
- •34 Ias халықаралық қаржы есептілігінің стандарты
- •Анықтамалар
- •Аралық қаржы есептілігінің ең аз құрамдастары
- •Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарына сәйкестікті ашу
- •Аралық қаржы есептілігін ұсыну талап етілетін кезеңдер
- •Жылдық қаржы есептілігінде ашып көрсету
- •Тану және бағалау қағидаттарын қолдану
- •Бағалауларды пайдалану
- •Аралық кезеңдердің есептілігінде бұрын көрсетілгендерді қайта есептеу
34 Ias халықаралық қаржы есептілігінің стандарты
Аралық қаржы есептілігі
МАҚСАТЫ
Осы Стандарттың мақсаты аралық қаржы есептілігінің ең аз мазмұнын айқындау және аралық кезеңдегі толық және ықшамдалған қаржы есептілігінде тану мен бағалауға арналған қағидаттарды белгілеу болып табылады. Дер уақытындағы және сенімді аралық есептілік инвесторлардың, кредиторлардың және басқа тұлғалардың компанияның пайданы және ақша қаражатының ағындарын құру мүмкіндіктерін анықтау, оның қаржылық жай-күйі мен өтімділігін бағалау қабілетін арттырады.
ҚОЛДАНЫЛУ САЛАСЫ
1. Осы Стандарт қандай қомпаниялардың аралық кезең аяқталғаннан кейін қандай жиілікпен және қаншалықты тездікпен аралық қаржы есептілігін жариялауға тиіс екендігін белгілемейді. Алайда, үкіметтер, бағалы қағаздар айналысын реттейтін органдар, қор биржалары және бухгалтерлік ұйымдар борыштық немесе үлестік бағалы қағаздары нарықта еркін айналатын компаниядан аралық қаржы есептілігін жариялауды жиі талап етеді. Осы Стандарт компания Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарына сәйкес аралық қаржы есептілігін жариялауға мәжбүр болған немесе жариялауды шешкен жағдайда қолданылады. Халықаралық қаржы есептілігі стандарттарының комитеті акциялары еркін айналатын компаниялардың осы Стандартта ұсынылған тану, бағалау және ашу қағидаттарына сәйкес келетін аралық қаржы есептілігін ұсынуын қолдайды. Атап айтқанда, акциялары еркін айналатын компаниялардың мыналарды:
(а) аралық қаржы есептілігін ең болмағанда олардың қаржы жылының бірінші жартысының аяғындағы жай-күйі бойынша; және
(b) аралық қаржы есептілігін аралық кезең аяқталғаннан кейін 60 күннен кешіктірмей ұсынуына қолдану көрсетіледі.
2. Жылдық немесе аралық қаржы есептілігінің Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарына сәйкестігі жеке бағаланады. Компанияның нақты қаржы жылының ішінде аралық қаржы есептілігін бере алмау немесе осы Стандартқа сәйкес емес аралық қаржы есептілігін беру фактісі компанияның жылдық қаржы есептілігінің, егер олар барлық қалғандары бойынша олардың талаптарына жауап беретін болса, есептіліктің Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарына сәйкес еместігін білдірмейді.
3. Егер компанияның аралық қаржы есептілігі Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарына сәйкес ұсынылса, ол осы Стандарттың барлық талаптарын орындауға тиіс. Осыған байланысты 19-параграф тиісті ақпараттың мәнін ашуды қажет етеді.
Анықтамалар
4. Осы Стандартта мынадай терминдер төменде көрсетілген мәндерде пайдаланылады:
Аралық кезең - бұл ұзақтығы толық қаржы жылынан қысқа қаржылық есеп беру кезеңі.
Аралық қаржы есептілігі - аралық кезеңдегі не қаржы есептілігінің толық жиынтығынан (1-«Қаржы есептілігін ұсыну» (2007 жылы қайта қаралғандай) IAS сипатталғандай) не ықшамдалған қаржылық есептер жиынтығынан (осы Стандартта сипатталғандай) тұратын қаржы есептілігі.
АРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ЕСЕПТІЛІГІНІҢ ҚҰРАМЫ
5. 1 IAS (2007 жылы қайта қаралғандай) Халықаралық стандарты қаржылық есептердің толық жиынтығын айқындайды, оған мынадай құрамдас бөліктер кіреді:
(а) кезеңнің соңындағы қаржылық жағдай жөніндегі есептілік;
(b) кезең ішіндегі толық табыс жөніндегі есептілік;
(с) кезең ішіндегі үлес өзгерістері жөніндегі есептілік;
(d) кезең ішіндегі ақшалай қаражаттардың қозғалысы жөніндегі есептілік;
(e) есеп саясатының елеулі элементтерінің қысқаша сипаттамасын және басқа да түсіндірме ескертпелерді қоса, ескертулер; және
(f) кәсіпорын есеп саясатын ретроспективті түрде қолданатын немесе өз қаржылық есептілігіндегі баптар жөнінде ретроспективті түрде қайта есеп беретін немесе кәсіпорын өз қаржылық есептілігіндегі баптарды қайта жіктейтін ең бастапқы салыстырмалы кезеңнің басындағыдай қаржылық жағдай жөніндегі есептілік.
6. Уақтылы болу және шығындар тұрғысынан және бұрын берілген есептіліктегі қайталауларды болдырмау үшін, компания жылдық қаржылық есептілікпен салыстырғанда аралық күндердегі жай-күйі бойынша азырақ ақпарат ұсынуға мәжбүр болуы мүмкін немесе ұсынуды шеше алады. Осы Стандарт ықшамдалған қаржы есептері және ішінара түсіндірме ескертулер кіретін аралық қаржы есептілігінің ең аз мазмұнын айқындайды. Аралық қаржы есептілігі жылдық қаржы есептерінің соңғы толық жиынтығымен салыстырғанда жаңартылған ақпарат ұсынуға арналған. Тиісінше, ол жаңа қызметтің жаңа түрлеріне, оқиғалар мен жағдайларға байланыстырылады және есептерде бұрын ұсынылған ақпаратты қайталамайды.
7. Осы Стандарт компанияға аралық қаржы есептілігіне ықшамдалған қаржы есептілігінің және ішінара түсіндірме ескертулердің орнына қаржылық есептердің толық жиынтығын (1 IAS Халықаралық стандартында сипатталғандай) жариялауға тиым салмайды. Стандарт сондай-ақ компанияның ықшамдалған қаржы есептілігіне осы Стандартта айқындалғандай, баптар мен ішінара түсіндірме ескертулердің ең аз санынан жоғары ақпарат енгізуіне тиым салмайды. Осы Стандарттағы тану және бағалау жөніндегі нұсқаулар сондай-ақ аралық кезеңдегі толық қаржы есептілігіне қолданылады және мұндай есептілікке осы Стандарт талап ететін (атап айтқанда, 16-параграфта көзделген ішінара ескертулерді ашу), сол сияқты басқа да Халықаралық қаржы есептілігінің стандарттары талап ететін барлық ашып көрсетулер (әсіресе) кіреді.