осылай айтсаң, саған тиіспейді, ұрысса маған ұрысады, деп едің, мені ұрды ғой! Қотиын қыз екен, қатты қорықтым.

Тіндәй үйіне қайтты. «Қолбасшының» түсі бұзылғанынан үн-түнсіз отырып қалған балалар, оның қарасы көрінбей кеткен соң ғана тарай бастады. Кешегі таяқ жеген ересек «нөкер» қасыма келіп есіркей қарады маған.

– Сені ана қызға ұрғызған Тіндәй ғой, – деді ол түрегеп тұрған бойы, жан-жағына қарап, – Жәміш жақсы қыз еді, ол Тіндәйға ыза болған соң ғана ұрды. Тіндәйді ұра алмаған соң сені ұрмай қайтсін, «таз ашуын тырнадан алады» Мені де талай келіншекке сөз айтып бер деп ұрғызған Тіндәй, кеше өзі ұрды. Сенің бұл көргенің ештеңе емес, керегі жоқ, үндемей жүре бер!

Мен әлгі намыстану жайымнан азат болғандай бойымды жиып, ширақы қайттым үйге. Ешкімді айдап қораға кіргізген соң Жәміштің шақыруымен дуалдан асып, сонда бардым. Қолымнан жетектеп үйіне кіргізіп әкетті де, жалма–жан арқамды ашып қарады. Кейінгі ұрылған екі шыбықтан өзі де қауіптеніп қалған екен.

– Ойбай-й... таңба түсіп қалыпты, – деп өзінің артынан қарап тұрған шешесіне жалт қарады да, мені құшақтай алып отыра кетті. Маңдайымнан қатты-қатты сүйді. Көзінен жас шығып кеткен екен.

– Мұның жазығы не еді, қуалаған болып қана қоймай, неге ұрдың мұнша? – деп шешесі оған ренжи қарады.

– Өзі, – деп күліп жіберді қыз. Өзі «ұр, қаттырақ ұр!» деген соң судан өте бергенінде екі рет ұрып қалып едім, қатты тиіпті!

– Ауырған жоқ... Еш нәрсе болған жоқ! – дей бердім мен.

– Өзін-өзі сойғызған деген осы! – деп кемпір қатты күрсінді.

– Қорқа берсеңдер біріңнің етіңді біріңе жегізеді әлі, әзер болса мына моласынан көшіріп жібереді. Онан басқа несі бар бізде. Қорықпаңдар ешқайсысынан. – Кемпір сөйлей жүріп, үлкен бір қарма нанын орамалға орады, – мынаны Мәдиянға ала баршы, балам!

Үйге кіріп барғанымда шешем басы–көзіме анықтай қарады.

– Тіндәй тиіспеді ме саған? Өлкеге кетіп қалыпсың ғой!

– Жәміш маған ұрысқан болып, ұрған болып, қуалап апарып тастады, Тіндәйға ұрысты.

– Амалын тапқан екен, – деп күліп жіберді шешем, – жарайды, қызың қу екен, адам болады екен!

Әкем болған істі шешемнен сұрап ұқты.

– «Төреге ерген ерін арқалайды» деген сөз бар балам, ендігәрі оған ерме! Жай ғана жауап беріп үндемей жүре бер! Жағымсысаң жаныңды да, арыңды да суырып алады. Қазір жамандасатын кез емес, «күштінің арты диірмен тартады», не десе де үндемей құтылып жүре бер. Ал, мұндай арсыз іске араласушы болма!

Әкемнің бұл кеште маған айтқаны осы ғана болды. Ертеңіне таңертең жалғыз ешкінің соңына еріп көк майсаға бардым, қорқынышсыз бардым. Тіндәй үшін қыздан таяқ жеп алдым ғой, енді мұның ұрарлық себебі жоқ қой! Нөкерлер қораланып алып, әңгіме айтысып отыр екен. Келе жатқан маған «қолбасшы» бір қарап алды да, өзі алдыңғы күні шапалақтаған «нөкерін» оңашарақ шығарып, оған бірдеме айтып жатты. Күн буалдыр еді. Батыс жақтан сүркейлеу соққан жел жаңа көтеріліп келе жатқан күннің жылуын қайтара айдап, келтірмей тұрған тәрізді. Қораланып отырған «нөкерлердің» қонжауы бүгін тым төмен екен. Сырттарына келіп отыра кеттім. Ешқайсысы маған қарамады, ығысып орын берер түрлері де тіпті жоқ.

Топқа қайтып келген Тіндәй маған қарап та қоймады. Келісімен екеуіне топ–топ бір жағы жарыла орын берді. «Қолбасшының» танауы ісініп алыпты, қара сұр жүзінен ызғар шашылып тұр екен. Қиық көзінің құйрығынан бір рақымсыз күш тартып тұрғандай, екі көз екі жаққа қиыстап, жыртия қалыпты. Бүгінгі күннің сүркейлігі де «қолбасшының» осы ызғарынан болып тұрғандай білінді маған. Топ жым–жырт, бәрі төмен қараулы, әлгі оңаша шығарып сөйлескен «нөкері» сөз бастады. Жеген таяғы бүгін есінде жоқ сияқты, сарынды көсемше кейпіне келе қалды:

– Биғабіл, – деді төмен қараған бойы, – Тіндәй мырзаны сен қатты өкпелетіпсің. Бәрімізге белгілі қайырымды мырза еді, көңілін қалдырыпсың. Бұл кісінің талабын орындамайтын ешбір қыз да, келіншек те жоқ еді, кеше әнеу үйдегі бойжеткенге шағыстырып ұрысқызыпсың, құрметті мырзаның сөзін бұзып жеткізіпсің! Сол үшін мырза сені бұл жерден бөлініп кетсін дейді. Ешкісін бізден аулаққа бақсын деп бұйырып отыр.

Менің өрекпіп соққан жүрегім су сепкендей суынып барып, басыла қалды. Мырзасынан да, бәрінен де айнығандай, осы топ түгелімен бір түрлі нәжістің үлкен үймесіндей көрініп кетті. Кеше кеште маған тәп-тәуір демеу беріп, бұл мырзасы өзін де талай келіншекке ұрғызғанын айтқан осы «нөкер» – бұл үйменің қазақ ортасындағы ең сасық, адам қарамастай, нағыз жүзіқарасы болып байқалды. «Аузының дереу арт жағына орнай қалғандай құбылуын қарашы!» Жиіркеніштен тыжырынып, мұрным қисайып кеткендей болды өзіме. Бұрын өзіме бітіп көрмеген ерлік, батырлық дарығандай бола қалғаны байқалды. «Мұншалық пәлелі топтан бөлініп кетсем өлем бе екен!» дегендей егеспен тұра жөнелдім, ешкіні ұстап алдым да, жоғары жаққа жетектей әкеттім. Кішкене ешкі дедектеп, лағы маңырап артынан еріп келеді. Бұрын жоқ күш те біткендей болды өзіме, тартынғанына, төрт аяғын бірдей тіреп тас табандауына титтей де бөгелмедім. Ешкіні бір иеліс, ойық жардың шөптесін тұйығына таман апарып, ашық жағына отырып алдым, ешкі біраз маңырап тұрды да, жайыла бастады. Сонысына қуандым, жалғыз жайылып көрген жуас ешкі сияқты.

Менің бөлінісіп кеткенімді шешем көрген екен, Биғаділді жіберіпті. Бір лақты ешкіге екі қойшы қосылып жақсы жайылдық. Оның үстіне бұл жерде зорекер үкімет жоқ, өзімізді-өзіміз еркін сезіндік.

Біз жүрген жерге ертеңіне Тіндәй келді. Жүрегіміз зырылдай жөнеліп еді, ақыраңдамай, сынықтау келді. Мені анадай жерден шақырды да отыра қалды. Қасына мен барып тұра қалдым.

– Ей, сен отыршы! – деді, мен тұра бердім. Нақақ соттағанына қарай, оған артар айыбымды ойлап тұрдым, – сен ана қызбен қайтадан сөйлестің бе?

– Неге сөйлесем, ол ұрды ғой! Енді оның қасына бармаймын.

– Біздің қасымызға барасың ба?

– Сендер қудыңдар ғой!... Бармаймын!

– Неге?

– Барғым келмейді, қорқамын!

– Сен ана қызбен енді бір сөйлес! Менің сөзімді туралап айтып қой!

– Бір айттым, енді айтпаймын! Әкем мұндай іске араласпа деді, араласпаймын!

Ол үндемей, суық қарап қайтып кетті. Сол күннің кешінде бұл суық бізді бүре кеп түсті. Көже ішіп отырғанымызда Ілдай есіктен үңіліп қарай қалды да:

– Көшіңдер! – деп қолын бір-ақ сермеді! – Ертең басқа адам түсіремін бұл үйге!

Әкем далаға шығып сөйлеспек болып, орнынан атып тұра, басын төбеге тағы соғып алды. Әдеттегісінше оған кейімей төбесін сипайлай шықты.

– Мырза, бұл үйді Мақұлбек сұрап алдым деп бізді кіргізіп еді. «Мырзаларға мен айтқанмын, бір жылға дейін қуаламайды» деген. Сіз неге ашуландыңыз, соны айтшы!

– Жоқ, ит деген себеп айтып тұрмайды, бас салып жұлады, көш деген соң көш!

– Ойпыр-ау, кім айтты ит деп?

– Әнеу балаң, «ит пен Ілдайдан ғана қорқамын!» депті ғой. Көш енді көш деген соң! – Ілдай сөзді тыңдамайтындығын білдіре бұрқырап, қолын сермей-сермей жөнелді.

– «Ит пен бала бірдей» деген емес пе еді. Ей, мырза! Оны ересек біреуімізден естімей, баланың сөзімен жазаламақпысың! Бала мен бала болғаның ба?

Ілдай дуалдан шыға бере қатты ақырады:

– Кет бұл жерден, кет дегенде ит те кетеді!

Әкем қалшиып тұрып қалды. Шағын қара сақалы дір ете түсті де, үн қатпай қала берді. Сол орнында көп тұрды. Мен шешеме қарай бердім.

– Сен қозғалмай тамағыңды іше бер, – деп қойды шешем. Әкем қайта кіргенде өңі бұрынғы қалпында екен, еш нәрсе болмағандай бейғам қарап қойып отыра кетті.

– Сен оны кімге айтып едің?

– Тіндәйға, – дедім мен, – ол менің неден қорқатындығымды сұраған соң айтқам!

– Не деп айттың?

– Бір сұрағанда, «иттен» дедім: және сұрағанда сенің «ағаңнан» дедім: сонан соң «Ақтай, Санатпайдан» дедім, және «бір сарт қыздан қорықтым» дедім және бір дию сарт бар еді, оны ұмытып қалғанмын.

Әкем мен шешем күліп алды.

– Сен өзің қорқатыныңның бәрін осылай тізіп айта бер, – мұнан соң еңкілдеп күлді әкем, – қорықпай-ақ айта бер, алдымен иттен бастасаң болғаны! Қорқытатын адамдар ит болмаса, өзі қорқады, онда! О, тіліңнен, бал тамған қоңыр қозым! Оқасы жоқ, көш десе көше береміз! Кіндік кесіп, кір жуған жерімізден, туған елімізден айырылған соң, зорекердің Ілушінінде қимайтын неміз бар!

Бұл сөздегі менің айыра алмағаным «тіліңнен бал тамған қоңыр қозым» деуі болды. Бұл жолы менің тілімнен бал емес, у тамғанын енді түсіндім. Әкеме қалайша бал болып ұғылады?

Әкем дереу Мақұлбегіне кетіп еді, оның көшірмей алып қалу қолынан келмейтінін білген соң, тез қайтыпты. Алып келген ең жақсы хабары – ешкінің бізге басымен тигендігі болды. Ауруы ада-күде жазылғандықтан разы болып, сауынға берген лақты ешкісін бізден қайтарып алмайтын болыпты.

Енді Ергейтіге – Бигелді тұрған Смайыл хуйзудың қасына көштік. Көшу дегенім – Ілдәй енді қол бастап шығып, анықтап жазаламай, неғұрлым ұйқысынан оянбай тұрғанында кішкене қазанымыз бен жалғыз қабымызды көтере қашып, кетіп алу еді. Таң бозынан тұрдық та солай тартып бердік.

Құрметті «тергеушім», «ит үреді, керуен көшеді», біздің керуеніміз, түйе тізбегі емес, әрине түймедей-түймедей ауыздарын бақаша ашқан кішкене балалар тізбегі. Бұл керуенді де, бар жүкті көтеріп көш бастап келе жатқан әке шешемді де сорлатып, солай көштірген – менің қылмысым. Жан-денем түгелімен қылмыс болмаса, кішкене жүрегімнің шын қорқатын жәндіктерін шыншылдықпен айтар ма едім! Шынымызды айтамыз деп у шашып алып, ұрлана қашып шыға беру – Биғаділ екеумізге тура біткен қасиет болды. Ал әке-шешеміз бұл қасиетімізден қаншалық сорланып келе жатса да «тіліңнен бал тамған қоңыр қозым» деп сүйеді, «осыныңнан танба, қорықпай айта бер!» дейді тағы да. Біздің тілімізден желкесіне у тамып, өзі жауыр болып келе жатса да, олар уымызды бал деп есептеуден айнымайды. Қылмыстың қайдан туып, қалай асқынып келе жатқанымен ісі де жоқ, соған жігерлендіреді бізді, біз қайткенде қылмыстан тазарамыз!

V

Смайыл, Смазы дейтін ағайынды екі хұйзу орта Ергейтідегі шағын ғана бір қожаның иесі екен. Олар егіндік жері мол, мал жағы шағын, бір-екі ғана кісі жалдай алатын күйлері бар байшыкеш көрінді. «Бай» деп атауға бара алмайтын себебіміз – олардың өзі, иә, ер жетіп қалған балалары егін жұмысына араласып істей жүреді екен де, тамақты да жалшыларымен бірге ішеді екен. Ерекше «қоршаулы жәннат» пен ерекше қожалық құқық жүргізу мен мұндалап көріне қоймады. Әсіресе Смайылдың өзі, жиылмай жатқан құйрығын басып кетсең де «ың..і..ы» деп қана қоятындай кең мінезді адам екендігі маңайына паналаған қоңсыларының көптігінен көрінді. Оның қора-жайының маңайында саялы терек көп болғанымен, өзі сая бола білген тәрізді. Қақпасының алды-арты толған жер үй, өзінің күн шығыс жақ қатарына іргелестіре салған кедей қолды дуал үйлер де көп көрінді. Үйеңкі, теректері алаң-ашықта. Бүкіл қоржа малы түс кезінде соның ішінде жатады екен. Бұл жәйт оның кең қолтықтығына қосымша салдыр-салақтығын да байқатады.

Көшіп барысымызбен қожайын қақпасының алдыңғы жағындағы көне жер үйдің бос біреуі бізге тиді. Бигелді күні бұрын айтып, дайындап қойған екен. Қоңсыларының көптігіне қарап шешем Смайылдың бұл жайын жақсы бағалағандай болды: «саясына ит жатпайтын бай емес көрінеді».

Қоржаның батыс жағы Смайылдың Смазы дейтін інісіне тиісті екен. Оның қора-жайы да, дуал ішіндегі теректері де биіктеу, әрі мынадай кедей үйлері ол жаққа көп салынбапты. Шешем сол жақтан қана секем алғандай, «кесел-қырсық осы жақтан келмесе, кең жер екен» деп күбірледі.

Жер үйге салған мия төсенішімізде кеңірек, үңгір болса да ауыз үйлі, аспаны да тыныстырақ көрінді. Әке-шешеміз бұл үйді жөндеп алу, жақсырақ тұрмыс жасап алу туралы кең жоспарлар айтысып, құрлау болса да сүт қосқан шайын масайрап отырып тартысатын болды. Бигелдінің жылдық жалақысы – қожа егінмен бірге екі ағаш борми (жүгері) егіп алу екен. Мұны өздері «дайжың»1 деп атайды. Екі ағаш борми «дайжыңға» қосып бір серкеш, жалшының өзіне сәлде боздан көйлек–штан, екі шақайлық сиыр терісі, жарты шай бермек болыпты. Ең жақсысы, тамаққа жуыр маңда тоя қоймайтын, нардай Бигелдінің тоқтығы болды.

Диірменге тартылған борми талқанына ол еркін екен. Бұл молдықты Бигелдіге бір рет, әкеме бір рет еріп барып мен де көрдім. Смайылдың әдеміше ғана кең сәкілі үйінде шай ішуі өте көңілді көрінді. Талқанды үлкен табаққа, арбаға сабан тиегендей, үйе басып әкеліп, дөңгелегі аласа үстелге қояды екен де, қожасы мен қонағы, ұлы мен малайы қоралай отырып соғады екен. Шынысына басушылардың көптігінен табақ ойсырап қалса, кілеті қарсы үй, Бигелді барып басып әкеле салады. Әрқандай жұмысқа өз күшін жанқиярлықпен арнайтын Бигелдінің жомарттығын да, оның шеңгеліндей үлкен шеңгелді де өзім жүрген жерден көрмеген маған, оның сол мол қолдығына (бір қарап та қоймай шыдап отырған) мына қожайынды да «дүниеде жоқтай» көрінді. Қып-қызыл күрең жүзі мен қысыңқы көзі күлімсіреген бойы, сирек қана қара сақал-мұртына тиген ақсары талқанды сүрте салмай нақ қарапайым қазақы тілде әңгімелесе отырып, шынысындағы шайға кеулеп жейді. Қонақтарының көңілі үшін ғана жегені болар деп ойласам, олай емес, осыншалық көп талқанды үңірейте обатындардың негізгі бірі – өзі екен. Оның тапалтақ қана шаршы денесі мен томпиып тұратын қарны талқанды нығарлап толтырған қап сияқты, қап болғанда да қазақтың қой жүнінен тоқылған шаршы-төртбақ қабы. «Бұлар бір шайда бір пұт талқан жесе, бір жылға неше пұт талқан жетер?» деп есептеп көрейін десем, шығара алатын емеспін, сан жетпес пұт талқан дей салдым. «Ал мұның өзі қалайша дүнген болып аталған екен?» деп іздеп, қазақтан оның айырмасын қызыл бұрышты көп жейтіндігінен ғана тапқандай болдым. Өз алдында ғана бір тостаған қызыл бұрыш үгіндісі тұрады. Талқанды ол қызыл бұрыш қосып, қызыл бояудай етіп жейді екен. Сондықтан болу керек, оның қызыл болса да жазықсыз көзінен жасы шығып, жараның аузы немесе жарып қойған қызыл бұрыш сияқты жыртиыңқырап тұрады.

Балбикенің бұрынғы қып-қызыл, жас күйеуін тастап, бәйбішесі өлген кексе қызылды осы мол талқаны үшін тапқандығы белгілі еді. Ашаршылықта азып-тозып жүрген бізге оның бұл қылмысы кейінгі күйеуінің кең пейілдігімен жабылып, өзі жазықсыз болып көрінді.

Сұңғақ бойлы, ақ сұры Балбике ер жүректі, суырылып тұрған шешен, айтып салатын ащы-шыншыл, күлкілі-сықақшыл әйел еді. Смайылмен некеленіп алғанымен әлі де қайындарынан жасырынып, үйінен шықпай жүреді екен. Біздің үйге бір іңірде келіп амандасты. Шешем бұл қайын сіңілсімен қатты қалжыңдасады.

– Ей, қаншық, – деді ол амандаса салысымен, – Төраханды тастағандағы тапқаның осы шалдың түрмесі ме?!

Әпкеміз ірі күміс теңгелер соғылысқандай ашық күлкісімен ақтарыла күлді:

– Е, қазіргі күнде жүйрік пен жорғадан жұп-жұмсақ талқан қабы сүйікті емес пе. Сендерге нықталған бір қап талқан тауып қойғаныма жазғырамысың!

Екеуі қатар күлісіп алды да, күлкінің астынан шыққан жылаудың көз жастарын сүртісті.

– Некелі болып алған соң енді неден қорқып жасырынасың?

– Бұл «талқанның» ірі тастай інілері бар, тісімді шағар деп солардан қорқамын. «Қаңғыған қара кедейдің қызын алдың» деп бәрі жауласып жүр. Ағасына жай ғана өкпелі қабақ көрсеткенімен, маған жарып салатын пышақ көрсетеді...

Смайылдың Смазыдан басқа үш інісі бар екен де, ол үшеуі үш қоржаның иесі екен. Бұл екеуінен жер-сулары айырым болса да, олар үлкен ағасының қазақтан қоңсыны көп қондырғанына, қазақ болып кеткеніне, әсіресе «қаңғыған қара кедейге үйленгеніне» қатты наразы екен. Бұл ашуларын екінші ағасы – Смазыға құйып, оны уландырып қойған көрінеді. Ал Смазы өзі қазақтан үйленген болса да, қазақты көбейтіп, «орта қоржаны қазақ қоржасына айналдырып қойдың» деп Смайылмен өштеседі екен. «Енді босқын қазаққа күйеу болып, оларды одан әрі қаптатып болды» деп ісіп-кеуіп алыпты. Бұл уақта інілерінің уы құйылған соң Смазы жарылып, атылып кете жаздап жүрген көрінеді. «Балбике аманында кетсін, әйтпесе, жарып тастап айырамын!» деп кісі салыпты. Смайыл оны естіп, мырс-мырс күліпті де, Балбикеге қазірше үйден шықпауды, өзі жоқта кілетке кіріп бекініп, жата тұруды айтыпты. Содан қорқып үйден де шыға алмай, шешесі Әспет пен Болтай бауырын да көшіртіп ала алмай жүргенін айтты Балбике. Бұл сырдан шешем қауіптеніп қалды:

– Олай болса біздің көшіп келуіміз және ушықтырады деші!

– Жоқ, сендердің жөндерің басқа... Сендер Бигелдіні паналап келдіңдер, Бигелді бұлардың құдайдан сұрап таба алмай жүрген өгізі. Биылғы ерекше көп салынған егіннің тағдыры Бигелдінің білегінде, сендерге тиісе алмайды! – Балбике осына айтты да, көзін тағы бір сүртіп алып, сол мақтаулы бауырының қорғауында үйіне қайтып кетті.

– Дүнген өте жайыл болады деуші еді, сақтан! – деп қалды шешем.

Бигелдінің мүйіздей болып кеткен күсті қолының абыройымен жалшылық мәртебе кешікпей бізге де қонды. Шешем Смайылдың сауыншысы болып «сайланды да», Биғазы күндіз егін қоритын, қарға қуушы болып «тағайындалды». Биғаділ екеуміздің алдымызға бұзау мен қозы, лақ түсіп, «бағынды». Ергейті өзеншесінің бір иіні біздің есіктің алдында ғана, әлгі «бағындынымызды» соған қуалап түсіріп жібереміз де, мия жұламыз. Әкеміздің айтуынша «қыста отын болады». Мия қалың екен, ағайынды екеуміз бұл жұмысқа зор ынтамен кірістік. Қыстың отынынан да үлкен бір арман бізді құлшындыра түсті: «жұлып жайған миямыздың кепкенін көтеріп әкеле береміз, әкеле береміз, есік алдына дуалша биіктетіп жия береміз. Ол егін пысқанша биіктеп, көлеңке түсіретін биік дуал болады. Сол көлеңкеге рақаттанып отырып аламыз да, ыстық шайға бөріткен талқан жейміз. Адам аз жегенге тоя ма, көп жеу үшін көп отыру керек. Көлеңке кең болмаса, көп отыра алмайсың. Қарның қазандай болып, икемге келмей қалғанда қисая кетесің. Сонда мия көлеңкесінде соққан салқын самал ыстық қаныңды қалай сипағанын сезіп жатсаң, шіркін! Екеумізді құлшындырған осындай «зор» арман еді. Арман қинап ащы теріңді ағызады, бірақ, сол ащы азапты арманның өзі тәтті сездіреді. Нар көтере алмайтын ауырыңды арман көтереді. «Сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл ғой», арманға бөккен сергелдең – анық сейіл. Шибиген кішкене қолдарымызды мия қанша ашытқанымен, жарылған аяқтарымызды шөгір қанша сойғылағанымен есептеспей, жұла бердік мияны. «Мал келе жатыр, бұзау мен лақты қуыңдар бері!» деп біреу айқайлап тұрғанда да, қураған миямызды арқалап қуанамыз. Арманымыз есімізге түсе қалып, кеш болып бара жатса да қайта кетеміз. «Үй, сендер осынша неден бейнетқор болып кеттіңдер, ара–тұра істесеңдер де болмай ма!» деп шешеміздің жаны ашиды бізге. Бірақ, қылмыскер арманымызды айтпай, жауапсыз жүре береміз.

Бір күні Қуандық ағамыз көшіп келе қалды. Көрмегелі көп жыл болған абысыны – Қайнышты шешем құшақтап алып ұзақ жыласты. Екеуі аман көріскен қуаныштарын айтысса, жылау болмас еді. Қадірлі мекені мен қайран елін, қадірлес аға-бауыр, туыс-туғандарды сағынғандықтарын айтып зарласқанда, еңкілдеп екінің еркектері де жыласып берді, туған жері мен туысқан елінің қадірін бұл жаққа келген соң ғана толық ұққан сияқты. Өздерінің де қаншалық жақын туыс екендіктері енді толық білініпті. Бұрынғы әл-ауқат, тұрмыс айырмашылығы бар кезде де Қайныш шешемнің ең жақсы көретін абысыны еді. Енді мүлде қабысып-жабысып қалысты. Құшақтарымен қатты сағыныштарын білдіріп, қосқан үндерімен шағымдарын айтысты.

Қайныш менің бетімнен сүйіп, бұл жаққа өткен соң туылған жалғыз ұлын көрсетті.

– Ініңді көрші! Міне, дәл саған ұқсайды, аты Зейнолла, – деп оның бетін тосып маған сүйгізді.

Қайныштың жарқын мінезі де, жалынды сөзі де шарайнадай үлкен, дөңгелек көздері де, ат жақтылау, аппақ жүзі де бұрынғы аса келісті шырайын кемітпей сақтапты. Азапты босқын тұрмыспен тоқтамай шетіней беретін бала күйігі қабағына кір түсіре алмапты. Ақ маңдайында әжім ізі әлі жоқ екен. Бұл қуат – өзінің ерімен болған аса тату махаббат қуаты сияқты. Бірі түрмеленгенде, бірі төбе тесіп, құтқарып, енді бірі қамалғанда бірі есік-терезе бұзып құтқара жүріп, Ақтай, Санатпайлардан төртінші кезекте әрең қашып құтылыпты. Ерлі-зайыпты екі адамға ілуде бір тепе-тең бітетін ерлік пен сүйіспеншіліктің үлгісі еді бұл екеуі.

Сөйтіпе біздің жер үйдің батыс жақ қатарына бұл екеуінің киіз күркесі қалқия қалды да, Балпаңның ауылы Ергейтінің жағасына келіп қонғандай шұрқырастық. Қуандық бұл қоржаға күнкөріс, кәсіп іздеп емес, бізді іздеп келіпті: аз күн болса да бізбен бірге отырып, кішкене Зейнолласын көрсетіп, туысқаншылап қайту ниетімен Емілдегі қайын жұрттан келіпті. Жалшылыққа түспей-ақ, білезік-жүзік, киім-кешек сатып, аз уақыт жан сақтарлық қаражат тауып алғандықтарын айтты.

Ерлі-зайыпты екеуі қай-қашанда, қай жерде отырғанда да тізерлесіп, иықтарын бір-біріне тіресе отыратын. Жаңа туған нәрестесін солай отырып кезекпен сүйіп, шетінегенде де солай отырып үнсіз жыласатын. Мына кішкентай күркеде де солай отырып жүрді. Екеуінің де сұлу жүздері күлімсіреп, Зейнолласын тағы да кезекпен сүйіседі екен.

Күрке тігілгеннің үшінші күні түс уақытында бұл екеуі әдеттерінше солай отыр еді. Биғаділ екеуміз шақшырайған тымырсық ыстыққа шыдамай, жер үйге кіріп жата кеттік. Далада шай қайнатып жүрген шешем асыға кіріп, ұйықтап жатқан әкемді оятты:

– Смазы осылай жүгіріп келеді, Жәке. Бір қолында ұзын пышағы, бір қолында күрегі бар, түсі тым суық!... – Соны айтып болғанша даладан қатты айғай шықты. Көзін уқалай салып жүгіріп шыққан әкем шығыс жақ далаға қарай шыбын–шіркей қаша жөнелді. Биғаділ екеуміз де артынан ере қаштық. Әкем күрке жаққа қарай салып қашқан еді, біз қарамай-ақ қаша бердік, әкеміз қорыққан құбыжыққа қарау мүмкін еместей сезіліп қаштық. Әкеміз үріккен түйеше одырайып, артына қарай қалған кезде, біз де тоқтап қарадық. Ұп-ұзын қара сұры Смазының екі қолын қоса, сыртынан қапсыра құшақтап Қуандық ағамыз тұр да, құрықтай мойнын соза бұлқынып Смазы тұр. Серпіліп шыға алмай қалш-қалш етеді ол, құтырған адамдай көзі шақырайып, қызарып, шағын мұрты тік тұрып, асқан жыртқыш аңның бейнесін елестетті. Әйтеуір үлкен пышақ жарқылдап тұрған қолын Қуандық мықтап ұстаған көрінеді. Күркенің бір жақ босағасындағы уық күрт сыныпты. Ұзын сапты бір темір күрек сынған уықтың үстінде жатыр. Қайныш Зейнолласын бауырына басып дірілдеп тұр. Үлкен көзі Смазыға төнулі.

Қайныш пен шешемнің қысқа-қысқа сөзбен қатты жазғыруларына қарағанда: күркенің бір жақ босағасын күйреткен күрек Қайныштың Зейнолланы қорғаған білегіне тиіпті.

Қуандықтың қатты қысуынан Смазы дем ала алмай қалды білем, пышағы жерге түсіп кетті, тыпыр ете алмай серейіп тұр. Пышақ түсісімен ұзын Смазыны баладай көтеріп алған Қуандық жерге төбесін жанша ұрып жіберуге бір икемделді де, ауашарақ апарып, аяғынан тік тұрғыза салды. Екеуінде де үн жоқ. Қуандық оның иығынан ғана келіп, төне қарап тұрды да, Смазы мойнын шөлдеген түйеше созып Қуандықтан қиыс, өзен жаққа қарап тұр.

Бұлардан елу метрдей алыста тыпыр етпей үрке қарап, әкелі–балалы үшеуміз тұрдық, әкеміз қозғалып, Смазыға қарай жүрсе, біз де жүрмек едік. Бірақ, әкем жазықты адамша тұнжыраған бойы үнсіз тұр. Әр жерде өзді–өз үйлерінің алдында қарап тұрған көршілер де үнсіз. Ауа да демін ішіне тартып тұншығып тұр. Аспан «құтырғандай» жалғыз көзін шақшитып төне қарайды бізге, ес-түссіз қаһарымен қуырып барады.

– Ей, Смазы, – деді шешем жер үйінің сыртына таман шығып, – бет көріскенің осы еді, адамша келіп сәлемдестің ау! Күректей тісіңмен жалғыз нәрестесін жарып кете жаздадың! «Жаманның күші жапалаққа жетеді», қаңғыған кедей болса да бұларды да адам деп білсең бұлай етпейтін едің! «Көп – таразы, көңіл – қазы», көпшілік көріп тұр ғой, құдай да көрер бұл жақсылығыңды!

– «Қабаннан пана іздеген қанға малынады», – деп Қайныш жылап жіберді, – бірақ біз сенен пана іздеп келгеніміз жоқ. Мына қарап тұрған ел де саған емес, Смайыл бар деп келген екен, сенің көлеңкеңе ит жатсын.

Қуандық қайырылып келіп, пышақты жерден алды да, Смазының өзіне ұстата қойды:

– Нәрестенің жазығы жоқ, мә, мынауыңмен мені жар! Ағаңа қарындасымды берген мен ғой... Апаныңды үй етіп отырған анау Күмісжан да менің қарындасым, солардың кегі үшін мені жар!

Смазы пышағын қынына салды да үнсіз жүре берді. Адым тастауының ақырындығы қараушыларға ашуынан айырылғандығын байқатты да, қақшиған басын төмен сала кетуі – ұяттың тұқыртуы болып көрінді.

Смазының беті үйіне қарай бұрылған соң әкем де, біз де қайтып келдік,

– Құдайыңның сақтағаны-ай! – деп шешем тергей қарады әкеме, – аман-есен қайттың ба?! Сонша қашатындай не көрінді!

– Тергеуіңе «ынжық, қорқақ» деген сөзді қоса көрме, бәйбіше, қаңғып жүрміз ғой, батырлығым елімде қалған! «Пәледен машайық қашады», оның пышағынан жараланып қалсаң да пәле, қорғанамын деп қол тигізіп алсаң да пәле! Қуандықтың қол тигізбей пышағын өз қолына беріп қайтарғаны қандай жақсы болды! Бұрынғы өжеттігімен бір шапалақ салып жіберер ме екен деп, жүрегім қабынан шығып кете жаздады!

Ашумен аулығып тұрған Қуандық мырс ете түсті.

– «Қараған өз жерінде дүрілдейді», Жәкең өз жерінде болса, Смазыны қасқырша тұмылдырықтап алып, ел аралатып жүрер еді, қазір! Әттегене! Енді құдай басқа салған соң, жуас болуға жетпейді. Осы пәлеге бүгін Жәкең қалады ғой деп қорқып едім, қашқан қашысына сүйсініп тұрдым!

Әкемнің жаңағы тайраңдай жөнелгені көз алдына келген болса керек, назалы келіні де күліп жіберді.

Құрметті «тергеушім», «ұрының арты қуыс», қылмыстының белгісі – қылт еткен көлеңкеден қорқу ғой. «Қағаз жолбарыс» қалтырамай жүрген бе! Әкелі-балалы үшеуміздің дүркірей қашып шығып, қалтырап тұра қалғанымызды осы қоржадағы бар адам көріпті. Үшеуміздің тұрған тұрысымызға күлісіпті. Мұншалық қылмысты халге түсуімізге қарап мүсіркепті де. Өзімізді-өзіміз әшкерелеп тұрыппыз. Бұл қылмысымызды жабуға етегіміз де жоқ еді, әкем жалаң бас, көйлек-дамбалшаң ғана қашып «құтылған» болатын.

VI

Қуандық сол уақиғадан соң мұнда тұра алмай қайта көшіп кетті. Тірі адамша тік тұрып, теңдік тұрғысында байланыс жасауды талап ететін адам қоржа иелеріне, әрине, тікендей көрінеді. Смазының жолымызға өспек болған «тікен» деп қарап, тамырын жаймай тұрғанда жұлып тастау ыңғайында жүргенін біліп көшті. Оңай көшсе де кетерінде оңдырмай айтып көшті.

– «Егер иесіз екен деп Балбикеге қастық ететін болсаң, қашанда қаныңды төкпей қоймаймын!» – деп үйіне кіріп бетпе-бет ескертіп кетті. Балбике содан соң ғана далаға шығатын болды.

Жуас малай – жөндеуге оңай, Құдай берген өлік қазына ғой, Смазы ұрмақшы, жармақшы болған екі ботасын ерте қашқан әкем сол қылығымен оларды сүйіндірген көрінеді. Қоржадан қуғаны сол, Смазы шақырып алып әйелінің ауруын қаратты. Сөйтіп, біздің үйдегі жеті жанның Биғайшадан басқасына түгел жұмыс табылды. Жалақы табылмаса да, жалшылықтың табылуына қуанды. Тым болмағанда осы қоржаның тізімінде бар екендігімізді көрсетеді ғой. Бигелдіден басқамыз кандидат малай болып істей бердік. Тіпті жұмысы ең көп Биғазының да бір сәті түскені болмаса қожайын үйінен тамақтану тоқтамы жоқ. Егінге келген малды «қуа салатын», қарғаны «үркіте» салатын ермек ретінде жай ғана қолғабыс сипатында қалды. Ал, шешем сиырларын сауып бере салады, оның «боғын таптап» бере салады. Сонан соң ыңғай өз үйінің жұмысын істейді. Өз үйіне терген боқты таптайды. Сондықтан, ол ақы мен тамақ талап ете алмайды. Биғаділ екеуміз кезеген лақ-қозы, бұзауларды қайыра саламыз. Көк майсаға «түсіре салып», кешке дейін «қайыра салып» жүреміз де, ыңғай мия жұлып кәсіп қыламыз. Сондықтан, кішкентай бізге де ақы мен тамақ талап ету «ұят» еді.

Рақымы бар, кең мінезді қожайынның желкемізге мінуі де осындай епті болды. Жаңа үйреткен тайларын қалай болса солай қарғып міне сала қамшылап, шошытпай мойнынан, құлағының түбінен сонан соң шоқтығынан, арқасынан қаси келіп, аяғын ақырын ғана артып үстіне қона қоятын әдіс қолданды. Жақындық байланысты пайдаланып қанау әдісі осындай өте сұм болатын. «Пәлен ете сал», «сүйте сал», «бүйте салдың» ауызға жеңіл, қолға ауыр жұмысы таусылмайды. Ал, тамақтандыруға, ақысын өтеуге келгенде көрмеске, білмеске салынып, қақасқа қалдыра береді. Бәріміз соның жұмысын істеп жүргенімізде де үйімізге бір табақ талқан жібертіп беруді білмей-ақ қойды ол. Тамаққа сол жарымаған күйімізде жүре бердік.

«Қайыра сал» әдісін қолданып, құлағымыздың түбін қаси келе шоқтығымызға қона түскенін Биғаділ екеуміз білмей де қалдық: егін пыса мал қаптауы көбейіп кетіп, егіннің ол шеті мен бұл шетіне жүгіріп жүретін Биғазы ада-күде таусылып қайтты бір кеште. Ақсаңдай келіп, қақпа алдында Смайылға сыбырлап тұрды. Үні бітіп қалған екен. Смайыл біздің есіктің алдына әкемнің қасына келіп, Биғаділ екеумізге кезек қарады. Сиыр бағып жүрген шалды Биғазыға қосып бермесе, үлгіре алмағандығын айтып мені нұсқады.

– Орнықты көрінеді, мынаны жуас өгізге мінгізіп сиырға қосайық, қайтар уақытта айдап қайтып тұрсын! – деді, – лақ пен бұзауға Биғаділің бапандай.

– Ондай бапандайлықтары болса барсын, – деп қуанды әкем.

– Биғаділ екеуміз мия көлеңкесі туралы арманымыздың орындалмай қалатынына да қынжылсақ та қыңқ етпей көне кеттік. Ертеңіне таңертең мен сиыршы болып аттандым да, Биғаділ бұзаушы, қозы-лақшы болып қала берді.

Жуан тарғыл өгіздің жалпақ сауырына мені қондыра салған әкем, сиырмен қосып айдап шығарып жіберді. Өгізге мінуім қуаныш болғанымен, қалың шидің арасында қасқыр қорқынышы бар еді. Сиырға қасқыр тиісе алмайтынын айтты да, осы өгізден түсіп қалмасаң болғаны, қорықпа!» деп қала берді. Қасқырдың «тілі» тұрмақ, «ойын» білетін әкеме бас изей салдым.

Жаңа кәсіппен бірге жаңа ой түскендей тарғыл өгіз екеуміз де теңселумен болдық. Өгіз әр түп шиеге асықпай «бойлана» келіп бір тоқтайды. Оның қияқты жұлған жұлысына мен сүйсінемін. Ол күрт-күрт шайнағанда мен тамсанамын да, ол жұтқанда мен жұтынамын. «Мен де осындай шөп жейтін болып туылсамшы, түсе салып мен де жайылар едім-ау!» деп қоямын. «Бұлардікі рақат қой, ауыздары қалай толады, қарындарын қарашы! Осы тоқтығы ғой, үстінде адам отырғанын да сезбейді Бала деп менсінбей ме, иә сезбей ме! Мен тебініп көрдім, ол жүріп кетті. «Тыр... ыр» дедім, тоқтай қалды. «Біледі екен! Тіпті бағынады екен!» Кісі болған деген осы, екі мықынымды тіретіп, масайрай қалдым. «Бұл бір ақылды өгіз екен, еркімен жайыла берсін, тиіспейінші!» деп ләм тіл қатпай отыра бердім, тіпті салмағымды қатты түсірмеуге, құйымшақ сүйегімді арқасына батырмауға тырысып, көтеріле отырдым! «Мен тамақ жегенде үстіме біреу отырып алса жақсы ма» дегендей жаным ашиды. Бірақ лаж жоқ, түссем қайта міне алмаймын, қасқыр жейді, иә, жылан шағады.

Ашық күннің ыстық аңызағы етімді қарып, қанша кептіргенімен алғашқы күндері сергек қайтып жүрдім. Ергейтінің бізден төменгі жағасы шалғынды-қияқты екен. Кейбір кексе сиырдың егін жаққа тұмсығын көтеріп қоятыны болмаса, қашу ниеті жоқ сияқты. Қызыл көзді жуан қоңыр бұқасы болмаса, қабақ шытқан біреуі де жоқ. Менің қаупімді білетіндей өгізім де «мені қорғап» оған жақын апармайды. Әйтпесе, бұқа иттің қабағынан қан жауып жүр, бір ашылмайды, несін алғанымды білмеймін, Смазының бұқасы дейді өзін. «Ит иесіне тартады ғой», сондықтан ол қарағанда мен де қараймын. Бұл жайымызды біліп, өгізім екінші шетке әкетеді мені. «Тегі қасқыр келсе де осылай қорғамақ қой, алтын жүректі айналайыным!» Кіші дәреттен қысылғанда да қабырғасына жібере саласың. Жақтырмағанын білдіріп пыс етеді де қояды. «Қысылып кеттім» дейсің ақырын ғана кешірім сұрап. Ол райын бұзбайды, «біреудің қарғадай баласы ғой, қайтсін енді» деп кешіретін сияқты.

Сөйтіп бір-екі күн мен тарғыл өгізге толық сеніп разы болып қайтып жүрдім де, Балбике мен әке-шешем маған сеніп, разы болып жүрді. Асығым алшысынан түскендей, абыройға ие болып қалдым, Балбике кейде менің бешпетімнің жан қалтасына талқан, кейде тіпті нан да салып жіберетін болды. «Зеріккенде же, ұйықтап қалма!» дейді. «Қарның ашқанда» деп бір де айтпайды.

Мен бар күшімді ұйықтап қалмауға салып жүрдім. Қалғысам – таудай өгізден құлап өлетіндей көремін. Алғашқы күні өгізге мінгеніме қуансам, енді зәрезеп болып әрең мінетін болдым. «Жаяу бағайын дегеніме ешқайсысы көнбеді. Өгіздің үстінде кешке дейін қақшиып отырудан қасқыр да қорқынышсыз сияқты сезілді. Түнде ұйқыдан ояна қалғанда тарғыл өгіздің арқасы есіме түсе қалса, өне бойым сырқырайды. Бұл қайғыны алдымен басым емес, жүрегім емес, құйрығым «ойлайды» да, таң атқан соң тарғыл өгіздің арқасында азап бар екенін бүкіл денеме хабарлап, зар қағады. Сонан соң белімнен бастап бебеулейді.

Бесінші күні түстен кейін әбден қалжырадым. Еңкейіп отыру, сонан соң шалқайып отырып, бел талғанша қайта еңкейіп екі қолға тіреніп отыру, өгіздің қабырғасына тірене, омыртқасына тірену, жеңілдік медет бере алмады. Қалғып кетіп, неше рет ауып түсе жаздадым. Қаншалық уқалағаныммен көзім ашылар емес. «Ұйықтағанда ауып түсіп өлгенше ұйықтамай түсіп алайын!» дедім де, бір дөңге таман қақпалап әкеліп, сырғанап түстім. Онан кейін не істегенімді білмей қалдым.

Көзімді ашып алсам, орнында күн жоқ, сонау батысқа «жетіп», ұясына «кіріп» барады екен. Сиырлары да жоқ! Тыжырынып қалып, қыңқ ете түстім де тұра жөнелдім. Әр дөңеске шығып бір қараймын. Безек қағып қоржаның шығыс жағындағы диірмен тоғанның көпіріне шыға келсем, сиырларды сол көпірден айдап өткізіп, Биғазы қуып барады екен. Қоржаның шетіне ілініпті. «Егінге түспесе Биғазы қуып келер ме!», жан алқым жүгіріп, сиырдың артына жете бергенімде, Балбике шыға келді. Егінге түсіріп алғанымды білген екен, ұрыса жөнелді маған.

Әпкем айтқан «көк түйнектің» қайсысын тізе берейін, әйтеуір оның Бигелдіден басқаңның бәрін боқташақ, боқ қапсырыңдар!» дегені ғана есіме қатты орнапты. Мен тұқырған бойы үйіме қайта бердім. «Боқ қабыл болатындай менің оның үйіне күнде барып ығыр еткен жоқ едім ғой!» Талқанынан бір-екі рет жан қалтама салып берген өзі, қарным ашатынын айтқаным да, талқан сұрағаным да жоқ!» деп булықсам да бүлк етпей, қараңғы бұрышқа барып отырып алдым. Ырғаққа қондырған құсша төрт-бес күн қиналып тапқан абыройымнан әп-сәтте-ақ айырылып қайтқаныма өкіне де қойғаным жоқ, мені жерге тартып бара жатқан «боқ қабы» аталуым болды.

– Сиырын енді бақпаймын! – дедім жалғыз-ақ. Шешем мақұлдай салды:

– Бәріміз малай болғанда бергені белгілі, баққың келмесе бармай-ақ қой! «Жұдырықтай бала қоралы сиырды қайтып бағады» деп мен де талай айтқанмын.

– Өгізден құлап түстің бе, өзің түстің бе? – деп әкем бетіме үңіле қарады.

– Өзім... қиналып кеттім!

– Ие, ендеше жігіт болғаның осы, боқ қабы емессің! Өгіздің үстінде ұйықтап, қапша ауып түссең, сонда боқ қабына сәл ұқсайтын едің...

Мен азаптан енді құтылдым да, Биғаділден жұлынған мия жайын сұрадым. Биғаділ тезек теру, таптама жию тақырыбында сөйлеп кетті. Мия қурап басылған соң көлеңке түсірмей, кішкентай болып қалады екен. Ол таптаманы қалай тізіп, үлкен көлеңке жасау жоспарын жақсы ұқтырды. «Күзде көлеңкесінде отырып талқан жесек, қыста қалаға апарып сатқызып, көки, тоқаш алдырып жейміз, киіз де аламыз, міне, бұл – табылған ақыл!»

Балбике тәтемізге «боқ қабы деген міне!» дегендей-ақ таңертеңінде екеуміз екі жаман қапты арқаға сала шықтық та, қозы-лақтары мен бұзауларын боқ қабымен үркітіп, айдай жөнелдік.

Біз боқ талғамаймыз, адамдікі мен иттікінен басқасының бәрі – құрғағы болсын, жасы болсын – біздің қабымызға түсе береді. Жерден ойылған «қазан қырманымыз» толған соң, су тасып құйып, түсе қаламыз да аяқпен айдап еземіз. Шешеміз тапалай береді. Күннен де ыстық арман күнге күйгеніңді білдіре ме, ұйқыдан басқа уақыттың бәрін осыған арнадық. Шешеміз бізді аяп, таңертең ерте оятпайды да, өзі кетеді. Смайылдың сиырларын қашан сауып, қай уақытта кетіп қалатынын білмейміз де, әйтеуір біз оянып далаға шықсақ, үйіліп қалған боқты көреміз. Шешеміз сонда да, көбінесе, Ергейті суының ар жағынан көрінеді. Оның арманы біздің арманымыздан әлдеқайда зор сияқты.

Борми дән алғанын естіген соң біз шешемізге жете істеуге тырысып көрдік. Ерте оянуға кірістік. Елең-алаңда өзен суын кешпесек те, бері жақтан термек болдық, төменгі түбекте бір бай хұйзудың биебауы бар еді. Сондағы жылқы тезегінен шайға дейін бір-екі рет әкеліп жүрдік. Биғаділ мені оятпай кетіп қалыпты, бір күні. Тұра салып боқ қабымды көтере жеүгірдім... Күн шықпапты, шешем ар жақтан өтіп келеді екен.

– Биғаділ қайда?!

– Мен тұрғанда жоқ еді, әлі келмеген бе?! – деп сұрады.

Мен биебауға қарай тарттым. Шешем қабын бергі жағаға қоя салып, менімен бірге жүгірді. Қауіптене қалған екен. Біз түбектің қабағына келіп қарасақ, Биғаділ көрінбейді. Боқ қабы желі басында жатыр. Аң-таң болып тұрғанымызда, еңіреген бір үн естілгендей болды.

– А...па...ау! – деді бір кезде Биғаділдің үні!

Шешем қосқа қарай жөнелді. Мен де жүгірдім. Қостың босағасындағы қазықта қол-аяғы бірдей таңылып Биғаділ жатыр. Қостағы екі жылқышы ұйқыда, бастарын бүркеп алыпты. Биғаділдің екі қолын артына қайырып байлап, аяғын қазыққа шаншып тастапты. Біз келген соң тулап, зарлай жөнелді. Қос иелері шешем оятқанда бастарын әрең көтерісті.

– Қарақтарым, мына бала не қылмыс өткізді?

Байлаушылар асықпай сөйлеп, қылмысын жариялап болғанша, шешем ұлын шешіп алып, талаурап кеткен қол-аяғын уқалай берді.

Биғаділ бұл қосқа түн ортасы ауа келген екен. Қымыз сабасының аузын шешіп, тегешке құя бергенде биешілер шап беріп ұстай алыпты да, байлап тастапты.

– Басқа нәрселеріңе тиісіп пе? – деп сұрады шешем, –қымыздарыңнан қанша ішіпті?

Қос иелері байлауын қатты байлағанымен басқа қылмыс таға алмай, өздері ұялыңқырап қалды. Биғаділ құйып алған қымызынан да бір ұрттай алмаған екен. Шешем ұрлыққа кірген ұлын кінәлап, ұрыса жетектеп қайтты. Бірақ, былай шыға бере көзінен де жас сорғалап үйге жеткенше жылаумен болды. Бұрын өз үйінің тамағына да рұқсатсыз қол сұқпайтын кішкентай ұлының енді ашыққан соң қорықпай түн ішінде жортуылға аттанып келіп, жат қоста бір шыны қымыз үшін байланып, қол-аяғын жия алмай қалуына қатты налыды.

Биғаділ екеуміз де бірі-бірімізге қарасып қойып, жылай ердік. Оның жіңішкеріп қылдай болған мойны мен бет сүйегі арса-арса арық жүзіне адам баласының жаны ашығандай еді. Жұбына жетіп тұрған сол әлсіз кішкене дене қарулы тоқ қолдарымен тым рақымсыз байланыпты! Аштықтан басқа бір-бірімізге тағар кінәміз жоқ сияқты. Биғаділ менің де арықтаған аш жүзіме жаутақтай қарап, шағынады. «Аштыққа сен сияқты мен неге шыдамадым?» дегендей, басын шайқап қойып жылады. Мен оның танымайтын жерде бас болып байланып жатқандағы «а..па...ау» деп шағынған мұңлы үнін қайта-қайта естігендей болып жылаймын, құлағымнан кетпейді ғой сол үн! (Тергеушім, қазір соған қырық неше жыл өтсе де, сол үн менің құлағыма әлі естіліп тұрады).

Ашаршылықтың тағы да шегімізге жетіп қалғанын Биғаділдің осы ұрлығын естіген Биғазы шешесіне бірдеме айтып мақұлдатып жатыр бір күні.

– Әкеме айтпай тұра тұрайық! – дегенін ғана естідім. Сонан соң Биғаділ екеуміздің қасымызға келіп отыра қалды. – Сендер ұрлық қылмаңдар, таяқ жеп қаласыңдар! Мұнан кейін... Ертеңнен бастап мен тойғызамын сендерді. Ұрлық қылмай-ақ өз еңбегіммен тойғызамын. Борми (жүгері) дәнденді. Көк борми тәтті болады екен?

Биғаділ екеуміз сол күннен бастап боқ қапты қуана көтердік. Бірақ шешеміз бізді ерте тұрып кетуден шектеп қойған. Таңертеңгі шайды ішкен соң ғана шығып, тезекті екінші рет көтеріп келгенімізде, түп үйімізде «той болып» жатқанын көрдік. Қазан толтырып қайнатқан көкбас борми екіден-үштен үлестіріліп жатыр екен, қарық бола қалдық. Ең тәттіні «талқан» деп қана түсініп қалған екеуміздің аузымызға «тәттінің тәттісінің ішіндегі ең тәттісі» енді түскендей болды. «Құдай біледі, жәннатта да бұдан тәтті жеміс бола қоймас!»

Мұның қалай келген жайын сұрауға әкеміздің мұршасы жеп болған соң әрең жетті:

– Жә, бұл қайдан келді? – деді Биғазыға қарап, – өз бормиымыз ба?

– Байдың бормиы пісіп қалды... содан әкелдім.

– Ұрлап әкелдің бе? Көздерінше алдың ба?

– Көздерінше алса бере ме?

– Ұрлап әкелдім деші.

– Жоқ, ұрлық емес!... Ақы тұрмақ маған тамақ та бермейді ғой!... Табан ақы, маңдай терімді осылай қайтармасам бола ма!

– Амал жоқ! – деп мырс-мырс күлді әкем. Ішінен мұны ұрлыққа санамауды құптағаны байқалды.

– Қалай әкелдің?

– Бір қабат қабығын ғана қалдырып, беліме белдікпен оқша тізіп алдым. Бешпетімді жамылып аламын:

– Сөйтіп бұл «кәсіптен» көрінісі ұрлық, мазмұны ақы, – деген қорытынды шыққандай болды. Осылай етіп күніне екі рет тойып жүрдік. Он бір жастағы ағамыз Биғазы тілмар да, қу да болып өсіп қалып еді. Ұсталып қалса да жауабын ұялмай, толық қайтара алатынына әкемізді сендірді.

Бір күні «ұсталып қала жаздадым» деп күліп келді. Түс уақытында қайтып келе жатса Смайыл атпен егіні жаққа кетіп барады екен. Биғазы одан алысырақ өтпек болып қиыстай берсе, Смайыл атының басын солай қарай бұрыпты. Белді сірестіре тізілген боқ емес, жуан-жуан бас борми, қымырласа сықырлап, икемге келтірмей келеді екен. Енді қашқалақтаса сезіліп қалатынын біліп, қарсы жүріпті. Сүйтсе де оқтау жұтқандай кердиіп өте бергенінде: «тоқташы, ей!» деп Смайыл атынан түсуге ыңғайланыпты. Биғазы шеңгелдің арасымен екінші жағына өтіп алыпты. Смайыл артынан қарғып түсіп, жаяу қумақшы болған екен, Биғазы қақшиған бойы ыршып барып, тағы бір топ шеңгелге өтіп алыпты. Смайыл атына қайта міне қуып, ұстай алмаған соң, шеңгелді айнала жүріп тергепті:

– Сен менен сонша неге қашасың?

– Мені «балдыз» деп мыжғылап ойнамақсың! – Смайыл қарқылдап күліпті.

– Құдай біледі, тиіспеймін, тұра тұршы!

– Онда нең бар менде?!

– Беліңдегіңнің немене екенін көрейін!

– Қытықтамақсың ғой! – деп қаша беріпті Биғазы.

– Мен қуларды көп-ақ көріп едім, әй, сенен асқан қу шыға қоймас!

Смайыл күлгенде, Биғазы да күліп тұра қалыпты:

– Мен қу қожайынды да, зорекер қожайынды да көріп жүр едім, күліп тұрып жұмыртқаның түгін қырып жейтін сендей қу қожайынды көрмеппін!

Смайыл сілесі қатқанша күліпті де, атын борбайға бір салып, шауып ала жөнеліпті...

Содан кейін ол Биғазыны көргенде, тінтемін деп тоспай, күлімсіреп қана өте шығатын болыпты. Біз талқан көксемей-ақ көк бормиға мейлімізше тоятын болдық, тоя келе Биғаділ екеуміздің көлеңке жөніндегі үлкен арманымыз аш адамға арман сияқты сезілгенімен, тоқ адамның күлкісін келтіретін, жай ғана балалық алданыш екенін білдік. Сол күлкілі мардымсыз арманның өзі-ақ бізді көп еңбектендіріп, көп жеміс бергенін тау болып үйілген таптама отынынан көрдік.

«Тергеушім», сіздер мені қанша қылмысты десеңіздер де, ұры деп жариялай алмағансыздар. Сүйекке сіңіп, жуғанға кетпейтін ең өткір күйе міне енді табылды. 1933 жылдың жаз аяғынан күз ақырына дейін біздің үй ұрланған көк бормимен күн көрген. Бұл ұрлық өзінің қап-қара шырынымен сүйегімізге кемік, жүрегімізге май бітірген. «Әке-шешесінен бастап, үй ішімен ұры болған» деп жарияласаңыздар, менің бетімнен мәңгілікке кетпейтін күйе осы.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ