Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Кылмыс 1 том.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.47 Mб
Скачать

ҚАЖЫҒҰМАР ШАБДАНҰЛЫ

ҚЫЛМЫС

Көп томды роман

Бірінші кітап

Тас түрмені жарып шыққан тарлан сөз

(беташар)

Қажығұмар Шабданұлы! Осы бір есімді бұл күнде естіп білмеген қазақ баласы, әй, жоқ шығар-ау. Оны қазақ әдебиетінің классигі, Шыңжандағы жаңа әдебиеттің негізін салушылардың бірі ретінде танымаса да, дүниежүзілік рекордтар кітабына енген адам ретінде жақсы біледі. Рекордтар кітабы... Қай саладан қара үзіп шықты дейсіз ғой? Абақтыда ең ұзақ отыру жағынан. Шабданұлы қазір 84 жаста. Арадағы үзілістерді еске алмағанда, ол осы жылдардың тең жарымын түрмеде өткізіпті. Осылай боларын сезгендей, тағдыр оған біршама ұзақ ғұмыр сыйлады. Сексен төрт жыл жазуға да, қапаста отыруға да молынан жетіп тұр.

Жазушы және түрме. Қалам мен қапас. Әдетте сыйыспайтын-ақ ұғымдар. Екінші жағынан қарасаң, таңданатын да ештеңе жоқ сияқты. Империяға күні қараған кіріптар, бодан елдің өз ұлтын сүйген, азаткер зиялысы абақтыда отырмағанда қайтуші еді. Ағыспен жүзетін ептілер мен жансауға жағымпаздар болмаса, қуғын-сүргін, айдау, абақты дегендерің – қайраткер азаматтың маңдайына жазылған сыбағасы емес пе?! Ресей империясында барар жерің – итжеккен, Сібірдің ақырған аязы, ит тұмсығы өтпес тайга орманы... Ал Қытай қағанатында ондай суық Сібір жоқ. Оның есесіне Тарым бойлаған Такламакан шөлі бар. Саясыз, панасыз, жалаңаш шөл. Алпыс градус аптапта ұшқан құстың қанаты күйеді. Сібірде – азап болса, Тарымда – тозақ. Жазушы Шабданұлы жаза мерзімінің аттай жиырма жылын (1958–1978ж.ж.) осы Тарым лагерінде өткізді. Тек Мао өлген соң ғана бір мезет кеңшілік алған.

Алайда бұл бостандық та ұзаққа бармады. Арадағы аз үзілістен соң жазушы қайтадан қамауға алынды. Себеп-сылтауы жеткілікті. «Кеңестер Одағының тыңшысы» деген айдар тағылды. Бұл жолы кесілген мерзімі – 15 жыл. Жазасын өтеу орны – Үрімжінің бірінші түрмесі. Айы-жылы, сағат-минутына дейін түгел өтеп шықты (1986–2000 ж.ж.). Абақтыдан босаған соң, алысқа ұзатпайтын, үнемі бақылауда болатын бес жылдық үй қамағы тағы бар. Бұған баяғы студент кезінде Гомендаң түрмесінде жатқан екі жылды қоссаңыз, Қажекеңнің қамаудағы стажы қырық жылдан асып жығылады.

Иә, әділетсіздік пен диктатура жайлаған елде түрмеде кім жатпайды. Құлдыққа көнбейтін саналы адамның бір мекені – абақты. Мәселе түрмеге түсуде емес, қапастағы жылдарды қалай өткеруде. Шабданұлының дүниеде теңдесі жоқ ерлігі – ол өзінің негізгі шығармаларын осы түрмеде отырып жазды. Лагерьде жүргенде оқиғасын баста пісіріп, желісін ойша құрып келген болар. Тарымнан қайтқан соң бірден «Қылмыс» романын жазуға отырған. Бірақ бостандықта өткен аз жылда алты томдық шығарманың алғашқы екі томын ғана шығарып үлгерді. Үшінші томы түптеліп жатқанда ұсталып, өртелді. «Қылмыстың» қалған томдарын ол Үрімжі түрмесінде отырып жазды. Жазылған тілдей қағаздарды астыртын сыртқа шығару, жазғандарын түрлі тәсілмен сақтау, кейін ол кітаптар мен қолжазбалардың әртүрлі жолдармен шекара асып, менің қолыма жетуі – өз алдына бөлек хикая.

Сөйтіп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет дүниеге келген алты томдық романның кіндігі түрмеде кесілді. Қандай төзім, қандай еңбекқорлық, әдебиетке деген неткен құштарлық десеңізші?! Өзі зынданда жатқан, жарық дүниеге аман шығар–шықпасы екіталай адамның ұлы мақсаттан айнымай, болашақ ұрпаққа арнап кітап жазуынан асқан ерлік бола ма?!

Жазушының «Қылмыстан» басқа, түрмеде туған тағы бір кесек шығармасы – «Пана» романы. Шыңжандағы ұлт–азаттық күрестің қаһарманы Зуқа батыр өмірін арқау еткен бұл романды өткен жылы (2004 ж.) Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Алматыда басып шығарды. Романның аяғында «26.ІІ.1988 ж. – 25.VІІ.1989 ж. Үрімжі. N1 түрме» деген жазу тұр. Иә, Қажекеңнің он бес жыл өмірі өткен байырғы мекені осы. Жазушының бұл түрмеде тағы қандай шығармалар жазғаны бізге әзірше мәлім емес.

Шыңжандағы қазақ әдебиетінің өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелігі, онда «түрмеде туған әдебиет» деп атауға болатын шығармалардың тұтас бір шоғыры бар. Шыңжанда «түрме туындыларының» негізін қалаған – Таңжарық ақын. Жеті жыл (1940–1946 ж.ж.) Үрімжі түрмесінде азап шеккен Таңжарық Жолдыұлы шығармаларының жетпіс пайызын қапаста отырып жазды. Арада жарты ғасыр өткенде оның дәстүрін Шабданұлы жалғастырды. Өлеңнің жолы жеңіл, камерада бірге жатқандар жаттап алып, халыққа жеткізіп отырған. Ал қарасөзден тұратын романдар циклін тілдей қағаздарға ұсақтап жазып, біртіндеп сыртқа шығаруды құдай басқа салмай-ақ қойсын.

Айта кетер бір жәйт: әрине Қазақстанда да атылып-шабылған, абақтының дәмін ұзақ татқан қаламгерлер аз болған жоқ. Көбі айдаудан қайтпай, жендеттер қолынан мерт болды. Бір өкініштісі, солардан қалған әдеби мұра жоқтың қасы. Иманжүсіп пен Мәдидің мұңды-зарлы әндерінен өзге «түрме туындысы» шамалы. Неге олай? Ресей түрмелерінің есігі неге сонша берік болды? Кірген ізі бар да, шыққан із жоқ. Әлде бабаларымыздың «Орыс – темір ноқта, Қытай – қайыс ноқта» дегені рас болғаны ма? Зерттеу керек.

Құрметті оқырман, қолыңыздағы кітап – алты томдық «Қылмыс» романының алғашқы кітабы. Жанры жағынан бұл шығармаларды мемуар, яғни ғұмырнамалық роман деуге болады. Бірақ жазушы мұнда тек өз өмір жолын баяндап қана қоймайды. Көп томды кесек шығарма жарты ғасырға созылған тұтас дәуірді қамтиды. Романның алғашқы тарауларында өткен ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақстан өмірінің ащы шындығы бар. 1925 жылы Аягөздің Таңсық даласында дүниеге келген жазушы 1932 жылы, жеті жасында ашаршылыққа ұшыраған елмен бірге Шәуешекке өтеді. Одан былайғы тарауларда жат жердегі босқындар тірлігі, олардың Қытай еліне бірте-бірте қалай сіңіскені әңгіме болады. Келесі кітаптарда Шыңжандағы ұлт-азаттық күресі, реформалар мен төңкерістер, қожайын ауысқанмен мән-мағынасы өзгермеген өкіметтер көз алдыңыздан тізбектеліп өтіп жатады. Біз осының бәрімен автордың екінші «мені», бас кейіпкер Биғабілдің басынан кешкендері арқылы танысамыз.

Ең ғажабы жазушы өз шығармасына осыншама ұзақ уақыт, сан алуан оқиғалар сыятындай тамаша форма тапқан. Ол да – батыстың емес, автордың өзі жақсы білетін шығыстың шарапаты. Жол нұсқаған – сол баяғы «Мың бір түн». Ежелгі араб ертегісінде «О, құдіретті падишам» деп басталатын Шаһиризаданың бірінен бірі өткен хикаялары болмаушы ма еді. Мұнда да сол сияқты. Роман оқиғасы тұтқынның тергеушіге қайтарған жауабы түрінде баяндалады. Әр тараудың басында автор өз атынан: «О, құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз» деп қайталап отырады.

Шығарма ащы әжуаға, қыжыл мен кекке, мырс етер мысқылға толы. Жазушы мен қоғам арасы кереғар. Тергеуші оның бүкіл тірлігінен билікке қарсы қылмыстың ізін көреді. «Иә, дұрыс айтасыз, менің жарық дүниеге келіп, жер басып жүргенімнің өзі қылмыс, – дейді ол тергеушіге. – Сонан кейінгі ең үлкен қылмыскер – менің анам. Егер сол кісі мені жарық дүниеге әкелмесе, жеті жасымда қолымнан жетелеп, осы елге алып өтпесе, онда кейінгі қылмыстардың бірде-бірі болмас еді...»

Қажығұмар Шабданұлы – әдебиеттің барлық жанрында еңбек еткен қаламгер. Алғашқы қадамын өлеңдетіп бастаған. Оның «Біздің үй» поэмасы сонау елуінші жылдардың өзінде-ақ автордың даңқын көкке көтерген. Жазушының драмалық туындылары мен прозаның шағын жанрында жазылған еңбектері де аз емес. Жалпы, Шабданұлы шығармаларының толық жинағын шығарып, түбегейлі зерттеу – алдағы күндердің ісі.

Қазір Қажығұмар Шабданұлы Шәуешек шаһарында тұрады. Сексендегі қарт қаламгердің ендігі арманы – атажұртқа оралу. Туған жердің топырағымен қауышу. Бұл жөнінде Қазақстан президентінен көмек сұрап, екі дүркін хат жазғаны да есімізде. Әзірше жазушының өзінен бұрын бізге шығармалары жетіп отыр. Тар жерде – тас түрмеде туған романдары қазақтың кең даласында еркін қанат қағар, өз оқырманын табар деген ойдамыз.

Қабдеш Жұмаділов,

Қазақстанның халық жазушысы

КІРІСУ