
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Лингвистикадағы ғылыми зерттеу негіздері
Павлодар
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Гуманитарлық-педагогикалық факультеті
Аударма теориясы мен практикасы кафедрасы
Лингвистикадағы ғылыми зерттеу негіздері
«Аударма ісі», «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Шетел филологиясы» мамандықтарының студенттеріне арналған
дәріс курсы
Павлодар
Кереку
2012
ӘОЖ 81'1(07)
КБЖ 81я7
Л54
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің оқу-әдістемелік кеңесімен баспаға ұсынылды
Пікірсарапшылар:
Ы. Б. Шақаман – филология ғылымдарының кандидаты, доцент;
Д. Е. Капанова – филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Құрастырушы: Г. К. Кенжетаева
Л54 Лингвистикадағы ғылыми зерттеу негіздері : «Аударма ісі», «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Шетел филологиясы» мамандықтарының студенттеріне арналған дәріс курсы / құраст. Кенжетаева Г. К. – Павлодар : Кереку, 2012. – 79 б.
Дәріс курсында қазіргі тіл біліміндегі лингвистикалық зерттеулердің жетістіктері, зерттеудің әдіс-тәсілдері, тіл білімінде соңғы жылдары дамып келе жатқан этнолингвистика, танымдық лингвистика, паралингвистика және прагмалингвистика сияқты жаңа бағыттар жөнінде баяндалған.
Дәріс курсы «Аударма ісі», «Шетел тілі: екі шетел тілі», «Шетел филологиясы» мамандықтарының студенттеріне арналған.
ӘОЖ 81'1(07)
КБЖ 81я7
© Кенжетаева Г. К. 2012
© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2012
Материалдың дұрыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты
Алғы сөз
«Лингвистикадағы ғылыми зерттеу негіздері» пәнінің мақсаты – студенттердің кәсіптік біліктілігін арттыру, оларды лингвистикадағы әдіс-тәсілдермен, тіл туралы қазіргі ғылым әдістемелігімен, оның қалыптасуы мен дамуы сияқты мәселелермен таныстыру.
Лингвистикалық зерттеулерде көп уақыт бойы сипаттау теориялары мен тұжырымдамалары (концепциялары) басым болып келді. Соңғы жылдары түсіндірмелі лингвистика теориясы дами бастады. Ол тіл білімінде лингва-елтану, этнолингвистика, танымдық лингвистика мен лингвистикалық мәдениеттану сияқты жаңа бағыттардың дамуына түрткі болды. Бұл бағыттарда тіл дамуының негізгі факторы ретінде адам қарастырылады, өйткені тіл - адамның жасаған өнімі мен туындысы. Қазіргі кезде тіл тек қана қатынас және таным құралы ретінде емес, сол сияқты ұлттың рухани мәдениеті ретінде де бірнеше бағыттарда қарқынды түрде зерттелуде. Кез келген тілдің қызметін зерттеу қазіргі тіл білімінде жаңа бағыттармен пайда болған соңғы әдіс-тәсілдерді қолдануға мүмкіндік туғызады.
Ұсынылып отырған дәріс курсының мақсаты – жас ғалымдарды лингвистикадағы зерттеулердің кейбір жаңа әдіс-тәсілдерімен таныстыру, олардың зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беру. Сонымен қатар студенттерді лингвистиканың проблемаларындағы ерекшеліктерді көре біліп, оларға сын көзбен қарауға үйрету, оқып үйренген әдіс-тәсілдер жөніндегі білімдерін ғылыми зерттеу жобаларында, курстық, дипломдық жұмыстарында өздігінен қолдануға үйрету.
Дәріс курсы тіл мамандарының біліктілігін әрі қарай дамыту мен тереңдетуге мүмкіндік беріп, шығармашылық зерттеу жұмыстарында оларды өзінің ғылыми көзқарасын тұжырымдай білуге үйретеді.
1-тақырып. Тіл білімі туралы жалпы түсінік
Жоспар
1 Тіл білімінің зерттеу нысаны
2 Жалпы және жеке тіл білімдері
3 Диахрониялық және синхрониялық тіл білімдері
Тіл білімінің зерттеу нысаны
Тіл білімінің ғылым ретіндегі зерттеу нысаны – тіл екенін әрбір адам жақсы біледі. Тіл – қоғамда өмір сүретін адамдардың бір бірімен қарым-қатынас жасау құралы. Тіл біздің ойымызды білдіреді, тіл арқылы адам ойлайды. Тіл – күрделі психикалық, жүйелік-құрылымдық құбылыс, адам дүниетанымының әрекетінің нәтижесі.
Тіл білімі немесе лингвистика (грек linqua-тіл) – әлем тілдерінің құрылымын, әлеуметтік қызметін, тарихи дамуын және олардың жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикалық құрылысы болады. Тілдің дыбыстық жүйесі – тіл білімінің фонетика саласында, сөздік құрамы – лексикология саласында, грамматикалық құрылысы – грамматика саласында қарастырылады. Осы аталған салалардан басқа тіл білімінде лексикография, стилистика, фразеология сияқты салалар бар. Тілдің әр түрлі жақтары: дыбыс жүйесі, сөздік құрамы, грамматикалық құрылысы бір-бірімен тығыз байланыста болады. Өйткені, тіл білімі олардың әр түрлі қырларын, салаларын, дамуын, өзара байланысын, тілдің дамуының ішкі заңдылықтарын зерттейді.
Тіл белгілі бір жүйе жиынтығын құрайтыны сөзсіз. Тіл жүйесі туралы ілім неміс ғалымы В. фон Гумбольдтың есімімен тығыз байланысты. В. фон Гумбольдтың бұл идеясын әрі қарай дамытушы швейцар ғалымы Фердинанд де Соссюр болды. Фердинанд де Соссюр тілдің жүйелілігі туралы: «Тілдің барлық элементі – біртұтас болып келетін жүйе, ал жеке элементтердің мағынасы басқа элементтері болғандығы үшін ғана байқалады» – деп қорытынды жасайды [1, 147 б.].
Тілдің жүйелік қасиеті оны меңгере білуге және қатынас құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Тілдің жүйелік сипаты оның барлық салаларынан көрінеді. Мысалы, қазақ тілі фонетикасында дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке, еріндік және езулік, ашық және қысаң болып бөлінуі тілде белгілі бір жүйе бар екенін көрсетеді. Осы сияқты мысалдарды тіл білімінің лексикалық, грамматикалық, синтаксистік салаларынан да келтіруге болады. Тілдің жүйелік қасиеті тілді меңгере білуге, оны қатынас құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Тілді жүйелі түрде қарастыру қазіргі лингвистикада жеке бағыт алды. Осының негізінде тіл білімінде жаңа лингвистикалық бағыттар мен концепциялар, әдіс-тәсілдер пайда болды.
Жалпы тіл білімі және жеке тіл білімі
Зерттеу мақсатына қарай тіл білімі жалпы және жеке болып екіге бөлінеді. Жалпы тіл білімі адам баласының тілі, тілдің даму заңдылықтары, тіл элементтерінің өзара қатынасы, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдері т.с.с. мәселелерді зерттеумен айналысады.
Жалпы тіл білімі – жалпы тілдерге ортақ, универсалды мәселелерді зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Жалпы тіл білімі тілдің мәні мен қызметін, оның пайда болу заңдылықтары мен даму заңдарын айқындайды, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдерін белгілейді, дүние жүзі тілдерінің шығу тегі мен туыстық дәрежесіне қарай оларға классификация жасайды, тілдің ғылымдар жүйесінде алатын орнын анықтайды.
Жеке тіл білімі нақты бір тілдің (мысалы: қазақ, орыс, ағылшын) немесе туыстас тілдердің (мысалы: башқұрт, ноғай тілдері) жүйесі мен құрылысын, оның даму заңдарын зерттейді. Жеке тіл білімі мен жалпы тіл білімінің зерттеу нысандары әртүрлі болғанмен, олардың арасында өзара байланыс бар. Жалпы тіл білімі көптеген тілдердің зерттеу нәтижелерін есепке алып, оларды жинақтап, жалпы теориялық қорытындылар мен топшылаулар жасайды. Жалпы тіл білімінің теориялық қорытындылары мен топшылаулары жеке тілдерді зерттеуге бағыт-бағдар береді. Жеке тіл білімі жалпы тіл білімінің теориялық қағидаларына сүйеніп, ол қағидаларды зерттеу жұмыстарына негіз етіп алады.
Диахрониялық және синхрониялық тіл білімдері
Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, оның тарих бойында өзгеруі мен дамуын зерттейді. Тіл, тілдік құрылым уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отырады. Сондықтан да, оны зерттегенде оған тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарау жеткіліксіз, сонымен қатар тілге оның шығу тегі, дамуы тұрғысынан да қарау қажет.
Тарихи тіл білімі – тіл тарихы туралы ғылым. Зерттеу нысанасы – бүкіл тіл жүйесіндегі тарихи өзгерістер. Тілді шығу тарихы мен тарихи даму тұрғысынан зерттейтін тіл білімі диахрониялық тіл білімі деп аталады. Тілдегі құбылыстардың шығу тегін, тарихи өзгеруі мен дамуын білу оның қазіргі күйін, қыр-сырын жете танып білуге мүмкіндік береді.
Тілді белгілі бір дәуірдегі қалпы тұрғысынан зерттеп, сипаттама беретін тіл білімі синхрониялық тіл білімі деп аталады. Синхрония бойынша бір мезгілде қатар өмір сүруші құбылыстардың арасындағы қатынастар қарастырылады.
Тілді зерттегенде ондағы құбылыстарды диахрониялық тұрғыдан да, синхрониялық тұрғыдан да қарастыру қажет және ол өте маңызды болып табылады.
2- тақырып. Тіл білімінің бөлімдері
Жоспар
1 Ішкі лингвистика
2 Сыртқы лингвистика
Ішкі лингвистика
Барлық заттар мен құбылыстарға тән субстанциялы және функционалды қасиеттер тілге де тән. Бұл қасиеттер тілді жүйелі құрылым ретінде қарастырып зерттеуге мүмкіндік береді. Енді осы қасиеттерге жеке-жеке тоқталайық.
Субстанциялы қасиет дегеніміз – заттар мен организмдердің және құбылыстардың оларға табиғатынан тән, туа біткен қасиеттері. (лат.substantia-«мән, маңыз»). Ол қасеиттер объектілердің ішкі жаратылысына тән, оның иманенттік қасиеті болып табылады және олар барлық басқа объектілерден сол ішкі қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Мысалы, адамның субстанциялы қасиеттері оның туа пайда болған ішкі құрылысымен (дене бітімімен, миының құрылысымен, нерв жүйесімен, қан айналу жүйесімен және зат алмасу үрдісімен) айқындалады.
Функционалды қасиет – (лат.functio-қатынас) объектінің сыртқы, жүре пайда болған және басқа объектілерге қатысты байқалатын қасиеттер. Ол қасиеттердің негізі объектінің ішкі құрылымында бұрыннан бар, даму үрдісі барысында көрініс тапқан қасиеттер.
Жоғарыда айтылған осы қасиеттерді негізге ала отырып, тіл туралы ғылымның екі негізгі бағытын анықтауға болады: тілдің субстанциялы қасиетін зерттейтін ішкі лингвистика және тілдің функционалды қасиетін зерттейтін сыртқы лингвистика. Енді тіл біліміндегі осы екі бағытты жан-жақты қарастырып көрелік.
Ішкі лингвистика тілді оның субстанциялық қасиеттері негізінде, жүйелі құрылым ретінде зерттейді.
Жүйе дегеніміз – өзара шарттас, өзара байланысты, біртектес элементтердің бірлігі. Ол рет-ретімен орналасып, ұйымдасқан біртұтас құбылыс.
Тілдің жүйелі сипаты оның барлық деңгейлерінен – фонетикалық, лексикалық және грамматикалық деңгейлерінен көрінеді. Мысалы, белгілі бір тілдің фонетикасында «дауысты дыбыстар жүйесі», «дауыссыз дыбыстар жүйесі» деп аталуы тектен тек емес. Мысалы, түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке, еріндік және езулік т.с.с. топтасуы тілде дыбыстық жағынан жүйе бар екенін көрсетеді. «Ы» мен «і» дыбыстары айтылуына қарай «ы» - жуан, «і» - жіңішке ретінде танылса, бұл екі дыбыс еріннің қатысы жағынан біртектес, езулік болып табылады.
Негізгі ұғымдар
Тіл деңгейі – тілдің кейбір «бөліктері», жалпы тілдік жүйенің шағын жүйешелері.
Тіл бірліктері - тіл жүйесінің әр түрлі мақсаты мен қызметі бар стандартталған элементтері.
Фонема – тілдің дыбыстық құрылымының негізгі бірлігі, сөйлеу тілінің ең кіші, одан әрі бөлінбейтін элементі. Фонема морфемалар құрамында, солар арқылы сөздерде мағына ажырату функциясын атқарады.
Фонетика – тіл ғылымында тілдің дыбыстық қырын зерттейтін бөлім.
Буын – фонациялық ауаның кілт үзілуінің, не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке дыбыс, не дыбыстар тобы.
Екпін – сөз ішінде бір буынның күшті айтылуы.
Фонология – фонема жүйесін зерттейтін ғылым.
Грамматика – сөз түрлендіру формалары, сөз құрамы, сөз тіркесі мен сөйлем түрлері туралы ілімді қамтитын тіл білімінің саласы.
Граммема – ұйымдастыру, байланыстыру қызметін атқаратын тілдің ең жоғарғы бірлігі. Олар неше түрлі жалғаулықтар, шылаулар, көмекші сөздер, толып жатқан сөздердің сөйлемде тіркесу формалары.
Грамматика – сөздердің өзгеруін, түрленуін, олардың сөйлемде тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді.
Лексикология – тілдің сөздік құрамын зерттеумен айналысатын тіл білімі бөлімі.
Лексема – атаулы немесе номинативті қызмет атқаратын, орта деңгейдегі тілдің екі жақты бірлігі. Лексеманың айтылуы фонеманың біртұтастығын құрайды, ал мазмұны заттың мағынасымен сәйкес келеді және әлем шындығын бейнелейді.
Біз тілді тіл туралы ғылымның бөлімдерін есепке алатын жүйелі құрылым ретінде қарастырдық. Ал енді тілді құрылым ретінде қарастырайық.
Құрылым дегеніміз тіл бірліктері мен деңгейлері арасындағы қатынас. Бұл қатынастың 2 түрі бар: парадигматикалық және синтагматикалық.
Парадигматикалық қатынас (парадигматика) – тіл жүйесіне тән типологиялық қатынасқа жатады. Сөйлеу үрдісінен тыс семантикалық ортақ белгілері бар сөздер, адам жадында ассоциацияланып, топ құрады. Олардың өзара қатынасы мүмкіндігінше әр түрлі болады. Мұндай қатынастарды ассоциациялық қатынастар немесе парадигматикалық қатынастар деп атайды.
О.С.Ахманова парадигмаға төмендегідей анықтама береді: «Парадигма деп тілдік бірліктің тілдік жүйе элементі ретінде бір біріне сыбайлас, не қарсы келетін қасиеттерімен адам санасында жинақтаған, яғни тіл элементтерінің сол тілді пайдаланушы адамның санасында жинақталуын айтамыз». Яғни, парадигма тек сөздер аралығында ғана болмайды, тілдің барлық элементтері арасында болады [2].
Синтагматикалық қатынас (синтагматика) – сөз бірліктері арасындағы қатынасты айқындайтын ережелер мен заңдылықтар жиынтығы. Фонемалардың жиынтығын – фонотактика, лексема жиынтығын – фразеология, сөйлемдердегі сөздер жиынтығын – синтаксис зерттейді.
Әр деңгей бірліктері арасындағы байланыстың осы екі түрінен басқа үшінші иерархиялық байланыс бар. Сонымен, тілдің субстанциялық қасиеті жүйелілік және құрылымдық осы үш деңгейде байқалады. Осы үш деңгей бірігіп тіл жүйесін құрайды. Ол элементтердің төменнен жоғарыға қарай орналасуына байланысты. Мысалы, фонологиялық деңгей бірліктері қосылып орта деңгей бірлігіне айналады. Мысалы: с+т+о+л=жиһаз атауы; ш+ә+й+н+е+к=ыдыс аяқ атауы. Ал лексема басқа лексемамен қосылып, грамматикалық жағынан өңделіп, фраза, немесе сөз орамын құрайды. Мысалы, жазу столы, электр шәйнегі т.с.с. Ал фразалардан, сөздерден сөйлем құралады, ол сөзге айналады.
Сонымен, тілдің негізгі субстанциялы қасиеті жүйелілік пен құрылымдылық. Олар жүйелі үш түрлі байланыста көрінеді: парадигматикалық, синтагматикалық және иерархиялық. Осы үш байланыс тілді сөйлеу құралы ретінде сипаттайды.
Сыртқы лингвистика
Сыртқы лингвистика тілдің функционалды қасиеттерін зерттейді. Бұл қасиеттер «тіл және тілдік емес объектілер» жүйесінде қарастырылады. Аталмыш «объектілер» адаммен, оның биологиялық құрылымымен, өмір сүру формаларымен тығыз байланысты. Сыртқы лингвистика – ішкі лингвистика мен адамтану пәндерінің шекарасында пайда болған пән. Тілдің жүйелі құрылымы ретінде ғылымның адам туралы әр түрлі бөлімдеріне қатысына байланысты қазіргі тіл білімінде сыртқы лингвистиканың төмендегідей бөлімдері бар:
1) Биолингвистика (нейролингвисттика) – «тіл - адам биологиясы» қатынастарын, яғни тіл жүйесінің мидың қабатына әсерін зерттейді. Болмыстың тілдік бейнесі, оның ішінде сөзді айырып білу, нерв жүйесінің шеткі аймақтарынан – көру, есту және мидың орталық зонасына (Брок зонасы) шейін жүзеге асады, ал сөздің пайда болуы, кері бағытта, орталықтан шеткі аймақтарға өтеді. Биолингвистикада фонологиялық, лексикалық және грамматикалық нормалардан ауытқуына байланысты, тілдің парадигматика және синтагматика ережелерін сақтамаудан пайда болатын сөздің (тілдің) кемшілігін (афазия) зерттеуден өте құнды мәліметтер алынады. Бұл ауытқулар мидың қандай да бір жарақаттан, немесе миға қан құйылудан пайда болады. Биолингвистикалық мәліметтер билингвизмді зерттеуде өте маңызды: афазиядан кейін ана тілінде сөйлеу қасиеті жоғалады, бірақ та шет тілінде сақталып қалады, немесе, екі тілдің элементтері мен ережелері сақталған екі тілде аралас сөйлеу пайда болады;
2) Танымдық лингвистика (лат. cognescere ”танып білу, білу”) ”тіл - ойлау” қатынастарын, яғни адамның танымдық қызметінің нәтижесі мен үрдістері тіл мен сөйлеуде қалай көрінеді, ойлау категориялары тілдің идиоэтникалық категорияларымен қалай сәйкес келеді деген сұрақтарға жауап іздейді: ұғымның түрлері, концептер (сұлба (схема), сурет, фрейм және сценарий түрінде) және жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы; пікір, пайымдау және ұсыныстар. Танымдық лингвистика туралы айтқанда негізгі екі түрлі үрдіс есте болуы керек. Олар: біріншіден, белгілі этностың ”әлемнің тілдік бейнесі” мен оның ерекшеліктері, екіншіден, қарым-қатынас кезіндегі менталдық үрдістер;
3) Психолингвистика – психология мен лингвистиканың аралығындағы ғылым саласы; ”адам - тіл” қатынастарын (адамның зейінін, жігерін, ниетін т.б.) зерттейді, яғни сөйлеу үрдістерін зерттейтін ғылым. Ол сөйлеу үрдісін, оның мазмұны, коммуникативті рөлі, сөздің ойға қатысы тұрғысынан зерттейді. Осы бағыттың негізін салушы неміс ғалымы Г. Штейнталь (1823-1899) тілді жеке адаммен қатар, этнос психологиясының көрінісі ретінде қарастырды. Оның пікірінше, тіл білімі адамның жеке психологиясын ғана емес, халық психологиясына да сүйенуі қажет.
Психолингвистика психологиялық эксперимент арқылы сөйлеу қызметінің үлгісін жасап тексереді. Бірқатар практикалық мәселелердің теориялық мәнін түсіндіру үшін таза лингвистикалық тәсілдер жеткіліксіз. Ол үшін психолингвистиканың тәсілдерін қолдану қажет. Психолингвистика мынадай мәселелерді шешеді: шет тілдерін үйрену, логопедия мәселелері, ми қызметіне байланысты сөйлеудің бұзылуы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөйлеудің рөлі, авиция мен космостық психология, криминалистика мен машина аудармасы мәселелері және т.б. Психолингвистика термині 1954ж. бастап қолданылып келеді (АҚШ);
4) Этнолингвистика (грек. ethnos – ұлт) немесе лингвомәде- ниеттану ”тіл-мәдениет” қатынастары жөніндегі ілім. Мәдениет дегенде біз белгілі бір ұлттың материалдық және рухани өміріндегі ерекшеліктерді түсінеміз. Мұндағы назар аударатын нәрсе – ұлттық спецификалық лексика мен ұлттың материалдық (тамақ, киім,үй, шаруашылықты жүргізу) және рухани (дін, мәдениет, салт-дәстүр) қажеттілігін бейнелейтін фразеология. Сонымен этнолингвистиканы «халықтардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктерін, олардың қалыптасуы, орналасуы және тарихи-мәдени арақатынасын зерттейтін этнографиямен лингвистика арасындағы кешенді ғылым» деп анықтауымызға болады;
5) Әлеуметтік лингвистика (лат. soci (etos) қоғам, фр. lingua - язык) – ”тіл-қоғам” қатынастары жөніндегі ілім. Әлеуметтік лингвистика тіл білімі, әлеуметтану, әлеуметтік психология, этнография ғылымдарының аралығында туып дамыған тіл білімінің саласы. Онын негізгі объектісі – тілдің функционалды қызметін зерттеу. Қоғам құрамы жағынан біртекті емес, ол әр жастағы, әр түрлі мамандық иелерінен, әр түрлі саяси топтағы адамдардан тұрады. Олар өз тобының ішінде қарым қатынасқа түсу үшін өздеріне тән тілді қолданады (әдеби тіл, ауыз екі сөйлеу тілі, жергілікті диалектілер, жаргон, арго, кәсіби тіл т.с.с.). Әрбір нақты қоғамда оның әлеуметтік-экономикалық құрылымына байланысты тілдер бірнеше қызмет атқаруы мүмкін: ең аз мөлшерде (жанұядағы тіл) және ең көп мөлшерде (халықаралық қатынас тілі). Әлеуметтік лингвистиканың ең басты мақсаты – әлем тілдерінің функционалдық типологиясын беру (олардың қызметінің саны бойынша). Сонымен қатар әлеуметтік лингвистика мемлекеттің тіл саясаты мен тілдік жағдайын, қоғамдағы екі тілділік пен көптілділікті, аз ұлттар тіліне көзқарас, мемлекеттік тіл мен ресми тіл мәселелерін зерттейді;
6) Ареалды лингвистика (лат. area – аудан, кеңістік) – лингвистикалық география тәсілдері көмегімен тіл құбылыстарының кеңістікте тарауын және тіларалық (диалектаралық) қарым-қатынастарды зерттейтін тіл білімінің бөлімі. «Тіл-территория» қатынастарын зерттейді. Ареалды лингвистиканың негізгі мақсаты – тіл ерекшеліктерінің жергілікті тарауы мен изоглосстардың түсіндірілуі (географиялық картадағы белгілі бір тілдің таралу аймағын көрсететін сызықтар). Соның нәтижесінде тілдер мен диалектілердің өзара байланыс аймақтары (ареалдар) айқындалады. Ареалды лингвистика термині 1925 ж. пайда болды. Оны лингвистикаға енгізген М.Бартоли. Ареалды лингвистика лингвистикалық география, диалектология пәндерімен тығыз байланысты. Ареалды лингвистиканың негізгі ұғымы – тілдік немесе диалектілік ареал, яғни бөлек тіл құбылыстарының өріс алу шекаралары мен олардың жиынтығы (мыс.: түркі, славян, үндіеуропалық ареал);
7) Паралингвистика (грек. para – қасындағы, маңындағы және лингвистика) хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен білдіру) тәсілдерімен қоса сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес (тілден тысқары) амалдармен берілуін зерттейтін тіл білімінің саласы. Сонымен, паралингвистика – ”тіл – тілдік қатынастың вербалды емес белгілерін” зерттейді. Паралингвистикалық тәсілдердің үш түрі бар.
Олар 1) кинетикалық, яғни, қимыл, поза, бет қимылы; 2) фонациялық, яғни дыбыстық (тембр, темп, дауыстау, кідіріс, әуен, диалектілік айтылу ерекшеліктері); 3) графикалық (әріптерді жазу – почерк, символдар және т.б.). Сөйлемдегі сөзге қатысты паралингвистика құралдары үш түрлі қызмет атқарады: қосымша хабар жеткізеді, сөз орнына қолданылады, сөзбен бірге қолданылады. Паралингвистика термині 1940ж. бастап қолданылады (А. Хилл енгізген).
Жоғарыда тоқталып кеткен сыртқы лингвистиканың бөлімдері бір қарағанда бір бірімен байланыссыз, жүйесіз көрінеді. Шындығында олай емес. Сыртқы лингвистиканың барлық салаларын бір бірімен байланыст екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа тілдің адаммен байланысын көрсететін бөлімдерін: биолингвистика, танымдық лингвистика және психолингвистиканы жатқызуға болады. Олардың бәрі тілдің қолданысын адамның ойлау категориясымен және психикасымен байланыстырады. Бұл топты танымдық лингвистика немесе танымдық тіл білімі деп атауға болады. Ал екінші топты экономикалық, саяси және мәдениетаралық қызығушылықтары ортақтығы негізінде байланысқан сыртқы лингвистиканың бөлімдері құрайды. Олар әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика, паралингвистика және ареалды лингвистика. Бұл бөлімдерді жалпы атпен экстралингвистика деп атауға болады.
3- тақырып. Тіл біліміндегі зерттеудің әдістері мен тәсілдері
Жоспар
1 Тіл біліміндегі әдіснама
2 Тіл білімі зерттеулерінің ұстанымдары
3 Тіл біліміндегі зерттеудің әдістері
4 Тілді зерттеу тәсілдері
Тіл біліміндегі әдіснама
Кез келген ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесі – зерттеушінің ғылыми зерттеу әдіснамасын, зерттеудің әдіс-тәсілін дұрыс қолдана алуына байланысты. Зерттеудің әдіс-тәсілдеріне тоқталмастан бұрын біз әдіснама, әдіс, тәсіл терминдерінің мағыналарын ажыратып, олардың айырмашылықтарын білуіміз керек.
Әдіснама – ол жалпы ғылыми әдіс немесе жеке ғылымдардың әдістері туралы ғылым. Әдіснама зерттеудің жалпы ғылымдық бағыт-бағдарын көрсетеді.
Әдіс – қойылған ғылыми мақсатқа жетудің жоспары. Әр ғылымның тек өзіне тән зерттеу әдістері болады. Әдіс әдіснамаға тәуелді болады, соған бағынады. Өйткені әдіснама зерттеудің жалпы ұстанымдарын белгілейді.
Тәсіл – зерттеушінің зерттеу материалын қарастырудағы нақты іс-әрекеті. Бұл соңғы мақсатқа жету үшін қолданған тәжірибелік амал.
Әдіснама жоғарыда айтылғандай жалпы ғылыми әдіс немесе жеке ғылымдардың әдістері туралы ғылым.
Әдіснаманың екі түрі бар: жалпы (философиялық) және жеке (нақты ғылыми әдіснама).
Жалпы немесе философиялық әдіснама – ол адамның қоршаған ортаны танудағы жалпы ережелерінің жиынтығы, ол тірі және өлі табиғаттың ортақ заңдарына негізделген. Бұл әдіснама зерттеушіні табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдылықтарымен қаруландырып, оны өз зерттеу проблемасын анықтап түсінуге көмектеседі.
Жалпы әдіснама – бұл таным қағидаларының жиынтығы. Әдіснама ғылымы зерттеп енгізген жалпы ұстанымдарды кез келген ғылымда, оның ішінде тіл білімінде де қолдануға болады.
Жеке немесе нақты ғылыми әдіснама – объективті әлемнің белгілі бір саласын зерттеудегі әдіс-тәсілдердің жиынтығы (жалпы ұстанымдардан бастап, нақты фактілермен жұмыс істеу тәсілдеріне шейін). Яғни, зерттеудің нақты бір саласындағы, біздің жағдайда, тіл біліміндегі әдіс-тәсілдердің жиынтығы.
Жеке әдіснама – үш бөлімді тізбектен тұрады: ұстаным → әдіс
→ тәсіл. Олар лингвистикалық зерттеулердің ұстанымдары, лингвистиканың әдістері және тілді зерттеудің тәсілдері. Енді осы тізбектерді жеке-жеке қарастырайық.
Тіл білімі зерттеулерінің ұстанымдары
Тіл білімі зерттеулерінің ұстанымдары – бұл лингвистикалық теориялардың жетістіктерін ескере отырып тілді объективті әлемнің құбылысы ретінде танып білудің амалдары мен тәсілдері. Оның негізгілері мыналар:
1) Синхрониялық-диахрониялық ұстанымдар. Олар тілді қазіргі даму кезеңінде немесе тілдің тарихи дамуындағы өзгерістерді зерттеумен байланысты;
2) Интралингвистикалық-интерлингвистикалық ұстанымдар (гр.intra –ішкі, inter – аралық) жеке алынған бір тілді іштей, басқа тілдермен салыстырмай зерттеумен байланысты, немесе жалпы адам тілі заңдылықтарын зерттеумен байланысты;
3) Микролингвистикалық-макролингвистикалық ұстанымдар. Микролингвистиканың зерттеу негізіне сөйлем, одан шығатын оның бірліктері, оның тіркесім ережелері жатады. Ал макролингвистика – сөзжасамның барлық факторларының өзара әсерін тілдік қарым-қатынаспен байланыста қарастырады;
4) Семасиологиялық – ономасиологиялық (гр. semasia – таңбалау, onoma – ат) ұстанымдар. Семасиология – формадан ұғымға апарады. Мысалы: қоян, келесі мағынаға ие: ұзын құлағы бар жануар; қорқақ (қоян сияқты). Ал ономасиологиялық тәсілде суреттеу ұғымнан формаға бағытталады. Мысалы: ұзын құлақты, кеміргіштер класына жататын үлпілдек жүні бар кішкене аң;
5) Логикалық-эксперименталды әдіс. Логикалық әдісте сөз құбылыстарын бақылау, оларға логика заңдылықтары бойынша (анализ – синтез – салыстыру) талдау жасау. Ал екінші жағдайда тілді, онымен байланысты құбылыстарды әртүрлі арнаулы таным құралдарын (тесттер, анкеталар) қолдана отырып зерттеу. Зерттеу барысында таңдап алынған ұстаным зерттеу әдісіне негіз болады.
Тіл біліміндегі зерттеудің әдістері
Әдіс – қойылған ғылыми мақсатқа жетудің жоспары. Ол жоспар зерттеушінің тілдік құбылыстарды зерттеудегі әрекеттерін үйлестіреді, бір жүйеге түсіреді. Кез келген жоспар қойылған мақсатқа жетуде бірнеше кезеңдерден, әрекеттердің бірізділігінен тұрады. Басқаша айтқанда әдіс – зерттеудің, танымның жалпы қағидаларына негізделген бірізді кезеңдердің жиынтығы. Кез келген зерттеу объектісі мен зерттеу әдісі арасында біржақты байланыс бар. Тілді зерттеуде жоғарыда айтылған тілдің барлық қасиеттерінің (субстанционалды, функционалды, прагматикалық) ерекшеліктерін есепке алған жөн.
Әр ғылымның тек өзіне ғана тән арнаулы зерттеу жолы, амалы бар. Мысалы, тіл білімінде салыстырмалы әдіс, салыстырмалы-тарихи әдіс, сипаттамалы әдіс, салғастырмалы әдіс, статистикалық әдіс, құрылымдық әдіс т.с.с. әдістер бар.
Енді осы әдістердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.
Сипаттамалы әдіс
Сипаттамалы әдіс – тіл білімі әдістерінің ішіндегі ең кең тараған әдістердің бірі. Бұл әдіс зерттеліп отырған нысанның өткендегі тарихын ескермей, оның белгілі бір дәуірдегі қалпын немесе синхрондық күйін ғана сипаттайды. Осы әдіс бойынша жазылған еңбектер аталмыш әдістің атымен аталады. Мысалы, сипаттамалы фонетика, сипаттамалы грамматика т.с.с.
Сипаттамалы әдістің кемшілігі – бұл әдісте тіл тарихы мен басқа тілдердің тілдік материалдары зерттеуден тыс қалады.
Салыстырмалы әдіс
Лингвистикалық зерттеулердің алғашқы ғылыми әдістерінің бірі – салыстырмалы-тарихи әдіс болды. Ол әдістің негізін ХІХ ғасырдың басында Ф. Бопп, Р. Раск, Я. Гримм қалады. Бірақ та бұл зерттеулер атомарлы түрде, яғни жүйесіз түрде жүргізілді. Бұл танымдық зерттеулердің әдісі зерттеудің мақсат-міндеттерімен тығыз байланысты болады. Сондықтан танымның әдіс-тәсілдерін зерттеу мақсаттарынан тыс қарастыру мүмкін емес.
Жоғарыда айтылғандай тілдерді салыстыра зерттеу нәтижесінде тілдердегі ерекшеліктер мен ұқсастықтарды анықтауға болады. Салыстыру барысында кейбір дәл нәтижелерге келуге болады.
Біріншіден, салыстырғанда бір тектес заттарды салыстыруға болады. Ал тілдерде әр деңгейдегі бірліктерді, олардың әр тілдердегі қызметін, лексикалық, грамматикалық категорияларды, сөйлем модельдері және олардың сөйлемде қолдану тәсілдерін салыстыруға болады.
Екіншіден, әр тілдегі құбылыстардың ең маңызды және қажетті белгілерін, одан кейін барып қана қосалқы белгілерін зерттеу қажет. Салыстыру әдісінің негізгі мақсаты барлық тілдік деңгейлерге қатысты тілдік құрылымдардың айырмашылықтарын емес, оларға ортақ қасиеттерін табу. Басқаша айтсақ, тілдердің әмбебап қасеиттерін айқындау.
Салыстырмалы-тарихи әдістің мақсаты – туыс тілдердің арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды көрсету. Тілдерді салыстыру арқылы олардың бір-біріне қаншалықты жақындығын, даму заңдылықтарын, өзгеруін, ататілге жақындығын т.с.с. айқындауға болады. Бұл әдіс тілдердің генетикалық туыстығына негізделеді.
Мысалы, қазақ тіліндегі ауыз сөзі қырғызша – ооз, татарша – авыз, өзбекше – оғиз, т.с.с. Бұл сөздер мағына жағынан бірдей, ал дыбысталу жағынан айырмашылықтары бар. Соған қарамастан бұл сөздер ұқсас. Ұқсастықтар мен айырмашылықтар дыбыстардың алмасуларынан көрінеді. Мысалы, сөз басында а-о дыбысына өзгеруі, сөз ортасында у-в өзгеруі т.с.с. Бұл сияқты дыбыс алмасулар түркі тілдерінің даму заңдарына сай келеді.
Тарихи-салыстырмалы әдіс – бір тілдің тарихи қалыптасқан варианттарын салыстырады, яғни бір тілдің кейінгі кездегі тілдік фактілерін сол тілдің өткен кезеңдегі тілдік фактілерімен салыстырып, олардың даму заңдылықтары, өзгерістері анықталады, олардың қазіргі тілдегі фактілерден айырмашылықтары көрсетіледі. Бұл әдіс тілдің өзгеру және даму жолдарын, олардың заңдылықтарын, оған әсер еткен ішкі және сыртқы факторларды айқындайды.
Осы әдісті қолдана отырып тіл тарихын, тілдің деңгейлерін (фонетика, грамматика, лексика) жеке-жеке зерттеуге болады. Осыған орай тіл білімінде тарихи фонетика, тарихи грамматика, тарихи синтаксис т.с.с. бөлімдер бар.
Негізгі ұғымдар
Корреспонденция (лат. correspondero – жауап беру, сәйкес келу) – тек қана айтылуы бойынша (нан – жейтін зат, nun – монашка) немесе тек қана мағынасы бойынша сәйкес келу (қаз.нан – bread – ағылшынша нан деген сөз.) немесе айтылуы да, мағынасы да сәйкес келу (қаз. лаборант – орыс. лаборант ).
Изоморфизм (гр. іsos – бірдей, ұқсас, тәрізді) салыстырылып отырған тілдердегі корреспонденттеліп отырған элементтердің ұқсасатығы. Бұл элементтер табиғатына қарай изофон (ұқсас дыбыстар), изоглос (мағынасына қарай ұқсаса сөздер: қаз. зайып, әйел, жар = орыс. жена = ағыл. wife = нем. Weib) және изотаксема (ұқсас синтаксистік конструкция: орыс. я читаю книгу – ағыл. I read a book) болып бөлінеді.
Салыстыру әдісінің негізгі кемшіліктері – біріншіден, әлем тілдеріндегі тек қана ұқсастықтарды табу, ал өте маңызды айырмашалықтар көбінесе назардан тыс қалады. Екіншіден, салыстырмалы-тарихи әдіс тілдердің қазіргі күйіне, олардың құрылымдық, жүйелік сипатын айқындауға жете мән бермейді.
Салғастырмалы (контрастивті ) әдіс
Салғастырмалы әдіс салыстырмалы әдістің бір түрі. Соңғы кездері бұл әдіс салыстырмалы-салғастырмалы әдіс деп аталып жүр. Аталмыш әдістың негізгі мақсаты – әлемнің әр түрлі тілдеріндегі айырмашылықтарды, ерекшеліктерді зерттеу. Бұл әдіс туыс және туыс емес тілдерді (ана тілі мен шетел тілін) синхрониялық зерттеулерде қолданылады, салғастырылатын тілдердің тарихы мен шығу тегіне көңіл бөлінбейді. Тек қана екі тіл салғастырылатын контрастивті әдістің бұл түрін дәстүрлі неміс лингвистикасында конфронтативті әдіс деп атайды.
Салғастырмалы әдіс арқылы шетел тіліне үйретудің әдіснамалық негіздері және жалпы аударма мен машина арқылы аударудың теориялары зерттелініп, анықталады.
Негізгі ұғымдар:
Диаморфизм (гр. dia – әр түрлі + morpe – форма, түр) – зерттеліп отырған екі тілдің корреспонденттеліп отырған элементтері арасындағы айырмашылықтар («изоморфизм» сөзіне антоним болып табылады).
Әрбір жеке элемент жүйедегі орнына, тәуелділігіне қарай және сапа ерекшеліктеріне қарай диафон (дыбыстық ерекшелік), диаглосс (лексикалық ерекшелік), диасема (семантикалық ерекшелік) және диатаксема (синтаксистік конструкция құрамындағы айырмашылық) деп аталады.
Диалингвалдық қатынастар – айырмашылығы бар екі тілдер жүйесіндегі қатынастар.
Лакуна – зерттеліп отырған тілдерде лексикалық корреспенденциялардың (сәйкестіктердің) жоқ болуы.
Уникалия – зерттеліп отырған тілдердің бірінде ғана бар сөз немесе сөз тіркесі, ал екінші тілде оған лакуна сәйкес келеді. Мысалы, шаңырақ, шапан, қобыз сөздері қазақ тілінің уникалийлері болса, орыс тілінде бұл сөздерге лакуна сәйкес келеді.
Тәсіл – зерттеушінің зерттеу материалын қарастырудағы нақты іс-әрекеті. Бұл соңғы мақсатқа жету үшін қолданған тәжірибелік тәсіл.
Салғастыру (контрастивті) әдісінің жетістіктері мен кемшіліктері
Соңғы жылдары ұлттық тіл білімінің дамуында туыс және туыс емес тілдерді салғастыра зерттеу қарқынды дамуда. Әсіресе, синхронды түрде құрылымы әр түрлі тілдердің грамматикалық, лексикалық фразеологиялық жүйесіне талдау жасап, олардың құрылыстарын зерттеуге көп көңіл бөлінуде.
Аталмыш әдіс арқылы кез-келген екі туыс немесе туыс емес тілдердің идиоэтникалық қасиеттеріне толық сипаттама беруге болады. Бұл туыс немесе туыс емес тілдерді салғастыруда, олардың қосымша мәселелерін шешуде өте маңызды. Бірақ көбінесе әр түрлі тілдердің ортақ, ұқсас қасиеттері мен құбылыстарын зерттеуге аса қатты назар аударылмағандықтан бұл әдістің маңыздылығы аздап төмендейді, өйткені тілді жүйелі түрде зерттеу екі тілдің ұқсастықтарымен қатар айырмашылықтарын да зерттеуді қажет етеді. Бұл кемшіліктің орнын тілдерге типологиялық талдау жасау толықтырмақ.
Тілді зерттеу тәсілдері
Ғылымның дамуында зерттеу тәсілінің қандай рөл атқаратыны белгілі. Тәсіл – зерттеу объектісінің теориялық тиянақтылығы. Қолданған тәсіліне қарай зерттеу жұмысы нағыз ғылыми және мақсатты сипат алады. Зерттеудің әдістері мен тәсілдерін таңдау – зерттеу жұмысының тақырыбына, зерттеушінің алдына қойған мақсат-міндеттеріне байланысты болады.
Тәсіл – зерттеушінің зерттеу материалын қарастырудағы нақты іс-әрекеті. Бұл соңғы мақсатқа жету үшін қолданған тәжірибелік тәсіл. Зерттеуші ғалым өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін белгілі бір зерттеу әдісін, немесе әдістерін таңдап алады. Содан кейін қажетті материалды жинап алғаннан кейін оны сұрыптап, жүйеге келтірудің амал-тәсілдерін іздестіреді. Осындай зерттеудің амалдары мен жолдары зерттеудің тәсілі болып табылады. Тәсіл әдістен туындайды. Ол – зерттеушінің мақсатына жету үшін қолданған құралы. Тәсіл мен әдіс бір бірімен тығыз байланысты.
Сонымен, лингвистикалық әдіснаманың (ұстаным → әдіс → тәсіл) бөлімдері арасында белгілі бір байланыс бар: әдіс танымның жалпы ғылыми ұстанымдарынан келіп шығады және жұмыстың тәжірибелік тәсілдерінің жиынтығында фактілер негізінде қарастыруда іске асады.
Ғылымда зерттеудің төмендегідей тәілдері бар:
Бақылау тәсілі
Бақылау тәсілі – ғылымның кез келген саласында қолданылатын өте кең тараған тәсіл. Бақылай білмейінше қажетті деректерді, материалды дұрыс жинап, топтау мүмкін емес. Бақылау – қажетті материалды, деректі дұрыс танып, таңдай білудің жолы.
Есепке алу тәсілі
Есепке алу тәсілі бақылау тәсілімен қатар жүргізіледі. Мәселен, біз етістіктерді зерттемек болсақ, ең алдымен етістік дегеніміз не, оны қай ғалымдар зерттеді, оның сөз табы ретіндегі қызметі қандай, олардың басқа сөз таптарынан жасалу жолдары т.с.с. деректерді жинап, есепке аламыз, содан кейін барып талдап, саралап, қажетті қорытынды шығарамыз.
Салғастыру тәсілі
Салғастыру тәсілі бойынша жиналған материалдар бір-бірімен салғастырыла зерттеледі. Бұл тәсіл әсіресе тіл білімінде екі немесе одан да көп тілдерді салғастыра зерттегенде қолданылады. Соның нәтижесінде екі немесе одан да көп тілдердегі тілдік бірліктердің бір-бірінен ұқсастықтары мен айырмашылықтары, өзгешеліктері мен ерекшеліктері айқындалады. Осы арқылы жинақталған материал дұрыс сұрыпталып, сараланады.
Картотекалық тәсіл
Картотекалық тәсіл тіл біліміндегі лексикология, фразеология салаларын зерттегенде жиі қолданылатын тәсіл. Бұл тәсіл бойынша зерттеуге қажетті материалды (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с), авторын, дереккөзді және басылымның бетін көрсетіп жеке карточка жазып алу ұсынылады. Карточканың төменгі оң жағында бұл мысалдар зерттеу жұмысының қай тарауында немесе бөлімінде қолданылатыны көрсетіледі. Карточканың көмегімен жинақталған материал топталынады, сараланады, бір жүйеге келтіріледі және есептелінеді. Нәтижесінде қанша бірлік (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с) қай топқа жататыны, қанша топ бар екендігі, олардың бір-бірінен айырмашылығы, ұқсастығы, саны т.с.с. зерттеуге қажетті деректер анықталады. Бұл тәсіл кез келген зерттеу жұмысында өте қолайлы және зерттеу жұмысын жеңілдетіп, бір жүйеге түсіруге көмектеседі.
4- тақырып. Ішкі лингвистиканың әдіс-тәсілдері. Диахрониядағы реконструкция әдісі
Жоспар
1 Сыртқы реконструкция әдісі
2 Ішкі реконструкция әдіс
3 Салыстырмалы-тарихи зерттеулердің жетістіктері мен кемшіліктері
Сыртқы реконструкция әдісі
Реконструкция (лат. re – жаңарту, жаңғырту, constructiо – құру) – салыстырмалы-тарихи тіл біліміндегі тәсілдер жиынтығы. Реконструкция тілдік құбылыстар мен формаларды қайта жаңғырту арқылы тіл дамуының бұрынғы кезеңдеріне тән әртүрлі деңгейдегі жүйелік қатынастарды қарастырады.
Тарихи тіл білімі саласында таным мақсатына қарай реконструкция әдісі сыртқы реконструкция әдісі (диахрониялық, интерлингвистикалық бағыт) және ішкі реконструкция әдісі (диахрониялық, интралингвистикалық бағыт) болып екіге бөлінеді.
Сыртқы реконструкция тіл дамуындағы жүйелі қатынасқа сүйене отырып туыс тілдердің материалын салыстыру арқылы салыстыратын тілдің тарихи даму заңдылықтарын ашады, соның нәтижесінде бастапқы тілдік архетипті қайта жаңғыртады.
Сыртқы реконструкция әдісінің мақсаты сыртқы ұқсастыққа негізделген туыс тілдердегі лексикалық бірліктерді қарастыру.
Сыртқы реконструкция әдісінің міндеттері төмендегідей:
1) Барлық туыс тілдердің және осы семьядағы диалектілердің түп негізін (ата тілін) осы тілдердегі фонологиялық, лексикалық және морфологиялық құбылыстарды жүйелі түрде салыстыра отырып анықтау;
2) Дивергенттік даму заңдарын және ата тілде жазбаша түрде бар тілдердің шығу заңдарын зерттеу;
3) Әлем тілдерінің генетикалық классификациясын жасау.
Негізгі ұғымдар
Реконструкция (лат. re – жаңарту, жаңғырту, constructiо – құру) – салыстырмалы-тарихи тіл біліміндегі тәсілдер, Р. тілдік құбылыстар мен формаларды қайта жаңғырту арқылы тіл дамуының бұрынғы кезеңдеріне тән әртүрлі деңгейдегі жүйелік қатынастарды қарастырады.
Ата тіл - негіз тіл – тілдің реконструкцияға келетін абстракт тілінің моделі, тұтасып бір семья құрайтын барлық туыс тілдердің ойға қонымды шығу көзі.
Тілдер семьясы – бір ата тілден шыққан барлық туыс тілдердің және диалектілердің (тірі және өлі тілдер) жиынтығы.
Тілдік топ – бір тіл семьясы ішіндегі жақын туыс тілдер мен диалектілердің жиынтығы.
Архетип – ата тілдің теориялық тұрғыдан белгіленген бастапқы түрі (фонема, морфема, сөз).
Генетикалық тепе-теңдік – туыс тілдердегі фонемалар, морфемалардың жиі сәйкес келуі. Бірақ та жазуда толық сәйкес келмейді.
Этимон (гр.etymon – негізгі, әуелгі) – сөздің алғашқы мағынасы, дұрыс нұсқасы деп қабылданған түрі.
Мотив – (мотивация – себеп-салдар) тілдік белгінің атауына негіз болған құбылыс.
Номинация – ақиқат әлеміндегі заттарға олардың қасиеттері мен құбылыстарына, олардың мотивациялық белгілері негізінде ат беру, атауыш қызметін атқаратын тіл бірліктері. Номинацияның екі түрі бар: алғашқы номинация; екінші номинация.
Алғашқы номинацияда атауға белгілі бір заттың қасиеттерінің бірі мотив болады. Мысалы: дыбыс бойынша – тоқылдақ, түр бойынша – роза гүлі.
Екінші номинация бойынша затты атауға оның қасиеті емес, сөздің түбірінің мағынасы негіз болады. Мысалы: қаз. тігінші < тігу, жазушы < жазу; нем. Maler < malen, Schneider < schneiden; фр. couturier < couture т.с.с.
Сырткы реконструкция тіл дамуындағы жүйелі қатынасқа сүйене отырып, туыс тілдердің материалын салыстыру арқылы салыстыратын тілдердің тарихи даму заңдылықтарын ашады, соның нәтижесінде бастапқы тілдік архетипті (көне тұлғаны) қайта жаңғыртады.
Зерттеуге сөздер әдетте негіздік қордан алынады. Мысалы, туыстық терминдер, түс, жануарлар мен өсімдіктер атауы, табиғат құбылыстары т.с.с. Бұл сөздердің архитиптері барлық деңгейде анықталады.
Ішкі реконструкция әдісі
Ішкі реконструкция әдісі салыстырмалы-тарихи әдістің екінші түрі. Зерттеудің негізгі түрі – салыстыру, бірақ туыстас тілдердегі сәйкес құбылыстарды емес (интралингвистикалық), бір тілдің әр түрлі тарихи даму кезеңдеріндегі бір құбылысын салыстыру (интерлингвистикалық әдіс). Осыған байланысты ішкі реконструкция әдісі төмендегі мақсаттарды шешеді:
1) Нақты тілдердің жазбаша дереккөзі ретінде тарихи даму заңдылықтарын айқындау;
2) Жазу пайда болғанға дейінгі тілдің ерекшелігін көрсететін ежелден қалған ескерткіштер мен анамалияларды немесе тілдік қатынас нәтижесінде пайда болған жаңа формаларды (кірме сөздер) анықтау;
3) Белгілі бір тарихи өзгерістер нәтижесі ретіндегі тілдік жүйенің қазіргі жағдайын түсіндіру және ол өзгерістердің мерзімі мен себептерін анықтау.
Ішкі реконструкция бір тілдің ішіндегі тіл бірліктерін салыстыруды көздейді, бір тілдің әр түрлі шағын жүйелеріндегі варианттарын анықтап, оларды көне құбылыстармен байланыстырады. Бұл әдіс тегі бір тілдерді жүйелі түрде зерттеу арқылы көне тілдік тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді. Аталмыш әдіс тек көне жазба тілдерді (санскрит, латын, көне грек және т.б.) зерттеу үшін тиімді болып табылады.
Негізгі ұғымдар
Дәуірлерге бөлу – дәуірге, кезеңге бөлу, тілдік жүйенің тұрақтылығы сақталатын уақыт межесін анықтау. Тілді дәуірлерге бөлу арқылы тілдің өзгеру үрдісіндегі негізгі заңдылықтарды анықтауға болады.
Комбинаторлық фонетикалық өзгерістер – айтылу кезінде дыбыстардың бір-біріне әсері, ассимиляцияның түрлері. Ассимиляцияның түрлері көрші дыбыстардың артикуляциялық жолын теңестіру үшін сөз ішінде болады.
Спонтандық фонетикалық өзгерістер – дауысты дыбыстар (мысалы, аблаут) мен дауыссыз дыбыстардың үнемі кезектесіп келуі. Мысалы, орыс тілінде бей – бой – бить (аблаут), неміс тілінде binden – band – gebunden.
Дивергенция – өзгеріс кезінде бір тұтас нәрсенің (фонеманың) екі түрлі дербес элементтерге бөлінуі. Мысалы, неміс тіліндегі Kraft-Kraefte cөзінде умлауттың нәтижесінде /а/ екі өз бетінше фонемаларға /а/ және /е/ бөлінді.
Конвергенция – екі фонеманың бір фонемаға бірігуі. Мысалы, ертедегі неміс тіліндегі min өздік есімдігі /i/ дыбысының /ae/ дифтонгіне өзгеруінің нәтижесінде mein есімдігіне айналды.
Ішкі реконструкция әдістері
Ішкі реконструкция әдісінің 2 түрі бар:
Ретроспекция – тілдің қазіргі жағдайынан ертедегі жағдайына дейін өзгеруін зерттеумен байланысты.
Проспекция – жазба дерек сөздерде сақталған ең ежелгі сөздермен салыстыру.
Салыстырмалы тарихи зерттеулердің жетістіктері мен кемшіліктері
Салыстырмалы тарихи тіл білімі тіл туралы ғылымның негізін қалады. Тілдік құбылыстарға байланысты болжамдар мен жорамалдардың орнына тірі және өлі тілдерді танып білу үшін теориялар пайда болды. Тілдің субстанциялы және функционалды қасиеттері анықталып, диахрониялық лингвистика мәселелері жаңа шешімдер тапты. Соған қарамастан салыстырмалы тарихи зерттеулердің кейбір келелі кемшіліктері де бар:
1) Тілдік тарихи үрдістерді зерттеу атомарлық (жүйелі түрде емес) сипатта болады. Ол тілдің кейбір бірліктері мен ережелерін қарастыруға мүмкіндік береді, бірақ та жазу тіліне дейінгі кезеңдер туралы мәлімет алуды қиындатады;
2) Тілдегі өзгерістердің заңы мен қайта құрастыру әдістері тек қана фонология мен морфологияда ғана мүмкін. Ал лексика, фразеология және синтаксисте ішінара ғана мүмкін;
3) ХІХ ғ. соңында шетел тілдері мен диалектілерді зерттеуге қызығушылықтың артуына қарамастан тарихи көзқарасты әсірелеу, оны тілді танып білудің жалғыз жолы ретінде қарастыру, синхронияға деген қызығушылықтың жоқтығы, осының бәрі тілді танып білуді тежей бастады.
5-тақырып. Синхронияда ішкі лингвистиканың әдіс-тәсілдері
Жоспар
1 Синхрониядағы идиографиялық әдістер
2 Тікелей құрастырушылар бойынша талдау
3 Дистрибутивті әдіс
4 Трансформациялық әдіс
5 Синхрониядағы номографиялық әдістер
6 Салғастырмалы контрастивті әдіс
7 Құрылымдық типология әдісі
Ф. Де Соссюрдің «тіл» және «сөйлеу», парадигматика мен синтагматика, синхрония мен диахрония және т.б. туралы идеяларының пайда болуымен және басқа да практикалық мақсаттарда тіл білімінде синхрониямен айналысу қажеттігі туды. Лингвистикадағы жаңа бағыт құрылымдық деген атқа ие болды. Өйткені бұл бағыт сөйлемнің ішкі құрылымын қарастыру арқылы жалпы тіл құрылымын қарастырады. Тілдерді синхронияда зерттеп қарастыру үшін лингвистикадағы жаңа бағыт жаңа әдістердің пайда болуына ықпалын тигізді. Ескі бағыттың (интра- және интерлингвистика) орнына жаңа идеографиялық және номографиялық әдістер пайда болды.
Негізгі ұғымдар
Идеографиялық әдіс (гр. іdios-ерекше, grapho-жазамын) синхронияда бір тілдің қасиеттерін зерттеуге арналған.
Номографиялық әдіс (гр. nomos-заң, grapho-жазамын) әлем тілдеріндегі жалпылықты, универсалияларды зерттеуге арналған әдіс, яғни бұл әдіс бір тіл шекарасынан шығып бірнеше тілдерді зерттейді.
Лингвистикалық зерттеулердің нәтижелері тілдің немесе тілдердің синхрониялық қалпын сипаттауға мәжбүр етіп, бұл зерттеулердің барлығын жаңа сала – дескриптивті лингвистика деп атауға негіз болды.
Синхрониядағы идиографиялық әдістер
Бұл әдістер тіл жүйесі ішінде берілген сөйлемдердегі парадигматикалық және синтагматикалық қатынастарды зерттеу үшін қолданылады. Сөйлемдер жазбаша немесе ауызша тілдерден алынады, соңғы жағдайда информанттарды пайдалануға болады.
Тікелей құрастырушылар бойынша талдау
Бұл әдістің мақсаты сөйлемді екі бөлікке бөліп, суреттеу әдісі арқылы зерттеу. Аталмыш әдіс бойынша сөйлем екіге бөлінеді, кейде тіпті бөлінбейтін соңғы құрастырушыға дейін бөледі. Бұл бөлуді дихотомиялық бөлу (гр.dicha-екі бөлікке + tome-бөлу) деп атайды.
Негізгі ұғымдар:
Конструкция – тіл сызықтығында орналасқан кез-келген бірліктер тобы. Ол сөйлем, сөз тіркесі, композита (күрделі сөз) немесе туынды сөз (кітап/кітап-ша) болуы мүмкін.
Тікелей құрастырушы (ағылш. immediate constituents) – конституэнттер ретінде конструкцияға кіретін элементтер.
Соңғы құрастырушылар – (ағылш. ultimate constituents) – тікелей құрастырушылардың (фонема, морфема) әрі қарай бөлінбейтін бірліктері.
Аллофон – фонема нұсқасы, альтернат. Фонеманың нақты манифестациясының бір түрі.
Алломорф – морфеманың нақты манифестациясының бір түрі, нұсқасы, альтернаты (орыс. друг-, друз-, друж-.).
Дистрибутивті әдіс
Лингвистика әдіснамасында дистрибутивтік әдіс маңызды орындардың бірін алады. Бұл әдіс бойынша мағынаның парадигматикалық және синтагматикалық қатынастарын есепке ала отырып, басты назар семантикаға аударылады.
Дистрибутивті әдіс (ағылш. distribution-бөлу, распределение) сөйлем ішіндегі сөздер мен сөз тіркестерінің аймағын жасанды түрде өзгерте отырып олардың семантикалық байланысын анықтау. Ол үшін төмендегі міндеттерді шешу қажет:
1) Кез-келген конструкция ішіндегі лексика-грамматикалық байланыстарды зерттеу;
2) Жеке сөздер мен сөздер кластарының мағынасының құрамын айналасындағы сөздер негізінде анықтау;
3) Сөздер мен сөз кластары ерекшеліктерінің сандық мөлшерін анықтау.
Негізгі ұғымдар
Дистрибуция – берілген сөздер класындағы барлық элемент қоршауының жиынтығы немесе аталмыш элементтің сөйлем ішінде кездесетін барлық лексика-грамматикалық қоршаудағы жиынтығы.
Қоршау Мыс. Бала су ішіп жатыр. Бұл сөйлемде «бала» және «су» сөздері, «ішу» етістігінің қоршауын құрайды.
Сөздің лексикалық класы – конституент (гипоним) ретінде нақты бір сөздің жалпы ұғымын беретін сөздердің жиынтығы. Мысалы, қайың = ағаш; ұл бала = адам; су = сұйық зат;.
Сөздердің семантикалық маркері (фр. marquer-белгілеу, белгі жасау) сөздердің семантикалық немесе грамматикалық класын білдіретін шартты белгілер.
Семантикалық өріс – мағына ортақтығының негізінде біріккен және білдіріп отырған құбылыстарының ұғымдық, заттық немесе қызметтерінің ұқсастығын бейнелейтін тілдік бірліктердің жиынтығы.
Тіркесім (сочетаемость) – сөздің грамматикалық ерекшеліктерді ескермей белгілі бір семантикалық класс сөздерінің айналысында болу қабілеті. Бұл сөздердің конструкция ішіндегі сапалы түрде шектелуі.
Валенттілік – сөздің басқа сөз тұлғаларымен байланыса алу потенциясы, басқаша айтқанда оның грамматикалық және лексикалық семантикасын ашатын, нақтылайтын басқа бірнеше сөз тұлғаларын иемдене алу қабілеті.
Актант – етістік қоршауындағы семантикалық элементтер. Олар етістікпен берілген әрекетте міндетті түрде қатысады. Актанттар саны валенттілікті анықтайды. Мысалы, ішу етістігі. Бала су ішіп жатыр. Бұл етістік екі валентті.
Валенттілік түрлері. Етістіктің актанттармен байланысу қабілетінің күшіне қарай валенттіліктің үш түрін айыруға болады:
1) Міндетті валенттілік. Бірде бір актант түсірілмейтін жағдай. Мысалы: Студент сабаққа қатысады
2) Факультативті валенттілік. Бір актант түсіріліп айтылуы мүмкін. Мысалы, Бала (нан) жеп отыр.
3) Еркін валенттілік. Актанттар етістікпен байланысты болмаған жағдайда және олар сөйлемнен оңай алынып тасталынады немесе оңай қосылады. Мысалы, Арман түскі асты (асханада) сағат үште (досымен) ішті.
Дистрибутивті талдау тәсілдері
Субститутция – семантикалық класты анықтау мақсатында актанттардың орнын ауыстыру. Мысалы, Бала кітап оқып отыр. Сол жақтағы актант: бала, қыз, студент, жұмысшы = адам. Оң жақтағы актант: оқу, ашу, алу = қимыл. Бала кітап оқып отыр деген сөйлемнің орнына Студент кітапты алып жатыр деп ауыстыруға болады.
Дистрибутивті кеңейту (развертывание) тәсілі
Бұл тәсіл сөздің мағынасын анықтау мақсатында конструкция ішіндегі элементтер санын ұлғайту үшін қолданылады.
Салыстырыңыз: сұр пальто, сұр күн, сұр адам т.с.с.
Дистрибутивтік жинау тәсілі (свертывание)
Қажетті минимумдағы актанттарды немесе өзекті сөйлемдердегі валенттілік түрін анықтау үшін қолданылатын әдіс.
Мысалы, Досым кеше маған Алматыға ұшақпен келді:
Досым келді.
Досым маған келді.
Досым кеше келді.
Досым Алматыға келді.
Досым ұшақпен келді.
Досым Алматыға ұшақпен келді.
Негізгі өзекті сөйлем: досым маған келді.
Кестелік тәсіл (лат. мatrix – негіз, қайнар көз) – зерттеліп отырған құбылыстардың арасындағы қатынас түрін анықтау мақсатында кесте жасау әдісі.
Лингвистикадағы өрістік тәсіл
Қазіргі таңда тіл білімінде сөздік құрамды сипаттауда негізге алынатын нәтижелі тәсілдердің бірі ,,өрістік” тәсіл, себебі бұл тәсіл семантиканың басты мәселелерін шешуде лексиканың жүйелілігін басшылыққа алады.
Өріс – мағына ортақтығының негізінде біріккен және білдіріп отырған құбылыстарының ұғымдық, заттық немесе қызметтерінің ұқсастығын бейнелейтін тілдік бірліктердің жиынтығы.
Компоненттік талдау тәсілі
Компоненттік талдау тәсілі қазіргі семантикада қолданылатын өте кең тараған тәсілдердің бірі. Компоненттік талдау дистрибутивтік әдістің варианты болып табылады. Бұл тәсілдің мақсаты сөздің мағынасының, семаның құрылымын анықтау. Сема (грек. Sema- белгі) - мағынаның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бірлігі. Бұл тәсілді түс, туыстық қатынастар, үй немесе жануарлар аттарын талдағанда қолдануға болады. Мысалы: туыстық терминді анықтағанда үш сема қолданылады: а) Жынысына қарай айыру; ә) Туыстық жақындығына қарай; б) Жасына қарай айыру (үлкен-кіші). Мысалы: әке – сөзінің мағынасы үш семадан тұрады: а) еркек; ә) тура туыс; б) жасы бойынша үлкен.
Дистрибутивті әдістің жетістіктері мен кемшіліктері
Дистрибутивті талдау тіл элементтерін олардың сөздегі, сөйлемдігі қоршауын өзгерте отырып бақылау. Бұл лингвистикалық зерттеулердің объективті және дәлді болуына ықпал етеді. Бұл әдісті зерттеуге тура бағытталған эксперимент деп те айтуға болады.
Аталмыш әдістің тіл білімінде алатын орны ерекше. Бұл әдіс бойынша мағынаның парадигматикалық және синтагматикалық қатынастарын есепке ала отырып, басты назар сөздің мағынасына аударылады. Дегенмен, бұл әдіс те зерттеудің барлық мәселелерін толық шеше алмайды. Аталмыш әдістің төмендегідей кемшіліктерін айта кеткен жөн:
1) Дистрибутивті әдіс бүкіл сөйлемнің семантикалық ерекшелігін толық аша алмайды;
2) Сөйлемдегі, айтылымдағы екі ұштылық, астарлылықтың да ерекшеліктері толық ашылмайды.
Транформациялық әдіс
Жоғарыда айтылып кеткен дистрибутивті әдістің кемшіліктерін толықтыру мақсатында трансформациялық әдіс пайда болды.
Трансформациялык әдіс сөйлемдегі күрделі синтаксистік құрылымдарды неғұрлым қарапайым құрылымдардан шығаруға негізделген әдіс. Трансформациялық әдістің негізгі ұстанымдарын ХХ ғасырдың 50-жылдарының басында Э. Харрис (АҚШ) ұсынған болатын. Трансформациялық әдіс алғашында дистрибутивті талдауға қосымша түрінде пайда болған, бірақ ол сөйлемдегі күрделі синтаксистік құрылымдарды байқауға тиімсіз болды, себебі сөйлемдегі дистрибуция ұғымы дегенде ешбір мән, мағына жоқ.
Бұл әдісте зерттеуші әрі сынаушы (бақылаушы), әрі сыналушы бола алады, немесе бұл мақсатта информанттардың қызметін пайдалана алады. Осыдан келіп трансформациялық әдістің мақсат - міндеттері шығады:
1) Композитадан бастап сөйлемге дейін кез келген құрылымның семантикалық ерекшеліктерін зерттеу.
2) Туынды конструкциялардың пайда болу ережелерін зерттеу.
3) Әр түрлі синтаксистік құрылымдардың тепе-теңдігін және бір айтылымның мағыналық айырымын түсіндіру.
Негізгі ұғымдар
Синтаксистік жүйе (граматикалық синтагматика) екі жүйе бөлігінен тұрады: ядролық (орталық) және туынды.
Орталық синтаксистік жүйе бөлігі міндетті және факультативті (қосалқы) актанттардан тұратын орталық (ядролық) сөйлемдерден тұрады.
Туынды синтаксистік жүйе бөлігі – бұл орталық жүйе Баланың кітабы бар.
Трансформация (лат. transformatio – өзгеру, ауысу) – орталық конструкциядан «ішкі» аудару арқылы, яғни бір мағына беру үшін әр түрлі тілдік тәсілдерді қолдану арқылы туынды конструкция жасау.
Трансформ – бұл орталық конструкциядан жасалған әрбір жеке конструкция. Мысалы: салыстырыңыз:
Баланың кітабы бар.
Кітап баланыкі.
Кітаптың иесі бала.
Баланың кітабы.
Кітап балаға тиесілі.
Балаға тиесілі кітап.
Бұл жерде 5 трансформ берілген. Бірақ оның барлығы сөйлем болып табылмайды. Оның кейбірі сөз тіркестері, бірақ та оларды біріктіріп тұрған жалпы мағына – пропозиция.
Пропозиция – бір сөз тіркесінің немесе сөйлемнің, немесе бірнеше сөз тіркестері мен сөйлемдердің негізінде жатқан ортақ мағына; сөйлемнен туындайтын конструкцияларға ортақ семантикалық инвариант. Мысалы: әжем жіп иіріп отыр, әжемнің иірген жібі т. с.с.
Трансформация ережелері – трансформация жасау үшін, яғни алғашқы конструкциядан трансформдар алуға арналған нұсқаулар. Өзгерудің жалпы және жеке ережелері бар.
Жалпы трансформациялық ережелер:
а) Бір орталық конструкциядан алынған барлық трансформдар бір мағынаны, яғни пропозицияны беру керек.
ә) Трансформдарды жасауда конструкцияның синтаксистік құрылымын өзгертуге болады, бірақ мағынасын өзгертуге болмайды.
б) Кейбір жағдайда конструкция элементтерінің пропозициялық құрылымын өзгертпейтін сөзді синониммен ауыстыруға болады.
Мыс.: Баланың кітабы бар.
Кітап баланыкі. (бар түсіп қалған)
Жеке трансформациялық ережелер трансформациялық өзгерулердің негізгі қызметтерін қамтиды.
а) Пермутация (лат. permutare - өзгерту) – сөйлем ішіндегі элементтердің орнын ауыстыру.
Мысалы: Ермек сабақта болды. → Сабақта Ермек болды. Егер де сөйлемнің мағынасы өзгерсе пермутация мүмкін емес. Мыс. Мысық тышқанды жеді. ≠ тышқан мысықты жеді.
ә) Субституция (лат. substitutio – алмастыратын, орнына жүретін) – бұл жағдайда жалпы мағынасын сақтай отырып, сөйлем элементін басқа сөзбен, конструкциямен немесе грамматикалық құралмен алмастыру.
Салыстырыңыз: Жұмысшылар үй салып жатыр. → Үй салынып жатыр.
б) Адъюнкция (лат. adjunctio – қосу) – сөйлем құрылымын қосымша элементтермен толықтыру. Мысалы: Ермек сабақта болды. Ермек сабақта болды ма?
Ағылш. You know this. Do you know this?
Бұл мысалдарда айту мақсатына қарай сөйлем өзгерді, бірақ пропозициялық (мағыналық) негіз өзгерген жоқ.
в) Элиминация – пропозициялық (мағыналық) негізді сақтай отыра сөйлемнен бір элементті алып тастау. Мысалы: Ол жақта ылғи да жылы. → Ол жақта жылы. → Онда жылы.
г) Номинализация – орталық (өзекті) конструкцияның етістігінен зат есім жасау.
Мыс.: Ит үріп жатыр → Иттің үрісі.
д) Адъективтену - зат есімдерді анықтау мақсатында етістіктен сын есім немесе есімше жасау. Мысалы: Кітап қызықты болды. → Қызық кітап. (салыстырыңыз: ағылш. This book is interesting → Тhe interesting book.
е) Кешенді трансформациялау – бір тарнсформды жасағанда бірнеше трансформ ережелерінің қатар қолданылуы.
Мысалы: ағылш. The father loves his son →The son is loved by his father. Бұл сөйлемде пермутация (сөз тәртібінің өзгеруі), грамматикалық субституция (loves орнына is loved) және адъюнкция (by элементі қосылып тұр) қолданылып тұр.
Трансформациялық талдау әдістері
Трансформациялық әдіс кез келген конструкцияның (композита, сөз тіркесі, сөйлем) мағынасын зерттеу үшін қоданылады.
Неміс тіліндегі композитаны талдаудың мысалын қарастырып көрелік: Нем. krebsrot – rot wie ein Krebs (салыстыру)
zornrot – rot vor Zorn (себеп)
hochrot – sehr rot (сапа белгісі)
braunrot – braun und rot (ұштасу, ой жалғасы)
Сонымен, түр-түс белгілеу конструкциясының элементтері арасындағы семантикалық байланыс қана емес, «wie», «vor» предлогтары және «und» союзы арқылы байланыстар орын алған.
Сол сиқты сөз тіркестеріндегі семантикалық байланысқа талдау да жасауға болады. Бір синтаксистік конструкциядан бірнеше трансформация түрін алуға болады. Синтаксистік конструкция неғұрлым күрделі болса, соғұрлым көп трансформация түрін алуға болады. Осыны сөйлем деңгейінде қарастырайық:
Мысалы, Бала сурет салып отыр → деген сөйлемнен :
→ Бала суретті салып отыр;
→ Сурет салып отырған бала;
→ Суретті салып отырған бала;
→ Суретті бала салып отыр;
→ Бала салып отырған сурет.
Сонымен «біреу бір нәрсе салып жатыр» деген пропозициядан трансформның алты вариантын беруге болады екен.
Трансформациялық әдістің жетістіктері мен кемшіліктері
Трансформациялық әдіс құрылымдық лингвистика негізінде тіл мәселелерін шешу тәсілдерін іздеу нәтижесінде келіп шықты. Бұл әдіс кез келген конструкцияның, соның ішінде тұтас бір сөйлемнің де семантикалық құрылымын талдауға мүмкіндік туғызды. Аталмыш әдістің нәтижесінде әрбір синтаксистік конструкция семантикалық байланыстың әр түрін көрсете алатыны және әртүрлі синтаксистік конструкция бір мағынаға ие бола алатыны іс жүзінде дәлелденді. Трансформациялық талдау негізінде сипаттаудың жаңа бір түрі пайда болды, ол бір тілдегі сөйлемнің барлық жиынтығын сипаттауға мүмкіндік беретін конструкциялық тәсілді дамытты. Трансформациялық әдіс лингвистикалық зерттеулердің дәлдігін жоғары дәрежеге көтерді. Зерттеу барысында информанттарды қолданса, тәжірибенің шынайылылығы мен құндылығы одан сайын арта түседі. Дегенмен де бұл әдістің де кейбір кемшіліктері бар. Олар:
1) Дәстүрлі лингвистикадағы сияқты конструкцияларды талдау жеке сөйлемдер деңгейінде ғана жүзеге асады. Сонымен қатар екі жақты мағына мәтінде өзінің екі жақтылығын жояды, ал бір пропозицияның мүмкін варианттарының саны тек қана дискурста немесе сөйлемде анықталады.
2) Белгілі бір конструкцияға байланысты трансформация тізімін зерттеуші күні бұрын емес, тек қана өз интуициясы негізінде анықтай алады, мүмкін болған жағдайда тіл иелері – информанттардың көмегімен нақтылай алады.
3) Трансформациялық ережелерді қатаң сақтау кейбір қиындықтарды туғызады.
Синхрониядағы номографиялық әдістер
Егер де жоғарыда қарастырған идиографиялық әдіс тілді басқа тілдермен салыстырмай тілді «ішінен» зерттесе, номографиялық әдіс тілді жалпы адамзат тілімен байланыстыра зерттейді. Тілдерді салыстыра зерттеу нәтижесінде тілдердегі ерекшеліктер мен ұқсастықтарды анықтауға болады. Салыстыру нәтижесінде әлем тілдерінің барлығына тән универсалияларды немесе әлем тілдерінің көпшілігіне тән фреквенталияларды айқындауға болады.
Номографиялық зерттеудің мақсаты – универсалды грамматикадан асып, әлем тілдеріндегі универсалийлермен идиоэтникалық құбылыстарды зерттеу, жеке тілдер типологиясымен қатар барлық әлем тілдерінің типологиясын жасау және лингводидактиканың ғылыми негізін жасау сияқты мәселелерді қарастырады.
Синхрониядағы номографиялық әдіс зерттеу мақсатына қарай үшке бөлінеді: а) салыстырмалы; ә) салғастырмалы (констрастивті);
б) типологиялық.
Салыстырмалы және салғастырмалы (констрастивті) әдістер, олардың жетістіктері мен кемшіліктері туралы жоғарыда айтылды. Сондықтан енді типологиялық әдіске тоқталамыз.
Құрылымдық типология әдісі
Салыстырмалы және салғастырмалы әдістердің бір жақтылығын жою мақсатында типологиялық әдіс пайда болды. Бұл әдістің негізгі мақсаты – әлем тілдерінің және зерттелетін тілдердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын іздеу, әлем тілдерінің типологиялық классификациясын жасау. Бұл салыстырмалы және салғастырмалы әдістердің бірлігі, оны туыс тілдерде де және туыс емес тілдерді салыстырғанда да қолдануға болады. Аталмыш әдіс бойынша әлем тілдерінің сәйкестендірілмелі құбылыстарын барлық деңгейде зерттеуге болады.
Құрылымдық типологияның тағы бір мәселелерінің бірі – шетел тіліне үйретудің лингвистикалық негізін жасау.
Негізгі ұғымдар
Типология – тілдік құбылыстардың әр деңгейдегі жүйелер (фонология, лексика, грамматика) жиынтығы туралы немесе жалпы әлем тілдері жиынтығы туралы ғылым.
Тип – ортақ, бірқатар біріктіретін белгілері бар тілдік құбылыстардың жиынтығы.
Тілдік құбылыстардың ұқсастығы – ұқсас, біртекті заттарды бір типке, класқа біріктіретін белгілер саны.
Айырмашылық – бір тілдегі құбылыстың салыстырып отырған екінші бір тілден ерекшелендіретін өзгешелік.
Ұқсастық/айырмашылық деңгейі – салғастырылып отырған құбылыстардың ұқсас және ерекше белгілерінің сандақ арақатынасымен анықталады. Ұқсастық белгілері көп болса, ұқсастық деңгейі жоғары болады және керісінше.
Типологиялық зерттеулердің әдістері. Типологиялық индекстер әдісі немесе квантитативтік әдіс
Типологиялық зерттеу практикасында Дж. Гринберг енгізген индексация әдісі (типологиялық индекстер әдісі) немесе квантитативтік әдіс ерекше орын алады.
Сандық көрсеткіштерді қолдану әдісіне қарай квантитативтік деп аталатын өз әдісінің негізіне Дж. Гринберг сандық индекстер алатын кейбір қасиеттер мен нышандарды алды. Өз есептеу нәтижесін Дж. Гринберг 100 сөзден тұратын мәтін негізінде төмендегі параметрлер бойынша алды:
Бірінші параметр – синтез деңгейі немесе сөздің жалпы күрделілігі. Егер де зерттелген мәтіндегі морфемалар санын М әріпімен белгілесе, ал сөздер санын – W әріпімен белгілесе, онда M/W қатысы синтездің көрсеткіші болып табылады және синтетикалық индексі деп аталады.
Екінші параметр – бұл байланыс әдістері. Егер А әріпімен агглютинативті конструкцилар санын белгілесе, aл J әріпімен морфемалар арасындағы тігісті белгілесе, A/J қатысы сөздің дәнекерлену деңгейінің көрсеткіші болып табылады және агглютинация индексі деген ұғымға ие. Дж. Гринбергтің ойынша агглютинациясы жоғары индексті тіл агглютинативті тіл, ал агглютинациясы төмен индексті тіл фузионды тіл, яғни флективті тіл.
Үшінші параметр – сөз жасаушы және сөз өзгертуші морфемалардың көп таралғандығы. Егер R зерттеліп отырған мәтіндегі түбір морфема санына тең болса, ал W – сол мәтіндегі сөз санына сәйкес болса, біз R/W қатысын аламыз, яғни сөз түзу (күрделі сөз түзу) индексі болады. Егер аталмыш мәтінде барлық деривациялы морфемаларды белгілесе, D/W қатынасы тілдің сөз жасау мүмкіндігінің көрсеткіші болып табылады.
Төртінші параметр аффикстердің түбірге қатысын сипаттау үшін қолданылады. Егер де префикстерді Р символымен белгілесе, онда P/W қатынасы, яғни префиксалдық индексі префикс санының сөз санына қатынасын көрсетеді. S/W қатынасы, яғни суффиксалдық индексі суффикс санының сөз санына қатынасын көрсетеді.
Детерминанттар теорисы
Типологиялық зерттеулердің әдістемесі мен универсалийлерді анықтауда Г. П. Мельников ұсынған детерминанттар теорисының үлкен маңызы бар. Оның ойынша, субстанциялық қасиетке ие тіл белгілі бір жүйе құрайды. Г. П. Мельников тіл жүйесінің ерекшелігі, оның нақты бір қажеттілікке байланысты ой-пікір білдіруге икемделуі, бейімделуі деп есептейді. Бұл қасиет құрылым варианттарының, сол сияқты субстанция варианттарының нақты тілдік жағдайға байланысты іріктеу жүргізу арқылы жүйенің өте жақсы қызмет етуін қамтамасыз етеді. Жүйенің осы маңызды қызметі детерминанта жүйесін анықтаушы сипаттамасы болып табылады.
Детерминантты қолданып әр деңгейдегі универсалийлерге талдау жасау Г. П. Мельниковты «кез келген күрделі қызмет қарапайымнан кейін, ал қосалқы қызмет маңызды қызметтен кейін жүзеге асады» деген жалпы қорытындыға келді.
Эталондық әдіс
Типологиялық зерттеулердегі эталондық әдістің мақсаты – кез келген бірнеше тілдерді эталондық жүйемен салыстыру. Тіл-эталон ғылымға белгілі кез келген тілді салғастыруға болатын өлшем бірлігі үшін шартты түрде қабылданған тіл. Аталмыш ұғымды тіл біліміне Б. А. Успенский енгізген. Тіл-эталон идеясы салыстыру ұғымынан шаққан.
Шет тілдердің жүйелерін ана тілімен (ағылшын тілін орыс немесе қазақ тілімен) салыстырғанда ана тілі тіл-эталон болады.
Жоғарыда аталып кеткен тек қана типологияға тән әдістерден басқа тіл білімінің басқа да бөлімдерінде қолданылатын дистрибутивті әдіс, анкеталық әдіс және т.с.с. әдістер қолданылады.
6-тақырып. Сыртқы лингвистиканың әдістері мен тәсілдері
Жоспар
1 Тіл білімі әдіснамасының өзекті мәселелері
2 Тіл біліміндегі антропоцентрлік парадигма
3 Психолингвистиканың әдістері мен тәсілдері
4 Әлеуметтік лингвистиканың әдістері мен тәсілдері
5 Этнолингвистиканың әдістері мен тәсілдері
6 Паралингвистиканың әдістері мен тәсілдері
Тіл білімі әдіснамасының өзекті мәселелері
Тіл білімі тіл туралы ғылым болғандықтан өз объектісін оның қасиеттері мен сапалық ерекшеліктерін есепке ала отырып зерттейді. Тіл туралы толық, барабар білім алу үшін оны қиын құрылымды тұтастық ретінде қарастырып, қоршаған ортаның басқа құбылыстарына қатысын және адамның тілге қатысын есепке ала отырып зерттеген жөн. Лингвистиканың дамуының әр кезеңінде тілдік танымның өзекті мәселелері және ғылым дамуының қазіргі кезеңіндегі жинақталған білім сияқты мәселелер қарастырылады.
Мысалы, лингвистиканың пайда болу кезеңінде (ХІХ ғасырдың бірінші ширегі) назар аударылған нәрсе – ол тарихи құбылыстар болды. Ал Ф. Де Соссюрдің «тіл» және «сөйлеу» ұғымдарын бір бірінен ажыратқаннан кейін ғана тірі тілдерді синхронды әдіспен зерттеу өзекті бола бастады, ол зерттеудің жаңа тәсілдерін өмірге әкелді. Мысалы, зерттеу жұмысына информанттарды – белгілі бір тіл иелерін қосу. Ал қазіргі кезеңде тілді прагмалингвистика тұрғысынан зерттеу алдыңғы орынға шықты. Ол лингвистикалық әдіснаманың алдына жаңа мақсаттар қойды. Жалпы алғанда ол мақсаттар мынаған саяды:
1) Ішкі лингвистика (яғни тілдің субстанциялы қасиеттері), сыртқы лингвистика (адамның сөйлеу әрекеті), прагмалингвистика (жеке адамның ауызша (дискурс) және жазбаша сөйлеуі (мәтін) формалары) пәндерін нақты межелеу (шектеу);
2) Тіл білімінің соңғы дамулық кезеңінде ғалымдар тіл табиғатын адам болмысымен, оның қимыл-әрекетімен ұштастыра қарастыра отырып, тіл мен таным ұғымдарына назар аударуда. Соның нәтижесінде тіл білімінде «антропоцентристік» бағыттың басым болуы. Бұл бағыт жеке тұлғаның сөйлеу моделдерін әртүрлі жағдайда жеке тұлғаның ерекшеліктерін ескере отырып зерттеумен байланысты жүргізіледі;
3) Зерттеу жұмысында эксперимент, тест, анкета жүргізу сияқты басқа ғылымдардағы әдістерді қолдану арқылы объективті және дәл зерттеу нәтижелерін алуға ұмтылу;
4) Қазіргі тіл ғылымындағы жаңа бағыттағы зерттеулердің мақсаты-тіл жүйесін қозғалыстағы, өзгермелі жанды нысан ретінде зерттеп қарастыру. Лингвистикадағы прагматикалық, функционалдық т.б. жаңа бағыттар тілге даму тұрғысынан қарап, тіл құбылыстарын қозғалыста танып білумен шұғылданады. Тілді қозғалыста танып білу дегеніміз - тілдің өзін және элементтерін адамдардың өзара қарым-қатынасында, сөйлеу үрдісінде, коммуникативтік үрдісте қарастыру.
Тіл біліміндегі антропоцентрлік парадигма
Сыртқы лингвистика тілдің функционалдық қасиеттерін зерттейтіні жоғарыда айтылды. Сыртқы лингвистиканың негізгі мәселесі тілдің қоғамдық және жеке мәнін зерттеп білу. Адам қызметінің қай түрі болса да тілдің қызметінсіз іске аспайды. Сондықтан тіл қызметін адамсыз қарастыру мүмкін емес.
Сыртқы лингвистиканың жоғарыда аталып өткен бөлімдері (әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика, психолингвистика) бір-бірімен жақын шекаралас пәндер. Олардың бәрі тілдің адам қоғамындағы қызметінің негізгі қырларын, аспектілерін бейнелейді және барлық жағдайда сөйлеу үрдісінің негізгі объектісі – адам. Адам әлемнің тілдік бейнесін жасаушы, тілдік өзгерістің дереккөзі болып табылады.
Тіл біліміндегі антропоцентрлік парадигма тілді белгілі бір этностың тілде қоршаған қасиеттерін бейнелейтін қоғамдық санасы ретінде қарастырады. Тілдерді антропоцентрлік тұрғыда зерттеу қазіргі лингвистикадағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Осы орайда Э. Бенвенистің – тіл, мәдениет, жеке тұлғалық триада терминдері негізінде антропологиялық феноменді зерттеуге негізделген басқа лингвистика тууы мүмкін еді деген сөздері орынды. Тіл арқылы адам дамиды, тұлға ретінде қалыптасады және өзінің әлеуметтік, саяси, интелектуалдық және рухани бірлігін сақтап қалады [3, 31 б.].
Қазіргі лингвистикада антропоцентристік парадигма шеңберінде екі түрлі бағытты бөліп көрсетуге болады: танымдық лингвистика және лингвомәдениеттану.
Танымдық лингвистика тілді адамзат санасының органикалық және ажыратылмайтын, сонымен қатар таныммен, ойлаумен бір қатарда тұратын бөлігі ретінде қарастырады. Тілді танымдық тұрғыдан қарастыру негізінде тіл түсінуге тырысатын тұтас құбылыстың бір бөлігі екендігі және оны түсіну үшін дүние туралы білім қажет екендігі түсінікті болды. Әрбір тіл тек қана өзіне тән танымдық құрылымдар мен танымдық перспективаларды тасымалдаушы болып табылады. Семантикалық сәйкессіздік негізінде білім көрсететін құрылымдағы танымдық ерекшеліктер жатады. Танымдық лингвистиканың ең өзекті мәселелерінің бірі адам санасында әлемнің тілдік бейнесін адамның әлем туралы түсінігінде бейнелеп көрсету. Әлемнің тілдік бейнесі адамның әлем туралы түсінігі негізінде жасалады. Тіл объективтік әлемнің субъективтік бейнесінің моделін құрайды [4, 55 б.].
Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді. Тіл біліміндегі жаңа бағыттар танымдық ұстанымдармен тығыз байланысты. Соңғы ізденістердің көпшілігі тілдік деректердің танымдық қазынасын, мағыналық қоймасын зерделеу негізінде жалпы тілтанымдық үрдістің ішкі және сыртқы мүмкіндіктерін дәйектеп, түсіндіруге жағдай жасады. Танымдық ізденістер – когнитивтік ізденістер. «Бүгінгі танымдық қағидалар тарихи мәселелерді шешуде де, салыстырмалы-салғастырмалы талдауда да, тілдік универсалий негіздерін сұрыптау кезінде де, тілдегі уәж себептерін айқындау барысында да. басшылыққа алынып, жаңа танымдық теориялардың қалыптасуына ықпал етері сөзсіз» [4, 194-195 б.]. Әрбір тіл әлемді өзінше бөледі, өзінің консептуалдық тәсілі бар, соған орай әрбір тілдің өзінің ерекше әлем бейнесі бар және адам өз ойын осы бейнеге сай білдіруі керек.
Сонымен танымдық лингвистика адам әлемді қалай танып біледі деген сұраққа жауап іздейді, ал лингвамәдениеттану адам әлемді қалай көріп, таниды деген сұраққа жауап беруге тырысады және тілде бейнеленген, бекіген халық мәдениетінің көріністерін зерттейді.
Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттің өзара қатынасының тілдегі көрінісін зерттейді. В.Телияның ойынша, лингвистикалық мәдениеттану тіл мен мәдениеттің синхрондық түрдегі қарым-қатынасын зерттеуге арналған. Ол сұрыпталған және ұйымдастырылған нақты бір мәдени байлықтарды, сөздің тууының тірі коммуникативтік үрдістері мен қабылдауын қарастырып, өзіндік тілдік тәжірибе және ұлттық менталитет бейнесін, сонымен қоса дүниенің тілдік бейнесінің жүйелік сипаттауын береді.
Тілді зерттеудің осы тәрізді тәсілдерінің негіздері Э. Бенвенистің, Л. Вайсгербердің, В. Гумбольдтің, А. Потебняның және басқа ғалымдардың еңбектерінде көрінеді. В. Гумбольдтің тіл бірліктері, ойлау және мәдениет феномендерінің бірлігі туралы айтқан ойлары лингвистиканың және мәдениет туралы ғылымның қосылуының негізі болды.
Әртүрлі тіл бірліктерін зерттеуде лингвомәдени тәсілді қолдану арқылы тілдің сыртқы құрылымын оның тереңдегі болмысын және олардың мәдени көрінісін анықтауға болады.
Әдістемелер ішіндегі лингвомәдени сараптамаға келсек, оның этимологиялық сараптамамен пара-пар келмейтінін айту керек. Лингвомәдени сараптаманың мақсаты – «тілдік бірліктің шығу тегін айқындау емес, әр түрлі типтегі, яғни әдеби, діни, саяси және т.б. дискурстар ықпалымен пайда болған фразеологиялық бірліктерге түсініктеме бере отырып, оның пайда болу шарттары мен жағдаяттарын анықтау болып табылады» [4, 133 б.].
Лингвистикалық зерттеулерде көп уақыт бойы сипаттау теориялары мен тұжырымдамалары (концепциялары) басым болды. Соңғы жылдары түсіндірмелі лингвистика теориясы дами бастады. Ол тіл білімінде лингва-елтану, этнолингвистика, танымдық лингвистика мен лингвистикалық мәдениеттану сияқты жаңа бағыттардың дамуына түрткі болды, бұл бағыттарда тіл дамуының негізгі факторы ретінде адам қарастырылады. Қазіргі кезде тіл тек қана қатынас және таным құралы ретінде емес, сол сияқты ұлттың рухани мәдениеті ретінде де бірнеше бағыттарда қарқынды түрде зерттелуде.
Психолингвистиканың әдістері мен тәсілдері
Тіл білімінде сыртқы лингвистика – шекаралас ғылымдардың – психолингвистиканың, социолингвистиканың, социологияның тағы сол сияқты ғылымдардың әдіс-тәсілдерін қолданатын ішкі лингвистика деген қате пікір бар.
Сыртқы лингвистиканың пәні мен тәсілдері туралы бұл сияқты түсінік бір шама қара-дүрсін пікір. Мысалы: Психолингвистика – психолингвистиканың әдіс-тәсілдерін қолданады, бірақ оның мақсаты – ішкі лингвистика мен психологияның мақсаттарынан мүлдем басқа. Психолингвистка – «тіл – адам» қатынастарының мәнін ашып қарастыруға тырысады. Психолингвистиканың жеке ғылым саласы болып қалыптасуы 1953 жыл болып есептеледі. Осы жылы АҚШ-та Индиана Университетінің әлеуметтік ғылымдарды зерттеу кеңесі мен тіл білімі және психология комитетінің ұйымдастыруымен университетаралық семинар өткізілді. Семинар жұмысын психологтар Чарльз Осгуд пен Джон Кэролл басқарды. Семинар жұмысының нәтижесі «Psycholinguistics//A Syrvey of Theory and Research Problems». Кітапта жаңа ғылымның теориялық ережелері мен негізгі бағыттары белгіленді. Ч. Осгуд психолингвистиканы адамның сөйлеу қызметімен байланыстырады.
КСРО-да психолингвистика адамның сөйлеу қызметінің теориясы ретінде ХХ ғ. 60-жылдарының ортасында пайда болды. Жаңа ғылым А. Н. Леонтьевтің, А. С. Лурия, С. Л. Рубинштейн есімдерімен байланысты. Сол сияяқты психолингвистканың қалыптасуына А.Хомскийдің, Ж. Пиаженің зерттеулері де елеулі үлес қосты.
Психолингвистиканың мақсаттары төмендегідей:
1) Адамның сөйлеу қызметін зерттеу, яғни сөйлеудің тууын және оны түсінуді зерттеу;
2) Ана тілі мен шетел тілдерін балалар мен ересектердің үйрену үрдісін зерттеу;
3) Ішкі лингвистиканың әдістері арқылы алынған мәліметтердің шыншылдығын анықтау (Верификация лат.verus – шындық ).
Негізгі ұғымдар
Психолингвистикалық тәжірибе – информанттарды пайдаланып тәжірибе өткізушінің бақылауымен тіл қызметін қолдан жасалған жағдайда зерттеу.
Информант – сөйлеу үрдісіндегі әр түрлі мәліметтерді алу үшін тәжірибеге шақырылған сыналушы. Әдетте бұл адам аталмыш тілді ана тілі ретінде қолданатын адам.
Тәжірибе түрлері. Психолингвистикада тәжірибенің негізгі үш түрі бар:
1) Зертханалық тәжірибе – тәжірибе өткізушінің күні бұрын тұжырымдалған гипотезаны тексеруі үшін өткізілетін тәжірибе;
2) Табиғи тәжірибе – сөйлеу үрдісін информанттарға табиғи жағдайда (жанұя, мектеп, жұмыс орны) өткізу;
3) Ассоциативті тәжірибе – информантқа әсерлеу мақсатында оның екі және одан да көп тілдердегі белгілі бір сөзге, сөз тіркесіне, сөйлемге реакциясын тексеру.
Тест – психолингвистиканы зерттеудегі негізгі әдіс болып табылады. Ол жеке тұлғаның бағалау шкаласындағы орнын анықтау мақсатында өткізілетін жеке немесе топтық тапсырма болуы мүмкін.
Тесттің екі түрі бар: ашық тест және жабық тест.
Ашық тест – онша қатаң талаптары жоқ, оларға объективті түрде баға беру қиын (диктант, шығарма, аударма және т.б.). Бұл тесттің жағымды жағы – информанттардың ой-желісін, ойлау мүмкіндіктерін, шығармашылық қабілеттерін бақылауға болады. Жабық тест жалпыға бірдей, қатаң талапқа сай жасалған тест. Жабық тестте информант тек қана берілген сұрақтарға жауап береді. Әдетте жабық тест жауаптың бірнеше варианттары бар тесттер болып келеді.
Тестке қойылатын негізгі талаптар:
1) Тесттің шынайылығы. Тесттің шынайылығы информанттардың саны мен сапасына байланысты. Шынайы мәлімет алу үщін информанттардың саны 19-дан 70-ке дейін болуы мүмкін. Ал тест сапалы болуы үшін информанттардың жасы, жынысы, білім деңгейі бірдей болуы керек;
2) Тесттің сенімділігі. Бұл эксперименттің болжамалы күші. Тесттің қорытындысы мен информанттармен ауызша әңгмелесу нәтижелері сәйкес келсе тест сенімді түрде өтті деуге болады;
3) Тесттің дәлдігі. Тесттің дәлдігі тест нәтижесінің математикалық өңдеуінің сапасына және тесттегі тапсырмалар санына байланысты. Мысалы, бір мәселеге байланысты 100 сұрағы бар тест пен 50 сұрағы бар тесттің дәлдігі бірдей болмайды.
Әлеуметтік лингвистиканың әдістері мен тәсілдері
Әлеуметтік лингвистика «тіл-қоғам» қатынастарын зерттейді. Қоғам – бір-біріне және сыртқы әлемге белгілі-бір қарым-қатынаста тұрып жатқан адамдардың әлеуметтік-мәдени тобы. Тілдік ортақтастық тілдесу, қатынасу мақсатында бір немесе бірнеше тілді қолданатын адамдар жиынтығы.
Әлеуметтік лингвистиканың мақсаттары бірнешеу:
1) Тілдік жағдайды, оны сандық, сапалық мәліметтерін есепке ала отырып зерттеу (тілдік білім беруде, басқаруда, күнделікті өмірде қолдануда, сол сияқты біртілділік және көптілділіктің қоғамдағы ролі);
2) Ұлттық тілдердің өмір сүру формаларын зерттеу (диалект, ауызекі тіл, әдеби тіл);
3) Осы тілдерді әр түрлі қоғамдық топтардың өкілдері біліміне, мамандығына қарай қалай қолданатынын зерттеу;
4) Аталмыш тілдің қызметі мен рөлін мемлекеттің жүргізіліп отырған тіл саясатына талдау жүргізу: мемлекеттік және ресіми тілдер мәселелері. Аз ұлттар тілдері мәселесі, орта және жоғары оқу орындарында оқыту тілдері мәселесі;
5) Әлем тілдерінің бар генетикалық және морфологиялық классификациясына жаңа топ жасап енгізу.
Тілдің әлеуметтік табиғатына алғаш көңіл аударған ХІХ ғасырда П. Лафарг, А. Мейе, А. Соммерфельт т.б. болды. ХХ ғасырда бұл мәселені КСРО-да зерттеген Л. П. Поливанов, В. В. Виноградов, Б. А. Ларин және т.б. ғалымдар.
Әлеуметтік лингвистикалық зерттеулерде активті (белсенді) және пассивті (ырықсыз) әдістер бар. Активті (белсенді) әдістер эксперимент жүргізуші информанттардан толық әлеуметтік мәліметтер алу мақсатында тікелей қатынас, немесе тікелей әңгімеге қажетті жағдай туғызумен байланысты. Бұл жағдайда зерттеуші әңгімелесу орнын (жанұя, жұмыс немесе оқу орны, көше), әңгімеге қатынасушыларды, (жасы, жынысы, білімі, мамандығы) және әңгіме тақырыбын өзі таңдайды.
Әлеуметтік лингвистикалық зерттеулердің негізгі әдісі – тест әдісі. Тест әдісінен басқа көпшілікке танымал анкета, интервью сияқты әдістер де кең тараған. Активті (белсенді) әдістердің ұтымды жағы информанттармен тікелей байланыс, қатынас болады, ал кемшілігі көп уақыт пен көп қаржыны қажет етеді.
Әлеуметтік лингвистиканың пассивті (ырықсыз) әдістері жазбаша дереккөздермен (архив құжаттары, статистикалық мәліметтер, өкімет оындарының заңдары мен қаулылары т.с.с.) байланысты. Бұл әдістердің ұтымды жағы уақыт үнемдеу және респонденттерді көбірек қамту болып табылады.
Негізгі ұғымдар
Тілдік жағдай – белгілі бір тарихи кезеңдегі, белгілі-бір әкімшілік аймағындағы тілдер мен тіл иелерінің жиынтығы.
Тілдік саясат – аталмыш мемлекетте тілдік жағдай мен қажетті бағытты зерттеу үкімет қызметі.
Қостілділік – жеке адам немесе адам-топ қатынасында 2 тілдің кезек қолданылуы.
Көптілділік – жеке адам немесе адам-топ қатынасында бірнеше тілдің кезек қолданылуы.
Этнолингвистиканың әдіс-тәсілдері
Этнолингвистика «тіл-мәдениет» қатынастарын зерттейді. Этнос болмысын оның тілі арқылы зерттеп білу мақсатынан лингвистиканың бір саласы этнолингвистика туындаған. Этнолингвистика терминін алғаш рет Америка ғалымы Бенжамен Уорф қолданған. Б. Уорф ХХ ғасырдың 60-жылдарында этнография мен социология ғылымдарының шекарасындағы лингвистиканың жаңа саласын құруға шақырды.
Қазақстанда этнолингвистиканың негізін салушы академик Ә. Қайдар десек, қателеспейміз. “Қазақ этнолингвистикасы“ атты ғылыми еңбегінде ғалым этнолингвистиканың мақсат, міндеттерін белгілеп, зерттеу обьектісін анықтап берді. Бұл саланың мақсаты – белгілі бір тілдің өзіне ғана тән мүмкіншіліктері мен байлығын зерттеу. Этнолингвистиканың зерттеу объектісі – этнос тілі, мақсаты – сол тіл арқылы этностың болмысын танып білу.
Академик Ә. Қайдар этнолингвистикаға төмендегідей анықтама береді: «Этнолингвистика – этностың (одан ұлыс, халық, ұлт) инсандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің құнарлы саласы» [5, 475 б.].
Этнолингвистикалық зерттеулердің маңыздылығы туралы М. М. Копыленко: «Язык любого народа хранит увлекательную повесть многовековых усилий людей познать, осмыслить и подчинить себе окружающих их действительность. Отсюда проистекает важность этнолингвистических исследований, проливающих свет на формирование обозначений конкретных предметов и абстрактных понятий» деген болатын [6, 19 б.]
Шынында да тілдің барлық деңгейдегі этномәдени ерекшеліктерін есепке алмай оны әрі қарай зерттеу және түсіну мүмкін емес, өйткені тіл халықтың мәдени жадының сабақатастығығын қамтамасыз етіп отыратын «ұлттың мәдени шартты белгілер жүйесі (коды)» болып табылады [7].
Сонымен этнолингвистиканың мақсаттары төмендегідей:
1) Белгілі бір этностың мәдениет ерекшеліктерін тілдік бірліктерінің берілуін анықтау;
2) Этнос қоршаған ортаның заттар/құбылыстарға тілдік категорияларға (лексикалық, граммкатикалық) әр түрлі тілдік құралдар ерекшеліктерін анықтау;
3) Мәдени айырмашылықтардың (фондық білім, реалийлерді білу) әр түрлі жағдайларда мәдениет қарым-қатынасында әсерін зерттеу.
Негізгі ұғымдар
Этнос – халық, ұлт. Шығу тегіне тілі мен мәдениетінің ортақтығына негізделген адамдар тобы.
Идиоэтникалық – «идиос» - ерекше, белгілі бір этностың, мәдениеттің этникалық ерекшеліктерін құрайтын заттар, салт-дәстүрлер.
Реалия сөздер – белгілі әлеуметтік қоғамдастықтың, мәдениеттің этникалық ерекшеліктерін құрайтын заттар, салт-дәстүрлер (тарихи атаулар, қайраткерлер, мерекелер және т.б.).
Фондық білім – тіл иесінің белгілі бір этносқа қатысты білім жиынтығы.
Этнолингвистиканың тәсілдері
- Интервью
- Информанттармен сұрақ-жауап
- Анкета
Паралингвистиканың әдіс-тәсілдері
Тілдің функционалдық қасиеттері лингвистиканың жоғарыда айтылған бөлімдерінен басқа танымдық лингвистика, паралингвистика және ареалды лингвистика сияқты бөлімдерімен зерттеледі.
Паралингвистика (гр. para маңында, жанында) және лингвистика) хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен білдіру) тәсілдерімен бірге сөйлеу үрдісінде қолданылатын вербалды емес (тілден тысқары) амалдармен берілуін зерттейтін тіл білімінің саласы. Олар негізінен сөйлеу кезіндегі қимыл, ым, дауыс қарқыны, дауыс ырғағы, дене қозғалысы сияқты мәселелерді зерттейді.
Паралингвистикалық тәсілдердің үш түрі бар:
1) Фонациялық тәсіл, оған дыбыс әуені, оның күші, кідіріс, дауыс мәнері жатады;
2) Кинетикалық тәсіл, оған ым, бет, қол қимылы, дене қозғалысы жатады;
3) Графикалық тәсіл, оған әріптер мен тыныс белгілері қолтаңбасының түрлері, әріп таңбаларын айырбастайтын қосымша символдық белгілер жатады.
Сөйлеу барысында паралингвистикалық тәсілдер үш түрлі қызмет атқаруы мүмкін: қосымша ақпарат береді, айтылмаған сөз орнына қолданылады, сөзбен бірге, бір мезгілде қолданылады. Сөйтіп, паралингвистикалық тәсілдер вербалды хабардың мән-мағынасын толықтырумен бірге, айтушы немесе жазушы адамның әлеуметтік жайы, жас мөлшері, мінез-құлкы т.б. қасиеттері туралы қосымша мәліметтер береді. Паралингвистикалық тәсілдер дербес, тұйық семиотикалық жүйе болып табылмайды. Олардың сөйлеу кезінде нақты қандай түрде қатысатындығын алдын ала болжау мүмкін емес. Аталмыш тәсілдердің кейбір түрлері ХХ ғасырдың 30- жылдарында Н. В. Юшманов еңбектерінде зерттелді. Паралингвистика ұғымын ХХ ғасырдың 40-жылдарында А. А. Хилл енгізген (AҚШ). Паралингвистиканың ғылым ретінде жан-жақты дамуы тіл білімінде тіл жүйесінен тыс құбылыстарды зерттеуге байланысты ХХ ғасырдың 60- жылдарында іске асты.
7- тақырып. Прагмалингвистиканың әдістері мен тәсілдері
Жоспар
1 Прагмалингвистика пәні
2 Прагмалингвистиканың әдіс –тәсілдері
3 Мәтін талдаудың әдіс –тәсілдері
4 Дискурсты талдаудың әдіс-тәсілдері
Прагмалингвистика пәні
Прагмалингвистиканың пәні (гр.pragma-қимыл, қатынас) нақты коммуникация үрдісінде тілдің субстанциялық және функционалдық қасиеттерін, яғни нақты бір ситуация кезіндегі нақты индивидтердің вербалды және вербалды емес қатынас құралдарын қолданып, пікір алмасуды зерттеу болып табылады. Яғни адам өз ойын оқырманға қалай жеткізеді, қатынас құралдарын қалай қолданады және тағы сол сияқты мәселелерді зерттейді.
Прагмалингвистика өткен ғасырдың 70-ші жылдарында пайда болған тіл білімінің жас, жаңа саласы. Алғаш Ч. Моррис еңбегінде сөз болған прагматика мәселелеріне Ю. С. Степанов, А ван Дейк, Г. Г. Матвеева, О. С. Москальская сынды ғалымдар еңбектерін арнап, прагматика теориясын дамытуға азды-көпті үлестерін қосты.
Зерттеушілер прагматиканы коммуникатор прагматикасы және реципиент прагматикасы деп екіге бөледі. Мәтінді түзуші коммуниканттар өз мәтінімен бірге нақты жағдаятқа, белгілі бір тілдік контекстке тән алуан түрлі мәтіндерді интерпретациялаушы болып табылады. Коммуниканттар айтылымда өз хабарламасының екіжақты түсінілуі мүмкін екендігін біліп, ойын соған бейімдейді. Аудиторияның мәтінді барынша дұрыс түсінуі үшін адресант ақпаратты жеткізу барысында оқырманның қажеттілігін, білім деңгейін, әлеуметтік ұстанымдарын ескереді. Осыған байланысты мәтіннің прагматикалық сипаттамасын арнайы қарастыру қажеттігі туындайды. Өйткені мәтіннің прагматикалық компоненті тілдік құралдардың жұмсалуына қатысты заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Газет мәтінінде адресанттың белгілі бір прагматикалық ұстанымы көрініс табады. Зерттеушілер оны 3 түрге жіктейді:
1) Ақпараттық ұстаным (мәліметті іріктеп ұсыну);
2) фатикалық ұстаным (материалды оқырман назарын аударту үшін пайдалану);
3) манипулятивтік ұстаным (мәтінде баяндалатын оқиғаларға қатысты оқырман көзққарасын қалыптастыруды мақсат ету).
Коммуникативті-прагматикалық лингвистика нақты адамдардың ақпарат алмасу үрдісінде тіл бірліктері мен ережелерінің өзара әрекеттесуін шынайы қарым-қатынас кезіндегі барлық факторларды есепке ала отырып зерттейді. Ондай факторларға, біріншіден, интенция (айтушының әлде-бір коммуникативтік-мәнді мағынаны айту пиғылы, мақсаты) және коммуниканттардың мінез-құлқы, олардың бір-біріне көзқарасы, екіншіден, сөйлеу мазмұны мен формасы, ал үшіншіден, вербалды және вербалды емес тәсілдерді пайдалану т.б. жатады.
Осы мәселелер жиынтығын шешу үшін жеке сөйлем аясын кеңейтіп, болмыстың кеңірек фрагменттерін қамтып көрсететін дискурс және мәтін түріндегі бірыңғай құрылымын қарастыру керек.
Осыған байланысты прагмалингвистиканың келесі екі аспектісін бөліп шығару жөн: дискурс теориясы (дискурсология) және мәтін теориясы (текстология). Жалпы және жеке (индивидуалды), үрдіс және нәтиже, субстанционалды және функционалды сияқты ұғымдардың түсініктемесін осы аспектілерден іздеу керек. Басқа сөзбен айтқанда, прагмалингвистика – адамдардың қарым-қатынас әрекетін зерттейтін ғылым.
Прагмалингвистикалық зерттеулердің мақсаттары:
1) Дискурсты, оның түрлерін қатынас мақсатына қарай және оның нақты бір коммуникация үрдісінде вербалды/вербалды емес қатынастармен жүзеге асырылуын зерттеу;
2) Мәтінді, оның түрлерін және мәтін ішіндегі байланыстарын зерттеу.
Прагмалингвистика – адамның коммуникативтік қызметін екі түрде: ауызша (дискурс) және жазбаша (мәтін) түрде зерттейді.
Олардың айырмашылықтарын танымдық ғылым негізінде үрдіс пен үрдістің нәтижесін салыстыра зерттеуден көруге болады. Бұл айырмашылықтар төмендегі сызбада берілген:
Дискурс |
Мәтін |
1. Дыбыстық формада сөйлеу немесе сөзді айту үрдісі. 2. Нақты бір ситуация кезінде вербалды және вербалды емес құралдарды қолдана айтылған дайындықсыз сөйлеу. 3. Коммуниканттар арасындағы тікелей қатынас. 4. Сөздің, сөйлеудің айтылу мезгілі мен қабылдау мезгілі бір уақытта өтеді. 5.Сөйлеудің рөлдері ауысып отыратын айтушысы мен тыңдаушысы бар. Оны екіжақты дискурс дейміз. |
1. Графикалық формада берілген сөйлеу нәтижесі. 2. Өңделген сөйлеу.
3. Коммуниканттар арсында тікелей қатынастың болмауы. 4. Сөздің, сөйлеудің айтылу мезгілі мен қабылдау мезгілі әр түрлі уақытта, кезеңде өтеді. 5. Толық емес коммуникативтік жағдайдағы бір ғана автор. |
Сызбадан төмендегідей қорытынды жасауға болады:
1) Дискурс – сөзді айту үрдісі және дайындықсыз сөйлеу;
2) Мәтін – өңделген сөйлеу;
3) Дискурстың кез келген түрінде (монолог немесе диалог) қатынасқа түсуші адамдар арасында тікелей қарым-қатынас болуы керек. Ал мәліметті мәтін арқылы бергенде бұл сиқты тікелей қатынас болмайды;
4) Дискурс кезінде сөздің, сөйлеудің айтылу мезгілі мен қабылдау мезгілі бір уақытта өтеді. Ал мәтінді жазу мен оқу бір мезгілде жүзеге аспайды. Олардың арасы алшақ болады, мысалы біз бірнеше ғасыр бұрын жазылған мәтінді оқи аламыз;
5) Екі жақты дискурс кезінде (әңгіме, пікірсайыс) екі автор кезек кезек сөйлеседі, ал мәтінде автор біреу ғана болады.
Сөздің, сөйлеудің осы екі түрінде әртүрлі тәжірибе жатыр: ауызша сөйлеу (дискурс) тәжірибесі негізінен диалог түрінде іске асса, жазбаша сөйлеу тәжірибесі монолог ретінде жүзеге асады.
Прагмалингвистиканың әдіс -тәсілдері
Прагмалингвистика бірнеше үрдістен тұрады: жағдаят, коммуниканттардың стратегиясы, коммуникативтік ниетін жүзеге асыру үшін тілдік құралдарды талдау т.с.с. Осы жағдайлар негізінде прагматикалық талдау мәліметтері бір ғана операциямен жүзеге аспайды. Ол үшін бірізді операциялар жүйесі қажет. Ондай қатаң операциялар жүйесі қойылған міндеттерді шешуге әкеледі.
Прагмалингвистиканың негізгі әдіс-тәсілдеріне алгоритм жатады. Алгоритм дегеніміз белгілі бір қойылған міндеттерді шешуге әкелетін, қатаң түрдегі ережелерге сай жүргізілетін бірізді әрекеттер жиынтығы.
Негізгі ұғымдар
Алгоритм – белгілі бір қойылған міндеттерді шешуге әкелетін, қатаң түрдегі ережелерге сай жүргізілетін бірізді әрекеттер жиынтығы.
Дискурс (фр. Discours – логикалық байланыста айтылған сөз, сөйлем) – экстралингвистикалық факторларды (жағдаят, әңгімелесушінің мінезі, кинесика және фонация) есепке ала айтылған индивидтің ауызша мәлімдемесі.
Прагматика (гр.рragma-қимыл) коммуниканттардың бір-біріне және сөйлеу немесе сөз мазмұнына (ауызша немесе жазбаша) олардың коммуникативтік ниетін есепке алғандағы қатынасы.
Коммуникация (лат. сommunicare - байланысу) екі немесе одан да көп индивидтердің арасындағы вербалды немесе вербалды емес қатынастарды қолдана отырып мәлімет алмасуға немесе беруге негізделген байланыс.
Мәтін талдаудың әдіс-тәсілдері
Мәтінді зерттеуге қызығушылық өткен ғасырдан басталды. Мәтін талдау жазбаша дереккөздерден алынған сөйлемдерге талдау жасаудан басталды. Мәтін талдау теориясындағы коммуникацияның дискурсқа қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар. Мәтін үрдіс емес, ол жазбаша түрде сөйлеудің нәтижесі. Онда тек қана хабар бар да, адамдар арасындағы ақпарат алмасу жоқ. Мәтін авторы мәтінді қарым-қатынасқа түспей, оның мәтін мазмұныныа әсерін білмей-ақ орташа оқырманға бейімдейді.
Мәтін талдаудың негізгі мақсаттары:
1) мәтін типін, түрін анықтау; 2) мәтіндердің құрылымын зерттеу; 3) мәтін ішіндегі байланыс ерекшеліктерін анықтау; 4) мәтіннің семантикалық-прагматикалық ерекшеліктерін анықтау.
Мәтін талдаудың әдістері
Мәтін талдау кешенді сипатталған бағытта жүзеге асады. Ол алгоритм жүйесіндегі бірізді қадамдарадан тұрады. Кез келген мәтін талдаудың алгоритмі төмендегідей:
1) мәтінді межелеу (белгілеу);
2) мәтін типін анықтау;
3) мәтін тақырыбын анықтау;
4) мәтін құрылымын анықтау;
5) мәтін ішіндегі байланыс ерекшеліктерін анықтау;
6) мәтін стилистикасының ерекшеліктерін анықтау;
7) мәтіннің прагматикалық маңызын, мәнін анықтау.
Негізгі ұғымдар
Референт – ішкітілдік шындық объектісі ретінде айтушының сөйлеу үзіндісін айтуы.
Сөйлем – коммуникативтік деңгейдегі негізгі синтаксистік бірлік.
Когезия – деректер, уақиғалар және әрекеттердің өзара тәуелділігін қамтамасыз ететін мәтіндегі сөйлемдердің мағыналары арасындағы байланыс.
Кореференция – когезияның негізгі тілдік құралы. Мәтінде адамдардың немесе заттардың атауын қайталап атау үшін қолданылатын әртүрлі тілдік формалар.
Дискурсты зерттеудің әдіс-тәсілдері
Тіл білімінде ауызекі қатысымды (устная коммуникация) зерттеуге деген қызығушылық болғанмен де, оны зерттеу тек қана өткен ғасырдың 80-ші жылдарында ғана нақты ғылыми сипат алып, адамның коммуникативтік қызметінің ауызша түрі зерттеле бастады. Прагмалингвистиканың дамуымен ғана ауызекі қатысымды зерттеу ғылыми түрде мүмкін болып, ол алдына келесі мақсаттарды қойды:
1) дискурсты, оның түрлерін, тілдік ерекшеліктерін зерттеу;
2) дискурсқа қатысушылардың интенциясын, коммуникативтік стратегиясын және тактикасын анықтау;
3) дискурсқа қатысушы адамдардың әрқайсысының сөйлеу ерекшеліктерін зерттеу;
4) дискурстың лексико-грамматикалық құралдарының семантикалық ерекшеліктерін анықтау.
Дискурсты зерттеудің әдіс-тәсілдері әлі толық нақтыланған жоқ. Оның өз объективті себептері бар. Біріншіден, дискурс – үрдіс, бірақ оны белгілі бір кезеңде тоқтатып, талдап, статикалық түрде суреттеуге болады.
Дискурсты зерттеп, талдауға алгоритм сай келеді. Бірақ ол алгоритм мәтінді талдаудағы алгоритмнен басқа болуы керек. Өйткені екеуінің зерттеу объектісі екі басқа. Дискурс – коммуниканттардың фонация, кинесика сияқты экстралингвистикалық факторларды ескергендегі сөйлеуінің жиынтығы. Осы факторларды зерттеу үшін – үнді жазатын аппаратура қажет.
Екі жақты дискурсты талдаудың алгоритмі төмендегідей болуы мүмкін:
1) қарым-қатынас ситуациясын анықтау;
2) дискурс типін анықтау;
3) дискурс құрылымын анықтау;
4) коммуниканттардың рөлін анықтау;
5) «А» коммуникантының сөйлеудегі семантикалық ерекшеліктері;
6) «В» коммуникантының сөйлеу семантикалық ерекшеліктерін зерттеу;
7) екі коммуниканттың сөйлеу страегиясы мен тактикасының интенциясын анықтау;
8) жалпы дискурстың семантикалық ерекшеліктерін анықтау;
дискурстың лексико-граммтикалық аспектісін айқындау.
Жалпы дискурсты зерттеуде коммуниканттардың интенциясын, сөйлеуде вербалды және вербалды емес құралдарды қолданудың коммуникативтік стратегиясы мен тактикасын, менталдық ерекшеліктерін есепке алған жөн.
Негізгі ұғымдар
Дискурс (фр. discours – логикалық байланыста айтылған сөз, сөйлем) – индивидтің экстралингвистикалық факторларды (жағдаят, әңгімелесушінің мінезі, кинесика және фонация) есепке ала айтылған ауызша сөзі (мәлімдемесі). Бұл біржақты диалог. Ал екі коммуниканттың ауызша түрде әңгімелесуі – екі жақты дискурс болып табылады.
Ситуация (жағдаят) – қатынасқа түсушілердің жағдайы (уақыты, орны) мен қатынасушылар (жасы, жынысы, әлеуметтік жағдайы) жөнінде мәлімет
Интеракт – коммуниканттар арасындағы вербалды және вербалды емес құралдарды қолданып өзара қарымқатынасқа түсуі.
Интенция – айтушының әлдебір коммуникативтік мәнді мағынаны айту пиғылы мен қажеттілігі, мақсаты.
Пресуппозиция – сөйлеушінің әңгімелесуші адамның жалпы білімін сөйлеу кезіндегі көзқарасы мен психикалық жағдайын бағалау.
Әдіс – тәсілдері толық жасалған жоқ, оның объективті жауабы жоқ.
8-тақырып. Лингвистикалық зерттеудегі математикалық статистика әдістері
Жоспар
1 Статистикалық талдаудың мақсаттары мен әдіс-тәсілдері
Статистикалық талдаудың мақсаттары мен әдіс-тәсілдері
Статистикалық әдіс кейде сандық әдіс немесе математикалық әдіс деп те аталады. Статистикалық әдістің негізгі мақсаты – тілдік бірліктер (дыбыс, фонема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б.) мен тілдік құбылыстарды математика ғылымының әдіс-тәсілдерімен зерттеу, олардың сандық сипатын, заңдылықтарын ашу. Тіл білімінің көптеген әдіс-тәсілдері тілдік бірліктердің сапасын зерттеуге арналған болса, статистикалық әдіс олардың сандық жағын, қолдану жиілігін, аз-көптігін т.б. жақтарын зерттеуге көңіл бөледі. Тіл бірліктерінің сапалық сипаттары да, сандық сипаттары да ғылым үшін маңызды.
Заманауи ғылыми зерттеулерде математиканың алатын орны ерекше. Ол зерттеуде дәлдікті, сапалылықты қамтамасыз етеді. Тілді жүйелі құрылым ретінде зерттеу үшін математикалық логика, ал тілдегі мерзімді өзгерістерді және адамдардың қарым-қатынас үрдісі кезіндегі өзгерістерді зерттеу үшін математикалық статистика әдістерін қолданады. Соңғысы тіл білімінде лингвостатистика деп аталады.
Лингвостатистика – математикалық статистиканың әдістерін тіл білімінде қолдану туралы ғылым. Бұл жағдайда сөз мәтін статистикасы жөнінде болмақ. Мәтінде морфемаларды, фонемаларды, сөздерді, сөз тіркестерін санауға болады. Бірақ та мәлімет берушінің психикасын, оның коммуникативтік ниетін т.б. жағдайларды санмен бере алмаймыз. Сондықтан лингвистикалық зерттеулерде тіл туралы сандық мәлімет алудан гөрі, оған сапалы талдау жасаған жөн. Мәтінді статикалық талдаудың мақсаттары төмендегідей:
1) берілген мәтін немесе мәтіндердің грамматикалық-лексикалық байланысын анықтау;
2) автордың жеке стилін, шығарманың оқырмандарға тигізетін әсерін анықтау;
3) жеке функционалды стильдердің ерекшелігін зерттеу;
4) зерттеу мақсатына қарай алынған тәжірибе қорытындыларына қарай тілдік материалды жинау негіздерін зерттеу;
5) жиілік сөздігін құрастыру.
Лингвостатистикалық зерттеулерде статистикалық ықтималдықтарды анықтау үшін негізінен қатаң түрдегі ережелерге сай жүргізілетін бірізді әрекеттер жиынтығы, немесе алгоритмді қоданған жөн. Статистикалық талдау тек қана жазбаша мәтінді, немесе жазбаша сөйлуді талдауда ғана қолданылмайды, сонымен қатар ауызша сөйлеуді зерттеуде де қолданылады. Жоғарыда айтылғандай лингвистикада математикалық талдаудың әдіс-тәсілдерін қолдану зерттеу жұмыстарының объективті, әділ, шыншыл және дәл болуына ықпал етеді.
Статистикалық әдіс негізінен тіл білімінің фонетика, лексика, лексикография (жиілік сөздігін жасау үшін), морфология сияқты салаларында қолданылады. Мәтін тілін, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика мәселерін зерттегенде де бұл әдісті жиі пайдаланады.
(Лингвистикадағы математикалық талдаудың әдіс-тәсілдері туралы қараңыз: Алексеев П. М. Статистика речи, М., 1968 және Арапов М. В., Херц М. М. Математические методы в исторической лингистике, М., 1974).
9-тақырып. Қолданбалы лингвистикалық зерттеулердің әдіс-тәсілдері
Жоспар
1 Қолданбалы тіл білімі туралы жалпы мәліметтер
2 Шетел тіліне оқытудың қағидалары
Қолданбалы тіл білімі туралы жалпы мәліметтер
Басқа ғылымдар сияқты тіл білімінде де екі бағыт бар: іргелі (фундаменталды) тіл білімі және қолданбалы тіл білімі. Іргелі тіл білімі тіл туралы, оның субстанциялық, функционалдық және прагматикалық қасиеттері туралы ғылым. Ал қолданбалы тіл білімі тілдің қолданылуындағы практикалық мәселелерді шешумен айналысады. Бұл іргелі ғылымдардың шеңберінен асып, адамдардың тіршілік әрекетімен тікелей байланысты. Ол дегеніміз жазу, оны қайту өзгерту, соқыр адамдарға стенография және жазу жүйесін жасау, ғылыми терминологияны стандарттау, машинамен аудару және жай аудару ережелерін жасау, жасанды тілдер (эсперанто, идо) т.с.с. Іргелі ғылым мен қолданбалы ғылым бір-бірімен байланысты және олардың арасында елеулі айрмашылықтар да бар. Іргелі ғылым – ол үнемі пікірталас, дискуссия, теориялық мәселелерді дәлелдеу, ал қолданбалы ғылым – ол ғалымдардың көпшілігімен қабылданған, іргелі ғылымның жетістіктеріне сүйеніп практикалық мәселелерді шешеді.
(Қолданбалы тіл білімі жөнінде қараңыз: Жұбанов А. Қолданбалы тіл білімінің мәселелері. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. – 640б.)
Шетел тіліне оқытудың қағидалары
Жалпы шетел тілдеріне оқыту жалпыдидактикалық, дәстүрлі қағидаларға негізделген. Бірақ та, кез келген пәнге үйрету сол пәннің өзіндік ерекшеліктерін есепке алуды қажет етеді.
Шетел тіліне оқытудың негізгі қағидаларына төмендегілер жатады:
1) ана тіліне сүйену;
2) оқытудың коммуникативтік қағидалары;
3) оқытудың лингво-елтану қағидалары;
4) оқу материалын минимумға келтіру қағидалары;
5) грамматикалық оқу материалын игеруде уақыттың бірізділігін есепке алу қағидалары.
10-тақырып. Лингвистикадағы өрістік тәсіл
Жоспар
1 Лингвистикада өрісті зерттеу тарихы
2 Семантикалық өріс түрлері
3 Тіл біліміндегі өріс теориясын зерттеу тәсілдері
Лингвистикада өрісті зерттеу тарихы
Сөздің семантикасын зерттеу көп уақыт бойы жеке сөздерді зерттеумен шектеліп келді. Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап қана ғалымдар сөзді жеке қарастыру дұрыс емес екенін, жеке сөздер мағынасы мен формасы жағынан бір-біріне туыс сөздермен бірігіп, сөздердің топтарын немесе өрісін құрастыратынын, сөздің мәнін, мәнісін білу үшін оның құрамын бір-бірінен жеке алып қарастырмау керектігін айтып, ортақ пікірге келді. Бұл қажеттілік тіл білімінде өріс теориясының шығуына әкелді. Ол тіл білімін тың және жаңа жолға бағыттады.
Семантикалық өріс теориясының негізін салушы неміс ғалымы Иост Трир. Ол лексиканы жүйеге келтірудің жаңа ұстанымдарын жете зерттеп, 1931 жылы өзінің «Der deutsche Wortschatz im Sinnbezirk des Verstandes» (сөзбе сөз: Неміс тілінің сөздігі ұғым мағынасында) атты еңбегінде алғаш рет өріс теориясы ұғымын қолданып, осы теорияның лексикалық зерттеулерге қажеттілігін көрсетті. Еңбектің аты айтып тұрғандай, И. Трир өзінің жұмысында ұғым жағынан бір-бірімен байланысты (бір ұғымды беретін) бір топқа жататын сөздерді зерттейді. Автор бұл еңбегінде: «Сөз тек біртұтас бүтіндік және сол тұтастық арқылы ғана мағынаға ие болады», – деген қорытынды жасайды [8].
Cөз, өріс және сөздердің арақатынасы туралы ең жақсы анықтама ғалымның «Das sprachliche Feld» (сөзбе сөз: «Тілдік өріс») атты еңбегінде берілген. И. Трир аталмыш еңбегінде сөз өз алдына жеке тұрып ешқандай мағынаға ие болмайтынын, оның мағынасы тек өріс құрамындағы басқа сөздермен тығыз байланыста ғана анықталатынын дәлелдеді. Ғалымның бұл теориясы тек Германияда ғана емес, сонымен бірге шет елдерде де үлкен сынға алынды. И. Трирдің теориясы бірнеше параметр бойынша: өрістің тілдік емес, логикалық сипаты үшін; тіл мен ойлауды идеалистік тұрғыда түсінгені үшін, полисемия мен сөздер арасындағы байланысты ескермегені және сөз жеке бірлік ретінде ешқандай мағынаға ие болмайды, оның мағынасы айналасындағы сөздермен тығыз байланыста ғана анықталатыны және тек қана зат есім мен сын есімдерді зерттегені үшін сынға алынды. Соған қарамастан И. Трирдің еңбектері құрылымдық семантиканың дамуының негізгі кезеңі болды деп айтсақ, қателеспейміз.
Сонымен, И. Трирдің және оның ойын жалғастырушылардың пікірінше, семантикалық өріс – қандай да бір ортақ нышандармен біріккен, яғни ортақ мағыналық компоненті бар тілдік бірліктер жиынтығы.
Л. Вайсгербер тілдің заттар әлеміне белсенді әсері туралы тезисті әрі қарай дамытып, тілдің ойға және біздің санамыздың дамуына әсерін зерттеді. Тілдегі жүйелілікті негіздеу үшін ол өз теориясын жасады. Трир сияқты екі өлшемді өріс емес, үш өлшемді өріс жайын сөз етеді және ,,die sprachliche Zwischenwelt” - ,,тіл аралық әлем” ерекше ұғымын енгізді. Автор сөздің мағынасы тек қана өрісте өмір сүреді деп сендіреді. Мысалы, rot (қызыл) сын есімі gruen (жасыл), gelb (сары), т.б. түсті білдіретін сын есімдер болғандықтан ғана тілде өмір сүреді. Л. Вайсгербер семантикалық өріске түрлі сөз таптарына жататын, өзара семантикалық және сөзжасамдық қатынастар арқылы байланысқан сөздерді жатқызады [9, 64 б.].
Жоғарыда айтылғаннан шығатын қорытынды «жеке сөздердің мағынасын егжей-тегжейлі ашпай, ешқандай семантикалық талдау жасау мүмкін емес, өз кезегінде ол экстралингвистикалық шындықты есепке алмау мүмкін емес, өйткені тек экстралингвистикалық шындыққа талдау ғана семантикалық бірліктердің шегін анықтауға мүмкіндік береді.
Өткен ғасырдың 30-жылдары негізі қаланған өріс теориясы туралы ілім кезінде лингвист ғалымдар арасында үлкен пікірталас тудырған болатын, бірақ тіл білімінде әлі де өз шешімін толық тапқан жоқ. Бұл мәселе – ғалымдар арасында әр түрлі бағытта зерттеліп келе жатқан тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі. Өрісті лексика жүйесінің басты бірлігі ретінде қарастырып, оның теориялық мәселелерін жан-жақты зерттеген ғалымдар: Ю. Д. Апресян [10], В. Г. Гак [11], Е. В. Гулыга [12], Ю. Н. Караулов [13], А. А. Уфимцева [14], Г. С. Щур [15] және т.б.
Лексика-семантикалық өріс – лексиканы зерттеудегі, семантикадағы негізгі ұғымдардың бірі болып табылады. Бұл ұғым лексикалық семантиканың басты мәселелерін шешуде лексиканың жүйелілігін басшылыққа алатын қағидаға негізделген, өйткені өрісті және оның құрылымын анықтауда лексикалық бірлікте жеке күйінде емес, жүйеленген бір топ түрінде қарастырылады.
Семантикалық өріс түрлері
Қазіргі тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі – тілдер жүйесінің жұмыс механизмін зерттеу. Сондықтан лингвистиканың қазіргі күйі функционалды-семантикалық аспектіде жүргізіліп жатқан зерттеулердің белсенділігімен сипатталады. Мысалы, орыс тілі материалында жете зерттеліп, дамытылып келе жатқан функционалды-семантикалық өріс теориясын А. В. Бондарко зерттеуде. Автордың пікірінше, функционалды-семантикалық өріс – тілдің грамматикалық тәсілдерімен, сонымен қоса сөз жасаушы элементтері бар лексикалық, лексика-грамматикалық және сөзжасамдық элементтері бар бір семантикалық аймаққа жататын екі жақты (мазмұнды- формалды) бірлік [16].
Функционалды-семантикалық өрісті зерттеу – белгілі өрісті көрсету формасын ғана суреттеп қоймай, өрістің құрылымын анықтауға, оның компоненттерінің иеарархиясын, олардың байланысын айқындауға да жете көңіл бөледі. Функционалды-семантикалық өрісте әр деңгейдегі айтылу тәсілдерін біріктіру белгілі бір ұғым категориясына (мысалы, уақыт, кеңістік, салыстыру, теріске шығару, сандық және т.б.) негізделеді, ал олардың әрқайсысы нақтылы тілдік аспектіде грамматикалық категория немесе грамматикалық формамен беріледі.
Е. В. Гулыга мен Е. И. Шендельс лексика-грамматикалық өрісті зерттеп, оның негізгі белгілері ретінде мыналарды атайды:
1) өріс жүйелі қатынастар арқылы бір-бірімен байланысқан әр түрлі тіл деңгейлік құралдардың жиынтығы болып табылады;
2) бұл құралдардың ортақ мағыналары болады;
3) өріс бір-біріне қарама-қарсы ең кемінде екі мағынадан тұрады;
4) өріс көлденең және тік кесінді түрінде көрсетуге болатын күрделі құрылымға ие. Өрістің көлденең кесіндісі бойында оның семантикалық түрлері - микроөрістер, ал тік кесіндісі бойында оны құрайтын тілдік құралдар орналасады [17].
Өріс теориясы лингвистикада тек қана сөздерді зерттеуде ғана қолданылмайды, сонымен бірге соңғы кездері тілдің фразеологиялық құрамын зерттеуде де кеңінен қолданылып жүр. Егер лексикада әр түрлі лексика-семантикалық өріс зерттелсе, фразеологияда лексика-фразеологиялық өріске көңіл бөлінеді (ЛФӨ). Алғашқы рет лексика-фразеологиялық өрісті теориялық жағынан негіздеген Е. А. Ножин болатын [18]. Оның пікірінше, лексика мен фразеологияның семантикалық топтары «қатар өмір сүреді» және ортақ ұғымдардың басым көпшілігі лексиканың, сол сияқты фразеологияның белгілі бір шеңберлерінің ара қатынысында болады. Сондықтан да автор лексика-фразеологиялық семантикалық өріс құруды қолдайды.
Лексика-фразеологиялық өріс – құрамына ортақ семантикалық компонентпен біріккен толық мағыналы сөздер мен тұрақты сөз тіркестері кіретін жүйе. Сөз бен фразеологизмнің арасындағы айырмашылық пен ұқсастықтарды анықтау – зерттеуші лингвисттердің лексика-фразеологиялық өріске баруының басты себебі болды. Лексика-фразеологиялық өріс сөздер мен тұрақты сөз тіркестерінің жай ғана жиынтығы емес, кейбір ерекше байланыстар мен қатынастардың болуы оның құрылымы мен өзгешелігін анықтайды. Лексика-фразеологиялық өрісті зерттеудің негізгі мақсаттарының бірі- өріс бірліктерінің арасындағы жүйелік байланыстарды анықтау.
Өріс термині қазіргі тіл біліміне лексикалық топтарға немесе парадигмаларға қатысты қолданылып жүр. Өріске арналған ғылыми еңбектерде оның бірнеше қолданысын байқаймыз: парадигмалық өріс (Трир, Косериу), синтаксистік өріс (Порциг, Вайсгербер), грамматикалық өріс (Адмони), лексика грамматикалық өріс (Е. В. Гулыга, Б. И. Шендельс,), функционалды семантикалық өріс (А. В. Бондарко, З. Қ. Ахметжанова), сөзжасамдық өріс (Р. С. Мурясова, Н. И. Букетова), лексика-фразеологиялық өріс (Е. А. Ножин, В. П. Жуков) және т.б.
Осы күнге дейін тіл білімінде өрістің бір ауыздан қолданылып жүрген нақты ережесінің, анықтамасының және лексика- семантикалық өріс терминінің қолданылуында бірізділік жоқ. Бұл термин сөздердің әр түрлі жиынтығына қатысты қолдана береді. Мысалы, кейбір еңбектерде лексика-семантикалық өріс кең ұғымды қамтыса, ал енді бір зерттеулерде тар ұғымды білдіреді. Бұл ерекшеліктерді өрісті зерттеушілердің алдына қойған мақсатымен және зерттеу әдістерімен байланыстыруға болады.
Өріс мәнін анықтауда ғалымдардың көзқарасының әртүрлілігі өрістің жете зерттелмегендігінен және өріске ортақ теорияның жоқтығынан емес, барлық тілдік бірліктердің семантикалық қызметі қамтылған зерттеу объектісінің күрделілігінде [19, 89 б.]. Л. А. Новиковтің айтуынша, семантикалық өрістер элементтерінің түсініктік біртектілігімен сипатталады, сондықтан оның бірліктері көп мағыналы сөздер мен бір мағыналы сөздердің лесика-семантикалық варианттары (ЛСВ) болып табылады. Семантикалық өрістерде тілдік бірліктердің жүйелік қатынастарын семасиология зерттейді, өйткені суреттеу сөзден ұғымға апарады. Егер сөз ішкі байланыстар жағынан қарастырылса және суреттеу ұғымнан сөзге бағытталса, онда бұл ономасиологияның зерттеу аймағы.
О. С. Ахманованың сөздігінде семантикалық өріске мынадай анықтама берілген: «Семантикалық өріс – тематикалық қатарды түзейтін сөз бен сөз тіркестерінің жиынтығы, сол жиынтық арқылы белгілі бір саланы қамтитын сөздер мен сөз тіркестері [2, 334 б.].
Ғалымдардың өріске анықтама берудегі пікірлеріндегі ортақтық – лексика-семантикалық өрістің мағыналық құрылымындағы ортақ бір семантикалық компоненттің негізінде біріккен қандай да бір тақырыпты қамтитын сөздердің жиынтығынан тұруы.
И. М. Кобозева «семантикалық өріс деп айқындалатын құбылыстың ұғымдық, заттық және қызметтік ұқсастықтары мен мазмұнының жалпы болуымен біріктірілген тілдік бірліктер жиынтығын» айтады. Автордың пікірінше семантикалық өріс төмендегі қасиеттерге ие:
1) сөздердің белгілі бір семантикалық қатынастарға түсуі;
2) осы қатынастардың жүйелілігі;
3) лексикалық бірліктердің өзара байланыстылығы мен өзара тәуелділігі;
4) өрістің дербестігі;
5) өрістің ұғымдық сипатын таңбалаудың тұрақтылығы;
6) семантикалық өрістің бүкіл лексикалық жүйедегі өзара байланыстылығы [20, 99 б.].
Тілдік өрісті кейбір ғалымдар (Л. Вейсгербер, Г. Ипсен, А. А. Уфимцева, В .И. Кодухов және тағы басқалары) лексика-семантикалық топ түрінде түсіндіреді, бірақ олардың бәрі өрісті ЛСТ деп атамайды.
Лексика-семантикалық өрістің қасиеттерін толық ашып көрсеткен И. И. Чумак болып табылады. Ол өрістің төмендегідей қасиеттерін ажыратады:
1) Семантикалық өріс ең аз дегенде бір ортақ компоненті (ортақ семантикалық нышаны) бар көптеген мағыналар жиынтығынан жасалады. Бұл компонент негізінен архилексема (гиперлексема), яғни, жалпыланған мағынасы бар лексемамен белгіленеді;
2) Лексика-семантикалық өрісте микроөрістер, семантикалық бірлестіктер бөлініп шығады, олардың мүшелері жалпы (интегралды) нышандармен байланысқан және микроөрістің тірек сөзімен (доминанта) белгіленеді. Микроөрістің сыртқы құрылымын өріс ортасы (өзегі) және өріс ортасына жақын аймақтар құрайды, ал қалғандары микроөрістің шеткері аймағында орналасуы мүмкін;
3) Өрістің ішкі құрылымы семантикалық бірліктерді байланыстыратын корреляциялар жиынтығы ретінде түсіндіріледі;
4) Өріске элементтердің өзара бірін-бірі анықтауы тән, кейде олар бірін-бірі ауыстыруы да мүмкін;
5) Тілдегі әрбір сөз белгілі бір ЛСӨ-ке кіреді, оған қоса, жиі, көп мағыналылығының нәтижесінде бірнеше өріске кіреді.
6) Бір семантикалық өріс өзінен жоғары деңгейдегі екінші бір семантикалық өріске кіруі мүмкін [21].
Лексика-семантикалық өріс бір тектік мағынамен біріккен белгілі бір сөздер тобы (сөз тіркестері) болып табылады. ЛСӨ құрамы мағынасы жағынан өріс ортасынан (өзегінен) әр түрлі «қашықтықта» (орталыққа жақын және шеткері аймақтар) орналасқан бірліктерден тұрады.
Сонымен, өріс – мағына ортақтығының негізінде біріккен және білдіріп отырған құбылыстарының ұғымдық, заттық немесе қызметтерінің ұқсастығын бейнелейтін тілдік бірліктердің жиынтығы.
Тіл білімінде өрісті зерттеу әдістері
Тіл білімінің дамуы барысында өрісті және өріс әдісін зерттеумен айналысып жүрген тіл мамандары өрістің методологиялық және теориялық маңызына ерекше көңіл бөліп, өрістің жаңа қырларын ашуда.
Қазіргі таңда тіл білімінде сөздік құрамды сипаттауда негізге алынатын нәтижелі тәсілдердің бірі ,,өрістік” тәсіл, себебі бұл тәсіл семантиканың басты мәселелерін шешуде лексиканың жүйелілігін басшылыққа алады.
Тілдің семантикалық жүйесі семантикалық өріс, лексика-семантикалық топ, лексика-семантикалық вариант деген жүйелі йерархиялық бірліктерден тұрады. Лексика-семантикалық вариант дегеніміз – көп мағыналы сөздің бойындағы бір мағынаның қарым-қатынас үрдісінде іске асырылуы. ЛСВ-тілдегі сөздердің бір-бірімен мазмұндық байланысын анықтайтын ең кіші бірлік, басқаша айтқанда, ЛСВ – тіл лексикасының жүйе жасаушы элементтерінің жиынтығы. Бір текті, ұқсас салыстырылатын ЛСВ жиынтығы лексикалық-семантикалық топ деп аталады. Мәселен, мерзім-, уақыт -, кеңістік -, түр-түс ЛСТ-ы. ЛСТ белгілі бір сөз табына ғана жататын сөздерден жасалады. ЛСТ-ның жалпы семантикалық компоненттері бар, яғни оны ортақ архисемалы сөздер құрайды. Сөздерді бір лексика-семантикалық топқа біріктіру олардың лексикалық мағынасының негізінде жүзеге асады.
Тілдегі семантикалық жүйенің иерархиясын төмендегідей модельде көрнекілеуге болады:
семантикалық жүйе
семантикалық өріс
лексика- семантикалық топ
лексика- семантикалық вариант
Сөздерді лексикалық-тақырыптық топтарға бөлу заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен қызметтеріне негізделеді. Мәселен, жиһаз атаулары, киім-кешек атаулары, дене-мүше атаулары және т.б. Сөздерге тақырыптық классификация жасау заттар мен құбылыстардың тектік (гипероним), топтық (гипоним), түрлік (эквоним) қатынастарына негізделеді. Лексика-семантикалық және лексика-тақырыптық топтардың жалпы ұқсас белгілері де бар. Себебі екеуі де танылған объективті шындықты бейнелейді. Лексика-семантикалық топтың тақырыбы, тақырыптық топтың семантикасы болады. Сондықтан семантикалық топ тақырыптық топқа, тақырыптық топ семантикалық топқа кіреді.
Өрістік тәсіл негізінде тіл құбылыстарын жүйелеуде зерттеудің әдіс-тәсіліне қарай лексика-семантикалық өрістер, лексика-семантикалық топтар, грамматика-лексикалық өрістер, сөз жасаушы өрістер, функционалды-семантикалық өрістер, интеграционалды-семантикалық өрістер, лексика-фразеологиялық өрістер ретінде зерттелуде.
Тіл жүйесі - жүйенің қарапайым элементтерінің өзара қатынастарының сипаттарымен анықталатын және осы жүйенің құрылымын білдіретін белгілі бір құрылғыдан, ұйымдардан, реттіліктен тұрады. Жүйе құрылымы жүйеаралық байланыстың жиынтығы ретінде анықталады.
Лексика жүйесін лексика-семантикалық өріс тәсілі арқылы зерттегенде, алдымен өрістің құрылымын анықтау және оны айқындап алу негізгі мәселе болып табылады. Ю. Н. Караулов семантикалық өрісті екі жолмен: ұғым арқылы (ономасиологиялық тұрғыда) және сөз мағынасы арқылы (семасиологиялық тұрғыда) анықтауға болатынын атап өтеді [22, 57 б.].
Лингвист Е. И. Диброва лексика-семантикалық өріске төмендегідей анықтама береді: «Лексико-семантическое поле – это иерархическая организация слов, объединенная одним родовым значением и представляющая в языке определённую семантическую сферу». Автордың пікірінше семантикалық өрістің ономасиологиялық қасиеті оның негізінде тектік сема, немесе гиперсеманың болуы. Ал семасиологиялық қасиеті өріс мүшелері бір бірімен мағыналары жағынан интегралды-дифференциалды нышандарымен байланыста болады.
Семантикалық өрістің құрылуын суреттей келе, Е. И. Диброва:
1) «ядро поля представлено родовой семой – компонентом, организующим вокруг себя развертывание поля. Родовая сема может быть обозначена гиперонимом – словом с родовым понятием;
2) центр поля состоит из единиц, имеющих интегральное, общее с ядром и друг с другом, значение и разграничивающихся с ядром и рядоположительными единицами дифференциальными значениями;
3) периферия поля включает единицы, наиболее удаленные в своем значении от ядра. Обычно периферииные слои поля вступают в контакты с другими семантическими полями, образуя лексико-семантическую непрерывность языковой системы» - деп жазады [23, 262 б.]. Яғни, өрістің жалпы заңы, өріс ортасына (өзегіне) байланысты ерекшеліктері болады. Оған қоса өрістегі лексика құрамы әр тілде әр түрлі болуы мүмкін.
Тілді сипаттаудың өрістік принципін лексикалық мағынаны сипаттау үшін қолданады. Өріске енетін сөздерге төмендегідей белгілер тән:
Өріс ішіндегі сөздер бір-бірімен жүйелі байланыста болады;
2) Өрісті құрайтын элементтердің жалпы мағынасы бірдей болып келеді және олар тілде бірдей қызметте жұмсалады;
3) Өріске біртектес және әр тектес элементтер ене алады;
4) Өріс кемінде екі парадигматикалық қатардан тұратын элементтерден құралатын микроөрістерге бөлінеді;
5) Өріс құрамында орталық және шеткері аймақтар болады. Олардың шегі кей кезде нақты болмайды;
6) Бір өрісте орталық аймаққа жататын элемент басқа өрісте шеткері аймаққа жатуы мүмкін.
Линвистикада семантикалық өрісті зерттеудің екі түрлі тәсілі: ономасиологиялық және семасиологиялық тәсілдері бар екені жоғарыда айтылды. Осы екі тәсілді кешенді түрде, яғни екеуін бірдей үйлестіре отырып қана семантикалық өрістің мәселесін және оның басқа өрістерден айырмашылығын шеше аламыз.
Қазіргі тіл білімінде семантикалық өріс теориясына деген ғылыми қызығушылық азайған жоқ. Зерттеушілер мен ғалымдар тілдің сөздік қорын өріс теориясы негізінде зерттеудің қажеттілігін дәлелдеу мақсатында жаңа әдіс-тәсілдер қолдануда. Бірақ тек өрістік тәсіл сөздік құрамдағы кейбір фрагменттер шеңберіндегі мәселелерді шешуде өзін сенімді тәсіл екендігін көрсетті. Өріс теориясы тіл бірліктерін оның барлық деңгейінде қолдануға мүмкін екендігін көрсетеді, сонымен қатар лексикалық және фразеологиялық бірліктердің семантикалық айырмашылығын айқындауға мүмкіндік береді.
Сонымен, тілдік өрістерді зерттеуде лингвисттер әртүрлі әдіс, тәсілдер қолданады: семантикалық өрістерді зерттеуде ономосиологиялық және семасиологиялық әдіс, өрістің құрылымын модельдеу әдісі, компоненттік талдау, сөздік анықтамаларға (дефиницияларға) талдау, оппозициялық талдау, салыстырмалы талдау және т.б. Талдау әдісін таңдау зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне, оның объектісі мен пәніне, лингвистикалық бағытына байланысты.
Қорытындылай келе айтарымыз, семантикалық өріс теориясын зерттеу ғалымдардың қызығушылығын арттырмаса, кеміткен жоқ. Өріс теориясының мәні мен оның ғылыми мүмкіндіктері тіл білімінде жалпы, жеке және салыстырмалы-салғастырмалы деңгейде зерттелуде.
11- тақырып. Компонентті талдау әдісі
Жоспар
1) Сема – мағынаның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бірлігі
2) Сема түрлері
Сема – мағынаның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бірлігі
Лексика-семантикалық топтың мүшелері арасындағы парадигматикалық байланысты анық көру үшін ғалымдар компонентті талдау әдісін жиі қолданады. Бұл әдіс бойынша сөз мағыналары бірнеше ұсақ элементтерден-семалардан тұрады деп есептейді.
Сема (грек. Sema- белгі) - мағынаның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бірлігі. Сема белгіленетін заттардың, болмыс құбылыстарының әр түрлі қырлары мен қасиеттерінің тілдегі қарапайым көрінісі.
Тіл білімінде сема терминімен бірге семема, семантикалық көбейткіш, мағыналық компонент сияқты терминдер де қолданылады. О. С. Ахманова семема (Semema) терминіне екі түрлі мағына береді: 1) Парадигмалық қатар мүшелерінің мағыналық жүйесінің ең кіші элементі. 2) Сөз мағынасы, оның заттық мазмұны. Ал сема терминіне: 1) Жүйенің варианты. 2) Синтагмалық қатарға түсіп басқа сөздермен байланысатын мағынаның ең кіші элементі. О. С. Ахманованың пікірінше, біріншіден, сөз мағынаның ең кіші, ары қарай бөлінбейтін бөлшегі және, екіншіден, сөздің объектив дүниемен байланысатын мағыналық элементі [2, 401- 402 б.]. Компонентті талдау әдісі бойынша талдау жасаған ғалымдардың көпшілігі семема сөз мағынасының кіші элементі деп емес, сөздердің мағынасымен тең деп те анықтама беріп жүр [24, 21 б.]. Біз танысқан әдебиеттерде сема мен семемаға берілген басқа да анықтамалар бар. Бірақ біз сема мен семема терминдерін мағына жағынан ажырата қолданушылар жағындамыз. Яғни, біз сема терминін сөздің ең кіші мағыналық бөлшегі деген мәнде қолданамыз.
М. Оразов «Қазақ тілінің семантикасы» деген еңбегінде [25] сема мен семеманы, семема мен сөз мағынасын ажыратқанда төмендегі нәрселерге көңіл аудару қажет дейді: 1. Сема мен семема сөз мағынасына байланысты болғанмен, ешқашан толық мағына арқылы берілмейді. 2. Семема семалардың қосындысынан жасалынбайды. Семалар семемалар сияқты өзгеріске түспейді. 3. Семалар объективті дүниеден түйсік арқылы қабылданған информациялармен байланысты болса, семема сол информацияларды қабылдайды. 4. Сема мағынаның ең кішкентай бөлшегі, ары қарай майда бөлшектерге бөлінбейді. Автор жүр етістігін компонентті талдау әдісімен талдап, сөз мағыналарын бір немесе бірнеше семаларға бөлуге болатындығына көз жеткізеді. Жүр етістігінің құрамында автордың пікірінше төмендегідей семалар бар: 1) қозғалу қимылы бар; 2) қозғалған заттың бір орыннан екінші орынға өткендігін білдіреді; 3) қозғалу жерде болады; 4) бағытсыз қозғалысты білдіреді; 5) қозғалыстың темпісінің баяу (жүгіруге қарама–қарсы) болғандығын; 6) процестің созылыңқылығын т.б. білдіреді.
Сема түрлері
Семалардың табиғатын анықтауда ғалымдар арасында бірізділік жоқ. Мысалы, В. Г. Гак семалардың мағынаны қалыптастырудағы рөлін ескере отырып тілдегі семаларды үш топқа бөлген: 1) архисема 2) дифференционалды сема 3) потенциалды сема [26, 371б.].
Сөздердің лексикалық мағыналарын анықтауда семаларға сүйенгенде мағынаны қалыптастыруға қатысқан семалардың барлығы да сөйлемде қолданылғанда бой көрсете бермейтіндігін ескерген дұрыс. Сондықтан семалардың қызметтерін анықтап, талдаған жөн. В. Г. Гак семаларды үшке бөліп талдағанда олардың осы қызметтеріне сүйенген. Бірақ ғалымдар бұл мәселеде де бір ізді көзқараста емес. Мысалы, В.Г.Гак архисема сөздерді өзара байланыстырып тұратын, оларды белгілі бір лексика-семантикалық топқа біріктіруде негіз болатын сема деп есептесе, дифференциалды семаны сөздердің лексикалық мағынасына негіз болып, бір сөзді екінші бір сөзден бөліп тұратын сема деп көрсетеді.
Соңғы кездерде ғалымдар, мысалы О. Н. Селиберстова семалардың төртінші түрі – интеграль семалар бар деген пікірлер айтуда, мысалы [27]. Интеграль семаны анықтауда, әзірге, ауытқулар жоқ және оған берілген анықтамалар да айқын емес. Интеграль сөзі латынның integer (мағынасы бүтін, қалпына келтіру) сөзінен алынған, сондықтан интеграль семаның анықтамасын сөздердің ортақ семасынан іздеген дұрыс.
Семалардың түрлері туралы пікірлерді бір жүйеге келтіретін болсақ, онда сөз мағынасындағы семалардың екі түрін ғана ажыратуға болады:
1) Интегралды сема (архисема); 2) Дифференциалды сема. Интегралды сема, салыстырмалы семалар сөздердің лексикалық мағыналарын талдауда жеңілдік туғызғанымен, мағынадағы орны тиянақты болмайды, өзгеріп отырады. Интегралды сема өз қасиеттері жағынан архисемаға жақын болса, салыстырмалы сема дифференциалды семаға жақын тұрады. Зерттеушілердің мақсатына қарай олар бірде архисеманың құрамында, бірде жеке бөлініп алынуы мүмкін. Салыстырмалы сема да дәл осындай бірде дифференциалды сема ретінде, бірде жеке сема ретінде бөлініп алына береді. Егер біз архисема дегенде бірнеше сөздердің мағынасына ортақ, сөздерді белгілі бір лексика - семантикалық топқа біріктіруге себепші болатын сема деген В. Г. Гактың анықтамасы дұрыс дейтін болсақ, онда архисема мен интеграль семаларды ажыратудың қажеті болмайды. Біз өз жұмысымызда «архисема (жалпылаушы сема) бірнеше сөздерге ортақ сема болып саналады да, сөздерді белгілі бір лексика-семантикалық топқа топтастырып тұрады, ал дифференциалды сема (айырушы сема) жеке сөздердің өздеріне тән болады да, оны сол лексика-семантикалық топтың басқа мүшелерінен ажыратып тұратын, сөздердің жеке дербестігін қамтамасыз етіп тұратын сема» [25] деген М.Оразов қағидасын қолдаймыз.
Зертеу барысында біз архисема (жалпылаушы сема) және дифференциалды сема (айырушы сема) терминдерін қолданамыз. Сөз мағынасының қалыптасуына қай сема негізгі қызмет атқарады деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Қазақ тіл білімінде бұл мәселе әлі арнайы зерттеу объектісі болған жоқ.
Жалпылаушы семалар мен айырушы семалар сөздің лексикалық мағына құрамына енуі керек, бірақ сөз мағынасын семалардың қосындысы не жиындысына тең деп қарау дұрыс емес. Ситуацияға байланысты бір сема жетекші сема, екінші бір семалар оған қосалқы, көмекші, қызметін атқарып, негізгі мағынаның орталығын жасап тұрған семаны толықтырып тұруы шарт. Қай сөздің мағынасында семалардың саны көп болса, сол сөздің мағынасы жайылыңқы, абстрактылы, көп мағыналы сипатқа ие болады.
Компонентті талдау әдісіне О. Н. Селиберстова төмендегідей анықтама береді: «Под компонентным анализом мы понимаем процедуру расщепления на составные части, вычленение которых обусловлено как соотношением элементов внутри отдельного значения (наличие более общих и более частных элементов, т.е. иерархичность), так и соотношением этого значения со значением других языковых единиц» [27, 287б.].
Компонентті талдау шарасында біз лингвистикалық әдебиетте жиі қолданылатын және ең қолайлы «сема» терминін қолданамыз. Семаға объективті сипаттаманы біз В. Г. Гактан табамыз: «Каждая сема представляет собой отражение в сознании носителей данного языка различительных черт, объективно присущих денотату, либо приписываемых ему данной языковой средой и, следовательно, являющихся объективными по отношению к каждому говорящему» [26, 95 б.]. Сөйтіп, сөз мағыналарын оларды парадигмадағы басқа бірліктерге қарама-қарсы қою арқылы егжей-тегжейлі қарастыруға болады.
12- тақырып. Жас ізденушілерге кеңес
Жоспар
1 Зерттеу жұмысының тақырыбын таңдау және меңгеру
2 Зерттеу жұмысының кезеңдері
3 Қолжазбаның мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын негізгі талаптар
4 Зерттеу жұмысын дайындау реті
5 Зерттеу жұмысын құрастыру мен жүйелеу
6 Пайдаланылған әдебиеттер тізімін жасау
7 Зерттеу жұмысын қорғауға дайындық және жұмысты қорғау
8 Ізденушінің зерттеу тақырыбымен жұмыс жасау әдістемесі
Зерттеу жұмысының тақырыбын таңдау және меңгеру
Кез келген жұмысты жазу тақырыпты таңдаудан басталады. Оған студент немесе жас ғалым үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Жұмыстың тақырыптарын кафедра ұсынады. Тақырыптар жалпы жобаланып алынады. Әркім өз қызығушылығына қарай және ғылыми жетекшімен ақылдасып, тақырыпты таңдай алады. Тақырыптың таңдалуы мәселенің алғашқы зерттеуіне негізделу керек.
Бұл зерттеу жұмысының материалын жинау мен тақырып бойынша әдебиет оқу сияқты бастапқы кезеңі. Ғылыми жетекші жас ғалымға ғылыми ізденісті қай жерден, қалай бастауы керектігін айтады, ақыл-кеңес береді. Тақырыпты бекіткесін материал жинақтау қажет, тақырып бойынша әдебиет іздеп, библиографияны дайындау және жеке жұмыс кестесін жасау керек.
Зерттеу жұмысы бойынша негізгі әдебиеттер тізімін ғылыми жетекшіден алу керек. Тізімнің әрі қарай кеңейтілуі оқыған ғылыми жұмыстардағы сілтемелердегі еңбектерді оқу мен зерттеу жұмысына көмегі тиетін еңбектерді оқумен байланысты болады. Ізденуші өз бетінше кітапханалар мен оқу залдарындағы алфавиттік және жүйелік каталогтарды, библиографиялық жинақ пен интернетті қолдануы қажет. Одан басқа мерзімді баспасөздегі тіл білімі мен әдіснама бойынша журналдардың соңғы санында өткен жылда жарияланған мақалалардың тізімі беріледі.
Тақырып бойынша арнаулы әдебиеттерді оқу барысында ізденуші өзіне қажет жерлерін дәптерге емес, белгілі бір форматтағы (мысалы А4) параққа жазып, конспект жасауы керек және парақтың тек бір жағына жазу керек, тұтас нөмірлеу қажет. Бұл парақты қажет уақытында алып, қайтадан орынына салуға ыңғайлы.
Конспект жасағанда, бәрін бірдей емес, тек қана зерттеу жұмысына қажетті ойларды конспектілеу керек. Бөтен біреудің ойын келтіргенде немесе цитата келтіргенде міндетті түрде тік жақша ішінде баспасөз атын, бетін, басылып шыққан жерін, жылын көрсету қажет, өйткені ол ертеңгі күні сілтеме жасағанда қажет болады. Арнаулы әдебиетті немесе жасаған конспектіні оқу барысында осы мәселеге байланысты да бір ойлар келсе, оны осы парақтың екінші жағына өз инициалын қойып жазу керек. Мысалы «бұл тақырыпты тағы да қандай ғалымдар зерттеді?», «материалды қайдан қарауға болады?» «ғылыми жетекшіден ақыл-кеңес алу», «сөздік бойынша тексеру», «анықтамадан қарау» т.с.с. Осы жағдайда ғана жұмыс табысты болуы мүмкін. Жоғарыда айтылған жұмыс кестесіне сәйкес бірінші нұсқаны дайындап, ғылыми жетекшіге бірінші нұсқаны тапсыру қажет.
Жұмысты жетекші қарағаннан кейін ескертулер бойынша мәтінді аяқтап, ақырғы хаттамасын жасап, кафедраға тапсыру қажет. Оның ішінде ғылыми жетекшінің рецензиясы мен бағасы болуы керек. Жас ғалымның жұмысын қорғауда ғылыми жетекші міндетті түрде қатысу керек.
Зерттеу жұмысының кезеңдері
Практикалық жұмыс негізгі үш кезеңнен тұрады: зерттеу жұмысына материал жинау, жүйелеу және қорыту. Енді осы кезеңдерді жеке- жеке қарастырайық.
Зерттеудің бірінші кезеңі әр түрлі дереккөздерден (мәтін, сөздік, дискурс т.с.с) материал жинаудан, құраудан басталады. Зерттеуге қажетті материалды (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с.), авторын, дереккөзді және басылымның бетін көрсетіп жеке карточка жазып алу ұсынылады. Карточканың төменгі оң жағында бұл мысалдар зерттеу жұмысының қай тарауында немесе бөлімінде қолданылатыны көрсетіледі. Егер де жоспар бойынша бар болса, осы кезеңде тәжірибеге дайындық және оны жүргізу басталады: тест, анкета жұмыстарын жасау, интервьюге сұрақ дайындау т.с.с. Алынған нәтижелерге қорытынды жасалып, ол қорытынды жұмыстың мәтінінде қолданылады.
Екінші кезең жинаған материалды жүйелеу. Жиналған материалды біріктіретін белгілері бойынша класстарға, топтарға бөлу, жүйелеу. Зерттеу жұмысының дұрыс және дәл болуы үшін осы кезеңде біз қарастырып кеткен лингвистикалық зерттеулердің зерттеу мақсатына сай келетін әдіс-тәсілдерін (номографиялық, идеографиялық және эксперименталды әдістер) таңдап қолдану қажет.
Үшінші кезең ғылыми жұмысты жазу кезеңі, яғни зерттеу мәліметтерін топтап қорыту кезеңі. Осы кезеңде қолжазба жеке тарауларға, бөлімдерге бөлінеді.
Әр тараудан кейін кіріспеде анықталған зерттеу жұмысының мақсат-міндеттеріне сәйкес алынған зерттеу нәтижесі бойынша қысқаша тұжырымдар беріледі. Зерттеу жұмысының соңында жалпы жұмыс бойынша қорытынды жасалады. Қорытындыда тараулардағы тұжырымдар талданып қорытынды жасалады, зерттеу жұмысының мақсаты бойынша қойылған мақсатқа жету үшін жасалған әр жұмысқа, шешілген мәселелерге толық мәлімет беріледі. Қорытындының соңында қарастырылатын мәселе бойынша зерттеу жұмысының келешектегі бағыт-бағдары беріледі.
Жасалған зерттеу жұмысы талаптарға сәйкес рәсімделіп, қысқартылған сөздер тізімінен, қолданылған әдебиет тізімінен, бар болса қосымшадан тұрады.
Қолжазбаның мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын негізгі талаптар
Кез келген ғылыми жұмыс (диссертация, дипломдық және магистрлік жұмыстар) белгілі бір талаптарға сай жасалатын ғылыми шығарма. Диссертацияның (дипломдық жұмысының, магистрлік жұмыстың) мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын талаптар:
Жұмысты жазу барысында тек қана мағлұмат қорытындысын тізбектеп емес, сол белгілі бір әдіс- тәсілдердің негізінде қойылған мақсатқа сай жасалған, жұмыс барысында алынған үрдіс нәтижесі маңызды болып табылады. Осы мәселенің зерттеу тарихына қысқаша тоқталып, оған сын шолу жасау керек және де кейбір жеке авторлардың көзқарасын мазмұндап емес, оларды қорытып беру керек. Мысалы: Мына авторлар тобы (атап шығу керек) мынадай көзқараста; келесі топ (атап шығу керек) басқа көзқараста (әдебиет тізімі) т.с.с.
Зерттеу жұмысының тілі түсінікті, жатық болу керек. Терминдер лингвистикалық зерттеу жұмысының негізін құрайды. Бірақ та терминдер уақыт өте өзгеруі мүмкін, немесе қолданыстан шығып, жаңа терминдердің пайда болуы мүмкін, немесе зерттеуші өзі жаңа термин ұсынуы мүмкін. Қалай болған күннің өзінде терминологияға көзқарасын негіздеу керек.
Зерттеу жұмысының негізгі бөлімі – пікірлер мен мысалдарды жай ғана сипаттау емес, зерттеу мақсатына сай пайымдау, оларды түсіндіру, негіздеу, тұжырымдарды дәлелдеу және мәтінге қойылатын талаптарға, техникалық жағынан рәсімделуге қойылатын талаптарға сай болуы керек.
Диссертация (дипломдық немесе магистрлік жұмысы) жазу адам қызметінің танымдық түрі. Ол ізденімпаздықты, шығармашылықты, еңбекқорлықты қажет етеді. Бір жағынан ғылыми еңбек тіл туралы бар білім жүйесіне сай келу керек, екінші жағынан ол кішкентай болса да жаңа мәліметтері бар, аз болса да адамзат тілін тану жолына үлесін қосу керек.
Танымдық қызмет белгілі бір тәжірибені қажет етеді және онда қателер болуы мүмкін. Жиі кездесетін қателерге келесі қателерді жатқызуға болады (бұл қателер негізінен дипломдық және магистрлік жұмыстарда кездеседі): жұмыс басқа авторлардың жұмысынан көшіріп алу негізінде жазылады; зерттеу жұмысын тек өзі жинаған фактілер негізінде ғана жазу, осы тақырып бойынша бар теориялық білімді жете бағаламау және бөтен біреудің ойын сөзбе-сөз беру. Цитатаны қолдануға болады, бірақ та оны өз көзқарасыңызды негіздеу үшін, алған зерттеу нәтижесін бекіту үшін және бар көзқарастарды құптау немесе құптамау үшін қолдануға болады.
Қолжазбаның техникалық рәсімделуіне қойылатын талаптарды кафедраның нормобақылаушысынан немесе диплом жазуға арналған әдістемелік нұсқаулардан алуға болады.
Зерттеу жұмысын дайындау реті
Зерттеу жұмысы қорғаудан бірнеше күн бұрын дайын болуы керек. Ізденуші зерттеу жұмысына толық жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тек қана жүйелі, дұрыс жобаланған жұмыс табысты нәтижеге әкеле алады.
Жұмысты дайындау реті әдетте келесі кезеңдерден тұрады:
1) Жоспар жасау. Жұмыс барысында құрылған жоспар түзетулер жасауға көмектеседі;
2) Жоспарда көрсетілген мақсаттарға сәйкес әдебиет таңдау. Бірақта ғылыми жетекшінің кеңесіне құлақ салумен қатар, өзіндік ерік көрсете білу керек. Ізденушіге керек мәселені толықтай ашатын жалғыз әдебиет жоқ. Жаңа шыққан басылымдарды қарау, оларға талдау жасау тоқталмайтын үрдіс болуы керек;
3) Таңдалған әдебиетті зерттеу. Осы кезеңдегі жұмысты автордың басты ойын және дәлелдер жүйесін, тиісті белгілері бар статистикалық және фактологиялық материалдарын, қаралған дереккөздерге қысқаша баяндамаларды жазып алу жөн. Мұндай әрекет кейінгі жұмысты жеңілдетіп, бір дереккөздеріне қайта оралмауына көмектеседі;
4) Жұмыстың мәтіндік нұсқасын жазу. Мәтінді жазбас бұрын, баяндаманы жазу логикасын тиянақты ойлап, басты ойды дәлелдеу жүйесін анықтау жөн. Бұл кезең басты тезистерді тұжырымдаумен аяқталады.
Жұмыс барысында осындай маңызды шарттарды ұмытпаған жөн. Оқылған әдебиетті сөзбе-сөз жазып алуға немесе көшіріп алуға болмайды. Баяндама басқалар түсінерліктей өз бетінше, қойылған мақсаттарды ұққанын дәлелдеп, өз ойын жазу керек. Бірақта дәйексөзді қолдануға да болады. Әр дәйексөз дұрыс құрастырылу керек. Баяндама сауатты және логикалық қателіксіз жазылуы керек. Жұмыстың нақты жүйесі анықталғаны дұрыс болар еді. Қосымшалар, дерекнама көздері ережеге сай құрастырылуы тиіс.
Зерттеу жұмысын құрастыру мен жүйелеу
Зерттеу жұмысының жалпы көлемі зерттеу жұмысының түріне (курстық жұмыс, дипломдық жұмыс, магистрлік жұмыстың) байланысты болады. Кез келген зерттеу жұмысы төмендегідей беттерден тұруы тиіс:
- Титулдық бет;
- Мазмұны;
- Кіріспе;
- Негізгі бөлім;
- Қорытынды;
- Қолданылған әдебиеттер тізімі;
- Қосымша (лар).
Титул беті және жоспар жұмыстың бастапқы екі бетінде белгілі шартпен құрастырылады. Мазмұнға кіріспе, бөлімдер, бөлімшелер, қорытынды, қолданылған әдебиеттер тізімі, зерттеу жұмысында қосымшаның жазылған беттері жазылады.
Кіріспеде келесі маңызды мәселелер ашылуы тиіс:
- тақырыптың жалпы тұжырымдамасы;
- таңдалған тақырыптың теориялық және практикалық маңыздылығы мен өзектілігі;
- мәселенің зерттелу дәрежесі, мәселені зерттеу тарихы;
- автордың алдына қойған мақсаты мен нақты тапсырмасы;
- автордың қойылған тапсырманы қалай шешетіні, ашылатын сұрақтар тізбегі, жұмысты зерттеудің жалпы тәртібі;
- жұмыстың теориялық және практикалық маңыздылығын дәлелдеу;
- жұмыста дерекнама көздерін қолдану.
Кіріспе қысқа және анық болуы керек (зерттеу жұмысының түріне байланысты 3-тен 7-ге дейін). Оны жалпы сөйлемдермен бермеуге тырысу керек. Ең бастысы, оқырман автордың алдына қойған мақсатын түсінуі тиіс.
Негізгі бөлім бірнеше бөлімшелерден тұруы мүмкін. Бөлім атауы жұмыс атауымен бірдей болуы шарт емес (басқа жағдайда басқа бөлімдердің қажеттілігі біршама артық болады). Бөлім атаулары бөлім мазмұнын қысқа да нұсқа беруі тиіс. Зерттеу жұмысының әрбір бөлімін жаңа беттен бастау жөн. Жұмыс мазмұнын күрделендіру қажет емес. Зерттеу жұмысында 2 немесе ең көп дегенде 3 бөлім ғана қарастырылады. Қорытындыда басты қорытындыларды қысқаша тұжырымдау керек. Қорытындылар жұмыс мазмұнынан бағытталып қысқа жазылуы керек. Қорытынды автордың жасаған маңызды қорытындыларынан, қойылған мәселе шешімінің толық ашылуынан тұруы керек. Қолданылған әдебиеттер тізімі нақты ережеге сай құрастырылады. Ол мәтінде қолданылған дерекнамалардан тұруы тиіс. Деректер тізімін жұмыста қолданылу барысына қарай беру.
Қосымшаны тек қана көптеген кестелер немесе статистикалық материалдар қолданылған кезде ғана қосады. Мұндай материалды негізгі бөлімге қосқан жағдайда, оқырманға мазмұнды түсінуді қиындатады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімін жасау
Әдебиеттерді жинау жоғарыда айтылып кеткен тақырыпты меңгеру барысы кезеңінде басталады. Авторлар әрбір қолданылған дереккөзге карточка жасауды ұсынады.
Қолданылған әдебиеттер тізімін алфавиттік ретпен немесе жұмыста аталып өтілген дереккөздердің қолданылу ретімен жасауға болады. Егер де бір дереккөз туралы екінші рет айтылса, ол жалпы тізімге қайтадан қосылмайды.
Әдебиетті таңдау кез келген ғылыми жұмысты жазудағы маңызды кезеңдерінің бірі. Библиографияны жасау кезінде жүйелі каталогтар мен ғылыми кітапханалардың арнайы жаңа әдебиет шолулары көмектеседі (мысалы ПМУ Хабаршысы «Филология» сериясы, аналитикалық журналдар, реферативті жинақтар және т.б.). Ізденушіге арнайы журналдардағы басылымдармен танысу қажет. Керекті дерекнама көзі болып Интернет желісі де қолданылуы мүмкін. Бұл кезең библиографияны құрастырумен аяқталады (таңдалған тақырып бойынша танысатын басылымдар тізімі).
Жоғарыда айтылған зерттеу жұмысының кезеңдері, қолжазбаның мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын талаптардың барлығы тек ұсыныс ретінде ғана беріліп отыр. Әрбір зерттеушінің өз жұмыс істеу жүйесі, оны сақтауы (компьютер) болады. Бірақ та ең бастысы – зерттеу жұмысында жүйе болуы керек.
Зерттеу жұмысын қорғауға дайындық және жұмысты қорғау
Зерттеу жұмысының ақырғы нұсқасын аяқтаған соң, ғылыми жетекші өзінің қорытындысын дайындап, алдын ала бағасын береді. Соңғы баға жұмысты қорғау нәтижесінен кейін қойылады. Қорғау кезінде автор белгіленген уақыт ішінде жасалған зерттеу нәтижелерін баяндап беріп, барлық сұрақтарға жауап беруі керек. Қорғауда жоғары баға алам деген ізденуші сұраққа нақты және толық жауап бере алуы тиіс.
Зерттеу жұмысын бағалау келесі талаптарға жүгінеді:
1) Көтерілген мәселені терең талдай білу;
2) Берілген мәселеге шығармашылық көзқараспен қарау;
3) Ең жаңа фактологиялық және статистикалық материалдарды қолдану;
4) Автордың алдына қойған барлық талаптарды толықтай орындай алуы;
5) Материалдардың сауаттылығы, логикалық жүйелілігі;
6) Мәтінді құрастыру дәрежесі.
Қорғауға дайындалу үшін автор жұмысының көшірмесін алуы тиіс, себебі оның түпнұсқасы бірнеше күн бұрын кафедраға тапсырылады.
Егерде зерттеу жұмысы белгіленген уақытында дайын болса, жетекші түсіндірме қағазында жазбалар жасап, қорғауға кіргізеді де, жұмыс беттеріне қолын қояды.
Аяқталған жұмыс қорғау алдында 3 жұма бұрын жетекшіге тапсырылады. Мұндай мерзім тәжірибе көрсеткендей, жұмысты қорғауға дайындыққа ыңғайлы болып келеді. 10 күн арасында, жетекші автордан жұмысты алғаннан соң тағы бір рет қарап шығып, жұмысқа рецензия жазылып, қол қойылады. Рецензияда жұмыстың өзектілігі, толыққандығы, қойылған мәселенің қарастырылуы мен ашылуы, практикалық маңыздылығы және алынған нәтижелерді болашақта қолданылуы жазылуы тиіс.
Ізденушінің зерттеу тақырыбымен жұмыс жасау әдістемесі
Кез келген ғылыми жұмыс ізденушіден үлкен еңбекқорлықты, қайсарлықты, табандылықты, мақсаткерлікті талап етеді. Ғылымда бір жаңалық ашу үшін жас ізденуші өзі жұмыс істейтін ғылым саласынан білімі мол болуы керек. Өзі таңдап алған салада белгілі бір жетістіктерге жету үшін қажымас қайрат иесі, ізденімпаз болу керек.
Жас ізденуші өзінің жеке оқу стратегиясын құрып, өз жұмысына талдау жасап, жаңа нәрсе үйренуге тырысуы керек және ылғи да өзінен: Осы жұмысымнан не шығады? Не шықпайды? Неге? Не себепті? Не істеу керек? Қандай әдебиеттермен жұмыс жасау керек? Қандай анықтама, сөздіктерді қарау керек? Жетекшіден сұрау керек пе? Менің жеткен жетістігім осы ма? Тағы қандай мәселелерді қарауым керек? Осы тақырып бойынша қандай жетістіктер бар? Тақырыпты толық аша алдым ба? т.с.с. сұрақтарға жауап іздеуі керек.
Әдебиетпен және жұмыста кездесетін материалмен танысу негізінде зерттеу жұмысының алғашқы жоспары құрылады. Әдетте жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен және қортындыдан тұрады.
Жоспар құру кезінде, біріншіден ең басты мәселелер мен сұрақтарды белгілеп алу керек. Әр бөлімге сай мәселені шешіп, оның орындалу ретін анықтаған жөн. Бұл мәселелер ақырғы, дайын жоспарда көрсетілмейді, бірақ алғашқы кезеңде ол жұмыс жоспары үшін керек.
Әр тақырып өзінше ашылуы мүмкін. Бірақ, тек қана дұрыс жасалған жоспар оның басты бағыттарын анықтайды. Жоспар жұмыстың басты идеясын, сипатын және мазмұнын көрсетуі тиіс. Жоспарда тақырыптың басты мәселелері ашылуы керек.
Жоспарды құру кезінде ешқандай шаблон болмағаны жөн. Жоспар құруда ізденуші жұмыстың ғылыми жетекшісімен ақылдасуы тиіс.
Тақырып бойынша оқыған әдебиеттер мен ғылыми жетекшімен әңгіме қорытындысы бойынша кіріспенің жобасын жасауға болады. Кіріспеге келесі кезеңдерді енгізу қажет:
Зерттеу жұмысының тақырыбына негіздеме жасау, оған тақырыптың өзектілігін, зерттеудің нысаны мен пәнін, ғылыми жаңалығын, теориялық және практикалық құндылықтарын, зерттеудің теориялық және методикалық негізерін көрсету керек. Осы жерде зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін нақты анықтап, қорғауға ұсынылатын тұжырымдарды беру керек. Жұмыста зерттеудің қағидаларын (синхрония- диахрония, интра- интерлингвистика, семасиология- ономасиология т.с.с) және әдістерін (сипаттау, тәжірибе т.с.с), сонымен қатар зерттеу барысында қолданылған көркем әдебиеттерді, бар болса архив материалдарын, статистикалық мәліметтерді, анықтамалар мен сөздіктерді көрсету қажет. Сонымен қатар зерттеу жұмысының негізгі терминдерін, ұғымдарын беру қажет.
Жас ізденуші! Егер де осы дәрісте берілген кеңестерді орындап, жоспар құрып, жоспарға сай әрбір бөлімін уақытында жазып, ғылыми жетекшіңізбен ақылдасып отырсаңыз, көп ізденсеңіз сіздің зерттеу жұмысыңыз өзіңізге қуаныш, жетекшіңізге мақтаныш сезімін әкелері сөзсіз.