
- •Бір митингтің хикаясы Осыдан 25 жыл бұрын халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылған еді
- •Атомға қарсы әлемдiк акцияның отаны
- •2 Невада-Семей қозғалысының атом сынағын тоқтатудағы ролі
- •Атомға қарсы қаһармандық күрес
- •Семей полигоны
- •«Невада-Семей» қозғалысы жабылған жоқ
- •Сәкен есімбекұлы. «Невада-Семей» қозғалысы халық қаржысын қалай қымқырды
- •Семей полигоны
- •Ядролық қару
- •Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қарусыз болашаққа
- •Олжас шынымен өтірік айтқан жоқ па?..
- •«Невада-Семей» қозғалысы халық қаржысын қалай қымқырды?..
2 Невада-Семей қозғалысының атом сынағын тоқтатудағы ролі
«
Атомға қарсы қаһармандық күрес
»
Дата: 10.11.2012 в 07:02 · Категория: 2012-11-10T07:02:22+06:00 Қазақша жаңалықтар
Жұма, 9 қараша, 2012
Атомға қарсы қаһармандық күрес
Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына ұсынудың түпкі мақсаты Жер шарын атом сойқанынан сақтаудың жолы болып табылады. Өйткені, АҚШ Конгресінде бұл мәселе текке әңгіме болған жоқ.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында мен ол кезде Семей облысы аталатын қазіргі Шығыс Қазақстанның Аякөз ауданында іссапарда болдым. Біреулердің жазған арызы бойынша Таңсық ауылындағы мектепке келдім. Мен келгенде мұнда ұстаздардың бір түрлі қобалжып, мазасызданғанын сездім. Өйткені, Семей полигонында кезекті ядролық сынақ жасалып, оның әсері осында жеткен екен. Жойқын жарылыстың салдарынан мектептің бір қабырғасына сызат түсіпті. Ол кезде ядролық жарылыстың сойқаны мен радиация зияны айтылмайтын құпия еді. Бірақ менің семейлік достарым «Біз жақта күмпілдетіп күнде атом бомбасын жарып жатады. Бұған біз әбден үйренгенбіз», дейтін. Кеңес өкіметі өзінің сойқан қаруы – атом бомбасын Семей полигонында қырық жылға жуық сынады. 500-ден аса жойқын жарылыс болды. Сол дәуірде әлемді үрейлендірген Семей полигонының сойқан сүргіні жөнінде айту өте қауіпті еді. Өйткені, полигон Л.Берияның тікелей басшылық етуімен өмірге келген болатын. 40-жылдардың соңындағы алғашқы сынақ кезінде Абыралы ауданы қазақтары басқа жаққа аяқ астынан көшіріліп, халық қатты жапа шеккен. Ал, 50-жылдардағы жарылыс кезінде өлім эксперименті тек мал емес, адамдарға да жасалған. Бұл құпия кейін айтылды. Мәскеу ядролық сынақтардың қоршаған орта мен адамдарға тигізіп жатқан зардап, зиянын біліп отырды. Өйткені, полигон жанындағы әскери бөлімдерде ауру шығып, ауырғандар құпия түрде Мәскеуге жөнелтілетін. Жарылыс кезінде ауаға таралған радиация жан біткенді улап, айықпас дертке шалдықтыратын. Полигон төңірегіндегілер көбіне рак пен жүйке ауруларына шалдықты. Айтуға ауыз бармайтын қасіреттісі сол – жарылыстан кескін-келбеті құбыжықтарды елестететін балалар дүниеге келді. Ер азаматтардың белсіздігі және әйел аналардың дүниеге дені сау ұрпақ әкелмеуі – полигон аймағындағы қасірет еді. Ойрандалып, уланған жер-су мен табиғатты айтпай-ақ қояйық. 80-жылдардың соңында Сарыарқаның төсіндегі атомның сойқаны шектен шықты. 1989 жылы қысты күні болған кезекті ядролық жарылыс Семей өңіріндегі халықты қатты үрейлендірді. Көкке көтерілген «жалын-бұлт» радиацияның қалыпты мөлшерден әлдеқайда асып, ауаға у-тозаң болып таралғанын көзге ұрып көрсетті. Семейліктерден Қазақстан Жазушылар одағына жеделхат келді. Мәскеуге дабыл қағылды. М.Горбачевтің «еркіндік демократиясының» әсерінен болу керек, халық қауым болып жиналып, шеру ұйымдастырып, қоғамдағы шындықты айта бастаған кез еді. Жазушылар одағында Семей полигонындағы соңғы жарылыстың кері әсері айтылып, осы облыстан келген біраз азамат аймақтағы атом сынақтарының зардабын ашып айтты. Сөйтіп, осы күні «Антиядролық Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Мен оның құрылтай жиналысында болып, кейін халықтық қозғалыстың шеру-митингілеріне, жиналыстарына қатысып жүрдім. 90-жылдардың басында шыққан «Халық Конгресі» газетінде тілші әрі «Невада-Семей» қозғалысының сарбазы ретінде ядролық сынақ жарылыстарының сойқаны мен құпиясы жайында көп жаздым. Семей полигоны өңірінде еңбек етіп, кейін Алматы төңірегіне көшіп келген, радиация сәулесіне шалдыққан талай адам халықтық қозғалысты жақтады. Бүкіл туған-туысы, бауыр, жақындары, «полигон кұрбаны» болып өмірден өткен, соңында радиация дертінен өзі де дүние салған Қанай атты қария шеру-митингілерде «қара ту» қөтеріп жүруші еді. «Невада-Семей» қозғалысын халық қызу қолдады. Өйткені, полигонның 40 жыл қырғын салғаны рас еді. Аймақтағы адамдар айықпас дерттен, жазылмас аурудан көз жұмып жатты. Шыны керек, Семей полигоны қазақтың қасіреті болды. Полигон маңында өмірге келіп, 2 қолынан айрылған Күйіковтің тағдыры менің көз алдымда тұр. Ол «Невада-Семей» қозғалысының әр шеруіне қатысып, «мені кемтар қылған полигон» деп сөйлегенде көзімізге жас келетін. Халықтық қозғалыс кемтарлар мен мүгедектердің, аурулар мен сырқаттардың тағдырын айтып, әлемге жар салды. Сол кездегі КСРО билігінен Семей полигонын жабуды талап етіп, батыл күреске шықты. Қозғалыс белсенділері атом сынақтары тек Қазақстан емес, жалпы әлемге де қауіп екенін айтып, шетелдерге сапарларға шықты. Семей өңірі халқы сойқанға қарсы түгел көтерілді. Өйткені, Мәскеуде сынақты одан әрі жалғастыра берудің жоспары бар еді. Қазақстандағы ядролық сынаққа қарсы қозғалысты Еуропаның 30 елі қолдады. Екі қаласын АҚШ-тың атом бомбасы жермен жексен етіп, адамзат тарихында болмаған сойқанды бастан кешкен Жапония «Невада-Семей» қозғалысын барынша жақтады. Ол елде радиация дерті ұрпақтан ұрпаққа жалғасты. 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл әлем үшін ерекше оқиға еді. Сөйтіп, дүние жүзіндегі дүниені үрейлендірген бір аждаһаның үні өшті. Өткен ғасырдың 80-жылдары дүние жүзінде ядролық соғыстың болу қаупі сезілген еді. Өйткені, 5 ірі мемлекет – АҚШ, Қытай, КСРО, Англия және Франция аса қуатты ядролық қаруларын сынап жатты. Сынақ бұл елдердің жерінде емес еді. Мысалы, Ресей Қазақстанда, АҚШ үндістер тұратын Невада штатында, Қытай Шығыс Түркістанда (Лобнор), Англия мен Франция бұрын өздерінің отары болған елдер мен аралдарда тажал қаруларын сынады. Зор сынақтардың залалы мен сойқаны қоршаған ортаны ойрандап, бүлдіріп, Жер шарына үлкен қауіп төндірді. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі әлем ғалымдары атом апатының қаупіне қарсы тұрды. Атом жарылыстарының түбінде жақсылыққа апармайтынын білді. 1993 жылы Алматыда өткен халықаралық конгресте жаппай қырып-жоятын қарулардың адамзат үшін өте қауіпті екенін ғалымдар дәлелдеп айтты. АҚШ-тан келген бір топ үндіс пен бір діндар америкалық жер бетінде бейбітшілік болсын деп Құдайға жалбарынып дұға оқыды. Әлем экологиясы мен табиғатына және қоршаған ортасына зиянын тигізіп, Жер шарының бір бөлігін бүлдіріп жатқан Қытайдың Лобнор полигоны еді. Такла-Макандағы атом жарылыстарынан шыққан радиация тозаңы жел арқылы дүниеге тарады. Оның ішінде Қытаймен шектесетін Алматы облысы аймағына көрші ел полигонынан радиацияның келуі эколог ғалымдарды қатты алаңдатты. Марқұм, «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі, академик А.Часников Хантәңірі өңіріндегі радиация тозаңы Қытай полигонынан келетінін батыл айтқан еді. Лобнор полигонындағы жарылыстарды тоқтату жөнінде «Невада-Семей» қозғалысы жанынан «Лобнор» комитеті құрылды. Қозғалыс белсенділері мен сарбаздары Мәскеуге барып, Қытай елшілігі үйі алдында митинг ұйымдастырды. Ғарышкер Н.Гречко қозғалыс белсенділерін қолдап, керек жерінде көмектесті. Қозғалыс белсенділері шерулерін Қызыл алаңда жалғастырды. Бір рет олар тұтқындалды да. Семейде әскери қызметте болған майор кездейсоқ кезігіп, «Мен полигон қасіретін жақсы білемін», деп жігіттерді жазадан құтқарғаны әлі есімде. Атом сынақтары 80-жылдары тек Семей өңірінің экологиясын ғана бүлдіріп қойған жоқ. Батыс Қазақстанда да оның зардабы жалғасып жатты. Азғыр, Капустин-Яр және Тайсойған құмындағы құпия қаруларды сынаған кезде ондағы табиғаттың бүлінгені өз алдына, радиациядан індет тарады. Жерасты сулары уланып, өсімдіктер құрып, мал қырылып, малшылар айықпас кеселге душар болды. Адамзат өміріне тажал болып төнген аждаһа өткен ғасырдың 80-жылдары бизнеске айналғаны да жасырын емес. Атом қаруын сату немесе оны құпия түрде көп қаржы бөліп жасау сияқты фактілер әшкереленді. Француз саясаткері Жак Аттанидің кейбір елдерде атом бомбасына байланысты контрабандалық астыртын әрекеттер жөнінде жазған кітабы жарыққа шығып, бұл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Бұл кітапта ядролық қаруға ресми ие болған 5 мемлекеттен басқа тағы да оншақты елдің осы қаруды жасырын жасап жатқаны жөнінде айтылды. Жак Аттани 120 миллион долларға бір атом бомбасын жасауға болатынын айтып, сойқанға қарсы тұрудың жолын дәлелдеді. 8 килограмм таза плутонийден бір атом бомбасы жасалады екен. Ол кезде әлемде 300 тонна мөлшерінде плутоний бар деген болжам бар еді. Бұдан қанша атом бомбасы жасалатыны және белгілі-тін. Яғни, жаппай қырып-жоятын қаруды жасау қатерлі бағыт алды. Адамзатқа үрей туғызған ядролық жарылыстарды тоқтатудың батыл әрі қаһармандық іс-әрекеті ақыр аяғында Қазақстанда түпкі мақсатына жетті. 1991 жылы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние жүзіндегі аждаһа полигондардың бірі – Семейдегі атом апатының ошағын жабу жөнінде шешім қабылдап, Жарлық шығаруы үрейленген әлем халықтарын бір серпілтіп тастады. Көп кешікпей, дүние жүзіндегі барлық полигондардағы сынақ-жарылыстарды тоқтату жөнінде мораторий жарияланды. Ядролық қарулары бар мемлекеттер арасында жер бетінде бейбітшілікті сақтауға байланысты ынтымақтастықтың жаңа жобалары мен келісімдері жасалды. Қазақстандағы қаһармандық қозғалыс пен Елбасының әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартуы және оны әлем халықтарының қолдауы жойқын ядролық соғыс қаупін сейілтті. Бұл жерде Қазақстан Президентінің батыл қадамының адамзат тарихында алатын орны ерекше екенін тағы бір мәрте қайталап айтқанның артықтығы жоқ. Биылғы 29 тамызда Астанада «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференция өтті. Онда жер бетінде атом аждаһасының қандай зардап, қасірет әкелетіні кезекті рет көлденең тартылды. Көп өтпей, қыркүйек айында АҚШ-та Қазақстанның ядролық сынақтарға қатысты саясатын жақтаған саясаткер Эни Фалеомаваега Қазақстанның «АТОМ» жобасына айрықша баға берді. Халықаралық жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын беру жөнінде әңгіме көтерілді. Ұлт көшбасшысы Нобель сыйлығын алып жатса, бұл – Қазақстан үшін шын мәнінде үлкен мақтаныш әрі лайықты мәртебе болатыны және Елбасы еңбегінің оң бағаланғаны болып шығатыны ақиқат. Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагері, 1994 жылғы Нью-Йоркте өткен әлемдік атомға қарсы акция-шерудің делегаты. АЛМАТЫ.
Жариялымдар / БАҚ мақалалары |
Семей қасіреті. Семей ядролық полигонында сынақтың тоқталуына 20 жыл Ия, биыл Семей аймағына аты шулы, жұртымызды елең еткізген Семей ядролық полигонының жабылуына 20 жыл толды. «Ядролық полигон жойылсын !», «Сынаққа жол жоқ», «Жабылсын полигон !» міне бұл қарапайым қазақ жұртының көтерген үндеуі еді. 1989 жылы 19-қазанда Мәскеу уақытымен 12 сағат 50 минутта қуаты 75 килотоннаға дейін жететін жарылыс жасалды. Бұл соңғы жарылыс болатын. Дегенмен 40-жыл бойы жарылыс жасалып келген аймақтың уланған халқы, 20-жылда дерлік аурудан айығып кетті ме екен бұл әлі белгісіз. Осы полигоның кесірінен талай адам бұл дүниемен қоштасып, о дүниенің есігін ашты, балалар өлі туды, адамдар өзіне-өзі қол жұмсады, ақ қан, қатерлі ісік аурулары әлі күнге дейін толастар емес. 1989 жылы 28 ақпанда қазақ жазушысы, қоғам қайраткері О.Сүлейменов «Қазақстанда сынақ дереу тоқтатылсын » деп өтініш жасайды. Алматыда жазушылар одағының ғимаратында митингіде «Невада-Семей » антиядролық қозғалысы құрылсын деген шешім шығарылады. Антиядролық қозғалыстың мақсаты Семей ядролық полигонын жою, әлемдік ядролық қаруды сынақтан өткізуді тоқтату болатын. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы мәселенің шешілуінде маңызды рөл атқарған қуатты фактор болып табылады. Кеңес қозғалысын О.Сүлейменов басқарып, арнайы комиссия Семей қаласында дереу полигонды жабуға байланысты құжаттар қарайды. Бірнеше үндеулер таратылады, бірақта бұл айтылған істермен сынақ өз жұмысын тоқтатпайды. Мұрағатымызда сақталған жергілікті «Семей таңы» газетінде ( 1989 жыл 2-ші наурыз №43-ші нөмір) тілшілеріміз ядролық полигонының бастығы генерал-лейтенант А.Д. Ильенкодан бірнеше сұрақтар төңірегінде әңгімелеп беруін өтінген екен. Осы әңгімеден біраз үзінді келтіруді жөн көрдім. Тілші: Семей қаласы маңында ядролық қаруды сынайтын полигон бар екені қазір дүние жүзіне мәлім. Осыған орай облыстық газеттердің редакцияларына жер астындағы ядролық жарылыстардың айналадағы ортаға, адамдардың денсаулығына қалай әсер ететіндігіне алаңдаушылық білдірген сұрақтар түсіп жатады. Осыған байланысты және түрлі өсек-аяңға жол бермеу үшін әрі бірінші қолдан сенімді деректер алу мақсатында біз ядролық полигонның бастығы генерал-лейтенант А.Д.Ильенкодан бірқатар сұрақтар төңірегінде әңгімелеп беруін өтіндік. Тілші: Осы ядролық полигонды құруға не себеп болды? Жауап: Оған басты себеп- кезінде АҚШ ядролық басымдығын болдырмау мақсатындағы әскери қажеттіліктен туған еді. АҚШ тарапынан осындай ядролық арандату жағдайында Совет үкіметі елімізде атом қаруын жасау жөнінде қарсы шара қабылдауға мәжбүр болды. Тілші: - Біздің ядролық қаруымыз қай жылдары жасалды? Жауап: - СССР-дағы тұңғыш ядролық жарылыс 1949 жылдың 29 авгусінде Москва уақытымен таңғы сағат 7-де жасалды. Бұл отандық ғылымның атом бомбасына АҚШ-тың бірден - бір қожа болу ниетіне балта шапқан аса ірі табысы еді. Полигон, сөйтіп атом зарядтарының бүтіндей бір сериясын даярлауға және сынауға кірісті. 1954 жылдың 12 сентябрінде біздің полигонда дүние жүзінде тұңғыш рет термоядролық құрылым сыналды, ал 1955 жылдың 22 ноябрінде сутегі бомбасы сынақтан өтті. Бұл сынаулар СССР Қарулы күштерінің барлық түрлерін жарақтандыру үшін оқ-дәрінің ядролық жаңа түрлерін жасауға мүмкіндік берді. Көп уақыт бойы жарылыстар өте жоғары биіктікте ауада жасалды. Ондайда радиоактивті сәуленің зақымы мейілінше азаяды да тек жарық сәуле шашу мен серпінді толқын сияқты факторлар ғана әсер етеді.Тұрғын халықты одан сақтандырудың барлық шаралары жасалып отырды. 1963 жылдан бастап ядролық зарядтарды сынау жер астында жүргізілуде. Тілші: Ядролық жарылыстар бізді қоршаған табиғатқа және біздің өзімізге залалын тигізбеуі үшін барлығы да жасалып отыр ма? Жауап: - Сынаулар қатаң санитарлық-гигиеналық бақылаумен жасалады және ол жарылыстан бір-екі тәуік бұрын жарылыс сәтінде және ол аяқталысымен жүзеге асырылады. Полигондық сынаулар жүргізіле бастағаннан бері радияциялық жағдайды болжаудың сынақты жүз процент дерлік хауіпсіздендіруге мүмкіндік беретін сенімді методикасы жасалып практикаға енгізіледі. Болжаудың қазір қолданылып жүрген методикаларында сынақ жүргізудің қатаң талаптары жинақталған. Оның бір ғана кемшін сәті- жарылыс кезінде ауаға қасиетті газдар түрінде болымсыз ғана радияцияның шығуы. Бұл газдар барлық радиоактивті элементтердің ішіндегі адам организміне әсері жөнінен ең әлсіздері. Тілші: Жарылыстан кейін не болады? Жауап: Сынақты жүргізудің технологиясы ауаға радиоактивті заттардың қандай болмасын кездейсоқ шығып кетуін болдырмайтындай етіп жасалғанына, міне он жылдан асты. Алайда , атмосфераға қасиетті газдар (криптон және ксенон) ғана шыға алады. Олардың өзіндік ерекшеліктері химиялық жағынан мүлде бейтарап, яғни басқа элементтермен химиялық реакцияға түспейді және тұрақты құрылымдар түземейді. Организмде бөгеліп қалатын басқа радиоактивті элементтерге (мәселен, иод-тамақ бездеріне, стронций-сүйекте және с.с.) қарағанда бұл газдар организмге енгенімен тыныс органдары арқылы іс жүзінде қолма-қол дерлік сыртқа шығып кетеді. Тілші: - Яғни адамның ішкі органдарына олардың ұзақ уақыт әсер етуі іс жүзінде мүмкін емес қой? Жауап: Дұрыс айтасыз. Мұндай деректер лабораторияларда жануарларда жасалған тәжірибе жолымен және сол сияқты радиоактивті зақымданған аймақтарда болған адамдарды арнайы тексеру кезінде алынған. Көпшілік жағдайда бұл газдардың таралу аймағы 10-50 километрден аспайды. Сөйтіп олар ауамен араласып сұйылып, олардың гамма сәулесінің күші кемиді де, табиғи фонның деңгейіне түседі. Тілші: Кейбіреулері облыста балалардың өлім-жітімі және онкологиялық аурулармен ауыру көбейіп барады дегенді айтады. Жауап: Жалпы және онкологиялық аурулармен ауру, сондай-ақ облыс халқының барлық контингенттерінің арасындағы өлім жітім СССР-дің орта статистикалық көрсеткіштерінен артық емес Бұл арада сынау жұмыстары мен халық денсаулығының жағдайы арасындағы себеп-салдар байланысы байқалмайды. Екінші бір қауесет- радиацияның әсерінен өлі туған балалардың саны және балалардың кемтарлығы көбейіпті-мыс. Егер, балалар өлімі цифрына қарайтын болсақ, ол соңғы жылдары облыста 1000 баладан 14-26 болып отыр. Ал, басқа аймақтардың әйелдер босанатын үйлерінде осы жылдар ішінде бұл көрсеткіш 18-13 мөлшерінде. Бұл арада полигондағы жағдайдың әсері туралы айту орынсыз, ал жоғарыдағы көрсеткішті төмендетуге жетісу қажеттігі өз алдына мәселе. Әрине, бұл айтылғандардың «алаңдайтын ештеңе жоқ» деген ұғым тумаса керек. Жағдай әрқашанда тұрақты бақылауда болуға тиісті. Тілші: Әңгімеңізге рахмет! Осы әңгімені мұқият оқып шықсақ, сұраққа жауап берген генерал-лейтенант А.Д.Ильенконың ядролық сынақтың адам ағзасына ешбір зияны жоқ деп басып айтқанына, қарапайым халықтың имандай сенгендігі анық көрінеді. Осыған қарамастан митингіге қатысушылар өзінің үндеуін тоқтатқан жоқ. «Семей таңы» 1989 жыл 24-ші қазан № 204-ші нөмірінде, Антиядролық митингілерге қатысушылардың үндеуі берілген. Онда: «Осы жылдың 19 октябрінде, осы айда, міне, екінші рет, Семей полигонында кезекті ядролық жарылыс жасалды. Соңғы жарылыс бірнеше рет кейінге қалдырылғандығы да мәлім болды. Біз полигонның басшылығы республика жұртшылығының пікірін және халықаралық антиядролық күштердің беделін ескереді, сөйтіп, сынауды болдырмайды деп үміттенген едік. Іс жүзінде әскери адамдар тек ауа райының қолайлы сәтін ғана күткен болып шықты. Сөйтіп, 19 октябрьде Москва уақытымен 12 сағат 50 минутта қуаты, 75 килотоннаға дейін баратын жарылыс жасалды. Осы жылдың февралындағы қазір бәрімізге белгілі жарылыстан кейін желдің бағыты өзгеріп, ол Шаған қаласындағылардың үрейін туғызғаны біздің есімізде. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда 4 октябрьде құс жаппай қырыла бастаған. Міне, осының бәрін біз қасақана жасағандық, халықтың талабын елемеу, бейбітшіліктің халықтық дипломатиясына қарсы тұру, жарылыстардың санын күрт қысқартып, қуаттылығын 20 килотоннаға дейін азайту жөніндегі үкімет шешімін анық бұзғандық деп бағалаймыз. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Совет үкіметімен Қорғаныс министрлігіне жолдаған Үндеулеріне жауап әзірге бұрынғысынша- сынаулар тоқтатылған жоқ. Біздің үкіметтің халықаралық антиядролық форумдардың адресіне құттықтау телеграммалар жолдай отырып, сонымен бір мезгілде өз халқының талабын елемейтін позициясын қалай түсінуге болады?! Әскери ведомство бізді патриотизмі жоқ деп кінәлайды. Бірақ біз қазірдің өзінде өз халқына қатер төндіріп отырған ядролық қорғаныс қалқанын үстемелей беру адамгершілікке жатпайды деп есептейміз. 60 мың атом боеголовкасына тағы да бір мың қосу-ешқандай ақылға сыймайды және қылмыс. Біз Алматы қаласы жұртшылығының антиядролық митингісіне қатысушылар Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Семей полигонын дереу жабу туралы шешім қабылдауын және республиканың халықтары атынан бұл мәселені СССР халық депутаттары Съезінің күн тәртібіне енгізуді талап етеміз. Халықтың еркі-үкімет үшін заң! Демократияның мәні осында! Халық Семей полигонын жабуды талап етеді. Үндеу Алматы-Семей-Қарағанды қалалары жұртшылығының антиядролық митингілерінде қабылданды.» деп жазылған. Полигонның буырқанған ащы уын татыған жұрттың, зар мұңын жыр етіп жазған ақындарымы да жоқ емес. «Семей таңы» (1989 жыл 1-ші қараша №209-шы нөмір) газетінде ақын Төлеген Жанғалиев ағамыз «Қайғы әкелген қалқан» немесе ядролық жарылыстардың зардаптары туралы жыр: жазады. Сонымен қоса мұрағатымызда фото суреттерде сақталған. Осы секілді осыдан 20-жыл бұрын, полигонның зардаптары жайлы баспа беттерінде көптеген мақалалар жарық көрген екен, менің келтірген мысалдарым осының жартысы ғана. Қасиетті қарт Семейдің қасіретіне айналған ядролық сынақ жойылып, халықтың арманы орындалды. 1991 жылы тамыздың 29-ында «Семей ядролық полигонын жою туралы » Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә Назарбаев жарлыққа қол қойып, шешім шығарды. Полигон зардабын тартып, ядролық сынақтан пайда болған қасіреттен айырылмаған жұрт қуанышқа бөленді. Болашақта мұндай жойқын, ядролық сынақ болмаса екен деп тілейік. ШҚО ҚЗТҚО. 1. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 2 наурыз. № 43 2. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 24 қазан №204 3. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 1 қараша №209 |