- •2. Оқу пәнінің аты, коды және кредит саны.
- •5.5. Пәнді оқыту жоспары.
- •6. Негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі
- •6.1. Негізгі әдебиет
- •6.2. Қосымша әдебиет
- •7. Оқу нәтижесін бағалау және бақылау
- •8. Оқу тәртібінің саясаты
- •Дәріс сабақтардың жоспары
- •Мақсаты: Эстетика туралы мағлұмат беру, орта ғасырдағы негізгі тұжырымдарды саралау.
- •Мақсаты: Халықшылдық эстетика, оның негізгі ұстанымдары туралы тұжырымдарды саралау.
- •Мақсаты: Эстетика және әдебиеттану ғылымының ортақ ұстанымдарын саралау.
- •Практикалық сабақтардың
- •Талқылауға арналған сұрақтар:
- •Талқылауға арналған сұрақтар:
- •Бақылау және қорытындылау сұрақтары
- •Тест сұрақтары
Мақсаты: Эстетика және әдебиеттану ғылымының ортақ ұстанымдарын саралау.
Сөз өнерінің дамуындағы эстетикалық нормалар
Әдебиет теориясының дербес ғылым ретінде дамуы
Әдебиет теориясы - әдіснамалық ғылым
Негізгі ұғымдар: Эстетикалық талап, көркемдік ойлау, еліктеу теориясы, әдіснамалық негіз.
Дәріс (тезис).
Әдебиет теориясы - әдебиеттанудың бір бөлігі. Оның мақсаты қоғамдық сананың бір көрінісі ретіндегі көркем шығармашылықтың табиғатын ашу, оның болмысты бейнелеудегі, адамның идеялық - эстетикалық тәрбиесін қалыптастырудағы рөлін айқындау. Әдебиет теориясы алдымен әдіснамалық ғылым. Ол көркемдік ойлаудың тарихи тұрғыда қалыптасқан түрлерін (романтикалық, реалистік), олардың ішінде орныққан әр түрлі көркемдік әдіс-бағыттарды, тәсілдерді зерттейді. Осы өзіне байланысты негізгі мәселелерді зерттеуде әдебиет теориясы эстетикамен үндеседі. Мұнымен қоса, әдебиет теориясының өзіне тән ерекше міндеті де бар. Ол сөз өнерін, оның тегі мен түрлерін, мазмұн мен пішіннің бірлігін, сюжет пен композицияны да зерттейді. Әдебиет теориясы әр түрлі бағыттағы қаламгерлердің ортақ ұстанымдарын, әдеби шығармалардың жанрларын, тарихи даму кезеңдерін, белгілі бір эстетикалық жүйеде қарастырады.
Әдебиет теориясы өз алдына дербес ғылым ретінде XYIII ғасырда дамыды. Оған дейін тек әр түрлі ғалымдар мен жазушылардың ежелгі (антикалық) дәуірден басталған, мәселен, Платонның, Аристотельдің, Горацийдің еңбектерінде жекелеген мәселелер қозғалып отырды. Әдеби туындылар көркем форманың басқа бөліктері арқылы бағаланды. Сол кезеңдегі поэтикалық жетекшілікте көрінген эстетикалық талаптың нормативтік сипаты болды. Оның теоретиктері сендіру мен талғам эстетикалық теорияның соңғы сөзі болды.
Әдебиет тарихы дамуының бастапқы кезеңдерінде эстетикалық нормалар белгілі жағымды рөл атқарды. Ал, әдебиет идеологиялық мәнге ие бола бастағаннан, оның дамуы негізінде өзінің мәнін жоғалтады. Осы бағыттағы үлкен қозғалыс Ағарту дәуірінде (Дидро, Гердер, Гете және т.б. еңбектерінде) өтті. Сөз өнерінің әлеуметтік және идеологиялық жағынан танылуы, XIX ғасырда тарихилық идеясымен баий түсті. Эстетикалық құбылыс енді күрделі тарихи контексте, яғни белгілі бір қоғамдық оқиғалар аясында, қоғаммен қарым-қатынаста айқындалды. Бұл ретте, Гегельдің, орыс төңкерісшіл демократтары Белинский, Чернышевский, Герцен, Добролюбовтардың еңбегі зор болды.
Эстетика әдебиет жайындағы ғылым сияқты, ежелден материалистер мен идеалистер арасындағы күрестің ортасында болды. Материалистік ұстанымдағы теоретиктер көркем шығармашылықтытабиғатқа еліктеу, белгілі бір эстетикалық идеалдағы өмірдің бейнесі деп қарады. Идеалистік бағыттағы эстеттер тек өнерді ғана жоғары санады. Олар Платон, Шеллинг, Гегель болды. Субъективтік авторлық көзқарастарды да ұстанғандар болды, олар Фихте, Бергсон, Кроче т.б. болды. Эстетикалық теориядағы материализм мен идеализмнің күресі көнеден бастау алады. Оның айқын формасы көне Грецияда байқалды. Мұнда өнерде материалистік көзқарасты ұстанғандар Гераклит, Демокрит, Аристотель болса, идеалистік көзқарасты ұстанған Платон болды.
Антикалық дәуірдегі философ материалистер көркем шығармашылықта табиғатқа еліктеуді көреді, әрі тек сырттай көшіру емес, белсенді түрде қайта жасау түрінде көреді. Мәселен, Гераклиттің ойыша, суретші “түпнұсқаға сәйкес” бейне жасайды, бірақ оның барлық ерекшеліктерін қайталамайды. Осылайша, антикалық қоғамдағы эстетикада көркемдік жинақтау пайда болды. Мәселен, Эсхил идеалдық поэзия принциптерін жақтады, ол, дене, рух жағынан мықты кейіпкерлерді бейнелейтін идеал қаһармандарды көрсетті. Эсхил: “біз асқақ, ұлы сөзерден аулақтай алмаймыз. Олар салтанатты сөйлеп, киіну керек”, дейді. Ол Еврипидті қаһармандық өнер дәстүрінен аулақтап кеткені үшін кінәлайды. Ол “азаматтық парызынан қашқан” алдампаз, екіжүзді адамдарды” өзінің пьесаларына кіргізді,”дейді.
Антикалық ойшылдардың бәрі бірдей әдебиеттің жоғары қоғамдық рөлін мойындаған жоқ. Сократтың шәкірті философ-идеалист Платон, нақты өмір шынайы идеяның көмескі елесі деп қабылдап, көркемдік қызметтің көптеген түрлеріне дұрыс қарамады. Платон өнерді табиғатқа еліктеу дей отырып, оған өте қатаң баға береді. Оның ойына, суреткер идеалға емес, тек оның сезім түріндегі көшірмесіне еліктейді, ендеше, көркем шығармашылық адамдарды адастыратын керексіз еңбек. Ол “Мемлекет” деген еңбегінде: “... Гомерден бастап, барлық ақындар қайырымдылық жасаушыларға жай еліктеушілер бола отырып, оларға өлеңдер шығарады, бірақ, нағыз шындыққа бойламайды”, дейді. Өнер өзінің еліктеушілік болмысынан, өмірдің негізгі рухани жағына ене алмайды деп, Платон “өзінің үлгілі мемлекетіне” өнерді, поэзияны кіргізбейді.
Платонның шәкірті Аристотель грек жазушыларының көркемдік тәжірибесін және өзінің алдындағы өкілдердің эстетикалық теориясын кеңейте отырып, өзінің өнерге деген көзқарасын жүйелеуге тырысты. Оның “Поэтика” деген еңбегі антикалық дәуірдегі эстетикалық білімнің жиынтығы болды. Аристотель поэзияны еліктеу қызметі деп танығанымен, Платоннан айырмасы ол ақын идеяны сүреңсіз көшіріп алмайды, ол айқын құбылысты бейнелейді деп санады. Аристотель еліктеуді шығармашылық акт деп қабылдады да, ол табиғатты натуралды көшіру емес, керісінше өмірде кездесетіннен бөлек дүниені жасайтынын айтады. Ол еңбегінде кездейсоқ нәрсеге емес, шынайыға еліктеу керектігін айтады. Аристотель шығармашылық процесте болғанды ғана емес, болуға тиісті, ықтимал мәселелерді бейнелеуді жоғары бағалады. Ол көркем және ғылыми танымның арасын айқындады.
Тұжырымдама
Әдебиет теориясы алдымен әдіснамалық ғылым. Ол көркемдік
ойлаудың тарихи тұрғыда қалыптасқан түрлерін (романтикалық, реалистік), олардың ішінде орныққан әр түрлі көркемдік әдіс-бағыттарды, тәсілдерді зерттейді.
2. Әдебиет теориясы өз алдына дербес ғылым ретінде XYIII ғасырда дамыды. Оған дейін тек әр түрлі ғалымдар мен жазушылардың ежелгі (антикалық) дәуірден басталған, мәселен, Платонның, Аристотельдің, Горацийдің еңбектерінде жекелеген мәселелер қозғалып отырды. Әдеби туындылар көркем форманың басқа бөліктері арқылы бағаланды. Сол кезеңдегі поэтикалық жетекшілікте көрінген эстетикалық талаптың нормативтік сипаты болды. Оның теоретиктері сендіру мен талғам эстетикалық теорияның соңғы сөзі болды.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер әдебиет теориясының зерттеу нысанын, сипатын, басты тұжырымдарын игеруге тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сакулин П.Н. Филология и культурология. Москва, 1990.
2. Гегель Г.В. Эстетика. 4-х томах. Т.2. Москва, 1969.
3. Хализев Е.В. Теория литературы. М., 2002.
4. Потебня А. Эстетика и поэтика. М., 1976.
4-дәріс. Тақырыбы: Әдебиеттің өнер ретіндегі қызметі және басқа ғылымдармен байланысы.
Мақсаты: Әдебиеттің өнер ретіндегі қызметін, басқа ғылымдармен ықпалдаса даму ерекшеліктерін ашу.
Сөз өнерінің дамуындағы эстетикалық нормалар
Әдебиет теориясының дербес ғылым ретінде дамуы
Әдебиет теориясы - әдіснамалық ғылым
Негізгі ұғымдар: Эстетикалық талап, көркемдік ойлау, еліктеу теориясы, әдіснамалық негіз.
Дәріс (тезис).
Рухани дүниедегі киелі ұғым-әдебиеттің негізгі міндеті-өзі өмір кешіп отырған қоғамның этикалық-моральдық және эстетикалық принциптерін ашу. Сол себептен, әрбір суреткер қоғамның өзекті шындығын бейнелей білуі шарт. Жазушы үшін адамның ішкі әлемін көркем бейнелеп, шығармаларына арқау ету-басты мұрат болмақ.
Әдебиет-жазушының шығармасы. Мұндағы сөз, яғни мәтін лингвистикада ерекше филологиялық пән ретінде өткен ғасырдың екінші жартысында енді. Ол бірнеше ғылымдардың түйісінде, атап айтқанда, поэтика, риторика, стилистика, герменевтика, семиотика, психолингвистика аралығында пайда болды. Мәтіннің лингвистикалық бастаулары көпқырлы. Олардың негізгілерін атай кетсек:
алдымен сөздің ситуациялық‑жалпылық рөліне маңыз берген антикалық риторика туды;
лингвистикалық, әдебиеттанушылық және мәдениеттану бағыттарының бірлігіне негізделген әдеби шығарманы тұтас филологиялық талдаудың үлгілері мен тәжірибелері қалыптасты;
әдеби‑көркем туындыны талдаудағы үздіксіз тәжірибеде қарастырылып келе жатқан дәстүрлі стилистика, әсіресе, тілдің бейнелегіш құралдарының стилистикасы орнықты.
Осы тұрғыдан мәтін өзінің негізгі қызметін толық атқарады, бір нәрсе туралы хабарлайды, ой бөліседі. Жазушы өмір туралы айтқанда жанды образдар арқылы айтады. Ол туралы қаламгер өзінің көруімен, түсінуімен, жүрегінің сезуімен жеткізеді. Жазушы, әрине көпке ұғынықты тілмен сөйлейді, жансызды жанды етеді, қалыпты затты көріктендіріп, әрлей түседі. Бұл ретте қаламгердің стилі ерекше роль атқарады
Көркем туындыдағы кейіпкер категориясының ерекшелігі оның “аяқталған, толыққанды” бейне болуынан көрінеді. Автор кейіпкер бейнесін нақтылай алуда оның жасаған әрекетін, сол арқылы туындайтын мінез-сипатын, портретін береді. Әдеби портрет тікелей адамға бағыттала отырып, сөз арқылы автордың идеясын, ұстанымын ашады. Көркем шығармада портрет кейіпкер бейнесін жете тануға жол ашады. Сондықтан ол біржақты тәсіл болудан аулақтап, кейіпкерді әлеуметтік‑өмірбаяндық және психологиялық жағынан толықтырады. Осы детальдар біріге келе, адам-кейіпкерді тудырады. Басқаша айтқанда, портрет‑мінездеме портрет‑өмірбаянға, одан портрет‑тағдырға айналады. Ол әрі қарай сюжеттің өрілуін, идеяның дамуын айқындайды.
Көркем шығармада кейіпкердің тұлғасы өзімен-өзі емес, шығармадағы жалпы идеяға, әлеуметтік-тарихи сипатқа бағындырылады. Оның әрекеті, мінез-құлқы, сөйлеген сөзіне дейін сол ортаның ерекшелігін ашады. Әдебиет қашан да ұлттық-азаматтық сана-сезім мен ұлттық мораль қалыптастырушы гуманистік қасиеттің жаршысы міндеттерін атқарады. Шын мәніндегі әдеби шығарма игі ниетті халықтарды бір-бірімен таныстыратын дәнекер. Осы тұрғыдан келгенде нағыз көркем туынды эмоциялық әсерлі сезім сыйлаумен қатар, сол ұлттың ұлағатын, азаматтық-адамгершілік игі дәстүрлерін, тамаша қасиеттерін басқа халықтарға мөлдіретіп жеткізетін қоғамдық-философиялық ойдың көркем формасы екені мәлім. Шынымен де, әдебиет қоғамдағы өзекті оқиғаларды арқау етсе, ондағы әрекетке араласушы адам - кейіпкер де өзінің мінез-сипатымен сол ортаның ерекшелігін береді.
Полифония мен диалог туралы тезис әу баста М.Бахтиннің Достоевский шығармашылығына байланысты трактовкасында айқын көрінген еді. Оқырмандардың санасындағы алғашқы екі мәселе - аяқталмау мен дайын болмау - көбіне жазушының өз кейіпкерлерін бейнелеудегі эволюцияға ұмтылуымен байланысып жатады. Ал, соңғы екі тәсіл диалогизм мен полифония - көркемдік әлемнің кеңдігі мен көпқырлылығы, кейіпкерлердің неғұрлым шығарма аясына сыйымдылығы, олардың мол адами тұлғасын жасау, яғни, көпүнді адам өмірін бейнелеу туындының мүмкіндігін танытады. М.Бахтиннің роман әлемінің дайындықсыздығы мен аяқталмай қалуы мәселесі ондағы кейіпкерлердің дамуының шексіздігін, эволюциясының аяқталмауын, идеялық позициясының бұлыңғырлығын білдіреді. Полифония диалогтың жоғары формасы бола отырып, автордың бөтен адамның санасын өз санасындай, тәуелсіз, еркін бейнелей алуын көрсетеді. Туындыдағы көпүнділік (полифония) кейіпкерлердің арасындағы қандай да бір қақтығыстың, сәйкессіздіктің болуын, соған деген олардың көзқарасын білдіреді.
Осы тұста әдебиеттанудағы дәлелдеме (мотивация) мәселесі туындайды.
Мотивация - мақсатқа бағындырылған, белгілі бір бағытты айқындаудан туындайтын сезім-күй. Бұл мәтіннің мотиві, концептісі болады. Ол көркем туындыдағы барша механизмді қозғалысқа келтіретін импульс. Ол шығармадағы ақпараттың берілуін, байланысын, дамуын жүзеге асырады. Сол арқылы мәтіндегі ой түзіліп, мазмұн құралады, яғни тұтас мәтін жасалады. Осыдан келіп мәтінді қабылдау, қаламгердің шығарма тудырудағы өзіндік ерекшелігі, оған деген оқырманның көзқарасы айқындалады. Зерттеуші А.И.Новиковтың байқауынша, мәтінді қабылдаудың өзіндік ерекшеліктері бар, ол мәтіннің табиғатынан туындайды. Мәтінді қабылдаудың маңызды кезеңі оның бейнелі-тілдік ерекшеліктерін, мазмұнын түйсініп, бойға сіңіру. Мәтінді қабылдау төңірегінде көптеген психологиялық шолулар жасаған зерттеуші: “...түсіну-күрделі ой процесі, ол әлденеше сатыдан өте отырып, сөздік құрылымды, оның мазмұнын белсенді қабылдауды жүзеге асырады” дейді. Яғни, мәтінді түсініп, қабылдап, белгілі бір нәтижеге, түйінге келесіз. Ондағы кейіпкерлердің әрекетін салмақтап, талдау бересіз.
Проза жанрын талдаған еңбектерде стиль мәселесі де кездеседі. Көркемөнерде маңызды орын алатын мәселелердің бірі-стиль. Стиль-форма мен мазмұн көркемдігінің жалпы сипаты. Жалпы стильден жеке суреткердің өзіне тән ерекшелігі туады. Сонымен бірге, “бір ғана шығарманың бойына тән ерекше стильдік сипат сол суреткердің басқа шығармаларының стильдік сипаттарымен астаса, жарыса қиысып, оның тұтас шығармашылығына тән стильдік ерекшелігін жасауы мүмкін”. Жанр мен әдісті зерттеген ғалымдар олардың арасындағы айырманы, даралықты табуға ұмтылды. Әр қаламгердің белгілі бір жанрдағы шығармасының өзіндік стилін айқындау үшін кезең ерекшелігін, жазушының басқа туындыларының сипатын да білу қажет. Стиль принциптерін саралаған еңбектерге назар аударғанда, екі мәселенің дараланатынын байқадық. Біріншісі - әдеби стильдің бағыт-бағдарын қалыптастыратын әрбір суреткердің қарым-қатынасы, қосар үлесі; екіншісі - өзінің даралығы, стильдік ерекшелігі.
Қаламгер шығармашылығы туралы айтқанда, оның тек ерекшеліктен тұрмайтындығы, белгілі бір суреткердің өзіне дейінгі және өз кезіндегі бар ортақ сипаттарды қабылдайтыны, әрі өзіндік бейнелеу мәнері болатыны қоса ескерілу керек. Яғни, ұқсау мен дербестіктің бір-біріне ықпал етуінен, бірлігінен барып, қаламгер стилі қалыптасады. Демек, бір суреткердің даралығы ортақ, үндес сарын-тәсілдерден туындайды. Әдеби стиль оның шығармашылығындағы идеялық-көркемдік ерекшеліктердің жиынтығы. Жазушының көркем стилі оның дүниетанымын, бейнелі ойлауының тілдік көрінісін береді. Сондықтан, қаламгердің көркемдік стилі оның шығарма тудырудағы мақсатты ізденісін көрсетеді. Сонымен бірге әдеби шығарманың стилі – бұл тек стилистика ғана емес, бұл‑тақырып, бейне, шығарманың құрылымы, поэтикалық мазмұны, көркемдігі. Осылардың жиынтығы стильдің мәнді компоненттері бола отырып, жазушының көркемдік принциптерін ашады.
Қаламгердің үнемі ізденіс пен өсіп-жетілу аясында болатыны белгілі. Осыған орай, өз шығармасының тақырыбын, идеясын, сипатын үнемі түрлендіріп, жетілдіріп отыратын шығармашылық иесінің өзінде, көркемдік дәрежесі түрлі деңгейдегі шығармалар болады.
Тұжырымдама.
Әдебиет-жазушының шығармасы. Мұндағы сөз, яғни мәтін лингвистикада ерекше филологиялық пән ретінде өткен ғасырдың екінші жартысында енді. Ол бірнеше ғылымдардың түйісінде, атап айтқанда, поэтика, риторика, стилистика, герменевтика, семиотика, психолингвистика аралығында пайда болды.
Мотивация - мақсатқа бағындырылған, белгілі бір бағытты айқындаудан туындайтын сезім-күй. Бұл мәтіннің мотиві, концептісі болады. Ол көркем туындыдағы барша механизмді қозғалысқа келтіретін импульс. Ол шығармадағы ақпараттың берілуін, байланысын, дамуын жүзеге асырады. Сол арқылы мәтіндегі ой түзіліп, мазмұн құралады, яғни тұтас мәтін жасалады. Осыдан келіп мәтінді қабылдау, қаламгердің шығарма тудырудағы өзіндік ерекшелігі, оған деген оқырманның көзқарасы айқындалады.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер әдебиеттің өнер ретіндегі қызметі туралы басты тұжырымдарын игеруге тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Потебня А. Теоретическая поэтика. – Москва: Высшая школа, 1990.
Винокур Г.О. Филологические исследования. – Москва: Наука, 1990
Жирмунский В.М. Теория литературы. Поэтика. Стилистика. –Ленинград: Наука, 1977.
4. Виноградов В.В. 21. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. Москва: АН СССР. 1963.
5. Нұрғали Р. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму. – Алматы: Жазушы, 1986.
Хамзин М. Қазіргі қазақ романы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2001.
5- дәріс. Әдебиет теориясы және эстетика категориялары.
Тақырыбы: Әдебиеттің өнер ретіндегі қызметі және басқа ғылымдармен байланысы.
Мақсаты: Әдебиет теориясы мен эстетика категорияларының сабақтаса даму ерекшеліктерін ашу.
Антикалық дәуірде өнердің дамуындағы эстетикалық нормалар
Әдебиет теориясының қалыптасуы
Әдебиет теориясы және эстетика категориялары
Негізгі ұғымдар: Эстетикалық категория, көркемдік ойлау, эстетикалық қабылдау, объективтік, тұрмыстық (онтологиялық) сипат.
Дәріс (тезис).
Әр дәуірде өнердің түрлері әр қилы орын иеленді. Антикалық дәуірде мүсін өнерінің ықпалы жоғары болды; қайта өрлеу эстетикасы мен XYII ғасырда живописьтің тәжірибесі орнықты. Бұл кезеңде поэзиядан гөрі бейнелеу өнерінің рөлі жоғары болған еді. XYIII ғасыр мен XX ғасырда өнердің төріне әдебиет көтерілді, осыған сәйкес теорияда да ілгерілеу пайда болды. Көптеген зерттеушілер поэзияның, сөз өнерінің артықшылығы туралы пайымдаулар жасады. Мәселен, Кант “бар өнердің түрінен бірінші орынды позия алады” деген. Ал, Белинский поэзияны “өнердің ең жоғары түрі, ол өз бойына басқа өнердің барлық элементтерін жинайды, сондықтан ол бүтін өнердің көрінісі” деп бағалаған. Романтизм дәуірінде өнер әлеміндегі жетекшілік орынды поэзиямен бірге, музыка да иеленді. Одан кейінірек, көркемдік қызмет пен мәдениеттің ең жоғары формасы ретінде, музыка әсіресе, символистердің эстетикасында кең таралды. Олардың ойынша музыка айналасына басқа өнерді топтастырып, әлемді өзгертеді, кереметтер жасайды” делінеді. Мұндай тұжырымдар XIX-XX ғасырлардың көркем мәдениетінде ілгерілеушілікті танытқанымен, бір жақты еді. Белгілі бір өнердің түрін ғана жоғарылату деген пікірге қарсы болған мәдениет қайраткерлері көркемдік қызмет формаларының теңдігін қолдады. XX ғасырдың 2 жартысында өнердің арасындағы қатынас өзгерді. Көркемдік формалардың ықпалды түрлері берік орнықты, әсіресе, жаңа бұқаралық қарым-қатынас құралдарына негізделген түрі өрістеді. Жазбаша, баспа қатынасынан басқа, радио, телеэкранда, кинематографияда ауызша сөйлеу түрі де дамыды. Осылайша бұрын сөз өнері тікелей қарым-қатынас түрінде қолданылса, енді кинофильм арқылы адамдар өмірді басқаша көре басады, енді сөздің көру түріндегі мәдениеті өрістеді.
Әдебиеттің бейнелеу қызметінің өрістеуі ол живопись, мүсін, сахналық және экрандық өнер түрлеріне қарағанда, заттық емес түрде болды, яғи тура мәніндегі көрнекі бейнелеуді көрсетпейді. Осы ерекшелік әдеби шығармалардың бейнелеу түрлілігін әр қилы ете бастады.
Әдебиет, оның ішінде көркем әдебиет өнердің бір түрі. “Өнер” деген сөздің өзі көпмағыналы. Бұл жағдайда оның көркмдік қызметі мен оның нәтижесі алынып отыр.
Эстетиканың екі аспектісі бар: объективтік (заттық) және субъективтік (эмоционалдық). XYIII ғасырың ортасында эстетика ғылыми-философиялық пән эстетиканың негізін қалады. Оның негізін салған - Браумгартен. Оның екі томдық “Эстетика” деп аталатын трактаты бар. Ол эстетиканы сезімдік таным түріндегі, сұлулық туралы ұғым деп таныды. Әрине, эстетикалық ойлар Еуропада ежелгі дүниеден бастап қалыптасқан еді. Ол Платоннан Аристотельге дейін, одан Гегельге дейін әмбебап сипатымен танылды. Сұлулықтың антологиялық, күнделікті мағынасы, ең алдымен айқындық, реттілік болып танылады. Одан кейінгі дәуірлерде ол жарасымдылық (гармония), теңгермелілік, тыныштық түрінде танылды. Бұл христиандық эстетикада да танылды. Яғни, сұлулықтың астарында реттілік категориясы, әр заттың өз орнында болуы түрінде көрініс ерді.
Әдемілік теориясы (теория прекрасного) Германияда XYIII-XIX ғасырларда орнықты. Бұған байланысты екі көзқарас болды: Гегель көне және орта ғасыр эстетикасына сүйене отырып, “әдемілік пен шынайылық” бір деп қарастырды. Кант Гегельге дейін бірнеше ондаған жылдарға дейін басқаша пікірде болды. Оның ұғымынша, әдемілік затқа оның формасы арқылы беріледі. Яғни, эстетиканың мазмұны және формасы арқылы айқындалады.
Ежелгі және орта ғасырларда асқақтық стильдік қасиет ретінде түсіндірілді. Асқақтық Э.Берк пен Канттың ойынша, күштілік болып табылады. Шиллер Кантты толықтыра отырып, оны адамзат дүниесімен, оның көзсіз ерліктерімен байланыстырады. Ал, XX ғасырда асқақтық ұғымы форма түрінде беріліп, неғұрлым қарапайым, сезімдік, тұрмыстық реңк алды. Шиллерше, асқақтық жекелік сипат алса, Дионистік соған ұқсай отырып, халықтың қайғысымен, әрекетімен көрінді. XX ғасырда дионистік (подвластность человека силам стихийным) Ницшенің еңбегінің арқасында маңызды эстетикалық категорияға айналды. “Өмір, әлем суреті” категориясы түсініктер жүйесінің күрделі түрде бөлшектенуін көрсетеді. Өмірді танудың классикалық үлгісі ол тұрмысты реттелген, жарасымды, үйлестік тұрғысында көру. Потебняның анықтауынша, адам әу бастан барлық жерден бүтіндікті, дайын, жетілген затты көргісі келеді.
Осы кезге дейін эстетика туралы айтқанда, оның объективтік, тұрмыстық (онтологиялық) жағы, яғни, көптеген ғасырлар бойы, өзіне философтар мен ғалымдардың назарын аударып келген қыры айтылып келсе, XYIII-XIX ғасырлардан бастап, ғылыми-философиялық ойшылдыққа, енді эстетиканың басқа қыры субъективтік, гносеологиялық эстетиканың басқа қыры субъективтік, гносеологиялық (таным туралы) психологиялық қабылдау ашылды. Эстетикалық түрде баға беру, талқылау, эмоция, қайғы секілді мәселелер белгілі болды. Эстетикалық эмоцияны алғаш рет Кант қарастырған. Ол “Критика способности суждения” (1790) трактатының бірінші бөімінде “талғам”, “пікір”, “баға”, “эмоция” сияқты ұғымдарды ашады. Кант эстетикалық эмоцияның мынадай бағалауыштық сипатын ашады:
1) олар өздері қабылдайтын затқа қатысты әрекет жағынан байланысты емес;
2) олар логикалық әрекетпен (“красота нравится “без понятий”) байланысыз; 3) олар жалпылық мәнде, яғни, еркін, тура субъективтік және кездейсоқ ,мес; 4) заттың мағынасына емес, тек формасына ғана бағыттала отырып, ойын сипатында болады.
Кант эстетикаға назар аудара отырып, өзінің алдыңғы зерттеушілерден ерекшелігі, ол сұлулықтың объективтік қасиетінен гөрі, субъективтілігіне назар аударған. Ол эстетикалық қабылдау жағынан субъектінің белсенділігін алдыңғы кезекке қояды. Бұл XIX-XX ғасырлардағы мәдени-тарихи даму ағымына сәйкес келді. Канттың концепциясы Жаңа заман эстетикасы тарихында бетбұрыс кезең болды. Канттың эстетикалық эмоциясы рухани мүдделілікті де қамтыды. Эстетикалық ой адам сезімінің тереңінде болады. XX ғасырда көптеген теоретиктер эстетиканың субъективтік жағын барынша қолдады. Бұрын сұлулық, асқақтық, аполлондық, дионистік деген терминдер басым болса, енді эстетикалық қатынас, көру, эстетикалық тәжірибе, көзқарас, функция дегендер қолданыла бастады. Чех оқымыстысы Ян Мукаржовский эстетика қандай да бір затпен, оның қасиетімен тура байланыспайды. Мұнда эстетиканың субъективтілігі ең жоғары шегіне жетеді деген.
Қазіргі адамзат эстеткалық тәжірибе жағынан әр түрлі және бай. Бұл тәжірибе жылдар бойы қалыптасты. Г.В.Плеханов “Адрессіз хаттар” деген мақаласында \\ Искусство и литература, М., “Адамзат пен құбылысқа алдымен утилитарлық, одан кейін эсттикалық тұрғыда қарайды,” дейді. Жекелеген адамдардың, қоғамның, адамзаттың өмірінде эстетикалық мәні үлкен.
Тұжырымдама.
Романтизм дәуірінде өнер әлеміндегі жетекшілік орынды поэзиямен
бірге, музыка да иеленді. Одан кейінірек, көркемдік қызмет пен мәдениеттің ең жоғары формасы ретінде, музыка әсіресе, символистердің эстетикасында кең таралды.
2. XYIII-XIX ғасырлардан бастап эстетиканың басқа қыры субъективтік, гносеологиялық (таным туралы) психологиялық қабылдау ашылды. Эстетикалық түрде баға беру, талқылау, эмоция, қайғы секілді мәселелер белгілі болды. Эстетикалық эмоцияны алғаш рет Кант қарастырған. Ол “Критика способности суждения” (1790) трактатының бірінші бөімінде “талғам”, “пікір”, “баға”, “эмоция” сияқты ұғымдарды ашады. Кант эстетикалық эмоцияның бірнеше бағалауыштық сипатын ашады.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер әдебиет пен эстетика категорияларының басты қызметі туралы тұжырымдарын игеруге тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. А., 1969.
2. Нұрғали Р. Әдебиет теориясы. Нұсқалық. Астана, 2004.
3. Ванслов В.В. Содержание и форма в искусстве. Москва, 1956.
4. Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік арналары. Астана, 2001.
Тақырыбы: 6- дәріс. Қазақстан мен Орта Азиядағы әдеби-эстетикалық ойдың даму ерекшеліктері
Мақсаты: Қазақстан мен Орта Азиядағы әдеби-эстетикалық ойдың даму ерекшеліктерін, басты сипаттарын ашу
1. Әдеби-эстетикалық ой дамуының шығыстық бағдары
Қазақ әдебиеті дамуының арғы бастаулары
X-XV ғ. жазба мұралардың жанрлық-құрылымдық сипаты
XVI-XVIII-XIXғ, әдеби-сыншылдық, теориялық пайымдардың орнығуы
XX ғасырдағы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірлер
Негізгі ұғымдар: дүниетанымдағы шығыстық бағдар, «сөзден тыс» бейнелеу, ғылыми ояну дәуірі, әдеби дамудың тарихи сабақтастығы, трактат.
Дәріс (тезис)
Дүниетанымның шығыстық бағдары. Қазақ халқының өнері, мәдениеті, әдебиетінің тарихы, дүниетанымдық ой-көзқарасы ұлттық тарихпен тығыз байланысты. Яғни, қазақ әдебиетінің тарихын, сыншылдық-эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің туу, қалыптасу кезеңдерін қазақ халқының азаматтық тарихының өткен жолымен бірге алып, қарастырудың мәні үлкен.
Әрбір халықтың ұлттық әдебиеті туралы ғылым сол елдің тарихи өмір жолы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиялық танымына сай дамиды. Әдеби мұраны игерудің алғашқы қадамдары белгілі бір шығарманы талғаммен қабылдаудан, өнер туындысы ретінде танудан, рухани дүние ретінде қажетсінуден басталады. Қазақ әдебиеттану ғылымының тууындағы негізгі фактордың бірі саналатын ұлттық әдеби мұраны игерудің алғашқы қадамдары қазақ әдебиетінің арғы бастаулары болып саналатын көне түркі жазбалары мен ескерткіштерінен басталады.
“Күлтегін” әдеби жазба ескерткішін тасқа түсіруші Иолығ тегі - өз заманының ірі идеологі, мемлекет қайраткері, тарихшы ғана емес, үлкен ақыны. Оның өз дәуіріндегі әдебиеттің үлгілерін танымдық тұрғыдан бағалап, мәдени мұраны жазуға түсіруі, ежелгі дәуірде әдеби нұсқаның болғанын дәлелдейді. Яғни, әдеби мұраны игеруге деген қадамның тұңғыш ізашарын Орхон-Енисей ескерткіштерінен көреміз. Бұл ескерткіштер осы күнде тарихы белгілі ең көне шығарма үлгілері болып табылады. Ғалым И.В.Стеблева өзінің “YI-YIII ғасырлардағы түріктер поэзиясы” еңбегінде бұл кезеңнің шығармасын тұтас “поэзиялық дастандар” деп бағалайды. Ал, Қ.Өмірәлиев Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің ұлттық әдебиеттегі орны туралы айта келіп, “Тоныкөк”, “Күлтегін”, “Могилян хан” сияқты ескерткіштер жазба әдеби нұсқалар. Олар хан жарлықтары мен шежірелердің үлгі-нұсқалары негізінде жазылған көркем шығармалар”,- дейді.
Ежелгі дәуірдегі халық тарихындағы көрнекті оқиғалар туралы поэзиялық дастандар, шежірелер мен аңыздар, өлең-жырлардың сақталуының екі түрлі жолы болған. Біріншіден, фольклорлық үлгі дәрежесінде халық аузында сақталды; екіншіден, жазба ескерткіш ретінде тас кітаптарға түсу арқылы сақталды. Жазба әдеби ескерткіштер арқылы алфавит жасау сияқты аса зор мәдени, тарихи құбылыс жүзеге асты.
Орхон Енисей жазба ескеткіштердің табылуы ұлттық әдебиеттану ғылымына тікелей қатысы үш түрлі мәселенің басын ашып береді; біріншіден, екіншіден, өз дәуірінің кескін-келбетіне сай дамыған мәдениеті мен өнерінің болғанын айғақтайды; үшіншіден, бұл ескерткіштер өзінің поэтикалық қуатымен, тарихи-шежірелік сипатымен, ой, мазмұн тереңдігімен көне түркі тайпаларында сөз өнерінің жоғары дамығанын көрсетті. VIII ғасырда Түрік қағанаты құлағаннан кейін, түркі тілдес тайпалардың мәдениеті, өнері, әдебиеті, тілінің өркендеген жері қазақ даласы болды. Ислам діні өркендеп, кең қолданылған руна жазуы ығыстырылды. Мешіт, медіреселер ашылды, қалалы жерлерде діндар, ғұламалар, оқымыстылар топтасты. IX ғасырдың соңына қарай араб мәдениеті өркендеді. Ежелгі грек ғалымдарының ілімдерінің таралуы ғылымды өркендетсе, араб поэзиясы әдебиеттің тарихи сабақтастығына сай жаңаша жетілуіне әсер етті. Түркі тектес тайпалардан шыққан Хорезми, Әл Фараби, Әбу Райхан, Бируни, Ибн Сина, Фирдоуси, Рабғузи, М.Қашқари, Яссауи, О.Хайям, Ж.Баласағұн, секілді даналардың ғылым иелерінің көркем шығармалары мен ғылыми зерттеу еңбектерінің әдебиеттану ғылымын қалыптастыруда үлкен рөлі болды. Бұл ғалымдардың еңбектерінен X-XI ғасырлардағы түркі халықтарына тән ортақ мұра болып саналатын көркем әдебиеттің өркендеуіне орай, туындаған сыншылдық-эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің ғылыми ояну дәуірін көреміз. Бұл кезеңде мәдениет, ғылым, әдебиет, сәулет өнері өркендеді. Оның ішінде сөз өнеріне деген құрмет ауызша, жазба әдебиеттің дамуына ықпал жасады. Филологиялық білімдер жүйесімен айналысу тек қана әдебиет өкілдеріне ғана емес, барлық зиялы қауымға тән болды. Шешендік өнерді игеру, әдемі, нақышты сөйлеу білімді адамдардың бәріне тән болды. Ғылыми еңбектер көркем өнер түрінде келді. Ғылыми трактаттардың өзі өлең түрінде жазылды. Жаратылыстану ғылымдарымен шұғылданушылар филология, поэтика, риторика мәселелеріне арналған трактаттар жазды. Бұған Бируни мен Ибн сина еңбектері дәлел.
Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан ғалымдардың арасынан басқа ғылым салаларымен қатар, сөз өнері туралы ғылыми түсінікті зерттеушілік тұрғыда алғаш көтерген Әл-Фараби. Оның “Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері”, “Ғылымдар энциклопедиясы”, “Ғылымдарды классификациялау”, “Аристотель еңбектеріне түсініктеме”, “Өлең кітабы”, “Өлең өнерінің қағидалары туралы”, “Поэтика және поэтикалық ойлау“, “Поэтикалық шығармалар түрі” және т.б. еңбектерде сол кездегі өнер, тіл, әдебиет мәселелері мен өлеңтану саласындағы әдеби-теориялық, әдеби-зерттеушілік ой-пікірдің биіктігін танытты. Әл-Фараби еңбектерінде түркі тілі мен поэзиясы зерттеу нысанына алынған жоқ. Ол негізінен ертедегі гректердің тілі мен әдебиеті, өнері туралы ғасырлар бойы айтылып келе жатқан ғылыми-зерттеушілік ой-пікірлерді жалғастыра отырып, парсы мен арабтардың өнері, тілі поэзиясы төңірегінде ой қорытты. Соның негізінде жалпы көркемөнер, тіл, әдебиет мәселелерін қозғау арқылы, олардың адамзат қоғамында алатын орнын ашып берді. Әл-Фараби тіл білімі мәселелеріне арналған “Сөз ғылымын классификациялау”, “Сөз бен әріп туралы”, “Жазу өнері туралы еңбектер” жазса, әдебиеттің өзекті проблемаларына арналған “Өлең өнерінің қағидалары” трактатында Аристотельден басталып ғасырлар бойы зерттеуге айналып келе жатқан әдебиетті теориялық тұрғыда тануды қозғады. Мұнда поэзия туралы негізгі түсініктер кеңейіп, өнердің түрі ретіндегі ерекшелігі айқындалды. Бұл еңбек Аристотельдің поэзия туралы ой-пікірін бекітті.
X ғасырдан бастап араб халифатының ыдырауы түркі тайпаларының қоғамдық даму заңдылықтарына сай өркендеуіне шешуші жағдай туғызды. Мәдениет пен көркем өнер салалары, әдебиет пен тіл өркендеді. Тілдің өркендеуі және фольклордың жетекшілік ықпалы әдеби дамудың тарихи сабақтастығына негізделген жазба әдебиеттің де дамуына қолайлы жағдай туғызды. Ол тақырыптық-сюжеттік, жанрлық тұрғыда жаңаша сипатта көріне бастайды. Тіл мен әдебиеттің дамуы әдеби мұраға жаңа көзқараста қарауды тудырып, сөздіктер, тарихи-шежірелік жылнамалар, әдеби жинақтар пайда бола бастады.
X-XY ғасыр аралығында жасалған жазба жәдігерлік мұрадан бізге жеткені онша көп емес. XI ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашқаридің “Диуани лұғат ат-түрк” аталатын еңбегін зерттеген тілші және әдебиетші ғалымдар ғылыми-зерттеу деп бағалайды. Бұл сөздікте Қашқари сол кездегі түркі тілінің грамматикалық ғылыми жүйесін жасады. Сонымен бірге, бұл еңбек фольклордың және сол дәуірдегі әдебиеттің таңдаулы үлгілері енген әдеби жинақ болып табылады. Еңбекке ежелгі ауыз әдебиеті нұсқаларынан халық өлеңдері мен жырлары, ертегі-аңыздар, мақал-мәтелдер, өсиет-нақыл сөздер, айтыс, жоқтау, тұрмыс-салт жырлары және эпикалық жырдан үзінділер кірген.
X-XII ғасырларда дамудың тарихи сабақтастығы принципі негізінде өркен жайған ертедегі түркі жазба әдебиеті әрі философиялық, моральдық-этикалық трактат әрі дидакткалық дастан. Ж.Баласағұнның “Құтадғу біліг”, А.Игінекидің “Ақиқат сыйы”, Яссауидің “Диуани Хикмет”, С.Бақырғанидың “Бақырғани кітабы” атты шығармалары философиялық дидактикалық поэзия. Сыншы В.Белинский: “поэзия мен философия бірін-бірі толықтырып қана қоймай, олар өте етене араласып та кетеді,” деген. Бұл дастандар ертедегі түркілердің мәдени өміріндегі әдебиеттің қоғамдық мәнінің өсе түсуіне, жазба әдебиетің дамуына, оның көркемдік деңгейінің жоғарылауына, жанрлық, тақырыптық-сюжеттік және өлең құрылысы жағынан жетілуіне ықпал жасады. Дидактикалық және суфизм сарынын енгізді, дәстүрлі жазба әдебиетін қалыптастырды. Сонымен қатар, бұл дастандарда сл дәуірдеі қоғамдық ғылымдардың әр салаларына (тарих, философия, эстетика, этика, педагогика, психология т.б.) байланысты ғылыми көзқарастардың бастаубұлағы дәрежесінде көрінетін ой-пікірлер мен түсініктер көрініс тапқан.
Мәдениеті мен ғылымы, өнер-білімі даму жолына түскен түркі халықтарына XIII ғасырда басталған монғол шапқыншылығы зор зардап әкелді. Мәдениет пен ғылымның орталығы болған қалалар қиратылды. Тарихта Алтын Орда деп аталған мемлекет қалыптасты, бұл кезде де әдеби мұралар туды. Олар: “Жүсіп-Зылиха”, “Мұхаббатнаме” ғашықтық дастандары, “Оғызнаме” эпосы, “Хұсрау-Шырын” батырлық дастаны, “Қисса сұл әнбия”, “Жұмжұма” діни әңгіме, хикая, “Гулистан бит Турк” назиралық аудармалары. Мысалы: Рабғузидың “Қисса сұл әнбия” еңбегінде дүние құбылыстары, жаратылыстың пайда болуы, пайғамбар, халиф, сахаба, әулие-әнбиелер туралы аңызда, тарихи тақырыптағы өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер, қисса-ертегілер.
Бізге жеткен М.Салиты “Шайбанинаме”, М.Х. Дулатидің “Тарихи и Рашиди”, Рашид аддиннің “Жами ат тауарих”, З.Бабырдың “Бабырнаме”, Ұлықбектің “Сұлтандар шежіресі” т.б. еңбектердің қазақ халқының ертедегі тарихын зерттеп, тануда маңызы зор. Ал, “Бабырнаме” тек тарихи оқиғаларды берумен шектелмейді. Ол өз дәуіріндегі өнерпаздар, әсіресе, ақындар туралы жазғанда, поэзия, өлең құрылысы, өлең түрлері, ұйқас, ырғақ т.б. мәселелер жайында әдеби-теориялық пікірлерін білдіріп отырған.
Тұжырымдама
Әрбір халықтың ұлттық әдебиеті туралы ғылым сол елдің тарихи өмір
жолы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиялық танымына сай дамиды. Әдеби мұраны игерудің алғашқы қадамдары белгілі бір шығарманы талғаммен қабылдаудан, өнер туындысы ретінде танудан, рухани дүние ретінде қажетсінуден басталады.
Әл-Фарабидің “Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері”,
“Ғылымдар энциклопедиясы”, “Ғылымдарды классификациялау”, “Аристотель еңбектеріне түсініктеме”, “Өлең кітабы”, “Өлең өнерінің қағидалары туралы”, “Поэтика және поэтикалық ойлау“, “Поэтикалық
шығармалар түрі” және т.б. еңбектерде сол кездегі өнер, тіл, әдебиет мәселелері мен өлеңтану саласындағы әдеби-теориялық, әдеби-зерттеушілік ой-пікірдің биіктігін танытты.
3. Ежелгі дастандар ертедегі түркілердің мәдени өміріндегі әдебиеттің қоғамдық мәнінің өсе түсуіне, жазба әдебиетің дамуына, оның көркемдік деңгейінің жоғарылауына, жанрлық, тақырыптық-сюжеттік және өлең құрылысы жағынан жетілуіне ықпал жасады. Сонымен қатар, бұл дастандарда сол дәуірдеі қоғамдық ғылымдардың әр салаларына (тарих, философия, эстетика, этика, педагогика, психология т.б.) байланысты ғылыми көзқарастардың бастаубұлағы дәрежесінде көрінетін ой-пікірлер мен түсініктер көрініс тапқан.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер әдеби-эстетикалық ой-пікірлердің туу, қалыптасу кезеңдерін жүйелеп, талдай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. Астана, 2000.
Смағұлов Ж. Ұлттық әдебиеттану әлемі. Қ., 2005
Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. А.,1986.
Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. А., 1988.
7 - дәріс. Тақырыбы: XX ғасыр басындағы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірлердің қалыптасуы
Мақсаты: XX ғасыр басында қазақ әдебиеттануыныда қалыптаса бастаған зерттеушілік ой-пікірлер, ғылыми ізденістер сипатын ашу
1. Қазақ қоғамы рухани өміріндегі өзгерістер
2.Баспасөздегі («Айқап», «Қазақ») сыни-зерттеушілік мақалалардың маңызы
Ұлттық әдебиет туралы (дәуірлеу, жанрлық жіктеу, поэтика) ғылымның тууы
Негізгі ұғымдар: Ұлттық баспасөз, әдеби сын, әдебиет тарихы мәселелері, дәуірлеу, қоғамдық ой, ғылыми-теориялық түсінік, қолжазба шығармалар.
Дәріс (тезис)
Бұл дәуір қазақ халқының тарихына үлкен өзгерістер әкелді. Ресейдегі қоғамдық-саяси оқиғалар ғасыр басындағы ұлттық сананың өсуіне, қоғамдық ой-пікірдің әлеуметтік мәселелерге батыл араласа бастауына ықпал жасады. Отырықшылық пен көшпелілік, ел басқару ісіне араласу, жер және заң-закон, ұлттық тәуелсіздік, дін, оқу-ағарту сияқты заман алға тартқан күрделі мәселелер көтерілді. Осылардан келіп қазақ баспасөзі туды, ұлттық публицистиканы дамыды. Халықтық эстетикадан бастау алған баспасөз әдеби сынды тудырды. Жазба әдебиет өркен жайып, жанрлық түрлер дамыды, қазақ лирикасы мен прозасы жаңа көркемдік ізденістер жасады. Фольклорлық және классикалық мұраның таңдаулы үлгілері жарияланды, әдеби жинақтарға еніп, жеке кітап болып басылды. XX ғасырдың алғашқы 20 жылы ішінде 500-ге жуық кітаптар жарық көрді. Яғни, халық ауыз әдебиетінің үлгілері, қиссалар, әдеби жинақтар, оқу құралдары, сол кездегі ақын-жазушылардың шығармалары бар. Классикалық мұрадан Ибн Сина, Қожа Ахмет Яссауи, Шортанбай, Шоқан, Ыбырай; Абай, Дулат, Мұрат шығармалары кітап болып басылды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті оқулықтар, өлең кітаптары, қазақ тілінің тазалығы, халық ауыз әдебиеті жинақтары туралы рецензиялар мен сын мақалаларды жариялау арқылы әдеби-тарихи ой-пікірлерді толықтыра түсті. Әсіресе, бұл кезде қазақ тіліндегі оқулықтарға деген талаптың күшейгені байқалды. М.Нұрбаевтың «Қазақша әліппе», «Ғалия» медресесі шәкірттері шығарған «Әліппе яки төте оқу», Қ.Қожықовтың «Әліппе», М.Кәшімовтың «Ақыл кітабы», «Әдеп», «Үгіт», М.Малдыбаевтың «Қазақша ең жаңа әліппе», А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал», «Оқу құралы», Т.Жомартбаевтың «Балаларға жеміс», С.Көбеевтің «Үлгілі бала» оқу құралдары, орыс тілін үйретуге арналған кітаптар жарық көрді.
XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеттануында ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің толыса түскенін М.Сералиннің «Шахнаменің» аудармасына жазған «Сөз басы» зерттеу мақаласынан көруге болады. Мұнда автор Фердоусидің өмірі мен шығармашылығы, дастаны туралы, оның жазылуы, аударылуы туралы ғылыми пікір айтқан. Осы тұстағы баспасөз бетіндегі ғылыми-публицистикалық сипаттағы мақалалар халық тарихын, тұрмыс-тіршілігін, шығу тегін саралау барысында оның мәдениеті мен әдебиеті туралы ой қозғап отырды. С.Ғаббасовтың «Айқап» журналында «Тарих қазақ жайынан» (1915,№14,15) мақаласы сол тұстағы халық ахуалына байланысты жайды қозғады. С.Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» мақаласында қазақ поэзиясының жалпы келбетіне, даму жолына шолу жасайды. Ол қазақ өлеңінің әлі де өсіп-өркендемей, керісінше, түр мен мазмұны сай келген, терең идеялы өлеңнің аз екенін айтады («Айқап», 1913). Зерттеушінің осы әдеби-теориялық көзқарастары «Өлең һәм оны айтушылар», «Жаңа кітап» мақалаларында жалғасты. «Қазақ» газетінде 1914 жылы жарық көрген Ә.Бөкейхановтың «Ән, өлең Һәм оның құрылысы» мақаласынан байқалды. Автор өнердің адам өміріндегі мәні туралы ой айтып, әдебиетті музыка өнерімен сабақтастыра қарайды. Бұл туралы пікірін Лютер, Гете, Шопенгауэр, Бетховеннің ойларымен бекітеді. Поэзияның эстетикалық мұратын, халық өмірімен байланысын саралайды. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінен үзінді алады. Әдебиет туралы ұлттық ғылымның қалыптаса бастаған кезінде әдеби-теориялық көзқарастың да әдеби-тарихи ой-пікірден қалыс қалмауы, әдебиеттегі жанрлық мәселелердің де зерттелуіне жол ашты. Әсіресе, XX ғасыр басында роман жанры көбірек дамыды. Осы кезде жазылған А.Байтұрсыновтың «Білім жарысы» мақаласы ұлттық әдебиетті жанрлық жағынан өркендету мәселесін қойды. Осыған үндес Ә.Бөкейханов 1914 жылы «Роман не нәрсе?» деген мақала жариялайды. Бұл мақаланың мақсаты – осы жанрда еңбек етем деушілерге әдеби-теориялық білім беріп, романның ішкі мағынасы мен мақсаты не екенін түсіндіріп беру болған. Автор шет ел романдарынан мысалдар келтіреді. Осыдан соң 1915 жылы Ә.Бөкейхановтың «Роман бәйгесі», М.Сералиннің «Роман жарысы туралы» мақалалары жарық көреді. Осы бәйге М.Дулатовтың 1910 жылы шыққан «Бақытсыз Жамал» романының ізімен роман жанрының өрістеуіне әсер етті.
Біршама дамуға қол жеткізген ұлттық әдебиеттану ғылымы Қазан төңкерісінен кейін дағдарысқа тап болды. Әдебиеттің эстетикалық және ғылыми танымы енді күрделі идеологиялық процестерге араласуына тура келді. Өткеннің бәрін жоққа шығарған пролетариат диктатурасы әдебиет пен өнерді жаңа заманға қызмет етуге шақырды. Бұрмалаушылық пен солақайшылдыққа ұрынған «пролеткультшылдық» пен «тұрпайы социологизм» теориясы ғылыми-зерттеуге белсене араласты. «Тек қана пролетариат әдебиетін жасаймыз» деген олар, ертедегі әдеби мұралардан бас тартты. 20 жылдардан осы көзқарастың дәуірлеп тұрғанына қарамастан, өткен дәуірде өмір сүрген ақын-жазушылардың шығармалары баспасөз бетінде, жеке жинақ түрінде жариялана бастады. 1917 жылы «Абай термесі», Ә.Диваев құрастырған «Жеті батыр» жинағында С.Торайғыровтың поэмалары, Қазан мен Ташкентте Абай өлеңдерінің толық жинағы, Х.Досмұхамедовтың құрастырған «Мұрат ақын сөздері», «Исатай-Махамбет», «Аламан» жинақтары жарық көрді. Осыған орай, зерттеу мақалалары да жарияланып отырды. Мәселен, ұлт әдебиетінің тарихын қозғаған Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің «Екеу» деген жасырын атпен жазған мақаласы жарық көрді. Мұнда Абайды ұлт әдебиетінің көшбасшысы санап, Шәкәрім, Ахмет, Сұлтанмахмұт, Мағжандардың шығармашылық ізденістеріне тоқталады.
А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) еңбегі жарық көреді. Бұл үлкен білімдарлықпен жазылған еңбек болды. Ғалым Р.Нұрғали: «Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптасқан десе, ғалым, тілші Р.Сыздық: «Әдебиеттанытқыш» - әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы. Мұнда автор көптеген жайттарды өзі шешіп, көптеген ұғымдарға терминдік анықтама береді», - дейді.
Тұжырымдар.
Халықтық эстетикадан бастау алған баспасөз әдеби сынды тудырды. Жазба әдебиет өркен жайып, жанрлық түрлер дамыды, қазақ лирикасы мен прозасы жаңа көркемдік ізденістер жасады. Фольклорлық және классикалық мұраның таңдаулы үлгілері жарияланды, әдеби жинақтарға еніп, жеке кітап болып басылды.
Әдебиет туралы ұлттық ғылымның қалыптаса бастаған кезінде әдеби-теориялық көзқарастың да әдеби-тарихи ой-пікірден қалыс қалмауы, әдебиеттегі жанрлық мәселелердің де зерттелуіне жол ашты.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер қазақ әдебиеттануында әдеби-эстетикалық ой-пікірлердің туу, қалыптасу кезеңдерін жүйелеп, талдай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалар жинағы. А., Жазушы, 1985
Бөкейханов Ә. Таңдамалы. А., Қазақ энциклопедиясы. 1995.
Кәкішев Т. Оңаша отау. А., Жазушы, 1982.
Дала уалаятының газеті. Әдеби нұсқалар. А., Ғылым , 1989.
Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. А., Ғылым, 1982.
Смағұлов Ж. Ұлттық әдебиеттану әлемі (Қазақ әдебиеттану ғылымының туу кезеңі. 1900-1940, 88-159-б). Қ., 2005
8-дәріс. Тақырыбы: Жанр түрлері.
Мақсаты: Жанр туралы ой-пікірлерді саралап, жанрішілік, аралас жанр сипатын ашу
1. Әдеби тек пен түр
2. Жанр түрлері
3. Жанрішілік және аралас жанр түрлері
Негізгі ұғымдар: жанр, тек пен түр, жанрішілік түр, аралас жанрлар, канон.
Дәріс (тезис)
Туындының жанрлық белгісі әдебиеттану терминіне жатады. Өзінің шығармасының жанрын айқындау үстінде, жазушы оны белгілі бір әдеби нормаларға, дәстүрлерге сәйкестендіреді. Қандай да бір жанрды таңдауда, қаламгер жанрлық жүйеге, түрге сүйенеді. М.Бахтиннің айтуынша, “жанр” әдеби даму процесіндегі шығармашылық естің көрінісі”. Кейде жаңашыл қаламгерлер оқырмандар үшін күтпеген жанрлық атаулар табады. Жанр туындыға тұтас анықтама береді. Жанрлық белгілер, олардың сипаты әдеби процесте өзгермелі, олар жанрлық теорияларда алмасып отырады. Сонау классицизм дәуірінің өзінде трагедияның барлығы жанрлық канондарға сәйкескен жоқ. Трагедия “комедиядан үш жағдайда: кейіпкерлердің жағдайы, олардың тағдыры мен әрекеттерінің сипаты, шығармаларының аяқталуымен ерекшеленеді. Әрине, олардың стильдік те айырмасы бар. Сөйте тұра, жанрлардың тұрақты белгілері де болады. “Трагедияның мәні - қақтығыс, тартыс, қайшылық. Трагедияның идеясына үрейлі, сұсты оқиғалар, қатерлі мәселелер алынады. Немістер трагедияны қайғылы көрініс деп атайды” (Белинский.Поэзияны тегіне және түріне қарай бөлу”). Осылайша жанрларда өзгемелі және тұрақты елгілер болаы, тұрақты бегілер дәстүр жалғастығына жеткізеді. Жалпы, жанрлық теорияның беріктігін зерттеу, байқау әдебиеттің жылжымалы жанрлық бейнесінде байқалады. Әдебиет пен әдеби теориялар “риториканың белгілері” аясында дамып, әмбебаптық сипатта болады. Зерттеушілердің жанр проблемасына қызығушылығы оны психологиялық тұрғыда зерттеуге жеткізеді.
1960 жылдары отандық әдебиеттануда XIX-XX ғасыр әдебиетінде жанрлардың шекарасы жойыла бастауы байқалған. Жазушылар қатаң жанрлық құрылымды бара-бара аздау сақтап, эпос, лирика, драмадағы иілгіш “синтетикалық формалар” қолданды да, оларды белгілі бір дәстүрлі жанрға жатқызу қиынға түсті. Одан кейін ғылыми айналысқа Бахтиннің ұсынған канондық концепциясы енді. Онда әлемдік тарихтың жаңа дәуірінде туған жалғыз жанр деп, роман аталды. Зерттеуші: “романның салтанат құрған дәуірінде басқа жанрлар да әр түрлі дәрежеде “романданады”, драма, поэма, тіпті лирика да романға ұқсап кетеді”,- дейді.
Дәстүрлі жанрлардың канондардан ажырау, жанр проблемасында теориялық рефлексия тудырды. Енді жанрлардың арасындағы сабақтастық өрістеді. Сөйтіп, әдеби жанр әдеби туындының орныққан түрі болып табылады. Жанр дәуір жылжыған сайын жаңаша сипатқа ие болып отырады. Қандай да жанрға өміршеңдік тән. Әрбір әдеби дәуірлерге, бағыт-ағымдарға белгілі бір үлкенді-кішілі жанрлар тән болып келеді. Мысалы: классицизм кезінде трагедия, комедия, ода, эпикалық поэма алдыңғы кезекке шықты; романтизм дәуірінде лирикалық поэма, драма, элегия, баллада, психологиялық және тарихи роман өрістеді.
Жанрлар арасындағы алмасулар, ұштасу үрдісі әр кезеңде байқалған. Мысалы: XIX ғасырда орыс әдебиетінде реализмнің өркендеген кезінде Пушкиннің өлеңмен жазылған романы (“Евгений Онегин”) туды.
Эпос, лирика, драма көне кезден-ақ, қоғам дамуының алғашқы кездерінен-ақ қалыптаса бастаған. Бұл мәселеге өзінің “Тарихи поэтика” еңбегінің бірінші тарауын арнаған зерттеуші А.Н.Веселовский. Ол әдеби тектер алғашқы қоғамдық құрылыс кезеңіндегі адамдардың ғұрып-дәстүрлерінен, өлең-билерінен пайда болған, дейді. Яғни, хормен бірігіп айтатын әндерден лиро-эпикалық ән туды, бұл поэзияның алғашқы формасы дейді. Яғни, бәрі бірігіп, хормен ұжымдаса айтылатын өлең түрінен бөлініп шығып, ғалымның пайымдауынша көне ғұрыптық хор-әндерден эпос пен лирика ірге ажыратты. Ал, драма хордың арасындағы сөз қатысулардан пайда болды. Ол эпос пен лирикаға қарағанда, жекеленіп шығып, сонымен бірге синкретті сипатын сақтайды.
Әдебиеттегі “тек” пен “түр”, “жанр” деген ұғымдар бір-бірімен тығыз бірлікте өрбіп жатады. Әдеби тектердің дараланып шығуы алғашқы қауымдық құрылысқа тән көпшіліктің бірлесе орындайтын ырым-жоралғылық синкреттік әрекеттерден бастау алады. Эпоста халық өмірі, лирикада ішкі толғаныс, драмада тартыс суреттеледі. Әдеби тектердің әрі қарайғы дамуы жанрлық өзгерістер арқылы көрінеді (мәселен, эпос ұғымы эпопея, мысалдан бастап, роман, повесть, әңгімеге ұласты). Одан басқа, әдебиеттегі әр түрлі ағым-бағыттарға байланысты бір жанрдың мән-маңызы төмендесе, кейбір жанрдікі жоғарылады. Кейбір текке басқа белгілер үндесуі арқылы, лиро-эпостық дастандар, лирикалық және эпикалық драма пайда болды. Мәселен, эпикалық түр шығармаға кеңдік, көпқырлылық, өмірге, айналаға тұтастық түрде қарауды берді. Эпикалық сипат идеялық-эмоциялық тұрғыда драмада да, лирикада да кездесуі мүмкін. Драматизм қарама-қайшылық, тартыс арқылы көрінді. Ал, лиризм толғаныс, тебіреніс, ерекше көңіл-күй арқылы танылды. Яғни, әдеби тек түрлері бір-бірімен ықпалдаса, үндесе дамыды. Мәселен, бір романның бойында диалог, авторлық баяндау, төл сөз бен аңыздық желі өріліп отырды. Сөйтіп, эпос, лирика, романның өздеріне тән жеке ерекшеліктер ендігі жерде шарттылық шекарасын бұзды. Әдебиетті текке бөлу Аристотельдің “Поэзия өнері туралы” трактатынан басталды (б.д.д. ғ.). Грек философы еңбегінде әдеби тектер теориясы әр қилы ғылыми және философиялық тұрғыда қарастырылды. Мұнда Аристотель көне грек әдебиетінде жинақталған көркемдік тәжірибелерге сүйенді. Неміс философы Гегель үш текті философиялық-логикалық жағынан негіздейді. Философтың пікірінше, эпос объективтілікке, лирика субъективтілікке құрылып, драма объективтілік пен субъективтілік қасиеттерді тоғыстырады. Канттың, Гегельдің эстетикалық көзқарастарында өнерді жеке тұлғаның субъективті шығармашылық қабілеті дүниеге әкеледі деген тұжырым кең орын алды. Мұндай көзқарастар эволюциясы А.Байтұрсыновтың әдеби-теориялық танымына да тән болды.
Әдебиеттің тектерін көрсете отырып, оларға сипаттама беруде А.Байтұрсынов Аристотельдің бейнелеу тәсіліне, яғни автордың қатысына негізделген принципінде қалып қоймайды. Сөйтіп, “Әдебиет танытқыш” авторы әрі қарай ішкі, тысқы деген ұғымдарды қолдана отырып, әуезе, толғау және айтыс-тартыс жөніндегі ойларын тиянақтай түседі. Бұған Гегельің “Эстетика” еңбегінің әсері байқалады. Неміс философы бұл еңбегінде: “эпос рухани әлемнің сыртқы болмысын кең түрде көрсетеді” десе, лириканы оның мазмұны барлық субъективті нәрсе, ішкі әлем десе, драманы объективті дүние деп бағалайды. Гегельдің лириканы ішкі әлемнің, эпосты сыртқы әлемнің, ал драманы осы екеуінің нәтижесі деуі оның көркемөнерді субъективтілік шығармашылық акт деп санайтын жалпы философиялық көзқарасынан туындап жатыр. Гегельдің “Эстетикасындағы” мұндай жалпылық мәндегі тұжырымдар әрі әдеби жанрға қатысты нақты байламдар орыс сыншысы В.Г.Белинскийдің “Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу” еңбегінде кеңінен пайдаланылды. Оны бүгінгі орыс әдебиеттанушылары да жоққа шығармайды. Айталық, В.Е.Хализев “Белинскийдің арқасына Гегельдік тұжырымдама отандық әдебиеттануда орнықты”, дейді.
Кейінгі қазақ әдебиеттанушылары орыс тіліндегі еңбектерде көрсетілгендей, саяси, махаббат лирикасы деп қана шектелсе, А.Байтұрсынов ұлттық өнердің өз табиғатынан шығарып, марқайыс, намыс, сұқтаныс, ойламалдау, сөгіс, күліс, толғау сияқты түрлеріне анықтама береді, мысалдар келтіреді.
А.Байтұрсынов драманы қазақша “айтыс-тартыс” деп алып, драманың табиғатын ашу үшін мұрат жолына жұмсалған ғамал, мақсатты қайраттан туған ғамал, керме, кедергі, ұстасудың байланыс, шиеленіс, шешіліс сияқты түрлерін атайды.
“Әдебиет танытқыштың” ерекшелігі көркем мәтіндерді берудегі дәлдік, талғампаздық. Мысалға Абай мен Мағжан шығармаларын көп алады. Мұнымен қоса, ауыз әдебиеті үлгілерін, белгісіз авторлардың шығармаларынан үзінділер береді. Бұл еңбегінде зерттеуші әдебиеттану ұғымдарын әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріп, шет сөзді араластырмай, ықшам, сабақтас ұғымдарды орынды қолданады.
Тұжырымдама
1. Жанрлық белгілер, олардың сипаты әдеби процесте өзгермелі, олар жанрлық теорияларда алмасып отырады.
2. Гегель үш текті философиялық-логикалық жағынан негіздейді. Философтың пікірінше, эпос объективтілікке, лирика субъективтілікке құрылып, драма объективтілік пен субъективтілік қасиеттерді тоғыстырады. Канттың, Гегельдің эстетикалық көзқарастарында өнерді жеке тұлғаның субъективті шығармашылық қабілеті дүниеге әкеледі деген тұжырым кең орын алды. Мұндай көзқарастар эволюциясы А.Байтұрсыновтың әдеби-теориялық танымына да тән болды.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер тек пен түр, жанр, жанрішілік түрлерді жүйелеп, талдай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
Хализев В. Теория литературы. М., 2000. 4-30 б.
Байтұрсынов А. Әдебиеттанытқыш. А., 1991.
9- дәріс. Тақырыбы:
Уақыт және кеңістік
Мақсаты: Қазіргі көркем туындыдағы уақыт пен кеңістік мәселесін, оның жасалу тәсілдерін талдау
1. Қазақ әдебиетіндегі уақыт пен кеңістік (хронотоп) мәселесі
2.Фольклорлық және көркем уақыт
3.Роман жанрындағы уақыт пен кеңістік байланысы
Негізгі ұғымдар: Хронотоп, фольклорлық уақыт, көркем уақыт, тарихи уақыт, эпикалық ракурс.
Автор мен кейіпкер бейнесін зерттеген белгілі ғалым М.В.Строганов: “уақыт пен кеңістік және кейіпкер қатынасында екі бағыт бар. Бір жағынан көркем уақыт пен кеңістік категориясы сияқты кейіпкер категориясы да автор категориясымен байланысып, мәтінде авторлық “әлем концептісінің” мәнді бөлігін құрайды. Екінші жағынан хронотоп образ, кеңістік пен уақыт нақтылығын беруге ықпал етеді, яғни көркем уақыт пен әрекет негізіндегі үйлестірушілік рөл атқарады. Зерттеушінің пікірінше, көркем мәтіннің сапалық жағына үш мәселе – автор, әрекет иесі – кейіпкер – оқырман қатысты. Яғни, түптеп келгенде, мәтін адамға қатысты дүние . Осыдан келіп туындының әлеуметтілігі туады. Мәтіннің әлеуметтілігі белгілі бір уақытпен, дәуірмен, қоғамның әлеуметтік құрылымымен байланысты. Бұл ойды ғалым М.Бахтин де бекіте түседі: “Қандай да әдеби туынды әлеуметті. Онда жанды әлеуметтік күштер, топтар болады” .
Қоғамдағы ірі саяси оқиғалар кезінде адамдардың бір мақсат төңірегінде топтасатыны белгілі. Солардың бірі - Ұлы Отан соғысы өзінің саяси, тарихи мәні жағынан тұтас дәуірлік сипатқа ие болды. Адамзат баласы да осы жағдайға бейімделіп, ой-мақсаттарын ортақ іске біріктірді. Бұл жөнінде жазушы Л.Леонов әлденеше рет уақыт байланысы, рухани-моральдық ахуалдың ортақтығы, адамдар сезімінің үйлесуі туралы айтып кеткен еді. 50-70 жылдардың екінші жартысында прозада адамның ішкі әлеміне бойлау күшейді. Біздің қоғамымыз бен әдебиет жеке адам болмысын мемлекеттік механизмге тәуелді ету концепциясынан шешуші түрде бас тартты. Көркем бейнені жасау терең психологиялық мазмұнға, көпқырлы идеялық-адамгершілік шарттарға ие болды. Нақты қоғамдық-тарихи жағдайларға сәйкес, гуманизм мәселесі әр қилы жағдайда көрініс берді.
“Сана ағымы” терминінің 1890 жылы У.Джеймстің “Принципы психологии” еңбегінде аталғаны белгілі. Көркем шығармашылықтың психологиясы туындының ішкі тұтастығын қабылдаудан туыңдайды. Бұған көркем шығармадағы проблема, бейнелеу, қиял, әсер мен қабылдау секілді компоненттер енеді. Бұларды анықтайтын орталық жүйе жазушы шығармашылығын тұтас зерттеуден орнығады. Осы зерттеудің деңгейлерін ажырата кетсек, алдымен, әдеби үдерістің мақсаттылығын көрсететін көзқараста жекелеген шығармалардың тууын зерттеу; нақты бір автор шығармасын қарастыру үстінде сол кезеңдегі шығармашылық үдерісті анықтау; қандай да бір белгілеріне қарай (жүйелі әдіснамалық негізде) әр түрлі суреткерлердің шығармашылығына салыстырмалы зерттеу жүргізу; одан кейін жоғары абстракцияның категориясы ретінде танылатын көркемдік ойлауды зерделеу. Осылардың бәрі қаламгердің дүниетаным ерекшелігін, шығарма тудырудағы психологиялық ерекшеліктерін, кейіпкер бейнесін жасаудағы тәсілдерін түрлендіреді, өзінің әсер‑сезімін, толғаныс‑тебіреніс арналарын жасайды. Кейде осындай кейіпкер санасының және одан тыс тұрған суреттеу тәсілін жазушы мен оқырманның қабылдауы аса күрделі. Мұны меңгеру үшін жоғары әдеби-көркемдік құзіреттілік қажет
XX ғасырдағы қазақ прозасы заман мен адамның терең сырларына бойлай отырып, олардың арасындағы диалектикалық үндестік пен қайшылықты қатынасын көркем шығармаға өзек етті. Соның ішінде адам жанының екіге жарыла күй кешуі қазақ әдебиетіндегі бірқатар шығармаларға арқау болды. Осы арна жиырмасыншы жылдардағы Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің прозасынан бастау алып, кейінгі Ә. Кекілбаевтің, О. Бөкейдің, Т.Әбдіктің шығармаларында жалғасты
Әдеби туындының тақырып, идея, композиция, жанр және стиль сияқты компонеттерінің маңызы қандай болса, уақыт пен кеңістіктің мәні де сондай терең. Олар адам өмірімен, оның жан-дүниесімен тығыз байланысты. Соның ішінде уақыт әсіресе, адамның өмірімен, кемелденуімен, белгілі бір әрекеттерінің орындалуымен көрініп отырады. “Уақыт-емші” деген халық сөзін еске алсақ, уақыт жылжуымен, адам өмірінің де белгілі кезеңдерге өтуі жүзеге асып отырады да, адам санасында сол атқарған іс-әрекеттерінің ең бір маңыздысы есте қалады. Сол арқылы адам өткеніне баға береді, мәнді тұстарын еске алып, көңілін демдеп отырады.
Шығармадағы қандай да болмасын баяндау тәсілі эпикалық ракурс пен эпикалық қашықтықты анықтайды. Эпикалық ракурс – автордың оқиғаларды бейнелеудегі өзін‑өзі көрсетуі. Көркем уақыт – сюжет пен фабулаға қатарласа жүретін ұғым. Сюжеттік уақыт дегеніміз – уақыттың нақты сәттерінің шығармада автордың суреттеуімен белгілі бір тәртіппен орналасуы. Автор сюжеттік уақытты түрліше ұйымдастырады. Кей кезде оқиға барысында өткенге қайта оралудың қажеттігі немесе көркем уақыт ішінде оқиғаның өтуінің бәсеңдеуі кездесіп отырады. Осыған байланысты әңгімелеушінің белгілі бір түрі қалыптасады. Әңгімелеуші оқиғаларды жай сырттай бақылаушы түрінде болуы мүмкін, не жай баяндамай, оқиғаға қызу араласуы мүмкін. Осыған байланысты сөйлеудің белгілі бір түрі қалыптасады. Мысалы, автор жай бақылаушы ретіндегі суреттеу түрін таңдаса, әңгімелеуші автор әңгімелеу түрін таңдайды. Сөйтіп, эпикалық ракурс шығарманың композициялық‑тілдік жүйесінің құрылымдық тұлғасын қалыптастырады. Эпикалық қашықтық ‑ әңгімелеуші – автордың шығармадағы баяндалып жатқан оқиғалардан белгілі бір мезгілдік немесе кеңістік ара қашықтықта орналасуы. Оған белгілі бір баяндау формасы аясында өзгерістер енгізіліп, түрлендіріледі. Кеңістік ара қашықтық оқиғаның тұтастай немесе даралай тұрғыда алып көрсетуден байқалады. Ол үш түрлі болуы мүмкін: шығармадағы оқиғаның баяндау кезімен сәйкес келмеуі, шығармадағы оқиғаның баяндау сәтімен сәйкес келуі және олардың аралығында мезгілдік қатынастың мүлде болмауы.
Оқиғаның баяндау кезімен сәйкес келмеуі оқиға баяндаудан бұрын өткен жағдайда орын алады. Мұны мезгілдің шектелуі дейді. Бұл шектелу әр түрлі болып, әңгімеленетін оқиғаның мезгілден тыс сипат алуына дейінгі аралықта өзгеруі де мүмкін. Баяндау уақыты мен шығармадағы оқиға уақытының сәйкес келуіне негізделетін әңгімелеу формасы бірізділік сипатқа ие. Ол қысқа мезгіл аралығындағы жайттарды баяндайды. “Мәтіндегі оқиға деп – кейіпкердің семантикалық шеңберін ауыстыруын айтамыз. Егер бір семантикалық шеңберден екіншісіне өтпесе, оқиға болмайды. Бұл қимыл‑қозғалыс оқиғаға айналу үшін, өзінің тұрғылықты жеріне жету керек. Оған жетер жолдағы шағын оқиғалар жүйемен дамыса, сюжетке айналады” Сондықтан сюжет табиғаты оқиғамен тығыз байланысты. Ал, көркемдік кеңістік ұғымы сюжетпен тығыз байланысты. Оқиғаның ең кішкене бөлшегіне дейін сюжетті құруға қатысады. Мұны орыс зерттеушісі А.Н.Веселовский мотив‑сарын деп айқындады. Мотив – белгілі бір оқиғаның тұтастығына қатысты баяндаудағы бөлінбейтін, кішкене бөлшек. Мотивте екі бірлік – сөз және идеялық мазмұн ерекше мәнге ие. Ол көркем шығармада баяндалатын оқиғадағы басты мәселені, сипатты айқындайды. Яғни, оқиғаның себебі, оған қатысушылар, кейіпкерлердің әрекет‑мінездерінің көрінуі, олардың өту кеңістігі, өрбуі, шығарма тілі – осының бәрі белгілі бір сарынның сипатын анықтайды.
Көркем шығармадағы мезгілдік қатынастар әңгімеленудің түрленуіне негіз болады. Олар ірі, орта және жалпы тұрғыда беріледі. Әңгімелеу ірі, орташа түрде алынса, мезгілдік шектелу дәрежесі түрліше болады. Жалпы түрде алынса, мезгілдің шектелуі жоғары дәрежеге жетеді де, оқиға мен баяндау уақыты бір‑бірімен сәйкесіп жатады. Сондықтан әңгімелеуші оқиғалардан алыс тұрған сайын, оларды атап, түстеуге мәжбүр болады. Ірі тұрғыда әңгімелеу мен суреттеу деген сөз – болмысты жақын қашықтықтан шектеулі кеңістік пен бейнелеу деген сөз. Жақын қашықтық шағын аумақта болған жайды толықтырып, тәптіштей суреттеуге көмектеседі. Орта тұрғыдан баяндауда әңгімелеуші оқиғадан едәуір қашықтықта орналасады, сондықтан ол біршама үлкен аумақты қамтиды. Баяндаудың өз алдына бөлек түрі ретіндегі суреттеуде оқиға жақын қашықтықтан алынады.
Әңгімелеуде белгілі дәрежеде эпикалық қашықтық сақталады. Неғұрлым оқиға алыстаған сайын, мезгіл шектеулігіне сай оқиға толықтай алынбай, жалпылама түрде беріледі. Әңгімелеудің эмоционалдық құрылымы бейтарап тұрғыда болады. Әңгімелеудің келесі түріне басынан өткізгенді не естігенді ауызша баяндау жатады. Мұнда эпикалық қашықтыққа байланысты екі түрлі жайды байқауға болады. Бірінде әңгімелеу кезі мен оқиға кезі сәйкес келіп, әңгімелеуші оқиғаға тікелей қатысады. Бұл жағдайда әңгімелеу ірі тұрғыда алынып, суреттеудегідей болмысты тікелей бейнелеу жүзеге асады. Сондықтан шектеулі уақыт ішіндегі оқиға бүге‑шігесіне дейін толықтай бейнеленеді. Бірақ суреттеу формасынан айырмашылығы – оқиға эпикалық түрде әңгімеленеді. Мұндай әңгімелеуде болмыс осы ақтық түрде баяндалатындай көрінеді. Басынан өткенді немесе естігенді әңгімелеудің екінші бір түрі оқиға сәті мен әңгімелеу сәйкеспейді. Сондықтан уақыт шектеулігі тым жоғары болып, баяндау, жалпылама шолу сипатында болады.
Ойлану, толғану, ойталқы түрінде келетін баяндауда уақыт жағынан сәйкестік болмайды. Сондықтан, ойталқыны “мезгілден тыс” баяндау формасы деп те атайды.
Тұжырымдама.
Хронотоп образ, кеңістік пен уақыт нақтылығын беруге ықпал етеді, яғни көркем уақыт пен әрекет негізіндегі үйлестірушілік рөл атқарады.
Көркем шығармадағы мезгілдік қатынастар әңгімеленудің түрленуіне негіз болады. Олар ірі, орта және жалпы тұрғыда беріледі. Әңгімелеу ірі, орташа түрде алынса, мезгілдік шектелу дәрежесі түрліше болады
Ойлану, толғану, ойталқы түрінде келетін баяндауда уақыт жағынан сәйкестік болмайды. Сондықтан, ойталқыны “мезгілден тыс” баяндау формасы деп те атайды.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер көркем туындыдағы уақыт пен кеңістік мәселесін игеріп, мәтін негізінде талдай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Майтанов Б.
Волков И.Ф. Творческие методы и художественные системы. М., 1989.
3.Уэллек Р., Уоррен О. Теория литературы. М., 1978.
4.Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет. А., 1997.
5.Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. А., 1992
10- дәріс. Тақырыбы:
Көркем мәтіннің құрылымы
Мақсаты: Мәтін мен көркем шығарма, мәтіннің әдебиеттанушылық сипатын ашу
1. Мәтін мен көркем туынды мәселесі
2.Мәтіннің әдебиеттанушылық сипаты
3.Мәтіннің құрылымы, мәтіннің баяндау тәсілі
Негізгі ұғымдар:
Көркем мәтін, құрылымы, баяндау тәсілі, баяншы (субъект), эпизодтық фабула, уақыт‑кеңістік қатынасы.
Көркем шығарманың құрылымы түрлі компоненттерден тұрады. Олар көркем туынды тілінің эстетикалық заңдылықтарына бағынып, көркемдік‑тілдік жүйе құрап, шығарманы жинақыландырады. Шығармадағы баяндаушы – автор бола отырып, ол суреттеліп отырған мәселеге өзіндік көзқарасын білдіреді. Яғни, автор туындыдағы оқиғадан оқиғаны тудырып, соған жетелеп, кейіпкерлерін сөйлетіп отырады. Шығармаға өзек болатын өмір құбылыстарын сұрыптап алып, оған идеялық бағыт беріп, бейнелі күш дарытатын, бір сөзбен айтқанда, шығарманың идеялық мазмұнын қалыптастыратын жазушының өз бейнесі – автор бейнесі деп аталады. Автор бейнесі шығарманың тілінен, оқиғаның жүйесінен, баяндау стилінен танылады. Автор бейнесі қай кезең әдебиетінде де барша қырынан көрініс беріп отырған. Мәселен, XIX ғасырда бір жағынан баяндаушы бейнесін объективтендіруге бағыт ұсталса, екінші жағынан, керісінше, субъективтендіруге бет бұрды. Алғашқысында (натуралистік бағыт) оқиға автордың қатысуынсыз, өздігінен болып жатқандай беріледі, сондықтан романда диалог үстемдік құрады. Соңғысында (психологиялық бағыт) кейіпкердің ішкі ой‑толғаныстарын беру алдыңғы кезекке шығатындақтан, ортақ төл сөз формалары пайда болды. Ал, роман жанры қатысушы кейіпкерлердің молдығымен, оқиғалардың сан тараптығымен ерекшеленеді.
Сюжетті құрайтын оқиғалардың өзара қатынасы түрліше болады. Кей жағдайда оқиғаның біреуі алдыңғы кезекке шығып, бір әрекеттің желісінде өрбиді. Бұл жағдайдан басқа шығарманың оқиғалары бір‑бірімен тең түрде дамып, өзінің басталуы мен аяқталуын дербес сақтайтын сюжеттер де болады. Бұл туралы әдебиет зерттеушісі В.Хализев: “Туындының басталуы мен аяқталуы – эпизодтық фабулалар. Мұнда оқиғалар өзара себеп‑салдарлы байланыста болмайды. Олар тек бір‑бірімен уақыт жағынан ғана байланыста” деген пікір білдіреді.
Көркем мәтін ‑ өзара ішкі байланыстары мол көпқабатты құбылыс. Әдеби шығармада сюжет оқиғалардың тізбегінен, яғни уақыт‑кеңістік қатынасындағы кейіпкерлерінің өмірінен, бір‑бірімен алмасып отыратын әрекет‑жағдайлардан тұратыны белгілі. Онда берілген үлкенді‑кішілі әрекеттердің бірлігі сюжет, идея, кейіпкерлер арқылы қабысады. Автордың толғамы әр түрлі ситуация ішінде шектеусіз көрініп отырады да, шығармадағы оқиғалар уақыттан тыс, кешенді де сипат алады.
Көркем шығармада баяндаушы немесе әңгімешінің орны ерекше. Олардың ерекшелігі оқиғаны жеткізулерінен айқындалады. Біреуі оқиғаны үшінші жақтан баяндаса, екіншісі оқиғаның қатысушысы ретінде көрінеді. Әдебиет зерттеушісі В.Е.Хализев: “Оқиғаны өз атынан тікелей баяндайтын адамды әңгімеші деу керек”,‑дейді. Үшінші жақтан баяндайтын адам өзін бәрін білетін автор ретінде немесе белгісіз, жасырын әңгімеші ретінде көрсетуі мүмкін. Бірінші жақтағы баяншы тікелей автор да, нақты әңгімеші де, шартты түрдегі баяншы да болуы мүмкін. Осы жағдайдың әрқайсысында әр түрлі мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Енді бір жағдайда мәтіннің авторы өзінің нақты позициясын әр түрлі: өзі арқылы, жасырын автор түрінде, аты аталмаған басқа кейіпкерлер атынан да беруі мүмкін.
Баяншы – оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, оның өту уақытын белгілеп, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін ашады. Бұл кезде ол бәрінен тысқары тұрады. Баяншының міндеті бір мезгілде өзі бейнелеп отырған шектеулі кеңістікте көріне отырып, оның оқырмандарына да арналады. Яғни, автордың бейнелеп отырған кеңістігінің сыртына да шығып кетеді. Сонда баяншы белгілі бір адам бейнесі емес, ол қызмет, функция деген жөн. Баяншының автордан өзгешелігі ол суреттелетін уақыт пен кеңістіктен тыс тұрады. Сондықтан ол алдыңғы кезекке тез өте алады немесе кейін орала алады. Сол сияқты оқиғаның алдындағы мәселені немесе оның нәтижесін біліп отырады. Алайда, оның мүмкіндігі көркемдік бүтіндіктің шектеулігіне байланысты. Баяншыға қарағанда әңгімешінің ерекшелігі автор мен оқырманның ойластырған әлемінің шекарасында емес, бейнеленетін шындықтың бүтіндей ішінде болады. Барлық негізгі мәселелер “өзі әңгімелейтін оқиға” бұл жағдайда бейнелеудің негізіне, ойдан шығарылған шынайылықтың айғағына айналады. Әңгімешінің бейнесі – характер немесе “тілдік тұлға” (Бахтин) – субъектіні бейнелейтін негізгі айырма. Яғни, әңгімеші – бейнелеудің субъектісі. Ол жеткілікті түрде объективтеніп, белгілі бір әлеуметтік‑мәдени және тілдік ортамен байланысты болады да, ол шығармадағы басқа да кейіпкерлерді бейнелейді. Баяншы керісінше өзінің қызметі жағынан автор‑тудырушыға жақын. Осымен бір мезгілде кейіпкермен салыстырғанда ол неғұрлым бейтарап тілдік ақпараттарды жеткізуші. Кейіпкер неғұрлым авторға жақын болған сайын, олардың тілдік айырмасы аз болады. Баяншының дәнекерлік қызметі оқырманға өткен оқиғалар мен әрекеттер жайлы жеткілікі де сенімді мағлұмат беруге көмектеседі. Әңгімешінің дәнекерлік қызметі бейнеленіп отырған әлемнің ішіне кіруге, оған кейіпкердің көзімен қарауға мүмкіндік береді. Біріншісі белгілі бір сыртқы көзқарастармен байланысты. Ал, оқырмандарды оқиғамен тікелей таныстыратын шығармаларда (мәселен, күнделік, хат, монолог) баяншылар болмайды. Сонымен кең түрде алғанда баяндау – баяндаушы, әңгімеші, автор бейнесінің сөйлесулерінің жиынтығы бола отырып, бейнеленіп отырған әлем мен оқырмандардың арасындағы дәнекерлік қызмет деген сөз. Яғни, баяндау кең түрдегі мағынаға ие болады. Ол суреттеу, ой толғау, тікелей және жанама түрде көрінетін тілдік құрылым ретінде көркем шығармада барынша кең қолданылады.
Баяндау тікелей мағынасында ақпаратты жеткізу қызметін атқарады. Бұл кезде берілетін ақпарат бейнелі, көркем түрде жетеді де, оған суреттеу, бейнелеу, портрет, пейзаж, хабарлау кіреді. Суреттеу кезінде баяншы оқиғаны, оның өту орнын, кеңістігін сипаттап, қосымша ақпарат, мәліметтер береді. Бейнелеу негізінен көркемдеу тұрғысында, яғни, оқиғаның өтетін орнының жекелеген, ерекше көріністерін суреттеп, ажарлай түседі. Сөйтіп, оқырманға әсерлілігін күшейтеді.
Көркем шығармаларда басым орында баяндау алады, яғни автор өз сөзімен оқиғаны баяндап береді. Ол қатысушылардың тартыстарының нақты себебін ашып кейде екі суреттеудің арасына дәнекер болады, қиюластырады, кейде көрсетейін деген өмір құбылысына бағыт сілтейді.
Тұжырымдама.
1. Көркем мәтін ‑ өзара ішкі байланыстары мол көпқабатты құбылыс. Әдеби шығармада сюжет оқиғалардың тізбегінен, яғни уақыт‑кеңістік қатынасындағы кейіпкерлерінің өмірінен, бір‑бірімен алмасып отыратын әрекет‑жағдайлардан тұратыны белгілі. Онда берілген үлкенді‑кішілі әрекеттердің бірлігі сюжет, идея, кейіпкерлер арқылы қабысады. Автордың толғамы әр түрлі ситуация ішінде шектеусіз көрініп отырады да, шығармадағы оқиғалар уақыттан тыс, кешенді де сипат алады.
2. Баяншы – оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, оның өту уақытын белгілеп, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін ашады. Бұл кезде ол бәрінен тысқары тұрады. Баяншының міндеті бір мезгілде өзі бейнелеп отырған шектеулі кеңістікте көріне отырып, оның оқырмандарына да арналады.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер мәтін, көркем туынды мәселелерін игеріп, мәтіндегі баяндау тәсілін айқындауға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалар жинағы. А., Жазушы, 1985
2.Бөкейханов Ә. Таңдамалы. А., Қазақ энциклопедиясы. 1995.
3.Кәкішев Т. Оңаша отау. А., Жазушы, 1982.
4.Дала уалаятының газеті. Әдеби нұсқалар. А., Ғылым , 1989.
5.Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. А., Ғылым, 1982.
11- дәріс.
Тақырыбы: Әдеби дәстүрдің дамуы
Мақсаты: Әдеби дәстүр мен сабақтастық, дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талдау
1. Әдеби дәстүрдің дамуы
2.Дәстүр сабақтастығы
3.Дәстүр мен жаңашылдық
Негізгі ұғымдар: Әдеби дәстүр, сабақтастық, жаңашылдық, көркемдік әдіс, суреткер, әдеби үдеріс, шығармашылық тұлға, стиль, авторлық ұстаным.
Дәріс (тезис)
Әдебиет тарихын саяси-әлеуметтік жағдайлармен тұтастықта алып, азаматтық тарихтың көркем шежіресі ретінде қарастыру, әрине, көркем әдебиеттің қоғамдық маңызымен байланысты әдебиеттануда қалыптасқан дәстүрлі ғылыми таным. Әдеби-эстетикалық тұрғыдан келгенде, сөз өнерінің туу, қалыптасу жолдарын әдебиетте орныққан бағыт-ағымдармен іргелес қарастыру, көркемдік тәсілдер эволюциясымен бірлікте қарастыру – іргелі мәселе. Себебі, әлемдік әдебиеттен бастап, кез келген ұлт әдебиетінің мәнді тарихы – қандай да бір әдеби бағыт, ағымдармен, оларға сай көркемдік әдістердің өзгеру, ауысу заңдылықтарымен түсіндіріледі. Тақырыптық-идеялық бағдар, көркемдік-стильдік, жанрлық ізденістер сипаты толымды түрде әдеби үдерістегі бағыт-ағымдармен, жазушылар шығармашылығындағы көркемдік тәсіл ерекшеліктерімен сабақтас болады. «Әдебиеттану ғылымында әдеби, бағыт, ағым, көркемдік әдіс, стиль мәселелері әлі толыққанды ашылды деуге болмайды. Осындай күрделі мәселелерді көрсете алатын бірде-бір теориялық еңбектің жоқтығы, ал жоғары оқу орындарына арналған «Әдебиет теориясы» оқулықтарында бұған өте аз мәліметтер келтірілетінін айтуымыз керек. Екіншіден, жекелеген авторлардың көркемдік әдісін, мәселен, оның ішінде, Абайдың да, зерттеуде бір ғана реализм төңірегінде қалып, одан ұзай алмай жүрміз. Бұл бір жағынан, теориялық танымның төмендігі, екінші жағынан реализмнен өзгесіне керітартпалық айдарын оп-оңай таңа қоятын идеология салқыны. Үшіншіден, сентиментализм, классицизм, символизм, романтизм сияқты әдеби ағым-бағыттарды сөз етсек, реализм тағынан түсіп қалатындай көрдік» Абай поэзиясында роиантизм сарыны реализмнен үстем болатындай емес. Ақын романтизмі бірқатар лирикалық шығармаларында көрініп, хронологиялық жағынан бір-біріне жалғас келіп, шығармашылық эволюциясының заңдылығын түсінуге әбден жарайды. Кемеңгер суреткердің поэзиясында романтикалық бейнелеу тәсілінің бой көрсетуі, аудармаларын қоспағанда, 90-жылдардың ортасына келеді. Абай шығармаларындағы мұндай өзгеріс жағдайын көптеген зерттеушілер атап көрсеткен. Мәселен, Ғ.Сағди «Абай» атты зерттеуінде: «1898 жылдан кейін Абай өлеңдерінің табиғаты, ішкі рухы өзгере бастады» десе, М.Әуезов: «Ақын тіршілігінің ең ауыр қорытындысы, әсіресе, сол 1897 жылдарда өзі тоқтаған жылдарда тіпті айқын болып шығады», - деп жазды. Субъективтік мазмұндағы романтизм үлгілерін М.Лермонтовтан, Байроннан, А.Мицкевичтен, А.Дельвигтен, И.А.Крыловтан, И.Буниннен, Я.Полонскийден аударған өлеңдерінен байқаймыз.
Жалпы, романтизм ғана емес, өзге де әдеби бағыттардың тууында тарихи жағдайлардың бірлігі сақталады. Мәселен, абсолюттік монархияның үстемдік етуі – классицизмді, буржуазиялық қоғамның қарама-қайшылықтары – реализмді тудырды. Ал, романтизмді дүниеге әкелген жалпы себеп – қоғамдағы төңкерісшіл рухтағы өзгерістер, яғни аумалы-төкпелі замандағы өтпелі кезең деуге болады. Бұл туралы көп томдық «Дүниежүзі әдебиеті тарихының» романтизмге арналған томында: «Романтизм типологиясы елдегі буржуазиялық қарым-қатынастардың және ұлт мәдениетінің тарихи жағдайының деңгейін салыстыруға негізделеді. Романтизмнің бір типі буржуазиялық қоғамның қарама-қайшылықтары әбден шиеленіскен елдерге тән болса, енді бірі – буржуазиялық дамуы баяу елдерге тән. Романтизмнің екінші түрі бөтен елдердің билігінен өз тәуелсіздігін жеңіп алған немесе сол күрес жолындағы елдерде болады», - деп жазылған. Мұндай тұжырым әр түрлі ұлттар мен халықтардың әдебиетін зерттеу тәжірибесінен алынып отыр. Оны басшылыққа алсақ, буржуазиялық қарым-қатынастар түзіліп, қоғамда әлеуметтік қайшылықтары етек алған Англия, Франция, Германия, Италия, Испания, Ресей тағы сол сияқты елдер әдебиетінде романтизмнің бірінші типі қалыптасқанын Байрон, Бюхнер, Альфред де Мюссер, Мандзони, Сааведра, Лермонтов өлеңдері мен поэмаларынан, проза мен драмаларынан көре аламыз. Бұлардың шығармаларында адам мен қоғам мәселесі, жеке адамның қажыр-қайраты, жігері, ішкі жан-дүниесінің қалауы мен әлеуметтік орта, көп жағдайда билік, күші барлар арасындағы қақтығыс, әдетте, махаббат драмасы бейнеленетін.
Қандай да қаламгер өзінің алдындағы дәстүрге бой ұрғанымен, оның шығармашылығыбелгілі бір өзіне ғана тән даму жолынан өтеді. Ол қаламгерлік табиғатқа тән. Ағартушылық реализм сипатындағы өлеңдер жазған жас дарын лирикасы бірден романтикалық стильге түскен жоқ. М.Жұмабаев бірнеше көркемдік әдісті меңгерген. Ағартушылық, реализм, сентиментализм, романтизм, символизм – барлығы Мағжан өткен әдеби бағыттар.
Романтизм бағытының әдеби-эстетикалық негіздерінің бірі – сентиментализм. Әдеби дамудың классикалық жолынан өткен ағылшын, француз, неміс, орыс әдебиеттеріне зер салып көрейік. Мерзімі жағынан ауытқулар болғанымен, классицизмнен соңғы бұл елдердің әдебиетіне ағартушылық дәуір, көркемдік тәсілі – ағартушылық реализм, оның артын ала сентиментализм, одан соң романтизм келеді екен.
Әдебиеттер байланысын, олардың өзара қарым-қатынаста болатынын әдебиеттану ғылымы жоққа шығармайды. Керісінше, арналы сала ретінде зерттеп те келеді.Кейбір жекелеген идея, тақырып, көркемдік құралдарды, баяндау, сюжеттік желілерді, кейіпкер бейнесін жасау секілді элементтерде еліктеу болуы әбден мүмкін. «Романтизмнің кең қанат жаюы Байронның немесе Жуковскийдің оны сәтті ойлап тапқанынан емес, оны көшпелі кезеңнің ең оңтайлы әдісі ретінде тарихтың өзі алдыға тартты»,- дейді романтизмді жүйелі зерттеу нысаны еткен орыс ғалымы Н.А.Гуляев. Екіншіден, әлемдік әдебиеттен тек романтик болған соң ғана, суреткерлік ұстанымы, стилі бір-біріне үндеспейтін қаламгерлерді тізбелеп, олардың ұлтын айтпағанның өзінде өмір сүрген тарихи дәуірлерімен санаспай ой айту қисынсыз. Үшіншіден, романтизм ішкі мазмұнына қарай, тарихи дәуіріне орай, шығармашылық иесінің дүниетанымына байланысты әр түрлі болады. Бұл ірі әдеби бағыт аясында оның әр түрлі ішкі ағымдары болатынын А.Н.Соколов, И.Ф.Волков, Д.Наливайко, Кулешов тағы басқа орыс ғалымдары дәлелдеп жазған. Романтизмді ішкі ағымдарына қарай жіктеуді қазақ ғалымдары Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев еңбектерінен де көреміз.
XX ғасыр басында феодалдық-патриархалдық формацияны шайқалта бастаған капиталистік қарым-қатынастардың орнығуы – қазақ даласына өзгерістер әкелді. Қазақтың зиялы азаматтарының қалыптасып, қауымдасуы, 1905-1907 жылдардағы орыс буржуазиялық төңкерісінің жаңғырығы, бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, ақпан төңкерісі – саясат жүзінде әлі де ысыла қоймаған казақ халқы үшін күрделі кезең болды. «1905 жылғы өзгерістен былай қазақтың қамын ойлаймын деген азаматтар ұлт мұңын сөйлеп, ұлт мәселесін қолға ала бастады», - дейді Ж.Аймауытов. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан да: «Бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді» - деп жазған болатын. Бұл өзгерістер өткен ғасырдағы отаршыл Ресей империясының қажеттілігіне емес, ұлттық талап-тілектерден туып жатты.
Тұжырымдар.
Әдеби-эстетикалық тұрғыдан келгенде, сөз өнерінің туу, қалыптасу жолдарын әдебиетте орныққан бағыт-ағымдармен іргелес қарастыру, көркемдік тәсілдер эволюциясымен бірлікте қарастыру – іргелі мәселе. Себебі, әлемдік әдебиеттен бастап, кез келген ұлт әдебиетінің мәнді тарихы – қандай да бір әдеби бағыт, ағымдармен, оларға сай көркемдік әдістердің өзгеру, ауысу заңдылықтарымен түсіндіріледі.
Тақырыптық-идеялық бағдар, көркемдік-стильдік, жанрлық ізденістер сипаты толымды түрде әдеби үдерістегі бағыт-ағымдармен, жазушылар шығармашылығындағы көркемдік тәсіл ерекшеліктерімен сабақтас болады.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер әдеби дәстүр мәселелерін игеріп, сабақтастық, әдіс, бағыт пен жаңашылдық мәселелерін айқындауға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Әуезов М. Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі \\ Әлем альманағы. Алматы, 1991.
Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы \\ Бес арыс. Алматы, 1992.
Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия. Алматы, 1960.
Қазақ әдебиетінің тарихы. 3 том, 1 т. Алматы, 1967.
Базарбаев М. Казахская поэзия: художественные искания. Алматы, 1995.
Кәрібаева Б. Қазақ лирикасының қайнары \\ «Қазақ әдебиеті» газеті, 7.05.1993.
Бушмин А. Преемственность в развитии литературы. Ленинград, 1978.
История всемирной литературы в 8-и томах. Т.6. Москва, 1989.
Тілешев Е. Суреткер және көркемдік әдіс. Алматы, 2005.
12- дәріс.
Тақырыбы: Көркемдік тұтастық. Мазмұн және форма
Мақсаты: Көркем туындының мазмұны мен пішіні, көркемдік тұтастық мәселелерін ашу
1. Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні
2. Көркемдік тұтастықтың туындыдағы көрінісі
Негізгі ұғымдар: Мазмұн мен пішін, көркемдік тұтастық, автор бейнесі, шығарма құрылымы, баяндау тәсілі, автор мен баяншы.
Дәріс (тезис)
Көркем мәтін ‑ өзара ішкі байланыстары мол көпқабатты құбылыс. Әдеби шығармада сюжет оқиғалардың тізбегінен, яғни уақыт‑кеңістік қатынасындағы кейіпкерлерінің өмірінен, бір‑бірімен алмасып отыратын әрекет‑жағдайлардан тұратыны белгілі. Онда берілген үлкенді‑кішілі әрекеттердің бірлігі сюжет, идея, кейіпкерлер арқылы қабысады. Автордың толғамы әр түрлі ситуация ішінде шектеусіз көрініп отырады да, шығармадағы оқиғалар уақыттан тыс, кешенді де сипат алады.
Көркем шығармада баяндаушы немесе әңгімешінің орны ерекше. Олардың ерекшелігі оқиғаны жеткізулерінен айқындалады. Біреуі оқиғаны үшінші жақтан баяндаса, екіншісі оқиғаның қатысушысы ретінде көрінеді. Әдебиет зерттеушісі В.Е.Хализев: “Оқиғаны өз атынан тікелей баяндайтын адамды әңгімеші деу керек”,‑дейді. Үшінші жақтан баяндайтын адам өзін бәрін білетін автор ретінде немесе белгісіз, жасырын әңгімеші ретінде көрсетуі мүмкін. Бірінші жақтағы баяншы тікелей автор да, нақты әңгімеші де, шартты түрдегі баяншы да болуы мүмкін. Осы жағдайдың әрқайсысында әр түрлі мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Енді бір жағдайда мәтіннің авторы өзінің нақты позициясын әр түрлі: өзі арқылы, жасырын автор түрінде, аты аталмаған басқа кейіпкерлер атынан да беруі мүмкін.
Баяншы – оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, оның өту уақытын белгілеп, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін ашады. Бұл кезде ол бәрінен тысқары тұрады. Баяншының міндеті бір мезгілде өзі бейнелеп отырған шектеулі кеңістікте көріне отырып, оның оқырмандарына да арналады. Яғни, автордың бейнелеп отырған кеңістігінің сыртына да шығып кетеді. Сонда баяншы белгілі бір адам бейнесі емес, ол қызмет, функция деген жөн. Баяншының автордан өзгешелігі ол суреттелетін уақыт пен кеңістіктен тыс тұрады. Сондықтан ол алдыңғы кезекке тез өте алады немесе кейін орала алады. Сол сияқты оқиғаның алдындағы мәселені немесе оның нәтижесін біліп отырады. Алайда, оның мүмкіндігі көркемдік бүтіндіктің шектеулігіне байланысты. Баяншыға қарағанда әңгімешінің ерекшелігі автор мен оқырманның ойластырған әлемінің шекарасында емес, бейнеленетін шындықтың бүтіндей ішінде болады. Барлық негізгі мәселелер “өзі әңгімелейтін оқиға” бұл жағдайда бейнелеудің негізіне, ойдан шығарылған шынайылықтың айғағына айналады. Оқырмандарды оқиғамен тікелей таныстыратын шығармаларда (мәселен, күнделік, хат, монолог) баяншылар болмайды. Сонымен кең түрде алғанда баяндау – баяндаушы, әңгімеші, автор бейнесінің сөйлесулерінің жиынтығы бола отырып, бейнеленіп отырған әлем мен оқырмандардың арасындағы дәнекерлік қызмет деген сөз. Яғни, баяндау кең түрдегі мағынаға ие болады. Ол суреттеу, ой толғау, тікелей және жанама түрде көрінетін тілдік құрылым ретінде көркем шығармада барынша кең қолданылады.
Көркем шығармаларда басым орында баяндау алады, яғни автор өз сөзімен оқиғаны баяндап береді. Ол қатысушылардың тартыстарының нақты себебін ашып кейде екі суреттеудің арасына дәнекер болады, қиюластырады, кейде көрсетейін деген өмір құбылысына бағыт сілтейді. “Көркем шығарманың құрылысын талдағанда, мақсат тек байланысын, дәлелдеуін, шарықтау шегін немесе кейіпкерлердің жасалу жолдарын, пейзаж, баяндауларын танып, білу ғана емес, шығарманың бүтін дүние ретіндегі тұтастығын, оны баяндаудағы автордың шеберлігін де білу керек.”
Көркем шығарманы оқығанда барлығы бірыңғай емес, әр алуан әдіс, әр түрлі жолдармен құрылады. Көрсетейін деген өмір құбылыстарын қалай суреттемек, композициясын қалай қиыстырмақ, қайткенде ол тартымды, қызықты болады, міне осыларға байланысты мәселелер алдыңғы кезекте тұрады. Жазушы шығармасында бір оқиғаны, оған қатысушы адамдарды және олардың айналасын көрсете отырып, көбінесе осылардың барлығын өзі қалай көрді, білді, оны ашып айтпайды. Шығарманың композициясында баяншының рөлі үлкен. Оның маңызы мынадан көрінеді:
а) адамға, оқиғаға белгілі бір көзқарасы;
ә) айтылған оқиғаның тәртібі және оның характері;
б) оқиға жайындағы пікірмен байланысты түсіндірменің характері;
в) оқиғаны аңыздаудың характері.
Кез келген әдеби туындыда біз шынайы өмірден алынған ақиатты сезінеміз. Әрине, ол болмысты сол күйінде суреттемейді. Әдебиет ‑ өмірдің шындығын, оқиғалар мен әрекеттерді, құбылыстарды сол күйінде емес, жинақтай, көркемдей суреттейді. Яғни, әдебиеттегі өмір дегеніміз ‑ өмірдің бейнесі. Қандай көлемді шығарманың өзі өмірдің барлық қырын қамти алмайды, яғни уақыт, кеңістік, әрекет жағынан шектеулі аяда қалады. Сонымен, тұтастай алғанда, әдеби шығарма – үнемі қозғалыс үстінде болатын адам өмірінің қандай да бір шектеулі ортадағы көркем бейнесі. Әдеби шығарма сонымен бірге – нақты ұғым. Себебі, біз оны қолымызға алып оқимыз, көзбен көреміз. Олай болса бір әдеби шығарма басқа өнер туындысының өмірге келуіне де ықпал етеді. Сонда, біріншіден, әдеби шығарма өмірдің бейнесі; екіншіден, ақиқат өмірдегі нақты зат болып табылады.
Әдеби шығарманың өмірден орнын табу үшін қаламгердің оны жазып шығуы жеткіліксіз, сонымен бірге оны оқырман қабылдауы керек. Яғни қаламгер өз шығармасында оқырманның көкейіндегі мәселені тереңнен қозғап, әдеби шығармада бейнеленген өмірді әр оқырман өз өміріндей жақын қабылдап, “әдебиеттегі өмірге” жан‑тәнімен араласып кететіндей, сана‑сезіміне әсер ете алуы керек. Бұл мәселелер мазмұн мен пішіннің бірлігінен келіп жүзеге асады. Мазмұн – ақиқат өмірді танып‑білу мен сараптаудан, бейнелеуден туатын тұтастық. Бұлар өзімен‑өзі жеке‑дара қалып қоймайды. Олар әдеби шығармада бейнеленген оқиғалардың, іс‑әрекеттердің, сезім‑күйлердің өне бойында көрініс тауып отырады. Шығармадағы қандай да бір бөлшектің тек көркем сөз арқылы ғана өмір сүретіні белгілі.
Тұжырымдар.
1. Көркем шығарманы оқығанда барлығы бірыңғай емес, әр алуан әдіс, әр түрлі жолдармен құрылады. Көрсетейін деген өмір құбылыстарын қалай суреттемек, композициясын қалай қиыстырмақ, қайткенде ол тартымды, қызықты болады, міне осыларға байланысты мәселелер алдыңғы кезекте тұрады. Жазушы шығармасында бір оқиғаны, оған қатысушы адамдарды және олардың айналасын көрсете отырып, көбінесе осылардың барлығын өзі қалай көрді, білді, оны ашып айтпайды. Шығарманың композициясында баяншының рөлі үлкен. Оның маңызы мынадан көрінеді:
а) адамға, оқиғаға белгілі бір көзқарасы;
ә) айтылған оқиғаның тәртібі және оның характері;
б) оқиға жайындағы пікірмен байланысты түсіндірменің характері;
в) оқиғаны аңыздаудың характері.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер көркемдік тұтастық, мазмұн мен пішін мәселелерін игеріп, мәтіндік талдауда айқындай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Чудаков А.П. Повествование \\ Краткая литературная энциклопедия. М., 1968.
2. Бахтин М. Вопросы литературы и эстетики. М., 1975.
3. Бабенко Л.Г. Филологический анализ текста. Основы теории, принципы и аспекты анализа. М., 2004.
4. Лотман Ю. Структура художественного текста. М., 1970.
5. Хализев В. Теория литературы. М., 1999.
6. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. А., 1969.
7. Есембеков Т. Әдеби талдауға кіріспе. Қ., 1991.
8.Винокур Г.О. Филологические исследования. М., 1990.
13- дәріс.
Тақырыбы: Көркем шығармадағы автордың бейнесі
Мақсаты: Көркем туындыдағы автор бейнесін, оның кейіпкерге, баяншыға қатынасы мәселелерін ашу
1. Көркем шығармадағы автордың бейнесі
2. Автор-баяншы, автор-кейіпкер байланысы
Негізгі ұғымдар: Көркем туынды құрылымы, автор тұлғасы, автор мен баяншы.
Дәріс (тезис)
Әдебиеттанудағы адам тұлғасын зерттеуге бағытталған еңбектердің жаңашылдығы - адамның ішкі әлемін зерттеу. Бұл алғаш Л.Гинзбург еңбектерінде көтерілді. Онда мемуарлық-өмірбаяндық және эпистолярлық, күнделік жанрларын зерттеу үдерісінде жеке тұлғаның құрылымы туралы мәселені көтереді. Зерттеуші “адам-күрделі, көпқұрамды организм” дей отырып, оның сезімі түрлі деңгейдегі үндестік, физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік бастаулардан шығатын көптеген сарындар мен импульстер жиынтығы” дейді. Соның ішінде екі қасиет - этикалық және психологиялық қырлары ерекше аталады. Мәселен, Руссо “Исповеды” шығармасында адам характерінің психологиялық ерекшеліктеріне талдаудың қалай жүргізілетінін, моральдық тұрғыда қалай үндесетінін, әр қилы өмірлік ситуацияларда олардың өзара ықпалының нәтижесі қандай дегенді көрсетеді. Сөйтіп, “көне дәуірлерден бастап, Толстойға дейінгі аралықта психологизм моральмен тығыз байланыста болды. Өзін-өзі тану - талдау мен бағалаудан тұратын екі жақты акт” дейді. Тану мен өзін-өзі тануға басымдық бере отырып, кеңес психологтары сананы әрекеттен бөліп тастауға болмайды, дегенді айтады. Бұдан түйетін қорытындымыз: сананың мәні мен тұлғаның өмірдегі әрекет (қызмет) формасы оның қоғамдағы жағдайына, әлеуметтік ортаға байланысты.
Қандай да қаламгер қоғамдағы, әлеуметтік өмірдегі ортамен қабат, әдеби ортада да болады. Ол қандай жағдайда болсын өзінің шығармашылық жұмысын белгілі бір әдеби ортада жалғастырады. Сондықтан ол өзінің алдында өткен немесе өз ортасындағы әдеби дәстүрмен байланыста болады. Қай кезде де сөз өнерінің басты нысаны ‑ адам. Сондықтан әдеби шығармада суреттелетін адам тағдыры, оның болмысы әр уақытта өзгеріп, дамып, жаңа қасиеттерге ие болып отырады.
Адам санасын абстракциялы дүние екен деп, тарихтан тыс алуға болмайды. Адам санасындағы құбылыстарды қоғам, орта жағдайына бейімдеп отырады. Адамның ішкі әлемін көп жағдайда психологиялық әлем дейді. Психология көне дәуірден адамның әр түрлі дәрежедегі ой, сезім, әрекеттерін көрсетеді. Соның ішінде, әлеуметтік психология адамның белгілі бір ортадағы, топтағы психологиялық ұстанымын қарастырады. Мұндағы “әлеуметтік” деген ұғым тек психологиялық қана емес, адамгершілік, діни, саясат, тіпті құқық саласындағы өзгерістерді қамтиды.
Тұжырымдама
Әдебиеттанудағы адам тұлғасын зерттеуге бағытталған еңбектердің
жаңашылдығы - адамның ішкі әлемін зерттеу. Бұл алғаш Л.Гинзбург еңбектерінде көтерілді. Онда мемуарлық-өмірбаяндық және эпистолярлық, күнделік жанрларын зерттеу үдерісінде жеке тұлғаның құрылымы туралы мәселені көтереді.
Сөз өнерінің басты нысаны ‑ адам. Сондықтан әдеби шығармада
суреттелетін адам тағдыры, оның болмысы әр уақытта өзгеріп, дамып, жаңа қасиеттерге ие болып отырады.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер көркем туынды құрылымы, автор тұлғасы, автор мен баяншы мәселелерін игеріп, мәтіндік талдауда айқындай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Нұрғали Р. Әдебиеттану мен сын. Кітапта: Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9-том. А., Қазақпарат, 2005.
2. Бердибаев Р. Проблемы казахского литературоведения \\ Советкая тюркология. 1983.№4. с. 39-43.
Литературный энциклопедический словарь. М., 1987.
Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. А., 2003.
Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. А., 1983.
14- дәріс.
Тақырыбы: Автор мен кейіпкер
Мақсаты: Көркем туындыдағы автор мен кейіпкер бейнесін, бір-біріне қатынасы мәселелерін ашу
1. Көркем шығармадағы автор мен кейіпкер бейнесі
2. Автор-кейіпкер байланысы
Негізгі ұғымдар: Көркем туынды құрылымы, автор тұлғасы, кейіпкер, жанама кейіпкер, автор мен әңгімеші.
Дәріс (тезис)
Әдеби шығарманың жасалу процесі идеясынан бастап, соңғы мәтініне дейін, сол сияқты бұл процестің ғылыми суреттелуін түрліше атайды: мәтіннің генезисі, динамикалық поэтика, кейде дәстүрлі түрде шығармашылық тарих деп те атайды.
Әдебиетке деген тарихи бағдарды қолдайтын әдебиеттанудың әдісі шығармашылық тарихтың ең болмағанда аздаған негізгі дәйектерін білуді көздейді. Атап айтқанда, туындының жасалу орны мен уақыты, оның авторы, өмірлік материалдың бейнеленуі. Осы ретте жазушының өмірбаяны тарихтың айғағы, ал туындының жасалуы өмірбаянның айғағы ретінде болады. Тарихи контексті білу жазушының шығармашылығын тұтас білуге және сол шығарманың жетістігін бағалауға жәрдемдеседі. Автор тұлғасы күрделі, ол өзі тудырған көркем шығарма арқылы да тура көрінбейді. Өзінің ойсезімін, идеясын ейіпкерлер арқылы береді. Автор әдби шығарманы тудырушы, өзінің көркемдік әлемін жасаушы. Автордың өзіне тән болмысы көне дәуірлердің өзінде дара эстетикалық болмысын танытқан. Авторды көркем туындыдан бөлек алуға болмайды. Себебі, көркем шығарманың құрылымы – композициясы, сюжеті, тартыс пен кейіпкерлер әлемі автордың ұстанымы арқылы көрінеді. Автордың көркемдік әлемі шығарманың көркемдік болмысын ашады. Әуезелеуші (автор) көркем мәтіндегі әрекетке өзін қатыстырмай, баяндаушы, әңгімелеуші қызметін атқарады. А.Байтұрсынов авторды әуезелеуші, толғаушы, жазушы, ақын, сарындаушы деп атаған. Ал, орыс әдебиеттануында (В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Б.О.Корман) баяндаушы (повествователь), әңгімелеуші (рассказчик), хроникашы (хроникер), әңгімелеуші-кейіпкер деп атаған.
Көркем шығарма ішінде “автор тұлғасының” қатысуы кездеседі. Оның сөз қолданысында, көзқарасында авторлық сөз бетпердесі (маска) сезіледі. Яғни, шығарманы оқығанда онда автордың өзі сөйлеп тұрғандай әсер қалады. Негізінен, көркем шығармада “автор бейнесі” мен “автор жасаушы” бейнесі бір емес. Әрине, көркем туындыны жасаушы автор бірінші кезекте тұрады да, содан кейін барып шығарма ішінде автор бейнесі беріледі. Көркем әңгіменің классикалық үлгісі болып табылатын Ж.Аймауытовтың “Елес” әңгімесінда автор екі жағдайда қатысады. Мұнда жазушы замандастарының өнердің маңызы туралы айтысын береді. Әңгімедегі жас әдебиетшіге түнгі елес келіп, екеуі диалогқа түседі. Олар төңкерістен кейінгі әдебиеттің ахуалы туралы сөйлеседі (“Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Қазақ даласында соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жаздың?”). Жазушы қоғамының айнасы екендігін ашпақ болады. Кейіпкер өң мен түстің ортасындағы халде отырып, жұмбақ елестің сауалдарына мүдіріп қалады. Өзінің табан жолының тайғанақ, бүрсіз екенін сезген жас жазушы осы елестің сөздерінен кейін ұйқыдан ояна бастағандай болады (“Құлағыма жағып кетті. Сөзі де әрі жатық, әрі жат көрінді. Магнит қуаты бардай-ақ, сөйлеген сайын ұйытып, бойымды балқытып әкетті”). “Жазушы төңкерістегі уақытша және мәңгілік ұғымдардың, әлеуметтік пен экзистенциалдықтың ара жігін барлағысы келеді. Жаңа қоғамның мәні неде? И.Бабельдің әр тарапты ойдың қақтығысын беретін, авторлық дүниетанымның тартысын әйгілейтін новеллаларын еске түсіретін бұл әңгіменің ішкі құрылымы осыны ашқысы келеді. Екі қаламгерді де кейіпкерлерінің дербес танымы қызықтырады, сондықтан да олардың рухани дүниесі олардың өз “үндері” арқылы қабылданады”.
Сонымен, қаламгерлер көркем шығармашылықтарында айтатын идеяларына өздері автор-бейне ретінде батыл араласып, өз пікір, көзқарастарын кейіпкерлері арқылы жеткізген. Бұл әдебиеттің көркемдік қуатын, маңызын арттыра түсті. Жазушы әрі шығармашылық иесі, әрі кейіпкер ретінде қатыса отырып, өзінің ойын “ортақ үнмен” береді. Сол арқылы сюжет пен тілдік құрылым екі жақты қызмет (полифункционалдық) атқарады. Бұл - драмалық тікелей сөйлеу (төл сөз) мен қалыпты эпикалық баяндау. Осы арқылы көркем туындылардың “сөз әрекеттері” көп түрлі қызметке ойысады.
Тұжырымдама
1. Автор әдби шығарманы тудырушы, өзінің көркемдік әлемін жасаушы. Автордың өзіне тән болмысы көне дәуірлердің өзінде дара эстетикалық болмысын танытқан. Авторды көркем туындыдан бөлек алуға болмайды. Себебі, көркем шығарманың құрылымы – композициясы, сюжеті, тартыс пен кейіпкерлер әлемі автордың ұстанымы арқылы көрінеді. Автордың көркемдік әлемі шығарманың көркемдік болмысын ашады.
2. Қаламгерлер көркем шығармашылықтарында айтатын идеяларына өздері автор-бейне ретінде батыл араласып, өз пікір, көзқарастарын кейіпкерлері арқылы жеткізген. Бұл әдебиеттің көркемдік қуатын, маңызын арттыра түсті. Жазушы әрі шығармашылық иесі, әрі кейіпкер ретінде қатыса отырып, өзінің ойын “ортақ үнмен” береді.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер көркем туынды құрылымы, автор тұлғасы, автор мен кейіпкер мәселелерін игеріп, мәтіндік талдауда айқындай алуға тиіс.
Пайдаланылатын әдебиеттер
1. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. А., 2008.
2. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. А., 1996.
3. Исмакова А. Казахская художественная проза: Поэтика. Жанр. Стиль. А., 1998.
4. Эпштейн М.Н. Постмодерн в русской литературе. М., 2005.
15- дәріс.
Тақырыбы: Өлең құрылысы
Мақсаты: Өлең құрылысы, өлең жүйесі мәселелерін жинақтау
1. Өлең құрылысы
2. Өлең өлшемдері
Негізгі ұғымдар: өлең құрылысы (версификация), өлең жүйесі, мора, такт, силлабикалық жүйе, тоникалық жүйе, силлабо-тоникалық жүйе.
Дәріс (тезис)
Поэзия дамуының теориялық мәселелері өткен ғасырдың 30 жылдары көтеріле бастаған еді. Бұл жөнінде 1934 жылы С.Сейфуллин поэзияның тілі мен бейнелеу құралдары жөніндегі мақаласында айтқан. Өзінің қазақ фольклорына, жаңа кезең әдебиетінің тууына арналған мақалалары мен зерттеулерінде бұл мәселені М.Әуезов те қозғап, көркемдік ізденіс жасаудағы халықтық дәстүрді жоғары бағалайды. Қазақ поэзиясына арналған еңбектерінде жаңа сапада пікір айтқан зерттеуші Қ.Жұмалиев болды. Оның 1948 жылы жарық көрген “Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі” зерттеуінде Абай өлеңдерінің тілі, көркемдік құралдары, ақынның шеберлігі, Абайдың өзіне дейінгі поэзияға жасаған ықпалы талданады. Одан басқа, Т.Нұртазиннің, Б.Кенжебаевтің, Е.Ысмайыловтың, С.Қирабаевтың, Ә,Тәжібаевтің т.б. көптеген зерттеушілердің еңбектері бар. Солардың ішінде Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов көптеген жылдар бойы қазақтың өлең құрылысы мәселесіне еңбектерін арнады.
XX ғасыр қазақ халқы үшін есте қаларлық тұтас бір тарихи дәуір десек, соңғы жетпіс жылы біздің ұлт мәдениеті мен ғылымы үшін үлкен өркендеу кезеңі болды: осы кезеңде қоғамдық ғылымдар бұрын болмаған дәрежеде дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің қоғамдық ғылымдарының, оның ішінде, ұлттық әдебиеттану ғылымының іргесі бекіп дами түсуінде, 1950 жылдары таланттарымен көрінген бір топ жас зиялылар легінің рөлі ерекше болды. Сол таланттар шоғырының көш басында аса көрнекті ғалым, қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымының бірегей өкілдерінің бірі, академик Зәки Ахметов есімі ерекше аталады.
Ғалымның үлкен оқымысты, қоғам қайраткері, ғылымның тамаша ұйымдастырушысы дәрежесіне көтерілуіне жас кезінде оқыған, тәлім алған ортасы ерекше әсер етті. Бұл орта КСРО Ғылым Академиясының Ленинградта орналасқан Шығыстану институты еді. Осы байырғы ғылыми орталықта, бір кездері ұлы Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан білім алған киелі шаңырақта әлем таныған ғалымдардан дәріс алу, Малов сынды ғұлама оқымыстының кандидаттық жұмысына жетекшілік етіп, ақыл‑кеңес беруі – болашақ ғалымның ой‑өрісін кеңейтіп, дүниетанымын молайтуға ғылым жолына түсуге зор ықпал жасады.
З.Ахметовтің әдебиет теориясы, поэтика, өлең құрылысы мен өлең жүйесі, абайтану мен әуезовтану проблемалары жөніндегі күрделі зерттеулерінің мән‑маңызы күн өткен сайын тереңдей түсуде. Халықтың қазыналы рухани мұраларында өлең болып өрілген өрелі танымның табиғатын тануға ұмтылдырған ұлы күштің астарында ұлтының ұлағатты ізгілік иірімдерін ашсам деген игі мақсатпен қоса, бала күннен көңілге жатталған, ауыз әдебиеті арқылы бойға сіңген қазақ сөзіне деген берілгендігі жатқан еді. Қазақ тілінің ұлттық бітім тұлғасының өзгешеліктері өлеңде бедерленген бейнелі сөздердің мән‑мазмұнын, оның құлаққа жағымды, жүрекке жылы болуына ықпал ететін өлшем өрнектерімен, ырғақ саздың бірлігімен тұтастықта қарастырылуы тиіс екендігін дәйектеген бұл еңбек әдебиеттану теориясына айтулы жаңалық әкелді.
Зерттеушінің өзекті де іргелі зерттеуі – “Қазақтың өлең құрылысы” еңбегі. Бұл еңбекте көптеген материалдардың негізінде қазақтың өлең құрылысының заңдылықтары мен теориялық негізі жасалады. Бұл жөнінде академик С.Қирабаев: “Автордың концепциясында – басты екі мәселе назарға алынады: біріншіден, өлеңнің барлық элементтері бір‑бірімен тығыз байланысты; екіншіден, өлеңнің мазмұны мен формасы бөлінбейтін бірлікте”. Еңбекте өлеңнің ырғағы, оның өзіне тән ерекшелігі, ұлттық тілдің құрылымы жан‑жақты дәйектеледі. Ғалым қазақтың өлең құрылысының эволюциясына, өзгеру негізіне талдау жасайды.
Өлең сөз адамға ішкі мазмұнымен, бейнелілігімен, суреттілігімен ғана емес, айтылу әуезділігімен, ырғақ‑үнділігімен де әсер етеді. Өлең сөздің әуезділігін арттыруға ұмтылу тек әсемдікке ұмтылу ғана емес. Тек ырғақ қуып кетсе, өлеңнің мазмұны солғындайды. Бұл міндет өлең сөздің барлық мүмкіншілігін, мағыналық, бейнелілік, ырғақ‑интонациялық, дыбыстық жағын сабақтас, үйлес алғанда ғана тең түседі. Өлең сөздің қара сөзден құрылыс жағынан айырмасы – онда мөлшерлі ырғақ болады. Өлең ырғағы – поэзияның өз еншісіне тиген сипат, әрбір өлең тармағының көлемінде мөлшерлі шек болатындықтан туатын ырғақ. Өлең сөздегі кейбір қарапайым ырғақ‑өрнектер жай сөйлеу тілінде де кездесетін жағдай болады. Ұйқастың құрылысы тілдің дыбыстық құрылысымен, ал ұйқастың кезектеу реті тілдің синтаксистік құрылысымен көбірек байланысты. Зерттеу еңбектерінде қазақ поэзиясының құрылысын ғана емес, тілін де зерделеген ғалым 1970 жылы жарық көрген еңбегін “Қазақ поэзиясының тілі туралы” деп атады.
“Қазақ поэзиясының тілі туралы” еңбегінің алғы сөзінде автор: “қазақ поэзиясы бейнелі тілінің мәселесі қазақтың әдеби‑көркем шығарашылығымен байланыста қарастырылады. Тіл көркемдігі маңызды мәселелердің бірі, ол халықтың тарихи дамуымен, көркемдік‑эстетикалық көзқарасымен байланысты. Осы поэзия тілін, оның нәзік иірімдерін білмей кітап зерттеушінің поэзияға арналған екінші кітабы. Мұнда көтерілген, шығарманың мазмұнына терең бойлай алмайсың” дейді. Бұл мәселелердің маңыздылығын айқын тану үшін көркем сөз шығармашылығының ішкі қатпарын, поэтикалық тілдің нәзік тұстарын ұқпай тұрып, көркем бейнені, шығарманың бүкіл мазмұнын түсіне алмайтынымызды айтсақ та жеткілікті. Себебі, халықтың тарихи өмірі, оның эстетикалық көркем көзқарасы поэзиямен бірлікте қарастырылады. Ал, бұл бірлік, поэтикалық тілдің бейнелі сипатынан анық байқалады. Зерттеуші еңбегінде қазақ поэзиясының тілін екі салада қарастырады. Бір жағынан, жалпы қазақ поэзиясының тіліне ортақ ерекшеліктерді айқындаса, екінші жағынан поэзиямыздың белгілі өкілдерінің тілін талдайды.
Автор тарихи дамудың басты кезеңдерін айқындау үшін, халық поэзиясының ауызекі айтылатын түрлерінің, төңкерістен бұрынғы жазба әдебиетінің және қазіргі поэзиямыздың тілін танытатын факторларды сөз етеді. Еңбекте қазақ әдебиетінің ұлттық түрін зерттеудің айырықша мәні бар екені ашылады. “Қазақ халық поэзиясының тілдік‑бейнелік құралдары” деген тарауда поэтикалық тілдің образдар жүйесін, қазақ поэтикалық тілінің ұлттық ерекшелігін, халық ауыз әдебиетінің поэтикалық ерекшелігін, қазақ фольклорына неғұрлым тән болып келетін образдар сипатын, қазақ халық поэзиясындағы әйелдер бейнесін, Біржан мен Сара айтысының тіл ерекшелігін, Махамбеттің тіл өрнегі мәселесін, халық поэзиясының өлең формасын талдайды. Зерттеуші поэзия тіліне әр үстейтін құбылту түрлеріне жекелей тоқталып, олардың өлең тілінде өрнек жасаудағы рөлін терең ашады. Бір ғана айқындауды материалдық‑заттық және абстрактілік, метафоралық сипатта келетінін ажыратады.
Зерттеуші қазақ қоғамында үстемдік еткен патриархалдық‑феодалдық жағдайдағы әлеуметтік мәселелерді аша отырып, сол замандағы сөз өнері түрлеріне, оның даму, сақталу, өзгеру жолдарына тоқталып, қазақ даласында болған шетел және қазақ зерттеушілерінің ой‑пікірлеріне тоқталады. Негізінен, олардың қай‑қайсысыда қазақ халқының сөз өнеріне деген ынта‑дарынын, суырыпсалма өнеріне деген ықыластарын таңырқай жазғанына тоқталады. Қазақ халқының сөз өнеріне аса талғаммен қарағаны, сөздің жұмсалуына, мәніне мұқият зер салғаны белгілі. Олардың халық арасындағы танылуына орай, меңгерген өнер түрлеріне байланысты түрліше аталғанын, жырау, жыршы, ақын, өлеңші дегендердің әрқайсысын даралап, орнықты уәждер келтіреді. Сол өнер иелерінің бір‑бірінен ажырататын қасиеттерін жекелей атап, ұқсастық‑айырмаларын саралайды.
Тұжырымдама
Әдебиеттануда «өлең құрылысы» немесе «версификация» деген түсінік бар. Бұл «өлең құрастырушылық», өлең тіліндегі дыбыстық құрамды үйлестіру дегенді білдіреді.
Метрикалық немесе квантативті жүйе өлең жолдарының айтылу уақытының сәйкестігіне (изохронизм) негізделіп, тармақтағы дыбыстық өлшемдер буындардың созылыңқылығы немесе қысқа қайырылуы арқылы реттеледі.
Өлең құрылысындағы силлабикалық жүйені буын саны анықтайды. Тоникалық жүйедегі өлшем екпін саны (изотонизм) болып табылады.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер өлең құрылысы, өлең жүйесі мәселелерін игеріп, мәтіндік талдауда айқындай алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. Астана, 2002.
Ісімақова А. Асыл сөздің теориясы. А., 2009.
Хализев В.Е. Теория литературы. М., 2000.
Негізгі әдебиет
1. Аристотель и античная литература.М.,1978
2. Байтұрсынов А. Таңдамалы шығармалар. А., 1989
3. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979
4. Нұрғали Р. Әдебиет теориясы. А., 2004.
5. Гегель Г. Эстетика. В 4-х т. М., 1968
6. Гуляев Н. Теория литературы. М., 1977
7. Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1992
8. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы көркемдік шешім. А., 1991
9. Сакулин П.Н. Филология и культурология. Москва, 1990.
10. Хализев Е.В. Теория литературы. М., 2002.
11. Потебня А. Эстетика и поэтика. М., 1976.
12. Поспелов Г. Теория литературы. М., 1978
ақова А. Асыл сөздің теориясы. А., 2009.
Қосымша әдебиет
1. Дүйсенов М. Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі.А., 1962
2. Жанр сипаты. А., 1971
3. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай
поэзиясының тілі. А.,1959
4. Кенжебаев Б. Түрік қағанатынан бүгінге дейін. А., 2004
5. Қирабаев С. Шындық және шығарма. А.,1981
6. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. А., 1995
7. Қазақ фольклористикасының тарихы. А., 1988.
8. Мүсірепов Ғ. Заман және әдебиет. А., 1982
9. Нұрғалиев Р. Айдын.А., 1985
10. Нұрғалиев Р. Телағыс. А., 1986
11. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі
А., 1987
12. Смағұлов Ж. Ұлттық әдебиеттану әлемі. 2005.
