Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
46.24 Кб
Скачать

Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру

Қазақстан түкпірдегі оңтүстік-батыс тыл бола отырып, үкімет шешімдеріне сай соғыстың алғашқы күндерінен бастап өз экономикасын майдан мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге қарай бейімдеуге тиіс болды. Бұл - қорғаныс өнімдері мен стратегиялық шикізат өндірісін меңгеру мен кеңейту, өнеркәсіп құрылысын кең өрістету, еңбек және материалдық ресурстарды қайта бөлуді іске асыру, майдан шебіне жақын жерлерден әкелінген кәсіпорындарды қабылдау мен оларды жаңа жерлерде тез іске қосу деген сөз еді. Іс жүзінде материалдық және адам ресурстарын қайта бөлумен, өнеркәсіптегі майданға кеткен арнайы дайындығы бар мамандардың орнын жаңа жұмысшылармен толықтырумен қатар жүрген Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру басталды.

Немістердің КСРО-ның батыс аудандарын басып алуы Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңыздылығын күрт өсірді. Соғыстың алғашқы айларында өкімет орындарына жаудың қолына түсуі мүмкін өнеркөсіп орындарын эвакуациялаудың сәті түсті. Қазақстан аумағына қысқа мерзім ішінде 142 ірі өнеркәсіп мекемелері қажетті құрал-жабдықтарымен, шикізатымен бірге тасып әкелініп, орналастырылды. Бұлар - ауыр және орташа машина жасау зауыттары, сондай-ақ тоқыма, мақта-мата, аяк киім фабрикалары еді. Жаңа өнеркәсіп нысандарын салу жалғастырылып, тездетілді. Соғыстың алғашқы бір жарым жылының ішінде Қазақстанда 25 кеніш, шахта, түсті және қара металлургияның 11 байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахталары, 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, Гурьевте (қазіргі Атырау ) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.

Актөбеде салынып жатқан ферроқорытпалар зауыты Запорожье ферроқорытпалар зауытының құрал-жабдықтарын алды, көмірлі Қарағанды өзінің техникалық кешенін донецкілік Пархоменко атындағы шахтаның жабдықтарымен толықтырды, Алматыдағы автожөндеу зауытының аяқталмаған құрылысы Луганск ауыр машина жасау зауытының цехтары орналасқан базаға айналса, республиканың оңтүстігіндегі тамақ өнеркәсібінің жаңа құрылыстары Украинаның 14 қант зауытының құрал-жабдықтарын алды. Балқаш мыс қорыту кешенінің қуаты Владимир облысындағы Кольчугин қаласының түсті прокат зауытының құрал-жабдықтарын меңгеріп, оны іске қосқан соң елеулі түрде артты. Түсті металл және отын-энергетика өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары салына бастады. Жалпы соғыс жылдарында Қазақстанға 300-ден астам көшіріліп әкелінген зауыттар орналастырылып, жұмыс істеді. Тасып әкелінген кәсіпорындардың кейбіреулерінің құрал-жабдықтары салынып жатқан нысандарды аяқтау үшін пайдаланылды.

Соғыстың алғашкы жылдары Қазақстанға батыс аудандардан эвакуацияланған 532,5 мың адам баспана мен жұмыс тапты, сонымен бірге 50 мың маманданған жұмысшылар, инженер-техник қызметкерлер және негізінен ауылдар мен селоларға орналастырылған 970 мыңдай күштеп көшірілген поляктар мен немістер келді. Республика жұмысшы табының қатарына Донбастың 2 мыңдай шахта құрылысшылары келіп қосылды. Өте қысқа мерзім ішінде эвакуацияланған кәсіпорындарды тиісті өндірістік алаңдармен қамтамасыз етіп, майданға қажетті өнімдер өндіруді жолға қою, адамдарды азды-көпті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз ету қажет болды. Майданға жақын аймақтардан адамдарды амалсыз эвакуациялау көптеген қиындықтар әкелді. Олардың көпшілігі ауылдар мен селоларға орналастырыдды. Қалалардағы соғысқа дейінгі тұрғын үй проблемасы одан әрі шиеленісе түсті. Ел үшін ауыр болған осы жылдардың өзінде тұрғын үй құрылысы жалғастырыла берді. 1941-1945 жылдары жалпы көлемі 3 317 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді.