- •1. Қазіргі лирика: уақыт пен кеңістік
- •Тәуелсіздік тақырыбының жастар поэзиясында жырлануы.
- •Тәуелсіздік дәуір поэзиясындағы Желтоқсан тақырыбы
- •5. Тарихи уақыт және оны қабылдау
- •6. Мұхтар Шаханов поэзиясындағы әлеуметтік сарын.
- •7. Ххі ғасыр поэзиясындағы модернистік және постмодернистік даму үрдістері
- •8. Ақұштап Бақтыгереева
- •17. Ххі ғасыр басындағы қазақ поэзиясы
- •18. Темірхан Медетбек поэзиясындағы көне түркілік сарын
- •20. Иранғайып (Оразбаев Иранбек)
- •21. Қазіргі поэзия және фольклор
- •22. Серік Аңсұңқарұлы поэзиясындағы бүгінгі заман көрінісі
- •23. Қазіргі ақындардың қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді ерекше жырлауы
- •24. Несіпбек Айтұлы поэмаларының тақырыптық сипаты
- •25) Бүгінгі ақындар шығармашылығының көркемдік-бейнелік сипаты мен стилі
- •26) Ұлықбек Есдәулетұлы поэзиясының лирикалық пішіні
- •27) Қазіргі қазақ поэзиясының зерттелуі
- •28) Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабы».
- •29.Жас ақындар шығармашылығының қазақ аоэзиясынан алатын орны мен жаңашылдығы
- •30. Гүлнәр Салықбай лирикасындағы мазмұндық-пішіндік жаңашылдық
- •31. Қазіргі лирика. Оның ерекшелікте
- •37 . Қазіргі қазақ поэзиясы және постмодернизм
- •40. Кеңшілік Мырзабекұлы поэзиясы
24. Несіпбек Айтұлы поэмаларының тақырыптық сипаты
Ақын Несіпбек Айтұлының «Арқатірек» («Сары Арқа». Баспа үйі, 2010 ж.) поэмалар шоғыры Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды.
Несіпбектің шығармашылығын қыдыра шолғанда оның алтын арқауы Алаштың азаттығы, ұлттың ұлылығы екені көзге айқұлақтана шалынады. Ана бір жылдары «Бәйтерек», «Көкала үйрек», «Ту», «Ақмола шайқасы» поэмаларымен жұртты жалт қаратқан ақын енді кемел шабыттың шарпуында екен. Несіпбек жырларын оқығанда осыған анық көз жеткіздік, деп жазады Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы «Айқын» газетіндегі зертеу мақаласында.
Ақындық - тәңірдің берген сыйы. Кез келген ақын ұлт ақыны деңгейіне көтеріле алмайды. Ұлтты жырлау елдік мүддені жырлау ғана емес, ол үшін бүкіл болмысыңнан, шығармашылығыңның өн-бойынан ұлттық рух жусан иісіндей бұрқырап тұруға тиіс. Тәуелсіздікті жырламаған ақын жоқ. Ал сол азаттықты барынша таным-түйсігімен түсіне, жеріне жеткізе, егіле жырлаған ақын сирек. Сол сиректің бірі - Несіпбек. Отаршылдық қиянатын ерте сезінген қазақтың осы қара баласының ел егемендігі хақындағы жырларының әр шумағын тебіренбей, еміренбей оқу мүмкін емес. Екі бірдей өктем елдің тегеруінді тезіне түсіп, ел-жұртының егемендігін сағына, сарғая күткен атаның ұрпағы, арқалы ақын Несіпбектің берісі - Алаш, әрісі - адамзат үмбетіне айтар сөз, ағытар сыры аз емес. Бодандықтың не бір сұрқиялығын бесіктен белі шықпай, көңіліне түйген шерлі Несіпбектің Тәуелсіздікке тәу еткен жыр-толғаулары біздің өлеңдерімізден гөрі табиғи әрі шынайы екенін мойындауымыз керек! Несіпбектің өмірбаяны, тағдыр-таланы бізден өзгешелеу болды. Сондықтан да тәуелсіздік таңы атқан шақта күрмелген тілі шешілді, шідерден босаған жүйріктей көсілді.Ақын жырларын оқып отырып баяғы Бұқар-екең айтатын «Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт, Қара түлкі қармалжық, Қас сыпайы киген жұрт, Ақсары атам аспалап, ел жаулауға шыққан жұрт, Хақтың жолын күзетпей, Жамандықты ұққан жұрт; Бас, аяғың бай болып, Бәсеке дәурен сүрген жұрт; Бай төбетің маңқылдап, Байсал тауып үрген жұрт» дегендей көптен күткен алтын күлдіреуішті тәуелсіздігіне тәу етіп, сырлы да сырбаз сұлу сөзден мол олжа салған екен дейсің! Несіпбек ұлттың уызына, мәйегіне жарыған ақын. Ол бүгінгі болмысқа, ірі бетбұрыстарға бей-жай қарай алмайды. Бүгінгі мен өткенді шабыстыра, шендестіре толғайды. Қазақ сөзінің құдіреті мен қарымын шебер пайдаланады. Сол үшін оны көнеден қалған бір сарқыт дерсің. Сол көненің көзіндей бір тұяқ бүгінгі тәуелсіздік бақытын, қазақтың сол жолда өткені мен кеткенін жырлау үшін арамызда жүргендей. Иә, Тәуелсіздік біз үшін мың мәрте киелі ұғым! Бүгінде дүниедегі өркениетті жұрттардың көшін бастап, басқа елді өр кеудесімен жасқап отырған АҚШ-тың өзі өз Тәуелсіздігі үшін қаншама жыл қан кешіпті. Ал туасы ел болғаннан бері біреуге бодан болудың не екенін білмей келе жатқан мемлекеттер де бар екен. Жапония, Ұлыбритания, Швеция, Испаниялардың шежіресінде Тәуелсіздік күні атымен жоқ көрінеді! Олар баяғыдан бостан, бізше біреуге жаутаңдап, көсемсінген көрінгеннің қас-қабағына қарамаған...Өзінен басқаға, өзгеге қызмет етпеген! Ұлы - құл, қызы -күң болмаған! Оларда бәрі бар - ағыл-тегіл байлық, мамыржай тіршілік, емен-жарқын күлкі, тіпті адамзатқа ортақ ақша бірлігі - доллар, атом бомбасы... Бірақ бүгінде олардың ақындары не жазарын білмей қалды. Еуропа қартайды. Рухани, моральдық тұрғыдан артқа шегінді. Керісінше, біздің Шығыс - небір ұлы ақындары бар, тәуелсіздігін, елдігін қадір тұтар көне Шығыс қайта оянды. Өткен мен бүгінді, Шығыс пен Батысты толағай ойлап, өрелі ой айтатын, халқына, еліне жаршы болатын көркем ойдың хас шеберлері туды. Олардың инерциясы, шалғысы суылдаған қырандай отты тебіні қаймана халқын алға қарай жебеуде. Осы бір құбылысты басқа ел емес, біз өзіміз бағалай білсек-ті! Ғаламдық рухани кеңістікте алдына ел салмай, ешкімге ұқсамай ерек тұрған қазақ жырының айтулы тұлғасы Несіпбек Айтұлының поэзиясы отаршылдық ойранына лағынет айтқандардың көш басында тұр.:
