
- •Қазақ өлеңінің құрылысы туралы теориялық еңбектер
- •Көркемдік ойлау және көркемдік қиял
- •Төлен Әбдіковтын «Парасат майданы» хикаяты
- •Эстетика және поэтика
- •Стиль және көркемдік әдіс
- •Дулат Исабеков повестеріндегі өмір мен өлім
- •Пафостың түрлері
- •Әдебиет тектері мен түрлері
- •Мұхтар Мағауин шығармашылығындағы саяси пафос
Дулат Исабеков повестеріндегі өмір мен өлім
Жазушы шығармашылығында трагедия белгілі бір дәрежеде кездесіп отырады. «Гауһар тас» повесіндегі қазақ қызына тән барлық асыл қасиеттерді бойына жинақтай білген Салтанаттың қаза табуы оқырман жүрегін жаралайтыны сөзсіз. Салтанат өлімі «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген халқымыздың қасиетті қағидасын еске салады. Өмір бар да, күнделікті қым-қуыт тіршілік бар да адамдардың бір-бірінің бағасына жетпейтіні – мынау қысқа ғұмырдың ащы шындығы. Бір ерекшелігі: Дулат Исабеков шығармаларының дені трагедиямен аяқталады. Өлім, өмірмен қоштасып бақилық болу, арманына жете алмай, жан тәсілім ету, қыршынынан қиылу жиі кездеседі. Салтанаттан бастап, ақыр аяғы «Қабылан» әңгімесіндегі иттің өлімі де – адамдар арасындағы тас бауырлық, қызғаншақтық, қаталдықтың нәтижесі. Жалпы Д.Исабеков шығармаларының ерекшелігі сонда: оны бір жақты қабылдау – қиынның қиыны. Жазушының «Сүйекші» повесі де аянышты. Тоғыз жасында әкесі қолынан жетектеп әкеп, бір байдың үйіне аманатқа тастап кеткен Тұңғыштың өмірі қайғы-қасіретке толы. Сүйекшінің өлімі ың-шыңсыз өмірден кетуімен емес, оны осындай жағдайға душар еткен жандардың өз істері үшін ар жазасына ұшырауымен анықталады. Бұл қайғының бәріне адам бойындағы қызғаншақтық, зұлымдық, мейірімсіздік кінәлі. Неге адамдар бір-біріне сонша мейірімсіз, сонша қатыгез? Бұл сауал тек «Сүйекшіде» ғана емес, Дулат Исабеков шығармаларының барлығында дерлік ұдайы қойылып отырады. «Гауһар тастағы» Ыбыштың өз жары – Салтанатқа деген жібімес қаталдығы, «Тіршіліктегі» туған перзенті Қыжымкүлді тағдыр тәлкегіне ұшырағаны аз болғандай өз қолынан қаңғыртып жіберген әке қатыгездігінің тамыры қайда жатыр? Оның нәтижесі бейкүнә Салтанаттың мезгілсіз қазасы, Тұңғыштың аянышты өлімі, Жәдігердің апаты, Қыжымкүлдің сұрқай тіршілігі, оның іштен шыққан перзентінен қалған ұрпақты бір көре алмай, көз жұмуымен аяқталады. Салтанаттың қыршынынан үзілуі Қайрекеннің өз-өзін, қоршаған ортаны түсінуге, адамдар арасындағы қиын да шешілмес жұмбағы мол қарым-қатынасты пайымдауға деген алғашқы қадамына негіз болғаны анық.
Ал, «Тіршілік» повесінде шебер суреткер хатты жақсылықтың, қуаныштың жаршысы ретінде пайдалана отырып кейіпкерлер өмірінің мәнін- мазмұнын айқындайды. Өмір түйіткілерінде теперішті көп көрген екі қарттың көз қуанышы – немересінің ата-әкеге деген мейірімі арқылы ұрпақ жалғастығын паш етеді. Адамдар қарым-қатынасындағы хаттың рөлі арқылы кейіпкерлерінің жан әлемін жарқырата ашу осы шығармадан анық көрінелі. Томаға - тұйық, шағын ауылдың адамдарының арасындағы кикілжің себепкері де осы хат арқылы өрбиді.
Жалпы жазушы шығармаларының қай-қайсысында көңілі тоқ, өз өміріне риза кейіпкер жоқтың қасы. Оның «Сүйекші», «Тіршілік», «Дермене» повестерінде өмірлері қара күшке, әлеуметтік жағдайға тәуелдікпен өткен адамдардың күресі суреттеледі. Адамдар тағдырындағы трагизм – «кішкентай адам» өміріндегі арман – мұрат пен кешкен ғұмыр арасындағы сәйкессіздік, адам билігінен шығып кететін түрлі оқиғалар, адам баласының бастан өткеретін азабы – әдебиеттің негізгі сюжеті болса, бұл сюжетті өз шығармашылығының өзегіне айналдыру - жазушының қолынан келер шаруа. Жазушы туындыларында оқиғалар кездейсоқ ситуациялардан өрбиді. Алайда трагизмге апаратын жол тек бұл емес. Жалпы жазушы трагизмі - оның кейіпкерлерінің көбі азап шегіп жүреді, жеңіліс тауып, қайғы құшып жатады. Бірақ зерделей келсек, шығармаларында жақсылық, ізгілік атаулы көбіне бойкүйездік, зорлық-зомбылықтан жеңіліс тауып жатса да, жазушы үшін табан астында болған жекпе-жектегі жеңістен гөрі адам баласының рухани ішкі жеңісі қымбат. Бұл тұрғыдан алғанда оның кейіпкерлері өздерінің рух мықтылығымен ерекшеленеді. «Дерменедегі» Омаш, «Тіршіліктегі» Дәулетбай, «Сүйекшідегі» Үкітайдың ақыр соңында жеңіліс тауып жататыны кездейсоқ емес. Осы ретте Д.Исабеков шығармаларын оқи отырып, өмірдің басты мәні тіршілікті барынша мағыналы өткізу екенін аңғарасыз.
ІІІ билет