
- •Тақырып 3. Өнім өндіру мен өткізуді талдау
- •Өнім өндіру мен өткізу көлемін талдаудың қажеттілігі, міндеттері және ақпарат көздері
- •Өнімді өндіру мен өткізу жоспарының орындалуын талдау
- •Өнімнің ассортименті мен құрылымын талдау
- •Кәсіпорын жұмысының бірқалыптылығын талдау
- •Өндірілген өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін талдау
- •Өнім өндіру мен өткізуді арттыратын резервтер мен факторларды талдау
Тақырып 3. Өнім өндіру мен өткізуді талдау
Өнім өндіру мен өткізу көлемін талдаудың қажеттілігі, міндеттері және ақпарат көздері
Қазіргі кезде әрбір кәсіпорын шаруашылық қызметін өз бетімен жоспарлап, өндіретін өніміне (қызмет, жұмыс) нарықтағы сұранысты зерттеудің негізінде өзінің даму болашағын анықтай алады.
Егер жоспарлы экономика жағдайында бірінші орынға өндірістік көрсеткіштер қойылса, ал нарық жағдайында өнімді өткізу көлемі өндірістік бағдарламаны жасаудың негізі болып табылады. Кез келген кәсіпорын өз қызметінде тұтынушылардың мүдделері мен өндірілетін өнімнің сапасына қоятын талаптарын басты назарда ұстауы тиіс. Кәсіпорын өнімін нарықта нақты өткізе алатындай көлемде ғана өндіруі қажет.
Өнімді өндіру мен өткізу көлемі – бұл кәсіпорын қызметін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер және оларды талдау кәсіпорынның өндіріс пен өткізу көлемін жоспарлаудағы қызметін бағалауда маңызы зор.
Өнімді өндіру мен өткізу көлемінің өсу қарқыны, оның сапасының жақсаруы кәсіпорынның қаржылық нәтижелеріне, яғни табыс пен шығынның мөлшеріне, рентабельділік деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмысы өнімді өндіру мен өткізу көрсеткіштерін зерттеуден басталады. Кәсіпорын қызметі көрсеткіштерінің серпінін бағалау үшін өндірістік бағдарламаны жасауда және талдауда бастапқы өлшемдердің өзгеру индекстері (өсу қарқындары) және бастапқы өлшемдердің абсолютті өсімдері қолданылады. Өндірісті жоспарлауда жылдық көлем өнім өндіру мен тұтас кәсіпорын қызметінің бір қалыптылығын қамтамасыз ету үшін тоқсандарға бөлінеді.
Өнімді өндіру мен өткізу көлемін талдаудың негізгі міндеттері:
Өнімді өндіру мен өткізу серпіні мен жоспарының орындалу деңгейін бағалау;
Осы көрсеткіштер мөлшерінің өзгерісіне факторлардың әсерін анықтау;
Өнімді өндіру мен өткізу көлемін арттыратын ішкі шаруашылық резерв қорларын ашу;
Көрсетілген резервтерді жүзеге асыру шараларын жасау.
Өнімді өндіру мен өткізу көлемі заттай, шартты-заттай, еңбек және ақшалай (құндық) өлшемдерде болады. Өнім өндірудің жалпылама көрсеткіштері құндық бағалаудың (ағымдағы және салыстырмалы бағаларда) көмегімен анықталса, ал өнімді өткізу көлемі тауарды сатып алушыларға тиеп жіберу немесе оның ақысын төлеуімен анықталады.
Өнімді өндіру мен өткізу көлемінің заттай көрсеткіштері біртекті тауарды жекелеген түрлері мен топтары бойынша талдауда қолданылады. Ал шартты-заттай көрсеткіштер ақшалай өлшемдер сияқты өнім өндіру көлемін жалпылама сипаттау үшін қолданылады. Мысалы, мың шартты банкі, шартты жөндеулер саны, т.с.с.
Нормативті еңбек шығындары көп номенклатуралы өнім өндірісінде, яғни заттай және шартты-заттай өлшемдерді пайдалану мүмкін болмаған жағдайда өндірілген өнім көлемін жалпылама сипаттау үшін қолданылады.
Өнім өндіру көлемі тауарлы және жалпы өнім көлемі көрсеткіштерімен көрсетіледі. Тауарлы өнім – барлық өндірілген тауарлардың (қызметтер) құны. Ал жалпы өнімге барлық өндірілген тауарлардың (қызметтер) құнымен қоса аяқталмаған өндіріс жатады.
Өнімді өткізу көлемі мына екі әдіспен анықталады:
тиеп жіберілген тауарлардың, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің құны;
ақысы төленген тауарлардың, қызметтер мен жұмыстардың құны.
Кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметі жөніндегі барлық ақпараттар жиыны экономикалық талдаудың ақпараттық базасын құрайды. Кәсіпорынның өнім өндіру мен өткізу көлемін талдаудың есептік және есептен тыс ақпарат көздеріне мыналар жатады:
Баланс, пайда және зиян туралы есеп, ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп беру мәліметтері;
Бизнес-жоспар, өндірістік бағдарлама, өндіру кестесі;
Соңғы бірнеше жылдағы өнім шығару есебі;
Бас кітап, №11 журнал ордер;
Өнімді шығаруға ұсынылатын құжат (накладная), сапа сертификаты, өнім ақауының актісі және т.б.