Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ХХ г. І жарт. аде.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.21 Mб
Скачать

Мәнмәтіндік мазмұн

1-дәріс. ХХ ғ.б. қоғамдық-саяси ахуал және оның ел руханиятындағы көрінісі. Ұлттық әдебиеттің дамуы. ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзі.

Мақсаты: ХХ ғ.б. қоғамдық-саяси ахуал және оның ел руханиятындағы көрінісі мен ұлттық әдебиеттің дамуындағы жаңа бағытты, сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің даму, қалыптасуын түсіндіру. Қазақ баспасөзінің алға қойған мақсат, міндеттері мен ел ішінде атқарған ролін талдау.

Сұрақтар:

  1. ХХ ғ.б. қоғамдық-саяси ахуал

  2. Оқу-ағарту ісінің дамуы

  3. Әдебиеттің дамуындағы жаңа бағыттар

Дәріс мәтіні (тезис)

ХХ ғасырдың басында қоғамдық-саяси ахуал күрделі еді. 1907-1917 жылдар аралығында патшалық Ресей қазақ жерiн отарлау саясатын одан әрi жүргiздi. Халықтың жанайқайы, Қарқаралыдан, Лепсiден, тағы басқа алаш жерiнен естіліп жатты. Петербор газет-журналдарында 1906-1910 жылдары жарияланған Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы мақалалары, қырым татарларының “Тәржiман”, татардың “Дiн уа магишат”, “Ихтисад”, “Шора”, “Уақыт”, “Жұлдыз”, т.б. басылымдарындағы материалдар әдiлетсiздiктi әшкерелегенiмен, басқару аппараты оларды қаперiне де алмады. Орынборда шығатын “Уақыт” газетi тiкелей қазақ тағдырына қатысты: “Мұсылман қазақтардың халi тым ауыр. Асыра айтқандық емес, қазiр саны 7 миллион осы милләт өмiр, не өлiм деп күресуде. Жыл сайын переселендiк саясат олардың 1 млн. десятина жерiн тартып алып, өздерiн таулы-тасты, құнарсыз жерге қуып жатыр. Рас, патша жарлығымен қазақтарды жермен қамтамасыз ету қаралған-ды. Бiрақ берiлмек болып отырған 15 десятина жер қазаққа өте аздық етедi. Сондықтан олар бұдан бас тартты”,-дегендi хабарлап, қазақтардың отырықшы болуына тiлектестiгiн бiлдiредi. Қазақ оқығандары мен ақын-жазушылары қазақтың осы ауыр хал-ахуалына және болашақ өміріне алаңдаған ой пікірлерін әдеби туындалар арқылы әйгіледі. Дәл осы кезеңде Алаш қозғалысы тарихи аренаға көтерілді. 1917 жылдан бастап Большевиктер өктемдігі жүзеге аса бастады.

1917 жылғы қазан революциясынан кейін кеңестік идеология, яғни большевиктік идея өз үстемдігін жүргізе бастады. Ол ең әуелі әдеби шығармаларда көрініс тапты.

Ұлттық әдебиетті қалыптастыру, сол бағытта дамыту мақсатындағы ұйымдастыру, шығармашылық ізденісті өрістету шаралары өзінше мүдделі даму жолына бастады. Ұлттық әдебиеттің қызметі артты. Саяси, таптық көзқарас тұрғысынан келген жаңа бағыт өрби келе партиялық әдебиет жасау жолына бет бұрды. Мәселен, жаратылысы мен даму деңгейі әртүрлі қазақ әдебиеті мен екінші бір тараптағы орыс, украина әдебиеттерінің, сол сияқты басқа да ұлттық әдебиеттердің жеке ішкі заңдылықтарынан бұрын ортақ идеологиялық мүдде басым көрінді.Соның барлығы түптеп келгенде, түрі ұлттық, мазмұны социалистік әдебиеттің, яғни кеңестік жаңа әдебиет кезеңінің тууына негіз болды.

Дегенмен, қазақтың ұлттық әдебиеті тарихындағы бұл жылдардың өзіндік ерекшеліктері басым. Әдебиеттің дамуында әдеби байланыстар өрістеп дамыды. Қазақ әдебиетінің тарихында бұл үрдіс аударма жанры бойынша қалыптасты. әдеби байланыстар, аударма әдебиеттердің бұрын-соңды болмаған сипатта кеңінен өрістеуі мәдениет үрдісінде, қоғамдық өмірде барынша терең із қалдырды.

Біріншіден, әлем әдебиетіндегі, орыс және басқа республикалар әдебиетіндегі классикалық шығармаларды ана тілімізге аударып, зерттеп, насихаттау үрдісін атауға болады. Бұл әдебиеттің барлық жанрларында, айта берсек, саяси-қоғамдық әдебиеттер саласында да кең өрісті арна түзді.

Екіншіден, ұлттар мен халықтар арасындағы әдеби байланыстар (орыс - қазақ, қазақ – қырғыз, қарақалпақстан, өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан, тәжік, түркмен, т) қалыптасып, өрістеді. Орта Азия және шығыс халықтарымен әдеби-мәдени байланыстар дәстүрлі өлшемдер аясынан шығып жан-жақты өрістеген тынысты шығармашылық әріптестікке ұласты. Орта Азия респуликаларының әдеби тынысы жақындасып, ортақ сипаттары қордалана түсті.

Үшіншіден, қазақ әдебиеті шығармаларының шет елдер тіліне аударылу жолға қойылып, шетел әдебиетіндегі «қазақтар тақырыбының өрбуіне өріс ашылды.

Төртіншіден, қазақ әдебиетінің шығармаларында шетел тақырыбы көрініс бере бастады.

Бесіншіден, саяси-әлеуметтік байланыстардың табиғаты мен тарихи деректері осы кезеңдегі ұлттық әдебиеттің идеялық-көркемдік бітімінің жаңа түзілімі қалыптаса түскендігін танытты.

Қазақ әдебиеті жаңа сипатты, кең тынысты көркемдік бітімін түзіп үлгірген еді. Қазақ оқырмандары еларалық ақпараттар кеңістігіне шықты. 1905-1907 жылдардағы төңкеріс жұртшылықтың саяси белсенділігін ғана емес, Ресейдің шеткері аймағын мекендеуші елдер әдебиеттерінің дамуын тездетті. Осы кезде Орал, Еділ, Қазақстан, Орта Азия елдері әдебиеттерінің прогрессшіл сипаты анағұрлым артты. Татар – Г.Исқақи, Ғ.Тоқай, Ғ.Ибрагимов, Ф.Амирхан, Г.Камал; башқұрт – М.Ғафури, Ш.Бабич; қазақ – Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсіпбек, Бернияз; өзбек – Авлони, Фитрат, Чолпан, Бату; қырғыз – Сыдық, Қасым және тағы басқа ұлт өкілдері көркем сөзді саяси-әлеуметтік мәселелерді шешетін құрал ретінде пайдаланып, империялық амбициядан туындаған қоғамдағы әділетсіздік, озбырлықты әшкерелеп шығармашылықтың шарықтау биігіне көтерілді. Жаңа заман қазақ жазушыларының алдына жаңа міндеттер жүктеді. Сондықтан түркі әдебиеттеріне ортақ, басты тақырыптар болып ескілік пен надандықпен күрес, ағартушылық пен прогресске үндеу, ұлттық езгі мен теңдік мәселелері саналды. Бұл бағыттағы шығармашылық ізденіс, көркем-эстетикалық көріністер М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, т.б. әр түрлі жанрдағы шығармаларында айқын бедерленді.

ХХ ғасыр басындағы ірі құбылыс - Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының рухани дүниесін жаңғыртып, ұлттың тарихи санасын түлеткен дара да дана дарын иесі деп айтамыз. Ол біріншіден, әдебиетте оқу ағартушылық бағытты дамытты, халықты өнер, білімге шақырып өлеңдер жазды. Екіншіден, өзі де жаңа бағытта оқу ағарту ісімен шұғылданды. Ұстаздық етті. Үшіншіден, қазақ баспасөзін дамытты. Газет арқылы көпшіліктің көзін ашты. Сол кездің жаңалығын қазақ даласына таратты. Төртіншіден Әдебиеттану ғылымының негізін салды. Бесіншіден тіл ғылымының негізін салды. алтыншыдан қазақ әдебиетінде аударма саласының дамуына үлес қосты. Алтыншыдан, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялады. Жетіншіден, қоғамдық саяси мәселенің бел ортасында жүрді. Ол қазақ танымын әлемдік өркениеттің аса күрделі де шырғалаң үрдісті жолына бастады. Уыздай уылжып тұрған қазақ мәдениетін адамзаттық адуынды таным мектебінен өткізіп, бұғанасын бекітті, қанатын қатайтты. Шоқан, Абай ұлықтаған ұлттық сананы өркениет көрігінде суарды, замана заңғарына шығарды, шыңдады. Сол сияқты Әлихан Бөкейханов, М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов т.б. осындай істер атқаруға үлес қосты.

ХХ ғасыр басында Абай дәстүрі, Абай мектебі қалыптасты. 1904 жылы жазылып, 1905 жылы Семейдегі листокта жарияланған Әлихан Бөкейхановтың ақын туралы азалы толғамы содан былайғы зерттеулерге негіз болды деуге болады. А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев сынды көрнекті әдебиетшілер сол кездің өзінде Абайтану ғылымының негізін қалады. ХХ ғасыр басында шығармашылығы айқын көрiнген Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы, Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Нарманбет, Орманбетұлы, Нұржан Наушабайұлы, Мақыш Қалтайұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов Ұлы ұлттық дәстүрді қалыптасырған, жаңа заманның алымы мен шалымынан хабардар едi. Тiптi осы аты аталған қаламгерлердiң барлығы да өз тұсындағы мерзiмдi баспасөзбен байланыста болды. “Дала уалаятының газетiнде”, “Айқапта”, “Қазақта” олардың әр түрлi мақалалары жарық көрдi. Қазан, Уфа, т.б. қалаларда бұл ақындардың кiтап-жинақтары жарияланды. Олар – алдында дана Абай тұрған дәуiрдiң ақындары болатын

Алаш ұранды әдебиетпен қатар әдебиеттің басқа да бағыттары, дәстүрлі әдебиет үлгілері дамыды. ХХ ғасырдың басындағы әдебиет ұлттық рухының беріктігімен дараланады.

Ғасыр басындағы азаттық-ағартушылық қозғалыстар, зиялы қауым тарапынан жасалған іс-әрекеттер түркі жұртының саяси, қоғамдық-әлеуметтік ой-сана белсенділігін де біршама арттырғаны мәлім.

ХХ ғасырдың басында оқу ағарту мәселесі жанданды. Қазақ арасында оқу ағарту жұмысы екі түрлі болды. Оның бірі мұсылманша оқу, екіншісі орысша оқу еді.

Қазақ арасында діни, мұсылманша оқу Қазақстан Россияға қосылмай тұрып та бар еді: әр жерде жеке ауыл болып, бірнеше ауыл болып бірігіп, ортадан молда ұстайтын, балаларды соған беріп оқытатын еді. Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін де көпке дейін осылай болып келеді.

XІX ғасырдың ақырынан XX ғасырдың басынан бастап жаңа, төте оқу-ұсулы жәдит оқу шығуға байланысты, қазақ арасындағы мұсылманша оқу Бұхара, Қазан жағындағы мұсылманша оқудың үлгісі, тәртібі бойынша мектеп (бастауыш оқу), медресе (орта дәрежелі оқу) болып аталады. Олар 1917 жылғы Октябрь революциясына дейін өмір сүріп келді.

Сөйтіп, XX ғасыр басында қазақ арасында мектеп, медреселер көбейіп, оларда дүниелік ғылымдар оқылды; қазақ тілінде кітаптар көбейді. Д.Қамзабекұлы өз зерттеуінде:

Жәдитшiлдiк ұғымының қазақ нұсқасы екi асудан тұрады деп есептеймiз. Бiрiншi асу 1890-1911 жылдар – үйрену, тәжiрибе жинау шағы. Екiншi асу – 1911-1920 жылдар – жәдитшiлдiк кең өрiс алып, Алаш қозғалысына ұласу шағы.

Бiздiң ұғымымызша, жәдитшiлдiк – Ресей империясының мұсылман аймақтарына ортақ, дәстүр мен жаңашылдықтың синтездi құбылысы. Оны қарапайым тiлге аударсақ, “жаңару”, “елдiктi сақтау үшiн жаңа бағыт ұстау” дегенге саяр едi. Ресей империясының мұсылман халықтары тарихында негiзi ортақ жәдитшiлдiк қозғалысының дамуы бiртектi емес. ХХ ғасырдың 10-жылдары ол Қазақстанда – алаш, Әзiрбайжанда – мусават, Қырымда – милли-фирк, Татарстанда – иттифак әл-муслимин қозғалыстарына ұласса, өзбекстанда (Бұхара, Хиуа) мазмұны бастапқыдан бiраз өзгерсе де “жадидизм” атауымен дами бердi.

Жәдитшiлдiк – бiрыңғай саяси сипатты қозғалыс емес, ол – ағарту iсi мен руханиятты тұтастай қамтыған идеялық негiзi бар концепция әрi ағым. Концепция болатын себебi, онда дара ағартушылардың ойларына табан тiреген, идея мен тәжiрибенiң арасын қосқан көзқарастар жүйесi бар. Ал, ағым болуының мәнiсi, ол белгiлi кезеңде Ресей мұсылмандарын ағартудың бiр жолын, бiрақ тиiмдi жолын көрсеттi. Алайда, бұл баламасы жоқ жалғыз жол емес болатын.

“Жәдит” терминi ХIХ ғасырдың екiншi жартысында өмiр жүзiне шықты. “Жәдид-и” арабтың “жаңа” деген мағына беретiн сөзi. ХIХ ғасыр соңында Ресей империясын әлемдiк озық педагогика тәжiрибесiне сәйкес, алғаш рет мұсылман балаларын дыбыс жүйесiмен оқытуды қырым-татары, күллi зиялының аузында жүрген ағартушы Исмаил Гаспринский бастайды. Бұл жүйе “усул жәдит” деп аталады (усул - әдiс деген сөз). Қырымдағы Бақшасарайдың Зинджирлы медресесiнде басталған осы жаңаша оқыту әдiсi санаулы жылдарда Ресейдiң күллi мұсылман аймағына, тiптi шетел – Үндiстанға дейiн тарайды. И.Гаспринскийдің «Тәржіман» газеті, ондағы түрікшілдік идея, жалпы прозасы, «Орыс мұсылмандығы», «Орыс – Шығыс келісімі» еңбектері жалпы түрік зиялыларын серпілтуге себепші болды.

Жәдитшiлiктiң екiншi сатысында (жәдитшiлдiктiң алаш қозғалысына ұласу шағы) алаш жұртында “Айқап”, “Қазақ” тәрiздi газет-журналдар, “Қазақша әлiппе” (М.Нұрбайұлы), “Тiл құрал” (А.Байтұрсынұлы), “Есеп кiтабы” (М.Дулатұлы), “Иман-Ислам” (Н.Манайұлы), “Құран құралы” (Н.Күзембайұлы) сынды оқулықтар шыға бастады. Оқудағы шәкірттер оянды, қарапайым оқушы санасында сең қозғалды. Қазақ әдебиеті жәдитшілдіктің негізгі қағидаттарын поэзия және проза тілімен көпшілікке жеткізді. Қазақ және басқа түркі халықтары арасындағы сыртқы қатынастар түркі әлеуметтік-саяси бағыттарда дамыды. Ал қазақ әдебиетіндегі қарама-қарсы ағымдар жәдитшілдіктің пайда болып, азаттық-ағартушылық идеяның қанат жаюы және отаршылдыққа қарсы саяси революциялық ағымдар мен дін-ислам аясында ұлттардың бірлігі негізінде қолдау тапты. Бұған жаңа өрлеу үстіндегі қазақ әдебиеті мен түрік, татар, башқұрт, әзірбайжан, өзбек әдебиеттерінде өте-мөте нығая түскен романтикалық, реалистік тенденциялар мүмкіндік туғызды.

Сонымен, қазақ әдебиетіндегі шығармашылық потенциалдың өсуіне орай, оның туысқан елдер әдебиетімен ішкі, сыртқы байланыстары бірте-бірте қарқындады. Сөйтіп, олардың сөз өнері тақырыптық, жанрлық, көркемдік деңгейде өсіп, профессионалдық қалыпқа жетті.

Осы орайда, жекелеген ақын-жазушылардың іштей қарым-қатынас жасап, шығармашылық байланыстар жасауы заңды құбылыс екені аңғарылады. Кейде тіпті олардың (қаламгерлердің-С.С.) бір-біріне деген өзара ықпал-әсері де мол болғанға ұқсайды.

Елдi ағарту мен жаңа кезеңге сәйкес ұлт өрiсiн кеңейту қоғамдық-саяси мiндеттердiң ауқымына сыймады. Сондықтан қауымды жаппай ояту үшiн елшілдік күрес бiр амал болса, екiншi амал – рухани серпiлтуге тiрелдi. “Тiл мен әдебиет жойылса – ұлт жойылады” деген тұжырым – осы кезеңнiң ақыл-ой жемiсi едi. Ғасырлар тезiнен өткен әдеби қоры бар алаш қауымына елдiң соны сұранымын қанағаттандыратын әдебиет, рухани жүйенi байыптатуға жәрдемiн тигiзетiн әдеби-эстетикалық тұжырымдама қажет болатын. Осы орайда зиялылар талабының нәтижесiнде жәдитшiлдiктiң өрiс алып, Алаш қозғалысына ұласар тұсында баспасөзде алғашқы әдеби концепциялар жарық көре бастады. Қаз-қаз басқан осы әдеби тұжырымдамаларды бiз сол шақтың шындығына сай зерделеуiмiз керек.

Сонымен шығармашылық белесi ХХ ғасырдың 10-жылдары айқындалған ақындардың әдебиет туралы тұжырымдамаларын сараптай келе мынандай тоқтам жасауға болады: Бiрiншiден, аталған кезеңнiң ақындары ағартушылық әдебиетке үндерiн қосып қана қоймай, әдебиеттің қызметi (функциясы) туралы ойланған. Екiншiден, олардың әдеби-эстетикалық тұжырымдары сол шақтың тарихынан, рухани бағыт-ауанынан өрбiп отырады. Тұжырымдарда ұлттық, дiни, Батысқа ыңғайлану сарындардың негiзгi сипат алуы табиғи заңдылық. Үшiншiден, бұл ақындар ұлт әдебиетi, жалпы көркем сөздiң қуаты жөнiнде әр түрлi пiкiр бiлдiрсе де, ол пайымдар салаланып келiп бiр арнада тоғысады. Ол арна – сапалы қазақ әдебиетi туралы ой-толғам арнасы.

Сондай-ақ ХХ ғасырдың басында қазақ ортасында әдебиет туралы сөз айту немесе әдебиетші болу қалыптаса бастады. Біз мұны әдеби сынның қалыптаса бастауы десек те болады. Демек, әдебиеттану ғылымының туып, қалыптасқанын көрсетеді.

1910 жылы М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы дүниеге келді. Ә.Бөкейхан бұл туралы: «Біз өз бойымызға лайықтап, мұны қазақ әдебиетінде тәуір қызметке санаймыз» деп жазды. 1913 жылы «Қазақ» төңірегіндегі азаматтардың бастамашылдығымен Есенқұл Маманов қазақта тұңғыш рет «роман бәйгесін» жариялады. Осы көркемдік қозғалыс әсерінен туған С.Көбейұлының «Қалың мал», Т.Жомартбайұлының «Қыз көрелік», С.Торайғырұлының «Қамар сұлу», «Кім жазықты» т.б. романдары дүниеге келді.

1915 жылы К.Төгісұлының «Надандық құрбаны» атты пьесасы жарық көрді. Бұған түрлі сын жазылды. Мұнан кейін әлі кітапша болып жарияланбаса да әр жерде сахналанған «Еңлік-Кебек» (М.Әуезұлы), «Әулие тәуіп», «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» (Қ.Кемеңгерұлы), «Шын сүйіскендер» (Б.Күлейұлы), «Тікбақайлар», «Қызыл қашар», «Балқия» (М.Дулатұлы) т.б. драмалық шығармалар жаңа жанрдың туып, қалыптасуына себепші болды.

Қазақтың жаңа сападағы прозасы ХХ ғасырдың 10-жылдары туа бастады. Алғаш жазушылар жеке-дара көрiндi. Бiрақ уақыт көркем әдебиеттi жасаушылардың топтасуын талап еттi. Қоғамның белгiлi заңдылығына сәйкес, топтасудың нышаны жастар жағында көрiндi. Уфадағы “Медресе Ғалия” шәкiрттерiнiң бiрiгiп, ортасынан “Садақ” атты қолжазба журналын шығаруы (1915), Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш ұйымы “Бiрлiк” (1914) мүшелерiнiң “Балапан” атты қолжазба журнал жариялауы (1916) – осы сөзiмiзге дәлел. Мағжан Жұмабайұлының соңғы аталған журналға қатысты “Балапан қанат қақты” атты аллегориялық туындысы қазақ әдебиетi тарихында бiздiңше, әлi жете бағамдалған жоқ. Ақын бұл шығармасында көзi қарақты оқушыға “Балапанмен” бiрге жаңа бағыттағы (еуропалық сипаттағы) әдебиеттiң туғандығын айтуды мақсат еткен.

Сонымен ХХ ғасыр басындағы ұлт санаткерлерінің жаңа әдебиет жанрларын қалыптастыру хақындағы тұжырымдарын байыптай отырып, мынандай қорытынды шығарамыз: 1. Олар әдебиеттi ұлттың бет-пердесi ғана емес, рухы мен жаны деп ұқты. Сондықтан қиын кезеңде (отаршылдық) оның эстетикалық күшi мен идеялық-әлеуметтiк қуатын қатар қойды; 2. Бұл азаматтар халық әдебиетi мен жазба әдебиетiнiң жүрiп өткен жолын саралай келе, ендiгi жерде ол Еуропаның сыншылдық рухын сiңiруi керек деп шештi. Бiрақ сан ғасырлық дәстүр мен тәжiрибеден қол үзбеудi, қайта оны жаңа серпiнмен дамытуды қалады; 3. Зиялылар Абай тұлғасын әдебиеттегi сапалық құбылыс, бетбұрыс деп есептедi; 4. Ұлт оқығандары қазақта бұрын болып көрмеген жаңа жанрлар (роман, драма, т.б.) тiл, бейне, рәмiзге бай алаш әдебиетiн өркендетедi және әлемге танылуын тездетедi деген түйiн жасады. Оларды орнықтыруға шамасы келгенше жәрдем еттi.

ХХ ғасыр басында әдеби жанрлардың түрі туып қалыптасты. Атап айтқанда: Роман жанры, драма жанры, поэма жанры, лирика, мысал жанры, әңгіме жанрында модернистік, символистік, экзистенциалистік белгілер орын алды. Бір ғана С.Торйғыровтоң өзі поэма жанрын түрлендіре дамытты.

ХХ ғасыр басында ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялау ісі жанданып, жүйелі түрде жолға қойылды. Халық поэзиясының әр түрлі саласына: әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтына байланысты және көңіл-күйін көрсететін өлең-жыр, жұмбақ, жаңылтпаш сияқты көптеген шығармалар жиналды. Қазақтың ертегілері мен эпосынан, мақал-мәтелдерінен де бай материалдар жиналды. Жинау жұмыстары Қазақстанның Солтүстік пен Шығыс, Оңтүстік пен Батыс және Орталық аудандарын қамтыды. Шын мәніндегі қазақ фольклортану ғылымының іргетасы да осы кезеңде қаланды. Осы кезеңде белгілі фольклортанушылар Ә.А.Диваев, М.Көпеев еңбектері жарияланды. Сондай-ақ қазақ фольклорының үлгілері ресейлік басылымдармен қатар қазақ тіліндегі баспасөз беттерінде де үздіксіз жариялана бастады. XX ғасырдың басында халық мұрасын жинау, жариялау ғылыми-зерттеу жұмыстарымен сабақтаса жүргізілді.

1905 жыл революциясынан кейін қазақша газет, журналдар да шыға бастады. Яғни бұл кезде қазақ тілінде 6 газет, журнал шықты; ол газет, журналдар мыналар еді.

«Серке» газеті Петербурда татар тілінде шығып тұрған «Үлфәт» деген газетке қосымша ретінде 1907 жылы Петербурда шыққан. Бір нөмірі шығып тоқтап қалған. Редакторы Хажы Ыбраимов деген кісі болған.

«Қазақ ғазиты» 1907 жылы март айында, Троицкі қаласында шыққан. Бір нөмірі шығып тоқтап қалған. Шығарушысы Хайм Шумлих Сосновский, бастырушылар Жетпісбай Андреев, Ешмұхамбет Иманбаев деген кісілер болады. Яғни ресми мекемелердің кісілері шығарды, редакторы болды. Жартылай ресми газет еді.

«Қазақстан» газеті, 1911 жылы 16 марттан бастап Ордада екі тілде, шағын көлемді, 6 бет болып шықты. Ол жылы 4 саны шығып тоқтап қалып, 1913 жылы, 28 январьдан қайта шыға бастады. Барлығы 13-14саны шықты. Оның шығарушысы Елеусін Бұйырин деген адам болды. Газеттің бірінші бетінде: «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым үйрену турасында деп жазылды.

Қазақ» газеті – 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының үні болған бұл тарихи газет сол тұстағы қазақ баласының ойын, ұлттық өресін тәрбиеледі. Ұлт-азаттық қозғалыстың басты басылымы болған «Қазақ» газеті Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған ұлы шоғырдың ұлт алдындағы орасан еңбектерін халыққа таныта отырып, әлеуметтің саяси жағынан сауаттануына, ұлттық намысының оянуына, тұтас ел болып ұйысуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл газет көтерген идеялар халқымызды біріктіріп, тәуелсіздікке ұмтылуына қуат берді. «Алаш» партиясының, автономиясының үні болған газет халқымыздың күрес жолындағы айғақтарына толы басылым. Бірінші саны 1913 жылғы 2 ақпанда шыққан. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шығып тұрған. Бастырушысы – «Азамат» серіктестігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл – «қазақ ұлты» деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы – А.Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Басылымда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, Х.Досмұхамедұлы, С.Дөнентайұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. ХХ ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. Бұдан кейін пайда болған барша елшіл газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты. «Қазақ» газеті бетінде жарық көрген материалдар ұлт-азаттық қозғалысын зерттеуге, оның тұлғаларының өмірбаянын толықтыруға, «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің тарихын тануға мол дерек береді.

«ҚАЗАҚТЫҢ» ШЫҒУ ТАРИХЫ Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен  өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына» тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен  жөнелтеді.Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді.Сол жылғы желтоқсан айының басында ақпарат көзі ретінде Санкт-Петербургтің «Новая жизнь» газетін сілтеп көрсеткен семейлік «Семипалатинскій листокъ» «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейхановтың қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға кеткенін» хабарлады. Ал қараша айында Бөкейхан Ресейдің «жергілікті (земский) және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі съезінде қазақтың сөз бостандығына зәру екенін айтып сөз сөйледі. Ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына қажет» деп мәлімдеді. Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды. Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып жетіп жыртылғанша оқылды. «Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін басылымға айналды. Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті. Оған қоса өзінен бұрынғы басылымдардың бірі де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бірінші жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, көп кешікпей 8 мыңнан асып жығылды. Бұл өзінен бұрынғы басылымдардың бәрін қосқанда да көп болады. Егер «Серке» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бір азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді. Егер қайсыбір басылым, мысалы, «Қазақстан» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» негізінен қаржының жетіспеуінен тоқтап қалған болса, «Қазақ» газетінің сенімді демеушілері болғанына мынадай дәлел бар: газет шығып тұрған 1913 жылдың ақпанынан 1917 жылдың соңына дейін оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы сан рет тұтқынға алу немесе айыппұл төлеу секілді түрлі жазаға тартылса, абақтыға жабылған әр жолы бірнеше мың патша рублі мөлшерінде ақшалай кепілдік төлеп босап шығуына тура келетін. Ол заманда мұндай қаржыға «Қазақ» секілді бірнеше газет ұйымдастырып басып тұруға болатын. Әлихан Бөкейхан 1910 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген «Қазақтар» атты тарихи очеркінде атап көрсеткендей, 1917 жылғы дейін қазақ арасында қалыптаса бастаған екі саяси толқынның бірін «ұлттық-діни қозғалыс» деп атауға болады. Екінші саяси қозғалысты Бөкейхан «батысшыл» деп атайды және «ол қазақ даласының келешегін – ең кең мағынада айтқанда – саналы түрде Батыс мәдениетін жүзеге асыру арқылы көреді». Егер де алдыңғы мерзімді басылымдарды негізінен ұлттық-діни қозғалыстың өкілдері ашқан болса, «Қазақ» газетінің құрылтайшылары - Әлихан Бөкейханның өзі мен оның сенімді үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды «батысшылдар» болатын. Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше, «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері оның  [«Қазақ» газетінің] қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.-Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар...». Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. «А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті» деп есептейді Оксфорд университетінің зерттеушілері. Әйтсе де «Қазақ» газетінің құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, негізі 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» жазылған саяси мақсаттар мен мүдделерді де, оның ішінде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келді. Петицияда көрсетілмеген маңызды мүдденің бірі - газеттің атауы. Ол туралы «Түрік баласы» газеттің екінші санынан бастап «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында былай деп жазды: «...Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» (Түрік баласы. Қазақ тарихы. «Қазақ» газеті, 16 ақпан, 1913 жыл, № 3). «Қазақ» пен оның құрылтайшыларының орта және ұзақ мерзімге жоспарлаған мақсаттарына келсек, олар мыналар: - Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру;  Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру; - «Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту» және «Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру; 

«Айқап» қазақ халқының қоғамдық ой –пікірінің, әдебиетінің, өнері мен тілінің дамуына үлкен әсер етті. Оның бетінде халыққа білім беру, мәдени – ағарту мәселелері көтерілді. Медицина, агротехника, ғылым мен техниканың табыстарына недәуір көңіл бөлінді. Журналда, сонымен қатар, әйелдердің намысын қорлайтын (қалың мал, бірнеше әйел алу, теңсіз неке сияқты) феодалдық қалдықтарды жою туралы көптеген мақалалар жарияланды. «Айқаптың» хатшысы болып 1911-1912 жылдары Әкірам Ғалимов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші, автор болып Жиһанша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Бақытжан Қаратаев, Молдағали Жолдыбаев, Бекмырза Бекжанов, Нұралдин Айтмұқанбетов, Есенғали Хасаболатов т.б. қатысты. «Айқап» және оның редакторы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселенің ең бастысы-жер мәселелесі екенін жақсы түсінді. Мұны олар бектік-феодалдық қалдықтарына қарсы күрес барысында батыл көтере білді. Басталып кеткен империалистік соғыс жағдайында жеке адамдар қаржысымен шығарылып келген журнал көп өмір сүре алған жоқ. Оған цензураның бақылауы күшейді. Кейбір зерттеушілердің анықтауына қарағанда, журналда Ф.Ф.Сыромолотовтың болашақ соғыстың сипаты туралы мақаласын жариялауға тыйым салып, цензор М.Сералинді Сибирьге жер аударамын деп қорқытқан. «Айқап» журналының прогресшіл қазақ интеллигенциясына игі әсер тигізгенін, оның жетекші қызметкерлері кейін көрнекті советтік қоғам қайраткерлері, жазушы және публицист болғанынан айқын көреміз. «Садақ» атты қолжазба  журналды (1915-1918) Уфа қаласындағы «Ғалия медресесінде» оқып жүрген қазақ жастары шығарып тұрған. Оны ұйымдастырушы Бейімбет Майлин және Жиенғали Тілепбергенов болды. Журнал мақсаты – оқуға келген қазақ жастарына жол – жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан бездіру.  Онда Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Білімдіден шыққан сөз» деген махаббат, тәлім – тәрбие жөніндегі және «Әкесінің баласы, адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген  сияқты жастарға арналған бірнеше нақыл сөздер басылған.  «Садақта» новелла сияқты қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сын мақалалар, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалалары жарияланды. Жалпы алғанда журналдың бағыты мәдени-ағартушылық сипатта болды.  Омбыда оқитын қазақ жастары 1913 жылдың күзінде «Бірлік» атты жасырын ұйым құрған болатын. Бұл ұйымға алғашқы кезде Шаймерден Әлжанов, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин белсене қатысып, басшылық етті. «Біздің программамыз және көздеген мақсатымыз, - деп жазды Сәкен «Бірлік» ұйымы туралы,- қазақ арасында мәдени – ағарту  жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша үкіметінің қысымшылығына  қарсы идея тарату еді. Сәкеннің басшылығымен ұйым мүшелері патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін листовкаларды кішкене прессмашинаға бастырып, қазақ ауылдарына таратып тұрды. Профессор Е.Ысмайловтың айтуынша, Сәкен бастаған топ «Бірліктің» алдына тек мәдени – ағартушылық мақсат емес, сонымен саяси күрес программасын да ұсынған. 1914 жылы ұйымның қала сыртындағы жиналысында Сәкен орыс революционерлерімен бірге патша үкіметіне қарсы күреске қазақ еңбекшілерін қатыстыру мәселесін қояды. «Бірліктің» бірталай мүшелері, буржуазияшыл ұлтшылдар, патша үкіметіне қарсы күрес кезінде қазақ тең аралықта тұрсын деген ұсыныс жасайды. Бұған Сәкен қарсы шығады. Сәкен бастаған топ кейін 1918 жылдың бас кезінде алашордашылардың ықпалында болған «Бірліктен» бөлініп кетіп, өз алдына «Демократиялық совет» деген ұйым құрғаны белгілі   «Ешім даласы» газеті 1913 жылғы сентябрь айынан бастап Петропавлда екі тілде (қазақ, татар тілдерінде) шыға бастап, жыл аяғында жабылып қалған. Ол шығын көлемді, жетісіне үш рет «Ишимский край» газетінің баспаханасында басылып тұрған «Ешім даласы» жөнінде татар баспасөзінің тарихын зерттеуші И.Рамиль былай деп жазады… «Бұл газет қазақтарды отырықшыландыру мақсатын көздеді. Жыл аяғында газет жабылды. Шығарушылар жазаға бұйырылады» Тегінде, орталықта және шет аймақтарда революциялық қозғалыс өрлеп тұрған және бірінші империалистік соғыс басталып кеткен жағдайда аграрлық мәселенің шешілуін талап еткен газеттің өмірі ұзақ болуы мүмкін емес еді.

Әдебиеттер:

    1. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. –А., 1976.

    2. Қазақ әдебиетінің тарихы (6 том). –А., 2005.

    3. Мұқанұлы С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. –Қызылорда, 1932.

    4. Шалабаев Б. Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы. –А., 19

    5. Бейсенғали З. ХХғ.б. қазақ прозасы. А., 1989

    6. Қазақ әдебиетінің тарихы (3 том). –А., 1967.

    7. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. –А., 1998.

2-дәріс. Жүсіпбекқожа, Шәді, Ақылбек шығармашылығы. Ауыз әдебиетінің авторлық әдебиет арқылы зерделенуі мен көркемделуі.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы

Мақсаты: Жүсіпбекқожа, Шәді, Ақылбек шығармашылығы. Ауыз әдебиетінің авторлық әдебиет арқылы зерделенуі мен көркемделуін түсіндіру. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиетте Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармашылығының маңызын түсіндіру. Ақын өлеңдерін идеялық-көркемдігі тұрғысынан талдау

  1. Сұрақтар: Жүсіпбекқожа шығармашылығы.

  2. Шәді Жәңгіров шығармашылығы.

  3. Ақылбек шығармашылығы

  4. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өмірбаяны.

  5. Мәшһүр-Жүсіптің кітаптарының тарихи мәні.

  6. Мәшһүр-Жүсіптің аңыздарды қолдану ерекшелігі

Дәріс мәтіні (тезис)

ХХ ғасыр басындағы әдебиетте мынандай құбылыс байқалады. Бұрын халық мұрасы саналған жыр-дастандар белгілі ақындардың жырлауымен кітап болып жариялана бастайды. Енді «бұл әдеби еңбекке фольклорлық мұраға қарағандай көзқараспен қараймыз ба, жоқ әлде авторлық әдебиетке қараған көзқараспен қараймыз ба?» деген сұрақ туады. Әдебиеттану шарты не дейді? Мысалы, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы (1854-1914), Шәді Жәңгірұлы (1855-1936), Ақылбек Сабалұлы (1880-1919) шығармашылығы осы сұраққа жауап береді.

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы Оңтүстік Қазақстанның Қожатоғай деген жерінде туып, Шығыс Түркістанның (қазіргі Қытай жері) Текес ауданы жерінде қайтыс болған. Жасында Әулие ата, Бұхара медреселерінде оқыған. Қазақтың «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Ерназар», «Бекет» жырларын, Шығыстың «Мұңлық-Зарлық», «Мың бір түн хикаясы», «Тотының тоқсан тарауы», «Жүсіп-Зылиха», «Бахтиярдың қырық бұтағы», «Алтын балық» хиссаларын түрлендіріп жырлаған. «Қисса-и Қыз Жібекнің хикаясы» (1894), «Қисса-и Айман-Шолпан» (1896), «Қисса-и Біржан менен Сара қызның айтысқаны» (1898), «Қисса-и Алпамыс» (1899), «Хикаят рисәлә-и Мұңлық-Зарлық» (1903), «Қисса-и Дотан Құбақанбай ұғлы уә һәм жалмауыз кемпрнің өлгені» (1903), «Қисса-и Фиршіл қыз һәм хикая Гүлжамила һәм Юсупбек хожа бик хафа болып инсафсыздарға айтқан бір назым хикаясы» (1903), «Қисса-и анхәзрәт-и рәсулнің миғражға қонақ болғаны» (1904), «Қисса-и уақиға-и кәрбала үшбу-дүр хәзрәт-и имам Хұсаин разиаллағәнә» (1904), «Қисса-и хәзрәт-и Юсуф ғәләйһиссалам илән Зүлейханің мәселесі» (1904), «Қисса-и Зинә Заюб илән Юсуфбек хожаның Уәзифа қыз бірлән айтысқаны» (1906), «Қисса-и Қасым Жомарт» (1906), «Хикаят Иран достанда» (1908), «Қисса-и Бәрсиса» (1910), «Кітаб-и мәрхаба-и рамазан» (1912), «Қисса-и Ихсан мәрсия» (1912), «Қисса-и Мансур-ул-хәллаж» (1912), «Қисса-и Наурызбай төре Қасым ұғлы Абылайханоф» (1912) т.б. жыр-дастандарын кітап етіп бастыртып, бірнеше дүркін жариялаған. «Қыз Жібек» жырының 1903 жылы Қазаннан шыққан бір нұсқасында Жүсіпбекқожа былай деп жазады: «Мен қожа Жүсіпбекмін, басында Қыз Жібектің хикаясын жұртқа өзім шығарып жайып едім, оны басқа адамдар сөзін бұзып қойған екен, көріп, қайтадан түзетіп жаздым, оқығандарға мәлел келмесін деп. Қисса-и Қыз Жібек жазғушы хожа Жүсіпбек».

Ақын төңкеріс алдында Қарқара өңірінде медресе ашып, бала оқытқан. 1916 жылғы дүрбелеңнен кейін Қытайға ауып, Текестегі Нақысбек болыс салдырған медреседе сабақ берген.

Белгілі жыр-дастандарынан басқа «Тіршілік», «Өмір-ғұмыр», «Дүние маған жолдас деп», «Ықсан ақынға» т.б. сынды тіршілік мәнін зерделеген өлеңдері де бар.

Не келіп, не кетпейді есен ерге,

Мал тапса, жіп таппайды жетелерге.

Басынан ер жігіттің бақ қайтқанда,

Табылмас құрым киіз төсенерге, -

дейді ақын бақ пен сорды байыптаған өлеңінде.

Жүсіпбекқожа – дәстүрге, ислам құндылықтарына табан тіреген ақын. Сондықтан оның жырларында иман, дүниенің жалғандығы жиі сөз болады.

Дүние, дүние, дүниесің,

Сұм дүниеге алданып,

Нәпсіге пенде сүйінесің.

Жарықтың арты қараңғы,

Ақырда бір күн күйінесің.

Ақын пәлсапасы осындай өреде көрінеді. Бірақ ол сарыуайымның адамы да емес. «Еңбек еткенге несібе бар» деген ақын бір өлеңінде былай дейді:

Қолыма қалам алып салдым нұсқа,

Жайылар жария сөз бүтін тұсқа.

«Тірі еткенді құры етпен» деген Алла,

Өзі нәсіп береді ұшқан құсқа.

Дәстүрлі қазақ түсінігін ой мен сезімге орай алған Жүсіпбекқожа енді бір ретте адам айналасының арайлы, иманды болуы өзіне байланысты деген пікір білдіреді:

Ер жігіт жолға жүрер жолдаспенен,

Қасқыр жолдас болмайды жолбарыспен.

«Жаманның кесепаты» деген мақал,

Бас қоспаңыз ақылы болмаспенен.

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының шығармашылығында ауыз әдебиетінің авторлық әдебиет арқылы зерделенуі мен көркемделуі ерекше байқалады. Бүгінге жеткен фольклорлық жыр жауһарларында, сөз жоқ, бұл ақынның да өзіндік қолтаңбасы бар. Мысалы, «Қыз Жібек», «Айман- Шолпан», «Біржан мен Сара қыздың айтысқаны», «Алпамыс» жырларындағы кейбір ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басының кезеңдік тарихи-мәдени, пенделік-субъективті детальдарың ұшырасумен бірге, айрықша бейнелердің, исламдық таным-түсініктің байқалатынын жоққа шығара алмаймыз.

Ақын Жүсіпбекқожаның Бақтыбаймен айтысы да әдебиет үдерісінің бір қырын көрсетеді. Ж.Шайхисламұлының бізге жеткен бір топ өлеңдерінің мазмұны ғибрат, өнегеге толы. Атап айтқанда, Қ.Толыбаев жеткізген “Адамзат дүние қуып қартаяды”, “Біреумен уағда етсең, серттен қайтпа”, “Көңілдің айтпай кірі ашыла ма...”, “Отырмын бір орында құр мұңайып”i, “Жетпіс бес” ii т.б. толғаулары адалдыққа, адамгершілікке, имандылыққа үндейді. “Өнерпаз қара жерге салар қайық” аталған өлеңінде :

Қанеки, дүние жиып айдағандар,

Сары қазы, сары май шайнағандар.

Салқын үй, сапырулы қымыз күнде,

Жинап ап жасау-жабдық жинағандар.

Әнеки, бәрін дүние жалмады ғой,

Адамы бұрынғының қалмады ғой.

Ескі көз, ата-ананың бәрі кетті,

Ғибрат бұдан жастар алмады ғой.

Ешкімге жолдас болмас, дүние шолақ,

Әркімнен соққан желдей өтер әлі-ақ.

Кетпестей дүниені жия берме,

Тағат қыл, бекер босқа жүрмей саяқ ,-

деп байлығына мас болған көрсоқыр, пасық адамдарға қарап қатты торығады. Осы сарындас “Тіршілік”, “Жақабай, өзің жақсы молда екенсің”, ”Өмір-ғұмыр”, “Дүние маған жолдас деп”, “Еліне шопан құт болар”, “Ойнайды қонысында бұғы-бұлан” тәрізді аздаған шығармалары ғылыми қорларда сақталғанiii.

Жүсіпбек бір қатар жыр, туындыларын тәрбиелік мәні зор мысал жанрында жазған. Бұл ретте, “Бөрібасар” дастаны мен “Көк бұзау”, “Сұрмерген”iv тәрізді өлеңдерін атаған жөн. Көрсетілген туындыларында ақын хайуанаттар бейнесі арқылы адамдарды кішіпейілдікке, ел ішін береке-бірлік пен ынтымаққа шақырады.

“Көк бұзау” өлеңінде жас бұзау үлкейген сайын маңындағы сиырларды келеке етіп, менсінбейтін мінезге ұрынады да ақыры жылқыларға қосылып етеді. Өгіз дәрежесіне жеткенде жылқыға тиген қасқырды көрсе жер тарпып өкіріп, жолатпайтын болады. Әбден ызаланған қасқырлар бір күні бәрі жабылып көк өгізді бас салады. Өгіздің қатты өкіруінен жылқы үркіп кетіп, жалғыз өзі көп қасқырдың талауында қалады. Оның жан дауысын естіген тоғайдағы сиырлар келіп, ажалдан арашалап қалады. Сонда көк өгізге бір сиыр былай депті:

- Шырағым, ер жеттің де өгіз болдың,

Мас болып қайратыңа семіз болдың.

Бірі жоқ жолдасыңның қасыңызда,

Енді ойлашы, біздердің неміз болдың.

Көк өгіз мұны естіп тәубе еткен,

Екенін қата қылған сонда білген.

Өз табынынан жақсылық көргеннен соң,

Мұнан былай сиырмен бірге жүрген v.

Өмірде өз орнын таппай жүрген жандарды өгіз бейнесі арқылы кейіптеп, “У ішсең ( руыңмен” деген халық мәтелін естен шығармауды емеурінмен жеткізеді. Осы аз ғана өлеңдермен танысқан оқырман Жүсіпбектің мысал жанрын жазудағы өзіндік қолтаңбасын байқамауы мүмкін емес. Бұл тұрғыда, ХХ ғасырдың бас кезінде мысал тақырыбына ден қойған А.Байтұрсынов, С.Дөнентаев, С.Көбеев, т.б. қаламгерлер сапында Жүсіпбек қожа есімін де атауға негіз бар. Бір өңірде, бір кезеңде өмір сүргендіктен, Жүсіпбек халық ақындарымен жиі кездесіп, олар жеткізген ірі эпикалық жырларды жазып та алуы мүмкін. Бірақ Жүсіпбек өзі жариялаған халық мұраларын кімнен, қашан жазып алғаны туралы деректер көрсетпейтіндіктен, ақындардың есімдері ауызға ілікпейді.

Ж.Шайхисламұлы өмірі мен шығармашылығы жете зерттелмей келгені көпке мәлім. Оның да өзіндік себептері аз емес. Біріншіден, ол қожа тұқымы болғандықтан “дін-апиын” принципін ұстанған кеңес идеологиясы дін біліміне жетік азаматтармен ымырасыз күресте болды. Екіншіден, Жүсіпбек отызыншы жылдардағы жасанды науқанның зардабынан Қытайға ауып, өмірінің соңғы 5-6 жылын жат өлкеде өткізді. Сонда дүние салып, сүйегі шет елде қалды. 60-70 жылдардағы кеңес-қытай мемлекеттері арасындағы саяси салқындық та өз әсерін тигізбей қалмады. Ақынның туған халқына істеген қыруар еңбегі түгіл, есімі де ескерілмейтін болды. Айтыла қалғанның өзінде қазақ кітаптарының тарихын, немесе жыр, дастандарды зерттеу барысында кітап бастырушы ретінде ғана назарға алынды. Ол жырлаған діни дастандар туралы сөз қозғаудың мүмкіндігі болмады.

Жүсіпбек мұраларын зерттеу енді ғана басталды десек артық айтпағанымыз, сөзімізге жоғарыда аталған, аталмаған жанашырлардың еңбектері айғақ. Сөйтіп, Ж.Шайхисламұлы есімі қазақ әдебиеті тарихының ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы кезеңінде өзіне тиесілі орнын иемдену керек.

Шәді Жәңгірұлы – Шығыс тақырыбынан молынан игерген ақын. Ол Созақ жерінде туып, қазіргі Өзбекстанның Сырдария облысы жеріндегі Қаратөбе мекенінде қайтқан. Шаян, Қарнақ, Бұхарадағы Көкелташ медреселерінде оқыған. Ақын нәзира дәстүрі бойынша Шығыс сюжетіндегі елеулі оқиғалар мен тұлғаларды дастан етіп жырлайды. Оның біразын кітап етіп бастырады. «Хайбар хиссасы» (Қазан, 1910), «Хикаят Қамар-уз-заман» (Ташкент, 1910), «Русия падишаһлығында Романов нәсілінен хөкманлық қылған падишаһлардың тарихтары һәм Ақтабан шұбырыншылық заманына бері қазақ халқының ахуалы» (Орынбор, 1912), «Хикаят Уәрәқа Гүлша ғашық уә мағшуқ» (Ташкент, 1913), «Назым Сыяр Шәриф» (Ташкент, 1913), «Назым түркі фики Қайдани» (Ташкент, 1913-1914), «Келіннің бетін ашатын терме» (Қазан, 1915), «Қисса-и Бәлғам Бағур» (Қазан, 1915), «Назым чәһар дәруіш» (Ташкент, 1915), «Харунның жер жұтқан уақиғасы, Ғамилнің інісін өлтіргені, Рәисінің әғзасы сөйлегені» (Ташкент, 1917) т.б. кітаптары тарихтан мәлім.

Ақынның «Назым чәһар дәруіш» дастаны бір перзентке зар Азатбақыт атты патшаның бастан кешкен оқиғасымен өрбіп отырады. Осы арқылы автор әділ билеуші мен ақылды адамдар туралы халық әпсанасын әуезе етеді.

«Хикаят Уәрәқа Гүлша ғашық уә мағшуқ» шығармасында бала күнінен бірге өсіп, таныстық-сыйластығы махаббатқа ұласқан Хамамұлы Орқа мен Халалқызы Күлшенің қосылуындағы әлеуметтік бөгет-бөгесіндер сөз болады. Хамады жау жеңіп, дүние-мүлкін олжалағанда, кеше ғана сыйласқан Халал өзін де, қызын да тасаламақ болады. Екі ғашықтың тілегін Күлшені кездейсоқ ұнатып қалған Шам патшасы Мәлік Мұхсин орындайды. Бұл арқылы Шығыс аңызы «осындай да билеушілер бар» дегенді меңзейді.

Шәдінің «Русия падишаһлығында Романов нәсілінен хөкманлық қылған падишаһлардың тарихтары һәм Ақтабан шұбырыншылық заманына бері қазақ халқының ахуалы» атты шығармасы Ресейдің патша әулетінің 300 жылдығы құрметіне жазылған. Сірә, мұның жазылуының түрлі себебі болса керек. Бізге қажеті – ақынның тарихи тақырыпқа қалам тербеп, қазақ, орыс және басқа да халықтардың қилы тағдырына үңілгені. Мұнда реформатор І Петр де, ақын Пушкин де, Минин мен Пожарский де, Иван Сусанин де сөз болады. Осында Шәді А.С.Пушкиннің «Полтава» поэмасынан 110 жол аударма жасаған. Ақынның тарихи еңбегіне қатысты тағы да бір факт: 6700 жолдан тұратын жарияланбаған «Тарих-нама» жырының сақталғаны туралы. Мұнда Оғыз тарихы, Шыңғыс хан тарихы, өзге де қазақ даласы мен бүтін Түркістанды елеулі еткен оқиғалар зерделенеді.

«Назым түркі фики Қайдани» кітабы – Лутфулах Қайдани есімді автордың «Фикихи Қайдани» (Қайдани жазған шариғат туралы ілім) еңбегіне өлеңмен жазылған түсініктеме. Бұл еңбектің атауы ескі түрік-мұсылман әбебиеттерінде, тіпті М.Әуезов жазбаларында кездеседі.

Ақын шығармаларында ислам құндылықтарына ерекше екпін түсіріп отырады. Мысалы, істеген ісі насырға шапқан әрі онысына өкінген «Орқа-Күлшедегі» кейіпкер Халал бүй дейді:

Ажыратып қанша ренжіттім,

Опасыз дүние бұл үшін.

Мұсылман қылмас іс қылдым,

Азғырғандардың тілі үшін.

Құтылмаққа себеп жоқ,

Жатқызып айтып тігісін.

Өлімге лайық күнәм бар,

Ойлаған уақытта дұрысын.

Шәді өлеңдерінде ой, пәлсапа, адамның жан дүниесінің сыры мен сыны қатар өріліп отырады. Өмірдің өтпелі екені туралы ақын:

Болғанмен қанша күші тіреуленген,

Адамның әрекеті құралмайды.

Хадисі Апылатондай болса-дағы,

Бәрібір бір қалыпта тұра алмайды,-

деп жазады. Қалай дегенде Шығыс тұлғалары мен ислам қасиеттерін, ұлттың асыл мінезін ерекше жырлаған Шәді дәстүр мәселесін көбірек байыптады. Бір тұста ол адам бойындағы зердесіздіктің неге ұрындыратынын меңзеп былай деп айтады:

Дарымай қанша айтсаң да асыл сөздер,

Айналып өз теңімен болар үндес.

Осындай ел ішінде аз ба адамдар,

Айтқанмен жөн ісіңді сөз деп білмес.

Ақылбек Сабалұлы Семей облысы өңірінде өмір сүрген (туған жері – бұрынғы Қарқаралы уезі Ақбота болысы, қайтқан жері – Бестерек елді-мекені). Семей медресесінде оқыған. Жасынан оқу-білімге озық болып, Шығыс әдебиетіне және шығармашылыққа мейлінше әуестенген. Зерттеуші Қ.Мұхамедханұлының жазуына қарағанда, Ақылбек ақын Абайды өзіне ұстаз тұтқан. Оның 20 жастан аса бере Қазан баспаларынан кітап етіп жариялаған дастандары, хикаялары, хиссалары, жырлары едәуір. Атап айтсақ, «Қисса-и Бозжігіт» (1910), «Бес намаз» (1911), «Ғибрәт нәме» (1911), «Ибраһим Әдһәм ұғлының қиссасы-дүр» (1911), «Ибраһим Хазиб нам ұғлының қиссасы-дүр» (1911), «Қисса-и Ғабдулхалим илә Мәлике» (1911), «Қисса-и Дандан Ибраһим ұғлы» (1911), «Қисса-и Қырық уәзір» (1911), «Қисса-и мағшуқ наме» (1911), «Қисса-и Марғуба» (1911), «Қисса-и Сәтбек батыр» (1911). «Қисса-и Таһир-Зуһра» (1911), «Мәктубат» (1911), «Мәлике-и данышмәнд манзум» (1911), «Назым» (1911), «Сұм заман» (1911), «Хажат-уд-дағуат» (1911), «Алтын балық күлдірміш һәм бұлбұл қиссалары» (1912), «Қисса-и сәмруғ» (1915) т.б.

Ақын шығармасының көбі Шығыстық сюжетке құрылғанымен, оның бас-аяғында және қажетті жерлерде халыққа керек тағылымды сөздер айтылып отырады. Мысалы, «Ибраһим Хазиб нам ұғлының қиссасы-дүр» шығармасы былайша басталады:

Бисмиллә деп қалам ұстайын да,

Жаман сөз күнә болар тастайын да.

«Мың бір түннің» ішінен өлең алып,

Мен Ақылбек бір хикаят бастайын да.

Ақылбек «Мәктубат» еңбегінде өз ұстанымын да жеткізеді:

Он үштен мен, Ақылбек бала оқыттым,

Білмеген балаларды көп қорқыттым.

Жылында зерегіне хат танытып,

Білгізіп кеудесіне сөз тоқыттым.

Ақымақ балалардан жүрсе қашып,

Өлгенше жамандыққа баспаса екен,

Ғаділдік мінезінен аспаса екен.

«Хажат-уд-дағуат» жинағында да ақын ғұмырбаянының біраз бөлігі көрініс тапқан:

Мен өзі Сабалұлы Ақылбекпін,

Құрғырға отыз деген жақын кеппін.

Қазақтай өзге кәсіп машық қылмай,

Қағазды шимайлауды ақыл деппін.

Басымды кім сыйласа, сол жақыным,

Қазақтың ақылымен бай болғаннан,

Сүйікті көрінеді өз ақылым.

Бозбала біреуіңе біреуің ес,

Айтпасқа ғайып сөзді тіліңді кес.

Қусам да қос ат жегіп жеткізбейді,

Қайран күн өтіп кетті жиырма бес.

А.Сабалұлының талғам-таразысы халықтың танымымен сабақтасып жатады. Ол замандастарының арасынан таза, сыпайы, білімді, ең бастысы кісілікті адамды іздейді. Сонымен сыр бөлісуді қалайды, соған мұңын шаққысы келеді. Ақын:

Жүйріктен пайда шықпас шаппаған соң,

Ашылған етегіңді жаппаған соң.

Білгішті біледі деп айту бекер,

Бір ақыл сасқан жерде таппаған соң, -

деп жазады бір өлеңінде.

Ауыз әдебиетінің авторлық әдебиет арқылы зерделенуі мен көркемделуі – ұзақ та күрделі құбылыс. Бір жағынан ағымдағы өмірдің сұранымына жауап бергісі келген, екінші жағынан Шығыстық-исламдық тақырыпты өміршең әрі үлгілі санаған ақындар өз миссиясын жауапкершілікпен атқарды. Оның үстіне әдеби тіл деген ұғымнан «ислам мәнін жеткізе алатын тіл» деген ұғымның өткірлеу кезеңінде ескі де жаңа сюжеттерге түркіге ортақ өмір берген қаламгерлердің еңбегі ескеруге тұрарлық. Ресей ішіндегі түрік-мұсылмандарға ортақ әдеби-мәдени кеңістікте қазақ ақындарының шығармасы оқырмансыз қалған жоқ.

Мәшһүр Жүсіп, 1858 жылы, қой жылы, қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау деген жерде дүниеге келген. Ақынның 3 жасында «Тауық жұтың деген жұт болып, бар малынан айрылып, бір ат, бір сиырмен ғана қалған Көпей: «Дүние жолдас емес, ғылым, білім жолдас- деген шешімге келіп, баласын оқыту үшін Баянауылға көшіп келеді. Сол кезде аға сұлтан болған Мұса Шорманов Баянауылға медресе салдырып, оған сабақ беруге Бұхара қаласында оқып, көп білім алған, түп тегі кіші жүз, Омбы қаласында тұрған Қамар хазіретті көшіріп әкеледі. Сабаққа зейінді бала Жүсіпке Қамар да көп көңіл бөліп, ақырында 8 жастан 9 –ға аяқ басқанда, әдебиет пен тарихтан жатқа айтқан сөздеріне сүйсінген Мұса Шормановтың (1818-1884) баланың әкесіне не айтқанын Жолмұрат жазбасында былай деп келтірген: «Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен!- деп лепес қылған екен. Бұрынғы «Жүсіп» деген атына «Мәшһүр» - деген аттың алғаш қосылуы Мұсаның «Мәшһүр болады»- дегенінен соң-ақ «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды. (Жолмұрат, жоғарыда аталған папка, 17 «аң бөлім, 27 б.).ң

15 жасынан бастап өлең жаза бастаған ақынның «Мәшһүр» аты шығып, халыққа кең танымал болуына ең алдымен тұңғыш қазақ газеті «Дала уалаятың беттеріне ХІХ ғасырдың соңғы он жылдығында жарияланған оның өлең, мақалаларымен қатар 1905 жылғы халық наразылығы өсуінен сескенген Ресей патшасының сөз бостандығына жол ашқан Октябрь манифесі әсерімен де Қазан қаласында басылған: «Тірілікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамызң, «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» - кітаптарының әсері мол болды. Баспа бетіндегі уақытша берілген кеңшілікті пайдаланып, патшалық Ресейдің отарлау саясатының астарын, жер тартып алуын, сөз, пікір айтуға шектеу қоюын қазақ зиялылары ішінде ең алғаш жан-жақты ашып, кең әшкерелей бастаған Мәшһүр Жүсіп екені белгілі. Сол еңбегі үшін 1912 жылдан бастап ақынды қудалау басталғаны, біраз уақыт оның үйінен кетіп, қайда екенін айтпай, ел ішінде жасырын жүргені де мәлім.

1917 жылы патша үстемдігі өзгеріп, кеңес билігі келгенде, оның да отаршылдық жат пиғылын аңғарған Мәшһүр Жүсіп кейінгіні тұспалдап шенеп шығарма жазуын, фольклор үлгілерін жинауын жалғастыра береді.

Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығына елеулі әсер еткен оның өмірінің біраз бөлімін Орта Азиядағы ірі мәдениет ошақтары: Бұхара, Ташкент кітапханаларындағы араб, парсы, шағатай, көне түркі тілдерінде жазылған, кейін түрлі себептермен бізге жетпеуі ықтимал көп құнды көне мұралармен кең танысып, қағазға түсіруі екенін ескерген жөн. Мәшһүр Жүсіптің ең алғаш 29 жасында (1887 ж.), одан соң 37 жасында (1895 ж.), кейін 49 жасында (1907 ж.) Орта Азияға сапар шегіп, 8-9 жылын шетте өткізіп, ондағы кітапханаларда болып, оқу-зерттеумен айналысумен бірге, жолшыбай, әсіресе, Сыр, Шу бойындағы елдерді көп аралап, ұзақ уақыт фольклор, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жалықпай жинап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуі де ақын мұрасының көлемді де мол қырлы болуының негізін салды.

1937-1938 жылдары қазақ әдебиетінің барлық алыптары: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров т.с.с. тегіс атылғаннан кейін де, мектеп оқулықтарына енді кімді кіргізу мәселесі туған кезде сол кездегі жас әдебиетшілер: Е.Исмаилов, Қ.Бекхожин, Д.Әбілев, З.Ақышев т.с.с. күш салуларымен Мәшһүр Жүсіптің шығармалары қырқыншы жылдары орта мектептерде және жоғарғы оқу орындарында оқытылса да, елуінші жылдар басындағы «ұлтшылдықпен» күрестің жаңа науқаны құрбаны болып, мектеп оқулығынан шығып қалғаны белгілі.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) – “Дала уалаятының газетіне” мақала жазған, 1907 жылы Қазаннан қатарынан 3 кітап шығарған, артына “Қара мес” аталатын үлкен қолжазбалар қорын қалдырған тұлға. “Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз”, “Хал-ахуал”, “Сарыарқаның кімдікі екендігі” деп аталатын кітаптары кезінде Мәшһүрді “жаңа әдебиеттің бастауында тұрған тұлға” деп тұжырым жасатқаны да рас (Абайдың кітабы 1909 жылы шыққаны мәлім). Автордың қолжазбалары ішінен діни дастандары (“Хаятбақшы”, “Пайғамбардың дүниеден өтуі”, “Ахтам хазірет һәм Ғалы батыр”, “Сараң бай мен Ғалы арыстан”, “Ғалының мырзалығы”, “Әдһам диуана және Ибраһим”, “Шонтыбай қажы”, “Нүсіпхан”, “Жантемір қажы” т.б.) және “жетпіс бап” цикліне кіретін діни-танымдық шығармасы, тұлғаларға байланысты туындылары (“Ханымбике”, “Өтеміс абыз”, “Тайкелтір би”, Ізбас қажы”, “Қажымұқан”, “Исабек ишан”, “Мұса Шорманұлы”, “Қамаралдин хазірет” т.б.), жинаған аңыз-әпсаналары әдебиет және мәдениет тарихының айрықша ізденістерінен хабар береді. Ал жазушы Жүсіпбек Аймауытұлымен жазысқан хаттары – ұлттық эпистолярлық жанрдың ғана емес, ұлттық мәдениет тарихының үлкен олжасы.

Солардың ішінде бізге ақынның шығармашылыққа қатысты ой-толғамдары, пайым-парасаты да ерекше бағалы деп есептейміз. Дана қаламгер өнерді бағамдауда да Шығыс, әлем, ислам, қазақ құндылықтарын қатар таразылап отырды.

Мәшһүр-Жүсiп ақындықтың жаратқанмен байланысы барына көңiл қояды. Өзiнiң шығармашылық қалпы жөнiнде ол:

Алдыма өлең жаз деп қағаз келген,

Сөзiмдi сөйлеп бақтым мен де бiлген.

Кеудеме құдай кеңес берген шақта,

Қағазға он саусағым атша желген,-

деп жазады. Ал, ақын ретiндегi шеберлiгi туралы:

Қаламның жарып iшiн, ұшын кесiп,

Кигiзген қара сөзге киiм пiшiп,-

десе, бұл “ұсталығының” кiршiксiздiгiне талғамды адам ретiнде күмәндi. Бұл орайда ақын:

Түзетер шебер жамап қалған сөзiн,

Тегiстер кем-кетiгiн салған көзiн,-

дейдi.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ақын жанның сөзге мұқият болуын, оны көзiн тауып жұмсауын қалайды. Сөздегi көркемдiкке ғана емес, ойға да салмақ салуды ескертедi. Мысалы:

Сөз осал бола қалды не қылғанда,

Шақпақтай от шығады шағылғанда.

Көңiлдiң дариясында – сөз бiр гауһар,

Кiсiсi танып алар табылғанда.

Болмайды сөз болғанмен бәрi тегiс,

Келтiрер иесiне кей сөз сөгiс.

Бас қосқан мерекеде жақсы-жаман,

Шешендер – мәуелi ағаш, сөз – бiр жемiс.

Немесе:

Қара сөз тауға бiткен тал мен терек,

Басқаға бiр отыннан неге керек?

Болмайды сөз болғанмен бәрi бiрдей,

Парқы бар сөзден сөздiң, болсаң зерек.

1907 жылы Қазанда қатарынан үш кiтап шығарып, артына “Қара местей” мол мұра қалдырған автордың шығармашылық мәнi туралы ерекше еңбегi – “Мәшһүрдiң ақындығымен қоштасқаны” деп аталады. Бұл шартты атауды қаламгер мұрасын жинаушылар да қоюы мүмкiн. Сөйте тұра Шығыс дәстүрiмен ақынның өз атынан айтылу мүмкiндiгiн де жоққа шығармаймыз. Осы шығарманың кiрiспесiнде қара сөзбен былайша жазылыпты: “Тобықты Құнанбай, Қыпшақ Ыбырай, Мұса, Секербай заманындағы жақсылар Мәшһүр … сөзiн домбыра алып, өлең ғып айтқан жерде көзiнен жас ағып, өзiне өзi ие бола алмай жылап отырып тыңдаушы едi. Сондай жандардың бәрi кетiп қалған соң, Мәшһүрдiң ақындығымен қоштасқаны”. Бұл туынды белгiлi дәрежеде Әсет көңiл сұрай келгенде, Кемпiрбайдың:

Әсетжан, осы аурудан өлем бiлем,

Алланың аманатын берем бiлем.

Кеудемнен көкала үйрек “хош” деп ұшты,

Сол шiркiн, кәрi жолдас өлең бiлем,-

деп айтатын өлеңiмен үндес әрi сарындас.

Мәшһүр Алладан келген хабардың хақ екенiн бiлсе де, өткiншi дүниемен кiндiк-тамыры жалғасып жатқан пенде ретiнде мың құбылған заман мен тiршiлiкке “таусылған сабырымен” қарайды. Ақын ойы тепе-теңдiк бұзылып, арыстан орнын – қасқыр, тазы орнын – төбет, көгершiн орнын – қарға басқанын, жалпы бас – аяқ, аяқ – бас болғанын барлап, алаңдайды, қамығады. Дүние бiр жағы бұған налығандай, бiр жағы қуанғандай. Бажайласақ, мұның бәрi өлеңмен қоштасқалы отырған ақынның көңiл-күйi екен.

Жасымнан өлең едi баққан қойым,

Жақсылар бас қосқан жер – айт пен тойым.

Гүл жүздi, шырын сөздi ерлер кетiп,

Тұрарға жер таппады ақыл, ойым.

Үйде мүлiк – өлең болған, түзде – малым,

Баршаға мағлұм болған менiң халым.

Кеткен соң ақындығым тұра алмадым,

Құр сүлде денем қалып, жоқ боп жаным,-

дейдi ақын. Ақындық пен жанның арасына тепе-теңдiк белгiсiн қойған қаламгер ендi ең соңғы рет шығармашылық қуатымен (ақындығымен) жауаптасады һәм бақұлдасады:

Тiл қаттым ақындыққа мен сөз бастап:

Шыныңмен кеткенiң бе менi тастап?

Ескi дос, көптен қимас жолдас едiк…”

Жылады о да қайтсiн сөзiн жастап.

Сонда “Ақындығы”: заман өзгердi, “көз қадiрiн, сөз қадiрiн” бiлетiндер азайды, “Сақтамас қадiрiме ешкiм жетiп… Таусылды бастас кiсiм бiтiп… Тiкенге қонақтауға арланғаннан… Барамын мен бұл жерден кетiп” дейдi.

Бiрiншiден, ақын сөз өнерiн адамның жаны iспеттес құбылыс деп есептейдi (“жан өлмейдi” деген ислам танымымен салыстыруға болады). Екiншiден, Мәшһүр “сөздiң парқы” деген мәселеге аса көңiл бөледi. Үшiншiден, қаламгердiң “Соқырлар қайдан бiлсiн көз қадiрiн” деген ойында үлкен мән бар. Бұл – “Ақындығының” атынан айтылған сөз. Алайда ол – соқыр деп, көзі емес,көңілі, көкірегі соқыр, надандықты айтады.

Әрине, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көркемдiктi тануы өлеңдерiнде ғана көрiнiс тапқан дей алмаймыз. Ақын “Қара сөздерiнде” де бұл мәселенi айналып өтпейдi. Ол: “Сөз – адамның өнерi. Өнер алды – қызыл тiл деген. Адамның ғазизлiгi …сөзбен болады. Көңiл – бiр жатқан кеннiң дариясы. Сонан шыққан сөз – жауһар. Ауыздан шыққан сөз – көмiр. Тiл – бiр болаттан жасалған өткiр қанжар. Оның майдалап, уақтап жасап шығарып жатқанының бәрi – iнжу”,-дейдi. Мәшһүрдiң сөздi “көңiлден шыққан”, “ауыздан шыққан” деп екiге бөлуiнiң өзiнде ойшылдық негiз бен ұстаным бар деп бiлемiз. Сондай-ақ ақын осы пайымын: “Бұ дүние – бiр қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын – ақиқат сөз. Сөз өлiп қалған көңiлдi тiрiлтедi. Сөздiң iзетiнен адамның жаны рақат алар. Сөз жүгiнiң самалы Хазiрет Жәбiрейiл ғалайсаллам (Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарға Алладан Құранды жеткiзушi перiште – Д.Қ.) болды”,-деп толықтырады. Мұны бiрыңғай дiнге қатысты деп ойлаудан бұрын, сөз құбылысына берiлген анықтама деп зерделеу дұрыс. Өмiрдiң бар сыны мен сыры дiнде тоқайласып жатқандықтан, ислам құндылықтарымен тәрбиеленген ақын сөздi қалай түсiндi деп те байыптау артық емес.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының әлем жаратылысы, жер мен көк сыры, ислам діні тарихы, ізгілік, хақ жолын іздеген адамдар өнегесіне арналған аңыздарға негіздеп біраз дастандар жазғаны белгілі. Біздің қоса айтарымыз: ақын тек хикаялар емес, өлеңдердің біразын да сол тақырыпқа арнаған. Соның бірі- «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысы», «Мәшһүр-Жүсіптің ала қарғамен айтысың өлеңдері. Мұнда да ақынмен сұхбаттасушы болып адам емес, шартты бейнелер: тырна, қарға алынған. Шартты дейтініміз: сөзбе-сөз ұғынсақ, тырнаның да, қарғаның да тіл қатуы, көне тарихты баяндауы мүмкін емес. Әйтсе де сол шарттылық арқасында адамдар арасындағы келіссіздік сыры, жер бетіндегі тіршілік тарихы соншалық әсерлі де, шынайы жеткізілген. Мәселен, «Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысы» туындысында ақын ( лирикалық қаһарман) күзде жылы жаққа қайтып бара жатқан тырнаға көңіл бөліп, оның не бітіргенін білгісі келіп сауал береді. Тырна өз балапандарын өсіріп қайтқанын мәлімдей келе сөз соңында Сүлеймен пайғамбар мен тоты құс әңгімесін келтіреді. Бірде көп балалар тұзақ құрса да, басқа жаққа ұшып кетпей жүрген тотыны көріп, Сүлеймен таңданса, құс бейғам жауабымен ерекшелінеді:

  • Балар қиналады тартып азап,

Тақсыр-ау, қаш демеңіз мені қажап.

Тор түгіл, оқ атса да ұстатам ба,

Бұларды қылып жүрмін ойын, мазақ (172 б.).

Ақырында «арада бірнеше күн өткізбей-ақ» сол «тотыны ұстап біреу алып» келгенде, «бадырайып жатқан торға неге түстің?»- деген сұрағына тоты жауап қайтарады:

  • Мен торға түспейін деп аспанға ұштым,

Сізбен емес, баламен ерегестім.

Жер жүзін өрт алыпты, тегіс күйіп,

Көздей жер сау көрінді, келіп түстім.

Көрінген өрт боп маған сор екен сол,

Сау жер болып көрінген титтей ара,

Балалар құрып қойған тор екен сол! (173 б.).

Бұл мысалдан, өз мүмкіндігін шамаламай, алданып, торға түсіп, опық жеуден,- Мәшһүр-Жүсіп өз замандастарына, өзіне сабақ боларлық ұқсастық байқайды:

Мәз болып құр атаққа Мәшһүр-Жүсіп,

Қаңбақтай домалаған желмен ұшып.

Тотыдай торға түскен біз қаламыз,

Бармақтың көлеміндей жерге түсіп (173-174 б.).

ХХ ғ.б. қазақтың отаршылдыққа тап болған тағдырын ақын осылай жеткізеді.

Ал, «Мәшһүр-Жүсіптің ала қарғамен айтысы» өлеңінде алдымен лирикалық қаһарман ала қарғаның «қарқылдап» мазаны алу себебін сұрайды. Қарға жауап беру барысында көне заманда жер бетін басқан топан су қайта бастағанда, Нух пайғамбар тапсырмасын қалай ұмытқанын, соның сазайын қазір тартып жүргенін дат етеді. Бұл бір жағынан ғылым үшін бағасы зор көне аңызды еске салса, екіншіден, оның адамдар үшін ғибрат берерлік мәніне үңілту жүзеге асқан.

Тұтастай алғанда, біз Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын кезеңдік қана мәнге ие емес, ұлт руханиятының бүгініне де, ертеңіне де жарайтын құндылық деп тұжырымдай аламыз.

Әдебиеттер:

  1. Шайхисламұлы Жүсіпбек қожа. Топтама өлеңдері // Шалқар. 1991, 28 қаңтар.

  2. Кірішбаев А. Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үзінділер. Үрімжі: 1989. Т.2. 685- б.

  3. Жүсіпбек қожаның шығармалары // Орталық ғылыми кітапхананың сирек қоры. 256-бума.

  4. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев. Таңдамалы, І том, // Алматы, Ғылым, 1990, 93 б.

  5. Қазақ әдебиетінің тарихы. 6 т. ХХ ғ.басындағы қазақ әдебиеті.-А., 2005.

3-дәріс. Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығы. Діни ағартушылық және әдебиеттегі тұлғатану мәселесі

Мақсаты: Мақыш, Нұржан шығармашылығы. Діни ағартушылық және әдебиеттегі тұлғатану мәселесі:.

Сұрақтар: . Мақыш Қалтайұлының шығармашылығы

2. Нұржан Наушабае шығармашылығы

3.Тұрмағамбет Ізтілеуов шығармашылығы

Дәріс мәтіні (тезис)

Мақыш Қалтайұлы (1869-1916) ұлт рухы аяққа тапталған шақта соны көтермек ниетте Һәм халқын ағарту мақсатында «Қазақ ахуалынан бахыс еткен манзума» (1909-1910), «Бір ғибрат сөз», «Қазақтың айнасы» (1910), «Насихат қазахия» (1911), «Бар уақиға», «Тура жол» (1912) атты кітаптар жариялап, Ғ.Рашидидің «Сақ сұқ халлері», З.Каримидің «Айна» жинақтарын (1913) аударып бастыртты. Ақынның «Айқап» журналына мақала жазып, өз бетімен «Тұрмыс» атты қолжазба журнал шығарған кезі де болды. Ақынның қаламгерлігінде ресми «мәшһүр» деген анықтамасы да кездеседі.

Заманында мұсылманша жетiк оқып, Шығыс пен Батыстың бар құндылығын халқына жеткiзуге тырысып көп кiтап жариялаған, жаңалық атаулыны елiм бiлсе, меңгерсе деп армандаған, өзiн:

Мен – Мақыш Ақмоланың пақырымын,

Мал-басқа бай болмаған тақырымын.

Қаламмен қызмет қылған өрендердiң,

Әуелi болмасам да ақырымын,-

деп таныстырған М.Қалтайұлының әдеби-эстетикалық көзқарасы ислам зиялысына ортақ мәдениеттi тану арнасынан табылады. Ағартушы-ақын “Насихат қазақия” кiтабына кiрген “Сағи уа ижтиһад әдептерi” туындысында:

Бек зерек, я өнерлi болсаңыз сiз,

Үшбуларға ұсынып тұрма iссiз.

Жөнге ижтиһад харакет болмағанда,

Пайда болмас зеректiк өнерден еш,-

десе, осымен жалғасып жатқан “Өнер уа сұнғат әдептерi” шығармасында

Iстеме iс кiсi көрiп мақтасын деп,

Бiлге iсте, халық көрсiн пайдасын көп.

Көрiнбесе пайдалы iс бұ күн көзге,

Бiр уақыт көрiлуiн етпеңiз шек.

Шаттық болса iсiңде көркем iстен,

Зор ауыр iс кетедi жеңiлденiп.

Өнерiңiз арттырғалы күннен күнге,

Өнер зарар бермейдi асыла дiнге,-

дейдi. Жалпы жұртқа бағышталған осы өлеңдерде негiзiнен ижтиїад (ынта-ықыласпен ақылға сай iс жасау), қанағат, еңбек мәселесiне қатысты ойлар түйiнделген. Дiндар Мақыштың сөзiне дәйек болған өнер – кең ұғым (бүгiнгi “искусствоның” баламасындай емес). Шығыс түсiнiгiн сiңiрген ақын үшiн адам игiлiгiн жасалынғанның бәрi – өнер, сонымен қатар адамның күн көру мақсатындағы қарапайымнан күрделi амал-тәсiлдерiне дейiнгiнiң күллiсi – өнер. М.Қалтайұлының сөздiк қорындағы сағи – талпыну, ұмтылу мағынасын берсе, сұнғаттың мәнi – iлгерiлеуге қатысты амал-тәсiл. Бiздiңше, ақынның өлеңмен өрiлген жалпы өнерге байланысты тұжырымдамасының шығармашылыққа, әдеби үдеріске қатысы бар. Осы тараптан келсек, М.Қалтайұлы iзденiс пен жүйелiлiктi бiрiншi кезекке қойған болып шығады. Егер дiн – сенiм мен имандылық болса, ақын өнердi оның пайдасына жүредi деп есептейдi. Сондай-ақ Мақыш жаратқаннан кейiн ақиқатқа мойынұсынады (“Ақылға анық тура келмеген соң, Ойлаған сөзге перде жаба алмаймын”). Бұл да – көркем шығармашылықтың басты шарты едi.

Әдебиетiміздің елшілдік-милләтшiлдiк кезеңінде Мақыш Қалтайұлы шығармашылығы да ерекше көрiнді. Көшбасшы iздеу сарыны, “қазақ кiмнен кем” деген ұстаным Мақышқа да тән.

Елiмiз есiне алсын ескiмiздi,

Хан қойып шығатұғын естiмiздi.

Жаңа төре жақсы болса жан сақтарлық,

Қосайық құнан, дөнен, бестiмiздi.

Көз де бар, құлақ та бар бiзде-дағы.

Ол бiлгендi сен де бiл, iзде-дағы.

Адамбыз айтарлық сөз ақылменен,

Табылар талап қылсаң сiзде-дағы, -

дейдi ол. Ақын дiн мен ғылым – милләт iсiнiң iлгерiлеуiне себепшi деп есептейдi. Сондықтан мал-дүниеңдi дiн мен ғылымға шаш деп кеңес бередi. Осы ретте Мақыш:

Ғылым керек ибадат қылса пенде,

Һәм бiлгенiн бiлдiру басқа жанға.

Дiн жолына мал менен ихсан қылса,

Себеп болып дiн милләт кетер алға, -

деп жазады. М.Қалтайұлы ұлт – халықтың жай бiрлестiгi емес, айрандай ұйыған, тәрбиелi, иманды отбасылардан құралған жамағат екенiн дәлелдейдi. Бұл ойын ол төмендегiше түйiндейдi:

Үй жамағат хақында әдептерiн,

Бiлу керек мұсылман тегiс бәрi.

Оның үшiн үй жамағат бұзық болса,

Қанша биiк болса да болмас сәнi.

Милләттi шарапатты қылатұғын,

Мал, дәулет, әскер болмас белгiлi әнi.

Мақыш мұны “…Қазақ ахуалынан бақыс еткен манзума” (1909) жинағында жазса, кейiн 1911 жылы жарық көрген “Насихат қазақия” жинағында отбасы мен милләт арасындағы байланысты “Үйлену әдебi”, “Ер әдебi”, “Қатын әдептерi”, “Ана әдептерi”, “Ата әдептерi”, “Сағи уа ижтиїад әдептерi”, “Өнер уа сұнғат әдептерi”, “Кәсiп әдептерi”, т.б. өлеңдерiнде жiтi таратып айтты. Бұлайша iздену ұлтқа жаны ауырған қаламгердiң ғана қолынан келерi кәдiк.

Қазақ қауымының әлеуметтiк жайынан молынан хабардар ақынның меценаттар мен сараң байларға қаратып:

Тиiс жерге Алланың ризасы үшiн,

Садақа бер, қайыр ет жетсе күшiң.

Дiн, милләт пайдасына сараптасын,

Таңда – хақ, мұнда халыққа мақұл үшiн, -

деп айтқан сөзi “екi жаққа үңiлген”, обал мен сауапты зерделеген зеректiгiн аңғартады деп бiлемiз.

“Насихат қазақияға” енген Мақыштың айрықша бiр өлеңi “Отан уә милләт” деп аталады. Ақын Отан ұғымына “суын iшiп, нанын жеп, ауасын жұтқан” қасиеттi жердi кiргiзсе, милләт – “ата-ана, қарыңдасың (ағайын – Д.Қ.)” дейдi. Бұл екеуiнен азамат ештеңесiн аямауы тиiс деп есептейдi. Осы орайдағы Мақыш тұжырымы мынандай:

Тараққи деген сөздi масқара етпе,

Милләтiңе қызмет ет, қырын кетпе.

Хаят шарифадан мақрұм қалып,

Бейшара, мiскiн болып зарлық етпе.

Ақынның бұл тұжырымынан “ұлтты ұлт ету - өз қолыңда” деген қорытынды шығады.

Мақыш 1912 жылы шыққан “Бар уақиға” кiтабында қазақ ұлтының ахуалын әлем контексiнде қарастырады. Осында ақынның шындықтың бетiне тура қарайтын прагматизмi:

Жер кеттi, дiн нашар деп шулап тұрмыз,

Зордан зорлық көрдiк деп тулап тұрмыз.

Заманның халiн бiлмей бекер ұрсып,

Көзiмiздi жаспенен сулап тұрмыз.

Айтар сөз ақылменен ойлай алмай,

Бiле алмай у iшкендей улап тұрмыз,-

деген жолдардан анық көрiнедi. Дiндар Мақыш “тағдыр жазды, бiз көндiк” мұсылмандыққа жат, милләттiң аяғын шiдерлейдi деп есептейдi. Отаршылдықтың келуiне – табансыздықтың себепкер болғанына оның иманы кәмiл. Бұл ой ақынның:

Тағдырға риза болып, мойын ұсынып,

Кеткен жер жуас қылды, бiздi кемдiк.

Дандайсып ары жағын керек қылмай,

Өнерлi адамдарға болдық жемдiк,-

деген өлең жолдарынан байқалады.

Ұлттың оянуы туралы жазған М.Қалтайұлының мына уытты сөзi нақыл орнына жүруге лайық:

Оянғалы көбiне талай болған,

Оянбаған ояуға малай болған.

Бұл қазақ сынды ұлттардың халiне әлемнiң озған милләттерiмен салыстыра айтқан ақын пiкiрi едi.

Саяси серпілу кезеңде қаламгерлер ұлтты оятуға барын салды. Олар өзiн ұлттың жай бiр мүшесi ретiнде ғана емес, оның жанды тетiгi, қозғаушысы ретiнде сезiндi. Бұл – жауапкершiлiктен туған сезiм едi. Өнерге ұмтылу (өнер ұғымына өмiрдi жақсартатын кәсiп кiрдi), ұлт болып ұйысу, ақжүрек оқығандар төңiрегiне топтасу, дiндi, ғылымды өрiстету, жастарды ел мүддесiне орайлас тәрбиелеу, оқу мен бiлiмдi халық қажетiне жарату їәм дамыту – осының бәрiн жүзеге асыру милләтшiлдердiң алдына қойған мақсаты болатын. Осыған алаш зиялылары өз жөнiмен келдi. Уақыт пен тарих олардан осыны орындауды талап еттi.

Алаш едi ұранымыз,

Дiн ислам – құранымыз.

Дүния, ақырет жайынан

Қолда жоқ еш құралымыз.

Ата қоныс кеттi қолдан

Бұған бар ма қыларымыз?-

деп жерден айырылудың себебiн өнерсiздiктен, бiлiм өрiсiнiң тарлығынан көрген Нұржан Наушабайұлы (1859-1919) да ояну кезеңiнде тұлғаның (лидер, серке) орнын айрықша атады. Ол көшбасшы алды-артын серпiлту қажет дегендi айтты.

Жақсы емес адамшылық бiлгiзбесе,

Қамын жеп жұртқа пайда тигiзбесе.

Жiгiттiң жеке құрған сәулетi жоқ,

Соңынан құрбы-құрдас ергiзбесе,-

дейдi ақын. “Манзумат қазақия” (1903), “Алаш” (1910) жинақтарын жариялаған Нұржан дәстүрлi өлеңмен-ақ халқын оятуға жұмылды. Ол назым-термелерiнде ислам құндылықтарына қатысты ой-түйiндермен қазақ тұрмысын түсiндiруге талаптанады. “Адаммын, өтiрiк қылу ғадетiм жоқ” деген Нұржанның негiзгi пайым арнасы мына жолдардан көрiнедi:

Абзалы мехнат шегiп, рахат тапқан.

Тiрлiкте лайық емес қарап жатқан.

Жеткiзулiк мақсатқа – бiр өзiңнен,

Ықыласпен тiлесең жаппар хақтан.

Ақын тiле де отыр демейдi, еңбек ет, iзден, талаптан дейдi. Бiрақ сенiмдi жоғары қояды (“Тәуекелге бел байлап шықсаң егер, Тапсырып бiр Аллаға iлгергi iстi”).

Өлеңдерi дәстүрлi поэзияның арнасынан табылған Нұржан Наушабайұлы шығармашылықтың табиғаты жөнiнде ой-пiкiрiн бiлдiрiп отырады. Тұсындағы алаш баласы қандай жырды қажет етуi мүмкiн деген өз сауалына:

Тыңдаушылар естiсiн жырды тыңнан,

Нақыштап сөздерiңдi өткiз сыңнан.

Бұрыннан келе жатқан бар ғой нақыл

Жүзден жүйрiк, шығады мыңнан тұлпар”,-

деп жауап қайырады

Нұржан Шәкәрiм қажы тәрiздi, ескiнiң мағыналы сөзiнен үйрену керек деп есептейдi. Бұл ойын ол:

Сөздерi топқа салынған

Бұрынғы шешен, тақтақтың

Керегi көп заманға

Ескi мақал, тақпақтың.

Лайығы кем деп ойлаймын,

Босқа қарап жатпақтың,-

деп түйiндейдi. Сонымен бiрге бұл ақын да өлеңiн сынауды ұрпаққа аманат етедi:

Бар сөзiмнiң не мiнi,

Кетейiн тастап артыма.

Өзiм қайдан бiлейiн,

Сынап бiлер тыңдаушы,

Бiлгенiм бүтiн, жарты ма?

Н.Наушабайұлының әдеби-эстетикалық пайымы көбiне дидактикалық пiкiрлерiмен астасып жатады. Ағарып үлгермеген халыққа, сөз жоқ, ақыл-кеңес, насихат керек едi. Сондықтан бұл ақын қаламдастарын “адамның құлқы тегiс дауға айналған” заманда елге қалқан болуға шақырды. Шығармашылықта “ықлас-ниетiңде хаққа бер” деп тұжырымдады.

Діни ағартушылық және әдебиеттегі тұлғатану мәселесі бізде негізсіз көтерілген жоқ. Елді ағарту үшін және дәстүрге сай имандылықпен жаңа өмірге аяқ басу үшін діннің – жүйелі, көшбасшының халыққа адал болмағы қажет-тін.

Ақын Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы 1907 жылы басылған “Сарыарқаның кiмдiкi екендiгi” кiтабында:

Әр жұрттар қылған нұсқа баспасына,

Қылуға ауыз бiрлiк бас-басына.

Өзiңмен ыңғайлас жұртпен бiрiк

Пұл берсе бұрма мойын басқасына,-

деп жазды. Қаны бар қаламгер Абай секiлдi жаңа толқыннан елге тұтқа болатын азаматтардың шығуына мүдделi. Бұл ойын ол:

Ер болсын, уағдасын бұзбайтұғын,

Алданып сый-құрметке қызбайтұғын.

Пайдасын милләтiнiң түгел ойлап,

Жұрт қамын түптен тартып қозғайтұғын,-

деп өрнектейдi. Ақын үшiн бiлiмнiң культi – надандықтан ағару ғана емес, әлдiден қорғану.

Бiлiмге жабысайық көңiл қойып,

Ерлердiң жұмысына жүрмiн тойып.

Болмаса бiр құдайдан – үмiт-қуат,

Залымдар көзiмiздi алар ойып,-

дейдi “Тiрлiкте көп жасағандықтан көрген бiр тамашамыз” атты кiтабында.

Әрине, Мәшһүр Жүсiп – жол нұсқап, оқулық жазған ағартушы емес. Ол – дiндар, ақын, азамат ретiнде заманның амалын ойлаған, ағартушылық кезеңнiң жүйелi болуына тiлеуқор адам. Осындай көзқарас Нұржан Наушабайұлында да болды деп есептеймiз. Ы.Алтынсарин жөнiнде:

Құр жерге, су үстiне от жақтырған,

Қараңғы адасқанға жол таптырған,

Талып, шаршап жүргеннiң нешеулерiн

Ойдан алып биiкке лақтырған,-

деп жазған Нұржан ХХ ғасыр басында кітаптарын мақсатсыз шығармаса керек. Н.Наушабаев та Шәкәрiм сынды ғылым мен дiндi бiртұтас қарап:

Шарғыны жүргiзуге ғылым керек,

Даһиды, зейiнiңдi бөлу керек.

Мағыналы ұлағатпен тiзiп қойып,

Байлауға сөздi қысқа бiлiм керек,-

дейдi. Дiн мен өмiр байланысы мәселесiнде Нұржан әл-Маржани пайымымен таныс секiлдi. Өйткенi ол: “Ислам жолы түзелмес ыждағатсыз” деп жазады. Маржани “ижтихад” категориясына “ойлануға, ақылға салуға ерiк беретiн құбылыс” ретiнде қарағанын iлгерiде сөз еткенбiз.

Халықты ояту мақсатында

Әл-фара қиқу, қитұрқы,

Дүния жүзi саралы.

Жайлау, қыстау, жердi алып,

Көңiлдi қылды жаралы.

Ұйықтама, оян, Алашым!

Қолыңда жоқ заманның

Амал қылар құралы,-

деген Н.Наушабайұлы сөзсiз “амал қылар құралды” бiлiм мен бiлiктен iздесе керек. Ақын пайдалы бiлiмге ғана мойынұсынады. Оның тұсында өмiрге жолдама алған жәдит – халыққа төтеден олжа салудың жолы едi. Осы жайдан хабардар ақын:

Толқындап ақыл-үлгi айту қата,

Пайдасын бiлiмiңнiң көргiзбесе,-

дейдi. Бiз Нұржан өлеңдерiнен “жәдит” деген сөздi ұшырастырмаймыз, бiрақ оның жаңалыққа һәм жақсылыққа тiлеуқорлығын айқын аңғарамыз.

Жәдитшiлдiктi атын атап, түсiн түстеп қолдаған ақындардың бiрi – Мақыш Қалтайұлы. Ол – дiндар ақын. Бiрақ Мақыш – бiржақты емес, “Ең әуелi ғылым парыз құп бiлiңiз, Ғылымсыз ғибадат та болмайды тез” деген көзқарастағы кемел дiндар. Жаңашылдық пен қазақтың қатысы туралы:

Жан бiткен жаңа түрге қамданыпты,

Достықпен заманаша бол дегендi

Қас көрiп, бiздiң қазақ шамданыпты,-

деп сыни ой түйген М.Қалтайұлы “неге бұлай?” деген сұраққа жауап iздеген сияқты. “Қазақ айнасы” кiтабында ол:

Бiзге кемдiк ойлаңыз келдi қайдан,

Кесiм болып шықты ма бiр құдайдан.

Жетi миллион қазақты кемге жазса,

Залымдық табылмай ма-ау сондайдан.

Құдай залым құлына қылмас деген,

Құран да раушанырақ туған айдан,-

деп, қиын халға қазақ алланың жазуымен емес, қауқарсыздығынан түскенiн дәлелдейдi. Ендi одан құтылудың, алға жылжудың бiрден-бiр жолы – оқу-бiлiм, бұзылмаған дiн және осыларға қол жеткiзетiн халықтың қажыр-қайраты деп санайды ақын. Ол сондықтан заманындағы жаңалықтың төлбасы жәдиттi ұлықтайды.

Жәдитпен балаларға тап осы күн,

Екi-үш жылда мүкамал танытар дiн.

Өзiмiздiң түрiкше тiлiмiзбен,

Тез бiлдiру болады қай жерi мiн.

Түрiк тiлде жәдит пен “Ғылым халды”,

Бiлсек қабыл болмай ма тағатымыз.

Құран, хадис тәржiме етушi бар,

Жете ме бәрiмiздiң тафуатымыз, -

дейдi Мақыш “Бар уақиға” атты кiтабына. Осы жинаққа енген бiр өлеңiнде қаламгер жалпы жәдитшiлдiк атаулыны жаладан қорғайды.

Иамин ғамус ғайыптан саналмас деп,

Болмаса жәдиттер ме бұ жолды ашқан.

Қазақтан ғайри муслим жәдитшiлдер,

Жалған антты жақсы деп қашан шашқан,-

деп жазады ақын. Бұл жерде Мақыш, бiр жағынан, қазақтың дұрыс жәдит болмай жатқанына да өкiнiш бiлдiргенi байқалады. Бiрақ негiзгi идея – жәдит бағытының қате емес екендiгiн көрсетуiнде дер едiк.

Тұтастай байыптасақ, ХХ ғасыр басында исламның әлемдік жаңа білім мен білікке сүйенген жәдитшілдік тұжырымдамасы, зиялылырдың ұлттық күрес жолдында Алаш идеясына топтасуы Шығыстық-дәстүрлі, халықтық-дәстүрлі бағдардағы ақындардың шығармашылығында да көрініс тапты.

Тұрмағамбет Ізтілеуұлының (1882–1939) қазақ сөз өнерінің қалыптасу, даму жолында ұлттық және әлемдік фольклор мен әдебиет үрдістерін сабақтастыра меңгерген мұралары халықтық-эстетикалық дүниетаным болмысын танытады. Әлем халықтарына ортақ адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесі негіздерін насихаттау басым жырланатын дидактикалық-философиялық лирикалық өлеңдерді, жазбаша айтыстарды, қисса-дастандарды Шығыстың классикалық әдебиеті поэтикалық дәстүрі негізінде дамыта жырлаған ақындар әдеби байланыстардың, ықпалдастықтың көркемдік жалғастығын тереңдете әрі кеңейте түсті.

Қазақ және Шығыс халықтарының фольклоры мен әдебиеті жанрларына ортақ мазмұн мен пішін поэтикасына лайықты көркемдік ұстанымды меңгерген осындай шығармашылық тұлғалар түркі өркениеті мен ислам мәдениеті, Шығыстың классикалық әдебиеті дәстүрлерінің тұтастана дамуы болмысын шығармалары арқылы таныта білді.

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы – қазақ мәдениеті тарихындағы өркениеттер тоғысуы құбылысын таныта алатын көрнекті ақын. Ол 1882 жылы 9 шілдеде бұрынғы Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария облысының Қазалы уезіндегі Қуаңдария болыстығының 2-аулында «Ақтайлақ кезең» деген елді мекенде (қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келген. Оның білім алуы екі кезеңнен тұрады: біріншісі – туған мекеніндегі ағартушы иман, ахун-ұстаздардан (Қожабай, Ораз, Алдашбай, т.б.) алғашқы білім негіздерін игеруі; екіншісі Бұхара қаласындағы көрнекті оқу орындарынан («Мир-Араб», «Көкелташ» медреселері) діни және әдеби білім алғаны. Бұхара қаласындағы аталған медреселерден ислам дінінің Бас Кітабы Құран Кәрімді және ислам тарихын, көрнекті қайраткерлер (Мұхаммед пайғамбар және сахабалар) қызметін толық оқып-үйренген. Сонымен бірге, Бұхараның кітапханасынан Шығыс халықтарының (түркі, араб, парсы, үнді, т.б.) фольклоры мен әдебиеті үлгілерімен, философия мен тарих ғылымдары мұраларымен жан-жақты танысады. Оқу жылдарында Шығыс халықтары мұраларын түркі-шағатай, араб, парсы тілдеріндегі нұсқаларынан оқып игеру оның бұдан кейінгі ағартушылық-ұстаздық, ақындық шығармашылық қызметінің негізгі өзегі болды.

Ақын шығармалары әр жылдары жарық көрген жеке кітаптары («Рүстем–Дастан», 1961; «Шаһнама: Рүстем–Дастан», 1-2-кітаптар, 2004; «Назым», 1972, 1982 жж.), жинақтардағы («Айтыс», 2-т., 1965; Бес ғасыр жырлайды; 3-т., 1985; 2-т., 1989; Ай, заман-ай, заман-ай, 1991; Қазақ поэзиясының антологиясы (ХХ ғасырдың бас кезі, 1992) топтамалар түрлерінде жарияланды.

Әдеби мұрасы туралы арнайы зерттеулер де бар. Мысалы, «Қазақ әдебиетінің тарихындағың (2-т., 2-кітап, 1965) М.Қаратаев, М.Байділдаев жазған тарау, «Қазақ совет энциклопедиясындағы (ІІ-т., 1977) мақала, Ө.Күмісбаевтың (Т.Ізтілеуов және оның Рүстем–Дастаның, Ұ.Жанбершиеваның (Т.Ізтілеуовтің поэтикалық творчествосың, Е.Карбозовтың (Т.Ізтілеуов шығармашылығындағы адамгершілік мәселелер, 2005) зерттеулерін атаймыз.

Тұрмағамбеттің шығармашылық жолы екі кезеңнен тұрады: біріншісі – 1905–1925 жж. арасында өз аулындағы «Ақтайлақ кезең мекенінде мектеп ашуы, сол кезеңде ұстаздық қызмет мен ақындық шығармашылығын ұштастыра жүргізгені; екіншісі – 1926–1939 жж. арасындағы ақындық шығармашылық жұмысы. Бұл кезеңдегі 1936–1937 жж. Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер болып қызмет істеп, Фердаусидің «Шаһнамасын» өзіндік нұсқамен 40 мың жолдай нәзиралық тәсілмен жазып шықты.

Тұрмағамбеттің әдеби мұрасындағы өлеңдердің лирикалық, дидактикалық ерекшеліктері сабақтаса жырланған.

Көңіл-күй («Ойң, «Мен қалдым қайғы-қасірет қапасында», «Кәрілік көріністері», «Туған елге сәлем хат», «Бауыңа жеміс егіп берем», «Кейінге нені тастап кетемін деп», т.б.), саяси-әлеуметтік («Қу заман», «Тар замана», «Кіріптар», «Ұшқын», «Жер жүзін жеті қабат зұлымат басты», «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға!», «Туғызып қой үстіне бозторғайды», «Сөздері Лениннің шырын еді», «Шамамша шабуға енді шақ боп тұрмын», «Ленин – Күн», «Сусындап саясатқа алғанымша», «Большевик басшы, біз қосшы», т.б.), махаббат («Сымбатты сұлу», «Ақжібек», «Құлпы қыз», «Сұлу қыздың кескіні», «Көңіліме гүлі егілді махаббаттың», т.б.), табиғат («Жыл келді», «Сыр бойы», т.б.) тақырыптарындағы лирикалық өлеңдерінен ақынның сыршыл сезімді толғаныстары, тебіреністері өрнектелген.

Ақын өлеңдерінің басым бөлігі философиялық лирика саласын құрайды.

Уақыт пен кеңіс тік бірлігі аясында адамзат тарихының барлық кезеңдеріне ортақ тіршілік қозғалыстарының, мінез-құлық қасиеттерінің сырлары, қайшылықтардың мәнісі, өмір шындығы оқиғаларының фәни мен бақи сабақтастығы жүйесіндегі ықпалы тұралы лирикалық қаһарманның толғаныстары, лирикалық «Менніңң көркем жинақталған, дараланған тұлғасы арқылы жалпылық-әлеуметтік ұғым болмысын таныту – философиялық лириканың өзегі болып келеді.

Тұрмағамбеттің біраз өлеңдері «Назым», «Адамдық іс», «Толымды жігіт», «Абайды оқығанда», «Өнер бәйгесі», «Ұядан ұшқанда», «Шөлмек», «Бар мен жоқ», «ал» мен «бер», «Не көп?», т.б.) және төрттағандары («Көңіл», «Ой», «Түс», «Өлім-оқ», «Мінез», «Іні», «Өмір», т.б.) философиялық лирика аясында танылады. Аталған өлеңдерде фәнидің өткіншілігі, тіршілік қозғалыстарына, құбылыстарына, адамдардың қарым-қатынастарына, қасиеттеріне тән қарама-қайшылықтардың күресі мен бірлігінен тұратын заңдылықтар жүйесі жырланған. Әсіресе, ақынның төрттағандары Шығыстың классикалық поэзиясындағы осы жанрдың көркемдік жалғастығы тұрғысында көрінеді.

Дидактикалық сарынды лирикалық өлеңдері, тақпақтар («Тақпақ», «Не қызық?», «Не артық?», «Тәлім», «Жақсы мен жаман», «Опа жоқ», «Өмір толқыны», т.б.) үлгісімен де жырланған. Шешендік және ақындық өнер дәстүрлерінің тоғысқан сипатын танытатын шағын шумақтардың мағыналы сипаты мен мәнерлі айтылуы тақпақтардың эстетикалық әсерлілігін айқындайды.

Ақынның нақылдары да дәстүрлі шешендік сөздермен, фольклордағы мақал-мәтелдермен үндес поэтикалық сымбатымен аңғарылады. Тұрмағамбеттің нақылдарында адамдардың қарым-қатынастар мәдениеті, адамгерішілік қасиеттер, сөз өнерін, ғылымды, оқуды ұлықтау, азаматтық парыз, отаншылдық, әкімдердің сипаты, отбасы ұлағаты, т.б. мәселелер қамтылған.

Насихат өлеңдері («Қайрама халыққа тісіңдің, «Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл», «Қамын ойла халқыңның», «Арқаңның ауруы не қозбайтұғын?», «Жырыңды жаз, жөрмелеп», «Асықпа, аяғыңды абайлап бас!», «Айтқанын тыңда ағаның», «Татулық – таусылмайтын кен», т.б.) де ақын шығармашылығының ағартушылық-гуманистік дүниетанымына тән эстетикалық көзқарастарын танытады. Ақынның насихаттық өлеңдерінде жеке адамның қоғамдағы қызметі, өркениет жетістіктерін игеру мұраттары, өнердің эстетикалық ықпалы, әлеуметтік қарым-қатынастардың қоғамның дамуындағы маңызы, т.б. маңызды мәселелер көркем шындық тілімен жырланған.

Ақынның сатиралық өлеңдері («Еңбегің ессізге еткен еш болады», «Молдаларға», «Құлжан биге», «Мырзаның мінезі», «Насыбай», «Шылым», «Арақ», «Сөз берсем, түзеймін деп бұзасыңдар», т.б.) де сыншылдық-ғибратшылдық сарынмен адамдарды қоғамдық-әлеуметтік ортаның жағымсыз жақтарынан аулақ болуға шақырады.

Ақынның лирикалық арнау өлеңдері («Ұстаз ұсынысы», «Шәкірттерге», «Балаларым», «Горький жолдасқа», «Топ жарған төрт тұлпарға», «Ақындарға айтарым») де дәстүрлі жанрдың аясында жеке тұлғалардың қызметін, әлеуметтік ортаның шындығын жинақтап жырлауымен ерекшеленеді.

Ақынның жазбаша айтыстары («Тұрмағамбет пен Шәді төре», «Алты ақынның өмір тұралы айтысы», «Тұрмағамет пен Әбдікәрім», «Тұрмағамбет пен Жүсіп», «Тұрмағамбет пен Сәнбала»), ақындар айтыстарына айтқан аралық сөздері («Омар мен Таубайдың Жүсібіне» «Омар мен Нұрмаханға», «Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке бірінші, екінші айтқандары, соңғы билігі»), «Кете Жүсіп пен Даңмұрынға») фольклор мен әдебиет дәстүрлерінің ақындық поэзиядағы көркемдік-эстетикалық жаңашылдықпен дамуын көрсетеді. Дидактикалық-философиялық мағыналы мазмұнмен жырланған жазбаша айтыстарда және аралық сөздерде тіршілік қозғалысындағы жеке адам тұлғасының әлеуметтік мәні, қазақ тұрмысындағы этнопедагогикалық-этнопсихологиялық дүниетаным, ұрпақтар жалғастығы, фәни мен бақи дүниенің мәңгілігі, жалпыадамзаттық гуманистік мұраттар, т.б. саналуан мәселелер қарастырылған.

Тұрмағамбет ақынның мысалдары («Лұқпан хакім», «Ата мен бала», «Сүлеймен мен кірпікшешен», «Төрт дос», «Дарақ пен сая», «Жолаушы мен дана», «Қара қоңыз», «Көкқұтан мен шымшық», «Өгіз бек есек») да сюжеттік, идеялық-композициялық құрылымындағы диалогтары, дидактикалық түйіндеулері арқылы шағын көлемді эпикалық туындылар тұрғысында жырланған.

Ақынның дастандары («Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану», «Әшкәбүс», «Мақта», «Соқыр мен ақсақ», «Есер мен есті», «Ескендір», «Үш бәңқор», «Шаһнама») да қазақ поэзиясы мен Шығыстың классикалық әдебиетінің шығармашылық ықпалдасуы аясында жырланған нәзиралық эпикалық шығармалар қатарында бағаланады.

Қорыта айтқанда, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының әдеби мұрасы – қазақ және Шығыс халықтары классикалық әдебиеттері сабақтастығын таныта алатын рухани мәдениет құндылықтарының көрнекті көрсеткіші.

Әдебиеттер:

  1. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. –А., 1976.

  2. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. –А., 1997.

  3. Қазақ әдебиетінің тарихы. 6 т. ХХ ғ.басындағы қазақ әдебиеті.-А., 2005.

4-дәріс. Шәкәрім Құдайбердиев шығармашылығы. Шәңгерей, Ғұмар шығармашылығы. Зайырлы дүниетаным мен ғылыми-ағартушылық ізденістер

Мақсаты: Шәкәрім Құдайбердиев шығармаларындағы ізгілік, адамшылық, мұсылмандық мәнін ұғындыру. Шәңгерей, Ғұмар шығармашылығын оқыту. Зайырлы дүниетаным мен ғылыми-ағартушылық ізденістер туралы талдап, түсіндіру

Сұрақтар:

1. Ш.Құдайбердіұлының өскен ортасы

2. Ш.Құдайбердіұлының лирикалық өлеңдері

3.Оқу-білімге арналған шығармалары.

4. Шәңгерей шығармашылығы.

5. Ғұмар шығармашылығы

6. К.Төгісов шығармашылығы

Дәріс мәтіні (тезис)

ХХ ғасыр басында ғылыми-ағартушылық ізденістерге иек артқан және белгілі дәрежеде өздері де зерттеушілікпен айналысқан ақындар болды. Олар дүниетанымының ислам құндылықтарымен суарылғанын мақтаныш ете отырып, әлемдік зайырлы білім-білік, ғылым-ілім табыстарын меңгеруге жұмылды. Дәлірек айтсақ, мұсылман адамы шектеушілік пен пәншілдіктен аулақ болуын насихаттады. 1858 жылы ескіше жыл санау бойынша 11 шілдеде қазіргі Семей облысының Абай ауданында дүниеге келді. Әкесі – Құдайберді – Абайдың ағасы, Құнанбайдың Күңке атты бәйбішесінен туған.

Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Жеті жасқа келгенде, 1866 жылы әкесі Құдайберді 37 жасында дүние салады да, Шәкәрім бұдан былайғы уақытта Құнанбайдың тәрбиесінде, тікелей Абайдың қамқорлығында болады. Шыққан ортасының аса бай дәстүрі мен ақын ағасының тағлымды тәрбиесі табиғатынан зерек те алғыр Шәкәрімнің жетімдік, жоқшылық көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын,парасатты ой иесі ретінде қалыптасуына да айрықша ықпал жасайды.

Ұлы Абайдың маңына шоғырланған талантты жастар туралы айта келіп, Мұхтар Әуезов былай деп жазады: « ... Ондай ақын төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары, мұның екеуі де 1904 жылы Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақынның толық мағыналы шәкірттері». Шындығында да Шәкәрім Абайдың ең талантты шәкірттерінің бірі, әрі ең мол мұра қалдырған шәкірті.

Абай шәкірттерінің қай-қайсысы да ұлы ұстазының басқан ізін қайталамай, өнер көгінде өздерінше соқпақ салуға ұмтылды. Абай өз шәкірттерінің өлеңдерін үнемі қадағалап отырған. Өзі тақырып беріп жаздырғандары да аз емес. Ұлы ақын жастардың туындыларына сын көзбен қарап, бағыт-бағдар беріп отырған.

Шәкәрімнің ақындық жолын айқындап берген де, міне, осындай ұлы мектеп, Абайдың ақындық дәстүрі болды. Шәкәрімнің терең мағыналы шығармашылық мұрасының өн бойынан Абайдың реалистік сарыны, көркемдік, эстетикалық танымының әсері үнемі белгі беріп отырады.

Арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, өз бетінше іздене жүріп және Абай ағасының басшылығымен жан сарайын байытқан Шәкәрім өз заманында қазақ арасындағы, қала берді, бүкіл Түркістан өлкесіндегі аса білімдар, ойшыл адамдардың бірі атанады. Араб, парсы, түрік тілін білді, орыс тіліне жетік болды.

Жасымнан жетік білдім түрік тілін,

Сол тілге аударылған барлық білім.

Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,

Жарқырап қараңғыдан туып күнім.

Оятқан мені ерте Шығыс жыры,

Айнадай айқын болды әлем сыры.

Талпынып орыс тілін үйренумен

Надандықтың тазарып6 кетті кірі, –

дейді ақын өзінің «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» атты өлеңінде1. Бұл арада ақынның білім деңгейінің қаншалықты болғаны айқын аңғарылады. Сонда да болса ақын:

Көп білім жоқ бойымда,

Шын мақтан жоқ ойымда, – деп, әлі де оқи түссем деген ой-арманынан ажырамайды. Бұл оның өмірлік нысанасы, сөз өнері әлеміндегі темірқазықтай бағдары болса керек. Сол себепті де оның өз бетімен ізденіп тапқан рухани қазынасы да аз болмаған. Сол арқылы ол өз заманының парасатты азаматы атанған.

1904 жылы Шәкәрімнің ұлы ұстазы Абай қайтыс болды. Осы жылы ол өзінің қос бауыры Ақылбай мен Мағауиядан айырылады. Шәкәрімге бұл оқиғалар аса ауыр соққы болып тиеді. Ендігі жерде ол айналасындағы тіршілік құбылыстары туралы, тағдыр шырғалаңдары жайында өзінің ішкі сауалдарына жауап іздеп, философиялық ойлардың иіріміне беріледі. Білімін кеңейтуге, көп оқуға ден қояды. Үлкен үміт арқалап 1905-1906 жылдары Меккеге барып барып қайтады.

«Меккеге барам деп шықтым,– деп жазады Шәкәрім, - ары бара жатқанда Стамбулда 13 күн болып, келе жатқанда 13 күн болып, қанша тарих ақтарып, керек кітаптарды почтамен үйге жіберіп отырдым. Меккенің де, Мәдиненің де тарихтарын ақтардым. Бірақ жол қатынасы жайсыз болып, Египетке баруға рұқсат ала алмадым. Сол кездері Шығыс, Батыс ғалымдарымен көп сөйлесіп, ой-пікірлерімен, Шығыс, Батыстың ертедегі ғалымдарының шығармаларымен танысып, оларды жаздырып алдым. Александр салдырған кітапханада қызмет еткен ғалымдардан сұрап, керекті кітаптарды жаздырып алдым. Абайдың ақыл-кеңесі болмағанда мен ол жерлерге бармаған да болар едімң2.

Осыған қарағанда, Шәкәрімнің Меккеге бару сапары ұстазы Абайдың көзі тірісінде айтқан ақыл-кеңесін іс жүзіне асыру мақсатына арналған. Бұл ақынның санасын жаңа биікке көтеріп, білім өресін, ой тынысын кеңейткен ізденіс сапары болды.

1909-1910 жылдар шамасында Шәкәрім елден аулақтап, Шақпақ деген жерде жалғыз үй өмір сүреді. Ондағы мақсаты өмір бойы жинаған білім қазынасын оңашада қағаз бетіне түсіру, кейінгі ұрпаққа жеткізу еді. Өзінің «Кейбіреу безді дейді елден мені» деп аталатын өлеңінде Шәкәрім былай дейді:

Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.

Елу бес жыл жинаған қазынамды

Оңашада қорытам ойға салып3.

1917 жылғы Ресейдегі төңкерістерден кейін ақын ел ортасына оралып, белсенді қызметпен айналыса бастайды. Баспасөзде бірқатар мақалалар жариялайды. Жаңа заманнан жақсылық күтеді. Бірақ көп ұзамай шындыққа көзі жеткен Шәкәрім Шақпақтағы үйіне қайтады да, өмірінің соңына дейін сонда болады. Ақын 1931 жылы 2 қазан күні қаза табады.

Өзінің жарты ғасырдан астам уақытқа созылған шығармашылық сапарында Шәкәрім халқына аса мол мұра қалдырып кетті. Осы мұраның ең бір шұрайлы да көлемді көркем саласы – оның поэзиялық туындылары, әсем лирикасы.

Шәкәрім – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің шежіресінде Абайдан кейін тұрған тұлғалы ақын. Ол ұлы Абайдың сөз өнеріне деген ықыласы мен пейілін көріп өсті. Содан да болар, ол о бастан-ақ ақындық өнердегі өзінің биік нысанасын, асыл мұратын айқын сезініп қалыптасты. Халықтың мұңын жырлау, адам қасиеттерін қастерлеу оның шығармаларының алтын арқауына айналды. Өзінің алдына:

Адамдық борыш ар үшін,

Барша адамзат қамы үшін.

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін, –

деп қатаң серт қояды ақын. Шәкәрім лирика жанрында Абай қалыптастырған реалистік дәстүрді жемісті жалғастырды. Өз туындыларында өзі өмір сүрген дәуірдің барлық шындығын тап басып суреттей білді. Ол сол кездегі қазақ даласындағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсы білді. Сол себепті де Шәкәрімнің шыншыл лирикасы сол дәуірдегі қазақ өмірінің айнасына айналды.

Шәкәрімнің лирикалық шығармаларында жеке адам бойындағы ұсақ-түйек міндерден бастап, сол кездегі қоғамның саясаты сияқты күрделі мәселеге дейінгінің бәрі қамтылған. Халық өміріндегі кері тартар кемшілік атаулыға жүрегі езіліп, бұқараны саналы әрекетке шақырады. Өз тұсындағы байлық пен мансапты мансұқ етіп, соған жету жолында ел мүддесін құрбан етуге даяр тоғышарлар мен ұлықтарды, шенқұмар әкімдерді өткір сынға алады. Осының бәрінде де ол халық бұқарасынан қол үзбейді.

Шәкәрімнің ақын болып, айналасына таныла бастауы - өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяқ шені. Бұл кезде оның балауса қаламынан түр жағынан тың, мағынасы терең, философиялық жаңалығы айқын өлеңдер туды. Оларда ақын махаббат пен жастық сезімдерін көбірек жырлады. Осы тұста туған «Жастық туралы», «Кәрілік туралы», «Жаз келер», «Жастарға», «Шын сырым», «Арман» сияқты көптеген өлеңдерінде ақынның айшықты тілі мен мөлдір сыршылдығы сезіледі:

Гауһардай көзі,

Бұлбұлдай сөзі,

Жаннан асқан бір пері.

Жүзі бір айдай,

Мінезі майдай

Өзгеден артық сол жері.

Дариядай ақыл мол еді,

Жан ғашығым сол еді4.

Бұл Шәкәрімнің 1879 жылы жазған «Жастық туралы» атты өлеңіндегі сыршыл шумақтар болса, Шығыс поэзиясының дәстүрінде жазылған «Шын сырым» атты өлеңі бар. Бозбала шағында жазылған осы тәрізді өлеңдерінен-ақ Шәкәрімнің айналадағы құбылыстарға, адамдар арасындағы қатынастарға деген өз түйіні, философиялық пайымдары көрініп жатады. Ол айналасына ойлы көзбен қарап, пікір түйеді. Сол арқылы өзінің өмірге, қоғам мен тіршілікке деген көзқарасын қалыптастырады.

Шәкәрім лирикасындағы Абай дәстүрінің іздері оның өлеңдеріндегі гуманистік, адамгершілік сипаттан да айқын көрінеді. Шәкәрім өлеңдеріндегі ең басты нысана – адам. Ол адамды үнемі жақсылыққа жеткізуге, оның бойында жаңаша қасиеттер қалыптастыруға ұмтылады.Адамның мінез-құлқындағы салақтық пен еріншектік, жалқаулық пен мақтаншақтық қасиеттерді сынға алды.

Еріншектен салақтық

Салақтықтан надандық.

Бірінен бірі туады,

Жоғалар сүйтіп адамдық,

- дейді ақын.

Шәкәрім лирикасының аса бір ауқымды саласы – оның Абай дәстүрінде жазылған ағартушылық сарындағы өлеңдері. Ол өзі өмір сүрген заманның барлық болмысын, бүкіл қазақ қауымының экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының дәрежесін жан-жақты түсінген қайраткер болды. Өзінің туған жұртының болашағы үшін жаны ауырып, жүрегі сыздады. Осы сезіммен көптеген жырларын жазды. Бұл тұста да ол Абаймен үндес . Ғылымға қол жеткізудің, халықтың өміріне кішкентай болса да жақсылық жасаудың бірден-бір жолы адал еңбек ету деп білген данышпан Абай:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім6, –

деп білім табуға шақырса, Шәкәрім жырлары да адамды адал еңбекке, ғылым мен мәдениет үйренуге бағытттайды:

Күні-түні дей көрме, ғылым ізде,

Қалсын десең артыңда адам атың7, –

дейді ол.

Абай көтерген әділет идеясы, ар тазалығы Шәкәрім лирикасының да басты сипаттарының бірі болды. Шәкәрім өзінің лирикалық қаһарманын халқының күні сияқты жарық, өзі сияқты ойлы болуға шақырады. «Насихат» деп аталатын өлеңіндегі ойлар соның айғағы:

Сусағаннның сусыны бол су сықылды сұп-сұйық,

Бірақ ондай болма салқын ел көңілін қалдырып.

От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз,

Бірақ ондай махаббатсыз болма өртеп, жандырып8.

Ақын өз халқының басындағы кемшіліктерді ең алдымен европалық, әлемдік ғылым-білімнен шет қалуының салдары деп білді:

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,

Қазақ жүр құмарланып құр атаққа, -

деп күйзелді. Бұл тұстағы ақынның түсінігінде оқу мен білім іздеу, ғылым табу – адамзат баласын нәрлі бастаудан сусындатып, алдағы мақсатқа жеткізетін асыл қазына, адам бойындағы жамандықтың тамырына балта шабатын ең қуатты қару. Сондықтан да ол қазақ қоғамының сол кездегі сипатын шыншылдықпен суреттей келе, өмір, болашақ туралы терең ой толғау барысында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың ел ішінде көп болуын, сол арқылы халқын сауаттылық сахнасына шығаруды армандады. Әсіресе «Ашу мен ынсап» атты өлеңінде ақын позициясы айқын көрінеді. Сол сияқты:

Үйренсе ғылым менен сан өнерін,

Білер еді-ау өнердің не берерін.

Танысса ақын, ойшыл адамымен,

Табар еді-ау адалдық ар көмегін, –

деп, «Молдалар өзгелерді кәпір дейді»9 атты өлеңінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің биігіне ұмтылды. Сол жақсылықтарға халқының назарын аударуға тырысты. Өзге елдер әдебиетінің үздік шығармаларын қазақ тіліне аудару арқылы осы идеясын жалғастыра түсті.

Қазақ халқының жақсы болашағы туралы ақынның үні 1917 жылғы оқиғалар кезінде ерекше қуатты секілді. «Бостандық таңы атты», «Бостандық туы жарқырап», «Қош, жұртым» сияқты өлеңдерінде ақын қазақты оянуға, марғаулықтан арылуға шақырды.

Бұл кезеңде Шәкәрімге елінің басына тәуелсіз заман туғандай көрінді, содан үміттенді. Ақынның лирикалық қаһарманы да осы сарында үн қатты. Шәкәрімнің кейіпкері шарқ ұра ойланады, кемшілік атаулының себебін, тығырықтан шығудың амалын іздейді.

Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,

Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым, – деп («Ақын немене»), ақын қоғам дамуының бүгіні мен ертеңіне ойшылдықпен көз жібереді.Өмір бойы әділет іздеп өткен Шәкәрім зорлық пен зомбылық, өзгені қарудың күшімен бағындыру бар жерде адам баласы ешқашан дегеніне жете алмайтынын айтады. Ол жақсылық пен жамандықтың, дұрыс пен терістің ара жігін тамаша айырады. Тіпті адамзатты бақытқа жеткізеді деген ғылымның өзіне кейде сескене қарайды. «Сен ғылымға» атты өлеңінде Шәкәрім шын иесін таппаған ғылымның аса қауіпті екенін айтады:

Шын залымға берме ғылым,

Ол алар да оқ қылар10.

Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының бейнелеу ерекшеліктері де көңіл аударарлық. Абай өлеңіндегі сияқты Шәкәрімде де «жүрек», «тіл», «сөз» ұғымдары мол ұшырасады. Бұлардың қай-қайсысы да кейіпкердің азаматтық парасатын, адамгершілік тазалығын немесе белгілі бір сәттегі көңіл күйін дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Ақын «менінің» басындағы сан алуан сезімдерді, қуаныш пен күйінішті, үміт пен торығушылықты осы ұғымдар арқылы пайымдай аламыз. Шәкәрім заманының күрделілігі оның өлеңдерінен, ондағы лирикалық қаһарманның кейде «тәтті», кейде «ащы», кейде «долы» тілінен аңғарылып жатады. Көп жағдайда ақынның «мені» «таза жүрек» іздеу жолында «от жүрегін» қолына ап, «сұм жүректермен» айқасқа шығады, заман әмірінен аса алмай қалған шақтарда пұшайман күйге түсіп, «дертті жүрекке», «жаралы жүрекке» айналады. Ашынған сәттерінде Шәкәрімнің «мені»

Мен досыңмын, жау емес,

Еліре берме, қайта ту.

Жүрегім дертті сау емес,

Сол себепті сөзім у11, –

деп ащы үн қатады. Қарап отырсақ, «жартасқа барып, күнге айғай салып» өткен ұлы Абайдың басындағы хал Шәкәрімде де бар. Айналасынан өзінің оң сөзін ұғар жан таппайды. Сол себепті де ол өзінің «Ашу мен ынсап» деген өлеңінде:

Айырмайды арасын,

Бұлдыр менен анықтың.

Енді қайда барасың,

Түрі мынау халықтың12, –

деп тығырыққа тірелгендей, тіршіліктен торыққандай болады.

Шәкәрімнің азаматтық лирикасының ауқымы өте кең. Негізінен адам, халық, қоғам сияқты қадау-қадау категорияларды нысана еткенімен, ол ондағы тарам-тарам тақырыптардың барлығына дерлік тиянақты зер салып отырды. Оның адамгершілік, имандылық туралы ойлары ақынның азаматтық үнін, гуманистік сипатын танытты. Бұл қатарда Шәкәрімнің «Ескіден қалған сөз теріп», «Насихат», «Мұтылғанның өмірі» атты өлеңдерін айтуға болады. Адалдық пен әділдікті жырлауға келгенде Шәкәрімнің даусы аса зор. Ол өз замандастарының бойындағы кеселдерге жиіркене қарайды.

Адалдың жолы болар заман бар ма,

Жем болдық шын жексұрын надандарға.

Адастың деп отырмын айғай салып,

Бар тапқаным сол болды амал бар ма?13

дейді.

Әдетте Шәкәрімнің азаматтық лирикасына көз жібергенде оның өлеңдерінде «қазақ» деген сөздің жиі кездесетіні байқалады. Бұл ақынның өз халқының шеңберінде ғана шектелгенін білдірмесе керек. Абай тәрізді Шәкәрім де өз халқының мақсат-мұратын бүкіл адамзат арманынан бөлек алып қарамайды. «Ойласаң барша адамзат - туған бауыр» деп ұққан ақын өзінің «Анадан алғаш туғанымда» атты философияға толы өлеңінде:

Өзімшіл болма, көпті ардақта,

Адамның бәрі - өз халқың,14

деп туған жұртына өнеге ұсынады.

Ақын ойларының дәлдігі, Шәкәрім жүрегінің сезімталдығы мен көрегендігі оның шығармаларын бүгінгі күнмен де үндестіріп, олардың өміршеңдігін танытып жатыр. Шәкәрімнің өз заманында айтқан терең ойлары мен сырлы сөздері дәл қазір өмірге келгендей сезілетіні бар.

Мәселен, ақынның «Епті тышқан» атты өлеңіндегі мына жолдарды бүгінгі күннің шындығынан алшақ жатыр дей аламыз ба?

Ойласам, сол тышқандай бұзықтар көп,

Сырты сопы, іші арам қылықтар көп.

Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп,

Адалымсып жүретін ұлықтар көп.15

Еңбек тақырыбы - Шәкәрім лирикасындағы ең басты тақырыптардың бірі. Қоғам дамуындағы еңбектің ролі туралы Шәкәрімнің алдында өткен ағартушылардың барлығы айтқан. Шоқан, Ыбырай, Абай өнегелерін бойына сіңірген Шәкәрім де еңбекті адам қасиеттерінің ең тұлғалысы деп білді. Шәкәрім әлеуметтік прогреске жетудің екі жолы бар, оның бірі сауатсыздықты жойып, адамдардың оқуға, білім мен ғылымға ұмтылуы, ал екіншісі адал еңбек ету жолы деп таныды. «Адамдық борышыңң, «Жолама, қулар, маңайғаң, «Піскен мен шикің сияқты көптеген шығармаларында ақын оның бүкіл адамзат баласының дамуындағы биік ролі мен тарихи маңызына зер салды. Адам болғаннан кейінгі ең басты борышың еңбек ету деп түсіндірді.

Мысал үлгісінде жазылған «Піскен мен шикі» өлеңінде анда жүріп елден көз жазып қалған бай баласы мен кедей баласының іс-әрекеттеріндегі, қабілеттеріндегі жер мен көктей айырманы ашып көрсетеді. Үлде мен бүлдеге оранып, қиындық пен таршылықтың не екенін білмей өскен бай баласы күнделікті тіршіліктің тауқыметінде шыңдалып піскен серігінің тапқырлығының арқасында ғана елді табады. Шәкәрімнің ұғымында - бай баласы шикі де, кедей баласы піскен. Ақын талаптанып еңбек еткен жан ғана ақылды әрі тапқыр болады, өмірге бейім келеді деген ой тұжырымын ұсынады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы қазақ әдебиетінің Шығысқа үңіліп, Батысты байыптаған ізденісін көрсетеді. Ақынның қажы сапары, Стамбұл кітапханасында отыруы, Л.Толстой құбылысына жақындауы, А.С.Пушкиннен аударма жасауы оның туындыларының тынысын кеңейтті. «Шын сырым», «Сен ғылымға...», «Елге көнсем, ақ жолдан адасамын», «Міндеу мен күндеу», «Адам немене?» т.б. өлеңдері имандылық пен өмірлік пәлсапаға толы. «Қалқаман-Мамыр», «Еңілік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмасы мен «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны, «Әділ-Мәрия» романы – қазақ әдебиетіндегі кесек туындылар. Қаламгердің «Шын бақтың айнасы», «Бәйшешек бақшасы», «Мәнді сөздер» секілді шағын көркем шығармаларында үйлесімділік, ой, тазалық қатар көрінеді. Ақынның аударма жасауында да мән бар. Пушкиннен - «Дубровский», «Боран», Бичер Стоудан – «Том ағайдың балағаны», Л.Толстойдан – «Асархидон-Лаэли», «Үш сауал», «Криз патшасы» шығармаларын тәржімелеген. Бұларды еркін аудармаға жатқызуға болады. Шәкәрімнің танымдық-деректік еңбектерінің қатарына «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» зерттеулері кіреді.

Шәкәрiм қажы Құдайбердiұлы “Қырық жылдан өтiп жасым…” деп басталатын имани-философиялық өлеңiнде Алла тазарған адамға (лирикалық кейiпкер) түрлi жанның жүрегiн ашып көрсеткенiн жазады. Кезек Ресей монархына келгенде, ақын:

Алып келiп ақ патсаны,

Бауыздалған шығып жаны.

Жарып: “Көршi,-дедi, - кәнi”.

Дедiм мен: “Астапыралла!”.

Iшi толған адам тәнi,

Баласы һәм зорайғаны,

Кейiнiң шықпаған жаны.

Дедiм мен: “Астапыралла!” –

дейдi. “Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр”, “Адамның бәрi – бiр, болмайды аласы” сынды гуманистiк пiкiр айтқан Шәкәрiмнiң орыс мемлекеттiк жүйесiнен имансыздықты көруiнде негiз бар болатын. Мұндай имансыздықты үндi ақыны (яки санаткерлерi) ағылшын өкiметiнен байқады. Ал ендi Шәкәрiм ағылшынның, үндi ақыны ресми орыстың жайынан хабардар болса да, дәл бiр-бiрiнiң нақты ахуалды бiлетiнiндей жаза алмас едi. “Оятқан менi ерте – Шығыс жыры, Айнадай айқын болды әлем сыры, Талпынып орыс тiлiн үйренумен, Надандықтың тазарып кеттi сыры” деген қазақ ақынында жалаң отаншылдық яки ұлтшылдық болуы мүмкiн емес-тi. Олай болса, Шәкәрiм қажыға ел қамын сөйлеткен, оны Алаш қозғалысына тiлеуқор еткен – иманы мен пәктiгi. Ақын түсiнiгiнде ар мен намыс – ұлтты ұлт етушi, елдiң иманын тазалаушы.

Ар демек - адамшылық, намыс деген,

Арық кетпес, жағаңа қарыс деген.

Терiс ұғып жүрмесiн мұны бiреу,

Сөз емес күншiл болып, алыс деген.

Намыс сол - өзiң қорлан кемдiгiңе,

Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдiгiңе.

Алмай өс алдыңғының аяғынан,

Соқтықпай өзiң iздеп еңбегiңе,-

дейдi Ш.Құдайбердiұлы. Шәкәрiм өлеңдерiнде ұлт сөзi көп айтылмайды. Ол көбiне ел, халық, қазақ ұғымымен берiледi. Ақын халқын жиi сынайды. Шәкәрiм сыны – Абай сыны секiлдi, жанашырлықтан, сүйiспеншiлiктен, имандылықтан туған сын. Бұл ретте ол өз позициясын:

Мен жетелеп өлемiн,

Өрге қарай қазақты.

Ґлсем де ойын бөлемiн,

Сөзбен салып азапты,-

деп жеткiзедi. “Сөзбен азап салу” – ұйқылыны ояту, ойсызды ойланту, тентектi тезге салу, қамсызды қамықтыру, адасқанға жол көрсету, имансызды тәубеге шақыру, торыққан мен қорыққанды жайландыру. Бұл – бейнелi тiркес. Жоғарыда келтiрiлген үзiндiден Шәкәрiмнiң ұлтын қалай сүйетiнi ғана емес, елi үшiн қайтiп күресетiнi де аңғарылады. Сондай-ақ ақын ұлт iсiн түзейтiндер түгесiлмейтiнiне анық сенедi. Ол:

Алдыңғының соқпағын артқы түзер,

Ғылым деген нәрсе емес күдер үзер.

Мiнiн алып, мiндiге мiнсiз қосып,

Бұрынғыны жаңартып, жастар түзер,-

дейдi. Шәкәрiм ұғымындағы “ғылымды” бiз бүгiнгi осы атаудың беретiн мағынасымен шатастырмауымыз керек. Ақын ғылым деп - бiлiм мен жаратқанды түсiндiрер түйсiктiң тоғысқан тұсын, өмiр мен имандылықтың ұштасқан жерiн айтады. Бiржақты “ғалымды” Шәкәрiм пәншiл дейдi.

Шәкәрiм де Мәшһүр Жүсiп сияқты, жалпы шығармашылық пен өз жазғанына, тұсындағы әдеби ортаға сын көзiмен қараған. Сол себептi ол:

Алдыңғының соқпағын артқы түзер,

Ғылым деген нәрсе емес, күдер үзер.

Мiнiн алып, мiндiге мiнсiз қосып,

Бұрынғыны жаңартып, жастар түзер,-

дейдi.

Ауылым қонды Нұраға,

Мiнген атым сұр ала…”

Керексiз сөзбен бұрала,

Қазақ сүйтпей тұра ма?

Сөзiмдi өлшеп қараңыз,

Уәзiнге дәл шыға ма?

Қазақ деген балаңыз

Уәзiндi де ұға ма?.

Шәкәрiмнiң бұл ойы Абайдың өзiне дейiнгi ақындар туралы “Көр-жердi өлең қыпты жоқтан қармап” және “Сөз айттым, Әзiрет Әлi, айдаһарсыз, Мұнда жоқ алтын иек, сары ала қыз” деген сынымен орайлас.

Уәзiнге қатысты Абай:

Қуатты оттай бұрқырап,

Уәзiнге өлшеп тiзiлген.

Жаңбырлы жайдай сырқырап,

Көк бұлыттан үзiлген,-

дейдi. Мұны арнайы зерттеген ғалым М.Мырзахметұлы: “Қазақ өлең құрылысының ұлы жаңғыртушысы болған Абай араб поэзиясы негiзiнде жасалған мәтiн уәзiнi (аруза араби) негiзiнде өлең құрылысы жайлы теориялық ұғым ретiнде қолданылып келген “уәзiн” (арабша – “вази” өлең өлшемi деген ұғымды бiлдiредi) сөзiн термин ретiнде атаған”,-деп жазады. Бұдан шығатын қорытынды: Шәкәрiм поэзиядағы үйлесiмдiлiк пен “керектi сөзге” ерекше маңыз берген. Ақын үшiн уәзiн – құрылымдық келiсiм ғана емес, форма мен мазмұнның бiрлiгi.

“Ақындарға” атты өлеңiнде Шәкәрiм “Ақын қандай болу керек?” деген сұраққа жауап бередi, яғни шығармашыл тұлға туралы көзқарасын бiлдiредi.

Өлең айт дарын өрге өрлегендей,

Сезiмдi қозғап, тәттi ой кернегендей.

Жанды сөз бойды ерiтiп, маужыратып,

Әлдилеп жыр бесiгi тербегендей,-

дейдi ақын. Ш.Құдайбердiұлы пiкiрiнше, ақын мен оның өлеңiнде мынандай қасиеттер болуы қажет: 1. сезiмге әсерi бар “тәттi ой” мен “жанды сөз” (көркемдiк); 2. “қауымның қалауын” тап басу (әлеуметшiлдiк); 3. “ойкүйезге жан беру” (азаматтық); 4. форма мен мазмұнның бiрлiгi; 5. “жүрек кiрiн тазалау” (гуманизм, имандылық); 6. “арың болсын өлең айнасындай” (ар тазалығы).

Ш.Құдайбердiұлы Абайға дейiнгi ақындардан тек кемшiлiк көрмегенiне мысал – “Ескi ақындық” атты өлеңi. Ақынның әдеби-эстетикалық талғамы бiз “қазақ хандығы тұсындағы жыраулар” және “зар заман ақындары” деп жүрген тұлғалардың шығармашылығынан “тұлпар жүрiстi” табады. Бiз бұдан iлгерiдегi оның “терiстеуi” өз тұстасында да ұшырасатын “ылаңға” (“Жырдың жайын бiлмейтiн, бiзде сондай ылаң бар”) бағытталғанын түсiнемiз. Ақын толғаудың тоқсан түрлi құбылысын (Үмбетейдi мысалға алып) саралап келiп:

Сыпыра жырау, Шортанбай,

Үмбетей мен Марабай,

Алды-артына қарамай,

Соққанда жырды суылдап,

Жел жетпейтiн құландар!-

дейдi.

Ақын жыршының шығармашылық машығын дәл осылай “ақ бөкеннiң желiсiне”, “желдiң соғысына”, “мөлдiр судың аққанына” “қыран құстың ұшқанына”, “күннiң райына” теңейдi. Теңеп қана қоймайды, әрбiрiнiң ерекшелiгiмен уақыт сынынан өткен поэзияны жан-жақты сипаттайды. Бұл тұрғыдағы Шәкәрiмнiң тұжырымдамасы: ұлт ақыны өткеннiң үздiк дәстүрiн меңгеруi керек, ел рухымен бiте қайнасқан шығармашылықты дамытуы қажет.

“Ғалам сырын ашқаны” үшiн ислам мен Шығысты, “әдiлет, ардың жолын” ұстанғаны үшiн Толстойды, ол арқылы Батыс iнжу-маржанын қадiрлеген Шәкәрiмнiң әдеби-эстетикалық танымында әлемнiң рухани құндылығы берiк орнаған деп санаймыз.

Шәкәрім ұлы Абайдан бастау алатын реалистік үлгідегі лириканың дамуына ғана үлес қосып қойған жоқ, оның қаламынан көркемдік бояуы өзгеше «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек», «Нартайлақ пен Айсұлу» тәрізді эпикалық ауқымдағы тамаша сюжетті поэмалар да туды. Ел ішінде ертеректе болып өткен оқиғалар негізінде жазылған «Қалқаман – Мамыр» және «Еңлік – Кебек» дастандары алғаш рет 1912 жылы Семей қаласында жеке-жеке кітап болып басылып шықты.

Шәңгерей Бөкейұлының (1847-1920) есімі ақсүйектігі үшін, көр-жерді жырламағаны үшін және қазақ деген қуанышынан қайғысы көп ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдағаны үшін ұзақ уақыт аталмай келді.

Бұл дүние пәнилігін етеді екен,

Бір дәурен өтіп бірі жетеді екен.

Жұрт болар бір күндегі жоқ адамдар,

Ескілер бірден-бірге бітеді екен.

Өзіне халық аузын қаратқан ер,

Тіріге өлсе қадірі кетеді екен.

Өлгенді қадір етсек, қанға рауа,

Рухын құрмет қылсақ не етеді екен?

Ханға еріп адам болған туғандары

Жылына барып дұға ете ме екен?..-

деп жазыпты бір кездері Шәңгерей. Біз осы сөзді енді ақын тағдыры мен аманат-мұрасына қатыстырып та айтамыз.

1910 жылы Орынбор баспасынан («Кәримов, Хұсаинов уә шәрикәсінің матбәғәсі») шыққан «Көкселдір» атты жинақтың (Ғұмар Қараш құрастырған) титул бетінде Шәңгерейдің басына – бөрік, үстіне ішік киіп түскен келісті суреті сақталған.

Біз үшін ақын Ш.Бөкейұлының «Өмірдің өтуі», «Жалғаншы жарық дүние», «Таудағы тас ұядан», «Бура санды, ақ таңды», «Құйрық атып құлия» атты философиялық өлеңдері ерекше мәнге ие. Бұл шығармаларында Шәңгерей айрықша ой мен бейнені үйлестірген керемет суреткер ретінде ғана емес, ұлтының кешегі, бүгінгі һәм келешектегі хал-ахуалын салыстыра байыптаған, болжай зерделеген ақыл қайраткері ретінде көрінеді. Ақын дүниенің жалғандығын, қазаның жайын «піл сауырлы қара» жер қойнына алғанда да ойлап жататынын тереңінен толғай жазады. Қаламгердің әрбір ой, қиял сәттері, арман-мұратының иманға негізделген құбылысы дала аң-құсының, сахараның сәулелі аспанының қимыл-қозғалысымен, сурет-бейнесімен астасып, бұрын-соңды кездеспеген үйлесімділік табады.

Шәңгерейдің ғұмырбаянына келсек, ол 1847 жылы бүгінгі Батыс Қазақстан облысының Орда жерінде дүниеге келген. Тегі – төре яки Шыңғыс хан тұқымы. Өзінің жазуына қарағанда, әке-шешеден 5 жасында жетім қалған (оның әкесінің аты – Сейіткерей, бірақ біз ХХ ғасыр басындағы дәстүрмен «Бөкейұлы» дейміз. Себебі, ол кезде «ұлы» қосымшасы бүгінгі «ов»-тың орнына жүрген). Сөйте тұра ол: «Көп жылға ата-аналы болады екен, Жас жетім ата дәулет арқасында» дейді. Сонда ол азып-тозбаған болып шығады. Бұған қарап, оны жастай ағайыны, жанашыры қаумалағанын байқаймыз. Ол 1920 жылы дүниеден озған. Зерттеушілер ақынның Астархан гимназиясында, Орынбордың кадет корпусында оқығанын жазады. Ақын біраз жыл Самарада бітімші сот болып, кейін сол Самара мен Сарытау (Саратов) ортасындағы Көлборсыны шығармашылық мекен еткен. Бұл Көлборсы – Шәңгерей үшін Лев Толстойдың «Ясная полянасындай» демесек те, көңіліне қош мекен болғанға ұқсайды. Ақын өлеңдерінде оны «Борсы» деп қысқартып жазады. Бұл тұлғаның шығармашылығы да кейде Абай жұмбағына ұқсап кетеді. Ол өлеңді көңіл, сезім жазбасы деп есептеген де, жазғанын жазған орнында тастап кеткен. Оны көшіріп алғандар үлгерсе – жазып алған немесе жаттап алған. Жиналмағаны, жатталмағаны сол күйінде жоғалған... 1917 жылдың лаңынан кейін Шәңгерей Көлборсыны тастап, бүгінгі Тайпақ ауданының жеріне көшіп келіпті. Қалай дегенде Борсы – Батыс Қазақстандағы шығармашылық орда болғаны айдан анық. Өйткені саяткер ақын әркез қасына әнші-күйшілерді, сөзге ұста ақындарды жинап, әдебиет пен өнердің көрігін қыздырған. Мысалы, ірі ақын, кейін Алаш Орданың қази болған Ғұмар Қараш және өмірі аңыз Қубала ақын осы маңнан табылған. Дәлірек айтсақ, Ғұмарды кезінде Шәңгерей ауыл балаларын оқыту үшін мұғалімдікке шақырған екен. Мұндай шығармашылық одақтан діндар ақын ұтылмаған. Ол Ш.Бөкейұлынан орыс тілі мен мәдениетін үйренген. Бір өлеңінде Ғұмар Шәңгерей туралы «Шешен-шайыр жырлатып, Сөз асылын қош алдың» дейді. Осындай өлең мен жыр бәсекелескен, жинақталған жерде қабілетін шындаған Ғ.Қараш арғыдан жеткен рухани мұра мен замандастарының туындыларын қосып, «Шайыр…», «Көкселдір…» атты бүгінде үлкен тарихи мәнге ие болып отырған кітаптар бастыртқаны мәлім.

Ғұмарлар 1911-1913 жылдары үлкен саясатқа үн қосып, «Қазақстан» атты газет шығарғанда, Шәңгерей соған ақыл-кеңесімен көмектеседі. Алаш кезеңінде қаламгерлер ұлтты оятуға барын салды. Олар өзiн ұлттың жай бiр мүшесi ретiнде ғана емес, оның жанды тетiгi, қозғаушысы ретiнде сезiндi. Бұл – жауапкершiлiктен туған сезiм едi. Өнерге ұмтылу (өнер ұғымына өмiрдi жақсартатын кәсiп кiрдi), ұлт болып ұйысу, ақжүрек оқығандар төңiрегiне топтасу, дiндi, ғылымды өрiстету, жастарды ел мүддесiне орайлас тәрбиелеу, оқу мен бiлiмдi халық қажетiне жарату һәм дамыту – осының бәрiн жүзеге асыру Алаш қаламгерлерінің алдына қойған мақсаты болатын. Осыған ұлт зиялылары өз жөнiмен келдi. Уақыт пен тарих олардан осыны орындауды талап еттi.

Зиялы ұлттың “менi” мен өз “менiнiң” жоғалмауына мүдделi жан болатын.

Ақын Шәңгерей Бөкейұлының:

Кiмсiң?”- деп бiреу сұраса,

Өзiм болып “мен!” дегiн,

Мен” деген кетсе дүниеден,

Өзiм болып “менмiн” деп,

Жауап берер қайда адам?

Менмiн” деген – сол менмiн,

Жалпылама, алаш, әр заман.

Қиямет, мақшар күн туса,

Өзiм қайта “мен” болып,

Мен болармын қайтадан,-

делiнген философиялық толғамы елшiл зиялылардың көңiл ауанын дәл түсiндiре алады. Бұдан зиялы – екi дүниеде ұлтқа жауапты деген ұғым туса керек. Ол әрбiр iсiн мәңгiлiктiң сынынан өтердей жасауы тиiс. Осы ойдың сiлемiн бiз Мұстафа Шоқайдың кейiнiрек, 30-жылдары жазған мына сөзiнен ұшырастырамыз: “Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бiр болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас, саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi үстiне жүктеледi”. Егер зиялы Мұстафа межелеген iстi атқарса, “мен” деп жауап беруге ұялмас. “Менi” екi дүниеде жоғары тұрар.

Шәңгерейде де көшбасшы iздеу сарыны аңғарылады. Сойы ақсүйек ақынның хан рухын аңсаған кезi аз болмады. Бұл түсiнiктi де. Бодан кезде бостан кездi армандау заңдылық. Сондықтан ақын ұлт азаттығы үшiн басын бәйгеге тiккендердiң сапында жүруден қашпайды. Мұны “Ағасың ақылың артық асқармен тең” деп басталатын өлеңдегi:

Асылдың арқар ұранды тiреуi сен,

Ала ту Абылайдың ала аттансаң,

Аламан артыңдағы бiреуi мен,-

деген жолдардан көремiз.

Алаш ақындары қанша қайратты болса да әркез мұңға, қайғыға оранып жүргені жасырын емес. Бұл енді отаршылдық зардабымен түсіндірілетін жайт. Сондай бір шақта Шәңгерей:

Кең сарай сахарада өтті күнім

Тас болат, тар қапада шықпайды үнім.

Жалғыздық жанға батса, шер тарқатқан

Қобыздай күңіренген қайран тілім! –

деп жазады. «Бар қабілет-қарымын жұмсай алмаған адам» деп жатамыз біреулерді. Алаш қозғалысы жанданғанда Шәңгерей ақсақал жасында болатын. Біз мұны айтамыз-ау, тіпті Ш.Бөкейұлынан 11 жас кіші Шәкәрім қажыны ұлт зиялылары «ақсақал» дегені тарихтан мәлім. Сондықтан заманы «қазақтың жалғызы» делінген Шоқан, Ыбырай, Абайларға жақын тұрған Шәңгерейге «ананы істемеді, мынаны істемеді» деп кінә таққан ауырлау болады. Ол бар миссиясын өлеңімен атқарып кетті...

Сонымен бiрге ғылым мәселесiнде Ш.Бөкейұлының Ш.әл-Маржани, И.Гаспринский ойларын өрiстеткенi де байқалады. Ақын бiр кездерi он сегiз мың ғалам құбылыстарын түсiндiрген мұсылмандық шығыс ғалымдарының ұрпағы ендi ғылым жаңалығын “шайтан iсi” деп отырғанына күйiнедi, сөйтiп америкалық Томас Алва Эдисонның 1877 жылы ашқан жаңалығы адамзатқа ортақ екенiне оқушының көзiн жеткiзедi.

Зерттеуші Мақсат Тәжімұрат Шәңгерейдің шебер фотограф болғанын, қазақ даласына еуропалық музыка аспаптарын, бірсыпыра техника құралдарын алдыртқанын жазады. Бүгінде Ш.Бөкейұлы түсірген суреттер – тарихи маңызы ерекше мәдени мұра қатарына кіреді. Бұл жағынан да ақынның жаңалыққа құмар қасиеті бүгінгі ұрпағын бейжай қалдырмайды.

Қазақ поэзиясының ардагері, діндар Ғұмар Қараштың сөзімен айтқанда «Мұңлы ауһаз шығарып, Шайырлар толғай тұрғанда, Таң сазында жаздықтың, Ескен саба желімен, Жапырақтай сілкінген» Шәңгерей ақын шығармалары ұлт руханиятының мүбәрак қолындағы тәспінің тасындай болып қала береді.

Ғұмар Қараш (1876-1921) – ұлт идеясын көтеру мен елшiлдiк мәселесiн талдап-таразылауда бiрiздi және жүйелi жазған қаламгер. Ол ХІХ ғасырда мұсылмандық Шығысқа ерекше серпін берген, тіпті Қазақ даласындағы Абай сынды даналардың рухани ниеттесіне айналған Мысыр мүфтиі Мұхамед Абдо мен пәлсапашы Жәлелатдин Афғани реформаларынан хабардар едi. Мысалы, ол “Ойға келген пiкiрлерiм” атты фалсафалық еңбегiнде (1910) Мысырда оқыған, бiрақ iзденгiсi келмеген бiр мұғалiмге: “Рух туралы төрт кiтап оқығаннан гөрi, Мұхаммед Ғабдһудың (Абдо – Д.Қ.) Бахра сүресi туралы тәфсiрiн оқығаның дұрысырақ шығар”,-деп айтқанын жазады. Әлбетте, Ғұмар бұл жерде басты ислам кiтаптарын оқыма деп тұрған жоқ. Оның айтпағы – канондарды таптаурын етпей, тазарту һәм тарату турасында болып отыр. Ол – айтулы ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы; дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, “Қазақстан”, “Дұрыстық жолы” сияқты газеттер мен “Мұғалім” журналын шығаруға қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте Қырқұдық деген жерде туған. Бұл өңір қазір Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарайды. Әкеден жастай жетім қалса да ағайын-туыстар қамқорлығымен әуелі ауыл молласынан оқып, хат танып, сауат ашады. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал (қазіргі Фурманов елді мекені) қаласында Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, сол кісі ұстаған медресені бітіреді. Бұдан соң 1902-1910 жылдары өзі туып өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдетше (жаңаша) бала оқытады.

Ғұмардың Борсы мекенінде Шәңгерей ауылының балаларына сабақ беруі өмір жолының жаңа бағыт алған елеулі кезеңі еді. Шәңгереймен жиі араласып тұруы оның ой-өрісінің кеңейе түсуіне ерекше ықпал етеді. Шәңгерей Ғұмарға орыс тілін үйретеді, орыс, еуропа жазуларының көрнекті шығармаларымен таныстырады, басты-басты роман, повестерді әңгімелеп берелді. Ғұмар сол естігендерін ауыл адамдарына айтып таратады. Табиғатында зерек, білімге құштар Ғұмар өздігінен әр саладағы орыс тіліндегі кітаптарды оқитын дәрежеге жетеді. Бұған куә – оның А.Некрасовтың “Соғыс қаһары” өлеңін аударуы, Л.Толстой философиясымен таныстығы сияқты жайлар.

Ғ.Қараш жастайынан-ақ өлеңдер шығарып, ел аузындағы әдеби мұраларды жинастырады. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман, дәуір жайын аңғара бастайды, ол әдеби, тарихи, пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқиды. 1907 жылдардан бастап қазақ, татар тілдерінде шығатын газет, журналдарда мақалалары мен өлеңдерін жариялайды. Ол елдің әлеуметтік өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене ат салысады. 1911-1913 жылдарда әуелі Ордада, сосын Оралда шығып тұрған “Қазақстан” газетін шығаруға, оның жұмысын жолға қоюға белсенді қызмет етеді.

1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісінен кейін Ресейде де, қазақ даласында да қоғамға сын көзімен қарап, халықтың көкейкесті мәселелерін көтеру бел алғаны аян. Қазақ зиялылары да осы кезең халық, заман хақындағы ойларын елге тарататын баспасөз қажеттігін жақсы түсінеді. Сондықтан Ғ.Қараш, Е.Буйрин, Ш.Бөкеев, Ғ.Мұсағалиев, Б.Қаратаев, А.Мәмедов сияқты қазақ оқығандары “Қазақстан” газетін шығаруға күш салады, ауқатты кісілерден қаржы жинады. Сөйтіп, Оралдағы ахун Мүтиғолла Тухфатуллин және оның серіктерінің баспаханасынан “Қазақстан” газетін шығарып тұрды. Аталған зиялылар газет бетінде елдің әлеуметтік мәселелерін жариялайды. Газеттегі негізгі материалдарды орысша аударып жариялап отыруға күш салады. 1932 жылғы Лена оқиғасын айна-қатесіз жазған “Қазақстан” он алтыншы санынан кейін 1913 жылы жергілікті патша өкімінің кәріне ұшырап, шығуын тоқтатты.

Бұл газеттің елді отырықшылыққа, мәдениетке, оқу-білімге үндеп, халықтың ой-санасын өсіруде елеулі рөл атқарған прогресшіл демократиялық бағыттағы баспасөз болғандығы Б.Кенжебаев, Х.Бекхожин, Ү.Субханбердина еңбектерінде орынды айтылған1.

Ғұмар 1910-1913 жылдарда үпі, Қазан, Орынбор қалаларынан “Ойға келген пікірлерім”, “Бала тұлпар”, “Қарлығаш”, “Өрнек”, “Тумыш”, “Бедел-хаж” аталатын поэзиялық һәм пәлсапалық алты жинағын жариялайды2. Бұл еңбектері оны бірқатар түркі тілдес халықтарға мәшһүр өткендігі аян.

Қазан төңкерісі қарсаңыда Ғ.Қараш (Уфа) қаласында еді. Ол сол қаладағы діни орталықтың жоқ-жітік, кемтар, жетім балаларға жәрдем беру бөлімінде қызмет ететін. Сол кезде оны осы мекеменің қазиы етіп сайлайды.

Ғұмар 1917 жылғы ақпан төңкерісіне және “Алаш” партиясына үмітпен қарайды. Оның 1918 жылы “Тұрымтай” жинағында жарияланған “Көреміз бе?”, “Келер ме екен?”, 1918 жылы 22 январьда “Сарыарқада” жарық көрген “Алаштың азаматтарына” деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылады.

Ғұмардың “Неден қорқам?”, “Кіреміз бе?”, “Келер ме екен?”, “Күн туды”, “Алаш азаматтарына” деп аталатын бір кезде ұлтшылдық сарынға таңылған туындылары бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда шын меніндегі алтын сүйген, халық тағдырын ойлаған перзенттік сезімнен туған терең тебіреністі өлеңдер еді. Ондағы негізгі ой елдік, бірлік мәселесі, өз билігі өзіндегі дербес ел болу, халыққа қызмет ету болатын. Сонымен қатар бұл өлеңдерде (“Күн туды”, “Неден қорқам?”) жастайынан дін жолын қуып, имандылық әдет-ғұрып бойына сіңіріп өскен Ғұмардың дүниені қанды қасап, ойран ботқа қылып келген төңкеріске сын көзімен қарағандығын да аңғару қиын емес.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам,

Таң туды, мезгіл жетті деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

Теңгеріп жарлы, байды, құрып жұмақ,

Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам…

Асығыс істей салған істен қорқам,

Қандары тасқан қара күштен қорқам…3

Немесе:

Екі талай іс болып,

Ерге қиын күн туды.

Аспанда ай, күн тұтылып,

Жер жиһанды қан жуды…4

Міне, ойлы ақын қоғамды өзгертудің өзге жолдарымен емес, қан төгіспен, күшпен, зорлық-зомбылықпен жұмаққа жетуді қаламағандай. Бұл оның өмір бойғы алған тәрбиесіне, қалыптасқан көзқарасына тікелей байланысты. Және мұның өзі ақынның жаңа кезеңге өтуде сан-алуан жантолғанысына түсіп, рухани күрделі жол өткендігін көрсетеді. Ғұмар 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді. Ғұмар сол жылғы желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда тартымды баяндама жасайды.

Қазан төңкерісін іштей қабылдамаған, бірақ қазақтың елдігін сақтайды деп сенім артқан “Алашорда” ғұмырының қысқалығын сезген Ғұмардың амалсыз жаңа дәуірге қарай икемделуіне тура келді.

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған азамат ақын 1918 жылы діни мансабын біржола тастап, елге нақты қызмет ету, әлеуметтік өмірге белсене араласу жолына ойысады. Сөйтіп, туған елі Жәнібекке келеді.

Ғұмар елге келгесін, Ордадағы педтехникумда сабақ береді. 1918 жылғы 2-4 қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің І съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің І, ІІ, ІІІ, ІV съездеріне делегат болып қатысады. ІV съезде ұлт мәселесі, тап күресі хақындағы пікір таласы өршіген кезде: “…Алда әлі талай асатын белдер тұр. Халықтар достығының мызғымас болуы бір ұлттың бір ұлтты аяққа таптамауымен тікелей байланысты екенін ұмытуға тиіспіз? Ғасырлар бойы ұлттық езгінің тепкісін көріп, отарлық саясатының салдарынан мешеу қалған қазақ елі өзінің жарқын болашағын ынтымақтықпен тікелей байланыстырады…” дейтін орнықты да орынды пікірлер айтады6. Ол осы жылдарда жаңа кезеңді насихаттайтын “Екеуі екі басқа” мақаласын, “Дұрыстық жолы”, “Жаңа жыл құтты болсын” сияқты өлеңдерін жазады.

Ғ.Қараш 1919 жылы Бөкей губисполкомында істейді, сол жылы коммунистік партия мүшелігіне өтеді. Оған Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын “Мұғалім”7 атты тәлім-тәрбие, ғылыми пән журналының шығарушылар алқасын басқару жүктеледі. Бұл қазақтың тұңғыш педагогикалық журналы еді. Ғ.Қараш осы журналда “Педагогика” атты еңбегін жариялайды.

1919 жылдың наурыз айынан бастап шыға бастаған “Мұғалім” журналының небары жеті саны ғана жарық көрген. Аз ғана уақытта азынаулақ саны ғана шығып үлгерген “Мұғалім” тек тәлім-тәрбиелік басылым емес, саяси-қоғамдық, әдеби-этнографиялық та журнал еді. Ғ.Қараш сияқты зиялы ағартушы ақын басқарған бұл журнал өз бетінде сол кездегі саяси-әлеуметтік ахуал, оқу ағарту ісінің жәйі, халық тарихы мен әдеби мұралары әдет-ғұрпы мен шаруашылығы хақындағы әртүрлі жанрдағы көптеген танымдық, тәрбиелік материалдар жарияланған. Ғұмардың баласы Ғабдолқадыр Қарашев орысшадан аударған К.Маркс пен Ф.Энгельстің қысқаша өмірбаяны да осы журналда жарық көреді (1919, № 2). Мұнда күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалтпаған, ұлт пен тіл туралы да толғаныстар кездеседі. “Мұғалім” – Ғ.Қараштың “Педагогика” аталатын маңызды еңбегін жариялаумен қатар, ағартушы-ойшылдың жемісті де жарқын өмірінің бір кезеңін айқын елестететін, сирек кездесетін қымбатты мұра.

Ғұмар Қараш ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласына кең тараған “Айқап”, “Мұғалім”, “Шора” журналдары мен “Қазақстан”, “Қазақ”, “Сарыарқа”, “ұран”, “Дұрыстық жолы”, “Қазақ дұрыстығы” сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінеді. 1919 жылы “Дұрыстық жолы” газетінің жұмысына оның алқа мүшесі және белсенді тіршіліктерінің бірі ретінде қызу ат салысқан.

1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салып, “Дұрыстық жолы” газетін шығаруы, өзі туып, өскен өңірден “Қырқұдық” аталатын ауылшаруашылық артелін ұйымдастыруы Ғұмардың ел үшін өткен өлшеусіз еңбектерін таныта түседі (Р.Жанғожин, С.Созақбаев, Қайраткер Ғұмар Қарашев, “Қазақ әдебиеті”, 29.12.1989).

Ғ.Қараштың 1920 жылы 21 маусымда ІІ Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайлануы, сол жолғы бірінші пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілуі – азамат ақынға халықтың үлкен сенім артқандығын көрсетеді. Оның осындай белсенді еңбегі, қызу да қарбалас жұмыстары, қызыл әскерге азық-түлік жинауға ат салысып, ел ішіндегі әрқилы зиянкестермен күресуі еңбекші – бұқара жауларының ызасын келтірмей қоймады. 1921 жылы 12 сәуірде ақ бандылар ақынды Құнаншапқан деген жерде азаптап өлтіреді.

Ғұмар қазасын жергілікті азаматтар жоғарғы үкімет орындарына қайғыра хабарлаған. Солардың бірі Ордадан Орынборға жолданған мына жеделхат: “Из Орды. 135. Через Уфу Оренбург Кирнаркомпрос. 12 апреля убит злодейской рукою бандитов киргизский общественный деятель, много работавший для нашего народа, поэт, дорогой наш коммунист Мар Карашаев”8.

Ақынның мезгілсіз қазасы хақында “Қазақ тілі” (1921, № 136) газеті: “Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз. Қазақ еліне білімді, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады. Уақытсыз кеткен есіл ер, топырағың торқа болсын, сенің атың, қызметің қазақ халқымен бірге жасайды”, - деп аза тұта жазды.

Филология ғылымының кандидаты М.Тәжімұраттегінің “Біз білмейтін Ғұмар Қараш” аталатын мақаласында (“Ана тілі”, 18.04.1991) Ғұмар өмірінің соңғы кезі туралы да бірқатар пайымдаулар бар. М.Тәжімұраттегі жасаған жорамалдың бірі – Ғұмардың өліміне Нұрқай байдың тікелей әсер етуі. Себебі, ақын Нұрқайдың жас әйелі Жаманқызды аса жақсы көрген. Осы жағдай кектендірген байдың ел ішінде жүрген ақ бандыларды айдап салуы әбден ықтимал. Сонымен қатар, Ғұмардың бір кездегі жаңа оқу жүйесін енгізуіне қарсы болған хадімшіл дүмше моллалар, ақынның діни мансабын тастап, жаңа дәуірге икемделуіне ызыланғандар – бәрі де пікірлес болып күш біріктірген. Біздіңше, Ғұмардың мезгілсіз өліміне негізгі себептер осылар.

Халықтың ардагер перзенті Ғұмарды еске алу, жоқтау сипатындағы өлең, жырлар ел арасында көп айтылады9. Әсіресе, кең тарағаны – қайғылы сегіз жол өлең.

Ғұмар өмірінің соңғы күні және ақын қазасына арналған сегіз жол азалы өлең хақында ел аузында әртүрлі әңгімелер айтылды. Мұстафа Ысмағұлов бұл өлеңді Ғұмар ақ бандылар қолынан опат болар алдында шығарған екен десе10, Нағима Ғұбайдолла келіні сол күні – қағазға жазып, келініне беріп кетіпті дейді. Нағима дерегі мынадай: “…Патшалық дәуір мен кеңестік кезеңнің мұғалімі қарт шежіреші ахун Ғұбайдолла Ахметовтың 1901 жылы туған Сақыпжамал деген қызы болған. Ол Ғұмар Қараштың Бұрхан деген баласына 16 жасында күйеуге шыққан. 1921 жылы сәтсіз күні Ғұмар Қараш үйден аттанарда оны осы келіні атқа мінгізіп салады. Аттанарда келінінің қолына бір хат береді. Келіні оқып қараса, “Жалғыз мола” деген Ғұмардың өз қолымен жазған өлеңі екен. Сол күні жолда бандылар тап болып, қылышпен кескілеп өлтірген. Жазмыштың бұйрығы болар, атақты Ғұмар Қараштың денесі алғашқыда жалғыз мола болып қойылады.үлкен қауымға апаратын мұрша болмайды, елде толған банды, сұмдық аштық…”11.

Ғұмар Қарашты зерттеуші М.Тәжімұраттегі “Ізі жатыр тепсеңде” мақаласында Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының Қарақобда ауылында тұратын Панғалиева Бақыттың естелігін келтіреді. Сонда Бақыт әжей ертерек кезде “Ғұмардың жеңгесімін” деп бір әйел келіп, ақын бейітіне дұға оқытып, белгі орнатып, сегіз жол өлең жаздырғанын айтыпты12.

Енді бір дерек – Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба қорында сақталмы (364 бума, 2 дәптер, 88-89 б.). Бұл қордағы азалы сегіз жол өлең мазмұнына қарағанда Нағима Ғұбайдолла келіні айтқан “Жалғыз мола”, Бақыт әжей айтқан “Жапанда” деп басталатын екі шумақ (сегіз жол) екендігі аңғарылады. Қолжазба қорындағы сегіз жол өлең мынадай

Жапанда жатыр екен жалғыз ғана,

Бәйшешек айналасы жасыл ала.

Басында боз төбенің жатыр шыдап,

Таптым деп ел талаған жаудан жала.

Қазақтың түрде қалған бір баласы

Толығып кемеліне келген жасы.

Тағдырдың жарлығымен жатыр жалғыз

Бойында жаудан алған бар жарасы13.

Бұл өлеңге “Ғұмар қабірінің басында досы Нәсекеңнің айтқаны” деген түсінік берілген. Хатқа түспеген деректер ел аузында уақыт өткен сайын әр түрлі өзгеріске түсетінін ескерсек, бұл азалы сегіз жол өлеңді Ғұмар бейітінің басына досы Нәсекеннің айтуы қисынға келеді. Ғұмар жеңгесі елге кең тараған өзі жатқа білетін өлеңді ақын ескерткішіне жаздыруы әбден мүмкін.

Ал, келіні Сақыпжамалға Ғұмар беріп кеткен “Жалғыз мола” осы өлең бе, басқа ма? Бұл - әзір түйіні шешілмеген мәселе.

Ғұмар қазасынан кейін келіні Сақыпжамал “Асылдарда асылым” деп басталатын жоқтау шығарып айтқан14. Бұл жоқтау ел арасына кең тараған.

Ілкіде Құнаншапқанда уақытша жерленген Ғұмар бейітін кейін ел азаматтары Қырқұдықтағы ата-баба зиратына көшірген.

Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де Ғұмардың әлеуметтік қызметі мен шығармашылығын әркім әрқалай бағалады.

Ғ.Қараш ақындығы мен ойлы пәлсапалық пікірлеріне бірқатар қазақ зиялыларының ілтипатпен қарағандығын аңғарамыз. Оған куә - 1911 жылы “Айқап” журналының 12-санында “Жақын арада басылып шығады” деген мақалада ақынның “Балалар тұлпар” жинағының баспаға берілгені айтылады. Ал, сол журналдың 1913 жығы 12-санында “Жаңа шыққан кітаптар” аталатын мақалада Ғ.Қараштың Қазан қаласында Кәримовтар баспаханасында “Қарлығаш” деген кітабының шыққандығын хабарлайды.

Бірақ, Ғұмардың 1902-1910 жылдарда мектеп, медреселер жүйесіне тарих, жағрапия, есеп тәрізді дүниелік пәндерді енгізіп, жаңаша (жәдитше) оқытуы бірқатар қадімшіл дін өкілдерінің қарсылығына душар болды. Қадімшілдердің сол ыза, өшпенділігі ең ақыры 1914 жылы Қазанның жарық көрген Жұмағали молда Жанарыстанұлының кітапшасында15 көрініс тапты. Ғұмар жаңашылдығын олар діни жүйені бұрмалау, бір табан орысшылыққа бет бұру санады, келешек өмір үшін дүниелік пәндердің қажеттігін түсінбеді деп санады.

Ғ.Қараш отызыншы жылдарда молда ақын, Алашорданың жыршысы ретінде бағаланды. “Тар жол, тайғақ кешу” кітабында: “…Қарашұлы Омар “Алаш” ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарады. ұмытпасам, кітапшасының аты “Терме” еді. Кітапшасында Әлекеңді (Әлихан Бөкейхановты – Қ.С.) мақтайды”16, - дейді. Ғұмардың ешуақытта “Терме” атты жинақ шығармағанын, сынауға келгенде оқымай тұрып пікір айту сол дәуірдің қиянатты үрдісі екенін М.Тәжімұраттегі өте орынды көрсеткен (“Ана тілі”, 18.04.1991). Уақыт райына орай “Тар жол, тайғақ кешудегіше” бағалау Ғ.Тоқжановтың 1931 жылы Мәскеуден шыққан “Әдеби энциклопедияның” бесінші томына жазған мақаласында да, С.Мұқановтың 1932 жылғы “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” кітабында да кездеседі. Кейінгі кезде “Тар жол, тайғақ кешудегі” пікірді П.Пахмурный “Қазақстан большевиктері 1905-1907 жылдары төңкеріс кезінде” (А., 1976), В.К.Григорьев “Төқетірес” аталатын кітабында (А., 1987) Ғұмарды Алашорда жыршысы етіп әшкерелеуде негізгі тірек еткен. Міне, мұның бәрі “Алаш Орда” аталса, қалтыраған кезеңнің қайғылы қасіреті еді.

Қырқыншы жылдарда Ғ.Қараш мұрасы бір жағынан бір атағандай ауыр сынға ұшырап жатса, бір жағынан қазақтың көрнекті ақын, жазушылары санатында М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаевтың “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабына” (А., 1933) енді. Феоктис Березовский 1936 жылы “Красная новы” (№ 3) журналында жарық көрген “Қазақ әдебиеті” деген мақаласында Ғ.Қарашты Абай дәстүрін жалғастырушылар қатарында атады.

Абай, Махамбет, Шернияз, Сұлтанмахмұт сияқты Ғұмар мұрасын да жинап, зерттеуге ықпал еткен 1939 жылғы Қазақстан жазушылары мен ақындарының екінші съезінің қарары еді. Бұдан кейінгі игі істер – Ғұмар шығармашылығының орта мектеп бағдарламасына енуі, 1941 жылы Е.Ысмайылов пен Х.Жұмалиевтің 9-класқа арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығында дербес тарау ретінде берілуі, Е.Ысмайыловтың 1941 жылы “ХХ ғасырдағы қазақтың демократияшыл әдебиеті” деген кандидаттық диссертациясында ақын мұрасының мейлінше әділ бағалануы. Бірақ, бұл кезеңде де әдеби мұраларымызға үрке қараған солақай белсенділіктер, сыңаржақ айтыс-тартыстар, баспасөз бетіндегі тырнақ астынан кір іздеген дүбәра, дүмше сындар аз болған жоқ. Сондай сойқанды сындарға зерттеушілер де, олар мұрасын жариялаған Ғұмар сияқты ақындар да қайта ілікті. 1947 жылы “Қазақстан Коммунистік большевиктер партиясы Орталық Комитетінің “Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы” дейтін қаулысы шықты. Онда Балқы Базар, Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей, Сұлтанмахмұттармен бірге Ғұмар да феодальдық-реакциялық буржуазиялық-ұлтшылдық сарындағы ақын делініп, шығармаларын оқуға тиым салынды. Ғұмарды сол қаулыда “революцияға дұшпан буржуазиялық-ұлтшылдық Алашорда партиясының қайраткерлерінің бірі” деп көрсетті. Бұл қаулы қазақ әдебиеті тарихын, сондай-ақ Ғұмар сияқты көрнекті ақындар мұрасын жинап, зерттеуге, жариялауға кесел болған бірден-бір қанды қақпан болды.

Бірақ, “болат пышақ қап түбінде жатпайды” дегендей, Ғ.Қарашев туралы орынды да орнықты пікірлер де, оның мұралары да там-тұмдап болса да жарық көріп жатты.

1959 жылғы қазақ әдебиетінің негізгі проблемалық мәселелеріне арналған ғылыми теориялық конференцияда Ә.Қоңыратбаев, Қ.Оразаев, ү.Субханбердина сияқты зерттеушілер Ғ.Қарашев атына жылы лебіздер білдіріп, оның мұрасын жинап-зерттеу, әділ бағалау туралы ұсыныстар жасады17.

Ғ.Қарашевтың әлеуметтік қызметі мен әдеби, пәлсапалық мұрасын әділ бағалауда республика философтары өзге ғалымдарға өнеге боларлық игілікті істер атқарды. Әсіресе, 1962 жылы Мәскеуде жарық көрген “Философиялық энциклопедияда” С.Зиманов пен М.Ысмағұлов Ғ.Қараш еңбегін жоғары бағалап, оның ақындық, публицистік, жаңа оқу жүйесін жасаушылық, ойшылдық қырларын тұжырымды да жинақы жеткізе алған.

Айқын Нұрқатов Ғ.Қараштың поэзиялық мұрасын “Абайдың ақындық дәстүрі” (1966) деген еңбегінде көркемдік түр жағынан қарастыра отырып, “Көп еңбек еткен, көп мұра қалдырған ақындардың бірі деп көрсеткен. Ал, Ы.Дүйсенбаев “Қазақ әдебиеті тарихының” ІІ-томына (екінші кітап, 1965) жазған “ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті” тарауында және “Ғасырлар сыры” (А., 1970) атты еңбегінде Ғұмарды “ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің ең көрнекті қайраткерлерінің бірі” деп бағалайды. Бірақ, А.Нұрқатов та, Ы.Дүйсенбаев та Ғұмар шығармаларын нақты талдап дәлелдеп жатпаса да, сол кезеңге сай “оның мұрасында қос-қыртыс қайшылықтар мен қателіктер аз емес” (А.Нұрқатов), “көз салатыны өткен заман, ата-бабалар жолы. Ол ақынға қапысы жоқ қимас дүниедей. Ақын оның көлеңкелі кеселді жақтарын көрмейді, көргісі де келмейді”. (Ы.Дүйсенбаев) деп сынап та қояды. Әрине, бұлар уақыт ауанына қарай айтылған пікірлер. Сол зерттеушілер бұл күндерде арамызда болса, осы сынап отырған жайларын ақынның азаматтығы, көргендігі, халқына деген перзенттік сезімі деген болар еді.

Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тұжырымды деректер “Қазақ совет энциклопедиясының” 6-томында да (А., 1975) кездеседі.

Жазушы М.Мағауиннің 1978 жылы Ленинград қаласынан шыққан “Қазақстан ақындары” жинағына Ғ.Қарашев шығармаларын енгізіп, өмірбаяндық деректер беруі де, сондай материалдарды “Жұлдыз” журналында (1989, № 2) жариялауы да игілікті іс болды.

Ғұмар өз заманына сай айтылған «милләт қалпына» осы оймен қарады. Елдiң жаңаруын, өрiстеуiн қолдады. 1911 жылы шыққан “Бала тұлпар” кiтабында ақын халқына “Байғұс қазақ, көзiңдi аш!”дей отырып:

Ұйқыңды ашып оянып,

Айқын тура жолменен

Ұмтыла сен де желерсiң,-

деген сенiм сөзiн айтады. Сондай-ақ Ғ.Қараш қиын әрi күрделi заманның келгенiн өзiнше салмақтап:

Әзiрлен, қазақ, әзiрлен,

Тiршiлiк” деген соғысқа,-

дейдi.

“Бала тұлпарда” ақын қазақ қауымындағы әлеуметтiк топтардың кемшiлiгiн бас-басына қойып атап көрсетедi. “Төрелiгiн терiс бұрған” әкiм, “жiгiттiк құрған” қарт, “аузы түктi хохолға сабалған” ер, “ала бөлек жау” ағайын, “ғылымның төте жолынан терiс бағытқа бұрған” молда – бәрi, Ғ.Қараш пайымынша, надандық жемiсi. Ол мұны “Бiзден соңғы балалар, Ғылым көзiн ашқан соң, Iлгерi аяқ басқан соң” жойылады деп санайды. Ақын сенген балалар – ұлт ертеңіне үмітпен қараған тас түлектер едi. Бiрақ олар жас, балаң ұлтшылдар болатын.

1914 жылы жарияланған “Аға тұлпар” кiтабында ақын ұлт, ел мәселесiне жаңаша тұрғыдан қарайды. Бұл оның өлеңiндегi мына жолдан аңғарылады:

Атқа мiнген бала бар,

Ел бастаған аға бар.

Не жүрiсте жүргенiн,

Бiлмей де ерген және бар.

Бар дерге де болмайды,

Жоқ дерге де болмайды.

Көрiп тұрған бұларды

Жүректе бiтпес жара бар.

Байқасақ, Ғ.Қараш дiлiне ұлт намысын ойлағандықтан дерт түсiптi.

Ақынға осы намыс төмендегi лепестi айтқызады:

Қазақтықта бiр сөз бар:

Жаман жүрген түрiмнен

Жақсы өлiм көрген игi едi,

Жаманмен көрген күнiмнен,

Кiрген көрiм игi едi”.

Ғұмар жаңа заманда оқу-iлiмсiз ұлт – кемел ұлт болмайды, тiптi құлдықтан арылмайды деген қорытындыға келедi. Осы ойын ол:

Бiлiмсiз халық ел болмас,

Болған елмен тең болмас.

Құлдықтан басы арылмас,

Тiлек, қоныс, бостықпен

Кеңшiлiк, ерiк алынбас,-

деп түйiндейдi.

Аз ғана күндiк бақ үшiн

Халқын сатты, құл еттi,

Жәбiр, жапа мол еттi,

Жамандықты жол еттi,-

дейдi. Әңгiме ұлт абыройын аяққа таптап патша өкiметiнiң ел басқару жүйесiнен қызмет алуға ұмтылғандар жөнiнде болып отырғаны түсiнiктi шығар.

Ұлтының намысын, халқының келешегiн ойлаған Ғ.Қараш Аллаға сыйынып (“Құдыретi күштi құдайым, Мен жылаймын, сұраймын”), елiне – зерде, құт-береке (“… Ғылымның жүзiн берi қыл, … Бақ-дәулеттi нәсiп ет, … Адалдыққа асық ет”), жауына – дүниеде имандылық барын бiлiп жүрудi (“Жамандардың қаруын, өтпес, тiптi жасық ет”) тiлейдi.

Ақын Ғ.Қараштың отаншылдық хақындағы пайымы да айрықша. Дiндар Ғұмар туған жер – Қағбаң деп ойланбай айтты деуге болмас. Әрбiр зат пен ұғымның орнын, маңызын қапысыз аңғаратын ақынның ислам құндылығы есебiндегi жер атын кiндiк қаны тамған жерге балауында негiз бар. Бұл “Қағбаны қадiрле, Қағбаны қадiрлегендей өз жерiңдi қадiрле” деген сөз. Осы ойы “Тiршiлiк мұраты” өлеңiнде төмендегiше өрiледi:

Әуелi қолдан келсе елiңдi сүй,

Ел үшiн еңбек еткен ерiңдi сүй.

Қағбаға тауап ету керек болса,

Кiр жуып, кiндiк кескен жерiңдi сүй.

Елiн, жерiн аса қадiрлеген, сол үшiн азаматтықта да, ақындықта да аянып қалмаған Ғұмар адамзат пен ұлтқа ең дiлгiр қасиет ретiнде ар-ожданды атайды. Татардың “Шора” журналында 1911 жылы жарияланған “Ар-ождан – сенiм өлшемi” атты мақаласында ол: “Әрбiр жағдайда ар-ождан биiк тұруы керек. Сонда ғана оның қасиетi жоғары болмақ”,-деп жазады.

Әлбетте, Ғ.Қараш сыны – ұлтқа шын жаны ашыған адамның сыны. Оның елге, замандастарына айтқан ақылын да осы өреде түсінеміз. Заманаға шынайы көзбен қарайтын ақын: «Дүниеде не арзан?» деп сұраушыға «Біздің қазақ жігіттерінің ғұмыры» деп жауап берілсе, бек дұрыс жауап болмақ» дейді. Бұл пәлсапалық сұрақ пен жауап бүгін де көкейкесті естіледі. Неге десеңіз, тәуелсіздіктің баяндылығына да жауапты – қазақ, баянсыздығына да жауапты – қазақ. Елдің бүгіні мен ертеңіне сарп етілмеген еңбек һәм ғұмыр арзан емей немене? Халық иманын арттыруға жұмсалмаған бейнет, санасын көтеруге бағытталмаған күш арзан емей немене?.. Біз, әрине, Ғұмар тұсындағы қазақ жағдайы мен қазіргі қазақ жағдайына теңдік белгісін қоя алмаймыз. Ол кезде отаршылдық ахуалда отырсақ та ұлтымыз 85-90 пайызды құрайтын. Осы тоқсанның тілегі де, мүддесі де, қайғы-қапасы да бір еді.Ұлт болып ұйысқанның белгісі демеске әддің жоқ, мысалы, біз сөз етіп отырған Ғұмардың тек-тамыры туыс һәм ағайын милләттармен жалғасып кететін жағдайы да бар (туысқан үш милләтті тел емген Ақмолла ақын секілді). Алайда бұған қарап жатқан Ғ.Қараш жоқ: өзін де, өзгені де бөлектемеді. Қазаққа ынта-шынтасымен қызмет етті. Тіпті зиялылар арасындағы арагідік айтыс-тартыста мәмілегер болды. Қазақтың бағына туып, қазақтың намысын қорғап дүниеден озды.. Қазақтың шығысшыл ойшылдарының пiкiрiнше, ғылым – бiр нәрсенi мейлiнше бар қырынан зерттеу, ғалым – пәнмен шектелмей дүниенi мүмкiндiгiнше түгел түсiндiретiн тұлға. Ғұмардың өнердi ғылымнан бөлiп қарамағанына мына сөзi мысал бола алады:

Саф ғылымның шырайы,

Көңiлiңе құйылса,

Шипа тауып жазылар

Тұла бойың құрысы,

Жүрегiңнiң тырысы.

Ғ.Қараш руханият жанашыры ретiнде жүйелi үйрену мен үйретуге немқұрайлы қарамады. Ол ғаламдағы үйлесiмдiлiк сырына үңiле отырып, әлемдегi озық үлгiлердi меңгерiп, туған топырақтан ажырамайтын iс-әрекет жасау қажеттiгiн жиi айтты. Бұл орайдағы ақынның пiкiрi:

Бұлғақтап құр бiлiмсiз, ағымға ерiп,

Бiлгендi елiктеген зырдан қорқам.

Мезгiлсiз бiр нәрсе де келмек емес,

ґзiң ту, ұл тусаң да, қыз тусаң да,

Әкелiп бiреу саған бермек емес.

Ақын Ғ.Қараштың әдеби-эстетикалық еңбектерi қатарына белгiлi қаламгер, поэзия шандозы Шәңгерей Бөкейұлының бейнесiн жасаған (көзi тiрiсiнде) өлеңдерi де кiредi. Тегi де, iсi де ақсүйек, “Өмiрдiң өтуi”, “Жалғаншы жарық дүние”, “Бура санды, ақ таңды”, “Құйрық атып құлия” сынды үйлесiм, наз (грация), философия негiзiн құраған туындылардың авторы – Ғұмар үшiн идеал. Жыраулар толғауы үлгiсiнде жазған арнау өлеңiнде Ғ.Қараш бұл идеалын:

Шешен-шайыр жырлатып,

Сөз асылын хош алдың.

Хош алғанның белгiсi:

Мұңлы ауһаз шығарып,

Шайырлар толғай тұрғанда,

Таң сазында жаздықтың

Ескен саба желiмен

Жапырақтай сiлкiнген

Әсер берiп қозғалдың,-

деп суреттейдi. Ақын өлеңiнде поэзия саңлағы мен саф табиғат бiртұтастанып кеткен. Жаны мен тәнi де үйлескендей. Бiрiн бiрi толықтырғандай.

Ғұмар ендi бiр өлеңiнде өзi үшiн Шәңгерей ақындығы тұрғысынан Пушкин мен Лермонтовтан да қадiрлi екенiн жазады. Ұлттық мәдениет контексiнде ақынның бұл пiкiрi “түйенiң танығаны жантақ” пайымымен орайлы емес. Оның үстiне Ғ.Қараш талғамына шәк келтiру қисынсыз. Мәдениет мәтiнiн зертеушi В.Д.Дулат-Алеевтiң тұжырымына сүйенсек: “Егер тiл болса, сол тiлге негiзделген мәдениет болады. Мәдениет бiрiншi кезекте “мағынамен” байланысты болғандықтан, тiл рәмiздiк (символдық) формалардың негiзi ретiнде қызмет атқарып, жалпы бұлардың жиынтығы болып табылады”. Сондықтан бояу қанық Шәңгерей тiлi Ғұмарға кез-келген шетел ақыны тiлiнен артық көрiнедi.

Тiл мен әдебиет, Ғұмардың пiкiрiнше, ұлтты сақтаушы күш. “Ана тiлiн бiлмей тұрып ұлт бiлiмiн ала алмайсың. Ұлт бiлiмi болмаса, онда әдебиеттiң болмайтындығы өзi-ақ белгiлi. Әдебиетi жоқ ұлттың өнерi де өрлемейдi. Бiз тiлiмiздi қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз”,-дейдi ол қара сөзiнiң бiрiнде. Бұл концепцияны милләтшiлдiк кезеңiнде бiрсыпыра ақын-жазушы айтқан болатын. Алайда Ғ.Қараштың олардан ерекшелiгi – “тiл-әдебиет – ұлт негiзi” тұжырымдамасын жан-жақты таратып жазды. Мысалы, “Айқапта” “Ғ.М.” деген псевдонимiмен жариялаған “Тiл-әдебиет” мақаласында қаламгер: “Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас. Шiрiп, топыраққа айналып жоқ болар. Тiлi, әдебиетi болмаған милләттiң де тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас. Өзiнде айырым әдебиетi болмаған милләттер де жасай алмас. Әдебиетi, яғни жаны бар милләттерге азық болар, жем болар. Сөйте-сөйте ол милләт өзi де дүниеден жоқ болар”-деп келiп, келелi әңгiме бастайды. Бұл танымдық әңгiмесiне Ғұмар “Фәһәрiстiң” төрт тұжырымын дәйек етедi. Осы тұста “Фәһәрiстiң” не екенiн байыптап алайық. Ғұмар Қараш бұл адам аты ма, жоқ кiтап атауы ма – ол жағын жазбаған. Сондықтан бiз оны тек жобалап қана айта аламыз. Арабтағы “фихрист” деген сөздiң қазақша баламасы – мазмұн. Х ғасырда Бағдатта өмiр сүрген әйгiлi араб әдебиетшiсi Ибн ан-Надим “әл-Фихрст” деген кiтап жазған. Мұнда өзiне дейiнгi және тұсындағы араб тiлдi әдеби кiтаптар мен трактаттарға мейлiнше толық сипаттама берген. Бiздiң аңғаруымызша, ан-Надимнен кейiн де “фихрст” жазушылар болған. Сол себептi Ғұмар пайдаланған дерек – кiсiнiң емес, кiтаптың аты. Алайда ол кiмнiң еңбегi екенiн Ғ.Қараш мәтiнiне сүйенiп арабқа жүйрiк ғалымдарымыз зерттеуi тиiс. Оны дәл тану қазақ әдебиеттануы мен тарихы үшiн дiлгiр деп бiлемiз.

Ғұмар дәйек алған “Фәһәрiстiң” 4 тұжырымы мынандай: 1. тiл-әдебиет – милләттiң жаны және рухы; 2. әдебиетi жоқ ұлт қайғы, қуанышын жеткiзе алмай, бiрлiгiн жоғалтып ел болудан қалады; 3. тiл-әдебиеттен айырылған елдiң балалары басқа жұрттың тiл-әдебиетiн меңгерiп, өз ұлтынан кетедi, сондықтан балаға тiл-әдебиеттi жасынан сiңiрту керек; 4. тiл-әдебиет – бар бақыттың, өнер-ғылымның, дiннiң, мәдениеттiң негiзi (Мақалада әр тұжырым таратылып ұсынылған).

Ғ.Қараштың “Тiл-әдебиет” мақаласы – ақынның ұлт әдебиетiн қалай дамытуға болатыны туралы айтқан ойы мен тұжырымдамасы. “Нағыздығы, байлығы жағынан қарағанда тiлiмiз осман һәм татар, кей басқа туғандарымыздың тiлдерiнен көп алда-дүр. Iләкин әдеби жағынан қарағанда тiлiмiздiң олардың тiлiнен артта екендiгiнде iңкәр айтып болмайды”,-деген қаламгер бай тiлдi қағазға түсiру мен жүйелеудi күн тәртiбiне қояды. Балаға – рух, атаға – сенiм, ақынға – қанат, абызға – ой сыйлайтын қазақ тiлi мен әдебиетiнiң тағдырына өз тағдырын байыптағандай қарайды.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан 1913 жылы империя астанасына бөкейліктердің атынан «белгілі қазақ ақыны Ғұмар Қарашұлының» аманат арқалап барып, «бас министрге қағаз бергенін» жазады. Ал осы азаматтың Алаш қозғалысы барысындағы маңдай тері өлшеусіз (ол Алаш Орданың сайланған қазиы еді). Тек қана дін ісін насихаттау мен ақындық аясында қалмай, ұлт қайраткері дәрежесіне көтерілген Ғұмардың ғұмырбаян тағылымы һәм ой-пайымы қашан да азат Қазақстанның рухани қажетіне жарай бермек.

Көлбай Төгісов те (1879-1919) өзге Алаш арыстары секілді өзінің ағартушылық бағыттағы шығармаларын жазады. Бұл өлеңдердің басты тақырыбы халықты білім-ғылымға үндеу, оларды оянуға шақыру еді. Қарумен күрестің, білекпен күш сынасудың күні өткенін түсінген ақын жас ұрпақты ел игілігі үшін қызмет етуге үндейді.

Дарияны бір тамшы сүт ағарта ма?

Ғаділдік үстем болмай бақ арта ма?

Шындық пен өтірікті айырмасаң,

Тарихыңда жазылар қара таңба.

Бір бес күнге аптығып аңғалданып

Адамшылық “туынан” бекер қалма,-

деп, келер күннің опасыз бейнесін алыстан болжаған Көлбай Төгісов ел тағдыры сынға түскен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрді. Бұл жылдар қарапайым халық түгілі қазақ зиялыларының, оқыған көзі ашық азаматтардың өзін сергелдеңге салып, сең соққан балықтай есеңгіреткен кезең болатын. Тіпті түпкі арманы бір, аңсары ортақ, мүддесі мен мұраты бір арнада тоғысқан ұлтымыздың ұлы көшбасшыларының арасында ауыз бірлік жоғалып, сүттей ұйыған ел бірлігіне сызат түсіп, тұрымтай тұсына кеткен кесірлі дәуір өз үстемдігін жүргізіп баққан.

Көлбай Төгісов Семей облысы (Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Зайсан уезінің Шорға болысында дүниеге келген. Қалың найманның Қара керей руының ішіндегі Байыс – Мұрын - Байжігіттен тарайтын дәулетті отбасында туған Көлбайдың арғы аталары да билік етіп, сөз ұстаған ұлағатты әулет болған. Арғы аталары Арқаға аты аңыз болып тараған Ұлтарақ би, Бөжей би, Құт, Шоянбай, Төгіс, Бөгіс, секілді дәулеті мен сәулеті жарасқан, халқының қамын жеген адамдар. Осындай берекесі тасыған белгілі ортада туып өскен жас Көлбайдың тағылым алған бесігі өнерге бай, өлеңге құмар киелі топырақ болған. Мәселен, Шоянбай ұрпақтарынан сегіз адам қажылыққа барған. Соның ішінде Көлбайдың әкесі Төгіс те, оның ұлдары Айдас пен Андабай да болған. Төгіс осы қажылық сапарында қайтыс болған. Осы деректердің өзі-ақ жас таланттың кейін ел мүддесін көксеген көсемге айналуының бір себебі оның имандылықтан нәр алған өмір өнегесінде жатқанын дәлелдейді.

К.Төгісовтің жалпы білім дәрежесі туралы айтар болсақ, ол әуелі Зайсан ауыл шаруашылық мектебін, Орынбордағы заң оқуын бітірген. Санк-Петербург университетін экстерн жолмен тамамдаған. Бірақ заман ағымы Көлбайдың ел ішіндегі саясаттан тыс қалмауына алғышарт жасаған.

Патшалық Ресейдің ашықтан-ашық жүргізіп отырған отарлық саясатына қарсы шыққан зиялы қауыммен тізе қоса күреске қатысуы Көлбайдың азаматтық бейнесін биіктетіп қана қоймай, оның туындыгерлік, шығармашылық жолының ашылуына да оң ықпал етеді.Алдымен әлеуметік-саяси мәселелер жас қайраткердің қолына қалам алғызып, публицистикалық еңбектер жазуына себеп болады. Ол 1905-1907 жылдары Алаш арыстары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаевтармен бірге патша өкіметіне қарсы “Петициаға” қатысып, оның мақсат-мұраттары жөнінде “Семипалатинский листок” газетіне дүркін-дүркін жігерге толы мақалаларын жариялайды. Осы тұста оның жазған бірқатар хабарламалық сипаттағы мақалалары Санк-Петербургтегі “Наша жизнь”, “Речь” газеттерінде де жарияланып жатады.

Отыншы Әлжанов, Өмірбек Жамулов, Шәкәрім Құдайбердиев, Көкбай Жантаев, Бияхмет Сәрсенов, Ш. Қосшығұловтармен бірге ел азаттығы жолында бірге жүреді. Әділдіктің ақ туын биікке көтере ұстаған Көлбай әрдайым қуғын көрген қазақтың бас көтерер азаматтарына араша түсіп отырады. Оның ұстанған үлкен жолы қазақ жеріне орыс шаруаларының ағылып көшуіне жол бермеу, автономия құру мәселесімен тығыз байланыста болды. (Семипалатинский листок, 1907). Сол үшін бірнеше рет патша жендеттерінің қысымымен түрмеге де қамалады.

К.Төгісов өз мақалаларын “Киргиз-Кайсак”, “К-Найманский”, “Степняк”, “Киргиз-Степняк” деген бүркеншік аттармен жариялауға мәжбүр болады.

Көлбай Төгісовтың шығармаларының денін сол күннің өзекті мәселелерін көтерген публицистикалық мақалалар құрайды. Әйтсе де, “қазаққа қара сөзден өлең жақын” екенін ескерген қаламгер сәті түскенде өз ойын өлең-жырмен де өрнектеген. Алаш арыстарының қалың ұйқыдағы елін оянуға шақырған үндеуіне ақын да өз дауысын қосады. Оған “Әй, Қазақ!” атты алпыс жолдан тұратын жыр ұраны дәлел. Ақын осы өлеңде бұл дүниенің өткіншілігін көлденең тарта отырып, сол аз өмірдің мәні келешек үшін атқарар істе, ұрпағына қалдырар өнеге ізінде екендігін айтады. Халықтың наным-сеніміне сәйкес о дүиеге барғанда сұрау салынып “өткен ісіңе жауап беруге мәжбүр болған шағыңда не айтасың?” деген сауалды көлденең тартады. Осы арқылы “бұ дүниеде амал көп, сұрау жоқ; о дүниеде сұрау көп, амал жоқ” деген имандылық қағидасын қазық етіп алып, қалың көпке ой тастайды. Қараңғы тұман басқан сызда жатып, тар жерде опасыз сұм дүниенің аясында кешкен әр ісің үшін жауапқа тартылғанда кешегі белшеңнен батқан байлығың да, билік құрған патшалығың да, көзің тоймаған дүниең де әдіра қалады. Онда көп ақшаңның да құны жоқ, саған параға сатылып шен ұстатқан ұлықтарың да қайран қыла алмайды деп иманды іс жасаудың сауабын дәлелдейді. Қарнының тойғанына мәз болған, қара басының қамынан әрі озбаған мәнсіз өмірді сөнген шамға, көктемде еріген қарға теңейді. Яғни атың өшіп, ізің сөніп қалмау үшін елге пайдалы бір іс тындыру керегін толғай отырып, өзінің идеяларын ұсынады.

Көптен бері ойлаушы ем мен бейшара,

Сіздер мұны қолға алып, ойлап қара.

Екі өлмек жалғыз жанға ғаділ емес,

Өлсін өтірік жалғанда болып пара, -

деп, өзінің көптен ойында жүрген сөзін, көкірегіндегі шерін жыр етіп төгеді. Оқығандар дұшпанға батыр болып дүрдиіп, айбат көрсетіп, күресіп жүрсе де, қалың қазақ бас көтермей ұйқыда жатыр деп налиды. Осы бір қамсыз тіршілік ақынның жүрегін, ішін өртеп тынышынан айырады. Езгіде жатса да, есін жимаған сорлы елін осы тығырықтан алып шығатын жол қайда деп шағала көңіл шарқ ұрады. Адасқан жұртын жарыққа бастайтын, қараңғылық зынданынан құтылуға ұмтылдыратын бір-ақ жол бар екенін меңзейді. Ол - ғылым жолы. Ғылымға бет бұрмаған халықтың күні қараң, болашағы баянсыз, келешегі күңгірт. Ақын Көлбай Төгісов сөзін тыңдар жан таппай қиналған тұста өзіне-өзі бір сәт тоқтау салып, баз кешеді. Заманның қыл көпірінен, дәуірдің тозақ өртінен халқын аман алып шығатын амал іздеп аласұрған ақын көңілі сары уайымға салынатындай.

Бұл бір жұмбақ, ойландым, шеше алмадым,

Ерте ойландым, сандалдым, жете алмадым.

Ішім толған қан, жара, сыртым дүрдей,

Надандық қақпанынан өте алмадым.

Талаптандым, талпындым, көп ойладым,

Шекпегінен зорлықтың кете алмадым.

Мен шаршадым, қаламым, сен де тоқта,

Кім естиді сөзіңді, ісің жоқ па?!

Қанша айтсаң да тіліңді қазақ алмас,

Құр босқа мерт боларсың осы жұртқа, -

деп, бір сәт бүкіл дүниеден түңілгендей күй кешкен ақын қайтадан өзін қамшылап, қалың өртке – ұйқы дертке қанатымен су сепкен қарлығаштай шырқырап араша түседі. Ол ендігі жерде өзіне атылар оқтың барын біле тұра басын өлімге тігеді. Ол үшін терең ақылмен философиялық мәні айырықша тұжырым жасайды. Ақын риторикалық сұрау сипатындағы өлең жолдарымен халқын ойлануға жетелейді. Дарияны бір тамшы сүт ағарта алар ма деген жұмбақ сұрақты алға тартып, әділдікке бет бұруын сұрайды. Шындық пен өтіріктің арасын айырмасаң, өз тарихыңа қара таңба түсіресің деп алдын ала сақтандырады. Бес күн жалғанда аптығып, аңғалдықпен адамшылықтан алыс қалмауың керек, әділдіктің ақ туын жықпаған ел болсаң ғана бақытқа жетесің деген тілегін айтады. Сөйте тұра әлі де дауылды, сынға толы жаңа ғасырдың туып келе жатқанын ел санасына сіңіріп алғы күнге үміт артады. Бұл ғасыр қазақтың ғасыры болса екен деген асқақ арман ақын жүрегіне дем береді.

Адасқан алашыңды жолға бастап,

Жүректің дәрі ізделік жарасына.

Көзіңді аш таң келеді, оян, қазақ!

Мәз болмай кісіліктің жаласына.

Бүкіл арман-мұратын, өмірлік кредосын бір ауыз сөзбен осылай түйіндеген ақын сөзі өз ғасырының аясындағы Алаш арыстарының дауысымен үндесіп, қазақ көгінде ұран боп самғады. Сондықтан бұл өлеңнің мәні мен маңызы бүгінгі күні де өткір әрі асқақ.

Осы тақырыпта жазылған бірқатар өлеңдер “Надандық құрбаны” атты кітаптың алғы беттерінде жарияланған. “Зармыз”, “Қош”, “Құрбыма”, “Қайғы”, “Адастың, қазақ”, “Дүние келдің”, “Тұр дегенім надандық” секілді өлеңдері ақынның еліне арнау сөзі ретінде бірін-бірі толықтырып отырады. Кешегі асыл дінді қазақтың бүгінде ит пен құсқа жем болған шарасыз күйге түсуі көш бастаған қара жүректермен параға сатылған болыс-билердің кесірі дегенге саяды. Қанша алса да тоймайтын, араны кең билердің табанына тапталған намыс үшін кім жауап беруге тиіс? деген сұрақты Алаш жастарының алдына қояды. Ақынның осы өлеңге “Зармыз” деген ат қоюы халықтың мейірімге, сүйіспеншілікке, әділдікке зар болған күйін көрсетуі мақсатынан туса керек. Ал, “Қош!” атты өлең сол зарлы елдің кешегі мамыражай тіршілігімен, сайын даланы ен жайлап, сары қамыз сапырып, көкорай шалғынды бесік еткен бейбіт өмірімен қоштасуы деп танимыз. Ақын бал дәурен балалық шағымен бірге келмеске кеткен халқының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнімен де қоштасып тұрғанын аңдайсыз. Төсі думанға толы Сарыарқаның өткенге сағынышпен қарайлап тұрған, сағымды күндерін армандай аңсаған шарасыз кейпін елестетеді. Өлеңнің өнбойында кешегі Дулат, Ақтайлақ, Ақтамберді көрегендікпен ескерткен ауыр дертке шалдыққан жұрттың бүгінгі күйі арқау болған.

“Құрбыма” өлеңінде ақын өзі сезген жазған жайлардың бел ортасында жүргенін тілге тиек ете отырып, кішілік көрсетеді. Ол елден асқан өнері жоқ болғандықтан, ішінде шаласы болса, ғафу етіңдер деп өтінеді. Жазған дүниесінің барлығы елінің бір керегіне жараса деген мұратын айта отырып қазақтың намысын жанып, өзге елдермен тең тұруға шақырады.

“Надандық құрбаны” Көлбай Төгісовтің жеке шығармашылығында ғана емес, қазақ драматургиясының тарихында өзіндік орны бар тұңғыш пьеса болуымен де құнды. Өз уақытының көкейкесті мәселелерін батыл көтеріп, берік байламын жасаған автор жаңа жолдың көшбасшысы ретінде танылды. Жоғарыда айтылғандай, қараңғылықтың құрбаны болған қандастарының қылықтары мен надан өмір салты қаламгерге көп ой салды. Сол себепті автор пьсаның “Сөз басында” халықтың көзі ашылуына, алға басуына себепші болатын екі нәрсеге назар аудартады. Біріншісі – оқу, екіншісі – сол оқу арқасында жетіліп, жұрттың қамын ойлап, неше түрлі өнер-білімнің кілтін алып, есік ашқан жігіттер. Драматург өзінің бұл шығармасында қазақ даласындағы бел алған келеңсіз құбылыстарды сынау арқылы халықтың көзін ашпақ ниетте екенін былайша білдіреді: “...Міне, осындай қырда болып жатқан көп надандықтың бірер жарымын қолдан келгенше “ойын кітабына” (пьеса) жазып, қазақ жастарына ұсынам. Егер де ұнаса, әр шаһарда, әр ауылда ойнап, қазақтың өз көздеріне көрсетсе, мұндай жолдан тыйылар еді деп үміт қылам” – деп, өзінің түпкі мақсатын, ішкі мүддесін халықтың әлеуметтік жайын түзеуге бағыттағанын баса айтады.

Пьесада бір отбасының ауқымында замана дертін, қараңғылықтың себебінен босқа қырылған жайын суреттейді. Он сегіз кейіпкері бар бұл туындыда бас-аяғы үш перделік оқиғалардың аясына дәуір шындығын сыйғызғаны автордың тырнақалды еңбегінде-ақ үлкен жетістікке қол жеткізгенін дәлелдейді.

Волостной управитель Байжанның әйелдерімен, бала-шағасымен, күзетшілерімен арасындағы қарым-қатынас көп шындықтың бетін ашады. Мәселен, жан-жағына билік айтып үстем қарап отырған Рабиға да, жастықтың жетегімен сырттан қызық іздейтін Нүрила да, баланың үстінде өмірімен қоштасқан Майсара да ескіліктің құрбандары. Олар - дәстүр дегенді сылтау етіп, әйел үстіне әйел болып келіп, тағдырдың тәлкегіне мойын ұсынса да, іштей өз наразылықтарын басқа жолмен шешуге тырысқан пенделер. Он жастағы Якуб та надандықтың құрбаны. Өйткені ол қожа-молдалардың үшкірмесін ем санайтын ескіліктің жолымен жанбай жатып сөнуге мәжбүр. Дәрігерлік көмек көрсетуге келген орыс фельшерінен Якубтың ажалын ата-анасы өздері сатып алады. Болыс Андрейге үш сом күміс ақша беріп шығарып салады. Тіпті болыс Андрей ренжіп кетпесе екен деген тілекпен қой сойып қонақ етуге дайын. Осы тілекті қалт жібермей қапыда соғып үйренген дәрігер де осы сәтті пайдаланып, бәйбішеден елтірі сұрап ала қояды. Кішкене ғана бір деталь ел ішіндегі сауатсыз надандық пен отаршыл зымияндықтың өзара аңдысқан аянышты қалпын танытады. Болыс баламды орыстың қолынан құтқардым деп мәз болса, жат дәрігер дарақы жұрттың аузын ұрғанына риза. Болыс шариғатқа шек келтірмей кәпірден құтылдым деп қуанса, надан елдің бірі емес жүзі өліп жатса да, бөтендігін көрсететін кірме шипагер көлденең табыс алғанына мәз.

Пьесадағы келесі бір надандықтың құрбаны - болыстың үшінші тоқалы Майсара. Жас әйелдің бала үстінде қиналғаны өз алдына, оның онсыз да шырқыраған жанын тәніне тиген соққы одан сайын өршіте түседі. Соңында Майсара да көз жұмады, екі адам бірдей ескіліктің бұғауында тұншығып жан тәсілім қылады. Бірі өмірге ұрпақ әкелу үшін жанын қиса, екіншісі дүние есігін ашпай жатып ана құрсағында мәңгілікке аттанады. Бұл бір ғана Байжан болыстың үйіндегі жағдай, ал екінші болыстың ауылдасы Тоқсанбайдың да айналасында болып жатқан трагедия аз емес. Оның қызы жас сұлу Хадиша мен Асфандияр бір-біріне жасы да сай, басы да тең жұп бола тұра зымияндықтың құрбаны болады. Осылайша пьесада автор өмір сүрген дәуірдің, әлеуметтік ортаның өмір шындығы көркем шындыққа ұласады. 1915 жылы жазылған қазақ тарихындағы тұңғыш драматургиялық шығармада автор К.Төгісов ерекше жанр арқылы кең ауқымдағы мәселелерді барынша жинақтай алған. Ешқандай суреттеу, баяндау, түсіндіру болмайтын драмалық шығарманың кейіпкерлері олардың санаулы сәтте ғана көрініп қалатын әрекеттері арқылы сомдалады. Бұл тұрғыдан келгенде Көлбай Төгісовтің персонаждары бір-бір типке айналып шыға келген. Мәселен, Байжанның ескілік көзқарасы басым болса да оның замандасы би Аманбайдың Асфандиярдың сыртынан айтқан сөздерінде орысша араластырып сөйлеп өздерін сол ортаның озық адамдары деп санайтын психологиясы көрінеді. Болыс пен Амантай орыс сөзін қолдануда бір-бірімен бесекелес сияқты...

Көлбай Төгісовтің айтыс жанрына қатысты еңбегі - Гүлжан мен Ақтамбердінің арасындағы сөз қақтығысын толық түсіндірген жыр нұсқасы. Автордың өзі бұл айтысты жазудағы мақсатын қазақтың дарындылығын, сөз өнерінің жетістігін дәлелдеу деп айтады. Ол бір тойда кездейсоқ кезігіп қалғанда осындай шеберлік танытқан дарынды жастардың арнайы білім алса, өзге елдерден оқ бойы озарына сенім білдіреді. Ол тіпті қазақ баласы оқыса, Пушкиннен кем болмас еді деп пікірін ашық айтады. Осы орайда Абайды Пушкинмен тең қоя сөйлейді. Ең соңында “Қазақтың туысы ешбір жаннан төмен емес. Бірақ бізді ақсатып, соқыр қып тұрған оқу дариясынан татпағандық”, - деп ашына жазады. Осының өзі-ақ көзі ашық, көкірегі ояу Көлбай Төгісов сынды асыл азаматтың әрбір ісі халқын оятуға, білімнің қажеттігін түсіндіруге арналғанын айғақтайды.

Айтыстың басы Ақтамбердінің атынан айтылатын кіріспе сөзбен басталады. Онда Ақтамбердінің Көкей қызды не үшін аңсағанын, оны қайда, қандай жағдайда кездестіргенін баяндаумен басталады. Ол ең әуелі Жұманбаймен тілдесіп, оның байлығына, мырзалығына ризалығын білдіреді. Осы сәтте қоңыраулатып пәуеске жеккен Көкей қыз айтыса кетеді. Екі ақынның сөз саптасы қыз бен жігіт айтысынан гөрі еліндегі, руындағы игі жақсыларды бай манаптарды қолпаштайтын, солармен мақтанатын ру ақындарына ұқсайды. Қыз аузымен айтысатын өлең жолдарында ақиық Біржан салдың аты әлденеше рет қайталанады. Ал Ақтамбердінің пірі – Тобықтының ішіндегі Шәкәрім. Түрлі теңеулермен, айшықты эпитеттермен көмкерілген бұл айтыстың мақамы да, даму жүйесі де кейде тіпті өлең өрімдері де Біржан – Сара айтысына көп ұқсайды. Екеуі де өз елінің атқа мінер арда ұлдарынан гөрі бай-шонжарларын тілге көбірек тиек етеді. Арасында бірін-бірі мұқату үшін қарсы жақтың кемшіліктерін әшкере қылып отырады. Сөз қақтығысында қыз бен жігіттің бір-біріне қыр көрсете сөйлейтін өктем оспақтары бой көрсетіп қалады. Бір тұстарда әр ақын өзін мадақтап көтере сөйлегенмен, Біржан мен Сара секілді бірін-бірі дәріптейтін сұлу жыр мұнда ұшыраспайды. Айтыс соңында Гүлжан қыз Ақтамбердіден жеңілгенін ашық мойындайды. Осы бір үрдіс қазақтың ғана еншісіне тиесілі аталы сөзге тоқтау дәстүрінің айқын көрінісі болып қалады.

Қамшының сабындай қырық жылдық қысқа ғұмырында от болып өткен Көлбай Төгісовтің аты қазақ драматургиясының атасы болуымен, “Оян, қазақ”, - деп жар салған Алаш арыстырымен тізе қоса еңбек етіп, ел үшін жанын қиған азаматтығымен, сол азаматтық өмір танымын өлең етіп өрген ақындығымен қатар көпшіліктің көзін ашып, қоғамдық пікір қалыптастыруда зор үлесін тигізген публицист ретіндегі еңбектерімен де дараланады.

Ойы сергек, болмысы батыл Көлбай Төгісов - өз заманының жемісі. “Үш жүз” партиясының көшбасшысы бола жүріп көсемсөзге ерекше ден қояды. Бірде бата, бірде қате тиіп жатса да, арғы түкпірінде елінің еңселі, халқының қайратты болуын армандаған Алаштың ұлы көсемдерінің бірі Көлбай Төгісовтің атқарған ісі, қалдырған ізі орасан зор. Оның қоғам қайреткері ретіндегі еңбегін Алаш арыстарының бірі Қошке Кемеңгерұлының мына сөздері көрсетеді: “Үш жүздің” адал саяси партия емес екеніне мынадай дәлел қоямын: 1) Партияға мүшелікке “қырып сал” байларды, жауларды алды; 2) бұқаршыл, кедейшіл болып отырып, съезге қазақтың нағыз байларынан, жемқорларынан бадырайтып отырып атын атап, уәкілдерді шақырады; 3) ұлт айырмашылығына қарсы большевик партиясымен тізгіндеп отырып, “Сары орыстың бәрі – бір орыс, хахолды ердің алдыңғы қасына отырғызбаңыз” деп програм қойды; 4) діншілдік ұранын көтерді (мұның бәрі ол кезде “Үш жүз” газетінен оқушыларға мәлім. Қ.Кемеңгерұлы. Таңдамалы. Алматы, 1996, 73-б.). Қ.Кемеңгерұлының осы пікірінен айқын көрініп тұрғандай, К.Төгісов ел ішіндегі оқиғаларды қарапайым халықты бай-жуандардан бөлуді мақсат етпеген. Ол дәулеті бар, мүмкіндігі мол ел жуандарын халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге ат салысатын бірден-бір көмек көзі деп санаған. Оның үстіне қазақ дәулеттілерін қоғамдық істерге тарту арқылы орыс отаршылдығынан халықты құтқаруды көздеген. Сондықтан ол елге материалдық, рухани тұрғыда еңбегі сіңген қазақ зиялыларын мадақтап, олар жөнінде мерзімді басылым беттерінде арнайы мақалалар жариялаған. Мәселен “Қазақ даласынан” атты мақаласында Маманов, Тұрысбеков секілді байларды “Қара мұнар тұманнан ақ жұлдыздай жарқырап шыққан данышпан кісілер деп олардың елге сіңірген еңбегін, ел билеудегі адалдығын, қазақ жастарының білім-ғылым жолына түсуіне қосқан үлестерін кең таратып айтады. Қапал жеріндегі “Мамания” есімінде мектеп ашқан бұл әулеттің аталары салған ізгі жолды жалғастырып келе жатқанына сүйсіне отырып былай дейді: “Маманов, Тұрысбеков әпенділер таң атып, тереземіз тең болған күндерде тарихтың оң бетінде есімдері қалып, Құдай алдында ұялмайтын азаматтар деп білемін!” (Көлбай Төгісов шығармалар жинағы. Алматы, 2003. 133 бет.). Осы ой Төгісовтің халық болашағын алыстан болжаған көрегендігін танытса керек. Шындығында да негізінде патша отаршылдығы халықтың оянуынан қорқып Мамановтарға шүйліксе, Кеңес отаршылары Маман ұрпақтарын ел билеген бай шонжар деген сылтаумен тарих сахнасынан ығыстырғаны мәлім. Тек тәуелсіздік тұсында ғана ұлт тағдыры үшін тер төккен текті тұлғалар есімі қайта жаңғырып отыр. Өз қаражатына мектеп ашып мұғалімдер шақыртқан Мамановтар ісіне орыс инспекторларының кедергі жасаған тұстарын публицист К.Төгісов ашық әрі батыл көтереді.

“Айқапты” үлкейту турасында” атты мақаласында да Мамановтардың қазақ басылымдарын шығарушылардың арасында болғанын баяндайды. К.Төгісов осы шағын мақаласында халқының мәдени деңгейін көтерудің басты бір жолы ұлттық басылымдардың санын арттыру, сапасын көтеру екендігін көрсетеді. Ол өзінің тек рухани көсем емес, материалдық жағынан да көмек беретін, қазақ сөзінің орыс әкімдеріне де жетуі үшін екі тілдегі басылымды шығаруды заман сұранымы ретінде дұрыс бағамдаған әділ жан екенін де осылай дәлелдеді.

ХХ ғасырдың басында қазақ жерінің талан-таражға түскен жайы, Ресей үкіметінің қазақ жеріне қол сұғып, баса көктеп билеп-төстеген жымысқы саясаты жөнінде К.Төгісов ел азаматтары атынан мәселе көтереді. “Қапалдан” мақаласында Ертістің екі жағындағы шұрайлы жерлерді казак-орыстарға қоныстануға беруінің үстінде ендігі жерде келімсектердің қазақтардан аренда сұрайтынын, барына қанағат етпек түгілі қазақтан тағы да жер алуға жанталасып отырғаны Аякөз, Жетісу маңайындағы нақты мысалдар арқылы ашына жазған. “Бүкіл Россияға қараған халық бір адамның баласындай орыс законының қойнында тұр”, - дей келе қазақ даласында мұндай бірліктің, елдіктің жоғын көрсетеді, өз жерінде тұрып, бас билігінен айрылған халықтың жайын ашық көрсетеді.

Әдебиеттер:

  1. Құдайбердіұлы Ш. Жолсыз жаза. –Алматы. Жалын, 1988.

  2. Құдайбердиев Ш. Шығармалары.-Алматы. Жазушы, 1988.

  3. Әбдіғазиев Б. Шәкәрім Құдайбердиев. Творчестволық өмірбаян. –Алматы. Республикалық оқу-әдістемелік кабинет, 1989.

  4. Әбдіғазиев Б. Шәкәрімнің лирикалық шығармалары. –Алматы. Республикалық Баспа кабинеті, 1994.

  5. Мұхаметханов Қ. Шәкәрім//Қазақ әдебиеті. 1988, 15 сәуір.

  6. Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердіұлы. – Алматы. Ғылым,1993.

  7. Х.Бекхожин. Қазақ баспасөзінің даму жолдары.- А., 1964, 86 б.;

  8. Субханбердина. Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөздегі материалдар. Қазақ ССР ҒА баспасы, А., 1963, 279 б.

  9. 4.Ойға келген пікірлерім. І-ж. Орынбор, Уақыт баспаханасы, 1910. Жазған Ғұмар әл-Қараши; Ғ.Қ. (Ішкі Орда). Бала Тұлпар (қазақ тілінде). Уфа. “Шарқ” баспаханасы. 1911; Қарлығаш. Жазған Ғабдолла Мұштақ. Қазан. “Кәримовтер баспаханасы”; өрнек. Бастырған “Мәдрәсә-и Ғалиядағы” қырғыз шәкірттері. Уфа. “Шарқ” баспаханасы, 1911, жазған Қараш баласы Ғұмар (ішкі ордалық); Ғ.Мұштақ. Тумыш. Бастырған “Мәдрәсә-и Ғалиядағы” қырғыз және қазақ шәкірттері. Уфа. “Шарқ” баспаханасы. 1911; Ғұмар Қарашұлы (ішкі ордалық). Бәдел-хажы. 1913. Қазан, “Умидь” баспаханасы. Таратушы сұлтан Шаһингерей Бөкеев.

  10. 3Ғұмар Қараш. Тұрымтай. Уфа. “Шарқ” баспаханасы. 1918; Ғ.Қараш. А., Ғылым. 1994, 124 б.

  11. 17 Әдеби мұра және оны зерттеу. А., 1966

  12. Қ.Кемеңгерұлы. Таңдамалы. Алматы, 1996,

  13. K.Төгісов шығармалар жинағы. Алматы, 2003.

5-дәріс. Сұлтанмахмұт құбылысы.

Кәсіби қазақ әдебиеттануының қалыптасуы (1900-1932)

Мақсаты С.Торайғыров өлеңдерінің тарихи мәні мен поэмаларындағы жаңашылдық туралы талдап, түсіндіру. Кәсіби қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен даму барысын саралау.

Сұрақтар:

  1. С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы

  2. С.Торайғыровтың мақалалары

  3. Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы

Дәріс мәтіні (тезис)

1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!ң1 – деп жазған екен.

Сұлтанмахмұт – шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жаңа биікке көтеріп, заманының қайшылықты шындығын шығармаларында жан-жақты бейнелеген, көркем сөздің халықтық мән-мағынасын көтеріп, жаңа жанрларда ізденістер жасаған ол туған халқын отаршылдық пен ұлттық егзінің екі жақты қанауынан азат етуге, ел бостандығына үн қосты. «Қараңғы қазақ кегіне өрмелеп шығып күн болуғаң ұмтылды. Қоғамдық шындық пен әділет жолын талмай іздеп, туындыларына арқау еткен ақын көп жабының бірі болып қалмай, от боп жанды, құйрықты жұлдыздай ағып өтті.

Сұлтанмахмұттың аталары – Торайғыр, Шоң деген кісілер қазақ даласына аттары кеңінен таныс, атақты би, батырлар болған. Шоң би есімі Қалмұқан Исабаевтың осы аттас романынан белгілі. Ал, Торайғыр – елін сыртқы, ішкі жаудан қорғаған, белгілі батыр, әрі би. Баян тауының бауырында Торайғыр есімімен аталған үлкен көл бар. Ақынның өз әкесі Әбубәкір момын, кедей адам болған. Шаруасы күйсіз, үнемі малшы киімінде жүретін оны замандастары Шоқпыт атандырған. Күнкөріс қамымен Шоқпыт сол кездегі Омбы уезінің Шағрай болысына қарасты Қарауыл Шабар аулындағы (кейін Көкшетау облысының Қызылту ауданына қараған) бай жездесі – Шабар баласы Қанапияны паналап, соның малын баққан. Сол жақта үйленген. Жездесі сүйек жаңғыртпақ болып Шаншарұлы Жабайдың Зүфнүн деген қызын әпереді. Сұлтанмахмұт 1893 жылдың 28 қазанында сонда туған. Екі жас кіші інісі Бәшен (шын аты – Байқоңыр) де сол елде дүниеге келген.

Сұлтанмахмұттың үш жасында шешесі қайтыс болып, болашақ ақын алты жасқа дейін әжесінің тәрбиесінде болады. Содан кейін Шоқпыт екі баласын алып туған жері – Баянауылдағы ата қонысына көшеді. Торайғыр көліне таяу жерден қыстау салады. Сұлтанмахмұттың балалық шағы осы жерде өтеді.

«Баян тауы Қозы Көрпештің Баян сұлуы туған тау деседі. Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз құз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барғын, мойыл, қиядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ, шөккен алыптай асқар Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабындыкөл, сол қолтығында түндей түнерген Шойындыкөл (Жасыбай көлі бұрын солай аталған деседі), жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса, көкорай шалғын, көк балауса, жасыл жапырақ, жеміс, тау іші ың-шың аң, бұта толған жыршы құс. Міне сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізедің2 – деп жазған Жүсіпбек Аймауытов.

Шоқпыт кедей болғанмен, жаны жомарт, қайратты, ескіше сауаты бар адам болған. Ол Сұлтанмахмұтты үйде оқытып, алғашқы сауатын ашады да, ауыл молдасына береді. Болашақ ақын Әлі, Тортай, Мұқан деген молдалардан сабақ салады. Сұлтанмахмұт бұл молдалардың ішінен ақындық жолға батасын берген деп, Мұқан молданы ерекше атайды1911 жылы Сұлтанмахмұт бір қыс бойы Нұрғали деген мұғалімнен сабақ алады. Ол жаңаша оқыған адам екен, оқушыларын пән негіздерімен таныстырып, олардың білімге деген ынтасын ұштайды. Нұрғалидың көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шығатын көркем әдебиет кітаптары мен газет, журналдарды оқуға дағдыланады. Болашақ ақын одан әрі оқуды армандайды.

Осы мақсатпен Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барады. Онда Ахун Рахманқұли деген татардың медресесіне түседі. Бірақ Сұлтанмахмұт мұнда да ұзақ оқи алмайды. Тұрарға үй таппай, әрі қаражаты болмай көп қиыншылық көрген ол өкпе ауруына шалдығады. Медреседе қыс бойы ғана оқып, жазғытұрым Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы – бала оқыта жүріп, денсаулығын көтеріп, қаражат жинап алып, қайта оқу іздеу болады. Мектептен бос кезінде ол өзі ізденіп оқиды, өлеңдер жазады.

Күзге қарай Троицкіге қайта оралған Сұлтанмахмұт тағы да оқудың ретін келтіре алмай, сонда шығатын «Айқапң журналына жауапты хатшы болып қызметке кіреді. Қыс бойы журнал редакциясында белсенді жұмыс жасаған ол 1914 жылдың көктемінде жұмыстан шығады. «Айқапң хатшысы Сұлтанмахмұт Торайғыров хатшылықтан шықты. Мұнан былай оның «Айқаппенң ешбір қатынасы болмайдың – делінген хабар журналда жарияланады4.

«Айқаптаң жемісті қызмет істеп, бірқатар шығармаларын бастырған, ақындыққа бет бұруына жол ашылған шағында, Сұлтанмахмұттың журналдан қызметтен кетуі – оның еркінен тыс болған оқиға. Оны өзі де «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруда кісі бетіне қарамадым. Махмұт қайбір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым... «Айқаптаң тұрған минуттарда бүкіл ғаламға өзім ие болғандай көтерілдім. Ойлап қарағанда, ақымақтық болмаса, көтерілетін не бар еді?ң – деп мойындап жазған5.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол кездегі «Айқапң пен «Қазақң газетінің арасындағы пікір таластары Сұлтанмахмұттың тағдырына әсер еткен сияқты.

«Айқаптыңң күзден бергі номерлерінде «Қазақтыңң, иә «Қазаққаң жазушылардың аты аталмаса, журнал мақсұтына жете алмайтындай боп келеді. Бас қосу мәселесінде де «Қазақң айыпты, жер мәселесінде де «Қазақң айыпты, партия ісіне де себепші болып тұрған «Қазақң, «Айқаптаң түс көрген өлеңші де «Қазақтың жырлайды, циркке барып балуан көргендердің есінен де «Қазақң қалмайды, басқармадан біреуге жауап жазылса да, баяғы «Қазақң, қазаққа алалық қайдан келгенін жазғанда да аяғы келіп тағы да «Қазаққаң соғады, үлкен кісілерді де тіршілігінде «Қазақтыңң пікірін қуаттағаны үшін сөгедіңvi – деп жазыпты Міржақып Дулатов «Айқапң пен «Қазақң арасындағы тартыс туралы. Осы сөздің ұшығы Сұлтанмахмұтқа тиіп жатқаны даусыз. Ондағы «Қазаққаң тиіп жатқан «Кешегі түнгі түс, бүгінгі ісң («Айқапң, 1913, №20), «Бір балуанға қарап (1913, №21) деген өлеңдер Сұлтанмахмұттікі. Оның үстіне Сұлтанмахмұттың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан («Айқапң, 1913, №19, 20, 22-23), «Жаңа кітапң («Сонда, 1913, №17) атты мақалаларында М.Дулатов кітаптары сыналатынын ескерсек, «Қазақң газетінің Сұлтанмахмұтты тікелей көздегені расқа шығады. Пікірін «дүниеге шығаруда кісі бетіне қарамайтынң ақын «Қазақтағың ағаларын ренжітіп алғанға ұқсайды. Өз шығармаларына қоса «Айқапң бетінде басылған «Қазақң газеті және ұстанымы туралы пікірлер де ұйымдастырушы есебінде Сұлтанмахмұттың «кінәсің саналған. Сондықтан «Қазақң газетінің басындағылар «Айқаптыңң шығарушысы М.Сералинге ықпал етіп, Сұлтанмахмұтты журналдан кетіруі әбден мүмкін. Редакцияның Сұлтанмахмұттың кеткенін хабарлап, енді оның журналмен «ешбір қатынасы болмайдың деп жазуының өзі де «Қазақң алдындағы ақталу сияқты.

«Айқаптанң кеткеннен кейін, 1914 жылдың жазында Сұлтанмахмұт өз еліне – Баянауылға барады. Аулында біраз уақыт бала оқытып, қаражат жинап алып, үлкен қалалардың біріне оқуға кетуді ойлайды. Ел жастарын оқуға, білім жолына тартатын мәдени-ағарту ұйымын құруға талап жасайды. Өзі «Шоң серіктігің деп атаған осы ұйымның алдына тұрмысы нашар, кедей оқушыларға көмектесу, оқуына қаражат беру, ел ішіне газет-журналдар алдырып, кітапханалар ашу, оған хат білетін адамдарды тарту, ақын-жазушылардың шығармаларын бастыру7 міндеттерін қояды. «Серіктіктіңң мақсаты ақынның «Шоң серіктігінң ашарда «Шоң серіктігің туралы көпке істеген баяндаманың басың, «Бұл баяндаманың арты мынадай сөздермен тынадың деген өлеңдерінде де айтылған. Алайда, ақынның ойы іске аспайды. Не «Шоң серіктігінең, не өзінің оқуына қаражат жинай алмайды. Көмектесер деген үмітпен барған адамдары ықылас-пейіл танытпайды. Тағдырына наразылық білдірген біраз өлеңдерді («Күнделік дәптеріненң, «Қос үйң, «Бір адамғаң) ақын осы кездегі көңіл күйі әсерімен жазған.

1914 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт Семей қаласына келеді. Бірақ төменгі дәрежедегі оқудан жасы асып кетіп, жоғарғы дәрежедегі оқуға білімі сәйкес келмей, орналаса алмайды. Өз бетімен кісі жалдап оқуға қаражаты болмайды.

Бұл жағдайлар тағы да Сұлтанмахмұттың көңіл күйін бұзады. Ақын ойының іске аспағанына, мақсатына жете алмағанына күйініп, жан дағдарысын бейнелейтін біраз өлеңдер («Ләнет бұлты шатырлапң, «Алты аяқң, т.б.) жазады. Ақырында басқа амалы таусылған ол Алтай бойына (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданына) жалданып бала оқытуға кетеді. Онымен Семейде кездескен Өр Алтайдағы Қаратай елінің болысы Әбдікәрім Ережепұлы Шыңғыстай аулынан төрт кластық мектеп ашқан екен. Соған орысша, қазақша оқытатын мұғалімдер тартқан. Сұлтанмахмұт қазақша бала оқытып, орыс мұғалімінен орысша сабақ алуды да ойлайды. Сөйтіп Әбдікәрім болысқа еріп Қатонқарағайға кетеді. «Қатонқарағайға кеткенім, – деп жазды күнделігіне ақын, – ызаға шыдамай, ең шыны күн көру үшін. Қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жарайтын болды. Семей – қанша айтқанмен қалалы, сынды жер ғой, арасында кем көрініп жүргенше, парықсыз қазақ арасына кетейін деп ойладымңvii.

Қатонқарағайда бірер жылдай істеген Сұлтанмахмұт кейін Зайсанға ауысады. Оған Әбдікәрімнің Бағила деген қызына ғашық болуы, мұғалімнің ниетін білген болыстың қызын тездетіп, айттырған жеріне ұзатып жіберуі себеп болады. Сұлтанмахмұт осы тақырыпқа жаңа шығарма жаза бастайды да, «Әжібай болысң («Кім жазықты?ң) атты өлеңмен жазылған романын Зайсанда аяқтайды. Оны «Қазақң газеті жариялаған (Есенғұл Мамановтың қаржысы) роман бәйгесіне жібереді. Бірақ қолжазба жоғалып кетеді. Қазіргі қолда бар нұсқа – ақынның өзінде қалған, толық емес қолжазбасы.

1916 жылдың жазында патшаның қазақтардан солдат алу туралы жарлығының шығуына байланысты ел ішінде қобалжу басталады да, Алтай, Тарбағатай бойындағы ел Қытайға ауа бастайды. Сұлтанмахмұт осы кезде Семейге қайтады. Бірақ онда көп тұрақтамайды. Еліне барады. Содан күзде оқу іздеп Томск қаласына жол тартады. Онда Томск Технология институтының студенті Әлімхан Ермековтің (кейін математика профессоры болған, репрессияға ұшыраған) көмегімен даярлық курсына түсіп орысша оқиды. Әрі емделеді. Тұрмыс қиыншылығына қарамай, орысша білім алуға жол ашылғанын ол қуаныш етеді. Сол кездегі күнделігіне: «Жұмасына екі ғана обед етем (ет татам). Құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным – ала қағаздың беті... Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң тұрмыс қандай жүк салса да, көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақң9 – деп жазады. «Ол бір қыстың ішінде орыс тілі грамматикасын, әсіресе, синтаксисі мен этимологиясын жете меңгеріп алды. Орысша жақсы сөйлемегенімен, жазуға, ұғынуға келгенде, өте жетік болып шықты. Ол менің үйімнен Л.Толстойдың, Руссоның, т.б. саяси брошюра кітаптарын оқып жүрді және оны терең түсінетін едің10 – дейді Ә.Ермеков.

1917 жылдың ақпанында Ресейде буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жеңіп, патшаның тақтан түскені мәлім. Патша отаршылдығы мен қоғамдық әділетсіздікке қарсы күрескен Сұлтанмахмұт «Мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауы иттікңviii1 деп, 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келеді. Семейде ұйымдасқан Қазақ комитетінің жұмысына қатысады. 1917 жылдың жазында Алаш партиясының құрылуын, Ұлттық автономия ұйымдастыру талабын қолдап «Алаш ұраның, «Таныстыруң сияқты шығармалар жазады. «Сарыарқаң газетінде өлеңдер мен мақалалар жариялайды. 1917 жылдың қазанында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алушылар ішінде болып, «Әлиханның Семейге келуің («Сарыарқаң, 1917, 30-қазан, 13-қараша) атты мақаласын бастырады. Онда ұлт көсемінің халықтық еңбегі мен оны қарсы алушылардың сезімі көтеріңкі күйде суреттеледі. Осындай қарбаласта жүріп Сұлтанмахмұт денсаулығын нашарлатып алады. Қыс бойы Тобықты ішіне барып, қысыр сауғызып қымыз ішіп емделеді. Бірақ меңдеген ауру бой бермейді. Қайтып келіп көрінген Семей дәрігерлері де жарытымды кеңес бере алмайды. Содан ол туған еліне – Баянауылға кетуге мәжбүр болады. Бұл кезде жаңа құрылған кеңес өкіметінің ықпалы ел ішінде тарай бастаған еді. Ол Керекудегі революциялық комитет жұмысына қатысып, елдің кедей шаруаларына ара түседі, дау-жанжалдарды әділ шешуге араласады. Елде ол қоғам дамуының жолы, таптар тартысы мен күресі жайында көп ойланады. Саяси-философиялық әдебиетке көбірек көңіл бөліп, К.Маркстің, Г.В.Плехановтың, Н.Г.Чернышевскийдің, В.И.Лениннің шығармаларын оқиды. «Адасқан өмірң, «Кедейң, «Айтысң сияқты поэмалар мен «Осы да әділдік пе?ң, «Өң бе, түс пе?ң, «Дауылдағы әбігерң, «Ғайса кім?ң деген өлеңдер жазады.

1920 жылы 21 мамыр күні ұзақа созылған аурудан Сұлтанмахмұт қайтыс болады.

ХХ ғасыр басындағы жаңа әдебиеттің әдеби-эстетикалық тұғырнамасын қалыптастыру iсiне Алаш қаламгері Сұлтанмахмұт Торайғырұлы (1893-1920) айрықша атсалысты. Алдына биiк мақсат қойған ақын бұл туралы бiр сөзiнде: “Қолымнан келмейтiн әдебиет сынауға кiрiстiм. Осы күнi өз сыныма өзiм ұяламын”,-деп кiшiлiк танытыпты. Мұны ақынның шығармалар жинағындағы (1933) алғысөзiне дәйек еткен Ж.Аймауытұлы: “Өзi солай десе де, ол кезде өлеңнiң қайткенде өнер болатынын, тiлдi таза сақтап, бөгде тiлдi араластырмау керектiгiн айту маңызсыз да емес едi,”-дейдi. Ұлы жазушының бұл ойын сұлтанмахмұттануға үлес қосқан ғалым Б.Кенжебаев: “С.Торайғыров - әдебиет, қазақ әдебиетi жөнiнде де пiкiр айтқан, оған өзiнше көзқарасы бар жазушы”,-деп толықтыра түседi.

Сұлтанмахмұттың алғашқы әдеби-эстетикалық пайымдаулары “Айқап” журналында жарияланды. 1913 жылы жазған “Өлең һәм айтушылар”, “Жаңа кiтап” (М.Дулатұлының “Азамат” жинағы туралы), “Қазақ тiлiндегi өлең кiтаптары жайынан” атты малаларынан қаламгердiң туған әдебиетiне жаны ауруы, бүгiнi мен келешегiне қам жеуi аңғарылады. Сонымен қатар осы еңбектерiнде ақынның руханият туралы тұжырымдамасы, әдебиеттегi сауаттылық пен жауапкершiлiк жөнiндегi пiкiрлерi көрiнiс тапқан.

Ақын да - өз заманының перзентi. Перзент болып, заман желiнiң ығымен кету де бар немесе дауылдың өтiнде тұрып, елге қалқан болу да бар. Жас Сұлтанмахмұт шамасы келгенше жұртына қорған болуға тырысты. Халықтың өзiн қорғады, сөзiн қорғады. Кiмнен? Надандықтан, керi кетуден, саф әдебиеттi бұзатын сауатсыздықтың шаң-тозаңынан. Бұларды көрiп ақын: “Көңiл қарайтып, рух бұзатын ескi балдыр-батпақ өлеңдердiң тұсында әннiң базары аспанға шығып, мынандай жаңа рух, таза қан, түзу кеуiлдi халқымызға қолмен жұлып тыға алмай жүрген тарылмалы заманда сөне қалуы – баяғы ашылмаған халықтың соры-дағы”,-дейдi (“Өлең һәм айтушылар”).

С.Торайғырұлының ұғымындағы “жаңа рух, таза қан, түзу кеуiл” – елдi ағартудың сапалық сатысының сипаты. Ендi оған ненiң күшiмен қол жеткiзуге болады деген мәселедегi ақынның тұжырымы мынандай: “Бiр халықтың сүтпен бiрге байланысқан iрiк-шiрiк қара кеуiлдерiн аршып, жаңа рухпен қандандыратын, таза пейiлмен жандандыратын мәшiн – шын жүректен шып-шып шырқырап шыққан өлең, жыр, әдебиет деген нәрсе болады”.

“Өлең һәм айтушылар” мақаласының авторы әдебиеттi ән-күйден бөлек қарамайды. Ойы - өнердiң бәрi үйлесiм тауып, “жүрек қозғап, буын босатып”, жақсылыққа бастаса дегенге саяды. Осы орайда қаламгер: “Әндегi рух сүйегiңе сiңедi, құлағыңда қалады. Соның үшiн ескi кiсiлер “пәленнiң өлеңiнде де бар ғой” деп келтiрiп отыратын. Не ғажап!”-деп жазады. Немесе: “Бiр халықтың әнi кетсе, әдебиетi жесiр қалады, сәнi кетедi. Сәнi кетсе, жаны кетедi”,-деп түйiндейдi. Соңғысы жоғарыда сөз болған Әлихан пiкiрiмен үндес. Осылай түйдектей сөз саптап, бiр-бiрiмен байланысып жатқан құбылыстарды түсiндiру – алашта әлiмсақтан бар өнер. Бiзге оны Сұлтанмахмұттың қалай игергенiнен гөрi (шебердiң жайы белгiлi), сол дәстүрмен ненi айта алғаны тағылымды.

Ақын әлеуметке қарап: әдебиет пен өнердiң жандануына тiлектес бол, себебi ол - өз тағдырың, ұлтыңның тағдыры дейдi бұл еңбегiнде.

“Жаңа кiтап” – шап-шағын мақала. Алайда мұндағы автор ойы шағын дей алмаймыз. Мақала: “Азамат” – Мiржақып Дулатов жазған өнегелi өлең кiтабы” деп басталады. Қаламгер бұл кiтапты “бөтен тiлден аршыңқы, мағынасы терең… қара жамылып, қайғы жұтып тұрған кезде жазған ғой” дей отырып, “кейбiр уәзiнiн” жалпылама сынап өтедi. Десек те осы еңбектегi маңызды ой мынау деп бiлемiз: “Қанша дегенмен “жаманның барынан жоғы жақсы” дейтiн мезгiл болыңқырады ғой”. Бұл – сапалыққа бет түзеудiң белгiсi. Сұлтанмахмұт үшiн “қазақта жоқ” деп әр нәрсенiң басын шалу, немесе әлге қарамай құшаққа симайтынды құшу қажет емес. Ақын ойынша, әр нәрсе iстелсе түптеп, тереңдеп жасалуы тиiс, ұлтқа керегi – сапа және тазалық (1914 жылы жазған “Өмiрiмнiң уәдесi” атты өлеңiнде: “… Iншалла, бәрiн түгел ұғам басқа …Жүректiң қазынасы тазартылса, Пайдасын көрер әлi-ақ ертең халқым” дегенi белгiлi).

С.Торайғырұлы ғасыр басында (өз тұсында) шыққан кiтаптардың тiлi туралы мақаласында (“Қазақ тiлiндегi өлең кiтаптары жайынан”) да жаңа әдебиет пен көркемдiк мәселесiне тоқталып өтедi. Қазақ рухани қауымының жаңалықты қалай күткенiн қаламгер былайша бейнелеп жеткiзедi: “Жаңа бiр жас иiс туды дегендi құлақтары шалса, қолдарын жайып, құшақтарын ашып, иiскеуге мұрындарын, сүюге ауыздарын даярлап тұрмақ та”. Бiрақ жаңаның да дұрысы мен бұрысы бар. Сұлтанмахмұт мұны тiлi мен көркемдiгiне қарап айырады. Ақынның пiкiрiнше, ендiгi жерде “шағатай тiлi” қазақтың жаңа әдеби тiлiне мүлдем жат, “қайта бұрынғыларымыз “хикаят” болса да тiлi қазақша, рухы қазақ рухына бейiм”. Бұл орайда автор не ұсынады? “Пайғамбардың жүрегiнен құйылған Құрандай, соқыр кiсi сыбдырынан танырлық аққұла ашық” әдебиеттегi Абай жолын үлгi етiп ұсынады. Бұған қоса Ахметтiң “Қырық мысалындағы” мысал қорытындыларын, Мiржақыптың “Азаматындағы” “Қайтер едiң?” мен “Шағым” өлеңдерiн өнеге тұтады. Осыларды ерекше атауының себебiн С.Торайғырұлы: “Айтқандары артығыменен шын. Шын жылаған жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаның сөлi болғандықтарынан сезiлмейдi, сезiлсе де басқалардiкiндей көзге қатты, көңiлге суық тимейдi. Қайта өзiңдi сүйсiндiрiп әкетедi”,-деп түсiндiредi. Бұл пiкiрде поэзияны сезiммен түйсiну де, зейiнмен

түйсiну де бар. Өлеңдi ақын болып байқау да, әдебиетшi болып байқау да бар. Ақынның осы қабiлетi мына жолдардан да аңғарылады: “Туыстағы (ел – Д.Қ.) тұрмыс дертi зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, сай-сүйегiң сырқырарлық ащы зарлы бебеулерiн қағып, көңiл толғағын, жүрек түйiнiн тарқатады. Мен анық ақсүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын”.

Осы пайымдар С.Торайғырұлының әдебиетке жiтi назар салғанын көрсетедi дей аламыз. Әрине, әдебиет тарихы үшiн Сұлтанмахмұт бiрiншi – ақын. Онан соң әдебиетшi, қайраткер, т.б. өзге де қыры ашыла бермек.

Ақынның өлеңдерiнен де әдеби-эстетикалық пiкiрлерiн кезiктiруге болады. Мысалы, Ахметтiң “Масасы” туралы шығармасында ол:

Өткiрсiң наркескеннiң алмасындай,

Жүйрiксiң “полный ходтың” арбасындай.

Сен – сұңқар, көңiлi соқыр сенiмен қас,

Өзiнiң болмады деп қарғасындай,-

дейдi. Бұл - өлеңнiң бiр шумағы. Бiрақ осының өзiнен “Масаға” берiлген нақты баға, әсiресе кiтаптың идеясын дөп көрсету, надан ортаның сипатын айқындау аңғарылады.

Сұлтанмахмұттың “Асыл сөз” атты өлеңi көпке мәлiм. Әдебиеттiң (адабият) түп мағынасы – асыл сөз. Ақын мұны қалай ұғады?

Асыл сөздi iздесең,

Абайды оқы ерiнбе.

Адамдықты көздесең,

Жат тоқып ал көңiлге.

Ендi осы үзiндi мәтiнiне назар салайық. Толық сенiммен айта аламыз: мұндағы “жат” – етiстiк емес, жақын деген мағынадағы сөз. Осы сөз ертеде (ХХ ғасырдың бас ширегiнде) “жақын” мәндес болғанында дау жоқ.

С.Торайғырұлының қазақ ақындары мен жалпы шеберлiк жөнiндегi ойлары 1918-1919 жылдары жазған поэмаларынан да ұшырасады. Айталық, “Таныстыру” поэмасында “оқыған қазақтың” аузына Ә.Бөкейханның “Қарақыпшақ Қобыланды”, т.б. еңбектерiнде кезiгетiн пiкiрлерiне ұқсас сөздердi салады. “Оқыған”: эпосты жырлаған жыршылардың (мәтiнде ақын) айтқаны тарихқа сәйкес келмейтiнiн, бiрақ бұлардың жаратқанға қатысты сөзi ұшқыр екенiн, алайда оларда бiлiм жетiспей жататындығын, бұл тұрғыда Абай “биiк бұлтқа” жеткенiн айтады. Сондай-ақ ол “биiк күнге” жеткен Толстой бар деп, қазақ әдебиетiнiң тырысса шығар асқарын да меңзеп кетедi. Зиялы қазақ iшiнiң әдебиетке қатысты мәселесiн де айналып өтпейдi. Осы орайда ол:

Талантқа ауа қайда ер жетуге,

Жүректiң қанын жылытып тербетуге,-

деп бiр қайырса, ендiгi бiр жерде:

Әлпештеген секiлдi жас баланы,

Талантты кiм асырап, кiм алады.

Әлихан айтқандайын: “Қыр iшiнде

Домалап неше меруерт жоғалады”,-

дейдi.

“Таныстыру” ақындар туралы поэма емес. Шығармада қайраткерлер (iшiнде Шәкәрiм де бар) таныстырылады. Ал осында әдебиет жайының сөз болуын Сұлтанмахмұттың “жаңа рух, таза қан, түзу кеуiлдi” әдебиет қана тудыра алады деген райдағы ойымен түсiндiре аламыз.

Осы сарындас пiкiр ақынның “Айтыс” поэмасында да бар. Мұнда ол Алаштың қилы тарихы контексiнде қазақ ақынының бейнесiн сомдайды (“дала ақынының” сөзiмен). Сұлтанмахмұт оны жай әңгiме үшiн емес, үлгi етiп айтады.

Даламның ақындарын айтсам сiзге,

Үлгiге сөз патшасын сонан iзде.

Миға – тамақ, жүрекке сусын берiп,

Даңқы кеткен ақын көп бұл үш жүзде.

Қазақтың өмiрiне айна болған,

Өмiрге илһәм құйылар жайда болған.

Қалың топта домбыра қолына алса,

Жаратқыштық бiр қуат пайда болған.

Қазақ ақынының өнерпаздық қуаты, халық сөзiн сөйлеуi, көкейдегiнi тауып айтуы, ханнан да тайсалмауы, ер мен елдiң атын шығаруы, ез бен опасызды әшкере етуi, ақшабет сұлуды, тегеурiндi қыранды, жүйрiк сәйгүлiктi әуелете әнге қосуы – бәрi шығармада өлең болып өрiлген. Осында “қаны жылап, жаны сүйсiнiп, жүрегi иген”, “жанына жарық түсiп, тiлi байланған”, “белгiсiз бiр ләззатқа мейiрi қанған” тыңдаушының да бейнесiн көремiз. Әлбетте, оны бұл күйге түсiрген ақын шеберлiгi. Бұл ақын – ақын ғана емес, ел үшiн туған азамат:

Жауыздықты көре алмас салқын қанмен,

Алла оған: “солай бол!” деп қылған пәрмен.

Дала ақыны ана тiлiне қатысты ойын бiлдiрген тұста оны түрлеткен жалпы халық ауыз әдебиетiн жасаушыларды, сондай-ақ Бұқар, Жанақ, Шөже, Орынбай, Абай, Ахмет, Мiржақып, Мағжандарды атап өтедi. Олардың сөзiмен халық рухтанады дегендi айтады. Тiл мен әдебиеттiң ұлт өмiрiндегi орнын:

Тiлiм де, әдебиет те – жаныма азық,

Һәм болардай көңiлге наныс қазық,-

деп анықтайды.

Сұлтанмахмұт – жаңа әдебиетке тiлекшi ғана емес, ол – бұл әдебиеттi жасаушы. Роман бәйгесiне қатысып, “Қамар сұлу”, “Кiм жазықты?” шығармаларын жазуы – осыған дәлел. Сондай-ақ “қазақ әкiмдерiнiң тұрмысынан үш перделi пьеса жазғаны” да мәлiм болып отыр (бiрақ қолжазбасы жоғалып кеткен).

С.Торайғырұлының жалпы руханият туралы пiкiрлерiн зерделей отырып, мынандай қорытынды жасаймыз: бiрiншiден, елдi жаңарту iсiнде әдебиет пен өнердің орны алдыңғы қатарда екенiне ақынның шүбәсi болмаған; екiншiден, өз талабымен ағарып, бiлiм жиған, шеберлiгн шыңдаған Сұлтанмахмұт әрiптестерiне, әдебиетке бет бұрған замандастарына осы жолды нұсқаған және одан әлдеқайда биiк Абай жолы барын айтқан; үшiншiден, қаламгер тiл тазалығына ерекше көңiл бөлген; төртіншіден, ұлт өмірінде тазалық пен жауапкершіліктің маңызын айрықша атаған.

Ақын «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдары мен «Кедей», «Адасқан өмір» поэмаларында да көркемдік биігінен танылды.

Осының бәрi жинақтала келiп, Сұлтанмахмұттың руханияттағы “жаңа рух, таза қан, түзу кеуiл” тұжырымдамасын құрайды.

ХХ ғасыр басындағы тарихи поэмалар мен жаңа романдардың тақырыптық-көркемдік ерекшелігі дегенде, біз мынаны ескеруіміз қажет: бұл шығармалардың бірі дерлік әдебиетіміздің жаңа белесі еді, сонымен бірге осы туындылар бір жағынан ағартушылық кезеңге мықтап қызмет етсе, екінші жағынан жыл құсындай келген жанрлардың лайықты орнығуына себепші болды.

ХХ ғасыр басындағы әдеби көсемсөз әдебиет сынын тудырып, көркем әдебиеттің дамуы, әдеби үрдіс пен оны зерттеу мәселелерін күн тәртібіне қояды. Көркем әдебиеттің жанрлық түрлері дамып, поэзия, проза, драматургия жаңа ізденістерді көрсетті. Әдеби жинақтарда ауыз әдебиетінің үлгілері мен мұралары жариялана бастады. Бұл басылымдар туралы әдеби пікірлер де жүйеленіп беріле бастады.

Кітап шығару ісі алға басты. ХХ ғасырдың алғашқы 20 жыл ішінде бес жүзге тарта кітап жарық көргені белгілі. Бұлар ауыз әдебиетінің үлгілері, діни сюжеттегі көркем туындылар, қиссалар, әдеби жинақтар, әліппелер мен оқу құралдары, көркем туындылар, әдебиеттанушылық зерттеулер. Атап айтсақ, Әбу Әли ибн Сина, Қожа Ахмет Яссауи, Шортанбай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Мөңкеұлы т.б. шығармалары жеке кітап болып жарыққа шықты.

Мамандардың айтуы бойынша, ХХ ғасыр басында 322 кітап қазақ тілінде жарық көрген. Осы кезде жарық көрген М.Нұрбаевтың “Қазақша әліппе”; “Ғалия” медресесі шәкірттері шығарған “Әліппе яки төте оқу”; Қ.Қожықовтың “Әліппе”; М.Көшімовтың “Ақыл кітабы” (1903), “Әдеп”, “Үгіт” (1907); М.Малдыбаевтың “Қазақша ең жаңа әліппе” (1910); А.Байтұрсынұлының “Тіл құралы” (1915), “Оқу құралы” (1912, 1914, 1915); М.Дибердиевтың “Қазақ балаларына кираәт кітабы” (1910); А.Аңдамасовтың “Қазақша оқу кітабы” (1912); Т.Жомартбаевтың “Балаларға жеміс” (1912); С.Көбеевтің “Үлгілі бала” (1912) атты оқу құралдарында қазақ тілінің қолданылу мәселелері мен әдебиетті танытуға ерекше назар аударылды. Ы.Алтынсариннің “Хрестоматиясы” көркем мәтіннің тәрбиелік сипатын, оның балаларға түсінікті жазылуы мәселесін алға тартты. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануындағы зерттеушілік ойдың дәрежесін М.Сералиннің “Шахнамадан” аударған “Рүстем-Суһрапқа” жазған “Сөз басы” ғылыми мақаласынан айқын көрінеді. Әдебиетші Фирдоусидің өмірі мен шығармашылығы жайлы толық мәлімет келтіре отырып, ол жазған классикалық мұралардың жазылу тарихын, оның басқа тілдерге аударылуы мен зерттелуін талдайды.

Кеңес кезінде ескерусіз қалған бұл пікірлердің мәні зор екені сөзсіз. ХХ ғасыр басындағы баспасөзде сол кездегі ақын-жазушылардың туындыларын талдаған мақалалармен қатар әдеби-танымдық мәселелер де көтерілгені анық. Ол талдаулар жанрлық тұрғыдан жүргізілгендіктен ұлттық әдебиеттану ғылымында теориялық ұғымдар мен түсініктердің қалыптасуына тікелей әсер етті. Қазақ тілінің тазалығы, қазақ өлеңінің құрылысы т.б. турасындағы ғылыми-теориялық ой-пікірлер осы кезеңде ерекше қарастырылды. Заман талабына сай ескі шағатай тіліндегі, араб, парсы әдебиеті әсерінде туған мұралар сынға ұшырап, олар ұлттың жаңа әдебиетіне кері әсер етеді деген пікірлер де орын алды.

“Айқап” журналында қазақ тілінің тазалығын сақтау мен қазақ поэзиясының “ескі” және “жаңа” өлеңі туралы пікірлер айтылды. Осы орайдағы әдеби сынның жетекші рөл атқарғаны туралы арнайы зерттеулер жазыла бастады. Атап айтсақ, С.Торайғыровтың “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” (1913ж Айқап, №13) атты мақаласында қазақ поэзиясының даму жолы мен көркемдік жетістіктері жан-жақты қарастырылған. Ақын-әдебиетші “Бұрынғы “Зарқұмдарды” құмға көміп, “Сал-салдарын” суға лақтырып, пері қыздарын аспанға ұшырып, ақырында ескі достарына қош айтыса бастаған” қазақ өлеңінің қисынын анықтап, түр мен мазмұны сай, көркемдік деңгейі биік, ойы терең мағыналы өлеңдер қазақ әдебиетінде көп емес екенін ескертеді. Әдебиетші өлеңге нақты көркемдік шарттар қойып, ақынның “...күндікке ізденіп, өзіңше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан керекті-керексіз сөздің...” бәрін көркем туынды деуге қарсы. “Кейіп жоқ, келісім жоқ “қатын ойбайды” өлең деп бағалаудан да аулақ. С.Торайғыров “Милли шиғыр”, “Әдебиет өрнегі”, “Ахырет” деген өлең жинақтарын (авторы белгісіз) талдай келе: “Қайда қиысқан назым? Қайда көңілге, тілге ұнау... Теп-тегіс өрескелсіз өлең?...”, - деп, қатты сынға алады. Әдебиетші С.Торайғыров қазақ тілінің тазалығы, өлең құрылысы теориясын қазақ поэзиясының “ескі” және “жаңа” өлеңдерін жүйелей отырып, өлең қисынына нақты ұсыныстар жасайды. Өлеңнің мағыналы, көркем болуымен қатар оның қажетті тақырыптар мен жаңа идеяларды жырлауын, оның “анық ақсүйек, аты жоғалмайтын “өлең”, “өнер” деген атауға сай әдеби туынды болуын шарт қылды. Осы ретте әдебиетші С.Торайғыров Абайдан үлгі-өнеге алуды ұсынып, қазақ поэзиясының келешегі осы Абай бастаған жол екенін дәлел етті.

Әдебиетші С.Торайғыров мақаласындағы әдеби-теориялық талдаулар “Қазақта” шыққан Ә.Бөкейханның “Ән, өлең һәм оның құралы” (1914, № 67) мақаласына да тән. Ә.Бөкейхан өнер мен әдебиеттің қоғамдық міндетін анықтап, өлеңді әуен – музыка өнерімен сабақтастыра қарастырады. Зерттеуші талдауларын М.Лютер, Гете, Шопенгауэр, Бетховеннің пікірлерімен дәлелдеп, ғылыми негізге бұрады.

“Жазу тәртібі”ix атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлының қазақша жаңа жазу жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып, қалай жазылса, солай оқуды құптап, кейбір басқа пікірлермен айтысқа түсті«Қазақша сөз жазушылар» (1913) атты мақаласында: «Қырық мысал», «Маса» турасында айтатыным: олар халық үшін жазылған нәрсе, халық айтуынша жазылған. Өз тілімізді шығарып емле түзегенше, халықтың айту ауданынан шықпаймыз». А.Байтұрсынұлының араб Әліп-биін жақтаған баяндамасы «пәнді мәселені қарауға» («Жаңа низам», 1926, № 7-8) арналған. Осы баяндамада А.Байтұрсынұлы араб жазуы туралы тарихи маңызы зор мәлімет береді: «Түрік жұртының 90% баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жасалған хат мәдениеті бар». Әдеби терминдерге қатысты А.Байтұрсынұлы «Түрікшелер құрылтайы» атты мақалада өзінің «Пән сөздерінің жүйесі туралы. Түрік тілінің пән сөздері туралы» баяндамасын талдап береді. Осы орайда терминдерге қатысты басты қағидасын түсіндіреді: «Пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жол тұтынды, басқа түріктер әдебиет тілі араб, парсы сөздерімен шұбарланса көркем болады дегендіктен, екінші, өз тілдерінен пән сөзіне лайық сөздер іздеуге ерініп дайын пән сөздерді ала бергендіктен, түпкі ана тілімен әдебиет тілі бөлектеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып, жойып жіберу дәрежеге жеткен. Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың қат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді. Тіл арасына жік түсіп айырылмас үшін, жат сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды. Ол тәртіп қазақ білімпаздарының тұңғыш тобында қабылданғаны айтылды».

Ғасыр басындағы әдеби бағыттағы ой-пікірлер халықтың сөз өнерінің үлгілері негізінде жүзеге асты. Айталық, “Айқап” журналындағы С.Ғаббасовтың “Тарих қазақ жайынан” (1915, № 14, 15); Қазақұлының “Ғылым бабы” (1911, № 1); Д.Қашқымбайұлының “Кел, қазақ, ел болайық” (1911, № 6); М.Сералиннің “Қай заман қазақ Россияға қараған” (1914, № 1), “Қазаққа тарих керек пе?” (1912, № 7); М.Ж.Көпеевтің “Туысқан бауырларыма бір насихат” (1912, № 7, 8); “Қазақ” газетіндегі М.Дулатұлының “Алаш не сөз” (1913, № 15), “Тарихи жыл” (1917, № 212); Түрік баласының “Қазақта муфтилік мәселесі” (1913, № 11), “Тарих жайынан” (1913, № 2-9); Ә.Бөкейханның “Шәкәрімнің түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі”x атты мақалалардағы әдеби-тарихи мәліметтер ұлттық әдебиеттануға, оның кәсібиленуіне зор үлес қосты. Ғұмар Қараш “Тіл-әдебиет” атты мақаласында әдебиеттің орны мен мәнін бағалай отырып, оны таныту істерін жетілдіруді меңзейді: “Тіл-әдебиет бір миллят үшін әлбетте керек. Оның керектігі турасында жазылмақ сөздердің бәрінде бұл орында жазып бітіру мүмкін емес… Біздің де өзімізге айырым тіл-әдебиетіміз әлбетте бар. Жоқ болса оны болдыруға, көміліп жатқан мол қазынаны дүние жүзіне шығаруға, үлкен-кіші, баршамыз да борыштымыз һәм міндеттіміз” (Айқап. 1912, № 10) Ғ.Қараш осы орайда: “Бізде әдебиет бар ма? Бар болса ол қандай?” деген сауалдарды батыл көтереді.

ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеттану ғылымында абайтану саласының тұсауы кесілгенімен ерекшеленетіні белгілі. Алаш ардагерлерінің ұлы ақын шығармаларына қатысты әрбір мақалаларында ұлттық әдебиеттану ғылымының нақты мәселелері көтеріліп, әдеби-теориялық тұжырымдар, әдебиеттің тарихи негіздері қарастырылған. Бұларда Абайдан үйренуге шақыру, оның қазақ әдебиеті үшін үлгілі шығармашылығының қырларын насихаттау басты нысанаға алынған. Атап айтсақ, осы кезеңдерде тек ақынның шығармашылығы жөнінде Ә.Бөкейхан “Абай (Ибраһим) Құнанбаев” (Семипалатинский листок. 1905, № 250) мен К.Ысқақұлы (Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген кітабына алғысөзі) бастаған зерттеулер қатары А.Байтұрсынұлының “Қазақтың бас ақыны” (Қазақ. 1913, № 40, 43), М.Дулатұлының “Абай” (Қазақ. 1914, № 67), “Абай” Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына жазылған (Қазақ. № 67, 23 маусым), Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің “Абайдың өнері һәм қызметі” (Абай. 1918, № 2, “Екеу” деген бүркеншік атпен), М.Әуезовтің “Абай” (“Қоңыр” деген бүркеншік атпен 1922 жылы “Шолпан” журналының 4-5 сандарында “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі”), І.Жансүгіров (Ташкенде шыққан “Абай кітабы” (1922) “Тілші” газеті, 1923, 8 мамыр), М.Жұмабаев “Алтын хакім Абайға” (1912), Т.Шонанов, Н.Төреқұлов “Әдебиетімізге көз салу” (Қазақ, 1916, № 164), Ғ.Сағди “Абай” (Ақжол, 1923, № 335), Дж. Кеннан “Абайдың орыс достары”. Кіт.: Дж. Кеннан. Сібір және жер аударылғандар. 1906, З.Әміре “Әдебиет қазақия яки қазақтардың тіл өнері” (Уфа, 1909), В.Н.Белослюдов “Абай жүрген ізбенен” (1985). Кіт.: Белослюдовтің қолжазбасынан”, Н.Рамазанов “Абай Құнанбаев” (1845-1904) орыс тілінде (Мәскеу, “Әлшархият” (Восточный сборник в честь А.Н.Веселовского.), 1914, 224-227 б.б.) т.б. еңбектер жарық көрді.

Ақын С.Торайғыров абайтануды өлең жолдарымен зерделеп, дамыта түсті. М.Дулатұлының мақалаларынан қазақ әдебиеттануының басты мәселелері аңғарылады. Ұлттың жазба әдебиетінің негізін Абай қалаған болса, оны алғашқы құрушылардың бірі Шоқан екені анықталған.

Ғасыр басындағы қазақ зиялылары К.Ысқақұлы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының т.б. әдебиеттану саласындағы ойлары тың жаңа ізденістері Т.Кәкішев, Ж.Смағұл, Ө.Әбдіманов еңбектерінде арнайы зерттелгенін айта кету орынды1.

Әдебиеттер:

  1. 2 Торайғыров Сұлтанмахмұт. Шығармаларының толық жинағы. Алматы, 1933. –11-б.

  2. 3 Торайғыров Сұлтанмахмұт. Екі томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. А., 1993. 20-бет

  3. 7 Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапхана қоры. 656-б. 313-бет.

  4. 8Торайғырұлы Сұлтанмахмұт. Шығармаларының толық жинағы. А., 1933. 17-бет.

  5. 9Сонда, 21-бет.

  6. 10 Торайғыров С. Екі томдық. Екінші том. А., 1962. 256-бет.

  7. 11Еспембетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров. А., 1992. 30-бет.

  8. Жазу тәртібі // «Айқап», 1912.

  9. Смағұл Ж. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Алматы: Қазақ ұлттық ун-ті, 1999. 123-б.

6-дәріс. Ұлттық саяси күрестің әдебиеттегі көрінісі мен жаңа ағартушылықтағы бастамашыл істер. Әлихан, Ахмет, Міржақып шығармашылығы

Мақсаты: Ұлттық саяси күрестің әдебиеттегі көрінісі мен жаңа ағартушылықтағы бастамашыл істер. Әлихан, Ахмет, Міржақып шығармашылығындағы саяси-әлеуметтік, оқу-ағарту мәселелерін талдап түсіндіру.

Сұрақтар:

1. Әлихан Бөкейханов шығармашылығы.

2. Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы

3. Міржақып шығармашылығындағы

Дәріс мәтіні (тезис)

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетiнде көрiнген елшiлдiк-ұлтшылдық ағым жөнiнде мынандай қорытынды жасауға болады: Бiрiншiден, бұл ағым қазақ өмiрiнiң нақты жағдайына байланысты туды. Яки, елшiлдiк-ұлтшылдық – Ресей империясының адам хұқын аяққа таптап, ұлтты ыдырату пиғылына жауап едi. Екiншiден, Ресей империясында мекен еткен шет ұлттардың өмiрiнде, руханиятында көрiнген милләтшiлдiктiң мазмұны ұқсас болғанымен, формасы әр түрлi болды. Бұл ретте түрiк-мұсылман халықтары, тіпті бостандыққа тілектес басқа халықтар бiр арнадан табылды. Қазақ зиялылары милләт сөзiнен тартыныңқырап, ұлт, жұрт сөздерiн актив қолданысқа түсiруi – ортақ күрестегi форманың ғана ерекшелiгi. Үшiншiден, бастапқы елшілдік қимыл-қозғалыстарды Алаш қозғалысына ұластырар тұста қазақ қаламгерлерi аса белсендiлiк танытты. Олар елдiң ауыр жағдайын, оның орын алу себептерiн саралап қана қоймай, қиындықтан құтылудың жөн-жобасын ойлантуға тырысты. Арды алға тартып, намысты қайрады. Төртiншiден, мән-мағынасы тұрғысынан елшiл-ұлтшыл әдебиет қазақ жәдитшiлдiгiн дамытып, Алаштың негiзгi ағартушылығына үлес болып қосылды.

Қазақ қауымын жаңарту қозғалысының басында тұрған Әлихан Бөкейханның (1870-1938) қызметiн бiрыңғай саясатпен шектеуге болмайды. Алаштық кезеңнiң күллi зәрулiгiн сезiнген ол: “Бiлгендi қылам дегенге жұрт керегi қойып жатыр ма? …Мен сыншы (руханият жанашыры деп те түсiнiңiз – Д.Қ.) фарызын өткеруге құл болдым”,-деп жазды. Бұл – бiр. Екiншi, А.Байтұрсынұлы сынды мәдениет секелері өмiр сахнасына шығу үшiн оларға мұрындық болар тыңнан боразда салған қаламгерлер керек едi. Қазақтың данышпан ақыны Абай туралы баспа жүзін көрген алғашқы ең толымды, терең ғылыми еңбек Әлихан Бөкейханның “Абай (Ибрагим) Кунанбаев” (Семипалатинские областные ведмости”, 1906, №250-252) деген орыс тілінде жазылған мақаласы.

Шындығына келгенде, Абай мен Әлиханның жас айырмасы екі-ақ мүшел, екеуі де бір атыраптың, Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің адамдары, сондықтан бұлардың көзі тірісінде ұшырасуы, сұхбаттасуы әбден ықтимал, бірақ ондай сөзді Әлихан жазбайды. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, ағаларының балалары Шәкәрім, Кәкітайлармен қалай танысты, қалай достасты, қалай хат жазысты - бұлар туралы анық деректер келтіреді. Қалай дегенде, Әлиханның Абайды, оның айналасын, шығармаларын өте терең білгендігін айтылмыш мақаладан анық көреміз.

Бұл өзі көлемді болмағанмен деректерге, мәліметтерге, тұжырымдарға, ой-пікірге аса бай еңбек Тобықты руының Түркістаннан Шыңғыстауға келуі, Абайдың туысы, ата-тегі әкесі Құнанбайдан тартып, бабалары өскенбай, Ырғызбай, нағашылары Қаракесек Бошаннан шыққан Бертіс би, Шаншардың әйгілі қулары Қонтай, Тонтайлар түгел аталып, тіпті Қонтайдың, жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды – енді өлмесе болмас” деген сөзіне дейін келтіріледі. Абайдың Семейдегі Ахмет Риза медресесінде 4 жыл, орысша 3 ай оқумен мектептік білімінің шектеліп, қалған уақытта өз бетімен ізденіп араб, парсы тілдерін үйреніп, ислам, шығыс байлығын игеріп, орыс тілі арқылы Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Тургенев, Достоевский, Белинский, Салтыков-Щедрин, Крылов, Толстой, Добролюбов, Писарев, Чернышевский шығармаларын оқып, терең аударып, Спенсердің “Тәжірибелер”, Льюистің “Позитивті философия”, Дрепердің “Европаның ақыл-ой дамуы” кітаптарын зерттеп, европалық биік мәдениет деңгейіне көтерілгенін көрсетеді. Абай ізденістеріне ықпал еткен, әртүрлі кітаптар оқуына жөн сілтеген Грос, Михаэлис секілді саяси қуғындағы адамдар есімі айтылады.

Абайдың қоғамдық қызметі, ескілікпен күресі, ел арасындағы даңқы, бірте-бірте ақындыққа мүлде ден қоюы, шығармаларындағы басты сарындар, Пушкиннің “Евгений Онегин”, Лермонтовтың “Ой”, “Қанжар”, “Желкен”, “Дұға”, Крыловтың мысалдары секілді туындыларын қазақшаға аударуы, оларға музыка шығаруы, қазақ әншілерінің бұларды орындауы – осылар түгел сөз болған.

Балаларына білім беруді мақсат еткен Абайдың ұлы Әбдірахманды Петьербургта оқытуы, ол азаматтың қыршын кетуі, Мағауияның өлімі, тіршіліктің көп күресінің қажытып, ақыры данышпан ақынның опат болуын айта келіп, Әлихан Бөкейхан Абай шығармалары Европаның ең атақты ақындарына абырой даңқ әперер еді деген байлам жасайды.

Әлихан Бөкейханның ғылыми, көсемсөз, әдеби мұрасының ішінде жеке кітаптарға арналып жазылған, бірқыдыру мақала, рецензиялар бар. Алғашқы Құдайбердіұлының “Түрк, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі” (“Қазақ” газеті, 1913, № 12) кітабы сөз болады. Шежіре неше бет, бағасы қанша, қашан басылды, бұрын мұндай еңбектің шықпағандығы, тарихи мәнділігі айтылады да, кейбір нақты мәселелер сараланады. Әсіресе керей руының тарихы, олардың бір кезде христиан дінінде болғандығы, кіреш таңбаны зиратқа, малға басу себептері көрсетіледі. Шәкерім деректеріне қосы Әлихан “Адамзат тарихы” кітабынан, Н.Н.Пантусов зерттеулерінен, географиялық қоғам жазбаларынан қосымша дәйектер келтіреді. Қырғыздардың мөлшермен 1200 жыл шамасында Сібірден Алатауға қоныс аудару себептеріне назар аударылады. Абақан Аша, Қырғыз, Том, Енесай секілді топонимдерге мән беріледі. Алаш ұраны – қалмақтар Ахмет ханды Алаша деп атағаннан шықты деген Шәкерім болжамына орай Әлихан тарихи ұқсату тәсілін қолданып, неміс сөзін орыстар қалай шығарғанын айта келіп, бұл мәселені терең зерттеуді, Найман, Тама елдері жайлайтын Ұлытаудағы, Қаракеңгір бойындағы Алаша, Жошы хандар бейіттеріне қатысты ескі әңгімелерді, көне заманда туған көшпелілер өмірінен хабар беретін өлеңнен, Кеңгірбай биге Қараменде бидің арқылы да Әлихан өз пікірлерін дәлелдей түседі. Автор ғылыми дәлдіктен ауытқымайды. Шәкерім сөздерін қай беттен алғанын нақты көрсетеді.

Және бір сын мақаласын Әлихан тағы да Шәкерім туындысына арнаған. (“Қазақ” газеті, 1915, № 121). Бұл жолы 1912 жылы басылған “Қалқаман-Мамыр” дастаны талданады. Әуелі Шәкерімнің шежіре жазғандығын, Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы екендігін, Абайдың көзі тірісінде көлеңкеде жүргенін, Иван Гусев деген орыс жазушысының “Шәкерімнің білімі қазақта жоқ екен” деген сөздерін келтіріп, “Мұсылманшылық”, “Қазақ айнасы”, “Жолсыз жаза” кітаптарын шығарғанын айтып алып, содан кейін “Қалқаман-Мамырға” ойысады.

Әлиханның көркем шығармаға қояр талабы ұлы жазушылар Абай, Пушкин, Лермонтов, Шекспир, Толстой биіктеріне орайлас, тарихи шындықты дәл берген туындылар қатарында “Патша Борич Годунов”, “Көпес Калашников туралы жыр” айтылып, Шәкерім дастанын сол өлшеммен қарауға талап жасайды, “Белинский сөзге ақын емес, ойға ақын еді” деп те ескертеді. Қазақ ақыны да жұрттың салтын, мінезін, іс қылығын терең көрсетсін деген шарт айтылады. Осы биік тұрғысынан Шәкерім поэмасы талқыға түседі. “Дүниеде адам баласы айналып өтпес екі-ақ көпір бар: бірі - өлім, бірі - махаббат” дей келіп, Әлихан осы ретте поэманың мықтылығы мен олқылығы қай тұстарда деген сауалдарға жауап береді. Қалқаман, Мамыр, Көкенай мінез-әрекеттеріндегі сенімді-сенімсіз жәйттерді көрсетеді. Әдеби шарттылық емес, өмір шындығы, заман мінезі дұрыс көрсетілген кезде туған өлеңдерді сыншы дәл тауып, дұрыс көрсетіп отырған. Қазақтың тұрмыс-салт заңы, шариғат талаптары, махаббат бұйрығы – осылардың поэмадағы көрінісі деген сауалдарға Әлихан толымды жауап береді. Негізінен шығарманы жоғары бағалай отырып, ақауларды да тап басып айтады. Ең соңында оқырман жайына ауысып, кітаптың таралуына мән беріп, “Қобыландыны” елдің талап әкеткенін ескертіп, Ахметтің “Масасы” секілді жаңа емлемен басу жақсы екендігін көрсетеді.

Әлихан қаламынан шыққан ең көлемді әдеби, ғылыми, фольклорлық еңбек – “Қарақыпшақ Қобыланды” деп аталады (“Қазақ” газеті, 1915, № 126-129). Бұл – шағын 8 бап, бөлімшеден тұратын бас-аяғы дөп-дөңгелек, ықшам ғана монографиялық очерк, әйгілі халық жыры туралы жұп-жұмыр зерттеу, бірінші бөлімшеде “Қарақыпшақ Қобыланды” жырының мазмұны қысқаша ғана баяндалады. Тоқсандағы Тоқтарбай мен алпыстағы Аналықтың бір перзентке зар болып, әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, құдайдан бала сұрап, әулиеге түнеп, түсінде аян бергенін, тоғыз ай, он күннен соң алпыстағы Аналықтың бір ұл, бір қыз тапқаны, олардың аттары Қобыланды, Қарлыға қойылғандығы баяндалады. Қобыландының қызылбас еліне жорығы. Көклан кемпірмен кездесуі, жүз құлаш биіктен теңге атып түсіріп, Құртқа қызға үйленуі, қалмақ Қазанды шабуы, Көбіктімен шайқасып, қолға түсуі, құтылуы, Алшағырмен қақтығыс, ақырғы жеңісі, мұратқа жетуін сыншы қысқа ғана баяндап береді. Зерттеуде ерекше мән берілген мәселе – жырдағы Қобыландының өмірде болған, болмағандығы, мұндағы айтылған жәйттердің, баян етілген оқиғалардың тарихи деректермен сәйкестігі және сәйкес еместігі.

Сол үшін автор Шәкерім, Шоқан, белгілі башқұрт ғалымы Ахмет Заки еңбектеріне сілтеме береді. Ғалым тарихи шолу жасап, мойындалған дәлді фактілерді келтіре отырып, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілінен шыққан Тоқтамыс хан заманындағы Едіге, Ақсақ Темір соғыстарын айта келіп, сол дәуірдегі Қобыланды батыр әрекеті 14 ғасыр ортасына лайық екенін көрсетеді. Арғын биі Дайырқожаның әділдігі үшін Ақжол аталуы, Әбілхайыр ханның қазысы болуы, оның күндестікпен өлтірілуі, осы орайда туған тарихи жырға, Шәкерім мәліметтеріне сүйеніп, Қобыланды қызылбас та емес, қалмақ та емес, қазақтың өз ішінде күрескен деген пікір түйеді. Бұл 15 ғасыр Жырда айтылатын қазан хан да Жошы нәсілінен. Ол шамасы 1300 жылдары өмір кешкен. Тағы бір Қазанхан 1332 жылы таққа отырыпты. Қарақыпшақ Қобыланды осы 1347 жылы опат болған. Қазан ханмен соғысуы мүмкін деген тұжырым жасалады. Зерттеуші жырда айтылатын Алшағырдың түп-тұқиянына зер салып, Өзбек хан, Орақ батыр, ағайынды қырғыз батырлары Абантай, Тайлақ дәуірлеріне де көңіл бөледі. Шоқан жазып алған “Манас” жырының “Көкетай асы” бөліміндегі Көкетай мен Көбікті хан арасынан байланыс іздейді. Расында да Көкетайдың мәнгені шатырдай боз ат. Көкетай ханның қызының аты да Қарлығаш.

Осындай сан-алуан деректерді келтіре отырып, Әлихан Бөкейхан “Қарақыпшақ Қобыланды” жыры бір оқиғаның көрінісі, бір белгілі адамның ғұмырбаяны емес, ақын қиялы екшеп, өзгертіп, көптеген қоспалармен жаңғыртып жасаған көркем шығарма деген байлам жасайды. Жырды халықтың тұрмыс-салтын, тіршілік болмысын көрсететін рухани мәдениет ескерткіші ретінде бағалап тануды ұсынады.

Ең алдымен ғалым “Қарақыпшақ Қобыланды” жырына кейінгі дәуірлер әсерінен қосылған жамауларды өте дәл, нақты көрсетіп, кей тұста “Сал-сал”, “Зарқұм” қиссаларына ұқсап кеткендігін үлкен кемшілік, халық мұрасының қадірін түсіру деп санайды. Қобыландының аударыспақ ойнап, көкбар тарту орнына, теңге алып ойнауын, Тайбурыл атқа жемге қызыл дәрі қосып жегізуін, Қобыландының ашытып бал ішуін зерттеуші кейіннен қосылған берідегі ақындардың қолтаңбасы екендігін ажыратып, сол сияқты солдат, сухар, медаль, шай, алтыатар, сағат секілді сөздерде Қобыланды заманының шындығын бере алмайтынын дұрыс көрсетеді. Автор “Қобыландыға” заманына ұқсамайтын жырларды, қазақ жұртының мәдениет тарихына ешбір пайдасы жоқ өлеңдерді әлгі “Сал-сал”, “Зарқұм” дағы құл және надан ақындар қосқан деп ашынады. Жырдағы қазақтың ескі наным-сенімін, тұрмыс-салтын шындықпен көрсететін суреттерді Әлихан Бөкейхан дәл тауып, жіті көрсетіп, ерекше мадақтап отырады. Қобыландының Қазан ханның қаласын алуы, Тайбурылдың шабысы “шын қазақ ақынының сөзі-ау” деп қошемет етіледі. Әлихан Бөкейханның фольклоршы ретіндегі ой-тұжырымдары “Қазақ жыры “Қобыландыдағы” әйел бейнесі” (1899) деген орысша жазылған еңбегінде жалғаса түседі. Ол 1899 жылы “Туркестанские ведомости” (Ташкент) газетiнiң үш нөмiрiнде жарияланған. Бұл еңбегiнiң мақсатын автор былай көрсетедi: “Екi сенiм тоғысында мәжуси қазақ әйелi кiм едi, ол қайтiп мұсылман болды, әйелге деген мұсылман қазақ пен мәжуси қазақтардың көзқарастары қалай едi – деген қызықты сұраққа “Қобыландыдан” артық ешқандай жыр жауап бере алмайды. …Бiз осыны қарастыруды жөн көрдiк”.

Қаламгер Аналық, Құртқа, Көкiлан (Көктен) кемпiр, Қарлығаш, Қарлыға бейнелерiндегi ерте дәуiрдiң таным тамтықтарын, тарихи шындық жұқанасын зерделейдi. Бұдан Әлихан жырдан таза тарихи шындық iздеп отыр деген ой тумауы керек. Қаламгер теориялық тұрғыдан фольклор жiтi сараланбаған кезеңде бiлiмдi адам ретiнде оның танымдық астарына үңiледi.

Қаламгерлiк ныспысына “Қыр баласы” деген атауды қалаған автор қазақ даласы-алаш менталитетi-ұлт өнерi байланысын да қисынды түсiндiредi: “Көрiктi болмаса да кең жазиралы, бөтеннiң қолы жетпейтiн қазақ даласы перзенттерiнiң бойындағы бұлалықты, саф ұлттық сипатты, халықтық даралық қасиеттi ұзақ уақыт сақтап келдi. Дала-ана өзгенiң ықпалынан қорғағандықтан, қазақтар дәстүрiн, мiнез-құлқын, өмiр сүру салтын сол күйiнде сақтады. …Ұлт ұйысты. “Алаш” деген ұранға тiк тұрып, бауырына көмекке келдi. …Қазақтың осы ерекше және қызық өмiрi айнаға түскендей, бай һәм сан салалы ауызша поэзиясынан көрiндi”.

Ә.Бөкейханның әдебиет хақындағы алғашқы күрделi мақаласынан-ақ ғылыми даярлығы бар екенi байқалады. Мұны бiз автордың өз бетiнше құнттап жинаған бiлiмi деп есептеймiз. Көлемi әжептәуiр бұл зерттеу көркемөнер мен тарих байланысын зерделеудiң бағдарын аңғартады. Қаламгер шын тарихтың эпикалық санада жаңғыруын байыптайды. Мақаланың ой астарынан: қазақ тарихын жоқ деме, қазақ поэзиясын осал деме, эпикалық сананы тұрлаусыз деме – деген автор пiкiрiн ұғамыз.

1914 жылы Қазанда “Үмiт” баспасынан Қостанай уезi, Қарабалық болысының қазағы Бiржан Толымбайұлының жырлауын Махмұдсұлтан Тұяқбайұлы қағазға түсiрген “Қарақыпшақ Қобыланды батыр” жыры нұсқасына Ә.Бөкейхан 1915 жылы “Қазақ” газетiнiң бетiнде пiкiр бiлдiредi. Бұл мақаладағы автор идеясы еңбектiң эпиграфынан көрiнедi. Оған қаламгер Абайдың “Өлең – сөздiң патшасы, сөз сарасы” деп басталатын өлеңiнiң алғашқы шумағы мен екiншi шумағының екi тармағын лайықтап алыпты. Яғни, Әлихан жыршы Бiржан айтқан “Қобыландының” көркемдiгiн сараптауды ойлаған. Сөйте тұра, қаламгердiң аталған жырды саралау тәсiлi “тыңнан жол салғандай”. Автор алғаш тарихи Қобыланды кiм болуы мүмкiн және жырдағы оқиғалар қай дәуiрлердiң елесi деген сұраққа Шәкәрiм, З.У.Тоған, Шоқан еңбектерiне сүйене отырып жауап iздейдi. Қаламгер өмiрдегi Қобыландыдан гөрi жырдың негiзiн құраған тарихи дәуiрлердi iздеген тәрiздi. Аталған мақаласынан Әлиханның тарихи шарттылықты түсiнгенiн байқау қиынға соқпайды (“Қазақ тарихына файдалы сөз “Қобыландыда” аз көрiнедi”).

Ә.Бөкейхан осы еңбегiнде тарихи дәуiр сипатын анықтайтын екi белгi (“тарихтың сарын жолы”) бар деген қорытындыға келедi. Оның бiрi – “соғыс iстерi”, екiншiсi – “жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетiнiң дәрежесi”. “Анық тарих – осы екiншiсi. Бұған жем нәрселер (материалдар) – жақсы, шын ақындар шығарған, бұзылмаған жырларда болады”,-дейдi ол.

Қажетті мұраға жанашырлықты Ә.Бөкейханның “Қалқаман-Мамыр” атты Шәкәрiмнiң осы ныспылас жырын талдауға құрылған мақаласынан көремiз. Ақын кiтабы 1912 жылы шыққан-ды. Әлихан оған үш жылдан кейiн оралыпты. Бақсақ, бiр жағынан қаламгердiң көздегенi – “Қалқаман-Мамырды” оқушыларға жаю” екен. Мақаланың басында Әлихан Шәкәрiм шығармашылығына жалпы шолу жасайды. Бұдан да бiраз жайт аңғарамыз: ақын аты қазақ ауданынан шығып, Иван Филиппович Гусевтердi (бұл тұлғаны шәкәрiмтанушылар анықтаса дұрыс болар едi) мойындатыпты…

Ә.Бөкейхан “Қалқаман-Мамыр” жанрын “тарихи хроника” деп анықтайды. Қаламгер пiкiрiнше, оқиға өмiрден алынған, ел аузында жүрiп, Шәкәрiмнiң жырына арқау болған. Ендеше бiрiншi шарт – шығармада Қалқаман-Мамыр заманындағы “қазақ жұртының салты, қазақ мiнезi, қазақтың iс-қылығы” көрiнуi керек (алдыңғы мақаласындағы оймен сабақтас). Әлихан “көп бергеннен көп сұралады” дей отырып, аталған мәселе бойынша Шәкәрiмнiң “жақыннан қайырып, ойдағыдай толымды қылып жазбағанын” сынайды. Әрине, жанашырлықпен сынайды.

Қаламгер Шәкәрiм жырының маңызын, көкейкестiлiгiн жоққа шығармайды. Бiрақ жалпы әдебиеттiң келешек өрiсi мен өресi үшiн елеулi ескертпелер жасайды. Бiрiншi ескертпе: шығарма оқиға болып жатқан дәуiрдiң тынысын көрсетуi керек, кейiпкерлер сол шақтың ұғым-түсiнiгiмен сөйлеуi қажет. Екiншi ескертпе: шығармадағы оқиғалар дамуы, ситуация, бейнелер сипаты өмiрге жақын болуы шарт. Әлиханмен сырлас, алашымен мұңдас Шәкәрiм қажы әдебиеттегi көкейкестi мәселелердi қамтыған аталған мақалаға түсiнiстiкпен қарады.

Ә.Бөкейхан жаңа сападағы көркемдiгi мен ағартушылығы тең авторлық әдебиеттiң тезiрек өркендеуiн қалады. Бұл - әлемнiң бар ұлт-азаттық қозғалысы тұсында руханиятта байқалатын құбылыс. Осы шақта елдi ояту, ағарту, дұрыс бағытқа салу – басты мақсат болады. Рухани жүйенiң бәрi осыған жұмылады. “Қазақ” оқырмандарына арналған бiр мақаласында Әлиханның: “Жұрт надан, газета оқушы жоқ болса, бұған Шекспир, Толстой да түк амал қыла алмайды. …Адам шеберлiгi араласып iс қылмаса, таудай алтын - өлi бiр қазына”,-деп жазуы - бұл ойымызға дәлел.

Әлиханның шынайы тұрпатты авторлық әдебиетке айрықша үмiт артуы 1905 жылы жарияланған Абайға арналған мұнақып-мақаласынан (“Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы”) бастау алады. Бұл еңбек орыс тiлiнде жазылған. Жалпы Әлиханның Абай мұрасына қатысты қызметiн өзiнiң мақалаларынан бiлемiз. Кәкiтай қазасына байланысты мақаласында ол: “Абайдың тәржiме халiн (өмiрбаян – Д.Қ.) жазған – Кәкiтай. …1904-iншi жылы “Абай марқұмның өлеңiн кiтап қылып басыңдар” деп, балаларына хат жаздым. 1905-iншi жылдың әпрел аяғында Кәкiтай Абайдың жазба кiтабын алып, Омбыдағы маған келдi” деп жазады. Бұл деректi Әлихан мұрасын зерттеуші Сұлтанхан Жүсіп: “1906 жылы 9 қаңтарда Әлихан нақақтан тұтқындалып, Павлодар түрмесiне жабылған кезеңде, оның портфелiнен Абай өлеңдерi көшiрмесiнiң қолжазбасы шыққан”,-деп дамытады. Сонда Абайды тану мен танытуға деген ықылас алғаш Ә.Бөкейхан тарапынан байқалған. Бiздiңше, бұл еңбегiнде Әлихан абайтануға қатысты бiрқатар негiзгi мәселелердi анықтаған. Ең алғаш, ақынның шығармашылық бастауы фольклормен сабақтасып жатқанын көрсеткен. Зерттеушiнiң ендiгi бiр табысы – ақын дүниетанымына әсер еткен негiзгi күштiң бiрiн байыптауы. Бұл ретте Әлихан Ресей арқылы келген әлеуметтiк-ағартушылық ойды айрықша атайды.

Абай – қазақ руханиятындағы аса айрықша тұлға. Ол – Алаштың рухани жетiлуiнiң (кемел адам) рәмiзi. Сондықтан оған әр дәуiр өзiнше баға бередi. Мысалы, Әлихан кезеңiнде (Алаш кезеңi) Абайға орыс пен Батыстың ағарған ортасымен, рухты тұлғаларымен дәнекер ретiнде қарады. Мұны Ә.Бөкейханның мына сөзi растайды: “Михаэлис болмаса, бұған Абай шимайлы ғұмырында жолықпаса, Абай ана Қозы Көрпеш-Баянды, Тарғынды, қыпшақ Қобыланды батырды, Едiгенi шығарған ақындар аяғын құшар едi”

Қаламгер: Абай Пушкин-Лермонтов-Толстой жолымен жүрiп, қазақ поэзиясын тазартты, көтердi, жетiлдiрдi дегендi айтады.

Әлихан Бөкейханның жаңа әдебиеттi жүйелеуге күш-жiгер жұмсаған еңбегi 1914 жылы жазған “Роман деген не?” атты мақаласынан көрiнедi. Мақала, сөз жоқ, қазақ романының туу дәуiрiнде игi iске ұйытқы болу үшiн жазылды. Әйтсе де мәселенi былай қойған дұрыс секiлдi: бұл еңбек қазақ қауымына не бердi және қазақ әдебиетiне не бердi? Ендi санамалаймыз: бiрiншi, қазақ үшiн жаңа әдебиет түрi (жанры) – романның не екенi, қашаннан бары, халыққа қандай олжа әперетiнi жазылды (еуропалық әдебиеттiң әлiппесi); екiншi, руханият пен өмiрге жаңаша қарау, оны бар қайшылығымен түсiну романның әлеуметтiк-тәрбиелiк қуатына сәйкес сөз болды; үшiншi, жаңа әдебиет – рухани күштiң жаңа тынысы есебiнде сараланды; төртiншi, әлеуетке ие дәстүрлi әдебиеттен – нәр, еуропалық әдебиеттен – үлгi алған жаңа әдебиеттiң мәнi, мақсаты және бағдары тұңғыш рет талданды. Ә.Бөкейханның осы мақаласы және бiр маңызды iс атқарды. Ол тұңғыш роман – “Бақытсыз Жамалдың” (М.Дулатұлы) әдебиетiмiздегi орнын байыптап бердi.

1914 жылы 6-10 желтоқсанда Петерборда мұсылман съезi өттi, оған Әлихандар қатынасты. Осы жиынның тартысты тұсы шариғатты қабылдау-қабылдамауға қатысты мәселеде көрiндi. Бақытжандар қабылдау керек дедi. Әлихан болса “қазiргi шындық басқа, тiптi қабылдадық делiк, қазақ iшi оны бұрмалап, шариғат атауына қиянат жасайды” дедi. Бұл мәселенi кең түсiндiру үшiн Ә.Бөкейхан “Бақытсыз Жамалдан” ұзақ мысал келтiредi. Мұны бiз шартты түрде “Бақытсыз Жамалды” шариғат жолымен байланыста түсiндiру” деп атаймыз. Исламнан хабары мол Әлихан Хұжрат (С.48), Нұр (С.24). Ниса (С.4), Бақара (С.2), Мәида (С.5) сүрелерiнен дәйек ала отырып, шариғат пен күрделi заман (Ә.Бөкейхан заманы) арасындағы қайшылықты дәлелдеуге тырысады. Сөйтiп, Жамалдарды бақытсыз еткен дәуiр дiнге де опа бермегенiн және алда да оны титықтататынын байыптайды.

Әлихан Бөкейханның әдеби-эстетикалық таным-түйсiгiнiң биiк шыңы – “Ән-өлең һәм оның құралы” атты мақаласы. Бұл романды талдаған еңбегiнен алты айдан кейiн жарық көрген. Қаламгердiң “ән-өлең” деп отырғанын бiз бүгiн бiр-ақ сөзбен - “ән” сөзiмен ғана айтамыз. Мақаланы жазу үстiнде Әлихан әрi суретшi, әрi сыршыл, әрi ғалым ретiнде көрiнiп отырады. Бұл тандем қайраткер шығармашылығының әлеуетi мен тегеуiрiнiн байқатады. Бұл құбылысты алаштың рухани сұранымына Ә.Бөкейханның қосқан үлесi деу орынды.

Әлихан және ұлт руханияты дегенде, мына жайды ескерген абзал: ол – ел зәрулiгiн шешу үшiн қайраткер де, қаламгер де болды. Әйтпесе жазу мәселесiнде Әлихан орысша анағұрлым кең көсiлетiн (мұны өзi жиi айтады). Бұл жағынан ол – Шоқан санатындағы қаламгер. Алайда Алаш шағы – бастапқы ағартушылық шағы емес едi. Сондықтан кеше ғана “Сибирские вопросы”, т.б. орысша басылымдарда нөмiр құрғатпай көлемдi мақалалар жазып жүрген Ә.Бөкейхан ендi елi үшiн “қайта құрылды”. Туған тiлiнде аз (көлемдi емес) жазса да, саз жаза бастады. Әр сөзге мән берiп, ақыл-ой жүгiн артты. Мысалы, меценат тарапынан қазақ романына сын сұралғанда, “мұны менен гөрi Шәкәрiм, Ахмет, Мiржақып жақсы жазады” деп қарапайымдылық танытқан Әлихан ретi келсе өзi де жазатынын бiлдiрiп: “Бұлар Аполлоннан бата алған жоқ”,-дейдi. Бұл, әрине, әрiптестiк жеңiл қалжың. Бiрақ осы бiр ауыз қазақ тiлiндегi Әлихан сөзiне сауатты Батыс пен Шығысқа (эллиндiк мәдениет ислам өркениетiне әсер еткенi мәлiм) түсiнiктi ой сыйып кеткен.

Немесе, ән туралы мақаласындағы алаштың төл ұғымындағы: “адам көңiлдегiсiн алғаш сөзбен қияды” деген сөйлемiне назар аударалықшы. Бұл сөз – ұзақ жыл орыс сөзiн қолданған Әлиханның тiлдiк қорының тек-тамырын нұсқайды. Ана тiлiнiң уызына жарыған адам ғана “көңiлдегiнi сөзбен қияды”. “Қайғы-қапасын шығарады, мауқын басады” (бұл да Ә.Бөкейхан сөзi).

Осы ретте бiзге Әлихан эпиграф, әйтпесе мысал ретiнде пайдаланған өлең үзiндiлерi оның рухани түйсiгiмен қабысып жатқандай көрiнедi. Айталық, ол Е.П.Михаэлис жөнiнде жазған мақаласында Сәбит Дөнентайұлының “Қазақта” басылған “Жанға” атты өлеңiнен мына шумақты ұсынады:

Уай! Жаным, сен денеде аз күн қонақ,

Заман жоқ көп тұруға өмiр шолақ.

Жас мезгiл екi айналмас, мойнын бұрмас,

Жұмыс ет, оқтай зырлап, қардай борап.

Сәбит сөзi – қара өлеңге негiзделген қазақ философиясы. Сөйте тұра мұнда өрiске ұмтылған алаш баласына қажет жаңа философия да бар. Бұл пайымын Ә.Бөкейхан В.Г.Короленконың “От” әңгiмесiн тәржiмелегенде Нарманбет өлеңiнен алған эпиграфпен дамытады. Ол үзiндi мынау:

Қуандым түнде жүрiп күн шығар деп,

Болса да бұлыт бүркеу, жел қуар деп.

Лирикалық қаһарман оптимист. Ертеңiне сенедi. Табиғат құбылысын реттеген Жаратқан бәрiн орнына келтiредi деп үмiттенедi. Алланың үйлестiруiн күтедi. Бұл – Алаш ойы, отаршылдықтан көз ашпаған халық арманы.

Әлихан көп еңбегiнде Абайдың асыл сөзiн дәйек етедi. 1914 жылы мұсылман съезiнде Бақытжан Қаратайұлы татар ағайындардың “бiр тiл жасайық” дегенiне ерiп, “қазақта тiл жоқ” дей салғанда, Әлихан Бөкейхан “Қазаққа” Абай, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжан өлеңдерiнен үзiндi келтiрiп, “бәйге алатын тiл осындай болады” деп жазған-ды. Мұны да қайраткердiң көркемдiктi саралаған қызметiне балауға тиiстiмiз.

Ә.Бөкейхан – қазақ ауданында ғана қалған қаламгер емес. Ол әр кездерi Л.Толстойды, Ги де Мопассанды, А.П.Чеховты, Д.М.Мамин-Сибирякты, Н.Марксты ана тiлiне аударды. Әр кез ойын шетелдiк ғұламалар сөзiмен дәйектеп отырды. Аталған жазушыларды «өз жұртының бетiнiң қызылы, ұяты” деп жазды.

Сонымен, тағдыр мен тарих аталған кезең руханиятынан жаңаруды, елдiк жолында тастүйiн болуды талап еттi. Осыған сәйкес көзқарас ағымы да жаңғыру, жинақталу, елдi рухани тұрғыдан ағарту мақсатын көздедi. Бұл шақта авторлық әдебиеттiң бағдары бұлдыр едi. Абай құбылысы әлi игерiлмеген-дi. Сондықтан бастауында Әлихан тұрған алашшыл ағым жаңа руханияттың “әлiппесiн” жазды. Жаңа ағымының жетекшiсi Ә.Бөкейхан болуының негiзi бар. Ол қазақ арасында өссе де, орыс ортасында жетiлдi. ХIХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басының шындығында қазақ руханияты Еуропаға бет түзеп барып қана жаңара алар едi. Оның үстiне бұл кез – қазақ ағартушылығының өрiстей бастаған кезi болатын. Сондықтан Алаш қайраткерлерi халыққа қажеттi, оның еңсесін көтеретін рухани дүниелерге мұқтаж-тын. Әлихан осы шараны жүйелеудi өзi бас болып қолға алды.

Әдебиеттегi жаңа ағымды iлгерiлетуге атсалысқан азаматтың бiрi – Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937). Ол – негiзгi ағартушылықтың берiк ұстыны едi. Ағартушының елу жылдық мерейтойы қарсаңында Мұхтар Әуезұлы оның ұшан-теңiз еңбегiн нақты үш тiркеске сыйдырған болатын: “Ақаң ашқан қазақ мектебi, Ақаң түрлеген ана тiлi, Ақаң салған әдебиеттегi елшiлдiк ұран”. Мiне, осыған қарап, А.Байтұрсынұлы өз кезеңiнде ұлттың рухани ұстазы болғанын ұғынамыз. Әлбетте, жәдитшiлдiктiң Алаш қозғалысына ұласар шағында Ахметтiң мол күш-жiгерi елдi ағарту (баспасөз, оқулық шығару) iсiне жұмсалды. Орайы келгенде ғана әдебиетке қатысты ой айтты. Бiрақ бұл ойы темiрқазықтай едi. Сонымен бiрге осы уақытта әдебиеттануымыздың алтын қорына қосылған “Қазақтың бас ақыны” атты зерттеу мақаласын жазды.

Ахмет – ең алдымен ағартушы. Ол – поэзияда да, көсемсөзде де, ғылым-iлiмде де ағартушы. Өзi: “Әуелi бiз елдi түзеудi бала оқыту iсiн түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билiк те, халықтық та оқумен түзеледi. Қазақ iшiндегi неше түрлi кемшiлiктiң көбi түзелгенде оқуменен түзеледi”,-деп (бас мақала) жазғанындай, аталған шақта алашқа сауатты, бiлгiр Ахмет ағартушы ретiнде қажет болатын.

“Қазақ” газетiнiң бастапқы уақытындағы бiр нөмiрiнде (бас мақала) әлгi ойын Ахмет былай деп өрбiтедi: “Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кiтаптар жазуға мүмкiн нәрсе; шаруа жайын оқығандар шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кiтаптар жазуға мүмкiн нәрсе; оқыту жайын жақсы бiлетiндер мектеп кiтаптарын жақсылап шығаруға мүмкiн нәрсе; әдебиет ауданында жүйрiктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегi бар жақсы романдар уа ғайри (және басқа – Д.Қ.) сондай сөздер шығаруға мүмкiн нәрсе”.

Ахмет Байтұрсынұлының ендiгi бiр бас мақаласынан нелiктен тездете жаңа әдебиеттi жандандыруды қолға алғандары мәлiм болады. “Тарих жолына қарағанда келiмсек жұрт күштi болса, тұрғын жұрт аяқ асты болып, азып-тозып, жоғалмақшы. …Басқа жұртпен араласқанда, өз алдына ұлт болып, өз алдына тiлi бар, өз тiлiнде жазылған сөзi (әдебиетi) бар жұрттарға не тұрады? Өз тiлiмен сөйлескен, өз тiлiмен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды”,-дейдi ол.

Мiне, осының баршасы Ахметтiң – ағартушы, ұстаз Ахметтiң - әдебиетке қазақтың жоғын жоқтап келгенiн айғақтайды. Әлбетте, ол нағыз ақындықтың (мысалы, Абай санатындағы ақындықтың) қадiр-қасиетiн бiлдi. 1909 жылы Петерборда басылған “Қырық мысал” жинағының (мұны да Әлихан бастыртқан, бұл жинақты жарияламақшы болғанын ол тiптi 1905 жылы айтқан-ды: тез шықпауына себеп – Абай кiтабындағыдай жағдай) бiр қайырымында қаламгер:

Ахмет, осы айтқаның жетер, тоқта!

Көрдiң бе, сөзiң онша ажарлы емес,

Ұялмай сынатарға салып топқа.

Алайда тыңдағандар бiр ойланар… -

дейдi өзiне. Мұндай сөз иманды адамның ғана аузынан шықса керек. Осыны айту арқылы ол алашта сөзiнен бiр кiнәрат таппайтын Абайдай тұлға барын нұсқағандай. Үлкен әдебиеттi меңзегендей. Көркемдiктi iздегендей.

Ә.Бөкейхан тәрiздi А.Байтұрсынұлы да қазақ әдебиетiне кең өрiс тiледi. Нақты сол кезде Батысты сiңiрген орыстан көп үйренудiң қажеттiгiн түсiндiрдi. Алаш әдебиетi жаңарса, жаңа түрмен биiктесе дегендi Ахмет те айтты. “Қырық мысалда” “Өзен мен қарасу” мысал-тәржiмесiн ұсына отырып, оның түйiндемесiнде былай дейдi:

Мысалы үлкен өзен тынбай аққан –

Халықтар мехнат шегiп, рахат тапқан.

Меңзеймiн қарасуды, қазақ, саған,

Талпынбай талап ойлап қарап жатқан.

Мысалдың аты – мысал. Мұны өмiрдiң көп саласына қолдануға болады. Бұл – руханият саласының мысалы десек ше. Орайы жоқ та емес. Қалай дегенде Ахмет қазаққа тоған-тiршiлiктi емес, ағынды өмiрдi қалады. Егер қазақ әдебиетi ескi сарында қалмай, Абайша түлесе, көркемөнердi байытса, ағыны әлем әдебиетi мұхитына құяды дейтiн ой Ахмет пайымының астарында тұр.

А.Байтұрсынұлы – қазақ тiлiнiң де, сөзiнiң де шеберi. Сондықтан оның әдеби талғамы биiк. 1911 жылы “Маса” жинағына кiрген “Жиған-терген” атты өлеңiнде поэзиядағы “сыңғырлаған келiсiмдi” төмендегiдей көрсетедi:

Оюын ойып,

Орындап қойып,

Түр салғандай өрнекке.

Қиыннан қиып,

Қиырдан жиып,

Құрап сөздi термекке,

Еңбекке егiз, тiл мен жақ,

Ерiнбесең, сөйлеп бақ!

Сонымен бiрге Ахмет ақындықта “бой сүйсiнер саз, ой исiнер сөз” болу қажет деп есептейдi. Әрбiр лепестiң “жүрекке дөп, ойға жөн” келуi шарт деп санайды.

Ахмет – азаматтығы жоғары тұлға. Сондықтан оның жазуға қоятын талабында да азаматтық ар мәселесi алғашқы кезекте жүредi. Мысалы:

Тасалама ойыңды!

Тiрi көмбей бойыңды,

Жүрегiңнiң жарасын

Көрсет жұртқа, қарасын.

Немесе:

Иланбасам айтпаймын,

Иманымнан қайтпаймын.

Мiне, осы әдеби-эстетикалық ойлардан жырақ емес тұжырымдардың шындығын айғақтай алар Ахмет ғұмырбаянынан сан мысал келтiруге болады. Бiрақ бiзге керегi – қайраткердiң сөз бен iсi бiр жерден шыққаны һәм биiктен көрiнгенi.

1915 жылы Г.Н.Потанинге арнаған өлеңiнде төбеден қарауыл қараған қиын кезеңнiң ахуалын сипаттай келе, орыс зиялысы келешек қазақ бақытына ортақтаса алады деген оймен:

Жаз келер, жадыраған күндер туар,

Жыр жырлап, ту түбiнде шуақтайтын,-

деп жазады. Бұл – орайлы ғана айтқан ой емес, бұл – арман-мақсат. Халықшыл Ахмет әдебиет мерейiн ел мерейiнен бөлек қарамайды.

ХХ ғасырдың 10-жылдары А.Байтұрсынұлының әдеби-эстетикалық көзқарасын және жаңа әдебиеттiң негiзiн қалау ағымына қосқан үлесiн байқататын еңбегi – Абай туралы жазған “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласы. Бұл мұра зерттеу жұмысы деуге лайық.

Еңбек: “Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында бiз бiлетiн ақын болған жоқ”,-деп басталады. Мұндағы “бас ақын” – бiздiң ұғымымыздағы “классик”. “Онан асқан … ақын болған жоқ” деуi – бiр жағынан Абайдың әдебиетке құбылыс болып енуiн көрсетсе, екiншi жағынан оның жаңа әдебиеттi бастағанын айғақтайды. Мiне, ұлы тұлғаны осылай екi тұрғыдан алып зерделеу жұмыстың өн бойында қос желi болып тартылған. Ахмет Абай шығармашылығын сараптай отырып, саф әдебиет пен көрнектi ақын-жазушы қандай болады деген сұраққа өзiнше жауап iздеген.

А.Байтұрсынұлы осы еңбегiнде шеберлiктiң үш негiзiн (“Үш керек”) анықтайды. Олар: 1. “сөздiң шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлiгi керек”; 2. “ұнамды, орынды, дәмдi болуына сыншылдық керек”; 3. “мағыналы, маңызды болуына бiлiм керек”.

Абайда байқалған бұл үш негiздi Ахмет, сөз жоқ, ендiгi ақын-жазушыда болса екен деген ниетпен жазды деп санаймыз.

Қаламгер Абайды ой мен көркемдiк бiрлiгiнiң биiгi деп есептейдi де, қаймана оқушы сол асқарға ұмтылса деп тiлейдi. Бұл ретте ол: “… Абай сөздерi жалпы адамның түсiнуiне ауыр екенi рас. Бiрақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшiлiк емес, оқушылардың түсiнерлiк дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшiлiк. …Нәрсенiң сырын, қасиетiн бiлiп жазған соң, сөзiнiң бәрi де халыққа тiрелiп, оқушылардың бiлiмiне сын болып, емтихан болып табылады”,-дейдi.

Ахмет бұл зерттеуiнде ақынның шыққан тегiне, өскен ортасына да байыптау жасайды. Құнарсыз топыраққа шықпағанын сипаттап өтедi. Оның бәрiн саралап жату бiздiң мақсатымызға кiрмейдi. Алайда Абай мен оның заманына қатысты А.Байтұрсынұлының мына сөзiн ескермей өте алмаймыз: Абай “бiлiмi көптер билемей, малы көптер билейтiн заманға қарсы туған”. Мұның астарынан ақынның ағартушылығына, әлеуметшiлдiгiне, халықшылдығына, ұлтшылдығына берiлген баға сезiледi. Абайдың елi үшiн жарқын күндердi аңсап күрескенi аңғарылады.

А.Байтұрсынұлы, “Абайдың тәржiме хәлiн жазушы Әлихан Бөкейхан” секiлдi, ақын дүниетанымының қалыптасу мәселесiне қатысты орыс зиялылары (Михаэлис, Гросс, т.б.) мен ақындарының (Пушкин, Лермонтов, т.б.) орнын ерекше атайды. “Ғылымды жұртта өлең жазу, сөз жазу нағыз қадiрлi iстiң бiрi екенiн Абай ендi ұққан”, “…Орыс өлеңдерiнiң өрнектерi қазақ тiлiне жарайтындығын бастап көрсеткендiк – зор көсемдiк” деген жолдар – соның нәтижесiн айрықшалаудың айғағы. Бұл орайдағы Ахмет тұжырымдары ешқашан құнын жоймақ емес. Дегенмен аталған кезең үшiн мұндай ой – бағдар түзудiң, бағыт алудың белгiсi едi. Абайдан кейiн көрiнетiн поэзия биiгi – Мағжанның орыс символистерiмен, декадентшiлдерiмен қоян-қолтықтасып жатуының сыры осында.

“Қазақтың бас ақыны” байыптамасында Ахмет Абайдың поэзия мен шығармашылық туралы пайымын “Өлең – сөздiң патшасы, сөз сарасы” атты туындысына сүйенiп қарастырады. Сөйтiп, ақынның екi қасиетiн дөп басып көрсетедi. Ол: 1. “арғы асылынан (негiз дегендi ол шақта осылай қолданған. – Д.Қ.) қарап сөйлегендiгi”: 2. “әр нәрсенiң бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуы”.

Талдаудың мәнi – талдау. Байыптау нысанасына әркiм өз пiкiрiн бiлдiруге хұқылы. Осы тұрғыдан келгенде, Ахмет аспандата көтерген ақынынан жалғыз ғана мiн табады. “Ол мiн өлең бунақтары тексерiлiп орнына қойылмағандық”,-дейдi. Кейiн “Әдебиет танытқышында” бұл мәселеге қайта оралады. Бұл мiн, Ахметтiң ойынша, өлеңдi оқығанда, әнге қосқанда дауыс ағынын бұзады. Сондықтан қаламгер ауысқан буындарды “өз орнына” қоюды ұсынады (бұл сөйлемде бiз тырнақшаны әдейi қойдық).

Ахметтанушылар мен жалпы поэзиятанушылар жоғарыда айтылған “мiндi” көбiне айналып өтiп жүр. Бiздiңше, бұлай жасау Абайдың да,Ахметтiң де мұрасына адалдық болып табылмайды. Бұл мәселенi кеңiрек қарау қажет секiлдi. Абай – ескiнiң соңы, жаңаның басы. Сондықтан оның поэзиясында бұрыннан бар жалпы формалық еркiндiк ұшырасуы заңдылық. Және оны табиғилық деп қарау керек. Бунақтың құбылуы туралы көп мысал келтiруге болады (Бүгiнгi поэзиядағы формалық iзденiстер де бұған мысал). Ахмет – жүйелiкке, ғылымға, нағыз ағартушылыққа ұмтылған кезеңнiң тұлғасы. Байтұрсынұлы үшiн бәрiнде жүйе, принцип болу керек. Тiптi оған “ақын бунақтарын ауыстырайықты” айтқызып отырған – осы приципi. Абайды жаңа әдебиеттiң басы десек, ендеше оны да жүйелi қабылдайық, жаңа басылымын ретке келтiрейiк дейдi ол. Фольклортанушылар (академик С.Қасқабасов, т.б.) “Ер Сайынға” А.Байтұрсынұлының бiраз түзетулер жасағанын айтып-жазып жүр. Мұны Ахметтiң өзi де жасырмаған: “Ер Сайынның” мұқабасына “Жыршылар аузынан алып, өңдеп өткерушi – Байтұрсынұлы Ақымет” деп жазған. Олай болса, осының бәрiн – ғылымға, жүйелiкке өтердегi мiндеттi түрде бастан кешiрер құбылыс деп қабылдау керек. “Бұл – қате қадам” деу терiс. Бұл – баспалдақ. Баспалдақсыз табалдырыққа кiсi қалай көтерiлмек? Зәулiм үйге қайтiп еңбек? Баспалдақсыз аласа үйге ғана кiруге болады…

Мiне, көркемдiк және зерделiлiктi танудағы осы табиғи пайымдар Ахмет көрген Абай “мiнiн” толық түсiндiрiп бере алды.

Сөйтiп, Ахмет Байтұрсынұлының бұл кезеңдегi әдеби-эстетикалық тұжырымдары мен әдебиеттi жүйелеуге қосқан үлесiн бажайлай келе, төмендегiдей қорытынды жасаймыз: Бiрiншiден, ол әдебиет пен әдеби процестiң ағартушылық функциясына ерекше үмiт артты. Қолынан жазу келетiндер ұлттық iс – жазушылыққа жәрдемiн тигiзсе екен деген пiкiрде болды. Екiншiден, жаңа әдебиеттiң тез қалыптасуын күткен қаламгер оның ой-сын-бiлiм бiрлiгiне бой түзеуiн қалады. Бұл ретте Абай iзденiсiн үлгi еттi. Үшiншiден, қазақ әдебиетiне кең өрiс нұсқады. Томаға-тұйықтық пен өткендi ғана өнеге етудi бiржақтылық деп есептедi. Адамзатқа ортақ игiлiк, iзденiс – қазаққа жат емес деп шештi. Осы орайда да Абай еңбегiн мысалға келтiрiп отырады.

Бұл үш түйiн жинақтала келiп, Мұхтар Әуезұлы айтқан “Ақаң салған әдебиеттегi елшiлдiк ұранды” анықтайды.

Алаш тұсындағы қоғамдық-саяси iсте Әлихан мен Ахмет сапынан табылған, осы екi тұлғаның әлеуметтiк-рухани қызметiне тыныс болған азаматтың бiрi – Мiржақып Дулатұлы (1885-1935). Ұлттық манифеске баланған “Оян, қазақ!” пен тұңғыш қазақ романының авторы жаңа руханият ғимаратын тұрғызу шарасының жуан ортасында жүрдi. Әдеби бiлiмдi өз бетiнше алған Мiржақып: “Адам ғылым мен өнер үшiн жаратылған емес, ғылым мен өнер – адам үшiн шыққан, адамның өзi тiршiлiгiне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. …Тiршiлiк – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестiрушi. Озғанға қарай бәйге бередi. …Дүниенiң iсi осылай болған соң, адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейдi”,-деген көзқарасты ұстанып, елге қызмет жасауға жұмылған жаңа руханияттың деңгейiн көтеруге атсалысты. Қаламгердiң әдеби-эстетикалық ой-тұжырымы ХХ ғасыр басында жетекшi күшке айналған – ұлтты ұйыстыру және өркендету идеясын тиянақ етушi ағымды байытты. 1907 жылы Петербургте жалғыз ғана нөмірі шыққан “Серке” газетінде Міржақыптың “Жастарға” деген өлеңі басылады. Ал осы газеттің жарық көре алмай кеткен екінші санына Дулатұлы “Біздің мақсаттарымыз” атты мақала жазған екен, газеттің шықпай жатып тұншықтырылуына басты бір себеп болған осы мақала екен деген де деректер бар. 1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан “Бақытсыз Жамал” деген атпен жарық көреді. Қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш роман дүниеге осылай келеді.

Бұл кезде Міржақып өз шығармашылығын өлең мен проза жанрында қатар дамытады. Әр жерде шығатын қазақ басылымдарына, әсіресе “Айқап” журналына үзбей жазып тұрады. Сонымен бірге қағілез жігіт қазақ даласындағы әлеуметтік өмірден де қол үзбей, жіті құлақ түріп, халық тұрмысының жай-жапсарын қадағалап отырады.

Әр өлкедегі ел тұрмысын өз көзімен әлі де көріп-білгісі келеді. Осындай ниетпен 1911 жылы қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семей облысына қарай саяхатқа шығады. Бірақ, бұл кезде патша тыңшыларының қатты аңдуына алынған азамат Семей қаласына келгенде полицияның қолына түседі. Осында бір жарым жыл қамауда отырады.

Абақтыдан шыққан бойда Міржақып ел шетінен жер аударылған Байтұрсынұлының ізімен Орынборға қарай беттейді. Мұнда келгеннен кейін осындағы азғана топ қазақ зиялылары ақыл қосып, ел санасын оята беру, бәсеңсіп қалған жұртшылық қозғалысына қайтадан дем салу мақсатымен, баспасөз қызметін қолға алуды ұйғарады. Қыр өлкесінің ағартушылық демократияшылдық бағыттағы тұңғыш биресми басылымы – айтулы “Қазақ” газетін шығару жөніндегі Байтұрсынұлы мен Дулатұлының бірлескен қызметі басталады.

Әдепкіде баспахана жалдап, ақыға шығарылған газет көп ұзамай өзіндік баспаханасы, қағаз қоры, айналым қаржысы, шағын кітапханасы, тағы басқа керек-жарағы бар әжептәуір кеңселі мекеме дәрежесіне көтеріледі. Алғашқыда 3 мың дана болып басылған газет тиражы аз уақыттың ішінде 8 мыңға жетеді.

“Оян, қазақ!” кітабынан соңғы кезде жазылған өлеңдерін 1913 жылы осы Орынборда “Азамат” деген атпен жинақ етіп шығарып, 1914 жылы “Бақытсыз Жамалды” Қазанда қайтадан бастырып, 1915 жылы “Терме” атты жинақпен “Оян қазақтағы” өлеңдерін Орынборда тағы бір жаңғыртып шығарады да, өзінің ақын-жазушылық атағын біршама нығайтқан Міржақып осы жылдары журналистік, публицистік дарынын да мейлінше аша түседі.

“Қазақ” газеті 1913 жылдың бас кезінен 1918 жылдың наурызына дейін шығып тұрды. Алғашында айқын ағартушылық, дәйекті демократияшылдық бағытта болған бұл басылым Ақпан революциясын мойындап, ал Қазан революциясын қабылдай алмады.

Бірақ оқиғалардың кейінгі аяқ аласында Алаш басшылары, оның ішінде М.Дулатұлы да, жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауға бекінеді.

Әлбетте, аумалы-төкпелі заманның аласапыраны кезінде жасалған бұл батыл қадамның қатерлі тәуекелі де жоқ емес еді. Осының айғағындай, алғашында Ташкентке барып, аз уақыт “Ақжол” газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған Міржақып 1922 жылы ешбір себепсіз абақтыға жабылады. Бірақ, бұл әділетсіздік ұзаққа созылмай, Семейден Орынборға жөнелтілген бойда қамаудан босатылады.

Содан кейін ол Орынбордағы Қазақтың халыққа білім беру институтына (КИНО) оқытушы болып орналасып, мұнда 1922 жылдан 1926 жылға дейін істейді. Ұстаздық қызметке қайта оралғаннан кейінгі осы төрт жыл, одан кейін Қазақстан мемлекеттік баспасында бөлім бастығы, “Еңбекші қазақта” редактордың стилистика жөніндегі көмекшісі болып істеген кездері – Міржақыптың қарбыта қалам сілтеп, өндірте жұмыс істеген аса бір жемісті жылдары еді.

Атап айтқанда, 1922 жылы ұстаздық қызметке қайта оралған бетте, ол екі бөлімнен тұратын “Есеп құралын” әзірлеп, Ташкент қаласында бастырып шығарды. “Балқия” атты төрт перделі пьеса жазады. 1924 жылы Орынборда екі жылдық “Қирағат кітабы” (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада “Есеп құралының” жаңа басылымы жарық көреді.

Ал енді осыған әрдайым қапталдасып отырған журналистік, аудармашылық қызметті қоссақ, тынымсыз еңбекпен өткен қарекетшіл қажыр иесінің өмірі көзге айқын елестейді. Мәселен, бір ғана 1925 жылдың өзінде бұл В. И. Лениннің “Жаңа үнем саясаты”, “1905 жылғы төңкеріс”, Г.Зиновьевтің “Ресейлік коммунистік партияның тарихы” атты еңбектерін аударып, Орынбор мен Қызылордада бастарып шығарады. Соған ілестіре революциядан кейінгі кезеңде қазақ тілінде шығарылған кітаптардың екі томдық библиографиялық көрсеткішін әзірлеп бастырады.

Бұл аталған фактілер Міржақыптың осы алты-жеті жыл ішіндегі ұстаздық, баспагерлік, қаламгерлік белсенді қызметінің басты-басты нәтижелері ғана еді.

Шығармашылық кемел шағына келіп, республикадағы мәдениет революциясы ісіне белсене ат салысып жүрген кезінде Міржақып Дулатұлы Сталин-Голощекин озбырлығының қармағына тағы да ілінді. Баяғы өткен оқиғалардың жаңғырығы қайта қоздырылып, 1928 жылдың аяғында бір топ қазақ оқығандары қатарында тұтқынға алынды. 1930 жылы ОГПУ коллегиясының үкімі бойынша алғашында ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім 10 жыл абақты жазасымен алмастырылды. 1935 жылы қазанның 5-і күні, елу жасқа толуына бір ай қалғанда, Ақтеңіз-Балтық каналының бойындағы Сосновец станциясында, лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болды.

Мiржақыптың көркемдiк туралы пайымдарын сөз еткенде, мына жайды ескеру керек тәрiздi: бiрiншiден, ол – поэзия мен проза тiлiнде үйлесiмдiктi сомдауға талап қылған туындыгер; екiншiден, ол әсемдiк пен әдебиет миссиясы туралы пiкiр бiлдiрушi қаламгер. Бұл мәселеде оның позициясы Ахметтiкiне ұқсайды. Екеуi де “шабыты тасығаннан” қолына қалам алмағанын жазады. Мысалы, Мiржақып “Оян, қазақта!”:

Бұл сөздi жазғаным жоқ ақын болып,

Халық тентек, жалғыз өзiм мақұл болып.

Қайғы мен хал мүшкiлiн бiлдiргенiм –

Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып,-

дейдi. Яғни, М.Дулатұлын Алаштың ауыр жағдайы ақын еткен. Осы жағдай және өмiрдi шынайы көрсететiн қазақтың “ұлы әңгiмесi” жоқтығы оны романшы жасаған. Алайда Мiржақып азамат (жауапкершiлiктi сезiнетiн) ақын-жазушы болуға тырысқан. Бұл оның – үлкен қайраткерлiгi едi. Сондықтан М.Дулатұлы – саясатта да, әдебиетте де қайраткер.

“Оян, қазақтың” “сөз ақырында” (қорытынды) қаламгер Абай, Ахмет, Әбубәкiр, Ақмола, Қыпшақбай, Нұржан, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсiптердiң ел алдыңдағы еңбегiн Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев, Толстойлардың орыс халқының алдындағы еңбегiмен пара-пар дей келе, ақын-жазушының қоғамдағы орнын былайша парықтайды:

Бұлардың әрбiр сөзi пайдаға асқан,

Өнерiн хатқа жазып, халыққа шашқан.

Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға,

Ғажайып хикметтiң кiлтiн ашқан.

Осы өлең жолдарын жазып отырған Мiржақып әсемдiктi қаперiне алмады деу қате. Азамат-ақын үшiн елдiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шын өлең - әсем өлең. Жанмен жазылған өлең – көркем өлең. Сондықтан да ол “Шағым” атты өлеңiнде:

Қалғанша жарты жаңқам мен сенiкi –

Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!

Қаламнан жылап аққан қара бояу,

Жазылып қағазға сен, жұртқа қыл паш,-

дейдi. Расында бұл – күрес жылдарының көркем өлеңi. Бұдан күрделi уақыттың ойы мен бейнесi анық аңғарылады.

ХХ ғасыр басындағы iлгерiшiл руханият үшiн Абай – сапалық деңгейге көтерiлудiң рәмiзi болғандықтан, Мiржақып та бұл құбылысқа өзiнше қарады. 1908 жылы татардың “Уақыт” газетiне жазған “Ибраһим ибн Құнанбаев” атты мақаласында ол Ресей құрамындағы түрiк халықтарын ұлы ақын мұрасымен, ғұмырбаянымен таныстырады. Қаламгер мұнда Абайды елшiл ақын ретiнде көрсете алған. “Тiлi (бiздiңше, татаршадан аударушы “сөзi” дегендi осылай алған – Д.Қ.), оқушыларын оятатын өлеңдерi оны бүкiл атырапқа машїүр еттi. …Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды (“милләтшiл” болар – Д.Қ.), елiн-жерiн сүйген кiсi едi”,-дей отырып, Мiржақып ақынның осы қасиетiн көрсететiн өлеңiнен мысал келтiредi (“…Тәуекел мен батыр ой, Өткiр тiлдi найза етiп, …Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар…”).

М.Дулатұлының Абай туралы екiншi мақаласы Абай қазасының он жылдығын еске алу орайында 1914 жылы “Қазақ” газетiнде жарық көрдi. Мұнда қаламгер Абайдың шағын ғұмырбаянын, ол туралы еңбек жазғандар мен мұрасын құнттағандарды сипаттап өтiп, әдебиет пен ұлт, әдебиет пен тұлға арақатынасы проблемасына нақты тоқталады.

Мiржақыптың бiрiншi мәселе бойынша пайымы: “Тарихы, әдебиетi жоқ халықтың дүниеде өмiр сүруi, ұлттығын сақтап iлгерi басуы қиын. Әдебиетi, тарихы жоқ халықтар басқаларға сiңiсiп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны - әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес”.

Екiншi мәселе бойынша пiкiрi: “Әдебиетiмiздiң негiзiне қаланған бiрiншi кiрпiш – Абай сөзi, Абай аты боларға керек. …Ең жоғары, ардақты орын – Абайдiкi. …Зәредей шүбә етпеймiз, Абайдың өлген күнiнен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз”.

Бұдан шығатын қорытынды: ағартушы М.Дулатұлы әдебиетке және оның биiк тұлғасы Абайға ұлт тағдыры, ұлт мүддесi тұрғысынан қараған. Мiржақып үшiн жан таза болса - әдебиет те таза, тұлға арлы болса – сонынан ергендер де арлы.

Мiржақып жалпы тұлға мәселесiне жиi оралып отырған. 1914 жылы ол Шоқан Уәлиханов туралы көлемдi мақала жазады. Дара тұлғаның “ата тегiн”, “шеше тегiн”, “оқуын” зерделеген М.Дулатұлы “Қазақ” бетiнде қаймана халыққа қаратып: “Қылышынан қан тамған батыр болмаса, Қарымбайдай ертегi болып қалған бай болмаса, оқушысы жоқ бiздiң қазақ ғылым жолында еңбек сiңiрушiлердi тез ұмытқыш келедi. Бiрақ заман өткен сайын халықтың көзi ашылып, әдебиетi гүлденiп, матбұғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзiн қайта тiрiлтiп, кiм екендiгiн бiлдiрмей қоймайды”,-дейдi.

Осы тұжырымнан ағарған ел өз мүддесiне сәйкес тұлғаны “тауып” алатыны, яғни ұлтты ұлт ету жолында еңбек сiңiрген азамат жоқтаусыз қалмайтыны аңғарылады. Бұл әдебиеттен сырт түсiнiк емес.

М.Дулатұлы жаңа әдебиеттiң зәулiм шаңырағын көтеруге жан-тәнiмен кiрiстi: Абай бастаған игiлiктi iстi салаландыруға, дараландыруға жәрдемдестi. Мұны ол оқыған азамат ретiнде және қолына қалам ұстаған жазушы ретiнде өзiнiң парызы санады. Қаламгер аталған проблеманы былайша көрсеттi: “Әдебиетiмiздiң жаңа дәуiрi ендi басталды: әлi жас, түсi солғын, еркiн төселiп кеткен жоқ. Тұрмысымызды, салтымызды айнадай ашып түгел көрсетерлiк суреттi әдебиет әлi туған жоқ. Проза (қара сөз) әлi дәуiрлей алмай тұр. Әдебиетiмiздiң байырақ жағы - өлең. Бiрақ … соңғы жылдары шыққан ақындардың көбi бiрiне-бiрi елiктеп, бiрiнiң iзiн бiрi басып, өз бетiнен жол сала алмай, кестесiз, сұрықсыз “ұйқасты сөз” шығаруды таңсық қылып кеттi”. Ендi оны қалай жолға қоюға болады? Сапалы әдебиет қайткенде өмiр жүзiне орнығады? Осы сұрақтарға Мiржақып өз тарапынан жауап берiптi. Жауабы мынау: “Күйсiз көңiл жүгiрмейдi” деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын, көңiлдi бақша керек. Адам баласы бәрiнен де артық күй таңдайды (Мiржақыптың өзi мұны күрес заманында айтып отырғанын ескерiңiз – Д.Қ.). Туысында қанша зеректiк болса да, ғылымсыз, тәрбиесiз кемелiне жетпейдi. Кiмде-кiм өзiнiң табиғатында не нәрсеге шеберлiк барлығын сезiп, өз жолына түссе ғана, көзге көрiнедi. …Табиғатындағы зеректiгiне жол ашатын ғылымды оқыса, сонда ғана әр бiлiмдi адамдар шықпақшы. … Жазушы да – суретшi. Жақсы суретшi адамның сыртқы түрiн айтпай сала бiлсе, жақсы жазушы да адамның iшкi сырын, мiнезiн, әдетiн бұлжытпай көрсете бiледi”.

Ағартушының бұл пайымы - әдебиеттiң сыры мен сынын қаншалықты түсiнетiнiне айғақ. Отаршылдық режим мен ұлт зиялыларының текетiресi жағдайында әдебиеттiң биiк қызметi, эстетикалық қуаты жөнiнде осындай тұжырымдама жасай алу – шаң баспас рухани мұраға адалдық, өскелең әдебиетке тiлектестiк, азаматтық және зеректiк.

Мiржақып – қазақ әдебиетiнде ХХ ғасыр басында ғана қаз-қаз басқан драматургияға да ниеттес болған қаламгер. К.Төгiсұлының “Надандық құрбаны” пьесасын сынайтын еңбегiнде ол: “Театр кiтабы - әдебиеттiң бiр мүшесi екенiн, оның өз алдына мағынасы, пайдасы зор екенiн бiлушi кем. …Қазақ театры, қазақ әртестерi болуға әлi ерте екендiгi әркiмге белгiлi болса да, театр кiтабының керектiгiн де ерте деуге болмайды. Әдебиет кештерiн түрлендiру, толықтыру һәм қызықтырақ қылу үшiн бiрер театр кiтабы керек”,-деп жазады. Сынның 1916 жылы жарыққа шыққанын ескерсек, пьесаны қал-қадерiнше жазған К.Төгiсұлын да, сапаны талап еткен М.Дулатұлын да түсiнуге болады. Қаламгер “пьеса да - өмiрдiң көркем айнасы” дегендi байыптаған.

Халқының бар керегiне жарай бiлген М.Дулатұлының ұлт руханиятына қатысты тұжырымы, жалпы алғанда, төмендегiге саяды: әдебиет пен мәдениет – елдiң жаны, ендеше жаны әзiз, рухы мықты жұрттың руханияты да әзiз һәм мықты; көркем сөздi өрiстету мен тағлымды етуде тұлғаның орны айрықша; биiк дәрежелi руханияттың тууына еркiндiк (күй), бiлiммен суарылған зеректiк керек.

Міржақып серпінді ағартушылық реңкi анық ХХ ғасырдың басындағы ой-сана ағымын осы бiлiгiмен толықтырды. Оның қайраткерлік және қаламгерлік мұрасы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар.

Әдебиеттер:

  1. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. - Алматы: Бiлiм, 1993. - 248 б.

  2. Бөкейхан Ә. Таңдамалы-Избранное.-Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1995. - 478 б.

  3. Байтұрсынов А. Шығармалары.-Алматы: Жазушы, 1989.- 320 б.

  4. Нұрпейiсов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы: Ататек, 1995.- 256 б.

  5. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. - Алматы: Санат, 1995.- 368 б.

  6. Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. Алматы: Ғылым, 2001.- 448 б.

  7. Сәтбаева Ш.Қ. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетiн зерттеудiң кейбiр проблемалары//ҚР ҰҒА Хабарлары, тiл-әдебиет сериясы, 1994, N4.- Б. 3-13

  8. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. - Астана: Фолиант, 2002.-474 б.

7-дәріс. Мұхамеджан, Спандияр, Тайыр, Cәбит шығармашылығы

Мақсаты: Мұхамеджан, Спандияр, Тайыр, Cәбит шығармашылығын талдап, түсіндіру.

Сұрақтары:

1. Мұхамеджан Сералин

2. Спандияр Көбеев

3. Тайыр Жомартбаев

4. Cәбит Дөнентаев

Дәріс мәтіні (тезис)

Мұхамеджан Сералин (1872-1929) – ХХ ғасыр басындағы әдебиетте тарихи поэма, шыншыл поэма жанрын дамытқан, көркем аударманың қалыптасуына үлес қосқан қаламгер. Қостанайдың Қарабалық жерінің тумасы. Троицкіде медресе бітіріп, Қостанайда орыс-татар школында оқыған. 1900-1910 татар көпесі Яушевтің қарамағында әр түрлі қызмет істейді. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі елеулі қызметі – 1911-1915 жылдар аралығында Троицкіде «Айқап» атты тұңғыш қазақ журналын шығаруы. Өзі оның редакторы болды. Атауы «әй, қап!» деген өкінішке толы алаштың эмоциялы сөзінен шыққан журнал аталған кезең әдебиетін дамытуға елеулі атсалысты. Кейбір деректерге қарағанда, «Айқап» журналын жәдитшіл татар ауқаттылары қаржыландырған. Тарихтан белгілі жайт, 1905-1906 жылдары өткен бүкілресей мұсылмандарының І-ІІ-ІІІ съездерінде (Нижний-Новгород, Петербор), 1906 жылы өткен мұсылман мұғалімдерінің съезінде (Қазан) ағайын діндестердің арасында газет-журнал шығарып, халықты ағартуға жәрдемдесу мәселесі сол кездегі байлар мен алпауыттардан сұралған-ды. Төңкерістен кейін Мұхамеджан Орынборда «Ұшқын» газетінде, Қостанай губаткомында жауапты қызмет атқарды. 1923-1926 жылдары «Ауыл» (Қостанай) газетінің редакторы болды.

М. Сералин екі кітабы ХХ ғасыр басында баспа бетін көрді. Олар: 1) Топ жарған. Мұхамеджан Серәлі-хожа ұғлының шығарғаны. 1898 жыл, апрель, 13-числа. Троицк: Ф.Селянкин һәм Х.Сосновский табиғханасы, 1900.- 13 б.

2) Гүлкашима. Мұхамеджан Серәлі-хожа ұғлының шығарған қиссасы. Оренбург: М.-Ф.Кәримов мәтбәғасы, 1903.- 27 б.

«Топ жарған» - тарихи-көркем поэма. Мұнда ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы әйгілі Кенесары-Наурызбайдың қаһармандық қозғалысының бір сәті сипатталады. Кеңес тұсында бұл шығарма бұрмаланып түсіндірілді. М. Сералин ешқашан Кенесары жорығын, оның айналасын әшкерлеуді көздемеген. Ол Хан Кене сарбаздарының қолына түскен Адай жігітінің өжеттігін, сол арқылы қарсы тұрушыларға қосылып жатқан сарбаздардың ерен қасиетін бейнелеуді ойлаған. Мысалы, осы жырдағы:

Жігіті Кенесары - өңшең бөрі,

Келгенде олар дайын үйдің төрі,-

деген екі жолдың соңғысы кеңес тұсында:

«Келгенде олар үйге жүгіреді»

болып әдейі бұрмаланған. Сондай-ақ М.Сералиннің

Кене отыр ордасында ақылы алтын,-

деген жолы

«Кене отыр ортасында ақылы салқын»

деп түзетілген. Мұндай бұрмалаушылықтан кейін кеңес әдебиеттанушылары «Топ жарғанды» қалай түсінгісі келгенін және қалай түсіндіруді қалағанын шамалай беріңіз. Әрине, бұл шығарма – Кенесарыға жазылған ода да емес. Сондықтан мұнда халықты жаппай күйзелткен отаршылдықтың және отаршылдыққа қарсы тұрудың күрделі сабағы сөз болады.

«Гүлқашима» поэмасына сүйгеніне қосыла алмаған білімді, шығармашыл жігіт Баймағамбеттің өлммен аяқталған махаббат трагедиясы өзек болған. Ақын Гүлқашима-Баймағамбет оқиғасын әрі жанама, әрі тікелей куә ретінде көріп-біледі. Бір жолы ол Боқырау жәрмеңкесіне бара жатып Сыр бойынан көшіп келген Тілеуберген деген шалдың үйіне қонады. Шал-кемпірдің жалғыз перзенті бар екен. Сипаттауларына қарағанда, болайын деп тұрған жігіт. Ақын оны көре алмайды. Жәрмеңке біткен соң «Тобыл бойында бір жігіт өзін-өзі бауыздапты. Артына бір ауыз өлең сөз қалдырыпты» дегенді естиді. Бұл - әлгі шал-кемпірдің жалғызы болып шығады. Ақын жолай оларға бата оқи кіреді. Баймағамбеттің жазғандарымен танысады. «Қазақтың бұрмаланған салты, махаббатты сорлатқан өмірі кінәлі» деп, осы поэманы кейінгілерге сабақ етіп жазады.

Тобылдың суы терең, жары биік,

Қорғалар алабында қашқан киік.

Басында биік шыңның тамды мола,

Молаға шоқ тал біткен басын иіп,

Басына көк тас қойған жылын айтып,

Марқұмның қабырдағы сырын айтып...

Ақын жырда әлеуметтік және саяси астары терең бостандық, ғашықтық, кісілік мәселесіне жіті үңіледі. Баймағамбеттің соңғы хатындағы «Келмеді көтеруге оны шамам... Мақсатқа ұйғарылған жетпеген соң...» деген үмітсіз жолдар оқырманның сай сүйегін, жан жүйесін қозғап жібереді.

М.Сералиннің аударма поэмасы «Рүстем-Зорап» «Айқап» журналының 1914 жылғы 22-23-24 сандарында және 1915 жылғы 2-3-4-5-9 сандарында жарияланған. Аударманы түсіндірген сөзінде ақын мұны орыс ақыны Жуковскийден тәржімелегенін, ал Ресей шайыры оны неміс ақыны Рюккерттен алғанын айтады. Қалай дегенде бұл шығарма «Шаһнаманың» қазақ руханиятындағы өмірін ұзартып, салаландырды. М.Сералиннің жазуына қарағанда, Ақмешіттік тегі найман Ораз атты молда да «Шаһнаманы» аударыпты (ақын-термеші Т.Ізтілеуұлының кейінгі аудармасы бізге жақсы таныс).

1915 жылы «Айқапта» ақын белгілі Сібір жазушысы Антон Сорокиннің «Жусан» атты әңгімесін аударып басады. Жалпы А.Сорокин мен қазақ оқығандары арасындағы рухани байланыс арнайы зерттеуді талап етеді. Ол бір шығармасын Ә.Бөкейханға арнағаны да мәлім.

М.Сералиннің «Қазақ халқының мұқтаждығы», «Біздің бұрынғы һәм қазіргі халіміз», «Келешек заманымыздың қамы», «Жер әңгімесі», «Ескі жыр», «Отырықшы болған қазақтар туралы» т.б. мақалалары мен «Шәһәр Троицкі ...» деп басталатын талдама-шолу материалдары ХХ ғасыр басындағы түрлі жағдайларды ашып көрсетеді.

Спандияр Көбейұлы (1878-1956) – ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің белгілі өкілі. Қостанайдың Меңдіқара өңірі жерінде туған. Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қрағайлыкөл мектебінде, Қостанайдағы орыс-қырғыз школында, педагогикалық курстарда оқыған. Орыс өмірін жақсы білетін қаламгер Крылов, Пушкин, Гоголь шығармаларымен жан-жақты танысып, олар сынайтын кейіпкерлерді қазақ ішінен де молынан табады. 1887 жылы уәделі Ыбырай мектебі ашылады да, Спандияр ұлы ағартушының өз көмегімен сол мектепке орналасады. Оны 1892 жылы бітіреді. Содан кейінгі жылдары Қарағайлыкөл деген жердегі төрт жылдық болыстық мектепте (1892-1895), Қостанай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектебінде (1895-1897) оқиды.

Болашақ педагог-жазушы бұдан кейін тағы да оқып мұғалім болып шығуды армандайды. “Ыбырайдың өлімі менің оқытушы боламын деген ынта-ниетімді енді біржолата баянды етіп бекітті” дейді ол. Сол ниетпен Орынбордағы оқытушылар семинариясына түсуге талаптанады да, оның сәті түспей қалған соң, Қостанайдағы екі жылдық курсқа түсіп (1898) оқиды. Курсты 1901 жылы бітіріп, бастауыш мектепке мұғалім болып шығады.

Спандияр өз ауылында және оған таяу жердегі мектептерде орын болмай, Қостанайдан мың шақырымдай Ырғыз уезіндегі Толағай болысына қарайтын Кішіқұм деген жерге жіберіледі. Жүрегі надандық торына шырмалған халқына деген сүйіспеншілік пен оған білім шырағын жағу үмітіне толы жас жігіт жердің шалғайлығына қарамай, сонда оқытушы болып барады. Онда бірталай қиыншылықтарға кездеседі. Арнаулы салынған мектеп үйінің жоқтығы, жабдықтар мен оқу құралдарының жетімсіздігі, балаларын орысша оқытуға ықлассыз ел ішіндегі ескіше көзқарас – бәрімен жас мұғалім жалғыз күреседі. Балаларды Ыбырай әдісімен орысша оқытады, ғылым негіздерін түсіндіретін пәндерге үйретеді. Сөйте жүріп, Спандияр өзіне тілектес достар табады. Ол ел адамдарына ғылым салаларынан түсінік береді, орыс әдебиеті жайлы әңгімелер айтады. Пушкиннің “Дубровский”, Н.В.Гогольдің “Өлі жандар” атты шығармалары мен А.П.Чеховтың күлкілі әңгімелері, Н.А.Крыловтың мысалдары Спандиярдың ауызша әңгімелері арқылы ел ішіне тарайды.

Сөйтіп жүріп Спандияр Крылов мысалдарын аудара бастайды. Мұны ол ескі ауылдағы ұнамсыз мінез-құлық пен ел әкімдерінің, байлардың кертартпа көзқарастарын сынауға пайдаланады.

1903-1905 жылдар ішінде Спандияр Петропавл уезіндегі Нілді болыстық мектебінде істейді. 1905 жылы жазда Омбы қаласында бір айлық ауыл шаруашылық курсында оқиды. Бұдан кейін Спандияр Петропавлдағы екі кластық орыс-қазақ мектебіне орналасады, онда 1910 жылға дейін мұғалім боп істейді. Осы жылдарда (1908-1909) ол өзі Кішіқұмда бастап аударған Крылов мысалдарын көбейтіп, жөндеп, баспаға ұсынады. Ол аудармалар 1910 жылы Қазанда “Үлгілі тәржімә” деген атпен басылады.

“Осы жинақ шыққаннан кейін мен жазушылыққа бет бұрдым, - дейді ол “Орындалған арман” атты естелігінде, - Маған жазу жұмысы қолымнан келетін іс сияқты болып көрінді. Бірақ ол кезде ең алдымен мектеп балалары үшін қазақ тілінде оқу құралдары керек еді. Сондықтан мен ең алдымен оқу құралын жазып, кітап етіп бастырып шығаруға талаптандым” (Сонда, 242-б.).

С.Көбеевтің бұл кітабы – “Үлгілі бала” 1912 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Ол бастауыш мектептегі қазақ балалары үшін оқу кітабы ретінде құрастырылған. Оған автор өзі аударған Крылов мысалдарының кейбір үлгілерін, орыс классиктерінің балаларға арналған шығармаларын, қазақтың ауыз әдебиетінен үзінділер, табиғат жайлы балаларға мәлімет беретін қысқа-қысқа әңгімелерді кіргізген.

“Үлгілі тәржімә”, “Үлгілі бала” кітаптарының шығуы С.Көбеевтің әдебиетке деген ынтасын ұштай түсті. Оның үстіне жазушы осы екі кітабын жазу үстінде орыс әдебиетін оқып үйренді. Мұның барлығы жас жазушының болашағына игі әсер етті. Осы ізденудің сәтті жемісі болып “Қалың мал” романы туды.

Ол жөнінде жазушының өзі былай дейді: “Надандыққа, феодалдық ескішіл, өрескел, сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден-бір жолы – халықты ағарту, балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мәдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғынушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек бір ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне көзім әбден жетті. Бұл күресте халық санасына күштірек әсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінді. Іздене келе мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралдарының бірі – көркем әдебиет екен деген ой түйдім. И.Крыловтың мысал өлеңдері аудармасының мектеп оқушысы былай тұрсын, халық бұқарасына еткен әсері осы ойымның дерегі еді. Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап “Қалың мал” романын жазуға кірістім” (Сонда, 246-б.).

Роман 1913 жылы Қазан қаласында басылады. Ол қазақ әдебиеті тарихында қарасөзбен жазылған алғашқы көлемді шығармалардың бірі.

Бұдан кейінгі жылдарда да Спандияр оқытушылық қызметпен (1910-1919 жылдар арасында ол Қостанай облысының Федоровқа селолық мектебінде істеген) жазушылықты қатар жүргізуге талаптанған. Төңкеріс жылдары “Бақытсыздардың бір күні” атты роман жазады, бірақ аяқталмаған күйінде роман қолжазбасы жоғалып кетеді. Кейін “Қисық кегі”, “Қазақ аулындағы тұңғыш мектеп” атты шығармалар жазбақ болады. Алайда денсаулығының нашарлауы себепті оларды жаза алмайды. Сөйтіп өмірін оқытушылыққа арнап, жазушылық жұмыстан ұзақ уақыт қол үзіп қалады.

Кеңес өкіметі жылдарында Спандияр өзінің уақытын сүйікті кәсібі-оқытушылыққа арнайды. 1939 жылы ол оқу-ағарту саласындағы ұзақ жылдық қызметі үшін Ленин орденімен марапатталады. 1944 жылы оған “Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген мұғалім” деген құрметті атақ беріледі. 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. 1949 жылы екінші рет Ленин орденін алады.

Ұзақ үзілістен кейін Спандияр 1951 жылы “Орындалған арман” атты мемуарлық кітап жариялады. Ол 1954 жылы өңделіп, толықтырылып, екінші рет басылды.

Спандияр өмірінің соңғы жылдарына шейін өзінің туған аулы Ақсуаттағы (Меңдіқара ауданы) он жылдық мектепте оқытушылық қызмет атқарды. 1956 жылы 21 желтоқсанда 78 жасында қайтыс болды.

С.Көбеевтің алғашқы кітабы “Үлгілі тәржімә”, негізінен, Крылов мысалдарынан аударылған шығармалардан құралған. Бала оқытумен шектеліп қана қалмай, артта қалған қазақ аулында мәдениеттің жаршысы, адамгершіліктің насихатшысы болу қажеттігін Спандияр жақсы түсінген. Сондықтан да қолынан келгенше ол өмірін осы жұмысқа арнайды.

Кішіқұмда мұғалім болып жүрген кезде, - дейді С.Көбеев – “Әрдайым қол бос уақыттарда ауыл адамдарын жинап алып, жаратылыс, география, тарих, тағы басқа ғылымдардан хабар беріп отыратын болдым. Солармен қатар қазақтың ауыз әдебиетінен мысалдар келтіріп, орыстың жазба әдебиетін өзінше айтып беріп отырдым. Мұның өзі бір жағынан менің ауылда беделді болуыма үлкен себепші де болды.

Мен Пушкин, Лермонтов сияқты ақын-жазушылардың шығармаларының мазмұнын айтып, түсіндірумен қатар, әсіресе Крыловтың мысалдарын көбірек оқып беріп жүрдім” (Сонда, 218-219-б.).

И.А.Крылов мысалдарын кезінде Абай мен Ыбырай, одан кейін Спандиярдың замандастары А.Байтұрсынов пен Б.Өтетілеуов те аударған. Солардың бәрінің Крылов мысалдарына жүгінуі кездейсоқ емес еді. Сол дәуірдегі орыс қоғамы мен қазақтың тұрмыс-тіршілігінің, олардағы әлеуметтік теңсіздіктің, зорлық пен әділетсіздіңтің ұқсас жақтары да аз болмайтын. Сондықтан қазақ ақындары Крылов мысалдарында суреттелетін арыстан, аю, қасқыр, түлкі сияқты жыртқыштардың қой-қозы, өгіз тәрізді момын жануарларға жасаған зорлығынан ел өмірінің шындығын таныды, оны тұспалдай сынауға мүмкіндік алды. Көркемдік сапасы әр қилы болғанмен, мазмұнымен халыққа әсер еткен аударма еңбектердің қазақ арасынан қолдау тауып, сіңісіп кетуі де осыны дәлелдейді.

С.Көбеевтің де аудармашылық қызметі осы негізде туды. Қарапайым ауыл мұғалімі қазақ аулындағы надандық пен тоңмойын мінез-құлықты сынау, шенеу, әшкерелеу мақсатында Крылов мысалдарына қол созды, соларды аударды.

1910 жылы аударған мысалдарын жинақтап «Үлгілі тәржіма» атпен кітап етіп шығарады.

Ресми аты: Үлгілі тәржіме. Қазақ шиуәсінде. Мөхәррирі: И.А.Крылов. Мөтәржимі: Спандияр Көбейф. Нәшерлерлі: борадәран Кәримофтар. Қазан: матбәға-и Кәримия, 1910.- 104 б.

Мысалдар мен танымдық өлеңдердің бәрі де сол кездегі қазақ қоғамының жетілуіне, өз-өзіне сын көзімен қарауына себепші еді. Әрбір хайуан мен басқа да тіршілік иесінің жақсылы-жаманды әрекеті немесе шығармалық бейнесі өмір қиындықтарынан сабақ алуға мүмкіндік туғызды.

1912 жылы К.Д.Ушинскийдің «Родное слово» оқулығының үлгісімен «Үлгілі бала» атты оқулық жазып жариялады.

Ресми аты: Үлгілі бала. Қазақша оқу кітабы. Мектептерде һәм үйде оқу үшін кәнд тілдердегі тәуір оқу кітаптарынан алынып қазақша жазылды. Спандияр Көбейф. Нәшерлерлі: борадәран Кәримофтар. Қазан: матбәға-и Кәримия, 1912.- 76 б.

Мұнда С.Көбейұлы көп ізденіп, балалардың ой-өрісін, азаматтық ұстанымын, адамгершілігін қалыптастыратын материалдар ұсына алған. Әсіресе мектеп жасындағы ұл-қыздарға өте жақын табиғат, аң-құс суреттемелері оқулықтың өн бойында бір жүйеде көрініп отырады.

1913 жылы Қазаннан шыққан «Қалың мал» романы сол кезеңнің әдеби өміріндегі елеулі оқиға болды. Әу баста қазақ өмірінің белгілі салты болып қалыптасқан «қалың мал» уақыт өте келе, әлеуметтік қайшылықтарды тереңдететін және тіпті адамның қарапайым да асыл құқығын аяққа басатын «мәселені шешу мен ушықтырудың» құралына айналды. Неге? Бұған салт кінәлі ме, жоқ салтты тұралатқан отарланған қоғам кінәлі ме? Романдағы Ғайша мен Қожаш ненің құрбаны бола жаздады? Итбай-әкенің маңындағы кейіпкерлер қазақ ұлтының қандай өкілдері? «Қыз баласын қадірлей білмеген жұрт өз елін қадірлей алмайды» деген тәмсілді «Қалың мал» романы қалайша түсіндіреді?

Романда шарасыз қыз аузымен айтылатын мынандай сөздер бар: «Ғайшаның теңі қайда, елі қайда?». Міне, бұл – қоғамның ауыр күрсінуі һәм запыраны. Рас, Ғайша мен Қожаш бақытын күреспен және ақыл-айламен тапты. Бірақ Тұрлықұлдар сорлатқан қазақ қыздары аз ба?..

Жалпы кез-келген бастаманың іргелі істері болады. «Қалың мал» романы - «Бақытсыз Жамал» бастаған қазақ романдарының үлгілісі дерлік шығарма. Осы туындының аты мен заты қоғам санасына үлкен қозғау салды. Кейін, кеңес тұсында, дәлірек айтсақ, 1921 жылы Қазақ автономиялық республикасының басшылығы осы «қалың мал» салтын жою туралы арнайы декрет қабылдады. Роман көтерген елеулі әлеуметтік жүк өмірде осындай шешім жасатты.

Тайыр Жомартбайұлы (1884-1937) Тайыр (шын аты Тайлақбай) Жомартбаев бұрынғы Семей губерниясының Шыңғыстау атырабындағы Мұқыр болыстығының «Ақдалаң атты мекенде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Көкбай ауылы) дүниеге келген.

Мұсылманша сауаты бар әкесі баласы Тайырды он екі жасынан бастап ауыл молдасына оқытады, одан кейін Абайдың айналасындағы көрнекті ақын Көкбай Жанатайұлының медресесінде білім алған. Бұдан кейін Семей қаласындағы (1904–1907 жж.) медреседе білімін кеңейте жалғастырады, осы жылдары жұмыс істей жүріп орыс мектебінен үш сыныптық бастауыш білім негіздерін игереді [7, 12].

Тайыр – кеңестік билеу жүйесінің саяси-қуғын сүргіні құрбандарының бірі. «Екпінді» газетінде (1937 ж. 7 мамыр) бүркеншік автордың («Ғң) «Саяси бейқамдықтың салдарың деген мақаласы жарық көріп, сондағы жаланың кесірінен Ресейдегі Сталинск–Кузнецк қаласына еріксіз кетеді, сол қалада тұтқындалып (1937 ж. 23 қыркүйек), ОГПУ-дің қаулысымен өлтіріледі (1937 ж. 1-2 желтоқсан) [7, 14].

Тайыр Жомартбаевтың өлеңдері, прозалық шығармасы «Қыз көрелікң романы әдеби мұрасы болып саналады. Сонымен бірге, аудармалары мақалалары, әдістемелік еңбектері де оның шығармашылық жұмысының көп қырлы болғандығын дәлелдейді.

Алғашқы кітабы «Балаларға жеміс» деген атаумен, 1912 жыл Семейдегі Ярдам баспаханасынан жарық көркен. 1913 жылы «Айқапң журналында «Замандастарға қарапң атты өлеңі жарияланыпты. Ақын өлеңдерінің ең басты тақырыбы – ағартушылық. Ағартушылық – жас баладан бастап ересек адамдарды да қамтитын кең мағыналы қоғамдық-әлеуметтік ұғым. Ағартушылық бағдарлы әдеби-шығармаларда материалдық және рухани мәселелердің адамзат иглігі үшін жұмсалуы тақырып желісіне арналады.

Адамдардың тұрмыс-салттық қарым-қатынастар мәдениеті дәстүрлері, еңбек етуі, шаруашылық кәсіп түрлерін жаңаша жетілдіруі, ұлттық және әлемдік озық ақыл-ой, ғылым, білім негіздерін тереңдетуі ағартушылық әдебиет шығармаларында кеңінен көрініс табады. Ағартушылық бағдарлы әдеби шығармашылық ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы ұлттық мәдениеттің өзіндік серпілісті қозғалысын аңғартты. Қазіргі мәдениеттанудың философиялық тұжырымдамасы бойынша: «...қазақ ағартушылығы дүниежүзілік ағартушылық ойдан оқшауланбай, керісінше, онымен ортақтастыққа – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы жалпыресейлік қозғалыстың ықпалы тиген дербес құбылыс ретінде дамыды. Сондықтан Қазақстан ағартушылық идеологиясын оқып-үйренуде жалпы ағартушылық құбылысқа тән белгілермен қатар оны тудырған мәдени – әлеуметтік ортаның ерекшелігіне де баса назар аудару қажетң [85, 189]. Демек, Тайыр Жомартбаев шығармаларының барлығына да идеялық-композициялық желі болған ағартушылық дүниетанымның философиялық негізі өзі өмір сүрген уақыт шындығы болып саналады.

Ақынның «Балаларға жеміс» (1912) атты кітабының сыртқы беті ақынның оқырманға сөз ұлағатын ұғындыру талабын аңдататын жеке шумақпен басталады:

Неге болды кісіде

Екі құлақ, жалғыз тіл?

«Көп естісін, аз сө лепң

Дегені ғой, соны біл! [3, 25].

Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» («Киргизская хрестоматиясың), Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала», Мұстақым Малдыбаевтің «Қазақша ең жаңа әліппе» (1912, Семей), Тайыр Жомартбаевтың «Балаларға жеміс» оқулық кітаптарын жазуы қазақтың жазба балалар әдебиетінің қалыптасуына үлгі жолын салды.

«Балаларға жемісң оқулық кітабындағы өлеңдердің барлығы да педагогикалық ой-пікірлерге негізделіп жырланған.

«Мектептің ішінде», «Мектепке шақыру», «Ижтиһадты бала», «Балаларға насихат», «Жалқау бала», «Балаларға өнеге», «Балалардың тілегі», «Рақымды кемпір», «Рахымды жолдас» атты өлеңдері сөз өнері тарихындағы дәстүрлі дидактикалық-ағартушылық сарынмен жырланған. Өлеңдердің барлығында да балалардың мінез-құлық психологиясына лайықталып берілген поэтикалық бейнелеулер арқылы адамгершілік-эстетикалық ықпалы бар тәлім-тәрбиелік ойлар насихаттық арнау, үгіт, өнегелеу көзқарастары жырланған. Балалардың тез түсінуіне сәйкестендіріп, олардың жас ерекшеліктеріне лайықты күнделікті тұрмыс, жаратылыс суреттері, қоршаған әлеуметтік қозғалыстағы тіршілік иелерінің де қатысуы үйлесімді қамтылады. Өлеңдердегі сұхбаттық, оқиғалық құрылым арқылы адамдардың және табиғат мүшелерінің жан-жүйесіндегі үздіксіз байланыстағы психологиялық байланыстардың шынайылығын аңғартады. Мысалы, «Мектептің ішінде» өлеңінің сюжеттік-композициялық желісіндегі авторлық баяндаумен мектептен келген ұл мен үйдегі қыз-қарындасы екеуінің диалогтары арқылы ақынның ағартушылық ойы берілген: біріншісі – мектеп үйінің ішкі, сыртқы үлгілі қалпы, шәкірттердің бірыңғай тәлім-тәрбие талаптарын (тазалық сақтау, киімдерді ілу, сыныптағы оқу, мұғалімнің дәрісі, сабақты әркімнің меңгеру дәрежесі) орындауы; екіншісі – ертеңгі тапсырмаларды үйде тиянақты орындау талабы. Бұл – білім, ғылым игеру жолындағы әрбір саналы адамның абыройлы мұраты:

...Сабақ білмей баруды,

Көремін мен бойыма ар.

Төмен қарап телміріп,

Сабақтарын жаттады.

Қарындас түгіл басқаға

Қайтып жауап қатпадың [3, 26].

«Ижтиһадты бала» өлеңінде де сабаққа дайындалып отырған оқушы баланың психологиялық хал-ахуалы оқиғалық сипатпен өрілген. Жас баланың тапжылмай дайындалып отырған сәтінде күн сәулесінің түсуі ойынға («Терезеден күн түсіп баланы сүйіп, бек құшып»), құстардың сайрауы бақшадағы серуенге («Бұтаққа конған жас құстар шақырды тағы ысқырып»), қызыл, шиелердің жеуге («Қызыл шие қышқырып») шақырғандай әсер ететінін солармен болған диалогтарды баяндаулармен өріп айту әсерлі жырланған. Ақынның сабақ оқу, білім, ғылым негіздерін игеру талабындағы жас адамның ешнәрсеге алаңдамай отыруының психологиялық сипатын бейнелеуі – өмір шындығының шынайы суреті тұрғысында ұсынылған:

...Жазу жазды телміріп,

Қараған жоқ бір тұрып.

...Оқиды тағы кітабын,

Жаттап сабақ қойды ден...

...Оқиды сабақ ойланып,

Көрген жерден сөз танып [3, 27].

– алғашқы қазақ романдары авторларының бірі. Шыңғыстау өңірінің Мұқыр деген жерінде туған. Абайдың ақындық мектебінің өкілі Көкбай Жанатайұлынан сабақ алған. Семей медресесінде, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. 1911 жылдан Семейдегі түрлі оқу орындарында мұғалім болған. 1912 жылы Семейде екі кітап басып шығарады.

1) Балаларға жеміс. Милли шиғыр қазақ тілінде. Мөхәррир Таһир Жомартбайф. Нәшері: «Ярдәм» ширкәті. Семипалат: «Ярдәм» ширкәті мәтбәғасы, 1912.- 77 б.

Мазмұны: Сөз басы. І) Мектептің ішінде. ІІ) Мектепке шақыру. ІІІ) Ижтиһатты бала. ІҮ) Балаларға насихат. Ү) Жалқау бала. ҮІ) Балаларға өнеге. ҮІІ) Балалардың тілегі. ҮІІІ) Жетім баланың мұңы. Рақымды кемпір. ІХ) Үлкен әке һәм немере. Х) Рақымды жолдас. ХІ) Ижтиһатты баланың надан атаға айтқаны. ХІІ) Балаға атаның айтқан сөзі. ХІІІ) Махмұт патша һәм қайыршы. Л.Н.Толстойдан аударма. ХІҮ) Замандастарға хитаб. ХҮ) Біздің хал.

2) Қыз көрейлік. Қазақ тілінде роман. Мөхәррир Таһир Жомартбайф. Нәшері: «Ярдәм» ширкәті. Семипалат: «Ярдәм» ширкәті мәтбәғасы, 1912.- 43 б.

Қаламгер драматургиямен де айналысқан. «Сары сүйек құда», «Осы ма, қазақ, өмірің» атты пьесалары кезінде Семей, Зайсан театрларында сахналанған.

«Қыз көрелік» («Қыз көрейлік») романы өз заманына сай оқыған қазақ қызының (Ғайникамал) пайым-парасаты өзіне, ата-анасына, ұлтына қаншалықты пайда алып келетінін әуезе етеді. Кейіпкер оқудың қажеттігін сезінеді. Оның ата-анасы да жалғыз перзентін – көзінің қарашығын оқытуға пейілді. Мұнда қайғы-шер, бақытсыздық жоқ. Бұл ортаны бақытты еткен – баласының бағы. Ол бақ біліммен табылмақ. Романдағы фантастикалық сипат, айналып келгенде, ғылымның маңызын нұсқайтын деталь.

Романда Абай және одан кейінгі Алаш кезеңін айқындайтын ой бар. Кіріспесінде жазушы былай дейді:

Бос жүрген ата-бабаң не қалдырды?

Өмірі өткен қар жамылып, төсеніп саз.

Кешегі үлгі шашқан ақын Абай,

Оның да сөзін ұғып қалғандар аз.

Сөйледі жалғыз өзі кім естіді?

Қазаққа не қылса да шықпады жаз.

Қаңқылдап жаз шықпаған жерге келген,

Адасқан үйірінен болды бір қаз.

С.Садуақасұлы Жағыпар Сұлтанбекұлының 1925 жылы шыққан «Бұрын һәм қазірде жер саясаты» атты кітабын «Қыс ішінде келген қаз» деп бағалағаны белгілі («Керекті кітап» мақаласында). Смағұл бұл ойын А.Байтұрсынұлы пайымымен сабақтастырған.

Романнан жәдитшілдік сарыны мен И.Гаспринский ізі де аңғарылады. «Ғайникамал жақсы тәрбиеде өсіп, жеті жасқа жеткен соң, Ғайса бай Қырым жақтан оқып қайтқан, ел аралап қан түзетпек болған бір мұғалімді ... үш жылға шейін қысы-жазы қолынан жібермей оқытты» дейді роман авторы. Осындай білім алған Ғайникамал кейіпкерін қаламгер Уфадағы қыздар медресесінде оқытады. Сол тұста «Бес жүздей медреседе қыз шәкірттер/ Бұл шаһар оқушымен толған тамам» деген де жолдар бар. Әділжан, Мұқаш, Сейітжан мырзаларға әлемді шарлатқан автор кейіпкер бойжеткеннің аузына «жаңа шыққан нәрсені иждиһат деп айтады» деген сөзді салады. Бұл – техника-технология жаңалықтары. Бұл «иждиһат» - әл-Маржани сынды татар-мұсылман реформаторларының дамытқан тұжырымдамасы. Роман соңында Ғайникамал өз қалауымен және ата-анасының ақ батасымен Уфада оқып келген Мұхамедғали есімді жігітке тұрмысқа шығады. Ол азамат кедейден шықса да Яхи қажының қаржылық жәрдемімен (меценат деп ұғыңыз) оқыған.

Қыз көрелік» романы, шындап келгенде, түрік-мұсылман жұртында И.Гаспринскийдің «Молла Аббас» романынан (1887) басталатын ағартушы «ұлы әңгімелер» легіне кіреді.

Сәбит Дөнентайұлы 1894 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Кереку уезі, Ақсу болысының төртінші ауылында (қазіргі Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Құркөл ауылы ) туған.

Алғашқы білімді ел арасында Дөнен молда атанған, мұсылманша сауатты болған әкесінен алады. Анасынан жеті жасында жетім қалған Сәбит әке тәлім-тәрбиесінде болады. Әкесі ауыл молдасынан хат танытып, білім алу жолын нұсқайды. 1907-1908 жылдары Маралдыдағы болыстық медреседе Троицкідегі Уазифа медресесін бітірген Нұрғали молдадан білімін ұштайды. Жәдитше оқытуды ұстанған Нұрғали молда Сәбиттің түрлі пәндерді (тарих, жаратылыстану) игеруіне, көркем әдебиеттермен танысуына ықпал етеді. Болыстық мектепті аяқтаған соң 1910-1911 жылдары Павлодарға жақын жердегі Мұхамедсадық медресесінде оқиды. Білімін жетілдіре жүріп әрі сол медреседе екі жылдай төте оқумен бала оқытады. 1912 жылы Павлодар қаласының жанындағы Қасым қажы Ертісбаевтың медресесінде ғылым-білімін тереңдетеді. Жәдитше білім алып, өзіндік ізденістерге бет бұрады. Қазақ, татар тілдеріндегі газет-журналдарды оқып («Айқап», «Қазақ», «Шора», «Уақыт»), көркем әдебиет үлгілерімен танысады. 1915 жылы Уфа қаласында Қасым қажы Ертісбаевтың қаржылай көмегімен «Уақ-түйек» атты өлең жинағы жарық көреді.

1913-1916 жылдар аралығында Павлодар уезінің Ұрық болысы мектебінде сабақ береді. Жазғы демалыс кездерінде Омбы, Павлодар қалалары мен төңірегіндегі елді мекендерді аралайды. Ақын әлеумет тұрмысымен етене танысады, халық өмірінің тыныс-тіршілігін шынайы ұғынады. Бұл жылдар ақын өмірінде өзіндік із қалдырды. Атап айтқанда, 1916 жылы Сәбит Екібастұз өндірісіне келіп, қара жұмыс істейді. Екі айдай жұмыс істеген соң зауыттан шығып, Павлодарға келеді. Жамантұздағы почта қызметіне орналасады. Қазан айында майданның қара жұмысына алынады.

1917 жылы Латвияның Рига қаласында құрылыста бір жылдай жұмыс істеген соң туған жеріне оралады. Осы жылы Семейдегі мұғалімдік курста оқиды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісін ақын халықтың ғасырлар бойғы отарлық езгіден құтылып, шын мәніндегі азаттыққа жеткен күні деп біледі. «Азаттық күні» («Бостандық») өлеңі сол бір тарихи кезеңде жазылған еді.

С.Дөнентайұлы Алаш қайраткерлерінің ұлт азаттығы және жеке автономия алу жолындағы саясатын қолдап, «Сарыарқа анамызға!», «Адаспасбыз» өлеңдерімен мұрат-мақсат бірлігін танытты.

1917-1918 жылдары Сәбит «Абай», «Сарыарқа» газет-журналдарының ісіне белсене араласады. «Сарыарқа» газетінде экспедитор қызметін атқарады. «Абай» журналында «Бозторғай», «Абайға» өлеңдері, «Қазақ әйелдері туралы» мақаласы жарық көрсе, «Сарыарқа» газетінде «Қаулың, «Сарыарқа анамызғаң, «Тойң өлеңдері басылды. Ал «Алашң газетінде «Азаттық күні» («Бостандық» ) өлеңі жарияланды. «Жас азамат» (1918-1919) газетінде «Кәрі батырға» өлеңі жарық көрді.

1919-1920 жылдар аралығында Сәбит оқу-ағарту, қоғамдық жұмыстарға араласып, Ақсу болысында мұғалім, 1920-1922 жылдары Қаныш Сәтбаевпен бірге Баянауылда халық соты болып қызмет атқарады. 1922 жылы губерниялық «Қазақ тілің газеті редакциясының шақыруымен Семей қаласына барады. Газет жұмысының жандануына Ж.Аймауытұлы, тағы басқа қаламгерлер қатарында өзіндік үлес қосады. Газеттегі қызметіне қосымша Семейдегі Қазақстанды зерттеу қоғамы мен қазақтың пролетариат жазушылары ұйымының бөлімшесіне мүше болып, қоғамдық істерді де қатар жүргізеді.

Ақын 1926 жылы 26 мамырда «Қазақ тілің газеті тілшілерінің слетіне қатысып, «Ауыл тілшілері және олардың алдағы міндеті» деген тақырыпта баяндама жасайды. 1929 жылы ҚазАПП ұйымына мүше болып қабылданып, Қазақстан жазушылар ұйымының Семейдегі облыстық бөлімшесіне басшылық етеді. Денсаулығының нашарлауына байланысты 1930 жылдың мамырында газеттен қол үзіп, Бесқарағай ауданының орталығы Беген ауылында мұғалімдік қызметке кіріседі. 1931 жылы Семей қаласына қайта келіп, «Қазақ тілі» – «Жаңа ауыл» газетінде қызмет атқарады.

Сәбит Дөнентайұлы 1933 жылы 23 мамырда Семей қаласында ауырып қайтыс болды.

С.Дөнентайұлының өмірі мен шығармашылығын қарастыру, зерттеудегі алғашқы ізденіс «Абай» журналында жарияланған М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың («Екеу») «Абайдан соңғы ақындар» мақаласынан (1918) бастау алады. Олар Абай дәстүріндегі ұлттық поэзияның тақырыптық-идеялық, көркемдік-эстетикалық үрдісіне тән басты сипаттарды екшеп, сол тұстағы қазақ ақындарын бірнеше жікте саралайды. С.Дөнентайұлы шығармашылығын халықтық ақындар қатарында қарастырып, поэзиясының негізгі ерекшелігі мен шеберлік қырларына қатысты: «Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағы Сәбит. Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш. Сөзді ойына құл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде көңілге шақ еткізе түсіретін тапқыштық, салыстырғыш, сыншылдық, аса терең болмаса да төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы: «Әр жан, әр түрде», «Той», «Азаттық күні», «Жаңа жылға» әм басқалары сықылды. Өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адамның болсын көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне хаттап тізген өлеңі дәлелң1 деген пікір білдіреді. 1919 жылы «Трудовая Сибирь» (Омбы) журналында басылған «Киргизская литература» мақаласында С.Садуақасов ақын шығармашылығы туралы: «...Из числа четырех последних резко выделяется поэт-народник С.Донентаев. Стихи его чисто киргизского духа и в них чувствуется сильная национальная струя. По стройности рифмы и гармоничности слога, по своему глубокому содержанию и, наконец, по поразительной меткости стихи Донентаева находят себе равных только в произведениях отца народной поэзии Байтурсунова и нежного лирика Жумабаева»2 деп өлеңдерінің ұлттық сипатын баса көрсетеді.

ХХ ғасырдың 20–30-жылдары әдеби мұраны игеруде және ақын-жазушылар шығармашылығын тануда маркстік-лениндік әдіснама талабынан туындаған қате теориялар орын алды. Көркем шығарма құндылығы суреткердің ұстанған саяси бағытымен, таптық танымының партиялық қағидаға қаншалықты үйлесуімен бағаланды. Ұлт әдебиетін танудағы мұндай тұрпайы социологиялық талдау үрдісінен Сәбит шығармашылығы да тыс қалмады. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ғ.Қараш, С.Торайғырұлы, М.Әуезұлы, Б.Күлейұлы сынды алашшыл қалам қайраткерлері қатарында С.Дөнентайұлы шығармашылығы да «ұлтшылдық» әдебиет өкілі тұрғысынан қарастырылды.Ақын өлеңдері 1930 жылдан бастап мектеп оқулықтарына, хрестоматияларға енгізілді. С.Мұқановтың кіріспе мақаласымен Қазақстанның 10 жылдығына арналған жинақта Сәбит өлеңдері де басылды (1930). М.Әуезов құрастырған, орта мектептің 6-сыныбына арналған әдебиет хрестоматиясында (1937) «Замандастарң, «Драмашыға», «Біздің колхоз бәйге алды», «Ерікті Айша», «Бай мен комсомол» өлеңдері жарияланды. Сонымен қатар Е.Ысмайыловтың 9-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясында (1942), Т.Әбдірахмановпен Қ.Жармағанбетовтің жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап құрастырылған ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті хрестоматиясында (1959), ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағында (1963) С.Дөнентайұлының шығармалары берілді. С.Дөнентайұлының 1915 жылы Уфа қаласында «Уақ-түйек» атты алғашқы өлең жинағы жарық көргені жоғарыда айтылды. Содан кейін, 1935 жылы ақын жинағы «С.Дөнентаев өлеңдері» деген атпен Қазақ көркем әдебиет баспасынан шықса, араға он бес жыл салып, яғни 1950 жылы өлеңдер жинағы жарияланды.

1957 жылы ғалым Е.Ысмайыловтың «Сәбит Дөнентаев» атты көлемді зерттеу мақаласымен ақынның толық шығармалар жинағы жарық көрді. Мұнда ақын мұрасы жан-жақты қамтылып, өлеңдері мен әңгіме, очерк, фельетон, мақалаларына түсініктемелер берілді. Соңғы жылдары С.Дөнентайұлының «Бозторғай» (1989), «Ұрпағыма айтарым» (1989) деген атаулармен жинақтары жеке кітап болып шықты.

Ақын мұрасын, шығармашылығын арнайы зерттеу мәселесін алғаш ғылыми негіздеген Е.Ысмайылов болды. Әдебиетшінің «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» атты оқулығында (1941, 1943, 1946 ) күрделі кезең әдебиетінің даму үрдісі жүйелі қарастырылды. Ғалым ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін «Сыншыл реализм» және «Демократияшыл әдебиет» деп жіктеу арқылы белгілі ақын-жазушылар шығармашылығын жан-жақты саралап, олардың әдеби мұрасын дұрыс бағалауда құнды пікір білдірді. Көрінекті ғалым Б.Кенжебаев та С.Дөнентайұлы шығармашылығын зерттеуге өзіндік үлесін қосты. «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958) деген еңбегінде Сәбит мұрасын ағартушы-демократ ақын-жазушылар қатарында талдап, әдебиет тарихында алар маңызын негіздеді.

С.Дөнентайұлы өлеңдерін жариялау ісіне ақынның туған қызы Сәулет Сәбитқызы да хал-қадерінше үлес қосты. Атап айтқанда, «Ұрпағыма айтарым» (1989) атты ақын жинағын құрастырып, баспаға әзірлеген болатын. Ақын есімін ұрпақ зердесінде қалдыру мақсатында туған ауылы Құркөл орта мектебіне Сәбит Дөнентайұлы аты берілді.

«Біздерде жігер, намыс бар ма, қазақ?» деп отаршылдық езгідегі халқының ұлт намысын қайрап, ел мүддесін мұрат тұтқан ақын С.Дөнентайұлы мұрасы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің айтулы өкілдері қатарында айрықша орын алады. Академик С.Қирабаевтың: «Ахмет пен Міржақып идеясы елді оятты. Алдымен оты бар, ақылы бар жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып әкетті. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, М.Сералин, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап, шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырыстың3 деген пікірі ұлт-азатшыл бағыттағы қаламгерлер мұрасының құндылығын, өзектілігін айқындай түседі. Сондықтан да ұлт әдебиетінің көркемдік даму үрдісіндегі осынау өзекті де маңызды тақырыптық-идеялық арна мен ақынның саяси-әлеуметтік лирикасының тығыз сабақтастықта қарастырылуы заңды.

Ұлтты ояту, отарлық қыспақтағы ел мүддесі, қазақ халқының азатттығы – Сәбит поэзиясының басты өзегі. Дәуір талабынан туындаған бұл келелі тақырыптарға үн қосқан ақын ізденісі әдебиеттегі ұлттық сарынның терең қоғамдық және әлеуметтік сипат алуын да көрсетеді. Бұл ретте әлеуметтік ой-пікірді құлдық санадан арылтуда «Қазақң, «Айқапң басылымдарының қоғамдық маңызы мен ықпалы зор болды. Өз кезегінде Сәбиттің ең алғашқы өлеңдері де халық санасына азаттық пен азаматтық, ағартушылық пен адамгершілік ізгі қасиеттер дарытқан осы басылымдарда жарияланды. М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірің (1922 -1923) зерттеуіндегі: «Жазылған ұсақ өлеңдер, әңгімелер, барлық мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көз-құлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда «Қазақң газеті өз міндетін атқарадың4 деген пікір басылымның саяси-әлеуметтік, қоғамдық өмірдегі атқарған тарихи маңызын айқын танытады.

Ұлттық мүддесін басты орынға қойған басылымдардағы көсемсөз, саяси-әлеуметтік лирика «Оян, тұр, жатпа, қазақ!ң – деп халықтың елдігі мен ерлігінің сарқылмас бұла күшіне үміт артты, тың серпіліс берді. Ғасырлар тоғысындағы отаршылдық пен отаншылдық арасындағы бітіспес майданда ұлт тағдыры мен азаттығын сезінуде әр азаматтың жұрт алдындағы өтелуі тиіс парызын парасат пайымына салды. Ал А.Байтұрсынұлының «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керекң деген ұлағаты қазақтың жоғын жоқтап, ар-намысын жыртқан ақындардың қай-қайсысына болмасын ой салғаны, бойтұмары мен ұстанымы болғаны тарихи шындық.

Ояну дәуірі ұлт әдебиетіне әлеуметтік, қоғамдық күрделі мәселелерді алға тартты. Дәстүр жалғастығына орай әдебиеттегі ағартушылық, демократтық, гуманистік ой-пікір ендігі кезекте мақсаты айқын саяси күрес сипатындағы ұлттық (Алаш) идеямен жаңғыра түсті. «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емесң (А.Байтұрсынұлы) екенін ХХ ғасыр басындағы ұлт әдебиетінің озық өкілдері жан-тәнімен сезінді. Сәбиттің «Уақ түйекң жинағына (Уфа.1915) енген өлеңдеріндегі басты арнада ұлттық бірлік, халық қамы және әр азаматтың өз еліне адал қызмет етуі болатын.

«Қызмет көрсет халқыңа,

Игі ат қалсын артыңа,

Діндесіңді бауыр тұт,

Қарамай қазақ, сартына

Аз нәрсеге мас болып, -

«Мен пәленң деп шалқыма,

Пайдалы басқа өнерден,

Ұлт керегі дегеннен,

Жан қиналып жолында,

Бас кетсе де тартынбаң5, – («Замандастарң)

деп жырлаған ақын әлеумет міндетін отаншылдық ілкі қасиетпен сабақтастырды.

Ақын ұлт бірлігін сол халықтың жеріне, еліне ие болуы және жасампаздығының басты қасиеті, өлшемі – бірлік жай ғана тірліктің емес, ұлттың ұлт болып ұйып, асқақтауының да алтын арқауы де ұғындырады: «Таласты алалықпен тастамасаң, //Бір күні туған жерге айтарсың «қошң Бірлікпен илеу салған құмырсқа да, //Қазағым, ісің оңбас бірікпей қосң («Бірлікң). Сондықтан да Сәбит: «Бірін бастап, бірін тастап, ұлт ісімен ойнамаң («Жүреккең) деп, бүгінгі тәуелсіздік талабымен астасып жатқан мәңгілік қағиданы ту етіп көтерді.

Өз дәуірінің ділгір мәселелеріне терең үңілген ақын туған халқына «Заман кімдікі?» деген ой сала отырып, «Қазақтың білгендеріне» және «Қазақтарға қарап», «Жер», «Ақыл», «Ой», «Бірлік», «Қайда кеткен?» (өлеңдерінің аты ) деп елдік ұстанымды алға тартады. Ұлт зиялыларының саяси күрес жолындағы қайраткерлігіне сенім артқан ақын олардың халық мүддесін көздеген іс-әрекетін қолдау – қазақ баласына міндет екенін де терең толғайды.

Әдебиеттер:

  1. КенжебаевБ.XX ғасыр басындағы әдебиет. Алматы, 1993, 71-6.

  2. Сералин М. Топжарған, Алматы, 1985, 24-6.

  3. Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы: Дәуір, 1997. – 4-кітап. – 240 б.

  4. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері: Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1986. – 400 б.

  5. Қамзабекұлы Д. Әдеби-тарихи процесс: ағымдар, концепциялар (Ағартушылық кезең). – Докт. дис. авторефераты. – Алматы, 2002. – 51 б.

  6. Қирабаев С. Алашорда және «ұлтшылдық» әдебиет. // Абай, 1998. №2, 15-21-беттер.

  7. 4 Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991. 232-бет.

  8. Дөнентаев С. Шығармалар. –Алматы, 1957. 38-бет

8-дәріс. Мағжан мен Сәкен шығармалары

Мақсаты: Мағжан мен Сәкен шығармаларындағы заман шындығын бейнелеу ерекшеліктерін, Мағжан символизмі мен Сәкеннің реализмін талдау.

Сұрақтар:

1. Мағжан жырларындағы ұлт, ел тағдыры.

2. Сәкен жырларындағы асқақ сезім, революциялық идея.

Дәріс мәтіні (тезис)

Әдебиет туралы ой-толғамын бiлдiру, өлең әлемiнде арна, бағыт-бағдар iздеу Мағжан Жұмабайұлы (1893-1938) мен Сәкен Сейфоллаұлы (1894-1938) шығармашылығының бастапқы кезеңiнен көрiнедi. ХХ ғасырдың 20-жылдары бiр-бiрiн терiстеген (терiстеу де даму заңдылығы) поляризациялық ағымға түсетiн осы екi тұлға “төңкерiске дейiн” (10-жылдары) ортақ елшiлдiк-ағартушылық рухта өсiп-жетiлген едi.

Мағжаннның әдебиет хақындағы алғашқы ойлары “Шолпан” (1912) жинағына кiрген “Өлең”, “Алтын хакiм Абайға”, “Өнер-бiлiм қайтсе табылар?” секiлдi өлеңдерiнен байқалады. Жас Мағжан поэзия құдыретiн төмендегiше түсiнедi:

Жан сүйгенiм – ол да өлең,

Жете алмасам, жолда өлем!

Жанымның жаны,

Тәнiмнiң қаны…

Абайға арналған өлеңi – ақынның саф поэзияға арналған гимнi iспеттес:

Шын хакiм, сөзiң асыл – баға жетпес,

Бiр сөзiң мың жыл жүрсе, дәмi кетпес.

Қарадан хакiм болған сендей жанды,

Дүние қолын жайып ендi күтпес.

Сонымен бiрге осы өлеңде қазақ әдебиетiнiң тарихы жазылған. Бiздiңше, Абай рухына қаратып “қарадан хакiм болдың” деуiнiң астарында таза қазақ (қара қазақ) тiлiн ол әдебиет тiлi, яғни поэзия тiлi дәрежесiне көтердi деген ой да жоқ емес. Бұл – мыңдаған жылдарда қол жеткiзетiн және мыңдаған жылдарға азық, таяныш-тiрек болатын құбылыс. Жас ақынның түйсiгi осыны аңғарған.

Аталған шақта Мағжан iрi тұлға ретiнде әлi қалыптаса қоймағаны белгiлi. Сондықтан оған үйрену мен бiлiм-iлiм қымбат-тын. Оны ақын кiмнен алмақ? Бұл туралы ол “Өнер-бiлiм қайтсе табылар?” атты өлеңiнде:

Көзi ашық адамдарға жақын жүрсе,

Олардың әрбiр сөзiн үлгi көрсе.

Естiген сөз, көргендi бос тастамай,

Құлақ салып, көз салып, жиып-терсе.

Мiне, осы көзқарас Мағжанды сауатты алаш зиялыларына ынтық еттi. Сондай-ақ уақыт өте келе ел әдебиетiнiң, әдебиет тарихындағы белгiлi тұлғалардың (Қорқыт, Қойлыбай, Ақан серi, Базар жырау), мұра жинаушылардың (Ә.Диваев), замандастарының (Бернияз) жоқтаушысы жасады.

Қазақтың жаңа сападағы прозасы ХХ ғасырдың 10-жылдары туа бастағаны мәлiм. Алғаш жазушылар жеке-дара көрiндi (Бұл тұстағы Е.Маманұлының “роман бәйгесiнiң” орны айрықша). Бiрақ уақыт көркем әдебиеттi жасаушылардың топтасуын талап еттi. Қоғамның белгiлi заңдылығына сәйкес, топтасудың нышаны жастар жағында көрiндi. Уфадағы “Медресе Ғалия” шәкiрттерiнiң бiрiгiп, ортасынан “Садақ” атты қолжазба журналын шығаруы (1915), Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш ұйымы “Бiрлiк” (1914) мүшелерiнiң “Балапан” атты қолжазба журнал жариялауы (1916) – осы сөзiмiзге дәлел. Сонымен М.Жұмабайұлының әдебиет туралы пайымдары ұшырасатын бастапқы еңбектерiнен көркемөнер құбылысын ұғуға деген ынтасын ғана емес, оны жүйелеуге, саралауға тырысқан талабын да көремiз. Мұнымен бiрге алғашқы кiтабы шыққан ақынның жаңа әдебиет зәрулiгiн жiтi зерделегенiн байқаймыз. Ғалым Ш.Елеукеновтiң сөзiмен айтқанда, “өзi көтерiлуге тиiстi биiк басқыштың алғашқы сатысында” тұрған “Мағжан асып-тасымады: … нағыз көркемсөз ұлттан асып, күллi адамзатты сұлулық ләззатына бөлейтiндей өреге көтерiлуi тиiс” деген ойда болды. Яғни, алаш руханиятын әлемдiк деңгейден көруге тiлеуқор едi. М.Жұмабаевтың Абайдан кейінгі қазақтың ұлы ақыны екені. Ұзақ уақыт ақын шығармашылығына біржақты көзқарастың болуы. Мұның басты себебі Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов негізін калаған азатшыл бағыттан айнымауы болып табылатыны, 20 жылдардағы әдеби айтыстарда өзіндік бағыт ұстануы.

М. Жұмабаевтың, ең алдымен, сезімнің сыршыл суреткері, лирик ақын екені.

Европа әдебиетіндегі ағымдардын ерекшелігін ("символизм", т.б.) қазақ әдебиетіне алғашқылардың бірі болып ендіруі. Ақынның махаббат, сезім тақырыптарына жазылған өлеңдеріндегі суреткерлік шеберлігі ("Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Жұлдызды - жүзік, айды — алқа ғып берейін", "Шолпы" т.б.). Ақын лирикасындағы ел тағдыр мен жер тағдыры, дала мен қала өмірінің салыстырмалы шындығы. Өмір мен өлім жайлы толғаныстарының терең философиялық түйіндеулермен берілуі. Өлеңдеріндегі саз, әуез, ырғақтардың келісімді сипат табуы. Абай мен Мағжан поэзиясындағы лиризм үндестігі. Мағжан лирикасындағы жаңашылдық.

Акынның көркем аударма саласындағы ізденістері. М.Горькийдің "Сұңқар жыры", "Жұртын сүйген жүрек", "Темірді жұмсартқан ана" "Хан мен ұлы" әңгімелерін аударудағы өзіндік ерекшеліктері.

М.Жұмабаев поэмаларындағы ұлт табиғатының даралануы. Ақын поэмаларындағы қазақ тұрмысының өткенін жырлау арқылы, ұлттық, мәдениеттің ежелгі арналарының табиғи тұнбасын аршуға ұмтылудың басымдылығы. Аңыздық сюжеттерді өмір шындығымен тұтастыра жырлауға бейімділігі ("Қойлыбайдың қобызы", "Қоркыт" т.б.). Поэмаларында тарихи тақырыпты терең игеруі ("Батыр Баян", "Оқжетпестің қиясында"). Поэмаларының жанрлық ерекшеліктері, тақырып пен идея бірлігі, сюжеттік желісі мен образдылығы. Поэмаларындағы ауыз әдебиеті үлгілерінің атқаратын көркемдік-эстетикалық қызметі. "Батыр Баян" поэмасында халық трагедиясының жеке бас трагедиясынан жоғары койылуының мәні. Отандық патриотизмнің жан-дүние, ішкі сезіммен ұштаса жырлануы. Ақынның кейіпкер характерін жасаудағы шеберліктері. Көркем образды ішкі сезім, мінез-құлық, психологиялық иірімдерді ашу арқылы сомдауы.

М.Жұмабаевтың әдеби-көркем сын саласындағы еңбектерінің ("Ақан сері", "Әубәкір ақсақал Диваев", "Базар жырау" т.б.) құндылығы. Ақынның сөз өнерін қастерлеу, өлең табиғатын танудағы өзіндік ой-пікірлері. "Алқа" атты ақын-жазушылар ұйымын құру жолындағы бағыт-бағдары. Ұйымның ақын жасаған "Табалдырық" атты бағдарламасындағы ой-пікірлерінің жазба әдебиетті дамытудағы, жас ақын-жазушыларды тәрбиелеудегі ұсыныстарының мәні. Жалпы М.Жұмабаев шығармашылығының қазақ әдебиеті тарихында алар орны.

Сәкен Сейфоллаұлының өнер мен өмiр құбылысын түсiнуге жасаған ұмтылысы “Өткен күндер” жинағынан (1914) аңғарылды. Әрине, аталған кiтапқа енген өлеңдерi бiр уақытта ғана жазылмағаны аян. Осындағы “Ақын” өлеңi Мағжанның Абайға арналған туындысымен үндес. Бiрақ бұл Сәкеннiң “өз Абайы” едi. Балаң ақын оны өзiнше сомдады:

Ғибратты сөздер айтып болдың, ақын,

Мүсәнләфләр сөзiне сөзiң жақын.

Үлгi қып кейiнгiге жаздың нұсқа,

Қиыннан қиыстырып сөздiң нақын.

Сөзiңнiң қарап тұрсам, мағынасы мол,

Бастаушы адасқанды болғандай жол.

Өзге сөздiң патшасы – сенiң сөзiң:

Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол.

Бұл – алты шумақ өлеңнiң бастапқы екi шумағы. Ендi осы үзiндiдегi “өзге сөз” тiркесiнiң мәнiне үңiлейiкшi. Абай түпнұсқасында бұл – “өлең сөз”. Сәкеннiң қолданылымындағы “өзге сөз” - өзгеше сөз, ешкiм айтпаған сөз, жаңа сөз деген мағына бередi. Сондай-ақ келесi тармақ Абай жолымен жүру мен жүрмеу - өмiрде де, әдебиетте де қазақ үнiнiң болу-болмауын анықтайды дегендi түсiндiрiп тұрғаны хақ. Осы түсiнiк Сәкеннiң “ґткен күндерiне” рухани їәм қаржылық жәрдем жасаған алаш жастарының тұңғыш ұйымы “Бiрлiктiң” басты принципiнiң бiрiн құрайтын.

“Өткен күндер” – С.Сейфоллаұлының өткен және өтiп жатқан күндер туралы толғанысы. Ол күндер - бодандықта булыққан күндер. Сол уақыттың бейнесiн ақын “Нұра” өлеңiнде дөп сипаттайды:

Қош, Нұра, тағы көргенше,

Есендiк берсiн бiр құдай.

Ендi қайтiп келгенше,

Ескi иең жүрер құр жылай!

Бұрынғыдан қайғылы

Құстарың да сайрайды:

Қолдан келер еш не жоқ,

Жүрек от боп қайнайды.

Осы шумақтарда рухани өмiрдiң, әдебиет қалпының суретi жоқ деу қисынсыз. Құстың қайғылы сайрауын ақын ғана ести алса керек, немесе сол уайым сазын шығарған “құстың” өзi – ақын. Жерi мен елi таланған ақын неге қайғырмасын? Сол үшiн там-тұмдап күрескен “Бiрлiк” ұйымына қайтiп кiрмесiн? Ал осы “Бiрлiк” өмiр мен өлiм күресiн әуезе ететiн өлеңi бар кiтапты қалай шығармасын?

Мағжанның “Шолпаны” мен Сәкеннiң “Өткен күндерi” – шеберлiк көшiне iлесiп бара жатқан жастардың өлең әлемiндегi алғашқы тәжiрибесi. Рас, балаңдығы да бiлiнедi. Бiрақ қазақтың “Бала соққан кездiктiң басы жарық” нақылын бұларға қаратып айта алмаймыз. Өйткенi құрылымы мен көркемдiгi балаң Мағжан мен Сәкен жырларының арғы жағындағы тегеурiндi ойды ағартушылық кезең тездетiп жетiлдiрген едi.

Сәкеннiң жаңа бағыттағы әдебиет тұғырнамасын көрсетуге талап қылған бiр еңбегi – “Манап” драмасы туралы” мақаласы. Ол 1914 жылы “Айқапта” жарияланған И.Лихановтың “Манап” драмасы аудармасына (тәржiмелеген М.Есенгелдин) сын ретiнде жарық көрдi. Әлбетте, И.Лиханов көрнектi драматург емес. М.Есенгелдин де аудармашы ретiнде белгiсiз жан. Осы ретпен келгенде, бұл кезде Сәкендi де мәшһүр әдебиетшi едi дей алмаймыз. Бiрақ әдеби процесс деген тынымсыз дамып отыратын ұғым бар. Ол бәрi толсын-толыссын деп күтiп отырмайды. Айталық, әлгi “Манап” пьесасы жазылды делiк. Қаламгер атаулы үндемесiн. ґкiнiшке қарай, бұл пьеса авторына да, әдебиетке де жанашырлық болып табылмайды. Туындыға пiкiр бiлдiру – жанашырлық. Мiне, осыны басшылыққа алып, жүрек қалауы їәм азаматтығымен “Манап” драмасына Мiржақып “Қазақта”, Сәкен “Айқапта” сын жазды. Бұлардың келiсiп жазбағаны да шүбәсiз. Мiржақып тiптi “Манапты” басқан “Айқаптың” талғамын да сын тезiне салды.

Аталған драмадан Сәкеннiң көрген кемшiлiгi мыналар: 1. пьеса авторы қазақ тұрмысын жетiк бiлмейдi; 2. кейiпкерлер бейнесiн сомдауда тұрақты принцип жоқ, олардың бiр сөзi екiншi сөзiне, бiр iсi екiншi iсiне қайшы; 3. шығарманы қазақ тiлiне аударушының шеберлiгi сын көтермейдi.

С.Сейфоллаұлының бұл сынды жазған уақыты қазақ драматургиясының там-тұмдап, сiбiрлеп көрiне бастаған уақыты болатын. Осы тұрғыдан келгенде оның мақаласы “әуесқой” драматургтер үшiн басшылыққа аларлық еңбек едi. Аудармаға қатысты да осыны айта аламыз.

Сөйтiп, Сәкен Сейфоллаұлы ХХ ғасыр басындағы әдебиеттiң iлгерi дамуына қал-қадерiнше өлеңiмен де, әдеби-эстетикалық еңбегiмен де үлес қосыпты. Оның алғашқы шығармаларында әлеуметшiлдiк сарын аясындағы дәстүршiлдiк пен жаңалыққа ұмтылыс орайлы үйлесiм тапқан.

Творчестволық өмірбаяны. Ақынның алғашқы өлеңдері ("Жазғы түнде", "Туған ел", "Сағыну", "Нұра", "Кім басшы", "Жайлауда", т.б.). "Асау тұлпар" атты өлеңдер жинағы (1922).

Лирикалық өлеңдері ("Сағындым" "Тау ішінде", "Тұлпарым", "Шәйіт болған досыма", "Сыр сандық", "Ақсақ киік", т.б.). Ақын поэмаларындағы, өршіл романтика сарыны ("Аққудың айрылуы"). Сәкеннің қазақ поэзиясына жаңа ырғақ, соны ұйқастар әкелуі. "Көкшетау" (1929). Ақын поэмаларына негіз болған өмірлік материалдар. Ақынның халық аңызы желілеріне негіздеп жазған шығармалары, олардың жанрлық сипаты, стильдік беті.

Жазушының прозалық шығармалары. "Тар жол, тайғақ кешу" атты мемуарлық романы (1927). Шығарманың тарихи маңызы, жанрлық, көркемдік-идеялық ерекшеліктері. "Айша" атты повесть, әнгімелер жинағы. "Біздің тұрмыс", "Жемістер", "Жер қазғандар" т.б. повестері. Сәкен повестерінің тақырыбы мен проблематикасы, көркемдік ерекшеліктері.

Сәкеннің драмалық шығармалары ("Бақыт жолына", 1917). ("Қызыл сұңқарлар", 1920). Пьесалардың қазақ драматургиясының дамуына тигізген әсері.

Сәкен — қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші. Қазақ әдебиетінің даму жолдары, әдеби мұра жайындағы еңбектері. "Қазақ әдебиеті" оқулығы. Сәкен творчествосының қазақ әдебиеттану ғылымында бағалануы.

Әдебиеттер:

  1. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. - Астана: Фолиант, 2002.-474 б.

  2. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. - Алматы: Бiлiм, 1993. - 248 б.

  3. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың. -Алматы: Жетi жарғы, 1998.- 250 б.

  4. Бурабаев М.С. 1917-1940 жылдардағы Қазақстандағы қоғамдық ой-пiкiр. – Алматы: Ғылым, 1991.- 368 б.

  5. Кәкiшев Т. Қазақ әдебиетi сынының тарихы. Алматы: Санат, 1994. - 448 б.

9-дәріс. Жүсіпбек Аймауытов Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармашылығы

Мақсаты: Ж. Аймауытов, Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармаларының көркемдік-идеялық ерекшелігін, тақырыбы мен сюжетін талдап, түсіндіру.

Сұрақтар:

1. Ж.Аймауытовтың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби қызметі.

2. Б.Майлин - әңгіме жанрының шедеврі.

3. І.Жансүгіров – эпик ақын.

Дәріс мәтіні (тезис)

Жүсіпбек Аймауытов – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Амауытов ауылы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1907 жылдан бастап Баян ауылдағы орыс мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп қашып оқиды. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіреді (1914-1919).

Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929) қызметтерін атқарады. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», « Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Комплекспен оқыту жолдары» атты мұғалімдерге арналған көмекші құрал, «Психология» оқулығы бар.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының соңылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ. Өмір жолы, қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогтік және әдеби қызметі. Мәдени өмірге, әдебиетке сіңірген еңбегінің ұзақ жылдар бойы жөнсіз бұрмалануы. Ж.Аймауытовтың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби қызметі жөніндегі тарихи шындықтың қалпына келтірілуі.

"Қарт Қожа", "Ак білек" романдарымен "Күнекейдің жазығы" повесі. Олардың жанрлық сипаты. Такырыбы мен идеясы. Жазушының сюжет дамыту, образ жасау, композиция кұру шеберлігі. Романдарында тарихи шындық пен көркемдік шешімнің бірлік табуы.

"Қанапия мен Шорбану", "Мансапқорлар", "Ел қорғаны" пьесалары. Олардың қазақ драматургиясындағы орны. Тақырыбы мен идеясы, тартыс сипаты. Қаһарман мен оқиға арақатынасын көрсетудегі ұтымды тәсілдері. Кейіпкерлердің сөзі мен ісіндегі өзіндік шеберлік белгілері.

Аудармашылық қызметі А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларынан аудармалары. Олардың көркемдік денгейінің жоғарылығы.

Әдебиет мәселелері жайында жазылған макалалары. "Мағжанның ақындығы туралы" (1925), "Аударма туралы" (1925), т.б. макалаларында көтерілген әдебиет мәселелері және олардың маңызы мен мәні. Алғашқы мағжантанушы ретіндегі әдебиеттанудағы орны. Әдеби шығарманы талдау, күрделі мәселелерді шешу мәнері.

Ж.Аймауытов шығармашылығы және бүгінгі әдеби процес. Дәстүр мен жаңашылдық мәселесі. Ж.Аймауытов шығармашылығы мен қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркемдік үлгілерге тән ортақ белгілер мен дара ерекшеліктер. Ж.Аймауытов әдеби мұрасының қазақ әдебиеті тарихында алатын орны.

Майлин Бейімбет (Бимағамбет, 1894-1938) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. Алғашқыда мұғалімдік қызмет атқарған (1916-1919). Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» ) газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Саяси репрессияның құрбаны болды. Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған. Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.

Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады. Творчестволық өмірбаяны. Бейімбеттің алғашқы өлеңдері. Бейімбет поэзиясындағы еңбек адамының бейнесі. Мырқымбай образы ("Мырқымбай", "Кедейдің кейістігі", "Бүгін", "Әйт-шуу, ала атым", т.б.).

Бейімбеттің прозалық шығармалары. Жазушының проза саласындағы тұңғыш еңбегі ("Шұғаның белгісі" (1926). Повестің тақырыбы мен идеясы, тіл көркемдігі. Шұғаның, Әбдірахманның образы. Шығарманың сюжеті мен композициясы.

Жазушының повестері ("Он бес үй", "Қырманда" (1933)), әңгімелерінде ("Колхоз қорасында", "Арыстанбайдың Мұқышы", т.б.) көрініс тапқан өмір құбылыстары.

Жазушының "Раушан - коммунист" (1920) повесі. Жазушының образ жасау шеберлігі. Б.Майлиннің драматургиясы ("Жалбыр"), ("Біздің жігіттер" 1936), "Майдан"), (Талтаңбайдың тәртібі"), ("Аманкелді").

Бейімбеттің бір-екі актылы, пьесалары ("Шаншар молда", "Ауыл мектебі", "Неке қияр", "Қос қақпан", "Көзілдірік", "Жасырын жиылыс", "Келін мен шешей").

Бұлардың сол кездегі қазақ даласындағы ескіліктің калдықтарын сынаудағы мәні, жанрлық ерекшеліктері.

"Майдан" (1931) Бейімбет творчествосында ғана емес, бүкіл қазақ драматургиясының күрделі де көлемді шығармасы. Тақырыбы мен идеялық мазмұны. Пьесаның оқиғасы, тартыс сипаты. Досан, Орынбай, Махмұдовтардың образы. Пьесадағы сөз бен іс. Ғабит Мүсіреповпен бірігіп жазған "Аманкелді" (1936), және "Жалбыр" пьесаларында қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысының көрінісі, қазақ халкының өз бостандығы үшін күресінің шынайы суреттелуі.

"Талтаңбайдың тәртібі" (1934) — қазақ драматургиясындағы тұңғыш сатиралық шығармалардың бірі.

Бейімбет творчествосының қазақ әдебиеттануында бағалануы.

Ілияс Жансүгіров – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Алматы облысының Ақсу ауданы. Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан.

Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп (1921), өз аулында мұғалім болады.Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады (1922). Москвадағы Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, 1928 жылы бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы (1932-1934). ҚАК СР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі (1933-1936). Саяси репрессияның құрбаны болды. Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы.

Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, халық болмысын асқақтатын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасы айғақтап отырады. Ілияс Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М. Горькийдің, Н.А. Некрасовтың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі өнеге. Өмірі мен творчествосы. Алғашқы өлеңдері. Қазақ поэзиясында сюжетті поэма жанрының дамуына Ілиястың әсері, қосқан зор үлесі ("Кәнпеске", "Күй", "Дала", "Күйші", "Құлагер" поэмалары). Ақынның поэмаларының тақырыбы, сюжеті, композициясы, тілі. Ақынның образ жасау, мінез даралау шеберлігі.

Прозалық шығармалары. "Жолдастар" романы. Романдағы қазақ аулының революция алдындағы өмірі.

Драмалық шығармалары ("Кек", 'Турксиб", "Исатай-Махамбет" атты пьесалары). Сауық кештерге, мектеп балаларына арнап жазған бір актылы пьесалары ("Мектеп", "Колхоз тойы" "Мін де, шап" т.б.).

Ілияс алғашқы өлендерінің басым көпшілігінде жастарды оқу-білімге, өнер үйренуге мәдениет пен жаңа өмірге шақырады. ("Жас бұлбұлдарға", "Жалпы касқа", "Жастар ұраны", "Жазғытұрым ", "Жазғы шілдеде", "Күзде", т.б.

"Жол аузында" кітабына енген әңгіме, очерктері. Фельетондар жинағы - "Құқ". Ұсқынсыз мінез-құлықтың сиқын тез көріп, өткір тілмен оңай ғана сатиралық образ жасауы арқылы Ілияс өзінің сатирик жазушы екендігін де танытады.

"Исатай-Махамбет" — жазушының драматургиядағы үлкен жеңісі. Ресей отаршылдары мен қазақтың хан, сұлтандарының зорлығына қарсы шаруалар көтерілісінің тарихи шындық тұрғысынан суреттелуі. Исатай мен Махамбет образының шынайы жасалуы.

І.Жансүгіров- көркем аудармашы - "Таврилиада" "Евгений Онегинді" тәржімалаған.

Әдебиет тарихына арналған еңбектері, халық ақындарының шығармаларын зерттеуі, жинап бастыруы. І.Жансүгіров творчествосының қазақ әдебиеті тарихындағы орны, маңызы.

Әдебиеттер:

  1. XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. - Алматы, 1994.

  2. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. - Алматы, 1997.

  3. Исмаилов Е. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. - Алматы, 1940.

  4. Қазақ әдебиетінін тарихы ІІ том, ІІ кітап. - Алматы, 1965.

  5. Кенжебаев Б. XX ғ. басындағы Қазақ әдебиеті. - Алматы, 1983.

  6. Кенжебаев Б., Есназаров Ө. XX ғ.б. Қазақ әдебиеті. - Алматы, 1966.

  7. Мұқанұлы С. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. - Қызыл Орда, 1932.

  8. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын гасыры.- Астана, 2002.

  9. Әбдиманұлы Ө. XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. —Алматы, 2002.

  10. Қаратаев М., Нұртазин Т., Қирабаев С. Қазақ совет әдебиеті. Оқулық. – Алматы: Мектеп, 1971.

10- дәріс. С.Мұқанов пен М.Әуезов шығармашылығы

Мақсаты: С.Мұқанов пен М.Әуезов шығармаларының тақырыптық, көркемдік ерекшелігін түсіндіру. Әдебиеттегі жазушылық, ғалымдық еңбектерін саралау.

Сұрақтар:

  1. М.Әуезов

  2. С.Мұқанов

Дәріс мәтіні (тезис)

М.О.Әуезов Семей облысы, Қасқабұлақ ауылында 1897 жылы дүниеге келген. 1922 жылы Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөлімінен дәріс алған. Аталмыш оқу орнын Ташкентте жалғастырып, 1928 жылы бітірген. Академик-жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов әдебиеттің тарихына, теориялық мәселелеріне, күнделікті тыныс-тіршілігіне арнап терең зерттеу еңбектер, өткір сын мақалалар жазып отырған. Оның қаламынан үлкенді-кішілі бас-аяғы 500-ге тарта ғылыми-зерттеу еңбектер мен сын мақалалар жарық көрді. 1946 жылы М.Әуезовке арнайы филология ғылымдарының докторы дәрежесі берілген. 1946 ж. Қаз. ССР ҒА-ның толық мүшесі (академик) болып сайланды. 1961 жылы қайтыс болады.

М.Әуезовтің қазақ әдебиеттану ғылымы саласындағы еңбектері: «Абайдың өнері һәм қызметі» («Абай» журналы, 1918); “Абайдан соңғы ақындар”; “Әдебиет тарихы” (1927); “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабында” (А., 1933); “Мәлік Ғабдуллинге жауап хатында” (“Қазақ әдебиеті” газеті, 1955); “Үзінділер” (1934); “За большие художественные обобщения” (1936); “Литература и кино” (1944); “Кейбір ұлт жазушыларының романдары туралы” (1950); “Өнер өрінде” (1952); “Абай” романының жазылуы жайынан” (1955); “Өмір мен шығарма” (1956); “Заман шарты” (1960); “Қазіргі роман және оның геройлары” (1961) т.б.

М.Әуезов 1918 жылы “Абай” журналында жарияланған Ж.Аймауытовпен бірге жазған “Абайдың өнері һәм қызметі” атты мақаласында: “Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімнің әр тарауынан көкірегінде асыл қазынаның көп” екенін, оның “өзге сипаттарының ішіндегі ақындық сезімінің артық жетіктігі, дүниенің сыры мен жүрегінің жалғасып, ымдасып кететіндігі, не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейтін” ерекшелік қасиеттерін дәл танып, “өлеңшілікке өзгеше нұр кіргізіп”, неше түрлі өлшеу, көптеген жаңа түрлер тапқандығын өте жоғары бағалайды.1

М.Әуезов 1933 жылы жазған “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабында” жырау деген атауға алғаш рет айқын анықтама береді: “Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның өз үлгісі, шығармасы – толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті – “не болса сол, көңіл ашар әлдене” дерлік сөзді айту емес, ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжамы, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады”3, - дейді. М.Әуезов 30 жылдардан бергі кезеңде жазған: “Шыншыл, тәкәббар ақын”, “Қалмақаннан не тілер едік”, “Ақ аю туралы”, “Әбділда ақын”, “Жолы кең жазушы”, “Мәлік Ғабдуллинге жауап хат”, “Абай (Ибраһим) Құнанбаев”, “Алтай жүрегі туралы”, “Жыл келгендей жаңалық сеземіз”, т.б. атты мақала, зерттеулерінде поэзия жанрының түрлі теориялық, эстетикалық мәселелерін жан-жақты қарастырып сөз етеді.

«Еңлік-Кебек» пьесасымен және 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы Мұқтар Әуезов өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Осы жылдарда Мұқтар Әуезов Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға ат салысып, қоғамдық өмірдің, әдебиет пен мәдениеттің алға қойған зәру мәселелерін талқылауға қатысады. Абай дәстүрін жаңа дәуірде ұластырып, өрістеткен алаш көсемдерінің, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің ел тағдыры, егемендігі, рухани еркіндік үшін, ғылым-білімге, озық мәдениетке қол жеткізу үшін күресі жас Әуезовті рухтандырды.

Мұхтар Әуезовтің 20-жылдардың басынан бастап «Абай», «Сарыарқа» секілді газет-журналдарда басылған мақалаларында заманның аса маңызды, көкейкесті мәселелерін мол қоя білгені оның жас кезінен жалынды публицист, күрескер ретіндегі жарқырап көрінгенінің айқын айғағы дәуімізге болады. Сол алғашқы мақалаларының өзінде-ақ Мұқтар Әуезов «елді мәдениетке жеткізіп, ағарту, өнер-білім таратып құралдандыру, дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп, ішінен жетілту» қажеттігін уақыттың өзі қазақ қоғамының алдына қойып отырған әлеуметтік мәні зор мақсат-міндеттер деп түсінгенін байқай аламыз. Жоғарыда аталған мақалаларға қоса 1920-21 жылғы ашаршылық туралы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған мақаласын, жер бөлісі туралы сөйлеген сөздерін шолып өтсек, Мұқтар Әуезовтің ол кездегі ел тағдыры, ұлттық мүдде, жастардың келешегі жайындағы толғаныстары, ой-толғамдары бүгінгі замандағы озат идеялармен үндес шығатыны көңіл қоярлық. Алаш Орда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап Мұқтар Әуезов саяси қызметтен бой тартып, көркем әдебиет саласында бар күш-қуатын жұмсап өнімді еңбек етуге кіріседі.

1923 жылдан 1930 жылға дейінгі уақытын көбіне Ленинградта (Санкт-Петербургта) және Ташкентте оқып білімін толықтыруға жұмсап, сонымен қатар ауыл өмірі туралы көркем шығармалар жазумен өткізеді. Он жылдай жазушылықпен шұғылданған Мұқтар Әуезов суреткерлік дарынының аса қуатты екенін, өзінің сарқылмас творчестволық мүмкіндігін толық сезінді. Керемет дарындылық, тынымсыз творчестволық еңбек Мұқтар Әуезовке үнемі қуат беріп, күш дарытып, оны қуаныш сезіміне бөлегені талассыз. Мұқтар Әуезовтің өмірге деген құштарлығы шексіз зор болғаны да оның бойына біткен адамгершілік қасиеттеріне қоса сарқылмас шабыты мен алдына қойған биік арман-мақсаттарымен жалғастық-бірлік танытатыны даусыз. Ұлы қаламгерге тән осы зор өмірсүйгіштігі, өмірге құштарлығы оның бүкіл аса өнімді, өнегелі өнерпаздық жолында, қанша қиыншылықты бастан кешсе де, арта түспесе, азайған жоқ.

Ал «Қилы заман» – Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі патша үкіметінің жүргізген саясатын тікелей, нақтылы әшкерелейтін, сыншылдық пафосы аса күшті шығарма. Мұнда патша үкіметінің ұлық-чиновниктерінің халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығы, шектен шыққан қаталдығы мейлінше нанымды сипатталады. 30-жылдарда Абай мұрасына әр қилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, ақынның ұлылығын, қалдырған мұрасының аса құндылығын тани білгені - Мұқтар Әуезовтің кемеңгерлігі еді. Ол Л.Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1939 жылы Мәскеуде бастырды, кейін ұлы ақынның өмірін бейнелейтін опера либреттосын, киносценарий де жазды.

«Абай жолы» эпопеясы – қазақ қоғамының алуан түрлі топтарын кең қамтыған, мінез-құлық, құмарлық, сүйіспеншілік атаулының сан қырлы тұтас галереясын жасаған, айрықша мол өмірлік деректерді, әдеби, этнографиялық материалды творчестволық жолмен игеріп, көркемдік әр беріп жинақтаған шығарма. Оқиғалар мен фактілерді баяндай отырып, жазушы өмірдік тартысты барынша ашып көрсетуге, оның әлеуметтік жағын күшейтуге тырысады. 1927 жылы басылған «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде Әуезов халық салт жырлары мен тарихи өлеңдеріне, батырлар жырлары мен ғашықтық жырларға, айтыс өлеңдер мен ертегілерге тыңғылықты талдау жасағанын көреміз. Сонымен қатар бірталай көрнекті ақындардың творчествосына да зерттеуші лайықты баға бере алған. Бұл еңбегінде Мұқтар Әуезов тұтас бір ғасырды толық қамтитын зар-заман әдебиетін сол дәуірдегі қоғамдық өмірмен, патша үкіметінің отаршылдық саясатынан зардап шеккен халықтың тағдырымен, тарихи жағдаймен тығыз байланысты қарап, елдің азаттығы, тәуелсіздігі тұрғысынан келіп бағалағаны ерекше көңіл қоярлық. Зерттеуші қазақ әдебиеті тарихындағы зар-заман әдебиеті деген Шортанбайдың өлеңінің атымен аталғанын айта отырып, бұл ағымның одан да бұрын басталғанын және әдебиеттегі Абай дәуіріне дейінгі бір ғасырды толық қамтитынын атап көрсетеді. Шортанбайдың, сондай-ақ Мұрат пен Дулаттың творчествосы, әдебиеттегі орны 40-50 жыл бойы әр саққа жүгіртіліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып келгені белгілі. Мұқтар Әуезов осы ақындардың творчествосының бағыт-бағдарын, идеялық мазмұнын аталған еңбегінде, яғни, бұдан жетпіс жылға таяу бұрын негізінен дұрыс, әділ бағаланғанын көреміз. Ал Шортанбайды, Мұрат пен Дулатты дұрыс бағалау осыларға үндес, бірақ талай жыл даулы болып келген басқа ақындарға да дұрыс баға беруге жол ашқаны талассыз.

Сәбит Мұқанов. Шығармашылық өмірі. Өлеңдері. Поэмалары.

Шығармашылық өмірі. Өлеңдері. Поэмалары.

“Сұлушаш” (1928). Поэманың сюжетіне негіз болған материал. Ақынның ойдан қосуы және оның шығарманың көркемдік-идеялық жүйесіндегі орны. Сұлушаш, Алтай, қайсар бейнелері. Поэманың көркемдік ерекшеліктері.

Ақынның өз заманы туралы жазған шығармалары. “Майға сәлем”, “Ақ аю”, “Колхозды ауыл осындай”, “Сөз Советтік Армия”, “Поэзия маршалы”, т.б. Олардағы ақындық ізденіс іздері. Ақынның В.Маяковскийден үйренуі, қазақ өлең құрылысына енгізген жаңалығы.

Прозалық шығармалары. “Адасқандар” (1931), “Жұмбақ жалау” (1938), “Ботакөз”. Романның қазақ әдебиетінде реализм әдісі негізінде көрінген шығарма екендігі. Жазылу тарихы. Тақырыбы мен көтерген мәселесі. Романның сюжеттік желісін құрған тарихи оқиғалар, оларды жинақтау мен даралаудағы суреткерлік нысана.

“Менің мектептерім”, “Өмір мектебі”, “Есею жылдары”. Шығарманың жанрлық сипаты, онда қазақ халқының өмірінің суреттелу жолдары. Баяндаушының өз бейнесі. Дәуір шындығы және көркемдік жинақтау.

“Сырдария” романы (1948-1951). Тақырыбы. Еңбек адамдарының бейнелері. Байжан, Айбарша, Дәулет, Сырбай, Анатолий, Самархан, Наталья, Рахмет сияқты басты кейіпкерлердің образдары, олардың өсу жолы. Романдағы халықтар достығы. Романның көркемдігі. Баяндау, суреттеу, әңгімелеу жолдары. Шығарманың тілі.

“Мөлдір махаббат” (1959) романы. Шығарма тақырыбының тууы. Жазушының өмір шындықтарын жинақтау жолдары. Бүркіт пен Бәтестің махаббат тарихы, олардың еркін өмір жолындағы әрекеттері. Романның басты кейіпкерлері және олардың прототиптері.

Драмалық шығармалары: “Күрес күндерінде” (1938), “Сәкен Сейфуллин” (1964), “Қашқар қызы” (1972), “Шоқан Уәлиханов” (1953).

“Аққан жұлдыз” (1967, 1970). Романды тетрологиялық деңгейде жазу туралы автордың ойы. Ол ойдың толық жүзеге аспауы. Романның алғашқы екі кітабында көрініс тапқан өмір шындықтары. Шоқан Уәлиханов бейнесі.

Әдебиет сыны мен әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектері “Өсу жолдарымыз”, “Халық мұрасы”, “Жарқын жұлдыздар” “ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерің оқулығы. Жазушы творчествосының зерттелу жайы, қазақ әдебиеті тарихында алатын орны.

Әдебиеттер:

  1. Дәдебаев Ж. Мұхтар Әуезов. – Алматы: Рауан, 1991.

  2. Әуезова Л.М. О.Әуезов творчествосындағы қазақстан тарихының проблемалары. –Алматы:Мектеп, 1977.

  3. Әуезов М. Шығармаларының жиырма томдық жинағы.

  4. Әуезов және әлем әдебиеті. 1-кітап. Алматы: Қазақ университеті, 1999.

  5. Әуезов және әлем әдебиеті. 2-кітап. Алматы: Қазақ университеті, 2001.

  6. Әуезов тағылымы. Алматы: Жазушы, 1987.

  7. Джуанышбеков Н. Творчество Ауэзова в контексте сравнительного литературоведения. – Алматы: Бастау, 2002.

  8. Дүйсенбаев Ы. М.Әуезов. Алматы: Ғылым, 1974.

  9. Қабдолов З. Мұхтар Әуезов және оның әсемдік әлемі. – Алматы: Білім, 1986.

  10. Қабдолов З. Көзқарас. –Алматы: Рауан,1996.

  11. Ергөбеков Қ. Сәбит Мұқанов. – Алматы: Рауан, 1989.

  12. Мұқанов С. Өсу жолдарымыз. – Алматы: ҚМКӘБ, 1960.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]