
- •Қазақ өлеңінің құрылысы туралы теориялық еңбектер
- •Көркемдік ойлау және көркемдік қиял
- •Төлен Әбдіковтын «Парасат майданы» хикаяты
- •Эстетика және поэтика
- •Стиль және көркемдік әдіс
- •Дулат Исабеков повестеріндегі өмір мен өлім
- •Пафостың түрлері
- •Әдебиет тектері мен түрлері
- •Мұхтар Мағауин шығармашылығындағы саяси пафос
Эстетика және поэтика
Поэтика (гр. — шығармашылық өнер) — әдебиеттанудың пәні, көркем шығарма құндылығын бар болмысымен айқындайтын жүйе туралы ғылым. Поэтика негізгі 3 саланы, мәтіннің дыбыстық, сөздік, образдық құрылымын зерттейді. Поэтиканың басты мақсаты — осы үш саланың толық жүйеленген эстетикалық амалдарын анықтау. Кең мағынасында поэтика әдебиет теориясымен үндес ұғымды білдірсе, ал нақтылы мағынада сол теориялық әдебиеттің бір саласы ретінде қабылданады.
Әдебиет теориясының саласы ұғымындағы поэтика әдеби тек пен түрдің, ағым мен бағыттың, стиль мен әдістің ерекшеліктерін зерделейді, сондай-ақ көркемдік тұтастық деңгейлерінің ішкі байланыс заңдылықтарын, олардың ара қатынасын зерттейді. Оның өзі зерттеу нысанына байланысты романның поэтикасы немесе белгілі бір суреткер шығармаларының поэтикасы не көркем шығарма поэтикасы болуы мүмкін.
Поэтиканың мақсаты шығарма құндылығын, эстетикалық әсер қалыптастыратын мәтін элементтерін айқындап, оны жүйелеу болып табылады (мысалы, лирикалық өлеңдерде ырғақ, ал прозада сюжет басты рөл атқарады).
Поэтика жалпы (макропоэтика), жеке баяндау (микропоэтика) және тарихи болып үшке бөлінеді. Поэтикадағы басты мәселе — композиция, яғни барлық эстетикалық мәні бар элементтердің бір-бірімен үйлесім-үндестігі.
Эстетика (грек. aіsthetіkos – сезіну, сезімдік) – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым. Эстетика ғылым ретінде осыдан 5 мың жыл бұрын – Мысыр, Вавилон, Үндістан және Қытайда дүниеге келіп, Ежелгі Грекия мен Римде дамыған. Демокрит, Аристотель, Эпикур, Лукреций Кар, т.б. өз еңбектерінде сұлулықтың объективті негізі – шындық өмірдің заттық қасиеттерінде, байланыстарында, қатынастарында, заңдылықтарында деп білді. Ал Платонға сәйкес, сұлулық дегеніміз абс., мәңгілік және өзгермейтін, сезімнен тыс идея, өнер туғызатын сезім иірімдері осы идеяның көрінісі ғана болып табылады. Кант эстет. пікірдің мүлдем “мүддесіздігі” туралы қағида ұсынды. Ол сұлулықты пайдаға, көркемдік форманың толымдылығын–идеялық мазмұнға қарсы қойып, формалистік эстетиканың дамуына ықпал етті. Гегель өз еңбектерінде Эстетикалық қызметті түсіндіруге негіз ретінде тарихнама принциптері мен қарама-қайшылықтарды алды. Эстетика орыс демократтары Белинскийдің, Чернышевскидің, Добролюбовтың еңбектерінде реалистік өнер, заңдылық, өнердің идеялылығы мен халықтығы принциптерін жасау, т.б. мәселелерде көтерілді. Қазіргі философия ғылымында Эстетика мәселесі мен міндеттері көбінесе мына жәйтпен айқындалады: 1) объективті шындықтағы эстет. ұғым; 2) субъективті эстет. ұғым (эстет. сана); 3) өнер (субъективті және объективті эстет. ұғымдардың бірлігі ретінде). Негізгі эстет. категориялар – сұлулық пен сұрықсыздық, асқақтық пен пасықтық, трагед. және комед. болса, олар қоғамдық байланыста, адам өмірінің әрбір саласында – өндірістік-еңбек пен қоғамдық саяси қызметте, табиғатқа көзқараста, мәдениет, тұрмыста, т.б. жағдайларда дүниені эстет. тұрғыдан ұғынып түсінудің көрінісі ретінде байқалады.