Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЕгТоызбаева.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
137.74 Mб
Скачать

17.3. Кәсіптік ауру және улану жағдайларын тексеру

Кәсіптік ауру – зиянды еңбек жағдайларының әсерінен болатын ауру. Кәсіптік ауруларға келесі аурулар жатады:

  • этиологиясында негізгі орынды белгілі бір кәсіптік ауру алатын (мысалы, силикоз кезінде – кремний қос тотығының шаңы) аурулар;

  • дамуында өндірістік орта факторларымен себеп-салдарлық байланыс анықталған бірқатар жалпы аурулар (туберкулезді науқастармен қатынасатын медициналық қызметкерлердің туберкулез ауруымен ауруы).

Жедел кәсіптік ауру – зиянды өндірістік фактордың бір рет (бір жұмыс ауысымынан көп емес уақытта) әсер етуінен кейін дамыған ауру.

Созылмалы кәсіптік ауру – зиянды өндірістік факторлардың қайта-қайта және ұзақ әсер етуінен кейін дамыған ауру.

Жедел және созылмалы кәсіптік улануды ағзаға химиялық заттың әсер етуінен дамыған кәсіптік аурудың жеке түрі ретінде қарастыру керек.

Топтық кәсіптік аурулар (уланулар) – бір мезгілде 2 адамнан көп адамдардың ауруы (улануы) болған ауру (улану).

Кәсіптік ауру жағдайларын есепке алу, тіркеу және тексеру. Кәсіптік ауруларды тіркеудің мемлекеттік жүйесі біздің елімізде 1924 ж енгізілген. Қазіргі кезде № 294 23.06.2005 ж. ҚР ДМ-мен бекітілген «Кәсіптік аурулардың тізімі» қолданылуда. Кәсіптік ауруларды тексеру және есепке алу нұсқасына сәйкес кәсіптік аурудың (уланудың) әрбір жағдайына шұғыл хабарлама толтырылады. Шұғыл хабарламаны қалыптастырылған нұсқада кәсіптік ауруды анықтаған немесе күмәнданған дәрігер толтырады. Хабарлама 12 сағат ішінде өнеркәсіптік нысанға Мемлекеттік санитарлық қадағалау жүргізетін МСЭҚБ мекемесіне жіберіледі. Жедел топтық улану кезінде шұғыл хабарламаны әрбір зардап шегушіге жеке-жеке толтырады. Егер емдік-профилактикалық мекемеде жаңа диагноз қойылатын болса, онда жаңа шұғыл хабарламаны МСЭҚБ мекемесіне 24 сағат ішінде жібереді.

Жедел топтық ауру, күйдіргімен, сарыппен, сіреспемен, құтырмамен ауырған жағдайларда науқастың кәсіптік іс-әрекетімен байланыстылығы анықталғанда емдік-профилактикалық мекеменің дәрігері шұғыл хабарламаны жіберумен қатар, телефонмен немесе телеграфпен орталықты шұғыл хабарландыру керек, ол жерде әрбір шұғыл хабарлама арнайы кітапшаға тіркеледі.

Созылмалы кәсіптік ауру анықталынған кезде хабарлама толтырады. Хабарлама ақырғы диагнозды қойған емдеу мекемесімен толтырылады. Мұндай мекемелерге еңбек медицинасы мен кәсіптік аурулар емханасының ҒЗИ-ы, медициналық институттар мен дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарының кәсіптік аурулар емханасы, республикалық аймақтық және аудандық ауруханалардың кәсіптік патологиялық арнайыландырылған бөлімшелері жатады. Созылмалы кәсіптік ауру (улану) туралы хабарлама ақырғы диагнозды анықтағаннан кейін 3 күн ішінде қарамағындағы МСЭҚБ және емдеу мекемелеріне жіберіледі.

Кәсіптік аурудың (уланудың) әрбір жағдайы арнайы тексеріледі. Жедел кәсіптік ауру жағдайы туралы шұғыл хабарлама алғаннан кейін еңбек гигиенасы дәрігері оны алғаннан бастап 24 сағат ішінде мұқиат тексеру жүргізуі керек. Кәсіптік ауру жағдайын тексеру комиссиясының құрамына МСЭҚБ мекемесінің дәрігерімен қоса әкімшіліктің, еңбекті қорғау бөлімінің, кәсіподақ комитетінің өкілдері, цехтік терапевт, ол болмаса – кәсіпорын денсаулық пунктінің медициналық қызметкері кіреді.

Тексеру барысында кәсіптік аурудың туындаған себептері мен жағдайлары анықталады; зиянды өндірістік факторларға зертханалық және аспаптық баға беру әдістерін қолдана отырып жұмыс орынын тексереді; кәсіптік ауру (улану) жағдайларын болдырмауға бағытталған нақты шаралар кешенін жасайды. Тексеру аяқталған 4 данада акт толтырылады; бір данасы әкімшілікте қалдырылады, екіншісі – МСЭҚБ мекемесіне, үшіншісі – емдік-профилактикалық мекемеге, төртіншісі – кәсіпорынның кәсіподақ комитетіне жіберледі. Тексеруден кейінгі акт статистикалық және заңды құжат болып табылады және де тұрақты сақталады.

Созылмалы кәсіптік аурудың (уланудың) әрбір жағдайы дәл солай тексеріледі, оны 7 күн бойы құрамына жедел кәсіптік ауру жағдайларын тексерудегі комиссияның құрамына ұқсас комиссия жүргізеді. Созылмалы кәсіптік улануды тексеру барысында еңбек гигиенасы дәрігері кәсіпорынның нақты цехын санитарлық тексеру актісін және зертханалық зерттеулер нәтижелерін, жұмыс орынын аттестациялау мәліметтерін, жұмысқа қабылданар алдындағы алдын ала және кезеңдік медициналық тексерулер мәліметтерін және т.б. қолданады. Тексеру аяқталғанда тексеру актісі жасалынады.

Кәсіптік аурулармен ауыратын науқастарды тіркеу және олардың денсаулық жағдайымен еңбекке қабілеттілігін бақылау үшін «Кәсіптік ауруларды тіркеу журналы» жүргізіледі. Журнал МСЭҚБ мекемесінде кәсіптік ауру (улану) жағдайлары туралы хабарламалар және тексеру актілері негізінде толтырылады. Орталық тексеру актілерінің, кәсіптік ауруларды тіркеу журналының негізінде және «Кәсіптік ауруларды есепке алу және талдаудың автоматты жүйесіне арналған ақпараттарды жинау және беру тәртібі туралы» нұсқауымен сәйкес «Кәсіптік ауруды (улануды) есепке алу картасын» толтырады.

Аудандық, аймақтық және қалалық орталықтар мұндай картаның екі данасын толтырады және есеп беру жарты жылында келесі айдың бесінші жұлдызынан кешіктірмей жібереді. Аймақ, аудан, республика деңгейінде толтырылған және таңбаланған карталарды өтер жылдың 15 шілдесінен және есеп бергеннен кейінгі келер жылдың 15 қаңтарынан кешіктірмей ҚР-ның Денсаулық сақтау Министрлігінің есептеу орталықтарына жіберіледі.

Осылайша, кәсіптік ауруларды жалпы мемлекеттік ауқымда тіркеу, кәсіптік аурушаңдықты төмендетуге, жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған алдын алу шараларын мақсатты түрде жоспарлауға мүмкіндік береді.

ҚОСЫМША

1 қосымша

ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚТАРҒА АРНАЛҒАН ОҚУ ТАПСЫРМАЛАРЫ

Тақырып. Еңбек гигиенасы дәрігерінің жұмыс түрлері мен әдістері

Мақсат. Еңбек гигиенасы дәрігерінің жұмыс түрлері және әдістерімен танысу, өзінің іс-әрекетіндегі құқықтық білімдері негізінде нақты шешім таба білуге үйрену.

І Сабақ. Еңбек гигиенасы дәрігерінің іс-әрекетінің құқықтық негіздері. Тәжірибелік сабақтағы жұмыс МСЭҚБ мекемесінің еңбек гигиенасы дәрігерімен (жұмысының іс тәжірибесін меңгерген) сұхбаттасу түрінде жүргізіледі.

Негізгі мәселелер

1. Дәрігердің іс-әрекетінің негізгі мақсаттарын, міндеттерін және бағыттарын анықтайтын, директивті және заңдылық құжаттар.

2. Ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс, еңбек гигиенасы бөлімінің құжаттарының түрлері, іс жүргізу негіздері.

3. Сақтық санитарлық қадағалау.

4. Күнделікті санитарлық қадағалау.

ІІ Сабақ. Еңбек гигиенасы саласындағы негізгі заңдылық құжаттар және олардың тәжірибеде пайдаланылуы.

Тапсырма

1. Еңбек гигиенасы және еңбекті қорғау бойынша негізгі заңдылық және регламенттеуші құжаттармен танысыңыз (КР конституциясы, ЕҚСЖ, санитарлық нормалар мен ережелер, әдістемелік ұсыныстар және т.б.).

2. Еңбек гигиенасы дәрігерінің жұмысын регламенттейтін заңдылық құжаттарды игеріңіз.

3. Ұсынылған құжаттарды пайдалана отырып жағдайлық есептерді шешіңіз.

ІІІ Сабақ. Кәсіпорындардағы гигиеналық оқытуды және тәрбиелеуді ұйымдастыру.

Тапсырма

1. Жұмысшыларды гигиеналық оқытудың жекелеген түрлерін жүргізу үшін «Лекторға көмек» әдістемелік материалын игеріңіз.

2. Санитарлық-ағарту плакаттарына олардың ақпараттық құндылықтары тұрғысынан баға беріңіз.

3. Жаңа материалды елестету және түсіндіру үшін ақпараттық-танымдық бейне фильмді көріңіз.

4. Жағдайлық есепті шешіңіз.

Тақырып. Еңбек гигиенасы дәрігерінің алдын ала және кезеңдік медициналық тексерулерді ұйымдастыруда алатын орны

Мақсат. Медициналық тексерулерді ұйымдастыруға, ҚР ДМ бұйрықтарымен жұмыс істеуге, қажетті құжаттарды толтыруға, сонымен қатар медициналық тексерулер нәтижесінде алынған материалдарды гигиеналық және емдік-профилактикалық шараларды өңдей отырып талдауға дағдылану.

Тапсырма

ҚР ДМ № 243 бұйрығын пайдалана отырып, дәрігердің медициналық тексерулерді ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмысының әр түрлі кезеңдерін көрсететін жағдайлық есептерді шешіңіздер.

1. Жұмысқа қабылданар алдындағы алдын ала медициналық тексерулердің сапасына баға беріңіздер (жұмысқа қабылданушыларды тексерулермен қамту толықтығы, мамандар мен аспаптық зерттеулердің жиынтығы, қарсы көрсеткіштердің ескерілуі.

2. Кезеңдік медициналық тексерулерден өткізілуі тиіс контингенттердің тізімін жасаңыз. Сәйкес құжаттарды толтырыңыз.

3. Кезеңдік медициналық тексерулердің сапасына баға беріңіз: өткізілу мерзімдері, жұмысшылардың қамтылу пайызы, жүргізілген зерттеулердің жиынтығы. Медициналық тексерулердің нәтижеріне талдау жасаңыз және емдік-профилактикалық және санитарлық-гигиеналық сипаттағы ұсыныстарды ұсыныңыз.

Тақырып. Жұмысшылардың аурушаңдығын есепке алу және талдау жасау

Мақсат. Жұмысшылардың аурушаңдығы туралы материалдарды талдауды және солардың негізінде еңбек жағдайын сауқтыру шараларын жоспарлауды оқып үйрену.

Тапсырма

1. Жағдайлық есепті шешіңіз. Еңбек жағдайына және еңбек іс-әрекетінің сипатын меңгеріңіз және санитарлық-гигиеналық баға беріңіз.

2. Уақытша еңбекке қабілеттілікті жоғалтумен жүретін аурушаңдық материалдары бойынша ең көп таралған 6 – 8 ауру топтарын таңдап алыңыз, экстенсивті және интенсивті көрсеткіштерін есептеңіз; қисық түрінде бейнелеңіз.

3. Еңбек үрдісі ерекшеліктері мен жұмысшылардың денсаулық жағдайы арасындағы себеп-салдарлық байланыстың барлығын анықтауға тырысыңыз (еңбекке қабілеттілікті уақытша жоғалтумен жүретін аурушаңдық мәліметтері бойынша).

4. Сауықтыру шараларын негіздеңіз.

Тақырып. Кәсіптік ауру (улану) жағдайларын тексеру

Мақсат. Кәсіптік ауру жағдайларын есепке алу, тіркеу және тексеру бойынша заңдылық және әдістемелік материалдарды меңгеру, кәсіптік патологияның алдын алуға бағытталған тәжірибелік ұсыныстарды негіздеңіз.

Тапсырма

1. Кәсіптік ауру (улану) жағдайларын есепке алу, тіркеу және тексеру бойынша заңдылық және әдістемелік матриалдармен танысыңыз.

2. Кәсіптік ауруды (улануды) тексеру актісіне келесі тармақтар бойынша баға беріңіз:

  • этиологиялық факторды ескере отырып – кәсіптік ауру ма немесе кәсіптік улану ма?

  • әсер ету уақыты мен сипатын ескере отырып – жедел немесе созылмалы?

  • шұғыл хабарлама дер кезінде келіп түсті ме және тексеру жүргізілді ме?

  • кәсіптік ауру (улану) жағдайын тексеру бойынша комиссияның санды және сапалық құрамы қойылатын талаптарға сәйкес келе ме?

  • кәсіптік ауру (улану) туындаған жағдайлар жеткілікті түрде толық ұсынылды ма?

  • кәсіптік аурулардың (уланулардың) қайталау жағдайларының алдын алу шаралары жеткілікті түрде толық ұсынылды ма?

Тақырып. Еңбек іс-әрекетінің адам ағзасына тигізетін әсерін меңгеру және зорығудың алдын алу

Мақсат. Жұмысқа деген адам ағзасының реакциясын зерттеу әдістерімен танысу, еңбек іс-әрекетінің әр түрлеріне баға беру кезінде алынған нәтижелерді пайдалана білу, өндірістік зорығудың алдына алу шараларын жоспарлауға, еңбек пен демалысқа баға беруге үйрену.

  1. Тапсырма. Бірқатар физиологиялық зерттеулер әдістерімен танысыңыз. Жұмыс орындарының саны әдістемелер санына сәйкес келеді. жұмыс екі студентпен іске асырылады. Бір студенттің тексеру нәтижелерін жұмыс дәптеріне келесі түрде түсіреді.

  2. Тапсырма. Келесі нұсқауларды ескере отырып жағдайлық есепті шешіңіз:

  1. жұмысшы ағзасының қандай жүйелеріне аса салмақ түсетінін көрсете отырып, еңбек іс-әрекетіне қысқаша сипаттама беріңіз;

  2. жұмысшының еңбек өтілі, жас шамасы жынысы жайлы мәліметтер негізінде зерттеуге арналған топты таңдап алыңыз;

  3. жұмысшыларды зерттеу әдістерінің жиынтығын таңдап алыңыз және негіздеңіз;

  4. оқытушыдан физиологиялық зерттеу нәтижелерін алып, зерттелінетін топ ағзасының функционалдық жағдайына еңбектің әсері туралы тұжырым жасаңыз.

3 Тапсырма. Ақыл-ой еңбегінің жоғарғы жүйке іс-әрекетіне тигізетін әсеріне келесі тармақтар бойынша баға беріңіз:

1) сабақты бастамас бұрын бланкілі әдістеме көмегімен («шатастырылған сызықтар», «заңдылықты анықтау» және т.с.с.) жоғары жүйке іс-әрекетінің бір қызметіне зерттеу жүргізіңіз (зейін, есте сақтау және т.с.с.);

2) есепті шешуді жалғастыру. Хронометражды бақылау материалдарын өңдеу

(хронометражды карта бойынша);

3) хронометраждық бақылауларға талдау жасау негізінде зерттелетін топтың еңбекке қабілеттілік динамикасы туралы тұжырым жасаңыз;

4) жоғарғы жүйке жүйесі іс-әрекетінің қызметін қайтадан зерттеңіз. Ақыл-ой еңбегінің (хронометражды мәліметтерді есептеу) оның күйіне тигізетін әсері туралы тұжырым жасаңыз.

4 Тапсырма. Жұмыс қалпына баға беріңіз және келесі схемада еңбекке ауырлығы мен кернеулігі бойынша жалпы санитарлық-гигиеналық сипаттама беріңіз:

1) жұмыс қалпына биомеханикалық талдау жасаңыз (әрбір есепке фотосурет келтіріледі); калькада дене қалпының эпюрін тұрғызыңыз; буын аралық бұрыштардың мәндерін өлшеңіз және оларды тиімді мәндермен салыстырыңыз; алынған нәтижелерді кестеге енгізіңіз.

Кесте 1. Адам ағзасына дене еңбегінің тигізетін әсеріне баға беруді зерттеу әдістері

Әдістің аталуы

Қажетті жабдықтар (енгізу керек)

Көрсеткіштер

Көрсеткіштердің мән және өлшем бірліктері

1. Хронореф-лексометрия

2. Динамомет-рия

3. Треморомет-рия

4. Пульсомет-рия

5. Гемодинами-лық көрсеткіш-терді зерттеу

6.Өкпе желден-дірілуін өлшеу

1. ҚКМРЖК

2. ҚЕМРЖК

1. МЕК

2. СТ

3. МБЖ

1. Тесті орындау уақыты

2. Жанасу саны

1. ЖСЖ

1. АҚ

2. СК

3. МК

1. ТЖ

2. тыныс алу тереңдігі

3. ТМК

Е с к е р т у. ҚКМРЖК – қарапайым көру-моторлы реакцияның жасырын кезеңі; ҚЕМРЖК – қарапайым есту-моторлы реакцияның жасырын кезеңі; МЕК – максимальды ерік күші; СТ – статикалық төзімділік; МБЖ – бұлшықеттің максимальды жұмысы; ЖСЖ – жүрек соғу жиілігі; СК және МК – жүректің соғу және минуттық көлемдері; ТЖ – тыныс жиілігі; ТМК – тыныстың минуттық көлемі.

2) 12.2.032-78 «Отырып жұмыс істеу кезіндегі жұмыс орыны» МЕСТ-ын және 12.2.033-78 «Тұрып істелінетін жұмыстарды орындаудағы жұмыс орыны» МЕСТ-ын, сонымен қатар оқып үйрену кестелерін қолдана отырып, дене қалпын таңдау дұрыстығына, жұмыс орнының ұйымдастыру-техникалық жабдықталуына және жұмыс аумақтарының көлемдеріне баға беріңіз;

3) қорытынды жасаңыз;

4) жұмысшылардың физиологиялық көрсеткіштерінің өзгеру сипатын меңгеріңіз;

5) ауысым бойында ағзаның зерттелген жүйелерінің функционалдық жағдайларының өзгеру динамикасын қисық түрінде бейнелеңіз (ординат осімен – пайызбен алынған көрсеткіштің мәндері, абсцисса осімен – жұмыс сағаттарын);

6) физиологиялық және хронометраждық бақылау мәліметтері бойынша ауысым бойындағы еңбекке қабілеттілік динамикасы туралы қорытынды жасаңыз;

7) зерттелінетін мамандықтың жұмысына еңбек ауырлығы мен кернеулігі бойынша жіктеме беріңіз (№104.001-2000 Басшылық «Баға берудің гигиеналық критерийлері......»).

5 Тапсырма. Келесі мәселелер тобы бойынша еңбек етуді тиімділеу шараларын өңдеңіз:

1) еңбек іс-әрекетінің ерекшеліктерін игере отырып, технологиялық және техникалық сипаттағы шараларды ұсыныңыз;

2) дене қалпын тиімділеу және оның ұйымдастырушылық-техникалық жабдықталуы бойынша ұсыныстар беріңіз;

3) еңбекке қабілеттілік динамикасын меңгере отырып жұмысшылардың еңбек ету және демалу тәртіптерін рационалдылау шараларын көрсетіңіз; қай уақытта үзілістерді ұйымдастыру мақсатты болатынын негіздеңіз; оларды ұйымдастыру түрлерін ұсыныңыз (өзіндік уқалау, босаңсытатын, белсендіретін дене шынықтыру жаттығулары, пассивті демалыс).

Тақырып. Өндірістік ықшам климатты өлшеу және баға беру әдістері және оның адам ағзасына тигізетін әсері.

Мақсат. Өндірістік ықшам климатты зерттеу әдістерін және оның қолайсыз әсеріне ағзаның реакциясын зерттеу әдістерін меңгеру; алынған мәліметтерге баға беруді және ыстықтау мен тоңудың алдын алу шараларын жоспарлауды үйрену.

Тапсырма

1. Ықшам климат көрсеткіштерін және ағзаның жылу реттелу үрдісінің күйлерін өлшеуге арналған құралдармен танысыңыз.

2. Келесі кезеңдерді орындай отырып жағдайлық есепті шешіңіз:

1) есепте берілген өндірістік бөлмелердің ықшам климатын және жұмысшылардың функционалдық жағдайын сипаттайтын мәліметтерді кестенің «Өндірістік топ» бағанасына енгізіңіз;

2) «Өндірістік бөлмелердің ықшам климатының санитарлық нормалары» №1.02.005-94 СН пайдалана отырып, өндірістік бөлмелердің ықшам климатына баға беріңіз;

3) оқу бөлмесіндегі ықшам климат көрсеткіштерін өлшеңіздер: олардың рұқсат етілген немесе қолайлы нормаларға сәйкестігіне баға беріңіз;

4) өзіңіздің физиологиялық көрсеткіштеріңізді өлшеңіз, орташа мәндерді анықтаңыз, оларды бақылау тобының мәндеріне қабылдап кестеге енгізіңіз;

  1. жұмысшылардың еңбек жағдайын сауықтыру шараларын ұсыныңыз.

Кесте 2. Ықшам климатты және адам ағзасының күйін зерттеу нәтижелері

Сыналатындар тобы

Ықшам климат көрсеткіштері

Физиологиялық көрсеткіштер

Тем-пера-тура, °С

Ыл-ғал-ды-лық,

%

Ауа-ның қоз-ғалу жыл-дам-дығы,

м/с

Инфра

қызыл

сәуле-лену,

Вт/м²

Тері температура-сы, °С

Жылу-ға реак-ция-ның жасы-рын кезеңі,

мс

Конвекция

мен және ра-диация-мен жылу беру,

Вт/м²

Жағ

дайға суб-ъек-тивті баға беру

маң-дай

қол

Өндірістік

Бақылау

Тақырып. Өдірістік шуға гигиеналық баға беру

Мақсат. Шуға гигиеналық баға беруге және оның жұмысшылардың ағзасына жағымсыз әсерін болдырмауға арналған негізгі алдын алу шараларын өңдеуге үйреніңіз.

Тапсырма

1. Шу өлшегіш құрал-жабдықтармен және жұмыс орнындағы шуды өлшеу әдістерімен танысыңыз.

2. Келесі әрекеттерді орындай отырып жағдайлық есепті шешіңіз (әрбір есепке өндірістегі шу жазылған таспалық кассета ұсынылған):

1) шуға сипаттама беріңіз: оның негізгі көздеріне, әсер ету ұзақтығына, нәтижелеріне баға беріңіз, жұмыс орындарындағы рұқсат етілген шу деңгейлерімен салыстырыңыз; қорытындыны шу мен дірілді өлшеу хаттамасына енгізіңіз;

2) жұмысшылардың денсаулық жағдайына баға беріңіз: а) медициналық тексерулер мәліметтері бойынша: ағзаға тигізетін жалпы және есту мүшесіне тигізетін арнайы әсері (үнді аудиометрия нәтижелеріне талдау жасау бойынша есту табалдырықтарының уақытша жылжуы– ТУЖ және есту табалдырығының тұрақты жылжуы – ТТЖ анықталады); б) аурушаңдыққа жүргізілген талдау нәтижелері бойынша (кәсіптік немесе еңбекке қабілеттілікті уақытша жоғалту);

3) зерттелінетін өндірістік фактормен жұмысшылар денсаулығы арасындағы өзара байланыстың болуын анықтаңыз;

4) қажетті алдын алу шараларын ұсыныңыз.

Тақырып. Өндірістік дірілге гигиеналық баға беру

Мақсат. Өндірістегі дірілді өлшеу және оған баға беру әдістемесін меңгеру, дірілдің адам ағзасына тигізетін әсерін анықтауға мүмкіндік беретін бірқатар арнайы әдістерді игеру, діріл ауруының алдын алудың негізгі шараларын анықтай білу.

Тапсырма

1. Қолға берілетін және де жұмыс орыны дірілінің қарқындылығын өлшеу және баға беру әдістемесімен, сонымен қатар дірлі өлшеу жабдықтарының жұмыс істеу қағидаларымен танысыңыз, діріл беруші құралдың тұтқасындағы және жұмыс орнындағы, мысалы зертхананың еденіндегі діріл жылдамдығының қарқындылығын өлшеңіз. Өлшеу нәтижелерін шу мен дірілді өлшеу хаттамасына енгізіңіз және № 1.02.012-94 СН пайдалана отырып оларға баға беріңіз.

2. Дірілдік сезімталдылықты өлшеу және баға беру әдістемесін меңгеріңіз (ВТ – 2 вибротестерінің жұмыс істеу қағидасы, дірілдік сезімталдылық табалдырығын анықтау). Алынған зерттеу нәтижелерін виброграммаға түсіріңіз. Зерттеу нәтижелері бойынша қорытынды жасаңыз.

3. №1.02.012-94 СН және №1.02.014-94 СанЕмН пайдалана отырып, жағдайлық есептерді шешіңіз:

1) дірілге сипаттама беріңіз, оның деңгейлеріне баға беріңіз;

2) осы фактор мен жұмысшылар денсаулық жағдайы арасындағы өзара байланысты анықтау мақсатында медициналық тексеру мәліметтеріне талдау жасаңыз;

3) қажетті алдын алу шараларын ұсыныңыз.

Тақырып. Басым фиброгенді әсері бар шаңды аэрозольдердің (БФӘА) мөлшеріне бақылау жасау әдістемесі. Кәсіптік аурулардың алдын алу

Мақсат. БФӘА зерттеу және гигиеналық баға беру әдістерінің тәжірибелік дағдыларын меңгеру.

Тапсырма

1. Жабдықтармен (шаң өлшегіштер, шаң жинағыштар), ауа сынамасын алу және оларға баға беру әдістерімен, «Жұмыс аумағы ауасындағы зиынды заттардың мөлшеріне бақылау жасау әдістемесімен» (№104.001-2000 Басшылықтың 9 қосымшасы) танысыңыз.

2. Электрлі аспиратордың көмегімен ауа сынамасын алуға арналған қондырғыны жинаңыз.

3. Жағдайлық есепті шешіңіз:

1) есептеу немесе графоаналитикалық әдіспен Коа анықтаңыз;

2) ШЖ есептеңіз және оны БШЖ-мен салыстырыңыз;

3) БФӘА қатынасудағы рұқсат етілген еңбек өтілін анықтаңыз;

4) есепте берілген еңбек жағдайын жіктеңіз;

5) жұмысшыларды қорғауға арналған гигиеналық шараларды ұсыныңыз.

Тақырып. Радио жиілікті электромагнитті өрістерге (ЭМӨ) гигиеналық баға беру

Мақсат. ЭМӨ қарқындылығына гигиеналық баға беруді меңгеру және алдын алу шаралары жүйесін негіздей білу.

Тапсырма

1. ЭМӨ көрсеткіштерін өлшеу жұмыстарын орындаңыз (ЭМӨ көзі: 300 МГц жұмыстық жиілік диапазоны бар УЖЖ-30 жабдығы); NFM – 1 құралы. Өлшеу нәтижелерін хаттамаға енгізіңіз, 2.2.4/2.1.8.-055-96 (РФ ДМ) СанЕмН пайдалана отырып, оларға баға беріңіз. Әртүрлі материалдардан жасалынған экрандардың тиімділігіне баға беріңіз. Нәтижелерді кестеге түсіріңіз. УЖЖ-30 жабдығымен жұмыс істеудегі еңбектің санитарлық-гигиеналық жағдайлары және экрандаудың тиімділігі туралы тұжырым жасаңыз.

Есепті шешу

2. Еңбек жағдайы мен жұмысшылардың денсаулығы арасындағы мүмкін болатын өзара байланыстың болуына көңіл бөле отырып, жұмысшылардың денсаулық жағдайына баға беріңіз, ол үшін келесі әрекеттерді орындаңыз:

1) технологиялық үрдістің сипатын зерттеңіз және еңбектің қолайсыз факторларының шығу көздерін анықтаңыз;

2) 2.2.4/2.1.8.055-96 (РФ ДМ) СанЕмН пайдалана отырып, қолайсыз фактор қарқындылығын өлшеу нүктелерін анықтаңыз;

3) дәптеріңізге цехтың жоспарын сызыңыз және оған өлшеу нүктелерін көрсетіңіз;

4) ЭМӨ-тің толқындық сипаттмаларын ескере отырып фактрдың қарқындылығын өлшеуде қолдануға болатын құралдарды атаңыз;

5) өлшеу көрсеткіштері мен өлшем бірліктерін анықтаңыз және таңдауыңызды негіздеңіз;

6) өлшеу нәтижелерін талдаңыз;

7) ЭМӨ қарқындылығын өлшеу нәтижелеріне гигиеналық баға беріңіз және цехтағы еңбектің санитарлық-гигиеналық жағдайлары жөнінде тұжырым жасаңыз; еңбек жағдайларына гигиеналық жіктеме беріңіз (№104.001-2004 Б);

8) сауықтыру шаралары жүйесін жасаңыз;

9) берілген цехта ЭМӨ кернеулігін тексеру кезеңділігін анықтаңыз.

Тақырып. Лазерлік сәулеленуге гигиеналық баға беру

Мақсат. Лазерлік сәулелену қуаттылығына (энергиясына) гигиеналық баға беруге үйрену.

Таппсырма

1. Үздіксіз сәулелену қуаттылығын өлшеу жұмыстарын жүргізіңіз (сәулелену көздері – ЛГН – 207Б лазері, λ = 0,63 мкм ; өлшеу құралы – ИЛД – 2М; өлшеу жүргізіңіз – «Лазерлерді пайдалану мен орналастырудың санитарлық ережелері мен нормалары» № 1.10.074-94.

2. Өлшеу нәтижелерін хаттамаға енгізіңіз. «Лазерлерді пайдалану мен орналастырудың санитарлық ережелері мен нормалары» №1.10.074-94 пайдалана отырып (терінің сәулеленуге ұшырайтынын және әсердің созылмалылығын ескере отырып) оларға баға беріңіз.

3. Жағдайлық есепті шешіңіз, ол үшін келесі әрекеттерді орындаңыз:

1) жұмысшылардың денсаулық жағдайына баға беріңіз;

2) технологиялық үрдістің сипатын игеріңіз және хаттамаға лазерлік сәулеленудің сипатын жазыңыз;

3) лазерлік сәулеленулер сипаттамаларын ескере отырып қолданылатын дозиметрлерді атаңыз;

4) бақылаудың ұйымдастырылуымен танысыңыз;

5) лазерлік сәулелену қарқындылықтарын өлшеу нәтижелерін хаттамаға түсіріңіз;

6) алынған нәтижелерді № 1.10.074-94 СН –мен салыстырыңыз. Қорытынды жасаңыз; еңбек жағдайына гигиеналық жіктеме беріңіз (№104.001-2000 Б);

  1. алдын алу шараларын негіздеңіз.

Тақырып. Жұмыс аумағының ауасындағы өндірістік улардың мөлшеріне бақылау жасау әдістері

Мақсат. Өндірістік аумақ ауасындағы химиялық заттардың мөлшеріне бақылау жасау схемасы мен әдісін, улы заттармен жұмыс істеу кезіндегі еңбек жағдайын жіктеуді, жұмысшыларды қорғау шараларын меңгеру.

Тапсырма

1. МСЭҚБ-ның және өнеркәсіп орындарының өнеркәсіптік санитарлық химия зертханаларының жұмысын регламеттейтін құжаттармен, сонымен қатар сынамаларды алу үшін қолданылатын жабдықтармен танысыңыз.

2. Жағдайлық есепті шешіңіз:

1) зиянды заттардың бөліну мүмкіндігі тұрғысынан технологиялық үрдістің бейнеленуін игеріңіз, ауа сынамасын алу нүктелерін және ауа ортасын бақылаудың қажетті кезеңділігін анықтаңыз;

2) сынама алу қондырғысын жинаңыз;

3) химиялық талдау жасау әдісін және оны жүргізу жағдайларын таңдаңыз;

4) әдістемеде көрсетілген затқа экспресс анықтау жүргізіңіз;

5) есептеу немесе графоаналитикалық әдіспен Коа есептеңіз;

6) Км және Коа –ны ШРЕКм немесе ӘШҚД және ШРЕКоа – мен салыстырыңыз;

7) тұжырымдар жасаңыз;

8) №104.001-2000 Б бойынша еңбек жағдайын жіктеңіз;

9) еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстар беріңіз.

Тақырып. Бір реттік ингаляциялық әсер ету жағдайындағы салыстырмалы улылыққа экспериментальды баға беріңіз

Мақсат. Бір реттік статикалық ингаляциялық әсер ету кезіндегі химиялық қосылыстардың улылығын анықтау; эксперимантальды жануарларды уландырудың және функционалдық жағдайына баға берудің қарапайым әдістері.

Тапсырма

1. Химиялық қосылыстармен статикалық және динамикалық әсер етуге арналған жабдықтармен танысыңыз. Экспериментальды жануарлардың жағдайына (спонтанды қозғалу белсенділігі, бұлшықет жұмыс қабілетілігі, тік ішек температурасы) баға берудің интегральды әдістерін меңгеріңіз.

2. Экспериментальды зерттеулер барысында үш есепті шешіңіз, әсіресе: улылықтың келесі көрсеткіштерге тәуелділігін анықтаңыз:

1) әсер ету уақытына (уақыт - әсер);

2) концентрацияға (концентрация - әсер) ;

3) қосылыстардың физико-химиялық қасиеттеріне.

3. Алынған мәліметтер негізінде улылықтың әсер ету уақытына, қосылыстардың концентрациясына және олардың физико-химиялық қасиеттеріне тәуелділігі туралы тұжырым жасаңыз.

Тақырып. Желдендіру жүйелерін тексеру және гигиеналық баға беру әдістері

Мақсат. Желдендіру жүйелеріне күнделікті бақылау жасау дағдыларын меңгеру.

Тапсырма

1. Келесі әрекеттерді орындай отырып, жағдайлық есепті шешіңіз:

1) бөлімшенің, цехтің және т.с.с. технологиялық үрдісінің қысқаша суретімен танысыңыз;

2) жұмыс орындарында желдендіру жүйесін қолданумен әсері төмендетілуі мүмкін өндірістік ортаның қолайсыз факторларын көрсетіңіз;

3) цехтағы жасанды желдендіру жүйесіне келесі тармақтар бойынша сипаттама және баға беріңіз:

а) үрмелі желдендіру және оның құрастырылымдық ерекшеліктері (жергілікті, жалпы, оқшауланған, үрмелі ауа құбырларының орналастырылуы, ауа таратқыштардың сипаттамасы, олардың аталуы) ;

б) сормалы желдендіру және оның құрастырылымдық ерекшеліктері (жергілікті, жалпы, оқшауланған, жалпы алмасулық сормалы желдендіру қондырғыларының ауа қабылдау тесіктерінің орналастырлуы, жергілікті сормалы қаптардың түрлері);

4) механикалық желдендірудің схемасын сызып көрсетіңіз;

5) бөлмеде жалпы алмасулық үрмелі-сормалы желдендіру болғанда үрмелі және сормалы тесіктердің орналастырылуына баға беріңіз;

6) цехтағы ұсынылған желдендіру жүйесінің құрастырылымы рационалды

(зияндылықтармен күресуге жарамды ма) болып табылады ма соны анықтаңыз);

7) цехтің желдендірілуінің тиімділігіне баға беріңіз:

а) ауа ортасы көрсеткіштерінің №1.02.005-94СН сәйкестігін анықтаңыз (температура, жұмыс орнындағы ауаның ылғалдығы, жұмыс бөлмелері ауасындағы зиянды заттардың концентрациясы);

б) желдендіру көрсеткіштері бойынша (сормалы желдендірудің сору тесігіндегі ауаның қозғалу жылдамдығы, үрмелі желдендірудің жұмыстық ойықтарындағы ауа температурасы мен қозғалу жылдамдығы);

в) ұсынылған материалдардың нәтижелері бойынша қорытынды жасаңыз. Желдендіру қондырғыларының жұмысын жақсарту шараларын атаңыз.

2. Зертханадағы желдендіру тиімділігіне келесі тармақтар бойынша баға беріңіз:

1) таңдап алынған желдендіру жүйесінің қағидасына баға беріңіз;

2) үрмелі ауаны жинау және ластанған ауаны шығару орындарының орналастырылатын жерлерін анықтаңыз:

3) берілетін ауаны дайындайтын құрылымды көрсетіңіз (тазалау, жылыту және т.б.);

4) бөлмедегі үрмелі сормалы тесіктердің өзара орналастырылуына баға беріңіз;

5) үрмелі желдендірудің шығу тесіктеріндегі және сормалы желдендіру қаптарының жұмыстық ойықтарындағы жылдамдықты өлшеңіз және баға беріңіз (тостақты анемометр немесе термоанемометрдің көмегімен);

6) пневмометрлік түтікшелер және микроманомертлердің көмегімен жабық ауа құбыры арқылы өтетін ауаның қозғалу жылдамдығын анықтаңыз;

7) үрмелі және сормалы желдендіру көлемдерін анықтаңыз;

8) ауа балансын есептеңіз;

9) зерттелетін желдендіру жүйесінің тиімділігін жоғарылату бойынша ұсыныстар беріңіз.

Тақырып. Көзге күш түсумен жүретін жұмыстарды орындау кезіндегі көру анализаторының жағдайына өндірістік жарықтандырудың тигізетін әсері

Мақсат. Қажетті сауықтыру шараларын өңдеу үшін өндірістік жарықтандыруға физиолого-гигиеналық баға беруге үйрену.

Тапсырма

1. Көру анализаторын функционалдық зерттеу құралдарымен және әдістемесімен танысыңыздар.

2. Жағдайлық есептерді шешіңіз, ол үшін келесі әрекеттерді орындаңыз:

1) берілген мамандық (немесе кәсіп) үшін көру жұмысының сипатын анықтаңыз;

2) өндірістік жарықтандыруға сипаттама беріңіз;

3) қажетті жарықтық деңгейін анықтаңыз, бөлменің жарықтықтығын өлшеу нәтижелерін нормативі мәндермен салыстырыңыз;

4) физиологиялық зерттеу нәтижелеріне баға беріңіз;

5) өндірістік бөлмелердегі жарықтық жағдайын жақсарту шараларын өңдеңіз.

Тақырып. Өндірістік жарықтандыруды тексеру және гигиеналық баға беру әдістері

Мақсат. Өндірістік жарықтандыруға гигиеналық баға беру әдістерін және жұмыс орындарының қолайлы жарықтандыру жағдайларын жасау бойынша шараларды өңдеудің негізгі қағидаларын меңгеру.

Тапсырма

1. Жарықтандыру мен жарықтықты өлшеу құралдары және әдістерімен танысыңыз;

2. Келесі мәселелер тұрғысынан жағдайлық есепті шешіңіз:

1) көру жұмысының разрядының және разряд аралық түрлерінің сипатына баға беріңіз:

а) негізгі белгілері (ажырату нысанының ең кіші мөлшері, нысанның ажырату реңімен контрастылығы, рең сипаттамасы); б) қосымша белгілері (күштенген көру жұмысы, жоғары жарақаттану қауіпі);

2) жасанды жарықтандыруға сипаттама және баға беріңіз:

а) жарық көзі; б) жарықтандыру жүйесі; в) жалпы жарықтандыру жарықшамының түрі (құрастырылымдық орындалуы және жарық ағымын тарату сипаты бойынша), зертхананың көрнекілік материалына қарай; г) жалпы жарықтандыру жарықшамдарын орналастыру; д) жарықшамдарды тазалау кезеңділігі; ж) көру аймағында айналы және аралас шағылысуға қабілетті жұмыс беттерінің болуы; з) ең аз қажетті жарықтандыруды, пульсация коффициентін, ажырату нысанының мәніне, реңге, оның нысанмен контрастына, жарық көзіне, жарықтандыру жүйесіне (қыздыру шамдарын қолданудағы жарықтандыруды жарықтандыру бағаны бойынша төмендету керек; қосымша көру жұмысының белгілері болғанда жарықтандыру деңгейін жарықтандыру бағаны бойынша жоғарылату керек) қарай жұмыс беттеріндегі көз шағылыстыру көрсеткішін анықтау; и) алынған мәнді (берілген жұмысқа арналған жарықтандыру шамасы) есепте көрсетілген жарықтандыру деңгейімен салыстырыңыз (өлшеу нәтижелерін хаттамаға түсіріңіз);

3) ұсынылған материалдар нәтижелері бойынша қорытынды жасаңыз. Цехтағы

жарықтық жағдайын жақсарту шараларын атаңыз.

Тақырып. Жеке басты қорғау құралдары (ЖҚҚ)

Мақсат. ЖҚҚ жіктелуін және әр түрлі зиянды өндірістік факторлардың әсер етуі кезінде ЖҚҚ таңдау қағидаларын меңгеру.

Тапсырма

1. Қабырға газеттерінде келтірілген ЖҚҚ –мен олардың жіктелуіне сәйкес танысыңыз.

2. Жағдайлық есепті шешіңіз. ЖҚҚ каталогын, ЖҚҚ берудің салалық нормаларын қолдана отырып, есепте берілген әрбір нақты өндірістік жағдайларда жұмысшыларды қорғау үшін қажетті ЖҚҚ жиынтығы туралы ұсыныстар беріңіз.

Тақырып. Өнеркәсіп орнын (цехті) санитарлық-гигиеналық тексеру

Мақсат. Өнеркәсіп орнында қолайлы еңбек ету жағдайларын қамтамасыз ететін барлық шаралар кешеніне мемлекеттік санитарлық қадағалау жасауға үйрену.

Тапсырма

Кәсіпорындардағы еңбек жағдайына келесі схемада санитарлық-гигиеналық тексеру жүргізіңіз.

1. Еңбек жағдайына гигиеналық баға беру.

1.1. Өнеркәсіп орнының өндірістік үрдісіне қысқаша сипаттама беру.

1.2. Зерттелетін цехтағы технологиялық үрдіске, қолданылатын жабдықтарға, бір жұмысшыға шаққандағы цехтің шаршы метрі мен ауданы.

1.3. Өндірістік ортаның мүмкін болатын қолайсыз факторлары және олардың әрқайсысына баға беру.

1.3.1. Цехтің ықшам климаты (қолайсыз ықшам климат жасалу көздері; температура, салыстырмалы ылғалдық, ауаның қозғалу жылдамдығы; жұмыс орындарындағы жылу сәулелену).

1.3.2. Жұмыс аумағының ауасының шаңдануы (шаң бөліну көздері – тұрақты немесе кезеңдік; шаңның шығу тегі, түзілу жағдайлары бойынша сипаттамасы; негізгі жұмыс орындарындағы шаңданудың мөлшерлік сипаттамасы).

1.3.3. Жұмыс аумағының ауасындағы зиянды заттар (ауаға түсу көздері – тұрақты немесе кезеңдік; мүмкін болатын ағзаға түсу жолдары; жұмыс орындарындағы химиялық құрамы мен концентрациясы).

1.3.4. Шу және діріл (көздері; факторлардың жіктелуі; әсер ету ұзақтығы; жұмыс орындарындағы мөлшерлік сипаттамасы).

1.3.5. Өндірістік желдендіру (желдендіру жүйесі; үрмелі ауа құбырларының орналастырылуы, ауа таратқыштардың сипаттамалары; алып келінетін немесе шығарылатын ауаның көлемі).

1.3.6. Өндірістік жарықтандыру: а) табиғи жарықтандыру (жарықтандыру түрі – бүйірлік, жоғары, үйлестірілген; қабырғалардың, еденнің, төбенің түсі; инсоляциямен күресу; табиғи жарықтандыру коэффициенті (ТЖК); б) жасанды жарықтандыру (жарық көздері; жарықтандыру жүйесі; жарықшам түрі; жұмыс орындарындағы жарықтық, көз шағылыстыру көрсеткіші, пульсация коэффициенті).

1.4. Жеке басты қорғау құралдары (ЖҚҚ)

Аталуы. Арнайы киімді жуу кезеңділігі.

2. Жұмысшылар еңбегіне физиологиялық баға беру: негізгі мамандықтар; фотохронометражды бақылаулар.

2.1. Еңбек үрдісінің ауырлығы:

- физикалық динамикалық жүктеме

- қолмен көтерілетін және тасымалданатын жүктің салмағы;

- стереотипті жұмыс қозғалыстары;

- статикалық жүктеме;

- жұмыс қалпы;

- тұлғаның еңкеюі;

- кеңістікте орын ауыстыруы.

2.2. Еңбек үрдісінің кернеулігі:

- ақыл ойлық сипаттағы жүктеме;

- сенсорлы жүктемелер;

- эмоционалды жүктемелер;

- жүктемелердің біртектілігі;

- жұмыс тәртібі.

Кесте 3. Зияндылық және қауіптілік дәрежесі бойынша жұмысшылардың еңбек жағдайына баға беру

Фактор

Еңбек жағдайының кластары

қолайлы

рұқсат етілген

зиянды

қауіпті (экстре-мальды)

1

2

3.1.

3.2.

3.3.

3.4.

4

Химиялық

Биологиялық

БФӘ аэрозольдер

Шу

Инфрадыбыс

Ультрадыбыс

Жалпы діріл

Жергілікті діріл

Иондаушы емес сәулелену

Иондаушы сәулелену

Ықшам климат

Жарықтандыру

Еңбек ауырлығы

Еңбек кернеулігі

Еңбек жағдайына жалпы баға беру

3. Қауіптілік және зияндылық, ауырлық және кернеулік дәрежесі бойынша жүктемеге сәйкес (№104.001-2000 Б) еңбек жағдайына баға беру (3 кесте).

4. Жұмысшыларға медициналық және тұрмыстық қызмет көрсету:

Денсаулық тұрағы. Бөлмелерінің құрамы.

Медициналық тексерулер: алдын ала, кезеңдік, мамандардың қатысуы (зертханалық, функционалдық зерттеулер). Медициналық тексерулердің нәтижелерін жалпылау бойынша қорытындылық акт.

5. Цехтағы еңбек жағдайын жақсарту шаралары.

Тақырыптар. Желдендіру жобаларына гигиеналық сараптама. Жарықтандыру жобаларына гигиеналық сараптама. Нормативі-техникалық құжаттарға гигиеналық сараптама. Тұрмыстық ғимараттар мен бөлмелер жобасына гигиеналық баға беру

Мақсат. Заңдылық материалдарды қолдана отырып, жобалау кезіндегі санитарлық-гигиеналық нормалар мен ережелердің сақталуына қадағалау жүргізу.

Тапсырма

Тапсырманы орындау кезеңдері жетекші құралдың сәйкес тарауларында ұсынылған.

2 қосымша

ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕ

ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТАРЫ

1. Технологиялық үрдістің жаңа қондырғысына немесе жаңа заттар мен олардың қосылыстарына гигиеналық баға беру.

2. Жекелеген бөлімшелердің, цехтардың жұмысшыларының еңбек жағдайын зерттеу.

3. Әйел адамдардың еңбек жағдайына гигиеналық баға беру.

4. Жекелеген кәсіп иелері ағзасының функционалдық күйіне еңбек жағдайының әсері.

5. Әр түрлі мамандықтағы жұмысшылардың физиологиялық ауытқуларына

салыстырмалы сипаттама беру.

6. Жекелеген мамандық жұмысшыларының еңбек ауырлығы мен кернеулігіне гигиеналық баға беру.

7. Жұмысшылардың еңбек ету және дем алу тәртіптеріне гигиеналық баға беру.

8. Цехтағы, кәсіпорындағы сауықтыру шаралырына, олардың тиімділігіне баға беру.

9. Өндірістік жарықтандыруға гигиеналық баға беру (немесе желдендіруге).

10. Кезеңдік медициналық тексерулердің мәліметтері бойынша жұмысшылардың денсаулық және еңбек жағдайлары.

11. Цехтағы, кәсіпорындағы еңбек жағдайы және уақытша еңбекке жарамсыздықпен жүретін аурушаңдық.

12. Цехтағы, кәсіпорындағы, саладағы бірқатар жылдардағы уақытша еңбекке жарамсыздықпен жүретін аурушаңдыққа талдау жасау.

13. Цехтағы, кәсіпорындағы, саладағы жұмысшылардың кәсіптік аурушаңдықтарының алдын алу шараларын негіздеу.

МСЭҚ – Мемлекеттік Санитарлық-Эпидемиологиялық қадағалау.

МСЭҚБ – Мемлекеттік Санитарлық-Эпидемиологиялық қадағалау Басқармасы.

ЕПМ – Емдеу – профилактикалық мекеме.

НҚ – Нормативтік құжат.

ЭМӨ - Электромагниттік өріс.

ЖЖ – Жоғары жиілікті.

УЖЖ – Ультра жоғары жилікті.

МЕСТ – Мемлекеттік стандарт.

ЖБА – Жүйке – бұлшықет аппараты.

МЕК – Максимальды ерікті күш.

МБЖҚ – Максимальды бұлшықеттік жұмыс қабілеттілік.

ЭМГ – Электромиография.

ӨТС - Өкпенің тіршілік сыйымдылығы.

ТМК – Тыныс алудың минуттық көлемі.

ЖСЖ – Жүрек соғу жиілігі.

1 Еңбек жағдайы – ол адам іс-әрекет жасайтын өндірістік орта және еңбек үрдісі факторларының жиынтығы.

2 Өндіріспен қамтамасыз етілген аурушылдық – қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс өтілінің өсу шамасына қарай жоғарылай беретін, әртүрлі себепті (әсіресе көп себепті) жалпы (кәсіптік емес) аурушылдық (жаспен стандартталған), зиянды факторлармен байланыспайтын кәсіптік топтарда бұл шамалардан басым түседі.

3 Демалысқа регламенттелген үзілістер – ауысым бойында қалыптастырылған және жұмыстың тоқтатылуын (қондырғыны сөндіруді) немесе атқарушыны ауыстыруды қарастыратын үзілістер.

57